Адам қарады: 327 | Жарияланды: 2018-09-15 07:27:55

Кім жұбатар...

Есігімнің алдына келді дағы,
Ештеңе айтпай, егіліп жел жылады.
Жалт бұрылып, қыр асып кетті сосын
Сенбестей боп ешкімге ендігәрі.

 

Кім жұбатар... Бәрінен кетті безіп,
Жерден безіп, кетті әні, көкті кезіп.
Мен де кеттім соңынан...
Біз осылай
Белгісіз бір бағытқа бет түзедік.

 

Қалды бәрі - керемет күнім қалды,
Өзегінде ол күннің мұңым бар-ды...
Бара жатыр жел жылап... Ол екеуміз
Сала алмаймыз қайталап бұрынғы әнді.

 

Мына ғалам мұңаяр, себебі – біз,
Оған аян сырымыз, дерегіміз.
...Жылап бара жатқан жел,
мен туралы
Көкті кезген бұлтқа не дедіңіз?!.

 

Қазақ тілінде жазылған