Зарлы заман, керменде шер
Әр кезең кесепатты болған. Келте тұсы мен келеңсіздігін өтер ұрпақ өскелең ұрпаққа қынжыла айтып шерменде шерін тарқатқан.
Социализм заманындағы асарын асап, жасарын жасағанның балаң мұрт баласына айтары мынау: «Феодализм деген заманда туылыппыз. Көз ашқаннан көргеніміз көл мен тау, ығы-жығы мал. Ес біліп етек жапқаннан баққанымыз мал, ішкеніміз айран-қымыз, тергеніміз қарақат, ойнағанымыз асық, жарысымыз бәйге, көңіл көтереріміз көкпар мен алтыбақан ғана болыпты... Несін айтасың, ертелі кеш тау-тасты кезіп-ақ күніміз өтіпті.
Заман сендердікі, оқу-білім шамшырағың, қара танып таяқты әріп деп білген сендерде не арман? Оқы-тоқы, бар бітіретінің сол. Ғылым-білімге даңғыл жол. Оқитының алдыңда, оқымағаның артыңда, тегі болмаса техника тілін меңгеріп тыр-тырлап тірлік кешесің.
Білім қайнары кітапты айтпағанда, кітапханада жайнамаздай жайылып жатқан газет-журналың анау, сәт сайын сарнап тұрған теле-радиоң мынау... Қайсыбірін айтайын, армансыз-ақ ұрпақсыңдар! Ерте туылып, қараңғы қапас кезеңге балалық бал дәурен тап келгеніне өкінеміз!»
Кеңес заманы келмеске кетіп, капитализм құшақ жая қарсы алғандағы ата болған ақсақалдының артына қарап айтары мынау:
«Кітап оқып көзмайымызды тауысыппыз. Күні-түні қағаз кеміріп кітапханада өткен қайран күндерім-ай! Трактор жүргізіп, машина айдағаныма алданған алаңғасарлығымды қайда қоясың.
Заман сендердікі, кітапхананың есігін тарс жауып, кітап атаулыны парақтауды пақырдың ісі деп білесіңдер... Компьютерің болса, ішінде «әлемтор» тулап жатса болды – заман сенікі, басқаға пысқырып та қарамайсың.
Білім де сенде, ілім де сенде, ең аяғы ойын баласының осылар ойынның көкесі де «әлемторыңда».
«Әлемторыңнан» босай қалсаң құлағыңдағы «күйсандық» күбірлеп-ақ әлем-тапырақ... Айшылықты алақанда еткен қалта телефоныңның қызық-шыжығы неге тұрады.
Қайда қарама, кімге үңілме – бәр-бәрін базарлы еткен капитализмге құлшық ұрасың!.. Тыр-тырлаған техникадан құлақ тұнады, күн өткен сайын жаңарып-жасарып жатқан технология атаулыға көз қарығады, жанар жасаурайды... Неткен бақытты ұрпақ!»
Бұл бұл ма, ал бұдан ғасырлар ілгеріде де заман зары айтылып, әкесі баласының тар келген таңғажайыптарына қызыға қылғынып шерін тарқатары сөзсіз. Ал не нәрсенің де шегі болары тағы бар, іркіліссіз ілгері жылжыған бір ғасырдың бір заманында бір көзі қарақты ұрпақ асарын асап, жасарын жасап барып заманындағы азып-тозған ұрпағына қарата былай деп шерменде шер шерткен екен:
«Заман-ай! Ілгері кетемін деп тілерсегі қиылған кезең-ай! Бесіктен белі шықпай-ақ технологияның құлына айналған ұрпағым-ай! Ай-ай, сол бір табиғаты тамаша, туылғаннан көргені көркем тау мен көл, төңірегі толған жасыл желек кезең қайта айналып келер ме еді! Көз ашқаннан көргені ығы-жығы мал болып, ішкені айран-қымыз, тергені қарақат, ойнағаны асық, жарысы бәйге, көңіл көтерері көкпар мен алтыбақан болған бағзы заман-ай! Сол заманның ұрпағы неткен бақытты едің!..»