Адам қарады: 476 | Жарияланды: 2019-03-26 02:59:55

Аруақтың монологы

...Аппақ жарық... Тозаққа баратынымды қайталай беретін бір дауыс құлағымнан кетер емес. Бар күнәләрім үшін жауап беретінімді өзім де білемін.Менің өлімім мезгілсіз келген, қасиетсіз өлім болды.Бұғанам қатпаған жас баламын. Тіршіліктің қызығын көргем жоқ,оның үстіне тәңір жіберген ажал емес.Адамдар өлімнен қорқады, үрейленеді.Ал, мен - сол өліммен бетпе – бет келген, оны өз еркіммен қабылдаған жанмын.

Жасымнан әкесіз қалып,анам емі жоқ індетке шалықты. Шыны керек, осы халіме тек өзім ғана кінәлімін.Бұлттардан асып, ұшып барам. Ішімді өртеген осы бір өкініш, жантүршігерлік сұмдықтың елесі мені тозақта да аңдыйтын сияқты...

Бұл оқиға тоғызыншы сыныпқа көшкен жылы басталған. Әдеттегіше таңғы асымды ішіп,кітаптарымды сөмкеме сала бастадым. Кешігіп бара жатпаған соң, аяғымды біреулерге еліктей асықпай басып, терезенің алдына бардым. Сөйтіп тұрғанымда оң жақтан анамның ыңырсыған даусы шықты. Бәлкім біреулерге бұл аянышты болып сезілер, бірақ, менің бүйрегім бүлк етпейтін.

Анамның төсек тартып жатқанына үш жылдай болып қалған еді. Жағдайының нашарлығы соншалық, тіпті, сол “құтты” орнында тұрғанына отыз жылдың жүзі болып қалған ескі төсектің сықыры әлсіз дауысты жұтып қоятыны сонша,адам үні мен төсек сықырын айыру мүмкін емес еді. Маған өмір сыйлаған асыл жанның халіне бір жағынан жаным ашыса, бір жағынан намыстанатынмын.

Сол күні сыныптағы балалардың әңгімесін құлағым шалып қалды. Пәлі!...Бұдан асқан сатқындық болуы мүмкін бе? Досым деп жүрген Асылбектің мен туралы айтып тұрғанын қараңыз! Айтты деппін-ау! Жағдайдың өңін мың айналдырып, бізді қорлап тұр. «Үйлерінде бір жұтым су жоқ, біз болмасақ аштан қататын түрлері бар»... Жағдайымыздың нашарлығын мойындаймын, бірақ ол айтқандай қайыр тілеудің аз-ақ алдында отырған жоқ едік. Асылбектің сол жексұрын бейнесін көз алдыма елестетсем әлі күнге денем түршігеді. Ол - анамның жан құрбысының баласы, менің жақын досым.

Жақсы көретін, жақын адамның сатқындығы ауыр тиеді екен. Сол күннен бастап анамды жеккөру сезімі бойыма тамырымда аққан қандай тарап, жайыла берді. Не істемедім десеңші! Бірдеңе сұрай қалса, зілдене зекіп жауап беруші едім. Жаулығын орап берген сайын екі-үш тал шашы менің қолымда кететін. Белін уқалап берген болып, шынтағыммен нұқып, ауырсынған даусы шыққанда, “кешір, байқамай қалдым, кешір” деп өтіріктен өтірік абдырап, түк білмегендей мүләйімси қалатынмын. Анам менің әдейі істегенімді білетін сияқты , бірақ , байғұс сонда да қабақ шытып қарамайтын. Жүзінде бір де бір рет маған деген реніш, ашу көрген емеспін.

Уақыт өтіп жатты. Ал, менің жүрегімдегі жалған намыстан туған, түкке тұрғысыз өшпенділік күн санап арта берді. Адамның кейде бір нәрсеге құнығып кететіні болады емес пе. Міне, менде тура сондай оңазалық пайда бола бастады. Анамды қинау міндетім сияқты... Қысқасы, мен-нағыз айуанға айналдым.

Бір күні мектептен шаршап келдім. Шынын айтайын мен үйге басқа барар жерім болмағандықтан ғана келетінмін. Жолым болмай, балалармен ұрысып қалып едім... өзім ашуланып келгенде төсекте жатқан анам көзіме сондай жиренішті көрінді. Бүгін орын алған келеңсіз жайттарға сол кісі айыпты болғандай кінәлай қарадым. Алғашында жай ғана іштей ашуландым... Бір екі рет жұлқылап алдым да, соңынан өзіме ие бола алмай, қазір тозаққа аттанып бара жатқанда да өкінетін ауыр-ауыр сөздер айттым...

Сөйтіп не керек, жатып қалдым.Таңертең тұрып үстелге бір шыныаяқ су менен бір жапырақ нан қойдым да, мектепке бет алдым. Неге екенін білмеймін сыныпқа кіріп отыра салысыменен жүрегім атша тулап, кеудеме сыймай бара жатқандай алақызып отыра алмадым. Өзімді қоярға жер таппадым. Неге осынша қобалжығаныма ақылым жетпеді. Әдеттегідей үй жұмысын кімнен көшірудің лажын таба алмай отырғандықтан ба деп те ойладым. Назарымды басқаға аударайын десем де, көз алдыма тек анамның қой көздері елестейді. “Сені жақсы көріп, аялап, тілеуіңді тілегеннен басқа не жазып едім?!” деп тұрғандай. Мазам қашып, құлағым шыңылдай бастады. Не керек, сабақтан сұрануыма тура келді.Біздің жағдайды білгендіктен бе, әлде, басқа себеп болды ма,білмедім.Бұл жолы да неге сұрандың деген жоқ.

Мектептен шыға аяғым аяғыма тимей үйге қарай жүгірдім. Анам жататын төргі бөлмеге кіріп, көрпесін ашып қалып едім... О, Құдайым-ау! Беті-аузы қу сүйектей боп-боз, жүзінде менің адам сенгісіз қатыгездігімнің ізі бадырайып тұр.Анам дүниеден өтіп кеткен екен...

Мен өзімнің адамшылықтан шыққан айуандығымды сонда сезіндім, дегенмен одан көрі анамнан айрылып қалғаныма деген өкініш әлде қайда күшті. Бірақ кеш еді.Енді ештеңені орнына келтіре алмайтыным анық. Анамның алдындағы ауыр айыбымды жуар амалым қайсы? Енді оның керегі жоқ, тіпті маған өмір сүріп тірі жүрудің де керегі қалмағанын сонда білдім.
Сүйікті достарым мұндай тағдырды бастарыңа бермесін, аналарыңды сыйлаңдар.

...Аппақ жарық...Менің тозаққа баратынымды қайталай беретін бір дауыс...Бұл жалғандағы қатығездік,жауыздық осы оқиғаммен бірге шегіне жетіп,жойылса екен...

 

 













 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған