КЕК
Тарихи кинохикаят
Оқиға 1845-1860 жылдары Сырдарияның төменгі ағысы, Қазалы бекінісі мен Қызылқұмда өтеді.
Қатысушылар:
1. Жанқожа – би, батыр 70-80 жаста. Орта бойлы, мығым денелі, сұсты кісі.
2. Елікей – Шөмекей мен табынның старшыны, кейін орыс армиясының полковнигі.
3. Бекмырза – жас жігіт, жүзбасы, би, пысық.
4. Итжемес – Жанқожаның үлкен ұлы, жас жігіт.
- 5. Мұхаммедхасан – 22 жаста, татар, Орынбор шекаралық комиссиясының кіші тілмашы. Мұхаммед-Шафиг Ахмерұлы.
6. Қанікей – кемпір, Жанқожаның әйелі.
7. Шағырай – Жанқожаның атқосшысы, орта жаста, шағын, ширақ кісі.
8. Сәйеке – жас жігіт. Мүсірәлінің шөбересі, Жанқожаның пір етіп ұстап отырған адамы.
9. Беглов В.В. – Ырғыз бекiнiсiнiң бастығы, полковник.
10. Дүрiмбет – би.
11. В.И.Перовский – 45 жаста, Орынбор генерал-губернаторы.
12. Жауқашар – жас жiгiт, Жанқожаға немере.
13. Сейіл – орта жаста, Байқадам баласы.
14. Ақтан – егде кiсi, айбатты ірі адам. Жанқожадан үлкен, батыр.
15. Раманқұл – би, келiстi тәкәппар адам.
16. Жанқазы – сұлтан, жiгiт ағасы.
17. Бабажан – сарт, Жанкент қалаcының найыбы.
18. Майқарабек – Бабажанның баласы. Бозым.
19. Бек – жас жiгiт, мерген.
Шабарман, жауынгерлер, жұрт, әйелдер, ұста, жасауыл.
І акт
Бiрiншi көрiнiс
Сахна ашылмас бұрын арғы жақтан шу есiтiледi. Айқасқан қылыштардың сыңғыры. Бекініс ішінен анда-санда бір білтелі мылтық атылады. Айқай. Ың да шың. Ұран.
– Аруақ!
– Аруақ!
– Бақтыбай!
– Жанқожа!
– Жанқожа!
– Ұр!
– Қорша!
– Бақтыбай!
– Қашты!
– Қашты!
– Аруақ! Аруақ!
– Әне кетті!
– Алдынан шық!
– Жіберме иттi!
– Әп, бәрекелдi!
– Байла!
– Ақтан! Ақтан!
– Аруақ! Аруақ!
– Мата! Аяма ит немені.
– Ұр! Соқ!
– Байла деймін саған! Байла!
– Әрi алып кет!
– Қанды басың бермен тарт!
– Әп, бәрекелдi!
– Жiберме! Ұр! Соқ!
– О, нәғілет.
– Өлтiр!
– О, нәлетi! Нәлет, жауғыр кәпір.
– Әкел бермен!
Сүрен бірте-бірте басылып мүлгiген тыныштық орнайды. Төбеде Жанқожа түнерiп отыр. Бес қаруы сай. Жанында қарулы сарбаздар. Дуылдаған қарулы-қарусыз тап осылай қарай бет алған. Жұрт емен жарқын, көңілдi, алшаң-алшаң басады. Жеңiстiң буы бар. Жүрiстерiнен iс бiтiрген кiсiлердiң маңғаздығы көрiнiп тұр. Жамырап жарыса сөйлейдi.
Дауыстар:
– Уа, батыр, жеңiс құтты болсын!
– Баянды қылғай!
– Той тойға ұлассын!
– Аллақұлдың қанды шеңгелiнен құтылдық.
– Бүйткен ханы құрысын.
– Өздерi де қайтып бұл жерге жоламайтындай болды.
– Қаншелек сұмырайларға сол керек.
– Иттiң азары да өтiп болып едi.
– Ақтан ағамның арқасы ғой.
– Көктей бер, Ақтан аға!
– Уа, жарадыңдар, жiгiттер!
– Ерледi азаматтар. Ер болсаң осындай бол.
– Ақтанның арқасы. Ақтанның.
Ақтан батыр: (Топтан iлгерi озды).
– Үлкен iс тынды, Жәкем. Неше жылдан берi желкемізге мініп жамағатымыздың еңсесiн көтертпей келе жатқан пәледен құтылдық мiне. Жасақтың бiрсыпырасы қолға түспей құтылып кеттi. Өлген-жiткенi тағы бар. Алайда қошқарбасынан айырылғанымыз жоқ. Бабажанның өзi, оның Майқарабек ұлы қолда. Жанқазы cұлтаныңды да байлап алдық.
Жанқожа: (Орнынан тұрып).
– Уа, халқым! Жеңiстерiң құтты, тапқан бақыттарың баянды болғай. Алла ұзағынан сүйiндiрсiн. Өз намыстарыңды өздерiң қорғай бiлетiн ел екендерiңдi енді таныттыңдар. Разымын. Майдан басы шығынсыз болмайды. Өткен болса салауат, қалғанға береке. Шейiт кеткендердiң алдарынан Алла жарылқағай. Ірге бүтін болса, олқының орны толар әлі. Алтау ала болса, ауыздағы кетедi, төртеу түгел болса, төбедегi келедi. Бұдан былайғы жерде де осындай берекелі іс басынан табылайық. Жұмылғанды жау алмас болар.
Ақтан: (Жанқожаға қарап жұртқа қырын қарап тұрды.)
– Қайсiбiрiн айтайын... Әйтеуiр орыстан оңды, дiнiмiз бiр, дiлiмiз туыс жұрт едiк. Жамандыққа қимас деп дәмеленiп ек, ол үмiтiмiз әбден өштi. Кептiң керiн өзiмнен көрдiм. Тiзесi қатты батты сарттардың. Тайлы-таяғы қалмай cыбанып жүргенi сол әбден ашынғаны жұртымның. Төрелігін батыр айтсын деп жарып тастағалы тұра ұмтылған қаны қарайған кекті жұрттың талауына бермей өзіңе әкеп тұрмын. Қаттылықтың да қаттылығы бар. Зорлықтың да зорлығы бар. Бұл азбанның елге берген азабы өтердей өттi ғой. Қара халыққа да сын жоқ, шыдардай-ақ шыдап келген жерi осы... Қорамына үйiрiлгеннiң бәрiн жау тұтып, жазығы да, жапасы да жоқ өз бетiмен жүрген Ақмырзаны мерт қылған қарабет Бабажан мiне алдыңда. Құныкерi cенciң. Жеткiз ана азбанды.
Сарбаздар қолы қайырылып байланған Бабажанды алып келдi.
Жанқожа: (Ала көзiмен атып, қолы қылышының балдағына ерiксiз
барып сығымдап тұр, бiрақ өзiн-өзi ұстап).
– Уа, халайық! Мына мүскiн сендерге на қылығымен
жазықты?
Дауыстар:
– Бұның iстегендерiн Сiз есiтпеңiз, бiз айтпайық.
– Ойбай, көресiнi осыдан көрдiк. Ойына не келсе,
соны iстедi ғой.
– Басты пәле осы.
– Бұл қызталақ мұсылманшылыққа келмейтiн әрекет
жасады.
– Мал құлағы саңырау. Бермеген азары жоқ.
– Әй, не күлбiлтелеп тұрсыңдар.
– Неге айтпайсыңдар айтатын жерiнде?
– Оң жақта отырған қызымызға дейiн ерiксiз алып
қойнына салған жоқ па?! Әншейiнде шуылдап...
– Абыройын төктi.
– Жiгiттерiмiздi байлап-матап қара жұмысқа салды.
– Ақмырза ағамды суға аттырған осы.
– Кәпiрдiң көзiн құрту керек.
– Бұған өлiмнен өзге жазаның бәрi жеңiл.
Кекті көпшiлiк бiрiнен кейiн бiрi келiп,сарттың бетiне түкiрiп жатыр.
– Тiпу, жүзiқара кәпiр неме.
– Қарабет.
Жанқожа:
– Сонымен бұ қанішер мүскінге не жаза лайық
дейсiңдер?
Жұрт:
– Өлiмнен өзге не болушы едi.
– Өлiм!
– Өлiм!
– Көзi жойылсын кәпiрдiң.
Ұста: ( Ортаға бiлегi cыбанулы,қолында шоты бар ұста
жүгiрiп шықты)
– Батыр, мына азбан көзiмнiң қарасы тұлымшағы жалбыраған екi қызымды бiрдей жандайшаптарына зорлықпен алдырып, абыройын айрандай төгiп едi. Перiштелерiмнiң көз жастар мойнында. Өз қолымнан жазалайын. Беріңіз маған! Өз қолыммен жазаламаcам, пәленбай жылдан шемен боп қатқан кек қайтар түрi жоқ. Берiңiз қолыма, батыр!
Жанқожа: (Қолын жеркене сермеп)
– Қыршын жанды қорлаған бұл иттiң Құдайдың да, адамның да алдында сұрауы жоқ.
Ал. Не icтеcең де ерiк өздерiңде.
Жұрт:
– Дұрыс.
– Әп, бәрекелдi.
– Обалы жоқ иттiң.
– Сол керек өзiне.
– Құрт көзiн.
Ұста:
– Ә, кәззап, түстiң бе қолға... Бар екен ғой бұ Құдайың. Бар. Жаратушым да сарт боп кетті ме десем...
Ұста Бабажанды алдына салып еңселеп алып кетп барады. Сәлден кейін сол жақтан шыңғырған ащы дауыс естiлдi. Жұрт бiр сәт селт етiп дауыс шыққан жаққа құлақ түрiп қалған. Ащы дауыс тағы естiледi де басылады. Топ тараған жоқ.
Ақтан:
– Мына бөрiнiң бөлтiрiгiн не iстейсiң, батыр?
Ақтан ортаға қолы байланған жасөспiрiм ер баланы алдырды.
Жанқожа: (Қыңырайып терiс айналды. Қыршынға осқырына қарап)
– Бұл да күнәға батып қап па?
Ақтан:
– Жаңағы қанiшердiң iзбасары, бөрiнiң бөлтiрiгi осы. Ел-жұртын тастап қазақ ортасына келгенде нағашысын сағалап жүр дейсiң бе. Қамшы сабынан қалай озсын. Көрген көргенiн, көсеу түрткенiн icтейдi. Бұның да көкейi ертеңгi күнi қойдан қоңыр қазақтың үстiнен күн көрмек шығар.
Жанқожа: (Сол қыңырайып жиіркене тұрған күйi).
– Осында күйеуi бiр, боздағынан тағы айырылып қара тұтып қалған күйiктi жеңгем Ақмырзаның жесiрi бар-ды. Запыраны төгiлер ме екен, соған берелік.
Ақтан:
– Жарайды. Жарайды, Өзiң бiл, батыр. Билiгi сенде.
Дауыстар:
– Батырдың айтқаны дұрыс.
– Ол да жөн екен.
Ақмырзаның кемпірі ілгері озды. Кәрі екендігі жүзінен
көрініп тұр.
Жанқожа:
– Мынаның иесi өзiң. Не iстесең де еркiң.
Кемпiр:
– Кешелi берi қаны қарайған халық тайлы-таяғы қалмай атқа мiнгелi қаншама қыршын жас, ауыздарынан ана сүтi кеппеген талай боздақтың қаны төгiлгенiн көзiммен көрiп отырмын. Бұл қара жердiң сонда да тойынар түрi жоқ. Әлi қанша қан ciмiрcе де болды демеc. Қарашы әне түк көрмегендей, түк болмағандай. Қан жұтпағандай туырсып... Қанша құрбандық шалсаң да тойым жоқ. Әлi де талайын қылғытып жұта берер түрi бар. Менiң құлыным cекiлдi өрiмдей жас неме екен (балаға барлай қарап). Бұның да анасы боздағым келер-ау деп жолға қарап күтiп отырған болар. Бұзық болса, әкесi бұзық. Көргенiн iстейдi де. Аузынан уызы кеппеген бұнда не жазық? Билiгiн шынымен маған берген болсаңдар, қанын кештiм. Қоя берiңдер. Көрген-бiлгенiн елiне айта барсын. Олар да Алладан иман тiлеген өзектi жандары шығар. Бұл жақта да ел-жұрт, ата мен ана, ұл мен қыз барын естiсiн. Бұдан былай мұсылманның екi ұлы бiрiн-бiрi жау көргенiн қояр ма екен. Жаулық тиылар ма екен. Ағайын арасында дәнекер болар ма екен... Менiң байлауым – осы.
Жұрт таңырқап ду ете қалды.
Жанқожа: – Олай болса, қасына екi жiгiт қосыңдар да ел
шегiнен аман-есен шығарып салыңдар.
Жұлынған жiгiттер бозымды желкелеп ала жөнелді.
Ақтан: (Жанқожаға қарап)
– Мына Жанғазы төренi не iстейсiңдер?
Білектерін сыбанып алған жігіттер қолы байлаулы
сұлтанды әкелiп батырдың алдына тізерлетіп
отырғызды.
Жанқожа: (Оған жиiркене қарап).
– Шешiңдер қолын.
Жанқожа:
– Енесiне шабатын жаман сәурiк болушы едi. Елге аға бола ма десек, cондай сасық болып шықтың төрем... Қора күзетер ме екен деп ит өсiрдiм, ол өзiмдi қапты. Мына қалың ел сенiң енең емес пе едi. Алшаңдап жүргенін осы жұрттың арқасы емес пе еді. Сен оның жыласа жұбатар, зарласа уатар қорғаны емес пе ең? Жетiм қалған жерiңнен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай түу Бұқар асырып, молдадан сабақ алдырып бауырына басып үпiлеп отырған Қожамберлiге көрсеткен әуселең осы ма? Жұрт сенi хан көтерсе, қанын iшсiн деп емес, сартпен қосылып сабаспай өзiне қорған болсын деп үмiттенiп едi. Қорған болған кiмiң бар? Ағайынды мұншама ашындыратындай не жазып едi? Асыл тектi хан тұқымы сұлтандығың, төрелiгiң қайда? Жетiм қалғанда бауырына басып тел емiзiп өсiрген жұртыңа қайырың кәнi?
Ханнан бақыт таярда,
Қараша жұртпен қас болар.
Байдан бақыт таярда,
Дәулетiне мас болар.
Жетесiз туған жiгiттер,
Жиырма бесiнде жас болар.
Алша мойныңды қылша бұрайтын жер оcы. Сөйтер-ақ ем... Қолымды Абылай бабамның аруағы байлап тұрғаны.
(Батырды ашу буып. Соны сезінген жұрт енді не болар екен деп тым-тырыс)
...Мына дүрлiккен жұрттың аптығы басылған соң қырға қайтамын. Сонда бұны көштiң соңына жаяу салыңдар. Қара жорғасын Төремұрат мiнсiн. Жаман да болса, хан қиқымы едiң. Төрелiгiн өз бауырың Арыстан төренiң өзiне тапсырамын.
Жанғазыны дедектетiп алып кетедi.
Ақтан: (кiбiртiктеп)
– Бiр iнiң бар едi. Алдыңа әкелуге қимай, алып кетуге
тағы болмай, әрi-сәрi боп тұрмын, батыр.
Жанқожа: (жұлып алғандай).
– Ол қайсысы тағы?
Ақтан:
Раманқұл.
Жанқожа шорт қырын қарады. Раманқұл бидi екi адам екi жағынан айдап келдi. Келiстi, тұлғалы кiсi. Бидiң қолы бос, өзiн өр ұстағанмен, ұнжырғасы түскен.
Жанқожа: (Шошып).
Мынау ма едi? (Пауза).Құртатын болсаңдар бұ кәззапты маған жеткiзбей-ақ құртпайсыңдар ма? Несiне әкелдiңдер? Айыбын айтcам, ағайыннан айырыламын, айтпайын деcем, icтегенi жаудың қылығы. Бар пәленiң басы осыдан емес пе? Жол бастап саудыраған қалың сартты осы қазақ үстiне түсiрiп жүрген қаракөкiрек осы емес пе? Ел ішін алатайдай бүлдіріп жүргенін білісіңдер. Билiкке арын да, жанын да қосақтап сататын неме. Ақмырзаның қаны тағы да осының мойнында.Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым... Қатты кетсем халқымнан айырыламын. Кетпейiн десем, көкiрегi көр, қолы арам, жүрген жерi ылаң, барған жерi шу. Көрсетпе маған! Бұ дүниеде көрмейтiн болайын. Билiгi Бекарыстан ағамда. Алып барыңдар алдына.
Жігіттер Раманқұлды алдарына салып ала жөнелді.
Жанқожа сол ашуланған күйi сахнадан кетеді.
Дауыстар:
– Халайық, ақсарыбас шалынады.
– Құрбандыққа жиналыңдар! Құрбандыққа!
– Тарамаңдар!
– Ақсарыбас!
– Құрбандық!
– Құрбандық!
– Естідің бе сен?! Теңізді орыс жағалап жүр дейді ғой.
– Әй, қойшы-әй. Қайдағыны айтпай. Мұсылманнан құтыла алмай жатқанда енді кәпір қалып па...
Екiншi көрiнiс
Сахнаға Жанқожа мен Бекмырза әңгiмелесiп бiрге енедi. Ұзақ сөйлесiп келе жатқан беттерi. Екеуi де ой үстiнде.
Жанқожа:
– Сонымен, түйгендерiң не болды ?
Бекмырза:
– Көрген болса көл-көсiр. Түйгенiм тобықтай.
Жанқожа:
– Көргенiң өзiңе олжа, кәдеңе жарата жүрерсiң. Бiз
түйгенiңе зәруміз. Соны айт.
Бекмырза: (Сәл кiдiрiп. Екпiнмен ).
– Жұмыстарына дейiн тұрып iстейдi, адаммен де түрегелiп тұрып сөйлеседi. Әнi-мiнi ұшқалы отырған құстай тамағына дейiн тақтайда шоқиып отырып iшедi. Ақыр аяғы дәрет сындырғанда да cолай, тiзе бүкпейдi. Бұл не жанығып бара жатқан жұрт екенiн ұқпадым.
Жанқожа: (Ойланып қалған. Өзіне - өзі айтқандай).
– Е... е, мәпақаcын жаугершiлiктен айырған халық емеc пе. Бiз түгiлi Қоқан мен Бұқар, Хиуадан да дәмелi болғаны да... Жол бойында не нәмарт отырар, не жомарт отырар. Сонда шұбырынды ұлы соқпақта қазақ аяқасты қалмаса неттi. Жетiм лақ тасбауыр, маңырар да отығар. Әу баста-ақ Алланың момын жаратқан пендесi едi. Қайтедi ендi. Қолынан келмесе, өзек талмас, қолынан келсе, намыс бермес харекетiн жасар да...
Бекмырза:
– Тұтынған заттары тас пен темiр. Ақыр аяғы қасығы мен тостағына дейiн темiр. Iшпесең жүрегiң сазады, iшсең қаптаған қара шегірткеге дабыл салып отырған адамдай тақыр да тұқыр миыңды шағып болады. Әйтеуiр күнiне үш мезгiл шелек түптегендей болдым. Астарына қол салайын десең, саусаққа iлiнер түйiрi жоқ қызыл жалқын бiрдеңе. Бойға жұғатын маңызынан шөп-шалаңы көп.
Жанқожа:
– Онда дәм талғамайтын болды де. Не болса соны нәр тұтатын жандары сiрi, жорыққа бейiм көнбiс немелер екен.
Бекмырза:
– Салғандары ылғи тас үй. Патша жаяу баратын жерге дейiн таспен қалап келе жатыр.
Жанқожа:
– Бiр мезгiл отырған жерiне де белгi тастап, мықтап ен салып, еншiлеп келедi десейшi онан да. Олай болса, олжасын артынып-тартынып жөнiне кете беретiндердiң сыңайынан болмады. Келуiн келiп тұр.Түптiң түбi кетуi қиын болар. Заманнан заманға жалғасып, ортамызға ошақ көмiп омалып отырып алып, келер ұрпақты тесiк өкпе етпесе неттi. Еңсесiн езiп, құлдыққа салып, ұнжырғасын түсiрмесе қайтсiн. Көрер азаптың салмақты басы кейiнгiлердiң таланында болды онда.
Бекмырза:
– Адамдарының көздерi тұздай, мұрындары бiздей. Қатынында қайыру жоқ, еркекпен бiр. Еркек басына бар болғаны жалғыз қатын. Төмен етектiмiн-ау деп именiп жүрген бiрiн көрмедiм. Шәңкiлдеп ерлерiнiң төбелерiн ойып жатқандарына қарағанда өздерiн сол төменетектелерi билей ме дедiм. Түп тiзгiндерi қатындарында-ау шамасы.
Жанқожа:
– Алла, бетiн әрi қыла көр. Қара бастаған ел оңбас, қатын бастаған көш оңбас деушi едi. Инабат кеткен жерде ұйытқы қайдан табылсын. Бағы емес, соры десейшi оданда. Түптiң түбi қайнаса өздерiнiң соры да осынысынан қайнар. Азатын жерi де осы болды. Өзi азып қойса да мейлi ғой... Ойпырмай, жаман әдет жұқпалы келетiн. Күндердiң күнi ықпалындағы жұртты да сөйтіп іштен ірітпесе нетсін.
Бекмырза:
– Ащы су iшiп алып, қатын-еркегi бiрiн-бiрi құшақтап бiрiне бiрi деc бермей бақырып-шақырып у да шу өлең айтады. Дауыстары төбе құйқаңды шымырлатып жетi қырдың астына кетедi. Және шаңды шаңға қосады.
Жанқожа: (Екi қолын бiрдей көтерiп).
– Астапыралла! Айттым ғой әнi. Жарайды. Жарайды. Қоя ғой ендi. Арғы жағын қозғама. (Ойланып қалды. Салмақты. Өзiмен өзi. Кідіріп барып баяу сөз бастады). Солай да солай де... Қырға шықса, көк темiр құрсанған қаптаған кәуiр. Сырға түссе, қылышы жалаңдаған Қоқан мен Хиуа. Қайда барса Қорқыттың көрi боп шықты. Сонда бұл қазақ шыбын жанын қай жерге барып сақтамақ? Жан қысылғанда торғайдың да паналарлық бұтасы болушы едi, жұртым ендi кiмдi пiр тұтпақ? Қай бұтаның көлеңкесiне барып бас сауғаламақ? Есесi кеткен қазақтың үлесiн алып бере ме деп дәме етіп жүрген қаптаған қиқым төрең мынау,тамақтары қай жерде тойса, соның босағасын күзетiп, бiрiмен бiрi қырықпышақ боп, бақ талаcтырғанcып шiлдiң боғындай тозып жүрген. Сөйтіп хандықтың да берекесін алып тынды. Бауырластар болса, екi дайып. Бiрiнiң көңiлi кәуiрде, ендi бiрiнiң құбыласы – Хиуа. Бiрлiгi кеткен берекесiз бейбақтың басына әркiм әңгiр таяқ ойнатпай қайтушы едi. Қыспақ екi өкпеден бiрдей түстi-ау. Жұртым-ай, қайсысының елшiлiгiне жүгiрерiңдi бiлмей бозөкпе боп сорламасаң неттi. Үрейлi екен хабарың. Үрейлi-ақ. Қорқамын мына сұм заманның сұрынан. Ертеңгi күнi жауға есесi кетiп, еңiреп етегi толып, алдыма келген пақырға не деймiн сонда? Сен не ойлап келдiң? Мен не деймiн? Бұны пайымдадың ба өзі?
Бекмырза: (Еңсесін төмен салып саусағымен жер шұқылап)
– Өзiмнiң де санам сан-саққа кетiп жүр.
Жанқожа:
– Бiз емес, Алла бiледi! Алла. Бұл да Алланың бас
еркін біреуге бермейтін арда қазаққа жiберген зауалы да.
Бекмырза: (Батырдың аяқ асты қатты шыққан дауысынан
шошып).
– Әрине, Алла бiледi. Қай iстiң де сағасы Алладан.
Жанқожа:
– Алланың не деп тұрғанын айтайын ба?.. (Батыр ұшып тұрды. Ашу буған. Көздері қанталап арқаланып кеткен. Бекмырза да оған ілесе жалма-жан орнынан көтерілді). – Жасың болса келдi, пендем, дейдi қасиетiңнен айналайын тәңiрiм. Ата сақалың аузыңа түстi, пайғамбар жасынан асқаның қашан дейдi. Өзектi жанға бiр өлiм. Ажал қашан келедi деп ошақтың екi бұтын ұстап ошарылып отырып алмай мұсылманның ақ байрағын көтерiп, қанына қарайып отырған мына қара қазақты сал дейдi майданға. Халқымның етi тiрiлiп дүр етiп бiр сiлкiнсiн. Бiлсiн кiм екенiн. Анау Сырым, Исатай мен Махамбеттен жаның артық емес. Өйтпегенде халқымның құрбандығына атап келе жатқан еркек тоқтылық бiр жанды бұдан былай кiмнiң өтеуiне сақтаймын? Iш қазандай қайнап, шерменде кеткенше ақтық iс үшiн шейiт кеткен жөн емес пе... (Кiлт тоқтап, кекесiнмен). «Жарылқаймын,– дейдi. – Жарылқаймын. Қорғаның боламын.» Тiлi майда, дiнi қатты. О заман да, бұ заман өзi жарымағанның өзгенi жарылқағанын есiтiп, көрiп бiлгенiң бар ма едi? Көргенiң бар ма? Жарылқағыш болса, өзiнiң қараборбай кедей-кепшiгi мен жетiм-жесiрiн неге жарылқамайды? Жарылқанар болса, бұлар ата қонысынан ауып, неге арқаланып босып жүр? Су шығып па iргесiнен? Кедейдiң астынан күмiс жылтырайды деп жер асып, су асып... Қалың қазақтың өкпесiне сүймендей болып қадалып тұрған Райымы мен Ырғызын шауып берсем... Анау қырдағы ағайын тiзе қоспай басы барымтада кеткен Көтiбардың Есетiнiң iзiне ерiп көрiнген қарақшыдан үркiп жер-су асып бас сауғалап боса бере ме? Тiзеге тiзе қоспас па? Қосылмас па осындайда жұртына? Нақ қол ұстасар жер осы емес пе? Өгiзге туған күн бұзауға да туып тұрғанын көрмей ме, білмей ме? Оларды туғанда да шешелерi қалжа жемеп пе?
Бекмырза: (Әсерленiп).
– Ерулi атқа ер салып, еңку-еңку жер шолып, қазақтың сайын даласынан сары сапалақтарды аластап, бозала таңда бозторғайы шырылдап маужыраған таңда боз биенi күрп-күрп сауған мамыражай қойдың жазын келтіргенге не жетсiн. Қара қазақ өз Қыры мен Сырының игiлiгiн сауып, ата жұртында қатығын ұрттап, қойын құрттап аяғын көсiлiп сап отырмас па едi.Әттең. Ол күндердiң көзден бұл-бұл ұшқанына көзiм жетiп келдi, батырым. (Пауза).
– Мұздай темiрмен қаруланған жаудың сыңайынан cеcкенемiн, күш шіркін сескендірмей қоймады.. Мен байқасам, көнсеңiз алдап, арбап алады. Алдауға көнбесеңiз, бұ кәпіріңнің бұрауы қатты. Түбi суық. Алданғаныңызды бiле тұра аңқаусып iшiңдi бермей сыртыңызды ғана бересiз. Дiнiңiз үшiн емес, күнiңiз үшiн солай iстейсiз. Мен байқасам, бұ халықтың дiнi қатты, дүмi ауыр. Көргенiме сенер болсаңыз, адам басына шошайған бiр мылтық, есерге бiткен едiрейген мұрт, салақтаған қылыш. Пәлi iздеген шатынаған шегiр көз. Қарашекпен аз, бәрi әскер. Дәу мылтығы әупiлдеп күңiренiп тұрып от шашқанда, ойпырмой, құдайым басқа сала көрмесiн, жер солқылдап, ат бұтына жiбередi.
Жанқожа:
– Олары Хиуа мен Қоқанның дәу мылтықтарынан да
ауыр ма?
Бекмырза:
– Атанға артып жүре беретін оған мынаны теңеуге келмей тұр. Шойыннан құйған алпамсадай алпауыт. Пар атпен сүйреп жүредi. Әупiлдегенде жер солқылдап, добы жаннамға-жетi қырдың астына кетедi. Түскен жерi апан. Бетiн аулақ қылғай. Ұңғысы бермен қараса, байқаймын, қара борбай қарусыз тобырдың тажалы болар түрi бар. Келеге келген лөктей cоқылдап тұрған бiр пәле. Естектің есін алған сол ғой.
Жанқожа:
– Үбіжік қылдың ғой тіпті. Құтың қашып кетіпті ғой
мүлде.
Бекмырза:
– Құттың қашқанынан емес, қауіп еткеннен айтамын.Жауымыздың шамасын бiлмесек, арандап қалмас па екенбiз деген сезігім де, батыр. Екi жақтан теперiш көрiп талмаусырап тұрған осы өлiра шақта жұртымыздың ұнжырғасын түсiрiп, белiн үзiп алмас па екенбiз деген қауіппен айтамын. Ақырын қайдам, мен бiлерде бұл тұрғанда дес берер дұшпан жоқ. Ашу үстiнде ту көтерсеңiз, жесiр мен жетiмнiң көз жасы, қара қазақтың обалы тағы бар. Бiр төтеп берсе, қазақтың бәрi болмағанмен, жарымы қараған кешегi Кенесары мен Наурызбай төтеп берер едi, олар да иық теңестiре алмаған соң амалсыз ығысқан жоқ па Ұлы жүзге.
Жанқожа:
– Жә, сонымен не дейсiң?
Бекмырза:
– Ымырадан басқа не бар. Дiнiмiз үшiн емес, күнiмiз үшiн барасыз ымыраға. Қасарыссақ омырылып, сағымыз сынып, тоз-тоз болып кетемiз бе деген қаупiм бұл. Иiлген сынғандық емес. Қара қазақ бүтiн, қара бала сау болса, дүниенiң шегi бұл болмас. Талай заман тоғысар әлi. Қазақ үшiн де тәңiрiнiң таңы атар. Құдайдан тiлеген момақан халықты соншама тұқырта берер деймiсiң. Алла кәуiрдi бәйбiшеден, мұсылманды тоқалдан туғызбаған болар. Тағы бiр дәмем – екi қошқардың басы бiр қазанға түскелi тұр. Iрейт соқ деп көрелiк те. Бiрiнiң болмаса, бiрiнiң мүйiзi сынады. Көрiнеу көзге екi алпауыттың тонауына қатар түсуге тағат шыдар ма. Өзге амалын тағы көре алман.
Жанқожа: (Ойланып).
– Екi түйенiң ортасында өлетін шыбын емес пе. Жолсоқты боп арып-ашып қалыпсың, бала-шағаңның қасына жет. Асықпай тынық. Сай сүйекті сырқыратар көп хабар жеткiздiң.
Бекмырза шығып кетедi.
Жанқожа:
– Е... е... солай да солай де...
Сахна сыртынан:
«Күнбатыстан бiр дұшпан,
Ақыр да шығар сол тұстан.
Өзi сары, көзi көк,
Дiндарының аты – поп.
Күншығысқа қарайды,
Шашын ылғи тарайды.
Құдайды бiлер дiнi жоқ,
Жамандыққа мiнi жоқ.
Өзi сынды бiр кәпiр,
Аузы-басы жүн кәпiр,
Жалаулап келер жұртыңа.
Жағалы шекпен кигiзiп,
Балды май жағар мұртыңа,
Жемiрлерге шен берiп.
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай iшер қаныңды,
Өлтiрмей алар жаныңды.
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды.
Елiңдi алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан»
Жанқожа селт етіп ойға батып құлақ төсеп тұр.
Үшiншi көрiнiс
Перде ашылғанда Жанқожа мен Бекмырза ой үстінде тұнжырап отыр. Едәуір сөйлесіп алған іспетті. Қоңырқай үйдің iшi.
Жанқожа:
– Келсiн әлігiң,
Бекмырза орнынан тұрып, сыртқа шығып кеттi де тыриған орыс офицерiн ертiп келдi. Офицер босағада қақшиып тұр.
Майор Беглов:
– Здравия желаю, батыр, би Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов! По личному поручению председателя Оренбургской пограничной комиссии Ладыженского Виктора Григорьевича письмо его высокопревосходительства доcтавил начальник первого укрепления майор Беглов. Передаваемый данный пакет его выcокопревосходительства председателя пограничной комиссии в целости и сохранности. Позвольте вручить.
Жанқожа:
– Айта бер.
Бекмырза:
– Орынбор шекаралық комиссиясының ұлығы Лат... Латыш... Осы нәлеттердiң жеті атасын түгендейтін әдеттері жаман-ақ. Айтып боламын дегенше кекеш адамдай тұтығып бiтесiң. Латженскийден Сiздiң өз атыңызға жазылған патшаның хатын әкелiп тұрмын дейдi. Хат бүтін, жыртылмаған да ашылмаған дейдi.
Жанқожа:
– Елші кiсi от алуға келген қатынға ұқcап босағада селтиiп тұра бере ме. Жолсоқты боп келген жолаушы емес пе. Айт. Төрге озсын. Шаруасын жата-жастана айта жатар.
Бекмырза:
– Батыр говорит как болшой кост Орынбор сидет туда, кашма, рядом батыром на большой место. Говорит делать дело потом, разговор потом.
Майор Беглов:
– Не положено, Бекмурза Алдиевич. Устав не
позволяет.
Бекмырза:
– Отыруға болмайды дейдi, батыр. Бұлар бұйымдарын осылай түрегелiп тұрып айтады. Түрегеліп тұрып сөйледі.
Жанқожа:
– Неге?
Бекмырза:
– Тәртiптерi солай.
Беглов ciреcкен күйi iлгерiп озып, хатты батырға ұсынды. Ол болса қағазға қол созбай иегiмен Бекмырзаға меңзеді. Бекмырза хатты қолына алып, аударып-төңкерiп, қарап, cорғышын cындырып жыртып ашты да майордың өзiне қайта ұсынды.
Бекмырза:
– Сам шытай.
Ол «Өзi неге оқымайды» деген мәнде иығын қиқаң еткiзiп, сәл кiдiрiп, Бекмырзаға қарады.
Бекмырза:
– Шытай, сам шытай.
Беглов қағазды екi шетiнен ұстап тұрып, салтанатты түрде дауыстап оқи бастады.
Беглов:
– «Уважаемый би, батыр Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов! Как всеми уважаемый и почтенному киргизу в округе, признавая Вас за Ваши заслуги перед правительством доверенным лицом царской России в нашем владении, имею честь довести до Вас чистосердечную благодарность Его величеcтва за усердное служение, проявленное в отторжении хивинских хищников, совершивших набеги на наше владение. От государя и по его личному поручению имею честь сообщить о присуждении Вам чина есаула с жалованием 200 рублей серебром, и передать медаль на анненской ленте для ношения на шее и сукно c голуном на амуницию.
Заверяю, что в Вашем лице верноподанные Государю киргизы имеют защитника от хивинских, кокандских, бухарских и прочих наших общих врагов и будут жить в спокойствии.
Председатель Оренбургской пограничной комиссии Ладыженский Виктор Григорьевич, Оренбург 1853 год. Февраль месяц 17 числа».
Қағазды Жанқожаға апарып бердi.Ол сол сазарып отырған күйi Бекмырза жаққа иек деп қақты. Хатты Бекмырза алды.Бегловорнына қайта барып қалшиып тұр.
Жанқожа:
– Не дейдi?
Бекмырза:
– Кiшi жүз Кiшкене шектiнiң әрi батыры, әрi биi, Жәке, Сiздiң өз атыңызға жазылған. Ұлы мархаматты патшамыздың құзырындағы Орынбор губернаторы Лат... Лат... Латыжынский Сiздi басқыншы Хиуалықтарды дариядан асырып тастағаныңыз үшiн патша ағзамның бодандығындағы қазақтардың, оның iшiнде кiшкене шектiлердiң, демек орыс жұртының қорғаны, биi әрi батыры деп мойындап, жасауыл шенiн бередi. Шенге қоса екi жүз теңге күмiс ақша жалақы тағайындаған, шапандық зерлi шұғасы да бар. Оған қоса мойныңызға жiбек баулы алқа тағады. Бiздiң қазақтарымызға маза бермей отырған шапқыншы хиуалықтар, қоқандықтар, бұқарлықтар мен өзге де дұшпандардан құзырындағы жазықсыз адамдарды әлi де қорғайды деп сенедi. Хатты Орынбордан жазған Латыж. Латыжынский. Биылғы ақпанның он жетiсi.
Жанқожа үнсіз қалды. Қолайсыз үнсiздiк.
Жанқожа:
– Солай деп пе?
Бекмырза:
– Сөйдеп жазған.
Жанқожа:
– Осы сен әлденесіне түсiнбей қалған шығарсың?
Бекмырза:
– Түсiндiм, батыр. Бұл жерде түсінбейтін ештеңе жоқ. Бәрі де ұғынықты.
Жанқожа:
– Анаған бершi. Қайта оқысын.
Бекмырза орнынан тұрып барып хатты офицерге қайтарып бердi.
Бекмырза:
– Шытай.
Майор Беглов иығын қиқаң еткізді де хатты қайта оқиды жөнелді.
Беглов:
– «Уважаемый би, батыр Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов! Как всеми уважаемый и почтенному киргизу в округе, признавая Вас за Ваши заслуги перед правительством доверенным лицом царской России в нашем владении, имею честь довести до Вас чистосердечную благодарность Его величеcтва за усердное служение, проявленное в отторжении хивинских хищников, совершивших набеги на наше владение. От государя и по его личному поручению имею честь сообщить о присуждении Вам чина есаула с жалованием 200 рублей серебром, и передать медаль на анненской ленте для ношения на шее и сукно c голуном на амуницию.
Заверяю, что в Вашем лице верноподанные Государю киргизы имеют защитника от хивинских, кокандских, бухарских и прочих наших общих врагов и будут жить в спокойствии.
Председатель Оренбургской пограничной комиссии Ладыженский Виктор Григорьевич, Оренбург 1853 год. Февраль месяц 17 числа».
Оқып болған хатты Беглов Жанқожаға алып бара жатып, ой түсiп, кiлт тоқтай қалды да Бекмырзаға табыс етті.
Жанқожа:
– Не дейдi екен?
Бекмырза:
– Кiшi жүз Кiшкене шектiнiң әрi батыры, әрi биi, Жәке, Сiздiң өз атыңызға жазылған. Ұлы мархаматты патшамыздың құзырындағы Орынбор губернаторы Лат... Лат... Латыжынский Сiздi басқыншы Хиуалықтарды дариядан асырып тастағаныңыз үшiн патша ағзамның бодандығындағы қазақтардың, оның iшiнде кiшкене шектiлердiң, демек орыс жұртының қорғаны, биi әрi батыры деп мойындап, жасауыл шенiн бередi. Шенге қоса екi жүз теңге күмiс ақша жалақы тағайындаған, шапандық зерлi шұғасы да бар. Оған қоса мойныңызға жiбек баулы алқа тағады. Бiздiң қазақтарымызға маза бермей отырған шапқыншы хиуалықтар, қоқандықтар, бұқарлықтар мен өзге де дұшпандардан құзырындағы жазықсыз адамдарды әлi де қорғайды деп сенедi. Хатты Орынбордан жазған Латыж. Латыжынский. Биылғы ақпанның он жетiсi.
Жанқожа үнсiз түнерiп, саусағына бүлдiргiсiнен iлiнген кiшкене балтасын айналдырып ширығып отыр.
Жанқожа:
– Өзiне бер.
Бекмырға хатты Бегловтың қолына қайта апарып бередi. Ол ендi не iстерiн түсiне алмай аңтарылып тұр.
Беглов:
– Бекмырза Алдиевич, я же два раза читал. Мне кажется вы складно перевели. Неужели все это непонятно есаулу Джанходже Нұрмухаммедовичу?
Бекмырза:
– Малшай и шытай. Пока он тебе не жасауыл. Бидиш, шеловек сердится. (Қадап айтады). Если не малшай, еще не шитай, плохо будет. Батыр тебе не друг.
Беглов:
– «Уважаемый би, батыр Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов! Как всеми уважаемый и почтенному киргизу в округе, признавая Вас за Ваши заслуги перед правительством доверенным лицом царской России в нашем владении, имею честь довести до Вас чистосердечную благодарность Его величеcтва за усердное служение, проявленное в отторжении хивинских хищников, совершивших набеги на наше владение. От государя и по его личному поручению имею честь сообщить о присуждении Вам чина есаула с жалованием 200 рублей серебром, и передать медаль на анненской ленте для ношения на шее и сукно c голуном на амуницию.
Заверяю, что в Вашем лице верноподанные Государю киргизы имеют защитника от хивинских, кокандских, бухарских и прочих наших общих врагов и будут жить в спокойствии.
Председатель Оренбургской пограничной комиссии Ладыженский Виктор Григорьевич, Оренбург 1853 год. Февраль месяц 17 числа».
Жанқожа:
– Солай деп жазып па?
Бекмырза:
– Дәл солай, Жәке.
Жанқожа:
– Жаңағы сенiң айтқаныңдай?
Бекмырза:
– Сол сөз, батыр.
Жанқожа: (ойланып).
– Бұл не деген батпан құйрық, ай далада жатқан құйрық... Мен Хиуа шапқыншыларына қарсы шықсам, елiм үшiн шықтым. Оған ақшаның керегi не? Өз жүртын қорғаған адам өзге бiреуден ақша ала ма?
Бекмырза үнсiз төмен қарайды. Пауза.
Жанқожа:
– Осы жаcқа келгенше кiшкене шектiнi кәуiрдiң айтуымен қорғап жүр ме екенмiн?
Беглов:
– Би Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов, председатель Оренбургской пограничной комиссии Ладыженский Виктор Григорьевич, как написано в послании, передал Вам лично от имени и по поручению Государя медаль на анненской ленте для ношения на шее. Позвольте вручить ее.
Офицер сөмкесiнен мата мен медальды алып, матаны жанына қойып, медальды батырдың мойнына iлмекке ұмтылады. Оны ендi түсiнген батыр жалма-жан оң жағында жатқан қамшысын бүктеп ұмсына қояды. Бұған түсiнбей қалған майор Бекмырзаға ақтарыла қарайды.
Бекмырза:
– Малшай и слушай его. А то хуже будет. Вешай қамшы. Вешай. И назад.
Беглов лента тағылған медальды амалсыз қамшының басына iледi де орнына қайта келiп тұрады.
Жанқожа:
– Ал ендi мынаусын түсiндiрiп бер. Сен бе мұны сұрап алдырып отырған?
Бекмырза: (шошып түсiп).
– Жоқ, о не дегенiңiз, батыр. Өздерiнiң әдеттерi ғой қызметке кiрген адамдарына ен тағып қоятын. Арыстан сұлтанның мойнында жүрген жоқ па едi салақтап. Бұлардың үстiндегiлерiнiң бәрiн өкiмет бередi. Адамдарын қызмет даражасы мен шенiне қарай сөйтiп айырып қояды. Жүзбасы, мыңбасы дегендей. Мынаны көрiп отырсыз ғой, қуыршақтай қылып қойғанын. Жасауыл да сол.
Жанқожа: – Ал мынаны.
Бекмырза келiп, қамшы басындағы медальды алады.
Беглов:
– Есть еще одно очень важное поручение председателя пограничной комиссии, би, батыр, есаул Кичкене-чеклинского рода Джанходжа Нурмухаммедов.
Бекмырза:
– Ұлықтың тағы да бiр маңызды тапсырмасы бар деп тұр шабарман.
Беглов:
– Председатель пограничной комиссии Ладыженский Виктор Григорьевич просил передать, что би, батыр, Кичкене-чеклинского рода есаул Джанходжа Нурмухаммедов в скором времени должен лично явиться в первое Уральское укрепление и принять присягу верности Его величеству Государю Николаю Первому.
Бекмырза:
– Орынбордағы ұлық Лат... Лат... Латыжеский тапсырыпты жеткiзгейсiң деп, батыр. Ырғызға өзi келiп, патша ұлыққа адалдығына ант берciн деп...
Жанқожа орнынан ұшып тұрып, ашуын баса алмай әдетiнше қырын қарап тұрады.
Жанқожа:
– Солай де... Шабарманды Итжеместiң үйiне алып бар.
Бекмырза:
– Отдыхаем, пойдом. Итжемес домой пойдом. Кумыс пей, баран кошай.
Беглов:
– До свидания, Джанходжа Нурмухаммедов. До свидания. Надеюсь, что мы еще встретимся.
Бекмырза:
– Қоштасып жатқаны ғой. Әлi көрiсетiн болармыз дейдi.
Беглов басын иiп, екеуi шығып кетедi.
Жанқожа: (Тicтенiп).
– О, жаcаған! Көктен тiлеген жарылқаушымның тап iргемнен табыла кеткенiн қарашы. Жер астынан жiк шықты ма, екi құлағы тiк шықты ма? Түлкiдей жылмаңдап келiп, бейқам да аңқау жұртты қасқырша жайратып, қан-жынына бiр кекiрелемек ғой. Асай-мүсейiн арқалап жер түбiнен жеткендегi көкейiң осы, әрине. Ант бер дейдi... Ендiгi қалғаны кәуiрдiң алдында ант-cу iшу едi.
Бекмырза қайта келдi.
Жанқожа:
– Сонымен жаушыңа не дейсiң?
Бекмырза:
– Бұлар ауызша сөзге сенбейдi. Қағазбен ғана уағдаласатын кiсiлер.
Жанқожа:
– Сөз – адамның иманы. Иманға нәгмән келтiретiн болса, жазып бер. (Ширығып). Бүйтiп жаз. Мойнына қарғыбау тағатын бiреудiң, оның iшiнде, әсiресе кәуiрдiң, байлаулы төбетi емес деп жазғайсың. Әупiлдеп менiң қорамды күзетедi екен деген есек дәмесiн қойсын. Жанын шүберекке түйсе, елi үшiн түйiп жүр дегейсiң. Мұны бiр де. Сонан кейiн жазғайсың Жанқожаны жетпiстiң төртеуiнде деп. Бұл пайғамбардан да мүшел жас асты, төрiнен көрi жуық деген сөз. Алдында жалғыз-ақ жол. Ол – Алланың жолы. Тап осы жасқа жеткенде дiнiн сатып, жалпақ жұртқа бiр, Алла алдында екi қарабет болар жағдайы жоқ деп жазғайсың, Бекмырза шырақ. Басынан бағы тайып, пақыршылық түспесе, пенде пендеге құл болмайды. Тек Алланың ғана құлы болмақ деп те жаз. Тап солай ете қоятындай Жанқожаның басына пақыршылың түскен жоқ. (Қадап. Дауcы көтерiлiп) Жанқожа Алланың ғана құлы деймiн мен саған! Жаратқан жалғыз ием Алланың құлы, Пайғамбардың үмметi деп жазғайсың. Хиуа жендеттерiне шапса, жазықсыз елiн талауға салып жатcа, көзi тiрi, кеудеде жан болған cоң ерiкciз атқа қонған. Бақсының моласындай жалғыз қалған соң кәуiрмен тiзе қосса, олардан мақтау есiтiп, марапат алғалы емес, қорғансыз қалған халқының мүддесi үшiн ғана тiзе қосқан. Cөздiң ашығы – кiм де кiм халқының маңдайынан сипаса, сол досы, жетiмдi жылатып, жесiрдi күң етсе, зорлық жасаса, қасы деп жаз. Шен алып, шекпен киетiндей Жанқожаның кәуiрге қызметi өткен жоқ деп тағы жазғайсың. Түсiнбейтiн түгi жоқ. Жұмбақ жоқ бұл арада! Халқыммен дос болса – дос, жау болса – жау. Ешқандай да алаңы болмасын, жұртты жылатпаса, кәуiрге халал ойы, жат пиғылдан ада деп тәciр қағазға. Түсiндiң бе? Әлде қайта айтайын ба?
Бекмырза:
– Түсiнiктi, батыр.
Жанқожа:
– Түсiнсең – сол. Солай деп хатта да тез қайтар. Көсенi үйге кiргiзбе, көтiн жерге тигiзбе. Қонақ аз отырып, көп сынамақ. Сырыңды алдырмай жөнелт. (Көзi шатынап). Мен адамның құлы емес, құдайдың құлымын. Құдайдың!
Бекмырза:
– Әрине, былай нетiңкiреп... Жуасытыңқырап жазамын ғой...
Жанқожа:
– Жуасытпасаң жүректерi жарыла ма?
Бекмырза:
– Сонда да... Былай... Басқа жұрт дегенiм ғой.
Бекмырза шығып бара жатады.
Жанқожа:
– Сәл кiдiр. Айтпады деме. Менiң сыртымнан кәуiрдiң қолынан соқыр тиын алатын болсаңдар жақсылық көрмейсiңдер. Қоянаяқ неме едi. Ана Итжемеске де солай деп тапсыр.
Бекмырза:
– Құп, батыр.
Бекмырза шығып кетедi.
Төртiншi көрiнiс
Сахнақараңғы. Прожектордыңжарығыәрқайсысыәржердебiрiнебiрi қырынқараптұрғанЖанқожа, Перовский, Елiкей, Жанғазы, Дүрiмбет, Бекмырзалардыбаяукезек-кезеккөрсетедi. Бәлкім «атып» шалт – шалт көрсеткен жөн бе. Сөйлесу кезегiне қарай әрқайсысы рет-ретiмен қайта шығады. Бекмырзадан өзгелерi тоңторыс. Бұл ширақ, аналармен салыстырғанда жүзi жарқындау тәрiздi. Бұл көрініс елес пен шындық, өң мен түс аралығындағы алмағайып күйзеліс сәті. Елес. Бұлыңғыр тұман. Көрініске айналмалы сахна аса оңтайлы.
Елiкей: (Монолог).
– Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас. Қараға ерген қазақтың әлiбұлыққа жеткен жерi бар ма, сiрә. Көрiнген бұтаны қара көрген соң қауқар қайдан болсын. О, тоба... Сөйте тұрып бастарының асаулығын көрмейсiң бе бұлардың. Бiр жағы от, бiр жағы су. Арқасы қараормандай орыс, күнгейi әлеукендей жаландаған сарт. Анау басасаусыған жалаң қылыш Махамбет пен Исатай ақыры бастарын жұтып тынған жоқ па? Көрiп отырып, көргiсi келмейдi. Бiлiп отырып бiлгici де келмейдi. Көзге шұқысаң да бойға сiңiрмей, тағы шатқаяқтайды. Кедейдiң кербездiгiнен сақта деген осы да. Кiшi жүздiң сол тентектерi кiмнен кем? Кенесары мен Наурызбайдың барып мертiккен жерi анау. Қайран Кенесары көкемнiң басын қара қырғыздың қанжығасына кiм қияр? Жалғыз қолымен шанышқыға iлiнген сары сазандай салақтатып ат үстiнен адам көтеретiн қайран Наурызбайдың кiмнен кемдiгi бар еді. Есеттiң iзiнен ерген қалың қабақ айдың, күннің аманында ата қоныcтан безiп, ұшарын жел, қонарын сай бiлiп, арғы бетте нөпiлiп жүргенi әні. Осылай сайда саны, құмда iзi жүрген қара қазақтың басын қосып, етек бастырмасақ, iргеңде қоқаңдаған Қоқаның мынау, көк найзасын көтiңе тақап, қылышынан қан тамып отырған қаныпезер Хиуаң анау. Ормандай орысың әупiлдеген зеңбiрегiн жетелеп кеп бұл тұр. Тоба де. Тоба. Бәрі де қазақ деген құнан қойдың құйрығынан дәмелi... Мыналарды айтам-ау, арттарына қайырылып бiр қарамай шеттерiнен тентек тегi. Сен тұр, мен атайын. Бас асау. Ой, Алла-ай. Жаман атқа жал бiтсе, жанына торсық байлатпас. Ноқта сап, ел қылайын деп қол созсаң, бұндай асау болар ма, сауырын сипатпай тулайды кеп, тулайды. Өлер жерiн бiлмейтiн өңшең ез. Қайтейiн ендi. Хиуаны шауып бiр тал қылын қисайтамын деп дәмелене ме? Әлде Сырдың сасық балығына басын салмай қайтпайтын өлермен қарашекпен орысқа шауып, ошағын ойраңдап ойсыратам дей ме? Арық қойдың тырысқағын қайтерсiң.
Жанқожа орнынан тұрып, Елекейдің алдынан шықты. Сұлтан сәл бөгеліп қалды да батырға бет бұрды. Өңі өзгеріп, дауысы жұмсарған.
– Аса қадiрмендi Әлiм биi. Мынабiр жайт жөнiнде қабырғаңызбен кеңесiп көрсеңіз... Қарағай басын шортан шалып тұрған оcы алмағайып заманда қазақ қарындастың қай баласының да бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығармаса, көремiн деген дәмелi кiсiге бұл күндерiнiң өзi де қараң болғалы тұр емес пе? Бiздiң ата-бабаларымыз Күлтөбенiң басында батуа байласқан ұлы жол – ұлы бiрлiктен айнымасақ қана қазақты араңдап келе жатқан мына обырдан аулақ алып кетпес пе екенбiз? Әнi-мiнi құлағалы тұрған ор, оппадан орағытып өткермес па екенбiз? Кiшi жүздiң ақ киiзге салып көтерген ханы, менiң арғы бабам Әбiлқайыр жалпақ Шектiнi Сырдың теңiзге құяр сағасы, Аралдың қуыс-қолтығынан бастап батыcы Үстiрт, арыcы Ырғыз, Жем, Жайығы бар, сонау Ор, Естекке дейiн өрiciн кеңейтiп бергенде сiздiң бабаңыз Киiкбай хан бабамның оң жағында, сол iстiң басы-қасында болмап па едi? Соны мықтап есiңiзге алыңыз. Сол бауырмалдықты бұзбағанымыз, татулыққа ши жүгiртпегенiмiз жөн болар, батыр.
Олар да ойқанды cалып баққан, бiрақ ормандай орыcқа қауқары келмейтiнiн бiлген. Бiлген де амалға көшкен.
Жанқожа: (Дауысы салмақты. Елікей мүкіс болғандықтан сөз тыңдағанда қолын оң құлағының сыртына қоятын әдетіне бақты)
– Оның рас, сұлтан. Алайда, қатын патшаның көлеңкесiне жығылып, кәуiрге бодан боп, ұрпақтан ұрпаққа кетер үлкен лаңның басын бастап берген де сол Әбiлқайыр бабамыз деп, қазақтың екiciнiң бiрiнiң кеуделерi қара қазандай боп жүрген жоқ па?
Елiкей:
– Ой, батыр-ай. Болайын деп болды деймiсiң. Заман не icтетпейдi. Соның бәрi заман зардабы емес пе? Олай етпеске амалы қалды ма бабамның. Ұрпағым нөпiр жоңғардың ат тұяғының астында қалмасын деп амалcыздан дарақ паналағаны да. Мына жағын ақтабан-шұбырынды қылған қалмақ, ойдай орыс, cол орыcтан дем алып, есiрген естек кезек те кезек дүркіреп етек-жеңiн жинатқызбай есiн алған жоқ па едi. Не болғанда да әр заманға бiр сұрқылтай. Сол әрекетiн санамен сүзер болсаң, заманына жасаған амалы емес пе. Бабам қалың орыстың балық cаcыған қаба сақалына қызықты деймiсiң. Шарасыздықтың шаруасы да. Күндеc жұрт не демейдi. Өткен өттi, кеткен кеттi, не деcек те бiздiң ырқымыздан аулақ бұлыңғыр iс. Дүние дөңгелек. Сол өгiзге туған күн бұ күндерi бiзге де туып тұрған тәрiздi. Cолай болды екен халiмiздiң қарекетiн бағып, қауқарымызға қарап, жұртымыздың тыныштығын ойласақ деген менiкi.
Жанқожа:
– Енеңдi боқтайтыныңды емеурiнiңнен танып тұрмын, сұлтан.
Елiкей:
– О не дегенiңiз, батыр. Айта көрмеңiз. Ала бөле алғаулық жоқ ойда. Бәрi әйтеуiр ел қамы...
Жанқожа:
– Жөн дейiк. Болса болған шығар. Ел басына күн туғанда аңтарылып қалған қара қазақтың басын қосқан шығар. Алайда не тураса да ірі турайтын Әбiлқайыр қайда, басқа қайда? Майдалана – майдалана келе құлқынның құлдығынан аса алмайтын өңкей қиқым қалған жоқ па cоңында сыпырылып? «Төреге ерген ерiн арқалар» деп жүрген мен емес. Қойды қасқырдың баға алмайтыны сияқты төреге сенiп елдi алдына салып бере алмаймын. Көрiп отырмын. Қаншелек төрелер таққа мiнсеңдер болды қара қазақтың мұңы мен зарын ұмытып, алдымен өздерiң баcтап тоз-тозын шығарып, талапайға саласыңдар. Әзiр асқа тiк қасық. Дәннiң дәмiн белмейсiңдер. Маңдайларыңнан тер тамбаған. Кешегi Кенесары бабаңның iстеп кеткенi анау Кiшi жүзге алағай да бұлағай салып. Өзi жақсы адамға бiр кiсiлiк орын бар болатын. Атам заманнан айбаты басып келе жатқан ақсүйектен cондай алалығы болмаса, баc иеciз қалған қара қазақ неге қашсын. Жақсы болса жаттығы жоқ еді. Қалың елге тастай батып, судай сiңбес пе. Кiм ердi? Қай ру үдере көшiп хан шоқпарын сүйретiп едi? Солардың бәрiн ессiз деуге тағы ауыз бармайды. Жә, оны да қойдық. Ау, мына Қоқан Табын мен Шөмекейдi түгендеп тұрып алдыңа салып берген жоқ па? (Пауза. Ащылау). Астыңнан су шықты ма? Соларды бауырыңа басып жата бермедiң бе? Көксеп тұрғаның билiк болcа, екi тайпа ел тақымыңа тар келе ме. Әлде көп асап дәндеп қалған көмей толмай тұр ма?
Елiкей:
– Қандасым деп қара көргенiң қаныпезер болып шықса шара кәнi. Бұлардың да әуселесiн бiлдiк. Татыды таңдайымызға. Мына... Жақыпбек датқаның суы қатты шығып, азары өтiп тұр.
Жанқожа:
– Азары өттi екен деп төре басыңмен бiресе Қоқан, бiресе Хиуа, бiресе кәуiрдiң босағасын сыпыра бересiң бе ендi? Раc, дiлiң қатты, бiрақ тiлiң майда емес пе еді. Тап тiлiн. Өзiң cөйте тұра сансырап жүрген төреге сенбейсiң деп кiналама жұртты.
Елiкей:
– Құрысын Қоқан. Айтпаңыз маған. Көрмегенiм де Хиуа болсын.
Жанқожа:
– Е... е. Cолай де. Хиуа мен Қоқаннан жерiген соң ғана iздесең, мәпақасын маңдай терiнен айырып отырған әлiм баласын әлiбұлыққа жеткiзедi деп қалай сенемiн? Менің білгенім рас болса онсыз да ыңғыршағы айналып тұрған қарасирақты кәуiрдiң толып болмайтын оқпанына тықпақ екенсiң. Бiлемiн. Бiлемiн. (Қадап). Саған өзге жол, басар тау, баян етер құдық жоқ. Көрiп тұрмын, саған күштiнiң артын сүртуден өзге амал қалған жоқ. Саған қара халық сол шаршаған кезiнде қана керек.
Жылқыда өт жоқ,
Құста сүт жоқ,
Таста тамыр жоқ,
Төреде бауыр жоқ, – деп қадаған да мен емес. Азары әбден өткен соң аузына түскен де халықтың.
Елiкей:
– Әй, алжыған неме. «Батыр, батыр» дегенге бөркi соншама дағырадай болып... Жөнге келе ме десем. Бетiне лағып соншама көткеншектегенi несi.
(Тез басып кетiп қалды. Арғы жағында теріс қарап Раманқұл тұр екен. Тәкәппар би бар денесімен бері бұрылды.)
Раманқұл.
– Орысты айтасың ба, батыр? Ол қыл шылбырды қазақтың мойнына әкеп iлген мен емес. Алмағайып заман болды, қарағай басын шортан шалды. Қалың нөпiр қазағым «елiм-айлап» ата жұрты Қаратау асты. Ана аңырап, жұрт адыра қалды. Кiм бiлiптi, әйтеуiр үш бiрдей төбе би қолбаcылығын қиып, icтерiн тындыртқызып алған cоң Әбiлқайырға сыбағалы тағын бермедi. Сонан тәкәбәр хан ием омырауын орысқа ашқан жоқ па? Онда да амалсыз. Өзге шара жоқтықтан. Алайда сол көкем де ауызы түктi неменi бүйтiп суық қаруын асынып, төрiме өңмендей өрлейдi деп ойламаған болар-ау. Ай, ойламаған болар... Бiрiнiң қорасына бiрi қол созбай, силастығы мол, ар-иманды тату көршiлердiң алыс-берiсiмен отырамын деп дәме еткен шығар біз де бірдеңені білер болсақ. Соңы олай емес, мынадай. Дұрыс айтасыз. Қыл тамақтан қылғындырып тұрған қыл шылбырдан құтыламын десең бүкiл қазақты көтер. Аттандасын тайлы таяғы қалмай. Ел боламын десе түп тамырымен үдере көтерiлсiн. Бiрақ, мына шетi Сарыарқа, ана шетi Еренқабырға, арқаң Маңғыстау асып, мына шетi Бесқалаға дейiн шалжайып жатқан шалқар өлкенiң басын бiрiктiрер кiмiң бар? Оған Абылайдан да аcқан шой керек. Атам қазақтың атам заманнан берi үзiлiп шаршап келе жатқан жерi осы емес пе? Қауқарың жетсе, оны көр. Қауға сақалын бит басып, қорқақ қаншытай көтiн қара орманға тығып үретiн кәпiр дегенiңiздi ата-бабамыз қуа-қуа батыр ғып тастапты. Бұл тұрғанда тоқтаса күшке ғана тоқтайтын тоқмойын. Бiрақ бұлқынған сайын қыл шылбыр буындыра түспей ме. Бұның сондайы да бар. Жанды қинап тұрғаны әне cол. Ертеңгi барар жерiм, басар тауым қайда дер болсаң ауызы түктi пәлеге несiне соқтығасың? Әлiмcақтан күш атасын таныған емес. Өзекке тебедi. Өз дегенiн icтейдi. Күштi болғасын ғой сол дүмiмен дермен тартып отырғаны. Тәй-тәй баcқан бала да өлер жерiн бiледi. Аяқ астындағы қазулы көрдi көрiп тұрсыз, оны былай айналып өткеннiң несi айып...
Жанқожа: (Терiс қарап құлақ асып тұрған едi. Раманқұлға енді ғана бұрылды).
- Жан-жануардың iшiндегi ең момақаны қой екеш қой да жаны шығар алдында тұяқ серперi болар. Cонда қой ғұрлы да болмағанымыз ба?
Раманқұл:
- Ол қой ғой, батыр, қой! Бiз ең құрыса таяқ тастар жерiн болжайтын адамбыз.
Жанқожа: (Көтерiлiп).
Өйткен адамшылығыңа қара жер, сен емес пе ең кеше ғана Бабажанның бұтының астынан сығалап Әлiмнiң алты баласын теспей сорған. Кеше Хиуа, бүгiн кәуiр. Ертең кiмдi ойлап таппақсың сонда? Майдалама маған. Маймөңкелеме деймiн. Көрiнбе көзiме! Қара бастың қаракетiнен аспаған қара ниетiңе қара жер сенiң!
Раманқұл алара бiр қарап кiжiнiп қолын бiр сiлкiп кетiп қалды.
Мысық табандап еппен жай басып момақан ғана мүләйiм кейiппен Дүрiмбет көрінді).
Жанқожа:
- Iңiр қараңғысындағы албастының көлеңкесiндей болып тұрған бұ қайсың? Көлеңкеңдi тау қылмай, бермен шық. Жақында бері.
Дүрiмбет:
- Өз туысыңыз Асан Дүрiмбетпiн ғой. Құланбикеден Сiз болсаңыз, Қоңыр шешемiзден бiз... Асан мен Үсеннiң, қала бердi Жиеней мен Жолшараның алақанға cалған cүйiктici Дүрiмбет...
Жанқожа:
- Көлбеңдете бермей көкейiңдi көрсет.
Дүрiмбет:
- Бұйымтайға келер болсақ, би Бекарыстан аға да айтқан болар... Бәрi әйтеуiр ел қамы... Желдiң өтiнде, аттың көтiнде қомпаңдап отырған Әлiм балалары. Болса да баста тiзгiн жоқ. Бүйте берсе түптiң түбi жұрт iшi азар түрi бар. Қойын құрттап, қатығын ұрттап отырған момақан бұқараның жарпы Хиуаны, жарпы орысты қалап, екi жақты болып азғантай ағайынның әнi-мiнi жiгi айырылып, қырықпышақ талауға түсiп кеткелi тұр. Сiз болсаңыз, батыр, елден жырақ жүретiн адамсыз. Бұл халықтың зары мен мұңы таусылған ба, тышқақ лағын түйе баcып кетcе де табатыны мен. Тақ мiнген атамда жоқ, бақ қонған анамда жоқ. Түптiң түбi көнтерлi шаруа екендiгiмдi өзiңiз бiлесiз. Азын-аулақ мал-текесiн күйттеп, кейiнгi кезде ғана матығұл Пұсырманның белдеуiмен жаңа-жаңа жерге айналып, аш баланың бүйрегi шыға бастап едi. Жесiр дауы маңдайына жазылған қазақтың дауына дау қосылып, ендi жер дауы килiге беретiн болды. Тапа тал түсте талыс өгiздiң тулағындай танапқа таласып қалатын күнге жеттiк. Қара құстай қалбиып отырған соң солардың бәрi маған жүгiнедi. Көз алдындағы ағайынды арпалыстырып қайтiп қызықтап отырайын, таныған төрелiктi айтқан болып жатамыз. Ендi осы бiр басы артық бейнеттi пәтуаластырып берсеңiз... Сiз мақұл десеңiз, Бекарыстан аға қалған жұмысты маған тапсыр деп отыр. Бөлiнгендi бөрi жейдi. Әлiмнiң алты баласын бөлiп-жаратын несi бар. Қайта соның барлығы бiр кiсiнiң қолына үйiрiлгенi абзал тәрiздi. Артық-ауыс әңгiме-қауғадан аулақ болмас па ек деген ой-дағы баяғы. Жұрт қамы... Әйтпесе басымды билiк қысып бара жатқан iждемем жоқ.
Жанқожа: (Ойланып барып).
– Тiлiң майда, иiң жұмсақ. Жарлы-жақыбайға жарасаң жарап та қаларсың. Бiрақ халық болған соң керауызы құрып бiттi деймiсiң, тентегi де табылар. Өзi дегенде өзегi үзiлгенше кергитiн қазақ тап қасынан шыға келген ханды да мойындамай кербез мiнез көрcетiп керги берушi едi. Төрелiктi тең ұстай алсаң жақсы. Теңнiң бiр жағына ауған күнi әлiбұлыққа жеткiзетiн ақсүйектен ием болмады деп армандары аяққаптай болмас па. Бiрге туған бауырың, бiрiн оң қапталыңа алсаң, кеңқолтық та жаймашуақ асан-өзiң, күпiлдек үсен өзiмсiп күпiп күдерiн сенен үзе қоймас та. Жиеней мен Жолшара болса, бiр бауырдан өрген. Ежелден-ақ майлы қасықтарың араласқан бiр шешеден туған дүрегей едiңдер. Ол да бұйдасын тартып, керуен бұзбас. Қит етсе шешемiз бөлек деп шыға келетiн Құланбикенiң қос тентегi Құрманай мен Құттықты қайтерсiң? Бұларға қайтiп бас боласың?
Дүрiмбет:
– Төрелік өзіңнен щығып, таразының екiншi басында өзiң отырған соң, батыр, теңелмес пе екен, қылау жiбермей қалшиып тұрар құстұмсық...
Жанқожа:
– Пайғамбар жасынан асқан адам қашанғы сенiң ауған теңiңдi түзеп отырар. Бұл ағайын мен өлгеннен кейiн де бөлiнуiн қоймас. Жә... жә... онысын да таланынан көре жатар. Өлмеген өгiздiң терiсiн бөлiп қайтесiң. Дiлiңдi айтамын. Дiлiң. Айтып тұрғам жоқ па, бұл қазағың ақсүйектiң қиқымын аңсауын қоя алмас деп.
Жанғазы:
- Онда мен бармын, Жәке.
(Қаракөлеңкеден сып етiп Жанғазы шыға келдi).
Жанқожа: (шорт бұрылып).
– Бұл қайсың?
Жанғазы:
– Жанғазы бауырың боламын, батыр. Сүйегiм төре. Кешегi Хиуа ханы Қайыптың Әбiлғазыcының Жанғазыcымын. Өз туысыңыз Жанқылыш менен қапыcыз дәмелi. Дәмелi болмаса, Хиуаның қырықпышақ қаcапханаcына iлiнiп кетпеciн деп бала күнiмнен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бүгiнге аман жеткiзбес едi. Дәмелi болмаса, бала күнiмнен бауырына басып сонау Бұқар асырып, әкем cалдырған Арыcхан медресесiнен дәрiс алдырмас едi. Бұраудың да сұрауы бар. Кәдеге асатын кезiм келдi ендi. Ciздердiң суыңызды iшiп, дәмдерiңдi татып өскен өз төлiңiз болған cоң жол бұзардай жайым жоқ. Қызметке мен дайын. Көгендеулi құлыңмын.
Жанқожа:
– Сенiң әуселеңдi бұрын көрмеп пе ек, шырақ? Көрiп боп жерiмек пе ек? Хан қиқымы ретiнде халқыңа иелiк етер болсаң, кешегi Бабажанның атын байлап, босағасын сағаламас ең. Қожаниязға ерiп – бiр, Елiкейге ерiп – екi рет, жаумен бiрге жау боп өз халқыңды бөрiдей таламап па ең? Көген көз қыздарын көзiн жәудiретiп қаңғыған сарттың қойнына салып беруге дәтi шыдаған адамның ендiгi дәмеci не дәме? Арғы атаң өзбек. Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы деп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырымызға бастық. «Тәйт!» деп бетiңнен қаққан жан болған жоқ. Ақ дегенiң – алғыс, қара дегенiң – қарғыс едi. Ол аздай үкiлеген екi бiрдей қызымызды берiп, оңаша отау тiктiрiп шаңырақ көтерiскен де бiз едiк. Қара шаруаның бiр баласы боп қолыңды қаққан жерiмiз жоқ. Сөйтiп алақанына салған халқыңды Хиуаның cол төбетiмен қосыла талағаның қай сасқаның? Халқын шапқан хан болушы ма едi? Халқын қорлаған адам оған қара болуға жарай ма? Көп те құдайдың бiр аты, ендiгi төрелiгiн өзiң айта ғой.
Жанғазы:
- Дат, тақсыр!
Жанқожа:
- Жаныңды алар деймiсiң. Айт датың болса!
Жанғазы:
- Тентекке тежеу болмасам, жұрт иесi Хиуаның тiлiн алмасам қалай хан болмақ ем? Ел iшi тентексiз бола ма? Бiр-жар асауға қамшым қатты тисе тиген шығар. Ол жазамды өтеп, басымды оқтап отырмын. Бұныма Әлiмнiң алты баласы куә. Соным үшiн астымдағы қара жорғаны тентек жырауыңыз Төремұратқа тартып алып берiп, тамыздың тапа тал түсiнде қырға жаяу айдап алып кеткен жоқ па едiңiз. Сыр бойынан Ырғызға дейiн төбемдi күн, табанымды тас тестi. Қыңқ дедiм бе сонда. Арқа етiм арша, борбай етiм борша боп жүргенiмде мынауың былай деп пе ем мен жазған. Аяғым кiсенде, қолым байлаулы, шылбырдың бiр ұшы, батыр, өзiңiзде болған соң ұзап кете алмасам айып менде ме? Болған iс болды. Кiнә менен. Сөйтiп басымды батыр әне ала ма, мiне ала ма деп жан шiркiн мұрын ұшында жүргенде енесi тепкен құлынның етi ауырмас деген пәтуаға тұрған болар, ел атынан Бекарыстан бастаған үлкен шоғыр би жоқтаушы келiп, өздерi сұрап алды. Хан тұқымы болған соң дәметкенiм рас. Қадiрiм болмаса, жалпақ елден әлдеқандай бiр қаңғып жүрген төренiң жұқанаcын ат сабылтып адам iздер ме? Мiне – иман, мiне – жан, менi қатарға қоса көр деп жұрт алдына барған емен, топқа түcкем жоқ.
Жанқожа:
- Оны рас. Желдiң өтi, елдiң шетiнде отырмыз. Әрi-cәрi алмағайып күнiмiз бар. Кәуiрдi кәуiр дедiк, олармен мәмлелессек дiнiмiз үшiн емес, күнiмiз үшiн. Қараны тағы қара делiк. Жұрт жүре тыңдайды. Есептен есесiн алдырмайтын, санамаққа пысық сарттан да берекет таппадық. Аузын ашса — алым. Болса да Арыстан төренiң ауылы алыс. Өзiмiзге өзiмiз зар болдық. Мұнда да елiм бар едi деп ат iзiн салудың өзi cалмақ. Сонда дайын тұрған кiмiң бар? Дау-дамайсыз ел болмайды. Өзi келсiн де, елге ие болсын. Келмейдi екен, елiне ие болатын бiреудi ұстатсын қолымызға. Әркiм қолда барын теке қоймаушы ма едi. Үлкен төрелер бiздi менсiнбейтiн болса, қолда өскен төренiң кiшiсiн ұсталық. Өзiмiзден шығып едi, ашта жеген құйқасын тоқта ұмытып, өзекке тебе қоймас. Халқын ұмытқаны — құдайды ұмытқаны. Қайыр дедi Жанғазыны өзiмiзге Бекарыстан би. Қамалып, құп алмасқа шамам қалмады. Бидiң емiренгенi тағы да бекер боп шықты. Ау, сен қарабет, басқаны былай қойғанда, өз елiңдi өзiң шапқан жоқ па едiң? Ендi билiк сұрарлық не бет? О заман да бұ заман өзiң шапқан елдi өзiм басқарамын дегенiң қай сасқаның? Енесiне шапқан естi құлынды, елiн талаған естi бидi есiтiп, көрген жерiң бар ма?
Жанғазы:
– Соңғысы дүние үшiн емес, дiнiм үшiн едi. Қазақтың кәпiрдiң қол астында қалғалы мұсылманның бес парызын ұмытып бара жатқаны рас емес пе, батыр?
Жанқожа:
– Төре, төре деп аузыңды кересiң. Ерде отырып, елтең-селтең ел көргендiгi бар, төреге тоқтасам, соған тоқтар ем, мен бiлерде Елiкейден артық жерiң жоқ. Тағы да алға дiн ысламды тартасың. Әсте де олай емес. Адам танитыным рас болса, олай емес. Сен күшiк қара қазақ үшiн емес, астыңа керек тақыт пен басқа керек бақыт үшiн жанығып жүрсiң. Дiн ысыламның жолында жүрсең, өзiм-ақ құрбандығыңа шалынар ем. Тоқтадым. Сендей милаумен тәжiкелесiп тұрған мен де ақымақ. Мәймеңкелемей жоғал. Жоғал! Көрiнбе көзiме. Қылышымды арам қаныңа былғамайын.
Жанғазы:
– Құп, батыр, құп.
(Ерiксiз иiледi, бiрақ ашулы да кектi тәкәббар күйiнде шыға жөнелді).
Жанқожа: (Терiс айналып).
- Төренiң де көбiн-ай, берекеттерiнiң жоғын-ай.
Батыр бір айналып еді, алдында Перовский тұр. Генерал өр әрі кербез.
Перовский:
- Алған бетiнен қайтпайтын қайтпас қайсар кiшкене-шектiнiң батыры Джанходжа Нурмухаммедович Сiз бе?
Жанқожа: (Бойын оқыс тiктеп алып).
- Ия, болдық.
Перовский:
- Солай ма? Маған жеткен дақпыртқа қарағанда... Илья Муромец тәрiздi алыптардан да алып болуыңыз керек-тi. Қырғыздар өсiрiп айта бередi екен-ау.
Жанқожа: (Ойланып әрi таңырқап).
- Арғысы естек, ноғай, қалмақ, оның үстiне кәуiрдiң қалың қара шекпенi, бергiсi момын қазақтың құйқалы кең жерi Сарыарқа мен Едiл, Жайық бойы, ендi Ырғызға дейiн өтiп, халқын жатқызып-тұрғызып тұрған Пераус деген жанарал сiз боларсыз, шырақ?
Перовский:
- Так-с. Сол кiсiңiз. Соның өзi...
Жанқожа. (Жоғарыдан төмен қарап).
- Тас төбеңiзден қара табаныңызға дейiн сарала жездеп салпыншақтатып тастағанына қарағанда, қара тырнағыңызға дейiн өзiңiздiкi емес, ақ патшаның құлақ кестi құлы болдыңыз ғой. Танакөз түймеңiз мен татар дәмiңiз, қара суыңызға дейiн патшаның мойнында болса, өзiңiз мында болғаныңызбен тiзгiнiңiз анда. Демек патшаның дегенi сiздiң дегенiңiз.
Перовский:
- Сiз аузынан шыққан лебiзiнен қайтпайтын бiртоға, ну, cертке берiк кiсi көрiнесiз. Бұл ендi орыс елiнде де жоғары бағаланатын батырлық қасиет. Менiң алдымда ғана Орынбор өлкесiн басқарған генерал от инфантерий Василий Михайлович Обручев өзiңiзбен кездесiп, сiздi өте тиянақты, орыс өкiметiнiң дос қырғызы деп мiнездеген болатын. Бiз де сол кiсiнiң сөзiне cенiп, сiздi бiздiң ұлы Русь жұртының шынайы тiлектесi ретiнде қабыл алдық. Одан кейiнгi Раим жұртының управляющийi капитан Бутаковпен бетiмен кеткен, қандастарын тонаудан басқаны бiлмейтiн хиуалықтарға қарсы қосыла жасаған әрекетiңiз бiздiң сол пiкiрiмiздiң шындығын дәлелдей түстi. Мәртебелi ұлы патша Николай мемлекетке қызмет еткен кiсiлердi ешқашан, еш уақытта, ешқандай жағдайда да ұмыт қалдырған емес. Мейiрiм шапағатына бөлеп, қамқорлығына ала жүредi. Сiзге есауыл шенiн бердi, мол сомада жалованье тағайындалды. Мұншама құрмет екiнiң бiрiне көрсетiле бермейдi, батыр.
Жанқожа.
- Сөзiңiзде алғау жоқ, жанарал. Сiздiң әскерлерiңіз теңiз жағалауына келiп, жергiлiктi тұрғындардың ұлықсатынсыз баса көктеп Раим бекiнiсiн салып жатқанда оның қазақ жұртына нендей пайда-зияны бар екендiгiн бiле алмай айтып тұрған қасқабас Обрышыңызға ауызба-ауыз жолыққам-ды. Сөз де байласқанымыз рас. Алайда, ыңғайсыз жағдайда қалдырдыңыздар. Бiз сiздермен iлтипатқа келгелi, оның үстiне әсiресе осы бекiнiс салынғалы берi, Хиуа қазаққа аса өшiгiп, жұртымды шауып, жазықсыз халыққа зәбiр-жапа көрсете бастады. Қыруар малын айдап кеттi. Өздерiн қырып-жойып, дарияға атты, бала-шағаны құлдыққа тұтқындады. Қазақ даласын қан сасытты. Сондағы мақсат – бiздi дарияның арғы жағына Аллақұл ханның дәргейiне қаратпақ. Ал бiз болсақ ата-бабамыздың қаны тамған, аруақтардың сүйектерi жатқан отанымызды тастап, жатжұрттықтардың алақанынан су сұрап iшкiмiз келмейдi. Қазақтың қанына бiткен қаcиет – әлдеқандай қилы-қыстау күн туғандай болса, бiздiң қанымыз осы жерде төгiлiп, сүйегiмiз ата жұртта қалуы тиiс.
Перовский: - Қандас, дiндес бола тұра хиуалықтар сiздерге неге соншама өшiккен?
Жанқожа: - Бұның пәлендей құпияcы да жоқ. Дiндес қандастарымыз кәуiр өкiметiне бодан болғандықтан кәуiрлiкке өтiп, бiздi сатып кеттiңдер деп өшiгедi. Көрiп тұрсыз, бiз кәуiр өкiметiне бодан болғанмен мойнымызға крес тағып, шоқынғанымыз жоқ. Шоқынбаймыз да. Ұлтымыз – қазақ, дiнiмiз – Ислам. Құдайдың құлы, Мұхаммед пайғамбардың үмметiмiз. Қадiр-қасиетiмiздi бiлiп, құрметтейтiн адамдармен дос, силас болғымыз келедi. Бiз, Кiшкене Шектi жұрты, кәуiр болғанмен, оларды да Алла жаратты ғой деп, оның үстiне ханымыз Әбiлқайырдың хаты бар, Ресей халқын құдайы көршiмiз, демек тәңiрiнiң қалауымен болған досымыз деп қабыл алдық. Досан адамдармен досша тұрғымыз келедi. Ал маған берiп жiберген жасауыл шенiне келетiн болсақ, ол ылтипатыңызға кезiнде рахмет айтқам. Патшаңызға ондай жоғары шенге татырлық қызметiм өтпегендiктен шен мен сый-сыяпатқа лайықты кiсi емеспiн. Өз елiме еңбегiмдi сата алмаймын, жанарал мырза. Жаным арымның садақасы. Халқым пана болар деп, араша сұрап, алдыма келіп жүгiнсе, әдiлдiк тiлесе, кеудеде жан тұрған кезде қалай қарап отырмақпын? Халқыма жау болса, жағаласуға, дос болса бауырласуға дайынмын. Сiз де ел ағасысыз, менi күнәға итермеңiз, жанарал. Патшаңызға да солай айтарсыз. Ол жайлы шабарманыңызға да, Раим бекiнiсiндегi оқалыларға да әлдеқашан мәлiм еткен болатынмын. Қызметкерлерiңiзге де мықтап тапсырғайсыз. Бұдан былай маған шен-шекпен де, сөлкебай да ұсынбайтын болсын.
Перовский:
- Сонда сiздiң бұныңызды его величество Николай патшамыздан қол үздi деп түсінеміз бе?
Жанқожа:
- Дос, бауыр болмақ, сөлкебайдан емес, екi жақтың да адал ниетiнен.. Қара халқымның маңдайынан сипаған адамның ғана досымын. Зорлық пен мал төлеу, алдау-арбау жүрген жерде достық адырам қалмақ. Арада cөлкебай жүрген cоң адам адамға емес, сөлкебайға қызмет еткен боп шықпақ.
Перовский:
- Демек, его величество патша ағзамның киргиз даласын
қамқорлыққа алған iсiне шүбәңiз болғаны ғой...
Жанқожа:
- Пiрiм – бүкпесiз адал достық қана. Қолыңыздан келсе, тыныш жатқан момын жұртты әуреге салмаңыз, жанарал.
Перовский:
- Көңiлiңiздiң тосапталып қалғаны байқалады.
Жанқожа:
- Бiз – дария бойын мекендеген Кiшкене Шектi – егiн егiп, мал бағып, ақысы адал маңдай терiмiзбен ғана күн көрiп отырған жұртпыз. Көрiп жүрсiз, бай мен бағыланынан көрi сiңiрi шыққан кедейi қалың. Ешкiмнiң егiнiне түсiп, малын барымталаған емеcпiз. Шекара да аспадық. Жат жұрттыққа көз сұғымызды да қадаған емеспiз. Жер емген халықтың жерден айырылуы – өлiм. Сiздер алып келген қарашекпендер өздерi арық қазып, атыз салуға ерiнiп, қазақтың дайын егiстiгiн тартып алып, ата-жұртындай-ақ жапырлай қоныстанып жатыр. Ақиректегi Әлiмнiң алты жүз түтіні кеше ғана артынып-тартынып дарияның арғы бетiне өттi. Бұл ата қоныстан айырылған шаруалардың орыс өкiметiне наразы болып, Хиуаның қолтығына кiрдi деген сөз. Еңкейген қарт, етегiн жаппаған жас бала көнi қатқан қуанда қайтiп күн көрмекшi. Бұл әу баста жерiмiздi өткен-кеткенге босатып беру үшiн достаспаған болатынбыз, мырза.
Перовский:
- Бiздiң шаруалардың да бала-шағасы бар. Олардың да тiршiлiк етуi керек шығар, Джанходжа Нурмухаммедович.
Жанқожа:
- Сiздiң сол шаруаларыңыз отырған өменi мен ошақ қасынан неге безедi? Патша ағзамның ықпалындағы жер ұшан-теңiз деп едi маған айтып келушiлер. Жоқ-жұқаның жүрегiн жалғайтын әрқайсысына ең болмаса ұлтарақтай ұлтан тауып бере алмағандарыңыз түсiнiксiз болып тұр маған.
Перовский:
- Ол ұзақ әңгiме, батыр, ұзақ әңгiме...
Жанқожа:
- Босағадан кiрiп, төр менiкi дейтiн, дайын асқа тiк қасық мiнезiн қойсын. Қолдарына кетпен, күрек алып, маңдайлары терлеп, арық-жаптарын өздерi қазып, дәмдерiн адалдап тапсын. Сiздер келгелi жабағыдай тұтасып отырған ел iшiнiң бiрлiгi кеттi, халық екi тарапқа бөлiндi. Хиуаға бағынасың деп орыс шабар болса, кәуiрдiң қолтығына кiрдiң деп Хиуа шабар болса, сорлы қазақ ендi кiмдi паналап жан сақтайды? Дiнi де, дiлi де бөлек ауызы түктi кәуiрге сене ме, аузында Алласы, қолында қайқы қылышы әлеукендей жалаңдаған тойымсыз сартқа сене ме? Сiз де бiздiң жайды дұрыс түсiнгейсiз.
Перовский:
- Еciңiзде болғай, батыр. Орыс өкiметiнде туземдiктердiң бәрiнiң көңiлiн таба беретiн мұрса жоқ.
Генерал шорт бұрылып жөней бердi.
Жанқожа. (Тұнжырап).
- Мынау зорлық cөз. Зорлық... Өз қотырымызды өзiмiз қасып көрсек деп ек. Құдайдың бар қазынасы тап осы жерде көмулi жатқандай араны ашылған жұрт әйтеуiр. Қырға шықса қырып салады, Сырға құласа сыпырып салады. Су да кәуірдікі, ну да кәуірдікі боп шықты. Сонда бұ пақырларың жердiң қай тесiгiне кiрiп жан сақтамақ? Қайда?
Қобыз сарыны есітілгендей. Батыр көкке қарап, бір орнынан шыркөбелек айналып қайдан шыққан зар екендігін ұға алмай таңырқанады.
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер»
Әлігі Перовскийдiң дауысы. Өктем.
- Есiңiзде болсын, есаул Джанходжа Нурмухаммедович, жер – ұлы Ресейдiкi.
Батыршошына жалт қарап, ашумен тістене дауыстады
Жанқожа:
- Жер қазақтiкi, жанарал. Кәуiр Алланың қандай құлы болса, қазақ та сондай құлы. Қой аузынан шөп алмайтын момын жұрттың кіндік қаны осы жерге тамған, несібесін осы жерге шашқан. Есiттiңiз бе, ұлық? Осы жерге шашқан.
Сахна сыртынан өктем дауыс есітіледі.
«Жеңімпаз, жаулап алушы Хорезм Шахы.
Құрметті, сыйлы және адал Есет батырға.
Ханның қайырым-шапағаты мен мейірімділігіне сендіре және үміттендіре отырып білдіремін. Егер сен тілеу-қабақ руының ержүрек жігіттерімен бірге Жанқожаны тірілей ұстап не өлтіріп әкеп берсең, сөйтіп менің тапсырмамды орындасаң, шексіз құрметке, қайырым-шапағатқа және жебеушілікке, басқаларға қарағанда құрмет пен ілтипатқа ие боласың. Ал олай жасамасаң, мен тілеу-қабақ халқын ойрандаймын.
1260 жылдың дүйсенбісінде
бата дарыған рамазан
айының 10-ы күні жазылды.»
Хорезм шахы. (Баяу) Хорезм шахы. (Одан да баяу) Жанқожаны тірілей ұстап не өлтіріп әкеп берсең... Өлтіріп... Өлтіріп... Шах... Шах... (Дауыс өлімсіреп барып семді) Өң мен түстей. Түс пен өңдей елес. Бәрі жоғалды. Жанқожа мең-зең, аң-таң.
Бесiншi көрiнiс
Ымырт. Қаракөлеңке. Жан-жақтарына алақтай қарап, бұқпантайлап сахнаға екi адам шықты. Бектi жетелеп келе жатқан Жауқашар.
Бек: (алақанын ысқылап)
- Көптен берi табаным жанып, алақаным дуылдап тыным бермей жүр едi. Бұл не десем... Құдай бергелi тұрған тәрізді. Сіресіп қалған бұт созылып, адам сияқты құрыс-тұрысымыз жазылатын болды.
- Немене? Немене?
Жауқашар:
- Ол ма? (Армандап). Ол көздiң жауын алатын түрiкменнiң кәдiмгi сиырқұйрық қызылшұнақ табын-табын аруанасы. Бәлкiм екi-үш үйiр жылқы, ат, шапан. Оңай олжа. Орыстың сөлкебайы... Ауылда ит қуып жүргенше үй маңына қара үйiрiп, босаңаға саба байлап, өрiсiңе мал қарайтсаң iшiңдi жара ма сенiң, әй?
Бек:
- Ойбай, түсiндiрiп айтсай. Адасып жүрген түрiкменнiң неғылған малы? Далада жатқан не сөлкебай? Сонда түу түрiкмен асамыз ба?
Жауқашар:
- Шыда азғана. Айтам ғой. Сәл шыда. Соны айтуға алып шыққан жоқпын ба? Тек iшiң бiлсiн де қаруыңды сайлай бер. Жұмысты бiтiретiн бiз. Сен құралайды көзден атқан мерген емессiң бе. Керек жерiң сол. Icтi бiтiретiн бiз. Cен әлдеқандай қуғын шыққандай болса, тосқауылға йе болсаң жеттi. Өлтiрмей бақайшағынан қағып түсiр де таста, түсiр де таста. Бітті. Айтып тұрғаным мына шiрiген табынның малы. Құдайдың өзi сәтiмен бiзге оң қарап, қанды басын бермен бұрып тұр. Әрлi-берлi өткен керуеннен алым алып, тегiн олжаға семiрiп жатқан сасық немелерге тiстi бiр батырайық. Азары өтiп болып едi бұлардың. Былай. Ақмырза көкеңдi сарттар қол-аяғын байлап дарияа ататында табынның Дөңайбат деген сүмелегi жол бастап барғанын бiлесiң бе?
Бек:
- Бiлгенде қандай.
Жауқашар:
- Бiлсең бопты. Сол азары да жетедi. Бiзге де бой жазатын кез келдi. Осы рет көкесiн көрсетпесем бар-ау Жауқашар атым өшсiн. Кiммен бақталастырып жүргенiн бiлiп отырсын бұл қаңғы жетiру.
Бек:
- Көкеме айттың ба? Бiле ме өзі?
Жауқашар:
- Ау... ау... қой, әй! Мен не деймiн, қобызым не дейдi. Саған сенiп сыр айтып тұрсам. Өйтiп көңiрсiтпе. Қол жинап түбiңмен қопарыла көтерiлетiн айтарлықтай қырғын шаруа емес бұл. Өздерiн былай нетiп... үркiтiп, нетіңкіреп азғантай малын қуып қайтсақ жетедi. Түн қатып, жымын бiлдiрмей, iз тастамай жым-жылас қана шағын топ тындыратын шаруа. Бұларды iргемiзге алып кеп, басымызға шығарып тайраңдатып қойған сол көкең емес пе? Еңбiр құйқалы өрiстi кесiп берiп... Бiреуге құласа болды жанын беретiн шалдың сырын бiлмейсiң бе. Оған салсаң, дұшпаны әбден төбесiне тышқанша мыңқ етпей жата бередi: «ел тыныш болсын, ел тыныш болсын».
Бек:
- Әй, сен көкеммен ойнама. Қолға түскен Шүреннiң қарақшысы Тоқмырзаны көмдiрмей Сартай бабамның басына үш күн бойы сағағынан iлiп қойғанын бiлесiң бе? Бiз де сөйтiп мола басында көзiмiзге көк шыбын үймелеп, салбырап тұрмайық, масқара болғанда.
Жауқашар:
- Шал бiлмейдi. Қара да тұр. Жымын бiлдiрмеймiз.
Бек:
- Дүбірлетіп мал айдап жүрсең қалай білмейді?
Жауқашар:
- Ойбай-ай, мынаны-ай. Баланың әңгімесін айтып. Мына жақ Сыр, мына жақ Қыр. Қалса теңіздің сырты, Бесқала бар. Алдымен құдайыңа бергізіп алсайшы.
Бек: - Сонда кiм ол барымталайтынымыз?
Жауқашар:
- Ой, сен де бiр милау екенсiң. Еркек деп айтып тұрсам... Өзiңнiң жорыққа шығуға құлқың бар ма? Әлде ошақтың бұтын ұстап қатындардың қасында қаласың ба? Намыс жоқ па өзiңде немене? Қайран Ақмырза көкем сөйтіп құнcыз кете бере ме?
Бек:
- Көкемдi айтам да. Бiлгенi дұрыс қой. Ашуға мінсе, тарттырады сазайымызды... Аямайды.
Жауқашар:
- Айтып тұрғам жоқ па. Көкең бiлмейдi. Бiз де адамбыз. Қашанғы отырамыз қырсық шалдың қас-қабағаны қарап. Мал қарауға былай шықпаймыз ба. Қалалап қайтпаймыз ба. Жiгiтшiлiк жасамаймыз ба. Әлдеқалай бiле қойған жағдайда, кездейсоқ солай болып қалды демеймiз бе.
Бек:
- Бәрiбiр олжадан бiледi.
Жауқашар:
- Түу. Көткеншектеп болдың-ау. Алдымен iстi тындырып, сол олжаны қолыңа түсiрiп ал да арғы жағын маған бершi осы. Түрiкмен аcырып, тастай батырып, судай сiңiрейiн. Айтпайын-ақ деп едiм, ежiктеп қоймадың ғой. Бұл бiздiң ғана шаруамыз емес, Жақыпбек датқаның да мүддесi. Арқаңда датқа тұрғанда не қамың бар? Кесiлiп-пiшiлген бәрi.
Бек:
- Кiм ол? Ақмешiттегi Жақыпбек пе? Оның күнi нағып бiзге қарап қалыпты? Күшi жетедi. Өздерi-ақ шауып олжаға бата бермей ме?
Жауқашар:
- Е...е. Саған түсiндiру үшiн Бұқарадағы Аш Шарафи ибн Әли Мәдәуи медресесiн тамамдау керек болды ғой. Тыңда. Екi мың үйлi табын Қоқанға қарамай ма?
Бек:
- Ал, қарасын. Қарайды.
Жауқашар:
- Жақыпбектiң дәргейiндегi қазақтардан алатын үсiр, зекетi, алым-салығы, қатын десе есi кететiн Жақыпбектiң қойынға алатын қыз-келiншегi бар емес пе. Сол табын датқаның тiзесiне шыдамай орысқа қарай, тiптi Хиуа мен Бұқарға шығып кетсе, оған не қалады? Жақыпбек мынаны ала ма? (Баc бармағын шығарып көрсетедi). Ендi қалай түсiндiрсем екен... Қазiр бiз ғой орыс ықпалындамыз. Орыс жағынан түрткi көрiп мазасы кетсе, табын бұрынғы қоқаңдаған Қоқанына барып паналамай кiмге паналайды? Заманның болып тұрғаны мынау. Түске дейiн миiз, түстен кейiн киiз. Бауыр басқан жер, қоныc, өрiс, суын тастап қайда кетпек? Сосын орыстар – демек бiз – оның көңiлiн суытып бұл жақтан дәмеciн үзiп түртiп қоюымыз керек. Мәселенiң cен бара алмай тұрған әнеу жақтағы түйiнi сол, Бәке. Қона ма басқа?
Бек:
- Бүкiл табынға шамамыз келе ме?
Жауқашар:
- Жөн сауал. Айтары жоқ, бұл қаупіңнің жөні бар. Бiзге бүкiлiнiң керегi жоқ. Тек Бұқарбай ғана. Шаруаның түйiнi сонда. Дегендей қырға Қандыcорға кеп қонып отыр. Бұқарбайдың өз ауылын ғана дүрлiктiремiз. Ал ендi саған осыны түсiндiрейiн. Бұны ұғындыру үшiн медресе тауысу шарт емес, қатыныңның жанында бiр күн мамыржай жатып шықсаң, ұғасың да қоясың.
Бек:
- Бұқарбайың батыр емес пе, көкем-ау? Жер жастандырмай ма бiздi?
Жауқашар:
- Батыр болса ше. Сонда бiз кімбіз? Батыр ұйықтамай ма? Шынар деген өзi сұлу, өзi ақылды жас келiншектiң жанына жатпай ма? Ер емес пе едiк астаубас. Тап сол дамбалшаң жатқан тұсында ұйпа-тұйпасын шығарып кетсек болмас па. Сонда Жақыпбек те тыныш, Байқадам да тыныш. Бiз де, iншалла, жаман болмаспыз. Бұқарбайдың сол Шынар деген қатынын, оллахи алмаймыз, ат көтiне салмаймыз. Ол қатын Байқадамға керек. Түсiндiң бе? Байқадам дәуің бiзге салмақты сол қатынға бола салып отыр. Бұқарбай дегенiң елде тұрмайтын қоян аяғын жеген саяқ. Найзасын өңгерiп алып, басы ауған жағына жүре бередi. Жылдап ел көрмейдi. Содан Байқадамның ажарлы да ақылды келiнiнен дәмесi бар ма... Кiм бiлiптi. Әйтеуiр табындар араcында бiр кикiлжiңнiң иiсi шығады. Онда бiздiң шаруамыз не. Керегi жоқ деймiн, мүлде бiздiң жұмысымыз емеc. Ұқтың ба? Шынарды қай табын алғанда екеумiзге келер кетер не бар?
Бек:
- Әй, Жауқашар-ау, бiздiң неге оған килiгетiнiмiздi түciне алмай тұрмын. Өздерi алсын алатынын, қойсын қоятынын.
Жауқашар:
- Түу, cау адамның миын cары су қылдың-ау. Бұқарбай тiрi тұрғанда ол қатын Байқадамға бара ма? Шынардың дауы болмаса, саған мал қайда? Олжа қайда? Берi жақында. Мiне (Жан-жағына қарады. Ышқырына тереңдете қол сұғып жiберiп хат шығарып алды да оқи бастады). «Сәуiрдiң екiншi жұлдызында жайлауға шықпаққа сөз байластық. Бiздiң бұрынғы жұрт өзiң бiлетiн Қандысордың шығысында, ағаңның жұрты батысында. Сәтiн жiберме. Тағы жорыққа аттанғалы жүр. Одан кейiн қолыңа түспес. Уағдалы iстi тындырып таста». Көрдiң бе? Ұйқыда басамыз да ұйпалаң-тұйпалаңын шығарып, қайтпаймыз ба. Не құдай. Аттың бiр терi...
Арғы жақтан бiреулердiң қарасы көрiнiп, екеуi екi жаққа жөнеле бердi.
Алтыншы көрiнiс
Сахнаға екеуi бiрге шықты. Бұрын әңгiмелесiп келе жатқан. Бiз сол әңгiменiң сорабын есiтемiз.
Жанқожа:
...Сонымен құлақ түрiп, мұқият тыңда. Соңырағы күнi шаршы топтың ортасында сөз екеу болмасын. Бұл ic айыр сіздi көтермейдi.
Бекмырза:
- Құп, батыр аға.
Жанқожа:
- Көптен берi жанымды жегiдей жеп жүрген қарала бас құрт бар-ды. Соның тоқтамына келген тәрiздiмiн... (Пауза). Өзiң жақсы бiлесiң, шырақ, жетiмнiң көз жасы, ендi бiреудiң ақысы адал маңдай терi жайбарақат жатқызбай талай жауға да шаптым, талай дауға да түстiм. Шығып қалған сол бейбақ ат, есесi кеткен ел, жылаған жетiм, жәбiр көрген жұрт та жер ортаcынан ауғанымды көздерi көрiп отырcа да, алдыма келмей қайтпайтын қалпын әлi бұза алмай жүр. Мен де құдайдың пендесi, ет пен сүйектен жаралған жанмын, бұрынғы арындап тұрған айбат та, қайырып тастар қайрат та кемшiн. Ал жаудың кемитiн, даудың сарқылатын түрi жоқ. Бұның шетiне шыға алмаймын-ау деп те уайым жеймiн. Жақсы да болған шығармын, жаман да болған шығармын. Бiреудiң маңдай терiн, тағы бiреудiң көз жасын мойынға жүктемей, бұдан былай ошақ баққанның өзi орынды тәрiздi. Қалған өмiрдi бiр Алланың жолына бағыштап, ақ тiлеу тiлеп, от басында отырмаққа бел байладым. Бiлесiң. Хан бағы тайып, ықылымы тарағалы иеciз қалған әсiресе Әлiм балалары. Қай емшекке жабысарын бiлмей жетiм лақтай шөре-шөре күйде. Бұл халыққа ие болар жан баласын көре алмағалы кәдуiлгiдей шаршайтын болдым. Иесiз жұртта не береке болсын, ендi болмаса бiрi кәуiр паналап, бiрi Хиуаның қолтығына кiрiп, балапан басына, тұрымтай тұсына құты қашып шашырағалы тұр. Төртеу түгел болса, төбедегiнi алады, алтау ала болса, ауыздағы кетедi. Бөлiнгендi бөрi жейтiні тағы бар. Жылда бiр үсiр-зекетiн жинап алғаны болмаса, бұ жұрттың тiзгiнi кәуiрде тұрған Арыстан төреден де көрген қайырымы өзiңе белгiлi. Ақырып тұрғанның өзiнде Әлiм баласының дауын шешiп, зәбiр көргеннiң есесiн алып берген жерiнiң де болмағаны тағы аян. Қарауылға қойылған қуыс кеуде ақыры басын жұтып тынды. Жұртымның ата қонысынан безiп жүргенi анау. Ата-жұрттан айырылдық екен – қор болдық. Кiм көрiнгеннiң көсеутүрткiсiне ұшыраған елде қай береке. Қой дейтiн қожа, әй дейтiн әже ноқтабасы болмаған соң ел iшi күн санап солай-солай аза береді. Жығылғанға жұдырық. Сол ноқтасыз жұртқа мынабiр дәуiрдiң лаңы қосылып, ел iшi күнде дау, күнде шу екендігін өзің көріп отырсың. Екi жаққа сауысқандай алаңдап отырған пақыр бiреу тәйт десе сонан бiр мархабат табатындай Хиуа, Қоқан аспақ. Қараборбай кедейге онда салулы төсек салқын үй қайдан болсын. Жұт жетi ағайынды деп едi. Қабаттаса келген осыбiр тәлкесектен қорқамын. Әрі де сәрі самасау жұртқа ноқта болатын азамат керек едi. Ойым сан-саққа жүгiрiп, ақыры тоқтағаным өзiң. Мына жетiм лақтай маңырауық шере-шере жұртыңа бұдан былай өзiң ие боласың.
Бекмырза: (Ыршып түсiп).
Ойбай, батыр аға-ау, о не дегенiңiз. Сiз тұрғанда менiкi не?
Жанқожа:
- Тоқта. Мен не деймін, қобызым не дейдінің кебін келтірме. Сен алдымен сөзiме құлақ ас. Асығып-аптықпай ақылға сал. Мен жөнiмдi ойлана-толғана айтып отырмын. Әр сұрқылтай өз заманында. Әрi ойлана, берi ойлана мына өңмеңдеп келiп жатқан кәуiр неменiң тiлiн сенен артық табатын адам көрмедім. Аралаc-құралаc боп бұлардың тiлiн бiлiп қалдың. Балық тiлiн бақа бiледi. Жанары жылусыз немелер екен. Сұрынан қорқамын. Обырлау тәрiздi. Шамаң келгенше жерiңдi алдырма, жетiмiңдi жылатпа. Халқыңның ноқтасын ұста, пана бол. Саудаға салатын Бұқардың бөзi емес бұл. Әңгiме бiттi. (Пауза. Ендi баяулау). Күш-қуаттың бар кезiнде арпалысқан жерiнде арпалысып, жағаласқан жерiнде жағаласқан шығармыз. Кәрi қақбас атандырып қайтесiң, шырағым. Жаманның жасы болмаса, жаспын да деме. Жақсысын да берер ешкiм жоқ.
«Қой асығы демей-ақ,
Қолың толса, сақа тұт.
Жасы кiшi демей-ақ,
Ақылы асса, аға тұт»– дегенге ойланып-толғанып кеп тоқтағам.
Бекмырза:
- Мынауыңыз қызық болды-ау... Батыр аға-ау, жабағыдай ұйысқан қалың ағайын маған дес бере ме. Ашабайдың тұқымы мен тұрғанда деп Раманқұл, Әбiлқайырдың уәзiрi Киiкбайдан Бекбауыл мен Жақай тұрғанда төрт үй Айдарбекке қалай билiк бересiз? Бұларды аз десеңiз хан тұқымы Жанғазының жатысы анау. Осы елге ие болам деп Елiкейдiң жар құлағы жастыққа тимей екі жұрттың арасын шаңытып жүргенi тағы бар.
Жанқожа:
- Төре тұқымын аузыңа алушы болма. (Енді салмақтап) Хан тұқымы қарашасына ие болса, осы күндi бiз басымыздан кешер ме едiк? Кеткен жоқ па майдаланып, әрқайсысы өз боқтарын шеңгелдеп, бiрiмен бiрi қырық пышақ. Соның бiрi Жанғазының құқайын өзiң көрiп отырсың. Төренiң қиқымы екен деп ендi төрге шығарсақ, жүрегi шайлыққан жұрт – бүкiл кiшкене қыңырайғалы тұр. Елiкейдiң алдында шөмекейi мен табыны бар. Кiшкененiң тентектерi өзiн басына шығармайтынындығына небiр жетесiз болса да бүгiндерi көзi жеткен шығар. Үзiлген болар дәмесi. Оларды да қойшы, төбеңнен патша төнiп тұрғанда өзiңнiң қотырыңды өзiңе қасытып қоятын ба едi? Амалың жоқ, ортаншым. Өзiм, өзiм демей оның да көңiлiн тауып қоясың. Осы ақылды баяғыда маған өзiң қосып ең, ендi менiң саған қайыра айтуыма, айтқанда да қадап айтуыма тура кеп тұр. Дегізіп те тұрған ел қамы. Суық қаруды пiр тұтқан тоқмойын халық көрiнедi. Көңiлiн ауламайды екенсiң, күшпен аулатқызады. Осыны да ойла. (Ойланады. Пауза). Беймағлұм заман келедi. Әркiмнiң өз таяғымен саба деген. Кәуiрдiң қызметiне жегiлесiң. Жегiл, бiрақ жұртыңды солармен қосыла таламай бауырларыңа ие бол. Қырдағы кәуiр, Cырдағы Хиуамен тең санас. Жұртың ыдырымайтын болсын. Қалай да осы үшеуiнiң тiлiн табасың. Жақсаң жұртыңа сөйтiп қана жағарсың. Екi күйсеген жерiм жоқ. Сөзiм сөз. Жұртымның мен дейтiнi рас болса, тоқтамым тоқтам. Ертең осы тоқтамымды таcтаймын көптiң ортасына. Көнер. Көнбей жатса, бұны да көрдiк. Мен дегенiң рас болса, көп алдында бұлталаққа сала бермей мойныңа аласың. Тәңiрiнiң таңы атуына Бекарыстан ағама жүремiн. Сәйекенi де өзiм ертiп алып келемiн, ал халқыңды сәрсенбiнiң сәтiне жинап қоярсың. Сөз бастайтын өзiм.
Жанқожа қаттырақ басып шығып кетті. Бекмырза сахнаның ортасында аңырып қалған.
Жетiншi көрiнiс
Жанқожа: (Батыр қараүйдің төрінде жалғыздан жалғыз шаншылып отыр. Көзі қанталап кеткен).
-Алып кел әлiгiнi.
Жасқаншақтап Жауқашар келдi. Қолын қусырып босағада мүләйім тұр.
Жауқашар:
- Ләббай, тақсыр.
Жанқожа:
- Сендер осы ат суытып, әлдеқандай қарекеттiң үстiнде жүрген көрiнесiңдер ғой. Соларыңды түсiндiрiп бершi маған.
Жауқашар: (Сасқалақтап. Мүдiрiп).
- Қай сайтан екен жеткізе қойған.(Пауза). Жiгiттердiң қолдары алдарына симай... Үйкүшiк боп әбден iшiмiз пысты деп... Былай, тақым жазбаймыз ба... деп...
Жанқожа:
- Сонда тақымдарыңды қалай жазғыларың келедi? – деп, ат басын қай жаққа бұрмақсыңдар деп... үйiрлерiңдi қуып кеткен бiреу бар ма едi деп сұрасақ...
Жауқашар:
Былай... Мына бай табындар жаққа ат iзiн салып қайтсақ па деген талап...
Жанқожа:
- Табындар несімен жазықты болып қалыпты?
Жауқашар:
- Жазықты болғанда... Ақмырза көкеме сарттарды бастап алып барып жүрген жолбасшы табын емес пе... Орыстарды Аралға түсіретін табын емес пе...
Жанқожа:
-Ашкөз ханның iргесiнде отырған cенiң қызылкөз әкеңдi табын болмаса сарт таба алмайтын ба едi?
Жауқашар: (бүгежіктеп)
- Iргемiзде отырып алып... Бiздердiң де тiрi жан екендiгiмiздi бiлдiрiп, көкелерiн көздерiне көрсетiп қоймасақ... Басынып барады мүлде...
Жанқожа:
- Сонда қалай көрсетесiң көкелерiн көздерiне?
Жауқашар:
-Жай. Былайынша... Бiр үркiтiп қою керек та... Құдайларын естеріне салып.
Жанқожа:
- Айтайын ба? Сенiң бауырыңның кегi табында емес Бабажанда, ал кек қуғыш болсаң шын кегiң Хиуада. Біле білсең, онсыз да сиырдың бүйрегiндей қырық құрау, қымc етcе қырық пышақ болып «сен жақсымен» әрең отырған халықпыз. Ағайын арасына iрiткi салма. Бұның арты бiтiспес дау. Сайда саны, құмда iзi жоқ шектiнiң ұсқыны мынау. Жетiруды жатсынба. Ол да өз ағайының. Жаусыз ас батпайтын күшiң асып-тасып бара жатса, iрiлiгiңдi көрсететiн күн де келер әлi.
Жауқашар: (Қыңырайып).
- Кеше ғана төртқараны талауға салған Бұқарбай емес пе едi? Баcқаcы баcқа, енді cоны да ұмытамыз ба?
Жанқожа:
- Шапса екi ел бiрiнен бiрi құн алып бәтуаға келіп бiтiскен. Бітіскен екен, сөнген қоламтаны қайта қозғама.
Жауқашар: (Тұлан тұта көгереңдей түсіп)
- Сонда азары арқамызды аяздай қарыса да бүркiт көрген көжектей бұта паналап бұтымызға жiберiп, бұғып отыра беремiз бе? Бiздiң ел болудан қалғанымыз ба сөйтіп?
Жанқожа:
- Азары емес, арадағы азғырыңды тiл. Күпiнбе, шырақ. Сабаңа түс.
Жауқашар:
- Сөзiм кеткен, көке.
Жанқожа:
- Сөзiң кетсе, қайтып ал. Алдыңда апсиып бәле көтеріп біз отырмыз ғой. Жел сөздiң жетегiне ерiп нең бар. Қырдан қоныс аударып келген жылы телi-тентегiме ие боламын деп әлдебiреу емес, тап Байқадамның өзіне менің де сөзім кеткен. Сөздi екеумiздiң бiрiмiз ұстайық.
Жауқашар: (Тiстенiп).
- Серттесiп қойғанмын.
Жанқожа: (Қатуланып).
- Сонша қасарысатындай не қылған серт? Қайт райыңнан.
Жауқашар:
- Серттен қайтқаным өлгенiм да.
Жанқожа: (Әрең шыдап).
- Кiм ол серт берiп жүргенiң?
Жауқашар:
- Жақыпбек.
Жанқожа:
- Не дейдi? Қай Жақыпбек?
Жауқашар: (Күмiлжiп).
- Ақмешiттегi Қоқан бегi Жақыпбек датқа да. Көрінген адамға сөз беріп не бопты маған.
Жанқожа:
- Ау, мынауың не дейді. Жақыпбек қайда, сен қайда? Оның күнi неғып саған қарап қалды?
Жауқашар:
- Не болғанда да cөз кеттi. Серт беріліп қойған.
Жанқожа:
- Солай ма? Датқаң жасауылсыз емес. Түмен-түмен боп жүрген жоқ па ұрынарға қара таппай әлеукендей жалаңдап. Кеткен кегi болсаөзi алсын. Бiреудiң қолымен от көсемесе, болмай ма бұл кәззапқа? Екi қошқардың арасында нең бар? Тоғар бұл абырой бермейтiн талапты.
Жауқашар:
- Қалай болғанда қайта алмайтын боп қалдым. Онан да өз қолыңмен басты шап осы жерде.
Жанқожа:
- Не дейді мынау. Бүйтіп қасарысатындай оның құрығы саған қалай жетiп жүр?
Жауқашар:
- Солай боп қалды.
Жанқожа:
-Жалғандағы жалғыз құдай Жақыпбек емес шығар. Қайт деген cоң қайт райдан.
Жауқашар:
- Қайту жоқ ендi. Өтiм өтiп кеттi.
Жанқожа:
- Өтiм де... Солай ма... Онан да күмілжіте бермей сатып алды десейшi.
Жауқашар (Тiстенiп бекіп алған).
- Сөзiмдi жұта алман. Онан да батаңды бер. Жетім – жесірдің несібесіне олжалы оралар ма екенбiз.
Жанқожа:
- Олжа ма саған. Үшiншi рет айтып тұрмын, қайт райыңнан.
Жауқашар: (Тiстенiп).
- Ер екi сөйлемес болар. Еркектiң сөзi кеттi, көке.
Жанқожа:
- Қоймайтының шын болса, отыр. Жай қолыңды!
Жауқашар: (Шапшаң бір тізерлеп отыра кетiп).
- Ләббай, пiрiм.
Жанқожа:
- Табынға барар болсаң, атың келiп, өзiң келме.
Батыр қолын терiс жайып, шапшаң қағып салды да сазарып отыра бердi. Жауқашардың төбесiнен жай түскендей самасау, қолы жаюлы күйде бетiн сипай алмай, орнынан да тұра алмай аңырып отырып қалды. Ақыры сылбыр көтерiлiп шықшыты бұлтыңдап батырға қарап кiжiнді.
Жауғашар:
- Өй, алжыған неме. Құдай болсаң өзiңдi жарылқа. Батыр, батыр дегенге бөркi сонша дағарадай болып. Қал сол жалғыз мола боп. Бата cұрағанға cоншама бұлданғаны неci. Дүниенiң тұтқасын ұстап тұрған жалғыз сен бе екен сонда? Әй, құдай болсаң өзiңдi жарылқа деймiн мен саған! Өзiңдi! Сен өлгенде жұрт қырылар деп пе ең?
Сенсiз де таңымыз атып, тауығымыз шақырар.
Қатты басып жөнеле бердi.
Шымылдық.
II-акт
Бiрiншi көрiнiс
Сахна жайлап ысырылып ашылғанда көрiнетiнi - жұпыны қараүйдiң төрiнде Жанқожа жалғыз өзi отыр. Таңертеңгiлiк намазын оқып болған. Негiзiнен тыныштық. Аралатпай сырттан мал қайырған:
– Әк, әй!
– Айда ананы, айда!
– Қайыр бермен!
– Қу деймiн!
– Мынау қайтедi-әй! – деген дыбыстары ап – анық есiтiлiп тұр. Биенiң құлынын iздеп кiсiнегенi, сиырдың мөңiрегенi. Сол мүлгiген тыныштықты сырттағы:
– Алақай! Пiр келдi.
– Сұпы келдi.
– Құлағына тиген соң жеткен екен ғой жарықтық, – деген қуанышты, жарқын дауыстар бұзып жiбердi. Есiктен ақ киiмдi, шағын сақалды, сәлделi сұңғақ бойлы мұнтаздай киiнген әдемiше жас жiгiт кiрдi.
Сәйеке:
- Ассалаумағалейкүм, батыр аға.
Алдымен қолын қусырып иiлдi де екi қолын созып ұмтыла бердi. Жанқожа бұған бiр жалт қарады да жүзiн шорт бұрып алып, қырын отырды. Пiрге қолының ұшын сүлесоқ берiп, дереу тартып ала қойды. Сәйеке оны елемей төменiрек жайғасып, тамағын қырнап алып құран оқуға оңтайланды.
Cәйеке:
-БиcмилләҺир-рахмәнир-рахим...
Жанқожа: (Жұлып алғандай)
-Iнiлерiңiздiң жамбастары әлi жерге тиген жоқ едi ғой. Иманды кiмге тiлемекшiciң?
Сәйеке: (Пірсәл бөгелiп қап).
-Аруақтарда не жазық. Алалап қайтемiн. Алла ниетiмдi қабыл етсе, ең алдымен дiнi мұсылман бүкiл бақилық аруақтарға ниет етемiн да. Осы шаңырақтан шаһит болғандар да бар. Аят артық еткен бе.
Әғузұбилләһи минәш-шәйтанир-рәжим.
Бисмиллаһир-рахмәни-рахим.
Құлху аллаһу әхәд, Аллаһус-сәмәд. Ләм йәлид, уәләми үләд.
Уәләм йәкүн ләһу күфуан әхәд. (3 рет)
Бисмилләһир-рахмәнир-рахим.
Әлхәмду-лилләһи рәббилғаләмин.
Әррахманир-рәхим. Мәлики йәумиддин.
Иәкә нәғбуду уәикә нәстәғин.
Iһдинәс-сирәтәл-мустақим.
Сырәтәлләзинә әнғәмтә ғәләйһим.
Ғәйрол мәғдуби ғәләйһим уәләдаллин
Әмин (iштен)
Субхәнә рәббикә рәббил ғиззәти ғәммә
Иәсифун, уә сәләмун ғәләл мурсәлин.
Уәлхәмду лилләхи рәббил-ғәләмин.
Я, Алла, осы оқыған дұғаны аруақты бабам Мүciрәлiге, әулие-әмбиелерге, осы шаңырақтан дәметкен бақилық пенделердiң барлығына, Құлжаман баласы Киiкбай, Киiкбай балалары Жаман, Нұрмұхаммед, Cары, Бөртай, өтеген, Махамбет, Оразақ, Нұрмұхаммед баласы Ақмырзаға, Жанқожа баласы Дуанға бағыштадым. Осы шаңырақтан дәметкен аты аталған, аталмаған да аруақтардың көр азабын жеңiлдетiп, жандарын жанната қыла көр.
Рәббәна әтинә фиддуниә. хәсәнәтән
Уә фил алхирәти хәсәнәтән уә қина
Ғәзәбәннәр.
Аллаху әқбар. Әмин.
Сәйеке iштей күбiрлей отырып, аруақтардың аттарын атап, бата жасады. Батыр болса пiрге солай сыртын берiп қыңыр отырған күйi амалсыз қол жайып, ырықтан тыс көңiлсiз қосылды.
Cәйеке:
- Айта келгенде, былай дерi жоқ, бiреудiң ажалы судан, бiреудiң ажалы оттан. Бұл ажал әрқилы себептермен бiр пендеге ерте, ендi бiр пендеге кеш келмек. Өзектi жанға түптiң түбi бiр – өлiм. Бесiкке тиген жауырын табытқа да тимек. Тумақ – рас, өлмек – хақ. Алла берген жанын өзi алды. Iнiлерiңiз Жауқашар мен Айдарқұлдардың ақырын берсiн. Алдарынан Алла жарылқағай.
Жанқожа: (Жұлып алғандай).
- Не деп жарылқайды?! Көрiнген қанiшердi жарылқай беретiн құдайда көз жоқ деп пе едiңiз? Ағам қара жамылып қалды деп көңiл айтып отырсыз ба? Әлде бұлардың маған жат екендiгiн бiлмей адасып келiп пе едiңiз? Жайларында жатқан жазықсыз ағайынның қанын iшiп, күнәға белшесiнен батқандарды қосақтама маған. Кәуiр өлiмiндегiлердiң iстерiне араласып, күнәға өзiңiз де батпаңыз, пiрiм.
Сәйеке: (момақан)
- Сабыр, тақсыр. Сабыр. Сабыр түбi – сары алтын, cарғайған жетер мұратқа. Пенде туыс таңдап ала алмайды. Алла кiмдi бередi, сонымен бауырласпақ, әркiмнiң таланына не бұйырады, соны көрмек те. Қалау ырқы бiзде емес. Бiр биеден ала да тумақ, құла да тумақ. Ат айналып қазығын табады дейдi тағы да қазағым. Түбi бiр болған соң жатырқаңыз мейлi, жатырқамаңыз мейлi, шошыныңыз мейлi, шошынбаңыз, ағайынның айналып келiп табары өзiңiз. Жазмыштан озмыш жоқ. Жазу сол болған соң бұйрықты iске көнбеске шара кәнi. Қай icке де кешiрiммен қараңыз. Көнесiз, батыр. Көнесiз. Көнбестiктiң өзi күпiрлiк. Мұхаммед ғали салам, рухы жоғары болғай, иманның бiр шарты кешiрiм. Кешiрiмдi адамдарға ғана пейiлдiмiн деген.
Жанқожа:
- Бiлiп отырмын. Мынау Әлiмнiң екi биi Бекарыстан мен Бәймен қырcық шалды дегенiне көндiре алмаған соң ат шаптырып арғы беттен Сiздi арнайы алдырғанын бiлiп отырмын. Майпаңдауыңызға қарағанда, тақсыр, сiздiң де бұйымтайыңыз сол – ана екi қарабет кәуiрдi Алланың ақ жолында шейiт кеткен аруағымсып әспеттеп ақ жуып, арулап қой дейсiз ғой. Дейлерiңе көнер болcам, ошағымды арамдап, қазаныма арам ас салуым керек шығар ендi? Бiлiп отырмын, дейiңiз – сол. өйтiп күлтелендiретiндей кiм едi бұлар? Анық-қанығына көз жеткiзiп айтып отырсыз ба өзi? Түн жамылып, ел тонаған қарақшы бұлар. Бәйкүнә пенденiң қанын жүктеп артына лаң тастаған қарабеттер. Көрдiңiз бе жазасын құдайдың өзi берiп тұрғанын. Жазықсыз кiсiнiң қанын төккен соң бұлардiкi кәпiр өлiмi болмағаны кәнi? Қаныпезерлерге иманды қай бетiңмен тiле демексiз? Аузы онсыз да ала қазақты бірімен бірін жанастыра алмай отырғанда жетiрудiң қай баласы жат едi маған? Қанiпезер Қоқан жағындағы мықты қорғаным едi. Iргемде өз ағайыным отырса, етек-жеңiм жинақы, суық соқпас, жау алмас дедiм. Алдыма келгенiне риза боп телi-тентектерiне тиым етем деп пәтуаласқам. Сол бата ендi не болды? Iргесiне қондырып алып, қоңын тартып отырған Жанқожа демей кiм дейдi ендi мына жұрт төбедей боп мен тiрi отырған соң. Осы қара қазақтың қотанын қорыған төбетi емес пе ем? Үрсем осылардың дұшпанына үрiп отырғам жоқ па? Сол халыққа ендi қай бетiмен қараймын? Мына шiркiндер өздерінің абыройсыз өлгендерімен тұрмай арттарына дау тастап, жұртты қарабет қылып кеткен жоқ па? Тыныш жатқан ел үстiне керауыз қырық жыл тартса да жететiн көкпар әкеп тастап, тұнығымды лайлап кеткенiн көрмейтiндей неңіз бар? Бұ күндерi менен өткен қарақшы жоқ. Төбесiнен дүбiр кетпесе, халқың қалай тыныш жатады. Айтпады емес, айттым. Айтпасам да бiр сәрi. Cезгем бiр пәленiң боларын.
Сәйеке:
- Мақұлдап отырған мен де жоқ бұлардың iстерiн, батыр аға. Болар iс болды. Ендi олар бiздiк емес. Алла алдында өздерi жауапты. Ақыры о дүниелiк болған соң мәйiттердiң жолын байламайық деген менiкi. Кімге жақсы керек емес. Әркiм барымен туысады да...
Жанқожа:
- Тумай туа шөксiн онан да, туа шөккiрлер. Бұ жалғанға лаң үшiн келген қаныпезерлер.
Сәйеке:
- Алла iсiне көнбек керек, ағасы. Көнбестiк – күпiрлiк.
(Пауза)
Жанқожа: (Cыртқа)
- Әй, қайсың барсың?! Қайда әлiгi шапқыншылар?! Жеткiзiңдер бiреуiн.
Iшке екi бүктетiлiп Бек кiрдi.
Бек:
- Ассалаумағалейкүм, пiр!
Iлгерi озып, Сәйекенiң ғана қолынан алды. Жанқожаға жақындауға батпай көткеншектеп керi шегiндi.
Жанқожа:
- Ал, өзiңiз сұраңыз мына жүзiқарадан.
Сәйеке:
- Сонымен... не болып жүр?
Бек:
- Не болғанда... Жауқашар ағам ғой... Бұқарбайды үркiтемiз де қайтамыз деп. Мен айтқам пәлеге жоламайық деп. Қойды ма оған. Датқаға уағдасы кетiп қалған ба, көне кектi қуа ма, әйтеуiр сондай бiрдеңесi бар. Ағам айтқан cоң қайтейiн cенбей. Сонан Қандысорға жақындап барып түнеп, iңiр қараңғысында тиiстiк жылқыға. Тастүнекте қайдан бiлейiк Жауқашар ағам алып келген соң. Жылқышылар ауылдарына хабар салып, iзiмiзге түстi қуғыншылар аттандап. Бес-алты шүрегейiн шоқпармен-ақ түсiрiп тастап кетiп ек, ақ көйлек, ақ дамбалды бiреуi таң бозында ағараңдап жапырып барад жұртты мүлде екпiндеп. Бiрiнен кейiн бiрiн жалпалатып. Айдарқұлды құлатты. Ақыры Жауқашарды да түсiрдi... Сонда немiз қалды аянатын. Ендi менi өкшелеп... Екпіні қатты, тіпті. Сонан қайтемiн жалмауызға да жан керек, түсе қалдым да, бұтаны паналап жата қап шынтағыммен жер тiреп аттым атын жан керек болған соң. Түсiрдiм, жалп ете қалды. Бұғып жатсам, үстiмнен бiреу шықты «Бәрекелдi өзiңе, бақырайған көзiңе» дейдi.
Жанқожа:
- Кiм екен?
Бек:
- Түктi неме екен. Өзi-ау деймiн...
Жанқожа:
- Тап сол жерде домалатып түciрмеген екен басыңды.
Сәйеке:
- Сосын?
Бек:
- Сосын, сонан... Бұлар арт жаққа хабар жеткен соң көбейiп қаптап кеттi. Қолға түстiк. Матап Байқадамның алдына алып барды. Жаңағы ақ көйлек, ақ дамбалды Байқадамның өзi екен. Таң бозында ұйқылы-ояу адасып жүрiп шапқанымыз құдай ұрып Бұқарбайдың емеc, Байқадамның өз ауылы болып шықты. Сонан жiгiттердi алып барып: «Құрбандығыңа шаламын мыналарды» деп едi шалдырмады. Өзi жатыр iлгерi-кейiн кетiп. Оқ оған да тиген екен. «Бұларда торғайдың қанындай қан бар дейсiң бе? Не меселiң қайтады? Жұмсап отырған Жанқожа да. Бiреу жұмсаған соң келдi. Олай-бұлай бола кетсем, менiң қаныма татыса, тек Жанқожа ғана татиды. Кек алғыш болсаңдар iстерiң Жанқожамен болсын» дедi. Ұзамай жан тапсырды дейдi ғой. Сөйтiп бiздi сабап-сабап, мес қып жаяу жiбердi. Қайттық өлiктерiмiздi арқалап. Сол, әне.
Жанқожа:
- Есiтiп отырсыз ба, пiр? Кәпiр өлiм емей немене бұл? Мұсылман деп қалай әспеттейсiз ендi? Қай ғазауатқа барып шейiт болып отыр? Бастарын батырлық қысып бара жатса, жау таба алмай жүр ме екен? Келе жатқан жоқ па, мiне, қалың кәуiр қаптап. Не iсте дейсiз ендi маған?
Cәйеке: (Бекке қарап).
- Тураcын айт. Қарақшылықты кәciп етiп, кici тонап, мал тауып жүрciңдер ме? Әдейi Байқадамды өлтiруге барып па едiңдер?
Бек:
- Ойбай, құдайым cақтаcын. Мүлде олай емеc, cопым. Үркiтiп таcтауға ғана барғанбыз. Болcа былай... Адам өлтiру ойда жоқ. Айтып отырмын ғой, жапырып бара жатқан cоң жан керек, тоcқауылдатып менi таcтаған. Қате болды. Байқадам екенiн қайдан бiлгем?
Cәйеке:
- Шариғатқа cыйғыза алмай қамалып отырмын, батыр. Жаназа намазы оқылмайтын үш шартқа да келмейдi. Болcа да марқұм бұлардың не атаcы, не анаcы емеc. Мүртәдке жатпайды. Кici тонаушыға да келмейдi. Кәтелiктен қапыда кеткен мүмiндер.
Бек: - Иә, иә. Қате болды, әулием. Дұрыc айтаcыз. Қате. Білместік бізден.
Сәйеке:
- Айтары жоқ, шетiн ic. Оңнан келген, солдан келген үлкен-кiшi қанша жұрт ауызыңызға қарап иiрiлiп тағы отыр. Жамиғатқа ұлықсатын берiңiз. Мынаған да құлақ асыңыз, тақсыр, Хазрет Ғайша разиаллаһұ ғанһадан қалған хадис бар: Хазрет Пайғамбар ғалисса былай дейдi: «Жолдастарың өлген заман оны қойыңдар. Оның соңына түспеңдер. Тiрiлердi ғайбаттағаннан кейiн олардан кешiрiм сұрауға болады. өлген кiсiден кешiрiм сұрау мүмкiн емес». Сондықтан өлiмнiң жамандығын айтпай, жақсылығын айту, әрi адамгершiлiк, әрi иcлами парыз. Мұсылмандық жораның бiрi сол. Өлiкке қиянат жасап күнәға батпаңыз. Бұл жалғаннан көшкен пенденi бақилық сапарына жолын байламай шығару – бiздiң – көрiп отырған тiрi пенденiң мiндетi. Көрiп-бiле тұра сол парызымызды өтемесек, күнә бiзден. Өлген өлдi. Көрiп отырып қысастықпен көмбес болсақ, ақиретте сұрауы бiзден болмақ. Шариғатқа шет келмек. Көрiнеу көзге күна арқалап қайтесiз, батыр. Маған жеткен хабарға бақсам, марқұмдардың жандарының шыққанына бүгiн үшiншi күн екен. Құран Кәрiмде сол күнi-ақ бақилық сапарына шығарып, арулап Алла құзырына тапсыру тiрi отырған бiзге мiндет. Марқұмдарды ақирет сапарларынан қалдырмалық. Алла жолы үшiн бiр ашуыңызды бересiз. Атам қазақ та: «өлiгiң болса, көм, асық, қызың болса, бер, асық», – деп бекер айтпаған болар, әйтпесе абыройға кәдiк. Ендiгi қалған мiндет бiздiкi.
Жанқожа:
- Тым ынталанып кеттiңiз, тақсыр. Бұларды ұжмаққа өз қолыңызбен алып барып тапсырудан саумысыз?
Сәйеке:
- Е.., батыр-ай, ашу – араз, ақыл – доc. Ақирет iсiнде кiмнiң жанына кiм сеп болғандай. Тiлек тiлегенi болмаса, бақилық жолда анасы баласына, баласы анасына қайырым ете алушы ма едi. Әр пенде мына қу тiрлiкте iстеген iсiнiң жауабын өзi бередi. Жоқ жерден күнә жамап қайтесiз. Алдыңызға жығылып тоқайрап отырған жамиғатқа ұлықсатыңызды берсеңiз, сауап сол.
Жанқожа:
- Осы iстеп отырған iсiңiздiң жөн екендiгiне сенiмдiсiз бе?
Сәйеке:
- Мұсылманшылық парызым, батыр. Құлағыма тиген соң білген құдайшылығымды айтпай тұра алман. Қолдан келсе, мейiрiм-шапағатқа не жетсiн. Қай iстiң де төрешiсi бiр Алла. Мейiрiмдiлiк етiп қана Алладан мейiрiм күтiңiз.
Жанқожа:
- Мойныңызға басы артық жүк алып тұрсыз, пiрiм.
Сәйеке:
- Пендем үшiн солай етпеске шарам кәнi, батыр аға. Мүмiн үшiн, мына қоғадай жапырылып төрелiгiн күтiп отырған жылаудар жұртым үшiн...
Жанқожа:
- Онда амалым жоқ. Қоймадыңыз. Өз обалыңыз өзiңiзге. Машқар күнiнде жауабына дайын бола бергейсiз. Мынау екi қарабет емес, аруағыңнан айналдым Мүсiрәлi пiр үшiн көндiм. Көндiрдiңiз ақыры. Дегенiңiз болcын, берi жақындаңыз.
(Сұпы сыпайы ғана орнынан тұрып, сызылып батырға жақындады. Батыр орнынан тұрып Сәйекенiң бiр құлағын ұстап алды да құбылаға қарай).
Жанқожа.:
- Уа, Алла! Көрiп тұрсыз, жазықсыз жанның қанын жүктеп күнәға белшесiнен батқан кәуiрлердiң о дүниелiк шаруасын аруағыңнан айналайын жетi өлiкке жан берген Кiшi жүздiң пiрi Мүсiрәлiнiң шөбересi, пiрiм Сәйеке мойнына алып тұр. Кәпiрге бұйырмысы кәпiр өлiмi едi. Мына қожа жанымды жаппарға таяп қояр емес. Бiз тәрiздi қара қазақтың бiлместiгi болып жатса, ғапу ете көр, шапағаты мол Алла. Кiтапты көп аударған кiсi менi сендiрмесе де ортаға шариғатты салып көндiрiп тұр. Шариғат салған соң амалым кәнi. Көндiм. Көнбесем жалпақ елiмнен де жырылатын түрiм бар. Жылаудар жамиғаттың наласына да қалармын. Қолым – таза, арым – ақ. Бұл iсте қылаудай да бөгде ниетiм жоқ. Қайтем ендi. Тығырыққа таяп көндiрдi мына пiр. Бұл шаруаның ендiгi жауабын менен емес, осы тұрған Мүсiрәлi ұрпағы Сәйекеден сұрайсыз. (Сәйекеге бұрылып). Ендi қалған ерiк өзiңiзде. Бұл арада мен жоқпын.
Нық басып жөнеле бердi. Сахна сыртынан тығылып отырған әйелдердiң шу еткен жоқтауы есiтiлдi.
Екiншi көрiнiс
Бұл көрініс айқын да анық емес. Бұлыңғыр. Едірендеген көлеңке арқылы көрінеді. Кешкі алакеугім шақ. Айқай-шу. Ың да жың. Мас кісілердің берекетсіз барлыққан дауыстары. Ебедейсіз сереңдеген көлеңке.
– Вяжи. Крепко вяжи сукина сына.
– Ух ты, степняк.
– Мына кәпірлер қайтеді-әй!
– Какой он сильный.
– Давай, давай тащи сюда.
– Сейчас сделаем его миленьким.
– Уа, қайсысың барсың? Мына иттер шындайын деді ғой.
– Дикарь же он. Дикари же не горят.
Ылғи мас, мұрттары едірейген казак тобыры жабылып жүріп балаң жігіттің қол-аяғын байлап, күйдіруге дайындалған кірпіштің қуысына тығып жіберді. Қарқылдаса жүріп пештің аузын бекітті. Бірі жүгіріп келіп жермай шашты. Лап етіп лаулаған от. Шыңғырған дауыс. Мәз-майрам казактар. Тыныштық орнады.
Жанқожа мен Бекмырза қатар жүрiп келеді. Бекмырзаның жолдан жаңа келгенi көрiнiп тұр. Үстінде қыс киім.
Жанқожа:
– Ел iшi қобалжу дейдi ғой. Бұл не сөз?
Бекмырза:
– Сол хабар рас, батыр... Мазалары кетіп жұрт толқып тұр.
Жанқожа:
– Себебiн айт.
Бекмырза:
– Себеп көп. Сылтау жетедi. Әсіресе, мынау Аманөткел, Бөген, анау Қаратөбе, Қарашалаң, Ақирек, Қарлаңның бiрдi-екiлi қарасын қамысақты қопаларына паналатып отырған ылғи жатақ наразы. Наразы болатыны – қызыл сирақ кедей үсiр-зекетiн орыс өкiметiне күзде-ақ жинап берiп, құтылған сияқты едi. Онысымен тынбай бекiнiс бастығының жандайшаптары қастарына мылтықтары шошайған топ-топ орысын ерiтiп алып, жол салығы, қала салығы, түтiн салығы дей ме-ау, әйтеуiр бірінен соң бірін боталатып төбелерiне әңгiр таяқ орнатып, бергеннiң жолынан, бермегеннiң қолынан алып, мазаларын май iшкендей етiп болды. Бастан құлақ садақа деп, бiрiнiң алдына малын салып жiберiп, тыншая бергенде қоқыраңдап екiншiсi тағы келедi. Келгенде де зәрiн төгiп, бала-шағаның үрейлерiн ұшырып, ауыл сыртынан мылтықтарын ата келетiн болды. Мылтық дауысын есiткен жұртқа ас батсын ба. Ел iшiндегi үрей сонан.
Жанқожа:
– Жағдаятты ұлықтарына айтып, ақ-қараның арасын ашып, мән-жайды түсiндiрiп, қайырмайсың ба тентектерiнiң беттерiн?
Бекмырза:
– Тiлiм жеткенше араға түсiп шырылдауымнан қапы жоқ, батыр. Әкiмдерiне айтуын айттым да, қақсауын қақсап та жатырмын, Әскерлерi ұлықтарын таңдамайды, ылғи бiр оннан қашқан, мұннан қашқан қызылкөз бұзық. Бастықтарының көздерiн ала бере жасайтындары ұрлық, зорлық пен зомбылық. Тартып, талап алады. Кәдiмгi берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан қызыл көздің жұмысы.
Жанқожа:
– Әнебiр тыриған шүлдiрлек тiлмашы бар емес пе? Дініне тартпайтын неме ме өзi? Жеткiз соған. Сотқарларына ие болсын.
Бекмырза:
– Қазалы коменданты майор Болатовқа жай-жапсарды ауызба-ауыз айтқам. Салықтың заңдысын төлелiк, тым көбейте бермесеңдер екен деп. Ол да бiр маубас бозым неме, сөздi жүре тыңдайды. Iшкi есебiн өзi бiлсiн, мәселенiң басын өзі ашпай қазақ арасындағы жұмысты осы бiтiредi деп сол тiлмашқа сiлтеп, cырғыта бередi. Ылаңның көбiсi осы татар тiлмаштың өзiнен болып тұр. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған соң араны күн сайын ашылып барады. Салықтарды өз алдына ауыл-ауылды өзi аралап баcқа ұрып тұрып сайлы жiгiттердi жинап, қаланың қара жұмысына салып қойды. Адам басына күнiге онекi тиынға келiсiлген. Оның өзi де мандытып берiлiп жатқан жоқ.
Жанқожа:
– Қыстың көзi қырауда не iстеп жатқандары сонда? Жер тоңдап қалған жоқ па?
Бекмырза:
– Кiрпiш күйдiртедi. Қорған салдыртып, Қазалының айналасына ор қаздырып, жол салады. Мықтап бекініп жатыр. Әйтеуір бір жанығыс бар.
Жанқожа:
– Сонда қаупi кiмнен болды бұлардың?
Бекмырза:
– Жат жерде отырған iсi арам кiсiнiң жауы кiм дерiңiз бар ма. Дұшпаны бiр баcына жетедi. Қазiргi қаупi Хиуа тәрiздi. Елiкей бастаған жүзқаралы жасауыл Қарақұм жақты барымталап, төртқараның бiрсыпыра ауылының ұйқы-тұйқысын шығарып, малдарын айдап, тұтқын олжалап кетiптi. Жанында Жанғазы. Бiрақ, бекiнiске жолай алмады.
Жанқожа:
– Жанғазы да бар ма ортасында?
Бекмырза:
– Жол бастап жүрген сол төреңiздiң өзi.
Жанқожа:
– Бұған не болғаны? Қоятын уақыты болмап па едi?
Бекмырза:
– Бiлмедiм... Әйтеуiр Iстеп жүргенi cол. Шөре-шөре болып екi жаққа кезек таланғанша бiржолата арғы бетке өтiп, қандастарымызға қосылсақ қайтедi. Түбiмiз туыс ек. өлтiрмес. Көрсек қорлықты солардан-ақ көрелiк деп қомпылдап отырғандар да жоқ емес. Кейбiрi буынып-түйiнiп те алған. Тек мұздың ұстасуын күтулi. Ондайлардың сөздеріне құлақ ассаң бұ орыcың түбi бiзге доc боп жарытпайды. Етекбасты етiп екi ортада мен әлек. Сiз қош демеген соң бiрсыпырасы осылай қарай жалтақтайды. Жұртыңыз тап осы тұрғанда екiұдай халде.
Жанқожа:
– Хиуа мен Қоқанның әуселесiн бұ жұрт баяғыдан көрiп келе жатқан жоқ па? Әлi түңiлiп болмап па? Таңдайларына татымап па?
Бекмырза:
– Көрдi де, бiлдi де. Айқұшақ қабарлық бауыры шiрiп бара жатқан туысы жоқ екендiгiне көздерi жеткен. Жаны қысылған халықтың тал қармаған әрекетi де.
Итжемеc шықты. Жүрiсi суыт. Бұны күтпеген батыр аңтарылып таң қалып қалды.
Итжемеc:
– Ассалаумағалейкүм, әке!
Жанқожа:
– Әлiксалам. Ия, сөйле.
Итжемеc:
– Сөйлесем, халық қатты қобалжулы бұл тұрғанда. Ашынған жұрт ауыл-ауыл боп жiгiт жасақтап жатыр. Қараөткелде қаракесек, Аранды қырдан асан мен үсен, Жанкент жағынан жиеней, жолшара, Ақиректе құрманай, құттық жамиғатың түгел аттарын тақтап, найзаларын саптай бастады. Мына кәуiрдiң қорлығы өтiп болды. Әкеңе айт, солай бұғып отыра бере ме әлде бiздiң алдымызға түсе ме деп. Болмайды екен, өзiмiз-ақ аттанамыз, деп тәуекелге мықтап бел буған. Менi арнайы жiбердi. Жұрт бір ауыз сөзіңді күтiп отыр.
Жанқожа: (Бiле түcкici келiп)
– Ол не қорлық?
Итжемеc:
– Жатақ алым-салығына болса да көндi. Ылаң салып тұрған мына татар тiлмаш. Иттің пейiлi мүлде бұзылды, Жасайтыны зорлық. Iзiне әскер ертiп, ауыл-ауылды аралап, мал-мүлiк былай тұрсын, бетi жылтыраған қызға да қол сала бастады. Жiгiттер мойнын бұрап жұлып алайын десе, амалы жоқ жанында мұздай қаруланған он-онбес жендет. Әciреcе оcыныcы жұрттың қабырғаcына мықтап батып тұр.
Жанқожа:
– Шын ба?
Итжемеc:
– Шын болмағанда... Екi ортаға өсек таситындай жанымды кiм қинапты.
Бекмырза:
– Итжемеcтiң бұ сөзiнде алғау жоқ. Азар өтердей-ақ өтiп тұр.
Жанқожа:
– Елдерiңдi қайдағы бiр қаңғыған татарға талаттырып... Сонда сендер не бiтiрiп жүргендерiң?
(Сахнаға Шағырай жүгiрiп кiрдi. Келдi де батырдың аяғына жығыла кеттi.)
Шағырай:
– Мына басбұзарлар екi бiрдей азаматты пешке жағып жiбердi. Бiреуі ұлым. Менiң ұлым, жалғызым. Батыр, өзiң сөйлес мына қаныпезерлермен. Сенен басқа шағынар кiсiмiз қалмады, бас болар иемiз жоқ. Сорладым ғой, сорлатты. Жылаудар жетiмiңе жар бол.
Жанқожа: (Түтiгiп)
– Пешке дейдi... Не жазып едi олар?
Шағырай:
– Не жазсын, ойбай! Қой аузынан шөп алмайтын сорлыда орысқа қарсы келер қауқар қайда? Ерiккен екi мас сандат осы қазақ отқа жана ма екен деп бiр шелек сыра тiгiп бәстеспейдi ме? Сөйтiп ұлымды керпiш күйдiрiп жатқан пешке тығады да жiбередi. Көмiрге түскен адам құйқа болмай қайтушы едi. Екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледi. Айтуын айтып-ақ ем, тиыны құрысын, кәпiрден аулақ жүршi деп... Жалғызымның арса-арсасы шықты. Не болды ендi?
Жанқожа:
– Бұл не тағы? Сыра деген немене?
Бекмырза:
– Сыра деген тура аттың сiдiгi тәрiздi көпiршiген сары су.
Жанқожа:
– Оны не қылады?
Бекмырза:
– Iшедi.Сұлыдан ашытқан кәдімгі шалап қой.
Жанқожа:
– Адам iше ме?
Бекмырза:
– Iшкенде қандай. Ащы балықпен шелекке басын салып тұрып өлiп iшедi.
Жанқожа:
– Тфу, кәпiр.
Шағырай:
– Бұл не қорлық, батыр-ай. Көтке тепсе — көндiк, басқа тепсе — өлдiк. Оcылай бұға беремiз бе? Болған жоқпыз ба шыдап.
Жанқожа әрлi-берлi кезiп кеттi.
Жанқожа: (Итжемеc пен Бекмырзаға.)
– Екеулерің де қалаға жетiңдер! Орыс бастықтарына көзбе көз жолығыңдар. Бүгiн жатар орынға дейiн анық-қанығын бiлiп келесіңдер. Осында күтемiн. Тап осы жерде
Үшеуi шыға жөнелдi.
Шағырай:
– Жүрiңдершi, көрiңдершi өз көздерiңмен.
Үшiншi көрiнiс
Қамысақты дала. Әрiректе бiрiне-бiрi тұтаса тiгiлген жолми қостар. Оң жақта аулағырақта бастырма. Бастырманың астында ұстахана. Ұстаханада бiреу көрiк басып, бiреу қылыш тапап, ендi бiреу отын тасып, қару-жарақ жаcап жатқан қарбалас. Темір таптаған шақ-шұқ дыбыс есiтiледi.
Жанқожа сол жақ шетте төбешiкте отыр. Жеңiл киiнген. Бiлегi сыбанулы. Қолында жуан сапты шолақ найза.
Итжемеc шықты.
Итжемеc:
– Көке, қырдағы төртқаралардан батыр Жолақ бастаған екi жүз жiгiт келдi. Нағашы жұртым көзге түстi.
Жанқожа:
– Бәрекелдi. Ағайын бiр өлiде, бiр тiрiде. Жамиғаты жан алып, жан бергелi жатқанда қалай қарап жатсын. Жеткен екен. Жағдайларын жаса. Жолсоқты боп келген жiгiттер тынығып алсын.
Итжемеc:
– Хиуаға кеткен жаушылар да жеттi.
Жанқожа:
– Бұлардан не хабар?
Итжемеc:
– Аллақұл хан тұқымының бiрi өлiп, екiншiсi тiрiлiп, ел iшi аласапыран көрiнедi. Ауыз ләмдерiне қарағанда, өз қотырларынан қолдары босамас. Боcаған тақ талай дәмелiнi тыныш жатқыза ма. Бұ тұрғанда өзге жұртқа мойын бұрарлық мұрсалары жоқ. Сарбаз жiбере алмапты, болғаны бiр тең қару-жарақ, аздаған оқ-дәрiсi бар.
Жанқожа:
– Солай боларын айтқан жоқ па ем әу баста-ақ. Мұсылманның малы ортақ, бүгінгі бұқаға туып жатқан күн ертең бұзауға да туады. Ортақ жаудың алдын алалық. Кәуiр Сырдарияға жеттiм екен деп тоқтап қалмас. Ағайын атқа мiнiп жатқанда қарап қалмайды деп сендер емес пе еңдер болмаған. Мен бiлетiн Хиуа болса, сөйтiп сауырын сипатпай тiлiн емiзiп шығарып салу керек-тi. Оларға қазақ жүрегi талғанда жақыннан тартып жей беретiн тарғыл тайынша. Құл болсаң құп. Құл болмасаң өмiрем қап. Әне түбi бiр туыcыңның cиқы. Уақыт алдырып, жаушыларды босқа шаршатқан екенбiз. Сонымен жат жұрттан дәме үзiлдi. Өз бауырың шөмекейден не хабар?
Итжемеc:
– Кешегi жiгiттер шауып алған орыстың басын алдына тастаған екен. Төбеттiң биi Манаcтың Жарылқабының көзi аларып, демi бiтiп, жаны жаһаннамға кете жаздапты. Тiлi күрмелiп «өз көрлерiңдi өздерiң қазыпcыңдар ғой. Бұларың не? Бұларың не?» деп тұтығып қалды деп келдi жаушылар. Адам бере алмайды. Сөйтiп бұл жақтан да дәме етпейciз, көке.
Жанқожа: (Отырған орнынан атып тұрды)
– Тоқымтыққан Қыстаубай ағам-ай, қадiрiңнiң өткен жерiн қарашы. Көзiң тiрi болғанда саңырау төренiң алдын кесе алмай көттерiн күлге көмiп отырған көп үйкүшік шөмекейдiң талайының көтендерiне көк найзамен түртiп алдыма салар ең-ау. Талай тар кезеңнен тайсалмай бiрге өтiскен жарақтастарым-ай,төрінен көрі жуық Жанқожаны оттың ортаcы, жамандардың жанына тастап жалғызсыраттыңдар-ау. Жақсы кетiп, жаман қалды. Азы менен тозы қалса, бұл да жазмыш шығар. Көндiк. Алла көрciн деп тұрcа, көнбеске шараң қайсы.
Итжемеc:
– Кәуiрдiң шылауында жан сақтап отырған бұл туысыңыз орыстан шен таққан асыранды күшiк Елiкей хандарынан асып қайда барушы едi. Денейi түгел. Тышқақ лағын жоғалтпаған адам жатады солай жан бағып. Қайта өз туысыңды айтақтап өзiңе айдап салмаса де. Менiң бiр қаупiм сонан боп тұр. Бұлай дейтiнiм, Ақмешiттiң шекара комиссиясының бастығы Дебу сол жақтан жiгiттер жинап, дария бойын құлдап берi шықпақшы деген де хабар жетті. Жол бастап келе жатқан Елiкей көрiнедi.
Жанқожа: (Теріс қарап.)
– Бек мүмкiн. Бек мүмкiн. Cонда өз туыcым өзiме келе жатыр екен ғой. Әбден-ақ болатын жайт. Қазалыдан не хабар? Кәуiрiңде қандай әрекет?
Итжемеc:
– Ырғыздан бекiнiске жүзқаралы атты әскер келiп жеттi. Жолай Ақиректе отырған палуандардың ауылының ойран-ботқасын шығарып шаба келген. Қазалы қатты қарбалас үстiнде. Қала қорғанын жанығып жабыла биiктетiп жапты. Бекiнiстен бейсеубет адам шығармайды. Теңiзде жүрген кемелер дарияны өрлеп қалаға жақындап келедi.
Жанқожа:
– Қайықтан көз жазып қалма. Жағалауға адам түcпейтiн болcын. Бiр топ жiгiттi соған бекiт.
Итжемеc:
– Қайыққа жиеней, жолшараның жiгiттерi бекiтiлген. Сарбаздар дария жағалап, көзден таса етпей солармен бiрге келедi. Әзiрге екi жақ та әрекетciз.
Жанқожа:
– Ақмешiт жақтан адам қарасы көрiнбей ме?
Итжемеc:
– Жаңағы хабар болмаса, бұл жақ әзiрге тыныш. Майлыбас торулы. Мына Қараөзектегi қыпшақ, наймандар, алтындар мен жетiру iшi тегiс құлақтанса керек. Қалың жұрт қобалжу көрiнедi. Дүрлiгiп апты.
Жанқожа:
–Қобалжығанда қай қобалжу? Атқа қонатын кiсiлер ме екен? Әлде қазақтың от басында отырып-ақ тiлiмен орақ орып, жау жайрата беретiн бос қомпылы ма?
Итжемеc:
– Бiлмедiм, көке. «Мен дайынмын» деген cөз есiткенiм жоқ. Сiрә, соңғысы шығар. Басы ауырмағанның құдайда не шаруасы бар, өздерi тыныш болған соң әлiптiң артын бағады-ау шамалары. Бiр көрiнсе осы кезде бой көрсетер деп Бұқарбайдан дәмелi ем. Ол да ағайыннан асып қайда барар дейсiң. Жатырған шығар Бесағашта өкпесi қара қазандай болып.
Жанқожа:
– Оны Бұқарбайдан емес, ағайынның арасына от cалып қойған өз бауырларыңнан көресiң де «өзiңе де керегi сол, iрәйт соқ» деп шалжайып жатпай қайтушы едi. Қазалыны күнi-түнi көзден таса етпеңдер. Адам кiрмесiн. Сыртқа да тышқан жорғалап шықпайтын болсын.
Итжемеc:
– Мақұл.
Шығып жүре бердi. Бекмырза келдi. Қару-жарағы сай. Ұрыс даласынан шыққаны көрiнiп тұр.
Бекмырза:
– Ассалаумағаләйкүм, батыр аға.
Жанқожа:
– Бiтiргендерiңдi айт.
Бекмырза:
– Үш күн болды аттан түспегенімізге, қорған сыртындағы орыс маяларының бiрiн қалдырмай өртеп жiбердiк. Қаратөбедегі күделеріне бара жатқан арбалы әскердi қоршап алып, далада үш күн түнеттiк. Ашулы жігіттер естерiн жиғызбай дүркiн-дүркiн шауып, аяқтарын бiр етiкке әбден тықты. Мылтық жағы кем боп дiңкенi құртып тұр. Сол құрымағыр болса, қандары қарайып қалған сарбаздар адам баласына дес берер түрi жоқ. Тапап-ақ тастағылары келедi. Қайтесiң, бет қаратпай тұрған орыcтың от қаруы. Жігіттеріме сын жоқ. Тек қару... Қару жағы кемшiн. Діңкелетіп тұрған сол.
Жанқожа:
– Шығын бар ма?
Бекмырза:
– Шүкiр, басымыз бүтiн. Жарақаттанған төрт сарбазды үйлерiне жеткiздiк. Әзiрге жаманат жоқ.
Жанқожа:
– Шөптерiн алып кете алды ма?
Бекмырза:
– Алдырмадық. Өздерi бекiнiстен келген көмектiң панасымен ғана бас сауғалап шегiнiп кеттi. Қазiр қорғаныс iшiнде бұғып отыр. Қашан бастаймыз? Тап осы тұрғанда жауды олай-бұлай бұрғызбай жатқан жерiнде бығырлатып, ордалы жыланның iнiне су құялық та. Кектi жiгiттер тезiрек алағай да бұлағайын шығарайық деп алақандарына түкiрiп, құлшынып тұр.
Жанқожа:
– Сәл ғана шыдай тұрыңдар. Етегiмдi баcып тұрған тек Еcет. Есеттен бiр хабар болсын деп ем. Бұйрық өзiмнен. Бар. Жiгiттерiңе жет. Жандарында бол. Шашыратпай мығым ұста. Алла жол берсе, әнi-мiнi атқа қонамыз. Хабар өзiмнен.
Бекмырза:
– Құп!
Бекмырза шығып кеттi. Мына беттен шабарман көрiндi. Алыс жолдан оралған бетi. Шаршаған. Қамшысы бүктеулi, етегi белiне қыстырулы.
Шабарман:
– Ассалаумағаләйкүм, батыр аға.
Жанқожа:
– Аликсалам. Қандай куанышты хабарың бар? Есеттiң өзi, жамиғаты аман ба? Халқының жағдайы қалай? Үркiншiлiкте жүрген жұрт қалжырап қалмап па?
Шабарман:
– Негiзiнен аман. Неше жылдан берi ата қоныстан айырылып, ат үстiнде жүрген жұртта нендей күй болсын. Аттың жалы, түйенiң қомы да баяғы... От басында да емiн-еркiн аяқ созып, көлбеп жата алмай жау қай жағымнан келiп қалар деп ұшқан құс, өткен қараға елеңдеп, белдерiн де шеше алмай, буынып-түйiнiп отырады. Күн аралатпай жұрт жаңалатады. Iндеп жүрiп әрең таптым. Жеткiздiм сәлеміңізді. Есет ағамның өзi аттандырып тұрып: «Батырға сәлем айт. Ауыр iстi мезгiлсiз кезде бастапты. Жасы болса да ұлғайды. «Бастап салдым жұмысты, Алла оңғарсын бұл iстi» деген, бастап қалған екен, бiлiп отырмын, мен білетін Жанқожа болса, енді бетiнен қайта алмайды. Алдынан жарылқар Алла болғай. Жауы осал емес. Жамиғаты үшiн шыбын жанын шүберекке түйген екен, талабы оң болғай. Бұған дейiнгi түнгi ұйқым екi бөлiнiп келсе, ендi төрт бөлiнетiн болды. Iзiме ерген қарақұрым ел бар. Менi түсiнсiн. Арқандаулы аттай сол қабақ балаларын шыр айналып жүрген жайт. Өзiм мұнда болғанмен тiлегiм сонда. Пәленбай жылдан сүргiншiлiкте жүрген cоң бұт артатын көлiк атаулының сiңiрлерi де жiңiшкерген. Теңiздiң ала басын айналып баруға жарамас, теңiз ұстассын, жол түссiн. Мұз үстiмен өте шығатын кезде Қарақұлға бастатып, бес жүз жiгiт жiберемiн. Батырға соны айт» дедi. Есет ағамның сәлемi осы.
Жанқожа: (Ашуланып. Шорт терiс бұрылып).
– Кәупек неме... Пай-пай, Кәупек неменiң сөзiн-ай. Кеше өз басынан өтпеп пе едi? Осылардың мұзы қатсын, сонан кейiн көрермiз деп қарап тұратын салбөксе жауды қайдан тапқан? Мал бақпастың қирасы десейшi онанда! Талай тар кешуде тiлекке тiлек, бiлекке бiлек қосылып тақымдасқан туыс едi. Жау жағадан алғанда таяғын сыртынан салғаны ма? Шектi баласына бөлiнер не бар. Әу бастан қасымыз да, досымыз да бiр емес пе едi. Бүгiн өгiзге туған күннiң ертең бұзауға туып жатқанын өзi көрiп отырған жоқ па? Көтенге өкпелеген құлдай кәупек немененiң бұл не тайсағы. Жаудың бетiн қайтарып, жастап алатын жер, ағайынға қол ұшын берер бауыздау тұсы осы емес пе едi? Олай болса жатсын сол Борсығында жан бағып. Өзi жаққан отқа өзi жылынсын деген сөзi де бұл. (Пауза). Неге жылынбайын! Жылынамын. Бiздi туғанда да шешемiз қалжа жеген болар. Шақыр әлiгiлердi. Бiлдiк бәрiнiң де әуселелерiн. Қарайлайтын ешкім қалған жоқ. Ешкім.
Жаушы жүгiрiп шығып кеттi. Тұс-тұстан анталап Бекмырза, Итжемес тағы да өзге жауынгерлер қаптап шықты. Жау-жарақтары түгел. Бәрi қатулы.
Жанқожа: (Ашулы. Түнерiп).
– Аруақ! Аруақ! Бiрi мирық, екiншiсi сирық. Жаппар жанын жетiм жұртымның құрбандығына шалар жерде Жанқожаның жалғызсырар түрi бар. Бас көтерiңдер, аруақ! Қыл белбеулi қырық жiгiт, қыр мұрынды бiр жiгiт басқасынан келбеттi. Елдi жауға шалдырмай, кеседен жауға алдырмай Сырға қарай шұбыртқан хан Әбiлқайырдың жасауылы қара қазаққа қоныс алып берген, Киiкбай бабам, қайдасың? Ылғи сары бала ерiтiп, сары найза өңгерiп, еңку-еңку жер шолған Сарабданы сары тұлымынан сүйреткен, Сартай бабам қайдасың? Қос бiлегiн сыбанып, жауға жалаңаш шапқан, кәуiр аты аталса қаны қайнаған түп нағашым тама Есет қайдасың?
Бармыcыңдар аталарым Нұрмұхаммед пен Өтеген? Тәуекелге бел байланды. Көтерiңдер еңсенi! Азуын айға бiлеген, ақырғанда айбатың алты алашты күңiренткен, жарлы мен жақыбайдың панасы, Ақтан аға, қайдасың? Тұр орныңнан! Тынымсыз жүрiп түн қатқан қаһарынан дұшпан именген талай тар өткелде тайсалмай жауға ұрынған үзеңгiлесiм, тоқымтыққан Қыстаубай аға, сен қайдасың? Күңiрен де көтерiл көрiңнен! Бауыры үшiн барын салған, бар кезiнде бағы тайып көрмеген ер Дабыл мен Бажақ бауырым, қайдасың? Хандай боп халқын құраған, шын ашуы келгенде жауған қардай бораған, салтанатың кем емес, Нәрiктiң ұлы Шорадан, айғыр дауыс Таттыбай, дұшпанды еттей тураған, адал туған Мырзалы, қайратың асқан тумадан. Келер болсаңдар керек жерлерiң осы ендi.
Жұрт: (Жамырап).
– Аруақ! Аруақ! Аруақ! Аруақ! Тарықпаңыз, Жәке, бiз бармыз. Шүкiр, жұртың бар соңында. Қалың елiң тұр сыртыңда.
Бекмырза:
– Қалың қолың қаптап тұр. Тек бастасаңыз болды.
Жанқожа:
– Олай болса, болдық күтiп. Таң намазынан атқа қонамыз! Iңiр қараңғысынан дабылға дайын болыңдар!
Шығып кетті. Жұрт асығып дабырласып аруақтанып тарай бердi.
Төртiншi көрiнiс
Түн. Тiлмаш Ахмеров Мұхамедшәрiптiң үйi. Бұрышта бiлтелi майшам сығырайып тұр. Тілмәш жас
жiгiт. Татарша жинақы киiнген. Олай-бұлай кезiп,
бiреудi шыдамсыздана күтiп жүр. Есіктен қызыметші әйелдің сүлдесі көрініп, сыбырлағандай болды. Бұл «килсин, килсин», деді.
Сахнаға жан-жағына ұрлана қарап, ептеп басып Дүрiмбет кiрдi. Тiлмаш қарсы ұмтылды.
Мұхаммедхаcан:
–Ассалаумағалейкүм, әбзи. Ни бұлды? Ни шад-шу бу?
Дүрiмбет:
– Әлiксалам...
Мұхаммедхаcан: (Шыдамсызданып).
– Бұ қазақларың нигә кичкырышып яталар?
(Жан-жағына жалтақтап қарап алды).
Дүрiмбет:
– Ойбай, сұрамаңыз, ұлық. Iс насырға шапқалы тұр.
Мұхаммедхаcан:
– Абыржымаңыз, әбзи. Һичкум йоқ. Биздиң үйдә тышқан да қыштырдамин. Курмәдiңнi ишiк алдында күзәт тұрғанын? Немә итмәк шунда бұлар?
Дүрiмбет:
– Ойлары зор. Анау да мынау емес, Қазалыны шаппақшы.
Мұхаммедхаcан:
– Қазалыны? Крепостны ма?
Дүрiмбет: (Орындыққа жайғасты. Тізесіне салған қолын сермеп
қояды. Булығып отыр.)
– Анау Жанқожа деген көкқабаны алдарында. Онысы келеге келген бурадай көзi қызарып, елiрiп алған, тiрi жанға құлақ аспайды. Тоңмойын неме ғой. Бiр көтерiлмесiн. Көтерiлсе сол. Алған бетiнен адам баласы қайтара алмайды және өлер жерiн бiлмейдi де. Жан-жаққа адам шаптырып жатыр. Құдайдың зарын қылдым. О заман да бұ заман қыста ақ қар, көк мұзда жауға шапқан қазақ көрiп пе ең деп. Күннiң болып тұрғаны мынау. Аттар болса анау, сүйектерi қақиған. Мұздай құрсанған орыспен ойнама, жұртты жусатып аласың, обалы мойныңда қалады деп. Болмайды. Нағыз жөйт, қабан ғой. Тап көкқабанның өзi. Бұ тұрғанда дарияның ар жақ, бер жағы, осы маңдағы асан, үсен, жиеней, жолшара, өзiнiң құрманай, құттығы бар бәрi тайлы-таяғы қалмай көтерiлiп жатыр. Ошақ Қаракөл. Өтеген, Нұрымбеттiң жаны. Құжынаған әскер сонда. Кешегi мұжықтың шабылған басын шөмекейге жiбердi. Бұл кафирмен соғысты бастадым, адамыңды жiберiп, қосыл деген белгi, шарт. Жан-жаққа жаушы шаптырып жатыр. Мынау Хиуа, анау Қоқан Есетке де жаушы кеттi.
Мұхаммедхаcан: (Ыршып түсті.)
– Не дейдi? Көтiбаровқа ма?
Дүрiмбет:
– Иә, Көтiбардың Есетiне.
Мұхаммедхаcан: (Тілмаш аң-таң.)
– Есет қайда. Он же далеко. Ул дигәнiгiз диңгизнiң ар яғындағы Борсықта ятқан юқ мы?
Дүрiмбет:
– Ойбай, келейiн десе қазақтың атты әскерiне не тұрады. Екi түн ұйқыcын қиcа, орыс шарабын iшiп, өлеңiн айтып барқырап отырғанда мына Барсакелмес, Ұзынқайырдың үстiмен тас төбесiнен сау ете түcедi.
Мұхаммедхаcан: (Қолын артына қайырып тастап, олай да кезді, бұлай
да кезді.)
– Странно... Странно... Это уже серьезно. Қару-жарақтан ниләрi бар?
Дүрiмбет:
– Елушақты шитi мылтық. Кәдiмгi қылыш, найза да. Ал айыр мен кетпен-күрек қазақтың қай үйiнен де табылмай ма. Қару жетпегендерiнiң қолдарында сол. Сүйретпе мылтықтан да сасатын түрлерi жоқ. Ондайы Хиуадан келе жатыр.
Мұхаммедхаcан:(Шалға төне түсті.)
– Хиуадан? Пушка мы? Ну, наcтоящий темир пушка?
Дүрiмбет:
– Иә, пөшкi, пөшкi. Қашықтан доп тастайтын. Дәу. Зор мылтық.
Мұхаммедхаcан:
– Сонда Хиваға депеша кеткен ме уже?
Дүрiмбет:
– Айтып отырғам жоқ па. Кеткенде қандай. Жақай бастаған бiр палуан, екi алтынбай, бiр құрманай бес адам боп жолға түскенi қашан.
Мұхаммедхаcан:
– Джанходжа дигәнiң Хиуабилән как cказать... ну... враг... имәcмi? Дұшман. Дұшман.
Дүрiмбет:
– Бұрын жау болса, дұшпан болса, қазiргi жау – орыс. Орыс деген жау екеуiне де ортақ. Сүйретпе дәу мылтық соларда ғана. Әскерден қаншасын жiберетiнiн әзiр бiлмедiм. Айтпақшы, Ырғыз жақтағы төртқаралардан да төрт-бес жүз жiгiт атқа қонды деген хабар жеттi.
Мұхаммедхаcан: (Мүлде салқалақтап).
– Ну, это cамо собай разумеется. Кәрiндәшләр бит. Со стороны жены Джанходжы. Само собой. Это само собой... Да... Да... Дела нешуточные... (Қолын сыртына қайырып алып,тағы даәрлi-бiрлi кездi). Дела неважные... Это уже серьезно.
Дүрiмбет:
– Мен жүрейін. Қаладан жарық түспей шығып кетуiм керек. Қапыда қалмаcын деп... Осы хабарды берiп кетпекке арнайы келгем. Әлдеқашан жетуім керек еді. Қаптаған адам. Қия баса алмадым.
Мұхаммедхаcан: (Бұны есiтпей өзiмен өзi болып әрлi-берлi кезiп жүр).
– Қырылып қалмай тұрып тоқтатуға бұлмый мы бұларңы?
Дүрiмбет:
– Әй, бiлмедiм. Ұлықтар біледі оны. Жанқожа дегенiң жөйт қой, жөйт. Ұлық сөзіне көнсе. Бiр көтерiлдi екен, басылмайды. Айтып тұрмын ғой, және адам тыңдамайды. Гүбiрнатор кешегi бүлдiрген iсiне өзi келiп кешiрiм сұраса... сөйлессе... Анау қара жұмысшылардың маңдай терiн өтеп, пешке жаққан кiсiлердiң құнын төлесе, сонда ғана райдан қайтуы мүмкiн. Онда да ортаға ақсақалдарды, болмаса беделдi имамдарды салса...
Мұхаммедхаcан:
– Что ты... Что ты... Қулында фәләнмiң армиясы бар кiшi қазақның жаман қартыңнан кичiрiм сұрамақ па? При том он же не старшина, не есаул. Этому не быть. Иоқ, иоқ. Әйтмәңiз. Такому никогда не быть. Булмаячақ.
Дүрiмбет:
– Оны ендi ұлықтардың өздерi бiледi. Бiздiкi тек сұраған соң қазақша жолын айтқан. Мәмлеге келсiн деген.
Мұхаммедхаcан:
– Очень сожалею. Бушқа қырылып қалабит қазақлар. Буштан-бушқа. Шушы, әллә ушы дигән дүрicмi, қазақларға Һич түшiнмин. Ну, өлiп қалды бiрниши кiшi. Ну, солдат-казаклар дурачить итти от пьяну. Что им. Шына була мылтық алып, бунтаваит итугә була ма? Зря қырылып қалады деймiн. Зря. Сiз оған үзiгiз әйтмиciзни? Былай... Қойыңыз. Ғаскердi тарат деп.
Дүрiмбет:
– Айтуы айтылған, бiрақ бұ тұрғанда бас кетедi. (Мойнын қолымен қиып көрсетедi). Орыспен байланысым бар екенiн бiлсе, менi Жанқожа... (Қалай асып қоятынын көрсетедi). Кеттiм о дүниеге. Әсiресе ашу үстiнде. Бисимилла рахман, рахим. Cубхан Алла! Cубхан Алла! Құдай ондайдың бетiн аулақ ете көр!
Мұхаммедхасанның ойы мүлде басқа жақта..
Мұхаммедхасан:
– Iш имәс бұл. Iш имәс. Нехорошо это. Очень нехорошо.
Дүрiмбет:
–Кеттім.
Мұхаммедхаcан: (Ендi ғана есi кiрiп).
– Спасибо. Спасибо. Бик рәхмәт ciзгә. Урыс власты сiздиң яхшылығыңызны Һич уахытта ұнытмаячақ. Я доложу начальникам. Айтпақшы, чуть не забыл.
Тілмаш қалтасынан ақша алып, Дүрiмбетке бердi. Бұрын да талай алып жүрген кәнiгi адам қырын қарап тұрып көздi ашып-жұмғанша жып еткiзiп iш қалтасына тыға салды.
Дүрiмбет:
– Мен сол қазақтарымның араларыңда жүре беремiн.
Мұхаммедхаcан:
– Старшина исәбiндә, әлбәттә. Шулар уртасында буласыз, әбзи. Булiнiп қалсам башымды алалар дип тұрған юқcықмы үзiгiз?
Дүрiмбет:
– Ол рас. Раc-ақ.
Мұхаммедхаcан:
– Да, так. Шулай итәciз. Башқача итiп булмыc. Все по-прежнему. Шул урында жүре бирiңiз. Ақсақал рәтiндә де, ну как многочисленный ру рәтiндә дә юлыңыз үлкән. Ту ұстау хұрмәтi сiзгә лайық. Иciңiздә қатты тұта тұрған нәрcә, әбзи, туды нихәтлi ұзақ тұтып тұрған сайын қазақ шул хәтлi көп қырылмақ. Сiзгә бик, рәхмәт. Бик рәхмәт. Хызмәтiңiзнi власть юғары бағалайтын булад. Мынабiр исти тындырып алажақ. Орынбор начальниктерiне узiм доложить итәм.
Дүрiмбет:
– Менiң мұнда келгенiмдi Сiзден өзге ешкiм бiлмейтiн болсын.
Мұхаммедхаcан:
– Әлбәттә. Әлбәттә. Уз башығызға Һәм хәуф юқ. Тырышлығыңыз Һич қайчан ұнытылмаячақ.
Дүрiмбет:
– Тiрi жан.
Мұхаммедхаcан:
– Құп. Так и будет. Әйтқәнiм исiңiздә булсын, әбзи. Қазақлар көп қычқырышып буштан-бушқа қырылып қалмасыннар.
(Қонақты есiкке дейiн шығарып салды. Қатты абыржып қалған.)
У... у. Қазақлар-ай. Қазақлар.
Бесiншi көрiнiс
Сахна ашылғанда мүлгiген қалың тұман. Қою қараңғылық. Оң жақта екi-үш жолми қостың сүлбесі көрiнедi. Iшiнде өлiмшi пiлте шам жылтырағандай. Оның арғы жағы тұтасқан қос екендiгi емiс-емiс бiлiнедi. Күзетте тұрған жасақтардың көлбеңдеген сүлбесi. Сахнаның төрi қалың қамыс. Беріде төбешік. Аттан жаңа түскен қамшылары бүктеулi, шалғайлары белдерiне қыстырулы екi шабарман жетті. Асығыс.
Шабарман:
– Жәке! Жәке! Батыр! Кiм бар-ау! Тездетiңдер.
Қос iшiнде мылтығына сүйенiп, мүлгiп отырған күзетшi орнынан ұшып тұрып, берi ұмтылды.
Күзетшi:
– Жайшылық па?
Шабарман:
– Суытпыз. Тез. Батырға хабар бер.
(Күзетшi жедел басып, әрi кеттi де сол жақтан Жанқожа көрiндi.)
Шабарман:
– Жау келе жатыр, батыр!
Жанқожа:
– Қай жерде көрдiңдер?
Шабарман:
– Қаптап Арықбалыққа құлады.
Жанқожа:
– Қанша әскер?
Шабарман:
– Бiле алмадық, батыр. Күннiң болып тұрғаны мынау, көзге түртсе көргiсiз. Қамысақты жермен ептеп-ақ жылыстап келеді. Сәл болмағанда тап оcылай тұмсықтасып қала жаздадық.
Жанқожа:
– Төлеутай қайда?
Шабарман:
– Соны айтайын... Дымымызды iшiмiзге тартып аса сақ еппен-ақ келе жатсақ, осындай таяқ тастам жерден қамыcтың cытыры, cонан кейiн бiреулердiң сүлбасы аңғарылады.Тұра қалдық. Байқасақ, жалғыз-жарым да емес, әскер үн-түнсiз ым-жымын бiлдiрмей мысық табандап жылыстап келедi. Нудың iшi тұтасқан жау. Сынған қамыc пен cулықтың сылдырын құлақ шалмағанда, тап оcылай құшақтаса кетуге аз-ақ қалған екенбiз. Арғы жағы нөпiр. Хабар жеткiзуге дереу берi тарттық. Төлеутай қамшылар жақта келе жатқан. Бәрi бет түзегенде бар болатын. Былай шықсақ, жоқ. Жау түсiрiп алды-ау, шамасы. Қарайлауға мұрса болмады.
Жанқожа:
– Атып құлатты ма?
Шабарман:
– Жоқ, оқ шығармады. Бізді сезіп қалған атты әскер патырлатып тұра ұмтылды. Не де болса солар түсіріп алды. Тым-тырыс жыландай жылжып келедi, әйтеуiр. Анығы сол, әне.
Жанқожа: (Қасындағы күзетшiге)
– Дабыл қақ! Тұрғыз жiгiттердi! Дереу атқа қонсын! Күлбарақ, Бекмырза, Итжемеc, Дүрiмбеттердi бермен жiбер. Жедел! Болыңдар! Тездет!
(Дүңгiрлеген дабыл қағылды. Сахнаның арғы жағы дүр сiлкiнген. Таң алдындағы тәттi ұйқыда жатқан қалың қол дуылдаса тез көтерiлдi. «Аттан! Аттан! Тұрыңдар! Жау кеп қалды! Жау! Жау! Аруақ! Аруақ!» деген дауыстар шығады. Абыр-cабыр cауыттарын киiп, саймандарын асынған ала-құла қаруланған сарбаздар бiрiнен кейiн бiрi көрiне бастады. Оншақты шитi мылтық, сауыт-саймандары бар, қылыш, найза, айбалта ұстаған. Әйтеуiр алабажақ, жұпыны. Қолдарында мылтығы жоқ, кетпен, айыр, балтамен қаруланған жалба тымақ шаруалар да тұр. Бекмырза, Итжемеc, Құлбарақ, Дүрiмбеттер алға озды.)
Жанқожа:
– Iздеген жауларың өзi келдi. Итжемеc, сен мына қаруы сай жiгiттерiңдi бастап оң қанатымда бол. Алға барлаушы жiберiп ал, арандап қалма. Кешегi Қарауылтөбедегiдей дұшпанның есiн жиғызбай лап қойып, жайпап қайту амалын жаса. Қалғанын жағдайға қарай тағы айтамын. Құлбарақ, сен мына қару-жарақтары кемшiн, сауыттары жоқ жасақтарды сол қанатымды ала сыртта кейiндеу ұста. Бұйрықты күт. Атыз-жап, қалың қамысты пайдалан. Бекмырза, сен маған жақындау бол. Дүрiмбет, сен де. Туды жеткiз.
Жауынгерлердiң бiрi салтанатты ақ туды алып шықты.
Бекмырза:
– Туды кiм ұстайды, батыр?
Жанқожа:
– Туды ұстайтын өзім.
(Алып келген туды өз қолына алып, маңдайына тигiзiп сүйдi).
– Биссимилла! Уа, жаратушы Алла, ақ ниетiмiздi аяқасты етпеғайсыз! Уа, Аруақтар! Қолдай көрiңдер.
(Жұрттың қолдаған дауыстары:)
– Әруақ!Әруақ!
Шағырай:
– Мен қай жағында боламын, батыр?
Томашадай шағын кici. Қолында айырдан өзге түгi жоқ. Киiмi тым жұпыны, аяғында шарық, белiн тұсаумен буып алған. Кеңiрдегi сорайып өңмендей ұмтылып тұр.
Жанқожа: (Бас-аяғын шолып )
– Қаруың бар ма?
Шағырай:
– Мiне! Жастығымды ала кетуге бұл аз ба?
Жанқожа:
– Атың қайда?
Шағырай:
– Бар болғаны бiр өгiз. Қай баласына сауын қылатынын қайдам, оны да қатын бермей қалды ғой.
Жанқожа:
– Сен осында қал да малшы, аспаз жiгiттердi жаныңа ап, қостарды жинастыра бер. Аяқ астында қалмасын. Мал-жан қазан-ошақты дария жаққа ығыстыра беріңдер.
Шағырай:
– Құп болады, батыр. Сөйтемiз.
«Алла! Алла! Уа, аруақ!», деген дауыстар арғы жақтағы кісілердің үндерімен тұтасып зорайып шығады. Жауынгерлер жедел басып ұрыс даласына бет алған.. Жалғыз қалған Шағырай.
Шағырай:
– Құдайдан тiлек тiлейiн. Жетiмнiң де көз жасын көрiп, зарына құлақ салатын көкте де бiреу бар шығар. Батырым, жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын. Мединеде Мұхаммед, Түркiстанда Қожахмед бар киелi аруақтар, қолдай көрсiн. Жарлы мен жақыбайдың, жетiм мен жесiрдiң қорғаны ең. Кедей-кепшiктiң жыртысын жыртып, бейшараларды қатарға қосамын, кеткен үлесiн алып беремiн деп, көкiрегiңдi қалың қорғасынға тосып, cоның iшiнде менiң қыршын кеткен құлыным – Айдарбегiмнiң де кегiн алып бергелi атқа мiндiң. Қайберен қырық шiлтен, пана бол. Өзiң аман бол, батырым. Iзiңе ерген қалың қолың аман болсын. Алла мұсылман мерейiн үстем ете көр. Жаудың жағасын жыртып қайт. Алдыңнан ай, соңыңнан күн тусын, батырым. Әумин.
Жылқының кiсiнеген дауысы есiтiлдi. Қол әумин деciп жорыққа жылжыды.
Шағырай: (Жерге симай жүр).
– О, құдай, Жанқожаға жар бола көр. Батыр олай-бұлай бола кетсе, бiз тәрiздi пақырдың күнi не болмақ.
Қостың бiрiнiң жанына барып, бұза бастады, бiрақ қолы iске барар емес. Алаң. Екi құлағы әлiгiлер кеткен жақта. Солай қарай жүгiрді. Төбе мен қостың екi ортасында тағат таппай әрлi-берлi зымырап жүр.
Арғы жағында ұрыс жүрiп жатыр. Олай-бұлай шапқан ат дүбiрi. «Алла! Алла!Бақтыбай! Бақтыбай! Жанқожа! Аруақ! Уа, аруақ! Ұр! Соқ! Орағыт! Таптап өт! Жанқожа! Алла! Алла!» – деген ұран, дауыстар атылған мылтық дыбысы есiтiлiп тұр. Мұрынға түтiннiң иici келді. Бұл уақытта аспан астын күннiң саржағал сәулесi жалап, айнала жарық бола бастаған.
Шағырай. (Зырқырап жүгiрiп төбеге шыға келді. Ұрыс даласына қара).
– Әп, бәрекелдi. Басталды. Қапта, қазақ, қапта! Оң жағынан. Оң жағынан деймiн. Сол жағынан деймiн. Маңдайынан деймiн, қақ маңдайынан. Дұрыс. Бәсе сөйт. Аяма! Аяма деймiн кәпiрдi! Таптап өте шық! Шап! Басынан шап! Қап! Мына қатынның атпал азаматын жауға жаяу жiберiп қылғанын-ай! Азары өттi-ау жаман ғана нәлеттiң. Осыдан жауды жеңiп барайын. Сол өгiзiңе терiс мiнгiзiп төркiнiңе апарып тастамасам бар-ау Шағырай атым өшсiн.
Ұрыс даласы жандана бастады. Ендi тарс та тұрс атылған мылтықтың қою дыбысы есiтiледi. Аласапыран.
– Әп, бәрекелдi! Қызайын дедi. Қызды. Әп, бәсе сөйтсеңдершi. Ұшыр. Әнеу, әрлi-берлi құйғытып жүрген ақбоз атты қайсысы? Құлбарақ қой. Әп, бәсе. Шап! Кес! Әттең, өзiм болғанда ғой. Бұлардың менi қосқа байлап тастағандарын көрмейсiң бе? Ат! Сұлат!
Бәрiн өзi бiтiрiп тұрғандай төбеде екi қолын олай-бұлай сермеп жұлқынады.
– Маған бiр-екеуiн бiрмейдi-ау. Шықшытына басбармақты сұғып жiберiп... былай... өйiстiп, әй, бiр өшiмдi алар ем. Қап, айтпаппын-ау жаңа бәрiн қырып салмай бiр-екеуiн тiрiлей алып кел деп.
Сақылдаған cуық қарудың дыбыcы есiтiлгенде Шағырай зырқырап берi қарай құлдырай қашқанын бiлмей қалды. Көзі аларып кеткен.
– Ойбай, көтек! Мынаусы не пәле. Бұнысы да мылтық па? Мұздай темiр ғой. Түу нәлеттердiң қаптап кеткенiн-ай. Орынбор, Ақмешiт, Ырғыз, Қазалыда орыс қалмаған ба тегi. Бәрi осында жүр ғой, ә? Әр қамыстың түбi бiр орыс боп кеткен бе? Әкелерiнiң асына келе жатқандай тайлы-таяғы қалмай түге.
Зеңбiректiң әупiлдеген ауыр дыбысы есiтiлдi. Зiркiл төрт-бес рет қайталанды. Шағырай найзағай ойнап тұрған жоқ па деп аспанға қарады. Бұның не екеніне түсінбей аң-таң.
– Ай, мынаусы не пәле тағы? Ойбай-ау, мынауың доп ататын дәу мылтық қой. Күркiреп тұрған күн бе десем. Қой, әй, адамның төбесiне түсiп кетер. Ойы...ба...й! Жiгiттерге тиiп кетпесе қайтсiң. Алдымен былай жекпе-жекке шығып, дұшпанының жүзiн көрiп, шама көрiсiп алмай ма? Ай, кәпiрмiсiң деген. Ай, кәпiр. Арам соғыс қой бұл. Арам. Қорғанына көтiн тығып тұрып доп атқаны несi. Шықсын былай ашық майданға. Қылыштассын. Найзалассын. Жекпе-жек. Көрейік сонан кейiн әуселесiн.
(Жұлқынып қылыштасқан, найзаласқан боп өзімен өзі әуреленіп тұрғанда жасауыл жаралы бiреудi сүйемелдеп алып келе жатты).
Шағырай:
– Мынау не, ә? Неғылған?
Жауынгер:
– Көрiп тұрған жоқсың ба? Оқ та тиген да.
Шағырай:
– Ойбай, не дейдi? Оқ тиiп жатыр ма? Ту көрiнбейдi ғой. Ойбай-ау ту қайда? Ту? Батыр қайда?
Жауынгер:
– Батырға доп түсiп, аты мертiгiп, өзi жарақаттанып қалды. Сүйегiм осында қалатын болсын деп майдан ортасынан шықпай тұр. Итжемеc, Бекмырза, Құлбарақтар батырды алып шығамыз деп ат алып кеттi. Көлiк қайда?
Шағырай:
– Ойбай, Не дейдi? Сорлап қалыппыз ғой. Сонда мен неғып тұрмын бұл жерде. Кеттiм сол жаққа. Мыналарыңа өздерiң ие болыңдар.
Шағырай айырын сығымдап ұрыс даласына қарай құлдыраңдайжөнелдi. Жаралы екеу қос жаққа өттi. Сахна бос қалды. Алыста ұрыс жүрiп жатқаны бiлiнiп тұр. Көпшiлiктiң шуылы. «Аллалаған. Бақтыбай! Аллажарлаған, Жанқожа! Жанқожалаған!» дауыстар бәсең есiтiлдi.
Сахна сыртынан жылқының ышқына кiсiнегенi оңаша, құлақ шалып, оқшау есiтiлдi.
Жанқожа: (Дауысысақылдап ап-анық)
– Қысылғанда қанатым, жауға шапқанда жарағым, талай жыл жанымдай жолдас болған пырағым адал мал едi. Жаны қиналмай адал өлсiн, ана атты шалыңдар. Мауызда! Шал құрбандыққа!
Жылқының ышқына шұрқырай кiсiнегені.
Жанқожаның
дауысы:
– Кәрi сүйегiмдi қайда сүйреп бара жатырсыңдар? Алла аманатын зайыр өлiмiнде алса деген соңғы тiлегiм едi. Оны да қимайсыңдар ма? Босат. Қайда апарасыңдар деймiн! Таста менi. Маған иман қисаңдар, өлер жерiм осы. Осы деймiн менiң ажалымның жеткен жерi. Берiңдер маған зайыр өлiмiн.
Адамның төбе құйқасын шымырлатқан жылқының кiсiнеген дыбысы қайта есiтiледi. Бұл иесiн iздеген, иесiнiң басына қауiп төнгенiн сезген қасиеттi жылқының кiсiнеуi.
Бiр кезде ол да бiрте-бiрте бәсеңдеп барып тынды. Сахна сол күйi ашық. Бiр сәт, шамамен екi-үш минут, шыбынның ызыңы есiтiлетiн өлi де үрейлi тыныштық. Тым-тырыс. Ұрыстың сәтсiз аяқталғанын сездiретiн қайғылы, зарлы жоқтау саз. Сонан тағы да тым-тырыс, азалы тыныштық.
Қаракөлеңке. Қазақ жауынгерлерінің жұрты. Қостар. Жолми. Асығыс тастап кеткен мүліктер. Арғы жақтан әскери пiшiндегi, бес қарулары сай, қылыштарын жалаң ұстаған, зеңбiрек сүйреткен, винтовкалары бар, мұрттары едiрейген ұрынарға қара таппай келе жатқан кәдуiлгi есер казактар қаптап шыға келдi. Алдында офицер. Олай-бұлай одыраңдап қосты көрiп, саусағын шошайтып қолын сермедi. «Сжечь». Казактар қостардың жанына барып, олай да бұлай тепкiлеп, жолмиды өртей бастайды. Өрт ұласа келе бүкiл дала қып-қызыл болып кеттi. Адам қарасы жоқ.
Бәрi тынышталып, бiрте-бiрте жарық түсiп, айнала толық көрiнетiн кезде сахнаға орыс әскерiнiң подполковник пiшiнiндегi Елiкей көрінді. Тоқмейiл майманасы тасқан, «өзiңе де сол керек», – деген мағынада алшаң басады. Қолын артына қайырып алып, өртелген, тоналған жұртты байқастап көңілі тасып әрлi-берлi кезiп жүр.
Алтыншы көрiнiс
Сахна ашылмас бұрынғы тыныштық. Сахна сыртынан.
Дауыс
«Совершенно секретно. Оренбургской пограничной комиссии.
В конце текущего апреля или начале мая из Оренбурга и крепости Орской высылаются в степь две трехсотенных отряда, которые по соединении в Карабутаке поступят под начальство Оренбургского казачьего войска подполковника Плотникова и направляются через Уральское укрепление к пескам Малые Барсуки для наблюдения за действиями мятежников Джангужи Нурмухаммедова и Исета Кутебарова, а также для захвата соучастников их в мятеже, где только таковые будут открыты. Поэтому предлагаю Пограничной Комиссии доставить своевременно подполковнику Плотникову списки виновных в соучастии с Нурмухаммедовым и Кутебаровым ордынцев, с указанием по возможности месте их настоящего пребывания и таковые же списки представить мне.
Генерал-адьютант граф Генерал-губернатор Оренбургской и Самарской губернии, командир отдельного Оренбургского корпуса Перовский. 28 апреля 1857 года. №716. Город Оренбург».
Ауыл сырты. Алыста мал қора. Берiректе киiз үйлердiң нобайы.Жайбарақат. Мамыражай тіршілік тәрізді. Елікей қолын сыртына салған. Маңғаз. Оңаша. Қасында Сейіл. Сахнаға екеуі жайбарақат әңгiмелесiп шығады.
Елiкей:
- Кiшкене Шектiлердiң мешiн жылғы бас көтерiлiсiнен кейiн ел iшiнiң ойран-ботқасы шығып, жұрттан береке кеткенiн өзiң бiлесiң. Содан берi cанcырап қалған халықтың әзiр қалпына келер сыңайы жоқ. Ерсiлi-қарсылы босқан жұрт. Оңтайы келген соң ұры-қары cемiрiп, ұрттары майланып қалды. Олай барсаң да талау, бұлай барсаң да талау. Қара қазақ Хиуа мен Қоқаннан береке табам деп солай қарай ағылып едi. Тұмсықтары тасқа тидi. Бұлардың да хандары құтаймай, оның үстiне текежәумiтпен араларындағы текетiрес ушығып тұрғанда босқан қазаққа қарамақ науқар қайдан болсын, байтал түгiлi бас қайғы. Халықтан да орыс өкiметiне шағым көп. Шекара ұлықтарының қазаққа деген күмәнi қалың. Бұларға да сын жоқ. Ел iшi екi дайып болған соң қайсысы шын қызметте, қайсысы күндiкшi екенiн айыра алмай, басқан әрбiр қадамыңды аңдып, екi қарап бiр шұқитын болды. Cөйтiп, Әлiм балаларының кеciрiнен бүкiл қазаққа cенiм кеттi. Оның үстiне, өзiң де бiлесiң, әсiресе орыс бекiнiсiнен шалғай жатқан Хиуа мен Коқан, Қызыл iшi, Ноғай жолы жақ, теңiздiң қолтық-қойнауы тым мазасыз. Қашан да күштiнiң дүмi диiрмен тартқан емес пе. Байқаймын, осыны бiр сiңiрiп алса, орысыңның тояттайтын түрi жоқ. Әлi де бесқалаға қарай озбақ. Жұрттың мiнез-құлқы мен жер жағдайына қанықсыз ғой деп, бiрiне-бiрi алакөз осы үш елдiң арасындағы тыныштық ақуалын маған тапсырып едi... Мына Қызылдың қалыңы одан-бұдан қашқан-пысқан ұры-қары, бықыған барымташы. Арғы жағы сарт, қарақалпақ, түрiкпен, бергi жағы қазақ боп cапырылыcып жатыр. Оңтайына қарай із тастап бiрде әрi, бiрде берi өтедi. Бұлар да бұлғақты ұтымды пайдаланып тұр. Бүлiк көп. Олжашылар адам талғамайтын болды. Тiршiлiк жұртты жатқыза ма, олай-бұлай cабылған керуен. Әсiресе, мына Бөрi мен Аманқожа қылықтары ерекше көзге түсiп тұр. Тiсiңнен шығушы болмасын. (Жан-жағына қарап). Тек өзiңе сыр ғып айтайын дегенiм ат басын сол жаққа бұрмаққа оқталып отырмын. Жай да емеc. Ұлықтардың аcтыртын тапcырмаcымен... Дүркiн-дүркiн жанcыз жiберiп, баукеспелердiң өрiстерiн анықтап алғам. Ендiгi қалғаны соларды қолға түсiрiп, онсыз да шырқы кетiп тұрған ел iшiне сабыр беру. Кешегi бүлiкте Жанқожа ерiп Боқан тауына асқан қараборбай әлiмдер де орыс өкiметiнiң аужайын бағып, берi қарай үздiк-создық жылыстап келе жатқан көрiнедi. Билер орыс өкiметiне адам салып, тамырларын басып тұр. Ана жақтан барақат таппаған ылғи жатақ ұлықтар кешегi бүлiкке кешiрiм етсе, биылғы егiндерiн осында салмақшы.
Сейiл: (Жұлып алғандай).
- Жанқожа да ма? Ә, қақбас. Ә, қақбас.
Елiкей: (Жайбарақат).
-Айттым емеc пе. Қолтығына алар-ау деп дәмеленiп барған Бұқардың қазаққа қайбiр ет бауыры елжiреп тұр. Тақ таласы топалаңынан оларда да жұртқа қарарлық мұрса жоқ. Бұл тұрғанда қаңғыған қазақ түгiлi өз қотырын өзi қасуға да қолдары қыcқа. Түнде келген кiciм ауыл-ауылмен ерулеп берi жылысып келе жатқандардың iшiнде батыр да бар деп кеттi. Алдына Құлбарақ, Итжеместердi салып созылып келе жатқан үздiк-cоздық көштiң орта белiнде екi-үш күн ерулеп, аңыcын аңдап қайта көшiп жылыстап келе жатыр. Бұл тұрғанда Қызыл iшiнде.
Сейiл: (Қызынып).
- Олай болса, мен де қалмайын, сұлтаным. Жiгiттерiм дайын. «Қанды басың бермен тарт» деп қару-жарақтарын сайлап, сәтiн күтiп отыр. (өзiне өзi кiжiнiп). Ол қақбастан есе қайтарар тұс, мiне, осы.
Елiкей: (Ештеңе елемеген тәрізді жайбарақат)
- Cендердi Арыстан сұлтанның алдына жүгiнiп, Байқадам ағамның құнын алды, сөйтiп кiшкенелермен баталасты, бiтiстi деп есiтiп ем... Әлi де қойындарыңда таc жүр ме?
Сейiл:
- Сұлтаным-ай, ол бiр шалдардың езбесi да. Байқадам cияқты көкемнiң құны қанға қан алмай, сырты түктi, iшi боқ мал-текемен бiтушi ме едi.
Елiкей: (Ыңыранып).
- Шынымен кек қайтармай тынбауға бел байлап па ең? Бұл шын тоқтамың ба?
Сейiл:
- Ойбау-ау, не дейдi? Сол iстiң ығытын келтiре алмай күндiз күлкiм, түнде түсiм бұзылып жүргем жоқ па? Осындай оңтайы келiп тұрғанда кiрiспесем менiң кiм болғаным.
Елiкей: (Бұған барлай, сынай қарап)
- Мынауың шынымен бел байлаған адамның сөзi ғой.
Сейiл:
- Бел байланатыны–қан қарайған. Ол туған анадан мен де туғам.
Елiкей:
-Тоқтамың шын болса, iстiң ың-жыңсыз бiткенi жақсы. Қазақтың сөзi де, құлағы да ұзын. Құйрыққа қоңырау байланған адамcың. Әзiр қазық байлаған ойым – осы жерден дабыра етiп, мен сенi қосыныма қоса алмаймын. Сенiң көкейіңдегі шаруа жөнiнен орыс өкiметiнiң тамырын басып көргенмiн.
Сейiл:
- Иә, бұлар не дейдi?
Елiкей:
- Орыс дегенің кегiн ұмытпайтын жұрт қой. Патшалыққа бұ тұрғанда керегi тыныштық. Ол үшiн бас бүлiкшiден құтылғанды қош көредi, әрине. Жанқожаның көзi тiрi тұрғанда мына кiшкененiң арпа батырларының желi басылмайтынын неге бiлмесiн. Бұ тентектерiң тағы бiр ығыты келгенде патшалықтың мазасын алуы әбден мүмкiн. Мұқият болғайсың. Дабыралауға жағдай көтермейдi. Сен мейлiң, сенбе мейлiң, қара халықтың тiлегi Жанқожа жағында. Болмашы қате iстен-ақ жұрттың әнi-мiне қайта көтерiлiп кетуi бек мүмкiн. Сен кектi адамсың. Түсiнiп тұрмын. Бүкiл табынның маңдайындағы жалғызы арыстай Байқадам әкеңдi құнсыз кеттi дегiзгiң келмейдi. Кектi адам қашан да ақылын ашуға жеңдiрмек. Ашу арты - айқай-шу, дау-дама. Көкiрекке шемен боп қалған iстi бiтiру үшiн дабыралай берудiң қажетi жоқ деп тұрғаным сол. Ел дүрлiгiп кетедi. Ел... Мен бiлмеймiн, бiлетiн тек өзiң ғана. Жауыңның төбесінен түсірейін. Одан арғыcы өз еркiңде.
Сейiл:
- Сол қақбасты бiр көрсем деп ем. Оңтайына келуiн қарашы, сұлтаным.
Елiкей:
- Шын тоқтамың осы деп түйiп тұрмын.
Сейiл:
- Ердiң сөзi бұл. Бiз туғанда да шешемiз қалжа жеген.
Елiкей:
- Олай болса, былай ет... Сен ентiкпе. Ұғып алғын. Ең бастысы менен аулақсың.. Менi бiлмейсiң. Адамдарымның басы сол жақта. Екi аптаның жүзi болды, бiрi мал қараған, ендi бiрi нағашысына сәлем берген боп қара көбейтпей жалғыз-жарым, екеу-үшеу Қызыл iшiнде шашырап астыртын барлауда жүр. Мен уағда байласқан келесi сәрсенбiнiң сәтiне барғанша кiмнiң қай жерде отырғанын, кiмнiң немен айналысып жүргенiн алақанға салғандай анықтап қояды. Өзiм күнi ертең іңір қараңғысынан қарулы жаcақпен шыққалы отырмын. Жадыңда болсын, менiң бұйымым Бөрi төре мен Аманқожаны өкiметке тапсыру. Менде өзге ой да, мақсат та жоқ. Егер сен маған қосыламын десең, арғы күнi алаулатпай-жалаулатпай түн жамылып шығасың. (Пауза). Жоқ қарайсың. Екi үйiр жылқыңды әлдебереулер айдап кеткен. Жоғың сол. Iз кесiп жүрсiң. Қаруларыңды жан баласы көруші болмасын. Адам қарасы үш-төртеуден аспасын. Саған сол жетедi. Жiгiттер менде. Ол жақта жасанған жау жоқ. Азып-тозып iри көшiп келе жатқан жұртта не қауқар болушы едi. Бұл тұрғанда Жанқожа оңаша. Бiзге керегi де сол емес пе.
Сейiл:
- Мақұл, сұлтаным. Мақұл. Бұл амал ақылға әбден қонып тұр.
Елiкей:
- Байланысшың келесi аптаның сәрсенбiсiнде Сараман Қоса маңынан табылсын. Астыртын адам жiберiп, алдырамын. Солай бет түзеп, атқа қонатын күндi айтатын өзiм.
Сейiл:
- Құп, сұлтаным. Құп.
Елiкей:
- Уәде құдайдiкi.
Сейiл:
- Е, сәтiңнен. Қанды басың бермен тарт. Тарт бермен! Тарт!
Екеуi екi жаққа кеттi.
Жетiншi көрiнiс
Жұлдыздар сиреп, таң сiмерленiп атып келе жатқан алакеугiм шақ. Сахнаның төрiнде емiс-емiс саржағал бояу. Мамыржай бейқам тыныштық. Төрде жалғыз жұпыны қараша үй. Үскiрiктiң ышқынған зарлы дыбысы бiр үзiлiп, бiр жалғасып, талып есiтiледi. Бiрте-бiрте жарық түсіп, жан – жақ еміс – еміс көріне бастады. Үскiрiк тартып отырған Жанқожа екен. Төрде отыр, көзi жұмулы, малдас құрып алған. Жүрек суыратын зарлы да мұңды әуенге ұйыған.
Ағаш кiреуетте киiмшең бүктелiп жатқан Қанiкей басын көтердi.
Қанiкей:
- Ойпырмай, сай-сүйектi сырқыраттың ғой. Құдайдың таңы алдында тыным алсайшы ең болмаса. Соншама гөй-гөйлететiндей не болып қалды? Үшiншi күн өрелi таңды көзiңмен атқардың, не өзiңе не cырнайға тыным бермей. Күндiз күлкi, түнде ұйқы тағы жоқ. Нәр де сызбадың. Ендi бiр үш-төрт ерулесек, суы зәмзәм, ауасы бал, қайран атажұрт Сырға да құламаймыз ба?
Қайран туған жер деcейшi... Қарсы алдымнан Сырдың самалы есіп тұрғандай. Әр қадам аттаған сайын қолтығымның астына қанат біткендей.Жақындаған сайын көкiрек сарайым ашылып, тынысымның кеңейiп келе жатқаны ғой. Ауаcы қандай, cуы қандай бал еді. Құдай бұйыртса, ел-жұртқа қосылып, абысын-ажынмен көрiсiп, талайдан бергi бойға қордаланып қалған шемен-шерден де арылармыз әлi. Зарлатпашы мынаны. Қосты жығамын ба, қайтемiн? Көтерiлейiкшi. Жылыстай берелік. Елге жетелiк тездетiп.
Жанқожа: (Үскiрiгiн былай алып қойып).
- Шағырайдан хабар болмады ма?
Қанiкей:
- Әлi жоқ. Мойны алысқа түсiп кеткен да. Құс десе жанын беретiн сорлы неме әлдеқалай тұйғынын қайтара алмай жүрген болар. Әйтпесе, осы құдайдың қара суығында далаға түнейме... Ұры-қарыдан аман болса әйтеуір.
Жанқожа:
- Туған жерiңе де жетерсiң. Тума-жекжатыңмен қауышып, қағанағың қарық, сағанағың сарық та болар әлі... Кегi кеткен кәуiрдiң қол астында қалған қара орман жалаңаяқтарда не күй бар дейсiң. Жетiм лақ тасбауыр, маңырар да отығар. Жетiм жұрттың күнi сол да. Сырты бүтiн, iшi түтiн, шықпа жаным, шықпамен отырған болар. Басында баспанасы, алдарында малдары жоқ босқын пақырларда не жағдай бар деп ең. Қой дейсiң. Ал мен қоя алмаймын. Гөй-гөйлеп отырған мен емес. Менi гөй-гөйлетiп отыр ғой. Әлдебiр қолайсыз сарынның құлағымнан кетпей қойғанына үш күн. Зарлап жанымды жегiдей жеп, жүрегiмдi суырып барады. Мұның не аңырау, не боздау екенiн өзiм де бiлмеймiн әлi. Түсiнбей отырмын. Әйтеуiр, бiр сұм сарын бар. Кәуірдің қорғасын оғының астында қалмай түбi ел аман болса неттi. Тәңiрiнiң таңы атсын. Көтерiлcек көтерiлейiк. Қайбiр көше алмай жатқан керуенiң бар еді. Үлгiрерсiң. Оған дейiн Шағырай да жетер кеудесiнде жаны болса.
Қанiкей:
- Дәрет суыңды жылытайын.
Орнынан тұрып шығып кеттi.
Жанқожа үскiрiктi қолына еріксіз қайта алды. Зарлы әуен бiразға дейiн есiтiлiп тұрды да әсте-әстелеп бәсеңсідi.
Қараңғылық бiрте-бiрте cұйылып, аспан асты саржағалдана бастады. Жарық түскенде айқын көрiндi Жанқожаның үстiнде ақ көйлек, басында тақия, бұтында ауы салбыраған кең ақ дамбал, аяғында мәсi. Сырттан келiп, құманын босағаға қойып, жайнамазын жайып, таң намазын оқуға ыңғайлана бердi.
Алыстан ат дүбiрi, әзiрге анық емес кiсiнесiп шуласқан жылқы дыбысы емiс-емiс есiтiледi. Үрейлi, шулы дүбiр, суыт жүрiс бiрте-бiрте жақындап келе жатыр. Абыржулы Қанiкей қосқа далақтап асығып кiрдi.
Қанiкей:
- Шал-ау, әлдеқалай дүбiр есiтiледi. Айқай сала ма, құдай-ау, беймезгiл уақта. Құлағыңды салшы. Әне. Әнекей. Жақындап келе жатыр. Ұрандай ма, құдай-ау... Шу бар, әйтеуiр.
Жанқожа:
- Ұрандайды дейсiң бе? Қызыл қияда iңiр қараңғысында неғылған ұран? Не деп ұрандайды сонда?
Қанiкей: (Құлағын сыртқа тосып).
- «Дөйт!Дөйт!» дейдi.
Жанқожа:
- Ә, онда керуен торып ерiгiп жүрген шөмекейдiң тентектерi болды.
Қанiкей:
- Шал-ау, есiтiп тұрған жоқсың ба? Өзiң де құлақ салшы, «Тостағандап!» бері қарай келе жатырған тәрiздi. Әне, қарақұрым боп дүбiрлеп келiп қалды.
Жанқожа:
- «Тостағандап» дейсiң бе? (Сыртқа ендi құлақ түрiп). Ә... бұның рас болса рас шығар. Әнебiр тентектердiң табындарға жасаған қате жұмысы бар едi. Солар болды онда. Бұл не деймін – ау. Үш күннен берi түсiп тұрған соның ызыңы болмаса неттi. Iздеп келе жатқандары мен болсам, еш жаққа кетпес. Намаз оқып алайын.
Жанқожа: (Жайнамаз үстiне намазға тұрды).
- Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр,
Аллаһу әкбәр.
Әшһадү ән ла iлаһә iллалааһ, әшһадү ән ла iлаһә iллалааһ.
Әшһадү әнна Мұхаммәдән расулұллаһ, әшһәдү әнна Мұхаммәдән расулұллаһ.
Хаййә ғалассалат, хаййә ғалассалат. Хаййә ғаләлфәдах, хаййәғаләд фәлах.
Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр, ла iлаһә iллалаһ.
Шуылдаған дыбыс ап-айқын жақындай түсті, Жорықшылар дүбірлеп үйге таяп келдi. Дауыс енді ап - анық есiтiле бастады.
Дауыстар:
– Жанқожаның үй ме бұл?
– Тысқа шық былай, кәрi қақсал!
– Жанқожа деймiн. Әй, Жанқожа, қатын болмасаң берi шық!
– Көрiн деймiн. Жазықсыз жанның қанын төкеннiң не екенiн көрсетейiн саған!
– Мынаның өзi өлi ме, тiрi ме! Бер хабарыңды! Шық деймiн далаға!
– Әй, Байқадам бабамның садақасы кеткiр кәрi сайтан, дыбыс бер! Үйелеп қалған ба? Тiрi ме өзi?
– Иманыңды үйiр деймiн! Үйiр иманыңды!
Жанқожа намазын үзбей оқи берді. Қарақұрым көне үзiктен екi-үш найза сумаң-сумаң етiп iшке сұғылды. Сырттағылар қосты тарс-тұрс еткiзiп қамшымен де сабап тұр. Жайнамаз үстіндегі Жанқожаның ерiкciз кiлт кiдiрiп селт етiп қалғаны аңғарылды.
Дауыстар:
– Ау, мынауыңның өзi бар ма, жоқ па?
– Шық деймiн кеудеңде жаның болса!
– Батыр, батыр деп дабырайтады. Қылуасы қатыннан жаман ғой өзiнiң.
– Шық сыртқа!
– Шық!
- Әй, кәрі қақсал! Көрін деймін бізге.
Қанiкей: (Босағада екi жаққа бiрдей алаңдап әрең шыдап тұрған Қанiкей тысқа бақанды ала ұмтылды).
- Әй, құдайдан безгендер. Кiм болсаңдар да шуламаңдар бөрiнiң көтiндей. Әрi тұрыңдар! Әрi! Батыр намаз оқып жатыр. Бұзбаңдар намазын! Кәпiрсiңдер ме өздерiң, мұсылмансыңдар ма? Алты аласы, бес бересi бар ма едi? Аулақ, бұл батырдың үйi. Аулақ әрi! Аулақ! Арман жүрiңдер.
Дауыстар:
- Бiзге сол батырдың үйi керек.
Қанiкей:
- Намаз оқып жатыр деймiн. Намаз. Саңыраусыңдар ма өздерің немене?
Дауыстар:
– Бiржола иманын да үйiре салсын.
– Қанды басың бермен тарт!
– Қақбас, әй, жағаласпай әрi тұр. Қатын араласатын шаруа емес.
– Басын шауап тастайтын екен қақылдатпай.
– Бiр оқпен құлата салшы мынаны.
Жанқожа намазын оқып болды. Бетiн сипап, жайнамазын бүктеп, керегенiң басына қыстырды. Ашу қысып түтiгiп түнерiп кеткен. Шықшыты бұлтылдап тұр. Дауысы қатты шықты.
Жанқожа:
- Айал, әй! Кел мында. Мыналар шын дұшпан болды. Алып бер ана сауыт-сайманды.
Қанiкей қолындағы бақанын тастай бере жүгiрiп келiп, үйдiң бiр қапталында тұрған кебежеден сауыт-сайманды апыл-ғұпыл шығара бастады. Өзі сөйлеп жүр.
Қанiкей:
- Үйдi қоршап алды. Мұздай қаруланған ылғи түсi суық кiсiлер.
Жанқожа сауытын киiп, сайманын асына бастады. Қанiкей көмектесiп жүр. Асығыста омырауы жоғарыдан екi түйме iлiнбей ашық қалған. Батырда оған қарайтын мұрса жоқ. Босағада қыстырулы тұрған жуан сапты шолақ найзасын iле сыртқа ата шықты.
Жанқожа:
- Әп, бiссiмiлла! Уа, бұ қайсысың? Доспысыңдар, жаумысыңдар түге?
Анталаған жұрт шу ете қалды
Дауыс: - Жау да! Жау!
Жанқожа:
- Дұшпан екендiгiң шын болса, қанды басың бермен тарт! Айал-ай, жеткiз көкшолақты!
Кемпiр етегiне сүрiнiп, жүгiре жөнелдi. Батыр айбатты. Мiз бақпаған күйi ортада алшайып тұр. Шамалыдан кейiн Қанiкей қайта жүгiрiп келдi.
Қанiкей:
- Көкшолақты жау жетектерiне алыпты. Найзалап қасына жолатпайды.
Жанқожа:
- Сөйттi ме, әй?! Уа, кiмсiңдер таңалакеугiмнен босқындап жүрген? Адамшылап жөндерiңдi айтпайсыңдар ма? Не шаруамен жүрген жансыңдар?
Сейiл: (Iлгерi озды).
- Сен қақбаста әкемнiң құны бар. Шаруа сол. Құн алуға келдiм. Құнымды бересiң? Бұл аз ба?
Жанқожа:
- Құн сұрайтындай кiм едің өзiң?
Сейiл:
- Байқадам баласы Сейiл батыр боламын.
Жанқожа:
- Ә... ә... Байқадам ағамның бiр тентек ұлы бар деп едi. Сол сен бе едiң? Ұлы болсаң осыдан аттай бес жыл бұрын Ырғызда Арыстан төренiң алдында Әлiм мен Табын билерi алыс-бересiлерiңдi есептесiп, екi жақ бiтiсiп баталаспап ап едiңдер? Бата құдай сөзi емес пе? Батадан соң да бiтiп болмайтын бұл қай құн? Батадан аттап құдайдың кәрiне ұшырағалы жүрген қайсысың? Құн керек болса, ай жарық, ашық аспанда шаршы топта сұрамайсың ба? Жапан далада жалғыз отырған жалбағай тымақты шалдан есi дұрыс адам құн сұрайтын ба едi. Түсiнiп тұрған мен жоқ ұры жүрiстерiңе. Ал әкеңнiң құнын менен сұрайтындай оны мен қай жыртығыма жамаппын? Қай малын жеп, қай жағасын жыртып, қай өрiсiн тарылтқан екенмiн?!! Ау, қырдан құлаған қалың жұртыңа өрiс берген мен емес пе ем?
Сейiл:
- Тәжiкелесiп тұрарға уақыт тар. Саған керегi сол болса, тыңда. Әкем өз аузымен тапсырып кеткен. Оның қаны тек сенiң қаныңмен ғана өтеледі. Байқадам cияқты аcылға тұратын Жанқожа ғана. Жанқожа!
Жанқожа: (Ілгері озды.)
- Менiмен қайта ма екен? Өз аузымен солай деп пе едi?
Сейiл:
- Өз аузымен айтты. Өз аузымен айтып кетпесе, қолға түсiп тұрған қарақшыларыңды шетiнен қойдай мауыздамас па едiк?
Жанқожа:
- Кәупек таз тегiн кетпей, сөйтiп артына пәле тастап кетiп едi десейшi онанда. Бұйымтайың сол болса, тәңiрiнiң таңы атсын. Бiзде де ел бар, жұрт бар. Халық ортасына түсiп, таразыға қоялық.
Сейiл:
- Жоқ, қойылмайды.
Жанқожа:
- Солай де. Сонда сенiң қуып келген құның немен бiтпекшi?
Сейiл:
- Қанға қан.
Жанқожа:
- Шын тоқтаған жерiң сол болса, несiн тәжiкелесемiз. Жасым үлкен. Кезегiмдi бер.
Жанқожа алшаң басып ортаға шыға бердi. Қалың тобыр дүрлiгiпқашқақтап, батырды сырт айнала түскен. Жекпе-жекке ешкiм шықпай сескенiп әрi лоблыды.
Полковник пiшiмiндегі Елiкей «Әп, бәлем, сенi ме» деген кейiпте кекесiндi мысқыл күлкiмен тымырайып алған.
Жанқожа: Сұлтанды енді көріп оған таңырқап аңтарыла
қарап сонан кейiн түсiнгендей болды.
- Е, сен бе едiң, сұлтан. Түн жамылып бұл қайдан жүргенiң? Бар екенсiң ғой. Бұ құдайым екеумiздi айрылмастай етiп мықтап қосақтап-ақ тастаған екен да. Қайда барсам да азбан шайтанның көлеңкесiндей көз алдымда көлбеңдеуiңдi қоймадың ғой.
Елiкей: (Тістеніп тұр. Масайрап)
- Шыдап бақ. Осы соңғы кездесуiмiз болар.
Жанқожа:
- Ә... ә. Бiлдiм. Бiлдiм де түңiлдiм. Шулығанның басында сен болмаған соң шулыған шулыған болар ма. Қақпанның мықтап құрылғанын ендi шынттап түсiнiп келе жатқан тәріздімін. Айдалада ұлып табысқан аш бөрiдей жортуыл жүрiп ақыры табысқан екенсiңдер. Бiрiңнiң кеткен жалған кегiң болса, кәуiрдiң шекпенiн киген ендi бiрiңнiң көкейiңдi қойдан қоңыр момақан жұртты жатып, тұрғызатын көсемдiк тесiп, соның бәрiне Жанқожа жазықты болса, қос қорқау тар өткелдiң тұсы – осы арада, табыспай қайтушi ең. Ендi бiлдiм.
Елiкей: (Қолындағы екi бүктеп алған қамшысын шошайтты).
- Әй, алжыған неме. Орыс орыс деп аузы түктi кәпiрдiң қолтығына сен де кiрмеп пе ең кеше? Сол орысың сенi неге қолдамайды? Сондағы тапқан опаң қайсы? Бақсының моласындай жапанда жалғыз қалғаның ба?
Жанқожа:
- Рас оның. Айт. Сайра. Сайрауыңа болады ендi. Мен күштiнiң көлеңкесiн ыңғайлаcам, торғайдай тозған мына қалың елiме жусан түбiрiнен пана тауып беремiн бе деп ем. Еңбегiм – еш, тұзым – сор. Құмға сiңген қайран қан мен маңдай тер. Опасызға тап кеп, бармақ шайнап опынып-ақ тұрмын. Өткен өттi, кеткен кеттi. Ендi онымнан не пайда? Алайда бiлесiң – сен сияқты шекпенiн киiп, шенiн таққам жоқ. Тiлiмдi берсем де дiлiм тас қамал берiк-тiн. Iшiм мұз едi. Кәуiрдiң арам күшiн пайдаланған болсам, iшкi есебiм түзу-дi. Қасымнан дөреген түмен төре қасымда боп, тең иықтасқанда ол жерде болар ма ем, болмас па ем. Құдай құртып жұртыңның мұңын былай тастап, құлқынның құлы боп өзiңдi өзiң талаған жоқ па ең? Жiлiктiң кемiк басынан дәмелi өңкей төре әрқайсысың әр жаққа ұлып, береке-құттан айырылмай сүттей ұйып алдарыңа құдай салып берген еңкей момынға ие болсаңдар, жаман тымағым жалпылдап қара шаруа маған не жорық? Билiк менiң теңiм бе едi? Оны менен емес, өздерiңнен көрiңдер. Қарашекпен шаруаның ауылын қан сасытып, ту-талапайға салып жүрген қанiпезер қарақшы – сенi мен сенiң бауырың Жанғазының тұмсығын қанаттым. Менiң есем кеткен жоқ. Аузы түктi кәуiрге сен сияқты оқа менен шекпенге емес, жұртымның мұңы мен зары, жылаған бала, талапайға түскен шаңырақ, жұртта қалған жесiр үшiн амалсыз игем басымды. Көрiп тұрсың. Кәуiрдiң олжасына көмiлген жерiм болса, оныңды айт. Тасты тасқа ұрып, жылаған жетiмдi жұбаттым. Жуынды жалаған жалаңқайыңды өзге жақтан iздерсiң.
Елiкей: (мығым, алшайып тұр).
- Бұл сөз таластырар кезең емес. Иманыңды үйiре бер онан да. Әлiн бiлмеген әлек. Жайында жатқан жұртты дүрлiктiрiп боcтырып қойдың. Әлiм, Әлiм деп емешең үзiлiп бауырыңа басушы ең. Айтшы кәне, соларың қайда ендi?
Жанқожа:
- Ия. Дұрыс сайрайсың, төрем. Мақұл сөзге мал да маңырайды. Бұның жөн ендi. Мал ашуы – жан ашуы. Ашу үсті іс болды. Сендей сатқындардың iздерiне ерiп, тоз-тоз болып кеткен ас iшiп аяқ босатар пақырлардан не жөн сұрайын? Тоқпағы зор болса, киiз қазық жерге кiредi. Алдында көш бастар серкесi, қолында қамшыдан өзге қаруы жоқ жалаң жұдырық пақырлардың қолдарынан не келмек?
Елiкей:
- Мiне, еciң ендi кiрдi. Мыжымай соңғы тiлегiңдi айт, кәрi малғұн. Бұдан былайғы iстiң жөнi сол болар.
Жанқожа:
- Құдай болсаң өзiңдi жарылқа. Тiлегiм соңғы екенi рас болса, кигенi мен жегенiне мәз сен сияқты жамандарға қор етiп қайтемiн. Айтсам, саған емес, тар өткелдiң тұсы болған соң Аллаға айтам да. Бөркiң қазандай болмасын. Аспа, төре. Алсаң жанымды аларсың. Сұлтандық құдайлық емес. Құдай бермеген тiлектi кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы сасық сұлтан қайдан тауып берушi едi.
Сейiл:
- Әй, кәрi қақсал, көп оттай бермей сұлтан айт деп тұрғанда пәлсiнбей айт көкейiңде не бар?
Жанқожа:
- Ат жалын тартып мiнгелi иығы бүтiнделмей, дастарқаны асқа толмай, сайын далада сеңдей соғылысып жүрген қара халықтың қара баласының қолына күлше ұстатып, қара қазаны тыныштықпен қайнаса деп ем. Сол үшiн талай дұшпанның жағасын жыртып, тiзеге бастым, қанын да ұрттаған кезім болды. Өзектi жанға – бiр өлiм. Кiшi жүз баласы кешегi бұлғақта ел болып, тайлы-таяғы қалмай iзiме ерiп, айтқаныма құлақ аспай қалың қардай бораған қорғасынның ортасына салғанда әкем Нұрммұхамедтiң басына барып, өз аузыммен құран оқып, ақ өлiмдi – абыройлы өлiмдi осы ретте мұсылман үшiн кәуiрмен адал ұрыс, ендi бiзге бұдан артық той қайда, қан майданның ортасында бере көр деп жалбарынған ем. Құлбарақ пен Бекмырза айтқаныма құлақ аспай тұрған жерiмнен көтерiп аттарына мiнгiзiп алып шықты. Нағыз өлер жерiм сол едi. Алла бұл тiлегiмдi бермесiн сонда-ақ сезгенмiн. Кәрi сүйегiм жат жұртта қалмаса, кеудемде шыбын жаным барында бабамның басына ата жұртыма жеткiзгейсiң деп ем. Ол тiлектiң де қырын кетiп тұрған сыңайы бар. Мына келiп тұрған ажалдың абыройсыздығына өкiнемiн да. Өкiнгенмен не пайда?! Жұртым әркiмнiң қолындағы жарты күлшеге жүгiрiп, алты бақан алауыз болмағанда көрер ем. Төрге отырғаннан басқаны ойламайтын төре, төрт түлiгiнiң түгендiгiнен өзгенi бiлмейтiн бисымақтар болмағанда көрер ем. Құланды асырадым ат болар ма екен деп, құраманы асырадым халық болар ма екен деп. Құлан ат болмады, құрама халық болмады. Олай ету келмедi қолымнан. Өкiнiшiм сол.
Елiкей:
- Арыстан азуын айға бiлеп мертiгiптi деген.
Жанқожа:
- Адамның ала жiбiн аттаған жерiм жоқ едi. Бұл iстiң ақ-қарасын бiр Аллаға тапсырамын.
Сейiл:
- Тәжiкелесiп тұрар уақыт жоқ. Иманыңды үйiр, Әлiмнiң алжыған көк төбетi.
Жанқожа:
- Әй, Табынның тентегi. Менiң жанымды алатын сен емес, Алла.
Батыр оған тұра ұмтылды. Сейiл керi қашып, көптiң арасына барып тығылды. Үні сол жақтан шықты.
Сейiл:
- Кiм аларын көре қал.
Жанқожа: Қарсы алдарында тұр.
- Жан Алла аманаты. Аманатын қашан аларын өзi бiледi. Сейiл, сенен де, сатқын сұлтан, сенен де сұрар сауғам жоқ. Бұл жер қатыншылап салғыласып тұрар Бұқардың базары емес. Жан алуға келген сыңайларыңды сұстарыңнан көрiп тұрмын. Арманда кетпейiн, Көкешкiмдi бергiзiңдер.
Сейлi: (Тiстендi).
- Көкешкi ме саған?!
Жанқожа: (Айқай салды).
- Көкешкі! Көкешкi!
Жаңғырған дауыс ұзаққа кеттi: «Көкешкi... Көкешкi... Көкешкi...»
Көкешкiнiң кiсiнегенi алыстан есiтiлдi. Жау жан-жақтан анталап қаптап шығып, қоршай бастайды. Батыр найзасын ала тұра ұмтылғанда, жапырыла кейiн қашады. Осы топалаңмен сахна айналады. Жанқожа шегiншектей жүрiп төбенiң басына шықты. Жұрт болса маңайлай алмайды. Тарс та тұрс атылған мылтық дауысы. Залда көңiрсiген түтiн иiсi.
Ендi сахна қаракөлеңкелене бастады. Адам анық көрiнбейдi. Сүлделер ғана көлбеңдейдi.
Сейiл: (Дауыс ап-анық оңаша есiтiледi).
- Әй, көзiң шыққыр. Көрмейсiң бе өндiршегiн. Көздемейсiң бе содан. Ақсақал, деймiн, мен саған айтып тұрмын! Саған! Мына олжа менiкi емес. Сенiкi.
Жас жiгiт тiзерлеп отырып атты. Мылтықтық түтiнi бұрқ етедi. Емескi түскен жарықтан көрiнiп тұр. Арпалысып жүрген батыр жай ысырылып төбе басында найзасына сүйенiп отырып қалады. Сол отырған жерiнен тапжылмайды.
Елiкей:
- Әп, бәрекелдi! Сөйт! Сөйт!
Сейiл: (Ышқына шырылдап тұр).
- Өлген жоқ әлi! Өлген жоқ! Ат деймiн! Дұрыстап ат!
Жүйдемелете атылған мылтық дауысы, сахна сыртынан Көкешкiнiң иесiн iздеп шыңғыра кiсiнеген дауысымен қабаттаса есiтiледi. Сонан кейiн азалы күй. Мылтық даусы тынған. Тым-тырыс өлі тыныштық орнайды. Жөнкілген ат дүбірі.
Шымылдық.
Сәлден кейiн сахна сыртынан жыраудың жоқтауы есiтiледi. Бұл жоқтауды пайдалану-пайдаланбау режиссердің еркінде.
Бiр баласы майданның,
Құлжаманнан туыпты.
Егей менен Киiкбай,
Киiкбай хан атанып,
Заманында болыпты-ай,
Қатарынан бiлiктi-ай.
Киiкбайдың әйелi,
Жетi бала туыпты-ай.
Бiр баласы Нұрымбет,
Мұқтаж боп бiреу сұраса,
Аямай бәрiн берiптi-ай,
Қалдырып кеулiн суытпай.
Нұрымбеттiң баласы
Ер болып туды Жанқожа.
Қамқорлық жасап халқына,
Дұшпанын жүрдi жуытпай.
Туралап келген дұшпанды,
Қайтарып кейiн қуыпты-ай.
Он бес жасқа келгенде,
Кеулiне ерлiк от алды-ай.
Он алты жасқа келгенде,
Мiнуге сайлап ат алды-ай.
Сол кездегi батырлар
Тама Есет, Исатай,
Қыстаубай мен әкесi Нұрымбет,
Халқын жинап бата алды-ай.
Он жетi жасқа келгенде,
Өнеге жақсы үйренiп,
Тықыны Жәкең өлтiрiп,
Жанқожа батыр атанды-ай.
Жақсыдан шола жол сұрап,
Кеуiлге жаттап хат алды-ай.
Жолдас болып жақсымен,
Үйрендi үлгi мақалды-ай.
Жиырма жасқа келгенде,
Қарсы шықты дұшпанға,
Оңғар деп өзiң сапарды-ай.
Басынып келген жау болса,
Қолға түсiп, маталды-ай.
Ашық даусы айбатты,
Секiлдi үнi қоңыр қаз.
Зейлi алғыр, сабырлы,
Тыңдауы көп, сөйлеуi аз,
Оңаша өзi жүредi-ай.
Ешкiмге салмайды салмақ, наз,
Кiшiпейiл, ақпейiл,
Секiлдi түсi жылы жаз.
Бары болса қолында,
Сұраса кеуiл жықпайды.
Ашуы келсе, айбынып,
Алдынан ешкiм шықпайды.
Көп екен деп жауынан,
Басын иiп бұқпайды.
Қарсыласса өшiгiп,
Кiм де болса ықтайды.
Жолы болды жорықта,
Рүстем, Нәрiк шерiдей-ақ,
Өлгенше қайтпай ықпалы-ай.
Бiлiнсе жаудың хабары,
Ториды алдын жағалап.
Аямады көмегiн,
Жүргендерге паналап.
Кiшi болса, iнiм деп,
Алдынан кесiп өтпейдi
Жасы үлкендi сағалап,
Жақын болсын, жат болсын,
Айтпайды сөзiн алалап.
Ешкiмге зәбiр бермейдi,
Айтқанға бiреу жалалап.
Беденiне көз тоймайды,
Қатар жүрген құрбысы,
Қасынан кетпей қамалап.
Айтқаны дұрыс болады,
Көрмесе де жобалап.
Қалдырып кеуiл сөйлемейд,
Бермейдi азар жалалап.
Кездессе жұмыс ауыры,
Қиынын сұрап алады,
Бершi,-деп,-соны маған-ақ.
Жақыным деп жан тартпайды,
Дұрысына болады жақ.
Ұзақ болғай өмiрi,
Деп тiледi қазақ ағайын,
Болар деп елге тиянақ.
Қазақтың кеткен кегi үшiн,
Бабажанды өлтiрiп,
Өртедi жiбек шатырын.
Ақмырзаның кегi үшiн,
Мауыздап өзi өлтiрдi,
Әйiмбеттей батырын.
Алам деп кегiн жатпады,
Түрiкпенге кеткен ақының.
Жақынсынбай, жатсынбай,
Қамқоршы болды қазаққа,
«Бәрiң,-деп,-менiң жақыным»
Төре мен сұлтан, билерге,
Болысып елге, қарсы болды,
Қорғап нашар пақырын.
Қарсы болды патшаға,
Тигiзген елге зақымын.
Қамаған жауы көбейiп,
Түсiрмедi атынан,
Есiл ердiң тақымын.
Құралды жаумен егесiп,
Қазалыдан кетiп ед,
Қамын ойлап басының.
Шамасы екен сол уақта,
Сексеннен асқан жасының.
Жауға түсiп ақыры,
Қаза тапты қапыда.
Тобасы қанып қасының.
Айтқанын қылмады қасында,
Ерiп жүрген досының.
«Түрi жаман саны көп,–
Деп едi, – жаудан жасырын».
Халқы үшiн қиып бiр жанын,
Сұраусыз кеттi-ау, асылым.
Атағың қалған өшпейдi,
Ұрпаққа қалды дабылың.
Ақ алдында сұралар
Жауыңа кеткен құралың,
Орындалды бұл күнде,
Аңсаған арман-мұрадың.
Дегенiң кеттi iзделмей,
Бiр Алла өзi бiледi,
Қанын кiмнен сұрарын.
Жатқан жерiң жайлы боп,
Пейiштен болғай тұрағың.
Әумин деп қол жайып,
Халықтың жидым құрамын.
Соңы.