Адам қарады: 63 | Жарияланды: 2018-09-15 12:22:05

 Ит тірлік

 

Қорадағы иттер сүйекке таласып қырықпышақ болды... Жотадағы биттер жөңкіліп жорыққа шықты...

       Ызғыт бірінің шуылдаған дауысын естіп, екіншісінің қыбырлаған жүрісін сезіп, сергек жатыр. Бірақ тұруға зауқы жоқ. Басын көтеріп, ызалана ырылдадады да қайта жатты. Оның ырылдағанын күтіп тұрғандай тұла бойын мекендеген «тұрғындар» жапа-тармағай жыбырлады. Әрбір қылшықтың түбінен атой салып,  тұс-тұстан  шабуылдағанда денесін дуылдатып жіберді. Кәрі тазы жанын қоярға жер таппай аласұрды, атып тұрып арқасын итмұрынның тікенегіне үйкеледі. Бір-екі рет қыбырлаған немелерді шайнап тастағысы келіп қабысқан қарнын қаршылдата тістелеген. Тістеді деген аты ғана... Сүйек кеміруге қауқарсыз жақ пен мүжілген азу, қызыл-шақа болып бөрткен теріні умаждаған да қойған. Ызғыт, тіске ілініп, көзге көрінбейтін жауларымен бұл жолы бұрынғыдай ұзақ арпалыспады, сүтпісірім уақыт жағаласты да әлсіреп жығылды. Жатқан күйі қалжыраған денесін қара топыраққа қажап бір-екі рет қасынды.

     Бүрге мен битке таланған тағдырына нала айтып, айбат шекпек болған. Азуын қажап, тістене ырылдағысы келген. Бірақ  кәрі тазының ызалы ырылы, қыңсылағандай аянышты шықты... 

 

  1. Ызғыт

Ызғыт көзін ашқалы әкесін көрмеді. Ал енесі марқа қозыдай ғана бәкене қызыл тазы болатын. Оның қызғаншақ мінезі, мейірімді бейнесі жадында мәңгілікке жатталыпты. Тура қазір келе қалса бір қора иттің ішінен жазбай таныр еді.

   Ызғыт кенже туды, екі ұяласына қарағанда нәзіктеу өсті. Сондықтан болар енесі Ызғытты көп еркелететін. Тар ұяның ішінде таласып ойнап, астаң-кестеңін шығаратын әлгі екеуді ашуланғанда желкеден алып лақтырып жіберетін, ал Ызғытқа тіс батырмайтын. Ызғыт тентек туыстарымен құмары қанғанша ойнап та жарытқан жоқ. Бауырын көтеріп жүгіре бастаған кезде-ақ айрылысқан. Содан жолдары түйіскен емес. Сол бір сәт Ызғыттың еміс-еміс есінде.           

      Арқа қызып, жер жіпсіген ерте көктем болатын. Сүтке тойған үш күшік шанақтарын шәнтитіп, ана бауырында маулығып ұйықтап жатқан.  Дабырласып, даурығысқан адамдар оятты. Бірі айқайлап шешесін шақырды, өздеріне күнде тамақ әкелетін қожайынның дауысын барлығы таныды. Анасы сақтана басып, үйшіктен шықты. Бұлар да жылы-жұмсақ болса асап, сүйек-саяқ табылса тістеп қалайық дегендей соңынан ілескен. Бірақ далаға шығып үлгермеді. Көкжелкеден бүріп ұстаған әлдекім, қол-аяғын жерге тигізбей көтеріп әкетті. Ызғыт төрт аяғын тыпырлатып, тырбаңдады да қалды. Әлдеқайдан шешесінің қыңсылаған үні естілді. Қарулы қолдың уысында тұрған Ызғыт алақтап жан-жағына қарағанда өзінің күйін кешкен екі ұяласын көрген. Көздері алақтап, тілі салақтап кетіпті. Күндегі тентектігінен із де қалмаған. Адамдар екеуінің бұтын талтайта ашып қарады да әлдене деп сөйледі, біреуі ризашылықпен қарқылдай күлді. Ал Ызғытты көтеріп тұрған кісі мұның шатына қол жігіртіп, домбал саусақтарымен борбайын түрткілеп көрді де, жерге атып ұрды. Борпас топыраққа жотасымен соғылған Ызғыт, бір аунап тұрып, үйшігіне қарай жүгірген. Әлгі долы адамның ашулана боқтағанын, мұрнын бырқырата бір тартып алып, жерге жалп еткізіп түкіргенін,  ол түкірікке дән арқалап бара жатқан қара құмырсқа малтығып қалғанын көрген жоқ.

       Бұл оқиғадан кейін Ызғыт біраз күнге дейін елегізіп жүрді. Далада тықыр естілсе, есіктің алдына жетіп баратын. Бірақ екі ұяласы сол кеткеннен мол кетті.  Енесінің бар емшегіне жалғыз иелік еткелі Ызғыт бірер күнде домаланып алды. Ал қызыл тазы қызғаншақ, ызақор болып алды. Аттап бастырмайды. Әсіресе, адамдар келе жатса желкесінен тістеп, үйшігіне тығып тастап өзі есік аузында күйгелектеніп, күзетіп тұрады. Жақын келгендерге азуын ақситып айбат шегеді. Тек үй иесінің кішкентай баласына кеңқолтық.

  Тақыр басты қара баланың ертеңмен істейтін екі шаруасы бар, бірі үйді айнала бере май топырақтың шаңын бұрқылдатып шаптырады. Шаптырып тұрып «Ызғыт, Ызғыт»- деп айқалайды немесе ысқырып белгі береді. Жас досының оянғанын білген Ызғыт та далаға құйрығын бұлғаңдатып еркелей шығатын. Бала бұлардың үйшігіне құр қол келмейді. Кішкене қалтасына томпитып бірдемелерді сала келеді. Тістелген бауырсақ, шала мүжілген сүйек секілді тіске басар азықтарды қарны тоқ болса да Ызғыт құмарта жейді, құшырлана қажақтайды.

 Бала кей күндері әй-шәйға қарамай Ызғытты көтерген күйі үйіне алып кетеді. Ондай кезде Ызғыт қоржын тамның ішінде алаңсыз ойнақ салады. Көбіне екеуі көкпар тартысады. «Мә, мә.., тіште...тіште...» - деп былдырлаған бала бөстектің бір ұшын Ызғытқа береді. Бұл да үйреніп алған, жарамаса кетеді. Ол күшене тартады. Кішентай күшіктен күш асырмақ болып долдана жұлқиды, үйдің ана басына бір, мына басына бір дырылдатып сүйрейді. Ызғыт та тістеген жерімде тісім қалсын деген шақар. Төрт тағандап, айрылмайды. Кейде жағы талып бара жатса жібере салатыны бар. Ондайда тақыр бас бала құйрығымен жер сүзе құлайды. Тоңқалаң асып жатып тырқылдап күледі. Қайтадан тұрып, қос «көкпаршы» доданы тағы бастайды.

 Бір күні әдеттегідей Ызғыт пен қара бала үй ішінің әптер-тәптерін шығарып жатқанда бейтаныс екі адам алқын-жұлқын кіріп келді. Үйдің үлкендері мал қоралып жүрген, бала әлгілермен үлкен кісілерше қол берісіп амандасты. Өзара күбірлесіп сөйлесті. Бір кезде бала аяғына етігін кие салып далаға жүгіріп кеткен. Ызғыт соңынан ілеспек болып еді әлгі екеуі қақпайлап жібермеді. Бір қатерді сезгендей жиюлы тұрған жүктің артына қарай қашты. Бірақ жетіп үлгермеді, біреуі шап беріп ұстады да басын тұмшалап қоржынға сүңгітіп жіберді. Қыңсылап үн шығарайын деп еді тұмсығын қарулы қолымен қысып қалды. Тынысы тарылып, тұншығып барады. Төрт аяғын ербеңдетіп тыпырлады. Қарулы қол сәл-пәл босаңсыды. Сыртта адамдар күбірлесіп сөйлесіп жатыр. «Ызғыт,Ызғыт» деп шырқырап жылаған қара баланың дауысы әуелгіде тура жанынан естілді, бара-бара алыстан талмаурап жеткендей болды да, мүлдем тынды...

 Ат сауырында шайқалақтап ұзақ жүрді.

 

  1. Киізбет

Киізбет жылына бір рет Шу өзенін кешіп өтіп, Тоқпақтағы Жекшенбек досына баратын. Қазақ пен қырғыздың аңшысы қосылғанда, Шу бойының аң-құсы құдайына жалбарынып шуылдайды десетін жұрт. Маусымның ортасында мал-жанды Кенжәліге аманаттап, тазы мен төбеттің буданынан шыққан Құйын деген дүрегейі мен жарғаққұлақ Жойқынын ертіп, Құрқойынның ішімен күнгей асты. Желсаздағы қойшылар ауылына бір қонып, ертеңіне арғы бетке өтті. Баруын, барғанмен Жекшенбек үйінде емес екен. Атының қан-сорпасын шығарып іңір әлетінде жеткен. Удай мас. Хал сұрасуға да шамасы болмай, түпкі үйіне сүйретіле барып құлады. Түнімен сөйлеп шықты, түнімен әлдекімді балағаттады.

-Көрерміз,- деп тістенеді. Тас шайнағандай темір тістерін шықырлатады.

–Революция ашам, Ленинннен кейінгі революцияны мен бастаймын,- деп ара-тұра атып тұрып, кеуде тоқпақтайды. Жекшенбектің мұндай өнерін Киізбет бұрындары талай көрген. Аузына арақ тисе адам танымайтын ақикөздің нақ өзі. Талай мәрте төбелесіп, татуласты. Тілі тотияйындай ащы, мінезі дүлей демесең арамдығы жоқ. Қазақтан дос таппаған Киізбет осы бір тайғаншы қырғызды туған бауырындай жақын тартады.

       Жекшенбектің жан азабын ертеңіне естіді. Күшікке таласыпты. Тоқпақ бойындағы тайған ағытып, бүркіт салатын үш қырғыз Қарабалтадағы әлдекімнің әйгілі тазысы күшіктеді дегенді естіп, бір-бір жабағыдан сатып аламыз деп хабаршы жібереді. Межелі күнде өздері де атқа қонады. Жол-жөнекей бөліске салады. 

-Кенжесі менікі депті өркеуде Жекшенбек өзгелерге дес бермей. –Қалған екеуінде таласым жоқ.

    Барлығы осы сөзге тоқтаған. Қас қылғанда кенже күшік ұрғашы болып шыққан. Борбайында безі болмағандықтан ұясына атып ұрып, атына мініп жүре берген. Артынан қуып жеткен екі серігімен де сөзге келіп, қамшы сілтесіпті. Кәмпитке өкпелеген баладай томсырайған бұны әлгілер келемеждеп күлген. Тумысынан басынан сөз асырмас дойыр қырғыз соған кектеніп екі күн бойы үйіне келмей арақ ішіпті. Ақыры қайраулы қылыштай лыпып тұрған Әскер інісін жіберіп, әлгілерге бұйырған қос күшіктің біріне ине жұтқызып, бірін күшәләмен улап өлтірген. Содан қайтқан беті осы...

-Иттің баласы... Иттің баласы... Иттің баласына қастық қылғаның не?- деп Киізбет шоршып түсті әңгіменің осы тұсына келгенде. Жекшенбек міз баққан жоқ. Қырлы стақанға толтыра құйған арақты қағып салып, еліктің қуырдағын қарбыта асады.

-Қорасынан қой емес, тайған өретін ол екеуі қайдағы бір бауырын жаңа көтерген күшіктердің қазасына нали қоймас,-деді бейқам түрде.

-Қырғыздың тілі майда, діні қатты деуші еді. Мынау шынымен де дінсіз екен,- деді Киізбет күбірлеп. Жекшенбек мән бермеді, май-май қолымен кеудесін нұқып:

-Ішім...Ішім...Ішіме шоқ тастап кетті,- деді шандырды малжаңдай шайнап.

 -Сол шоқты кектің суымен өшірмесе боооолбойды,- деп даусын созды.

-Әйтпесе өртеніп өлемін... Әй, маңқа қазақ сен кекті ұмытқан шығарсың. Әйтпесе Кенесері атаңның басын алған әулеттің төрінде шалжиып отырып, бас мүжитін жөнің бар ма еді?!

-Тоқтат!

  Киізбет өзінің қалай атып тұрғанын сезбей қалды.

- Атаңанәлет ит қырғыз жон арқаңнан таспа тілейін бе?- деп қамшысымен осып-осып жіберді. Жекшенбек жайындай денесін жалтыратып жалаңаш отырған. Ыршып түсті. Бірақ қарсылық танытудың орнына қарқылдап күлген.

-Атаңның қасында басың қалсын демесең отыр,- деген күлкісін тия алмай... Киізбет қарайлаған жоқ. Атын ерттеп мініп, жүрді де кетті. Арада ай өткенде Жекшенбек жеткен. Жетегінде жирен байталы бар, қоржынында қызыл күшік. Киізбет жиренді бір айналғаннан-ақ бармақ елі қазы байланғанын шамалаған, күздік соғымға жаратуға болады деген іштей топшылап... Бірақ айыбын тартып келген қырғызға қасарысып қабақ бермей қойды. Тек қызыл күшікті көргенде қылықты қызды жолықтырған жампоз жігіттей қутыңдап кетіп еді. Сүйегінен жазбай таныды. Кәдімгі бала күнінде көрген ши тазының* тұқымы. Атасы марқұм қасқырға саламын деп арандатып алған Ұшардан түр-тұлғасы аумайды. Одан беріде мынау ши тазы дегеннің талайын біледі. Бірақ бірінің қаны таза емес, қырықсідік шата екені құлағы түгілі, қылшығынан-ақ аңғарылатын. Өзінше қазақ даласында ши тазы жоғалып кеттіге жоритын. Енді міне жоғалғаны қырғыздан табылды, іздегені өзі келді. Тек бар айыбы -заты ұрғашы.

-Өткенде алмай кеткен күшік осы!- деді Жекшенбек маңғазданып.- Бәрібір біздің тауларда тайған жүгіреді. Мынадай қортық тазылар қолтығынан қарға көміліп, малтығып қалады.

-Атаңның басы,- деді Киізбет тістене. -Түлкі батпас күртік үстінде бұлар жүгірмейді, сырғанайды,- деп мұрын астынан міңгір етті.

-Өййй рас! Жекшенбек, өз күлкісіне өзі тұншыға шиқылдады. –Бұлармен біздің ауылдың балалары сары тышқан аулайды деп көзін ежірейтіп, дарақыланды.

     Киізбет, қу тілді қырғыздың сыңарезулеп қақпайлағысы келіп тұрғанын сезіп, қысыр сөзге құлық танытпады. Салалы саусақтарымен қалтасынан сабан ақшаны қобыратып алып шықты да санамастан Жекшенбекке ұстата салды.

-Қарғыбауын* ал да, әйда қайқай! Әйтпесе күшігіңмен қосып ұшықтаймын ит қырғыз!

-Әй мына жынды қазақтың қорлығы өтті-ау... Өз үйіңде өзіңді сабап кеткен бұл әумесерге сот жоқ-ау...сот жоқ,-деп Жекшенбек шомбал денесін селкілдетіп ыржалақтады. Бірақ оның бұл қылығы да Киізбетті иліктірген жоқ. Қабағын ашпастан қатқыл тіл қатқан.

-Тайған менен дүрегейлер бүркіт болғанда бұл жарықтық ителгі мен қаршыға іспетті...Тұрқы кіші демесең жүрегінің шайлығып, жүгіргенде шаршап-шалдыққанын көрмеппін. Ал әпжілдігіне келсек, сенің тайғаның бір тістегенде бұл үш рет қыршып үлгереді.

   Жекшенбек дауласпады. Қабан мінезді қазақпен тағы шарпысудан тайсақтағандай ши тазының түп-төркіні қырғызға қазақтан барғанын айтып, көлгірсіді. Күшікті айналып-толғанып тұрған Киізбеттің қасына тақалып, өсек айтқан қатындарша алақанымен көлегейлеп құлағына сыбырлады. Не дегенін кім білсін?! Әйтеуір бағанадан бері шәлкем-шалыс келіп тұрған екеудің арасын осы бір құпия сөз бітістіріп жіберген. Күнгейдің қарындай жібіп сала берген Киізбет бас шұлғып, құптаған сыңай танытты. Екеуі де жымиып күлді.

 

*Ши тазы- Бүгінде сирек кездесетін тапал бойлы тазы тұқымы.

*Қарғыбау ақысы- Ағайын, жегжат адамдар бір-біріне күшік сыйлауға тиым салынған. "Итше ырылдасып" "араз болып кетеміз" деп сақтанған. Сондықтан күшік алғанда қарғыбау ақысын беріп, сатып алдым деп санаған.

 

  1. Ызғыт

Бұл үйде адамнан көрі ит көп екен. Бірақ Ызғыт өзінің ұяластарын кезіктіре алмады. Салпаң құлақ, сидаң аяқ тазылар, еңгезердей төбеттер, кішкене кәндектердің кейбірі бос жүрсе, кейбірі шынжырмен байлаулы. Бос жүргендердің бірі бала тазыға мүсіркей қараса енді бірі менсінбеген түр танытып кердеңдей басады. Байлаулы тұрғандары арпылдап үріп, ызалана ырылдап, қасына жолап кетсең бас салатындай ашулы. Ал адам баласынан ақсақ сары мен қара сақалды кісі ғана көзге жиі шалынады. Көп иттің қожайыны осы екеуі. Ақ ит, көк ит, қара, сұр иттер осылардың қас-қабағын бағады. Тастаған тамағына таласып, қызыл-шеке болып төбелеседі. Енді бірде бір-бірінің бетін мысықша жалап, дос бола қалады. Осындай көріністерді көре жүріп Ызғыт та бұл ортада өмір сүруге бейімделді. 

     Бір күні қара сақалды адам қылғылт-сары түсті бір мақұлықты қорадан көтеріп шықты. Өлген күшік секілді. Ызғыт салпаң құлағын бір қағып орнынан қарғып тұрған. Мұндай күшікті көз ашқалы көрмеген, иісі де біртүрлі жат, құмарлықты оятып, қолқаны қытықтайды. Ызғыт, қара сақалдының қасына жетіп барғысы келді де оның қаһарынан қаймыққандай тоқтап қалды. Қарасақалдың әрбір қимылын қалт жібермей алыстан бағып отыр. Қолындағы бәкісін жарқ-жұрқ еткізіп тасқайраққа жанып алды да әлгі сары мақұлықтың терісін лезде сыпырып тастады. Құйрығы ұзын, үлпілдеген әдемі екен. Ызғыт қызыл-сары құйрыққа балалық әуестікпен тамсана қарады, тістелеп ойнағысы келіп қызықты. Бұл кезде қожайынның қолынан ет асап үйренген қорадағы бүкіл иттер де ұйлығыса қалған. Бірақ қарасақалдың қасына жақындап баруға ешбірінің дәті шыдамайды. Мінезі нашар. Ашуланса басқа теуіп, сойылдап, тіпті атып тастаудан тайынбайтын дүлей. Қарасақал, қызыл мақұлықтың ішін жарды да қолын тығып жіберіп, уысын қанға толтырып шықты. Оның қолынан тамған қанға тамсанған көп иттердің ішіндегі ашқарақтау төбет шыдамады білем, жетіп барамын деп сыбағасын алды. Қарасақалдың гүрілдеп жекігені мен төбеттің қаңқ еткен дауысы қатар шыққан сәтте қаптаған иттер тым-тырақай қашқан. Қарасақал өзгелерді қуалап жіберген соң, көп бөгелмеді. Тура Ызғытқа қарай бет алды. Сөйлеп келеді, күліп келеді. Ал қолына шеңгелдей ұстаған қошқыл заттан ақққан қан дірдектеп сорғалайды.

   «Күшігім, Күшігім», «Ызғыт, Ызғыт» -дейді қарасақал. Еркелететін секілді. Күледі. Күлген кезде қара мұрт жапқан аузынан сойдақ-сойдақ әппақ тісі әрекідік көрініп қалады. Ызғыт ет жеймін деп дәмеленіп, құйрығын бұлғаңдатып қарсы жүрді. Қарасақал қасына тақалған бетте желкеден ұстады да жерге алып ұрды. Құлағынан бұрап, тұмсығын аспанға қаратты да әлгінде қолынан көрген қарақошқыл затты мұрнына тақай берді. Жандәрмен тыпырлап жатқан Ызғыт, әлдебір сұйықтықтың танауына құйылғанын сезді. Удай ащы екен, кеңсірігін қуырып жіберді. Жөтелді. Қақалып-шашалды. Қарасақал күбірлеп сөйлеп жатыр, сүйкімсіз тістерін ақситып күлгенсіді. Артынша аспанға көтеріп алып, қос құлағын жарып жіберердей барқырап айғайлады.

            

                                         4. Кенжәлі

 -Ызғыт, Ызғыт,- деп сыбырлады Киізбет, күшіктің тұмсығына түлкінің өтін құйып болған соң... Қос құлағына үн салып, үш реттен ат естіртті.

- «Қарабалтадағы қойшының баласы Ызғыт деп атапты, сонымен қалсын»- деген Жекшенбек кетерінде.

 –Мейлі болса, болсын! Баланың сөзі – періште тілегі. Ызғытарсың әлі-ақ,-деп мақұлдаған.

      Қызыл күшіктің бабын Кенжәліге тапсырды. Кенжәлінің ит жарату тәсілін бұл өңірде ешкім білмейді. Тумысынан бір аяғы екіншісінен кем жаралған тойтық, алдыңғы күректісі ырсиып тұратын қоянжырық жігіт Киізбеттің алыстау жамағайыны. Жастай жетім өскен байқұсты балалар үйіне әкеткелі жатқан жерінен Киізбет қолына алған. Содан беріде осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Қара жұмысқа мығым, тындырымды. Көп сөзі жоқ. Қолы құтты, соғым байласа табан шығады, қой бордақыласа ақтарылып түседі. Ал ол баққан иттің алдынан аң қашып құтылған емес. Иттің бабына басқа түгіл Киізбеттің өзін араластырмайды. Талабы қатал. Бабы келмеген тазыны тай мінгіземін десең де аңға жібермейді. Қайбір жылы Киізбет, Сұркиік атты қаншықты бой бермей алып кеткен, сол жолы қанжығасы бос қайтты. Үйіне келгенде Кенжәліні таппай қалған. Мал-жанды тастап жайлауға шығып, сайрандап кетіпті. Бір қойшыға помчабан* болғалы жатқан жерінен алдап-сулап әзер әкелген. Содан бері Киізбет, Кенжәліге өзге шаруа бойынша ұрысып-зекісе де иттің бабына келгенде дауласпайды. Оның жырық аузынан не шықса, соған көнеді.

   Кенжелі тазыларды тамақтан тартпайды, өзге аңшылар секілді адамдардың табағына телміртпейді. Олар үшін басқа қазан көтеріледі. Тек аңның етімен қоректендіруге құмбыл. Сүйегі мығым, тістері жақсы жетілсін деп деміл-деміл кіл сүйектерден сорпа қайнатады, қант араластырып қатық жалатады. Киізбеттің міндеті қажетті азықты дер кезінде жеткізіп тұру. Аңның еті мен қатық, сүттен таршылық көрмесі белгілі. Бір апталық саяттан-ақ Киізбет қоян мен елік, қарсақ-түлкінің етін үйіп тастайтын. Тек Кенжәлінің сұрамайтынды сұрайтыны бар кейде. Қайдан үйренгенін кім білсін, күшікке балықтың майын ішкізеді. Дәріханадан алынған майды жаратпай, өзім қайырам деп кердеңдейтіні бар анда-санда. Бұл аймақтың өзенінде балық тұрмақ бақа болмайтынын біле тұра балық тауып бер деп құңқылдайтын көмекшісіне Киізбеттің кей-кездері қаны қараяды.

- Барды бер де, отыр!- деп ұрсып тастайды ара-тұра қалжыңға сүйегенсіп. Бірақ Ызғытқа балық жегіземін дегенде Киізбеттің де дегбірі қалмады. Алғашқы қансонар күні-ақ Қаншеңгелді бетке алып Бақанасқа қарай түсіп кеткен. Араға оншақты күн салып, Топардың бойындағы тышқан аулағыш орыстардан  екі қоржын балықты теңдеп әкелді.

- Мә саған балық! Күшігің екеуің қыстай соғым қылып, сорпаланыңдар,-деп тастай берген. Кенжәлі, Киізбеттің сөзін елемейтін, өзін де адам санамайды. Адамнан көрі тоңмойын қабанға ұқсатушы еді. Тірі жанға жаны ашымас қатыгездігін талай көрген. Сондықтан Киізбет: «жырық», «ақсақ-тоқсақ»- деп тілмен қажап жатқанда да қабақ шытып, ренжімейді. «Бетің құрысын, жүн басқан»- деп отыра беретін. Киізбетті - киізбет атандырған да осы Кенжәлі. Дап-дардай Сәулет деген есімі бар еді, оны бүгінде бүкіл аймақ ұмытты. Сәулет те шомбал дене, көзінің айналасынан өзге жерді сақал басқан, өң-тұрпаты далалықтан көрі таулықтарға келетін жігіт ағасына жараса қоймайтын ныспы. Сондықтан Киізбет қырықтан асқанда жабысқан лақап атына бой үйреткен.

     Кербесті әрең көтеріп келген екі қоржын балықты Кенжәлі ерінбей-жалықпай күні бойы отырып, сойып шықты. Киізбет иісі құрсын бәлекеттің деп саусағының ұшын да тигізген жоқ. Бірақ сырттай аңдыды. Кенжәлі алдымен балықтардың іші-сыртын тазалап шықты. Артынша ет турағышқа салып сүйегімен қоса бытырлатып майдалады, соңыра бүкіл етті бір ыдысқа салып тоңазытқышқа тықты. Содан көсіп алып, аптасына екі мәрте Ызғытқа асатады.

       Иттің тәбеті тартылып, бұратылып қалса өзгелер жүн жұтқызады. Құрты түссін, қоясы кетсін деп қойдың жүні, аттың қылын майға орап асатады. Ал Кенжәлі сақалға үйірсек. Сақал болғанда да көнеріп, кеуіп кеткендерін жаратпайды. Киізбеттің қыр соңынан қалмай жүріп, қауғадай сақалынан қырқып алатыны бар.

- Оның не?- дегендерге «Енергиясы бойында тұрады» дейтін сақауланып. Тоғыз кластық білімі бар, иттен басқа жан баласымен жуыспайтын, бозбалалық жасап қыздарға қырыңдап көрмеген жетім жігітті Киізбет ондай кезде жерден алып, жерге салады.

-Енеңді ұрайын, «енергия» сенің не теңің дейтін келекетіп. Әлде борбайдағы қоржының енергияға толып кетті ме?!  

-Үбаай, жаман неме... Бетіңдегі жүнді аяйсың ба?-деп Кенжәлі де қалыспайды. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламынды» айтып, жырық ернінен тілін жылмаңдатып, қутыңдайды ондай кезде.

Қайбір жылы Киізбет ұйықтап жатқанда сақалын кесіп алғаны бар... Бір ұйықтаса батырларша көсілетін, көтеріп апарып көрге тығып жіберсе де білмейтін уайымсыз аңшы сақалының жартысы бар, жартысы жоғын оянғанда бір-ақ білді. Мамық төсекте маулығып жатып, иегін қасып, сақалын саумалаған. Уысына ешкінің құйрығындай бірдеме іліккенде шоршып түсті. Атып тұрып, айнаға жүгірген. Омырауын жауып тұрар қалың түктің жартысы қолды болғанын көрді. Далаға дамбалшаң дедектеп шықты. Көкжендетті қарғыбауынан жетелеп, жүгіртіп жүрген Кенжәлінінің қасына күйекке түскен бурадай алқынып жетті. Бұның жеткенін күткендей Көкжендет талтайып тұра қалып, лақылдата құсты. Киізбет тазыдан түскен қояның арасынан өзінің қап-қара сақалын таныды. Кенжәлі иттің аузына қолын тығып жіберіп, кеңірдегін қытықтап қайта құстыруға талаптанып жатыр. «Қасымда адам бар-ау» демеді, есіл-дерті итте... Киізбет ләм деместен, бұрылып жүре берді. Кешкілік ас үстінде сақал керек болса оңды-солды қиқаламай әдемілеп кесіп алсаңшы деген емеурін танытып, ескерту жасады. Ал қоясы түскен Көкжендет сол қыста мейіздей қатып, бабына келген. Жер аяғы кеңіп, мал төлдегенше он екі түлкі алды.

 

*Помчабан- Кеңес үкіметі тұсындағы қызмет түрі. Қойшының көмекшісі.

 

                                     5. Ызғыт пен Кенжәлі

Ызғыт бірер күнде Кенжәліге бауыр басып кетті. Етігін тарпылдатып, шойнаңдап келе жатқанын көрген бетте, құйрығын бұлғаңдатып қарсы жүгіреді. Киізбет те Кенжәлі секілді айналып-толғанбағанмен ара-тұра келіп басынан сипап, жон арқасынан ұстап кетеді. Кейде аузын ашып,  бармағын сұғып азу мен сойдақ тістерін тексереді. Ара-тұра балаша елпектеп кететіні бар. Ондайда  ауыл сыртына қотандағы бүкіл итті ертіп шығады.  Өзі атқа мініп алып далақтап шабады, бұлар соңынан ілеседі. Бір күні әдеттегідей Киізбетпен жарысып келе жатқан. Ызғыт қақпанға түскендей қалт тоқтай қалды. Танауына әлдебір таныс иіс келді алыстан. Тұмсығын жоғары көтеріп ауадан тартты. Иә сол. Киізбеттің үйіне алғаш келгенде көрген қызыл иттің иісі. Қызыл иттің емес, соның зәрінің иісі. Ызғыт бір жыл бұрын танауына құйылған ашқылтым сұйықтықтың әлі күнге таңдайынан кетпей тұрғанын сезді. Денесі тітіркеніп кетті. Қасындағы жарғақ құлақ пен қайыңқаптал тазы да елеңдесе қалды. Барлығы қарсы беттегі жотаға құйғытып шықты. Қызыл ит көрінбеді. Келесі белеске өрмеледі. Тағы жоқ. Осылайша аласұрып жүргенде тау етегін тарамдаған сайдың бірінен сары алтын сырғанап аққандай жарқ ете түскен. Қос тазы қуа жөнелді. Ызғыт соңынан ілесті. Неге қуып бара жатқанын білген жоқ, әйтеуір қызық көретін секілді. Кеудесінде әлдебір желік пайда болған, сол түртпектеп тыным берер емес. Қызыл ит жүйрік болып шықты. Құйрығын бұлғаңдатып жеткізбеді. Ызғыттың бойын ашу кернеді. Қазір қуып жетіп, басып озбасам ба деп кіжінді. Бар күшімен жүгіріп, қос серігінен қара үзіп шықты. Қызыл итке тақала бергені сол еді, әлгі жалт бұрылмасы бар ма?! Ызғыт ызғытқан күй өте шықты. Қарсы алдындағы үлкен қара тасқа соғыла жаздап барып, әзер тоқтады. Қайта айналып келемін дегенше қызыл итті қос тазы жұлмалап жатқан еді. Ызғыт ызаланды, сыбағалы сүйегінен айрылып қалғандай долданды. Сол күні Ызғыт қызыл итке кектеніп қайтқан.

    Ертеңіне ауыл сыртына Кенжәлі алып шықты. Атын шоқырақтатып шаба жөнелгені сол еді, оның артыннан қызыл иттің жүгіріп бара жатқанын көрді. Кешегі кеткен ыза мен кек бойын кернеді. Ештеңені ойламады. Өзгелерден бұрын қуып жетіп, ұстай алғысы келді. Бірақ тақала беріп еді қызыл ит ыршып кетті, Ызғыт жер қауып қалды. Қаны басына шауып, көзі қарауытты. Қайта жетті. Ендігіде ананың секіруіне жол бермеу керек. Аңысын аңдып тұрып секіре бергенде бұл да ырғып барып, үстіне қона түсті. Тіске бір басып, умаждай жөнелді. Өзгелер де келіп, жабылып талап жатыр. Қызыл иттің күлпаршасы шықты. Қанша уақыт мыжғылағанын кім білсін Кенжәлі келіп әзер ажыратып алды.

   Осыдан кейін-ақ Ызғыт қызыл итті жиі көретін болды. Кенжәлімен көше сыртына барса болды жердің астынан пайда болғандай сап ете қалады, құйрығын бұлғаңдатпай сүйрете қашады. Бұлар қуалайды. Қуып жетіп ту-талақайын шығарып талайды. Бір күні сол қызыл итті өзінің қорасынан көрді. Ызғытты Кенжәлі жетелеп әкеліп қараңғы сарайға кіргізіп жібергенде жат иіс танауын ұрған. Алакөлеңке қораның бұрышына тығылып, қалтырап тұр екен. Ызғыт қасына жетіп барды. Қызыл ит азуын ақситып, айбат шекті. Ызғыт қорықпаса да кәдімгідей бөгеліп қалды. Бұған дейін көше сыртында қуалап  жүргендері бұлайша қарсыласпайтын. Намыс қысты. Шалт қимылдап  шаптан түртіп өтті. Анау қарсыласпақ болып, арс етті. Ызғыттың төсі дуылдап сала берді. Бірақ ауырсынған жоқ. Дойырланып қайта ұмтылды. Екеуі шарпысып, алысты. Ызғыт денесіне тіс батырмай, ауыл иттерімен төбелесіп жүргендегі әдетіне салып, алқымнан ала түсті.                                

 

***

Бала тазы мен жіліншігі сынған ақсақ түлкінің айқасын терезеден тамашалап тұрған Кенжәлі жүгіріп кіргенде Ызғыт та, түлкі де қимылсыз қалған еді. Түлкінің тура бауыздар сағағына тұмсық салған Ызғыттың жағы қарысып қалыпты, Кенжәлі қамшының сабын тығып жатып әзер ажыратты. Түлкі әлдеқашан жан тапсырған. Ызғыт бүгінгі ерлігіне масаттанғандай бойын тіктеп, жемтігіне жиіркене қарады. Көкірегінен дірдектеп аққан қызыл қанға мән берер емес. Айғыздалған тұмсығын сүйір тілімен бір жалады да, тамақтан жиіркенгендей тыжырынды. Ызғыттың мұнысын сұңғыла Кенжәлі сезді. Үш айлығында жөтел тиіп, күркілдеп қоймаған соң түлкінің етімен емдегені бар. Бастапқыда жемей қасарысып жатты да екі күн ашықтырған соң, қызыл етті қарбыта асаған. Бірақ содан кейін Киізбеттің қанжығасына байланған талай түлкінің етін шикілей де пісіріп те алдына тастап көрген, бірінен ауыз тиген емес. Бұл жолы да тамақтан алып, өлтіргені болмаса етіне тиіскен жоқ. Ауызға жұққан қанынан жиіркеніп тұр. Бала тазының көңіл түкпірінде түлкіге деген жиіркеніш пен өшпенділік сезімі қатар пайда болғанын Кенжәлі түсінді.

Арада апта өткенде Киізбет мылтығын асынып, иттерін ертіп бір топ ауылдасымен салбурынға кетті. Үй шаруасын ыңғайластырып болған соң Кенжәлі де бөрте атына мініп жолға шыққан. Соңынан ермек болған иттерді тас атып қуалап жіберді. Екіден үшке шыққан, ұясына толар-толмас жастағы Ызғытты ғана қоржынға тығып салды. Бағыты- Текшелі. Текшелі десе текшелі. Қоңыртөбені асып түсу үшін әдейілеп жасалған текпіршек тәріздес жоталар алыстан менмұндалайды.  Осы Текшелінің етегі сасық күзен мен қосаяқтың мекені. Қарсағы да бар, бірақ Киізбет құтырған ауруы жұғады деп тазыларын қарсаққа көп жібермейтін.

    Жер беті күреңденген қоңыр күз болатын. Кенжәлі ауылдан ұзай бере, Ызғытты жерге секіртіп жіберді. Жусан үстіне жеңіл қонған тазы салпаң құлақты басын ары-бері бұлғап төңіректі бағдарлап алды да жортып кетті.

-Бойын жазсын,- деді Кенжәлі күбірлеп. Желе жортып бара жатқан тазының аяқ алысына сүйсіне қарады. Артынан шоқырақтай ілесіп, бірте-бірте екпінді үдетті. Бөртенің бойы бусана бастаған тұста Текшелінің де тұсына таяп барған. Текшеліге қарай тартылған өзектің күнгей беті сарытопырақты айтақыр келеді ежелден. Алыстан қарағанда араның ұясындай шұрық-тесік індер көп. Кенжәлі сол тұстағы жусанды қара отқа бөртені тұсап, қолына шолақ сапты күрегін алып қапталдап беткейге өрмеледі. Әлгі індердің аузын бекітіп, біреуін ғана қалдырмақ. Ертеңмен өріске кеткен қосаяқтар қайтар кезде тосқауыл құруды ойластырып қойған. Бірақ ол жоспары бұзылды. Ызғыт төбе үстіне жүгіріп шыққан бетте құйрығын бұлғаңдатып қосаяқ қашты. Ызғыт қуып берді. Кенжәлі де  күрегімен жер шұқуын доғарып, шойнаңдап бөртеге қарай жүгірді. Атқа мініп, қашқан мен қуғанның соңына түскенше біраз қызықтан құр қалған еді. Айлакер тышқан екі-үш мәрте Ызғытты алдап соққан секілді. Кенжәлі тақалғанда құйтақандай аңға жете алмағанына ызаланған Ызғыт өршелене ұмтылған.

-Бас,бас,- деп айқайлағаны сол еді, адам даусынан қосаяқтың зәресі ұша секіргенін көрді. Сол секіргеннен аяғы жерге тимеді байқұстың... Ашулы тазы ауадан қағып түскен еді. Борпас топырақтың шаңы бұрқ етті. Ызғыт осылайша алғашқы аңына ауызданды.

 

***

Қосаяқтың құйрығын шыбыққа байлап ойнап жүрген баласын көргеннен-ақ Кенжәлінің саятқа саяқ шығып келгенін Киізбет білді. Атынан түспей жатып, балағат сөз аузынан атылды. Сол күні ұзақты күнге түнеріп жүрді. Тек кешкі ас үстінде, «Қопаға барып кел»- деп қысқа қайырған. Қопаның бойына бұлар екі-ақ шаруамен барады, бірі аң қағуға, екіншісі тұз қазуға. Кенжәлі өзін аңға емес тұзға жұмсап отырғанын білді де, таң қылаң бере қапшықтарын бөктеріп, күрегін көтеріп Қопаға түсті. Сол кеткеннен қас қарая бір-ақ оралған. Жолсоқты болып, жатар орынға қисая кетті. Ертеңіне кештеу оянды.

   Тері алғыштар келген екен. Киізбет солармен саудаласып әлек. Бірі тері-терсектің құнын өсіріп, бірі түсіріп, тиын-тебенге бола дауласып тұрғандарға жүзін де бұрмастан Кенжәлі қораға бет алды. Қораға кіргенінен шыққаны тез болды.  Алақтап Киізбетті іздеді. Бірнеше қап аң терісінен түскен бірнеше мыңды қалтаға басып қодырайып тұрған оған оқжыланша атылған. Екеуі қанша алысқаны белгісіз. Ешкім ажыратайын демеді. Бір кезде Киізбет Кенжәліні шалып құлатты да, үстіне шығып езгіледі. Кенжәлі басын қорғаштап, жатып алды. Анау да қапқа салған тезекті тепкілегендей айналып келіп, қайта-қайта соқты. Кенжәлі балаша өкіріп жылады. Сол өкірген күйі орнынан тұрып, қораға қайта барды. Ызғыт әлі орнынан қозғалмапты. Көтені құрттаған қойша құйрығын шыжбалақтата береді. Ара-тұра жара орнын жалап, ұйыған қанды жамбасына айғыздап жағады. Кенжәлі тақап барғанда Ызғыттың мұңлы жанарынан мөлдір тамшы үзіліп түсті.

-Әй сорлым-ай,- деді Кенжәлі. -Қандай күйге түскеніңді білемісің сорлы... Ызғыттың басынан сипады. Балаша көтеріп, жарыққа апарып қайтадан зер сала қарады. Құйрығы бітеу, зәр шығатын болар-болмас саңылау байқалады. Қалған бөлігін тігіп тастаған. Тумасын деп тігіп тастаған. Әрбір жерде аттың қылы қылтиып шығып тұр. Одан әрі Кенжәлінің жүрегі шыдамады. Булығып кетіп, тазыны құшақтаған күйі  қыстыға жылады.

     Сол түні Кенжәлі Ызғыттың қасына түнеді. Бірі соққыға жығылып, екіншісі аналық бақыттан айрылған қос жетім таңға өксіп, таңға қыңсылап шықты.

 

                                         6. Ызғыт пен Киізбет

Ызғыттың денесі біразға дейін ауырлап жүрді. Әсіресе зәр жіберетін мезгілде қиналады. Уақыт өте келе тігісі жазылды, жара орны бітті, бала тазы бәріне көндікті. Кенжәлінің маңдайындағы ісігі мен Киізбеттің түксиген қабағы да жазылып, бұрынғыдай мамыражай шақ орнаған. Ол екеуіне ілесіп, талай мәрте аңшылыққа да шығып келді. Қызыл ит деп жүргені түлкі екенін біртіндеп ұққан, оның талайын, тамақтан алып тұншықтырып өлтірді. Олармен төбелесудің әдіс-тәсілін Ызғыт әбден меңгеріп алды. Ара-тұра қоян мен қосаяқ қуалап, сасықкүзен ұстайды.

Бір күні әдеттегідей Киізбетке еріп аңшылықтан қайтып келе жатып әлдебір ауылға кірді. Қожайынмен құшақ айқастыра амандасқан Киізбет шәйға кіріп кеткенде бұл алма ағашына байланған қарагердің қасында көлеңкелеп жатқан. Аулақтау жерден ауыл иттері көрінді. Барлығы топталып, ұйлығысып алыпты. Қарабарақ қаншықтың соңынан қалмай, сүмеңдеп еріп жүр. Қарабарақ қайда бұрылса, қалғаны соның артынан шұбырады. Жақындаған кезде байқады, қарабарақтың құйрығына көкқасқа бір төбет жамбасын тақап, жабысып қалыпты. Қарулы қаншық әлгіні дырылдатып ары-бері сүйрелеп жүр, өзгелері көкпар тартқан адамдардай соларды төңіректеп әлек. Бір кезде үйден басына тақия киген бала атып шығып, бір шелек суды әлгі қарабарақ пен көкқасқаның үстіне құя салды да иттерге таяқ лақтырып, қуалады. Барлығы тым-тырақай қашты, көкқасқа мен қарабарақтың да арасы ажырап кетіпті. Бірін-бірі көрместей болып екеуі екі жаққа зымырып барады.

Ызғыт бұлардың әрекетін түсінбеді. Бірақ тұмсығына әлдебір сасық иіс келгендей болды. Сол иіс бойына тарағанда көкірек тұсы шымырлап кетті. Санасында тылсым құмарлық пайда болған. Аңшылық құмарлықтан бөтен... Үйге келген соң  да әлгі сезім құрсауынан құтылмады. Бейтаныс ауылда көргендері көз алдынан кетпей, көңілі алабұртып жүрді. Сол алабұртқан күй кейіннен асқынып, жан дүниесін жайлап алды.  Ондай кездері Ызғыт күшәлә жегендей аласұрып кетеді. Ызалана-ырылдап, алмас тісімен ағаш пен темірді, тас пен құмды қаршылдата тістейді.

 

***

Ұясына толған шағында, Ызғыттың ұлығып жүргенін Киізбет пен Кенжәлі көп ұзамай-ақ аңғарды. Бір жыл бұрын болған төбелес кезіндегідей бір-біріне тағы да қырын қарап, қоқилана қалған. Әсіресе, Кенжәлі ашулы. Ызғытты еркек иттер төңіректегенін көрсе болды, қолына түскен айыр-тырмамен ұрғылап, қуалай жөнеледі. Осы қорадағы біраз тазының әкесі саналатын дүрегейдің сирағынан ұрып, ақсақ қыла жаздады. Бірақ Ызғыттың күйі тарқамады. Тіпті түн баласы ұлып шығатынды шығарды. Ол ұлыған сайын Кенжәлі дөңбекшіп ұйықтай алмайды, ал Киізбеттің сай-сүйегі сырқырайды.

-Атаңанәлет,- деп Киізбет атып тұрды сондай мазасыз түннің бірінде.

-Не дейсің?-деп әйелі басын көтерді.

-Әй жатшы-ей жөніңе.

    Киізбет есі шыққан әйеліне зекіп тастады. Күйеуінің қытымыр мінезіне көндіккен қарасұр бәйбіше содан кейін үн шығарған жоқ. Тек жастығына тұмсығын тығып, әлсін-әлсін күрсінгені естілді.

        Сол түні қылаулап қар жауған. Бірі үйшікте, екіншісі төсекте аунақшып шыққан адам мен ит сақар таңнан саятқа аттанды. Түнгі арпалысты екеуі де ұмытқандай, таң асырған сәуріктей жарап, лыпылдап тұр. Әсіресе Ызғыт ызалы. Бойын кернеген белгісіз күшті қайда жұмсарын білмей аласұрып жүргенде, Киізбеттің ат ерттеп жатқанын көріп атып тұрған. Жүрегін жаулаған махаббат отын сондірер су табылғандай қашан келіп қора есігін ашқанша тағатсыздана тосты. Кербесті кердеңдей басып жол жорғасына түскенде, Ызғыт та шолғыншылық жасап, аттың алдына бір, артына бір шығып желе жөнелген. Көп ұзамай кезіккен қоян ізін байқаған бетте Киізбет  желе шоқытып із бағытымен Ызғытқа жөн сілтеді. Жел сол тұстан соғып тұрған, Ызғыт ізден бір, ауадан бір иіс алды да қуалап кеп берді. Көп ұзамады, тобылғы түбіннен ұзынқұлақты қуып шықты. Киізбеттің астындағы кербесті де тебінуді күтпестен зулай жөнелген. Түздің қояны жүйрік келеді, жықпыл-жықпылмен бұлтыңдап қашып жеткізер емес. Киізбет  қоян мен тазының әрбір қимылын сырттай бағып келеді. Сұр қоян, тазы тақала бергенде бұлтың етіп бағыт ауыстырады, бұта-бұтаның түбіне кіріп кетеді. Қайта айналып келгенше басқа жаққа қашады. Осылайша қуаласпақыл ойнап, кербесті бусанып, қоян шаршай бастаған тұста Ызғыт дегеніне жетті. Ақ қардан көбік шашып, сұр қоянды аунатып кете берді. Алғашқы қадамының сәтті болғанына іштей қуанған Киізбет, сұрқоянды қоржынға соймай салып Қордай асуын бетке алып жүріп кетті. Талдыбұлақ пен Бурылбайталдың арасында түлкі-қарсақ көп. Жылына осы тұстан бір түлкі алатын. Жүні жетілсін деп өзгелерді жолатпай, сырттай қоритын.

–Қай жаққа саят құрсақ болады,- деп жөн сұраған жас аңшыларға теріс бағыт сілтеуші еді.  Мұнда соқпағалы көп болды, ана кезде тау етегінде отырған қойшылар күркетауығымызды өрістен түлкі қырды деп ат шаптырған.

-Алғашқы қансонарда барамын деген уәдесі бар еді. Бүгін жерге із түспей сонда жету керек. Қар жауған күні малдарын өріске кештеу шығарсын деп айтпағанына өкінді.

    Киізбет кербестіні сауырлай қамшылап, суыт жүріп кетті.

 

***

Таң ертеңмен кездескен сұр қоянды бір сілкіп таңын айырып жібергенде, Ызғыттың ашуы тарқап, көңілі сәл-пәл сергіді. Бірақ бедеу қаншық бір қоянмен тақым құмарының тарқамасын сезіп, иесі олжасын қанжығаға байлағанша бөкен шабыспен бөктер асып кеткен. Бір уақытта артынан айқайлаған дауыс естілді, иесі шақырып жатыр. Ызғыт жүрісін бәсеңдетіп бүлкілге басты. Айнала әппақ қар. Бір сызық бойымен шаншылған электр бағаналары ғана ақ мамыққа түскен қара қылшықтай қарауытады.

     Ызғытты Киізбет аттан түспестен өңгеріп алды. Үнемі осылай. «Ши тазы аң таңдамайды, қар таңдайды» -деп отыратын атасы. Сонар қар жауғанда Қоңыртөбеге бір қарап-ақ таудағы қар көлемін көзбен көргендей болжаушы еді жарықтық. «Көбік қар аттың соры, тайып жығаласың. Күпсек қар иттің соры, өкпесін күйдіресің»- деп мұндай күндері аңшылыққа шығуды қош көрмейтін. Шыға қалған күнде де тұрқы биік, азулы тазыларын қосатын. Ал Ұшар секілді ши тазыларын шекпеніне ораған күйі көтеріп қайтушы еді.  Бармақ елі күртік қатқанын күтетін. Қардың қатысын қамшы салмағымен өлшейді. Ат үстінен күртікке тастаған дойыры қара жерге түскендей ыршып тепсе, басқа тазыларға да жол ашық. Ал қамшысы қарға батпай, болар-болмас бой жасырса Ұшарды құшақтаған күйі жалғыз жортушы еді. Мұның сырын сұрағандарға «түлкі батпас күртікке түлкідей итті салу керек» -дейтін маңғазданып.  «Тазы жетпес аң болмайды тек қосар сәтін білмейсіңдер»-деп айналасындағы жастарға налитын. Атасынан қалған аңшылық өнер Киізбетке қонғанмен өнегесі түгелдей жұқпапты. Иттің бабын келтіргенмен, қас-қабағын бағып, шалдықпай шабар мезгілін болжауға шорқақ.

-Алтын табақпен ас берсең де шабан тазы шаппайды, алатын тазы ауа-райы мен жер таңдамайды деп білгішсінетін. Атасының айтқандарын алдыға тартқандарға қолды бір сілтеуші еді. Тек қолына Ызғыт түскелі Ши тазыға ерекше бап қажеттігін түсінді. Басқасына мән бермесе де атасының құндақтаулы балаша құшақтап отыратын әдетін сіңірді. Аңды атпен қуып жетіп, жақындаған тұста ғана қоя береді. Ондайда тынығып тұрған тазы тұйғынша атылатын.

 

***

Кербестіге мінгескен екі жортуылшы- бірі адам, бірі ит. Екеуінің де көзі қанталап, көңілі аң тілеп тұр. Адамның ойы өткенді кезіп, балалық шағын шарлап келген сәтте иттің мұрнына алыстан иіс жетті. Түлкінің иісі, бірден таныды.

-«Қоя бер»- дегендей тыпырлады. Кербесті де бірдемені сезгендей жеделдете жүрді. Дөңгеленген дегерес төбені айналып етегіндегі сайға түсті. Сайрап ізі жатыр. Жаңа түскен із, қосарланған екі ноқаттай тізбектелген түлкі ізі. Ызғыт құшырлана иіскеді. Қар бетінен түлкінің зәрі мүңкиді. Бала күнінде танауына түлкінің өті құйылғалы бері, Ызғыт бұл мақұлықтың қолаңса тәрізді жағымсыз иісін жазбай таниды. Әсіресе дәрет сындырған жерін адаспай табады.

   Көп ұзамай қызылдың өзі көрінді. Киізбет құйғытып шапқан күйі, Ызғытты ат үстінен ытқытты. Ызғыт өз-өзіне ие бола алмады. Жүгіріп емес, ұшып келе жатқандай... Жердің бетін жауып қалған қырбық қар да қысқа сирағына кедергі келтірмеді. Түлкіні екі қыр аспай қуып жетіп, тірсектен тістеп өтті. Адуынды екен, тісін ақситып алыспақ болып өзіне тап берді. Ызғыт оның шабуылын бойына дарытпады. Түлкі қайта қашты. Бірақ тірсегі қиылған, шідерлі аттай шоқақтап алысқа ұзай алмады. Ызғыт келесі ұмтылғанда  ақ қардың үстіне қып-қызыл қан шашырады. Қордайдың бергі бетін қоныс қылған қызыл түлкі махаббат құмары қанбаған қаншықтың аузында жан тапсырды.

      Сол жылы Ызғыт он бес түлкі алды. Ал қоян мен күзенде есеп жоқ. Ұйығы* буылған қаншықтың ұлығанынан-ақ ұйқысы бұзылатын Киізбет тазы ұлыққан кезде қансонар, қарасонар болсын-болмасын кербестінің қансорпасын шығарып дала кезіп кетеді. Ондай кездері Ызғыт түз тағысын таңдамайды, іркілмей шабады, жүрексінбей барады. Бір рет қасқырға да салды. Бірақ жекелей жіберген жоқ, үш тазыға қосақтап ұтылап алды.  Сирағы ұзын өзгелер қуып жетіп, тістеп-тартып жатқанда ту сыртынан тақала бере аласұрған Ызғытты ағытып еді. Жүректілігіне таңғалды, ептілігіне сүйсінді. Ат үстінен ырғыған бойда, азуын білеп алдырмай тұрған арланның артын айнала беріп, тілерсектен осып түсіпті. Өзгелер де осы сәт бірі шаптан, бірі кеңірдектен алып көкжалды көтеріп соқты. Ызғыт қайтіп қасқырға жолаған жоқ. Тояты тарқаған бүркіттей төбелесті сырттай маңғаздана тамашалап отырды. Осыдан кейін Киізбет құйтақандай тазысын қасқырға қосқан емес,  ит-құстың азулысына тап болып, арандап қала ма деп алаңдайды.

 

*Ұйық – аналық жатыр мағынасында

                                 

                            7.  Ызғыт, Кенжәлі және Киізбет

Ызғыт Кенжәліге жақын. Кенжәлі де басқа иттерге жекігенмен, Ызғытқа келгенде көңілшек. Көрген сайын баласын еркелеткендей сонадайдан «Ызғыт, Ызғыт»,- деп дауыстап шақырады. Кемпір-шалға тән кенже ұлдай сыбағасын бөлектеп береді. Айналып-толғанып, әр жерін сипалап мәпелейді. Тазының тағдырына өзін кінәлі санайды. «Құйрығының тігісін сөгейік»- деп Киізбетке қанша мәрте айтты. Бірақ «осы жылы сонарға салайық», «биылша қызығын көрейік»- деп сиырқұйымшақтандырды да отырды. Енді міне бейшара тазы құмары тарқамаған күйі қартайып-қалжырады. Қопаның бойында қосаяққа жете алмай қалған кезде Кенжәлі Ызғыттың бағы тайғанын шамалаған, көп өтпей-ақ Киізбет саяттан қантүлейленіп оралды. Қанжыға бос, көңіл пәс. Әншейінде Ызғытты шапанына орап алып, қалыңдығындай құшақтап келуші еді. Бұл жолы шапан тұрмақ қоржыннан орын бұйырмапты. Ызғыт жоқ. Бір бәленің болғанын сезген Кенжәлі, Киізбетке тіл қатып, жөн сұрамады. Әлгінде ғана кермеге байланған кербесті қара терге түсіп, ентігіп тұр еді. Міне салып жанұшыра кері шапты. Шауып келеді, жылап келеді.

–Ызғыт, Ызғыт деп айқайлайды. Жарымжан жігіттің жырық ернінен шыққан жандауысын жапан дала мезетте жұтып жатыр. Жосыла соққан жел жалғыздың үнін айдалаға алады да кетеді. Түні бойы сандалды. Таппады. Тек таң бозарғанда қырманнан шыққан комбаиншылар Қаратөбенің қасынан бір тазы көргенін айтты. Салып ұрып барды. Сол екен. Аяғын көсіліп тастап, көңілсіз жатыр. Киізбет қамшымен сабаған секілді, бір көзі жасаурап ашылмайды. Ақыры ақ түсіп сол күйі көрмей қалды.

                  Бұл Ызғыттың соңғы жорығы еді.

                                  

                                       8. Киізбет

Ызғыттың дәурені аяқталған соң Киізбет те аңға шығуды тоқтатқан. Осыдан кейін ит жүгіртуді доғарамын деп өзіне-өзі серт берген, сол сөзінде тұрды. Аңшы ретінде басқадан бағым кемшін болды деп базына айтар жөні жоқ, талай құмайды жаратып аңға қосты, құмардан шықты. Өзі жігіттің сұлтаны, тазылары иттің сырттаны атанды. Әрине біраз жыл ит құтаймай  қойғаны да бар. Ас ішіп, аяқ босатуды ғана білер сүмелектердің көзін құртамын, аңшылықты қойып, мал бағамын деп жүргенде қолына Ызғыт түсті. Қасқырға шаппаса да, түлкіден тау үйген Ызғыттай ит болмапты бұл маңда... Қырғыз досы әкеп берген қызыл күшік Қоңыртөбе мен Суықтөбенің баурайы, Қопаның қос қапталындағы түлкі-қоянның түсіне кірер әзірейілге айналды. «Киізбеттің иттері қарсақты ғана қабады» деп кекетіп-мұқатқан талай дос пен дұшпаннан абырой асырды. Кеткен кек қайтып, көңіл орнына түсті. Киізбет осы үшін -Ызғытқа разы, мәңгілік қарыздар.

   Киізбеттің қолында ұрғашы Ши тазы бар дегенді естіген талайлар сөз салған. «Тұқым алайық, күшігіне бір-бір қошқардан байлайық»- деп қолқалағанмен өзімшіл кеуде жібімеген. Қызғанды. Қызығын ешкіммен бөліскісі келмеді.

-Тудырмай жүгіртемін деген беті бүлк етпестен барлығына. Ондай қолқалаушылар көбейген кезде Жекшенбек құрдасы құлағына сыбырлап кеткен ақылға жүгінді. Жас тазының аналық мүшесін тігіп тастады. Сол үшін де Кенжәлі жырық бұдан теріс айналды. Қарақан басының қадірін арттыру үшін құйтақандай иттің тағдырымен ойнағанын ол неме де кешпеді. Жер әлемдегі ұшқан құс пен жүгірген аң адам үшін жаралған. Пендеге қызмет ету олардың пешенесіне жазылған бақыт деп бұл да доғал пәлсапасына сүйеніп, қасарысып бақты. Өзін-өзі ақтады. Бірақ Киізбет кейінгі кезде толқып жүр. Қора артындағы итмұрынның түбінде ажал сәтін күтіп жатқан бейбақтың қасынан өткен сайын кінәмшіл ой көкейін тырналап, тыным бермейді. 

Бүгін де Киізбет түнімен ұйықтамай шықты. Көзі ілінсе болды, құлағына Ызғыттың ұлыған дауысы келеді. Бір-екі рет әйелінен «ит ұлып жатқан жоқ па»- деп сұрады. Бірақ  үйден көрі түзде көбірек жүретін Киізбеттен әлдеқашан суынған қатыны жауап берудің орнына ұйқысырап жатып, ернін сылп еткізген де қойған. Киізбет дөңбекшіген күйі таңды атырды. Құс жастықты бауырға қысып, төсектен тұрмай ұзақ жатты. Тек сәскеге қарай түнімен қой күзеткен адамдай көзі кіртиіп далаға шыққан. Қызы мектепке кеткен секілді, жалғыз ұлы жер үстелдің басында сүтке талқан шылап жеп отыр екен. Әкесінің сыртқа беттегенін көре-сала беті-қолын сүртпестен далаға қапталдаса шықты. Киізбет үйде отырғалы насыбай атуды үйренген. Ол да болса ермек. Қалтасынан шақшасын алып жатып, ұлының түр-тұлғасына қызықтап қарады. Өзінен аумайды. Тентектің тентегі. Мінезі де өзінікі, адамға жұғымы болмаса да ат пен итке үйірсек.

-«Әкем секілді аңшы боламын»,- деп қодырайғанда Киізбет ырзалықпен кеңкілдеп күлетін. Осыны бергеніңе шүкір дейтін, басқа уақытта құдайды еске алмаса да...

-Көршілердің бұзауы кіріп кетер, қақпаны жабуды ұмытпа,- деді ала добын құшақтап  көшеге бет алған ұлына естірте. Шақшадан төгіп алған насыбайды қос алақанына алма-кезек сапырып тұрып:

-Қызыңды ұрайын қызталақ,- деп баласына сырттай еміреніп қойды. Жуан ернін сол қолымен тартып тұрып насыбай тастауға ыңғайлана берген сәтте  көше жақтан «–Ызғыт, Ызғыт»- деген баласының дауысы шыққан. Артынша әлдене тарс еткендей болды. Киізбеттің кеудесіндегі жүрегі кіндігіне түскендей зірк етті.

          Қолындағы насыбай ерінге емес, жерге төгілді.   

 

                                           9. Ызғыт

Ызғыт бүгін күндегіден сергек оянған. Сүйретіле басып, сыртқа шықты. Бірақ, жарық әлемді жатырқаған жанары қарлығып, көзі бұлдырап, басы айналып кетті. Аяқ астында жатқан қара жер, аспанға шығып алғандай, көктегі ақша бұлттар жерге түскендей әлем-тапырақ... Дүние төңкеріліп сала берген. Кәрі тазы буын-буыны ұстамай, селкілдеп аз-кем тұрды да көтерем сиырша тізесімен жер соға жығылды. Қанша жатқаны белгісіз... Есін жиған бір шақта қарсы алдынан анасын көрген, екі ұяласы да қасында.

 -Ыррр-ырр,- етіп езу тартты. Анасына еркелегісі келіп бір бұлқынып орнынан тұрды. Жүгіруге дәрмен жоқ, ептеп қана аяңдады. Бірақ жете алмады. Жетер еді, бұл жақындағанда олар құбыланы бетке алып желіп кеткен. Ызғыт соңынан салпақтай ілесті. Екі бауыры анасын айналшықтап асыр салып жүр. Ызғыт алыса кетсем, жұлмаласып-жұлқыссам шіркін,- деп армандады. Жаңа туған төлдей тәлтіректеп қалған тұлғасына қорланды. Бір уақытта, алқынып шаршағанын сезді. Тоқтап, дем алды. Аналар бұған қараған жоқ, ұзап барады. Енді болмаса көз жазып қалуы ықтимал. Ызғыт бар күшін бойына жинап, соңынан жанұшыра жүгірді. Жүгірді ме, жүрді ме білмейді, әйтеуір алға қарай ұмтылып келеді. Бір кезде «Ызғыт, Ызғыт» деген бала дауысын естігендей болған. Артынша әлдене тарс етті де бүйіріне ып-ыстық бірдеме шаншыла кетті. Ызғыт екі бүктеліп түсті. Сүлікше жабысқан бүрге-биттердің бірі кәрі теріні тесіп өткендей... Ішін алай-дүлей төңкеріп, қыздырып-жандырып барады. Ызғыт ызылана қыңсылады. Әлгі жерін жұлып тастамақ болып қауып-қауып алды. Аузына қанның дәмі келді. Қайта тістеді. Осылайша жанталасып жатқан сәтте тура желке тұсынан ыңырсыған бала дауысын естіген. Жалт бұрылғанда бет-аузы қанға боялып, тыпырлап жатқан осы үйдің жалғыз ұлын көрген. Ол бұған, бұл оған... Ит пен баланың жанары жарқ етіп тоғысты да қатар сөнді. Дүние тағы да дөңгеленіп бара жатты. Қарасақалды қатал қожайынның қаңғалақтап қақпа алдына жүгіріп шыққанын, өлген балаға қарай өкіре ұмтылғанын кәрі тазы көрген жоқ.

   Ол сәтте Ызғыт анасының қасында, ұяластарымен алаңсыз ойнап, алысып бара жатқан еді.

 

                                       ***

Сол күннің ертеңіне аудандық газетте, ит атқыштардың абайсызда ит пен бірге он үш жастағы баланы жазым қылғаны туралы жантүршігерлік ақпарат жазылды. Қой құмалағындай қорғасынның бірі баланың көз ұясынан тиіп, басын талқандап кеткен екен.  Ал арада ай өткенде осы іске байланысты сот болып, ит атушы қызметіндегі жас жігіт ақталып шықты.

-«Киізбет баласын өлтірген кісіге кешірім беріпті, оны емес мені соттаңдар»,- деп есалаң адамша айқайлапты деседі жұрт. Алайда, Киізбеттің неліктен өзін-өзі кінәлағанын Кенжәліден өзге ешкім білмеді.

 

Қазақ тілінде жазылған