Адам қарады: 445 | Жарияланды: 2018-09-15 07:29:16

Біздің эрамызға дейінгі...

Әйгілі топан судан кейінгі –
Біздің эрамызға дейінгі
Бабам жайлаған бағзы далаға барғым кеп,
Баруға тиіс нәсілі бүгін бармын деп
Обаға келіп жайғасқан желге үн қаттым
Жолбасшы қылып алғым кеп...

Балбал тастардың тұсына келіп сұрадым
Баяғы күннен адасып неге қалдың деп.

 

Баба жұртымнан белгі боп қалған жұрнақ бұл
Баяғы күнді өз үніменен жырлап тұр.
Көз ұшындағы көлбеген сағым аңыз боп
Көшпенділердің бөрілі туын бұлғап тұр.
Бұрынғы дала қобыз қылынан күй төгіп,
Бүгінгі дала көкірегі жылап тыңдап тұр...

 

Бұрынғы дала... жадымды жаулап, есті алды,
Аңсайды жаным сарыны бөлек ескі әнді.
Құба інген боздап құба бір белге шықты ма,
Қырдың астында көлігі сынып, көш қалды.
Керқұла ат мінген Уақыт кері қайрылмай,
Кешегі ғұмыр мінгесе де алмай кеш қалды...

 

Көнеге барар жолды іздеп жүрген тек мен бе,
Ал, сенде, достым, сағыныш бар ма өткенге?!.
Ескіні еске ап, аңыздың түсіп ізіне
Барып қайтайық бағы таймаған көк белге...

 

Қазақ тілінде жазылған