"Мың бір түннің" бір түні
Елу жаста еске түскен ертегі
"О, Ұлы Мәртебелі Патшам! Ерте ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, Иордан дариясы маңында қарғыс атқан Ғұмара ман Садам деген шахар болған-ды "- деп басталушы еді Манат көкемнің осы бір ертегісі. Алты жасымда естігем. Атақты Шаһаризаданың Патшасына айтқаны көрінеді. Одан бері көп уақыт өтті,--ұмытып кетіппін; мен 50-ге толғанда, (онда қасымызда, қайран, анам Һалифа, сүт кенже інім Серікбол, Айдай ару Гүлғайын әпкем де бар еді, бүгінде бәрі де-- мархұм), көкем осы хикаяны қайта айтып бергенде... маған мына дүние төңкеріліп кеткендей болған; алты жасымда естіген ертегі елу жасымда қайта есіме түскенде баяғы балалық бал дәуренім, мына заманға , мүлде, ұсамайтын басқа заман көзге елестеп, бәріміз бір егіліп алдық десем болады.
Бұл ұзақ хикая. Оны қайталап айтып берсем, Шаһаризадаша түнді таңға ұруым мүмкін. Байқуатты ел болып, барша мұратына жеткен бір астам жұрттың қасіреті қахындағы хикая еді бұл. Олар байынан кедейі, күлкісінен көз жасы көлдей көп, көргенсіз бір жұрт екен. Оқиға (көкемнің) айтысына қарағанда), Ғұмара мен Садам шахарында өтеді. Кейіннен "Мың бір түнді" олай да, бұлай ақтарып, осы екі шахарды таба алмай-ақ қойдым. "Інжілден" де іздеп таппағам. Бұл сол бір ғажайып кітапты құрастырғандардың жадынан шығып кеткен хикая да болуы мүмкін, немесе, көкем оны басқа бір кітаптан оқыды ма, маған "Мың бір түннің" ертегісі деп айтып еді. Сол заманда осы жердің бай-манабы алтын жалатқан кесемен шарап ішіп, қалған жұрт бір жұтым сусынға зар болған деседі. Біреуінің Алла берген несібесін екінші біреуі айт-шайтқа қарамай, тартып ала береді екен! Заң деген, мүлде, жоқ! (Оның әлі де жетісіп тұрғаны шамалы). Көшеде ұры-қары қаптаған... Сұмдығы сол, ақыл-естен айырылған қара тобыр адамдықтан ат кекілін кесіскен; әкесі--қызымен, шешесі--ұлымен, еркегі--еркегімен, ұрғашысы--ұрғашысымен әуейі болған дейді?!. Қолыңда билік болса, қонышыңнан бас деген керкезең, зарзаман, сайқал, сұм-зымиян заман өткен екен... О, сұмдық-ай!
Адамзат баяғыда-ақ бір азып-тозып, ақыры Тәңірінің тезіне әзер түскен екен ғой?! Ал, біз қашан қалыпқа түсер екенбіз?!! Тәңірі оларды осылай бетімен қоя бере ме? Алла Тағаланың ашу-ызасына тиіп, кәріне тап болады бір күні; Құранның "Қариға" сүресінде (101): "Соңғы сойқан болады әлі бір күні! Ол немене?! Білмейсің сен! Күлкілі! Пендең онда пәруанадай быт-шыт боп, Тау – түтілген жүн болады бұл күні!Бұл дүниенің тартсаң ауыр азабын, Сен көрерсің жұмағыңның ғажабын! Көңілің көншіп, көрсең қызық базарын, Тарт ендеше, Тозағыңның Мазағын! Хауия – сол: Келеді, әне, жақындап, Тамұқ Өрті – ол! Алдыңда тұр!Лапылдап!"-демей ме; Тәңірі азғын жұртты тұқым-тұяқ, зәузәтімен бір күнде жоқ қып жіберіпті! Біздің өткен дүниенің не бір қпиясын алдыңа алақанға салғандай жайып сала салатын білгір шежіреші, тарихшы, археологтарымыз қолына шырақ ұстап, сол шахарлардың орынын да таба алмай жүр әлі...
Осы ертегіні естігелі де бақандай он сегіз жыл өте шығыпты. Төрт көзіміз түгел еді ол кезде. Нарық заманының келгеніне тоғыз-ақ жыл болған . Ішерге--ас, киерге--киім қат болса да, бүліне қойған түк жоқ; мархұм анам, әпке, бауырларым бар еді қасымызда. Бүгінде содан көненің көзі боп Манат ағам ғана қалды, о да айықпас ауруға душар болған; төсек тартып жатыр. "Өліарада өмір сүрме, өкпең өшеді"- депті қытайлар. Олардың да білмейтіні жоқ екен дейсің еріксіз; біз бүгін сол көкем айтқан "Мың бір түннің" бір түнінде отырғандаймыз ба,--түсініксіздеу дүние болып тұр.
Төрт бірдей экономикалық- қоғамдық формацияны басынан кешкен адамзат тарихында саудагер-алыпсатардан өткен сұмырай, оңбаған, қауіпті , жеккөрінішті, жағымсыз тип болған емес; нанбасаңыз, сауданы тіршілік ету тәсілі көретін капиталистік жүйені көзі де көрмеген исі қазақтың солар туралы ана тіліндегі атауларына қараңыз: саудагер, алыпсатар, пайдакүнем, алааяқ , қу т.б. Енді орысшасына көз салыңыз: торгач, спекулянт т.б.--расчет,умысел направленный на использовние чего-н в своих корыстных целях (Толковый сдоварь русского языка С .И Ожегов и Н.Ю Шведова). Оның аты екі тілде де жетісіп тұрған жоқ! Меніңше, басқа тілдерде де-- сондай!
Бұлардың анти-адамзаттық болмыс-бітімін француздың ұлы жазушысы Онере де Бальзак " Человеческая комедия» ("Адамзаттың тәлкегі") атты дәуірнамасында жеріне жеткізе суреттеген еді. Әлемдік классикалық әдебиет --осы аждаха, алыпсатар, оңбағандардың кім екенін көзге түртіп көрсететін шарайна десе болады! Бірақ, оған қарап бойын түзеп, оны ой көзімен оқып жатқан ешкім жоқ.
Бұлар түйені-- түгімен, биені-- бүгімен, ұлттық, адамзаттық асқақ құндылық атаулыны айпап-жайпап, сіміріп, жұтып, құртып жіберуге дайын тұр! Бұл тоғышар типтің өз идеологиясы, жандайшаптары бар, өз ақын-жазушы, журналистері де бар, тіпті! Ортега И Гасеттің "Тобырдың көтерілісі" (Востание масс") осы типтердің ит тірлігі қахындағы дүние. Топас тобыр тұлғаның түбіне жеткелі жатыр ("Еденица болмаса, не болады өңшең нол*?!). Қазір бізде осылардың дегені жүріп тұр! Болмыс-бітімі адамзатқа керағар совет өкіметінің өзі бұл алыпсатарлардан ат- тонын ала қашып, олардың аяқ-қолын шандып байлап, қоғамды қонышынан басуына ресми түрде тиым салған-ды; бұлардың тұқым-тұяғын КГБ-ға да, разведкаға да алмаған көрінеді!
Қазір бізді осы оңбаған тип,-- ордалы жылан билеп-төстеп тұр! Олар, тіпті, қоғамның жұлын--жүйесін қыдыра кеулеп қана қоймай, руханиятымызға да баса-көктеп кіріп алған! Өмірдің күллі саласын, өнердің өзін өзінің шектеулі, пайдакүнем, өлермен, өрескел өресімен өлшейді. Жыл сайын ғана емес, күн сайын өршеленіп, өрге ұмтылып келеді! Ай дейтін әже, қой дейтін қожа жоған біліп алған!
Дүние төңкеріліп, --басымен тұр, рух--аяқтың астында! Ертең не болары белгісіз. Көз алдыңа аталы сөзге тоқтаған, әке тұрып--ұл, шеше тұрып--қыз сөйлемейтін, тектісін басына көтеріп, тексізін ел болып тезге салатын бекзат орта ғасыр елестейді. Автор.
Орта ғасыр
Орта ғасыр —
Ару —
Он бес жастағы.
Бұлдырап тұр елес болып баста әлі.
Қайда жөнеп барады екен, сылдырлап,
Інжу-маржан шолпысының тастары?
Қарын қамы жоқ-ты онда,
Бас қамы —
Тәрік қылған басқаны!
Қасым ханым қандай еді, тексізді
«Қасқа жолмен» қаншама уақыт жасқады?!
Орта ғасыр —
Абыз —
Кемел жастағы.
Шаштары да аппақ қардай, қастары.
Желмаямен желіп Асан Қайғы боп,
Алашымды — адамзатқа бастады.
Ол заманның бұ заманнан басқа әні.
Одан, бірақ еш бір ғасыр аспады.
Бетбе-бет пен жекпе-жектің уақыты ол,
Иттік пенен тексіздіктің қас жауы.
Сол ғасырда — адамзаттың асқағы,
Ғаламда жоқ Қазтуғанның дастаны;
Тұлпарлардың эпостағы тұяғы,
Сұңқарлардың аспаны!
Сонда қалды кісіліктің бастауы,
Білмейтұғын бекзаттықтан басқаны.
Қандай терең Шалкиіздің жырындай,
Қабат-қабат адамзаттық астары...
Қарын-қамы,
Қу қарақан бас қамы —
Тәрік қылған басқаны —
Капитализм — ақындардың қас жауы!
Ғаламзаттың бір уыс қып аспанын,
Мөлдірімді ластады;
Алтындайын Алаш дейтін жұртымды,
Адамзаттың аяғына тастады...
*Абай
Манат аға
Манат ағам, көп оқыған ертекті:
"Сен-- тыңдасаң, мен-- айтам"- деп серт етті;
Кеңасуда, --қой қайырып жүргенде,
Қайран, көкем кезіп кетіп жер-көкті.
Сенем оған, ол бәрін де біледі,
Көкейі--жыр, қөркем еді жүрегі:
"Ақсораң мен Адыгөннің, (жарқырап!),
Арасында-- алтын көшіп жүреді..."-
Қарашы,
Мынау-- біздің Сары Арқаның даласы!
Қандай шексіз, алтын көшіп жүретін,
Ақсораң мен Адыгөннің арасы?".
Көкеме еріп көкжиекке жортам мен,
Ай толықсып, көк жарқырап--Шолпанмен:
"Алтын көшкен жерде Жылан жүреді!"-
Деген кезде зәрем ұшып, қорқам мен...
... Кейін бізге нарық келіп, боп ылаң,
Соңынан да елдің осы, оңынан,--
Алтын көшіп бара жатыр!
Көрдің бе?
Жылан көшіп бара жатыр соңынан...
Базар экономикасы
Батыстың базары* кеп бой алды да,
Дүние қызыл-жасыл боянды ма?
"Базарың құтты болсын..."**-деп бұ күнді,
Біржан сал болжап кеткен Қояндыда.
Бар ма екен дүниеде менен бейбақ,
Жүретін базар көрсе елеңдей ғап?
Жіберген мені осында-- сол серілер,
Өздері жолаушылап келе алмай ғап...
Дүние--назарымда:
Facebookтің шырқап хисса, ғазалын да;--
Қоянды көз алдымнан бұлбұл ұшып,
Батыстың балқып жүрмін базарында.
Қарамай ақын елге, -- Ай қарап па?
Жындыдай құлашымды жайғам отқа:
Қасымда Жанбота жоқ, күнім түсті,--
Құлдан кеп құдай болған бай-манапқа.
Біреуі Лондон жақтан ұшып кеп жүр,
Гавайдан біреу сұлу құшып кеп жүр;
Биден--би тумап еді біздің елде,
Мыналар қалай иттей күшіктеп жүр?!
Еліріп, екіленіп құтыруға,
Бұлардың бар ма осы құхы мұнда--
Түбіне көзім түссе, көңіл--күпті,
Тігерге тұяғы жоқ тұқымында?!.
Дүнияның дерті деген бой алды ма,
Бұ жалған қызыл-жасыл боянды ма?
Базарың құтты болсын, думанды елім,
... Екі көз әлі, бірақ,-- Қояндыда...
*Рыноктық экономика.
**Біржан салдың әні.
Айдаһардың араны
Не болар екен Жиделібайсын-жанат бұл?
Алап--тұл:
Қазақстанға, қылғып жұтардай, шет елден,
Храпунов- Әбіләзевтер қарап тұр!
Мына бір пысық сұм манап,
Айдаһардай — араны,
Қазақстанның қазынасын ұрлап ап,
Шведтің темір сейфтеріне салады.
Мандайдың бағы о дағы, --тағдыр-таланы,
Бабасынан —
Баласына қалады.
Мен болсам, міне, ішімнен тынып, қорлық-ай,
Тығырыққа тірелген;
Қатын-баласын қартаға салған сорлыдай,
Өмірін күллі өлеңге салып жіберген...
Кеудемнен шығып құс әні,
Алашты айналып ұшады.
Арын —
Ар қылдым.
Зарын —
Зар қылдым.
Мен саған, жаным, жырыма орап құсалы-
Қазақстанды қалдырдым.
Гомморро мен Садом
Алаш адасты.
Оған келіп небір сайқал бал ашты.
Маркстің де аруағы жоқ екен,
Лениннің де аруағы жоқ екен!
Абылай хан, өзің жебе Алашты?!
Коммунизм қызыл сөз боп жаттанды,
Гоморро-Содам* болуға жұрт шақ қалды,
Социализм дейтін тексіз қоғамның,
Капитализм қоясын кеп ақтарды...
*Тәңірінің қарғысына ұшыраған қалалар.
Банкир
Мынау бір банкир – сараң бай, тексіз, тантық бір,
Абайға қарап, тұяғын атша тарпып тұр.
Алладан кейін өзі болған соң – асқақ ол,
Алаштан күллі алапатымен артық –
Бұл!
Бура-Көк Доллар көбігін көзге бүркіп бір –
Өлең де елден үркіп тұр.
Әйелден-дағы жұпардың иісі аңқымай,
Ақшаның иісі, басқаның иісі...
Мүңкіп тұр!
Ақтау да, әне, шалынып әрең тұр көзге.
Каспийді кезіп жүр ме екен мендей бір кезбе?
Аққудан-дағы ақшаның иісі шыға ма?!
...Гәккудің иісі шығатын еді-ау – бір кезде!
Ақсораң деген шың ғана ма екен,–
Құрлық қой –
туған--Құдайға мәңгі құлдық қой!
Қазақтың иісі шығатын Қарқаралыдан –
Ақшаның иісі шығады!
Мынау – сұмдық қой!!!
Ал, мырзам, кел де, алшаңда, ай-хой, алшаңда!
Алдыңда сенің ақжол ғой қайда барсаң да.
...Астанадан да ақшаның иісі шығады.
Алаштың иісі қай жаққа кеткен, ал, сонда?!
Күн шығып күліп, дүние көзін жаңа ашқан.
Ақысын төле, нөсерлеп берсің қара аспан?
Түріктің арын қорғаған қызғыш құстайын,
Рухтың иісі аңқып-ақ тұр ғой – «Манастан»?!.*
Ақшаның иісі шығады неге Алаштан?!.
*Қырғыздың халық эпосы.
Атасу-Ақшаңқай мұнай құбыры
Қазақтың қазынасы ең, қара мұнай,
Жолыңа көзім талып қарадым-ай;
Ағасың қалай қарай,
Мені тастап,
Барасың қандай елге, қарағым-ай?!
Шығыста—
Аран ашқан кәрі жылан.
Батыста—
Жыны буған сары жылан,
Қара жер қара буға тұншығып тұр,
Атқылап қара мұнай қарынынан;
Құбырға тесік салып, құйып қойды,--
Алаштың алпыс екі тамырынан!
Апырм-ай, аттап өтіп, қайда бармақ,
Аруақты ата-баба қабырынан?!
Бетке алып Алашаңқай асқан кезде,
Сары Арқа—Жаңарқаның бауырынан;--
Ағысы қандай мұның жойқын еді,
Арыстан шошыйтындай арынынан!
Айырма, Алла, Алашты сабырынан,
Сақтай гөр зар заманның сарынынан!
«Ақтабан шұбырыны, Алқакөлдің»,
Жанымыз қалған жұртпыз-- тамұғынан;
Біз түгіл, шүршіт өткен, бұ заманның
Найқалып мен де өтермін нарығынан;
... Үзілген тамшы қаным болмаса осы,
Алаштың алпыс екі тамырынан...
Қасымның әуенімен
Поэзия – әлі әсем жамалында.
Жаһан –Дүние тұр соның жанарында.
Троллейбуста жүр, әне, сақ-сақ күліп,
«Иномарка», «Джип»-тердің заманында.
Капитализм
Капитализм келді біздің маңайға.
Социализм жұртқа қайдан қарайлар?
Бес қабатты біздің бетон үйді кеп,
Қоршап алды қос қабатты сарайлар.
Алтын менен аптап қойған бұл үйді,
Күміс пенен күптеп қойған бұл үйді.
Қабаған ит күніменен абалап,
Түніменен Айға қарап ұлиды.
Ашулы иттер күндіз-түні үрді кеп,
Бізбен неге ақын өмір сүрді деп.
Мен өлгенде тақта ілмеңдер бұл үйге,
«Ақсұңқарұлы тұрды» деп.
Екі-ақ қадам бұл екі үйдің арасы.
Иесінің, иттің де жоқ санасы.
Өздерінің маған көрші болғанын,
Сезбей өтсін өңкей иттің баласы
Homo sapiens*
Адамзат тұр қазір қатерлі қайқаңда,
Топырақтан жаралып,--
Топыраққа қайтарда;
Құдайдың суреті ғана жоқ,--
Homo sapiens* дейтұғын Сайтанда.
*Саналы адам.
Фәни жалған
Бірі кетіп жатқан бұл, бірі--келіп,--
Фәни!--
(Кетті бір дөкей бүгін өліп!).
Табытыңа арта алмай жиғаныңды,
Сен де одан көшерсің күңіреніп...
Керуен жолы--
Бітпейтін сапарлар--бұл,
Қазыбектей саңқылдап, мақалдар кіл;--
Нұрға шомып о жақта бар болмысы,--
Әлағаңдар**,
Махаңдар*,
Ахаңдар*** жүр.
"Бір пенденің ғұмыры--бір күн!"- деген,
Әзірейлі тұрады зіркілдеген:
"--Жұртыңменен болдың ба?!-деп сұрайды ол--
Әлде...ойсыз! оңбаған! қыртыңменен?!."
Бұ дүниені сен барсаң бұзып, тонап,
Несібемді жүзіктей үзіп қана ап,--
Мен де барам сенен соң Әзірейліге,,
(О дүниеде сол кезде "қызық" болад...).
*Әлаға--, Әлімхан, Әлікей Марғұлан , Әбіш Кекілбай т.б.
**Махамбет, Мағжан, Мұқағали...
***Ахмет, Ақселеу...
Жапон мен қазақ
Жапонияда 128 милн. халық бар екен, соны басқарып отырған 9 мың шенеунік, бізде--17 милн. халық, шенеунігіміз 100 мыңға жетіп қалыпты.
Осындағы , ой, шіркін, төрде отырған төренің,
Қарай алмай жүзіне, қыпылықтай беремін.
Халқы –кедей,
Көгеріп бара жатыр көздері...
Баспақ жұртын қайтсін ол?!
Байып алған өздері!
Бір қатынды асырай алмай жүрсек, (ұл-қыз бар),
Тоқалдары—үш-төртеу,
(Һәм бәрі де—жұлдыздар!).
Ойымыз- он, ақыл да бара жатыр алтау боп,--
Олар...
Бізді ойлайды: «Жатып ішер жалқау!»-деп.
Сырт жүнімді көрсетіп, бөрідейін паң басам,
(Қайдан, қалай байимын қалам ақы да алмасам?!).
Осындағы , ой, шіркін, төрде отырған төренің,
Қарай алмай түріне, қыпылықтай беремін...
Түсінбеймін неге осы, төрде отырған төренің,
Қарай алмай түріне қыпылықтай беремін?!.
Әй, төрем-ай, төрем-ай, қалай көрем бетіңді,
Түсініксіз бұ дүние, ойға батсам не түрлі:
Алтынның үстінде отырған 17 миллион қазақ пен,
Судың үстінде отырған 128 миллион жапон секілді!
Орман жұрты
Орманда бір жұрт іштен торығуда,
Қалыпты бағы көшіп, соры--мұнда:
"Исаның көрінуі..."* із-түзсіз--жоқ!
"Сайтанның сүйісі..."** тұр-- орынында?!.
*"Исаның халыққа көрінуі"*-- «Явление Христа народу"--орыс суретшісі Александр Андреевич Ивановтың (1806—1858) картинасы.
** "Иуданың сүйісуі"--( Джотто ди Бондоненің картинасы).
Базардағы шәйірлер
"Базар басталған жерде неше түрлі сайқымазақтардың айқай-шуы мен құжынаған құрт-құмырсқа, улы шыбындардың күні туады! Нәжісханадан кейінгі лас жер--базар!" (Фридрих Ницше).
Асау-жаны,
Ары – аппақ.
Мұраты – ірі –
Артюр Рембо* –
Француздың ұлы ақыны;
Поэзия – мұхит қой арыстан жал,
Мынау соның сойқан бір сұрапылы!
Ар мен ұят ақшаға саудаланған,
Алтын басы талай сан дауда қалған.
Ол он сегіз жасында классик боп,
Асқақ Ару Парижді жаулап алған!
Он сегізде – данышпан!
Дара қандай!
Қара басын тәрк еткен қара нардай, –
Францияны Музамен алып ұшты!
... Сонан кейін қолына қалам алмай!
Пегас емес,
Пұл ғана – назарында,
Аң-таң қалып қарады ел азалы ұлға;
Ақын емес,
Алаяқ саудагер боп,
Асыр салды дүние базарында.
Қиянға асты,
Қияқ пен құрақ кешті,
Саудагерлер соңынан шұбап көшті;
Пұл да сатты, ақшадан алтын жасап,
Құл да сатты базарда – құлақ кесті!
Базар деген – қаптаған қара шыбын!
Қара шыбын құж-құж-құж...
Қарасы—мың;
(Ақын, оған қарасаң, қара басып,
Көзден ағып кетеді қарашығың!!!)
Қасиетті боздақ-ай, қасіретті,
Жалпағынан жалғанды басып өтті!
Базарда өлең жазған жоқ...
Поэзия –
Франция секілді – қасиетті!
(Қазақстан секілді – қасиетті!)
*Жан Николя́ Артю́р Рембо́ , ( Jean Nicolas Arthur Rimbaud [aʁtyʁ ʁɛ̃ˈbo]; 1854—1891); 18 жасында классик атанып, кейін жоқшылықтан базарға барып пұл, тіпті, Африкаға барып, құл да сатқан; саудаға барған соң, мүлде, өлең жазбай кеткен француздың ұлы ақыны.
"Алтын арба" базары.
(90 ж.ж.).
Әрі—сері.
Әрі—пері.
Кедейміз.
Жыр оқимыз көмейді де кеней біз.
Рекеттер сүйеді екен өлеңді,
«Не ішеміз, һәм не жейміз?! »- демейміз!
Кәуір кетіп...
Байланып бір тіл,
Өңі—
Бозарғанда, қырым қайта түледі.
Қара базар заманында жүргенде,
Қазақ тілі—мемлекеттік тіл еді...
Елім деген ер жігіттер шырқырап,
Осында кеп табысады шұрқырап;
Жер қайысқан қолдай болып тұрады,
«Жигулидің» --
Ақ көбігі бұрқырап...
Бодан болып қажығандар...
Қаланы--
Қолына ұстап, қазақ та бал жалады;
Байдан тартып алады да, онысын
Мүсәпірдің қалтасына салады.
Қазақ дейтін мемлекеттің салығы,
Өз қожасын енді ғана таныды!
Жүзіп келіп базарда асыр салады,
Атыраудың бір алтын балығы...
Қайта туып, жасарды ма көне жұрт?
Ұлттық базар—ұлттық нұрға бөленіп;
«Қасқыр»** келіп ұлығанда, ит біткен
Құйрықтарын қысып, қаша жөнеліп...
«Қояндыға»*** қайтып келіп жыр түлеп,
Аспанында Мәди үні күркіреп;
«Арғымақтар»**** шауып кіріп, базарың—
Ипподром боп кетеді дүркіреп!
Содан бері өтті ме уақыт көп енді?
«Алтын арба», көрмен сенің төбеңді:
Енді сенің есіл-дертің басқада:
Бұрын-соңды күймегендей елі үшін,
Бұрын-соңды сүймегендей өлеңді?!.
«Алтын арба», көрмен сенің төбеңді!
*«Алтын арба» базары.
**--«Қасқырдың монологы»,*** «Арғымақтар»--базарда оқылған өлеңдер.
****«Қоянды» жәрмеңкесі.
Нәлет
Өлі емен,
Не--тірі емен,
Ірі емен, көптің бірі емен;
Сайқалдармен бір жатып,
Бомжбенен түнегем...
Қажығам,
Біткем,
Жүдегем,
Түбіме жетті-ау, бұл өлең,
Не--патша, не-- құл емен;
Ерте тусам, елге болмай көз түрткі ,
Хан Кененің қасында жүрер ем!
Ел едім деп кімге айтам,--
Ер-тұрманы алтынменен апталып,
Күптелген кіл күміске?!
Тұғыр қаптап,
Тұлпар қалмай мініске,
Бұ замана запран боп тұр іште.
... Құл мен күңге күнде таба болатын,
Нәлет біздің жүріске!
Сайтанға хат
Ғизат-лу хат жазамын саған, қалқам,
Бұзылған адамды айтам, заманды айтам.
Адамзат сапарына мейманы* едім,
Аллаға мен бүлінбей қалай қайтам?
Бірелер маған қарай ағып кепті,
Мені іздеп келді-ау десем,--
Лағып кепті!
... Біреуі ақ жанымды көрді-дағы,
Бетіме қара күйе жағып кетті...
Қалғалы қайда көңіл құрдастан да,
Қалғалы қайда көңіл сырластан да.
Замандас, қаламдастан қашып жүрем,
Көңілден, көзден де бір нұр қашқанда.
Ит қосқан жақсысына заман да--өтті.
Арттағы буыныма алаң көп-ті.
Бауырыма басып едім бір баланы,
Ашқан соң көзін...
О да саған кетті!
Шерімді Тәңірі өзі қозғағалы,
Маңдайға нені жазса сол-- болады.
Өтінем, маған енді көзді байлап,
Қайтадан жібермеші сол баланы?
*"Адамзат сапарының мейманымыз" (Қасым).
Рух
Тәңірі--
Имап,
Сауап,
Ар әлемі,--
Аспаннан көз жүгіртіп қарап еді:
Базарда дүненің бәрі де бар,
Жоқ екен тек қазақтың қара өлеңі.
Бір білгір бізге бір гәп айтып келді:
"Бір шәйір базар барып, тайқып берді;
Баруға болмайды екен өлең іздеп,
Қап-қап қып доллар алып, қайтып келді..."
Қара өлең жүреді екен қайыңдарда,
Айхой, бір Айдай сұлу Айымдарда!
Жасындай шығады ойнап Алтай жақтан,
Жылқылар құба белде жайылғанда.
Қара өлең жүреді екен Күн түбінде,
Бүр жарған жас аршаның бүртігінде;
Аллам-ай, мөлт-мөлт етіпіп тұрады екен,
Арудың қағып қалған кірпігінде!
Ақындар Кремль деп...
Езіп кеткен--
Кезінде, құдіретін сезіп көктен,--
Бетке алып Күлтегіннің балбал тасын,
Ол елден бетін басып безіп кеткен!
"Алашым--Алтын Орда жұртым еді..."
Деп сонда Күнге қарап, күркіреді!
...Темірхан* тілін тауып әкелмесе,
Мүлде, оның оралмауы мүмкін еді...
*Темірхан Медетбек
Қазақ
(ХV-ХХ1 ғ. ғ.).
Қу басты-- қой!
Жұрттың қамын жегенмін,
Көргеннен соң күйкі түрін мен елдің:
"Малым--жанымның садақасы!
Жаным--арымның садақасы!"-
Дегенмін!
Осы күнге бізді Тәңірі жеткізді.
Жеткізді де, өзіне тәу еткізді.
Мына Дүние сүйген,
Сүйе береді--
Тоныкөктің бір тұяғы деп бізді!
Адамзаттың баласына туа бәйік болғам-ды,
Көздерімнің шарасына,
Түңіліп,--
Қан толған-ды;
Өксігенмін өзіме өзім тең таппай,
Қорғанды да көріп,
Қалың орманды!
Кемел!
Шоң!--
Уытты бір ұрпақ келді менен соң,
Жан-дүнием бекзат нұрға бөленіп:
"Малым--жанымның садақасы!
Жаным--арымның садақасы!"-
Деген соң!!
Шығарды да төріне ылғи тексізді,
Ескі ғасыр есіркеген жоқ бізді.
Арқамызға қонды-дағы аруақ,
Қыл көпірден Алашты Алла өткізді!
Аттан түсіп, сары жұртқа қонғанда,
Тігерге бір тұяқ қалмас сол маңда:
"Жаны--малының садақасы,
Ары--жанының садақасы!"-
Болғанда...
Бесік жыры
Мынау елде не боп жатыр, балақай?--
Талапай!
Тұқымында түк көрмеген, қазынаңды
Бір-ақ күнде бөліп алды, балақай?!
Мынау елде не боп жатыр, балақай?--
Талапай!
Сен бесіктен шығып, атқа мінгенше,
"Талапай" да тамам болар?
Алақай!
Бекзат
Жайықтай толқып, жапанда қалған Еділше,
Ел дейтін еркек егілсін сендей — егілсе.
Тағынан тайған қаралы ханның абайсыз,
Талайсыз ұлы сендей-ақ болған, меніңше.
Бауырына жұртын баласыдайын құша кеп,
Қараорман елдің қасіретінен құса боп, -
Хан Кене тақтан түскенде, сенің атаң да,
Атынан түсті абдырап Жаяу Мұса боп.
Тұқымың бекзат бек болды.
Тәрк етіп бәрін, Тәңіріге туа бет қойды.
Құдайдың коды бар еді мида, оны да,
Құдайсыз елдің қулары шұқып жеп қойды!
Ұлыған сайын көкірегіндегі Көк Бөрі,
Азалы зарың Алашқа қалай жетпеді?
Азалы зарың бір жетпей қоймас Алашқа.
... Алла естіп тұр ғой, өйткені.
Поэзия
Поэзия жоқ енді... асыл текті--
Кетті...
Аспан, ғарыштан асып кетті;
Осындағы ақындар айтысынан,
Зәресі ұшып, бір жаққа қашып кетті...
Тұр ма Ақырзаманның шетін көріп?
Ол бар кезде--бізде бар секілді едік?
Алаш та тұр Абайы тумағандай,
Мағжан да болмаған... секілденіп!
Кетті ол, мүлде, келмеске, оралмасқа,
Тұғырына қайтадан қона алмас па?
Бізде қазір базар бар, байлық та бар,
(Дүниенің қызығы--одан басқа!).
Жүрген жері орыстың орманындай,
Екі арамыз--Қытайдың қорғанындай.
Оффшордағы олигарх қазақтардың,
Осы жерден ұрланған долларындай!
Туған жерден кетпеген бір күн жырақ,
Қалай жүр бұл іздемей жұртын-- жылап?
Одан , мүлде, пайда жоқ енді бізге,
(... Кейін қайтып келуі мүмкін, бірақ?).
Қайда түрік қағанаты,Тәңірі
Түу түрікте – ғаламаты, тамыры –
Қайда Түрік Қағанаты, Тәңірі?!
Мемлекеттік Қуат қайда баяғы,
Мемлекеттік Шуақ қайда баяғы?
Мемлекеттік Ұят қайда баяғы?!
Мемлекеттік Намыс қайда баяғы,
Мемлекеттік Табыс қайда баяғы?!
Ауылдағы,
Аудандағы,
Облыстағы,
Астанадағы әр текті,
Мемлекеттік шенеуіктер Мемлекетті тәрк етті:
Ойлайтыны – виллалары өзінің,
Фирмалары өзінің;
Салтанатты сапарлары өзінің,
Бәйбішесі, тоқалдары өзінің.
Ойламайды Мемлекеттік Табысты,
Мемлекеттік Намысты!
Қайтеді олар Мемлекеттік Қуатты,
Мемлекеттік Ұятты?!
Мемлекетсіз елде жүрген сияқты!!!
Жаратылған көзден жасын төккелі,
Өзіне де, өзгеге де өкпелі, –
Мемлекетті ойлайтұғын ақындар,
Одан кейін...
Аруақтар көктегі!
О, Тәңірі,
Азбыз ба біз, көппіз бе?
Өткелектен өткіз, мейлі, өткізбе, –
Өпсек – Ақын,
Өлсек – Аруақ біз деген,
Мемлекеттен басқа меншік жоқ бізде!
Ордалы жыланның уын қайтару жыры
(Эпилог. Бақсылар әуенімен. ХХ1 ғ.).
Кер, кер жылан, Кер жылан,
Кереге басты Мер жылан,
Жалаңдаған Сұр жылан,
Көзі ойнаған Сұқ жылан,
Шаңырақтан шық, жылан?!
Самұрығым, қайдасың,
Қыр мынаны ұшып кеп?
Еркек жылан есіріп,
Ұрғашы жылан босағамнан—
Төріме тұр күшіктеп...
Елімді жылан жайлады,
Белімді жылан байлады;
Тауым да--жылан,
Дала--жылан,
Батыстан келген Мәликә-Мара* жылан,
Оған ерген өзіміздің Қара жылан--
Мимырттаған Мышы жылан,
Кәрі жылан,
Кіші жылан,
Ұлтымды шағып,--өлтірді,
Алаштың екі аяғын аспаннан келтірді!
Өзі жасыл шалғында найқалып өмір сүреді,
Аяғын көрсетпей,--атап-аттап жүреді,
Елді көзімен бағып,
Тілін көрсетпей--
Шағып,
Алла мен Адамның арасына өрт салып!
Ордалы жылан опат қыла ма бір елді?!
Күн тығырыққа тірелді,
Жетпіс жылғыту жылан,
Құдай ұрған қу жылан,
"А" деп аузымды ашқанда,
Улы тілін шығарып,
Тіліме салып жіберді!
Күн түсіп тұр бақа-шаян, құртыңа,
Содан бері у толтырып ұртыма,
Өзім шашам --
Өзімннің сол жұртыма?!
Орда иесі--Мары-мары-мары жылан.
Ала жылан,
Сары жылан,
Марқары да,
Сарқары--
Лек-лек бізге ауыпты,
Ауыпты, --жаудай шауыпты;
О, Тәңірі, бәрінен де осының,
Іштен Шыққан Шұбар Жылан қауіпті;
Орда Иесі Сары Жыланға еріп ап,
Атырау-Арқа-Алтайды жайлаған жұртыма,
Улы тілін салыпты!
Кімге айтайын, кімге өткізем сөзімді?
Аш көзіңді!
(У жайлаған, су қараңғы көзіңді?!).
Батысыңнан Сары жылан,
Шығысыңнан Кәрі жылан ысылдап,
Ордалы Жыланның арасында қалған, Алаш-ай,
Адамнан қайыр күтпегей,
Алла жарылқағай өзіңді!..
Зәқһар алды қырымды,
Кім оқиды жырымды,
Сүйікті елім қырылды?!
Ен жайлаған Арқаны
Киіктерім қырылды...
Орда иесі--Мары-мары-мары жылан.
Ала жылан,
Сары жылан,
Марқары да,
Сарқары,
Майы шылқыған Құлан-жылан,
Іштен Шыққан Шұбар жылан,
Аш қасқырдай-- араны,
Қайт ордаңа, тастап елді-- қаралы!
Қазақстан шуға айналып барады,
У-ға айналып барады...
*Жылан патшасы.
2018 ж. 01. 22