Адам қарады: 9 | Жарияланды: 2018-09-06 03:41:45

Әкім мен қатын

Атынан-ақ білініп тұр емес пе? Сөз - алып шаһардың айтулы әкімі мен осындай айтулылардың алдында орғып жүретін қатын туралы. Болмайтын жерден ұйқас қуалап, қатын деп отырғаным болмаса, бұл аруды көрген еркек орнынан тұра алмай үйелеп қалады.

Сонымен, күндердің бір күнінде әкім мен қатын ел көзінен жасырынып, қақаған қыстан қашып, ыстық жаққа демалысқа келді. Бұл шамамен бір жас мемлекет тәуелсіздігін атап өтетін уақытқа тұспа тұс келеді. Халық пен салықтан түскен ақша таусылсын ба? Ең қымбат қонақ үй, доп ойнауға болатындай ат шаптырым бөлме. Мұнда тіпті құстың сүті де бар. Оның бәрін жіпке тізгеннен маған не пайда? Аузымның суы құрып, қашанғы тамсанып отырам, тоқ етерін айтайын. Заңды жарын «Іссапарға кеттім» деп алдап шыққан әкім мен тізгіні ылғи өзінде жүретін ару қатын жағажайда жата-жата жалығып, яхтамен ашық теңізге шықты. Аспанда шағала, айнала тамаша. Төрт-бес сағат тоқтаусыз жүзген жұрт шағын аралға аялдады. Бірі суға түсті, екіншісі саналуан ішімдікке бас қойды. Ал, біздің екеу тағы да жұрт көзінен тасаға кетті. Ана жер тым жадағай сияқты, мына жерде көлеңке қою емес, ана тұс жақсы-ақ екен. Тек, жасырынатын қалқа жоқ. Осылай өздеріне қолайлы жер іздеп біраз шығандап кеткен қос ынтық топтана өскен пальмалардың арасына келгенде аяқ суытты.

Бұл жақтың ауа райы тым қызық. Бір сәтте жарқырап күн шыға қалады. Бір демде шелектеп жаңбыр жауады. Бүгін де бесінге дейін балбұл жайнап тұрған көк аспан әп сәтте нілдей бұзылды. Күн райын ұғып алған жолбастаушы дабыл қағып, қалың қауымды жинады да жолға түсті. Өзгеден жасырған құпиясы мол екеу дабылды да естімей, аспанға да қарамай ескерусіз қала берді.

Аптық басылды, шөл қысты. Сол кезде ғана өз-өздеріне келген екеу қараңғы қоюлана бастағанын байқады. Орындарынан тұрып, күн ыстықта киетін екі-үш шүберегін тауып алып, келген іздеріне түсті. Бағанағыдай емес, салығып-ақ қалыпты.

О, тоба! Әкім шаршағанына, тізесіне түскен қарны кедергі болғанына қарамай төңіректі бір-екі айналып келді. Мына аралда екеуінен басқа жан баласы жоқ.

Әп-сәтте жал-жал асау толқындар жағаны ұрып, аспан қап-қара болып түнеріп, жаңбыр төпеп, бір алапат күшіне мінді. Әне-міне цунами басталып кететіндей біздің екеу әбден састы. «Талай елдің обалына қалып ем. Бұл соның зауалы шығар» деп ойлады әкім. «Талайды тақырға отырғызып ем, соған жауап берер шақ келген сияқты» деп ойлады қатын.

Жетектескен екеу осы жастарына дейін көрмеген қиындықпен бетпе-бет келіп, дүниеден баз кешіп, сүрініп-қабынып жүріп, дауыл құлата алмаған үш-төрт дараққа жолықты. Біреуінің ішін әдейі қолмен кеулегендей екен. Екі адам қатар кіріп, тізе түйістіріп отыруға болатындай. Сырттағы сұмдық дауыл, жер мен аспанды тұтастырып жіберген өлшеусіз су әлі толастамаса да мына жер екеуге пейіштің төріндей болды. Жаңа ғана бәрінен түңіліп, жата қалып, Жаратқанға құлдық ұрып, жалынып-жалбарынуға бейіл болып келе жатқан екеу қалқаға бас сұққаннан кейін тәубаға түскен ойларынан айнып-ақ қалды. Тіпті, «Манағы ойымды мынау біліп қоймады ма екен?» деген күдікпен, тас қараңғыда бір-біріне сезіктене қарап та қойды. Енді не болса да бәрі іштерінде өлмек. Бір-біріне сыр беріп қоймағандарына қуанып, бағана бір обал-сауап туралы ойлағандарына іштей күліп, алапат қорқыныш пен таусылмайтындай болған қиындықты лез ұмытып, екеуі де іштей «Тәйірі» дей бергенде аспаннан жасын түсіп, тура алдарында тұрған дарақтың бірін жоқ қылып жіберді. Дүние жап-жарық болып кеткенде күлі ғана қалған дарақ, бықсыған түтін, теңселген пальмалар, әне-міне басып қалардай ентелеп келе жатқан асау толқындар екеуін қайтадан дүниеден түңілдіріп жіберді. Бір-ақ сәтте тозаққа топ ете түсіп, енді тек бәріне жауап беру ғана қалғандай.

- Осыдан аман-есен елге жетсем, кісі ақысын жемеспін - деді әкім өмірінде бірінші рет шын көңілмен.

- Мен де осыдан аман қалсам, баламды ғана әлпештеп, соның адам болуына барымды салармын - деді қатын.

- А, иә. Менің де балаларым бар. Тек, дүниенің қадірін білмей, асып-тасып жүр. Алдымен, соларға өмірдің мәнін ұқтырсам ғой - деді әкім.

- Мә, күйеуіммен ажырасып, дүние-мүлкін өзіме аударып алғаннан кейін қиындық дегеннің бәрін ұмытып ем. Енді өмір бойы шалқып-тасып жүре берем деп ойлағам...

- Алғаш басшылыққа қол жеткенде адал болғым-ақ келді. Елге қызмет етпек болдым. Бірақ, қатып қалған бір жүйе ырқынан шығармайды екен. Не жеуің, не кетуің керек. Елдегі бірінші адам болмайынша бәрін түзеймін дегенің далбаса деп ойладым да, қарбыттым келіп...

- Күнделікті түсіп жатқан табыс болмағаннан кейін бір баланың алименті не болады? Өзің сияқты алпауыттарға ажарымды сата бастадым. Алдында кәдімгідей арым мазалайтын. Кейін кімнің есепшотында қанша пұлы бар екенін отырысынан-ақ байқайтын шамаға жеттім. Ол қасиетімді мақтан тұтатынмын. Енді бетімнің оты шығып отыр.

- Сені қойшы, сенің залалың өзіміз сияқты байларға ғана тиді. Ал, мен көп балалы аналарға, жетімдерге, жағдайы жоқ отбасыларға бөлінген ақшамен осында келіп отырмын ғой. Сол ақшамен сені үлде мен бүлдеге орадым...

- Мені ғана ма?

- Енді?..

- Енді дейді ғой. Өткенде ана қылымсыған әнші қыздың қойнынан шығара алмай қойып едік қой.

- Ол кезде сенің жаныңда Бәкең отырды ғой...

- Отырса, жабысып қалған жоқ. Кетті ғой жөніне.

- Сол Бәкең саған 70 мың доллардың көлігін сыйлады дегені рас па?

- Әрине, рас. Сен ғой әлі өзің уәде еткен гауһартасы бар сырға, жүзік те әперген жоқсың...

- Әперем, жаным. Осыдан - дей бергенде найзағай тағы жарқ ете қалды да, тағы бір дарақ ұшты-күйлі жоқ болды.

Пенделік әңгімеге ақырындап қайта ауыса бастаған екеу талай жылдан бері алғаш рет «Пыссымылда» деді.

- Жаратқан, өзің сақтай көр. Күнәларымды кеше көр.

- Не жаздым деп айта алмаймын. Бірақ, осымен бәрі біткені ме?

- Көретін жарығымыз бар шығар. Садақа, садақа таратам күллі жұртқа!

- Шынымен осыдан елге барған соң ешкімге көзімді төңкермей өзіммен өзім күнімді көрем... Гауһартасыңның да, жүзік, сырғаңның да қажеті жоқ.

- Мен де барлық жарлы-жақыбайдың басын қосып, шамам келгенше көмегімді берем. Әкеңнің аузы, өзіммен бірге көрге алып кететіндей жинай беріппін ғой. Енді міне, қу ағаштың түбінде қашан жанып кетерімді білмей, селк-селк етіп отырмын.

- Айтпақшы, «Өз үйім жоқ. Қатынымның үйінде тұрам» деп едің ғой бірде. Соған біреу сенеді деп ойладың ба?

- Аяқ асты ауызға түскені сол болды. Әшейінде кабинетте сыр бермегенмен, көп алдында сасқалақтап қалады екенсің...

- Ал, тәуелсіздік күнінде қалада болмаймын дегенің бетіңе шіркеу емес пе?

- Ақымақтар тәуелсіздік үшін қан төгеді. Біздер соның қызығын көреміз деп, талай күліп ем. Соның зардабын қазір тартып отырмын-ау деймін. Енді монументтің түбінде түнемесем бе?

Екеуі өткеніне әбден өкініп, енді қайта күнә жасамайтындай болғанда сібірлеп таң да атты. Түнде ештеңе болмағандай құстар түрлі әнге басып, айнала ғажап сұлулыққа малынды. Кеше екі адамның кем болғанын жағаға жеткен соң бір-ақ білген қонақ үй иелері де көрінді көз ұшынан.

Ал, бойларындағы бар жындарынан айырылып, тәубаларына келген екеу үнсіз...

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған