Адам қарады: 590 | Жарияланды: 2018-09-14 13:30:29

Жала

 

Аурухананың травпункты. Кезекші дәрігер жарақатымды қарап шығып,

– Ештеңе етпес, әлі-ақ құлан таза жазылып шығасыз деп,- сендірді де, медбикеге палатадағы орнымды көрсет деп тапсырып жіберді. Медбикенің ізінен еріп келем. Жарақатым сыздап ауырып тұрса да, алдымда бұлғаңдап келе жатқан ақ желеңді бикешке көзім еріксіз түсе берді. Тартымды екен деп қоям ішімнен. О сорлы, жаңа ғана жол апатында ажал аузынан аман қалып отырып қыз не теңім десеңші. Әй, дегенмен, сұлу келіншек тәрізді. Дәрігердің бөлмесінде ажарын байқап қалудың реті келмеп еді. Енді міне соңынан салпаңдап, бет жүзін көре алмай келем. Не де болса сұлу шығар-а-а.? Әлде ақ халат киген жандардың бәрі сондай тартымды боп көріне ме екен? Шіркін...ерік өзімде болса, бүткіл келіншектерді тек қана ақ киімге киіндіріп қояр едім. Сол ойдың жетегімен палатаға да жетіп қалыппыз. Кәдуілгі екі адамдық бөлме екен. Екі керует,екі зат салатын тумбочка,шағын тоңазытқыш та бар. Бір үстел, бір орындық. Орындықтың неге біреу ғана екенін түсінбедім. Екі ауруға саулығын сұраушылар қатарласып келе қоймас деген болар. Палата іші таза. Дегенмен, жарын бір ақ рет сырлағанға ұқсайды. Ара-арасынан ескі бояудың түсі шығып тұр. Осы емханаға жақында жөндеу жұмысы жасалды деп естіп едім. Сол бәтшағар жөндеушілердің тиын үнемдеген түрлері шығар. Сонымен, маған кірген беттегі сол жақ төсек бұйырыпты. Оң жақ көршім жарға қарап бүк түсіп жатыр. Ұйықтап жатқан секілді. Оятып алмайын деп жәймен ғана жайғаса бастадым. Теріс қарап енді киім ауыстырып бола бергенімде,-«темекің барма әкетай»- деген жұмсақ дауыс шықты. Айналып қарасам-көршім. Жасы жетпістің маңайы болу керек. Десе де жанарынан ұшқын кете қоймаған. Жүзі қуаңқы болса да, жылылық лебі сезіліп тұратын, жұмсақ адам екен.

-Әрине бар, -деп өзім шегетін «КЕНТ» сигаретінің қорабын ұсындым.

-Екеу алсам бола ма,әкетай,-деп қуланып күлді шал.

- О не дегеніңіз, әрине.

- Ондай болса жүр, мен саған шылым шегетін жақсы бір жерді көрсетейін. Ол жерден бізді врач та, сайтан да таппайды. Сол бетімен қутыңдап отырып ақсақал мені ертіп алып, мекеменің шатырына шығатын темір тор есіктің түбіне алып келді. Нағыз темекі шегетін орын. Отыратын орындығы да, күл салатын қалбыры да бар. -Есімің кім болады, әкетай? -Жарас болады атым. -Ал менің азан шақырып қойған атым- Оспанхан. Өзің білетін шығарсын, қазір аурухана түгілі, кез келген мекемеде темекі шегуге рұхсат жоқ. Шексең далаға барып түтіндетіп кел деп әкіреңдейді. Мына жерде де сондай заң. Главбрач Мырзабай деген бар. Соның өзі мекеме ішінде темекі шекпесін деп бұйрық шығарыпты. Ал мен сонда жетпістен асқан шағымда төртінші қабат пен даланың арасында он мүніт сайын жүгіріп жүрсем а-а. Тапқан екен ақымақты. Солары дұрыс па, әкетай а-а?- деді де шылымын құшырланып сорды. Түтінін мұрны мен аузынан қатар будақтатып сөзін жалғады.

- Мына мен, әкетай елу жыл бойы темекі тартып келем. Тастағым да келмейді. Ау, сонда жаңа заман келді деп, шекпейтіндердің денсаулығын ойлауымыз керек те, шегетіндерді адам құрлы көрмегеніміз қалай? Әркімнің өз еркі емес пе, шылым шеге ма ол, жоқ әлде насыбай ата ма.

-Ата, сіз де оларды түсініңіз. Бізден шыққан түтіннің жетпіс пайызы солардың өкпесіне әсер ететін көрінеді ғой, .-деп уәж айта беріп едім, шалым орнынан атып тұрып шап етті.

- Далбаса. Қай ақымақ оны саған айтып жүрген. Ол жетпіс пайызың ауаға тарайды. Басқаларға оның нольден бір пайызы да дарымайды. Өйткені, мынаның түтіні, деп көрсетті өз темекісін, ауадан жеңіл. Ол басқаға жетем дегенше аспанға ұшып, ыдырап кетеді,түсіндің бе. Әй түтіннің зиянынан сонша қорқатын болсақ, мәшинелер мен автобустың, поез бен самөлөттің жүріп-тұруына неге тыйым салмаймыз ?! Олардың әр қайсысының бір күнде шығарған түтіні менің өмір бойы шеккен темекімнің түтінінен асады. Білдің бе?!

- Ол енді ата, заман талабы ғой, өмір қажеттілігі. - Ал мынау міне,- ол тағы да темекісін шошайтты,-менің қажеттілігім. Менің қажеттілігіммен кім санасады? Тым құрығанда бір бұрышты шылым шегетіндерге арнап қоюға болады ғой. Шалмен әрі қарай дауласпадым. Авариядан алған бас жарақатым да сөз жарыстыруға зауқымды оятпады. Төмен қарай палатаға беттедік. Жолай каридорда екі жігіт кездесті. Шамасы біздің травмотологиядан болу керек. Біреуінің оң қолы, екіншісінің аяғы гипстелген. Жанымызға жанаса бере,

- Не шал, жаңа темекі спонсорын таптың ба? –деді ақсағы. Екіншісі маған бұрылып «Жігітім , сен бұл шалмен абай бол. Темекіңді тауысқан соң, оттығыңды да жоқ қылады» деп ыржақтап өте шықты. «Әй бала,мен ешкімнің оттығын алған жоқпын,білдің бе»- деп іздерінен айқайлады шал. Оғаш бұл көрініс мені, шынын айту керек, біршама састырды. Ал қарттың көңілі тіптен түсіп кетті. Палатаға үндеместен оралдық. Көршім бірден төсекке теріс аунап жатып қалды. Мен болсам ермек іздеп, бөлім ішін аралап кеттім. Бөлімшеден шыға берісте бас медбикенің есігі ашық тұр екен. Ішке кіріп, сыпайы амандастым. Өзімді таныстырып, бірінші палатаға жаңа түскен науқас екенімді жеткіздім.

-Ия қай жеріңіз мазалап тұр?-деді Разия Мұратовна. Оның аты-жөнін мен есіктің маңдайшасынан оқып алғам.

- Жоқ, жәй әншейін.... Мен жанымда жатқан науқас

– Оспанхан Серәлиев жайында білейін деп едім. - Оған не болып қалыпты? - Жо-жоқ, ештеңе болған жоқ. Тек жаңа бір көрші палатаның жігіттері шалды оттық жымқырады, ретсіз темекі сұрай береді деп ренжіткені.

- А-а-а сізге де ескерткен екен ғой. Назар аудармай ақ қойыңыз. Ол қария біздің бір «постоянный клиентіміз» болып алған. Бір емдеп қайтарамыз. Біршама уақыттан соң қайта түседі. Оны емдеп жібереміз, апта өтпей болмашы жарақатымен тағы келіп тұрғаны. Не болды деп сұрасақ, құлап қалдым деп жағдай айтады. Міне жарты жылдай осы. Келеді де тұрады,келеді де тұрады. Кәдімгі тұрақты тұрғынымызға айналып алған. Ал біз не істей аламыз? Науқас түсті ма, қабылдауға тиіспіз. Дәрігерлік этика деген бар емес пе. Бас дәрігеріміз Мырзабай Сырбаевичтің де ол кісіге ілтипаты ерекше. Бір қызығы әрбір емделіп шығар күні Серәлиев ерекше қуанышты жүреді. Бәріне айтатыны «қазір балам келіп мені машинасымен алып кетеді» дейді. Алып кетсе, алып кетіп жатқан шығар, мен ол жағын байқамадым. Әрбір шыққан ауруды есік аузына дейін шығарып салуға біздің уақытымыз жоқ, ол біздің міндетімізге кірмейді де. Бірақ, менің айтайын дегенім басқа нәрсе. Осы жерде қанша уақыт жатқанда, сол шалдың жайын сұрап келген бірде-бір жанды көрмедім. Тіпті кір-қоңын да біздің санитарка қыздар жуып береді ғой. Тек емханадан шығар күні менен телефон шалуға рұқсат сұрайды. Сосын барып жаңағыдай бүкіл бөлімшеге балам келіп алып кетеді деп жар салады. Міне ол шалдың жайы осындай. -Сонда баласын оның сіз де көрген жоқсыз? -Жо-оқ. Көрмек түгіл атын да білмеймін. -Ал телефоны баласының сізде жоқ па?

-Жоқ. Дегенмен тұра тұрыңызшы. Ол шалдың көзі нашар көреді ғой. Әрдайым маған тергізетін. Бір жерге жазып алған сияқты едім. Ә, міне, таптым. Бәсе, менде қағаз атаулы жоғалмаушы еді ғой,- деп бір мақтанып қойды Разия Мұратовна. -

Ал сіз оны қайтесіз? Бұл личный инпармация. Беруге болмайды.

-Разия Мұратовна менің журналист екенім сіздерде жазулы тұрған жоқ па. Мен ол телефонды басқа жолмен тапсам да болар еді. Тек ақыры сізде бар екен. Босқа уақыт өткізіп кәйтеміз. Ал мен сізге сол үшін түскі шәйларыңызға торт әкеп берем. Келістік пе?

-Жарайды. Қоймадыңыз ғой тіпті. Бірақ бұл жерде аты жөні жазылмаған, номері ғана. -Сол да жетеді маған.-деп қолындағы кішкентай парақшаны суырып алып, тез қалтама зытырып жібердім де, хош айтысып шығып кеттім. Ізімнен медбикенің «уәделі тортыңызды ұмытпаңыз» деген даусы естіліп жатты. Не деген тәтті құмар жан еді өзі... Шалдың мән жайын басқалардан да сұрастырып көрмек оймен мен енді көрші палаталарды аралауға көштім. Бағанағы қос жаралыға кірдім. Шалқаларынан жатып телевизор көріп жатыр екен. Анау-мынауды сылтауратып әңгімеге тартып едім. Екеуі де енжар. Әңгімелескілері жоқ. «Ал оттықтарыңды, расында да менің жанымдағы шалдың алғанына көздерің жете ме?»- дей беріп едім, екеуі бір-біріне қарап аң-таң болды.

-Енді кім сонда? Осы жерде жатқандардың бәрінің,құдайға шүкір он оттық сатып алуға шамалары жетеді. Дүкен әні, есік сыртында тұр.- деп бұлданды ақсағы.

-Өмірі темекіге жарымай жүреді,қасқа. Жоқ, басында ақсақал басын сыйлап, көке жүріңіз шылым шегіп қайтайық деп жүруші едік. Кейіннен палатаға кіріп, үстелдің үстінен темекіні рұқсатсыз алатынға көшті.-деп екіншісі досын қоштай кетті.

-Біз барда алса ештеңе емес -ау. Ана жолы біз асханадан қайтып келе жатсақ, шал біздің бөлмеден шығып келеді. Қолында менің темекім. Жігіттер, өкпеден теуіп қайтпаймыз ба деп қояды ещо.

-Ал ол темекіні алған кезде палатада тағы біреу болды ма? -Болды ғой,әрине.-деп ақсақ иегімен қарсы бетте жатқан екі-үш науқасты меңзеді. Біздікі шестиместный палата емес пе? Сендер сияқты блатной палатада екеулеп жатқан жоқпыз.

-Е, жігіттер ел жұрттың көзінше алса, онда ол ұрлық емес қой. Өзіміз ғой деп ала салған та. Келесі жолы оның темекісін бірігіп шегер едіңдер.

-Какой там. Онда өмірі темекі болмайды. Какой та бір ешкім көрмеген баласы бар. Сол келгенде бәріңді қарық қылам дейді. Ал, қайда сол баласы?

-Вобшым, бір сөзбен айтқанда, олай, без спроса, темекіні алатын адам зажигалканы да ұрлайды. Әйтпесе осы отделениеде тек менің өзімнің төрт оттығым жоғалды. Қайда солар?- деді де ақсақ қолын бір сілтеді. Мен де әңгіменің тәмәмдалғанын сезіп, теріс бұрылып шығып кеттім. Сөйттім де өз бөлмеме оралдым. Кария іште жоқ екен. Өз төсегіме жаттым да айналама бір көз жүгіртіп едім, расында да жаңағы жігіттердің айтатынындайы бар екен. Біздің палата бөлімшенің басқа палаталарына қарағанда едәуір жақсы сияқты. Стол үстінде екі стақанымен графин тұр. Кәдуілгі ортан қол қонақ үй дерсің. Жерде шағын кілем, екі жарға екі сурет іліп қойған. Суреттердің көркемдік сапасы сын көтермейді,әрине. Дегенмен аурухананың «люкс»палатасына Рембрант пен Гогенді іліп қойған да артықтау болар, сірә. Ия, жағдай жаман емес. Шалға осындай жерден орын алып беріп отырған баласы шығар,сірә. Онда ол осал адам болмау керек. Ал онда оның әкесінің жағдайын бір сұрап кетуге шамасы жетпегені қалай? Сөйтіп өз сұрақтарыма өзім жауап іздеп, ойымды сан-саққа жүгіртіп жатқанымда жамбасын уқалап қарт шалым да кірді бөлмеге.

- Осы бір Розаның қолы ауыр осы. Уколды жамбасқа тура пышақ сұғып алғандай салады. Қалған медсестралар жақсы. Байқамай да қаласың иненің кіргенін. Ал Роза кезекшілікке түсті деді ме, бітті, бойымды бір үрей билеп алады дейсің. «Процедураға жүріңіз»-деген сөзі «ату жазасына кесілдіңіз»- деп естіледі маған. -Олай болса, үрейіңізді басып, сіздің орынға барып бір-бір темекі тартайық ата,-дедім де мен қолымды суырмаға салдым. Сөйтсем темекім орнында, ал оттығым жоқ. Жолдастарым сыйлаған «danhill» деген әдемі оттық еді. Суырманың ішін тағы бір мұқият қарап шықтым. Жоқ. Бөлмеден шығып бара жатып суырмаға темекіммен екеуін бірге салып кеткенім анық есімде.

-Ата, сіз мына жерде менің оттығымды байқамадыңыз ба?- дей беріп едім, ақсақал күйбеңдеп, басқа нәрсені ойлағандай,

- Қайдан білейін әкетай, көрген жоқпын,- деп мұрнының астынан жауап қатқандай болды. Мен де ары қарай тәптіштеп сұрамадым. Дүкеннен барып жаңасын сатып алайын деп киіндім де, шығып кеттім. Дегенмен бір күдік ұялады бойыма. Сонда шалдың сонша жасқа келгенде оттық ұрлайтыны рас болғаны ма? Олардың бәрін не істемек? Жамандыққа қимай да тұрмын шалды. Не де болса мәселенің түбіне жетейін деп шештім. Дүкенде оттық жоқ болды да, бір қорап сіріңке алып қайтып ішке оралдым. Палатаны Гүлсім атты санитар қыз жуып жатыр екен. Осымен бүгіндікке екінші рет. Бағана түске дейін бір тазалаған. «Тазалыққа жақсы қарайды екен бұл ауруханада» деп қойдым ішімнен.

-Ағай бөлмені жуып болғанша кірмеңіздер, еден әлі ылғал, кепкен соң кіресіздер. Ана көршіңіздің жанына барып отыра тұрыңыз, - деп бұйырды. Ауруханада бәрі дөкей. Науқастар ғана дәрменсіз болады ғой. Айтқанына көндім де, коридор бойында тұрған отырғышқа жайғасқан Оспанхан шалдың жанына отыра кеттім. Сәлден соң қария; -Оттығыңды мен алған жоқпын, әкетай. Имандай шыным.-деді бір түрлі күрсініп, шаршаған дауыспен.

-Жоға ата, сіз алды деген жоқпын. Тек жәй әншейін, көрді ме екен дегенім еді ғой. Жолдастарымның сыйлығы еді Америкадан әкеліп берген. «danhill» фирмасыныкі, газ бен де, бензинмен де жанатын керемет оттық болатын. Санитар қыз палатаны тазалап болды да, шал екеуміз ішке кіріп әркім өз төсегімізге жайғастық. Мен дүкеннен ала келген газеттерімді оқуға кірістім. Ал көршім, көзімнің қиығымен байқаймын, екі қолын басының астына салып, шалқасынан жатыр екен. Қабағы шаршаңқы, бір нәрсені уайымдап отырғанға ұқсайды. Бастапқы танысқанымыздағы қуақы күлкінің ізі де жоқ. -Балам,-деді ол бір кезде, көзімен төбеге қадалған күйі,- осы темекі деген шіркінді қойсам, жаңағыдай есуастардың жаласынан құтылам ба?

-Ата, сол ақымақтардың сөзіне бола жүрегіңізді ауыртып қайтесіз. Жұрт не демейді. Бәрінің айтқанына назар аудара берсеңіз жүйкеңіз мерзімінен бұрын тозады.

-Тозып бітті менің жүйкем. Жарты жыл болды міне, үй көрмей аурухана паналап жүргеніме. Жетер енді. Қазір балама телефон соғамын да, алып кет деймін. Шал орнынан тұрып сыртқа беттеді. -Ата менің телефонымнан -ақ звондасаңыз болады,- деп мен өзімнің ұялы телефонымды ұсындым.

-Менің көзім құрғыр мына майда жазуларыңды көрмейді ғой.

-Әкеліңіз өзім теріп берейін. Бас медбикеден алған нөмір есімде сақталып қалған болатын. Өзі оңай нөмір-8 7077770070. Теріп, шалға бере қойдым. Шал «бұл баламның телефонын қайдан біледі?»- деп күдікпен маған қарай беріп еді, телефонның арғы жағынан «Алло»-деген дауыс шықты да қария бәрін ұмытып; -Әкетай, Асылхан, бұл мен ғой, ия,ия, Оспанхан. Асылхан -ау, мен мына жерден шаршап кеттім тіпті. Үйге алып кетсең қалай болады-а? А-а, бұл жанымда жатқан көршімнің телефоны ғой.

-Бір нәрсе болып қалды ма? Жоқ әлде бас дәрігер шықсын деп жатыр ма?-деген дауыс шықты телефонның ар жағынан. -Жо-жоқ. Бәрі дұрыс. Тек жәй өзім ғой... Немеремді де сағындым.

-Жарайды, кешкісін жұмыстан соң алып кетем,- деді де телефонның ар жағындағы адам тұтқаны қоя салды.

- Балам менің денсаулық сақтау департаментінде білдей бір бастық, жұмысы көп. Бірақ кешкісін алып кететін болды,-деп қария мәз болып, ышқырын бір көтеріп қойды. Содан екі қолын артына салып алып коридорға шығып кетті. Көп ұзамай-ақ шалдың «Мен бүгін үйге қайтам, балам келіп алып кетеді»-деген даусы бөлімшенің әр жерінен естіліп жатты. Сағат кешкі алты болмастан Оспанхан шал азын аулақ дүниесін бір пакетке салды да, аурухананың алдына шығып, баласының келуін тоса бастады. Кешкі асымды ішіп болып, далаға шықсам қария аулада әлі отыр екен. Мені көрді де; -Қазір-ақ келіп қалады. Бір он, он бес минутта келеді,- деді өз-өзінен қуыстанып. Мен жанына келіп отырдым да, темекімді шығарып шалға ұсындым

-Жо-жоқ, болды шекпеймін. -Біржола қойғаныңыз ба? -Бір адамдай тарттық қой осы құрғырды. Болдым. Үйдегі келіннен де, немерелерімнен де ұят. Тастадым осы бәтшағарды.- деді шал нық сеніммен басын шұлғып. Бірақ дауысы менен гөрі өзін сендіргісі келетіндей естілді маған. Кеш түскен соң ауруханадағы науқастар далаға серуенге шыға бастады. Менің көршімді қажайтын ақсақ пен шолақ та шығып дәл біздің қарсы бетіміздегі отырғышқа жайғасты. Шал жақтырмай теріс қарап отырды. Бір кезде аурухана алдына қара «Мерседес» машина келіп тоқтады да, артқы есігінен елулер шамасындағы, ер кісі шықты. Үстінде бағалы костюм, көзде қара көзілдірік. Сенімді жүрісі, бойын тік ұстауы өмірде екі аяғында нық тұрған адамның кейпін білдіреді.

-Әне келді,- деді де маған, шал тұра ұмтылды. -Асылхан, Асылжан мен мұндамын.

-А сіз уже осындасыз ба. Онда жүріңіз, сізді үйге апарып тастап мен тағы бірер жерге кіріп шығуым керек,- деп асықтырды баласы. Мәшинеге отыра бергенде әлгі көрші палатаның ақсағы мен шолағы іздеріне қарап отырып, -Оу ақсақал біздің оттықтарымызды қайтармайсыз ба?-деп айқайлады біреуі.

- Балаңыз болса «Мерседеспен» жүреді, ал сіз болсаңыз біреудің оттығын жымқырып алып барасыз,- деді кекті мысқылмен екіншісі. Оспанхан да, баласы да мәшиненің есігін ашқан күйі кілт тоқтап қалды.

-Қандай оттықты айтып тұр мыналар,-деп баласы әкесіне қарады. Шал біресе баласына, біресе ана екеуіне бір қарап,-әй сендер не деп тұрсыңдар, қайдағы оттық? Алмақ түгіл, көрген де жоқпын мен сендердің оттықтарыңды.

-Сонда кім алды? Жын ба, сайтан ба? Осы ауруханада оттығы жоғалмаған адам қалмады. Тіпті ана журналист көршіңіздің де «danhill»-ы жоғалды деп естідік. Оны кім алды сонда?-деп ақсақ пен шолақ жарыса бас салды.

-Ту-у, аға, мұнда да тыныш жата алмағаныңыз ба? Алсаңыз берсеңізші, ойбайлатпай мына қасқаларды. Масқарамызды шығарды ғой мыналар-деп кейіді баласы.

-Ей-ей, балам сен не деп тұрсың өзі? Қайдағы..., кімнің.... – шал сөзін аяқтай алмай машина есігінің тұтқасына жармаса бере, ентігіп, демі жетпей, жерге сұлап түсті.Оқыс жағдайдың болғанын сезіп айнала жиналып қалған жұрт «Доқтырды шақырыңдар» «Дереу дәрігерді шақырыңдар»- деп жамырап қоя берді. Шалдың баласы, дәл жанында тұрса да не болғанын түсіне алмай аң-таң . Ол ес жинаймын дегенше шалды дәрігерлер келіп реанимацияға алып та кетті

. -Бұл қалай болды –а? Бұл не болды өзі?-деп баласы не істерін білмей біраз тұрды. Бағанағы өз-өзіне сенімді, шалқайған кісіден, сасқалақтаған, дәрменсіз жанға айналды да қалды.

-Енді не істеу керек? Так,так. О, бас дәрігерге хабарласу керек,-жалғыз дұрыс шешім осы болар деп Асылхан телефонына жармасты.

-Алло, алло, Мырзабай сен өзіңдесің ба?

-Ия, ал бұл кім екен? -Кімің не-ей сенің. Бұл мен. Асылхан. -Ой, танымай қалдым ғой сізді. Демек ұзақ өмір сүресіз Асылхан Оспанханович.

-Мен бәлкім ұзақ сүретін шығармын. Ал менің саған тапсырған әкем өлім аузында жатыр. Қазір ғана сенің реанимацияңа алып кетті. Так што сен давай, барлық ресурстарыңды қос. Мен сол жақта болам.-деді де, баласы аяғын асығыс басып аурухана ішіне кіріп кетті. Бүкіл оқиғаны бастан аяқ көрген мен де есеңгіреп қалдым. Жәймен аяңдап өз палатама келдім де, төсекке шалқалап құладым. Бірақ, ұзақ жата алмадым. Көршім не болды екен деген ой мазалап болмады. Тұрдым да реанимация бөліміне қарай беттедім. Барсам есік аузында шалдың баласы басын төмен түсіріп отыр екен. Жалғыз. Жақындап келіп,жәймен ғана,-ақсақалдың жайы қалай екен?-деп сұрадым.

-Белгісіз әлі. Ал сіз кім боласыз? Жасаураған көзі маған танымаған кейіппен қарады.

-Мен әкеңіздің палаталас көршісі едім, Жарас.

-А-а-а,-деп ол басын қайта төмен түсірді. Біраз үнсіз отырдық. Содан соң ішіндегісін ақтарғысы келді ме, әңгімесін бастады.

-Мен өзі Оспанханның баласы болсам да, кішкентайымнан шалдың қолында өстім. Сосын болар әкелі балалы емес, ағалы інілі сияқты болып кеттік. Үйлендіріп мені, келін алып берген де атам еді. Үйдегі жеңгең қайынатам деп сол кісіні танитын. Ал мына әкемді қайнаға ретінде көретін. Кешеге дейін ешкім оған қарсы да болған жоқ. Ал осыдан екі жыл бұрын Оспанханның үйіндегі жеңгем, то есть шешем қайтыс болды да, мен «ауылда жалғыз отырғанда не бітіресің»деп оны қалаға алдырған едім. Үйде орын жетеді, құдайға шүкір. Бірақ неге екенін білмеймін, әкем біздің үйді қабылдай алмады. Дәретханаларың үйдің ішінде деді ма, шайларыңнан газ иісі шығады деді ма, тынысым тарылады деді ма, әйтеуір не керек жақпады оған. Содан бір күні «шамаң келсе мені қарттар үйіне орналастыршы» деп шықты. Мен айтып, түсіндіруге тырыстым. Аға дедім мен оған, мен оны қашанда солай атайтынмын. Аға, ертең ел жүрттың, қызметтестерімнің алдында мен масқара боламын ғой. « Жалғыз әкесін үйіне сыйдырмапты»- деген өсекке қаламын ғой дедім. Тым құрығанда не себеп, айтып түсіндірші деп те жалындым. Үндемейді. Кейін білдім, келіншегімнен де кінә бар екен. Бірақ сондай болмашы нәрсеге бола қарттар үйіне кетем деуі артық енді.

-Ұрысып қалып па екеуі? -Ұрысқанда, ұрысқан дейтін де емес. Ана студент үлкен ұлымның қалтасынан шешесі темекі тауып алып, шалға «сіз осы баланы жәман әдетке үйретіп жүрген, темекіні де сіз алып беріп жүрсіз» демесі бар ма. Қай ана баласын жамандыққа қисын. Кінәліні басқадан іздейтін әдеттері емес пе. Шал соған қылтиды да қалды. Қарттар үйіне апар, не ауылға жеткіз деп тұрып алды. Ал ауылдағы үйді біз әлдеқашан сатып жібергенбіз. Онда баратын жер де жоқ. Содан қарттар үйіне апарғанша ауруханада емделсін деп, осында орналастырып едім ғой. Сырт көзге де қарт адамның жиі ауыратыны таңсық емес. Бұл жердің бас дәрігері менің жақсы танысым. Сөйтіп, сұрағандарға әкеміз ауруханада, денсаулығы болмай жүр деп айтып жүрдік. Ең бір оңтайлы шешім таптым деп жүрсем... Осылай боларын қайдан білейін. Осы уақытта реанимацияның есігі ашылып, дәрігер шықты. -Асылхан қайсысың боласыңдар?-деп сұрады. Асылхан орнынан атып тұрып,

-Мен, менмін,-деді сасқалақтап. - Науқастың жағдайы ауыр. Инфаркт. Жүрегі әлсіз. Шаршаған жүрек. Бірақ қазір тілге келді. Сізді сұрап жатыр. Кіресіз бе?

-Әрине, әрине кірем. Шалдың жағдайын білейін деп мен де сұрандым.

-Жарайды, тек бес ақ минутқа рұқсат берем. Халаттарымызды киіп шал жатқан палатаға кірдік. Баласын көріп, қария жымиғандай болды. Қолын әлсіз бұлғап, баласын жанына шақырды. Мен есік аузында қала бердім.

-Балам,-деді шал ауыр күрсініп. Маған өкпең бар ма?

-Жоқ аға, жоқ,-деп асығыс жауап берді баласы.

-Аға.... Ия, аға. Шешең екеумізде сенен соң бала болмайтынын, жалғыз тұяқ боп қалатыныңды білгенімде бәлкім, шалдың қолына бермес те едім өзіңді. Әкем сені екі жасқа толар-толмас шағыңда алып кетіп еді. Сол кезде сенің «Әкетай» деп шыңғырып жылағаның әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Содан бері мен сенен ол сөзді бір естімедім. Кім білсін сол бір «әке» деген сөзге құлағымның құрышы қанбағаннан болар, іштей «әкетай» деп қайталайтын да жүретінмін. Ал қазір тіпті әдетке айналып кетті. Қайтейін, өзімнен болған шығар қателік... Ал ана екі нақұрыстың сөзіне сенбе сен. Оттығында не шаруам бар олардың. Балаңды да темекіге әуес қылған мен емес. Адам баласы, жаратылысы солай ма, бір-бірін жамандыққа оңай қия салады, дәлелсіз кінәлауға, дәйексіз жала жабуға үйір. Ал дүниеде жүректі қатты жаралайтын да, қорлайтын да жазықсыз жала екен. Сондықтан бәле-жаладан сақтасын деп тілейді кез келген ата-ана баласына. Сол бәле-жаладан аман бол, балам. Шаршадым мен. Бәрінен шаршадым.-деді де шал ауыр күрсінді.

- Сен енді үйге қайта бер. Мен дем алайын.-деп сөзін аяқтады да көзін жұмды. -Әкетай, сен тек сауығып шық. Мен сені сосын үйге алып кетемін. Уәде берем, әкетай.-деп баласы кейін шегініп есікке қарай беттеді.

-Ия, ия, келерсің, жарайды, келерсің. Шал қолын сәл көтеріп қоштасқандай болды. Бірақ көзін ашпады. Сол жұмулы көз қайтып ашылмады. Мәңгілікке жұмылды.

 

ЭПИЛОГ. Жұмыс аяғына қарай бас дәрігер Мырзабай Сырбааевич әдетінше әріптесі – №13 аурухананың бастығына телефон шалды.

-Алло, Дүке, қалайсыз. Үй іші, бала шаға аман ба? Бізде де сол, шүкір. Мен өзіңе мақтанайын деп хабарласып отырмын. Жаңа менің травмотологиядағы санитар қызым маған керемет оттық әкеліп берді. «Danhill» деген. Өзі бензинмен де, газбен де жанады екен. Сенде сондай бар ма? Ал менде бар. Сенің оттықтарыңның саны қанша болды өзі? Қырық екі? Ой соны да коллекция деп жүрсің ба? Мендегінің саны қазірдің өзінде екі жүзден асты. Көрдің бе, біз шылым шегушілермен де күресіп жүрміз, өз коллекциямызды да толықтыруды ұмытпаймыз. Біз заңды бұзбаймыз, заңнан аттамаймыз. Тек айналып өтеміз, не сәл бұрып өз қажетімізге пайдаланамыз. Міне солай. ХА-ХА-ХА.

Қазақ тілінде жазылған