Жүрек
Оһ, қандай жақсы болған туылғаным,
Адамдарда жүрек бар кезінде мен.
Төлеген Айбергенов
Жұрт көзіне көрінгенмен көңілді,
Оңашада, өлең болып егілді.
Сағыныштың жанарынан жаралған
Жан-тәнімен сүйіп өтті өмірді.
Айыратын алтынын да, жезін де,
Айыратын еркегін де, езін де.
Туылғаның қандай ғажап жан аға
Жүрегі бар адамдардың кезінде!
Бір күнімді, арашалап бір күннен,
Бір түнімді, оңашалап бір түннен.
Жаралар деп, жүрегі жоқ біреулер
Жүрегімді жасырумен жүрмін мен.
«Данышпанбыз», «данагөйміз», «батырмыз»,
Ақиқаттың ұмытқанбыз атын біз.
Аярлықтың асқынғаны соншалық,
Жүрексіз-ақ өмір сүріп жатырмыз.
Кім бар дейсіз, астарына тереңдер,
Барлығы да кердеңдеген «кемеңгер».
Жүрегі жоқ ақындардың қолымен
Жазылуда жүрегі жоқ өлеңдер.
Үрімдей боп үн қатқанда ізгі күн,
Үлбіреген үміт жібін үзді кім?
Мыналардың бәрі қалай сыйған – деп,
Жүрегіңе үңілеміз біз бүгін.
Тайнапырдың талайларын таң қылып,
Жырың қалды жылдар болып жаңғырып.
Тән – жүрегің тоқтағанмен жан аға,
Жан – жүрегің адамдармен мәңгілік!