Адам қарады: 142 | Жарияланды: 2018-09-03 15:34:04

Әке өсиеті

Баяғы өткен заманда

Дәулеті асқан бай бопты.

Айтып-айтпай не керек,

Төрт-түлігі сай бопты.

Бар қайғысы бір ұлы

Жалғызының қамын жеп,

Тыншымады әке көңілі.

Сары уайымға салынып,

Бір Құдайға жалынып,

Қалмаса деп ақыл-ойдан тарығып,

Кетпесе деп қу дүниеден жалығып

Қиыншылық көрер әлі байлықтан

Деген әке жүрегі бар қаймыққан.

Содан әке шақырады баласын,

Айтып салды іштегі бар наласын:

Балам, саған бар бір айтар арызым

Өзіңсің ғой Тәңір берген жалғызым

Дұрыс жолға сілтейтін тәрбиені

Түсіндіру менің басты парызым.

Жегідей жеп бара жатыр жанды мұң

Байқасаң дейм(ін) айналаңның барлығын

Түсінер едің көп нәрсені егер де,

Өз көзіңмен көрсең күнін жарлының.

Содан соң уақыт санап бала асықты

Көргенше зәулім сарай сыртын.

Көп кешікпей олар да жолға шықты

Өткеріп азды-көпті қашықтықты.

Артта қалмай әкеге ерген баласы да,

Келіп жетті қаланың ортасына.

Маужыраған күздің күні тұр шығып

Ызғарынан кететін жүрек түршігіп,

Тұманына қалатындай тұншығып

Құбылған күз мінезіне қарамай,

Қала іші қайнаған күйбең тіршілік.

Біреулер жүр бай адамға жалданып,

Келе жатқан суық қысқа қамданып.

Біреулер жүр баспанасын жалға алып,

Кетпесем деп құр далада сандалып.

Қияметсіз, уайымсыз өмір сүрген

Бай баласы қалды бұған таңданып.

Нөсер жауын жерге өрледі кенеттен

Шелектеп құйған судай жауып көктен

Әйтсе -дағы олардың жолы болып,

Жандарына бейтаныс жан келіп жеткен.

"Қаласаңдар нөсер жауын басылғанша,

Паналай тұр үйімді " деген ниетпен.

Үйі оның емес екен қашықта

Ертіп келді жұпыны бір лашыққа.

Қонақтарға көрсетіп ізгі құрмет,

Төрге қарай шақырды қолын сермеп.

Дастарханға үйіндегі барын әкеп,

Тыным таппай зыр жүгіріп болды әлек.

Әкесі : Жасаған жақсылығыңызды қайтарайын

Айтыңыз бар болса егер сізде уайым.

Дегенмен кедей бұған келіспеді,

"Әрқашан да есігім ашық", - деді.

Бала айтты : Өміріңізге өзіңіздің қайғырмайсыз,

Бар болар,бәлкім, тыққан байлығыңыз ?

Сәл жымиып кедей де жауап қатты :

Өзімді кедеймін деп санамаймын,

Қолымдағы барымды бағалаймын.

Мал-мүлікті бәрінен артық көрер,

Көрсеқызар бай болуды қаламаймын.

Жетпейді деп бар нәрсені менсінбейді,

Барлығы өз қалауындай болсын мейлі

Ол адамдар, шынында,

Бақыттың не екенін түсінбейді.

Он екі мүшем бүтін екенін,

Ойласам кейде шүкір етемін

Бақыттың бәрін адамнан емес,

Алладан ғана күтіп өтемін.

Ішерге ас, киерге киімім бар,

Ақ ниетті, кеңпейіл жүрегім бар

Бәрінен де бастысы сол жүректе,

Келер күнге деген мол сенімім бар.

Мен адаммын сондай қарапайым

Сондықтан да жоқ менде ешбір уайым.

Оралған соң қайтадан өз үйіне,

Айтты бала әкесіне не түйгенін :

Мұндағы өмір шынымен де бөлек екен,

Естігеннен көргенің ерек екен.

Басыңдағы бағыңа шүкір етер,

Қанағатшыл болуың керек екен

Бақытына біреудің себеп болып,

Шын бақытқа солай ғана жетеді екен.

Әке жүзі сала берді жадырап,

Үміті еді-ау әкесінің жалғыз-ақ :

Дұрыс, балам, жүрегің нұрға толсын

Осы сөзім әрдайым есте болсын. Б

ай болсаң да, байлығыңмен мақтанба,

Қол ұшын бер көмек сұрап жатқанға

Сен қаласаң бес тиының жетеді,

Бір кедейдің қыл өмірін сақтауға.

Мақсат емес болуың аңыз бірақ,

Бәрімізді күтетін жалғыз тұрақ.

Жалтыраған жалғандар алдаса да,

Адам болып қалуың маңыздырақ.

 

Қазақ тілінде жазылған