Тағдыр
Сөз басы Қолыма қалам алмас бұрын көп ойланып, толғануыма тура келді. Әкемнің жүріп өткен көмескі сүрлеу жолына көз жібере отырып, алғашқыда жүрексінгенім рас. Біреудің ескі көйлегін теріс айналдырып кигендей, басқаның айтқан бір ауыз сөзін тілге тиек етіп, өміріне азық еткен жан емес, Торғай, Тосын елі ақыным деп құрметтеген, ел арасында Жанахмет айтқан екен деген азды-көпті сөзі қалған, бүгінде ұмытылып бара жатқан әкем жайлы, оның қаламынан туындаған тамаша жырлары жайлы шамам келгенше қалам толғап, кейінгі ұрпаққа, ақынның немере, шөберелеріне ата жолын бағамдай жүрсін деген ой еріксіз қолыма қалам алуға мәжбүр етті. Марқұм, әкем затында қуақы, сөзшең, ойынпаз адам болғанымен өзі туралы көп айта бермейтін. Бала күнімнен замандастары жырлаған әке өлеңін тыңдап өстім. Қайсыбір жерде үлкендер бас қосқанда жергілікті жыршылардан Жанахметтің өлеңін айтшы,- деп өтініш жасағандардың куәсі болдым. Жас кезімде әке мұрасын жинау еске келмейтін. Есейгенде жасаған талпынысымыз онша сәтті бола қойған жоқ. Әкемнің жырын жырлаған жыршылардың өзі бақилық дүниеге аттанып кеткен еді. Шығарманы жазу барысында есте сақталған қысқа-қысқа өлең шумақтары, көне көз қариялардың жадында сақталған өлеңдері, әкемнің бала кезімде машина ішінде келе жатып, өткен өмірі, балалық-шағы туралы айтқан әңгімелерін есіме түсіре отырып, қалың тұман ішінен жарқ сәуле іздегендей күй кештім. Қарапайым тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп, қаламын жанына серік етіп, Торғай, Тосын өлкесін жырға бөлеген әкем туралы толғанып, қалам толғау, менің әке алдындағы перзенттік парызым еді. Жазылған шығарманың қаншалықты сәтті шыққанын оқырман ой елегінен өткізіп, бағасын бере жатар. Жан-дүниесі ізгілікке толы, біреуге қиянат жасап көрмеген, жаратқан бойына тамаша талант берсе де, белгісіз себептермен поэзия әлемінде көсіліп шаба алмасада, өз замандастарының бейнесін тамаша жыр-шумақтармен әрлеген әкем Серікбайұлы Жанахметтің рухы ризалығы үшін осы шығармамды арнаймын. Жұмыс барысында барынша қолдау көрсетіп, көмектерін аямаған інім Абзалға, келіндерім Жұмакүл мен Мәншүкке, қызым Ақмаралға, немерем Райымбекке, жұбайым Дүрияшқа шынайы көңілмен алғысымды айтамын. Болат тұяқ тұлпар едің. Шаба алмадың көсіліп, Әбе қоңыр ғұмыр кештің, Соңыңнан ұрпақ өсіріп. Төгілуші еді маржан сөздер. Қызыл тілден есіліп, Ақыным деп құрмет тұтар, Жалпақ елі Тосынның, Поэзия әлемінде қалмасада есімің. Демеухан Жанахметұлы «Жанахмет ақынның палуаны, Күрессе тобығына шаң жұқпаған»Н Н Н.Ахметебков Кезеңдер -Әке, ау Әке! – деп шашын келте қиған аққұба қыз, қою қасты қалың мұртты қарияның назарын өзіне аударып алды. -Сіз өзіңіз жайлы, өткен өміріңіз жайлы неге айтқыңыз келмейді. Әкем туралы толық білуге қақым бар емес пе менің. -Айналайын, бұзық қызым! Сені қызықтыратындай қай бір өмір болды дейсің менде. Аласапыранда дүниеге келіп, кеңес үкіметінің тұсында халық басынан кешкен ауыр күндерді елмен бірге менде басымнан өткіздім. Ол кімге қажет болмақ. -Ел сізді ақын деп құрметтейді. Жәкең ана бастыққа былай депті, мына бастыққа былай деген екен сөздерді жиі естимін. Тіпті, жеңгелерімнің өзі ақын қайын ағаның қызы деп еркелетеді мені. Сіз жақсы болмасаңыз мені бұлай құрметтерме еді. Әкешім менің өзіңіз жайлы айтпасаңыз, мен сізге еркелеуді қоямын-деп бұртиды ерке қыз. Қара шал көзін сығырайтып, терезеден түсіп тұрған күн сәулесінен өзінің өткен өмірін көріп отырғандай ұзақ қарады да ауыр күрсінді.1916 жылы аласапыранда дүние есігін ашқан екенмін. Балалық шағым, кеңес үкіметінің қалыптасу кездеріне тұп-тура келді. Керемет бай болмасада ұлы атамыз Сандыбай, өз атам Айғазы ортадан жоғары дәулеті бар, тосын өңіріне белгілі азаматтар болған. Біздің қыстауымыз торғай өзенінің жағасында Айыркешу деген жерде болатын. Айыркешу торғай өзенінің қара көлге құяр саласы. Өзеннің негізгі арнасынан айырдың ашасындай болып айырылған соң, Айыркешу атаса керек.Боз бала кезімде әкеммен бірге ескі қорымды аралап аруақтарға дұға оқығанымыз әлі есімде. Құлаған қыстау орындарын көрсете жүріп, әкем үлкен қомақты обаны, керуен тартып келген түйелер шанасымен кіріп кететін арнаулы сарай болғаны дегені есімде қалыпты. Аталарымыз сонау заманда, тек мал бағып қана қоймай, өзен көлдерден балық аулап, оны ресейдің шекаралас қалаларына шығарып кәсіп еткен. Алыс-жақын ағайын, туыстар сол жұмыстардың бәріне Сандыбайдың сары атандарын лауға алып пайдаланған көрінеді. Барлы-жоқтысын кәдеге жаратып, айрандай ұйып отырған елдің берекесін кетірген үкіметтің саясаты толық күшіне енген кезде мен жеті-сегіз жасар бала едім. Ешнәрсенің байыбына бара бермесемде бір жаманат болатынын бала жүрегім сезетін. Атам қайтыс болғаннан кейін әулет тауқыметі әкем Серікбайдың иығына түсті. Әкем ортадан жоғары бойы бар, артық сөзге жоқ, кімге не айтсада ойланып, салмақпен сөйлейтін, аққұба өңіне қияқ мұрты ерекше жарасымды, бұлшық еттері ойнап тұрған, жауырынды, иықты азамат еді. Шешемді мен жеңеше деуші едім. Қазақи салт дәстүр мен мені үлкен әжем бауырына салған. Үлкен әжемді бүкіл әулет келіндері қызылкөз ене деп атайтын. Әжеміздің мысы басама, алыс-жақын ағайынның ері, әйелі, улкен-кішісі алдынан кесіп өтпейтін, өте айбарлы әйел еді. Әжем қайтыс болғаннан кейін ғана, өз әке шешемнің толық қарамағына өттім. Өз шешем Ханзила Тоқтамыс Сусақ Омардың қызы. Қайрат жігері мол, ажарлы кісі болатын. Әке-шеше тамырынан төрт ұрпақ тарадық. Жанахмет, Жанақай , Демеш, кенже қарындасымыз Ханзада 1928 жылы жарық дүние есігін ашты. Солардың ішінде жарық дүниеде көбірек өмір сүру менің ғана пешенеме жазылыпты. Екі інім мен қарындасым өз ажалдарымен өмірмен ерте қоштасты. Кеңес үкіметінің кәмпеске , колхоздастыру кезеңдерінде қолда бар малды сыпырып алып, үкімет өз саясатына еріксіз күшпен көндірді. Желілеп бие байлап, отарлап қой айдаған қазақи тірліктің күлі көкке ұшып, бір күнде тақыр кедейге айналып шыға келдік. Шолақ белсенділер тастап кеткен жалғыз сиырдың сүтін тамақ етіп, күн көруге тура келді. Елдің еркек әйелі серіктестіктің жұмысына жегіліп, еңбек күнге алған азғантай тарыны қорек етіп, жан бақты. Кіре тартып қалың елге қызмет жасаған Сандыбайдың сары атандарынан тігерге тұяқ қалмады. Соңғы нар қосбақты жетекке жүргізе алмаған қызыл милиция атып тастады. « Мал ашуы мен жан ашуы бірдей» демейме қазақ атамыз. Бойын ыза кернеп милицияға ұмтылған әкемді шешем ақылмен тоқтатып: - Сабыр отағасы, бұл арсыздар нармен қоса сенің өзіңді оққа байлаудан тайынбайды. «Мал бас садағасы» деген бұрынғылар. Қайтесің «Сырты түк, іші боқ» түйе үшін ашу шақырып, балаларыңның ертеңін ойла- деген жеңешемнің сөзінен кейін, әкем орнынан қозғалмай отырып қалды. Көпке дейін ашуын баса алмай, қатты тістенгені соншалық жақ сүйектерінің сыртына дейін қанталап кетті. -Сусын ішіңіз,- деп шешем құйып берген қара көжені ұрттай бергенде даладан сәлем беріп, қарабас Мерген кіріп келді. -Аман-есенсіздерме?- Секе! Әлгі қызыл қырғын сіздің ауылда дегенге бір нәрсеге ұшырап қалдыма деп қорқып едім. Әйтеуір аман екенсіңдер. -Төрлет, есіктің алдында тұрмай. Амандығымыз сол, қолда қалған жалғыз нарды атып кетті, иттің баласы. -Ештеңе етпес « көппен көрген ұлы той» демекші жалғыз біздің басымыздағы жағдай емес қой. Қалың елді зар жылатуда, түбі жақсылыққа апармас- деп кебісін шешіп төрге шықты. Жеңешем қонақтың астына көрпе төсеп, шынтағына көпшік беріп жатты: -Құрдастың қалы қалай? Ауыл аймақтарың аман ба?- деп, мейманға ілтипат көрсетіп: -Шүкір аман-есенбіз. Комиссарлар қолда барды алып болған. Барымыз мұжық сиыр. Бала шаға соның сүтін қорек етіп отырған жағдайы бар, деп ауыр күрсініп қойды. Жеңешем құйған шайды сүйсіне іше отырып, мейман ел ішінде өзгеріс жаңалықтар жөнінде бір тоға баяндап: - Кеше көрші ауылдан Мұрат палуанның келіп кеткенін. Палуан айтқан хабарда онша қуанта қоймағанын малды алып болған комиссарлар ел азаматтарына ауыз сала бастаған сыңайы бар секілді. Ел ағалары Ахмет пен Сейітті кеңес үкіметіне қарсы іс әрекет жасады деген желеумен қалаға айдап кетіпті. Қара қазаққа бұқпантайлап жүріп күн кешуден басқа ештеңе қалмаған сияқты. Секе мен сенің амандығыңды білмекке келдім. Бір жағы мынау отырған көген көздерді қалай асыраймыз, соны ақылдасқалы келдім,- деп қияқ мұртын сипап қойды. - Меке, дер кезінде келдің. Әлгі қызыл қырғын келмегенде өзім де саған барып, ақылдасайын деп отыр едім. Ел ішіндегі жағдайдан менде хабардармын. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Білек күшімен кімді құлатпақпыз, үкіметтің жағдайын пайымдайтындай бізде сауат барма, бәріне қол байлау қараңғылығымыз. Қалай жан бақпақпыз? Оған өзің не дейсің,- деп көкем мейманға қарады. - Көрші ауылдың азаматтары қолда бар құрал-жабдықтарын жинақтап, балық ауламақ болып жатқан көрінеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген екен дана халқымыз. Бізде өзен жағалап көрейік. Бала-шағаманың несібесі дегендей, жаратқан құр алақан қалдырмас,- деп өз байлауын жасады. - Солай істегеніміз жөн болар құрдас. Биыл Сарыөзек жақсы тасыды ғой, солай қалай барып балықшылап келсек қайтеді,- деп құрдасы не дер екен дегендей, көз жанарын тіктей қарап, құрдасынан жауап күтті. - Олай болса келістік. Бар жабдықтарыңды дайындап ертең менің келуімді күт. Екі доңғалақты арбаға ала тайыншаны жегіп, кешікпей келермін. Алла амандығын берсе. Әзірге сау тұрыңдар,- деп ауылына қайтып кетті. - Көке, Көке!- деймін. Менде балыққа барсам болмай ма? Оны мұны шаруларыңа көмектесуге шамам келеді,- деп көкеме қарап едім. - Балам, ауылға да бір азамат керек. Қолда бар жалғыз сиырға ие бол, шешеңе көмектес, інілеріңе бас-көз бол. Ұры-қары көп дегендей жалғыз сиырдан айырлып қалсақ күніміз не болмақ ,- деп, әкем мені құшағына алып, маңдайымнан иіскеді. Ауылға да бір азамат керек деген әке сөзіне мардымсып қалған бала көңілім марқайып қалғандай еді. Ертеңгісін бізден ертерек тұрған жеңешем сиыр саумастан бұрын, қазандыққа от тұтатып, сыйлы қонақ келсе деп сақтаған сүр белдемені қазанға тоғытып жіберген екен. Сәлден кейін, үйдің ішін біз үшін ұмыт бола бастаған еттің иісі жаулап алып, тәтті ұйқыда жатқан үшеуміз сілекейімізді тамсанып жұтып, ербейіп түрегеліп қазандық жаққа таңдана қарап қалыппыз. Сүт толы шелегін көтеріп, үйге енген жеңешем, бізге аналық мейрім шуағын төге қарап: -Айналайын, бөбектерім тұрып, жуынып шайыныңдар. Мерген құрдас келген соң, тамақ ішеміз. Көкең өзен жағасында жүр,- деген соң кіші інім Демешті жеңешемнің қасына қалдырып, Жанақайдың қолынан жетелеп, өзен жағасына келсем, көкем құрып қойған жұтпаларын қарап жатыр екен. Бізді көрген көкем: - Биыл қас қылғандай балықта жүрмей тұр. Кеше кешкісін үш жұтпа ойнап кетіп едім, екеуіне ештеңе түспепті.Үшіншісі ана мүйісте болатын. Жүріңдер деп бізді келесі жұтпаға ерітіп келді. «Жұт жеті ағайынды деген» - рас шығар бұғанда ештеңе түспеген сияқты,- деп еңкейіп жұтпаны сыртқа шығармаққа құрығын енді қозғай бергенде секіріп ойнаған шортан жұтпадағы алақандай ақ балықты қармағымен қоса жұтып жіберді. Көкем өзіне-өзі риза болып бармаған шошайтты. Жаратқанның бізге сыйлаған несібесі болар,- деп жымың етті. Иа, сәт,- деп жұтпаны саумалай тартып, жиекке жақындатты. Шамасы іліккен үлкен шортан болар, көкем бар қайратымен екі жағынан бұлтартпай жиекке жақындаған шортанды сыртқа қарай серпе лақтырып жіберді. Қайранға жартылай шыға берген шортанның ауызынан жұтпа ағытылып кеткен еді. Көкем шалт қимылымен екі көзінен саусақтарын батыра ұстап, табанымен ортан белінен сәл басып тұрды да қырға қарай лақтырып жіберді. Құрғақта жатқан шортан әлі де асау мінезіне басып шоршып-шоршып қояды. Қармақтарды жинап алып, шортанды көтеріп үйге келсек, Мекеңде келген екен. Үстінде шолақ шапан, басында жеңіл жалбағай, саптама етігінің қонышынан сегіз өрме бұзау тіс қамшысының сабы қылтыйып тұр. Үстіндегі киімі сом тұлғалы азаматты ірлендіре түскендей. - Ау құрдас, тым олжалы келесін ғой. Қабар көбейсін! - Айтқаның келсін, жаз шыққалы не ауға, не қармаққа ештеңе ілінбей жүр еді. Кеше сен кеткен соң өзенге барып, қармаққа іліккен екі-үш шабақты ойнатып кетіп едім. Балалардың несібесі шығар, соның біреуіне мына сабаз көзімше қапқаны,- деп көкем қолындағы шортанды жерге тастай салды. Үйден шыққан жеңешем: - Жол жүресіңдер. Тамақтанып алыңдар, дәм суып қалады,- деген жеңешеме көкем: -Бәйібше мынаны үлгертіп тастайын,- деп аяғының астында жатқан шортанды нұсқап. - Өзім-ақ үлгертіп аламын. Қолдарыңды жуып үйге кіріңдер дегенді естіген Мекең еттің иісін сездіме, қолын шайып үйге беттеп бара жатып:- Серікбай маңдайыңа Ханзиладай әйелді кездестірген сен бақытты азаматсың. Алла тағала сөзімді көпсінбесін. Менің қатыным болса бір кесе қара көжені шаққа құйып береді күршектен. - Құрдасты көзі жоқ деп жамандама! « Жоқтық ер жігіттің қолын байлайды» - деген бар. Болса сенен несін аясын Бибі,-деген жеңешеме: - Ойнап айтамын! Бибі менің дастарханымның берекесі емес пе,- деп қарқылдап күліп алды. Үйге кіріп, дастархан басына жайғасып келісті болып піскен сүр етті сүйсіне жеп, сорпасын сораптай ішіп рахаттанып қалды. Көптен ет жемегендіктен бе Мекең ағыл тегіл терлеп, самайдан аққан терін үлкен шыт орамалмен сүртіп қойып жеңешемді мақтаумен болды. Тамақтан кейінгі жеңіл шайдан кейін құрал-жабдықтарын екі доңғалақты арбаға тиеп, ала тайыншаны бірі жетелеп, екіншісі арбаның соңынан еріп, өзен жағалай, күре жолға шығып бара жатты. Аман барып, сау қайтуға жазсын,- деп күбірледі жеңешем көзіне жас алып. Көкем кеткелі істейтін кәсібім, ерте тұрып жеңешеме көмектескен болам. Азанғы шайымды ішкеннен кейін, жалғыз сиырдың соңынан кетемін. Өзен жағасының оты молма, әлде жалғыз болғасын елекзейме сиырда онша көп ұзай қоймайды. Күндегі кәсібім-осы.Жұма күні болатын. Көкалға қисайған мені ұйқы айналдыра бастады.Көзімді бір ашып, бір жұмып жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде ақсақалды қария ырғап оятып алып, қолындағы домбырасын ұсынып: -Домбыраны мен ұстап болдым, енді сен ұста, саған бергенім деп домбырасын ұсынды. Селк етіп көзімді ашып алдым. Жоқ, жоқ домбыраңды алмаймын деп ұшып түргелдім. Ақсақал көзден ғайып болды. Осы жағдай үш рет қайталанды. Соңғысы үйде ұйықтап жатқанымда, сол ақсақалды қария:- Балам, айтқан тілді алып, домбыраны қабылда,- деп үш рет ұсынды. Менде жоқ, жоқ деп қарияның қолын үш рет қағып жібердім. - Әлі өкінетін боласын, түбі бір мүшеңнен кем етемін деп қария қатуланып, көзден ғайып болды. Менің дыбысымнан оянған жеңешем: - Не болды балам, неден шошыдың? - деп асты-үстіме түсіп жатыр. Жеңешеме болған жағдайды айтып бердім. - Қап, бекер қолын қақтың-ау, балам! Бекер болды-ау!- деп, қабағын түйіп теріс айналып кетті. Бәрі жаратқанның ісі ғой. Бұдан кейін маған домбыра қонбады. Бірақ, бойыма бір ерекше қасиет пайда болғанын аңғара бастадым. Өзімнен-өзім ойға беріліп, жаныма әсер еткен жағдайларды тілге тиек етуді шығардым. Жай қара сөз емес ұйқасты өлең түрінде оралатын тіліме. Менің басымдағы өзгерісті менен бұрын ел аңғарды. Серікбайдың баласы ақын, өлең жазатын көрінеді деген сөз менің құлағыма жетіп жататын. Осы сөзден қашып ештеңе айтпауға талпынсам, екі көзім аштырмай басыр болып қалатын. Жанымды қинап, қатты ауыртатын. Мұндай бейнеттен құтылудың жолы, ол өлең жазу еді. Бір ауыз сөзбен біреуге әзіл айтсам, көзімнің ауруы тиылып, көп уақыт бойы мазаламайтын. Он шақты күнде балықшылап кеткен көкем де оралды. Олжасыз емес, қақтап кептіріп алған азын аулақ балықтары бар. Жоқ-жұқана дастарханымыздың азда болса ажары кіріп қалғандай болды. Менің әлемімде болып жатқан өзгеріс жайлы жеңешем айтқан болуы керек. Көкем басымнан сипап тұрып: - Ұлым, «басқа пәле тілден деген» сөз бар қазақта, байқағайсың. Оқуың керек еді. Мына заман, қолдың қысқалығы мұрша берер емес,- деп өзі өзінен налып отырып қалды. Әкең пешенеге жазылған заманның арқасында оқи алмай қалды. Азғантай күн саужай мектебінің есігін ашқаным боламаса. Ел тіршілігі жылдан жылға ауырлай берді. Қатты қуаңшылық болып, серіктестіктің азғантай егіні шықпай қалды. Қолдағы малды асырап шығуға жеп-шөп жетіспеді. Жылшыға көтерем болған ірі қара қорадан шықпай арам өлді. Елде ашаршылық басталған еді. Ер азаматтар ұзақты күні өзен жағалап, балық аулап жан бағудың қамын жасағанмен қырсыққанда қымыран іридінің кебі келіп не ауға, не қармаққа ештеңе ілікпейтін. Ұры-қара көбейіп қолдағы бірлі-жарымды малға қырғидай тие бастады. Маңай толған зорман бір-екі айдың ішінде жоғалып кетті. Халық тілге басар тамақтан өтетін заттың бәрін қорек ете бастаған еді. Уәлі жаққа тышқаншылап кеткен көкем мен Мергеннен хабар жоқ. Таңға жақын есікті біреу әлсіз қаққандай болды. Жеңешем мені тұрғызып білте шамды жағып есікке жақындағанда әржағынан әлсіз дыбыстаған ер адамның дауысы естілді. - Мен Мергенмін есігіңді аш Ханзила. Есігіңді- деп есікті әлсіз соққылады. Есікті ашып жібергенімізде, түсі адам шошырлық Мерген табылдырықтан аттай беріп, ет-бетінен құлап түсті. Ерінін жыбырлатып, су-су-деп қолын созды. Жеңешем әлденені сезді білем, Мергенге су ұсынып жатқанда жанары боталай қалған екен. Есін жиған құрдасынан, құрдасыңды қайда тастап кеттің, тірі ме өзі,- деп, Мергенді жағадан алып сілкіп-сілкіп жіберді. Есін жинап алған Мерген, қолдарына қорек ететін ештеңенің түспегенін, көкемнің Уәліден қайтар жолдың үстінде қайтыс болғанын, мәйітті жеткізе алмайтын болғасын, өз қолымен жерлегенін үзік-үзік зорға жеткізді. Жеңешем, қанша мықты болғанмен, құрдасыңды қайда тастап кеттің,-деп Мергенді құшақтап жылай берді. Мезгілсіз шыққан дауыстан оянған көршілер келіп, мән-жайды айтпасада түсініп, жеңешеме көңіл айтуда. Кенет қатулана қалған анам інілерімді бауырыма басып, көзіме жас алып тұрған маған тесіле қарап: - Тоқтат көзіңнің жасын, шаңырақтын иесі енді сенсің. Маңайдағы елге әкеңнің қазасы жайлы хабарла, ең болмаса қолдағы бармен құран бағыштайық, біздің қолымыздан келері сол ғана,- деді қатуланып. Шапанымды үстіме іле салып, аяқ жетер жердегі елге тегіс хабарлап шықтым. Ертеңгісін азғантай ағайын жиналып, қолдағы бармен құран бағыштап, әке алдындағы бір парызымызды орындағандай болдық. Анамыз қанша мықты болса да, кішкентай үшеуін құшағына алып, енді күніміз не болар екен деп көзінің жасын төгіп-төгіп алатын. Семья басындағы ауыр жағдайды сезіне тұрып, өзімнің дәрменсіздігіме іштей налып қатты қиналатынмын. Көкемнің қазасынан бір жеті өткен соң, жеңешемнің немере ағасы Сүйесін татем жалғыз өгіз жеккен арбамен келіп, бізді көшіріп әкетіп еді. Бұл елдің де маңдайы шылқып отырғаны шамалы, қайда барсаңда жүдеу-жадау сіңірі шыққан адамдарға жолығасың. Бір ғажабы қазақы көңілдері ашыға қоймаған. Қай үйге барсамда жиендер келіп қалыпты, төрлетіңдер,- деп қолдарында бар шалабын аузымызға тосатын. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші бірлігі күшті ел екен. Ауыл үлкені Ілияс ақсақалдың қасы-қабағына қарап, барлық істелетін шаруашылық тек сол кісінің басшылығымен ғана орындалып жатады екен. Өзен жағасында шағын ұста дүкені бар. Балға дауысы шығып жатқан соң, есігінен қарап едім, жеңіл жалбағай киген, шоқша сақалы бар, кішкене қара кісі қауқылдап: - Төрлет жиен, төрлет: - ұста мына балғаны,- деп қолыма кішілеу балғаны ұстата салды. Өзі үлкен қысқышпен оттың ішінде жатқан жұмыр темірді төс үстіне қойып, соқ жиен қайратыңды көрейін, нағашыларыңа тартқанба екенсің деп жымия күліп қысқыш пен темірді төс үстіне айналдырып ұстап,- соқ- деп ымдаған соң, балғамен темірді соққылай бастадым. Балқыған темір соққан сайын бейнесін өзгертіп, ұшы үшкір қазыққа айналып шыға келді. Ақтер-көктер болған мен, болды деген сөзді естісімен балғаны жерге тастай салдым. Ұстада дайын болған қазықты қысқышпен қыса ұстап астаудағы суға салып жіберді. Маған қарап кәдеге жарап қалыпсың жиен. Азамат болған деген осы. Бос жүрмей белгілі кәсіппен айналысқан жөн,- деп маған тесіле қарады. Ұстаханадан шықпақ болып айнала бергенімде ұста: -Мә, мынаны ал, сен келген күні осында бір соғар деп әдейі арнап соққанмын. Нағашыңның әзір саған мінгізетін тайы жоқ,- деп маған өзі соққан қос тілді жұтпасын ұсынды. Қарындасым сұраса, ұста нағашымның мінгізген тайы дейсің,- деп қуақы жымиды. Менің жүзімдегі қуанышты көріп таңданған анама қолымдағы қармақты көрсеттім. - Ұста нағашым сыйлады. Саған мінгізген тайым деген соң, алып келдім. - Ә, ә , Әуезхан ағай берген екен ғой. Қармағың ілгір болсын құлыным,- деп өзіне тартып , маңдайымнан иіскеді. Үйден шықсам, Қаби, Сейдәлі деген меннен ересектеу жігіттер келіп тұр екен. Қаби: - Ау, Жанахмет көңілдісің ғой, айтсаңшы деп қоймаған соң: - Нағашым тай орнына қармақ берді, Әукеңдей көргенім жоқ мырза ерді, Тұр қазір айдарымнан самал есіп, Басқандай тақымыма жүйрік керді:- дедім екеуіне қарап. -Нағашыңа өлең шығарып қойғанбысың, жарайсың жиен болса, осындай болсын,- деп арқамнан қағып қойды. Бізді Ілекең жіберді. Анау тұрған жалғыз жидені көріп тұрмысың: - Сол маңнан ертең ауыл адамдары сүзекі тартады. Ұялмай сүзекі тартысуға келсін,- деп сәлем айтты ақсақал. Екеуі ауыл басшысының сәлемін жеткізген соң кетіп қалды. Жеңешем менің назарымды өзіне аударып: - Балам мұнда сенің арқа сүйер туысқаның жоқ. Қамқоршың да, қорғаның да нағашыларың тілің тиіп жүрмесін,- деп менің келісімімді күткендей сыңай танытты. - Менің оларда нем бар, өздері тиіспесе болды,- дедім жеңешеме күліп. Ертеңгісін жайырақ тұрып қалыппын. Далаға шығып жалғыз жиде жаққа қарасам, жар басында қараңдаған адамдар жүр. Қап! Кешігіп қалған екенмін. Қайтсем екен деп тұрғанда жеңешем, оразаңды ашта барып кел. Жұрт не істеп жатыр екен,- деген соң анам берген бір кесе сүтті ішіп алып, жалғыз жидеге қарай аяңдадым. Келсем ауылдың еңбекке жарар азаматтарының бәрі осында екен. Әркім өзіне тапсырылған жұмысты барынша ұқыпты орындап жатқаны байқалады. Шыжым арқандарын қайықпен арғы бетке шығарып алған жігіттер, сүзекіні ортаға қарай тартып қайықпен жүрген екі жігіт сүзекі қалтасының дұрыс түсуін қадағалап болған соң екі жаққа бөлініп сүзекіні тарта жөнелді. Осындағы бір қауым елге басшылық жасап тұрған ұзын бойлы, зор денелі, ат жақты, қою қара мұртына сәйкес жарасымды сақал қойған ауыл ақсақалы Ілияс еді. Ілкеңнің не айтпағын қас қабағынан таныған жігіттер артық сөзсіз лыпылдап тұр. Тартқан сүзекі межелі жерге жеткенде, сүзекінің арғы беткі шетін қайықшылар бергі бетке алып келді де, бәрі жабыла саумалай тартып, сүзекіні таяз суаттан шығара бастады. Пысықай жастар жағы балық қашып кетпесін деген сүзекінің алдыңғы жағын сүңгуірмен гүмпілдетіп қояды. Сыртқа шығарылған сүзекіден ірлі-уақты бірталай балық шықты. Бір ғажабы балыққа Ілияс ақсақалдан басқасы ешкім қол созған жоқ. Ілекең балықты бір жерге жинатып бөлуге кірісті. Қанша адам сүзекі тартса, әр қайсысына балықтың ірілі-ұсағынан араластыра бөліп жатып, біреу ымдады ғой деймін артына жалт қарады. Жар басында ербиіп тұрған мені көріп: - Ау, жиен сенікі не тұрыс, бөтен адамдай, келе жақында жаныма, - деп шақырып алып, сен бізді жатырқама. «Нағашы бәйтерек, жиен қотыр тайлақ»,- деген бұрынғылар. Сенің сүйкенгеніңді көтеретін жағдайымыз бар, бұдан былай ел жасап жатқан тіршіліктен қалушы болма, – деп менің жауабымды күтпей: - Жігіттер арамызға жиеніміз алғаш келген екен, қанжығасын майлап жіберейік, қарсы емессіндерме,- деген Ілекеңе қарсы емеспіз,- деп бәрі шу ете қалды. Ілекең өз үлесінен үлкендеу шортанды алып, менің алдыма тастады. Сүзекішілер өз үлестерінен бір-бір балықтан әкеліп тастағанда , менің алдыма едәуір балық жиналып қалып еді. – Жиенжан қанжығаң әманда майлы болсын, нағашыларым сараңдық жасады деп өлең шығарып журме,- деп бар дауысымен қарқылдап күлгенде өзен бойы жанғырып кетті. Өзі қандай зор болса, дауысы да сондай зор екен, Ілекеңнің. Нағашыларым мені өздеріне жақын ұстап еңбек етуге баули бастады. Тамағымды қырнай, жөтіркеніп тұрғандардың назарын өзіме аударып алдым да: - Алмақтың да салмағы бар,- деген екен. Әр нәрсенің өтеуі болады емеспе, балықтарыңның өтеуі болсын деп жерде жатқан талды алып, домбыраның шанағын қаққандай қағып-қағып жібердімде, нағашыларыма қарап, өзімше әуезге салып; Нағашым тау соғардай алып екен, Қолдары тілім-тілім жарық екен, Келмейме қолдарынан басқа кәсіп, Ерте кеш аулайтыны балық екен. Нағашым шынымен-ақ зор-ақ екен, Шапаны үстіндегі шолақ екен, Аудан басқа қолынан түк келмейтін, Тоқтамыстар шетінен олақ екен,- дегенімде Ілекең ақсақал санын соғып қалып, қарқ-қарқ күлді. -Сен болмасаң бізге мұны кім айтар,- деп Сүйесін тәтем батасын беріп жатыр. Менімен жақын араласатын Сейдәлі ептеп домбыра шертіп ән салатын. Менің нағашыларыма шығарған өлеңдерімді ел жиналған жерде домбыраға қосып айтып жүрді. Бір-екі ауыз сөздің арқасында нағашы жұртқа ақын жиен атанып, сөз ұстаған ер азаматрары құрметпен қараса,олақ-салақ жалқаулары атымыз елге шығып кетеме деп сақтанып жүретін болды. Жас кезімде байыбына бара бермеппін, осы күні ойлап отырсам, кешегі тар кезеңде бір қауым елді ұйымдастырып, балық аулап, аш өзекке балықтың сорпасымен нәр беріп, талай семьяны ажал аузынан алып шыққан, Ілияс нағашымның қажыр қайраты екен. Бұл оқиғаны ешкім де ұмыта қоймас. Ілекеңнің басшылығымен Ақжалпақтың тұсынан сүзекі тартуға бардық. Өзеннің енді де терең жері болатын. Қақаған қыстың іші.Темір терсектің де аз кезі. Бір қауым елде Ілекеңде ғана мұз оятын сүймен болатын. Мұздың қалыңдап қатқан кезі. Ілекең жалғыз сүйменді сенімді қайратты жігіттерге ғана ұстатын. Білекті сыбанып алған қайратты жігіттер кезектесіп, қолтықтарын соза қимылдап, барлық ойықты ойып шығатын. Ең қиыны сүзекіні түсіретін жерімен қандауызы, сүзекіні шығаратын жері. Ерғали ағасындай емес қағілез жеңіл адам еді. Тарамыс таспасы шығып тұрсада аса қайратты еді. Бір тойда ойнап, ат үстінде ұстаса кеткен Ілекеңді, Ерекең шалт қимылмен аттан түсіріп кеткенін қатарлары әзіл арасына қыстырып қоятын. Сол Ерғали сүзекі түсіретін жерді ойып болып,қиыстау тұрған бұрышты алып тастамақ болып, сүйменді сілтеп қалғанда,қолынан сусыған сүймен су түбіне кете барды. Түсі бұзылып кеткен Ілияс нағашым: - Бір елді асырап отырған сүйменнен айырылғанша, өзіңнің суға кетіп өлгенің дұрыс еді,- деп інісіне ақырып жіберді. Бір ауыз тіл қайтармаған Ерекең киімін шешіп тастап, қақаған аязда ойыққа сүңгіп кетіп, әлден уақытта сүйменді алып шықты. Дайын тұрған жігіттер Ерекеңді тұлыпқа орап, жар жағасында отырған малшының үйіне апарып, ыстық құртты тойғанынша ішкізіп, пештің түбіне жылы орап, тастаған еді. Түк болмағандай кешкісін Ерекең қунап шыға келген көрінеді. Осындай азаматтардың арқасында ел бірлігін сақтап, аузын білеген аштық деген аждаханныңда көмейіне ілікбей аман қалдық. Сейдәлі, Қаби мені өз қамқорлықтарына алып, серіктестіктің шаруашылығына араласып, еңбек күн таба бастадым.Үкімет азық-түлік көмегін беріп, малы жоқтарға тоқты-торым үлестіріп, елдің жағдайы ептеп жақсара бастады. Әр жанұяға берілген ұсақ тұяқты сойып жеуге қатаң тыйым салынды. Осындай саясат ұстанған үкімет серіктестіктің мал басын көбейтуге бет алыс жасаған еді. Бір сауын сиырың болса, үкіметке үш келі май өткізуге міндеттісің. Анамның бар шаруасы жалғыз сиырды баптап сауып, тиесілі майын уақытында тапсырып, біздің ернімізге жағуға да жеткізетін. Еңсемізді енді көтеріп келе жатқанда қар қалың түсіп, қыс қақарына мініп қатая түсті. Жау жағадан алғанда бөрі етектен,- деген емеспе елдің ішін түрлі аурулар каптап кетті. Бірен сараң жүргіншіден еститініміз ана ауылда, мына ауылда сәбилердің шетінеуі, үлкендердің көз жұмғаны. Елде дәрігер атымен жоқ. Басың ауырып, балтырың сыздаса қазақи еміңді жасап, үйіңде отырасың. Жерден қазған қазақи шым үйдің бір жағында Сүйесін нағашымның үйі, екінші жағында біз тұратынбыз. Ортасын қазандықпен бөлген шым үй не жақсаңда жылып шыға келеді. Екі үйдің азғантай малына Төлеухан, Жанақай Демеш төртеуміз қарайтынбыз. Қаңтар айының ортасына қарай қатты суық тидіме, Суйесін нағашым төсек тартып жатып қалды. Анамның жасаған ем домынан көмек бола қоймай қатты қиналып жатқан нағашым Төлеухан екеумізді шақыртқан соң, келсек, нағашым екі иығынан дем алып, басын көтеріп отыр екен. Кемпірі қамзолын басына жамылып, қасында бүк түсіп жатыр. Отырыңдар дегендей аяқ жағын қолымен нұсқады. Демін ішке терең тартып алып, сәл тыныстағандай болды да: - Айналайын жиен, азамат болдың. Алланың қақ бұйрығы маған жақындаған сияқты.Кемпірім де ұзамас. Барлық міндет өзіңде. Анаңмен келісіп, шамаңа қарай жөнелтерсіңдер.Менен қалған жалғыз тұяқ Төлеуханды Ханзила екеуіңе тапсырдым, -дегенде қасымда отырған Төлеухан еңкілдеп жылап жіберді. - Тоқтат! Жаратқан иемнің жарлығын көз жасыңмен тоқтата алмайсың, -деп зекіп тастады. Екеуміз сыртқа шыға бергенде бізді күтіп тұрған анам Төлеуханды құшақтап бауырына басып: - Мықты бол бауырым! Азаматсың ғой ,-деп дыбысын шығармай үнсіз егілді. Таңға жақын нағашым бақилық сапар шекті. Не істерімді білмей, үрпиіп тұрған маған жеңешем: - Тез барып, Ілекең ағама, Ләтипа апаңа хабарла, қалған шаруаны сол кісілер келген соң ақылдасамыз,- деді бұйыра сөйлеп: -Төлеш сен ешқайда шықпай-ақ қой келген кісілерді үйден күтерсің. Малға Жанақай мен Демеш қарар,- деп үйге кіріп кетті. Қолымда келте сойылым бар. Өзен ішімен жүгіре кете бардым. Ауылдан бір шақырымдай шыққанымда алдымнанат жеккен жайдақ шаналы біреу кездесе кетті. Беті аузын тұмшалап алған, кім екенін танымасам да даусымды қатты шығарып сәлем бердім. Жолаушы: - Тәк-тәк деп божысын соза тартып, атын тоқтатты да, бетін көлегейлеп тұрған, тымағын көтеріп маған қарап: - Ау, Жанахмет мына үскірікте не жүріс,- деп таңдана қарады. - Аға, мұндайда жай жүріс бола ма? Нағашым қайтыс болып, соны сіздерге хабарлағалы бара жатыр едім. - Ай, Ай! Қиын болған екен, иманы жолдас болсын марқұмның. Жиен күйеу деп қағытып ойнай беруші еді. Апам сендерден бір хабар біліп кел деген соң, таңғы шәйдан кейін шығып кетіп едім. Енді тұрмайық. Сен кейін ауылыңа қайт, ағайындарға мен хабарлайын. Амандық болса кешке дейін ораламын,- деп менімен қош айтысып кейін қайтып кетті. Үйге кіріп келгенімде жеңешем: - Қалай тез оралдың құлыным,- деп таңдана қарады. Ауылдан шыға бере Садуақас ағаның кездескенін, ол кісі барлық шаруашылықты өз мойнына алып, кейін қайтып кеткенін, көп ұзамай қайтіп оралатынын айтқанымда: - Дұрыс болған екен балам! Ендігі сендердің шаруаларың отын дайындап,су тасып қойындар. Нан пісіріледі, азды көпті тамақ дайындау керек, бәрін отын-сумен бітеді ғой. - Қолдарыңнан келетін қам-қарекеттеріңді жасай беріңдер,-деген соң үшеуіміз далаға шығуға бұрыла бергенімізде, жеңешем мені тоқтатып: - Біздің бұзау әрі күйлі, әрі ірілеу соны сою керек шығар, -деді меннен жауап күткендей. - Сіздің айтқаныңыз болады. Солай істегеніміз дұрыс. Келімді кетімді кісі болады дегендей, ең болмаса алғашқы қонақасысы дұрыс болсын дегенімде, жеңешем жанарының шуағын төге аналық мейіріммен қарады. Сәдуақас Ләтипа апамның күйеу баласы ағаштан түйін түйетін, ұсталық өнерден хабары бар, көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар жасаудың шебері, ақыл парасаты мол, елдің бетке ұстар азаматтарының бірі еді. Ләтипа апай менің шешеммен аталас, бір тамырдан тарайтын жақын туғандар еді. Содан болар, Сәкең бізді жақын тартып, шаруашылығымызға көмектесіп тұратын. Кешке қарай қолында бар көліктерімен Ілекең бастаған тоқтамыс ағайындар Ләтипа апам,Самат молданы алып, Сәкеңде келді. Есіктен кіре аңыраған Ләтипа апам біздің әр қайсымызды құшақтап: - Бауырым-ау, мына көген көздерді кімге тастап кеттің, неге тастап кеттің?! Ең болмаса көзімнің тірісінде тілдесе алмай қалдым-ау, - деп өксігін баса алмаған апама Ілекең нағашым басу айтып тоқтатқандай болды. Сәкең серіктестіктің басшысынан қазалы үйге көмек ретінде қоймадан алған ұн, шекер, тоң майын түсіріп, жеңешеме бұл сіздерге берген елдің көмегі. Қазаны жөнелтуге ұқыптап жұмсарсыңдар,-деді. Қаби Сейдәлі үшеуміз ала тайыншаны қазірде сойып, бұтарлап үйге кіргізіп бердік. Біз үйге кіргенімізде қасына Самат молданы ертіп, мәйіт жатқан бөлмеге кіріп кеткен Ілекеңнің іле: - Ханзила қалқам мұнда келші деген даусы отырған ағайындарды елең еткізді. Есіктен кіре бере жеңешемнің жылаған дауысы шықты. Жүрегім ауызма тығылып, босағада тұрып қалдым. Мәйіт жатқан бөлмеден бері өткен Ілекең үйдің ішін аясы кең үлкен ала көзімен шолып өтіп: - Айналайындар жеңгемізде бақилық болыпты, иманы жолдас болсын, жақсы адам еді. Алланың бұйрығына шара бар ма? Артында қалған жалғызына ғумыр берсін жаратқан, - деп бәрімізге басу айтып, ауыр күрсінді. Төлеуханда ес те, түс те жоқ еді. Алақ-жұлақ әркімге қарай берет. Үнсіз келіп, қасына отырып, бауырыма бастым. Солқылдап жылап жіберді. Отырған жұрт төмен қарап, басу айтқан ешкім болған жоқ. Әбден солығын басып, шерін шығарсын дегендей үнсіз отырып қалды. Жерлеу аяқталғаннан кейін ағайындар ауылдарына қайтып кетті. Біздің қасымызда Ләтипа апам ғана қалды. Төлеухан көпке дейін түзеле алмады. Демеш болса құрдасының қасынан шықпай, оның көңілін тапқысы келіп тұратын. Үйдегі тентектеу Жанақайдың өзі де бұрынғыдай қиқарлығын қойып, екі інісіне қамқорлық жасай бастады. Тек ештеңенің байбына бара бермейтін Ханзада ғана әр қайсымыздың мойнымызға асылып, еркелеп айтқанын істетуге тырысатын. Жанақай екеуміз қолдағы бар малға арғы беттен шөп тасып береміз. Қара қасқа тайыншаны ит шанадан сәл үлкендеу шанаға жегіп, шөпті нығыздап тиеп, арқанмен айқыштап тартып, Жанақайға жетектетіп, ауылға жіберемін. Өзім қыл арқанмен шөпті көтергенімше арқалап соңынан еремін. Айтеуір азғантай малды сақтап шығудың қамын жасаймыз. Бір жақсысы отынды алыстан іздемейміз шөптің ішінен қара шағырдың білектей-білектей түбірлері шығатын. Жеңешем шағырдың түбірін теріп алып, пешті бір толтырса сол отқа шайымыз да қайнап, тамағымыз пісіп, үйде жылынып шыға келетін. Сүйесін тәтемнің қырқына келгенде Ілияс нағашым бір қапшық балық ала келіп: - Жиен мына қапшықтағы сенің үлесің, сүзекіге бара алмағаныңмен үлестен тысқары қалмайсың. Әрі елдің сендерге жасаған көмегі деп біл, - деп қалың мұртын сипап қойып маған назарын сала. - Рахмет нағашы, елге де сізге де қызметтеріңіз алладан қайтсын, деп ризашылығымды білдірдім. Күнделікті күйбең тіршілікпен қыс аяғыда жақындап келе жатты. Наурыз айының бас кезі болатын даладан беттері алаулап кірген Жанақаймен Демеш басымыз ауырып бара жатыр,- деп пеш түбіне қисая кетті. - Жел ұстаған шығар қазір ыстық шай ішесіңдер,- деді жеңешем үстіне көрпе жауып жатып. Кешкісін Төлеухан екеуміз мал жайлап болып, үйге кірсек Жанақаймен Демеш әлі тұрмапты, көрпені жамылған күйі ауыр тыныстап ыңқылдап қояды. Ханзада отыр бас жағында, көзінде қорқынышты үрей бар жеңешем маған қарап, - Інілерің нәр тартқан жоқ қызулары тым жоғары, не болғанын кім білсін? - деп меннен бір көмек күткендей. Екеуінің қасына келіп, маңдайларын ұстап көрсем, оттай өртеніп жатыр екен. - Құлындарым, тұрып тамақтарыңды ішіңдер, ыстық шәй ішсеңдер, терлеп жазылып кетесіңдер, -деп жеңешемнен естіген сөзімді қайталаймын. Екеуі көзін ашпай әлсіз ыңырсиды. Үрпейісіп отырып, тамағымызды ішіп, жатып қалдық. Қанша шаршасақта Төлеухан екеуміз ауырып жатқан екеудің қасына кезек-кезек барып отырамыз. Жеңешемде таза ұйқы жоқ. Қорқыныш ұялаған жанарымен ауырып жатқан балаларына жалтақ-жалтақ қарай береді. Ауырып жатқан екеуі таңғысын сәл тыныстағандай болды. Шаршап отырған біздер жастыққа киімшең кисая кеттік. Жеңешемнің дыбысынан оянып кетіп, көзімді ашсам, Жанақайдың көйлегін көтеріп қарап жатыр екен, оны қоя салып, Демештің көйлегін шешіп алды да: - Жаратқан ием не жазып едім,- деп көзі жасаураған жеңешем, сылқ етіп отыра кетті. Басымды көтеріп, жалаңаш жатқан Демештің денесіне көз салсам, екі жауырынының ортасында бармақ басындай жара жан-жағы көгіс тартып, талаурап ісіп тұр екен. Жеңешем үрейлі жанарымен маған тесіле қарап: - Жанды жара болмаса нетті. Қызулары басылар емес, сен тез жиналып, апамның үйіне хабар бер, - деп өз шешімін айтты. Төлеуханға азғантай малды жайлауды тапсырып, орталыққа қарай жүріп кеттім. Сәдуақас аға маған сыртта кездесті менің үрейлі жанарыма көз тоқтатып: - Не болды шешең ауырып қалған жоқпа, - деді. - Жоқ аға! Шешем аман-есен Жанақай мен Демеш екінші күн нәр татпай қатты қызулап жатыр.Сол жағдайды сіздерге хабарлайын деп келіп едім. - Жүр үйге кірейік, - деп мені ертіп үйге беттеді. Есіктен кіре берген мені көрген Ләтипа апам орнынан ұшып тұрып: - Айналайын, түрің қашып кетіпті ғой, әйтеуір амандық па? -деді үрейленіп. - Аман-есен апа, қорқатын ештеңе жоқ. Мен шанаға атты жеккенше ініңізді тамақтандыр, бойы жылысын,- деп Күләй апама ақырын иегін қақты. - Апа сіз киіне беріңіз, Ханзила апайға барып келгің келіп жүр еді. Бүгін апарып келейін. Біраз әңгімелесіп, мауқыңызды басып келіңіз,- деді де сыртқа шығып кетті. Күләй апай жік-жапар болып, асты-үстіме түсіп, әне-міне дегенше құрт-көжесін ысытып алдыма қойды. Менде тамақ ішетін жағдай бар ма, өзімді-өзім зорлағандай болып бір кесе құртты әзер тауыстым. Далаға шығып кеткен Күләй апай, қайта кіріп, менің алдыма кішілеу дорбаны қойып жатып: - Мына қалтаны апама ала бар. Биыл бізге қатынай алған жоқ. Қыстың дәмінен ауыз тисін,-деп көңілсіздеу отырған маған көзінің қиығымен қарап қойып. Даладан кірген Садуақас аға: - Әлі күн қабағы сына қойған жоқ жылдамырақ жүріп кетейік, кештете боран көтеріліп кетуі мүмкін,- деп апамды асықтыра бастады. Апайда дайын отыр екен. Бөкібайын маңдайына түсіре тартып, сырмақ шапанын қаусыра белін шыт белбеумен буынып, ал жүрейік,- деп сыртқа беттеді. Үшеуміз жайдақ шанаға отырып, мекебай жолмен тартып кеттік. Жүдеулеу қаракер ат Сәкең шыбыртқыны жонына сарт еткізгенде шоқырақтап жорытқан болады да сәлден кейін аяңға басады. Шыбыртқы кезекті көтерілгенде құйрығын бір көтеріп тастап, қайтадан шоқырақтай жөнеледі. Көктем дегенмен күн еңкейген сайын ызғарланып, солтүстіктен соққан жел бірте-бірте күшейе түсті. Қыламықтап жауған қарды жерге түсірмей сырғыта жөнеледі. Сәкеңде күннің ызғарынан сескендіме арық қаракерді қамшылай түсті. Күн ұясына қона ауылға жетіп үлгердік. Шанадан түсіп, үйге кірген апам, есікті жапқанша, үйдің ішінен: - Апажан-ау! Жаратқанға не жазып едім, мұнша зарлататын, -деп жылаған жеңешемнің дауысы естілді. Іштен атып шыққан Төлеухан мені құшақтай алып, еңіреп жылап жіберді. Жүрегім төмен тартып, тұла бойымнан әл кетіп, босағаға сүйеніп тұрып қалдым. Көзімнен жас шықпаса да жан дүнием езіліп кетіп еді. Не болғанын сезе қалған Сәкең қолтығымнан сүйеп: - Мықты бол, қолдан келер қайран жоқ,- деп мені үйге алып кірді. Арыстай болып, Жанақай мен Демеш бұрынғы орынында жатыр. Бетін ақ бөзбен жауып қойыпты. Бірін-бірі құшақтап зарлаған екеуінің артында тұрған Ханзада мені көрісімен көкешім: - Екі ағамнан айырылып қалдық қой,- деп еңіреп келіп құшақтай алды. Бойымнан әл кетіп кіреберіс табалдырыққа отыра кеттім. Қолда бар мүмкіндікпен арыстай екі азаматты шығарып салдық бақилық дүниеге. Қанша мықты болсада қос перзентінің өлімі жеңешеме қатты батты. Азғантай күннің ішінде, қу сүйегіне терісі ғана ілініп қалып еді. - Садуақас аға жыл шыққанша осында бол, -деп Ләтипа апамды тастап кеткен. Осындай қиын күндерде апамыздың қарасының өзі бізге үлкен демеу болды. Қар күрт еріп, өзен қатты тасыды. Алдында бір кедергіге тірелді ме, өзен арнасынан шірей көтеріліп тасқын су кейін сыртқа теуіп, сай-саламен сыртқа шығып кетіп еді. Мал жайылымға шығып, шаруа баққан елдің мойыны босап қалған кез. Өкімет өзі берген тоқты-торымын жинап алып, серіктестіктің малшысының алдына салып берді. Шаруға берген бір тоқтысы екеу болып, едәуір мал басы жиналып қалған болатын. Біздің үйде екі ешкі лағымен, екі сиыр қалған еді. Сиырлар аман-есен бұзаулап ауызымыз аққа тиіп, еңсеміз көтеріліп қалды. Жер анада аз күнде жауқазын гүлге оранып, масаты кілемдей құлпырды. Қыстай қолдары босамаған ел, бір-біріне жиі қатынап ел ешінің тыныс тіршілгі өзгеріп сала берді. Ләтипа апам мен жеңешем киіз үйдің жабдықтарын жайып кептіріп, жамап-жасқап, қалпына келтіріп, елмен бірге жайлауға шығуға қам жасай бастады. Көп ұзамай Садуақас аға көлік жіберіп орталыққа көшіріп алды. Төрт қанат қараша үйімізді, құдықтың басына тігіп, орналасып алдық. Қара-құрасы мол елдің шетіне келгеніміз үнемі жалғысырап жүретін қарындасым Ханзадаға жақсы болды. Өз қатарлы қыз балаларға қосылғалы ажары кіріп, көңілі көтеріліп, аялы бота көздерінде бұрын байқала бермейтін қуаныштың оты пайда болды. Төлеухан екеуміз басшылар қайда жұмсаса сонда барып елмен бірге еңбек еттік. Қолдағы азғантай ұсақты серіктестіктің малына қосып жіберіп, қолда екі сауын сиыр ғана қалдырдық. Көрші-көлеммен жиі араласқа түскелі жеңешемнің де көңіл күйі көтеріліп қалған еді. Ел іші енді есін жия бастағанда халық жауын әшкерелеу деген науқан басталды. Ауыл аймақты белгісіз бір үрей билеп алған еді. Ана ауылдан ананы, мына ауылдан мынаны ұстап әкетіпті. Бірі жапонның, бірі ағылшынның тыңшысы екен деген суық сыбыстар ел ішінде жиі жүретін. Әліпті таяқ деп білмейтін қара қазақтың шетелдің тыңшысы болуы қолдарынан келе ме, келмей ме оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қызыл жағалылардың құдайы беріп, түкірігі жерге түспейтін бір заманға кез болып еді халық. Замана ағымының не болатынын пайымдауға өреміз жетпегендіктен әр жанұяны қорқыныш билеп алып еді. Дастархан басынды отырып жанұя мүшелері бір-бірімен сыбырлап сөйлесетін. Мезгілсіз келген жолаушыға үрке қарау әдетке айналды. Бірлік бар жерде тірлік бар-деген сөздің астарын сонда ұқтық. Басқа ауылдың бетке ұстар азаматтарын айдап кетіп жатқанда ауыл ақсақалдарының жігер- күші, ақыл-пайымының арқасында, елден жат елдің тыңшылары табыла қойған жоқ. Ел іші халық жауынан тазарып, қызылкомиссарлардың қаһары сынып, ел өмірі бір қалыпты жағдайға көшіп, халықтың ажары кіре бастады. Ауылымыздың басқармасы Мұрат еді. Қызыл таңмен атқа мініп ,халықты қойша иіріп жұмсайтын. Шаруашылық болған соң, артық, кемі болмай тұрмайды. Мінезі соған шыдас бермей ме, екі сөзінің бірі құртам, айдатам болушы еді. Бірақ, бас бұзары жоқ ауыл ақсақалдарының ығынан шыға бермейтін. Қорқатыны үйіндегі бәйбішесі еді. Мұрат басқарманың кезекті айқайынан кейін, бір ауыз өлең жазып, Қабиға ұстата қоймаймын ба. Қабекең мінезі жеңілдеу, кездескен адамға бет-ауызы жыбырлап, әзіл айтқысы келіп тұратын азамат еді.Аулада кездесе кеткен Мұрат басқармаға: Мұраттың қамшысы бар сегіз өрме, Мінеді таң атпастан жүйрік керге, Қызыл таңнан айқайға басар сабаз, Тып-тыныш ұйқы бермей жатқан елге. Батырлығы сабаздың момын елге, Айқайы бәйбішенің шыққан кезде, Дірілдейді кірердей тірі көрге , -деп өлеңдетіп қоя беріпті. Долданған басқарма ауылда жүрген милицияны шақырып алып, өкімет адамына тіл тигізді деп, Қабиды серіктестіктің кеңсесіне апарып, қаматып тастапты. Даладан жүгіріп кірген Төлеухан: - Қаби ағамды милиция ауданға алып кеткелі жатыр,-деді маған жаутаңдап: Қабекеңнің бір нәрсені бүлдіргенін біліп, үндеме дедім Төлеуханға ақырын ғана жеңешем жақты нұсқап: - Батырға да жан керек емес пе! Қабекеңе шындықты айтуға тура келіп, екеумізді алдына салған атты милиция, аудан орталығындағы түрмеге қаматып тастады. Кезек-кезек жауап алып, қол қойдырып , тамақ та берместен темір тордың ар жағына сүңгітіп жіберді. Үшінші күні милиция бастығында тергеуде отырғанымызда, Мұрат басқарма кіріп келіп: - Бір жолға мына жігіттерді босат, нағашы-жиендіктері бар еді, екінші қайталамаймыз, -деп қолдарынан қағаз берсін. Аудан басшыларымен келісіп шықтым. Екеуінің жазасын өзім беремін өлең жазып, ән салмақ түгіл, мезгілімен шайларын ішуге шамасы келмейтін болады, -деген Мұратқа: - Милиция бастығы,-мына қағазға қол қойыңыз да алып жүре беріңіз,жұмыстың ең ауыр жеріне жұмсаңыз.Тіліңізді алмаса дереу хабарлаңыз. Мұндайлардың түскі шайы ит жеккенде ішкіземін, -деп күш көрсетіп қойды. Мұрат басқармадан қалбалақтап кешірім сұрап жатырмыз. Милициядан шыға бере: - Рахметтеріңізді Ілекең мен Сәкеңе айтыңыздар. Шалдар болмағанда айдатып-ақ жіберетін едім,екеуіңді,- деп ежірейді. - Мұнда жүріп алмай елге қайтыңдар. Науқан уақыты жұмыс көп, екеуің Сарыөзекке шөл егін егуге Байдрахман Мұрапқа көмекші болып барсаңыздар,- деп атына мініп жүріп кетті. Біреу ұстап, қайта қамап қоятындай, артымызға жалтақ-жалтақ қараумен Ғабдуали бөлемнің үйіне келіп кірдік. Мені көрген Жәмила апам ұшып түре келіп: - Ботам-ау, қайдан жүрсің, аман-есенсіңдер ме?- деп құшағына алып аймалап жатыр. - Ханзила мен Ханзаданың, Төлеуханның жағдайы қалай,- деп амандық сұрап болған соң, Қабиға назар салып: - Сен Досшан ағамның баласы емессің бе?- деді сұраулы жүзбен. - Иә, апа, мен сол кісінің баласымын, Қаби деген ініңіз боламын,- дегенде Жәмила апай Қабиды құшақтап бетінен сүйіп, бармысыңдар, қазір амандық білуден де қалдық қой. - Төрлетіңдер,- деп өзі бастап үйге кірді. Жәмила менің шешемнің туған апасы, Ғани мен Ғабдуали есімді балалары бар. Ғани домбырашы, әнші сал-серілеу, Ғабдуали оқыған, көзге ілініп келе жатқан есеп қызметкері болатын. Ішіп-жемі мол, тұрмыстары жаман емес. Шайды енді ауызға ала бергенде, сәлем беріп Ғабдуали кіріп келді. Бізге құшағын жая жылы шырай танытып: - Өлеңші жігіттер, қалдарың қалай!- деп кағытып қояды. Жастығына қарамай ауданда бір мекеменің бас есепшісі Ғабдуали біздің жағдайымыздан хабардар болып, келіп отыр екен. Біздерді үйде кездестіргеніне қатты қуанып: - Сендерді шығармағанда, тамақ дайындатып алып барайын деп жұмыстан ерте келіп кедім. Байқамасаң болмайды, бірауыз сөздің құрбаны болып кеткендер қаншама? Әзірге нағашы-жиендікті қоя тұруға тура келеді. - Адам өзгереді, заман өзгереді, жігіттер,- деп ұқтың ба?- дегендей маған күле қарады. - Апа, үйде не бар сал қазанға. Жалғыз бөленің есікті көптен ашқаны, дұрыстап бір әңгімелесейік бүгін,- деп шешесіне өтінішпен қарады. - Айналдым сол екеуің бір әулетке жиенсіңдер. Мына Қаби інім сендерге нағашы болады танысып қой! Апа тоқтамыстардың бәрі балықшылар деп ойлаушы едім. Олардың ішінде өлеңші, әншілері де бар екен. Тоқтамыстар береке-дуа дарыған ел ғой,- деп Қабиды әзілмен бір қағытып тастады. Әзіл өтінен Қабиды арашалайын деп: - Ғани қайда? Көрінбейді ғой деген сұрауыма: - Бөлеңді білмеушімең, былтыр бір әншілер келіп халыққа өнер көрсетіп еді. Домбырасын алып, соларға қосылып кете барды. Естуімше Жаманқала жағында жүрген сияқты. Сал-сері адам, өз хабары өзінде. Өткен-кеткенді әңгімелеп отырып уақыттың қалай өткенін білмей қалыппыз. Жәмила апай дастархан жайып, тамаққа шақырғанда, түс ауып кеткенін бірақ білдік. Апам шамасы қапшықтың түбін қаққан ғой деймін дастархан үстіне мол жасалған бір табақ етті әкеліп қоя салды.Екі-үш күннен бері уақытылы ішетін тары көжеміз көзімізден бір-бір ұшып, ашқұрсақ болып қалған екеуміз сілекейімізді жұтып еріксіз тамсандық. Ғабдуали біздің жағдайымызды ұққандай етті тездетіп турай бастады. Ет турап жатып: - Апа-ау, апа! Інім келді деп үйдегі бар қызылды қазанға салыпсың, біздің нағашыларымыз ішкенін-іштік, жегенін-жедік, алғанын-алдық деп айтпайтын ел ғой, бұл тоқтамыстар,- деп маған қарап көзін қысып қойды. - Болды, айналдым! Үйге келген мейманды нағашың болса да әзілмен бұқтыра берме. Тамақтарын ішсін. - Апа, жиенді солай бір тоқтатып қоймасаңыз, маза бермес. Бұлар екеу, мен жалғыз дегендей,- деп Жәмила апамды арқа сүйеген Қаби рахаттана бір күліп алды. Табаққа қол салып, қарбытып алған бізге қарап Ғабдуали: - Анаған қалайсыңдар,- деп Қабиға қарап жымың етті. - Жиеннің мырзалығы біледі, қонақта ерік барма, май берсе де жей берер,- деген Қабидың сөзінен кейін ұшып түрекелген Ғабдуали шкафтың ішінен бір шыны арақ алып шығып, кішкене кеселерге құя бастады. Құйып жатқан сұйықтығын арақ екенін сездім де, алдымдағы шыны аяқты төңкеріп қойдым. Маған қараған Ғабдуалге ішіп көрмеген асым екенін айтып, қолқаламауын өтіндім. - Тіпті жақсы, бізге молырақ болады, нағашы кәне алып қоялық, амандық үшін деп; екеуі кеселерін түйістіріп төңкере салды көмейге. Етті тоя жеп алған Қаби, арақтың қызуымен көкіп сөйлеп, ана-мынаны айтып ұзақ сонар әңгімеге кетті. - Қақа «әңгіме бұзау емізер» деген. Бос әңгіменің арқасында түрмеге үш күн түнеп шықтық. Осы тойғанымызбен елге қайтайық. Басқармада ренжіп жүрмесін дегенімде, Қақаңды түрменің аты есін жиғызды ғой деймін: - Кетейік, кетейік сөйткеніміз дұрыс болар,- деп орынан ұшып тұрды. Ханзилаға сәлемдеме, ішінде Ханзадаға көйлек бар. Ал мынау жолдарыңа азық,- деп және бір кішілеу дорбаны қолыма ұстатып жатып: - Ау нағашы, жаманнан жарты аяқ ас қалады деген бар. Мына азғантай ащы суды тауысып қоялық деп кеселерге шынысының ішіндегі қалған арақты бөліп құйып, Қақаңа ұсынып жатып, алып қойыңыз, жол болсын дейік, қалаға келсең соғып тұр. Біз адам жатырқамаймыз. Таныстық үшін,- деп Ғабдуали кеселерге арақты төңкере салды да Қабеңе қарады. Бұрын дәмін татып жүрген асы болса керек, көмекейге лық еткізіп құя салған Қаби, алдындағы құртты танауына апарып, құшырлана иіскеп, сәлден соң ауызына салды. - Жігіттер, жолдарың болсын, ағайын-жұртқа сәлем айтыңдар. Мүмкіндігім келсе апама барып қайтамын. - Нағашы артық әзіл айтсам ренжіме. Мен көрген тоқтамастың ішіндегі тәуірі екенсің,- деп Қабеңді арқаға қағып қарық-қарық күлді, Ғабудали. - Неге ренжейін, сендей жиен берген жаратқанға мың алғыс. Құрметіңе рахмет, қызметің алладан қайтсын деп ризашылығын білдіріп жатты Қабең. Апам мен Ғабудалимен қош айтысып, елге қарай жүріп кеттік. Күн ұясына батқанша, жолды жеңіп алмақ болып кең адымдап тоқтауысыз жүріп отырып, күн қызылы ыдырап, тарай бастаған уақытта құмаққа келіп жеттік. Құдықтан салқын су алып, жуынып шөл басып, апай салған жол азықтан дәм татып алған соң, құдықтан жоғарырақ көтеріліп, құм төбеге құлай кеттік. Шаршағандықтан болар, тез ұйықтап кетіппіз. Түннің бір уағында оянсам денем салқындап қалған екен. Тұрып құдықтан су алып келсем, Қаби әлі қорылдап тәтті ұйқы құшағынды жатыр. Ай жап-жарық. Қабеңді оятып алып жүріп кетсек, күн көтеріле елге жетіп қалармыз деп ойлап, Қабиды ұйқыдан тұрғызбаққа ырғай бастадым. Мен ырғаған сайын бесікте жатқан баладай тәтті ұйқыға беріліп қорылдай түсті. Оята алмасымды сездім де, құтыдағы суды бетіне шашып жіберіп, өзім кейін секіріп түстім. Құдықтың мұздай суы бетіне тиген қаби шошып ұшып түргелді. - Не болды, не болды? - дей жан-жағына жалтақтай қарай берді. Қабидың соншалықты шошыған түрін көріп, қарқылдап күліп жібердім. Тез есін жинаған Қаби: - Осылай да ойнайды екен, жүрегім ұшып кетсе қайтесің, -деп орнынан тұрып үстін қаға бастады. -Біз батырдың ұрпағымыз. Атамыз аузына кіріп бара жатқан жыланның басын тісімен қырқып алып, түкіріп тастаған деп мақтана беруші едің. Салқын судан сонша шошынғаның, атадан бала кем туады деген рас екен, Қабеке,- дедім әзілдеп. Жуынып алыңыз, тамақтанып жүріп кетейік. Күн көтеріліп ысығанша елге жетіп қаламыз, Қақа. - Оның дұрыс екен. Ай сүттей жарық. Жүрсек, жүріп кетейік,- деп келісе кетті. Қалған тамақты тауыса жеп, салқын сумен сусындап алып, аяқ щоқыраққа салып жүріп кеттік. - Қабеке , ел ішінде жүргенмен бізден көп сауатты екенсіз. Басқа елдің дәмінде тосырқамай ішесіз. Шамасы көптен жолдассыз ғой деймін, дедім не деп жауап берер екен деп. - Сен қу бірнәрсені бүлдіріп жүрме. Өткен жылы Мұрат басқарманың атын баптаушы болған жоқпын ба. Басқармаларға ауданнан береді ғой деймін. Үйінен спирт, арақ үзілмейді - Бәйібшесінен ұрлап алып шыққан арағын басекең екеумыз албардың ішінде құртатынбыз. Анда-санда басқармалар бас қосқан жерге мені ертіп баратын. Арақ толы үлкен жез самаурынды алдарына қойып, ауданнан келген өкілді орталарына алып, таң атқанша арақ сілтегендерін мына көзім талай көрген. Маңында жүрген адам айран ішпегенмен шелек жалайды деген бар емеспе, жалап-жұқтап дегендей, -деп күмілжіді. Мен: - Ым, ым -деп қойдым. Қабеке өзіңіздің қулағыңызға ғана айтайын дегенімде ол маған құлағын тосты. Бұл Қаби арақ көрсе жылтыңдайды, Тәркі етіп алдындағы ет пен шайды, Уыты әбден бойға тараған соң, Уйқы басқан мысықтай пырылдайды, - дегенімде: - Ей, жиен, мұныңды Сейдәліге айта көрме. Ол бүкіл елге жайып мазаққа айналдырып жібереді, жарай ма? -деп өтінген Қабиға: -Қабеке мен тек өзіңізге ғана айттым. Басқада шаруам жоқ,- деп уәде бердім. Күн арқан бойы көтеріле ауылға келіп жеттік. Үйге сәлем беріп, кіріп келгенімде жеңешем орынынан ұшып тұрып, аман-есен келдіңбе құлыным деп жылап жіберді. Төлеухан мен Ханзада екі жағымнан келіп құшақтап алған. Жанарларында қуаныш оты ұшқындайды. Жеңешеме апасының берген сәлемдемесін беріп, амандықтарын айтып қуантып тастадым. Жеңеше дедім ақырын ғана, не айтасын дегендей жанарын кең ашып маған қарады. Мұрат басқарма түрмеге жаптырмағанда апаңның амандығын қалай білер едің дегінімде шошып кеткен жеңешем, - Тек аузыңа ие бол басқармада нең бар. Не айтса да ел үшін айтады. Оңай деймісің осыншама елді асырау. Екі елі ауызыңа төрт елі қақпақ болсын,- деп зекіп тастады. - Бопты, енді ауыз ашпасқа ант бердім, қамқоршым менің, -деп жеңешемді құшақтай алдым. Жалғыздың үні шықпас-деген сөз қалған бұрынғылардан. - Алдыңда да, артыңда да ешкім жоқ, қолтығыңнан демейтін, -деп аналық мейріммен құшағына алып, жауырынымнан қағып-қағып қойды. Аналы-балалы екеуміздің сырласып тұрған жағдайымызға қарап тұрған Төлеуханның өз анасы есіне түсті ғой деймін екі көзі боталай қалыпты. Жеңешемнің құшағынан босанып шығып, қос жанары мөлтілдеп тұрған Төлеуханды бауырыма бастым. - Жылама, Төлеш, бәрі жақсы болады. Қалаға Жәмила апамның үйіне барып қайт. Менен көрі жастаусың ғой, мүмкін оқудың реті болып жатса, оқығаның дұрыс. - Ғабдуали бауырмал жігіт, беделсіз емес, бір жағдайын жасар, ештеңенің реті болмай жатса елге оралу қиын емес қой, - дегенімде: - Көкешім менің мені сен ойламасаң кім ойлайды. Көптен бері сізге айта алмай жүрген ойым еді,- деп қуанғаннан жанары күлімдеп қоя берді. Ертеңіне Мұрат басқармаға барып, Төлештің жағдайын айтып, оны жұмыстан босатуын өтіндім. - Ия, ол қайда бармақшы, -деді әлі маған деген өкпесі тарқай қоймаған басекең суық жанарын қадап: - Ғабдуалидың үйіне барады. Туған жиені ғой бір жағдайын жасар дегенімде, - Ғабдуалиің кім? Шатаев Ғабдуали деген жігітті айтамысың. Ия сол жігітті айтамын. - Ол өзі бір болайын деп тұрған азамат, қашан көрсеңде күлімдеп сәлемінен жаңылмайды. Жақсы бара берсін. Ауыл аймақты келемеждеп өлең жазуға сен жарайсың ғой, -деп мырс етті. - Ағасы әлі өкпеңіз тарқамаған екен. Мен соны айтайын деп айтпаймын, аузымнан еріксіз шығып кетеді. Оны қулар қағып алып, елге таратып жібереді. Менің бар кінәм-осы. Нағашы-жиен емеспіз. Менің сізде нем бар, дегенімде, басекең күлімсіреп сұқ саусағын безеп қойып: - Біле білсең мен сенің әкең Серікбаймен құрдаспын. Әкеңнің құрдасын әке тұтыну біздің қазақы салт-дәстүрімізде бар нәрсе. Шалдарға еріп, жылап-сықтап шешең келмегенде , Қаби екеуің Қостанайдың ақ түрмесінде отырарма едің. Кім білсін. Бір жағы құрдасым Серікбайдың аруғынан аттай алмадым,- деді түсін жылытып. Бұдан былай сізді әке дейін,- дегенімде - Сенің әке дегенің болсын, берілген жұмысты атқарып тыныш жүр,- деп тағы ноқ көрсетіп қойды, бастық. - Ертеңнен қалмай Қаби екеуің Байдрахман мұраптың қарамағына Сарыөзекке жүріп кетіңдер. Шешеңе алдағы күннің есебінен қоймадын азық-түлік алсын деп айт. Қоймашыға ескертіп қойғанмын,- деді бастық қою қара мұртын сипап, өз шешіміне өзі риза болған кейіп танытып. – Айтқаныңыз болсын әке! Ертеңнен қалмай жүріп кетеміз,- деп бастықпен сыпайы қоштасып шығып кеттім. Үйге қайта келе жатып почташы шалға жолыға кеттім. – Ассалаумағалейкум! Шал сәлем алып үлгіргенше Амансыңба ауылдың поштагері Үш күн шапса бойынан шықпас тері, Почта алуға ауданға бара қалса, Бір ай бойы зарығып күтеді елі. Қайда кетіп барасың, жөніңді айт, Тоқтамыстың топ жарған ақтангері. Басқарманың қолынан ет асаса, Мәз болған Бекболсынның сүмелегі, - дегенімде шоқша сақалы шортаң етіп, өзіде ақыйып тұрған көзі ақырайып, Мен саған көрсетейін сүмелекті: - Басқармаға барып шағымданам. Түрмеге түскін келіп жүрме тағы,- деп қолындағы қамшысын көтеріп тұра ұмтылды. - Тоқтат,- деген дыбысқа екеуміз жалт қарасақ, қызыл нарды жетелеп, тұсымызға Ілекең нағашым келіп қалған екен. – Ау, саған не болды. Жиенге есі дұрыс қазақ қол көтере ме екен, ақылсыз неме,- деп жекіп жібергенде: - Аға, өзі маған өлең шығарып қойды. Соған ыза болып, қамшымды көтеріп едім, - деп жылап жіберді. - Е, несі бар екен, өлең шығарса, жиен болған соң, әзілдеген шығар, ел ішіне атың жайылады. Оған шамданатындай ештеңе жоқ. Нағашым маған бұрылып: - Кәне жиен шығарған өлеңіңде айтып берші, тыңдап көрейін, деген соң, қайталап айтып бердім. Өлеңді тыңдап болаған Ілекең мырс-мырс күліп: - Бәрі шындық оны қалай мойындамайсың. Өткен жылы почта әкелуге барып, жоғалып табылдың, Мұраттың қолынан ет асауға Қабимен таласып, төбелес шығардың, өтірік деп айтшы осыларды, айта алмайсың. Мұның бәрін ел біледі. Текке намыстанба,- деп Ілекең жөніне кетті. Байғұс кемістігі болмаса ақкөңіл кісі еді. Қалбалақтап: - Жиен менікі ұяттау болды. Қайтесін осы жерде қалсын, шешеңе айтпай- ақ қой деп дегібері қашып, маған жаутаңдай берді. - Жоға, нағашы. Сіз кешіріңіз мені. Ерігіп келе жатып өзім ғой тиіскен. Жүріңіз үйге шай ішейік-дедім. - Уақытым жоқ жиен. Ауданға почта әкелуге барамын. Жол алыс, тез кетуім керек,- деді көзі жыпылықтап. - Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демекші, ауданға баратын болсаңыз ініңіз Төлеуханды ала кетіңіз,- дегенімде құрықтай ұшып: - Жарайды, үйде күтсін,- деп қолындағы жүгенімен етігінің қонышын бір соғып, жайылып жүрген аттарға қарай жүре берді. Төлеуханды жолға дайындап, шай ішіп бола бергенімізде, Алекеңде, басекеңнің жуан торысын арбаға жеккен есік алдына келіп тоқтай қалды. Манағыдай емес, нағашым басына бақ қонғандай шалқия қалыпты. Төлеуханды арбаға отырғызып жатқанымда, жеңешем үйден жүгіріп шығып қолындағы қалтаны Төлеуханға ұстатып жатып: - Апама сәлем айт, ағамнан қалған жалғыз тұяқ едің, алла жар болсын, аман бол. Жағдайың болмай жатса, ауылға қайтып кел,- деп көзінің жасын сығып-сығып алды. Анасының қасында тұрған Ханзада: - Көке, мен сені сағынамын ғой, тез қайтып кел,- деп Төлеуханға қарап көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді. Арбадан секіріп түскен Төлеухан Ханзаданы көтеріп алып: - Менің кішкентай Ханшайымым. Көкең оқу оқып білімді азамат болып елге оралады. Саған, әр түрлі ойыншықтар әкелемін, түсіндің бе? -деп Ханзаданың бетінен сүйіп арбаға қайта отырды. - Бауырым аман болғайсын, хабарсыз кетіп жүр ме? Ғабдуалиге, апама сәлем айтарсын,- деп қош айтыса қала бердік. Ертеңіне Қаби екеуміз кер өгізге жегілген арбаға жұмысқа қажетті құрал жабдықтарды тиеп, тармаққа баратын қара жолға түсіп кете бардық. Жеңешем мен Ханзада біздің қарамыз үзілгенше, көздерімен шығарып салып үйдің сыртында тұрды. Күн кештете тармаққа жетіп қалдық. Байдрахман бұрын көрмеген кісім еді. Қапсағай денелі, ұзын бойлы, бетінің ептеп қорасан дағы бар, салмақты, сабырмен сөйлейтін адам екен. - Сәлемімізді алып, сендерді кеше келеді деп күтіп едім. Уақыт тығыз, жер кеппей тұрып, қолдағы бар тұқымды сеуіп тастауымыз керек. Алла жар болып, екі-үш жаңбыр болса жақсы өнім аларымыз сөзсіз. Жер жақсы. Күзде жыртып тастап едік. Тек, тырмалап, себу керек уақытында, -деп бізге алдағы жұмыстың жай жапсарын түсіндіріп жатыр. Бозала таңнан тұрып жұмысты бастап кеттік. Қос өгіз жегілген тырмалармен жыртылған танаптағы түйіршіктерді майдалауға бұйырды, Бәкең. Біріміз өгізді жетектесек, екіншіміз тырмалардың дұрыс түсуін қадағалап, артынан жүріп отырамыз. Күн шанқай түс болғанда, өгіздерді доғарып, суарып, алысқа ұзап кетпесін деп аяқтарын тұсап отқа жібердік. Өзіміз алып шыққан көжеменен тарының нанын күтірлете соғып алып, шапанымызды төсеп қисая кеттік. Бір сағаттай демалып алып, қайтадан жұмысқа кірістік. Кешкісін біздің жұмысымызды көруге келген Бәкең ризашылығын білдіріп: - Жарайсыңдар жігіттер! Мен ойлаған межеден шықтыңдар. Осы қарқыннан таймасаңдар төрт-бес күнде тұқым себуге кірсіп кетеміз. Өгіздерді тұсап жіберіп, үйге барып демалыңдар. Таңғысын ерте тұру керек,- деп екі қолын артына ұстап ауылға қарай беттеді. Қаби екеуміз үнсіз соңынан ере бердік. Бәкеңнің басшылығымен ерте тұрып, кеш жатып, межелі күнде егін алабына тұқым сеуіп бітірдік. Байдрахмен мұраппен қош айтысар сәтте, өзімнің керемет жазуыммен бір бет ақ қағазға: Біздің Бәкең мұрабы он бесінші ауылдың, Еңбегімен бөленген құрметіне қауымның, Қайрат пенен жігері болмайтынды болдырар, Бөгет емес еріңе жауыны мен дауылың, Ақылымен шешеді күндегі істер жұмысын, Нұқ көрсетіп біреуге көрген емес ұрысып, Күрек, кетпен ұстамаса жарты күн, Қалады екен Бәкеннің жауырыны құрысып, - деп жазып, Бәкеңе ұсындым. Менің берген қағазыма көз жүгірткен Бәкең: - Оқып бер,- деп Қабиға өтініш жасады. Өлеңді көзін сығырайтып тұрып тыңдағын Бәкең, риза көңілмен арқамнан қағып, рахмет айтып жатыр. Бәкеңнің бәйібшесі қаздың етін асып, қонағасы беріп, айырылсар көже жасады. Тамақтан соң өгіз арбаны жолға салып, ымырт үйірле кештете елге жеттік. Қалқам сенің білгін келген өмірімнің бір саласы. Алға талпыныс жасайтын білім жоқ, қолтықтан сүйер аға, бауыр жоқ жесір әйелдің жалғыз ұлы көштен қалмай, көптің бірі болып жүргеніне көңілі тоқ еді. Артымнан ерген қарындасым Ханзада бой түзеп, өсіп келе жатты. Жеңешемнің ұқыпты қолынан шыққан ескі шүберектің өзі түрленіп, Ханзадашымды әрлендіре түсіретін. Мінезі ашық, сызылта салған әндері ауыл аймақты ұйытып тастайтын. Ақ құба өңіне жарасымды біткен танадай көздері үнемі күлімсіреп маңайына ерекше бір мейіріммен қараушы еді. Ел ішіндегі суық әңгімелер басылып, ішіп-жем, қатық, көжесі молайып ел ажарлана бастаған уақыт еді. Қар қалың түсіп, ауыл аймақтың бір-біріне қатынасы қиындай түсті. Еңбек күнге алған азық-түлігін кілтке салып, қолында барларлы соғымдарын сойып алып, етек жеңін жинақтап жатқан кез. Сейдәлі екеумізге серіктестіктің азғантай ірі қарасын бағып шығуға міндеттелген: - Сейдәлі керейт Ғабдуалидың баласы. Қуақы, әзілкеш, домбыра тартып, қоңыр даусымен ән салатыны бар. Ғабудали ірі тұлғалы, малдасоқынып отырғанында төбесі киіз үйдің керегесімен бірдей, жауырыны қақпақтай, бура санды кісі болатын. Күш, қайратымен бірге ақыл, парасаты мол, сөз ұстаған ауыл ақсақалдарының бірі еді. Ат жақты, ақ құба, иегіне жарасымды қойған сақалын салалы саусақтарымен сипап қойып, ескілікті әңгімелерді қиюуына келтіре баяндағанда, сол әңгіменің кейіпкеріне айналып, еріксіз тыңдаушы едік. Кейде, қар аршып, ақ тер, көк тер болып шөп тиеп жатқан біздің қасымызға келіп, екеумізді қолымен ымдап кейін ысырып, үлкен аша ағашты шөмелеге нығырлай қатты басып жіберіп: - Әуіп!- дегенде аша ағаштың ұшында ойнап бара жатқан шөмеле шашылмай төгілмей шөп шананың үстінен жай табатын. Жұмысты осылай істеу керек дегендей, Сейдәлі екеумізге көзінің қиығымен қарап, мырс етіп күліп, айналып ауылға қарай жүре беретін. Секең ұзай берген әкесінің сыртынан қарап тұрып, осы шал жұмыс уақытында қасымызға жиі келіп тұрса бізге жеңілдеу болар еді,- деп қуақыланып күліп қояды. Сарыапан деген жердеміз. Екі жанұяда барлығы алты жан. Төменгі жағы жерден қазылған, жоғарғы жағы шыммен өрілген үй, терезесіне ұсталған кепкен қарыннан үй ішіне қоңырқай ғана жарық түсіп тұрады. Екі қазандық, ортасында отын-су құятын боскеңістік бар. Екі үйдің қазаны кезек қайнап лапша, көжемезді бірге ішуші едік. Біріміз ойдан, біріміз қырдан болсақ та, тағдыр бізді бір туғандай етіп жіберді. Біздердің жанұямызда қалыптасқан дәстүрді балалрымыз жалғастырып әкетті. Күні осы уақытқа дейін семьямызда болып жататын қуаныш өзгеріс жаңалықтардан қалыс қалмай, жанашырлықпен атсалысып жатады. - Есіңде болсын қызым! Шынайы достық, адал досың туысыңнан кем болмайды. Қария сәл кідіріс жасағандай болды да, жеңіл күрсінді. – Әке, шаршап қалдыңыз ба? Сіз демалыңыз мен шай дайындайын,- деп ақ-сары қыз орнынан тұра бергенде сырттан сәлем беріп кіріп келе жатқан ер адамның дауысы естілді. - Сәлеметсізбе-аға, әкем демалып жатыр еді, - деген қыздың дауысына ілесе, шалдың Шөбенбісің кір, төрлет,- деп үстіне жапқан көрпесін ысырып тыстап, басын көтеріп алды. - Ассалаумағалейкум, көке! Аман-есенсіз бе?,-деп ілтипатпен амандасқан ұзын бойлы денелі сары жігіт,еңкейіп қолын беріп, шалдың жанына келіп жайғасыты. - Ау, Шөбенжан, қайдан жүрсін? Бала-шағаң, әке-шешең аман-есен бе?-деп қонақ жігітке ағалық мейрімімен елжірей қарады. - Бәрі жақсы көке! Тәтем, апам аман-есен сізге сәлем айтып жатыр. Сізге келіп кетейін деп басшылардан әдейі осында сұрандым. Екі-үш күн боламын ауылда. Келген бетім осы,- деп жағы сопайып, аурудан жүдей тартқан қарттың өңіне назарын салып, науқас жанына батқан-ау шамасы,-деді ішінен. - Жанар, қызым!Ағаңа шай қой, дәм ішіп кетсін, анда-санда келгенде,- деп қызына иегін қақты шал. - Ботасы, әуре болмаңдар, асығыспын, қазір төртінші фермаға жүріп кетеміз. Амандық болса дәмді қайтіп келе жатқанымда ішемін. Көкем көрінбейді ғой... - Аға, апам Серік ағаның үйіне кетіп еді. Ертеңдері келіп қалатын шығар. Шайға қарамасаңыз нан ауыз тиіп кетіңіз, -деп әкесімен мейман жігіттің алдына дастархан жайып, нан, май, шыны аяққа құйған айран әкеліп қойды. - Қалқасы, мынадан артық не дәм керек, -деп мейман кеседегі айранды сүйсіне жұтты: - Көкемнің қара көжесіне дейін бал татып тұратынын айтсаңызшы. Дима хабарласып тұра ма? - Жақында келіп кетті. Ауруханаға алып кетеміз деп еді. Емделуден болатын болса, біраз жерге бардым ғой. Енді мені анда-мында тасып әуре болма деп бармай қалдым. Ажалға ешкім араша бола алмайды. Жаратқанның бұйырғанын өз шаңырағымда күтейін деген ниетпен. Біз не көрмедік, аштық, жоқшылық, ұлы отан соғысында төрт жыл мұз төсеніп, қар жасанып қан төктік. Сол қан құйлы жылдардың тартқан тартуы болар, сыздамайтын сүйегім, ауырмайтын жерім жоқ сияқты, не боларын бір алла біледі. Сен қайтқанша кемпірде келіп қалар, дәм ішіп кет: - Рұқсат болса мен қозғалайын, жұмысым біріңғайланған соң соғамын. Аман болыңыз,- деп мейман жігіт орнынан тұрды. - Әке, бұл кісі кім? Бізге қандай жақындығы бар,-деген ойды, қызының ажарынан ұққан қара шал: - Қызым, Шөптібай ағаң мен жоғарыда әңгімелеген Сейдәлінің үлкен баласы. Тумасақта туғандай болып араласып кеткен жандармыз. Ет жақын бұлардан жанашыр болмас: - Сенікі, менікі деген болған жоқ. Баласы ер жетіп, қызмет істеуіне байланысты арамыз ажырады. Ара-тұра қалаға барып қалсақ, соқпай кетсек әке-шешесінен бастап бала-шағасына дейін торсаңдап қалатындары бар. Олда екі семьяның арасындағы сыйластықтың көрінісі сияқты. Жаста болсаң сенің біліп қойғаның жөн. Осы жақсы дәстүр біздің кейінгі ұрпақтарда жалғасын тапса бір ғанибет емеспе, -деп, ұқтыңба дегендей, жанарын кең ашып қызына сүйсіне қарады. - Әке, сіз демалыңыз. Мектептен Данашта келіп қалар. Тамақ дайын болғанда оятамын, -деп әкесінің үстіндегі жеңіл көрпені қымтай жауып далаға шығып кетті. Қарт жеңіл көрпені көтеріп, сәл желпінді де бетін терезеге бұрып сыртқа телміріп ұзық қарады. Өткен кездері есіне түсіп жатқандай болды, қалың қабағы бірде қатулана қалса, бірде қарттың жүзіне күлкі ойнап көзі нұрлана түседі. Көзін сығырайта түскен шал сәл ыңырсығандай болды да жеңіл қорылдап ұйқы құшағына еніп бара жатты. Түсінде дәл өңіндегіндей сонау алыста қалған жылдарға қайта оралып еді. Артынан ерген жалғыз қарындасы, ерте келседе, кеш келседе көкем-ай деп еркелей мойынына асылатын. Жеңешем екеуміздің бар ермегіміз кішкентай Ханзада еді. Раушангүліндей бой түзеп өсіп келе жатты. Амандық болса, келер жылы алғашқы мүшелге толады: - Биыл төртінші сыныпта оқиды. Денім сау болса, оқытамын, көгершінімді... Қарашаның айында басталған ызғарлы боран, желтоқсанның үскірігіне ұласып, қыс табалдырық аттасымен мал баққан шаруаны қысып-ақ тастады. Сейдәлі екеуміз қалай да малды ашықтырмау мақсатында шөмелерді шанаға артып, алпыс шақты ірі қараны шөмеленің үстіне жауып жібереміз. Бабай қалың киініп алып ат үстінде малды шашау шығармай қайырып тұрады. Біз осы уақытты пайдаланып, жанталаса қимылдап жеңілдеу екі шана шөпті шашпаның ішіне жеткізіп аламыз. Сырттағы шөпті жеп болған сиырлар айдамасада ауылға қарай беттеп, шашпаға келіп кіреді. Ауызын мықтап бекітіп, жылы қораның есігін ашық қалдырамыз. Күннің ызғары жонынан өткен сиырлар, өз беттерімен жылы жайға кіріп жатып қалатын. Күндегі кәсібіміз осы. Желтоқсан айының аяғына қарай ішін тарта соққан жел саябырлап, күн райы ептеп сынғандай болды. Ханзада орталықта Садуақас ағаның үйінде жатып оқитын. Қысқы демалысқа шығу қарсаңында үйге алып келмек болып, ат жеккен жайдақ шанамен жолға шықтым. Шананың үстіне шөпті молырақ салып, үстіне киіз төсеп, Ханзаданы орап тастамаққа жеңешемнің түлкі ішігін алып жүріп кеттім. Ел малын қоралап жатқанда Садуақас ағаның қорасына ат басын тіредім. Қорадан шыға берген Сәкең: - Ә, келіп қалдың ба? Көкем бүгін келеді деп Ханзада да елеңдеп отыр еді. Атыңды доғарда үйге кір,- деді де атын жетектей өзенге қарай жүре берді. Атты доғарып, қаңтардым да үйге кірдім. Ханзада мені көре салып: - Көкем келді деп ұшып тұрып мойныма асыла кетті. - Айналайын, аман есен барсыңдарма? Ханзила ауырып қалған жоқ па?- деп Ләтипа апам келіп бетімнен сүйіп жатыр. Келесі бөлмеден шыққан Күлай апам ерекше ықыласпен амандасып, ауыл аймақтың амандығын сұрап, қал-жағдайдан хабардар бола жүріп төрге көрпеше төседі. Екі апамның ыстық ықыласына бөленген менің жан дүнием жалғанды жалпағынан басып тұрғандай кеңіп сала берді. Садуақас аға пештің түбіндегі бөстекке жайғасып, тұлы бойыңа барлай қарайтын кішілеу қоңыр көздері менің өң бойыма жүгіртіп өтіп : - Қалай қыс қаттырақ тиіп тұр ма? Жүдеулеусің ғой. Апам ауру-сырқаудан аман ба? Ғабең ақсақал қалай жүріп жатыр,- деп елдің амандығын тәптіштей сұрап болған соң: - Аудан орталығына барып келгенін. Төлеухан мен Ғабдулидың үй ішінен мені хабардар етті. Төс қалатасынан Төлеуханның төрт бүктелген хатын алып берді. Хатында Төлеухан: - Биылша оқудың реті келмегенін почтаға монтер болып жұмысқа орналасқаны жөніде хабардап етіп, жағдайының жаман емес екенін, Ғабдуалидің үйінде жататынын айтып, хатын аяқтаған екен. - Хатында өз жағдайы туралы толығырақ жазған болар,-деп Садуқас аға келтелеу мұртын сипап қойды. Сәкеңнің төрт-бес жасар шамасында қыз баласы, бесікте бір жарым жас шамасында ер баласы бар. Қыз баласы өте ерке, көңіліне алған нәрсесін үй ішіне істетпей қоймайды. Көңілінен шықпаса әке, шешесін, әжесін аяғынан тік тұрғызады екен. Ханзада десе жаны жоқ, тәтелеп қасынан шықпайды. Тамақ ішіп отырғанда Ханзаданың ауылға кететінін естіген қарақыз, менде татеммен бірге ауылға барам,-деп киім кешегін жинап алып Ханзаданың қасына келіп отырып алды. Күн суық тоңып қаласын, қалқам деген анасына әкемнің қалың күпісіне тәтем екеуміз оранып, құшақтасып отырамыз. Міне былай, -деп Ханзаданы мойынан құшақтап қысып-қысып қояды. Бірнәрсе есіне түскендей ұшып тұрған қара қыз, әкемнің күпісін тауып беріңдер деп әлек салсын. Алдағанға болмасын сезген Сәкең, Ханзадамен бірге ауылға барады менің қызым. Анасы сарайдағы күпімді ішке кіргіз, жылып тұрсын. Енді жатып ұйықтай қойыңдар Ханзада екеуің,-деп қызын алдап-сулап келесі бөлмеге кіргізіп жіберді. Шамалы уақыттан кейін төргі бөлмеден шыққан Сәкең, баланы шамадан тыс еркелетіп жібердіңдер. Көрешекті әлі көрсетеді сендерге, -деп апайға қарай мырс етті: - Ештеңе етпес, қыз бала ғой.Ақыл кіре бәрін қояды, -деп қарсы дау айтты апай. Таңғысын ерте тұрып жеңіл тамақтанып алып, қара қыз оянбай тұрғанда жүріп кеттік. Ауылдан едәуір ұзап шыққанда ат елең ете қалған соң мойынымды созып қарасам, соңында елпеңдеген екі тазысы, иығында асқан мылтығы бар, жарау торы атқа мінген жолаушы жақындап қалған екен. Аттың басын тартып, шанадан түскенше жүргіншіде қасыма жетіп келді. Жан жағы түлкі терісіне көмкеріп тіккен сәнде тымақтан бет жүзі көрінбесе де, - Ассалаумағалейкум!- деп ізетпен сәлем бердім. - Уағалейкумуссалам! Жанахметпісің? Ауыл аймағың аман ба? Орталықтан келемісің? Не естіп, білгенің бар, -деп жолаушы әңгімеге тарта бастады. - Бәлендей жаңалық жоқ. Кеше кешкісін барып едім, таңғысын қайта шығып кеттім. - Ау, шанадағы бала тоңып қалмасын. Шешеңе сәлем айт, -деді де оң жақ қанжығасынан жаңа ғана соғып алған алтай қызыл түлкіні шешіп алып, шананың үстіне тастай салды. Мен ауыз ашып үлгіргенше халқымыздың ежелгі салт дәстүрі аңшы өз олжасын далада кездескен кісінің қанжығасына байлайды. Анаңа айтарсын, мына кішкентай сұлуға бөрік тігіп берсін, -деп жарау торыны тебініп қалып жорта жөнелді. Аха, аларыңыз көбейсін, рахмет көп жасасын деген маған берген жауабы болар қолындағы қамшысын былғап-былғап қойды. Соңынан елпеңдей жүгіріп екі тазысы кетіп бара жатты. - Көке атаның аты кім?-деп сұрады Ханзада. - Айналайын! Бұл кісі ақын-жырау, аңшы, Ахметқан деген ағамыз. Отырған жері той-думан, сал-серілігімен қатар қолы ашық мырза азамат. Қолынан домбырасы түспейтін әнші, күйші. Басына біткен бар байлығы астындағы торы аты, иығындағы мылтығы, соңынан ерткен екі тазысы. - Жоқ, -деп айтып көрген кісі емес дегенімде,-түсіндім дегендей Ханзада басын изеді. Қаракерге қамшыны басыңқырап мекебай жолмен сырғи жөнелдік. Күтімі аздау малшының аты демесең, қаракер жүрісті, желісті жылқы еді.Бусанып, құлақтың түбі терлегеннен кейін, бір қалыпты сары желіспен шананы жүк көрмей жеңіл жүріп отырды. Аттың жүрісіне еліккен Ханзада мойынымнан құшақтап алып: - Көке, қаттырақ айда, -деп екі беті балбұл жайнап алға мойынын созып қарап қояды. Ішікке оранып отыр Ханзадаш, суық тиіп қалады, -деп жан-жағын қымтап қойсамды сәлден кейін орнынан тізерлей көтеріліп, алға ұмсынып қараумен келеді. - Көке, көке ауыл көрінді.Әне үйдің төбесінде тұрған анашымды көріп келемін, -анаға деген сәбилік сағынышын жасыра алмай, арқама жабыса құшақтап қысып-қысып қояды. Ауылға келіп үйдің алдына ат басын тірегенімізде, жеңешем: - Құлыншақтарым аман есен келдіңдер ме?- деп жанарындағы қуаныш жасын сығып тыстап Ханзадашты құшақтап алып, аналық ықыласпен аймалай бастады. Албар жақтан шығып жанымызға келген Бабай ақсақал: - Ханзила Ханшайымды бізде сағындық, кәне, маған кел, қызым,- дегенде анасының құшағынан сытылып шыққан Ханзада: - Ата менде сізді сағындым,-деп Бабайдың құшағына сүңгіп кетті. - Үйге кірейік, -деп Бабай Ханзаданы көтерген бойы есікке беттеді. Ханзаданың келуі томаға тұйық отырған екі отбасын ерекше қуанышқа бөлеп, тұрмыстарына жаңа өң бергендей болды. Бабай ақсақалдың ермегі Ханзада, қырық жамау болған батырлар жырын, қазақ ертегілерін оқытып, артынша балам мен түсінбей қалдым маған түсінігін айтып берші, -деп өтініп отырғаны. Бабай атасының сөзіне сәби көңілі сеніп қалған Ханзада қозғалмай отырып оқыған ертегілерінің мазмұынын қайталап айтып жатқаны. - Жарадың қызым! Көптен ән тыңдаған жоқ едік. Сендердің мектептеріңде ән салуды үйрете ме? - Ия, ата арнаулы ән сабағы жүреді. Әсима апай ән сабағын жүргізеді. Керемет әнші кісі. - Жақсы, қызым, әнші апайыңнан үйренген әнің болса, біздің тыңдағымыз келіп отыр, шырқап жіберші қызым дегенде Ханзада орнынан ұшып тұрып, екі қолын кеуде тұсына көтеріп, алақандарын бір-біріне қабыстыра ұстап, қысылып қалды ғой деймін: қып-қызыл болып, көзі жаутаңдай сәл кідіріп тұрып қалды да: Алып келдім базардан шай тостаған, Қиын екен өзіңсіз ән бастаған, Шилі өзен,қамысай Бізді ойлай жүр танысай, - деп өзінін нәзік балаң үнімен шырқай жөнелді. Ән аяқталды. Ханзада бота көздері жаудырап, атасы не дер екен дегендей Бабайға қарай қалыпты. -Жарайсың қызым, бақытты бол, бері кел,- деп Ханзаданы қасына шақырып алып маңдайынан сүйді. -Төлеу Ханзаданың құрметіне бүгін қазан көтер. Бала да болса, сыбағасын жеп кетсін, -деп келінінен өтінгендей болды. -Ата, айтқаныңыз болсын. Өзімде кешке дәмге шақырайын деп отыр едім,- деп атасын қоштай жөнелді. Сейдәлі мені түртіп қалып: -Бала бүгін жылы жұмсаққа аузымыз тиіп сорпа ішетін болдық,- деп жылмың-жылмың етеді. Кешкісін екі жанұя бір дастарханға жиналып, Ханзадаға ән салдырып, Бабай ақсақал қызықты әңгімелер айтып, көңілді отырыс жасадық. -Қызым өскенде кім боласын,- деп Ханзадағы қарады Бабай. -Ата, мен көп оқимын. Адам емдейтін дәрігер боламын. Апай бізге жақсы оқып, дәрігер дайындайтын оқуға барыңдар, жақсы дәрігер болсаңдар ел ішіндегі ауру сырқау адамдарды емдеп жазасындар. Ел ішінде індеттің етек алуына жол бермейсіңдер,- деп жиі айтады. Дәрігердің жоқтығынан Жанақай, Демеш көкелерім жастай қайтыс болып кетті,- деп жанары боталап үнсіз отырып қалды. – Ботақаным, көкелерін сағынған екен,- деп жеңешем жанарына келген жасты жаулығының ұшымен сүртіп тастап ауыр күрсінді. Үй ішін үнсіз тыныштық биледі. Сәлден кейін, Бабай жөткірініп алып: -Айналайын, талабың таудай екен, мақсатыңа жет. «Адамның басы, алланың добы» деген жаратқан ием пешенесіне қанша ғұмыр берсе сонша жасайды. Өмірден біреу ерте, біреу кеш кетіп жатады. Бәрі хақ тағаланың бұйрығымен болатын нәрсе. Өмірден өткен аруақты еске алған дұрыс, бірақ орынсыз езіле бермеу керек,- деп көкшіл көздерімен үй ішін тегіс шолып өтті. Бойымызды билеп алған көңілсіздікті сейілткісі келдіме, Сейдәлі ілулі тұрған домбыраны алып ақырын шерте бастады. Домбыраның қоңыр үні кеңістікке бірте-бірте жайылып біздің жан-дүниемізді билей бастағанын сездіме, кілт басқа әуенге түсіп, Қамбар батыр жырын жырлай жөнелді. Домбыраның қоңыр үніне қосылып, мақаммен айтылған көне жырға елти қалған біздер үнсіз тыңдадық. Қамбар батырдың тар тоғай ішінде жолбарыспен айқасқан жерін суреттей жырлаған Сәкең, маңдайының терін жейдесінің мол жеңімен сипай сүртіп тастап, домбырасын қабырғаға сүйеп, дәм болып қалған сияқты,- деп қазандық жаққа көз салды. Есіктен иығына сүлгі салған, қолында леген құманы бар Төлеу кіріп келе жатты. Орнынан ұшып тұрған Ханзада: - Апа, маған беріңіз,- деп Төлеудің қолындағы құманға жармасты. -Жоқ, қалқасы. Сен бүгін қонақсың. Бала да болса мейманға құрмет көрсету ата-салтымыз,- деп Ханзаданы отырғызып, қолға суды Төлеудің өзі құйып шықты. Алдымызға бабымен піскен ет келіп, Сәкең жан қалтасынан бәкісін алып, етті қиалай турап, қойдың төс сүйегін Ханзаданың алдына қойып, төс сенің сыбағаң ханшайым, ұялмай алып мүжі. -Кәне, балам сыбағаңа қол соз,- деп Бабайда құрмет көрсетіп жатыр. Өзіне деген құрметке риза болған Ханзада, сәби жүрегі лүпілдеп, үй иелеріне ризашылықпен жаутаңдай қарап, алдына қойған төске қолын созды. Табақтағы етті тауыса жеп, бір-екі шыны аяқ сорпа ішіп, тояттап дастархан қайырдық. Ханзаданың келуі екі үйдің қазан ошағын жиі араластырып не ішсек те бір дастарханнан тамақтандық. Қысқы демалыс өткен соң Ханзаданы орталыққа Садуақас ағаның үйіне апарып тастап қайттым. Бір қалыпты қоңыр тіршілігіміз жалғасып жатты. Ел ішіне келген өкілдерден еститініміз Керман деген ел, ана елді, мына елді басып алыпты. Қару жарағы күшті, соғысқан елін табанының астына салып, таптап келе жатқан көрінеді деген сыбыс сөздер ел ішінде сымсыз телефон арқылы жүріп жататын. Атты казак пен қызыл милициядан басқа мылтық ұстағанды көрмеген бізге бәрі жұмбақ еді. Керман деген қандай ел, қандай ұлт, ұлыс екенінен хабарымыз болмаса да ел ішіне тараған суық сөзден жүрегіміз секем ала бастады. 1940 жылдың көктемі наурыз айы туғаннан бері қар бой салып ери қоймасада құмдауыт төбелердің күнгей беттері ашылып қалған еді. Осының өзі Сейдәлі екеумізге көп тыныс болды. Бұрынғыдай жанталасып даладағы шөмеленің қарын аршымай күн жақ баурайлары ашылып қалған жоталарға азғантай малды айдап тастап, сыртынан бақылап қоюшы едік. Мал өрістен қайтарда бір шана шөпті алып келіп шашпаға жағалата шашып, қашар тайыншаларды қамай салатынбыз. Бұрынғыдай емес шарудан қол босап, өзімізді еркіндей сезіне бастадық. Ханзаданың көктемгі демалысының уақыты болған соң, салт атпен орталыққа жүріп кеттім. Сәкеңнің үйіне түсіп апайлармен сәлемдесіп, Ханзаданың сабағын білгім келіп мектеп басшысының айтуымен Ханзада оқитын сыныптың есігін қақтым. Іштен кіріңіз деген әйел дауысы шыққан соң есікті жаймен ашып ішке ендім. Орнынан тұрған оқушылардың ішінен Ханзадашым бірден көзіме түсті.- Сіз кімге келген едіңіз?- деді сыпайы ғана мұғалима. -Ханзаданың ағасы едім, қарындасымды алып кетуге келіп едім. Әдейі сізге соғып сабақ үлгерімін білмекке соқтым,- деп едім. -Мұғалима сыпайы жымыйып, өте дұрыс жасадыңыз інішек. Кәне менің қасыма келіп отырыңыз,- деді де өзі оқушылардың үлгірім дәптерін аша бастады. Міне, қараңыз Серікбаева Ханзада барлық сабақтан өте жақсы үлгіреді. Мектебіміздің көркем өнерпаздар мүшесі. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Осындай тамаша қарындас тәрбиелеген сізге мың алғыс,- деп маған күлімдей қарады. Ханзадаға қарасам өзіне айтылған мақтау сөздерге ыңғайсыздандыма, қып-қызыл болып кеткен екен. -Рахмет апай! Бұл сіздің еңбегіңіздің жемісі, табысты бола беріңіз,- деп самайына ақ кіре бастаған мұғалимаға басымды иіп сыртқа шығып кеттім. Ханзаданы ерге отырғызып өзім артынан мінгесіп бүлкіл аяңмен ауылға келдік. Ханзада келісімен екі үйдің тыныс тіршілігі өзгеріп сала берді. Бабай атасы мен анасына мектеп кітапханасынан әкелген қисса, ертегі кітаптарды оқып беріп, үлкендерге қызмет жасағанына риза болып жүріп жатқан.Үйге келгеніне бесінші күн дегенде ұйқыдан шошып оянған Ханзада өзімен-өзі есіріктеніп қатты қызулап түрегелді. -Анашым, Жанақай көкем келіп алып кетем деді,- деп жеңешемнің мойнынан құшақтап алып, маңайына үрейлене қарайды. Ботам-ау! Саған не болды? Кеше ғана сап-сау едің ғой,- деп жақындай берген менің қолымнан ұстай алып: - Көке, көке! Әне көрдіңіз бе? Мені Демеш көкем шақырып тұр,- деп үрейлі жүзімен маған тесіле қарады. Айрандай ұйып отырған екі жанұяның берекесі қашты. Ханзаданың нәр татппағанына үшінші күн. Әлсін-әлсін қолын ербеңдетіп тұруға талпынады. Ақырын басып Ханзаданың қасына келген Бабай іш көйлегін сәл көтеріп, жауырына көз салды да, құдай сақтасын, өң бойында сау жері жоқ қой,- деп үрейленген жанарымен үйдің ішін шолып өтті. Талаураған қызыл домалақтар Ханзаданың бетіне де біліне бастаған еді. Ауырғанына төртінші күн дегенде екі көзі аштырмай, Ауыр тыныстаған қызының жанына жақындаған жеңешемнің күйініштен шыққан дауысына құлағым елең етті. - О, жаратқан ием, не жаздым саған көзін алғанша өзін алсайшы, менің аналық тілегім сол,- деп сылқ етіп отыра кетті. Есіктен кіріп келе жатқан Бабай: - Сабыр ет Ханзила, сабыр ет,- деп Ханзадаға қарай жақындай түсіп, қалт тұра қалды. Не болып қалды деген оймен жақын келіп, қарындасымның жүзіне көз салсам, оң жақ жанарының үстіне шыққан жара бармақтай болып талаурап ісіп кеткен екен. - Сейдәлі,- деді сабырлы үнмен Бабай: - Жер ауыр, арба жүре алмайды, салт атпен барып, ағайындарға хабарла, елде болса лоқтыр баланыда да ала келерсін деп назарын төмен салды. -Жанахмет ешқайда шықпай-ақ қой. Шешеңмен Ханшайымның қасында бол. Жер аяғы кеңейді, азғантай малға келін ие бола тұрады,Сейдәлі келгенше,- деп Бабай өз шешімін айтып, ауыр қозғалып сыртқа шығып кетті. Таңға жақын Ханзаданың жағдайы ауырлай берді. Әлсіз ыңырсып сау көзін әзер ашып, мені шақырғандай болған соң, қасына жақындап, қолын ұстасам, от болып жанып жатыр екен. Оң көзінің үстіндегі жара үлкейе түскен. Маған бірдеңе айтпақ болып, ернін жыбырлата бастады. Еңкейіп әлсіз дыбысқа құлағымды тостым. -Көкешім, құйрығың да, қанатың да мен едім, мен Жанақай, Демеш көкелеріме кетіп барамын, анашымның қамқоршысы өзің ғанасын. Қош бол! Бауырым,- деген сөзді ышқына айтты. Кенет бір нарсе жарылғандай болғанға жүзіне қарасам оң көзінің үстіндегі жара жарылып кеткен екен. Ханзаданың да « ух» деген дыбысы қоса шығып, менің қолымды ұстап тұрған кішікене әлсіз саусақтары жазылып кетіп, қолы жерге сылқ ете қалды. Дер кезінде келген Бабай ақсақал жеңілдік айта бастады. Жеңешеме қарасам, қан жоқ, сөл жоқ отырып қалыпты. Шамасы не болғанын аңғармай қалса керек. Бабай ақсақал көңіл айтқанда ғана,- құлыншағым жал құйрығыңнан айырылып, жалғыз қалдың ғой деп мені құшақтап шегін тартып ышқына жылады. -Сабыр етіңдер қолдан келер қайран жоқ. Жылағанмен ештеңе өнбейді. Денсаулығыңды ойла Ханзила. Мағанда оңай тиіп тұрған жоқ. Өз қызымдай болып кетіп еді. Енді шаруашылыққа кіріскеніміз жөн,- деп маған қарап назарын тіктеді. -Сен ер азаматсың, шаңырақ иесісің, барлық салмақ саған түседі. Босқа егілмей шешеңнің қамын ойла. Сен егіле берсең ол тұралап қалады. -Түсіндім, дегендей мен басымды изедім. Бабай сыртқа шығып кеткен соң, жеңешемнің құшағынан босанып, бар қайратымды бойыма жинап, көз жасымды жеңешеме көрсетпеске бекініп сыртқа шығып кеттім.Сыртта Бабай мен келіні тұр екен. Менің шыққанымды көрген Бабай келініне: -Үйге барып Ханзиланың қасында бол. Екі үйдің ішкі шаруасы сенің мойныңда. Жанахмет екеуміз мал жаққа барып келейік,- деп қолын артына ұстап жүре берді. Меңзең күйінде Бабайдың соңында еріп келемін. Шағын төбешіктің астында үйісіп жайылып жатқан қашар тайыншалардың қасына келіп назарлай қарап тұрды да, қолындағы бас жіпті ұстатып, анау тұрған қарала қашарды ұстап, ауылға апар деп бұйырды. Қыстай қолда болған мал үркіп қашқан жоқ. Мүйізіне жіп ілінген соң жетекке еріп жүре берді. Сұраулы жүзбен қараған маған: - Ертең Ханзаданың басына соямыз. -Аға үкіметтің малы ғой дегенімде; -Адамда үкіметтікі жауабын өзім беремін деп бойын тіп-тік ұстап, кең адымдап ауылға қарай жүре берді. Қашарды жетелеп әкеліп қораға байлап тастадым да үйге кірдім. Бабай ақсақал шешініп шайға отырайын деп жатыр екен. Көзімен ымдап маған отыр дегендей болды. -Балам,- деді маған. -Халықта мынадай сөз бар « Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» - деген. Мына заманда бар болып, ешкімнің шекесі шылқып отырған жоқ. Тумасақта туғандай болып кеткен жандармыз. Ханзаданың қазасы мағанда оңай тиіп отырған жоқ. Қазаның аты қаза. Дегенмен, өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Біздің мендетіміз Ханшайымымызды бақилық өмірге, мәңгілік тұрағына лайықты етіп жөнелту. Бұл-біздің мендетіміз. Оразаңды ашып ал, аш адамда әл болмайды. Келін қарағым, сен Ханзиланың қасынан екелі табаныңды аударма. Екі үйдің шошаласында не бар, бар мүмкіндікті пайдаланып, шелпек нан бауырсақ пісіруге қам жаса. Апаңа жақсылып шай бер, біз сыртқа шығып кеткен соң,- деп ақыл кеңесін беріп, бір-екі кесе шай ішіп сыртқа шығып кеттік. Өзімізше шаруа істеген болып әр нәрсені түрткілеп жүргенімізде түсте болып қалған екен. Маңқ етіп үрген төбеттің дыбысына елең етіп, жол бойына қарасам шоқырақ жортыспен ойға қарай түсіп келе жатқан салт аттыны көзім шалды. Сейдәлі болар деп ойлап үлгіргенімше жолаушының соңынан ілесіп келе жатқан ат арба үстінде бес-алты адам. Арбаның соңынан жай аяңмен еріп келе жатқан екі салт аттыны байқадым. Менің қасыма келген Бабай: -Жанахмет сен үйге кіріп меймандарды қарсы алуға дайындал. Келген ағайынды мұндайда үйден қарсы алады- деген соң үйге кіріп босағадағы бөстектің үстіне отыра кеттім. Жеңешем әлі басын көтермей, Ханзаданың аяқ жағында бүк түсіп жатыр екен. -Жеңеше, Жеңеше кісілер келіп қалған сияқты. Басыңды көтермейсің бе?- дегеніме еш жауап қатпай қозғалмай жата берді. Есік айқара ашылып үйге кірген салқын ауаға ілесе, ой бауырымдаған Ләтипа, Күләй апайлар кіріп келе жатты. Оқыс шыққан дауыстан не болғанын енді түсінгендей, жеңешем басын кілт көтеріп алып, меймандарға мағынасыз көз жіберді. -Басыңнан қайғы кетпеді ғой бауырым,- деп дауыс сала келіп Ләтипа апам жеңешемді құшағына алып көзінің жасын көлдете төгіп, о жаратқан ием күні кеше ғана еді ғой Ханзаданың үйден кеткені,- деп өксігін баса алмай ауыр күрсінді. -Сабыр, сабыр етіңдер,- деп есіктен кіріп келе жатқан Бабай ақсақал құшақтарын қайғы құрсауынан жаза алмай отырған апалы-сіңілі екеуіне басу айтып төрге озды. Төрдегі көрпеше үстіне шарт жүгініп кішкене көгілдір жанарымен үйде отырғандарға көз тастап: - Айналайындар, орны толмас қаза екенін де ешкімнің дауы болмас. Ханзада сіздерге қандай қымбат болса, мағанда бөтен емес еді. Демалысқа келгеннен бері екі үйдің ішін ерекше қуанышқа бөлеп, сәбилік жүрегімен бәрімізді баурап алған болатын. «Тумақ барда, өлмек бар» деген екен дана халқымыз. Алланың берген аманаты таусылып, кішкентай ханшайымымыз бақилық өмірге аттанғалы отыр. Біздің міндетіміз аяулы Ханзаданы мәңгілік мекеніне жөнелту. Ағайын жұртқа тегіс хабарланды. Көз жасымызбен ештеңе өндіре алмаймыз. – Алла ризалығы үшін бос жылауды доғарып, келетін меймандарыңды күтіп алуға қам жасайық. Сырттағы шаруға Сейдәлі, іштегі шаруға келін сен жауаптысың. Қалғанымыз осы екеунің айтқанын істеп қолғабыс етсек бітпейтін шаруа болмас. Отыра бермей іске кіріскен жөн,- деп өз шешімімен маңайындағыларға жауапкершілік жүктеп сыртқа шығып кетті. Жеңешем сол екі бүктетілген, бүріскен күйі Ханзаданың аяқ жағында жатыр. Күләй апай мен Төлеу үй ішіндегі шаруалармен айналыса бастаған соң, сыртқа шығып кеттім. Далада Сейдәлі мен Қаби қарала қашардың терісін түсіріп тастаған екен. Мені көз шалып қалған Қәби, қасыма келіп, ағалық құшағына алып, арқамнан қағып қойды. -Болған іске болаттай берік бол бауырым! Әрине оңай шаруа емес. Бірақ қолдан келер шара барма. Анаңның жалғыз сүйеніші өзіңсің, мықты болғайсың,-деп бауырына басты. Алайда менің болмысымды тұмшалап алған ауыр қайғының құрсауы, серпілуіме мұрша бермеді. Кім көңіл жұбаныш білдіріп жатса да, бәрі де осылай болу керек сияқты, мағынасыз айналама көз жіберіп, меңзең күйде тұра бердім. Өлгеніңді қойып бердім, соғымыңды сойып бердім, енді маған не қыл дейсің,- дейтін ағайын емеспе. Шаруларын бітірген соң, ауылдарына тарап, құмдауыт төбешікте қазылған жер үйде екі жанұя қалдық та қойдық. Жеңешем көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Тірі дүниенің қызығынан баз кешкендей, маңайына мағынасыз көз жіберіп, өзімен-өзі бола береді. Менде уақытымның көбін үйде өткізіп жүрдім. Кенет басын көтеріп алған жеңешем: -Үйде отыра бермей, сыртқа шығып, бойыңды жазып кел. Көтер еңсеңді, қайғыра бергеннен Ханзада қайтып келмес, алдағы тірлігімізді ойла,- деп маған күш жігер беріп, өзі де сілкініп орнынан тұрып кетті. Орнымнан еріксіз тұрып, күретешемді үстіме іле салып, сыртқа шықсам, Сейдәлі келіп, аттан түсіп жатыр екен. Маған көзінің қиығымен сынай қарап, қалың қалай? Жата бермей, үстіңдегі бар ауыртпалықты сілкіп таста, атқа мінде бойыңды жазып кел,- деп қолындағы қамшысын ұстата салып, үйге кіріп кетті. Қамшыны қолыма ұстап, жан-жаққа біраз көз жіберіп тұрып қалдым. -Құмдауыт жер тез жетіледі емес пе? Жердің көгі едәуір көтеріліп, сан алуан гүлдер шешек атып, жер масаты кілемдей құлпырып келе жатыр екен. Қаңқылдаған қаз үні құлағыма келген соң, көкке көз жіберсем, бір топ қаз тізіле ұшып барады екен. Қаздарды көзімен ұзатып салып, қамшыны бүлдіргісінен білегіме ілдім де, мәйіт жаққа бет алдым. Ескі қорымның шет жағындағы Ханзаданың мәйітінің қасына келіп тізерлей отырдым. Өзіме-өзім ие бола алмай, көз жасымды көлдетіп төгіп, терең күрсініспен іштегі шерді сыртқа шығаруға талпындым. Мәйіттен алынған бір уыс топырақты құшырлана иіскедім. Ханзаданың сәби иісін сездім. -Тұр, көке, тұр,- деген Ханзаданың дауысы құлағыма жетті. -Көкешім, менің, сен мықты азамат едің ғой. Егіле берме, мен көкелердің қасындамын. Екеуіде мені жақсы көріп еркелетеді. Ал, сен анашыма қамқор бол. Оның жалғыз сүйенері өзің ғанасың. Осыны есіңнен шығарма. Уайыммен сен жылай беретін болсаң, мына жақта менде жылаймын. Үйге бар анашым күтіп отыр,- деді де дыбысы үзіліп кетті. Көзімді ашсам маңымда ешкім жоқ. Ханзаданың осы сөздері маған қуат бергендей, орнымнан ұшып тұрып, енді жыламасқа қарындасымның мәйітінің басында серт бердім. Топырағың торқа болсын күнім деп әруағына тағзым еттім де ауылға қарай аяңдадым. Келе жатып, өзімнің қалай ыңылдай бастағанымды сезбей қалдым. Жаратқан ием не жаздым Жасымнан мені жылаттың - деген жырдың алғашқы жолдары ойыма орала бастады. Үйіп төгіп үстіме, Қайғының тауын құлаттың. Жетімдіктің қамытын, Он екі жаста кейіппін. Ах, ұрсамда аллалап, Бола алмадым сүйіктің, Қауырсыны қатпаған. Балапан, балаң кезімде, Жалынына шарпылып, Отына тағдыр күйіппін Демешім мен Жанақай, Қалақайдай қалқайып, Ер жетіп өсіп қалғанда, Ажалдың жалын отына, Балапандай үйіттің, Аллалаған ақырып, Анамның жасын көрмедім, Қанатымнан қайырдың, Бауырымнан айырдың, Қолтық сүйер кісі жоқ, Басқаның менде ісі жоқ, Жалғыз қалдым сопайып, Қасымда жалғыз серігім, Алданышым ермегім, Қарындасым Ханзада. Аман жүрсе қасымда, Жалғызбын сірә дер ме едім, Сырттан келсем көкелеп, Қолымнан ұстай жетелеп, Көрпеше төсеп астыма, Жастық қойып басыма, Алып беріп шайымды, Отыруша еді қасымда, Оны да ием көпсіндің, Өзі он екі жасында, Үкілі бөрік басында, Танадай көзі жарқырап, Сызылтып әнге салғанда, Мархабат қуаныш сыйлаушы ед, Ағайынға, досыма, Қайрымсыз едің сұм ажал, Тойымдық сенде жоқ тегі, Қолтықтан сүйер қарындас, Жал, құйрығы шоп-шолақ, Мендей бейбақ мүскінге, Жаратқан ием қайтеді, Лапасы жоқ бойында, Қайыршыдай жалаңаш, Бұтақтары сорайып, Жапырақсыз қалған мен ағаш, Тал бойынан әл кетіп, Ақша беттен әр кетіп, Қайғыменен қан жұтқан, Анамнан басқа кім қалды. Аларың болса тағы ал, Шеңгеліңді тағы сал, Пендеңнің барма шарасы, Қайрымсыз қатал сұм ажал, Күйінгеннен айтамын, Жаратқан ием жар болшы, Аққу қаз қонған көлім бар, Ақ бөкен жортқан белім бар, Тумасада туғандай, Бауырына тарқан елім бар. Шүкірлік саған етемін, Жасайды тірі тіршілік, Қамқоршым жалғыз анама, Астына жұмасақ мамық боп, Жастық болып басына, Қамқоршы болып өтемін, Жүрегімде арман көп, Мынау арсыз заманда, Армансыз сірә өтер кім? - дедім де кең тыныстап іштей күйінішті терең күрсініспен сыртқа шығарып жібергендей болдым. Үйге келсем жеңешемде белін бөкебаймен буынып, сыртқа шығып келе жатыр екен. Әлі де қайғының бұлты мұнарта басып тұрған жанарымен тесіле қарап, ауыр күрсінді де: - Алланың ісіне шара барма, өлгеннің артынан өлмек жоқ, бос жүре бермей, шаруаңа кіріс балам,- деп менің қолымнан ұстай, қысып-қысып қойды. Жеңешемнің өмірге оң көзімен қарай бастағанына қуанғанымнан: - Иа, жеңеше шаруамен айналысамын, ертең малға барып, Сейдәліні босатамын. Олда ығыр болған шығар. Біраз демалсын дегенімде, - Сөйткенің дұрыс болар, маған алаңдама, үйде Төлеу бар ғой, екеуміз бір-бірімізге серікпіз, серіктесіп отырамыз,- деді де қораға қарай ақырын жүре берді. Қызығы мен қызуы шамалы біздің сұрқай тіршілігіміз өз ырғағымен өтіп жатты. Ханзаданың қырқына аудан орталығынан Ғабдуали, Жәмила апам, Төлеухан үшеуі келіп, ортайып қалған көңілімізді толтырғандай болды. Садуақас аға да Ләтипа апамды біздікіне әкеп тастаған еді. Апалы-сіңілі үшеуінің басы қосылып, өткен кеткенді әңгімелеп, сырласып-мұңдасып жеңешемнің көңілін көтеріліп қалғандай. Сейдәлі екеуміз біздей емес, көзі ашық Ғабудалидан ананы-мынаны сұрап, біраз жағдайға қанғандай болдық. Ғабдуали кетерінде: - Жігіттер, соғыс өрті біздің елімізге жақындап келе жатқан сияқты. Тілдеріңе сақ болыңдар. Естігендерің іштеріңде болсын. Артық ауыз әңгіме айтамын деп ел ішіне үрей туғызып жүрген шет елдің тыңшысы болып шыға келмеңдер,- деп екеумізден ант алғандай қатаң ескертті. Төлеухан бой басын ежеп тәуір түзеп алыпты. Ел көрген деген жақсы емеспе. Сөз сөйлегені де бұрынғыдай емес. Кетерінде Төлеухан: - Көке, сіздерге қиын болып жүрсе, мен осында қалайын, шарушылыққа қолғабыс етермін,- деп жаутаңдап маған қарады. - Жоқ бауырым, бізде бітпей жатқан не шаруа бар. Қалада болғаның дұрыс. Шамаң келсе білім алуың керек. Қараңғылықтың қамытын киген біз жараймыз,- дегенімде Ғабдуали маған ризашылықпен қарап: - Дұрыс айтасың бөле, осының дұрыс. Анама айтып келдім, апам келіссе, сіздерді де көшіріп алсам деймін қасыма. Екі қолға бір жұмыс қайдан болса да табылады саған, - деп үнемі күлімдеп тұратын жанарымен ойлана көз тастады. - Қамқорлығыңа рахмет. Оған жеңешем көне қоймас. Үш бірдей перзенті осы жерде жатыр. Ханзаданың жылы өткеннен кейін келісіп қалуы мүмкін. Әзірге қолқа салмай-ақ қой,- дегенінде мұныңда дұрыс шығар деп, Ғабдуали ойланып қалды. - Меймандар аттанарда жеңешем, Ғабдуалидың назарын өзіне аударып қамқорлығыңа рахмет айналайын, жездеңде үш бірдей перзентім осы жерде жатыр. Оларды тастап ешқайда кете алмаймын. Сендер алыста болғанмен қасымда Ләтипа апам бар. Олда маған үлкен демеу. Жағдайымыз болмай жатса хабарласамыз. Нағашы жұрттан қалған жалғыз тұяқ Төлеуханға қамқор бол, -деп бетінен сүйіп қоштасты. - Әке, әке турыңыз Дакошта келді жуынып шайға келіңіз,-деп ақ сары қыз әкесіне еркелей тіл қатты. Қызының даусынан оянып, жанарын кең ашып кенже қызына мейіріммен қарады. - Жақсы мен қазір барамын,- деп орнынан ауыр қозғалып, тұрды. Жуынып стол басына жайғасқан отағасы балаларына көз жүгіртіп: - Менің бөкпен қарам қандай баға алды екен,- деп сұраулы жүзбен қызына назарын аударды. - Әке, мен тек қана бестік баға алатынымды білмейсіз бе? – деп еркелей үн қатты сұлуша қара торы қыз бала. Бәрекелді менің балаларымның жаман оқуы мүмкін емес. Оқу өмірлерінің азығы, жақсы оқығандарың үшін әкелік алғыс айтамын,- деп ажары кете бастаған жанарымен сүйсіне қарады. Түскі ас ішіп болғаннан соң төсегіне келіп қисайған әкесінің үстіне көрпесін жауып жатып: - Әке, мен келген соң әңгімені қайта жалғастырамыз келістік пе? - Келістік, қызым келістік, -деп қызына сәл езу тартты. Қызы кеткен соң мойынын сәл солға бұрған щалдың назары төрде ілулі тұрған костюмге түсті. Омырауына түйреулі орден, медальдарына жанарын қадап, ауыр күрсінді. - Есіл азамат қыршын кетті-ау! -деп қиян кескі сұрапыл жылдарды еске түсіре бастады. От кешу Шұбаркөлде азғантай дайындықтан өткізіп, майдан шебіне әкеліп, бөлімдерге бөліп жіберіп еді. Бірге болған азаматтардан қасында қалған жалғыз Қабылда: - Қабылданың менен жасы үлкен болатын. Екі көзінен сорасы ағып, елге аман-есен қайтпайтын шығармыз, -деп жылайды да отырады. Тіл білмегеннен жаманы жоқ екен. Мылқау адамдай аузымызды ашып, жан-жағымызға алақтай қарай береміз. Командир қасымызға келіп, бірдеме айтып жатыр. Не айтқанын екеуміздің санамызға бара бермейтін. - Өтірік түсінбей тұр,- деп ойлайды ғой деймін. Көкшіл көзі шатынап алты атарын жулып алып, басымыздан асыра атып-атып жібергені. Қолымызды төбемізге ұстап, окоп түбіне бұға қалдық. - Бойын ыза кернеген командир атып тастаймын,- деп мылтық стволын маңдайымызға тіреді. Өлген жеріміз осы шығар, деп ішімнен иманымды айтып тұра бердім. Мен күткен мылтық даусы шыққан жоқ. Лажы таусылған аға лейтенант алты атарын қорабына салып, акоп ішімен кете барды. Қабылдаға қарасам, өң жоқ, түс жоқ ағыл тегіл жылап отыр екен. - Қалқам Жанахмет бір ажалдан қалдық. Сені атып тастаса мен елге қалай жетемін деп кемсеңдейді. Не дерімді білмей мырс етіп күліп жібердім. Құдай бақ берегенде бөлімімізге жаңа келіп қосылғандардың ішінде шешен жігіті бар екен. Біздей емес, ептеп төбесі тесік. Сол жігіт арқылы бізбен сөйлескен командир мазаламайтын болды. Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді демекші, сыз окоптың іші өз үйіміздей болып кетті. Ептеп тіліміз сынып, алып бер, барып келді түсіне бастадық. Қарудың түрі бес атар вентовка. Бір атып жіберегеннен кейін затворы ашылып, жабылмай жатқаны. Жау әскерімен әлі бетпе-бет кездесе қойған жоқпыз. Жау мына жақтан келе жатыр, осылай қалай атыңдар десе солай қарай бытырлатып, атып жатамыз. Кімді атып жатырмыз, оғымыз жетіп жатырма ол бізге жұмбақ болатын. Бірақ айқын нәрсе, алдымызда жаудың барлығы. Соғыстың алғашқы кезеңі мен үшін осылай басталды. Тылсым тыныштықты бұзып, жаудың зеңбірік минометтері сөйлеп коя берді. Бір сағат бойы жердің асты үстін шығарып, дамылсыз атқылады. Касканы басқа баса киіп, акоп түбіне бұға түстік. Үздіксіз соққылаған зеңбірік үні тына қалысымен, жер бауырлай ұшқан жаудың бомбылаушы самолеттері үстімізге бомбаларды бұршақша жаудырды. Аспаннан ысқырып түсіп келе жатқан бомбаның дыбысынан құлағың тұнып, тұла бойың ине сұққандай шымырлайды. Басымды сәл көтергенімде бізден сәл әрлеу орналасқан қол пулеметшінің окобына бомбаның дәл түскенін байқадым. Тиеп алған жүктерінен жеңілденген бомбылаушылар көзден ғайып болған сәтте, шуылдаған матор үні құлаққа келді. Жаудың шабуылын тойтаруға әзірленіңдер – деген команда тізбек бойымен келіп жетті. Жаныма жүгіріп келген Ахмет: - Қол пулеметке иешілік жаса, взвод командирінің бұйрығы, -деп жүгіре жөнелді. Бөкшеңдей жүгіріп, пулеметшінің акобына келсем, пулеметшінің жарты денесі жоқ. Аспанға қарап шалқасынан жатқан жауынгердің көзі шарасынан шыға бақырайып, қалыпты. Денем тітіркеніп, жүрегім лоблып лоқсып құсып жібердім. Өзіме-өзім келіп,солдаттың қасына жақындап, марқұмның жанарын алақаныммен сипап жаптым. Окоп жиегіне сүйеулі пулеметті иығыма салып, Қабылданың қасына келдім. Қақаң әлі бүк түскен күйі жатыр екен. Жазым болып кеткен жоқпа деп ойлап, бетіне қолымды жүгіртіп едім, басын оқыс көтеріп алып, маған таңдана қарады. Қаруыңды дайында жау шабуылға шығып келеді деп едім , вентовкасын окоп ернеуіне жатқыза атайын ба дегені, - Атыңдар деген команда болғанда ғана атыңыз деп өзім алдыңғы жаққа мойын создым. Ауызына темекілерін салған фашистер, ештеңеден сескенбей, каскалары күнге жарқылдап, білектерін түрініп автоматтарын кезене ұстап, туғанының үйіне қонаққа келе жатқандай емін-еркін жүріп келеді. Шамасы манағы соққыдан кейін, қарсылық жасайтын ешкім қалмаған шығар деп ойлаған шығар. Біздің зеңбіректер де сиректеу болсада атысқа кірісіп кетті. Біреуінің снаряды дәл тиді-ау деймін ортадағы танктың түтіні бұрқ ете қалды. Сиректеу болсада, алды артынан жарыла бастаған снарядтан сескендіме, немістер жүгіре басып бір тұрып, бір жатып сақ қимылдай бастады. Жау солдаттары да оқ жетер жерге жақындап қалған еді. Рота командирінің, Неміс басқыншыларына өлім келсін! - Атыңдар, -деген командасы естілісімен қолда бар қару сөйлеп қоя берді. Немістердің алдыңғы шебі шалғымен орғандай жайрап қалды. Қалғандары жата қалып, атысты бастады, өз адамдарынан озыңқырап кеткен танк, тұп-тура бізге қарай пулемет, зеңбіректен кезек атқылай жақындап келеді. Менің сол жағымдағы окоптан еңбектей шыққан талдырмаш жауынгер қолында граната бумасы жырақананы бойлай танкке қарай еңбектеп бара жатты. Танкке ұмтылған жауынгерді қолдап, барлық қарудан оқ боранын үдете түстік. Қол пулеметінен оқты үзіп-үзіп атып, көз қиығымен Қабылдаға қарап едім, вентовкасын окоп ернеуіне сүйеп тарс еткізіп атады да көрдіңбе дегендей маған қарап қояды. Пулемет дискасын ауыстырып жатып, танкке ұмтылған жас жауынгерге көзім түсіп кетті. Бір қиыстай кетіп бара жатқан танк жалт бұрылып тұп-тура жауынгерге қарай, гүжілдей ұмтылды. Өзіне жақындап қалған танктен сескенбей бойын сәл тіктей беріп, шынжыр табанының астына қолындағы гранат бумасын тастап жіберді. Қатты жарылыс жауынгердің өзінде тік көтеріп бір шетке қарай лақтырып жіберді. Шынжыр табаны сөгіліп кеткен танк бір орында шыр айналып тұрып қалды. Танкті тастап кетпекші болған фашистерді біздің жауынгерлердің атқан оғы қырқып түсті. Оқтың қалың нөсеріне жолыққан немістер жеткен жерлеріне жата-жата қалды. Окопты бойлай жүгіріп келе жатқан взвод командирі шабуылға шығуға дайындалыңдар,- деп бар дауысымен айқалап келеді. Түрі әлем-тапырық сол қолын мойынына асып алыпты. - Жауынгерлер! Отан үшін алға! -деген команданы естісімен атып шығып, пулеметты кезей ұстап көппен бірге жүгіріп келем. Кейін шегініп үлгермеген немістер, біздің жауынгерлерге тұра ұмтылды. Бойларын ашу-ыза кернеген жауынгерлер фашистердің алғашқы легін жайпап өтіп, тоқтамастан неміс окоптарына секіріп түсе бастады. Жан-алып, жан берген қолма-қол айқас окоп ішінде басталып кетіп еді. Алдымнан шыға келген ақ кірпікті пулеметтің дүмімен ұрып жығып аттай өте бергенімде еңгезердей фашист кеңірдектен ала қылғындырып, окоп ернеуіне жабыстыра қыса бастады. Жанталасып қанша қимылдасамда етіктің қонышындағы қанжарға қолым жетпеді. Тынысым тарылып бара жатып,еңгезердей болып үстіме мініп алған немістің қолы босап сала берді де, аяғымның астына сылқ ете қалды. Өзіме-өзім келіп есімді жиғанда немістің мундеріне қанжарын сүртіп жатқан Ахметті көріп құшақтай алдым. Жау қайта шабуылға шығуы мүмкін, мұқият болыңдар,- деп окоп ішінде жауынгерлерді жігерлендіріп саяси жетекшілер жүр. Сәл тыныстанған сәтті пайдаланып Қабылданы іздей бастадым. Көрдім, білдім деген ешкім болмады. Қаза болған шығар деген суық ой санамды билеп алып еді. Жан беріп, жан алып дегендей немістің бірнеше дүркін шабуылын тойтаруымызға тура келді. Қатарымыз сиреп, біздің ротамыздан он шақты ғана жауынгер қалыппыз. Командирлерден кіші лейтенант пен старшина ғана бой көрсетті. Кешкісін біздің орнымызға басқа әскери бөлім келіп, орналасып, ит талаған түлкідей болған бізді тылға алып шықты. Батальон қайта жасақталып жатты. Жаңа жауынгерлермен толықтырылып командирлер қатары да өзгерді. Көлеңкеде өзіммен өзім болып отырған, маған назарын аударған жас лейтенатты байқап қалғам. Штабқа кіріп кеткен лейтенат қайта шығып қасыма келіп: - Сіз Қазақстаннансыз ба? -дегесін орнымнан ұшып тұрып қатардағы жауынгер Серікбаев Жанахмет Қазақстанның Қостанай облысынанмын,- деп қолымды шекеме апарып ізет көрсеттім. Менің сөз саптасымды қызықтады ғой деймін лейтенат: - Аға, менде Қазақстаннанмын, Қостанай қаласынанмын,- деп менің орысшам сияқты қазақшасымен. Бауырымды көргендей екі көзім жайнап кетсе керек. -Аға, сен маған развед взводқа келеді,- дегенде, - Барамын, барамын,- деп басымды шұлғи бердім. 1942 жыл. Қалың орман іші. Он екі жауынгер соқпақ жолмен орман ішіне тереңдей кіріп барамыз. Командиріміз уыздай жас лейтенат. Қостанайдың жігіті. Әжептәуір қазақшасы бар. Саптың бірде алдына, бірде артына шығып, қасыма келіп, аға шаршаған, шаршамаған,- деп арқамнан қағып қояды. Барлаушыларға берілген тапсырма жау ішіне тереңдей кіріп, партизандармен байланыс орнату, немістерден тіл әкелу болатын. Біздің бөлімге Николай келгеннен бері бірге туған інім келгендей болдым. Николай бауырмал азамат еді. Қазақтардың арасында өскеннен бе, мені өте жақын тартып кетті. Командирлер қайда жұмсасада мені қасынан қалдырмайтын. Мен де Николайға бауыр басып, сәл көзден таса болса іздей бастайтынмын. Орман ішіне тереңдей кіргенімізге үшінші күн. Түске жақындағанда шағын алаңқайға келіп шықтық. Николай картасын алып, қарай бастады да осы жерден үш шақырым жерде шағын елді мекен бар. Сол жерде жау әскері бар ма, жоқ па соны анықтап білуіміз керек. Менің қасыма аға мен Алексей ересіңдер. Қалғандарың осы алаңқайда демалыңдар, өте сақ болыңдар. Қалған топқа басшылық жасауды сержантқа тапсырып, жеңіл тамақтанып алып, жүріп кеттік. Николай алға түсіп, кейде жеңіл жүгіріп, кейде ақырын аяңдап келеміз. Бір шама уақыттан кейін, орманның шетіне шыға келдік. Алдымызда егіске қарай құлай салынған жиырма шақты үйлі шағын елді мекен жатыр. Көшеде жүргінші байқалмайды. Дүрбі салып біраз бақылау жүргізген Николай деревнияға бармақшы болып шешті. Бойындағы артық құрал жабдықтарын бізге қалдырып, қанжар, пистолетін қана алып: - Бауырлар деревнияда жау болмаса, белгі беремін, сол уақытта келіңдер. Жау болып көзге түсіп қалсам, анау жырақанамен қиыстап орманға қарай қашамын, қуғыншы жаудың алдын кесе атып маған оқпен көмектесіңіздер. Мен орманға іліккен кезде, сендерде тез киін шегініңдер,- деп тапсырмасын нығыздап айтып, орманнан шығып елге қарай жүріп кетті. Алексей екеуміз демімізді ішімізге тартып, Николайдың жүрісін бақылап отырмыз. Деревнияның шетіндегі үйді паналап тұрды да жоқ болды. Шамамен он шақты минут өткенде Николай қайта көрініп бізге қолын былғай бастады. Алексей екеуміз жіті аяңдап деревнияға келіп кірдік. Николай қаба сақалды еңгезердей қариямен сөйлесіп отыр екен. Шалдың айтуынша деревнияға немістер де , партизандар да келмепті. Шамасы күре жолдан қиыстау болған соң шағын елді мекенге қызыға қоймадыма екен, кім білсін? Николай шалға кешке осында болатынын ескертіп, біз жоқта бөтен біреулер келсе, сырттағы алма ағашының бұтағына ескі киіміңізді іліп қоя салыңыз, сақтық үшін деді. Шалдың үйінен борш көжеге тойып алып орманға қайта келдік. Өзімізге жайлы орын сайлап алып, Алексейді кейінде қалған жауынгерлерді ертіп келуге жіберді. Николай екеуміз жан-жақты бақылай бастадық. Кейінде қалған жігіттер келіп, орман ішін жиектей орналасып болды. Кешкісін мотор дауысы шыққанға елең ете қалып, күре жол бағытына қарасақ, деревнияға екі-үш мотоцикл кіріп келе жатыр екен. Николай бізге қарап: - Шалымыз қаншалықты сенімді екенін көрейік,- деп деревнияға дүрбі сала бастады. Шеткі үйдің сыртын айналған ақ көйлекті шал, қолындағы киімді алма ағашының басына қарай лақтырып жіберді. Лақтырған киім алма ағашының ұшар басына ілініп қалып, өз салмағымен ақырын ырғала басталды. Жарайсың шалым. Нағыз орыс азамат екенсің. Өз адамымыз болды ағасы. Қазақ айтпай ма, «Жауда да болса бір үйің болсын»- деп маған қуақылана қарап қойды. Николай жауынгерлердің басын қосып, жаудың көзін жоямыз ба, немесе күре жолға шығып, немістердің шолғыншы тобына шабуыл жасаған дұрыспа деген екі ұдай пікір тудырды. Николай жауынгерлерімен ақылдаса келе түн қараңғысын пайдаланып, деревниядағы жауға шабуыл жасауға шешім қабылдады. Түн ортасы ауа аяғымызды еппен басып, деревнияға келіп кірдік. Шеткі үйді паналап, жан-жағымызға жіті көз жүгіртіп тұрғанымызда, үйден зор денелі, қаба сақал шал шығып бізге қарай жақындады. Николай қысқа ысқырып белгі берді. Шал қалт тұра қалды да жөтіркеніп алып, ақырын басып қасымызға келді. Жау солдаттарының келгеннен бері араққа бас қойып, өлердей мас болып жатқанынан хабардар ете отырып, жігіттер істеріңе сәттілік тілеймін, не де болса дыбысын шығармай шаруаларын бітіріңдер. Мүмкіндегінше деревнияда із қалмасын. Халыққа зияны тимесін иттердің,- деп жұдырығын түйіп тісін қайрап қойды. Николай жігіттерді төрт топқа бөліп, оқ атпай тек қанжармен ғана жұмыс істеуге бұйрық берді. Немістер жатқан үйді төр жағынан қоршап, жақындап келеміз. Үйдің ішінде әлсіз шамның жарығы байқалады. Тып-тыныш. Шамасы араққа сылқия тойған фашистер, сақтықты ұмытып, күзетші де қоймаған сияқты. Қабырғаға сүйеніп, үйдің іргесінде тұрмыз. Есік сықырлай ашылып, қол фонарымен алдына жарық түсіріп,шығып келе жатқан күзетші шалынды көзімізге. Николай Алексейге ақырын ым қағып: - Күзетшіні құрт, - деп белгі берді. Жалаң қанжарын қыннан суырып алған Алексей қабырғаға жабысқан күйі күзетшіге жақындай түсті. Николай үй қабырғасын автомат дүмімен ақырын соғып қалды. Шыққан дыбысқа елең еткен күзетші жалт бұрылғанда Алексеймен бетпе-бет келіп қалған еді. Фонар жарығымен Алексейдің қолындағы қанжар жарқ етті. Күзетшінің ауыр ыңырсығаны құлаққа естілді. Николай бастаған төрт жауынгер үй ішіне кіріп келсек, немістер алаңсыз ұйқы құшағында жатыр екен. Жаудың қолын қаруға жеткізбей қолға түсірген жігіттер, тез қимылдап мастықтан айыға қоймаған фашистердің аяқ қолдарын байлап, мотоциклдеріне тиеп алып, орман ішіне кіріп кетті. Екі жігітті күзетке қойып, қалғанымыз автоматтарымызды құшақтап, ағаш түбіне қисая кеттік. Николайдың тұрыңдар деген дыбысынан оянып, көзімді ашсам, күн ежептәуір көтеріліп қалыпты. Жігіттердің басын қосып, ақылдаса келе екіге бөлінетін болдық. Сержант бастаған топ, қолға түскен тұтқындарды алып, кейін қайтпақ. - Жолда қандай бір қиындыққа кездесетін болсаңдар, жау солдаттарынан тез құтылып, неміс офицерін комбатқа жеткізіңдер. Біз де амандық болса тез ораламыз,- деп маған қарады. - Аға, сен менімен бірге қалама деп күлімсіреді. - Иә, Николай мен сенімен болады дедім. Менің жауабыма разы болған командирім арқамнан қағып қойды. Біздер бір-бірімізбен қимай қоштасып, екіге бөлініп кете бардық. Солтүстік батысқа қарай қиыстай жүрген соқпаққа түсіп тізбектеле жүріп келеміз. Сағат бес шамасында орман ішіндегі шағын алаңқайға келіп шықтық. Алаңқайға шықпай, ара қашықтықты бес-алты метрден ұстап, бұқпантайлап, жағалай барлау жасай бастадық. Николай дүрбісмен жан-жақты сүзе қарап отырған. Қолын көтеріп, бізге дыбыстамаңдар деген белгі беріп, өзі жуан қарағайды паналап бұға қалды. Алаңқайдың келесі бетіне бізге қарай иықтарында арқалаған жол қапшықтары бар екі жолаушы келе жатыр екен. Екеу әңгімелесіп, ештеңеден қауіптенбей жүріп келеді. Бізге он, он бес метердей жақындап келгенде Николай орнынан тұрып, қорықпай бері жақындаңдар, қызыл армия жауынгеріміз дегенде, жеткен жерлерінде тоқтай қалған жүргіншілер Совет әскери формасындағы Николайды көріп, қуанып кеткендерін жасыра алмады. Жолаушының бірі он төрт, он бес жасар балаң жігіт жүгіріп келіп, Николайды құшақтай алды. Басына қалпақ киген қартаң кісі, асықпай аяңдап қасымызға келді. - Атай, кайдан келесіздер қайда барасыздар деген сұрауға: - Үйден келеміз жақын маңдағы деревнияда апайым тұратын еді сонда барып келе жатқан бетіміз. Мына жас жігіт менің жиенім соғыс басталмас бұрын бізге келген болатын еліне жете алмай қалды. Менің есімім Егор осы орманның иегерімін. - А, орманшы Егор ағаймысыз. Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан, - деген мақал бар біздің қазақта. Жолымыз болатын сияқты. - Қазағың кім? Ұлым, сенің,- деген Егорға Николай мені нұсқап: - Міне, қазағым, - деді. Егор менің өн бойымды көгілідір жанарымен шолып өтіп, - Сен орыс емессің ғой – дегенде - Ия, орыс емес ағасы, қазақ, совет үкіметінің қазағы. Мен Қазақстанның орысымын,- деп маған қарап: - Солай емес пе, ағасы? – деді қазақшалап. - Жарар бауырым орыс бол, қазақ бол совет үкіметінің азаматы болсаңдар болды. - деп жымиды Егор қарт. - Сонымен маған тіреліп тұрған шаруаларың болса, қолдан келгенше көмектесейін. Командирдің берген тапсырмасын бірін орындадық. Екіншісі жергілікті партизан отрядымен байланыс орнату. Партизандармен байланыс жасауға көмектесіңіз,- деген Николайға, Егор ойлана қарап тұрып: - Қиындау жұмыс екен, осыдан үш күн бұрын, партизанбыз деген үш жігіт маған келіп кетіп еді. Ананы мынаны сұрай берген соң, командирлеріңді ертіп келіңдер,- деп сойлеспей қойдым. Көп ұзамай командирлерін ертіп келетіндерін айтып кетіп қалған. - Уақыттарың болса, соларды күтеміз, басқа лаж жоқ,- деді алақанын жайып. Олай болса, осында күткеніміз дұрыс болады қалың орманды текке кезе бергенше деп Николай тез шешімге келді. Егор орманшының соңына еріп, оның үйіне қарай бет алдық. Орманшының үйі шағын алаңқайға ағашпен қиып салынған, қора-қопсысы бөлек, улкен ауласы жас шыбықтармен тоқылып қоршалған. Аула ішінде үй құстарының барлық түрі жайылып жүр. Біз үй ауласына кіргенде үйден шыққан әйел, қарулы солдаттарды көріп, мыналар кімдер дегендей үрке қарап тұрып қалды. – Қорықпа, кемпір өз азаматтарымыз тамағыңды молырақ дайында. Көптен ыстық тамақ ішпеген шығар,- деп кемпіріне тапсырма беріп жатты. – Ал, сен неге селтейіп тұрсың, екі үлкен қазды ұстап бауыздап үйіт, қонақтарға қонағасы деген болмаушыма еді деп иегін қағып қойды. - Ағасы,- деді Николай. Егор орманшының назарын өзіне аударып - Сіздің қонақтарыңыз қай бағыттан келуші еді . - Алаңқай басталар тұстағы алаңқайға сұғына кіріп тұрған қалың қарағай арқылы келген болатын. Сайтан біліппе олардың не ойлайтынын сақ болғандарың жөн. Қазір орманның дара билеушілері партизандар ғой. Онда былай болсын біз екі екіден топ құрып, қалың қарағайды қоршай орналасайық, шылым шегуге, шырпы жағуға қатаң тыйым саламын. Тамақ дайын болғанда белгі берсеңіз, кезектесіп келіп тамақтанып кетерміз. Сіздер күнделікті күйбең тіршіліктеріңізді жасап, үйлеріңізде болыңыздар, – деп үй иелеріне ескертіп, Николай жауынгерлерді ертіп, қалың қарағайға келіп кірдік. - Шоқ қарағайдың ішін мұқият қарап шығыңдар, - деген бұйрық болғаннан кейін, әр ағаштың түбіне назар салуға тура келді. Алексейді мұнда келіңдер,- деп шақырғанына барсақ шіріп құлаған жуан қарарғайдың маңында темекінің тұқылы адамдардың іздері ішкен тамақтарының қалдықтары жатыр екен. Демек, осы жерден тұрып, орманшының үйіне бақылау жасаған. Жау жоқ екеніне көздері жеткеннен кейін ғана орманшының үйіне барғаны белгілі болды. Олар тура осы жолмен келуге тиіс. Сақтық үшін шоқ қарағайды үш жақтан қоршап орналасамыз. Кезектесіп демалыңдар, темекі шегуге қатаң тыйым саламын. Алексей қасына бір жауынгер алып, оң жақтағы қалың шіліктің ішіне барып орналасты. Сен қасыңдағы жауынгермен сол жақтағы шоқ қайыңның жанына бекін. Аға екеуміз сендердің қарсы беттерінде боламыз. Барлық назарларың шоқ қарағайға келетін сүрлеу жолмен орманшының үйінде болсын. Орманшы дәмге шақырғанда Алексей бірінші сендер екінші Самет сендер, үшінші біз барамыз. Қатаң ескертемін алаңқаймен тіке жүрмей, бір қабат орман ішімен баруға тура келеді. Қару жарақтарыңды кез келген жағдайға дайын ұстаңдар. Алты жауынгер үшке бөлініп, бізге беймәлім меймандарды күтудеміз. Екі сағат шамасында Егор орманшы шатырға шығып, қалпағын көтеріп, белгі берді. Алексеймен мен Степан орманның бір қабат ішімен орманшының үйіне қарай кетіп бара жатты. Дүрбі салып, соқпақ жол бойын шолып жатқан Николай, алдыңғы жақты иегімен ымдағанға ұмсынып қарасам, тұп- тура бізге қарай соқпақ жолмен үш жүргінші келе жатыр екен. Мойындарында неміс автоматтары, киімдері қара байыр азаматтарша киінген, ортадағасы жағалай портуфей тартынып, иығына командирлердің планшет сумкасын асынған. Шамасы бастықшалауы болса керек. Бізге қырық, отыз метр шамасында жақындағанда, Николай маған ымдап қалып, ұшып түрегелген біздер автомат ұңғысын кезеніп, қаһарлы дауыспен қолдарыңды көтеріп, қаруларыңды тастаңдар деп айқай салды. Қатаң бұйрық шоқ қайыңның ішінен де қолдау тауып, қаруларыңды тастаңдар деген Саметтің дауысы құлаққа жетіп маңдай алдынан өкпе тұстан кезенген автомат ұңғыларына шыдас бермей бейтаныс жолаушылар қаруларын тастады. Қолдарын көтеріп тұрғандарға өте сақтықпен жақындай бастадық біздің бой басымызға көз жүгірітіп үлгерген жастау жолаушы: -Жігіттер біздің адамдар, - деп бізге қарай тура жүгірмесі барма. Бізде қаруымыздың ұңғысын төмен түсіріп, жайбарақат тұра қалдық. Басқалардан бұрын жеткен жасөспірім жігіт Николайды құшақтай алып, тап бауырымен табысқандай аймалап жатыр. Төртеуміз үш жолаушыны қоршай тұрып жөн сұрай бастадық. Біз іздеп жүрген партизан отрядының адамдары екен. Еш қиындықсыз партизандармен кездескенімізге Егор атайда қауқылдай қуанып қалды. Мария шешейдің пісірген дәмді сорпасын ішіп отырып, әңгімеге кірісіп кеттік. Аспен бірге келген үлкен шыныдағы арақтан қырлы стаканмен тастап алған соң, әңгіме қыза түсті. Егор маған сынай қарап: - Ұлым, сен ішпеуші ме едің,- дегенін естіген Николай: – Аға, ішпейді, өтініш жасаймай-ақ қойыңыз,- деді де тез түсін суытып алған Николай, басқа жауынгерлердің де ішуіне тыйым салды. Партизандар өздерінің мұң мұқтаждарын жазған хаттарын Николайдың қолына тапсырып, кездесетін жеріміз орманшының үйі болмақ кешіктірмей көмек беруіңізді өтінеміз,- деді Николайға. - Біздің міндетіміз сіздердің өтініштеріңізді комбатқа жеткізу, әр жағын улкен басшылар шеше жаздады. Тапсырма орындалды, енді бөгелмей кейін қайтуымыз керек. Жар астында жау жоқ деме, -дейді қазақтар. Өз жеріміз болғанымен жау тылында жүрміз. Өте сақ болғанымыз жөн. - Сәл сабыр ет, ұлым . Сен маған картаңды ашып, майдан шебінің қай жерден өтетінін көрсете аласың ба?- деді Егор Николайға. – Әбден болады,- деп Николай планшетінен картасын шығарып, майдан шебін қызыл карандашпен сызып көрсете бастады. Егор қарт: - Мынау созылып жатқан орман емес пе? -Ия, орман. – Олай болса мен сендерді ми батпақ арқылы алып өтіп, майдан шебінен өткізіп жіберейін. Міне мына тұстан, бұл жер шамалауымша бейтарап аймақ. Менің сендерге өтінішім бар: -Жиенімді бірге ала кетсеңдер. Жас емес, майдан шебінен өтсе, әрі қарай өзіде жол табады. Келістік, олай болса жолға шығуға дайындалайық. Жауынгерлер батпақтың негізгі қаруы сырықпен қарулансын. Ми батпақта онсыз жүруге болмайды, - деп ескертті орманшы. Партизандармен қош айтысып, Егор орманшыны алға салып, шығысқа қарай жүріп кеттік. Кетіп бара жатқан шалын шығарып салып тұрған Мария шешей көзіне жас алып, шалының тез қайтуын өтініп, орамалын бұлғап қала берді. - Кемпір, бекер жылама, амандық болса екі-үш күнде қайтіп ораламын, - деп кемпірінің көңілін жұбатып қояды. Батпақты жарып өту өте ауыр болды. Егор қанша ескерткенімен аяғымызды сәл қия басқандарымыз батпаққа сүңгіп кетіп, әп сәтте ажал құрсауында қалғандай күй кешіп, ұзын сырықтың көмегімен жолдастар құтқарып алып отырды. Бір шақырымдай батпақты кешіп өтіп, қатты жерге табанымыз тигенде, үсті басымыз қару жарағымыз адам көргісіз күйде еді. Жиекке шығысымен тездетіп от жағып, кептірініп, қару жарағымызды қалпына келтіріп алып, ыстық тамақ дайындауға кірістік. Тамақ ішіп, әлденіп алып, жүріп кеттік. Орманшының жиені Николайдың біресе оң жағына біресе сол жағына шығып, жолдас командир мені өз бөлімшеңізге алыңыз. - Менің де жауға қарсы соғысып, отанымды қорғағым келеді , - деп мазасын алумен болды . - Оны мен шешпеймін, әлі сенің жасың толған жоқ, армия қатарына алуға. Үйіңе барып, ата-анаңа қауышқаннан кейін , әскери комиссиярятқа бар да командирлер дайындайтын оқуға сұран. Жасың 18 толғанда мен сияқты лейтенант болып шыға келесің. Түсіндің бе балақай? - Ия, түсіндім. -Түсінсең енді менің мазамды алма. Әлі соғысуға үлгересің, - деген Николайға өкпелеп, ауызын бұртитып атасының соңынан үнсіз еріп бара жатты. Егор орманшы: - Осы жерге тынығып алайық, амандық болса, ертең түс кезінде өз бөлімдеріңде боласыңдар, - деп, жол қапшығын жуан қарағайдың түбіне тастай салып, өзі қасына отыра кетті. Алексейдің қасына бір жауынгер қосып, жан-жақты мұқият барлап келуге жіберген Николай: - Басқаларың демалыңдар,- деп менің қасыма отыра қалып, қарағай түбінен құлай кетті. Кешеден бергі жүрістен қатты шаршасам керек, қатты ұйықтап кетіппін. Губір-губір дыбыстан оянып көзімді ашсам, Егор Алексей екеуі от жағып кешкі астың қамына кірісіп кеткен екен. Жол қапшықтарымыздың аузы шешіліп, түбінде қалған соңғы қорымыз ортаға қойылды. Жанған отты жағалай отырып, ашылған консервілерді жылытып, қатқан қара нанмен күтірлете соғып алып, солдат фляшкасынан салқын сумен сусындап қайтадан ұйқыға кірістік. Түннің бір уағында Николай мені оятып: - Күзет кезегі сізге келді аға мен демалып алайын таңғысын ерте оятыңыз,- деп қол сағатын маған беріп, менің орныма құлай кетті. Жан жағым еркін көрінетін қос қарағайдың ортасына келіп тұрып, жан жағыма жіті көз салып қарай бастадым. Орманды жердің дымқыл ауасы, зілдей болып, еңсеңді басып, еріксіз ұйқы құшағына тарта жөнеледі. Бойымды басқан ұйқыдан сергімек болып, құтымды босатып алып, салқын сумен бетімді шайдым, ақырын адымдай жігіттер жатқан жерді айналып, журе бастадым. Орыс орманның ішінде тұрып, елімнің кең даласын сағындым. Даламды ойлап, анамды ойлап, қиялға беріліп тұрғанымда, қиялай түскен ай сәулесіне бір нәрсе ағараң ете қалғандай болды. Белгісіз тіршілік иесіне қаруымды кезеніп, дыбысымды шығармай бақылай бастадым. Ай сәулесі астымен маған қарай аяқтарын сақтана басып, келе жатқан елікті байқадым.Соғыс өртінен беймаза болған жануар маңайына елегізи қарап танауын көтеріп, иіс алып тұрды да жауынгерлер жатқан тұсқа қарай қозғалды. Оң аяғымдағы салмақты сол аяғыма ауыстырғанымда табан астындағы қураған бұтақ сырт етіп сынып кетті. Дыбысқа елең еткен елік оң жаққа секіріп түсті де орман ішіне кіріп, жоқ болып кетті. Сағатқа қарасам таңғы бес болып қалған екен. Николайды ояттым. Сағатқа қараған Николай: - Аға, жігіттерді оятыңыз, -деп бұйырды. Мен жауынгерлерді оятып жатқанда, Егор орманшы жиенімен әлек болып жатты. Майдан шебіне жақындаған сайын Николай: - Өте сақ жүріңдер, -деп ескертіп қояды. Орманшы көтерілген күнге ағаш бұтақтарына қарап қойып, оңға қарай қиыстай жүріңдер,- деп ескертті. Шамамен төрт-бес шақырым жүргеннен кейін сәл кідіріс жасап, тұрған жерімізді картадан белгілеп, орманның аяқталар жері онша алыс емес екенін ескертіп, барынша сақ болыңдар деді. Қарумызды кезене ұстап жүріп келеміз. Екі-үш шақырымдай жолды артқа тастап, шағын алаңқайға шықтық. Жан жағымызды бақылап болғаннан кейін, алаңқайды тіке кесіп өтпек болып, жеңіл жүгіріспен жүгіре жөнелдік. Егор орманшы жиенін алдына салып, борсалаңдап бізге әрең еріп келеді. Алаңқайдың біз шықпақшы болып келе жатқан беті доғадай иіліп, ішке қарай сұғынып жатыр екен. Қалың ағашқа ілігуге жиырма, жиырма бес метр қалғанда, тоқтаңдар, қаруларыңды тастап, қолдарыңды көтеріңдер деген бұйрық алаңқайдың жан-жағынан шығып жатты. Николай: - Жатыңдар, - деп, өзіде автоматын дыбыс шыққан жаққа кезеп жата қалды. Командирдің істегенін қайталап, алты жауынгер жерге сұлай кетіп, автоматымызды дыбыс шыққан жаққа кезеніп жатырмыз. - Бекер болды-ау, ағасы! Алаңды айналып өтуіміз керек еді,- деп басын шайқады Николай . Артыма мойнымды бұрып қарасам, бізден қалыспай келе жатқан Егор мен жиені жеткен жеріне состиып тұрып қалыпты. Жылға бергісіз екі үш минут өткен кезде: - Кім боласыздар? Қаруларыңды тастап қолдарыңды көтеріңдер. Бұйрықты орындамасыңдар бес минуттан кейін оқ нөсерінің астында қаласыңдар,- деді ызғарлы дауыс. Николай басын сәл көтеріп: - Біз қызыл армия жауынгерлеріміз. Ерекше тапсырма орындап жау тылынан келеміз. - Қай бөлімнен, әскери бөлімшенің номерін, комбаттың аты жөнін айтыңыз,- деген талап қойды. Николай жауап беріп үлгермей-ақ: - Бауырым, сен Николай емеспісің? - Ия, мен Николаймын. Өзің кімсің? - Мен Борис Ивановичпын, - деп орман ішінен жас лейтенант атып шықты. Орнынан атып тұрған Николай лейтенантқа қарай жүгіре басып бара жатты. Бірін-бірі көрмеген достардың құшағы айқаса кетті. Өз адамдарымыз екеніне көзіміз жеткен соң орнымыздан тұра бастадық. Егор орманшыға көз салсам, жиенін жетелей емпілдеп бізге қарай жүгіре басып келеді екен. – Қайдан жүрсің бауырым! Біз көріспегелі алты айдың жүзі болыпты. - Жау тылынан ерекше тапсырма орындап келеміз. - Ал мына кісі кім? -Бұл кісі біздің жебеушіміз. Ми батпақтан алып шыққан орманшы Егор ақсақал. Жол басшымыз, қасындағы бала жиені, үйіне қайтіп барады. - Жақсы бәрі түсінікті. - Сен өзің қалай тап болдың мұнда. Майдан шебінен сәл қиыстау жатқан орманды алқап, екі жақтыңда назарынан тыс қалған сияқты. Осы аймаққа жау десант түсіредімыс, - деген лақап тарап, соның алдын алу үшін біздің ротаны жау десантын қарсы алуға жіберген. Бүгін екінші күн. Десант түгел сайтанда жоқ. Қайтуға бұйрық алғанша осында болатын шығармыз, - деп жымиды лейтенант. Сендер оңтүстік шығысқа қарай қиыстай журсеңдер біздің бөлімнің алғы шебіне жолығасыңдар. - Пароль «Дала бүркіті» Майданда аман есен кездескеніміз үшін жүз грамнан алып коялық,- деп сержант Иванов қалған запасыңды ала кел деп қол бұлғады. Орман ішінен жол қапшығын көтерген сержант келіп, қасымызға жайғасып, жол қапшығының аузын ашып, қапшықтан екі солдат құтысын алып, ортаға қойды. Майлы шұжықтан мол турап, қалайы кружкаларға арақты орталап құйып, алып жігіттер аман-есен оралуларың үшін алып коялық,- деп лейтенантың өзі қағып салды. Біздің жігіттер де кружкадағы арықтарын көмейге тоғытып жіберіп, майлы шұжықтан молырақ асап басытқы жасап жатты. Менің алдымдағы кружканы көтерілмегенін байқаған лейтенант: - Солдат сіздің алмағаныңыз қалай? -деген досына, Николай: - Аға, менің жерлесім Совет одағының қазағы, мен Қазақстанның орысымын. Қазақтар арақты онша ұнта бермейді: - Жарар, досым, бізге молырақ қалады. Көп кідірмеңіздер! Жолдарың болсын,- деп бізге жол сілтеп жас лейтенат орман ішінде қала берді. Жеңіл жүріп отырып, қазірде алдыңғы шептің бір бұрышынан шыға келдік. Пароль дұрыс болған соң, бізді ешкім тоқтатқан жоқ. Шепті жағалай отырып өз бөлімшемізге де келіп жеттік. Жігіттер біздің аман келгенімізді көріп, уралап жіберді. Жүгіріп келіп құшақтарына қысып жатыр. Біздің алдымызда кеткен жігіттер атыса отырып өтіпті: - Айдаудағы немістердің тек екеуін ғана аман жеткізген. Қалғандары неміс автоматының оғынан қаза болған. Біздің жауынгерлердің біреуі ауыр жараланып майдан шебін кесіп өткен жерде көз жұмған. Екеуі жеңіл жарақат алып, әскери госпиталға жеткізілген. Егор орманшыны ертіп комбат кіріп кеткен Николай көп бөгелмей өте көңілді шықты. Құлағыма сыбырлап: - Аға, біздің бөлімнің жауынгерлерін наградаға ұсыныпты. Аман болсақ, төсімізде орден жарқырайды,- деп жауырынымнан қағып қойды. - Егор, орманшы не болды?- деген сауалыма: - Полк штабына алып кетті. Жиенін сол жерден Москваға жөнелтіп өзі қайтіп келеді,- деді ақырын ғана. Моншаға түсіп, киім кешектерімізді ауыстырып өз адамдарымызға қосылып көңіліміз көтеріліп қалды. Үш күннен кейін Николайды комбатқа шақырып кетті. Комбаттан келген Николай старшинаға бөлімшенің жауынгерлерін бір жетілік азық-түлікпен, қару-жарақпен толық жарақтандыруды бұйырды. Жауынгерлерге комбаттың бұйрығы- көтергендерінше жарылғыш заттарын алуды өтініп, тапсырманың толық орындалуын қадағалауды аға сержант Алексейге тапсырды да өзі қайта штабқа кіріп кетті. Екі күн дайындыққа жіберіп, үшінші күні жол жүруге сапта тұрғанымызда қатарымызға арқасында рациясы бар, бұрымы селтиген жап-жас орыс қызы, бейтаныс кіші лейтенат. Қолында ұстаған таяғы бар штабтан шығып Егор орманшы келе жатыр. Сапқа тұрған жауынгерлердің алдында комбат қысқаша сөз сөйлеп: - Бөлімшеге өте жауапты тапсырма жүктелгенін, кіші лейтенат пен радист қызды аман есен партизан отрядына жеткізу керек екенін баса айтып, берілген тапсырманы абыроймен орындайтынымызға сенім білдіріп жолдарың болсын деп шығарып салды. Борис Николаевичтің бөлімшесіне келсек, лейтенат жоқ болып шықты. Неміс десанттарымен айқаста жараланып, тылға емделуге жіберіліпті. Айқасқа қатысқан ротаның жігіттері орман ішінде әлі де неміс десантының қалдықтары болуы мүмкін, мейлінше сақ болу керектігін ескертті. Өзімізге таныс жолмен жүріп келеміз. Алдыңғы шептен алты-жеті шақырымдай ұзағанымызда, Егор орманшы қолын көтеріп: Кілт тоқтады да жан-жағына зерттей көз жіберіп, жігіттер түтін иісін сезіп келемін. Алдымызда күтпеген қонақтар болуы мүмкін,- деген соң Николай жігіттерді топ-топқа бөліп, ара қашықтықта он бес-жиырма метрден ұстап жүріп отыруға бұйрық берді. Николай: - Нинаны сіз қамқорлығыңызға алыңыз,- деп өтінгендей болған соң, қыздың қасына келіп қарсылығына қарамай рациясын арқалап алып, менен бірелі қалма деп түсіндірдім. Николайға қарап едім, ризашылық көңілмен күлімсіреп тұр екен. Қадамымызды санап басып, өте сақ жүріп келеміз. Шамасы бес шақырымдай жүрген соң, өткен жолы өзіміз демалатын алаңқайға келіп тірелдік. Николай жігіттерді орманға жиектей орналастырып, алаңқайды жағалай дүрбі салып бақылай бастады. Алаңның арғы бетінен әлсіз түтін шығып жатқаны көзге болар-болмас көгілдірленіп көрінеді. Шамасы жау десантшыларының қалдығы болуы мүмкін. Жауынгерлерді екі топқа бөліп, бірін өзі, екіншісін кіші лейтенатқа басқартып, белгісіз жауды айналып өтіп ту сыртынан тиісуге шешім қабылдаған Николай, Нина екеуміздің осы жерде болуымызды өтінді. - Аға, қызға басыңызбен жауап бересіз. Бізден ығысқан жау солдаттары осылай қарай қашатын болса, абдырамай, оқ бұрқағымен қарсы алыңыз. Бізден белгі болмай орныңыздан қозғалмаңыз,- деп қатаң ескертіп, жауынгерлерді бастап, аяқтарын мысықша басып жүріп кетті. Нинаны жуан қарағай түбіне орналастрып, түтін шыққан бағытты мұқият бақылап отыруын өтініп, өзім сәл алға жылжып автоматымды қарсы бетке бағыттап, артық қимыл жасамай, үнсіз бақылаумен болдым. Жарты сағат өткенде гүрс етіп жарылған қол гранатасына ілесе бытырлай атылған автоматтар үні орманды жаңғыртып жіберді. Жарылыс болған аймақтан беріректен, ағаш ішінен атып шыққан екі неміс бізге қарай, жан ұшырып жүгіріп келеді. Нинаға қарасам, кабурасынан алған пистолеті дір-дір етіп, қорқыныш ұялаған көгілдір көздері менен демеу күткендей, дәрменсіз жылтырайды. Қызға: - Қозғалмай жат, - деп ымдадымда, автоматтың өңешінен оқ жүгіртіп жіберіп, ағашқа кеудемді сүйей, жартылай көтеріліп, ышқынып келе жатқан немістерді қарауылға алдым. Шамамен өзіме алпыс-жетпіс метр қалғанда автоматтың шүріппесін құшырлана басып жібердім. Жүгіріп келе жатқан немістің алдыңғысы шалғымен қырыққандай омақаса құлады. Кейіндеу келе жатқаны сүрініп кетіп, кілт тұра қалды да қолын көтере беріп шалқасынан түсті. Нинаға қарасам көгілдір көзі жасаурап жылап тұр екен. Қорқынышы әлі басылмаған қыздың денесі дір-дір етеді. Нәзік қоладары әзер көтеріп тұрған пистолетін алып, кабурасына салып қойдым. Алаңның арғы бетінен жауынгерлер бізге белгі бере бастады. Рацияны жол қапшықты арқалап, алаңды төтесінен кесе, өз адамдарымызға қарай жүріп кеттік. Оққа ұшқан екі немістің қасына келіп байқасақ, екеуіде тіл тартапстан мүрдем кетіпті. Документтерін қалтама салдым да, мойындарындағы автоматтырын алып, біреуін Нинаның иығына асып едім, жанарынан ұялаған қорқыныш енді сейіле бастаған қыз басын изеп күлімсіреді. Нинаны соңыма ерітіп жігіттерге келіп қосылдым. Орманның бір қабат ішінде, жанған отың айналасында алты фашистің мүрдесі серейіп-серейіп жатыр екен. Николай жауынгерлерге неміс автоматтарын қалдырмай алып жүруді өтінді. Ауырлық ете қоймас, әрі партизандарға бізден сый-сыяпат болады,- деп қойды. Ағасы сіз мерген екенсіз, бірден екі фашисті қырқып түсірдіңіз. Жау солдаттарының сізге қарай жүгіріп бара жатқанын көріп абдырап қалып едік. Оқ атуға сіздерге тиіп кетеме деп қорықтық. Алексей: - Саспаңдар жігіттер! Мен білген қазақ болса, ол екеуін аман жібермейді,- деп жұбаныш айтты. Оның сөзіне ілесе сіздің автоматыңыз сөйлеп қоя бергені, немістердің омақаса құлағанын көріп қуанып қалдық, жарайсың! Совет одағының қазағы,- деп қолымды алып ақырын қысып қойды. Кідірмей жүріп отырып, Егордің басшылығымен орманшының үйіне келіп жеттік. Мария шешей шалын құшақтап, көздің жасын төгіп-төгіп алды. Кемпірінің арқасынан қағып, бәрі жақсы немереңде үйінде, қыздың үй ішіде аман. Телефон арқылы сөйлестім. Вася жараланып, госипаталда емделіп жатқан көрінеді. Отыра бермей қонақтардың қамын ойлайық, - деп Егор орманшы тұрып кетті. Манадан бері байқамаған ба, біздің арамызда бұрымы селтиіп тұрған жас қызды көріп: - Көгершінім-ау! Сен қайдан жүрсің? Қанды қырғынның ортасында,- деп айналып толғанып қолынан жетелеп үйге кіріп кетті. Егордың айтуымен ебі бар жігіттер бірнеше үйректі ұстап, бастарын кесіп, үйітіп қазанға тоғытып жіберді. Мария әжей мен Нина капуста турап, картоп аршып орыстың капуста көжесін қазірде дайын етті. Әскери бөлімнен шыққаннан бері ыстық тамақ ішпеген жауынгерлер терлеп-тепшіп бір бусанып қалды. Қолдан жасалған орыс арағының күші бойларына жайылдыма, көлеңкеге сұлай-сұлай кетіп қорылға басты. - Аға, Алексей екеуің күзетте болыңыздар! Басқалары демалсын, төрт сағаттан кейін сіздерді алмастырамыз. Өте сақ болыңыздар. Меңіреу орман іші дегенмен жау тылында жүрміз ғой. Партизандардың келетін бағытын мұқият қадағалаңыздар. Рұқсат болса, менде дем алайын деп үйдің іргесіндегі тапшанға қисайды. Жауынгерлер Алексей екеуімізді күзеттен ауыстырысымен орманшының қарсысындағы шөптің үстіне құлай кеттік. Қатты шаршағандықтан болар, кірпіктерім бір-біріне байланғандай көзімді еріксіз жұмып қор ете қалдым. Түс көріп жатыр екенмін: Анам келіп, бетімнен сипап: - Жүдеп кетіпсін ғой, құлыным! Мені көп ойлай берме! Ғабдуали бөлең көшіріп алған. Жәмила апаң екеуміз бірге тұрып жатырмыз, жағдайым жақсы. Төлеухан Қарағанды да жұмыс істейді, хат жазып тұрады,- деді дәл өңімдегіндей. – Апа, жеңеше қолымды создым. Анамның бейнесі бірте-бірте алыстай берді. - Жеңеше,- деген өз даусымнан өзім оянып кетіп басымды көтеріп алдым. Аман-есен бөлімге оралсам хат жазайыншы, деп ойлап орнымнан тұрып кеттім. Жуынып шайынып таңғы асымызды ішкен соң, сапқа тұруға бұйрық берілді. - Жауынгерлер,- деді Николай. - Жаңа ғана штабпен байланысқа шықтық. Партизандарды күтпей, тез іздеп табыңдар деген бұйрық алдым. Неміс автоматтарын ауырсынсаңдар Егор ақсақалға тапсырыңдар. Жолға дайындалуға бес минут уақыт беремін,- деп сөз аяғын қатаңдау қайырды. Жауынгерлер артық деген заттарын орманшыға өткізіп сапқа тұра бастады. Мендегі басы артық неміс автоматын біреуін қасымда тұрған Нинаның иығына іле салдым да, екіншісін Егор қартқа апарып бердім. Менің ісіме риза болған Нина: - Спасибо, аға,- деп риза көңілін білдірді. Алда Николай, партизан соқпағына түсіп, орман ішіне тереңдей кіріп бара жатырмыз. Барған сайын жүруіміз қиындай түсті. Қанша сақ жүрейік десек те аяқ астындағы қураған бұтақтар солдат етігінің табанына шыдамай күрт сынып, еріксіз елең еткізеді. Балада болса басқа салған соң көнбеске лажы барма, кіп-кішкене орыстың сары қызы елпеңдеп соңымнан еріп келеді. Алдыңғы жағымызда қалың жыныс сирей бастаған сияқты. Күн шапағы молайып түсе бастады. Алдымызда көлемі ат шаптырым алаң жатыр екен. Николай тоқтауға бұйрық беріп, төрт жауынгерді екі-екіден топтап алаңның жан жағын барлап келуге жұмсады. Өзі дүрбі салып маңайды жіті бақылай бастады.Ол маған қарап: - Ағасы, сезесіз бе? Баяу ескен желмен біздің оңтүстік жағымыздан күлімсі иіс келетін сияқты,- деген соң, бетімді оңтүстікке бұрып едім, күлімсі қолқамды атып жіберді. Шамасы партизандар осы маңда болуы керек. Неге екені белгісіз қоныс аударып кеткен. Немістердің шабуылына жолықтыма екен. - Ендігі бағытымыз оңтүстік бағытқа қарай болмақ,- деп өз тұжырымын жасады. Барлауға кеткен жігіттерге қайтып оралып, маңайда күдіктенетін ештеңе жоқ, -деп баяндады. - Жігіттер, осы жерде бір сағат аялдап тамақтанып алайық. Қалған уақытта тоқтаусыз жүреміз,- деп Нина мен екеуміздің қасымызға келіп отырып, жол қапшығының ауызын шеше бастады. Жылдамдатып қанжармен консервіні аштым да солдат қасығын тазарта түсіп Нинаға ұсындым. - Аға, сами ешьте, - деп қып-қызыл болып кетті. - Нина, біздің елде Қазақстанда дәмді құдайы қонағына ұсынады. Бұл қазақтардың қалыптасқан дәстүрі. Сен біздің қонағымызсың. Николай: - Ағаға саған ерекше қамқорлық жасауды тапсырғанмын, ұялмай дәм алыңыз, - деп өзі бір құты консервіні ашып, менің алдыма қойды. Жеңіл тамақтанып, солдат құтысынан сусындап жүріп кеттік. Алаңқайдан ұзаған сайын күлімсі иіс қолқамызды атып жүруіміз қиындай берді. Нина екі-үш рет құсып алды. Пилоткамен аузы-мұрнымызды жауып әзер жүріп келеміз. Алда келе жатқан Николай солтүстікке қарай қиыстай бастады. Бес шақырымдай жүргенде алдымыздан тағы бір алаңқай кездесе кетті. Алаңның әр жерінде бұзылған жертөлелер, шашылған азық түлік, сынған қару жарақтар, өлген аттың өлексесі, жау солдаттарының мүрделері жатыр. Партизандар мен немістердің арасында күшті шайқас болғанға ұқсайды. Алаңды тез айналып өтіп, бағытымызды күрт өзгертіп оңтүстік бағытқа қарай жүріп келеміз. Күн кештетіп бара жатыр. Жазық далада емес, орманды жердің кешіде ерте түседі. Алға екі барлаушы жіберіп, басқамыз кейіндеу келеміз. Алға кеткен барлаушылардан тоқта деген белгі болған соң, қанатымызды жайып, қарумызды кезеп жата қалдық. Кейін оралған Алексей мен Самед алда қарулы адамдар келе жатқанын баяндады. Николай жауынгерлердің қанатын жайғыза түсті. Жауынгерлерді ішкері кіргізіп жіберіп, қимылдауға мұршаларын келтірмей басып қалу қамын жасауда. Көп күттірмей орман ішінен дабдырлай сөйлесіп, ештеңеден қамсыз алты жолаушы жақындап келе жатты. Ала-құла киінген, иықтарында неміс автоматтары, айқұш-ұйқыш асынған портуфейлері бар, өздерін орман ішінде еркін сезініп, емін-еркін бізге қарай жақындап келді. Бізге отыз, қырық метр жақын келген уақытта, жуан қара ағашты тасалап тұрған Николай: - Қаруларыңды тастап, қолдарыңды көтеріңдер,-деп қаһарлы дауыспен бұйыры сөйледі: Алғашқыда абдырап қалған тобыр, қаруларын кезеніп жата қалды. - Кім боласыңыздар да қоршауда қалдыңыздар. Бұйрыққа бағынбасаңыздар оқ нөсерінің астында қаласыздар,- деген Николайға: - Сендер кімсіңдер? Жөндеріңді айтыңдар. Жау болсаңыздар өліспей беріспейміз,- деп тіл қатты. - Біз қызыл армия жауынгерлеріміз, полк командирінің тапсырмасымен партизан отрядын іздеп келеміз,- деген Ниолайға: - Ей, Қазақстанның орысы, бізді танымай қалдыңба?- деп басына кепка киген жағалай портуфея асынған азамат орнынан ұшып тұрып, бізге қарай жүріп келеді. Басқаларыда ербейіп-ербейіп орындарынан тұрып жатыр. Николай да қарағай тасасынан шығып қарсы жүрді. Екеуі дос жаран адамдай құшақтасып кеткен соң, бізде орнымыздан тұрып оларға жақындадық. Партизандарының бірі өткен жолы орман ішінде кездесетін портуфея тағынған азамат екен. Мені көре салып: - Совет одағының қазағы аман-есен жүрсің бе?- деп жақын дос-жарандай амандық сұрап жатыр. Көп бөгелмей партизандарды алға салып, отрядтың негізгі тұрағына келдік. Отряд командирі бұрынғы колхоз басқармасы екен. Егде тарытып қалған азамат. Біздің әрқайсымызбен қол алысып, амандасып болған соң, көмекшісіне монша дайындап, жауынгерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуді тапсырды. Николай кіші лейтенат пен Нинаны алып жертөлеге кіріп кетті. Алыс жолдан қажып келген жауынгерлер моншаға бусанып, партизан қазанына піскен ботқаға тойып алып, жол қапшықтарын жастанып рахаттана қорылға басты. Ыстық моншадан кейін жақсы демалып қалыппыз. Таң мен таласа партизандармен бірге оянып, жуынып таңғы ас ішіп болған соң, сапқа тұрыңдар деген бұйрық саңқ ете қалды. Николай сапқа тұрған жауынгерлерді бастан аяқ аралап шығып комбаттың сәлемін жеткізді.Бөлімше жауынгерлерінің кезекті тапсырманы абыроймен орындағаны үшін алғыс жариялағанын, жауынгерлерді үкімет наградасына ұсынғанын мақтанышпен жеткізді. - Алдағы міндетіміз, күре жолдың бойына барлау жасап, тіл алу. Тез жиналып, бойларыңызда өздеріңнің жеке қаруларыңыздан басқа ештеңе болмасын. Жол қапшықтағы жарылғыш заттарды кіші лейтенатқа тапсырыңдар. Жиырма минуттан кейін жолға шығуға дайын болыңдар, - деп жертөлеге кіріп кетті. Түс ауа партизан тұрағынан қозғалған бөлімше бір топ партизандардың бастауымен күре жолға қарай жүріп келеміз. Алдымызда кіші лейтенат бастаған алты партизан, тас жолды кесіп өтіп, темір жол бойын барлап қайтпақшы. Күн кештете үлкен тас жолға жетіп жығылдық. Жолдың бойы ағылған жау әскері мен техникасы. Біз келгеннен бері бір толастаған жоқ. Маңайды қараңғылық басқанша орман ішінде отырып,барлау жүргізе бастадық. Кешкісін жүргіншілер саябырлаған уақытында, кіші лейтенат бастаған партизандар қош айтысып, жүгірген беттерінде тас жолды кесіп өтіп, көзден ғайып болды. Орманды жиектей, жолды жағалай жүріп отырып, орманның жолға қарай сұғынып тұрған тұсына келіп тоқтадық. Николай жауынгерлерге демалуға бұйырды да Алексей мен мені ертіп орман жиегін тегіс аралап шықтық. Бізге осы жер қолайлы, тас жолға жақын, жаудың шағын жүргіншілеріне тап беруге ыңғайлы. Жігіттерді екі топқа бөліп, Алексей бастаған топты жолдың келесі бетіне қолайлы жерге орналастырып келіп: - Енді тек шақырылмаған қонақтарды күту ғана қалды,- деп жымиды. Таңға жақын жүріс сирей бастады. Ұйқы баса бастаған бізді алыстан естілген мотор үні сергітіп жіберді. Сақ болыңдар деген ше болған жоқ алдына мотоциклді солдаттарды салған жеңіл машина жақындап қалған еді. Николай тез қимылдап, орта жылдамдықпен келе жатқан машинаға қол гранатасын сілтеп қалғанда, бізде жау мотоциклистеріне оқты төгіп жібердік. Мотоциклге мінген жау солдаттары жолдың бір жақ бетіне қырындай барып, жантая құлады. Николай машинаға жетіп барған уақытта артқы есік ашылып, ішінен шекесінен соққы алған неміс майоры шығып келе жатты. Машина ішіндегі майордың сумкасын ала-мала жүгірп отырып орман ішіне кіріп кеттік. Осы қарбаласта Алексей бастаған топта қатарымызға келіп қосылды. Тұтқын неміс майорын алып жүруді екі жауынгерге тапсырып, Николай: - Жігіттер бұл маңнан мейлінше алысқа кету керек, -деді. Немістер сезісімен артымыздан қуғыншы шығады. Бөгелмей менің соңымнан еріңдер,- деп алға түсіп аршындай адымдап келеді. Екі сағат шамасында тоқтаусыз жүріп отырып, шағындау алаңға келіп шықтық. Артымыздан неміс минометтерінің гүрсілі естіліп жатты. - Біздің орнымызды атқылап жатыр,- деп күліп қойды Николай. - Аға, мына фашист қазақша білеме екен, сөйлесіп көріңізші, -деп әзілдеді командир. Автоматымды кезеніп неміс офицеріне төніп барғанымда, көзі жыпылықтап, екі қолын ербеңдетіп, шалқасынан құлап түсті. Қаруымның ұңғысын тіреп тұрып, тыныш жатқан елде нелерің бар еді, оңбаған деп автоматтың дүмімен иығынан салып жібердім. Неміс біреуден араша күткендей, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, бақырып жіберді: - Николай біздің қолымызға қазақша білмейтін неміс түсіпті,- деп орныма келіп отыра кеттім. - Жігіттер, біз шамамен өткен жолы немістерді қолға түсіретін елді-мекеннен бес шақырымдай жерде тұрмыз. Байғұс қарт барма екен. Әлде немістердің Қарулы шеңгеліне ілінді ме? - ойланып тұрып қалды. Алексей жауынгерлерді бастап, орманшының үйіне қарай жүре беріңіздер. Біз аға екеуміз өткендегі деревнияға барып келеміз. Шамамен үш сағатта сіздерге қосыламыз. Орманшының үйіне бірден бармай бізді орман ішінде күтіңдер. Жолдарың болсын, -деп Алексей жауынгерлерді соңынан ертіп орманға тереңдей кіріп бара жатты. - Кеттік, аға, - деп Николай жеңіл жүгіріспен жүгіре жөнелді: кейде аршындай адымдап, кейде жеңіл жүгіріспен деревнияның желкесінен бірақ шықтық. Дүрбі салып барлау жасаған Николай, терең күрсініп өксікке толы үнмен деревнияны өртеп жіберіпті, оңбағандар, біздің кесіріміз тидіме екен деп үнсіз отырып қалды. Деревнияда тіршілік байқалмайды. Мен барып келейін,- деп жол қапшығын маған қалдырып, сайсыкеш жыраны паналай деревнияға қарай жүріп кетті. Жиырма минуттан кейін сылбыр аяңдап, деревниядан шығып келе жатқан Николайды көзім шалды. Қасыма келген командирім жас балаша өксіп-өксіп жылап алды. - Қой, Николай! Жылағанмен ештеңе өңбейді: тезірек қозғалып жігіттерді қуып жетейік дегенімде орнынан ұшып тұрып соқпақ жолмен орманшының үйіне қарай жүріп келеміз. Деревнияда адам түгіл, итте қалмаған. Осы жағдайға өзімді кінәлі санап келемін. Өткен жолы деревниядан немістерді тұтқындамағанда мүмкін мұндай болмаған боларма еді: - Николай біз қай бағытқа бара жатырмыз? - деп едім: - Аға, біз олардың жолын қиып аламыз,- деді де алға түсіп жеңіл жүгіріп отырды. Жеңіл жүгіріспен алаңқайға келіп жеттік. Николай шоқ қайың түбіне отыра кетті. Сәл тыныстап, демалған соң жан- жағымызды шолып зерттей бастадық. - Аға, байқадыңыз ба? Мына қайыңның бұтақтары сынып түсіпті. Демек бізден бұрын бұл маңда біреулер болған сияқты. Жан-жағыңызға мұқият болыңыз, - деді. Орманның бір қабат ішімен алаңқайды айналып келеміз. Николай тоқтай қалды. Маған ымдап алдыңғы жақты көрсетіп қояды. Мойнымды созып алдыға қарасам, алаң жиегінде от жағып екі-үш адам отыр. Екеуі басына орамал тартқан әйел, үшіншісі зор тұлғалы қария. Біз дыбысымызды шығармай, барынша сақ қимылдап, жақындай түстік. Таяқ тастам жақындағанша ештеңе сезген жоқ. Шамасы отқа картоп пісіп отқан сияқты. Жанған отты, қолдарындағы таяқпен аударыстыра береді. Николай, ақырын сыбырлап: - Тірі екен деревняиядағы қарт,- деп қуанғанын жасыра алмай: - Жақындап келіп амансыздар ма?- дегенімізде, алып тұлғалы қарт орнынан ұшып тұрып жарқ еткізіп беліндегі балтасын жұлып алды. Николай қолын көтеріп: - Біз, өз адамдарыңыз боламыз. Танымай қалдыңыз ба қарт дегенімізде қолындағы балтасын тастай салды да состыйып тұрып қалды. - Сендер қайдан жүрсіңдер ұлдарым,- деп кемсемдеп жылап жіберді. Деревниядан тірі қалған үшеуміз. Саңырау құлақ теріп орманға кеткенбіз. Кешкісін оралсақ ауыл өрт құшағында. Содан бері орман ішін кезіп жүрген жағдаймыз бар. Баратын жереміз, басатын тауымыз қалмады. Бұл оңбағандарды қашан қуып шығасыңдар орыс жерінен,- деп бізден көмек күткендей екі қолын жайды қария. Николай кібіртіктеп барып: - Көп ұзамай орыс жері жау табанынан босайтынына мен сенімдімін қариялар. Біраз шыдай тұруға тура келеді деді де, -Аға қапшықтың аузын ашыңыз,- деп маған иек қағып. Солдат қапшығының аузын ашып қариялардың алдына қойдым. Олар ұялды білем қол соза қойған жоқ. - Рахмет, ұлдарым. Азғанай азықтарың өздеріңе керек болады. Жау тылында жүрсіңдер. Мұндай сый-сыйапатырыңызды ала алмаймыз. Біз елді мекенге жеткенше саңырау құлақ, картопты қорек етеміз. БІз үшін алаң болмаңдар, - деді қария. Николай солдаттың екі жол қапшығын қариялардың алдына аудара салып, ішіндегі азық түлікті екіге бөлді де қарияларға қарап: - Мына бөлігі сіздерге, қалғаны аға екеумізге. Бөлімге жеткенше жарап қалады,- деп қартты көндіргендей болды. Ағалық рахметін айтып, қариялар қала берді. Солтүстік батысқа қарай жүріп келеміз. Орманшының үйіне жақындап қалған сияқтымыз. Азырақ демалыс жасамаққа жуан қарағайдың түбіне отыра кеттік. Солдат фляшкасын алып, шөл басып отырғанымызда - Крек, крек- деген дыбыс құлағымызға шалынды. Құлағы елең ете қалған Николай: - Крек,крек- деп жауап берді де: - Аға, біздің жігіттер,- деді қунышын жасыра алмай. Бізге көлденең қиястап соқпақпен, келе жатқан жігіттерді көрдік. Бас-аяғымызды қосып, қуанып қалдық. - Амандық болса, кешікпей орманшының үйіне жетіп қаламыз,- деді Ниолай. Алға үш барлаушы жіберейік, олар бізден алпыс-жетпіс метр қашықтықта жүріп отырсын. Әрбір сынған бұтаққа назар аударыңыздар. Өте сақ болыңдар. Күтпеген жағдайға тап болсаңдар, мүмкіндігінше оқ атпай кейін шегініңдер. Алексей бастаған үш жауынгерді алға аттандырып жібердік, жарты сағаттан кейін, негізгі топта қозғалды. Күн кештетіп келе жатты. Алдымыздан шыққан құрбақаның дыбысына елең еткен Ниолай, қолын көтеріп тоқтауға белгі берді. Аузын оң қолымен басып, басын шайқады. Бұл- дыбыс шығармаңдар дегені еді. Мені қасына ертіп, дыбыс шыққан жаққа еппен жүріп келеміз. Шағын алаңқайдың қасында Алексей бастаған топ күтіп тұр екен. Алексей ымдап: Екі қарағайдың ортасына шағылған оттың орнын, жағалай шашылған неміс сигаретінің қалдықтарын көрсетті. Дымқыл жерге түскен немістің тағалы етіктерінің іздері ап-айқын көрініп жатыр. Николай, картасына қарап, орманшының үйі шамамен бір жарым екі шақырымдай. Екі топқа бөлініп, үйді жартылай қоршауға алуымыз керек. Арамыздағы кеңістікті автомат оғы толық шарпитын болсын. Орманшының үйінде жау солдаттары болса, миілінше сақ қимылдап, шығын шығармау жағын ойлаған жөн. Орманшының үйінің алдындағы алаңқайға жетіп, дүрбі салып бақылау жүргізе бастадық. Үй жақтан соққан баяу желмен күйген, күңірсігін иіс келді: мұрынға. Мен Алексейге қарадым. Дүрбі салып тұраған ол: - Иттер торай үйітіп жатыр. Мынаны қара құдық маңындағы жуан қарағайға орманшыны байлап қойыпты. Екі полицай карабиндерін иықтарына асып алып, үйдің алдын самарқау айналып жүр. Тағы бір екеуі отқа қақталған тораймен әлек. Құдықтан су алып шалына бермек болған Мария әжейді күзетші полицайдің бірі карабинның дүмімен жасқап жолатпады. Мұндай көрністі көріп тұрған жігіттердің бойын ыза кернеп, түстері сұрланып шыға келді. Жауынгерді екі топқа бөлген Николай бір қабат орман ішімен жағалай отырып, үйге ми батпақ жақтан жақындауға шешім қабылдады. Бірінші міндет жау күзетшілерінің көзін жойып, орманшыны босатып алу. Әрі қарай оқиға қалай өрбісе, солай әрекет жасаймыз. Іске сәт деп жауынгерлер алаңның екі жағымен айнала отырып, орманшының үйінің ми батпақ жағымен келген едік. Үйден шыққан неміс офицері Егор қарттың қасына барып, тілін шайнап: - Русь капут, партизан капут,- деп саусағын безеп қояды. Талтайып кіші дәретін сындырып, жан-жағына паңдана қарап, үйге кіріп кетті. Олардың күзетшілерін ауыстыруын бір сағат күтуге тура келді. Ай сүттей жарық. Бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Іштен шыққан екі полицай, Николай тамаққа барыңдар. Торай еті қалай былбырап піскен, орманшының арағы да жеткілікті екен,- деп мәз болып, қарқ-қарқ күледі. Іштен шыққан екеуі ауыздарына темекілерін салып, құшырлана сорды. Сарайдан шыққан Мария: - Әжей, ең болмаса шалыма су беруге рұқсат етіңдер, мырзалар,- деп күзетшінің біріне жалына-жалбарына бастады. - Кәрі қақпас бар шалыңның өлер алдында шөлін қандыр деп біреуі зірк ете қалды. Мария шешей құдықтан су алып, шалының аузына апара бастады. Күні бойы су ішпей шөліркеген қарт, шелектегі суға ашқарақтана бас салған еді. Күзетші полицайлар автоматтарын иығына іліп алып, үйді самарқау айнала бастады. Уақыт болды дегендей Николай құрбақаша үш рет бақылдап белгі берді де маған ымдап орманшына көрсетті: түсіндім дегендей басымды изедім. Шіліктен тоқылған үй ауласын жағалап, орманшының тұсына келдім. Мария шешей Егордың аяқ жағына шоқайып отырып қалыпты. Менің көзім Алексей мен Николайдың қимылында болды. Екеуі екі жақта үй қабырғасына жабысып жау күзетшілерін күту де. Есік алдында тұрған полицайлар сәл әңгімелесіп тұрды да екеуі екі жаққа бет алды. Иа, сәт дедім ішімнен. Үйдің бұрышын айнала берген күзетшілердің бір мезгілде ауыр ыңырсығандарын құлағыма жеткен бетте дуалдан секіріп түсіп, қанжармен орманшыны байлаған арқанды қиып жібердім де жуан қарағайдың тасасына қарай жұлқа тартып, қимылдамай жатыңдар дегенімде әйтеуір жау емес екенімді сезген шал мен кемпір қарағайды тасалай жата қалды. Мысықша басып, басқа жауынгерлерде үйдің маңына келіп, орналасып алған еді. Үй қабырғасына жабысып тұрған Алексей мен Николай бір мезгілде жарық жанып тұрған бөлмеге қол гранаталарын тастап жіберіп үй іргесіне жабысып жата қалды. Қатты жарылыстан үйдің терезелері ұшып-ұшып кетті. Іштен жанталасып шыға келген неміс солдаттары мен полицайларын дүркін-дүркін атылған автомат оғы қырқып түсті. Автоматтың нөсерлі оғы басылысымен Николай бастаған төрт жауынгер қаруымызды кезене ұстап ішке кіріп кеткен едік. Іштен ешқандай қарсылық байқалмады. Жаралы унтер офицерді алдымызға салып сыртқа шықтық. Мария әжей мен Егор қария бізге жаңа ғана назар аударып: - Әлі осында ма едіңдер? Сендер болмағанда кемпіріміз екеуіміз жұмақтың төрінде отыратын едік. Бұғанда шүкіршілік етейік жаратқанға, -деп қуақылана жымиды. Орманның бір түпкірінде жатқан сізді қалай іздеп тапқан болар. Мені тапқан анау жатқан жергілікті полицай. Ұрлық жасап екі рет сотталған. Немістер келгеннен бері атқа мініп елге қырғыйдай тиіп жүреді. Жеткен жері осы болды. Қызыл командирдің әкесі партизандармен байланысы бар,- деп келгеннен бері таяқтап еді,- деді Егор. Кемпір ыстық ас дайында, тамақтанып алсын, жолдарынан қалмасын,- деп орманшы кемпіріне қарады. Шалының айтқанын естіген кемпірі жүгіре басып сарайына кіріп бара жатты. - Бізге көп тамақтың керегі жоқ. Солдат қапшығынан дәм татып, таңғысын ыстық шай ішсек болады. Біз сізді бұл жерге қалдыра алмаймыз. Бүгін келген жау, ертең де келеді. Басыңызды оққа байламаңыз. Туған жеріңізді жаудан босатқанша, бізбен бірге өзіміздің аумаққа өтіп, сол жақта тұра-тұрасыздар. Арғы бетке шыққан соң, балаңыздың әскери бөліміне іздеу салуға мүмкіндік туады,- дегенді есітіп тұрған кемпірі: - Егор сен балалармен бірге бар. Бористы іздеп тауып аларсың: мен осында қала беремін. Маған кім тиер дейсің. Орыстың жаман кемпірі кімге керек,- деп шалына өтінішпен қарады. - Жоқ, Мария мен сені тастап, ешқайда бармаймын. Өлсек бірге өлейік, туған жер топырағында, бізді әурелемеңдер балалар. Көңілдеріңе рахмет,- деп қария өз шешімін келтесінен қайырды. Николай бізге қарап алақанын жайды. Сен сөйлесіп көр дегендей Алексейге ым қақты. Үй ішіндегі өлекселерді шығарып, сапер күректермен мәйіт қазып, жауда болса беттерін жаптық. Он неміс солдаты, алты полицай, унтер офицерімен он жеті адам екен. Олжа қару жарақтарды тастамай алып жүруге бұйырды. Біздер осы шаруларды бітіргенше Алексей шал мен кемпірді үгіттеумен болды. Таңғысын ыстық шай ішіп, солдат қапшығынан азын аулақ дәм татып, жол жүруге дайындала бастадық. Ұзын сырқпен қаруланып, Мария әжейді ортамызға алып, унтер мен майорды қосақтап жігіттер жетектеп, Егор орманшының соңынан шұбатылып жүріп келеміз. Жол өте ауыр болды. Мария әжей екі солдат көлденең ұстаған сырыққа сүйеніп әрең жүріп келеді. Жетектегі екі фашист қайта-қайта тұңғыйыққа құлап кетіп уақытымызды алумен болды. Жүрісіміздің жай болғаны сондай, бір шақырымға жетер-жетпес батпақты кесіп өтуге алты сағат уақытымыз кетті. Қатаң жерге аяғымыз тиген соң орман ішіне екі-үш жерден от жағып, су болған киімдерімізді кептіріп киіп алдық.Ағаштың бұтағына шығып, арғы бетке дүрбі салып тұрған Самед: - Қария, сізге қонақ келгенге ұқсайды,- деп ағаштан сырғып түсті. Самедтің түсуін күтіп тұрғандай автомат, пулеметпен фашистер ми батпақты ұрғылап берді. Біз жайымызбен жылжып, орман ішімен ұзай бердік. Мария шешейдің жағдайына қарап, барынша жай жүріп келеміз. Күн еңкейе бастады. Шағын алаңқайды айнала орналасып, сол жерге түнеп шығуға шешім қабылдадық. Алексей бастаған екі жігітті маңайды шолып келуге жұмсаған Николай менің қасыма келіп отыра кетті. Қалтасынан паперосын алып тұтатып, құшырлана сорып, түтінін будақтата шығарып, маған жымия қарап: - Аға, жена барма? - Жоқ, үйленіп үлгермедім. Жалғыз шешем қалды елде. Басқа ешкімім жоқ. - Менде әке-шеше бар үлкейген. Інім биыл тоғызыншы сыныпта оқиды. Қалыңдығым бар,- деп төс қалтасынан жас шамасы он алты - он жетілердегі қара торы қыздың суретін көрсетті. - Аға менікі қалыңдық, сенікі қарындас, қазақтың қызы, - Ау, Николай сен маған күйеу бала болдың ғой,- дегенімде - Иа, аға мен сенікі күйеу бала, -деп қызарақтады. - Соғыс біткен соң, үйленеміз: сізді тойға шақырамын, аға. - Бауырым, қазақшаны қайдан үйреніп жүрсің? - Аға, менде Қанат, Самат дос болған. Жазда олармен бірге Қали атаға қыдырып барған. Атқа мінген, балық аулаған, қой баққан, ауылға көп барған. Ауылда қазақ балалары көп. Солардан қазақша үйренген,- деп жымиды. - Аман болсақ сенің де тойыңда болармын. - Тезірек соғыс бітсе екен,- деп ауыр күрсінді Николай. Барлаушы жігіттер оралып, маңайда күдіктенетін ештеңе жоқ. - Онда осы жерде демалып, таңертең ерте жүріп кетеміз. Алексей жігіттерді жұптастырып күзетке қоярсын. Аға, сіз демалыңыз, мен Егор ақсақалға барып келейін,- деп бізден сәл қиыстау отырған орманшыға қарай бара жатты. Ерте тұрып таныс соқпақпен жүріп келеміз, өткен жолғы таныс жол болған соң ба тым жайбырақат едік. Қанша жай жүрсекте, жолды өндіріп тастадық қой деймін түс кезінде үлкен тақта жазыққа келіп тірелдік. Николайдың ымдауымен ағаш түбіне жата-жата қалдық. Дүрбімен жан-жақты сүзе қараған Николай қолымен алаңқайдың қарсы бетіндегі бір шоқ қарағайды нұсқағандай болғасын, ақырын баспалап қарасам, шоқ қарағайдан әрірек орманның ішіне қарай сұғына кірген бұрышта отты айнала бір топ көк киімділер отыр екен. Ірі колибірлі пулеметті бізге қаратып құрып қойған. Әзірге ештеңе сезбеген сияқты жайбырақат. Орман ішіне қарай шегініңкіреп, тұтқын немістерді қосақтап байлап тастап, қасына Егор, Мария шешеймен бір жауынгерді қалдырып, қалған жауынгерлерді ақырын жылжытып, алаңның жиегіне әкеліп орналастырды. Әлденеден сезіктеніп қалдыма, біздің бір жақ бүйірімізден ірі колибірлі пулемет пен автоматтар сөйлеп қоя берді. Бұғып жата қалдық. Ол аз болғандай қарсы беттегілерде оқ нөсерін төгіп-төгіп жіберді. Алдымызда қалқалап тұрған майда шыбықтар шалғымен ұрғандай жайрап қалды. Оқ ату тыйылып жан-жағымыз тып-тыныш бола қалды. Немістер бізді сезіп оқ атып жатырма, болмаса қорыққанға қос көрінедінің кебі ме, ол жағы бізге де белгісіз еді. Бұқпантайлап жағалай дүрбі салып тұрған Николай басын шайқап, жаудың күші бізден әлде қайда басым сияқты. Шамасы осы жерге десант түсірген-ау! Ашық айқасқа бара алмаймыз. Қозғалысымызды білдірмей, кейін шегініп кетуіміз керек. Жігіттер үш-үштен кезектесіп шегінеміз. Алғашқы үштік жорғалап кейін шегіне бастағанда, немістер оқ нөсерін құйындата төгіп-төгіп жібергені. Маған жақынырақ жатқан жауынгердің ауырсына ыңырсығанын құлағым шалды. Еңбектеп қасына келсем оң жақ санының қалың етін оқ тесіп өтіпті. Қолдан келген көмегімді жасап бола бергенімде, жау шабуылын тойтаруға дайын болыңдар деген Николайдың дауысы саңқ етті. Бұқпантайлап қарсы бетке қарасам, көк мундирлі фашистер автоматтарын қарларына тірей, дүркін-дүркін оқ атып қойып, сабын бұзбай жүгіре басып келеді екен. Николай автоматын томашаға жастап, сәл көтеріліп қолын сілтеп қалды да, өзі де қаруының тетігін ағытып жіберді. Он автоматтан құйылған оқ нөсері жаудың алдыңғы легін шалғымен орғандай жайпап түсірді. Жау солдаттары сәл кейін серпіліп, жата-жата қалып атыса бастады. Алаңның оң жағынан оқ нөсері үсті-үстіне төгіліп, тынысымызды тарылтып жіберді. Түтігіп кеткен Николай: - Аға, сіз тұтқындармен Егор, Мария шешейдің қасындағы жауынгерімен бірге солтүтсік батысқа қарай жылдамырақ жылжи беріңіз, біз сіздерді қуып жетеміз,- деді де маған: -Бауырым, мен сенімен, - дегенімше -Бұйрықты орындаңыз! - деп ақырып жіберді. Артқа шегінбек болып, сол жағыма аунап түсе бергенміде неміс автоматтары бытырлай жөнелді, сол жақ қарым шым ете қалғынын сезсем де, Николайға білдірмей, жер бауырлап артқа қарай бес-алты метр жылжыдым да, сәл көтеріліп бұқпантайлай жүгіріп, тұтқындардың қасына келдім. Орындарынан тез көтеріп, солтүстік батыс осы жақ болар деп, тұтқындарды алға салып атыс болып жатқан жерден ұзай бердік. Үзік-үзік шыққан автомат үнінен біздің жауынгерлердің батысқа қарай шегініп бара жатқанын сездім. Сол қарымды сипап байқасам, сүйегі аман, оқ қарымның сырт жағынан тіліп кетіпті. Сәл тыныстаған жерде қасымдағы жауынгер орап, байлап тастады. Тоқтамай соғыс болған жерден ұзай бердік. Қараңғылық қоюлана бастаған соң, Егор орманшының таңдаған шоқ қарағайының ішіне келіп жайғастық. Өзімізге-өзіміз келіп сәл тыныстап алғаннан кейін фляшкадан су ішіп, шөл басып отырып енді не істеймін деген ой бүкіл әлемімді жаулап алған еді. Орманшыға фляшкамды ұсынып жатып, ақсақал енді қалай қарай жүреміз деп қорқынышымды білдірдім. Қараңғылық болса да орманшының жымың еткенін байқадым. - Ұлым, таңға дейін аман болсақ, өз әскерлерімізге қосыламыз,- деп мені қуантып тастады. Күні бойғы жүрістен шаршағандықтан болар, қанша ұйқтамайық десек те көзіміз еріксіз жұмыла береді. Бірімізді-бірімізді түртіп қойып, жан дүниемізді билеп бара жатқан ұйқы әлемін сейліткендей боламыз. Қалғып-шұлғып отырып таңды да атырдық. Жан-жағымызды барлай қарап, енді жүрмек болып жатқанымызда біз тұрған жерден солтүстікке қарай сәл жоғарырақтан көкектеген көкектің дауысы елең еткізді. Орманшы дауысқа құлағын тосып: - Тым ертерек шақырған көкек екен,- деп таң қалғандай болды. Николайдың айтқаны есіме түсіп, күліп жіберіп, менде көкек болып үш рет шақырдым. Маған жауап берген көкектің дыбысы бізге қарай жақындап келе жатты. Сол жағымды зерттей қарасам, ескі сүрлеумен қолындағы таяғымен өзін демеп қойып жауынгерлерді соңынан ерткен Николай келе жатыр екен. Біздің жігіттер,- деп қасымдағы жауынгер ұшып тұрып айқалап жіберді. - Николай барсыңдарма,- деп оларға қарай жүгіре жөнелдім. Орыс орманының ішінде бір орыс, бір қазақ құшақтаса кеттік. - Аға, аман-есенсіздер ме? - Аманбыз! Николай, өзің жарақаттанып қалғанбысың? - Оқ қоң етімді тесіп өтті. Сүйегі аман ғой деймін. Таяққа сүйеп жүруге жарап келеді. Маңайымызға топтаса қалған жігіттерді шолып өтіп, Николайға қарадым. -Аға, Алексейден айырлып қалдық, - деді ауыр күрсініп, басымнан пилоткамды алып, қалай тізерлей отыра қалғанымды білмеймін, көзімнен еріксіз жас шығып кетті. - Жылама, аға! Бұл соғыс. Соғыс болған соң, шығын болу жазылмаған заңдылық. Екі жауынгермен тосқауылда қалып еді. Бізге біреуі ғана келіп қосылды, деп маңайына мұңайа көз жүгіртті. Ұйқысыраған қара шал, өз-өзінше күбірлей, бұдан әрі қалай болып еді... деп алыста қалған жылдардың көмескі елесін есіне түсіре алмай қинала бастады. Николай екеуі госпиталдан шыққан күні мен бөлімшеге оралдым. Николайды девизия штабына алып кетіп еді. Кетіп бара жатып: - Аға, мүмкіндік болса, сізді қасыма аламын,- деп кеткен. Бұдан кейін Николайды көргенім жоқ. Қайда екен есіл ер! Тірі ме, өлі ме ол бір аллаға ғана аян. Бізге командир болып келген лейтенанттан маған хат беріп жіберіпті. Аға сізді қасыма алуыма мүмкіндік болмады. Шағын отрядпен Егор шалдың еліне бара жатырмын,- деп жазыпты хатында. - Аман болсақ кездесерміз әлі, кездескенше күн жақсы болсын!- деп аяқтапты хатын. Хаттан түсінгенім Николайдың ерекше тапсырмамен жау тылына бара жатқаны еді. Аман бол жолың болсын бауырым дедім ішімнен. Тұтқында Көп ұзамай менің жауынгерлік жолым аяқталды. Кезекті бір тапсырмамен жау тылына өткен кіші лейтенант бастаған алты жауынгер қоршауда қалып, күші басым жаумен айқасқа түсуімізге тура келді. Жау қыспағы тарыла түсті, автоматтың біткен дискасын ауыстыра бергенімде, дәл жанымнан болған жарылыс мені көтеріп алып жерге қайта тастап жіберді. Бұдан әрісін білмеймін. Есімді жиып көзімді ашқанда, тікенек сыммен қоршалған, жан-жағына мықты күзет қойылған лагерде жатыр екенмін. Қасыма келеген қазақ жігіті: - Сені сүйреп әкеп тастағанына үшінші күн,- деп қалайы кружкамен су ұсынды. Кружкадағы суды аптыға жұтып уһ деп дем алып жан-жағыма қарай бастадым. Біздің жауынгерлерден ешкім көрінбейді. Тірі қалған жалғыз мен екенмін- деп ойладым. Өзіме өзім келе бастағанымда әскери тұтқындарды түн ішінде қызыл вагонға тиеп, Германияның бір түкпіріне әкеп тастады. 1945 жылдың 20 апреліне дейін кен өндіретін шахтада жұмыс істедік. Жұмыс шамадан тыс ауыр еді. талай боздақтар жер астында көз жұмды. Алланың жарылқағаны шығар "қырық жыл қырғын болсада" ажалсыз өлмейді екен. Аман есен елге оралдым. Қара шал әліде өткен өмірін ой елегінен өткізіп жата берерме еді. Ерке қызының: - Әке, ау әке! тұрыңыз апам келді,- дегеніне еріксіз көзін ашып, басын көтеріп алды. Есіктен қолында көтерген қоржыны бар ақ сары бәйбіше кіріп келе жатты. - Қара шалым аман есенсің бе? Мен жоқта балалар шөлдетіп алған жоқ па?.- деп шалының қасына келіп, ажарына көз жіберіп, шаршаған сияқты ғой сонау өткен күндерін есіне алып жанына тыныштық бермей жүрген шығар,- деген ойды ашып айтпаса да ішіне бүгіп қалып еді. - Барған жағың амандықта ма? Балконның денсаулығы қалай? Жиендер өсіп жатқан шығар. Олар бізге келеміз демей ме?. - деп кемпіріне сұраулы жүзбен қарады. - Қайда барсаңда науқан емеспе. Келгілері келгенмен Сергейдің қолы босай қоймайды. Егін орып болған соң барамыз деп қалды, қызың. Әкесімен шешесінің алдына шай жабдығын жасап берген кекілді сары қыз: - Апа шайды өзіңіз құйып беріңіз. Менің мектепке баруым керек, - деген қызына - Жарар, құлыным! Әкең де менің құйған шайымды сағынған шығар,- деп дастархан басына қарай бейімделді. Қуақы жымиған қара шал: - Мен сені қалай сағынбайын. Онсегіз жасыңда қырғын төбелеспен тартып алып, қосылған қосағым емессің бе. Маңайымда жүргеніңнің өзі қуат береді маған біле білсең. - Қырғын төбелеспен деген сөзіңді балалар естіп қоймасын. Тентек қызың нағашысымен алакөз болып жүрер. - Қашанғы оқиға, балалардың білгені де дұрыс. Ақыл ойлары жетілген бәрін түсінеді. Қалай дегенде де "қара сақал қара шалға", жан теңгермейді жиендері, - деп кемпіріне қарай жылжып жақындап отырды. Шөлдеп қалған ба, әлде кемпірінің құйып берген шайын сағынған ба, ақ тер, көк тер болып терлеген қария терін жұмсақ орамалмен сүртіп тастап, кемпіріне: - Шөкен келіп кетті. осында шаруаларымен келген екен, қайтарда соғамын деп кетті. Сенің келгенің дұрыс болды. Жора жолдастарымен дәм ішіп кетсін. Кешкісін бір марқаны сойдырып қой балаларға, балаларда қызылсырап жүрген шығар. Маған ауыстыратын ішкі сыртқы киімдерімді бер, далаға шығып келейін,- деді қария кемпіріне қарап: - Өмір деген ағын судай өтеді де кетеді. Иненің көзінен өткендей келбетті, сұлу бойжеткен еді бір кезде, өткен күнде белгі жоқ, -деген бұрынғылар. Шал тартып, самайына ақ кіріп, есейгендіктің белгісі біліне бастаған ба қалай? бәрі өмір заңдылығы, пенде қашып құтылмайтын заңдылық, - деп демін терең алып, ауыр күрсінді. Жеңіл киініп далаға шыққан қария, жан-жағына қарап аз кем тұрды да, қақпадан сыртқа шығып, өзен жағасына қарай келе жатты. Күз болғанымен күннің қызуы әлі қайта қоймаған. Түс ауып бара жатса да шекені қыздырып тұр. Жар басында тұрып сонау алыс көкжиекке көз жіберді. Көлбей созылып, сағымданып жатқан Тосын құмы. Боз бала, жігіттік шағы өткен жер. Торғай даласының осы бір ұлтарақтай ғана бөлігі ерекше табиғатымен қызықтыратын еді жұртты. Қысы жылы, жазы салқын мал баққан қазаққа жайлы қоныс болып келеді. Бір-біріне жалғаса жатқан өркеш-өркеш құмдар, қатар-қатар киіз үйлерін тігіп тастап, жайлауда отырған қазақы ауылды көз алдыңа елестетеді. Төбе-төбенің арасына өскен жиде, тораңғы, бозталы құм төбешіктерге ерекше әр беріп тұратын. Күзге қарай піскен уақытында ауызға салып жіберсең ери жөнелетін жидектері қандай шіркіннің. Жиденің түбінен метр қазсаң тұп-тұщы су шыға келуші еді. Тосынды жайлаған ел қыс каһарынан қорықпай малдары қыстай тебіндеп шығатын. Қазір жер қадірін білетін жан барма- деп аз кем ойланып тұрды да, бұрылып үйіне қарай жүре берді. Қақпадан кіре сырттағы қазандықтың қайнап жатқанын көріп кемпірім келсе үйге береке бірге келеді ғой, - деп үйге кірді. - Отағасы келіп қалдың ба? Балкон қонақасыға сойған малының етінен көкем ауыз тисін деп бір жілік ет салып еді. Қазанға салып қойдым, балалар келгенше пісіп те қалар, сорпа ішпегендеріне де бір талай болып қалды. Бойыңды сергек ұстап жата бермей, тұрып отырсайшы бір уақыт,- деп шалына назар салды. Қария төргі үйге кіріп, шкафты ашып, ескі суретальбомын алып парақтай бастады. Ішінен сарғайған көне суретті тауып үңіле қарап: - Үшеуміздің түскен суретіміз, - деді күбірлеп. Сыртына 1945 жыл май айы деп жазып қойыппын. Үш жыл ажал аузында, тар қыспақта үстіне сабан төселген ағаш нарда бірге жатқан азаматтар еді. Тіріме екен асыл азаматтар! Оң жақтағы Қали Ақтөбенің жігіті, ортадағы Мұрат Шымкенттен еді. Тұтқынға түсіп ес түссіз жатқанымда қасымда болып, ауызыма су тамызып, аман алып қалған осы жігіттер. Оралу 1945 жылдың аперель айы. Біздің жарық дүниеге қайта келген күніміз. Тұтқындар тұратын барактар кеншілер қаласынан екі шақырымдай жерде орналасқан. Үш қатар тікенек сыммен қоршалған, ит жетектеп автомат, пулеметпен қаруланған Гестапа әскерлерінің қатаң бақылауында болатын. Жеңістің жақындап келе жатқаны қапсатағы бізге де сезіле бастады. 20 апрель күні таңғысын тұрсақ, барлық барактардың есігі шалқасынан ашық жатыр. Маңайында ит жетектеп қару асынған неміс солдаттарының қарасы көрінбейді. Әкімшілік үйінің маңдайына ақ жалау іліп қойыпты. Жан жағымызға таңдана қарап тұрғанымызда Америка жалауын көтеріп, бронды машинаға мінген солдаттар қасымызға келіп тоқтай қалды. Машинадан шыққан полковник кеудесін көтеріп, жан жаққа паңдана қарап, біздің азат екенімізді хабарлады. Үш күн еркін жүрулеріңізге болады. Үш күннен соң қаладағы орналасқан "АҚШ әскери комендатурасына" келіп тіркелулеріңізді өтінеміз,- деп машинасына отырып жүріп кетті. Тұтқындар бірін-бірі құттықта жатыр. Апыр-топыр жүгіріп қоршаудың сыртына шыққанымызда Американдық әскерилердің қалың тобына жолықтық. Машинаға тіркелген далалық асхананың қазандарын әр жерден қойып тұтқындарды тамақтандыра бастады. Аштықта жеген құйқының дәмі ауызыңнан кетпейді демекші сол уақытта деген ботқаның дәмі әлі таңдайымда. Көппен бірге қалаға келсек қала халқы үй жайларын тастап қаладан шығып кетіпті. Дүкендерінің ауызы ашық, қарайған дүние қозғалмай сол қалпында қалған үшеуміз жағалап отырып үлкен үйдің ауласына келіп кірдік. керемет байдың үйі болса керек ауласының өзі ат шаптырым, жағалай егілген жеміс ағаштары. Аулада жатқан бір қылтанақ жоқ, үйдің де сарайлардың да есігі шалқасынан ашық жатыр. Үйдің есік терезесін қағып хабар білгіміз келгенмен, жауап берген ешкім болған жоқ. Ішке кіріп аралай бастадық. керемет бір музейге кіргендей аузымызды ашып қарай бердік. Өзіміз түсіне қоймайтын сұлулықтан тез бас тартып, сыртқа шығып кеттік. Есігі шалқасынан ашық қалған сарайға келіп, таң тамаша қалдық. Бізге қажет дүниенің бәрі осы сарайдан табылғанына разы болып, қатар-қатар жинаулы теңдерді аудара бастадық. Не киемін десеңде бәрі табылады. Қазақтығымыз ұстап қазан тауып алып, бауырсақ пісіргім келіп кетті. Бақ берегенде сарайдан бәрі де табылды. Азық-түліктен басқа бөшке-бөшке спиртке дейін сақтаулы екен. Үшеуміздің ішіндегі жасы кішісі мен едім. Қазанның қасында бауырсақ пісіріп жүргенмін. Табаққа салып алған алғашқы бауырсақты ішке алып кірсем, Қали мен Мұрат қалайы кружкаларға құйылған спиртті енді көтергелі жатыр екен. Даладан кірген бетте маған қайда деген соң, Мұрат қолындағы кружканы ұстата қойды. Қолыма тиісімен тартып жіберіп, баурсақты ауызға бұралай тығып, қазанның қасына келсем салып кеткен бауырсақтарым көмпиіп пісіп қалған екен. табаққа салып алып, ішке қайта кірдім. Екеуі кружкаларын соғыстыра бергенде маған қайда деп едім Мұрат қолындағы кружкасын ұсына қойды. Жеңістің желігі ме арақтың желігі ме тоқтатпай көмейге құйып жібергенім есімде аржағын біле бермеймін. Көзімді ашсам Мұрат пен Қали үстіме мұздай су құйып, әлсін-әлсін бетіме сур бүркіп, бір сөтке қасымда отырыпты. - "Уһ!"- деп демімді алып, көзімді ашқанымда маған төне қарап тұрған екеуі: - Аман қалдың-ау, бауырым! Жеңістің таңы атқанда айырылып қалдық па деп қатты қорықтық. Кел ыстық тамақ іш түзеліп кетесің деп жік-жапар болып жатыр. Менің өңешім тамақ қабылдамады. Күні бойы салқын су ішумен болдым. Бұл менің алғаш рет араққа батырлық жасағаным еді. Содан кейін орыстың арағын ауызыма алмадым. Американдықтар үш күннен кейін әскери тұтқындарды есепке алып, үгіт насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Әсіресе, Совет әскери тұтқадарының арасында ыждағатты, пәрменді жүргізілді. Америка жағына қалғандарыңа жеке баспана беріліп, барлық жағдай жасалатынын айтып жарылқап жатыр. Не ішем не кием демейсіңдер. Үй-жай жұмыспен толық қамтамасыз ететіндерін айтып бағуда. Совет одағы жағына қалғандарды күтіп түрған ауыр азап, түрме, ату, асу. Өмір бойы азап көріп қалған ғұмырларыңды тар қапаста өткізгілерің келмесе, біздің жағымызға шығыңдар,- деп тұтқындарға листовка таратып, одан қалды радио арқылы санасына құюмен болды, Бір жеті өткеннен кейін тұтқындарды сапқа тұрғызып, Совет әскерлерімен Американ әскерлері бір-біріне қарама қарсы тұтқындарды жартылай қоршауға алып сап түзеді. Саптың алдына шыққан Американдық Генерал, бізге жағдайды түсіндіре келіп Америка жағына қалам деушілер үш адым алға бас деген команда бергенде қасымызда тұрған талай марқасқа жігіттер көзді ашып жұмғанша Американдық болып шыға келді. Сан ұлттың өкілдері; орысы, қазағы, татары, грузині т.б. әскери тұтқындардың үштен екісі мұхиттың ар жағына аттануға бел буды. Не көрсек те елге барып көрейін деген азаматтар өздерінің адалдығына сенгендері Совет әскерінің қарауына өтті. Бізді қоршап алған қызыл пагонды жауынгерлер, автоматтарын кезеніп, түстерін жылытар емес. Айдауылдар тұтқындарды иіре айдап, биік дуалмен қоршалған завод ауласына әкеп қамап тастады. Тергеу тексеру жұмыстары да басталып кетіп еді. Бір-бірден шақырып, әртүрлі сұрақтармен миді айналдыра бастады. Көңілдеріне жақпай қалсаң кабинет ішінде аяусыз соққылап алатын кездері де болатын. Кейбір тұтқындарға отанын сатқан опасыз, Совет әскеріне қарсы оқ атқан деген айып тағылып, әскери сот табанда үкім шығарып басқа жаққа айдап әкетіп жатты. Алланың көзі оң болдыма, үшеуміз пәле жаладан аман едік. Електен өткен тұтқындарды сапқа тұрғызып, аты-жөнімен шақырып, екі жаққа бөле бастады. Қали мен Мұрат оң жақтағы топқа барып қосылды. Мен сол жақтағы топта қалдым. Алла тағы маңдайға не жазды екен деген ой жан дүниемді шарлай бастағанда, жұмысты басқарып жүрген полковник: сол жақтағы топтың енді бір жыл шекара әскери бөлімінде қызмет ететінін, кімнің қандай бөлімге баратынын бір сағат шамасында белгілі болатынын мәлімдеді. Екінші топтағы жауынгерлерге бетін бұрып: - Сіздер бүгіннен бастап әскери тұтқын емес жастарыңыздың ұлғаюына байланысты Совет одағының жеңімпаз жауынгерлері қатарында, елге ораласыздар дегенде,- екінші топтағы азаматтардың уралаған қуанышты дауысы Германия аспанын жаңғыртып жіберіп еді. Екі топтың арасын бөліп тұра қалған, қызыл пагонды жауынгерлер бір-бірімізге жақындатқан жоқ. Мұрат пен Қали қол бұлғап: - Аман бол, бауырым! Елде амандықпен қауышайық, -дегенде көзімнен еріксіз жас шығып кетіп еді. Екеуінің менен бес алты жас үкендігі бар еді. Бұрыларға шама жоқ артыма қарай-қарай кете бердім. Шамамен жүз елудей адамбыз. Қарулы жасақтың қоршауында үлкен дуалға әкеп қамап, моншаға түсетінімізді хабарлады. Моншадан жуынып шығысымен әскери дәрігерлердің қарауынан өтіп, жарамды жігіттер әскери форма киіп шыға келдік. Бұғанда шүкіршілік дедім ішімнен. Жарамды болған жетпіс бес жауынгерге жол қапшыққа салған үш күндік азық беріп, басқа құжаттарымызда шекара әскери формасын киген капитанға тапсырған майор өкшесін тық еткізіп, чест беріп бізбен хош айтысып қала берді. Шекарашы капитан бізді қызыл вагонға әкеліп отырғызып, жан-жағымызға мықты күзет қойып, шығысқа қарай қозғалып кеттік. бір жетінің көлемінде белорус шекарасына жақын шағын бекетке келіп тоқтадық. Вагоннан түсіріп, сапқа тұрғызған капитан орман ішімен негізгі тұрағымыз заставаға алып келді. Саптарына жаңа қосылған жауынгерлерді застава бастығы өте жылы қабылдады. Өзін Борис Иванович Смиронов деп таныстырған подполковник қысқаша сөз сөйлеп, біздің отан алдындағы азаматтық міндетіміз осы жерде өтетінін хабарлап, өте сақ болуымызды ескерте келе, соғыс ресми түрде аяқталғанмен, ол әлі жүріп жатыр. Меңіреу орманда қалып қойған жаудың шағын топтары деверсанттар, ел ішіндегі бандылар шекара тәртібін жиі бұзады. Қарулы қақтығыстарда болып тұратынын жасарған жоқ. Жауынгерлер сабына көз жүгіртіп келе жатқан подполковник менің тұсыма тоқтай қалып: - Сіз қай жерденсіз? - деп сұрады өткір көкшіл көздерін қадап. - Қазақстаннан боламын, - деп жауап бердім. Ол үндемей ары қарай жүріп кетті. Үш күннен соң жауынгерлер ант қабылдап, шекара күзетіне шығып кеттік. Жаста болса Борис Смирнов екі жауынгерлік қызыл ту орденімен бірнеше медальдар иегері, ақыл парасаты мол орыстың адал азаматтарының бірі еді. Уақыттың ерте кешіне қарамай жаңадан келген жауынгерлерді жеке-жеке қабылдап, бұрын қай бөлімде болғанын, қай елді мекендерді босатуға қатысқанын, командирлерінің аты жөніне дейін сұрап, жазып алып әскери бөлімдерге жауынгер туралы сауалдар жолдап, олардың өмір жолындағы кешен тұстарын толықтырып отырушы еді. Қатардағы жауынгер Серікбаев Жанахмет застава бастығына барыңыз деген соң, жылдамдата адымдап: - Жолдас подполковник қатардағы жауынгер Серікбаев Жанахмет сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр деп өкшемді тық еткізіп чест бердім. Полковник маған күлімсірей қарап тұр екен. - Отырыңыз, - деп алдындағы орындықты нұсқады. - Қалыңыз қалай, Совет одағының қазағы? - дегенде орынымнан ұшып тұрып: - Николай тірі ма, жолдас полковник?- деп Николай кабинеттің ішінде менен жасырынып тұрғандай жалтақ-жалтақ қарай бердім. - Сабыр сақтаңыз жауынгер,- деп шкаф ішінен екі қырлы стакан алып, арақты орталап құйды да кәне Николайдың топырағы торқа болсын деп алып жіберейікші,- деп маған стаканын ұсынды. - Мен, мен дегенім... - Мен сіздің ішпейтініңізді білемін. Стаканға құйылған жүз граммды Николайды еске алып, оның аруағының ризалығы үшін екеуміз көтеріп қоямыз. Қалған уақытта іш демеймін саған, стакан ұсынбаймын,- деді Борис Иванович. Екеуміз түргеп тұрған күйімізде стакандағы арақты тауыса ішіп қойдық. Полковник өз стаканына ортлап арақ құйып қойды да, қолымен орындықты нұсқап отырыңыз деп ымдады. - Мен сізді келген күні шырамыттым, сіз мені таныған жоқсыз, осыдан төрт жыл бұрын сіздер барлаудан қайтіп келе жатқанда орман ішінде кездесетін жас лейтенант Борис Иванович боламын. Николайдың досы. Жау десанттарымен қақтығыста жеңіл жараланып дала госпиталынан емделіп қайтіп келсем, Николай өз бөлімінде жоқ болып шықты. Сізді де көре алмадым. алты айдан кейін званиям өсіп, сіздер әскери міндеттеріңізді өтеген бөлімге комбат болып тағайындалдым. Николай туралы тереңірек білуіме мүмкіндік туды. Оның жау тылына ерекше тапсырмамен кетіп ерлікпен қаза болғанын естідім. Өлгеннен кейін Николайды Ленин орденімен марапаттады. Николай басшылық жасаған барлаушылар взводының бір топ жауынгерлері барлауға кеткендерінен қайтіп оралмағандары жөнінде ақпарат әскери бөлім архивінде сақталған екен. - Хабарсыз кеткендердің ішінде сіздің де аты-жөніңіз тұрды. Солай, Совет одағының қазағы, ал мен Ресейдің орысымын. Біздің арамызда екеумізге қымбатты Қазақстанның орысы жоқ. Ол Отан үшін ерлікпен қаза болды. Топырағы торқа болсын, ол біздің мәңгі есімізде сақталады,- деп алдындағы орта стакан арақты төңкере салды. Мен солқылдап жылап жібердім. - Жылама бұл соғыстың жазылмаған заңдылығы. Казармаға барып демал. Бүгін сені ешкім қозғамайды. - Әке -шешең бар ма? Хабар алып тұрасың ба? - деп маған тесіле қарады. - Шешем бар еді. Өлі тірісінен хабарым жоқ деп едім. - Түсінікті маған мекен-жайын қай әскери коммесиариаттан шақырылдың облыс ауданын толық көрсетіп, өзің туралы ақпарат тастап кет деп бір парақ қағазбен қалам ұсынды. Менің кідіріп қалғанымды көріп, айтуым бойынша мекен-жайым туралы толық мәліметті жазып алды да: Енді барып демалыңыз деген соң казармаға келіп өксігімді баса алмай біраз жаттым. Ертеңіне өзім сұранып, кезектен тыс нарядқа кетіп қалдым. шекараның тынымсыз тіршілігімен үш айдың қалай өткенін білмей қалыппын. Полковник шақыртқан соң кабинетіне келсем жалғыз өзі отыр екен. - Отыр, - деп алдындағы орындықты нұсқады, орындыққа жайғасып үлгергенімше: - Сен өзің жолың болғыш қазақ екенсің,- деп маған қарап жымиып қойды. Шынында да жолым болғыш. Төрт жыл отпен оқтың ортасында жүріп бір жеріме сызат түсірмей, он екі мүшем аман шыққанының өзі жолым болғандығы емеспе жолдас полковник деп әзілмен жауап бердім. Жақсы-ақ, жолы болғыш қазақ. Еліңнен хабар алдық. Шешең Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шиілі ауылында тұрады. Менің сауалыма Жангелдин ауданының әскери комиссариатынан келеген жауап,- деп алдыма конвертті тастай салды. Сіздің міндетіңіз анаңызға хат жазып, амандығыңызды білдіру. – Міне, қағаз, қалам, менің көзімше шешеңізге хат жазып жіберіңіз. Бұл бұйрық қатардағы жауынгер Серікбаев,- деп түсін суытып алды. Қысла қымтырыла отырып, өзімнің сойдақ-сойдақ жазуыммен анама хат жазып, полковникке ұсындым. Полковник планшетінен таза конверт алып шығып, мен ұсынған хатты ішіне салды да, конверттің сыртына мекен жайын өз қолымен толтырып, маған ұсынып жатып; ертең ертеңгі почтадан қалмасын. Бұдан былай анаңызға үзбей хат жазып тұратын болыңыз. Сізге қатысты қалған жаңалықтарды ертең саптың алдында еститін боласыз. Казармаға барып, дем алыңыз дегесін казармаға келіп, жуынып-шайынып жатып қалдым. Маған қатысты қандай жаңалықтар болуы мүмкін деген ой мазалап, көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Әбден шаршап барып көзім ілініп кеткен екен. Қалың тұманнан жол таба алмай тұрғанымда еңсені басқан тылсым дүниені қақ жара түскен жарқ сәулесі тұп тура маған қарай бағытталды. Сол жарықтың бойымен кимешек киген кейуана жақындап келе жатты. Жақындаған бейненің анам екенін таныдым: - Жеңеше, жеңеше! Мұнда қалай келіп қалдың?- деп екі қолымды созып, тұра ұмтылдым. - Балам, аман есен жүріп жатырсың ба? Сенің командиріңнен хат келді маған. Жаман атқа қалдырмайтын сендей ұл бергеніне ризамын жаратқан иеме,- деп екі қолын созды. Анамның қолынан ұстамақ болып қолымды қанша созсамда екеуміздің саусақтарымыз бір біріне тиер тимес болып жетер емес. Өзінің сағыныш ұялаған жанарымен аймалай қараған анам: - Асықпа балам, қалған азғантай уақытқа екеумізде шыдайық-, деп маған қарай қолын созған күйі менен алыстай берді. Қою тұманды жарып түскен сәуледе бірте-бірте көзден ғайып болды. - Жеңеше, жеңеше тоқтай тұрыңыз деп орынымнан атып тұрдым. Көрген түстің әсері ме мең-зең болып отырғанымда дабыл қағылып, бүкіл застава аяғынан тік тұрды. Біздің бөлімшенің жауынгерлері қаруларын асынып, орман ішіне тереңдей бойлап, ми батпаққа қарай соқпақ жолмен жүгіре жөнелдік. Батпаққа жақындағанда, қанаттарыңда кеңірек жайыңдар, араларың төрт- бес метрден болсын. Алдымызда деверсанттар тобы. Өте сақ болыңдар деп ескертті аға лейтенант. Алдымызда ит жетектеген екі жауынгер оқшаулау келеді. Жат иісті сезді ме, иттер арсылдап, алға қарай жұлқына ұмтылады. Тосыннан пышырай атылған автомат дыбысына жалғаса итте арс етіп тына қалды. Қаруымызды кезеніп жата-жата қалдық. Деверсанттар тобына оқ атыңдар деген команда болысымен автомат үні шыққан бағытқа барлық қарудан оқты төгіп-төгіп жібердік. Қарсы беттегі автомат үні тына қалды. Алға деген команда аяғымыздан тік тұрғызып, автоматымызды қарымызға тіреп, дүркін-дүркін оқ себелеп алға ұмтылдық. Екі қанатымыздан бізді қолдаған автоматтар үні айқын естілді. Бос атыстан ештеңе өнбейтінін түсінді білем, ала-құла киіген он шақты адам қаруларын тастап, қолдарын көтеріп ағаш арасынан шыға бастады. Мысық табандап жақындаған біздің жауынгерлер оларды толық қоршап алып еді. - Етпеттеріңдер жатыңдар! Артық қимыл жасасаңдар ешқандай ескертусіз оқ нөсерінің астында қаласыңдар,- деген аға лейтенанттың бұйрығын ала-құла тобыр мүлтіксіз орындады. Жауынгерлер оларға еркін жақындап, қолдарын артына қайырып байлап тастады. бандыларының әлегімен байқамаппыз. Жуан қарағайдың түбінде өлген иттің қасында жас жауынгер бүк түсіп жатыр екен. Қасына келіп аударғанымда шекарашы ауыр ыңырсыды. Автомат оғы сол жақ иығын талқандап кетіпті. Қолдан келген алғашқы көмекті жасап, су берген соң есін жиып алды. Мойындарына су кетіп тұрған бандылар тобына тісін қайрап, жиіркенішпен қарап, оң қолымен қасында жатқан автоматын көтеріп алып, шүріппесін басып жібергені. Абырой болғанда оқ жоғары кетіп ешкімге зиян келтіре қойған жоқ. Жанында тұрған жауынгер автоматын қағып түсірді. Заставаға айдап әкелінген қарулы тобырдың арғы бетке өтіп кетпекші болған, құқық қорғау органдарынан қашып жүрген бандылар екені анықтады. застава бастығы қарулы жауынгерлер айдауында бандылар тобын жергілікті милицияға табыстады. Жуынып шайынып тамақтанып болған кезімізде застава сапқа тұрыңдар деген команда болған соң бөлім жауынгерлері тізіліп тұра қалды. Штаб кезекшісі лейтененат: - Тік тұрыңдар! Оң жаққа қарап сап түзеңдер деген команда берген соң иегімді сәл көтеріп, көзімнің қиығымен оңға назар салсам, оң жағымыздағы саптың алдына қарай застава бастығымен бізге таныс емес майор оң қолдарын шекесіне апарып, салтанатты жүріспен жақындап келеді екен. Кезекші лейтенант застава жауынгерлерінің сапта тұрғанын баяндап болған соң полковник еркін тұрыңдар деп команда берді де өзі бір адым алға шығып: - Жауынгерлер! -деп тамағын кенеп сөйлеп кетті. - Неміс фашистерінің бастаған қан құйлы соғысының аяқталғанына да көп бола қойған жоқ. Талай ару жесір, талай бала жетім қалды. Ошақтарының оты мәңгілікке өшкен жанұя қаншама. осындай ауыр кезеңді халқымыздың басынан кешіруіне тура келді. Совет одағының тәуелсіздігі үшін барша халқымыз ерлікпен шайқасты. Милиондаған қарапайым солдаттар төрт жыл бойы қан кешіп отан үшін ерліктің үлгісін көрсетті. Сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланыты ар намысын жанына қалқан етіп, кеудесін отан үшін отқа да, оққа да төсеген милиондаған қарапайым содаттардың еңбектері еленбей қалды. Жан алып жан берген кезеңдерді басынан өткізген кейбір жауынгерлердің алған наградалары уақытында өздеріне табысталмады. Сондай қарапайым содаттың бірі кәзір сіздердің қатарларыңызда тұр. 1942 жылы соғыстың нағыз қызған шағында менің досым лейтенант Николайдың бөлімшесімен бірге бірнеше дүркін жау тылына өтіп ерекше тапсырмалар орындауға қатысты. Партизан отрядымен байланыс орнатып, жау офицерін тұтқындауда ерекше тапқырлығымен көзге түсті. Ол азаматты менің досым маған Совет одағының қазағы деп таныстырып, өзін Қазақстанның орысымын деген еді. Полковник сәл тыныстап: - Қатардағы жауынгер Серікбаев Жанахмет үш адым алға! - деп команда берді. Бойымды тік ұстап, аяғымды серпе адымдап, үш адым алға шықтым. - Сапқа қарай айнал!-деген команда болған соң, сапқа қарай айналып, бойымды тік ұстап қақиып қалдым. Жоғарда айтылған ерліктері үшін уақытында Серікбаев Жанахмет үшінші дәрежелі даңқ орденімен, ерлігі үшін медалымен наградталған. Ерекше тапсырмамен жау тылына өткен барлаушылар тобы сәтсіздікке ұшырап, ауыр кантузия алған жауынгер тұтқынға түседі. Жеңіс күні жеткенше Германияның бір түкпірінде кен орынында неміс таяғының астында соғыс тұтқындарымен бірге жұмыс істеген. Бірнеше тексеріс елегінен өткен жауынгер сіздермен бірге отан алдындағы борышын өтеуде. Сіздердің алдарыңызда дивизия штабының қызметкері майор Павлов жауынгерге соғыс жылдарында жасаған ерліктері үшін алған наградаларын тапсырады, - деп сөзін аяқтады. Майор Павлов асықпай сумксын ашып, ішінен коробкаға салынған орден мен медальды алып кеудеме қадады да, шекара күзетінде табысқа жетуіме тілектестік білдірді. - Жауынгерлер,- деді застава бастығы. Ұлы отан соғысының батырлар үшін Ура! Застава жауынгерлерінің уралаған дауысы орманды жаңғыртып жіберді. Мұндай жағдайды күтпеген менің жан дүнием езіліп, мен саған екі дүниеде берешекпін Николай бауырым деп көзімнен аққан жасқа ие бола алмай тұрып қалдым. Полковник застава жауынгерлерін таратып, майормен мені ертіп штапқа келді. - Отырыңдар,- деп орындықты нұсқады да шкафты ашып, ішінен бір шөлмек арақпен үш стакан алып шығып, стакандарға арақты құйып қойды. Столдың төменгі тартпасынан семіз шұжықты шығарып, қалың сары қағаздаң үстіне молынан турап тастады. -Ал, жолы болғыш қазақ бізге мынандай қуанышты күні жүз грамм ішпеске болмайды. Стканды қолына алып маған қарап: - Шыныңды айтшы неге жыладың?- деп маған тесіле қарады. - Қыршынынан қиылып, өмірде ештеңе көрмей қаза болған Николай бауырымды есіме алып жыладым, дегенімде: - Өзімде солай ойлап едім, Николай сізге қалай қымбат болса, мағанда сондай қымбат азамат еді. Түйедей құрдас едік. Соғыстан кейін Қазақстанға қонаққа кел. Тобыл өзенінен балық аулаймыз. Қазақтың сұлу қыздарымен таныстырамын деуші еді. Біздің арманымыз қанқұйлы соғыстың құрбаны болды,- деп мұңайып тұрып қалды. - Біз оны ұмытпаймыз. Кәне, жолдастар, осы күнге жетпей қаза болған ерлер үшін алып қояйық,- деп стаканын көтерді. Менде полковник пен майордың соңын ала стакандағы арақты ішіп жібердім. Арақ өзегімді тіліп жібергендей болған соң ұятты қойып, майлы шұжыққа қол созсам, майормен полковник бір-бір кескенін салып үлгерген екен. Полковник: - Сіз ұялмаңыз, дәрежеміз үлкен болғанмен бізде солдатпыз,- деп маған қарап жайдары күлді. стакандарға арақты орталап құйған полковник: - Майор жолдас, келесі тосты от пен өрттің ішінде жүретін қарапайым соладаттар үшін алып жіберейік,- деп стакандағы арақты көмейге тоғыта салды, Олардан қаламай менде жүз граммды өңешіме жылжыттым. Майлы шұжықпен басытқы жасап алдым да полковниктен рұхсат сұрадым. - Жақсы, солдат. Бір сутка демалыс беремін, казармаға бара беріңіз,- деген соң, штабтан шығып казармаға келдім. Солдаттар үпір-шүпір қасыма келіп, құттықтап жатыр. Қуаныш әлемінде жағам жайлауға кетіп, кеудемді кере демалып, жан-жағыма масаттанған жанарыммен көз тастап тұрып қалдым. Менің мына жағдайымды жалғыз анам көрсе ғой деп армандадым. Сен менен алыстасың ғой анашым. Жаратқан ием жар болса кездесер күнімізде алыс емес деп толыққан көңілмен төсегіме келіп жатып қалдым. Бір сөтке мені ешкім қозағаған жоқ. Орман ішін аралап, қиялға беріліп, елдегі анамды еске алып біраз жүрдім. Өзімнен өзім қалай ыңылдай бастағанымды білмей қалдым. анама деген сағыныштан болар, көңілімнен жыр шумақтары төгіле бастады. Батысқа қарап елеңдеп, Жалғызым қашан келер деп, Жүрсіңбе күтіп анашым, Ұлымды қашан көрем деп. Мойымаушы ең анашым, Іс түссе де басыңа. Жалғызыңды ойлаумен, Ақ түсті ме шашыңа. Жаман емес жағдайы, Анашым кәзір ұлыңының, Шекараны қорғаған, Көп сарбаздың бірімін. Мамыр, маусым айында, Оралар балаң еліне, Мекендеген жез киік, Сарыарақаның беліне. Думан еткен үйрек қаз, Айдын-шалқар көліне, Енді аз ғана уақыт, Шыдағайсың анашым. Кеудесінде жарқырап, Орденімен медалы, Күнқақты болған балаңды, Алғайсың күтіп анашым Сарыарқаның төрінде, - деген шумақтар ойыма орала берді. Бойым жеңілдеп, көңілім мамыражай қалыпқа түсіп еді. Бір жылдан соң: Қатардағы жауынгер застава бастығына деген соң жүгіріп полковникке кіріп келдім. Менің баяндауымды күтпей полковник: - Жағдайың қалай? Жолы болғыш қазақ,- деп күлімсірей қарап: - Отыр, -деді. Мен жайғасып болған соң: - Қалай Совет одағының қазағы елге қайтамыз ба? - дегенде орынымнан ұшып тұрып қашан дедім. Полковник күліп жіберді - Анаңды сағынған шығарсың. Ертеңнен бастап запасқа шығарылдыңыз. Міне бұйрық. Бірақ осында тағы бір күн күтуіңе тура келеді. Арғы күні Минск Беларуссия шекара қызметкерлерінің жиналысына барамын. Мүмкін алда кездесерміз, кездеспеспіз. Менің сізге жасаған соңғы қызметім болсын. Минскден Қазақстанға, Қостанайға баратын әскери эшелондардың біріне мінгізіп жіберермін,- деді де маған старшинаны шақырыңыз деген соң жүгіріп жүріп старшинаны тауып полковникке алып келдім. - Жолдас старшина, 1942 жылдан осы уақытқа дейін отанына адал қызмет еткен қатардағы жауынгер Серікбаев Жанахмет ертеңнен бастап запасқа шығарылды. Сіз бүгіннен бастап нарядтың кез келген түрінен босатыңыз. Екінші: застава қоймасынан жаңа киім кешекпен қамтамасыз етесіз. Үшінішіден елдің жағдайы әлі оңала қойған жоқ шығар. Өзі көтергенше бір жетілік азық-түліктің екі адамдық үлесін беретін болыңыз. Сізге түсінікті ме? - деді полковник старшинаға қарап. - Бәрі түсінікті, жолдас полковник, - деп старшина өкшесін тық еткізіп чест берді. - Онда барып, бұйрықты орындаңыз, - деп полковник орнына отырды. Старшина қойманың есігін ашып, мені еркіммен қоя берді. - Таңдағаныңды алып ки,- дегенен кейін қойманы еркін аралап, өзіме шақ келетін шекара әскерінің формасын киіп алып, старшинаның алдына келдім. Менің бой басыма көз жібереген старшина: - Аяғыңдағы етігіңді шеш,- деп бұйырды. Етігімді шешіп болғанша ауызы құлыптаулы шкафты ашып жіберіп, ішінен офицерлер киетін былғары етікті суырып алып, жаңа шылғаумен алдыма тастай салды. Таңдана қараған маған: - Сен киіп кеткен етіктен үкімет кедейленіп қалмас. Бір етіктік еңбегіміз бар шығар біздің, - деп маған қарап күлімсіреді. Қоймада үр жаңа форма киіп, казармаға келген маған жауынгерлер қызыға қарады. Жолдастар мен запасқа шықтым, еліме қайтып барамын деп айқалағым келді. Қуаныштан болар ауызыма сөз түспей дыбысым шықпай қалды. Тек ыржыңдап күле беріппін. Менің жан дүниемді түсінген старшина құттықтап қойыңыздар бүгінен бастап запасқа шығарылды дегенде бөлімше жауынгерлері мені көтеріп алып қақпақылдай бастады. Улап-шулап жатқан біздің бөлімшенің қасына келген старшина: - Отбойдан кейін коптеркаға жиналыңдар,- деді де сыртқа щығып кетті. Коптеркаға жиналған жігіттер солдат дастарханын жайып маған қонақасы берді. Қалайы кружкалар түйістірліп жүз грамм да ішілді. Сапарыма сәттілік тілеп, достық көңілдерін білдірді. Застава тірлігі тым ертерек басталады. Таңғы астан кейін нарядқа жауынгерлерден басқаларын сапқа тұрғызып, менің запасқа шыққаным жөніндегі бұйрықты оқыды. Салтанатты түрде төсіме үздік шекарашы белгісін қадап, полковник алдағы өміріме сәттілік тіледі. Ертеңіне полковникпен бірге Минск қаласына келіп, офицерлер үйіне орналастық. - Сен осында демала бер. Мен вокзал жаққа барып келейін,- деп кеткен командирім бір сағаттың көлемінде қайтып келіп: - Сен шынында да жолы болғыш қазақ екенсің. Екі сағаттан кейін әскери эшелон жүреді екен. Эшелон бастығымен келісіп келдім. Амандық болса төрт-бес күн ішінде Қостанай қаласына жетіп қаласың. Әрі қарай жолды өзің де табарсың деп ойлаймын. Тамақтанып алайық,- деп шағын стол жасап, екеуміз әзіл құрдас адамдарша әзілдесіп отырып тамақтандық. Полковник үлкен көгілдір көздерімен менің тұла бойымды шола қарап: - Совет одағының қазағы сұрапыл жылдарды артқа тастап, аман-есен еліңе қайтып барасың. Мен саған іш деп айтпаймын, сенің денсаулығың үшін, еліңе сау-саламат баруың үшін өзім жүз грамм алып қоямын,- деп сумкасынан кішкене фляшка алып, стаканға арақ құйып маған қарады. - Борис Иванович, біз енді кездесеміз бе жоқ па ол бір құдайға ғана аян, сіздің өміріңізге сәттілік тілеп, денсаулығың үшін менде аздап ішкім келіп тұр,- дегенімде полковниктің екі көзі жайнап шыға келді. Шкафтан тағы бір стакан алып, орталау арақ құйып, маған ұсынып жатып: - Сен нағыз Совет одағының қазағысың, менің Николайымның жерлесі екеніңді мақтан тұтамын. Кәне, барлық жақсылық үшін азаматтық өмірде саған сәттілік тілеймін,- деп менімен соғыстырып стакандағы арақты көмейіне құя салды. Менде арақты тауысы ішіп ыдысты төңкеріп қойдым. - Енді зорлық жоқ,- деп стаканына ортадан төмендей арақ құйып алып: - Менің саған соңғы әскери тапсырмам,- деп қалтасынан алған конвертті маған ұсынды. Сыртында адресі жазылған. - Осы адреспен Николайдың әке шешесінің үйіне барасың. Қолыңдағы хатты сол кісілерге табыстарсың. Оларды таппасаң жаңа конвертке салып, менің адресіме қайта жолдағайсың, жарай ма? - деп мұнарта қалған жанарын қадады маған. - Жолдас полковник, дәл сіз айтқандай жасаймын. Қостанайға барысымен әскери комессиариат арқылы Николайдың үйін іздестіремін деп ойлап едім. Адрес қолымда қалайда тауып алып, әке-шешесіне сәлем беремін деп төмен қарадым. Сумкасын ашқан полковник ішінен жібек орамал алып шығып: - Мынау орамалды анаңа апарып бер. Қарапайым орыс азаматының солдат анасына ұсынаған сый-сияпаты деп білсін. Уақыт болып қалды, қозғлайық,- деп орынынан тұрды. Борис мені темір жол вокзалына алып келіп, эшелон бастығымен жолықтырды. Қостанай қаласына дейін қалдырмай алып баруын өтінді. Туғанындай бауырына басып, қоштасып машинасы мініп жүріп кетті. Эшелон бастығының вагонында ешбір қиындықсыз Қостанай қаласына келіп жеттім. Вокзал басынан тамақтанып алып, жол қапшығымды арқалап, көшедегі жүргіншілерден сұрай жүріп, Қызыләскер көшесіне келіп шықтым. Көше бойлай жүріп отырып, 145 үйдің тұсына келіп, сәл кідіріс жасап дем алдым. Үй еңселі биік ағаштан қиып салынған, жан-жағы дуалмен қоршалып тасталыпты. Қақпаға келіп есікті ақырын қаға бастадым. Үйдің есігі ашылып, іштен ұзын бойлы ақ сары әйел шығып, қақпаны қағып тұрған маған таңдана қарап, сізге кім керек еді,- деп сұрады. - Менің жауынгер досым Николайдың әке-шешесі осы үйде тұрады деп айтып еді маған. Мен қателескен жоқпын ба?- деп әйелге қарадым. - Ондай адам бұл үйде тұрмайды,- деп есікті жаба берді де: - Солдат, сіз іздеген кісілер осыдан бір жыл бұрын Москва қаласына қоныс аударды. Мекен-жайы туралы бізге белгісіз,- деп сыпайы жауап берді. - Жақын маңда почта бөлімшесі бар ма?- дегеніме: - Кейін қарай жүріп көше қиылысынан оңға бұрылып жүре беріңіз, оң жағыңыздан почта бөлімшесі кездеседі,- деп жауап берді әйел. Почта бөлімшесіне келіп конверт сатып алдым да, Бористың хатын ішіне салып тұрып ойланып қалдым. Жағдайымды айтып бір-екі ауыз сәлем жазғым келсе де оған менің сауатым жетпейтін еді. Дағдарып тұрғанымды бір-бірімен қазақша әзілдескен екі келіншек кіріп келе жатты. Олармен сыпайы амандасып, келіншектердің көмегіне жүгіндім. Борис Ивановичке жағдайымда айтып, Николайдың әке-шешесінің Москва қаласына қоныс аударғанын, мекен-жайын анықтайтындай мүмкіндік болмағанын жазып, хат жолдап жібердім. Маған көмек қолын созған екі сұлу келіншекке жауынгерлік алғысымды білдіріп көшеге шығып кеттім. Жүргіншінің көп жиналатын жері қаланың көк базары. Аяңдап базардың шетінен түсіп, аралап келемін. Жұрт үймелеп жатқан жерге жақындасам, үстіне жеңіл шапан киген, басында үкілі бөрік, сал-серілеу біреу домбырамен Біржансалдың әнін тамылжыта шырқап тұр екен. - Япырау, мынау Ғайни ғой,- дегенімше әншіде әнін аяқтап, қошемет көрсеткен көпшілікке ризашылығын білдіріп, жан-жағына мойынын бұрып қарай бастады. Маған қарай бұрылғанда оның Ғайни екенін анық таныдым да: - Ғайни, бауырым, сенбісің?- деген оқыс шыққан дауысқа жалт қараған ол: - Шынымен сенбісің?- деп құшағын жая тұра ұмтылды. Менің белімнен қапсыра құшақтап алып, айналдыра үйіріп қояды. - Елге хабар бердің бе? - деді мені құшағынан босатып жатып. - Жоқ, Ғайни, хабарды өзіммен бірге алып келемін,- дедім күліп. - Сенімен бірге елге қайтқым келіп-ақ тұр. Бірақ олай істей алмаймын. Жігіттерге уәде беріп қойып едім. Бір-екі күннен кейін Жаманқалаға қарай сапарға шығамыз. Сені Әулиекөлге баратын машинаға мінгізіп жіберейін,- деп қолымнан жетелей жөнелді. - Ел кезіп ән салуды әлі қоймағансың ба? -деп бөлеме қарадым. - Менсіз-ақ елде қой бағатындар жетіп жатыр. Өнермен де елді сусындату керек қой, бөле. Жасымнан жолдас болған өнер еді, тастай алмай жүрмін,- деп қарқылдап күліп қойды. Базардың шет жағында тұрған бір жарым тонналық ескі машинаға жақындап келгенімізде, кабинадан мұртты мосқал қазақ түсіп жатыр екен. - Сейтжан аға, мына жігіт армиядан келе жатқан бөлем еді. Әулиекөлге дейін деген Ғайниге машина бос, алыстан келе жатқан жауынгерді тастап кетуге болама, отыра берсін. Көп кешікпей жүреміз,- мосқал қазақ маған қалып қойма деп ескерту жасағандай. Әулиекөлге келіп жүргізушінің үйіне бір күн түнеп, таңғы шайды ішкеннен кейін солдат фляшкасына су толтырып алып, айдау қара жолға түсіп жүріп кеттім. Қаладан он шақырым шыққанша артымнан келген көлік бола қойған жоқ. Аяқ суытып алайын деп жолдың жиегіне шығып, шинелімді төсеп, фляшкадан шөл басып, қисая кетіп едім ұйықтап кетіппін. Қатты ұйықтап қалсам керек. - Солдат, тұр, тұр,- дегенге көзімді ашсам, қара мұртты еңгезердей қариямен он төрт, он бес жасар балаң жігіт маған төне қарап тұр екен. Орынымнан ұшып тұрып қарияға сәлем бердім. - "Уһ" деді қария жол жиегінде жатқанға өліп қалғанба деп қорқып едік. Жол болсын, қайда бара жатырсың,- деді маған ақсақал. - Армиядан босаған бетім, Шиіліге бара жатырмын, анама бара жатырмын. Туған жерім Тосын болысы,- деп жауап бердім шалға. Балаң жігіт менің кеудемдегі орден, медалға қызыға қарап қояды. - Інішек, елің алыстау екен. Бізбен Орқашқа дейін жетіп қал. Әріқарай тағы бір жолаушы кезігер, бір-біріне қатынап жатқан ел ғой, - деген соң арбаның артқы жағына отырып алдым. Қария аттың пожысын балаң жігітке ұстатып, өзі менің қасыма келіп жайғасты. Күн көзіне алақанын көлегейлеп қарап алып, ауыр күрсінді. - Жігітім, сенің анаң қандай бақытты жан. От пен оқтың ортасында төрт жыл жүріп аман есен келесің. Бұдан артық бақыт бола ма,- деп алыс көкжиекке тесіле қарады. Меніңде жалғыз балам 1939 жылы қызылармия қатарына алынғанда. 1941 жылға дейін үзбей хат келіп тұрды. Соғыс басталғаннан кейін хабар-ошар болмай қалды. қайда екенін ешкім білмейді. Тірі болса бір хабар болған болар еді. Беті жасырылмай бір жерде қалды ма деп ойлаймын,- деп мұң шалған жанарымен жан-жағына мағынасыз көз тастады. Қасымдағы балам немерем, жалғыздан қалған тұяқ. Соған шүкіршілік етіп отырған жағдайым бар. Атбасына мініп ел арасында беделді болдым. Кіндіктен жалғыз ерке өскен ұлымды он сегіз жасында құрдасымнаң қызына үйлендірдім. Келінім сондай инабатты жан еді. Ұлдан күдер үзгеннен кейін, өмір жасыңды өксітпе, тіршіліктің қызығын көр деп рұхсат бердім. Кәзір Жезқазған қаласында шахтада жұмыс істейді. Ұлына демалыс алған сайын келіп кетеді. Әлі бізге бөтендігі жоқ, қызымыздай болып кетті. "өлгеннің артынан өлмек жоқ" – демей ме халық. Жүректегі бір арман, келіннің жақсы бір азаматпен тұрмыс құрғанын көрсем деймін. Бәрі де бір алланың қолында,- деп үнсіз отырып қалды. - Мұңаймаңыз, аға. Әлі немереңізді үйлендіріп, шөбреде сүйесіз,- дегенімде,қарттың ажары кете бастаған жанарынан мөп-мөлдір қос тамшы төмен сырғып бара жатты. - Айтқаның келсін, інішек,- деп шал қалтасынан бет орамалын алып, көзіндегі жасты іркіп алды. Қаншама семья тірегінен айырылып, қаншама шаңырақты шайқап кетті қатігез тағдыр. Кімге керек болды қанқұйлы соғыс. Мына кісінің қандай жазығы бар. Мезгілсіз жалғызынан айырылатын деген ойдың тұңғиығына сүңгіп кетіп, қайта шығуға өрем жетпей отырып қалдым. Біздің үнсіздігімізді қасымызға келіп тоқтай қалған машинаның гүрілі бұзып жіберді. Басын кілт көтеріп алған қария машинаға қарап: - Ау, Қасымбысың, еліңе қайтып барамысың? - Ия, нағашы, елге қайтып барамын. - Дұрыс болған екен. Мына жігіт сіздің елдің азаматы. Елге оралып келе жатқан беті екен. Жолы болды жауынгердің, ала кетіңдер,- дегенде машинадағылардың назары маған ауды. - Жақсы, нағашы, ала кетеміз, майдангер солдатты,- деп көңіл білдірген соң, жол қапшығымды машинаның кузовына лақтырып жіберіп, секіріп мініп алдым. - Аға, сау болыңыз, немереңіздің қызығын көріңіз,- деп қариямен хош айтыстым. - Айтқаның келсін, жауынгер,- деп арбадағы екеуі қол бұлғап қала берді. Машина айдау қара жолмен сырғи жөнелді. Машина қорабында менен басқада адамдар бар екен. Солардың үлекендеуі: - Жігітім, қай жерденсің? Туысың кім болады? - деп жауап күткендей маған қарады. - Туысым Арғын, Бақай боламын. Тосын ауыл советінің азаматымын. - Әскерге қай жылы алынып едің? - 1942 жылы, аға. - Е, біздің Әлимен бірге алынған екенсің. Одан хабар болмай тұр,- деп көрген жоқсыңба дегендей сұраулы жүзбен. - Білмедім аға, кездестірегн жоқпын,- дедім. - Алла анаңның тілегін береген екен, бақытты бол, шырағым,- деп ерінін күбірлетті. Суқағар шекпенімді иығыма іліп, машинасының кабинасына кеудемді төсеп, тік тұрып келем. Ұшы қиырына көз жетпейтін, шалқыған теңіздей бозкөделі, селеулі дала, жайбар қыраттардың араларынан, жүргеленеген ойпаттардан жаңа гүл ашып келе жатқан тобылғылар көзге түседі. Алдыман ескен желмен, даланың сан алуан гүлдерінің хош иісі, танауыңды қыдықтап, деміңді терең алған сайын, көкіріек сарайыңды айқара ашып жібергендей сезінесің. Ішімнен қайран далам, құшағың неткен кең еді, деп толқып келемін. Кабинадан басын шығарған жүргізуші: - Майдангер, екі сағат шамасында үйіңде боласың амандық болса. Шиіліде кімнің үйіне түсесің? - Шотаев Ғабдуали менің туған бөлем,- дегенімде жүргізуші машинаның тежегішін іске қосып, қара жолдың үстіне тоқтай қалды. Кабинадан секіріп түскен жүргізуші: - Ау, бауырым! Сен Ханзила апайдың баласымысың? - деп менің бой басыма көз жүгірітіп өтті. - Болсақ болармыз дедім. - Танымады деп ренжіме, сені алғаш көруім. Тоқтамыс Жақып деген нағашың боламын. Кәне, жерге түс,- деп болмаған соң, қораптан жерге секріп түстім. Суқағар шекпенімді үстімнен шешіп алып, жерге төседі де, машинадағыларға шамалы демалыс жасап, бой жазып алайық. - Әрі жиен аман-есен елге келе жатыр екен. Жолда той жасамағанмен, ырымын жасамаймыз ба, жігіттер?- дегенде кабинадағы екеуі ырғалып жырғалып түсе бастады. Нағашым жол жиегіне жыламатып дастархан төсеп, жолға алған тамақтарын жайып салып, арқасүйегішті көтеріп жіберіп, бір шөлмек арақты дастархан үстіне қоя салғанда іштен шыққан екеудің көздері жайнап, жайманы жиектеп отыра кетті. Жол қапшығымнан семіз шұжықтың бір білемімен бұқтырылған сиыр етінің консервасын шығарып, дастархан үстіне қойғанымда Жақып нағашымның көзі күлімдіп, біздің жиендердің қолы ашық, нағашыларына тартқан деп бөсіп берсін. Қолында сумкасы бар жалпақ сары: - Жылына қалтаңнан шыққан бір шөлмек арақты, мырзалыққа балап отырмысың жезде,- деп Жақып нағашымды әзілмен тықсыра бастады. - Сенде мысық сияқтысың, балдыз. Ішкен- жеген сайын маңдайыңнан шертіп отырмаса, ештеңенені көрмейсің, мойындамайсың деп қайтарған жауабына көңілі толып, өзіне өзі риза болып қарқ-қарқ күлді. Жарасымды қазақы әзілмен дастарахан басында отырған жолаушылар бір шөлмек арақты бөліп ішіп, семіз шұжық, сиырдың бұқтырылған етімен басытқы жасап, жолға алған шалаптарымен сусындап жүріп кеттік. Кабинадан басын шығарған нағашым: -Жиен, тұп-тура үйдің алдынан түсіремін,- деп көзін қысып қойды. Екі сағат шамасында ауылдың да төбесі көрініп қалды. Дәу де болса жеңешем үйдің төбесіне шығып, жол бойына көз жіберіп тұрған шығар деп ойладым. Машина күре жолдан ауылға бұрылатын жолға түсіп, алда кездескен сайшықтан өте бере, лоқсып-лоқсып жіберіп тоқтай қалды. Машина қорабының үстінде тұрып, табанында жатқан ауылға көз жібедім. Ауылдың шет жағындағы тоқал үйдің төбесінде тұрған, ақ жаулықты әйелді көзім шалысымен, бар дауысыммен жеңеше деп айқайлап жіберіп, қораптан секіріп түсіп, ауылға қарай жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келе жатып, әйелдің де үй төбесінен сатымен төмен түсе бастағанын байқадым. Маған қарсы екі етегін қолына ұстап, жығылып, сүрініп жүгіре басып келе жатқан жеңешем көзіме оттай басылды. Қора жақтан жүгіріп шыққан ұзын бойлы жігіт: - Байқаңыз, апа, - деп айқайлап қояды. Арамыз он бес - жиырма метрдей қалғанда, құлыным деп құшағын жайған анашым жерге отыра кетті. Жүгірген бетімде келіп, анамды жерден көтеріп алдым. Анам мені қапсыра құшақтап, екі көзіне ие бола алмай талықсып кетті. Анамды жерге түсіргенімде Ғабдуали де келіп жетті. белімдегі солдат фляшасын шешіп алып, жеңешемнің бетіне аздап су бүріккенімде, селк етіп есін жиып, шынымен сенбісің құлыным,- деп аялап құшағына алып қысып -қысып қойды. - Аман-есен келдің бе? - деген Ғабдуалиге қарасам, оныңда жанары мойыншақтап қалған екен. Жеңешемнің құшағынан босанысымен Ғабдуалиді құшақтай алып, мен саған борыштармын бауырым, ризамын жақсылығың алладан қайтсын деп бетінен сүйдім. Өзімізге-өзіміз келіп болғанша әдемі ақ қағаздай келіншек жетелеген Жәмила апамда келіп үлгірді. Жәмила апаманың құшағынан босай бергенімде, бөле аман-есен елге оралғанының құтты болсын,- деп мөлдіреген бота көздерімен тұла бойымды шолып өткен сұлу келіншек, екі қолын беріп ықыласпен амандасты. Ғабдуалиге қарап едім. - Жәмила апайыңның келіні Рахия танысып қой деп жымың етті. - Қосағың құтты болсын, деп үлгергенімше екі иығынан демалған ескі машина түшкіріп жіберіп, қасымызға келіп тоқтай қалды. - Ау, жиен, бізді тастап тұра қашқаның не? Ғабдуалиден сүйініншіні өзім алайын,- деп келе жатыр едім. Жоқ жерде моторы өше қалғаны деп қалбалақтаған Жақан нағашым машинадан түсіп жатыр. Жамырай құтты болсын айтқан жолаушылардың дыбысы естіліп жатты, машина үстінен. - Көке,көке! ояныңыз нағашым келді деген кіші қызының дыбысынан көзін ашып алған қара шалдың өткен өмірі жайлы көріп жатқан түсі бөлініп кетіп еді. -Қап! Қызым бекер-ақ оятып жібердің ау,- деген ойын сыртқа шығармай ішінен қайталады. Сүйткенше болған жоқ, қара сақал, қара дәу кіріп келе жатты. - Аман-есенсіңдер ме? Айтжан келді деген соң балалардың амандығын білейін деп келіп едім. Төсектен басын көтерген шал келген мейманға сәлем беріп, төрге шығыңыз деп сыпайы жымиды. Қайыспайтын қара жартастай, тұлғасына қайраты сай адам еді. Жағы сопиып, дөңестеу мұрыны биіктей түскен бе қалай? жанарында бұрынғы қайраттың ұшқыны байқалмайды. Кәрілік жеңе бастаған ау шамасы деген ой санасын жаулағын қария атасына мүсіркей қарады. - Айтжан, торсықтағы шұбаттан құйып берші Жанахметке, кемпір беріп жіберіп еді. Басқа ыдысқа құйса шұбаттың дәмі өзгеріп кетеді деп, әдейі торсыққа құйып бергені шешеңнің. - Әкеле жатырмын, әлі салқын күйінде тұр екен. Көптен шұбат ішпеген шығарсың,- деп сапар кесеге толтыра құйған шұбатты шалына ұсынды. Еңсесін тіктеп, бәйбішесі ұсынғын сапар кесе толы шұбатты қос қолдап көтеріп, дәмін алып сүйсіне жұтты. Босаған кесені бәйбішесіне беріп жатып: - Жарықтық бал татиды екен, иісінің өзі кеңсірігімді жарып жібергені,- деп атасына ризашылығын білдірді. Екі інген боталап еді, көбіне сауылмайды. Кемпір үлкейді, аяғы ауырып, отырып тұруы қиындап барады. Қолда бар нәрсені үлгіртіп, әкете қоятын келін жоқ. -Ұзыннан хабар болып тұра ма? - Хабарласып тұрады, аман-есен жүріп жатыр. Соған да шүкірілік етеміз кемпір екеуміз,- деп жеңіл күрсінді. Ферма меңгерушісінің машинасымен келіп едім, кештетіп қайтамын деген. Соғып алып кететін шығар,- деп екі жастықты қосақтай шынтағына басып, қисая кетті. - Дәм дайын болды, қол жуыңыздар деген кіші қызы нағашысының алдына орамал тастап қолына су құя бастады. - Нағашы маған берем деген ботақаның қайда? Екі жыл болды өсіп, іріленіп кеткен шығар деп еркелеп қояды нағашысына. - Берем дегенім рас. Амандық болса, биыл соғымға тайлақ соясыңдар,-деп шоқша сақалын сипап қойып, жиеніне күлімсірей жауап берді. Бір табақ етті алдына алып турай берегенде, сәлем беріп кіші ұлы Абзал кіріп келді. - Ау! Жігіт аман-есен жүрсіңбе? Сабағың қалай жақсы ма? - Жақсы, нағашы. Қарасақалдың жиенімін десем болды, мұғалімдер сұрамай-ақ бес қоя салады. Шамасы оларға оны-мұны беріп қоясың ғой деймін,- деп нағашысын әзілмен айналдыра бастады. - Мектеп директорының шешесі сәлем айтқан соң, бір торсық шұбат беріп жіберіп едім. Соны айтып отырсың ау, сен қу,- деп мырс-мырс күлді қара дәу. - Айжан, бері кел. Әкеңді сағындым деп жүр едің ғой... Ия, келсе несі бар. Сағынсам өз әкем,- деп есіктен еркелей кірген қара торы бойжеткен табақ басына жайғасты. Айрандай ұйыған семья мүшелері бабымен піскен бір табақ етті, жарасымды әзілмен отырып жеп, тояттап табақтан кейін серпілді. - Дүйсен мен Дакош көрінбейді ғой,- деген әкесіне. - Ол екеуі мектептің белсенділері, жиналыста шығар деп жауап берді Айжан. - Нағашы, Айжан екеуміз комсомол жастар бригадасын құрып, қой баққалы жатырмыз. - Е, ол не тағы? Қарсақбай сияқты ма? - Ия, нағашы. Екі жыл қой бағамыз, содан кейін қандай оқуға барамыз десек те, біз үшін жолдың бәрі ашық болады. Қыздар болса, қалаған жігіттеріне куйеуге шығады,- деді мектеп директоры. - Қап, мына ұлды ай!- деп қызараңдаған Айжан жанында отырған Абзалдың қарынан шымшып алды. Ауырып қалған қарын алақанымен сипалап: - Нағашы, мен оларға, қартайған нағашымның түйелерін бағамын деп едім. Директор Байжан екеумізді жиналыстан қуып шықты. Комсомолдан шығарамын деп күш көрсетіп қояды. - Ой, онысы болмаған екен. Мектеп бітіруге әлі бірталай уақыт бар емес пе? Бір жағдайы болар,- деп шал дәрменсіз қолын жайды. Үйде отырғандардың көңілін есіктің алдына келіп тоқтай қалған машинаның дыбысы бөліп жібереген еді. Маған келген көлік шығар,- деп қара дәу қозғала бергенде: есіктен сәлем беріп, кесек тұлғалы, ұзын бойлы азамат кіріп келе жатты. - Ассаламағалейкум, көке! Аман-есенбісіз? Төрлетпеймін, сізге сәлем беріп кетейін деп әдейі соқтым. Шаруа көп, асығыспын. - Сәламат бол, Шашу. Алла деніңе саулық берсін. Құрметің алладан қайтсын,- деп рахметін айтты қария. Шаруаңыз бітсе жүрейік,- деп Нұрекеңе қарады. - Мен дайынмын. Басына тақиясын киіп, үйдегілер мен қош айтысып, келген жігіттің соңынан еріп, шығып кетті қара дәу. Үстіне жеңіл костюмін іліп, таяғына сүйеніп сыртқа беттеген қара шал, есік алдына сәл аялдады да қақпадан шығып, терезе алдындағы шарбақ ішіне орнатылған орындыққа жайғасты. шарбақ ішіне егілген сүмбіле теректер бой түзеп, көкке мойынын соза қалыпты. Теректердің түбіне жағалай отырғызылған әр түрлі гүлдер, маңайына ерекше сән беріп тұр. Қария маңайына сүйсіне қарады. "жердің көркі ағаш" деп бекер айтпаған дана халқымыз. Үй маңайына алғаш шыбық шанышқан өзім едім. Ел бірден іліп ала жөнелді. Қазір ауылда ауласына ағаш екпеген үй жоқта шығар. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" - деген екен бұрынғылар. Қара шал алыс көкжиекке көз тастап, жартылай ұясына кіріп бара жатқан күн көзіне тесіле қарады да өзімен өзі күбірлеп, күн шығады да батады, адам туады да өседі, өледі. Бұл қатал да болса өмір заңдылығы. Мен соғыстан елге оралғанда Шашубай төрт жасар бала еді, ер жетіп, ат арқасына мініп, елағасына айналды. Олар алға қарай жылжыса, біз кейін кетіп барамыз. "адамның басы, алланың добы" онымен қалай ойнаймын десе де жаратқанның өзі біледі. Қарт ұзақ сонар пәлсәпәға беріліп кетерме еді кемпірінің шалын іздеген дауысы шықпағанда. - Сыртта отырмын, кемпір. Ауа сондай тамаша екен, денем сергіп қалды. - Салқын ұстап қалмасын, үйге кір. Шайдың уақыты болды,- деген соң отағасы үйге беттеді. Аян берген ақсақалдың айтқанын істемегеніне күні осы уақытқа дейін өкінеді. Түбі бір мүшеңнен кем етемін деп назланып еді. Айтқанын істеп тынатын шығар деп күбірлеп үйге кіріп келе жатты. - Абзалдың көкесі ау! Екі кеште күбірлеп жүргенің не? - Жәй әншейін ертедегі бір оқиғалар есіме түсіп: - Менің тентек қызым қайда кеткен, кемпір? - Мектептің бір бұрышын ұстап тұрған сенің екі қызың емес пе, концерттің дайындығы деді ме әйтеуір мектепке кетті. Ұлың Ақжамаудың үйінде шығар. Байжан екеуі ұялас күшіктей айырылмайды ғой бір бірінен. Екеуінің оны, мұныны айтып отырып ішкен шайлары сіңімді болдыма қария бусанып терлей бастады. Кемпіріне назарын аударған отағасы: - Мына ұл мен қыздың алдына шопандар бригадасы деген кедергі болайын деп тұрғой. Екеуінің де оқығаны дұрыс еді. Үкіметтің бұл неғылғын саясаты екенін білмеймін, бесіктен белі шықпаған балаларға қойшының таяғын ұстатқанда не пайда табады. Былтыр ғана Қарсақбай жұмыс істейтін бригада мың жарым бас қойды сорға батырып қырып тастағаны. Сұрауы жоқ бір дүние. Екі жыл бригада, екі жыл әскері дегендей баланың төрт жыл өмірі босқа кетеді. Не оқыған оқу жоқ, не мамандық жоқ, далада қалғандай мәңгіріп қалмай ма жап жас жігіттер мен қыздар. - Басыңды ауыртып қайтесің? Көппен көрген ұлы той демекші, жалғыз біздің баламыз емес қой. Қолымыздан не келеді?- деп кемпірі шалына қарады. - Оның рас, кемпір, саған айтып жатқан өз ойым ғой әншейін,- деп шайын сарқа ішкен кесесін төңкерді де, дастархан басынан сәл кейін шегінді. Дастархан қайырып, орнынан қолын тіреп тұрғалы жатқан кемпіріне көзі түскен қара шал. Кемпірінің бойынан есейгендік белгісі байқала бастағанын аңғарып, шау тарта бастаған жұбайына аянышпен көз тастап, мырс етіп күліп жіберді. Сонау алыста қалған жастық шағына ой жүгіртіп, кейбір ұмытыла қоймаған кезеңдерін есіне түсіруге талпынып, көзін жұмыңқырап ойланған сайын, жанарының алдынан көгілдір сағым ойнап, ұмытыла бастаған жастық шағы көз алдынан көлбеңдей өте бастады. Ия, дәл солай болған деді шал ішінен күбірілеп: - Шешемнің сағыныш мауқымын басқан соң, елге барып қайтсам қайтеді деп едім. Жеңешем келісе кетті. - Елге барып келгенің дұрыс, балам. Ағайынның жағдайын біліп, мүмкіндік болса көштің басын елге бұрғаның жөн. Аман-есен елге оралдың, шаңырағыңды тіктеп, босағаңды бекітетін уақытың болды,- деп өзінің терең мағыналы сөзімен. Маған жаңа бір міндет жүктегендей болды. Бөлемнің үнемі жарау ұстайтын Қызқүреңіне ер салып, сәрсенбі күні таңғысын жүріп кеттім. Мені аттандырып тұрып бөлем: - Жәке, сені бұл елден үйлендірмей ешқайда жібермеймін. Осы есіңде болсын, - деп сылқ-сылқ күліп, жол болсын айтып қала берді. Қызкүреңнің үстінде айдарымнан жел есіп, тізгінімді тарта ұстап, кейде желіп, кейде шоқытып, ауық-ауық Қызкүреңнің жол жорғасымен кәзірде бөрен өткелге жетіп келдім. Тақым суытып алайын деп шеткі үйдің алдындағы мама ағашқа аттың шылбырын іле салып, сәлем беріп үйге кірдім. Сәлем алған мошқалдау үй иесі: - Балам, қайдан келесің, кімнің баласысың?- деп жүзіме барлай қарды. - Сіз танымайтын шығарсыз, Серікбай деген кісінің баласымын, шешемнің аты Ханзила дегенімде: - Ау, шырақ! Жиен болдың ғой. Апайдың баласы елге оралды деп естіп едік. Құтты болсын, айналайын. Төрлет деп төрге көрпеше төсеп жастық тастады. - Жиен, үйге алғаш келуің, отырып дәм ішесің,- деген отағасыға жолаушылап бара жатқанымды айтып, рұқсат сұрадым. - Жолыңнан қалмағаның да дұрыс шығар,- деп қасына жүгіріп келген төрт-бес жасар ер балаға: - Әжеңе сусын әкелсін де,- деп немерсін жұмсап жіберді де: - "Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді",- деген сөзді қалай біліп айтқан аталарымыз. Мына суреттегі менің үлкен балам. "қырық екіде" майданға кетіп еді. Алты айдан кейін, Ленинград майданында ерлікпен қаза болды деген қара қағаз алдық. Үмітсіз шайтан дегендей, соғыс біткелі, мүмкін тірі шығар, келіп қалар деген оймен алаңдаумен болдық. Соғыс аяқталғалғалы да біраз уақыт болды. Қара жолдың бойына қарап елеңдеуді қойып, үмітімізді үзе бастағандаймыз,- деп ауыр күрсінді. Есіктің топсасы сықырлай ашылып қымыз құйған шарашасы бар бәйбіше кіріп келе жатты. Дастархан жайып қаудырлаған тарының нанын турап, бір кесе жаңа шайқалған майды ортамызға қойып, бабына келтіре сапырылған қымызды орталау аяқтарға толтыра құйып, ұсынғын қымызғы қолымды создым. Аяқтағы қымызды дәмін алып, тұшына жұттым. Шамасы шөлдеген болуым керек, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Босаған аяқты бәйбішеге қайта ұсындым. Шарашадағы қымызды ағаш ожаумен сапырып-сапырып жіберіп, аяққа толтыра құйып алдыма қойды. Үй иесіне назарымды аударып: - Нағашы, есіміңіз кім болады? - дегенімде, нағашым сәл жымиып: - Жиен, шамасы тамаққа жақындаусың ғой деймін. Қымызға тояттағаннан кейін жөн сұрай бастадың ғой,- деп кеңк-кеңк күлді. - Айып етпеңізғ сәлем бермек бізден болса, жөн сұрамақ үлкеннен емеспе, дегенімде: - Шынында да қате менен болған екен. Сені көріп балам есіме түсіп отырып қалғаным. Руым Тоқтамыс. Тосын елінде Мнайдар, Жанайдар деген нағашыларыңды білесің бе? Солардың жақын туысы боламын. Есімім Мырзағұл, бәйбішем Тұрлығылдың қызы Бибі. Үлкен ұлымыз соғыста опат болды. Кіші баламыздың тілегін тілеп отырған жағдайымыз бар. Жаңағы кішкентай немереміз Темір. Нағашымның үйінен қымызға қана сусындап, жолдасып жөн сұрап, аттанып кеттім. Маған еріп сыртқа шыққан нағашым, жүрер жолды анықтап айтып, жөн сілтеп шығырып салды. Ескі қара жолмен Қызкүреңді желітіп-желітіп алып, талай тобылғылы жоталарды артқа тастап, кешкілік қара қамысты жағалап Тармаққа қарай келе жаттым. Су мол түскенбе көл әлі тартыла қоймаған. Қиқулаған аққу, қаңқылдаған қаз үні, болмысыңа әсер етіп, рахат бір сезімге бөленесің. Әлі де көп жылдын бергі туған жерге деген сағыныштың әсері ме ойға беріліп, көл үстіндегі құс базарын қызықтап келе жатқанмын. - Ай, тоқта! - деп кенттен шыққан дауысқа жалт қарасам, өкпе тұсымнан маған қарай шауып келе жатқан жүргіншіге көзім түсті. Оқыс шыққан дыбысқа Қызкүреңде елең етіп бойын жинап алған еді. Аттың тізгінін тартып, шауып келе жатқан жолаушыға барлай қарап тұрып қалдым. Шапанының етегі желмен делдиіп, аттың жалына еңкейе шауып келе жатқан Қабиды таныдым. Аттан секіріп түсіп, Қызкүреңнің шылбырын бос тастап, Қақаңа қарай жаяу аяңдадым. Қабида аттан секіріп түсіп құшағын жая маған қарай жүгіріп келеді. - Аман-есенбісің, бауырым? - деп белімнен қапсыра құшақтап алып, айналдырып-айналдырып жерге қоя салды. Өн бойыма көз жіберіп қарай бастады. Беті-ауызы жыбырлап: - Сен соғысқа қатыспай демалыстан келеген адам сияқтысың. Бойыңда бір сызат жоқ. Ең болмаса Әбдіқадыр құсап, май өкшеңді жұлдырып келмедің бе?- деп әзілдеп қояды. - Басқарамаға жағынып бронмен елде қалғанша, менімен бірге майданға аттануың керек еді. Сонда білер едің кімнің не істегенін,- деп әзілдей бастап едім. - Қуанғаннан әзілдегенім ғой, жиен,- деді беті ауызы жыбырлап. - Көш жерден мені қалай таныдың, Қабеке? - Неге танымайын, түйсігіммен сездім. Бұл уақытта Шилі мен екі арада некен саяқ жолаушы жүре қоймайды. Сенің елге келегеніңді ұзын құлақтан естігенбіз. Бейуақытта жүрген жолаушы сенен басқа кім болушы еді. Алдыңды орап тура шапқаным содан. Беталысың қалай? Түйемойнақтағы нағашыларыңа сәлем беретін шығарсың. - Ия, Қақа. Мен кеткелі төрт жылдың жүзі болыпты. Тіріге сәлем, өліге салауат дегендей амандық білу. - Қап, сенімен бірге еріп кетер едім, басақарманың азғантай малға ие бола тұр деп мойыныма іліп қойғаны. Бүгін Тармақта боласыңғой. - Нүкең қарт үйінде болса сәлем беріп сол үйде боламын. - Дұрыс екен, малды қоралап болған соң, менде Нұрекеңнің үйіне барармын. Сонда отырып кеңірек әңгімелесерміз. Айтпақшы Сейдәлі Өтебай көлін жайлап отыр. Колхоздың азғантай ірі қарасын бағады. Бабайдың жиені қарасақал қара дәуді білуші ме едің. Басқарманың оң қолы, азғантай жылқыға иелік жасайды. Сейдәліге соға кет бала, мүмкін жолың болар, -деп бет ауызы жыбырлап көзі күлімдеп қоя берді. - Ой, Секеңе соқпағасын болама екеуміздің жан айспас дос болғанымызды білесің ғой. - Ал енді аяңдай бер, күн кешкіріп барады,- деп Қызкүреңнің сулығынан ұстап тұрып, мені атқа мінгізді де, өзі жайылып тұрған атына қарай кетіп бара жатты. Лыпып тұрған Қызкүрең тізгінін қағып қалағанымды жол жорғасымен тайпалай жөнелді. Көлді айналып өтіп, қырға шыға келгенімде қара суды жағалай отырған киіз үйлерге көзім түсті. Нүкеңнің үйі қайсысы екен деп ойланып үлгергенімше, ортадағы боз үйден ұзын бойлы қапсағай қарт шығып, желе жортып келе жатқан жолаушыға қадала қарағанын байқадым. Дәу де болса Нукең осы болар. Сырт тұлғасы келіп тұр. Аттың басын сәл тежей, жол жорғасымен үйден алшақтау тұрған мама ағаштың қасына келіп, аттан түсіп, Қызкүреңді тұсаумен бекітіп, қамшымды ердің басына іле салып, үйге қарай беттедім. Мезгілсіз жүрген бұл кім дегендей, Нұқаң менен көз алар емес. Қарияға жақындап келіп, ассалаумағалейкум деп сәлем бердім. Нұқаң сәл кідіріп қалды да маған күректей алақанын ұсынып, ат-көлігің аман-есен жүрсің бе? Айып етпе танымай тұрмын қай баласың? - деп жүзіме тесіле қарады. - Аға, Серікбайдың баласы Жанахметпін, - дегенімде Нұқаң қалбалақтап: - Айналайын, аман-есен келді деп естіп едік. Аллам шешеңнің бір тілегін берген екен. Төрлет, төрлет,- деп қауқылдап жатыр, Нұқаң. - Әй, Ыбыш, шешеңді шақыр, үйге қонақ келді де шай қойсын,- деп баласын жұмсап жіберген отағасы шидің бір жақ шетін ашып шарашаға құйылған қымыз алып шығып сапыра бастады. Шөліркеп келген адамды, есіктен ескен самалмен танауға жеткен қымыз иісі еріксіз тамсандырады емеспе, еркімнен тыс тамсанып, жұтынып қойдым. Менің тым шөліркеп отырғанымды сезген үй иесі, үлкен ағаш аяққа қымызды толтыра құйып алдыма қойды. Аяқты қос қолдап көтеріп, дәмін тұшына алып, орталап ішіп алдыма қойдым. Есіктен Нұқаңның бәйбішесі кіріп келіп, ерінін жыбырлатып амандасты. Бұл кім дегендей отағасыға қарады. - Қарабасқыр, танымай қалдың ба? Ханзиланың ұлы әскерден келген, елге келе жатқан көрінеді дегенде, бәйбіше құшағын жайып: - Айналайын, танымай қалдым. Құтты болсын аман-сау келгенің,- деп қасыма келіп еңкейіп маңдайымнан сүйіп жатыр. - Әй, кемпір! Сенің сілемейің бізге тамақ болмайды, кебеженің түбін қақ, қазан көтер. Жанахметтің арқасында бізде бір тояттап қалайық,- деп маған қарап сыпайы жымиды. Шай қойылып, қазан көтеріліп жатқанда сәлем беріп, бет-ауызы жыбырлып Қаби жетіп келді. Нұқаң қонақ жайлық танытып, төрлет деп жатыр. Ауылдың жұмыстан келген азаматтары, Нұқаңның үйіне жиналып, өткен кеткен әңгімелерін айтып, менен де суыртпақтап әңгіме сұрап қояды. -Ау, майдангер! Ел көрдің, жер көрдің, Германды жеңіп аман-есен елге оралдың. Неміс дегеніңнің өзі қандай ұлт, ұлыс екен соны айтып берші бізге,- деп өңешін созды, Қаби. Отырғандардың назары маған ауып, менен жауап күткендей болған соң: - Өзіміз сияқты адам оларда. Ірі, ақкірпік, шикілсары келеді. Пенде болған соң жақсы, жаманы бола берді ғой. Бет-ауызы жыбырлаған Қаби: -шыныңды айтшы, қанша немісті қарауылға байладың,- деп маған қарап жымың етті. - Ой! Нағашыеке, баяғы сужұқпас суайттығың әлі қалмаған екен. Оны бір құдай біледі. Солдат бұйрық орындаушы жат десе жатамыз, ат десе атамыз. Менде көптің бірі болып, шабуылға шығып, келе жатқан жауға автоматтан оқ жаудырдым. Оқ нөсерінен кейін серпіліп, тұра қашқандарын, серең етіп құлап мәңгілікке көз жұмғандарын көрдім. Менің атқан оғым тиді ме, басқаның оғынан мерт болды ма оны жаратқан ием ғана біледі, Қабеке. Маған назарын аударған Нұқаң: - Смағұлдың Абдықадырын білуші ме едің, майданнан жараланып қайтіп келген. Өзінің білмейтіні жоқ сияқты. Өткен қыста үйге келіп қонып кетіп еді. Ілулі тұрған домбыраны алып, қағып, қағып жіберіп, Нұқа мына домбыраңыз Сырдарияның әр жағындағы, Амударияның бержағындағы бамбугтен жасалған екен деп қарап отыр. Не айтарымды білмей, біздің Әбдіқадыр біле берген, біле берген деп едім, одан сайын шешенсіп, жұмыр жердің астын-үстіне шығарғаны. Қан кешіп келген азаматқой деп бір түн әзер шыдадым. - Қаби, сен нағашы жиендікке салып, иектей берме, онанда домбыра шертіп, Жанахметтің өзіңе, ағаларыңа шығарған өлеңдерін айтып берсең қайтеді,- деп еді, сайрап отырған Қаби жым болды. Түннің бір уағына дейін Нұқаңның ескілікті әңгімелерін тыңдап бір қунап қалдық. Таңғысын бір кесе саумал қымызбен ораза ашып, Нұқаңмен қош айтысып, аттанып кеттім. Ауылдан ұзай берегенімде артыманан қуып жеткен Қаби, - Әй, бала, Өтебайда отырған Сейдалыға соға кет, өкінбейсің,- деп жымың етті. Екі үш күнде менде орталыққа барамын деп,- жол болсын айтып қала берді. Сара жолмен бел-белестен асып жазыққа шыға бергенім сол еді. Жүз қаралы киік оң жақ қанатымнан алдымды кесіп өтпек болып, қиялай сілтеп келеді екен. Сарыарқаның жез қамзолды сұлулары өзіне еріксіз тартып, онсызда ауыздығымен алысып келе жатқан Қызкүреңнің тізгінін босатып, тақымымды қысып қойдым. Жанаса шапқан киіктерге елікке Қызкүрең тізгінді сүзе тартып, төрт аяқты тең тастап, қара жолдың шаңын аспанға шығарды. Қайтсеңде алдыңды кесіп өтемін дегендей, киіктердің алдындағы мүйізі қарағайдай ақ бас теке аспанға секіріп, орғып-орғып қояды. Үш шақырымдай киіктермен тайталаса шапқан Қызкүреңнің басын тежеп, арқаның адуан мінезді сұлуларын алдымнан өткізіп тұрып қалдым. Бойы қызып алған Қызкүрең ауыздығымен алысып, бір орынында тыпыршып тұра алмады. Киіктердің қарасы үзіліп шаңы сейілгеннен кейін ғана солғын басып, өзі-өзіне келгендей болды. Қызкүреңің жол жорғасымен сырдыртып отырып, насыбай көлдің жағасына келіп түстім. Жан-жағы аттылы адам көрінбейтін нар қамыс, ортасы жазық айдын, айдыннан сан алуан құстардың түрін кездестіруге болады. Көл жиегі қыр беткейге көтерілген сайын нар қамыстар аласарып, суатты жиектерін балауса құрақтар көмкерген. Көлдің ашық жағалауын жағалай отырған, қарақұман, барқылдауық қоңыр үйректер жүргіншіден үркіп, пыр етіп көтеріліп, көп ұзамай қайта қонып, тыныштығын бұзған жолаушыға мойындарын бұрып үрке қарайды. Құс мамырлайтын уақыт таяған сайын, май басқан денелері ауырлай түскен сыңайлы. Насыбай көл десе насыбайкөл. Суы ащы, мал ішуге болмаса ауыз суға жарай бермейді. Бірақ ел ырыздығы болған, балығы мен мамырын айтсайшы. Құс мамырлаған кезде, жас жігіттер бір күн бұрын келіп, қолда бар ауларын айдынға жағалай құрып тастайтын. Ертеңіне ауылдың үлкені кішісі келіп аттандай айқайлап, көл бетінде қиқу салып, майдан қауырсындарын көтере алмай жүрген мамырларды құрулы тұрған ауға қарай қуалайтын. Жағалай қыспаққа алған екі аяқты пендеден құтылмақ болып, суға сүңгіген мамырлар, құрулы тұрған ауға мойындарынан ілініп, қуғыншыларға еріксіз тұтқын болатын. Сол күні әр үйдің алдында сөре-сөре ет жайылып, бұрқылдап қазан қайнап, сен же, мен же болып қалатын жаздың тамаша бір мезгілі еді. Құс мамырлайтын уақыт таяп қалған сияқты. Балығы қандай? Күзге қарай ақ балық, табандары біреуі бір табақ болатын сорпасының бетінде майы жүзіп, ішпей-жемей тойдырушы еді. Жас кезімізде Қаби, Сейдалы үшеуміз талай келіп балық аулаған көл. Жаныма сонша жақын, көзіме ыстық көрінеді. Мына жотадан асқан соң, жалпақ боз болуы керек. Одан екі белес өткенде Өтебайдың төбесі көрініп қалар деп ойлаған жолаушы Қызкүреңнің тізгінін қағып жіберді. Желіс шоқырақпен қыр асқанымда алдымда селеулі алқап созылып жатты. Жол жорғасына түсіп, бір қалыпты дөңгеленіп келе жатқан Қызкүрең, сол жағына елең еткеніне қарасам, тоқтыдай домаланған екі дуадақ бізге маңғаздана қарап қалыпты. Ештеңе де ойлап үлгірмей астымдағы аттың ұшқырлығына сендім ғой деймін, Қызкүреңге өкшені батырыңқырап жіберіп, дуадақтарға қарай құстай ұштым. Дудақтар ауыр қозғалып, балпаңдап көтерілем дегенше екеуінің арасынан жарып өте беріп, қолымдағы екі бүктеп ұстап келе жатқан тобылғы сапты қамшымды, сол жағымдағы дуадаққа жіберіп үлгердім. Қызкүреңнің екпінімен ағып өтіп, бұрылып артыма қарасам қамшы лақтырған дудағым оң жақ қанатын көтере алмай далпылдап жатыр екен. Қасына жетіп келгенімде ұшып тұрған дуадақ, бір жақ топшысын көтере алмай бір орыннан айнала берді. Жан бермек оңай ма, маған қарай мойынын толағай созып, ысылдап айбат шегіп қояды. жерде жатқан қамшымды алып, жасқап жіберіп, мойынын шап беріп ұстап алдым. Қалтамдағы шаппамды ашып алып, алла акбар деп бауыздап жібердім. Қан ағып болғанша сәл демалып, дуадақты соғып алғанымды жақсылыққа жорып, Өтебайға қарай жортып кеттім. Қырдан төмен қарай түсіп келе жатып, ойдағы ауылға көз жібердім. Көл әлі шалқып жатыр екен. баяғы әупілдегі бар ма екен деп ойлап үлгергенімше. - Әуіп! Әуіп! деген таныс дыбыс құлағыма келді. Көл жағалай отырған үш киізүй. Ауыл иттері қырдан қиялай түсіп келе жатқан жолаушыны жаңа сезді ме, алдымен жалқаулау үрген төбеттің дыбысы шығып, оған барлық ит атаулы қосылып, маған қарай абаланып үріп келеді. Қызкүреңнің тізгінін тарта ұстап, тақымымды қыса түсіп, шабаланып келген төбетке, бөрібасар жат дегенімде құйрығын бұлғаңдатып еркелемесі бар ма. Итке назар салсам Сейдалының бөрібасары. Аттан қалай түскенімді білмеймін мені таныған бөрібасар мойыныма секіріп, екі аяғын иығыма салып, тілімен бет-аузымды жалай бастады. Көзімнен жастың қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Бармысың бөрібасарым, деп итті құшақтап қысып-қысып қойып жонынан сипадым. Ортадағы үйден шыққан дембелше азаматтың бізге қарай жүгіріп келе жатқанын көріп, Сейдалы екенін таныдым. Бөрібасар алдымда мен артында Секеңе қарай жүгіре басып келеміз. - Ей, Жанахметпісің? - деп кілт тоқтай қалған Сейдалы. - Ия, Жанахметпін, - дегенімде Секең құшағын жайып, қорбаңдап маған қарай жүгіріп келеді. Бөрібасар екеуміз Секеңе тайталаса жеттік. Секең екеуміздің құшағымыз айқаса кетті. - Аманбысың, бауырым, апам қалай жүріп жатыр? - деп амандық сұрасып, ентігімізді басып отырғанда бөрібасар Сейдалы екеуміздің арамызға келіп тұра қалып, құйрығын бұлғаңдатып, жалтақ-жалтақ қарап алып, ұзыннан түсіп жата қалды. Ит жеті қазынаның бірі деп бекер айтпаған-ау. Қарашы арада төрт жыл өтседе, сені танып еркелеуін,- деп Секең итінен риза болып жонынан сипады. Қызкүреңді жетелеп келіп, үй сыртындағы мама ағашқа шылбырынан іле салып, үйге кірдім. Менің сәлеміме ықыласпен жауап берген төрде отырған Бабай ақсақал: - Бұл сенбісің, Жанахмет! Аман-есен оралғаның құтты болсын,- деп мені өзінің кең құшағына алып әкелік мейіріммен маңдайымнан сүйді. - Ханзила қалай жүріп жатыр. Шилідегі тоқтамыстарға кірігіп кеткен шығар. - Жоқ, аға! туыстарынан кіріге қоятын түрі жоқ. Көштің басын елге бұрғанымыз жөн болады,- деп ескерерттімаған. Сол сөз қамшы болып, елдің жағдайын білейін деп келе жатқан бетім. - Дұрыс-ақ екен. Өз елің туған топырағың, жасыңнан бірге өскен дос-жараның ерекше ыстық тартып тұрады. Келсең сені ешкім сыртқа теппейді. Сейдалы екеуің қолтықтасып өмір сүресіңдер. Қолдарыңа домбыра алып, жарапазан айтып, елді думанға бөлеп жүрмейсіңдер ме. Үй болу жағдайын да ойлау керек,- деп кішілеу көкшіл көздерімен тесіле қарады. - Е, үйленсе несі бар. Қарасақалдың бойжетіп отырған қызына күні ертең барып құда түсемін. Қызын Жанахметке бермегенде кімге береді,- деп күпінді Сейдалы. Сырттан әзілдесе сөйлескен әйелдердің дыбысы құлаққа келді. Киіз үйдің ашық тұрған есігінен сыртқа көз салсам, иінағашпен су әкеле жатқан бойжеткен мен Төлеу көзіме шалынды. Бір-бірімен жарасымды әзілдесіп келе жатқан екеуі, ошақ қасына тоқтап, иінағаштарын иықтарынан жерге түсіріп, киізүй жаққа көз тастап, - Жеңеше, үйіңізге қонақ келген сияқты, мен үйге кетейін шешем күтіп қалған шығар,- деп екі шелек суды иығына қайта көтеріп, үйіне қарай жүре берді. Басына қызыл орамал тартқан, талдырмаштау ақ сары қыз тізеден төмен түскен қос бұрымына байлаған шашбауының сылдыры маңайындағылардың назарын еріксіз өзіне аударып кетіп бара жатты. - Қыз-ау! Отырып шай ішіп кетпедің бе, биылдан қалдырмай саған бір дұрыс жігіт тауып беремесем, жер басып жүрмей-ақ қояйын,- деген Төлеудің қайынсіңілсіне айтқан жарасымды әзілі естіліп жатты үй ішіне. - Төлеу, шаруаң бітсе үйге кірсейші, алыстан сағындырған мейман келіп отыр,- деп Сәкең есікке қарай мойынын созды. Есіктен кіріп келген Төлеу мені тарпа бас салып, құшағына алып қысып-қысып қойып: - Елге оралғаның құтты болсын, -деді күлімсіреп. - Отағасы, мейман келді дегенше, күйеу келді демейсің бе, қап! Әлгі қыздың үйіне кетіп қалғанын қарашы.... - Келін, ақырын. Қарасақалды шошытып аларсың. Жігіт те, қыз да қасыңда, үйлестіріп жатсаң біз қой демейік. Мейманға сусын әкел, шай қой. Сейдалы қонақасы қамын жаса,- деп ұлына қарады Бабай. Сейдалы үйден шығып бара жатып маған көзін қысып қалды, - Аға, рұқсат болса Секеңмен бірге барып келейін. - Барғын, екеуіңнің бір-біріңе деген сағыныштарың басыла қоятын болған жоқ. Секеңмен ілесе далаға шығып, Қызкүреңнің қанжығасындағы дудақты босатып алып, ошақтың басына әкеліп тастадым. Тоқтыдай дуадаққа көзі түскен Төлеу: - Жолың болғалы тұр екен. Қанжығаң майлана берсін. Амандық болса сұлу жиенді қанжығаңа байлаймын,- деп сөзінің артын әзілге айналдырды. Атқа мінгелі жатқан Секеңе: - Қайда барсың? - десем: - Көлдің ана басында жатқан ұсақ малдарды айдап келемін,- деді қамшысын көтеріп. - Секе әуре болмаңыз. онанда екеулеп дуадақты үлгіртейік дегенімде: іштен шыққан Бабай: - Сен менің үйімнен дәм татпай кетейін деп тұрмысың,- деп көгілдір көздері ызғарлана қалды. - Жоқ, аға. Амандық болса осында қайтіп келіп екі үш күн боламын Секеңнің қасында. Қонақасыны қайтарда ішсем деген ниет қой,- деп едім. Ақсақал қуақы жымиып: - А, өзің біл. Төлеу дуадақтың етіне қосып, үйдегі сүр еттің бар шырайлысын салғайсың. Көрші көлемде сорпа ішсін,- деп қолына дәрт құманын алған Бабай еңсесін тік ұстап қырға қарай кетіп бара жатты. Менің қайтіп келемін дегеніме қуанып қалған Секең: - Уәдеде тұратын бол. Қаби жылпосқа еріп, елдің қарасын көрмей кетіп жүрме,- деп маған саусағын безеді. - Орталықта Қаби жоқ. Басқарма мойынына азғантай тайынша іліп қойған екен. Содан құтыла алмай тармақта жүр. - Бәсе, маған неге жоламай кетті деп едім. Қармаққа іліккен екен суайт,- деп мырс етті Сәкең. Сәкең кәзірде дуадақтың жүнін жұлып, Төлеуге ұстата салды да: - Жүр, көршілерге сәлем беріп шық,- деп мені ерітіп шеткері тұрған екі үйге қарай бастап жүре берді. Бозғылт киізбен жамылған үлкендеу үйге сәлем беріп кіріп келгенімізде, төрде жатқан нар тұлғалы азамат басын көтеріп алып, дөңестеу мұрынының екі жағында орналасқан өткір шегір көздерімен тесіле қарап, самарқау қозғалып, төрлетіңдер деп жұбайына қарай жылжып отырды. Біз төрге оза бергенде, шешесінің қасында отырған бойжеткен орынынан тұрып сыртқа шығып кетті. Шолпысының сылдырымен бой тұлғасынан иінағашпен су әкеле жатқан қыз шығар деп ойладым. - Қасыңдағы жігітті танымадық қой,- деп отағасы Сейдәліге қарады. - Серікбай деген кісінің баласы. Соғысқа дейін шешесі екеуі бізбен көрші отырды. Шешесінің аты Ханзила. Тоқтамысқа жиен болып келеді. Майданнан елге оралған беті, үлкендерге сәлем беремін деп шыққан екен. -Дұрыс-ақ екен, бәйбіше, меймандарға сусын әкел,- деп иек қақты қарасақал. - Айтжан қымыз алып келе қойшы қызым, деген бәйбіше ортаға дастархан жайып, ши ішінен май, қаймақ алып шығып, нан турай бастады. Есіктен кішілеу шарашамен қымыз алып, кіріп келе жатқан қызды көрген Сейдәлі, ешкімге байқатпай санымнан шымшып алғаны. Жаныма батып кетсе де шыдауға тура келді. Мен қызға еріксіз көз тастадым. Өзіне қадалған жігіт жанарының уытын сездіме, қып-қызыл болып, қолындағы шарашаны шешесінің алдына қойған бойжеткен, артымен жылжып сыртқа шығып кетті. Орташалау ағаш аяққа құйылған қымызды маған ұсынып жатып, қыз шешесінің тесіле қарағанын сездім. Бабына келген қымыз, өңештен әрі жылжып жүре берді. Үй иелеріне рахметімізді айтып сыртқа шықтық. Жылқышының үйінен ұзаған соң: - Бала, атаңның үйінін алғаш рет дәм таттың, ұзағынан болсын,- деп Сейдәлі сылқ-сылқ күлді. - Маған кім қызын ұстата қояйын деп жатыр екен Секе. - Сен шамаң келсе қыздың уәдесін алғын. Қалған шаруаны маған тапсыр деп күшейіп қойды Секең. Көлеңкеде отырған Бабайдың қасына көрпеше төсеп отыра кеттік. - Қалай, жиен, жақсы қарсы алды ма? Көңіл күйі қалай екен? -жылқышының деп Бабай сәл езу тартты. Мырза деді өзіне менің назарымды аударып: - Нұранның руы кіші жүздің ішінде Әлім қарасақал. Туған елі Қызылорданың Қазалысы. Бізге туған жиен болып келеді. Кешегі аумалы төкпелі заманда, мені қара тұтып келіп, осында орнығып қалды. Кәзір жағдайы жаман емес. Елдің азды көпті жылқысына иелік жасап отырған жағдайы бар. Басбұзары жоқ. Жан жағындағыларға қолдан келген көмегін аямайтын азамат,- деп үлкен салалы саусақтарымен бетін сипай беріп, саусақтарының арасынан маған қараған жанарынан ұқтыңба деген ойды оқығандай болдым. - Жақсы екен, аға,- деп басымды изедім. - Уақытым келгенде Ханшаймның басына барып дұға оқып тұрамын. Айналайын болайын деп тұрған бала еді. Алланың ісіне шара барма? Ол сені күтіп жатыр, шырақ. Жолай соғып дұға жасағайсың,-деді назарын төмен салып. - Ханзадашқа соқпай кетпеймін, аға,- деп кеудемді қысқан өксікті маңымдағыларға білдірмей басқандай болдым. Дәм дайын болып, шағын ауыл Бабай шалдың үйіне жиналды. Дуадақтың етіне қосып асқан, қысқы соғымның семіз еті табақты әрлендіріп жіберген екен. Секең өткір шаппасын ашып, сүр еттен бастап қиялай турап, кәделі мүшелерін үлкен кісілерге ұсынып, менің алдыма қойдың асық жілігін қойып жатып, келесі келгеніңде асықты жілікке қоса төс омыртқа ұсынамын деп жымың етті. Бізден төменірек шағын табақты қоршай отырған әйелдер күбірлеп, өздерінше әңгіме дүкен құруда. Төменгі табаққа ақырын көз салып едім, шешесінің қасында отырған бойжеткеннің маған ұрлана көз тастап отырғанын байқадым. Ет пен шайдың ортасында Бабайдың ескілікті әңгімелерін тыңдаған ауыл адамдары: - "Ой жарықтық-ай қалай-қалай біле береді екен",- деп жүйелей сөйлеп, тарихтың жігін жатқыза, майын тамыза баяндаған әңгімеге жан дүниесімен беріліп, бастарын шұлғып қояды. Етке милықтай тойған меймандар, сүт қатқан қою шаймен кекіріктерін басып, рахметтерін айтып үйлеріне қайтты. Әкесі мен шешесінің ортасында кетіп бара жатқан бойжеткен, Төлеудің айтқан әзіліне сыңғыр еткен күлкісімен жауап беріп, Сейдәлі екеумізге жанарын жарқ еткізіп қарады да, бұрымындағы шашбауы баяу сыңғырлап, бізден алыстай берді. Таңғысын Секеңнің үй-ішімен ертерек қоштасып жүріп кеттім. Кетіп бара жатып, Қарасақалдың қызына арналған хатты Төлеудің қолына ұстатып, көп ұзамай қайтіп келетінімді айтарсың деп өтіндім. Ескі достармен қауышқан қуанышты көңіл, Қызылкүреңге қамшыны басыңқырап жіберді-ау деймін, Сарыапанға келіп қалыппын. Құдық басындағы жалғыз жиде сол баяғы қалпында, жапырақ жайып әлі пісе қоймаған жидектері күлтеленіп, бұтақтарын төменбасып тұр екен. Мына жазықшадағы қалың шидің ішінде жабайы жуа өсуші еді. Шидің арасымен Қызкүреңді жетелеп, қырқа беткейдегі ескі қорымға қарай беттедім. Қызкүреңнің шылбырын шұбатып бос жіберіп, қорымға қарай жақындап келемін. Ханзаданың мекеніне жақындаған сайын аяғымды әзер алып, өзімді өзім ауыр сезіне бастадым. Қарындасымның мәйітінің басына келіп, үстіне жусан өсіп кеткен төмпешікке көз жіберіп тұрып қалдым. Сол баяғы құм төмпешік, астында менің аяулы қарындасым жатыр. Бас жағына шанышқан тақтай, күн көзімен күйіп күлгінденіп кетіпті. Мәйіттің бас жағында жалғыз тал дала қымыздығы өсіп тұрғанын байқадым. Мынау менің Ханзадашым ғой деген ой келді маған. - Ия, көкешім! Ханзадышыңмын дегендей, баяу ескен самал желмен қымыздық гүл басын изеп сәлемдескендей болды. Бойымнан әл кетіп, мәйіт басына құлай кеттім. Көзімнен аққан жасқа ие бола алмай, санамның тұманданып бара жатқанын байқадым. Жанарымның алды сағымданып, көгілдір сағым арасынан үстінде ақ көйлек, жеңешем тіккен қызыл қамзол, басына үкілі тақия киген, Ханзада күлімдеп маған қарай жақындап келеді. Жан дүниемді билеп алған белгісіз құбылысты өңімдей сезіндім. Маған жақындап келген Ханзадаш: - Ат-көлігіңіз аман-есен келдіңіз бе, көке!? Анашымның жағдайы қалай? Мен қашан жеңгелі боламын? Анашым қашан немересін әлдилер екен көкешім. Бізде бәрі жақсы. Қараңызшы, Жанақай, Демеш көкелерім сізге қол бұлғап тұр, - деп маған екі қолын созды. Қолын ұстамақ болып, бойымды түзей бергенімде сағым сейіліп, көз алдымдағы Ханзаданың бейнесі алыстай берді. Одан әріректе маған қолын бұлғап тұрған інілерім көзіме шалынды. Оқыранған жылқының дыбысына бұрылып қарасам, Қызкүрең ту сыртымнан келіп, маған қарап тұр екен. Менің өзіне назар салғанымды байқап, саған не болды дегендей оқыранып, оқыранып жіберді. Өзім-өзіме келіп, тізерлей отырып дұға жасадым. Орынымнан тұрып, қымыздық гүлге қарап, қарындасыма ант бергендей - Жеңгелі боласың, жаным! Анашың немересін әлдилейтін болады, дедім де Қызкүреңнің шылбырын жинап, қалың ой құшағынан арыла алмай, үзеңгіге аяғымды салып, ерге отырып орталыққа баратын қара жолмен аяңдап жүре бердім. Қунақтың ақшиіне төтелей түсіп, Жаманқұмды жарып өтіп, тұщықұдықтың жанындағы Көктем суынан пайда болатын көлшіктің жағасына келіп тұрып, жан-жаққа көз салдым. Торғай өзенінің жағасына бірталай орналасқан жиырма шақты үйлі қазақ ауылы. Өзеннің арғы бетін қалың тал көмкерген. Одан әрі мұнарланып, Сарыарқаның алтын ұлтарақтай ғана бөлігі тосын құмы жатыр. Қызкүреңнің тізгінін тежей ұстап, Садуақас ағаның қорасының сыртына ат басын тіредім. Қызкүреңді тұсаумен бекітіп тастап, қамшымды екі бүктеп қолыма ұстаған күйі сәлем беріп үйге кіріп келдім. Сәлемшіге жалт қараған дастархан басында отырған жанұя мүшелері аң-таң болып маған қарай қалды. Сәлден кейін орынынан ұшып тұрған Күлай апай: - Апа, апа, жиенің келді, - деп мені құшағына қысып тұрып, Ханзила апаның ұлы,- деп бірнеше рет қайталағанда төргі бөлмеден жетектеген төрт бес жасар баласы бар Ләтипа апам шығып келе жатты. Абдырап қалғаны ма қолындағы баласын босатып, көзіне келген жасты іркіп-іркіп тастап, табалдырыққа отыра кетті. Апамның қасына келіп, қолтығынан сүйеп тұрғызып, мен Жанахметпін Ханзиланың ұлы дегенімде: - "Уһ!"- деп демін сыртқа шығарған апам: - Аманбысың, жалғызым, келші бері маңдайыңнан сүйейін деп құшағына тартып, аналық мейрім шуағын шаша маңдайымнан құшырлана сүйді. - Апа, жалғызды жауда алмайды екен. Аяқ қолым дін аман алдыңызда тұрмын,- деп Садуақас ағаға қарадым. Миығынан жымия күліп маған қарай жақындап келеді екен. Қолымнан қыса ұстап: - Қалай? Апай аман-есен бе? Ғабдуалидің үй- іші амандықтама? -деп ел-жұрттың амандығын сұрағаннан кейін, екеуміз төрге оздық. Даладан жүгіріп кірген тұлымы селтиген қара қыз, көке деп мойыныма асыла кетті. -Тентектікті қойдың ба Айткүл -деп құшағыма алып, арқасынан қақтым. Жеңіл шайдан кейін Садуақас ағаға еріп ауыл үлкендеріне сәлем беріп шықтым. Іляс нағашымның баяғы нар тұлғасы көргеннен-ақ қауқылдап қалды. - Нағашы, сүзекідегі менің төрт жылдық үлесім сақталды ма? -деп әзілмен ілгенімде, маған үлкен ала көздерін қадап: - Үлес те, бәрі де болады далаға қаңғырмай Ханзиланы елге жеткізбейсің бе? -деп күректей алақанымен арқамнан қағып қалды. Орталықта бір күн аялдап, ертеңіне қайта жолға шықтым. Қызкүреңнің сыпыра желісімен Секеңнің үйіне келіп түссем, Қаби да осы үйде отыр екен. Екеуі өткен кеткенді әңгімелеп, есіп сойлеп отыр. Қызара бөртіп алған. Бабай үйде жоқ екен. Жақын маңдағы ауылдың біріне қыдырып кеткен ғой деп ойладым. - Бауырым, уақытында келдің. Шал жиені екеуі Нұқаңа барып әңгімелесіп қайтамыз деп Тармаққа кетті. Ауылда өзіміз ғана,- деп жымың етті Сейдәлі. - Екеуің қызара бөртіп алыпсыңдар, қымызға қосып басқа бір сусын ішкен жағдайларың бар ғой дегенімде Қаби алақанымен ауызын басып, үндеме деп мойынын созып есік жаққа қарап қойып, жүктің артынан бір шөлмек арақты суырып алып: - Кел, жиен, шамалап алып қоялық деген Қақаңа рахметімді айтып зорламауын өтіндім. Үйге кіріп келген Төлеуден жасқанды ма, шөлмекті қойынын тыға салып, әңгіменің бетін басқа арнаға бұрып жіберді Қабекең. - Елге қайтып барамысың? - Ия, қайтып барамын. Кідіре тұр десең, тағы бір күн аялдайтын уақытым бар, астымдағы ат бөлемдікі болғанмен оның да өз шаруасы шығып жатады ғой. Енді кешіккенім ұяттау болар дегенімде, Төлеу күліп: - Шаруаңды бітір де қайта бер. Бүгін қызбен кездестіремін. Қиылып бүгілетін жас емессің, ашық сөйлесіп, уәдесін алып кет ең болмаса, -деп мені қайрағандай болды. Сейдәлі мен Қаби сыртқа шығып кетіп еді. Көл жағасында жатқан ауылдың ұсақ малынан қызыл марқаны көтеріп алып келеді екен. - Ау, Секе! Ағаның келгеніне қарамаймыз ба деп едім. - Шалдан рұқсат алып қалғанмын. Әрі Қабида қонақасының ішінде болсын,-деген соң үндеген жоқпын. Сол екі ортада қыздың үйіне кеткен Төлеу қайта оралып: - Жайрақ құдыққа суға барамыз, сен бізден бұрынырақ барып, бері қарай ұмтыла шығып тұрған құрақтың ішінде бол. Құдық басына барған соң өзім белгі беремін,-деді. Тонымды шешіп алып қалмас, жаман адам сияқты емес қой. Қолымды ұсынып көрейін қабыл алса, - "Нар тәуекел!" -дедім ішімнен. Олардың мал сойып жатып, дабырласып кеткенінен сезіктендіме Төлеу: - Сендерге не болған соншама даурығып? Қақа, келген сайын Секеңді бір желпінтіп кететін едің, тағы сол әдетіңді қайталадың ба деген Төлеуге: - Төлеужан, Бабай үйде жоқ. Жаз бойы малдың соңында күн қақты болып жүрген жандармыз. Секең аздап көңіл көтерсін деп, бір шиша алып келгенмін. Екеумізге бір орыстың баласы неістей қоюшы еді деп, иығын қиқаң еткізді. - Қонақасыға көршілерді шақырамын. Ауыздыға сөз бермей жұртқа масқара болып жүрмеңдер. - Ал сен ауызыңа арақ алушы болма,- деп маған ерекше ескертті. Үй шаруасын ыңғайлап болған Төлеу иінағашын іздей бастады. Олардың суға баратынын сездім де Қызкүреңді жетелеп, қопаның мүйісін айнала бере тұсап отқа жібердім. Бір қабат құрақ ішімен құдыққа қарай жақындадым. Қалың құрақтың арасынан ауыл жаққа сығалай қарап, Төлеумен бойжеткеннің суға келе жатқанын байқадым. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Ей, майдангер! Төрт жыл қан кешуде каймықпаған жүрегің, он сегізге жаңа толған жас қыздан сескенгенің не, деп өзіме-өзім басу айтып, құжынаған сары масаны құрақтың майда басымен жасқап қойып, айтар ойымды жинақтап алғандай болдым. Құдықтың басына келген екеу, бір-бірімен сыпайы әзілдесіп тұрды да Төлеу қаттырақ жөтіркеніп қалды. Маған берілген белгі болар деп құрақтың арасынан шығып, бойжеткенмен сәлемдестім. Абдырап қалған қыз Төлеудің артына қарай шегіншектеді. - Әй, қыз босқа сескенбе, анадаға хаттың иесі осы жігіт, ұялмай бір-біріңе жақынырақ тұрып сөйлесіңдер. Мен ешкімге сыр ашпайтын адаммын. Бар тілегім екеуіңнің үстінде. Табысқандарыңды тілеймін,- деп құдықтың қауғасына қол созып, су алуға икемделе бастады. Бір қырындау тұрған қыздың жүзінен қысылғандық байқалады. Қызға біртабан жақындап, өзім туралы баянды бастап кеттім. Ішімдегі барлық сырымды ақтарып, жалғыз шешемнен басқа жанашырым жоқ еді, екінші тілекшім сіз болар ма деген үмітпен қолымды создым, ойланып-толғанып жауап берерсіз. Сіз үшін тағы бір күн аялдаймын деп сөзімді аяқтадым. Қыз маған бір қырын тұрған күйі түсі бір қызарып, бір бозарып ештеңе деп тіл қатпады. Сәл жылжып қызға қарай жақындағанымда шегіншектеп Төлеудің сыртын айналып, иінағашына қолын созды. Екі шелек суды иығына салып, ауылға қарай жүре берді. Төлеу маған қарап: - Қайда барар дейсің, қыз сенікі таныса салысымен бірден құлай кетпейді ғой. Мықты бол, кешке тағы кездестіремін,- деп көңілімді орнықтырып, шелегін иығына іліп, қыздың соңынан кете берді. Қапыр-құрақтың ішінде шөлдеп қалған басым құдықтың мұздай суынан шөл басып, жайылып жүрген Қызкүреңнің қасына келіп, көгалға құлай кеттім. Бір жарым сағаттай далада демалып үйге келсем, дәм дайын болып қалған екен. Көрші көлем жиналып дастархан басына отырдық. Көзімді жүгіртіп әйелдірдің ішінен бойжеткенді іздеп едім, көрінбеді. Дәм мен шайдың ортасында Сәкең домбырасын алып, қоңыр дауысымен ертеректе Қаби нағашыма, тоқтамыстарға шығарған өлеңдерімді ескі терме мақамымен жырлап берді. Жеңіл шайдан кейін көршіліер үйлеріне тарап жатты. Жетілік білте шамның көмескі жарығынан қыз шешесінің тесіле қарап отырғанын байқадым. -Жеңеше, сізбен бірге барып, ерке қызға сарқыт апарып берейін, әрі сізді шығарып салайын деген Төлеудің қамқорлық таныта сөйлеген дыбысын естіп, ішім жылып қоя берді. Алла сәтін салғай деп күбірледім ақырын ғана. Көп ұзамай қайта оралған Төлеу: - Сен үшін отқа түсетін болдым. Бол, тұр, ауыл сыртындағы шабыранның қасында қыз күтіп тұр. Мен барғанша айтарыңды айтып қал. Қыздың шешесі сезіп қалса мені сорлатады,- деп маған жөн сілтеп, ауыл сыртына қарай шығарып жіберді. Ауыл итінен сақтанып, барынша сақ жүріп, талдан ұстаған шабыраға келсем, қыз жан-жағына елекзи қарап, қорқып тұрғанын байқадым. Ақырын жөтіркеніп, қызға келгенімді сездіріп, қасына жақындадым. Сәл абдырап қалған қыз: - Жеңешем бірге келемін деп еді ғой! – Үйде ыдыс аяқ жуып дегендей, кешікпей келеді деп қыздың жүрегін орнына түсіріп, сізде де менде де көп уақыт жоқ. Амандық болса елге аттанып кетемін. Өзім туралы толық айттым. Бар байлығым жалғыз шешем. Құдық басында сізге қолымды ұсынған едім, не деп жауап берер екенсіз. Анамда ешкімнің алдына шығатын жан емес. Бар тілеуі жалғызының үстінде, сізді қызындай әлпештеп ұстайтынына сенімдімін, -деп бар ойымды асығыс айтып тастадым. - Бәрі түсінікті. Алдымдағы апамның елге шыққанына көп бола қояған жоқ. Өзіңіз көргендей әке-шешемнің серігі жалғыз мен. Еліңіз алыс шалғайда жатыр.Шешеме қиын болама деп қорқамын,- дегенде қыздың қолын ұстай алып: - Мен осы елдің азаматымын. Уәдеңді беріп анама келін қылып түсірсем, көп ұзамай бөлемнің рұқсатыменкөштің басын елге бұрамын. Бұл менің анамның тілегі,- деп қыздың қолын ақырын қысып қойдым. Қыз қолының әлсіз дірілдегенін байқадым. – Ертең кете қоймассыз, ойланып жауабын берейін,- деп қыз менің алақанымның уысынан қолын тартып алды. Осы сәтті күтіп тұрғандай Төлеуде қасымызға жетіп келіп: - Сен екеуің өлтіретін болдыңдар мені. Жүр жеңешем іздеп қалған шығар, деп қызды қолынан жетектей жөнелді. - Шал-ау, шал сусын ішесің бе?-деген кемпірінің дыбысынан көзін ашып алған қария: - Кемпірім-ай! Бейуақытта мазалағаның. - Е, не болып қалды? - Не болушы еді. Сенімен алғашқы кездескен күнімді есіме алып жатыр едім. Сенсең жастық шағымыздың тамаша бір кезеңін толық есіме түсіруіме кедергі жасадың. - Шалым-ай! Ол күндер енді бізге қайтып келмес. Аларыңды алдың. Балаларыңды тауып бердім. Құдайға шүкір ұрпақсыз емеспіз. Осыған шүкіршілік етейік отағасы. Балалардың алды үй болып, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүруде. Сенің ауырып қалғаның болмаса менде ешқандай өкініш жоқ. - Ақылдысың ғой кемпірім. Қасымда сен отырғанда ештеңеден қам жемейтінімді білесің ғой. Отасқан жылдар ішінде ешша десіп көрмеппіз. Аяулы анамның қабағына кірбігің де түсірмей, әлпештеп бақтың. Әйел болып, пенделікке салынып бетімнен алған күнің жоқ. Майлы пұшпақ болып, ұрпақ сыйладың, осының үшін мен саған ризамын. Жаратқан иемнен тілейтін тілегім сенің амандығың. Өткен күндерді еске алайын деп алмаймын. Әлгі бұзық сары қызым өмір жолыңды айтып бер, анамды қалай тауып алдың,- деп қоймай жүрген жоқ па? Өмір жолыма көз жіберіп, ойымды жинақтап, өзім жайлы айтып беруге дайындалып жатырмын. Кіші қыздан көп үміт күтемін. Алған бетінен қайтпайды. Кімге болса да айтарын айтып салады. Екінің бірінің бойынан табыла бермейтін мінез. Кемпір ұсынған бір шыныаяқ сусынды дәмін алып тамсана жұтқан қарт мырс етіп күліп жіберді. - Тағы не болып қалды? – деді кемпірі таңдана қарап. - Қымызың түгіл қара көжеңе дейін бал татиды. Әкеңмен төбелесіп, бекерден бекер тартып алмағаныма риза болып күліп отырмын,- деп кемпіріне қарады. - Қайдағыны айтпашы. Кіші қызың естісе, менің әкеме қызымды бермеймін деп әлек салған сенбе деп нағашысының мойнына мініп алып жүрер. Бапам да бұрынғыдай емес. Есейген, есейгендігіме сәл нәрсеге ренжіп қалатын болыпты,- деп кемпірі шалы босатқан шыны аяқты алып, ас үйге шығып кетті. Жанып тұрған электр шамына ұзағырақ қарады. Жарықтық бір сағат болмай қалса, бүкіл әлем қараңғылыққа бөленгендей тынысымыз тарылады да қалады. Қоға пілтелі май шаммен қалай отырғанбыз. Сол бір ауыр жылдарды айтсаң, бүгінгілерге ертегі айтқандай боласың. «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» демекші әр заманның өз ерекшелігі, жетістігі бар деп өзінше пәлсапаға берілген қария жанарын сығырайтқан сайын, көзінің алды сағымданып, өз өмірінің терең қойнауына кіріп бара жатты. Ақырын ернін жыбырлатып: - Мен оларды қалай ұмытайын. Иығымнан сүйеп болашақ өміріме демеуші болған жоқпа. Иә, ол бір ерекше есте қалатын күн еді,- деп жымиып қойды. Қыздың уәдесін алып, ант айтысқандай болған соң кешікпей елге аттанып кеттім. Көңілім өсіп, айдардан жел есіп, кең даланы жаңғырта әндетіп, Қызқүреңнің басын жіберіп-жіберіп алдым. Тармақты қиыстай Аққұдыққа көшіп барған Қаби нағашымның үйінен ат шалдырып алмақ болып тіке тарттым. Үйдің сыртынан келіп аттан түсіп жатқанымда үйден сыртқа шыққан жеті-сегіз жасар бала қасыма келіп сәлем берді. Қол беріп сәлемін алып, үйге беттедім. Сәлем беріп кіріп келсем Қаби мырза қалың ұйқыда жатыр екен. Бәйібшесі кішкентай қызымен әуре. Менің сәлемдескен даусымнан оянған Қабекең арсың-гүрсіңі шығып, ұшып тұрып көрпешесін төсеп: - Төрлет, жиен, төрле еліңе беттеп бара жатырсың ба? - Ия, нағашы. Сәл ат шалдырып алайын деп аялдадым. - Бәйібше, бол қазан көтер жол алыс дәм ішіп кетсін,- деп шынайы көңілмен ықылас білдіріп жатыр. - Міне, орнымнан тұрғалы жатырмын отағасы,- деген кемпірі ауырлау қозғалып сыртқа беттеді. - Қақа, дәм уақыт алады, шай ішіп шөл басып аттанымын деп едім Қақаң: - Кеше атып алған қаздың еті бар, құс еті қазірде піседі. Атыңда тынықсын. Қапшықтың түбінде азғандай сұлы бар еді, соны атыңа берейік, әлденіп қалады,- деп өзі де сыртқа шығып кетті, жастыққа қисайа кетіп едім, ат үсті шаршатқан ба қор ете қалдым. - Дәм дайын болды,- деп Қабидың бәйібшесі оятқанда орнымнан тұрып сыртқа шықсам тұсаумен бекітілген құзкең құдықтың жанында жайылып жүр екен. Атың да, өзің де жақсы тынығып қалдыңдар. Дәм ішісімен жүріп кетсең, аман болса таң ата еліңде боласың,- деп Қақаң көңілге демеу беріп қояды. Бабымен піскен қаздың етіне Қақаңның семьясымен отырып тояттап, жеңіл шайдан кейін аттанып кеттім. Қызкүреңде бойын жинап алған екен жол жорғасымен тайпалай жөнелді. Апайға жеңгейге сәлем айт,- деп бет ауызы жыбырлап Қақаң қала берді. Бөрене өткелге келіп, бір сағаттай ат шалдырып, таң ата үйдің қасына келіп аттан түстім. Үйден шыққан Ғабдуали: - Ой, мырза, аман-есен келдің бе? Апамда алаңдай бастап еді. Көңілдісің ғой. Түсімде қолыңа ақ көгершін қондырып жүрсің, өзің үйленіп келгеннен саумысың. Мен мына жақта қызы бар тоқтамыстарды айналдырып жүрсем,- деп күлімсіреді бөлем. - Бір айдың көлемінде жеңгелі болып қалатын шығарсын,- дедім құлағына сыбырлап. - Жарайсың, жігіт екенсің, Қызкүреңнің тері текке кетпесе болды,- деп құшақтап қысып-қысып қойды. Жал құйрығы жоқ маған осындай бөле бергеніне іштей жаратқанға ризашылығымды білдірдім. Екеуміз шүйіркелесіп әңгімелесіп тұрғанымызда, үйден қолында шелегі бар, үлбіреген ақ жібектей Рақия шығып келе жатты. Мені көріп тұра қалып, есен саулығымды сұрап, үйге қайта кіріп кетті. Рақия оятса керек, тоқтамыстың ағайынды екі қызы желең шапандарын жамылып далаға шыға келді. Аяғымды жылдамырақ басып, анам мен Жәмила апамның құшағына кезек сүңгіп шығып, елдің амандығын жеткізіп, көңілдерін бір көтеріп тастадым. Бір ай шамасында келіп, алып кетемін деген уәдеден шығу үшін Ғабдуали екеуміз қам жасай бастадық. Қызкүрең мен Ахметжанның бәйге торысын Қали ағаға жарау ұстауын деп тапсырып, өзімізді өзіміз іштей дайындай бастадық. Бір айдың жүзі жақындағанда қос атқа ер салып, Рақиядан басқа ешкімге тіс жармай, аудан орталығында шаруамыз бар еді деп жүріп кеттік. Жарауы келіскен екі ат аяқтарын ойнақтай басып, қара жолдың шаңын көтеріп кетіп бара жаттық. - Бөле, ау бөле! Шыныңды айтшы қалыңдығың біздің Рақиядан сұлу ма?- деп менен жауап күткендей күлімсірей қарады. - Ой, Рақияның сұлулығы әйел баласының көбіне беріле бермейтін келбет қой. Екеуің егіз қозыдай бір-біріңе жарасымдысыңдар. Ал, менің көзіммен қарағанда Айтжаннан сұлу ешкім жоқ сияқты дегенімде, қонышын қамшымен тартып жіберіп: - Қатырдың мені, ризамын бөле! –деп шек сілесі қатып күліп алды. Жігіттің сырттаны еді-ау Ғабдуали! Ұзын бойлы, қыр мұрынды, ат жақты, ақ құба өңіне қыр мұрыны ерекше әр беріп тұрса, үлкен қоңыр көздері маңайына шуақты жылуын төге қарайтын, мінезі жайдары ашық, әзілге ұста, сөзге шешен азамат еді. Сызды жерге қиғың келмесе де, сұм ажал уақыты келгенде алып жүре береді. Оған істер қайраның жоқ,- деп отағасы терең күрсінді. Бұлаң құйрық жол тіспен тоқтамай жүріп отырып, кешкісін Аққұдықта отырған Қабеңнің үйіне келіп ат басын тіредік. Үй сыртындағы мама ағашқа аттарды байлап, басын қаңтарып, құрыс-тырысымызды жазып тұрғанда құдық басында мал суарып жатқан Қабекең де келді. Ғабдулаиді көре салып, шұрқырай амандасып жатыр. - Қайран өлеңші нағашым-ай! Малшы болып кеткенсің бе? - деп Ғабдули Қабеңді жеңіл әзілмен қағытып: - Сендей оқығанымыз жоқ, жан бағу үшін мал бағуда керек жиен,- деп әзілге әзілмен жауап берген Қаби қасына жүгіріп келген баласына, шешеңе барып айт меймандар келді. Шай қойсын, қазан көтерсін,- деп баласын жұмсап жіберіп: - Сен екі қу бірнәрсені бүлдіргелі жүрген жоқсыңдар ма? Көзін шегірейтіп, бет ауызы жыбырлап ноқ көрсетіп қойды. Біз не бүлдіруші едік, нағашы. Бүлдіретіндей сіз жүрген жерде бізге не қалушы еді,- деген Ғабдуалиге: - Сендерге ештеңе айтып болмас, онанда жолға алып шыққан жарты-мартың жоқ па? Мал басты болып, ығыр болған нағашыңда бір қунап қалсын,- деп жымың етті Қаби. -Үйге жүріңдер, - деп алдымызға түскен нағашысын тоқтатқан Ғабдуали қанжығасындағы қоржында екеуміздің жақсы көретін сусынымыз бар, Қабеке. Сіздің үйіңіз жолда деген соң, әдейі өзіңе арнап алып шығып едім,- деген Ғабдуалидің арқасынан қағып, жиен болсаң осындай бол,- деп рахаттана күліп алды. Келе жатқан шаруамыздың шет-жағасын суыртпақтап жеткізіп, Қабеңді де қуантып тастадық. – Мыналарың бір үлкен қуаныш екен болайын деп тұрған. Алла сәтін салсын. Майдангер сәттілік үшін азғантай алып қойсаң қайтеді,- деп Қабең қолқа сала бастады. - Жиеніңіздің осыған әуестігі жоқ екенін білесіз, несіне зорлап отырсыз. Екеумізге молырақ қалады,- деп Ғабдуали маған араша түсіп жатыр. - Арақ ішпесе Керманмен қалай соғысқан. Немістің ала сиырын бағып, қайтып келген қу шығар бөлең,- деп Қабең мені ащы әзілмен бір қарпып өтті. Әзілдері жарасып отқан екеуінің сөзіне араласпай, жастыққа қисайған күйімде ұйықтап кетіппін. Оянсам денем салқындап қалған екен. Бозамықтанып таң атып келеді. Ғабдуали мен Қабеңді оятып, жайылып жүрген аттарды ерттеп жүруге дайындалдық. Күршектен пісіп-пісіп құйып берген айранмен оразамызды ашып жүріп кеттік. Аттарды онша қинай қоймай, жортақ аяңмен Өтебайға да келіп қалыппыз. Секеңнің үйіне соғып, амандығын біліп, әрі қарай өтіп кетпекпіз. Біз келгенде Секең терлеп-тепшіп түскі шайын ішіп отыр екен. Бір жаққа кеткен бе Бабай көрінбейді. Үйге кіріп сәлемдесіп, дайын шайдан шөл басып, жүрмек болып орнымыздан тұрдық. Төлеу мен Сейдәлі сұраулы жүзбен маған қарады. - Ерке қызыңызға менің келгенімді айтыңыз. Уәде де бар болса, бүрсі күні дайын болсын,- деп сәлемге қоса Төлеуге қызға жазған хатты ұстата салдым. Атты адамға жер алыспа колхоз орталығына жетіп, Садуақас ағаның үйіне ат басын тіредік. Аға үйінде жоқ екен. Апамыздың ыстық құшағына қауышып, сіңілілерінің берген сәлемдемесін беріп, жатқанымда үй иесі де кіріп келді. – Ау, мырзалар, сапарларың оң болсын. Қайдан келесіңдер, ел жұрттарың аман ба? Апайлар аман-есен жүріп жатқан болар,- деп жылы амандасып, бауырмалдық таныта, кішкене қой көздерімен тұла бойымызды тінте қарады. – Өздерің қалыңдық алуға келгендей жасанып келіпсіңдер, іске сәт,- деп жымың етті. Шай қойылып, қонағасы қамына кіріспек болған Садуақас ағаны тоқтатып, асығыс екенімізді жүрген шарумыздың шет-жағасын жеткізіп, қашан ісіміз сәтті болып, елге аттанып кеткенімізше тіс жармауын өтіндік. Аға қуақы жымиып, қолымды қысып қойды. Үшеуміз сыртқа шығып әңгімелесіп тұрғанымызда Сәкең үйдің төбесіне жиналған киіз үйдің мүліктерін нұсқап: - Танимысың, - деп маған қарады. – Киіз үйдің жабдығы ғой аға! - Ия, киіз үйдің жабдығы, сенің үйіңнің жабдығы, әкеден мұра болып қалған қарашаңырақ. Ғабдуали апайды алып кеткенде бізге табыстап кеткен. Көктем шыққан сайын апаңыз киізін жайып, кептіріп, қайта жинап қояды. Басқарма сұрап келгенінде бергенім жоқ. Иесі майданнан аман-есен оралса, шаңырағын қайта көтермей ме деп едім, басқармада содан қайтып қолқа салған жоқ. Сенің шаңырағың. Қайта көтеруіңді күтіп тұр,- деп маған ойлы жанарын қадады. Аға сөзіне толқып кеткен Ғабдуали: - Дұрыс айтасыз, аға! Ата шаңырағын көтеру артында қалған баланың міндеті. Жалғыз бөлемді қасымнан шығармайын деп жүр едім. Оның туған-өскен ортасы осында. Жанашыр ағайын дос жарандары бар екеніне көзім жетті. Қолына құс қондырып, бір басы екеу болса, бөлемді елге көшіріп әкелемін аға. Сәтін салса, алла дегенге жеткізсе ол күнде алыс емес,- деп сүйкімді жымиып маған қарады. Елге көшемін деп Ғабдуалиге айта алмай жүргенімде бөлемнің өзі айтқанына риза болып, құшақтай алып бауырыма қысып, ризамын бауырым деп арқасынан қақтым. Шайға кіріңдер деген апайдың дауысы естілген соң үйге кіріп дастархан басына отырдық. - Меймандар асығыс шарумен жүр екен. Қонағасын келесі келгенде ішеміз деген уәдесін алдым, жиендеріңнің, апа,- деді Сәкең. Бұл қалай болғаны Ғабдуали деп апайлар бізге қарады. - Сәкеңнің рұқсатын алдық, асығыс шаруамыз бар. Салқынмен жолға шығып кетеміз. Ай жарық, түнемелік атқада бізге де жайлы болады. Көңілдеріңізге рахмет. Алла амандығын берсе қонағасының да реті келер, - деген Ғабудалиге апайлар басын изеп өздерің біліңдер, жүрсеңдер жолдарың болсын, қонсаңдар үй осы,- деп қазақи көңілдерін білдірді. Кештетіп шыққан екеуміз жедел жорытып Өтебайға келіп аттан түстік. Сәкең әлі ұйықтай қоймаған екен. Төсегінен тұрып Ғабдуалидің астына көрпеше төсеп, құда төрлет, - деп жымың-жымың етеді. Жеңіл шай ішіп отырып, не істеу керек екенін ақылдаса бастадық. - Жігіттер, қиындау шаруа болмаса жарар еді. Жиен жылқыдан бүгін ғана келді. Табан алдырмай үйінде бір апта демалады. Оны бір жаққа ерітіп әкете қой дейтін Бабай да жоқ үйде. Бірнәрсе сезді ғой деймін бүгін үйіне барғанымда кемпірі де, өзі де салқын қабақпен қарсы алды,- деп Төлеуде бір жағынан қауіп айтып қойды. - Күйеу жігіт, не істейміз?- деп Ғабдуали маған қарады. - Қыздың көңіл күйі қалай екен тілдестің бе? – деп едім Төлеу: - Қыз дайын берген уәдемнен таймаймын айтқаным айтқан ұстадым етегінен деген кеше ғана. - Олай болса не тұрыс. Таң атысымен үйіне барып рұқсатын сұраймыз. Секе, сен ара ағайынсың ғой бас сауғалап қашып кетіп жүрме. Ғабдуалидың қасында бол дегенімде, үнсіз басын сипап, қара дәу тулап-тулап қояр, қыз сөзінен таймаса болды. Нар тауекел жігіттер деп Сейдәлі Ғабдуалиге қолын созды. Таңғы шайдан кейін аттарды ерттеп қойып, қамшымызды етіктің қонышына сұғып, қыздың үйіне қарай беттедік. Сәлем беріп, үй иесінің төрлет дегенін күтпей Ғабдуали мен Сейдәлі төрге озды. Мен босағадан сәл жоғарылау отыра салдым. Ернінің ұшымен ғана амандасқан үй иелері қатулы қабақтарын ашпай, не шарумен жүрсіңдер,- деп дүңк етті. - Аға, бүгінде бос жүруге уақыт барма, шаруамыз болғасын сізге арнайы келіп, сәлем беріп тұрғанымыз. Мен қарамойын қыпшақ Ғабдуали деген ініңіз боламын. Ана отырған жігіт менің бөлем. Осы Тосынның тумасы. Елге оралғанына да көп болған жоқ. Ол майданға кеткенде апамды мен көшіріп алып кетіп едім. Ана мен баланың бас қосқандарына аз ғана уақыт. Үй болсам, күй болсам деген ниетпен қыз бен жігіт уағдаласқан екен. Жастардың бір-біріне берген уағдасын бетке алып, сіздердің алдарыңыздан өткелі отырмыз. Рұқстарыңыз бен ақ баталарыңызды берсеңіздер қалыңдықты алып кетпекшіміз,- деп сөзін аяқтады. Қыз әкесіне көзім түсіп кетіп еді, қанын ішіне тартып, сұрланып алған екен. - Әй, қыз! – деп дүңк еткен қыз әкесі: - Мына жігітпен уағдаң барма еді, қане шыныңды айт, қашан сөйлесіп жүрсіңдер, бәріне сенімен әйелің кінәлі, қара тұтып маңайларыңда жүрсем, іштен шыққан жау екенсіңдер! Жесір қатын, жетім ұлға беретін қызым жоқ. Уағдаң бар ма, жоқ па кәне жауап бер,- деп қызына қадала түсті. - Уәдем бары рас, әке. Берген уәдемді бұза алмаймын, ақ батаңызды беріңіз. Осы жігіттің мені қор қылмайтынына мен сенімдімін,- деген қыздың сөзін естісімен дәу қара ұшып тұрып, кереге басында қында тұрған селебесін суырып алып, екеуіңді жарып өлтіремін деп тұра ұмтылғанда үшеуміз далаға қалай шыққанымызды білмей қалдық, қолындағы селебесі жарқылдап, артымыздан қуып шыққан қыз әкесін қонышынан қамшысын суырып алған Ғабдуали маңдайынан тартып-тартып жіберді. Оқыс тиген соққыдан сескенген қара дәу үйге қайта кіріп кетті. Үй ішінде гүрілдеген қара дәу, әйелі мен қызын айбарымен қорқытпақ болып, сес көрсетіп жатқанын байқадым да, есіктен басымды сұғып, - Айтжан, уәде де тұрсаң, ер соңымнан дегенімде екі иығын жұлып жеп, бураша шабынып тұрған дау қара: - Жарып тастаймын, күшік,- деп тұра ұмтылғаны. Батырға да жан керек деген емес пе, Ғабдуалидың сыртын айнала қаштым. Осындай істің болатынын күтіп тұрғандай Ғабдуали қолындағы сегіз өрме қамшымен маңдайдан тартып-тартып жіберді. Дәу қара кілт кейін шегінгенде шешесінің тасасында тұрған қыз далаға зып беріп шығып кетті. Қызды қолынан ұстап, ерттеулі тұрған аттарға қарай жылыстай бердім. Екеумізді қалқалай қорғап, қамшысымен қыз әкесіне айбар көрсетіп қойып, Ғабдуалиде шегініп келеді. Үйден жүгіріп шыққан дау қара атты кім босатып жіберген деп гүр ете қалғанға қарасам дәудің атының жүген-ноқтасын сыпырып алдына салып айдап бара жатқан Сейдәліні байқадым. Біз атқа отырып ауылдан ұзай бердік. Қызкүреңнің үстінде ағыл-тегіл аққан жасына ие бола алмай қыз келеді. - Шешемді сорлататын болды-ау,- деп ерінін күбірлетіп қояды. Мінгесіп ұшқасып аман-есен Аққұдыққа жетіп, бел шешіп тыныстағандай болдық. Бет ауызы жыбырлап Қабең қарсы алып, қызды қолтығынан сүйеп түсіріп үйге кіргізді. Ошақта бұрқылдап қайнаған қазаннан еттің иісі шығады. Сендердің бүгін келетіндеріңді сездім, уақыт алмайын деп қазанға дәм салдырып қойып едім, пісіпте қалған шығар. Бәйібше тамақты дайында. Жол алыс, ертерек қозғалсын меймандар,- деп әйеліне тапсырама беріп жатыр. Дәм дайын болып алдымызға келгенде жымың-жымың еткен Қабекең: - Жиен, олжалы келесіңдер. Келін түсіріп апамның арманы орындалатын болды. Бұл әрине үлкен қуаныш. Қуаныш болған соң оны атап өту керек емес пе,- деп Ғабдуалиге қарады. - Қап, әттеген-ай! - деп санын соғып қалды Ғабдуали. - Мені осы жолы жеңіп кеттіңіз, нағашы. Жоққа жүйрік жетпейді деген. Келесі бір кездескенде мына жеріңнен келтіремін,- деп сөз аяғын қалжыңға айналдырып: - Сендерге бір қонағасы бере алмайтын жан емес нағашың. Бейібше кешегі кебежеге салғанды әкел. Әбіш тамағынды тезірек іште, атты еріттеп қой. - Ия, көке жарайды,- деп ересек бала үйден шығып кетті. Басымызда болған жағдайдан хабардар болған Қабең ол кісінің аты жоқ па екен. Атқа мінсе төрт-бес жігітті аударып кететін қайратты адам, атаң, бала деп мені түртіп қойды Атын ертоқымын жүген-ноқтасын сыпырып алып, Сейдәлі далаға айдап жіберіп, өзі атқа мініп ауылдан кетіп қалды,- дегенімде сол соқырдың басы кейде істеп кетеді деп мырс-мырс күлді Қаби. Ауылда Бабай жоқпа еді. - Бабай жоқ, жолаушылап кетіпті. - Бабай болғанда жиенін тырп еткізбейтін еді. Ештеңе етпес бәрі сәтімен болған іс болды. Тамақ ішіліп, сүт құйған қою шаймен шөл басып, жолға шықпақ болып сыртқа беттедік. Бір шишаны бөліп алған, нағашылы жиенді екеуі қызара бөрітіп уытты әзілмен қағысып қояды. Үйден шыға берген Айтжанды тоқтатқан Қабидің бәйібшесі: - Ақжолға бара жатыр екенсің, айналайын, басың жалаңаш болмасын,- деп қолындағы ақ шәліні Айтжанның басына жапты. - Жарадың, кемпірім! Алған соң осындай ақылды қатын алу керек жиен,- деп Ғабдуалиге бармағын шошайтып қояды. - Ақылды әйелге ақылды еркек кездессе нұрға нұр құйғандай болар еді, нағашы,- деп сылқ-сылқ күледі Ғабдуали. Аттардың айылын тартып, Айтжанды қолтығынан сүйеп, мінгізгелі жатқанымда - Кідіре тұр, - деді Қаби. - Әбіш, атты бері әкел, - деген Қабидің дауысы шығысымен үстіне ер салған жуан күрең қасқа атты жетектеп келді баласы. - Екеуіңді бір атқа мінгестіріп жібергенім менің Қаби атыма ұят. Күні ертең көретін апама не деймін. Кел айналайын, малға мінілген ат болғанымен жүрісі жайлы, - деп Айтжанды қолтығынан демеп ердің үстіне отырғызды. Бірдеңе айтпақ болып аузымды аша бергенімде: - Үндеме,- деп тиып тастады Қабең. Қабеңе риза болған Ғабдуали: - Жеңгейден сізге де аздап ақыл ауысқан екен,- деген Ғабдуалиге беті-ауызы жыбыр-жыбыр еткен Қаби: - Көп сайрай берме, өзіңнің берешек болып бара жатқаныңды ұмытпа,- деп жымиды. Жиендерін жақсы әзілмен шығарып салған Қаби жол болсын айтып қала берді. Жол бойы аттарды бір шалдырып алып, елге де келіп жеттік. Бізді жарты шақырымдай жерде қалдырған Ғабдуали, бәйге торының сара желісімен үйдің қасына келіп. - Сүйінші апа, сүйінші! Балаң келін әкелді деп айқай салғанда қуанғаннан анам орнынан тұра алмай қалыпты. Рақия қолына шымылдық алып, қасында Ахметжанның әйелі бар соңынан еріген қыз-қырқын бізге қарай жүгіріп келе жатты.Қызкүрең мен Күреңқасқаны шылбырынан жетелеп ауылға қарай аяңдай бердім. Қасымнан өте берген Рақия: - Бөле құсың құтты болсын,- деп қолын көтеріп сәлемдесіп оқшау тұрған қызға қарай өтіп кетті. Бұрынырақ ауылға келіп, атты байлап жатсам бір тұрып бір отырып қасыма келген анам мен Жәмила апам аналық мейіріммен құшақтарына қысып: - Ризамын, құлыным! Бүгін өліп кетсемде арманым жоқ. - Қойыңыз, апа, өлгені несі. Әлі немереңізді әлдилеп, бесігін тербететін боласыз,- деп Ғабудали анамды құшағына алып. - Айналайын, сенің қамқорлығың болмаса бұл күнге жетер ме едім? Қызметің алладан қайтсін,- деп көзіне жас алған анашым Ғабдуалиді құшағына қысып, маңдайынан сүйіп аналық рахметін жаудырып жатты. - Менің қызметім сіздерге сатылмайды, апа! Қайта мен өзімнің туыстық парызымды өтегеніме қуаныштымын, - деп күлді Ғабудали. Келіннің беті ашылып, шамамызша той-томалағымызды өткізіп болған соң, семья асыраудың қамына кірістім. Ғабдуалимен ақылдасып ем, Қали ақсақалдың уақытша малын баға тұр. Ол кісінің көрші ауданға ерге шыққан қызы бар еді. Соның жағдайымен рұқсат сұрап мазалап жүргені. Әрі үйдің қасында, ерте барып, кеште үйде боласың. Жеңгемізде жалғызсырай қоймас деген соң келісе кеттім. Үйленгенімізге де он шақты күн өтіп, мамыражай күй кеше бастағанбыз. Кешкі шайды алдымызға енді ала бергенде сырттан келген Рақия: - Бөле, бір дәу аттан түсіп жатыр. Бұл жердің адамы емес сияқты. Шамасы қайын жұртың болмаса,- деп маған қарады. Айтжан ұшып түргеліп, отау бөлмеге кіріп кетті. Мен орнымнан қозғалмай отырып қалдым. Ғабдуали үйде жоқ еді. Есікті ақырын ашып, басына жеңіл жалбағай киген үстінде көнелеу түйе жүн шапан, белін кісе белбеумен буынған еңгезердей дәу кіріп келе жатты. Анам мен Жәмила апам орындарынан тұрып, төрлетіңіз деп мейманға құрмет көрсетуде. Орнымнан қозғалмаған күйімде сазарып отырып қалдым. Рақия кірген мейман мен маған кезек қарап жаутаң-жаутаң етеді. - Бәйібше, аман-есенсіздер ме? Менен бір қателік өтті. Қара басып балалардың көңілін қалдырдым. Мал ашуыменен жан ашуы бірдей деген емес пе, басымды иіп кешірім өтінемін,- көзінен аққан жасқа ие бола алмай солқылдап жылап жіберді. Әкесінің жылаған дыбысын естіп, шыдамады ғой деймін отау үйден шыққан Айтжанның жанары жасқа булығып, әкесінің алдына құлай кетті. Түсімді бермеген күйімде сыртқа шығып кеттім. Үйдің бұрышын айнала бергенде алдымнан жұмыстан қайтып келе жатқан Ғабдуали кездесе кетті. - Ау, не болды түсің қашып кетіпті ғой?- деп маған таңдана қарады. - Үйге барда құдаңмен құшақтасып көріс, байқа қойынында пышағы болып, жарып тастап жүрмесін,- дегенімде бөлем күліп: - Е, құда келді де, жараған, онда үйге кірмейміз бе?- деп бұрылып жүре берді. Мен тұрған орнымда тұрып қалдым. Ғабдуали қазірде құдасымен қауқылдасып қалыпты. Сыртқа ертіп шығып, қолына су құйып, қызмет көрсетіп жатыр. Жан- жағына қарап: - Бөле, бол, мында кел,- деп болмаған соң самарқау басып жанына жақындадым. Қасына келгенімде құманды ұстата салып қонақтың қолына су құй , менің шаруаларым бар,- деп Қали шалдың үйіне қарай жүре берді. Басын көтеріп маған қараған атам кемсеңдеп: - Келші бері, бетіңнен сүйейін,- деп құшағын жайғанда: - Қызыңызды сүйіп мауқыңызды бастыңыз, менде шаруаңыз болмасын,- деп түсімді суытып тоқтатып тастадым. Беті қайтқан атам үй іргесіндегі орындыққа кемсеңдеп отыра кетті. Түсі бұзылып кемсендеген атамды көргенде өз ісіме өзім өкіндім. Ғабдуали Қали қарияның үйінен семіз көк марқаны әкеліп: - Құда, сізге арналған қонағасы, бата беріңіз,- деп қолын жайды. Мейман еңсесін тіктеп, күректей алақандарын көтеріп, бата жасап бетін сипады. Бетін сипап жатып, саусақтарының арасынан мұңайған жанарымен маған кешірім өтінгендей қарады. - Бөле екеулеп тоқтыны жәукеңдей қоялық. Күнде келіп жатқан қонақ емес, риза болып аттансын. Әрі құдай қосқан құда болдық,- деп менің арқамнан қағып: - Кешірімді бол, енді осы кісіден жақын ешкім жоқ саған. Әрі әкең, әрі атаң құдай берді деген осы бауырым. Босқа қиқарланба,- деп саусағын безеді. Атамның мұң шалған жанарына көзім түсіп, өзімде босай бастаған едім. Жалаңдаған екі келіншек қазірде қонағасын дайын етіп, ауыл ақсақалдарын шақырып, шағын отырыс жасап, атамның қабағы ашылып ұйқыға жатты. Ертеңгісін шай үстінде мейман ашылып сөйлеп: - Қалқам, Ғабдуали, менде құйрық жалым бүтін азамат емеспін. Туысым кіші жүз, әлім қарасақал боламын. Сонау аласапыран жылдары тосын еліне ертерек келіп қоныстанған Ғабдуали нағашымды қара тұтытып, осында орналасып қалдым. Дәмнің жазуы шығар. Кенже қызым сендердің шаңырақтарыңа келін болып түсіп отыр. Алла бақытын ашсын. Алды қатты болса, арты тәтті болады деген бұрынғылар. Менен бір білместік өтті, оным үшін кешірім өтінемін. Бұлардан басқа менде туған жоқ. Сейдәлі балаларды көшіп келеді деп еді, соның анық-қанығын білгім келіп отыр,- деп тоқтады мейман. - Дұрыс айтасыз, құда. Өткенді қайталай бермейік, арты қайырлы болды. Іліктігіміз ұзағынан болсын. Әркімнің туған жері алтын бесігі. Бөлем көшемін десе, мен кедергі болмайын. Ол жақтада тілектес ағайын, дос-жарандары бар екен жалғызсырамас. Ендігі үлкен қамқоршы өзіңізсіз. Әңгімесінен байқағыным апамда елін сағынған сияқты. Амандық болса келесі айдың басында құдағиыңыз балалармен елде болады,- деп Ғабдуали мейманға қарады. - Ал, құда-құдағилар, рұқсат болса мен аттанайын. Аққанымда мені алаңдап күтіп отырған шығар,- деп етек жеңін қағынып орнынан тұрды. Атамды қолтығынан сүйеп, атқа отырғызып жатқанымда қолында ұстаған кішілеу қоржындары бар Рақия, Жәмила апам, жеңешем құдаларының қасына келіп, сыпайы қоштасып, Рақия қолындағы қоржынын ұсынып: - Құдағиға сәлем-сауқат ала барыңыз. Сәлем айтыңыз бізден. Әлі жақынарақ таныса жатамыз,- деп сыпайы жымиды. Мейман құда-құдағилармен қол алысып қоштасып, қызының маңдайынан сүйіп, маған жай иегін қақты да күре жолға түсіп, еліне қайтып бара жатты. Сіз бен біздің тағдырымыз қалай ұштасар екен деген оймен тұрып, қайны атамды көзіммен ұзатып салдым. Қалың ойға беріліп жатқан қарияны есіктен дабырласып кіріп келе жатқан жасөспірім жігіттердің дыбысы сергітіп жіберді. Табалдырықтан аттаған әдемі қара торы балаң жігіт: - Ассалаумағалейкум, әке! Денсаулығыңыз қалай? Көңіл күйіңіз жақсы ма?- деп іші бауырымнан өтіп бара жатқан кім десем Байжанбысың. - Ия, әке, Байжанмын. Абзал екеуміз мектептен жиналыстан шығып келе жатыр едік. - Дұрыс-ақ екен. Жиналыстарың не дейді? - Не деуші еді, мектеп бітірісімен шопандар бригадасына барып, қойшының құрығын ұстайсыңдар деп жатыр. - Сендер не деп жауап бердіңдер? - Біз не деуші едік, оқуға барамыз дедік. - Ауданнан келген өкіл, бұл партияның беріп отырған нұсқауы. Орындамасқа болмайды. Партия, совет қызметкерлері, комсомол комитеті тек осы бағытта жұмыс істейтін болсын. Кері тартпалық жасаған оқушылардың әкесі комунист болса, баласы үшін партбилетінен айырылатын болады,- деп күш көрсетіп кетті әке. Менің папам партия мүшесі болған соң үндей алмадым. Қалай бұлтарсақта Абзал екеуміз қашып құтыла алатын емеспіз. Болмаған екен балам. – Жақсы әке, Абзал екеуміз біздің үйде боламыз, апама ескерттік. Алаң болмаңыздар,- деп салдырлап келіп, садырлап шығып кетті. - Жолтайдың осы тұңғышы азамат болайын деп тұрған бала. Аузын ашса көмекейі көрініп тұрады. Мінезі гәукілдеген нағашысына тартқанба деймін. Абзал екеуінің арасы бір ажырамайды, үнемі бірге жүреді. Келмегенін келтіріп, жетіспегеніңді жеткізіп, қиюластырып жіберетін досқа ешкім жетпейді,- деген ой әлеміне беріліп жатып, өзіндік бір пәлсапаға қалай түсіп кеткенін аңғармады. Совет үкіметі, партия қарапайым қазаққа не берді. Әлемді дүрліктіріп, қырғын қантөгіспен үкімет басына келген комунистер теңгермешілік заман орнатамыз деп қанша даурыққанымен қолдарынан келді ме? Жоқ оған өрелері жетпеді. Менің замандастарымның барлық өмір кезеңдері кеңес үкіметімен бірге жасасып келеді. Біз не көрдік? Бізге кеңес үкіметі не берді деген сұраққа жауап іздеп таба алмаймын. Бай мен кедейдің аты жоғалғанмен жасырын болсада заты сол күйінде қалды. Он бес жастан шопанның таяғын ұстаған, Жаңбыршы мен басқа атқа мінерлерді айтпағанда өзіміз күнде көріп араласып жүрген ферма меңгерушісінің тұрмыс тіршілігі бірдей ме? Жоқ, байғұс қойшы жыл он екі айда қой соңында. Бала шағасымен табатынын екі жүз сом. Демалыс деген олардың ойына да кіріп шықпайды. Ең болмаса айына бір рет етінің кірін алып, моншағада түспейтін шығар. Өткен жылдары бажам Жаңбыршы облыстық советтің депутаты болып сайланды. Ай сайын Жәкең бар жақсысын киіп, жиналысқа барып келіп жатады. Жәкеңнің үйінде екеуден екеу қымыз ішіп отырып: - Жәке, сен маған мынаны айтшы, ай сайын жиналыс деп шабасың да жүресің. Сендердің сол жиналыстарыңнан елге не пайда келіп жатқанын айта аласыңба десем, бажам екі алақанын жайып: - Мен несін білейін. Мына орынға отыр дейді отырамын. Орысша айтып жатқандарыны түсінетін менде сауат бар ма? Қалғып-шұлғып отырғанда қасымдағы басшылардың бірі түртіп Жәке қолыңды көтер десе көтеремін, түсір десе түсіремін. Кешкісін ресторанда бас қосып: - Ал, Жәке, сіздің ауылға келіп қалдық,- деп қасымдағы аудан басшылары жымыңдай бастаған соң қалтамдағы барыма соларды суарамын. Асты-үстіме түсіп, бөксеме жастық қойған бастықтар жиналыс біткенше қалтаңды да тесіп болады. Томпиған қалтасын теріс айналдырып, бажаң аман-есен елге қайтады. Білгің келсе менің депутат болғандағы жағдайым осы,- деп төмен қарады. Бес саусақты қалай тең жаратпаса, адамның жаратылысы да солай, біреу өмірге тез бейімделгіш пысықай, алғыш та,бергіш те соның арқасында жалғанды жалпағынан басып, өмірде кең тыныстай алады. Оның жолы болғыш. Қолынан іс келеді деп мадақтайды ел. Табиғи пысықтық кез-келген адамның бойынан табыла бермейтін құбылыс. Өмірге келген адамның жаратылысы бірдей болғанмен, оның бойындағы таланттың ұшқыны, заманның тарихи кезеңі, қоршаған ортаға байланысты әр қилы дамиды. Азаматтың өмір ағымына терең бойлап, дамуына ең қажетті нәрсе оқу. Өткен аласапыран заманда дүниеге келіп, кеңестік кезеңнің құлдық қамытын киген менің замандастарымның көпшілігінің қол жетпеген байлығы ол оқу еді. Қараңғылықтың арқасында бойымыздағы ерекше талантты дамыта алмағандардың бірі мен. Соғыстан кейін енді бойымды жинай бастағанда «НКВД»-нің ызғары тұншықтырып тастады. Ғабдули екі сиырының бірін еншімізге беріп, бір айдан кейін бізді елге көшіріп әкелді. Тұщықұдықтың басына Садуақас ағаның үйіндегі киіз үйді тігіп, шаңырақ көтергенімізді өз көзімен көріп, еліне қайтіп кетті. Кетерінде Ғабдуали: - Екеуміздің арамызда өкпе жүрмейтін бауырлармыз. Сиырды әкеліп белдеуіңе байлағаныма өзіңді берешек санама. Біздің семьяның сендерге берген енші басы. Апа мен елге қайтамын. Алла амандықпен қауыштырсын,- деп орнынан тұра берген Ғабдуалиді тоқтатқан жеңешем: - Айналайын, жалғызым, жоқта сенің қамқорлығыңда болдым. Бөлеңді өз қолыңмен үйлендірдің, жалғызым екеу болды, арманым орындалды. Жарылқаушы жаратқан ием болса, себепші өзіңсің қалқам. Ендігі екеуіңнен өтінеріміз Жәмила апам екеуміздің біздің әулеттен қалған жалғыз тұяқ нағашыларың Төлеуханды үй етіп шығарыңдар. Осы айтқан сөзді екеуіңде ұмытпаңдар,- деп көзіне жас алды. - Жыламаңыз, апа! Нағашымыз мынау тұрған Қарағынды да жүрген жоқпа. Көресіз әлі орыстың бір сары шашты сұлуын жетектеп келеді,- деп сөздің аяғын қалжыңға айналдырған Ғабдуали сыртқа шығып атына мінді. Әудем жерге дейін бөлемді шығарып салып үйге қайттым. Өмір өз ырғағымен өтіп жатты. Айтжан екеуміз Калхоздың жұмысына араласып, азды-көпті еңбекпен нан таба бастадық. Бұрынғы көз көрген замандастарына қосылған анашымның да көңіл күйі жақсарып қалған еді. Ағайынның ерулік деп берген тоқты-торымы, лағынан аздаған ұсақ тұяқта жиналып қалды шаңырағымызға. Малы жоққа мал біткенде қызық екен. Жұмыстан бос уақытымызда соларды ермек етіп қызықтаушы едік. Жылыстай өткен күндермен бір жарым жылдың қалай өткенін білмей қалдық. Анашымның аңсай күткен алғашқы немересі дүниеге келген еді. Күні жетпей туды дедіме, шала туды дедіме анашым жас нәрестені тымаққа салып, керегінің басына іліп қойып, қырық күн бойы қасынан шыққан жоқ. Оны қалай тамақтандырды ол жағы бізге белгісіз. Қырық күн дегенде тымақ ішінен сәбидің әлсіз іңгәлағаны естілді. Аң-таң болып қарап қалыппыз. Анашым ұшып тұрып, тымақты алып бетін ашып, Демеш жарық дүниеге көзіңді салшы деп жас нәрестемен сөйлесе бастады. Жанына жақындаған маған жалт етіп қараған анашымның жанарындағы қуанышты бұдан кейін көргенім жоқ. – Ризамын, жаратқан ием,- деп күбірлеген анам бетін сипады. Кеңес төрағасы шақырып жатыр дегенге кеңсеге келсем, алдыма «НКВД»-нің шақыру қағазын тастай салды. Пошташы шалмен таңертең жүріп кетіп, неге шақырғаны бізге белгісіз. Қолыңда бар құжаттарыңда ала барғайсын. Керегі болып қалар,- деп кеңес басшысы күмілжіді. Не болды екен деген ой мазалап, дегбірім кетіп үйге келдім. Барымша үйдегілерге ештеңе білдірмей, бар құжатымды жинақтап қалтама салып қойдым. - Жеңеше, таңертең пошташы шалмен аудан орталағына барып қайтуға рұқсат алыдым бастықтан. Шошына қалған анашым: - Неге құлыным? - деп үрейлене қалды. - Бөлемнің қызметі жоғарлап, қалаға көшіп келгелі ат ізін салғаным жоқ. Барып қоныстарына оң болсын айтып келейін деп едім,- дегенімде - Оның дұрыс екен. Төлеуханның да хабарын біле келерсін,- деп нығыздап қойды. Таңғысын пошташы шалдың арбасына отырып аудан орталығына жүріп кеттік. - Кешкісін Ғабдуалидің үйіне сәлем беріп кіріп келдім. Орындарынан ұшып тұрған Ғабдуали мен Рақия төрлет бөле, төрле,- деп қалбалақтап жатыр. Біздің дауысымызды естіді ғой деймін төргі бөлмеден алты-жеті айлық сәбиді қолына көтеріп Жәмила апам шыға келді. Айналып толғанып бетімнен сүйіп, елдің амандығын сұрап болған соң, біздің жаңалығымыз міне,- деп қолындағы сәбиді ұсынды. - Бауы берік болсын,- деп Ғабдуали мен Рақияға құтты болсын айтып, сәбиді қолыма алып маңдайынан иіскеп, апамның өзіне қайтып бердім. Оңашалай беріп Ғабдуали: - Бөле, мезгілсіз жүрсің ғой, жайшылық па?- деп маған қарады. – Жай болушы ма еді? Неге екенін білмеймін, жоқ жерден « НКВД» -нің шақыртқаны. Таңертең баруым керек дегенімде: – Қиындау екен, сен пленде болыппа едің? – Пленде болғандарды шақырып қайта тексеру жүргізіп жатыр дегенді естігенмін. Өзіңе-өзің мықты бол, бір жерден шығатын болсын жауаптарың. Абдырап сасушы болма,- деп бөлем қайраттандырып қайрап қойды. Таңғысын Ғабдуали екеуміз үйден бірге шықтық. Айырылсар жерде бөлем: - Мықты болғайсың, бауырым! Аяғыңды сәл қиыс бассаң біттім дей бер. Бұдан да жаманды көргенсің. Бәрі де жақсы болады,- деп кеңсесіне қарай кете барды. Бұл не болды екен деген қалың ойдан арыла алмай «НКВД» -нің кеңсесіне келіп кірдім. Меннен басқа бірнеше адам отыр екен. Шеттегі орындыққа отыра кеттім. Кабинеттен сыптай болып, іші бауырын тартып тастаған аға лейтенат шығып, қайдан келгенімізді аты-жөнімізді сұрап жазып алып жатыр. Кезек маған келгенде оқ жыланшы жиырла қалды. – Сіз бастыққа кіресіз,- деді тісінің арасынан сыздана сөйлеп. Бастыққа кіріп барсам төрдегі орындықта шалқайып отырған капитан көзілдірігінің астынан сұстана қарап: - Аты-жөніңіз, туған жылыңыз, қай ауыл советтің азаматысыз, қай бөлімде, қай жерде соғыстыңыз, жалпы өзіңіз туралы толық мәлімет жазып беріңіз,-деп алдыма бір бет қағаз бен қаламсапты тастай салды. Асықпай жазғандарымды ішімнен қайталай оқып, есіме сақтау үшін бар күш -жігерімді жұмсадым. Екі сағат шамасында кабинетіне қайта кірген капитан қызыл папканы ашып, ішіндегі қағаздармен менің жазғандарымды салыстыра отырып көзінің астымен маған сұстана қарап қойды. Кенет қолындағы папканы лақтырып жіберіп: - Тұр!- деп айқай салды. Үйреніп қалған дағдымен екі қолымды жаныма ұстап ұшып түргелдім. Маған ежірейе қараған капитан долданып столды қойып қойып жіберді. – Өтірік айтасың, иттің күшігі, мен сені кім екеніңді білмейді деп отырсың ба? Сен отанын сатқан әскери тұтқынсың. Совет әскеріне қарсы оқ атқаныңды көрген кісілер бар. Олар өз кінәларын мойындап, бостандыққа шықты. Ал сен түрмеде шірисің,- деп ежірейді. – Жолдас капитан,- дедім барынша сабырлы болуға тырысып: - Менде, менімен бірге болған азаматтарда кеңес армиясына қарсы оқ атқан жоқпыз,- дегенімде көгеріп алған капитан қасыма жетіп келіп: - Тұтқынға қалай түстің сатқын, мен сенің өтірігіңе сенеді деппе едің?- деп жағымнан бар күшімен тартып-тартып жіберді. Тәлтіректеп құлап қала жаздадым. Екі құлағым шыңылдап көпке дейін ештеңе ести алмай қалдым. Есімді жинап алғаннан кейін тұтқынға ауыр кантузия алып, есімді жия алмай жатқанымда түскенімді, неміс тұтқынында кен өндіретін шахтада жұмыс істегенімді баяндадым. Ауызы көпіріп алған капитан алдындағы папканы ерсілі-қарсылы аударып: - Өтірік айтасың оңбаған. Шыныңды айтпасаң атып тастаймын,- деп алты атарын суырып алды. Қалш-қалш етіп маңдайыма тіреді. Барынша сабырлы болуға тырысып, іштей иманымды айттым - Кезекші,- деп айқай салды капитан. Есіктен кірген сержантқа мына опасызды қанышерлер отырған камераға апарып қама. Мұндайларға оқ шығындағанша солардың қолында өлсін,- деп зірк-зірк етті. Сержант мені ұзын каридордың бойымен айдап әкеліп камераның есігін ашып кіргізіп жіберді. Іштегілердің назары маған ауды. Кірген бетте состыйып тұрып қалып, өзіме-өзім тез келіп сәлем бердім. - Сәлемші болсаң төрге шық,- деп жанынан орын көрсетті қаба сақалды қазақ. Капитанның кабинетінен гөрі жұмақтай көрген камерада кең тыныстап, «Уһ!» деп демімді терең алдым. - Не үшін шақыртты сені інім? - деп сұрады қаба сақал. Өзімде білмеймін мен не үшін жапқандарын. Отан сатқан опасызсың, кеңес армиясына қарсы оқ аттың деген пәлелерді жауып отыр аға. Арты не болатыны маған белгісіз. – Өзің адал болсаң ешнәрсені мойындама. Ұрған соққанына да шыдауға тура келеді. Шалыс бассаң жиырма бес жылды арқалап Магаданға кеттім дей бер. Жағдайың онша жақсы емес екен, алла жар болсын,- деп бетін сипады. Түстен кейін кабинетіне қайта шақырып алып, аға лейтенат пен екеуі кезек сүзгіден өткізіп әбден ит сілітпегімді шығарды. Талма жерлерімнен қолдарының қышуы қанғаныша соққылап та алды. Жаным ауырсада баяғы бір жауаптан танбадым. Менің шөлдегенімді білді ғой деймін екеуі стканға су құйып алып, ұзақ тамсана ішті. Капитан қалдық суды бетіме шашып жіберіп, атым тастаймын оңбаған сатқын, -деп алты атарын маңдайыма тіреп тұрып- шыныңды айт деп қалш-қалш етті. Артқа қарай бір адым шегініп, басымнан асырып атып жіберді. Орнымнан қозғалған жоқпын. Екеуі бір-біріне ымдап сыртқа шығып, он минуттан кейін қайтіп кірді де қолыма бір жапырақ қағаз беріп: – Әзірге боссын. Әр жетінің дүйсенбісінде осы кабинетте кездесетін боламыз. Жігітім мен саған мойындатпай қоймаймын. Шақырған күннен кешігетін болсаң құрыдым дей бер. Бара бер,- деп қолын сілтеді капитан. «НКВД»-дан шығып Ғабдуалидің үйіне келсем жұмыстан жаңа ғана келіп, шайға отырып жатыр екен. Рақия: - Түсің қашып кетіпті ғой бөле, не болды деген сұрағынан тайсақтап, не болушы еді, шөлдеген болармын. – Шайыңды құй тездетіп. Жол жүруім керек дегенімде Ғабдуалиде кеште қайда барасың, бүгін осында болып демал. Таңертең бір көлік табылып қалар деген соң көңілін қимай қонып қалдым. Бұл жағдай алты айға созылды. Баяғы бір сұрақ, сол жауап. Жауапқа төрт ай бойы жетісіне бір келіп жүрдім. Шығарда семьямен іштей қоштасып кетемін. Жүргінші көлік те бола бермейді. Көбіне жаяу барып жаяу қайтамын. Жылап барып, жылап қайтам. Алты айдан кейін боссыз, еліңізге барып еңбек жасай беріңіз. Арамызда болған түсінбестікті ешкімге айтушы болмаңыз. Бәрі сақтық үшін жасалатын іс-шаралар. Бізде жазық жоқ,- деп иығын көтерді капитан. - Кеңес үкіметінің қарапайым мал баққан шаруасының басындағы жағдай осындай болса, қандай теңгермешілік заман болмақ. Қай қоғам болмасын, кімнің қолында күш бар, кімнің сенгені тірегі күшті. Солар ғана жылы жұмсақпен аузын майлап, солар ғана жақсы өмір сүреді. Бұл-өмірдің жазылмаған қатаң заңы. Күні осы уақытқа дейін оны ешкім аттап көрген жоқ, алда да аттауы мүмкін емес,- деп ойын түйіндеді отағасы. - Оқыған азаматтардың ортасында болғанымда олардың кеңес үкіметі халықтар бостандығының темір бұғауы дегендері бар еді. Шынында да солай сияқты. Қиянетпен төгілген қан, жазықсыз айтылғандардың ізі суый бастағанмен үкімет әлі темір құрсауын босата қойған жоқ. Жымысқы саясатын айла тәсілмен ел арасына өткізіп, өз дегенін жасауда. Он сегізге жаңа ғана толған алып ұшып тұрған қыздар мен ұландарға қой баққызу олардың болашағына кедергі қойғанмен бірдей емеспе. Қазаққа айтқан өзбек ағайынның әзіл сөзі шындықтың айнасындай. «Егініңді орысқа шаптырып, өлеңіңді татарға айттырып, жапан далада қой соңында миі айналып жүрген қазақта қандай ақыл болушы еді»,- деген екен. - Акамыз ащщы айтсада, шындықты дөп басып айтқанына қалай риза болмассын,- деп өз пәлсапасына терең сүңгіп бара жатқан қарияны: - Ұйқтап жатырмысың, әке!- деген дыбыс сергітіп жіберді. – Ерке қызым-ау! Осы уақытқа дейін далада жүре бересіңдер ме? Үйге кіріп сабақтарыңа дайындалмайсыңдар ма? Қазірден жақсы оқып білім алсаңдар, сол білімдеріңнің арқасында ғана ертең бір жерден шығасыңдар. Ағаң мен Дакош, Айжан мен Дүйсен қайда? Босқа жүрмей үйге кірсін, -деді отағасы. – Ағамның қайда кеткенін білмеймін, басқалары қазір үйге кіреді әке. Өзіңіз маған берген уәдеңізді ұмытып қалған жоқсың ба?- деген ерке қыз әкесінің жанына қисая кетті. – Неге ұмытайын, Жако! Саған өзім туралы баяндамас бұрын өмірімнің түйінді-түйінді жерлерін есіме түсіріп, ойымды жинақтап болған соң екеуміз отырып әңгімелесетін боламыз. Келістікпе ерке қызым. – Келістік әкешім, келістік,- деп ерке қыз әкесін құшақтап бетінен сүйді. Есіктен кірген бәйбіше: - Әкеңнің мойнынан түспейсің, маза берсей, көрмейсің бе аурып жүргенін,- деп қабағын шытқан кемпіріне күле қараған отағасы қасынан кетпек болған қызын бауырына тартып, кемпіріне күле қарап: - Менің маңайымнан шыбын ұшырғың келмейді-ау, кемпірім! Жакомнан басқа кім бар маған еркелейтін. Асыла берсін мойныма, қашанғы асылар дейсің,- деп кемпіріне мұңайа көз тастады. Әкесінің қолтығына тұмсығын сұққан ерке қызы, танауы пышылдап ұйқы әлеміне саяхаттап бара жатты. – Қап, мынаның ұйқтап қалғанын-ай деп оятуға ұмытылған кемпіріне қасымда жата берсін бүгінше,-деп еркесін ақырын құшағына қысты. Шығып бара жатқан кемпірінің артынан аяушылықпен көз тастап: - Ертелі кеш ойлайтыны осы үйдің қамы. Қай уақытта демалатынында білмеймін, ауырып жатсамда менің қарамды демеу көреді ғой деймін, айналып-үйірліп қасымнан шықпайды. Мен кетіп қалсам күні не болар екен,- деп ауыр күрсінді, қария. Танауы пышылдап қалың ұйқы құшағына енген кенжесін бауырына басқан қара шал: - Кішкене еркетайым менің, сен білмек болған өмір жолым туралы есіме түсіріп ой жинақтап болып қалған сияқтымын. Ал, ақындық жағына келсек, мойныма ілінге қараңғылық қамыты тұншықтырып, қанымда ойнаған бұрқанған талантты сыртқа өз дәрежесіне шығара алмады әкең. Жұрт сияқты көсемді, паратияны жырлау қолымнан келмеді. Бірақ өлеңнен таза қол үзіп кете алмадым. Бойымдағы таланттың қуаты қолыма қалам алып әзіл болсада бір-екі ауыз өлең жазбасам екі көзімді басырық басып, аштырмай тастайтын. Жаным қатты қиналатын. Осындай қиналған уақытта менің қармағыма ілінетін алыс жақын нағашыларым еді. Аты шулы Нұрхан ақын өнер өлең қуған тобына тартып көп әуреледі. Олармен бірге сал-серілік құрып кетуге менің семья жағдайым көтермеді. Нұрханмен алғашқы кездесуім ұмытылмастай болып есімде сақталып қалды. Қияқ мұртты, өткір қаршыға көзді , қағілез ғана азамат екен. Орталықтан екі-үш шақырым жерде Сейдәлі екеуміз калхоздың ірі қарасын бағатынбыз. Ауылға келген пошташы шал орталыққа қасында өнерпаз жігіттері бар Нұрхан ақын келіп, кеңес төрағасының үйіне түскенін айтпасы барма. Ұйқыдан тұрысымен тиісуге қара таба алмай алып ұшып тұрған жүрегім еріксіз орталыққа қарай сүйрей жөнелді. Сыртта байлаулы тұрған тайыма тоқым салмай секіріп мініп, орталыққа қарай тұра шаптым. Төрағаның үйінің алдында отырған бір шоғыр азамат өздеріне қарай төтелеп шауып келе жатқан, маған аң-таң болып қарай қалыпты. Қастарына жетіп келіп, төрағаның қабақ шытқанына қарамастан Нұрхан ақынға қарап сөз бастағаным әлі есімде. Тайдан секіріп түсіп, қолымда қамшының шабын шерітіп-шерітіп жіберіп: - Ассалаумағаликум! Нұрхан ақын, Жан едің өнеріңмен елге жақын, Естіген соң келді деп сізді аға, Тайыма міне шаптым салмай тоқым, - деп айқайға бастым. Мені тоқтатпақ болған төрағаны қолын көтеріп Нұрекең тиып тастады. Айқай шыққан жерде Нұрхан қарап тұрама. Екеуміз әжептәуір сөзмен қағыстық. Риза болған Нұрекең арқамнан қағып батасын беріп еді. Тағдырдың жазуы болар Нұрекең қанша шақырғанымен мен елден ұзап шыға алмадым. Жазғандарым, айтқандарым, баспа жүзін көремесе де ел арасына тез тарап кетіп жататын. Жұмыс кабинетім машинаның кабинасы еді. Менің ойымнан туындаған жыр шумақтары сол жерде жазылатын. Жасым есейген уақытта артымда бірнәрсе қалсын деген оймен екі көлемді дастан жазған едім. «Қараша қаздар қайтқанда», «Қазақтың сары баласы»- деп атадым. Біріншісі неміс тұтқынында болған азаматтардың ауыр күндері туралы әп-әдемі дастан болып шықты. «Қазақтың сары баласы» майдандас Қостанайлық жас лейтенат туралы ерлік дастанына айналды. Өз шығармаларымды машинаның орындығының артында сақтаушы едім. Қолды болды. Ешкімді кінәлай алмаймын. Нағашылы-жиендікке салынған біреулер алып, қайтармай қойды ғой деп ойлаймын. Қаузаған тақыраптарға қайта оралуға денсаулық шіркін мүмкіндік бермей қойды. Бәріне өзім кінәлімін. Өкінгеннен не пайда, өткен өмір қайта оралмасы қақ,- деп ойын түйіндеді де санасын жаулай бастаған қалың ойды серпіп тастап кенжесін бауырына тарта түсті. Күні-түні өз ойымен арпалысқан ақын қатты шаршағанын сезді. Көзінің кіреукілей бастағаны ұйқының дегеніне көніп жанарын жұмды. Көзін ашып еді үйдің іші күн сәулесінің нұрына бөленіп тұр екен. Ұйқысы қанғандықпа өзін сергек сезінді. Үстіне жамылған көрпесін ысырып тастап екі қолын тіреп орнынан тұруға талпынып еді, оң жаңбасымен сегіз көзі сырқырып қоя берді. Жамбасының қақсағанына қарамай, бойына бар қайратын жинап, таяғына сүйеніп орынанан тік тұрды. Оң жақ аяғын сүйрете басып, салмағын таяғына салып сыртқа беттеді. Есік алдында бәйбішесі қазандыққа от жағып балық қурып жатқанын сезді. Ошақ қасына жақындап: - Бәйбіше, үйде отырып-ақ балық аулайтын болғанбысың?- деп кемпіріне биязы әзілдеді. – Айналайын қайынымның кіші ұлы әкеп тастады. - Мұхамеджанның Қайраты әкелді ме? –Енді кім деп едің, менің одан басқа қайным бар ма? Олай деме, Бәйібше. Барлық саналы өмірімізді осында өткізіп, ағайынның үлкенін аға, кішісін іні деп келген жоқпыз ба? Қалған ғұмырымызда сол қалпымызбен өтейік. Басқа бөлінседе сен бөлінбей-ақ қой. – Мен бөлінейін деймін бе, бақайдың қатындары есепші қайынағаның үйінде отырғанда сендер бізге жатпайтын басқа ағайын екенсіңдер. Шежіреден оқып, білдік деп бет ауызы былш етпей сұңқылдағаны. Есепші қайынағамның үйіндегі енем тиып тастамағанда, оданда сорақасын шығаратын еді. Көшеде қайыныма кездесіп болған жағдайды айтып едім. Үйіне барып әйелін көгала-қойдай етіп сабап тастапты. Кешкісін кешірім сұрап келіп тұр бейбақ сорлы. – Бәйібше, туыстық-ағайындық қатынасты үзбей атадан-балаға мұра болып келе жатқан тамыры үзілмейтін, үзуге болмайтын қағида. Оны біздің балаларымыз жалғастырып жатса ата-арманының орындалғаны емеспе. «Бөлінгенді бөрі жейді» демейме халық даналығы. Сондықтан білмегенді білдіру, жіберген қатесіне кешіріммен қарау біздің үлкендік парызымыз. Осыны есіңе ұстағайсың кемпір. Күлтай жиендігіне салып әзілдегені шығыр. Шағымдана қоятын ештеңе жоқ еді. «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп қалай дөп басып айтқан бұрынғылыр деген ойын машина гүрілі бөліп жіберді. Қақпаның сыртына келіп тоқтай қалған машиананың кабинасынан түсіп жатқан Әбдрахманды көріп, таяғына сүйеніп қырындай бұрылды. Қақпадан елпілдей кірген Әбдрахман: - Ассалаумағалейкум Жанақа. Денсаулығыңыз жақсы ма? Жол жүріп бара жатыр едім, сізбен сәлемдесіп кетейін деп келдім Жанақа. - Сәлемші болсаң төрге шық. - Рахмет, Жанақа! Асығыспын Нұраға барып оралуым керек. Жеңгемнің қуырған балығы дәмді болушы еді. Балық ауыз тиейін деп балық салған шараға қол созған Әбекеңе: - Қайным ауыз тиме, мынаны салып ал, жолда тамақтанасын,- деп бес-алты кеспе қуырылған балықты газетке орап мейманның қолына ұстатты. – Алла разы болсын, жеңеше, мұныңыз тіпті қатып кетті. Аман сау тұрыңыздар,- деп Әбекең сыртқа беттеді. Машинаға отырысымен аксилаторды басыңқырап жіберіп зымырай жөнелген Әбекеңнің артынан қызаға қарап тұрып: - Жүніс, Төленді, Әбдрахман,- деп күбірледі. Өзімен қатар көп жыл бойы бірге жүрген Колхоздың алғашқы шоферлары еді. Сонау 1952 жылдан бастап, Жүніс екеуі күні кешеге дейін ажырап көрмепті. Азаматтың жайсаңы еді. Ақырын нығыздай сөйлеп, айтқанын жадыңа құйып жіберуші еді. Ішіміздегі үлкеніміз болған соң Жүкеңнің айтқанынан асып кетпеуші едік. Түйемойнақтағы құдықтың жанынан үй салып алып, қысы-жазы семьясы сонда отыратын. Күні осы уақытқа дейін Жүніс қыстауы деп атайды жұрт. Жер аяғы кеңісімен Ақбойдақтағы қысқы үйімізден көшіп, Жүністің үйінің жанына киіз үйді тігіп отыратынбыз. Екі үй бір-бір биесін қосып байлап, салқын күз келгенше күбілігінен қымыз арылмаушы еді. Жүніс екеуміз аптап,айлап үй қарасын көрмей колхоздың шаруасымен іс-сапарға шығатынбыз. Әбдрахман үнемі басқарманың қарамағында болатын. Ең жасымыз Төленді біздің қатарымызға кейіндеу келіп қосылды. Кәсібіміздің бір тектілігі бізді жақындастырып жіберді. Төленді, Жүніс үшеуіміз қысы-жазы Қостанай, Аманқарағайға қатынап, калхозға керекті құрал-жабдықтар, құрылыс материалдарын таситынбыз. Жол болған соң оның өз қиындығы болады. Жолда сан қилы адамдармен кездесіп, тағдырлас боласың. Ол уақытта жол тазрату дегенді білмейді. Алдыңа салатын вездеход машина бола бермейтін. Қыстың ішінде үшеуміз алдыға кезектесіп түсіп, қарды тіліп отыратынбыз. Сай-салаға кептеліп қалған уақытта жалпақ күректер іске кірісетін. Жанталаса қимылдап жолда қалмаудың амалын жасайтынбыз. Кей уақытта басқа жүргізушілермен жолға таласып, шеке қызбайға да барып қалушы едік. Мұндай да Төлендінің көктен іздегені жерден табылып, бойында ойнаған асау қанының қуатын бір көрсетіп алуға ұмтылатын. Қорқуды білмейтін, қызба, өжет жігіт еді. Арашашы болып Жүкең екеуміз жүреміз араларында. Көбіне біздің Төленді қарсыласына тізе бүктіріп, бір шишаны бөліп ішіп, бір-бірін арқаға қағып, тарасып кететін. 1960 жылы Ақшығанаққа қоныс аударғанға дейін Жүніс екеуміздің іргеміз ажыраған жоқ. Бала-шағамыз туғандай болып араласып кетіп еді. Баласының қызмет бабымен аудан орталығына көшіп кетті. Жас кезімізде қалыптасқан достық қарым-қатынасымыз әлі үзілген жоқ. Елге келсе алдымен біздің үйге соғып, шай-су ішпей кетпейді. Бірге жүрген күндерді еске алып, бір жасасып қаламыз. Төленді мен Әбдірахман өздерінің сүйікті мамандықтарын әлі тастай қойған жоқ. Қара шал мырс етіп күліп, Төлендінің ойлап таппайтыны жоқ. Қысытың күні болатын, сылбырап жауған қар үдей түскен желмен жер бетінен қоныс таппай ұйытқи соғып, көзі көрмес боранға айналды. Үшеуіміз бар күш жігерімізді жұмсап, әлі қата қоймаған қарды тілумен Қайғыға жетіп жығылдық. Қайғы десе қайғы түн түгел күндіз есігін ашпайтын тағышылар. Көбіне мұнда аялдамай өтіп кетуші едік. Дүлей бораннан сескеніп, Қайғығы қонуға ұйғардық. Ана үйге барып есігін қағамыз. Мына үйге барып есігін қағамыз, еститініміз қондыра алмаймыз деген бір-ақ ауыз сөз. Ауылдан шеткірілеу тұрған жатаған үйге келгенде, Төленді: - Сендер есігін қағып, қоналқалық сұрай беріңдер, мен қазір, - деп жылмаң етіп үйдің сыртын айналып кетті. Жүніс екеуміз есікті солқылдата қағып, үй иесін шығуын күтіп тұрмыз. Шошаланың кішкентай терезесінен қолына фонарь ұстаған мосқалдау адамның келе жатқанын байқадым. Есіктің арғы жағынан: - Бұл кім мезгілсіз уақытта есік қағып тұрған? -деген жүргіншіні жақтырмаған дыбыс шықты. – Аға, жолаушы едік бораннан жүре алмай тұрмыз. Тамағымыз өзімізден үйіңізге бір қонып шығуға рұқсат етіңіз дедік Жүкең екеуміз жарысып. Үйде сендер сиятындай орын жоқ, кіргізе алмаймын деп үйіне кіріп кетті. Жүкең маған қарап: - Не істейміз, үшеуміз бір кабинада болайық әрі жылы отырамыз, кезек-кезек ұйықтамасақ болмайды. Бойыңды суық жайлап алса, қайта жылынуымыз күш болады,- деп есіктен кейін шегінгенімізде Төленді төбеден секіріп түсті. - Сен үйдің төбесінде не істеп жүрсің?- десем: - Үндеме, қазір жылы үйге кіріп демалатын боламыз, - деп жырқ-жырқ күледі. Кенет есік ашылып, іштен қаптаған түтін мен бірге ері мен әйелі шыға келді. Фонарь жарығымен состиып тұрған үш азаматты көрген отағасы алғашында сескеніп қалғанымен шашалып қақалып болып, фонарын бетімізге түсіріп, меймандос көңілмен тұрған бізге қарап: - Өздерің жеті қудың бірі екенсіңдер. Шамасы сенің ісің ғой деймін. Бар мұржаны ашта да, үйге кіріңдер, – деп өзі алға түсті. Төленді жалт етіп төбеге шығып, мұржаны жауып қойған шелегін алып тастап, артымызды ала үйге енді. Ортасын қазандықпен бөлген қоржын үйде ерлі зайыпты екеуі ғана тұрады екен. Әйелі жақтырмаса да амалсыз төрге көрпесін төсеп, құрмет көрсеткен болып жүр. Отағасының түсі ептеп жылынып, әйеліне: - Қырықтың бірі Қыдыр – деген бәйбіше дәм сал уйге кірген екен қонағысы ішіп кетсін деп мырзалық көрсете бастады. Төленді екеуміз сыртқа шығып, машиналардың суын жіберіп, жол азығымызды үйге көтеріп келсек, Жүкең мен үй иесі емен жарқын әңгімеге көшкенін байқап, Төленді екеуміз бір-бірімізге қарап жымиып қойдық. Қазанға дәм салынып, самаурын бұрқылдап қайнап алдымызға келді. Күні бойы суық сорда болып қалған адамға ыстық шай бойын жылытып қана қоймай, ерекше қуат береді. Екі-үш кеседен кейін бойымыз жазылып, мұрнымыздың ұшы терлей бастағанда, Төленді қалтасынан бір шөлмек ақаңды суырып алып, дастархан үстіне қоя салды. Көзімнің астымен үй иесіне қарап едім, көзі күлімдей қалған екен. Бойы жылынған Төленді еркінсей бастады. - Мынаған қалай едіңіз, аға,- деп үй иесіне қарады. – Аздап ауыз тиетінім бар,- деп күмілжіді бәйбішісіне қарап. – Онда дұрыс болды екі шай кесе беріңіз жеңеше,- деп Төкең дастарханды өзі билеп төстей бастады. Екі кесеге арақты орталай құйып, бірін үй иесінің алдына, екіншісін өзінің алдына қойған Төлендіге: - Мына кісілер, - дегенше: - Екеуі де ішпейді, - деп Төкең жауап беріп үлгерді. – Келіңіз, аға! Таныстық үшін алайық ,-деп арақ құйылған кесені үй иесінің қолындағы кесеге соғыстырды. Төкең көмейге тоғытып жіберіп, жуан тілім нанға сары майды молдау жағып, басытқы жасап алған соң көсіліп сөйлеп кетті. – Аға, біз Торғай елінің азаматтармыз, мұржаңызды жауып, түн ішінде далаға шығарғаныма кешірім өтінемін. Бізде басқа амал жоқ еді. Сіздер түтінге тұншықсаңдарда өз елдеріңіздесіздер, Ал біз машина кабинасында үсіп өлсек, сонау Торғайдан іздеп келіп алып кеткенше мүрдемізді бөрі жеп кетпей ме? Құдайы қонаққа есік ашпау, қазақи салт-дәстүрімізге томпақтау келмейме, айтыңызшы, аға, - деп салмақты үй иесіне салып, суырылып бергені. Үй иесі бір қызарып, бір бозарып. Біздің еліміз жол үсті болып, әбден мезі болғанба, түн түгел күндіз тиектерін салып отыруға қалыптасқан. Жақсы әдет емес, бірақ менің қолымнан не келеді дегендей иығын қиқаң еткізді. Шай ішіліп, бей-жай бола бастағанымыз да, үй иесі: – Торғай елінің азаматтары болсаңдар, өнерге жақын боларсыздар ол елдің азаматтары шетінен әнші, күйші келеді. Інім, сенде өнерден құр алақан емес шығарсың.,- деп Төлендіден жауап күткендей, жанарын тіктеп: - Сөз боп па ағасы бір таңды бір таңға қоспасақта шай мен еттің арасын жалғастыратын өнеріміз бар. Әттең домбыраның болмағаны-ай, демесі бар ма. Жүкең мені түртіп қалып, бір нәрсені бүлдірмесе болар еді,- деді сыбырлап. – Бәйбіше, домбыраны алып берші, ініме ән салғызып, бойымызды бір жазып алайық, – дегені. Қарсы бөлмеден қолдан шапқан қазақы домбыраны Төлендіге әкеліп ұстата салды. Төленді жалт етіп бізге қарады. – Өзің айта беретін көне дастандардың бірін шырқап жібер, деп едім Төкең домбыраның құлақ күйін келтірген болып, тыңқылдатып, қағып-қағып алды да – Еу,- деп жіберіп; Құла қасқа тайменен, Көрғұлы келеді ойменен Құла қасқа тайменен, Көрғұлы келеді ойменен – деп тайпалай жөнелгені Төкеңнің. Үй иесіне қарасам аузын ашып, аң таң болып қарап қалған екен. – Ау, інім Көрғұлының қырға шығатын қүні бар ма,- дегені. Оған кідіре қоятын Төлендіме, – Аға , қырға енді шығып келе жатыр,- деп Құла қасқа тайменен, Көрғұлы келеді қырменен,- деп жырлай жөнелді. Өз өзіне ие бола алмаған үй иесі екі иығы селкілдеп бар дауысымен күліп жіберді. - Жарайсың, інім, неде болса күлкіге бір қарық еттің. Жыршы болса сендей болсын,- деп ішін басып шексілесі қата күліп жастыққа құлай кетті. – Аға, жыр тыңдап болсаңыз мынадан аздап алып коялық деп отағасыға кесеге құйылған арақты ұсынды. Төлендінің тапқырлығына разы болған үй иесі – Жыршыдан да, жырдан да айналмасқа бола ма,- деп кеседегі арақты тауыса ішіп қойды. Алдыға дәм келіп, семіз сиырдың етін тоя жеп, жылы үйде жақсы демалып шықтық. Таңғы шай ішісімен үй иелеріне рахметімізді айтып, машинамызға отырып жүріп кеттік. Біздің Төкеңнің осындай тапқырлығы бар еді. Абдрахманнның жөні басқа. Кешегі аумалы-төкпелі заманда жан бағып, орыс еліне асып кеткен Жаманқала жақтан көшіп елге оралғандарына да көп бола қойған жоқ. Ініміздің өзі орысша қазақша сапырып сөйлейтін. Қазақшадан орысшасы басымдау шығып жататын, тілінің ептеп қысқалығы бар. Мені ғұмыр бойы Жанақа деумен келеді. Жанақа дегені Жанахмет аға дегені. Онысына басқалары түсінбесе де өзім түсінемін. Барынша ақ көңіл, ренжуді білмейтін.Ұмытшақтығын адам баласына бермейтін, ерекше құбылыс еді. Әбекең туралы да ел ішінде қызық-қызық әңгімелер тараған. Колхоздың бас есепшісі Абдрахманмен құрдас Қәдірхан деген азамат еді. Құрдастардың арасында небір тамаша әзілдер жүрмейме Әбекең салдыр-күлдір етіп, Кәдірханның кабинетіне кіріп барып, маған Ақсудың ақшасын бере қой. Жол журіп бара жатырмын,- дейтін көрінеді. Бас есепші: – Сенің Ақсуың кім?- дегенде: - Әбекең біздің үйдегі Ақсу, білмеймісің құрдасың Ақсу,- десе Кәдірхан – Сіздің үйден Ақсу деген әйелді көргенім жоқ,- деп безеріп отырып алыпты. Не істерін білмей дал болған Әбекең: – Колхоздың қара қатынының ақшасын бер, -деп жалынатын көрінеді. Әбекеңді қинай түскен есепші колхозда 60 қара қатын бар саған қайсысының ақшасын берейін деген екен. Орысшасы молдау ініміз орысша боқтап жіберіп: - Біздің үйдегі қара қатын, Ақсу, -деп басындағы кепкасын жұлып алып, жерге бір ұрып, есепшінің кабинетінің босағасына отыра кетіпті. Құрдасын дұрыстап тұрып қинап алғанына көңілі семіріп қалған Кәдірхан: - ЕЕЕ, манадан бері Ақсұлудың ақшасын бер деп айтпаймысың сенің қай қара қатынның ақшасын сұрап турғаныңды қайдан білейін деп мырс-мырс күліп, Әбекеңнің өтінішін орындап жіберген екен. Менімен бірге жүрген осы үш азаматттың мінездері үш бөлек болғанымен бастары қосыла қалса, әзілдері жараса кететін тамаша азаматтар еді. Қазір Жүкең зейнеткер менің жасым алпысқа толады Төленді мен Абдрахман темір тұлпар тізгінін ұстап, сайын дала төсін шаңдатып жүрген жағдайлары бар. Өзіңнен кейінгі жастардан қалғым келмегенмен жас ұлғайған сайын, тағдыр өз дегеніне көндіреді екен. ,- деп терең күрсінді, қария. Бәйбішесі шайға шақырған соң, қолын шайып өз төсегінің үстіне жайғасты: - Кемпір, менің бойым бүгін жеңілдеп қалған сияқты. Кешегі жаққан борсықтың майы ем болдыма, сегізкөзім, жамбасымда мазалауды койды. – Ем болсын де, отағасы. Қоймашы қайнымның үйі дәмге шақырып кеткен кеше, үстіңдегі киімдеріңді ауыстыр. Тер иіс шығып кеткен шығар. Байжан ұлым машина алып келеміз деп кетті. Киініп дайын отыр,- деп көзінің қиығымен шалына қарап қойды. Үйлерінде сырттан біреулер бар ма екен? - Шиліден атасы келіпті, сол кісімен дәмдес болсын дейтін шығар. – Сәкең келген екен ғой көптен көріскен жоқ едім. Әзір болатын болса, біздің де дәм беріп жібергеніміз де дұрыс болар еді. – Оны уайымдамай-ақ қой. Әлгі ұлдарға айтып қойдым. Кешкісін жарамды марқаның бірін әкеліп сойыңдар дегенмін. Дұрыс болды үйде етте бітіп қалып еді, деп шаруашылық жағынан хабардар етіп кетті. - Әкең келсе жібер ме, замандас адамдар ғой, Сәкеңмен табақтас болып, әңгімелесіп қалсын,- деп кемпіріне өтінгендей болды. Бір кеспе балықты сүйсіне жеп, екінші кесе шайды ала бергенде, сырттан әке, апа, машина алып келдім деп салдырлап келе жатқан Байжанның дауысы естілді. Оның артынан бір-бірімен иық қағысып келе жатқан Абзал мен Айжанды байқады. - Ұлым, біз қазір... сен үшеуің сабақты қойғансыңдар ма? Үнемі үйде боласыңдар. - Әке, қойшыға сабақтың керегі не? Атты ерттеуді білеміз, қой санайтындай арифметиканы игердік. Бәрі заман талабына сай, жүріп жатырмыз әке! – Айналайын! Байжан, қазақта мынадай сөз бар «Битке өкпелеп, күпіңді отқа жақпа ,- дейді заман бүгінгімен тоқырап калмайды, қай уақыттыа да азаматқа білім оқу қажет болады. Сендерді өрге сүйрейтін де сол алған білімдерің. Балалық жасап, күнделікті сабақтан қол үзіп қалмаңдар. Әй қара қыз айтылған сөз сағанда қатысты бұзық едің бұзықта болсаң түзік едің, оқу алдымен саған керек. Қайтемін маңдайыңнан көр, жездеңнің ешкіммен қағысыатын жағдайы жоқ қазір,- деп қой көзді қара торы қызға, алдында кінәлі адамдай мұңайып көз тастады. – Байжан-ау, кімінің машинасын алып келгенсің? – Әке, Сәттардың машинасы. - Сәттарың кім тағы? - Молда Жұмабайдың баласы, бізбен бір класта оқиды. - ООО, жараған! Кемпір тездет, Жүкең машинасын іздеп қалып, ұят болып жүрмесін,- деп таяғына сүйеніп, орнынан шүйіріле тұрып сыртқа беттеді. Машинаның қасына келген екеуіне машина қасында тұрған толықтау келген қара торы, балаң жігіт есік ашып: - Отырыңыздар, - деп елпілдей қызмет көрсетіп жатыр. Өнегелі жердің өрені айтпасада көрініп тұр. Жүкеңнің тәрбиесін алған бала жаман болама, - деді ішінен. Мұхаметжанның үйінің қасына бәйбішесі екеуі машинадан түсіп қалып, сәлем беріп ішке кірді. Төрде отырған екі қария бастарын көтеріп сәлем алып, амандық саулық сұрасып жатыр. Кішкене шегір көздерімен сырттан кірген кісіге тесіле қараған, Сәкең жүдеулеу екен. Шамасы сырқат батқанғой жанына деп, ойласада тіс жарып, ештеңе айтпады. Орталарындағы көне құран кітабын кезек аударып, оқыған суре аяттарын тікелей қазақша аударып отырған екеуі ауық-ауық әлденеге таласып қалып отыр. Екеуі де ескіше сауатты. Жастау кездерінде үкіметке қызмет жасаймыз деп діннен аулақтап кеткендерімен санаға сіңіп қалған дін жолына есейе келе қайта оралған жағдайлары бар. Сәкеңнің жанына жайғасып, менің артық сөзім болса, айып етпеңіздер. Сіздер оқып отырған кітапта үкіметке жағам деп әкімшілік қызмет жасап, жазықсыз жандарға қамшы үйіріп, бозаға тойып алып, аттың сауырынан аунап түсіп жүргенідерге қандай жаза беретінін жазбайма дегенімде Сәкең мырс етіп күліп жіберді. Жүкеңе қарасам түсі сұрланып, қанын ішіне тартып алған екен, Жүке сіз ренжіп қалмаңыз Тоқтамыс Қаби бір ай бригадир болғанда елді қырып кете жаздаған жоқпа дегенімде Жүкең мырс етіп күліп жіберді. Бәрімізде періште емес, екі аяқты пендеміз. Пенделікпен жасамайтынымыз барма. Біреуді ғайбаттасыңда күнә. Өсіп тұрған ағаштың бұтағын сындырсаң да күнә. Бірақ қасақана жасау барда білмей жасау бар дер кезінде тәубасына келіп, жасаған қателіктерін тузеуге талпаныс жасаған пенденің күнәсі кешіріледі,- деп жазады кітапта. - Жаратқан иемнің алды қашанда кең оған сенімсіздікпен қарауға болмайды, - деп екеуі бірінің айтқанын бірі қостап, бастарын шұлғысып жатты. Дәм келгенше екеуі алма кезек ескі әңгімелерді келістіре баяндап, ағайынды екеуміздің санамызды бір саты биіктетіп тастағандай болды. Дәм ішіліп, шайға дейін екі қария бір бірімен шариғат айтысып отырды. Менің таң қалғаным Жукеңнің жүйріктігі еді. Құран кітіаптың кез келген бетін ашып жіберіп, оқиды да табан астында қазақшаға аударып, бізге түсіндіріп жатқаны. Арабша сауатты, діни білімі терең азамат еді. Үкіметтің дінге қарсы аяусыз күрес жүргізгеніне қарамай, келер ұрпақтың қасиетті ислам дінінен қол үзіп кетпеуіне көп еңбек сіңірген кісі. Осындай қариялар тұрғанда жас ұрпақ бабалар салған сара жолдан ауытқи қоймас деген ойға берілген қарт, өздерімен өздері шариғат айтысып отырған үлкен ағаларына құрметпен қарады. Аталас інім Мұхаметжан пысық, табиғатында зерек азамат еді. Көне көз қарияларының айтқан әңгімесін жадында сақтап, қайта баяндағанда, бояуын өзгертпей, сан құбылытып, тыңдаушысын еріксіз елітіп тастаушы еді. Екі уйдің аралас құраласы 1960 жылға дейін болмады деседе болады. Жолы түскенде Мұхаметжанның өзі келіп кетіп сәлем беріп тұратын. Патшалық Ресей кезінде Тосын болысының қарамағында болған ағайын Кеңес Үкіметін елді бөлшектеп, ауылдарға бөлуінің арқасында туған туыстар бір-бірінен қол үзіп қалған еді. Мұхаметжанның уйі он төртінші ауылда біз он бесінші ауылда тұрып жаттық. Кеңес үкіметінің саясаты сауатсыздау халықтың бойына сіңіп қалған ба, бұрынғы бір елдің азаматтары ағайын арасында болатын түрлі жағдаймен келе қалса, өздерін жат елде жүргендей сезінетін. Колхоздарды бір біріне қосып, екі ауыл Киров колхозының қарамағына өткеннен кейін ғана ағайынның арасы қайта жақындаса бастады. 1950 жылдардың аяғына дейін Мұхаметжан жанұясымен Қарағанды қаласында тұрып, еңбек етті. Алғашқы сәбиі Сәуле Қарағандыда дүниеге келді. Інісі Мәмбетжан оқуға алғыр, өнерлі жігіт болып өсті. Халықтың дәстүрлі әндерінен нақышына келтіре орындап, тыңдаушысын ұйытып тастаушы еді. Туғанның аты туған емес пе, алпысыншы жылдары Ақшығанаққа қоныс аударуға тура келді. Көшенің қақ ортасына атадан қалған төрт қанат киіз уйді тігіп, жанұяммен сонда отырдым. Күздің салқын күндері жақындап келе жатты. Бастықтардың берген уәдесі сиыр құйымшақтана ұзай берді. Қыркүйек айының ортасы болу керек совхоз директорына кіріп, берген уәдеңді қашан орындайсың десем маңғазданып, -Жәке биылша Түйемойнаққа барып тұра тұрыңыз, келесі жылы салынатын алғашқы үй сіздікі болады,- деп миығынан жымиғаны. Ашуға көп бой алдыра бермейтін едім, қаным басыма теуіп қасына жетіп бардым. Абдырап қалған бастық көзі жыпылықтап орнынан тұра алмай қалды. Саусағымды безеп, оның бастықтығы өзіне: -Отырсың қоқырайып әтеш құсап, Манаурай қозғалмайсың орныңнан. Есектей креслоға қойған тұсап, Елдің қамын ойлар деп ойламаймын. Адамсып, кісімсіген сендей пұшық деп есігін тарс жауып шығып кеттім . Бастықтың кабинетінінң алдында бір топ жігітпен бірге Мұхаметжан тұр екен ажарымның жайсыздығына көзі түсті ғой деймін - Аға, не болды? – деді маған. – Не болғанын анау есектен сұра,- деп жүре бердім. Үш бала мектепке барушы еді. Соларға қиын болатын болды деген ой мазалап, бір шешім таппай жастыққа құлай кеттім. Шайға оятқан бәйбішем: - Сен-ақ, қарап жүрмейсің, ел басқарып отырған азаматқа бетіне шіркеу болатын сөз айтқаның не? Ұят емес пе? -деп маған ақыл айта бастаған соң, - Не болып қалыпты сонша? Директорға атам былай деп өлең шығарыпты деп көрші үйдің балалары жатқа соғып отыр. – Оларға кім айта қойды екен кім айтушы «Отыз тістен шыққан - сөз отыз рулы елге жайылады» - деген емеспе. Конторда отырғандардың құлақтары керең деппе едің естіген бір құла ауыз таратып жүрген шығар елге деп кемпірім қабағын түйді. Қараң еткенге есікке қарасам, киіз үйге: - Шайларыңыз тәтті болсын, - деп қасында Айткүл бар Мұхаметжан кіріп келе жатыр екен. Інім мен келінім аяқтарын шешіп, дастархан басына отырып, қырғи қабақ болып отырған екеумізге көз салып, жеңгесінің ашуын таратқысы келдіме, сыпайы әзілдеп әр нәрсені сұрай бастады. - Аға, - деді Мұхаметжан - Сіздің директорға айтқаныңыз сіз есіктен ұзағанша бүкіл конторға жайылып болды. Орынды айттыңыз. Бойында паңдық, өр көкіректік бар өзінің. Сізден кейін біреу бірдеме деп қалама дегендей сақтана қарап, сабырлы сөйлейтін болды, – деп жымиып қойды. Аға, жеңеше бізді сіздерге анам жіберді, биылша үй іздеп әуре болмаңыздар, менің салған үйім екі семьяға толығымен жетеді. Алдағыны алла біледі. Балаларды тоңдырмай келіп, кіріп алыңыздар, – демесі барма. Ерінің сөзін қостай Айткүл: - Көке, ештеңеге алаңдамай көшіп алыңдар кешке үйді ақтап тазартып қоямын. Ертеңге дейін іші кеуіп тұрады,- деп Мұхаметжанның сөзін бекіте түсті. Жалғыздықтың қамытын киіп, туыстық қамқорлық көрмей өскен басым көзіме ыстық жастың қалай келгенін білмей қалдым. Ешкімге білдірмей терімді сүрткен болып, орамалмен көзімнің жасын сығып тастадым. - Сендер болмасаңдар не істерімді білмей отыр едім. Рахмет, айналайындар, -деп ағалық алғысымды айтып шығарып салдым. Келінім Айткүл Саду ағаның қызы Айткүлден бастап, ол үйдің барлық балалары жастайынан мені көке деп өсті. Сол қалыптасқан тәрбие әлі жалғасын тауып келеді. Бұл да сыйластықтың бір парасы сияқты. Ініме тұрмысқа шықсада Айткүл көке деуінен айныған жоқ. Келесі күні бастық шақырады дегенге барсам, бұрынғыдай емес жүні жығылып қалыпты. Ұшып тұрып, сәлем беріп, қолымды алып жатыр. Көзінің астымен маған барлай қарап, - Жаңадан ашылған совхозымызға сырттан келіп қоныстанушылар көп. Оларадың бәрін үймен қамтамасыз ету міндетіміз. Үй жетпей жатыр. Қазір бір үйде бірнеше семья тұруға мәжбүр. Одан басқа мүмкіндік болмай отыр. Жәке, сіз мені түсінер деп ойлаймын. Ферма меңгерушісімен келісіп қойғам Сақыбайдағы екі басты уйдің бір жағы бос екен. Биылша сонда қоныстанып амалдай тұрыңыз. Мектепке қатынауға балаларыңызға да алыс емес,- деп қамқорлық таныта бастады. – «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш»-, деген емеспе. Осы жағдайды кеше шешіп қойсаң, екеуміздің арамызда түсінбестік болмаған болар еді. Кешірім өтінемін, көңіліме келген ойды тоқтата алмайтын мінезім бар. Қамқорлығың үшін рахмет! Биылша інімнің бір жақ басына қоныстана тұрамын. Жарылқағаныңды келесі жылы көре жатырамын дегенімде, - Келесі жылдың салынатын үйдің алғашқысы сенікі,- деген басекең, - Уһ! - деп демін сыртқа шығарып, орнына отыра кетті. Мұхаметжан інімнің қай жұмысқа болсада қолы жүрдек еді. Біз келместен бурын саманнан қоржын үй салып алған екен. Үлкен кең бөлмесін бізге босатып берді. Ортасын қазандықпен бөлген қоржын үйде ағайынды екеуміз жанұямызбен тұрып жаттық сенікі, менікі жоқ. Ішіп-жем, отын су ортақ. Ыдыс-аяғымыз араласып, бір семьядай болып кеттік. Алты айдан кейін інім Мәмбетжан оқу бітіріп келді. Ағайынның басын қосып құдайы - той жасадық. Оқыған азаматқа орын көп емеспе, Мәмбетжан аудан орталығындағы жаңа ашылып жатқан кәсіптік оқу орнына мұғалім болып орналасып, шешесін ертіп, енші алып, қалаға қоныс аударды. Көп узамай үйленіп, Мұхаметжан екеуміз барымызды салып, той томалағын өткіздік. Мұхаметжан да жұмыс барысымен №2 фермаға ауысып, көшіп кетті. Інім салып беріп кеткен үйде семьяммен тұрақтап қала бердім. Директорымыз орнынан түсіп, жаңа келген бастықта мені жарылқай қоймады. Басымда баспанам болған соң. Алдына үй сұрап менде бара қойған жоқпын. Өзімнен тараған ұрпақ осы үйде өсіп өніп келеді. Құдайға шүкір, алды отау тігіп, бөлек шықты. Фермадан отчетпен келіп, үйде түстеніп отырған Мұхаметжанға: - Айналайын, қысылған кезде қол ұшын бердің, оныңды мен ұмытпаймын. Еңбектің өтеуі болу керек. Өз қолыңмен салған үйің еді. Іші маған құтты болды. Еңбегіңнің өтеуіне екі құлынды биемнің біреуін ал, дегенімде інімнің түсі бұзылып кетті. Жеңгесіне қарап: - Мына сөзді шығарып отырған сенсің ғой тегі. Аға, мен сізге еңбегімді сатпаймын. Екінші бұл әңгімені қозғайтын болсаңыз, есігіңізді ашпаймын,- деп дастархан қайырмастан орнынан тұрып кетіп қалды. – Қап! –деп тілімді тістеп орынымда отырып қалдым. Жаратқанның жарылқағаны шығар Айткүл екеуі бала өсіріп, ақар -шақар семья болып отырған жағдайы бар. Әрі кәсіпқой ауына екі балық түссе, біреуін әкеңнің үйіне апарып бер деп Қайраттан беріп жіберіп жатады, туыстық қарым-қатынас, қамқор көңіл осындай-ақ болсын,- деп ойын түсіндірді қара шал..... Күндегіден гөрі бойы ауырлау тартқанын байқап, жастыққа қисая қойып еді, көзі еріксіз жұмылып, санасын ұйқы билеп бара жатқанын сезді. Дәл өңімдегідей жеңешем отыр қасымда. Ұршықтағы шүйкелеген жүнін соза түсіп, әлгі баланың аяғында жылы шұлық жоқ. Күз болса келіп қалды. Қыс түспей тұрып, балама жылы шұлық, қолғап дайындап қоймама екен ертерек. Мұның ашық жатқан аяғын сипап сенің де жылы шұлығың жоқ қой шамасы. Қыс ішінде, қақаған аязда машинада қалай жүресің,- деді де артына жалт бұрылып: - Енем шақырып жатыр, мен кетейін ,- деп орнынан тұрды. - Жеңеше, тоқтай тұрыңызшы, - деп, қолымды создым назарын маған аударған жеңешемде маған қарай қолын созғанымен екеуміздің қолдарымыз бір біріне тиер тимес күйінде алыстай берді. Жеңешемнен әрірек тұрған кимешек киген әженің сұлбасын байқадым, - Жеңеше, әже, - деп қолымды созған уақытта оянып кеттім. Бой басым шылқып терлеп қалыппын. Түсіме жиі кіретін болды, аруақтар! Дұға дәметіп жүрме екен. Кемпірге жеті нан пісіртіп, дұға оқып жіберейінші деп ойладым ішімнен. Жасында қайтқан әкесі түсіне көп кіре бермейді. Кейінгі уақытта жеңешем жиі көрінетін болып жүр. Не нәрсеге ренжіп жүр екен, анашым.,- деп үнсіз ойға беріле бастады. Туған нағашы жұртынан қалған жалғыз Төлеухан. Ғабдуали екеуміз шешелеріміздің тілегін орындап, қолдан үйлендірдік. Қарағандыда ФЗО да жүрген, елге демалысқа келгенде Жауғашар Жаппасбайдың қызын қайын атам екеуі алып қашып келіп, біздің үйден ат үсті бір шай ішіп, Торғайға алып кетіп еді. Ғабдуали ретін тауып, екеуін Қарағандыға асырып жіберді. Мектеп директоры Қибаш деген азамат Жауғашар руынан шыққан жақсы азамат еді. Күні үшін кім не істемейді. Жасы толмаған қызды алып қашты деп соңдарына түсіп берсін. 1952 жылдың іші еді, Қарағандыға кеткен екеуін заң арқылы қайта алдырып, іс насырға шаба бастады. Бақ бергенде келініміз Базаркүл, ешкім зорлаған жоқ өзім келдім деуден таймады. Қай уақытта да өңеш майламасаң шаруаң оңала қоймады. Маңдайыма біткен жалғыз байталым бар еді. Қайын атаммен септесіп, соның орнына колхоз жылқысының ішінен бір ту биені таңдап алып, бір түнде Нұрекең Ғабдуалидың үйіне жеткізіп берді. Төрт жыл құлындамаған бие іші сырты бірдей ақтарылып түсті. Ақшасы бар Ғабдуали қызмет жасайтын қызметкерлері пышақ үстінен бөліп әкетті. Ғабдуали есебін тауып прокурор мен соттың өңешін майлап, келіннің жасын ұлғайтып, документтер жасап, қалған соманы қалталарына салып, Қарағандыға қоя бердік. Олар Қарағандыдан сыбыс сөз басылып, оқиғаның арты ұзаған соң Торғайға қайтіп оралып еді. Інісінің үйленіп, шаңырақ көтергенін өз көзімен көрген апам мен жеңешем үнемі Ғабдуали екеумізге ризашылығын білдіріп отыратын. Нағашыдан жалғыз Төлеухан үйлі баранды, балалы шағалы қазір Торғай қаласында тұрып жатыр. Бара қалсақ құшағын жая қарсы алады. Келсе шалқайып төрімде жатады. Бала кезінде көкелеп соңымнан еріп еді, әлі көкелеп тұрады айналайын. Келініміз қандай адам, майлы пұшпақ кең пейіл, үйінен қонағы кетпейтін, тамаша әйел. Төлеуханның шаңырағына бірлігі жарасқан он шақты бала сыйлады. Бұл да құдайдың бергені емеспе... Өзімнің де өмірге өкпем жоқ. Мен өткен өмір кезеңдері менің замандастарымның пешенесіне жазылған, аттап өтуге болмайтын тарихи кезеңдер еді. Кеңестік дәуірдің барлық зымиян саясатының куәсі болдым. Ұлы Отан соғысы жылдары отпен судың ортасында тоң жастанып, қар жамылған кан кешу кезеңінен аман оралып, әке шаңырағын қайта көтеріп, ұрпақ өсірдім. Өмірдегі басты жетістігім осы. Жамбасым сары тас болып жатып қалғаныма да алты айдың жүзі болды. Бәйбішемнің алдыма тосқан тағамын зорлап жұтқан боламын. Қазы қартадан, қымыз қымыраннан, бойыма жұғып әл болып жатқаны байқалмайды. Шамасы... деп өз ойынан өзі шошып көзін жұмды. Қолында леген құманы бар кемпірі жанынан жақындап, жылы суға шылаған жұмсақ орамалмен бет аузын сүртіп, аялы көздерін кең ашты, қу сүйек болып жүдеген отағасыға аянышпен қарап, теріс айнала беріп терең күрсінді. Шағын падносқа салып әкелген таңғы асты шалының қасына қойып: - Таңғы асыңды ішпейсің бе? - демек болған бәйбіше қарттың әлсіз қорылмен ұйқыға кеткенін байқады да осының ұйқысы көбейіп барады-ау,- деп жанарын сығырайтып қабырғада ілулі тұрған күнтізбеге қарады. Сәуірдің жиырма жетісі төсектен тұрмағанына тура алты ай. Балаларға хабар беріп едім: - Ертеңдері келіп қалатын шығар,- деп күбірлей сыртқа шығып кетті. Тұла бойын науқас меңдеген қария әлсіз ыңырсып, мойнын терезеге қарай сәл бұрып алып, Ханзадаш, Демеш пен Жанақай деп күбірлей бастады. Сырттан қайтіп кірген бәйбіше шалынынң күбіріне құлақ түріп, көгіс тартқан жүзіне көз салды. Аяғын ақырын басып, есіктен кіріп келе жатқан әкесіне, науқастың бас жағына отыр деп ымдап төсеген көрпені нұсқады. Қайын атасы қарттың бас жағына отыра бергенде ажары кете бастаған науқас, бар қайратын жинап, қолын ұсынып, әлсіз саусақтарымен атасынының қолын қысып, кірпігін қағып-қағып қойды. Риза көңіл білдіргендей сәл жымиған болды. Жанарын жұмып алған қара шал: - Жеңеше, Ханзада, Демеш, Жанақай, Ғабдуали,- деп бақилық болған тума-туғандарының есімдерін баяу күбірлеп, қайталап жатты. Мен сендерден қалмаймын, өздеріңмен бірге ала кетіңдер,- деп ышқына көтерген қолын бәйбішесінің уысынан суысыған қолы төсек үстіне сылқ етті. Науқас, Уһ!,- деп ауыр дем шығарды. Дәл осы сәтте қарт ақынмен жарық дүниені жалғастырып тұрған тағдыр жібі үзіліп кеткен еді. Түс 1976 жылдың 27 сәуірі. Жарық дүниеде аза тұтқандай күннің бетін жаба қойған қара бұлттар түнере жер бетіне төне түсіп, көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Сөз соңы Ақын дүниеден өтті. Ақыным деп құрметтеген Торғай, Тосын елінде Жанахмет ақынның қаламынан туындаған тамаша жырлар өмір сүруде. Өкініштісі сол, ақын шығармаларын ел ішінде насихаттаған жергілікті жыршылар; Жарылгасимов Көпжан, Ғабдуалиев Сейдәлі, Ерғалиев Қапсен дүниеден өткеннен кейін ақынның жырлары ұмытыла бастады, жинақталмай қалды. Сауатының аздығынан саясаттан бойын аулақ ұстап, партияны қолдан жасаған көсемдерді жырлауды мақсат етпеген. Шығармаларының негізгі тақырыбы замандастары, қарапайым еңбек адамдары. Олардың бойындағы жалқаулық, мақтаншақтық, сонымен бірге шаруашылықта кемшең жатқан кейбір олқылықтары ақын назарынан тыс қалмады. Табан астында жырға айналып, алдында кім тұрса да жасқанбай бетіне айтқан ақын талантының ерекше бір қыры. Екінші тың- қой шаруашылығын жылдам дамытып, қой санын көбейтуге бағытталған үкімет саясатын басшылыққа алған аудан басшылары арқаның -35,-40 градус суығында қойды қыс ішінде қоздатуға бет бұрыс жасайды. Совхоз басшылары ақынды Тосында қыстап қой бағып отырған атасы, Нұранға көмекшілікке жібереді. Қорада жарық жоқ. Жылу жоқ. Қысқы суыққа шыдас бермеген қой да, қозы да қырыла бастайды. Шаруашылықты аралап келе жатқан совхоз басшылары Шопанның қорасының алдына келіп, үзеңгіден аяқтарын ала бергенде қолтығында өлген екі қозы бар ақын шыға келсе керек. – Ассалаумағалейкум,- деп берген басшылардың сәлемін алған ақын, қолтығындағы екі қозыны қар үстіне тастай салып; Оқыған аманбысың мамандарым, Қошқардың айырмадың жамандарын, Бүгінде қозы жетім, қой көтерем, Осының таба алмадым амалдарын... дегенде парторг Асылхан деген азамат, - жігіттер Жәкең сөзін жазып, бізге әнін шығаруды қалдырыпты. Кеттік деп аттан туспей жүріп кетіпті. 1950 жылдардың ішінде Қаракөл колхозымен Екпінді колхозы қосылып, С.М Киров атындағы колхоз атанады. Аудан орталығынан елді ұнмен қамтамасыз ету Жанахмет пен Қапарға жүктеледі. Қыстың іші. Екеуі төрт түйе шанамен аудан орталығынан екі күнде бір қатынап ұн әкеледі екен. Қапар жалқаулау кісі болса керек. Ананы-мынаны сылтаулатып, қалайда жұмысқа шықпау жағын қарастырады. Күн бұрқасындау болып тұрған соң, бүгін демалып, ертең ертерек шығып кетейік деп айтпақ болып, Қапардың үйіне келсе, Кәбира деген жесір әйел ақ тер, көк тер болып, есіктің алдындағы қарды куреп жатқанын көреді де, - Апа, Қапар қайда, сізге көмектеспей ме? – десе керек. – Айналайын, Қапардың барынан жоғы, ұйықтап жатқан шығар,- депті. Жәкең Қапардың үйіне кіріп келсе, Қапекең жылы пештің түбінде, шай дастарханның үстінде қуырдақты енді алайын деп жатыр екен. Есіктен сәлем беріп, кіріп келгенін байқаған бәйбіше, Қақаңның алдындағы қуырдақты өзіне қарай тартып алып, үстін сүлгімен жаба салыпты. Мұның бәрін байқап қалған ақынның қаламынан Масыл Қапар деген тамаша сатиралық жыр туындаған. Шамамен 50-60 шумақ өлеңнің 3 шумағы ғана ел ішінде сақталып қалған. А Ақын Қапар туралы былай толғанады ; Жолдасым қасымдағы Қапар еді, Қапардың бұл бір шыққан сапары еді, Қос колхоз қосылған соң амалы жоқ Болмаса үйінде ұйықтап жатар еді, - деп Қапардың жалқаулығын, керінаулығын ұйқасы балталаса бұзылмайтын осы бір тамаша шумақпен сипаттай келе, Қапардың бір аты бар шуылдақты , Сүйеді табиғаты қуырдақты, Сүйседе табиғаты қуырдақты, Үйінен тәтті тағам бұйырмапты, - деп Қапардың танауының сыртқы ортаға жағымсыз шуылын тілге тиек ете отырып, қатқылдау бәйбішесінің ығынан аса алмай, сүйген тамағына қолы жетпеген бишара халін әжуа етеді ақын. Қапардың бір аты бар сүмелекті, Боранда есік алдын күремепті, Кәбира әбден күреп болғаннан соң, Қатты ұйықтап қалыппын деп түрегепті, - деп Қапардың болмыс бейнесін үш ауыз өлеңге сыйғызып, Қапар бейнесі арқылы бойкүйез, жалқау замандастарының портретін оқырманның көз алдына әкеледі. Бір ғажабы ақынның аузынана шыққан әр бір шумақтың өзіндік тарихы бар. Шамамен 1959 жылы болу керек. Қазақстанның ақ иық ақыны Нұрхан Ахметбеков Жангелді ауданында ақындар айтысын ұйымдастырады. Сол айтысқа Тосын өңірінен Жанахмет ақынды алдырады. Ертеректе екеуінің сөз қағысқаны есіне түсіп, әрі ақынды сынамақ оймен Нурекең: - Жанахмет, ақын болсаң алдыңнан кездескен адамға бір шумақ өлең шығаршы,- деп өтініпті. «Қоянның қашуына, мылтықтың басуы» - дегендей көшенің бұрылысынан Дәрібай деген кісі шыға келсе керек. Нұрханға жалт қараған Жәкең: Нұреке көрдіңіз бе Дәрібайды, Дәрібай қашан көрсең жарымайды, Көлкілдеп бет аузы ісіп жүрет, Құйсаңда төбесінен сары майды, - деп Дәрібайдың бар болмысын бір шумақ өлеңге сыйғызып сипаттаған ақынға, риза болған Нұрхан: - Жарайсың, Тосынның топ жарғаны,- деп миығынан куліп арқасынан қаққан екен. Жалпы Нұрхан өзінің өкшесін басып, иық қағысып, келе жатқан Торғай ақындарының ішінен Жанахмет ақынды ерекше бағалаған. Ақынның сындарлы сөзі мен шеберлігі, шешендігіне риза болған Нұрхан айтысқа қатысқан ақындарды сипаттай келіп, Жанахмет ақынның палуаны: - Күрессе тобығына шаң жұқпаған,-деп әділ бағасын берген. Айтысқа дейін де Жәкеңнің ойынан туындаған тамаша жырлар ел арасына тарлып кетіп жатса да, ақынның жарияға шығуы 1959 жылғы Әли ақынмен айтысы еді. Айтысты бастаған Жәкең: - Ассалаумағалейкум, Әли аға! Теңейді сізді халық дарияға, Сізбенен айтысқалы келіп тұрмын, Сыналып шықпасамда жарияға, - деп өзінің бұрын соңды халық аладына шықпағанын жасырмайды. Айтысты сыпайы бастаған ақын Әли ағасын айтыстың өн бойында құрметтей отырып сипайы аяқтайды. Бас аяғы шымыр сатиралық шумақтар айтыста кеңінен қолданылып, аудан өмірінде болып жатқан олқылықтардың шынайы суретін көз алдына әкеледі. Күні кешеге дейін әр бір ауданда аузын аспанға білеген, мемлекеттің қыруар қаржысын желге шашқан көгалдандыру мекемесі жұмыс істеді. Жыл сайын мыңдағын түп ағаш отырғызылып, бір түп ағаш бой көтермей, түрлі себептермен Акті жасалып, есептен шығарылып жататын осы жағдайды ақын былай суреттейді. - Отыз жыл ағаш ектің ай далаға, Алдыма оны халқым пайдалана, Кешкілік серуенге шыққан халқың, Паналар жырақана сай салаға, - деп ащы шындықты халаққа жайып салады. Аудан басшыларынана сескенбей шынайы шындықтың бетін ашу тек Жакеңе ғана тән құбылыс еді. Көше бойымен келе жатып, дүкенге кірсе, үлкендеу екі әйел, жасымастау сұлуша келіншекпен дүкенші төртеуі ғана екен. Дүкен ішін қарап жайбарақат тұрған ақынның құлағына әйелдің дүкеншіге екі келі қант өлшеші дегеніне, қазір деп жауап берген дүкенші жасамыстау келіншекпен әзілдесіп, кекселеу әйелдің сөзін құлаққа іле қоймайды. Ашуланған әйел: - Қалқам, Нәзір екі келі қант үшін қанша тұруым керек? - деп ашу шақырса да Нәзір мырза қазір деп күйбеңдеуден танбапты. Ақынның қырағы көзі Нәзір дүкеншінің халыққа қызмет жасаудағы жіберген кемшін тұстарын қалт жібермей және оқиға қаз қалпында айтыста көрініс тапқан. Ақын: - Қалада бір дүкенші Нәзір деген, Бір нәрсе сурай қалсаң қазір деген, Өзінше асыққан боп бүгжеңдейді, Онымен ештеңе жоқ әзірленген,- деп дүкеншінің халыққа қызмет жасаудағы жауапсыздығын әшкере етеді. Гор Советтің сатып алған қара қасқа бұқасының ауылдан келген пошташы шалды жарып тастағанының куәсі болған ақын оқиғаны былай суреттейді; Алыпты бұқа сатып горсоветің, Алысқан арыстанмен өр советің, Қалада қара қасқа бұқа тұрса, Емес ғой сырттан келіп,жан кіретін. Бұқа емес алғандарың тажал екен , Қаланың шалдарының ажалы екен, Ақшаға ажал сатып алғандарың, Жалғанда естілмеген ғажап екен,- деп жырға қосып, орашалақ бастық оралымсыз шаруашылықты алмастай өткір тілмен осып-осып жіберген. Жоғарыдағы шумақтарды біреуден естіген горсовет бастығы Жәкеңе ағалығын көлденең тартып, осы шумақтарды алып тастасаң қайтеді, - дегенде ақын: - Аға, айтылған сөз атылған оқпен тең, -деп жүріп кетіпті. Қарсы жақтың шаруашылықта жіберген олқылықтарын дөп басып, шындықтың шырылдата бетін ашса, өз елінің еңбектегі ерен жетістіктерін асқақтата жырлайды. Мына төмендегі шумақтарға көңіл аударайық; -Қарашы жер жәннаты Зекеніме, Зекенге сірә жерім жетеді ме? Арайлы аспанында таң шолпаны, Айналған малшы ауылдың мекеніне,-деген шумақтан туған жерге деген ыстық ықыласы айқын сезілсе, одан кейінгі өлең жолдарында; Мақтасам жарасады Болатымды, Ол өзі қой бағуға жаратылды, Жүз қойдан жүз отыз бес қозы алып, Атағы елден елге таратылды,- деп қарапайым еңбек адамының ерен табысын шабыттана жырлайды. Сейсенов Болат сол кездегі үкімет саясатымен мектеп бітірісімен әкесінің таяғын ұстап, қой баққан комсомолдардың бірі еді. 100-інен -135 қозы алып, Республика, облыс газеттері Болат туралы шуылдап жазып жатқан кезді сәтті пайдалана білген. Еңбек істеген адамның табысы жылдан жылға еселеп артып, тұрмысының жақсарып келе жатқанын ақын; Қаланың төрт үйіне төсек болады, Оңайдың былтыр салған бір түндігі,- деп айшықты шумақтармен айқындай түседі. Ақынның қай өлеңін алсаңда қарапайым қазақы, көп пәлсапаға бара бермей жалпақ оқырманға түсінікті тіл қолданысымен жазылған, мына бір шумаққа назарымызды аударайықшы; Қисайып мектебің тұр құлайын деп, Жақындасаң тұрғандай ұрайын деп, Жағалай іші-сырты кілең тіреу, Ішінде балалар отыр жылайындеп,- 19 ғасырдың екінші жартысында салынған Ыбырай мектебінің сол кездегі сыйқы. Осы шумақтан бір артық сөз табуға бола ма? Жоқ. Бәрі өз орнында, ұйқастары айрылмастай қиюласқан. Дәл сол уақыттағы аудан орталығындағы жалғыз мектептің аянышты халін қарапайым оқырманға, ұғымды да түсінікті тілмен жеткізе отырып, мектеп үйінің суретін оқырманның көз алдына алып келеді. Мұны ақынның шеберлігі демеске бола ма? Ақынның жырлары оқырманға осындай ерекшелігімен қымбат. Жасы ұлғайған шағында жазда жүргізуші, қыста совхоз орталығына жарық беретін электро-станциясында моторист болып жұмыс істеген. Жұмысқа жаңа келіп орналасқан пысықай инженер, Жәкеңе ананы-мынаны айтып, жөнсіз мазалай беріпті. Бастықтың орынсыз мазалай бергеніне намыстанған ақын қаламынан тамаша жыр шумақтары туындаған. Қарағым айналайын ожан бала, Орынсыз маған келіп қожаңдама, Үйірге жаңа түскен бесті айғырдай, Болайын деп тұрсың-ау мазаң ғана,- деген шумағы ел ішінде сақталып қалған. Өлең көлемі жағынан 10-15 шумақтай болатын. Елдің абыз ақсақалдарының бірі - Ғазез Әмірханов мені Южный совхозына жұмысқа алып бара жатып, көзімше жатқа оқыған еді. Саусағын шошайтып- әй бала, бұл өлеңді шығарған сенің әкең, есіңде болсын,- дегенін ұмыта қойған жоқпын. Ғумырымда екі-ақ рет арыз жазуыма тура келді деп отырушы еді. Елуінші жылдардың іші колхоздың жалғыз машинасының доңғалағы айналса, жарбиып кабинадан түспейтін басқарма шопырдың машинаға керек бөлшектерге ақша беріңіз дегеніне бірнеше айтса да құлағына іле қоймапты. Амалы таусылған ақын басқармаға машина болып арыз жазған. Машинаның басқармаға арызы. Басеке шаршадым ғой әбден азып, Бір жолға жүз литр май болмайды азық, Дәретім көптен бері тоқтамайды, Қуығым ішкен суды сақтамайды. Тағы да бір кемістік көзім соқыр, Ұрысады соқырсың деп маған шопыр Не керек ауырмайтын бір жерім жоқ, Одан да рұқсат бер шопырыма,- деп жазып, өзінің арызын қоса тіркеп, басқарманың алдына тастап, машинасын қаңтарып қойып, үйіне келіп жатып алыпты. Машина ремонтына ақша бермесе, іс насырға шабатынын сезген басқарма, колхоздың бас есепшісінен машина ремонтына жететіндей ақша беріп жіберген екен. Қай кезде де қысқа жіп күрмеуге келмейді емеспе, қысқа қарай соятын соғымға қысылыңқырап қалады. Совхоз конторына келсе, директорға соғым сұрап арызбен кіргендер, кабинеттен құр шықпай, көңілді шығып жатқанын көрген ақын: - Шапанымды шешіп алып қалмас,- деп отыра қалып, қаламы жүйріктеу біреуге өзі айтып отырып, арыз жазған екен. - Арыздың бастамасы директорге. Паорторг, зоотехник бәрің бірге, Батаның бас есепші ішінде бар, Тірелер экономист Кәдіргеде. Мәнісі арызымның соғым сұрау, Ақшам жоқ оған қазір төлейтұғын, Беремін ортан қолдай екі бұзау. Дәл қазір екеуінің күйі жақсы, Жаз бойы тарыққан жоқ от пен судан, Екі қап жем де жеді аузын буған, Арызды жазған кісі шофер кісі, Келмейді текке қарап отырғысы, Он жылда бір соғымның реті бар, Еңбек етіп жүргесін жазады кісі,- деп жазылған арыздың мәтінін оқыған совхоз басшысы. – Мына кісіге бұзауларын алмай-ақ бір соғымның ретін келтіріңіздер,-деп бас зоотехкникке нұқсау берген екен. Жоғарыда келтірілген үзік-үзік шумақтар халық арасында бүгінге дейін сақталып келеді. Ел жадында қалмай ұмыт болғаны қанша ма? Ерғалиев Қапсен жырлаған «Теке көз Айтбай» жыры шамамен 80-90 шумақтан тұратын. Қазір ешкім біле бермейді. Ал қуатының бар кезінде екі дастан жазғанын айтып отырушы еді. 1. «Қараша қаздар қайтқанда» - совет әскери тұтқындарының лагердегі ауыр жағдайы, тіршілігі, қажымас қайраты, отанға деген сүйіспеншілік, фашизмге қарсы қапастағы күрес туралы сыр шертетін тамаша туынды болса керек. 2. « Қазақтың сары баласы» - Отан соғысы жылдары өзіммен бір бөлімде болып, бірге соғысқан Николай есімді Қостанайлық жас лейтенат туралы жазылған ерлік дастан еді. Ақынның жұмыс кабинеті машинаның кабинасы болса, жазған шығармаларды өзімен бірге алып жүрген. Амал бар ма? Екеуі де қолды болды. Нағашы-жиендікпен біреулер алып, қайтармай қойды ғой деп ойлаймын деген еді. Қаузаған тақырыпты қайта көтеруге денсаулығым мұрша бермеді дейтін. Бір қызығы ақынның бізге жеткен азын-аулақ мұрасында тұрмыс-салт жыры, оның ішінде жоқтау жыры кездеседі. Көне көз қариялардың айтуы бойынша жырдың тууына нағашылары Ілияс пен Алқаубайдың қазалары себепші болса керек. Оқиға шамалауымша былай өрбіген. Түйемойнақта отырған азғантай елдің сыйлы азаматы тінет Самат молданың сойған соғымы ерен семіз болып, соғымның шекесі, тоқпан жілігін асып ел азаматтарын, көрші-көлемді қонағасыға шақырса керек. Сол топтың ішінде ақынның нағашысы Ілияста болған. Семіз соғым етіне милықтай тойып, артынан шаймен сусындаған көрші көлем түннің бір уағына дейін әңгіме соғып, үйлеріне тарасыпты. Марқұмның татар дәмі таусылған болар Ілекең ұйқыдан тұрмай бақыйлық сапарға аттанып, кетсе керек. Малшы ауылға келген пошташы шалдан Ілекеңнің қазасын естіген ақын Сейдәлі досына: - Мен нағашымды жоқтап келейін,- деп еріттеулі тұрған атқа міне жөнеліпті. Шауып келген бетте сыртта жүрген ешкімге мойнын бұрмай, үйге кіріп келіп, босағада ілулі тұрған шапанды басына бүркей салып нағашысын жоқтай жөнеледі. Есіктің алды ебелек, Қар жауады себелеп, Бір тойғанын көтере алмай, Өліп қалған сүмелек, Бақандай еді қолдарың, Сабадай еді шалбарың, Жалғыз балаң келгенше, Өлме деп ем болмадың,- деп зарлай жөнелген ақынды тоқтатпақ болған Самат молданың әрекетінен ештеңе шықпай, қазалы жанның болмысы, кескін келбеті сомдалған тамаша жыр сол жерде туындаған. Ел аузында сақталып қалғаны сегіз-ақ жолы. Шамамен 15-20 шумақ көлемінде болған. Сол Тосын елінде наурыз айының 27-30 аралығы көз бермес қарлы боран болған екен. Күні осы уақытқа дейін айдың осы уақытын халық Алқаубай боран болған күн деп естеріне алып отырады. Поштшы Алқаубай өгіз шанамен малшы ауылға пошта апармақ болып шығып кетеді. Қатты үскірік боран басталып пошташы бағыт бағдарынан айырлып адасады. Боран үш күнге созылады. Күн ашылып, боран басылған соң пошташыны іздеп шыққандардың ішінде ақында болған. Қар астында қалған Алқаубайдың мәйітін бір жерден, кер өгіз жегілген шананы екінше жерден тауып алған. Осы оқиғаның куәсі болған ақынның қаламынан Алқаубайдың аянышты тағдырын суреттеген жыр дүниеге келген. Бекбосынның баласы едің, Қамқа тонның жағасы едің. Почта тартып жүре тұғын, Алтыбастың ағасы едің. Көпәике кидің мақталы, Өлген соң жұртың мақтады. Алқаубай өлген бораннан, Кер өгізді құдай сақтады. Неге мініп шықпадың, Қорада тұрған тайыңды. Екі-үш күн жарық қылдық қой, Бір жартылық майыңды, - деген шумақтары күні осы уақытқа дейін халық жадында, көлемі шамамен 20 шумақтай болған,- деп есіне алды Ибраев Ахметбек ақсақал.