Адам қарады: 77 | Жарияланды: 2018-09-15 11:11:49

Тыныштық

 

Қойлардың қайтарылған күйісімен,

Қоңыр көң мұрын ашар иісімен.

Ақырзаман болғанша айырылмас,

Қос ғашық, жер мен көктің сүйісімен.

 

Көкектің көкей тесер әуенімен,

Көк үйрек көлге берген сәлемімен.

Жанды емес жансызға да көрік берген

Көк түсті көгершіннің әлемімен.

 

Торы аттың төрт тағандап ұйықтауымен,

Торы таңның, ақ жұлдызды ұрттауымен.

Жалғанда жаралсам деп арман етер

Даламның ділі мөлдір шықтарымен.

 

Анамның ұйтқы қонған айранымен,

Сандуғаш жүрек езген сайрауымен.

Туған жер таңғы зәмзәм ауасымен

Өзім де сол зәмзәмға айналумен.

ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕДІМ, АДАМДАР!

 

Қазақ тілінде жазылған