Ғажайып бақ
Бисмилләһи р-Рахмани р-Рахим!
Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Жер бетіндегі ең әдемі қала – Алматы. Бұл бала да болса дана қыз Айсұлудың пікірі. Ол осы шаһарды ет-жүрегі елжірей сүйеді. Күнде таңертең оянғанда әнші құстар сайрап, бау-бақшасы жайнап, құрбы-құрдастары ойнап жүргенін, өзінің және көршілерінің үйшіктегі күшігі мен үйіндегі мысығы, күркедегі тауықтарына дейін аман-есен екенін көргенде бақыттан жүзі бал-бұл жайнап, қатты қуанады. Әжесі Күнсұлу мен әкесі Мейірбектің, анасы Ғазелдің айтуынша адамзат үшін өздерінің, елінің, жерінің бейбіт, тыныш өмір сүргенінен артық бақыт жоқ. Осыны құлағына құйып өскен Айсұлу «Құдайға шүкір, мен бақыттымын» дейді мұрындары пысылдап ұйықтап жатқан бауырлары Ансар мен Әсияға сүйсіне қарап. «МашаАллаһ – Аллаһтың қалауы осындай!». Бұл тіл-көз тимес үшін айтатын сөз. Бірақ, көрші әжейге түсіндіре алмай-ақ қойды. Ол кісі бірнәрсе болса «тіпә-тіпә, тіл-көзім тасқа» дей береді. Жарайды, қарт ана, ең бастысы - ниеті түзу ғой.
Қарияны қойшы, бәрінен де Қырсықтың бір нәрсе айтсаң, оған қарсы шығып, ерегісе жөнелетіні жаман.Ол ешқашан ешкімді тыңдамайды, тіпті, әке-шешесін де. Иә, иә, бұл сұмдық қой, туған ата-анасын тыңдамаған бала кімді тыңдайды, кімді сыйлайды? Айсұлу ас үй жақта таңғы астың тәтті исін бұрқыратып жатқан анасына, оған қолқабыс жасап, шай жасаған әжесіне, дүкеннен жаңа піскен нан әкеліп, дастарханға қойған әкесіне елжірей көз тікті. Өзіне әлемдегі бар жақсылықты жасауға дайын тұратын осындай аяулы жандарға қалай қарсы шығуға болады? Кейде олардың өзіне ұнаған нәрсеге тиым салатыны бар, мысалы, «ұялы телефонмен көп сөйлеспе, компьютерде көп отырма, кәмпит, тәтті жеме, кеш жатпа»... Сондай кезде наразылығын білдіріп, дауласқысы келеді, бірақ... ұят емес пе? Үлкен кісілерге қалай қарсы шықпақ? Олар өзін күллі жамандықтан қорғағысы келеді ғой. Оларды қалай ренжітеді?
Жарайды, соткамен көп сөйлеспес, компьютерде көп отырмас, тәтті жемес, кеш жатпас... Мұның бәрін алмастыратын басқа қызықтар бар емес пе? Ата-анасының өзіне риза жүзбен қарағаны, «Айекамыз қандай ақылды, ол үлкен ғой, іні-сіңлісіне үлгі болуы керек, біздің қолғанатымыз» деп арқа тұтқаны, сондай кезде... аспанға ұшып кете жаздайды-ау... Дүниенің барлық қызығынан бас тартып, әжесіне, әке-шешесіне ұнайтын іспен ғана айналысқысы келеді. Өйткені, олар өзі үшін дүниенің барша қызығынан қымбат. Тек аман болса екен. Бар тілегі осы.
Қырсық та неге осылай ойламайды екен? Әне, ол ылғи қарсы сөйлеп, жүйкесін жұқартқандықтан анасы ауруханада жатыр. Сонда да ақылы кірмей қойды. Түнімен компьютерде ойнап, күні бойы ұйықтайды. «Түнгі ұйқы пайдалы, күндізгі зиян» деп қанша айтса да тыңдамайды. «Міндетсінбе» дейді. Анасы оны бұларға аманат етіп кеткен. Әкесі іссапарда. Тамақты осы үйден ішеді. Екінтіде тұрып, таңғы, түскі асын қосып ішеді, кешкі тамақты өздері үйіне апарып береді. Өйткені, бұл кезде Қырсықтың қызу жұмысы басталады. Компюьтерден бас алмайды. Пәтерлерінің бір кілті Мейірбекте. «Ұры-қары кіріп кетпесін» деп сыртынан бекітіп кетеді. «Көрші ақысы қиын ғой», аман-есендігін білу үшін жиі тексеріп, бақылайды.
Бұлар таңғы ас дастарханын жинаған соң керіліп-созылып Ансар мен Әсия тұрады. Олар кішкентай, анасының айтуынша, Айсұлуға қарағанда көбірек ұйықтауы керек. Беті-қолын жуып, шаштарын тарап, таза ауада біраз жүріп келген соң, әрине, ауқаттанады. Бұл уақыт аралығында асқазандары таңғы асты қабылдауға дайындалып үлгереді екен.
Бүгінгі күн ерекше. Әжесі «аспаннан ақша жауатын күн» деп әзілдейді. Ол зейнетақысын, әкесі мен шешесі жалақысын алған соң, бәрі машинаға отырады... Қайда барады дейсіз бе?
Міне, Мейірбек әдеттегі жолынан жаңылып, Қырсықтың үйіне беттеді. Айсұлудың жүрегі дүрсілдеп кетті. «Ол қазір қатты ұйқыда. Трактормен сүйретсе де оянбас». Әкесін ренжітетін болды-ау...
Жоқ...Ұйпа-тұйпа шашы жалбырап, қасына жүгіріп келген Қырсық аузын арандай ашып есінеді. «Ұялмайсың ба? Есінегенде аузыңды сол алақаныңның сыртымен жабу керек емес пе?»
—Қойшы, мұғалім апай.
Өзіне көп ақыл айтатындықтан Қырсық Айсұлуды «мұғалім апай» дейді. Тағы біраз дауласайын деп еді, жақындап қалған Мейірбекті көріп ащы тілін тия қойды. Неге екенін, ешкімнен қорықпайтын Қырсық Айсұлудың әкесінен кәдімгідей қаймығады. Ол өзіне ұрыспаса да.Жақтырмай бір қараса болды кірерге тесік таппай, қарадай қысылады.
Бәрі машинаға мініп, мешітке келді. Мейірбек жәшікке қомақты қаржы тастады. «Ішке кіріп, Аллаһ Тағалаға шүкіршілігімізді білдіріп шығайық. Бәріңнің дәреттерің бар ма?»
—Дәрет деген не?
- Мешітке дәретсіз кіруге болмайды. Құран, намаз оқитын кезде де дәрет алу керек. Және әурет жері жабық болуы тиіс. Мысалы, сен еркексің, кіндік тұстан бастап тізеден төменгі жеріңе дейін жабық болғаны дұрыс. Әрине, кеудеңді де ашып тастамаған жөн.
- Иә. Әжем, әкем мен апам жалақы алған сайын мешітке келіп, садақа беріп, шүкір намазын оқиды. Еліміздің, жеріміздің, өзіміздің амандығымыз, ризығымызды кеспегені үшін Аллаһ Тағалаға рахмет айтамыз. Әжем халқымыздың бір үзім нан аңсап зар илеген кездері болғанын әңгімелеген. Қаншама адам аштан өлген. Сондай сұмдық қайталанбасын дейік те.
- Мың өліп, мың тірілген қазақпыз ғой.
- Мен қалай дәрет аламын?-Қырсық жарыса сөйлеген Ансар мен Айсұлуға сұраулы жүзбен қарады. Үнемі қысқа шортик киіп санын жарқыратып жүретін өзіне бүгін Мейірбектің неге су жаңа, балағы ұзын шалбар әкеліп кигізгенін енді түсінді. Айсұлу мен Әсия да ұзын көйлек киіп, орамал тартып алыпты. Қалай жарасады десеңші!
- Ансар, сен Қырсықты әжетханаға ертіп апарып, дәрет алуды үйрет.
Өзіне «жүр» деп ымдаған Ансарды көріп Қырсық қатты ұялды. Өмірінде бірінші рет ұялғаны шығар. Бұдан пәленбай жас кіші Ансар осы аз уақытта бұл білмейтін біраз нәрсені айтты, енді дәрет алуды үйретпек.
Бір сүре де білмейтінін мойындаған оған Ансар «әкеме ұйып, сол не істесе соны істеп, рукуғта, сәждеде «Аллаһу әкбар» дей бер. Бұл сөзді ұмытпайтын шығарсың» деген. «Қойшы, сол да қиын ба?» деп жауап берген еді, дәл намаз басталғанда ұмытып қалғанын-ай. Ал, басқаларға ілесіп, иілгенде, сәжде жасағанда әлдебір дауысты естіді: «Айсұлудың тілін ал, айтқанын тыңда». «Тыңдамасам ше, не болады екен?» Ерегіспе мінезіне басып, осылай ойлағаны сол еді, дауыс зорайып кетті: «Онда жаман болады».
Мешітке кіріп шыққан соң Мейірбек Қырсықты асхана ертіп барып «мұнда бәрі халал, жүрегіңді жалғап ал» деп тамақ алып берді. Ал, Қырсыққа бәрібір, халал ма, харам ба, талғап жатпайды, көрінген нәрсені жей береді. Тек таң қалғаны – кішкентай Ансар мен Әсияның өзінен бұрын оянып, таңғы астарын ішіп алғаны...
– «Не болса соны жеме, неге ауырдым деме»,-Мейірбек мұның ойын оқып қойғандай мақалдата сөйледі, -«ас ішсең талғап іш, дұрыс қорек пайдалы іс» дегенді білесің бе? Сондай-ақ халқымыз «халал ас жүректі нұрландырады, харам ас жүректі қарайтады» деген.
«Енді тек халал ас ішермін-ау». Әшейінде ерегісе жөнелетін Қырсық асханадағы тамақ өзіне ұнаған соң осындай шешімге келді. Күнсұлу әжей мен Ғазел апайдың да пісірген тамақтары өте дәмді, халал болған соң екен-ау...
Сәлден соң бәрі базарға, супермаркеттерге кіріп неше түрлі жеміс-жидек, тәтті-мәтті алды. Сосын қарттар үйі, жетім балалар, мүгедек балалар үйлері, психикалық аурухана, балалар колониясы...Бір күннің ішінде Қырсық өзі дүниеге келген он жылдан астам уақыт ішінде көрмеген нәрселерді көрді. Айсұлудың үй-іші ақша алған сайын осы жердегі адамдарға азық-түлік, кітап, дәрі-дәрмек таратады. Неше түрлі мүгедектер бар екен, сал болып туып, орнынан тұра алмай, бастарын игере алмай етпетінен жатқан күйі тамақ ішетін сәбилер... . Ата-анасын бір көруді аңсап зар илеген, қамыққан жетімектердің өзіне қызыға қарағанын айтсаңшы. Сол кезде жүрегі сыздап, өзінің әкесі мен шешесін қатты сағынғанын сезді. Олардың бар болғаны үлкен бақыт екен-ау. Ал, бұл... күні бойы ұйықтап, анасына әлі бір рет барған емес. Айсұлулар күні құрғатпай барады.
...Әлдеқандай бұзықтық істеп, балалар колониясына түскен жеткіншектердің өкініші-ай...Ой, психикалық ауруханадағы әлгі бала ше... компьютерде көп отырғандықтан миының жартысы кеуіп кеткен, сөз ұқпайды «Бәлкім, менің де миым кеуіп кеткен шығар»... Қырсық үрейлене ойлады. «Бағана «Аллаһу әкбар» деген сөзді ұмытып қалдым емес пе?»
Мейірбектің үйінен кешкі асын ішіп өз шаңырағына оралған соң қатты шаршаған ол ешнәрсеге шамасы келместен жатып қалды. Содан тұяқ серіппей ұйықтап, оянса күн төбеге көтеріліпті. Керіліп-созылып, көрші үйге беттеді. Айсұлу гүлдерді суарып жүр екен.
— Сәлем,кел таңғы ас дайын болғанша маған көмектес. Құрыс-тырысың жазылып, сергіп қаласың.
– Не, мен сенің малайыңмын ба? -қитығына тигенін білдіру үшін Айсұлудың бұрымынан тарта бастағаны сол еді, кенет... өне бойындағы алапат өзгерісті сезді. Қолдары ісіп, қып-қызыл бүртіктер пайда болып, тынысы тарыла бастады.
– Астағфируллаһ,астағфируллаһ, -Айсұлу құбыжық көргендей шошына кейін шегінді.
ХХХХХ ХХХХХ ХХХХХ
Қандай күйге ұшырағанын білу үшін үйіне жүгіріп келген Қырсық айнадан өзін көргенде талып түсе жаздады. Бет-әлпеті бұзылған, қасы да, басы да көкпеңбек, мұрны қолағаштай, аузы жалмауыз кемпірдікі сияқты, тістері қиқы-жиқы, сойдақ-сойдақ, кірпіктері тікенектей, көздері диюдыкіндей адырайып әрі қанталап тұр.
-А-а-а... Құрысын, дауысы қандай қорқынышты, қасқырдың ырылдағанынан, жыланның ысылдағанынан, бақаның бақылдағанынан да жаман.
Сондай дәрменсіз халге түсті. Мына сиқымен қайда, кімге бармақшы? Тіпті, туған ата-анасы да танымай, безе қашар.
Мешіттегі құпия дауысты есіне алды. Мән бермеп еді. Айсұлуға тиіспей, айтқанын істей салғанда ғой... «Неткен қырсықпын!» Тұңғыш рет өзегін өкініш өртеді.
« Хадистерді оқы. Адамның есімі тағдырына да әсер етеді. Атыңды өзгерт» деп Айсұлу сан рет ескерткен еді. «Кетші-ей» дейтін. Енді, міне...
«Хадистер деген не? Кітап шығар». Үйге берілген тапсырманы да орындамайтын, ата-анасының мұғалімдерге жасаған сый-сияпатының арқасында сыныптан сыныпқа көшіп жүрген ол әріптерді де толық танымайтын.
Үрейі ұшқан Қырсық Медеуге қарай жүгірді. Адамдардың көзінен тасаланып, көп жүрді. Ала шыққан азық-түлігі таусылуға жақын.
Бұл бір тамаша мекен. Сан алуан ағаштар, гүлдер, жеміс-жидектер, сылдырай аққан бұлақ та бар. Өткенде Мейірбек ағасы үй-ішімен серуендеп келгенде Айсұлу Қырсыққа бірде-бір гүлді, ағаш жапырақтарын жұлғызбай қойған.
- Олардың да өмір сүргісі келеді, жерімізге көрік береді, ауаны тазартып, оттегін бөледі, – ақынжанды бала қыз өлеңдете жөнелді.
- Бәрібір солып қалады ғой. Одан да жинап алмаймыз ба?
- «Бәрібір өліп қалады ғой» деп адамдарды өлтіре берсе жақсы ма? Олар да тіршілік иесі. Өмірден қымбат не бар, бір секунд болса да өмір сүргісі келеді.
Осының бәрін есіне алып, ойға шомған Қырсық әлдебір нәзік, сүйкімді үнді естіді.
– Иә, қайырымды батыр, түрің өзгеріп кетіпті ғой, не болды? Бізге айт, бәлкім, көмегіміз тиер.
Өзін мақтағанды өмірінде бірінші рет естуі. Таң қалған Қырсық жан-жағына қарап еді, ешкім жоқ.
– Біз сен өткенде үзбей, тірі қалдырған гүлдерміз ғой. Айсұлу жел арқылы хабар жеткізді, сенің жалғыз екеніңді, саған көмектесуімізді өтінді. Өзі қараңғы түскендіктен келе алмады.
Таң қалғаннан тілі байлана жаздаған Қырсық сәлден соң ес жиып бастан өткен жағдайды баяндай берейін дегенде қасқырдың ырылдаған үнін естіді. Қорыққаннан ағаш басына өрмелей жөнелді.
– Қорықпа, біз саған қамқор боламыз. Өткенде сен біздің жапырағымызды жұлған жоқсың, сол үшін рахмет.
Ағаш барлық жапырақтарымен Қырсықты жауып тастады.
Сәлден соң қасқыр келді.
—Адам исін сезіп тұрмын, ол қайда тығылып қалды екен? Исі жаман, сірә, бұзық бала шығар.Ондайларды жегеннің сауабы көп.
– Ұлы Абайдың тәрбиеге көнбейтін адам бар дегеннің тілін кесер едім деген тәрізді ой айтқанын білмейсің бе?
– Данышпан Абайды білмей не болыпты? Жарайды, жарайды.Ондай тақуа ақынды сыйламаса болмайды. Ай-й. Қарным ашып тұрғаны-ай. Бірақ, ұлыларды тыңдасақ, қор болмаспыз. Бір ризық табылар.
Қасқыр да алдында бас иген Абай кім? Қырсық Алматыда Абай даңғылы барын біледі, бірақ, оның ақын екенін білмепті, бірде-бір өлеңін оқымапт ы. «Осы пәледен аман-есен құтылсам, үйге барсам, Абайдың өлеңдерін жаттап алармын-ау».
Жұлдыздар жамырап, сәулесін шашып ару ай көрінді.
– Армысың, ару ай. Сен күллі әлемді аралап, көк жүзінде жүзіп жүресің. Мен Қырсық деген баламын. Он жастан асқанша еліме пайдалы бір іс жасап көрмеппін. Елім тұрмақ, өзіме де. Сені қасиетті деп еститін едім, бейіттерде сенің бейнең тұрады. Кеше Мейірбек аға бәріміз Қызыл Жарты Ай ұйымына бардық. Онда да сенің бейнең тұр. Маған айтшы, мына сұмдықтан қалай құтыламын?
Қандай күштің жетегімен тіл қатқанын білмейді, Қырсық Айсұлу, Ансар, Әсия сияқты барынша сыпайы, әдемі сөйлеуге тырысты. Өзінің қандай халге ұшырағанын білсін деп тұла бойын көрсетіп,тікесінен тік тұра қалды.
– Аллаһ Тағалаға жалбарын, күнәларың үшін кешірім сұра. Тәубаға кел,-ай наздана тіл қатты,- қарағым-ау, сенің қызық деп істегеніңнің бәрі бұзық іс екенін түсінсеңші. Әлі күнге ауруханада жатқан анаңа да бармапсың. Құранда Аллаһ Тағала ата-анаға қамқорлық жасауға, олардың тілін алуға,оларға, көршілеріңе, кедейлерге, жолаушыларға, жетімдерге жақсылық жасауға бұйырады. Мұхаммед Пайғамбар, салллаллаһу аләйһи уә сәллам, «ең алдымен жақсылықты анаңа жаса» деген, сол хадисті білесің бе?
«Хадис деген осындай сөздер екен ғой. Құранды да, хадисті де оқысам мұндай жағдайға түспес ем».
– Кемеңгер Абайдың «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегенін білесің бе? Неге ұлы ақынды тыңдамайсыңдар?
Тыңдар еді-ау, бұған дейін оқыса... Айдың ескертуіне уәж таба алмаған Қырсық ұялғаннан бетін жапырақтармен жаба қойды. "Намаз оқуым керек. Аллаһ Тағаладан кешірім сұрайын. Сосын Абай атаның «асық бол, қашық бол» деген бес нәрсесі не, соны білейін».
Жапырақтарды жамылса да таулы аймақ суық қой, бойы тоңазыды. Таңға жуық өзін паналатқан ағаш «Ал, батыр, дәретіңді ал. Намаз оқы, Аллаһ Тағалаға жалбарын. Саған Құдыреті күшті Жаратушы Иемізден басқа ешкім көмектесе алмайды» дегенде, кеше дәрет алуды үйренгеніне, намаз оқу рәсімін көргеніне қуанды. Әйтпесе, күллі табиғат алдында тағы ұятқа қалар еді. Шынында олардың жаны бар екен,көп нәрсені біледі, өз жаратылыстарына сай намаз оқиды. Өткенде гүлдерді, жапырақтарды жұлмағаны қандай жақсы болған, сол кішкентай қайырымдылығы үшін олар рахмет айтып, көмектесіп жатыр. Әлгі дауыстың «Айсұлудың айтқанын тыңда» дегенін енді түсінгендей.
Намаз оқыған соң баяғы қалпына келе бастағанын сезінді. « Аллаһ Тағала тәубаңды қабыл алды. Айсұлуға рахмет айт, ол түнімен таһаджуд намазын оқып, сәждеде жатып жылап, сен үшін көп кешірім сұрады. Кең де Кешірімді Тәңірің мұсылмандардың бір-бірі үшін жасаған дұғасын қабыл қылады». Дауыстың сүйінші хабарына қатты қуанған Қырсық үйге барған соң жинаған ақшасын садақа қылуға, алдымен анасына көп сыйлық апаруға бекінді.
Керіліп күн шықты. Таңғы шықтарды нұрына бөлегендіктен бе, олар мөлдірей оянып көз жауын алады. Хош иістер тарап, айнала маужыраған тыныштық пен жүрек тебірентер сұлулық күйін шерткендей.
– Армысың Көркем Күн, мен жолдан жаңылысып қалдым. Таң атқанын күттім. Үйге қалай жетсем екен?
– Бармысың, бауырым. Сенің басыңнан кешкен жайларға қанықпын. Аллаһ Тағаланың сынағынан қорытынды шығар. Абай атаңның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген өсиетін ұмытпа. Ал, қазір, ағаштар, гүлдер бәріміз бірігіп «Менің Қазақстаным» әнұранын айтайық, сосын жел сені көтеріп, үйіңе жеткізіп салады.
– Таң қалма, қайырымды батыр. Біздер Қазақстанның гүлдеріміз, ағаштарымыз. Қазір құстар да, құмырсқалар да, барлық тіршілік иелері бізге қосылып ән салады, сосын еліміз, жеріміз үшін Аллаһ Тағаладан жақсылықтар сұрап, дұға қыламыз.
Анасы қатты ренжігенде «сенің көкірек көзің соқыр, қашан ашылар екен» деп налитын. Көкірек көзі ашылды ма екен, Қырсық маңындағының бәрінің «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім, Туған жерім менің, Қазақстаным» деп хормен ән салғанын естіді, тербеле билегенін көрді. Өзі бұл әнді білмесе де, онысын жасырып, ернін қыбырлата берді. «Үйге барған соң үйренермін-ау».
ХХХХХ ХХХХХ ХХХХХ
Айсұлу есік алдында күтіп тұр екен. «Ауырып қалыпсың ғой, бүгін осында бол» деп қонақ бөлмеге ертіп барып, төсек салып берді. Үй ішіндегілердің бәрі бейне бір патшаны күткендей құрақ ұшып жүр.
– Ешнәрсе ішкім келмейді. Бал салынған сүт толы ыдысты кері итерген Қырсыққа енді Әсия ескерту жасады.
– Ағатай, тамақ ішпесеңіз оның орнына вирустар кіріп алып, қаныңыздағы бос жерлерге тарайды. Тамақ ішсеңіз, ас оларды қуып шығады. Сосын ауырмайсыз.
– Иә, «ас адамның арқауы» деген . Ыстық сүт пен бал бойдағы суықты қайтарады, терлетеді, сосын жазылып кетесің.
«Халқымыздың әр мақалында терең мән бар екен-ау».
Қырсық анасы ауруханаға түсіп, өзі осы үйге келген ең алғашқы күнді есіне алды. «Тамақ жемеймін, сорпа ішпеймін. Маған балмұздақ, шоколад әперіңдер» деп үйіндегідей бажылдаған оған Ғазел апайы «Оларды көп жеуге болмайды, тісің ауырады, тамағыңа суық тиеді. Алдымен тамағыңды іш, сосын бір шоколад берем» деген жұмсақ үнмен. «Басқа ешнәрсе жемеймін, жемеймін». Долдана жер тепкілеген оның шарылынан шаршаған Айсұлу «Онда ұйықтаған кезде «түсімде көп балмұздақ, шоколад жейінші» деп дұға жаса. Сонда тілегің орындалады. Түсіңде қанша жесең де тісің де ауырмайды, тамағыңа да суық тимейді».
– Немене мені балаша алдайсың. Топас... ақымақ...
- Жақсы бала жаман сөз айтпайды, тек жақсы сөз айтады. Аллаһ Тағала да, Пайғамбарымыз Мұхаммед , салллаллаһу аләйһи уә сәлләм да, жаман сөз айтуға болмайтынын, бұ дүниеде жаман сөз айтпаған адамның о дүниеде жаман сөз естімейтінін ескерткен.
Үйіне келген соң Қырсық жатар алдында Айсұлудың сөзін сынап көрмекші болды. «Түсімде көп шоколад, балмұздақ жесем екен».
Қызық-ай... Түсінде әкесі де, шешесі де, тіпті, көп адамдар жан-жағынан шоколад, балмұздақ ұсынып, «мә, же, же» дейді. Қанша жесе де тоймайды, тісі де, тамағы да ауырмайды. Рахат. Оянған соң «неге өңімде де солай болмайды екен...» деп қиялға батқан.
Сондағы Айсұлуды «топас» деп сөккен оспадар қылығынан енді ұялды. Жаман сөз екенін қайдан біледі, ата-анасы бір-бірімен ұрысса «ақымақ, топас» дейді ғой. Ал, бұл үйде бәрі бір-бірін еркелетіп, «әкелеп-көкелеп» жүргені...
... Сол күні Қырсықтың есімі өзгерді. Бәрі де «Ибраһим» деген ат беруді ұйғарды. «Ибраһим Аллаһ Тағаланың сүйіктісі атанған ұлы Пайғамбар. Абай атаның да шын есімі Ибраһим, Ыбырай Алтынсариннің аты да Ибраһимнен алынған. Тек қазақыланып кеткен. Сол кісілерге ұқсасаң қор болмайсың».
– Олардай болу қайда...Қырсық жаңа есімінің мағынасын түсіндерген Айсұлуға күмәндәна қарады.
– Әрине, ешкім ол кісілердей бола алмайды. Бірақ, Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» деп неге айтты дейсің?
Кез-келген адам ғалым бола алмайды, бірақ, ғылым қуған адамдар сияқты іздену, олардың ашқан жаңалықтарымен танысу, өз ісіңді жоғары дәрежеде меңгеру, жұртқа пайдалы іс жасау керек-ақ қасиет.
– Әлгі кірпіш тәрізді ме?- Ибраһим Көркем Күннің өзіне айтқан ақылын есіне алды.
Сұңғыла Айсұлу бірден түсінді.
- «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан». Абай атамыз «әр нәрсеге еліктеме, қызықпа. Ауыр болса да еліңе пайдалы жүкті көтер. Кірпіш болып, кетік жерге қалан» дейді.
- Адам қалай кірпіш болады?
- Ол тек теңеу ғой. Мысалы, үй салдың, сонда оның бір шеті үңірейіп, ашық тұрса, жақсы ма? Ол жерден қыста аяз кіреді, жазда шыбын-шіркей қаптайды. Ұры-қары түседі, сонда қалай күн көресің? Ал, Қазақстан орасан зор ғимарат сияқты алып үй. Біз оған керек мамандықтарды игеріп, біріміз дәрігер, біріміз инженер, біріміз мұғалім, бірімі заңгер не имам, осындай түрлі мамандықтарды меңгеріп, бос кеңістікті толтыруымыз қажет. Үй таза, мықты кірпіштен салынса, берік болады, жауынға да, дауылға да төтеп береді.Біз де мықты маман болып, адал еңбек етсек, мемлекетіміз күшті болады.
« Айсұлу өте ақылды қыз.Данышпан! Абай атаның бар өлеңін жақсылап талдап түсіндіреді». Ибраһим бұл ойын ешкімге айтқан жоқ, іштей түйсінді, сүйсінді. Сірә, жаңа есіммен бірге оның сана-сезімінде, жан әлемінде үлкен өзгерістер болып жатқан шығар.
ХХХХХ ХХХХХ ХХХХХ
Келесі күні-ақ ауруынан айыққан Ибраһим Айсұлудың үйіне келсе, олар әлдеқандай мәжіліс құрып отыр екен.
Ауқаттанған соң қастарына жақындаған оны бәрі қуана қарсы алды.
– Бүгін қала күні. Сүйікті шаһарымыз үшін қандай жақсылық жасаймыз деп ақылдасып отырмыз.
– Біз әрі баламыз ғой.
– «Болар елдің баласы он бесінде баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын» дер. Енді екі-үш жылда он беске толамыз...
Айсұлу дұрыс айтады. Аяулы Алматымыз үшін не істесек екен?
Ансар «Балалар кеңесін» құруды ұсынды. «Әр бала өзіне, үй ішіндегілерге не керектігін біледі. Соның бәрін қағазға түсірейік».
Енді өздері сақтанатын компьютердің көмегіне жүгінуге тура келді. Ғаламтор арқылы хабар берулері мұң еді, хаттар қарша жауды. «Жатақханаларды қонақ үйлерге айналдырып, әр тұрғын жайлы үйге ие болсын,себебі, электр пештері ауаның жартысын тартып алып, содан онсыз да тар бөлмеде тұратын адамдар ауруға ұшырайды. Мектеп оқушыларын көпшілік көлігіне тегін мінгізу. «Жалғызілікті анам тапқан-таянғанын жеткізе алмай қиналады. Ары-бері қатынаған жол ақысына бір нан алуға болады. Көп балалы үйлерге тіпті қиын» деп жазғандар бар. Шешуі қиын шаруалар шаш етектен екен. Сапалы, арзан, шипасы күшті дәрі-дәрмек, ағзаға пайдалы жеміс-жидектерді, көкөністерді арзандату, зиянды тағамдарды, киімдерді, басқа да бұйымдарды саудаға шығармау, саябақтардағы ойын құралдарын арзандату, ата-аналар перзенттерін ертіп баратын, туған күндерін өткізетін арзан, дәмді, нәрлі тағамдары бар балалар дәмханаларын ашу, өсіммен несие беруге тиым салу, арақ, шараптарды сатқызбау... Ұсыныстар көп-ақ.
– Меніңше, бұған қоса мүгедектерге, бомждарға арнайы үйлер салған жөн. Оларды көшеде қаңғытып не алақан жайғызып қоюға болмайды. Бәрін емдеп,тәтті-дәмді тамақ беріп, қамқорлық жасау қажет.
– Иә, олардың мұндай халге қалай жеткенін қайдан білеміз? « Маскүнем, бомж» деп кемсітуге бола ма? Жақсы жағдай жасасақ, өмірдің қадірін түсініп, түзелер. Ал, мүгедектердің қыстың сақырлаған сары аязында, жаздың шыжыған ыстығында көрінгенге алақан жайғанын көрсем, жүрегім ауырады,- інісін қолдай сөйлеген Айсұлу көзіне жас алды. Алматыда, Қазақстанда, тіпті, жер бетінде адамдардың бұлай қорлық көруіне жол бермейік.
– Ол үшін не істейміз? Ақшаны қайдан аламыз?
- Бір алып балық бар екен.Соны көмекке шақырайық,- деген Ансарға бәрі аңтарыла қарады. «Оны қалай шақырамыз?».
- Аллаһ Тағалаға жалбарынайық.
Міне, керемет. Бәрі жамағат намаз оқып, жалбарынып еді, күркіреген дауыс естілді:
– Әссәләмуаләйкум уа рахматуллаһи уә бәракәтуһу. Балалар, мені сендерге Аллаһ Тағала жіберді. Көмектесуге келдім. Уһ, уһ, жол алыс, әрі сендерде мұхит жоқ болғандықтан жер асты суларымен жүруге тура келді. Мен сендерге қап-қап доллар әкелдім. Ұрлық ақша емес. Банктерге су астындағы бағалы тастарды, інжу-маржанды, гауһарларды өткізіп, орнына осы ақшаларды алдым. Жете ме?
Жер астынан көзі ғана жылтыраған алып балықтың басының өзі үлкен ғимараттың көлеміндей екен.
– Мен жайлап қимылдайын. Әйтпесе, шаһарларың теңселіп кетер.
Су өтпейтін қаптарға салынған қаржыны жайлап шығарғанның өзінде ғимараттар сәл шайқатылып, жер сілкінді деп үрейленген адамдар далаға жүгіре шықты. Бірақ, Құдайдың құдыретімен балаларды да, алып балықты да көрген жоқ.
Ақшаға қарқ болған жасөспірімдер енді оны қалай, қайда жұмсарларын білмей дал. Ансардың ақылымен алдымен бос пәтерлерді, үйлерді жалдап, сонда мүгедектерді, қаңғыбастарды орналастырды. Қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, басқа да тәтті-дәмділерді көргенде көздері жайнап сала берген олар бай да салтанатты дастарханға кір қожалақ қалпында жақындауға именіп, алдымен суға түсіп алуды ұйғарды. Көптен бері адам сияқты рахаттанып жуынғандары осы шығар! Мүгедектерге де ещкім зіркілдеген жоқ, «қанша ақша таптың?» деп қыспаққа алмады. Бәрі жаңа, таза киімдер киіп, мамыражай күйде құрметті қонақтардай дастархан басына жайғасты. Өздерінің ішінде өнерлі, білімді жандар көп екен, біраз уақыт тыныққан соң, бірден іске кірісті. Бірі болашақ үйлердің жобасын сызды, әр түрлі науқас жандардың жасы, дерт ерекшелігі ескеріліп, жүріп-тұруға қолайлы болуын қарастырды. Енді бірі сай-салада шашылып жатқан тері-терсектерді жинауға кетті, әйелдер тамақ істеп, кір жуып, жүн түтіп, жіп иіріп, қызу жұмыс басталды.Жағдайы ауыр науқастарға Құран, әдеби кітаптар оқып беретін, теледидар көрсететін елгезек кісілер де табылды. Олардың мақсаты – қала тұрғындарын таза, сапалы өнімдермен қамтамасыз ету.
– Біртіндеп зауыт, фабрика ашамыз.
– Сасық көлден балық әкелуді тоқтату керек,-Ансар ақылды ұсыныстар айтудан шаршамайды,- Ол қала-даламызға үлкен қауіп төндіріп тұр. Аяқ астынан жарылып не жаңбыр суынан тасыса, онда жолындағының бәрін жайпап, қиратады. Меніңше, ол жерде не шағын электр станциясын салған абзал, не қыстыңгүні қатырып, мұзын ойып, шөл далаға тасу керек. Не канал қазып, ешкім тұрмайтын айдалаға ағызып жіберген жөн. Сонда құмға сіңіп жоқ болады.
– Дұрыс, дұрыс.
– Басқадай да проблемалар аз емес. Меніңше, жер бетіндегі президенттердің, ірі ғалымдардың балаларын, басқа да дарынды құрбы-құрдастарымызды ғаламтор арқылы шақырып, солармен ақылдасайық. Олардың әкелері келмесе де өздері біздің шаруаларымызды оларға айтып, мәселемізді шешуге көмектесер.
Ансардың бұл ұсынысы да қабыл болды.
ХХХХХ ХХХХХ ХХХХХ
Бәрі де дайындыққа кірісті. Қала сыртындағы бос жерлерге киіз үйлер тігілді. Керегелері қандай кең, шаңырақтары қандай биік, өздері қандай әсем. Алаша, киіз, текемет, кілем... гүлге толы қырдай құлпырып, көздің жауын алады, Айсұлудың айтуынша, қазақтың киіз үйлері ат шаптырым жердей өте кең болған екен. Хандар, билер, ақындар, батырлар, ғалымдар, дарындар жиналып мәжіліс құрғанда, емін-еркін сиып кеткен.
Құстар, балық-бақалар, құрт-құмырсқаларға дейін келді. Айсұлу «біздің құстарымыз да, құрт-құмырсқаларымыз да ашықпауы керек» деп бәріне жем шашатын, тамақ қалдықтарын, қоқымдарды беретін. Енді олар да «біздің қаламыз гүлдей жайнауы тиіс» деп зыр жүгіріп жүр. Жер бетін шарлап түрлі өсімдіктерді әкеліп, кеше ғана құлазып бос жатқан жер ғажайып бақшаға айналды. Тіпті, ғаламтордағы шақыруды қабыл алып, Алматыға жиналған жеткіншектерді әкелуге Самұрықты да көндіріпті. Алып құстың желдей ескен қанатының шуылы алыстан естіліп, біртіндеп өзі де көрінді. Бау-бақшаны жапырып кетпес үшін жырақтау қонған Самұрық балаларды тастап, өзі қыдыруға кетті.
Қонақтарды ерекше сауық кеші күтіп тұр еді.Алдымен «Аққу» күйі орындалып, құс патшасы – аққулар кербез басып ортаға шығып, қалықтап билей жөнелді. Бұдан соң көкке әуелеген «Құстар әніне» барлық қос қаанаттылар қосылып, әсем саз ырғағында қалқыды. Аң-құсқа, өсімдік әлеміне, ай, күнге, бұлттарға, тау-тасқа, теңіз, көлге, бұлақтарға, басқа да табиғат құбылыстарына арналған ән-өлең көп екен-ау, тіпті, балық-бақаға дейін, құрт-құмырсқаға дейін жырға қосыпты.
«Мұның бәрі туған жерге деген махаббат сезімінен туған ғой. Бұрын қалай білмегем, мән бермегем». Қатты толқыған Ибраһим өз елінің бір мықты кірпіші болуға ант берді. Сосын өз достары дайындаған қойылымдарды көрді. Күн астындағы Күнікей қыз, Ер Төстік, Мақта қыз, Аязби, басқадай да қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкерлерімен тұңғыш рет танысып, бәрі жайындағы шығармаларды оқуға бекінді.
Жер бетіндегі барлық балалардың арман-мұраты бір екен. Олар алматылық құрбы-құрдастары бастаған ізгі амалдарды өз елдерінде жалғастыруға шешім қабылдады. «Соғыс болмасын, үлкендер барлық дауды бейбіт жолмен шешсін». Олар өз ойларын айтып, ғаламтор арқылы әлем азаматтарына хат жолдады. Қайтарда ғажайып бақтан, алматылық ісмерлер жасаған әсем бұйымдардан туған жерлеріне көп қылып базарлық, сәлем-сауқат алып кетті. ХХХХХ ХХХХХ ХХХХХ
Ибраһимнің аз уақытта қатты өзгеріп, саналы, ақылды балаға айналғанын көрген ата-анасы өз қателіктерін түсінді. Енді олар бір-бірімен ұрыспауға, жағымсыз сөз айтпауға уәде берді. Күн сайын Құран, хадистерді, қазақ, әлем жазушыларының таңдаулы туындыларын оқуды әдетке айналдырды. Ал, Айсұлулар бәрінен асып түсті. Олар «Абай тағлымы» деген үйірме ашып, Құран аяттарынан, хадистерден, қазақтың атақты ақын-жазушыларының шығармаларынан, мақал-мәтелдерден, ауыз әдебиетінен сайысқа түсетін байқау ұйымдастырды. Осы жарыста жеңіп шыққандарға бағалы сыйлықтар беріледі. Алып балық тастап кеткен қаржы таусылар емес, бәріне жетеді. Күллі Қазақстанда бірде-бір қаңғыбас, қайыршы, маскүнем қалған жоқ. Барлық азаматтар туған өлкені көркейту үшін еңбек етуде. Ал, ғажайып бақ әр ауылда, әр қалада пайда болды. Көмек сұраған шетелдіктерге де жіберіледі. Өйткені, ондағы жеміс-жидектердің шипасы күшті еді. Адамды тәнінің ғана емес, жанының да дертінен айықтырады. Сіз де дәмін татып көріңіз, бәлкім, ұнап қалар.ып бак