Нұрәлінің сұрағы
Алғыр бала Нұрәлі,
Бітпейді ылғи сұрағы.
Бірдеңені ойға алса,
Білгісі кеп тұрады.
Жетпей төзім,шыдамы,
Атасынан сұрады:
- Ата, бұрын қазақтың,
Қандай болған тұрағы?
Баласының қырағы,
Бұл сұрағы ұнады:
Білгің келсе,құлақ сап,
Тыңда, - деді шырағым.
Сақта балам есте оны,
Тариxың бар кестелі,
Біздің ата-бабамыз,
Халық болған КӨШПЕЛІ.
Қалып тағы ұл үнсіз,
Түсінбедім мен деді.
Неге көшкен тынымсыз,
Бола тұра кең жері?
Бұл сұрағың жөн деді,
Ол кездері елдегі,
Ең бағалы қазына,
ТӨРТ ТҮЛІКтің төлдері.
Жаз жайлауға көшетін,
Қыс қыстауға көшетін,
Киіз үйін артып ап,
Шаршамастан неше түн,
Сондықтан да Төрт түлік,
Жайлы жерде өсетін.
Жасатып шын зергерге,
Көз тартсын деп көргенде,
Бұзып, жинауға ыңғайлы,
Жаңа жерге келгенде.
КИІЗ ҮЙІН тігетін,
Ең құнарлы жерлерге.
Жетпей аздап ақылы,
Сұрады ол ақыры:
Киіз үйдің болған ба,
Қабырғасы,шатыры?
Ұқсайсың жас сәбиге
Ия,балам әрине,
Қабырға мен шатыры,
Болады ғой әр үйде.
Көз жүгіртсең көнеге,
Тұнып тұрған өнеге.
Киіз үй ол ғажап үй,
Күні күлген төбеде,
Шатыры оның-ШАҢЫРАҚ,
Қабырғасы - КЕРЕГЕ.
Үйін босқа салмаған,
Нар бабама таң қалам.
Екеуінің арасын,
Уықпенен жалғаған.
Жалғыз есік үйдегі,
СЫҚЫРЛАУЫҚ дейді оны.
Сол есікте ержеткен,
Қазақтың ХАН, БИлері.
Сыртын сырлап жаппаған,
КИІЗбен ақ қаптаған.
Қарапайым осы үйде.
Салт-дәстүрін сақтаған,
Осында қыз өсіріп,
Осында ұл баптаған.
Болам десең қырағы
Есте сақта мынаны:
Оның ішкі құрамы,
Төрт бөліктен тұрады.
Алғашқысы ТӨР болар,
Жолды білген жөн болар.
Кім құрметті саналса,
ТӨР иесі сол болар.
Төрге төсек жинаған,
Жамандыққа қимаған.
Отырғызып сол төрге,
Қонағын да сыйлаған.
Ал екінші бөлігі,
Киіз үйдің оң жағы.
Сақтайды онда ең ірі,
Бар байлығын қолдағы.
Сақтайды онда астығын,
Көрпе менен жастығын.
Сақтайды онда бар затты,
Дәріптейтін дәстүрін.
Енді өзің есепте,
Қанша кіші десекте,
Сол бөлікте жайғасқан,
Түнде ұйықтар төсекте.
Үшінші бір бөлігі,
Киіз үйдің сол жағы,
Сонда тұрад(ы) ең ұлы,
Ердің қару қорғаны.
Сонда тұрар етігі,
Қарудың да не түрі,
Сол бөлікте тұрады,
Тұлпардың ер тоқымы.
Болмаса да атаман,
Жауын жарға тақаған.
Ал,төртінші бөлігін,
ОТ ОРНЫ деп атаған.
Қыс-суықтың төресі,
Көрінгенде елесі,
Жылытуға үй ішін,
От жағатын жер осы.
Қорқақтықтан шегіне,
Тартсын деп ұл тегіне,
Қасқыр,түлкі терісін,
Іліп қойған төріне.
Болғаннан соң мол мұра,
Төрде тұрған ылғида,
Қобыз бенен домбыра.
Киіз үйдің шын түрін,
Көрсетемін бір күні.
Сыйған және ол үйге,
Кебеженің түр-түрі.
Сұрақ қойдың тосылмай,
Жауабы оның осындай.
Көрдің бе ұлым, бабамыз,
Көрген бәрін досындай.
Бөлінуді білместен,
Көз алартып жүрместен.
Бір бөлмелі үйде-ақ,
Тату тәтті күн кешкен.
Әке,алғыр баламын,
Қызықтырды жауабың.
Ұрпағымын мен текті,
Кешегі ата-бабаның.
Менде үлкен боламын,
Тұрғындарын қаланың,
Тұрғындарын даланың,
Бір шаңырақ астына, Т
үгел жиып аламын,
Тату-тәтті күн кешер,
Бір КИІЗ ҮЙ саламын!