Адам қарады: 406 | Жарияланды: 2018-11-30 15:20:26

Герострат

Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық...
Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып.
Суреттерін жол бойы жайып тастап,
Шылым шегіп шетінде отыр ғаріп...

Отыр ғаріп... Неге отыр,ол кім деші?
Бір аз ғана бағының шер күндесі -
Суретші еді, қаңғыған, қиял ұрып.
О, қашаннан мықтылар сордың досы?!

Жағаласып жылдармен жасанысқан -
Қиқар еді, болғанмен жасамыс - паң.
Себеп болса баладай қалбалақтап,
Керек болса Құдайға қасарысқан.

Асау еді, жас еді бас бермеді,
Енді мынау жер орта жас келгені.
Сата алмаса жұмысын қайтер екен,
Нешеме күн өзегі ас көрмеді?!

Жасып тұрған аштыққа жоқ бұл бірақ,
Көп қалықтап үйренген, көп құлдырап.
Еске салып сумақай өлім барын
Қоңырауын шіркеулер жатты ұрғылап.

- Қу дүние-ай, пиғылың мұнша тар ма?
Шырт түкіріп, қараса бір сәт алға,
Доғал мойын, доңыз бет бет біреу кеп тұр,
Аты шыққан бай еді бұл шаһарға.

Эпостарда айтатын: «сөзі - кермек,
Құлқыны - сор, ойы - арам, көзі - көр» -деп.
Дәл өзі еді. Ырсылдап тыныстайды,
Анау тәнмен жүрудің өзі де - еңбек...

Мұрыны тершіп, еріні күлгінденіп,
Сөзі де бір созылып, бір күрмеліп:
- Естіп едім атыңды алып, қолыңды алып,
Суретіңді сұрауға тұрмын келіп.

Бір мысқылды миыққа іркіп тұрып,
Ойлы көзбен қарады тым тұп-тұнық.
«Өнер жоқта - өмір жоқ, нағыз өнер -
Жүрек ісі» -деп қалды, ырқ-ырқ күліп.

Суретші айтты: «жүрегің ол - сәбиің,
Тұрмысты да елетпес қанша қиын.
Мынау соқыр ғаламда сурет сатып
Отырам ба басымда болса миым?!»

Мәз болды бай «дарындар - кіл машайық!»
- Бір өтініш айтайын қылмашы айып,
Ең қымбат суретіңді қыс қолтыққа
Саяжайда серуендеп, сырласайық?!

Неше күнгі «ораза» өртеп ішті,
Ілесе кетті, іліп ап көн кебісті.
Мың жерден менмен пәле болғанымен,
Асқазан ойлата ма оң терісті?!

...Саяжай... Салқын самал... Тау етегі...
Жұпар толы саябақ, мәуе толы.
Қысқа ғана өмірдің дәмін алып,
Әрбір гүлге көбелек тәу етеді.

Әр бұтақтан топ торғай пыр-пыр ұшқан,
Дүние жаңа туғандай бір тыныш таң...
Бұлықсығын, толқыған, толықсыған
Бар табиғат бір тамыр, бір туысқан.

Наразы әрі разы бір құдайға,
Шым-шымдап батып тұрып мың бір ойға,
Суретші тауға қарап, ішкен асын
Шараппенен сіңіріп тұрды бойға.

Құдай берсе шырайың демде кірмек
Мүмкін бе екен ертеңін пенде білмек?!
Бағанағы жарлының жарты қаптай
Ақшасы бар бай берген еңбегің деп!

Бір жағынан әлі де күйікті іші,
Суретінің еді ғой сүйіктісі...
Анда-санда ауырлау күрсінеді,
Күйреуіктеу келмей ме тұйық кісі?!

Не болса да кеудесі күйді бүгін,
Не болса да жартасқа тиді мұрын.
Тыңдап болсақ өнердің игілігін,
Енді айтайын сол байдың қиғылығын...

Бас бармақтай сигарын ауызға алып,
Бір кекіріп, әлгі бай, маңызданып:
- Қысқа ғана ғұмырда ақыл кірмей,
Өнер қуып кеткендер - нағыз ғаріп.

- Ей, суретші, сен мені жынды деп пе ең,
Қиялға еріп, тұрлаусыз, тірлік еткен?
деді дағы, суретке от тамызды
Суретшіге бір қарап дір-дір ектен.

Майлы сурет өртенді, будақтады,
Секілді Бодлердің шумақтары.
Жанған сайын құтырды манағы бай,
Геростраттың тамырда тулап қаны.

Суретшіде өмірдің нышаны жоқ
Айта алмайсың сорлы деп, құсалы деп
Сурет емес кеткендей өзі өртеніп
Бұл бір тілсіз жан болды - мысалы жоқ.

Кенет күлді айғай сап: Әй, қарақшы, ә!
Менде қауқар жоқ деп пе ең бай манапша?
Жаһаннәмға аттансын жедел онда,
Суретімді өртеткен қайран ақша.

Жанған отқа уыстап салды ақшаны,
Жалын жатыр жемтігін жалмап сары.
Дәл мұндайды күтпеген бай ішінен
Салған сайын ақшаны зар қақсады...

Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық...
Сол баяғы сор халық, соқыр халық...
Суретші жоқ. Дүние - орынында.
Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып.

 

Қазақ тілінде жазылған