Зұлмат
Қобланның қаны бұрқ етіп басына шапты. Ол ашуы ойнаса, жалма-жан тапаншасын суырып алатын әдеті бар-тын. Осы жолы да ұңғысынан ажал сығалаған сұсты қаруды салмақтай ұстап: - Сендерге адамның тілінде анық айтып тұрмын! Басшыларыңа апарыңдар, мені! – деп зілдене айтты. Травматпен қарулаған базар күзетінің сарбаздары да қаруларын кезене ұстап, бұның сесінен ықпайтынын аңғартты.
- Соңғы рет қайталаймын! Басшыларыңа апар!
- Сен әлдеғандай боп ойыншығыңды шошаңдата берме! Қаруды шығарған соң, міндетті түрде атуың керек! Өйтпесе...
Қарсыласқан өжет жігіт аузын жиып үлгермеді. Қару тарс ете қалды. Әлгінің әскери бәтеңкесінің басы қып-қызыл қанға боялып шыға келді. Өжет жігіттің қолындағы қару салдыр етіп бетон еденге сырғи түсті де өзі жаралы аяғын құшақтап отыра кетті. Мынадай сұмдықты тоспаған қалғандары абдырап, ақ сайтаны ойнап, қалшылдаған тосын қонақтан ығайын деді. Ішіндегі біреуіне тіл бітіп: - Жүріңіз, мен ертіп апарайын, - деп Қобыланның алдына түсіп, қырықтар шамасындағы мұртын қырып, иегіне имек сақал өсірген ақсұр, шегірдің алдына ертіп апарды. Болған жайды бұған жеткізіп үлгерген екен.
- Сен кім боласың, өзі? Менің адамымды неге атасың?
- Тым көп сұрақ қойып тұрсың! Алдымен маған жауап бер.
- Қалай-қалай сөйлейсің? Осы жерден тірі шығам деп тұрсың ба?
- Ана жандайшаптарыңа айт, сырттағы көлікті барып көрсін. Ішінде
отырған жігітті және көліктің нөмірін. Ондай нөмірді кімдер қыстыратынын білетін шығарсың?
Шегір өз адамдарына хабарласқан соң, лезде жүні жығылғаны аңғарылды. Басын қасып, сипақтап, тығырықтан шығатын амал іздеп, аласұрғаны анық байқалды.
- Кел, отырыңыз...
- Мен қонаққа келген жоқпын. Жоқ іздеп келдім! Маңдайтерімен тапқан
біреудің адал ақшасын сенің қалтақаққыштарың қымқырып кеткен, соны қайтар!..
- Менің базарымда ондай бассыздыққа жол жоқ!
- Сен осы, еркекшора емессің бе?
- Бұнымен не демекшісің?
- Барды бар, жоқты жоқ дей білу керек! Мені айналдырып тұрған
сияқтысың да...
- Бұның таза қорлау! Мәмілеге жүгінсек, сені ешкім қолдамайды.
- Сені оған жеткізбей осы жерде ата салсам, құныңды кеп сұрайтын адам
туған жоқ!
- Төу, не болды, сонша? Қип етсе атамын, атамын деп... ақшаңды
қайтарам. Тек, ертең Көкқияға келіп, өзің алып кет. Мекен-жайды қазір жазып берем.
- Қанша екенін білесің бе?
- Сұрастырам ғой...
- Маған артық қажет емес. Елу мың көк жапырақты қайтар, сонымен іс
бітті.
- Мақұл, айтқаның болсын. Тек, қаруыңды қабына салшы, жүрегім
нашар!
Қобылан көлігіне аман-есен оралды. Рөлде отырған Кенже де тосудан жүйкесі жұқарған адамға ұқсады. Серігінің дін аман және көңілі орнында оралғанына қуанды. Қобланға қарағанда бойшаң және жасы да үш-төрт жас кіші болатын-ды. Екеуі бір ауысымда қызмет ететін. Жасақтағы мықты, жеке шешім шығара білетін, өткір сарбаз қатарынан танылатын.
- Атыс басталып кеткен бе деп атып шығып едім... Аналардың түрін
көріп, сабама түстім.
- Өй бір, сөз ұқпайтын кеще немелер екен! – деп Қоблан ашық терезеден
сыртқа бір түкірді.
Келесі күні бұлар келісілген аймаққа жол тартты. Алдын ала жоспар құрып, не істеу керектігін тағы пысықтады.
- Ішке кіруге болмайды. Өздерін сыртқа шығару керек.
- Иә. Солай етеміз. Сен «Винчестеріңді» дайын ұстап отыр. Сәл күдік
байқасаң, ата бер. Бастарын көтертпеу керек...
- Орыстар «Наглость – первое счастье» демеуші ме еді? Көкірекпен-ақ
соғып аламыз!
Көлік айтылған жәйдің тұсына таяғанда төртінші қабаттағы терезе ашылып, ар жағынан біреу: - Ей! Мә! – деп айғай салды да шағын қол қапшықты төменге тастады. Қоблан екі-ақ аттап барып, затты іліп алды. Сол жерде тұра қап санауға дәті жетпеді. Жоғарыдан қарап тұрғанға: - Егер бір доллары кем болса, менен жақсылық күтпе! – деді. Анау мыйығынан күліп артындағы біреулерге бұрыла бергенде Кенже: - Тез, машинаға! – деп Қобланға айғай салды. Сосын өзі әлгі терезеге қарай оқ жаудырды. Қолдарында бірдеңелері шошаңдаған жоғарыдағы топ, бұндайды күтпеген сынды. Қоблан көлікке отырғанша толассыз атылған оқ олардың бастарын көтертпеді.
Қоблан үш ағайынды, алдында бес әпкесі бар-тын. Әкесі марқұм әйелі ылғи қыз таба берген соң, атын шығаратын артында ұл қаларына күдер үзіп жүргенде осы Қоблан, жыл жарым өтпей Қыдыр, сосын Сейсен туды.
Үлкен әпкелері Бейіскүл күйеуі Құрманмен ғұмыр бойы сауда саласында. Қалғандары да әртүрлі қызметтің құлақтарын ұстаған пысық қыздар боп өсті. Шетінен жұлмыр, тіпті жыртқыш десе де болғандай...
Елу мың доллардан осы Бейскүл мен Құрман қолды болып, осы бауырына келіп шағымданған-ды. «Егер табылып жатса, он мыңын саған қыйдым» деп уәде еткен де еді. Қаладан қырық шақты шақырым жердегі көлемді елді мекенде тұратын әпке-жездесіне барған Қоблан, түтігіп оралды. Уағдаласқан соманы алам деп барған оған - жездесі не бір қыйсынды көлденеңдетіп, бір жарым мыңын ғана ұстатыпты. Қасындағы серігінен ұялған Қоблан - үйіндегі бір керегі болар деп сақтап жүрген үш жүз долларын қосып, мың сегіз жүз қып Кенжеге берді.
- Мен алмай-ақ қояйын. Бұлай болар деп ойламаған едім...
- Жарайды... қапаланбашы, тек. Ең бастысы аманбыз ғой! – деп Кенже
оны шын жүректен жұбатты. Қобланның ағайындарының осынша қатыгез, жанашымастық суықтығына іштей қайран қалды. Кенже де арлы азамат екенін танытып, әлгі ақшаның мыңын Қобланның әйеліне ұстатты.
- Ақша алдым деп айтпа. Үш балаларың бар, менен гөрі сендерге қажет.
Сонымен арада біраз күн өтті. Қоблан Кенжені көрсе жердің тесігін іздейтін хәлге жетті. Ақыры ол шыдамады. Әпке-жездесіне барып, берсе қолынан, бермесе жолынан деп тартып алуды ұйғарды. Тіпті, шаңырағын ортасына түсіруден тайынбайтын ұстанымға бекіді. Күйеуінің соңғы күндері қара түнек болып жүргенін көрген Айша:
- Егер онда барар болсаң, Көркембек ағаны ерте кет. Бұл - сол кісінің
ғана қолынан келетін іс. Өзің барсаң өлім болады! - деді. Өз уайымымен қапа болып, сырт дүниені аңғарудан қалған Қоблан көзі жарық етіп, әйеліне таңдана қарады. Сосын оның талдырмаш денесін қаусыра құшақтап, маңдайынан сүйді.
- Ақылдым, менің! Иә, мен қырып тастаудан тайынбас едім. Рас, сол
ағама барайын...
Көркембек қарама-қарсы он бес қабатты үйде тұратын. Есіктің қоңырауы шылдыр етті.
- Мен барып ашайын, - деп оның әйелі ата жөнелді. Көркембек әйелінің
аяқ-асты ширақтық танытқанына таңдана көз тастады. Ана бір әзірде ол әлдекіммен телефон арқылы қызу сөйлескен-ді. Мүмкін күйеулерінен қашқан бір құрбысы болар деп болжады, Көркембек. Ар жақтан ер адамның гүжілдеген дауысы шықты. Екеуі дабырласа ас үйге жетті.
- Ассалаумалайкүм, аға! – деп Қоблан Көркембекке қос қолын ұсынды.
- Әлейкүмсәлем! Төрлет, бауырым... Көрінбей кеттің ғой?
- Тығыз шәруалар боп...
- Не болды сонша? Келген кісіні тергеуге алып, саңы ауған күні келді
міне, рас па, інішегім?
- Иә, рас айтасыз, әпкетай! Елдің барлығы сіз сияқты іштегіні сұрамай
біліп жатса, шіркін!
- Бес әпкесі бар адам сені не қылсын! – деп Көркембек әйелін тістегісі
келіп еді, анау:
- Деміңді өшіре тұршы кішкене! Баланың айтатыны бар, - деп көзін
алартты. Қоблан шәй үстінде, болған жағдайды түгел баяндап берді. Сосын екі көзі жыпықтап, ана екеуіне қайта-қайта қарағыштады да:
- Айша ағаны ертіп бар деп еді, кешірім өтінем, осы әпкемнің сөзі өтімді
секілді көрінді маған, - деп басын жерге салбыратты.
- Ой қарағым, менікі әншейін салдырлақ сөз! Ана туысқандарыңның
бірі жылап қоя берсе, сонымен қоса жылай салудан тайынбаймын... Бұл ағаң елдің мысын бір ауыз сөзбен құртатын пәле!
Қоблан жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдады. Бірақ, алған мамандығы бойынша қызмет ететін жұмыс орны - бұл елде мүлдем жоқтың қасы болды. Жас кезінен спортқа бейім өсті. Күрестен талай жарыстарға қатысып, жүлделі оралды. Сонымен қатар гимнастиканы да шебер меңгерді. Университет қабырғасында да спорттан қол үзбеді. Шығыс жекпе-жектерінің әдіс-айлаларын алғырлықпен бойына сіңірді. Әскер қатарына шақырылған кезде ол арнайы күштердің жасағына еш қиындықсыз қабылданды. Жан аяуды білмейтін, нағыз ер-азаматтың тәрбиесін бастан өткерді. Офицерлік шен алды. Бір өте жоғары лауазымдының отбасына қорғаушы етіп жіберіліп, әлгінің әйелін бақты. Ол қатын қайда барса, бұл соның соңында. Кейде ол ханым соңындағысын адам құрлы көрмей, дәретханаға тырқ-тырқ осырып, кетіп бара жатушы еді... Бір тәулік күзет, үш тәулік демалыс.
Соңғы кезде ол жұмыстан қолы босай сала, араққа басатынды шығарды. Бір күн ес-түстен айырылғанша сілейе ішеді де қалған екі күн - бойындағы арақтың уытын шығару үшін аянбай жаттығу жасап, жан терін сорғалатады. Жұмысқа аттанғанда жыны қағылған бақсы секілді - монтиып қана бара жатушы еді. Сондай бір жүйкені басу кезінде, кейде ішімдік түгесіліп қалады. Көркембектің әйелі бас пайдасы үшін сатуға емес, таза, мақтаулы ішімдіктерді топтап алып қоятын әдеті бар-тын. Келімді-кетімді кісілері көп, өздері де қонақшыл отбасы. Ара-тұра түннің қай уағы болса да бәрібір, осы Қоблан солардың есіктерін ұрғылап тұратын. Келесі келгенде алған затының ақшасын және оның үстіне қымбат шоколад қосып, отанасын риза қылып кететұғын.
- Аға, мен ештеңе демей-ақ қояйын...
- Әрине, өзім бір ретін келтірем. Уайымдама.
- Сау кезімде өте сабырлы, ұстамдымын. Аузыма бірдеңе тисе болды,
құтырынып шыға келем! Онан кейін мені тек, ұрып құлатпаса болмайды...
- Қызметіңе кедергі емес пе?
- Жоға... Төселген бір тәртіп бар. Содан қия баспайсың. Өткенде, көрші
елдің біз сияқты жауынгерлері келіп, сайыс өткіздік. Сондағы байқағаным: бойлары екі метрден биік алып жігіттерді ұрып құлатқан кезде айызың әбден қанады екен. Менің бойым бір жетпістің үсті ғана ғой. Апайтөстің кеудесімен жүгіріп өтіп, аспанда бір айналып, қона бере кеудеге бір тепкенде анау кескен терекше құлайды-ау! Нешеуін жабылтса да бір жұдырық дарытпадым. Әрине, тисе оңдыртпас еді...
Көркембек көз қиығымен қиғаштай қарап қойды. Оны байқаған Қоблан:
- Сенбей отырсыз-ау, ағасы? – деп жымия сұрады.
- Неге сенбеймін... Сенемін. Өткенде біздің ұлға көрсетіп жатқаныңды
байқағам.
- Ә-ә, қабырғамен жүгіру ғой? Там төбесіне басқышсыз шығып кетуге
болады.
- Иә, сонда ойлағам, осы ұл сірә, өрмекші емес пе деп?..
- Қатырасыз, көке!
Екеуі әңгімелесіп отырып, көздеген жерге жеткендерін аңғармай қалды. Бұларды Қобланның жездесі Құрман сырттан қарсы алды. Еңсесі зор, биік дуалды, алтындаған әсем өрнекті, көк қашалы үй екен. Біреу алдын ала ескертіп қойған сынды. Көздері жан-жаққа бытырай қашып, үйге шақырғанның орнына осы арадан құтылмақшы секілденді.
- Әпкем қайда?
- Ауырып жатыр...
- Не сәлемің, не кірің жоқ, саған не болған, жездеке? Мына үлкен кісіден
ұят емес пе?
- А-а, ассалау, ағасы... кіріңіздер, ақыры кеп қапсыздар...
Ішке енген соң бұларды жаздық, ашық жәйға апарып, тізе бүктірді. Құрман әлі сол қыпылықтап, көз тайса тұра қашқалы тұрған адамның сыйқында жүр.
Көркембек тамағын қырнап алды да Құрманға қарап, «отыр» дегендей ишарат жасады. Анау өз үйінде пыстан да сұстан да айырылып, бөгде біреудің билігіне көнуге мәжбүр болып, пұшайман хәлге түсті.
- Біздің неге келгенімізді сезген шығарсың? Сен азамат секілді берген
уәдеңде тұра алмағаның үшін айыпты екеніңді білесің бе?
- Ақсақал, жағдай келмей қалды. Қарыз-парыз, бала-шаға, тағысын
тағы...
- Егер сол ақша қолыңа қайта тимегенде - осы проблемаларыңды бұнсыз
да шешер едің ғой. Рас па?
- Әрине, бір тіршілік жасаймыз да...
- Ондай болса, тиесілі қаражатты бер!
- Былай етсек қалай? Мен ертең өзім апарып бере қояйын...
- Бұлаң құйрыққа салмай, қазір әкел! Өзің еркекпісің?
Құрман бүгежеңдей басып, үлкен үйге кетті. Біраз уақыт жоқ болды. Тосып отырған қос қонақтан сабыр кете бастағанда - үлкен үй жақтан бажылдаған ащы дауыс шықты. Қышқырған долы әйелдің азалы дауысы біреуді жоқтағаннан да әрман естілді. Өлік шыққан үйдің жан азасы жәйіне қалғандай еді...
- Бауыр болмай шіріп кеткір! Үш балаңның қызығын көрмей
қыршыныңнан қиылғыр! Бүйтіп кеткенше, қырып кет! Ойбай, құдайым-ай, не болдық?! Енді қайттік?
Құлақ бітесе де тесіп өтетін сұмдық қарғыстар Қобланның басына бұршақша бұқырады. Құрман сегіз жарым мың долларды көрнеу санап, столға тастады.
- Өткен жолы мың жарымын бергем...
- Білем! – деп Қоблан ақшаны жинап қалтасына салды. – Енді мені
көрмейсіңдер! Қош!
Құрман да үн жоқ. Бұтына жіберіп қойған сорлыша состиып тұр. Көркембек шығып бара жатып:
- Жарайсың, бойыңда еркектің азда болса бір жұрнағы қалыпты. Анадай
азынаған қатынға бой бермей, ерлік жасадың. Бір жатырдан шыққан бауырын қарғағаны жарамады...
- Қайтесіз, ақымақ қатын ғой... гөй-гөйлеп қояды.
Ары қарай сөз шығын деген раймен келген екі қонақ көліктеріне қатулана бет алды. Құрман қақпадан шығарып салуға жарамай, ауласында аңтарылып қала берген-ді.
Жол-жөнекей олар бір кафеге кіріп, жүрек жалғады. Әпкесінің үйінен дәм татпады. Тіпті, жік-жаппар болып, жалынса да Қобланның дастарқан сыйлау қоюы екіталай еді. Бір кіндіктен сегіз болып, соның жетеуі осының мойнына масыл болуы әділетсіздік сынды көрінді, Қобланға.
- Аға, көрдіңіз ғой, сыйқыларын... қалғандары да осы...
- Екі інің ше?
- Ой, оларды мүлдем құдай атқан! Біреуі туа біткен сотқар, қарақшы;
екіншісі парақор, заң орнындағы зұлымның өзі! Екеуі де екі күннің бірінде істі болып жүргені. Өткенде ғана Қырғызға барып, бұзық інімнің шәруасын реттеп келдім. Кірмейтін тесікке кіріп, құйрығына қоңырау тағып жүргені! Кейде опырып ақша тауып қайтса, кейде соның неше есесіне жығынды болады. Әйтеуір, әзірше басы аман жүр. Бір күні менің де беделім көмекке жарамай, ажал құша ма деп қорқам...
- Заңдағы ініңе не болды? Ол әділетті болуы тиіс еді ғой?
- Айтасыз-ау, нағыз қорқаудың өзі! Қылмыстыны судан таза етіп, адалға
күйе жағып, күнін көріп жүрген көркөкірек біреу! Бауыр болған соң оны да арашалауға тура келеді. Ақша десе ардан жұрдай, адамгершілікті белден басатын зәнталақ! Бұларды қойшы, ана қалған әпкелерімді айтсай... Бірі тыныш жүрмейді, қызметтерін пайдаланып пара алып, елді жылатады. Басшыларымен де жауласқан арызқойлар! Олар бүлдіреді. Мен түгендеймін. Әбден жалықтым, бәрінен! Бір қызығы: бұл жетеуі – біреуді түтіп жеуге келгенде, қорқаудың үйірі сияқты өзара керемет ұйымшыл және тату. Солардың бірі болсам да қип етсе, барлығы маған тістерін ақситады.
Көркембек не айтарын білмей, дал болған кейіпте маңдайын саусағымен сипалап отырып қалды. Қобланның бір-біріне жете қабыл үш ұлы бар-тын. Соның екеуі мүгедек. Бірінің тілі жоқ, мылқау. Екіншісі қол-аяғы селкілдейтін жүйке ауруына шалдыққан. Тек, кенжесі ғана сау сияқты. Келіншегі Айша да осы қайғыдан қатты жүдеді. Қай жақтың тұқымынан жұққан дерт екенін ажырата алмай дал. Ем қонар деген үміттен де күдер үзген. Қобланның соңғы кезде араққа тым жақын болып кеткені де осыған байланысты тәрізді. Көркембек Қобланның қолына алақанын салып:
- Сен маған туған інімдейсің. Қанша сұсты, қатал көрінгеніңмен жаның
нәзік екенін білемін. Бауырларың қанша рет көңіліңді қалтырса да әлі күнге соларды ешкімге таба қылмай келесің. Бұл - үлкен адамгершілік! Өкініштісі, сол туыстарыңның сені бағаламай, жаныңды түсіне алмағандығы. Айша сияқты адал жарың бар, құдайдың берген үш қарғасы бар... соларды ойла. Қолда бар бақты қадірлеу керек. Сен осы уақытқа дейінгі көзқарасыңды өзгертіп, өзге бағытты таңдауың тиіс.
- Көке, ол мүмкін емес! Мен көп қан көрдім. Қолым да қанға батқан.
Басқаша өмір сүре алмайтын сияқтымын. Жанымда тапанша болмаса, мен адам емеспін...
- Жарайды, өз ойымды айттым. Және сенің өміріңді мен түсінбеймін...
- Ренжімеңіз, көке! Қой, жүрелік... Сіздің арқаңызда Кенже достың
алдында бетім ашық болатын болды. Рақмет, Сізге!
Көлікке отыра бергенде Қобланның қалта телефоны шыр етті. Ол жақтырмай телефонды өшіріп тастады. Артынша қайта қоңырау шалынды. Осынша безілдетіп жатқан кім болды деп шалушының атын оқыды да түсі бұзылды.
- Келінім бейсауат хабарласпаушы еді, ана жынды тағы ұрынған-ау,
сірә? Алло...
Қоблан үнсіз тыңдады. Ар жақтан жылаған әйелдің даусы анық естіліп тұрды.
- Жақсы... бір сағаттан соң жетем. Алаңдама. Бәрі орнына келеді.
Телефонды өшіріп қалтасына салды. Түрі өрт сөндергендей боп. түтігіп кетіпті. Ашу қысып отырғаны айдан анық.
- Сізді апарып тастайын, аға.
- Шұғыл шәруа шығып қалса мені жолдан қалдырып кет. Жетем ғой,
бірдеңе ғып...
- Ана екі жынды інім қораға кіріп кетіпті! Бәсе, кейінгі кезде тым ауыз
жаласқандары күдікті еді... Біреулер бопсалап жатқан сынды.
- Қап әттегенай, ә! Бір шаруаны енді бітіріп келе жатқаныңда тағы
басыңды қатыратын болды ғой?
- Үйреншікті нәрсе ғой. Олармен жақсы тіл табысам, көке...
- Мен осы жерден қалайын. Ал амандықта жолығайық.
Қоблан Көркембектің қолын қысып қоштасты да мақұл деп келіскендей басын изеді. Сосын лыпылдаған шетел көлігінің бүйірін безілдете басып, ата жөнелді.
Есік ашық тұр екен. Көзі домбығып ісіп кеткен Айгүл Қобланды кіре берістен қарсы алды. Ол байырғы әдетінше: «Ағатайым!» деп қайынағасын бас салды. Ол қашанда өстіп еркелеуші еді. Қоблан оны бауырына қарындасы тәрізді басып, маңдайынан сүйетін-ді. Екеуара осындай туыстық сезім бар-тын.
- Балалар қайда?
- Олар өз бөлмелерінде...
- Ал енді айта ғой, алтыным!
- Сізге хабарласардың алдында біреу қоңырау соқты. Қыдырдың
телефоны. Сейсен екеуін бір жерде ұстап отырған көрінеді. «Ертең жүз мың доллар әкелмесең олардың сүйегін де таба алмайсыңдар!» деді.
- Оған не деп жауап бердің?
- «Мақұл, қарастырайын» деп алдарқатып, сізге жалма-жан қоңырау
шалдым.
- Дұрыс жасағансың. Не де болса олар енді ертең ғана хабарласар. Оған
дейін бірдеңе ойластырармын
- Қыдыр мен Сейсен екеуі сізге әбден машақат болды ғой! Олар үшін
өзім ұяламын!..
- Ғапу ет, алтыным! Мен кетейін. Ешкімге тіс жарма.
Қоблан келінінің бетіне бірнәрсе айтуға оқталған адам сынды ойлы жүзбен қарады. «И-и, алтыным-ай, машақатым осылар ғана болса тәуір-ау!..» деп ішінен ойлады да көзін қысып, теріс айналды.
Алдыда әлі екі күн демалысы бар еді. Кенже үйінде екен. Келіншегі екеуі бір жаққа шыққалы жатқан сияқтанды. Қоблан келген соң сыр білдірмей, керісінше екеуі сырттан жаңа келгендей жәйбарақат шешінді.
- Мен шәй қоя берейін, – деп Кенженің әйелі ас үйге бет алды. Қоблан
мен Кенже бөлмеде жеке қалды. Есікті іштен бекіте жауып, жорнал стөлі басындағы қос креслоға жайғасты.
- Менің екі сотқар інім тағы бірдеңе бүлдіріпті. Жүз тал көк жапырақсыз
жандары қалатын түрі жоқ.
- Шәруаңды бітіре алдың ба, айтпақшы?
- Ә-ә, сегіз жарымын сындырдық қой, аттандатып жүріп. Мінеки. Сенде
болсын.
- Бұл ақша бәрібір жетпейді. Қалғанын қайдан аламыз?
- Сен не, ақша төлегің кеп тұр ма?
- Басқа амал бар ма?
- Соны ойлау керек...
- Шаршаған шығарсың, бірдеңе ұрттайсың ба?
- Жо-жоқ! Мені білесің ғой, аузыма тисе болды тура қазір аттанам
жауға!
- Саған да ақыл кірейін деген екен! Тәуба...
- Кіргізеді, мынадай туыстарың болса...
- Жақсы, онда. Таңертең хабар күтем.
- Иә. Жау-жарағыңды, айла-амалыңды пысықтап шық түнімен. Жақсы
тынығып ал. Құдай білсін, не күтіп тұрғанын?
- Олар да адамның баласы ғой. Бір жерінен уыстап ұстармыз... Көрмей
жүрген құқайымыз ба?
- Рақмет, Кенже!
- Маған бір ой келді. Ертең айтам.
- Асықпа. Әбден пысықта.
Суыт шығып бара жатқан Қобланды байқап қалған келіншек:
- Аға, дәм ауыз тимедіңіз бе? – деп шаужайына жабысты. Ол оған да
рақметін жаудырып, кідірместен шығып кетті.
Ұйқы мазасыз болды. Егер басқа уақыт болса Қоблан жүйкесін тыныштандыру үшін ащы судан шөлі қанғанша ұрттар еді. Бұл жолы олай етпеді. Дөңбекшумен таңды атырды. Аяғы ауыр Айшаның мазасын алмайын деп, ол қонақ бөлмедегі диванға жата кеткен-ді. Не бір сыйықсыз, жан түршігетін түстерді көрді.
Кезінде Қобланды шекесінің бәрі көз, аяқтары қолтығынан өскен бір сәнқой қыз қатты айналдырған-ды. Бірақ, ол - осы талдырмаш, танауының үстінде жұқа секпілі бар, жүзінен мейірім ұшқындаған Айшаға таңдады. Қоблан Айшамен жұптасқанына ешқашан өкінген емес-ті. Керісінше, күннен күнге сүйе түсетін тәрізді.
Ол ешқашан түс жорып, ырым-сырымға мән беріп көрмепті. Осы жолы ғана мына жәйттің қалай тәмам боларын осы көрген түстері сарынынан аңғармақ болды. Бірақ, қанша рет көрген түсін жүйеге салып, екшегенімен ақыл-кеңес, бағыт сілтейтін сәуегейлікті сезбеді. Бәріне қолын бір сілтеді де нақтылы қандай қадамдар жасау керектігіне ойысты. Ондай қорытындыға келу үшін аналар жақтан бір ұсыныс түсіп, сонан кейін ғана сараптама мен барлауға жол ашылар еді...
Осындай ой құшағында жатқанда телефоны шыр ете қалды. Қоблан атып тұрып, жуынатын бөлмеге кірді.
- Қайырлы таң, ағатайым! Аналар хабарласты. «Сағат онға таман
Ермендінің жолымен көтеріл.» деді. Мен өзім бара алмаймын, ағатайым барады.» дедім. Олар қарсы болған жоқ.
- Дұрыс болған екен. Енді ешнәрсеге алаңдамай, балаларыңның қасында
бол. Есікті ешкімге ашпа. Қоңырау шалма. Өзім хабарласам.
- Мақұл, ағатайым.
Нөмірі ат үркітетін көлікті тастап, Көркембектің қызыл «Аудиын» сұрап алды. Кенже өз жекеменшік көлігіне отырды. Қоблан қаладан тез шықты. Ермендінің жолымен тауға өрлеп келеді. Оның соңынан қарасы бір де шалынып, бір де сөніп Кенже келе жатты. Екеуі ара-тұра хабарласып қояды. Осы жолдан бұра тартып, ешқайда тосын танап шықпайтыны белгілі. Не де болса кездесетін жер - жағасын алмағаш, итмұрын, долана, қалың ну шөп көмкерген осы тұстың бір қалтарысы болуы керек. Тағы бір себеп: бұл маңда көлік қатынасы сирек еді. Олар да осындай оңтайлы, кісі көзіне түспейтін аймақты қалаған сынды. Айтқандай-ақ, бір қолтықты айнала бергенде алдыда көлденең тұрған қара түсті көлік көрінді. Қоблан Кенжеге келісілген хабарды жөнелтіп үлгерді.
Аралары жиырма бес-отыз қадамдай кеп тоқтады. Қарсы жақтан спорттық киім киінген екі жап-жас жігіт бұған қарсы жүрді. Қоблан терезеден басын шығарып:
- Тоқтаңдар! Алдымен ана екеуін көрсетіңдер! – деп дауыстады. Сосын
ішінде қомақты заты бар қол қапшықты шығарып бұлғады.
- Оларды ақшаны алған соң ғана көрсетеміз! – деп екеу өжет түрде баса
көктей адымдады. Қоблан сыртқа шығып, қапшықты капоттың үстіне қойды да құр алақан адамша екі бүйірін таянып, жақындауын тосты. Олар жақындаған сайын бойлары серейіп, білек бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, жөушендінің мысын әпсетте басатын әлеуетті көрінді.
Тым таяп қалғанда Қоблан:
- Біреуің ғана кел! – деп қатулана айтты. Сырт сипаты қауіпті еместей
көрінген орта бойлы, денесі төртбақ болғанымен ашаң жігіт ағасының дауысы тым өктем шықты. Қобланның ішкі түйсігі: қарсы алдындағылардың әккі қарақшы еместігі жәйлі күбір еткен-ді. Сондықтан, қару шығармай-ақ шәруаны тәмам қылуды ұйғарды. Ана екеуі алдынан жылан ысқырғандай сескеніп, еріксіз тосылды. Бір-біріне қарасып барып, ілгерілеу тұрғаны қозғалды. Қоблан қапшықтың аузын ашып, бір шетінен ұстап анаған қарай жылжытты. Қат-қат боп белінен буылған жап-жасыл жүздіктерді көргенде - әлгінің көзі жәйнап сала берді. Қапшықты қос қолдай ұстап, өзіне жұлқа тартты. Бірақ, тартып алуға шамасы жетпеді. Аңтарылып артына қарағанда Қоблан оның алқымына білегін тұзақша орап үлгірген еді. Аямай бір қысып жібергенде ол бет-аузы шимандай қызарып, қапшыққа жабысқан қолдары ажырап кетті. Тұзақтан құтылмақ болып, Қобланның білегін тырмалап, жан далбас жасады. Осы кезде екіншісі жан қалтасынан шырт еткізіп пышағын суырды. Онысын сеспен жылмаңдатып, жарып тастауға бел буып, алға аттады. Қоблан құшағындағыны тағы бір қысты да босата салды. Ол сылқ етіп, тастақ жолға сұлады. Анау бетінің қан-сөлі қашып, төніп келеді... Арттан келген Кенжені ол аңғарған да жоқ-тын.
Сол қалтарыс қолтықтан жоғарылау жердегі қалың бұта арасынан - арқаларын қабыстыра матаған жоқтарды тапты. Ауыздарына шүберек тығыпты. Шөлден тілдері ісініп, бет-ауыздары быж-тыж болған Қыдыр мен Сейсеннің орнына ана екеуін қосақтады.
- Иә, батырлар, не болды? Мынадай боқмұрындарға жем болығандарың
қай сасқандарың?
- Үй бір, шөпжелке жезөкшелер... клофелин қосып қатырған сыңайлы?
- Мына алкеудені қой, ал сен ішкі істер қызметкері, неғып қара басты?
- Арақтың кесірі! Біреуді сындырып, тойлауға бас сұққанбыз...
қылмаңдап іші бауырымызға кіріп кетті, сайтан немелер!.. Есімізді жисақ...
- Болды! Ештеңелеріңді естігім келмейді!
- Қап, түнімен «қуыршақ» жасап, әбігерге түскенім зая кетті-ау! – деп
беті мен асты таза ақша, ортасы қағаз толтырылған бумаларды қолына салмақтап ұстаған Кенже қарқ-қарқ күлді. Қобланның ашуы ойнай бастаған сынды. Жаман дауыспен барқ етті.
- Құндарың елу мың ғана көк жапырақ екен!
- Не аз ақша ма? – деп Қыдыр ағасына аңырая қарады. Ұялған тек
тұрмайды демекші, Сейсенге де тіл бітті.
- Бұл дәулетті кәсіпкермін деп бөсті ғой. Сейф толы көк жапырақ, гаухар
тас...
- Өзің не дегеніңді білесің бе?
- Білем...Ұйқы басып, қатып қалмағанда генерал болатын едім!..
- Кенже, қарашы мыналарға! Есі дұрыс адамдарға ұқсай ма?
- Бастары жазылған соң, жөндеріне келер...
- Мен ол салдақылардың бұттарын жұлып, өздеріне балдақ етем! – деп
Қыдыр кіжінсе, Сейсен: - Тонайтын кісіні тапқан екен? Түрмеде шірітем! – деп ісінді.
- Не қылсаңдар да өздерің біліңдер! Едігәрі мені араластырмаңдар!
Тойдым бәріңнен! Кеттік...
Кенже бұлармен қоштасып үйіне тартты. Қоблан екі інісін алып, өз мекен-жайына таяу ішімдігі бар бір дәмхана бұрылды. «Аудидың» иесі Көркембекке телефон соғып, сол жерден алып кетуін және рақмет айтқысы келетінін жеткізді.
Көркембек қып-қызыл төбелестің үстінен түсті. Дастарқандар шашылып, столдар төңкерілген. Кіре берісте екі нән жігіт сұлап жатыр. Оларға төніп, әбден әрауқтанып алған Қоблан тұр, білегін сыбанып.
- Тағы шығатындарың бар ма!?
- Бауырым-ау, мынауың не? – деп Көркембек Қобланды сабасына
түсірмек болып, құшақтап еді:
- Көке, маған тым жақындамашы! Бата тимесе, қата тиіп кетіп жүрер...
– деп ол жасаған қамқорлықтан бойын ысырды. Тым-тырыс күй орнады. Ешкім дәті барып шыға қоймаған соң, екі інісі отырған столға барып жайғасты. Көркембек те келіп тізе бүкті.
- Көке, мына екі әумесірдің қылапаты аздай, тыйыш отырған жерімде
қайдағы біреулер ары өтіп бір қақты, бері өтіп бір қақты. «Бауырлар, қойсай...» десем, «Қоймағанда не қыласың?» деп ежірейеді. Өздері төртеу болатын. Екеуі сұлаған соң, қалғаны қашып кеткен сияқты. Айтыңызшы, не істеуім керек еді?
- Сазайларын тартыпты ғой! Әлі есін жия алмай жатыр... – деп
Көркембек есік жаққа сескене қарады. Қобланның қалта телефоны от алды. Ол алып қарады да сөндіре салды. Тағы шырылдады. Ол тағы әдейі қасақана өшірді. Бұған аң-таң болып қараған екі інісіне: - Сендердің әпкелерің мазалап жатқан! Қазір біреуіңе хабарласады.– деп жақтырмай жауап берді. Расында, Сейсеннің телефоны безілдеп қоя берді. Ол құлағына тосып, үн-түнсіз тыңдады. Сосын: - Иә. – деп жауап берді де телефонды Қобланға ұсынды. Ол қолын сілтеп, қарсылық білдірді.
- Сөйлескісі келмейді... Маған не қыл дейсіз? Қолымен істеді, мойнымен
көтерсін! Өзімнің де басым шатылып жүр! Иә, айтам...
Қыдыр орнынан қопақтап:
- Не боп қапты? – деп таңдана сұрады.
- Не болушы еді!.. Енді жиендеріміз қарақшылық жасап, қамауға түсіпті.
Құтқарыңдар деп боздап отыр да!..
- Иә, құтқарыңдар! Егер мен алда-жалда өліп қалсам, қоса өлесіңдер ме?
- Жаман сөзді қайтесің. Онанда Бейіскүл әпкемізден он мың долларды
тартып алғаныңды айтшы. Соны қайтарсын деп жатыр. Балаларды құтқаруға керек деп...
- Пәле, біз елді тонап жүрсек, сен өзімізді тонап жүр екенсің ғой!?
- Оттамаңдаршы! Көке, қарашы мыналарға! Жоғалыңдар, тап қазір көз
алдымнан! Әйтпесе, жамсатамын!
Қоблан қолтығындағы тапаншаны суырып алып, оларға кезенді. Ана екеуі құйрықтарын жым қысып, ата жөнелді. Қоблан араққа тағы тапсырыс берді. Көркембекке ұсынып еді ол:
- Көлік айдап кетуім керек қой, - деп қарсылық танытты.
- Жарайды, аға... Мен бүгін ішпеуім керек еді. Амалсыз ішуге тура келді.
Ертең аузыма татып алмаймын.
- Сөйте ғой, айналайын!
- Аға, өмірден шаршап кеттім! Ешбір күнәсі жоқ балапандарымның
денсаулығы, мына туыстарым, одан қалды тырқ-тырқ осырып, өзін құдайдың қатынындай көріп, көкиіп жүрген әне бір есуас кемпір де жүйкемді тоздырып барады. Оның алдында сымша тартылып, сәлем беруің керек. Ол болса саған пысқырмайды да. Қайдан шыққан кесел десеңізші? Қойшының кешегі саталақ қызы емес пе?
Қоблан басын шайқап, алдындағы арақты аузына бір-ақ төңкерді. Сосын ширақ көтерілді.
- Мені жалғыз тастамаңызшы, көке!.. Жалғыз қалсам өзімнен-өзім
қорқатын болып барам...
- Жүре ғой, алтын інім! Үйге жеткізіп салайын.
Бұлар сыртқа шыққанда көше бойындағы көліктердің тұсында тұрған жеті-сегіз адам жалт бұрылды. Олар оқты көздерімен ата қарап тұр. Көркембектің көлігі де сол тұста еді. Таяңқырап келгенде арасынан екі-үшеу жырыла шығып, бұларға беттеді. Кейіптері манағы таяқ жегендерге ұқсайды. Қоблан сол жақ қолтығына қолын салды да қара болаты көрді елестеткен салмақты тапаншаны суырып алып, сырт еткізіп бір тартып, оғын оқпанына жөнелтті. Әлгілер тосылып қалды. Ар жақтан біреуі «Доғарыңдар!» деп дауыстады. Қоблан денесі тітіркенбестен оларды сүйкей өте шықты. Көркембек Қобланан оза жүгіріп, рөлге қолы жетіп, көлігін от алдырғанда ғана, «үх!» деп демін қайтарған-ды.
Арада біраз уақыт өтті. Көркембек қала ішінде қатынайтын шағын автобус жүргізушісі еді. Таңертең ертелетіп жұмысына тұрып жатқанда үй телефоны шырқырап қоя берді. Мезгілсіз уақытта қоңырау шалған кім екен дегендей әуестікпен және кейістік танытып, тұтқаны көтерді.
- Аға, Қобланнан айырылып қалдық!
- Астапыралла, не дейді?!
- Иә, кеше түске таман... Сіздерге хабар беруге есіміз шығып кетті.
- Айналайын Айша, дұрыстап түсіндірші... Не болды?
- Өзін-өзі атып тастады!.. Аға, сұмдық болды! Қайтемін!?.
- Қазір барамыз! Бекем бол, қарағым...
Мына суық хабар Көркембектің әйелін де есінен тандырды. Оның тілі «сенбеймін, сенбеймін» дегеннен өзге ештеңеге келмеді.
Біраз ел қарасы көрінеді. Көңіл айтып шыққан соң, Көркембек жылауын тоқтатқан Айшадан мән-жәйді сұрады. Оны өксік қысып, сөйлей алар емес. Қасында отырған Қыдырдың әйелі Көркембекті шетке шығарып, болған жәйді айтты.
- Кеше түскісін біздің үйге келді. «Аңсарып ауып кетті» деп. Шәй іштік.
Балаларды сұрады. Олар сабақтарында болатын. Оқу үлгерімі қалай деді. Мен ағатайымнан «сіздің балаларыңыз қалай?» деп едім, ол кісінің қабағы түсіп кетті. Айша абысыным да айтып жүрген, «Ағатайың кейінгі кезде балалардың денсаулығына қатты алаңдап жүр. Сау ма деген кенже ұл да біртүрлі қылықтар көрсете бастады. Ал бойыма жаңа біткен мына бала қандай боп туады екен?» деп өзім де қайғырам деген-ді. «Менен ылғи жарымжан ұрпақ қана тарайтын болды!» деп ағатайым да қатты налитын көрінеді.
- Құдайдың салғаны солай болса, не амал бар? Қап, әттенгенай! Қай
жерде атылып жүр?
- Біздің үйде. Шәй ішкен соң, қонақ бөлмеде альбом ақтарып, кейбір
суреттерге күліп қойып, көңілді отырған. Мен бір кіргенде тапаншасын ұстап, ойыншықша айналдырып отыр екен. «Қаруыңыз атылып кетпей ме?» деп сұрадым, жүрегім әлденеге тіксініп. «Өзің қаламасаң, атылмайды» деп күлді. Мен ас үйге кіріп тамақ әзірлеуге кірісе бергенімде шкаф құлағандай тарс ете түсті. Алып ұшып келсем, ағатайымның басынан шашыраған қан қабырғаны бояп, өзі столға етбеттей құлапты...
Сүйегін туған ауылына апарып, жерледі. Қара-құрым ел жиналды. Бес әпкесі қатарласа отырып алып, жоқтаудың не бір түрлерін сарнатты. Шаштарын жұлып, жер тырмалады. Екі інісі таяқ ұстап, өгіздей өкірді. Қойып келген соң, «қайғыдан қансырап», қоса өлердей араққа сылқиды.
Абыр-сабыр кезінде күйеуін үйден өзі қуып жіберген, бір жұлмыр әпкесі өлікке ел әкелген Көркембектің автобусына кіріп тыныстаған-ды. Аяқ-қолы балғадай, дене мүшесі өз орнындағы қатын Көркембекке мұңын шағып, тағы ойбайға басты. Шашы дудырап, етегі түріліп, бұт киімі сыпырылып, отырған жерінде қайта-қайта талып, құлай берді. Көркембек оны сүйеп, қайта отырғызумен әлекке түсті. Сондай бір жақындасып қалғанда - әлгі азалы қатын:
- Мені дұрыстап уатыңызшы! – деді, көзі мұнартып. Көркембек расында
дәнеңе түсінбеді.
- Қалай уатам? Бәрімізге де оңай тиіп жатқан жоқ, Алланың ажалына кім
тоқтау болсын. Жылама, қарағым...
- Олай емес, мені астыңызға алып, қайғымды тарқатыңызшы!..
- Астапыралла, бұ не сұмдық? Мына жақта ел азан-қазан жылап жатыр!
Сенің айтып отырғаның не нәрсе? Кет, пәлекет!
Аман-есен Қобланды қойып келген соң, біраз күннен кейін Айша хабарласты. Тағы жылап тұрған сыңайлы.
- Сіздер маған аға-жеңгемдей болып кеттіңіздер. Келіп, бір шәугім шәй
ішіңіздер. Айтар назым да бар еді...
Айшаның тілегін екі етпей, Көркембек әйелін ертіп, сонда барды. Бет-аузы көкала қойдай боп көгерген, Қыдырдың әйелі де осында екен.
- Үйбу, қарағым-ай, сені кім соққан? – Көркембектің әйелі салдырлай
сөйлеп, жағасын ұстады. Айгүл қымсынып Айшаға қарады. Ол айта бер дегендей басын изеп, ым жасады.
- Ағатайымды қойып келген соң, Қыдыр: «Ол неге біздің үйде атылып
өледі? Екеуіңнің араларыңда бірнәрсе бар. Мойында!» деп жұдырықтың астынан алды.
- Есі дұрыс па? – деп Көркембек те жағасын ұстады. Айгүлдің ары қарай
сөйлеуге шамасы келмеді. Жасқа булығып, теріс айналды.
- Бұдан да сорақысын мен көрдім! – деп Айша Айгүлді бауырына басты.
Келген екі қонақтың көздері шарасынан шыға сөз тосты. Айша бойын да дауысын да жиып, өз-өзіне келген адамды аңғартты.
- Қобланның топырағы да суыған жоқ. Жетісі де алда. Ал Сейсен деген
інісі кеше келіп, ойран салды. «Ағамнан кілең мүгедек бала жаралып, тұқымды аздырды. Оны Құдай сол үшін жазалады. Іштегі балаңды түсік тастат. Мына бейбақтарды мүгедектер үйіне өткіз. Мен саған дені дұрыс бала таптырам! Сені ешқайда жібермеймін. Менің көңілдесім боласың!» деді. Мынадай сөзді естігенде Көркембектің әйелі:
- Ойбай жүрегім, ойбай жүрегім! – деп көзі алайып талып бара жатты.
Екі келіншек оның бетіне су бүркіп жатқанда, есіктің қоңырауы естілді. Талған әйел басын жұлып алып:
- Сейсен бе келген? – деп шошына сұрады.
- Мана, Кенже хабарласқан. Сол шығар, - деп Айша сабырмен айтып,
есік ашуға беттеді. Кенже асығыс екен. Кіре берісте Айшамен бірдеңелерді сәл күбірлесті де Көркембекке келіп сәлем беріп, асығыс шығып кетті. Айшаның қолындағы қомақты бумаға бәрінің көздері қадалды.
- Кенженің айтуынша бұл ақшаны Қоблан аманат етіп, оған қалдырған
екен. Соны әкеліпті.
- Артын ойлап жүрген ақжүрек бауырым-ай! – деп Көркембектің әйелі
боздап қоя берді.
- Мына жігіт нағыз азамат екен! – деп Көркембек те тамсанды. Сосын
оның боздап отырған әйелі жылауын сап доғарып:
- Қанша екен? – деп сұрады. Көркембек мына сұрақтан селк етіп:
- Сенің не шәруаң бар! – деп жекіді.
- Кенже де білмеймін деді.
Біраз уақыт тыныштық орнады. Қонақтар қипалақтап, қайтуға рай танытты.
- Сіздерді шақырған себебім: мына үй – қызметтік пәтер. Бүгін болмаса
ертең шығыңдар деуі ақиқат. Дүние-мүлік жинаған жоқпыз. Қоблан да ондайды жақтырмайтын. «Көше алмай ит боламыз!» деп... Киім-кешек, майда-шүйде ғана. Сейсеннің маза бермейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан, жетісі мен қырқын берген соң, Қарқаралыдағы төркініме кетуді ұйғардым.
- Қызым, мен сөйлесіп көрейін ер адамша.
- Ой аға, ол сөз түсінбейді! Басыңызды бір пәлеге іліктіріп жібереді.
- Айгүлжан, сен істемек ойың бар?
- Мен ешқайда кете алмаймын. Өлтіріп тастағанша балалар үшін
шыдаймын.
- Әй қайдам?.. Ара түсетін ағасы жоқ. Қоблан да айтып еді, «Менің
беделім жетпеген күні - бұл ажал құшады.» деп. Құдай сақтасын, Аллам оған ақыл берсін деп тілейік...
Көркембек дастарқанға бата жасады. Екі әйел есік көзінен шығарып салды. Сыртқа шыққанда ерлі-зайыптының тыныстары ашылып, бір құбыжық дүниеден оралғандай сезінді.
- Адамның балалары да осындай қорқау болады екен-ау?! – деді
Көркембектің әйелі дауыстай сөйлеп. Күйеуі ешнәрсе деп жауап қатпады. «Жегенін жеп, жемегенін баудай түсіріп, шегірткенің ордасындай күннен күнге ұлғайып бара жатқан - бұл не зұлмат?» деп ішінен ауыр ойға қалды.
АЛАШ – 100 жыл
Жуырда мемлекет басшысы Н.Назарбаев Татарстанға ат басын бұрып, киелі білім ордасы Қазан университетіне соққан еді. Осы оқу орнынан білім алғандардың арасындағы алғашқылардың бірі болып, туған елінде есімі елене бермейтін Базарбай Мәметовтің аты аталған-ды. Ертеректе әкем: «Базарбай деген сот ағамыз болған. Ел-жұрттың қамын ойлаған абзал азамат еді. Халық жауы боп кетті...» деп қамыға есіне алып отыратын.
Биыл Алаш қайраткері – Базарбай Мәметовтің туғанына 130 жыл толды. Осы орайда сол арыс туралы жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмын.
ӨКСІКПЕН ӨТКЕН ЕШ ҒҰМЫР
1803 - 1917 жылдары Қазан қаласы Қазандық білім округінің орталығы болып, оған орта және төменгі Поволжье губерниялары кірді. Қазан білім округінің инспекторлары сонымен қатар осы округке қарасты қазақ білім ошақтарын да назарында ұстады. Қазан университеті мен Қазан ветеринариялық институтында XIX ғасырмен XX ғасырдың басында көптеген қазақ студенттері білім алды. Олардың біразы кейін көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қараткерлері болды. Солардың қатарында – Базарбай Мәметов, Ували Таначев, Махмуд Чултуров, Мұхамеджан Қарабаев, Шафкат Бекмұхамедов, Әбубәкір Алдияров, Мұхаммед-Қазы Чутаев және көптегендер. Қазанда білім алған қазақ түлектері қазақ зиялыларының белді когортасын құрап, Қазақстанның ғылыми, мәдени және саяси-қоғамдық өмірінде айырықша із қалдырды.
Аты тең дәрежесінде ардақталмай, туған ұлтына терең таныстырылмаған Алаштың бір арысы – Махетов-Мәметов Базарбай 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін тәмамдайды. Осының алдында 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын аяқтаған болатын-ды. Баян желісін мұрағатта сақталып, әбден сарғайған сол арыстың өз қолымен жазған өмірбаянын арқау етіп, нақты деректерге сүйене бергеніміз жөн болар: (Аудармашы Заман Төлеуов)
«1988 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, қазіргі Көктерек болысы (бұрынғы Балқаш-Лепсі болысы) Шілікті жайлауында руы Садыр, Асипов Мәметтің кедей отбасында дүниеге келдім. 1898 жылы жасым онға толғанда мені ата-анам Верный ерлер гимназиясының пансионына қазына қаржысы арқылы білім алуға тапсырды. 1900 жылы пансионның дайындық курсынан соң емтиханнан өтіп, гимназияның төменгі әзірлік класына қабылдандым. 1911 жылы аяқтап шықтым. Білімімді жалғамақ болып, Семиреченск әскери губернаторынан стипендия тағайындауын өтіндім, бірақ қолдау таппай сол жылғы маусым айында Ташкент қаласына кеттім. Бұнда келген соң да Түркістан генерал-губернаторына өтінішпен кірдім. Тағы да жолым болмады.
Білімімді ары қарай жалғастыра алмай және туған ел-жұрттан жырақта, ешбір таныссыз, күн көрістің өзі қиындыққа соқты. Енді амалдап нан тауып жеудің қамын ғана ойлап бір қызметке орналасуды ойластырдым. Осы мақсатпен жүргенде кездейсоқ Ташкен қаласына келе қалған танысым азамат Тынышпаевқа жолықтым. Ол өз тарапынан Ұлы князь Константин Константиновтың канцелярия меңгерушісі - сол тұста Ташкенде айдауда жүрген полковник Беловпен таныстырып, одан көмек өтініп, егер мүмкіндік болса жұмыс тауып беруін сұрады. Менің жағдайыммен танысқан соң ол Ұлы князға материалдық көмек сұрап жолыққанымды жөн көріп, өзі де қолқабыс көрсететінін айтты. Ұлы княздің жеке қабылдауында болып, өтінішім өтіп, маған бір жыл көлемінде айына 20 сом стипендия тағайындады. Бірақ, бір жыл өткен соң баяғы таршылыққа қайта тап болдым. Бұл тығырықтан шығуға Түркістан студенттер жерлестігі мен азамат Тынышпаев қол ұштарын берген еді. Жазды күндері қызмет жасап ақша таптым, сонымен қатар қыс айларында жалданып сабақ беріп, осының арқасында университет төлемақысы мен күн көрісімді де айырдым.
Осындай қиыншылықтарды бастан кешіре жүріп, 1917 жылы университетті бітірдім. Бұдан соң мамыр айының аяғында ?....(осы тұс анық жазылмаған) келдім, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істедім. Осы жылдың қыркүйек айында съезд шешіміне сәйкес Лепсі уезінің Кырғыз Комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл міндетті 1918 жылдың сәуір айына дейін атқардым. Керенский өкіметі құлаған соң, сол сәуір айының алғашқы күндері жалпы уездік съезде уез Совнаркомының мүшесі және Лепсі уезінің Әділет Халық Комиссары болып сайландым. Мамыр айының басында Мамонтовтың жазалаушы отряды келуіне байланысты Лепсі уездік Совнаркомының барлық Кеңесі Мамонтовтың бұйрығымен таратылды. Менің бас сауғалап ел ішіне кетуіме тура келді, тіпті одан әрі Шәуешек асып, бір айдай сонда бой тасалаған соң, Семей қаласына бардым. Семейде Сырдария және Семиреченск облыстарындағы ашыққандарға көмек ұйымдастырған облыстық комитетке қызметке тұрдым. 1918 жылдың қазан айында Лепсі уезіне іс сапармен келіп, осы уездегі ашыққандарға көмек көрсететін аудандық комитет құруды қолға алдым. 1919 жылы бұл комитет таратылып, мен қайта ел ішіне кеттім.
1920 жылы Лепсі уезінде Кеңес өкіметі орнауына орай, Романовск (Қазіргі Көктерек) болысының Халық Соты болып тағайындалдым. Сол жылдың қазан айында аудандық соттың қаулысы бойынша Лепсі қаласының 1-учаскесіне халық тергеушісі болып ауыстым. Осы айдың аяғында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Лепсі уездік чекасына аға тергеушілікке жіберілдім. 1921 жылдың сәуір айында УЧека тергеушісі болып істеп жүрген кезімде тергеуімде қамауда жатқандардың жалған арызы мен Лепсі уездік Чека төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алындым. Губерниялық чека, губерниялық атқару комитеті және Губерниялық комитеттің экспедициялық үштігі мені 12 тәуліктен соң босатты. Осы жылдың мамыр айында Семиреченск өлкесінің уездік съезіне, одан Семиреченск өлкесінің облыстық съезіне делегат боп сайланып Алматыға аттандым. Онда 1922 жылдың шілдесіне дейін болдым. Бастапқы кезде Семиреченск облыстық комитетінде, кейін облыстық Совнарсудта төраға орынбасары, одан Совнарсудтың Қырғыз бөлімін басқардым. 1922 жылдың шілдесінде облнарсудтың нұсқауымен Лепсі және Талдықорған уездеріне инструктор ретінде іссапарға шықтым, сонымен қатар маған осы уездердегі тергеу-сот қарарлары мен қордаланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша сот міндетін де жүктеді. Қыркүйек айында Совнарсуд пен Облпрокурордан менің Лепсі уезінің прокуроры көмекшісі болып тағайындалғаным жөнінде қатынас қағазы келді. Содан 1925 жылдың ақпанына дейін сол қызметте болдым. Осы жылдың сәуір айында облпрокурор Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне Алматыға шақыртты. Қаражаттың тапшылығынан және ден-саулығымның болмауына байланысты мен Алматыға жете алмадым. 1925 жылдың 6-қарашасында қызметтен босатылдым
Алматы қаласы. Б. Маметов
Қандай да себептерді арқау еткенімен бұл қадамы Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқан боп саналғаны айдан анық. Көзі ашық, кәсіби білікті адам тектен-текке бұндай тәуекелге бармасы да аян. Сөйтіп Мәметов Базарбай қазіргі Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіндегі Бастаушы деген жерде сегіз бөлмелі ағаш үй тұрғызып, шаруашылықпен айналысады. Аталмыш үй - «Базарбайдың көк үйі» атанып, күні-бүгінге дейін көне-көз қариялардың жадында сақталған. Халық жауы деп сотталып, дүние-мүлкі талан-таражға түскеннен соң Базарбайдың үйін бұзып апарып, іргелес Бақалы ауылына емхана ғимараты етіп орнатқан көрінеді. Ал Кеңес өкіметі тас-талқаны шыққаннан кейін, ол ғимаратты қалталы біреу сатып алып, керегіне жаратпақ боп Алматыға аттандырыпты.
...Сонымен1928 жылы Өлкелік Комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі бар, барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.
Өлкелік Комиссиясының мінездемесі мен Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу меморандумына зейін қоялық:
«Маметов Базарбайдың шыққан тегі - Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көктерек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында (Бөрібай ауданы) үстемдігі жүрген ірі қазақ байы. Отбасы - бес адамнан тұрады. Екеуі еңбекке жарамды. Дерек бойынша 400 бас қой, 72 ірі қарасы бар (жалпылай ірі қара түрінде алғанда 152 бас). Тізімге 7 қой және 26 бас ірі қара ғана тіркелген, қалған малын Мұхаметов Мұхамеджан жасырып отыр. Сонымен қатар екі үй, екі бричкі мен дрожжі, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандары меншігінде. Екі кедей шаруа отбасын ағайын деп бүркемелеп, еңбегін тамақтан асырмай қанаушылықпен ұстаған.
1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған Орынбордағы Жалпықазақ съезіне делегат, одан Шора-Ислам съезінің делегаты, «Алаш-Орда» жасырын ұйымының мүшесі, «Алаш-Орда құрылтайшылар жиынының мүшесі, «Алаш-Орда» Кеңесінің мүшесі және іс басқарушысы болды. «Алаш-Орданың» екі отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған.
Кеңес өкіметі кезінде бірталай лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде: губерния прокуроры, осы тұста қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыстар жасады. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлт-аралық наразылықты тудырған.»
Кеңес өкіметі Мәметов Базарбайдың университет бітіргеннен кейінгі өмірбаянындағы атаусыз қалған тұстарын бетіне басып, оны нағыз қаншеңгелді қаскөй қатарына жатқызып, сірә, кезінде қызметтен бас тартқанын кешірмеген тәрізді. Осы орайда оның Өлкелік атқару комитетіне жолдаған жеделхатына зер салайық:
«Не қызметімен, не рулық дәрежесімен ерекшеленбеген, тасыған байлығы жоқ кедей отбасының баласымын. Ақ патша тұсында кездейсоқ сәті түсіп оқуға ілігіп, оны ақпан революциясынан соң аяқтадым. Кеңес өкіметі кезінде алты жыл сот-тергеу органдарында істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан босадым. Совнаркомның 30-тамыздағы ұйғарымына сәйкес шаруашылықпен айналысамын, қарамағымда ірі қараға аударғанда 30 бас мал бар, ал мені соған қарамастан Совнарком КазЦик-нің 27-тамыздағы қаулысына таңып: ірі байлардың тізіміне кіргізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызған.
Ешқандай қаулысыз, қылмысты іс қозғалмастан, аудандық милиция бастығының нұсқауы бойынша: 19-қыркүйекте Көктеректе ұсталдым. Ірі байларға қатысты Совнарком КазЦик-і қаулысының маңызын ауылдардағы кедей, орта қолды шаруалар мен «Қосшы Одағы» мүшелері арасында талқылау мақсатында конференция өткізілген. Кейбір жергілікті уәкілдер мен жанама комиссия мүшелері өздеріне берілген өкімет өкілеттігін асыра сілтеп, конференцияға қайшы пікір білдірмек болғандарға тиым салды. Мені әкімшілік қыспаққа алып, тізімдегілерді тұтастай тәркілеуге дауыс беруімді талап етті.
Әр тұлғаға жеке дауыс беру туралы жиын ұсынысы қанағаттандырылмады. Тәркіленуге жататын ірі байлардың тізіміне менің енгізілуім қателік деп санаймын. Ақтар мен патшалық режимге қызмет еткем жоқ. Тіпті, шыққан тегім мен тұрмыстық ахуалым да күмән тудырмайды. Сондықтан Совнарком КазЦик-нің қаулысындағы бір де бір пунктке менің жағдайым жанаспайды. Керісінше, комиссияның кейбір өкілетті мүшелерінің іс-әрекеттері заңсыз, Кеңес өкіметінің негізгі құқықтық қағидалары бұрмаланған. Осыған орай мені қамаудан босатып, ірі байлардың тізімінен шығарып, мал-мүлкімді тізімдеуді тежеуін сұраймын. Қисыны келсе, маған қатысты мәліметтер Каз.Совнаркомда қаралса.
Мәметов.
Енді, тәркілеу мәселесі бойынша Каз ЦИК-тің 1928 жылғы 30 қыркүйектегі парткомиссия отырысының хаттамасын алып қарасақ онда: «Мәметов Базарбайдың Каз ЦИК-тің тәркілеу жөніндегі Декретінің дұрыс қолданылмағаны туралы және істің басы ашылғанша дүние-мүлкін тәркілеуді тоқтата тұруды сұраған жеделхаты тыңдалды» делінген де, «Қанағатсыз қалсын» деп қаулы шығарылыпты.
Сонымен Мәметов Базарбайға: «Сіздің ұсынысыңызды комиссия мақұлдамады, тәркіленіп және жер аударылуға жатасыз.» деген шешім шығарылады, Атақты 58-ші баптың небір тармақтары бойынша айыпталып, қыруар малы бар қанаушы тап өкілі деп танылып және «Алаш-Ордаға» сіңірген еңбектері бетіне басылып, ОГПУ қарамағындағы Алматы түзету үйіне қамалады. Дүние-мүлкі тәркіленіп, сотталып, бала-шағасымен жер аударылады.
Жасы сексеннен асса да әлі тың, сөзі саралы Сәуле Базарбайқызы (2014 жылы қайтыс болды) әке басына нәубет түскен кезде 3-4 жасар балақан екен. Қат-қат мұнар басып, соноу алысқа кеткен азапты күндерді апамыз көкірегі қарс айырыла еске алады:
- Әкем төрт ағайынды еді: үлкендері Мұхамеджан, Тілеулі және Құлахмет. Бауырлары Базарбай ұсталған соң оларда жан-жаққа бас сауғалай қашты. Мұхамеджанды қолға түсіріп, соттап, Қарағанды жаққа жөнелтті. Атылды ма, аман қалды ма онысын ешкім білмейді, хабар-ошарсыз кетті. Тілеулі де құрыққа ілініп, әйтеуір, 1935 жылы елге аман оралды. Құлахмет арғы бет асты.
Басынан өткен-кеткендерін әкем әңгіме-ғып көп айта бермейтін тұйықтау адам еді. Аз сөзділікке сол өткерген өмірі де төселткен тәрізді. Бірде 1920-21 жылдары соноу Ригаға барып, «Продпомощ» бойынша ашыққан ел-жұртқа азық-түлік әкелгені туралы айтқан болатын-ды. «Алаш-Орда» өкіметіне сіңірген еңбегі туралы осы аттас орталықтың шығарған кітабында аталады. Әкем кәсіби заңгер ғой, өкімет болған соң оның тәртібі, заңы демекші маңызды құжаттары сауатты жазылуы тиіс, менің ойымша соған қосқан үлесі де мол болуы керек.
Сонымен «Алаш-Орда» қайраткерлері бірінен соң бірі ұсталып, әкем де тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге жабылды. Сол кезде есімді еміс-еміс білемін, шешем екеуміз кездесуге бардық. Сонда әкем түрменің тор терезесінен кішкентай шәй қасықты бізге лақтырған еді, талайға дейін сақтап жүріп, кейін жоғалттық. Сол бір көрініс әлі күнге дейін көз алдымда.
Әкемнің үстіне небір пәле-жала жамалған көрінеді. Тергеу кезінде беттестіруге бір қазақты әкеледі. Анау кірген бетте-ақ: «Е, міне, Мәметов Базарбай деген осы. Бұл Ойжайлау Лепсіде шекарашыларды аттыртып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген!» дейді. Осы арада тергеуші шығып кетеді. Сол мезетте: «Қарағым, сені танымадым, мені қайдан білесің?» деп сұрайды әкем. Ол: «Шынымды айтсам, Сізді танымаймын, бірақ осындай жала жап деп мені зорлықпен көндірді.» депті. Бұл сөзді сыртта тұрған тергеуші де естиді. Осы сияқты небір қитұрқы әдістерді қалай қолданса да әкемді жауырынына түсіре алмаған соң, жер аударып қана тынған тәрізді.
Мен үшінші құрсақ едім, алдыңғылары шетінеп кеткен, сіңлім - Әлия тоғыз айлық. Анам айтып отыратын: «Аяғы ақсақ, көзі соқыр бір қыз бер деп құдайдан тілегеніміз-сен »деп. Екеумізді Серікбай деген туған бауырының үйіне тастап, шешем Мәскеуге ЦК-ға жол тартты. Бір ай жүріп жетіп, Калининнің қабылдауына кіреді. Ол сондағы «қазақ бөліміне» сілтейді. Кремльдің маңында қазақтар көп екен. Шешемді танып, құрмет-қошамет көрсетеді. Қазақ бөлімін басқарған Тұрар Рысқұлов: «Сізді мұнда кім өткізді?» деп салқын қарсы алады. «Рұхсат қағазбен кірдім!» деп шешем де тайсалмайды. Арызбен танысқан соң: «Қайта беріңіз, жауабы артыңыздан барады.» депті. Ақыры әлгі арызға ешқандай жауап келмей, әкем этаппен жер аударылып кетті. Арып-ашып Мәскеуден оралған шешемді кішкентай Әлия жатырқап, жоламай әлек қылғаны бар-тын. Анам сол азапты сапарын еске алғанда Тұрар Рысқұловтың қол ұшын бере алмағанына кейіп, ренжіп отырушы еді. Төл ұлтына іші бұрса да мүмкіндігін шектеген «қызыл саясат» қанша арысты ақ жолдан тайдырғаны мәлім ғой, ақыры сол Тұрар Рысқұлов та сойылын соғысқан жақтастарының құрбаны болып кеткен жоқ емес пе.
1929 жылы біз де әке соңынан сапар шектік. Бар мүлкіміз қос шабаданға сыйды, оның ішіндегі құнды дүниеміз: шешемнің 12 алтын қасығы, білезіктері мен сырғасы және әкемнің портсигары болатын. Осы барымызды арқалап, екеумізді жетектеп, шешем де этаппен пойызға отырды.
Саратовқа келдік. Қала шетінде цемент және бөшке құрастырғыш зауыттары орналасқан екен. Төңірегінде үлкен алма бағы бар. Со маңдағы бір орыстың үйіне пәтерге тұрдық. Екінші қабатынан бір бөлме босатып берді. Әкем цемент зауытына қара жұмысшы болып орналасты. Анам өмірі ауыр мехнат көрмеген адам еді, әлгі бөшке зауытына шегелеуші боп жұмысқа тұрды. Кетерінде екеумізді сыртымыздан қамап тастайды. Сонымен не қазақ емес, не орыс емес халде шүлдірлеп өсіп жаттық. 1931 жылы анам тағы бір қызға босанды. Атын Русия қойды. 1932 жылы жер аударылған мерзіміміз тәмамдалып, бостандық алдық. Бірақ, ел жаққа бізге тиым салынған еді, өз бетімізше баруға қорықтық, содан Қарақалпақстанда тұратын шешемнің бауыры Серікбайды сағалай тұрғанды жөн көрді. Ол су шаруашылығында инженер боп істейді екен. Арал теңізімен пароход арқылы Арал қаласына жеттік. Одан ескекшілері бар қайық жалдап, Амударияның төменгі ағысымен Төрткүлге (қазіргі Нүкіс қаласы) бет алдық. Өзен суы тасқынды сәт еді, біздің қайықпен ілісе ағаш, бұта, томар қатар жарыса ағып, шешем марқұм: «Е құдайым, сақтай гөр!» деп жол бойы жалбарынумен болды. Күн қайнап тұр. Әбден масаға таланып, шимандай қотырға айналдық. Әкем бізді кезек-кезек суға шомылдырып қояды. Сөйтіп келе жатқанда Русияның көйлегін суға ағызып алдық. Қызыл көйлек еді, су бетінде көлкілдеп ағып бар жатқаны әлі жадымда...
Төрткүлде әкем ГПУ-ға аудармашы боп орналасып, шешем де көзі ашық оқыған адам еді, паспорт столына жұмысқа кірді. Ол кісі кезінде приходская школа, гимназияда білім алған және ескіше де хат тани білуші еді. Шыққан тегі Жетісу өңіріне белгілі - Нияз батыр, ал әскер оқуын бітіріп, офицер болған ағасы Қожамсейіт ақтардың қолынан қаза тапты ғой. Шешем сол жердегі тұрғындардың кейбір қылықтарын айтып күлдіріп отыратын: «Фамилияң қалай десең күйеулерінің атын айтады, ақыры көбісі солай жазылып кетті!» деп.
Осы кезде бұл жаққа да ашаршылықтың салқыны жетті. Көбіне тұзды балық қана жейтініміз әлі есімде. Қасымызда Мамыт деген диірменші тұрды. Соның бақшасында жайқалып өскен жоңышқаның дәнді басын орып әкеп, бізге дәрумен болсын деп көже жасап беретін-ді шешем. Екі жасарында Русия көз жұмды. Мектеп жасына жеткен шағым еді, оқуға баруға жарамай төсек тартып жатып қалдым. Мені де өлмейді деген жоқ. Ақ қағаздай болған құр сүлдерім. Сол тұста Мәскеуден бір дәрігерлер келе қалғаны. Мені жастыққа салып бәтеңкелеріммен салбырата көтеріп, көрсетуге апарды. Тұзсыз нан мен витамин беру керек екенін айтады. Ұн алуға ақша жоқ. Қолдағы бар қымбат заттарды айырбастап болған. Сонда жалғыз ғана алтын қасық қалыпты. Соны «торгсинге» өткізіп, «саған арнап жүруші едім, бір кәдеңе жарады ғой» деп бір пұт жоғарғы сорт ұн алады. Сол қасықтың арқасында жаным қалған сияқты.
Қойшы әйтеуір, ашаршылық та өтті. Бұның алдында бір өзбектің тоқал тамында тұрып жатушы едік, енді мелисаның казармасынан бір бөлме берді. 1934 жылы Роза деген сіңлім туды. Ендігі ол да өмірден өтіп, артында Гауһар, Мира жене Ермек атты балалары қалды. Гауһар Мырзабекова жер - әлемге есімі әйгілі өнер шебері, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деген осы емес пе.
Әкем екі-үш жыл бойы еңбек демалысынсыз жұмыс істеген-ді, кейде бірнеше тәулік ГПУ кеңсесінде жатып та жасайтын. Бір жақсысы, соңынан аңдып, қудалау болған жоқ. Ұйқымыз тыныш. Сонымен бір жыл демалуға рұхсат алды. Ұшарға қанатымыз болмай, шіркін, топырағын бір бассақ деп жүрген елдің дәмі де бұйырған сыңайлы.
Алматыға келдік. Осында Орталық Комитетте әкемнің бірталай бұрнағы таныстары бар болып шықты. Әкем мен шешемді аса құрметпен қарсы алып, өкіметтің қара «Волгасымен» қыдыртып, талай қошамет көрсетті. Біз Мұхамеджан атамыздың үлкен ұлы Сәкеннің үйіне тоқтаған едік, біраз қонақ болып, енді Қапалдағы шешемнің сіңлісі Берсүгірова Дәмештікіне баруды шештік. Сұлтанбеков деген күйеуі сондағы веттехникумның директоры екен. Олардікінде бір айдай жаттық. Ағайын-туғандар елге қайтыңдар деп кеңес берді.
Төрткүлге оралған соң, есеп айырысып, Жамбыл қаласына ат басын тіредік. Серікбай нағашымыз да Төрткүлден ауысып, осындағы су шаруашылығында бас инженер боп істейтін. Ол бізді өз қанатының астына алды. Қала шетіндегі Татарка деген пұшпақтан пәтер еншіледік. Ата-анамның да өңдеріне қан жүгіріп, мерейлері өсті. Бірақ бұл қуанышымыз да ұзағынан сүйіндірмеді. Ол кезде ағайын адамдарға жұмыс бабымен араласуға тиым салынған-ды. Және әкемнің кешегісі кесе көлденеңдеп, тағы да алдынан шыққан тәрізді.
Сөйтіп әкемді Бурно-Октябрск деген ауданға «Райводхоз» басшысы етіп ауыстырды. Қазына иелігіне ауысқан байдың бау-бақшасы бар үлкен үйінде тұрдық. Жағдайымыз енді жақсара түсті ме деген де, 1937 жылы тағы қудалау басталды. Әкемді қайта-қайта әкетіп жатты. Екі-үш күн жоқ боп кетіп, қара түндей түнеріп тарығып оралады. Шешемнің екі көзі бұлаудай. Біз әлі жаспыз, ересегі мен - 3-ші, әлде 4-ші класта оқитын болармын. Бала болсам да жағдайымыздың мәз емес екенін іштей сеземін. Біздің үйде «Алаш-Орда» қайраткерлерінің Омск, Томскіде жүргендерінде түскен көптеген суреттері мен бірталай құжаттар сақталып жататын. Соның ішінде есімде қалғаны Сәкен Сейфуллиннің және басына тымақ киіп түскен Ілияс Жансүгіровтың суреттері еді. Солардың арасында шешем де бар, ол кісі әкем қатысқан жиындардың бәрінде де болған көрінеді. Тінту жүрсе тауып алып айғақ етер деп қорқып, анам солардың бәрін өртеп жіберді. Апырай, орыс немесе неміс құрбыларымның үйіне сол құжаттарды неге жасыра тұрмадым деп кейін өкінемін де... Әкемді ары тергеп- бері тергеп, ештеңе таңа алмаған болуы керек қайтарып жүрді.
1939 жылы шет ауылға учаске гидротехнигі етіп ауыстырды. Казанка, Самсоновка, Турксиб, Алексеевка деген және тағы басқа елді мекендердегі колхоздарға ат үстінде жүріп су таратты...
...«Ел тірегі – ер» демекші, халқымыздың маңдайына біткен не бір асылдар мен арыстар - сол сұрқы сұсты жылдары сұм саясаттың құрбанына айналды. Тірі қалғандары тірсегінен қиылып, біртуар қабілеттері бағаланбай «тірі өлік» боп, тума халқының арасында қасіретті өмір кешіп, шарасыздықтан іштен тынды. Жау жар астынан емес, өз ортамыздан-ақ табылып, «мәре-сәре» боп жатқанда нағыз жаудың алапат ойраны бір бүйірден киіп кетті.
Соғыстың алғашқы жылдары, жұлдыздары шынайы жарасып қосылған жан жары Зейнеп - ауыр науқас зардабынан дүниеден өтті. Жақсылардың арасында да жарқылдап жарасым тауып, қиын-қыстауда да қасынан бір елі қалмаған асыл жарынан айырылған Базарбай, енді, тек балалары үшін ғана өмір кешті. Кейпі көп пенденің бірі, іші – қайнар көзі ашылар-ашылмастан тапталып қалған тұйық тұма іспетті; сусағанға сусын болмақ түгілі, өз ерні кеберсіді. Естияр шаққа жеткеннен білім қуып, халқының қамын жер ұлы екенін ерте түсініп, еліне еркіндік пен теңдік тілеген арда арманы адыра қалды. Түйсігіне түрпідей тиген ұраншыл, жалаң саясат - Базарбайдың сауаты мен заңдылықты арқау еткен сындарлы көзқарасын қажетсінбеді.
Енді «Жетісу» энциклопедиясындағы Мәметов Базарбайдың ғұмырнамалық дерегі ішінен, осы баянымызды толықтыратын мәліметтерге жол берейік: «...1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, артта қалған отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде Қазанда оқып жүрген бір топ қазақ жігіттері алаш жұртына ашық хат жазды («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыркүйек, № 201). Ашық хатқа қол қойғандар арасында Мәметовте бар. Бұл хатты сол кезде Мәскеудегі «Земский союздің» бас комитетінде қызметте жүрген Ә. Бөкейханов қолдап, құптаған. Мәметов 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Алаш қозғалысына белсене араласты. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен 1-Жалпықазақ съезіне Жетісу облысының өкілдері қатарында қатысты. Съезд Мәметовті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттығына Жетісу облысынан кандидат ретінде тізімге енгізді, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезінде Кеңеске 8 адамның бірі болып тікелей мүшелікке өткен. 2-Жалпықазақ съезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатымен Семей қаласында капитан Х. Тоқтамышов басқарған 1-Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х. Ғаббасов, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаевтармен бірге Мәметов те белсене араласты. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының 2-қазақ съезінде жергілікті Кеңес мүшелігіне сайланады. Азамат соғысы жылдарында С. Аманжолов екеуі Жетісу қазақтарына көмек қорын құрады. «Большевиктермен байланысы бар» деген желеумен Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комитетінің төрағасы қызметінде жүрген ол Колчак үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Жетісуда Кеңес өкіметі орнаған соң, 1928 жылы жалған жаламен тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалады. 1931 жылы Саратовқа жер аударылады...»
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды.
«Қатарыммен қоса неге атылып кетпеді екем?!» деген екен бір кезде тірі жүргеніне налыған Базарбай Мәметов. Енді міне, елі мен жері жаңарып, соңындағы ұрпағы ол көксеген арманға жетті. Шындық бетіне ақ таңдақ жағылған заманнан да өттік. «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендер - әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналды.
...Лепсі кенті шетіндегі қалың зираттың бір бұрышында «Мәметов Базарбай - Алаш қайраткері» деген анықтама ғана қашалған қалқиған қара тас қараяды. Алпыс жылдан соң ата сүйегінің анық қай тұста екенін білмей, артындағыларының аңырап жүріп, жобалап тұрғызған құлпытасы – бұл.
Осыдан біраз жыл бұрын М.Тынышбаев атындағы қордың басы-қасындағы азаматтар мен Алаштың ардақты ұлдарының бірі генерал Ә.Болсамбеков бастаған бір топ зиялы қауым Базарбай Мәметовтың туысқандарының шақыруы бойынша Лепсі кентіндегі зиратының басына барып, рухына тағзым етіп қайтқан еді. Базарбай Мәметов өмірінің аяғына дейін соңына от байланып, талай жердің дәмін татып, ақыры туып өскен Бөрлітөбе ауданына келіп тұрақтаған-ды. Бұнда әртүрлі шаруашылық жұмыстарда еңбек етіп, 1946 жылы 58 жасында қайтыс болды. Артында үйелмелі-сүйелмелі үш қыз қалған еді. Сол үш қыздың үлкені Сәуле апай. Бұлардан тараған ұрпақ мәуелі бәйтеректің бұтағындай жайылып, Гаухар Мырзабекова сынды немересі күллі музыка әлеміне аян. Зиялылардың басы қосылған сол жолы «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендердің бірі Мәметов Базарбайдың да рухы мен еңбегі қастерленіп, ол үшін де әділет таңы туар деген үміт оты оянған-ды. Ат төбеліндей ғана қазақ ұлтының алақанда аялар арыстары арасында есімі елеусіздеу қалған азаматты ел-жұртымен табыстыру жолын қарастырып, оның есімімен Лепсі кентіндегі атауы жараспай жүрген бір мектепті атаса деген ой туындаған болатын. Кезінде «ақтың да», «қызылдың да» табасына ұшыраған арысымызды бүгінгі егеменді елінің ұлтжанды басшы азаматтары елеусіз қалдырмас деп сенеміз.