Ауыл - қазақылықтың қасиеті қалған жер
Өткен жылдары автобуспен ауылдан Алматыға қарай шықтық. Сәвет одағынан қалған шаңы шығып кеткен ескі «асфальтпен» жүйіткіп келе жатырмыз. Автобус арлы-берлі ырғалған сайын қалғып-мүлгіп кетеміз. Жол болса әлі алыс. Терезеден артта қалып бара жатқан елдімекендер мен талай тарихты бұғып жатқан тау-тастан көз алмай қарап отырмын. Адамның ішін пыстырмайтын әртүрлі пейзаждар. Анда-санда салонға шаң кіріп кетсе, қаланың кірпияз жастары бет-ауызын тұмшалап әлек болып қалады. Ауылға кейде сол шаң мен түтіннің иісін аңсап баратын бізді қойшы. Шаңды жатырқап өскен, оған «иммунитеті» қалыптаспаған ақсаусақтарды аяғансып, әлгілерді ала көзбен бір «атып» қоямын. Аягөзге жүз шақырымдай қалғанда көлігіміз бұзылып, Барқытбелдегі жолды жағалай орналасқан аз ғана ауылдың біріне келіп түстенуімізге тура келді. Шопырлары бір-екі сағатта автобусты жөндеп бітіреміз деген еді. Солай дегенімен, жаңағы ауылда біз тоғыз сағаттай аялдап, кешкі сегізде бір-ақ жолға шықтық. Сонда, тарбағайлықтардың қонақжайлығына қатты риза болдық. Жол соғып шаршаған адамдарды үндемей бөліп әкетіп, үйлеріне тамаққа шақырды. Біз бір кедей шаңыраққа келіп түстік. Тұрмысы тым қарапайым кісілер екен. Есігінің алдында кішкентай, сүп-сүйкімді балалары ойнап жүрді. Кіріп бара жатқанда, ағаштың үстінде тізіліп тұрған етті көргем. Отағасы бір жаққа жұмыстармен кетіпті. Әйелі әлгі еттерді түп-түгел қазанға салып жіберіп, қонақтарын құдайындай сыйлады. Мұндай кең пейілді күтпеген бір топ жігіт қапелімде не істерімізді білмей, кеңесе келе, балаларының қолына бір уыс ақша ұстатып кеткенбіз. Жағдайы болмаса да, соңғы етін қонағына асып берген сол кісілер, сол ауылдың мәрт мінезді адамдары көпке дейін көңілден кетпеді. Қандай ұлы халық екенімізді сол кезде түсініп, «кең болсаң, кем болмайсың» дегені осы шығар деп ойлағанмын...