Сүлейменнің ажалдан аман қалуы
Қарс айырылған қазақтардың жүрегі,
Ойран салған отыз жетінші жыл еді.
Тілсіз, дінсіз, салт-дәстүрсіз қалған жұрт
Келешекте қалай өмір сүреді?!
Молда, ишанға қайтпай қойған бетінен
Қолы қанды комиссарлар жекіген.
Қолын байлап, қойдай айдап аулаға,
Жар қасына тіреп қойды шетінен.
Командирі қызылдардың жарға кеп,
Сауал қойды; «Айтшы, Құдай бар ма?» –деп.
Жауап қатты ақ сақалды қария,
«Астапыралла! Алла, өзің қорға!» –деп.
Сол оқиға өзегімді өртеген,
Мылтық дауысы қатты шықты желкеден.
Ақ сақалы қызыл қанға боялды,
Азан дауысы естілмеді ертемен.
Қайталанды содан кейін сол сұрақ,
Адам болсаң, бұл қорлыққа көр шыдап.
«Алла бар!» – деп жауап берген жендетке
Мұсылманның ақты қаны тамшылап.
Осылайша демін жұтып ақырғы,
Отыз адам, отыз ғалым атылды.
Тіршіліктен үміт қылған бірі жоқ,
Шарасыздан, өкініштен аһ ұрды.
Елдің іші астан-кестен үрейден,
Тоқтасын деп қанды қырғын тілейді ел.
Ұсталғандар ішіндегі ең жасы
Марал ишан немересі Сүлеймен.
Жетпей тұрып атылатын кезегі.
Бәлкім, ажал кеп қалғанын сезеді.
Сүлейменнің қасындағы қария
Жанындағы жігітке айтқан сөз еді:
«Балам, өте жас екенсің, абайла.
Бұл сұмдықты елге жеткіз, соны ойла.
Амал жаса, төніп тұрған ажалдан
Ақыл тапсаң, құтылып шық қалайда»
«Алла ғана әміршісі жер-көктің,
Жаратқаннан әмір болмай өлмек кім?!
Бірақ, сенің Алла берсін жазаңды» –
Деген сөзді бетіне айтты жендеттің.
Жер бетінде көрген талай тозақты ел,
Қарақшының барар жері азап, көр.
Желкесінен тұрды төніп жалмауыз:
«Құдай бар ма, жоқ па, соған жауап бер!»
Жасау керек енді қандай амалды,
Жігіт ойы тығырыққа қамалды.
Келер ұрпақ білу үшін шындықты,
Алдап соғу керек мына тажалды.
Қысылғанда сабырын да тауыспақ,
Адал болсаң, иманыңды қал ұстап.
«Алладан басқа құдай» –деді сыбырлап,
«Жоқ!» дегенді айтты, бірақ, дауыстап.
Бір ажалдан аман қалды бозбала.
Дейтіндер бар: «Өткен күнді қозғама!».
Жылап тұрып кейінгіге айтылған
Сүлейменнен қалған бізге сөз ғана.
Адал сөйлеу – ер жігітке ол да сын,
Қалды ол сақтап жүрегінде Алласын.
Қалған қорғап иманы мен сенімін,
Ізгілерді Хақ Жаратқан қолдасын!