Адам қарады: 351 | Жарияланды: 2018-09-15 07:30:17

Артына қарай-қарай жаз да кетті

Артына қарай-қарай жаз да кетті,
Жазмышы мәз-ғұмырын азғана етті.
Қалам қып қауырсынын қалдырған құс
"Жайлаудан сән кеткенін жазба" депті...

 

Амалсыз жазға ілесіп арман кетті,
Аядым алабұртып қалған көкті.
Жапырақ бұтағымен қоштасқанда
"Маxаббат арман емес, жалған" депті...

 

Қыр асып кеткен жазға не десін күз,
Сол қырдан кері қайтқан көресің бе із?!
Көңілдің көк дөненін жайдақ мініп,
Қуамыз өткен күннің елесін біз...

 

Келе ме келмес сәтті еншіге алғым,
Сағынтсын, сарғайтсын ал, мен шыдармын.
Сен кеткен қара жолға қарауыл боп,
Күн емес суып кеткен...
мен шығармын...

Қазақ тілінде жазылған