Ғажайып
Өмір тосын сыйлардан жалықпайды,
Бос қиял кеңістікте қалықтайды.
Өткеніңнің естелігі жұбатқанмен,
Келешек көлгірсиді жұмбақтаумен.
Бұлдырайды болашақ тым күмәнді,
Көбейтердей онсызда көп күнәңді...
Әр қадамды мұқият аңдағасын,
Сүрінгенде тағы кеп таңданасың.
Шыдар ма екен намысың құрықтауға,
Күнің түссе, арсызды ұлықтауға?
Жете ме ар ақ жолды ұмытпауға?
Бола ма тағдырға шаң жуытпауға?
Көнермісің өмірлік сынақтарға?
Түсермісің құрылған тұзақтарға?
Ойланба қарап түпсіз ұзақтарға,
Жауапты қажет етпес сұрақтарға.
Таң қалары таусылмас бұл жалғанның,
Биігіне шағарар да арманның...
Әлде нұсқар қараңғылық қабірін,
Ұмыт қылсаң жер үстінің қадірін.
Не күтерін білмейсің сен алдыңда,
Уақытшаға тағы алданып қалдың ба?..
Күңгірттенген келешектің пердесін
Аша алмайсың алдын ала, жердесің!
Белгісіздік шексіз азап болғанмен,
Жүріп көрдім ұсынылған жолдармен.
Тіл табысып әділетсіз жалғанмен,
Тамашасын айырып та қойғам мен.
Сөзге сенер мейлі қалсын азайып,
Келісер жан болмаса да жазайық:
"Қатал" деген баға беру - таза айып,
Бұл өмірдің екінші аты - "Ғажайып"