Адам қарады: 158 | Жарияланды: 2018-08-14 03:13:15

Көлеңке

Төрт перделі сатиралық драма

Қатысушылар:

Байарыстан - алпыстан асқан көсе.

Көлеңке – қара киімді елес.

Гүлжаухар – орта жаста, Байарыстанның әйелі.

Отан – Байарыстан мен Гүлжаухардың ұлы отыз бес-қырықтарда.

Құтбол – Байарыстанның ауылдасы, жастары шамалас.

Сейітхан – Шәпен деген құрдастарының баласы, отыздарда.

Қапар – ауыл әкімі, қырықтарда.

Шәпен – Байарыстан мен Құтболдың қатары.

Баққожа – шаруа қожалығы басшысы, елуді еңсерген.

Сайлаубек - шаруа қожалығы басшысы, елуді еңсерген.

Ақадыр ақсақал – ауыл ақсқалы.

Біләл – Байарыстанның күйеубаласы, қырықтарда.

 

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Көшеде келе жатқан Байарыстан, аяғынан біреу әдейі шалып жібергендей  жалп етіп, оқыс құлады. Етженді, ұзынбойлы, ел арасында әжептеуір беделі бар азаматтың жайдақ жерде домаланып жатқаны тым ерсі көрінеді екен. Ол өзінің  осы епетейсіз жағдайын іштей сезіп, жан-жағына абыржи алақтады. Арылы-берілі сапырылысқан жұрттың назары мүлдем басқа жақта тәрізді. Бұны байқап, егде жастағы кісі екен-ау деп жанашырлық танытып, қол ұшын берген кісі баласы да болмады. Бұл сірә, адам емес, жауыннан кейін қалған қақ суы тәрізді бірі айналып өтсе, енді бірі оған сүрініп барып, аттап-бұттап өтіп жатқаны...

Байарыстан : - Сен иттің баласы, менің төзімімді түгестің! Осыдан осылай күннің көзіне шықсам, Байарыстан атым өшсін!

Көлеңке: - Үйреншікті қоқан-лоққыңа түкіргенім бар ма! Мен иттің баласы

болсам, сен итім құсап ертең тағы шығасың қайқаңдап!..

Байарыстан : - Менде қай әкеңнің құны қалды? Айтшы, осы!..

Көлеңке: - Жас кезіңде байқамаппын, қандай адам екеніңді. Өсе келе сені иттің етінен де жек көре бастадым!

Байарыстан : - Неліктен?

Көлеңке: - Мүмкін, бұған сен де аса кінәлі емес шығарсың. Қалыптасқан ортаң, араласқан адамдарың дегендей... Және өмірбақи бір адамның төңірегінен қалмау да қияметтің соры екен. Сенен шаршадым!

Байарыстан : - Шаршасаң кет! Өзге біреудің соңынан ер... Менің жазығым қанша? Сені ешкімнен қалап, сұрап алғаным жоқ. Сыртқа шықсам салаңдап соңымнан қалмайсың. Кет дегенде ит те кетеді! Сен оны да ұқпайсың... 

Көлеңке: - Оның рас. Бірақ, мені діңкелеткен сенің екіжүзділігің! Үйде былайсың, түзде алайсың. Осы ала мінезің менің болмысымда көтеріліс тудырды.

Байарыстан : - Ей, сендегі қайдағы болмыс?! Сен көлеңке емессің бе? Мен жығылып едім, қоса жығылдың. Аяқтан шалып құлатқандағы жетіскенің осы ма?

Көлеңке: - Болды! Мен сенен кетем. Саған тек көлеңке ғана екенмін ғой? Енді менсіз өмір сүр... 

Байарыстан : - Кетіп көрші өз бетіңмен. Мен тұрмасам сен де тұрмайсың.

Көлеңке: - Жарайды бір бітімге келейік... Жақсы адамдарша бақұлдасайық.

Байарыстан : - Сен не, өлуге әзірлендің бе? Мен, асықпаймын...

Көлеңке: - Ешкімнің көлеңкесі болмасам – өлген деген сол емеспе?..

Байарыстан : - Сөзіңнің жаны бар... Егер менен көлеңке түспесе – менің де бар-жоғым күмән туғызатын сияқты?

Көлеңке: - Бұл жатысымыз жарамас. Мені көрінген таптап, сенен аттап... қой

тұралық.

Байарыстан : - Әуп біссіміллә, сүйесейші, ей! Қатты жығылыппын. Етім ауырып қапты.

Көлеңке: - Иә, ең құрығанда өстіп басымызды көтеріп отыралық та... Астың сыз емес пе?

Байарыстан : - Сызың не, күн қыздырған бетонның ыстығы жаныма майдай жағып барады. Аяқ созып, кішкене, көсілсек қалай?..

(Ел ары-бері бұны айналып жүріп жатыр)

Көлеңке: - Сен маған ренжіме... Өмірбақи сенің қалпыңды айнытпай салып келем. Сен ұзарсаң ұзарып, қысқарсаң қысқарып дегендей...

Пәленің бәрін өзің ғой шығарып жүрген! Сенің бар екеніңді қараңдап қасымда жүргенде ғана аңғаратынмын.

Көрдің бе, өз көлеңкесін ескермеген адам өзгенің өзін неғылсын.

Оларды да көлеңке құрлы көрмейтін хәлге жеттің, осыны түсінесің бе?

Байарыстан : - Ащы да болса шындық! Бұл жалғыз менің ғана ұстанымым емес, жалпыны жайлаған індет. Жаңа жығылып жатқанымда соны анық аңғардым. Адам екен деп ешқайсысы қол ұшын бермеді ғой...

Өзің қайтер едің? Жығылған жанды тұрғызып, үсті-басын қағып,

қалаған жеріне жетуге жәрдемдесер ме едің?

Шынымды айтсам, солай істеу қаперіме де келмес еді. Және оған қияр уақытым бар ма?

Ал осылай отырғанға қалай уақыт таптың? Тіпті тұрғың келмейді...

Рас-ау!?.

Сені неліктен суқаным сүймей кеткенін енді аңғарған шығарсың?

Байарыстан : - Шым-шымдап санама жете бастағандай...

Көлеңке: - Балалық шағыңды еске алшы. Ауылда өскен қарасирақ көп

қарадомалақтың бірі емес пе едің. Иә, жоғары білім алдың, төркіні жақсы қатынға тап болдың, тасың өрге домалап, дәулет жинадың...

Байарыстан : - Е-е, ол бір заман еді ғой! Жүрегің алып ұшып, тау қопаратындай қайратты сезінген бұла бір шақ еді! Менің арманым - қызыл шағыл басқан ауылымды көркейту болатын. Оны көк желекке орантып, қаладан айырмасы жоқ тұрмысқа жеткізетініме сенімді едім.

Көлеңке: - Сол арманыңды жүзеге асыру үшін саусақ ұшыңды қыймылдаттың ба? Қолыңнан қаққан біреу бар ма? Қалаға сіңдің де қатыныңның етегінен шыға алмадың. Оның - ауыл десе қозатын  қояншығы бар, бірдеңе еді ғой! Өзіңді қалаға жетектеп апарған ағаң құсап, еліңнің бір баласын оқуға ертіп әкеліп түсірдің бе? Байлығыңды айтып мақтанғанда алдыңа жан салмайсың! Енді халықтың қалаулысы болуға жан таласып жүрсің!

Байарыстан : - Ей сен, беталбат кетіп барасың ғой! Тіліңді тарта сөйле!

Көлеңке: - Ұнамаса құлағыңды бітеп ал! Осы уақытқа дейін керең болып келгенің аздай... Осы байлық бітсе билікке, депутаттыққа жүгіру не салт? Жақсылықты былай да жасай салуға болмай ма?

Байарыстан : - Ары-бері жүріп жатқан ел-жұрттан ұят емес пе? Менің жер жебіріме жеткенің не, соншалықты?

Көлеңке: - Олар да өзің секілді кереңдер. Ешкімнің айғай-ұйғайын естімейді. Олар өздерінің ішіндегі зар мен күйікті сезінуден қалған. Таң ата оталып, жатарда ғана өшетін моторлар. Бар мақсаттары - аш қалмаудың амалы.

Байарыстан : - Сенен сескенейін дедім! Сөзіңе қарасам, осы дүниеде іліп алар пенде баласы жоқ секілді.

Көлеңке: - Менің сөзімді теріске шығаратын уәжің болса, айт, құлағым сенде.

Байарыстан : - Жарайды, елді қайдам, мына өз басым осынша уақытта бір пайдалы нәрсе жасамаған адамға ұқсап қалдым ғой, сенің суреттеуіңе қарасам?

Көлеңке: - Рас, өз басың үшін жаныңды аяған жоқсың! Жақсылықты ешкім өзіне ғана жасамас болар, ортаңнан алшақтап, кешегі ауылдастарыңның

жеркенішін тудырдың. Менсінбей, шайқақтағаныңа олар түкіріп қойыпты!

Байарыстан : - Мен біреудің алдында қарыздармын ба? Әркімнің өз бағы бар. Оларға ештеңе бұйырмаса мен кінәлімін бе?

Көлеңке: - Ешкім кінәлап отырған жоқ. Перзенттік парыз деген болады. Есіңде бар ма сол сөз?

Байарыстан : - Осы сен қайдағы-жайдағының бәрін қайдан білесің, ә?

Көлеңке: - Үйбүй-ау, өмір-бақи сенің соңынан еріп жүрген жоқпын ба!

Елдің алдында лепіре сөйлеген жалынды сөздеріңді тыңдап қалыптастым ғой!

Байарыстан : - Қалыптастым дейді ғой! Жетпей желкең қиылғыр! Ол менің сол кездегінан табатын жұмысым, айттым екен деп әр сөзіме жығыла берсем, жан да мал да шақ келе ме?!

Көлеңке: - Манада айтқан екіжүздісің дегенімнің дәлелі осы емес пе. Келісесің бе?

Байарыстан : - Әр пенденің бойында арамдық болуы тиіс. Көрінгенге құшақ жая берсең, мынау бір еселаң екен деуден тайынбайды, қазіргі жұрт.  

Көлеңке: - Кешегі үлкен жиналыста елдің алдында сонша кеп көсілгенің құр

көлгірсу болғаны ма? Халқымды жанымдай сүйем деп шашылып қала жаздадың ғой!

Байарыстан : - Солай деп иландырмасаң соңынан кісі ере ме? Бұл саяситехнология әдісі, өстіп жалғызына еміренгендей халқын жалпылай сүйіп жатқан жалғыз мен  бе?..

Көлеңке: - Халықты сүйсең жеке-жеке неге сүймейсіңдер? Бәрін жалпылай сүйе салғыларың келеді. Не деген үлкен ауыз сендердікі!? Бюджеттен қаржы қарастырсаңдар: бәленбай миллиард теңге бөлдік деп ауыз толтыра жар саласыңдар! Ал соларың әр адамға шаққанда қанша теңге болатынын айтқыларың келмейді. Неліктен?

Байарыстан : - Маған байланысты болса, жер асты, жер үсті байлықтарын бәріне тең бөліп берер едім!

Көлеңке: - Өйтіп жауаптан тайсақтама! Баяғыда бір министріңнің бөлгізген

қаржысы әр адамға шаққанда бір-бір шұлықтық болғанын ұмытпаған шығарсың? Айтуға ұяласыңдар!

Байарыстан : - Енді не ғой... кризис, тағысын тағы дегендей... Маған неменеге

шүйлігіп алдың ей?! Мүмкін кандидатурам өтпей қалатын шығар?

Көлеңке: - Өтесің! Маңдайыңда жазулы тұр. Мынаны айтшы: өз айлықтарын

көтергенде сол кризис олардың ойларына келді ме екен?

Байарыстан : - Олардың айлығы пен тұрмыстық жағдайы көп елдерден төмен.  Статусына сәйкес болуы керек. Өйтпесе, мемлекет имиджіне нұқсан келеді. Және олар да бала-шаға асырап отыр ғой.

Көлеңке: - Түсінікті. Көлеңкеде бала-шаға болмайтыны қандай бақыт! Күн көзі болса бармын, жоқ болса қалқадамын. Мені сөгіп, іздеп жатқан ешкім жоқ. Дейтұрсам да сендердің тірліктерің ішіме қонар емес. Сөздерің жалған, өмір сүріп жатқан дүнияларың да жалған. Бұ не қылған жаратылыс едіңдер?

Байарыстан : - Күңіренбей, мені сүйеп жіберші. Құйрығым тасқа жабысып қалған ба? Тұра алар емеспін.

(Көлеңкесі жәрдемдесіп, қол-аяғы ұйып ауырсынып қалған Байарыстанды тұрғызысады. Сосын екеуі анадай жерде тұрған тақтай орындыққа барып, тізе бүгеді.)

Көлеңке: - Исалмас дегенді білесің бе?

Байарыстан : - Өй сенде қайдағы-жайдағыны сұрайды екенсің? Бірінші рет естіп тұрмын. Оның не пәле?

Көлеңке: - Сен сияқты ағысқа бағынған, өзіндік беті жоқ, мықтының көңіліне

шіркеу түсірмеуге тырысқан, әлсізді ғана шіркейше езген езді айтады!

Байарыстан : - Тпу, иттің баласы-ай! Жер жебіріме жетіп, жекен суымды ішкіздің ғой! Доғар! Өлмей тұрғаныңда!

Көлеңке: - Қых, қых... Көлеңкенің өлгенін естіп пе едің? Сенімен қоса құримын...

Байарыстан : - Мынадай қорлауды естігенше құрып кеткенім жақсы болар! Өзің бір не ұруға, не мыжуға келмейтін, сайраған тілің тас жаратын не деген жәндік едің?!

Көлеңке: - Жәндік мен емес, сенсің! Мен сенің ішкі дүнияңның суретімін. Маған тіл бітіріп, өзіңмен егестіріп қойған бойыңдағы қалған ар мен ұяттың азғана сарқыншағы. Сен осыған да қуан! 

Байарыстан : - Ақсарбас атап құрбан шалайын ба?

Көлеңке: - Адамдыққа қайта орала алсаң, ол түгілі ақ түйенің қарнын ақтарарсың?

Байарыстан : - Ей, сен сонда маған не қыл дейсің?!

Көлеңке: - Өзіңмен өзің бол. Өзіңді тап. Арыңа қайта орал. Соны тыңда.

Байарыстан : - Айтады-ақ екенсің! Олай күн көру мүмкін емес. Мені алақарғадай түтіп жейді ғой!

Көлеңке: - Жесе жесін! Ақиқат үшін құрбан болсаң - әруағыңнан жұртың

айналып кетпей ме!

Байарыстан : - Өліп қалғаннан кейінгі мадақтың несі қызық? Осы жалғанның қызығын көзі тірісінде көріп қалуға жұрттың бәрі жұлқынып жатқан жоқ па? О дүниедегі ұжмақты мен де аңсамаймын.

Көлеңке: - Сол екен ғой, ауылыңнан әке-шешеңе қос қатарлы қып, өзіңе де сондай демалуға коттедж салып, жексенбі сайын жеке ұшақпен ұшып жүргенің? Сен сол барғаныңда туған еліңнің біреуімен араластың ба? Әрине жоқ! Бара сала араққа басасың. Мұң-мұқтажын айтпақ болып, жерлестерің талай келді. Қатының сені ауырып жатыр, қабылдай алмайды деп қақпадан сан қайтарған. Сосын, елің де сенен түңілді!

Байарыстан : - Жеке уақытымды қалай пайдалансам да өз еркім шығар?

Көлеңке: - Әрине... Тек сенің ұшағыңа әр жолы құйған жанармайыңның парқы талай елдің айлық азығы болар еді. Кеше ғана, жәмән студент кезіңде - қызға бару үшін біреудің кәстөмін сұрап кигеніңді қалай ұмыттың? Сол жігітті енді көрсең танымайсың да себебі, ол сенің теңің емес. 

Байарыстан : - Әркім өз маңдайына жазылғанды көреді. Бұған да мен кінәлімін бе?

Көлеңке: - Сені ұры деп айтпай-ақ қояйын. Ана бір аласапыранда оңтайлы жерден дәл уақытында шыға қалдың да осы берекеге тап болдың. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген аталы сөздің қарғысына ұшырамас үшін - жеген деген осы екен деп қақалып-шашалмай, ел-жұртыңды да ойла. Инвестиция деген сөз - сәнге айналды ғой. Солардың қазынасын өзіне қайтарып, өсімін көруге ат салыс.

Байарыстан : - Әй қарағым, шақшадай басымды шарадай қылдың ғой! Ендігі

ақылыңды кейінірек айтшы. Жүр, жұмыс жаққа барайық. Денсаулық түзеймін деп жаяу жүргенім пәле болды ғой, сенімен тәжікелестіріп!..

Көлеңке: - Барсақ баралық. Осыдан осылай өзің секілді бармын дегендердің іс-қыймылына, сөздеріне құлақ сал. Сенен бір жері ауса - көлеңке болмай кетейін!

ШЫМЫЛДЫҚ

 

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

 

Байарыстан аяғын ауырсына басып келе жатады. Оған қарсы сол тетелес адам таяп келіп кідіреді. Байарыстанға үңіле қарайды.

Байарыстан: - Әй, сен осы біздің Құтбол емессің бе?

Құтбол: - Иә, дәл солмын! Таныр ма танымас па деп әдейі тиіспек болып едім, сүйегің асыл екен!

Байарыстан: - Сен де оңай – оспақ емессің -ау! Көрінбей қайда жоғалып кеттің?

Құтбол: - Проблемадан проблема туындап... Інімнің қызын біреулер 

зорлап кетіпті деген суық хабар естіп, соны ауылға барып шешіп келген бетім.

Байарыстан: - Асстапыралла! Ауылда да зорлық бар ма?

Құтбол: - Жұмыс жоқ, тайым жоқ, ел әбден бетімен кетті ғой! Сотқа жеткізбей кінәліларды он бес мың долларға жығып, арызды қайтарып, сорлы қызға қаладан бір бөлмелі жатахана алып бердім.

Байарыстан: - Ерлеген екенсің! Ініңді білем ғой, шошаңдаған қызымның өзі кінәлі деп бір жартымен татуласа салар еді...

Құтбол: - Дөп айттың! Мен барып килікпесем өзі де солай шешілмекші көрінеді. Інім мен келінді алдап, қыздарыңа менің ұлым үйленеді деп үш-төрт айыптының ата-анасы жан-жақтан қолқа сап жатқан үстерінен түстім.

Байарыстан: - Сонда қалай кезек-кезек ала ма?

Құтбол: - Е қайдан білейін. Әйтеу жауапкершіліктен құтылудың амалы ғой...

Байарыстан: - Дұрыс жасағансың! Келесі жолы ойланар, бұндайға барар алдында...

Құтбол: - Оның рас. Ауылдағылар үшін аз ақша емес. Малдарын сатқызып,

қарыздандырып, естіген ел шошитындай ит ырғын қылдым!

Байарыстан: - Жә... Өзіңдегі не проблема? Мүмкін менің себім тиер.

Құтбол: - Қаланың жаңа әкімімен тіл табыса алмадым. Отыз жыл алтын асықша үйіріп отырған бизнесіме ол балта шапты!

Байарыстан: - Сен институтты тастап саудаға кетіп едің ғой? Ғылым докторы

болдың!

Құтбол: - Өзің білетін құдамыз тұрғанда қаланың барлық аялдамасына сауда

дүңгіршегін ашып алып, бұрқыраттым ғой! Мына баланы қанша жағалап көрдім, өзімнің де өзгенің де сөзі өтпеді. Бұрқылдаған қара қазанымды ошағымен қопарып, төңкеріп тастады.

Байарыстан: - Енді не кәсіпке көштің? Обал-ақ болған екен!

Құтбол: - Ауылға тарттым. Сол құдам құлағыма «жер ал, жер ал!» деп құдайдай сыбырлаған екен. Таудан да етектен де саздан да құмнан да ала беріппін! Енді аузым қайта ақ майға кенелді! «Елуге елу» деймін де көктем-күзде ақшаларын санап алып, қарынды сипап жатырмын қатынның қасында!..

Байарыстан: - О бәрекелді! Азаматсың! Сен менің елден бұрын ұшақ мінгенімді сөз етіп жүр дегенді естіп едім, көреалмағандығың ба? Әлде?

Құтбол: - Бәке-ау, саған жету қайда? Сенің парасатың, кәсіпкерлік қабылетің...

Байарыстан: - Жәрайды, өтірік көлгірсіме! Онанда ел мен туралы не айтып жүр? Бір құлағың түрулі шығар?

Құтбол: - Ел не деуші еді... Қай елді айтып отырсың? Ауылдағы ма яки

осындағыларды ма?

Байарыстан: - Ауылда сөзін ескерерлік кім бар, тәйірі! Әрине, осындағылар.

Құтбол: - Қазақтың ұлы мақалын білесің бе?

Байарыстан: - Қазақтың әр сөзі ұлы мақал ғой! Қайсыбірі есте қалды дейсің.

Құтбол: - «Мұрын болмаса – екі көз бірін-бірі шұқып алар еді!»

Байарыстан: - Мәссаған! Сен де кемеңгер екенсің ғой! Ел білмейтінді білетін...

Құтбол: - Қазір бұл мақалды заманауи етіп алған. «Президент болмаса –

парламент пен үкімет бірін-бірі түтіп жер еді!» деп.

Байарыстан: - Мынауың мүлдем керемет екен! Бұндайды дауыстап айта берме!

Құтбол: - «Ит үреді, керуен жүреді» дегендей менің сөзімді кім құйрығына

қыстырар дерсің. Сосын біз демократиялық мемлекетпіз. Сөз бостандығы бар...

Байарыстан: - Демократия деген - бет алды жүру, оттау емес шығар. Заңмен

қоғамдасып өмір сүру деп түсінем...

Құтбол: - Жақсы, сенікі жөн... Осы сенің ауыл жаққа бір тойға барғандағы

қызығыңды елден естіп шек-сілем қатып еді! Соны айтшы.

Байарыстан: - Неше түрлі қызық пен той бастан өтті ғой. Қай қызығын жырларсың.

Құтбол: - Академик болып қайтқан тойыңды!..

Байарыстан: - Ә, ол ма? Жастық, мастық... Жеке жерде есіме түссе құлағым дуылдап кетеді!.

Құтбол: - Сен де ұялады екенсің-ау?

Байарыстан: - Өй, осы бәрің мені бір жексұрын санайтын сияқтысыңдар ма?! Жаңа ғана бір иттің баласы қанымды ішіп еді! Енді сен өткен-кеткенімді теріп,тергеуге алдың. Өзің кім екеніңді білесің бе? 

Құтбол: - Бәке! Қандай шыбын шағып алды? Менікі әншейін, өткенді еске алып, езу тартсақ па дегенім ғой, иншалла! 

Байарыстан: - Ренжіме. Әңгіме болсын десең айтайын. Нағашымның қызы тұрмысқа шыққан той ғой... Төрден орын тиді. Оң жағымдағы доктор наукпын деп біреуі ыңыранса, сол жағымдағы  жазушы-драматургпын деп шіренді.

Құтбол: - Солар жыныңа тиген екен-ау? Өйтпесе, тегіннен тегін кетпес едің?

Байарыстан: - Нағашымды шақырып «Маған сөз кезегі келгенде экономика

ғылымының кандидаты және Жазушылар одағының мүшесі деп таныстыр» дедім.

Құтбол: - Әй бәлем, қатырған екенсің! Аналарға істеген қысасың ғой? Неге

бірден доктор демедің?

Байарыстан: - Аузыма түскені сол болды. Содан атағымды айтқызып тілекті де тастап-тастап жібердім. Қасымдағылар одырайыса бір-бір қарап алды. Ғалым дегенім: «Қай тақырыпта және қай елдің ғылым академиясында қорғап едіңіз? » деп сұрады.

Құтбол: - Шатасып қалған жоқсың ба? Бізде ғылым академиясы жоқ қой...

Байарыстан: - Неге шатасам? Сәбет кезінде деп ұрып қалдым! Кімнің есінде не қалды дейсің деп. Бұл итің де сол кезде қорғапты. Ананы білесің бе, мынаны білесің бе деп түртпектеді-ақ. Оған: «Тойға келдік пе әлде базарға ма? Кел ішейік!» деп әрең құтылдым.

Құтбол: - Сәбет кезіндегі ғалымдар мықты! Оңай құтылған екенсің. Парша-

паршаңды шығарар еді!..

Байарыстан: - Мен де оңай емеспін ғой! Оның сөзіне құлақ аспай қалқиып отырған жазушыға тап бердім. «Драматург деген – драмадер дегеннен шыға ма?» деп әдейі жынына тигім келді. Баяғыда бір жерден оқығаным есіме сап ете қалып.

Әй, жарайсың! Дромадерің түйенің нары емес пе? Жадап-жұтап жүрген жазушы саған сөз қайтара алмаған шығар?

Байарыстан: - Керең бе мәңгі ме, білмедім?.. Сен айтпақшы, бетіме бақжиып бір қарады да келгендегі шомған ойына қайта батып кетті. Байқұс, қайбір жетісіп жүр дейсің деп ішімнен аядым. Өткенде бір таныс жазушым айтып еді: «Жазушымын деп айтуға намыстанатын болдым!» деп...

Құтбол: - Бала кезімізде қалай кітап оқушы едік, есіңде ме?

Байарыстан: - Сол кездің жазушылары расында керемет болған сияқты. Бас алмаушы едік...

Құтбол: - Қазір, бірен-сараны болмаса кілең халтурщик қой!

Байарыстан: - Соны мен айырмаймын...

Құтбол: - Халтурщик деп – өз өмірбаяны жоқ, қыйсынсыз шатпақ жазатынды

айтады.

Байарыстан: - Бәсе, кейде осындай да бола ма екен деп таң қалушы едім, оқып отырып. Рас, еш қыйсыны келметін сандырақтарды кітап етіп басады!

Құтбол: - Сен өз әңгімеңді айтсай, бұра тартқанды қойып.

(Анау мырс етіп күледі)

Байарыстан: - Менікі де қайбір жетіскен әңгіме дерсің! Шәй үстінде ғылым

кандидаты, ет келгенде доктор болдым. Ары қарай еңіске қуып әкеткен сыңайлы... шілен-кор болғаным есімде, таңертең мені «академик» деп оятып жатыр екен!..

Құтбол: - Әртіссің ғой! Сен жан-жақты бесаспапсың!..

Байарыстан: - Не болды сонша мені қолпаштап? Бірдеңе сұрайын деп отсың ба?

Құтбол: - Сұрауға болар еді... Тек, не сұрарымды білмей отырмын. Ақша өзімде де бар... Иә... мені соңғы кезде бір ойлар торуылдап жүр.

Байарыстан: - Қой терісін жамылған қорқаулар болмаса болды.

Құтбол: - Оларды көрдік қой. Анау жылдары қатын екеумізді қол-аяғымызды матап, аузымызды скотштап, кеудемізге үтік басқан қарақшылар! Ойсыратып тонап кетті ғой! Қу жан үшін қидық. Сұмқадандар бәлиғатқа толмаған қызыңды зорлаймыз деп қорқытқан соң бердік! Содан бері зорлықшылдарды суқаным сүймейді!

Байарыстан: - Ұсталды ма?

Құтбол: - Ұсталмағанда қайда барады! Өзімде істеген иттің баласы нободшік бопты... Жақсылық жасамау керек, қазаққа! Тентіреп жүрген жерінен қанатыма алып едім, сатып кетті!

Байарыстан: - Ренжіткен шығарсың?

Құтбол: - Бір жарымаған адам ешқашан да жарымайды екен ғой! Біресе әкесі, біресе шешесі ауырады, бәріне ақша керек... мен немене, сауын сиыр ма?

Байарыстан: - Оның да жөн... жарайды, жаңа бір ой мазамды алып жүр деген едің?

Құтбол: - А-а, үйдегі қатын «Туған жерге туыңды тік» деген ұранды естіп, өзінің туып-өскен ауылына балабақша салғым келеді деп ызыңдап жүр.

Байарыстан: - Бұнысы керемет екен! Еркектің қаперіне келмегенді қатын ойлайтын заман болды ғой! Сен не дедің?

Құтбол: - «Әй, еркек басыммен мына мен ауылымды ойлауға мұрша таппай жүргенде, сенікі не сандырақ!» деп тарпа бас салдым.

Байарыстан: - Ол не қыл деді?

Құтбол: - «Сен, баяғыда бізді тонаған рекеттен жаман ауылдастарыңды тонап жатқан жоқсың ба? Саған ауыл несіне керек?» демесі бар ма!

Байарыстан: - Сен не қыл дедің?

Құтбол: - Не қыл деуші ем? Немене ей, о не қыл деді, сен не қыл дедің деп... ештеңе де қылғам жоқ, жүрмін ойға батып...

Байарыстан: - Мен де сондай қалың ойда жүрмін...

(Осы арада тұстарынан өтіп бара жатқан бір жастау адам бұларға мойын

бұрады. Таныған адамның кейпімен екеуіне ентелей келіп сәлем беріп, қол алысады. Ана екеуінің ауыздары аңқайып, сәлемді әрең алғандай сараң күбірмен созған қолды алысады.)

Сейітқан: - Ассалаумағалайкүм, ардақты ағаларым! Жұптарыңыз жарасып,

отырған отырыстарыңыз қандай көркем еді!

Байарыстан: - Қай баласың, танымадық қой?

Сейітқан: - Мен сіздердің кластастарыңыз Шәпеннің ұлы Сейітқанмын ғой! Сіздің Айнұрыңызбен жастымын.

Байарыстан: - Жынды Шәпеннің ұлымын де? Қауқылдаған түрің әкеңнен аумай қапты! Кел отыр.  Мынау Құтбол ағаң, таныдың ба?

Сейітқан: - Танимын ғой... Өткенде ауылдан көргенмін. Сәлемімді алмады. Асығыс жүр екен...

Құтбол: - Мен не ауылға елдің сәлемін жинау үшін барды дейсің бе? Әлгі зорлықшыл сотанақтың бірі сенің інің емес пе?

Сейітқан: - Ол сыртта шухерде ғана тұрыпты. Сіз бәрімен бірдей төлеттірдіңіз!

Құтбол: - Сотталмай қалғанына тәуба дегеннің орнына айтып тұрған сөзін қарашы-ей? Бұл елдің рақметі жоқ! Жақсылық жасауға болмайды!

Сейітқан: - Ондай жақсылықтан гөрі айдалып кеткені дұрыс еді! Сол сүмелек екеуміз енді елден алған қарызды қайтаруға қаңғып қалаға жұмыс іздеп келдік. Әкем, Байарыстан досқа жолықсаң бір жөнін айтар деп кеңес берген-ді. Құдайдың өзі жолықтырған тәрізді.

Байарыстан: - Иә-ә... бүгін жерлестер күні сияқты ма қалай? Қылапатты сендер қыласыңдар да оны өзге біреудің қолымен көсеп, түзеткілерің келеді. Әкең кезінде жақсы дос болған. Бірақ, «зектің» аты -  «зек» қой! Балаларына дұрыс тәрбие бере алмағанын құптай алмаймын.

Сейітқан: - Ой аға-ай! «Әкесі құрдастың баласы құрдас» демекші, осы екеуіңіз де сау сиырдың боғы емессіздер ғой! Көрші ауылдың баласын жабылып ұрып, жазасын әкем круппобой болмасын деп жалғыз көтеріп, сіздер үшін сотталып келген жоқ па?

Құтбол: - Тәйт әрі! Мына сұмдығыңды ешкім естімесін! Аузыңнан осындай ендігәрі сөз шықса желкеңді үзем!

Байарыстан: - Әй, бала, сен дәлелсіз сөзге ерік берме! Жауапқа тартыласың! Бұл сандырақты «зек» әкең қоқан-лоққы көрсет деп үйретті ме?

Сейітқан: - Әкемнің айыбы жоқ. Ауылдағы жұрттың барлығы біледі...

Құтбол: - Білсе бетімізге неге айтпайды?

Сейітқан: - Қорқады...

Байарыстан: - Өте дұрыс позиция! Қорыққандары жөн. Бәрі тізгінсіз кетті! 

Сейітқан: -  Көкелер-ау! Бір ақыл-кеңес бересіздер ме әлде?

Құтбол: - Немене, әлде? Едіреңдемей жоғал!

Байарыстан: -  Құтеке, сабыр ет. Бұл да бір құдықтан су ішкен елдің баласы ғой... Әкесі де жаман емес болатын. Бір сәбет ойластырайық...

Құтбол: - Ауылдың біреуін көрсем ақ сайтаным ұстайды! Сұранып-тіленіп жүргені! Биттеп-құрттап үйге де қонып кеткен талайы. Ауылға барсаң бір кесе айран беруге жарамайды. Анадайдан көрсе, тұра қашады! Кілең көкжалқау, масылдар!

Сейітқан: - Сол ауылдан өзіңіз де шықтыңыз ғой. Сіздің не үшін өкпелі екеніңізді білем. Әкеңіздің атын ауылдың орталық көшесіне қоймақ болғанда менің әкем қарсы болғаны үшін! Жалғыз ол емес еді ғой, қарсы болған?

Құтбол: - Білсең, сол! Бір класта оқыдық, тіпті бір партада отырдық. Соны еске алып неге мақтан етпейді? Менің әкемді кезінде елдің жылқысын ұрлаған «конокрад» деп неге жар салады? Көшеде жататын ішкіш болған деді! Дақ бір арақты өзі бергендей. Бұл - өз әкесінің сөзі... Боса, болған шығар. Оның әкесі секілді етегіне намаз оқып, ақжүрек кәмөнист болмаса да бала-шағасын асырап жеткізді. Бәрін оқытты, тоқытты! Соның жемісі - менмін! Ал сендер кімсіңдер? Бар байлығың - ар-ұяттарың!..

Байарыстан: - Қарағым, Шәпекеңнің ұлы, әкеңдей кісімен тәжікелеспе. Кішкене кішірейіп дегендей... мүмкін ретін тауып жағдайыңды да жасап беретін шығармыз. Айтуыңа қарағанда әкең сол үшін жіберіпті ғой. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деп, кездесіп қалдық абайсызда...

Сейітқан: - Артық кетсем кешіріңіздер! Бірақ, сіздер де осы қалыпта салақтап аспаннан түскен жоқсыздар ғой? Ауылдың кешегі қаратабан балалары емессіздер ме? «Кісі жасырғанды - құдай көреді» деген бар... 

Құтбол: - Ойбай, мынауың тіл-жағына сүйенген бір заржақ қой! Ұсамасаң тумағыр, тура әкесі! Оған да тек адалдық пен, шындық керек болатын! Досқа адалмын деп үш жыл отырғанда - сол жақтан ешкімнің ақылы қонбай келді. Ол – наһахтан запа шеккен, ал біз – оңбаған атандық! Есепті қарасаңшы?!

Сейітқан: - Жалған айтсам жас жаным қиылсын, әкем сіздер туралы ешқашан жаман сөз айтқан емес! Бала кездеріңіздегі қылықтарыңызды ғана есіне алып, күліп отырады. Менің әкем өте кешірімді кісі. Үш жыл отырғанын өзінен де сіздерден де көрмейді. Маңдайға солай жазылды дейді де қояды...

Байарыстан: - Осы ақжүрек, тәуекелшілдігі оны құртқан. Бір бармағын бүгу деген мыйына қонбады. Сосын ғой оны Жынды, Бақсы деп жүргеніміз...

Құтбол: - Жынды әкеден мынадай ұшынған бала тумайды! Сенің тегің бөлек сияқты?

Сейітқан: -  Ағасы, мені шата дегіңіз келіп тұр ма?! Онда мен де айтайын, сізді апталапкашы орыстың баласы деп жүр ғой, жұрт. Көзіңіз көкпеңбек, шикілсарысыз. Алған әйеліңіз де орыс сияқты, заты бөлек көрінеді. Қаны құрғыр тартқызбай қоймайды дейді, ел...

Құтбол: - О әкеңнің аузын... мына персоққанның баласы не деп оттайды ей?! Менің шешемнің аяғында қайсысы тұрған екен? Айтшы біреуінің атын! Ағаш кеңірдегін жұлып алайын! Нағашыма тартқам! Кілең шикілсары, жалақтар!

(Құтбол қалшылдап атып тұрады. Сейтқанның жағасынан ұстап сілкілейді. Төбелес басталатын болды. Арашаға Байарыстан түседі)

Байарыстан: - Әй, жүгірмек! Құрт көзіңді! Мә, мынау менің визиткам, екі-үш күннен кейін хабарлас.

(Үшеуі сабырға келіп, киімдерін түзесіп, тарасады. Құтбол мен Байарыстан бір жаққа бет алады. Құтбол ашуын баса алмай әлі сөйлеп, артына әлсін-әлсін қарап қойып боқтанып барады. Сейтқан екінші жаққа бет алады. Ол алакөзімен артына ата қарап, ашулы кетіп бара жатады.)

 ШЫМЫЛДЫҚ

 

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Байарыстан үйінде диванда жантайып жатыр. Қасына әйелі келеді.

 

Гүлжаухар: - Кеңсе жаққа бармадың ба?

 (Байарыстан басын көтеріп, түзеліп отырады. Басын ұстап, массаж жасаған сыңайда езгілейді.)

Байарыстан: - Орта жолдан қайттым... Бүгін жаяу адамға да аяқ баса алмайтын кептеліс екен!

Гүлжаухар: - О тоба, ондай да сұмдық болады екен-ау? Балаларды шақыртпадың ба немесе такси ала салмадың ба...

Байарыстан: - Бәйбіше, сен осы кейінгі кезде ала-бөтен ешнәрсе аңғарып жүрген жоқсың ба?

Гүлжаухар: - Нені аңғаруым керек еді? Бәрі орынша секілді, баяғыдай...

Байарыстан: - Меніңше бәрі орынша да баяғыдай да емес. Біз бірнәрсені аңғармаппыз, ең басты деген бір құндылықты ескермеппіз. Тіпті, ата-анаңның әруағындай қасиетті таптап кеткен сияқтымыз!

Гүлжаухар: - Астапыралла! Не деп кеттің? Қандай қасиетті таптаппыз? Байырғы әдетіңе басып, түймедейді түйедей ғып отырғаннан саумысың?

Байарыстан: - Бұл жолы мүлдем олай емес... Байқасаң, балалардың өзі жұмыс басына бара қалсам, жақтырмайтын секілді. Мені бір ескірген, құрғақ ақыл айтудан өзге, енді қолынан ештеңе келмейтін кісі санайтындай. Бұл бизнестің атасы екенімді ұмытқандай, олар...

Гүлжаухар: - Жұмысыңды өз балаларыңнан қызғанып жүргеннен саумысың, отағасы-ау? Еншілеп бердің, құдайға тәуба! Сенің ісіңді жалғап, тастары өрге домалап жатыр ғой!

Байарыстан: - Солайы солай ғой... Мына заманның ноу хауы солардікі, ал мен - елді аңсайтынды шығардым. Даңғарадай ана екі үйді ауылға несіне салдық? Әке-шеше кетті. Демалыс үшін тұрғызған ана патшаның сарайындай жәй да қараусыз қорадай қаңырап, тозып барады...  

Гүлжаухар: - Қаланы тастап ауылға көшпек ойың ба ма? Мен үш күннен соң  қасқырша ұлып, қайта қашып келеріме күмәнсізбін. 

Байарыстан: - Өзім де білмеймін, нендей ойдың торуылдап жүргенін. Тек бұдан былай - баяғыша күн көруге болмайтынын ішім аңғарады. Төңкөріс керек.

Гүлжаухар: - Аталарың кілең пролетариат болған ғой, төңкөріссіз жүре алмайтын. Жетпіске қарағанда: арыңды малыңның садағасы етіп жинаған бақ-дәулетің мен тыныштығымен келер деген кәрілігіңді тәрк етіп, революция жасамақсың ба?!

(Байарыстан өзін біреу бүйірден түртіп қалғандай жан-жағын сипалайды да сұрайды.)

Байарыстан: - Не, тағы пайда болдың ба? Сенен құтылдым ба деп қуанып қалып едім... жоғалшы, бүйірлемей!..

(Гүлжаухардың көзі атыздай болып күйеуіне секемдене қарайды.)

Гүлжаухар: - Сен кіммен сөйлесіп отырсың?

Байарыстан: - Кіммен болушы еді... сенімен, сосын көлеңкеммен...

Гүлжаухар: - Шатырың қозғалайын деген бе, көлеңкесі несі?

Байарыстан: - Таңырқайтын дәнеңесі жоқ. Кәдімгі өзімнің өмір бойы қыр соңымнан қалмай келе жатқан туған көлеңкеммен сөйлесіп отырмын...

(Гүлжаухар не дерін білмей абдырап орнынан тұрады да ас бөлмесінен бір стакан су әкеліп, аузына ұрттап, күйеуінің бетіне бүркеді.)

Гүлжаухар: - Фруу, бісміллә ләһи ир рахмани рахим! Менің демім емес, Бибәтимә пірімнің демі! Фруу!..

Байарыстан: - Өй, жын соққан ба ей сені, мұның не?!

Гүлжаухар: - Мен саумын, сені жын мен пері соғып отыр! Фрру!..

(Байарыстан атып тұрып, тұра қашады. Анадай жерге барып бет-аузын сүрте бастайды. Осы кезде жұмыстан ұлы Отан оралады. Ол кірген бетте бір-бірін қуып жүрген әке-шешесін көріп аңқайып тұрып қалады.)

Отан: - Су шашып, қуыспақ ойнап жүрсіздер ме?

Гүлжаухар: - Мына әкеңнің көзіне жын пері елестеп, соны үркітіп жүрмін.

Байарыстан: - Бәйбіше, ол қалжыңдайтын нәрсе емес! Айтсам сенбейсіңдер... Бүгін Көлеңкеммен сөйлестім. Ол мені аяғымнан шалып, көшеде құлатты. Сосын біраз отырып әңгіме-дүкен құрдық.

Отан: - Папа, мас адамға ұқсамайсыз, бірдеңе шегіп, иіскеп жүрген жоқсыз ба? Глюк ұстап қалған сияқтысыз?

Гүлжаухар: - Иә, бүгін кеңсеге барып, маңызды бір мәселе шешуім керек деп жұлынып кеткен! Жолдан бірдеңе ұстағаны көрініп тұр.

 (Байарыстан қабақ шытып ашуланады.)

Байарыстан: - Құй сен, құй сенбеңдер! Әй, достым қайдасың? Десеңші бірдеме, мыналарға да... Әйтпесе мені жындыханаға апарудан тайынбайды!

Отан: - Пап, Сіз соңғы кезде расында жүйкеңізге қатты салмақ түсіріп жібердіңіз. Осы саясатты қайтесіз... Сіз іскер адамсыз. Ол жерде кілең қулық-сұмдықты қуғандар отырады...

Гүлжаухар: - Қанша уақыт қалада тұрсаң да ауылдың ашық ауыз қазағы боп қалғаның өтірік емес! Алданады да қалады, айтпады деме. Сосын зияны бізге тиеді!

Байарыстан: - Ауылдың қазағын кім ашық ауыз деді? Мүмкін нағыз саясаткерлер сол жақта шығар. Сендер, саясат дегенді - қулық-сұмдық, алдау-арбау сияқты пасық та сасық амалдар деп ұғатын сияқтысыңдар.  Саясат деген – мемлекетті, елін-жұртын билеу деген ұғым!

Отан: - Ой папа, айтады екенсіз! Осындай көзқарасыңызбен саясатқа араласқыңыз келеді. Кісінің күлкісін келтірмеңізші! Олардың ортасына бір күн де сыймайсыз!

Гүлжаухар: - Маған ғана сыйып жүр ғой. Оның өзінде де менің кеңдігімнен...

Байарыстан: -  Ой пәлі, десеңші! Мен бір түк істемеген, түк көрмеген бірдеңе боп қалдым ғой? Осы барымызды кім жинады?   

Гүлжаухар: - Біз жинадық. Менің ақылым мен сенің қара күшіңнің арқасында. Әкемнің үлесін айтпай-ақ қояйын...

Байарыстан: - Е-е, мен бір айдаудағы өгіз болған екенмін ғой? Бәсе, мойынтұрықтан мойным босап еді, ешкімге қажетім болмай қалды. Мен байқұс, осы күнге дейін іскерлігіме шәк келтірмей, өзімді өзім алдап келген екенмін-ау, ә?

Отан: - Папа, жоқ жерден проблема шығармайықшы! Еңбек сіздікі. Мен сіздің мұрагеріңізбін. Маған тағатын кінәратыңыз жоқ шығар? Заманына сай жұмыс жасап жатырмын. Сіздердің мақтаныштарыңыз болғым келеді.

Байарыстан: - Заманына сай жұмысыңды байқап жүрмін... Кейінгі кезде араласудан қалдым. Тұрпатың маған тартқанмен, түйсігің шешеңнен аумай қапты. Оны да кейін аңғардым. Серейген бойым, қоқиған кеудем ғана екен-ау, бар-жоғым?..

Гүлжаухар: - Отағасы-ау, сонша күңіренгенің не? Шындық деген қашанда ащы болған! Сенің еңбегіңді ешкім жоққа шығарғысы келіп отырған жоқ. Бұл - заңдылық. Ұрпақ пен іс сабақтастығы деген осы болады. Сен тасыңды осы жерге дейін домалатып әкелдің, енді оны ары қарай өзгелер домалатады. Таласуға, қызғануға болмайды... 

Отан: - Мүмкін, папам маған разы емес шығар?

Байарыстан: - Қой ондай сөзді, қарашығым! Саған неге разы емеспін, разымын! Керісінше мен сендерге проблема бола бастаған сияқтымын? Себебі, ендігі араласқаным - кері тартқанмен бірдей ме деймін. Идеяң мәңгілік болғанымен, өзің тозады екенсің...

Гүлжаухар: - Міне, тамаша жаңалық! Біздің папамыз философ! Сен бәрін таста да жазуға отырсай... Нағыз кемел жасқа келдің. Айтарың да аз емес...

Отан: - Жазса, жазсын... Кітабымды шығарып бер деп біреуге жалынбайды. Ешкім оқымаса, өзім оқимын!

Байарыстан: - Рақмет... бұл идеяның да жаназасын өзің шығарып қойдың!

Отан: - Пап, ренжімеші! Жаман ойым болған жоқ...

Гүлжаухар: - Балам, жұмыстан шаршап келген шығарсың, барып дем ала ғой... Нұржамал балабақшаға кетті ме?

Отан: - Айсананы ала кетейін деп едім, өзім алам деді. Сосын ол екеуі Мегаға бармақ болып келісіпті. Жәйірек келетін шығар...

(Отан өз бөлмесіне кетеді. Байарыстан түрегеліп, терезе алдына барып сыртқа көз салады.)

Байарыстан: - Терезеден сыртқа көз салмағалы талай бопты-ау... Бәйбіше, біз болмасақ осы дүние тоқтап қалатындай көретін сияқтымыз. Менің қатысымсыз да қарашы, сырғып өтіп жатыр. Ал мен сол баяғыдай, дүниеге ықпалым бар адам секілді сезінгім келеді. Немесе көз қылуға тырысам... (Байарыстан күрсінеді. Оның ту сыртынан келіп, әйелі жұғыса тұрады.)

Гүлжаухар: - Өмір деген - аққан су тәрізді ғой... ағамыз да кетеміз.

Байарыстан: - Иә, біздің ағыс кетеді, сол сияқты ертеңгі ұрпақ бізге ұқсағанымен біз емес, өзеннің суы да ағысы ұқсағанмен - біздің тұсымыздағы су емес...       

Гүлжаухар: - Ұлың айтпақшы, сен расында ойланғыш боп бара жатқандайсың? Ішіңдегіні ақтарып жазып көрсеңші. Сен осы Жазушылар одағының мүшесі емес пе едің?

Байарыстан: - Е-е... мені қай жерге мүше қылмады деп сұрасайшы. Бір кітап жазбай жазушымын, ғылымның иісі жоқ академиялардың академигімін... Ендігі аңсарым халық қалаулысы болу!

Гүлжаухар: - Кімнен кемсің? Пайғамбар жасына енді ғана келдің. Шәйтанның жасына келгендер де жүр ғой әне, қалтыраңдап... Бірақ, Астанаға мені ала кетпейтін шығарсың?

Байарыстан: - О не дегенің?

Гүлжаухар: - Ол жақта тоқалмен тұрмаса статусы түсіп қалады деп естігем.

Байарыстан: - Бекер сөз шығар... «Қазақ байыса қатын алады» демекші, дәулеттен де құр алақан емеспіз, жаным-ау бұған дейін бұзылмаған басыма не жын келіпті?

Гүлжаухар: - Жәрәйді, әншейін сынайын дегенім ғой. Ойланып қалатын шығар деп үміттеніп едім... (Мырс етіп күледі. Байарыстан денесін тіктеп, құшырлана сөйлейді.)

Байарыстан: - Мен үшін басты құндылық – отбасым! Сосын, халқым...

Гүлжаухар: - Соңғы сөзіңді шын айтып тұрсың ба? Әлде?..

Байарыстан: - Неге әлде болуы керек? Халқым, халқым дей берсең бірте-бірте соларға сіңіп, түбі өзіне айналасың.        

Гүлжаухар: - Бұл сөзіңе келіспеймін! Өз басым халыққа айналғым келмейді. Мен оларды танымаймын, танығым да келмейді. Халық деген - мына көшедегі сапырылысқан қара нөпір ме? Қарашы, біреуін танисың ба? Танымайсың...

Байарыстан: - Ал мен халық дегенде өз ауылымның ел-жұртын көз алдыма елестетемін.

Гүлжаухар: - Елестеткеннен оларға не пайда? Асып-тасып тұрған кезіңде сол ел-жұртыңа бір жақсылық жасадың ба? Барған сайын есіңді жия алмай, мас болып қайтқаннан басқа?

Байарыстан: - Шешем Білім күні қарсаңында бірінші сыныпқа баратын балаларға жыл сайын оқу құралдарын сыйға тартты. Оны өзінің зейнетақысына алды ма? Менің ақшам емей кімдікі? Сендер кішкене көздеріңді ашыңқырап қараңдар!

Гүлжаухар: - Сендерің кім? Тағы біреу сараңдығыңды бетіңе басты ма?

Байарыстан: - Иә, бүгін адам сенбестей күн кештім! Енді сенің жүйкелеткенің ғана қалып еді. Айтқандарың әрине, уәжді. Осы әнебір ұшақты несіне мініп едім? Ә-ә, жолдың жамандығынан екен ғой... Көрінген бетіме басып болды. «Бір заправкаңды бермедің ғой!»деп...

Гүлжаухар: - Айтардай-ақ айттым, ерікпе деп! Әйтеуір апатқа ұшырамай тұрғанда сатып құтылдың. Құтырғандардың қаншасы қырылып қалды ғой!..

Байарыстан: - Бәйбіше, соңғы кезде ауыл, ата-анам, ел адамдары түсіме жиі еніп жүр. Барып, бір малдың басын атап, құран оқытып қайтсақ қалай?

Гүлжаухар: - Отағасы-ау, бәрі өз қолыңда ғой. Сенің бетіңнен кім қақты? Өзің емесің бе алдын-ала қуыстанып, пәле-жаланы алыстан көріп, арамданып жүретін...

Байарыстан: - Бір қатты ой мазалап, шешуін таптырмай жүр. Елге барып, ағайын-жұраттармен ақылдасып көру керек сияқты...

Гүлжаухар: - Елің есіңе түсіп, ақылдасуға көшсең - қартаяйын деген екенсің... Баяғыда сөйту керек еді. Сені ардақтап қанша мәрте шақырды. Мектеп төрінде сенің портретің, әкең мен шешеңнің аттарына көше берді. Ауылдың әуелеген мақтанышы атандың! Туған жеріңе туыңды тігетін уақытың келді.

(Байарыстан мен Гүлжаухар беттерін халыққа бұрып сахна алдына шығады. Екеуі бір-бірін естімейтін адамдарша кезектесе сөйлейді.)

Байарыстан: - Шіркін дәурен-ай, десеңші! Көзді ашып-жұмғанша өттің де кеттің! Күні кеше ғана көшенің шаңын бұрқыратып, жалаң аяқ шауып жүрген бала сияқты едім, енді міне бір-ақ аттап, осы күннен бірақ шықтым...

Гүлжаухар: - Ауылдың қара табан баласына күйеуге шықпайсың деген әкемнің сөзіне қарамастан - Байарыстанның етегінен өзім ұстап едім. Еш өкінбеймін. Бұйырған бақ келді. Бұдан пәлендей ерлік күткен де жоқпын. Өзімді сыйласа, отбасына адал болса деп қана тіледім. Ойым орындалды...

Байарыстан: - Осы күнге дейін бар нәрсені өзім істеп келгеніме еш күмәнім жоқ еді. Оным бекершілік екен. Ақылды әйелдің қақпайымен соның қас-қабағына ғана ұнайтын харакеттерді қылыппын. Өзімнің өмір бойы жасқанып өткенімді енді аңғардым. Бала кезімнен жалтаң, жүрексіз едім. Қатынға арқа сүйеп, соның ығына жығыла-жығыла, өзімдік ештеңем де қалмапты-ау?.. 

Гүлжаухар: - Бүгінге дейін ол айтқанымды екі етпеді. Енді ары қарай, өз білгеніңді істеуіңе қарсы емеспін. Арманның бір үлкені - ісіңнің жемісін көру шығар. Бара ғой, еліңе. Тік туыңды, бір биікке желбіретіп...

(Осы кезде Гүлжаухардың қалта телефоны шырылдайды. Ол телефонды қосады. Сосын Байарыстанды түртіп, телефонды қатты дауысқа қояды.)

Күнікей: - Мама, папа сәлеметсіздер ме! Денсаулықтарыңыз қалай? Үйдесіздер ме?

Гүлжаухар: - Қызым-ау, өздерің қалайсыңдар? Үйдеміз ғой, баратын жерді аралап болдық қой, баяғыда...

Күнікей: - Біз әуежайдан таксиге отырғалы жатырмыз.

(Байарыстан телефонды бер деп қолын созады.)

Гүлжаухар: - Әкең сөйлесемін дейді...

Байарыстан: - Күндей қызым, Күнікейім , алдын ала айтпағаның не? Өзім барып қарсы алар едім!

Күнікей: - Мазалағымыз келмеді, Және тосын сый жасалық дедік. Билл сәлем айтып жатыр!.. Папа, ауыл жаққа баруға денсаулығың жарай ма? Билл соны қатты уайымдап келді.

Байарыстан: - Әкелеріңнің өзім дегенде өгіз күші бар! Біләл ауылшаруашылығы туралы бір жобам бар деп еді, сол ма?

Күнікей: - Иә, тап сол. Тосын сый қыламыз деп бәрін жайып салдық!..

(Ар жақтан қызының күлкісі және телефонға таласқан бүлдіршіндердің дауысы естіліп тұрады. Байарыстан телефонды әйеліне беріп, өзі сырттау барып тұрады. Сәлден соң қалта телефонын алып, қоңырау шалады. Дауысы қатқылдана, нық шығады.)

Байарыстан: - Сәлем, бауырым! Өткен жолғы шақырғанда бара алмадым, қол тимеді. Енді таяу арада жол түсетін тәрізді. Ауылдан ұзап кетпе... 

ШЫМЫЛДЫҚ

 

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Ауыл әкімінің кабинеті. Ортада ұзын стол. Айнала орындық. Төрде қырықтар шамасындағы ауыл әкімі Қапар отыр. Оның оң жақ қапталында Байарыстан, сол жағында Біләл жайғасқан.  Түрлері маңызды.

Қапар: - Аға, көп адам шақырған жоқпын. Белді-белді деген шаруа қожалық иелерін, кәсіпкерлерді, бір-жар ақсақалды. Тосып отыр. Кірсін бе?

Байарыстан: - Шақыр, уақытты бекер кетірмелік. Айтар әңгіме көп...

(Әкім бір түймені басты. Есікті саңлаулай ашып, ар жағынан шашы жалбыраған қыз бала сығалады. Әкім оған өзіне шақырғандай қолын бұлғады. Қыз бала басын изеп, есікті кеңейте ашты да ар жағынан ентелеген жұртқа жол берді. Кірген бес-алты адам дабырлай сөйлеп, бәрі қол алыса амандасып, әрең дегенде жайғасты.)

Қапар: - Бұл жерде бөтен ешкім жоқ. Бәріміз осы ауылдың тумасымыз. Байкеңнің күйеу баласы Біләл де бөтеніміз емес, керісінше өз түлектерімізден көре алмаған жақсылықты осы азамат ауылға әкелгелі отыр. 

(«Ой азамат!», «Өркенің өссін!», «Тәрбие көрген, көзі ашық адам осындай келер!» дегендей мадақтаулар тұс-тұстан төгіліп жатты.)

Байарыстан: - Қысқаша таныстырып өтсем: Біләл біраз жыл шет елдерде тәжірибе жинақтап келді. Өзінің ауылшарушылығын өркендету жобасын қазіргі заманауи технология мен озық нарықтық қатынастар арқылы іске асырмақшы.

Баққожа: - Әйтеу біздің аудан мен ауыл тәжірибе өткізетін ақ тышқан сияқты! Мен нақты іске асырылатын шәруа туралы сөз болама десем...

Қапар: - Бәке, әліптің аяғын тыңдасаңызшы. Неше жыл өзіңіз де колхоз басқардыңыз... 

Баққожа : - От, сол колхозды қайта қайтару керек! Өзінің Жарғысы, қаржысы бар, нағыз нарықтық экономика заңына сүйенген құрылым еді. Көр соқырлар құртты!

Сайлаубек: - Мына тұрған көрші аудандағы Бабичтің тырнағына татымадық қой! Өткенде, облыста оның өңіріне орден тақты. Сондағы айтқаны: «Кезінде колхозды таратпаймын деп қырсыққанда «халық жауы» атандырып едіңдер, енді міне сол қырсығым үшін орден алып тұрмын!» деп... Ұят жоқ бізде!..

 Қапар: - Төу, өткен іс өтті! Қаза бергеннен бірдеме шыға ма?

 Баққожа: - Ешкім қазып отырған жоқ. Өткеннен сабақ алу дегенді білмейміз.

Біләл: - Ағаларым дұрыс айтып отырсыздар. Ауыл - әркімнің ойына келген тәжірибесін өткізе беретін ақ тышқан емес.

Ақадыр ақсақал: - Өте орынды сөз айттың, балам! Мен соноу хрұшеп заманын көрген адаммын. Қазақтың жерін ойрандағанын былай қойғанда мал ұстауға шектеу салды. Ақыры оның көзі құрығаннан соң брежіннің заманы келді. Менің таңқалатыным: кеткен басшының ісін ит алғысыз қылатын әдет не?

Сайлаубек: - Сол әдет әлі күнге дейін келе жатыр. Министр ауысса болды, ойын тәртібі де өзгереді.

Баққожа: - Соны айтамын да... бастаған реформаның барлығы аяқсыз қалады. Мемлекеттік дәрежеде іске асырылған біркелкілік жүйе жоқтың қасы. Өткендегі заңы бүгінге жарамсыз.

Ақадыр ақсақал: - Мен мемлекет ісіне араласқым келмейді және оны ұқпаймын да. Менің білетінім: егін сал, мал асыра - бірақ соның қызығын көру үшін тер төгесің ғой?

Қапар: - Әрине, ақсақал. Кім сізге қол байлау болып отыр? Барлық жағдай жасалған... 

Байарыстан: - Біз тақырыптан ауытқып кеткен сияқтымыз... сөзді Біләлге берсек пе деймін.

Ақадыр ақсақал: - Сөйлесін, Біләл балам. Қазақтан сөз қалған ба? Біз естімеген бірдеңе айтса құлақ міні...

Қапар: - Ақсақал, кері сөйлемесің ішіңіз кебе ме?

Ақадыр ақсақал: - Аталарым кілең түйеші болған екен. Түйеден жұққан мінез ғой. Бәрібір менің айтқаным келеді. Осы көктемде менің қанатымның астына кіріңдер, асыл тұқым бұқа, қошқар беріп малдарыңды жарқыратам, ет-сүттеріңді шет елге сатқызам деп келген қарауыз ұл қайда?

Баққожа: - Қых,қых... сотталып кетті! (Қырқылдап күледі).

Біләл: - Мен, бір жылдай Жаңа Зеландия еліндегі ауылшаруашылығы жағдайын зерттедім. Олар о бастан субсидияға тәуенді емес, яғни мемлекеттік қолдауды қажет етпей-ақ, осы саланы өркендетіп жатыр.

Баққожа: - Әй, балам! Сенің айтып отырғаны біздің жағдайға үш қайнасы сорпасы қосылмайды. Өзіңнің мамандығың қандай?

Біләл: - Маркетологопын. Ауылшаруашылығы өнімдерін халықаралық сауда қатынасы деңгейінде зерттеушімін.

Сайлаубек: - Мәссаған, безгелдек! Байеке, күйеу бала расында біздің ауыл арқылы ғылыми еңбек жазуға келген бе?

Байарыстан: - Жазса не қылады? Жазсын. Көздеріңді ашады. Заманауи тәсілмен егін салып, мал бағуды үйретеді.

Қапар: - Иә, дұрыс айтасыз, аға! Бұлардың білетіні: аспаннан жаудыр, жерден өндір ғана. Тіпті агроном да керек болмай қалды. Мал бақса да кең далаға жәйіп жіберіп, төбенің үстінде ұйқыны соғып жатса, шіркін...

Ақадыр ақсақал: - Әй, әкім балам, сен оттама! Қазақ мал бағуды сол «жаңа жыландыңа» өзі үйретер, керек болса. Сендер елдің ғана емес, мал-жанның да қол-аяғын матап қойдыңдар! Қайда, баяғы мыңғырған мал жататын жайылым?

Қапар: - Жер ешқайда кеткен жоқ. Жатыр әне!

Ақадыр ақсақал: - Жатса, жатқан шығар. Тек, жәй жатқан жоқ. Өткенде әлгі, қу Құтболдың егініне түскен Қайшаның жалғыз сиырын атып тастағанда «шастный територи» деген мен бе, сен бе?

Қапар: - Қырық жылғының қоймайды екенсіз! Кәрі сиырының орнына жас құнажын алып берді ғой. Құтбол ағамызға рақмет айтсын!

Ақадыр ақсақал: - Халық шулаған соң қорыққанынан әперді. Көз жас ешқайсыңды жібермей, айтпады деме!..

Баққожа: -  Атамыз дұрыс айтады. Жатқанынан не пайда? Қытай бұршақ сеуіп, елге жон біте бастағанын байқаған әлдекімдер былтыр шетелден арзанға соя әкеліп, біздің бағамызды құлатты да тастады. Отандық өнімді құрту емес пе, бұл?

Сайлаубек: - Келісім-шартпен өткізген бағамызды төлемей шығынға батырды. Көктемді тоспай күзде құтылу керек еді. Ешкімге сенім жоқ!..

Егер егемендік алған жылдардан бергі жасалған қыруар бағдарламаның жартысы іске асқанда біз гүлденген мемлекет болар едік! Қағаз жүзінде жайнатып тастадық! Қағаз бәрін көтереді...

Баққожа: - Сәбет кезінде анадай адам мен техникалық ресурс тұрғанда ала алмаған астықты жинап тастадық қой! Келесі жылы тауыққа жем таппай қалдық. Көзбояушылық! Соның кесірінен отыз елді өкшелеп келеміз деп өзімізді сендірдік.

Қапар: - Көкелер, күпір сөзді доғаралық! Ауызды қу шөппен сүртуіміз ұят болар! Жерге қарап отырған жоқпыз ғой...

Баққожа: - Құдай жерге қаратқаннан сақтасын! Біләл бауырыма айтайын, тек ренжімесін... Біз Жаңа Зеландияның тәжірибесін де жүзеге асыра алар едік, бірақ министр ауысқан сайын құбылмайтын заң мен тәртіп керек...

Сайлаубек: - Бәке, өте дұрыс айтады! Осы жуырда ғана Алманияға барып «Класс» комбайнының жаңа нұсқасын алып келдік, балам екеуміз. Мюнхенде үлкен жиынға қатыстық... Ал мына Бәкең кеше ғана Астанадағы жиналыстан оралды. Біз ғана емес өзге де пысық жігіттер бар.

Ақадыр ақсақал: - Әй, сендер менің баламды неге айтпайсыңдар? Жебірейілден көкөніс өндіруді оқып келді ғой!

Байарыстан: - Тыңдап отырсам, сәбет дәуірінде дүрілдеп тұрғанымыз да бүгініміз де жалған болғаны ма? Бірдеңе білтұғын біреу қалды ма?

Баққожа: - Бірдеңе білсек, мына кәртейіп бара жатқан біз білерміз. Ал жастар бұл шаруаға құлықсыз, оларға тез ақша табатын жұмыс қажет. Сондықтан көк шыбықпен өз балаларымызды шырқыратып сабап ұстап өнеге бермесек, келе-келе ауыл қаңсып қалады.

Біләл: - Менің ойымша: қазіргі елдімекендерді кезінде күштеп топтастырған. Артель, коммуна, колхоз, совхоз делік. Оның уақыты кетті. Америкада фермерлік шаруашылықтарда басы артық, осы біздің ауылдағыдай ел жоқ. Бәрі тиісті жұмыспен қамтылған. Жұмыс қолы жетіспесе қаладан шақырады.

Ақадыр ақсақал: - Қысы-жазы көшеде алма-жеміс сатып күнелтіп жүрген елді қайда апармақсың?

Біләл: - Оларда қалаға апару керек...

Ақадыр ақсақал: - Менің он балам бар, бесеуі ауылда, бесеуі қалада. Осындағылар оларды асырап жатыр. Қалада баспанасыз, тұрақты жұмысы жоқ, сенделіп жүр. Қайтыңдар десең қайтпайды. Бірі ақыран, бірі таксіс... жүр әйтеуір... 

Сайлаубек: - Анау жылы интернеттен оқыдым. Қанадалық бір жас жігіт үш мың гектарға егін себеді екен. Науқан кезінде он-он бес кісі жалдап, жұмыс біткен соң олары есеп айырысып, жөндеріне кететін көрінеді. Мені таң қалдырғаны мынау: олар астығын, сүтін-майын ешқайда тартып әуре болмайды. Арнайы ыдыстарына салып жинай береді. Ал, алушы уақытында келіп, өзі алып кетеді. Банк арқылы төлемдері жасалып жатады.

Баққожа: - Бізге де керегі осы. Кластер, кластер деп қаншау жыл бойы шулап жүргеніміз де осы емес пе?

Қапар: - Оған да жетіп қалдық, ағалар. Әне алыпсатарлардың жолын кесіп, әлеуметтік базарлар аштық...

Баққожа: - Оның да жартысы көзбояу! Көк базардағы қатындарды өз тауарымен апарып, тұрғызып қоясыңдар. Комиссия өткенше бағасы төмен, олар кеткен соң таз кепешін қайта киеді, сол ма?

Қапар: - Сізді тыңдасақ, қоғамда ешқандай жаңалық та жақсылық та жоқ секілді?

Баққожа: - Сендер өз бастарың үшін басшыларыңды алдайсыңдар! Олар сенеді. Әрине, олар соны көргісі келгендіктен сенеді.

Сайлаубек: - Дұрыс айтасың, Бәке. Бұлар басшыларының нені көргісі, нені естігісі келетінін әбден зерттеп алған. Кілең психологтар!

(Ақадыр ақсақалдың қалта телефоны шырылдайды. Ол көзәйнегін киіп, кім екенін айырады. Қалғандары дабырласып сөз таластырып отырады.)

Ақадыр ақсақал: - Әлеу, ие тыңдап тұрмын. Өй жүгірмектер, тылипонды тыңдатсаңдаршы! Саған емес, мында әкімшілікте жиында отырмыз. Иә, халықтың қамы да... Өйбу, сен айтпасаң тарс есімнен шығып кетіпті! Міне, шығам тос...

Қапар: - Не боп қалды ата?

Ақадыр ақсақал: - Бүгін түсте Кенжеахметтің қырқы, баратын біреуің бар ма?

Баққожа: - Иә, мен де барам.

Сайлаубек: - Мені де шақырған, сарсүйек құда ғой...

Қапар: - Сіздер барасыздар ма? (Ол Байарыстан мен Біләлға қарады).

Байарыстан: - Марқұмды ұмытып қаппын... жергілікті ме еді?

Ақадыр ақсақал: - Көрші ауылдан көшіп келген. Сен білмейтін жөнің бар...  Баққожа: - Ол түгілі Байекеңнің өзін де біз құралпастар болмаса, жастарың танымайды да...

Ақадыр ақсақал: - Бұл не қылған заман? Азаматтарын елі танымай бара жатқан... Қой тұралық. (Барлығы апыр-топыр орындарынан көтеріледі.)

Қапар: - Сіздер бара беріңіздер, мен қонақтармен әңгімені аяқтайын...

Сайлаубек: - Арнайы шақырған соң Байекеңді сыйлап келдік. Шаруа адамымыз. Бос уақыт деген жоқ. Егер нақтылы бір жүзеге асыратын жобаларыңыз болса, біз қашпаймыз.   

Баққожа: - Ауылшаруашылығының келешегі – кооперация екенін біз де түсінеміз. Маған салса, ешкімге де тәуенді болмай, еңбек еткенім жақсы-ақ...

Ақадыр ақсақал: - Баяғыда кәллектибизация деп мал-мүлікті ортаға салдыртып еді, тағы сөйтпекшісіңдер ме? Бір атамыз мініп жүрген жылқысын тартып алғанға өкпелеп, қытай асып кеткен-ді! Тағы арғыбет асып жүрмеңдерші, әйтеуір... Кеттік, құраннан қалып қаламыз!

(Үшеуі бір-бірін итермелей сыртқа шығады. Іште үшеуі қалады. Қапар басын сипап ыңғайсыздана екі қонағына алма-кезек қарайды)

Қапар: - Артық қылам деп тыртық қылған жоқпын ба, ағасы?

Байарыстан: - Ауыл дегенді бала шақтағы елеспен ғана еске алып жүріппін-ау... «Елу жылда – ел жаңа» деген осы... 

Біләл: - Потенциалдары ешкімнен кем көрінбейді. Кез келген жаңалығыңды іліп әкетуге дайын екендері көрініп тұр. Менің ойымша, билік тарапынан нарықтық қатынастардың берекесін кетіретін қажетсіз араласу көп сияқты. Қапар: - Құдай өзі сақтасын, күпір сөзім ешкімнің құлағына жетпесін: осы әр саланы министрліктер емес, жеке-жеке мүдделі топ басқарып отырған тәрізді. Себебі, мемлекет мүддесі ескерілгеннің орнына сатылып кеткен төреші сияқты «ойын» әлдекімнің есебіне шешіліп жатады.

Байарыстан: - Мынадай сөзді қызметтегі сен айтуға мәжбүр болсаң, расында ойланатын дүние көп екен...

Біләл: - Коррупция деген осы... Мемлекеттік қызметкерді қоя тұрғанда, әр бизнесмен мемлекетінің көркейін ойласа, өзі де көркеюім тиіс деп ұғынуы керек. Біздікі нонсенс! Неғұрлым тонауға мүмкіндігі болса, соғұрлым өзін бақуатты сезінеді. Содан барып патриотизм және тағы басқа құндылықтардың бағасы жойылады. Шет елдерде басқаша ұғым.

Қапар: - Алысқа бармай-ақ қоялық... Осында өзбектер отбасымен жұмыс істеді. Солардың бір кішкентай қызы ыңылдап ән салып жүр екен. Не айтқанын тыңдасам: «Ватаным, ватаным!..» дейді...

Байарыстан: - «Ватанымы» несі?

Қапар: - Отаным дегені екен!

(Сырттан кіруге есік тоқылдайды. Манағы қыз басын сұғады. Оны артынан біреу ішке кимелей кіреді. Ол Шәпен екен).

Шәпен: - Әй, қызым, аяққа оралмай былай тұршы! Жау емеспін ғой. Досым кеп қапты сәлем берейін!..

(Отырғандар өре түрегеледі. Байарыстан Шәпенге құшағын жая қарсы шығады. )

Байарыстан: - Е, бәрекелді, сені бір көрсем деп саңым ауып жүр еді! Келші, төс қағыстырайық!

Шәпен: - Келсең кел! Бір тостаған айран да табылады, сен үшін. Жүр кеттік!

Қапар: - Байеке, сіз маңызды бір мәселем бар деп едіңіз ғой? Өткенде...

Байарыстан: - А,а... «»Туған жерге туыңды тік» дегенді айтасың ба?

Шәпен: - Ей, дос-ей, туыңды менің шатырыма тікші! Өле-өлгенше желбіретіп өтейін!

Қапар: - Шәке, ондай қадай салатын ту емес, туған елдің көркеюіне үлес қосу.

Шәпен: - Ақша үлестіресің бе? Жинағаның бар шығар?

Байарыстан: - Не жинады дейсің? Бала-шағаның қамынан аспады ғой...

Шәпен: - Онда не оттап жүрсің, елді дүрліктіріп? Ойбай, Байарыстан зауыт салады екен, ана тұрған қос сарайын: бірін спорт мектебіне, бірін балақшаға бергелі жатыр екен деп ел есіп жүр!

Қапар: - Ренжіс болмасын, осы қауесетті мен де естіп, аудан әкіміне де құлақ қағыс қып қойып едім...

Байарыстан: - Сендер аузымнан шықпаған, ішімде піспеген шәруаны қалай реттеп қоясыңдар? Ол туралы бір ауыз сөз айттым ба? Тіпті, ымдадым ба?

Шәпен: - Өтірік нәрсе болды-ау, ә? Бала-шағаммен бірге сенің сол екі үйіңе қарауыл болуға ниеттеніп, ит те болса кешегі дос еді ғой деп қатты үміттеніп едім, қап!..

Байарыстан: - Жә, болды, сонша күңіренгенің не! Ондай ойым бар... Енді аяқ-асты іске асыра салуға жүрек те керек қой?..

Қапар: - Байеке, ол екі ғимараттың бос тұрғанына біраз жыл болды. Өзіңіз де көрген шығарсыз, қараусыз үйдің хәлі қандай боларын? Ары-бері өткенде жүрегім қан жылайды.

Біләл: - Қараусыз қалса, сату керек. Қанша қаржы, еңбек жұмсадыңыз, тегін тастай тастай салуға болмайды ғой.

Шәпен: - Мен бұл ақымаққа айттым! «Шағын ғана бір әдемі үй сал, әке-шешеңді сағынсаң келіп тұрасың. Мынауың не сұмдық?» деп. Алқып-шалқыған адам кісі тыңдай ма? Одан қалды, елдің тауығын шошытып сәмөлет мінді!.. Бұның үйін кім алады, бұ төңіректе?

Қапар: - Ауылыңызға қосқан үлесіңіз болсын, біздің балансқа алайық та келесі жылы жөндеу жұмыстарын жасап, Шәпен ағамыз айтқандай кәдеге асыралық.

Шәпен: - Мектептің бір бөлмесінде елу бала қамалып, қалғандары кемпір-сампырдың жетегінде жүр! Жаның рас ашыса, осыған көнсейші...

(Байарыстан басын қасып, күйеу баласына, одан Шәпенге көзі боталай қарайды. Сосын түрегеліп, Қапарға қолын созады).

Байарыстан: - Бүгінге дейін өз туыстарымның қамын ойлап, соларды қатарға қоссам ба деп келген екенмін. Байқасам, менің қарашаңырағымды сақтап қалатын бұл ауылда бір де біреуі қалмапты. Бәрі қалада. О баста құдай маған осылай бұйырту үшін салдырған да болар. Айнала түгел алма бағы, көкорай шалғын, бәрі қоршаулы. Самаладай шамдары бар. Қалауларың болсын! Құжаттарыңды дайындай бер, мә қолым!

(Осы арада Біләл атып түрегеліп, Байарыстанның созған қолын тежемек болып араласады.)

Біләл: - Бұныңыз қалай, ойланбастан эмоцияға беріліп? Бизнесті көзсіз қадаммен жасауға болмайды! Әр нәрсенің өтемі бар!..

Байарыстан: - Балам, менен қатты сөз естімей тұрғанда бұл іске араласпа! Мен іштей бекініп келген адаммын. Тек, соны қалай шешерін білмедім. Өз жиған-тергеніңе ие бол! Шашам ба, сатам ба өзім білем!

Шәпен: - Қол қағыстық, енді жылып кетпей тұрғанда айранымызды барып ішелік! Кеттік, дос!

Біләл: - Мен не істейін?

Байарыстан: - Сенің жұмысың ана Қапар замандасыңа байланысты. Жобаңды көрсет, арманыңды орындауға ұмтыл... (Күледі).

Қапар: - Білеке, біздің үйден шәй іше салайық та ауданға барып, басшылармен кеңесіп көрелік. Маркетингті ұйымдастыру бір күннің шәраусы емес, ғалым ретінде нарығымызды зерттеңіз...

Шәпен: - Сендерге де сәттілік тілеймін! Жүрсейші дос, жалтақтамай... Күйеу балаңды қасқыр жеп қоятындай...

(Екеуі бірін-бірі итермелей есікке таяй бергенде Байарыстан ыңқ ете қалады. Бүйірін ұстап артына қарайды. Өзін түрткен Көлеңкемен сөйлеседі.)

Байарыстан: - Тағы бастадың ба?

Көлеңке: - Саған разы болдым!

Байарыстан: - Елдің көзінше жынды атандырғың кеп тұр ма? Жеке жерде сөйлеспейсің бе.

Көлеңке: - Шыдамадым! Әй, азаматсың!

Байарыстан: - Қазір көресің, азаматыңның сыйқын!..

Шәпен: - Өй, жыныңмен сөйлесіп тұрсың ба? Ыстапыралла, ыстапыралла!

(Төрдегі отырған екеу де жағаларын ұстайды. Біләл қолма-қол телефонын алып звандай бастайды.)

Біләл: - Мама! Папамның басы мүлдем кетіп қалды. Өзімен-өзі сөйлесе бастады! Әрбірі бір млн. доллар тұратын екі котеджді әкімге теп-тегінге бере салды! Бір сұмдық болып жатыр, не істеймін?... А?! Олай болмайды ғой! ... Мақұл, өздеріңіз білесіздер. Ертең айтпады демеңіз...

Қапар: - О кісі не деп жатыр?..

Біләл: - «Өз білгенін істесін, жынмен сөйлесе ме елмен сөйлесе ме менің шәруам жоқ!» деді.Екеуі де сау емес, иншалла! Ойбай, мен аманымда кетейін, бұл ел мені, мен бұл елді түсінетін түрім жоқ!

Қапар: - Білеке, зерттеу қайда қалады? Сізге зор үміт артып отыр едік. Қайда кетпекшісің бізді тастап? Жаңа Зеландияға ма?

(Біләл қолын бір сілтеп, папкасын құшақтап ата жөнеледі. Есік алдында кимелесіп тұрған екеуді қаға-маға жоқ болады. Байарыстан бата бергісі келген кісі құсап алақанын жаяды. Ана екеуі де еріксіз бұның ишарасын қайталайды.)

Байарыстан: - Әй, қасқалар шошымаңдар! Ақыл-есім түзік. Кейінгі кезде Иеммен сөйлесетін болып жүрмін. Осы игіліктің себепкері сол Иемнің ақылы. Сендерді де Иелерің қолдасын! Біссіміллә лахи, рахманирахим, алауыпкер! (Қалған екеуі де берттерін сипасады. Бірақ екеуінің көздері де атыздай адырайып тұрады.)

Шәпен: - Қой, рахмет, мен кетейін, кемпір іздеп қалған шығар...

Қапар: - Көке, бірге шығайық, мені де аудандағылар іздеп жатқан болар...

Байарыстан: - Ей, қайда барасыңдар? Айран қайда?..

Қапар: - Айран... айран ашып кеткен шығар?.. Тек, бүгін емес, бұйыртса бір ішерсің...

(Байарыстан үдере қашқан ана екеуінің соңында қалады. Сахна алдына таман барады. Жан-жағына жалтақтап, біреуді іздегендей алаңдайды.)

Байарыстан: - Е-е,  жазған-ай, осы жасқа келгенше қатынымың көлеңкесі боп, одан қалды өз көлеңкеме таба болып, енді қалың жұрттың күлкі-мазағына айналдым! Теріме сыймай барсынып, бәлсініп келіп едім... Тәңіріндей табынып, табанымды сүйе ме деген зәлім үмітім әдірем қалды. О, сорлы басым-ай, десеңші!.. Бар қадірім - бір кеселік айранға да татымады-ау! Ақшамен сатып: елге ие, жерге кие бола алмайды екенсің. Бүйтіп адам атанғанша, көлеңкең боп неге жаратылмадым, о туған жер!? Кешір мені...

 

ШЫМЫЛДЫҚ 

СОҢЫ

 

Қазақ тілінде жазылған