Адам қарады: 347 | Жарияланды: 2018-09-14 05:50:04

Аждаһа

Фантастикалық детектив

1-тарау

Рим. Тамыз айы.

Электронды есіктің оң жақ жақтаушасындағы төрт бұрышты сенсорлы тұтқаға саусақтарын бадырайта басты. Тыз еткен дыбыс шықты. Іле «Кіріңіз» деген дабылды дыбыс естілді.

Ішке кірген бетте брондалған электронды есік дыбыссыз жабылды. Ешқандай жиһаз, ешбір электронды аппарат жоқ, даңғарадай кабинет. Ортада үлкен қара үстел. Айнала 13 орындық қойылған. Үстел үстінде алақандай нетбук қана жатыр. Қабырғадағы таблода «01.08.2040. 10.05.01» деген қызыл жазу уақыт белгісін көрсетіп тұр.

– Мистер Джонс!

Дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ешкімнің қарасы көрінбеді.

– Кофе, шай?..

Жауап қатып үлгермеді: бір шеттегі қабырғадан сырт етіп тумба ашылды, дыз-дыз еткен дыбыспен бірге кофе мен шай шәйнектері, бірнеше шыны ыдыс, қант, қасық тола ыдыс сырғып алдына келді.

– Сіз жайғаса беріңіз... Қалағаныңыздан алыңыз...

Джонс Кеплер алқымын қысып тұрған галстугын тартқыштады. Терлеп кетіпті. Бір шыныға кофе құйып, орындыққа жайғасты. Шыныға екі түйір қант қосты. Бөлменің ішін көзімен тағы бір қайтара сүзіп өтті де, сыртқа көз тастады. Еденнен басталған қалың терезеден сырттағы жасыл дүниенің бәрі қоңырқай тартып көрінеді екен. Тықырлап алдырған шаштай теп-тегіс газон, сәл жазықтау жерден ары қарай басталатын оймақтай ғана көл, оны айнала өскен қарағай мен шыршалар қатары, қанатын қаққан көбелек...

Джың-джың еткендей бір дыбыс шықты. Әлде Кеплердің құлағына солай естілді ме екен...

Терезеге елбелектей кеп қонған көбелекті әлдекім шапалақпен сарт еткізгендей болды. Қос қанаты мен қоймалжың сұйығы терезеге жабысып қалды.

Қайдан шыққаны белгісіз, мұнтаздай таза киінген, бір иығы түсіңкі егде кісі терезеге жақындады. Кеплер орнынан атып тұрды.

– Отыра беріңіз. Алаң болмаңыз. Бұл жәй көбелек екен...

Кеплер состиып тұрған бойы не отырарын, не тұрарын білмеген қалпы қаңтарылды.

– Біздің клубқа қош келдіңіз!

Егде кісі бері қарай бұрылды. Жолай үстел үстіндегі нетбукке қолын созды. Жасына үйлеспейтін жылдамдықпен нетбукты іліп алды да, қаз-қатар тұрған орындықтың біріне жайғасты.

– Қуат алыпты... Сұқ саусағымен сенсордың бетіне ары-бері жүгіртті де ашылған парақшаға тесіле қарады.

– Сіздің жасаған жұмысыңызға көңіліміз толды. Тегіс қамтылған. Бәрі бар. Анализ. Прогноз. Ғажайып жұмыс. Болашақтың келбеті тұтас айқындалған. Ғаламат жауапкершілікпен, кәсіби біліктілікпен, асқан жанкештілікпен жасаған екенсіз. Ал, қымбаттым! Маған мынаны айтыңызшы: осының бәрі қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

Дауысы жұмсақ естілгенімен егде кісінің тура қараған жанары өңменіңнен өтердей екен. Джонс жыланға арбалған бозторғайдай қыпылықтап қалды.

– Жер шары – аршыған жұмыртқадай. Солай емес пе? 2050 жылы 8-9 миллиард адам болады деген болжам қайда? Қазірдің өзінде 12 миллиард! Әлемнің дидары өзгерді. Еуропа тегіс қарайды. Қазір Париждің көшелерінде ақ адам көрсеңіз, қуанасыз. Қартайды. Ары қарай не болмақ? Сіздің есептеріңізге дауым жоқ, алайда мына сорлы жер миллиардтаған бейбақтарға пана бола ала ма? Біз адамзат баласының қандай қауіп-қатердің алдында тұрғанын жете сезіндік пе? Жер беті қанша адамды асырай алады? 20 миллиард адамға жер ресурсы жете ме? Осы сауалдың жауабын кім табады? Адамзат баласының арасынан ең қабілетті миллиард адамды қалдырса қалай болады? Қалғандарын не істейміз? Болмаса, сол ең мықты миллиард адамның игілігі үшін өзгелер тырбанып, түртінектесе қалай? Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен «Жер шары 1 миллиард адамды ғана асырай алады» деген мәлімдеме талай рет жасалды. Онсыз да адамзат баласы қолдан жасалған қасіреттен көз ашпай жатқан жоқ па? Африканы алайық. Анау Сомали... Бейшара ел... Миллиардтаған адам ішерге ас, киерге киім таппай, күнкөріс қамытына жегілген. Бұған экология зардаптарын қосыңыз. Бәрібір тіршілік жалғасып жатыр. Сонда не болғаны? Жер бетіне қанша адам сияды?.. Адамзат жұмақты  іздейді. Нағыз жұмақ – жер емес пе? Сол жұмақ әбден кірледі...

Егде кісі Кеплердің бары-жоғын ұмытқандай, терезеге жабысып, қатып қалған көбелекке көзін қадап  сөйлеп отыр.

– Сіздің ресми жұмысыңыз ертең таңертеңнен басталады. Регистратурада таңғы жетіде тіркелесіз, болды. Басқа сұрағыңыз бар ма?

Джонс не дерін білмеді.

– Онда сау болыңыз!

Кеплер кабинеттен шығып бара жатып терезеге көз салған.

Көбелек жоқ екен...

 

Қосалқы бөлмедегі екеу егде кісіге қарады.

– Өзіне сенімді. Білікті. Жұмыс істеуге жарайды.

– Жобаны бастаймыз ба? Орта бойлы, төртбақ келген еркектің дауысы қырылдай шықты.

– Ұрыста не тұрыс бар...

– Кеплерден көз жазбау керек сықылды...

Егде кісі трубкасын тұтатты. Бөлме ішін табактың дәмді иісі жайлады.

– Денсаулығыңды ойласаң қайтеді, Роберт?

– Черчилль осы трубкасымен, тамақты өлтіре жеп, коньякты сілтесе де 90 жас жасаған жоқ па?

– Ол Черчилль ғой... Төртбақ денелі қарқылдап күлді.

Ішкі байланыс желісі іске қосылды.

– Мырза, нысан толық тексерілді... Ешқандай қауіп жоқ.

– Жеткізіңіз...

Сәлден соң үш адамның алдында мыж-мыж болған көбелек жатты. Төртбақ кісі үңіліп келіп қарады.

– Кәдімгі көбелек қой!

– Кім біледі?

– Сақтықта –  қорлық жоқ...

– Қане, қай жерден бастаймыз?

Ұзынтұра бір пультті алып, бармағын батырды. Тұтас қабырғаның бетін алып жер шарының картасы шыға келді. Әлем картасы. Егде кісі трубкасын өшіріп, картаға жақындады. Екеуі соңынан ерді. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Африканың жаялықтай аумағына төне түскен сұқ саусақ «Сомали» деген елдің тұсына келіп тірелді.

 

Джонс Кеплер өзінің жас баладай аянышты халге түскенін кеш аңғарды. Жаңағы кісінің қойған сауалдарына жауап қата алмағаным қалай? Неге әңгімеге қосылмадым? Енді карьерам не болады? Санасын шанышқылаған осындай сұрақтармен еңсесі түсіңкіреп сыртқа шыққан. Кірген ғимаратына бір айналып қарады. Әлгінде байқамаған екен, ғимараттың сыртында қаптаған камера – жарық беретін бағаналардың басында, кіреберіс, шығаберістегі есіктердің маңдайшасында, тіпті қаз-қатар өскен қарағайлардың  жапырақтары арасында сырткөзге білінер-білінбес мың сан камера іске қосылып тұр екен.

«Менің осы қалпымды біреу бақылап отыр-ау» деген ой санасына сарт ете қалғанда Джонс үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей селк етіп, дереу есін жинап алды.

Қалтателефоны сыңғыр етті.

– Джонс, сені ала алмадым. Қайдасың?

– Элиз, кешір қымбаттым...

– Бәрі дұрыс па?

– Дұрыс.

– Сені күтіп отырмын. Кеше бірге түстенеміз дегенің қайда?

– Қайда отырсың?

– Парадайста...Өзіміздің жұмағымыз...

«Адамзат жұмақты  іздейді. Нағыз жұмақ – жер емес пе? Сол жұмақ әбден кірледі...».

Бұл сөз Джонстың миына шіркеудің сыңғырлаған қоңырауы секілді қайта-қайта орала берді.

 

...Элиздің денесі оттай шарпыды. Қынама белі бұратылып, аршын төсімен Джонстың кеудесін үйкей өтіп, үлбіреген ернімен әуелі құлақ түбінен, сосын алқымнан, сосын ернінен кезек-кезек сүйген; жас қыздың талдырмаш бәдені кімді болсын естен тандырарлықтай еді, жігіттің демалысы жиілеп, бір қолымен бөксені, бір қолымен топ-томпақ анарын умаждай сипап елтіп баратыр; еркектің әлеуетін сезінген қаншықтық құмар алқын-жұлқын күйдің ұзаққа созылуын тілегендей бірде керілтіп, бірде ерітіп ертегі әлемінің ішіне жетелегендей...

Кеплердің сол саусағындағы жүзік бүлк-бүлк етті. Мамыражай қалпынан, манаураған ұйқысынан айырылғысы келмей көзін тарс жұмған күйі бір ағыс күйде еді. Таңғы ұйқының талықсытар тәтті шағы. Саусақтағы жүзік бүлк-бүлк етіп мазасын алды. Еріксіз көзін бақырайтып төбеге қарады. Күн арқан бойы көтеріліп қалғандай. Бөлменің іші таң атпай қапырық тартып тұр. Сол көзінің қиығымен төсекке көз салғанда Элиздің анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш жатқанын көрді. Шашы дудырап, жауырын тұсына төгіліп қапты. Ақ жайманы қыздың үстіне жапты. Жүзік тағы бүлкілдеді. Орнынан атып тұрды. Асығыс-үсігіс киіне бастады. Пиждак ілінген ілгішті тарс еткізіп жерге түсіріп алғанда Элиз ұйқылы-ояу қалыпта тіл қатты.

– Жаным, қайда асықтың?

– Жұмысқа!

– Бүгін – жексенбі ғой...

– Сен жата бер.

– Жатшы жаныма...

– Кешір. Түсте хабарласам...

– Бір сүйші.

Жігіт еңкейіп қыздың ернінен сүйді. Қыздың жібергісі келмеді. Оның қолын білегінен күшпен ажыратқан Кеплер алғашқы жұмыс күніне асықты.

– Кешір, баруым керек!

Тура таңғы жетіде Джонс Кеплер регистратурада тіркеуден өтті. Содан айналып, жоғары қабатқа көтерілетін лифтіге қарай өтіп бара жатып, үлкен экранға көзі түсті. Жер-жаһан жаңалықтары беріліп жатыр екен. «Бүгін Сомалиде бүлікшілер мемлекеттік билікті басып алды. Елде – әскери төңкеріс» деген хабарды құлағы шалды...

«Африканы алайық. Анау Сомали... Бейшара ел...».

Джонстың бойы тітіркенді. Тершіген маңдайын сүрткіледі. Костюмінің өңірін қайта-қайта сипап, галстугын түзеген болды. Электронды есіктің оң жақ жақтаушасындағы төрт бұрышты сенсорлы тұтқаға саусақтарын тарбитып баса бергенде, тура маңдай тұсындағы камера Кеплердің келбетін сканерлеп үлгерген еді.

Үшінші қабаттағы терезесі жоқ кабинетте электронды мәлімет базасы іске қосылды.

«№ 032-ден қобалжу белгісі байқалады...».

 

2-тарау

Джонс Кеплер күнде алты жарымда ғимаратқа кіреберістегі регистратура бөлімінде арнаулы тіркеуден өте салысымен жұмыс кабинетіндегі жұмсақ креслоға жайғасады. Әкімшілік мұндағы қызметкерлердің әрқайсысы туралы толық хабардар. Бұған Джонстың көзі алғашқы күні-ақ жетті.

Түскі асқа шыққанда лифтіде қара көзілдірікті, кең жауырынды африкалықты кезіктірген. Мұны бұрыннан танитын адам секілді жылы ілтипатпен амандасты.

– Қалыңыз қалай?

– Жақсы. Сіз ше?

– Бәрі ок!

– Қалыңдығыңызға асығып бара жатсыз ба?

Тосын сұрақтан Джонс тұтығып қала жаздады.

– Мм... түстенуге...

– Несі бар, әдемі адаммен ас ішкеннен артық бақыт бар ма?..

Лифт есігі ашылғанда екеуі екі жаққа бұрылды. Джонс іштей жиырылып, тіксініп қалды. «Ол менің қалыңдығым барын қайдан біледі?».

Содан бастап Кеплер жан баласымен тілдеспеуді ұйғарды. Үнсіз келеді. Үнсіз кетеді.

Жұмыс жетіп артылады. Африка  елдерінің  дамуы туралы есепті тез бітірді. Африканы жатқа білетіндей: кішкентай күнінде Нигерияда әкесі дипломатиялық қызметте болғанда көп жайға қаныққан; кейінірек бұл елге екі-үш мәрте жолы түскен, қара құрлықтың басқа да мемлекеттерін терең зерттеген-ді. Қолтырауындар мен гиппопотамдарға толы өзендерге шомылған, кішкентай зебраларға мініп ойнайтын, гепардты жақсы көретін, тіпті аяққа оратыла кететін  жыландармен де дос болған еді. Ұзын еспе бұтақтармен өрілген, саз балшықпен сыланған, ешқандай терезесі жоқ дөңгелек күркелерде талай түнеген. Көкке мойнын созған керіктер, аузын ашқанда азу тістері жарқырап көрінетін арыстандар мен ауыр салмағын көтере алмай, алшаң басқан пілдердің талайын қызықтаған. Бұл өңірдегі мектеп атаулы шлак бетондарынан тұрғызылған, бойы пәс, жұпыны келеді. Сонда сабаққа барып та жарытпайтын. Әке-шешесі жұмыс бабымен жүргенде, Элиз екеуі  күн ұзаққа ойын қызығына түсуші еді.

Арада бір ай өткенде Кеплер жабық кабинетке кіріп шыққан...

Ол өзінің бейнесі бақылау камерасына іліккенін білді. Білсе де...

«Тәуекел!..».

Орта Азия туралы түсінігі шамалы, әлем елдерінің энциклопедиясындағы жалпы мәліметтерді жаттап алғаны болмаса, өмірінде жолы түсіп, аяқ басып көрмепті. Көп ұзамай соның да сәті келгендей.

 – Сізге іссапарға бару керек. Тапсырма жүктелген пакет үстеліңіздің үстінде. Танысқан соң, не істейтініңізді білесіз ғой... Құпиялық тәртіп есіңізден шықпады ма?

Регистратурадағы жұқалтаң келген, жақ сүйегі қарыстай, жүзінде қан-сөл жоқ, жасы елуден асқан еркек тіктеп қарады. Өне-бойын тінтіп, ішіп-жеп қоятындай ашқарақ қарас.

– Ұқтым.

Кеплер кабинетіндегі пакетті ашып, тапсырманы мұқият оқыды. Бұрыш-бұрыштағы түймекөз тетіктерді келген күні байқаған. Бәрі бақылауда тұр. Дереу қағаздарды турағышқа салып, көзін құртты.

Осыны күтіп тұрғандай оң жақ шкафтың астыңғы тартпасы сырт ете қалды да, сырылдап бері шықты. Джонс еңкейіп қарағанда оның ішінде паспорт пен бір конверттің жатқанын көрді. «Давид Либерман, Израиль». Суреті, төлқұжаттық деректері тастай. Паспортты төсқалтасына сүңгітті. Конвертті портфельге салды.

«Элиз елегзитін болды-ау...».

Есіне он үшке толғанда Элизге айтқан сөзі оралды.

– Кейін, мен үлкен жігіт болам ғой, ия, сол кезде саған үйленем...

– Мен де саған тұрмысқа шығамын...

Олар жастайынан бір-біріне бауыр басып, шын мәнінде бір-бірін сүйіп өскен еді.

Элиздің әке-шешесі дәрігер болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белді докторлары. Үнемі жол үстінде, сапарда, адам төзгісіз жағдайдың бәрін көрген. Элиз жастайынан мамасына дәрігерлік жұмыстың бәріне көмектесіп жүріп, ақыры дәрігерлікті таңдады.

– Тұрмысқа шыққан соң мен саған көп бала тауып берем, –  деген бірде Элиз.

– Біздің балаларымыз ақылды болады. Джонс Элизге разылығын марқая күлумен білдірген.

Джонс жиырмаға толғанда тұңғыш рет  бақытқа кенелген. Элиз туған күнгі отырыстан соң қасына келді.

– Жай құшақтасып жатуға бола ма?

– Болады.

Сыртта күн оттай ыстық болғанымен түн желегін жамылғанда саваннадағы құм салқын тартып сала береді.

– Тоңдым. Құшақташы.

Джонс Элизді бауырына тартып, жұмсақ одеалмен арқасын қымтады. Екеуінің демі шарпысты. Одан ары қарай бұрын белгісіз, қиял мен елестің қосындысындай көрінетін жұмбақ әлемнің есігі ашылды; буырқанып жағаға ұрған жал-жал толқындай асау сезімнің еркіне екеуі де бағына алмады, теңіз бетіндегі желкенсіз қайықтай бағыт-бағдарсыз мүлдем басқа бір өмірдің алғашқы ағысына түсіп, тербеле берген...

Таң атқанда Элиздің орны бос қалған екен. Джонстың бойын бір қайратты сезім биледі. «Уау! Мен енді еркекпін!». Орнынан атып тұрып, «УЕS!» деп айғай салған.

Іссапар мерзімі белгілі – тапсырма орындалуы керек. Бір ай, бәлкім одан да көп. Джонс мұншалық уақытқа Элизді қимайтынын сезді. Бірақ, амал жоқ, жұмыстың аты – жұмыс. Қалыңдығына «Grand  hotel» қонақүйінің ресторанында кешкі ас ішіп отырғанда  жол жүретінін сыпайылап жеткізген. Бір айдың мұғдарында оралатынын айтты.

– Сонда мен бір ай бойы жалғыз қалам ба?

Элиз тұнжырап отырып қалды.

– Уақыт тез өтеді. Бәлкім, одан ертерек қайтармын...

– Қайда бармақсың?

– Моңғолияға... Сосын Тибетке...

– Бәрібір, сенсіз қалай өмір сүрем?

– Жұмыс бітсе, ерте қайтамын.

– Ой, сен де...

– Алтыным, мені түсінші, алғашқы іссапарым ғой.

– Маған баруға болмай ма?

– Енді...

– Сенімен бірге болғым келеді.

– Бірге боламыз. Уәде берем...

– Осы жолы ше?

– Менің ақылды балаларымның анасы бәрін түсінеді. Мені асыға күтеді.

– Джо, тез қайтатын болшы!

– Айым менің! Алтыным менің! Уайымдама.

– Сені жоғалтып алам ба деп қорқамын...

– Ақылдым сол!

– Келгесін сені ешқайда жібермеймін, білдің бе?

– Екеуміз мәңгі бірге боламыз, жаным!

Элизді жұбатуын жұбатқанымен Джонстың көкейінде бір түйткіл қалып қойды. «Тапсырманы орындай алмасам ше? Онда не болады?».

 

Джонс жұмыс істейтін ғимараттағы, үшінші қабаттағы терезесіз бөлмеде бас бармақтың көлеміндей аппарат Кеплердің дауысы естілген сәттен бастап іске қосулы тұр еді. Екі жастың әңгімесі айна-қатесіз, тап-таза күйде дыбыс жазғыш құрылғыға түсіп жатты. Регистратурадағы жұқалтаң еркек мәтін басылған қағазды принтерден шығарып, электронды есікке беттеді.

– 032-нің жағдайы қалай?

Егде кісінің қарлығыңқы үні құмығып шықты.

– Сыр берген жоқ...

– Құпиялылық режим бұзылмады ма?

– Бұзылды... Ол жабық кабинетте болды?

– Не істеді?

– Камераның бар екенін біледі. Көзге түспейтіндей қимылдаған тәрізді. Анықтаймыз...

– Әр адымын қалт жібермеңдер. Өзі қалай былай?

– Дәті берік сықылды...

– Сұрақ қоймады ма?

– Ештеңе демеді.

– Бақылауда ұстаңыз.

– Құп болады!

– Өзгіріс болып жатса, міндетті түрде құлағдар етіңіз.

– Міндетті түрде, сэр!

– Бара беріңіз.

Егде кісі трубкасын құшырлана сорып, алдындағы қағазға көз жүгіртті. «Әй, жастар-ай!».

Мадлен де дәл осы Элиз сияқты Робертпен қимай қоштасқан.

– Роб, бір ай ұзақ мерзім ғой. Сені сағынатын болдым.

– Тез келемін...

– Үйлену тойымызды қайда өткізетінімізді, меймандар тізімін толық жасап қойдым.

– Сен – алтынсың ғой!

– Екеуміз мәңгі бірге боламыз, солай ғой, ия?

– Енді қайтып айрылыспаймыз...

– Сені қимаймын... Біздің баламыз болады... Ол да сені күтеді...

– Сүйіктім менің! Мадленді құшырлана сүйген. Құшағына алып, сәбиін әлдилеген анадай мейірлене қалып еді. Артынша көңіл түкпірінде жасырынып жатқан суық ой әдемі әсерін сап тиды. Түйіліп, тұнжырап сала берді...

Роберт қарап отырса, дәл Джонстың жасында екен. Екеуінің тағдыр жолы ұқсас болып шықпаса, нетсін...

Аумағы атшаптырымдай үлкен қонақүйдің он жетінші қабатынан жас қыздың секіріп қайтыс болғаны туралы Нью-Йорк басылымдарының бәрі жарыса жазды. «Жедел жәрдем» ішінде қыздың соңғы рет тілге келіп, «Роб» деген сөзді әрең айтқаны ешкімнің есінде қалған жоқ.

Тергеуші ғана секем алған. «Қонақүйде Мадлен Франклин жалғыз болған сияқты. Ешқандай белгі – саусақ іздері жоқ, шыны ыдыстар таза» деген полицайдың хабарламасын сүлесоқ күйде тыңдаған тергеуші қонақ бөлмедегі шағын үстел үстінде елеусіз тұрған үш шыраққа мұқият қарай берді. Бәрі де тұтатылған. Сосын сөндірілген...

– Мұнда романтикалық кездесу болғаны анық. Ресепшндегілер күдікті ешкімді байқамады ма?

– Жоқ, сэр. Бөлме Франклин ханымның атына тіркелген. Кірген-шыққан ешкім жоқ сияқты...

– Бейнекамералар жазбасы қайда?

– Электрде ақау болып, ешбір камера іске қосылмаған...

Тергеуші теңселіп ұзақ тұрды. Ешқандай белгі қалдырмаған. Демек, алдын ала ойластырған. Қыз да ешқандай жазба қалдырмапты. Белгілі бір себеп болмаса, өндірдей жас өзін-өзі өлімге қия ма? Әлде, төмен қарай үңілемін деп аяғы тайып кетті ме екен? Мүмкін емес. «Біреу» көмектескен болар...

«Басқа біреу болмаса, шырақ не үшін жағылады?..».

 

Роберт Харрисон сол күйі үйленбеді. Мадленге деген махаббаты зор еді. Енді міне, Джонс Кеплердің жан сыры көз алдында. Элиз де Мадлен сияқты: аңқау, аңғал...

Шал терең күрсінді. Өшіп қалған трубкасымен үстел үстін тықылдатып ұзақ отырды. «Бұл – тағдыр. Тағдырыңа не жазылса, сол болады. Бір адамның тағдыры не тәйірі?!. Адамзаттың тағдыры не болады? Футбол ойыншылары секілді халықаралық ірі ойыншылар пайда болғаны белгілі. Дүние жүзіндегі  қаржы-қаражат ағымын бетімен жіберуге бола ма?  «Мақсатқа жету үшін барлық әдіс-айла жарасымды» деген сөзді кім айтып еді? Сол – данышпан! Бұрын әлемге Батыс әмірін көбірек жүргізетін еді. Батыс құндылықтары үлгі ретінде ұсынылды: батыс елдерінің заңы салтанат құрды, кез келген мәселеге батыс көзімен қарау белең алды; алайда Қытай мен Үндістан сияқты саны миллиардтан асып кеткен елдер саяси ойын ережесін бұза бастады. Ішкі жалпы өнім көлемі жағынан Қытай Американың алдына түсті. Осындай жағдайда біз қарап отырамыз ба? Адамзат көші тоқтай ма? Дами ма? Өзгере ме? Қалайда шешім қабылдау керек. Ол шешімді басқа-басқа, Роберт Харрисон қабылдамағанда кім қабылдайды?».

Үстел астындағы кнопканы басты.

– Тыңдап тұрмын!

– Маған кремсіз ақшыл балмұздақ, сосын..ақ трюфель..

– Айта беріңіз, сэр.

– Балмұздақ әкеліңіз!

– Дэвид қайда?

– Осында.

– Маған келсін!

Дэвид Баркер мұның шақыруын күтіп отырғандай тез жетті. Есіктен кіре бергенде аяғы балағына  шалынып, құлап қала жаздады.

– Дэвид! Көзіңе қарасаңшы.

– Асығамын да жүремін.

– Сен асықпа! «Асыққан – шайтанның ісі». Ал сен шайтан емессің ғой...

– Тух, сайтан алғыр!

– Асықпа да аптықпа. Не боп жатыр?

– Сомали жоспары сәтті басталды.

– Білем, білем...Басқа не боп жатыр?

– Басқа? Айтпақшы, «Алтын миллиард» идеясына күдікпен қарайтындар тобы көбейді. Біреулер мұны мистика деп те жатыр. Алайда, сенің миың – нағыз алтын! Жер ресурсының төмендеуі адамзат баласын тығырыққа тірейтіні анық. Мұның ақыры неге апарады? «New Age» –  Жаңа ғасыр деп аталатын иудей-протестанттық ағымының өкілдері «Ақырзаман» жақсы ма, адамзат баласының сақталғаны жақсы ма?» дегенді айтып жатыр.

– Солтүстік Америка, Жапония және Еуропа елдері еркін сауданың алтын үштігі болсын деген талап-ниет қалай қабылданды?

– Әзірге, ашық қарсыласып жатқандар жоқ. Майлы етті сіңіре алмай жатқан болар...

– ОЭСР (Organisatiom for Economic Cooperation and Development) экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қанша ел кірді?

– Дәл қазір оған Еуропа мен әлемнің 24 мемлекеті кірді.

– Дұрыс.

– Клондау ісі қалай?

– Жоспарлы түрде жүргізілуде.

– Мен бір жеті тынығып келемін. Альфредтің айналысатын шаруалары мына папкада.

– Бір ойлағаның бар-ау...

– Бос сөзді қайтесің.

– Сен тынықты дегенше, түлен түртті десейші...

– Әй, кәрі түлкі! Жетер! Менің адамша демалуыма да болмай ма?

– Білеміз ғой...

– Білсең де, білмесең де сол!

– Сен табакқа тым үйірсек болып кеттің.

– Біздің арамызда Альфредтің ғана өмірі дұрыс.

– Балғын шұжық ұзақ сақтала ма? Ысталған шұжық ұзақ сақтала ма?

– Әрине, ысталғаны...

– Ендеше, сөзді қой да мені тыңда. №032-ні түнеукүнгі айтқан мәселе бойынша жұмсадым. Көрейік. Нәтижесі қалай боларын?

– Түсіндім.

– Жерорта теңізінде боламын. Яхтада... Қалай байланысуды ұмытып қалған жоқсың ба?

– Неге ұмытайын?

– Қайдан білейін, тақыр жерде сүрініп, қабынып жүргеніңе қарағанда, әбден қарттық иектеп алды ма деп жатқаным...

– Күлме, күлме.

– Мэллориге сәлем айт! Шалын жақсылап күтсін деді де.

– Саған жақсы. Миыңды ашытатын ешкім жоқ...

– Дэвид! Доғар енді!

Роберт Харрисон өмірінде тұңғыш рет мұңайды. Жалғыздықтың мұңы. Дэвид шығып кеткен соң бірталайға дейін өз деміне тұншығып отырып қалды. «Құдай-ау, менде бәрі бар. Байлық! Алтын-күміс! Миллиардтар! Әлемнің байлығы! Бірақ жаным неге тыншымайды? Неге мені қинай бересің? Сол түнгі әрекетке бармасам, мұның біріне де қол жеткізе алмас едім ғой...». Тамағына өксік тығылды. Жылағысы келген. Жылай алмады. Көзінен бір тамшы жас шыққан жоқ.

 

3-тарау

Ашхабад – ақ шағаладай қала. Ғимарат атаулы әппақ мәрмәрмен қапталған. Көшелері тап-таза, тіпті қоқсық тастайтын урна таппайсыз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, елдің бұрынғы билеушілерінің бірі «Түркімен деген айналасын ластайтын, көрінген жерге қоқсық тастайтын тексіз халық емес» деген ойды халықтың санасына мықтап сіңдіргенге ұқсайды. Қаланың орталығы ғана емес, бүкіл аумағы бірінші кезекте тазалықты үлгі етіп алғанға ұқсайды. Асфальттары берік әрі айна секілді жалтырап жатыр,  ойық, шұңқырдың жоқтығын былай қойғанда төселген асфальттан көліктің кескіні көрінеді. Мұндағы тәртіп қатал: Мемлекет басшысы отыратын ғимаратты суретке, бейнетаспаға тартуға болмайды; базардағы адамдармен сұхбаттасуға рұқсат жоқ, тұрғындармен, әсіресе, әйелдермен ер кісілердің сөйлесуі қатаң қадағаланады. Әйелдер ашық-шашық жүрмейді, бастарына орамал тартып, ұзын қызыл көйлек киеді. Ерге шықпаған қыздарды оңай ажыратуға болады, олар әдемі топы киеді немесе жалаңбас жүреді. Студенттер мен оқушы жастардың киімі де бөлек.

Ежелгі дәуірде қаланың орнында шағын елдімекен болған деседі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан  маңызды қоныс болып саналған. Қаланы Ахалтеке жорығы кезінде орыс отарлаушылары басып алып (1881 жылы 18 қаңтар), әскери бекініске айналдырыпты. 1885 жылы Түркіменстан аймағында құрылған Ресейдің әкімшілік бөлігі — Каспий облысының орталығы. 1919 жылы 9 шілдеде Түркістан АКСР-інің орталығы болған. 1919-1927 жылдары қала ақ гвардияшылармен шайқаста қаза тапқан Түркістан АКСР-інің Еңбек комиссары П.Г.Полторацкийдің есімімен «Полторацк» деп аталды. 1927 жылы тарихи-ұлттық атауы қайта берілді. Қаладағы кілем тоқу кәсіпорындарының бұйымдары дүниежүзіне белгілі. Кілем музейі бар екен, соған бас сұққан. Ғашықабат 1893, 1895, 1929 жылдары бірнеше рет зілзаланы бастан кешкен. 1948 жылы 6 қазанда болған зілзаладан түгелдей қираған қала қайта салынады. 1950-1960 жылдары заманауи сәулет өнерін шығыстық әсем әдіспен ұштастырған Үкімет үйі, көпшілік кітапхана бой көтерді. Ғашықабат –  Республиканың мәдени және ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда жалпы және арнаулы орта білім беретін мектептер, жоғары оқу орындар, Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Мақтымқұлы атындағы опера және балет театры, драма, қуыршақ театрлары, мұражайлар, газет-журнал редакциялары жұмыс істейді.

Бір сөзбен айтқанда, Джонсқа қала ұнады. Тыныш. Күндіз де, түнде де қорықпай жүруге мүмкіндік бар. Ашхабадтың іргесінде, 40 километрдей жерде Түркіменбашының зираты бар екен, өзінше біртұтас кешен: мұнда билеушінің ата-бабасы жерленген деседі, қалада жер сілкінісі болғанда отбасы мүшелерінен жалғыз аман қалған да елдің басшысы; мемориалды кешенге шығыстық үлгіде салынған мешіт айрықша сән беріп тұр, келушілер қатары көп болмаса да, зиярат жасаушылар легі жыл он екі ай үзілмейтін көрінеді.  

Экономиканың барлық саласында мемлекет үстемдігі орныққан. Мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігін мұнай мен газды сыртқа шығарудан басқа мақта иіру кәсіпорындарының тізбесінен түсетін салық  құрайды. Мұнда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі  бар. Жерінің 80 пайызында мұнай мен газ. Мұнай мен газдың  144 кен орны табылған. Соның  40-қа жуығы ғана игерілген. Газдың болжамды қоры –  21-23 трлн м³, ал мұнайдікі 12 млрд тоннаға жуық. Жыл сайын бұл елде 158 млн м² мақта-мата бұйымдары мен 82 мың тонна жіп иіріледі. Осы өнімдерін Түркіменстан әлемнің жоғары дамыған 30-дан артық еліне шығарады. Әлемдегі  80-нен артық елмен сауда-экономикалық байланысын  жасайды.

«Түркіменстан 1991 ж. қазанның 12 өз тәуелсіздігін жариялап және осы сәттен бастап, ерекше мәртебелі ел болуды мақсат тұтты. 1995 жылғы 12 желтоқсанда  әлемнің 185 елінің қолдауымен  БҰҰ-ның «бейтарап ел» деп таныған шешіміне қол жеткізді. Түркіменстан жерін адамдар тас ғасырынан мекендей бастаған. Б.з.б. 6-мыңжылдықта жейтун мәдениеті осы өңірде қалыптасқан. Копетдаг тау баурайындағы жазықтықтан Жейтун, Чопан-Тепе, Бами, Чағыллы, Монджуклы, т.б. ежелгі қоныстардың қалдықтары табылған. Жергілікті халық  егін егу, мал өсіру, аң аулаумен шұғылданған. Энеолит дәуірінде Түркіменстанда анау мәдениеті болды. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың аяғы мен 1-мыңжылдықтың басында Түркіменстанда әлеуметтік  жіктелу күшейіп, алғашқы мемлекеттік  құрылымдар пайда болуына байланысты суармалы егіс жүйесі, сауда-саттық дамыды, қалалар ірге көтерді» деп гид елдің тарихын баяндай жөнелді.

Джонстың білгені: Түркімен халқының тарихы ерте кездегі Орта Азияны мекендеген тайпа-ұлыстар тарихымен тығыз байланысты. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде Түркіменстан жерінде қуатты Маргиана және Парфия мемлекеттері болған. Каспий теңізінің оңттүстік-шығыс жағалауын Гиркания, Солт. жағасындағы даланы Массагеттер мен көшпелі дах (дай) тайпалары мекендеді. Б.з.б. 7-6 ғасырларда Маргиана Бактрияның, ал Парфия мен Гиркания Мидия мемлекетінің құрамына кірді. Б.з.б. 6-4 ғ-ларда бұл аймақтар Ахемен әулетінің қол астына қарады. Б.з.б. 4 ғ-дың соңында Түркіменстан жерін А.Македонский жаулап алған.

Сасани әулетінен шыққан парсы бектері Парфия патшалығын талқандап, оңтүстік Түрікменстанның жерін басып алды. Б.з. 1-ғасырдың орта шенінен бастап Арал маңындағы ғұндар мен жергілікті тұрғындар ұзақ уақыт араласып, сіңісіп кеткен.

1040 ж. Селжұқ әулетінен шыққан көсемдердің басшылығымен оғыздар Түркіменстан жерін басып алды. Сөйтіп, оғыздар түрікмен халқының қалыптасуына қосалқы негіз болды. Олар жергілікті тұрғындармен араласып «түркімен» атанды. 1158 жылы көшпелі оғыздар мен Хорасан бұқарасының көтерілісі Салжұқ мемлекетін құлатты. 12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың басында Түркіменстан жері Хорезм шахтарының қол астына қарады, 1219-1221 жылдары Шыңғыс ханның әскерлері басып алды. Түркімен тайпаларының көпшілік бөлігі Каспийдің шығыс жағалауына ығысып, Балқаш маңайындағы далалық аймақтарды, Узбой аңғарын паналады. Түркіменстан аймағын Алтын Орда, Шағатай ұлыстары және Хулагу мемлекеті бөлісіп алды. Он төртінші ғасырдың орта тұсында Хулагу мемлекеті құлап, Алтын Орда әлсірегеннен кейін Түркіменстан жерінде жартылай тәуелсіз бірнеше ұлыстар пайда болды. Бұларды 14 ғасырдың 70-80-жылдары Әмір Темір бағындырды. Темір мемлекеті құлағаннан кейін түркімендердің біраз бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарының, қалғандары Иран билеушілерінің қол астына қарады. 19 ғасырдың басында түрікмендердің кейбір тайпалары – абдал, чаудар, игдир, бурунчук, тозашы рулары Ресейдің бодандығына ресми түрде мойынсұнды. Ресей үшін арзан да сапалы шикізат көзі мол Орта Азия кеңістігін бағындыруда ағылшындармен арадағы бәсекелестік Түркіменстанды отарлау саясатын тездете түсті. 1869 ж. Каспий теңізінің шығыс жағалауына орыс әскерлері келіп, Красноводск (қазіргі Түркіменбашы) қаласын салды. 1869 – 1885 ж. Ресей империясының Түркіменстан аумағын отарлау әрекеті жергілікті тұрғындар тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Әсіресе, Ахал алқабын жайлаған теке руы орыс басқыншыларына қатты қарсылық көрсетті. 1885 ж. Атрек, Теджен, Мерв және Пендан алқабы Ресейдің қол астына өтті. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Түркіменстан орыс және ағылшын капиталының өрісіне айналды.

Британ тауар бірлестігі түркіменнің мұнайын игеріп, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын ашты. Ресей үкіметі өлкені империяның шикізат базасына айналдыруға, мақта өсіру көлемін ұлғайтуға жанталасты.

1991 жылғы қазанда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Түркіменстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі жарияланыпты. 1992 жылғы  18 мамырда елдің Конституциясы қабылданып, мемлекеттік  басқару ісі президенттік республика пішімінде жүзеге асырыла бастаған. 1995 жылғы  12 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы «Түркіменстанның тұрақты бейтараптылығы» туралы қарар қабылдайды. Онда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Түркіменстанның тұрақты бейтарап ел ретіндегі халықаралық құқықтық мәртебесін мойындап, қолдайтындықтары, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтіндіктері мазмұндалған.

Жерінің 80 пайыздан артығын аптап шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алаптар басып жатыр.Түркіменстанның ең үлкен өзені – Әмудария. Оның ұзындығы 1415 км болса, соның 1000 шақырымдайы осы елдің аумағында. Осы өзеннен бастау алған Қарақұм каналы Түркіменстанның Ашхабат, Мары, Бүзмейін, Балқанабат (Небит-Даг), Түркіменбашы  сияқты ең үлкен қалаларына ауызсуын жеткізеді.

Халқының саны 12 миллион  адамға жуық. Әлемдегі түрікмен халқының жалпы саны  25 миллионнан  артық деген дерек бар. Түркімендер Ауғанстан, Иран, Түркия, Ирак, Сирия секілді елдерде де мекен етеді.

Джонс Кеплер Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас сарапшысы ретінде елдің демографиялық ахуалына қатысты деректердің бәрін жинақтады. Денсаулық сақтау ісіне қатысты мәліметтерді алу да аса қиынға түскен жоқ. Түркімендердің тамақтануына, азық-түлік мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Негізінен халық ұлттық тағамдарын тұтынады. Coca-cola, Sprite ішетіндерді мүлдем сирек ұшыратты.

Сапарда жүргенде Джонс Элизден сағынышқа толы смс алумен болды. Жауап жазуға, тікелей тілдесуге болмайды... Кішкентайдан жанынан екі елі  ажырамаған  Элизге әбден бауыр басып кеткен екен, Джонс бір аптадан кейін күн санай бастады. Бәріне қолын бір сілтеп, тастап кеткісі де келген. Алайда, мойнына артылған жүк бар. Оның салмағы бар... Қалай кетсін?!.

 

Элиз үздіксіз шырылдаған телефон дауысынан оянды. Ұйқылы-ояу күйде ұялы телефонды құлағына тақады.

– Аллоу?

– Элиз... Мен ғой, Джонс...

– Сағат қанша болды?..

– Білем, білем. Сендерде түн ортасы... Айып етпе, саған еш  хабарласа алмадым.

Элиз басын көтеріп, өз құлағына өзі сенбей телефонды жан-дәрмен оң жақ құлағына ауыстырды.

– Джо, тірісің бе? Үш аптадан бері өліп қала жаздадым...

– Ия, аманмын. Мұнда Түр... Моңғолияда телефон байланысы қиын екен...

– Қай ғасырда өмір сүріп жатыр олар?

– Кешірші, жаным...

– Қашан келесің?

– Бұйыртса, аз қалды.

– Тез келші, сағындым... Өлердей...

– Келем, келем.

– Сені бұдан былай ешқайда жібермеймін.

– Мен де ешқайда кетпеймін.

– Жарайды, мұнда байланыс нашар... Ретін тауып хабарласам...

– Аман жүрші!

– Мен үшін қам жеме. Бәрі дұрыс. Сау бол!

– Менің жаңалығым бар... Не ғой...

Джонс трубканы орнына қойды. Қонақүйдің ішіндегі кондиционер тарылдап тұр. Қапырық. Ауа жоқ. «Не жаңалық екен?».

Сүйіктісінің дауысын естігеннен кейін Кеплердің көңілі жайланды. Ол Түркіменстаннан айналып Қырғызстанға, одан Өзбекстанға келген. Ташкент, Самарқан, Бұқараны тегіс аралап, Науаи облысына жеткен еді...

 

Жұқалтаң еркек GPS жазбаларын егде кісінің алдына қойды.

– Бәрі дұрыс па?

– Дұрыс. Белгіленген жоспармен келе жатыр.

– Жарайсың, Джонс!

– Тек...

– Ол келісімді бұзды.

– Қайтіп?

– Элизге телефон соқты.

– Қайдан?

– Кеннимех ауданы, Науаи облысы, Өзбекстан...

– Ұялы телефон арқылы ма?

– Жоқ, қалалық байланыс.

– Элиз оны анықтай ала ма?

– Білмедім, сэр...

– Бақылауда ұстаңыз!

– Құп!

– Барыңыз!

Егде кісі ойланып қалды. «Оған қыз қымбат болғаны ма?..».

 

Джонс таңға дейін отырып, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдері бойынша тиісті есеп жазбаларын бітірді. Түркіменстан мен Өзбекстанға қатысты түйіндеменің соңындағы арнаулы графаның  тұсына «+»  белгісін қойды. Қырғызстанға минус белгіледі.

– Джонс әка, палау дайын!

Қағылез келген өзбек жігіт дастархан үстін толтырып қойыпты. Қарбыз бен қауынды өзгеше өрнектепті. Қарбыздың қабығы көрінбейді, қып– қызыл қарбыз түйіршегін таңдайына тастағаны сол шөліркегені басылғандай болды. Кеселеп қойылған қауынның бір тілімін жеп еді, қайта шөлдеді. Палаудың дәмі тіл үйіреді екен.

– Қалай? Біздің еліміз ұнады ма?

Өзбек жігіті Джонсқа күлімдей қарады.

– Өзгеше екен...

– Құдайға шүкір, 41 миллион болдық. Мынау Қарақалпақстанды түгел игердік. Аралға дейінгі жердің бәрін қоныстандық. Халық сыймай жатыр...

– Жұмыссыздық бар ма?

– Өзбек жұмыссыз бола ма? Елдің бәрінде кәсіп бар.

– Арманың бар ма?

– Адамда арман таусылған ба? Сырдың арғы жағын қайтарып алсақ, шіркін!

– Ол басқа ел ғой...

– Қайдан? Бәрі біздікі. Бабаларымыз Сырдарияның екі жағын түгел жайлаған...

– Суверенитет деген бар...

– Бола берсін. Біз кезінде Хиуа, Қоқан хандықтары иеленген жерлерді тегіс қайтарып алуымыз керек...

– Ол болмайды. Халықаралық заңға қайшы...

– Заң деген немене? Оны да адам шығарады ғой...

– Көрші елдің территориялық тұтастығына қол сұғуға болмайды.

– Қоңсыларға бәрібір. Ақша тапса болды...

– Солай ма?

– Олар ақша үшін анасын да сатады...

Джонс Кеплер Қазақстан жайында түркімендерден де, қырғыздардан да оңды пікір естіген жоқ. Енді міне, өзбектер де өзгеше пікірде.

«Қызық. Сапарымның түйінді тұсы сол елге тіреледі. Шынымен оларға бәрібір ме?..».

 

4-тарау

Шалқып жатқан шалқар теңіздің суы ернеуінде ғана тұр. Айнала ақ тұз. Құм арасында жергілікті балықшылардың құрал-жабдығы  көлбең-көлбең етіп көзге түседі. Кезінде желкені айдын керген кемелердің қаңқасы ғана жатыр. Кейбір пысықайлар кемені аралап, бөлшектеп, Қытай асырып жіберген. Балықшылардың көбісі Жетісу жаққа қоныс аударса, ата кәсібінен айырылғысы келмеген, туған жерден көшкісі келмегендер мал шаруашылығына ауысқан-ды.

Аралдан ұшқан ақ тұз Антарктидаға жеткенде әлем елең еткен. Экология –  тұтас әлемнің бас ауруына айналған. Аралды қайта қалпына келтіруге қанша ұмтылса да теңіздің Өзбекстанға қараған жағы тақыр жерге айналған.  САРАТС жобасының алғашқы фазасында Кіші Аралға су келді. Халықаралық Аралды қорғау қоры Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты  мемлекеттердің мүддесін ортақ арнаға біріктіре алмады.

 

Халықаралық  қорға мүше мемлекеттердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың мүшелері, елшілік қызметкерлері, эколог мамандар Қызылорда облысына арнайы келді. Жергілікті университеттің Студенттер сарайында «Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын басқаруды интегралдаудың озат тәжірибесінен хабардар болу» тақырыбында жиын өткізілді. Оған ЕҚЫҰ, БҰҰ, ШЫҰ  өкілдері, су мәселелері жөніндегі халықаралық жобалардың сарапшылары, бассейндік басқармалардың қызметкерлері қатысты.

Джонс Кеплер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын басқаруды интегралдау жобасы жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Халықаралық шараның бағдарламасы бойынша бірінші сессияда «Кіші Арал мен Сырдария өзенінің сағасындағы судың сапасы», екінші сессияда «Жасыл экономикаға өтудің негізі – су жинақтайтын технологиялар» тақырыбы талқыланды.

– Арал мәселесі әлемдік маңызға ие. Жасыратыны жоқ, кезінде апаттың алдын алуда КСРО тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылмады. Алайда, егемендік алған Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Арал дағдарысымен бірігіп, күресу жөнінде ынта танытқанымен жағдай күрделі қалпында қалды. Кейінгі жылдары қабылданған бағдарламалар аясындағы ірі жобалар да күткендегідей нәтиже бермеді, –  деді Кеплер.

Шетелдерден, халықаралық ұйымдардан келген меймандар Аралдың бүгінгі бет-бейнесін көздерімен көру үшін  ауданға барар жолда Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне соқты.

Қорқыт туралы аңыз Кеплерге қатты әсер етті. Дүниежүзі фольклорында, ескі мифтік, діндік ертегі-аңыздарда осы Қорқыт ата сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар. Ол  грек мифінде – Прометей, осетин аңызында – Амран, үнді аңызында – Сиддхартха, қазақтарда – Қорқыт.

Қазақ, қырғыз, әзірбайжан, башқұрт, қарақалпақ, ноғай халқы  Қорқыт атаға зор құрметпен қарайды екен. Қорқыт ата қырғыздарда әулие, тәуіп адам ретінде бейнеленеді. Қырғыздың кейбір аңызында ол ажалдан қашып дүниені кезуші, енді бір аңызында желмаясына мініп бүгінге дейін жаһанды аралап жүрген, мәңгі өлмейтін адам. Қазақтың ұғымында ол Тәңірге табынған барлық бақсылардың атасы, пірі. Қобыз аспабын алғаш жасаған ұста, алғаш күй шығарған музыкант, алғаш өлімді жеңген қаһарман, дүниенің төрт бұрышын шарлап, жан мен тәннің, рух пен материяның айқасына араласқан  ұлы ойшыл.

Мәңгі өмір сүру –  адамзат баласының  арманы. Джонс Кеплер ертедегі Гильгамешке қатысты аңыздарды жақсы білетін. Қорқыт та сол сияқты ажалға қарсы арпалысқан адам болды ғой. Олар өлмес  өмір сусынын  іздейді. Өлімнің дауасын іздеп табады. Мәңгілік өмір жыры  – қобыздың үні ғана болғаны ма?. Мәңгі өмір сүру – бүкіл адамзат үшін мәңгілік мәнге ие мәселе. Шексіз уақыт, тоқтаусыз тірлік туралы толғаныс.

«Біздің Харрисон да – Қорқыт сықылды... Ол да мәңгі өмір сүрудің амалын іздеп жүр...».

Джонс алыста қалған Элизді, үнсіз трубкасын сорғылап отырған Роберт Харрисонды есіне алды.

Келесі күні делегация «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасында болды. Бұрын Аралда балықтың бір ғана түрі болыпты. Бүгінде балықтың түрі 22-ге жеткен. Көкарал бөгетін жасау үлкен тәуекелді қажет ететін жұмыс. Мұндай тәжірибе әлемде тек Америка мен Африкада ғана болған.

Құмның арасынан осындай алып құрылыс салудың өзі ерлік. Бірақ САРАТС жобасының екінші кезеңінде осы Көкарал бөгетін жауып, бір деңгейлі теңіз жасау керек деген ұстанымды қолдамайтындары қалай? Су Ұлы теңіздің ежелгі арнасына қарай кетіп жатыр. Құмға сіңбегенде қайда барады?

Джонс Кеплер мұнда жемқорлық ерекше етек алғанын алғашқы күні-ақ аңғарған. Басында онша мән бермеген еді. Шетелдіктермен оңаша сөйлесуге, қаражат мәселесінде емеурінді келісім жасауға ұмтылып тұрады екен.

– Белгіленген көлемде қаражат бөлдірте алсаңыз, 40 пайызы сіздің есепшотыңызға түседі...

«Қоңсыларға бәрібір. Ақша тапса болды... Олар ақша үшін анасын да сатады...» деген өзбек жігітінің сөзі расқа айналғандай.

Кеплердің түпкі мақсаты – «Барсакелмеске» бару болатын. Оның да реті келді.

 

Қалың сексеуіл шоғырының арасынан бірдеңе жүгіріп шыққандай болды. Аптап ыстықта бас сауғалайтын жер таппай, сексеуілдің түбін көлеңкелеп жатқан жануарды көліктің дауысы үркітсе керек.

– Қарақұйрық қой!

Жолбасшы қазақ оң қалтасынан шақшасын алып, титтей бір шөкімін алақанына салды да астыңғы ерніне ытқытты.

– Наркотик пе?

– Қайдам... Өзіміздің насыбай ғой.

Кеплер қазақтың жүзіне аңтарыла қараған. «Қалай басы айналмайды?». Қазақ ештеңе болмағандай, тершіген шекесін күректей алақанымен бір сүртіп, отыра берді. Киізбен қапталған бір ыдыстан кесеге сусын құйды.

– Мә, іш. Көженің суы...

Джонс сусынның дәмін татып көрді. Дәмсіз бірдеңе... Сонда да шөл қысып бара жатқан соң қылқылдата жұтты.

– «Барсакелмес» деген не мағына береді? Қазақша?

Шетелдіктің қойған сауалына қазақ мырс етіп күлді.

– Вот, барасың! Туда – «Гау-гау»!

Қолымен батыс жақты нұсқап көрсетті. Джонс солай қарады.

– Вот, қайтып келмейсің!.. «Нәу – гау-гау!»

Қазақ екі қолын жайды да «аумин» деді.

Шетелдік мейман айтқанымды түсінбей қалды-ау деп, артынан «капут!» деді.

Джонс анда бір, мында бір қарады. Сөздің мәнін ұқпағаны рас.

Қазақ ерніндегі насыбайды саусағының ұшымен іліп алып:

– Әй, туда былай, сюда – Гитлер капут! – деп шырт түкірді.

Дүркіреген дыбыс шықты. Құланның үйірі екен. Тұяқтарынан ұшқан топырақ шаңға айналып, артынан қалың тұмандай із қалдырып кетіп барады.

Құланның дүбірінен бұта түбіндегі  түлкі үркіп, құйрығын қайқаңдатты. Алдынан шыға келген көліктің мотор дыбысынан зәресі қалмағандай. Талайдан бері  тірі жанның аяғы баспаған аралда аяқастынан буылдырық бұрқ етіп ұшады. Төбеде қанатын кере жайған қыран мен қарақұс қалбалақтайды.

«Барсакелмес» қорығы екі учаскеден тұрады. Біріншісі – «Барсакелмес», бұрынғы арал мен кепкен теңіздің орнын алып жатыр. Екіншісі – «Қасқақұлан». Бұл аумаққа Арал теңізінің  шығыс жағалауы мен аралдары кіреді. «Барсакелмес» қорығына кіретін бірнеше ғана жол бар екен. Бас жақта ғана күзет бөлімі тұр. Қорық қызметкерлері он күннен кезектесіп жатып күзетеді. Басында үй жоқ. Жазда ескі вагонда  күнелтеді екен. Кеплер «Бұлар қыста қалай тұрады мұнда?» деп ойлады.

Жолбасшы қазақ әңгімешіл. Бұған қызық па, жоқ па, оған бәрібір. Жер ыңғайын жатқа біледі. Джонс мұнда жалғыз өзі келсе, баяғыда адасып, шөлден өлген болар еді.

– Сен біздің елді жақсы білмейсің ғой. Бегім Ананы білесің бе?

– Білмедім.

– Сендерге қазақтың елі, жұрты не керек? Пайда тапсаңдар болды. «Инвестормыз» деп шіреніп талай адам келген. Қарақан басының құлқын көздегеннен басқа осыларға болсын-ау деген инвесторыңды көрмеппін, қызыңды ұрайын!

Қазақтың беті күреңденді.

– Бізді бәрі жабайы деп ойлайды. Сен де сау сиырдың боғы емес шығарсың!

Қазақ көкшілтім насыбайдың бір шөкімін тағы атты.

– Вот, мына біздің Бегім Ана ескерткішін алайық. Нақты қай заманда өмір сүрді? Бір Құдай  біледі... Ал ескерткіші тұр. Мұнда негізінен бала таппаған әйелдер келеді. Сенің қандай адам екеніңді кім білген? Бәлкім, еркекке асылатындардың сортынан шығарсың... Тыңда!

Джонстың мойнын бұрғызып, өзіне тура қаратып алып барып, әңгімесін жалғайды.

– Зерттеушілер келген талай. Ескерткіш шамамен  ІХ-ХІ ғасырларда тұрғызылған дейді. Аңыз бойынша Бегім сұлу атақты Қарабура әулиенің қызы болған деседі. Қарабураны білесің бе?

Джонс ыстықтан басын тығатын жер таппай, діңкелеп отыр. Африканың ыстығын адам төзбес деп ойлайтын еді. Мына жақтың ыстығы одан өтеді. Күн қақ шекеден түскенде, мыйыңды шағып тастайтындай. Сексеуілдің көлеңкесі де сеп болмай тұр. Жолбасшы қазақ бір рет қыңқ етіп қабақ шытпады. Осы ыстыққа қақталып өмір сүріп келе жатқаны байқалады. «Өзі терлемей ме, немене...».

– Қай жерге келіп едім?

– Барсакелмеске...

– Өй, аузы сасық кәпір, сен не білуші едің. Бегім деген ай десе аузы, күн десе көзі бар – керім сұлу екен. Бегімді айтамын. Сендерше «бүйтүпүл». Ұқтың ба?

– Иес, иес...

– Ес болса, ес болсын! Сол Бегім Санжар дейтін ханға байға тиеді. Санжар хан – жаман адам. «Бәд». Патша аңға шыққанда қанжарын ұмытып кетеді. Қанжарды әкелу үшін уәзірін жұмсайды. «Вице-президент». Бегім сұлу киіз үйдің жабығынан қолын шығарып, ханның қанжарын ұсынады. Бегімнің сүйріктей ақ саусақтарын көргенде уәзір есінен танып қалыпты. Уәзірінің кешіккеніне патша ашуланып отыр екен. Бірден бас салады. «Қайда жүрсің?» – деп. Зәресі зәр түбіне кеткен уәзір: «Бегім сұлу менің білегімнен ұстап, жібермей қойды», – деп өтірікті соғып жібереді. Хан қаһарланып, үйіне қайтады. Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де зынданға тастайды.

Жолбасшы «осы тыңдап отыр ма?» дегендей сөзін үзді де, шетелдіктің бет-әлпетін бақылады.

– Зындан деген – жердің астындағы абақты. Түрме... Айыпты адам жердің үстінде жүрмеуі тиіс...Біздің бабаларымыз адамды солай жазалаған... Содан... Қансыраған Бегім жылап-еңіреп зынданда жатқанда Қарабура әулие  түсіне еніп: «Адал болсаң, Тәңірі жәрдем беріп, жан жараңды да, тән жараңды да жазар. Күнәлі болсаң, Құдайдың қарғысына ұшырарсың», – депті. Қарабура әулие Санжар ханның да түсіне еніп: «Қызым кінәлі болса, өмір бойы мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Адал болса, оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтсын», – деп аян береді. Хан уәзірін зындандағы Бегімнің халін біліп келуге жұмсайды.  Бегім сұлу аман екен. Бір күні аспаннан жылан жауып, қаланы басып қалады. Халықты қыра бастайды. Қашып шыққан Санжар хан шөл далада қорлықпен өліпті. Ханға өкпелеген Бегім Құдайдың құдіретімен аққу болып ұшып кетіпті. Бұл ескерткіштің тарихы солай!

«Бегім Ана» кесенесі – мемлекет қамқорлығындағы тарихи-мәдени ескерткіш. Арал теңізінің бұрынғы жағасында орналасқан. Қаратерең ауылынан 30 шақырым жерде.

– «Жыңғылтүп»  деген  жер бар осында. Заманында тонналап балық аулап, ірі қалаларға жіберіп отыратын. Қазір үйінді...  «Қасқақұланда» да тірі пенде қалмады. Елдің бәрі «Қаратерең» мен «Жаңа құрылысқа» көшті. Басқа амалы қайсы? Біздегілерге ештеңенің керегі жоқ-ау?!.

– «Қасқақұланнан» халық кеткеннен кейін «Барсакелместегі» құлан осында құлады. Мұнда су бар. Бұрын үш ұңғыма болған. Бүгінде оның біреуі бітеліп, екеуінен су ағып тұр. Құланның негізгі суаты – осы жер. 

Жолбасшы қазақтың сөзі Джонстың саңлауына бірде жетеді, бірде жетпейді. Айналаны үнсіз ғана көзбен шолып, ой жетегінде келеді.

«Элиз менің қайда салпақтап келе жатқанымды білмейді ғой...». Қайдан пайда болғаны белгісіз, иен далада құлан үйірі кезікті. Тұмсықтарын желге қарсы көтерген екі айғыр бір-бірін тіміскілесіп тұрды да шайқаса кетті. Бірін-бірі аяйтын емес. Орындарынан секіріп тұрып, қос аяқпен кеудеден тебеді. Шоқтықтан, шаптан, жуан саннан, мойын мен құлақтан азуды салып жіберіп шайнасып жатыр. Тура жарты сағат шайқасты.  Бір кезде әлсізі қашты. Әлдісі қуып кетті. Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде жеңімпаз айғыр  ойнақтап келе жатты. Екі үйірді қосты да, алдына салып, тырқырата қуа жөнелді.

– Көрдің бе? Күштінің аты – күшті!

Жолбасшы қазақ құландардың айқасына айызы қанғандай рахаттанып күлді.

– Бұл құлан жарықтық, көлікпен жарысып,  алдын кесіп өтпесе көңілі көншімейді. «Адамдар! Сендер қанша қуатты көлік шығардыңдар, ғарышқа ұштыңдар! Бірақ мына сайын сахараның иесі – біз! Бізден озып кете алмайсыңдар»  дейтіндей...

Уақыт тоқтап қалған сияқты.

Джонс Кеплердің шөлдегеннен тілі салақтап,  еріндері кеберсіп кеткен.

– Сәл шыда, достым. «Бектібайдан» өтіп,  «Қаратереңге» жеткесін демаламыз....  Ертең «Барсакелмеске» барамыз...

Бейтаныс ел. Бейтаныс дала. Аңызақ. Аптап... Мүлгіген тыныштық.

 

Жолбасшы қазақ таң атпай тұрды. Бірден жол қамына кірісті. Ала қоржынға азық-түлік салды. Көп ұзамай таңғы салқынмен кенезесі кепкен, әбден құрғап, соры шығып жатқан теңіздің табанымен шайқатылып бара жатты.

– Дәл осы жерде теңіздің тереңдігі –  16 метр болған, – деді жолбасшы.

Джонс ойша есептеп көрді:16 метр дегеніңіз – кемі 5 қабатты үйдің биіктігі ғой. Теңіздің ең терең тұсы 70 метрге жуық болыпты; қолдан жасалған қасіреттің салдарынан тау толқынды теңіздің ізі де қалмаған!

– Осы теңіздің астында Х-ХІІ ғасырларда Кердері деген қала болған. Қала екі бөліктен тұрыпты. Бірі- үлкен Кердері.  Екіншісі – Кердері қалашығы. Ғалымдар мұның бірінде кәдімгі қала болса, екіншісінде үлкен қаланың қажеттілігін өтейтін, мал өсіріп, егін жинаған елдімекен болған деседі. Үлкен Кердері – батпақтың астында...

– Міне, қалашыққа келдік. Анау қойтастың көлеміндей диірмендерді көрдің бе? Бұрын осы жердегі мазар жанындағы  қабірден бойы екі метрге жуық адамның қаңқасы шыққан. 2 метр! Көне адамдар ұзын болған дейді. Қабіріне түрлі тұрмыстық бұйымдар салынып, сән-салтанатты жағдайда бірге қосып жерленген.  Сонымен қатар, малдың да сүйектері, тұрмыстық жағдайда пайдаланған заттарының қалдықтары табылған.

Жолбасшы тоқтаусыз сөйлеп келеді. Кеплер үшін мұның бірі де маңызды емес. Маңыздысы – «Возрождениеге» жету.

Кердерінің бүгінгі орны – жал-жал құм. Таң атпай аңызақ жел соқты. Жел көтерген құм түйіршіктері Джонстың аузы-мұрнына кірді. Жолбасшы қазақ ақ орамалмен бет-аузын тұмшалап алған. Бір аялдамада Джонс та солай жасады. Әйтпесе, аузына кірген құм тістеріне шықырлап тиіп мазасын алды.

Екеуі «Барсакелмес» аралына түс болмай жетті. Өлі тыныштық. Желдің уілінен басқа тіршілік белгісі білінбейді. Бір замандағы беймарал су кеткеннен соң маңайдан ну да кеткен. Су мен ну болмаған соң жан-жануарлар да басқа жаққа ауған. Бар қалғаны – «Барсакелместегі» төрт үй. Техникалардың қаңсыған қалдығы.

– Анау айтақырды көрдің бе? Сол жерде  аэропорт болған...

Джонс жолбасшы қазақтың сөзіне сенер-сенбес күйде қарап қалды. «Қайдағы аэропорт?..». Тақыр жерде бетон төселімдерінің ізі де қалмаған, жым-жылас. Бір кезде аэропорт болды дегенге адам сене алмас.

– Ертеде бұл маңайдың халқын жыландар қырған. Сол қырғыннан сегіз жасар бала ғана аман қалған...

Джонс «Барсакелместе» төбесіне крест қойылған үш адамның бейітін көрді. Бір моланың үстінде екі тал раушан гүлі жатыр. Қурап кетіпті.

– Осында жұмыс істеген ғалымдардың моласы ғой, – деді жолбасшы Джонстың сұраулы жүзін аңдап.

– Давид Пирулин атты ғалым, энтомолог - жәндік зерттеушісі, ғылыми қызметкер болған. Полигон жабылғасын Ресейге кеткен... «Өлсем, сүйегімді «Барсакелмеске» қойыңдар» деп аманаттапты.  Бар ғұмырын  «Барсакелместе» өткізген. Жақсы кісі еді, жарықтық!

Кеплердің көзі мола үстіндегі гүлдің жанында жатқан екі-үш тал ақ шашқа түсті. Кәдімгі шаш... Сірә, таяу күндері бұл жерде біреу болған... Ол шашты жұқа клеенкаға орап, рюкзагының сыртқы қалтасының ішіндегі сыдырмақ қалтаға салды. Басын көтеріп шатыры ұшып кеткен, есік-терезелері алқам-салқам төрт үй жаққа көз салды.

Тіршілік нышанынан сирек ұшқан құс, некен-саяқ секеңдеген қоян ғана. Қаңырап бос тұрған төрт үй мен үш бейіт қана мұнда бір кездері қайнаған қызу тірлік болғанынан хабар бергендей. «Барсакелместің» жайы осындай.

Ескі үйлердің арасынан біреу жүгіріп өткендей болды. Қиядағы қыбыр еткен жәндік атаулыны көзі шалатын қазақ секем ала қарады.

«Бұл жақта зимагор қайдан жүр?».

– Адам ба?

– Әй, зимагор шығар...

– Зимагор деген кім?

– Біздің жақта бомждарды солай атайды.

– Аштан өледі ғой...

– Алланың ажалы тура келмейінше, ешкім өлмейді...

Кеплер қазақтың сөз мәнісін түсінбеді.

– Келдік. Бұл аралда бактериялогиялық сынақтар жасалған, абайлап жүр, –  деді жолбасшы. Ерінге  кезекті насыбай атымын тастады.

Джонс «Возрождение» аралында діттеген жерін тез тапты.Үстіне күмістей жылтыраған жұқа, бірақ арнайы тіктірілген киім киді. Бет-аузын тұмшалады. Әр жерді түртінектеп жүріп, іздегенін тапқандай... Арнаулы аспапқа сынама нұсқаларын толтырып, арнайы алып шыққан капсулаға  мұқият тыққыштады.

Жолбасшы қазақтың күйбеңдеп жүрген шетелдікпен ісі де болған жоқ. Басындағы ақ орамалмен бетін бүркеп, көліктің көлеңкесінде ара-тұра қорылдап, қалың ұйқыға басты.

 

Арал қаласындағы шағын кафеде саптаяқ сыраны сіміріп екі жас жігіт отырды.

– Блин, жүзігі керемет. Доллары да жеткілікті сияқты...

– Не істейміз?

– Бүгін келеді. Морбиту керек...

Морбитқаны қалай?

– Былай... Жігіттің бірі оң қолымен кеңірдегін көлденең кескендей етіп көрсетті де «қырқ» деді.

– Басымызға бәле болмай ма?

– Дереу Астанаға тартып кетеміз. Нағыз өмір сонда!

– Мүрдесін қайтеміз?

– Құмға көмеміз...

– Біртүрлі сескеніп тұрғаным...

– Ендеше, жүр осылай қаңғып...

– Ұсталып қалсақ...

– Онсыз да кредитке батып, сорлап жүрген жоқпыз ба?

– Бүйткен өмірі бар болсын!

– Айттым ғой... Кредитті жабамыз. Сосын қайқаямыз!

– Алып қоялық!

– Даваай! Өмір адамға бір-ақ рет берілген!

– Кел! Жақсы өмір сүруіміз үшін!

Саптаяқтың сарт-сұрт соғылысқан дыбысы шықты.

 

Пышақ ішінен тигенде Джонс омақаса құлаған. Алақанымен ішін басып, орнынан көтерілмекке жанталаса бергенде ауыр соққы шүйдесін жаншып жіберді.

«Элиз... Не жаңалық айтпақ болды екен?..».

«Туда – Гау-гау... Сюда – нәу гау-гау!..».

Жолбасшы қазақтың «Гитлер капут» деген сөзі ақтық демін алғанда санасын тіліп өтті.

«Ка-пут...» деуге тілі келер-келместе жалпақ дүниенің керуен көші ізім-ғайым ғайып болды.

Ертесіне жел көтерілді. Жер дүниені ақшылтым шаң басты. Қаладан 15 шақырымдай жердегі қалың құм арасынан шетелдік мейманның бір сирағы жалтырап көрініп жатты. Қайдан пайда болғаны белгісіз, құзғын қарғалар сол маңайды төңіректеп, үйіріле бастады.

 

– Иттің баласы! Темір-терсекті жинай берген бе?

Жас жігіттің біреуі Джонстың рюкзагындағы сынама құтыларды терезеден лақтырды.

– Қанша доллар, санадың ба?

– Астанада сайрандауға жетеді!..

– Көрдің бе, мына жүзікті? Сатсақ, барлық кредиттен құтыламыз!

– Ух, блин! Жүзігің жынды-ы-ы ғой!..

 

5-тарау

Кең кабинеттің ішін табак иісі алып кетті. Терезеден түскен күн сәулесі шыныға шағылысып, бөлмені жарықтандырып жіберген. Төрдегі үстелде шал жалғыз отыр. Алдындағы қағаздарды аударыстырып, ары-бері қарап шықты. Көңілі күпті. Ойы шашырап кеткені байқалады. Ащы түтінді құныға сорып, будақ-будақ дем шығарады. Регистратурадағы жұқалтаң еркек қаққан қазықтай қатып қалған. Қожайынының қас-қабағын бағып, ләппай деп құлдық ұруға дайын. Шал ақырын дауыстады.

– Джонс Кеплерден хабар бар ма?

– Ол бағытты өзгертіп, басқа жаққа кетті.

– Қайда?

– Астанаға... Қазақстан...

– Жоспарда жоқ еді ғой.

– Онда не істеп жүр?

– Білмедім, сэр... Түсініксіз тілде сөйлейді... бірақ Кеплер емес...

– Дереу анықтаңдар!

– Мәлімет түспеді ме?

– Серверді түгел тексеріп шықтым, ешқандай мәлімет жоқ.

– Бұл қалай болғаны? Бара беріңіз!

Егде кісі саусақтарымен үстел үстін тықылдатып ұзақ отырды.

– Дэвид!

Ішкі байланыс желісінен Дэвид Баркердің «Тыңдап тұрмын» деген қоңыр дауысы естілді.

– №032 келісімді бұзды. Жедел екіншіні іске қосыңыз.

– Қашан аттануы керек?

– Неғұрлым тез болса, дұрыс.

– Ұқтым.

– Бәрін дұрыстап ұғындырыңыз. Ештеңе жоғалмайтын болсын!

Дэвид Баркер кадрлар бюросына беттеді. Көңілі алабұртып, дегбірі қашты.

– №032-нің деректері қайда?

Қара костюм-шалбар киген ер кісі едел-жедел әлдебір нүткелерді басып еді, қабырғадағы экранда Джонс  Кеплердің кескіні пайда бола кетті. Баркер барлық деректерді сканерлеп, өзінің кабинетіне оралды.

– Маған №033-ті шақырыңыз!

Регистратурадағы жұқалтаң еркек жабық есіктің кодын терді.

 

Шырт ұйқыда жатқан жолбастаушы қазақ даңғыр-дұңғыр еткен дыбыстан оянып кетті.

– Кемпір, сенбісің?

Ешкім үн қатпады. Әлдекімдер үй ішінде жүрген сықылды. Басын көтеріп, иығына үйде киетін жұқа шекпенін ілді.

Сөйткенше, бөлменің есігі шалқасынан ашылды. Түрі түтіккен полиция қызметкері мен әдемі киінген орта жастағы дембелше кісі төрге озды.

– Тұрар Еламанов, сіз бе?

Полицей қатқыл тіл қатты. Дауысында темірдің шыңылы бар.

– Мен. Жайшылық па?

– Жайшылық болмай тұр ғой...Мәселе – анау жақтың бақылауында!

Дембелше кісі тура қарсы алдына келді. Сол қолының сұқ саусағымен төбені көрсетті. Галстугын түзеп, тамағын кенеді.

– Сізді елдің бәрі дұрыс адам дейді. Жауап берместен бұрын мені тыңдап алыңыз. Джонс Кеплер деген шетелдік азаматты танисыз ба?

– Оны неге өлтірдің?

Полицей тұра ұмтылды.

– Сенің кесіріңнен бәріміз құритын болдық...

– Түкке түсінсем бұйырмасын...

– Мәймөңкелейтін түгі жоқ. Жасаған қылмысыңызды мойындасаңыз болды.

– Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын.

– Әне, бұлар өлсе де мойындамайды.

Полиция қызметкері тапап жіберердей жұлқынып, тап қасына келді.

– Капитан! Сабыр етіңіз. Сөйлесіп отырмын ғой.

– Кешіріңіз.

– Сонымен Джонс Кеплер – Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының бас сарапшысы, ЕЫҚҰ-ның ресми өкілі, танисыз ғой.

– Аты Джон ба, фамилиясын  білмедім, бір шетелдікті «Барсакелмеске» апардым...

– Ия, не мақсатта?

– Менікі – жол бастау...

– Ол жаққа не үшін барды?

– «Возрождение» аралын көруге...

– Көрді ме?

– Көрді.

– Тағы не істеді?

– Ол жағын білмедім.

– Бөгде ешкім болған жоқ па?

Қазақтың есіне төрт тамның тасасынан көрген «зимагор» түсті. «Ол қайдан жүр, шынында?..».

– Ойланып қалдыңыз ғой.

– Шыныңды айт, Еламанов! Өз қылмысыңды мойындасаң, жазаң жеңілдейді!

Капитан сөзге килікті. Өңі біресе қызарып, біресе сұрланып отырарға бәйек таппай кетті.

– Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Апардым. Әкелдім.

– Ең соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Тамыздың 11 күні сапардан оралған соң, қонақүйге жеткізіп салдым.

– Сағат нешеде?

– Кешкі тоғыздардың шамасы.

– Дәлірек...

– Кемпір теледидардан тоғыз жарымдағы сериалын көреді. Мен сағат тоғыздан он минут кеткенде қонақүйден шықтым.

– Қайтып хабарласпадыңыз ба?

– Хабарласқаным жоқ. Менің шаруам – жол бастау...

– Қанша берді?

– Түсінбедім.

– Қанша төледі?

– Мың доллар...

– Өлтіруге тапсырыс бергендерді айтам.

– Ешкім тапсырыс берген жоқ.

– Жақсы. Жиналыңыз.

– Айттым ғой сіздерге. Мен бар болғаны аралға апарып, алып келдім.

– Оның бәрін тергеушіге айтасыз.

– Қаруыңыз бар ма?

– Қос ауыз м-м-мылтық қана.

– Ол қайда?

– Гаражда...

– Қаруды қалай болса, солай сақтағаны үшін де қамап тастау керек!

– Капитан! Қызбалана бермеңіз. Одан да үйдің ішін түгел тінтіп шығыңыз. Күдікті немесе айғақ  заттар жоқ па екен?

Полицей орнынан тұрып, жатын бөлмені, жапсарлас залдың ішін тегіс қарай бастады.

Сол мезет біреу үйден сыртқа шыққандай болды.

– Бұл кім? Үйде сізден басқа кім бар?

– Кемпірім екеуміз ғана.

– Балаларыңыз қайда?

– Жар дегенде жалғыз ұл – Астанада. Жалданып жұмыс істеуге кеткен...

– Жүріңіз. Қаруыңызды тапсырыңыз, тағы суық қарудан не бар? Пышақ, қанжар?..

– Бәкім белдігімде. Соғым соятын пышақ та гаражда...

– Не бәкі?

– Міне... Еламанов белдігіндегі бәкісін алып, әдеміше келген азаматтың қолына ұстатты.

– Гаражыңызды көрейік. Капитан! Понятойларды шақырыңыз!

Бұлар сыртқа шыққанда қайқыбел көк тазы гараждың алдында жатқан орнынан лып етіп тұрып, құйрығын бұтының арасына қысқан күйі сәкінің астына жайғасты.

– Ашыңыз!

– Кемпір, а, кемпір! Гараждың кілті қайда?

Әншейінде қалбалақтап жүгіріп жүретін кемпірі көріне қоймады. Үшеуі гараждың есігіне беттеді.

– Кілтті іздеп жүрсіз. Ашық тұр ғой...

– Кемпір ет алам деп жүріп ашық қалдырды ма екен?..

Еламанов гараждың есігін шалқайта ашты. Іште «бозжорғасы» –  «Нива» көлігі тұр.

– Сіз тұра тұрыңыз. Капитан, сіз кіріңіз!

Капитан өңмеңдеген күйі ілгері ұмтылды.

– Мылтығың қайда?

– Бұрышта. Киізге ораулы тұр...

– Мына киіз бе? Капитан жердегі киізді аяғымен бір тепті.

– Мылтық жоқ қой мұнда!

– Қазір, тауып берейін. Жолбастаушы ішке кіріп, дағдылы орында тұрған мылтығын іздеді. Ораған киізі жерде жатыр.

– Тәк! Түсінікті. Вещественный доказательстваның бәрін құртқансың ғой!

– Өзім де түсінбей тұрмын. Осы жерге қойғанмын.

– Атып па едіңіз?

– Бір қоян, үш қырғауыл қаққанмын кеше...

– Енді қайда кетеді мылтық? Әйеліңіз қайда?

– Ол мылтық десе зәр иманы қалмайды.

– Пышағыңыз қайда?

– Мына сөреде...

– Әкеліңіз. Понятойлар!

Үрпиіскен екі көрші аң-таң күйде гараждың ішіне кірді.

– Пышақ та жоқ...

– Қаруларды қайда жасырдың? Айт, шыныңды!

Капитанның түтігіп кеткені сондай, өңі өрт сөндірген адамнан да жаман еді.

Ол Еламановты қолынан тарта сүйреп, машинаға мінгізіп жатқанда басындағы жаулығы желпілдеп кемпір де жетті.

– Құдай-ау, қайда сүйреп барасыңдар?

– Гараждағы мылтық пен пышақ қайда?

Капитан кемпірге дүрсе қоя берді.

– Ит біле ме? Тұрған шығар орнында...

– Суық қаруды кім алды? Күйеуіңіздің кісі өлтіргенін білесіз бе?

– Алла, Алла-ай! Өлтіргені несі? Кімді?

– Шетел азаматын өлтіргені үшін тұтқындаймын. Үйден ешқайда кетпеңіз!

– Астапыралла! Қоян мен қырғауыл атпаса, адам атып көрген жоқ менің кісім...

– Оны сотта айтасың!

– Құдай-ау, не боп кетті? Шал-ау, мыналарға бірдеңе десеңші.

– Бір түсінбестік бар сияқты. Еш кінәм жоқ. Азаматқа хабарлас! Келсін де...

– А ну, разговоры! Прекратить! Отыр артқа! Кеттік.

Машинаның есігі тарс жабылғанда кемпір жалп етіп құлады. Екі көршісі жан-жағынан демеп орнынан тұрғызбаққа әрекет жасап жатқанда, полиция көлігі артына шұбалған шаң ізін қалдырып ұзай берді.

 

Бір топ ойын баласы шуылдап футболдан қайтып келе жатқанда, шеттегі бала допты қатты теуіп жіберген. Доп – домалақ. Зырғып  асфальт жолдың шетіндегі ойыстау жерге қарай ұшты. Балалардың бірі допқа жүгіріп жетті де кілт тоқтап, жерге еңкейді.

– Не тауып алғанымды қараңдар!

Бәрі жүгіріп сонда барды.

– Не зат?

– Ух, қандай капсулалар!

– Металын қара!

– Ерітіп қорғасынын алайық...

– Әй, бұл қайдан келген?

– Космостан түскен шығар...

– Қане, қане. Мә, керемет қой!

Балалар уылдасып, шуылдасып ерекше капсулалардың жапа тармағай бөлісіп алды.

Әуелі қышынудан басталған, соңы түрлі бөртпелер қаптап, балалардың бәрі қызуы көтеріліп ауруханаға түсті...

Ауданда карантин жарияланды.

 

Астана. Түнгі клуб. Ашық-шашық киінген, шалбарын ит талап тастағандай ырым-жырым, белдері бұратылып, ырбаң-ырбаң еткен көп қыздардың биінен клубтың едені тесіліп кетердей. Төр жақтағы төртбұрышты үстелді айналдыра қойылған жұмсақ диванда жас жігіт қызып алған, аяқтарын талтайтып, темекінің көк түтініне оралып отыр. Даяшы қыз табаққа салынған шашлық, бірнеше бөтелке coca-cola сусынын көтеріп жақындай бергені сол еді, жігіт қыздың құйрығынан қағып қалды.

– Бір түнің қанша тұрады?

– Сіз массыз. Тартыңыз қолыңызды!

– Мен бе мас?

– Жинақталып отырыңыз. Әйтпесе, күзетшіні шақырамын.

– Айтшы! Қанша тұрасың? 100? 200?

– Қолыңызды сумаңдатпаңыз!

– Қылымси бермей, жөнге көш. Рас, төлеймін. Не обижу!

– Айналаңызда қызлар толып жүр ғой.

– Ә, оларды қойшы! Жәлептер ғой шетінен...Маған сен ұнап қалдың.

– Тартыңыз қолыңызды!

– Тартпасам ше?

– Күзетші!

Туалеттен шыққан серігі қыздың қолынан шап беріп ұстады.

– Күзетшінің керегі не? Мен бармын...

– Досыңызға айтыңызшы, әдеп сақтасын!

– Бұл айтқанға көнбейді. Одан да өзің көне сал!

– Күзетшіні шақырамын.

– Кімді шақырсаң да...

– Жіберіңіз. Қолымды ауырттыңыз...

– Таң атқанша. 300 доллар, бола ма?..

– Бейбастақтық танытқандарыңыз үшін жауап бересіздер!

– Ха! Ха! Бейбастақтық дейді...

Осы екі ортада бөгде бір кісі диванның шетіне келіп отырды. Масайып, дарақыланып отырған екеудің көзі алақандай болды. Үстерінен біреу мұздай су құйып жібергендей, дір-дір етіп бір-біріне тығылды. Қыз лып етіп, үсті басын түзеді.

– Девушка! Вы идите, они вас больше не беспокоить!

Орысша акцентпен сөйлеген құтқарушысына қыз іштей ризалық білдірді де кухняға қарай жөнелді.

Ләйліп отырған екі жігіттің тілдері байланып қалғандай. Зәрелері зәр түбіне кетті.

– Жүзік қайда?

Жігіттің бірі сипаланып, оң саусағына тағып алған жүзікті дір-дір еткен күйі ұсына берді.

– Рюкзак?

– Үйде...

– Квартирада...

– Пошли!

Екеуі сөлбірейіп орындарынан тұрды. Келген кісінің соңынан ілесті. Жаңа ғана дүниені жалпағынан басып, шайқап отырған екі жігіттің бейтаныс адамның соңынан сүмең-сүмең етіп бара жатқанын көрген қыз таңдана қарап қалыпты.

«Оңбағандар! Сауап сендерге!» деді сосын дауыстап. Қыздың дауысын өзінен басқа ешкім естіген жоқ.

Түнгі клубтағы жерді шайқалтқан би мен жастардың шуылы жалғасып жатты.

 

6-тарау

 

Тамыздың ортасында күн тұтылды. Бұл құбылыс Қазақстанның бірқатар облыстарында мүлдем байқалған да жоқ.

«Жер планетасының ешқайсысында күннің тұтылуы ашық көрінбейді. Елдің оңтүстік батысы мен солтүстік жағында ғана елеулі көрініс табуы мүмкін. Еуразияның солтүстік шығыс тұсында ғана, ал Арктика мен Солтүстік Жер архипелагында ғана күннің толық тұтылғанын көруге болады.

Қызылордада күн шырқау биікке көтеріледі, күннің тұтылуын қаладан да, одан тыс жерлерден де көруге мүмкіндік бар». Теледиктордың күмбірлеген дауысы естіліп тұр.

Кемпір «Пысымылла, пысымылла!» деп Құдайға сыйына бастады.

– Атам жарықтық «Ай тұтылса, адам өледі, күн тұтылса, патшалар өледі» деп отырушы еді...

«Күннің тұтылуы 15:31-де басталады. Максимальды фаза 16:14-те, құбылыс 16:54-те бітеді». Кемпір пультті басып телевизордың үнін өшірді.

Осының алдында ғана ай тұтылған. 28 шілде күні. Аспанда Персеид метеоры жарқылдап ағып өткен. Метеордың  радиант ағымы жиілегені сонша, түнде аспаннан жұлдыз жауғандай әсер аласыз.

«Еске саламыз: күннің тұтылуын тек оптикалық фильтр арқылы көріңіз, ал метеор ағымын қаладан шалғай елдімекендерде ашық бақылауға болады. Елдің солтүстік өңірлерінде штурмдық ескерту дабылы қағылды».

Кемпір сарнап тұрған радионың да аузына құм құйды.

«Небір пәлекетті қайдан табады екен?».

Сипаңдап гараждың адына барды. Есігі құлыптаулы. «Өткенде шалымды алып кеткенде ашық тұр еді ғой». Жалма-жан қарманып сол қалтасынан гараждың кілтін суырды. Құлыпты ашты. Ішке кірді. Барлық зат орнында тұр. Бұрышта киізге ораулы мылтықты көрді. Сөреде соғым соятын пышақ, қайрақ, балта мен балға тұр.

«Әлгілер ай қараған ба? Тұр ғой бәрі...».

 

Аудандық аурухананың алдында күнге тіке қарап тұрған шетелдікті көріп, бір-екі адам басын шайқады. «Құдай-ау, мынау жынды ма? Көзі ағып түседі ғой байғұстың!».

Моргте жан баласы жоқ.

Жалпы, бұл өңірде тал түсте қыбырлаған пенде көрмейсіз. Барлық жұмыс таңғы 6-дан он-он бірге дейін атқарылады. Қалай түс болады, солай көшеге тірі жан шықпайды. Терезелерін газетпен қараңғылап, едендерін мұздай сумен бірнеше рет шайып, ұйықтаудың дайындығын жасап алған жұрт тегіс тыншиды. Ит екеш иттің өзі тілі салақтап, екі бүйірін кезек соғып, бас сауғалайтын тұсты іздейді.

Ауруханадағы медперсоналдың барлығы кондиционер атаулыны бүкіл қуатына қосып, қапырық ыстыққа төзе алмай, қоңыр салқын жер іздеп кеткен. Палатадағы науқастар да есік-терезені шалқайта ашып, пысынап жатыр.

Ұзын бойлы шетелдік адамның моргқа қалай кіріп, ақ жаймаға оралған мәйітті көтеріп алып, шығып бара жатқанын тірі пенде аңдамады.

 

Үстел үстіндегі ұялы телефон безек қаға шырылдағанда «Кремль. Сталин слушает» деген дауыс қайта-қайта естілді. Капитан телефонды жұлып алып, құлағына тақады.

– Тыңдап тұрмын.

– Іс не болып жатыр?

– Мойындамай отыр...

– Жақсылап тергедіңіздер ме?

– Тергеп жатырмыз.

– Қылмыскерді табу қажет. Неғұрлым тез болса, тіптен жақсы.

– Мойындатамыз!

– Білемін сендерді... Абайлаңдар!

– Құп болады!

Капитан терлеп кеткен. Маңдайынан аққан тер сорғалап мойынына құйылды. Телефонды орнына қоя беріп, орындыққа жалп етіп отыра кетті.

– Иттің баласы! Қанша таяқ жесе де қырсығып...

Графиндегі су жылымшы татиды екен. Бір ұрттап, тамағын шайқады да қоқыс жәшігіне түкіріп тастады.

– Мойындайды... Қайда барады? Мұндай асаулардың талайын көргенбіз...

Капитан паталоганатомды шақырды. Ол жасалған экспертиза қорытындысын баян етті.

– Ішке соғылған пышақ өткір, ұзындығы шамамен 25 сантиметрдей, ал басына кірпіш пе, тас па, әйтеуір ауыр зат тиген.

– Бір мезгілде ме?

– Пышақ бұрынырақ салынған...

– Бір адам ба? Екі адам ба?

– Соққылардың жұмсалу жағдайына қарағанда, екі адам қылмыс жасаған болуы мүмкін...

– Бәкімен өлтіруі мүмкін бе?

– Сіз де айттыңыз-ау. Бәкімен ет турамасаңыз...

– Доғар!

Капитан кнопканы басып, кезекші полицейге Еламановты әкелуді бұйырды.

– Келдің бе?

Оның қарсы алдында теңселе басып Тұрар Еламанов тұрды. Бет-аузы көгерген. Бір тісі сынған. Ерні добалдай болып ісіп кетіпті. Әзер тұр.

– Су ішесің бе?

Капитан бір стакан суды ұсына берді де Еламановтың бетіне шашып жіберді. Тұтқынның тізесі дірілдеп буын-буыны босап кеткендей болды. Бір жағына ауа шайқалды. Капитан жағадан алды.

– Істеген қылмысыңды мойында! Қасыңда кім болды?

– Еш-ш-қандай қылмыс... жаса-а-аған жоқпын.

Күдікті тістене тіл қатты.

– Мойында деймін!

– Құдайақы!

– Долларына қызықтың ба?

– Хі..

– Қайталап айтамын, егер жасаған қылмысыңды мойындасаң сотта жеңілдік болады.

– Ешкімді өлтіргем жоқ.

– Тағы да бастың ба әуеніңе?

Екі бүйірін таянып, талтайып тұрды да:

– Осыдан көр де тұр! Түрмеде шіритін боласың! – деді қалш-қалш етіп.

Сөйтті де бар күшімен іштен ыңқ еткізіп ұрды. Еламанов екі бүктетіліп барып, сылқ етіп құлады.

– Көзіңе  көк шыбын үймелетем! Мойындатам өлсем де!

Капитан қайқыбас туфлиімен іштен бір тепті.

– Алып кетіңдер! Қара су татырмаңдар! Көрейік қашанға дейін тіресерін!

Графиндегі жылымшы суды төбесінен сарылдата құйған күйі капитан ызадан жарылып кете жаздады.

 

– Рюкзак қайда?

– Міне...

Екі жігітте ес жоқ. Көздері бақырайып шетелдік не айтса, соны орындауға әзір. «Өлген адам тіріліп кетеді» дегенді қиял-ғажайып кинолардан көргендері болмаса, мұндай болады дегенге өлсе де сенбес еді. Шетелдік шифоньердің ішінде жатқан рюкзакты жұлып алды. Іші-сыртын ақтарып қарай бастады.

– Мұндағы заттар қайда?

– Ақшаны ғана алдық...

– Басқасы?

– Басқа...түк те жоқ онда... Мына футболка ғана, тіс пастасы, шетка, сақалқырғыштарды лақтырып тастағанбыз.

Шетелдік қарсы алдында тұрған  жігіттің үстіндегі футболканы етегінен тартып ұстап көрді.

– Металл заттар ше?

– Басқа ештеңе болған жоқ.

– Естеріңе түсіріңдер. Мұнда темір капсулалар болуы керек.

– А-а... Айтқандай, бір темірді...

– Нең бар айтып... Білмейміз де...

Күрестен құлағы жырылып, түшпара сияқты мыжылып, қалған бәкене бойлы жігіт қасындағы серігінің жеңінен тартқылады.

– Капсула қайда?

– Біз оларды лақтырып жібердік.

– Қайда?

– Ауылда... футбол алаңының қасында...

Шетелдік рюкзактың ішкі қалталарын ақтарды. Ішкі сыдырмақ қалтаның түбінен клеенкаға оралған үш тал шашты сипалап тауып алды. Басқа ештеңе таппады.  Қабағы түйіліп, орнынан тұрды да жігіттерге жақындады.

– Мұнда қаламсап болуы керек еді... Ол қайда?

– Не дейді?

– Ручканы сұрап тұр. Сен алып едің ғой...

– Прекратить разговоры!

Екі жігітті екі қолымен жағадан тік көтеріп алған шетелдік оларды шайқай-майқай қабырғаға тіреді. Аяқтары салбырап, алқымға батқан темірдей қолдың бүрмесіне шыдас бере алмаған ұзын бойлысы:

– Берейік құрысын! – деді.

– Окей, окей! – деуге шамасы әзер келген екеуінің де.

Жерге аяғы тиісімен жігіттің бірі шифоньердің есігін ашып, ілулі тұрған костюмінің ішкі қалтасынан ұзындығы бір сүйемдей қалың қаламсапты алып, шетелдікке берді.

Ол қаламсаптың бір тетігін басып қалып еді, дыз-дыз еткен дыбыс шықты. Қаламсап шағын нетбук құсап жайылды. Шетелдік демін ішке жұтып, ондағы жазбалардың бәрін мұқият қарап шықты.

Сосын сөлбірейіп тұрған екеуге қарап:

– Сендердің кесірлеріңнен жазықсыз адам жапа шеккелі тұр. Былай істейсіңдер. Ұғып алыңдар!

Жалдамалы пәтерде темекінің күлімсі иісі аңқиды. Шетелдік шығып кеткеннен кейін екі жігіт біразға дейін үн қатыса алмады. Жақтары қарысып қалғандай.

– Қалай тіріліп кеткен?

– Соны айтам..

– Өлген сияқты еді...

– Инопланетян ба немене?

– Өзі қарулы екен...

– Алқымнан алғанда жаным шығып кете жаздады...

– Қолы темір ме?..

– Жанымыз аман қалғанына шүкір.

– Не істейміз? Барамыз ба елге?..

– Түрмеде шіріп өлгің келе ме?

Бастарын ұстап, екеуі де отырып қалды. Бәкене бойлысы шылым тұтатты. Ащы түтінді ішке жіберіп, демін ұстап отырды да аузынан  домалақтап шығарды. Жанындағысы ағашы қиқаң-қиқаң еткен төсекке көлденең түсіп жата кетті.

– Брат!

– Не?

– Ақша жоқ. Жүзік жоқ. Қалай күн көреміз енді?

– Әй, бірдеңесі болар...

– Ұсталмаймыз деп едің ғой...

– Өй, кетші!

– Жаңағы бізді қалай тапты-ей?!.

 

Арада екі аптадай уақыт өткенде аудандық аурухананың бас дәрігері бұтына жібере жаздады.

– Ұлттық қауіпсіздік қызметінен!

Кірген кісі қызмет куәлігін көрсеткен.

– Өлген адам қайда?

– Моргта...

– Жүріңіз, көрсетіңіз.

Бас дәрігер жалпаң қағып, моргқа қарай емпеңдеді. Сұп-суық бөлменің есігін ашып, беттері ақ жаймамен жабулы жатқан бірнеше өліктің шеткі тұсына тақай беріп, тоқтап қалды.

– Стас! Мындағы өлік қайда?

– Жатқан еді ғой...

– Не?

Дәрігер барлық мәйіттің бетін ашты. Шетелдіктің мүрдесі ізім-ғайым...

– Кім кірді мұнда?

– Ешкім кірген жоқ...

– Ендеше, өлік қайда?

– Тіріліп кетпесе, ешкім бұл жерден кетпейді.

Морг қызметіне жауапты Стас Корчин мысқылдай жауап қатты.

– Сонымен, Джонс Кеплердің мәйіті қайда?

Қауіпсіздік қызметкерінің дауысы қатайды.

– Адам өледі. Жай адам емес, шетел азаматы! Ал сендер, оның мүрдесінің қайда екенін білмейсіңдер! Масқара! Сұмдық! Ну как же так, а?!.

Шыңылтыр үннен жатқан өліктер тік тұрып кетпесе де, бір рет дір ете қалатындай болды.

– Бейнекамера бар ма?

– Моргте камера қайдан болсын?..

Өлік қоймасында өлі тыныштық...

 

Екі жағына үлкен екі тас қойылған қақпаның ортасынан шаң бұрқ етті.

– 3:0! Ұтылдық тағы.

Ұзын сирақ қара бала жерді бір тепті. «Допты алып жүріңдер».

Төрт-бес бала топырағы борпылдап жатқан алаңды артқа қалдырып, үйлеріне бет алды. Шұбалған шаңы алдын ораған көлік жанай тоқтады.

– Балақай! Бері кел!

Ұзын сирақ көлікке жақындады.

– 100 доллар тапқың келе ме?

«100 доллар!». Қара баланың көзі жыпылықтады.

– Осы маңнан капсула тапқан сендер ме?

– Ия. Жоқ, олардың бәрі ауруханада.

– Тапқан олжалары қайда? Білесің бе?

– Мусор жәшікке тастаған...

– Қай жерде?

– «Ынтымақ» кафесінің жанында.

– Отыр.

– Мен жүре берейін.

– Мынау сенікі. Тапсаң...

Көліктегі шетелдік 100 долларды көрсетті.

Бала ақшаға қызықты. Ойша есептеп алатын дүниелерін түгендеп үлгерді.

– Кеттік пе?

Ескі «Мерс» орнынан ауыр қозғалды. Кафенің қасына жақындағанда бала қолымен нұсқады. «Анау жәшікте». Бірнеше контейнерге тасталған қоқыстар аузы-мұрнынан шығып, сыртқа төгіліп жатыр.

– Қай жәшік?

– Мынаусы...

Шетелдік көз ілеспес жылдамдықпен көліктен шықты да әлдебір аппаратты қолымен олай-былай жүгіртті. Қызыл белгі жанды. Портфелінен алған қолғапты тез-тез қолына кигізді де бала көрсеткен жәшіктен еңкейіп бірнеше капсуланы суырып алды.

– Мә, балақай! Қалаған кроссовкийіңді алып, кие ғой!

«Мәссаған! Менің кроссовка алғым келгенін мынау қалай біліп қойды?». Бала қолындағы жүз долларлықты біреу-міреу көріп қала ма деп жалтақтап тұрып, алақанына  жұмырлай қысты.

Шетелдік қара плеенкамен қапталған көлік терезесін көтере беріп, балаға қарады. Сол көзін болар-болмас қысып, сәл жымиған қалпында жүргізушіге «жүр» деген белгі берді.

 

 

7-тарау

Рим.

Қаланың байырғы орталығындағы көшелер өте тар. Соған қарамастан көлік ағыны қатты. Тар көшелермен зырғытуға шебер болып алған жүргізушілер кәнігі дағдысына басып, жылдамдықты еш кемітпейді. Тротуарда кетіп бара жатқандарды қағып кетеміз-ау деген ой ешқайсысының қаперіне кірмейтіндей. Супермаркеттен керекті азық-түлігі салынған пакетті көтеріп келе жатқан Элиздің жүрісі мардымсыз. Аптап ыстықта алға басқа аяғы кері тартады.

Элиз Джонстың келуін тағатсыздана күткен еді. Тастақ жолмен келе жатып алдынан Кеплердің жон арқасын көзі шалды. «Сол ма, сол емес пе?». Қыз жанұшыра алға адымдады. Жігіттің аршынды жүрісіне ілесе алмай, сүріне-қабына соңынан жүгірді. Көше бұрылысында Кеплердің қарасы көрінбей қалғасын, қолындағы заттарын тастай салып, бар күшіне салды.

Жиырма-отыз метр жерде кетіп бара жатқан жігіт оң жақ тұстағы кафеге бұрылды. Элиз асығыс-үсігіс, ентігі мен екпінін баса алмай, Джонстың иығына жармасты. Анау аңтарыла қарады. «Джо! Соның өзі!».

–Не керек еді?

– Джо! Сенбісің?

Жігіт кафенің есігін жайына қалдырып, тротуардың бір шетіне қарай ығысты. Жүзінен таңданысты байқауға болар еді. Алайда, сүйіктісін жаңа тапқанына қуанған қыз бастырмалата жөнелді.

– Не болды саған? Неге хабарсыз кеттің? Келгеніңді неге айтпадың?

Қыздың  қойған сұрақтарына жігіт мардымды жауап қайтармады. Таң қалған күйде амалсыз үнсіз қалды. Элиз оның қолынан тартқыштады. Сәл ауырсынғандай кейіпте  қолын босатып алды.

– Джо! Жарақат алғаннан саумысың? Жүдегенсің бе?

– Жо-жоқ!

– Жүрші үйге. Бәрін баяндашы. Қашан келдің? Сапарың не болды?

Жігіттің шегінетін жері қалмады. Басын салбыратып қызбен бірге аяңдады.

Үйге кіре берген сәтте Элиз Джонсты бас салып құшақтады. Бетінен, ернінен, мойнынан кезек сүйді. Қанша дегенмен еркек емес пе, жігіттің иілуіне тура келді.

– Жаным! Менің аяғым ауыр. Саған өткенде жарытып айта алмадым. Біздің баламыз болады. Ұл!

Элиз қолымен ішін сипады. Томпиып білініп қалыпты. Аналық мейіріммен сүйінші хабарды айтып тұрған қыздың бұдан арғы тірлігі тосын қимылға ұласты. Джонсты дереу шешіндіріп, төсекке сүйреді. Көптен көрмеген, бір дерегін білу үшін зарыға тосқан жан жарының бұрынғыдай аймалап сүйгенін, еркелеткенін қалады. Алайда...

Джонс – бұрынғы Джонс емес. Сүлесоқ. Төсекке де ықылассыз жатқандай. Элиз жастықты бауырына басып, солқылдап жылады.

– Сен менен басқа біреуді таптың ба?

– Жо-жоқ...

– Тек шыныңды айт. Басқаны сүйіп қалсаң, еш амалым жоқ менің.

– Сабыр етші!

– Не айтып тұрсың? Сабырың не? Сабырым болмаса, сені осынша уақыт тағатсыздана тосам ба?

– Мен...

– Сені жек көрем! Келгеніңді айтпайсың. Мені іздемейсің!

– Джо...

– Мүмкін, аборт жасауым керек шығар. Балалы болғанымызды қаламайсың ғой, ия?

– Қайдағы аборт?

– Ешқандай аборт жасамаймын. Сен қаламасаң, қалама. Баланы өзім асыраймын.

Элиз тағы жылады. Жігіт қипақтап отырып қалды. Тұрды. Киінді.

– Кетпекпісің? Мені тастап... Бізді...

– Жұмысқа баруым керек.

– Құрып кетсін жұмысың! Несіне кірдің сол жерге?

– Кешір мені.

– Екі ай бойына бір іздемедің...

– Не өлі, не тірі екеніңді білмей...

– Мен-н...

– Кет! Енді қайтып мазалаушы болма!

Кеплер бұдан ары аялдаудың мәні жоғын түсінді. Жұқа плащын жүре киіп. Шығар есікке бет алды. Іле тарс етіп есік жабылды.

Элиз өмірінде тұңғыш рет Джонс Кеплерді, титтейінен бірге өскен Джосын иттің етінен бетер жек көрді. «Қандай қатыгез! Қандай оңбаған!». Еңіреп жылады.

Подьезд алдына сәл аялдаған Кеплер бүгінгі тосын жайдың мәнісін толық түсіне алмай аз-кем тұрды да қыздың бақыра жылаған дауысын естіп тұруға дәті бармай, ақырындап ұзай берді.

– Оңбаған! Алдамшы! Еркектердің оңғаны жоқ... Осыдан сол қаншық қолыма түссін, шашын бір талдап жұламын!

Солқылдап жылаған күйі жатып қалды. Үйдің ішінен береке кеткендей, көптен жөнделмеген бөлмелер кенет сұрқай тартып, қабырғадағы жапсырма қағаздарға шейін сетіней бастағандай.

 

Джонс Кеплердің өңіндегі өзгеріс Дэвид Баркерге мәлім болды. Жұқалтаң еркекті шақырып, тиісті нұсқау берді.

– Қыз күмәнданбасын. Джонспен инструктаж жүргізіңіз.

– Айтқандарыңыз орындалады. Шүбәсіз!

– Олардың барлық әңгімесін біліп отыратын болыңыз.

– Құп болады, мырза!

 

Жаңбырлы кеш еді. Сырттағы электр жарығы күңгірт бөлмеге қиялай түсіп тұр. Еңсе басар екі кештің ортасы. Сытыр-сытыр еткен жаңбыр дыбысы мазасы кеткен адамның миын шаққандай. Элиз жалғыздан жалғыз мұңайып отырған. Кенет есік қоңырауы естілді.

– Джо! Бұл Джо!

Элиз есікке тұра ұмтылды.

Қолында құты ыдысқа өскен бір шоқ гүлі бар Джонс Кеплер жұмсақ жымиып кіріп келе жатты.

– Келдің бе? Келетініңді білдім. Сүйіктім!

– Кешір! Мен...

– Бәрі сол жұмысыңның бәлесі. Тағы да тапсырма алғансың. Менімен сөйлесе алмадың. Сені түсінем. Мені де кешір. Өткенде жаман жыным келіп...

Жігіт қыздың ернін оң қол саусағының ұшымен басты.

– Қымбаттым! Сен қымбатсың маған!

– Ұлыңды тастап кетпейтініңді білгем.

– Сендерді ешқашан тастамаймын.

– Жаным!

Сырттағы жаңбыр күшейді. Тырс-тырс еткен дыбыстар ұлғайып, жел екпіндетті. Ұядай бөлмеде бір-біріне ынтыға ұмтылған екі жастың ындыны босап, махаббат ырқына бағынған сәті туды.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде Джонс Кеплер орнынан тұрды. Асықпай темекі шекті. Күлсалғышқа темекі қалдығын мыжғылап тұрып, Элизге қарады. Ақырын демалып, пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. «Әдемі екен!».

Әкелген гүлдің құтысын ортасынан бұрап ашты. Бөлмені аралап, бұрыш-бұрышқа аялдап ішіндегі көкшілтім ұнтақты сеуіп тастады. Қалғанына тиіскен жоқ, құтыға қайта бұрап бекітіп, гүлді қыздың төсегінің бас жағына жайғастырды.

«Джонс Кеплер! Джонс Кеплер! Тым болмаса, осында екеніңді аруағың сезсін!».

Қыздың бөлмесіндегі қуыс-қуыстың бәрін тінтіп, ішкі киім салатын шкафтан әлдебір құжаттарды тапқан екінші Кеплердің көңілі жайланды. Төсекке жақындап Элиздің қоңырқай шашынан иіскеді.

– Аяулым! Тұрмашы, жатшы қасыма...

Элиз баяу ыңырсыды.

Джонс Кеплер оң саусағындағы жүзікті шешіп, төсектің бас жағындағы тумбаның үстіне қойды.

 

«№033 өз міндетін мүлтіксіз атқаруға кірісті». Жабық бөлмедегі жазба аппараты іске қосылды. Оның әрбір әрекеті, іс-қимылы бақылау мониторының назарынан тыс қалмай тұр еді...

 

8-тарау

Қалтасына қолын салғаны сол: беліндегі былғары қара белбеуге қыстырылған ұялы телефон безек-безек етіп, шырылдап қоя берді. Оны қабынан ағытып қолына алғанша телефонның үні өшті. Жедел жүйіткіп келе жатқан шағын автобус Жеңіс даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысына жете бергенде жол ортасын опыра қазып, қызыл ала лентаны жалбырата іліп қойған  жерге кілт тоқтады. Қарсы беттегі жасыл түсті Ауди көлігі бағдаршамда қандай белгі тұрғанын байқамады ма, жоқ әлде жүргізуші аңғырттық танытты ма, асфальт жолдың ойдым-ойдым шұңқырларын да елеместен салдырлатып тура келіп қалды.

– Жынды ма мынау!

Шағын автобустың жүргізушісі енді болмағанда бетпе-бет соғылуға шақ қалған көлік иесіне жұдырығын түйіп, артынша қазақша, орысша араластырып боқтап– бұралай жөнелді.

– Немене, көзің жоқ па? Қыра жаздадың ғой... Өй, әкеңнің!...

Осы уақытта ұялы телефон тағы шырылдады. Әлдекімнің телефоны тіпті бақырауық екен, ол да тынымсыз безектеп, автобустың ішінде онсыз да шекелері тырысып, сіркелері су көтермей отырған жолаушылардың миын шаға бастады. Бір-біріне соқтығысып, бойларын зорға түзеген адамдардың арасында отыратын орын болмаған соң екі бүктеліп әзер тұрған Азамат тап осы арада түсіп қалғысы келді. Ішінен қайта-қайта телефон соғып, шыдамай бара жатқан кім екен, деп ұялы телефонға қоңырау шалып жатқан адамды кім екенін білмесе де бір сыбап алды. Қолы оң жақ беліндегі ұялы телефонға қайта жүгіргені сол еді, манадан ырс-ырс етіп дем алып, автобусқа зорға сыйып тұрған денелі орыс әйел баж ете қалды.

– Убери руки. Вор. Держите вора, – деп жан даусы шыға айғай салды.

Автобус ішіндегілер не сыртқа, не ішке қарарын білмей, аяқастынан шыға қалған айғайға тіпті елеңдесіп, тап қазір әрқайсысының қалтасына әлдебіреу қол салғандай дереу жан-жақтарын, қалталарын, жол сөмкелері мен қол сөмкелерін қармандап, әбігерге түсті.

– Стойте. Украли. Украли мои деньги.

Семіз әйел баж-баж етіп, қолындағы сөмкесін тастай салып, Азаматтың қолына жармасты. Азамат  қолын телефонға созған күйі еш жағына бұрыла алмай, епетейсіз қалыпта бажылдап жатқан әйелге не дерін  де білместен асып-сасып, абдырады да қалды.

Көлік жүргізушісі бағдаршамнан өте салысымен Әділет министрлігі аялдамасына жетер-жетпестен тежегішті тез басып, жолдың шетіне тоқтады.  Жаңағы Аудидың шопырына деген ашу-ыза бар, оның үстіне салондағы айғай-шу жүйкесіне тиіп, бір жағы белгіленген кестеден  қалып келе жатқан жүргізуші орысша таза бір боқтықты жіберді де, билет кесетін қызға жекіре сөйледі.

– Толқын, разберись!

Аяғына ілген сүйретпе тәпішкесі түсіп қала жаздап, беліндегі жол ақысы жинақталған кішкене қара сөмкені бір қолымен қыса ұстап, екінші қолымен көпшіліктің арасынан жол таппаққа жұртты ысырып, Азаматтың жанына жақын келген қара қыз: – ешкім қозғалмасын, – деп шаңқ етіп әмір берді.

Қырыққа келгенше ала жіпті аттап көрмеген, біреудің қалтасына қол салып, ақшасын алмақ түгілі анда-санда достарына берген қарыз ақшасын қайтаруды сұрауға дәті бармайтын Азамат екі оттың ортасына түскендей, мен емес  деуге ойы келместен, тілі жетпестен тұрып қалды.

Қасындағы жолаушылар АҚШ-тағы екі биік үйді жарған террористі ұстап алғандай бұған соншалықты үрке, шошына, жауығып қарағаны сондай, қыз мінезді ұяң жігіт қараптан қарап қып-қызыл болып кетті.

– Қане, қолыңызды көрсетіңіз, – деді кассир қыз.

– Мен... Мен тек сотывимен сөйлесуге... Міне, қараңыз, – деп Азамат салған жерден тұтығып, не айтарын білместен қолындағы телефонын көрсетті. Құдай жар болды ма телефон қайта шырылдап, Азаматтың ақтығын дәлелдегендей болды.

– Алло! Бұл кім?

– Азамат! Айналайын, шешең сенімен сөйлескісі келіп еді... Қанша уақыттан бері ала алмай жатырмыз.

– Мен өзім хабарласам. Қазір қайта ызбандаймын.

– Он. Да он. Он украл деньги, – деп бажылдап келе жатқан әйел Азаматтың қолындағы телефонды көріп, еріксіз тілін тістеді. Сосын сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей, наверно он.., – деп күмілжіді.

– Где ваши деньги? Кто украл? Орете на весь автобус, – деп қаршадай қара қыз енді семіз әйелді қадала  бастады. Ол байғұс иығына асқан сөмкесін ақтарып жіберіп, ішіндегі заттарын сыртқа шығып, түгендей жөнелді.

– Вот здесь были деньги. Целых тридцать тысячи. Ой-ой. Видите нет. Украли. Я же сказала вам, украли, – деп онан сайын бажылдап, бет бақтырмай кетті.

– Может милицию? – деді жүргізуші.

– Ехать надо. И так опаздываем на работу.

– Тридцать тысячи, разве деньги? – деген дауыстар етілді.

– Найдите вора. Он здесь. Кто-то украл, это точно, – деп әйел де болар емес.

Азамат өмірінде мұндай қысылмас: қарадай қара терге түсіп, бет-жүзі дуылдап, сәл болмаған ұры атанып, Азамат деген атына қара күйе жағыла жаздағанын ойлағанда онан сайын дегбірі қашып, өзін жаман сезінді.  Қолындағы телефон тағы шырылдады.  Ар жағындағы кім екенін сұрап та жатпастан «кейін өзім хабарласамын» деп асығыс-үсігіс сөйледі де, кнопкасын басып өшіре салды. Автобус ішіндегілер бір-біріне секем ала қарасып, қашан ұрыны ұстап алғанша сақадай сай тұрмаққа ниеттенгендей тас түйін боп алған. Бір біріне күдікпен, ала көздене қарайды. Аяқастынан түсе қалған бозқырау тәрізді суық қабақтары қатулы.

– Сонымен не болды? Жүреміз бе, жоқ әлде, осылай кешке  дейін тұра береміз бе? Жүргізуші  қарлыққан дауысымен қайта айғай салды.

– Жүрейік, кеттік! – деп жұрт қауқылдасып жатыр.

– А мои деньги. Где  мои деньги?

Семіз әйел де жан даусы шығып сөйлеп жатып, жаңа ғана шығарған заттарын апыл-ғұпыл  жинастырып, жұрттың ыңғайына еріксіз болса да жығылатын кейіп танытты.

– Кеттік ендеше. Графиктен қалдық. Микроавтобус ырқ етіп орнынан ауыр қозғалды.

– Келесі аялдама: Кенесары көшесі. Беліндегі бір бума билет пен қара сөмкесін қайта-қайта ұстап, орнында тұрған-тұрмағанын байқастап алған қара қыз бұл жолы салондағы жолаушыларға тінте қарады.

– Түсетіндер бар ма?

– Бар. Азаматтан басқа ешкім түспейтін тәрізді. Даусымды естімей қалды ма деп Азамат қаттырақ тіл қатты. Бұл жолы орысша. – Есть, есть...

Әне-міне дегенше автобус Кенесары көшесіне де келіп қалды. Қысылып-қымтырылып жүріп Азамат автобустан түсті. Ақшасын жоғалтқан әйел бірдеңе деп бажылдап жүрмес пе екен, деген ойымен қашан табаны жерге тигенше дегбірі қашқан. Әйтеуір, құдай оңдап әйел де, басқа жолаушылар да ештеңе демеді. Аялдамадан ақырын жылыстап бара жатқан автобустың артқы терезесіне бір пәледен құтылдым ба, жоқ па дегендей, кеудесін кере дем алып, ух деп көз салған Азамат кенет.... тоқ ұрғандай тұрып қалды.

Автобустың артқы терезесінде Азаматтың өзінен айнымайтын бір жас жігіт бұған күлімсіреп қарап тұр еді...

 

– Астанаға көшкен адам кісімен амандаспайтын бола ма? Әлде...

– Ойбай, ағатай. Сізге сәлем бермей өле алмай жүр дейсіз бе?

Кеше «Конгресс-холда»  қарсы келе жаттың да, мені көре салысымен жалт бұрылдың ғой. Білем, әкең істі болған соң...

– Конгресс-холға кірген емеспін.

– Әй, қойшы. Одан да шын себебін айтсай: жақтырмасаң – жақтырмағаныңды айт.

– Шын, ағатай. Оның үстіне  мен кеше  Қызылордада болдым. Пойыздан таңертең түстім. Сенбесеңіз, келініңізден сұраңыз.

– Соқ, соқ өтірікті. Заман не боп барады. Мейлі, амандаспасаң – амандаспа. Бірақ дүние дөңгелек екенін ұмытпа!

– Ойпырмай сізді қайтып сендірсем екен?

– Ақталып, қиналып қайтесің?

Жасы алпыстан асқан, самай шашын ақ қырау басқан дембелше келген келбетті кісі әңгімені кілт үзді де жөніне кетті. Азамат не дерін білместен тұрған орнында тапжылмастан тұрып қалды. Қызық. Мына кісіге не болған? «Конгресс-холға»  кірген емеспін ғой.  Әсіресе, тап кеше. Кеше жұмыста болдым. «Абу-Даби Плазада».

«Бәлкім, мені біреумен шатастырған болар».

Азаматты осы ой ғана құтқарғандай болды. Қадірлі, сыйлы ағаларының бірі. Алдын кесіп өткен емес. Оның үстіне қарсы қарап келе жатып, көріп тұрып сәлем бермеуі... тіпті ақылға сыймайды.

– Басқа біреумен шатастырған болар...

Әлдекім қазық қылып қағып қойғандай, тұрған орнына тас түйін болып қатып қалған Азамат аяғын әзер дегенде басты.

Оңашалау жердегі орындыққа тізе бүкті. Телефонын алып, түскен қоңыраулар арасынан манағы нөмерді терді.

– Аллоу!

– Азамат, сенбісің? Мен көрші Ақанбаймын ғой.

– Айта беріңіз.

– Апаң сөйлесем дегесін...

– Қасыңызда ма?

– Ия. Отыр ғой.

– Әлеу? Әлеу! Азаматпысың? Сені мына Ақанбай ала алмай... Әкеңді әлі босатпай жатыр. Әлгі не еді, әдбәкәт дей ме, соны жалдау керек дейді. Оған менде қаражат жоқ. Қайсыкүні беріп кеткен ақшаңа шөп түсірдік. Қарғам, бір амалын қыл. Үлкен жерде жүрсің ғой. Анау Ыбырыгымның баласы сонда үлкен қызметте дейтін еді. Соған айтасың ба? Шалға обал болды...

– Мақұл, апа. Мақұл. Барам сол кісіге.

– Жел тұрып кетті ме, мына тілипоның естілмей кетті ғой.

– Хабарласам, апа!

Азамат түрмеде жатқан әкесін ойлап, қатты қамықты. «Әттең, қол қысқа!».

 

9-тарау

Прага.

Тамыздың соңы  жаңбырлы болды: таңертеңнен қара кешке дейін жауын себелейді де тұрады; ылғал ауадан адамның денесі тоңазиды, қолшатырсыз көшеге шыққан кісі малмандай су болар еді.

Трамвай жүргізуші Иржи  Новак  ұзын бойлы, қолдары епетейсіз ұзын, трамвайға екі бүктеліп кіретідей қолапайсыз кісі. Соған қарамастан трамвай жүргізіп келе жатқанына он  тоғыз жылдан асты. Прага көшелеріндегі трамвай көліктерін жүргізуші ер адамдар сонша көп те емес.  Иржи солардың арасындағы ең қартаңы.  Байырғы трамвай жүргізушісі чех қоғамындағы өзгерістердің бәрін бастан өткерді. Бірақ оның өмірі ғана еш өзгерген жоқ. Бір қалыпты, бір сыдырғы өмір.

Күнде қайталанатын бір көрініс: Иржи таң қараңғысында депоға келеді, бірінші қабаттағы буфеттен бір шыны кофе ішеді, сосын травмайға отырады.  Кешке дейін тарс-тұрс, тарс-тұрс... Қала тұрғындары үшін қысқа көрінетін аялдама күн сайын бір маршрутпен айнала берген соң таусылмайтын тізбек құрай ма, әйтеуір Иржи үшін трамвай жолы өмірі бітпейтіндей көрінетін. Бұрынғы тарсылдақ ескі трамвайлар түгел жаңаланып, жан қинамайтын  жайлы көлікке айналса да,  Иржи құлағынан үйреншікті трамвай тарсылы бір кетпейтін. Иржи осы қалып өмірбақи өзгермейтін шығар деп ойлайтын. Өзгереді екен. Өзгергенде де өмірі өңі түгілі түсіне кірмеген нәрсе өз басынан өтеді деп әсте ойлап па?

 

Россия. Чита.

Қалалық психоневрологиялық аурухана. Еңгезердей, бірақ әл-дәрмені жоқ бір кісіні екі милиционер дедектете көтерген бетте ішке енді. Кіреберістегі скамейкаға сылқ еткізіп тастай салды. Тіркеу бөлімінің тұсынан өтіп бара жатқан дәрігер Валентина Зорькина қалт тұра қалды.

– Немене, алқаштардың мекемесі ме бұл? Медвытрезвительге апарыңдар. Мұнда неге әкелдіңдер?

– Қайда тұратынын білмейді. Бізге осы жердің адресін жазып берді. Сосын әкелдік...

– Жынды ма?

– Оны сіздер анықтаңыздар. Үлкен кісі болған соң жеткіздік. Онсыз да шаруамыз бастан асып жатыр. Витька, кеттік.

Жуан қарынды милиционер шығар есікке бұрылды. Витькасы қалбалақтап артына ілесті.

– Э-э, тоқтаңдар. Әуелі анықтап алайық.

Валентина Николаевна кілт бұрылған  сержанттың жеңінен тартты.

– Иә, жарқыным. Мынаны қайдан тауып алдыңдар?

– Вокзалдан... Вокзалда тұр екен. Кезекші милиционер екеуміз ары-бері аты-жөнін сұрап едік, мардымды ештеңе айта алмады. Кім екенін біле алмадық. Қойған  сұрақтарға да жарытып жауап бермеді. Сосын осында әкелдік.

– Ішкен бе?

– Жоқ. Сап-сау. Сақал-шашы өсіп, әбден әбіржіп кеткені болмаса, дені сау адам сықылды. Бірақ ештеңе  айта алмайды.

– Түсінікті.

Дәрігер ернін тістеді. Сосын басын шайқады.

– Түкке түсінсем бұйырмасын!

– Өздеріңіз қараңыздар. Жынды болса, по адресу... Болмаса, емдейсіздер ме, жоқ, қарттар үйіне өткізесіздер ме, бірдеңе қыласыздар ғой.

– Кетпеңдер. Надя, Мына сержанттың  мекенжайын, телефонын жазып ал. Қай учаскеденсің?

– 32-ші. Қалалық телефон нөмірімді жазып алыңыз. 3727201.

– Былайғы уақытта сізге ызбандауға бола ма? Надя қылмыңдап, сержантқа сүйкенді.

– Сізге болады!

– Сау болыңыздар!

 

Екі милиционер шығып кетті. Валентина сілейіп жатқан еркектің үсті-басына жиіркене қарады. Сонан соң бір бүйірін таянып, ординатор Федяны шақырды. Қашан көрсең де ыржалақтап жүретін Федя келген бетте жойдасыз сұрақты қойып қалды.

– Бомж ба?

– Тез зембіл әкел. Бол-бол. Бомж да адам ғой.

– Валентина Николаевна, саспаңыз. Бәрін де тастай қыламыз.

– Білем, қалай тастай қылатындарыңды... Сау адам жынды болар мына жерде...

– Онсыз да жындыханада жүр емеспіз бе!

– Доғар сөзді. Надя, мынаның дерегін толтыр.

Кезекші қыз басын көтерді. Қартаң әйелдің өмірі ашуланғанын көрген емес. Үнемі біртоға қалыпта жүретін. Бұл жолы өзгеше. Сірә, отбасында бір түйткіл болған шығар. «Омбыдан қызым, күйеубалам  келеді» деп жүр еді...

– Николаевна, не дейсіз?

– Мына кісінің парақшасын толтыр деймін.

– Мақұл.

Жылтыңбай Федор ыржалаңдап қыздың қасына келді. Аузында – сағыз. Шайнаң-шайнаң етеді.

– Надя, кешке не істейсің? Бәлкім, киноға барармыз.

– Федя, ертең Иван Иванович келеді. Таяқ жейсің. Сөзді қой да, науқасты қабылдау бөлмесіне апар.

– Ай, бір ұстатпай-ақ  қойдың ғой. Бәрібір менен қаша алмайсың!

– Кетші бар, нақұрыс!

Федя үсті-басы күс-күс, сақал-шашы қауғадай қорғансыз адамды дереу көтеріп алды да зембілге салды. Арықтығына қарамай ауырын өзінің...

-Психоневрологиялық диспансер тыңдап тұр. Алло, алло?  Кім екен мазалап тұрған? Иван Иванович, демалыста. Ертең келуі тиіс. Оны айта алмаймын. Сау болыңыз.

– Надя науқасты жуындырсын, Федяға айт.

– Надя, аты-жөні белгісіз деп жазып қой. Жасы 50-дің о жақ бұ жағы.

– Маған қоятын басқа сұрақтарыңыз жоқ па, Валентина Николаевна? Мен кете берейін.

– Сен қылжақбас, қағына берме. Иван Иванович келгенше, мына байғұстың сақалын ал, үсті-басын дұрыста. Білесің ғой, бас дәрігер қалжыңды көтермейтінін...

– Құп болады.

Федя «Черный бумер»  әнін ыңылдап айтқан күйі бірінші қабаттағы душ бөлмесіне барды. Төрт дөңгелегі тозған темір зембіл ара-тұра шиық-шиық етіп мазаны алады. Оған қарап жатқан Федя ма, тарс-тұрс еткізіп бөлмеге кірді. Ыстық суды ағызды. Суық сумен томыртқалады.

– Иіссабын болушы ма еді мұнда? Ескі айнаның алдындағы кір сабынды алып, науқасты шешіндірді де судың астына тұрғызып, үрпиген шашынан бастап, қауғадай сақал-мұртын түгел тез-тез сабындай басталды. Ұстараны алып бомждың бет-әлпетіне қылтанақ қалдырмастан қырып шықты. Сабын көбігін сумен шайып бола бергенде, Федяның көзі атыздай болды. Таңданғаннан тілі байланып қала жаздады...

10-тарау

Астана.

Азамат осымен бірнеше рет тосын да қызық жағдайға тап болды. Апасы айтқан Ибрагимнің баласына барған. Заң-құқық жағында істейтін. Ол кісі жігіттің сәлемін алған бетте  өкпесін айтты.

– Айналайын, сені өзім деп, ауылдың баласы деп тәуір көріп жүретін едім. Әнеукүні алаңда көріп тұрып, сәлем бермей өте шықтың ғой.

– Қашан, аға?

– Осы өткен сенбі күні. Сағат бестен он бес минут кеткенде. Тура Парламент үйінің алдындағы ауа райын көрсететін бағананың түбінде. 17 градус тұғын. Мен алаңға қарай келе жаттым, сен ЦУМ жақтан келдің...

– Сенбі күні моншада болдым. Төртте кірдім, алты жарымда шықтым. Сіз айтып тұрған алаңда болған жоқпын. Ол мүмкін емес.

– Сақалды басымызбен сенімен ойнайтын жөнім жоқ.

– Рас, аға. Моншада болдым...

– Өтірік айтапсаң да кешіретін едім ғой...

– Мен әкемнің шаруасымен келіп едім.

– Ой, бала! Әкең жаман бүлдірді. Шетелдікті өлтіру –  шектен шыққандық. Қазір білесің ғой, заң да, заман да қатал. Момын кісі сияқты еді. Қалай қолы барғанын?..

– Әкемнің түк кінәсі жоқ. Бұл жерде бір түсінбестік бар. Бұзақылардың ісі тәрізді. Білікті адвокат танымайсыз ба?

– Оған бәрі аузын ашады ғой...

– Осы салада істейтін таныстарыңыз бар шығар. Көмектесіңізші.

– «Танымасын – сыйламас» дегендей, сенің қылығың ұнамады, қарақ. Бұл іске араласа алмаймын. Қазір не көп, адвокат көп. Бірақ жақсы адвокат қызметіне кө-ө-ө-п ақша керек.

Ағай ренішті қалыпта теріс айналды.

Оның алдында Гүлнәр кездескен. Ол да біртүрлі өкпелі көрінді.

– Хабарласпайсың. Кездескенде көрмеген боласың...

– Анда-мында шапқылаумен жүрмін. Жұмыстың реті солай.

– Түсінем. Бірақ бір-бірімізден теріс айналып кететіндей алыс адамдар емеспіз ғой.  Мен сияқты туысқаның көп емес шығар.

– Ойбай-ау, Гүлнәр-ау.  Сеннен басқа бұл қалада менің жақын туысқаным жоқ қой. Оның үстіне...

– Жарайды, ақталмай-ақ қой. Қасыңда қыз болған соң қысылған шығарсың. Бірақ менің баламның созған қолын ала салсаң ештеңең кетпес еді ғой...

– Тоқта. Тоқта. Қашан? Қай кезде кездестік?

– Оны не қыласың? Болары болды. Өтері өтті.

– Жоқ.  Маған егжей-тегжейлі айтып берші қай жерде жолықтық? Менің қасымда қыз болды дейсің бе? Қандай қыз? Құрылыс материалдарынан басқа ешкімді танымаймын мұнда...

– Иә. Еркектердің бәрі өстеді.

– Құдай үшін. Айтшы. Қалай болды?

– Біз үйден шыққанбыз. Бөгенбай даңғылының бойымен келе жаттық. Сен қасыңда бір қараторы қыз бар,  Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік орналасқан көше қайсы еді?

– Бейбітшілік.

Иә, сол  Бейбітшілік көшесінде келе жатыр екенсің. «Әне Азамат ағаң келе жатыр. Сәлем бер» деп балама айтқаным сол. Дәл жаныма келдің де, өте шықтың. Балам жаман болып қалды.

– Бұл қай күні?

– Сенбі күні. Тергеуші боп кеткенсің бе? Айтқандай, әкеңді әлі босатпапты...

– Қиын боп кетті.

Азамат терең күрсінді. Әкесінің кісі қанын мойнына жүктемейтінін біледі. Бірақ мына қоғамда өзіңнің жазықсыз екеніңді дәлелдеуден артық қиындық бар ма... Азамат Гүлнәрдың қолынан ұстап сұрақты жаудыра бастады.

– Маған керек. Сағат нешелерде?

– Сағат бестердің шамасы.

– Үстімде не бар?

– Үстіңдегі киімді байқамаппын...

– Сенбі күні сағат бестерде мен моншада болдым. Еуразия жақтағы Жадыра моншасында. Қасымда біздің бригададағы  Ескендір болды. Сенбесең содан сұра.

– Ескендіріңде нем бар. Одан да шыныңды айтсай. Қасыңда әдемі қыз бар еді. Содан ыңғайсызданып, мені кездестірген соң ұялған шығарсың...

– Шын айтам, Гүлнәр. Ең болмаса сен маған сенентін шығарсың...

– Әйеліме айтып қояды деп қорықтың-ау...

– Қайдағыны айтпашы. Мен моншада болдым деймін.

– Сол қызбен барған шығарсың моншаға... Мейлі ғой. Кіммен жүресің, кіммен қыдырасың, ол өзіңнің шаруаң. Бірақ адамның көзін бақырайтып қойып өтірік айтқан ұят болады.

– Гүлнәр. Өтірік емес. Рас айтам.

– Жақсы. Аман бол. Хабарсыз кетпе.

Гүлнәр мұның сөзіне сенген жоқ. Бір сөзіне де. Миығынан күліп кете барды. Азамат өзін мұндай жаман сезінген емес. Ешқашан. Кейде амал жоқ, өтірік айтатын да кез болады. Бірақ дәл осылай өтірікші атанамын, сөйтіп айтқан сөзіме сендіре алмай дал боламын деп әсте ойлаған емес. Іштей күйініп, бірталай уақытқа дейін не істерін білмеді.

Бұл не? Кездейсоқтық па? Осымен үш адам бұған өкпелі. Үшеуін де көріп тұрып көрмеген екенмін. Танып тұрып танымаған екенмін. Сонда бұл қалай? Еш қиыспайды ғой. Оларды алдап нем бар? Оның үстіне мен мүлде басқа жерде болғанда олар мені қаланың басқа шетінен кезіктіреді, бұл қалай?

Сансыз сұрақтан Азаматтың басы қатты. Жаны күйзеліп, бір нәрсені қатты уайымдап, қиналып жүрсе бір сәрі. Жағдайы жаман емес. Денсаулығы да тәуір. Алматыдағыдай алқынып ауыра бермейді. Тіпті ұзақ түнгі таңды таңға ұрып, екі көзі ұясынан шығып кетердей болып, қылғына жөтелетін кездері алыс қалып, соған қуанып жүрген. Сыңарым бар еді ғой дейтіндей егізім де емес. Інім, бауырым бар дейтіндей де жөні жоқ. Бір жанұяда ерке өскен жалғыз бала. Сонда бұл қалай? Ана кісілердің бәрі бір мезгілде бұған қатысты өтірік айтып, болмағанды болды дейтіндей жағдайда емес. Оларға және артық әңгіменің керегі де жоқ қой.  «Өстіп жүріп жынданып кетуім де мүмкін-ау...».

Азамат басы салбыраған күйі теңселіп жүрді де қойды. Не істейді? Кімге барады? Дәрігерге ме? Барғанда не дейді? Мұның сөзіне ең жақын адамдары сенбей тұрғанда айдаладағы дәрігер қайтып сенсін?...

 

Прага.

Дэвид Баркердің шешесі Прагада туған еді. Екі жыл бұрын Дэвид кәрі анасын ақтық сапарға жөнелткен. Сол кезде Иржи өзімен түйдей құрдас Дэвидтің жап-жас қалпын көріп сүйсінген.

– Шашыңа ақ түспепті. Қайтіп жасарып жүрсің?

– Сен де жасарғың келе ме?

– Қайдан? Біз осымен кеттік қой...

– Жасарудың амалы бар. Қаласаң менімен бірге жүр.

– Рахмет, достым! Біз уақыттың басқа салғанын көреміз...

Баркер Иржиді қапсыра құшақтады. Көзі Иржи Новактың иығына түскен бір тал шашқа түскен, дереу досын құшағынан босата беріп, сол шашты көз ілескенше ұстап үлгерді де қалтасына сүңгітті.

Неге екені белгісіз, Иржидің ойына Баркермен болған сол әңгіме түсті. «Адамдар мәңгі өмір сүруді неге армандайды екен? Түрлі дәрі-дәрмек ішеді. Фитнеске барады. Бәрі де жасарғысы келеді. Құдаймен ісі жоқ ешқайсысының. Өмірді беретін де, алатын да сол емес пе?».

Иржи трамвай терезесіне тар– тарс тиіп, жыламықтана жалғасып, әлдеқайда жоғалып жатқан жаңбыр тамшыларын рет-ретімен сыпырып-сыйырып тұрған сушаярға қарады. Бағдаршамда жасыл жанып тұр. Дереу қызыл жанды. Сарысы жанып үлгерген де жоқ. Иржи аяғының трамвай тежегішіне қалай барып қалғынын аңдамай да қалды.  Арт жақтағы жолаушылар кенет шайқалыстан  бір жерлерін ұрып алды ма, күңкілдеген, шүңкілдеген дауыстар шықты. Иржи салонға көз салған. Наразылығын ашық білдіріп жатқан жолаушыны байқамады. Сағатқа қарады. Дәлме-дәл. График бойынша жүріп келеді.

Иржи трамвай айдағалы темірдей тәртіп еш уақытта өзгерген емес. Қандай жағдайда да қатаң график сақталады. Графиктен бір минут кешігу деген болған емес. Тіпті 1969 жылғы дүрбелең кезінде де қала көлігі кідіріссіз жүріп тұр еді дейді үлкендер. Кім біледі, солай болған да шығар.

Иржи ақырғы аялдамаға жеткен соң, трамвайды депоға кіргізіп, үйіне тезірек жетуді ойлайды. «Шіркін, мынадай себелек кезде жып-жылы ваннада ыстық судың астында жуынғанға не жетсін!». Әйел асүйде дәмді ас дайындап жатқан да болар. Иржидің ойын бағдаршамнан шығып тұрған үзік-үзік дыбыс бөлді. Прагадағы бағдаршамдар зағип жандардың жолдан өтуіне әбден қолайлы-ақ: қашан олар өткенше осылай дыбыс шығып тұрады. Міне, жасыл да жанды. Трамвай ақырын орнынан қозғалды.

– Адам! Адамды қағып кетті...

– Тоқтаңыз! Трамвайға соғылды...

– Өлді– ау деймін...

 – О, құдайым-ау!..

Иржи салондағы адамдардың у-шуынан қатты састы. Тежегішті басты.

– Шуламаңыздар. Сабыр етіңіздер.

– Кісіні қағып кеттіңіз ғой.

– Көзіңізге қарамайсыз ба?

Жұрт Иржидің редуктордан сөйлеген сөзін  тыңдаған да жоқ. Бірнеше жолаушы сыртқы есікті ашуды талап етті.

– Көмектесу керек.

– Жедел жәрдем шақырған дұрыс...

Иржи алдыңғы есікті  ашып, сыртқа шықты. Жаңбыр себелеп тұр. Трамвайдың оң қанатын қарап шықты. Ешкім көрінбейді. Ар жағына айналды. Жолаушылардың да бір-екеуі ілесті. Ешкім жоқ сияқты...

– Әне, әне жатыр.

– Қайда?

– Анау қарайып жатқан жоқ па. Адам болар...

– Көрмей тұрмын.

Осы уақытта әлдекім ыңырсыған тәрізді болды. «Құдайым-ау, кім екен? Аман болса, жарар еді...» Иржидің тұла бойы мұздап сала берді. Жон  арқасынан суық тер бұрқ етті. «Жетіспей тұрғаны осы еді...»

Чита.

Федя өз көзіне өзі сенбеді.

– Иван Иванович, бұл сіз бе? Не болып кеткенсіз? Танымай қалдым. Қара басты-ау мені...

Қарсы алдында үсті-басы сауыс-сауыс, жаңа ғана бомж деп келемеж қылған кісі диспансердің бастығы болып шыққанын көргенде, Федяның есі шықты.

– Кешірім өтінемін. Валентина Николаевна, Надя... бәрі сізді ертең келеді деп отырған. Қайда демалдыңыз? Не пәлеге ұрынғансыз? Құдай үшін мені сөге көрмеңізші. Мен байқамай қалдым.

Науқас деген адамы артық дыбыс шығарған  жоқ. Бар болғаны тесіліп қарай берді. Федя одан сайын дегбірсізденіп, Иван Ивановичтің бұл үнсіздігі «тектен тек емес сірә, ішіне қан қатып қалды-ау, енді мені жұмыстан қуатын шығар» деген оймен дызақтап кеткенін білмей қалды.

– Қазір. Сіз сәл отыра тұрыңыз. Валентина Николаевнаны шақырып келейін... Шай ішесіз бе? Надя! Тез бір шыны шай әкеле ғой...

Федя ұшқаннан ұшып отырып, қабылдау бөлмесіне келді. Көзі алақ-жұлақ етеді.

– Надя! Сен шай апар. Валя  тәтей,  Иван Ивановыч. Өзі. Кеп қойыпты. Жүріңіз. Көріңіз.

– Не? Жынданғаннан саумысың? Қайдағы Иван Ивановыч? Не айтып тұрсың?

– Валентина Николаевна, қайтесіз Федяның сөзін. Қалжыңының түрін қара. Одан да шынымен шай ішейік.

– Шын айтам. Сенбесеңіздер, қараңыздар. Иван Иванычтың тап өзі. Құдай атымен ант етемін!...

Былжырама! Кет былай жолдан. Қалжыңдасатын адамды тауыпсың, Валентина Николаевна  түсін суытып, Федяға қарап жұдырығын түйді.

Федя тұра қалып, шоқына бастады.

– Міне, крест, міне жаным. Бір өтірігі жоқ. Анда Иван Иванычтың өзі отыр. Сенбесеңдер де көріңдерші. Менің ақыл-есім ауысқан жоқ...

– Жетеді, жетеді. Қалжыңның да шегі бар. Надя да дауысын қатайтты.

– Жүріңдер, жүріңдер... Федя жас қыз бен кемпірдің қолынан шап беріп ұстап, екеуін де ана жаққа сүйрей жөнелді.

Арада үш-төрт  минут өтер-өтпестен душ бөлмесінен қыздың шыңғырған, кемпірдің баж еткен дауыстары естілді.

– Құдайым-ау, Иван Иванович, сізге не болған? Ой, байғұс-ай! Ақылынан алжасайын деген бе? Демалған адамның сортынан емес қой.

Иван Роговтың әбден арып-ашып, қабырғаларына дейін ырсиып кеткен түрі шынында да қорқынышты еді. Ебдейсіз қимылдап, бірдеңе айтқысы келеді. Жағы бір жағына қисайып кеткен. Тілі бұратылып, дыбысы анық шықпайды. Валентина қолымен ымдап:

– Мүмкін, су ішерсің. Әлде шай? – деді.

Байғұс басын изеді.

 

 

11-тарау

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша жер ресурсы –  шикізат пен энергия, 8 миллиард адам баласын асырауға жетпейді.  Жер шарының 4/5 тұрғыны, оның ішінде Азия, Афpика, ТМД елдері, Латин Амеpикасының халқы АҚШ, Еуроодақ пен Жапония мемлекеттерінің шикізаттық колониясы болып отыр. Әлемдік тәртіп пен игілікті тек қана трансұлттық корпорациялар реттей алады деген пиғыл әбден орнықты. Олардың әскери күштік құрылымдары талай елді тырп еткізбей ұстап отыр. Әлемдік капитал, шикізат пен адам ресурсы солардың уысында.

Әлемнің өнеркәсіптік– қаржы элитасы қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып, жер шарының халқын азайтуға, қалғанын жұмыс күші ретінде пайдалануға ұмтылады. Сол үшін де әлем елдерінің егемендігі туралы талаптар дүниежүзілік құжаттардан алынып тасталған. Әр елдің өз табиғи байлығын өз еркінше тұтынуына қатаң шектеу қойылған. Соның арқасында әлем шикізаты бар елдер, бұлардың санаты 1 миллиард, жартылай шикізаттық елдер, олар да 1 миллиардқа жуық, қалғандары индустрияландыруға қауқарсыз елдер санатына жатқызылған.

Адам баласы дағдарысты өз қолымен жасады. Адам мен табиғат арасындағы құрдым күшейді. Солтүстік пен Оңтүстік арасында терең құз пайда болды. Байлар мен кедейлер арасы алшақтады. Рим клубы дейтін алпауыт топ әлемдік жүйеге әмірін еркін жүргізді. Ханс Линнеманның жобасы азық-түлік проблемасына арналды. Геоэкономикалық 10 өңірдің тәжірибесін мысалға ала отырып, Линненманн математикалық модель жасап шықты. Оның есебі бойынша жер шары қанша болса да адам баласын асырай алатыны белгілі болды. Бірақ ЭВМ арқылы есептегенде әлемде аштық масштабы ұлғая түсетіндігі де анықталды.

– Әй, Роберт! Тоқта!

Үстіне киген костюмінің жеңі тоз-тоз, аяқкиімі де ақжалданып ескірген Линнеманн Харрисонға қарай ұмтылған. Күн қайнап тұрса да қап-қара костюм-шалбар, ақ көйлекке қара галстук тағынған екі оққағар оның жолын бөгеді.

– Сен – ұрлықшысың! Менің барлық жобаларымды ұрладың.

– Сэр, сіз мені әлдекіммен шатастырып тұрған боларсыз.

– Білем, білем. Сенің әккілігіңе пенде шыдай ма?

– Кешіріңіз, менің уақытым жоқ.

– Қалайда сенің айыбыңды бетіңе басам. Сұмырай!

– Мынаның көзін құртыңдар!

Екі оққағар Линнеманның екі қолынан жағаға қарай сүйреді.

 

Жағалауда артық-ауыс адам жоқ. Қарулы екі жігіт Ханстың аузы-мұрнын қан жалатып, сұлатып тастап кетті. Оқтын-оқтын ыңырсып, әзер дем алып жатқан адамның жанына бойы тіп-тік, жұқа көзілдірікті еркек жақындап келді де қолын ұсынды.

– Тұрыңыз. Сіз бен біздің ортақ әңгімелесуіміздің орайы келген сияқты...

Линненманн Харрисонды өлгенше балағаттап, әлгі кісінің соңынан жүрді.

 

Жерорта теңізінің тып-тынық суы Харрисонның жүйкесін тыныштырғандай болды. Ол әлемдегі ең қымбат саналатын Baia 100 Supreme яхтасының алтынмен апталған, күміспен күптелген бортында жатып, күнге қыздырынды. «Массаж жасауға дайынбыз» деген екі қызды палубаға жіберді.

Жоғарғы палубада барлық комфорт бар. Шағын үстел үстінде салқындатылған шампан, түрлі жеміс– жидектер. Әдемі музыка ойнап тұр. Ақ желең киімді стюарт қалаған қызметті ұсынуға дайын. Байлар осылай демалады!

Көзінде қара көзілдірік, басында панама. Екпетінен жатып, ұзақ ойланды.

«Адамға байлық не үшін керек? Ішу. Жеу. Шалқып өмір сүру. Сол ғана ма? Мәселен, мына яхта 4,85 миллиард доллар тұрады. «Eclipse» яхтасы ше? Көп болса бір 200 миллион долларға артық шығар. Яхта қанша қымбат болғанымен су бәріне бірдей емес пе? Бәрі де суда жүзеді ғой. Қымбат нәрсе дүние-мүлік емес, ең қымбаты – су. Сондықтан адамзат баласының суға зәрулігінен артық мәселе бар ма? Ойлан, Роберт! Ойлан!».

«Eclipse». Онда екі тікұшақ, бірнеше катер, оншақты су мотоциклі, тіпті суасты қайығы да бар деседі. Көретін екен.

«Шіркін, Мадлен тірі болғанда...».

Яхта – Роберт Харрисонның хоббиі. Гамбургте 2009 жылы жасалған алғашқы нұсқасы музей экспонатына айналған. Ұзындығы – 157 метр, ені 21,5 метр яхтаны Харрисон онша ұнатпады. Екі бірдей футбол алаңына тең ұзындығы бар яхта 36 жолаушыға есептелген, бір экипажының өзінде 70 адам қызмет етеді. «Сонша дарақыланудың қажеті бар ма?».

Көктемде Палм-Бичте жыл сайын өтетін ең ірі халықаралық көрмеде болған. Ең қымбат Lady Sheridan яхтасын Burgess мен Merle Wood & Associate компаниясы сатуға шығарыпты. Ұзындығы 150 фут болатын жекеменшік яхталардың бірталайын көрді. Моторлы яхталар да тұр. Балық аулайтын яхталар тұрған бөлікті айналып өтіп, Lady Sheridan-ға қайта оралған.

Төрт палубалы яхтаның жасалуында мін жоқ. Кең қонақ бөлмесі, әйгілі өнер туындыларымен безендірілген асханасы, жұмсақ та жайлы жиһаздары бар. Мейлінше кеңейтілген каюталарда 12 адамға дейін орналастыруға болады. Негізгі палубаға жапсарлас мастер-люкс палубасы тіпті керемет. Архитектуралық стилі тіптен ерекше. Палубадағы ашық кеңістік ертегі әлемінің бөлшегі іспеттес. Мұнда джакузиге сүңгуге, күн сәулесіне қыздырынуға, таза ауада отырып түстенуге, күн батып бара жатқанда коктейль ішіп отыруға болады. Теңіз ойыншықтарының бәрі бар.

Ультражеңіл көміртекті талшықтардан жасалған Galeocerdo яхтасы әлемдегі ең ұшқыр саналады. Дизайнын Lazzarini Pickering Architects жасаған. Pagani Zonda суперкарының суасты нұсқасы түрінде Top Gear сериясымен шығарылған яхтаны аэродинамикалық тоннелі бар болғаны үшін сатып алып еді. Сыртқы сұлбасы Stealth бомбардировщигінен аумайтын супер яхта Роберт Харрисонның активтерін толықтырған мүліктің бірі еді.

Жерорта теңізінде круиз жасауға таптырмайтын яхтаның садақ порымдас V бейнелі корпусы кез келген толқынды қақ жарып өтуге қолайлы; зырылдаған жылдамдықпен таудай толқындардың ортасын тіліп өтуге 17 мың ат күшіне тең газ турбиналары бар яхтаның дизелді моторы қалтқысыз жұмыс істейтінін дәлелдеген.

 

Қымбат яхталардың бірі саналатын History Supreme Харрисонға ұнаған. Ол Палм– Бичтегі яхталардың құнын ойша тез есептеп шықты:

Eclipse яхтасының құны –  5 500 000 000 $.

Ең ұшқыр Azzam яхтасы – 909 000 000$.

Dubai премьер– министрінің яхтасы – 650 000 000 $.

Әлемдегі ең әдемі Pelorus яхтасы – 600 000 000 $.

Саудовской Аравиясының Lady Moura яхтасы – 410 000 000 $.

Бәрі жоғары технологияның ең үздік туындылары. Қалай шалқып өмір сүремін десеңіз де дайын тұр. Араб шейхтары мен Малайзия, Сингапурдың миллиардерлері осындай яхталарға құмар.

 

Программалық ойындар әлемінің магнаты Энтони Бебс Oyster Yachts яхтасын сонша мақтады. Бірге  түстеніп отырғанда Бебстің көп сөзділігін жақтырмап еді. 

– Сізге ұнауы тиіс. Айдынға шыққан күннен бастап оған жететін яхта жоқ. Ең ірі парустық яхта. DynaRig системасы бар. Көрсеңіз, көзіңіз жетеді. Ken Freivokh Design, Nuvolari Lenard және  Villate Design компаниялары дизайнын бірлесіп жасады. Бірнеше шағын мачт желкені бір кнопканы бассаңыз болды, дереу ашылады. 2900 шаршы метр желкен небары 7 минутта керіледі. Алсаңыз –  өкінбейсіз...

Энтони Бебстың айтқан сөздерін анықтау Харрисонға қиынға соққан жоқ. Дэвид Баркер оны тез анықтады.

– Саутгемптондағы яхталық верфь банкроттық негізде жабылған. Рентабельділігі төмен әрі шығындарға тиісті бақылау қойылмаған. Негізгі себебі Oyster Marine Holdings компаниясына қарасты Polina Star ІX-дың қирауға ұшырауына байланысты сақтандыру міндеттемелерінің орындалмауы. Соның салдарынан Хэмпшир мен Норфолктегі 2000 адам жұмыссыз қалған. Компанияның жылдық есебі бойынша кірістер көлемі дұрыс көрсетілген. Алайда, жалпы финанс көрсеткіштері бойынша орасан шығынға ұшырапты. Сондықтан, бас қатырудың қажеті жоқ!

– Рахмет, Дэвид! Сен болмасаң, қайтер едім?

– Жақсы тынығуыңа тілектеспін!

– Эх, Бебс! Бәсе, алаяқ екеніңді біліп едім...

 

History Supreme яхтасы олардың қасында нағыз пейіш емес пе? Техникалық сипаттамасының өзі неге тұрады?

Ұзындығы – 31 м;

Ені – 7,34 м;

80 тонна су сияды;

Яхтаға алтын, платина, Рекс динозаврының қаңқа сүйегі, метеорит тастар, ағаштың ең қымбат түрлері пайдаланылған. Кеменің тұмсығы, түбі, палубалар мен ұстайтын тұтқалар алтын зерлі пленкамен қапталған. Орталық трап жанында алмаздан жасалған ілгекте виски бөтелкелері көрінеді. Қожайынның жатын бөлмесі метеорит тастармен, динозавр қаңқасы платина тұғырға қойылған. Тиранозавр сүйегінен жасалған статуэткалар каютаға ерекше сән береді.

Қозғалыс жылдамдығына басқа яхталардың бірі ілесе алмайды. Ұзақ уақыт серуен құруға жанармай запасы мен таза су жеткілікті. Ұйықтайтын, қонақ күтетін бөлмесі бар. Люкс санатындағы екі кісілік 4 каюта оққағарлармен қоса алғанда басқа меймандарға жетіп артылады. Техникалық-шаруашылық бөлігі, экипажға арналған орындар жып-жинақы.

Яхтаның техникалық жарақтандырылуы жаңа стандарттарға толық сәйкес еді. Бортқа екі бірдей ұшатын судна орналасқан. Ал дизайны тіптен керемет. Сыртқы сұлбасы балық пошымына келеді. Каюталар қымбат материалдармен әрленген. Жасаған адамның талғамы жоғары екені көрініп тұр.

Осы көктемде Палм- Бичтегі Shaddai яхтасы қатты ұнап қалған. Нағыз супер-яхта! Нағыз жан сарайы! Оны сатып алуға әлемде екі-үш адамның ғана шамасы келеді. Каютаның жалпы алаңы 104 шаршы метр! Басты каюта яхтаның ең жоғарғы бөлігінде орналасқан. Палубадан 38 метр биіктікте. Дүниенің төрт құбыласы тегіс көрінеді. Жоғарғы каютада үлкен шыны бассейн бірден көз тартады. Күн батар шақта шыныдан жасалған ашық қоршаулар аспан мен теңіздің арасын бір-біріне жалғап жібергендей. Рахаттана тынығуға басқа қандай жер керек?

Яхтаның ішкі бөлмелерінің әрленуі тіпті бөлек. Итальян өндірісінің ең қымбат материалдары пайдаланылған. Төменгі палубаның ортасында – үлкен аквариум. Жоғарыдағы бассейннің түбі шыныдан жасалған, аквариум соның жалғасы іспеттес. Яхтаның барлық жерінен арнайы қондырғылардан судың сарқыраған дыбысы естіледі.

«Shaddai»  аударғанда «Всемогущий –  Құдіретті» деген мағына береді.

Осының бәрін былай қойғанда, «Shaddai»  атау Харрисонның көңілінен шыққан еді.

«Құдіретті! Нағыз менің яхтам!».

Кенет жүрегі атқақтап соға бастады. Киіміне, анау-мынау заттарына қараған да жоқ. Жатқан орнынан тез тұрды да, төменгі палубаға қарай жүгіре жөнелді. Тамылжыған табиғат пен тып-тыныш теңіз бетін тамашалап отырған оққағарлары  мүлдем  бейқам  болатын.

Кенет жер мен тіңізді тітірендіріп, гүрс еткен жарылыс естілді. Құны 4,85 миллиард доллар тұратын  яхтаның күлі көкке ұшты.

«Жүрегім сезіп еді. Бір бәле боларын...».

 

Харрисонның қазасы туралы әлемдік баспасөз алақайлап ақпарат берді. «Мультимиллиардер Харрисонға қастандық жасалды», «Харрисон қаза болды», «Харрисонның яхтасы жарылды», «Харрисон өлді, империясына кім ие болады?». Осындай тақырыптар  әп-сәтте  әлемге тарады.

Дэвид Баркерге  бұл қаза өте ауыр тиді. Қатты күйзелді. Сенер-сенбесін білмей, жан дүниесі алай-далай күйде теңселе берді. «Ендігі жағдай қалай болады?».

 

Ол офиске келгенде қызметкерлер состия қарсы алды. Харрисонның кабинетіне кірді. Басы артық ештеңе жоқ. Мәрі мұнтаздай. Үстел үсті бос. Шкафтарды, сейфті тартқылады. Жабық. «Кодты Роберттен өзге ешкім білмейді ғой».

– Альфред!

Әдеттегі дағдысынан бір жаңылмай Альфред сұраулы жүзбен Баркердің бетіне қарады. Жүрген дыбысы білінбей, үнсіз ғана тап қасына келді.

– Сен білмейсің бе?

Альфред қақайған күйі тұр.

– Әй, саған сөз айтып отырған мен де ақымақпын. Сен не білуші едің?

Баркердің басы қатты.

Ол бір сағаттан кейін мекеменің бүкіл қаражаты оффшорлық шотқа аударылғанын білді. «Роберттің аман қалуы мүмкін бе?.. Ақшаны ол болмаса, кім аударды? Тірі болса, маған бір хабарласар еді ғой...».

– Бұл жерде біздің дұшпандарымыз араласқан сияқты. Солай ма, Фред?

Альфред көзін жыпылық-жыпылық еткізді.

 

12-тарау

Чита.

Психоневрологиялық  диспансердегі  құбылыс ондағылардың бәріне төбеден жай түскендей әсер қалдырды. Федя ішіп кетті. Надя шіркеуге барды. Валентина Зорькина түнімен ұйықтамайтын дертке шалдықты. Әбден мазасы кетті.

Көршісінің шаршаулы түрін көрген Руслан Тайлақбаев аэропортқа  шығып бара жатып, әйелді еріксіз тоқтатып алды.

– Валентина Николаевна, сізге не болған? Бір жеріңіз ауырып жүр ме?

– Жо-жоқ, ештеңе етпейді. Біртүрлі шаршап...

– Демалу керек. Отпускаңыз қашан еді?

– Ой, құрысын! Иван Ивановичке сеніп қалдым ғой.

– Ол кісі келді ғой.

– Келгені бар болсын. Сасай теке сықылданып адамға бұрын көрмегендей қарайды.

– Ия, демалыстан шыққан адам сияқты емес...

– Ой, Руслан! Мен әлі өзіме келе алмай жүрмін. Түнеукүні Федя жынды айқайлап шақырғанда, не боп қалды деп жетіп бармаймын ба? Надяның да есі шығып кетті. Біздің главврачты біз бомж екен деп қалдық...

– Естідім.

– Тыңда. Бұл жерде бір сұмдық бар. Главврач екеу!

– Сіз де қайдағыны айтасыз.

– Міне, крест! Құдайақы!

– Бері таман жақында. Ешкімге тіл қатушы болма. Білдің бе?

– Не айтпақсыз?

– Біз бомжды тауып алдық па?

– Ия, екі милиционер жетектеп әкеп тастапты. Сол ма?

– Тап солай. Ертесіне жұмысқа ертелетіп келдім, баяғы дағдыма басып... Сол кезде...

– Қызық екен. Қалай екеу?..

Руслан Валентина апайдың әлгіндегі сөзіне енді ғана мән берді.

– Сол күні таңертең Иван Иванович өзінің кабинетінде отыр. Ой, сұмдық-ай!

– Амандасып, кіріп шыққам. Иван Ив...

– Байқадың ба? Иван Иванович емес ол!

– Қойыңызшы. Не болса, соны айтып кеткеніңіз не?

– Байқамағансың. Бәрі байқамаған. Ал мен байқадым...

– Жұмбақтамай тоқетерін айтыңызшы. Асығыспын.

– Тиш! Біреу-біреу көріп қалмасын бізді.

– Неден қорқасыз?

– Бастық – инопланетианин! Вот!

Әйел иығынан ауыр жүк түскендей «ух» деді де есік алдындағы орындыққа отыра кетті.

Руслан бұл сөзге ішек-сілесі қатып күлді.

– Сізге расында демалу керек! Шаршапсыз...

– Бар, бар. Бәрібір сенбейсіңдер!

– Сенем, сенемін ғой, тек аэропортқа бара жатырмын. Әкемді күтіп алуға...

– Бір сұмдық болып жатыр...

– Қойыңызшы. Пенсионер адамның жүрегін ауыртпай...

– Құдайым-ай, сұмдық, сұмдық!

– Зейнеткер басыммен жұмысқа бірер сағатқа барып келемін. Дүйсенбіде жұмыста боласыз ба?

Әйел басын изеді.

– Онда... сонда сөйлесеміз.

Әйел бір тұрып, бір отырды. Руслан әкесін күтіп алуға асықты.

 

Тамыздың соңғы аптасында жаңбыр себелеп, күн бірден салқын тартты. Әсіресе, түн суық. Күздің хабары. Қатты соққан желден көшедегі ағаш атаулының жапырақтары түгелге дерлік түсіп, сидаң тартып қалған. Ақ қайыңдардың ғана сап-сары жапырақтары мұнда сәл бұрын жаз болғанын айғақтап тұрғандай.

Диспансердің іші жып-жылы. Сырттағы салқын ауа ішке өтіп үдгермеген. 6-палатада жатқан Иван Ивановичті Надя қолтығынан сүйемелдеп бас дәрігердің қабылдау бөлмесіне жеткізді. Хатшы қыз ішке кіріп, сәл аялдады. Сосын есікті жартылай ашып, «кіргіз» деді.

Надя Роговты Роговтың кабинетіне кіргізді. Төргі үстелде отырған бастық қолымен «шыға бер» деген белгі берді.

– Нет! Нет!

Надя іштен шыққан бажылдаған дауысты өз құлағымен естіді. Селк етіп кері бұрыла бергенде хатшы қыз:

– Демалыстан келгелі қырып барады. Өңі суық. Адаммен жөндеп сөйлеспейді, –  деп қолынан тартты.

– Не боп жатыр өзі?

– Білмеймін. Әйтеуір, біртүрлі...

 

– Мына қатын бірдеңеден  қатты шошынған сияқты ғой, балам.

Әппақ ақ сақалы күмістей жылтырап, қызыл шырайлы жүзі күнге тотығып қоңырқай тартқан ақсақал баласына ақырын тіл қатты.

– Кімді айтасыз, көке?

– Мына есік пе есік қоңсыңды айтам...

– Бізде істейді. Талайдан бері келе жатыр. Жақсы адам.

– Жақсы адам екенін көріп тұрмын. Бірақ..

– Жалғыз қызы Омбыда. Күйеубаласы ішкілікке салынып кеткен. Соны уайымдайды.

– Ол емес, басқа нәрсе бар...

– Көке, ауылдағы тәуіптігіңізді жасап жүрмеңіз мұнда. Кілең орыс...

– Орыс та адам баласы...

– Сонда да ұят болмасын...

– Адам емдегеннің несі ұят? Сен де Қазақстаннан жұмыс табылмайтындай, кеткен жоқсың ба 50 жыл бұрын...осы жаққа?

– Е, ол кезде жас болдық. СССР деген ел бар еді. Әрі жолдамамен осында жіберді...

– Кінәлап жатқан жоқпын. Жұмысың бар. Табысың бар. Пенсияң жақсы... Елде табақтай дипломымен жұмыс таппай, сандалып жүрген жоқ па талайлар...

– Тәуба!

– Ия, Құдайға тәуба! Ауылдан «Читада тіреп тұрған баламыз бар» деп шалқайып шығамыз...

– Тіреп тұрған түгіміз жоқ...

– Е, сенің мұнда абыройлы екеніңді білем. Ауылдың талай баласын жұмысқа тарттың. Бәрін оқыттың, шоқыттың. Ел риза.

– Сол елдегі жаңалықты айтсаңызшы одан да.

– Ел аман, жұрт тыныш. Түркістан облыс болғалы өзгеріп кетті ғой. 300 мың халық бар. Бірақ сол жұмыссыздығы құрғыр...

– Жаңа орталықты күшті жасапты. Тәу ететін орындарды реттепті... Суреттерін көргем жақында.

– Басқа пәлендей жаңалық жоқ. Үкімет жылдан жылға жақсы болады дейді. Сыртқы қарыз көп дей ме? Соны төлей алмай жатыр ма, бірдеңе... Қытайлар төлемесеңдер Көкшетауды, Жетісуды, Қарағандыны бересіңдер деп  сұраған ба?.. Қызталақ! Қаптап кетті ғой...

– Мұнда да өріп жүр...

– «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деуші еді бұрынғылар...Ақырзаман тақады-ау, осы...

– Ресей де солардан құтыла алмай жатыр...

– Әй, сөзді қой. Шақыр анау көршіңді.

– Не істейсіз оны?

– Шешеңнің үстінен алады деп қорқып отырсың ба? Шақыр!

– Көке, ыңғайсыз...

– Ыңғайсыз түгі жоқ. Қайта сауабы тиеді...

Руслан Валентина Николаевнаны шақырып келді.

– Да, да. Я вас понимаю. Но у вас – такая бессонница...

Кежегесі кері тартып, есіктен кіруге аяғы бармай тұрған әйел «бессонница» деген сөзді естігенде, Русланның қасынан екі елі ажырамай ішке енді.

– Отырсын мында!

Әкесі қолымен кең зал бөлме ішіндегі көрпешені нұсқады.

– Че он делает? Как будет лечить?

Шал көзін жұмды да Құранды заулатып оқи жөнелді. Әуелі жерге отыра алмай, екі жағына кезек-кезек аударылып, бір жағынан сенімсіздеу қарап отырған әйел біраздан соң қоңыр дауысқа елти бастады. Көзін бір ашып, бір жұмып ұйқысы келгендей манаурап бара жатыр еді, шал «сүф-сүф» деп дем салғанда шошына селк етіп, артынша қайта елітіп отырды. Бойы жеңілдеп, тынысы дұрысталып, арқа-басы кеңіп қалғандай.

– Айт анаған, бүгін жақсы ұйықтайды...

– Благодарю, благодарю! Дай бог вам долгих лет жизни! – деп Валентина Зорькина үйден қанаттанып шықты.

Расында, түнімен, таң атқанша, тіпті сағат тілі таңғы 10-ды көрсеткенше, қоңыраулатқыш ұзағынан шырылдап тұрса да түк сезбей, қаннен-қаперсіз ұйықтады.

 

Сонымен қоймай, Валя тәтей Русланға қайта-қайта жалынып жүріп, Тайлақбай ақсақалды диспансерге апарды. Жексенбі күні, бас дәрігердің жұмыста жоқтығын пайдаланып 6-палатадағы Иван Роговты қаратты.

– Мынауың жын кіріп кетіпті ғой, –  деді шал.

– Жабыңдар есікті!

– Көке, емдемей-ақ қойыңызшы... Өзіміз бірдеңе етерміз...

– Жынды шығармасақ, ем қонбайды...

– Пусть лечить, Руслан! Ой, бедненьки!..

Тайлақбай тәуіп құран аяттарын ұзақ оқыды. Дем салды. Рогов басын алып қаша бастады.

– Ұста қолынан! Мықтап ұста! Менің шамам келмейді. Өзі де ұзын неме екен...

Руслан әкесінің емдеу тәсілін жастайынан көрген. Роговты қаусыра құшақтап, ешқайда тырп еткізбеді. Сол кезде шықшыттың астынан, екі күретамырды қысып, шал мытып-мытып жіберді.

– Сөйле!

– Ы-ы-х...

Рогов ышқынды. Кенет тамағы қырылдап, тынысы тарылып, екі көзі аларып кетті. Үн қатқандай болды.

– Сөйле деймін мен саған. Кімсің?

– Ме-е-ен қызбын.

– Қандай?

– Еркек...

– Жасың нешеде?

– 27-де..

– Атың кім?

Қыз тіл қатпады. Рогов буынып өліп барады. Шал алқымнан алды.

– Айт!

– Джо...

– Қатты айт!

– Джо– о– о– нс...

– Қашан кірдің?

– Бір ай бұрын...

– Қалай кірдің?

– Шашынан кірдім...

– Шығасың ба?

– Жоқ, шықпаймын...

– Шық деймін! Шық, иттің баласы!..

– Шығам, шығам...

– Қайтып кірмейсің ғой?..

– Кір...

– Айт, жаныңның барында!

– Кірмеймін...

– Ант бер!

– Ант берем!

– Жоламаймын де!

– Жоламаймын!

– Кет! Кет! Ағып жатқан сумен кет! Ұшып шыққан бумен кет! Кет лағынет, кет!

Шал ентігіп, қара терге түсті. Сәлден соң қолын босатты. Рогов серейіп жатып қалды.

– Ты что, он убил? Он убил что?..

Валентина Зорькинаның көзі шарасынан шығып кетті.

– Ой, боже мой! Что мы наделали, Руслан? Теперь что будет?..

– Жить будет! Все нормально! Не переживайте, сейчас придет в себе...

Рогов тілі салақтап, көзін ашты.

Тайлақбай ақсақал маңдай терін орамалмен сүрткіштеп, жан қалтасынан тәспісін алды.

«Лә– илаһа– иллаллаһ, Мухаммад расул– аллах» деп үш қайтара дауыстады да ішінен «Сүбаханалласын» айтуға көшті...

Валя тәтей Құдайға сыйынып, шоқына бастады. Руслан Роговтың тамырын ұстап көрді де:

– Все нормально! Все окей! – деді.

Сырттан Надяның дауысы естілді.

– Болыңдар, болыңдар! Главврач келе жатыр!..

 

13-тарау

Киноларда жындыханадағы адамдар біресе бақырып, біресе жылап, у да шу болып жатады ғой. Мына диспансерде ондай көріністің бірі жоқ. Пациенттердің бәрі балабақшадағы балалардан да жуас: уақытылы тамақтарын ішеді, белгіленген мерзімде жатады; аузынан ақ көбік ағып, бейпіл сөз айтып, балағаттап жатқан ешқайсысы жоқ; бір-бірімен ісі болмайды, дәрігерлердің айтқандарына мүлтіксіз бағынады.

Мосқал адам «Комитет 300» деген кітаптың бетін парақтап отыр. Кітапты кеміріп жеп қоярдай, шұқшия түскен.

Иван Иванович ілбіп басып, соның қасындағы бос орындыққа келіп отырды.

– Не оқып отырсыз?

Анау басын көтерді. Сұқ саусағын тіктеп, екі ернінің ортасына қойып, «тишь» деді. Жан-жағына кәнігі барлаушылар құсап барлап қарады.

– Ғажайып еңбек. Американдық бас барлау басқармасының полковнигі жазған. Сіз білесіз бе, ол 30 жыл әлемді басқару процесін зерттеп, жер-жаһанды 300 ең бай отбасылық кландар басқаратынын анықтаған.

– Мен сізге айтайын, мыналардың бәрі сау. Комитеттің мүшелері. Мені тыңдап алыңыз. Жан адамға тісіңізден шықпасын.

Мосқал адам кітаптың бетін жауып, кең халатын ашып, қолтығына сүңгітті.

– Осы  «Комитет 300» ХХ ғасырдың 70-жылдары үлкен корпорация құрып, ғылыми-зерттеулер жүргізген. Соның нәтижесінде жер шарының ресурсы шектеулі екенін, 100-150 жыл жақсы өмір сүру үшін жер бетінде 1 миллиард адамды ғана қалдыру керектігін жоспарлаған. «Алтын миллиард» жобасына АҚШ, Канада, Батыс Еуропа, Израиль мен Жапония халқы енгізілген. Орысты, қазақты, өзбекті, татарды адам санатына қоспаған.

– Шаршадым...

Иван Ивановичтің басы  қалтаңдап кетті.

– Бәрінен шаршадым...

– Жарқыным! Мен де шаршадым. Бұлар бізді құртпай қоймайды. Қашуды ойлама. Бәрібір ешқайда құтыла алмайсың...

Екеуінің де көзі жасаурады.

– Обед. Тамақ ішіңдер!

Медсестра қыз шіркеудің қоңырауын қаққан адамдай үлкен бөлмені аралап шықты. Екеуі үнсіз отырып тамақ ішті.

– Ішеміз, тышамыз. Тұрамыз, жүреміз...

– Не дейсіз?

Мосқал кісінің жүзі сабырлы, ақырын ғана ымдап, Иван Ивановичтің құлағына аузын тақады.

– Ешкімге білдірмеңіз.

– Нені?

– Білген, көрген, естігеніңізді...

– Мен ешкімге...

– Міне, сол дұрыс.

– Ең бастысы – ашуланбау. Қалай ашуланасыз, солай білінеді бәрі...

Пациенттер орындарынан тұрып, палаталарына кетті. Асхана ішінде бірлі-жарым адам ғана қалды.

– СССР-дің не үшін күйрегенін білесіз бе?

Иван Ивановичтің ештеңеге зауқы жоқ еді. Амал жоқ, әріптесін тыңдаудан басқа лажы қалмады.

– Біздің СССР олар үшін түкке тұрғысыз саналды. 1985 жылы СССР халқын 2020 жылға қарай екі есе азайту жоспары жасалды. 35 жыл ішінде СССР-дің әрбір екінші адамы өлтірілуге тиіс болды.

– Естіп отырсыз ба? Әрбір екінші адам. Сен екеуміздің біреуіміз.

Тап қазір біреу келіп ұстап алардай екі көзі алақ-жұлақ етіп, жан-жағына үрке қарап барып сөзін сабақтады. Ақырын, естілер-естілместей сыбырлап сөйлейді.

– Өзімді таныстырмаппын ғой. Илья Максимович Трофимов. Орыспын...

– Иван Иваныч... Рогов.

– Еврей емессің бе?

– Еврейлерді бірден білемін. Рогов деймісің? Аң-құс, орман-тоғай... Олардың фамилиясы солай келеді. Сенің фамилияң ұқсағанымен, өзің еврейге ұқсамайсың...

– Адамның бәрі бірдей емес пе?

– О! Тура үстінен түстің! Олар – адам. Біз – адам емеспіз! Қазір миллион орысты қырып тастасын. Бір адам өлді демейді. Ал бір еврей өлсе, бүткіл адамзат аза тұтады...

– Қандай қапырық!

– Жүр, таза ауаға шығайық.

Иван Иванович орнынан тұрды да бір жағына қарай ауа теңселді.

– Ой, қымбаттым. Әлің қалмапты ғой.

Мосқал адам қолтығынан демеп сыртқа шығарды. Жан-жағына тағы да барлай қарады. Ешкім жоқтығына көзі жеткеннен кейін ғана дауысын қалыпты деңгейге жеткізіп, сөйлей бастады.

– Тек соғысу арқылы бүткіл халықты қыру мүмкін емес. Мұсылман елдерін солай қырса болады. Ал СССР халқының ересектерін қайыршылыққа түсіру арқылы, жастарын арақ пен есірткіге тәуелді етіп, саналарын бейәдеп күйге түсіру арқылы жою көзделді.

– Тэтчерді білесің ғой.

– Англияның бұрынғы премьер-министрі ме?

– Ия. Сол Маргарет Тэтчер бір сөзінде «Әлемдік қауымдастықтың бағалауынша, Ресей аумағында 15 миллионнан артық адамның өмір сүруі экономикалық жағынан тиімсіз» деп қалады. Аудармашы қағыс естідім бе деп, оны 50 миллионнан артық деп аударады. Тэтчер айтқанын қайталайды. Ол тұста СССР халқы 150 миллионнан астам еді. Сонда 135 миллион адам қайда қалады?

– АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы болған әйелдің аты кім еді?

– Мадлен Олбрайт...

– А, ия, Олбрайт.

– Сол қатынның сұрқы жаман. Менің Настям сияқты. Қашан көрсең де қатып қалған ағаштай...

– Настя дейсіз бе?

– Қатынымды айтам. Есіл-дерті шуба...

– Сіз жақсы адам екенсіз. Мұндағылар мені тыңдамайды. Бәріне айттым. Қауіп қайдан? Орыстар құриды...

– Темекі бар ма?

– Шекпеңіз. 1942 жылы Адольф Гитлер жаулап алған шығыс территориясында жүргізетін саясатын былай тұжырымдапты: «Славяндарды қырып салу керек. Тазалықтың еш қажеті жоқ. Емдеудің қажеті жоқ. Тек арақ пен темекімен асырау керек».

Гитлер арақ пен темекі арқылы-ақ халықты азып-тоздыруға болатынын білді. Тұтас халықты қырып салу үшін крематорий мен газ камераларын салуды басы артық шығын деп есептеген.

Алкоголь мен табак – адамзатты қырып-жоюдың жақсы амалы. Мұны «әлемдік билеушілер» жақсы біледі. СССР  –  әлемдегі алып державалардың бірі еді. Не болды? Тоз-тоз болды. Гитлер өлгенмен, оның аманаты орындалып жатыр.

Иван Иванович қарманып қалтасын тінткіледі.

– Жаңа не айтып отыр едім. Мәскеуге келген сапарында «Әлемдік қауымдастықтың бағалауынша, Ресей аумағында 15 миллионнан артық адамның өмір сүруі экономикалық жағынан тиімсіз» деген сөзді сөзбе-сөз қайталайды.

– Білдіңіз бе? 15 миллион-ақ адам!

– Россияны құртуға ешкімнің шамасы келмейді. Санкциялары не болды?

Иван Иванович қолын бір сілтеді.

– Құрта алмайтын болған соң, құртудың амалын іздейді ғой. Так! ХХІ ғасырда 2 миллион адам ТрансСібір магистралінде қызмет ететін болады. Бұл Жапониядан Оңтүстік-шығыс Азия мен Еуропаға қатынаудың ең қысқа жолы. Қалған 13 миллион ең лас металлургиялық және химиялық өндіріс орындарында жұмыс істеуге, әлемдік ядролық молада тіршілік етуге  қалдырылады.

– Біздің ГосДумадағылар да оңбаған! Сатқындар шетінен! Ресей жерінде ядролық қалдықтарды көмуге рұқсат берген заңды қабылдады. Сібірде осы жобаны іске асыру үшін кең масштабты жол құрылысы басталды. Мен де құрылыста істегем. «Алтын миллиард»  туралы не білесіз?

Бұдан ары тыңдай беруге Роговтың зауқы болмады.

– Жақсы. Барып демалайық.

Иван Ивановичтің басы айналды.  

Мосқал адам оны айналшақтап кетпей қойды. Кешкісін әңгімесін тағы жалғады.

СССР-дың тарқауы кездейсоқтық па? Жоқ, ешқандай да кездейсоқтық емес.

– «Алтын миллиард»  құрамындағы елдерге құрбандыққа шалдырылатын елдердің         тарихы да, мәдениеті де түкке тұрғысыз. Олар табиғи байлықтарды сорып, пайдалану ниетін ғана көздейді.

1985 жылдың қысында бас хатшы Черненконың өлетіні белгілі болды. «Үлкен жетілік» елдерінің басшылары АҚШ-қа жиналды. Тап сол уақытта олар СССР-ді талқандаудың жоспарын жасады. Алып империяны 52 шағын қуыршақ мемлекеттерге бөліп, бір-бірімен дүрдараз етудің амалдары қарастырылды. Бұлар өз мақсаттарына жетпей тоқтамайды. Ал, қымбатты Иван Иванович! Сіз екеуміз соны тоқтатуымыз керек.

– Сонда осының бәрі не үшін? «Жаһандық үкіметке» СССР-ді бөлшектеу не үшін керек болды?

– Міне, тура үстінен түсіп отырсыз. Әлемдік сарапшылар есебі бойынша, батыс елдерінің табиғи ресурстары 2020 жылға қарай таусылып бітеді. Жердің алтыдан бір бөлігі – СССР-ға тиесілі. Тұнып тұрған байлық.

– Біз әлі оларға көрсетеміз! Порт Артурға дейінгі жердің бәрі біздікі!

Рогов бағанағыдай емес, күрт серпіліп, қызбалана тіл қатты.

– Гитлер мен Наполеон не болды? Россияны талқандаймыз деп келді. Кутузов пен Сталин олардың тұмсығын қақ айырды.

Мосқал кісі туған бауырын тапқандай оны иығынан құшақтап, бауырына тартты.

– Тыңда, қымбаттым. СССР-ды ыдыратуға миллиардтаған доллар жұмсалды. Бұл бағдарлама «Гарвард жобасы» деп аталды. Соның арқасында 1991 жылы КПСС төбесіндегілердің бәрі, жергілікті басшылар, БАҚ бәрі сатып алынды. Гитлер мен Напалеон талқандай алмаған Ресейді СССР-імен қосып быт-шыт қылды.

Қазір «Хьюстон жобасы» іске қосылды. Ресейді толық талқандау үшін жасалған жоба. Шешенстан, Абхазияны қоса алғанда бүкіл Кавказ соғыстары сол үшін. Арақ пен темекінің құрбаны болып жатқандар қаншама? Зейнеткерлер, мұғалімдер, дәрігерлер қайыршының кебін киді. Өндіріс ошақтары айра– жайра болды. Ғылым-білімнен қадірсіз нәрсе жоқ. Мәдениет құрдымға кетті...

– Тындырды ғой бәрін. Менің әкем Қазақстанда «Возрождение» аралында өмір бойы адал қызмет етті. Не тапты? Ескерткіш қойды ма? Моласынан басқа түк те жоқ. Оның өзі адам тұрғысыз  жабайы мекенде... Айдалада...

Иван Ивановичтің кеудесін  өксік қысты.

– Сволочи!..

– Ой, Ваня! Әкең Россияға адал қызмет етті. Топырағы торқа болсын! Талай адал адам еңбек етіп жатыр. Олар өздерінің қандай қақпанға түскенін білмейді ғой... Мына кітапқа көз салшы.

Иван Рогов кітаптың ашулы турған парағына көз жүгіртті.

Ален Даллес (1893 – 1963) АҚШ-тың Орталық барлау басқармасында 1947 жылы құрылғаннан бастап қызмет істеген. 1942-1945 жылдары Еуропада саяси барлау жұмыстарын басқарған. ЦРУ директоры. 1953-1961 жылдары СССР-ға және басқа социалистік елдерге  қарсы барлау және шпиондық-диверсиялық қызметті ұйымдастырушы. Қырғи-қабақ соғыс идеологы. 1945 году Ален Даллес «Размышления о реализации американской послевоенной доктрины против СССР» деген кітап жазған.

– Аха! Көрдің бе? ЦРУ директоры! Аллен Даллес! Оның не деп жазғанын білесің бе? Оқып берейін: «Жер бетінде ешкімге бағынбаған халықты ұлттық санасын улау арқылы мүлдем құрта аламыз. Өнері мен әдебиетін жалаңаштаймыз. Театр, кино тағы басқаның бәрі адамның ең азғындық үлгісін жаппай насихаттауға көшеді.  Секс, зорлық-зомбылық, садизм, сатқындықты, бір сөзбен айтқанда, азғындықтың атасын санаға сіңдірген суретшілерді қолдап, көтеретін боламыз. Мемлекетті басқару ісінде хаос пен былық-шылықты өркендетеміз. Шенеуніктерді ақымақ, даңғой етіп көрсетіп, парақорлар мен принципсіздікті өркендетеміз. Қаптаған бюрократизм мен қағазбастылықты орнықтырамыз. Адалдық пен адамдық атаулыны жұрт жаппай келеке қылатын болады. Оның орнына оңбағандық, алаяқтық, алдау мен арбау, араққа салыну мен наркомандық, бірін-бірі көрсе қорқатын хайуандық сезімдерді дамыта отырып, ұятсыздықты, сатқындықты, халықтардың бір-біріне алакөз болуын қамтамасыз етеміз. Оның ішінде орыс халқын жеккөрушілікті жасайтын болсақ, бәрі орнына келеді.

Біздің бұл жоспарымызды сезетіндер де болуы мүмкін. Ондайларды бейшара халге түсіріп, ит терісін басына кигізіп, қоғамның қалдығы дәрежесіне түсіреміз. Рухани құндылықтарды түп-тамырымен жұлып тастап, ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінен түк те қалмайтындай етіп азғындатамыз.

Осылай бір буыннан кейін бір буынды рухани нәрінен айырсақ, өздері-ақ құрып бітеді. Бұл үшін балабақшадан бастап, жасөспірім кезінен бұзып, ең басты ставканы жастарға жасайтын боламыз. Олардың естерін жиғызбай, ойландырмай, саналарын улап, нағыз оңбаған, құдай ұрған, космополит адамдар етеміз. Міне, осыны біз жасаймыз!».

– Айтқанын жасапты ғой...

– Әлі де мүмкіндік бар... Бәрі де Мальтус деген оңбағанның теориясынан басталған. ВУЗ– да оқып па едіңіз?

– МГУ-ді бітіргем...

– Онда білесіз. Алғаш рет Томас Мальтус жер бетіндегі ресурстардың шектеулі екенін мәлімдеп, «Мальтус теориясы» деген ұғымды енгізді. Мальтузианство ілімі  жер  шары халқы геометриялық прогрессия бойынша, ал ресус саласы арифметикалық прогрессия бойынша өсетінін негізге алады. Сөйтіп, болашақта бәрі де сарқылады. Дамыған елдер жоғары тұтыну деңгейін сақтай отырып өздерінің халқын асырау үшін саяси, әскери, экономикалық шараларды қабылдайды. Басқа елдердің бәрін шикізат шылауы қатарына жатқызады.

– Скоро – конец!..Бәрі де бітеді...

Иван Рогов шарасыздықтан шырт түкірді. Түкірігі алысқа ұшпай ерніне жабысып қалды. Оң қолын көтеріп, жеңімен аузын сүртті.

– Олай деме! Ұлы орыс халқын құтқару біздің маңдайымызға жазылған! Білдің бе? Сондықтан біз бірге болуымыз керек. Бірақ, абайлау керек. Сақтық болмай, оңбайды. Мен Россияны тозақ қамытынан құтқару программасын жасадым. Жүр, жататын уақыт болып қалды. Бәрін айтып берем. Ешкім құлақ аспайды маған. Жүр...      

Рогов пен Трофимов тәлтіректей басып, диспансерге кірді.

Тап осы мезетте «Бас дәрігер» деген белгі ілулі тұрған кабинетте Иван Иванович Рогов  жұмсақ креслосында бір рет шырқ айналды да сұраулы жүзбен төбеге қарады.         

«Бұл жерден тез кетпесем болмайды!..».

14-тарау

Аралда төтенше жағдай жарияланды. Бірнеше балаға жұққан ауру асқынды. Біреулер «Возрождениедегі» пәлекетті әдейі таратыпты, балалардың үстін жара басып кетіпті» деген хабар желдей есті. «Ойбай, шетелдіктер қырғалы жатыр екен» деген сөздер елді елеңдетті. Оның үстіне шетелдік азаматтың өлімі жоғары жақтың бақылауын күшейтті. Әр саладан тексеріс жасау басталды. Бірінің артынан бірі келіп жатқан кісілер. Қылмыскердің табылмауы, күдікті деп ұсталған азаматтың кінәсін мойнына алмауы қысымды арттырып, жергілікті тұрғындар арасында алыпқашпа әңгімені көбейтті.

Капитан Серік Молдияров қатты ашулы. Астындағы орындығы сықыр-сықыр етеді. Кнопканы басты. Есіктен сержант басын қылтитты.

– Сержант! Еламановты жеткіз!

– Құп болады, капитан мырза!

«Скоро  майор дейтін боласың!..».

Еламанов кіргенде капитан қабарып, ала көзімен ата қарады. Күдікті әбден арып– азған, жағы суалып, көзі шүңіректеніп кетіпті.

– Келдің бе? Не дейсің енді?

Дауысын көтере беріп, бір нәрсе ойына түскендей ойланып отырды да ақырын сөйледі.

– Тұреке, сізді елдің бәрі сыйлайды. Өзім де жақсы білем ғой. Қараңғыда көзіңізді байлап жіберсе, мынау кең даладан адаспай жол табатыныңызды жұрт жыр ғып айтады. Менен ағаттық кетті. Кешіріңіз. Сізге қолым да тиіп кетті.

Еламанов тамағын кенеп, жұтынды. «Қолың тиіп кеткені мынадай болса...». Үндемеді.

– Су ішесіз бе? Әлде шай дұрыс па?

Капитан сержантты шақырып, екі шыны шай әкелуді бұйырды.

– Міне, ішіңіз. Шөлдеген де шығарсыз. Біздің жұмыс – иттің жұмысы ғой. Фас дейді, тап береміз. Абалаймыз. Айтаққа ереміз. Түсінесіз ғой. Пенде болған соң, оның үстіне бала-шағаны асырау керек. Әкем милицияны иттің етінен жек көретін еді... Жалғыз бала болдым. Мектепті де дұрыс оқымадым. Милицияға тықты. Құрдастары күліпті: «Молдекең милицияны жек көруші еді, жалғыз баласын милицонер қылыпты» деп. Сонда әкем «Жеке жүрсе, көп ит талайды. Ал көп иттің ішінде жүрсе – талағаны білінбейді» деп мені осы салаға әкелді. Қайтеміз?.. Сіздің де жалғыз балаңыз бар екен. Өткенде келген. Жолыққан. «Кінәсі жоқ» дейді. Кім кінәлі болғысы келеді. Пендеміз ғой. Аяғымыз жаза басады. Жолдан тайып кетеміз. Құдай бар ғой... Жасаған қылмысыңды мойындау да ерлік. «Қолыңмен жасағанды мойныңмен көтер» дей ме, қазақ? Сол...

Капитан «жалғыз  балаңыз бар екен» дегенде Азаматын есіне алған Еламанов. «Байғұс, шырылдап қалды-ау...». Бұлар өзі атадан балаға жалғыз тұқым боп келе жатқан әулет еді. Аналары қанша құрсақ көтерсе де бала тұрмайды екен. Бұл туғанда атын «Тұрар» деп қойыпты. Оған дейін тоғыз ер бала шетінеп кеткен көрінеді. Өткенде Джонс Кеплерге аман қалған 8 жасар бала туралы айтқан. Сол бала бұл әулеттің бабасы болатын. Жалғыздан жалғыз өрбіп, әйтеуір ошақ оты сөнбей, тіршілік жалғасып келе жатқан-ды. Енді міне, сол жалғызы – Азаматы әділдік таппай, араша түсе алмай, пұшайман халде. Тұрардың түрмеде жатқанда ойына не келіп, не кетпеді? Қиналғанда кінәні мойнына алып, айыптымын деп жазып беруге де әлденеше рет оқталған. Бірақ, қылмыс жасаған жоқ қой. Адам қанын мойнына жүктеп несі бар? Жазықсыздан жазықсыз түрмеде шірігенше, көрер азабымды көріп алайын деп, қанша ауыр соққының астында қалса да қыңқ етіп, сыр бермеп еді. Капитанның майда сөзі сол бойында қатып қалған жігер отын жібітіп, бойын еріткендей.

Молдияров сөзін жалғады.

– Сол енді... Сізден жасыратын не бар? Осы жолы мойныңызға алсаңыз, жазаңызды жеңілдетуге күш саламын. Сотта жеңілдік жасалады. Шайдан алыңыз!..

Еламанов пәлен күнгі жан мен тән азабынан қыстығып әзер отыр екен. Тамағы кеберсіп кетіпті. Шай жібіткендей болды. Еркек адамның жылағаны жаман. Көзінен аққан жас тарамданып бетіне, ерніне құйылды.

– Айналайын, бас салып ұра бермей, адамша сөйлессең де болатын еді ғой.

– Ит мінез... Нервный болғанбыз ғой әбден...

– Жұмысың ғой...

– Ия. Ит жұмыс. Баламды бұл салаға өлсем де жолатпаспын...

– Мен...

– Айта беріңіз. Қалай? Қай жерде? Қандай қару қолдандыңыз?

– Шырағым, шынымды айтайын ба?

– Айттым ғой, «қолыңмен жасағанды мойныңмен...».

– Құдай көріп тұр, өтірік айтсам, жаным шықсын. Жалғыз ұлыммен ант етейін...

– Не? Тағы да қасарысқың келе ме?..

– Өзің ғой, адамша сөйлескесін...

– Кім адам? Мен бе? Сен бе?.. Сен, сен бар ғой – қандықол қарақшысың! Білдің бе? Бәрібір мойындатам! Одан да жөнге кел. Бәрін айт! Жасырма!

– Қылмыс жасағаным жоқ.

– Баяғы әуеніңе қайта бастың ба?

Капитан өзінің алдында тұрған ыстық шайді Еламановтың бетіне шашып жіберді. Тұмсықтан бір пергісі келіп оқтала бергенде ұялы  телефоны шырылдады. Ала қойған жоқ. Телефонның дауысы ащы екен, безек қағады. Еріксіз құлағына апарды.

– Тыңдап тұрмын...

– Серік! Ана балаңның жағдайы ауыр. Жаман бір ауруға ұшыраған деп жатыр... Футбол ойнаймын деп тапты... Дәрігерлерге өзің жолықпасаң, болатын емес. Температурасы 40-тан асып кетіпті. Есінен танып қапты...

Ар жақтағы әйелдің дауысынан адам шошырлық. Асыға-үсіге, біресе жылап сөйлеп жатыр. Еламановқа бәрі естіліп тұр.

– Ертең  барам. Сөйлесем.

– Ертең кеш болады, бүгін бар...

– Болды. Жұмыстамын...

– Жұмыс-жұмыс деп жалғыз ұлдан айрылмақшысың ба?..

– Құдай сақтасын!.. Қой енді! Өзім хабарласам!

Телефонды үстел үстіне тастай салды.

– Бұл қатын дегендер неге ойбайлай береді екен осы?

Капитан ары-бері жүрді. Едендегі ағаш тақтайдың арса-арсасы шығып ескірген, әр қадам басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Кенет кілт тоқтай қалды да Еламановқа жақындап келіп, барлыға айқай салды.

– Сендей қаскөйлердің кесірі бәрі! Шімірікпей қалай өлтіресіңдер, ә?.. Есіл-дерттерің дүние. Ақша. Ақша үшін адам өмірін қиясыңдар. Біз жүреміз осылай ит болып, не абырой жоқ, не семьяңда тыныштық жоқ... Қу дүние кімге опа берді? Бұл дүниенің мүлкін ана дүниеге алып кеткен кім бар?.. Қасарыса бермей, «балама Астанадан үй сатып әперу үшін, ақша керек болды. Шетелдіктің берген ақшасын азсындым. Сосын өлтірдім» деп неге мойындай салмайсың?.

– Баламның баспанасы бар...

– Құрып кетсін баспанасымен! Айтсай шыныңды!

– Ешкімді өлтіргем жоқ!

– Топас! Қанішер! Оңбаған!

Капитан Еламановты соққының астына алды. Бас-көз жоқ, төпеп ұрды. Алғашқы соққыда-ақ айыпталушының мұрнынан қан бұрқ ете қалған. Ұрғанға еті өліп кеткен бе, одан арғысына қорғанып, қарсыласып үлгермеді. Тек басын бүркеп, іштен тиген аяқ соққысына амалсыз шыдап бағуға тырысты.

– Сержант! Әкет мынаны! Екі аяғынан төмен қаратып асып қой! Көрерміз қасарысқанды! Мойындатам қалайда! Апар!

Капитан Молдияров жынданып кете жаздады. Ашудан қаны қарайды. Көздері ежірейіп, сүзеген бұқадай ырс-ырс етіп, еденді тепкіледі.

 

Астанадан келген қауіпсіздік қызметкері сұрастырып жүріп, біраз жайды анықтады. Әуелі таксист жігітті тапты. Кеплердің суретін көрсетті. «Мерстің» шопыры барлығын айтты. «Анда апардым, мында апардым» Джонс Кеплердің барған, болған жерлерінің бәрін көрсетті. Футбол алаңына келгенде аңырып қалды.

– Мұнда неге келді?

– Бір баламен сөйлесті...

– Қандай бала? Танисыз ба?

– Ермектің баласы ғой. Осында күнде доп қуалайды.

– Қайда тұрады?

– Алыс емес, отырыңыз апарайын...

«Мерс» ала шаңды артқа тастап, ұзынтұра баланың үйіне қарай ызғыды. «Әне, әкесі. Ермек деген кісі». Астандан келген өкіл онымен аз– кем сөйлесті. Баланы шақырды. Ұзынтұра қипақтап біраз тұрды. «Кроссовкамды алып кетпесе, болды...». Бала Кеплердің суретін көріп, «осы адам» деді. Қоқыс жәшігін көрсетті.

– Қандай капсула?

– Кішкентай... Сырты күмістей жарқырайды...

– Оны не істеді?

– Сөмкесіне салды...

– Басқа ештеңе сұраған жоқ па?

– Сұраған жоқ...

Қауіпсіздік қызметкері аудандық ауруханаға да барды. Ешкім ештеңе көрмеген. Ауруханаға қарсы беттегі көшені жағалап, біраз адамнан сұрастырып көрді. Ешкім ештеңе білмейді. Тек бір әйел «баламды ұйықтатайын деп іздеп шыққанда, суреттегі кісіні көрдім» деді.

– Ия осы. Ауруханадан бір адамды көтеріп шықты. Басында  науқас туысын апаратқан біреу шығар деп ойладым... «Скорыйға салса қайтеді?» деп ойланғанымша, былай қарай зуылдап кетіп қалды.

– Жүрісі шапшаң ба?

– Арқалағанын жүк құрлы көрмеді. Өзі «здоровый» екен...

– Мұқият қараңыз. Нақ осы адам ба? Өзі түрегеліп жүр ме?

– Шетелдік. Біздің жақтың адамы емес... Нақ өзі.

– Шетелдік екенін қайдан білдіңіз?

– Бізге шетелден күнде келе бермейді ғой. Жүріс-тұрысы өзгеше... Сосын...

– Тағы не байқадыңыз?

– Ол жаяу кетті...

– Ешқандай көлік көзіңізге түспеді ме?

– Көлік көргем жоқ...

– Қайда кетті?

– Теңізге қарай, анау көшеден ары...

– Қателесіп тұрған жоқсыз ба?

– Бөгде кісі болған соң, қайтер екен деп қарағаным рас...

Әйелдің сілтеген жағына қарай барып, біраз уақыт сол маңайды шарлады. Бір жерден қарайған күлдің орнын көрді. Еңкейіп зер сала қарады. Күйген киімнің қалдығынан басқа ештеңе көрінбеді.

«Қызық! Шетелдікті біреу өлтіреді. Ол қайта тіріліп, өлген адамды мында әкеледі. Өртейді... Сонда өлген кім? Өлтірген кім?..».

 

Кеш қарайып, іңір қараңғылығы түскенде полиция бастығының кабинетіне үстінде сұрқай костюмі бар бір адам кірді. Үсті басы шаң-шаң. Жолдан келгені көрініп тұр. Бетін, маңдайын әжім торлапты. Капитан отырған орнынан лып етіп тұрды. Келген адамның жанына жақындап келіп, сыбырлай сөйледі.

– Әкелдің бе?

– Ия.

– Қанша кило?

– Өлшегем жоқ. Мә, алыңыз...

– Ешкім жоқ па артыңда?

– Тексердім. Ешкім жоқ...

– Тісіңнен шығарма! Білесің ғой мені... Қыңқ  дейтін болсаң, анау шетелдіктің өлімін мойныңа артып жіберем...

– Білем...

– Былжырама! Келесі партиясын өлшеп әкел! Ұқтың ба?

– Ұқтым...

– Айтқандай, «площадкаға» ешкім келмеді ме?..

– Келген жоқ.

– Мұқият болыңдар! Осыдан шаруаның бәрі реттелсе, өнімнің 10 пайызы сендердікі...

– Аз емес пе?

– Сөзді доғар! Есірткімен ұсталғандардың артынан кетейін деп пе едің?..

– Енді... Ала жаздай еңбектеніп...

– Өшір үніңді! Еңбек? Қайдағы еңбек? Не түбін шаптың ба? Отадың ба?.. Өзі өсті... Сен қарадың...

– Мақұл, мен кетейін. Баламды босатуға көмектессеңіз, болды.

– Балаң статьямен кетеді...

– Айтып едіңіз ғой... Алып шығамын деп...

– Сотта ештеңе істей алмаймын. Бірақ амнистияға іліктірем... Бір жарым жыл отырады...

– Ақыры кеткені ме?

– Енді не қыл дейсіңдер? Қылмысты жасайтын біреу, ақтайтын, ақталатын мен... Жымыңды білдірмей, дарияның арғы бетіне тарт! Кете бер!

Келген кісі мұңайып, шығар есікке қарай ілбіді.

– Тоқта, әгарәки ұсталып қалсаң, не айтатыныңды білесің ғой. Білмеймін!.. Бітті! Бара бер.

Анау шығып кетті. Капитан бір бума есірткіні сейфке тықты. Көңілі жайланды.

«Жанталасып жұмыс істедің не, істемедің не? Бәрінің өңеші бар. Сол өңешті ақшамен ғана тығындауға болады... Сосын жұлдызшасын бермей көрсін! Майор мырза!..».

Сержантты шақырды.

– Бағанағы Қарақалпақтан келген қыз қайда?

– Обьязанникте отыр...

– Келтір! Сосын, кете бер. Бүгін боссың...

Сержант қара көзі мөлдіреген, мойылдай қара шашы иығына төгілген әдемі бір қызды ертіп келді. Капитанның іс– әрекетіне әбден қанық болуы керек, қызға бір жағы қызыға, бір жағы мүсіркей қарады да шығып кетті.

– Кел, қарындас! Отыр. Не ішесің? Коньяк? Виски?

– Ішпеймін, ағай.

– Мүмкін вино? Менде шетелден әкелген мықты шарап бар.

Шкафтан қыл мойын бір шарап бөтелкесін алып, аузын бұрағышпен бұрап ашты да, екі стаканға мөлтілдете құйды. Өзі біреуін алып, екіншісін қызға ұсынды.

– Ағай, ішімдік ішпеймін...

– Мен де ішпеймін. Тек шаршағанда болмаса...

Стаканды үстел үстіне қойып, есік жаққа барып, тың тыңдады. Сөйтті де есікті ішінен құлыптады. Қыз үрпиіп, үрке қарайды. Костюмін шешіп, орындықтың иығына ілді. Ақырын жақындап, қыздың қолынан ұстады. Қыз қолын тартып алғысы келіп еді, жұлқып өзіне тартты.

– Тәк, былай. Сенің құжаттарың дұрыс емес. Уақытша тіркелу мерзімі өтіп кеткен...

– Ауырып қалып...

– Ал біз ауыртпаймыз...

– Ағай, қойыңызшы... Қолыңызды тартыңызшы...

– Немене бұлғаңдайсың? Қылымсуын қаншықтың!

– Ағай...

– Бәрін өзім реттеп беремін... Тастай қыламын... Қам жеме! Дегенге көнсең болды.

– Ағай, айқайлаймын...

– Айқайлай бер. Шыңғыр керек болса! Кім естиді екен?

Капитан белбеуін ағытты. Шалбарының сыдырмағын төмен түсірді.  Қыз олай бір, бұлай бір бұлқынды. Торға түскен торғайдай, шарасыз халде жалынғаннан басқа ештеңе істей алмады.

– Құлыңыз болайын, тиісе көрмеңізші. Жігітім бар... Күзде үйленеміз деген уәдеміз бар...

– Жігіт деген үйдің қабырғасы емес. Былай ысырып қоюға болады. Келші, берілші маған...

– Тартыңыз қолыңызды! Ағатай! Тоқтаңызшы. Ақылға келіңізші!

– Асауын қара! Не бірінші рет жатқалы тұрсың ба?..

– Ағай, аға! Сіздің де балаңыз бар шығар. Аяңызшы...

– Аяймын, аяймын... аймалаймын...

– Ағатай! Жалынамын! Қойыңызшы!..

– Енді қоя алмаспын... Тырп етпе! Өлесің білдің бе? Өлігіңді ешкім таппай қалады! Жат!

– Ағай! Қойыңызшы... Тоқтаңызшы...

– Сука! Қыршып алдың ғой... Жай сөзге көнбеймін дейсің бе... Мә, ендеше!

Капитан қызды іштен бір, иектің астынан бір қойып қалды.

– Не боп кеткен бұлардың бәрі?.. Қырсыққан иттер кілең!

Есінен танып қалған қыздың үстіне бар салмағын сала шөккен еркек ойына келгенін істеуге көшті. Қыздың шықпаған жаны бар демесеңіз, өлген адамдай сұлық жатыр. Қарғып тұрып қарсыласуға әл– дәрмені жоқ. Полицайдың зорлығына, қорлығына адам құсап жылай да алмады...

 

Қыз бір жарты сағаттан соң, есін жиып, солқылдап жылап жатқанда капитанның ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Стаканның ернеуіне дейін мөлт– мөлт етіп тұрған шарапты басына көтере, сіміре тартқан капитан тауды тесіп, тасты жарып келгендей екпінмен смартфонды құлағына сүйкей апарды.

– Алооу! Тыңдап тұрм...

– Серік! Жалғыз ұлдан айырылдық! Балаң өліп қалды! – деп бажылдай бақырған әйелдің сөзінен кейін капитан төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай, телефонға бір, айналасына бір қарап, есеңгіреген күйі отырып қалып еді.

Құдай ұрды деген осы шығар!..

Құдай ұрғанда, капсуланы ұстаған балалардың бәрі бірінен кейін бірі өліп қалды.

 

Көп ұзамай Тұрар Еламанов «құрамында қылмыс белгісі болмауына байланысты» түрмеден босап шықты.  Үйіне келді. Қабырғасы сынған, бүйрегі зақымданған, алдыңғы күрек тісі опырылып түскен. Кемпірі дауыс алып, ойбайлап жылай бастап еді, Тұрар тиып тастады.

– Тәйт! Шақырма жамандықты! «Аққа құдай – жақ» деген. Бір Алланың көзі түзу болсын!

Кемпірі сабырға келгенімен, бірнеше күннен соң «көшейік бұл жерден» деп күнде күңкілдей бастады.

– Қараң қалғыр Аралдан тапқаның осы ма? Төретам жақта сіңлімнің барын білесің, байы – фермер. Малын бағармыз, отынын жағармыз, кетейік біржолата...

Тағдыр теперішін көріп, азғантай уақытта түрме дегеннің не екенін біліп қайтқан Тұрар Кеплерді ертіп, ежелгі қаланың орнын көрсеткенде айтқан сөзін еске алды.

– Қазақта түрме деген болмаған, тіпті кешеге дейін есікті құлыптау, тастан қоршау тұрғызу деген атымен жоқ еді... Абақтыдан «зындан» деген болды, оның өзі жердің астында болады. Айыпты адамды сол зынданға тастайтын. Кісіні тірідей жерлегенмен бірдей ғой. Жердің үстін басып жүруге қақысы жоқ деген белгі.

Джонс Кеплер Еламановтың бұл сөзін рюкзагынан қаламсабын шығарып, парақша сияқты ашты да тез-тез жазып алған... «Мұндай да құрылғы болады екен-ау» деп жолбастаушы шетелдіктің қолындағы нәрсеге таңдана қараған.

– Шал-ау, естіп отырсың ба? «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген, «мыналар кісі өлтірген» деп көрінгенге көз түрткі боламыз ба? Көшіп кетейік бұл елден...

– Естіп отырмын... Ол жаққа сөз жетпейді деймісің? Қазақтың өзінен сөзі ұзын емес пе?

– Бәтір-ау, қанша дегенмен жаңа орта ғой, оның үстіне орталықтан жырақтау жерге, әлгі кімнің фазендасына барып малын бақсақ, сол ұзын сөзден бойымызды аулақ ұстаймыз ба деген үміт қой менікі. Өзің білесің ғой, қабырғаңа салсаң, менің ойым осындай...

«Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» деген осы!.. Түрменің азабы, тірліктің тозаңы шаршатқан Тұрар Еламанов ауыр күрсінді.

«Көшкенде қайда барады?».

 

15-тарау

Ханс Линнеманн шаршаңқы жүзбен үстел үстінде жатқан қағаздарын аударыстырып қарап отыр еді. Кабинетке ұзын бойлы, жіңішке көз әйнек тағынған жігіт кірді. Ханс орнына тұрып амандасты.

– Қош келдіңіз, мистер Камерон!

– Өткендегі әңгіме жайлы білгім келіп еді? Не істейтін болдыңыз?

– Харрисон барып тұрған алаяқ. Ол менің идеяларымды, барлық ізденістерімді ұрлап алды. Соны дәлелдеуім керек.

– Оның күлі көкке ұшты...

– Ха! Ол өлді деп ойлайсыздар ма? Мен білетін Харрисон...

– Ханс мырза! Яхтадан тірі шыққан бір жан жоқ...

– Қайдам, қайдам...

– Сонымен, не шештіңіз?

– Оның империясын күйрету керек! Тас-талқан етпей тынбаймын...

– Демек, бізбен келісесіз ғой...

– Шайтан алғыр! Сене алмаймын әлі...

– Доктор Ханс! Өткенге өкінбес болар... Сіздің қабілетіңізбен әлі талай нәрсе жасауға болады.

– Сеніміңізге рахмет! Осы уақытқа дейін ешкімге арқа сүйеген жоқпын.

– Онда сау болыңыз! Өкінішті...

Камерон кетуге оқталды. Линнеманн қымбат затынан айырылып қалатын адам құсап, дегбірінен айырылып, орнынан атып тұрды да оның алдын орады.

– Қымбаттым! Біз ең басты мәселені келіскен жоқпыз...

– Айтыңыз.

– Қанша?

– Не қанша?

– Менің еңбегім?

– Сұрақты осыдан бастау керек еді...

Камерон үстел үстіне жақындап, ақ парақты алды да сегіз цифрдан тұратын санды шимайлап жазды. Ханстың дәл аузы-мұрнына жақындатып көрсетті. Сөйтті де парақты ұсақтап жыртып, умаждаған күйі қалтасына салды.

– Бұл енді басқа әңгіме...

Ханс көңілденіп, Камеронға кофе ұсынды.

 

Адам баласы тұмса табиғатты қиратуға шебер. Жердің нәрін сығып алды. Жерасты байлығын сорудың небір амалдарын жасады. Уақыт өткен сайын күн көру, өмір сүру әлемнің талай халқына проблема бола бастады. Дүниежүзінің халқы  2050 жылы 8 миллиард болады деп күтілген. Бұл цифр 2020 жылға жетпей-ақ орындалды. Қытай мен Үндістан халқы 3 миллиардтан асып кетті. Енді қалай күн көреміз деген сұрақ алпауыт елдердің бас ауруына айналды. Бұл дағдарысты адамзат  өз қолымен жасады. Адам мен табиғат арасындағы құрдым күшейді. Солтүстік пен Оңтүстік арасында терең құз пайда болды. Байлар мен кедейлер арасы алшақтады. Рим клубы дейтін алпауыт топ әлемдік жүйеге әмірін еркін жүргізді.

Ханс Линнеманн өзінің жасаған жобасын Камеронға көрсетті. Бұл әлемдік  азық-түлік проблемасына арналған бірегей жоба еді. Линнеманн геоэкономикалық 10 өңірдің тәжірибесін мысалға ала отырып,  математикалық модель жасап шыққан болатын. Оның есебі бойынша жер шары қанша болса да адам баласын асырай алады. Бірақ ЭВМ арқылы есептегенде әлемде аштық масштабы ұлғая түсетіндігі де анықталды.

Камерон жобамен толық танысып шыққан соң  Ханстың бетіне күлімсірей қарады.

– Ғажап еңбек! Енді менің сөзіме құлақ асыңыз: қазіргі кезде ең керегі –  вакцинация... СПИД жақсы жоба болды. Қант диабеті арқылы әлем халқын  инсулинге байлап қойдық. Тағы бір тұмау түрін ойлап тапсақ, ел сенбейтін болады. Эбола мысалы соны көрсетті...

– Вакцинация күдік тудыруы мүмкін. Бірқатар мұсылман елдері одан бас тартып жатыр. Ертең оларды басқалары да қолдаса қайтеміз?

– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы оған жібермейді.

– Кепілдік бар ма?

– Ондағылар біздің адамдар...

– Менің не ойлап тапқанымды білесіз бе?

– Ешкім күдіктенген емес...

– Доктор Ханс, сіздің қабілетіңізбен...

– Тісіңізді жуасыз ба?

– Енді... жуамыз ғой...

– Қандай паста қолданасыз?

– Елдің бәрі тұтынатын Прокторн...

– Дереу тастаңыз!

– Сонда...

– Ешқандай пастаның қажеті жоқ!

– Гигиена қайда қалады?

– Мен дүниежүзінде өндірілетін тіс пастасының бәрінің құрамына фтор қосқан адаммын. Маған сеніңіз.

– Ол зиян ба?

– Кез келген елге барыңыз. Екі метр сайын не көресіз? Аптека... сосын...

– Стоматология...

– Үстінен түстіңіз!

Ханс Линнеманн қып-қызыл болып шиқылдай күлді.

– Сізге берер кеңесім: тісіңізді тек қана ас тұзымен шайыңыз! Болды. Басқа түктің де керегі жоқ. Жүзге жететіндігіңізге кепілдік беремін...

– Ескерткеніңіз жақсы болды.

– Коланы жақсы көретін шығарсыз?

– Онсыз шөл қана ма?

– Бас тартыңыз!

– Бананға қалай қарайсыз?

– Менің жарым Эшлидің ең сүйікті асы...

– Эшлидің аман болғаны керек пе?

– Әлбетте...

–  Банан. ГМО өнімдер... Ешқайсысын тұтынбаңыз!

Адамзатты тек бомбамен қырып, азайтуға болады дегендер қатты қателеседі. Ешкімді қырудың, күш қолданудың қажеті жоқ. Харрисон трансұлттық компаниялардың әскери күштерін сол мақсатта пайдаланды. О баста екеуміздің көзқарасымыз осы мәселеде үйлеспеді. Әйтсе де, топырағы торқа болғыр, талантты еді! Алғыр. Ә дегеннен не айтпағыңды қағып алады. Бірақ, дүниеқұмар. Нағыз ашкөздің өзі. Қанағат дегенді білмейтін еді. Шетсіз, шексіз салтанат. Миллиардтар не істетпейді? Әлемдегі ең қымбат яхталар. Бар арман– аңсары сол. Ал мен адамзатты  ас арқылы бір уыста ұстаудың амалын таптым. Тамақ ішпейтін пенде бар ма? Олар ажалды өз аузынан табады. Менде кінә бар ма? Айтыңызшы?

– Данышпансыз, доктор Ханс!

– Мені... мына мені Харрисон ит құсатып далаға тастап кетті...

– Сабыр етіңіз. Харрисон жоқ енді... Баркерді танушы ма едіңіз?

– Құйыршық! Жылмаңдап менің артыма бір кіріп, Харрисонның артына бір кіріп...

– Бізге сол Баркермен сөйлесу керек.

– Көргім келмейді. Атын атамаңыз!

– Сіз ғана сөйлесе аласыз!

– Жо– жоқ! Аштан өлсем де оның алдына бармаймын!

– Ойланыңыз! Сіз бен біздің одақтастығымыздың еш мәнісі қалмайды. Егер...

– Не егер?

– Егер сіз Баркерді біздің жағымызға шығуға көндірмесеңіз, ойлағанымыздың бәрі босқа кетеді.

– Оны атып тастау керек...

– Оның да уақыты келер... Келістік қой!

Линнеманнды біреу трактормен тартып, бульдозермен итерсе де Баркерге бармас еді. Көз алдына Камерон шимайлаған сегіз цифрдан тұратын жазба келді. Бас тартса, бәрінен айырылады. «Бұлар өлтіріп жіберуден де тайынбас..». Бас тартпаса, Баркерге не бетімен барады?

– Виски жоқ па?

Камерон доктор Хансқа көзілдірігін көтере қарады. Оған да керегі сол боп отыр еді, дереу бұрыштағы шкафтан тығыны ашылмаған вискидің бөтелкесін алып, екі стаканға толтыра құйды. Тоңазытқыштан мұз алып, бірнеше бөлігін екіге бөліп, стакандарға сыңғырлата салды.

– Ортақ жеңістеріміз үшін алып қоялық!

 

Харрисон өлгеннен кейін Баркер бір ай аза тұтты. Еңсесін көтере алмады. Бір хабар бола ма деп күн сайын елегізіп, БАҚ хабарларын тыңдады. Еш хабар жоқ. Баркер уақыт өткен сайын досының қазасы расқа айналғанына мойын ұсынды. Басқару тізгінін қолға алмаса болмайтын еді.Уақыт сырғып өтіп жатыр.

Ол Джонс Кеплердің есебін қайта қарады. Капсула... Харрисон мұнымен не істемекші болды? Су проблемасы... Құрғақшылық... Ашаршылық... Ары қарай не? Қалай қимылдаған жөн?..

Дэвид Баркер өздеріне қарсы топтың әрекетсіз қалмайтынын Харрисонға әлденеше рет ескерткен-ді. Роберт басқа жоспары болды ма, әлде қауіпсіздік қызметіне қапысыз сенді ме, досының сөзін жүре тыңдаған. Енді не болды?

«Харрисонға қастандық жасаушылар кімдер?».

Трансұлттық компаниялар тартысы жаңадан басталады. Жер-жерде соғыс өртінің тұтануы соның белгісі...  Жер бетіндегі біраз елді ашаршылық жайлай бастады...

«Бірдеңе болады, бірдеңе болады... Бірақ ол не?..».

 

Элиз Джонс Кеплердің – өзінің сүйіктісі, аса қадірлі Джосының жүріс-тұрысында, сөйлеу мәнерінде өзгерістердің бар екенін бірінші күні, көшеде кездестірген кезде бірден аңғарған. Бірақ сағыныш деген құдірет ештеңеге мойын бұрғызбаған еді.

Рим – Элиздің ең сүйікті қаласы. Ол мұнда Джонспен мәңгі бірге болатынына сенімді еді. Көне қаладағы ежелден келе жатқан шіркеулер қатты ұнайтын. Жыл он екі ай адам аяғы үзілмейтін Коллизейді күнде көреді. Қанша ғасыр өтті. Коллизей әлі тұр.

Төрт өзен фонтанының жанына келіп, су бұрқағының сылдырына елтіп біраз отырды. Сосын Навон алаңына қарай ақырын аяңдады. Аяғы ауыр әйелдің жүрісі қайтіп мандушы еді, әлсін– әлсін тоқтайды. Таңертең үйден шыға салысымен Венеция алаңын қадамдап жүріп өлшеп басқан-ды, енді міне өкшесі, табаны ауырып келеді. «Сізге таза ауада көп сейілдеу керек». Гинекологтың кеңесіне құлақ аспаса болмайтынын біледі, әйтпесе үйде жата бергенді жақсы көретін. Күн сайын Әулие Петр соборына бір кіріп шығады. Боргез галереясын талай аралады. Ватикан музейіне әлденеше рет бас сұқты. Боргез галереясында Бартолемео, Рафаэль, Андреа дель Сартоның өлмес туындыларын қатты ұнатушы еді.

Алға басқан аяғы кері кете берді. Тыныс алуы қиындады. Гүлзар шетіндегі бір орындыққа ентіге отырды.

– Джо!..

Күйеуі мұны сүйетін сияқты. Бірақ бұрынғыдай емес. Өліп-өшіп тұратын. Тәтті сөздер айтатын. Соның бәрі ұшты-күйлі жоғалғандай. Оңаша қалғанда еркелететін. Бірге қиялдап, бірге қуанатын. Қазіргі Джо мүлдем басқа адам тәрізді. Жұмысқа кетеді. Келеді. Жатады. Тұрады. Өзімен өзі. Элиздің бар-жоғымен ісі жоқ. Біртүрлі. Бойынан әлдебіреу сезім атаулының бәрін сылып алып тастағандай.

Элиз екі-үш айдан кейін күмәні күшейген соң, Джонстың бақайшағын көруге бел байлаған. Ваннадан шыққан Кеплерді жатын бөлмедегі жұмсақ төсектің үстінде аймалай бастады. Әдеттегідей бетінен, маңдайынан сүйген жоқ. Бірден жігіттің аяқ жағына келді. Балтырын сипалады. Табанынан бастап, екі аяқтарының саусақтарын сүйген болып, оң аяқтағы бақайшаққа барлай қараған. Қал жоқ боп шықты...

«Джонстың дәл осы жерде қап-қара қалы бар еді ғой...».

Содан кейін Элиз Кеплерді жанына жақындатпауға тырысты. «Аяғым ауырлады» деп төсекке жатпайтынды шығарды. Кейде баяғы дағдысына салып, Джонс жұмыстан келгенде мойнына оратылып, құшақтай алғысы кеп қалатын, қалдың жоғы есіне түсіп, дереу өзін-өзі іркетін.

Толғақ күшейе бастады. Элиз орындықтың иығына қатты жармасып, ыңқылдай берді. Қырсыққанда гүлзарда көмекке келер пенде жоқ. Ешкімнің қарасы байқалмайды.

Элиз телефонын ашып, «Джо» деген жазудың үстіне саусағын апара берді де кенет тартып алды.

«Қажеті жоқ!.». Ол «SOS!» белгіні басты...

Дыбысын шығармай тістеніп, қайта-қайта айналып соққан толғаққа шыдас бергісі келді. Су кете бастады. Элиздің әлі құрыды. Басы айналып, көзі қарауытты.

– Сізге не болды? Құдайым-ау, мұнда бір әйел туғалы жатыр...

Жолай өтіп бара жатқан бір әйел жан-жағына алақ-жұлақ қарап, айқайлап, жұртты көмекке шақырды.

Қала толық бақылауда болатын. Камера арқылы қадағалап отырғандар жас әйелдің гүлзарда қиналып жатқанын бірден көрген. «SOS» дабылы түскенде шағын тікұшақ аспанға көтерілген. Гүлзардың үстінде шыр көбелек айналып, төменге саты тастады. Екі дәрігер түсті. Артынша үлкен сандық тәрізді қорап түсірілді. Сол қорап ілезде палаткаға айналды. Дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетуге кірісті.

Шар еткен шарана дауысы шықты.

Элиз босанды.

Перзентхана төсегінде жатқан Элиз сол күйі есін жинай алмады. Джонс Кеплерге дәрігер «пациенттің жағдайы ауыр, комада жатыр, бас сүйегі сынған» деп хабарлады.

Кеплердің бар үміті Элизде еді. Енді сол үміт те үзілгендей.

«Бір білсе, Элиз ғана біледі... Қайткенде де флешканы табу керек маған... Ол қайда бірақ?».

 

16-тарау

Азамат 25 жылдан бері төлеп келе жатқан кредитін биыл жауып тастаймын деген үмітте еді. Қырсық шалғанда жұмысынан қысқарып қалды. Ай сайын төлемесе, үйін банк тартып алады. Тіпті жиырма бес жыл толық төлеп, ең соңғы бір айдың қаржысын құймаса, пәлен жыл ақша салғаны есепке алынбайды екен. Банк менеджері – жап-жас қыз, Азаматтың айтқан уәждерін тыңдағысы да келмеді.

– Төлейсіз! Олай болмаған күнде пәтерді тапсырасыз!

– Айналайын-ау, төлемейін деп отырған жоқпын. Жағдай...

– Кім жетісіп жүр мына заманда? Мен де кредит төлеп отырмын...

– Е, өзің де біледі екенсің ғой. Жұмыс тапқанша...

– Ол сіздің проблемаңыз... табасыз ба, таппайсыз ба, төлейсіз...

– Соза тұруға болмайды.

– Сізге қазақша айтып отырмын ғой. Болмайды!

Азаматтың тауаны шағылып, орнынан сүлесоқ көтерілді.

«Енді қайда барады? Ақшаны қайдан табады?..».

Венера – Азаматтың келіншегі, күйеуінің сөзін құлықсыз тыңдады.

– Сонымен, үйді тартып ала ма?

– Төлей алмасақ, солай...

– Қолыңнан бөзің, аузыңнан сөзің түсіп... Енді жүрейік сол, пәтер іздеп қаңғып...

– Компаниялардың бәрі резюмеме қарайды, «жасыңыз келмейді» деп жұмысқа алмайды...

– Кім алады сені?

– Қалай қыламыз? Бірдеңе ғып жаппасақ, үйден айырыламыз...

– Білмеймін. Басымды қатырма. Не үй? Не...

– Түсінші жаным, қолдан келгеннің бәрін жасап...

– Қолыңнан не келуші еді?

Келіншек сазарып отырып қалды. Біреу ине тыңып алса, пыс– с етіп жарылып кетердей. Аз-кем үнсіздіктен соң, дауысы тарғылданып шықты.

– Мына баланы ауылға апарып таста!

– Қарт әке– шешем оны қалай бағады?

– Сені де бақты ғой. Бағар бірдеңе ғып...

– Ақшаны өзім табамын...

– Қайтіп?

– Онда шаруаң болмасын!

Азамат басы салбырап, отырып қалды. Ертесіне 8 жасар ұлын ертіп, жолға шықты.

 

Венера сән салонынан шықпайтын болды. Боянады, сыланады. Түнімен түнгі клуб, қымбат қонаүйлердің маңайында, кафе, бар, ресторандарда болады. Табыссыз емес. Айына біраз нәпақа тауып та жүрді. Азамат әйелінің теріс жолға түскенін көп ұзамай- ақ аңдаған. Бірақ амалы қайсы? Не істейді? Абайдың бір өлең бар еді, «Қатыныңның ойнасын, көрсең күнде қоймасын, сонымен тең біз енді» деген. Пұшайман халге түсті. Арақтан да біраз сілтеді. Іштегі уыт басылмады, қайта одан сайын күшейе берді.

Оңай олжа қайда бар? Бұл дүниеде есепсіз ештеңе жоқ. Сайран саласың, сауық құрасың. Бәрінің төлемі бар. Алты айдан кейін Венераның басына уайым бұлты үйірілді. Венера венералогиялық емханадан бір-ақ шықты.

Басында бір тал шашы жоқ қасқабас дәрігер Венераның анализдерін қарап шығып, ауыр күрсінді.

– СПИД-ке шалдыққансыз...

Венераның тілі байланып қалды. «СПИД! Сұмдық-ай! Мүмкін емес!..».

– Жұбайыңыз бар ма?

– Бар.

– Жыныстық қатынасқа жиі түсесіз бе?

–  Анда- санда...

– Бөгде адамдармен ше?

– Құдай сақтасын!...

– Онда жұбайыңызды да тексеруіміз керек. Ертең таңғы сегізде күтемін...

Венераның емханадан шыққандағы түрі-түр емес еді. Бәдені кез келген еркектің жанарын өзіне тартып алатын, сылаң қаққан сұлу келіншек демде нәрі сығылған апельсиннің қабығына ұқсап қалды. Сыртқа шығып, бір тал сигарет шекті. Асығыс-үсігіс шамалы құныға сорды да қалдығын урнаға лақтырды.

«Азамат білсе, өлтіреді ғой..».

 

Айта алмады. Шошаңдап, көшеге шығып несі бар еді? Үй алмағандар да жүр ғой... Ал енді не болды? Өліп-тіріліп, жанын сатып, тәнін сатып үй алғанда, онысы қараң қалғалы тұр. Денсаулық болмаса, байлық неге керек? Баспана, басқа да тіршілік қызығы денсаулықтың барында ғана екен. Шолжаңдағаннан не тапты? Біраз ойнақтады. От басты. Опынып отырыс мынау.

«Қайдан жұғуы мүмкін?..».

Көз алдына клиенттерді кезек– кезек келтірді. Бәрінде сақтық шарасын жасаған сияқты еді. «Рэдиссон» қонақүйінде африкалық жігітпен жанасқан. Есінен тандырып еді. «Содан болмаса...».

 

Азаматтың әкесі ұлының көңіл-күйі кетіп қалғанын үйге кірген бетте аңғарған.

– Мынаны баға тұрасыздар ма?

– Қарағым, бәрі дұрыс па?

– Дұрыс көке.

– Келін келе алмады ма?

– Жұмыс көп...

– Пәтерің не болды?

– Соның қамы ғой... Шаруалар реттелгесін баланы алып кетем...

– Жүрсін осында. Қаланың төрт қабырғасына қамалып, боп-боз боп кетіпті. Келе ғой құлыным!

Немересі әу баста атасына жатырқай қарап тұрған, үй ішіндегі жылулықты бала жүрегі бірден сезеді. Состиып тұрған жерінен атасына қарай жақындады.

– Бопты. Осында болсын.

– Бүгін қайтам...

– Не асығыс? Бірер күн жатпадың ба?

– Тығыз шаруа көп...

– Е, өзің біл. Демалысқа келуді қойдыңдар. Келіннің жүзін көрмегелі де бірталай жыл өтті...

– Ой, көке, айттым ғой. Оның жұмысы бар. Босатпайды...

– Не тамақ бермей ме, әке-шешең? Азып кетіпті өзі, құлағынан күн көрінгелі тұр ғой...

Шал немересін бауырына тартып, шашынан иіскеді.

– Жасың нешеде?

– Сегізде...

– Не елсің?

– Ондайды білмейді көке...

– Айтпайсыңдар ма? Үйрету керек... «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі».

Немересі лып етіп түрегелді. Белдеуде байлаулы тұрған биенің жанындағы шұбар құлынды көріп, таң қала қарады.

– Құлыншақ қой. Мінгің келе ме?

– Аха!

Бала басын изеді.

– Әжең саған саумал береді. Ет жеп, талқан жеп тотығасың. Дәу жігіт деген солай болады.

Тұрар ақсақал баласының уайым басқан жүзін көріп, терең күрсінді.

«Бәріміз 8 жасар баладан өрбіп едік. Құдай пенденің басына не салмайды? Алланың сынағы кезіккен шығар. Мұны да  көрейік...».

 

Тап сол мезетте Венера ваннаға суды толтырып құйған. Лыпасынан басқа киімдерінің бәрін шешіп, ваннаға аяғын салды. Екі көзін тарс жұмып біраз жатты. Солқылдап жылады. Біраздан соң қатайды.

– Мұндай ит өмірдің не керегі бар?..

Қолына өткір пышақты алды. Әуелі сол қолының, сосын оң қолының күретамырын қиды. Қан сорғалай бастады. Екі қолын суға салып, өмірден біржола безініп, соңғы рет ақырын тыныс алды да басын суға сүңгітті...

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Азаматтың шақша басы шыр айналды. Венераның өлімі онсыз да үзілгелі тұрған өмір жібін тілімдеп, түте– түтесін шығырап  тастағандай...

Үйді банк тартып алды. «Екі қолға бір күрек» ақыры табылмады. Азаматтың ауылға барғаннан басқа еш лажы жоқ еді...

«Осынша қинайтындай бұл Құдайға мен не жаздым?..».

 

17-тарау

Еламановтың балдызы –  Римма  Аманова,  дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Туғанына алты ай толар-толмаста, әкесі  Аман  «Алашорданың құйыршығы» деген қара тізімге ілініп, қуғын-сүргінге ұшырады.  Жан сақтаудың амалымен бала-шағасын жетектеп, Қытайға ауды. 1962 жылы «жылымық» уақытты пайдаланып, Қытайдан Алматыға оралады. Римма бала кезінен әке-шешесінің басына түскен ауыртпалықты көріп өсті.  Өмір адамды ширатпай қоймайды. Қыз да жастайынан пысық, ойлаған жоспарын іске асырмай тынбайтын жігерлі жан болып өседі.

Самарқанд қаласындағы интернатта оқып жүргенде дәрігер болуды армандайды. Бұрын жоғары оқу орнына түсу үшін алдын ала дайындық мерзімінен өтетін. Кеңес Одағының біраз бөлігінде, Украинада, Қазақстанда жаппай ашаршылық басталады. Қазақтың көбі жоғары жаққа – Өзбекстан мен Тәжікстан, Түркіменстан тарапына қашып, жан сауғалады. Алғашқы дәрігерлік жұмысын Римма оқуға қырғыз елінен жіберілгендіктен, Қырғызстандағы Талас ауданы орталығындағы кішігірім 25 орындық емханасынан бастайды.

Кеңес Одағы мен Германия арасында соғыс басталғанда  Амановтар отбасынан дәрігерлік жоғары оқуды бітірген үш қыз да әскер қатарына алынады. Үлкен қыздары Лия  мен Рита майданның алғы шебіне аттанады. Ал Римма жас жетпегендіктен, бір жағы Бішкек қаласының түбінен, соғыста ауыр жаралы болған жауынгерлерді емдейтін госпиталь ашылып, соған ауыстырылады. Сол кезде Риммаға  әкесінің өлімі туралы келген қаралы хабарды да бастықтары айтқызбай қояды.

1942 жылы госпиталь басқа жаққа көшетін болады. Әкесі қайтыс болған соң, анасы Фариза жас балаларымен бір өзі қалады, араларында жұмыс істеп, отбасын асырайтын ересек ешкім болмайды. Семья жағдайына байланысты  Римманы  әскер қатарынан босатады. Сол жылы анасының жанына келіп, Ташкендегі дәрігерлер дайындайтын жоғары оқу орнына жұмысқа орналасады. Сөйтіп, ол жалғыз өзі жеті  бірдей адамды асырап, 23 жасында әкенің орнын басады. Елдегі еркек кіндіктінің  барлығы дерлік соғысқа аттанады. Ауылдық жерде қалған қарттар мен ересек балалардың күшімен өсірген бидай, арпа сол кезде немістермен соғысып жатқан жауынгерлерге жөнелтіліп отырды. Соғыстың аты – соғыс, тамақ жағы тапшы, қалада нан өлшеммен беріледі. Күнде бір мәрте  ыстық тамақ,  оның өзі ұн қосқан ботқа, ішсе жақсы, кей күндері ол да жоқ...

Жоғары оқу орнында мұғалімдік қызметін істей жүріп, Римма ғылыммен айналысады. Арманы – туған жері Алматыға оралу. Ол кезде інісі Асан оқуын бітіріп, Ташкендегі ұшақ жасайтын зауытқа инженер болып жұмысқа орналасқан. Анасы Фариза  қызының елге қайтпақ ойын құптап, батасын береді. Алматыдағы қызметін дәрігерлік жоғары оқу орнындағы акушерлер дайындайтын кафедрадан бастайды. Соғыс аяқталған соң, майданнан оралған екі әпкесі, Ташкенде тұратын екі сіңлісі осы Риммаға қарайлай келіп, олар да туған елге оралады. Римма Алматыдағы дәрігерлер дайындайтын жоғары оқу орнында мұғалімдік қызмет істей жүріп, 1952 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. 1955 жылы «доцент» атағы беріліп, сол жоғары оқу орнында жаңадан ашылған балаларды емдейтін факультетке ұстаз болып бекітіледі. 1966 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне бас маман болып ауысады. Онда акушер-гинеколог болып қызмет істеп жүріп, ғылыми жұмысын жалғастыра береді. Сол жылдардан бастап ол кісі екпе түрінің барлығына қарсы шығады.

Жаңа туған балаларға екпенің үш-төрт түрін салатыны барлығымызға мәлім.  Оба, сүзек, тырысқақ, туберкулез сияқты ауруларға қарсы деп салған екпе, сол адамның бойында өмір бойы қалып қоятынын айтады. Адам  қатты ауырып, әлсіреген кезде сол адамның бойындағы екпенің салдарынан пайда болатын ауруларды зерттей келе, қазіргі жер бетінде көбейген рак, СПИД, гепатит, туберкулез аурулары сол екпенің салдары екеніне көзі жетеді. Оған қоса, сол адамды қоршаған табиғаттың әсері, күн жарығының ультракүлгінді сәулелерінің әсері, сонымен қатар қазіргі кезде өте қарқынмен дамыған техника мен технологияның жетістіктері адам ағзасына қарсы әсері барлығын түбегейлі  зерттеген Римма Аманова  дәрігерлік ғылымның екпе егу саласына қарсы қырық жыл күреседі.

Екпе дәрісін ойлап тапқандар баяғыда докторлық диссертация қорғады. Олар бұл өмірмен қоштасқан да шығар. Дүниежүзінде түрлі ауруға шипа деп  дәрі  шығаратын жүздеген зауыт  бар. Қазақстан екпе дәрісін шетелден қымбат бағаға сатып алады. Бұл жүйенің іске асқанына 70 жылдай уақыт өтті. Дәрі шығарып жатқандар ол дәрінің тез арада сатылуын ойлайды. Ол мемлекеттік тапсырыс болғандықтан, емханаларға келіп түседі. Жатқан бизнес.

Римма ұлы мен қызынан өрбіген алты немере, сегіз шөбересінің  біріне де екпе  жасаттырмаған. Балалардың барлығы да аман-сау өмір сүріп жатыр.

Римма Аманова жұмысын жасы 75-ке толғанша атқарып, зейнеткерлікке бір-ақ шықты. Ұзақ жылғы ізденісі  үшін халықаралық қауымдастық тарапынан «Жылдың үздік адамы» деген жоғары атақ берілді.

– Мынау Азаматтың баласы, уақытылы екпе жасалмаған деп мұғалімдер мектепке алмай жатыр.

– Неге алмайды?

– Тіркеу қағазы Астанада, балам біреу-міреуден беріп жіберем деп еді. Әлі келетін емес.

– Римма Аманова жіберді деп мына кісіге барыңыз.

Ақ қағазға тасқа таңба басқандай етіп, маржандай тізілген сөздер түсті.

– Ойпыр-ай, балдыз-ай! Сен болмасаң, қайтер едім? Жағдайды естідің ғой. Шешесі  анандай халге ұшырады...

– Иманды болсын! Қиын болған екен.

– Анау вакцина деген пәлесін салдыртайын ба?

– Ешқандай вакцинаның керегі жоқ.

– Мектепке алмаймыз десе...

– Алмай көрсін!..

– Бірдеңе дейтін болса, өзіңе келемін.

– Ошақтың үш бұтындай  бір әулеттен үш-ақ адам қалып едік. Әпкем де жиі ауыра береді. Сізге тағылған айыпты естідім. Әбден қинапты ғой...

– Е, болатын нәрсе болды.

– Сотқа беру керек еді...

– Қайтесің. Бұл дүниенің қиянаты о дүниеге кетпейді...

– Сонда да пагон тақтым екен деп адамды сонша қорлауға бола ма? Оңбағандар!..

– Әпкең осында көшейік деп болмаған соң, ірге көтердік. Маған кез келген қара жұмыс жарайды.

– Баламның фазендасы бар. Жылқы, қой ұстайды. Осы күні мал бағатын қазақ жоқ...

– Малдың жайын білем ғой...

– Азық– түлікке қам жемеңіз. Айдарға айтып қойғам...

– Мына баланы қайда жатқызамын?

– Даңғарадай үйіміз тұрған жоқ па? Біздікінде жатады...

– Алла разы болсын!

– Екпе салдырмаңыз. Біреу-міреу сүйреңдесе, маған айтыңыз.

– Жақсы. Екпе салған сайын ауру дегенің асқынып бара ма, қалай?

– Адамның иммундық жүйесі деген болады. Кез келген ауруды адам ағзасы қарсы күресіп жеңуі керек. Бұлар оны ойлап жатқан жоқ. 50 жыл дабыл қағып келемін. Елейтін, елең ететін жан баласы жоқ...

– Бір білгендері бар болар.

– Жезде, баяғы қазақ қандай еді? Бір-біріне бауырмал, туыс десе емешегі үзіліп тұратын. Қайырымды, мейірімді еді...

– Заман өзгерді ғой...

– Заман емес, адам өзгерді. Әсіресе, біздің қазақ. Нағыз қатыгез, тасжүрек, рахым дегенді білмейтін буын өсіп шықты. Қазақтың әуелгі қалыбынан жұрнақ та қалған жоқ. Біреуге біреудің ықыласы түгілі көлеңкесі түспейді. Осының бәрі екпе жасаудың салдары екенін құдайдың құтты күні қақсап келемін. Құлақ асатын пенде болсайшы!..

– Ер азаматтан бетер қайсарлығың барын білемін. Бұл өкіметке адам болмаса, жақсы сияқты ғой...

– Қазақтың көбейгенін қаламайды бұлар...

– Не боп кетті өзі?

– Кеше телебезерден берді: Түркістанда сәбидің жұлын сұйығын сорып алып, шетелге сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталыпты. Қазір бәрі жасарғысы келеді. Құдайдың өлшеп берген ғұмырын қолдан создыру – армандары. Бір Алла ғана пендесіне жан береді, өзі ғана алады. Құдіретпен ісі жоқ. Бәрін бизнестің көзіне айналдырып алған...

– Қайдам, түбі не боларын?..

– Заманақырдың белгісі...

– Ақырзаман дегеннен зәреміз қалмаушы еді. Дүние төңкеріліп кететіндей көрінетін. Сөйтсек, ақырзаманда адам құрып кетпейді  екен. Жұтқан ауаң мен ішкен суың – у, ішкенің – ірің, жегенің – желім... Бәрі бар сияқты, бірақ қылар амалың да айлаң да жоқ... Шарасыздық... Я күнің өтпейді, я тірлігің бітпейді... Екінің бірі –  дертті. Ақырзаман – осы заман екен...

– Айтпаңыз, жасым болса 100-ге қарады. Небір сұмдықты, бала болсақ та ашаршылықты, соғысты, қуғын-сүргін дегеннің бәрін көрдім. Бірақ адамзат баласының осылай азғындағанын көргем жоқ...

– Әпкең жүзден асты. Әмеңгерлікпен алып едім. Қартайып бітті. Бір аяғымыз төрде, бір аяғымыз көрде дейтін уақыттан да асып кеттік...

– Өлмеген соң осы...

– Құдай ақырын берсін!

– Сол құдай бізді ұмытып кетті ме, деп қорқамын...

– Қой, балдыз... Жүрейін...

– Амандық болсын! Бала-шағаның алдында кетсек, арман жоқ...

Тұрар балдызымен қайырласып, немересін жетектеп сыртқа шықты.

«Сүйегі асыл адам ғой!..» деді ішінен.

 

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бір топ қызметкері Түркістандағы бірнеше дәрігерді ұстады.

Балалардың жұлын сұйығы толтырылған колбаларды тоңазытқыштан шығарып, шетелдік азаматқа беріп, оның берген ақшасын санап жатқан жерінен қолға түскен дәрігер қарап тұрмай, сөйлеп жатыр.

– Бізге түк те істей алмайсыңдар. Бұл халықаралық ұйымның тапсырмасы. Күні ертең босатып, кешірім сұрап келетіндеріңді ұмытпаңдар!

– Сөзді қойыңыз!

Полковник шеніндегі қарасұр кісі бейнетаспадағы түсірілімдерді бір қарап өтті де кекесін түрмен сайрап тұрған дәрігерге шүйлікті.

– Обал-сауап деген қайда? Ақша үшін тұтас ұлттың денсаулығын құртып, қылмысты әрекетке барғаныңыз ұят емес пе?

– Маған күн көру керек...

– Арсыздықпен тапқан ақшаң қай ұшпаққа жеткізер екен, көрерміз...

– Кешірім сұрайтын боласыңдар...

– Әкетіңдер!

– Халықаралық ұйымға қарсы мәу деп көріңдер...

– Неғып тұрсыңдар? Әкетіңдер дедім ғой...

Полковник ызадан жарылуға шақ қалды. «Басқа-басқа өз ұлтына қастандық жасау деген не сұмдық!..».

 

– Кел, келе ғой...

Шалдың немересі басын қалтаң-қалтаң, аяғын талтаң-талтаң еткізді де құлап түсті. Буын-буынын ұстай алмайды. Тәлтірек қағады. Шар-шар етіп шырылдайды.

Баланың ащы дауысы өзектен өтеді.

– Жұлынын сорған дей ме...

Күректей алақанымен баланың басынан сипады.

– Әлі-ақ шауып кетесің, құлыным...

Бала жәутең-жәутең етеді. Шал шыдай алмады. Белін буған ұзын орамалды ағытып, көзінен сорғалай аққан жасты сүрткіштеді.

– Бұл заман не боп кетті? Төбеңнен ракета құлайды. Астыңнан уран улайды. Ұрпақ-ұрпақ деп шыр-пырымыз шығып жүреміз... Сөйткен ұрпағымыз туғаннан дертті. Осы күні дені сау пенде көрмейсің. Бәлніс толы кезек. Қаптаған ауру. Құдайым-ау, көрсеткенде – осындай азапты көрсет деп пе едік?..

Бала апыл-тапыл басқысы келеді. Аяғы өзіне бағынбайды. Құлайды. Жылайды.

– Сорға біттің бе, сорлы бала?!.

Шал да дауыс сала аңырайды.

Жер күнді айналып барады. Күн кімді айналып барады? Мұңдының мұңын, зарлының зарын кім тыңдайды?

Далада азынаған жел тұрды. Апталап, айлап соғады. Жыл он екі ай осы...

«Е, Жасаған! Біз не жаздық саған?..».

 

18-тарау

Швейцарияда аяқ-қолы жансызданып қалған адамдарды жүргізетін чип ойлап табылғалы біраз болған. Мыңдаған адамдардың  күдігін үмітке жалғаған осы жаңалық туралы Джонс Кеплер де естіген.   Ғалымдар оған «жұлын интерфейсі» деп ат қойыпты. Лозанна политехникалық мектебінің ғалымдары екі чиптен тұратын тіп-титтей имплантты өндіріске жіберіп те үлгерген. Осы имплант арқылы ғалымдар параличке ұшыраған маймылдарды арнаулы сынақтан өткізіп, 2 аптадан кейін олардың жүріп қана қоймай, зыр жүгіруіне де қол жеткізген көрінеді. 

Адамның кез келген әрекеті мидың импульсы арқылы жүзеге асады. Біз егер орнымыздан тұрғымыз келсе жүйке талшықтары омыртқа бұлшық еттеріне тапсырма береді, сол арқылы орнымыздан көтерілеміз.

Паралич – ми мен жұлынның, жүйке жүйесінің істен шығуы. Ми дененің өзге бөліктеріне тиісті тапсырма бере алмайды. Мәселен, аяққа. Омыртқа қатты зақымданған сайын паралич те ұлғая түседі.

Маймылдарға жасалған тәжірибе барысында екі чиптен тұратын интерфейстің қалай жұмыс істейтіндігі тексерілді. Бірінші чип мидың қозғаушы бөлігіне, яғни адамның жүріп– тұруы туралы шешім қабылданатын тұсына қойылды.

– Сізге түсінікті болу үшін қарапайым сөзбен мысал келтірейін, –  деді профессор.

– Айталық, телевизорға жалғанатын кабельді біреу қиып кетті делік. Кабельде ток бар, бірақ телевизорыңыз көрсетпейді. Солай ма? Тап сол тәрізді мидан берілген тапсырма да аяққа, қолға жетпейді. Түсінген боларсыз...

Кеплер басын изеді.

Бірінші датчик – сигналдарды қабылдайтын қабылдағыш ретінде жұмыс істейді. Сымсыз жүйе арқылы екіншісіне сигнал береді. Екінші чип науқастың жарақат алған жеріне, яғни жүйке сигналы өтпей тұрған тұсқа қойылады. Бір датчиктен екінші датчикке берілетін сигнал компьютер арқылы жіберіледі. Осы интерфейс жүйке талшықтарына хабар береді. Соның арқасында өлі талшықтарға тапсырма түседі де қозғалу мүмкіндігі пайда болады.

Бұл қазіргі қолданыстағы епетейсіз конструкциялардан әлдеқайда арзан әрі тиімді. Қазірдің өзінде аяқ-қолы жансызданып, жер басып жүре алмай жатқан мыңдаған адамдардан тапсырыс түсіп жатыр.

Кеплер Элиздің бүкіл анализдерін, рентген мен МРТ түсірілімдерін профессорға көрсетті. Әр анализге шұқшия қарап, үңілген сайын қабағы түйіліп кеткен профессор көзілдірігін шешіп, Джонсқа ренішті жүзбен қарады.

– Неге ертерек әкелмедіңіз? Біраз уақыт өтіп кетіпті...

– Жағдай солай болды...

– Һім... Пациент қайда?

– Римде... Науқасты қозғау мүмкін болмады...

– Түсінікті... Маған не қыл дейсіз?

– Сіз менімен бірге Римге жүруіңіз керек.

– Мистер Кеплер, менің мың-сан жұмысым бар...

– Реніште қалдырмаймын...

Кеплер портфелін ашты да қол қойылмаған ақша чегін көрсетті. Профессор өз көзіне сенбеді. Көзілдірігін жөндеп тағынып, чекке шұқшиды.

– Бола ма?..

– Әңгіме басқа. Қашан жүру керек?

– Тап қазір. Кешеуілдеуге болмайды.

– Мен...

– Егер пациент тілге келетін болса, мына сумма екі есе көбейтіледі...

– Болды. Жиналуға мұрсат беріңіз.

Профессор жылдам басып кабинетіне қарай кетті.

Джонс Кеплер оны көзбен ұзатып салып, телефонына жармасты.

– Баркер мырза! Профессор келісті. Аэропортқа қарай жылжимыз. Басқа тапсырмаңыз жоқ па?

– Джонс! Бар үміт – профессорда... Асыға күтемін!

– Жолыққанша, мистер Баркер!

 

Элизді толық тексерістен өткізген профессор басын шайқады.

– Миына қатты зақым келген. Бірақ әрекет жасап көрейін...

– Профессор қолыңыздан келетін нәрсенің бәрін жасаңыз. Өтінемін.

– Сүйікті жарыңыз үшін неге болса да дайын екенсіз.

– Мен бәріне дайынмын.

Кеплер шынында да бәріне дайын еді.

 

Баркер Джонс Кеплерге Элизді тілге келтірудің барлық амалын жасау үшін пәрмен берді.

– Қалайда Элиздің есін жиғызу керек. Құпия деректердің қайда екенін сол ғана біледі!..

Профессор пациентке чип салуға кірісті. Интерфейсті бір-біріне жалғады. Компьютер арқылы сигнал жіберді. Бұл әрекет бірнеше мәрте қайталанды. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Профессор өз әрекетінің сәтсіздігіне түңіліп, теріс айнала бергенде, Кеплер Элиздің сұқ саусағы қимылдағанын байқап қалды.

– Профессор мында қараңыз.

Элиздің кірпігі қимылдады.

Профессор қалбалақтап датчикті іске қайта қосты.

Келіншектің ерні қимылдағандай болды.

– Доктор, Элиздің ерні қозғалды.

– Қазір, қазір...

Маймылдарға жасалған тәжірибе адамға да әсер етті. Арада бір апта өткенде, Элиз басын көтерді.

– Джо! Мен қайдамын?

– Қозғалма! Саған қимылдауға болмайды...

– Бұл қай жер?

– Емханадасың...

Элиз талықсып кетті. Өң мен түстің, тіршілік пен түнектің арасында. Өңінде еш белгі жоқ: қаны ұйып, алпыс екі тамыры солып қалған гүл секілді солғын тартып, бозарған күйі жатыр. Кеплер 24 сағат бойы оның қасында отырды. Тапжылмады.

Профессор іштей жігіттің махаббатына сүйсінген. «Шын ғашық адамдар ғана ауыртпалық атаулыға осылай төзе алады».

Элиз тілге келгенімен жаны қиналып, түні бойы безек қағып шығады. Аяқ- қолдарын бауырына жинай алмай, ұзыннан сұлық түскен. Джонс жарының бойындағы жылт еткен өзгеріс болса, елпең қаға қуанады. Ұзын сонар үнсіздікке, ешқандай қимыл белгісі байқалмай, ұзақ уақыт қыбырсыз жатып қалса, дегбірі қашып, мазасызданып кетеді.

– Бізге уақыт керек.

Профессор Кеплердің  жүзіне кінәлі адам сияқты тура қарай алмай, ақырын сөйледі.

– Қанша уақыт? Қашан тірілтесіз? Қанша күтуім керек?

Джонстың ызғарлы үні палатадағы мүлгіген тыныштықты бұзып жіберді.

– Қолдан келгеннің бәрін жасаймын дегеніңіз қайда?

– Кешіріңіз... Пациент босанғанын біле ме?

– Қайдан біледі? Ессіз-түссіз жатқанына талай болды...

– Сізге бір өтініш бар. Сәби қайда?

– Осында... Балалар бөлігінде...

– Мүмкіндік болса, сол сәбиді алдыртсақ...

– Оны не істейсіз?

– Бір ғана амал қалды. Жарыңыздың аналық сезімін ояту қажет. Сонда ғана...

– Сіздің интерфейсіңізден түк шықпай жатқанда, шалажансар бала не істей алады?

– Бала туғанда зақымданып па еді?

– Барокамерада. Былай дені сау тәрізді...

– Олай болса, сәбиді жеткізіңіз.

Кеплер күмілжіді. «Қалайда Элиздің есін жиғызу керек. Құпия деректердің қайда екенін сол ғана біледі!». Баркердің  дігірлей айтқан бұйрығы санасына сарт ете қалды.

Сәбиді алдырды. Профессор аяқ– қолдары тырбаңдаған баланы Элиздің көкірек тұсына қойды. Құдайдың құдіреті: бала тырбаңдап жатып, қолдарын мамасының мәмесіне апарды, бір қолымен сипалап жатып, тұмсығымен иіскелей келе емшек ұшына жармасты; табиғи инстинкт – борпылдатып сора бастады, Элиз қимылсыз жатыр еді, аздан соң оң қолы қимылдады, сосын...қолын сарт етіп көтеріп, баланың құйрығына, беліне орады.

– Доктор!

– Ақырын! Шошытып алмайық!

Кеплер мен профессор демдерін ішіне алып, төсекте жатқан ана мен балаға жақындады. Элиз көзін ашты. Кеудесіндегі сәбиге мейірлене қарады. «Джо! Біздің ұлымыз! Аман-есен босандым!». Ап-анық сөйледі. Джонс Кеплер аспанға секіруге шақ қалды.

Арада бір апта өткенде Элиз аяғын қозғалтты. Қойған сұрақтарға жауап бере бастады.

– Элиз ханым! Мені естимісіз?

– Естимін...

– Халыңыз қалай? Ештеңе мазаламай ма?

– Қозғала алмаймын...

– Оқасы жоқ! Әлі-ақ шауып кетесіз...

– Маған не болды?

– Уайымдамаңыз! Сәбилі болдыңыз!

– Джо! Менің Джом!..

– Атын солай қойдыңыз ба?

– Джонс Кеплер! Кішкентайым!

– Қымбаттым! Есіңе түсірші... Мен саған бір зат беріп едім ғой...

Кеплер профессордың иығынан асылып, Элизге ентелей түсті.

– Джо! Сен қайда болдың? Қиналдым ғой... Қайда кетіп қалдың?

– Сенің қасыңдамын. Ешқайда кеткенім жоқ..

– Мен ұзақ ұйықтаған сияқтымын...

 

Элиздің халі жақсарған сайын Кеплер оның жанынан бір елі ажырамады. Неге екені белгісіз, жас әйел күйеуіне үрке қарайды. Кеплердің қойған сұрақтарына мардымды жауап бермейді. Көбіне үнсіз қалады.

Профессор пациент өз-өзіне келгенше артық сұрақ қойып, мазаламауды өтінген. Кеплерге бұл түрпідей тиді.

– Сіздің шаруаңыз болмасын! Бұл – өмірлік мәселе!

– Дегенмен, науқастың жағдайы әлі нашар. Кез келген уақытта комаға қайта түсіп кетуі мүмкін...

–  Ендігісін өзім білемін! Араласпаңыз!

Профессор шығып кеткен кезде Кеплер сәбиді тік көтеріп алды.

– Элиз! Түсір есіңе! Әйтпесе, мынаны жерге былш еткіземін!

Элиз шошынып, селк-селк етті.

– Айт деймін! Саған берген зат қайда? Қайда тықтың?

– Мен... мен..

– Соңғы рет қайталаймын. Джонс Кеплер саған бірдеңе берді ғой. Ол не? Қайда?..

Элиз қапелімде ештеңенің байыбына бара алмай, түсінбеген күйі күйеуіне қарады. Сосын оның төбеге көтерілген қолдарының арасында бұлғаң-бұлғаң еткен сәбиін көрді. Көзі шарасынан шығып, қарсыласарға дәрмені жетпей, екі қолымен ауаны қармады. Сөйтіп жатып мойнындағы алқаны іліктірді.

Кеплер әйелдің әр қимылын қапысыз бақылап тұр еді. Элиздің мойнындағы алқаға, оның ортасына ілінген титтей түймедей кулонға көзі түскен. Мыйының түкпірінде «Осынша ақымақ болғаным-ай, мұнда екен ғой» деген ой сарт етіп келе қалғанда қолындағы баланы жерге былш еткізіп тастай салды да Элизге тұра ұмтылды. Келе алқаны бытырлатып үзді. Жауһар моншақтар еденге шашылды.

Мойнындағы моншақ... Кулон...

«Осыған да басың жетпегені ме?.».

Кеплер алды-артына қарамай, палатаны тастай қашты.

Профессор қарсы ұшырасты. Не боп қалғанын білмей, сәл аңырып, жүгіріп бара жатқан Кеплердің тосын әрекетіне таңдана қараған бетте палатаға кірген.

Еденде қимылсыз жатқан сәбиге, сосын емхана төсегінде тырп етпестен қимылсыз жатқан әйелге көзі түскенде мұнда қандай қылмыстың орын алғанын аңдады.

Жанұшыра Элиздің тамыр соғысын тыңдады. Жүрегі соқпай қапты. Кілт бұрылып сәбиге жақындады. Еденге басымен түскен екен. Алақандай жер қып-қызыл қанға малыныпты.

«Бұл не сұмдық!..».

Сұмдықтың көкесі алда еді...

 

19-тарау

Джонс Кеплер Дэвид Баркерге бармас бұрын Камеронның алдына келді. Аң қағып келген тазы иттей бұлғаңдай басып,  қожайынына ыржаң қақты. Моншақ кулонды қалтасынан алып, Камеронға берді.

– Жарайсың! Мәліметтер осында ма?

– Осында болуы керек...

Камерон алдындағы компьютердің сол жақ қапталындағы кішкентай ойыққа флешканы сұқты.

Монитордың бетіне қаптаған цифрлар, түсініксіз таңбалар шықты.

– Ах, кәрі қақбас! Бәрін шифрлап тастапты ғой...

Камерон санын соқты.

 

Бір жарым сағаттан кейін Камерон мен Линнеманн мінген көлік Баркердің офисінің алдына келіп тоқтады.  Ferrari компания  шығарған әлемдегі ең қымбат автомобиль рариритет атаулының мақтаулысы еді. 1963 жылы құрастырылған Ferrari 250 GTO  маркалы көлікті Камерон американдық  коллекционер Джвид МакНейлдің ұлынан   100 миллион  долларға сатып алған болатын.

Ferrari 250 GTO-ның бірінші шығарылымында небары 33 машина болды. Шассиі 4153 GT  деген зауыт нөмірлі автокөлік әдеттегі  қызыл түсті Ferrari-ден өзгеше болатын.  Көлік жалтыраған ақ күмістей өте сүйкімді. Шығарылғалы бері бірде– бір жол апатына соқтықпаған көлікті Камерон жақсы нышанға бағалаған. Спорткарда  12– цилиндрлы  мотор, көлемі –  3,0 л, 300 аттың күші бар. Өте жылдам.

 

Баркер жолығатын жерді өзі белгілеген. Тау басындағы тып-тыныш демалыс орны. Бөгде адамдардың қарасы көрінбейді. Дэвид Ханс Линненманнды жақтырмай қарсы алды. Оның ұсынған қолын да алмады.

– Мен оңбағандардың сәлемін алмаймын!

Ханс қипақтап кейін шегіне беріп еді, Камерон оны алға итерді.

– Тартынбаңыз!

Линненманн амалсыз ілгері жүрді.

– Сэр! Танысып қоялық. Камерон...

– Ия, не шаруамен келдіңіз?

Баркер Хансты адам құрлы көрген жоқ.

– Харрисон менің қас дұшпаным еді. Қазасын естідім. Бәрімізге ортақ әңгіме бар...

Ханс Дэвидке жақындады.

– Сенімен сөйлесуге құлқым жоқ.

– Тыңдасаң нетті! Өте маңызды мәселе. Харрисонның не жоспары бар екенін біз білеміз. Оның бүкіл құпиясы бізде...

Баркер таңданған түр көрсетті.

– Не құпия? Мен білетін Харрисон барлығын ашық және жария жасады.

– Сен де білмейтін нәрсе.

– Камерон мырза, мынау не де көкіп тұр?

Сөзге Камеронның араласуына тура келді.

– №033-ті жақсы білесіз деп ойлаймын...

Баркер еріксіз селк ете қалды. «Бұлар қайдан біледі?».

– Жасыратыны жоқ, біз де жұмыс істедік. Екінші Джонс Кеплер біздің адам...

– Мүмкін емес.

– Неге олай ойлайсыз? Қазір бәрі де мүмкін... Ноутбук бар ма?

Баркер даяшылардың бірін шақырды. Көкшіл көзді жас жігіт жетіп келді. Баркер оның құлағына бірдеңелерді сыбырлады. Жігіт шалт кері бұрылып, артынша шағын ноутбукты алып жетіп келді.

– Мынаны қараңыз!

Камерон флешканы ұсынды. Монитордағы жазбалар мен түрлі схемаларды көрген Дэвид Баркердің түсі бұзылды.

– Сіздерде бұл қайдан жүр?

– №033-тің тапқаны...

– Оның өзі қайда?

– Қауіпсіз орында...

– Мынауыңды мен білмедім...

– Құпия шифрды сіз ғана білесіз...

– Ал білдім делік. Ары қарай не істемексіздер?

– Соны анықтау үшін келіп тұрған жоқпыз ба?

Баркер қонақтарға сусын алдыртты. Көкшіл көзді даяшы көзді ашып– жұмғанша сырт еткізіп, сусынның қақпағын ашты. Сылдырлатып үш бокалға құйды.

– Алыңыздар! Шөлдеген шығарсыздар...

– Рахмет!

Камерон су толы бокалға күдіктене қарады. Ханс шыдамастан сусыннан бір– екі ұрттады.

Баркер ауыз тиген де жоқ. Камерон бокалды кері ысырды.

«Өлетін жерін білетін қу секілді...». Баркер Камеронның жүзін сынай қарады.

– Сонымен, әңгіменің өзегі не болмақ?

Камерон Хансты жеңінен тартып, сөйле деген ишара білдірді. Ханс Линненманн тұтығыңқырап тіл қатты.

– Дэвид! Менің де иттігім болған шығар... Бірақ, сені дұшпан санаған жоқпын. Өле-өлгенше Харрисонмен айқасамын деп серт бергенім рас. Енді ол жоқ. Біздің тараптан біраз жоба бар. Жалғыз өзіңе ауыр... Бізге одақтасу керек. Менің жасаған талдауларым қажет болар деп ойлаймын. Барлық есепті жасап шықтым. Қазіргі әлем тізгіні – сенің қолыңда. Харрисон болғанда мұнда келмес те едім.

Бұлардың жанына Альфред жақындады.

Үшеуі гольф алаңында ары-бері ұзақ жүрді. Альфред соңдарынан ілесті. Құдды көлеңке сияқты. Анда барса, сонда, мында барса, мұнда...

 

Ұзын сөздің қысқасы,Трансұлттық компаниялар өзара келісімге келді.

Даяшы  жігіттердің барлығы бірдей, бойлары да, қимыл-қозғалыстары да. Жақ ашып сөйлемейді. Робот секілді...

 

– Концертке қалай қарайсыздар?

Баркер ашық алаңқайдағы оншақты музыканттар отырған жерге беттеді. Олар жақындай бергенде музыканттардың алдына дирижер көлбеңдеді.

– Қане, отырайық!

Үшеуі қаз-қатар тұрған бірнеше орындыққа отырды. Әдемі классикалық музыка ойнап тұр. Камерон қайта-қайта алаңдап мініп келген көлігін көзден таса етпеді. «Кім біледі мұның не ойлағанын...».

Жаңа одақтасының көңілі басқа жақта екенін Баркер де аңлаған. «Зәлімін қарашы, сұмпайы!».

 

Олар бір-бірімен жылы қоштасты. Баркер Камеронның қолын қаттырақ қысты. Хансқа алақанын жай бере салды.

Спорткар орнынан арындап қозғалғанда Баркер өз ноутбугына қарай құстай ұшқан. «Ақыры, табылды-ау!..».

Іле Камеронның «Бізде негізгі данасы бар, мынау копиясы» деген сөзі есіне түсті.

«Қулықтарына кісі бойламайды. Жарайды, көрерміз. Не көрмеген бұл Дэвид!..».

 

 Музыканттар орындарынан тұрып, аспаптарын жинап жатқанда, виолончельде ойнайтын орта жастағы адам дирижерге немқұрайлы қараған. «Бәрі жақсы, бірақ дирижердің адамша тыныс алмайтыны жаман». Робот дирижер ешкіммен қоштаспай кетіп қалған еді...

Адамзат баласы тарақан, құмырсқа, көбелекке дейін жасады. Жасанды нәрсеге ешкім де жан бітіре алмайды. Жанды беру және алу –  Жаратушының ісі.

 

Камерон тау басындағы виллаға тартты. Ашық алаңқайдағы жасыл газон теп-тегіс, шашын тықырлатып алдырған адамның басындай – артық талшық жоқ; сәндік ағаштар да аса биік  емес, бәрі ұқыпты бағбанның қолынан шыққаны байқалады; қаз-қатар өскен туя талдары әппақ мәрмармен көмкерілген әдемі ғимаратқа сән беріп тұр.

Баспалдақпен жылдам көтерілген Камерон сыртқы есікті ашып, үйге кіргенде бірден үлкен холлға кезікті, терезенің оң жақ қапталындағы диванда жасы келсе де сұлу жаратылысын жоғалтпаған әйелді көрді.

– Қалай болды?

Әйел жұқа ұзын сигаретті құныға сорды да, Камеронға бұрылды.

– Мәліметтер біздің қолымызда... Баркермен кездестік...

– Білем...

– Ежелгі дағдысына басып, бізді түлкібұлаңға салмақ болды...

– Қанықпын бәріне...

Камерон «онда бұл әңгіменің қажеті қанша» деп ойлап үлгерген жоқ, әйел орнынан тұрып, бойын тіктеді. Жасы келді демесеңіз, әйелзатының ішінде бір еркектің басын төрге сүйрейтін, жолыққан еркек кіндіктінің есін алатын сұлулығы көзге ұрып тұр.

– Сонымен, келісті ме?

– Сондай сыңай танытты. Бірақ бізге сенбейтін сияқты...

– Түсінікті. Альфред болды ма?

– Қыр соңымыздан көлеңке тәрізді қалмай қойды...

– Содан аулақ болғандарың жөн еді...

Әйел сол жақ бұрышта ұяшықтарға қаланып, түбі көрініп тұрған шарап бөтелкелерінің бірін бері шығарды.

– Қызылы ма, жоқ ашық түстісі ме?

– Мен шарап іш...

– А, ұзағырақ сақталғаны дұрыс болар...

Әйел басқа бөтелкені алды. Камерон одан бұрын қимылдап, шарапты ашты да хрусталь бокалдарға сылқылдатып құя бастады.

– Не үшін алатынымызды білемісің?

– Денсаулық...

– Біздің ортақ жеңісіміз үшін!

Сыңғыр еткен дыбыстар шықты.

Сәл-пәл үнсіздікті әйелдің сыңғырлаған күлкісі бұзды.

– Олар кіммен ойнап жүргенін білмейді ғой!..

– Кімдерді айтасыз?

Камерон онша ұқпаса да әйелдің көңіліне қарап, ыржия күлген болды.

– Жарайды, реті келер... Қалай концерт ұнады ма?

Жігіт тосылып қалды. «Баркердің бізге концерт ұйымдастырғанын қайдан біледі?..».

Ойын оқығандай, әйел қолына пультті алды да тұтас қабырғаны алып тұрған экранға қарады.

Гольф алаңы. Даяшы жігіттер... Таныс көрініс...

– Баркер – барып тұрған алаяқ! Ал Харрисон...

Камерон шағын оркестрдің мүшелерін тегіс көрді.  Қолын ербеңдетіп тұрған дирижерді ғана көре алмады...

– Баркер ойлайтын шығар, адамның аяғы жетпейтін  жерде жүрмін деп...

Жанарын тіктеп, Камеронға қарады.

– Бекерге алаңдадың... Ол сенің көлігіңе жарылатын нәрсе қоя алмайтын еді...

– Кім біледі?..

– Ендігі әрекетіміз былай болады. Бері жақында!

Әйел ортадағы қымбат итальян ағашынан жасалған үстелге ертіп әкелді. Қолындағы пультті басып, музыка дыбысын барынша күшейтті. Ешкім тыңдай алмасын дегендей...

Расында, әйелдің не айтқанын ешкім аңдай алмас еді.

Камеронды сыртқы есікке дейін шығарып салған әйел ол ұзап кеткенше тапжылмай терезеден қарап тұрды. Сосын терең бір тыныстады да кек пен зәрдің кермек ауасын жұтып алғандай, қабағы түйіліп зілдене дауыстады.

– Бұл иттердің сазайын бермей тоқтамаспын!..

 

20-тарау

Дамыған елдерде дүниежүзі халқының 15 пайызы тұрады. Әлемде шамамен алғанда нақты 31 дамыған ел бар.  Олардың  санатына Австралия, Австрия, Бельгия, Ватикан, Ұлыбритания, Германия, Греция, Дания, Исландия, Ирландия, Израиль, Испания, Италия, БАӘ, Канада, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сан-Марино, Сингапур, АҚШ, Тайвань, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония  кіреді.

ХХ ғасырдың соңына таман «Биосфера-2» деген атаумен ғылыми эксперимент жүргізілді. Футуристтік комбинезон киген 8 адам Аризона шөліндегі  герметикалық шлюзге кірді. Ауа өткізбейтін шыны күмбезді ғимараттың ішінде бес ландшафтық модуль орналасқан, мұнда джунгли, саванна, батпақ, шөл дала және шағын мұхит бар еді. Осындай табиғат бедеріне қоса мұнда  ауылшаруашылық блогы, авангард үлгісінде салынған тұрғын үй болды. Тәжірибелік алып ғимараттың әртүрлі бөлігінде ешкі, шошқа, тауықтан бастап 4000 түрлі жан-жануар мен жәндік орналастырылған.

Сыртынан да, ішінен де қарағанда нағыз жұмақ мекен іспеттес. Осы жерде сегіз адам екі жыл өмір сүруі тиіс болды: күмбез астындағы өсімдіктерді өсіреді, осы жерде ішіп-жейді, осында тыныстайды...

8 колонист ферма алаңқайларында күн сайын еңбек етті. Осы заманғы технологиялық жетістіктердің жемісі – күрделі жүйелердің бәрін қадағалады, джунглиде не болып жатқанын бақылады, балық аулады, жағажайда күнге қыздырынды, ал кешкісін бәрі жиналып батып бара жатқан күннің қып-қызыл шапағын қызықтады.

Бір күні «Биосфераның» бас технигі  безектей бастады.

– Біздегі ауа дұрыс емес, күн сайын бәрін өлшеп жүрмін. Оттегі азайып барады.

– Қалайша?

– Мүмкін емес...

Мұндай тосын жаңалық бәрін әрі-сәрі күйде қалдырды. Бұлай болуға тиісті емес.

– Егер жағдай осылай бола берсе, біздің бәріміз өлеміз...

Бас техниктің сөзі бионавтардың үрейін ұшырды. Олар жасыл биомассаны көбірек өсіруге ұмтылды. Қанша дегенмен өсімдіктен оттегі шығады ғой. Қолдан жасалған теңізден де оттегі шамалы болса да келіп тұрды. Бірақ бәрібір күмбез астындағылардың тіршілігі қиындай түсті.

Көп ұзамай тағы бір проблеманың төбесі қылтиды. Ферманың 20 сотық жерінен алынатын өнім 8 адамның азықтануына толық жетпейтіндігі мәлім болды. Төрт еркек пен төрт әйелге теңдей бөлген күннің өзінде рационда  1700 калорий болуы тиіс, бұл кеңседе отырып жұмыс істейтіндерге жеткілікті, алайда күн сайын ауыр жұмыспен айналысатындардың асқазанына жұқ та болмайды. Басында швед столына қойылатын тамақ біртіндеп грамдап өлшеп берілетін жағдайға жетті. Тамақ қалдықтарын шошқаға құя салудың алдында «өзімізге жейтін не қалады» деген сұрақ көлденеңдеді.

Фермаға жауапты Джек Пейзер көңілсіз еді.

– Салың суға кетіп қалыпты ғой...

Доктор Валфорд оның қасына келді. Оның да көңіл-күйі пәс. Бірақ онысын білдірмеуге тырысты.

– Бізде азық– түлік дағдарысы басталады...

– Шошқа құсап алдымызға қойғанды жей бермегеніміз дұрыс. Диета деген жақсы...

– Онсыз да 10 кило салмақ жоғалттық қой бәріміз...

– Оқасы жоқ. Жарты жылдан кейін холесторол деңгейі төмендейді... Метаболизм жақсарады...

– Қайдам...

– Күмәніңіз болмасын!

Алғашқы жаз колонистерге мүлдем қолайсыз болды. Зиянды жәндіктер күрішті өсірмей тастады. Батата, бұршақ, сәбізді көбірек жегеннен бионавтардың денесі сарғыш тартты. Бета-каротинді көп пайдаланғанда солай болады.

Оның үстіне «Биосфера – 2»-нің төбесін қыс бойы бұлт басып тұрды. Бұл джунгли фотосинтезін нашарлатты. Онсыз да жетпей жатқан оттегі мөлшері азайды. Еккен нәрсенің бәрі жөнді өспей қалды.

Керемет ғимарат солғын тартып сала берді: қолдан жасалған шөл аймағында ауа конденсациясы бұзылды, төбеден тамшы сорғалайтынды шығарды; соның салдарынан көптеген өсімдік көктемей жатып шіріп кетті; джунглидегі бес метрлік ағаштар қурай бастады, тоғандардағы балықтар өліп, коралл біткен де қынадай қырылды; мұхиттың суы ащы боп кетті. Джунгли мен саваннадағы жан-жануар да барған сайын азая бастады. Тек тарақандар мен құмырсқалар ғана қиындыққа төтеп берді.

– Доктор, басым айнала береді...

– Шамам жоқ, шаршадым...

– Әлім құрыды...

Бионавтардың денсаулығы сыр берді. Тез шаршайтын болды. Ашуланшақ.

– Көзіңе қарамайсың ба?

– Мен не істедім?

– Сен бар, менің басқа да шаруам жетерлік.

– Кетші, иттің баласы!

Осыдан бір жарым жыл бұрын бір-бірімен сыпайы сөйлесіп, биязы байланыста жүргендер күнде не болса соған ұрыса кететінді шығарды.

Үлкен аквариумда тіршілік етіп жатқан сегіз адамның өмірі былайғы жұртқа қызық болмағанымен журналистер үшін маңызды еді.

– Харрисон мырза! Бионавтардың жағдайы қалай?

– Не қалайы бар? Бәрі дұрыс... Эксперимент ойдағыдай жүріп жатыр...

– «Биосфераның» ішіне кіріп, олармен тілдесуге бола ма?

– Болмайды. Олардың қалай өмір сүріп жатқанын сырттағы шыныдан көрулеріңізге болады.

Телеоператорлар мен фототілшілер ғимараттың сыртынан, шыны терезелерден іштегілерді түсіріп жатты. Тістерін жарқыратып, күлген түр көрсеткен бионавтар бұрыла беріп тістенеді.

– Біз түгел құрымай тұрғанда, жағдайымыздың жетісіп тұрмағанын елге жеткізуіміз керек.

– Келісімшартты бұзасың ғой...

– Құрып кетсін, сол келісімшартың!

– Екі жыл қалайда шыдауымыз керек!

– Сен шыдарсың, мен шыдай алмаймын...

Күңкіл– шүңкіл көбейді. Мұның бәрі Роберт Харрисонның құлағына жетті. Тіпті доктор Валфорд, әшейінде ең сабырлы, төзімді адам, оның өзі Харрисонға мұңын шақты.

– Жағдай қиындап барады. Сырттан азық-түлік алдыртпаса, болмайды.

– Жоқ! Шыдау керек!

– Колонистердің жартысы солай ұйғарды. Дегенмен...

– Сөзді қойыңыз да іспен айналысыңыз!

– Оттегінің күрт азаюын түсіне алмай...

– Бәрі бақылауда... Алаңдамаңыз!

Валфорд кеткесін Харрисон халықаралық деңгейдегі бірнеше ғалымды шақырған.

– Оттегінің азаю себебі неде? Зерттеп, анықтаңыздар!

 

Төрт әйелдің біреуі шошқа фермасындағы боқтықты тазалап жүріп, әлсірей бастады. Басы айналып, көзі қарауытқасын тынығып алмаққа отыра кеткен. «Осы жерде сүйегіміз шірімесе, нетті?». Көзін жұмып, ойға шомып кеткені сол, біреудің жақындап келе жатқан тықырын сезді. Көзін аша бергені сол еді, ентіге ырсылдап кеп қалған әйел – Абигайель мұның бетіне былш еткізіп түкірді.

– Кәззап! Бәрі сенің кесірің!..

– Не болды саған?

– Жұмақта өмір сүреміз дегенің қайда?

– І– і...

– Саған сеніп...

– Қиындық болады ғой... Шыдауымыз керек...

– Шыдамның да шегі бар! Мен халықаралық ұйымдардан көмек сұраймын...

– Сабыр етші!

– Кетші өзің! Сабыр дейді ғой!.. Мына шошқа да өлер алдында шыңғырады!.. Шошқа құрлы жоқпыз ба?

 

Күзде фермадағы соңғы шошқа арам қатты.

Доктор Валфорд өз міндетін орындаудан бас тартты. Бионавтар түнімен ыңқылдап, ауа жетпегендіктен ұйықтай алмайтынды шығарды. Харрисон мен Баркердің «Биосфераға» қосымша ауа жіберуден басқа амалы қалмады. Бионавтарға қосалқы азық-түлік есебінен азықтануға рұқсат етілді. Жағдай шамалы жақсарғанымен сегіз бионавтың бастапқы жігер-жалыннан жұрнақ та қалмады. Жиі-жиі шәңкілдесіп ұрысады. Қит етсе боқтап, балағаттайды. Жұмысқа да енжар. Тіпті бір-бірімен сөйлеспейтін де болды.

 

– Оқыдың ба?

Баркер «Ғасыр эксперименті сәтсіз аяқталды!» деп айқайлатып қойылған  тақырыбы бар газетті Харрисонның алдына тастады.

– Көрдім...

Харрисон сүлесоқ күйде газетті кері ысырды.

– Оттегінің жетіспеушілігі  цемент жабындылардың әсерінен болыпты. Оттегі цементпен реакцияға түскенде қабырғаға окис қышқылы болып жабысады. Сосын біздің апарған топырағымыздағы түрлі бактерияны ескермеппіз, ондағы микроорганизмдер де ауа арқылы тіршілік етеді... Бұл – ғылымдағы соңғы жаңалық! Ал джунглидегі ағаштардың солып, қурап кету себебі – желдің болмауынан екен. Жел болмаса, олардың тамыры бекімейтін боп шықты...

Баркердің айтып жатқан сөздерін Харрисон елең қылмаған секілді. Қатты ойланып, алысқа – тым алысқа қарап тұр.

– Біз басқа жобаны қолға аламыз!

– Қандай жоба?

– Уақыты келгенде білетін боласың...

 

«Бүйтпесең, Харрисон боласың ба?..». Баркер таңдана басын шайқаған.

Камерон әкелген флешкадағы шрифтограммаға шұқшиған Баркер өткен-кеткеннің бәрін есіне алып отырып, Харрисонның мүлдем басқа бір нәрсе ойлағанын ұқты.

– Мұндағы мәліметтер маған да белгілі.

– Сонда Харрисонның не ойлағаны бар? Сізден жасыруы мүмкін емес!

– Ол өз ойын ешқашан айтқан емес. Тіпті маған да!..

Камерон Линненманнға қарады.

– Оның құпиясын енді біле алмайтынымыз өкінішті!..

– Ия. Өкінішті!

Үшеуі жолдың тупигіне тірелген жолаушыдай дағдарып қалды.

 

Адамзат баласы роботтарды өзі артық ештеңе істемеу үшін ойлап шығарды. Басында ауыр жұмыстарды атқаруға, сосын көмекші қызметін орындауға, біртіндеп көптеген міндетті жасауға... Кибер-даму  жаңа сатыға көтерілді. Жапониядағы ғылым мен технологияның озық жетістіктері Ұлттық институтында андроидтардың жеті деңгейі құрастырылған. Олар ән де салады, би де билейді, тілдесе де алады, кез келген жұмысты мүлтіксіз атқара алады. Аралда тұратын ел сырттан жұмыс күші келмейтін болған соң, осындай шараға барған болатын.

Адамның басына электронды чип қойылады. Көмірқышқылы мен темір байланысқа түседі. Адам темірді, ақпаратты тікелей басқара алады. Ақпаратты жарықтың жылдамдығынан да тез жеткізу мүмкіндігі пайда болды. Бұл ғарышты игеруге, микроәлемді түсінуге, жаңа технологияларды игеруге кең жол ашты. Квантты ақиқат осындай. Бірақ, адамдар өздері жасап шығарған роботтардан қорқа бастады. Олардың физикалық күш жағынан жүз есе күшті екені анық. «Ал олар бізден де ақылды болса ше?».

Кейбір ойындарда қолдан жасалған кейіпкерлер адамзатты үш параметр бойынша артқа қалдырды. Харизма, ұқыптылық, ойлай білу қабілеті жағынан  алғанда роботтарда харизма жеткіліксіз, сезіну қабілеті төмен болғанымен, ұқыптылық мәселесінде адамдардың алдын орап кетті.

Жапониядағы андроидтар жеті атаға жетті. Олар көптеген проблеманы шешіп те жатыр. Ал солардың өзі проблемаға айналса, қалай болады?

Робот адамға әу бастан бағынышты. Олардың ешкімге зияны тимеуі тиіс. Берілген бұйрықтарды қалтқысыз орындауы қажет. Жапонияда олардың құқығы туралы заң да әзірленген. Әлем футурологтары «роботтар адамдар арасына сіңіп кетсе, не болмақ?» деп алаңдай бастағалы да ширек ғасырдан асты.

Осыған дейін күшті мен әлсіз арасындағы айқас заңы белгілі. Кім күшті, сол жеңеді. Тірілер бір-бірін жеңумен, жеумен келді. Қазір жағдай басқаша. Әлеуметтік социум қатарына роботтар қосылды. Олар адамзатты жеңіп кетсе ше?

 

21-тарау

 «Адамзат – жол айрығында» атты Рим клубының баяндамасы 1974 жылы шықты. Онда АҚШ-тың Кливленд штатынан шыққан Месарович жасаған методика бойынша күрделі жүйелердің есебі мен талдауы жасалды. Ол «Көп деңгейлі жүйелер теориясы» деп аталды. Осы еңбек бойынша әлем 10 өңірлік жүйеге бөлінді. Бір өңірдің проблемасын басқа өңірлер арқылы шешу моделі іске қосылды. Негізгі мәселе –   бүткіл өндіріс жүйесін оңтайландырып, өнеркәсіптің залалды саласын қажетсіз аймақтарға ығыстыру.

Радикалды мондиализм – өз аумағындағы табиғи  ресурстарға иелік еткізбеу, елдердің егемендігін жоққа шығару. Бәрі де айналып келіп, меншік құқығына келеді. Экономикалық және әскери күшті иеленгендер «әлемнің жаңа тәртібін» жасауға ұмтылды. Түрлі сылтау ойлап табылды. Айналып келгенде, әлемнің бүкіл ресурсын иелену және бөлу дегенді өз пайдасына қаратты. Мәселен, Батыс мұнай бағасына ауытқу туғызды деп Иракты «жазалады». Соған Батыстың қандай құқы бар деп ықпалды топтар мен күштердің ешқайсысы бас қатырған жоқ. Бұл олардың жылы-жұмсақтан, жіліктің майлы басынан еш уақытта айырылғысы келмейтінін көрсетеді.

Месрович баяндамасында «әлемді басқару қиындады, енді жаһандық «Бас жоспар» жасаудың уақыты келді» деген уәж алға тартылды. Оны тек әлемдік өкімет қана жасай алады деген байлам жасалды.

Әлемдік жүйенің ядросы – «бірінші әлем». Оған алып мемлекеттер кіреді. Олардың басып алған елдері «буферлік аймақ», қалғаны – «үшінші әлем» елдері. Қажет болған жағдайда бірінші әлемге кіретін елдер кез келген аймаққа өз әмірін жүргізе алады. ХХ ғасырдың 20-жылдары Францияда аграрлық дағдарыс туындағанда Алжирдегі егістік жерлердің жартысы француз-колонистеріне берілді. АҚШ-та жұмыс күші жетпей жатқанда, Африкада «сен тұр, мен атайын» дейтін тепсе темір үзетін 7 миллион еркек құлдыққа алынды. «Бірінші әлемнің» «үшінші әлемнен» тартып алған несібесі  жылына 400 миллиард долларды құрайтынын есептеп шығудың қиындығы жоқ. Соның есебінен «бірінші әлемде» жұмысшыларды пайдалану 40 пайызға төмендеген.

Таразы басын ұстап тұратын теңгерімді «гомеостаз» деп атайды. Осы уақытқа дейін барлық әрекет демократияға негізделіп келсе, ендігі таңда саналы түрде диктатураға көшу туралы ашық айтыла бастады. «Технократиялық элитаның қайырымды диктатурасы» деген ұғым пайда болды. Демократия «әлемді басқару» ісінде кәдеге жарамайды, «демократизмді кеңейту сол демократияның өзіне қауіп тудырады» деген пікір күшейді.

Рим клубының екінші баяндамасында қос автордың бірі Э. Пестель /ФРГ, Ганновер/ «парламенттік демократия мен еркін нарықтық шаруашылықтың әлсіз жері – екеуі де қысқа мерзімде әрекет жасауға ғана қабілетті» деп тұжырымдайды. «Шөлдегі дауыл» операциясы – соның мысалы.

Рим клубының мүшелері тағы да бас қосқан. Бұл жолғы әңгіменің ауаны бөтен.

– Біздің әрекетіміздің бәрі заңды.

Баркер жиналғандарға бұрылды.

– 1974 жылғы 1 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Жаңа халықаралық экономикалық тәртіпті орнықтыру Декларациясын» қабылдағанын еске салайын. Бұл кедейлердің бүкіләлемдік әлеуметтік-саяси революциясы. Олар уақыт өткен сайын бай мен кедей арасындағы әділетсіздікке қарсы ашына беретін болады. Миллиардтаған адам билікті, байлықты, табысты қайта бөлуді талап ете бастады. Осы бізге керек пе? Егер біз өз іс-әрекетіміздің берегей жоспары мен тактикасын жасамасақ, қолдағы барымыздан айырыламыз.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының (РИО –  Reshaping the International Order) «Әлемдік тәртіпті қайта құру» деген жобасынан не шықты?

Камерон Баркердің сөзін бөлді.

– 40 жылға есептелген бұл жоба бойынша байлар мен кедейлер арасын біртіндеп жақындата беру көзделіп еді. «Біз адамзат баласын табиғи заңдылықтарға сәйкес дамытып, жалпыға бірдей даму сатысына қол жеткіземіз» деп армандадық. Сол не болды? «Үшінші әлем» милығып жатыр. Олардың қай уақытта туып үлгеретінін есепте де алмай қалдық... Батыстың жақсы өмір сүріп жатқаны – олар үшін жан азабы. Жер сілкінер алдында тектоникалық плиталар қозғала бастайды. Тап сол секілді әлем жаңа сілкініс алдында тұр...

– Әңгіме мәселенің ушыққанында емес, әлеуметтік прогресті ешқандай декларация қамтамасыз ете алмайды.

Баркер тамағын кенеді.

– Менің ойымша, біз үшін кедей елдер – аса қауіпті. Халықтың эгоизмі небір авантюралық әрекеттерге бастауы мүмкін. Тіпті соғысқа дейін! Оның беті аулақ, әрине. Бірақ, әлемдегі тұрақтылыққа кепілдік беретін нәрсе – бастан-аяқ ойластырылған идеология мен біздің ақыл қайратымыз! Солай емес пе?

Орындықта отырғандар ептеп қозғалақтады.

– Адамзаттың шектен тыс көбеюі кедейлікті тудырып отырған жоқ па? Оның қазіргі қарқыны – планеталық экопатологиялық процесс қой!

– Табиғи ресурстар сарқылғанда қалай болады?

– Ұлттық суверенитет барлық мәселені шеше алмайды.

– 30 жылдан кейін Қытай 500 миллионға, Индия 600 миллионға, Нигерия, Бангладеш, Пәкістан 200 миллионға көбейеді, сонда не болады?..

Әр жерден жамырай шыққан дауыстарға Баркер байыппен қарады да сөзін жалғады.

– Сондықтан, «Хейфц блогы», яғни адамзаттың өсімін жоспарлы түрде азайту деген мәселеге қайта ораламыз. Біздің «бірінші әлем» қазір жердің 80 пайыз ресурсын тұтынып отыр. Қоршаған ортаға 80 пайыз қалдық шығарамыз. Қалған 5 миллиардтан астам адам бізден үш есе аз тұтынады. Батыстың бір тұрғынына қарағанда, жер шарындағы бір кедей 10 есе кем қоқсық тастайды. АҚШ-тың бір тұрғыны Индияның 1500 тұрғынымен теңдеседі. Жаңа әлемдік бөліністе жеңетіндер де, жеңілетіндер де болмай қоймайды. Жеңілгендер жеңгендерден әлденеше есе көп болады. Оларды қайтіп ауыздықтаймыз? Азаматтық қоғам және классикалық политэкономия, яғни либерализм теориясы осыған дейін нәтижесін берді. Жаман өмір сүргеніміз жоқ. Қазір неолиберализм уақыты келді. Біз бәрін қайта електен өткізуіміз қажет. Қоғамдық құрылымдардың бәрінде мүдде қайшылығы сақталады. Элитаның диктатурасын енгізбейінше, бұл тығырықтан шыға алмаймыз... Иненің ұшына пәлен  шайтанды ілуге болатын шығар, ал жер шарына 1 миллиард қана адам сияды...

– Қандай ұсыныс айтасыз?

– Бір әрекет жасауымыз керек қой...

Жиналғандар арасында осындай сұрақ тастағандар болды.

– Парсы шығанағындағы жағдайды реттеген болдық. Иракка, Иранға эмбарго қойдық. Батыс ендігі таңда бұл жабайыларды орнына қоюы керек. Евгеника деген ескі ғылым бар. Адам баласын гендік тұрғыда жақсартудың амалы. Біз жер бетіндегілермен өмір бойы айқасып, шайқасып өте алмаймыз. Сол себептен жаратылыс иелерін тұқымынан құрту жоспарын ұсынамын... Жалпыадамзаттық құндылықтарды қабылдай алмайтын елдерге жер шарында орын жоқ!

 

Сомалидегі «Үміттің оралуы» операциясы кезінде әлемнің жетекші БАҚ-ы батыс жұртына «олар да адам ғой» деген аянышты ойды тықпалаумен болды. Аштықтан әбден арып-ашып, бұратылып жатқан африкандық балалардың бейнесі үздіксіз көрсетілді. Оның жанында шықшыты майланған теңіз жаяу әскерінің күліп тұрған сәті, Біріккен Ұлттар Ұйымының маржан тістері ақсиған медсестра қызының келбеті қатар берілді. «Міне, нағыз адам қандай, сендер қандайсыңдар» деген ұстаным. Қара нәсілдінің жанында ақ адам – нағыз адам екені насихатталды.

– Мама, сүт ішкім келеді...

Африкалық әйел баласына қайырымдылық қорынан келген құрғақ сүт қоспасын қайнатып берді.

– Мама, өлген адамдар қайда кетеді?

– Аспанға...

– Олар ұшып кете ме?..

– Көп сөйлеме... Әлсіреп қаласың...

Бала жаңа ғана ішкен сүтін лақ еткізіп құсып тастады. Қимылдауға дәрменсіз. Демалысы білінбейді. Өлеусіреген жанарымен мынау жарық дүниені, жалпақ әлемді бір шолып шықты.

– Мам!

– Не?

– Менің өлгім келмейді...

– Балам, тыныш...

– Аспанға ұшқым келмейді...

– Не сандырақтап жатырсың? Қой енді...

Бала тыншыды. Аяқ-қолы семіп қалған. Қабырғалары ырсиып кеткен. Жағы суалып, көзі шүңірейіп жүдеген ұлының жатқан жатысын көріп, әйел көз жасын сықты.

– Алтыным, ертең азық-түлік келеді. Тамаққа бір тойсаң, әлі-ақ шауып кетесің!..

Бала үн қатпады. Сұлық түскен күйі денесінде қозғалысқа келетін бір-ақ нәрсе – солғын, қоңыр көзімен зеңгір көкке қарады.

– Ана жаққа ұшып кеткендер баскетбол ойнай ма?..

– Тыныш. Тыныш...

– Менің ойнағым келеді. Добымды ініме бересің ғой, ия?..

Көзі допқа түсті. Доп та домалақ. Жер де домалақ...

– Мама! Жұмақ та домалақ па?..

Әйел жауап қатқан жоқ. Кешке жейтін азықты – банан қабығын сығып, бір ыдысқа жинастырып отыр еді. Бір кезде өз-өзінен секем алып, лашықтың көлеңкесінде жатқан баласына үрейлене назар аударды.

– Муса!

Жанұшыра түрегелген. Етегіне сүрініп, баласына қарай ұмтылды.

Аузы сәл ашылып, аспанға қарап жатқан баланың көзінде зеңгір көктегі бір шөкім бұлт фотоаппаратқа түсіргендей бір орнында қатып қапты...

Әйел дымын шығармай, үнсіз жылады.

 

Дамыған елдер жер планетасының «қалған тұрғындарын» азайту жоспарына кірісті. Жер бетінде нешетүрлі жұқпалы ауру көбейді. Қайыршылық, кедейшілік... Бірқатар елді  ашаршылық жайлады. Азық-түлік тапшылығы күшейді. Бір қасық суға зар болған елдердің де қарасы жетерлік еді...

Әлемдегі мультимиллиардерлердің бірі «жаңа вакцинаға» бірнеше миллиард доллар салғанын мәлімдеді.

«Иненің ұшына пәлен  шайтанды ілуге болатын шығар, ал жер шарына 1 миллиард қана адам сияды...».

 

22-тарау

Биотехнология  тып-тыныш лаборатория қабырғасында өмірге келді. ХХ ғасыр осы саладағы жаңалықтарға толы болды. 1943 жылы «құтыдағы» ұрыққа жан бітті. 1973 жылы адам баласын «құтыда» туғызу мүмкіндігі туралы мәселе көтерілді. 1977 жылы Оксфорд университетінің зоология профессорлары 50 құрбақаны клондады. 1987 жылы Америка университетінің ғалымдары адам баласының ұрығын бөлшектеп, оны 32 клетка деңгейіне  дейін көбейтті. 1997 жылы Долли атты қой клондау жолымен жарық дүниеге маңырап келді. 2000 жылы америкалық ғалымдар әлемде тұғыш рет адамды клондауды жүзеге асырды. Ұлыбритания генетиктері клондауды одан әрі дамыту адамдардың «сау» ағзасын жасауға мүмкіндік беретінін, мәселен, бүйрек пен бауырды қолдан жасауға болатынын мәлімдеді.

– Сол әрекеттің бәрі бұл күнде күлкілі, –  деді профессор. – Қазіргідей биотехнология дамыған заманда еркек пен ұрғашы атаулының бір-біріне керегі болмай қалды. Қараңыз, мына лабораторияда не керектің бәрі бар – бүйрек керек пе, жүрек керек пе, бауыр керек пе, өкпе керек пе?.. Адам ағзасының кез келген қосалқы бөлшегі алдыңызда тұр. Алыңыз да ауыстырып сала беріңіз...

– Доктор Аки, генетикалық модификациялық өсімдіктердің зияны туралы тағы да мәселе көтерілді. Бұған не айтасыз?

– Адамзат баласы алға жүрудің орнына ылғи осылай кері тартады да тұрады. Есіңізде ме, Швейцарияда жыл сайын әлгіндей өсімдіктердің зияны туралы айғай шығады. Бәрібір, қанша айғайласа да олар соны тұтынып отыр ғой. Маған оның орнын толтыратын басқа бір азық-түлік түрін тауып беріңізші. Жаңағы Швейцарияңызда фермерлердің 55,7 пайызы трансгенді жануарлар мен генетикалық модификациялық өсімдіктерге қарсы болды. Неше рет референдум өткізілді. Нәтижесі қайда? Батыс жұрты клондауға қанша рет қарсы шықты. Тіпті шіркеуге дейін араласты. Сонда тапқандары не? Еуропа мемлекеттерінің бәрі жасанды өнімдерді қанша ғасырдан бері тұтынып келеді. Ешкім өлген жоқ...

– Ресейдің жалпы генетика және цитология институтының өкілдері феногенетика және цитогенетика саласын зерттей келе, адам ағзасына зиянды заттардың көп екендігін анықтапты. Бұл жаңалықты Еуропа халқы үрке қарсы алды. Мұндай ақпарат ақиқатқа айналса, сіздің жаңалықтарыңыз құр сөз болып қалмай ма?

– Біздің ғалымдар арасында мұндай «жаңалықсымақтарға» ере кететіндер де табылады. Генетикалық жағынан өзгеріске түскен ет пен сүт өнімдері адам ағзасына зиянды деген пікірден танбай келе жатқандар да бар. Олар қанша? Саусақпен санауға келмейді. Біз қаншамыз?

– Ресей ғалымдары өзге ген араласқанда шошқаның тұяқтары түсіп қалғандығы туралы әлемге жар салуда. Олар да қателесіп отыр ма?

– Өзгеріс болмай қоймайды. Ағзадағы гармоннан ба, әлде хромосомада ма, әйтеуір бір өзгеріс болатындығы заңдылық. Ал шошқаның тұяғы түсіп қалыпты. Оның қайтып шықпайтындығына күмәніңіз бар ма?

– Әлем ғалымдары клондау ісіне қолдау білдіріп отыр. Өлген сәбиді қайта тірілту немесе бастаған ісін бітіре алмай кеткен талантты адамды өмірге қайта әкелу төңірегіндегі Сіздің жаңалықтарыңызға ешкім де дау айта алмайды. Ал адамның репредукты құқығы туралы заң қабылдап, клондау ісіне ашық қарсылық көрсетіп отырған Ресей ғалымдарының соңғы жаңалықтары біздің басқа жолға түсіп бара жатқанымызды аңғартпай ма?

– Дей берсін. Мың жаңалық ашсын! Қарсы болмақ түгілі қатып қалсын. Бәрібір біздің елге ешкім теңесе алмайды. Еске салайын, алғашқы клондау амфибияға, тышқандарға, сиырларға жүргізілді. Әлгі Долли атты қойды шотландық ғалымдар өмірге әкелгенде адамзат баласы дүр сілкінген еді ғой. 2002 жылы сол қойдың дұрыс дамымай қалғандығы туралы барша жұрт даурықты. 2003 жылы Доллидің өкпесі қабынды. Ғалымдар оны өлтіріп тынды. Одан кейін клондау ісі қарқын алды. Нәтиже күткендегідей болған жоқ. Шетінен өліп қалды... Қаншасы ауруға ұшырады... Эксперименттердің бәрі сәтсіздікке ұрынды. Сол кезде тоқтап қалғанда не болатын еді? Мынаның бірі де болмас еді! Білдіңіз бе? Біз қойды қойып, адам баласын клондау ісін қолға алдық. Жер-жаһандағы адамзат баласы аттай тулап, ұлы ойбайға басты. Ал біз алға кеттік. Осындай секіріс жасамағанда адамзатта донор болатын тірі жан қалушы ма еді? Алғашында әлем медицинасы адам ағзаларын трансплантациялау ісіне қолдау білдірді ме? Білдірді. «Клондар ағзасында ауытқушылық байқалады, экспериментті тоқтатайық» дегендер қазір қайда? Шірігі де қалған жоқ. «Онсыз да ауру балалар көп, эволюцияның тежегіші өзіміз» деп байбалам салған шуылдақтардан не қалды?

– Келісемін. Клондау процесі соншалықты күрделі ме? Әлде не болса да, технологиялық жағынан жетістік болса болды ма?..

– Қателесесіз. Тек қана технология ештеңе бермейді. Біздің елдің ұтқан тұсы қайсы? Жаңа жабдықтардың болуы мәселені шешпейді. Біз ең алдымен жас мамандарды даярлап шығардық. Ресейліктер «екінші адамдарға» әлі де күмәнмен қарайды. Олар өздерінің артта қалғандықтарын мойындағысы келмейді. Олар да клондауға талпынған. Бірақ еркекті таңдап, қатты қателесті. Ал біз әйелді таңдадық. Әйелдің жынысын өзгерту әрекеті ғаламдық ғажайып жаңалыққа жол ашты. Басында бәрі де клондалған адамдар тез қартаяды деп қарсылық білдірді. Ол кезде технология жетіле қоймаған болатын. Содан кейін клондардың тез қартайғаны рас. 18– дегі клон шал секілді көрінетін... Қазір ше? Маңайыңызға қараңыз, қарт адам көріп тұрсыз ба? Адамды жасартатын генді біздің ел ғана ойлап тапты. Солай ма?

– Солай. Ендеше, қияли сауалдарыңызды қоя бермей істің болатын жағына көшейік.

– Шіркеу «құдайдың ісіне араласқандардың жазасын құдай береді» дейді. Сіз қалай қарайсыз?

– Құдай біздің жағымызда. Клондардың жан дүниесі қалай болады? Олар адам сияқты ойланып, толғана ала ма? Күйзелісті көтере ала ма?, – деп дабыл қаққандар қайда қазір? Адамды жасаған Құдай. Көбейткен де Құдай.

– Тағы бір-екі сұрағым бар еді!..

– Марқабат етіңіз, менің мың сан жұмысым бар...

Журналист бармақ басындай диктофонды жып-жылтыр құрылғыға жақындатқаны сол, доктор Акидің суреті мен сөздері тасқа басылғандай сүзіліп шыға келді. Сәлден соң сағатына қараған журналист алақандай мониторға үңіле көз салды.

– Миллион просмотр! Небары 5 минутта! Іс бітті!, – деді де аэромобильге отырды.

Шыны ғимараттардың үстімен ұшып бара жатып, төменге назар салған. Айналаның бәрі жап-жарық, күндіз бе, түндіз бе, айыру қиын. Аэромобильдің пультін басып жылдамдықты, барар бағытын бақылады. Сағат 19.00-ді көрсетіп тұр екен...

 

Баркер Иржи Новактың әкелген мәліметтерін тұтас шолып шықты да дереу басқа клондарды жинауға әмір берді. Есік-терезесі жоқ жабық бөлмеге біртіндеп Рогов, Азамат, Иржи Новак кірді. Олардың соңын ала Кеплер жетті. Баркер Джонс Кеплерге ала көзімен ата қарады. Анау түк болмағандай тесірейе қарайды.

– Орыстардың клондауға қарсы болғанына талай жыл болды. Мұрындарының астынан өтіп кеткеніңді ешкім байқамады ма?

Рогов қожайынының сауалына тақ– тұқ жауап берді.

– Сэр! Ресейдегілерге арақ болса, болды екен...

– Күдік туған жоқ па?

– Бір әйел ғана... Диспансерде ұзақ жыл бас дәрігермен бірге қызмет істеген екен. Сол ғана байқап қалды...

– Оны қайттің?

– Жалғыз тұрады екен, газ плитасын өшіруді ұмытып...

– Жаны жай тапты ма?..

– Онсыз бола ма?

Баркер Азаматқа қарады.

– Қазақтар қызық халық. Не болса, соған әуес... Бірақ ешкімнің ештеңемен ісі жоқ. Тапсырмаңыз толық орындалды.

– Ия, бұл ел туралы білмеуші едім. Барлық  дерек пен мәліметтеріңді көрдім.

– Тірліктері – тірлік емес. Өз денсаулықтарына қалай болса, солай қарайды. Соған қарамастан өміршең. Бәрі туыс секілді...

– Өздеріне жасалған экспериментті біле ме?

– Білмейді... Өліп жатса да қыңқ етпейді...

Баркер үнсіз қалды. Сосын Кеплерге жақтырыңқырамай қарап, көздерін алайтты.

– Неге олай жасадың?

– Нені айтасыз?

– Анасы мен баласын өлтіргенің аздай, куәгерді тірі қалдырғаның қалай?

– Мен... Мен... Асықтым...

– «Асыққан шайтанның ісі!».

Кеплер көздерін жыпылықтатып Баркерге  қарай берген.

– Сатқындық опа бермейді! Ешкімге!..

Қолына әлдеқандай жасыл сұйық құйылған шприцті алды да бейқам тұрған Кеплердің тура маңдайына қадады. Кеплер қарсыласып үлгермеді. Не болғанын түсінбей, әуелі екі бүктетіліп, сосын тұмсығымен жер тіреген күйде еденге былш құлады. Оның желкесін үштік пышақпен тіліп жіберген Баркер тырнақтай ғана чипті суырып алды.

– Тарт сазайыңды! Оңбаған!

Қожайын қимыл-қозғалыссыз қатып қалған Кеплерді бір тепті.

Көз алдарындағы көрініске қалған үш клон шошынған жоқ. Олар «ажал» деген нәрсені тіптен білмейтін еді...

 

Харрисон сүңгуір қайықтарды жақсы көретін. Triton 3300/3 сүңгуір қайығының көлемі  4 х 3 метр, үш адам еркін сиятын субмарин бір километр тереңдікке төмендей алады. Нығыз акрилден жасалған, теңіздің асты ашық көрінетін  кабинада отырып су астындағы тіршіліктің бәрі қызықтауға болар еді. Осы батискафта адамдар алғаш рет  алып кальмармен беттескені белгілі.

Ал Nomad 1000 сүңгуір қайығында су астында 10 күнге дейін тіршілік етуге болады. 1000 теңіз миліне дейін жүзе алады. 1000-Ватты 16 кварц-галогендік суасты прожекотры,  бір жарым метрлік иллюминаторы, ішінде туалет, душ, екі адамдық керует және камбузы бар бұл қайықтың өзіндік артықшылықтары көзге ұрып тұрады. Бірақ 300 метрден артық тереңдей алмайды.

 

Beatles сүңгуір қайығының ұзындығы 12 метр. Seattle 1000 сүңгуір қайығы тым үлкен, ұзындығы – 36 метр. 3000 теңіз миліне дейін тарта алады. Migaloo болса, әлемдегі ең үлкен қайықтың бірегейі, бес каютасы, бес ванна бөлмесі, екі тренажер залы, шарап қоймасы бар, бір сөзбен айтқанда теңіз астындағы қала іспеттес. 3 метрлік жабық бассейні, тікұшақ қонатын алаңқайы, сегіз VIP-люксі бар субмарин  тым епетейсіз көрінген.

Джеймс Кэмерон Титаник пен Аватар фильмдерін 7 метрлік, құны 8 миллион доллар тұратын Deepsea Challenger батискафында жүріп түсіргені елге мәлім. Атақты режиссер Мариан құламасына осы сүңгуірмен жетіп, 2 сағат 37 минут жүзгені белгілі. Кемелер көрмесіне талай рет барып жүріп, Харрисон бірінші кезекте жылдамдығы зор, өте тереңге сүңги алатын қайықты жасатуға құмартқан.

Харрисон ұзындығы 12 метр, құны 12 миллион доллар тұратын Yellow Submarine қайығы мен Deepsea Challenger сүңгуірін біріктіріп, судың асты мен үстінде қатар жүзе беретін, дизелді қозғалтқышы аса қуатты жаңа сүңгуір жасатуға тапсырыс бергеніне тұңғыш рет өкінбеді.

«Кім болса да менімен ойнағалы жүр екен..». Яхтаның күл-алқаны шыққанан кейін ол екі апта теңіз астында болды. Жұрт мұны тегіс өлдіге санап, тіпті Баркердің өзі үмітін үзген шақта мультимиллиардер мынау жарық дүниеге шыққан еді.

«Биосфера – 2» жобасы сәтсіз аяқталғаннан кейін Роберт Харрисон адамзат баласының алдын орап, мүлдем жаңа жобаны қолға алған...

Тек шыны материалдардан тұратын, ешқандай күмбезсіз, сұрғылттау ғимараттары бар қалашықты Харрисон «Менің империям» деп атайтын. Ол сол империясына жеткенде теңіз астындағы екі апта уақыт ішінде бозарып кеткен өңі қайта қызылшырайланғандай болды.

Он күндей тынығып, қуаты мол тағамдар жеп, өз қайратына қайта мінген Харрисон қалың ойдың құшағында отырып, тісін шықырлатты.

«Көрейік, кімді кім жеңер екен?!.».

 

23-тарау

Оның кірпігі қимылдады.

«Роб...».

Моргтың қаз- қатар қаланған ұзын никелді суырмасынан қыздың өлі денесін сыртқа шығарып, енді ішін жармаққа оңтайланған паталоганатом дәрігердің қолынан скалпель сыңғыр етіп бетон еденге түсті. Мәйіттің іші тілінген... Кеуде тұсына, әдемі келбетіне үңіліп қараған кезде қыз кірпігін тағы бір рет қимылдатты. Бір тәуліктен аса «өліп» жатқан қыздың ерні қимылдағандай болды.

Дереу қыздың күретамырын саусақтарымен ақырын басып, болар-болмас тамыр соғысын сезген дәрігер қабырғадағы қоңырау нүктесін басты.

– Тірі! Қыз тірі!..

 

Мадлен Франклиннің өліміне байланысты істі тергеуші арада екі ай өткенде палата есігін тықылдатты.

– Кіруге бола ма?

Іштен ешкім жауап қатпады. Үстіндегі ақсұр плащын орындықтың арқасына іле салып, жылы жүзбен аурухана төсегіне таңылған науқастың жанына жақындаған тергеуші қыздың екі көзі тарс жұмулы жатқанын байқады.

– Кешіріңіз, миссис...

Тергеуші қызды түртіп оятпақшы еді. Еңкейе берген сәтінде төс қалтасына салған ұялы телефоны сырғып жерге түсті. Тосын дыбыстан селк ете қалған қыз көзін ашты.

– Мадлен Франклин сіз бе?

Қыз басын изеді.

– Көп уақытыңызды алмаймын. Бір-екі сұрағыма жауап берсеңіз болды...

Науқас көзін жұмды. Нақ бір тәтті түс көріп жатқан адамдай.

– Сіз өзіңізге не болғанын білесіз бе?

Ешқандай жауап болмады. Тергеуші тамағын кенеп, келесі сұрағын қойды.

– Қонақүйде кім болды?..

Тағы да үнсіздік.

– Құдай жар болып, аман қалғаныңызға қуандым. Сізді түсінем... Балаңыздан айырылу...

Қыз осы кезде ғана ток ұрғандай дір ете қалды. Шошынған күйі көзін ашты.

– Бала?..

– Құдай үшін сабыр сақтаңызшы.

Қыз бірдеңені есіне түсіргендей, қабағын түйіңкіреп шамалы жатты. Артынша бар дауысымен шыңғырып жіберді.

– Жо– жоқ! Баламды аман алып қалу керек!..

Кезекші дәрігер мен медсестра палатадағы ащы дауысты естіп жүгіріп келді.

– Сізге айттым ғой... Науқас әлі өзіне келген жоқ... Шығыңыз!

– Кешіріңіз! Мен...

– Неғып тұрсыз? Кетіңіз бұл жерден...

Тергеуші амалсыз орындық арқасындағы плащын алып, үстіне киер-кимесін білмей сәл қипақтап тұрды да иығы сөлбірейіп палатадан шықты.

Ертесіне ауруханаға қайта оралып соққан тергеуші  палатаның бос қалғанын көріп, санын соқты.

«Мадленді бұл жерден кім алып кетуі мүмкін?..».

 

Доктор Варфелд Мадленді  ультрадыбысты зерттеуден өткізді. Бір ғажабы іштегі шаранаға қатты зақым келмеген тәрізді, тыныс алуы қалыпты, баяу болса да қимылдайды. Бірақ анасы жансыз адам іспетті, кірпігін қимылдатқаны болмаса, тіршіліктен алыстап кеткендей. Комада жатқан қыздың құлын мүшесін бір шолып өтіп, ассистентке ымдап белгі берді. Әлекедей жаланған жас жігіт жедел операция жасау керектігін ұқты.

– Ұл! Міне, нағыз еркек!

Бір сағатқа созылған операциядан соң Варфельд қызылшақа сәбиді әлдилей қолға ұстады.

– Дереу барокамераға!

– Көрер жарығы бар екен...

 

Мадлен екі айдан кейін есін жиды. Түнімен ұйықтай алмай шығатын. Дәрінің күшімен ғана көзі ілініп жүрді. Түс көреді. Түсінде аспанда қалықтап ұшады. Қанаты бар сияқты... Шаршамайды, талмайды. Бір кезде аяғына бір қара жылан оратылады. Бір аяғымен соны тепкілеп, аяғына оратылған жыланнан құтылғысы келеді. Жылан ауыр. Аяғынан түспейді. Шошынып оянады.

Аяғы керуеттің бір жақ қапталындағы ұзын, жіңішке қуысқа кіріп кетіпті.

– Жаман түс көрдіңіз бе?

Мадлен дауыс шыққан жаққа көз қырын салды. Медсестра екен. Бұдан көз айырмай, қадап қарап қалыпты.

– Қайда жатырмын?

– Қауіпсіз жерде...

Орнынан тұрғысы келген. Тұра алмады. Кеудесінде жан жоқ сияқты, аяқ– қолдары өзіне бағынбайды.

– Бәрі дұрыс па? Көмек қажет емес пе?

Мадлен шалқасынан жатқан күйі көзін жұмды. Бәрін есіне түсіргісі келді. Жадында ештеңе жоқ.

– Бүгін қай күн?

– Он тоғызы...

– Жоқ, аптаның қай күні?

– Дүйсенбі, не айтқыңыз келеді?

– Дүйсенбі?.. Біз, біз сенбіде кездесуіміз керек еді ғой...

Қыздың үнінен өкініш пе, реніш пе, әйтеуір бір мазасыздау қалып білінді. Ақырын оң қолын төмен түсіріп, ішін сипалады.

– Роберт! Роберт! Мен баланы сақтай алмадым...

Екі қолы  ербеңдеп кетті. Қыз  көз жасына ерік берді.

– Тынышталыңыз! Сізге қобалжуға болмайды!

Медсестра науқасты тыныштандырды.

 

Эдуард Франклин  жар дегенде жалғыз қызы, жанының жалауы Мадленнің тірі қалғанына тәубе етті. Баланы барокамерада үздіксіз бақылауда ұстады. Әлемдегі ең мықты деген дәрігерлердің бәрінен кеңес сұрады. Доктор Варфелд  биотехнологияның барлық жетістігін қолданып бақты. Сегізінші айда сәби көзін ашты да бар дауысымен шар етті.

– Өмір сүреді! Эдуард мырза, сізге кепілдік беремін!

Франклин аяқ-қолдарын тырбаң-тырбаң етіп жатқан балаға емірене қарады.

– Осындай жазықсыз балақайды қандай сұмырай өлімге қиды екен?

– Адамның жауыздығы айуаннан асып кетті ғой, сэр...

– Мадленнің жады қайта орала ма? Тек шыныңызды айтыңыз...

– Уақыт керек...

– Қанша алты ай, бір жыл?..

– Шынымды айтсам, анандай биіктіктен құлаған адамның тірі қалуы мүмкін емес...

– Қызым тірі қалды ғой!..

– Құдайдың әмірі...

– Сонымен, қанша уақыт?..

– Кемінде екі-үш жыл... Бәлкім, одан да ұзақ уақыт...

– Доктор, қолыңыздан келетін, һім.., келмейтін нәрсенің бәрін жасаңыз...

– Әлбетте. Бар мүмкіндікті қарастырамыз...

– Әуелі құдайға, сосын сізге сенемін!

– Бәрімізге ұлы Жаратушы жар болсын!

 

 

Үш жарым жылдай уақыт өтті. Мадлен биіктіктен зәресі ұшып қорқатын болды. Баспалдақпен екі-үш тепшек көтерілсе болды, жүрегі атқақтап соға бастайды. Бірақ, көп ұзамай бойын тіктеп жүретін болды.

Ашық күн еді. Әкесі мен шешесі демалыс күндері табиғат аясына алып шығып, біраз серуендеткен.

Эдуард темір піспектерге шашлықтың еттерін өткізіп, отқа қойған. Көкшілтім түтінді ары-бері желпіп қалғанда танауына тәтті дәмнің иісі келді.

– Папа! Робертті ұнатпай қалдыңыз ба?

Қыздың тосын сауалына әкесі не дерін білмеді. Қолындағы желпуішін көтерген бойда әйеліне қарады.

– Сенің Робертің келген жоқ мұнда...

– Қалайша?

– Біз сенбі күні келдік емес пе?..

Мадленнің басы айналды.

– Қызым, отыра ғой.

Мамасы қызын жұмсақ орындыққа отырғызды. Біраздан соң Мадленнің санасына үзік-үзік сәуле түсе бастады.

«Сені әбден мақтадым. Осы аптада демалыс күні әке-шешеммен танысасың... Қымбаттым, бұл аптада...».

Есіне түсті. «Роберт қайда? Неге мені іздемейді?».

– Қызым! Үйге кіріп жатасың ба?

– Папа! Роберт хабарласпады ма? Келмеді ме?

– Ол сенің жаназаңа да келген жоқ...

– Оған бірдеңе болды... Келмеуі, мені іздемеуі мүмкін емес...

– Қонаүйде не болды?

– Қандай қонақүй?..

– Есіңе түсірші. Мен үшін әрбір деталь маңызды...

– Қонақүй...

– Қанішерді таппай жаным жай таппайды!

– Кімді?

– Сенің жігітіңді!.. Бар бәле содан келді. Солай шамалаймын.

– Папа! Не айтып тұрсыз? Мен білетін Роберт ондай емес... Ол мені сүйеді...

– Енді қандай? Қайда ол?.. Келмей ме сүйсе..?

– Эдуард!

Әйелінің салқын дауысы мен сабырлы жүзі Эдуардтың арынын тежеді.

– Мадлен әлі өзіне келген жоқ қой. Қинамасаңшы!

 

Кешкісін ашық алаңқайда маздап жанған оттың жалын ұшқындарына қарап отырып, Эдуард Франклин әйелінің иығынан құшақтап, шашынан иіскеді.

– Артық кеттім, кешір...

– Оқасы жоқ. Баласын көрсетпейміз бе?

– Онсыз да есін жия алмай жүргенде... Керегі жоқ. Тіпті білмей-ақ қойсын!

– Өзің біл Эд!

– Доктор Варфелд болмаса... оның қарасын да көрмес едік...

– Құдайға шүкір!..

– Құдайын ұмытқандарды бір тәубасына келтірмей тынбаймын!..

Солтүстіктен жел тұрды. Жел тиген жақтағы ағаш шоқтары қып-қызыл боп үйіріле қалады. Жылт-жылт еткен ұшқындар ауаға көтеріліп, қараңғылыққа көміліп кетіп жатыр.

– Адам да бір жанған от ұшқыны секілді, солай ма?

– Философ боп кеттің бе?

– Қарашы, лаулап жанады... Ұшқындайды... Сөнеді...

– Тоңып кеттім. Жамылғы әкелші!..

Мадленді ұйқы қысқан. Кірпігін айқастыра бергенде, қонақүйдің он екінші қабатынан төменге қарай зауылдап құлап бара жатқаны есіне анық түсті.

– Мені лақтырып жібергені ме?..

Ұйқысы шайдай ашылды.

 

24 тарау

Шыны патшалығы.

Желтоқсан айында Куку сайлауы өткен. Сайлауға қатысқан сайлаушылардың 71 пайызы Шишаны жақтап дауыс берді. Како мен Пако тиісінше 14,5 дауыстан алды да елдің бас Кукуы қызметіне өтпей қалды. Кукуды таққа отырғызу рәсімі қаңтардың 10-ына белгіленді.

Қыс дейтін қыс емес еді: таулы қыратта бәйшешек гүл атып, сай-салада қызғалдақ пен сарғалдақ қаптай көтеріліп, елдің оңтүстік өңірлерінде өрік гүлдеп қойған; күннің қызуы артқаны сондай – кейбір кісілер ақ жаймаларын төсеніп, күнге қыздырынуға көшкен; Үлкен Сарайдың маңайы тіптен ерекше – бұл маңда жаяу жүргінші мүлдем аз, көшедегі ағаш атаулының бәрі көкжасыл мұз кейпінде безендірілген, арагідік полиция көлігінің ащы дауысы ғана естіледі; көлемі жағынан аспанмен таласқан алып экрандардың көптігінен көз сүрінеді, солардың бәрінде ақ қар жамылған асқар таулар, мәңгі мұздақтар кезек– кезек айналдырылып көрсетіліп жатыр.

Шиша сағатына қарады. 10– нан 35 минут кетіпті.

«11– де басталады. Бұл да тарих. Тарихтың жарқын сәті. Таққа мен отырамын!».

Кеудесін біртүрлі мақтаныш сезімі биледі. Жылы жымиып, көмекшісіне қарады. Ол да мұның қимыл– қозғалысын қалт жібермей, жіті бақылап тұр екен.

– Ләппай! –деді.

– Барлық камералар менің келбетімді ірі планда көрсететін болсын, ұқтың ғой!

– Барлығына тапсырма берілген. Өзім қадағалаймын!

– Бұл жеңіс – Аракаку халқының жеңісі! Негізгі месседж – осы!

– Сөз жоқ, мырзам! Аракаку халқын Сіз жаңа жетістіктерге бастай беретініңізге ел сенеді.

– Біздің басты ұранымыз?

– Ұқпадым, мырза?..

– Біздің басты ұранымыз қандай?

– Әділдік! Әзірлік! Әрекет!

– Тап осы сөздерді халық бірауыздан қайталап айтатын болсын!

– Тапсырма берілген, алаң болмаңыз!

– Шаштараз қайда? Айна!

– Қай айнаға қарағыңыз келеді, мырза?

– Ақ шашымды көрсетпейтін айна... Шаш...

– Шаштараз дайын тұр...

Шиша айнаға үңіле көз салды. Шашы қап-қара боп тұр екен. Мінсіз шебердің қолынан өткен қап-қара костюм-шалбары сымбатты денесіне қона қалғандай; әппақ ақ көйлектің сәнін қып-қызыл галстук онан сайын келтіре түскендей, екі иығын кезек көтеріп, тап бір мекиен көрген қораз тәрізді қоқилана қалды – бәрі жарасымды, бәрі жарасымды!..

– Бәрі үйлесіп тұр, –  деді көмекшісі.

– Мен болған жердің бәрі үйлеседі! Есіңде ұста!

Үлкен Сарайдың ішінен қағылған дабыра дауысы естілді. Сарбаздардың сарт– сұрт еткен аяқ дыбысы мұнда да жетті. Қабырғадағы тұтас электронды сағаттың тілі 11-ге 5 минут қалғанда Шишаның аяқ-қолы дірілдегендей болды. Бойын тік ұстауға тырысты. Терең тыныстады. Демін ішіне ұстаған күйі басын тіктеп, айналасына бір қарап өтті. Бәрі керемет!

Қақпа ашылды.

– Аракаку елінің бас Кукуы – ұлы мәртебелі Шии...шш...А  мырза келеді! – деген жарапазаншы дауысы Сарайды жаңғыртты.

Таққа отырғызу рәсімі басталды.

 

Сылаң қағып тұсынан өтті: бәдені келіскен, төсі шығыңқы, анары тіп-тік, болмыс-бітімінде бір мін жоқ; өтіп бара жатып көзінің қиығымен қарап үлгерді, бір сәттік таң қалыс, әйелдік әуесқой сумаң сезімін жасыра алмады тіпті; Екудың бас-аяғын тез шолып өтіп, дәл...ия, тұп тура – сол жерге – еркек кіндіктінің ең жанды жеріне жанарын қадады...

Еку оны елең қылмап еді. Өзімен өзі ыңылдап, қиялы көкке өрлеп тұрған. Қанша сылаң қақса да, мұндай сұлулар оны онша қызықтырмайтын. Біртүрлі жасандылық бар сияқты. Жүрістерінде де, тұрыстарында да...

Еку –  бойы сырықтай, жауырыны қақпақтай, бұлшық еттері ойнап тұрған, жасы жиырма бестегі жігіт. Тумысынан әбжіл. Ширақ қимылдайды. Бойдағы қуат-күші тасып тұрған шағы. Айналадағы бойжеткен атаулы бұған аңтарыла қарамай өткен емес.

– Қиялыңызға қосылсам бола ма?

Еку бұрылып қарады. Жаңағы қыз. Қайта оралыпты.

– Онда орын болмаса ше? Қырсыға жауап қатты.

– Осындай бойы бар жігіттің ойы да кең шығар?..

– Ойға кіргенің – бойға кіргенің емес пе?

– Оны байқап көруге болады... Қыз тым еркін екен. Екудың қолынан тартты.

– Жүр, қала сыртына шығып қайтайық.

– Шықсақ – шығайық.

Екеуі қол ұстасқан күйі аэромобильге отырды. Зырылдаған мотор дауысы біркелкі шығады. Сырғымалы есіктер жабылды. Аэромобиль орнынан тікұшақ тәрізді көтерілді де ауада аз-кем қалықтап тұрып, лып етіп қозғалды.

– Қаладан шаршадым. Қыз жігіттің иығына басын салды.

Еку бастапқыда қарсылық танытқысы келген еді, мына қыздың еркін қылығы біртүрлі жанына жағып бара жатқан соң, онша қасарыса қойған жоқ. Аэромобиль алпыс арқан бойы биіктеді. Төңірек түгел көрінеді. Кең жазық дала. Оң жақта – тау жоталары. Қыз солай бағыт алды. Еку ақырын ғана қыздың сыртқы мүсінін барлап қарай бастады. Иықты, талдырмаш, белі мен бөксесі келіскен, бойы да бар екен...

– Сұқтана беріңіз.

Қыз сыңқылдап күлді. Еку ұрлық үстінде ұсталған ұрыдай қыпыңдап қалды.

Бұлар тау бөктеріне келген кезде күн батысқа қарай байлана бастаған. Самал жел есті. Суы сарқыраған өзен жағасына жетті. Қыз салқын сумен бетін жуды. Еку балағын түріп мұздай суды жалаңаяқ кешті.

– Сіз басқалардан ерекшесіз. Қыз ойын жасырмады.

– Басқалардан айырмам қандай?

– Оны қазір байқаймыз...

Қыз Екудың арқасына кенеше жабысып, мініп алды. Өзеннің табаны тастақ екен, арқасына артылған салмақтан Екудың аяғына тас батып кетті. Ауырсынғанын білдірмеді. Жағаға жақындады. Қыз жігітті құшақтап алды. Екудың бойын бір жалын шарпыды. Еркектік желік пайда болды. Тап соны сезгендей қыз да бір қолымен жігіттің арқа тұсын, иығын, мойнын кезек-кезек сипалап, бір қолын төменге жіберді. Екудың нәпсісі ырық бермей кетті. Көкмайса шөп үстіне қызды шалқасынан жатқызып, кеуде тұсындағы жұқа желекті төмен ысырды. Ебедейсіз қимылдап, әуелі қыздың тамағынан, сосын танауын қадай келе, төңкерілген кеседей анарынан сүйе бастады. Қыз ыңырси талықсыды. Мойыны шалқасынан жерге қадалғанша шалқайып, ауызы ашылып, тынысы тым жиілеп кетті. Осыншалық тосын әсерден шошып кетті ме, бір мезет шабақша шоршып, жігіттің құшағынан ытқып шықты. Дір-дір етеді. Еку де демін жұтып, ентігіп, еріксіз іркілді.

– Болды. Қыздың дауысы қатайып шықты.

– Неге?

– Бұдан әрі баруға болмайды...

– Неге болмайды?

– Болмайды дегесін болмайды...

– Болмаса – болмай-ақ қойсын... Еку орнынан тіктеліп, теріс айналды. Қыз тұншыға жылады.

Біразға дейін екеуара үнсіздік жалғасты. Еку жағадағы қиыршық тастардың арасынан шеті домалақ, жайпақ тастарды іріктеп алып, ағынды судың бетіне атты. Тас су бетіне шоршыған балықтай үзік-үзік созыла тиіп үлгереді де, суға сіңіп жоғалады.

– Бір нәрсе айтайын ба?

Қызға қарады.

– Айт.

– Сен ерекшесің!

– Қалай ерекше?

– Басқалардан бөлек...

– Нем бөлек?

– Айттым ғой...

Қыз жігіттің белінен төмен тұсқа көз қиығын жүгіртті.

– Бірдей ғой...

– Бірдей емес...

Қыз орнынан тұрып қайта жақындады. Екуды тарс құшақтап алды. Жігіттің өкпесі қысылды.

– Не болды саған?

– Бата алмай тұрмын...

– Онда мұнда бекер келдік.

– Жаңағыны қайталашы.

Екудың аптығы басылып қалған болатын. «Мені робот дей ме екен?..». Енжар қимылдады. Бастапқыдай құлшыныс танытпады. Қыз мұны сезе қойды.

– Болмайды бұлай...

– Қалай?

– Бұлай. Бағанағыдай керек.

Қолы қайта жүгірді. Жанды жері. Сипалап жатыр. Еку тосырқап тұрды да әлгіндегі алапат сезімнің ұшқынын ұстады. Екі бұтының арасы оттай ысыды. Лыпаны сыпыру ғана қалды.

– Қорқам... Қыздың дауысы жұтылып естілді.

– Қорықпа.

Екуға қалғаны еміну еді. Жойқын күшпен күн тимеген, тілігіне түрен түспеген тұсқа найзасын қадады. Найза қадалған жерден қан шықпай тұрмас болар... Ар жағы екеуге ғана белгілі, еркек пен әйелге ғана тән арсыл-гүрсіл, алапат арпалыс, шарықтаған шаттық сезім, сол сезімнің ырғақ пен ыңқылға толы терең иірімі; тасты тасқа ұрған тау суындай жойқын ағыс, тән мен жанның талықсытып, толқытып, тоқтамға келтірмейтін жойдасыз жағдайы; айқаласқан екеудің қашан аптық басылып, ентігі епке келгенше ес жиғызбас, етек түргізбес ерекше ахуалы тым-тым ұзаққа созылған еді...

Қалаға қайтып келгесін, аэромобильден түсіп, қоштасар тұсқа жеткенде, қыз жігіттің бетінен шөп еткізіп сүйген. Қатты құшақтаған. Жан тебіренісін жасыра алмай, сыңғырлап күлген... Кетіп бара жатып, бір-ақ ауыз сөз айтты:

– Айттым ғой, сен басқалардан ерекшесің деп!

Кілең шыныдан тұратын алып ғимараттар. Аспанға қараған адамның қалпағы жерге түседі. 32 қабатты мына бір шыны ғимараттың іші айнадай таза. Әппақ ақ халат киген адамдарды әр қабаттан ұшырастыруға болады. Біреумен біреудің ісі жоқ. Бәрі тоқтаусыз сапырылысып жатыр. 22 қабатта қысқа  шашты, жіңішке жасыл көзәйнекті әйел қолындағы жалпақ плеенкаға көз айырмай қарап тұр.

– Доктор Аки, мынаған қараңыз. Таңқаларлық!

Көршілес үстелдің жанында тұрған доктор Аки ақырын басып әйелдің жанына келді.

– Нені айтасыз?

– Эмбрионға қараңыз. Ештеңе байқамадыңыз ба?

– Қазір.

Доктор әйелдің қолындағы плеенкаға тесіле, тінте көз жүгіртті. Сәл алыстатып бір қарады. Баяу жақындатып тағы үңілді.

– Айтарлықтай ештеңе байқамадым.

– Мен де байқамадым. Бірақ...

– Бәрі дұрыс секілді...

– Тап солай ойлаған едім. Алайда, мына бір нүктеге көз салыңызшы. Көрдіңіз бе? Басқа эконың бәрінен байқалмаған нәрсе.

– Қазір, қазір. Ия, бірдеңе тұрғандай...

– Мұқият қадағалаңыз. Кез келген өзгерісті маған дереу хабарлаңыз.

– Түсіндім.

Әйел шыны бесікте жатқан сәбилерді аралауға кірісті. Ваккумда бәрі бірдей. Қызылшақа нәрестелер. Қалың ұйқыда жатқандай. Кейбірі керіліп, есінеп қояды. Ал кейбіреулері тып-тыныш, қозғалыссыз күйде. Бұлардың шар етіп, шырылдап адам қатарына қосылатын күн де алыс емес.

Кенет дабыл іске қосылды. Ішкі дыбыскүшейткіштен «11 сектор. Сәбидің тынысы тоқтады. Шұғыл жәрдем керек» деген дабылды дауыс естілді. Әйел 90 градусқа шалт бұрылды да, 11 секторға бет алды.

Доктор Аки плеенка астындағы цифрлы көрсеткішке көз жүгіртті. 111133884077.

– Көмекші Каки, маған мына сәбиге қатысты барлық деректерді әкеліңіз.

– 10 минутта үстеліңізде болады.

– Айтқандай, қандай да бір ауытқу, не өзгеріс болса, маған баяндаңыз.

– Құп.

– Ұрық қоймасының кодын әкеліңіз.

– Онда кіруге тыйым салынған.

– Қасымда боласыз. Жүріңіз.

Доктор Аки жылдам басып алға түсті. Каки оның соңынан ерді. Жыпырлаған бес-алты лифтінің жанына келгенде Каки төменгі қабатқа қарай баратын нүктені басты. Лифтінің бірі сырт етіп тоқтады. Сүп еткен дыбыс естілді. Кірер есіктің үстіндегі «төменге қарай» деген сары белгі жанды. Екеуі де бір мезет табалдырықтан аттады. Каки Р-3 деген нүктеге саусақ ұшын тигізді. Лифт сырғи жөнелді.

Р-3  тегі ұрық қоймасы мұздай: жеңіл киіммен кірген адам көп ұзамай қалтырай бастайды. Доктор Аки ұзыннан ұзын қалың шыны жәшіктердің қатарынан  тез-тез өтіп, 4077 деген цифрлы белгі жанып тұрған тұсқа таяды. Каки қалтырай түсті. Доктордан бір елі қалмай келеді.

Мұздатқыш қойманың 4077 деген бөлігінде бес қатарға цифрлы шрифтограмма жазылған. Доктор Аки көмекшісіне соны сканерлеруді тапсырды. Көмекші қалтасындағы лазерлі көшіргішті дереу іске қосып, еңкейе бергенде Аки пробирканың біреуін жылдам алды да, ішкі қалтасына сүңгітті.

– Доктор Аки, тапсырмаңыз орындалды. Бізге көп аялдауға болмайды.

– Шықтық.

Доктор Аки шалт қимылдап, шығар тұсқа беттеді. Көмекші бір елі қалысар емес. Қалың болат есік ғырт етіп жабылды.

– Тағы қандай тапсырмаңыз бар? Аки мырза үндеген жоқ.

Жоғары көтерілді. Доктор Аки көмекшіге алғыс білдіріп, кабинетіне қарай жүрді.

Каки доктордың жауырыны көрінбей кеткен кезде қолындағы цифрлы сағатқа аузын тақап:

– Доктор Аки 4077-бөлікке барды. Деректерді сканерлеткізді. Басқа әрекет жасаған жоқ, –  деп баян етті.

– Көз жазбаңыз. Қызметіңізге разымын, –  деген әйел дауысы естілді.

Доктор Аки кабинетінде ұзақ отырды. Қолындағы пробирканы айналдырып көп қарады. Мониторға қайта-қайта үңілді. Темір табанды, төрт бұрышты мұздатқышқа пробирканы салып қойғаннан кейін де көп ойланды. «Бұл қалай болғаны? Мына ұрықтың дамуында өзгеріс бар. Басқаша. Бәрі басқаша. Тексеру керек».

Ол мәліметтер базасы жинақталған файлды ашып, 2089 жылдардағы деректерді қайта көтерді. Бәрі дұрыс секілді.

«Жоқ, дұрыс емес. Бұл жерде бір гәп бар. Бірақ ол не?».

Кенет монитордағы бір жазбаға көзі түскенде доктордың көзі шарасынан шықты. Екі қолын екі жаққа жайып, салы суға кеткен адамдай отырып қалды.

«Мүмкін емес!..».

Бәрі де мүмкін еді...

 

25-тарау

Аракаку елінің бас Кукуы – ұлы мәртебелі Шиша таққа отыру рәсімі өткен соң дереу мемлекет жұмысына кірісті. Кеңсе бастығы Тата мырзаны шақырып алды.

– Қандай проблема бар? Не ұсынасыз?

– Ел тыныш. Сіздің таққа отыру салтанатыңызды 19 миллион адамның бәрі тамашалады. Сарабдал саясатыңызға қолдау білдіргендер – 99 пайыз! Бұл – керемет көрсеткіш!

– 1 пайыз, олар не маған қарсы ма?

– Жоғары мәртебелім! Біз тиісті жұм..жұм...жұмыстарды жү-жү-жүргізіп жатырмыз. Тата тұтығып қалды. Шишаның өңі қарауытты.

– Сонымен...

– Ғалымдарға тапсырма берілді. Біз негізінен швед ғалымдарының тәжірибесін қолға алдық.

– Ол не тәжірибе?

– Мәселе былай. Швед ғалымдары ұзақ уақыт адамзат баласына тәжірибе жүргізіп келді. Адам баласының ми құрылысы қызық жаратылған. Олар адам жадысынан қысқамерзімді естеліктерді өшіріп тастаудың амалын тапқан еді. Нешетүрлі фобия, паникалық атакалар және басқа депрессия әкелетін жайттарды емдеудің жолын тапты.

– Нақты айт!

– Швецияның Уппсаль университетінің ғалымдары...

– Нақты ғалымның аты бар ма?

– Соны айтқалы жатырмын. Психология кафедрасының аспиранты Томас Агрен деген адамның миынан қысқамерзімді жадыны өшіріп тастаудың амалын тапқан екен. Бірақ, бұл жаңалық уақытысында ғалымдар тарапынан қарсылыққа тап болып...

– Ұғынықты етіп сөйлесеңші...

– Жоғары мәртебелім. Бұл – өте маңызды. Жаңағы 1 пайызға тікелей қатысты.

– Не істейсіңдер? Нәтижесі қашан болады?

Шишаның қабағы түйіліп кетті. Ашу қысқанда танауы желпілдеп кететін. Тата мұны дереу аңғарды.

– Томас Агрен адам бірдеңені білсе керек, жаңа ақпарат ұзақмерзімді жадыда сақталатынын анықтаған. Спецификалық белоктар қалыптасады. Шамалы уақытта естеліктер тұрақсыз қалыпта болады. Тап сол кезде адам жадысын өзгертуге болады деп болжамдаған. Зерттеу жұмыстары барысында адамдарға біраз тәжірибе жасалған екен. Бейтарап заттар арқылы әсер ете отырып, әлсіз жандарға электр тогын қосып байқапты. Сонда бейқам отырған пациенттер аяқастынан шошынатын болған. Сол арқылы адамдардың бойында үрей сезімін туғызған. Сосын жан жадыратар көріністерді көрсеткен.

– Мәнісін ұқпадым. Дұрыстап баяндашы.

– Эксперимент кезінде бір топқа көрсетілімді дереу тоқтата қойған, екінші топқа бастан-аяқ көрсеткен. Бірінші топтағыларда үрей жойылған. Ал екінші топтағылар үрейленіп, әбігерге түскен. Магниттік резонанс томографиясына түсірген кезде бірінші топтағыларда үрей мүлдем жоғалған. Қорқынышты нәрселерді сақтап қалатын нейрондар құлақшеке тұста сақталып қалмаған.

Орыстар да осындай сынақтар жүргізген екен. Біз МГУ-дің биология факультетінің жоғары жүйке қызметі кафедрасының  меңгерушісі, профессор Валерий Шульговскийдің зерттеу жұмыстарын да қоса қарастырдық. XIX ғасырдың өзінде бірталай тәжірибе жасалған екен. Шульговский адамдарға мынадай эксперимент жасап көріпті. Біреуге телефон нөмірін хабарлайды. Әлгі адам оны ұмытпас үшін ішінен естіген цифрларды қайталап, қойын кітапшасына жазуға тырысады. Тап сол кезде оны сөзге тарта қалса, адам жаңа ғана естігенін ұмытып қалады. Фобия – ми жүйесінің арнайы проблемасының бірі. Естеліктерді өшіруге болады, бірақ мұны терең зерттеу керек деп тұжырымдапты. Осы зерттеулер негізінде біздің еліміздің медицина ғалымдары мықтап айналысып жатыр. Адамға сырттан әсер ету кезінде туындайтын фобиялық әсерлерді толық зерттеп қойдық. Түйсікке үрей туындату қиын емес. Адамның жадысын қолдан реттеу мүмкіндігі туып тұр.

– Ендеше, несіне жалтақтап отырсыңдар?

 – Алайда, қаржыландыру..?

– Қанша қаржы керек болса, сонша салыңдар! Болды ма?

– Мына қағазға бұрыштама соқсаңыз болды.

– Әкел! Қай тұсқа?

– Мына жерге...

Шиша шиырлатып бұрыштама соқты. Тата ұсынған қағазын көз ілеспес жылдамдықпен іліп ала қойды.

– Барыңыз. Нәтижесін баяндаңыз! Күн сайын...

– Құп болады.

– Тоқта. Апта... Екі аптада...

– Құлдық, жоғары мәртебелім!

Тата кең сарайдан шыға бере еркін тыныстады. «Ашуының жаманын!».

 

111133884077 деген шифрмен белгіленген ұрықты лабораторияда ұзақ тексерістен өткізген доктор Аки қорытынды мәліметті Харрисонға баяндады.

– Бұл – бөтен ұрық...

Доктордың қысылғаннан маңдайы тершіді. Дәсорамалымен бетін, жуан мойынын алма-кезек сүрткіштей берді.

– Бұл мүмкін емес қой!...

Харрисон қолына лупа алып, ұрыққа шұқшиды.

– Көрдіңіз бе, ұрықтың басы үлкен. Құйрығы да ерекше...

– Болмысынан ақауы бар мұндай ұрықтар алдын-ала сүзгіден өткізілмейтін бе еді?

– Ия, солай. Біз бәрін қадағалап...

– Қадағалағаның осы ма? Бұл қайдан келді?

– Білмедім, сэр!

– Бұл жерде бір гәп бар...

Харрисон трубкасын тұтатты.

– Мұнда шегуге болмайды  ғой...

Доктордың  ескертуін қожайын елең де қылмады.

– Тап қазіргі сәттен бастап барлық жұмыстарыңызды ысырып қойыңыз да, осымен айналысыңыз!

– Жақсы.

– Колбадағы ұрықтың бәрін тексеріңіз!

 

– Ұрпақсыз өткің келе ме? Қанша сұлу қыз жүр, біреуіне құрық салмайсың ба?

Баркер Харрисонға әлденеше рет осындай ұсыныс тастаған.

«Қайран, Мадлен! Саған ешкім жетпейді ғой!..».

Мадленнің әкесі  Эдуард Франклин әлемдегі ең бай адамдардың алғашқы ондығына кіретін дәулетті адам болатын. Мадленнің Робертті құлай сүйгенін көрген соң, қызының бетін қайтармаған.

– Биотехнолог дейсің бе?

– Ия, папа! Ол өте жақсы жігіт...

– Жақсылығы көжесіне қатық бола ма? Қалай күн көруді ойлай ма өзі?

– Оның басы қатты істейді...

– Алтын ханзадам менің! Сенің басыңды қалай айналдырып алды?

– Мен оны жанымнан артық сүйемін...

– Ол ше?

– Ол да сүйеді...

Әкесімен болған әңгімен Мадлен Робертке сол күні жеткізген.

– Басы қатты істейді дедің бе?

– Сені әбден мақтадым. Осы аптада демалыс күні әке-шешеммен танысасың...

– Қымбаттым! Бұл аптада...

– Сөзді қой! Мен айтып қойдым. Олар күтеді...

Харрисон танысуға бара алмайтын еді...

 

Қонақүйде Мадленге бар сырын жайып тастағысы келіп, талай оқталды. Оның іші томпиып қалғанын көргенде дүниенің бәріне қолын бір сілтеп, сүйіктісінің жанында қалғысы келген. Алайда...

– Біз сізді клуб мүшелігіне қабылдайтын болдық... Тек бір шарт бар...

Харрисон демін ішіне жұтып, қипақтап қалған.

– Не шарт?

– Ешкімнің алдында міндеттемеңіз болмауы керек...

– Түсінбедім...

– Клуб мүшесі салт басты, сабау қамшылы болуы керек. Ұқтыңыз ба?

– Қалыңдығымды қайтем?..

– А, қалыңдығың бар ма еді?

– Мадлен Франклин...

– Эдуард Франклиннің қызы ма?

– Тап солай...

– Онда тіптен жаман болды...

– Біз үйленеміз деп шешкен  едік...

– Онда...

– Маған сеніңіз. Бәрін істеймін. Тек...

– Бұл сіздің қалауыңыз ба?

– Мен ұятқа қалдырмаймын...

– Таңдау сізден, егер қатардағы адам болып қалғыңыз келсе, әңгіме осы жерден тәмам.

Харрисонның миы тоқтаусыз жұмыс істеді: бір-бірін басып озған сумақай ойлар таразы басына тартылғанда қай жағына шығарын білмей састы; бай адамның күйеубаласы болған да жақсы, ішерің алдыңда, ішпегенің артыңда.., бірақ ешкімге тәуелді болмай, өзіне де дәулетті адам болу мүмкіндігі туып тұрған жоқ па?.. Ех, Мадлен, Мадлен!.. Екіқабат болып қалғаны тағы бар... «Сені әбден мақтадым. Осы аптада демалыс күні әке-шешеммен танысасың...».

– Не шештіңіз?

– Мен...

– Кесімді шешімге келе алмасаңыз, өкінішті... Қоштасуға тура келеді...

Желкесіндегі бір уыс шашы болмаса, маңдайынан бастап төбе тұсына дейін таз боп қалған, бәкене бойлы, жуан мойын, жалпақ жауырынды адам қолын созды.

– Сау болыңыз!

Харрисон болашақ өмірін бір ойлап, қазіргі жағдайды бір ойлап қоштаспаққа ыңғайлана берді де, екеуінің алақаны түйіскен сәтте:

– Мен осында қаламын! – деді.

– Е, бәсе! Сізді ақылды адам деп есептеген едім.

Жуан мойын быртық саусақтарымен мұның қолын қысты.

– Қалыңдығыңызбен екі арада артық проблема, шу болмайды деп сенемін...

– Әлбетте...

 

Қызының қонақүйден секіріп кетіп, қаза болғанын естіген Эдуард Франклин бір бәленің болғанын сезді. Ең қымбат ағаштан жасалған қызыл табытта жатқан қызымен соңғы рет қоштасып, қабірге топырақ тасталып жатқанда Франклин кетуге асықты.

«Оның басы қатты істейді..».

– Басы қатты істейтін жандардан қорқу керек!..

– Не дедің, сэр?

–  Кеттік!

Оқ өтпейтін, аударылмайтын, арнайы тапсырыспен жсалған «Мерседес» орнынан ауыр қозғалды.

Зират басындағы оншақты қаралы топтың ту сыртынан, жуандай қарағаштың тасасында Харрисон бәрін бақылап тұрған. Адам аяғы сирегеннен кейін бір тал гүлді жаңа ғана беті топырақпен жасырылып, кіп-кішкентай төмпешікке айналған қабірдің үстіне қойды.

– Кешір! Мені кешіріңдер... екеуің де!..

Көзінен бір тамшы жас шыққан жоқ.

 

«Ұрпақсыз өткің келе ме?». Әй, Баркер де сөйлей береді-ау... Міне, менің ұрпағым! Міне, менің ғажайып жобам! Тұтас армия! Бәрі де Роберт Харрисонның баласы! Мені ұрпақсыз деп кім айтты?.. Бір-екі  адамның құрбандығы үлкен мақсат үшін керек еді. Сол кезде шешім қабылдамасам, бүгінгі биігіме жете алар ма едім? Мынандай империя құра алар ма едім? Менің жобамның артықшылығына әлемнің көзі жетеді әлі! Жер шарының алты құрлығын алып қара! Қай ел, қай жерде болсын коррупция, қылмыс, былық... Ал менің империямда соның бәріне орын болмайды!

Роберт Харрисон тұңғыш рет, Мадленнің қазасынан кейін еңкіш тартқан бойын тіктеді.

Жанарында жарқыл бар еді...

 

26-тарау

Бүгін екеуі тағы ұрысып қалды.

Соңғы кезде осылай: жап-жақсы болып жүреді, бір-біріне аялай қарасады, еркелейді, ынтығады; бірақ күздің салқын желі секілді ара-тұра аралары салқындай бастайды, артынша бозқырау түскендей көңілдері суып кетеді, Арқаның қарлы бұрқасыны секілді алай-түлей жан ұйытқиды; соның бәрі айналып келіп жүректерге мұз қатырады; қатқан тоң секілді көңіл әйнегіндегі мұз оңайлықпен жібімейді...

Қасарысып отырып алғанын қарашы.

– Дәрігерге барып, тексерілейік те...

– Барсаң, өзің бар...

– Кінә менде ғана емес шығар?..

– Белден қалдың демекпісің?

– Жаным, ашуланбашы.

– Кетші!

Ылғи осы. Тәп-тәуір әңгіменің соңы ұрсумен бітеді. Келіншек мұңайды. Күйеуі теріс қарап жатып қалған. Ақырын қасына келді. Арқасынан сипап еді, анау жиырылып жақтырмады.

– Тыңдашы мені, бәлкім бала асырап алармыз...

– Не?

– Детдомнан...

– Бедеулігімді бетіме басқаның аздай, енді тастанды біреуді...

– Кешірші...

– Осындай күңкіл-шүңкілді қой дедім ғой саған.

 

Келіншек ЭКО орталығының есігін имене ашты. Тап-таза. Бәрі айнадай. Оң жақтағы тіркеу бөліміне жақындай бергені сол еді, онда отырған қыз еңкейіп бірдеңе алып жатты ма, төбесі көрінбеген-ді, әнтек басын көтеріп қалғанда, селк ете қалған. Мұның бір жағы  тосылып, бір жағынан аңтарылып тұрғанын байқаған ол таза ағылшын тілінде аузы-аузына жұқпай тіл қатты.

– Не көмек керек сізге?

– Қазақша не орысша айтыңызшы...

– Чем я могу помощь вам?

– Консультация алуға...

– 8-кабинетке барыңыз. Доктор Иманалиевке... Ақшасын сосын төлейсіз...

Келіншек 8-кабинеттің алдына келді. Кезекте екі-үш адам бар екен. Қоңыр креслоның біреуі бос тұр екен, сонда жалғасты. Көңілі күпті. «Дәрігер не дейді?..».

Кезек созылған сайын келіншектен маза кетті.

 «Күйеуім білсе, өлтіреді ғой».

«Бар үміт – осы жерде...».

«Кетіп қалсам ба екен?».

Екіұдай ойлармен арпалысып отырғанда дәрігердің өзі сыртқа шықты.

– Маған қабылдауға тағы кім бар?

– Мен...

Келіншек өзінен басқа ешкім жоқтығын аңдады.

– Кіріңіз. Отырыңыз.

Дәрігер үстел үстіндегі әлдебір қағазды көзімен жүгіртіп қарап өтті де, сүйкеп-сүйкеп қол қойды. Сосын барып алдында отырған әйелге қарады.

– Айта беріңіз...

– Консультация алайын деп едім...

– Не толғандырады?

– Бала...

– Күйеуіңіз бар ма?

– Бар.

– Отасқандарыңызға қанша жыл?

– Жеті жыл...

– Жолдасыңыз қайда істейді?

– Ақсайда... Өндірісте... Вахтамен...

– І– і.. Бұрын дәрігерге қаралдыңыздар ма?

– Мен енді гинекологқа...

– Еріңіз ше?

– Ол бармайды. Қорқады...

– Бала сүйгілеріңіз келсе, екеуіңіз де қаралуларыңыз керек.

– ЭКО-дан бала қалай болады?

–  Бір перзентке зар болып жүрген адам қаншама... Бәрі осы жерден бала сүйіп жатыр...

– Бізге де бала...

– Айттым ғой сізге, жұбайыңызбен бірге келіңіз. Қараймыз. Тексереміз...

– Ол мені кінәлайды... Ылғи...

– Анализ көрсетеді... Сіз оған түсіндіріп айтыңыз. Бедеулік  – үлкен проблема. Қазіргі таңда жыл сайын  200 мыңнан астам пациент осы дерттен жапа шегіп жүр. Солардың 90 мыңы жасанды жолмен сәби сүюге талпынып, медициналық орталықтарды жағалайды.

– Кінә екеумізден де болса ше?..

– Статистика бойынша қазақстандық жұптардың 45 %-ы бедеулікпен бетпе-бет келеді. Жылына 150-160 мың отбасы құрылса, соның 80 мыңы  табиғи жолмен бала сүйе алмайды. 70 пайызы ЭКО-ұрықтандыруға мұқтаж. Бедеуліктің себебі көп.

– Қан группасы сәйкес келмеуден болады дейді...

– Сіз күйеуіңізбен бізге келіңіз. Түрлі себеп бар. Соның бірі – семіздік. Шектен тыс семіріп кеткен әйел мен ердің репродуктивтік жүйесі бұзылады. Бұған аборт, алкогольді ішімдіктер ішу, жыныстық және басқа да инфекциялық аурулар...Тексермей айта алмаймыз...

– ЭКО ұрықтандыру арқылы туған бала ұрпақ сүйе алмайды дейді ғой...

– Кім айтты оны?

– Жолдасым...

– Мен репродуктивті медицина қауымдастығының президентімін. Қазақстанда ЭКО-ұрықтандыру нәтижесінде дүниеге келген ең алғашқы баланың жасы 90-ға толды. Жер бетінде жасанды ұрықтандырудың  жолымен дүниеге келген алғашқы қыздың есімі – Луиза Брауни. Оның жасы 90– нан асты. Жаңа технологияның  арқасында ұрпақ сүйгісі келетіндер саны көбейді. Жыл сайын елімізде 75 мыңнан астам жұп репродуктивті технологияны қолданып, перзент сүйеді. Еуропалық одақ көлемінде жыл сайын бір миллион адамға шаққанда, 1 мың жұп осындай жолмен бала туып жатса, біздің елде де 19 миллион адамға шамамен 29 мың отбасы репродуктивті технологияларды қолдануы керек.

– Қымбат па? Бағасы...

– Бүгінде ЭКО арқылы қарапайым ұрықтандыру 900 мың теңгеден басталады. Дәрі қолданбаса – 700-750 мың теңге, ал дәрі-дәрмегімен бірге 1,5  миллион теңге жұмсауы керек. Бір ұрықтандырудан бала пайда болмаса, тағы сонша ақша төлеп, қайта жасатасыз.

– Бала болмауы да мүмкін бе?..

– «Міндетті түрде нәтиже болады» деп ешкім кепілдік бермейді...  Мемлекет қолдан ұрықтандыруға  квота бөледі. Содан бері жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінгендер саны әлдеқайда өсті. Алайда, берілетін квота тіптен аз. Жылына  700-800 отбасы ғана қуанышқа кенеле алады. Оның өзінде  ЭКО ұрықтандыру нәтиже берсе...

– Кезекке қалай тұруға болады?

– Ерлі– зайыптылар мемлекеттік квотаға ие болу үшін  кезекке тұрады. Адам көп... Бәріне ақша қажет. 1-1,5 миллион теңге – орта есеппен алғанда, қазақстандық стандарт отбасының бір жылдық табысы. Халқының біраз бөлігі кедейлер санатына жататын Қазақстан үшін қомақты қаражат.

– Шетелде қалай?

– Бізде арзан. Ресейде жасанды ұрықтандыру құны – 2 мың доллардан басталса, АҚШ-та – 10 мың, Израильде – 5- 6 мың доллар төңірегінде. Міне, сондықтан Қазақстанға келіп, бедеулік  дауасын іздейтін жұптар немесе жалғызбасты адамдар өте көп. Неге екенін қайдам, қазақтың ұрығына шетелдіктер өте құмар...

– Басқа елдерден бізге келетіндер арзан болғаны үшін келе ме?

– Журналиссіз бе?

– Жоқ. Жай сұрағаным...

– Қалтасы қалың, әл-ауқаты жеткілікті еуропалықтар  өз елінде де донор тауып, перзент сүйе алады. Бірақ, басты себеп оның бағасында ғана емес. Эко– ұрықтандырудың қолжетімділігі және заңмен рұқсат берілуі де маңызды рөл ойнайды. Мысалы, Францияда ұрық доноры болуға заңмен тыйым салынған, ал Германияда бұл мәселе толықтай заңмен реттелген. Көптеген елдер діни себептермен репродуктивті технологияларды қолдануға шек қойып тастаған. Ал Қазақстан – «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодексті қабылдаған зайырлы мемлекет. Бұл кодексте әр адамның репродуктивті технологиялар арқылы сәбилі болуына қақысы бар екені көрсетілген. Басқа сұрағыңыз бар ма?..

– Рахмет сізге!

– Жолдасыңызды ертіп келіңіз, жақсы ма?

– Сау болыңыз!

Келіншек орталықтан бұрынғыдан да мұңайып шықты.

«Күйеуім көне ме?..».

ЭКО орталықтың бір беттік жарнама қағазы жатыр екен, соны ала салған. Метрода отырып, қағазға көз жүгірткен.

«Қазақстан – посткеңестік елдер ішінде бала туу көрсеткішін сақтап отыр. Елдің демографиялық қарқыны орташа қалыпта.  Қазіргі туу көрсеткіші – 10-12 %. Бұл көрсеткіш Еуропа және деңгейлес басқа елдерден  айтарлықтай жоғары.

Соңғы 30 жылда қазақстандық репродуктивті медицина клиникаларында 50 елдің өкілдері ем алып, сәбилі болған. Барлық жасалған репродуктивті ұрықтандырудың 10 пайызы шетелдіктерге тиесілі. Қазақстанда жыл сайын «пробиркада пайда болған» 2000 бала дүние есігін ашса, соның 200-ден астамы – шетел асады».

Келіншек ойланып қалды.

«Қызық... Қазақстанда адам көп пе?  Біздің еліміздегі ұрық банкі арқылы ұрпақ жалғайтындар қазақтың генін әкетіп жатқан жоқ па осы?.. Неге  шетелдіктер «Пробиркадағы балаларға» қатты қызығады. Неге?..».

Үйге кірген. Үйде жоқ.

Сыртқы есік ашық. Құлыпталмаған. «Осы маңайда жүрген шығар...».

ЭКО орталығында болған әңгімені күйеуіне жақсылап айтып, түсіндірмекші еді.

Кеш болды. Ымырт үйірілді. Іңір қараңғылығы күшейді.

Телефонға әлденеше қоңырау шалған. Алмайды...

«Қайда құрып кетті?».

Күйеуі әдетте есікті ашық қалдырмайтын. Өзі құлыптап, жарықты өшіріп, тіпті үтіктің токқа қосылған, қосылмағанына дейін анықтап жүретін. Бұл жолы...

Келіншек секем ала бастады. «Мұндайы жоқ еді ғой..».

Далаға жүз рет шыққан шығар. Кенет...

«Құдай-ай...».

Гаражға қарай жүгірді. Есігі ашық. Кілті құлыптың аузында...

Жүрегі атқақтап, тарсылдай соқты. Гараждың шамын жақты. Сыртқы темір есікті жұлқа тартып, ішке кіргенде құлап жатқан кішкене орындықты, аяғы салбырап, басы бір жағына қисайып кеткен күйеуінің сұлбасын көрді. Ойбайын салып, бара құшақтай алғанда салбырап тұрған жансыз дененің суып, қатып қалғанын бір-ақ байқады.

Көршілер келген. Дәрігерлер жеткен. Полициядан да адам жүр...

Келіншек есінен танып қалған еді. Нашатыр иіскетіп, тілге келтірген дәрігер полицейге ым қақты.

– Сөйлесе беріңіз...

– Есен  Азаматұлы Тұраров. Сіздің жолдасыңыз ба?

– Ия...

– Оның мұндай қадамға баруына не себеп болды деп ойлайсыз?

– Білмеймін...

– Жанжалдастыңыздар ма?

– Жоқ...

– Лейтенант мырза! Мына хатта өлу себебін жазған сияқты...

– Қане...

Лейтенант бір жапырақ қағазға айбақтата жазылған хатты дауыстап оқи бастады.

«Мен бәрінен шаршадым. Кешіріңдер... Әкеме қиын тиетін болды... Ешкімді кінәламаймын. Қорқытқа қарасын... Қош болыңдар!».

Лейтенант ештеңенің мәнісін ұқпай, қолындағы хатты оқып болған соң жас әйелге сұраулы жүзбен қарады.

– Әкесі қайда?

– Елде... Қызылордада...

– Қорқыт деген кім?.. Балаңыз ба?

– Баласы...

– Ол қайда?..

– Атасымен бірге...

– Басқа балаларыңыз қайда?

Келіншек тістенді.

«Құдай басқа бала бермесе, не істейік енді?..».

– Неге үндемейсіз?

Көршілердің бірі лейтенантты жеңінен тартып, құлағына сыбырлады.

– Онсыз да есеңгіреп тұрған жанды қинап қайтесіз... Бұлардың баласы жоқ...

 

 27- тарау

Төретам маңайы.

Азамат ұлының қазасын естіген соң күрт шөкті. Көздері шүңірейіп, жағы суалып, иіні төмен түсті. Әкесі мен шешесі қайтқанда бұлай қайғырмап еді.

Тұрар Еламанов кемпірінің үгіттеуімен көшіп келгенде Есен сегіз жаста еді. Азамат анасы қайтыс болған соң қарт әкесінің қасына келген. Екеуі фермердің малын бақты. Есен орталықта жатып оқыды. Бойы өсіп, еңгезердей жігіт болғанда  ауылдағы бір қызбен ойнап қойып, ол жүкті болып, іс насырға шапқан. Тұрар сол ауыртпалықты көтере алмады. Бір апта ауырды да бақиға аттанып жүре берді. Қыз кіп-кішкентай нәрестені Азаматтың қолына әкеп тастап, әке-шешесімен басқа жаққа көшіп кетті.

– Ата, үйге көп адам келе жатыр...

Бала бір бұрыштан қарап тұр екен. Есік алдына «Жерлеу рәсімі» деген қап– қара «Мерседес» көлденең тоқтады. Ұбап-шұбап ауыл адамдары да біртіндеп келіп жатыр. Көңіл айтып, қайғыға ортақтасқандар саны – 30-40 адам. Мәйітті оң жақ босағаға қойғасын, жаназа шығару жайы сөз болды.

– Балаңыз намаз оқитын ба еді?

Басында жасыл тақия, үстінде ақ шекпені бар шоқша сағалы молда Азаматқа бұрылған.

– Елмен бірге жұмаға баратын...

– Намазхан екен, дә...

Азамат үндемеді.

Сәл үнсіздіктен соң, молда қайта тіл қатты.

– Бала ауырды ма?

– Хабарын кеше естідік...

– Ендеше, құман, иіс сабын әкеліңдер. Суын алайық...

– Молдеке, бір сұрақ.

Жамағайын боп келетін Қарсыбай тамағын кенеп, сауалын тастады.

– Осы шариғат... өзіне қол салғандарға жаназа бұйыра ма?..

Молда аңтарылып, сыбанған білегін ұстап тұрып қалды.

– Өзіне қол салғаны қалай?

– Енді мына бала сондай...

– Тоқтаңдар! Ертерек айтпайсыңдар ма? Өзін-өзі өлтіргендерге жаназа бұйырмайды. Үкім солай! Әй, неғып тұрсың? Оталдыр көлігіңді! Кеттік...

Молда апыл-ғұпыл жиналды да қасындағы көмекші баланың көлігіне отырып, кетіп қалды.

Жұрт не қыларын білмей дағдарып, біршама уақыт қипақтап, сипақтап отырып, біртін-біртін тарай бастады. Деуін деп алып, кетерге Азаматтан ыңғайсызданып Қарсыбай мен бір-екі кісі ғана қалды. Азаматқа бұл екі есе соққы болды.

Мәйітті кебіндеп, Қарсыбай білгенінше жаназа шығарған болды. Ферманың маңайындағы ескі зиратқа, әкесі мен шешесінің қасына ұлын жерлеп қайтқанда, Азаматтың өзі өлген адамнан бетер сұрықсыз еді; қап-қара боп түтігіп, бет-әлпеті көгіс тартып, мүлдем еңкіш тартты.

Құран оқылып, бет сипасқан соң Қарсыбай бастаған әлгі екі-үш жігіт ауылға бет алды. «Уазик» машинасының терезесінен сыртқа шырт түкірген бойы, Қарсыбай жанындағыларға естіртіп:

– Байғұстың шешесі де өзіне қол жұмсап еді.., –  деді.

Ешкім тіл қатқан жоқ.

 

Ферма космос айлағына жақын. Ракета бұрынғыдай емес, жиі ұша бастады. Күнде біреуі құлайды... Төгіліп, ауаға тарап жатқан гептилдің әсері ме, жоқ әлде басқа бір себебі бар ма, киіктер қырылып қалды.

Текесі бір жақта, ешкісі әр жерде теңкиіп, теңкиіп жатқан дүз тағыларын көріп Азаматтың жаны ыршынды. «Не сұмдық бұл?.. Обал-сауап дегеннен жұрдай болғаны ма бұл өкіметтің?!.».

Сайлау жерге киіктерді біртіндеп тасып, топырақпен көмген болды. Қойлардың да жүні түсіп, сауыры жалтырап қалыпты.

«Елден де, жерден де береке кетті ғой әбден!..».

Киік деген желмен жарысып, кең даланың сәнін келтіріп тұрушы еді. Төбеден келетін пәлекет жыл да олардың жалмап барады. Өрістегі малды алдына салып, фермаға беттеген Азамат киік-молаға көз қиығын тастап, томырайып сәл аялдады.

 «Қанша киік қалса, сонша қазақ бар...».

Астындағы атына тұңғыш рет қамшы басты. Жануар сегіз өрім қамшының соққысын ауырсынғанын білдіріп, бір мөңкіді де жорға желіске басты.

 Елдің сиқы бұзылған. Біреуді біреу тыңдамайды. Ақсақал, қарасақал дегеннен осы азамат пен Қарсыбай секілді екі-үш адам болмаса, жасы үлкен, елге тоқтау айтатын естияр адам жоқтың қасы.

Есеннің қырқына арналған құдайы тамаққа төрт-бес адам ғана келді. Баяғыда, ел аман, жұрт тыныш заманда мұндай асқа қолы бос адамның бәрі келетін. Табақ-табақ ет тартылатын. Үш адамға бір табақтан тартқан күннің өзінде бір қазан палау жетпей қалып жататын. Бұл күнде оның бірі жоқ. Көрші отырып, шақырмаса біреу біреудің үйіне кірмейді.

Жұрт салт-дәстүрден жұрдай. Ауылдағы той-томалақтың көбісінде жартылай қазақша, жартылай ағылшынша өтеді. Сосын не болды?  Байлардың той англо-саксон дәстүрінде өтеді.

Шоқынған қазақтар шіркеуі пайда болды...

– Осы күні ел қойдың етін жемейтін болды, сорпа ішпейді, –  деп Қарсыбай сөз бастаған.

– Қойдың еті – қорғасын...

– «Жылқы еті – жатқанша, сиыр еті – таң атқанша» деген. Қойдың еті – ауыр ғой...

Әр жерден құптаған дауыс шықты.

– Жақында Қытайдан келген бір емшіге қаралдым.

Қарсыбай отырғандардың сөз баққанын қалады. Бәрі тынышталғанда әңгімесін жалғады.

– Сол емші айтады: қазақтар қойдың етін жемегендіктен жаппай ауруға шалдыққан деп... Сөзінің жаны бар ма деймін... Расында, қазір қойдың етін жемейтін болдық қой... Осы күні сау адам жоқ, біреудің асқазаны, біреудің бүйрегі, біреудің бауыры... Бәлніске барсаң, кілең ауру. Қаптаған кезек... Өлдім десең бір дәрігер кеп қарамайды... Дәрігерлер – шеттерінен құдай. Мұғалімдер – бейшара...

– Ой, Қарсеке, қара аспанды суға алдыра бермей қойыңызшы...

– Бұ кісі бұра тартпаса ішкен тамағы бойына  батпайды...

– Қойдық, қойдық... Ал сендер айтыңдар...

– Саясаттан сөз қылыңыз...

– Екі Корея бірікті дей ме?..

– Қытайлар Еуропаңызға қаптап кеткен дей ме?..

Жиналғандар шатып-бұтып әр нәрсе айтқансыды. Сөз жалғанбады.

– Бізде ақыл жоқ!

Қарсыбайдың сөзіне қалғандары елең етісті.

– Ақылды адамдардың көбісі шетел асты. Канадада он ауыл қазақ бар деседі...

– Біз де көшейік те...

– Сені Канада не қылсын? Ол жаққа дүниесі барлар ғана барады.

Қарсыбай сөзін бөлгенге қыңырайып қалды. Отырғандардың бірі жуып– шайған болып, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

– Жемқорлық нормаға айналған соң, сол...

– Мемлекеттің қарызы бастан асады...

– Зейнетақы дегенді ұмыттық...

Әр жерден жамыраған дауыстарды Қарсыбай жақтырмай тыңдады.

– Мен сендерге бір сұмдықты айтайын. Шығыста атасы келініне үйленіпті... Қайран, Құнанбай-ай!.. Жонынан таспа тіліп, түйеге тартып, тас аттырар еді...

– Рас па?

– Біздің елден бәрі шығады...

Да, ну! Не может быть...

– Қарсеке! Одан да өткен сұмдықты естідіңіз бе? Семейдің бір азаматы әкіміне барыпты. «Бұл –  Абай ғой! Абайдың тойы атаусыз қала ма?» деп... Сөйтсе, әкім «Абай болса, қайтейін... Бюджетте көзделмеген...» депті дейді...

Жиналғандар өзара даурығысып кетті.

– Тыңдаңдар!  Ай, Азеке! Осыларды адам деп әңгіме айтып отырған менде де ақыл жоқ қой. Сөз түсінбейтін, айтқанды аңламайтын бір заманға жолықтық-ау!.. Осылар не ұғады? Мыналарға «аузымен орақ орады» деп айтып көрші. Не түсінеді екен? Болмаса, «жүрек жалғанды ма?» деші. Қақпайды. «Ішке ел қонды ма?» деген сөздің мәнін біреуі түсінбейді.

– Не айтып отыр?

Шеттегі жас жігіттің бірі Қарсыбайға таңдана қарады. Сөз мәнісін ұқпай отырғаны анық еді.

Қарсыбай көк шайдан сәл ұрттап сөзін сабақтады.

– Е-е, экономиканың проблемасын үкімет шешер. Үйдің проблемасын кім шешеді? Атасы баласын, баласын өз баласының тілін түсінбейтін бір заман келді. Бір үйде үш тілде шүлдірлейді. Үш елдің қойыртпағы. Тіл кеткен соң, діл кетеді. Ділі кеткен елге дін де көмектесе алмайды. Әр үйде үш бала болса, бірі сақалын тізесіне дейін түсірген. Екіншісі өзімен өзі отырып, көзі алақтап, тілі салақтап зікір салады. Үшіншісі – құдайсыз. Ештеңеге сенбейді. Дегенге көнбейді. Мөңке бидің сөзі. «Ежірей деген ұлың болады, кежірей деген қызың болады...» деген...

– Тұрмаймыз ба?

Жігіттердің бірі аңдаусызда Қарсыбайдың сөзін бөлді.

– Ей, зәнталақ! Бата жасамай, дастарханнан тұрушы ма еді ата-бабаң!

– Болсаңызшы енді...

– Уақыт...

– У всех дела...

Қарсыбай күйініп кетті.

– Біздің қазақ «ата-бабамыз батыр болған» деп мақтанады. Болса, болған шығар...Осы күнгі Қазақтар бір-біріне қоқаңдауға батыр. «Батыр» деген сөздің екінші мағынасы – батыру. Қарасын батырды... Суға батыру... Общым, құрту! Құртқанға, қиратқанға шебер боп алдық қой...

Отырғандар сөзге тосылды. Аз-кем үнсіздіктен соң, Қарсыбай сөзін аяқтады.

– «Құран күшті екен ғой» деді. «Салтыңа, елдік қалпыңа, дәстүріңе, тілің мен дініңе, діңгегің-діліңе ие бола алмасаң, орныңа басқа қауымды әкелемін» деген. Сол келді. Қысықкөз көршілер қаптады. Жеріңді, еліңді таптады. Не таптық?!. Ал, қолдарыңды жайыңдар! Өліге – иман, тіріге – берекет! Аумин!

Бәрі бет сипасты. Асыққан жігіттер біртіндеп шығып кетті.

Жұрт кітап оқымайды. Газеттер жабылған. Бір-екі газет қана алыс ауылдарға FDF нұсқасында жеткізіледі. Пошта бөлімшелерінде А4 форматқа айналдырылады. Жаңалықты содан оқиды шал-кемпірлер...

Дәстүрлі әнші деген атымен жоқ. Домбыра тек музейлерде...

Кері кеткен жұрт. Ешкім ешкімді тыңдамайды. Ескі сөздің бәрі ұмыт қалған...

Күйші жоқ. Ақын бірлі– жарым. Сөз ұғар қазақ таусылған. Жазушы бар дегенді естімейді.

Ауа лас. Су тапшы. Қалалар суды уақытпен шектеп қана береді.

Суармалы жер азайған. Егістікті шөп пен жыңғыл басқан...

Байлар ғана ат ұстайды. Бәйгеге қоспаққа... Мақтанға...

Кедей көп. Қайыршы бала қаптап жүр...

Елде жаппай бедеулік. Еркек атаулы белден қалған. Қытайға тиген, қытаймен құда болған қазақтар көп. «Тойды Шанхайда өткіздік, Пекинде беташар жасадық, құдалықты Хайнань аралында өткізіп келдік» дегендер көп...

Қарсыбай осындай жайттың бәрін сөз етіп, кешке дейін Азаматтың қасында болды.

Жарықтықтың бой жазғаны ма, ертесіне таңғы намазын оқып, сәждеге басын тигізген күйі ана дүниеге аттанып кетіпті...

Қойшы тамақтан тек  талқан  жейді. Басқа тамаққа зауқы жоқ...

– Ата! Мені оқуға алмаймыз деп жатыр...

Бала атасының алдына келіп отырды.

– Е, неге батыр-ау?

– Екпе салынбаған дейді...

– Ала жаздай, қысы бар, күзі бар қойдың соңында жүрсек, қайтіп салдырады екенбіз?

– Справка әкелмесең, екпе салдырмасаң, сыныпқа кірмейсің деді...

– Оны кім айтты?

– Директор...

– Кіргізбесе, қойсын!

Шал мектеп директорына барған.

– Ақсақал, қай ғасырда өмір сүріп жатқанымызды білесіз бе? Бұл – ХХІ ғасыр! Өркендеу ғасыры! Жаңару заманы. Осы ескілікті қою керек қой...

– Сонымен, баланы оқытасың ба, жоқ па?

– Дәрігердің анықтамасын, екпе жасалғаны туралы анықтаманы әкелмесеңіз, балаңызды қабылдамаймын!

– Атасына нәлет! Ендеше, мен де баламды оқытпаймын онда!..

Азамат Тұрарұлы Еламанов ашудан ызаға булықты.

 

– Ата, не істеп жатсыз?

– Тісімді шайып жатырмын...

– Тұзбен бе?..

– Ия, тұзбен! Тұз – тіске пайдалы, балам...

Шал тісін тұзбен ысқылады...

Тағы бір ракета көкке көтерілді.

– Ата, ата! Ракекта ұшты!..

– Осылар аспаннан не салып жатыр? Қаншама Протон ұшты. Қаншама құрылыс материалын тасып жатыр. «Астанадай жүз қала салатын уақыты болды...».

– Не дейсіз, ата?

– Жай, құлыным. Бара ғой...

Шал терең күрсінді.

«Осылар аспанға ұшамыз деп жүріп, Айды жерге түсіріп алмаса болар еді...».

 

28-тарау

Әлемдегі ең қымбат сусын 43 миллион доллар тұрады. Бұл – D'Amalfi Limoncello Supreme ликері.

Археологтар Италияның Сицилия аралынан осыдан 6000 жыл бұрын жасалған шарапты тапқан. Әлемдегі ең көне шарап сол.

Жақсы шарап – жанға дәру. Оның бір жұтымының өзі миллиондаған долларға бағаланады. Астанаданың сол жағалауындағы қымбат деген үйлеріңіздің құны 1-ақ бөтелке шараптың құнымен бірдей.

1787 жылы шығарылған «Chateau Lafitte-Rothschild» шарабының бір бөтелкесін «Forbes» журналының иесі Томас Форбс 1989 жылы  156 000 долларға сатып алғаны белгілі.

Ротшильдтер әулеті жасаған ең көне шарап Ұлы француз революциясы кезінде өндірілді. Бұл АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясын дүниеге әкелген Томас Джефферсонның қолынан өткен нағыз тарихи артефакт.

«Cabernet Sauvignon Capsule» шарабының бір бөтелкесі  –   180 000 доллар.

Австралияда өндірілетін бұл шарапты «Penfolds» компаниясының өкілдерінің қатысуымен ғана ашу қажет. Бұл компанияның әлекедей жаланған жігіттері шақырсаңыз болды,  асай-мүсейін алып, жер шарының кез келген жеріне жетіп келеді.

Көне лоза сортынан жасалған бұл шарап Каберне– совиньон деп аталады. Австралиялықтар оны хрусталь капсулаға құйып, сақтайды.

Дастархан үстінде бәрі бар еді: «Revelation» сериясымен шығарылған «Bombay Sapphire» джині 200 000 доллар тұрады, «Baccarat» хрусталін шығаратын мамандар мен «Garrard» зергерлік өнер шеберлері бұл джинді кристалл формасында жасап, оны сапфир мен бриллиантпен көркемдеген. Небары 5– ақ дана. Оны «Хитроу» (Лондон, Великобритания), Нью– Йорк (США), Сингапур, Дубай (ОАЭ) және Сидней (Австралия) қалаларындағы  аэропортта кездестіресіз. Оларды сатып алған адамдардың аты– жөні өте құпия ұсталады.

Баркер тек  текила ішетін. Оның жақсы көретін  «Spluch» текиласының бір бөтелкесі  255 000 доллар тұратын еді.

Ал Камерон кейінгі кезде шарапқа үйірсек. 1907 жылдан бастап өндірілетін, құны 275 000 доллар тұратын «Diamant bleu» шарабын алдыртты.  Ең бірінші бөтелке Фин шығанағында шведтің «Jönköping» кораблі суға батқанда су астында қалған. Оны 1998 жылы іздеушілер тобы тауып алады. Ресейдің Николай ІІ патшасына сыйға тартылуға тиісті бұл шарап тиелген кемені неміс торпедошылары атып, талқандаған екен. 80 жыл су астында жатса да, шарап еш бүлінбеген. Камерон қанша жыл өтсе де, дәмі бүлінбегені үшін осы шараптың сортын жақсы көретін.

Харрисон да шарапқа құмар еді. Калифорния штатындағы Напа жазығында өсірілетін жүзімдіктен жасалған «Cabernet Sauvignon» шараптың бір бөтелкесін аукционда 500 000 долларға сатып алған.

Харрисонның коллекциясында  мексикандық Tequila Ley компаниясы өндіретін «Henri IV Dudognon Heritage» коньягы да бар. Оның құны 2 миллион доллар. Сондай-ақ 6 миллион 200 мың долларға бағаланған  «Isabella’s Islay» вискиі де көрнекті орында. Виски құйылған графин ең қыбат деген көптеген тастармен көмкерілген.

Napa Valley шарап аукционында 6 литрлік Каберне Screaming Eagle шарабының бір бөтелкесін 500 000 долларға сатып алғанда Баркер күлген.

– Роберт, сен кедейлердің де жайын ойласаңшы бір мезет...

– Сен Шато Марго шарабын 225 000 долларға сатып алғанда, біз ештеңе деген жоқпыз ғой...

– Ай, оны мен бір кісіге сыйлыққа тарту ету үшін алғанмын...

– Мен бұл шарапты жалғыз ішеді ғой деп ойлап па едің?..

– Шато Мутон-Ротшильд шарабын Нью-Йорктегі Сотбис аукционында кім сатып алғанын білемісің?

– Білмедім.

– Мен де біле алмай жүрмін...

– Қаншаға алыпты?

– 0,75 литрлік әр шарап бөтелкесін белгісіз біреу 310 000 долларға сатып алыпты.

– Сонда әр литр 47 мың доллардан ба?

– Басың – бас қой, Роберт. Саған калькулятордың керегі жоқ!..

– Сөзді қой да, тамақтан ал! Әйтпесе, асқазаның шұрылдап жүрер. Харрисон мацутакэ саңырауқұлағынан ауыз тиген. Жарты килосы 1000 доллар тұратын осы бір жеңсік асты Харрисон сүйіп жейтін.

Премиум– фриттатаның 30 грамы 65 мың доллар тұрады. Лобстер, жұмыртқа және севрюганың уылдырығы қосылған бұл дәмнен Баркер бір-екі қасық аузына салды да ары қарай кетті.

Ақ трюфель, девон крабы, белуга уылдырығы салынған алтын табақ тартылды. Бұл әлемдегі ең қымбат карри, оның құны – 3200 доллар. «Самундари хазана» деп аталатын бұл астың отаны Мумбай.

Түскі астың соңында Денсукэ қарбызы әкелінді. Мұның құны – 6100 доллар. Екі дана, 22 872 доллар тұратын Юбари қауынынан ешкім ауыз да тиген жоқ...

Жиналғандардың біразы 25 000 долларлық иран уылдырығын жеуге асықты.

Басқосу біткеннен кейін Харрисон, Баркер, Альфред үшеуі ғана қалған.

– Менің өз империям болады!

Харрисон ерекше екпінмен өрекпи сөйлеген.

– Білесің бе, онда кәдімгі өмір. Бірақ бәрі басқаша. Адамдар жақсы өмір сүреді. Ұрыс-керіс, талас-тартыс, қулық-сұмдық деген болмайды! Бәрі демократияға негізделген...

– Роберт, не болса да айтып өлтірсеңші!..

– Уақыты келгенде сен екеуің бірінші болып көресіңдер!

– Сонда да түсіндірші бізге...

– Жоқ, бәрі де өз уақытында...

Баркер Джонс Кеплер жеткізген флешканы жүз рет қараған шығар. Шрипфтограмманың кілтін бәрібір таба алмады.

«Оның не ойлағаны бар?..».

 

Тап осы сәтте Харрисон Аракуку патшалығындағы оқиғалардың бәрін қалт жібермей қадағалап отырған еді. Шиша! Өзін тұтас бір елдің билеушісі санайды. Не дегенмен қабілетті пәле! Сайлауды жақсы өткізді. Бәсекелестерінің бәрін тұқыртты. Харизмасы бар.

«Ол әкесінің кім екенін біле ме екен?..».

 

Харрисонды ұрық қоймасындағы жағдай алаңдатқан. Доктор Аку да келді.

– Ия, не айтасыз?

– Мырза! Біз үшін қолайсыздау жағдай...

– Айта бер!

– Бәрін тексердім. 4077 ұрығы мүлдем бөтен...

– Қалайша?

– Хромосома бойынша дәлдік 90 пайызға жақындайды. Бірақ ұрықтың басы үлкен, құйрығы ұзын...

– Ақауы бар ма?

– Тек ақауы емес... Тұрқы бөлек...

– Камера арқылы барлығын қарадыңдар ма?

– Қарадық. Бір қыз...

– Ол не қылған қыз?

– Бізде лаборант...

– Неменеге кібіртіктеп тұрсың? Айт бәрін!

– Сол қыздың Еку деген сарбаздар тобындағы жігітпен жақындасқаны белгілі болды...

– Оларды араластырмаңдар деген жоқпын ба?

– Енді... Махаббат...

– Дереу жазалаңдар! Екеуін де!..

– Мәселе тек жазалауда тұрған жоқ...

– Тағы не бүлдіргелі тұрсың?

– Қыз ұрық қоймасындағы пробиркалардың бәрін алмастырып тастапты...

– Не дейді?

– Алмастырып...

– Сендер сонда ай қарап жүрсіңдер ме? Барыңыз!

– Мен барлық пробирканы қайта ауыстыруға бұйрық бердім...

– Әлгі кім еді? Еку?..

– Ия, Еку...

– Оның ұрығын қайдан алып едіңдер?

– Орталық Азиядан...

– Қайдан?

– Қазақстаннан...

Харрисон алдындағы үлкен мониторды іске қосты. Клавиатураны тез-тез тере бастады. Көзді ашып-жұмғанша мәліметтер базасы, ондағы ұзын тізім жарқ ете қалды.

 

Еку мен қыз қандай жаза болса да көтеріп алуға нық бекінген. Бастарын көтеріп, қасқиып қарап тұр.

– Сендерге өлім жазасы бұйырылады!..

Харрисонның дауысы тарғылданып шықты.

Екеуі де үндемеді.

– Қасапханадағы ет турағыштан өткізіңдер!..

Бұйрық екі мәрте берілмейді. Бұл патшалықтағы тәртіп осындай.

 

Қасапханадағы ет турағыш іске қосылды. Өткір пышақ жүзі жалт-жұлт етеді.

– Біз бір-бірімізді сүйеміз!

Екеуі қосарлана дауыстады.

Зыр айналған ет турағыш тақап қалғанда қыз үркіп жігіттің бауырына тығылды.

– Қорықпа, мен сені сүйемін!

– Мен де...

Пышырлатып турай бастағанда қыз бен жігіт шыңғырып, бақырып, жылап қарсылық көрсетпеді.

«Тағдырдың басқа салғанына көндік» дегендей, бір-бірін қатты қысып құшақтап алған еді.

Үлкен екі кастрюльге салынған, пәрше-пәрше болған ет пен сүйекті көріп тұрып Харрисонның жүрегі бір бүлк етпеді. Қанын ішіне жұтып, сұрланып тұра берді. «Мына жігіттің жөні де, гені де бөлек. Ал қыз... Менің ұрығымнан жаралған ғой!.. Ол мұндай қадамға қалай барды?..».

Тазалық қызметіндегі жігіт те болған жайға селт етпеді.

– Мынаны не істейік, мырза?

Харрисонның  қабағы қатулы. Әлгі екеуі жылар, жалынар, аяғына жығылар деп күткен. Бәлкім, солай етсе, жазасын жеңілдетер ме еді?.. Өліп бара жатса да қыңқ етпегені үшін, жоқ, «махаббат» деген нәрсе үшін тура келген ажалдан да тайынбау!?. «Бұл сұмдық қой!..».

Жақ еттері жыбырлады. Екі кастрюльге қарап тұрды да, кезекті бұйрығын берді.

– Шошқаға беріңдер!

Шыныдан шыққан ұрпақ. «Бұларда махаббат сезімі қайдан жүр?..».

Шыныдан шыққандардың түпкі гені өзгермейді екен...

29-тарау

Әлемнің тынысы тарылды.

Қырғи-қабақ соғыс жер бетін жайлай бастады. Африка елдеріндегі  эпидемия Еуропаға жетті. Аштықтан, аурудан, түрлі бактериялық жаралардан қаза тапқандар көбейді. Бай елдердің өзі саса бастады.

Мадлен Франклин Харрисонның қандай жоспары бар екенін Баркерден бұрын анықтады.

– Осы Альфред қайда?

– Кеше Баркердің жанынан көргем...

Камерон не бұйырар екен дегендей Мадленге қарады.

– Қалайда оны тап, осында жеткіз!

 

Альфред келді. Мадлен оның жүзіне тіктеп қарады.

– Харрисонның құпиясын бір білсең, сен білесің! Солай ма?

Альфред үндемеді.

– Егер шыныңды айтсаң, оның бар байлығы сенде болады!..

Альфред ләм-мим деген жоқ.

– Жақсы. Жөнге көнгің келмей ме? Жарайды, Камерон!

– Ия, ханым!..

– Электр орындыққа отырғыз!

– Оған дейін былай сөйлессек, қайтеді?

Камерон бейқам тұрған Альфредті иектің астынан бір перді. Анау мұрттай ұшты.

– Аузы-мұрныңнан қара қаныңды ағызайын! Айт, қане!

Камерон қайта тап берді. Тағы ұрды. Беттен.

Альфред ауырсынған жоқ.

– Иттің баласы! Айт, жаныңның барында!

Тағы бір жойқын соққы кетті. Альфред қыңқ етпеді.

Мадлен бәрін бақылап тұр еді. «Неткен төзімді  өзі?».

Бір мезет басына тосын бір ой сап етті. «Қанша ұрса да бұдан неге қан шықпайды?..».

Ұзыннан сұлап жатқан Альфредтің қарнына пышақ салды. Бір грамм қан жоқ. Мадлен сол кезде барып бір-ақ түсінді. «Бұл адам емес, робот!..».

Кілт үстелдің тартпасынан укол алып, ішіне жасыл сұйықтық толтырды да Альфредтің күретамырына жіберді. Көкшілтім түтін шықты. Әлдеқандай бір иіс пайда болды. Альфреддің денесі көз алдарында бықсып түтіндеп барып, сәлден соң ери бастады.

Мадлен пышақ сұққан жеріне қарап еді, ақтарылған қарыннан қатқыл дискеттің ұшын көріп қалды.

– Бәсе, жанынан бір елі қалдырмайтын еді... Бар құпияны Альфредтің ішінде сақтаған болды ғой!

Камерон кездейсоқ табылған олжаны көргенде есі шыға қуанды.

– Ханым! Сіз қалай білдіңіз?

– Құдай білдірді!..

Олар дискетті іске қосқанда Харрисонның бүткіл құпиясы ашылды. «Харрисон империясы» деп аталатын файлда бәрі көрсетіліп тұр.

– Енді не істейміз?

– Оның патшалығын талқандаймыз!

– Өзін ше?..

– Оны тірідей қолға түсіру керек!

– Онда несіне аялдаймыз? Ұрыста – тұрыс жоқ!

Харрисонның интуициясы ешқашан сыр беріп көрген емес. Ол осы жолы да бір қауіптің төніп келе жатқанын жан-жүрегімен, терісіндегі түгінің ұшымен сезген еді...

 

Қашан да алдын ала сақтық жасайтын ол қосалқы вариантты дайындап қойған болатын.

«Бәрібір бұл Жер планетасында тыныштық болмайды! Кету керек!».

Харрисонның жаңа жобасы –  космосқа кету.  Осыған нық бекінді. «Жер не болса, ол болсын!».

 

Ғарыш айлағына жекеменшік ұшақ келіп қонды. Старт алаңында космос кораблі тұр. Харрисон жасының ұлғайғанына қарамастан ширақ қимылдап, басқышпен жоғары көтерілді. Бір-екі саты аттағаны сол, аяқастынан «Роберт, тоқта!» деген таныс дауысты естіді.

«Баркер! Бұл қайдан жүр?..».

Аяғы аяғына шалынып, ентігіп Баркер де жетті.

– Тоқта! Мені ала кет!

– Енді сенің керегің шамалы...

– Білдім. Мен сенің өлмегеніңді білдім...

– Сатқын!

– Менің жаман ойым болған жоқ. Тек сенің жоспарыңды...

– Бір сатқан адам, екінші рет сатпай қоймайды. Жоғал!

– Кешір, Роберт! Құлың болайын!

– Құры көзіме көрінбей!

Харрисон баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Баркерді іштен бір тепті. Шалт бұрылып, корабльдің ішіне енді.

Люк жабылды. Зымыран от алды.

«Ех, Баркер! Баркер! Өзіңнің дүниеқұмарлығыңнан таптың...

Ғарыш кемесі ас қуатты жылдамдықпен жерден көтерілді. Баркер кемеден шыққан отқа үйітіліп қап еді...

Кеме ашық кеңістікке шыққанда барып Харрисонның көңілі жайланды. Байлау белдігін ағытып, салмақсыздық жағдайында ауада қалықтады.

«Мүлдем жаңа өмір басталады!..».

Осы кезде ішкі люктің есігі ашылды. Харрисон тырбаңдап, тіктелгісі келген, ол әрекетінен түк те шықпады.

Беліндегі байлау белдігі ағытылмаған Камерон  тікесінен тұрып, Харрисонға тапаншасын кезеді.

– Атпа!

Іштен Мадлен Франклин шықты. Харрисонның көзі шарасынан шығып кетті.

– Мадлен! Бұл... Сенбісің?.. Сен..

– Өліп қалған жоқсың ба дегің кеп тұр ма?

– Сен 12-этаждан құлап кетіп ең ғой...

– Тірі екенімді көріп тұрсың ғой... Балам, сыртқы люктің есігін аш!

«Балам» деген сөз Камеронның маңдайынан біреу таспен ұрғандай әсер етті.

– Не дейсіз?

– Сен менің ұлымсың!.. Ал мынау әкең!..

«Әкең» деген сөзге Харрисон селт етті.

– Не дейсің?

– Бұл сенің қаныңнан жаратылған... Бір құдай жар болып, біз аман қалғанбыз!..

– Мадлен! Мен...

– Ақталма! Керегі жоқ... Көз жасының да қажеті шамалы...

– Мені кешірші!..

 – Саған керегі мәңгілік өмір ме?...

Мадлен Харрисонды ғарыш кемесінің отсегінен сыртқа итеріп жіберді.

«Саған керегі мәңгі өмір еді ғой... Ал, мәңгі сүре бер!».

Ашық космоста әуелі қарайған бір нүкте тәрізді қалтылдап ұшып бара жатқан Харрисон біртін-біртін шаңның тозаңы секілді мүлдем көрінбей кетті.

– Балам дедіңіз бе?

Камерон аң-таң.

– Ия, сен менің ұлымсың! Ал әкең сазайын тартты. Мұндайларға жердің бетінде де, ғарыш кеңістігінде де орын жоқ!

– Айтып, түсіндіріңізші... Бұл қалай болды өзі?..

Ұлым, енді біздің алаңсыз әңгімелесуімізге ешкім де кедергі келтірмейді!..

Анасы баласының бетінен сүйіп, емірене иіскеді.

 

Әлем – бір уыс. Халықаралық  шиелініс күшейген. Екі Корея біріккелі бері «Үлкен жетілікте» маза жоқ. Қалай дегенмен, ядролық қаруға бір ұлт  ие... Осыған дейін өліспей-беріспей келе жатқан Иран  тас-талқан...

Масаның арасынан масаны шағатын буынын шығару тәжірибесі сәтті өткен. Соның арқасында жер бетіндегі маса атаулы құрыды.  Масалардың құруы үлкен саясатта көрініс тапқандай... Қытай да соның кебін кимек...

Ракеталардың ұшуы жиіледі.

Ресей президенті «Россиясыз әлемнің керегі не?» депті... Сірә, ядролық бомбаны іске қосатын сияқты...

 «Үлкен жетілік». Шұғыл жиын.  Бір шешімге келе алмай дағдарған жағдай...

«Россиясыз әлем – ғаламдық катастрофа. Россиясыз әлемнің керегі бар ма?». Ресей басшысы ядролық жәшікті алдырды..

 

30-тарау

Әуелгіде бір жарылыс болған. Мұны Інжіл де, Құран да жоққа шығармайды.

Жарылыс болды...

Белгісіз террористік топ күллі мұсылмандардың қасиетті орны – Әл-Ақсаны жаруға әрекет етті. Сонау пайғамбар заманынан бері келе жатқан мешіт аздаған ақауға ұшырағаны болмаса, қираған жоқ. Бұл оқиға отқа май құйғандай әсер етті. Бүкіл мұсылман әлемі өре түрегелді...

 

«Алтын миллиард» жобасына кіретін мемлекеттердегі аса дәулетті адамдар жерден қаша бастады. Күн сайын Байқоңырдағы космодромнан ракета ұшады.

Ауа райы бүлінді. Қатты жел тоқтаусыз соғады. Ала шаңнан аспан мен жер тұтасып кеткендей. Ештеңе анық көрінбейді.

Ғарыш айлағындағы солдаттармен Азамат талайдан таныс. Оларға бір бөтелке арақ пен темекі болса, болды...

Бір жәшік арақты алдарына әкеп қойған. Олар өзара дуылдасып, қарқылдай күліп, арақты сілтеп жатқанда шал сегіз жасар немересін ғарыш кемесіне әкеп мінгізді.

 

– Қорықпа балам! Дымыңды шығарма!

 – Ата! Қорқам!..

– Сенің атыңды неге Қорқыт деп қойдым? Білесің бе?

– Қорқыт Атаға ұқсатып қойдым деп едіңіз ғой...

– Ия. Ол да бар. Бірақ сен алысқа барасың...

– Сен де барасың ба?

– Жоқ, мен сәл кейін келем...

– Тез келесің ғой, ия?..

– Келем, құлыным, келем... Сен өзіңнің қазақ екеніңді ұмытпа! Мына скафандрды ки...Үлкендеу саған...Не қиындық көрсең де шыда!

– Қорқып тұрмын...

– Пәле-жәле, жын-шайтан сенен қорықсын деп атыңды Қорқыт қойғам! Ал мін, отыр анда!

– Ата!..

– Сен қазақсың! Қорықпа!..

Қойшы ғарыш кемесіне бір әулеттің тұяғы,  жалғыз ұлдың жалғасы – немересін отырғызды.

Шал люктің есігін тарс жапты.

«Бір қазақ – бар қазақ. Бар қазақ – бір қазақ! Бар, бар балам! Тағдыр– талайыңды тәңірдің жазуынан көрерсің. Бір тұяқ болса да қазақ деген халықтың атынан ұш, ғарышқа. Мәңгілік мекенің! Қазақ екеніңді ұмытпа! Аллаға тапсырдым! Аман жорт адам баласы!..

Атына міне салып, ғарыш айлағынан ұзап кету үшін өмірінде сауырына екінші рет қамшы тиген жануарды бас-көз демей, төпей берді. Тезірек ұзап кету керек. Әйтпесе от-жалынға оранады...

Шал ағыл-тегіл жылап барады. Қаршадай ұлдың амандығын тілеп барады...

Артына  ғаламат жалын бүркіп корабль  Жер-Ананың кіндігін қоса суырып, зәу биікке, зеңгір көкке заулай жөнеді.

 

Алла Тағала 18 мың ғаламды алты күнде жаратыпты. Ананың ақ сүтін жасауға 66 күн жұмсапты...

Адамзат баласы ақырзаманды – тажал сәтін өз қолымен жақындатты. Ақыры не болды?

Жарылыс...Тажал төнді...

Жаңа әлем басталды. Бұл қандай әлем?

Ғаламды жасамас бұрын Қаламды жасаған екен.

Алдыңызда – ақ қағаз... Сіз не жазар едіңіз?

 

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Қайдан сап ете қалғанын, терезеге бір көбелек қонды...

Дәл осындай көбелекті үйдегі кабинетімнің терезесінен де көргенмін. «Көбелектің ғұмыры қысқа болады дейтін еді..Мынау қайдан жүр?.Түн болса, салқын..».

Бұл кітап жылдам жазылды. Тамыздың 1-нен 22-не дейінгі аралықта күніне бір, кейде екі тараудан жазып отырдым. Арасында бірнеше күнге іссапарға кетіп, қолымның «суып қалған» кезі де болды. Әр тарау біткен соң әйеліме, келініме, ұлыма оқуға бердім. Олар «ары қарай не болады?» деп қатты қызықты.

Тез және өнімді жұмыс істедім.

Соңғы тарауды бітіріп, арқамнан бір ауыр жүк түскендей, жабысып қалған жауырынымды кере бергенім сол, хатшы қыз есіктен басын қылтитты. Терезеге қарап, өзімше марқайып, үлкен бір шаруаны еңсеріп тастағаныма рахаттанып тұрғанмын.

– Сізге бір кісі келіп тұр...

– Кім екен?

– Білмеймін, бір мекеменің атын айтып еді...

– Келіп тұрса, кірсін!

Кабинетіме ұзын бойлы, кіршіксіз ақ көйлек, қара костюм-шалбар киген шетелдік бір азамат кірді.

Ол баса-көктеп менің жұмыс үстеліме беттеді.

– Тоқтаңыз! Не істегелі жатсыз?

Бөгемек болып, қабаттаса бергенімде қағып жіберді. Қарулы екен. Сылқ етіп жұмсақ креслоға қисая құладым.

Компьютерімде жаңа ғана теріп біткен роман мәтіндерін толық өшіріп тастады.

– Не деген бассыздық? Мұныңыз қалай?

Ол маған бұрылып, таза қазақ тілінде:

– Флешка қайда? – деді.

Кітапты баспаға өткізу үшін су жаңа флешкаға көшіріп, оң жақ қалтама салып қойған едім. Қапелімде не дерімді білмей қалдым.

– Отырайық, –  деді ол.

Амалсыз алдымдағы шағын үстелге бетпе-бет отыруға тура келді.

– Жүзігіңіз жақсы екен!

50-ге толғанда түркиялық ұстаға арнайы жасатқан күміс жүзігіме мен де қарадым, ол да қарады. Басымды көтеріп, оның жүзіне, түр-тұлғасына, сосын қолдарына қарадым. Оң қолындағы  ерекше күміс жүзігі бірден көзіме түсті. Жүзіктің дәл ортасында «№001» деген жазу зерленіп жазылған екен.

– Өзімді таныстыруды ұмытып кетіппін. Джонс Кеплер!

– Не дейсіз?

Аузым ашылып, аңтарылып қалдым.

Жүрегім дір ете түсті.

– Джонс Кеплер! – деді ол дауысын нығыздап.

Көзім атыздай болды.

Буын-буыным босап, көз алдым қарауытқанын білем...

– Ибай, Кеплері несі?..

Ойым он саққа, миым миллион бөлікке бөлініп кеткендей. «Мұның бәрін мен ойдан шығарған жоқпын ба?..».

– Флешканы беріңіз!

Аяқ-қолдарым дірілдеп, не істеп, не қойғанымды білмей қалдым. Ауа жетпей қалғандай, жұтына бердім, жұтына бердім...

«Джонс Кеплер!.. Дүние не боп кетті?..». Миым істемей қалды...

Айғайлайын десем, даусым шықпайды. Еріксіз қолымды қалай желке тұсыма апарғанымды байқамай қалдым. Қолым  бірдеңеге тигендей болды. Саусақ ұшымен ақырын сипап көріп едім, қатқылдау нәрсе тұрған сияқты. Сыздауық шықты ма деп бас бармағымды батырдым.

Жүрегім дүк-дүк етіп, алқымға кеп қалғандай...

«Құдай-ау, маған да чип салынған ба?..».

Қазақ тілінде жазылған