Жанымның нұрлы жазбалары немесе ханшайым күнделігі
Оқиға желісі XIII ғасырда Шотландия еліндегі тылсымдық қара күштермен күрестің шыңына жетіп, таққа таласқан ақсүйектердің ордасында жүреді. Анасынан ерте айрылған жас ханшайымның бастан кешкен оқиғалары оның күнделігіндегі жазбалары арқылы көрсетіледі.
1-жазба. "Сағыныш"
Менің есімім - Маргарет, жасым - 12-де. 7 айдан кейін, 13 жасқа толамын.
Айнадан өз бейнеме қарасам, көңілім толғандай болады: шаштарым бұйра, әрі ұзын және тынық күндегі баяу толқын секілді жағымды көрінеді. Көздерім үлкен, әрі тұнық. Мұрныма қарасам, анам есіме түседі, екеуміздің де мұрнымыздың қасында әдемі мең бар!
Бойым биік болмағанымен, мен әлі де өсемін. Маған музыка сабағының мұғалімі Кетрин билеу мәнеріне және бойды тік ұстап жүруді үйретті. Болашақта жиындарға барғанда нағыз ханшайым екендігім алыстан-ақ көрініп тұруы керек!
Отбасым туралы айтсам, менің ата-анам ақсүйектер әулетінен. Әкем Эйлс Норвегия королі, ал анам Маргарет Шотландия тағының мұрагері. Менің есімімді де өмірден ерте озған анамның құрметіне қойылыпты.
Бұл Жаратушы Иемнің менің тағдырыма жазған сыйы ма, әлде сынағы ма, мен оны білмеймін...Анам мені дүниеге әкеліп, 2 күннен соң көз жұмыпты. Анамның құшағында бар болғаны 2-ақ күн болыппын...
Шіркін... анаңның аяулы алақанына, еркелете сөйлеген мейіріміне, жан-жүрегінен шыққан әуезді әніне не жетсін... Басқа балаларды аналарымен көргенде, жан-жүрегің сыздап, "қандай бақытты балалар" деп қызыға көз тастағаннан басқа амалың жоқ... Бірақ іштей күрсініп, қанша қиналып тұрсам да, бұл ойымды сездірмей, бойымды тік ұстап, жандарынан өте шығамын.
Оңашада ойымды сан-саққа жүгіртіп, көз жасыма да ерік беремін. Кей түндері төсегімде анамның суретін құшақтап жатып, оның әдемі бейнесін елестетіп, оған сағынышты ойларымды айтамын. Ол ғажайып нұрлы әлемде жүргенімен, мен қиналған сәтте әрқашан менің ойыма оралып, жанымда тұрғандай әсер келеді.
Анашым! Мен сені сағынамын, сенің елесіңді өмір бойы іздеп өтемін. Сен маған әрдайым, әрқашан да керексің! Анашым, сен менің жанымның жарық жұлдызысың!
Әжемнен сен туралы көп сұраймын, ол маған өте көп әңгіме айтып береді. Сен туралы әңгімелердің барлығы да маған ұнайды! Анашым, сен туралы ести бергім келеді, әңгіме бітпесе екен деймін!
Анашым, сен менің түстеріме келші, өтінемін!!! Дауысымды естіші, Анашым!..
Тәңірім, анашымды менің түстеріме кіруге рұқсат берші, құлың болып өтейін! Мен анашымды сағындым! Тәңірім...
...Сонда, анамның махаббатын сезіну менің тағдырыма жазбағаны ма? Жо-жоқ, мүмкін емес, мүмкін емес бұлай болуы. Мейірімі шексіз Жаратушым ана мен баланы әсте айыра ма? Жоқ, ешқашанда сенбеймін, Жаратушым - пәк, бұл жерде мен түсінбей тұрған бір себеп бар. Мен оны анықтауым керек! Бар өмірімді соған сарп етсем де анықтауым керек!
Жаратушы Ием, көмектесе гөр! Жарылқай гөр! Ақиқатты сен ғана білесің!
Тәңірім, маған Ақиқат Пердесін аша гөр!
2-жазба. "Киелі ағаш"
Мен бүгін Диана ханшайымнан қызықты әңгіме сұрадым. Ол маған дүниедегі ең ежелгі ағаш туралы айтып берді.
Ағаштың жасы менің бабамның жасынан үлкен дейді! Ағаш өте ерекше және киелі болып есептеледі. Оның көлеңкесінде отырып, көп сұрақтарыңа жауап ала аласың, тіпті ұйықтасаң, болашақ туралы да түс те көресің. Ол - жай ағаш емес, ол көп өмір сүрген және көпті көрген. Ең бастысы, ол ағаш аспан әлемі тұрғындары мен жердегілерді өзара байланыстырып, хабар жеткізіп тұрады! Кейбір бөпесі жоқ әйелдер сол жерде Тәңірден тілек тілеп, бала сұрап алады екен! Қандай қызық! Мен мұны естігенде қатты қуанып кеттім. Өскенде мен де сол жерге барып, өзіме бөпе сұрап аламын! Бірақ ол ойымды ешкімге айтпадым. Ол - менің құпиям!
Диана ханшайымда бөпе жоқ екенін білемін. "Сіз де сол жерге барып, Тәңірден бөпе сұрап алсаңызшы!",- дегім келді, бірақ айта алмадым. Себебі ол әңгімені айтып біткен соң, үнсіз мұңайып отырып қалды.
Диана ханшайым - кітапқұмар, көп ойланатын және ойларын суретке түсіретін жан. Мен оның суреттерінің сырын түсінбеймін, бірақ салғандары жүрегіме жылы тиеді, көңілімді қуантады! Сондықтан мен анашымды сағынған кезде, оның сурет салатын шеберханасына білдірмей кіріп кетемін.
Өткенде ол мені ұсталып алды. Бояуы әлі кеппеген суреттің жанында қызықтап тұрғанмын, жаныма келіп басымды сипағанда бір-ақ білдім. Ол маған ренжіген жоқ, картинасына үнсіз тесіле қарап тұрды да былай деді:
- Бұл картина "Көңілдің көкжиегі" деп аталады.
- Неге бұлай атадыңыз?
- Білмеймін... ақылым жетпейді. Жан-сарайым солай деп атап тұр...
- Сіз де мен сияқты іштей өзіңізбен сөйлесесіз бе?
- Иә (үнсіз бас изеді).
- Әжем маған да айтқан: "Іштей періштеңмен сөйлес",-деген.
- Иә...(үнсіздік)...Барлық жауап - жан-жүрегіңде...(тағы да үнсіз қалды).
Қолына қыл қаламын алды да, сурет сала бастады. Сұрақтарым көп болса да, мен оның ойларын бөлгім келмеді. Сурет салып отырғанда ол керемет сұлу боп кетеді екен. Мен де сондай болғым келеді!
3-жазба. "Ошаған"
Бүгін мен ерекше тылсымдық күші бар гүл туралы жазбақпын.
Ошаған - әдемі және тікенді гүл. Бір қарағанда ол көзге тартымсыз болғанымен, ол өте ерекше гүл! Күлгін түсті ұлпа гүлдері және ұшты тікендері де бар. Оны "Қорғаушы Гүл" деп те атайды. Аңызға сәйкес, жерімізге тонау мақсатында келген жауларға алғаш тойтарыс берген - осы жауынгер гүл!
Оқиға былай болған: ұзақ шайқастар мен алыс жолдан шаршап келіп, өзен жағасында ұйықтап жатқан шотландықтарға жаулар түнде шабуыл жасамақшы болады. Олардың бәрі ұйқыда екенін байқағаннан кейін, жаулар дыбыстарын естіртпеу үшін, аяқ киімдерін шешіп, жалаңаяқ лагерьге қарай жүреді. Жақындай берген кезде, жаудың бір адамы Ошағанды басып кетеді. Өсімдіктің қатты тікенді ұшы аяғына кіріп, ол айқайлап жібереді. Қараңғы түнде шыққан бұл дауысқа шотландықтар оянып, қаруларын ала жүгіріп, жауларына ойсырата соққы береді. Сөйтіп, таза жеңіске жетеді! Содан бастап, қиын кезде жеңіске жетуге негіз болған Ошағанды - "Қорғаушы Гүл" деп халық құрмет тұтады.
Шотландықтардың өзі де Ошағанның табиғаты тәрізді байсалды, жауынгер рухты болып келеді. Ошаған әр үйдің төрінде ілулі тұрады және ауласында өсіп, отбасын жамандықтан сақтап, қорған болады.
Ошағанның сыртқы тікендерімен қатар, ішкі рухани күші де бар. Оны түтіндету арқылы бөлмеге немесе үйге кірген зұлым рухтарды, қара күштерді қууға болады. Сонымен қатар, оны белдіктеріне тағады немесе киімдеріне түймелеп қояды, бұл оларды тіл-көзден, қара дуадан сақтану үшін жасалады.
Менде анашымның өз қолымен Ошағанның суретін кестелеп тіккен орамалы бар! "Анаң оны бар махаббатымен тіккен еді",- дейді әжем. Мен оған сенемін, себебі орамалды ұстағанда-ақ оның аялы алақанын жүрегіммен сеземін.
Анашым, мен де бұл гүлді жақсы көремін. Барлық жерге Ошағанның бейнесін салдырамын. Мен өскенде осы гүл сияқты жауынгер рухты боламын! Мен уәде беремін, Анашым!
4-жазба. "Жалғыз мүйізді жылқы"
Бүгін мен үшін ерекше күн! Әжем мені қасиетті жануар - жалғыз мүйізді жылқы туралы әңгімелеп берді! Аяулы ақ әжемнің әңгімесін қаз-қалпында жазуға тырысып көрейінші. Эндрью әулие, көмек берші маған! Сен Тәңірдің нұрлы Досысың, қолдашы мені!
Жалғыз мүйізді жылқы - Тәңірдің бұйрығымен жоғарғы әлемнен жерге жіберілген жануар. Ол - рухани тазалық пен ұлы даналықтың белгісі ретінде бізге тылсым әлемнен келген екен. Оны Эндрью әулие бабамыз көп ғибадат ету арқылы Тәңірден сұрап алған.
Жалғыз мүйізді жылқының сыртқы түрі ерекше, себебі оның басында ұзынша келген тік мүйізі бар. Ол - Тәңірлік жануар болғандықтан өте қуатты, нұрлы, қара күштерге тойтарыс беріп, адамдарға жәрдемдеседі. Жалғыз мүйізді жылқы - ақиқатты іздегендерге жол көрсетеді, ол - Тәңірлік махаббаттың көрінісі.
Жалғыз мүйізді жылқы - ер және әйел қуаттарының ортақ қосындысын, олардың махаббатын және Тәңірлік нұрды бейнелейді. Ол қажетті жағдайда адамға көрінеді. Мысалы: король тағына дана адам отырарда, немесе өмірге жаны нұрлы сәби келерде адамдарға көрініп, қуанышты хабарды жеткізеді. Оның жүріп өткен жерінің өзі ерекше сәулемен жарқырап кетеді және ол адамның ой-санасын да ашып, рухани деңгейін көтереді. Ол - жер мен көктің ортасындағы көпір тәрізді адамзат баласын рухани тазартатын, нұрлы жолдың қызметшісі және Тәңірдің сүйікті жануарларының бірі. Оған жоғарғы әлемде жүре беруге болатын еді, бірақ ол бізге көмек беруді қалаған.
Жалғыз мүйізді жылқы символ ретінде - жүректің тазалығын, көңілдің пәктігін, ойдың биіктігін көрсетеді. Ол мүйізін ластанған суға тигізсе, су тазарып шыға келеді дейді. Тіпті жыланның уымен ластанған су болса да, оны таза қалпына келтіре алады. Бұл асыл жануар жасыл алаңқайда, мөлдір көлдің жағалауында, жұпар иісті гүлдер өскен аймақтарда мекендейді.
Жалғыз мүйізді жылқы ешкімге ұстатпайды, тек қана жаны, тәні пәк жас қыздарға ғана бағынады. Әжемнің айтуынша, ол менің де айтқанымды тыңдайды, мені жақсы көреді! Мен оның мойнына алтын жіп салып, үйге әкелемін! Сүйікті жануарым, менің өміріме келші, күш берші, жанымды нұрландыршы!
5-жазба. "Көл періштесі"
Әжемнің айтуынша, әр жердің, әр көлдің өзінің иесі, яғни қорғаушы перішесі болады. Көл періштесін - Көл Аруы деп атайды. Ол - сулы жерде, көл аумағында мекендейтін, әйел адам кейіпіндегі қорғаушы-періште. Өзін де, көлін де құрмет тұтқан адамды тәнін ғана емес, жанын да тазартып, күш-қуат беріп, өміріне қуаныш сыйлайды. Кез-келген адамға көріне бермейді. Елін-жерін қорғаған жауынгерге немесе ішкі рухани тазалығы ұнаған адамға көрініп, қолындағы асыл ыдыстан су ішкізеді. Көл Аруын көрген адамның өмір бойы абырой-мәртебесі биік болады.
Көл Аруы От-Ана сияқты әңгімеге көп тартыла бермейді. Бірақ аз сөйлесе де, адамға қажетті нақты жауап береді. Көл Аруы тек қана таза көлде, көбінесе тау қуыстарында, ормандарда, үңгірлерде, адам аяғы көп баспаған жердегі көлдерде мекендейді. Мұндай көлдерге ауру адам шомылса, сырқатынан айығып, күш-қуат алады. Бұл көлдерді - қасиетті су деп атайды. Егер адам бар ниетімен оны іздесе, Көл аруы оның түсіне кіріп, өзінің қай жерде екенідігін айтып береді.
6-жазба. "Судағы құбыжық"
Серуенге шыққанда үй қызметшісі Лилис маған Лох-Несс көлінде мекендейтін "Несси" атты құбыжық туралы аңыз айтып берді.
Несси - алып құбыжық аң. Ол ащы суды ұнатпайды, сондықтан тұщы суды көлді өзіне мекен етіп алған. Несси көл түбінде тығылып жатады, адамдар суға түсуге немесе киімдерін жууға келген кезде, тарпа бас салады...
Мен бұл әңгімеден қорқып кетіп, әжемнен сұрауды жөн көрдім.
Ертеде Әулиелер құбыжықты жоқ етуді ойластырған екен. Олар Жаратушыға жалбарынып, құбыжықтың зұлымдығын тоқтатуды сұрап дұға еткен. Мейірімі шексіз Жаратушы Иеміз нұрлы адамдардың тілегін қабыл алып, құбыжықты көл түбіне ұйықтатып тастаған. Содан бастап, Несси адамдарға еш зиян жасай алмайды.
7-жазба. "Эльф"
Бүгін кітапхана қызметкері Кензи біздің әлеммен қатар өмір сүретін таңғажайып мақұлықтар туралы оқып берді.
Эльфтар - табиғат аясында өмір сүретін, тылсым әлем тұрғындары. Түрлері адамға ұқсас, бірақ олардың мөлдір қанаттары болады. Егер адам айлы түнде эльфтарды көріп, олардың арасына барса, эльфтар оны жібермей, өздерімен бірге алып кетеді. Олардың 2 түрі болады: ақ эльфтар және қара немесе зұлым. Ақ түрі ормандарда өмір сүреді, адамдарға зиян жасамайды, ал қара зұлым түрі жер астында өмір сүреді және олар адамдардың тамақтарын, сыраларын ішіп, ас-ауқаттарын ұрлайды. Ең сорақысы, олар кішкентай сәбилерді ұрлауға дейін барады. Сондықтан олардың ұйықтайтын бөлмесі мен төсегінің жанына тұмар ретінде сарымсақ өрімін, қайшы, ине немесе жыртқыш жануардың тістерін т.б. іліп қояды.
8-жазба. "Фея"
Феялар - нәзік денелі, шағын бойлы, әдемі қыз пішінді болып келеді. Олардың мөлдір қанаттары болады. Феялар адамға көмек бере алады, сондай-ақ жамандық та жасай алады. Ол адамның ішкі ойының, ниетінің тазалығына байланысты әрекет етеді.
Феялар түн ішінде ормандағы ашық алаңқайларда ай жарығымен дөңгеленіп би билейді. Егер олар адамның өздерін көріп қойғанын білсе, оны биге шақырады, тіпті өздерінің тұрағына алап та кетеді. Ол жерден адам үйіне орала ма, оралмай ма, оны тек феялар шешеді.
Феялар адамға көмек беріп, қиындықтарынан құтқарады, тіпті ерекше қасиетінің, талантының ашылуына да себеп болады деседі. Мысалы, олар ер жігіттің күшін арттырса, әйел адамдардың көркемдігін арттыра алады. Бірақ феялардың ішінде зұлымдық жасайтын түрлері де болады. Олар адамды ұзақ уақытқа ұйықтатып тастай алады, ұнатпаған адамының аузын жансыздандырып, сөйлетпей де тастайды. Кейде адамның бейнесін қандай да бір жануарға да айналдырып жіберуі мүмкін.
Феялардан қорғану үшін үйді отпен, арнайы шөптермен аластап, үйіңді де, өзіңді де, ойыңды да таза ұстауың керек.
9-жазба. "Гном"
Гномдар - түрлері ересек адамға ұқсас, бірақ бойы кішкентай орман тұрғындары. Гномдардың мұрны үлкен, сақалдары ұзын болады. Шаштары мен көздері ашық түсті. Олар кішкентай болғанымен, алып күшке ие.
Гномдар ормандағы ағаштардың айналасын мекен етеді. Кейде адамға көрініп, тілдесуі де мүмкін, бірақ бұл өте сирек жағдай. Өздері сараң, ешкімге ештеңе бергісі келмейді. Ағаштардың түбін қазып, ішінен үңгіп, зиян да жасайды. Гномдар жер асты байлықтарымен жұмыс істейтіндіктен, жер бетіндегі көршілері эльфтарды жақтырмайды. Бірақ гномдар еңбекқор, көп өмір сүргендіктен небір құпияларды, сырларды біледі. Мысалы, қарапайым тасты қымбат бағалы тасқа айналдыру, мысты алтынға айналдыру т.б.
Гномдар асыл тастарды өндірумен қатар, тылсымдық күші бар қару-жарақ жасаумен айналысады. Сонымен қатар, тылсымдық сырларды меңгеріп, рухани күшке ие болған адамдарға қару-жарақтар сыйлайды. Ата-бабасы металл балқытып, ұста болған адамдарды таңдап, ұсталық өнерге баулып, металл балқытудың қыр-сырын үйретеді. Ал кейбіреулеріне әшкей заттар жасаудың құпияларымен бөліседі. Гномдар жерасты байлықтарын сақтаушылар деп есептеледі. Ризашылығы түскен адамға жер асты байлықтарын да көрсетеді.
10-жазба. "Темір қылыш - қорғаның"
Бүгін біздің әулетіміз үшін ерекше күн. Шет ел асып, кітапхана қорын толықтыру мақсатында сапарға аттанған Ульям мырза дінаман ортамызға оралды. Кешкі ас үстінде ол көрген-білгендерін сөз етті. Әңгіме барысында мынадай қызықты мәліметті анықтадым!
Темір - металл ретінде ғана емес, Жаратушының адамдарға берген сыйы деуге болады. Темірдің адам өмірінде пайда болуы, олардың шаруашылықтарын жеңілдетті. Темірдің тылсымдық қуаты да бар екен. Әсіресе, темір қылыш жасап, оны арнайы дұға оқу арқылы оған тылсымдық күш кіргізу туралы әңгіме көңіліме жаға түсті. Арнайы дұғасы оқылған соң, қылыш иесіне адал қызмет етіп, оның жеңістерге жетуін қамтамасыз етеді. Қылышты ізгі мақсатқа қолданғанда ғана, ол адамға екі дүниеде де абыройға жеткізеді. Мұндай қылыштарды үйдің төріне іліп қойса, ол жын-шайтандар мен қара күштерді үйден қуып тұрады. Қылыш - адамның қорғаныс символы болып есептеледі. Сондай-ақ садақтың жебесі де үй иелерін қара күштерден қорғап тұрады деген түсініктер де бар екен.
11-жазба. "Мысық адамның ойын оқи ала ма?"
Бізді Джеймс Тадор мырза қонаққа шақырған болатын, кеше біз олардың сарайына қыдырып қайттық. Мен ол күнді асыға күттім, себебі Джеймс мырзаның Алан, Джек атты менімен қатар балалары бар. Олар өте қызықты балалар, мен барған сайын көп нәрселерді көрсетеді. Аланның сүйкімді күшігі бар, аты - Гера, ал Джекте Кеша атты сұр түсті әдемі мысығы бар. Мен кейде оларға қарап, күлкім келеді. Себебі Алан мен Джек бірде тату ойнаса, бірде ит пен мысық тәрізді араздаса кетеді.
Бірде мен Аланға айттым: "Сен Гераға ұқсайсың: адалсың, адамға көмек беруге дайын тұрасың, бірақ қатты ашулансаң, ызалы ит сияқтысың, адамды ұрып жіберуге дайын тұрасың",-дедім. "Ал сен, Джек, Кеша сияқты сүйкімдісің, ешкімге қарсы жаман сөз айтпайсың, бірақ үнемі ойын үстінде жеңілсең, жылап қала бересің",-деген едім, олар менің сөзіме құлақ асқан жоқ. Олар өздерінің сүйкімді жануарларын одан әрі сипалай берді. Мен де кішкентай күшік немесе мысық алуды ойлағанмын. Бірақ ол ойымнан тез қайттым. Оның да бір сыры бар...
Мереке қарсаңында біз Джеймс мырзаның сарайына барған едік. Сол кезде мен Джектен мысығын - Кешаны қолыма алып едім, ол маған қадала қарады. Көздері тұп-тұнық, бірақ тым өткір екен, оның көзқарасынан бойым дір ете қалды. Мысық маған тіп-тіке қарағанда жанарының сұсы денемнен өтіп, ой-санамды оқып отырғандай қатты әсер берді. Тез бойымды жинап, мысықтың арқасынан сипадым, ішімнен оған еш зиян жасамайтынымды, мен де оны жақсы көретінімді ойша айта бастадым. Ол да менің көзіме біраз қарап тұрды да, денесін босатып, тіземе жайғаса кетті. Мен де "уф" деп демімді алдым. Себебі мысықтан қорықсам, Алан мен Джек мені келеке етіп, "қорқақ" деп атауы да мүмкін ғой. Мен ештеңеден қорықпайтын, батыл, батыр ханшайым болып өсуім керек!
12-жазба. "Ғажайып сарқырама"
Біз Диана ханшайым, әжем және Клаудия тәте төртеуміз ғажайып сарқыраманы көруге бардық. Әрине, ғажайып зат жақын жерде болмайды ғой, біз ұзақ жол жүріп, сарқырамаға да жеттік. Сарқыраманың гүрілі алыстан-ақ естілді, ерекше дыбыс, гүрілдің ішінде мен білмейтін ғажап бір әуен бар сияқты боп көрінді. Жақындаған сайын, бұл дыбыс бірте-бірте күшейіп, бір кезде менің бойымда қорқыныш сияқты сезім пайда бола бастады. Мен бұл ойымды әжеме айтып едім, ол: "Сен қорықпа, бұл киелі жер, сарқырама да киелі, сені тазартады. Сенің ойыңда, бойыңда қорқыныш бар екен, сол сені мазалап тұр",-деді. Клаудия әңгімені жалғастырды: "Мұндай жерге келгенде адам қуану керек. Себебі адам табиғатпен байланысты, біз табиғаттан күш аламыз. Су сенің тәніңді ғана емес, жаныңды да тазартады. Сен сұп-суық суға қалай түсетініңді қазірден бастап ойлана бер",- деп жадырап күліп қойды.
Сарқыраманың мұздай суы денемді түршіктіріп жіберсе де, "су - жаныңды да, тәніңді де тазартады" деген ой мені алға сүйреп, сарқыраманың ортасына қарай, су ағымының астына дейін жеткізді. Төбемнен құйылған суық су бойымды дірілдетіп жібергеніне қарамай, әлі де су астына тұрамын дегенімде, әжем мені ағынның астынан шығарып алып, денемдегі жұқа көйлегімді шешіп, сүрте бастады. Тісім-тісіме тиіп, өн бойым дір-дір етіп, киіне бастадым. Сәлден кейін денем қызып, өзімді жеп-жеңіл, анамнан жаңа туғандай сезіндім. Үлкендер де суға түсіп, күнге қыздырынып, тамақ ішуге отырдық.
Ой, қандай керемет! Киелі жерде суға түсіп, тамақ ішкен ерекше ғой!
Жолдан шаршағанымыз бірден басылып, жадырай күліп тамақ ішіп, әзіл әңгімелер легі толастамады. Менің де көңілім шаттанып, әсерімді жеткізу үшін қолыма күнделігімді алып, жаза бастадым.
Тәңірім, осындай киелі жер-су сыйлағаныңа рахмет және оны біздің көруімізге бұйыртқаныңа шексіз ризамыз!
13-жазба. "Қызық ойын"
Алан мен Джек маған бір қызық ойын көрсетті. Ойынның тәртібі бойынша: аңның терісінен жасалған допты ұзын таяқпен сырғыта соғып, бірнеше қадам жердегі шұңқырға дәл түсіруің керек. Олар бұл ойынды мал бағып жүрген балалардың қолдарындағы таяғымен тастарды ұрып, саршұнақтың ініне түсіріп ойнап жүргендерін көрген. Соларға қарап, өздері де доп жасатып ойнай бастаған екен.
Маған бұл ойын қатты ұнады. Басында менің соққан добым шұңқырға дәл түспегенімен, бірнеше ойыннан кейін, менің добым көздеген межеге дөп түсетін болды! Біз бұл ойынды "Сырғытпа доп" деп атадық.
"Сырғытпа допты" Алан шебер ойнайды, Джек те одан қалыспайды, бірақ ойын көбіне Джектің жылауымен аяқталады. Себебі Алан ұпайларымен мақтанып, Джектің намысына тиеді. Мен бұл ойынды тек қана соларға барғанда ғана ойнаймын, себебі біздің сарайдағылар бұл ойынды ер баланың ойыны деп маған рұқсат бермейді. Шіркін, ер бала боп туғанымда көп нәрсеге рұқсат алар едім ғой! Бірақ өкінудің қажеті жоқ деймін өзіме, ханшайым болған тіптен жақсы, үнемі сәнді көйлектер киіп, шашыңды әдемі етіп тарап, түрлі әшекей тағасың. Бұлардың бірде-бірі ер балада жоқ. Әжем айтады: "Тәңір адамды жаратқанда одан кім болғысы келетінін сұрайды, адам өз тағдырын өзі таңдайды",-дейді. Демек, менің бұл өмірім - өзімнің таңдауым!
14-жазба. "Өмірдегі адасу лас қадамнан басталады".
Мен ес білгелі естіген сөздерімнің ішінде мына сөз жадымнан шықпайды: "Аяқ киімің таза болса, қадамың таза болғаны. Досың адал болса, ниетіңнің таза болғаны". Мұның мәнісін әжемнен сұрадым.
Адалдық - адам баласының ішкі, рухани тазалығының жоғары көрсеткіші. Досың адал болса, ол сенің ақылыңды, ой-өрісіңді бағалайды және қайғы мен қуанышыңды бөліседі . Ал дұшпан болса, сенің әр ісіңді сынап-мінеп, әр қадамыңды аңдып отырады дейді.
Мүмкін, бұл да адамға керек шығар, себебі қара болмаса, біз ақты қалай танимыз? Мүмкін бұл адамға сынақ шығар? Ал лас аяқ киім адамның ісінің ластығын көрсетіп қана қоймай, ішкі тазалығының төмендігін көрсетеді екен. Өмірдегі адасу да лас қадамнан басталады.
Әжем мынадай оқиғаны әңгімелеп берді: бірде шіркеу қызметкері өз етігінің ішінен шайтанды көріп қалып, оны ұстап алған. Оны жауаптаған кезде, шайтан қорыққанынан мұның сырын айтып беріпті. Адамның аяқ киіміне жасырынып, жын-шайтан оның адасуына, қате іс жасауына бар күшін салады екен. Содан бастап, шіркеу қызметкері уағыздарында адамдарға аяқ киімді таза ұстау және оны Жаратушыны еске алып, оны оң аяқтан бастап кию керектігін ескертіп отырады. Сондықтан кейбір адамдар үйлеріне барғанда аяқ киімдерін әр жерге тығып әлек болады-мыс. Ал біздің сарайда аяқ киімді қоятын арнайы орын, сандықша бар.
15-жазба. "Би әлеміне алғашқы сапарым"
Би сабағының мұғалімі Роза - өте сезімтал да, ақылды жан. Ол маған билеумен қатар, көп кеңестер берді. Мысалы: билеген кезде, қозғалысың мен әуеннің ырғағы, ішкі сезімің үшеуі қатар өзара тұтастықта болуы керек. Егер бұл тұтастық жойылса, би өнер емес, жай ғана қозғалыс болып қалады. Билегенде әрқашан күлімсіреп жүруің керек және ол жасанды емес, жан-жүрегіңдегі махаббатпен ұштасып, көрерменге шуақты көңіл-күй сыйлау білу маңызды.
Менің алғашқы билерімді қазір ойласам, күлкім келеді. Денем илікпей, әуенді естісем, қозғалысты ұмытамын, қозғалысқа мән берсем, күлімсіреуді ұмытамын. Роза мұғалім менің көңіліме қарап, ренжіткісі келмей, "алғашқы күнде бұл жаман емес" деді. Әрине, мен өзіме ұнамай тұрдым. Билеуді үйренбей-ақ тастап кетуге де болмайды... "Би - ханшайымның мәдени деңгейін көрсететін өлшемдердің бірі", - деген мұғалімнің сөзі есіме қайта-қайта түседі.
Қазір тәп-тәуір билей аламын. Өткенде мен сарайдағыларға сенбілік кеште өнерімді көрсеттім. Әуен басталмай тұрып, періштелерімді шақырдым. Бұл менің алғашқы ел алдына шығуым, жүрегімде қобалжу сезімі пайда болды, бірақ қорқыныш емес.
Әдемі әуен жай үнмен басталып, бірте-бірте көкке қарай көтеріліп бара жатты. Биге алған сәнді көйлегім мен толқындай әдемі шаштарым да, тіпті бүкіл денем сырлы әуеннің ішінде еріп кетіп, шалқып ұшып жүргендей әсерде болдым. Музыканың ырғағына беріліп, тіпті денемді де сезбей, құдды бір періштелердің ортасында билеп жүргендей сезім баурап алды.
Музыка аяқталғанда ғана жаным өз денеме қонғандай бір демімді алдым. Билегенде үнемі күлімсіреу өз-өзінен пайда болады екен, тіпті ол менің еркімнен тыс болды десем артық емес. Себебі мен әуен ішінде зор бақыт құшағында қалықтап жүрген едім.
Әуен аяқталып, адамдардың қол шапалақтары мені осы әлемде жүргенімді есіме түсіргендей, жан-жүрегім әлі де болса жоғарғы әлемнің ырғағын қимай тұрды. Бұл менің ең алғашқы рет музыка әлеміне сапарым болатын. Қимайтын, қиялдайтын, сол әлемді аңсап, үнемі жан-жүрегің сағынатын бұл әлем - періштелік әуен әлемі! Мен сендерді сағынамын, періштелерім!
16-жазба. "Жаңа жыл"
Біздің халықта өте жақсы дәстүр бар - Жаңа жылды отбасымен немесе жан-жүрегіңе жақын адамдармен тойлау! Бұл ерекше күн және ол күнді ұзақ күтесің. Ол келгенде сен өзіңе бір жас қосасың және өмірің өзгереді. Жаңа жыл - киелі, оның да күшті рухы бар десе де болады. Бұл күні көктен періштелер түсіп, адамдардың тілегін қабылдайды! Тілегің нұрлы, таза және адамдарды қуанышқа бөлейтіндей болуы керек. Егер адамдарға жамандық ойың немесе жаман тілегің болса, онда сол жылы өзің зиянға ұшырайсың. Әжем айтады: әрдайым жақсы ой ойлап, жақсы сөз айтып жүру керек дейді. Мен де әжемнің сөзін құптаймын.
Жаңа жыл күні түнгі қоңыраудан кейін үйге кірген адамның шашы қоңыр түсті болса, онда сол жылы үйіңе бақыт кіреді. Адамдар түнімен таң атқанша бірін-бірі құттықтап, үйлеріне қонаққа барады. Кейбіреулер өздерімен бірге көмір мен сабан шөп ала барады. Бұл - Жаңа жылда жылылық пен өркендеу болсын деген тілектің белгісі. Сонымен қатар, адамдар достық туралы бірігіп ән салады, бұл оларды рухын күшейтіп, бірлікке шақырады. Ол ерекше үнді әуен, адамның жанын жадыратып, жүрегін махаббатқа толтырады!
17-жазба. "Мұрагерлік"
Тәңірдің біздің әулетке салған сынағы болар, тақ мұрагерлігіне ұл перзенттің жоқтығы бәріміздің жанымызға аяздай батады. Анамның еншісінде болған таққа мұрагерлік кезегі ол қайтыс болғаннан кейін, маған беріліпті. Шотландия корольдігі Тағының мұрагері болу тек қана адамның алдында ғана емес, Жаратушының алдындағы міндетіңді адал орындау екені сөзсіз.
Мен таққа қызығып тұр дейсіңдер ме? Жо-о-қ, олай ойласаңдар, қателесесіңдер. Еліме адал қызмет етіп, анашымның абыройын аспандатып, екі дүниеде де қадірлі еткім келеді! Халқымның өмірін анашым аңсағандай көркем еткім келеді! Естуімше, анашым туған жердің жұпар гүлдерін, жаңа піскен нанның хош иісін жақсы көрген. Мен әр үйде сол жұпар иісті гүлдер мен хош иісті нанның, ас-ауқаттың үзілмеуіне бар күшімді саламын. Халқым аштық көрмейді, гүл сияқты жайнап, жарқырап жүретін болады. Бұл менің алғашқы жоспарым, жақсылықтың бәрін халыққа арнап, әулетіміздің тектілігі мен парасаттылығын дәлелдеймін! Анашым, сен өлген жоқсың! Мен тірі тұрғанда - сен де тірісің!
Тәңірім, анашымның ісін жалғастыруда маған жәрдем бере гөр!
18-жазба. "Кітап - менің ақылшым"
Кітап оқу - менің сүйікті ісім. Кітапханада ұзақ уақыт отырып қалатын күндерім көбейе түсті. Сансыз сұрақтарыма ренжімей жауап беретін, жүрегімдегі жалғыздықты жеңілдететін де осы кітап! Кітап періштесімен дос болмағанда не істер едім? Кітап болмаса менің ақыл-санамды кім реттер еді?
Менің туған күніме орай сарайдағы бас кеңесші керемет кітап сыйлады. Алғашында қызықты кітапты бас көтермей оқып, күндіз пен түнді ауыстырып та алдым.
Менің кітапты оқудағы басты әдісім: әр тарауды оқып отырып, маған ой салған сөйлемдердің астын қарандашпен сызып қоямын. Сол ойға байланысты өзімнің өмірімдегі оқиғаны есіме түсіремін. Аздаған уақыт ойланамын да, кітапты әрі қарай жалғастырамын. Бұл әдісті Диана ханшайым үйреткен-ді.
Кітапты толық оқып біткенде, оны басынан-аяғына дейін тағы бір шолып, асты сызылған сөйлемдерді тағы бір рет оқып, санамда бекітемін. Түсінбеген жерлерімді, көбінесе әжемнен сұраймын. Кейде күрделі сұрақ болса, сол сұрақтың толық жауабын білетін адамды іздей бастаймын, Тәңірдің құдіреті, білікті адамды кездесіремін! Періштелерім мені жетелеп жүреді! Әркімнің өз періштесі бар. Адамның өз деңгейіне байланысты жеке періштесі болатыны кітаптарда жазылған. Олар біреу немесе бірнеше болуы мүмкін. Рухани деңгейің жоғары болған сайын, періштең де сені жоғары әлеммен байланыстырады. Кітапханада киелі рухтар мен білімдік періштелер жүреді дейді.
19-жазба. "Шотландықтар қандай?"
Шотландия - елі таңғажайып аңыздарға толы, тамаша табиғатына сәйкес, ол жерде мекендеген халықтары да ерекше деуге болады. Олар - өте сезімтал, жүректері ашық және кез-келген жағдайға төзімді, жауынгер рухты болып келеді.
Жаратылыстану сабағынан беретін Донна мұғалім: "Шотландықтар - бала тәрбиесіне зор көңіл бөлетін, жан-жүрегі таза және білімді адамдарға ерекше құрмет көрсете білетін халық",- дейді. Мен де оны құптаймын, себебі өзім де сондай болуға тырысамын.
Донна мұғалім маған адамдардың мінезі мен ерекшеліктерін ажырата білу жолдарын үйретті. Бұл мен үшін өте қызықты және болашақта адамдарды тани білу үшін керек. Сарайдағылар да бұл сабақты маңызды деп есептейді.
Маған мынадай тапсырма берілген-ді: "Адамдардың мінездері мен істеген істеріне сипаттама жасау". Мысал ретінде сарайдағыларды зерттеуім керек болатын. Тапсырманы орындауда 5 түрлі жұмбақ адамды анықтадым:
1-адам: Ол - ақылды және тәрбиелі адам. Мақтаншақ емес, себебі білімді адамды көргенде, бас киімін шешіп, оған ерекше құрмет көрсетуге тырысады. Білімді де тәрбиелі адамдар туралы әңгіме айтады және өзі де кітапты көп оқиды. (Джоки мырза).
2-адам: Көп сөйлемейді, басқа адамдардың сөздерін мұқият тыңдайды. Кітап оқиды, бірақ оқығанын ешкіммен бөліспейді. Басқаларды асыра мақтамайды, бірақ нақты дәлел арқылы адамның жақсылығын немесе қателігін айтады. Ешкімді ешқашан талқыламайды. (Дэвена ханшайым).
3-адам: Өзінің шығу тегін ұмытпайды, үнемі ата-бабасының жақсы істерін мақтан тұтып, үлгі етіп отырады. Олардың ұстаған заттарын, қару-жарақтарын кие тұтады және зираттарын қастерлейді. Ол адамның мойнында немесе қолында қандайда бір белгі, символдың суретін көруге болады. Оның мән-мағынасын ол өзі ғана біледі, ешкімге сырын шаша бермейді. Бірақ жүрегі ашық, жылы жүзді және көмек беруге әрдайым дайын тұрады. (Стю мырза).
4-адам: Көңілді жүруге тырысады, тәтті тоқаштар және шырындар жасайды. Кешкі астан артық қалған тамақ болса, одан басқаша дәмді ас дайындай алады. Төсек-орындарды, жұмсақ жастықтарды жасайды. Қысқаша айтқанда, сиқыршы тәрізді "Жоқтан бар жасайды"! (Слэйн тәте).
5-адам: Табиғат аясында болғанды жақсы көреді, аңшылықпен айналысу сүйікті ісі. Құстарға тор құруды, балық аулағанды ұнатады. Ал марал ұстауда ерекше сезімталдық пен білім керек деп есептейді. Сезімталдығы басым, адамды ренжітпеуге тырысады. Оның отырған жері күлкі мен қызықты әңгімеге толы болады. Адал достықты жоғары бағалайды, мейірімді адамдарды үлгі етіп айтып отырады. (Филиб мырза).
Донна мұғалім осы адамдардың мысалында шотландықтардың ортақ сипаттамасын шығару керек деген тапсырма берді. Мен бұл туралы көп ойланып, мынадай түйін жасадым:
Шотландықтар - адалдықты, достықты, білім мен біліктілікті, ата-бабалар дәстүрін қастер тұтады. Олар өз халқының тарихын, аңыздары мен қасиетті адамдарын ұмытпайды. Мерекелерді, көңілді әуендерді, биді жақсы көреді.
20-жазба. "Киелі Тас"
Бүгін мен ерекше тас - король тағына отыратын мұрагерлерді рухани тексеруші Киелі тас - Скун тасы туралы әңгіме естідім. Киелі тасты ата-бабаларымыз алыстағы қасиетті жерден алып келген. Тастың салмағы ауыр, оны 4-5 жігіт бірлесіп көтермесе, орнынан қозғалту қиын. Тасты кез-келген адамға ұстауға болмайды, оның киесі ұрады. Киелі тас король тағының астына қойылады. Тақ мұрагерін таққа отырғызу рәсіміне дейін, мұрагерді алдын-ала король тағына отырғызып, шынайылығы тексеріледі. Егер жалған мұрагер немесе король тағына лайықсыз адам отырса, Киелі тас қатты дыбыс шығарып, белгі береді екен.
Естуімше, Киелі тастан ерекше қуат шығады. Әсіресе, тақ мұрагеріне бұл Тас көмектеседі, жан-жүрегіне, тәніне ерекше күш беріп, ой әлемінің тұнық болуын қамтамасыз етеді. Киелі тас корольдің рухани әлемін күшейтеді, ол күшті иеленген соң, оны қай бағытқа жұмсайды, ол Тәңірлік сынақ. Кейбір корольдер рухани күшін жамандыққа жұмсағаны үшін, зиянға ұшыраған. Киелі тас - Әулиелердің ұзақ уақыт дұға оқуы нәтижесінде Тәңірлік қуаттарды бір жерге шоғырландыру арқылы нұрланған. Король тағына отырарда оған арнайы дұға жасайды және оның үстінде отырған кезде қатты ашулануға, теріс ой ойлауға тыйым салынады. Құдырет күштің өзі оның мұндай әрекетіне шара қолданады. Бұл Киелі тас - ішкі тазалықтың, ой биігінің және рухани күштің символы бола отырып, мұрагерлерді мәңгілік әлеммен байланыстырушы көпір қызметін атқарады.
21-жазба. "Тәңірдің назарында болу деген не?"
Мен - бой жетіп келемін, тақ мұрагерімін, ата-бабамның ісін жалғастырушы, халқым үшін Тәңір алдында жауапкер адаммын. Бұл - менің Жоғары Әлемнен бекітілген өмір жолым және тағдырым. Мұндай үлкен жауапкершілікті өзім таңдаған жоқпын. Мен бұл өмірге келмей тұрып-ақ, мені Жоғарыдағы рухани әлемде ата-бабаларымның Әруақтары мені таңдап алып, өзара кеңесіп, Тәңірдің алдында менің өмір жолымды бекіткен. Сондықтан мен әрқашан Жаратушы Иенің назарында боламын.
Сіз мұны қалай түсінесіз? Бұл адамға жақсы ма? Әлде жаман ба?
Бір сәт ойланып көршіңізші: сіз әрқашан Тәңірдің назарында тұрсыз. Қуанасыз ба? Мүмкін қорқарсыз? Әлде мұны артықшылық көріп, дүниені жалпағынан басарсыз? Қателікке ұрынып, Тәңірдің қаһарына ұшыраймын-ау деген ой келе ме?
Сұрақ көп, ақиқатты кім біледі?
22-жазба. "Өмір - өзен"
Бұл күндер менің өмірімдегі ауыр кезеңдердің бірі. Менің аяулы атам Король Артур қайтпас сапарға аттанды. Оқыс оқиға жексенбі күнгі жауыннан кейін болған. Атам қараңғы түнде асығыс келе жатып, атының тұяғы тайып кетіп, жырадан құлап қайтыс болды. Сөйтіп, ол бізді тастап, мәңгілік әлемге жол тартты.
Әжем сабырлы адам ғой, сол қалпында атамды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде де өзін бірқалыпты ұстауға тырысты. Әрине, бұл оның сыртқы бейнесі. Мен оның жан-жүрегіндегі қайғыны, ой әлеміндегі қимас сезімді бар болмысыммен сезініп тұрдым. Шіркеу қызметшісінің бірқалыпты үнін тыңдап тұрғанда, жүрегім езіліп, жаным шығып кетердей, ішімді алай-дүлей сезім баурап алды. Көзімнен моншақ-моншақ жас тамшылады, көз жасым үстіме тимесін деп еңкейіп тұрдым. Бірақ жан-жүрегімдегі қимас сезімім маған дес бермей, бетімді жас жуып кетті. Қасымда тұрған әжем мұны байқап қойды да, дереу маған орамал ұстатты.
Мен бар күшіммен өзімнің қиналысымды тоқтатуға тырыстым. Ішкі арпалыс бой бермей, тіпті үдей түсіп, дауысымды шығарып, айқайлап жылап жібергім келді. Бірақ іштей жан дүнием қан жылап тұрса да, өзімді тежеу жолын іздедім. Сол кезде ойыма әжемнің айтқан сөзі есіме түсті "қиналғанда періштеңді шақыр, ол саған көмек береді" деген. Дереу періштемді шақырдым, сосын Әулие бабамнан көмек сұрадым. Сол-ақ екен, жылап тұрған жүрегімде тербеліс пайда болып, жаным тыныштала бастады. Ойыма ой қосылды: "анашымның әруағы әкесімен кездеседі ғой, анашым қуанатын болар... Олар жалғызсырамайды, мәңгі бірге, Тәңірдің қасында, нұрлы әлемде".
Қош бол, Ата, аяулы жан! Сенің рухың бізбен мәңгі бірге. Менің түстеріме келіп тұршы. Мені еркелетіп бауырыңа алғандай, анашымды мен болып құшақташы. Бізді қолдап, қорғай гөр. Тәңірден бізге шексіз қуаныш сұрашы!
23-жазба. "Құда түсу"
Бүгін - жексенбі, әжеммен шіркеуге бардым. Құлазыған көңілім жай тапқандай болды. Бірақ білмеймін, кейде жүрегім алай-дүлей, кейде жын соққандай есеңгіреп кететін тәріздімін...Әжемнің айтуы бойынша, бұл уақытша болатын сезімдік жағдай...
Шіркеуде Тәңірге жалбарынып, Англия королі Эдуард I-дің баласынан мені құтқара гөр деп тілек тіледім. Себебі олар менің әкеммен құдаласып, мені баласына алып бермекші. Мұны алғаш естігенде жүрегім қалай дір ете қалғанын білсеңдер ғой, аяқ-қолым қалтырап, біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей қалшылдап кеттім. Қалайша мен оған қалыңдық боламын, оның жасы да үлкен, тіпті ойлаудың өзі сорақы! Жо-жоқ, бұдан шығатын жол болу керек!
... Анашым, қайдасың? Әулие Эндрью, көмек берші маған!
Сарайдағылардың әңгімесін естіп қалдым, ол әулеттің отбасы қатігездіктерімен атағы шыққан. Күйеу жігітті Неилина ханшайым "тіпті нақұрыс сияқты өзі" деп айтып қалды.
Сарайдағылар маған аянышпен қарайтын сияқты. Әжем үн-түнсіз күрсіне береді, қасына барсам, маңдайымнан сипап, жүзіме қарап, анаңның аузынан түскендейсің дейді. Бірақ көзі мұңға, жүрегі қайғыға толы екенін сеземін. Себебі ондай сезімнің не екенін әлдеқашан-ақ білемін ғой, әжемді одан әрі күйзеліске түсірмейін деп, көкейімдегі сұрақты бөгеп те қаламын.
Анашым тірі болғанда бәрі де басқаша болар еді-ау. Анашым таққа отырып, мен қасында бал-бұл жайнап, бақытты боп жүрер едім ғой...Қатігез таққұмарлар да жөніне кеткен болар еді...
Ендігі жерде, сенетінім - бірінші, Жаратушы Ием, екіншісі - Эндрью әулие мен анашымның әруағы, содан кейінгі - қасымдағы асыл әжем.
Жаратушы Ием, мейір-шапағатыңа бөлеші, сақтай гөрші жанымды! Тәңірім, сенің бұйрығыңсыз еш нәрсе жүзеге аспайды, рұқсат бермеші, өтінемін! Эндрью әулие, қорғаным болшы! Анашым, көмек берші маған!
24-жазба. "Оймен арпалысу"
Мен кейде өзімді жас баладай сезініп, аяғым жерге тимей ұшып жүремін, кейде ой тұңғиығына батқан қарт адам сияқты болып кетемін. Денемдегі, ой-санамдағы пайда болған өзгерістермен қатар, өмірімде де өзгеріс болмақшы.
Айна алдына тұрып, өзімді қалыңдық ретінде елестетемін де, өзімнің бұл ойымнан шошып кетемін. Сарайда бұл туралы әңгіме де, талас-тартыс та көп. Көп әңгімелер маған айтылмаса да, мен олардың ойлары мен көңіл күйлерін жан-жүрегіммен сезіп қоямын. Сезімім мені ешқашан алдаған емес, жүрегім бір жамандықтың болатынын сезетіндей дірілдеп тұрады. Тынысым тарылып, кейде жанымды қоярға жер таба алмаймын. Сол кездерде әжемнің жанына барып, оны құшақтап, ой-санамдағы бар қайғы-мұңымды жайып салғым келеді. Бірақ олай жасамаймын, себебі менің бұл әрекетім оның жан-жүрегін жаралауы мүмкін. Асыл әжем менің өмірімдегі ең жақын да, жалғыз сүйенішім. Мен оны аурып қалмаса екен деп Тәңірге жалбарынамын. Әжемсіз маған бұл өмірдің мән-мағынасы жоқ. Оның да жаны менің үстімде. Шырылдаған құстай шарқ ұрып, жалғызсыраған менің жаныма да жалау болатын адам да осы асыл әжем.
Анашымды сағынып, жан-жүрегім мұңға толған сәтте, әжемді айқара құшақтап, жүрегіне құлағымды тосып, лүпілін тыңдаймын. Сол сәтте менің де, оның да жүрегі қатар соғып, өзара табысып, мұңдасқандай болады. Әжем маңдай шашымды жоғары қарай сипап, менің көздеріме қарайды да: "жарығым-ай, қайтейін...сені ерте есейткен, қайран өмір..." деп ауыр күрсінеді. Әжемнің құшағында біраз мауқымды бассам да, бөлмеме келгеннен кейін ауыр ой мені бәрібір тұмшалап алады...
Кейбір түндерді ұйқысыз өткізіп, мазасыз да көңілсіз ойлармен таңды атырамын. Тереземнің түбінен естілген құстардың дыбыстарын үнсіз тыңдап жатып, көзім ілініп кетеді. Менің сансыз ойлармен шырмалған санамды нәзік дыбыстарымен сәл де болса тыныштандырған құстарға да рахмет!
25-жазба. "Үміт"
Ұйқысыз таң атырдым, ертең күйеу жігіт менімен танысуға келеді. Мен оның суретін ғана көргенмін. Суреттегі оның суық жанары мен сұрықсыз келбеті маған ұнамаса да, еріксіз қараймын. Іштей онымен сөйлесіп көрейін деп ойша сұрақ берсем, қойған сұрақтарым тасқа тиген доптай, жауапсыз өзіме қайтып келіп жатты. "Сүйген жүректер бір-бірімен тілдеспей-ақ түсініседі" деген кітапта жазылған сөздер есіме оралады. Бірақ біз бір-бірімізді танымаймыз ғой деймін ішімнен, мүмкін әлі-ақ табысып, сүйіп кетерміз. Оның жасы менен әлдеқайда үлкен, мені аялап, махаббатымен баурап алар деген үміт оты жылтырайды. "Үмітсіз - шайтан". Бар арманым - бақытқа толы отбасын құрып, балаларыма аналық махаббатымды төгіп, адал жар болу.
Жүрегімдегі мазасыздықты үмітке толы ойлармен жеңгім келеді, бірақ мазасыздық жоғалар емес. Неге?
26-жазба. "Күйеу жігітпен танысу"
Олар бүгін түс ауа келіп жетті. Бірнеше адам болып топтасып келген "құдаларды" арнайы даярлаған сарайға түсірді. Жабық есіктің артында екі адамның отбасылық бақытты ғұмыры емес, екі елдің арасындағы алыс-беріс келіссөзі жүріп жатты. Бұл - бақ талас емес, тақ талас екенін жас жаным сезіп-ақ тұр. Салтанат залында не айтылып жатыр, қандай келісім жасалып жатыр, бізге беймәлім. Сарайда үнсіздік орнап, уақыт тоқтап қалған тәрізді болып көрінді.
Менде асығыстық бой көтерді, бір жерде отыра алар емеспін. Күйеу жігіт қандай адам, мүмкін ол жақсы адам шығар деген ой қылаң береді. "Белгісіздік адамды қажытады" демекші, уақыт өткен сайын қызығушылық пайда бола бастады. Айнадан әдемі көйлегімді қарап, толқындай шаштарымды қызықтап, өзімді қалыңдық ретінде елестете бастадым.
Белгіленген уақыт келіп, мені салтанат сарайына, күйеу жігітпен таныстыруға апару үшін күймеге отырғызды. Атаулы күнге арнап сәнделген күйме іші менің көңіл-күйімді көтере түсті.
Толқып тұрған менің көңілім күйеу жігітті көргенде, су сепкендей басылды. Көздеріміз түйіскен сәтте, менің жүрегім дір етіп, судан шыққан шортандай шоршып кетті. Таныстыру сәтіндегі айтылған сөздер миыма да кірер емес, бәрі бұлыңғыр, оқиға басқа адамға байланысты болып жатқан тәрізді.
Біраздан соң бізді асқа шақырды. Үстел басындағы әңгімелер, берілген тағамдарға зауқым соқпаса да, нағыз ханшайымға тән әдеттен жаңылған жоқпын. Ал қонақтар дастарханға қойылған астан ала отырып, бүгінгі атаулы күннің құрметіне деп арақ-шарапқа ауысты. Шарапқа масайраған қонақтар өзара даурығып, бір-біріне кезек бермей сөйлеп, қуаныштарын жасыра алмай отыр. Біздің сарайдағылар болса, көңілсіздіктерін білдірмей, қонақтармен жарыса сөйлегенімен, ішкі сезімдері көздерінен көрініп-ақ тұр еді.
Үзіліс жасалып, күйеу жігітпен баққа серуенге шығу жоспарланған-ды. Бақ ішіне екеумізді оңаша қалдырып, ересектер өзара аяқталмаған әңгімелерін жалғастыру үшін бөлек кетті.
Біз екеуміз үлкен бақты аралап, мен оған бақтағы әдемі мүсіндер мен ерекше гүлдерді көрсете бастадым. Құстардың нәзік үні, жұпар иісті әдемі гүлдер менің қобалжыған жүрегімнің лүпілін біраз басқандай болды.
Бақтың ішіндегі қалтарыста тұрған мүсіннің жанынан өтіп бара жатқанымызда, ол менің қолымнан шап беріп ұстап алып, өзіне қарай тарта жөнелді. Бұлқынып едім, қайратты қолдарымен жұлқи тартып, бас салып, денемді ауырта құшақтады. Шараптың жағымсыз иісі қолқамды қарып кетті. Тынысы жиеленіп, көйлегімнің омырауына бас салып, жиіркенішті түрде сүйе бастады. Мұндай оқыс қимылдан шошып, аяқ-қолым қалтырап, өз-өзімді игере аламай, құлап бара жаттым. Көзім қарауытып, бүкіл әлем шыр көбелек айналып жатты...
Көз алдыма анашымның бейнесі елестеді. Содан кейін құстың дыбысын естідім. Гүлдердің жұпар иісі мұрныма келгендей болды. Күн күркіреп, жаңбыр жауа бастады. Бетіме тамған жаңбыр тамшыларыларымен бірге әжемнің сөзі есіме түседі: "Жаратқан Иеміз сумен біздің жанымызды да, тәнімізді де тазалайды". Тәңірім, тазалашы мені!
27-жазба. "Жан ауруы"
Мен бұл оқиғадан кейін, үш күн ауырыппын. Сандырақтап, анашыммен сөйлесіп, бар мұңымды, сезімдерімді айтқан көрінемін. Жанымда отырған әжем мен күтушілер менің мұңды сөздерімді жылап отырып тыңдапты. Менің жасырып жүрген бар сырым, жүрегімдегі анашыма деген сағынышым бәріне аян болды.
Үш күннен соң, орнымнан тұрып, күнделігімді іздедім. Күнделігім- жан досым, менің мұңымды жеңілдетші!
Періштелерім, жан жарамды емдеші!
28-жазба. "Түс - тылсымдық ақпарат па?"
Таңсәріде құстардың дыбыстарынан ояндым. Көрген түсімді есіме түсірдім.
Түсімде анашымды көрдім. Оның үстіндегі әдемі әппақ көйлегі оның көркем жүзін одан сайын сұлуландыра түскендей. Аяғы жерге тимей, ауада қалықтап тұрған сияқты. Менің төсегіме жақындап келіп: "Тұршы, балапаным, сен бұл жерден кетуің керек",-дейді. Мен үн-түнсіз оның артынан еріп барамын. Бойым жеп-жеңіл, өзімді бақытты сезінемін. Жолдан әжем шығып, менің қолымнан ұстайды. Мен бұлқынып, анама қарай қолымды созып, "Анашым, анашым, мені ала кетші!" деп жылап тұрмын...Оянып кетсем, бетімді жас жуып, өксіп жылап жатыр екенмін. Анашым, қайда кеттің?
29-жазба. "Күтпеген шешім"
Бүгін таңғы ас кезінде байқағаным, әжемнің жүзі шаршаңқы, түнді ұйқысыз өткендей, көзінің алды ісіп кеткен. Менің оған жаутаңдап қарай бергенімді байқаған болу керек: "Бәрі жақсы болады, уайымдама" деген сөзді айтып қалды. "Тамақтанған соң, біз бір жерге барамыз", -деді.
Мен киініп, қолшатырымды алдым. Себебі күн бұлттанып, жаңбыр жауғалы тұр екен.
Бізді есік алдында күйме күтіп тұрды. Бір сағаттай жол жүріп, орман шетіндегі елеусіз тұрған қарапайым үйге келіп тоқтадық. Үйден орта жастағы әйел адам шығып, бізді күтіп отырғандай жылы шырай танытып, үйіне кіруімізді өтінді. Әжем де оны бұрыннан танитын адамдай амандасып, ішке қарай аяңдады. Мен әжемнің қолынан жабыса ұстап, еріп келемін.
Үй іші қарапайым болғанымен, мұнтаздай таза, әрі жайлы болып көрінді. Әйел адамның аты - Меррон екен. Біздің әулетімізде болып жатқан оқиғалар мен жағдайларға толық қанық болып шықты. Әжем оған бір күн бұрын сарай кеңесшісін жіберген екен.
Меррон столдың үстіне ақ мата жайды да, үстіне қызыл қобдишаны қойды. Жаратушыдан көмек сұрап, дұға оқыды да, қобдишаның ішіне оң қолын салып, бір рунаны алып шықты. Әжеме болып кеткен оқиғаларды айтты да, екінші рунаны алып шығып, қазіргі болып жатқан жағдайларға тоқталды. Содан кейін және бір рунаны алып, болашақ туралы сөз етті. Мен оларға алыстан көз тастап, айтқандарын толық түсінбесем де, қобдишасы мен рунасына қызыға қараймын. Олар ұзақ сөйлесті, мен қалғып кетіппін. "Шешілді. Германия" деген дауыстан оянып кеттім. Менің тек ұққаным: ертең таңсәріде шет елге жол жүреміз.
Меррон бізбен қоштасарда нұрлы жүзімен күлімдеп тұрып, әжеме менің бойымда ерекше қасиетім бар екенін және Тәңір берген қасиетті дамытуда рухани ұстаз қажеттігін айтып жатты. Рухани ұстаз? Ол кім?
30-жазба. "Алыс сапарға дайындық"
Үйге келісімен, алыс сапарға дайындықты бастап кеттік. Күтушілер қажетті киім-кешектерімді, заттарымды жинастыра бастады. Мен күнделігімді қолыма алып, сарай жанындағы биік төмпешікке барып отырдым.
Айнала жап-жасыл, Шотландиям менің, не деген көркем едің! Шотландия, мен сені қайда жүрсем де ұмытпаймын, сен менің мәңгі жүрегімдесің! Тірі жүрсем, сен менің ойымдасың, өліп кетсем, саған деген махаббатым мен ыстық ықыласым өзіммен бірге кетеді! Шотландия, мен саған ғашықпын! Кешір мені, туған жерім, сені амалсыз тастап барамын. Мен саған қайтып ораламын!
31-жазба. "Жолдағы ауру"
Екі күн жол жүріп келеміз, шеті жоқ жолдар, теңіз көрінер емес. Арбакештің айтуынша, түстен кейін теңізге де жетеміз.
Жағалауда бізді кеме күтіп тұр екен. Күтіп алушылардың жүзі суық, асығыс қимылдайды. Кемеге заттарымыз бен бізді орналастырды. Кемеге біздің қызметшілерімізбен бірге шіркеу қызметкері де мінгенін байқап қалдым.
Түнге қарай менің басым қатты ауырып, дене қызуым көтерілді. Тамағыма тас тұрып қалғандай, жұтына алмаймын. Басым мең-зең. Ұйықтасам түстер көремін: айнала қап-қараңғы, қорқынышты адамдар мен қап-қара иттердің, жүні ұйпаланған лас мысықтар мияулап, мені қуып келеді. Олардан қашып келе жатып, шыңғырып оянамын.
Маған не болды? Мен неге қорқа беремін? Жүрегімдегі қорқыныштан қалай арыламын?
Жаратқан Ием, жәрдем берші! Эндрью әулие, қолдай гөрші!
32-жазба. "Менің өліп-тірілуім"
Күнделігімді жазбағаныма біраз уақыт өтіп кетіпті-ау.
Мен кемеге мінгеннен кейін, жөтелім күшейіп, ауруым асқына түскен көрінеді. Жағалау алыс, қолдағы бар дәрілермен ем-дом жасалады. Кеме алға қарай жол сапарын жалғастыра береді. Бойымды әлсіздік басып, сандырақтап сөйлеп, айналамдағыларды әбден әбігерге салыппын. Ақыр аяғында ұйқыдан тұрмай, тынысым әлсіреп, дем алысым баяулай түседі. Әжем мен шіркеу қызметкері күні-түні Жаратқанға жалбарынып, менің тірі қалуымды тілеп, дұға етумен болады. Уайым мен бірнеше күнгі ұйқысыз түндерден шаршаған әжемнің көзі ілініп кетіп, түс көреді.
Түсінде Эндрью әулиенің моласын көреді. Моланың қасында тұрған өзінің жолдасын, яғни атамды көреді. Атам қой сойып жатыр екен. Қасына жақындап барса, күлімдеп, қалтасынан ақ орамал шығарып, "Мынаны Маргаретке берші" дейді. Әжем оянып кетіп, Жаратушы Иеміздің дұғасын қабыл еткенін түсінеді. Өлім мен өмірдің арасында жатқан мені Эндрью әулие мен әруақтардың қолдағанын біліп, көз жасына ерік береді. Көздеген жерге жетісімен, Тәңірге ризашылығын білдіріп, құрбандыққа мал шалуға уәде етеді.
Таққа таласқан қуғыншылар келіп қалып, менің өміріме қиянат жасарын сезген туыстарым Тәңірден бастың амандығын тілеп, мені өлді деген хабар таратпақшы болады.
Епископпен ұзақ кеңесіп, кеменің келесі бір аялдамасында шіркеуден адам шақыртып, талықсып жатқан менің түрімді көрсетіп, менің "жаназамды" шығартады. Шіркеу кітапшасына менің аты-жөнімді бұл дүниедегі жоқ адамдардың тізіміне енгізіп, мені қайтыс болды деген хабарды жан-жаққа таратады.
Бұдан кейін кеме тағы біраз уақыт жүріп отырып, діттеген жерге де жетеді. Кемедегілер менің тірі қалуымды дұға етіп, Тәңірге аманаттайды. Әжем түс көрген сәттен-ақ көңілінде үміт оты жанып, менің тірі қалатыныма сеніп отырады. Шала-жансар сұлқ жатқан мені ақ матаға орап, бірнеше кісі көтеріп, кемеден алып шығады. Барлық адамдар мені өлді деп есептейді.
Бізді жаңа мекенде атамның достары қарсы алып, арнайы даярлаған сарайға орналастырады. Сол өңірдегі мықты деген шипагер адамды алдыртып, мені 7 күн бойы ем жасап, тілге келтіреді.
Есімді жиғаныммен, мен өте әлсіз едім, отыра алмаймын. Барлық жерімде жан жоқ сияқты, аяғым тіземнен төмен сұп-суық, қозғалта алмаймын. Сөйлесем де, тамақ ішсем де шаршап қаламын. Күніне ішетінім үш қасық дәрі мен бір стакан сүт. Ем жасаудың 21-күні дегенде адам қалпыма келе бастадым. Бойымды тік ұстамасам да, аз да болса отыра алатын хәлге жеттім. Тәбетім ашылып, аздап тамақ ішкенде, әжемнің қуанғанын көрсеңдер ғой! Көзіне жас алып, Тәңірге рахмет айта берді. Ал менде ешқандай сезім жоқ, ой жоқ, тірі қуыршақ тәрізді қалтиып отырамын.
Ем жасаудың 40-күні болғанда орнымда отырып, өз қолыммен тамақ іштім. Менің қай уақытта не істегенімді әжем бақылап, жазып отырыпты. Жансызданған аяғыма жан бітіп, денемді қозғалта алатын күйге жеттім.
Ем алудың 90-шы күні дегенде, орнымнан тұрдым. Жас балаша алғашқы қадамымды жасадым. Әжем аяғыма ақ жіп байлап, оны қайшымен ортасынан кесіп, "Жаңа өмірге жасаған қадамың құтты болсын!" - деді. Сол күні Тәңірге ризашылығымызды білдіріп, құрбандық мал шалынып, әруақтардың құрметіне деп кедейлерге тәтті тағамдар таратылды.
Мен осылайша өмірге екінші рет келіп, жаңа жерде, жаңа өмір бастадым!
33-жазба. "Әруақтар мерекесі"
Өткен күндерді есіме алып, сүйікті Шотландиямды сағынып, көзіме еріксіз жас аламын. Қазір күз. Бұл уақытта ол жақтағылар егін пісіп, оны жинап, мерекеге дайындалып жатқан болар.
Күзде егістікті, бау-бақшаның өнімдерін жинаған соң, менің Шотландиямда Әруақтар мерекесі тойланады. Жаңа айдың тууымен анықталатын бұл атаулы күнге барлық адамдар алдын-ала дайындық жасайды. Бұл - тірі адамдар мен өлі адамдардың бірлесіп тойлайтын мерекесі.
Әруақтар мерекесі - өлген адамға құрмет және оның тірі адаммен байланысын көрсететін күн. Бұл күн - тылсымдық күші бар мезгіл болып есептеледі, ол өткен уақытқа да, болатын уақытқа жатпайды. Ол екі әлемнің түйісетін мезгілі.
Тірі адамдар үшін мереке күндіз жарық көзі бар кезеңде басталады: адамдар бірін-бірі құттықтайды, тойлайды, ал қарыздары мен салықтары болса, төлемін жасайды, себебі қарызы бар адамды екі әлемде де жақсы көрмейді. Бітпей жатқан жұмыстары болса, оны тиянақтап, кешкі маңызды сәтке дайындалады. Үйлерін тазартып, жуынып-шайынып, әруақтарға арнап тағамдар әзірлейді. Әсіресе, арнайы әруақтарға арнап ортасында тесігі бар дөңгелек нандар пісіріледі. Нандар арнайы жөн-жоралғымен пісірілгеннен кейін, оның тылсымдық күші болады, оны ем үшін және қара күштерден қорғану үшін де пайдаланады.
Ал тұрмыс құрмаған қыздар да бұл күні бос отырмайды, ішіне сақина салып, тәтті бәліш пісіреді. Сақина кімге түссе, сол қыз тұрмысқа шығады деп есептеледі. Қыздар түні бойы айнамен, сумен, отпен, әруақтармен байланыс жасап, болашақтарын болжайды.
Ең маңыздысы, әруақтарға арнап құрбандық шалынады. Әруақтарға арнап сойылатын малды пышақпен тамағынан бауыздап, аққан қан балалардың және ауырған немесе әлсіз адамның маңдайына тигізіледі. Оның мәні - әруақтар ризашылығымен және қолдауымен адамның ауру-сырқауы, қиындықтары кетеді. Егер адамның бойында ауру, тіл-көз, қара дуа т.б. кедергі болса, құрбандық малдың қанымен жойылып, адамның жолы ашылады деп есептеледі.
Түнде әруақтар үйлерін жаңылмай табуы үшін шалқанның ішін үңгіп алып тастап, ішіне шырақ жағып, үйлерінің ауласына іліп қояды. Өздерінің есімдері аталып, арнайы жағылған отқа әруақтар міндетті түрде назар аударады, риза болады деседі.
Нұрлы таза әруақтармен қатар, бұл түні өмірінде зұлымдықпен айналысып, екі өмірдің арасында қалып қойған, адасқан әруақтар да көшені кезіп жүреді. Қара күштер көшеге отсыз шыққан адамдарды аңдып, зұлымдық жасаудан тайынбайды. Тіпті, тау жақта үңгірлерді мекендейтін жабайы адамдар құрбандық малдың орнына тірі адамдарды да шалады дегенді естіп, денем тітіркеніп кеткені де рас.
Адасқан зұлым әруақтарды шошыту үшін кейбіреулер қаптың ішін сабанға толтырып, адамнын бейнесін жасап, ауласына іліп қояды. Бұл түннің қуанышынан гөрі қорқынышы басым, себебі белгісіздік, тылсым адамды үрейлендірмей қоймайды. Бірақ қорқу немесе қуану адамның ішкі рухани күшіне байланысты болады.
Әруақтар мерекесінің ең қызықты да, қорқышты сәттері күн батқан соң басталады. Адамдар топталып жиналып, мерекелік от жағады. Оттың үстінен секіріп, аластап, өздерін ластықтан тазартады. Себебі от адамның бойын ғана емес, ойын да тазартып өтеді. Адамдар От Иесінен кешірім сұрап, өзін ауру-сырқаудан, қиыншылық пен кедергілерден құтқаруын өтінеді. Отбасын құрмаған қыз-жігіттер От Иесінен ыстық махаббат пен сүйіспеншілік сұрап, ал жалғыз бастылар болса, жүрегіне жылылық, өміріне тірек сұрайды. Бұл өтініш-тілектер отқа тіке қарап отырып, бар ынта-жігермен айтылады.
Әркім өз үйінде от жағып, тілектерін айтып, әруақтарын шақырады. Оларға арнап тамақтарын дайындаған соң, от жағылған алаңға жинала бастайды. Өлеңдер айтылып, оттан секіріп би билеп, ойындар ойналады. Бұл күнді "От мерекесі" деп атауға да болады. Әр үйде оттың жағылуы әруақтардың өз туыстарын жаңылмай тауып алуына көмек береді.
Кейбір жылдары адамдар қолдарына алау ұстап, көшелермен сап түзе жүріп, тұратын мекендерін, тіпті егіс алқаптарын да отпен тазалаған кездері болған.
От адамды жамандықтан тазартып, әлсіздерге күш береді, қара күштерге тойтарыс беріп, ауру адамды емдеуге де қолданылады. Кейбіреулер малдары аман болсын деп, қатарынан екі от жағып, арасынан оларды өткізеді. Алғыс ретінде сойылған малдардың сүйектері мен терілерін отқа лақтырады.
От - бұл өмірдің заты ғана емес, тылсыммен байланыстыратын құрал болып табылады. Оттан жылу алып, тамақ пісіруден басқа, от адамды көзге көрінбейтін ластықтан тазартып, ақпарат та бере алады. Егер отпен байланыс жасауды білсең, ол саған өткеніңмен қатар, болашағың туралы да мәлімет те бере алады. "Отпен ойнама - күйесің" деген сөздің ішкі астарлы мағынасы да терең...Ішкі рухани күшің мықты болса, сен оны бағындырасың, сол кезде ол саған қызмет етеді, жамандық жасамайды. Оның да өзіндік реті бар... Отты қандай мақсатта жақтың, соған байланысты қызмет етеді: мысалы, жылыну үшін жақсаң- жылытады, мәлімет алу үшін жақсаң - мәлімет береді т.б. Ең маңыздысы, отпен жұмыс жасағанда сен оны таза оймен, жақсы іске жұмсауың керек. Ойың таза болса - ісің таза болады, ісің таза болса - өмірің таза болады!
34-жазба. "Ақыл таразысы"
Кейінгі кезде өмір мен өлім туралы, кеңістік пен уақыт, мән мен мазмұн жөнінде көп ойланатын болдым. Уақыт зымырап өтіп жатыр, таң атса - күн батады... Бір жағынан шексіз әлем, екінші жағынан қысқа өмір... Түсініксіз, жаның "сен мәңгіліксің" десе, тәнің "сен уақытшасың" дейді. Бұл жан мен тәннің күресі ме? Күресі болса, кім жеңеді? Мүмкін олар өзара тартыспай, келісімде өмір сүруі керек шығар?
Сенің ақылың осы жерде - төреші болады. Кімді қалай бағалайсың? Сенде ақыл таразысы бар ма? Ақыл таразың болса айтшы, ішіп-жеуді, ұйықтау мен салтанат құруды қалайтын тәніңді артық көресің бе? Әлде өмірлік істеріңді сын тұрғысынан сараптайтын, қате ісіңді бетіңе басып, сені ар-ұят қамытымен жүктейтін немесе ізгі ісіңді дәріптеп, сені Ақ құсқа теңеп қуантып, Тәңірлік нұр сыйлайтын жаның мен рухыңды ма?
Мүмкін сен жаның мен рухың көрінбейтін дүние деп мойындамай, тәніңді тояттауды артық деп табарсың? Сонда сен тәніңді жаныңнан, рухыңнан артық көргенің бе? Жаның мен рухыңды ойламасаң, жануардан қалай артық боларсың?
Иә...тек ішіп-жеу, сән-салтанат іздеу, ойсыз өмір кешу - мәңгілік адасудың алғашқы баспалдағы. Бәрінен бұрын, ойсыздық - адамды 2 дүниеде бақытсыздыққа жетелейді. Себебі оймен бекімеген іс - баянсыз болуы даусыз.
Тәңірім, ой-өрісімді тереңдетіп, 2 дүние бақытына жетелеші!
35-жазба. "Уақыт - төреші?"
Уақыт, уақыт! Сен жүйріксің, ұстатпайсың, алдау-арбауға да жол беріп, адамды әркез азаптайсың. Кейде сәттіліктің жолын салып, жан-жүректі бақыт әлеміне жетелейсің.
Уақыт, мен саған ғашықпын! Сен - қатал төрешісің, бірақ төрелігіңмен жақсылыққа үндейсің. Сен іңкәрлік пен махаббатты да көрсетесің. Сенің құзырыңда бәрі бар. Сен мәңгіліксің, сенімен қол ұстасып жүріп, ержетемін. Сенімен құшақтасып жүріп, махаббаттың не енкенін білемін. Сенімен арпалысып жүріп, адасамын. Сенімен достасып жүріп, жол табамын.
Уақыт, мені нұрлы әлемге жетелеші! Сенімен бірге өмірдің қадірін, әр адамның қадірін түсінсем деймін!
Уақыт - сен кімсің? Тәңірдің жіберген төрешісің бе?
36-жазба. "Хогманай - Жаңа жыл кеші"
Жаңа жыл мерекесі - мен үшін маңызды да, ерекше! Екі әлемнің шекарасын қамтитын бұл тылсымдық күші бар сәттің адам өміріне әсері зор екені ертеден белгілі.
Жаңа жыл кеші адамдарға қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, болашаққа бағдар, үміт пен армандардың орындалуына көпір болады. Сол күнгі сезімдерің сені жыл бойы жетелейді деседі.
Біз Жаңа жыл кешіне дайындықты ертерек бастап кетеміз. Ең алдымен, ұлттық киімдерімізді - килттерімізді дайындаймыз. Оған қосымша кішкентай сөмке - спорран тіктіреміз. Оны түрлі символ, суреттермен безендіріп, оған да ерекше мән береміз.
Келесі мәселе - Жаңа жылдық дастарханға да ерекше көңіл бөлеміз. Себебі шынайы ықыласыңмен жасаған асқа Тәңір береке беріп, дастарханға және отбасына нұр сыйлайды! Сондықтан Жаңа жыл отпен байланысты болып келеді. Қыс кезіндегі оттың жылуы қаншалықты маңызды болса, ал Жаңа жыл кешінде от - оның символы болады. От - киелі, оның Иесі бар, яғни отты басқарушы тылсымдық күштер бар. От - алмас қылыш тәрізді, дұрыс пайдалансаң, қажетіңе жарайды, дұрыс ұстамасаң, қолыңды кеседі. Отпен жылынасың, тамақ дайындап ішесің, қару-жарақ т.б. дайындауда пайдаланасың, қараңғыда жарық етесің. Ал егер онымен ұқыпты пайдаланбасаң, күйдіріп-жандырады, барлығын жоқ ете алатын күші бар. Отпен келісімге келіп, жақсы нәтижелерге жетуге болады. От - адамның бойында да, ойында да бар.
Жаңа жыл кешінде барлық проблемаларыңды, қиындықтарың мен өміріңдегі болған келеңсіз жағдайларды отқа тастап, Жаратушы Иеден жақсылық тілеу керек.
Жаңа жыл кешіне жиналған қонақтармен қосылып ән айтып, әдемі әуеннен соң, бір-бірімізді шын жүректен құттықтап, беттерімізден сүйеміз. Бұл біздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз бен жан-жүрегіміздің махаббатын көрсетеді. Мереке таң атқанша жалғасып, қонақтар барлық үйге кіріп, бір-бірін құттықтайды.
37-жазба. "Әруақтардың көмегі"
Бұл өңірде сауық кештері жиі болып тұрады. Құрбыларым мені әрдайым сән-салтанатты кештерге көңіл көтеруге шақырады. Ең жақын құрбым - Луиза екеуміз сондай сән-салтанатты кештердің қонағы болдық.
Сауық кештердің де түрлері мен деңгейлері бар. Ол адамның қызығушылықтарына, ой деңгейіне байланысты ұйымдастырылады.
Көңіл көтеру кімге ұнамайды? Біз ондай жерге бару үшін алдын-ала дайындаламыз. Алдымен, салтанатты кешке лайықты көйлекті дайындау керек, соған сәйкес шашымызға, мойнымыз бен қолымызға тағатын әшекей іріктелінеді. Содан кейін аяқ киім таңдалады. Қолға ұстайтын шағын сөмке мен қолшатырды да ұмытпаған жөн.
Қызықты кештер де көп болды. Бірақ бір оқиға менің есімде қаз-қалпында сақталып қалды.
Бір күні біз Луиза екеуміз сауық кешке шақырылдық. Дайындық әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Сол күнге арналып тігілген жарқыраған сәнді көйлегімді киіп, басыма асыл тастан жасалған, жаңа туған ай тәрізді жиектемемді таққан кезде, дидарыма ерекше нұр енгендей болды! Айнадан өз бейнеме қуана қарап тұрдым. Қасыма аяулы әжемнің келгенін де сезбей қалыппын. Әрқашан айтатын "Жаратқан Ием тіл-көзден сақта! Әруақтарға тапсырдым!" деген сөзін де айтуды ұмытпады.
Дайын күймеге отырып, сауық кешіне бардық. Бізді той иесі күтіп алды (атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын). Сәнді киінген қыз-жігіттер, мол ішіп-жем және арақ-шарап, көңілді әуен бізді күтіп тұрды.
Сауық кеші қалай өтті дейсіз ғой? Қысқаша айтқанда, алды қызық, арты шыжық болды. Сән-салтанатына қарасаң көз қуантатындай, бірақ соңы берекесіз тірлікпен аяқталды деуге болады. Ішімдік ішіп, масайраған бір жігіт қасыма келді, өзін таныстырды. Сұрақтар қойып, мазамды ала бастады. Әрине, сұраққа жауап бермеу - әдептілікке жатпайды. Кенедей жабысқан бұл жігіттен қалай құтылуға болады деген ой келді. Бір сәтте-ақ түрлі жолдарын ойлап үлгердім, бірақ қисынсыз сияқты.
Шарапқа кызара бөрткен жігіттің әңгімесі көбейіп, маған жақындай түсті. Жағымсыз иістен жүрегім көтерілгендей болды. Неге екенін білмеймін, көзім қарауытып, басым айнала бастады. Бір кезде көз алдымда "перде" ашылып, бұл өмір басқаша сипатта көрініс берді. Айналам қара түтінге толы сияқты болып көрінді. Мән-мағынасы жоқ арзан әзіл, судай аққан арақ-шарап көлінде жүзіп жүрген қанатсыз "құстарды" көресің. Тіпті "қанаты бар жігітті" ортаға алып, "қанатсыздар" оның өсіп келе жатқан кішігірім қанатын кесіп алып, қанын ішімдікпен жуып жатқанын көріп, жаның шырқырайды...
Сол қара түтіннің арасындағы шарапқа тойып алған қыз-жігіттер мүйізі бар екі аяқты жануар сияқты болып елестеді. Кейбіреулері адам бейнесінде тұр, бірақ олардың қастарында бойы кішкентай, құлағы үлкен мақұлықтар біресе мойнына, біресе аяғына оратылады. Бір шетте тақта отырған, қарағайдай мүйізі бар үлкен басшысы қадағалап отыр. Бірақ ол да бос отырған жоқ, оны бірнеше қыз аймалап, шарап ұсынып, көңілін табуға тырысып жатыр... Басым айналып, құлап кетпесем болар еді деп ойладым. Сол кезде оң жағымнан келген адамның бейнесін көзім шалды. Қарасам, қайтыс болған атам екен, ол маған қолын созып тұр. Қолымды беруім сол екен, басымның айналуы басылып, өз қалпыма келе бастадым. Айналадағы қара түтін ашылып, сауық кеште тұрғанымды есіме түсірдім. Сол баяғы айналадағы у-шу, жігіттер мен қыздардың билері, арзан күлкілері.
Дереу есімді жиып алдым да, тоқтаусыз сөйлеп тұрған қасымдағы жігіттен кешірім сұрап, сыртқа шықтым. Әлгі жігіт еріп шыға ма деп қорқып едім, шүкір, атамның әруағы мені құтқарды. Қиын-қыстауда көмек қолын созған Әруақтарға рахмет! Аяулы да абзал ата-бабаларым, сендер болмағанда мен қалайша аман жүрер едім? Жаратқан Ием, ризамын қамқорлығыңа! Бәрі сенің рұқсатыңмен жүзеге асады!
38-жазба. "Оқушы дайын боған кезде, рухани ұстаз пайда болады"
Мен көп ізденгенді, кітап оқығанды жаным қалайды. Ақылды адамдардың кітабын оқып, ақыл жинайсың. Білімді адамдардың кітабын оқып, білім жинайсың. Кітап - ақылшың, досың, көмекшің. Бірақ пайда болған сұрақтарыңа жауап беретін, ойыңмен бөлісіп, бағыт-бағдар беретін ұстазың болғанына не жетсін. Бұл ойымды әжеме айтқан болатынмын.
Бүгінгі кешкі аста мені ерекше бір адаммен таныстырды. Оның есімі - Кадди Рой. Жасы - 55-терде. Бойы ұзын, басына жұқа бас киім киген және оның формасы да ерекше екен. Жүзі жылы, күлгенде жарқырап, айналасына сәуле таратындай әсер қалдырады.
Кадди Ройдың шыққан тегінде шотландтық тамыр да бар. Өмір жолы өте қызықты оқиғаларға толы. Крест жорықтарына қатысып, дін жолында да қызмет еткен. Сол жорықтардің бірінде танысқан досының әңгімелері оның өмірін күрт өзгертеді. Кадди Рой осы уақытқа дейінгі түсініктерінің таяздығын, кейбір ұстанымдарының қате екенін де түсінеді. Сауат ашу, білім алу қажеттігін сезінген ол рухани білім алмақшы болып, шіркеулерді жағалайды. Алғашында шіркеу қызметкерлерін "аспандағы құдайдың жердегі досы" ретінде қабылдайды. Шіркеуге қызмет ету өзінің басты борышы деп есептейді. Біршама уақытын Тәңір жолындағы қызметім деп, епископтардың айтқан сөздерін қалт жібермей, тапсырған жұмыстарын адал атқаруға бар күш-жігерін салады. Шіркеу қызметкерлері оған білім беруге асықпайды, күнделікті күйбең тірлікке салып қояды. Уақыт өте береді, епископтарға берген сұрақтарының жауаптарына қанағаттанбаған Кадди Рой өздігінен білім іздеп, сапар шегуді жөн деп табады. Жаратқанға жалбарынып, алыс сапарға жол тартады. Жаратушы Иеміз оның дұғасын қабыл алып, көкейінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап бере алатын адамдарды кездестіреді. Бір-біріне себепші болған оқиғалар тізбегі жалғасып, білімді ұстазға жолығады. Бұл да Тәңірдің сыйы деп бағалайды. Жартқанға жалбарынып, тура жол тілейді. Себебі бұл жолдың күрделі де, сан алуандығы, адасу мен тура жол табу тек қана Тәңірдің бұйрығымен болатынын түсінеді. Біршама ізденістерден кейін, өзіндік қорытындыға келеді.
Бірінші қорытынды: "Өмірде тура жол табудың кілті - ниеттің, жүректің тазалығы!" Екінші қорытынды: "Жүректе Тәңірге және оның жаратылыстарына деген махаббаттың пайда болуы - жоғарғы жетістік".
Осы қорытынды оны өмірлік қиындықтар мен зұлымдықтардан, арбау мен адасудан, қорқыныш пен үрейден сақтап келген.
Қысқасы, бұл адам маған философия, жаратылыстану бойынша сабақ беретін болып келісімін берді! Сабақ 3 күннен кейін басталады!
39-жазба. "Ұстаз талабы - рухани заң!"
1-сабақ
Бүгін мен үшін ерекеше күн - рухани сабақтар басталды!
Кадди Рой келісілген уақыттан ерте келді. Мен де оны тағатсыздана күтіп отырғанмын. Біздің сабақтарымыз сарайдың Кітапхана деп аталатын бөлімінде өткізілетін болды. Бұл бөлікте 3 зал бар: 1-ші үлкен залда кітап сөрелері тұрады, 2-ші кітап оқу залы, 3-ші сабақ өтетін жер. Бұдан әрі жүрсең, баққа шығасың.
Кадди Рой сабақтарымыз осы 3 залда және бақ ішінде де дәрістер өткізетінін айтып өтті. Сонымен қатар, жалпы талаптармен таныстырып, мән-мағынасын түсіндірді:
1) Сабаққа мұғалімнен бұрын келіп отыру; уақытты дұрыс пайдалану. "Уақыт - Жаратушының адамға берген асыл сыйы".
2) Дәріс уақытында пайда болған сұрақты жазып алып, сабақ соңында сұрау. "Дұрыс сұрақ - ақиқатқа жеткізеді".
3) Айтылған мәліметті қысқаша жазып алу. "Жазып алынбаған сөз - желге ұшқан қаңбақ".
4) Дәрісте айтылған мәліметтерді өмірдегі жағдайлармен салыстыру, талдау. "Ойды бекіту - білім тірегі".
5) Кітаппен дос болу. "Кітап - рухани бағдар".
6) Табиғатта белсенді демалыс ұйымдастыру, серуендеу. "Таза ауа тәнге - шипа, ойға - күш".
7) Ішкен тамағыңның сапасына көңіл аудару және өлшемін білу. "Өлшемді білу- өнеге".
8) Өзіңді де, өзгені ұмытпау (денсаулық, сыртқы келбет, қарым-қатынас т.б.). "Өзіңді тани отырып, өзгені танисың".
9) Рухани білімді қастерлеу. "Рухани білім - екі дүниенің кілті".
Кадди Рой аталған талаптарды жан-жақты талдауға тапсырма берді. Тапсырманы орындау уақыты - 3 күн.
Тәңірім, тура жолға сала гөр! Періштелерім, рухани ізденіске жетелеші! Эндрью әулие, қолдашы!
40-жазба. "Не үшін өмірге келдік?"
2-сабақ
Менің 3 күн бойы күні-түні кітап оқып, серуен кезінде жасаған ой талдауларым өз мәресіне жетті: Ұстаз "басы жаман емес" деп бағалады. Әрине, мен мақтау күткенім рас. Бірақ бәрі алда, мен жоғары нәтижеге жетемін деп өзіме уәде бердім. Кадди Ройдың қоңыр дауысы ойымды өз арнасына бұрып жіберді.
- Бізді қоршаған әлемнің көзге көрінетін және көрінбейтін жақтары да бар. Көзге көрінбейтін, бірақ оны жан-жүрегіңмен сезінетін бөлігін - Рухани әлем немесе тылсым деп те атаймыз. Рухани деген сөздің түбірі - "рух", яғни материя емес, қолға ұстай алмайсың. Жан дегеніміз не? Тән, рух дегеніміз не? Ойлан.
- Рухани әлемді біз неге көрмейміз? Тәңір бізге неге оны жасырып қойды?
- Оның өзіндік сыры да бар. Тәңір бізге арнап екі әлемді жаратып қойды: 1-шісі рухани әлем, 2-шісі материалдық әлем. Материалдық білімін жетілдіре отырып, адам бірте-бірте рухани әлеммен танысады. Адам материалдық ойлау шеңберінен шығып, тылсымды тануы керек. Өмір сонысымен қызықты! Адамның ақиқатты іздеуінің өзі ғажап емес пе? Егер адам хайуанат сияқты ішіп-жеп өмірін өткізсе, немесе сол ішіп-жейтін асын табу үшін бар уақытын сарп етсе, оны өмір сүрді деуге бола ма? Жан-жануарлар да азғын іздеп, тауып жеп, ініне барады. Ал адамның әрекеті де сондай болса ше? Мұны біз адами өмір дейміз бе?
Ізденіс- ақиқатқа жетелейді.
41-жазба. "Адам тағдыры - кімнің қолында?"
3-сабақ
Ойлы көздерімен терезе жаққа қарап тұрған Кадди Рой бірқалыпты дауыспен дәрісін бастап кетті:
- Адамдар бұл өмірдің есігін ашқанда, қандай да бір рухани бағдарламамен кіреді. Әр адамның тағдыры түрліше, біреудің пешенесіне байлық жазылса, біреулерге кедейлік бұйырады. Бұлай түрлі тағдырлардың жазылуы адамның бұрынғы өткен өмірлеріндегі қателіктеріне немесе жақсы істеріне байланысты болады. Ал егер қиын тағдыр жазылса, одан шығуға бола ма? Әлбетте, ол үшін адам өз рухын күшейтетін істермен айналысуы керек. Ол қандай істер деп ойлайсың?
- Тәңірге жалбарыну, дұға жасау, рухани кітап оқу, әруақтардан көмек сұрау, қасиетті жерлерге бару, жақсы ой ойлау.
- Иа... мұндай жауаптар да қабылданады. Осылардың ішінде адамға ең оңайы да, ең қиыны да қайсысы?
- Ең оңайы -Тәңірге жалбарынып, әруақтардан көмек сұрау болар? Ал ең қиыны - рухани кітап оқу.
- Маргарет, есіңде сақта: адамға ең оңайы да, ең қиыны да бір-ақ нәрсе- жақсы ой ойлау. Оның оңай болу себебі - ой ойлау адамның өз қолында, оған ешқандай күш жұмсаудың қажеті жоқ. Ал ең қиын болу себебі - жақсы ой ойлау үшін адамның ниеті, жүрегі таза болуы керек. Жан-жүректің тазалығы жаңағы сен атаған нәрселеге тікелей байланысты.
Ой қорытындысын жасауға 2 күн берілді.
42-жазба. "Өмірдің мәні"
4-сабақ
Өмірге адам бай болып келе ме, кедей болып келе ме, оның Тағдыр Кітабына жазылады. Адам өмір жолында өтуге тиісті оқиғалардан өтеді. Бастысы, сол өткен оқиғадан сабақ алуы керек. Егер болған істен сабақ алмаса, дұрыс қорытынды шығармаса, ол оқиға тағы қайталанды. Мұндай қателіктерді түзету үшін, жақсы оймен және ізгі ниетпен жақсылықтар жасау, кедейлерге садақа тарату т.б. қажет. Мұндай жақсылық қолыңнан келмесе, мүмкіндігің болмаса, Тәңірден істеген қателіктерің үшін шынайы кешірім сұрап, дұға оқыған дұрыс.
Біздің жасаған жақсылықтарымыз, берген садақаларымыз - келе жатқан жамандықты, ауру-сырқауды қайтарады. Жылына бір рет кедейлерге садақа тарату - көптеген апаттардың алдын алады. Ал аптаның төртінші күндері әруақтарды еске алып нан пісіру, әулиелерге құрмет ретінде кедей-кепшіктерге тамақ беру - Тәңірдің алдында абыройлы іс болып есептеледі. Діндер көп, бірақ ақиқат біреу - Жаратушы жалғыз. Ол біздің садақамызға, дұғамызға мұқтаж емес. Жақсылық жасаса да, жамандық жасаса да ол екі еселеніп, адамға қайтып барады. "Өз тағдырың - өз қолыңда". Бұл өмірдің мәні - рухани тазару арқылы Тәңірлік нұрға қосылу.
43-жазба. "Ой қорытындыларым"
1. Жүрегіңдегі жалғыздық -Жаратушыны тапқанда жойылады.
2. Жаман мінез - рухани дерт.
3. Маххабат - Тәңір сыйлығы.
4. Махаббат дегеніміз - Тәңірлік қуат.
5. Рухани қайнар - жүрек.
6. Ой-сана - рухани сезім сүзгісі.
7. Әулиелер - жер періштелері.
8. Өлгеннен кейін тыныштық жоқ, себебі шынайы өмір басталады.
9. Рухани қасиет - Жаратушының адамға беретін ерекше қабілеті.
10.Періште - рухани көмекшің.
11. Рухани сана - Тәңірлік нұрды қабылдаушың.
12. Ойдың салмағы жүрекке түседі.
13. Қызғаныш - әлсіздіктің белгісі.
14.Мақтаншақтық, өркөкіректік - Тәңірге жақпайды.
15. Тәңірлік нұр адамның жүрегіне рухани Кітап арқылы ұялайды.
44-жазба. "Ілім жолы"
...Шексіздік... әлем, уақыт, кеңістік, білім, ілім... Тапсырма көп.
Күнделігім - сырласым, сәтті күндерде кездескенше .. менің жанымның нұрлы жазбаларын сақтаушы сыр сандығым! Сен менің қолдаушымсың!!!