Адам қарады: 333 | Жарияланды: 2018-08-14 03:10:05

Жалған-ай

Төрт перделі драма/

Қатысушылар:

Самажан - сексенге таяған ақсақал

Мақсат – отыздағы жігіт, Самажанның жалғыз ұлы.

Гүлім – Мақсаттың келіншегі

Жұмагүл – Самажанның бауырына басқан қызы. Жасы елуден асқан.

Желкен – Мақсаттың жолдасы. Жастары тете.

Тайбек  – Мақсаттың сыныптас құрдасы.

Оңай – Мақсаттың қайын енесі. Зейнет жасына енді келген.

Балалар - Мақсат пен Гүлімнің ұлы мен қызы. Бес және үш жастар шамасында.

Бозбала - Жұмагүлдің мектеп бітірген ұлы.

 

 

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Шағын бөлме. Жалғыз терезені газетпен тұмшалаған. Қарама-қарсы қабырғаларда екі темір кереует. Ортада ас ішетін стол. Оң жақтағы кереуетте ақсақал адам бір қырымен шынтақтап жатыр. Ол қолындағы шиыршықталған газетпен шыбыннан желпініп, маңына қонған қанаттыларды соғып қалады. Оған бетін қаратып, стол басында отыздар шамасындағы өте жүдеу жас жігіт отыр. Арқасыз тәбіреткі ол қозғалған сайын шыйық-шыйық етеді.

Мақсат: Әке, түнімен жүрегім үзіліп, тоқтап қалатындай қиналдым.

Сосын ылғи жаман түс көріп шықтым. Сол жағым әлі ұйып тұр...

Самажан: Күндізгі, ойларың ғой. «Түс - түлкінің боғы» деген,

жамандыққа жорыма. Керісі келсін де...

Мақсат: Бұл тектен тек емес секілді. Жүрегім бір нәрсені сезеді. Жамандыққа жоруға рас, дәтім бармайды, тек...

Самажан: И-и-и балам-ай... Шешеңнен аумай қапсың! О жарықтықтық та өстіп сәуегей боп отырушы еді.

Мақсат: Түсіме анам жиі кіріп жүр. Ол емделген ауруханаға бара жатам да аяқ-асты оны ұмытып кетіп, басым ауған жаққа кетіп қалам.  Сосын анама кіріп хәлін сұрай алмағаным есіме түсіп, өкінемін! Сөйтіп бастырлығып жатып, әрең оянам.

Самажан: Шешең жарықтық, көп бейнет көрді, сен не көрдің? «Түс - түлкінің боғы» дедім ғой!

(Самажан баласының сөзін жақтырмай, қақырынып-түкірініп кереуетін безілдете шыйқылдатып теріс аунайды. Сәлден соң пыс-пыс етіп барып, ұзын-сонар қорылға басады. Жігіт орнынан түрегеліп, үйдің қалқасына шығады. Тапал орындықта бүктісіп отырады. Көше жақтан тіршілік дауысы шығады. Ары-бері жүрген көліктің дүрілі. Адамдардың дабырласқан сөздері. Бұны таныған бір адамның даусы естіледі )

Тайбек: Мәке, сәлем! Бас түзететін бірдеңе бар ма? Кеше әкеміз зейнетақысын алып жатқан сияқты еді, денсаулық үшін дегендей... Әкем үйде ме?

Мақсат: Ұйықтап жатыр. Сен келеді деп бір жартысын алып қойған, оянғанша тос.

Тайбек: Рас па, ей?

Мақсат: Сені қашан алдап едім?! 

Тайбек: Ішім жалап барады! Шайнайтын бірдеме бар ма? Қабыр садақасына берген көк ешкінің басына су құйдың деп - бәйбіше неше күн болды. үйге жолатпайды. Жесір қалатын қатын!.. 

(Мақсат айналып барып столдағы табаны, бір-екі жапырақ нан мен әкесінің төсегі астында тұмсығына стақан киілген, басталған шөлмекті ұстап, ана жігіттің қасына келеді. Оған орталай құйып береді. анау көзі алақтап, қолдары қалш-қалш етіп, шашала ішіп, көзінен жас шыға жылап жібереді. Аузына қомағайлана тамақты істіктеп, малжаңдай сөйледі.)

Тайбек: Сенің әкең екеуіңнің жақсылықтарыңды өле-өлгенше ұмытпаспын! Қарымын бір қайтарамын, ант-су ішем! Ынтықи! (Жұдырығымен кеудесін түйеді)

Мақсат: Неше айтқан уәдең ғой! Құдайдан қайтсын...  

Тайбек: Құрдас, сен өмірдің азабын тартқан жоқсың, мен секілді... Өмір деген – күнде бірдеме дәм ету!

Мақсат: Сені азапқа кім салып жүр? Арақты тастасаң бір проблемаң жоқ дей бер.

(Тайбек қатты ойланған сыңай танытып, басын шайқайды.)

Тайбек: Жо-оқ. Олай ете алмаймын! Онда мен бұл өмірдің тәлкегіне төзе алмай, асылып өліп қалам! Мен – шорт адаммын!

Мақсат: Жаныңды сақтап жүрген арақ екен ғой?

Тайбек: Әр адам өмірге бір мақсатты орындау үшін келеді. Мысалы мен арақ ішу үшін келдім...

Мақсат: Өстіп тіленіп пе?

Тайбек: Сілекейімді ағызбай, екі аяқ тең болсын деп құйсай... арақ сенікі емес - әкеңдікі ғой...

Мақсат: Қатының қуатындай жөні бар екен сені. Осылай сұрап ішкенге

арланбайсың ба? Сен бұндай емес едің ғой?

Тайбек: Е сен де бұндай болған жоқсың! Ұшқыштың формасын киіп бір, ана сұлу қатыныңды қолтықтап кеп елді екі талдырған Мақсат қайда?! Қайда деймін? Отырсың міне итіиіп!.. Хәлің менен де жаман!

Мақсат:  (Мақсат басын шайқайды.) Менің тағдырымда сенің шәруаң болмасын!

Тайбек: Иә, оның рас.Тек, тағдыр саған дұрыс жасамады! Сен ауылдың ғана емес, ел мақтанышы болатын адам едің! Нағыз бақытты адам сен

сияқтанғансың! Бәрі алдамшы, қу жалған! Кетер аяқ деп ырым жасасайшы... Әкемнің әруағы үшін, елу грамм!..

(Мақсат жақтырмаған шырай танытып, әкелгендерін жинастыра бастады. Анау жалынышты кейіппен Мақсатқа сұрана, тілене қарайды. Бөлмеден Самажан шығып келе жатады. Жаңағының сөзін құлағы шалады.)

Самажан: Қай әкелеріңнің әруағы үшін ішкелі жатырсыңдар? Мен әлі тірі секілдімін!..

Тайбек: Мыйдан шатасып кеттім әке! Кешіріңіз, өз әкемді ғой, әруағыңнан айналайын талай рет дойыр қамшының астынан алып еді, осы қу арақ үшін!

Самажан: Көрініп тұр, ем болмағаны! Бар, жөнел! Ертең де келетініңді ұмытпа. Менің тіземе жағатынды қалтырдың ба?

Тайбек: Иә, әке! Мақұл, әке, кеттім, кеттім... Көзім ертеңге дейін құрыды дей беріңіз. сіз болмасаңыз жүрегім тоқтап, баяғыда серейіп қалар едім. Рақмет, әке!

(Анау буынын былқылдата серпе басып, сырт айналып кетеді. Мақсат әкесіне орын береді. Самажан аласа орындыққа отыра алмады. Соны байқаған баласы іштен биік тәбіртекі алып шығады.)

Самажан: Үйдің іші қоңырсалқын екен. Жаурап қаппын. Күншуақтың рахатын қарашы. Сүйек ескірген сайын жылыны жақсы сезеді. Ана пәлеңді тастап кет, кішкене тіземе жағайын... Ауа райы бұзылайын деп тұр ма қақсап барады.

Мақсат: Әке, мен ішке кіріп, кішкене дем алайыншы. Жүрегім қағып тұр.

Самажан: Бара ғой, балам... (Ақсақал жалғыз. Өзімен өзі сөйлесіп отыр) Е дүние-ай, десеңші... Үх!.. Көресіңді көрмей көрге түспейсің деген осы екен ғой... Мына шақшадай бастан не өтпеді! Жер төңкеріс, ел төңкерісті де көрді. Қызыл аштық пен қанды қырғын соғыстан да аман өттік. Бейбіт күнге де жетіп, еңбектің ащы тері тілге үйірілді. Құдайдан ұл тіледік. Бетімізді қайтармай Есілбек екеумізге бір-бір ұл берді. Е... Есілбек досым, сенің бағың бар екен, кемпіріңнің алдында осы сұмдықты көрмей, кетіп қалғаныңа қарағанда... Қарғайын десең жалғызың қарғамайын десең – жалмауызың... Өз ұлымның түрі анау қатын-баласын тастап, денсаулықтан да айырылып, далада қалған мені қайда апарарын білмей дал боп жүргені. Тәңіріме не жаздым деп, қанша сұрасам да жауап жоқ. Соноу шиеттей кезімізде ағайынды бесеумізді әке-шешеден жұрдай қылған құдайдың - ала алмай келе жатқан тағы нендей өші бар еді?! Оларды да соңында тірі қалған мен жұтқандай еттің. Бірі аштықтың, бірі сұм соғыстың құрбаны болса да... Таяққа сүйеніп, бел еңкіш тартқанда кемпірден де көз жаздырдың. (Басын шайқап, сәл үнсіз отырады). Береке сенімен кетті Қайнышым!.. Сенің құрсағыңнан шыққан жалғыз қызды жұдырықтайынан бауырыма басып жеткізгенмен - өзің кеткен соң опа таптырмады. Қызылкөз пендешілігі жеңді. Бір қабат төсек-орынмен ғана, өзім төбесін көтеріп, екеуміз түтін түтеткен үйден қуып шықты. Енді міне... әлдекімнің тауық қорасын жарымжан ұл екеуміз паналап жатырмыз, Қайнышым!.. 

(Осы арада ах-үһ деп ыңқылдаған бір адамның даусы естіліп, ілесе басындағы шыты қисайған олпы-солпы киінген Жұмагүл келеді)

Жұмагүл: Аспан айналып жерге түсейін деп тұр ма әдірем қалғыр!? Бір ұрттам су берші, әке.

Самажан: Ішке кіріп іше ғой...

Жұмагүл: Оған шамам жоқ. Осы араға әрең жеттім, қаталап!

Самажан: Мақсат, әу Мақсат! Әпкеңе бір ожау су әкеп берші! (Ожауды басына қотарып, маңдайынан шыққан шып-шып терді шытының етегімен сүртеді. Ақсақал орнынан түрегіп, баласына сыртта қал деп ымдайды.)    

Самажан: Қызым, ішке кірелік, сонда салқын көрінеді. Бір шаруамен келген шығарсың? (Екеуі бөлмеге кіреді)

Жұмагүл: Иә, әке. Мен ел-жұрттың алдында өзімді-өзім қарабет еттім!  

Әлдекімдерге еліктеп, шыдасаң осы, шыдамасаң әні деп сақалыңды бір талдап жұлмақ болдым! Шайтан мені шатастырды! Қайтыңдар үйге.

Самажан: Өзің түгілі бала-шағаңды асырап-жеткіздім деп еңбегімді бетіңе баспай-ақ қояйын. Осының барлығына жынды су кінәлі. Соны қойсаңшы, қалқам! Осының кесірінен бес баланы тірі жетім етіп, күйеуден айырылдың. О байқұсты жабылып сабадық та саған қол тигізді деп...

Жұмагүл: Айтып отырғаныңыздың барлығы рас! Маған кешірім жоқ! Бәрін өз қолыммен бүлідіріп келемін! Қойғым-ақ келеді, қоя алмадым!

Самажан: Жарайды, қызым. Келген шаруаңды айт.

Жұмагүл: Үйде қатқан нанның үгіндісі де қалмады! Балалар аш. Атама барып тамақ алатын ақша сұра деп мені жіберді.

Самажан: Ақша бере алмаймын... Дүкеннен тамақ алып бергізейін.

Жұмагүл: Екі ортаға ыстық күнде жүрем деп ауырып қаларсыз, өзім-ақ!..

Самажан: Саған ренжідім екен деп немерелерімді аш тастамаспын! Менімен бірге жүр, керек-жарағыңды айт. Сосын олардың да иістерін сағынып қаппын! Бір-бір иіскеп қайтайын...

Жұмагүл: Олар ойнап кеткен шығар... Көп емес, ең құрғанда бір жартыға берші, әке!..

Самажан: Соныңды біліп едім... Әне, төсектің астында тұр, шөлің қанғанша іш те қайқай!

Жұмагүл: Қанша жек көргім келсе де осы мырзалығың мені жауырынға түсіре береді, әкетайым! (Арақтан жөпелдете ішіп алады.) Мен бір шіріген жұмыртқамын! Туған әкемді әке дей алмадым! Қанқұйлы соғыстың қай шұқырында қалғанын кім білсін?! Өзіңді көзімді ашқалы әке деп келемін. Осы ниетім үшін бәріне көнуің тиіс еді. Сақалыңды жұлам дегенім үшін мені бала-шағаммен тастап кеттің! Неге? Неге деймін?!

(Ақсақал үн-түнсіз отыр. Әйел адам басын ұстап біраз гөй-гөйлеп сұңқылдады да құмыраның түбіне қарады.)

Самажан: Қарағым, жаман ырым бастама! Елді кіналағанша бір уақыт өзіңнен де сұрасаңшы, мен не қып жүрмін деп.

Жұмагүл: Сенің зейнетақыңа қарап қалды дейсің бе? Бір төл туса, бір жусан артық шығар деген. Өлмеспіз! Өлексе ұлың екеуіңнің өнерлеріңді күн суығанда көрермін! Кімнің артын паналар екенсіңдер!

Самажан: Асылық жасама, қызым! Ел естімесе де құдай естір. Бара ғой жөніңе...

Жұмагүл: Бар сый-сияпатым ашылған бөтелкеден аспады ғой. Кетейін, мен,

кетейін, абыройымның барында. Қазіргілер қадыр-қасиет дегенді білуден қап барады. Көресіңдер әлі, бес балам ер жеткенде есігімнен аттатпаспын ешкіміңді!  (Әйел екі қолымен ауаға сүйеніп, сыртқа бет алады. Шыға сала жаман дауыспен айғай салады.) Ойбай, бауырым-ай! Бір құрсақтан шыққан қарғам-ай! Сені де құдай әкетті ме! Аттан! Аттан! Ел қайда?! (Үйде кереуетте отырған Самажан жаман дауыстан елең етіп, үш ұмтылып тұра алмайды. Кереуеттің аяғында сүйеулі тұрған таяғын алып, қос қолдап жерді ұрғылайды)

Самажан: Мені керексіз қып, маңдайыма біткен жалғызымда нең бар еді о Жаратқан!? Алсаң мына мен отырмын ғой, аттай жарап!  Жалғызымды тастап кетші, артыма! Осынша ғұмырды баламның басына мола тұғызып кетсін деп бердің бе Аллам-ау!? Топырақты содан бұйыртсын деген жалғыз тілегімді қабыл ет, Тәңірім, қабыл ет!!! (Еңкілдеп жылайды.)

 

ШЫМЫЛДЫҚ.

 

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Коммуналдық пәтер. Гүлім бестер шамасындағы ұл мен үштегі қыз баланы стол басында тамақтандырып отыр. Сыртқы есіктің құлыбын өз кілтімен ашып, ұшқыш киімін киген Мақсат кіреді. Екі бала астарын тастап, «Папа келді!» деп жарыса есікке ұмтылады. Олардың соңынан Гүлім де ілеседі. Мақсат балаларын еңкейіп бауырына басады. Сосын екеуін де көтере беріп, ауырсына отыра кетеді.)

Гүлім:  Мақсат саған не болды?!

Мақсат: Ештеңе етпейді. Қазір қояды. (Балалары шошыған сыңаймен әкесінен алшақтайды да өз бөлмелеріне кетеді. Мақсат жүрек тұсын уқалап, диванға жантаяды. Гүлім оған стаканмен су әкеледі.)

Гүлім:  Су ұртташы, жаным! (Мақсат бір ұрттап, қайта жантаяды )    

Мақсат: Отряд командирі отбасылық проблемаңды толық шешкенше демалыс берем деді.

Гүлім:  Басты проблема сенің денсаулығың боп тұр ғой, жаным! Асқынып кетпей тұрғанда жатып қаралсаңшы. Ата далада қалған жоқ қой ел ішінде емес пе?!

Мақсат: Әкем басына шын қиындық түспесе бекерге мазаламас еді. Менің баруым керек.

Гүлім:  Бізді неге ойламайсың? Сен ұзаққа кетсең балалар қайтеді? Ел бізді ажырасып кетті деп шығарар, әуелі!

Мақсат: Елдің сөзі мен үшін маңызды емес! Сендерді біржола тастап бара жатқан жоқпын ғой. Егер анам тірі болса әкем екеуі шүйіркелесіп отырар ма еді, амал қанша!

Гүлім:  Сенің әпкеңді бірге тумаған деп ешқашан ойламаппын! Сол кісі десе ішкен асыңды жерге қоятын едің ғой. Адам таң қалады екен!

Мақсат: Өзім де түсінер емеспін. (Күрсінеді. Осы арада есіктің қоңырау шылдырайды. Гүлім барып ашады.)

Оңай: Түнімен жаман түс көріп, ауырып шықтым. Төс сүйегім шаншып, тынысым тарылып барады! (Кіре сөйлеп келе жатып, диванда жатқан Мақсатты көріп, аңтарыла қарайды.) «Жатқаннан жарылқа!» деп мына жатыстарың жақсы екен! Тапа тал түсте...

Гүлім:  Мама, бос сөйлей бермесеңізші! Мақсат науқастанып қалды.

Оңай: «Сыныққа сылтау» десеңші, жап-жас адамда қайдағы науқас? 

Гүлім:  Жүрегінен ақау табылып, тексеруден өтпей қалды. Енді оған ұшуға мүлдем болмайды!

Оңай: Отызға жетпей мүгедек десеңші! Қолынан енді не келеді? Күзетке тұрмаса.

Мақсат:  Бала-шағамды өзім-ақ асыраймын, ешкімге күнімді салмай...

Оңай: Оған күмәнім жоқ. (Кекесінмен мырс етеді.) Тек менің қызымды жесір қатын қыларың жаныма батып кетті!

Гүлім:  Мама!!!

Оңай: Немене, мама?! Байға тимей тұрғанда айту керек еді мама деп! Енді мамалағаннан не пайда? (Мақсат диваннан тұрып сырт киімін кие бастайды) Қип етсе осы, сөз көтере алмайды! Құлақтарын басып тұра қашады. Шындықтан қашып құтыла алмайсыңдар, бәрібір! Білгем мен, осылай аяқталарын! О сорлатқан құдай!!!

(Мақсат сыртқа шығып кетеді)

Гүлім:  Мама, осы бір жаман ырым бастамасаңыз жүре алмайсыз ба? Болары болды, түгел айтайын. Мақсат ұзақ уақытқа демалыс алып, еліне барады. Әкесі науқас екен.

Оңай: Жетіспегені осы еді! Сексенге келген шалдың ғұмырын ұзартпақшы ма? Өлсе хабарын берер... Кім өлмей жатыр!

Гүлім: Атамыз қараусыз қалыпты.

Оңай:   Ана бір қызы бар еді ғой! Ол да өліп қап па? Әйелдің артында қалған еркек оңбас!

Гүлім: Ол жағын білмедім. Оған шұғыл түрде бару керек.

Оңай:  Сен де ілесіп кетпейсің бе!? Махаббат-сахаббат деп өліп-өшіп тиген байың емес пе? Қайтып келмей қойса қайтесің? Оның басқа ойы бар шығар?

Гүлім: Туу, мама-ай! Жоқтан өзгені қиыстырмашы...

Оңай: Үлкен адамның ақылын тыңдамай, өміріңді өз білгеніңше қиыстырып, енді былыққа батайын деп жатқан мына сенсің! Обалың әкеңе, үстіңе шыбын қондырмай өбектеп, бетіңе жіберген!

Гүлім: Мама, осы күні кеше ғана менің күйеубалам мықты ұшқыш, ананша марапаты бар, өз еңбегімен үй алды деп елге мақтанған сіз емессіз бе? Енді не болды?

Оңай: Мақтанатын кезде мақтанам, даттайтын кезде даттаймын! Мен сондай әділ адаммын! 

(Балалар кірген есік сәл ашылады. Саңлаудан екі бала сығалайды)

Балалар: Мама, әже қашан кетеді? Біздің ішіміз пысты. Шығайықшы.

(Оңай оларға жалт қарап бұлқан-талқан болады)

Оңай: Бұ не масқара!? Немерелеріме құбыжық боп көрінетін болғанбын ба?! Астапыралла! Астапыралла! Бұлардың анасы емес – жауымын, сірә! Қой кетейін!

(Оңай тез жиналып, шығып кетеді. Гүлімнің қасына балалары келіп екі жағына отырады. Ол үнсіз жылап отыр. Екі баласы оның көзін сүртеді.)

Балалар: Мама, жыламашы! Біз де жылаймыз онда.

Гүлім: Айналып кетейін, шырақтарым, менің! Бар ойнай қойыңдар. (Балалар еркінси жүгіріп өз бөлмелеріне қайта кетеді. Есік шылдырайды. Гүлім барып ашады. Мақсаттың жерлесі Желкен кіреді. Ол көзі қызарған Гүлімге таңдана қарайды.)

Желкен: Мен мезгілсіз уақытта келген сияқтымын? Кейінірек келермін...

Гүлім:  Жоға, төрлет! 

Желкен: Дос қайда?

Гүлім:  Досың сыртта жүр еді, ұшыраспаған екенсіңдер ғой?

Желкен: Ренжімесең, сырттан тауып жолығайын. Бір шаруа боп қалды да... Әйелім әне бір сіңлісін стюардесса қып орналастырам деп құлақ етімді жеп болды! Сасқанымнан Мақсатқа келгенім ғой...

Гүлім:  Досың медициналық тексеруден өте алмай, ұшуға рұхсат бермеді. Жүрегінен кінарат тауыпты.

Желкен: Не дейд?! Мүмкін емес!

Гүлім:  Солай боп тұр. Оның анасы да осындай дерттен көз жұмған.

Желкен: Ол кезде қазіргідей медицина дамымады. Енді жүрек дерті проблема болудан қалды ғой. Стентирование, шунтирование дейсің бе...

Гүлім:  Иә, оның рас. Мақсаттың папасы тез жет деп хабар салыпты. Сол жағы да қинап тұр. Досың жол жүргелі жатыр.

Желкен: Жұмысын қайтеді? Е, ұшудан шектеген екен ғой. Бала кезден арманы еді! Рас, қиын болған екен!..

Гүлім:  Отряд командирі: «Тасымалдау бөлімінің» бастығы жуырда зейнетке шығады, соның орнына барасың.» депті. «Сен сияқты қадрдан айырылмаймын. Отбасылық шаруаңды қашан реттеп келгенше демалыс берем» деген екен.

Желкен:  Нағыз азамат, командирлері! Мақсат та мақтап отыратын, өте әділ адам деп.

Гүлім: Кешір,  Желкен! Шәй қоюды ұмытып кетіппін ғой! Мақсат та кеп қалар. (Желкеннің көңіл-күйі бұзылып, тез кетуге ыңғай танытып, қипақтай бастайды.)

Желкен: Бекер абыржымашы! Бұйырған шәйді ішіп жүрміз ғой. Тығыз жұмыстарым бар еді, тағы хабарласармыз. Мақсатқа сәлем айт, ұнжырғасы түспесін деп.

Гүлім: Рахмет, Желкен! Мақсатты тоссаңшы... Сені көріп, қуанып қалар еді.

Желкен: Бәрі есептеулі заман ғой, әр минутқа дейін. Саңлау тапсам, соғып кетермін. Ренжіме.

(Желкен Гүліммен қоштасып сыртқа шығады. Гүлім қонағын шығарып салып, жорнал стөліне жайғасады. Оның үстінде жатқан альбомды алып, жайлап ақтара бастайды.)

Гүлім: Күні кеше ғана алаңсыз жүрген жастық шақтың қағаз бетіне тұнып, мәңгілікке сілтідей тынғанын қарашы! Мынау Мақсатым екеуміздің алғаш танысқан кезіміз, саябақта жүріп. Жұмыр жердің бетіндегі сыңарын тапқан тек екеуміз ғана сияқтанған едік-ау, сол бір күндері! Иә, мен саған қарап өзімді танысам, сен мені бақытымсың деп көкке көтеруші едің. (Мамаларының дауыстап сөйлеген сөзін естіп, екі бала қасына келіп, альбомға үңіледі. Дауысы сәл дірілдеп, Гүлім сөзін жалғайды.) Мынау папаң екеуміздің үйлену тойымыз.

Балалар: Тойларыңа бізді неге шақырмағансыздар?

Гүлім: Жандарым-ау, сендер туған жоқсыңдар ғой!

Балалар: Тумасақта шақыру керек еді!..

Гүлім:  Қошақандарым, менің!

(Бұлар өзді-өзі боп отырғанда Мақсат кіреді де ту сырттарынан қызықтап тұрады.)

Мақсат: Рас, бір қателік болыпты! Сендер біздің жүрегімізде жүргенсіңдер, шақыруға ұмытып кетіппіз...

Балалар: Олай емес! Біз апамыз бен атамыздың ауыздарында жүргенбіз. Солар «Ақ!» дегенде түсе қалғанбыз!.. (Балалар күледі. Оларға қосылып әке-шешесі де күледі.)

Гүлім: Жандарым менің! Енді барып ойнай қойыңдар. Папаларың дем алсын. (Балалар өз бөлмелеріне жарыса кетеді. Мақсат диванға жантаяды. Оның бас жағына Гүлім отырып, Мақсаттың басын алдына сап, маңдайынан сипайды.)

Мақсат: Сенің жұп-жұмсақ, аялы алақаныңды сағынатын болдым ғой!

Гүлім: Жаным-ау, біржола кетіп бара жатқандай болмашы! Жүрегімді ауыртып...

Мақсат: Кешір... жаным! Төбеден жәй түскендей ойран-топыр боп кетті ғой...

Гүлім: Ештеңеге алаңдама, жаным! Аман-есен барып, атаны бір жағына шығар. Келем десе орын бар ғой. Немерелеріне бас-көз болады.

Мақсат: Әкем қалаға үйренбеген адам, көнсе жақсы. Алған бетінен қайтпайтын бірбеткей кісі. Барғанда не істерімді білмей, әзірден қажый бастадым!

Гүлім: Алдын-ала сарыуайымға салынба, жаным. Барғасын көрерсің. Айтпақшы Желкен досың келіп кетті. Балдызын стюардесса қып орналастырсам деп жүрген көрінеді.

(Мақсат алғаш рет мырс етіп күледі.)

Мақсат: Оның балдызын алып ұштым дегенше - қосымша екі-үш жолаушы алғаның ұтымды емес пе!

Гүлім: Неғып?!

Мақсат: Ондай жұмысқа қойылатын арнайы талаптар бар ғой. Соған сай болуы керек. Тағы әйелі шығар, сіңлісін тықпалап жүрген.

Гүлім: Сен енді ұшпайды деп едім, түсі бұзылып тұра қашты!

Мақсат: Ол менің ұшпағанымнан емес, әйелінің тапсырмасын орындай алмағанынан түсі бұзылып қашты...

Гүлім: Әйелі расында тым бейпіл, адуынды! Бірақ ер адамды олай қорлауға болмайды ғой! (Мақсат Гүлімнің бетіне бұрылып қарады да жұмбақ пішінде жымиды.)

Мақсат: Менің ешкімге ұқсамайтын ақжүрегім!

Гүлім: Сен арамданбай айт! Неге жымидың, астарланып? Білем! Мамамды меңзегеніңді. Мен папамның қызымын! Әжемнің тәрбиесінде өскем.

Мақсат: Жаным, сен ерекше жаратылған жансың ғой! Соңғы кезде қатты шаршағыш боп кеттім...(Көзін жұмады. Гүлім оның тынши жатқан бетіне көзі мөлт-мөлт жасқа тола қарайды. Әлсін-әлсін саусақтарының ұшымен сүртіп қояды.)

 

ШЫМЫЛДЫҚ

 

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Арада бір айдай уақыт өтеді. Самажан ақсақалдың өз үйі. Жұмагүл дастарқан әзірлеп, сипақтап жүр. Ары-бері жүгіріскен ұсақ балалар. Абыр-сабыр. Жұмагүлдің мектеп бітірген ұлы сырттан шүйінші сұрай ішке алқына кіреді.)

Бала: Алақай, Мақсат ағам келе жатыр! Сүйінші!!! Сүйінші!!!

Жұмагүл: Әке, бауырым аман-есен жазылып келе жатыр дейді! Сүйінші!

Самажан: Тәңір жарылқасын, берем сүйіншілеріңді! Берем! О Аллам, тілегімді қабыл еткен шексіз рахымыңа мың да бір рақмет!

(Ішке Мақсат, Гүлім және Желкен кіреді. Бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре. Жұмагүл қонақтарын отырғызар орын таба алмай, асты-үстілеріне түсіп жатыр. Дастарқан басына жайғасады.)

Жұмагүл: Әкетай, асқа ишара жасаңыз.

Самажан:

Берейін бата асыңа,

Амандық берсін басыңа.

Бөденедей жорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа,

Бар екем деп тасыма,

Жоқ екем деп жасыма.

Еңбек етсең ерінбей,

Дәулет келер қасыңа.

Е, Құдайым оңдасын,

Бір Тәңірім қолдасын,

Береке ұйып жұртыма

Еш жамандық болмасын.

Дастарқанның байлығын,

Деніміздің саулығын

Нәсіп етсін халқыма!

Біссімілә, Алаһу ақпар!

(Отырғандар беттерін сипасады.)

Желкен: Ата халыңыз қалай?

Самажан: Рақмет, балам хәлімді сұрағаныңа! Қуануға қорқып отырған жәйім бар. Адам есейген сайын сақ бола бастайды екен.

Желкен: Енді қорықпаңыз, ата! Балаларыңыз қасыңызда, әрдайым жақсылықта жүріңіз!

Самажан: Е қарағым, жақсылық деген сендердің жақсы болғандарың ғой мен үшін. Өзің қай баласың?

Желкен: Ата сыртта жүргенде бір облыстан болсақ болды туыс санап дегендей...

Самажан:  Е жараған екенсіңдер, аман болыңдар! Баяғыша ел сұрасу қалды десейші... е-е...

Жұмагүл: Тамақ дәмсіз бе, келінжан?

Гүлім: Жоға, өте дәмді!

Мақсат: Сымбатым бұзылып кетеді деп отыр! (Күледі. Гүлім қымсынады.)

Жұмагүл: Шұқыланып, жегендерің қызық екен? Бір ішек боп кеткенсіңдер ғой, мүлдем!

Желкен: Апай, қаланың қазақтарын зорлай бермеңіз! Тойғызам деп дүміктіріп, ауыртып аласыз!

Жұмагүл: Ойбай, құдай жарылқағырлар! Өздерің біліңдер. Менікі әйтеу, ішсе деген ниет қой! «Ішуі жаманның неменесі жаман» деуші еді. Туу құдайым-ай, не деп лағып кеттім!..

(Асты аяқтап қалған сәтте бөлмеге Жұмагүлдің бозбала ұлы кіреді. Ол состиып есік алдына үнсіз, тұқиып, төмен қарап тұрады. Бәтеңкесінің басымен еденді түрткілеп қояды, анда-санда.)

Мақсат: Ұшқыш болам деп жүрген ұл сенсің бе? (Ұл басын изейді.) Онда жолға дайындала бер! (Ұлдың екі көзі қуаныштан жалт етеді.)

Желкен: Сенің курсант кезіңдегі ксерокопияң ғой, құдды!

Гүлім: Інісі емес пе! Біздің батырлар қуанатын болды ғой, ағалары барса!..

Жұмагүл: Айналындар, садағаларың боп кетейін! Мақсатжан, артыңнан ерген осыларға қамқор бола көр! Әкемді өзім қараймын. Сендерден басқа мен де кім бар?

Самажан: Иә, қарақтарым... (Самажан ақсақал қолын жаяды, бата жасаған ишаратпен.) Құдай құрсағыңа береме, құшағыңа береме өз еркі. Тек адамдықтан танбалық. Небір қиын-қыстауда ардан азбай, жақсылықтан жаңылмаған жұрт едік. Енді мұндай кең заманда пейіл де кең болсын. Ағалы-інілі болып аттанғалы жатқан жолдарың ағымен жайылсын! Әумин! (Ұл тізе бүгіп, қалғандарымен қатар бет сипайды. Дастархан басынан тұрады. Мақсат пен Желкен және ұл сыртқа шығады. Самажан ақсақал өз бөлмесіне кетеді. Жұмагүл мен Гүлім ғана қалады. Ыдыс-аяқ жинап, жуып жатыр.)

Жұмагүл: Келінжан, ана жігіт сенің асты-асты үстіңе түсіп, тым есі шығып жүр ғой?

Гүлім: Мақсаттың досы ғой. Жақсы жігіт, аңқылдақ.

Жұмагүл: Жақсы екеніне күмәнім жоқ, тек саған қарағыштай береді, сонысын айтам да...

Гүлім:Гүлім: Мен ештеңе байқаған жоқпын.

Жұмагүл: Есесіне мен байқадым!

Гүлім: Менде несі бар, аюдай ақырған әйелі тұрғанда!

Жұмагүл: Тегі, пәленің барлығы әйелдің өзінен! Байды уыста ұстаймын деп қылқындырады да бір күні айырылып қалғанын білмей қалады. Сонан соң тым бос болған да жаман... сен құсап! (Гүлім аңырайып, Жұмагүлді бетіне қарайды.)

Гүлім: Сіздікі де дұрыс шығар, тек Мақсат екеуміздің арамызда өзгеше қарым-қатынас.

Жұмагүл: Еркек пен әйел арасында тағы қандай өзгеше қарым-қатынас болушы еді, мен білмейтін?

Гүлім: Үлкен сый-құрмет... және...

Жұмагүл: Мені бір түк көрмеген қараңғы деп тұрсың-ау келінжан! Ұялмай-ақ айта бер, махаббат деп! Біздің кезде махаббатты – саусаң сиыр, мінсең ат дейтін! Хи-хи... (Тырқылдап күледі. Осы арада есік салды-күлдір ашылып, арсалаңдап, сақал-мұрты ербиген Тайбек кіріп келеді.)

Тайбек: Ат-көліктерің аман келдіңдер ме Гүлімжан! Кеші бір сүйейін! (Гүлімге ұмтылады. Гүлім бұны танымай және арақ иісінен қашақтайды.)

Жұмагүл: Әй антұрған, алкаш! Өңмеңдемей бар ары, қатыныңды сүй! Сүйгішін, бұның!

Тайбек: Жан әпеке! Мен ғой бұл! Жалғыз бауырының жан досы, Есілбектің еркесі!

Жұмагүл: Танып тұрмын! Есім адаса қойған жоқ. Мақсат керек болса олар далада. Ал жүз грамм дәм етсең, онымен ат құйрығын кесіскем!

Тайбек: Апырау, бұ дүние не боп кеткен? Маған айтпай революция жасап тастаған ба?! 

Жұмагүл: Иә! Жасап тастадық! Мұсылмандық жолға түстік!

Тайбек: Мешітке барсаң сәләпит, бармасаң алкаш ит! Барар тау, басар жер қалмады-ау!

Гүлім: Сіз Мақсаттың сыныптасы емессіз бе?

Тайбек: Жан жолдасымын! Бір командада ойнадық. Ол шабуылшы, мен қақпашы... Қыздарға да бірге баратынбыз.

Гүлім: Ауылдағы қызының есімін айтңызшы.

Тайбек: О құдай-ау, бәріміз бір қызға ғашық боп, топырлап соның терезесін күзететінбіз!..

Гүлім: Мақсат онымен жүрді ме?

Тайбек: Айтасың-ау! Ол қызбен ойымызда ғана жүрдік. Қиял ғой!..

Гүлім: Ештеңе жасырып тұрған жоқсыз ба?

Тайбек: (Гүлімнің жанына таяп барып сыбырлайды.) Шындықты білгің келсе, бағасы екі жүз теңге. (Гүлім Жұмагүлге байқатпай ананың қолына ақша ұстатады. Анау жасырынып ақшаға қарайды да бір тізерлеп отыра қалады.) Астапыралла, астапыралла! Сендей перизатқа жалған айтып, жан досымды наһақ күйдіретін жауыз мен емес! Мақсат екеуің бір-бірің үшін ғана жаралғансыңдар! Біссіміллә, алақпер! Бақытты болыңдар! (Бетін сипай салып, зытады. Үй шаруасымен теріс қарап тұрған Жұмагүл ұшып бара жатқан Тайбектің артынан таңдана қарайды.)

Жұмагүл: Мынаған не болды? Артына ит қосқандай тұра безді ғой? Бірдеңе дедің бе әлде, бердің бе?

Гүлім: Жоға... Шұғыл шаруасы шығып қалған шығар.

Жұмагүл: Оның шұғыл шаруасы арақ дүкенінде ғана. Әй келінжан, тымпиуың тегін емес! (Гүлім жымиып күледі.) Бауырым екеуіңнің құлақтарың шулайтын болды.

Гүлім: Неге?

Жұмагүл: Әлгі әумесір сендердің денсаулықтарың үшін деп ішсе, қатыны қарғап әлек болады! Айтпады деме.

Гүлім: Соның бәріне арақ ішеме?

Жұмагүл: Ойбай-ау, соның бәрісі не? Қанша беріп ең?

Гүлім: Сұрап тұрған соң ұялдым... Кілең бес мыңдық еді.

Жұмагүл: О жаратқан құдай! Оны қуып жетіп, желкесінен шығарайын! Бәсе зыта жөнелгені тегін емес! Осынша аңқау бола ма екен? Ел битін сығып  отырғанда!..

Гүлім: Апай, бармай-ақ қойыңыз. Ұят болар. Мүлдем ақымақ емес шығар.

Жұмагүл: Үйіндегісін сата бастаған адам да ұят қалушы ма еді? Не жарытып жұмыс істемейді. Осы сияқты бір-жар шіріген жұмыртқалар бар, ауылда.

Гүлім: Балалары бар ма?

Жұмагүл: Бақандай бес баласы бар!

Гүлім: Бес бала?! Сонда қалай?

Жұмагүл: Қырқынан көтере берген де...

Гүлім: Тұрмыстары ауыр шығар?

Жұмагүл: Ауыр деп айта алмаймын. Ел қатарлы. Әйелі де балдары да тығыршықтай! Не жеп семіріп жүргенін қайдам?

Гүлім: Жалпы тұрмысы жұпыны адамдардың басты тағамы нан. Нан қатты толтырады.

Жұмагүл: «Естімеген елде көп» деуші ме еді! Нанға да семіреді екен-ау? (Жұмагүл өзінің денесін ұстап, салмақтап көреді) Сөзің айна қатесіз рас, келінжан! Нан салма, кеспе көже, мәкөрөн... бәсе неге толып кеттім десем?

(Бөлмеге Мақсат пен Желкен кіреді. Екеуі көңілді.)

Желкен: Мәкеңнің құрдасы тұсымыздан зымыран құсап зу ете түсті ғой! Бірдеңе болған ба?

Жұмагүл: Оны ана келінжаннан сұра. Бір уыс тотияын тығып жіберіпті!

Желкен: Қойыңызшы, апай!? (Қымсына қырын қарап тұрған Гүлімге қарайды барлығы.)

Мақсат: Құрдасты қуып жетейік бізге де берсейші!

Жұмагүл: Ол тотияын сендерге әсер етпейді. Әлгі әумесірдің қолына бақандай бес мыңды ұстата салыпты! Ол зымыран болмағанда кім зымыран болушы еді?!

(Мақсат пен Желкен ауыздарын аша Гүлімге қарайды.)

Гүлім:  Несіне таңданасыздар? Құдай берейін десе форточкадан бере салады!

(Екі жігіт шек-сілелері қата күледі.)

Мақсат: Үйбай, ішім-ай! Құрдасымды өле-өлгенше ұмытпастай разы қылыпсың ғой! Рақмет!!! Тек осы арақтан өртеніп кетпесе?

Жұмагүл: Өртенсе өртенсін! Байқұс әйелінің көзі ашылып, бағы жанар ма екен? Өмір-бақи осының арағымен алысып келе жатыр!

Желкен: Біздің ауылда да осы сияқтылар бар. Кеңес үкіметі тағы біраз тұрғанда құдай білсін не боларымызды?

Жұмагүл: Кеңесті сөгіп керегі жоқ, бауырым. Кезінде нанды тепкен кеселдің зардабын енді тартып жатырмыз!

Желкен: Рас айтасыз. Нанның бағасын білмей өсіп едік... Нарық кеп, қарық болдық!

Жұмагүл: Нан демекші, шәйдің жемі түгесіліпті, дүкенге барып келейін.

Гүлім:  Мен де барайыншы.

Жұмагүл: Жүре ғой, келінжан. Ауылды көрмегелі талай болған шығар. Ел де көрсін келініммен бірге қалай қайқаңдап келе жатқанымды!

(Жұмагүл мен Гүлім жиналып шығып кетеді. Абыр-дабырды естіп, өз бөлмесінен Самажан шығады. Мақсат пен Желкен орындарынан тұрып, төрге ақсақалды отырғызады.)

Самажан: Балам... (Мақсатқа қарап сөйлейді.) Әпкеңнің сырын білесің. Мына ертіп бара жатқан ұлға қалай қарасаң - ол да маған солай күтім жасайды. Айтқан уәдеңе берік бол. Баланың басынан кім сипаса - сол жақыны деген...

Мақсат: Әке, ол жағына алаңдамаңыз. Оқуға түсуіне көмектесем. Інім емес пе!

Самажан: Иә інің ғой. Бірақ ол да біреудің баласы, мойныңа үлкен жауапкершілік алып отырсың. Әр басқан ізін қадағала, балам. Қарғысқа қалып жүрмейік!

Желкен: Ұлы сөз айтып отырсыз, ата! Қазіргі уақытта қадағадан кеткен бала рас оңбайды. Небір теріс жолдар маған түс деп, кесе көлденеңдеп жатыр ғой.

Самажан: Айтайын дегенім сол еді, жарайды, тысқа шығып күнге қыздырынайын біраз...

(Самажан шығып кетеді. Ақсақал тұра бастағанда екі жігітте орнынан көтеріліп, шығып кеткенше түрегеліп тұрады.)

Мақсат: Сенің келгенің қандай жақсы болды! Рақмет достым!

Желкен: Арзымайды! Гүлімнің бір ауыз сөзі, сенің риясыз көңілің үшін! (Ол осы сөзді айтады да әлденеге қысылған түрде төмен қарайды.)

Мақсат: Жайсыз бірдеңе есіңе түсті ме?

Желкен: Жоға... Кешкі салқынмен шығып кетеміз бе? Жол да шалғай.

Мақсат: Әрине. Мың жарым шақырым деген оңай емес! Жүрегің дауалап қалай келгеніңе қайран қалып тұрмын да Жеке?

Желкен: Жасыратын несі бар, айтайын... Өз еркіммен келген жоқпын. Маған салса, былай да келер едім. Тегі, осы әңгіменің қажеті де шамалы ғой. Бастысы - мен осында емеспін бе?

Мақсат: Түсінген сияқтымын... Балдызыңның жыры ма сол?

Желкен: Иә. Саған жасаған қызметімнің қарымтасы – балдызды жұмысқа орналастыру болып тұр. Сенің уәдеңді алып бармасам, маған бұл дүниеде тиыштық жоқ!

Мақсат: Естіп жатырсың ғой, Сабыр Сәрсенұлы өзі хабарласты. «Тасымалдау бөлімі» басшысының орны босады деп. Аман-есен жетіп алайық, сосын көре жатармыз.

Желкен: Мақсат, сен дүдамал уәде бермеші! «Орындаймын!» деп нық айтшы. Өйтпесе, қатынның қарасын көруге шошимын!

(Мақсат жымиып, Желкеннің иығынан құшақтайды.)

Мақсат: Кеудемде жаным барда Желкен досыма берген уәдемді орындауға ант етемін! Көңілің орнына түсті ме?

Желкен: Түсті! Түскенде қандай! Енді көлікті де алаңсыз айдайтын болдым. Қазір қоңырау шалып, оны да қуантып қояйын. (Желкен жайдарыланып, қалта телефонын түрткілей, сыртқа шығып кетеді. Мақсат жалғыз өзі қалады. Орынан тұрып, терезеден сыртқа қарайды.)

Мақсат:  Туыс та дос та өз есебін ғана ойлаған бұл не өмір?! Әлде шынайы өмірдің мәнін ұғуға менің өрем жетпей ме? Түк түсінсем бұйырмасын! Бұл қағидаңды қай жағынан әкеп жапсырсаң да жан-дүнием қабылдай алмайды! Аяқ-асты мүгедек болып қалсаң да илана салады... өлгенің де көп уайым емес! Егер бір-бірімізді осылай тез қия салатын болсақ – онда бұл дүниенің де аса маңызды болмағаны ғой? Иә... содан да болар оның - Жалған деп аталуы...  

(Сырттан дабырласып Жұмагүл мен Гүлім кіреді. Қолдарында сатып әкелген заттары бар. Екеуі де көңілді.)

Гүлім:  Ауыл керемет өзгеріп кетіпті! Ішінара болмаса, көп үйлер жаңа талапқа сай сәулеттеніпті. Қақпаларына қатты қызықтым! Мақсат аралап көрсеңші!

Мақсат: Аралап көргем... (Ол көңілсіздеу айтты. Гүлім оның қас-қабағына зер сала қарады да ары қузамады. Жұмагүл заттарды столға жайып, жеке-жеке реттеп мәз.)

Жұмагүл: Алтын келінім, маған бір жылға жетерлік азық-түлік әперді! Дүкенді түгелімен көшіріп кетсем де қолымнан қақпас еді! Мұнша ақшаны қайдан тауып жатырсыңдар? Айтсай, сырын...

Гүлім: Мақсат бауырыңыздың табысы!

Жұмагүл: Ақшаның соңына түсем деп - денсаулықты содан құртқан екен ғой? «Аса қайрат жанға қас!» деген осы. Шешем құсап өліп қала ма деп қорқып едім, тәуба, көретін жарығың бар екен!

Гүлім: Апай!..

Жұмагүл: Несін жасырайын... қу арақтың кесірінен әкемді өз үйінен далаға қудым, одан ішегін сүйретіп Мақсат келді. Ауыл не демеді. «Мақсат араққа салынып, қатын-баласынан ажырап, жұмыстан қуылыпты! Саудасы бітіпті!.. Өлмелі шал мен екеуі біреудің тауық қорасында өлді дей бер, енді!.. Оларды бір кезде дәулетті болды деп кім айтар?» деген қаңқу жайылғаны рас. Соның тезегін қағыстырғанның бірі, мына – мен оңбаған!  (Шытының ұшымен көзін бүркеп қорсылдап, жылай бастайды. Мақсат теріс айналып, алыстау барып тұрады. Гүлім не істерін білмей абдырап, екі жаққа жалтақтайды.)

Гүлім: Ұзақ жолға шыққалы жатырмыз ғой апай, жаман ырым бастамаңызшы!.. Енді барлығы дұрысталды, сабыр етіңіз.

Жұмагүл: Менің таңқалатыным, осы, біреудің жарқырап кеткенінен гөрі бейнетке батып, сүрінгеніне қатты қуанатынымыз!

Қайдан шыққан іштарлық?! (Ары гөй-гөйлеп жылайды)  Мені қарғасаңдар да балаларымды қарғай көрмеңдерші!

Гүлім: Апай, сізді ешкім ешуақытта қарғамайды! Мақсат пен екеумізге құдайдың өзі таңдап берген жалғыз әпке - өзіңізсіз.  Өткен іс өтті...

Жұмагүл: Елдің бәрі өздерің секілді ақжүрек болса, шіркін!

 (Жұмагүлдің ту сыртынан келіп, Мақсат құшақтайды.)

Мақсат: Әпкетайым менің! Кішкентай күнімде сіздің арқалап, ойнатқаныңыз бәрі есімде. Анамнан кейінгі адам өзіңіз болдыңыз! Сырттан сіздің дауысыңыз шыққанда анам келген екен деп жүрегім лүпілдеп кететін-ді!

Жұмагүл: Мен де өзіңді бауыр етім деп балаймын! Бір ана, бір атаның баласы боп өсіп едік... (пауза) бәр сұмдық – сол, өз қолың өз аузыңа жетті-ау дегенде басталатын көрінеді. Сүйегі баяғыда қурап қалған әкемнің туыстары табыла қап, мені бауырына тартпақ болды. Оларға да әпке-қарындас керек екен, аяқ-асты!.. Қысқасы, онсыз да ақылы шамалы, шақшадай басымды араққа булап, шарадай қылды! Әкеміздің жиған мал-мүлкін манағы үлкен ұл болмағанда сол «туыстарым» ту-талақай етпекші екен!

Гүлім: Қандай қара ниетті адамдар! Олар сізге шын туыс па?

Жұмагүл: Туған әкемнің ағайындары болуы керек. Ол туралы маған ешкім таратып айтпады да және осы әкемнен әкелік мейірімді көрмесем бір жөн.

(Сырттан Самажан ақсақал мен Желкен кіреді.)

Желкен: Атам екеуміз керемет әңгімелестік! Біразын диктофонға жазып та алдым...

Мақсат: Сен этнография десе ішкен асыңды жерге қоясың ғой. Осында қалып, зерттеулер жасасайшы...

Жұмагүл: Рас-ау, бауырым от алуға келгендей тұра қашып барасың, аунап-қунап жатсайшы!

Желкен: Е әпкетай, от өз құйрығыма байланбай тұрғанда елді тапқаным жөн болар!

Жұмагүл: Оның да дұрыс шығар... Сен үшін алаңдайтын бір адамның болғаны ғанибет қой!

Мақсат:   Ғанибеті ғанибет-ақ! Ол жақтағы келініңіз де керемет адам!

Желкен: Ғұмыр жазса - қыдырып келгенде қолынан дәм татарсыз, әпкетай! Атаны да ала келесіз ғой?

Самажан: Иә, жетіспегені мен ғана едім! (Кеңкілдеп күледі.)

Желкен: Менің әке-шешем қолдары тигенде келіп-кетіп тұрады. Бірақ екі-үш күннен соң анауымыз-мынауымыз деп қыңқылдай бастайды.

Самажан: Олар жастау шығар маған қарағанда. Менің саяхатым осы үйдің төңірегі де. Үлкендер баяғыда айтушы еді «Кіретін үй қалмады» деп. Сол менің де басыма келді.

Желкен: Өмір заңы деген сол, бұйыртса бәріміздің басымызға келетін. Ата аманшылықта жүздесу жазсын! Біз жолға шықсақ деп едік, күн салқындай бере...

Жұмагүл: Жұмыстарың болмағанда тағы біраз жатқандарың жақсы еді, қалқаларым! Айтпақшы, бір қойдың етін боршалап, сүрлетіп қойғанмын! Бас-сирағы да үйтілген. Үлкен ұлдың тіршілігі! Сыртта ұшарға қанаты болмай тосып тұр!

Желкен: Мен барып заттарды реттей берейін. (Желкен шығып кетеді.)

Самажан: (Самажан ақсақалдың алдына ұлы мен келіні келіп, бас иеді.) Көзімнің ағы мен қарасындай айналайындарым! Сендердің осы жарқын жүздеріңді шешелерің көре алмағанына қамығам! Құдай бұйыртып жатса немерелерімді иіскейтін күн де туар. Мен үшін алаңдамаңдар! Жолдарың болсын! (Самажан ақсақал Мақсат пен Гүлімнің маңдайларынан сүйеді.)

Жұмагүл: Менің бода-бодамды шығармай тұрғанда шығайық!

(Ата мен балалары қайта қауышып, бір-біріне саулық пен амандықта кездесу тілеседі. Қол қапшықтарын алып, жолаушылар сыртқа шығады. Самажан ақсақал үйде жалғыз қалады.)

Самажан: Шырақтарымды аман-есен жол азабынан сақтап, жетем деген жеріне жеткізе гөр Тәңірім! Маңдайыма жазған тағдырымның тәлкегіне шыдай алмай, е Жаратқан өзіңе де тіл тигізген кезім болған шығар... Мына ессіз пендеңді кешір гөр! Тіршілік деген – өз қалауыңмен өте шығатын серуен еместігін дәлелдеп, басыма талай сынды төктің! Соның бәрін қансырай өткеріп, мына күнге де жеттім. Мен көрмеген енді қандай құқай қалмады деп батырсынып жүргенде  -  жанды жерімнен шап беріп, есімнен де тандырдың! Рахымыңның молдығынан қайта есімді жиғыздың. Осынша жас жасауым менің кереметтігім емес, өзіңнің қаперіңнен шығып қалған керексіздігім бе деп қалам! О Тәңірім, желкілдеп енді келе жатқан жауқазындарыма жебеу бола көр! Олардың көздерін мына жалғанның алдамшы жылтырына сатқызбай, қор пенделіктен ада ет! Ертең көрде жатсам да солардың шам-шырақтай сәулесін сезініп, әруағыммен қолдауды бұйырт. Жазмыш жазып, көрісе аламыз ба жоқ па бір Алла, өз қолыңда... Ендігі арманым: балаларыма салмақ салмай, күннің жылысында кемпірім жаққа кету ғана. Тек ары-бері сабылып, естері шығатын болды-ау!..

 

ШЫМЫЛДЫҚ

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ   

Қаладағы Мақсат пен Гүлімнің пәтері. Бұлардың елден оралғандарына да біраз уақыт болған. Демалыс күні. Балалар ауылдан келген ағаларының соңынан еріп сыртқа бет алған. Мақсат пен Гүлім жорнал столы басында әңгімелесіп отыр.

Мақсат: Ағаларыңның тілін алып, тәртіпті болыңдар, келістік пе?

Балалар: Келістік папа-мама!.. (Күліп-ойнап шығып кетеді.)

Гүлім: Мамам неғып кешігіп жатыр? Ертелетіп келем, шұғыл шаруам бар айтатын деп еді?

Мақсат: Қоңырау шалсаңшы...

Гүлім: Тұтқаны көтермейді. (Алаңдап, орнынан тұрады. Осы кезде есіктің қоңырауы шылдырайды.) Ана қасқалар бірдеңелерін ұмытып кеткен-ау, барып ашайын. (Ішке әдемілене шырттай киініп, бет-аузына опа-далақ жағып, шашын сәндеген Оңай кіреді. Сырт киімін диванның арқалығына тастай салып, сылқ отыра кетеді. Түрі маңызды. Тершіген маңдайын қол орамалмен құрғатып қояды. Қол айнасын алып, бетіне үңіледі.)

Оңай: Құдайдың күні де өзгеріп бара ма? Күз деп айтуға болмайды. Жаз ортасындай шыжып кетті! (Сөзге тартқысы келгендей Мақсат жаққа қарап сөйлейді. Мақсат  мәнсіз ақтарып отырған газетті тастап, Оңайға мойын бұрады.)

Мақсат: Орыстардың -  «Бабье лето» дегені осы шығар. Қыс алдындағы уақытша жылымық қой. (Оңай шабына от түскендей ыршып кетті де алая Мақсатқа қарады.)

Оңай: Осы сені қанша балам деп бауырыма бассам да жұлдызың неге маған қарсы?! (Мақсаттың көздері дөңгелене, Оңайға аса таң қалыспен қарайды.)

Гүлім: Аяқ-асты не боп қалды?

Оңай: Білмей отырғансуын екеуінің!

Гүлім: Нені білуіміз керек?

Мақсат: Сіздер әңгімелесе беріңіздер, менің қалада жұмыстарым бар еді...

Оңай: Мақсат, тоқтай тұр! (Тұрып бара жатқан Мақсат қайта отырады) Осы сендер менің де отбасымның мүшелері емессіңдер ме?

Гүлім: Мама. Біз сізді бөтен санамаймыз. Менің туған анамсыз. Бірақ, біз бір отбасы емеспіз. Дербес өміріміз бар.

Оңай: Олай болса, сендер де менің дербестігіме түсіністікпен қараңдар!

Мақсат: Маған неге ашуландыңыз?

Оңай: Мен көпті көрген адаммын... Бірақ, сен жыланның аяғын көргенсің! (Мақсаттың түсі бұзылып кетеді.)

Гүлім: Мама! Сіз әдейі шу шығаруға келдіңіз бе? Біздің татулығымызды неге көре алмайсыз, осы?! (Гүлім жылайды. Арада біраз үнсіздік орнайды. Оңай терең күрсінеді. Көзін сүртеді.)

Оңай: Шынымен шатырым кетейін деген бе? Не деп кеттім? Балам, Мақсат, жындының сөзін көңіліңе алма. Гүлімнің әкесін де осылай жүйкесін тоздырып жүріп, ақыры өлтірдім!

Мақсат: Не айтсаңыз да сіздікі дұрыс...

Оңай: Сенің осынша сабырлы, адал қылықтарың менің жынымды келтіреді! Сондықтан саған сенбеймін! Екіжүзділік жайлаған мына өмірде - көңілі бір беткей таза адам болуы мүмкін емес!

Мақсат: Мені білгеніңізге біраз жыл болды. Сонда осынша уақыт адал адамның рөлін ойнап жүр дегіңіз келе ме? Және не үшін ойнамақпын?

Оңай: Оны қайдан білейін... Тек әр пенденің ішіне бүккен бір арамдығы болуы тиіс! Періште болса, шәйтан да бар...

Гүлім:  Мама сіз не деп кеттіңіз?

Оңай: Өмірдің не екенін айтып, сендердің көздеріңді ашып жатырмын! Әсіресе, бақырайса да түк көрмейтін, сенің көзіңді!

Гүлім: Нені көруім тиіс?

Оңай: «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген...

Гүлім: Мама, ренжімеңіз! Басқа айтатын сөзіңіз болмаса, үйіңізге қайтсаңыз!

Оңай: Мәссаған, безгелдек! Тоғыз ай он күн көтерген, толғағына төзіп, түн ұйқысын төрт бөлген анасына айтып отырған сөзін қарашы-ей!? Сені оңдырмай оқытып тастаған!

Гүлім: Оқытқан деген не сөз? Мама, сізге қаралу керек!

Оңай: Қип етсе әкең де солай деуші еді!.. Сенің де аузыңа түкіріп кеткен екен ғой. Қызым-ау, қарасаңшы өзіңе, сені қамырша илеп!..

Гүлім: Илесе де неғылса да Мақсат менің күйеуім! Арамызға от салуға жол бермеймін!

Мақсат: Жаным, мамаңның айтайын деп келгені бұл емес шығар... Сөз қума!

Оңай: Міне, тағы үстінен дөп түсті! (Оңай аяқ-асты өзгеріп, тырқ-тырқ күледі.) Жыланның аяғын көргені осы емес пе?! (Мақсат та жымиып, Оңайға жылы шырай білдіреді.)

Мақсат: Енді шыныңызды айтыңыз... (Гүлім екі беті дуылдап, не істеп, не қоярын білмей абдырайды. Мақсаттың шиеленісті ушықтырмай, тарқатқанына шын жүректен қуанады.)

Гүлім: Мамашым, не айтпақ едіңіз? (Оңай ыстықтаған адамша желпініп, қысылған сыңай танытады.)

Мақсат: Қысылмай айта беріңіз...

Оңай: Жанымды қоймадыңдар ғой... Күйеуімнің о дүниелік болғанына он шақты жылдан асты. Жар қызығын көретін шақта жесір қалдым. (Кеңкілдеп жылайды.)

Гүлім: Бәрімізге де оңай емес, түсінемін, мама!

Оңай: Қызым, ол түсінетін шаруа емес... Жалғыздық құдайға ғана жарасқан... Он бес жыл деген оңай емес. Қарашаңырақтан сен ұзатылған соң, мүлдем азынап кетті!

Гүлім: Жалғызсырасаңыз бізге келіңіз... (Мақсат та қоштаған сыңаймен басын изейді.)

Оңай: Ту құдайым-ай! Осында келе жатқанда сақылдап-ақ тұрған сияқты едім, тілім байланып не болды! (Мақсат пен Гүлім күледі. Оңай қызарақтап, қатты абыржиды.) Айттым ғой, мені түсінбейсіңдер деп!

Гүлім: Айтсаңызшы, неге түсінбейміз!

Оңай: Түсінбегендерің сол: айт, айт деп қылқындырып... қайтіп айтам!..

(Мақсат Гүлімді иығынан қаусыра ұстап, былай таман әкетіп, құлағына сыбырлайды. Оңай оларға ұрлана көз салып қойып, төмен қарап отыр. Гүлімнің ішек тарта таң қалған дауысы шығады.)

Гүлім: Мама, рас па?!

Оңай: Рас емей, немене дейсің! Мен де адам шығармын... әйел екенім де рас!

Гүлім: Дұрыс адам ба? Біз танимыз ба?

Оңай: Бұл не сұрақ? Өзің күйеуге тигенде біз таңдап па едік?

Мақсат: О кісі маған бажа болама, әлде ата болама?! (Мақсат сылқ-сылқ күледі.)

Гүлім: Ел есінен танып тұрса, сенікі қызық екен?!

Оңай: Айтарымды айттым! Кетейін, сендердің күлкі-мазақтарыңа айналмай тұрғанда! О байқұс та зарығып, тосып тұрған шығар.

Мақсат: Шақырып келейін, ақыры болар іс болған екен.

Гүлім: Мақсат! (Гүлімнің дауысы жарықшақтанып шығады. Осы кезде есік қоңырауы шылдырайды. Гүлім басқа бөлмеге ата жөнеледі.) Құдай үшін, маған әзірше көрсетпеңдерші!

(Мақсат есікті ашады. Ар жағынан ілесіп Желкен кіреді.)

Желкен: Сәлеметсізбе, апай! Денсаулығыңыз жақсы ма? Күйлі-қуаттысыз ба? (Оңай жақтырмаған сыңаймен қырын қарайды.)

Оңай: Күйлі-қуатты болмасам қайтейін деп едің?

Желкен: Саулығыңызды сұрағаным ғой, апай!.. сыпайыгершілік...

Оңай: Әйтеу, маған кілең сыпайылар үйір! (Апыл-ғұпыл киініп, қоштаспастан сыртқа шығып кетеді.  Желкен ештеңеге түсінбеген сыңайда отырады.)

Желкен: Түк түсінсем бұйырмасын!

Мақсат: Өзіміз де күнде аң-таңбыз! Менің енем құйын сияқты адам ғой...

Желкен: Қайын-жұрттың іргеде болғаны осы... Әй қайдам, қай жерде болса да бәрібір ме деймін...

Мақсат: Саған не күн туып жүр?

Желкен:  Сол баяғы әйелмен айтыс та... Ақын Сара мен Ақан сері боп...

Мақсат: Саған не қыл дейді?

Желкен:  Бұрын не қыл дейтінін білетін сияқты едім, енді білмеймін!.. Ол менің ағайындарымды жамандайды, мен оның... қойшы!.. (Қолын сілтейді.)

Мақсат: Олар болмаса екеуара татусыңдар ма?

Желкен:  Мынауың қызық сұрақ екен? Әрине, татумыз!

Мақсат: Онда былай деп айт: «Жаным, біздің ағайындарымыз осы дауды естіп жатқан жоқ. Жынды болып отырған құр екеуміз ғана. Қояйықшы!» деп. Ақылы болса ұғар.

Желкен:  Сені кімге тартқан кемеңгер деп ойлаушы едім, енді түсіндім. Ата! (Тығылған бөлмесінен Гүлім шығады. Көзі қызарып, ісіңкі. Желкенді көріп жылышырай танытады.)

Гүлім: Үй-ішің аман-есен бе?

Желкен:  Аманшылықтамыз, Гүлімжан! Оңалту шарасын алуға Мақсатқа келдім.

Гүлім: Онысы несі тағы?

Желкен:  «Мыйын әйелі жеп қойған еркек» деген диагнозбен... 

(Гүлім күледі.)

Гүлім: Шықпағанды шығарасың-ау, осы! Мақсаттың өзі мыйы желінбеп пе?

Желкен:  Мақсат бақытты ғой! Өзіңдей мый жемейтін әйел бұйырып...

Мақсат: Е дос абайлап сөйле! Атамыз қазақ: «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатынға сенбе!» деген...

Гүлім: Сен маған сенбейді екенсің ғой? Мүмкін сенетін біреуің бар шығар?

Мақсат: Жеке, әне көрдің бе?

Гүлім: Ол нені көруі керек?

Мақсат: Әйелдің тілін қалай шығару керек екенін!..

Желкен:  Қой, «Есің бар да еліңді тап» демекші, екеуіңді соғыстырып алмай тұрғанда жөнелейін! Менен осы, дау-дамайдың иісі бұрқырап тұратыны несі екен?! (Желкен кетуге ыңғайланады. Мақсат та орнынан тұрады.)

Мақсат: Тоқтай тұр. Мен де сыртқа шыққалы отырғанмын. Серуендеп қайтайық, бірге...

(Мақсат пен Желкен шығып кетеді. Гүлім айнаның алдына келіп, өзіне бажайлай қарайды. Шашын салалап тарап, сілкиді. Көзінің астын саусағымен сипайды.)

Гүлім: Иә, сөйтіңдерші... Сәлден соң мен де бір құрбыма барып келмесем, бүгінгі таң өзі естен тандырып жіберді... (Кенет шыр ете түскен қоңыраудан ол селк ете түседі. Бастапқыда есікке қарап, сосын қалта телефонына қарайды. Кім болды екен дегендей таңқалыспен тұтқаны алады. Таныс емес нөмірмен ауылдан Жұмагүл телефон соғады. Бұлар бір-бірін танымайды.)

Жұмагүл: Әләу, әлеу! Бұл Мақсаттың кібәртірі ме екен?

Гүлім: Иә.

Жұмагүл:  Мақсат үйде ме?

Гүлім: Ол шығып кетті. Сіз кім боласыз?

Жұмагүл: Ойбай-ау, кім болушы едім, жалғыз әпкесі Жұмагүл болам! Өзің кімсің? Келінім қайда?

Гүлім: Сәлем бердік, апай! Мен - келініңіз Гүлім ғой...

Жұмагүл: Ой алжастырған құдайым-ай, тылипон дауысты өзгертіп жібереді екен-ау! Бір жас бала екен деп қалдым, сыңғырлағаныңа қарап...

Гүлім: Сіздің де дауысыңыз күмістей төгіліп тұр, апай!

Жұмагүл: Қазан қырып көріп пе едің?

Гүлім: Жоға, апай!

Жұмагүл: Қырмасаң ауылға тағы бір келгенде қырдырам. Сонда естисің апайыңның дауысы қандай екенін!..  (Тырқылдап күледі трубқадан.)

Гүлім: Аманшылық па! Атамның хәлі жақсы ма? Балалар қалай?

Жұмагүл: Аманшылық болған соң мәз-мәйрам боп тұрмын да! Қысқасы былай, атаң екеуміз пойызға шыққалы жатырмыз. Әл-қуатымның барында балаларды бір иіскеп қайтайын деп әкем қыңқылдап қоймады. Мал-жанды балаларға, сосын бір құдайға тапсырдық. Құдағиды да талай болды көрмедік. Биыл зейнетке шықты деп естідік, барып құтты болсын айтайық.

Гүлім: Өте жақсы болған екен! Пойызға отырғанда тағы хабарласыңыз.

Жұмагүл: Үйдегі балалардың бірі қалта тылипонын берді. Үйретіп жатыр. Жол бойы сөйлесем, әлі. Сол айтайын дегенім, келінжан. Бір қойдың етін ала шығам, Мақсат етсіреп жүрген шығар!

Гүлім: Етсіз емеспіз, апай. Базарда қалаған етің сыңсып тұр ғой.

Жұмагүл: Білемін сыңсып тұратынын, тек оны қалай жемдеді, кім сойды? Ал мынау өз қолыңдағы адал мал! Дәмі де құнары да өзгеше ғой, шіркіннің!

Гүлім: Иә, оныңыз рас. Өткен жолғы әкелген етті балалар да сүйсініп жеді. Мамам да тамсанды. Сіздің қолыңыздың ерекше бір қасиеті бар!

Жұмагүл: Оның рас, келінжан! Шешемнен дарыған қасиет! О жарықтық, керемет адам болған кісі! Амал жоқ, келіннің қолынан бір шыны шәй іше алмай арманда кетті ғой!..

Гүлім: Жатқан жері жайлы болсын! Өткенде басына барып құран оқытып кеттік қой, бір аунап түскен шығар, балаларым келді деп!..

Жұмагүл: Әрине, келінжан! Ойбай, мыналар көп сөйлеп қойдың деп түйгілеп жатыр! Тосып аласыңдар ғой, бакзалдан? Аман болыңдар! Сәлем айт, бәріне...  Айтпақшы, бір жақсы түс көрдім, тойдың үстінен түсетін сияқтымыз!..(Туут, тууут деп телефонның үні өшеді. Гүлім «үһ» деп терең демалады да бөлменің ортасында есеңгіреген адамша серейіп тұрады.) 

Гүлім: (Жабырқау үнмен залға қарап сөйлейді.) Жетіспегені осы той еді!.. Мына үйден шығып, бір жаққа барып бой тасаламасам сірә, жындандып кетермін!? Желкеннің әйелі неғып шәйпау десем, осындайдан екен-ау?..  Қазақ болған соң осы... Салтың-дәстүрің, ырымың-сырымың... Өз бетіңше өмір сүруге мұрсат жоқ. Алпысты алқымдағанда байға тием деп шешем шықты. Түсін тойға жорып, қайынжұртым келе жатыр. Ұят-ай, бетім-ай! Мамамның мына қылығы жарты Қазақстанға жыр болатын болды ғой!..

Адамды есейтетін, есінен жаңылдырып еселаң ететін де жас емес – өмірдің осындай теперіштері екен ғой?.. Е жалған-ай!..

(Гүлім киініп, сыртқа бет алады.)

Музыка және соңы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған