Адам қарады: 679 | Жарияланды: 2018-08-16 10:20:23

Ғайып ғұмыр

 

Көгорай тегіс, кең атырап. Қызыл, жасыл, сары желеңге оранған, жусаны мен жуасы мол алқап. Алыстан көзге шағылысып, мен мұндалап жайқалып, қысы кетіп, жаз келіп, жаз басында аппақ қардай ағараңдаған не ғажап дерсің?! Ол – аралары бір-бірінен қашық емес қайыңды қойнаулар. Бұл қойнаулар арагідік шоқтармен жалғасып, тегіс даланың самал желімен бірге тербеліп, бейне бір дала әуенімен мың бұралған бишілер тобындай, қол бұлғасып, сырласып, сырлы даланың мұңлы сырын сандықтағандай. Енді бірде сәйгүлік сәні келіскен, құйрық-жалы төгілген жазық даланың еркін өскен тұлпарларындай жүйткіп бара жатқандай… Бұл өлкедегі жуа мен қымыздықтың, жер жидегі мен қарақаттың иісі мұрныңды жарады. Жер жапсары тегіс келген, айналадағы бес-алты шақырым жер алақандағыдай анық көрінеді. Содан болар, табиғаты әсем ортада орналасқан ауылдың атауы – Тегістік.

Ауылдағы тұрғындардың басым көпшілігі Уақтар. Олардың өздері Ыбырай, Әжібек, Елек, Сөлек болып төртке бөлінеді. Бөлінеді дегені болмаса, аражігі сөгіліп, жа­ман сөзге келісіп, жамандыққа бастамай, бірін-бірі дат­тамай, қабырғасы берік іргелі ел болып отырған жайы бар. Тағдырдың тәлкегімен келген ауылдағы екі-үш неміс отбасылардың өздері қазақтармен қыз алысып, қыз берісіп сіңісіп кеткен, өздерін «Әжібаймыз» деп санайды.

Ауыл берекелі, ұйымшыл. Әсіресе қыз-келіншектері той-томалақты дөңгелетіп, шашауын шығармай бір кісідей атқарады. Бүгін де сол тіршілік. Бірақ өзгешелеу. Қаралы қазан көтеріліп, жабдық малы сойылып, ақсақалдар ақылдасып, жұртшылық «Әз ана» атап кеткен Бақтылы кемпірді соңғы сапарға аттандыру-жерлеу рәсіміне дайындалуда.

Марқұм елге сыйлы, ақжарқын, бауырмал, аузы дуалы, аты аңызға айналған мұңлы ана еді.

Көрші ауылдарға ат шаптыртып естіртіп, орталыққа ха­бар жіберілді.

 

Үй іші лық толы адам. Бір-бірімен көрісіп, көңіл айтып жұбатуда.

«Ой, бауырымдап» келіп жатқан жұртта шек жоқ.

Көпшілік қауымды ащы дауыс елең еткізді.

Айырылдық Әз анадан,

Жалғыз тұяқ атадан.

Не дейін бір Аллаға,

Ортамыздан алдырған, –

деп басына тартқан бөртпе шәлі, үстінде түйенің жүнінен тоқылған жеңіл шепкені бар Гүлжазира көзінен аққан жа­сын көл қылып, қаралы жырын жырлап, үлкендерге сәлем беріп, ортаға барып жайғасты. Бет-келбеті ажарлы болғанымен, қатпарланған әжімдері ажарын жасырып, егде тартқан жасын танытқандай.

Бақтылы кемпірмен соншалықты туыстығы да жоқ, қызым деп жақын тартып, еркелетіп жүретін. Гүлжазираның «жалғыз тұяқ атадан» деуінің де сыры бар…

* * *

Марқұмның әкесі Орынбай мыңғырылтып алдына мал салып айдамаса да, орта ауқатты адам еді. Орынбайдың ерекшелігі кедейге кет демейтін, асылы қазақ атаның ақ батасынан аттап, «мен баймын, сен кедейсің» деп түртпектемейтін өзгеден артықшылығы бар.

Ел арасында «ұлың болса атадан асып туған Орынбай­дай ұл болсын, көмек сұрасаң көсегеңді көгертетін, ақыл сұрасаң айбыныңды өрге домалататын Орын би» дейді.

Орынбай көзі ашық, көкірегі ояу азамат, ел ішінде бо­лып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп, әрдайымда қалыс қалмайтын. Ауылда бала оқытып, ел ағасы атанған Орынбай ауыл тұрғындарын елде болып жатқан жаңалықтармен хабар­дар етіп отырды. Жай ғана айтып қойған жоқ, саяси жаңалықтардың астарын ашып ақтарып, түсінікті етіп айтып беретін. Бірақ, осы ісінің оң екенін білгенмен де, ертеңгі күні өзіне жебедей қадаларын білмеді.

Орынбай жеті баласының арасында жалғыз қызы Бақтылыны ерекше мәпелеп еркелетсе де, қызының өзге балаларға қарағанда жан дүниесі, бітім-болмысы өзгешелеу екеніне зор мән беретін. Қыз деген аты болмаса, Бақтылы аға-бауырларымен тай үйретіп, алысып, жалын тартып ат мініп, көп уақытын ұлдармен өткізетін.

Естияр шаққа жеткенде:

– Қызым, алты ұлымның ортасындағы алтын діңгегі- сенсің. Сендей періштені маған берген Аллама мың алғыс. Сөзіме құлақ сал.

Заманымыз дұрысталады деп, өзіміз бұрыс болар жай­ымыз бар. Біреулер келер, біреулер кетер. Кеткеннің күні қайтып келмес, бүгінгі күнге дейін көрген жақсылығың көзден бұл-бұл болып ұшар, келгеннің кеңірдегі кең болар, жалғыз тұяқ малыңнан айырып, келімсектің күні туар, – деп ауыр күрсініп, әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

Бақтылы жас болса да үлкен кісідей ұйып, әкесінің сөзін бөлмей, барлық айтқандарын ойына тоқып, алдағы уақыттың еншісіндегі тағдырды топшылады. Әкенің айтқан әр сөзі әкелік балаға деген мейірім ғана емес, елін сүйген ер- азаматтылық пен ұлтын қадірлеген ұлылықтан айтылғанды.

– Әке, ағаларым бар ғой алдымда, оларға да айттыңыз ба – деді Бақтылы, алдыңғы ағаларын ойлап.

– Жоқ, қызым.

– Неге айтпадыңыз, әке?

– Ертеде бір ғұламадан: «Бір балаңыз сөз саптай білетін, өлең- сөздің ақ қауызын ашып, маржандай алтын сөздерімен дараланып, ақылдылығымен, парасаттылығымен танылып,

 

елге билік жүргізе алатын, сөзге жүйрік ақын, ал, екінші балаңыз аулаңыздан қашық шықпаған, айтқан сөзі жақпаған, халықтың жүрегінен жол таппаған, өзіңіздің қасыңыздан бір елі қалмаған, халыққа сонысымен, сіздің абырой, атақ -даңқыңызбен танылған. Осы екі балаңыздың қайсысын өз орныңызға лайық деп танисыз?», – деп сұрағанда, «кіші балам жастайынан анасының сүтінен ерте қағылып, ел ба­сына күн туып, мен ел қамын ойлап жүргенде, ата-ананың бағуынан кенде қалған балам еді, ел, жер танысын, топ ал­дына шығып сөз сөйлеп, ел басқаруға дағдылансын деп әрдайым өзіммен бірге алып жүрдім, ол өмір ананың сүтін кеш емген балам, ал үлкен ұлым жарық дүниенің есігін бойына біткен дарындылығымен ашып, ерте көзге түскен, халқы ғұлама ақын деп таныған, ақыным деп еркелеткен балам. Мен баламды дәріптегенмен халыққа пана болмас, халқым таныған ұлым ғана халқыма дана болмақ. Өз орны­ма, білімді де, білікті үлкен ұлымды қалдырамын. Халық төреші, халық көріпкел. Ақынын ардақтаған арқалы халық ешқашан да, өмірде адасып, тарихынан шатасып, өнерден кенде қалмайды», – деген екен.

Шындығында да біз – қазақ дана халықпыз. Айтар сөзін дөп басып айтып, ақынын алақанына салып, өнерін дәріптеген ұлтпыз. Бүгіндері саған қарап, елінің ертеңгі тізгінін ұстайтын халқының алтын басты қызы болатыныңа сенімдімін, – деді әкесі, қызының болашағын болжап. Ел аралап елегінен өткізген, көпті көріп көндігіп, талай аумалы уақытты басынан өткізіп, таразыдан алып тарақтап, кітап жайып парақтап, елінің бүгіні мен болашағын бағамдап, еңселі елінің ертеңіне деген қызының ой-өрісін кеңейтіп, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп баулуы еді.

«Ата-анасы баласына тақ жасап бергенмен де, бақытын жасап бере алмайды» деген қарияның ойы осы еді. Айтқаны дәл келді. Көп уақыт өтпей-ақ, ауыл арасында «қызыл» деген дөкей шығыпты, біздің елге қарай келе жатыр

 

екен, жүрген жерін қанға бояп, жер наныңды, ішер асыңды, бағар малыңды ортаға салып теңестіреміз, бас-басыңа теңдік береміз» деген сөздер дүмп ете қалды.

Сол-ақ екен, «Қызыл» келіп байдың малын алып, өздерін итжеккенге айдатып, абақтыға салды. «Теңдік арты елде кеңдік болады» деген жұрттың үміті ақталмай, оның арты жұтқа ұласты. «Ортаға салып, тең бөлеміз» деген мал қырылды, аштық келіп, ел босып кетті. Ішерге ас таба ал­май отырған елге аштықтың араны ашылып өзінің соңынан жұқпалы ауру ала келді.

Елге келген қасірет әр отбасына қайғы әкелді, қаралы жұрт қарғысы өзектерді үзіп, «болашағы бұлыңғыр сұр за­ман сиқы осы» десті.

Табиғат ананың өзі де ақара жамылғандай түнерген, аспан айналып жерге түскендей. Шелектеп құйған жаңбырдан пайда болған жыралар айналаны көл-көсір қылды, онсыз да аштықтан өзеуреп титықтаған адамдар ми батпақтан аяқтарын зорға басып, сүйретіліп, ажалмен емес табиғаттың тосын мінезімен арпалысуда. Ми батпақ жолда шыбын жа­нын шүберекке түйіп, аштықтың арандай ашылған аузынан сытыла қашып, жан сауғалаған ел бір түйір нан үшін туған жерден жыраққа жөңкілді.

Бір кесім нан – бір адамның құны болған, азған заман болды. Ұрлық-қарлық көбейді.

Байларды кәмпескелегенде, «ана бай мына жерге ат ба­сындай алтын тығыпты» деген қауесет сөздер ел арасына та­рап, онсыз да күйін күйттей алмай отырған ауылдарға түн ортасында көздері қызарған адамдар бүйідей тиді. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр табылмастың» күйін кешті.

Аштықтан өзегі талып, қандары кеуіп қарайса да, әрбірі соңғы күштері сарқылғанша бар үміт-тілектері алтынды та­буда болды.

Орынбай күйінді, күйінді де халқын құтқарар амал таба алмады, халқы түгіл өзінің балаларын аштықтан, ажалдан арашалай алмай, бірінен соң бірін жер қойнына берді.

 

Бүгін кенже ұлының қабірін қазып, лақаттап жатып, заманына лағнет айтты. Бұрын-соңды бұл күйге түспеген Орынбай қатты қиналды.

– Бой сергітпеген құлыншағым-ай, сенімен бірге менің де атым өшіп, бабаларымның соңғы тұяғы болып қалып, сұм дүние бәйтерегімнің түп тамырына балта шапты-ау, – деп кенже баласының қабірінің ішіне құлады.

Жол жөнекей көрген адамдар қарияны көтеріп үйіне әкелді.

 

* * *

– Ә, келдің бе? Кел, кел… көптен бері жолыңды тору­ылдап күтіп жүрмін. Күтіп жүрмін деймін-ау, халқымның амандығын тілеп, тыныштығын күзетіп жүрмін. «Неге қорықпайсың?» дейсің бе? Несіне қорқайын. Атам қазақ ажалды қасқайып тұрып қарсы алған. Көкжалдының тегі, ұлылардың ұрпағымын. Білікті де, білімді, күремді халықтың асыл тұяғымын. «Сол асылдарың қайда» дейсің бе? Оны мен емес, сен жақсы білесің. Аштық атты тыңшыңды жіберіп, соңынан бір дүйім халықты түбімен жұтып қоятын аждаһадай ақырып сен келдің. Қазақ даласын ашық молаға айналдырдың.

Осы зұлматтан кейін «Аштан өлген адамның моласы жоқ» деген сөз қалды.

– Себебі?

– Себебі, себебі – оны көметін адам болмайды. Көзі аларып аштан қаза болған туысқандарыңның денесі қарға-құзғынға, ит-мысыққа және жалмауыздай аш басқа адамдарға жем-азық болмауын ғана ойлайсың.

Жапанның сар даласында дөңкиіп жатқан мал ма, бүрісіп жатқан жан ба ешкімнің ажыратып, таныр халі жоқ.

 

Өлексені бір шұқып, «қарқ-қарқ» еткен қарғалардың үні ажалдың жаршысындай денеңді шымырлатады.

Қарқылдай күліп, қара жамылған сұм ажал, қара қанды судай ағызып, қара құзғынды қарық қылып, өзінің жендеттері қылды емес пе…?!

Енді, адамдар жыртқыш аңнан емес, бірінен-бірі қорқатын болды.

Аштықтан көзі қызарып, ақыл-есінен айырылғандар мал етінен гөрі, адам етіне құмартты.

Күндіз баласына азық іздеп тарыққан аналар, түнде көз шырымын ілуден қалды. Бір сәт көзі ілінсе болғаны аш адам­дар жалмаңдап, баласын жұлмалап жатқандай, ұйқысынан шошып оянатын болды. Ондайға шыдамаған кей аналар «жалмауыздарға жем болғанша, о, дүниеде кең бол» деп балаларына қол жұмсап, жасаған қылмысын, зұлымдығын көтере алмай жынданып, қара жер қойнына кірмей, баласы­мен бірге қарға-құзғынға жем болды.

Жантәсілімде баласына қол жұмсап, соңғы демі қалғанша сол байғұс аналар баласын ойлайды, ойлайды да жасаған ісіне күйінеді, шара бар ма, заман солай болып тұр.

Баласының суымаған денесін құшағына алып, тым бол­маса сәбиінің қолынан ұстасам деген жан тапсырардағы соңғы арманының өзі орындалмай, қасірет, қайғыдан, аштықтан жан тапсырды. Ана жүрегі деген – сол…

Асыл аналарым-ай! Ошақ оты сөнбесін деп, шаңырағы ортасына түспесін деп, балалары жамандық көрмесін деп…?!

Одан кейін не болды?!

Аштыққа араша түсіп, қабырғасы қайысып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей елінің болашағын ойлаған ары­старым жер құшты, нақақтан нақақ қан төгілді. Өз ұлтының болашағын ойлады – «ұлтшылсың» дегенді естіді, халқының қамын жеді – «халық жауы» делінді, қамауға алынды. Елімнің бас көтерерлерін қырып салды. Соның басы қасында сен жүрдің, жыландай ысылдап, сен, сен…

 

Мына мен де, мына халық та, сол бабалардың ұрпағы…

Лә-иләһә-ил Аллаһ,

Лә-иләһә-ил Аллаһ,

Лә-иләһә-ил Аллаһ,

Сақтай гөр бір Аллам.

Халқыма береке, тыныштық бер.

Жастарымды жарылқа,

Болашағын жарқын ет.

Әмин!

«Не істеп отырсың?» – дейсің бе?

Жазмышқа мойынсұнып, төздік. Алладан қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтауды өтіндім, құлшылық еттім. «Лаухыл махбуз» кітабында қазағыма амандық бер деп жа­зылсын деп тіледім…

Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Халқыма бұдан басқа нендей көмек көрсете аламын?! Халқыма тыныштық бер, оның орнына менің жанымды ал. Сенің барлық қылмысыңды көзіммен көргем, менің жанымды ал. Халқым үшін менің жаным құрбандық.

Түсінде ажалмен арпалысқан қария көзін ашып, есін жи­мастан бақилық болды, қабірлері суымаған алты баласының, арманда кеткен бабаларының қасына мәңгілікке аттанды.

 

* * *

Әкесі мен алты ағасын жер қойнауына берген Бақтылы қараңғы жертөленің бұрышында өмірден мақұрым қалғандай, түріне қараса кісі шошырлық халде.

Жертөленің төбесінен арнайы тесіп, мұржа шығарып, ішінен кішігірім қазандық көтерілген. Далада қатты жел болғаннан болар, қазандықтың астынан шыққан түтін, көз қарып, ашытып, шыдатпай барады. Оның үстіне қазанда қара суға бұрқырай піскен қара бидайдың иісі онсыз да бірнеше күн нәр татпаған асқазанды бүріп, іштің бәрін түйіп, әлсіз денені одан бетер ауырлатқандай. Тоғыз ай құрсағында көтерген, тірі қалған жалғыз – де­меу тірегі қызының қамын ойлаған ана, шыр-пыр болып, қызын айналшықтап, отпен аластап, бабалар аруағына сыйы­нып, Алладан перзентінің амандығын тілеп, іштей күбірлеп, еріндері жыбырлап құранның бірер аятын оқыды. Іштен тынған ананың күйе жапқан әжімді бетінен парлап аққан жас от жалынның жарығымен жарысып, ана қайғысын сыртқа шығарғандай.

Бірнеше күннен кейін Бақтылы есін жиып, анасына қолқабыс болып, күнделікті тіршілікке кірісе бастады. Қолы босаса, әкесінен қалған кітаптарды қайта-қайта оқып, әрбір сөзіне мән беріп, әкесінің берген ақылымен кітап тағылымын тоғыстырып, ой тоқыды. Сыртқа шығып серіуден қалды, ау­ылдастарынан бойын аулақ салды.

Ана байғұс қызының ұзақ сонарлы кітап оқып, қараңғы үйде қамалып, өмірден баз кешіп, тұйықталып, тұралап, түнде көз шырымын ілмейтін бұл халінен қорықты, қорықты да қызын сөзге тартты.

– Қызым, бүгін көңіл-қошың болмай отыр ғой?

– Шаршадым.

– Құрбы-құрдастарыңмен кездесіп, көңіл көтеріп қайтсаңшы.

– Анашым, ренжімеші, зауқым соқпай отыр.

Қызының бұл жауабын қош көрмеген ана, ашық сөйлесуге бел буды.

– Бақтылы, сен осы не ойлап жүрсің? Мынауың не тіршілік, жан адаммен тілдеспей, айтқан сөзді ойға алмай, күндіз-түні үйде қамалып, жер бетіне шықпайсың. Сен қатарлылар тұрмыс құрып, бала сүйіп отыр. Сенің жүрісің мынау, қолыңнан әкеңнің кітабын тастамай, тайға тұсау салғандай, үйден аттап баспайсың. Жұрт ертең «Орынбайдың қызы жынданған екен» демей ме?

 

 «Әкеңнің кітабы» деген сөзді естіген қыздың екі көзіне жас толып, мөлтілдеп, дір-дір еткен еріндері жыбырлап:

– А… а… на, әкемді де, аға-бауырларымды да ұмыта алар емеспін. Көзім ілінсе болғаны барлығы да кеше болғандай, елестеп кетер емес – деп, көзге ерік берді.

– Маған оңай тиді дейсің бе?! Сенің сағың сынбасын деп, көңіліңді кір шалмасын деп, іштей қан жыладым, сол уақыттарда жұлынғандай болды жұлыным, айналайын құлыным, тіл тартпай кетсем…, не болар еді өмірің!?

Өмірлік серік күйеуімді, тоғыз ай жастап жатырды, өзекті жарған алты ұлды, оң жаққа қойып сұлатып, қара жер қойнына беруге, сорлы анаң қиды дейсің бе?! – деп демі тау­сыла алқымынан алып, өксіп жылаған бейбақ ананың ағыл-тегіл жасымен бірге қайғысы мен зары сыртқа шықты:

– Е, Алла. Тоғыз ай өріп өзекті, ішке сыйған ұлдарды, сыртыма артық көрдің бе…!?

Еңіреген ананың үнін естіген қыздың сай-сүйегі сырқырап, іші-бауыры аласұрып, алқынып, «Аллай, анашым-ай» деп бас салды.

Ана мен қыз құшақтасып жыласып, мұңдарын шағып, сырласып, іштегі жатқан шерді тарқатты. Ұзақ сөйлесіп, кеуделері кеңіп, иықтарынан ауыр жүк түскендей болды, әсіресе Бақтылы бір жеңілденіп қалды. Уақыт өткізген ұзақ әңгіме зая болмады.

Ана жүрегінен шыққан әрбір жылы сөз, қызының мұз боп қатқан жүрегін жібітіп, өн бойына ыстық қан жүгіртті.

Анасының айтқан ақылынан кейін терең ойға шомған Бақтылының көзі ұйқыға шомғаны сол-ақ еді:

– Қызым, өмір – өткел. Өрісіңді кеңейтіп, елмен бірге кең бол. Ажал, қайғы, өлім келмелі де, өтпелі. Кімнің басында болмайды дейсің?! «Тар жол, тайғақ кешу, ол жолда талайлар жақын-туысынан айырылып, қанаты майырылды. Өткенді қан жұтып, қайғырсаң да кері қайтара алмайсың.

 

Адам баласы шалалықтан балалыққа, балалықтан ағалыққа, ағалықтан даналыққа жетеді. Сен қара шаңырақтың данасы, анаңның панасысың. Өзіңе берік бол, әр ісіңе сенімді бол, – деген әкесінің құлағына сыбырлаған даусынан шо-шып оянды.

«Әкешім, о жақта жүрсең де менің қамымды ойлап, қапаланып жүр екенсің ғой. Өзіңе серт беремін, бүгіннен ба­стап жаңа өмірдің есігін аштым» деп, Бақтылы о дүниедегі әкесіне, бұ дүниедегі сертін берді.

– Қызым, Бақтылы, тұрдың ба? Ертерек шайыңды ішіп ал. Көлкөз боламыз дей ме, әйтеуір, барлығы орталыққа қарай бара жатыр.

– Туу, апа, сіз бәрін керісінше айтасыз да жүресіз. «көлкөз» емес «колхоз».

– Әкіри, онысы нес тағы? – деді қызының көңілді күйін аңғарған ана оны сөзге тарта бастады.

– «Колхоз» дегеніміз апа, коллективное хозяйство, яғни, ұжымдастырылған шаруашылық.

Әдірәм қалсын, әйтеуір артының қайыры болғай.

Бақтылы апыл-ғұпыл бір кесе шайын ішіп, есік алды­на шықса, көршілері – Қабдылхамит, Шәйзада, Елеусіз өтіп бара жатыр екен, солармен бірге жиын болар жаққа ілесті.

Орталық ығы-жығы халық, аттылы да, жаяулысы да, танауынан талға тесіп, өгізге мінгені де бар. Жиналған жұртшылық бірін-бірі таныр емес.

Жақын аймақтағы ауылдардан да келіпті, ол аз десеңіз қашық жатқан Түйеөлген, Айтбай, Қаратерек, Қырыққұдық секілді ауылдардан да адамдар бар.

Бұлар келгенше жиын басталып та кеткен екен. Ортада арбаның үстінде қиық мұрт, бұйра шашты, таңқы мұрын, жасы елулер шамасындағы орыс Иван сөз сөйлеп тұр.

– Коллективное хозяиство будущей нашей страны в ру­ках рабочего, а также крестьянского класса, значит крестьяне должны объединятсья в колхозы. Коллективное хозяиствова­

 

ния, перспектива будущего, повышение поголовье КРС, ко­неводства, земледела, свиневодство, птицеводство…

Иван Петрович, ол орталықтағы революция комитетінен келген арнайы өкіл екен.

Жиналған ауыл жұртымен қатар, жақын маңдағы кішігірім ауылдардан келгендер бір-біріне қарап, иық қағысып, бас шұлғысқанмен, сөздің иін қандырып тұрған Иванды түсініп тұрғандар саусақпен санарлық.

Ойлары сан-саққа жүгірген ел, жандарын шүберекке түйгізген кеше ғана бастан өткізген зұлмат ұшқыны мен оның үстіне кейінгі кезде ой қозғап, артық айтсаң атылып, ел алдына шықсаң қатардан қағылып, «халық жауы» деген жаланың жалыны жалындап тұрған шақта колхоздандыруға үрке қарасты.

– Мына тантық, мұрны терлеп басымызға ай орнатты ғой, – деді қушыкеш Ақылбай.

– Әй, Ақылбай! Мына орыс не деп жатыр?

– Аузымызды ақ айранға малып, қарық қылам, – дейді.

– Жөнін айтсаңшы?

– Айтатын несі бар. Бәріміз жиналып, мына Бірләнға қатын әперіп, үй салайық, алдына мал берейік, 1 жылқы, 1 сиыр, 5 қой, 1 шошқа, – деп, «не дейсің?» дегендей жанында тұрған Бірланға қулана қарады.

– Ақылбай аға! – деді Бірлән, – көптен бері қатын ал­сам ба деп жүр едім, оның үстіне әке-шешем де құлақ етімді жеп болды, қатын әперейік дегені жөн, мал берейік дегені де орынды, бірақ…, ана до… доңызы несі?!

– Бірлән шошқаны алмаса, қатын да жоқ, бұның барлығын еліміздің болашағы үшін жасаймыз, – деді Ақылбай Бірләннің аңқаулылығын пайдаланып.

Жұртшылық өзара жырқ-жырқ күлісуде. Бірлән біраз ой­ланып барып:

– Доңызсыз күн көремін ғой, ал қатынсыз қиын бо-лып… – деп желкесін қасып, – Ақылбай аға, ана тантыққа айт, ел болашағы үшін бәріне де көндім. Ел қыран-топан, ду күліп жатты.

– Әй, Бірлән, алаңғасар, аңқауым-ай, – деп Қабдылхамит Бақтылыға бұрылып:

– Орысшаға жүйрік өзіңсің, ортаға шығып мына халыққа түсіндіріп берсең қайтеді. Әйтпесе, Ақылбайдың түсіндіруімен жұрт шындығында да өзгеше ойлап қалар.

Бақтылы ортаға шығып барлық жайтты әркімге түсінікті етіп айтып берді.

Әр жерден:

– Әй, Ақылбай, қылжақбассың ғой!

– Шындығында да солай екен деп біз де сеніп қалсақ.

– Мына сәветтеріңнің айтқаны несі, әйтеуір де бір ауыл­дамыз бәріміз. Басымызды қосқаннан не пайда?

– Кезінде әр байдың анау-мынау сөздерімен де, тізгініміз әрбірінің қолында болған. Оны да көрдік. Мынау қалай бо­лады екен?

– Қойшы соларды. Оларсыз-ақ та күн көргеміз, көре-міз де.

Әйтеуір, ел соңында «көш жүре түзелер» десіп, бір ауыз­дан колхозға кіруге келісті.

Жиын соңынан Сейтахмет және Шайқы Жұмабаевтар сөз алғанда, қалың қауым құлаққа ұрған танадай жым бола қалды. Олар ең алдымен Кеңес Үкіметінің, коммунистік партияның еңбекші халыққа берген бостандығы туралы ай­тып, елді мәдениеттендіру, халықтың сана-сезімін ояту тура­сында түсінік берді.

Мектеп салу мәселесін де талқылады. Ешкімнен қара-жат жиналмайтынын, өз күштерімен салатынын жеткізді.

Бүгіңгі осыншама жаңалықты естіп, шақшадай бастары шарадай болған жұртшылық еш нәрсенің анық-қанығына жетіп болар емес, жан-жақтан сұрақтар жауды:

– Мектепті қайтеміз? Мешіт ауылындағы медреседен ба­лаларымыз зор молданың алдынан дәріс алып жатыр.

 

– Мектеп салып кімді жарылқамақсыңдар сонда?

– Өз қамын ойлап отырғандар ғой бұлар?

– Сәветке жағымпазданып жүргендер ғой…

Абыр-дабыр, сыпсың сөз, бұл жиынның соңы ұрыспен аяқталатынына көзі жеткен Қабдылхамит елді тыныштан­дырып, беталды жамырап бара жатқандарды қолымен кес-кестеп басып тастады да:

– Біле білсеңдер мектеп үлкен жаңалық. Онымен бірге елге жаңа серпіліс, жаңа заман келіп, жаңа көзқарас қалыптасады. Біз әрбіріміз өз қара басымыздың қамын ойламайық, ағайын, соңымыздан ержетіп келе жатқан балалары­мыз, яғни ұрпақтарымыз бар. Солардың болашағын ойлайық, – деді.

Шайзада бастаған топ, айыздары қанып тыңдап тұр.

«Айта түссін. Жас болса да оқығаны, көргені, тоқығаны мол ғой. Құлақтың құрышын қандырып, айтқан әрбір сөздері көкейге қонады» деп ойласты іштей.

– Алдымен жатпай-тұрмай бұлардың игі бастамала­ры – мектеп ашуларын қолдайық, ешкімнен не бересің деп ешнәрсе сұрап тұрған жоқ, керісінше береміз деп тұрған жоқ па?! Одан жерлестер, басымыздан өткізгеніміз аз ба, азып-тозудың алдындамыз, тұрмысымызды жөндейік. Осы ша­руаларды жөнге келтірсек, басқасы қиын болмайды. Ащы шындық болса да айтайын, төрт-бес үйден ауыл құрып, жан-жақта бытырап, сиырдың бүйрегіндей бөлінгенше бір ортаға топталып, үй-жайымызды дұрыстасақ, оның не жамандығы бар ағайын?! Жаңа үкімет жаңа заңымен келеді. Кешегі қараңғылық бұғауынан босап, тынысымыз кеңейіп, ауылға дәрігер келіп, өзге ауылдағы тәуіптерге шапқыламайсыңдар, дәрігердің сауатты емін алып, аурудан айығасыңдар. Бит-бүргеге жем болып осылай жүре беремісіңдер? Ал, ағайын серпілетін уақытың келді, сенің таңың атып, айың оңыңнан туды. Партия мен Үкіметті қолдасақ қор болмаймыз! Адаспаймыз! Ленин салған сара жолмен ілгері жүрсек надан де­ген қырсықтан құтылып, тұрмысымыз түзеледі? – деді.

– Дұрыс айтады! – тұс-тұстан қошемет дауыстар шықты.

Қабдылхамит сәл-пәл демін алып, төңірегіне көз тастап, қайта сөйлеп кетті:

– Ағайынды Жұмабаевтардың бұл ісін жан алғыш әзірейілдей көріп, кірпідей жиырылғандар бар арамызда. Мешіт ауылында медреседе баларымыз оқып жүр дейсіздер. Медресе мен қазіргі мектептің берген білімінің арасы жер мен көктей. Медресе толығымен дін жайында оқытса, мектепте балаларымыз өз тілімізді, тарихымызды, жаһан өзгерістерін біліп, салт-дәстүрімізден сусындайды. Мұғалім елді азды­рады, дінді бұзады деп үрке қарамаңыздар… Осы сөздерім дұрыс емес дегендеріңіз суырылып алға шығыңыздар.

Біреудің қолтығына су сеуіп, біреудің қолымен шоқ көсетпей, пікірлеріңізді ашық айтыңыздар. Соңдарыңыздан ерген ел болса, көрейік, – деп сөзін оқыс үзіп, сұсты көзімен жұртты бір сүзіп, көпшіліктің аңыс-аужайын, көңіл-күйін барлай қарады.

Жиылған топ оның қатқыл тартқан түрінен, сұсты жүзінен именді ме, әлде түсіністікпен қарады ма, әйтеуір ешкім тіс жарып, қарсы келмеді.

– Алма піс, аузыма түс, деп қарап отырғанымыз дұрыс болмас. Онымыз ұят болады, ағайын! Ел емеспіз бе?! Елдігімізді көрсетейік. Көп түкірсе көл болар деген, біз де шама-шарқымызға қарай қолымыздан келгенше қол ұшымызды берейік, – деді Шайқы.

– Шайқы қарғам, мектептің құрылысына қанша ақша кетеді? – деді алдыңғы қатарда отырған теке сақал, жалтыр бас Мәңкебай.

– Есептедік. Біздің пайымдауымызша бес мың сом кетеді.

– Аздық етпей ме? – деді манадан бері үнсіз отырған Ақылбай.

 

– Бұл тек мектеп құрылысына ғана, ішкі құрал-жабдықтарға тағы мың жарым сомдай керек.

– Бастамаларың жақсы, тек арты қайырлы болсын, мен өз басым бір тайыншамды бердім, – деді момын, әр нәрсені байыппен, ақылмен шешетін Сүйін.

– Жарайды, осы жиыннан кейін әркім өзінің қалай көмек көрсететінін атап, Елеусізге барып жазылсын – деді Қабдылхамит.

– Дұрыс!

– Солай істейік!

– Өз игілігімізден немізді аяйық!

– Бәрі де балаларымыз үшін!

– Қайтейік, көпшілік ұйғарса, қатардан қалмайық та, – дегендер болды.

Көңілді дауыстар тұс-тұстан сампылдап шықты.

Бір мезетте көңілді тыныштықты саңқ еткен дауыс бұзды.

Қалың түк басқан білегін сыбанып орнынан тұрып, суы­рыла сөйлей бастаған Қайрақтың даусын естігенде жұрт су сепкендей басыла қалды.

– Мектепті кім салады? Ең басты мәселе осы! Бізде ағаштан түйін түйетін шеберлеріміз де жоқ қой, – деп төтесінен бір-ақ кесіп айтты.

Жұрт бұған кім не деп жауап қатар екен десіп бір-біріне қарасты.

Тамағын кенеп, аз-маз жөтеліңкіреп барып, байыппен Кенесары сөз бастады:

– Мектеп саламыз деген пікірлеріңді қолдаймын, – деп зор даусымен сөзінің соңын созып барып, тағы да бір екі жөткірінді.

– Мынаның даусы құран оқыған молданың даусындай-ақ екен.

– Мешітте нағыз азаншы болатын жігіт екен – деді Ақылбай жұртты күлкіге шомдырып. Жұрт тағы ду күлді.

 

– Ту-у, сөзді бөле бердіңдер ғой, араның ұясындай шу­ласып, – деп әр сөзін бөліп сөйлеп, ойын әрі қарай жалғастырды Кенесары. – Мектеп салуға күшіміз жетеді. Қолдан келген көмегімізді аямаспыз. Мектепті бөренеден бұрап са­ламыз ба? Әлде құйма бола ма? – деді.

– Өй, жойқыным! Бағанадан созбақтап айтқаның осы ма?! Бұрайын ба, құяйын ба деп созбалақтауын бұның. Сәндік іздеп жүріп өзің бұралып кетпе. «Көрпеңе қарай көсіл» – деп Ақылбай жұртшылықтың көңілін көтеріп, бір елең еткізіп, Кенесарыны ащы тілімен жалап өтті.

– Ақылбай, сен, бұл қыңыр, қисық мінезіңді қой. Дәйім сенің осы әз-әзілің, қиқар мінезің қалмайды. Басылар уақытың болды ғой, – деп Елеусіз оның бетін қайырып та­стады.

– Ақылбай сөйлесе, жұртты күлдіреді, немесе бүлдіре-ді! – деп біреулер уәж айтып жатыр.

Ақылбай томсырая отырып қалды. Бұдан әрі қитыға берсе, басына зобалаң туарын сезгендей, мысы құрып, амал­сыз көнген қалып танытты.

– Мектепті арнайы құрылысшылар шақыртып сала­мыз, сіздердің де көмектеріңіз керек болады. Құрылысқа ке­рек материалдармен сөйлесіп те қойғамыз. Ол жағына қам жемеңіздер, – деді осы сұрақтың соңына нүкте қойған Сей­тахмет.

– Ал жақсы, мектепті салдық дейік, балаларды кім оқытады, – деді жылқышы Бәсен.

– Өзім бар, және де орталықтан білімді мұғаліммен де келісіп қойдық, – деді әр сөзін нық, орынды, ұтымды жауап қайырған Сейтахмет.

– Ал, жарайды! Мектеп ашылсын, мұғалім сабақ берсін делік. Сонда қалай болғаны?! Алланы, пайғамбарды ба­лаларымыз мүлдем ұмытып кете ме? – деді тарлан сақалы шошаңдап, істік мұрын ауыл молдасы.

Шеткері отырған шал сөзін іліп, әрі қарай жалғап:

 

– Жарайды балаларымызды мектепке берейік. Солай-ақ болсын! Бір мезгіл мұсылманша оқытсақ қайтеді? Мектеп­ке орталықтан мұғалім алдырғанша, медреседен жас молда алайық. Өгіз де аман, арба да сынбайды, – деді.

– Әй, қайтер дейсің, арба сынса от болар, өгіз өлсе ет бо­лар. Құдайыңнан қорықсаң балаңды мектепке бермей-ақ қой, медресеге бер, – деді арт жақтан бір дауыс.

– Бұл сөзді естіген ауыл молдасы ашуға мінгенмен, сыртқа білдірмеді. Тілі аузына сыймай қаталап, тамағын кенеп, дауыс шыққан жаққа қарап, тісінің арасынан шырт еткізіп, түкірігін жүгіртіп жіберді. Добалдай еріндері бір ашылып, бір жабылып, ал не қыласыңдар дегендей Қабылхамиттар тұрған жаққа қарады.

– Әй, апырай а?! Мынаның бүйректен сирақ шығаруын қарашы, – деді Шайзада.

Бірде тасқындап, бірде бәсеңдеп, парықсыз күйге түскен жиналыстың сарынын түзету қиынға соқты.

Сөзді Бақтылы алды:

– Бүгінгі алдымызға қойған мақсаттарымызды орындасақ ісіміз оңға басады. Парияның мақсаты – еңбекші елдің көкірегін ояту, өрісін кеңейту. Сіздерден өтінішіміз: балаларыңыз жаңа заманғы білімнен құр алақан қалып жүрмесін. Мектеп салуға ақшалай көмек беремін дегендерің, ертеңнен бастап жазылыңыздар, – деді жиынның аяқталғанын білдіріп.

– Мақұл!

– Жазыламыз!

– Көмектесеміз!

Тарап кетіп бара жатқан көпшілік ортасынан «Әй, Бірлән! Көкірегің оянып, өрісің кеңейген шығар, сірә бүгін» деп Ақылбай Бірләнді қолтықтап, көпшілікке естіртіп, әзілімен әурелеп барады. Түс кезі. Күннің ыстығымен бірге әрбір лүпілдеген жүректердің жылуы қосылып, болашаққа деген үміт отын жақты.

 

Бағанадан бері айтылып жатқан әр алуан ойлар, пікірлер бір арнаға тоғысып, берік, бекем шешім тапты. Бұл өңірге азаттық таңы кеш келсе де, дала жаңарып жасарды, адамдар да өзгерді. Октябрьдің нұр шұғылалы сәулесі мен Ленин көсемнің ұраны, партия ұраны аспанда жыл құсындай қалықтап жүр.

 

* * *

Ұнжырғасы түскен елді ұжымдастыру басталып, ауыл­дар топтастырылды.

Бақтылы бұл жаңалыққа үрейлене қараса да, әкесінің «елмен бір бол, елмен болсаң тоқ боласың, шеткері қалсаң жат боласың, заманыңа қарап бөркіңді ки, басқа түссе баспақшыл, ағайын қол ұшын берер» деген сөзін жадында жан­дандырып, болашақтан үміт күткен жадыраған елмен бірге алға қадам басты.

Қаратерек қыстауынан Тегістікке көш түзеді. Маңайдағы әр ауылдан, қыстаудан ағылған ел.

Ел қатарлы еңбек етіп, ел басына теңдік келіп, «Ленинді – ата, Сталинді – әке» деген заманның жаңашыл қызыл коммунисі болды, «қамба астыққа толып, ел еңсесі көтеріліп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» келеді дегендердің қатарына қосылды.

Нәзік жанды Бақтылы ерлермен қатар елінің көркеюіне, өркендеуіне қомақты үлес қосты. Ерлер қатарлы білек сыбана ауыр жұмыстар атқарып қана қоймай, ұжымдастыру бары­сында абыройлы еңбек етіп, әкесінен оқып-түйген білімімен бөлісті, ақыл-кеңес берді.

Ер-азаматтарға қарағанда малшаруашылығы, жер өң-деу, астық жинауда мол тәжірибелі маман ретінде бір адым алда болды. Әрбір өткізілетін коммунистік жиындарда Бақтылы сөз сөйлеп, кесімді кеңес, мардымды жауаптар қатып, ауыл-аймақтың көркі ғана емес, көсеміндей көрінді. Ауылда жаңа үйлер бой көтерді. Бұл аймақ ағашқа бай болғандықтан, тас үйлер деген мүлдем атымен жоқ. Басым көпшілігі балшықтан құйылып, шатыры шым­мен жабылған үйлер. Едені сылақ. Жаңа тұрғызылған үйге кірсең, қоңыраңқы иіс шығады, ол үйдің қабырғасын құйғанда шалам – шөп араластырылса, сыртын жылқының қиын, ал еденді тананың жас қиын қосып сылайды. Міне, со­дан болса керек. Пысықайлар сырт қабырғаға қиды көбірек қосады. Жылқы қиы сылақ балшыққа көбірек қосылса күн ашық күндері және қыста қабырғаға ұнтақ алтын жалатылғандай көзге шағылысып тұрады, ал бұлыңғыр не жауынды күндері жасылды қоңырқай түстерге бөленіп, сән береді. Ауылда бас-аяғы бір жаздың ішінде қырыққа тарта үй, бір мектеп және клуб бой көтерді.

Көріктендіру жұмыстары Бақтылының жіті бақылауында болды. Бақтылының кеңес беруімен әр аулада екі аққайың, үш теректен жас тал ағаштар отырғызылды.

Ауыл аймақ біршама түзеліп те қалды. Мал басы көбей-ді. Кедейдің қарны шығып тойғаны осы шығар, сірә?! Әр үйде бес-алты қой-ешкі, бір сиырдан ұстап, халықтың аузы аққа малынды. Елінің көркейгеніне қарап қуанған Бақтылының жаны әлі де жаралы еді. Өткен күндердің салған қайғы-жарасы жазылар емес. Бақтылы оны уақыт еншісіне қалтырды.

Бүгін үйге ерте келді, анасына болысып, кешкі дастар­хан басында шай ішіп отырып, анасының түрі солғын, беті аппақ қудай екенін байқап қатты шошынды.

– Апатайым, сырқаттанып қалдыңыз ба?

– Жоқ, шырағым. Тек соңғы кездері көңілім болмай, асқа тәбетім соқпай жүр.

 

– Дәрігерге бардыңыз ба? Не дейді?

– Е, не деуші еді?! Кәрілік дейді.

– Қойыңызшы, апа?!

– Шын, қызым. Әкең түсіме жиі енетін болды. Аян беріп жүр ме деймін.

– Апа… а… а!

– Қызым, бір аяғым көрде, бір аяғым төрде, қанша қалды дейсің. Бар арманым, – деп көйлегінің етегімен көзінен аққан жасын сүртіп, сөзін жалғастырды, – сенің үйлі-баранды болғаныңды көрсем деймін. Өз алдыңа шаңырақ көтеріп, қиналғанда жаныңда медет болар ер-азаматпен тұрмыс құрсаң, содан асқан бақыт бар ма?! Ертең о дүниеге барғанда әкеңе не деймін? Әкең, қызымызды жалғыз тастап мұнда неге келдің десе не деймін? Жаратқан сені ұзатқан күні жа­нымды алса арманым жоқ, қызым!

– Апа, олай демеңізші! Маған сіздің айтқан әр сөзіңіз ауыр тиіп отыр. Сізден айырылсам… Одан арғыға Бақтылы бармады, анасының жүрегін ауыртпайын деген оймен, іштей қан жылады. Анасына қарап еді, кешегі ажар, бойдағы қуат кетіп, шөгіп қалған екен. «Шынымен де, анам… жоқ, жоқ… мен… мен…». Анасына ішкі бұлқынысын білдіртпеді. Тек қолына кесесін алып, ішінде шай болмаса да сораптай оты­рып, ойы сан-саққа жүгірді.

Мәдібайдың әр айтқан сөзі, жасаған ұсынысы дәл қазіргідей көз алдына елестеп, құлағына сыбырлағандай болды. Ойын жинақтап, бекем алып, Мәдібайдың ұсынысын қабыл алуды жөн деп шешті. Мәдібайдың үйленейік деген сөзіне, тұра-тұр, ауыл жағдайын біршама жөнге келтірейік, со­дан кейін де шаңырақ көтере жатармыз, – деп әрдайым өзі қарсылық білдіретін. Бүгін анасына қарап, бұл ойын тез ара­да жүзеге асыруды ойлады.

Қолындағы ұршығын иіріп отырған қартаң тартқан ана­сына қарады да, дастарханды жинап, тысқа шықты. Есік алдынан Ризабек кетіп бара жатыр екен, тоқтатып, Мәдібайға сәлем айтып, келіп кетуін өтінді. Мәдібай інісі Ризабекпен тұратын. Ата-аналары ерте қайтыс болды. Мәдібай пысық, ақжарқын, мейірімді жігіт. Үнемі Бақтылыға жылы сөздер айтып, ауыр күндері қолтығынан демеп жүретін.

Мәдібай ішкі сезімін білдірсе де, Бақтылы оған ағынан жарылып, жауап қайырмайтын, бірақ оны қатты сүйді, өмірлік жары екенін сезінді. Сезінді де, бойын билеген үрейден айыға алмады. Бақтылы кешегі қайғылы азап – жақынынан айырылу азабының қорқыныш сезімінен айыға алмай жүрген кезі еді. Көп уақыт өтпей Мәдібай да келді. Екеуі қолтықтасып, жаңадан бой көтеріп келе жатқан көше бойымен өтіп, қыстауды аралап ұзақ әңгімелесті. Бақтылы өмірлік адал жары болуға келісімін беріп, Мәдібай келесі аптаның сәрсенбілік сәтіне құда түсіп келетінін айтып тарасты.

 

* * *

Арада бірнеше күн өтті. Бақтылының үйі той қамымен әлек. Әне-міне дегенше құдалар, күйеу бала келетін уақыт та таяп қалды. Уақыт таяған сайын Бақтылы анасына жәутеңдеп қимастықпен қарап, тықыршып орнында отыра алмай, сыртқа бір шығып, бір кіріп беймаза болды да қалды. Ауыл үлкені Мұса шал бастаған бір топ үлкендермен бірге жастар да келді. Төр бөлмеге жайғасып, дәстүр бой­ынша мән-жайды айтып, екі жасқа баталарын беріп, ырым-кәделерін таратысып, пәтуаласты. Астан дәм татып, үлкендер жағы әңгіме-дүкен құрысып, айналма пешпен ор­тадан бөлген кең үйде жігіттер мен қыздар айнала отырып, ән айтып, ойын ойнады. Екі-үш жерден жағып қойған білте

 

шамдар үй ішін жарықтандырып тұр. Есіктен жылтыңдап қарап, ата-әжелерінен дәметкен бірен-саран балаларға ести­яр жігіттер зекіп қояды.Кейбір қуақы жігіттер келген құдаларды сөзбен қағытып, «құда, құда болсаң шыда» деп «аяқтарына арқан лақтырып, далаға сүйреп алып шығып, мойындарына қамыт кигізіп, арбаға жегеміз» деп әуре қылуда.

Жазғы желсіз тымық жел. Аспанды тұтас бүркеген қарақошқыл қара бұлт сәуле атаулыны жалмағандай, дала түнеріп кеткен. Әуелі кезекпен өлең айтысып, думан-күлкі енді қыза бастағанда үйде қайғылы жағдай болды. «Ой бауырым» деп шыққан дауыс бірден үзіліп, үйдің іші тыныштала қалды. Тек үлкендер жағы күбір-күбір сөйлесіп, қыбыр-жыбыр жүрістер көбейді. Жастар жағы бір-біріне қарасып, «не болды екен?» десіп жатыр.

Тек Бақтылы ғана болып жатқан жағдайдан іштей хабар­дар.

«Сенің ұзатқан күні жанымды алса арманым жоқ, қызым!» – деген анасының сөздері құлағына жетіп, анасының «қызым, бақытты бол!» деп күлімдеген көздері, бетін сипаған майда жұмсақ алақаны, сүйір саусақтары, бәрі-бәрі көзден домалаңдай аққан ыстық жаспен бірге соңғы үміт, соңғы сәуледей ғайып болуда.

Бір мезетте төр бөлмеге Мұса шал келіп:

– Иә, неге тынышталып қалдыңдар? Бүгін той, көңіл көтеріп, ән айтыңдар, – деп Бақтылыға көз қырын салып еді, ағыл-тегіл жылап отыр екен. Жақындай келіп алдына отыр­ды да:

– Жазмыштан озмыш жоқ. Өзің де сезіп, біліп отырсың, артының қайырын берсін! Ешкімге сыр білдіртпе. Бүгінгі той анаңның арманы еді, ақтық тілегі де осы. Жанымда отырып әлгінде, «мен олай-бұлай болып кетсем тойды тоқтатпаңдар, қызымның өмірі ащы басталып еді, бүгінгі күні де со­лай болмақ па? Біз кеткенмен де өмір жалғасады. Бақытын қайырмасын» деді, – деп орнынан тұрып шығып кетті. Жастар жағы үлкендердің кеткеніне қуанып, ойынды әрі қарай жалғастырды. Бақтылы да анасының соңғы тілегін орындап ешкімге сыр бермеді. Тек Мәдібай ғана көңілсіз, ол барлығын жүрекпен сезіп, іштей біліп отыр.

Ертеңінде ауыл тұрғындары Бақтылының анасының қайтқа-нын естіді.

Жастар жағы шошынып жағаларын ұстады, «неткен тас бүйрек, анасын оң жаққа қойып, күйеуге шығуын», деп сөксе, енді бірі «бақытсыз Бақтылы, қуанышының артынан үнемі қайғысы бірге жүреді» деп аяғандары да болды. Барлық ауыл келіп қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, анасын соңғы сапарға аттандырып салды.

Кешкісін Бақтылы мен Мәдібайдың үйіне жақын туы­стары, жора-жолдастары жиналып, ел жайымен әңгімелесіп отырғандарды Шайзаданың сөзі елең еткізді.

– Ауылда мешіттің жоқтығы және де ауылдықтардың ешқайсысы да қатты айтып бұл мәселені жеткізе алмаса да, ел арасында дүмпу көбейді. Іс насырға шаппай тұрғанда осы жөнінде де халықпен сөйлесу керек, – деді.

Барлығы да іштей бұл мәселені құптаса да, жақ ашып ештеңе айтпады. Тек Қабдылхамит:

– Кеңесіп пішкен тон келте болмайды, көп болып ақылмен шешкен абзал. Айтқаның орынды. Ертең ауылдықтар-дың басын қосып ақылдасып, бұл мәселені бір жақты қылуымыз керек, – деп, не дейсіз дегендей төрде отырған Мұса қарияға қарады.

– Мақұл, қарағым. Сенің тіліңді алсақ, сірә, адаса қоймаспыз. Бірақ, түбінде аспандағы Алланың қаһары жер үстіндегі біздерге тимесіне не кепіл! Естеріңде болсын, ауылдықтар ертеңгі күні жеме-жемге келгенде араларыңдағы сенім артып жүрген бауырларың сиырдың құйымшағын

 

дай жыпыңдап, ел арасы екіге бөлініп арты жамандыққа соқтырмаса болғаны. Сондықтан мен қазір барып ауыл мол­дасына бұл жайды да айтып, ақылға шақырайын. Сендер де дайын болыңдар. Сөйтіңдер, қарақтарым, – деп Мұса қария сөзін жия сөйлеп, орнынан тұрып кетті.

Ертеңгі жиын халық арасында тараған сол дүмпу діңгегінің ділін шағу еді.

 

* * *

Жаз. Шілденің бір тымырсық күні. Аспан ашық.

Жиналысқа елдің кәрі-жасы бірі қалмай келіпті. Ауыл ортасындағы жаңадан салынып жатқан клубтың маңдайшасына қызыл жалау да тігілді. Есік алдындағы көк алаңға үстіне қызыл мата жабылған стол да қойылыпты. Клуб алды кемпір-шал, бала-шаға, ығы-жығы лық толы адам. Темірғалы көз жүгіртіп қарап еді, бас-аяғы екі жүзге тарта жиналған екен. Пыш-пыш сөз. Адамдар ғана емес клубтың өзі «мешіт, мешіт, мешіт» деп тұрғандай әсер қалдырады.

Өйткені, осы жиынға дейін ауыл арасында мешіт са­лынбайды, коммунистік партия әкеміз, «құдай жоқ», тек партияға ғана сеніңдер деген үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, кейбір бос кеуделердің кеудесін сыпсың сөзбен толтырған болатын. Сөзді ең алдымен колхоз төрағасы Қабдылхамит алды. Ішінен күбірлей «иә Аллам, бір өзің кешіре гөр. Халқыма шапағатыңды төк, қаһарыңды төге көрме» деп сөзін бастады.

– Құрметті жолдастар, ауылдастар! Бүгінгі жиналысы­мызды ашық деп жариялаймын!

Көпшілік жаппай қол соқты. Жарға соққан толқындай кейін лықсып барып жым болды.

– Құрметті жерлестер, – деп кібіртіктеп сөзін бастады төраға. – Аузымызға ақ, басымызға бақ берген Ұлы комунистік партия бүгіңгі күні барлығымыздың үмітімізді ақтап, жарқын болашаққа бастап келе жатыр. Көсеміміз Ле­нин әрбір қазақтың қамын жеп, үлде мен бүлдеге орап отыр. Сенгеніміз партия, көсеміміз Ленин! Біз осы жолдан таймау­ымыз керек. Кешегі қараңғылықтың күні әрі де қалды. Енді құдайға табынуды қою керек, – деді.

– Астафыр алла!

– Не дейді?!

– Сақтай гөр өзің, бір Аллам! – деген сөздер жан-жақтан естілді.

Ауыл молдалары қол жайып, құдайдан кешірім сұрап жалбарынып әлек. Клубтың алды у-шу.

Тек шеткерірек тұрған Бақтылы, Шайзада ғана Қабдылхамиттің айтқан сөзін құптап-ақ тұр.

Төрағаның былай айтпасына шара бар ма?! Айтқызады. Айтпай көр. Қол-аяғыңа бұғау салып, итжеккенге айдатып жібереді, тұқымыңмен бірге құртады.

Қабдылхамитің екі баласы, науқас әйелі бар, бір беті қаралы, бір беті жаралы кешегі күні ғана кәмелет жасқа толған баласын соңғы сапарға шығарып салды. Іші удай ашып, өзін өзі жек көріп тұрса да, тағдырының мойнына салған бұл ауыртпалығын да көтермек. Отбасы үшін, елі үшін не істемейді ер-азамат?!

Бұл мешіт салынса өзінің отбасы ғана емес, ауыл тұрғындарының өмірі де қыл үстіне тұратынын білетін.

Енді көп сөздің керек еместігін түсінді, «Лә-иләһә-ил Аллаһ» деп іштей үш қайтара айтып, халықты тыныштан­дырып, сөзін жалғастырды.

– Бұл тек менің сөзім ғана емес, көпшіліктеріңіз құптап отырған сөз, бұл – Ұлы Коммунистік партияның сөзі. Жаса­сын Коммунистік партия! Жасасын Ленин, – деп мінбеден қалай түсіп кеткенін өзі де байқамады.

Ауыл молдасы жұлқынып алға шығып:

 

– Уа, жамағат! Тірлікте көрген, білген, жасағаның бір Алланың арқасы. Аллаһ атына тіл келтірмеңдер. «Тал бесікке түскен денең, тар бесікке де түсетінін» ұмытпайық ағайын! О дүниеде Алланың алдына барғанда не дейміз?! Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Ей, үмбеттерім! Сендерге бірнеше сөз үйретейін. Аллаһтың алдындағы борыштарыңды орындаңдар. Сонда Аллаһ та сендерді сақтайды. Аллаһты үнемі есіңде тұт, сонда ол қай кезде де сенімен бірге бола­ды. Не қаласаң да Аллаһтан сұра. Көмек сұрағың келсе де, Аллаһтан сұра», – деді. Бәріміз де пендеміз, шүкіршілік қылыңдар. Олай сөгеттік қылмаңдар, Аллаһтың қаһарына ұшыраймыз.

Сөз тізгінін бос кеуде, желікпелер алды.

– Құдай болса, кешегі күні ел басына күн туып, ауыздықпен су ішіп, туысымыздан айырылып, қанатымыздан қайырылып, ақыр заман басымызға төнгенде қайда қалды? Алдымызға мал беріп, бағыт-бағдар сілтеп, сол қиындықтан алып шыққан партиямыз емес пе?!

Халық үнсіз. Бұл сөздер ауылдықтардың ойын сан-саққа жүгіртті, жік-жікке бөлді.

– Мынауың, шын сөзің!

– Рас.

– Иә, Құдай қайда болыпты, шындығында?!

Молданың өзі кібіртіктеп, сөзден қағылып қалды.

Тек Қабдылхамит, Бақтылы бастаған жастар іштерінен Аллаһқа сиынды.

– Жалғаннан сақтаныңдар. Жалғандық адамды жамандыққа, жамандық жәһәннамға сүйрейді. Адам бір қате жіберіп, өтірікке іліксе, үнемі өтірікті судай сапырып, ең соңында, Аллаһ алдында «кәззап» болып жазылады. Бұлардың сөзіне сенбеңдер сендерді дұрыс жолдан тайдырып жүрген жын-шайтандардың арбауына түскен мыналар, – деп Қабдылхамит тұрған жақты көрсетті молда. Ауылдықтар енді, молданың сөзіне иланып, олардың арттарына лағнет сөздер айта бастады.

Осы кезде сырттан Бірлән жүгіріп ішке кірді.

– Уа, ағайындар, қандастар! Ақырзаман, Ақырзаман.

Жан-жақтан:

– Не болды?

– Айтсаңшы, Бірлән?

– Ойбай, бір сұмдық болған-ау?!

Бірлән ентігін әрең басып:

– Ойбай, сұмдық. Ақмешіт, Ақмешіт, Ақмешіт жермен жексен болды.

Жүгіріп алға шыққан молда:

– Біз Алланың қаһарына ұшырадық. Иланыңдар жамағат, құлшылық етіңдер Жаратушыға.

Клубтың алды азан-қазан.

Аяғын жылдам басқан Бақтылы Бірләнді шеткері алып шығып мән-жайды сұрады.

Бірлән колхоздың азын-аулақ қойын бағып жүрген қойшы. Ауылдан қашық емес жерде мал өрістетіп жүріп, таңсәріден бір топ аттылы Ақмешіт жаққа қарай өткенін көреді. Жүрістері суыт, өз ауылының, не көрші ауылының адамдары еместігіне көзі жетеді. Отқа тоқтаған қойын тастап, аттылар соңынан көзге түспей ілесіп отырып Ақмешітке де жетіп қалғанын байқамайды. Бір мезетте әлгі суыт жолау­шылар аттарынан түсіп мешітке кіріп, далаға бір-екі адамды алып шығып, таяқ астына алады. Қолындағы құранын жыр­тып «сенген құдайың осы болса, құтқарсын сені» деп, мешіт заттарын сыртқа алып шығып отқа тастайды.

Сол адамдардың арасынан жүрісі, дауысы таныс кешегі Иванды көреді. Әліптің артын баққан Бірлән не де болса көрейін «шешінген судан тайынбас» деп енді жақындаймын дегенде, сықырлаған арбалар даусы естіліп, жан-жақтан бәрі қаумалап, мешітті бұзып арбаға тией бастады. Бұл көріністің ең сұмдығы мешіт мұнарасының шынар басындағы алтын

 

ай алынғанда, шайдай ашық, көк аспанды түнеріп келіп қара бұлт жауып, сарт-сұрт күн күркіреп, найзағай ойнады. Имансыз безбүйректер істерін әрі қарай жалғастырып, әп-сәтте Ақмешіттің орнын ойран-топыр қылды.

Бар керек жарақты артып болған соң, әрі қарай шаңын бұрқыратып, үлкен іс тындырған адамдардай аяңмен кете барды. Ақмешіттің күмбезі құлағанда көзіне жас толған Бірлән одан арғысын түсінбеді,оның үстіне күн райының мына бір тосын құбылысы да оның үрейін ұшырып, атына қамшы ба­сып, жеткені осы еді. Хабарды естісімен ауыл жұртшылығы аттылысы бар, жаяуы бар сол жаққа жөнкілді.

Бағанадан бері үнсіз тұрған Шайзада аузынан қалай шыққанын өзі де байқамады, «Иә, Раббым, иә Раббым, иә Раббым! Халқымды кешіре гөр!» деп іштей Тәңіріне жалба­рынды.

Қызылдар келіп, Құдайға деген сенімділіктің қайнар бастауының көзін бітеп, адамдардың санасын улап, «Құдай» десе құлақтарын керең, көздерін тас қараңғы етті.

Жұртшылық Құдайдан қорықса да, сенімдері, ниеттері адал еді. Бірақ қызылдардан одан бетер қорықты, қызылдың қаны сорғалаған саясатынан шошынды.

Бүгінгі мешіттің қиратылуы Алланың өзінің қызылдардың алдында қауқарсыздығын танытқандай болды. Ақмешіт, кейіннен Сейілда мешіті аталған Алла үйі ХХ ғасырдың басында, дәлірек, 1908 жылы бой көтерді. Мешіттің өз медресесі де бар. Мешіттің тұрған орнының таңдалуының кереметтілігі сол – Мешіттен азан шақырылғанда төңірегіндегі жиырма шақырым жерге дейін анық естілетін болған.

Жан-жаққа танымалдығы соншалық, Ертістің арғы-бергі жағынан, Ресейдің жақын маңындағы қалалардан келіп Сейілда қажы алдынан білім, тәлім-тәрбие алған шәкірттер жетерлік еді. Сейілда қажы отыз жасында қажылыққа барып, Уфа қаласында білім алған зор ғұлама адам. Жас бола тұра, сол кездердің өзінде жер жерлерді аралап, дін уағыздаушы, дін таратушы ретінде де, көп оқып, тоқығаны мол ғалым ретінде де танымал болды.

Ел арасындағы әңгіме бойынша, Сейілда қажы түс көріп, түсінде ақ сақалды, аппақ киінген, басында ақ сәлде, қолында аса таяғы бар, бет-жүзінен нұр шашып, аспаннан жерге Алланың нұрлы көпірімен түсіп жас Сейілданың ал­дына келіп, батасын беріп, «бұл өмірдегі сенің парызың – дін исламды тарату» деп, соңынан ертіп бір дөңес жерге әкеліп, сол жерде отырып, құран оқып көзден ғайып болады. Ауыл қариялары бұл Сейілданың түсі емес, өңінде көргені, ол пайғамбарымыздың батасын алған Алланың сүйікті құлы десетін.

Қажы ертесімен күн шықпай таң намазын оқысымен-ақ, оразасын ашпай, бірден түсінде қария көрсеткен жерге келді. Жан-жағына көз тастап қараса, мал жайылымға шөбі шүйгін, жақын маңда көлі бар, ел тұрақтап, ауыл бой көтерер жер екен. Енді дөңес басынан төмен түспекші болып орнынан тұра бергенінде, қол-аяғы дірілдеп, тұруға шамасы келмеді, қанша талпынса да басы айналып, көзі қарауытып, бір ор­нында тапжылмай отырып қалды. Сәл есін жинап, көзін тарс жұмып еді, түсіндегі қария елестеп, иығынан басып тұрғандай сезінді.

Сейілда қолын жайып барша аруақтарға, пайғамбарлар мен сахабалардың, ата-бабаларының аруақтарына бағыштап құран оқыды, Алладан оқыған аятының қабыл етуін сұрап, қос қолымен бетін сипай бергенінде, алақанынан мешіттің суретін көріп, «иә Қабыл ете көр» деп құлшылық қылды. Түсінде көрген қарияның және де әлгінде болған оқиғаның жай еместігін, алақанында көрген суреттің маңыздылығы – осы тұста мешіттің бой көтеруінің алғашқы ны­шандары деп жорыды.

Міне, Алланың жарлығымен, иманды жандардың қолдауымен іс әп-сәтте оң шешімін тапты.

Қарашоқ, Қаратерек, Шәйниген, Құркөл, Түйеөлген, Көкайғыр ауылдарынан келіп көмектесіп, аз уақыт ішінде мешіт бой көтерді.

Әр ауылдан келген адамдар «Сауап болсын!», «Алла жар болсын!» десіп» «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» құрылыс ісін бірден домалатып әкетті.

Мешіттің алғаш ірге тасы қаланған күннен ауыл аймақтардан басына келіп, «пайғамбардың берген несібесі – киелі мекен» десіп, құран оқып, мешіттің құрылысына деп ақшалай, енді бірі алтын білезік, алқа, сақиналарын беріп жатты. Омбы қаласынан арнайы ұсталар шақырылып, мешіттің іші-сыртының безендірілуіне де көп көңіл бөлінді. Көпшіліктің ұйғарымымен мешіт күмбезінің ұшындағы ай алтыннан құйылды. Ұсталар алтынды арнайы балқыту тәсілін қолданып, қалбырға құйып, ай соқты. Ай дай­ын болғаннан кейін Сейілда қажы алтын айды алдыртып, қырық күн ас-су ішпестен құран оқып барып күмбез басына орнатқызды. Қырық бірінші күні ел дүрлігіп, аяқ асты оңтүстіктен үлкен алапат от келеді, жолындағы бәрін жайпап, тып-типыл қылып осы жаққа келе жатыр деген суыт хабар жетіп, ел көшуге ыңғайланды.

Түске таман аттылы, жаяулы жан сауғалаған адамдар тобыры көбейді. Көп уақыт өтпей-ақ алыстан түтін көрініп, оның соңынан алаулай қызарған жалын бой көрсетті. Ауыл іші қас -қағым уақытта әлемтапырық болды да кетті.

Міне ғажап, бір мезгілде солтүстіктен күркіреген күннің даусы естіліп, қара бұлт үйіріліп, әп-сәтте дауыл көтеріліп, оның арты шелектей құйған жауынға айналды. Оттан қорыққан адамдар енді, жауыннан пана іздеп жан-жаққа жүгірді. Сүт пісірім уақыттан кейін аспан шайдай ашы­лып, жауын да саябырлай барып, тоқтады. Жауыннан үйді-үйге тығылған адамдар тысқа шықса жауын басылып, от та тоқтапты, тек күлімсі сасып, тынысты тарылтқан тымық ауа ғана. Табиғаттың өзі мазасын алған дауыл оттан тыныстағандай үнсіз, жайшылықта шықылықтаған торғай да, сықылықтаған сауысқан да, қарқылдаған қарғаның да үні жоқ. Барлығы да әліптің артын баққандай.Тек дөң басында құран оқып отырған Сейілда қажы ғана. «Сейілданың қырық бірін-ай» деген сөз бұл өңірде содан қалса керек.

Міне, аты аңызға айналған адамның артында ұрпақтарына қалдырған мұрасы жоғалды. Бірақ, аты ешқашан өшпек емес, өшпейді де.

Қарагер биеге жайдақ мінген Шайзада Мешіт ауылына келсе аймақтың барлығынан жиналып қалған елде сан жоқ. Мешіттің кейбір жерлерінде құлаған тас, жанған ағаштан басқа ештеңе де қалмаған екен.

Тек сынған ағаш сылдыры мен оған қосыла гуілдей соққан жел азалы күнге назданып, базаналы баз кешіп, тұрақтар орнын білместей кейіпте.

Төңірекке нұр сәулесін шашып, ақ ниетті пенделердің мейірімімен бөлісіп, Алланың нұрлы жолын паш етіп, мен мұндалап алыстан мұнартқан Ақмешіт тағдыры тәлкек, өмірі қысқа болса да, істеген ісі ұрпақтардан ұрпаққа жетер бай мұра болды.

Қолдан келер шара бар ма? Ешкім ешкіммен тіс жарып тілдеспей үнсіз ғана тұрып, ауыл-ауылдарына тарасты.

Кейіннен ел арасында қаңқу сөздер тарады. «Мешіттің едені мен тас қабырғасынан жаңадан бой көтерген көрші орыс ауылында мектеп салынып, көп ұзамай бір түнде мек­теп өртеніп кетіпті, мешітті қиратып зұлымдыққа барғандар бәрі дүниеден өтіпті, «Алланың қаһары ғой», «Сейілданың киесі тиген» десіп жұртшылық, ауыздан ауызға жеткізіп күбірлесіп, ауылда мешіт болмаса да имандылық жолындағы, кешегі ұлы адам – Сейілданың ісін жалғастырған бүгіңгі тіршіліктеріне күпіршілік етті.

 

* * *

Бүгін күн жұма. Бақтылы әдеттегісінен ерте тұрды.

Күн шар-тарапқа нұрын шашып, ұясынан жаңа да көтеріліп келе жатыр екен.

Есік алдына шыққан Бақтылыны көрген Байсары атты ит құйрығын бұлғаңдатып, еркелей қыңсылап, аяғына ора­тылды.

Бақтылы үйге кіріп, кішігірім қазанды қолына ұстап қайта шықты. Байсары құлағын тіктеп, қазанның ішінде не барын көргісі келгендей, айналшықтап секіріп, түбіндегі азын-аулақ суға езілген қара нан итаяққа келіп түскенге дейін дамыл көрмеді.

Күйеуі Мәдібай оянғанша Бақтылы үйдің ішінде ыдысаяқ сылдырлатпайын, ұйқысын бұзармын деген оймен, сыртта біраз шаруаның басын қайырды. Тауық қораға кіріп, ұябасар қаздарды далаға шығарып, ұяларын түзеп, ақырын ғана еппен әрбір жұмыртқаны қолына алып, құлағына тақап, тың тыңдап, сұрыптап, бүлінгендерін сыртқа шығарып та­стады.

Ауланы сыпырып, тазартты. Біраз дем-алмақ оймен есік алдында тұрған орындыққа отырды да, үштәм хатты қолына алды. Бақтылының көптен бері бойына бала тұрмай, жолдасы Мәдібай екеуі Алладан медет қылып, сұрап алған балаларын «олжа келді», «олжаға кенелдік» десіп қуанып, атын Олжа­бай деп азан шақырып, азын-аулақ бидай қуырып, талқан қойып, ағайынның әкелгенін ортаға салып, кішігірім той жа­сады, «той» деген аты ғана.

 

Сол бала биылғы оқуын тәмамдап елге қайтпақ. Ау­ылда бастауыш білімін алғаннан кейін, ел қатарлы оқуын жалғастыру мақсатымен аудан орталығы Октябрь таңындағы орта мектепке жіберген. Орталық ауылдан ат-арбамен үш күндік жер.

Өткенде көршісі Қайрақ орталыққа баратын болған соң, Бақтылы баласына отқа піскен екі-үш таба нан беріп жіберген. Таңның себелей атқан күн нұрымен қолына алып оқып отырған хаты жалғыз ұлы Олжабайдан келген. Баласының аздап өлең жазатыны бар еді. Хал-жағдайды сұрағаннан кейін, хат соңын өлеңмен аяқтапты:

Хабар алдым үй жақтан,

Кездесті ме бұл жалған.

Астық арты осы деп,

Әкеп берді жалғыз нан.

Қиял түсті ойыма,

Түсіп ем оқу соңына.

Аз ойланып, толғанып,

Қалам алдым қолыма.

Бақтылы Мәдібайдың үйден шыққанын естімеді.

– Ә, балаңды сағынған екенсің? Біраз шыда, келіп те қалар, – деген сөзді естіген Бақтылы, ақырын ғана жайлап сұқ саусағымен көзінің жасын сүртіп, – балам ақын болар ма екен, өлең шығарыпты – деді.

– Домбыраның жақсысы ағашынан, баланың жақсысы нағашысынан. Өзіңе тартса өнерлі болар.

– Отағасы, асыра сілтеп жібердің ғой.

Мәдібай жымың етті. Бұл жымың қаққан күлкі Бақтылыны мұқату емес, шындығын мойындамағандығы еді. Мәдібай ірі денелі, бойына ақылы сай, көзі ашық, салмақты адам. Ол Бақтылыны өнерімен қатар «ерге ер, серіге сері бола алатын» асыл басын сыйлайтын.

 

Мәдібай есік алдына самауырды шығарып, су құйып, тұтатып, шоғырмақ салды.

Күн тымық. Самауырдың кернейінен шыққан ақ түтін ауамен ақырын ғана жайылып, айналаны тұман басқандай кейіпке енгізді. Таңғы шай ішіліп, оразаларын ашқаннан кейін, Бақтылы мен Мәдібай зиратқа қарай бет алды. Зиратты айнала қоршай өсіп жатқан тобылғы. Бақтылы тобылғының жапырақтарын қолына алып, жоғары көтере тереңнен дем алды.

Әкесінің иісі, анасының иісі, анасының піспекті тобылғы түтініне ыстап дайындаған қымыз…, әкесінің тобылғы сап­ты қамшысы…, ағаларымен бірге асыр салып…, тобылғы жинаған сәттер, әрбір қимыл, әрбір бейне барлығы көз ал­дына келді.

Па, шіркін! Сол күндер бірер уақытқа қайтып келер ме еді!?

Бақтылының жанарына жас толып, ата-анасының бейітінің басына келе бергенде өзін өзі ұстай алмай, дауыс шығарып жылады.

– Сабыр, сабыр!

– Мәдібай, қайтіп мен сабыр қылайын, әкем, анам, ағаларым, жалғыздық… – тізерлеп отырып жағалай әр қабірді қолымен жанай сипап, тынысы тарылып, бір сәт үнсіз қалды.

– Неге жалғызбын дейсің? Мен бармын, балаң – Олжа­бай бар, – деді Мәдібай.

– Жаным, кешірші мені. Тірегім де, тілегім де сендерсіңдер, – деп көзінің жасын сүртіп, уайым сезіміне беріліп, өткен күнге күйінген Бақтылы күйеуіне кешірімді көзімен қарап, жүрегінде қалған әрбір сызат ешқашан да оңалмасын білдірткендей болды.

Екеулей жүріп шіріген бет ағаштары ортасына түсіп, көрініп қалған қабірлерді жауып, құран оқыды. Мәдібай әрбір қабірді айнала қарап жүріп, Бақтылының аға-бауырларының басында дала пиязы өсіп тұрғанын көріп:

– Марқұмдар жұмақтың төрінен орын алған екен. Мына бір өсіп тұрған дала пияздары сол жұмақ өсімдігі.

– Өмірдің қызығын да көре алмады олар, о дүниеде жан­дары жәннатта болсын, – деді Бақтылы.

Зираттан шыға бере «қаңқ» етіп ұшқан ала қазды байқады.

– Бұнысы не екен? Табиғат ананың да күйінгені ме? Қаздың зират ішінде жүргені несі? – деп Бақтылы таңырқай қарады.

– Бұл ит ала қаз. Олар босап қалған аңдардың ініне ұя салады, – деді Мәдібай.

– О, сұмдық. Қаз інге ұя салушы ма еді?

– Салғанда қандай, Бақтылы, ол жөнінде аңыз да бар емес пе, естімедің бе?

– Қандай аңыз?

– Ертедегі аңыздардың бірінде, ауыл қариялары ай­тып отырушы еді. Онда бұл қаздар ұяларын жерге салып, аңға жиі жем болып жүреді екен. Сондай күндердің бірінде жұмыртқа тапқалы жатқан қазды, жортуылдап жүрген жа­байы ит ұстап алып, ініне алып келеді. Інінде жатқан буаз қаншықтың алдына тастай салғанда, өлген қаз жерге сылқ етіп, жұмыртқа сыртқа түсіп, домалаңдап барып, қаншық иттің астына түсіпті-міс.

– Содан.

– Содан не болушы еді, айы, күні жетіп қаншық ит күшіктеген күні, жұмыртқадан балапан шығып, сол күшіктермен бірге итті еміп, қанаты бекіп, ұшып шығыпты. Міне, содан бері бұл қаздарды итала қаз деп атап, олар інге ұя са­латын болған.

– Қызық екен. Аңыздың аты аңыз ғой. Бірақ, бұл қаздар мына зиратта не қылып жүр?

 

– Ит ала қаздар ашылып қалған қабірлерге ұя сала береді.

– О, тоба. Естімеген елде көп. Онысы сұмдық екен.

Әңгіме-дүкен құрып келе жатып, ауылға қалай келіп қалғандарын да байқамады.

Ауыл үйлері шашыраңқы. Кей жерлерде тұрғызылып жатқан үйлер де баршылық. Олардың барлығы қамысты үйлер. Ауыл жасыл желеңге оранып тұрғанымен, сұрқы кет­кен ауылдан кешегі суық ызғардың лебі есіп тұрғандай.

Алыстан ентелеп, екі өкпесін қолына ұстап, өздеріне қарсы жүгіріп келе жатқан Ризабекті көріп, екеуі де қатты шошынды, бұл суыт жүгіріс бір сұмдықтың болғанын білдіргендей.

Алыстан айғалай Ризабек:

– Аға, жеңге! – ентігін баса алмай аптығып, аяғын сүріне басып, жандарына келіп жетті, – аға, Сейтахмет пен Шайхы ағамды…

– Не болды? Айтсаңшы?

– Ағаларымызға не болды?

– Үйге қонаққа келді ме?

Әр сұраққа бас изеумен жауап беріп, көкейіндегі ойды айта алмай, тамағына келіп тығылған жаспен бірге, – оларды тұтқындап алып кетіпті, – деп еңіреп жылап жіберді.

Бұл хабарды естіген Мәдібай мен Бақтылы абды­рап қалды. Не айтарларын білмей, есіл-дерттері ауылға тез жетіп, оқиғаның анық-қанығын білу еді. Ауыл шетіне жақындай бере Шайзаданың Қабдылхамиттің үйіне кіріп бара жатқанын көздері шалып, бірден сол үйге келді. Қабдылхамит ауыл төрағасы болса да, үйіне дүние жи­нап, байлыққа қызыққан адам емес, үйі жұпыны, екі бөлмелі.

Кіре бере үйге күрк-күрк жөтеліп, ыңырсыған дауысты естіді. Бұл Қабдылхамитің әйелі, тұңғышының қазасынан кейін оңалмай, сырқатқа шалдығып еді. Сөйте тұра, күйеуінің көңілін аулап, бар жағдайын жасап, балаларын бағып, орыс арасындағы дәрігерлерге апарам десе де, кішкентай балала­рын қимай, күйеуінің көңілін алдаусыратып «жай суық ти­ген ғой, бір-екі күнде жазылып кетермін» деп бой бермейтін. Бұлай жүргеніне де екі-үш аптаның қасы болып қалды. Үйге келген Мәдібайларды қарсы алып, шәйнегін қойып, дендеп бара жатқан дертіне қарамай, бәйек болып жүр.Төр бөлмеде Қабдылхамит пен Шайзада ғана екен. Екеуінің түсі суық. Болған мән-жайды Шайзада баяндап отыр. Ол көрші Жайлауағаш колхозына кеше ғана төраға болып сайланып еді, сонда орталықтан келген уәкіл айтып­ты. Сейтахмет бауыры Шайқының үйіне қонақтап барғанда екеуін де үштік келіп тұтқындапты. Інісі Шайқы ол кездері Әулиеағаш совхозы директорының орынбасары болып қызмет атқарып, барын да, жанын да халқы үшін аямай қызмет етіп жүрген ер азаматтар еді. Кешегі мектеп, май зау­ыты, барлығы халқының, туған елінің көркеюі үшін жасаған жақсылықтары еді. Алғыс орнына қарғыс алып, екеуі де абақтыдан бір-ақ шықты.

Кешегі күні байларды кәмпескелеп, абақтыға қамап, кедей кепшікпен теңестірген де, көпшілік жақсы қабылдап, совет үкіметіне сеніммен қарап еді, енді міне, сенімді сергелдеңге айналдырып, түлкі айлалы заман келіп, қылп етсең қамалып, «әй» деп аузыңды ашсаң, Сібірге айдалып, халықты бірін-біріне айтақтап, жігі ажырамай отырған елге дүрбелең келді. Аға бауырға күдікпен қарап, сенімсіздіктің серкесі семіріп, бірін-бірі көргенде сыпайы ғана сіз, біз десіп, былай шыға артынан буда-буда арыз жазып, үкімет алдындағы қарыздарын өтеген сұм заман болды. Жақсылардың арты жын болып, еңбектері пұл болып, істеген істеріне құл болып, жазықсыз «халық жауы» деп, үрім-бұтағымен қарғыс алды. Жұрт байғұс қайдан білсін. Әр тұтқындалғанның артынан, істі соңына жеткізушілер, отқа май құюшылар жүріп, «мектеп, зауыт салам деп сендерден ақша жинап, үкіметті алдап, ақша алып, бір оқпен екі қоян атып, қалтаға басыпты бәрін. Ей, сендер не білесіңдер, совет

 

үкіметі болмаса барлығыңды жұтатып, ауыздарыңнан соңғы нандарыңды тартып алып, далаға қалтырар еді. Олардың барлығы кәмпеске кезінде шет ауып кеткен байлардың тыңшылары көрінеді» деген гу-гу, ду-ду сып-cып сөздер та­ратады. Бұған сенген қара халық жазықсыздардың артында қалған туыстарына саусақтарын көрсетіп, еріндерін тыр­житып, «өй, көк соққандар, түбімізге жеткен осылар, бәсе қайқаң-қайқаң етіп көлбеңдеп, қайдан нан тауып жеп жа­тыр десек, біздің адал асымызды аузымыздан жырып жеп жүр екен ғой, Түрменің түбінде шіріп өлгір! Үрім-бұтағың оңбасын!» десіп лағнет айтатын.

Қайдан білсін, қайдан түсінсін, кім-кімнің адал асын жеп жүргенін?! Кім кімнің күйін күйттеп жүргенін?! Кім үшін қамалып, кім үшін жазықсыз атылғанын?!

Адамның басы Алланың қолында емес, совет үкіметінің уысында секілді.

Міне, ағайынды Жұмабаевтардың тағдыры осылай болды, жақсылықтарын ауылдықтардың бәрі іштей біліп, түсінді. Олардың өмірі осылай болғанына бәрі өкінді, аяды, бірақ қолдан келер шара бар ма?

Төр бөлмеге дастархан жая бастаған әйеліне Қабдылхамит, – қазір шай ішетін уақыт емес, балаларды тамақтандыр, – деді қатқыл даусымен.

– Не істейміз, аға? – деді Шайзада қатты ойға шомған Қабдылхамитке қарап. Аға дейтіндей Қабдылхамиттің жасы одан үлкен емес-ті. Екеуі түйдей құрдас, бір жылда, бір айда туған. Аралары екі-ақ күн. Қазақи сыпайылық емес, қазақи тәрбие – үлкенді сыйлау, жүзіне тура қарап сөйлемеу.

– Біз ештеңе істей алмаймыз. Сен ауылыңа қайт. Біреулер сені осында келді, қайғырып жүр екен деген қауесет шықса, сен түгіл осында келіп отырған мыналардың басы пәлеге қалар. Ал, жарайды барыңдар, оларды бір Құдайға тапсырдық, – деді.

 

Ағаның айтқаны заң. Ешкім тіл қатпастан, үнсіз үйден шықты. Тек Қабдылхамиттің балалары ғана, көздері жәутеңдеп, қонақтардың соңынан жүгіре далаға шығып, асыр салып ойнап жүр.

Араға екі ай салғаннан кейін ағайынды Шайқы және Сейтахмет Жұмабаевтар «шет елдің тыңшылары» деген ай­ыппен атылып кетті деген суық хабар да жеткен еді елге.

 

* * *

Арада төрт-бес күн өтті. Бақтылының қуанышында шек жоқ. Баласы Олжабай оқуын тәмамдап үйге келіп, мәз-мәйрам.

Азын – аулақ әзірлік жасап, жалғыз ешкінің лағын сой­ып, көрші-қолаңды шақырып та қойды.

Олжабай – кешегі бала Олжабай емес, ер жетіп, ақыл тоқтатып, бойына көркі сай, толықсыған, бала кекіл орнына иір-иір толқынды қою қара шаш қойған, қалың қабақ, қыр мұрынды. Сағынғаны соншалық, анасының артынан келіп құшақтап, мейірлене иіскеп-иіскеп, айналшықтап жанынан шықпайды. Ал енді, анасы бетінен сүйген кезде «апа, біреу көрсе ұят болады» деп теріс айналып, он үш жасына дейін анасының емшегін емген кешегі Олжабай емес. Шешесінің айтқанын екі еткізбей жүгіріп, бәйек бо­лып жүр. Балалардың барлығы да сол ғой. Ата-анасының қасында қиыншылық көрмей, еркелеткеннің арқасында еріншек, еміншек, жалқау болып, бір жерге жұмсаса «апа есік ашып жіберші, немесе, әке шелекті ұстап барыңызшы, келерде мен көтеріп келейін, немесе қойшы ертең істеймін» деп тартыншақтап жүретін. Үйден қашық жерге шығып, бойын сағыныш билеп, әке-шешенің қадірін түсініп, өткен шала ісіне өкініп, оңды-солды таныды.

Кешкі шақырған қонақтардан бұрын Мұса шал алдымен келді. Ол кісінің әдеті шақырылған жерге бір сағат бұрын барып, уақытында жұрт жиналмаса тұрып кетіп қалатын. Атасының жайын білетін Бақтылы Мұса шал кірісімен Ол­жабайды көршілерге жүгіртіп, өзі тездетіп шай демдеп, қонақтардың басы-аяғы жиналғанша қария-ның көңілін ал­даусыратты.

Қария бүгін көңілді. Олжабайды жанына отырғызып алып, ананы – мынаны бір сөз қылып, орталықтағы өзгерістерді сұрап, ақыл-кеңесін беріп отыр.

– Е, балам болашағың алдыңда. Бұрын үлкендеріміз айтушы еді – «үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас, тұғырына саңғыған сұңқар оңбас» деп. Әр қадамыңды аңдап бас. Сенімді болсаң ғана іске кіріс, күйбеңдеп, өзіңе сенімсіз болсаң қоя тұр. Мына заманда ешкім де саған басыңнан си­пап, сұрағаныңды бере қоймас. Еліңе адал бол, – деп батасын берді.

Бұл кезде қонақтар да жиналып қалған еді.

Бәрі де «Әмин!» десіп, ортаға келген табаққа айнала жайғасты.

Үзіле піскен лақтың етінен дәм алып, көпшіліктің көңілін көтергісі келді ме, Мұса шал әңгімесін жалғап, Қабдылхамитқа қарап, ел арасында оны Хамит дейтін:

– Біздің Хамитжанды піштіргенде, – деп бастады сөзін. Білдей бір ауыл төрағасының балалықтағы қызықты оқиғасын бастаған сәтте Қабдылхамит қызарақтап, «қап, мына шалды-ай, отырған жерінде менің сүндет тойымды айтып, ұятқа батыратын болды ғой» деп тістеніп отыр.

Көрікті әрі қарай қыздырғандай, Қайрақ та «иә, аға айта беріңіз, сосын не болды» деп қояды.

Мұса шал қайтадан:

 

– Біздің Хамитжанды піштіргенде, ат шаптырып, бәйге жасап, палуандар күресі болған.

– Ойбай, ақсақал! Басқа әңгімеңіз жоқ па? Басымыз қосылған сайын мені піштіріп, әбден ұятқа батырдыңыз ғой. Қалима, Ғайнылкамал, Мәруа, кәне, ән айтыңдар. Мәдібайдың шаңырағына қызыққа келіп отырған жоқпыз ба, – деді Хамит әңгіме тақырыбын өзге арнаға қарай бұрып.

Ауыл төрағасы айтып тұғанда орындамай қалатын әйелдер ме?! Бұлардың барлығы ер адамдар қатарлас еңбек етіп жүргендер. Мәруа жетім өскен қыз еді, қарындасындай көріп, тұрмысқа ұзатқанына да көп болған жоқ. Бірден шырқап ала жөнелді:

Ауылым менің Қаратерек,

Айтқанда әнімнің сәні кірет.

Ер жігіт қызға сөз айтпаса,

Бұл өмірдің мәні неге керек.

Жан-жақтан қолпаштап:

– Ой, жасаңдар!

– Дауыстарын-ай!

– Қайран Қаратерегім-ай!

Көпшілік отырған қариялар қинала күрсінді. Түпсіз шыңырауға түсіп, алқымы кептеліп, тынысы тарылғандай болып, Мұса шал да бір орнында отыра алмай, қозғалақтап, көзіне келген жасын көрсетпей, білдірмей отыр. Қаратерек – көпшіліктің кір жуып, кіндік кескен жері. Бұлардікі сол жер­ге деген сағыныш емес. Әйтпесе Қаратерек ауылдан екі-үш шақырым ғана жер.

Ол – өткен күндерге, сағымдай болып, көзден бұл-бұл ұшқан жастық шаққа, қайтіп келмес күндерге деген өкініш еді.

Ән кезегі оң жақта шай құйып отырған Бақтылыға да келіп жетті.

Көпшіліктің өтінішін бірден қабылдамаса да, баласы қиылып сұраған соң, тамылжыта ән салды.  «Елім-ай» әнінің мақамына салып, жадынан өлең шығарып:

Адаммен адам болар өмірдегі,

Бір-біріңді сатқаның жөніңбе еді.

Жақсылармен жаңарып, жаңа таңда,

Несібесі олардың өлім бе еді.

Бақтылының айтып отырғаны, кешегі ағаларының қамауға алынғаны, зар-шағымдай болып жүрегінен шыққаны. Барлығы да шерлі әйелдің жаралы жүрегінен жарып шыққан қасірет сазындай, зар әуенін ұйып тыңдап отыр. Бақтылының бұл әрекетін Қабдылхамиттің айызы қанып, көтермелеп жіберді, оны өзі де байқамай қалды:

– Айта түс! – деген дауыс шықты.

Бақтылы асып кеткен әнші болмаса да, өзі шығарған әнді күңірене шырқады. Бейне жанын жайлаған қайғы қасірет соңғы рет сыртқа шыққандай. Әр жерден көздерінің жасын сығымдап, қолорамалдарымен бетін басқан қыз-келіншектер.

Келесі айтқан әні Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні.

– Абай – ұлы ақын ғой!

– Шіркін, сөз саптауын қарашы! – дескен дауыстар шығып жатыр.

Әнін шырқап болып Бақтылы «мен шай қамына кірісейін, сіздер дәмнен алып отырыңыздар» деп сыртқа шығып кетті.

Бәрі қаумалап Мұса шалға:

– Ата, сіз де ән айтып беріңіз, – десті.

– Таздан тарақ қалғалы қай заман. Мен сендерге ерте­де болған оқиғаны баяндап берейін. Осы Абайдың әкесі Құнанбай жөнінде, – деп, әңгімесін бастады.

– Ертеректе Уақтың Арыстан және Рүстем деген екі батыры болған екен. Екеуі де өте өжет, алған беттерінен қайтпайтын, батыл болыпты. Күштері бойларына сыймай, өздеріне ие бола алмай, қандары тасып, жүйрік тұлпарларына мініп алып, ел кезіп кетеді екен. Сөйтіп жүргенде, бірде Се­мей жеріне жетеді. Бір ауылға келсе қара қорым адамдар ортасында қол-аяғы маталған бір адамды дарға асайын деп жатыр екен. Әлгі адам жаны шығып, шыр-пыр болып жатыр. Екі ба­тыр ақылдасып, жұртшылықтан сұрастыра келе, оның еш айыбы жоқ екенін біліп, құтқарып алуға бел буады.

Арыстан батыр:

– Мен топтың ортасын жарып өтіп, ана жатқан адамға жол ашайын, сен соңымнан ілесіп, оны атыңа өңгеріп, алып шық, – дейді.

Ойлаған істерін жүзеге асырып, әлгі адамды құтқарып алып шығып, сұраса Құнанбай екен. Екеуі де ләм-мим деме­стен аттарына қарғып мініп әрі қарай кетеді.

Бірнеше жыл өткеннен кейін, Құнанбайдың болыс бо­лып, дүркіреп тұрған кезінде қалай қарсы алады екен деп Арыстан батыр іздеп келеді.

Құнанбай ауылына келгенімен, киіз үйдің алдында тұрған қызметшілер батырды ішке кіргізбей қояды. Бұлардың әрекеттеріне ызаланған Арыстан батыр қызметкерлерді көтере-мөтере үйге кіріп, Құнанбайдың қасына жетіп келеді. Міз бақпай жатқан болыс басын көтерместен, «әй, мынау кім?» – дейді.

Сонда Арыстан батыр:

– Арыстан, Рүстем батыр еді,

Сені бұғаудан босатып,

Басыңды азат етіп ек.

Асылық жасамай, жарқыным,

Тәубаңа кел, Құнанбай, – деген екен.

Сонда Құнанбай:

– Уа, жарқыным! Ғафу ет, бір білместік болды, айып ме­нен, – деп сәлем беріп, бірнеше күн құдайы қонақ етіп, күтіп, ат мінгізіп, иығына шапан жауып, қошеметпен аттандырған екен, – деп қария сөзін аяқтады.

– Ағамыз тарих, тұнып тұрған дариямыз ғой!

– Әңгіменің майын тамызып айтады!

 

– Тағы да айтыңыз, жастар естісін, – десіп шуласып жа­тыр. Бұл кездері Мұса шал сексеннен асып, тоқсанға таяп қалған шағы. Сөйте отырса да, өзі қу. Қабдылхамит немере інісі болғасын ойнайды да. Осы жолы тағы да оған қарап:

– Кезекті Хамитжанға бердім. Сендерге шошқа ерттеп мінгенін айтсын, бұл сабазың, – деді.

– Тфу, мына шалды-ай, – деп Қабдылхамит далаға шығып кетті.

Мұса шалдың айтып отырғаны шындық, шошқаны ерт­теп мінбесе де бұл оқиға болған.

Ең алғаш колхоз болып құрылған жылдары мал ба­сын көбейтіп, үкіметке ет тапсырудан жоспар береміз деп, орталықтағы дөкейлерің ауылға шошқа әкелген. Қаншама қарсы болса да, бұйрықтың аты бұйрық, ауылдан әрірек, ағаш қойнауына шошқаларға арнайы орын дайындап, сонда бағып-күтеді. Шошқа бағуға бұл доңыздың жай- жапсарын білетін арнайы Антон деген орысты алдырады. Ол жерге бір қазақтың баласы аттап баспай, шақырым жерден айналып өтетін болған.

Қабдылхамит төраға болған соң, айына екі рет доңыз ба­сын санайды, содан Антонға барып ат үстінен, алыстан қал-жағдайын біліп, «мал басын санадым, дұрыс» деп орталыққа үнемі есеп беріп тұрады.

Қазақтардың әлсіз тұсын білген Антонжаның шошқаларды өзі-нің жеке меншігіндей көріп, ойына келгенін істеп, аз-маз уақыт ішінде бай-шонжарға айналып шыға келеді. Бұл жайт орталықтағылардың да құлағына жетіп, оның үстіне төраға ол жерге бармайды екен, мұсылмандық шариғат бойынша олар шошқаның етін де жемейді деп отқа май құйылады.

Төрағаны шақырып, жерден алып жерге салып, жағдайды қалпына келтіруге екі күн уақыт береді. Ауылға келгесін Қабдылхамит үйге соқпай бірден Антонға барып, атынан түсіп, шошқаны өзі санайтынын айтып, ашықтың ішіне кіріп санап тұрғанда, үлкен шошқа аяғының ортасынан өте бергенде Қабдылхамитті біраз жер­ге дейін көтеріп әкетеді. Ызадан булыққан төраға Антонды шошқасымен бірге боқтап, қолын сілтеп кетіп қалады.

Бұны көрген тек оның атқосшысы Жәгөр ғана. Ол жер ау­дарылып келген немістердің бірі, бірақ қазақшаға судай еді. Ауылға келіп үйінде отырғанда дастархан басында ай­тып, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетіп, содан ел арасына тарап кетті.

Ал Антонның жағдайы, орталықтан Қабдылхамит ар­найы комиссия шақыртып, санақтан кейін мал басы жетпей, шошқашы бар кінәні мойнына алады. Орнына ешкім бармай­тынын, қазақтар бұл маңға мал бақпақ түгел, шөбін шаппай­тынын айтып, Қабдылхамит азар да безер болып, шошқаны өзге, орыстар көп қоныстанған жерге алып кетулерін сұрап, тілегі орындалып, Антон да, шошқа табыны да елден әкетіледі.

Бірақ сол шошқалар бордақыланған ағаш іші ел арасын­да «Антон» деп әлі күнге дейін аталады. Мұса шалдың шошқаны ерттеп мінген деп меңзеп отырғаны осы еді.

Бұл уақытта шай да ішіліп болды. Көңілдері жайла­нып, қызықты уақыт өткізген қонақтар үй иелеріне алғысын білдіріп, балаларының оқу бітіріп келгеніне тағы мәрте қайырлы болсын айтып, үй-үйлеріне тарасты. Үй ішін жинастырып болған Бақтылы әңгімелесіп отырған әкелі баланың қасына келіп жайғасып, екеуіне ке­зек-кезек қарап, қызықтап, таңның қалай атқанын да білмей қалды. Батқан күннің құбыла жақ көкжиекті алаулатқан алқызыл шапағы жып-жылмағай сөнген шақ. Күндегі дағдысымен ел бейқам жым-жырт. Күндізгі тымырсық ыстықтан титықтап қалжырағандай, бір мезгіл тыншығысы келгендей, бар табиғат қыбырсыз мүлги қалған. Іңір әлетіндегі салқын жел қуаң тартқан, жүдеу өсімдік атаулыны ақырын ғана тербеп тұр.

Таңертеңмен ерте оянып, Бақтылы тәтті ұйқыда жатқан баласының маңдайынан иіскеп, жұмысқа кетті.

 

* * *

Ауыл бұрынғыдан бетер ажарланып, мал басы көбейіп, егістік даласы ұлғайып, ауылдағы қырман басында абыр-са­быр қызу жұмыс. Биыл астық та бітік шығып, қамба толды. Ел көңілі жайланған.

Ауыл тұрғындары бүгін жұмыстарын ерте аяқтап, ауылға келе жатқан меймандарды тосып алмақшы.

Бұл келе жатқандар елге танымал аузы дуалы ақын, әнші, палуандар еді. Бақтылы соларды қарсы алу қамымен жүр.

Ауыл тұрғындары клубтың ішіне сыймайтын болғандықтан, ауыл ортасындағы алаңқайға әр үйден текемет, сырмақтар жиналып, төселді. Орталықтың келісімімен мал сойылды, қазан ошақтар көтеріліп, буы бұрқырап ет пісірілуде, қазанның астынан самауырға шоқ салып, әйелдер жүгіріп жүр, екі иығынан еңкілдеп будақ-будақ қайнаған самауырлардың кейбірі пысқырып дауыс та шығарып қояды.

Ет пен қазан астындағы оттың, самауырға салынған шоғырмақтың иістері қосылып, ауылды ерекше бір хош иіске бөлеп, үлкен тойдың жаршысындай, шіркін… иісі мұрныңды жарады.

Құлын-тай, өгіз мінген, енді бірі жаяу жүгірген балалар құдды бір құдалар келе жатқандай меймандардың алдарынан шығып, дайындалған орынға кері жарыса шауып жүгіріп:

– Келе жатыр! Келе жатыр! – деп айғайлайды.

 

Келген меймандарды Қабдылхамиттің үйіне апарып, алыстан шаршап-шалдыққандарын, әлде шөлдегендерін бассын деді ме, әйтеуір бірден орталыққа әкелмей, сол үйге жайғасып, сәнденген киімдерін киіп біраз уақыттан кейін келді.

Ортаға жайғасқан меймандардың арасында басында үкілі тақиясы бар, сұңғақ бойлы, әдемілеу келген келіншек және қолында домбырасын ұстаған, үстінде күңгірт тартқан шапаны бар орта бойлы, шашы ақкіреу, түсі солғын орта жастағы ер адам, ал үшіншісі басы қазандай, екі иығына екі адам мінгескендей еңгезердей дәу, апай төс, қара торы, ба­тыр пішіндес екен. Балалар қызықтап, айнала меймандардың қасынан шықпайды. Үлкендердің өздері анталап, жақыннан көргілері келіп, ерлерге қол беріп, орын-орындарына жайғасуда.

Ауыл төрағасы келгендермен ауылдықтарды таны­стырып өткеннен кейін, домбырасының құлағын сәл бұрап, қағып-қағып жіберіп, құйқылжыта ән салды. Даусы қысылып шыққанмен де, бара-бара ашылып, дауылдаған да­уылдай, домбырасы мен даусы бір сарынға келісіп, жүйткіп ала жөнелді. Алдымен көрермендердің көңілін көтеріп алайын деді ме, бірден алдында отырған үлкендерге сәлем беріп, жүгіріп жүрген балалар мен кейбір жігіттердің, қыз-келіншектердің түр-сипатын суреттеп, жұртшылықтың делебезін қоздырып, дүр сілкіндірді, жұрт шу етіп орын­дарын серпіліп, қошемет көрсетіп жатыр, дүлдүл ақын қазақтың басынан өткен тарихын, батыр, билерді, бүгінгі күнге жеткендерін, совет үкіметін жырына қосып арындап барып, келесі ақын-әншілерге де кезек беру керектігін ай­тып, әйтпегенде ұзақ шырқайтынын жеткізіп:

– Осылай бір бастайын,

Мың бұралар жас қайың.

Аяғымда мәсім болмаса,

Шертер еді башпайым, – деп барып, зорға дегенде тоқтады.

 

Көптен бері мұндай өнерді көрмеген ауылдықтар қол соғып, үлкендер жағы:

– Көп жаса қарағым!

– Жасың ұзақ болсын!

– Бір жасартып тастадың ғой!

– Тағы да, тағы да, – деп жан-жақтан шуласып жатыр.

Бір мезетте ортаға шығып, майда даусымен «Майра, Майра…» деп ән бастағанда жұрт тына қалды. Естігендері болмаса, әншіні көріп тұрғандары осы. Біресе төмен, біресе жоғары тамылжыта шырқаған әншінің даусын жайқалған аққайың қойнаулары бірінен-біріне жеткізіп, шартарапқа та­ратып кетті.

– Па, шіркін! Даусы қандай?

– Сұлу екен!

– Киген киімі қандай, – десіп жігіттер мен келіншектер таңдай қағысты.

Әнші Майра екі-үш қайтара ән айтып гармон сазы бір мезгілде баяулап барып, кілт басыла қалған сәтте, отырған қалпында сырмақ үстінде артыменен сырғанап, біресе ат үстіне отырып, ән шырқап Құдайберген ақын тағы да өзінің өнерімен тамсандырды.

Екеуі алма кезек ән шырқап, бар өнерлерін паш етті.

Жұрт назары қара дәуде, бұл не көрсетеді, қандай ән айтады деп отырған кезінде, палуан орнынан тұрып, атбай­лауда тұрған төрағаның атын алып, бір жігітті шақырып тізгінінен ұстатты да, екіншісін аттың үстіне отырғызып, жылп етіп аттың астына кіріп, «әуп» деп көтеріп алған сәтте ауылдықтар орындарынан үре түрегілді. У-шу.

– Әй, мынау, нағыз дәудің өзі ғой!

– Мықтылығын көр, сен бұның!

– Уа, жарайсың батырым! – десіп жатыр.

Көңілі толмады ма, әлде арам ойы болды ма?! Қайрақбай:

– Мықты болса менің өгізімді көтеріп көрсін! Оны тек Мағазбай ғана көтере алады, – деді.

 

Жұрт не дейсің дегендей палуанға қарады. Ол миығы-нан бір күлді де, зор даусымен:

– Әкел өгізіңді, шамам келсе көрейін, – деді.

Мейманнан мұндайды күтпеген Қайрақбай біраз абды­рап қалды, айтылған сөз атылған оқ, намыс жіберсін бе?! Ба­ласын үйіне жіберіп, өгізді алдырды. Палуан асықпай еппен, өгіздің аяғын байлатты да, арқанның екі ұшын қолына алып, астынан келіп, өгізді көтеріп алды да, Қайрақбайға:

– Үйіңді көрсет, аяғымен келген өгізді мен өз аяғыммен апарып тастайын, – деп жанына келгенде дәуқараның үстіндегі өгізін қосып қара құбыжық көргендей Қайрақбай шегіншектей барып, тасқа сүрініп дерең ете түсті.

Қайрақбайдың шаң қапқанын көріп, ел қыран-топан, палуанның ерлігіне дән риза.

Ауылдықтар:

– Сол керек саған. Екінші тіліңді тартып сөйлейсің!

– Сау басыңа сақина тілеп, ей, Қарақбай-ай!

– Мақтаншақтың арты ашық – деген осы.

– Мына сабазың өгізді емес бір бөрене көтергендей ғой, – десіп гу-гу…

Қайрақбай палуаннан кешірім сұрап, өгізін зорға деген­де жерге түсіріп алды.

Ортаға жақындай бере алдын-ала әкелдіріп қойған дөңгеленген ауыр зіл темірді алып ортасынан қолымен бір-ақ майырды да, тастай салды, артына қарамастан:

– Ал, әлдерің жетсе, мына темірді түзетіп алыңдар, – деді палуан.

Бірі қызықтап, енді бірі шын ықалысамен кірісіп, тіпті кейбіреулері бірігіп, төрт-бес адам үймелеп қара темірді түзетеміз деп әлек. Ауылдағы қара күштің иесі деп үкілеп жүргендердің өзі далада қалды.

– Қап, мынау бізді мазақ қылды-ау!

– Мағазбайдың шамасы келмегенде біздікі не қоқай десеңші! – десіп өздерімен өздері әлек.

Ауылымыздың палуаны деп, әр тойларда қанжығасына талай жүлдені байлаған Мағазбай ашудан булығып, әрбір шып-шып сөз шабына тиіп, палуанның алдына қалай жетіп келгенін байқамай да қалған.

Жұрт бұл уақытта өздерін әлекке салып жүрген күш атасы – Қажымұқан екенін де біліп отырған жоқ.

– Шын палуан болсаң шық, белдесейік, – деді Мағазбай.

– Сен алдымен бақай-башпайымның арасын ашып бер, содан кейін сенімен күресемін, – деп мәсісін шешті палуан.

– Мазағын-ай, мынаның, – деп іштей күбірлеп Мағазбай не болса да бұл істің аяғына дейін жетуге бел буды.

Әрі мықшыңдап, бері мықшыңдап қара терге түсті. Бір мезетте башпайларының арасына қолының сұқ саусағы кірген кезде палуан қысып қалып еді, Мағаздың даусы баж етті.Жұрт сілтідей тына қалды. Не болды деп жамырасып жандарына жетіп келгендері де бар. Палуанға ауылдықтар үрке қарады. Мысыққа ойын, ал тышқанға өлім керек. Мағазбайдың да ашуы су сепкендей басылды. Үндемей ба­рып, ол да отырды. Қабдылхамит ортаға шығып:

– Уа, халайық! Бұл адамды таныдыңыздар ма? Бұл атақты палуан Қажымұқан, – дегені мұң екен, жиналған жұрт дүркіреп ала жөнелді.

– Е, бәсе, қара күш иесі соншама кім екен десек.

– Ойпырмай-ай, Мағазжанды бір Құдай сақтап қалды. Әйтпегенде бір жеріңді мертіктіріп жіберер ме еді?!

Қажымұқан ортадан тұрып, көпшіліктің ортасына ба­рып отыр. Жан-жағы қаумалаған балалар, әңгіме дүкен, ән айтылып уақыт қызықты өтуде. Әне-міне дегенше табақтар да тартылды.

Дастархан басында келген меймандар қызықты әңгімелер айтып, көптен бері аттары ел арасында аңызға айналған қонақтарды көрген ауылдықтар олардың әңгімелерін тыңдап, айыздарын бір қандырды.

– Ал енді сіздерді де тыңдай отырайық, – деп Қажымұ-қан, ауыл төрағасына қарап, – өз ауылдарыңыз, бүгінгі тұрмыс, тыныс-тіршіліктеріңіз жөнінде айтып отырыңыздар, – деді.

Сөзді Мұса шал алып:

– Жағдайымызды көріп отырсыздар, бұрындары бір түйір нанға зәру едік, енді міне, Құдайдың берген несібесі. Сәвит үкімәттарыңыздың арқасында кигеніміз көк, көңіліміз тоқ. Аяғымыздан тұрып келе жатырмыз, – деп қалтасынан шақшасын алып, дордиған еріндерін ашып, бір шөкім на­сыбайды салып, алақанын бірі-біріне соғып-соғып жіберіп әңгімесін әрі жалғады.

– Бабаларымыз ертеден осы жерді жайлаған. Оңтүстіктен бері қарай кезінде Көшім ханның жайлауы болған екен. Абылай заманында да ханмен келісімге келген бабалары­мыз жаугершілік кезінде жорыққа шыққан әскерге үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой жіберіп, үлкен көмек көрсеткен құтты мекен, жомарт халықтың ұрпағымыз. Бұл өңірде талай ұрыс болған. Мына шығысымызға қарай Қоржынкөл маңында жоңғарлармен ұлы шайқас та болған. Оның дәлелі сол маңдағы төбе-төбе болып жатқан молалар. Не көрмеген халықпыз, азапты да, ауыртпашылықты да көрдік. Бірақ, қол бастаған батырларымызбен, топқа шығып, бәтуалы сөзін айтып, елінің ұйытқысы болған билер шыққан киелі жер. Сонау Түркістанға дейін барып, халқының азаттығы үшін арпалысып, қол бастаған батырымыз Уақтан шыққан Есенқұл, Дербісәлінің ұрпақтарымыз.

Мұса шалдың айтып отырғандарын ауыл тұрғындарының бүгін алғаш тыңдап отырғандары да бар. Қария ағынан жарылып, бұлай ешқашан сөйлеп көрмеген еді. Ақын-әншілердің, палуанның мысы басты ма, әлде, бүгін осыны айтар сәт пе, ұрпақ жадында қалсын деді ме, жыраулардай сыпырып, таңдайы тақылдап сөйлеп отыр. Оның әр сөзі әркімдердің-ақ жүрегінен орын тауып, бойларына мақтаныш сезімін ұялатып, «айта түс» дегендей көздері мөлтілдеп отыр.

Қария да тұғырына қонған қырандай бойын тік ұстап, қомданып, жан-жағына қарап қойып әңгімесін жалғастыруда,

– Талай жорықтарға қатысып, қартайған шағында елге оралған Есенқұл бабамыз, осы өңірді мекендеген. Қайтар алдында ел-жұртын жинап, ақыл өсиетін айтып. «Талай ел араладым, талай жерді, жер жәннаты деген киелі мекендерді де көрдім. Бірақ, әркімге өзінің туған жерінің тау-тасы, шөбі, ағашы ыстық, өзіне одан асқан жер жәннаты жоқ екен. Деген­мен де, мен о дүниелік бола қалсам, мені Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеңдер. Бүкіл алаш жұртының асылдарымен бірге болайын. Маған өлгеннен кейін жердің жәннаты сол жер», – деп, соңғы демі шығыпты. Батырдың айтқан сөзін екі етпей, бәйбішесі Аманбике мен тоқалы Мейзек жазғытұрым иленген жылқы терісіне мәйітті салып, бал құйып, ыстық өтпесін деп ақ киізге орап, жолға шығып, бір ай жүріп, бабамыздың аманатын орындаған екен, – деп сөзін аяқтады.

Меймандар Мұса шалға алғыстарын білдіріп, Қабдылхамиттің үйіне қарай аяңдады.

Бұл сәтте ауыл шетінде алтыбақан теуіп жатқан қыз-бозбалалардың ән салған асқақ даусы келді құлаққа. Түнгі тұнық ауада баяу толықсып, бірде биікке алыстап кетіп, енді бірде төмен құлдырайды.

Ән талмаусырап барып, пышақ кескендей үзіле қалды да, қас қаққанша бұлқынып шыға келіп, аспан кеңістігіне қайта шарықтап кетті. Улап-шулап қоңыр күзде жылы жаққа қайтып бара жатқан үйірлі аққудай күңірене сыңсиды.

Бұл ән әркімнің-ақ көңілін құлазытып, жаздың кілемдей құлпырған көкарай-шалғынын, жұпар ауасын, талай нұрлы таңын атқызып, ақсүйек ойнап, асыр салған бейқам түндері,

 

көбелек қуып, гүл жұлып, дала кезген сайранды күндерін еске түсіргендей.

Алтын табақтай дөңгеленіп, көкжиекті арайлы шапаққа бөлеп, кербез ай көтеріліп келеді. Самаладай сансыз жұлдыздар айдан ұялғандай, көзден алыстап, әлсін-әлі көмескі тартып барады. Ай сұлу көкжиекке баяу өрмелеп шығып, аспанның иығына қонды.

Ауыл шырт ұйқыда.

 

 

* * *

Таң атып, жұртшылық күнделікті күйбең тіршіліктерімен айналысуда.

Жіңішке сырыққа байлап, клубтың маңдайшасына көтеріп қойған қызыл жалау даланың майда қоңыр самалы­мен ырғала толықсып, желбірейді. Елге келген жаңалықтың жаршысындай шартарапқа атой салады. Алда жасалатын жұмыстар көп.

Құшағың жетпеген нәрсені құшағыңа жеткізе алмай-сың.

Кезектегі қиын міндеттерді шет-жағасынан жұқалап бастап, аз-кем тындыра беру керек. «Тамшыдан тама берсе дария болар» дегендей, ақырында әркім-ақ атқарған ісінің жемісін көрер. Ауылдағы кешегі естен кетпес кездесулер, шырқалған әндер көпке дейін ауылдықтардың аузынан түспеді. Бастарынан өткізген қиын – қыстау жылдар, ауыртпалық күндер, жаңа заман, бірі келіп, бірі кеткен бұлдыр заманды бір сәт ұмытып, әркімнің-ақ бақытты сәттерді еске алып, сол күндердің құсы сайраған, жап-жасыл жайқалған бағында дем алғандай болды, көптен бері бой жазып ауылдықтардың көңіл көтергені осы. Меймандар келмегенде, кім біледі, алыс шалғайдағы ауылдағы елдің тұрмысын, жағдайын білейік деп келген тірі жан жоқ, тек кешегі меймандардан кейін халықтың жаңа үкіметке деген көзқарасы өзгергендей болған.

Елге келіп бастарына ай орнатамын деп, мұрны таңқиып елді қарқ қылған Иванның өзі үшті-күйлі жоғалды. Орталықтың дүйім халықты шошытып жіберген шошқасынан басқа көмегі де тиген жоқ. Ел арасында «Ақмешітті бұзып, басындағы айын алған Иван екен. Үйіне әкелген күннің ертеңінде жынданып, жер кезіп кетіпті-міc» десті.

Ауылдықтар ешкімнің көмегінсіз ортаға салған мал басын көбейтіп, егіншілік алқабын ұлғайтты. Екі қолға бір күрек таба алмай, байлардың босағасын сағалаған кедейің, кемдік көрмеді. Ауылдықтардың әр ісі, жасаған қызметі, қарақан бастары үшін емес, ауылдың көркейіп, болашақ үшін жасап жатқан қарекеттері.

«Атаның еккен ағашы ұрпаққа сая болар» дегендей, бұл мектеп ұрпақ үшін егілген ну ормандай. Мектеп уақыт өткен сайын зорайып, молайып, жас өркендерді жаңа күнге, жақсы заманға шақырып тұр.

Бір күні ауыл мұғалімі ата-аналарды баларының қандай білім алып жатқанын білсін дегендей, оқушылардан хабар жіберіп, мектепке шақыртты.

Мектеп партасына отырып көрмеген көпшілік ата-ана үреймен қарап, мұғалімнің не үшін шақыртқанына таң.

– Мұғалім қарғам! Бізді де партаға отырғызып сабақ оқытайын дедің бе? – деді ата-аналардың бірі.

– Жоқ. Сәл шыдамдылық танытыңыздар, қазір өздеріңіз де көздеріңізбен көресіздер.

Жерге отырып, жантая жатып үйренген қазақ, әсіресе үлкендер жағы партаға отырмай, алдыңғы қатардың алдына, еденге жайғасты. Үйренген ауыз қалсын ба, кейбірі сөйлесіп жатса, енді бірі шырт-шырт насыбайын түкіріп, жаңадан салып ерінге, насыбайға еліріп, үнсіз тамылжып, шыңырауға түскендей кейіпте. Енді бірінің шыдамы таусылып, «өздеріңіз көрересіздер…» деген сөзден кейін, «не көрсетпек екен, әлде бізді де мектепке алмақшы ма?!» десуде.

Ата-аналарға қарап сәл де болса да көңілдерін ауламақ-шы болып, мұғалім қолына бор алып, сыйдиған саусақтарымен тақтаға «мыңда тоғыз жүз қырқыншы жыл, он алтын­шы қыркүйек» деп, ал тақтаның дәл ортасына «Ленин» деп жазды.

– Балам-ау, мына жазғаныңды енді оқып бер, – десті шу­ласып Ата-аналар.

Мұғалім сәл-пәл оларды тыныштандырып, тақтадағы жазу биылғы жыл мен ай, күнді жазғанын айта келіп, ортадағы сөзді «Ленин» деп айтқаны сол еді, жұртшылық шуласып, ауылымызға Ленин келген шығар, мына мұғалім бізбен кездессін деп шақырғанын енді ұқтық деуде.

Ауылдықтар Лениннің есімін бұрыннан біледі. Әр кездері естігендері бар. Олардың ұғымында Ленин бүкіл әлемде теңдесі жоқ ұлы адам, кедей – кепшіктің жақын досы. Қиналғанда қастарынан табыла білетін пайғамбар» деп та­нитын.

Олардың барлығы жарқын болашаққа бастаған мұрат-армандарын, мақсаттарын оның есімімен байланыстыратын.

Бір мезетте терезеден далаға қараған Ербол ұстаз жүгіріп далаға шықты да, қуана мектеп бөлмесіне қайыра кірді. Қолында ұстаған газеті бар.

Ербол газетті ашып, оқи бастады:

– Биылғы жылы Тегістік колхозы аудан бойынша мал етін тапсырудан жоспарды асыра орындады, – дегені сол ақ екен, жұрт шу ете қалды, ду қол шапалақтасып, бірін-бірі құттықтап жатты. Бүгінгі күні егістік, қырман басындағылар мен мал­шыларды жинап, бұл жаңалық айтылған болатын, енді үй ішінің шаруасымен, егде жасқа жеткен ауылдықтарға да бұл жаңалықты жеткізу турасында таңертең өткен жиналыста Бақтылы күнделікті тәртіпке қосқызған болатын.

Ербол газетті парта үстіне қойып, плакаттағы Лениннің суретін алып шықты.

– Астағыпыралла, мына таз басың кім?!

– Түрін-ай, мынаның?!

– Біздің әлгі жоғалып кеткен тантық Иванға ұқсайды! – десіп жұртшылық өздерінше пішіп, шешіп, ойларындағының бәрін жайып салды.

Ербол сәл жымиды да, «Бұл Ленин көсеміміз» деді.

Ауылдықтар үнсіз, «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» де­гендей, уласып-шуласып ауыздарына келгенін айтқандарына қынжылып, Ерболға бір, және де суретке бір қарап, кешірім сұрағандай. Жалтыр, биік маңдайлы, көздері сәл қысықтау келген.

– Ойбай-ау, мынау өзіміздің Ленин екен ғой. Қалай танымадық, – десіп қателіктерін жуып-шайып, Ленинді күнде көріп жүргендей, ағынан жарылуда.

Екінші суретті көрсеткенде, алғашқыдай емес, «Ербол­жан, бұл жақсы адам кім десіп» жатыр.

– Бұл Лениннің ұлы жолын жалғастырушы Сталин ата­мыз, – деді.

– Ой жарықтық, батыр тұлғалы екен!

– Жәнидің ағасына ұқсайды.

– Көзі өткір екен, мұрты өзіне жарасып-ақ тұр, – деп абайлап сөйлесіп, кім не дейді екен дегендей қарайласып қояды бірін-біріне. Бұның бет-бейнесіне үңіле қарап, біздің қазаққа ұқсастық іздеп, тесіле қалды. Сталиннің жүзінде титімдей тәкаппарлық нышаны жоқтай көрінді. Ақылы бәрінен де асқан кемеңгер кісі ғой, тегі. Көздері неткен қырағы! Ерінінде, миығында мейірбанды, мархабат күлкісі бар достай.

– Осындай екен ғой, жарықтықтар!

– Мың жыл жасасын!

 

– Дүниенің бар жақсысы осы кісіге орнасын!… – десіп жатыр үлкендер жағы.

Бұл Сталинді ауылдықтар жақындарын соттатып, пышақсыз бауыздап, нақақтан-нақақ атқызып, итжеккенге айдатып, қара құрым қазақтың басына қара бұлт төндіріп, зұлматты тудырып, ауыздықпен су ішіп, азып-тозудың ал­дына, ұлттың ұлт болып құруының тұңғиығына жеткізгенін біліп, танып тұрған жоқ еді.

Ленин көсеміміз балаларға «Оқы, оқы және оқы» деп өситет етіп, балаларды білім қуып, оқу оқыса алынбайтын қамал жоқ деп айтып кетті. Оның ізін жалғастырушы Ста­лин де халқының бостандығы мен болашағы үшін күресіп, еліміздің өркендеп, көркеюіне белсенді атсалысып келеді, – деді екі көсемді де жұртшылықпен жақыннан таныстыру мақсатымен Ербол.

Ақылбай Лениннің суретін қолына алып, «жолдас Ле­нин! Бала кезімізде сіз болғаныңызда біз де білім алар едік, бірақ өкінбеймін. Балаларым оқу оқып, кәмөніс болады», деді де – Ербол, біз саған барлығымыз ризамыз. Кәмөніс көсемдерімен таныстырып, балаларымызға білім беріп отырсың, – деп сөзін аяқтады.

Әркімнің-ақ жүрегінде қуаныш сезімі бой көрсетсе де, сезімтал жүрек әп-сәтте басқа күйге түсірді. Ауылдықтардың барлығы да сырттай қуанса да, іштей бұл таныстыққа ризашылықтарын білдіре қоймады. Әрбірінің көзінде үрей, қорқыныш.

Мектептен шығып бара жатып, сөйлесіп бара жатқандардың аузында не Ленин, не Сталин де емес, Сейілда қажының есімі.

Жаңа заманға қаншама үйренеміз деп тырмысып бақса да, көңілдері қош көрмей, бұл көсемдерден гөрі өз ата-баба­ларын, солардан қалған асыл тұяқ қажыны көбірек айтысып, көңілдері жайланады. Есік алдында сыбырласып, «қажының айтқаны келіп жүрмесін» деген сөзді көпшіліктің құлағы шалып қалды.

 

Ол сөздің де жаны бар. Осыдан көп жылдар бұрын Сейілда қажы елінің болашағы туралы сөз қозғап, ойын ортаға салып, халқының алдағы уақытта бақытты ғұмыр кешетінін, бірақ, оған дейін көп қиыншылықты бастан кешіретіндігін айтып болжаған екен.

Сол күні қажы көпшіліктің тілегімен, аят оқып, «барлықтарың да біраз уақытқа ұйқыға кетесіңдер, бірақ оянғасын көргендеріңді мен баяндаймын сендерге» деп, күбірлеп, маужыратып ұйқыға жіберген. Сондағы барлығының көргені «қолы қанға малынған, артында жендеттері бар, әркімнің босағасынан қарап, сұқ саусағын шошайтып жүрген түсі суық, қалың мұртты, жүрісі тым еркін адамды көріп, соңынан біраз уақыттан кейін ауыл жаққа қарай көш келе жатқанын, жүгіріп алдынан шықса, өңкей әскери киім киініп, мылтық асынғандарды көреді».

Бұл жайды білетін тек ауылдың төрт-бес қариясы ғана болатын, бүгіндері олардың өздері фәниден бақиға аттанып кеткен. Сол күні қариялар келісіп, көргендерін тіс жарып ешкімге атпайтын болып уағдаласқан-ды. Жұрттың бұл оқиға туралы қайдан естігенін кім білсін, тек ел арасында аңыз болып қалды.

 

* * *

Көктем кеш келді. Күйсіз шыққан малдың көкке аузы жетті.

Қыс тосын мінез көрсетті. Мал азығын, отын-суын мол етіп жинаса да, халық қыста біраз азап тартты. Қыс орта­сында мал жемі бітіп, боранға да қарамай, көрші ауылдардан шанамен шөп тасуға тура келді. Жол жоқ, үскірік аязда шана жолда ауып, қиыншылық көрген халықты екінші жағынан қасқырлар да біраз әлекке салды.

Титығы жетіп, арықтаған мал іш тастап, бір малым екеу болады деп үміттенген елдің көңілі сеңдей толқыды. Жағар отынның өзін жаяу-жалпылап ит шанамен тасып, қыстың азабын тартқан халық, көктем келе бойларынан бір ауыр азап түскендей жеңілдеді. Қыстан зорға шыққан малын бірден көкке жібермей, үй маңында аздан бағып, содан кейін ғана өріске жіберді. Жұт жеті ағайынды деген емес пе?! Көктем шыға жауған жаңбыр мен қара суық желден қыстан титықтап шыққан қара мал, қой-ешкі, арық-тұрақ жылқы шыбындай қырылды.

Тебіндегі жылқының өзі күз соңында жаңбыр жау­ып, соңы қармен ұласып, тоң боп қатқан жерден оттай ал­май, қалың күрпі қарда омбылап, үлкен жылқылар жан сақтағанмен, тайлардың біразы өліп, қасқырларға жем бол­ды. Күз айының соңындағы санаққа қарағанда көктемгі санақтағы мал басы бір жарым есеге кем болды. Ауылдың ау­зын ақ пен майға жеткізіп отырған бар малы жиырма жылқы, отыз сиыр, екі жүз қой мен ешкі ғана.

– Биылғы жыл жұт болды!

– Арты қайырлы болғай!

– Бұл жамандықтың нышаны, – деп жұрт қыс мезгіліне өкпесін білдіріп, көктемге назын айтып, мал-жанымен әлек болды.

Өткен жыл Бақтылы үшін де оңай болмады, Мәдібай қыс ортасында қатты сырқаттанып, төсек тартып қалған еді. Оның үстіне Мәдібайдың жалғыз інісі Ризабек те Отан алдын-дағы борышын өтеуге аттанғалы бір жылға жақындады.

Бүгін Бақтылының түрі сынық, түні бойы жан берісіп, жан алысқан күйеуінің жанында азанға дейін көз ілмей, аузына су тамызып, жан қиналысын, күйзелісін тартты.

Екі күн болды, түн ортасында қиналып, молда шақыртып бірнеше рет зікір салды. Орталыққа апарып, докторға көрсеткенмен де, ауруы қатты меңдеген Мәдібай соңғы сапарынан кейін үйге өз аяғымен емес, шанадан алып, төрт-бес жігіт көтеріп кіргізді.

 

Соңғы уақытта қысылып, о дүниелік болған бабалары-мен тілдесіп, інісі Ризабекті шақырып, жұлқынып, бұлқынып, дес бермеген соң, ескі әдет-ғұрыпқа мойын ұсынып, ауыл қарияларының ақыл-кеңесімен молда шақырды. Мол­да жұқа өңді, аласа бойлы, қара сұр кісі. Үстіндегі киімі де жосық. Аяғында мәсі, айыр балақ қара шалбар, қысқа жең, шолақ етек шапан, қара тақия. Ақ дабы көйлегінің тік жағасын ағытып, Мәдібайдың басында шарт жүгініп отыр. Тіктеп қарағанда көзі өңменіңнен өтеді.

Талықсып, ес-түссіз, сандырақтап жатқан науқастың жа­нында бірнеше аяттарды қайыра-қайыра оқып:

– Сұбыхан алла!

– Сұбыхан алла!

– Ләһиләһа иллалла!

– Ләһиләһа иллалла!

– Мұхаммади расулалла! – деп үшкіріп, қолындағы ыдысқа саусақтарын малып, науқастың бетіне бірнеше қайыра септі.

Осы сәттен кейін, науқас «пфу» деп дыбыс шығарып, ажалдың тырнағынан құтылып, денесі жеңілдеп ұйқыға кетті.

Молда үйіне жиналып жатып, «әлсін-әлсін аузына су та­мызып отыр» деп тапсырып, ештеңені жасырмастан:

– Бақтылы, қарағым көпті көрдің. Бәріне де шыдадың. Өзіңе бекем бол. Бәріне де дайын бол. Мәдібайдың бүгінгі күні соңғы күн, – деп шығып кетті.

Таң да қылаң беріп, атып келе жатты.

– Бақтылы, Бақтылы, – деп шақырған күйеуінің даусын естіген ол қуанып, мелшиіп тұрып қалған орнынан екі аттап жанына қалай жетіп барғанын байқамады.

– Міне, жаным су, іше ғой, – деп басын сәл көтеріңкіреп, кесені аузына тақап еді, бір жұтым ғана су ішті. Әр жан қиналысынан кейін Мәдібай ертеңіне не болғанын білмейтінін айтып, Бақтылының жүрегін ауыртатын. Бүгін де сол…

 

Сүйген жарын, отағасын соңғы рет, соңғы күн көріп отырғаны есіне түскен Бақтылы ақырын ғана сытылып далаға шығып, жылады. Жылағанда да көзінен жасы шықпай тек, ыңырсый жылаған дауыс қана. Молданың айтқан сөздері есіне түскен сайын Бақтылы қатты қайғырып, уайымға батты.

Амал бар ма?! Көнеді де, көтереді.

Олжабай бар артында, ендігі бар ойы балам аман болса екен, мені құдайым баламның алдынан ал деп тіледі, жалба­рынды.

 

* * *

Арада бірнеше ай өтті. Бұл уақытта ауылда талай өзгерістер болды.

Ауыл жастары үйленіп, үйлі-баранды болып, бірнеше жаңа үйлер бой көтерді, орталықтан мал басын көбейту мақсатында екі жүзге тарта қой әкелінді, мектепке жаңадан бірнеше мұғалімдер келіп, сабаққа әртүрлі пәндер енгізілді.

Жанға көңілсіз тиетін оқиғалар да аз емес, қатты жаңбырлы дауылда ықтап кеткен іс-түссіз жылқы, астық қоймасында өрт болып, тек күлі қалған қойманың орны, ішіндегі ең ауыры Жайлауағаш колхозының төрағасы болған Шәріпзаданың «адамды улап өлтірді» деген күдікпен Новосібір қаласындағы түрмеде қамауда жатқаны. Кінә тағылғанмен де, бұл істің ақ-қарасы егжей-тегжейлі тер­гелмей, ат үсті қаралды. Бар гәп, колхозға орталықтан кел­ген тексерушіде. «Колхозды тонап, жеп жатыр» деген арыз түскен соң, орталық арнайы өкіл жіберген. Бір апта жатып колхозды түбегейлі түп-тұқиянына дейін тексеріп, арыз­данушылармен кездесіп, ақыр соңында жұмысын аяқтап қайтар күні, Шайзада түстік асқа шақырып, алдына бір табақ ет тартып, қымызын құйып, шығарып салады.

 

Ауылдан аса бере тексеруші жан тапсырып, атқосшысы ауылға қайта оралып, у-шу шығып, ел арасында «ауыл төрағасы қылмысын жасыру мақсатымен, қымызға у қосып беріпті» деген сөздер әп-сәтте тарап кете барды. Ертеңіне бұйрық шығарылып, төраға тұтқындалды.

Біреу аяушылықпен, енді басқасы тақ үшін, кезінде кет­кен кек үшін, «төраға өз ауылымыздың жігіті болуы һақ» деп бірін-бірі әлі босамаған орынға сайлағандар орталыққа арыз жазып, енді міне арты осындай қайғылы жағдаймен аяқталып отыр. Шындығында, мәйітке сараптама жұмыстары жүргізілсе де, оны ешкім ескеріп отырған жоқ.

Осы мәселені шешіп, Шайзаданы елге аман-есен алып келу үшін Нововсібір қаласына Қабдылхамит Бақтылыны жібергелі екі жеті болды.

Кешігуінің себебі бар, Бақтылы алдымен орталыққа ба­рып тергеушімен кездесіп, анық-қанығын біліп, сараптама қо-рытындысын алып, содан кейін орыс қаласына жол тартты.

Сараптамада мәйіттің ағзасынан у табылмаған, ол соқыршегі жарылып, содан қайтыс болған екен.

Жайлауағашқа келген тексеруші Шайзаданың үйінде кіндік тұсы қатты ауырып тұрғанын айтса да, оған ешкім мән бермеген, «шаршағандық болар, көп жұмыс істедіңіз, жаяу жалпылап көп жүрдіңіз» десіп қоя салған-ды.

Новосібір қаласында абақтыдағы ағасын алып шығуға осы сараптама қағазының көп көмегі тиді, тынымсыз жүргізілген келіс сөздердің арқасында еш қиындықсыз-ақ бостандыққа алып шықты. Оның үстіне сол жердегі жергілікті орыстардың да тамыр-таныстығының көп септігі тиді. Сонау аштық жылдары жан-сауғалап, қазақ ауылына келген Михаил деген орыс отбасын аштықтан аман алып қалып, алдына мал салып, бойларына қан жүгірткен сол бір Тегістік қазақтарына жасаған алғыс жақсылықтарының бір ұшқыны ғана еді.

 

Кейіннен ес жиып, етек жеңін жиған Михаил өз ағайындарының ортасына барып, қазақтардың жақсылығын ай­тып, үрім-бұтағына дейін «елге қазақ, әсіресе Тегістік ауы­лынан келсе тік тұрып қарсы алыңдар, сендердің дүниеге келулеріңе, өмірде тайраңдап жүрулеріңе қол ұшын бер­ген солар» деп айтып, өсиет қылып кетем деген асыл сөзін жүзеге асырған орысты Бақтылы бара сала іздестірді, тауып алып, барлық жағдайды түсіндіргеннен кейін, Михаил барын салып, көмектесті. Мәселе шешімін тапқан соң, екі-үш күн қонақ етіп, асты-үстеріне түсіп, бүкіл әулетін шақырып той жасады. Оның үстіне күншілік жерге дейін бірге барып, отбасын құтқарушыларға алғысын білдіріп, қандай қайғылы жағдай болса да, бауырларымен бірге екендігін, аштықтан арып-ашып барғанда, алдарынан шыққан қазақ әйелінің бойға қуат берген құрт-майының ащытым дәмі ауыздарынан кет­пей, сол дәм, сол дән діндері басқа болса да, ақ сүтін бер­месе де, жілік майын ауыздарына тосқан қазақ халқының жомарттығына алғысын білдіріп, көзіне жас алып, шығарып салды.

Ішкен асы бойына батпай, Қабдылхамит далаға шығып жол торуылдап, алаңдап жүр.

– Кешігулеріңе қарағанда, айларың оңыннан туса игі еді. Бауырымды алдымен Аллаға, екіншіден Бақтылыға тап­сырдым. Әйел де болса, ер-азаматтай іс тындырар, сабырлығымен әр нәрсенің байыбына барып, сөз жүзінде емес, іс жүзінде шыңдалған жансың ғой, саған сендім. Басың қайғыда болса да, сөзімді жерге тастамай, бірден құп алғанының өзі жүрегіме үміт отын тұтандырып еді – деп алыстан қараңдағандарды көріп, жүрегі лүпілдеп, ат-арбаның үстінде үш адам екенін көріп, бір қуанып, бір жылап, Шайзаданы оты­рысынан көз жазбастан таныды. Төрт атадан қосылса да, араларынан қыл өтпеген, көрмей қалса, бір-бірін іздеп, елеңдеген ағалы-бауырдай жақында сып кеткен Кабдылхамит пен Шайзаданың сыйластығына дос қуана, дұшпан күйіне қарайтын.

Аллам адамның біріне адалдық, біреуге опасыздық, екіншісіне қомағайлық, ақыл – надандық береді, ол өмір заңы тепе-теңдік сақтау.

«Бір биеден ала туады, құла да туады» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Ағайындылардың өзі бірдей емес, ішінде біреуі сырт тебетіні болады.

Ал екеуінің достығы, туыстығы өзгеше болатын.

Қабдылхамит бірден Бақтылының қолын алып, маңдайынан сүйіп:

– Рахмет, – деді тамағына келіп тығылған ішкі алғыс сезімін жасырып.

Шайзадамен ұзақ құшақтасып, жыл асып көрмегендей бірінің иығына бірі қолдарын салып, күбірлесіп сөйлесіп, көздерінде мөлтілдеген әрбір жас сағыныш, адалдық, бауыр-
малдық нышанындай мөлт-мөлт етіп тамшылайды. Бір-бірімен «аман-есен ортамызға келдің бе, бауырым?!, «бауырының басына күн туғанда тілім-тілім жүрегінен қан ақты ма, ағажан, қайтсем жараңды жаза аламын» деп үнсіз көздері арқылы тілдесіп тұр. Көрісіп, көңілдері жайланып үйге кіріп, шай ішкесін Қабдылхамит:

– Бауырым, ертең барып, отбасыңды көшіріп әкел ауылға. Қайда тұрамын деп қайғырма, өзіңе үй көтергенше біздің үйде тұрасың.

– Рахмет, аға! Бұл жақсылығыңды қалай өтесем екен?

– Сен рахметті маған емес, өзіңнің қорғаушың мына Бақтылыға айт, – деді көпшілікке естіртіп.

– Ағасы, барлығын сіздің айтқаныңдай істедім. Құдай қалап ісіміз оңынан туды. Жолдасыңыз Михаил да көп септігін тигізді. Оның баласы сол абақтыда тергеуші болып қызмет істейді екен, – деді өзінің мақтауын асырған төрағаға жауап қатып.

 

– Ол пенде кетерінде қант-суын ішіп, қазақ үшін мұсылман дініне кір десе де даярмын деп, ақтық сөзін айтқан бо­латын. Сөзінде тұрды, – деп орыс тамырына езу тартып риза болды.

Абақтыда жатып, жасыды ма, елге келіп көңілі тасыды ма, бұл отырысты сағынды ма, бетінен күлкісі кетпей Шай­зада ағасына бір, Бақтылыға бір қарап көңілі көтеріңкі отыр. Өткен қызықты күндерді еске алып, әңгімелесіп, ұзақ отыр­ды. Кетерінде ағасын «сағындым ғой өзіңді» деп қапсыра құшақтап, көпке дейін жібермеді.

– Жә, жә, енді күнде көрісеміз. Әлі менен ала тоныңды ала қашатын боласың, – деді бауырының арқасынан қағып.

– Тек даурығып ел-жұрттан сүйінші сұрамаңдар. Арты біраз тынышталсын. Енді үйлеріңе қайтыңдар, – деп, есік алдында тұрған арбаға Шайзаданы отырғызып, үйіңе сәлем айт, – деп атқосшысына жөнел дегендей белгі берді.

Бақтылы үйге келсе, Олжабай екі көзі төрт болып күтіп отыр екен. Амандық, саулықтан кейін баласы сүйіншісі бар екенін айтып, қолындағы үштам хатты көрсетті.

– Апа, ағамнан хат келді. Аман-сау, сәлем айтыпты. Жақында елге келетінін де жазыпты – деп мейірлене апасы­на қарады.

– Жаным сол, өзіңді бір сәт көрмесем жаным жай тап­пайды. Сапардан қайтқанша лүпілдеген жүрегімді қолыма ұстап, үйге келгенше бір өзіңді көруге зар болдым.

– Апа, қойыңызшы, мен енді бала емеспін ғой. Он сегізге келдім, біреу естісе ұят болады. Дардай баласын иіскеп, ер­жетсе де еркелетеді демей ме?

– Мейлі, кім айтса, ол айтсын, олардың балалары жоқ па екен?! Жүзге келсең де менің баламсың, еркелетемін, онысы несі тәйірі, – деді, баласының әр сөзіне жауап қатып.

– Апа, ағамнан хат келді деймін, – деп Олжабай да анасының еркелеткенін құп көрсе де, білдірмей тіл қатты.

 

– Бұл қуанышты хабар екен. Осыдан ағаң келсін, ауылдың барлығын шақырып, той жасаймын, – деп баласын аймалай сүйіп, сағынышын баса алмай иіскелеп қояды.

Бұл, мың тоғыз жүз қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусым айының кеші болатын. Шалғайдағы елге соғыстың басталғаны жөніндегі хабар кешеуірек жетті. Сұрапыл соғыс талайдың шаңырағын ортасына түсіріп, ба­ланы әкесінен, әйелді күйеуі мен баласынан айырып, бір от­басы түгел, бүкіл ел қара жамылды.

Он сегізден жаңа асқан Олжабай да фашист басқыншыларынан елін қорғау үшін майданға аттанды.

 

* * *

Ей, заман-ай! Қарап отырсаң, қазақ халқының басынан өткен қаншама ауыртпалы да, қиян-кескі тарихи жолдар жа­тыр. Сонау зобалаң, аштық жылдары халқымның жартысы­на жақыны қырылмады ма?!

Одан кейінгі 37-ші жылғы нәубат. Елімнің көзі ашық, бетке ұстар асыл азаматтары қылышынан қан тамған сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, алашымның ардақтылары нақақтан-нақақ халық жауы деп танылып, аты­лып кетпеді ме?!

Қайран, қазағым-ай! Жаралған бұл әлемде сенен асқан азап көрген ел бар ма екен?! Көргенің аз болғандай, еліңнің шетіне жау келіп кіргенде де, қол қусырып қалмадың. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы да осы кең байтақ, дархан қазақ елінде жасалмады ма?!

41-дің маусымы…

Ертесімен тұрғындар колхоз орталығына жиналды.

Ортада колхоз төрағасы, Бақтылы және ауданнан келген әскери киімдегі үш-төрт адам.

Мыналар не дейді екен дегендей халықтың бәрі үнсіз. Тек қабырғасы қайысып, іштей қан жылап тұрған Бақтылы. Таңертеңмен келген әскерилердің қолында соғысқа колхоз­дан аттанатындар тізімі-нің ішінде баласының аты-жөнін байқап қалған еді.

– Жолдастар, – деді Қабдылхамит, еліміз ауыр жағдайда. Осыдан екі күн бұрын фашист басқыншылары елімізге баса көктеп кірді. Ел шетіне жау келгенде, біздер, азаматтар үйде отыра алмаспыз, – деп сәл тоқтаңқырап барып, кезекті әскерилерге берді.

Әскери тәртіп, ешбір сөзге келместен, «қазір кімнің аты-жөні аталса, сол ортаға шықсын» деді. Азаматтардың аты-жөндері аталып, сапқа тұра бастады.

– Қарпықов!

– Еленбаев!

– Сарманов!

Бір мезетте:

– Абдырайымов! – дегенде, етегі жасқа толған Бақтылы қимастықпен баласын құшақтап:

– Құлыным, Олжабай! Аман барып, сау қайт. Сенен басқа менің ешкімім жоқ…

– Апа, жылама! Ер-ел үшін туады…, – қайдан аузына келгенін өзі де байқамай қалды, сөзін аяқтамай – Мен әлі-ақ жеңіспен ораламын, – деді бейне бір анасымен соңғы рет дидарласып тұрғындай. Ауылдың үстін әп-сәтте бауырым, құлыным, көкетайым деген сөздер жаңғыра жер жарып, адам баласының сай-сүйегін сырқыратып, іш бауыры үзіліп кететіндей тылсым күш сезілді. Көк аспанда қалықтап бара жатқан қос аққу да, әдеттегісіндей ауыл үстінен төмен ұшып, ауылдастарына «сен­дер жеңіспен ораласыңдар» деп үн қатқандай қиқулап, енді бірі көрместей қанаттарын жиі-жиі қағып «қош, қош бауыр­ларым» дегендей.

Алпысқа тарта адам сапқа тұрды, Кәтарин совхозына дейін жаяу барамыз, әрі қарай көлікке мінгесіп, орталыққа жетеміз, – деді әскерилер дауыстай айғайлап.

 

Ауылдықтар орта жолға дейін соңдарынан қалмай, ұзақ қарап тұрды.

Кеше ғана үйленіп, шаңырақ көтеріп, жас-жұбайлар ретінде өмірдің ләззатын татпағандардың, бірі төрт айлық, енді бірі бес айлық «баламыз дүниеге келіп, шілдехана той­ын жасаймыз» деген жүкті әйелдердің, немере сүйеміз де­ген ата-әжелердің армандары, бәрі-бәрі сағымдай болып, соғысқа аттанғандардың соңынан ілесіп барады.

Бұл қоштасу қимастықты көтере алмай, уақытынан бұрын толғағы келіп, Сағипа далада босанды. Бала өлі туды. Маңына ешкімді жуытпай, өлі баланың денесін етегіне са­лып, алыста қарайып кетіп бара жатқан күйеуіне «сүйінші, балаң келді дүниеге, міне, ол да сені шығарып салып тұр» деп отырған орнынан жындана айғайлап, өксіп жылады.

Бұл сәтте жауынгерлердің қарасы да көрінбеді, Сағипаны жанында тұрған ауылдастары ғана естіді, жұбатты. Ал, күйеуі – Қанағат естімек түгілі, баласының дүниеге келгенін де сезбеді, сол қалпында кете барды, о дүниеде ба­ласымен кездесуге бара жатқандай көрінді Сағипаға.

Жылап-сықтап ауылдастары Сағипаны баласымен көтеріп, үйіне әкелді. Үйіне ене сала алқынып, жынданған адам­дай бар нәрсені ортаға үйіп, қас-қағым уақытта үйдің астаң-кестеңін шығарды. Ешкімді жуытпады баласына, бет бақтырмады. Бұрышқа барып тығылып «әлди, әлди бөпешім» деп өзімен өзі әндетіп, өлі баласының денесін құшағынан бір сәтке де шығармады.

Ауыл үлкендері қанша рет келсе де, ешкімге бой бермей, «балам тірі, ол ұйықтап жатыр, қазір әкесі келгесін ояна-ды», – деп баласын уатумен болды.

Бұл көрініске қарап, Бақтылы іштей қан жылады. Көз алдына баласының майданда қаза тапқаны елестеп, бір сәт бойын үрей билеп «жоқ, жоқ…» деп өз ойын өзі өшіріп, алай-дүлей болған жүрегіне басу айтты.

– Айналайын, Сағипа. Сабыр ет. Қолдан келер шара бар ма?… – деп жаңадан сөз бастай беріп еді:

 

– Тоқтат! Сен бе маған ақыл айтатын. Басыңнан өтпеді ме талай қайғы, ұмыттың ба? – деді Сағипа жұлып алғандай безеріп.

Жан дүниесі бұлқынып, онсыз да қайғы жұтып тұрған Бақтылыға бұл сөздер ауыр тиді. Бір сәтте көз алды­нан ағаларынан бастап, күйеуі Мәдібайға дейін қайғылы уақыттар өтті.

Бақтылы қанша ашуға мінсе де сабырлықпен, Сағипаны сөзге тартты:

– Иә, шын айтасың. Менің басымнан талай қайғылы жағдай өтті. Ағаларым мен әкемнен, оң жақта отырып, ұзатылып жатқанымда анамнан, тіреуім – Мәдібайдан ай­ырылдым. Бірақ мен тірімін, тірі адам тірлігін жасайды. Ақылға кел, – деді.

Қараңғы үйдің бұрышында баласын бауырына басып, ыңылдап отырған әйел Бақтылыға жалт қарады. Көздері от­тай, көз қарасы өңменіңнен өтердей.

– Енді маған не қыл дейсің?! Өз қайғың өзіңе. Біреудің қайғысы біреуге бата ма? – деді ежірейіп.

Бұндайды күтпеген көпшілік сыртқа шығып кетті, кетіп бара жатып, Бақтылыға «әуре болма, мына қатын жындан­ды» десті.

Сағипаның жанына келіп, Бақтылы тізесін бүгіп отыр-ды да:

– Сағипа, ер жеткен екі балаңды ойла. Өмір осымен тоқтап қалмайды. Қанағат ертең-ақ соғыс аяқталып, аман-есен үйге оралады. Әлі талай бала сүйесіңдер, бақытты от­басы боласыңдар, осы шарананың өлімімен шаңырағыңды шайқалтпа, жаман қырсық кетсін, баланы маған бер, – деді ақырын ғана қолын созып.

Сағипаның қолы дір-дір етіп, баласын қимай-қимай Бақтылыға беріп жатып:

– Мені кешірші, не істеп, не айтқанымды өзім де бағамдай алмай отырмын. Бір жын басқандай болды. Тек, тек…

 

Қанағатым аман оралса екен, сенің сөзің шын ғой? – деп Бақтылыға аянышты көздерімен қарады.

– Иә, шын айтамын, ол келеді, – деді бейне бір күйеуінің тағдыры өз қолында тұрғандай.

Сағипаның қолынан баланың суыған денесін алып, далаға шықты да, есік алдында тұрған Мәруаға ұстата са­лып, үйіне қарай жүгіре жөнелді.

Үйіне кіріп келіп, өксігін, ентігін баса алмай көп жы­лады. Босағада тұрған баласының етігін көріп, одан бетер тоқтай алмай, Олжабайсыз жалғыз қалған қу мазардай екі бөлменің ішінде аласұрып, көз жасымен бірге келіп тамағына тығылған айғай сыртқа шықты.

– А-а-а – деп екі қолымен басын қысып, кереуеттің үстіне құлады.

Ұзақ жатты ма кім білсін, әйтеуір біраз уақыттан кейін орнынан тұрып, бетін суық сумен жуып, кеңсеге келді.

Кеңседе шуласқан өңкей әйелдер. Жиналыс болып жатыр екен. Барлығы да Бақтылыны көргенде аңтарылып қалды.

Тек Қабдылхамит:

– Жаңа болған уақиғаны естідік. Өзіңе ауыр-ауыр сөздер айтқан екен. Шыдамың берік адамсың. Нағыз ер -азаматқа тән мінез, – деп жанына жақындады да, – үйіңе барып бүгін дем ал, ертең келерсің. Бар жұмысты өзіміз жайғастырырмыз – деді.

Даусы шаршаңқы, қарлыға шыққан Бақтылы:

– Жалғыз өзім сопиып, үйде не істеймін?! Осында қалайын, – деді жалынышты көздерімен қарап.

– Жақсы. Онда ертеңнен бастап сен шөпшілер биргада­сын басқарасың, – деп жиналысын жалғастырды төраға.

– Барлықтарыңызды түсінемін, – деп бастады сөзін, жиналғандарды көзімен шолып. Өңкей қария, әйел, балалар. «Бұларды қайтіп жұмсаймын жұмысқа» деп іштей күйзелсе де, олардан басқа арқа сүйейтін ешкім жоғын, колхоз жұмысын әрі қарай жандандыру керектігін тереңнен түсінді.

 

– Ертеңнен бастап ерлердің жұмыстарын сіздер атқарасыздар. Әрбіріңізге қазір атқаратын жұмыстарыңызды бөліп береміз – деді.

– Ойбай-ау, өмірі қолыма айыр-күрек ұстап көрмеген не тындырады дейсің? – деді Рабиға.

– Шынында өгіз айдаймыз деп, астында қалар жағдайым жоқ, басқарма, – деп Сәния да отқа май құйғандай отырғандарды бір желпінтті.

Қабдылхамит қолын көтеріп қаншама тыныштанды-рам деп талпынса да, араның ұясындай шулаған әйелдер дес берер емес.

– Төраға дұрыс айтады, – деді әңгімеге араласқан Бақтылы. Сен Рабиға, сен Сәния омыртқасы қатаймаған қыз балаларыңды жұмысқа жіберіп, өздерің үйде отырмақсыңдар ма?! Айыр-күрек ұстай аламаймыз дейсіңдер?! Кешегі күні алғаш келін боп түскенде шай да құя алмағансыңдар. Бірақ күйеулерің шай құя алмайды деп тастап кеткен жоқ. Үйрендіңдер. Көш жүре түзеледі, – деп ашына сөйледі.

Барлығы ауыздарына құм құйылғандай, тыныштала қалды.

– Ел басына күн туғанда, ерлеріміз, бала-бауырлары­мыз елді, бізді қорғаймыз деп от пен оқтың астына кетті. Үйде алақанымызды жайып құр отырсақ, бізден не қайыр?! Әрқайсымыз ісімізбен, еңбегімізбен оларға көмектесіп, Жеңіс күнін жақындатпаймыз ба?! Біздің ауылдан шыққан әрбір тілім нан, әрбір кесек ет майданға аттандырылады, соны ұмытпаңыздар. Олардан сендер қалай хат-хабар тоссаңыздар, олар да біздің көмегімізге зәру, – деп сөзін аяқтады.

Міңгірлей сөйлеген Сәния мен Рабиға бас шұлғысып, айтқандарына қатты қынжылды.

Төраға әрқайсына қызметтерін бөліп, ертеңнен еңбек күні басталатынын айтып, жиналыстың аяқталғанын білдірді.

Кеңседе тек Қабдылхамит пен Бақтылы ғана қалды.

– Жағдайың қалай, Бақтылы?

 

– Ішім оттай жанып тұр, аға.

– Орталықтан екі бронь келген, колхозға керек маман деп соның бірін сенің балаңа беріп алып қалайын деп едім, әскери комитеттегілер соғыста да ауылшаруашылық маман­дары керек деп көнбеді.

– Аға, рахмет сізге. Онсыз да көмектесіп жүрсіз ғой. Құдайдың жазғаны осы да, – деп біраз үнсіз отырып, – осы­дан бір апта бұрын әкемді көрдім түсімде, басымнан сипап «Әй, қызым-ай! Көрерің алда сенің» – деп Олжабайды ертіп бара жатыр екен шошып ояндым, – деп ернін тістей жылады.

– Қой, жамандыққа бастама. Түс түлкінің боғы деген. Әкең балаңды ертіп бара жатса, пәле-жаладан сақтап жүрем дегені ғой, – деді қарындасын жұбатып. – Әлі ертең-ақ, Олжабайың қызыл туды желбіретіп ауылға келеді.

– Аузыңызға май, аға. Жатсам, тұрсам ойлайтыным баламның амандығы.

– Барып демал, ертең ауыр күн. Әлгі у-да-шу әйелдерді көрдің ғой, талайын үйретуіміз керек. Сен болмасаң мыналарға менің шамам жетпес.

– Мен Сағипаға барып, қалын білейін. Байғұс, соғыс оты шарпыған күйікті бүгіннен көріп отыр, – деп Бақтылы орны­нан тұрып, аяғын сілте басып кеңседен шығып кетті.

 

* * *

Еңкейген шалдан, еңбектеген балаға дейін еңбекке жұмылдырылды. Жан сала еңбектенсе де қарияның аты қария шаршап-шалдығып, ал баланың аты бала ойынға құмартып тұрса да, әрбірі екі есе артығымен жұмыс атқарды. Жиналған әрбір дән олардың жанымен бірігіп, майдандағы жауынгерлерге күш-жігер берді.

Майдандағы жауынгерлерге киім-кешек те жіберілді. Әжелеріміз пілте шамның түбінде қолғап тігіп, бар жылуын берді.

 

Ең ауыры әйелдердің иығына түсті. Өгізбен шөп шау­ып, лабогрейкамен егін орып, қолмен үйіп, ауыр жұмыстар атқарды.

Әр атқан таң, әр өткен күн бір жылға пара-пар еді. Әрқайсысының жүрегінде сүйгені, жары, баласы, бауыры. Жолға қарап телміріп, пошташыны күтумен болды. Соғыстың алғашқы күндері пошташы жақсылықтың хабаршысы, қан майдандағы қашық жердегі ауылдастармен, жақын-туыстарымен жақындастырар періштедей көрді. Тағаттана күтті. Арада үш-төрт ай өтті.

Бүгін Бақтылы баласынан ең алғаш хат алды.

«Айналған әлем, Алматыдан сәлем» деп бастапты ха­тын. Бақтылы хатты ерніне тақап сүйіп-сүйіп алды да, әрі қарай оқыды.

«Амансыз ба, апа? Денсаулығыңыз жақсы ма? Дұрыс тамақтанып жүрсіз бе? Мені уайымдамаңыз, бір аптадай жол жүріп, қазір Алматы қаласындамын. Біздерді бірден майданға апармайтын көрінеді. Даярлық курсынан өтесіңдер деп, жан-жақтан жиналғандарды іріктеп жатыр. Мен, Бәйтен, Масұғыт, Ертай, бәріміз біргеміз, бір бөлімге түстік. Олар да сәлем айтуда.

Мен үшін қорықпаңыз, аман-есен ораламын» деп, хатының соңында:

Мен келдім Алматының қаласына,

Хат жаздым Қаратерек саласына.

Жерімде аға-бауыр ойға түсіп,

Жолдаймын бір атаның баласына.

Кір жуып, кіндік кескен жер аман бол,

Адырлы, ойлы-қырлы бел аман бол.

Бауырында асыр салып, доп ойнаған,

Ағашы Қаратерек сен де аман бол!» –

деп өлең жазыпты.

Бақтылының қуанғаны соншалық көрші қолаңның ба­сын қосып шай беріп, пошташыға «сүйіншіңе, әрдайым жақсылықтың хабаршысы бол» деп құлағындағы сырғасын шешіп берді. Тек Бақтылы емес, ауылдықтардың барлығы да хат алды, қуаныштарында шек жоқ.

Шай үсті бір-біріне қайырлы болсын айтысып, той-думан. Өткен-кеткенді, енді бірі күйеуінің, бірі баласының қылықтарын, оларға сағыныштарын айтып күліп, бір сәт жылап та алды.  Бұл сәтте, хаттар ауылға жеткенше, олардың барлығы майданға, қайнаған оттың ортасына аттанып кеткен еді. Бүгін шабуылға шығуға дайындық үстінде. Тегістік кол­хозынан аттанғандардың басым көпшілігі бір ротаға түсті. Таныс жүздерді көріп, өздерін ауылда жүргендей сезінсе де, таңертеңгі шайқастан кейін, көпшілігі оққа ұшатынын білмеді.

Ротаның саяси командирі келіп жауынгерлерді аралап, үйлеріне хат жазып, өзіне әкеліп тапсыруын өтінді. Олжабай анасына хатты жазып, ертең берермін деп екі-үш бүктеп жан қалтасына, жүрегінің тұсына салды.

Командир қайтып келіп, «бұны қазақстандық бауыр­ластарымыз беріп жіберіпті» деп жауынгерлерге қолғап таратты.

Жұп-жұмсақ, жып-жылы қолғапты қолдарына кигенде, аналарының, әйелдерінің жүрек мейірімін, туған елінің бар жылуын сезінгендей, сағыныш мауқыларын басып, бойла­рына сенімділік пен батылдық дарығандай болды.

Таң ата, тоғыздар шамасында екі жақтан да зеңбіректер атқылап, даланы әлем тапырық қылды. Қара жер дір-дір етіп, барып ыңыранды.

Сол уақытта зеңбіректердің оғы түскен ойдым-ойдым жерлерді айнала жаяу әскер атойлап, жауға қарсы шапты.

Зу-зу өткен оқтар, гүрс-гүрс жарылып жатқан снарядтар.

Олжабай жүгіріп бара жатып алдындағы Ертайдың жан түршігерлік даусымен айғайлап барып құлағанын көрді. Көз

 

алдындағы таныс бейнелердің бәрі бірінен соң бірі көзден ғайып болуда.

Бір мезетте дыз етіп кеуде тұсына оқ тиіп, «апа» деп жер құшты. Денесінен жылы қан ағып, әлсіреп бара жатса да, көз алдынан бүкіл өмірі әп-сәтте шыға келді де, анасы келіп «Құлыным, Олжабайым, тұра ғой» деп басын көтеріп, тізесіне сала берген сәтте «апа» деп анасының бетіне тақай берген қолы сылқ етті.

Мал қораға шөп әкетіп бара жатқан Бақтылының жүрегі қысып, артына жалт қарады. Баласының алақанын сезіп, «апа» деген дауысын естігендей болды.

Жүрегі шаншып, шанадан сырғып түсіп, жерге отыра кетті. Жанындағы Рәмзия не болғанын да аңғармады, атын айдап, әрі қарай жүре берді.

– Құлыным-ай, тек өзіңнен жақсылық хабар болғай, – деп жүрек тұсын алақанымен уқалап, сәл басылғасын, аяңдап мал қораға келіп, әйелдерге малға шөп салысуға кірісіп кетті.

Рәмзия:

– Бақтылы апа, ауырып тұрсыз ба? Өңіңіз қашып кетіпті ғой?! – деді.

– Сәл жүрегім қысып, басым айналып тұрғаны, – деп бөрененің үстіне барып отырды.

– Бүгін пошташы келді ме? – деп сұрады әйелдерден.

– Жоқ. Келетін уақыты да болып қалып еді.

– Жұмыстарыңды аяқтасаңдар үйге қайтайық, – деп Бақтылы орнынан тұрды.

Бәрі де ат шанаға отырып, ауыл шетінге кіре бергендері сол еді, шеткі Темірғалының үйінен жылаған дауыстар шықты.

Барлығы да шанадан түсіп, жақындай берген сәтте, үйден пошташы шықты.

– Салиқа, не болды, – деп сұрады мән-жайды білгісі кел­ген Бақтылы.

 

– Темірғалы шалдың…, – кібіртіктеп, – үйіне қара қағаз әкелдім, екі баласы соғыста қайтыс болыпты, – деді кінәлі дауыспен.

– Ойбай-ай, қиын болған екен.

– Шал мен кемпір сорлап қалды-ау! – десіп жатыр ая­нышты үнмен барлығы.

– Тек бұл үйге ғана емес, бүгін Абылайдың және Тастанбектің үйіне де, – дей бергені сол еді шананың үстінде отырған Балқия өкіріп қоя берді. Ол Тастанбектің қызы еді.

Ботасынан айырылып, боздаған бозінгендей аналардың, жарынан айырылып, жырыла сөгіліп жылаған әйелдердің, әкелеп, көкелеп жылаған баланың дауыстары кең даланы күңірентіп жіберді.

Бақтылы бастап барлығы Темірғалы шалдың және қалғандардың үйіне кіріп көңіл айтуға барды.

Темірғалы шалдың үйіне кіріп келсе лық толы адам.

Ортада Маңсай кемпір еңіреп:

Құлындарымнан айрылдым,

Алла саған не қылдым?!

Өмірімнің жалғасын,

Қидырып қайда алдырдың?!

Артымдағы тұяғым,

Балаларым қайдасың?

Қан жұтқан мына анаңды,

Жандарым қайда қалдырдың?! – ананың сай-сүйегіңді сырқыратып жылап айтқан жоқтауы әркімнің-ақ көңілін бо­сатты.

Мұса шал:

– Алланың жазуына шара бар ма? Бәріміз де қонақпыз бұл өмірге. Қой Маңсай, қой енді, – деп басу айтты.

– Қой десең халқым қояйын,

Қойдан да момын болайын.

Жоқтаусыз қалған ұлдарды,

 

Жырламай неге қояйын, – деп барып, зорға дегенде тоқтады.

Ауыл адамдары келіп, кемпірге көңіл айтты. Олардың жұбатулары кемпір-шалға балаларын қайтарып әкелмесін білсе де, кемпірдің көңілін жұбатты.

Бұдан арғыға Бақтылы да, қалғандары да шыдай алмай сыртқа шықты да, қалған қаралы үйлерге беттеді.

Ауылдағы Темірғалы шалдың екі баласы, Абылай мен Тастанбектің үлкен ұлдары бірдей майданға аттанып, елге қайтып оралмады.

Олар ел үшін жанын пида етті.

Әрбір шаңырақ басына қара бұлт үйірілді…

Жұрт жақсылықтың періштесіндей көрген пошташыдан, енді үйді- үйлеріне тығылып, өлім жаршысы келе жатқандай, жаман хабар әкеле жатқандай көрді.

– Мына қара қарға келе жатыр, – деп саусақтарымен көрсетіп бойларын аулақ салды.

Пошташы Салиқа төрағаға басқа жұмыс беруін өтініп, бұл жұмысты атқара алмайтынын, жұрттың қарғысына қалғысы келмейтінін айтып, көз жасын қанша төксе де:

– Қазір кімге жеңіл дейсің. Сенің орныңа кімді қоямын. Шыда ертеңгі күні Жеңіс туралы хабарды алғаш әкелетін де сен боласың. Сонда жұрттың бәрі саған кешіріммен қарайды. Қазір олардың барлығы қан жұтып отырғандар, – деп күпті көңілін сейілтіп шығарып салды.

 

* * *

Мазасы кеткен Бақтылы түні бойы ұйықтай алмай, таңды көзімен аттырды. Неше түрлі түс көріп, түсінде анасы қара киініп босағасында тұрғанын, Маңсай кемпірдің көрісіп жылағаны…

Ертерек жұмысқа қамданды, бір кесе шайдың өзі тамағынан әзер өтті.

 

Есігіне шыбық қыстыра салып көшеге шықса, бір топ әйелдер күбір-күбір сөйлесіп тұр екен. Бақтылыны көріп, ба­стары салбырап не дерлерін білмей:

– Апа, сіз жұмысқа жүре беріңіз. Біз қазір сізді қуып жетеміз, – деп алдамсыратып, өтірік күліп пошташыны «иә, содан» деп сөзге тартып, Бақтылының кеткенін күтті.

Бұлардың тұрысы да жай емес еді. Кеше түнде ауылға келген үш қара қағаз емес төртеу еді.

Салиқа төрағаға барғанда тек өзі жайлы емес, Бақтылыға да қара қағаз келгенін айтпақшы болған, төраға қаймығып, бата алмағанды.

Енді міне, таң атысымен Бақтылының қасындағы әйелдерге айтып тұрған кезі.

– Әй, қыздар! Жаман хабар әкеліп тұрмын. Бақтылының жалғыз ұлы Олжабай соғыста қаза тауыпты. Сол жөнінде қара қағаз келді. Не деймін? Қалай естіртерімді де білмеймін? – деді Салиқа.

Сәл ойланып, Сәлима:

– Үлкендерге хабар берейік.

– Дұрыс айтасың. Сол кісілер барып естіртсін. Тек сен жалғыз барасың Салиқа. Әйтпесе Бақтылы апа бір нәрсені сезіп қойып жүрер. Жүріңдер қыздар, – деп Рәмзия бір топ әйелдерді бастап базға қарай жөнелді.

Салиқа бірден Мұса шалдың үйіне барып, келген жағдайын түсіндіргеннен кейін, қария ауыл төрағасын, Шай­заданы, Елеусізді шақырып ақылдасты.

– Бұл жалған өмірде майрылмайтын қанат, сынбайтын тұяқ жоқ. Бақтылының жалғыз сұңқары шарықтап барып, мерт болыпты, – деп бастады сөзін. Онсыз да басынан қайғы бұлты арылмаған оған бұл хабар қиын тиеді. Ал не істей-міз, – деп отырғандарға қарады, ақылдарыңды ортаға салыңдар дегендей.

– Қарындасым-ай! Туғанда пешенеңе қайғы мен қасірет жазылған екен ғой… Дұрыс айтасыз ата, онсыз да баласынан хабар күтіп әрең жүр, – деді Қабдылхамит.

 

– Көргені көп қой. Батыл әйел, естіртпегеніміз жөн бол­мас, – деп Шайзада сөз салды ортаға.

Мұса шал қолындағы қара қағазды ортаға тастай салды да, – ал, алыңдар, қайсың батылың жетіп барып естіртеді екенсің. …Бір аяғым көрде, бір аяғым төрде. Асарымды аса­дым, жасарымды жасадым. Өмірімнің соңында қызыма бұл қайғыны естірте алмаспын.

Бәрі үнсіз. Ауыр күрсінеді. Ешкім жақ ашпағасын, ортадағы қара қағазды қария қолына алды да ортасынан қақ бөліп, Елеусізге жанып жатқан отқа тастатты да:

– Бұл қайғылы жағдаят арамызда қалсын. Бақтылы бұны естісе қайғыдан қан жұтады, көтере алмайды.

– Бұнымыз күнә болады, – ата деді бағанадан бері үнсіз отырған Елеусіз.

– Екі дүниеде де сенің күнәңді мен көтерейін. Осымен іс бітті. Қабдылхамит сен пошташыға айт, ешкімге тіс жар­масын. Жабулы қазан жаубулы күйінде қалсын, – деп кесіп айтты Мұса шал.

Қарияның айтқаны заң. Бәрі де үйден шығып үндемей тарасты.

Бақтылы жанындағы әйелдердің бүгінгі қылықтарына таң қалып:

– Сендерге не болған бүгін. Жұмған ауыздарыңды ашпадыңдар ғой, – деді.

– Не ғой, Бақтылы апа, кешегі жағдайдан кейін есімізді жия алмай тұрмыз, – деп Дәметкен жалтарған болды.

– Кешегі күн ауыл үшін ең қайғылы күн болды. Әсіресе Темірғалы шал мен кемпіріне жаным ашып отыр.

– Біздің сізге жанымыз ашып тұр, білмейсіз ғой, – деп Дәметкен міңгірледі.

– Не дейсің, Дәметкен?

Жанында Тұрған Рәмзия Дәметкенді шымшып алды.

– Аузыңа ие болсаңшы. Естіп қойса…

– Біздің де жанымыз ашып… дегенім ғой, апа, – деп Дәметкен сөзін жуып-шайып жатыр.

 

– Иә. Жақында соғыс аяқталады. Менің балам да елге келеді.

Дәметкен:

– Е, Бақтылы апай, балаңның енді бұл өмірде жоқ екенін, қайтіп келмейтінін де білмейсің ғой, – дей бергенінде Сали-қа жүгіріп кірді базға. Бақтылыны көріп, сасқанынан:

– Сәлеметсіз бе? – деді.

– Салиқа, таңертең ғана амандасқан жоқпыз ба?

– Ой, апа жақсы адаммен күніне мың рет амандассаң да артық болмайды.

– Салиқа, жай жүрсің бе? Әлде Олжабайымнан хат әкелдің бе?

– Жоқ апа, бүгін пошта келетін күн емес қой! – деп басын изеп, әйелдерге даланы меңзеп – сау болыңыз, – деп шығып кетті. Соңынан барлығы ере кетті.

– Мыналарға шынымен де бірдеңе болған ғой. Әлде менен бірдеңе жасырып жүрсіңдер ме? – деп соңдарынан айғайлады.

Ешкім де үн қатпастан мойындарын иықтарымен тұмшалап, көздерін жұмып шығып кетті.

– Қыздар! Тыңдаңдар. Жаңа ғана ауыл төрағасымен сөйлестім, Бақтылыға баласы туралы айтушы болмаңдар, үлкендер солай шешті, соны естісімен сендерге «айтып қоя ма деп» асыға жеткенім осы, – деді.

– Біз бұдан әріге шыдай алмаспыз.

– Бәрін біліп тұрып жанында қалай жүреміз?!

– Ертең біреу-міреуден естіп қойса, біздерге ренжімей ме? – десіп жатыр.

– Үлкендер солай шешсе дұрыс шығар. Осымен тәмам, ештеңе білдермей жүре берейік. Жүріңдер жұмысқа кірісеміз, – деді Рәмзия, ду сөзге айналдырып бара жатқандарды тоқтатып.

– Әлгі Салиқа кетіп қалды ма, қыздар?

– Иә, апа.

 

– Қап, балама хат жазып қойып едім, үйге соғып ала кетсін деп айтайын дегем.

Бақтылының жүрегі сезсе де, Олжабайын өлімге қимады. Күн сайын пошташыға барып, «баламнан хат бар ма» деп сұраумен өзін жұбатып, тым болмаса өлі-тірі ме екен, соны білсем ғой деп армандаумен күндер өтіп жатты.

Арманы – баласы келіп, жалғызының қуанышына бөленіп, үйлендіріп, немере сүйсем, толық отбасы болып қайғысыз бақытты күндер кешсем еді.

 

* * *

Қыс өтіп жаз келді. Бақтылы ауылдағы әйелдер бри­гадасын басқарып, өгізбен шөп шауып, қолмен үйіп, ауыр жұмыстар атқарды.

Бүгін барлығының көңілдері көтеріңкі, өгізді шу-шулап:

Отберетін магнет,

Ана-санда ответ.

Қандай қиын іс болса да,

Үйренуге бар ниет, – деп даланы әуенге бөлеп жүр.

Бұл кездері колхозға трактор да әкелініп, оған әйелдер отырған-ды, олар да тракторларын өшіріп, сәл дем алып:

Трактор басы фанор-ай,

Ішінде электр жанады-ай.

Айқын жолды көрсетіп,

Бұндай жарық боларма-ай, – деп әнді әнге жалғауда.

Бір мезетте алыстан талықси жеткен дауысты естіп, бәрі елең ете қалды. Жүгіріп келе жатқан балалар екен. Жарыса, бір біріне жармасып:

– Солдаттар келе жатыр, солдаттар, – деп айғайлайды. Ентіге басып, мұрындарының үстіндегі тамшылаған терді білектерімен сүртіп, бір топ адамдар келе жатқан жақты көрсетті.

 

Жарын, баласын, ағасын тосып жүрген әрқайсысы ба­лалармен бірге алыстағы топқа қарай ентелей жүгірісті. Ал­дында Бақтылы, есіл – дерті жалғызы – Олжабай. Басындағы орамалы желке тұсына түсіп, шашы жалбырағанына да қарамай, жүгіріп келеді. Бейне бір, желкесіндегі орамал баласының оралғанына қуанғанынан біткен қанаттай болып желп-жел етіп келеді.

Жақындай келе, баласының арасында жоқтығына көзі жетіп, көңілі су сепкендей басылды. Бірақ, қайнысы Ризабекті көріп, жүгіре келе құшақтап, мұңын шағып:

– Базардан келген терме бау,

Алыста ма екен Көкшетау.

Жанып тұрған бұл оттан,

Келдің бе бауырым аман-сау.

Бауырым аман келдің бе?

Жалғыздан хабар білдің бе?

Көргендейін көрейін,

Хабарын оның білдің бе? – деп көрісті.

Соғыстан оралғандардың арасында Сағипаның күйеуі Қанағат та бар екен. Сағипа балаша секіріп, күйеуін құшақтап, бетінен шолпылдатып сүйіп алды дағы:

– Бақтылы апа, сіз көріпкел екенсіз, – деді.

Алғашында сөз төркінін түсінбеген Бақтылы:

– Жарқыным, сөзіңді ұқпадым ғой, – деді.

– Есіңізде ме? Қанағаттың ең алғаш соғысқа аттанған күні, – деп сәл көңілсіз дауыспен, баласынан айырылған оқиға жөнінде айта келіп, – сіз мені жұбата отырып, Қанағат ертең-ақ аман келеді дегенсіз, – деді.

– А, иә, айттым ғой, ал сен сенбеп едің Көрдің бе, әр күніңе сенімді болуың керек. Қайғыға түсіп кетпей, қуанышқа та­сып кетпей, әрдайымда сабырлы болған дұрыс, – деп келген жауынгерлермен сәлемдесті.

– Ал, бұл не тұрыс. Ауылға жүгіріңдер сүйінші сұраңдар, – деп жауынгерлерді бастап ауылға қарай аяңдады.

 

Ауыл бәрі Бақтылының үйіне жиналды. Балалар Ризабекті қоршап алып, кеудесіндегі медальдарды қызықтап, енді бірі басындағы пилоткасын, енді бірі белбеуін алып, солдат болып ойнап жүр.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп амандасады» деген қазақта. Бірақ, бүгін басқаша, олар өлім аузынан келді, жандары жаралы, беттері қаралы.

Ауыл үлкендері үйге кірген сәтте Ризабек орнынан ұшып тұрып сәлем берді.

– Қош келдің балам, – десіп қариялар қуанып жатыр.

Енді бірі:

– Менің баламды көрдің бе? Ауылдан кеткендер бір жер­де деп естіп едік.

– Жоқ ағалар, мен ешкімді көрмедім. Мен Отан алдындағы борышымды өтеу үшін олардан ертерек кеттім ғой.

– Содан…

– Содан енді үйге қайтамыз деп жатқанымызда соғыс ба­сталып кетті.

Бұл кезде дастархан басына шай да келді. Әңгіме енді қызды.

– Майдан даласындағы жағдай қалай?

– Құдайға шүкір, бас кезіндегідей емес, қызыл әскер қазір фашистерді ентелеп қуып, шекара асырды, енді соғыс та аяқталып қалар. Уайымдамаңыздар балаларыңыз әлі-ақ келеді, – деді, шайдан сораптай. Кесені тауысып бола бере, маңдайынан шыпши тер шықты.

– Пах, ауылдың, жеңгемнің шайына жетсін бе? – деп ора­мал алдырып бет-ауызын сүртті.

– Соғыста қатты жараланған көрінесің ғой, сол қолың аз­дап, – деп Қабдылхамит Ризабектің қолын иегімен көрсетті.

– Иә, ол да бір қиямет жағдай болды. Бұл сұрапыл соғыста не көрмеді дейсіңдер?. Отқа да, суға да түстік. Екі жақтан адамдар баудай қырылып, қан судай ағуда. Қаншама жолда­старым жат жерде қалды, өз қолымызбен жерледік.

 

Ал мына қолым, арпалысқан майданда жаныма бом­ба жарылып, ес түссіз, бір күн далада қансырап жатып, Украинаның бір хуторының адамдары тауып алып, емдеп, кейін қызыл әскерге жеттім, содан сол қолым жарамсыз бо­лып комиссовать етіп, үйге оралдым.

– Келгенің жақсы. Үш-төрт күн деміңді ал. Содан кейін жұмысқа кірісерсің, – деді төраға.

Әркім өзінің көкейіндегі сұрақтарын қойып, «Оңбаған Гитлер, бас терісін қаптап қоя бермедіңдер ме? Гитлерді көрдің бе? Немістер қандай екен өзі?» десіп жатыр. Ұзақ әңгіме болды.

Бақтылы қайнысына қайта-қайта қарап сүйсініп, «сосын айтарсың шайыңды іш, еттен же» деп бар жақсысын алдына тосуда.

Жұрт аяғы саябырлап, екеуі үйде қалған сәтте, Бақтылы бағанадан бері сұрасам ба деп мазалап отырған сұрағын қойды:

– Олжабайды көрмедің бе?

– Жоқ жеңге. Бірақ, мен госпитальде жатқанымда бір жігіт іздеп келіпті. Қазақстанның Тегістік колхозынанмын депті. Мүмкін Олжабай болар?! – деді жеңгесінің жүрегіне үміт отын жағып.

Бақтылының бетіне қан жүгіріп, иығынан ауыр жүк түскендей, балаша қуанды.

– Сол, сол. Ол Олжабай. Әйтпесе сені кім іздеп барады дейсің. Құлыным аман екен ғой. Жақында соғыс аяқталса, ол да келіп қалар. Айран ішесің бе?, – деп бәйек болып үлкен сырлы кесеге айран толтырып берді.

– Шаршаған шығарсың. Алыс жол жүріп келдің. Барып дем ал. Төр бөлмеге төсек салып қойдым, – деп ақырын ғана әндете дастархан басын жинастыра бастады.

Таңертеңіне көңілді күймен тұрған Бақтылы шай әзірлеп, қайнысын оятайын деп барса, Ризабек шырт ұйқыда жатыр екен.

 

– Жақсы, ұйықтасын, – деп дастархан үстін орамалмен жауып, кеңсеге келді.

– Бақтылы жақсы келдің ғой! – деді алдынан шыққан төраға.

– Мына айналдырған екі жүз бас қойдан үш бас қой жоғалды. Алдында бір жоғалғанда үндемеп едім, мына Қайрақбай әбден қылып тұр.

– Не болды аға, – деді, ешкім жоқ кезде Қабдылхамитті аға деп атайды.

– Кеше Шайзада екеуіміз барып қойды санасақ, екі қой жетпейді. Қайрақбайдан сұрасам, кешкісін қамағанда түгел еді, білмеймін деп қарап отыр. Бұны партия жиналысына са­лып түзетпесек, адам болар жайы жоқ.

Кеңсеге колхоз партиясының комитетінің мүшелері толық жиналып, жиылыс та басталып кетті.

Ортада Қайрақбай, әркім өзінше жорып, жерден алып, жерге салып жатыр.

– Бұл қалай, Қайрақбай? Он күннің ішінде үш қой жоғалу деген сұмдық қой. Жағдайды өзің де білесің, әрбір қой есептеулі, – деді төраға ұрса сөйлеп.

– Істегің келмесе орныңды босат, қазір-ақ орныңа адам таба-мыз, – деді Құсайын.

– Мен алған жоқпын. Үнемі кешкілікте қамағанда түгелі болады да, сендер санауға келгенде, жетпей қалады, – дейді Қайрақбай баппен.

– Сенің өзің партия қатарында барсың ба?

– Иә!

– Партбилетің қайда?

– Үйде, қатынның абдырасында.

– Абдырасы не? Партбилет үнемі сенің қалтаңда болуы керек.

– Жоғалтып алам деп…

– Төс қалтаңа тіктіріп қой.

– Киімімді жуған кезде…

 

– Мынау бізді мазақ қылып тұр ғой, – деп ашу шақырды Құсайын.

– Жолдастар, қазір мәселе партбилет жөнінде емес, жоғалған қойлар туралы. Ал кәне дауысқа салайық не істейміз? – деді төраға.

Құсайын бірден екі қолын көтеріп:

– Партиядан шығару керек.

Бұл сөзді естігенде Қайрақбай шошып кетті, партиядан шыққаның колхоздан шыққаның, елден кеткенің.

– Жоқ, жолдастар. Маған сеніңіздер, кешіріммен қараңыздар. Тағы бір мүмкіншілік беріңіздер.

– Қайдағы мүмкіншілік? Алдында саған айттым ғой, сонда сені кешіргем, – деді Қабдылхамит.

Қайрақ желке тұсын бір қасыды да:

– Алған ұры,

Көрген Құдай.

Ұрлатпаймын,

Бұдан былай, – деді.

Басы төраға болып бәрі мырс етіп, күліп жіберді.

– Саған дауа жоқ. Бар енді қайталанса партиядан шығарып, түрмеге қаматамыз, – деді төраға қолын бір-ақ сілтеп.

 

* * *

Уақыт деген тағатсыз бір қозғалыс. Көзді ашып жұмғанша зымырап өте шықты. Кешегі бозбалалар ат жалын тартып мінген жігіт болды. Жаста болса ел қамын жеп, елімен бірге есейген, жерімен бірге жетілген, туған елім, туған халқым деп болашағына алаңдап, тағдырымен жегілген Қабдылхамит, Шайзада, Елеусіз, Темірғалы, Бақтылы сынды азаматтар бүгіндері аузы дуалы ел ағалары, ел паналары атанды.

Алды немере сүйіп, ата болды, енді бірі өмір өткелінде өзегін өртеген қайғы отына күйді, енді бірі шаңырағына ұл тұрмай, іштей қан жыласа, біреулері көптен күткен ұрпақ жалғасы, шаңырақтың шаттығы – ұл сүйіп, қызығын көрсем деп арманда.

Тек, Бақтылы ғана қанша уақыт өтсе де, үмітін үзбей, Алладан жалғызының тілеуін тілеп, екі көзі төрт болып, күнмен бірге жарысып, құмалақ салып, түнмен бірге алы­сып, «жалғызымнан бір хабар болады-ау» деумен тағат тап­пай күтумен жүр.

Бүгінде ерте оянып, шайын ішпестен, төр бөлмеге өтіп, ақ орамалды сырлы сырмақ бетіне төсеп, кішігірім дор­ба қапшығындағы құмалақтарды үстіне төгіп, оң қолының бес саусағымен құмалақтарды төрт-төрттен топтастырып, қырқын бір санап, қырық бірінші құмалақты ортаға қойып, даусын шығара күбірлеп, аруақтарға сыйынып, әлгі қырық бір құмалақты жинастырып кеп, үшке бөлді. Және де, оң жақтағы құмалақтарды төрт-төрттен шығарып, оң жақ маңдайшаға екеуін, ортадан алып төртеуін, сол жағынан біреуін қойды. Қалған құмалақтарды жиып, тағы бір мәрте үш бөлді де, алғашқысындай шығарып, ортаға апарып қойды. Осы әдісті үшінші рет тағы да қайталап, әлгі екі қатардың аяқ жағына үшінші қатар шығарды. Еппен асықпай, әр құмалақтың түсуіне қарай іштей сыбырлай сөйлеп, «қарғажанымның құмалағы ауыр түсіп тұр. Екі бүйірінен қадалып, басына бір ауыртпашылық түскен екен, маңдайы жабық, екі аяғын тең баса алмай …жоқ …жоқ, бұл бәлкім жолға шыққалы жатқан шығар, бір аяғы жерде, бір аяғы үзеңгіде» деп, ертеде апам құмалақ ашып отырғанда айтушы еді, «Үмітсіз шайтан». Бұл құмалақтарды қоя салып, әлгі жеке қалғандарды үш-үштен бөліп еді, біреуі жеке дара шықты. Қуанғаны соншалық, «сүйінші» деп айғайлап жібергенін де байқамады.

Бұл кезде сырттан үйге кіріп келе жатқан Ризабек, не боп қалды екен деп, жеңгесі отырған бөлмеге жетіп келді.

– Айналайын, Ризабек! Бүгін қырық бір құмалағым оңынан сөйлеп, соңынан сүйіншісі де шықты. Бүгін қойды өріске қосарда ақ төбел тоқтыны жібермей алып қал, – деді астыңғы ерні дүрдиіп, даусы дірілдей шықты, бірақ, ашық, әрі қуанышты дауыс.

– Жеңгей, құмалақты кімге ашып едіңіз? Не қылған сүйінші ол? – деп сұрақтың астына алды.

– Ризажан, өзің де білесің, күнде Олжабайыма құмалақ салып, бір хабары болар деп тосып жүргенімді. Таңға жақын көзім ілініп кетіпті, түс көрдім. Түсімде Олжабайымды әкем өзінің жал-құйрығы төгілген жирен қасқа атына жайдақ отырғызып, өзі бас болып, ауылдың шетіне жетектеп әкепті деймін. Олжабай әскери киімде, ал әкем болса аппақ киінген, «қызым-ау, ұлыңнан хабар тосып зарықтың-ау! Міне Олжабайың, қамықпа, әрдайым да өзім бас- көз боламын оған деп», аттың тізгінін ұстата бергенінде оянып кеттім. Содан тұра сала, беті қолымды жуып, Олжабайға құмалақ ашып едіп, жолға шығыпты, сүйіншісі бар. Бүгін, ертең келіп те қалар, құлыным!, – деп қуанышты көңіл күймен құмалақтарын жинастыра бастады.

«Ай, жеңгей-ай! Құмалаққа сеніп, көңіліңді жұбатып жүрсің-ау! Олжабай ендігі келмеске кеткен. Әкеңіздің өзі түсіңізде «өзім бас-көз боламын», – деп аян беріп тұрған жоқ па» – деген сөз көмейіне кептелді, бірақ айта алмады, іштей тістене сөйлеп, қуаныштан бал бұл жанған жеңгесінің көңілін аулап,

– Жақсы, жеңгей. Айтқаныңыз келсін. Жүріңіз, келініңіз шай дайындап қойды, – деп тысқа шығып кетті де, іле ішке кіріп, қолын жуып дастархан басына келіп жайғасты.

Ризабек келіншегімен үнсіз, сөйлеп отырған тек Бақтылы ғана.

Жеңгесінің бұндай қуанышты күйде отырғанын Ризабектің соғыстан оралғалы көріп отырғаны осы. Өзі аң-таң. Енді біраз болса, жеңгесінің айтқан қуанышына өзі де сеңгелі отыр. Сенбеуіңе қоя ма, Бақтылының Олжабай ту­ралы айтқан әрбір сөзі, баласына деген сағынышы, бүгінгі күні келетінін сендіре сөйлеп, қарсы алу қамының жоспарын кесіп-пішіп, Ризабек пен оның әйеліне не істеу керектігін айтып отыр. Екеуінің тек «иә» дегеннен басқа амалдары жоқ. Оның үстіне Ризабектің әйелі Құлғайым бар шаруаны өзі атқаратынын, тек мал сойылып, көрші қолаң, туыстар шақырылса болғаны, қалғанын өзім-ақ тындырамын. Сіз Олжабайдың қасында болыңыз. Ал, Ризабек сен барлығына хабар бер, кешкісін үйге келсін, – деп қою қара шайдан бір ұрттап, Бақтылының әр сөзін бағып, құптап-ақ отыр.

Бұдан әрі Ризабек шыдай алмады, қысқа ас қайырып, дастархан үстінен тұрып бара жатып, Құлғайымға көзінің астымен тесіле қарап, сыртқа шық деп ымдады.

– Ей, сенің есің дұрыс па?! Қайдағы қонақтар? – деді жер­ден жұлып алғандай Ризабек.

– Иә, не бопты, сол қонақтарды сен күтпейсің, барлығын сорпам шығып, шалдығып құлағанша мен жүрем басы қасында, еркектер сендерден не қайыр, «әкел, әкет» дегеннен басқа не білесіңдер, осы? – деп күшейе сөйлей бастап еді, Ри­забек оны қос қолымен екі иығынан мығымдай ұстап:

– Құлғайым, есіңді жи, Олжайбай жоқ, келмейді де, не сандырақтап тұрсың өзі, – деп жекіп тастады.

Баласының әрбір қимыл бейнесін майын тамызып тұрып, шешендікпен суреттеген Бақтылының сөзіне Құлғайын шы­нымен де елтіп, шын көріп қалғанын түсінді де:

– Маған не болды?! Олжабайдың о дүниелік екенін білсем де, апамның әрбір сөзін ұйып тыңдап, өзім де апамның алда­нышымен жұбанып… – деп көзіне жас алып – Ризабек мен бұдан арғыға шыдай алмаспын, апама бар шындықты айтсақ қайтеді. Оның осындай күйде жүргенін көріп, жаным жай та­бар емес, жүрегім қарс айырылады.

– Қайтейік, шындықты айту жеңгеме жеңіл тимесі анық. Ол ешқашанда білмеуі керек, Құлғайы, соны ұғасың ба сен, білмеуі керек.

– Ризажан-ау, жанын қинамай айтқанымыз дұрыс…

 

– Жоқ, ол хабар оған қатты тиеді. Сол сұрапыл соғыс біткелі он жылға таяса да көптің жүрегіндегі жара әлі жазылған жоқ. Ал жеңгемнің осыншама жыл баласын тосып, енді оның тірі еместігін хабарласақ оған, өз қолымызбен жүрек қағысын тоқтатқандай боламыз. Мен… мен жеңгемнен айырылғым келмейді – деп көзіне келген жасын сүртті. Біраз үнсіздіктен кейін, тереңінен дем алып:

– Ол менің жеңгем ғана емес, түн ұйқысын төрт бөліп, тәттісімен бөліскен апамдай, жілік майын жегізген анам­дай… – деді.

– Жә, қоялық енді. Апам бір нәрседен күдіктеніп жүрер. Сен үйге кір, ал мен малдарды өріске жіберіп, жұмысқа ба­рамын, апам да жұмыс жаққа баруға дайындалып жатқан шығар, – деп Ризабек мал қораға қарай аяңдады.

Құлғайым үйге кіріп, есікті жауып, тұтқадан қолын алғаны сол еді, сарт етіп есік ашылып, үйге орта бойлы, екі ұртына құрт салып алғандай домаланған, шашы дудыраған он үштер шамасындағы сары қыз жүгіріп кірді.

Бұл Шайзаданың ортаншы қызы Жания болатын.

Екі иығынан дем алып, демін баса алмай:

– Апа, сүйінші, сүйінші…

– Ой, мына ағаның қызы не дейді?

– Сүйінші, апа, сүйінші деймін, – деп, балалық ай, не мақсатпен сұрап тұрғаны да ойдан шығып кеткендей, екі көзі телміріп, сүйіншіге не береді дегендей, жан-жаққа жалақтап «тым құрыса бір шақпақ қант» берсе екен деп дастархан үстінен көзін алар емес.

Мына сары қыз әбден қылды-ау, аға не деді, айтсаңшы әлде…, – деп Бақтылы қуанышын жасыра алмай, бұрышта тұрған әбдірені ашып, ішінен бір-екі кәмитті алып шығып, қыздың қолына ұстатты да, және бес тиын берді.

– Айтсаңшы бол, менің… – дей бергенінде:

– Шешем босанды, менің енді інім бар. Әкем алдымен ағаның үйіне бар, сосын сіздің үйден сүйінші сұрасын деп жіберді, – дей сала кәмпиттің бірін ауызына бір-ақ ырғытып, білегімен мұрнын сүртіп, қорс етіп бір тартты да, үйге қалай тез кірсе, солай шығып кетті.

Бақтылы таңертеңмен оянған қуанышы су сепкендей, сап басылды. Алғашында сары қыз «сүйінші» деп жүгіріп кіргенде Олжабайымнан хабар әкелген екен ғой деп қатты қуанып қалып еді.

Бірақ келінге ештеңе білдірместен, «жұмысқа бармастан бұрын ағаның үйіне кіріп, қайырлы болсын айтайын, көптен күткен перзенті ғой, қуанышы қойнына сыймай отырған шығар. Аллам бір өзің сол шаңыраққа жақсылық бере көр, нәрестенің өмірі ұзақ болсын», – деп, Құлғайымға:

– Қарғам кешегі ұйытқан айраннан құйып бере қойшы, құр қол барған дұрыс болмайды. Жаңадан босанған әйел адам бір нәрсе дәм етеді, егер ештеңе бермесең, кеудесі ісіп кетіп, баланы емізу қиын болады, – деді.

Үлкен сырлы кесеге ернеуіне дейін толтырыла құйылған айранды алып Бақтылы Шайзада ағасының үйіне қарай аяңдады.

Шайзаданың үш қызы бар, үлкені Дария тұрмыс құрған, көрші ауылда тұрады, екіншісі әлгі сары қыз Жания, кенже қызы Сәния үш жаста. Ағаның арманы шаңыраққа ие болып қалатын ұл болса екен деп жүретін. Бірақ, Аллам екі ұл берді, өзі қайыра алды, тағдыр. Пешенесіне жазылғанды адам оқи алмайды, бірақ көреді, қайғыны көтереді, қуанышты бөліседі.

Бүгінгі бұл шаңырақтағы қуаныш-көптің күткені.

Бақтылы ауыз үйге кіргені сол, қайырлы болсын ай­тысып келгендердің барлығы ауыз бөлмеде екен. Шай ішіп отыр. Сыбырласып сөйлеседі, тек Шайзада ғана дауыстап сөйлеп отырған. Қабдылхамиттің «ақырын сөйлесеңші, келін демалсын» дегеніне:

– Жоқ, аға, мен бүгін бақыттымын, менің бақытты күнім. Адамның ең бақыты ұрпақ жалғастырар перзентің болғаны емес пе?! Бүгін өліп кетсем де, арманым жоқ. Шаңырағымның шаттығы, тек Алладан күні-түні осы баламның амандығын тілеймін, менің қаунышым дүниеге келді. Аға, баламның атын сіз қойыңыз, – деді.

– Бақытты, әрі бақты, қуанышты күнің екен. Олай болса балаңның есімі Қуанышбай болсын. Тек сенің ғана шаңырағыңды емес, елімізді қуанышқа бөлейтін елдің бала­сы болсын, – деді.

Отырғандардың барлығы «Әумин!» десіп, бет сипап, «айтқаныңыз келсін», «жасы ұзақ болсын», «бауы берік бол­сын» десіп жатыр.

Тек есік алдында әрлі-берлі шуласып, асыр сап ойнап жүрген балалардың еш нәрсемен ісі жоқ, есік алдының шаңын көтеріп, астарына мінген бір-бір тал ағаш аттарымен жары­сып, сәйгүліктерін мақтасып жатса, қыздар жағы қолдарына сыпыртқы алып, онсыз да шаңы көтерілген ауланы одан бе­тер бұрқыратып, анда-санда су сеуіп, сулы қолдарымен шаң тұрған беттерін сүртіп, қас қағым уақытта қара қожалақ бо­лып шыға келді.

Ойнап жүрген бес-алты баланың арасында бойы ең та­палы Шайзаданың ортаншы қызы Жәния ұлдарды жекіп, бүйідей тиіп, «бұл жерге жақындамаңдар» деп қос қолымен жиылған топырақтан үйінді ете отырып, өзінше үй салып жүр. Кей-кейде айғайлап, ұлдардың аттарын атап, көмек сұрап, жаңа көріскен адамдарша өзімен бірге жүрген қыздарға сәлем беріп, хал сұрасып мәз-мейрам.

Бұлардан аулақтау жерде көрші – қолаң қазан – ошақ көтеріп, шілдехана қамына кірісіп, баяз таппай шуласуда.

Балалар мен қазан басындағы әйелдердің жүріс-тұрыстары мен сөйлесулерінде ешбір айырмашылық жоқ, тек іс-әрекеттері басқа.

Балалар ойын құмарына берілсе, әйелдер кешкі қонақтарды күтуге дайындық үстінде.

Осы көріністі тамашалап тұрған Қабдылхамиттің то­бына Бақтылы кеп қосылып, барлығы арбаға отырысып, Сталин ағашына қарай бет алды. Жүрістері суыт. Өйткені, орталықтан землемерлер келген еді.

Бүгін жаңа күннің, жаңа ауқымды жұмыстың басталар күні.

Бұдан бірнеше күн бұрын орталықтан арнайы өкіл келіп, тың жерлерді игеру, тыңайту жұмыстары Одақ бойын­ша қолға алынғанын және де бұл өлке де қалыс қалмай ел қатарлы болашаққа қарай қадам басатынын қадап айтқан еді.

Бұл сөзге ауылдықтардың бірі сенімділікпен қараса, енді бірі жайылымдар қысқарып, мал басы азаятынына на­лыды. Ауыл тұрғындары егістік жұмыстарымен айналысса да, негізгі күн көрістері мал шаруашылығы.

Оның үстіне әр уақыттарда болған оқиғалардан мезі болған халық, бұл мәселеге үрке қарады. Олай ойламастары­на шара бар ма?!

Қарап отырсаңыз, әрбір бір онжылдық ішінде қазақ талайды басынан өткерді, азамат соғысы, аштық, қуғын-сүргін, соғыс, енді міне, жаңада естерін жиып келе жатқан шақта, жаппай тың игеру. Үкімет елге жаңашылдық әкелдік, жаңа жұмыс орында­ры ашылады, қамба астыққа толады деп сайраса, халық әр жаңашылдық пен әр істің соңында бір жамандық боларын, одан екі жақ та жақсылық таппасын білді.

Бірақ та, бойда 37-нің үрейі бар. Канша туласа да, іштей тынады. Балаларының болашағына алаңдайды.

Казір де сол. Бәрі үнсіз келе жатыр.

Дала басына келсе, землемерлермен бірге алғашқы жұмыс күнін тамашалауға ауыл тұрғындарының біразы да кел­ген екен.

Қайрақбай қамыт-сайман, қайыс белдемге, постромка, сайлап әкеліпті.

Жер өлшемі Сталин ағашының сол жағы Салық шіліктен, оң жағы Қиялбай қыстауына дейінгі аралықта жүргізілмек.

 

Бұл тұрғындардың таңдауы емес, орталықтың кесіп пішкені.

Біраз сөйлескеннен кейін, барлығы іске кірісіп кетті.Жігіттер осы қалай деген екі жуас атты дереу жасақтап, соқаға жегіп қойды.

Землемерлер ең әуелі биік мосының басына орнатқан шыны дүрбілерін екі жерге құрып, соған үңіледі де, жиі-жиі орын ауыстырып, әлде нені қағазға түртіп алады. Қабдылхамит бастаған ауыл тұрғындары олардың соңынан жұмысына бөгет жасамайық деп тұрған орындарында қалып қойды. Землемелердің дүрбіге кәдімгі фотографша үңіліп, дембе-дем ілгері кетіп бара жатқан шапшаң қимылдарын сырттан бақылап, сүйсініп тұр.

Землемерлер әлден уақытта жерді дүрбімен қарап бо­лып, мосыларын арқалап, қайыра оралды. Келе топ ішінен төрт жігітті бөліп алып, қолдарына темір күрек ұстатты. «Біз жер өлшейміз, сендер меженің әр жеріне балшық үйіп, белгі соғасыңдар» дейді шегір сары. Жер қазатын жігіттерді алып землемерлер тағы да кетіп қалды.

Жұртшылық та қарап тұрмай, олардың соңына ілесіп кетті. Арбаның қасында Қайрақбай мен бір жігіт қалды.

Ешқашан арқасына соқа тимеген жер ананы өлшеп, ең алғаш жер жыртылып, бидай егілмекші. Сөйтіп, тың жатқан жерлерді игеру науқаны басталып та кетті.

Алдарынан бір жаңа дүниенің, жанға жайлы әсем өмірдің пердесі кенет ашыла қалғандай болды.

Әркімнің-ақ көз алдына жайқалған сары алтындай би­дай алқаптары елестеді.

Землемерлер жер өлшеуге шұғыл кірісіп кетті. Орақ мұрын, шегір сары солтүстік жағынан оңтүстікке қарай, ал, жастау сары күншығыс жағынан күнбатысқа қарай үшкір ар­шын таяғын құлаштап, сілтеп барады…

Жұрт екі бөлінген землемерлердің соңынан кетті. Екі землемер әлгі жер қазуға бөлінген төрт жігітті екі-екіден ертіп алып кеткен. Әр тұсқа бір аялдап, күрекпен жер қаздырып, белгі үйгізіп барады. Әрбір таяқ тастам жерде бір-бір томпақ қара үйінді.

Таңнан кешке дейін өлшенгер жер қағазға түсіріліп, ертеңгі өлшенетін жер де жоспарланды.

Күн санап ауыл маңы, одан арғы жерлер де осындай қалыпта есептелінді.

Ауылға жаңа тракторлар мен соқалар, арнайы дән егетін сеялкалар әкелініп, олар да өз жұмыстарын бастап кетті.

Бір ай уақыт ішінде мал жайылымы болған көк майса шөбі шүйгін жер асты үстіне қопарылды.

Шаруа малының басы азайтылды. Бір үйде екі сиыр, бір жылқы, он қойдан ғана ұстауға рұқсат берілді. Мал жайы­лымы тарылды. Кешегі емін-еркін жайылып жүрген сиыр, қой ауылдан қашық жерге бағылса, үйдегі өріске ере алмай қалған ақсақ-тоқсақ малдар мен жас бұзаулар үй ауласынан аспады.

Ауылдағы совхоздың және ауыл жылқысы, барлығы жүз елуге таяу басқа елден жайылар жер табылмай, Қабдылхамиттің арнайы орталыққа барып, келісуінің арқасында көктем шыға, қар кетіп, жер бусаңсыған шақта Баянауылға айдап апарып, сол жақта қара күзге дейін бағуға уағдаласты.

Далаға тың игеру келгенмен де, ел арасына жын келген­дей болды.

Үкімет ел алдына жаңа бес жылдық жоспарлар қойып, оның уақтылы орындалуы үшін жер-жерлерге жаңа маман­дар жібере бастады.

Бір қазақ ауылының өзіне отызға тарта орыс отбасы көшірілді. Олардың барлығы шетінен білікті, өз ісінің кәсіби мамандары деп жалпақ жұртқа жария етті.

Жаңадан қоныс аударғандар келе салысымен ауыл ат­тарын өзгертті. Жергілікті тұрғындармен санаспай-ақ, бір ауылдың атын өзгерту үшін үш орыстың келісімі жеткілікті болды. Бұл мәселені олар ойыншық көрді.

Малақайларын шешіп, ішіне қағазға жазылған аты-жөндерін салып, кімнің есімі алдымен шықса сол елді-мекен соның фамилиясымен аталды.

Қазақ ауылдарының аттары өзгертіліп, жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай Федор, Михайл, Калинин, Иван, Трофимдар қаптады.

Ол ол ма, айрандай ұйып отырған елдің берекесі кетті.

Таңертеңнен кешке дейін арақ ішіп, сандалып, жа­нар майын сатып, атқарылатын қызметті емес, асқазанға тоңқарылатын ішімдікті аңдып, ібіліс құсап ілбиіп жүріп, итіңдеп, ауылдың мазасын алды. Аузы-басын сары жүн басқан, шаштары дудырап келе жатқан орысты көрсе, бала түгел, кей- кейде үлкендердің өздері де жиіркеніп, шошынатын халге жетті.

Ертеде әжелеріміз «шайтан келіп алып кетеді» деп қорқытса, енді «орыс келе жатыр, жатыңдар» деп балаларын қорқытып, ұйықтататын болды.

Сөйте-сөйте адамдар орысша үйренді, бүгінгі «зрәстесі» ертеңгі ана тілінің «қыр асты» болатынын қайдан білсін.

Тіліміз шұбарланып, болашақта әр қазақтың тіліне орекеңнің шұбар жыланы шұбатылып, ұя салатынын қайдан білсін!?

Неге білмесін, білді. Ауыл тұрғындарының кейбірі балаларына зекіп, орыс тілінде сөйлеуге, олармен тілдесуге тиым салды.

Ал енді бірі тілі жаңа шығып келе жатқан балалары­на «әй, балам, айта қойшы, мас орыс не дейді?» деп сұрап қызықтап, әр келген-кеткенге айтқызып, белі бесіктен шықпаған балаларының ана тілінде дұрыс ашылмаған тілін ақырын-ақырын өздері-ақ тілімдей бастады.

Бір күні ауыл ішінде суыт жағдай болды. Екі ұлттың арасындағы шиеленістің әрі қарай ушығуына әкеп соқты. Тапа-тал түсте ауылға кірген трактор қинала ыңыранып, ирелең, ми батпақ көшені көктей өтіп, Сатұғыл шалдың үйінен бұрылып, аса бергенде, араққа шылқи мас Иван руль­ге ие бола алмай, жаңбырдан кейінгі жол үстінде артына аққайың тиелген телешкесінің салмағымен сырғанақтай ба­рып, Қабанайдың үйін қағып қабырғасын құлатып, төбесін ортасына түсірді.

Тракторы тұмсығымен қадалып, соңғы рет демі шыққандай ыңыранып барып кілт тоқтап, сөнді. Бұл мезетте Қабанай отбасымен шай ішіп отырған еді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ үйдің бір қабырғасы құлап, сол жағынан шатыры ортасына түсті.

Барлығы атып-атып далаға шықты. Қабанай екі ат­тап тракторға ілезде жетіп, ішінде есеңгіреп отырған Иван сүйреп далаға алып шығып, жағасынан ұстаған қос қолының бірін босатып, жұдырығын түйіп:

– О, әкеңің… – деп ұруға шақтаған кезде, Иван екі қолын төсіне қойып,

– Кабанай, кешір мені! Менен бір ағаттық болды. Трактордың руліне ие бола алмай…, – деп өз ісіне қапаланып, екі көзі жәутеңдеп, жанары жасқа толып, – не істесең де өз еркің, кесем десең міне басым, алам десең міне жаным, – деп тізерлей кетті.

Алдыңа келіп кешірім сұраса, әкеңнің құнын кеш де­ген, кешірімді, салмақты қазақтың баласы Қабанай орыстың бұлай айтатынын күтпеген, біраз абдырап қалды. Оның үстіне жайда өз тілінде сайрап жүретін Иван қазақша ағынан жарылғанда не дерін де білмей қалды.

– Қабанай, елді шулатпайық, мен әдейі істеген жоқпын. Балаларың, отбасың аман, денсаулығың болса әлі де талай үй соғарсың. Бірақ, бүгінше менің үйіме көш, мен сендерді далаға қалдырмай-мын, – деді.

Бұл мезетте көрші қолаң да үй маңына жиналып қалған еді.

 

– Үйді -үйлеріңізге тараңыздар – деді Қабанай.

– Ойбай-ай, Қабеке! Мұныңыз қалай?

– Қабанай, шаңырағыңды ортасына түсіріп, енді мүләйімсіп тұрған оған кешірімділік қылмақпысың?

– Сазайын тартқызу керек.

– Тайраңдатып қойып едік, енді шаңырағымызды шайқалтты. Қалғаны осыларға құл болу ма? – деп жан-жақтан кеуделерін ыза кек кернеген жұрт шуласып жатыр.

– Жә, жетер! Бұл да бір елдің тентегі де! Тентекті жабылып тезге саламыз деп жамырасқанша, ауылдың тыныштығын ойлап, ымыраға келейік. Үй – менікі, бүлдірген іс-оныкі. Екеуіміз шешетін мәселе, – деді ашу ызаға булыққан Қабанай.

Сол күні кешкісін Қабанай отбасымен Иванның үйіне кірді, ал ол бір түнде ауылдан көшіп кетті. Іс осымен тынбады. Ертеңіне ауыл үлкендері жиналып, ауыл төрағасына өз уәждерін айтып, кешегі болған оқиғаны, оның алдында да ауылдың тыныштығын кетірген келеңсіз жағдайларды тілге тиек етіп, мына тың игерушілермен ба­рып сөйлесіп, бір ымыраға келіп, бұл мәселені екі жаққа да оңтайлы шешулерін сұрады.

Ауыл үлкендерінің айтқан сөздерінен аса алмаған Қабдылхамит келісімін берсе де, Бақтылы үзілді-кесілді қарсы болды.

– Ағалар-ау, бұның арты үлкен дауға апарары анық. Олар бүгін болдық, біттік, қойдық дегенмен де, бірақ бір күндік анттың артында… – дей бергенінде, сақал-мұртын ақ басқан, үстінде қара барқыт шапан, жағасы тік ақ жей­де киген, сексеннің сеңгіріне шықса да қимылы шапшаң, басындағы бөркін шешіп, шашын тықырлай алдырған басын оң қолымен бір сипады да, ашық, қоңыр даусымен, бейне бір шешендерше сөйледі.

– Бір қарын майды, бір құмалақ шіртеді. Бүгін иілген бас, ертен табан жалары рас. Талайды көрдік, көндік, жеңдік. Жоқтан бар жасап, бүгінгі күнге жеттік. Жағдайымыз дұрысталып, елдің еңсесі көтерілген шақта елдің іргесін сөктірер жайымыз жоқ. Жеріңді жырттырып, малыңды ығыстырды, балаларымызды ішкізіп, жанымызды бұқтырды. Мен бар, сен бар, мына қара құрым халық бар, ауылдың жағдайы жақсарар, қолдан келгенін аямаспыз. Ал жастарымыздың болашағын бүгіннен қолға алмасақ, олар әлі талай азап шегері һақ! Осыны жадыңда сақтағайсың, Бақтылы! Оларға басыбайлы байланып қалған жоқ шығармыз. Ұрып-соғыңдар деп отырған жоқпыз, әйтсе де оған да дайынбыз. Сөзіңді айт, өтімді болсын. Әйтпесе мына жасап жүрген еңбектерің зая кеткені, – деп біраз үнсіздіктен кейін, – байтал шауып бәйге алмас, – деп сөзін аяқтады.

Бұл аузы дуалы, ауыл ақсақалдарының бірі Құрманғазы шал. Ешкіммен ісі жоқ, жиындарға көп қатыса қоймайтын, дегенмен де, ауылдықтар бұл ақсақалдың сөзіне тоқтап, құрмет тұтады.

Қарияның соңғы сөзі Бақтылының шымбайына қатты батқаны соншалық, ол орнынан атып тұрып, Құрманғазы шалға мойнын бұрып, енді сөйлеймін деген шақта,

– Мен асарымды асадым, жасарымды жасадым, – деп Құрманғазы шал өзінің Бақтылыны ренжітіп алғанын сезіп, жуып-шайып, – бір ананың баласы жыласа, он ананың ба­ласы келіп уатқан ұлы халықтың ұрпағымыз. Бүгінгі мына саясаттарыңа іш бауырым оттай жанып, қан жылап отыр­мын. Балаларымның, немерелерімнің ертеңі не болмақ?! Айрандай ұйып отырған ауылдың берекесі кетіп, сиырдың құйымшағындай туыстық, жолдастыққа жеттік. Еліміздің басына қара түнек түнергенде ер, әйел, бала, шал, кемпір деп қарамадық, бірігіп әрекет еттік, қайғыны бірге бөлістік, қуанышта қуандық, бір-біріміздің жүрек жылуымызбен жұбандық, – деп қария орнынан ұшып түрегеліп, көсіле сөйлеп, Бақтылыға қарап, – әкеңнің көзін көрдім, сөзін естідім. Ел қамын жеуші еді. Бүгін біз кімбіз?! Ұрпағымыз қайтпек?! Бабадан балаға мирас болған дәстүрімізден ада болдық. Дәстүріміз бой көрсетсе оның бәрі қараңғылық, кәмуниске қарсы дейсіңдер, – деп сұқ саусағымен – сенің, сенің де, сенің де, Бақтылы сенің де әкелеріңнің істері дұрыс болмағаны ма? Шариғат айтып, елге басу, халықты тату қылған жоқ па еді?

Қайда сол шариғат? Бас иген Құдайымыз қайда?! Құдайларыңды ұмытпаңдар, қарақтарым! Кешегі аштық за­манда бір үзім нанға зәру болдық, ал бүгін ше?! Қара малға қара суға нан езіп береміз! Бұның бәрі мал жайылымыңның тарылғаны. Осының бәріне орыстар ғана кінәлі ме?! Жоқ. Бәріміз де кінәліміз. Кәмунисиң кінәлі. Бүгін алдын алмаған бұл мәселе, ертең дендеп, бойыңа енген кесапат болады, оның қайра шығуы неғайбыл!?

– Дұрыс, ақасақал!

– Сөзіңіздің жаны бар! – деп қолпаштап жатыр жиылған жұрт.

– Ақсақал, сөзіңіздің астарын ұқтым, – деді Қабдылхамит.

Бактылы үнсіз, қарияға сөз қайтарып бір ағаттық жіберіп ала жаздағанын ұқты, қатты қынжылды. Кей-кейде әйел адамның араласпас шаруасы болатынына енді көзі жетті. «Жанжал тудырмаңдар» деген қария сөзінің астында «бір мәмілеге келе алмасаңдар, сес көрсетіп қайтыңдар» деп жатқан астарын ұқты.

Қабдылхамитке ақырын ғана таяп келіп, «аға…» дей беріп еді, – жоқ, Бақтылы, сен ол жаққа бармайсын, сен қамбаға барып, мән-жайды біліп қайт, орталықтан қосымша себуге бидай әкелу керек болатын, соның басы – қасында болғайсың, – деді.

Ауыл төрағасы жанына бірер адамдарды ертіп тың игерушілердің қосына шұғыл жүріп кетті.

 

* * *

Кеше түнде ауылдан үдере көшкен Иван дала басы егістікке өзімен бірге арақ-шарабын, тіске басарын алып, доста­рын ішкізіп, қарық қылып, көрікке дем бергендей қыздырып

 

алып, өзі жасаған қылмысты жуып-шайып, қазақтар ауылдан қуып жіберді деп, қара суды терісінен ағызып, жәбірленуші өзі екеніне достарының көзін жеткізіп, «отқа май құйып», қазақтарда кеткен есесін қайтару керектігін және де бұл тек оған ғана қатысты емес, қазақтар осы маңдағы барлық орыстардың көкесін көздеріне танытпақшы деп соңын сұйықтатып, екі ортаға от тұтатып, қолтықтарына су бүркіп, онсыз да есерген ессіздерді одан бетер қайрап қойды.

– Бұл қазақтарға жан бітейін деген екен. Мал соңында жүргендерге нан өсіріп, асырап отырған біз – ақымақ екенбіз, – деп бір стакан тола ақшылтым самагонды басы­нан асыра тоңқара салып, күйіс қайтарған сары өгіздей екі жағын қиралаңдатып аузындағы көк пиязын әрлі-берлі шай­нап барып, жұта салған еңгезердей Саша «вот сволочи» деп балғадай жұдырығымен столды бір ұрды.

– Так нельзя оставить, – деді астыңғы ернін тістеніп, екі беті қызарып, мұрны делдиген Петр «сендер не дейсіңдер?» дегендей жолдастарына қарап.

– Да что сними церемонится, айда поехали деревьню, – деп орнынан атып тұрам дегенде, Саша аяғына жем түскен ат құсап, бір қадам басты да оң қолымен жерді тірей құлады. Таңертеңнен бірсыпыра шөлмектің басын бұраған олардың әр қайсы қазіргі уақытта не істеп, не айтып тұрғандарын да білмейді.

– Давайте на посошок, – деп Иван тағы бір шөлмектің басын бұрап, қырлы стакандарға шашып-төгіп құйдыдағы, алдымен өзі бірінші болып, бірақ сімірді, қалғандары да сөйтті де, зорлап ішкізіп тұрғандай барлығы бірдей «фуу» деп демдерін сыртқа шығарып, алақандарын иіскеді.

Бұл уақытта Қабдылхамит, Назымбек және Жантастар бұларға таяп келіп қалған сәт еді.

Олардың келе жатқанын анадайдан көзі шалған Иван, дәл жандарына келгенде, – зачем нам к ним идти, да вот, и они сами пожаловали, – деп келе жатқандар жаққа көрсетіп, өзі ақырын ғана сытылып, топтан шеткері тұрған трактордың артына барып тығылды.

Араққа шылқи мас есіргендер әне деп көрсеткен жаққа қарай жөнелді. А, дегеннен алып денелі Саша Назымбекті жағасынан қапсыра ұстап, жерден жоғары аяғын салбыра­та көтеріп, лақтырып кеп жіберді. Орыстардан мұндайды күтпеген төраға, жүгіре басып Назымбекті орнынан тұрғызам дегенше көк желкеден келіп тиген жұдырықтан есеңгіреп барып, қос қолымен жер тіреп, орнынан тұрды да, оқыс бұрылған қалыппен артына келіп қалған орысты бір ұрып, жығылтты.

– Ах ты собака, – деп Қабдылхамитке бәрі лап қойды. Таяқ астына қалып, зорға құтылып шыққан Назымбек арты­на қарамастан ауылға қарай зытты.

Сол қалыппен аяқ-қолының ауырғанына қарамастан бірден Бақтылының үйіне жүгіріп кіріп:

– Жан сауға, Бақтылы, жан сауға, – деп жан ұшыра айғайлап, кіре берістегі Бақтылыны көзге ілмей, төр бөлмеге қалай өтіп кеткенін де байқамады.

– Жарқыным-ау, үсті-басыңа не болған, мынауың не жүріс, тыныштық па? – деді Бақтылы ентігін баса алмай тұрған Назымбекке.

Ол тұтығып сөйлей алмай:

– Келе жатыр, келе жатыр – деді.

– Кімдер?

– Аналар, әлгі…

– Кім, айтсаңшы бол, – деп Бақтылы есік жаққа бір, оған бір қарап мән жайды білігісі кеп байыз таппай тұр.

– Мені жасыршы, тез, қазір, олар мені іздеп келе жатыр.

– Кім іздеп келе жатыр? Не болды айтыңызшы.

– Әлгі, біз, барлығымыз анда бардық қой…

– Қайда және кімдер? – деп Бақтылы да сұрақты төпелетіп жатыр. Ол Назымбектің төрағамен бірге кеткенін білмейтін.

 

– Мен, төраға, Жантас, орыстар…, – дегенде ғана Бақтылы не болғанын сезді.

– Ағамдар қайда?

– Анда…

– Анда? Сен мында? Олардың бір өздерін тастап қашып келдің бе? – Бақтылы екі көзі шарасынан шыға Назымбектің жағасына қолы қалай барып қалғанын да сезбеді.

– Олар мені ұрды, – Назымбек жылап жіберді. Намыстан булыққан Бақтылы орындық үстінде тұрған бас орамалды Назымбектің қолына ұстатты да үйден шығып кетті.

Тысқа шықса ауыл іші азан-қазан. Кәдуілгі жаугершілік замандағыдай бірінің қолында шоқпар, енді бірі айыр ұстаған, бәрінің түсі суық жиналып жатыр.

«Қазақ халқы ұйықтап жатқан айдаһар. Оятсаң болғаны, қолдағы алмас қылыштай жарқырап шыға келеді. Оған қарсы келер күш жоқ. Оны тарих көрсеткен, әлі де көрсетер» – деп Бақтылы іштей топшылады да, бұларды қазір тоқтатпаса, соңыра кеш болатынын сезді. Ешбір ой­ланбастан аяғын шапшаң басып Құрманғазы шалдың үйіне келді. Қария бәрінен де хабардар екен. Манағысын Назымбек ауылға жүгіріп келе жатып, бір топ ойнап жүрген балаларға «төбелес» деудің орнына «соғыс, соғыс» деп айқайлап, ба­лалар арқылы барлық ауылдықты дүрбелеңге салыптымыс.

– Аға, қатты айтсам түсінерсіз, ағаттық болса кешірерсіз, – деп оттай көздерімен қарияға тіке қарап, – осы бо­лып жатқан оқиғаға сіз кінәлісіз. Таңертеңгісін топ алдына шығып жалғыз өзіңіз ешқайсымызға жақ ашқызбай, жұртты сабырлыққа шақырудың орнына, онсыз да тұтанайын деп тұрған оттың шоғын қыздырып, намыстарын қайрап, ұрысқа айдап салдыңыз. Енді, қолыңызбен тұтатқан отты өзіңіз ба­рып өшіріңіз. Мына ел ағыны күшті өзендей. Тоқтайтын түрі жоқ. Біреуді барып мерт қылса, бейбіт күнде ұрыс болмасын деген бабалар серті қайда? – деді.

 

Бұл серт – кезінде Құрманғазы шалдың арғы аталары батыр болған деседі.Түнделетіп ауылына қарақшылар ша­буылдап, көп адамды жазатайым етіп, малдарын барымта­лап кеткен екен. Сол күннен батырлар көрші ауылдардың бәрін тонап, қанап, бейбіт күнде елдің құт-берекесін кетіреді. Бірталай уақыт өткеннен кейін, оқта текте сол бір қарақшылар батырлардың қолына түсіп, бар қылмыстарын мойындайды. Сонда батырлар жасаған зорлық-зомбылықтары үшін маңайындағы бес ауылдың игі-жақсыларын жиып, кешірім сұрап, айыптарын жуып-шайып, әр ауылға қыздары мен қарындастарын ұзатып, құдандалы болып тұрып, барша халықтың алдында «арамызда бұдан былай түсініспеушілік, ұрыс жанжал болмасын, бейбітті күндер кешейік, берген сертіміз осы болсын» деген екен. Бақтылының «аталарыңның сертін бұздың», – деп меңзеп тұрғаны осы еді.

– Қызым! Болар іс болды, бояуы сіңді. Мен айтпасам да бүгінгі жағдай болатын еді. Мен тек елдің ойындағысын айт­тым. Осы үшін мен айыптымын ба?! Әлде, әр іске бір жауапты адам болуы керек дегенің бе? Құдай куә! Ешбір жаман ойым жоқ. Олар қазір мені де тыңдамайды. Арты жақсы болғай, – деп Құрманғазы шал, қатты күрсініп, басын шайқап:

– Осы уақытқа дейін ешкімнен сөзден жеңіліп көрмеп едім. Бабаларымның өткенін айтып, «жақсының арты жын болар» деп сексеннен асқан мені тірідей көрге салдың, Бақтылы, тірідей, – деді кемсеңдей жылап. Әкесіндей адамға тілі қатты тиген Бақтылы не дерін білмей, тек:

– Кешіріңіз аға, ашумен байқамай айтып қалдым, – деді де, үйден шығып жүре берді.

Жұрт жиналып жатқан жерге келсе, ауыл-аймақ түгел құлақтанған екен. Егістік басындағылар, малшы, жылқышылар да жиналыпты. Ешқайсысы да оны көзге ілместен жаяуы бар, салт атты, оған мінгескені бар суыт жүріп кетті.

Бұл кезде кеш түсіп, күн де ұясына қызара батып бара жатты.

 

Ауылда қалған әйел, бала-шаға бұл аттаныстың немен аяқталарын, ертеңгі күн не болмақ, бәрін-бәрін сүзгіден өткізіп, не де болса орындарынан тапжылмай ер-азаматтардың қайтып оралуларын күтуге бел байлады.

Жар астынан жау шығып, ел арасынан жік шығып бейбіт күндегі аттаныс талайларды толқытты, өткенді еске түсірді. Қазақтың талай қиындық, ауыртпашылықты ба­стан кешірген тарихына қарап отырсаң, әр он жыл сайын бір қуаныш, бір қайғымен алмасып, елесі кетсе де естен кет­пес сол бір зұлмат шақтардың қайталануы жұртшылыққа үрей тудырды. Қорлық пен алданудан запы болған елдің шыдамының таусылуы осы еді.

Тың игерушілермен қақтығысу талайдан келе жатқан, қара қазандай қайнаған халықтың өкпесіндегі аяққа тапталған намысы, сөгілген ары, елі үшін жанын құрбан еткендердің қаны да бар. Осы аюдай ақырған елмен жақындасқаннан бері қазақтың басынан қайғы бұлты сейілмеді.

Сол күні қазақтар жағынан зардап шеккендер болмаса да, қақтығыстың қаперінде тың игерушілер арасында шығын болды, екі адам жан тәсілім етті.

 

* * *

Таңды көзбен аттырған Бақтылы үй ішімен шай ішер-ішпестен Қабдылхамиттің үйіне жөнелді.

Көшеде тірі жан жоқ. Ауыл іші тым-тырыс. Әр кезде шәуелеңдеп шығатын итекеш иттің өзі де кешегіден кейін ауыл мазасын алары жоқ.

Үйге кіре төр бөлме жақтан шыға келген аққұба, басындағы орамалын тамағының астынан байлап, қолындағы мескесін алшапқышымен бүркемелеп, ішіндегі қан-қан ма­таларды көрсеткісі келмей, бір бүйірлеп бұрылыңқырап,

 

116

сыпайы, нәзік даусымен, – жаңа да балаларды Сіздің үйге жүгіртейін деп отырғам. Ағаңыз сізді күтіп отыр, – деп келіншек төр бөлме жақты басымен изеп көрсетті де, тысқа шығып кетті. Бұл Қабдылхамиттің әйелі қайтыс болғаннан кейін іш жақтан барып әкелген жас тоқалы болатын.

Төсекте жатқан ағасының көкала қойдай болған жүзін көрген Бақтылы шошынып кетсе де сыр білдірмей қасына келіп отырды. Жүрек құрғыр езіліп, алпамсадай ер азаматтың төсекке таңылып жатқанын көргенде шыдасын ба?! Бақтылы қос қолымен ағасының оң қолынан ұстап егіліп, екі көзінен жас парлап:

– Ағажан-ау, сау-тамтық жерің қалмапты ғой. Нең бар еді соларда?

– Е, басқа түссе баспақшыл деген, – деп ақырын қырылдап, – ел ағасымыз ғой. Туған халқымнан асып қайда бара-мын, халқым үшін жан пида, – деп қатты жөтеліңкіреген сәтте, оң жақ езуінен қызғылтым тамшы қан көрінді. Жаңадан түскен тоқалының қимыл-шапшаңдығы соншалық көзді ашып-жұмғанша ақырын ғана сүртіп алды. Бақтылы оның қай кезде келгенін де байқамады. Сөйтсе де, ағасы үшін пыр-пыр етіп жүрген келіншекке іштей риза болды.

– «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде», – емес пе?! Елім үшін өліп кетсем де араманым жоқ, – деді көкпеңбек болып, ісіп кеткен қос көзден жасы ағып.

Екеуі де үнсіз, іштей түсініп отыр. Талайды бастан кешірді. Екеуі де халқының суығына да, ыстығына да көнді.

– Елуден асқан шағымда көргенім осы болса, көрмегім әлі алда екен, Бақтылы! Бұл іс бүгін болмаса да, ертең бо­латын еді. Біздің маңдайымызға жазған екен. Көрдік те. Не істейін, Алланың жазуы осы болса?!

– Түнгі оқиғадан хабардар болған шығарсыз аға?

– Иә, түн жарымда Шайзада келіп, бар мән – жайды айтты. Екі орысқа обал болған екен, бұлай болады деп кім ойлаған?! Шайзаданы түнде орталыққа атандырып жібер

 

дім. Өз аузымен құлақтандырсын. Әйтпесе, – деп біраз ыңыранып барып – орталықтағылардың басым көпшілігі өзге ұлт, олардың ұпайы түгел. Өз ордамызға өзіміз бас бола алмай отырмыз ғой…

– Оныңыз дұрыс болған екен. Мен не істейін, аға?

– Сен қазір бірден үй-үйді аралап хал-жағдайларын біл. Мүмкін көмек керек шығар. Ертең орталықтан адам­дар келеді. Ешкімнен тайсалмай барлық шындықты айт­сын, ішке бүгіп қалмасын. Жұмысқа жарамсыздары болса, бүгінше шықпай ақ қойсын. Сен ертеңге дейін ел-жұртқа бас көз бол. Мен орталықтан Шайзада келгенше аяқтан тұрып кетуім керек. Ертеңгі күн ауыр болмақ, – деді.

Бақтылы ағасының айтқанын орындап, әр үйге барып жағдайларын білді. Соншалықты ауыр жарақат алғандары жоқ, барлығы да жұмысқа шығатындарын және бірауыздан алған бағыттарынан таймайтындарын тілге тиек етті.

Халықтың бар арманы өз жеріне өзі иелік ету, ұрпағының ұлттық өнегеде тәлім-тәрбие алуы, салт-дәстүрінің, тілінің, дінінің сақталуы.

Қазақ даласына Ұлы Октябрь революциясы әкелген бостандық, теңдікті халық қуанышпен қарсы алды, болашаққа үмітпен қараса да, астарлы сырына мән бермеді. Уақыт өте әрбірінің жүрегінде оған деген сенім сезімі жоғалып, ұлттық идеяның ұнтақталып, аяқ асты болғандарын түсінді. Ұлы Отан соғысы басталардан екі-үш жыл бұрын, қиын қыстау заманда күйін күйттеп отырған халыққа Баянауыл өңірінен қуанышты хабар жеткенді. Туған-туысқан аталаста­рын іздеп, елден өздерімен бірге көшіріп алып кету үшін со­нау Қытайдан қалың қол келіпті, бәрі де мұздай қаруланған екен. Сол жақтағы елді көтеріп, ендігі бағыттары Тереңкөл болысы, бір апта төңірегінде ат басын осы жаққа тақамақшы деген хабарлар күн аралатып жетіп жатты. Ең алғаш бұл ха­бар жеткенде халықтың мойнынан ауыр жүк түскендей бол­

 

ды. Бет-жүздеріне күлкі үйіріліп, тартқан ауыр азаптың қара шекпенін шешіп, көшті күтіп алу қамына кірісіп, солармен бірге үдере кетуге дайындық қамына кірісті.

Бұл хабар рас еді.  Бірақ, келе жатқан қалың қол емес, сонау аласапы­ран заманда елден көшкен қырық екі баулы уақтың Қытай асып кеткен отыз сегізінің басы қосылып, елде аман қалған ағайын болса, көш түзеп аман-есен алып келу үшін іздеп келіп отырған қырық жігіт болатын. Олардың әрқайсысының киінген киіміне қарап-ақ тұрмысының ауқатты екенін және де жол-жөнекей қандай да бір кенеттен болған оқиғаларға дайын, әрі ықшам да, сәнді киінгендері бірден байқалады.

Киімдерінің барлығы түсті жібек жіптермен кестеленіп, қырмызы торғын матамен тысталған, етек-жеңіне күміс ұсталған оқалы күзен ішіктер. Бастарында жібекпен тысталған, артқы етегін түре көтеріп киген жекей тымақ, қос балағы екі жағынан ойықталған, аң терісімен жұрындалған шалбар, белдерінде күмісті мықтармен көмкерілген кісе. Барлығы да батыр тұлғалы. Астарына мінгендері шетінен сәйгүлік, жан­дарына қосақтағандары және бар.

Баянауыл өңіріне табан тіресімен-ақ елдің ішкі жағдайын біліп, Ертіс өзенінен әрі өткен ағайындарын сұрастырып, аттанғалы жұрген топтан ел ақсақалдары құлағдар болып, олармен кездесіп, қылыш жүзінде отырған халықтың хал-ахуалын түсіндіріп, ағайын түгілі өздерінің есен-аман ел­ден кетулерінің өзі қауіпті екенін айтып, жарым жолдан кері қайтарады.

Бұл жайттан ауыл тұрғындары хабардар болды.

Қиыншылықтан құтыламыз деген халықтың үміт оты су сепкендей өшті, басылды.

Жиырма жыл уақыт өткенде сол үміт, сол арманның сәулесі болашаққа жол көрсетті.

Қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға ұлан ғайыр қазақ даласындағы екі жүзге тарта отбасынан құралған кішігірім ауылды бодандық құрсауынан босатты. Сол кездегі Максим Горький ауданындағы жалғыз қазақ ауылы, тілі де, салт-дәстүрі де дамыған, ана тілінде білім алып, дінін сақтап, жаңа заманғы желісімен желдей есіп, ел үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен, аудандағы алдыңғы қатарлы аймақтардың санатында болды.

Шешімді, парасатты, ел қамын бәрінен де жоғары қоятын игі жақсылардың арқасында үкіметтің сойылын соғып, саясатын ұстанбаса да, өз істерін домалатып, орталықтың көңілінен шыға білді.

 

* * *

Жас тоқалының буы ма, әлде жасаған емі ме, ертеңіне Қабдылхамиттің беті бері қарап, ісігі қайтып, жақсарып қалды. Дегенмен де, үйіне келімді-кетімді адамдарды төсек үстінде отырып, қарсы алып, бүгінгі күнгі болар мәселе бой­ынша ақыл-кеңес құрып, әрбіріне шегелеп тұрып тапсырма­ларын беріп, қайтыс болған орыс отбасыларына бір қой, орта қап ұннан көмек жібергізді.

Тапсырманы орындап келген Шайзаданың айтуына қарағанда түс ауа ауылға тергеушілер де келіп, істің ақ-қарасын анықтамақшы екен. Коммунистік партия орталығы оның сөзіне сенімділік танытқанмен, әр қазақ өзінің жа­засын алатынын және ауыл төрағасы сот алдында жауап беретіндігін баса айтыпты. Тергеушілер өздерін көп күттірген жоқ. Арнайы тап­сырма алса керек, бірден Қабдылхамиттің үйіне келіп, оны тергеудің астына алды.

Төраға қаншама ақталып, ащы шындықты айтқанмен, тергеуші оған сенбеді. Осы жанжалды бастаған төрағаның өзі екенін, оған айғағы да, куәгері де барын білдірді.

Тергеушілер ауылға келгенге дейін, ат басын тың игерушілерге бұрып, оқиға болған орнын зерттеп, сөйлесіп, олар­ды жәбірленуші ретінде танып, ауыз жаласып, қазақтарды кінәламаққа бел буып, көрген, естігендерінен, жасалған қиянаттан ызаға булығып келген олар төрағамен өктем сөйлесті. Тергеуші заңның ресми тәртібімен әуелі Қабдылхамиттің аты-жөнін, ұлтын, жасын, білім дәрежесін сұрап жазып алды. Бірнеше жанама сұрақтар қойып, төрағаның берген жауабын протоколға түртіп алды. «Өтірік айтып, жалған мәлімет берсең, жаланы жазықсыз басқа біреуге жапсаң, қылмысыңа қылмыс жамалады» деп, алдын-ала ескертіп, тергеу протоколының бірінші бетіне қол қойдырып алды.

– Хамит Абылхасанович! Түске таман тың игерушілерге барғаныңыз рас па?

– Иә.

– Жаныңызда неше адам болды?

– Мен, Назымбек және Жантас үшеуіміз ғана…

– Ал куәгерлердің айтуынша елуге тарта адам бо­лыпсыздар. Сіз соларды бастап келіп, екі жақ арасында арандатушылық тудырып, бір-біріне айдап салыпсыз, рас па?

– Жоқ…, – дей бергені сол еді, әр сөзін аяғына дейін тыңдамай отырған тергеуші оның сөзін шорт кесті:

– Жауаптан жалтармаңыз, барлық кінәңізді мойындаңыз. Сонда біз ауылдықтардың ешқайсысына тиіспейміз, тек Сіз ғана жауапқа тартыласыз, барлығы үшін жауап бересіз, – деді.

Онсыз да бар денесін ауырсынып отырған Қабдылхамит, өзіне жабылған жаладан қанша ақталып тырысса да, арыла алмады. Үсті-үстіне жала жапқан тергеуші оның баяғыдан орыстар мен қазақтардың жақындығына қарсы екендігін, көптен бері құрып жүрген жоспарының енді жүзеге асқанын айтып, әр сөзіне дәйек келтіріп, Қабдылхамитке ауыз аш­тырмады. Оның үстіне тың игерушілерге азық-түлік, киім-кешектің толығымен берілмейтінін, жартысы төрағаның қалтасына баратынын, бәрін-бәрін тізбектеп отыр.

 

Қабдылхамит бұның барлығы тек өзіне ғана емес, бүкіл еліне жабылған жала екенін айтпай-ақ білді. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан». Алдымен төрағаға мойын­датып алған соң, қалғандарын қақпанына оңай түсірмек.

Жоқ. Бұған жол беруге болмайды. Не де болса да жарақаттарының ауырсынғанына қарамай, бойындағы барлық күшін жинап, тергеушімен айтыспақшы. Өйтпесе болмай­ды, ауылдықтарының бар тағдыры қазір шешілмекші, бәрі төрағаға байланысты.

– Біз, құрметті Хамит Абылхасанович! – деп сыпайы сөйлескен тергеуші кекеп, мысқылдай, төрағаның түріне қарап, саған сол керек дегендей миығынан күліп – Сізге кел­местен бұрын Жантас, Назымбекпен кездестік. Олар бәрін мойындап отыр. Бұл бұлтартпайтын айғақ, уақытты созбай мойындағаның дұрыс, – деді артына қарай шалқайыңқырап.

«Жо… жоқ. Жантас ондай адам емес. Ол ешкімді де сатып көрген емес. Адал. Әділ, турашыл жан. Жоқ мүмкін емес…

Әлде… Назымбек? Ол сатқындық жасауы… Бәлкім қорқытып, үркітіп, қысымға шыдай алмай барлығын мой­нына алды ма екен? Өзі су жүрек адам… Кеше де дала­да жолдастарын тастап, қашып кетпеп пе еді? Иә, иә дәл соның өзі, тек содан ғана күтуге болады» – деп ойға шомған Қабдылхамитке:

– Міне қараңыз, – деп екі парақ қағазды төрағаның бетіне тақап, – мынау екеуінің өз қолдарымен, қылмыстарын мойындау жөніндегі арыздары, ал мынау берген түсініктеме-лері, – деді қағазды қара папкасына салып жатып, – енді көзіңіз жеткен шығар, жолдас Хамит Абылхасанович?

Төрағаның ойына Назымбектің хат танымайтыны сап ете қалды.

– Мынаны өздері жазды ма? – деді бетіне күлкі үйірілген Қабдылхамит.

– Иә, не, күмәніңіз бар ма?

 

– Жоқ. Тек бір нәрсені ұмытпағаныңыз дұрыс болар.

– Нені?!

– Назымбек бізде жазу-сызуды білмейді.

– Қалай?

– Тергеуді жүргізетін болсаңыз жөнімен жүргізіңіз. Елдің арасына іріткі салып отырған өзіңіз емессіз бе, жолдас тергеуші?! – деді даусы саңқылдай шыққан төраға.

Назымбекті іштей кінәлағанына назаланды. Астыңғы ернін тістеніп:

– Тергеу жүргіземін десеңіз барлық ауылдықтарды кеңсеге жинаймыз, сонда барыңыз. Және де өзіңізге теріс қылмыстық жол көрсеткен жолдастарыңызды да шақырыңыз, – деді.

– Олар менің жодастарым емес, олар жәбірленушілер.

– Мейлі, кім болса да, көзбе көз бәрін анықтаймыз. Менің соңғы сөзім осы, үйден шығыңыз, әйтпесе маған құрып отырған торға өзіңіз түсіп қалып жүрерсіз, – деді Қабдылхамит.

Не дерін білмей, қазақтарға қара күйе жағып, әп-сәтте кінәнің бәрін мойындарына артамын деп келген жоспарының күлі көкке ұшқан тергеуші «это еще не конец. Последнее сло­во за мной» деп есікті сарт еткізіп жауып шығып кетті.

Бағанадан бері денесінің ауырғанына қарамай, төсектен тұрып «келген жауға сырыңды білдірме» дегендей бойындағы жарақаттары қанша ауырса да, сыр бермей, шыдамдылық та­нытып, ащы тердің әлі де аузы жазылмаған жараларға тиіп ашытып бара жатқанын енді сезінгендей ыңырси, сылқ етіп төсекке құлап түсті. Отағасының әрбір қимылын көзден таса қылмай отырған әйелі Дәмина жанына келіп, көйлегін шешіп, жылы сумен денесін сүртіп, жатқызып, басына жастық қойып, шөптен жасалған дәрі әкеліп ішкізді.

Біраз демін алғаннан кейін киініп, сыртқа шығып, Дәминаның демеуімен кеңсенің алдына келді. Ығы-жығы адам. Тергеуші бір-бірлеп ішке шақырып, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр екен. Барлығы да Қабдылхамитті көргенде құлаққа ұрған танадай тына қалды, тұрған топ екі жарылып, ортасынан жол ашып, төрағаны алға қарай өткізді.

Кеңсенің есігінде екі адам ешкімді ішке кіргізбей тұрса, енді бірі әркімнің аты-жөнін атап, ішке шақырып, тергеушілерге кіргізіп жатыр.

– Іште кім бар? – деді төраға есік жаққа жақын тұрған Омарға.

– Сүт пісірім уақыттай болды, бас тергеуші Шайзаданы шақыртты, қазір іште сол ғана. Бағадан бері екі-үш адамнан кіргізіп жатыр, – деді. Омар төрағаны қолтықтап есікке тақай берген сәтте, есікте тұрған күзет:

– Ешкімге кіруге рұқсат жоқ.

– Оны кім айтты, – деді Омар.

– Бас тергеуші.

– Қазір бас тергеушімен бірге бас терілеріңді сыпырып, бір-біріңе кигізіп, жондарыңнан таспа тілмей тұрғанда бы­лай тұрыңдар, мына кісі, – деді Қабдылхамитті көрсетіп, – осы ауылдың төрағасы. Осыдан өткізбей көріңдер, бәлем, ісім сендермен болсын, – деп күжірейіп, екеуінің қасына ба­рып төнген кезде, күзетшілер үндемей-ақ екі жаққа сырғып, есікке жол ашты.

Іште Шайзаданы орындыққа отырғызып үш тергеуші жан-жақтан сұрақтың астына алып, ақ тер, көк терлері шығып жатыр екен.

Кіріп келген Қабдылхамитті көрген бас тергеушінің бой­ын қорқыныш үрейі билеп, қаймығыңқырап қалды да, есін тез жиып алып:

– Жолдас Шайзада Арынұлы, сіз осыған дейін кісі өлтірді деген күдікпен абақтыға қамалғансыз, сіз ұмытсаңыз да, біз ұмытқан жоқпыз, – деп сыртында бадырайтып тұрып

 

жазылған «уголовное дело» деген папканы стол үстіне та­стай салды.

– Ол істің бұған қатысы қанша, – деді Омарға сүйеніп тұрған Қабдылхамит. Ағасының бұл күйде осында келгенін және өзіне араша түскенін көріп, Шайзада да бойын еркін ұстады. Орнынан атып тұрып, төрағаға орын берді. Шайзаданың оқыс қимылынан күдіктенген тергеушілердің қолдары қаруларына барып қалды.

Орын бергенін көргенде өздеріне деген сенімділіктерін жоғалтып, қанша қарулы болса да, елден қаймығатындарын байқатып алды.

Омар мырс етіп күліп жіберді.

– Сіз не, жолдас төраға, осы ауылдың адвокатысыз ба? – деді аға тергеуші.

– Болса болар. Керек десеңдер сендерді тергеуге правосы бар оның, – деп Омар Қабдылхамитті орындыққа отырғызды.

– Сіз кім боласыз жолдас?

– Мен бе? Мен Омармын.

– Шығып тұрыңыз. Керек кезіңізде шақыртып алар-мыз, – деді тергеушінің бірі есік жақты көрсетіп.

Омар төрағаға қарап еді, ол да екі көзін сәл қысыңқырап, басын изеп, айтқандарын істе дегендей ишарат білдірді.

– Кезінде тұтқындалған бұл адам, сол күні кешкісін адам өлтіріп, ізін жасыру үшін орталыққа кетіп қалған, – деді тергеуші.

– Оған да куәләрің бар шығар, – деді Қабдылхамит жер­ден жұлып алғандай.

– Әрине, міне…, – деп папкасынан бір парақ қағазды шығара бергенінде,

– Жә, білеміз ғой сендердің қалай қағаз толтыратындарыңды, – деп төраға кекесінмен сөйледі. – Тергеуші жолдас, мына Шайзада мен сіздің қасыңдағылар шықсын. Көзбе-көз сөйлесейік. Бар шындықты мен айтайын, – деді.

Бір-біріне үрке қараған тергеушілердің ойын бірден түсінген ол:

 

– Қорықпаңдар, бастықтарыңа ештеңе де істемеймін, түрімді көріп отырсыңдар ғой, адам түгел шыбын өлтірер шамам жоқ.

Бөлме ішінде екеуі ғана.

– Иә, сонымен жолдас Хамит Абылхасанович, не айтай­ын деп едіңіз, – деп сөзді тергеуші бастады.

– Алдымен менің сөзімді аяғына дейін бөлмей тыңдайтын болыңыз.

– Көре жатармыз…

– Ашығын айтайын, бұл оқиғаның неден, қалай басталғанын сіз де жақсы білесіз. Біле тұра бүйрегіңіз бұрылып, тергеу амалдарын да адастырып, басқа жолға түсіріп отыр­сыз.

– Не айтқыңыз келіп отыр? Менің жұмысымды қадағалайтын кім едің? – деп тергеуші ақырып жіберді.

Әрі айтып, бері айтып Қабдылхамитті көндіре алма­ды. Пысынап терлегені соншалық, қолтығынан қолаңса иісі мүңкіп кетті. Дәмі жоқ, татуы жоқ, бірдеңелерді айтып арбап алмақ еді, төраға оңайлықпен қолына түсе қоймады. Міз бақпай, қатал сыңай танытып отырған Қаблдылхамитті көрген соң:

– Әгараки, осы айтқаныма көнбесең, жоғары жаққа ха­барлап, үстіңнен арыз түсіріп, «үкіметке қарсы адам, халық жауы» деп жала жабам. Одан да бар қылмысты мойныңа алғаның дұрыс, – деді.

– Сабаңызға келіңіз. Әділетсіз арызға үкімет құлақ аспайды. Құр әншейін басыңа зобалаң сатып алма, тергеуші шырақ. Мен сізбен ұрысып, кінәлайын деп отырғаным жоқ. Тергеу болғаннан кейін барлық амалдарды қарастырасыз. Бірақ мынаны ұмытпаңыз. Сіздің жеп отырған наныңыз да, қазаныңызға барып түскен етіңіз де, үстіңдегі киіміңіз де мына далада тұрған халықтың арқасы. Егер сөзімнің астарын түсінсеңіз бір ауыз сөзбен айтқанда қазақтың жерінде тұрып, қазақтың намысын аяғыңа таптап, нанын жеп отырсың.

 

– Сен не деп оттап тұрсың, – деп орнынан ұшып тұрған сәтте ішке ұзын бойлы қара торы, қиғаш мұртты, жас ша­масы алпысты алқымдап қалған аудандық коммунистік па­рия орталығының бірінші хатшысы Әбубәкір Қалжанұлы кірді. Хатшыны көрген сәтте абыржып қалған бас тергеуші, оң қолын маңдайына тақап, әскери құрмет көрсетті де,

– Қош келдіңіз, Әбубәкір Қалжанұлы! – деді.

Төрағаның жағдайын, далада тұрған халықтың ашынғанын көріп, істің насырға шауып бара жатқанын сезген хат­шы:

– Сіз, мені төрағамен оңаша қалдырыңыз.

– Бірақ…

– Айтқанымды істеңіз, тергеуші жолдас, – деп бұйыра сөйледі.

Жаңа ғана арыстандай ақырып, жалғыз өзі бір дүйім жұртты үйіріп тұрған тергеуші қас-қағым уақытта моп-момақан болып шыға келді.

Ақырын ғана жымиып, бөлмеден шығып кетті.

Аудандық хатшы төрағаның көздерінен аянышты, зорлықты, күнәсіздікті көрді.

– Білем, білем ақсақал, – деп жылы шырай танытып, киіктің асығындай оңтайлы денесін үйіріп, қарға тамырлы жақын адам кейпіне кірді.

– Мен барлық болған жағдайдан хабардармын. Бүгін таңертеңісімен Иван келіп ағынан жарылып, бар шындықты айтып, ел арасына бүлік салғанын, адасып адал жолдан жаңылғанын, ешбір күнәсіз бейберекет елдің тыныштығын алғанына налыды.

– Болмай қалғыр, пәтшағар. Бәрі соның кінәсі. Шырағым-ау, бұл сұмдықты қайдан шығарғанын?! – көзі жасаурап, екі иығынан дем алып ентігіп қалды.

– Я ханнан, я маннан! Мына тергеушіңнің елден ала бөтен маған ауыз салғаны қалай?

 

– Ежелгі бойлауық қашаған еді деп, құрықты сізге бұрын сілтегені ғой. Босқа жаныңызды қинамаңыз, мына даладағы халықты да тоқтатыңыз. Жаңа ішке кіріп келе жа­тып, тілдескенімде олардың ашынғанын, шыдамдарының жетер шегіне жеткенін көрдім. Өзіңіз оқыған, зиялы адамсыз ғой. Мына жұрт көз жұмбайға салып, қисық кетіп жүрмесін. Алдында Шайзада келгенде оны маған жолықтырмай, төменгі жақта істі өздері шешіп, тергеушіні жіберген екен. Иван болмағанда не боларын кім білсін?! – деп күрсінді де, отты көздерімен Қабдылхамитке қарап:

– Бұйымтайыңыз болса айтыңыз.

– Айран сұрай келіп, шелегімді несіне жасырайын, – деп ызбарлана сөйлеген төраға.

– Аудан бойынша ауылымыз алдыңғы қатарда екенін жақсы білесіз. Аянбай күні-түні қызмет қылып, еліміздің өркендеу жолында талай істерді атқардық… Ағайын арасының бүтін болмағаны береке-ырыс қазығының берік болмағаны. Аялаған ауылымның, ұрпағымның болашағына алаңдаулымыз. Бұл менің ғана емес, мына халықтың да арма­ны. Мына тың игерушілеріңізді әкеткендеріңіз дұрыс болар. Айдың аман күні айдан айқын шындықты мойындаттырып, адастырып отырған бей-берекеттікті тоқтатсаңыз деймін, – деді.

– Ол жағына алаң болмаңыз ақсақал. Бұл болған оқиғаға тек сіз ғана емес, мына мен де жауаптымын. Ұлтымның болашағы үшін мен де алаңдаулымын. Қайтейін, қолдан келер шара бар ма? Істі осымен тоқтаттым. Тың игерушілердің көктемгі егістік жұмыстарын аяқтағаннан кейін өзге өңірлерге жіберемін. Қолдан келері осы. Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын.

– Менің қытымыр сөздерім шамына тиді білем, беті талақтай тулап, көбігін шашқан бурадай буырқанған тергеушіңіз көне қоя ма екен?!

 

– Қам жемеңіз. Олар қолдарынан келсе жеті қат көкті төбемнен түсіріп көрсін. Тек маған сенсеңіз болғаны.

– Бұл жақсылығыңызды еш ұмытпаспыз. Әлі де бұл ащы шындық жазылар. Ұрпақ өз бағасын бере жатар, – деп сілкіне тұра келіп, белін жүре жазып, алғысын білдіріп, сыртқа шығып, халықты сабырлыққа шақырып, істің оңтайлы шешілгенін айтып, ауылдықтармен бірге үйіне қарай аяңдады.

 

* * *

Арада ай соңынан ай, жыл соңынан жыл өтті. Уақыт өткен сайын ел көркейіп, жаңарып, түрленді. Жағдайлары да біршама түзеліп, қыс келе соғым сойып, омыртқаға шақырысып, мәре-сәре. Соғымнан бір-біріне бүйрек берісіп, туысқандықтың беріктігін танытты.

Бір табақ ет, оның ішінде жал-жая, қазы-қарта, омыртқа, кесек ет, шұжығы бар, ең жақын туысына соғымнан сыбаға бергенде, соны «бүйрек» дейді.

Рамазан айында ораза ұстап, ұлттық салт-дәстүріміздің қағидаттарын қайыра жаңғыртты.

Қуаңшылық жаз уақыттарда ел үлкендері жиналып, ақылдасып, Құдайға құлшылық етіп, тасаттық берді.

Осының барлығы бір ананың баласындай ұйып отырған ауылдың бірлігін одан әрі бекіте түсті. Тәңірінің зейіні түсіп, дінімен қауышқан халықтың қуанышында шек жоқ.

Қаншама жылдар өтсе де өткеннің өткелінде қалған, талайының жүрегін жаралаған оқиғалардың жарасы бітсе де, орнында дағы қалды.

Әсіресе бір үміт, бір арманмен жүрген Бақтылы Аллаға жалбарынып, жалғызының аман келетініне деген үмітін жоғалтпады.

 

Қайнысы Ризабектің балалары қаншама «әже» деп мой­нына асылса да, арманының арнасы кеңімеді.

Әрбір оянғанда түсінде баласымен қауышып, мауқын басқан ана өңінде көзінен аққан жасты сүртіп, сағынышы одан бетер асқынып, кей уақыттарда ішқұса болатынды шығарды. Бүгінде сол әдетімен оянып, дала басын аралап, үйге қайтып келе жатып, жол жөнекей Рақымжанның үйіне бұрылды.

Рақымжан – он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйген шебер. Ауыл-аймақ самауырынан бастап, арбасына дейін, керек десеңіз қыз-келіншектер күмістен сырға, сақина соқтырып, шебердің шексіз өнеріне таң-тамаша қалатын. Ауылдықтардың көбі қыс шыға аттарын арнайы аққайыңнан жасалған кашовкаға жегіп, көрші ауылдарға қонаққа бара­тын.

– Сәлеметсіз бе, аға? Қал-жағдайыңыз жақсы ма?

– Бақтылы қарғам, төрлет, жоғары шық. Шүкір, аман­быз. Өздерің қалайсыңдар? Биыл егіс бітік шығатын түрі бар ғой, – деп жасап жатқан еңбектеріне тілеулес екенін білдірген Рақымжан, – әй, бәйбіше шайыңды әкел, – деді.

– Жоқ апа, әуре болмаңыз. Мен ағама бір шаруамен келіп едім.

– Иә, қарғам, щаруаңды айта отыр, – деді әншейінде үйіне келе қоймайтын Бақтылыға қадала қараған қария.

– Аға, сары алтынға көмкерілген күзде келіп қалды. Енді бір уақыттардан кейін егін ора бастаймыз. Ар жағында қылышын сүйретіп, қыс та жақындап қалды. Ел қатарлы қайыныма бір шанаға тапсырыс берейін деп едім, – деді.

Қария көпті көрген адам ғой. Қайыныма деген сөздің аста­рында балама дегенін түсінді. Ананың сыздаған жүрегінің қайғы-уайымын, қасіретін, балаға деген махаббатын түсініп, «жаның жәннатта болсын, балам. Артыңда қалған анаңның қайғысы бір дүйім елдің қайғысына айналды. Шынымен де аман-есен оралсаң ауылымызда ұлан асыр той болары һақ. Бірақ, бірақ… өкінішті-ақ! Сенің о дүниелік болғаныңды біз білгенмен, анаң одан бейхабар. Бейкүнә анаңның жаны күйзеліп жүргені қабырғамызды қайыстырады. Сен бақытты екенсің. Жұмақтың төрінде жүрсең де, анаң барда біздер үшін тірісің, құлыным», – деп ойға шомған қария жанарына жас толғанын да байқамай қалды.

– Кешегісін түні бойы пілте шаммен жұмыс істеп едім, көзім ауырып… – деп жасын сүртті.

– Аға, денсаулығыңызды байқаңыз, елдің көңілінен шыққаныңызбен, біз үшін сіздің амандығыңыз керек, – деп жылы шырай танытты, Бақтылыны қария өз қызындай жақсы көруші еді. Әрдайым сырттай тілеуқоршысы болып жүретін.

– Жақсы қызым, биыл кашаваға тапсырыс көп, дегенмен де уақытында барлығыңа істеп беремін, – деп уәдесін берді.

Көптен күткен күз де келіп жетті. Егін бітік шығып, қамба астыққа толды. Ауыл ақсақалдарының шешімімен мектеп оқушылары сабақтан босатылып, элеватор басындағы жұмысшылар қатарына көмекке келді. Элеватор басы толған адам, егіс даласынан бидай тасыған машина, тракторлар, қамбаға жөңкілген ат-арбалылар. Бидай ұшырып, тазалап, әрі-бері жанталасып ағылған жаяу-жалпылар.

Арагідік орталықтан арнайы иснпекторлар келіп, тексе-ріп, есептеп, бәрін қағазға түсіріп, жиналыс жасап, ауыл­да болып жатқан жаңалықпен танысып, халықтың көңіл-күйін біліп тұрады. Біліп тұрғаны былай тұрсын, би­дай ұрлағандармен де қауырт жұмыстар жүргізіп, ауыр жұмыстан титықтаған елдің есін шығарды.

Әр өткен жиналыс сайын Мойылды шал кімнің қашан, қанша бидай ұрлағанын айтып, ауылдықтарды мезі қылды. Үкіметке жағайын дегені ме, әлде партияға адалдығы ма, барлығымен қатар қызмет атқарып, үйінде ішер асы болмаса да, осы әдетін қоймады.

 

Бір күні ауыл жігіттері Мойылды үйінде жоқта, әйел, бала-шағасына орта қап бидай апарып береді. Келесіде инспекторлардың қатысуымен жиналыста «иә, Мойылды, кім не алды?» деп сұрағанда.

Мойылды:

– Менің атым Мойылды,

Аузыма құм құйылды.

Алайын деп алғам жоқ,

Білектен қолым тығылды, – депті.

Бидай ұрлағандары үшін талайы сот алдында жауап берді.

Жүсіптің Байдайы бидай ұрлап ұсталып, милиция әкетіп бара жатқан да зар жылаған анасы, «бір аяқ бидай үшін сотталған құлыным-ай» дегенде, Байдай: «ойбай апа, бір аяқ бидай ғана емес, бір аяқ арпасы да бар ғой» депті. Содан ел арасында бұл мәтел болып кеткен-ді.

Сотталды деген аты болмаса, он-он бес күн абақтыға жабылып, содан кейін қайта ауылға оралатын. Егер де қайталанатын жағдай болса, партия қатарынан шығарылып, ең төменгі жұмыс берілетін. Осы тәртіппен қызмет атқарған әрбір ауылдық өз ісіне адалдықпен қарады, еңбектеріне көз алартқандарды тезге салып, өзара түзеп те алды.

Күзде жинаған астық үкіметтің алдыға қойған жоспарынан асып жығылды. Қамба астыққа лық толып, артылғанын төраға бір-екі қаптан ауылдықтарға таратты.

Ұлан-асыр күзгі науқандық той жасалды.

Егінағаш қойнауында, далада қазан көтеріліп, ат жары­сы, палуандар күресі сынды түрлі ұлттық ойындар өткізілді. Осы ойындардың арасында ең қызықтысы әйелдер жа­рысы болды. Бұндай бұрын-соңды болып көрген жоқ еді. Ер­лер жарысынан кейін, Бақтылы:

– Қане, қыз-келіншектер, біздің ерлерден не кеміміз бар?! Таңертеңнен кешке дейін олармен бірге иық тіресіп жұмыс істейміз, солардың қызметтерін де атқарып жүрміз. Қане, келіңдер, біз де жарысқа түсейік, – деп ортаға шықты.

Кейбір келіншектер тартыншақтап, үлкендерден ұялып, ибалық сақтаса, енді біреулері «несі бар, әйел жарыс емес, еркектердің өздерімен жарысқа түсуге дайынбыз» деп көйлектерінің етектерін ышқырларына салып, білек сыбана ортаға шыққандар қарасы көбейді. Солардың арасындағы денесі толықша келген, өзге келіншектерге қарағанда дене бітімі өзгешелеу Гүлжазира шыққанда, қызықтап отырғандар түгелі, жарысқа қатысушылардың өздері күлкіге батты.

– Ей, Гүлжазира, сен бізбен жүгіремін деп артымызда шаң қауып қалып жүрме?! – деп Сайран ішек-сілесі қатып жатыр, оған қосыла жұрт та күлді.

Ақылбай да жай отырсын ба:

– Гүлжазира жүгірсе, бәріңді басып озады. Тек оның ал­дында жүгіріп бара жатып, құлап қалмаңдар, үстеріңнен бел омыртқаңды үзе өте шығар.

– Ой, ағасы. Осы сіз сөйлемеңізші. Сөзге шеберсіз, тіліңіз мірдің оғындай. Сондай керемет болсаңыз келіңіз, жаныма тұрыңыз, жарысайық, – деді Гүлжазира.

– Жоқ, жоқ…, – деп ішін басып күлген Ақылбай, – сенімен жарысқанша үйдегі ала сиырыммен…, – дей бергенінде Гүлжазира Ақылбай отырған жерге екі аттап жетіп келді де, Ақылбайдың өзі де байқамай қалды, алдына еңгезердей әйел келгенде не дерін білмей-ей, не керек, не керек – деп тартыншақтап отырған қалпы артына қарай жер сырып шегіншектей түсті.

– Жаяу жарысқа шамаңыз келмесе, келіңіз күресейік, – деп Ақылбайдың жағасынан алғанда жұрт одан бетер күлкінің астында қалды.

– Ойбай-ай, мына қатын адамды тірідей өлтіретін болды ғой!? Жібер мені, – деп Гүлжазираның қолында бақа құсап, аяқтары салбырап, тырбаңдады да қалды.

 

– Өзіңіз емес пе, тіліңізбен шағып, мені ала сиырыңызбен теңеп тұрған, – деп қолын қапсыра ұстап, Ақылбайды қылғындыра түсті.

Даусы қарлыға шығып, шыбын жаны көзіне көрінген Ақылбай:

– Ойбай-ай, байыңды қалай өлтіріп тастамай жүрсің… Қатты сөз айтсам кешір, кешіре гөр, – деп жалынышты даусының өзі сәл баяу шыға бастады.

Жарыс көреміз деген ел жерге жата қалып домалап, енді бірі тамағына келіп тығылған күлкіні сыртқа шығара алмай, жер тепкілеп жатыр.

– Гүлжазира, жібер өлтіресің ғой…, – деп бір-екі келіншек жүгіріп келіп, зорға дегенде айырып алды.

Тамағын ұстап, қырылдап жерде жатқан Ақылбайға:

– Қалай екен?

– Бір әйелге шамаң келмеді ғой…, – десіп, жұрт күлкілерін әрең басып, жарыс сызығына тұрып жатқан әйелдерге назар­ларын бұрды.

– Қолдары күректей, жаға жыртар әйелдердің жарысын көргенше, ана жаққа барып қымыз ішейін, – деп үсті-басын қағып Ақылбай үлкендер отырған жаққа кетті.

– Ал, келіншектер! Осы Егінағаш тұсынан анау бір Шұңқыршоққа дейін барып, қайыра қайтып келіп, мәре сызығын бірінші болып кескен адам жеңімпаз болады, арнайы сыйлық та бар, – деді Бақтылы жарыс ережесін түсіндіре.

Шұңқыршоқ, Егінағаш деп отырғаны ауылдағы әрбір аққайың қойнауларының аттары, екі ағаштың арасы үш жүз метр, әрі бері, сонда келіншектер алты жүз метр қашықтыққа жүгіре жөнелді.

Бас-аяғы жарысқа қатысқан он бес келіншектің жарты­сы белгіленген межеге жетпей-ақ жарыстан шығып қалды. Қайыра кейін жүгірген уақытта бесеуі ғана қалды. Алдын­да Гүлжазира. Халық у-шу, жастар жағы ысқырып, келіншектерді рухтандыруда. Енді бірі аттарын атап, қолпаштауда. Әне-міне дегенше мәре сызығын бірінші болып Гүлжазира кесіп өтті, соңынан қалғандары келді.

– Жарадың, Гүлжазира.

– Нағыз батыр туатын әйел екенсің.

– Мынандай денесімен жүгіре алмайды ма десек… Гүлекең нағыз желаяқ екен ғой, – деп ауылдастары келіп құттықтап жатыр.

Бақтылы да Гүлжазираға жақындап:

– Жарайсың, сіңлім, ерледің. Ерлердің алдында еңсемізді бір көтеріп тастадың. Қазақтың қызы болса, нағыз сендей болсын, – деп қолына бір парақ қағаз ұстатып, – бұл жүлдең, ертең барып отардан бір тоқты аласың, – деді.

Той кешке дейін жалғасты. Ал кешкісін клубта ауылдықтардың өз күшімен дайындаған «Қыз Жібек» дастаны­нан сахналанған үзінді көрсетілді.

Төлегеннің рөлін – Мәтідәурен, Қыз Жібектің рөлін – Салиқа сомдап, бір сағатқа созылған спектакль ауылдықтардың көңілінен шықты. Бойларында тойдың тарамаған қызуы лепіртіп, «бізге айтса, біз де ойнар едік, спектаклінде несі бар, туа біткен дарынбыз», «бүгінгі күн ең тамаша күн болды», «көптен бері бұлай демалмаған едік» десіп үйді-үйге әндетіп, тарасып бара жатты.

Әр тұстан шығып, алыстап бара жатқан әннің тымырсық кешкі желмен құлаққа талып жеткен әуені ғана естіледі. Ұзақ жылдан бері болған бұл кештен кейінгі ән-базарлы күнге деген қимастық әнге айналғандай. Адамға тән сағыныш-сезім, арман-мұң, тарқамас шер-құмар, жан аңсауы ән сазына айналғандай.

Аспандағы ай ақырын ғана күлімдеп, ауылды сәулесімен нұрландырып тұрды.

 

 

* * *

Қылышын сүйреткен қыс та келіп жетті. Дала бейне бір аппақ мамық көрпеге оранғандай. Тек аққайыңдар алыстан қармен бірге ағараңдап, қытымыр қыстың аязында суықтан қорғанғандай етек –жеңі ұлпа қармен жабылған.

Мал қораларды аралап қайтқан Қабдылхамит кеңсеге келіп, жиылыс өткізіп, алдағы мал төлдеу науқанын өткізуді пысықтауға кірісті.

– Биылғы жылы, малдың жем-шөбін жеткілікті етіп дайындадық. Қыстан малдың қомды шығуы малшыларға байланысты. Сондықтан әрбіріңіз мұқият болыңыздар. Артығымен дайындадық, жем-шөп рәсуа болып жүрмесін. Арнайы жинақталған жасыл шөп мал төлдегеннен кейін ғана берілсін. Шайзада сен осыны назарға ал, – деді.

– Жақсы. Тек осы, әсіресе қойшыларға қосымша көмекшілер қажет пе деп ойлаймын. Екі адамның бір отар қойды үш мезгіл жайлауы қиындық соқтырады. Оның үстіне қаңтар айындағы мал төлдеу науқаны кезінде боранды күндер ба­сталады. Маядан атшанамен шөп тасу жеңіл болмас, – деп Шайзада ойын білдірді.

– Бұл орынды мәселе екен. Сондықтан ертеңнен бастап көмекші қойшылардың және мал төлдетіп алушылардың тізімін дайындаңдар және де қосымша малдарды жемдеу үшін төлдеген малдарға жем таратылады. Оның барлығы Бақтылының қолынан өтеді. Алдын-ала тапсырыс беріп отырыңыздар, – деді төраға.

– Менің бір айтайын дегенім бар еді, – деді көп жылдар-дан бері ауылдың жылқысын бағып жүрген Сейтахмет. Соңғы жылдары елуге тарта үкіметтің де жылқылары қосылған. – Былтырғы жылы естеріңізде болса, қыс қатты суық болып, тебінде жүрген жылқының біразынан айрылып қалып едік. Оған дайын болмадық. Не берілген арнайы орын, бөлінген шөп те жоқ болып шықты. Биылғы жылы қалай болмақ екен?

 

– Бұл мәселені де қарастырып қойдық, уайымдамаңыз, – деді барлық жағдайды тереңнен ойлайтын Қабдылхамит. – Қазіргі кезде Шортанбайдың отары орналасқан баздың жартысын дайындап болдық. Егер жағдай күрт өзгеретін болса, сонда ұстаймыз, оларға да шөп жетуі керек. Ал енді сұрақтарыңыз болмаса, бүгінге осы жетер, ертең кездесерміз, боссыздар. А, иә, бүгін кешке барлығыңды үйге қонаққа то­самын. Үлкен ұлымның тойы екенін ұмытпаған шығарсыңдар? – деді кеудесін қуаныш сезімі керней сөйлеп.

Қабдылхамиттің үлкен ұлы Кәрімберген Қызылтаң ау­ылынан келін әкеліп, бүгін бүкіл ауылдықтарын шақырып, той жасау қамында.

Қызылтаң Тегістік аулынан жүз алпыс шақырымдай жерде. Қыс басында құдалыққа барып, келінді алып келу үшін ауылдан он сегіз кашавамен шығып, жол жөнекей То­марлы ауылында бір түнеп ертеңінде түс ауа Қызылтаң ауылына жетті. Әрбір кәшавада екі адамнан. Құдалыққа келіп түскен үйдің қорасы да үлкен-ақ екен, арыстарын шешіп, ішіне орналастырған шақта барлық он сегіз кәшава сиып кетті. Жылқыларды көрші үйлерге бөліп, олардың да жағдайлары алдын-ала ойластырылып қойған екен.

Міне, кешегісін түнде құдалықтан келіп, келінді үйге енгізіп, бүгін той жасамақ. Ауылдықтардың барлығын дерлік қонаққа шақырған Қабдылхамит. жиын аяқталысымен асығыс үйіне келді.

Бұл мезетте бүкіл ауылға Қабдылхамит үйіне келін түсіпті, құдалар келді деген хабар дүңк ете қалды.

«Келін келді» деген жел-құйын дақпыртпен қарадай әулігіп жүрген қыз-келіншек, бала-шаға, жас бозбалалар Қабдылхамиттің үйіне сыймай кетті. Ел адамдарының ай­туына қарағанда Кәрімберген осыған дейін болашақ жарын көрмеген екен.

Төрде отырған құдаларға сынай қараған жиналғандар, әрбірінің қимылын жіті қадағалап, сөйлеген сөздерін ұйып тыңдап отыр. Келген құдалардың арасында сөзге шешендері

 

де, әншілері де бар, кезектесіп ән шырқап, өткен-кеткенді сөз қылып, қыздарының осы шаңыраққа келгендеріне ризашылықтарын білдіріп, ақ тілектерін айтуда.

Бір мезетте жоқ жерден шу шыға жаздады. Өздері қыз беріп, құда болып келіп отырғандардың арасынан Аюке де­ген келіншек:

– Иә, бұл не отырыстарың? Қыз алып отырып, бізді сынағандай ауыл болып жиналып, бізге қадала қалыпсыңдар ғой. Қыз беріп отырған біз шалқаймай, қыз алып отырған сендердің кеуделеріңді керулеріңе жол болсын!

Қушыкеш ауыл жігіттері:

– «Құда, құда болсаң шыда» деген сөз бар емес пе?! Ау­ылымызда аламыз десеңдер қыз жоқ деп ойладыңдар ма? Мұндай шүйкебас осыннан да табылушы еді. Қызылтаңның шөп желке шүйкебасы бауырымыздың басын айналдырып алғанда, – деп соңын күлкіге айналдырды.

Шынбайына батып кетсе керек, әлгі келіншек, ашуланса тұтығып кетеді екен:

– Се… се… сендер не, бізді мазақ қылып отырсыңдар ма? Ішке тоғыз ай сы… сы… сыйған қызымыз сыртымызға да сыяды. Күлкі-мазаққа айналдыратын біз сайқымазақ емеспіз, құ… құ… құдаларыңбыз, таңертеңнен кешке дейін ән айтқызып, аузымыздан көбігіміз шыққанша…

– Әй, құдағи! Ән айтыңдар деп ешкім сіздерге қолқа салған жоқ. Осы тізгіндеріңді ұстатпай отырған өздерің емес пе?! Өктем сөйлегеніңізге қарағаныңызда басыңыз бос-ау жобасы!? Қыз дайын болса, бізде жігіт дайын, – деп әзілдеді жігіттер, келіншектің озбырлығынан көңілдері шайылып.

– Жә, қойыңдар жігіттер! Құдасын құдайындай сыйлаған қазақпыз ғой. Құдағи, «әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, мына бауырларыңыз қалжыңдасып жатқаны ғой, мен сіздерге ауылдың алты ауызын айтып берейін деп – Бақтылы құлаққа жағымды, қо-ңыр даусымен ән бастап кетті. Үй іші сілтідей тына қалды. Ән айтылып бола берген уақытта екі жігіт жетектеп төр бөлмеге екі мүйізі дағарадай, жал жүні жылтыраған екі жастың құдалығына арнайы шалынатын қошқарды кіргізіп, қолдарын жайып «Иллаһи әмин!» деп бата сұрады.

Құдалар жағынан төрде отырған ақсақал:

– Иә, Тәңірім Құдірет!

Екі жасты бақытты ет.

Мал-бастарын аман ет,

Екі жасқа сойылған,

Мына құрбандық қошқармен,

Тілегімізді қабыл ет.

Осылай деп тілек тілейін,

Бір Аллаға сыйынып,

Тілегімді қабыл ет, қабыл ет, қабыл ет.

Әумин! – деп бетін сипады.

Әлгі қошқарды әкелген жігіттерге екеуі тағы қосылып, «әуп» деп қошқарды көтеріп, далаға ала жөнелді. Құдалар бағанағыдай емес, ән айтылып, малға бата берілгеннен кейін біраз саябырлап, беттеріне күлкі үйіріле бастады. Бәрінің көңілі жайланып, төрдегі үлкендер өзара сөйлесіп, жастар жағы ән айтып, тойдың көркін қыздыра ба­стады.

– Сіздердің ауылдарыңызда Башкен деген туысымыз бар еді, – деді сөз бастаған Шайзада.

– Ә, әлгі Бидайбайдың қызы ма? – десіп, екі жақтың да ортақ танысы бар екенін біліп, мамыражай арқаларын кеңінен салып құдалар шалқая түсті, – Ауылымыздың сый­лы адамдарының бірі. Ол кісі сіздерге қалай туыс болады, – деп әрі қарай қазбалай түсті.

– Біз нағашы жұрты едік. Атасы Қошман біздің аталасы­мыз. Ертеректерде осы өңірде аты шулы батыр болғандардың бірі, – деп Шайзада отырған орнынан бір қозғалыңқырап қойды. Ауылдықтар да «мақтай түсіңіз, мақтаңыз, білсін»

 

дегендей қаздай қоқырайып, енді бірі жөтеліңкіреп, «біз де осал ел емеспіз, батырлардың ұрпағымыз» дегендей кейіп танытты.

– Қошман жайлы ұзын құлақтан естуіміз бар еді, – деп құдалар жағы да бұл елдің тарихы туралы хабардар екендерін білдірді.

– Иә, аға айтыңыз, айтыңыз, – десіп шуласып жатыр жа­стар жағы.

– Совет үкіметі орнағанға дейін, болыс заманында бар қазақтың қамын жеген асылымыз, ардақтымыз. Бар өмірі әсіресе, орыс елімен алысып-жұлысумен өтті. Кедей-кепшіктің көшін түзеп, аш-жалаңаш отбасыларды жұбата біліп еді, марқұм, – деп басындағы бөркін шешіп, жанына қойды да, әрі қарай жалғады әңгімесін.

Бұл кезде құдалардың алдына дастархан төселіп, қазаннан жаңа түскен бауырсақ, құрт-қанты шашылып, екі-үш жерден қарында сақталған сары май да қойылып, самау­ыр әкелінді.

– Шай ішіңіздер құдалар, – деп самауырдың қасында отырған сары келіншек бір бетін орамалының оң жағымен бүркемелеп, жүзін көрсетпей алдындағы бес-алты бауырсақты қасында отырғандарға қарай жылжытып, ақырын ғана нәзік даусымен сыбырлап, – құдалардың алдына қарай тастаңыздар, – деп ишарат жасады.

– Ал, құдалар шай ішіңіздер, шөлдеген шығарсыздар, – деп қолындағы кеседегі шайдан бір-екі ұрттап, қалта орамал алып, тершіген маңдайын сүртіп, тақиясын алды да, басына орамалын жауып тақиясын қайыра киді. Көзін тарс жұмып, сәл үнсіз қалды.

Үй лық толы адам, барлығының көздері Шайзадада, әрі қарай не айтар екен дегендей, ішіп отырған шайлары жайына қалды.

– Ұл-қызымыз ұмытпастай, жұртымыз жадымыздан шығармастай әр отырған жерімізде бұрындар қарияларымыз барымызды бағалап, өткенімізді бүгіндей етіп айтып отыру­шы еді. Сол басымызға келді. Басымызға келген жоқ, біздің міндетіміз, – деді сөзін жалғастырған Шайзада. Құдалар жағы іштей «уф» десті, ұйықтап кетті деп ойласа керек. Шайзаданың бұл өзіндік әдеті, ұзақ әңгіме бастаса көзін тарс жұмып алып, ұзағынан сөйлейтін, бұнысын ауылдықтары жақсы біледі. «Алып қыран тұғырына қонды, қызықты әңгіме айтқалы отыр», десіп ауылдастары іштей разы.

– Тұрқы есік пен төрдей өзінің қасқа аты болған екен. Жа­нуар жарықтық иесінің әрбір әрекетін жазбай танып, түсіне білген. Орыстардың бай кулактарынан барымталап, ауылға жылқы айдап әкеліп, кедейлерге тарататын. Сонда жылқыны айдап әкеле жатқанында атының басынан ноқта, жүгенін сы­пырып алып, қанжығасына байлап, ат үстінде қиымылымен бірге оған бағыт-бағдарын білідіріп отырған. Артынан қуғыншы шыққанда айдап келе жатқан жылқыларын қоя беріп, қуығыншылардың ту сыртынан келіп, бір-бірлеп ат­тарынан өңгеріп, ешбір жарақат келтірмей жерге құлатып, өте шығады екен. Кейде қуғыншылар көп болса, шапқан қалпымен, осы ауылымыздан он шақырымдай жерде сор бар, қысы-жазы әрдайым тұман тұрады. Сол сордың ортасын­да арал бар, оған өтетін жолды Қошман атамыз ғана біледі екен. Соқпақ жолмен айдап әкелген жылқыларды өткізіп, қуғыншылар кеткенше аралда қалады.

– Е, жарықтық! Әр нәрсені алдымен ойлап істеген екен ғой, – деп қояды таңданған құдалар жағы.

– Қошман екенін білсе де, орыстар кегін ала алмай ыза­дан булығып, оның әр жолын торуылдап жүреді. Күндердің күнінде Андреевка ауылындағы тамырына жолдасын ертіп барғанда, орыстар жиналып, үйді қоршап, Қошманды тұтқындамақшы болады. Далаға шықса, айнала мұздай қаруланған орыстар. Досына: «мен қасқа атыма мініп мыналардың ортасынан жарып өтемін, сен менің соңымнан ілес» деп, атының жүгенін сыпырып алып, қарғып мініп, қағып-жарып өтіп кетеді. Жолдасына оқ тиіп, тіл тартпай сол жерде қаза табады. Қошман артына қарамастан «бақи бол бауырым, сенің кегіңді әлі алармын» деп шаба жөнеледі.

– Па, шіркін! – деп қоздырып та қояды тыңдап отырғандардың кейбіреуі.

– Содан орыстар, Қошман қайтсе де жолдасының мүрдесін тастамайтынын, қайыра алып кететіне сенімді бо­лып, күні-түні батырды күтумен болады. Ортаға от жағып, жанына мәйітті қойып, айнала қаруланғандар сырт қарап дөңгелене отырған шақта, қасқа атына жайдақ мінген Қошман отырғандардың үстінен секіріп өтіп, шапқан қалпы жолдасының денесін ат үстінен көтеріп алып, әрі шауып қараңғы түннің қойнауына еніп, жоқ болады. Қапылыста Қошманнан айырылып қалған орыстар, енді өз бастары­на қара бұлт үйірілгенін сезіп, батырдан енді одан бетер қорқа түсті. Жолдасын жерлеген Қошман, кегін алу үшін орыстардың ортасына аттанады, – дей бергенінде дастарханға буы бұрғыраған табақ ет те келді.

– Қап, дәл қызық жеріне келгенде, ет те келіп қалды-ау. Астан үлкен емеспіз ғой, – десіп барлығы дастарханға жақындады. Тілек айтылып, ән шырқалды. Жастарға үлкендер батасын беріп, жаңа бастаған өмірлеріне ақ жол тіледі. Қымыз судай сапырылды.

Бойы өте аласа, маңдайы қатпар-қатпар, шашы бұйра, жылы жүзді – Боранбай домбыраның құлағын бұрап, ойла­нып отырды да, ашық әуенмен әндете жөнелді.

Ауыл жастары Боранбайдан кейін кезектесіп, қолдарына домбыраны алып, енді бірі жанынан ән шығарса, енді бірі халық әндерін орындап, тойды қыздыра түсті. Үлкен-кішісі осылай қымызға масайып, әнге маужырап, әзіл-қалжың, ду­ман күлкі сейіле бастады.

Сорпа ішіліп, тамақ жиналғаннан кейін, қайтадан қымыз құйылды. Содан тағы да барлығы Шайзаданы қолқалап, аяқталмаған әңгіменің соңын естуге ынтық болды.

 

– Қай жерге келіп едік? – деп Шайзада жұрттың назарын өзіне аударды.

– Жолдасының кегін қайтару үшін аттаныс…

– М… м… м. Қошман орыс қалашығына келіп, мысықтардың құйрығына шүберек байлап керосинге малып, өртеп, қас-қағым уақыт ішінде орыстардың қалашығын өрт қойнауына береді. Өрттен қашып шыққан орыстарды шетінен қырып, таң атқанша жолдасының өшін алып, елге орала­ды, – деп әңгімесін аяқтады.

Содан кейін не болды? – деп құдалар жағы батыр туралы тағы айтсын дегендей, Шайзаданы қолпаштап, дем беріп, әрі қарай оқиға желісін білгілері келіп тағаттана күтіп отыр.

Ал ауылдықтар болса, «па, шіркін, батыр-ай!», «неткен батыл жан?!», «бұл өңірде бұрын-соңды бұндай батыр болып көрмеген екен» десіп жатыр.

– Бұл тек бабамыз жайлы басы ғана, айта берсең таң ұзаққа дейін жырлауға болады, – деп Шайзада кеш батып қалғанын және де үйге қайтатын уақыт болғанын білдірді.

– Жә, енді құдалар біраз тынықсын, алыс жолдан келді ғой.

– Құдалық мың жылдық болсын!

– Екі жас бақытты болсын! – десіп жұрт орындарынан тұрып, үй иесіне бүгінгі көрсетілген қонақжайлылық үшін алғыстарын білдіріп, тарасты.

Ертеңіне Қабдылхамит жақын-туыстарын ғана шақырып, құда аттанар жасап, құдаларды шығарып салды.

 

* * *

Екі арада біраз айлар өтті.

Көктем келді. Қыс қаншалықты суық, аязды болса да, ал­дын-ала дайындықтың арқасында мал қыстан қоңды шықты. Науқан ойдағыдай өтіп, әр саулықтан төл алып, бірен-саран

 

қозы, кәрі қой болмаса, ауылда онша мал басынан шығын бола қойған жоқ.

Ендігі міндет – көбейген мал басын ауыл маңында бағу қиындыққа соғып, жаз жайлауға жіберер мәселесі қарастырылды.

Кеңседе өтіп жатқан жиын да осы төңіректе.

– Жолдастар! – деп бастады сөзін ауыл төрағасы – биылғы жыл бәрімізге де жемісті жыл болды. Күзгі науқан ойдағыдай өтіп, әр гектарынан он жеті-он сегіз центнерден астық алдық. Қыстан аман шықтық, малдың аузы көкке тиді. Мал басы көбейді. Бұрынғыдай ауыл маңында мал бағу біз үшін де, ауылдықтар үшін де өте тиімсіз. Сондықтан осы мәселе жөнінде кімде қандай ой бар екен, ортаға салыңыз-дар, – деп сөзін аяқтап, орнына отырды.

Бұл уақытта ауылда үкіметтің қой саны көктемгі санақ бойынша бес мыңға, қара мал басы жүз жиырмаға таяды, оның үстіне шаруаның малын қосыңыз. Ауыл маңында мал бағатын жер де қалмады.

– Егер де менің ойымды құптасаңыздар… – деді ойын ортаға салып, кім не дер екен дегендей айнала отырғандарды көзімен шолып шыққан Бақтылы.

– Иә, Бақтылы, ойыңды аяғына дейін айт, – деді төраға.

– Естеріңізде болса, айналадағы барлық қыстақтағы тұрғындарды кезінде осы Тегістік ауылына жинадық. Қазір сол қыстақтар Айтбай, Түйелген, Мықтыөлген, Қырық құдық, Сұлуағаш аңырап қалды. Менің айтайын дегенім, қаншама жер бос, сол қыстақтарға барып малшылар үшін арнайы бір-бір үйден салып, малды сол жерлерге айдасақ қайтеді?

– Сонда біз, жаз бойы бала шағамызды көрмей, сол қыстақтарда мал бағып қалуымыз керек пе? – деп Бақтылының айтқанына қарсылық білдірді шопан Қимаш.

Отырғандардың барлығы Қимаштың сөзін қолдап, шу ете қалды.

 

– Ағалар, сөзімді аяғына дейін тыңдаңыздар. Мал­ды ол жерлерге айдап апарғанымызбен, әр отарға жауапты қойшылардың барлығы бірдей бармайды. Үш-төрт күннен кезектесіп бағасыздар.

Бәрі үнсіз, төраға не дейді дегендей басшылар отырған жаққа үрпиісе қалды.

Бақтылының ойына риза болған Қабдылхамит «алтын басты әйелден, бақыр басты ер артық» деуші еді, әй қайдам сол дұрыс айтылмаған-ау деймін. Бір еркектің басына кіріп шықпаған ойды айттың. Әттең, әттең, ер азамат емессің. Әйтпегенде бір дүйім елді басқаратын едің» – деп ойлады.

– Бақтылының айтып тұрған сөзінің жаны бар. Мал ау­ылдан қашық жерлерде болады, оның үстіне ол қыстаулардың маңатында егілетін егіннің аумағы аз. Малшылар үшін ең қолайлы жер – деді төраға. – Бүгіннен бастап Шайзада, Елеусіз, Амангелді, Асайын осы мәселе бойынша жоспар құрып, түстен кейін маған келіңдер, – деп жеке-жеке тапсырма берді де, ауыл жылқышысы Бәсенге:

– Жылқылардың жағдайы қалай? Қашан аттанбақсыңдар, – деді.

– Қазіргі уақытта шаруалар әлі де қыста үйлерінде ұста-ған жылқыларын табынға әкеліп қосып жатыр, енді бір-екі күнде аяқтап қалармыз. Содан кейін барлық жас тай-жабағыларға таңба салып, келесі аптаның соңында Баянауылға қарай жол тартамыз ба деген ойда отырмыз.

– Жақсы. Азық-түлік мәселесі шешілді ме?

– Иә, оны осы аптаның соңында тракторға артып, және үш-төрт адамды алдын-ала аттандырып, жылқышылардың қосын даярлай беруге жібереміз, – деді әр сөзін нықтап сөйлей, әр ісін мықтап алған Бәсен.

– Көктемгі егіс барысы қалай? – деп төраға ауыл агро­номына бұрылды.

– Барлық техника егіс даласында. Енді бірер күнде жер ылғалы кетпей тұрғанда дәнді дақылдарды сеуіп, аяқтап қаламыз. Тек мына шабындық мәселесі қиындық тудырғалы тұр.

– Ол қандай қиындық? – деді төраға жұлып алғандай.

– Жанар-жағар май мәселесі әлі де шешілмей отыр. Шөп шабуды ерте бастағанымыз дұрыс. Қар қалың түсті. Шөп те қалың, биыл, – деді агроном Қанапия.

– Жанар-жағармай мәселесін шешуді Бақтылы саған тап­сырамын. Ертең орталыққа барып қайт. Тездетсін. Уақытты бос өткізіп алып жүрмейік.

Бақтылы үнсіз басын изеді.

Одан кейін ауылды көріктендіру, қыс бойы жиналған қоқысты шығару мәселелері талқыланды.

Ертеңіне әр қыстауға арнайы жұмыскерлер жіберіліп, шымнан ойып үй тұрғызылып, малшыларға жағдай жасал­ды. Отар-отар қойлар жайылымдық жерлерге орналасты­рылып, қойшылар өзара төрт күнде бір алмасып, ауысым­мен жұмыс істеп, жаз айының соңғы айында жас төлдерді енелерінен жамыратып алуға уағдаласты.

Ендігі кезек, көктемгі егіске дайындық.

Ол кездері Бұрынғы Максим Горький ауданы, қазір Ка­чир болып атауы да өзгертілген еді. Орталыққа барып келген Бақтылы, жанар-жағармаймен қатар жаңадан техникаға қол жеткізіп, ауылға үлкен іс тындырып қайтты.

Бір аптадай жолда жүріп, шаршап келген Бақтылы кеңсеге соғып барлық мән-жайды айтып, төрағаны бір қуантты.

Үйіне келсе келіні дастархан жайып, қайнысы Ризабек баларымен тосып отыр екен.

Стол басына отырысымен ыстық тамаққа қол тигізбестен Бақытылы келіні құйған қою қара шайдың бір кесесін там­сана ішті дағы, жанында тұрған ормалымен маңдай терін сүртіп, – уф, жаным кірді ғой, – деп кесесін тағы созды.

– Апа, – Ризабек соғыстан келгеннен бері Бақтылыны жеңге деп емес, апа деп, Олжабайдың жоқтығын білдіртпейін деп үнемі осылай атайтын. – Ыстық тамақтан алып отырыңыз. Апа, есімнен шығып кетіпті ғой. Сіз кете салы­сымен ертеңіне менің жолдасым Қайнайды білесіз ғой, сол аяқ астынан о дүниелік болды.

Ештеңені аңғармаған Бақтылы:

– Ойбай-оу, оған не болды? Жас емес пе еді? Әлде сырқаттанып жүр ме еді? – деп шыр-пыр болды да қалды.

Қайнай Ризабектің түйдей құрдасы, бала кезінен бірге өсіп, өмірдің ащы-тұщысын татып, соғыста бірге болған. Екеуі әрдайым да бір-бірімен әзілдесіп, ойнайтын. Әзілдерін көтеретін. Бір ренжісіп көрген жандар емес.

– Таңертең малды өріске айдап бара жатып, астындағы мәстек аты мөңкіп, жерге құлап, тіл тартпастан кете барды. Әйтпесе андай- мұндай сырқаты да жоқ еді, – деп қояды Ри­забек көзінің астымен келіншегіне күлімсірей қарап.

– Е… байғұс-ай! Артында әйелі мен балалары зарлап қалды-ау! Қой бұлай отырғаным ұят болар. Ризабек, тұр, жүр барып көңіл айтып келейік, – деді Бақтылы әлі де болса Ризабектің ойын астарын ұқпай, Қайнайдың үйіне қарай бет алды.

Бақтылы кіре беріс есікті ашқаны сол еді, Қайнай төсегінің үстінде отыр екен. Киім ауыстырып жатса керек, ішкі киімімен аппақ болып қарсы алғанда, Бақтылы біраз аб­дырап қалды.

Қайнай босағада екі көзімен өзіне қадалып, телміріп тұрған Бақтылының жүзінен Ризабектің бірдеңені бүлдіргенін жазбай таныды.

– Шырағым, мен…мына Ризабек…, – дей бергенінде.

– Иә, апа! Жағдай осылай болды. Жазмыштан озмыш жоқ. Өлгенім рас, – деді Қайнай әзілді әзілге жалғастыра сөйлеп.

– Ал, мына, сен… қалай?

– Апа, бүгін күн жұма. Үйге келгенім ғой. Қам жемеңіз қазір кетейін деп отырмын.

Күлкіге булығып тұрған Ризабек одан әріге шыдай ал­май, күліп жіберді.

 

– Әй, Қайнай! Нағыз әртіс болатын адам екенсің. Апам­ды ертіп келгенде бірден сыр беріп қоя ма деп едім, – деп ішек-сілесі қатқанша күлді.

– Ой, сендердің әзілдерің құрысын. Ойынның да ойыны бар. Ойыннан от шығады. Осыншама, енді, адам өлді деп, ей осы сендер ме? Тірідей адамды өлтіресіңдер де жүресіңдер осы. Қайтейін, жолдастықтарыңнан айырмасын, тату болыңдар, – деп кейін бұрыла беріп еді, – апа, келген екенсіз, – күлкіге тұншыға сөйлей Қайнай, – бүгін шынымен де жұма, дастарханнан дәм татып, бабалар аруағына дұға қылыңыз – деп төр бөлмеге шығарды.

Қайнайдың әйелі үйіне күнде келе бермейтін Бақтылының алдында желпең қағып, тез арада шайын жасап, да­стархан басына шақырды.

Біраз үнсіздіктен кейін, есін жинаған Бақтылы да мырс етіп күліп жіберді.

– Әй, мені қойыңдаршы, тәйірі. Мына әйелдеріңді айт­шы, сендердің ойындарыңа шыдап жүрген.

– Соны айтам да апа, – деп Қайнайдың әйелі де жалпаңдап Қайнай мен Ризабекке көзін алайтып тұрып бір қарады, да – апа есіңізде ме? Былтырғы жылы ауылға жылқы сатып алуға келген адамдарды мына Ризабек Қайнайдың үйінде бір жи­рен қасқа бие бар, тек бір көзі соқыр, – деп осында жібергенде, біздікі де міз бақпастан, иә, бары бар ғой соқыр бие, бірақ буаз, – деп әлгі келгендерге менің көзімді бақырайтып ай-тып тұр, – деп өзі бар денесімен сықылықтай күлді.

– Ол кезде мына кішімізге аяғым ауыр еді.

Бәрі ду күлді.

– Әй, Шәмкен-ай, осы қылжақ бастарға шыдап жүрген сендердің жандарың темір шығар, сірә. «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің басын көрге сүйрейді» деген. Ақылыңнан айналдым. Шаңырақтың шырқын бұзбай, түтінін түтетіп, балаларын бағып, үйінің ұйтқысы болып отырсың. Өмір жасың ұзақ болсын! – деді Бақтылы.

 

Шай ішіліп болған соң, бабалар аруғына дұға оқылып, бата тіленді.

Үйден шығып бара жатып, Ризабек пен Қайнайға қарап Бақтылы:

– Әй, шырақтарым! Осыдан кейін мені ойындарыңа араластырмаңдар – дей бергенінде Ризабек, – апа-ай! Қайта жақсы емес пе, біраз көңіліңізді көтеріп қалдыңыз. Оның үстіне Қайнай күнде шақыра бермейді, бізді.

– Сендерге дауа жоқ, – деп Бақтылы қолын бір-ақ сілтеді.

Қайнайдың үйі кеңсенің жанында орналасқан.

Тысқа шықса кеңсе алдында тұрған төраға мен Шайза­даны Бақытылы бірден таныды, қастарына таяу жақындап келгені сол еді:

– Жақсы келдің ғой. Ауылда бүлік шығып тұрғаны, – деді Шайзада – мен шұғыл шаруамен қойшыларға аттанғалы тұр едім. Бұл мәселені шешу үшін төрағамен бірге барғаның дұрыс болар.

– Қандай жағдай, неткен бүлік? – деп Бақтылы екі ағасына абыржи қарады.

– Өй, әлгі Шашу да.

– Оған не болды?

– Ертеден ата-бабалары Шәйниген қыстауын жайлады емес пе?! Содан бері сол жерге ешкімді жуытпай шөп шауып жүретін, – деп төраға мән-жайды түсіндіріп жатыр – содан былтырғы жыл шабайын деп барса, тып-типыл ғып біреу ша­уып алып кетіпті.

– Кім екенін біле ме?

– Білгенде қандай?

– Шөбін шауып алып кеткен, Красновка ауылындағы Витяи деген шал екен.

– Оны қайдан білді?

– Ой, құрғыр, ол шал да жай жүрсін бе, бір парақ қағазға атын жазып, «Әй, Шашу, бабаңнан қалған мұра болмақ түгел не болса да, жеріңді шауып әкеттім. Шамаң жетсе мені тауып ал. Күресейік, күш сынасайық, жеңіп жатсаң, келесі жылы осы жердің шөбін өзің қайта шабарсың» депті.

– Әй, енді жетпегені осы еді, – деп қынжылды Бақтылы.

– Ол аз болғандай, – деп оқиғаны Шайзада әрі қарай өрбітті – осыдан іздеп, әлгі Витяи шалды тауып алып, күресіпті.

– Жеңіп пе?

– Жоға, қайдам, жеңіліп қалыпты. Биылғы жылы дайын­далып, кегін алып, жерін қайтармақшы екен.

– Шашу ақсақал қайда? – деп сұрады Бақтылы, шалдың тағы да бір нәрсені бүлдірмей тұрғанында кездеспек болып.

– Қазір үйінде болса керек, жаңа іңірде барғанымда ат-арбасын дайындап, жолға шығуға дайындалып жатқан – деді Шайзада.

Іле-шала төраға мен Бақытылы Шашу ақсақалдың үйіне келді.

Есік алды толған қатын-қалаш, бала-шаға. Ашу, өшпенділік оты ойнаған көздер өңменіңнен өтеді. Амандық жоқ, тілдесу жоқ, есік алдында жиналғандар төрағаларға үрке қарады.

– Амансыздар ма? – деген төрағаның сыпайы лебізіне Шашу шалдың қиқар кемпірі:

– Аман болмағанда жау шапты дейсің бе? – деп қисық жа­уап қатты. Басына тартқан бір орамалдың үстінен екіншісін тарта байлаған кемпірдің көзі шарасынан шығып барады.

– Шашу ақсақал үйде ме? – деді дауыстап төраға.

– Иә, үйде болса не қылайын деп едің? – деп әлгі кемпірдің даусы шаңқ-шаңқ етті. – Оған неғып құмарта қалдыңдар? Сағынып келмеген шығарсыңдар?

– Тілдесейік деп едік, – деді Бақтылы кемпірдің көздеріне тесірейе қарап. Кемпір отты көзімен:

– Шашуда әкелеріңнің құны бар ма еді?

Төраға да, Бақтылы да не дерлерін білмей, абдырап қалды. Өздерімен осылай сөйлеседі деп ойламаса керек.

 

Ауылдың ана жақ мына жақ шетінде тұратын Шашу шалдың қыздары да келіп қалыпты.

– Орыс жерімізді, сендер енді үйімізді шауып алуға келдіңдер ме? – деп Шашудың кіші қызы сумаңдап, екіленіп сөйледі.

Қалғандары да аналарын қолпаштап:

– Құдай-ау, бұл не деген сұмдық?

– О, заманда бұ, заман, біреудің жерін біреу өртеп…

– Теңдіктерің қайда, сәветтің берген…

– Орыстарды басындырып қоямыз ба?

– Былтырғы жылы осы ұрыс басталғанда, әй, Қабдылхамит өзіңе айтпадым ба?! Мына шалды тоқтат деп. Жетпіске таяған шағында орыстармен жалғыз өзі шайқасып жүр. Жай­дан жай деймісің?! Баланың қамы, мына сендердің қамдарың, сол орыстың ол жерде құны қалды ма? Шалым жазым болып кетсе…, – деп Қабдылхамит пен Бақтылыға сұқ саусағын ке­зек- кезек көрсетті.

Қыздары жарыса сөйлеп, орыс шалды танысын таныма­сын ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп-ақ жатыр.

– Қатын-баласы ұлардай шуласын!

– Көрем деген қызығын көрмесін!

– Жазасын құдай тартқызсын!

Шашу шалдың кемпірінің көзі аларып, зіркілдеп қоя берді:

– Шашуды іздесеңдер Красновкаға барыңдар. Тоқтат ана шалды, орысты тәубесіне келтір. Не шалдың денесін, не оры­стан кегімізді алып кел, – деп өксіп жылап, жерге тізерлей кетті.

– Егестен не шығады. Біздің не кінәміз бар?! Жөн сөйлеңдерші! – деп Бақтылы сөзін батыра сөйледі.

– Осылармен тәжікелесіп тұрамыз ба? Жүр, Шашу ақсақалды қуып жетейік, – деді төраға Бақтылыға бұрылып.

Екеуі аяқтарын жылдам басып, кеңседен қашық емес жерде орналасқан атқораға келді, атқосшы Жолат төрағаны анадайдан көргеннен атын ерттеп, құйрық-жалы таралған Шалқұйрық атты сәйгүлікті атқорадан алып шықты.

Атқа отырып жатып төраға Бақтылыға:

– Ақсақал бір жамандыққа ұрынбаса жарар еді, – деді.

– Жолыңыз болсын аға, Құдайға тапсырдым өзіңізді.

Қабдылхамиттің астындағы есік пен төрдей жарау жи­рен қасқа ауыздығымен алысып, жарасымды қамыс құлағын қайшылап келеді. Үстіндегі иесінің аяғы қолдауына сәл тиіп кетсе болғаны, еліктей орғып шыға келеді. Қабдылхамит те құранды ердің қапталына тақымын жапсыра қысып, қыл тізгінді қымтып ұстап, атты еркіне жібермей, іркіп келеді.

Ауыздықпен алысып, көптен мініс көрмеген Шалқұйрықтың аузынан көбігі атып, біраз уақытқа дейін бауырын жаза алмады.

Күн сәскелікке көтерілген шақта Құмемген сорының күншығыс жағынан желкесіне таяды. Сорды айнала беріп, аяң жүріске салды.

Сордың айнала маңайы тап-тақыр, бір қылтанақ шөп жоқ. Ал айдыны құдды бір ғажайып айнадай жарқырап жа­тыр. Тек анда-санда суға біткен жөңкеншік сынды шөптердің иісі мұрныңды жарады, салқын самал жел соғып тұр.

Бір мезетте алыстан қара ноқат көрінді де, құлаққа талықсыған дауыс жетті. Шалқұйрық бірден байқады, екі құлағын тіктеп, қара ноқатқа қарай пысқырынып, оқшалаңдап келеді.

Қабдылхамит тың тыңдап еді, жылаған, не ән салып келе жатқан адамның даусына ұқсатты.

Не болса осы қарайғанға қара аттың басын еркіне жіберді. Киіктей орғып, бауыры жазылып, Шалқұйрық әп-сәтте иесін діттеген жеріне жеткізді.

Бұл арбада келе жатқан Шашу шал еді.

– Айнала өскен аққайың,

Жақсы ма сенің жағдайың?

Жаныма келші сәулем-ай,

 

Сені бір құшып, арбайын, – деп әндетіп келеді, көңілі көтеріңкі. Төрағаны көре атының басын тежеп, – иә, ба­уырым, не суыт жүріс, әлде астыңдағы атыңды жаратып жүрмісің, – деп кекете сөйледі.

– Жоқ, ақсақал. Сізді іздеп шығып едім.

– Мені іздейтіндей мен бала ма едім, әлде мал ма едім сендерге?

Қабдылхамит не айтарын білмей, атынан түсіп, шылбы­рын қолына ұстап, арбаға таяды.

– Е, білем, білем. Мен орыстан жеңіліп, сағы сынып келе жатыр деп ойлап тұрсың-ау, сірә?!

– Неге олай дейсіз ақсақал.

– Ха, ха, ха, – деп бар даусымен даланы жаңғырта Шашу шал күлді де – құмарта тыңдар құлақ болса, айтар сырым, мұңым да бір басымнан асып жығылады, Хамитжан, – деп еңіреп жылап жіберді.

Ой шегіне жете алмай, ойы әр тарапқа ауытқып отырған төраға:

– Сырыңызды айтыңыз, бұл жерде ешкім жоқ, ақсақал! Сізді ұятқа қалдырған жерім жоқ, – деп сырға берік екенін білдірді.

Қария арбадан түсіп, көк майса жерге отырды да, Қабдылхамитті жанына шақырды.

– Шынымды айтайын. Саған қастық ойласам, бір Аллаға тапсыр. Пенде болғасын, қателеспей тұрмайсың, – деп көз жасын сүртті.

– О не дегеніңіз, қария? – деді әлі де шалдың ой-төркінін ұқпай отырған төраға.

– Кей-кейде өзімсініп тілім тисе ғафу өтінемін. Осы жалған дүниеде саған істеген қиянатымды о дүниеге арқалап кетпеспін. Жағдайдан өзің де хабардар болып отырғаныңды біліп тұрмын. Осыдан бір жыл бұрын кеткен есемді қайтарайын деп биылғы жылы дайындалып күресіп, шабындық жерімді қайтарып алдым.

 

– Ә, дұрыс болған екен, бірақ…

– Сен бірақ-сырағыңды қоя тұр. Сөзімді аяғына дейін тыңда. Бұл жер менің сонау ата-бабаларымнан қалған мұрасы. Атамның атасы аманат етіп кеткен киелі жер. Ұлтарақтай жер үшін мына шал құтырынып, жетпіске келген шағында төбелес ашып жүр деп ойлап жатқан шығарсыңдар?! Жоқ, олай емес. Бұл атадан балаға мирас болып қалған бабалар ама­наты. Мынау коммунисің келіп қарық қыламыз деп, жерімнен айырылып та қалдық. Бірақ, Құдайға шүкір, ауылдықтар мені құрметтегендіктен бұл жерге аяқтарын аттап баспай­ды. Мен қайбір сол жердің шөбін шауып, малымды асырап жүр дейсің?! Әйтеуір осы жердің иесі бар екен деп ойласын деп, оның үстіне бұл жерге келсем, бабаларыммен тілдесіп, бір рахаттанып қаламын. Мына орыс келіп, жерімнің шөбін шауып әкеткенде, аталарымның басын шауып әкеткендей көрдім. Сол жылы барып күресіп, жеңіліп қалағанымда, та­уым шағылып, тірідей көрге кіргендей болдым. Оның үстіне қаншама жылдардан бергі орыстардан көрген сансыз жәбір-жапалар, тұщы етке тиген ащы таяқтар, ар-намысқа нұқсан келтірген небір қылмыс, қиянаттар. Жас кезімізде көрген қиянатымыздың көбісін жіпке тізе беріп, жұртқа сыртын қампитып жүре беретінмін. Алпыстан асқан шағымда шау тартып, сақал-шашыма ауыр бейнеттің қалың қырауы түскен шақта, өзгеден естіген ащы тіл қит етсе жүрегіме тікендей қадалады. Ана орыстың жазып кеткен хаты пышаққа айна­лып, тілімді кесіп сөйлетпей, тамағымды осып, тынысым­ды тарылтып, білегімді кесіп, қолымды көтертпей бейшара күйге түсірді. Мен соның есесін бүгін қайтардым. Өлгенімді қайта тірілттім, – деп жөтеліңкіреп, қалтасынан шақшасын алып шығып, ернінің астына бір шөкім насыбайды салып, сөзін жалғастырды.

– Фани дүниеге кім тұлға болады дейсің. Тірлікте бір бірімізді сыйлап, қадірлеп өткеніміз абзал. Аңдысқан ауыл болмайды, есептескен дос болмайды деген бар ғой.

 

Тіршілікте кешірім сұрау пайғамбар жолы, бір алланың бұйрығы. Кінәласудың жөні бір басқа. Бүгін орыстың шалы менен жеңіліс тапқаннан кейін кешірім сұрады, алдыңа келіп, кешірім сұраса, әкеңнің құнын кеш деген де бар емес пе, бақуаласып, татуласып қайттым. Есіңде болсын, малыңды, жаныңды алса да, жеріңді берме. Ол жер сенің арғы, одан да арғы бабаларыңдікі, сені, сенің балаларыңды да асырайды. Бір жапырақ жер үшін талайлардың басы кеткен жоқ па?! Жерімді қайтардым, енді өліп кетсем де арманым жоқ, – деп кемсеңдеп жылады.

– Аға, айтқаныңыздың бәрі жөн, тек ақылдасып пішкен тон келте болмас деген жоқ па?!

– Әй, Хамитжан, сендерге айтсам, ертең елдің бәрі дүрлігіп, ел арасы қыран-топан болар еді. Кезіндегі оқиға бастарыңа жетпей ме? Ал мен жалғыз өзім барып, істі тын­дырдым. Өліп кетсем бір алжыған шал өліпті дейді ғой, – деді, бет-жүзіне күлкі үйіріліп.

Шашу шалдың бойы атан түйедей, кесек денелі, қара торы кісі. Алпысты қусырып, жетпісті жетелесе де, жас өңді, көзінің оты қайтпаған. Мығым әлпетіне қарағанда елулердегі жігіт ағасы дерсің.

Ұзақ әңгімеден кейін, төраға Шалқұйрықты Шашу шалдың атының жанына қосақтап байлап, екеуі ауылға қарай аяңдады.

Қаншаны көрсе де, қаншама адамнан ақыл тыңдаса да, бүгінгі алған ақыл-кеңес Қабдылхамитті терең ойға жетеледі.

Ел арасында орыстар былай тұрсын, көрші ауыл қазақтарының өзі «ей, бұл ауылдың жігіттеріне тиіспеңдер, жеті атамызбен бірге қопарып кетіп жүрер, бұлар қырық шақырымнан төбелес іздегендердің ұрпағы» десті.

Содан бері ел аузында «қырық шақырымнан төбелес іздегендердің ұрпағы» деген сөз қалды.

Кеш батып, күн ұясына тақап келеді. Кешкі әлетте айналадағы селдір ақ селеулер сымға тартқан күмістей. Қызыл жалқын жалынымен күнбатыс көкжиекті алаула­

 

тып, балқып бара жатқандай. Шудаланған шұбар бұлттар аспанның түпсіз айдынында баяу қалқиды. Тұнық ауа, тыныштыққа бөленген атырап көңілге көрікті ой салады.

Дала жым-жырт, тыныш, тек анда-санда сықырлаған арба доңғалақтары мен осқырынған жылқылардың даусы, түнгі шегірткелер-дің үні ғана естіледі.

 

* * *

Арада көп жылдар өтті. Жыл өткен сайын ауылдың ажа­ры кіріп, егістік алқабы ұлғайып, мал жайылымы өсті. Ау­ылда жаңадан тоғыз жылдық мектеп бой көтерді. Енді ба­лалар орталыққа барып, он жылдық білім алып, әрі қарай Кереку қаласында әр сала мамандығы бойынша оқуға түсіп, елге қызмет етуге оралуда. Жас келсе, іске деген. Ауыл­ды дамытудың жаңадан бағдарламасы қабылданып, аға-апалары салып кеткен даңғыл жолды жалғастырып, ең ал­дымен ауылға мектеп салғызды.

Ауыл іші ары-бері ағылған көліктер. Дабырлаған көп адамдардың дауысы, жұмыс істей жүріп, әндеткен сергек жастардың майда қоңыр әуендері. Барша елдің тегеуірінді күш-қуаты, асқақ әні мен әсем жыры осы ауылға тоғысқандай.

Жаңадан салынып жатқан мектеп іргесінің айналасы­на, әр жерге тау-тау боп үйілген кірпіш, сырғауыл, бөрене, тақтайдан аяқ басар жер жоқ. Мектептің бір бұрышында екі-үш адам қалың тақтайды үртіс сүртіктеп жатыр. Олардың оң жақ бүйірінде жуан дөңбектен мәтке шауып жатқандардың балталары күн сәулесімен шағылысып, жарқ-жұрқ етеді.

Мектептің қабырғасы белуарынан асып, әжептеуір биіктеп қалған. Әп-сәтте жалаңдаған жігіттердің шапшаң қимылына көзің де, көңілің де тояды. Әр жерге үйілген кірпіш лезде ойсырап, орны үңірейіп қалып жатыр. Жер­ден әперген кірпішті үйші шеберлер қолма-қол қағып алып, шелектегі саз балшықпен жапсыра қояды.

 

Басына ақ орамал байлаған, үстінде жырым-жырым қара көйлегі бар, атжақты, арықша келген бала алты қанат киіз үйдің аумағындай шұңқырды сыпсың құйрық көк атпен шыр айналып, балшық айдап жүр. Су көп құйылса керек, мидай езіліп, иі қанып қалған қара-қошқыл ылай балшықта ат тұяғы шөлмектен зорға атылып шыққан тығындай күмп-күмп етеді.

– Атыңды шапшаңырақ айда, бала! – Темір күректің са­бына салмағын сала бүкшиіп, тіреніп тұрған кәртаң кісі ат үстіндегі балаға бұйыра сөйлеп жатыр.

– Арамқатқыр, болдырып қалды, аяғын баспайды, ата!

Әлгі кісі қара балаға қарап:

– Онысы несі, жануардың әбден болдырып қалғаны.

– Тоқтайықшы, ата, шаршадым. Басым айналды! – бала атты қамшымен сипай ұрып, қара кісіге жалыншты пішінмен қарайды.

– Еріншектігің ұстады ма, сайтан бала? Қараңғы түскенше тоқтамаймыз, астыңдағы атың емес, есіл-дертің ой­ында болып, өзің болдырған шығарсың, ә? Астындағы кесек балшықтары езілгенше, айдай бер.

Болдырып қалған ат танауы делдиіп, екі бүйірін соғып, аяғын зорға басады.

Мәтідәурен қауырт қимылға басқан көпшілікке сүйсіне қарап тұр.

– Әзіргі қарқын жаман емес! Енді, көп дегенде бір-екі айда мектебімізді салып бітіреміз! – деді.

Мәтідәурен ауыл баласы. Кеше ғана қаладан оқу бітіріп келіп, Қабдылхамиттің қасында біраз жұмыс істеп, төраға зейнеткерлікке кеткенде, орнын басқан жаңа төраға.

– Иә, Мәке! – деді Ұмсынған қостап. – Бітіреміз! Бірте-бірте бәрі де жаңарады.

Мәтідәурен көңілденіп, миығынан күлді.

Ұмсынған-төрағаның орынбасары, Бақтылының ізбасары, оқыған, көзі ашық қыз.

 

Бүгіндері ауылда көп жылдардан елі қиын кезеңдерді бастан кешіріп, ауылды тізесінен тұрығызып, жоқты бар қылып, бар жағдайды жасаған Қабдылхамит бастаған ауыл зиялылары құрметті демалыста, олардың орнын Мәтідәурен бастаған жастар басты.

Кешегі көш өз бағытында жаңа заманға лайықты сән-салтанатында келеді.

Тұрғындар да үйлерін үлкейтіп, жанынан қоспақ қосуда.

Күн өткен сайын ауыл жасарып, жаңарып, құлпыра түсуде.

Бас-аяғы бір-ақ уыс ауыл баяу жылжып көтеріліп келе жатқан күннің қызыл жалынды шұғыласына малынып, құлпыра жадырайды. Ауыл сырт көзге шағын көрінгенмен, үйлері бір-біріне жақын тәртіппен салынған. Ауылдың дәл ортасындағы мешіт – ежелгі ислам дінінің түз қаласындағы сенімді қарауылындай тәкаппар қалыпта бой түзеп тұр. Қанық бояулы жасыл мұнараның ұшар басындағы қола айшығы бүкіл әлемнің жаратушысы – Тәңірі мен жердегі құлдары – адамзат баласының ортасындағы мәңгілік жар­шысындай.

 

* * *

Көптен күткен мектептің де құрылысы аяқталып, тамыз айының соңғы күндері ауылдықтар мектептің ашылу салта­натына қауырт дайындық үстінде.

Мектептің алдыңғы маңдайшасына «Оқы, оқы және оқы!» В.И. Ленин» деп жазып қойыпты. Одан төменірек кішігірім жазумен сол жағынан «Кел, балалар оқылық… Ы. Алтынса­рин» деп іліпті.

Барша ауылдықтар мектеп ауласына жиналды, бірі бала­ларын жетектеп, енді әжелер жағы немелерін ең алғаш білім нәрімен сусындандыруға келе жатыр. Көзді ашып-жұмғанша мектеп ауласына адам сыймай кетті. Біреулері ішке кіріп,

 

жаңа мектепті тамашалағылары келіп алға қарай ентелеп еді, оларды мектеп мұғалімдері тоқтатып тастады.

Алғашқы қоңырау соғылып, сөз кезегін ауыл төрағасы – Мәтідәурен алды:

– Құрметті ауылдықтар, қадірменді жерлестер! Бүгінгі күні ауылымыз үшін үлкен мереке, жаңадан зәулім мектептің есігін ашқалы отырмыз. Бұл жастарымыздың жан-жақты білім алуларына жол ашатын өмір атты кеменің желкенін көтеріп, болашаққа, білім айдынында сапарға шыққалы тұрған сәт. Заманның жаңарғаны, еліміздің ақ таңының атқаны, – дей келе, ауылдың өткен тарихына тоқтала келіп, сол тарихта өшпес із қалдырған жандарды аудандық орталық коммунистік партия атынан грамоталармен марапаттады.

Мектеп оқушыларының бірқатарының омырауына алқызыл жұлдыз, кейбіріне алаулаған оттай қызыл галстук са­лынып, октябрьяттар мен пионерлер қатарына ант бергізіп қабылдады.

Оқушылардың өз күшімен дайындап, көрсеткен мерекелік концерттен кейін, барлық ауылдықтар мектеп ішін та­машалады.

Қабдылхамит, Бақтылы мол жарық түсіп тұрған үлкен терезелі, зәулім классқа кірді. Қабырғасы аппақ, ортада оқушылар отыратын парта, жоғары қарай мұғалімнің сто­лы, бәрі-бәрі жаңа жиһаздар. Кластың ішінде әлі де кебе қоймаған бояудың иісі шығады.

Екеуі бірдей мойындарын бұрып, төргі қабырғаға көз қиықтарын тастады. Аяқтарын бір басып, екі басып, ақырын жақындап барып, таңданысып қарап тұр.

Жандарына жүгіріп келіп:

– Бұл біздің Ленин атамыз, – деді шашын жинақы, әрі сәнді жиып, үстіне қоңыр түсті көйлек, оның сыртынан ақ фартук киген, омырауында бала Лениннің суреті жарқыраған Жұлдыз.

 

Бақтылы оқушыға күлімсірей қарады. Жұлдыздың от­тай жанған көздері өзінің балалық шағын еске түсіріп, бір сәт сезімге бойын билетті.

Мұғалім де қонақтарға жанай келіп, – төрге шығыңыздар, мына жерге отырыңыздар, – деп мұғалім столының ба­сынан орын берді.

– Балалар, бүгін сендермен кездесуге ауылымыздың үлкендері, зиялылары, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосқан Қабдылхамит аталарың мен Бақтылы әжелерің келіп отыр.

«Ата» – «әже» деген сөздерді естігенде екеуі бірдей мырс етіп күліп жіберді.

– Шіркін өтіп бара жатқан дәурен! Кеше ғана жалындай жарқыраған қайратты ұл-қыздар едік, енді міне, немерелерімізбен кездесіп, бір қауқарсыз ата-әжелердей болып қалдық, ағасы, – деп Бақтылы Қабдылхамиттің құлағына ақырын ғана сыбырлап, жымиды.

– Балалар сұрақтарың болса қоя отырыңдар. Алғашқы сөзді Қабдылхамит ағамызға беремін, – деп мұғалім орнына жайғасты.

Қабдылхамит не дерін білмей, көп уақыт үнсіз қалды. Әр жиналыста сөз алып, ауылдықтардың алдында сөз сөйлегеннен гөрі, балалардың алдында сөйлеу өте қиын екен деп түйді іштей. Бұл жас балалар қазіргі кезде пәк, таза, өмірді жаңа бастап отыр. Не айтсаң да сөзіңді қағып алып, жадында сақтайды. Олар ересектер сынды керегін ғана алып қоймайды, бәрін қабылдайды. Сондықтан болса керек Қабдылхамит сөзін әріректен бастады.

– Қазір сендер үшін барлық жағдай жасалуда. Міне, жаңа зәулім білім ордасында отырсыңдар. Айнала тап-таза, жаңа жиһаздар, алдарыңда кітап дәптер, – деп қатты күрсінді де – біздің кезімізде бұның ешбірі болған жоқ. Оқу-сызуды молдадан үйрендік. Кітап, дәптер дегенің мүлдем жоқ еді. Соғыс кездерінде газеттің шетіне сиямен жазатынбыз. Оның өзі қазіргі сендердің сияларың емес, сия сауытта болатын, ол таусылып қалған шақта, пештің ішінен қара күйесін қырып алып, суға езіп жазатынбыз. Сендердің ата-әжелерің, әке-аналарың сендердің осындай күнге жетулерің үшін барлық жағдайды жасады. Сендер ең бақытты ұрпақсыңдар, – деп кібіртіктеп барып, сөзін аяқтады да, Бақтылыға сен әрі қарай жалғастыр дегенді білдірді.

– Біздер, – деді Бақтылы ағасының сөзін әрі қарай жалғап – еңбектің қадірін біліп өстік. Тер төгіп, қажырлы еңбек етсең ғана бақыт құсы қолыңа қонатынын әсте естеріңнен шығармаңдар, балалар.

Оқушылар арасынан Жұлдыз қолын көтерді.

– Иә, Жұлдыз не айтайын деп едің? – деп сұрады мұғалім.

– Менің сұрағым бар еді.

– Сұрай ғой.

– Сіздер өздеріңізді бақыттымыз деп есептейсіздер ме? – деді.

Тосыннан бұндай сұрақ қояды деп ешкім ойламаса ке­рек, Қабдылхамит кішкене қыздың бұл сұрағына таңырқаған жоқ, керісінше оның алғырлығына таң қалды, риза болды. Қас-қабағы жадырап, танауының астынан мырс етіп күлді.

– Иә, біз бақыттымыз. Өйткені, біздің бақытымыз сендерсіңдер, – деді Бақтылы ағасының ойын дөп басып. Сырты бүтін, іші түтін, қан жылап жалғызын зарығып, күтіп жүрген ана бір сәт шынымен де бақытты екенін байқатты.

– Мына ағаларың, – деді Қабдылхамитті көрсетіп – ел үмітін ақтап, жастайынан азаматтық белсенділігімен көзге түсіп, басқарушылық қызметтің талай баспалдағынан өтіп, ауылымыздың, еліміздің дамуына үлес қосып, ұлттық рух-тың асқақтауына барынша аянбай күш салған жан. Қолына нендей шаруаны алса да, тынымдылығымен, ізденгіштігімен ерекшеленді. Қарамағындағы ұжымын игілікті еңбек-кке жұмылдырып қана қоймай, жаңа заманның озық тәсілдерін тиімді және пайдалы қырларын оларға үйрете алды. Ұйымшылдықты, өзара түсіністікті ту ете жүріп, әріптестерінің әлеуметтік жағдайларына нақты қамқорлықтар жасады. Басшының парыздары мен міндеттерін, ел алдындағы борыштарын жүрегімен түсінді, санасы­мен зерделеді. Бүгінгі жас буын сендер де ертеңгі күні еліміздің елеулісі, халқымыздың қалаулысы болатындарыңа және басшылық орындарда қызмет етіп, ағаларыңның ісін жалғастыратындарыңа сенімдімін, – деді.

– Апай, менің тағы да сұрағым бар еді, – деді Жұлдыз.

– Сұрай ғой қарғам, – деп Қабдылхамит түсі суық болса да Жұлдызға жылы шырай таныта сөйледі.

– Егерде сіздер кезінде Ленин атамызбен кездессеңдер, не сұрар едіңіздер?

– Егер мен Ленинмен кездессем, халқыма бостандық алып бергені үшін алғысымды білдірер едім, – деп жау­ап қатты Қабдылхамит. Сол адамның арқасында осы күнге жеттік, – дей келе – қазір аудан бойынша отызға тарта мектеп болса, солардың ішінде өз ана тілдеріңде білім алып отырған сендер ғана. Сонысымен мақтануларың керек.

– Біздің ауылдың оқушылары қазақ тілінде оқып жат­са, қалғаны орыс тілінде, сонда бір елде тұрып, ертеңгі күні жоғары жаққа оқуға барсақ, біздің жағдайымыз не бола­ды? – деді Жұлдыз. Кішкене қыздың бұндай алғырлығына, тапқырлығына, ой ұшқырлығына тәнті болған қонақтар – ол мәселені сен секілді ақылды қыздар өздері шешеді – деп жол тауып кетіп, жауап берді.

Мұғалім де қыздың оттай сұрақтар қоюынан қаймықса керек, – ал балалар сұрақтарың болмаса қонақтарға сыйлықтарымызды табыс етейік, – деп кездесуді ұзатпай аяқтауға кірісті.

Бұл кезде қоңырау да соғылып, апыл-ғұпыл сыйлықтарын табыстаған оқушылар, бірін-бірі қағып-соғып, жүгіре басып далаға кетті.

Тек класста қалған Қабдылхамит пен Бақтылы кездесу­ден алған әсерлерімен бөлісіп, Жұлдыздың болашағы зор екенін білдірісті.

 

Жұлдыздың өсе келе Качир ауданынан шыққан тұңғыш Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ұстазы, КСРО-ның озат ұстазы болатынын ол кезде ешкім ойламаған еді.

Екеуі де, олардың тұстастары да, қай уақытта да еңбектегі тиянақтылығымен, мемлекеттің мүддесін, халқының мұраттарын ойлай білушілігімен және сол үшін табанды түрде еңбек жасай алатын қасиеттерімен көзге түскендер. Қай салада, нендей биіктерде жүрсе де, үнемі адалдық пен азаматтықты ту етіп ұстай білген жандар.

Бақыт дегеннің өзі – артыңдағы ізің ұрпақтарыңның елі арқа тұтқан, жұртының жоғарыға шығарар, жаны шуақты, еңбегі қуатты адамдар атануында емес пе…

Өмірде олардың ұстанымы – татулық, адамдардың өзара сыйласа білуі. Осы жолға өз ұрпақтарын да баулыды. Жеттім деген – жығылады, толдым деген – төгіледі. Болдым-толдым деп, асқақтамады. Халықты сыйлап, қызметті адал атқарып, еш жалыққан емес. Осынау тамаша жандардың осы ғибраттарын бүгінде ұрпақтары жандарына серік еткен. Қайсына көз салсаңыз да, елім деп еміренген, жұртым деп жанын сала еңбек еткен жандар.

 

* * *

Бұрынғыдай үнемі қауырт жұмыспен жүріп, елі үшін бар жанын салып қызмет етіп, таң азаннан кешке дейін үйінде отырмаған Бақтылы зейнеткерлікке шыққаннан бері екі қолы алдына сыймай, іштей мұқалып, жүйкесі жұқара бастаған тәрізді.

Қабдылхамит пен Шайзада келіп әр қилы жайдан сөз қозғағанымен, бұрынғыдай ашылып, еңсе көтермеді. Олардың көңілі үшін жан дүниесінің ішкі арпалысын, қайғысын сездіргісі келмей, кей-кейде сергектік танытқан болса да, онысының өзі үйлесім таппай, қанша сыр бермейін десе де оқта-текте әңгіме барысында баласының атын атап, бар қайғысын білдіріп алатын.

Түні бойы аунақшып, «аһылап, уһілеп» жөнді ұйықтай алмай жүргенін қайнысы да сезетін. Сезсе де, жеңгесінің уайыммұң, ауыр ойдан сергіту үшін қолдан келгенін бәрін істеп бақты.

Бүгін Бақтылы түсінен шошып оянды, «Иә, Тәңірім! жақсылық болғай, тек жақсылыққа» деп көрген түсін жорып, орнынан тұрып, терезеден далаға қараса, таң құлан иектеніп келеді екен.

Төсегіне қайыра барып жатты. Көзін жұмғаны сол еді, көз алдынан жаңа ғана көрген түсі бір сәтте қайта өтті.

Өне бойы дір етті, жүрегі алабұртып, аузына тығылып, көзі қарауытып кетті.

Түсінде баласы Олжабай есік алдына қайық сүйреп әкеліп, «апа, тездетіп бұл қайықты Шайзада ағамның үйіне жеткізіңізші» деп өтінді де, артына қарамастан жүре берді.

– Олжабайым, құлыным, тоқташы, ағама бұл қайықтың не қажеті бар?! – деген сөзіне де мойын бұрмады. Көзден ғайып болды.

Баласының әкелген қайығын айналып қараса, оң жақ бүйірінде тесігі бар екен. Қайыққа қолын тигізгені сол-ақ еді, қайықтың смаласы тамшылап аға бастады. Бақтылы шошы­нып, артына қарай ыршып түсті.

Көргені өңінде болғандай қанша ойламайын десе де, Олжайбайының бейнесі мен жамандықтың жаршысындай қара қайық көз алдынан кетпей қойды…

Жалғыз жарым сиырларын қақпайлап, жетелеп ауыл сыртына табынға қосуға апара жатқан әйелдер таңертеңгі тымық ауада жамыра сөйлесіп бара жатыр.

Әсіресе төбесіне орамалын түйе байлаған қара торы Са­пай қолындағы шыбығымен сиырын бір-екі тартып жіберіп, «мәлік келгір, бас аяғыңды» деп жекіп қояды.

Сиыр да міз бағар емес, аяғын ыңырана басып, шып етіп шыбық тигенде құйрығын шыпыңдатып, бес-алты метр бөкен жүріске басып, артына қарап ішін тарта мөңіреп, «пәтшағар, адал сүтімді ішкізіп, айран-қатыққа қарық қылып отырмын, енді маған не қыл дейсің?!» дегендей, Сапайға көз алартып, төмен қарап, мүйізімен айбат шегіп, шыбық тиген жерге басын созып, тілімен жалап алды.

Әр күн сайын қайталанатын таңертеңгі көрініс.

Бір-бірімен жаңа табысқандай сиырлардың барлығы жа­мырай мөңіресіп, тұмсықтарын тақасып, сағыныш мауқын басып, ал бұқалар кеше кеткен өшін алардай айбат шегіп, қарсыласына бар күшін, ашуын көрсеткендей басын төмен салып, тұмсығын төсіне тақап, сол аяғымен жер тарпып, «ішек-қарныңды осылай ақтарамын» дегендей шаңы шыққан жерді иіскеп, өкіріп қояды.

Сиырлардың сол жағында дағарадай мүйіздерін тарс-тұрс еткізіп сүзісіп жатқан қошқарлар, отарға келіп енесінен айрылып, жан даусы шығып маңырай жүгіріп жүрген қозы-лақ.

Бір мезетте бұл шуға от ала алмай дарылдаған трактор­лар үні қосылды. Жұмысқа шыққалы жатқан трактористер.

Дар-дұр етіп, көпке дейін зар қағып, соңында үйреншікті өзінің әуенін тапқандай, бір қалыпқа түсіп барып, орнынан ышқына қозғалады. Ауылдың екінші шетінен сондай бір үн шықты да тырқ-тырқ етіп барып, өшті.

Біраз уақыттан кейін тыныштық орнады.

Күйеулерін тамақтандырып, жұмысқа аттандырып, ма­лын өріске жіберіп, күнделікті күйбең тіршілікке ауысқан әйелдер әр үйдің ауласынан көрінеді.

Жаз айының соңғы күндері қысқа дайындық, үйлерін балшықпен сылап, ақтағаннан кейін, қора-қопсысын, мал қораларын жөндеуде.

Әйелдерден гөрі бұл жұмыс балаларға ауыр тиетін. Қол арбамен, ат-арбалары барлар ауыл шетінен саз балшық тасып, бидайдың сабағын қосып, су құйып, жалаңаштана шешініп, бастарына газеттен айыр қалпақ жасап киіп, балшық басып, күрекпен араластыра отырып, иін қандырғанша тер төгіп, үсті бастары қарала-құрала балшық болып, барын салады. Қораның тасасында көлеңкеде тұрған шалаптан ішіп, біраз тынығып алып, анасының ыңғайына қарай екі шелекті тол­тыра балшық салып, белі үзіле тасиды.

Қыздар да аналарына ұқсап, жандарына әкеліп төккен балшықтан алақандарына алып, қасындағы шелектегі суға малып, қанша сылайын деп тырысып бақса да, қабырғаға балшық тұрмайды.

Ал, аналары болса қабырғаға су шашып, былш еткізіп балшықты соғып, алақанымен әрі-бері жүргізіп, сиқыршылар тәрізді алақан астынан көрінген тұс теп-тегіс болып шыға келеді.

Бақтылы да келін, немерелерімен түске таман, жұмыстарын аяқтап, түскі асқа Ризабекті күтіп отыр. Дастархан басында балалардан басқа ешкім де тіл қатпады.

Қабағы қатулы, ұнжырғасы түсіп кеткен апасын көріп, Ризабек те шешіліп сөйлей қоймады. Бір-екі рет сөзге тар­тып көріп еді, естімеді ме, әлде естісе де естімегендей кейіп танытты ма, Бақтылы жұмған аузын ашпады.

Тек тамақ ішіліп, ас қайырылып, бата берілген соң, Ри­забек:

– Апа, жаңа көше бойымен ауылға кіре бергенімізде Шайзада ағаның үйіне бір топ ақсақалдардың кіріп бара жатқанын байқадым. Бірдеңе болып қалмаса жарар еді…, – деді.

– Қой, жамандыққа бастамай отыр. Ағам әлі қуатты, – деп жауап қатса да іштегі күдік, көрген түс ағасының үйіне қарай жетеледі.

Жақындай бере, денесі қалтырап, аяғын зорға басып, ағасының көршісі, әрі құдасы Қабдықұл қарияның үйін жа­най өте бере, жан шығара жылаған дауысты естігенде, бір жамандықты сезген жүрегі дүрсілдеп, аяғын баса алмай, басы айналып, қабырғаға барып арқасымен сүйенді. Неге екенін өзі де сезбеді, тамағына келіп жас тығылды.

 

Қабырғаны жағалай отырып, бұрышынан қараса Шайзаданың кіші қызы Сания, қора сылап жүрсе ке­рек, алдындағы балшықты қолымен езгілеп, аяғымен жер тепкілеп, бар даусымен жылап отыр.

Сіңлісінің жанына қалай жетіп барғанын да байқамады.

– Сәния, қарғам, не болды?

– Тәте! Тәтетайым! – деп Бақтылыны бас салды.

– Не болды, айтсаңшы?

– Қуанышбай, Қуанышбайдан… Сорладық қой, тәтетайым!

– Ойбай-ау, күнім не болды?

– Қуанышбай, бауырымнан айырылдық, – деп зарлағанда Бақтылының сай-сүйегі сырқырап, жүрегі аузына тығылды. Сәния енді тәтесінен айырылып қалатындай, тас құшақтап алыпты…

Бір мезгілде Бақтылы құшағынан шығып, Сәнияның сылқ етіп түскенін аңғарды да:

– Құдай-ау, көмектесіңдер, – деп жан ұшыра айқайлады. Жерде сұлқ жатқан Сәнияны бір-екі адам көтеріп алып кетіп, кеудесіне дымқыл орамал басып, бетіне су сеуіп әбігерге түсті…

Түндегі көрген түсінің қорқынышы қайта жанданып, буын-буыны қалтырап, Бақтылы үйге кірді. Жеңгесінің кіре берісте орамалын ерніне тақап егіліп отырғанын көрді. Жүрегі қысылып, демі жетпей, «жеңгей», – деп ышқына күбір етті. Жалт қараған жеңгесі Нүрила көз жа­сын сығып-сығып жіберіп, құшақтай алды.

– Қарғашым, балапанымнан айырылып қалдық, үйленгені кеше ғана… Әлі ешбір қызық көрмеді-ау!

– Тағыдырдың салғанына шара бар ма? Бекем болыңыз.

Нүрила еңкілдей, жұтынып барып:

– Қайтейін, немере сүйіп, енді бақытты отбасы болғанымызда тағдырдың басымызға салғанын көрмеймісің?! – дей бергенде, төр бөлмеден Шайзада шықты, түрі бозарып

 

кеткен, сәл бүкірейіңкіреп, қартаң тартып қалған, жалғызының қайғысы…

– Не оттап отырсың? Бұл үйге жалғызымның өзі, не өлі денесі келмей, ешқайсың да көздеріңнен жас шығарушы болмаңдар, – деп ақырды. – Іштей езіліп, таусылма. Бала­мыз тірі ме, өлі ме әлі оны да білмейміз, сондықтан тым бо­сап, егілме. Сабыр сақта, мықты бол. Сенің өкіріп-бақырып жатқаның бәрімізге де ауыр тиеді, – деп сөзінің соңғы жағын жылы сөйлеп, әйелін сабырлыққа шақырды.

– Қайтейін, енді, қайтейін…, – деп Нүриланың үні үзіліп барып, тамағына әлдене кептелгендей болып, мұңлы көзіне жас қайыра үйірілді.

Көз жасы тиылғаннан соң, барлығы төр бөлмеге кірді, бұл кезде ауыл үлкендері толық жиналып та қалған.

Шалдар жағы Шайзаданың, кемпірлер жағы Нүриланың асты-үстіне түсіп, бәйек болып, қайғының уытынан айырмақ болып, өткен-кеткенді әңгіме қылып отыр.

Шайзаданың Алладан сұрап алған жалғыз ұлы екі жыл бұрын үйленіп, былтырғы жылы шаңырақтары қуанышқа бөленіп, сәби сүйген-ді.

Енді міне, қуаныш арты қайғыға ұласып отыр. Қуанышбай жұмыс барысымен орталыққа барып, сол жақта суға түсіп, өмірінің соңғы сәтінде суға сүңгіп, содан қайыра шықпапты.

Үш күн, үш түн ұйықтамаған Шайзаданың күйін түсінген, әрдайымда қасында болған Қабдылхамит:

– Торыққан адам мелшиген қара тасқа да жалбарынады деген екен, бақи дүниеден мәңгілік жай тапқан бабаларымыз. Білемін. Сен тастай қатып қалған мейірбансыз адам емессің. Бірақ, қайғыдан қан жұтып, іштей құса болғанша, іштегі зарыңды шығарсаңшы, Шайзатжан-ау! Тірі болса балаң ендігі келіп қалар еді ғой… – деп кемсеңдей жылай – өзіңе берік бол, қайғы айтып келмейді, артының қайырын берсін! – деп көңіл айтты.

 

Соңғы екі-үш күнде Қабдылхамиттің кеуде тұсы қатты шаншып, жүрегі сыр бере бастаған еді.

Түстен кейін қаралы көлік, Шайзаданың үйіне баласының мәйітін әкелді.

Барлық ауылдықтар келіп, қайғыларына ортақтасып, көңіл айтып, қолдан келген көмектерін көрсетті. Шайзада еңіреп жүріп жалғызын, тұяғының жалғасын өз қолымен арулап, жер қойнауына берді. Баласын мәңгілік мекеніне орналастырып, қазақи мұсылмандық дәстүрмен барлық рәсімін өткізіп, жетісін беру­ге қамданып жатқанда, бауырының басына түскен қайғысын көтере алмай, жүрек талмасынан Қабдылхамит фәниден бақиға өтті.

Бұл жұмыр бас нендей қайғыны көрмеді, қандай қасірет шекпеді, әйелдің қырық жаны бар деген рас шығар, әйтпесе бір Бақтылының басынан өткен қиыншылық пен қасіретті ешбір ер-азамат көтере алмас еді.

Қара шаңырағындағы өз төсегінде бір қырынан жатқан кейуана бар денесіне ерік беріп, буын-буындарын боса­тып, тұңғиық көздерімен қолындағы жалғызының суретіне ұзақ қарап, суреттегі бейнені кеудесіне құшырлана басып, емірене иіскеді.

Ана жүрегіндегі әлсіз үміт оты жамандыққа жорымаса да, жер басып, тірі болса Олжабайым анасына келетіндей уақыт болды ғой деген ой жүректі сыздатады. Осындай терең ойдың шырмауында жатқан Бақтылының көз алды қарауытып барып, денесі жеңілдеп сала берді. Болымсыз ғана бір сәуле қылаң етті де, денесі жеңілдеп, екі дүние есігінің босағасынан жарық сәуле түсіп, есіктің тырс етіп ақырын ашылғанын сезіп, басын кіре беріске бұрып еді, О, жасаған, құдреті күшті жаратқанның қолынан келмейтіні жоқ қой, қарсы алдында әскери киімін киген, жүзі сәл қоңырқай тартқаны болмаса, өңі дәл соғысқа аттанғандағыдай жап-жас, қоңыр көздері мейірлене қараған Олжабайы жанына жақын келіп, анасының тамырлары білеуленіп, анық көрінетін қатпарланған әжімді қолдарынан ұстап:

– Апатайым, жан анам, сені қатты сағындым, қанша тез келемін десем де, осынша уақыт өткізіп алдым, енді сенен алшақтап ешқайда да бармаймын, екеуіміз мәңгі бірге бола­мыз, – деп анасын бауырына қыса түсті.

Жалғызының төсіне басын қойып, баласын қос-қолымен қысып, қапсыра құшақтаған Бақтылының көздері жылт ет­кен қуанышқа толып, бұл дүниенің азабынан құтылар кез келгенін ұққан асыл ана перзентінің бейнесінен көзін алма­стан, баяу ғана шалқалап барып, жастығына басы тиісімен, о дүниеге аттанып кетті.

Елі үшін, жері үшін арын беріп, жанын беріп қызмет етіп, өскелең ұрпаққа елжандылықтың, еңбексүйгіштіктің үлгісін танытып, сонау ықылым заманнан атадан балаға ми­рас болып келген жердің қадірін ұғындырып, ұядағы ұрпаққа ұйытқы болып, санасына ұлттық қалыпты сіңдіре білген, елді бір іске жұмылдырып, бірлессе ғана алынбайтын қамал жоғын дәлелдеп, «ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» қағидатын әрбір ауылдықтың жүрегіне ұялатқан Тегістік ауылының барлық ел жақсылары, ел арыстары, бірінен соң бірі бұл өмірмен қош айтысты.

Біреуі жалғызынан, енді бірі жан бауырынан айырылса да, бәрі де армандарына қол жеткізді.

Олардың арманы – елінің елдігі, халқының қамы, ұлтының бірлігі…

 

* * *

Ауылдықтар Әз ана Бақтылыны соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы көш бейіт басына қарай бет түзеді.

Тек арттарында қалған Шайзада кілт тоқтап, бейіт жаққа, одан кейін қаралы көшке қарап:

 

– Қаршадайынан жоқшылықтың тақсіретін, қайғының қасіретін, ауыр бейнеттің зардабын көп тарттың-ау, қарындасым! Ерге ер, серіге сері бола білген жолдасым! – деп көзіне жас алды.

– Әрдайым да тұла бойынан адамзаттың арманына айналған тазалықтың, пәктіктің шарапатын көруші едік. Жан тазалығың – күн көзіндей қуатты еді. Ал ақыл-парасатың, ерік-күшің, ар-ұжданың, ізет құрметің, инабатың – адамзатқа тән адамгершіліктің інжу-маржаны ғой, Бақтылы!

Қош, Қош… Бір сенімен ғана қоштаспаймын, бүкіл ауылдың ұйытқысы болған, сенімнің селдіреп, үміттің үлбіреп, жүйкенің жұқарып кеткен кездері жол тауып шыққан ағаларыммен қоштасамын.

Қош, қош… Ұлысымызды ұмыттыртпайтындай, жұртымызды жадынан шығармайтындай еткен әріптес-замандастарыммен қоштасамын.

Қош! Қош!

Мен де бұл жалған дүниеде мәңгілік емеспін. Мен де барармын құлынтайымның жанына. Мен – бүгін бармын, ертең жоқпын, – деп қара жерге тізерлеп отыра кетті.

Қатты дауыл жел тұрып, аққайыңдар да шуласып, қаралы көштің соңынан қол бұлғасып, Бақтылымен қоштасып, «жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулы мәңгілік емес, біз де бір күн кетерміз. Жұмақтың төрінде кездесіп, менің саямда балаң екеуің әлі талай ұзақ әңгімелесесіңдер, мауқыларыңды басарсыңдар».

Қош, қош қазақтың асылы…

Қош! Қош! Қазақтың аяулы қызы…

Бұл өмір – ғайып ғұмыр!

 

ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ

(әңгіме, үздік проза жанрына)

Бүгін ауа-райы өзгеше құбылыс көрсетіп тұр. Бір аптадай аптап ыстықтан кейін қала ішінің шаң-топырағын көтерген құйын алай-дүлей дауылға ұласып, соңы нөсер жауынға ай­налды.

Көшеде бірі жұмысқа, енді бірі балаларын жетелеп мек­тепке ағылған адамдар.

Жетінші ауылдан қалаға қатынайтын автобусқа отырған Айгүлдің қасына егде тартқан әйел немересімен келіп отырды.

– Әже, компьютерде ойын ойнағым келеді. Сізге келуін келемін, сізбен жақсы, бірақ ата-анамды сағынамын, үйге барсам сізді сағынамын, бәрінен де қызықты компьютеріме жететіні жоқ қой, әже, – деді ойындағының барын жайып салған бала.

– Мен сенсіз қалай жүремін жарқыным-ау. Сенің маңдайыңнан бір иіскеп мауқымды баспасам, түн ұйқым төрт бөлініп, сен келгенше жанымды қоярға жер таппаймын, – деп кемсеңдеді әжесі.

– Мен сені өте жақсы көремін, – деп бала әжесінің мой­нына асылып, қатты құшақтады да, – енді сәл шыдашы, мен оқуымды бітіре сала үйленемін, сосын сені қолыма алып, өзім күтіп-бағамын. Сен менің әжемсің, әркім өзінің әжелерін сыйлауы керек, өйткені сіздер – әжелер біздің әке-шешемізге өмір сыйладыңыздар ғой. Тек сен өлмеші әже.

– Құлыным сол, ақылыңнан айналдым. Сен айтсаң бол­ды, мен ешқашан өлмеймін.

– Немереңіз бе, апа?, – деді бұлардың өзара әңгімелерін қызықтап отырған Айгүл.

– Иә, ең кіші немерем, басқа немерелерімнен Айдосжа­ным жеке өзі бір төбе.

– Апай сіз неге немерелеріңізді ертіп жүрмейсіз, сіз де әже емессіз бе, – деді әлгі бала. Оның әр сөзі Айгүлдің жүрегіне оқ боп қадалғандай бо­лып, тұла бойы тітіркене қалды.

Балаға не деп жауап берем деп абыржып та қалды. Оның үстіне:

– Қарғам, балаларың бар ма еді? – деді немересінің сұрағын күрделей түскен әжей.

Сұрақ астына қалған Айгүл:

– Балаларым бар, бірақ…, – деп күмілжіп қалды да, көлік терезесінен сыртқа қарап қатты ойға шомды. «Бұл тағдыр соншама мені несіне қинады екен. Алпысты алқымдаған шағымда балаларымның қызығын көріп, неме­ре сүйем деген уақытта қу тіземді құшақтап жалғыз басым қалдым.

Өзгелердің тағдырына қуанышпен, енді бірде қызғаныш көзбен қараймын. Аллам біреуге бақ, енді бірге тақ, біреуге бақыт, өзгесінің өмірін жақұт қылады… Жоқ, жоқ… Бәріне өзім кінәлімін. Марқұм әкем «Әрбір адам өз тағдырын өзі жасайды», – деуші еді. Өмірімнің, тағдырымның осындай болғанына бәлкім өзім де кінәлі шығармын?! Жоқ, олай болса мен қайтіп қара жер басып жүрмін, пешенеме жазылған осы болса қайтемін. Әлде, өмірлік жарымды дұрыс таңдамадым ба? Жоқ, марқұм күйеуім жақсы адам еді. Басымнан аяғыма дейін алтындатпаса да, мәпеледі, алақанына салып аяла­ды, отбасына барын берді, мүмкін мен сол жанның қадір-қасиетін түсінбей, ырысын шашып, алтын басын сыйлама­дым ба екен?! Жоқ. Мен де сүйдім жанымдай. Отбасының берекесі, ошағының жылуы, үш перзентін дүниеге әкелген адал жар, балаларының анасы емеспін бе?!

Әттең, осы тағдырыма тек өзім ғана кінәлімін. Барымды бар деп бағаламай, асып-тасып, жастық желігіне масайып, ұлыма дұрыс тәрбие бере алмай, өмірімнің маған қатайғанын да сезбедім. Алдымда жар ма, ор ма оны да бағамдамадым. Бұлай болады деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді?!

Осы күйге түскенім үшін мені кім аяйды? Жанашыр ту­ысым да жоқ. Үш балам үш жақта тентіреп, хабар-ошарсыз, не күйде екендерін де білмеймін. Өзімнің жүрген түрім мы­нау, үйсіз, күйсізбін…

Бейбіт күнде мүсәпір бейкүнә жанды кім аясын. Аяса Аллам аяр.

Жоқ бұлай болмас, өз жанымды өзім жегідей жегенше алдыма қарап өмір сүрейін. Күн батқан соң, ол күн қайта атпай ма?! Тағдырымның алдымда даярлаған сыйы да бар шығар, мүмкін».

Айгүлдің бұл ойын қоғамдық көліктен шуласып түсіп жатқан жолаушылардың айғай-шуы бөліп жіберді.

Қолына қытайдың ала сөмкесін алып сыртқа шықты. Жаңбыр толассыз құйып тұр. Адамдардың бірі көлікке мінгессе, енді бірі қол шатырларын ұстап жан-жаққа тарасып жатыр. Тек Айгүл ғана жаңбырдың саябырлағанын күтіп аялдамада қалды.

Ала сөмкенің ішінде күнделікті күнкөрісі үшін үстеме-леп пайда тауып жүрген бірнеше қорап темекі, тәтті кәмпиттер және тауарларын қоятын үлкен қобдиша.

Темекінің бір талы он теңге. Табатын табыс әртүрлі. Кей­де күніне жүз, енді бірде үш жүз теңгеге дейін жетеді. Қу шөппен аузын сүртіп, үйге жаяу қайтқан күндері де болады.

Жаңбыр сәл бәсеңсіген шақта базар шетіне де келіп жетті. Базардың іші лық толы адам. Асықпай заттарын шығарып, орналастырды. Бүгін са­удасы жақсы жүріп, Айгүл үшін ерекше күн болды. Кешке дейін әкелген затының жартысын сатып, көңілі жайланды. Таңертең бір күдік, бір үмітпен ояанып еді.

– Апай, сәлеметсіз бе? Бұл жерде сауда жасауға болмай­ды деп сізге талай айттым ғой, – деді участкелік инспектор Талғат аяқ астынан жетіп келіп.

Бұл жігітпен бірер ай бұрын осы базарға келгенде танысқан.

Аққұба, бойшаң, сымбатты жігітті Айгүл алғаш көргенде-ақ өз баласына ұқсатып жылы сөйлескен. Осы жолы да Талғатты көргенде қуанып кетті.

– Балам, халің жақсы ма? Келін, бала-шаға қалай?

– Апай, түсінсеңізші, мені де қадағалайтын адамдар бар. Онсыз да шағым түсірушілер көп. Бұл жерде енді тұрмаңыз, тек маған ренжімеңізші.

– Талғатжан, менің үстімнен арыз түсіретін адамдар бар ма? Мен өзімді мүсәпір жан деп есептеуші едім, менен на­шарлары да бар екен-ау.

– Апай, жүріңіз, участкеге, мен қағаз толтырып, сізге әкімшілік айып – пұл саламын.

– Талғат-ау, оны төлейтін менің ақшамда жоқ қой.

– Үндемеңіз, тек мына жерден кетейік.

Айгүл бірден заттарын жинастырып, Талғаттың соңынан ерді.

Полиция участкесі деген аты ғана, оның өзін де тек маңдайшадағы жазудан оқып білуге болады. Әйтпесе, үш бөлмелі пәтерге орналасқан, соның бір бөлмесіне Талғат ертіп кірді.

– Айгүл апай, енді сауданы қоюыңыз керек. Бұдан әрі мен сізге рұқсат бере алмаймын.

Осы сөздерден кейін Айгүл көпке дейін үнсіз қалды. Оның еңсесінің түсіп кеткенін байқаған Талғат:

– Есімнен шығып кетіпті ғой. Өткенде сіздің балаларыңызға сұрау жариялағанмын…

– Иә, Талғатжан, нендей хабар? – деді бетіне қуаныш күлкісі үйірілген Айгүл.

– Сүйіншіңізді дайындаңыз.

– Айналайын-ау, балаларымнан жақсы хабар болса немді аяйын – деп, ала сөмкесін ақтарып, ішінен кішігірім қобдишаны алып шығып үстөл үстіне бес жүз теңге қойды.

Бұндайды күтпеген және сүйінші сұраймын деп, әйелдің соңғы тиын- тебенін алып шыққанын көргенде Талғат абыр­жып қалды.

– Оныңыз не? Мен сізге…

Айгүл сөмкесін ақтарып, балаларыңа базарлық деп кәмпит тәттілерін шығарып бәйек боп жатыр.

– Айгүл апа, мына заттарыңыз бен ақшаңызды тез алыңыз. Мен сізден ешнәрсе дәм, етіп отырған жоқпын, дұрыс түсініңіз.

Айгүл де өз ісінің дұрыс еместігін біліп, екі беті алаулап қатты ұялды.

Қайтсін енді, төрт жылдан бері балаларынан хабар күтумен жүр.

– Өзіңіз айтқандай үлкен қызыңыз Жанар Бішкекте тұрады екен. Ал, кіші қызыңыз Ресейдің Омбы қаласында, тұрмыс құрған.

– Құлындарым-ау, аман-есен екен ғой! Еркемтайым…

Айгүлдің бұлыңғыр үмітке толы ішкі жан дүниесін түсіне қойған Талғат орнынан тұрып, Айгүлдің қолынан ұстап:

– Кешіріңіз, ұлыңыз нендей бір лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен қамауда жатқан көрінеді, одан арғысын айта алмаймын – деді.

– Ең жақсы хабар апа, қыздарыңыз зар боп сізді іздеп жүр. Бүгін-ертең келіп те қалар.

Одан арғыны Айгүл естіген жоқ. Көзден аққан жас қайғы мен қуаныштың, әрі сағыныштың, мұң мен зардың запыран болған шері еді.

Жұдырықтай лүпілдеген жүректен тараған ыстық қан алпыс екі тамырымен он екі мүшесіне жан бітіріп, сол қанымен тәнін тоғыз ай, тоғыз күн бөлісіп, өзегін жарып шыққан балаларына ана қарғысы, ана реніші бола ма?!

Қайдан болсын, өзінің бір бөлшегі емес пе?!

Па шіркін, Құдірет! Жаратушының жарылқауын-ай!

Қос жанардан аққан жаспен бірге тас кеудесі жібіді, ана еміреніп қоя берді.

– Апай, ренжімесеңіз, бір нәрсе сұрайын деп едім – деді Талғат.

– Мұндай күйге қалай түстіңіз деп сұрағалы тұрсың ғой, Талғатжан, – деді Айгүл.

Ойының үстінен дөп түскеніне қымсынған Талғат, «сұрап нем бар еді» деп өз-өзін іштей кінәлады.

– Жас шағымда өзімді бақыттымын деп санаушы едім, – деп бастады сөзін.

– Әке-шешем ауқатты жандар болды. Ауылда сегіз жылдық білім алған соң қалаға оқуға келдім, ол кездері ауыл жастары таңдаған мамандық мұғалім еді ғой, ел қатарлы пе­дучилещеге оқуға түстім. Жатақханада тұрдым, не жеймін, не ішемін демедім, бәрін ауылдан жіберіп тұратын.

Сөйтіп, уақыт аққан судай зымырап өте шықты.

Өмір деген ағысы қатты өзен. Сол ағысқа түсіп кетсең болғаны болашағыңды болжау қиын. Кейде иірімдерге тап боласың, жалт етіп бұрылғанша тұңғиыққа алып кетеді.

Ал осы буырқанған өзенде алып кеме бар, ол әке-шешең. Отырғызып алып, өле-өлгенше сол өзеннің бойымен жетер жетістігіңе, шығар шынар биігіңе алып барады.

Қалаға келіп, өз басыма өзім би болған соң, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қалаға келгенім жаңа өмірді бастағаным деп, жастықтың жалынымен жайдарман күн кештім.

Сабақты жақсы оқыдым, үш курсты үздік аяқтап, жазғы демалысқа үйге кетер уақытта құрбылар келісіп, бір-бірімізге қонаққа баратын болдық.

Ең алғашқы сапарымыз Базаргүлдің ауылы. Кешкісін Базаргүл бөлмеге келіп, «ал Айгүл кеттік», – деді. Ештеңені де аңғармадым, соңынан еріп сыртқа шықсам, көлік күтіп тұр екен. Ішінде бейтаныс екі жігіт отыр. Сәлемдескеннен кейін, сөзге келместен көлік орнынан қозғалды.

– Базаргүл, құрбыларымызды тоспаймыз ба? – деп сұрап едім, ол:

– Қазір басқа көліктермен келеді. Жақын құрбымсың, олар келгенше дайындала берейік, – деді.

Құба – құп, жан құрбым деген соң, сөз бар ма, Базаргүлдің ауылы қайдасың деп бір-ақ тарттық.

Бір-бірімізбен танысып, у-да-шу, ән айтып, көңіл көтеріп, ауылға қалай келгенімізді де аңғармадым. Ауыл шетіне кіре бере салт ат мінген балалар көлікті қоршап алып, жүруге мұрсат бермеді.

Жүргізушіміз сыртқа шығып, қолын ауыл жаққа көрсетіп ербеңдетіп, бір нәрсе айтып еді, әлгілердің барлығы «сүйінші, сүйінші» деп тұра шапты.

Аң-таңмын. Тек Базаргүл ғана миығынан күліп, маған қарап көзін қысып, «ауылда бүгін үлкен той болғалы тұр» деді. Ойымда ештеңе жоқ.

Көліктен түсіп жақындай бергенімізде үйден үлкендер шығып, шашу шашып, бетімізден сүйгенде бір-ақ сан соғып қалғанымды түсіндім.

Төр бөлмеге кіріп басыма орамал салғанда ғана есімді жидым.

Жылайын десем жүрек құрғыр лүп-лүп етіп, бір жағынан сайтан күлкі қысып, үндемей отыра бердім. Қайырлы бол­сын айтып жатқан көрші-қолаң, туыстар, үй іші лық толы адам. Солардың арасынан танитыным жалғыз Базаргүл ғана.

Бір мезетте бөлмеге бет-жүзі анамдай әйел адам кіріп келгенде көзден жастың аққанын көрсең. Орнымнан ұшып тұрып құшақтап алып, ал келіп жыла. Шешем байғұс қазір қызым үйге келеді деп тосып отырғаны көз алдыма елестеп, көз жасымды тия алсамшы.

Қайтейін көрмегенім осы болса бұны да көрейін дедім…

Бір апта уақыт өтті, не қуғыншы жоқ, не қызымыз тірі ме деп іздеп келген жан баласы жоқ.

Артынан білдім, осы істің басы қасында, шешеме «тоспаңыздар кейін келемін» деп жедел хат жіберген Базаргүл «жан құрбым» екен.

Қойшы, әйтеуір үйленіп үй болдық. Жолдасым жақсы адам болып шықты, өзімнен бес-алты жас үлкен.

Қалаға көшіп келдік, ол алыс сапарға жүретін ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болды. Мен базарға шығып, ет сатумен айналыстым.

Сол жылы, бір қыс ішінде ата-анамнан бірдей айырыл­дым. Әкемді жерлеп үйге қайтіп келе жатқанда жол апатына ұшырап, құдай сақтап аман қалдық.

Ол кездері тұңғышыма аяғым ауыр еді.

Бірақ, сол апат кесапат болып баламнан шықты. Дүниеге бір аяғы екінші аяғынан қысқа және қол саусақтары кемтар болып туды. Апармаған жеріміз жоқ. Медицинаның қауқары жетпеді.

Өзге балалардан кем болмасын деп еркелетіп, бары­мызды бердік. Күн өткен сайын сабағы нашарлап, соңында мектепке бармайтынды шығарды. Келемеждеп, балалар «мутант» деп мазақтайды екен. Әйтеуір сегізінші сыныпты бітіргесін әрі қарай оқуын жалғастырмай үйде отырды.

Ол екі ортада екі қызым дүниеге келді.

Неге екенін білмеймін күйеуім ұлға қатал болды, ұрып-соғуға дейін баратын.

Балаларды үйге қалтырып, екеуіміз туған-туыс, жо­ра-жолдастарымызды түгендеп қыдырып, көңіл көтерумен болдық.

Өмір деген осы екен ғой деп өзіме өзім мәз болдым, Базаргүлге де рахметімді айтып қоямын, осындай бай тауып бергеніне.

Шаттық, бақыттан басым айналды. «Күйеуім қашан демалысқа шығады екен, қайда барсақ дұрыс болады, базарға барып үстіме қандай киім алсам», – деген ойлардан арылма­дым.

Бірақ, қуанышым көпке бармады.

Жолдасым ісік ауруына шалдығып, үш ай төсек тартып, көз жұмды.

Отбасымызды асырау ауыртпашылығы бір өзімнің мой­ныма түсті. Қыздар болса ер жетіп қалды. Еркемтайдың жаны қиналды маған қарап. Жұмыс іздеді, бірақ баламның жайын көріп ешкім де жұмыс бермеді.

Бір күні Еркемтай келіп

– Мама, мешіт медресесінде шәкірттер алып жатыр екен, баруыма рұқсат берсеңіз…, – деді.

Тілегін құп алдым.

Балам намаз оқып, күнде мешітке барып, тәшпих тар­тып, жаназаға қатысып қысқа мерзім ішінде жас имам болып шыға келді. Көрші қолаң зират басына барса да, айт мерекесінде, оразада да шақыратын болды.

Алған садақасын балам үйге әкелді. Тек балама:

– Еркемтай, садақаларыңды алма, мен бармын ғой, бәріңді асырауға шамам жетеді. Сен оданда жаныңда отырғандарға «тәбәрік» ретінде таратып бер, – деп үнемі айтып отырдым.

Күндіз базарға шығып саудамен айналыссам, кешкісін еден жуып ақша таптым, барлығы да «сары бала, қара қазан қамы» үшін.

Жағдайымыз біраз жөнделіп қалды.

Бір күні Еркемтайым үйге келмеді, іздемеген жерім, қоңырау шалмаған адамым қалмады. Таң атқанша көз ілмедім. Жұмыстан үйге келсем балам келіп кетіпті, мені іздемеңдер деген екен. Әйтеуір, амандығын білгесін жа­ным жай тапты, бірақ жүрек құрғыр баламның бір пәлеге ұшырағанын сезгендей кеудеме сыймай, алабұртып үйге отырғызбады. Сыртқа шықсам дала жым-жырт, көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы.

Бір мезетте үй артынан дауыстар шықты, ақырын басып, жақындап тың тыңдасам, бір топ балалар Еркемтайды жетек­теп келеді, балам аяғын баса алмайды, бірдеңе болып қалды екен деп, жүгіре басып, жандарына келсем, шылқи мас.

Үйге әкеліп жатқыздым, сол күні түні бойы жылап шықтым. Ерте тұрып жұмысқа кетпей баламмен сөйлесейін деп барсам, орнында жоқ.

Осы жағдай бір жұмадай жалғасты.

Жылап та, ұрысып та айттым, балам тек тыңдайды да қояды, көздері құдды бір шыныдан салынғандай, өзім де ба­ламнан қорқа бастадым.

Кешкісін үйге келсем балам үйде отыр. Іштей риза бол­дым. Ақылымды айтып жатырмын: – имандылық жолында жүріп бұлай еткенің дұрыс болмады, үміт артып отырғаным бір өзіңсің, ертең қыздар ержеткен соң үйлі-баранды болып жеке кетеді, шаңырақтың иесі сенсің, – дедім.

Балам сол баяғы қалпы, «ләм-мим» деп ауыз ашпады. Тек Үндістанға бір айға оқуға баратынын айтты.

Қаражат жоқтығын айтсам да балам көнбеді. Не істейін енді, банктен барып несие алып, жіберуге мәжбүр болдым. Осыдан кейін дұрысталады деген үміт басым.

Бір айға деп кеткен балам алты айдан кейін бір-ақ орал­ды. Оған дейін, жанымды шүберекке түйіп, Аллаға жал­барынып, амандығын, аман-сау оралуын тіледім, ашпаған есігім, тоздырмаған табалдырығым қалмады.

Қайтейін, балам қайтып оралғанмен үйдің берекесі оралмады.

Еркемтай мешітке емес, басқа бір жерде бас қосатынды шығарды.

Азық-түлікті жамағат келді деп мен жұмыстан келгенше бәрін үйден тасыды.

Қос қарындасын имандылық жолына түсіріп, намазға жықты, өзіме де дауыс көтеріп, «Әр мұсылман өз қажетін Жаратушы, аса қамқор мейірімді Алла тағаладан ғана тілеуі керек. Намаз оқымаған қазақ мұсылман емес. Мама, сен намазға жығылмасаң, мен мұсылман емес анаммен тұра ал­маймын» деп қиғылық салды.

Неге жұмыс істемейсің десем, «иншаллла, бәрі Аллаһтың қолында. Аллам жарылқайды. Сен де жұмыс істеме» деп өзіме қарайды да отырады.

Күн өткен сайын баламның шалбарының балағы қысқарып, сақалы өсе бастады. Қара сақалының әрбір қылы маған қарап айбат шегіп, баламды қара түпсіз тұңғиыққа апара жатқандай болды.

Бұл ісі не осы деген мақсатпен мешітке барып имаммен сөйлестім.

– Балаңыз өте инабатты, тәрбиелі бала еді… Бірақ қазіргі кезде мешітке келмейді, өздері жеке бір пәтерде жи­налып істерін сонда тындырады. Апай, кеш болмай тұрғанда балаңызға араша түсіңіз – деді.

Имамның астарлай айтқан сөзін үйге келгенде бір-ақ түсіндім.

Кіріп келсем үй толған сақалдылар, өңкей жастар. Ер­кемтай үлкен қарындасын ұзатқалы жамағатын ертіп келіпті. Қанымның басыма шапқаны соншалық, әлгілермен бірге Ер­кемтайды да үйден қуып шықтым.

Балам теріс ағымдағы сектаның шырмауына түскенін сонда ғана түсіндім. Амал қанша, кеш ұқтым.

«Бір жақсының артынан бір жаман келеді» деуші еді, сол рас екен. Тәуелсіздік алып, бөрігімізді көкке атып, мәз мейрам болдық. Бірақ, қара пиғылды, ұлтымыздың тамыры­на балта шабатын, ұрпағымызды ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрінен, діні мен иманынан айыратынын ойламадық қой, Талғатжан, ойламадық.

Үлкен қызым күндіз күлкі түнде ұйқыдан айырылды. Күнде компьютердің алдынан шықпады.

Бір күні: – мама, мен тұрмысқа шығамын, Қырғызстанға кетемін, – дегенде есімнен танып құлап қалдым.

Қызымды райынан қайтару үшін істемеген амалым қалмады.

 «Қырыққа келген, бір рет отбасын құрған, жүрегім қабылдамайтын адамға шыққанымды қалайсың ба, әлде менің өмірмен қоштасқанымды құп көресің бе, мама? Еркемтайдың айтуына қарағанда мені екі күннен кейін алып қашпақшы» деп қызым ағыл-тегіл жылады.

Көнбеуіме шара қалмады.

Кешкісін үйге қырғыз жігіті келді, тәрбиелі. Бішкектегі Ата-анасына кетерде келін әкелетінін айтыпты. Комьютердегі скаиппен олармен де сөйлестім, жақсы адамдар екен. Біріншіден Аллаға, екіншіден сол адамдарға қызымды тап­сырып, рұқсатымды беріп, сол күні түні жастар Бішкекке аттанды.

Дағарадай үйде кіші қызыммен қалдым. Аласұрып далаға шығып, қайта кіріп, таңның атуын тосумен болдым.

Өз баламды өз қолыммен жат елге ұзаттым, ендігі бар ойым кіші қызым болды. Ол да бас-аяғын тұмшалап, тұйықтанып, кісікиік болып тысқа шығуды қойды. Бір үйде тұрып туған қызыңмен сөйлеспеу деген… сұмдық-ай, ешкімнің басына бермесін.

Ал, Еркемтай болса жұмыс істемей үйдегіні түзге тасу­мен болды.

Үйге келген қонақтарға жекіп, «мен сіздерге бір күн түнеуге мұрсат бердім. Енді үйімнің берекесін кетірмей кеткендерің дұрыс болады» деп қуып шығатын болды. Үйімізге тірі пенде келуін қойды.

Баламды сөзге тартып, мән-жайды білейін деп едім, ол:

– Мама, біз дін таратушымыз және дінсіз исламды бұрынғы өз қалпына келтіреміз. Қазіргі дініміз әлсіз, иман­дарымыз жоқ. Сондықтан біздің қатарымызға қосылып, намазға жығылыңыз. Аллаһ тағалам біздерге жұмақтың төрінен орын дайындайды. О дүниеге барғанда періштелер қарсы алып, Дәриссәлам жұмағының есігін ашып, кәусәр бұлағынан сусындатады, апа. Мына өмір өмір емес, нағыз өмір сол жақта. Біз ислам дінін тұрғызу жолында жаны­мызды пида етуге дайынбыз. Бәрі Аллаһтың қолында, бір Жаратушының әмірімен. Менің тілегіме қарсы болмаңыз. Кіші қарындасымды тұрмысқа беремін, – деді.

Соңғы сөздерін естігенде қалай қолым барғанын білмеймін жағынан тартып жібердім, қызымды тек менің жа­нымды алып қана ұзатасың, сені ойына келгенін істетіп қояды деп ойлайсың ба? Мен сенің анаңмын Еркемтай, Мұхаммед пайғамбардың өзі «алдымен анаңды сыйла, анаңды сыйла, одан кейін тағы да анаңды сыйла» демеді ме?!

– Мама, мен ондай пайғамбарды білмеймін, Менің пайғамба-рым Иса, – деді.

Балама ақыл айтып, түсіндіруден шаршадым, осы сөздерінен кейін мүлдем сөйлесуді қойдық. Қызымды күзетумен болдым. Оның үстіне сол жылы он бірінші сы­ныпты бітіруші еді, тест тапсыруға дайындалуда. Ақырын, еміс-еміс қызымды бұл жолдың дұрыс еместігін, уақыты келгенде намаз оқитынын айтып, аз да болса да бетін бері бұрдым.

Қанша жанталасып тырыссам да, қызға араша бола алмадым. Еркемтай күнде жамағатын ертіп үйге келіп, ұзататынын, шариғат бойынша некелері қиылғанын да айт­ты.

Бір түнде қызым жоғалды да кетті. Полицияға да ба­рып шағымдандым, Еркемтайдың барып жүрген пәтеріндегілердің үстінен де арыз жаздым, бірақ қызым үшті-күйлі жоғалды.

Тек үш күн өткеннен кейін жұмыста жүрсем ұялы теле­фоныма қоңырау шалып, «мама, маған ренжімеңіз, мен өз бақытымды таптым» деп тұтқаны баса салды. Содан кейін қызымның дауысын естуге зар болдым.

Кешкісін көңілім кетіп сал болып үйге келсем есікте үлкен қара құлып тұр. Бұл қалай екен деп, ойлағанша болған жоқ, екі адам келіп, бұл үйдің сатылып кеткенін айтып, өздерін осы үйдің қожайыны-мыз деп таныстырды.

Еркемтайдың жамағат достары келіп жүргенде үйдің қағаздарын алып кетіп, аттарына аударып алған екен. Сөйтіп осы күйге жеттім, Талғатжан.

Талғат ешбір сөзге келместен: – апай, мен сізді үйіңізге жеткізіп салайын, – деді.

Жетінші ауылға жеткенше екеуі де жақ ашпады.

Айгүл нағашы жиенінің үйінде тұратын. Үйде емес, ал­дында салынған кішігірім лашық. Үйге жақындай бергенде жиені келінімен шығып, бүгін үйде қонбайтындарын, ертең бірақ келетіндерін және Айгүлге әзірше басқа бір жерде түнеуін сұрады.

Амал жоқ, Айгүл кері айналып, бұрылыстан шыға бере Талғаттың күтіп тұрғанын көріп қуанып қалды. Бірге қалаға қайта оралды. Оның айтқанына көнбей, құрбысының үйіне баратынын айтып, сапаржайда түсіп қалды. Құрбысы қайдан болсын Айгүлдің, түні бойы сапаржай­да қонып, азанмен ерте базарға келді. Орнына келіп отырып, қалғып кеткенін де байқамады. Бір мезетте аппақ киінген күйеуі «Айгүл тұрсаңшы балаларың келе жатыр, қарсы ал» деді де ғайып болды. Айгүл көзін ашса түсі екен. Онысы несі, бүгін күн жұма болғасын түсіме кіріп, құран дәметіп жүр екен ғой, ол да ана жақта менің осы күйге түскеніме күйініп жүрген шығар деп ойлады…

Дала ала көлеңке. Қала мешіттерінен азан шақырыла ба­стады.

Айгүлдің көз жасы мөлтілдеп, алдында не болып жатқанын түсінбеді.

Мешіттегі азаншылардың даусы, құдды бір Аллаһтың сөзін жеткізгендей «балаң бар, бал-а-а-ң-ң бар, баллла а-а-ң-ң-ң ба-а-р» деп шақырып тұрғандай еміс-еміс құлаққа жетеді.

Көз жасын сүртіп қараса алдында Талғат, артында бір топ адам.

– Анатай, анашым, анатайым, – деген дауыстарынан қыздарын таныды.

Құшақтасып жыласып, мауқын басып, бақыттан басы айналды, тек мөлдір тамшыға малшынған көздері жәутеңдеп қыздарына кезек-кезек қарады.

– Апа, – деді анасының құлынын іздеп тұрғанын байқаған үлкен қызы.

Еркемтай түрмеде, тек уайымдамаңыз, осында келерден бір-екі бұрын кездестік. Қазір істің ақ-қарасы анықталуда. Жақын арада босатылуы мүмкін. Еркемтай сізге дұғай- дұғай сәлем айтты. Мен үшін анамнан кешірім сұраңдар-шы, – деп жалынып, босап шыққасын, Сізді өмір бойы алақанына салып өтетінін және те харам жолдан бойын аулақ салатынын айтты. Айгүл бұл сөздерді естіген шақта «Айналайын ары­сым, тектінің ұрпағысың ғой, айналып келіп қазығыңды табатыныңа сенімді едім ау» деп қыздарын бауырына басты, көз жасына ерік берді.

Бұл кезде күнде ұясынан көтеріліп келе жатыр еді.

Бұл көріністі әрі қарай көруге Талғаттың шыдамы жетпеді.

Тек аспандағы күн күлімдеп, ананың балаларымен қауышқанына риза болып, бұл қуанышты шартарапқа жеткізіп, бақытты отбасын сәулесімен нұрландырып тұр.

 

Қазақ тілінде жазылған