ЕҢБЕК ЕР АТАНДЫРАДЫ
осы заманғы сегіз көріністі пьеса
Қатысушылар:
Кәмшат – Социалистік еңбек ері, атақты механизатор
Борис – Қазақстанның еңбек ері, шаруашылық басшысы
Сайран – Қазақстанның еңбек ері, шаруашылық басшысы
Бірінші хатшы
Үшінші хатшы
Бюро мүшесі
Әкім
Тілші – облыстық газеттің қызметкері
Бригадир
Келуші
Мұғалім
Төраға
Хатшы қыз
Қыз
Жігіт
Ескерту:
Пьесада кейбір кейіпкерлердің теледидарда, радиода және бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген және жарияланған сөздері пайдаланылды
Бірінші көрініс
Боровской аудандық партия комитетінің мәжіліс залы. Бюро өтіп жатыр.
Бірінші хатшы. Бүгінгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Харьков» кеңшарының директоры Сайран Бұқановтың дербес ісі.
Үшінші хатшы. Сайран Балкенұлы Қостанайдағы ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетін бітіргеннен кейін Боровской ауданына жолдамамен келген. Бөлімше агрономынан бастап Ақсуат мал бордақылау кеңшарының бас агрономы дәрежесіне дейін көтерілді. 1984 жылдың маусым айынан бері «Харьков» кеңшарының директоры қызметін атқарып келеді.
Бірінші хатшы. Бірақ, қалай атқарып отыр? Мәселе осында! Барлық шаруашылық басшыларының алдына өткен жылы үлкен міндет қойылды. Солардың ішінде Сайран Балкенович басқаратын шаруашылық та бар. Бұл шаруашылықта соңғы жылдары қаражатты желге шашу белең алды. Жоспарда болмаса да ұшақтар қонатын алаң саламыз деген сылтаумен мал шаруашылығы базаларының алды асьфалтталған. Ол жолға қанша қаржы кетті, не мақсатқа жұмсалды?
Сайран. Кешіріңіз, жолдас хатшы, бұл сөзіңізбен келісе алмаймын. Онда барлық семинарларды үлгілі шаруашылық есебінде неге біздің ауылда өткізіп жүрсіздер.Басқа шаруашылықтармен салыстырып көрмейсіздер ме?
Бірінші хатшы. Елімізді етпен қамтамасыз ету мақсатында шошқа фермасын құру туралы сізге тапсырма берілді. Бұл шаруаны шұғыл қолға алудың орнына қасарысып отырсыз. Ал бұл уәжге сіз не дейсіз, жолдас Бұқанов?
Сайран. Жасыратыны жоқ, біздің кеңшардың тың игеру жылдарында негізі қаланған. Онда орыстар мен украиндар секілді православие дінін ұстанған ұлт өкілдері көп болатын. Қазір жағдай өзгерді. Тұрғындардың едәуір бөлігін жергілікті халық – қазақтар құрайды. Ал мұсылмандардың талап-тілегі басқа. Тіпті ауыл тұрғындарының көпшілігі доңыз баққаннан көрі ірі қара, қой өсіргенді артық көреді. Өйткені, ауыл жанында үлкен көл бар. Дала болса жазық. Ал шошқа баққан жер тез сасып кететінін білесіздер ғой. Сондықтан ауылымыз экологиялық жағынан таза болсын деген ниетте болдық. Келешекте көл жанынан қаз өсіретін ферма ашпақ ойымыз бар.
Бірінші хатшы. Сіз өйтіп жалтармаңыз! Айтып отырғаныңыз жай сылтау, дәлел емес. Партияның нұсқауын мойындамайсыз ба?
Сайран: Меңдіқара ауданында жұмыс істеп жүрген кезімде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы болып жұмыс істеген Зудерманның: «Сайран, зачем ты пошел директором? Теперь ты как агроном деградируешь, из тебя получился бы хороший агроном» - дегені бар еді. Мүмкін, маған директор емес, агроном болған дұрыс шығар. Сол кісі менен бірде: «Сайран, сен қазақша оқисың ба, қазақ тіліндегі газеттерді жаздырып аласың ба?» - деп сұрағаны бар. Мен орыс мектебінде оқығанымды, қазақша оқи алмайтынымды айтқанда ол маған бажырайып қарады. «Сен намысың жоқ не қылған қазақсың, мысалы, мен неміспін, ал неміс тілінде шығатын «Нойес Цайтунг» газетін жаздырып аламын» - деді. Содан бері мен де қазақ газеттерін оқитын болдым. Ал ұлтым сүймейтін шаруамен қалай айналыс дейсіздер?
Бюро мүшесі. Сайран Бұқановтың сөзін тыңдасақ, біз партия белгілеген жоспардан мүлде бас тартуымыз керек екен ғой.
Сайран. Бас тартыңыз деген ұсыныс жасаған жоқпын. Тек ондай ферманы шаруашылыққа қолайлы, елді мекендерден алыстау жерлерде орнатқан дұрыс. Тағы бір айтарым, аудандағы ең нашар шаруашылық біз емес. Оған сенімім кәміл. Ал ет жоспарын ірі қара есебінен де толтырамыз. Мені қолынан іс келмейтін басшы десеңіздер, қызметке байланып қалған жоқпын, өздеріңіз шешіңіздер. Орыс халқында: «Хорошие люди принесут вам счастье, плохие наградят вас опытом, худшие дадут вам урок, а лучшие оставят воспоминания» деген қанатты сөз бар. Мен болған істен қорытынды жасауға сөз беремін.
Бірінші хатшы. Жә, тәжікелесіп жататын уақыт жоқ. Мәселе барлығыңызға түсінікті шығар. Олай болса жарыссөзді созбай, дауысқа салайық. Менде бір ғана ұсыныс бар. Ол шаруашылық директорын қызметінен босату. Кім осы ұсынысты қолдайды?
Дауыс беріледі. Үш адам қолдап, қалғандары қалыс қалады.
Үшінші хатшы. Жолдастар! Біз қарап отырған мәселеге байланысты Сайран Балкенұлы жұмыс істейтін шаруашылықтан бір топ делегация облыстық партия комитетіне барып, оны жұмыста қалдыру туралы өтініш айтыпты. Ал облыстық газетте белгілі журналист Владимир Катковтың оны қорғаған мақаласы жарық көрді. Журналистердің пікірімен де санаспаса болмайды. Менде ұсыныс бар. Сайран Бұқанов орнында қалсын. Кемшілік болса, түзетуге мүмкіндік берейік. Оған есеп карточкасына жазып қатаң сөгіс жарияласақ та болады.
Бірінші хатшы. Олай болса, осы ұсынысты дауысқа салайық.
Дауыс беріледі. Үш адам қарсы, жетеуі қолдайды, бір кісі қалыс.
Бірінші хатшы. Ендеше осыған ырза боласың, Бұқанов! Бара беріңіз!
(музыка)
Екінші көрініс
Кеңшар кеңсесі.Кабинетте директор. Оның алдындағы орындықта бригадир.
Бригадир. Ғафу етіңіз! Сонымен механизаторларға астықтың сыртында жем бердік. Ал қалған ауыл адамдары да қыңқылдап, малға азық сұрайды.Оларды қайтеміз?
Борис. Олар да біздің ауылдың тұрғындары. Биыл егінінің шығымы жақсы. Жер деген еңбеккерге туған анасындай, ал жалқауға өгей шеше секілді. (Для труженика земля – родная мать, для лодыря – мачеха). Бірақ, ауыл адамдарын туған, өгей деп бөле алмаймыз.
«На элеваторе голодный год,
Хлеб погрузив, последний грузовик,
Голодной смертью умер большевик». Осылай деп орыс ақыны Степан Шипачев баяғы аштық жылдары өлең жазыпты. Қазір заман басқа. Бірақ, малға азық керек. Сондықтан жемді арзан бағамен мұғалімдерге де, дәрігерлерге де, басқа кеңсе қызметкерлеріне де беру керек. Тұрғындардың барлығына да дұрыс көзқарас болсын. «И отходу нужен подход» деген бар ғой.
Бригадир. Түсіндім, Борис Павлович! Мен бас кезінде оларға бергім келмеген. Өйткені, егінді сепкендер мен оны жинағандар ғана алсын деген ой болып еді.«Если ошибка – партия поправить и направить. Партия – наш рулевой» демекші, біздің көш бастаушымыз де, жол көрсетуші де өзіңіз. Дұрыс бағыт сілтегеніңізге рахмет!
Борис. Енді сүдігер көтеруге ертерек дайындалыңыз! Жер өзін сыйлағанға ғана өнім береді. Орыста: «Бабу обманешь – родить. Землю обманешь – не родит» деген қанатты сөз бар. Естуің бар шығар.
Бригадир. Әрине! Жақсы! Онда мен кетейін.
Борис. Хатшыны шақырады.
Қабылдау бөлмесіндегі кісіні шақырыңыз.
Мосқал кісі кіреді.
Борис. Құлағым сізде, шаруаңызды айта беріңіз!
Келуші. Сіздің мазаңызды алмайын деп едім. Жақында келін түсірдім. Ал біздің үйде ұсақ мал да, ірі қара да жоқ. Менің зейнетақым мен баламның еңбекақысына қарап отырмыз. Келін болса мұғалім. Қаланың қызы ғой, ылғи дайынға үйренген. Біздің дүкенде айран, сүт, ірімшік деген тағамдар үнемі бола бермейді. Сол жағын Сізге құлаққағыс қылайын деп едім.
Борис. Ойыңызды түсінем. Ірімшік, құрт, сарымай секілді, тағы басқа ұзақ сақталатын сүт өнімдерін алдырамыз. Ал сүт пен қаймаққа келсек, былай келіссек қайтеді. Қаладан алдыруға жер шалғай. Мен сізге сауын сиыр берейін. Келініңіз ауыл тұрмысына көндіксін, бір мезгіл сиыр сауып, сүт пен қаймағын өз қолымен алсын. Бұған қалай қарайсыз?
Келуші. Дұрыс қараймын. Бірақ, келін көнсе.
Борис. Таза сүт іщкісі келсе, үйренсін. Малдың жемшөбін арзан бағамен аласыз. Ауылға келген соң, ауыл жағдайын көрген соң бұл мәселеге жайбарақат қарауға болмайды ғой. Келешекте ауыл дүкенін барлық қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін де күн туады.
Келуші. Рахмет!
Борис.
Түймені басып, тағы хатшыны шақырады.
Мен егіс алқаптарын аралаймын. Ұмытпай тұрғанда, айтып қояйын. Келесі айда аудан орталығында көркемөнерпаздар байқауы өтеді. Соған клуб меңгерушісі дұрыстап дайындалсын. Хор, ән ғана емес, би номерлерін жақсылап дайындасын. Апта соңында дайындықтарын өзім тексеремін.
Хатшы қыз. Жақсы!
(музыка)
Үшінші көрініс
Қарқын ЖШС дәмханасы. Дастархан басында он шақты адам. Ортада Социалистік Еңбек ері Кәмшат Дөненбаева және Қазақстанның еңбе к ерлері Сайран Бұқанов пен Борис Князев.
Сайран. Құрметті қонақтар! Мына басталып жатқан жыл бәрімізге құтты, берекелі жыл болсын! Сіздерді жинап отырған мақсатым – ауыл шаруашылығын дамытуға ат салысып жүрген азаматтарды ел танып-білсін, көзбен көрсін, сөздерін естісін деген ниет еді. Бүгін ауылды аралап көрдіңіздер, халықпен кездесіп, пікір алыстыңыздар. Енді емін-еркін отырайық. Тағы бір айта кететін жай, біздің әңгімемізге облыстық газеттің тілшісі, белгілі қаламгер қатысып отыр. Оған құрғақ сұхбат бергеннен көрі біздің әңгімемізді құлақ қойып тындасын, өзіне керегін алар, керек емесі қалар деп ойладым.
Дауыстар. Дұрыс, дұрыс!
Тілші. Рахмет, Сәке! Шынында да бүгінгі кездесу есте қаларлықтай болды. Кәмшат апамыздың еткен еңбегі, берекесі сіздерге де жұғысты болып, еңбек ері атанып отырсыздар. Осыған орай қол жеткен табысқа қандай жолмен келдіңіздер, сөз арасында айта отырыңыздар.
Сайран. Борис Павлович! Қазақ халқына есімі кең тараған тұлғалардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері Сағалбай Жанбаев. Кезінде СССР Жоғарғы Советінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған, одақтық дәрежедегі зейнеткер атанған, еліне елеулі еңбек еткен ел ағасы туралы естіген шығарсыз.
Борис. Ия! Ілияс Қозыбаевтың орыс тілінде жарық көрген «Тот самый Жанбаев» деп аталған кітабын оқығанмын. Онда ардагердің өмірбаяндық деректерімен қатар оның атқарған істері кеңінен сөз болған екен.
Сайран. Ендеше бір қызық оқиғаны айтайын.Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Сағалбай Жанбаев облыстық партия комитетінің кезекті бюросында облыстық газет қызметкерлерінен түскен шағымды қарайды. Оқиғаның анық-қанығына жету мақсатында әуелі редакторды, іле-шала оның орынбасарын тұрғызса, екеуі кезек-кезек бірін бірі жамандайды. Бюро мүшелері шеттерінен орыс. Сәкең болса орыс тіліне шорқақ екен.
«Біреуге ор қазба, ор қазсаң, терең қазба» деген қазақтың қанатты сөзін аударғысы келген Сәкең столды жұдырығымен қойып қалып: «Кончайте базар. Ложите сюда партбилет. Кому яму копайт, туда саму попайт» – деген ғой. Отырғандардың барлығы жым болған. Күлгісі келгендер күле алмаған. Жылағысы келгендер жылай алмаған. Міне, қарапайым қазақ азаматы орыстарды осылай мойындатқан. Басшыларымызда көбінесе осындай қасиеттер жетіспей жатады.
Тілші. Ия, ол кісі туралы ел аузында әңгіме көп. Сағалбай Жанбаев Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінде білімін жетілдіреді. Бірақ, кезекті сынақтардың бірінде құлап қалады. Басшыларға құлаққағыс қылса, олар құлақ аса қоймайды. Амалы таусылған Жанбаев оқу орнындағы басшының қабылдау бөлмесінен бір жерге телефон шалады. Оның айтқан сөздерін маңайындағылар естіп тұрса керек.
«Товариш Маленков, Вам звонит Жанбаев, секретарь обкома партии из Костанайской области Казахстана. Я не понимаю одного, мясо надо, Жанбаев надо, хлеб надо, Жанбаев надо, шерсть надо, Жанбаев надо, учится надо, Жанбаев не надо, что ли?» –депті. Жанбаев шынымен Маленковпен сөйлесті ме, әлде, сөйлескен кейіп танытты ма, оны бір өзі біледі. Бұл сөзді естіп отырған партия мектебі басшылары Сәкеңді қайта шақыртып алып, емтиханнан аман-есен өткізіп жіберген екен.
Сол оқуда жүрген кезінде орналасқан қонақүйге келсе, өзінің тұратын қабатын білгенімен, қай бөлмеге орналасқанын ұмытып қалыпты, ал ғимараттағы есіктердің бәрі бірінен бірі айнымайды. Не қыларын білмеген Сәкең ақыры айла тауып, барлық есікті ашып, ішіндегілерден «Жанбаев здесь живет?» – деп сұрай береді.
Ақыры өзі орналасқан бөлмеге жетіп, жаңағы сұрағын қайталаса, бірге жатқан орыс жігіті: «Вы что, Сәке, сами себя ищете?» – деп таң қалыпты. Жанбаев болса айылын да жимай: «А я хотел проверить, ты Жанбаева знаешь, или нет» – дейтін көрінеді.
Борис. Жоғарғы партия мектебін бітіріп шыққаннан кейін Сағалбай ағамызды Кентау қалалық партия комитетіне екінші хатшы қылып жіберетін болыпты.Орталық Комитеттің өкілі мектеп түлектерінің қайда баратынын оқып шыққаннан кейін «енді кімде сұрақ бар?» – дейді. Сонда Сәкең қолын көтеріп: «Менде сұрақ бар!» – десе керек.
«Құрметті Орталық Комитеттің өкілі, – дейді Жанбаев, қалалық партия комитетіне жібереміз деп отырғаныңыз қай Жанбаев? Жоғарғы партия мектебіне Маленков жолдастың өзі арнайы оқуға жіберген және оған дейін Ақмола облыстық партия комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарған Жанбаев па, әлде басқа біреу ме?» Өкіл сасқалақтап: «бұл мәселенің анық-қанығын анықтау керек» – депті. Жанбаев болса осы әңгімеден кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылады.
Тілші. Жанбаев ел аралап жүріп бір колхозға келсе, ауылдан біраз жердегі қырманға жаяу-жалпы кетіп бара жатқан қыз-келіншектерді көреді. Жанында отырған колхоз председателінен «олар неге жаяу жүр?» – деп сұраса, «көлік жетіспейді, олар жаяу жүріп үйренген, ештеңе етпейді» – деген жауап алады.
Біраздан кейін Жанбаев мінген көлікті тоқтатып, төрағаға ат шалдырып алайық дейді. Ол сыртқа шығысымен шопырына жүре бер деп ым қағады. Терезені ашып, колхоз бастығына қараса ол байғұс асып-сасып: «Сәке, ауылға мен қалай жетемін? Әлі он километр бар» – десе керек. Сәкең аспай-саспай: «Ештеңе етпейді. Әйелдер де сондай қашықтықты жаяу жүріп жүр ғой. Сен әйелдерден кем емес шығарсың» – деп жүріп кетеді.
Кәмшат. Енді бірде Сағалбай Жанбаевтың атына сол кездегі Таран аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып жүрген Берлин деген кісінің үстінен арыз түседі. Сәкең ауданға барып, айтылған жайдың анық-қанығына көз жеткізгеннен кейін хатшымен тілдеседі. Ол өзінше ақталып жатса керек, сонда Сәкең: «Слушай, как твоя фамилия?» – деп сұрайды. «Вы же знаете, Саке!» – дейді ол. «Я у тебя спрашиваю, как твоя фамилия?» – деп тағы қайталайды. «Берлин» деген жауапты естіген соң, «А ты знаешь, как наши взяли Берлин. Если не можешь найти общий язык с народом, мы тебя тоже возьмем как Берлин» – депті. Сонымен әңгіме біткен.
Борис. Шынында да ол кісіден үйренетін жай көп екен. Сол кітаптан оқыдым ба, әлде біреуден естідім бе, есімде жоқ. Сағалбай Жанбаев астық жинауға көмекке келген әскерилердің басшысы болған армия генералымен келісе алмай қалады. Сонда Сәкең: «Сіз өзі әскерлерді кім киіндіретінін, кім тойындыратынын білесіз бе? Ауыл адамдары. Сіз армияның генералы болсаңыз, мен партияның генералымын. Сөзге көнбесең, партбилетіңді столға қой!» –депті. Сүйтіп, генералды да орнына қойған.
Сайран. Жарайды, ағаны еске алғанымыз дұрыс. Мен енді сіздердің алдарыңызда Кәмшат апамызға құрмет көрсеткім келіп отыр.Өйткені, бұл кісі мен басқарған шаруашылықта еңбек етті, ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосты, тың игерушілер арасында қыз-келіншектер арасында оза шауып, танымал механизатор атанды. Бұл кісі қоғамдық жұмысқа де белсене араласты, елдің сөзін сөйлеп, кешегі Совет Одағы кезінде Жоғары Кеңестің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды.
Тілші. Сәке, қарсы болмасаңыз, осы сәтті пайдаланып, Кәмшат апама арнап жазылған, кезінде газетке шыққан өлеңімді оқысам қайтеді.
Сайран. Әрине, оқу керек!
Тілші. Кәмшатпен танысқанда обкомда мен,
Көңілім көтеріліп, шақ тұрған ем.
Содан соң сол жырымды жоғалтып ап,
Жақында іздеп жүріп таптым әрең.
Сол кезде бал таматын таңдайынан,
Өлеңнің бөгелмеген қандайынан,
Қазақтың ақиығы Ғафу ақын
Кәмшаттың сүйіп еді маңдайынан.
Қыздар көп апамыздай болсақ деген,
Қазақтың мақтанышы Кәмшат деген.
Дүбірлі жиында да міне бүгін
Осындай кездесуді аңсап келем.
Па, шіркін!
Келбет қандай, дауыс қандай?
Ақыл мен көрік бірге қауышқандай.
Көпшілік қалыпты ұйып, мен де отырмын,
Апаммен жаңа ғана қауышқандай.
Айтқанда ол ел жағдайын, жердің жайын,
Тер төгіп, дән өсірген елдің жайын.
Қазақтың даласына ұқсатамын
Кәмшаттың жарқыраған кең маңдайын.
Дауыстар. Бәрекелді!
Кәмшат. Рахмет, айналайын! Еңбегімді асыра бағалап жатырсыңі.Мен кешегі Совет дәуірінде социалистік еңбек ері атандым.Ол кезде заман солай болды, қыздар темір тұлпарды тізгіндесін деген ұран көтерілді, еңбегім жанды. Ал қазір қазақ қыздары меңгеретін мамандық толып жатыр.
Сайран. Мен өз ауылынан жұмыс іздеп кетіп қалатын жастарды аяймын. Совет үкіметі кезінде слесарь, токарь, құрылысшы секілді мамандарды дайындайтын кәсіптік училищелер болды емес пе?
Борис. Ия, заман ерлері Николай Островский, Паша Ангелина болды.Тоқсаныншы жылдары бізде товарлы-сүт кешендері де болды. Жақында Израильде болсам, онда осының барлығы бар екен. Бізде де неге соны қайта қолға алмасқа?
Кәмшат. Келешек сендердің қолдарында. Келер ұрпақтан ұялмайтындай іс жасау керек. Ол сендердің қолдарыңнан келеді.
Сайран. Еңбек ерді ер қылады, елді кең қылады.Шынында да тіршілікте жасалған әрбір игі іс кейінге өнеге болып қалады. Артта келе жатқан ұрпақ сол іс арқылы ғана бізді танып біледі. Бұрынғы көнекөз қариялар: «Қарғыс алма, елден алғыс ал!» деп айтып отырады екен.Ел тілегінен, халық алғысынан артық, үлкендердің батасынан артық ештеңе жоқ. Ел басқарған әр азамат осыны ұмытпауы керек. Басшылардың да басты міндеті халыққа жақсылық жасау, туып-өскен елді көркейту.
(музыка)
Төртінші көрініс
Дала мұражайы. Оқушылар ашық аспан астындағы техниканы тамашалауда. Олармен бірге облыстық газеттің тілшісі жүр.
Мұғалім. Балалар! Мына автокөліктерді қазір көшеден сирек көресіздер, кейбіреуін мүлде көрмейсіздер десек те болады. Мынау «Запорожец», оның моторы алдында емес, көптеген көліктің багаж салатын орны деп есептелетін арт жағында орналасқан. Анау «Москвич», жанында тұрған «Победа». Кейінгі көлік, атынан көрініп тұрғандай, Жеңістің құрметіне арнап шығарылған. Ал мотоциклдер К-55, К-175 деп аталады. Олар 1955–1959 жылдар аралығында шығарылған. Жүк таситын көліктер: бұлар ЗИЛ және ГАЗ маркалы.
Тілші. Мына шынжыр табанды трактор тың игеру жылдарында келген болар.
Мұғалім. Ия! Тың көтерген «ДТ-54» шынжыр табанды тракторы қар суы басқан шұңқырдан мұражай үшін әдейі көтеріліп алынған. Ол сол жерде қырық жыл жатыпты.
Тілші. Сонда механизаторлардың еңбекақысы қандай?
Мүғалім. Олар ай сайын жүз мың теңгеден артық еңбекақы алады. Ал егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін әрқайсысының қол жеткізген табысы есептеліп, қосымша сыйақы төленеді.
Әңгімеге директор Борис Князев араласады
Борис. Өмір жүріп бара жатқан көш-керуен секілді. Тоқтап қалуға болмайды. Тоқтаған кісі көштің соңында қалады. Көшке ілесе алмасаң, қатарыңнан кем боласың. Сондықтан тоқтауға болмайды, барлық күш-қайратты жұмсап, тек ілгері жылжу керек.
Тілші. Егістік жердің өзі жүз мың гектардан асады екен. Сонша жерді қалай күтіп-баптайсыздар?
Борис. Бұдан отыз жыл бұрын 36 мың гектар егістік алқабымыз болатын, қазір бұл көрсеткіш үш есе өсті. Өткен жылы екінші класты 130 мың тонна астық жинадық.Күтіп-баптамаған жерге арамшөп қаулап кететіні рас. Сондықтан бізге адам қолы ауадай қажет. Нағыз байлық адам қолымен жасалады.Механизаторларымыз да, техника да жеткілікті.
Тілші. Ересектердің жасы келіп, зейнетке шығып жатқандар да көп шығар. Олардың орнын қалай толтырасыз?
Борис. Бізде ондай проблема жоқ десек те болады. Мысал үшін айтайын, біздің ауылда бос тұрған үй жоқ. Ауыл тұрғындарына тұрғын үй тегін беріледі. Өйткені, шаруашылықтағы 700 адамның тең жартысына жуығы жастар. Соңғы он жылдың ішінде ғана 20-дан астам тұрғын үй салдық. Сондықтан баспана, жұмыс мәселесі шешімін тапқан соң жастар да елге келгісі келіп тұрады. Мәселен, диплом жұмысын жақында ғанақорғағалы жатқан Дмитрий Маевский деген осы ауылдың тумасы ветеринар мамандығын алған соң елге оралады.
Тілші. Кейінгі жылдары ауа райы да қолайлы болып тұр ғой. Халық «Когда есть дождь и гром, не нужен агроном» демей ме?
Борис. Жоқ! Бұл қате пікір. Ия, біліксіз агрономның қажеті жоқ. Ал менің ұстазым Терентий Мальцев: «жер өзін сыйлағанды ғана сыйлайды» дейтін. Атқа мінуді, тізгінді қалай ұстауды білмесең, ол үстіндегі кісіні лақтырып кетпей ме? Жер де сол секілді. Оны күтіп-баптап, жер құнарын сақтаған адам ғана жердің берген несібесін теріп жей алады.
Тілші. Ауыл ортасында пошта мен телеграф қызметі де бар екен. Тұрғындар оқудағы бала-шағасымен, алыстағы ағайынмен жиі хабарласатын шығар.Сіздерде ұялы телефон жүйесі жұмыс істей ме?
Борис. Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деген телефон мұнарасы орнатылады, енді Алматы, Астанамен де сөйлесе беруге мүмкіндік туды.
Мен сіздерге бір қызық айтайын. Сарыкөл ауданында бір елді мекенде қыс бойы жиналған көң төгілмей, ауыл шетінде үйіліп қалса керек. Жаз шыға ауыл әкімі келген кезде жиын өтіп, тұрғындардың біреуі жаңағы жағдайды әкімнің бетіне салық қылса керек. Сонда тағы бір тұрғын орнынан көтеріліп: «менің де айтарым бар, сол үйілген төбеге тиіспей-ақ қойыңызшы, өйткені, ауылда телефон байланысы жоқ, ал «Билайн» жүйесімен қаладағы балаларымызбен ұялы телефон арқылы сөйлесуге сол төбеден артығы жоқ!» –депті.
Тілші. Борис Павлович! Сіздің директор болғаңынызға отыз жыл болған екен. Отыз жыл аз уақыт емес.
Борис. Ия. Мені алғаш директор сайлаған күн 1987 жылы. Есімде қалғаны жиналыс өткен күн. 22 көкек. Лениннің туған күні болатын.
Тілші. Сіз тың игеру кезінде келген шығарсыз.
Борис. Жоқ! Менің туып-өскен елім – қазақ жері. Менің атам Атбасарда туған, ал менің кіндік қаным тамған жер Қарабалық өңірі. Боскөл деген жер.
Тілші. Сол Боскөлде қазақтың Жаманшалов деген помещигі болғанын естіген шығарсыз. Ол жүздеген десятина егін еккен.
Борис. Патша үкіметіне жаққан кейбір қазақ байларына дворян атағы, кең және құнарлы егістік жерлер берілгендігі туралы жазушы Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабынан оқығаным бар.
Тілші. Адвокат Федор Плеваконың Смайыл Жаманшаловты қорғап Троицкіде сөз сөйлеуі де ел аузында аңызға айналған. «Сот байлардан секенбейді» деген желеумен Смайыл болыстың қамбадағы бидайды елге таратып беруін айыптап, оны соттамақ болғанда Плевако болыстың халыққа жасаған қамқорлығын да ұмытпау керек екенін алға тартып, ел үшін жасаған игілік үшін айып тартқызуға болмайтынын дәлелдеп шығады.
Борис. Қазақтар ескі әңгімелерді ұмытпайды, есінде сақтап, кейінгілерге айтып жүреді. Мен сол Смайыл туралы қызық әңгіме естідім. Ол маңайына ақын мен әнші жинаған, сауық-сайран құрған, қонақжай адам болған. Сарыарқаға атағы жайылған Қара болыс Смайылдың туған жездесі екен. Бірде елдің игі жақсылары бас қосқан үлкен жиынға Қара көп кешігіп келеді. Смайыл өзінің жанында бір керауыз, ұрдажық жігітті ұстайды екен. Соны шақыртып алып: «Қазір Қара келісімен ал да боқта, жауабын мен беремін», – дейді. Ол басынан бастап аяғынан бір-ақ шығады. Қара үндемей тыңдап алып, жайғасып отырғаннан кейін: «Апырмай, құлақ естігенді көз көреді деген рас екен. Смайылдың көрінген адамға абалайтын бір төбеті бар деп еді, оны да көрдік», – депті.
Тілші. Әрине, мұндай ұтымды сезге ешкім де уәж қайтара алмайды.
Сайран. Енді біздің ауыл өнерпаздарының өнерін тамашалаңыздар!
Ортаға бір топ әншілер шығады.
Олар «Едем мы, друзья» деп басталатын тың игерушілер әнін орындайды.
Бесінші көрініс
Аудан орталығындағы Мәдениет үйі.
Әкім. Құрметті басшылар! Мамандар! Әлгінде ғана Қазақстанның Еңбек Ері атанған фермер Сайран Бұқанов өзінің мыңға тарта асыл тұқымды ірі қарасын сіздерге мақтанышпен көрсетті. Екі жыл бұрын 300 бас болған малы бүгінде мыңнан асқан. Биылдан бастап кәсіпкердің ірі қара малын басқа облыстардың тұрғындары да сатып алуда. Олардың әрқайсысы мемлекеттен ірі көлемде қолқабыс алады. Қазір асыл тұқымды мал сатып алған адамға мемлекет әр бас үшін 118 мың теңге көмек береді. Яғни Сіз 500 мың теңгеге мал сатып алатын болсаңыз, мемлекеттен субсидия түрінде 118 мың теңгені кері қайтарып аласыз.
Ендігі сөзді «Қарқын» агрофирмасының директоры, еңбек ері Сайран Бұқановқа бергім келеді.
Сайран. Қазақта «Алыстан арбалағанша жақыннан дорбала» деген қанатты сөз бар. Еліміздің кейбір шараушылықтары шетелден ірі қара әкеліп жатқанда, Қостанай өз тұқымын асылдандыруды жөн деп шешті. Тек екі жылдың ішінде Меңдіқара ауданындағы мал шаруашылығы кешенінде 250 асыл тұқымды бұзау туды. Шаруашылық басшылары жақын арада оны 3 мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Ет өндіру бағытында Әулиекөл тұқымын өсіруді қолға алдық. Қазірдің өзінде 400 сиыр буаз. Туған кезде 30 келі болған бұзаулар он айдың ішінде үш центнерге дейін салмақ қосты.
Әкім. Сиырдың бұл тұқымы қой сияқты. Тағам талғамайды екен. Тіпті былтырдан қалған сабан да желініп жатыр дейді. Солай ма, Сәке?
Сайран. Ия, ол рас! Сабан болса да, шөп болса да, асты толығымен қорытып, салмағы арта береді. Алдағы жылдары арнайы мал сою орнын салуды жоспарлап отырмыз. Яғни, Қостанайда өндірілетін сиыр етін Ресей нарығына шығаратын күн алыс емес.
Ал енді сіздердің назарларыңызды аударатын басты мәселе: жер төсін емген шаруаларды мемлекеттік субсидияны алу барысында орын алатын көзбояушылықтан арылту, сондай-ақ бос әкімшілік тосқауыл атаулының көзін жоятын мезгіл жетті. Мемлекетіміз дағдарыс кезінде бизнеске көмектесіп жатыр. Дегенмен субсидияның айналасындағы мәселенің түйіні шешілген жоқ. Биыл біздің Қостанай өңірінде бидайдың әр гектарына берілетін субсидияның мөлшері 300 теңге болды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, екі есеге төмен. Бірақ осы қолдауды алудың өзі машақат. Себебі ешкімге қажеті жоқ қағазбастылық уақыт алады, жүйкені тоздырады.
Залдан дауыс. Жүйкені тоздырмау үшін не істеу керек?
Сайран. Жерді пайдалану актілері, егістік алқаптың картасы, егін тарихының кітабы т.б. толып жатқан құжаттарды әзірлеу керек. Мұның бәрі не үшін қажет? Осының бәрінің орнына расталмаған мәлімет болса, соның жауапкершілігін жүктейтін қарапайым декларациямен шектелуге болады ғой. Есесіне, субсидияны бөлу барысы жеңілдейді, бюрократия жойылады, кәсіпкерлердің мойнынан ауыртпашылық түседі.
Сол сияқты, гербицидке қатысты түйткіл де шешімін таппай келеді. Оны сатып алуға бөлінетін субсидия тең бөлінбейді. Шетелдікіне бағасының 30 пайызы, ал жергілікті өнімге құнының 50 пайызы беріледі. Меніңше, бұл да әділетсіздік. Таңдау жоқ. Жергілікті гербицидтің өзі қымбат тұрады. Аграршыларды тығырыққа тіреуге болмайды. Оларға қосымша қаржылық қамыт кигізудің, әкімшілік түрлі тосқауыл қоюдың қажеті не? Айта берсек, сөз көбейіп кетеді.
Залдан дауыс. Сәке, кәсіпкерлердің ұлттық палатасында айтқан сөзіңізді тағы қайталап айтсаңыз артықтығы болмас еді.
Сайран. Мен онда біраз мәселені айттым. Өйткені қордаланып қалған мәселені мемлекеттік деңгейде шешпесе болмайды. Соңғы кездері элеватор, қойма төңірегіндегі түйткіл атаулыны шаруалардың мүддесін қорғайтын түрлі ұйымдар айтып жүр. Бұл жерде де мәселе жоқ емес, бар. Менің айтайын дегенім, 5-6 ұсақ шаруа қожалығы үлкен бір ірі шаруашылыққа бірігіп комбайн, өнім кептіргіш секілді техниканы алатын болса, мәселенің түйіні шешіледі. Демек, бизнестен береке болсын десек, осы ауыл шаруашылығы арқылы еліміздіңәл-ауқатын көтерейік десек, төл өнімді экспортқа молынан шығарып, табыс табайық десек, аграршыларға жан-жақты қолдау көрсету керек.
Еңбекті қорғау туралы сауал да жиі қойылады. Биыл осы еңбек жөніндегі инспекторлар біздің кәсіпорынның қызметкерлерін аттестациядан өткізуді мәжбүрлеп қойды. Дәнекерлеушіні, тракторшыны, темір өңдеушіні аттестациядан өткізсе, құба-құп, ал есепшіде несі бар? Мұның өзі өте көп қаржылық шығын ғой. Мәселен, бір адамға орта есеппен 30 мың теңгеге дейін шығын шығады. Аттестацияны жүргізетін жекеменшік фирма табыс тауып отыр. Егер одан өтпесең айыппұл салынады. Мәселен, біздің кәсіпорында жаңа техникада өте үздік мамандар жұмыс істейді. Қажет болса, кез келгеніңді өздері-ақ үйретіп жібереді. Менің білуімше, еңбек инспекторлары шағын шаруашылықтарға бармайды. Тек біз сияқты ірі кәсіпорындарды жағалайды. Аттестация болмасын демеймін, болсын, бірақ оны жөн-жобасымен, сауатты, заңға сәйкес, шаруашылықтарды үлкен-кіші деп бөлмей бірдей жүргізсін. Және оны мемлекеттік мекеме жүргізіп, одан түскен табыс ортаққазынаға, яғни мемлекеттік бюджетке құйылсын. Ондай әдіс-амалмен келісемін. Ал кәсіпорындарды үлкен-кіші деп бөле-жарып, аттестация жасайтын фирманы өзге өңірден әкеліп жатса, облыс бюджетіне қаржы түспесе, оның қоғамға не керегі бар?
(Қол шапалақтау)
Алтыншы көрініс
Борис Князевтің жұмыс кабинеті.Газет тілшісі сауал қойып отыр.
Тілші. Ең алдымен Сізді еліміздің ең жоғарғы марапаты – Қазақстанның еңбек ері атануымен құттықтаймын!
Борис. Рахмет! Бұл атақ жалғыз маған емес, осы шаруашылықта еңбек етіп жатқан еңбекшілердің марапаты деп түсінемін.
Тілші. Жекешелендіру туралы Сізге бірнеша сауал қойсам ба деп едім. Жекешелендіру ме, әлде жеке шешіндіру ме? Қоғамға оның пайдасы болды ма?
Борис. Ия, мен жекешелендіруға соңғы сәттерге дейін қарсы болдым.Кеңшарды жойып жібергім келмеді. Маркстің атақты «Капиталы» бар емес пе, сонда өнімнің өзіндік құнының арзан болуы оған жұмсалған еңбекке байланысты екені толық дәлелденген. Жоғарғы өнім бар жерде табыс та бар. Жердің қашанда қожайыны, яғни иесі болуы керек. Механизатор жерді жыртуы, егін егуі тиіс, алайда, сеялкаға тұқымды басқа маман салып отыруы керек. Бір сөзбен айтқанда, әркім өз ісін атқаратын болса,еңбек өнімділігі де артады.
Тілші. Барлық кеңшарлар түгел дерлік жойылып кетті ғой. Сіз бұрынғы шаруашылықты шашыратпай, қалай ұстап қалдыңыз?
Борис. Бұрынғы кеңшарды аман алып қалу үшін мен барлық сенімді адамдарымды, достарымды жинап алдым да, оларға өз араларынан тәжірибелі басшы сайлдап алу туралы өтініш жасадым. Олар өз үлестерін соған сеніп тапсыруы керек еді. Жабық үлгідегі акционерлік қоғамда әрдайым стимул болды, ол еңбекке деген құлшынысты оятты,ұжымның жемісті еңбегі нәтижесінде сыртқа бір түйір дән де шашау шыққан жоқ, төккен тер зая кеткен жоқ.Әр енбеккердің өз үлесі болды.
Тілші. Техниканы да түгел сақтап қалдыңыз ба?
Борис. Тоқсаныншы жылдары комбаиндарды мемлекет меншігіне алу туралы мәселе көтерілгенде, мен оларды бермедім. Қасарыстым, соттастым, жүйкені де жұқарттым, ақыры мені жайыма қалдырды. Сол тұста шаруашылығымызға келген обкомның аппарат басшысының сөзі есімде қалыпты. Олі: «Борис Павлович! Сіз мүмкін жұмыс істегеннен әбден шаршаған шығарсыз!» - деді. Әрине, бұл оның аузынан шыққан сөз емес еді, оның тасасында бастығы тұрғанын бірден түсіндім. Алайды, уақыт барлығын, өз орнына қойды, мен өз сөзімнің дұрыстығын дәлелдедім. Иесі қарапайым еңбек адамдары болып табылатын техниканы сақтау арқылы тұрақтылықт ы да қорғап қалдым.
Тілші. Шаруашылық басшысына қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз.
Борис. Білгірлік, қиын жерде шешім табу және тәуекелге бару.Бір кездері «Талдыкөл» кеңшарының директоры Долбня Петр Дмитриевич егіс алқаптары жүйесін өзгертіп, дәнді дақылдар алқабының жетпіс пайызына тары сеуіп тастады. Бұл өрескел тәртіп бұзу еді. Оның өз бетімен жасаған іс-әрекеті үшін партиядан шығару туралы мәселе көтерілді. Алайда, ол барлық қиындықтан аман-есен өтті, егін орағы кезінде әр гектардан 27 центнерден өнім алды. Жеңімпазға сот жоқ деген сол! Кейінірек осы бір ғажайып маманның егін шаруашылығы туралы дәрістерін бірнеше сағат бойы тапжылмай отырып тыңдағанымның көп пайдасы болды.
Жетпісінші жылдары болған тағы бір оқиға есімде. Мен агроном болып жұмыс жасап жүрген кнзімде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Петрович Демиденко келді. Біз болсақ егіс алқабының теі тең жартысын ғана тырмалап үлгіргенбіз. Бөгде біреулер назар аудармайтын жағдайды ол тез байқады, алқапқа еніп, қатты қадам басып, алысқа көз жіберді. Содан соң: «Бұл не қылған көз бояушылық?» - деп айқай салды. Аудан хатшысы Ярмоленконың түсі өзгеріп кетті, бірақ, тығырықтан шығар жол тапты, аспай-саспай: «Василий Петрович! Техниканы басқа қажетті жерге апарыңдар» - деп бұйрық берген мен едім» - деді.
Тілші. Биыл облыстың құрылғанына сексен жыл толады. Осы уцақытта талай басшыларды көрген шығарсыз. Оларға қандай баға берер едіңіз?
Борис. Облысты ұзақ жылдар басқарған Андрей Михайлович Бородинді ең алғаш Қамысты ауданы алқабында көрдім.Ол тәжірибе алаңын аралап көрді, бәрі ойдағыдай болды, алқап арамшөптен таза болатын. Ол болса тура алқап ортасына еніп кетті. Сондағы айтқан: «Егінді еккен адам алқапты анда-санда таптауға құқылы» деген сөзі есімде қалыпты. Ал сұлы егілген алқапты көргенде Фрунзе атындағы кеңшардың директоры Корниенконы өзіне шақыртып алды да: «Балам! Мына пәлені бұдан былай сеппей-ақ қой!» - деді.
Басшылар арасында нағыз мамандар да болды, әпербақандар да болды. Қайсы бірін айтайын?
Тілші. Ал кейінгі басшылар ше?
Борис. Облыс басшыларының бірі кезінде жекешелендірілген серіктестердің әрқайсысының жері бес мың гектардан аспасын деген талап қойды. Ол ақылға симайтын іс қой. Бірақ, қатесін түсініп, кейін рүқсат берді. Ірілендіріліген шаруашылықтарды сақтап қалу арқылы біз ауданды да сақтап қалдық. Тағы бір басшының кезінде ол шаруашылық басшыларын көзге ілмей, қырып-жойып басқарғысы келді. Президенттің өзі мойындап, республиканың алғашқы помещигі деп атаған шаруашылықтың іскер басшысын тізерлеп алғысы келді. Біз газетке ашық хат жазуға мәжбүр болдық. Сүйтіп, одан да құтылдық.
Тілші. Енді төрт құбылаңыз түгел секілді ғой.
Борис. Ия! Солай десе де болады. Ауылымыздың іргесінде теміржол бекеті бар. Жаңа салынған темір жол бізге көп жеңілдік әкелді. Бас кезінде теміржол бекеті біздің ауылды айналып өтеді деп жобаланған. Сол кездегі аудан басшысы Бағитұр Әлімбаев облыс басшысы Өмірзақ Шүкеевке аудан экономикасын дамыту үшін теміржол ірі шаруашылықтың бірінің маңайынан өтуі қажеттігін түсіндірді. Бұл ұсынысқа жоба авторлары әп дегеннен қарсы болды. Алайда, арада біраз уақыт өткен соң олар райынан қайтты. Сондағы Шүкеевтің бір ауыз сөзі есімде қалыпты. Ол: «Борис Павлович қандай жолмен жүрсе, теміржол да сол арадан өту керек!» - деп қалжыңдаған болатын.
Тілші. Бұл шын сөзге айналды ғой.
Борис. Ия! Ақыры қалжың шынға айналды. Теміржол шынында да мен жүріп өткен ізбен өтті.
Тілші. Басқа басшылар туралы не айтар едіңіз? Облысты басқарған басшыларды айтамын.
Борис. Басшылық жасау оңай емес. Облысты басқарған кісілердің арасында әрқайсысы да артында ізін қалдырды деп айтуға болатын шығар. Әрине, біреуі азырақ, біреуі көбірек. Бір басшының кезінде ұлы ағартушы Ыбырайдың басына мазар салынды, енді бірі облыс орталығында Мұз сарайын салғызды. Келесі басшы Қазақ театрын салды, орыс театры ғимаратына күрделі жөндеу жүргізді. Мешіттер мен шіркеулер, жаңа мектептер салынды, ескі жолдар жөнделді. Әрқайсысы шама-шарқына қарай жұмыс жасады.
Тілші. Мұхамбет пайғамбар: «әр адамның артында не айтқан сөзі, не жасаған ісі қалады» деген екен.
Борис. Өте дұрыс айтқан! Артынды дым қалмағандарды өз басым қатты аямын.
(музыка)
Жетінші көрініс
Облыс орталығындағы баспасөз клубы. Төрде екі еңбек ері. Сайран Бұқанов және Борис Князев.
Төраға. Бүгінгі бас қосуға екі бірдей еңбек ерімізді шықырып отырмыз. Өйткені, қазір қоғамды қатты алаңдатып отырған Жер кодексі, жерді сату немесе жалға беру деген мәселе күн тәртібінде тұрғанын және жер-жерде талқыланып жатқанынан хабардарсыздар. Олай болса қонақтарымызға сауал қоюларыңызға болады.
Тілші. Құрметті Сайран Балкенұлы! Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның белді мүшесінің бірісіз. Жер кодексін талқылау қалай жүріп жатыр деп ойлайсыз?
Сайран. Мен бұл мәселе талқылана бастаған кезде таңдау құқын қалдыру қажет деген ұстанымда болғанмын. Алда-жалда біреу жерді сатып аламын дейтін болса, оған осындай мүмкіндікті беру керек деп ойлағаным рас. Оның реті келмесе жалға беруге болады. Ауыл адамдарын жер кімнің қарамағында деген сауал мазаламайды, ең бастысы, жұмыс болуы керек және еңбекақы уақытылы төленіп тұруы керек.
Борис. Мен жалға беру құқын 49 жылға дейін созуды және жерді сатып алу құқын қалдыруды ұсынар едім. Көптеген ауыл шаруашылық өндірушілері осы уақытқа дейін мемлекетке қарыз. Өйткені олар техниканы және құрал-жабдықтарды лизинг арқыды жаңалады, ал оларға жерді сатып ал деп міндеттейтін болсақ, ол жағдайды тіпті күрделендіріп жібереді. Басқа мәселелер де шаш-етектен, алайда, біз барлығымыз да жұмысты жақсырақ істеу керек екенін түсінеміз. Мемлекет тарапынан еңбек өнімділігін арттыруға ықпал жасайтын тетіктерді табу керек секілді.
Корреспондент. Жер кодексінің кейбір тармақтарында «жергілікті ұлттың менталитеті ескерілмеген» және жерді айналымға түсіру үшін басқа механизмдерді пайдалану қажет деген де пікір бар ғой.
Сайран. Ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз – жердің елдіктің іргесі, тәуелсіздіктің тұғыры екенін ұмытпауымыз керек. Жер реформасы тек сол жермен айналасатындардың шаруасы деген пікірмен келісе алмаймын. Жерге ауылдың да, қаланың да түрғындарының иелік етуге толық құқы бар деп есептеймін. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қоғамдық резонанс туғызған бірнеше нормаға шектеу қойылды. Алайда, жер мәселесінде әлі де ел азаматтарымен жан-жақты ақылдасып, олардың пікірлеріне де құлақ асып, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мәтелге жүгінгеніміз жөн болар деген ойдамын.
Тілші. Жер-ана туралы пікірлер бұдан көп жыл бұрын да көтерілгені белгілі. Осыдан 15 жыл бұрын ақын Ұлықбек Есдәулет «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Парламентте не жаңалық, Шер-аға?» деп, өлеңмен сол кездегі Парламент депутаты, жазушы Шерхан Мұртазаға:
«Парламентте не жаңалық, Шер-аға?
Сатылмай ма масқара боп Жер-ана?
Бұл ғасырда жаңа туған шарана,
Өз жерiне өзi қожа бола ма?
Ағын судай ағып жатқан байлықтан
Бұқараға бiрер тамшы тама ма?» – деп сауал тастаған екен. Арада талай жыл өтсе де сол сауал әлі маңызын жоймай тұрған секілді. Сіз бұған қалай қарайсыз?
Сайран. Ия, сол кезде Шерағаң сол сауалға «Қазақ тiлi қайғы жұтып қала ма?» деген сұрағың кеудесiнде жаны бар, тамырында бiр тамшы қазақи қаны бар, намысы бар адамның қабырғасын қайыстыратын сұрақ дегені де есімде. Мұны айтып отырғаным, халықтың қобалжуы бір ғана жер мәселесі емес. Ана тіліміздің қазіргі жағдайы, ауылдағы әлеуметтік ахуал, осының барлығы жиналып келіп – халықтың көшеге шығуына түрткі болды.
Тілші. Борис Павлович! Бұл мәселеге Сіз қалай қарайсыз?
Борис. Біз қазақ тілін әлі толық меңгере алмай жатқанда бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту деген ұсыныс негізі дұрыс болғанымен, орындалуы қиын шаруа екенін айтқым келеді. Сол ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер бар ма? Табылған күнде де ауыл балалары үш тілді бірдей меңгеріп әкете ала ма?
Сайран. Менің ойымша біздің атақты жерлесіміз Ахмет Байтұрсынов айтқан «балаға ең бастапқы білімді тек қана ана тілінде беру керек» деген ұстанымды басшылыққа алу керек секілді. Кейде біздің министрлеріміз де асығыстық жасайтын секілді. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды деп Елбасының өзі де айтты емес пе?
Борис. Жерге қалай қарасаң, ол да саған солай қарайды. Яғни, жерді күте білсең, өнім береді, көктемде тұқым сепкенді күзде жарылқайды. Құйқалы жердің түте-түтесін шығарғандар да болған. Жерді пайдалануға тек қазақ жерінде туып-өскен, сол жерге терін төккен қазақстандық азаматтарға ғана беру керек дегенге қосыламын. Осы жердің арқасында жан бағып отырмыз. Асыраушымыз – қара жер.
Тағы бір назар аударатын жағдай, жердің өзін тек қана тұқым себетін жер деп қарауға болмайды. Қара топырақты, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жерлерге егін еккен дұрыс. Оның сыртында төрт түлік мал жайылатын жайылым, сол малды алты ай қыста асырау үшін пайдаланатын шабындық та керек емес пе? Осының барлығын ақылдасып, әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескеріп, жер телімдерін бөліске салғанда назарға алу керек.
Сайран. Жердің тағдыры – қазақтың, елдің тағдыры. Аталарымыз арғымақтың жалында, атанның қомында жүріп жерін қорғады, тек жер үшін ғана жауға найза сілтеді. Өйткені, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көшіп-қонып, мыңдап жылқы айдаған, төрт түлік малын жайған қазақтың күнкөрісі тек жермен байланысты болды. Жерімізге көзін салған сыртқы жаумен арпалысып жүріп, ұшса құстың қанаты талатындай кең даламызды, тауы мен қырымызды, өзен-көлдерімізді бізге мұраға қалдырған ата-бабаның аруағына күнде тағзым етсек артық емес. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды алып отыр. Мұндай байлық көп ел үшін арман ғана. Қазақ жер мен жесір үшін дауласты, әділдікке жүгінді. Қазақтың жері – тіршілігі, жесірі – намысы болды. Міне, осындай тарихи да, табиғи да маңызы үлкен жерге бүгін де жеңіл-желпі қарай алмайтындығымыз анық.
Тілші. Жер туралы заңнның кемшін тұстары неде деп ойлайсыз?
Сайран. Елбасының Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларға мораторий жариялағаны кемел саясаттың көрінісі дер едім. Мен бір жағынан халықтың «шетелдіктерге жер сатылады» деген қаңқу сөзге дүрлігуін түсінемін. Өйткені, жерге өте кіді қарайтын халықпыз. Екіншіден, халыққа түсіндіру жұмысы жеткілікті жүргізілмегендіктен де әртүрлі көңіл күйге ерік берілді. Жер қатынастарына ешқандай тәуекел жасауға болмайды. Яғни, түпкі нәтижесі туралы ойлап, келісіп пішпей, асығыстықпен шешілген шешім өкінішке қалдырады. Сондықтан, Елбасының жер заңнамаларының нормаларына уақытша тоқтау салуын ұтымды пайдаланып, халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша сауатты жүргізіп, жерден табыс тауып отырған мамандар мен диқандардың, ғалымдардың пікірін, ұсыныстарын барынша ескерген дұрыс деп ойлаймын.
Борис. Жердің де өзіндік ерекшелігі болады. Біздің облысты басқарған Сағалбай Жанбаев сол тұста «зона рискованного земледелия» деп аталған жері көп аудандардың бірінің шаруашылығына барады. Шаруашылық басшысы егін егілген төбелерді көрсетсе керек. Сонда Сәкең басындағы қалпағын шешіп тастап, жалтыраған басын шұқып тұрып: «айтшы, мына басқа шаш шыға ма?» – деп сұрайды. Күмілжіп қалған басшыға Сәкең: «бұл басқа шаш шықпаса, мына төбеге де ешуақытта егін шықпайды» – депті. Сондай егін шықпайтын жерді жалға беруге бола ма?
Тілші. Жерді сату немесе жалға беру деген ұғымдардың ара жігін ажыратып айтып бере аласыздар ба?
Сайран. «Жер сатылмасын», «шетелдіктерге жерді жалға беруге мүлде болмайды» деген пікірлер көп айтылды. Мен алдымен осы мәселенің анық-қанығын түсіндіру керектігін айтар едім. Диқандар бүгінде жерді 49 жылға жалға алып, астық өндіріп отыр. Оны мемлекет қайтсең де сатып ал деп жатқан жоқ. Шамасы келгендер сатып алады, қаржысы аздар жалға алып отырып-ақ күтіп, баптайды. Қазіргі нарық заманында жер табыс табуы керек. Ал жерді күтіп-баптау оңай шаруа емес. Ол инвестициялық қаражатты керек етеді. Жерді пайдалануға қытайлықтар келсе де, ирандықтар немесе тағы басқалар келсе де олар оны арқалап кете алмайды. Экономикамыздың бәсекеге қабілетті болуына талпынып жатқан уақытта томаға-тұйықтықпен, темір перде тұтып, тұмшаланып өмір сүре алмаймыз. Экономиканы дамыту үшін есігіміз ашық болуы тиіс. Біз, Қостанай облысының диқандары соңғы жылдары бидаймен қоса майлы дақылдар егеміз. Өзімізде оны өңдейтін, май сығатын қуатты зауыт жоқ. Шетелдіктер инвестиция салып, майлы дақылды өңдейтін зауыт салмақ. Сонда бүгінгідей маңдай термен өсірген майлы дақылдар арадағы делдалдардың қолында арзан бағамен кетпейді. Жақын жерден зауытқа өткізген соң, оның бағасының қайтарымы да жұмсаған қаражат пен еңбегімізге лайық болады.
Борис. Жерді аздырып, тоздыруға болмайды. Мұны айтып отырғаным, жерді көрінгенге беруге болмайды, сол жердің қадір-қасиетін түсінетін, оны күтіп-баптай алатын диқандарға ғана артықшылық берілуі керек.
Сайран. Рас, заң қабылданғанда оның жүзеге асыру тетіктері мұқият жасалса дейміз. Заң іс жүзіне асырылу кезінде кездесуі ықтимал барлық тәуекелдер, қауіптер ескерілуі, алдын ала зерттеліп, есептелуі керек. Онда халықтың, жермен айналысып отырған мамандардың пікірінің ескерілгені де дұрыс. Өзім өмір бойы ауылда, жерден нәпақа жинап келе жатқан адаммын. Сондықтан жерге байланысты қандай мәселе де маған етене таныс. Жерді жалға беретін болса, онда жалға алған шетелдік инвесторларға жұмысшылардың басым көпшілігін жергілікті жерден алуды міндеттеу керек деп білемін. Бұл өте маңызды болар еді. Жердің бағасын шығаруда да ойланатын тұстар бар. Мораторий осындай мәселелердің барлығын асықпай талқылап, кеңесіп алуға мүмкіндік береді. Осыған ат салыссақ, аталарымыз айтқандай, «кеңесіп пішкен тон келте болмайды», келешекте ұтылмаймыз.
Борис. Жер кодексінің жаңа редакциясын мен мақұлдаймын. Оның үстіне
жер телімдерін мақсатты пайдалану механизмінің жеңілдетілген түрін енгіземіз деп жатыр ғой. Мұның өзі жерді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің шаруашылық қажетін ескере отырып пайдалануына жағдай жасайды.Оларда жерді жалға беру мерзімі 49 жыл болса, ол мерзім аяқталған соң сол жерді жекеменшікке алу мүмкіндігі де бар екенін жоққа шығармаймыз.Бірақ, мәселе мынада, қажет болған кезде ол сол жерді кімдерге сата алады және оның жұмсаған қаржысын кім қайтарып береді? Адам жердің қайтарымы болсын десе,оған ұқыпты қарайды. Ол оны сатып ала ма, жалға ала ма, мәселе оған да тіреліп тұрған жоқ. Президент Жер кодексінің даулы тұстарына мараторий енгізіп, өте дұрыс жасады. Оның пәрмені бойынша құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия ел ішінде жүрген біз секілді диқандардың да пікіріне құлақ асады деген ойдамын.
Төраға. Исатай мен Махамбеттің Жәңгір ханға қарсы шығуының негізгі себебі де жер мәселесі болған. Орынбордың генерал-губернаторы Перовский 1852 жылы Ресей үкіметінің Мемлекеттік мүлік министрі Киселевке: «В 1806 году земли были пожалованы всем киргизцам, как необходимое условие их существования сообразно количеству скота. Так было при Букее, Шигае и первые годы Жангира. Входя во власть, Жангир счёл себе право распоряжаться этими землями, как бы они не общее народное достояние, а личная его (хана) собственность. 400 тыс. десятин оставил он за собою, из остальных около двух третей, именно более 4 млн. десятин раздарил и частью распродал родственникам и любимцам» - деп хат жазыпты. Жерді қазақтың болашағы мен игілігі үшін пайдалану қажет екенін барлығымыз да түсініп отырмыз. Осымен әңгімемізді уақытша доғарайық. Бірақ, бұл нүкте қойылады деген сөз емес. Жер туралы мәселеге әлі қайта айналып соғамыз.
(музыка)
Сегізінші көрініс
Қостанай қаласындағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның Концерт залы. Облыстың құрылғанына 80 жыл толуына арналған бас қосу. Сахнада «Сексен жыл – сексен асу» деген жазу ілінген.Ортаға екі жүргізуші – қыз бен жігіт шығады.
Қыз. Кеш жарық, құрметті қонақтар!
Облыстың құрылғанына сексен жыл толуына арналған кешімізге қош келдіңіздер!
Жігіт. Құшағы қашаннан да досқа дайын,
Жемейтін ел аманда босқа уайым.
Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап
Тобылдың жағасында Қостанайым.
Қыз. Қостанай - ақындар мен батырлардың, ғалымдардың Отаны.
Жігіт. Қостанай - төрт түлік мал өсірген, құнарлы топырақта дән өсірген шопандар мен диқандардың мекені
Қыз. Ел бас қосты Тобылдың жағасында,
Бүгін мейрам Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Жігіт.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы да анық.
Қыз.
Осыдан көп жыл бұрын ақындар осылай деп жырлаған Қостанай облысының құрылғанына биыл сексен жыл толып отыр.
Жігіт. Күні кеше Асан қайғы бабамыз Жерұйықты іздесе, сол қасиетті мекен – осы ара!
Алаш ардақтылары елім деп, жерім деп тебіренген қасиетті мекен – осы ара!
Қыз. Бүгінгі кешімізді Қостанай туралы әнмен бастаймыз.
(Қостанай әні орындалады)
Жігіт. Сіздер Арыстан Құрмановтың орындауында «Қостанай» әнін тыңдадыңыздар. Еліміздің думан-тойы таусылмасын! Орыстың Лев Лещенкодай әншісі, Лев Толстойдай данышпаны бар, ал қазақтың Арыстан Құрмановтай арыстаны бар.
Қыз. Қостанайдың атын шығарған ерлеріміз аз емес.
Жігіт. Олардың қатарында еңбек арқылы ер атанған Жансұлтан Демеев, Қабидолла Тұрғынбаев,Валентин Двуреченский, тағы басқалары бар.
Сахнадағы экранда астықты алқаптың көріністері. Тұқым себу, егін жинау сәттері, комбайндар, элеваторлар, облыстың көріністері экраннан өтіп жатады.
Қыз. Енді ортағаарамызда жүрген еңбек ерлерін шақырамыз.
Жігіт. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан атақты механизатор, Совет Одағы Жоғары Кеңесінің экс-депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тың игеруші, Социалистік Еңбек Ері, қажы анамыз Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева.
(қол шапалақтау)
Қыз. Қазақстанның еңбек ері, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бақауының алтын жүлдесінің, Қазақстанның Ұлттық экономика палатасының алтын медалының және Еуропа өндіріс палатасының күміс медаль иегері, Қостанай облысының құрметті азаматы, Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасының директоры Сайран Балкенұлы Бұқанов.
(қол шапалақтау)
Жігіт. Қорған ауыл шаруашылық иеститутының агрономия факультетінің түлегі, атақты ғылым-агроном, Социалистік еңбек ері атағын екі мәрте алған Терентий Семёнович Мальцевтің басшылығымен тәжірибеден өткен атақты диқан, Қамысты ауданындағы «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дтректоры, Қазақстанның еңбек ері Борис Павлович Князев.
(қол шапалақтау)
Үшеуі сахнаға шығады.
Кәмшат. Қуаныш ұзағынан болсын, ағайын! Кезінде бір кісідей аянбай еңбек еттім. Ана мен ене тәрбиесін көрдім. Жастайымнан қазақ қызына тән жақсы қасиеттерді бойыма сіңіруге тырыстым. Үлкен кісілер маған көп нәрсені үйретті. Олардың маған айтқан ақыл-кеңестері мен жылы лебіздерін ешқашан да ұмытпаймын.Мені ер атандырған ең алдымен еңбек және сіздердің ыстық ықыластарыңыз.
Қажылық кейбіреулер ойлайтындай атақ емес, мұсылмандық бес парыздың бірі екені белгілі. Қасиетті Меккеге барудың сәті түсіп, көп жайды көңілге түйіп қайтқаным да рас. Тіпті жасыратын ештеңесі жоқ, өз басым ғажайып басқа бір әлемнен оралғандай болдым. Сіздерге тегіс бас амандығын, бес парызды орындауды тілеймін!
Борис. Сіздерді облыстың мерейтойымен құттықтаймын! Маған Президент марапат тапсырып жатқанда мен өзіммен бірге жұмыс істеген кісілер, маған қолдау көрсеткендер туралы ойладым. Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы бастығы Александдр Кириллович Бочковскиді есіме алдым. Ол таяуда ғана 85 жасқа келді. Маған қамқор болды, өз жұмысын бес саусағындай білетін, менің жұмысқа қабілетімді де көре білді, мен де оны өте жақсы көрдім. Қазір де кездескен сайын шүйіркелесіп, ауыл шаруашылығы, шаруа жайы туралы кеңесіп тұрамыз.
Мен өз ауылымдағы ер азаматтарға ең алдымен балаларыңды жер бетінде берік тұруға үйретіңдер деймін.Олар жоғары білім алсын деп ұмтылмай-ақ қой ындар деймін. Білесіздер ме, неге елдің бәрі институтқа түсуге құмар болды? Өйткені, кәсіптік білім деңгейі күрт құлады, әлі күнге дейін соны жолға қоя алмай жатырмыз.Ал адамға ең алдымен кәсіп керек.
Мемлекет тарапынан қолдау бізге Батыстың таңдаулы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан кейін қалмауға мүмкіндік береді. Біздің жауапкершілігі шектеулі серіктестікте әр адамның еңбек өнімділігі қазіргі курс бойынша 38 мың долларды құрайды.Ал бұрынғы курс бойынша ол 60 мың болатын. Президенттің аузына қараймыз – ол кімге жұмыс істеуге бөгет болып отыр? Біздің облысымызға не жетпейді десек, ол жұмыс қолы. Елімізді дамыту үшін қалғанының бәрі бар.
Сайран. Мен де бір кездері «Харьковский» шаруашылығын қайта құрудың талқанынан қорғап қалғанмын.1995 жылі бізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келді. Әрі қарай қалай өмір сүру керек, жоспарды қалай құру керек туралы ұзақ әңгіме болды.Адамдар басы ауған жаққа көшіп кетуге дайын отырды. Мен осы уақытқа дейін сол ауылды тұрып келе жатырмын. Өйткені, ол маған туғандай болып кетті. Бәлкім, тығырықтан көп болып шығуымыздың себепкері де сол ауыл шығар. Бізді ұзақ уақыт бойы «қызыл командирлер» деп атап жүрді, мүмкін, ескі кеңес дәстүрлерін қимастық болған шығар, сол тұста ұжымдық бірлік, қарапайым еңбек адамына деген құрмет жай сөз болып қалмаған болатын. Механизаторлардын, малшылардан, медиктер мен мұғалімдерден сұрап көріңіздер, біз олардан бөлектенген жоқпыз, өзімізді биік қоршаумен қоршаған жоқпыз.Сондықтан да менің табысым – біздің ортақ табысымыз.
Нан болса ән де болады деген жай сөз емес. Дастарханымызда нан болсын! Елімізге құт-береке тілеймін! Бас аман, бауыр бүтін болсын!
Дауыстар. Әмин!
Сахна қараңғыланып, екі еңбек ері екі бұрыштан шығады. Пржектор жарығы олар сөйлеген кезде кезек-кезек түседі.
Бористің монологы. «Батыр болсаң – жауға найзаң тисін, ер болсаң – елге пайдаң тисін» демей ме? Жансұлтан Демеев, Қабидолла Тұрғынбаев, Валентин Двуреченский секілді ерлер есімі ел есінде. Қайсы бірін айтарсың?!
Мен патриотпын ба, жоқ па, ол туралы ешөқашан ойланып көрмеппін. Бар болғаны жақсы жұмыс істеуге тырыстым, еңбегім жанса дедім. Мен Қарабалық өңірінде Бозкөл деген жерде туып-өстім.Институт бітірген соң жолдамамен Қамысты жеріне келдім.Қазақ халқы тұрғындардың сексен пайызын құраған ауылда бас агроном болдым.Мен олардың барлығына бала болдым, ал келіншегім келін болды.Ауылда келе жатсам: «Балам, халың қалай?» - деп сұрайтын. Мен жағдайымды айтатынмын, маған бәрі ұнайтын, бәрі тамаша еді, сүйтіп еңбек еттік. Қазір де маған барлығы ұнайды. Мен жан-жағыма алақтамаймын.Ресейде немесе басқа елдерде болғанымда Қазақстанның қол жеткен табыстарын мақтан етемін,, біздің тұрмысымызға мақтанамын, жасаған істеріме де мақтанамын. Мұның барлығына сындарлы саясат, біздің елдегі қолайлы жағдай, жұмыс жасауға туғызылған мүмкіндік арқылы қол жеткенін түсінемін. Кейбіреулер арыз айтуға бейім. Біз осында тұрып жатсақ, үйіміз нашар болса, онда ол біздің нашарлығымыз, тұрғындардың, қожайындардың нашарлығы. Ең алдымен әркім өзінен бастауы керек. Інжілде: «Сенім әкеден балаға беріледі» деген екен. Біздің елімізде барлығы да жақсы болуы үшін, біздер, аға буын, жастарды еңбекке, сенімге баулуымыз, Отанды сүюге үйретуіміз керек. Бізің еліміздің тамаша екенін жастар сонда ғана түсінеді. Біз тамаша өмір сұріп жатырмыз, алайда, оны көбіне бағалай білмейміз. Қолда барды бағалайық және мақтан етейік!
Монолог Сайрана. Менде Совет Одағынадеген ностальгия жоқтың қасы. Ия, білім алдым, тәжірибеден өттім, көп жақсы нәрсені үйрендім.Бірақ, тек Тәуелсіз Қазақстан кезінде Еңбек ері атағына ие болдым.
Біз соңғы бес жылдың ішінде ғана ауыл шаруашылығы машиналарын 100 пайызға жаңаладық. Егіс алқаптарында Канада, АҚШ, Аргентинаның машиналарын қолданып жүргенімізді мақтан қылып айта аламыз. Алайда, аграршылардың міндеті – нан және ет өндіру ғана емес, сонымен бірге өздері тұрып және еңбек етіп жатқан ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Шаруашылық субьектілерінің қол ұшын беруі арқасында Мәдениет үйі, мектептер, спорт залдары өзінің жарақтануы жағынан қаладан кем түспейді.
Жердің нағыз қожайыны – халық. Бірақ, жер адамдарға сенімді тірек болуы үшін ауылда жақсы жағдай туғызылуы керек. Тұрғын үйлерді таза сумен, газбен қамтамасыз ету керек, жолдарды жөндеп, денсаулық сақтау және білім саласына айырықша назар аудару керек. Осының бәрін жүзеге асырсақ қана ауыл тұрмысына тағы жан кіреді, жаңа өмір басталады.
Біз осы жерде тудық, осы жерде қаламыз! Біздің киелі жеріміз көркейе берсін! Қасиетті туған жер! Қасиетіңнен айналайын!
Сахна сыртындағы дауыс.
Ия!
Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі.
Еңбек ер атандырады.
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің, есің жиып етек жауып, елге жетіп теңелерсің.
Еңбек ерлікке жеткізсе, ерлік елдікке жеткізеді.
(«Атамекен» әні шырқалады)
Шымылдық