Адам қарады: 94 | Жарияланды: 2018-09-10 02:22:11

Тәрбие - тағдырың

 драмалық (музыкалық) көрініс

 

Рөлдерде: Шал, Кемпір, Қыз, Жігіт, Жоламан

                                          Кіріспе бөлім

       (Көріністің мазмұны мен не себепті жазылғандығы жөнінде тәрбиелік мәні бар қысқаша әңгіме).

       Шымылдық алдында екі орындықта қарама қарсы жайғасқан жүргізуші мен автор.

       Жүргізуші: Көрермендерге түсінікті болу үшін музыкалық дрмалық көріністің тақырыбына байланысты бір-екі ауыз сөз айтып кетсеңіз.

       Автор: Қазір жастар, оның ішінде қыз балалар тағдырына аңғал, немқұрайды қарайды. Ата-аналарының ақылын тыңдамайды. Немесе ата-ана тарапынан дұрыс тәрбие болмайды. Мәселен, соңғы кезде қыз балалардың жиі жүкті болуы осының айғағы. Қойылымның атын «Тәрбие – тағдырың» деп қоюым да осыдан.

       Жүргізуші: Бұндай, тәрбиесіздік, қыздардың жүкті болып қалу, деген сияқты поблемалардың тым көбейіп кетуінің себебі неде деп ойлайсыз?

       Автор: Қыздардың отбасынан тәрбиемен қатайып шықпауынан, соған байланысты сенгіштігінен. Олар жігіттердің алдауына жылдам түсіп қалады. Сөз айтқан жігіттерді асықпай сын елегінен өткізу дегенді білмейді. Кейін сондай қыздар жігіттердің қызба сезімінің немесе әдейілеп істеген қылмысқа барабар іс-әрекеттерінің құрбанына айналып опық жейді.

       Жүргізуші: Жүкті болып қалған күннің өзінде қазір ғылым дамыған оны алдырып тастауға да болар еді ғой?

Автор: Бұл біріншіден, Құдай алдында да, адамдық ардың алдында да күнә, қылмыс. Екіншіден, қыздар жігіттердің алдауына сеніп, әне үйленеміз, міне үйленеміз деп жүргенде денсаулыққа зияны тимейтін түсік тастауға ыңғайлы уақыты өтіп кетеді.

       Жүргізуші: Онда соңғы сұрақ, осындай тақырыпта еңбек жазуға түрткі болған не себеп?

       Автор: Мен бір күні қала сыртындағы әке-шешемнің денсаулығын біліп қайтпақ болып сол үйге келдім. Сол жерде отырып, қоқыс салатын темір жәшіктердің маңайынан қағаз қорапқа салынған жаңа туылған тірі нәрестенің табылғанын, оны қаңғыбас иттердің талап жатқан жерінен біреудің арашалап қалғанын естідім. Содан көп ұзамай тағы бір жерден сондай оқиғаның қайталанғанын тағы естідім. Міне осыдан кейін қатты ойға қалдым. Осы бірнеше қайталанған сұмдық жайдың түпкі себебін табуға тырыстым да, әуелі «Тастанды балалар» проблемесын көтеретін қайырымдылық қор құрдым. Кейін осының сырын ашатын қойылымның сенариий жазуды қолға алдым. Ондағы ойым алдын ала жастарды сақтандыру болды. Міне қазір сіздер негізі өмірден алынған қиссаны тамашаламақсыздар. Алайда қазақта  бұрын тастанды бала деген болмаған. Бүгінде болмау керек.

І БӨЛІМ

       Өмір туралы ойлы ән баяу еседі.

Қыз: Мені сүйем дейді. Қой, әлі де ойлан. Мүмкін алдамшы сезім шығар десем болмайды. Енді қайтсем екен. (Қинала ойланып барып) Мамам оқуға барара алдында оқуыңды оқы, жастықпен махаббат, сақабат дегендердің сөзіне еріп аңғал басып жүрме деп еді...

       Осы кезде сахнаға енкпіндеп алып ұшып Жігіт шығады. Ол теріс қарап тұрған Қызды көре салып, оның сыртынан келіп екі қолымен көзін баса қояды

       Қыз (сасып): Ой, бұл кім!

       Жігіт (риза кейіпте, қолын жібермей): Кімді күтіп едің?

       Қыз (немқұрайлы):  Ешкімді... Мен жай ойланып жүр едім...

       Жігіт (қолын босатып, ренішті кейіпте): Бұның қалай, екеуміз өткендегі таныстық, білістіктен кейін бұдан былай барлық уақытта бір-бірімізді ған ойлаймыз деп сөз байласқан жоқ па едік.

       Қыз (көзі босағаннан кейін жігітті көріп, өз сөзіне ыңғайсыздана абдырап): Сен... сен екенсің ғой!

       Жігіт (қайтадан қызбаланып): Екеуміз тіпті, мәңгі бірге боламыз деп сөз байласқан жоқ па едік. Солай емес пе?!

       Қыз (күмілжіп): Солайы солай ғой...

       Жігіт (Қызға төне түсіп): Әлде менің сондағы сені жақсы көремін, сүйемін деген сөзіме сенбедің бе?

       Қыз: Неге олай дейсің сендім. Дегенмен…

       Жігіт: Дегенменің қалай! Бұл - әлі де маған деген сенімсіздік пен күдігіңнің бар екенін байқатады ғой!

       Қыз (әлі де өз-өзіне келе алмай):  Жоқ, жоқ… Мен жәй әншейін маманың сөзін есіме алып...

             Жігіт (бастырмалатып сөзін бөліп): Қойшы сол үлкен кісілерді. Олар жастардың біздің сезімімізді түсіне алмайды. Қазір уақыт басқа. Әуелі хат жазып, оған бір ай жауап күтіп жүретін заман емес қой. Қазір sms, компютердің заманы.

       Қыз (шек шілесі қата күліп):  Рас, бұрынғы кезде солай болған екен ғой! Мамам, әкем үйдің маңына жай келген жігіттердің өзін ит қосып қуатын дейтін.

       Жігіт: Әне айттым ғой, ол заман тұрпайы болған деп.

        ( Жігіт қызды қолынан ұстап қосыла күледі. Музыка өте шаттыққа толы әуенге ауысады).

Жігіт (күлкісін аяқтай беріп): Иә, ол кезде көп нәрсе қиын, түсініксіз әрі күлкілі болған ғой. (Сәл ойланып барып) Мен сені кешке үйге қонаққа шақырамын.

       Қыз (шошып кетіп): Үйде әке-шешелерің бар емес пе, мен олардан ұяламын.

       Жігіт (байыппен сөйлеп): Олар үйде болмайды. Жаным, сен қорықпа мәңгі мен сендікпен, сен мендіксің,  осыны әруақытта есіңе ұста. Мынау саған алқа. (Қыздың мойнына тағады). Қарашы, саған қандай жарасады.

       Қыз: Дегенмен, біз тым жылдамдатып жіберген жоқпыз ба?

       Жігіт: Сен сенбесең мен саған таңдап қойған неке жүзіктері мен той көйлектерін де көрсетейін. Жүр, сауда үйіне кеттік.

       Қыз (жігітке сеніммен қарап, қуанышты кейіпте): Мен қазір киініп шығайын. (Сахнаның бір жақ бұрышына кетіп бара жатып) Не болса соған күдіктенгенді қояйыншы. Мен бақыттымын, ол маған неке жүзігі мен той көйлегіне дейін таңдап қойыпты. Мен өзімді жақсы көретін Жігітке қосылмақпын.

       Жігіт (артынан қарап тұрып): Сұлуым енді сенген сияқты.

                               ІІ БӨЛІМ

       Мұңды музыка. Сахнаға жүкті қыз шығады. Қолында дәрігердің қағазы бар. Өңі қашқан өзімен-өзі сөйлесіп тұр.

       Қыз (жүкті): Не істесем екен! (Қолындағы қағазына үңіле қарайды) Мына дәрігердің қағазында жүкті екенім тайға таңба басқандай анық жазылған. Жігітіме жүктімін деп едім, «Неге қорғанбадың, мен сенен бала сұраған жоқпын, менің әйелім де, балам да бар деп айқай салды. Осыдан төрт ай бұрынғы сүйем-күйем дегеннің бәрі бос сөз болып шықты. Әке-шешемнің үйі дегені бір күнге ғана алған бір жолдасының үйі болып шықты. Ең болмағанда нәрестеге фамилиядың бер, сенің балаң ғой деп жалынсам, одан да қашты. Жоқ әлде, құрбыларымның айтқанымен, жасанды түсік жасатсам ба екен? Не істесем екен? (Қолын қампиған ішіне қойып, әрі-бері жүреді). Не істеймін?.. Өзі қимылдайтын сияқты. (Қыз бір кезде жан-жағына шошына қарайды). Дауыс естілетін сияқты ма. Бұл кім? Мен бұл жерде жалғыз сияқты едім ғой!.. (Қолын қампиған ішіне қайта қойып) Ішімнен шығатын сияқты. (Қолын тағы ішіне қойып, тың тыңдағандай болады). Иә, мына дауыс ішімнен шығатын сияқты. Мен осы уайымнан жынданып кеткен жоқпын ба? Әй, сен кімсің?

Сол сәтте шынымен нәрестенің сөйлеген даусы естіледі.

Нәресте (дауыс): Анашым! Мен бір түйір ұйыған қаннан өсіп жетіліп келе жатқан сенің балаңмын. Мен сенің бойыңда, аналық жүрегіңнің астында өмір сүріп жатырмын.

Қыз (енді өзінің ішіне үңіліп қарап): Не дейді? Құдай-ау, мына баланы бойыма бітіріп, одан жігітімнен ажыратып қайғы азабына  көмгенің аздай енді жындандырайын дедің бе?!

Нәресте (дауыс): Анашым, мен сенің жүрегіңнің әрбір соғысын естіп жатырамын. Сен қуансаң мен де қуанамын, сен ренжісең мен де мұңаямын. Сенің әрбір қорқынышыңды, жаныңның ауырғанын анық сеземін де. Қазір қайғырудасың оныңды түсінемін. Анашым, денсаулығыңды құртасың қайғырмашы!

Қыз (түрі бұзылып, ашумен): Бұл қайғыны әкелген сенсің!

Нәресте: Анашым, мен сенің маған деген ашуыңды түсінемін. Менің пайда болуыма себепкер әкем екеуіңе өкпелемеймін. Сен тек, маған өмір сүруге рұқсат берші... Сен менің анамсың ғой.

Қыз (ішін сипалап, енді түрі қобалжып, әрі-сәрі күйде): Мен сені түсінгім келмейді. Жоқ, жоқ мен сені көргім де келмейді. Құрбымның айтқанын орындаймын! Дәрігерге алдыртып тастаймын!

Нәресте: Дәрігер дейсің бе... Иә, олар сенің рұқсатыңсыз менің әлі туылмаған денемді бөлшектеп кесуге құқы жоқ. Ал, құрбыларың сені «жылаудың қажеті жоқ, бұдан оп-оңай құтылуға болады» деп көңіліңді аулайды. Сен болсаң соларға сеніп, мен туылсам сенің өміріңе, келешегіңе кесірім тиеді деп ойлайсың. Олай емес! Керсінше, сен мені жоғалтқаннан соң өмір-бақи менің жылаған даусымды еститін боласың.

Қыз (Өрекпи қызбаланып): Сен маған бақытсыздық әкелмексің! Мен сеннен құтылуым керек. Сен мені ата-анам, туған-туысқандарымының алдында масқараламақсың. Мамамның айтқанын осынша тыңдамап едім. Енді оның бетін қалай көрем, үйге қалай барамын (қорсылдап жылайды). Ал, далада мына қалада үйсіз-күйсіз қалай күн көрем.

Нәресте (дауыс): Анашым, мен туғаннан кейін керсінше саған шаттық сыйлаймын. Тәті күлкіммен бойыңдағы мұң мен қайғыңды қуамын. Ал, өскеннен кейін мен саған көмекші боламын.

Қыз (мүңлы, шарасыз халде): Қалай қуаныш сыйламақсың. Қайта сен маған қосымша ауыртпалық туғызбақсың. Менің бір басым қайда болса да сияр еді. Енді сенімен қайда бармақпын. Кішкене баласы бар десе, қалада пәтерге де алмайды.

Нәресте (дауыс): Анашым, менің өмірдегі өз ырзығым бар. Сен оған қамықпа. Оны туылған соң көресің. Уақыттың ешкімді де аямайтынын білесің. Біраз жылдан соң сен де қартаясың. Сол кезде сен кімнен көмек сұрайсың, анашым? Сол кезде мен сені аялаймын, сүйеніш-таянышың боламын.

Қыз: Мен сеннен қорқамын. Мен айналамның бәрінен қорқамын. Бәрі үрейлі. Барлығы мені сатып кеткен, бәрі дұшпан сияқты.

           Нәресте (дауыс): Анашым, меннен басқа ешкімді де тыңдама. Дәрігерден УЗИ апаратын қосуды өтінсең, кімнің сөзі шындық екеніне көзің жетеді. Меннен құтылғаннан кейінгі өмірің қандай болатынын дәрігерлер білмейді,  ақыл айтушы құрбыларың да білгісі келмейді.

       Қыз (шарасыз кейіпте): Олар маған көмектескісі келетін сияқты...

Нәресте (дауыс): Мен сені сондай қатты аяймын, мама! Сен меннен құтылғаннан кейін мансап пен қызмет жолында бақытымды табамын деп ойлайсың, бірақ сен мені өлтіргеннен кейін жоғалтқан тыныштығыңды ешкім және ештеңе де саған қайтара алмайды.

Қыз: Жоқ, жоқ сенікі бос былшыл...

Нәресте (дауыс): Сен мені тәрбиелеп өсіру үшін жағдайым жоқ дейсің. Мен оны түсінемін және сеннен көп нәрсе сұрамаймын. Мен сияқтыларға көмектесетін ұйымдар, балалар үйінің бар екенін білетін шығарсың. Оған қоса балалы болғысы келетін адамдар қаншама? Олар мені қуана-қуана асырап алар еді. Ең болмаса осыны істеші!

Қыз: Жоқ, жоқ. Мен сені туған соң асырай алмай обалыңа қалғым келмейді. Өзімді де бақытсыз еткім келмейді

Нәресте (дауыс): Мені өлтірмеші! Мен сенімен болмасада сен үшін , сенің бақытты болуың үшін өмір сүруім керек. Сен жалғыз қалып, барлық адамдар сені тастап кеткен кезде, сен бақытсыз болған сәттерде мен сені тауып алып, кеудеме қысып, сені жұбататын боламын, саған қараймын... Тек мені тыңдашы.

Қыз (аласұрып): Кімді тыңдарымды білімей қалдым ғой, өзі не болып кетті?

Нәресте (дауыс): Мен сенің балалы болуыңды жоспарламағаныңды білемін. Бірақ маған жаратушы сені бұйыртты, мен сені сүйемін, өйткені адамның бір ғана анасы болады.

Қыз: Иә, иә адамның бірақ анасы болады. Мен де мамамды сүйемін!

Нәресте (дауыс): Сен бұл шешіміңе ешуақытта өкінбейтін боласың !..

Қыз (шалық ұрған кейіпте): Өкінемін, өкінбеймін!

Нәресте (дауыс): Анашым, анашым тек өз жүрегіңді тыңдашы...

Қыз (есін жиып, ышқынып): Жоқ! Жоқ! Алдыртпаймын! Ешкімнің «ақылын» тыңдамаймын. Алдыртпаймын! Алдыртпаймын!

Сахынадан шығып кетеді. Осы кезде «Тастап кеттің » әні орындалады.

                                                                  ІІІ БӨЛІМ

Вокзал (сахна қабырғасына вокзалдың суреті ілінген. Вокзалдың іші у-шу, ығы-жығы. Поездардың бағыттарын айтқан дауыстары естіліп тұрады!).

Сахнаға шал мен кемпір шығады да орындыққа отырады.

       Кемпір: Әй! Шал ай! Мен андағы дүкенге барып немерелеріме тәтті-пәтті алып келейін, қазір алдымыздан жүгіріп шықса немізді береміз?

       Шал: Жарайды, бара ғой. Мен сен келгенше отырып тынығып алайын. Қап, мына поезы құрғыр неткен жайсыз еді өзі?

Шал орындыққа отыра бергенде бір жас келіншек шалмен сәлемдеседі.

Келіншек: Амансыз ба ата?

       Шал: Аманбыз, айналайын, көп жаса қарағым, бақытты бол! Өзің сонша жылы амандастың бір көргенді жердің қызына ұқсайсың.

       Келіншек: Ата неге жалғыз отырсыз? Бір жаққа жол жүріп бара жатырсыз ба?

Шал: Қарағым, осында ұлым мен келінім немерелеріммен бірге тұратын еді, соларға кемпіріміз екеуміз қонаққа келе жатқан бойымыз. (Жан-жағына қарап) Ей, мына кемпірі құрғыр қайда құрыды екен? Дүкендегінің барын көтеріп келейін дедіме өзі?

       Келіншек: Ата! Егер айып болмаса, мына баланы ұстай тұрасыз ба? Менің сыртқа шыққым келіп тұрғаны.

Шал: Өзің сыртта тұрған жоқсың ба, шырағым?

Келіншек:  Ата сыртта тұруын сыртта тұрмын ғой. Әжетханаға барғым келіп тұрғаны дегенім ғой.

Шал: Е, сөйтіп айтпайсың ба шырағым? Жарайды, баланы беріп бара ғой, ұстай тұрайын.

Шал баланы қолына алады. Келіншек осы сәтті пайдаланып лып етіп кете барады.

 Келіншек (Сахына шетінде тұрып, көрермендерге қарап): Өсіп-өнген жандар екен, менің баламды көшеге тастамас. Сені амал жоқтан тастап барамын. (Осы кезде «Мама» әнінің музыкасы жәйімен орындалады). Мына қаладан сенімен тұратын жер таппадым. Жұмыс істейін десем сені қайда тастап кетемін. Ал, өзіммен бірге алып кете алмаймын, мамама не деймін, әкеме, туысқандарыма не деймін. (Жылап) Хош сау бол құлыным! Жазғыра көрме бейбақ анаңды. (Баланың шырылдап жылаған даусы естіледі. Ал шешесі жылаған бойы сахынадан шығып кетеді. «Тастап кеттің» әнінің музыкасы сәл орындалып басылады).

Бұдан кейін кемпір сахнаға көтеріліп, шалының жанына келеді.

Кемпір (шалына қарап аң-таң): Ой, көтек! Мынаусы несі тәйірі?

       Шал: Жаңа  бір келіншек ата ұстай тұрыңызшы, менің әжетханаға барғым келіп тұрғаны, барам да келем деп тастап кетіп еді. Біраз уақыт болып қалды, әлі жоқ.

Кемпір: Әй, шал-ай өзі қандай келіншек еді?

Шал: Оң бетінде қара меңі бар жас келіншек болатын. Әй кемпір! Сен анау заттарыңды қой да, дәретханаға барып  қарап келші .

       Кемпір: Ой, сен ақ әйтеуір бірдеңкеге ұрынасың да жүресің. Бар оны сен танисың, өзің қарап кел, баланы мен ұстай тұрайын.

Шал: Әй, алжиын дегенсің бе! Мен әйелдердің әжетханасына қалай кіремін.

Кемпір: Ой бу! Солай екен ғой. Жарайды, мен барып қарап келейін.

(Кемпір кетеді. Баланың жылаған даусы естіледі, «Тастап кеттің» әнінің музыкасы орындалады. Шал баланы жұбата алмай әлекке түседі).

 Кемпір сахнадан қайта көрінеді.

Шал: Таптың ба? Әй оң бетінде меңі бар деген жоқпын ба...

Кемпір: Шал-ау әжетханада ешкім жоқ болса, мең бір өзі қайдан болмақ.

Шал: Кемпір! Мә мына баланы қолыңа ал да вокзалда отырғандардан сұрап көр, мүмкін біреу-міреу көрген шығар.

Кемпір баланы қолына алып, шешесін іздей бастайды. Тастап кеттің әнінің музыкасы орындалады.

Кемпір: Шырақтарым-ау  оң бетінде меңі бар жас, қара келіншекті көрдіңдер ме?

(Сахнаның әр бұрышына, тіпті, көрермендерден де сұрай бастайды, амалы таусылған, әбден шаршаған кемпір шалының қасына келеді).

 

Кемпір: (Шалға қайтып келіп) Шал-ау, ешқандай адам көрдім білдім демейді. Ойпырмай осы баланы тастап кеткен жоқ па екен өзі?

       Шал: Ой, тәйірі-ай. Алапат соғыс кезінде де ешқандай ана баласын тастаған емес болатын. Мына заман не болып барады өзі?

(«Ана туралы баллада» әні орындалады. Кемпір мен шал мұңайып отырып қалады).

       Шал: Енді не істедік, шешесі адасып қалды ма екен? Кемпір, көрші өзін, қыз бекен, жоқ ұл мекен?

        Кемпір көре бастайды.

Кемпір: Әй, шал ұл екен. Тіпті, өзінің мойнында күміс алқасы да бар екен.

Шал: Қап әттеген-ай, тізгін ұстарын тастап кеткені несі? Қой кемпір, күн де кеш болды, бұл баланың атын Жоламан деп қойып асырап алайық. Он баланы асырап сақтап өсірген, он біріншіге де напақа, ризық табылар. Құдайдың бұйрығы шығар.

       Кемпір: Шал-ау, иісін айтсайшы неткен тәтті еді. Адам өзі қартайған шақта жас иіске құштар келеді екен, өзі. Жоламан болса Жоламан болсын.

Шал: Әй кемпір, көп сөйлемей әкелші баланы. Сен анау заттарыңды ал.

Кемпір: Ойебуй, шал, сен айтпасаң балалы болдым деп, заттарымды ұмытып барамын.

(Е.Хасанғалиевтің «Келші-келші балашым» әні орындалады. Шал мен кемпір әнді қосыла орындайды).

                                          ІУ БӨЛІМ

Сахнаға Келіншек шығады, мұңлы.

«Тастап кеттің»музыкасы жәйімен орындалады.

       Келіншек: Е, жаратқан ием, менің жастықпен жасаған қателігімді кешірер деп тәубеге келіп, міне 20 жыл болды баламды іздеп жүрмін. Жолдасымен үлкен қалада, үлкен үйде, үлдемен-бүлдеге оранып өмір сүріп жатырмын. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, не ішем, не жеймін демеймін. Тек бір нәрсе ғана жетіспейді. Ол - бала. Тастап кеткен баламның көз жасы ма, мына күйеуімнен бала көтере алмадым. Күйіктен шыдай алмай күйеуіме бұрын өзімнің ұлым болғанын айтым. Күйеуім даладан бала асырап алғанымызша өз баламызды табайық деп маған түсіністікпен қарады. Енді ол да қарап отырмай «Бармысың бауырым», «Жди меня» сияқты  телехабарларға  сұрау салып жүр. Бірақ нәтиже жоқ. (Қиялдап кетіп өзімен-өзі сөйлейді) Ұлым, ұлым. Сен ер жетіп, шаңырақ та құрған боларсың? Мүмкін осы қалада қасымда жүрген шығарсың? Әттең, (күрсініп) әттең ең болмағанда сенің жымиып күлген күлкіңді бір көрсем... Кйде сені іздеп, көшемен-көше кезіп, боз балалардың мойнына үңілемін. Өйткені өзім алғаш сүйген жігітімнің сыйлаған күміс алқасын соның мойнынан көремін бе деп ойлаймын. Бірақ амал қанша ұлымды табалмай келем. Ондай алқа таққан жасөспірімді кездестірер емеспін.

       Осы сәтте шешесінің күміс алқасы мойнына тағылған, боз бала сахнаның екінші шетіне шығады.

       Жоламан (ой үстінде, кейде өзімен-өзі сөйлейді): Атам мен әжем дүние салды. Мен  өз шешемді-туған анамды көрмедім. Атам мен әжем ылғи: «Ұлым мына мойныңдағы алқаны еш мойныңнан тастаушы болма, сені анаң осы алқа арқылы іздеп табады» деп...(Мойнындағы алқаны қолына алып сүйіп, қайтадан мойнына тағып қояды). Ал, менің - анамды қалай танимын деген сөзіме, атам өлерінің алдында «Анаңның оң бетінде меңі бар» деп қайта-қайта тапсырып кеткен еді.

       Жоламан (қиялданып әрі-бері жүріп өлең оқиды):

«Анашым .....                                                          Анашым...

Іздеумен келем, іздеумен өтем өзіңді,                 Қалайша қиып, қалайша мені тастадың?

Естігім келеді бір жылы сөзіңді.                          Сенсіз әлем қара түнек, ашық емес аспаным.

Жас жаныма серік  етіп келемін,                          У –шуы көп көшелерде бара жатқанда

                                                                                  Таусылмайтын сабыр менен төзімді.

                                                                                  Қараймын мен қызыға анасына басқаның ....

       Келіншек (әркімге бір үңіліп): Мынау емес пе екен. Анау емес пе екен... Ана жігіттің мойнына ілгеніне сонша үңілгенім ұят болды ау! Бірақ, мен сорлының басқа амалы бар ма...

Жоламан:

Анашым ...                                                             Анашым ...

Кеудеңдегі жүрек пе, әлде темір ме?                  Хайуан да тастамайды баласын.

Тастар болсан неге әкелдің өмірге?                    Мендей сұлу періштені қайдан енді табасың?

Неге, неге аямадың сен мені                               Кеудемдегі СЕН деп соққан жұдырықтай жүректе

Тумай жатып дақ түсірдің көңілге?....               Өмір бойы сұрақ белгі болып қана қаласың....

Келіншек (мұң торлап): Балам, сенің сондағы, ішімде жатып зар жылағаның есімнен кетпейді. Сонда мені қара басыпты ғой!

Жоламан:

Анашым ....                                                              Анашым....

Қатал тағдыр мені қалай аясын?                           Мен сені көрмесем де  сағынамын,

Тек түсімде маған құшақ жаясың.                         Тағдырдың жазғанына бағынамын.

Тірі болсаң, тілеймін амандығыңды,                     О дүниеде жазаласа Тәңірім,

Өлі болсаң, бұйырсын жұмақ саясын..                  Араша боп, қасыңнан табыламын.

Келіншек (толқып): Иә, иә сен сонда маған «мен сенің қуанышыңа айналамын. Бір күлкімнің өзі саған қуаныш сыйлайды» демеп пе едің. Соның мәнін енді түсінгендеймін, балам.

Жоламан:

Анашым ...                                                                Анашым...

Білемін , сеземін ...                                                   Оралшы тез кешіремін, бұл өмірге,

Оңашада жасыңды көлғып төктің,                        Жалғыз келіп, келмейді жалғыз кеткім .....

Мен сені келеді тек бақытты еткім.                       Күнде қараймын  сен қалдырған алқаңды,

                                                                                   Іштей ғана қайталаймын атыңды.   

                                                                                   Көп болды ғой, сағындым

                                                                                   Қанша таңды  сені ойлаумен атырдым ....

Келіншек (жүрегі қарс айрыла): Балам, мен сені сағындым!

       Сахынаның екі шетінен бір біріне қарай анасы мен баласы беттей бастайды, Анасымен баласы бір-бірінің тұсынан өте бере  беттеріне сәл үңіліп барып өтіп кетеді де, бірден тоқтай қалып қайрылып келеді.

       Келіншек: Балам! Балам! (деп айғайлап жібереді).

         Жоламан: Анашым! Анашым! (деп ол да айғайлап жібереді де анасын тас қаптыра құшақтап алады да ебіл-дебілі шығып еңіреп жібереді, міне осы сәтте күйеуі де әйелі мен ұлын қоса құшақтай кетеді. Осы сәтте «Көбейсін немере-шөберелер» әні орындалады. Бір шумақ өлең қайырмасымен айтылып болғанда үшеуі сахына ортасына келеді).

         Келіншек (сақынаға қарап толқи): Құрбыларым,сіңлілерім! Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда, Мен сияқты аяқтарыңды шалыс басып, ойнап жүріп от басып қалмаңдар! «Қызға қырық үйден тыю» деп халқымыз тегін айтпаған. Жас кезімізден бастап шешелеріміздің үлгі-өнегелі сөзін есімізде ұстап, халықтық тәлім-тәрбиені темірқазық қылайық. 

(Музыка даусы жоғарылай түсіп, музықалық драмалық көрініс аяқталады). Перде жабылады.

 

ББұдан кейін автор жас көрермендердің қойылымға байланысты туған сұрақтарына жүргізушінің көмегімен 15 мин. жауап береді.

 

Қазақ тілінде жазылған