Адам қарады: 654 | Жарияланды: 2019-03-28 02:32:17

Сексеуіл

повесть

Ормандағы өрт

   Таңдайы кеуіп, ыстық желден жапырақсыз жан сауғалаған сексеуілдей болу үшін мол шыдам мен бүрлі табан төзімділік қажет-ақ. Сексеуілдің бұралаң болып келген діңі мен бұтақтары тасасында бой көрсеткен қоян жан-жағына алақ-жұлақ қарап, біресе Балқаш көлі жағынан келе жатқан алпауыт тілсіз жауға, біресе соңынан өршелене қуып, сәл байқалса бас салмақшы болған аш қасқырдан қашып келеді. Екі құлағын елбеңдетіп, болмашы тықырды тап басып, секемдене түсетін әдеті тас жол бойындағы көлік гүрілі естілгенде қайта қозып, бір уыс жүрегін дүрсілдете жөнеледі. Әп-сәтте жанынан зу ете қалған жеңіл көліктің ащы кермек түтіні желмен ығып, еріксіз түшкіртті. Болмашы пысылдың өзінен кәдімгідей үрейленіп, шағыл құм үстінде сағым ойнаған сар даланың тұс-тұсынан жау анталап келе жатқандай бір орнында үрпейісіп қалды. Үркек сезім бойын қалтыратып, жағымсыз иіс пен үрейге шыдай түсіп, көпке дейін сексеуілдің түбінен шықпай қойды.

   Тымырсық түн ұрлана жылжып келе жатты. Бұл кезде аш қасқыр арсалаңдап алға ұмтылғанымен, аңызақ жел соңынан сусыма шағылдың шаңын шашыратып, жүгірген жолын әлемтапырақ қылып, жемтігі ізін суытып үлгерген. Жаңа ғана жылы етке тісі тие бергенде, түнімен жортып, жалқы олжасынан оңай айырылып қалған әлжуаз қасқыр ашудан тістеніп келе жатты. Құм суырған алапат аңызақ жел бәрін жайпап жіберердей. Бөрі бұлдыр дала үстіне ғайыптан талып естілген болмашы дыбысқа құлақ түріп, жортып келеді. Сәл аялдауға, жерге жабыса жата қалып, қуыс қарын дірдек қақтырған денесін дамылдауға мұршасы келмеді. Аштық титықтатқан құр сүлдерін, жонын күжірите сүйреп, тұла бойы азынап, соңынан қуған айдаһардың тіліндей, қарсыласуға бет қаратпайтын нәубетке мойын бұрып қараумен болды. Осы ғаламат тажалдың өзі аштық сезімін жеңіп, алға жетелей түсті.

    Түн ортасы әлетінде орман қорықшысы оянып кетті. Парманбек жаман түстің бекер емесін сезгендей, құрысып қалған денесін ысқылап, картонның кішкене терезесінен сыртқа үңілді. Құдды таң атып келетіндей сонау батыстан қызыл алау көзге шағылысты.  Картонның тапал терезесінен түскен алау сәулесі жалт-жұлт етіп, құбыла ұшқын ойнайды. Бұл картон деп аталып кеткен құрамалы үй құдды секілдеген арбадан түсіп қалған қорап секілді, тоғай ішінде шашылып өскен ағаштардың ортасынан орын тепкен. Сәл әрірек барсаңыз, Қараталдың сағасына ілігіп,  толқындардың жарқабақтарға басын соға, жағалаудан жаймашуақтана ағып, жақпар тастарды сүйіп өткенін көресіз. Жайдақ жерде сәл саябырсып, толқи аунақшып, арындай жөнеледі. Беймәлім меңіреу күшпен қайтадан жағаласып, аласұра алысып, қайранда өзіне жол салуға ұмтылады.

     Орманшы картон ішінде бір дірілдеген әлсіз жарықтың жыпылықтап тұрғанын, терезелер қызыл арайға малынып кеткенше бірте-бірте зорайып кеткенін көрді. Парманбек есін тез жиып алды. «Құдайым-ау! Бұл өрт болмаса неғылсын?» деп, іле сыртқа шығып, мұнарадан тілсіз жаудың көршілес аймаққа бет алғанын көрді. Картонға қайта кіріп, әріптесіне қоңырау шалды.

- Әлеу, Шаматай, естимісің? Орман өртеніп жатыр! – Рация дауысы қырылдап, жаңғырып естілді. Шаматай қорқынышты түстен шошып оянғандай төсегінен атып тұрып, бырылдап жатқан рацияға жармасты.     

- Парманбек, бұл сен бе? Не дейсің? Өртенгені несі? – Ол көзін уқалап, ұйқылы-ояу күйде теңселіп тұрды.  

- Орман өртеніп жатыр деймін саған!

- А-а, солай ма? Орман өртеніп жатса, өрт сөндірушілерді шақырмаймысың! Менің қатысым қанша?!

- Есің ауысқан ба?! Өрт сен жаққа келе жатыр!

- Не? Ойбай, бірден солай деп айтпайсың ба?! Қай тұс өртеніп жатқан?!

- Қараталдың бойы. Сен өрт сөндірушілерді шақыр. Мен өрт шыққан жаққа бара берейін. Сен де қолына сапалағыңда алып шық.

- Мына жетіқараңғы түнде екеуіміз не бітіреміз?

- Көп сөзді қой. Атқа мін де, соңымнан ілес. Мен сені сол жерде күтем.

  Рация байланысы үзіліп кетті. Шаматай ділгіріп қалды. Жүрегі дүрсілдей жөнелді.. «Орман өртеніп жатыр» дейді ғой. Әй, осы Парманбек те қызық. Бұл бар ғой, өстіп жүріп болмашыға даурығып, сау адамды майып қылар бір күні. Қой, қамданбасам болмас».

  Парманбек «Шіркін, осындайда найзағай ойнап, жаңбыр құйса ғой» деп армандап кетті де, осынау даланы мылқау тыныштық пен көзге көрінбес үрей билегенін сезді. Бұл кезде аспандағы тәкәпарлана қарап тұрған жұлдыздардың қарасы азая бастаған. Ай да солғын тартып, жер мен көктің арасында пайда болған алапат түтіннен көз аша алмағандай көмескілене берді. Қаратал өзенінің арғы бетіндегі төсеу су астынан шошайған, сорайған ешкі тал үдірейеді. Соның арасынан сарқырай аққан өзеннің тынымсыз шуылы үзілмей, орманда үнемі жел соғып тұрғандай әсер қалдыратын. Кей жылдары тауық жүгіріп өте шығардай таязданып та қалатын. Өзеннен алыстай берген сайын арагідік ұшырасқан сексеуілдің шоғыры молая түседі. Әр көктем сайын Сарыесік-Атырау өңірінде сексеуіл топтана жайқалып, жер бетін ешқашан құм баспас үшін көз тарта құлпырып, адамдардың мейірі жағымды қоңырқошқыл иіске қанып, құм ортасындағы шағын ауылдардың тұрғындары туған жерінен жырақ кетпес үшін үнемі ұрығы төгіліп тұратын.

   Парманбек асығыс киініп, қолына сапалағы мен қол шамын алып, атты ерттеп мінді де, өрт шыққан жаққа қарай жөнеліп кетті. Жолда қолшамның жарығына көзі қарығып, әлгінде ғана қасқырдан қашқан қоянды көз шалды. «Алда байқұс-ай, зәузат саған да жеткен екен ғой. Сені жылы орнынан ығыстырып, маңайдың бәрін жайпаған өртті тез өшірмесек болмас. Бұ шіркін табиғаттың көз жасына қарай ма? Талай аң-құсты панасынан айырып, қаңғытып жіберердей не деген алапат күш еді? Әсіресе, тал басында жаны шыр-пыр болып балапанын аузымен тасыған құстардың аянышты халін кім түсінер? Балапандары өрт жақындаған сайын шырылдап, жанын қоярға жер таппай жүр-ау! Қанаты қатпаған, ұша алмайтын балапандарын тасып үлгермесе ше? Онда не болмақ? Өрт жалмаған тал да еріксіз көнгеннен басқа шара жоқ дегендей, жаны шырқырып жылағанын кім естиді? Егер аяғы бар аң болса жүгіріп, құтылар еді. Тамырын топырақтан суырмайтын қазақ секілді абыроймен өлгенім артық дер ме екен? Лаулаған от ағаш басындағы балапанды еріксіз қанат қақтырып, жерге домалап түскенін әп-сәтте қыршын қиып, болашағын күлге айналдырмай ма? Онда ана-құс байқұс күйіктен өзегі өртеніп, байыз таба алмай, шарпыған от ішіне кіруге дәрмені құрып, орманды күңіренте жоқтау айтпай ма?». Осы тақылеттес ойлар қарапайым орман қорықшысының басында өткір сәуледей жарқ етті.  

  Ай сәулесімен бозарыңқы тартқан түн тыныш көрінгенімен, алапат өртен қашқан аң-құстың шаңқылдаған, уілдеген, ұлыған дауыстары даланы жаңғыртып әкетті. Орманшы өзенді бойлай желіп келеді. Төменде баяу бүлкілдеп ағып жатқан самал леп ұрса, қия беткейден ағаштың күйік исі келді. Осы ашқылтым иістің арасынан жусан иісі танау қытықтап, жалбыздың жұмсақ әтір тасқыны аңқып өтеді. Құлағына жапырақтар суылы естілді. Құдды ағашқа желмен келіп жабысып қалғандай тынымсыз желбірейді. Сәуір айы туысымен жерді жарып шыққан әсем гүлдердің бетін қара ыс жапты. Ауаны ластаған жағымсыз түтін иісі қолқаны қауып, табиғаттың тыныштығын бұзды. Бұл өңірді мекен еткен түлкі, борсық, елік, сілеусін, қарсақ жапа-тармағай қаша жөнелді. Өзен жағасында су тышқаны өрт жайлаған өлкеден ұзақ жүріп кетті. Аспанда шаңқылдай, қиқулай ұшқан қырғауыл, шіл, бөдене, буылдырық, үйрек, қаз, көкқұтан секілді құстар балапандарын тасып, жалыннан аулақ жылыстай берді. Орманшы арық бойына келгенде қарайып тұрған шоғыр - бытысып өскен шоңайна екенін көрді. Астындағы аты оны елеместен арықтан қарғып өтті. Орманшының астындағы осыдан үш жыл бұрын туған көк дөнен болатын. Бәрі де ылдым-жылдым болды. Бұл кезде таң атып қалған еді. Апақ-сапақта бозторғайдың шыңғырған зарлы үні талып естіледі. Топ шеңгелдің ішіне ұясына салған сары шымшық адам қарасынан онша үрікпей, бұтақтардың арасында зырылдап, бір қауіпті сезгендей, безек қағып жүр. Парманбек ат үстінде өзіне-өзі рух бергендей, шабыттана айғайлап жіберді. Меңіреу далада оның дауысын аң мен құс естіді.

 -  Е-ехе-хей! Қорықпа, менің бауырым! Мен сені қазір құтқарамын!

  Ол сонғы кезде тым өзгеріп кетті. Былтыр күзде жұбайы Еркебала дүниеден өткеннен кейін шөгіңкіреп, өзімен-өзі күбірлеп сөйлейтінді шығарды. Екі қызын құтты орнына қондырғалы отыз шақты жыл болыпты. Олар қазір үбірлі-шүбірлі, уақыт тауып жатса, араға ай салып қатынайды. Үлкен қызы Дүрмәш әкесін аяп қалаға көшіріп те әкеткісі келген, бірақ бұл көнбей қойды. «Әке, құрметті демалысқа шықтыңыз ғой, жасыңыз болса келіп қалды, бұрынғыдай жас емессіз, орманды күзетіп бүрсектеп жүргенше, жылы үйде отырсаңызшы» деп қолқа салып көріп еді, «Қызым, мен  орманмен бірге жасасып, орманмен бірге есейдім. Бұл жерден жырақтап қайта барам. Қалаға барсам, тынысым тарылады. Төрт қабырғаға телміріп отыра алмаспын, одан да осы орманымның таза ауасын жұтып жүре берейін» деген еді Парманбек. 

    Түтіннің иісі қайта мұрын жарды. Осы маңға бауыр басып қалған ұсақ шыбын-шіркейдің ызыңы естіле бастады. Шамасы, бұлар да көк түтіннен қашып, ұшып келе жатқан беті болар. Осы кезде артынан Шаматай қуып жетті. Бұл кезде араны ашылған жалынның өзі көрінді.    

    Екеуі аттан секіріп түсіп, жүгенді өзен жағасындағы талға байлап, сонандай жерде жанып жатқан өртке бет алды. Парманбек алға өршелене түсіп:

- Жә, не тұрыс, өрт сөндірушілер келгенше мына жалыннын алдын алайық, - деді.

- Өй, есің дұрыс па өзіңнің? Мына лаулаған өртке екеуіміз құр қол қалай тұрамыз?

- Қалай тұрғаны несі, сапалақты не үшін әкелдің? Бір қарыс жер болса да оттан аман қалсын, - деді Парманбек.

- Қой, мені бұл іске араластырма. Біздің әрекетіміздің бәрі бекер, - деп Шаматай ілгері баспай қойды. 

- Өй, әкең... Ендеше, неге келдің? Орманның, жеп отырған наныңның қалай күлге айналғанын көрейін дедің бе? – деп қатты кетті Парманбек. Ашуға булығып, өрт сөндірместен жүзі түтігіп кетті.

- Сен өйтіп қызбаланба! Өртенсе, менің территориям өртеніп жатыр. Оған сенің нең кетті?!

- Өй, сені де орманшы дейді ғой. Кет, жоғал көзіме көрінбей! Сенікі, менікі деп бөлетіндей, әкемізден қалған байлық емес бұл. Бұл  - мемлекеттің жері, қазақтың байлығы, білдің бе?

- Қазақтың жері дейсің бе? Совет одағының жері десеңші.

- Оттапсың! Сен нені білесің?! Бұл әуелі біздің жер.  

- Ә, солай ма? Не білуім керек екен?! Білдім ал... Пайдасы қандай?! – деді Шаматай қызбаланып. Дауысы жарқын-жарқын шықты. Қара жерге төгілген сынапты қолмен жинағандай, ашуы бой көрсетіп еді. Соның өзінде екіұшты жауап диірменнің тасындай зырылдап, ширығып кеткен екен. Шаматайдың көктұқыл бетінен сөз дарығанын сезбеді. Көкшіл көздері шыныланып, қаймықпай, кірпік қақпай қарауға бар.

   «Әй, бетбақсың-ау»» деді Парманбек іштей.  – Болмашы ісіне міндетсіп, не опа таппақсың? Совет одағының жері дейді ғой. Атаңның басы». Түтін сіңді ауа мұрнын тыжырайтып, еріксіз түшкіртті. Шаматай болса, айғайға аттан салып, орманда қалған аң-құсты үркітпек болды ма, әлденені дабырайта айтып, әлек болды. Оның іштей ызаға буынғанын, сақтана бастығын боқтыққа қосқанын ажырата алған жоқ. Шаматайдың қорбаңдаған қимылына қарап, бұл іске жаралмаған, орманмен сырлас болмаған біреу ме деп қалды. Серігінің бұл жұмысқа орналасқанына бірер жылдың жүзі ғана болған. Естуінше, арақтың кесірінен қаладағы әйелімен ажырасып, жанына балаларын қалдырыпты да, өзі осында кетіпті. Мамандығы мал дәрігері екен. «Кәсібін сүймей-ақ қойсын, бірақ жер-анаға деген жанашырлық болуы керек қой, әй, бірақ, мұндайлардан не жақсылық күтесін, Парманбек?» деп іштей өзіне-өзі басу айтты.  

    Парманбек өзінің күн сорды селеудей ақшыл-сарғыш кекілін, тер басқан маңдайын жеңімен сипап, сабалақты сапылдатып жүріп алды. Орманшы досының бұған айтар көкейіндегі сөзін ұшыра алмай, іштей бір қыжылы барын сезбеді. Шаматай қабақ шытып, қиналған кейіп танытқанымен, дүрдараз болуға икемі келмеді. Әрі өзінен бір мүшел үлкен адаммен жаға жыртысуға дәрмені де жетпеді. Екеуі өрттің екі жағасынан алса да, қамшы өргендей ширатып кете алмады. Аң-құстың бойына түні бойы үйірсек болған үрей естен шыққан, бар болғаны жалынның сумаңдаған қызыл тілін тарқызса болғаны.         

   Шаматай әріптесінің тым қатты кеткенін көріп, «Не болды сонша? Әзілдегенім ғой, әйтеуір сөз көтере алмайсың» дегендей болды да, сабалағын ықылассыз ұстап, өртті сөндіре бастады. Екеуінің шұбатылған ұзын көлеңкелері бұралаңдап, жерге секіріп-секіріп түседі. Шалқып ойнаған от жарығымен төңіректің бәрі нұрланып кеткендей: көздері қарығып қалды. Өрттің бірлі-жарымы сөнуге айналған, тек тек сайдың ішінде қызыл жендет бір топ жыңғылды кеміріп жатқанда күйік иісі көңірсіп, айналаға ыс үлпелектері үйіріліп ұша бастады. Қос орманшы әбден титықтады, ал өрт сөндіруші көліктің қарасы да көрінбеді; тіпті дыбысын да сезген жоқ.

-  Бұл орманға бола сонша неге шала бүлінесің? – деп ебедейсіз күңкілдеп алған Шаматай енді шамына тие бастады.  – Осы біздің еңбегімізді елеп жатқан кім бар, айтшы?! Айлығымыз болса анау, бізден гөрі көше сыпырып жүргендер тәуір жалақы алады. Біз болсақ күнде жүздеген шақырымды шарлап, діңкеміз құрып, аттан құлап қалғанша тыным таппаймыз. 

- Атқарған шаруаңды айтып міндетси берме! Ауызыңды жап, ыс тиіп өлесің, - деп  Парманбек салмақты сөзбен тіл қатты. Дәл қазір қысыр әңгіменің пайдасыз боларын түсініп, екеуі де сабалақтарын жиі отқа қарай жалпылдата берді. Көз көрмейтін түнектен тербетіліп жапырақтар қалқып шыға келеді; күңгірт көлеңкелер діріл қағып жерге түсіп жатыр. Құлаққа шаршаңқы, енжар үнмен үрген ауыл иттерінің үні талып естіледі. Тепсеңнің ар жағындағы ағашы қырқылған шағын жаға алаңқай өртеніп, түтін болып аспанға асыға ұшып жатыр. Бұл өзі айнымалы сәуле тәрізді: бозғылт жалына біресе желп-желп етіп, жоғары әуелейді де, енді бірде жерге баяулап түседі. Көзіне сары жалқын жарық ұрды, іле бетті қарған ыстық леп күйдіріп әкетіп бара жатты. Тамағына құрғақ талқан кептеліп қалғандай жөткірініп, деміге бастады. Ыс сінген киім, бітелген мұрын ажал алқымнан алғандай қылқындырып барады.

   Жылқылар өзен суынан бас алмай сімірген. Ол үшін мына боз түтін ғайып елестей көрініп, тықыршып, талға байланған жүгенді үзіп кетердей. Парманбек тер шылқыған желкесін тер сіңген телпегімен сүртіп еді, ащы тердің орны тұз сепкендей аши жөнелді. Шаматайға қарап еді, қорбаңдап, күйгелектене қызыл айдаһарға сабалақ сілтейді. Орман күтушінің езуіндегі салқын күлкі бетіне жиырыла енді. Шалқып әуелей түскен қызыл жалынның жоғарғы жағын жел иіп, үзіп тастайды. Жұлым-жұлым ыс үлпелектері бағытсыз жаққа билей ұшып кетіп жатыр.

   Зеңгір көктің күмбезін жол қылып шаңытып жататын құс жолы көрінбеді.  Бұлыңғыр ауада өлі сәуле ойнайды. Батыс жақта отқа оранған тал-терек алауланып, жел күшеймесе де, өрекпи береді. Алыстау жердегі өзен жағалауы астындағы су жойқын қауіпті сезбегендей шолп-шолп етіп жатыр. Әлдеқайдан баяғыда сейіліп кеткен ескі түтіннің иісі иісшіл аңдардың секем алдырды. Бұл кезде аспандағы қара шөкім бұлттар үдере көшіп, жаңбыр иісі сезілді. Даланың жұпар аңқыған иісі адамды елітіріп жіберетін. Көп ұзамай Парманбектің бетіне алғашқы тамшы тамды.

   Жауын біресе қапырық ауада бұрқырып тұрып қалған су тозаңы секілді, бұлыңғырлана бүркіп, бәсеңдей түседі. Айналаның бәрі малмаңдай болмаса да, өрт бәсеңдеп, бықси жатып жатқан ағаштардың үстін шапаттап, быж-быж еткізеді. Адам жастайынан үргедек келіп, бойындағы қорқынышты жеңу арқылы батыл атанбай ма? Бір мезет байыз таппайтын тіршілік мынандай өртке оранса, онда оны құтқарудың өзі неге тұрады? Иә, қарт орманшы орманды қорғау – шекарада тұрып Отанды қорғаумен тең деп есептейтін. 

    Ертеректе Парманбектің арғы атасы Уәли ұстаханашы болған деседі, сонда қолқаны қапқан көмір иісінде сағаттап жұмыс істеу не деген азап екенін енді түсінген. Жауынның жұпар аңқыған дымқыл хош иісі бірте-бірте күлімсіген жағымсыз иістен маңайды тазартып, тынысын ашқандай еді. Жартылай өртке оранған ағаштар тамырымен жерден ажырап кете алмай, тағдырына мойынсұнған бәсең үнмен күмілжіп тіл қатады, енді бірде меңіреу кейіпте бұталары салбырап, адамдарға сүлесок қарап тұрды. Дәл қазір «Бізді өртеген адамдар. Биік парасат иелерінің не істегенін көрдің бе? Олар өздерін неге осылай құлдилатып жібереді екен?» деп тұрған секілді.

   Өзенің өрт тимеген шетінде таң шапағы себезгілене атып, ай жарығы көмескілене түскен. Түні бойы безек қаққан жүгірістен шаршаған қояндар жаппай су ішіп жатыр. Судың әр тамшысын ішке мұқият жұтып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды.  Жылқы шүйгініне әлі тіс тимеген сайдың ішін жайлап күртілдетіп жүр. Іле мен Қараталдың арасы бұл үшін тірсек пен тұяқтың арасындағы жердей-ақ.

   Таң атқанда өрт сөндірушілердің қарасы көрінді. Олар көліктерінен түсе салып, су шлангілерін домалатып жатты. Ішіндегі ересегі жас өрт сөндірушілерге дауыстап бұйрық беріп жатыр.

-  Ағалар, былай таман тұрыңыздар, - деп аман-саулықсыз іске көшкен өрт сөндірушілер екі шланғіні тақымдай ұстап, су боратты.

- Айналайын, келгендерің жөн болды, - деді Парманбек күйелеш бетін жеңімен сүртіп. Шаматай екеуі өрт сөндіргеннен әбден титыққан еді. Қызыл тілін сумаңдатқан аждаһаның аузына ақ көбікті шашылғанда екпіні бәсеңдеп, бейілін алды. Көп ұзамай қызыл жалынның жалы кішірейіп, әр жерде бықси жанып жатқан су ағаштар көрінді. Түтін сейілді. Айнала ақ боз тұманнан арылып, көктемнің керімсал лебі иісі-қоңыстан арылта бастады.

  Түстен кейін бастық екеуін аудан орталығына шақырған. Бұл кезде олар шала жуынып, кәстүм-сым киіп, асыға жетті. Қозы қарын Меделхан кең креслода еркін жайғасып, терезеге тесіле қарап отыр екен.

-  Келіңіздер, - деді қабағын түксите қарсы алып. Екеуі кызыл орындыққа жайғасты. – Орманды, жануарлар дүниесін қорғау – біздің басты міндетіміз. Сіздер ормандағы өртті сөндіріп, оқыс жағдайдың алдын алып қалдыңыздар. Дегенмен, өрттің өршуіне қалай жол беріп жүрсіздер? - деді бастық екеуіне алма-кезек қарап. Басшыдан мақтау еститін шығармыз деп үміттенген Шаматай тіл қата алмай, ділгіріп қалды.  

- Меделхан Өрлеубайұлы, - деді Парманбек. – Өрт кездейсоқ пайда болатын тілсіз жау екенін білесіз. Өрт найзағайдан, тіпті күнге қыздырынған бөтелкеден де пайда болуы мүмкін. Шаруа қожалықтары да күзден қалған шөп-шалаңды өртеп, қараусыз қалдырады. Біреу көлікпен келе жатып, сөнбеген темекі тұқылын  тастап жіберуі мүмкін. Себебі көп қой.

- Мен өрт қалай пайда болады деп сұрап тұрғаным жоқ, - деп нақтылады бастық. – Өртті неге дереу сөндіре алмадыңыздар, соны айтыңдар.

- Шырағым, орман-тоғай үйімнің жанындағы аула емес, - деді Парманбек қатты кетіп. Дауысы жаңғырып шықты. Оқпан сорған судай құрдымға кете қоймас, десе де кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда беймаза бастығының алдында кешірім сұрап, күлтелене бергенді жақтырмаушы еді. Соңғы кезде бастық мұның орнына біреуді қоймақшы болып жүр дегенді естіген, сыныққа сылтау таппай жүргенде жақсы болды-ау деп ойлап үлгерді.

 – Оның үстіне жел соғып, қураған қурай, шөп-шалаңды тез тұтатып жіберді. Шаматай екеуіміз өрт сөндіріп түні бойы дамыл тапқан жоқпыз, Мәке. Сіз шақырды деген соң моншаға да түсуге үлгермей жетіп келдік. Айыбымыз не? Егер, менің орным қажет болса, қазір-ақ босатайын. Бірақ мені өз міндетін адал атқармады деп қорламаңыз. Мен өмір бойы осы орманды күзетумен келем. Орман менің екінші әке-шешем секілді.

- Әзілдеп едім, қатты кеттіңіз ғой, Пәке, - деп Меделхан тез жуасып қалды. – Мені толғандыратыны мынау: егер ормандағы өртті өзіміз ғана өшіргенде, атақ-абыройдың бәрі өзімізге келер еді. Ертең анау аудандық газетке өрт сөндірушілер орманды өрттен қорғап қалды деп жазады. Бізді ауызға да алмайды. Солай ма? Солай.

- Өрттің көбін өрт сөндірушілер сөндіргені рас. Бірақ біз де қарап қалғанымыз жоқ. Екі сапалақпен не бітіреміз? Әйтеуір, шама-шарқымызша өртті алдын алуға тырыстық.

- Өрт сөндірушерге бірден хабарластық, олар келіп жеткенше біраз жер өртеніп кетті, -  деп Шаматай сөзге араласты.

- Жарайды, - деді Меделхан. – Өрттің сөнгені жақсы болған екен. Әйтпесе, бүкіл орманнан айырылып қалар түріміз бар ғой. Иә, айтпақшы, аудан басшысы өрт сөндірушілерді марапаттай жатар. Бізді де ұмытпау жағын өзім қадағалайын. Ал, әзірше, боссыңдар!

   Парманбек пен Шаматай бір-біріне қарады. Екеуі шығып бара жатқанда, бастық Парманбекке:

- Пәке, тоқтай тұрыңыз, - деді нығырлай. – Сіз келеді деген соң осында бір жас баланы шақыртып ем, - қоңырауды басып, хатшы қызды шақыртты. – Әлгі, Алдияр қайда? Кірсін.

- Қазір, - деп хатшы қыз шығып кетті.   

- Пәке, талай жылғы еңбек өтіліңіз бар, сіздің жаныңызға бір жас маманды сеніп қоссам деп отырмын. Өзі елгезек жігіт, сізден көп нәрсе үйренеді деп сенемін. Әзірге сіздің картоныңызда тұра тұрады. Баспана жағын сосын шеше жатармыз.

- Е, бәрін шешіп қойсаңыз, мен неге қарсы болайын, - деді Парманбек. – Қайта жаныма серік болар.

Осы кезде ішке бір жас жігіт кіріп келді.

- Мына ағаңмен таныс, бірге қызмет жасайтын боласыңдар, - деді Меделхан. Жас жігіт жылы амандасып, қарт орманшының қолын алды.

- Ал, жақсы, онда жұмысқа кірісе беріңдер. Мына Парманбек ағаңнан білгенін үйрене бер. Кейін өзіне керек болады.

   Сыртқа шыққан соң Парманбек:

- Студентпісін, балам, - деді жақын танысып. Алдияр бірден жауап бере алмай, күмілжіп қалды.

- Оқуға түскем...  Қазір денсаулығыма байланысты демалыс алдым.

- Әке-шешең қайда?

- Қалада. Олар да ауылға көшіп келетін шығар. Өмір бойы пәтер жалдап тұрып шаршады ғой деймін. Пәтер қымбат.

- Е-е,  солай де, - деді орманшы қалалықтардың да шекесі қызып тұрмағанын аңғарып.  Баланың ойын ірікпей айтатыны қарт орманшыға ұнап қалды. 

- Ал, балам, бір жерге барып ауқаттанып алайық. Сосын картонға барармыз. Мықтап монша жағамыз. Ет асамыз. Айтпақшы, киім-кешегің қайда?

- Міне, мына сөмкемде.

- Кітап бар ма?

- Көп емес. Көбін қалаға қалдырып кеттім.

- Орманшыға кітап керек. Зеріккен кезде оқығанға не жетсін.

   Алдияр қарттың сөзіне құлақ түрді. Оқу оқып шаршаған оған кітап сабаққа дайындалатын құрал ғана секілді елестеді.

   Күн әжептеуір жылынып қалған екен. Ауада болмашы салқын самал бар. Екеуі аяңдап жүріп кетті.    

Орманда

    Өзен өкіре тасқындап, сеңдердің шынжырын бырт-бырт үзіп жатыр. Өзен бетінде жылт-жылт етіп ашылып, қайта жабылған сеңдер ізім ғайып жоқ болып, үзбей шапшыған су  тасқыны қармағына ілінгеннің бәрін қылғытып жатыр. Қараталдың ортасындағы шағын бұталы төмпешікке қайырлап қалған екі үлкен сең тұмсығымен тіреліп, ағынға кесе-көлденең тұрып қалды. Толқындаған өзен жылаңдай ирелеңдеп, жағаға соғыла шуылдаса ағып жатыр. Су жиектеріне жақын бұталар басын суға сабалап, желмен ырғатылып әлек.

  Картон алдындағы шағын жаппа шатыр астындағы пеште қазан бұрқ-сарқ қайнап жатыр.

- Түнеукүні өшірген алапат оттың да пайдасын көрмейсің бе, орнымен қолдансаң, отты да жақсылыққа қарай бұруға болады. Тұп-тура пышақ секілді: онымен нан да кесуге болады, адамды да майып қылып алуың мүмкін, - деді Парманбек жас досына қарап. Бәкісін алып, тұздыққа пияз турай бастады.

- Аға, орман деген шынымен тамаша екен, мұнда келіп біраз сергіп қалдым, - деді Алдияр айналада сайраған құстардың әніне құлақ түріп. Мұрнына гүлдеген ағаштың жұпар иісі келді.

- Е, бұл орман-тоғай деген бір керемет қой. Шаршағаныңды басып, мерейіңді тасытады. Айтпақшы, өзің жайлы айта отырсаң. Қай оқу орнын бітірдің? Мамандығың қандай?

- География ғой.

- Е, онда өзіміз секілді жерге жақын жан екенсің ғой, - деп қарт орманшы бір марқайып қалды. Орман-көлді картадан көруші едің, енді міне, дәл ортасында отырсың.

- Осында келем деп ойламаған едім, бәрі аяқ астынан болды.      

    Ошақтың маңынан құйқаның иісі келді, шыжғырылған бауыр-бүйректің шыжылы естілді. Төбет орнынан тұрып, не нәрсе екенін айыра алмағандай, алыстан көрінген қараға оқтала қарап, үруге асықпады. Тілі салақтап, алысқа көз тігіп, орманшының қол асындағы азын-аулақ қой-ешкіні қайыруға жарап-ақ тұр.  

    Парманбек картонның есігін шалқалай ашып тастаған кезде бел ала бастаған елітпелі жел  қыстайғы иісі қоңысты айдап шықты. Күн сорған қоңыр есік сықырлай, шиқылдай жөнелді. Қою қара шайға мелдектеген соң түнемелдің алдында аузына бір атым насыбайды алып ұрып, қара жердің қойнына кеткен кемпірін есіне алды. Қасына серік болған Алдиярдың жайын ойға алды. Сосын жанындағы серігін зерігіп қалмасын дегендей, сауал тастады.

- Айтпақшы, көздеп жүрген келін бала бар ма? – деді шүңірек көздері Алдиярға тура қарап.

 Жас жігіт мырс етті.

- Бар ғой, аға. Бірақ үйленуге әлі ертерек пе деп жүрмін.

- Ертерек...

- Әй, сен өзің нешедесің?

- Жиырма бірге шықтым.

- Бәлі, нағыз ыстық бауырсақ жейтін кез екен ғой. Ертеде қазақтар он жасты отау иесі деген. Қазір ғой сендер оқу, соқу деп жүріп аласыңдар.

- Сіз ше? Өзіңіз ертерек үйленген боларсыз?  - деді Алдияр.

- Е, сендей кезімде екі балам болды. Қазір олар үйленіп, бір-бір шаңырақ құрды. Екі қызым бар. Әттең, кемпірімнің денсаулығы мықты болғанда тағы бір-екеуін таптырар едім.

- Мықты екенсіз.

- Жоға. Біз емес, қайта сендер мықты болуларың керек. Ал, өзің айтшы. Мынау қазақтың кең-байтақ даласын ертең кім қорғайды? Санымыз анау, ел тұрғындарының үштен бір бөлігі ғана дейді. 

- Оныныз рас, ақсақал.

- Ақсақал демей-ақ қой, қартайып тұрғаным жоқ. Кемпірім қайтқан соң қайта төсек жаңғыртам ба деп жүр едім, қыздарымнан ыңғайсыздау секілді.

- Әлі де күйлі-қуатты секілдісіз ғой.

- Е, айхай жиырма бес көзден бұл-бұл ұшты ғой. Мен көп мылжыңдап кеттім ғой деймін, астан алып отыр. Бұл қуырдақты ыстықтай жеген жақсы.

    Алдияр алдындағы үйемел етті қарпып асап, әл жинады. Осылай қарай есіп, жирен биенің қатпар-қатпар жұпарына тұншыққан. Ер қанаты  - ат деген. Құйрығын шаншып шығып, тынымсыз тарпынумен өткен күндер қарт орманшының әлі есінде. Үлкен қара қазанның қасындағы шағын шұңқыр тәлеңке, қызыл сиырдың бауырындағы қоңыр бұзаудай көрінген. Парманбек сары қымызға ыңғай бермеді, есесіне Алдияр алдына келген түнемелден тартынған жоқ.

- Паһ, шіркін, осы қазақтың тамағына әлемде тамақ жетпейді. Өткенде столовыйға кіріп, орыстың борщын ішіп ем, орманға жеткенше қарным ашты. Қайбір құнарлы тамақ дейсің. Қазақтың етіне жетпейді. Же, қалдырмай түгел жеп ал.

  Ас ішіліп болған соң Алдияр кесе-қасықты сумен шайған.

-  Е, әйел болмаса, осылай жүресің, - деді Парманбек жиденің бұтағымен тісін шұқып жатып.    

- Орманшы болу қиын ба? – деді Алдияр.

- Оңай емес. Осы жердің аң-құсына, тал-терегіне жауаптысың. Табиғат-анаға қамқор болу да жеңіл емес. Бір жағынды өрт шалса, екінші жағын қаскөйлер бүлдіріп жатады. Атқа мініп, күніне жүз шақырым жүресің. Оны ертең өзің де көресің.

   Алдияр үндемеді. Өмірдің өзі сынақтан, қиындықтан тұратынын түйсінді. Парманбек  аспанды бұлт торлайтынын күні ілгері сезсе де, тағдырға мойынсұнғандай мөлтеңдеп отырады. Тебіндей өскен қияқ шөп желмен ырғатыла, күміс судай  көлкілдейді. Бір кездері өзек осы ауыл маңынан ирелендеп, мөлдіреп ағып жататын, қазір тек көктемде су тасығанда ғана таңдайы жіпситін болған. Көлшіктерде ұйықтанып қалған балдырлар ырғатылмай, су борсып кететін де, түбінде ұсақ шабақтар шоршып жататын. Орманшы бұларды көріп, жаны ашып, телпегіне сиғанша толтырып, өзенге ағызып жіберетін. Көктемде айдынды өзен еркін шалқып, көселе шапқан аттай арқырып, жағасында қиыршық тастар пайда болып, жарлауыт қабақ түксие опырылып құлай бастайды.

     Парманбек жасарын жасап, жар шетінде тұрған қартаң емес, әйтсе де ол осы өмірде өзін іштей мүжіліп, уақыт білдірмей жастығын ұрлап жатқан секілді сезінеді. Сол бір тізбек-тізбек ойлардың арасынан аяулы мұң жарқ ете қалып, ескі жараның ауызын тырнап кетеді. Соңғы кезде төсекте дөңбекшіп жатып, мазасыз шолақ түстер көретін боп алды. Орманға, жанына серік болар жас жігіттің келгені көңіліне медеу болды. «Несі бар, бар білгенімді үйретемін. Қазіргі жастар қабілетті, тез үйренеді» деп төсегіне жантайып, қалғып кетті. 

Мазасыз ойлар

    Алдияр орман ішіндегі биік талдармен қоралана қоршалған картон алдында әрі-бері зырылдай ұшқан торғайларға зер сала қарап отыр. Беймарал кейпінде әлдебір алаңдаушылық сезілмейді. Сабыры қалпына түскен, көңілі жайланған. Сөйтсе де бұзылған омартадан атыла шыққан аралардай бір беймаза ойлар есінен кетер емес. Осыдан үш-төрт ай бұрын бұрынғы сұмдық оқиға есіне түсіп еді, көңілі нілдей бұзылып, денесі тоңазығандай дірдек қақты. Құлағының түбіне ызғарлы желтоқсанда алаңда атой салған қыз-жігіттердің «Әр ұлтты өз көсемі басқарсын! Қазақстан жасай берсін!» деген жарқын-жарқын шыққан үндері жаңғырып, талықсып естілетіндей. Бұл да сол арманшыл топтың бел ортасында жүріпті-ау! Қазақтың намысын тапталған арсыз уақыт күні кеше ғана болған секілді. Орыс шовинизмі өріс алып, саны аз ұлттарға мейірім-шапағат азайған сәтте дүние тоғызқұмалақтың ұясындай қалай-қалай өзгеріп салды десеңізші. Иә, орыс жаман емес, орыстың арам пиғылы жаман. Жаман мен жақсы әр халықта бар емес пе? Бүтіндей бір ұлтқа қырғидай тию деген озбырлық пен астамшылықтың шарықтағаны да. Алдияр алаңға үміт іздеп келіп еді. Жүрегіне орны толмас жара, сүйегіне таңба алып қайтыпты. Бірақ онысына еш өкінген жоқ. Курстастарымен бірге туған жерінің, ана тілінің бүтіндігін ойлап, кейдесі мұң мен шерге толып, жаралы арыстандай ақырып шықты емес пе? Ата-баба аңсаған еркіндік, қазақтың қайсар рухы төсекте тыныш жатқыза ма? Сол сүреңсіз күндердің сызы бойын қарып, уақыт өткен сайын ұмытылмай, қайта күнде қайталана беретін кинодай еміс-еміс елес береді. Қолтықтасып, өзі құқығын талап еткен бейбіт, өрімдей қыз-жігіттерге қарулы әскерді жаудырған қайырымсыз өкіметтің қара ниетін көзімен көрді. Жігіттерді аясыз тепкілеп, қыздарды шашынан сүйреп, үстілеріне мұздай су шашқан, иттерге талатқан қаныпезерлерге тап-тап берді білем, екі-үшеуін жұдырық сілтеп, жалпасынан түсірген.  Содан кейін дәл басына серпімелі резеңке шоқпар тигенін ғана біледі. Есін айдалада, бір сайдың ішінде жиған. Қазақты қорлаған қаныпезерлердің қарқылдаған дауысы өне-бойын селкілдеткен. Әнебіреуі жота үстінде қазакөз арудың үстіне шығып алып, арын төгіп жатыр. Енді біреуі тыр-жаңалаш күйде талықсыған қыздарды мұзды үстіне отырғызып қойыпты. Әттең... денесін көтеріп, жандайшаптардың жанын жаһаннамға жібере ме еді. Бойда – қуат, дәрмен жоқ. Бетіне жылымшы қан сорғалап, көз алды сағымдай тұмандана бұлдырап, кайта көзі ілініп кетті. Жанарын таңның шапағы осқылады. Қалың қардың ішінде денесін үсік шалмаған секілді. Әйтсе де, тісі-тісіне тимей, безгек буғандай дірдек қағады. Алдымен денесін көтеріп, жан-жағына қарады. Айналада өлген қазақтардың мүрдесі шашылып жатыр екен. Өксіп сайдың ішін жаңғарта айғайлап жіберді. Сәлден соң бойын тіктеп, ілби жүріп кетті. Күртешесіне қатқан қан жосалана шиырланып қалыпты. Көп ұзамай ту сыртынан бір көлік дауысы естілді. Алдияр жолдың қақ ортасына тұрып алды. Шопыр сасқалақтап, тежегішті баса берген.

- Әй, бауырым, өлемісің, жолдан былай тұр!

- Аға, өтінемін, мені қалаға дейін ала кетіңізші. Қазақпыз ғой...

 Шопыр жігіттің жүзіне шашыраған қатқан қанды көріп, шошып кетті.

- Бауырым, саған не болған? – деді жалма-жан есікті ашты. Алдияр көлікке отырып жатып:

- Несін сұрайсыз... Бізді қорлады ғой, - деді.

- Қорлағаны несі? Кім қорлады?

 Алдияр үндемеді. Тісі-тісіне тимей сақылдап, жылы кабинаның іші бойын балқытты.

  Шопыр жүзіне тік қарады да, жылынып алсын дегендей, қалаға қарай зулай жөнелді.

- Ауруханаға апарайын, - деді кенет.

- Мені үйге алып барыңызшы, аға! Жақсылығыңызды екі дүниеде ұмытпаспын.  

- Мейлі,  - деді шопыр жігітке қарсылық танытпай, - Еркің білсін.               

    Абажадай көлік ауылдағы көк қақпаның алдына гүрс етіп бір-ақ тоқтады. Бұл кезде Алдиярдың көз алды қайта қарауытып, есеңгіреп жатқан еді. Шопыр қақпаны қағып үлгермеді, арпылдаған ала төбет бөтен біреудің келгенін білдірген. Үй ішінен Алдиярдың шешесі бой көрсетті. Шопыр жігіт Алдиярды иығына салып, кабинадан шығарғанда шешесі еңіреп жылап жіберді.

-  Алдияр... Алдияржан, саған не болды? – Ана әп-сәтте екі көзіне ерік беріп, ойбайға басты. Баласының күртешесіне айғыздала жағылған қызыл қанды көріп, онан бетер бақырды. Оқыс дауыстан үй ішіндегілер де атып шыққан еді.

- Тәте, бәрі дұрыс уайымдамаңыз.

- Балама не болған?

- Есінен танып қалды. Қазір есін жинайды.

- Мүсәтір, мүсәтір әкеліңдер, - деп шешесі дауыстады. Шопыр Алдиярды үйге кіргізіп, төсекке  жантайтты. Әкесі баласының бір сұмдыққа ұшырағанын көрсе де, сыр білдірмеді.

- Алматыдағы «свалка жаққа қоқыс төгіп келе жатқам, алдымнан шықты, - деді шопыр.  – Аяп, көліккке отырғызып алдым. Өзі әбден жаурап қалыпты.

- Ой, айналайын, өркенің өссін! – деп шешесі есін жиғандай, бәйек бола түсті. – Неғып тұрсың, шешінсеңші. Шәй қойып жіберейін.

- Әуре болмай-ақ қойыңыз, мекеменің көлігі ғой. Онсыз да мені іздеп жатқан шығар. Мен жүрейін, кейін жол түскенде соғып кетермін, - деді Шопыр. Шопырдың есімі - Уәлибек екен.

- Уәлибек, айналайын, жақсылығыңды екі дүниеде ұмытпаспын, - деген ана байқұс көлік орнынан қозғалып кеткенше алғыс айтумен болды.

   Арада екі-үш күн өткенде Алдияр сауығып қалды. Бірақ жүрекке түскен жара жазылмайды екен. Көз алдынан сұмдық көрініс кетпей, зығырданы қайнады. «Қайран қазақтың қыздары... сендерге пана бола алмай қалдық қой» деді іштей. Димекеңдей асқар таудай азаматымыз тұрғанда, ешкім білмейтін Колбин деген сүмелектің басымызға шыққаны-ай», деп қобыздай күңіренді. Ит айдақтап қуған әскерилер мен безбүйрек жандайшаптарды ойлап, қаны басына шапты. «Көрсетеміз, әлі оларға қазақтың кім екенін! Қорланған әрбір қазақтың қыз-жігіті үшін кегімізді аламыз. Елімізге ентелеп кіргендерді есін шығырып, езгіге салатын күн туар әлі» деп, өзін-өзі қайрады. Теледидарды қосқанда, алаңға шыққан студенттерді ішкіш, нашақор, ұлтшыл деп, оқудан шығарып, қатаң сөгіс беріп жатқанын көрді. Бірнеше күннен кейін бірге оқитын досы Сағи келіп, жағдайын сұрады. Алдияр Сағиды көргенде, көңілі босап сала берді.   

-  Сағи, бізді жаман қорлады ғой, - деп досының кеудесіне басын төсеп, өксіп жылады. Сағидың да жанарына жас іркілді.

- Ештеңе етпейді, - деді Сағи. – Ер жігіттің басынан не келіп, не кетпейді. Біздің де дәуреніміз келеді. Әзірге сабыр сақтайық. «Сабыр түбі - сары алтын» деген.

- Өлтірем, өлтірем оңбағандарды, - деді Алдияр тістеніп.

- Ақылға кел, жүйе сондай. Сен оқыған адамсың ғой. Бұл әміршіл жүйе мәңгілік билеп-төстеп тұрмайды. Біздің де бостандық алатын заман туады. Мен соған сенемін, - деді Сағи.

- Тәуелсіздік! Бізге керегі тәуелсіздік! – деді Алдияр.

- Иә, ата-бабамыз аңсаған еркіндікке қашан қолымыз жетер екен, - деді досы. Алдияр басын көтеріп:

- Бұл иттер көп құтырып кетті. Қара да тұр. Әлі-ақ сыбағасын жақсылап береміз,  - деді. Құлазыған көңілінде бір ұшқын сезім, үлкен сенім пайда болды.     

     Сағи алаңға шыққан курстастарының тең жартысын оқудан шығарып жібергенін,. жатақханаларға күзет қойылып, студенттерді оқудан қудалап жатқанын айтты. Темір торға тоғытылғандары қаншама. Алдиярды да іздеп жатқан көрінеді.

- Сен жағдай тынышталғанша оқу орнына бармағанын дұрыс. Сені оқудан шығарып жіберді деп естігем. Досым, менің ақылымды тыңда! Сен бір тыныш жерге кетіп қал. Оқудан шығып қалдым деп қапаланба. Заман түзелер, сонда оқуыңды қайта жалғастырарсың.

-  Бұл иттер басқарған мемлекеттің оқуын оқығым келмейді. Одан да қой бағып жүргенім артық! – деді Алдияр шорт кесіп.

- Тыныштал, әйтпесе ашуланып бір бәлеге ұрынып қаларсың. Мен сенің жағдайыңды біліп, сақтандыру үшін іздеп келдім. Бұл жерде көп тұрма, ертең үйіңе іздеп келеді. Мен қазір солтүстік жаққа кетіп барам. Сен де көп бөгелме, - деді досы.

    Алдияр Алатауға қарады. Таудың ұшар басына қара бұлт төнгендей түнеріп тұр екен. Досының ақылын жөн көрген Алдияр еңбек етпекке бел буып, ел көзіне түсе бермейтін бір орын іздеді.  Әуелі Жетісу жеріндегі бір нағашысына барып, екі-үш ай жатып емделді. Сауыққан соң нағашысы осындағы  аудандық орман шаруашылығы мекемесінің бастығын жақсы танитын танысына қоңырау шалып, жұмыс тауып беруін өтінген.    

Күтпеген кездесу

   Алдияр орман-тоғайға бауыр басып, бой үйреткелі екі апта уақыт зымырап өте шығыпты. Әке-шешесі танысы арқылы мұның қал-жағдайын біліп тұрады. Картон бірқыдыру қонды болмаса, да ұядай жылы болатын. Бұл жер сәл іш пыстырарлық демесең, шуы көп қаладан әлдеқайда жақсы-ақ. Күні бойы атқа мініп, сейіл құрады. Парманбек екеуі қатарласқанда ормандағы қандай аң-құс мекендейтінін, қандай шөптің түрлері өсетінін сұрап білуден шаршамайды. Әйтеуір, ызғарлы желтоқсанда қаймана қазақты зар илеткендердің тырнағы әлі бұған жете қойған жоқ. Бөтен көзден таса, оңаша жер. Ең бастысы, басы дін аман. Орман-тоғайға келгелі денсаулығы да тыңайып қалды. Таза ауа, жасыл желек. Одан артық жанға не керек? Нағыз рахат осы болар деп түйді.

      Жоғарғы оқу орнында жүргенде ептеп өлең жазатаны бар еді, табиғат аясына келгелі тіпті шабыты оянып кетті. Орман-тоғай дегеннің өзі шығармашылықпен айналысуға аса қойлайлы жер екен. Әйтсе де, көңілін әлдебір сауал мазасын қашырып қоймады. Жас жігіттің ата-анасынан бөлек кімді ойлайды? Алдияр да тас кәмпит сорғандай тәтті ойдың жетегінен шыға алмай-ақ жүр.  Шіркін, сүйіктісі... Нәзира. Қолы қашан жетер екен? Иә, қарап отырса, ғашығын ойламаған күні жоқ. Әлде, махаббатқа масайрағандардың бәрі сөйтеме екен? Күнтізбенің әр парағы жұлынған сайын сағыныш-сезімі ұлғайып, жүрегін байыз таптырмайды. Нәзира, Нәзиражан есіне түскен сайын көңіл мұнары сейіліп сала береді.

    Картон алдындағы алаңқайда кітап оқып отыр еді, таяу маңнан әлдекімнің аяқ дыбысы естілді. Сыбдыр барған сайын жиілеп, жақындап келеді. Алдияр басын көтеріп, құлақ түрді. Сонадайдан бір бейне осылай қарай жақындап келе жатыр. Нәзираға ұқсайма, қалай? «Тү-у, мен де сүйіктімді ойлап, нәзік жандының бәрін соған ұқсата беретін болыппын ғой» деді іштей. Жоқ, жоқ, қателеспепті, тура өзіне қарай жымиып келе жатқан ару аңсаған адамына айналып үлгерді.

-  Нәзира!  - Алдияр орынан ұшып тұрып, кітабын қолына ұстап, бар екпінімен жүгіре жөнелді. Өзіне қарай құрақ ұшқан қуанышты жігітті көрген қыз ұяңдық танытып, бір орнында қозғалмай тұрып қалды.

- Алдияр!

   Жігіт желдей зулап, еліктің лағындай арудың құлын денесін құшақтай берді. Сағыныш сезімі өне-бойы дірдек қақтырып, өне бойын шымырлатты. Мауқын басқысы келгендей ұзақ аймалап тұрды. Құдды екеуі бір адам секілді. Құшақтары әрең ажыраған.

-  Қалың қалай, сәулем? Сені көрем деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

- Жаман емес. Түсіңізге кірмей жүргеніме қарағанда мені ұмытып кеткенсіз-ау деймін.  

- Олай демеші, сәулем. Сені ойламаған күнім болған емес.

- Сізден хабар болмаған соң алаңдап... Айтпақшы, өзіңіздің қалыңыз қалай?

- Міне, көріп тұрсың, тәуір болып қалдым. Орман-тоғай деген тамаша. Бірақ жалғыздықтан жаман нәрсе жоқ екен.

- Әй, білмеймін, - деп сыңғырлай күлді қыз. – Тіпті бір рет те хабарласпадыңыз ғой.

- Өзің білесің, алаңға шыққаннан кейін артық бой көрсетуден қалдық қой.

- Иә, түсінем ғой... Мені де алаңға шықтың деп талай сұрақтың астына алды. Әйтеуір, сөгіс алып, оқуымды жалғастыратын болдым.

- Сен үшін қуаныштымын, - деді Алдияр. – Алаңдамай, сабағыңды оқи бер. Заман әлі түзелер.

- Сенің оқудан шығып қалғанын өкінішті, - деді Назира.

- Ештеңе етпейді. Жаспыз ғой, әлі-ақ оқуымды қайта жалғастырам. Алаңға шыққаныма еш өкінбеймін.

- Мен де өкінген емеспін. Алаңға қайта шығар едім. Бірге оқитын курстастарымыздың біразын оқудан шығарып жіберді. Түрмеге қамап, жауап алып жатыр деп естідім. Сіздің тыныш жерге кетіп қалғаныңыз жақсы болды.

- Иә, жағдай түзелгенше, осында қала тұрғаным жөн шығар деп ойладым.

- Түрмеде отырғандар қаншама.

 - Арты жақсы болсын деп үміттенейік.

  Екеуі мұңайып қалды.

- Ой, сені қонаққа шақыруды ұмытып кетіппін ғой. Жүр, үйге кір. Орманшының үйі қандай болатынын көресің. Сен бүгін менің қонағымсың!   

- Бүгін ғана ма? – Қыз қулана жымиды.

- Қаласаң, күнде кел.

- Жәрайды. Оқуымды аяқтаған соң келермін.

- Маған өкпелі секілдісің ғой. Әбден қинайын дедің бе?

   Қыз жігітке тура қарай алмай, жүзін бұрып әкетті. Екеуі үйге кірген. Қыз табалдырықтан аттай бере тым жұпыны үйге көз тастады. Терезенің алдында қоңыраулы сағат, газетке оралып жасалған махорка темекі жатыр. Үйдің ішінен жусанның, әлде адыраспанның иісі мұрын қытықтайды.   

- Орманшының үйі қызық екен, - деді қыз айналаға зер салып.  – Адамдар кез келген қиындыққа көнбіс келеді екен.

- Ой, сен орманшының үйін түрмеге теңеп тастадың ғой. Біле білсең, бұл үй Робинзо Крузоның үңгірінен мың есе артық.

    Нәзира сыңғырлай күліп жіберді. Мектепте оқыған шығармасын әлі ұмыта қоймапты. Робинзоның көп жылдан кейін Жұманы кездестіргендегі кейпі көз алдына келе қалды.

- Мұнда орманшы екеуің тұрып жатырсыздар ма?   - Қыз сықылықтай тағы күлді.

- Иә, мұнда Парманбек аға екеуіміз тұрамыз. Сен бізді жабайы адамдарға теңеп тұрмысың?

- Жайлы үй екен, - деді Нәзира өзінің артық кеткенін сезіп, үйдің ішін көзімен шолып өтті. Ас үй деп аталатын бөлмедегі ағаш орындыққа жайғасқан.

- Қазір шәй қойып жіберейін, - деді Алдияр шәугімнің сыртына саусағын тигізіп көріп.

- Әуре болмай-ақ қойыңыз.

- Шәй әлі жылы екен.

- Су берсеңізде риза болам.

     Алдияр ерекше шаттанып кетті. Қимастықпен қоштасқалы жүз жыл өткендей болған. Армандап жүрген бақыт құсының қолына келіп қонғанына сене алар емес. Көгінде жұлдыздар жанғандай. Нәзираға қарай бергісі келеді. Көктемде бүр жарған көктемдей құлпырып-ақ тұр. Қыздың тылсым сырына қаныққысы келгендей жайдары жүзіне жадырай қарайды.

  Екеуі шай ішті. Қос жанары ботаның көзіндей мөлдіреген жанарына іңкәр болып еріксіз елжіреген.       

- Назира, есіңде ме, екеуіміз алаңға қол ұстасып шыққанда жаңарың жәутеңдеп, өзіңе үздіге, үзіле қарағаным! Сен де мені қимаған сияқтысың.

  Қыз ұялып,  жанарын тайдырып, төмен қарады. 

- Иә, сол кезде екеуіміз болашағымыз үшін күреске шыққандай елестеген. Бірақ сіздің маған «жатақханаңа бар, жаурап қалдың?» деп қамқорлық танытқаныңызға әлі таңмын. Сіз қаскөйлердің сендерге зұлымдық жасайтынын білген сияқты көрінгенсіз маған.

- Білмеймін, әйтеуір, ішкі сезімім бір қатердің екенін сезгендей болды. Сол кезде мен сен үшін қатты алаңдадым. Сен жазым болсам, өзімді өмір бойы кешіре алмаспын деп ойладым. Сені менің жаныңнан бір елі кеткім келмеді. «Жылынып кел, сосын қайтып келесің?» деп әрең көндіргенім есімде.

- Иә, құрбым Алия екеуіміз қатты тоңып, қайтып кеттік. Жатақханаға кіріп, жылынып, ұйықтап кетіппіз. Таңертең есікті біреу тоқылдатады. Ұйқылы-ояу күйі есікті ашсам, қарсы алдымда екі милиция тұр. «Не боп қалды? Кім керек?» деппін абыржып. Олар менен бірге тұратын қыздар туралы сұрады. Жанымдағы үш қыздың екеуі жоқ болатын. Мен олар кеше туысқанының үйіне кеткен деп айттым.

- Олар сенің сөздеріңе сене қоймаған шығар?

 - Әрине. Олар ұйықтап жатқан Алияны оятып, қыздардың қайда кеткенін сұрады. Ол да туыстарының үйіне кетті деп жауап берді. Егер қыздар кешіксе, біреулер іздеп келсе, солай деп жауап береміз деп келіскенбіз.

- Абырой болған екен.

- Бірақ сендер де алаңға шықтыңдар деп бізді қаншама рет тергеді. Бірақ біз мойындамадық. Мен сізді ойладым.

- Рас па? – деп Алдияр қулана қарады.

- Сізді милиция ұстап алмады ма деп неше күн ұйықтай алмай, алаңдап жүрдім.

- Ұстап алды ғой, иттің балалары! Бізді қоқыс төгетін шұңқырға малдың өлексесін тастағандай төңкере салды.  Көрер жарығым бар екен, өзің білесің, күн суық болды ғой. Үйге әрең жеттім. Суық өтіп кеткен бе, бірнеше күн басымды көтере алмай жаттым. Жауыздардың тепкісі де денемді дел-сал қылыпты.

- Иә, маған Сағи айтты. Сізді қайта көргеніме қуаныштымын, - деді Назира.

- Мен де қуаныштымын.

  Тәй-тәй басқан баланың бойындай терезеден ентелей енген күн сәл жымиысымен картон ішін шұғылалы шуақ шаратқан.

-  Қиындықтың бәрі артта қалды. Біз енді болашағымызды ойлауымыз керек, - деді Алдияр. Қызға сұқтана қараған. Ару ұялып, қайта төмен қарады.

- Жүр, сыртқа шығып серуендеп қайтайық. Бүгінгі күн сондай керемет! - деді жігіт. Қыздың қолынан ұстап, сыртқа беттеді.

   Екеуі өзен жағасын жағалап келеді. Кеш желтең екен. Бұлбұлдың, әлде шымшықтың құлаққа жағымды үні, шегірткелердің шырылдауы мен бақалар әні Назираға ұнап кетті. Жігіт жерден бір алқызыл гүлді жұлып алып, сүйіктісіне ұсынды. Гүлдің хош иісін құшырлана иіскеген Назираның кездесін қуаныш пен шаттық кернеді. Жүрегін сезім тербеп, жаны махаббатқа бөленіп сала берген. Жігіт қызға таяп келіп, құлағына сыбырлады:

- Еліктей сұлу еркем, жүрегімнің үнін бір тыңдашы?

     Қыз жігіттің кеудесіне басын қойды. Лүпіл қаққан жүректің үніне құлақ тосты. Мөлдір көздері күлімдеп, жігітке қараған сайын нұрланып бара жатты. Қыздың ақмаңдай келбеті елітіп, маңдайынан сүйді.  

- Сол күндері өзіңді қатты сағындым. Қол бұлғап қала да алмадым. Жабырқау жанарым жасқа шыланып, өзіңізді қанша күткеніміді білсеңіз ғой. Мүмкін, мені ұмытып кеткен шығар деп те ойладым.  - деді ару. Айтарын айтса да, басын жоғары көтеруге қауқары жетпеді.

- Сені басқанының бағы болуға әсте қимаймын. Біз әлі бақытты жұп боламыз. Менің ақ үміт арманым алдамайды. Жүрегімдегі бір нәзік сезім сіз жаққа қарай магнитше тартып барады, сәулем. Сіз білсеңіз ғой, менің қалай сағынғанымды. Ақ бұлттарға арманымды жазып, саған жел болып үрлеп жібергім келді.

- Сіз.. сіз..

- Иә, сенің жарқын жүзіңді көріп, сыңғыр күлкіңді естігенде сондай қуанам. Сенен айырылып қалғанда ұйқы алдында ойға батып, таңды қарсы алатынмын.  

- Сіз де көңілімнің гүлдей нәзік пернесін сезім-саусақтарыңызбен тербетіп жібердіңіз. Бірақ мені қасқа судың ағысындай мінезімді қайтесіз, - деп езу тарта күлді қыз.

- Бәріне төземін ғой, - деп жігіт жымия күлді. Қыз басын көтеріп, қоса жымиды. Көздері қос жұлдыздай жарқырап тұр.

 - Міне, көрдің бе, сенің қолыңнан жетелеп, сандуғаштар сайраған бақтарға, көкорай шалғынды белге осылай мәңгілік қыдыртып өтем.

- Арманыңыз жаман емес секілді? Айнып қалмасаңыз болды.

- Ондайды ойыңа да алма. 

   Екеуі қол ұстасып, шыр көбелек айналды.

- Таңдағы сәуледей жүзіңді өбіп, самал желдей шашыңды сипап өткім келеді, - деді жігіт.

- Бақытымды бағалай алмай қалмаймын деп қорықпайсыз ба?

- Білем, қыз баланың сыры көп те, айтары аз ғой. Жанарыңда күлкі ойнаған кезіңде өзімді бақытты сезінем.  Бір өзіңді ойлаумен мұң кештім. Енді ешқашан айырылғым келмейді.

- Жанарымды талдырып, сіз қашан келеді деп, жолға қарап қоямын.

- Кешір, менің де жүрегім сыздап өзімді қоярға жер таппай жүрдім.

- Сіз жүрегімді дір еткіздіңіз ғой.

- Басқаны көрсем, сені ойлайтын болдым. Көкейімнен кетпетін арманым өзіңсің, Нәзира! Естисің бе, мен сені сүйем. Сүйем... Өмір бойы сүйіп өтем!

 Қыз төмен қарады. Жігіт арудың шиедей еріндеріне төне берген.

    Парманбек орманды шарлап келгенде қол ұстасып, әлденені айтып күлісіп жүрген екеуін көрді. Үріп ауызға салардай бойжеткеннің бейсауыт жүрісін жақтырмаса да, жастардың басы қосылғанына қарсы болған жоқ. Құмарлықтың түбі қателікке бой алдырамаса екен дейді. Қараңғы қойнаудан самалданып соғатын желмен қыздың жағымды әтірі келетіндей, құдды есіне желік біткен жастығы есіне түсіп, қай-қайдағы сезімдерін қытықтайды. Мына салқын түннің сызын елей ме, ғашық жастар? Баяғы, аяулы естеліктер мұның кәрі, шаршаған денесіне құс төсектей жағатыны да бар. Күндізгі жорықтан сілесі қатқан орманшы тәтті ойларға беріліп, көзі ілініп кеткен еді. Картон терезесінен желкеу от жылтылдап тұр.

Броконерлер

    Бар қаймағын қалқыған ешкі сүтіндей аспан төңкеріліп тұр. Өзен бойындағы жалбыздың жұпар иісі адамды еліктіріп жібереді. Парманбектің есіне әкесі түсті. Жасаң демесең, жас қойдың бүйрегіндей салмақтауға келер болмашы сабырлығы да жоқ емес еді. Тауменің сұсты қабағының астында тәрбиеленген ол жас күнінен даламен сырлас, мұңдас болып өсті. Әкесі керемет аңшы еді. Бірақ көктемде аң төлдер уақытта орманға келген сұғанақ көздер мен суық қолдыларды суқаны сүймейтін. Қалың қасының астындағы қоңыр көздері ойға шомғандай көрініп, бауырмалдылыққа шақырып тұратын.

   Орманшы салт атпен маңайды шарлап, дүрбіге көз салды. Тықыр шым бүркеген бұта арасынан бөтен біреулерді көзі шалып қалды. Жол бойындағы бәкене қырқадан бойлары сорайып, мылтық асынған топтың броконерлер екенін білді. Тас метім суға балтырын батырып, жайлақ судан өтіп, бұқпантайламай ілгері жүрді. Көңіліне маналы бері ін ауызындағы саршұнақтай беймаза күдік кірген. Қыстағы түсік қозыдай маңырай алмай кететін бұл емес, күпәйкесінің ішіне інтелете кірген бүргедей шағып оятатын мінезі де бар. Киелі орман алдындағы күбірлі антына ғана емес, артынан ерген азаматқа да сын боларлық қауіптен сескенбеді. Осы жүрісі қатерге толы екенін сезсе де, абыройлы борышын орындаудан бас тартқан жоқ. Олар мұны елемегендей, карабиндерімен тал-теректің басын көздеп, алаңсыз отырып үйренген құстарды атып, қатты үркітті. Орманшы абдырап отырған адамның кейпін салғанмен, сергек оймен қашу емес, қорқауларды қолға түсірудің бір байламын да жасап қойды. Бұлар бар ғой, мұрнын жүз рубльмен сүртетін қалталылар санатына әлдеқашан саналып қойғандар. Құдды атасының сатып алған жерінде жатқандай манаурап, бейқам жүр ғой мыналар. Мынандай қысылтаяң шақта сопа басы жалғыз өзі кімнен кеңеспек? Заманмен әлін білмей алысқан адамның кебін кимей ме? Қамшы емес, қара күшке емес, мылтыққа жүгіргіш, тізеге жүгінгіш бәтшағарларды сілейтіп салар ма еді? Бұлардың базардағы дәукес әйелдердей бос сөзбен тәжікелесе қоярына зәредей сенімі де жоқ. Қаладан қашып, мына даламен бекер қауышқан жоқ Парманбек. Бейуақыт жортқанды жіті көзімен бақылап, кітап парақтағандай адалап шықты. Осылардың ісінен адам тұщынар ой тізе ала ма? Қарт орманшы көктемде аң аулап жүрген мына безбүйректерге қарап, қарны ашып, жүрегі лоблыды. Асқазанының бүрі ойнақ салғанда ас жылмағай жатып ішердің нақ өздері екен. Әнебіреуі саусағын қапшыра қысқан алтын төртбұрыш сақинасымен ернеуіне зерлі ою бедерленген жалғыз сирақ бокалмен ішімдікті сыздықтатып отыр. Қасындағының езуін жұмсақ бір күлкі түртті ме, әлде түлен түртті ме, өзінен-өзі күшәла шайнағандай ыржалақтай береді. Ақ қарынға қанып ішкен шәй есіне түсті ме, Парманбек сары саптаяқты ұстаған шомбал қараға қараған сайын қарны сазып кетеді. Олар алаңсыз тамақтанып отырғанда жанына жетіп келді.

- Қозғалмаңдар! Қолдарыңды көтеріңдер! – деп қарт орманшы ақырып, айғай салды. Мұндайды күтпеген олар үрпейісіп, бір орнында отырып қалды. Бірақ аса саса қойған жоқ.  

- Аға, не боп қалды? - деді ішіндегі ес жиған біреуі.   

- Аң-құс атуға сендерге кім рұқсат берді?!

 - Біздің аң аулауға рұқсат қағазымыз бар! –  Дәу қара төс қалтасынан бір жапырақ қағазды суырып алып шықты. Қарт орманшы жаңа өзі айтқан мірдің оғындай семсер сөздер жауының қаперіне де кірмегенін аңдады.

- Ей, шал, жөніңе кет! Әйтпесе... қалқиған құлағыңды шоққа үйітеміз,   - деп анау қарқылдай күлді. Неге екені, ішек үзді күлкі көпіршіп келіп жынына тиді. Ермек үшін аң-құсты қынадай қырған, шіренген дөкейлердің жасырын күнәһарлыққа толған ойсыз көздері, сайқымазақтана менсінбей қарағаны жанына батты.

- Ах, әкең... сені ме, дәл қазір мына мылтықты гүрс еткізсем, орманшыны қалай қорқытқанды сонда көресің, - деп Парманбек броконерлерге шүйлікті. Шұңқырға тасталған көкпардай дүңк ете қалған мақау дауыстар жан-жақтан анталағанда шекесі солқылдап, сырқырай, басы мең-зең болып шуылдай жөнелді.

- Сендер менімен ойнамаңдар! - деп айғай салды орманшы. Мұң сіңді қоңыр дауысынан әлі болса кекесін мен қиянатқа көнбеушілік аңғарылып тұрған. Наразылығын қанталаған жанарымен ғана аңдатып тұра алмады. 

- Мә, ендеше! – Орманшы біреуін құлақ-шекеден салып кеп жіберді. Анау да қарап тұрсын ба, қарымта соққы жасап үлгерді. Қарт орманшы ұзынан сұлап түсті. Байлықтың буына мастанып, бұған тізесін батырғандармен әлін білмей алысып, көкжалдың үйірімен алысқан жалғыз тазыдай тұралап қаларын білсе де, тартынбады.

   Жауыздар бұған шие бөрілердей жабыла кетті. Біреуі қол-аяғын арқанмен матамақ болды. Мал екеш мал да бауыздар сәтте аяғын бір серпіп қалмай ма? Жар шетінде тұрған жасамыстай емес, әзір күш-қайрат барда өлісіп, айқасып бақпақ. Көп адам қойсын ба, орманшының қол-аяғын тырп еткізбей, әп-сәтте-ақ байлап үлгерді. Іле-шала шағына жуан жұдырық сарт етіп, көзінің алдында жұлдыздар жарқ етті. Есеңгіреп қалмаса да, ауыр соққы қарт орманшының қимылын бәсеңдетіп тастаған. Енді бірі буындырмаққа бекінді. Қос ауыз мылтықтың ұңғысындай сұп-суық көздер.

- Бұл қақпастың көзін құртайық, әйтпесе ертең өзімізге бәле болар, - деді біреуі.

- Дұрыс айтасың, қол-аяғы байланған күйі өзенге ағызып жіберейік, - десті екіншісі. Жауыздардың жүректі тілгілеген заһар сөздерін Парманбек естіп, біліп жатыр. Броконерлердің адам өлтіргіш өзгермейтін пайымдары мен жасандылықтан ада қара ниеттері аң-құс түгіл жүрегінің түгі бар адамды шошытары сөзсіз еді. Қарақшылар жүрегінің түгін қырғандай қорқытпақ болды. Мұндай қауіптің талай құқайын көрген орман күтуші қартаң тартса да сол жақ бүйірі тұсындағы бір жұдырық етін семдіріп, тарамысты тірсегі мен сабырлы тынысын тарылта алған жоқ. Қолына қара тікен кіргендей шар ете қалмаса да, тістене ыңырсып, ыңыршағы айналағанша шыдамдылық танытуға белді бекем буған. Маналы бері көрген қағажу көрсе де, екі бетінің қызылы азаймай, қайта ашу қайтқандай бозарып отыр. Екі қолының сыртынан ширатыла оранған арқанды шешпек болып, үміті үзілген күнаһардай болмайын дегендей амалдай бастады. Міне, екі жөйіт мұны көтеріп, өзенге қарай беттеді. Парманбек жарық дүниемен қоштасар сәттің келіп қалғанын сезгендей іштен тына берді. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрғанда табиғат-ананы қорғап, шейіт болса, ол да абырой емес пе? Бірақ мына жарық дүниені жаны шіркін қимайды екен. Тексіздердің тірлігіне көңілі толмай-ақ қойды. «Әттең, қылшылдаған қырықта болса, сіміргеніне мәз болып жүрген сілімтіктерді аш қасқырдай тарпа бас салып, дымын шығармай шөкелетер едім» деді өзіне.                 

   Орманда атылған мылтықтың дауысы Алдиярдың құлағына да жеткен. Ол бұл кезде өзеннің төменгі сағасын қарауылдап жүрген. Жүрегі бір жамандықты сезгендей көңілі алғыза берді. Жанындағы төбет те қартқа бір қатердің төнгенін сезгендей жалт қарады. Мылтықтың дауысы бір емес, бірнеше рет атылғанда атының басын кері бұрды. «Көктемде мылтық атып жүрген кім болды екен?» деп ойлады жас орманшы. Не болса да сұғанақ қолдардың ісі екеніне көз жеткендей, атқа қамшыны үйіріп келеді. Жол бойына түсіп алып, жазық даламен көсіле шапты.  Бұл кезде броконерлер шалды өзеннің жағасына әкеп, бір тынығып алғысы келгендей темекі тартып тұрған. Ту сыртынан естілген аттың дүбірін естіп, қолындағы шылымдары жерге түсіп кетті. Егер, бейтаныс біреу бұлардың шалды тірідей өзенге ағызып жіберейін деп жатқанын көрсе, бәлеге тап боларын сезді. Олар есеңгіреп қалған шалдың ауызына шүберек те тығындамап еді. Қарт орманшыны өзенге лақтырып жіберуге үшін әлі біраз жер жүру керек. Аттың дүбірі барған сайын жақындап келеді. Бұл кезде есін жиған Парманбек те жерге құлақ тосып, салт аттың шабысын аңғарған еді. Өзін құтқаруға көмек келгенін сезгендей, көзінен жас парлады. Бірақ салт атты бұларды көрмей, жанына өте шыға ма деген күдік те санасына соққы берген. Қарт орманшы бар күшімен дауыстап айғайлап жіберді.

 - Алдияр! Алдияр!

   Осы кезде бір жөйіт мұны іштен ыңқ еткізіп, бір тепті. Шал дем ала алмай, тұтығып, екі бүктетіліп қалды.  Броконерлер таяқ тастам жерде талдың түбінде ерттеулі тұрған аттары мен қаруына қарай жүгірді. Осы кезде шалдың бақырған дауысын естіп Алдияр өзен жағасына қарай тіке тарты. Көзі ашық алаңқайда байлаулы жатқан қарт орманшыны жазбай таныды. Қаны басына шауып, бар ашуы бойына тарады. Төбет қанышерлерді аты мен мылтығына жеткізбей, үстіне секіріп, айқасқа түскен. Майлы балтырдан тістеп те үлгерді. Иттің тісі батқан броконер бақырып жіберді. Алдияр жасыл шөпке шырт түкіріп, қолға дырау қамшыны алды. Атпен олай-былай ойқастап, бірнеше бронокерді жотадан сыбап өтті білем, ыңқ еткен дауыстан соң жерге сұлай берді. Сол кезде ес жия бастаған қанышерлер бұған лап қойды. Жас жігіт қарны салақтаған немелерді гүрзідей соққыларымен қарсы алып, бір-екеуін қара жерді иіскеттіріп еді, қалғаны қаша жөнелді. Қашып бара жатқандарды жотадан, құлақ-шекеден осып-осып жіберді. Сылқ етіп жерге сұлап түскен месқарындар ауыр соққыдан тез тұрып кете алмай, жерді көпке дейін иіскеп жатты. Барлығы төртеу екен. Алдияр атынан секіріп түсіп, қамшымен тағы шықпыртты. Төбет те тарпа бас салып, заңсыз аң аулаушылардың қашуына жол бермеді. Жас орманшы қаскөйлерді жерге домалатып, қашып кетпесін деп арқанмен матап тастады. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Алқынған жүрегі атқақтап, еркіне бағынбай барады. Құдды осының бәрі кино секілді. Ол өзен жағасында жатқан Парманбекке беттеді.  

   Қарт орманшының ұртына қан толып қалыпты. Алдияр аттан секіріп түсіп, қарт орманшының қолын шешті. Ызаға булыққан қарт орманшы есеңгіреп жатқан месқарынның бірінің үстіне кеудесімен қарақұстай төне кетті. Бейне бір теңізге тасталған зәкірдей, Парманбектің қарулы қолдары броконердің бірін тырп еткізбеді. Орманшының көлеңкесі сәждеде отырған адамдай көрініп, тапжылмай қалған. Жас жігіт қарт орманшының кемсеңдеген иегі мен дір-дір еткен ерінінің дірілін байқады. Ол кірпігін де қақпастан жауыздарға қасқая қарап тұрып қалды. Бұл бұрындары кеудесіне нан піскен кісінің қазіргі мүсіпір күйге түскенінің – кедейшілікке ұшыраған байдың сырттан өз үйінің терезесіне көз салып, үстел басындағы бөтен адамдарды көргендегі әсермен пара-пар еді. Қолға бірнеше мылтық түсті.

     Алдиярға қарт орманшының екі ұдай мінезі жоқ бірбеткейлігі ұнады.  Парманбек көктемде бұлардың қолында қайдағы аң-құс атуға рұқсат берілген билет деп ойлады. Әлде бұл қорлық өзін аса ұната бермейтін бастығының тышқанға тегін ірімшікті тастап, қақпан құрғаны ма екен? Рас, байлаулы жатқан аң-құс атқыштың қалтасынан аң аулауға рұқсат қағазы бар болып шықты. Өз көзіне өзі сенбеді. Мұны кім берген, қалай алған? Бұл талай жыл жүйке тоздырғанда көрген қорлығының ең сорақысы екен. Артық жүкке арымаған ат, тілінбеген табан қалды деймісің бұл күндері. Бұл қанағатсыздарға табиғат-ананың не екенін білдірем деп, шындықтың отына күйіп жүрген жайы бар емес пе? Ертеңгі күні бұл рұқсат қағазын алып барса, креслода қонжиып отыратындардың жауапкершіліктен тайқып бермесіне кім кепіл?! «Жасанды құжат, мен ешкімге аң аулауға рұқсат қағаз берген жоқпын!» деп көкбеттеніп отыратынын Меделханды көз алдына елестетті. Тәйірі, ащы кекесін мен зардабы қиян кекке мелдектеу - тексіздер мен маңдай тайқыларға тән мінез болса керек-ті. Ашу алды  - адасу болса, соңы – бозарған өкініш. Орман-тоғайдың обалы осыған ғана керек пе екен? Түсінетін жан, қолдайтын адам бар ма өзі?

    Базғы бір түйсінгені – мамырдың тымырсық күні болса әне, батыстан көлеңке түсіріп, бесіндеп алыпты. Әлімжеттік жасап кеткен баладай озбыр жігіттің кекесін күлкісі көзінен де байқалды. Алдияр қос ауызды көтере бергенде әлгі жөйіттің көзіндегі күлкісі суынып үлгерген.

- Бауырым, мен қалжыңдап едім... қалжың ғой. Түсінесің бе? Сен өзі қай елсің? – жосықсыз сұрақ Алдиярдың зығырданын қайнатты. Өңі түгіл түсіне енбеген бір күдік – осынау немқұрайдылыққа сенбестік пайда болды. 

   Төрт жауызды жеделдетіп аудан орталығына жеткізген. Милиция қылыскерлерді ұстап әкелген екеуін көріп, басын шайқады. Есесіне бастығы Меделхан сол күні-ақ кабинетіне шақыртып, бұдан жауап ала бастады.

- Қарағым-ау, бар кінам, орман-тоғайды қорғағаным ба? Мен үшін кім табиғатты заңсыз бүлдіреді, сол – қылмыскер!

- Сен өзің тұтқындаған адамның кім екенің білесің бе? Ол жоғарыда отырған Бәкеңнің баласы.

- Олар маған күш көрсетіп, өзімді майып қыла жаздады. Мына Алдияр болмағанда ауруханада жатар едім. Өзімді байлап-матап өзенге ағызып жібермек болды.

-  Мен бас десем, сен құлақ дейсің.

- Менің міндетім – орман тоғайды қорғау. Сол үшін жалақы алып жүрмін. Егер біреу заңды бұзса, ол кім болса да заң алдында жауап беру керек емес пе?

- Сізге дауа жоқ екен, бірден маған хабар бермедіңіз бе?

- Ойыма келгені милиция болды.

- Боссыз, - деді – бастығының зығырданы қайнап.  Алдияр үнсіз қалды. Екеуі басы салбырып, сыртқа шыққан.    

     Орманшы үндемей ұзақ иленген мазасыз ойынан шашау шығарып алғанына қапаланды ма, маңдайын жиыра түсті.

-  Мен білсем орманның сұмырай да,, сұмпайысы да  -  тексіз бен тоғышар.  Өзімді көрер көзге төрт жігіттің рабайсыз болса да бірін шайпатып жібер ем, әлгі бастығым көңіл үшін болса да иненің жасуындай араша түскен жоқ. Мен тақылетті, қырықтың қырқасында болсам әлгі желөкпелердің мойнын бұрап алар едім. Бұл күні қарғаның көзі қарға шұқиды дегенді кім көрген? Қаңқу сөзден ойға түйгенім: бұлардың оңғаны жоқ екен. Бес елі сорыма жаңбастас болған сені кім айдап әкелді екен? Міне, енді бүгерге бүкпе қалмай, беті ашылған келіндей отырғаным мынау, - деді Парманбек.

  Жас жігіт манадан бері тәжікелесе ойнап келген жұдырық сығымындай сөздің алдын ораған жоқ. Кәрі орманшыға әлденені үйретіп, өз нұсқасын айтса, болмашы сөзінің өркештеніп кететінін байқады. Әлгі бастығының қолға түсіп, қолды қышытып кеткен қылмыскерлерді жақтағанына таң қалған. Екеуі үнсіз орманға оралды.  

      Парманбек бастығы Меделханның тоғышар сөзі көкек құстай ұя өзгертіп, бір айналып келгенде тауарының бағасын өсіріп айтатын саудагердей мың құбылғаны жанына батты. Әлгіде ғана жағасынан жау жармасып, келте кекілін жат саусақ уыстағанда, жұлқынып, арыстанша айбат шекпеді ме? Орманшы деген атқа лайықты атқа шалынып еді. Деректі тізіп дедектетсе, бетіне шіркеу, сүйегіне таңба болмай ма? Қорыққанда қарысатын саусақ мұныкі емес. Бастығы Меделхан сақтық ойлап, қулыққа басатын бәтшағар неме екен. Мұны көрікке салған темірдей қыздырып-қыздырып алып, икемге салмақшы. Терге шыланған тайпақ маңдайын жеңінін ұшымен сүртіп, «Өмір-ай десеңші!» деді күбірлей. – Ақшалының жанында дөкейде де ділгіріп қалатыны несі? Мана ішкен қымыздан ба, әлде пеш алдында суықтан балбыраған денесінің қызуы көтерілген бе, әйтеуір тереңнен сыр суырпақтаған сайын шешен емес, шеңгел ойлардың тікеніне маталып, әрі-сәрі күй кешті. Анау-мынау сақалға бергісіз екі-үш тұтам иектегі талшық болмаса, жігіт ағасынан еш айырмасы жоқ. Қалың қасы ашу үстінде айқасып, арбаса кетердей, қараған жанға қаһарын төгер хандай көрінері бар. Азаннан кешке дейін орман аралап, жас кезінде көкпар тартқандай болдырып, құйрыққа тыным берерде санға салмақ салып, бір жағына қисайып, жантая кетті. Астына мінген жылқы да сағағынан бүгіліп шаппай, бір мимырт жүріспен аяңдауды әдетке айналдырған. Әулекі көзі байқай бермейтін жылқымен шарламаған жері қалды ма? Елгезектігін ішіне бүккіш серпінді тұяқ қарамағына қарасты орманды жүз, бәлкім мың рет айналған шығар. Тұяғының ұшымен қаздаң басып, қадам басар көрінеу кербездігі де бар. Жалынын жел тарайтындай ұшқырлығын көрмейсің.              

  «Өзен маңайынан танауға ұрған ылғаш шөптің иісі бұрқырып тұр екен, орманшы күні ертең жауын жаумаса неғылсын» деді іштей. Іленің ерке ағыны шұғылалы нұрға шағылысып, күн сәулесімен от тигендей жалтылдап, көздің жауын алады. Міне, табиғат! Міне, Жер-ана! Айнала ұшқан қарлығаштар бар пәрменмен шұғылалы нұрға сүңгіп кетеді де, көзден таса болады. Өзен ағысы мөлдіреп жатқан жерлерде зеңгір көк бір сәт төмендеп, тұңғиық су түбіне батып, мөлдір су аспанда жүргендей әсер қалдырады. Тепсеңдегі кәрі қарағаштың буын-буыны сықырлағанын, шаруа қожалығы иелігінде жайылып жүрген жылқылардың балауса шүйгінді күрт-күрт шайнағанын, дүркірей қозғалған тасырын естілді. Орманшы ұясында жұмыртқа басып отырған шілдің бұқпантай қозғалысын айрықша бақылап, құлақ түреді.   

   Қаланы аңсайды емес, білім шіркінге әлі де құмары қанбағандай, осы орманда мен қимайтын не бар екен деп өзіне өзі есеп бере бастайтын. Парманбек осы бастық шіркінмен сағылысып жатам ба деп жұмыстан сан рет кетіп қалам ба деп ойлаған. Сондағы келген байламы – әскерден Отан қорғаған сарбаз секілді, жер ананы қорғауым керек деген саналы салқын ойдың жетегімен орманға келді емес пе? Әйтпесе, институтта көз майын тауысып, төрт жылын сарп еткенде жеткен жетістігі орманшы болу ма? Ол әрі оқуын жалғастырып, ғылым кандидаты, доктор, профессор болуды көздеген жоқ па? Курстастарының бәрі «Сен алысқа барасың» десе, ұстаздары «Осы Парманбектің басының тесігі бар, түбі бұдан бір нәрсе шығады» дейтін. Қырсық қылғанда, диплом жұмысын табиғат жайында қорғап, бір комиссия мүшесінің «Осы сендер жер туралы не білесің?» деген сөзіне бола осында келді емес пе? Қазір сол замандастары мұның қай жерде жүргенін білмейтін де шығар, білгендері осыған оқу өтіп кеткен, әйтпесе орманшы болып оқыған адам орналаса ма? деп кейістік білдірген де болар.    

   Бір шетінен көкжиекті қамтып, сәл ғана нұрлана түскен, шөкімдей мақта бұлты бар аспан мөлдіреп-ақ тұр. Кешкіре бастаған шығармақ күн секілді, бір сәтте өсімдік атаулыны жел жапырып, жаңбырдың алғашқы тамшылары қу шөпке ұйқыдан оятып алмайын дегендей батылсыздау тырс-тырс тамды. Қарағанды жақтан бермен жүйіткіген желмен бірге жылжыған жаңбыр керуені өрмекшідей аспанды торлай түсіп, күркірі құлаққа еміс-еміс шалынып қалды. Парманбектің бетіне тиген ұсақ тамшылар көзі мен бетін аялап, жыбырлата бастады. Құдды қарт орманшыны жұбатқандай.    

Балық уылдырық шашқанда

    Көктемнің рухы сезілісімен, аң-құс та шыр ұйқыдан оянды. Қаратал өзенінің жалпақ арнасы ауылға бұрылғанда шығындала келіп, қарсы беттегі жағалауды сипай өтіп, сұғына кіріп, сонау жаққа алыстап кеткенде ғана арындап ала жөнеледі. Жіті жанары еш нәрсені қалт жібермей, айдынды өзен үстінен төнген айлы аспан астындағы ашық-жарқын су беті жылтырай көрініп, балықтар шапшыды. Төңірек жым-жырты, алайда осынау мүлгіген өзен секілді,  су сылдыры мен ну ғана арасындағы жел шуы тәріздес, арғы беттен ойнаған балықтың шалп еткен дыбысы да анық естіледі. Өзен тасығанда күмпиіп, кенерінен асып-төгіліп, жан-жаққа лағып кете береді. Ұйысқан шөп іші де шылқып тұрғанын байқады. Мамырдың жаңбырынан соң сан түрлі болып аңқыған жұмсақ әрі өткір иістер бір құдіретпен буға айналып, жоғары көтеріліп жатыр. Картонға апаратын жалғыз аяқ жол бойындағы ой-шұңқыр көлкіп жатыр екен. Парманбек ақылы артынан жүретін бастығына ренжіп, көңілі алабұртып, налыңқы пішінмен кеудесі қарсы айырыла ахілеп, ухілеумен болды. Шыбын жанының нәзік бір тіні сетінеп барып үзіліп, кеудесі қысылып, жетімсіреп қалғандай күй кешті. Расында, мұнда орманынан басқа кім бар? Аң-құс, тал-теректерді тірі жанға жатқызғанымен, сырласа да алмайсың. Сырыңды ақтарғанымен, саған ақыл-кеңес бере ала ма?

    Қалың орман ішінде тығырыққа тірелген жандай өзінен-өзі «А-а-а-й!» деп айғайлап жіберді. Әнеу жерде, күн сәулесі кетпеген аспан күмбезіндей шұғыланып көгілдір тастар шашылып жатыр. Көк жүзінен көз қарықтыра жарқыраған жиде мен қарағаш түбіндегі төмпешікте қарауыта көрінген ата-баба зираттарының ай белгісі жарқырайды. Бұл қорымдардың жанында адасып қалған жолаушы үшін жылынатын бір құшақ отын жиналып тұратын. Ал картонға кезіксең жолың болды дей бер, мұнда сен үшін тұз да, сіріңке де, жылы киім де, тіпті кепкен азық та табылады. Егерәки, біреу қиындыққа тап болса, орманшы үйіндегі қажетті заттарды қажетіңе жарата беретін. Орманшы үйіндегі пешке сексеуілдерді жақсаң, босағадағы адыраспан иісі елітіп, даланың жұпар иісі мұрныңды жарады. Шөл даланың аңырақ желі мен өзеннің сылдырлай аққан шуылы құлағыңда әндетіп тұрып алады.

- Алдияр, әй, қайдасың? – деді Парманбек. Түнеукүнгі қақтығыстан кейін ой да, бой да жазғысы келгендей еркінси түсті.

- Қазір аға! – Картоннан жаңа шыққан жас орманшы айғаймен жауап қатты. Алдияр өзен жағалауына келгенде қарт орманшы су бетінде шоршып, ойнақ салып жүрген балықтарды қызықтап тұр еді.

- Қарашы, қандай керемет, ә? – деді бұл құбылысты жаңа көріп тұрғандай. – Өмір деген  осы. Бұл ана балықтар ұрық шашады да, өмірімен қош айтысады. Балықтар өмірінің бар мәні осында: ұрпақ қалдыру.

- Ал, адам өмірге не үшін келді деп ойлайсыз, аға!

- Адам ба? Адам да ұрпағы үшін өмір сүреді. Бірақ оның мақұлықтарға қарағанда басқа да парызы бар.

- Ол қандай парыз?

- Енді... мынау орман-тоғайды, туған жеріңді, Отаныңды қорғау дегендей...

- Парманбек аға, сіз осы адам маймылдан жаралды дегенге сенесіз бе?

 Қарт орманшы рахаттана бір күліп алды. 

- Енді, бізді сөйтіп оқытты ғой. Сендер де солай оқыған шығарсыңдар. Біздің орман-тоғайда маймыл жоқ, әйтпесе сұрап алар едім, - деп күлді.  Іле күлкісін сап тиып:

- Адам маймылдан жаралды десе, маймыл неден жаратылды екен? Маймылды қойшы, ол да бір мақұлық қой. Мынау айналаңа бір сәт көз салсаңшы. Анау сарқырап ағып жатқан өзен, биік таулар, тіпті осындай алып жерді, күн мен айда өздігінен жарала салмаған шығар.

- Иә, біз мектепте күннің өзін тоғыз планета айналады дегенді оқыдық қой.

- «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп аталарымыз айтып отыратын. Мына Сәбет өкіметі бәрін жоққа шығарды ғой. «Атамызды - орангутан, шешемізді – шимпанзе» деді.

   Алдиярдың есіне желтоқсан оқиғасы түсіп кетті. Саны аз ұлттарға тізе батырғыш империяның өктемдігі жайлы сөз қозғамақ болып еді, ол ойынан лезде айнып қалды. Қарт орманшы екеуі өзен жағалап, келе жатып қармақпен балық аулап жүрген балаларды көзі шалды.  Он-он екі жасар балалар екен.

- Әй, батырлар не істеп жатырсыңдар? – деді қарт орманшы аттан түсіп,  Алдияр да жерге ақ тигізіп, талға атын байлады.

- Балық аулап жатырмыз, аға!

- Балық аулап жатқандарыңды көріп тұрмын. Рұқсат қағаздарың бар ма?

- Жоқ. Біз жай... Қызық болсын деп... Мына інім балық аулауға барайықшы деген соң келгенбіз.

- Атың кім?

- Жандос, мынау менің інім, аты - Айдос. 

- Е, Жандос батырмын де. Көктемде балық аулауға болмайды балалар.

- Неге?

- Сендер көктемде балықтың уылдырық шашатынын білмеуші ме едіңдер?

- Білеміз, бірақ... Ауылда ішіміз пысты. Балық аулап жегіміз келді.

- Шыныңды айтқаның үшін сендерді бір жолға кешірейін. Кәне, қанша балық ауладыңдар? – деп қарт орманшы шелектеріне үңіле түсті.  -  Ой, ұстағандарың бес-алты шабақ қой.

- Міне, менде үлкен балық бар,  - деді Айдос інісі мақтанып. Шелегінің ішінен ұзындығы отыз сантиметрлік сызғыштың көлеміндей тұқыны көрсетті. Ауа қармақ қалған шүңірек көз жылтылдап, қолдан шығып кетердей жұлқиды.

 - Қашан келдіңдер?

- Бір сағаттай болды?

- Өздерің әбден жаурап қалыпсыңдар ғой. Осы балықтарыңды алып, үйлеріңе қайтыңдар. Көктемде судың ағысы қатты болады. Жазатайым суға кетіп қалып жүрерсіңдер.  Жазғытұрым маған келсеңдер, сен сендерге үлкен балық түсетін жерді көрсетем, - деді қарт орманшы.

- Рас па? – деп екеуі қуанып кетті. – Жарайды онда, келістік!

   Алдияр үйлеріңе қайтып бара жатқан екі кішкентай балықшының соңынан ұзақ қарап қалды. Қарт орманшының кішіпейілділігіне, адамгершілігіне сүйсінген. Парманбек болса, арындап ағып жатқан өзенге көз тігіп, ойға батты.

-  Өмір деген мына өзен секілді. Одан әркім өз несібесін теріп жейді. Ағыны қатты өзенге қарсылық көрсетер қауқар таныта алмасаң, сені суға ағызып жібереді. Өмір – күрестерден тұрады, - деді қарт орманшы. Жас орманшы ақсақалдың айтқанын үнсіз тыңдады.

   «Өмір – деген күрес. Желтоқсанда алаңға шыққанда біз де құқығымыз үшін күрестік. Иә, ол күрес – азаттықққа апаратын жолды көрсетті. Нағыз күрес әлі алда» деді іштей Алдияр.    

Лашықта

    Ай астында, ескі лашықтағы масаханада балықшылар ұйықтап жатыр. Жайдары жазда Іле өзенінің толқыны гүрсілдей соғылып, енді бірде жағалаудағы қараңдап қалған томарды, ұсақ тастарды емірене жалап жатты. Кең өзен шалқып жатқан тап осы жерде айдың сарғылт сәулесіне бөленіп құрбақалар ән салады. Балықшылар бүгін күнде кешқұрым жұлдыздардың жамырай түскенін көре алмады. Әнеу, ат шаптырым тұзды көшіктерден ақ маржандай тұздар шығып жатады. Ағын су мен жел кеміріп тастаған ағаштар, әлеміштеніп балдырлар бояуы көрініп, тәулік сайын сан құбылған су – бәрі-бәрі әрі қызық, әрі уақыт шіркіннің өз дегенін істетпей қоймайтынын аңғартады. Балықшылар жасаған жаппа шатырдың үстіндегі қамыстың бір бөлігі құлап түсіп, айдың сәулесі аяқ астына төселген алаша әлсін-әлсін болмашы нұр төгеді. Жағалаудағы батпаққа салынған адам аяқтарының анық іздерін жел тегістеп жатыр.

   Қараталдың бойындағы орман қарауытып, қия беткей мен сирек бұталы тоғайлар айлы түнде ақ күмістене тымырсыққа мүлгіп тұр. Шөптердің иісі әрең сезіледі. Арагідік түн жәндіктері сыбырлай жүгіріп өтіп, әлдебір қабық кеміргіш жәндіктің тақырлатқаны құлаққа естілді. Өзен қайранға келгенде жойқын бір арнаға айналып, лықси аққан су шуылы естіледі. Одан әрі сар дала... сексеуілдер мекені... Бұл секілді жанкешті болмаса, жұрттың кәдесіне жарасын деп, оқтын-оқтын сексеуіл дәнін жерге сеуіп, шөлді тоқтатуға тосқауыл қоярға тұрарлық ұсынықты қолдың бұл маңнан үріккені қашан. Сірә, ертеректе осы маңды мыңдаған жылдар бұрын мекендеген қазақ халқының арғы ата бабалары осы сексеуіл жарықтықты отын қылып, қыстан аман-есен шықты емес пе?

   Балықшылар - ата кәсіпті нәсіп қылған нағыз айдын айбынгерлері. Елең-алаңда жайылып жатқан ауқымды өзенді бойлай жүзіп, Балқаш көліне ау құрады. Жағалауға жеткен соң аулаған балықтарын өздері ішек-қарнын ақтарып, күнге қақтап қояды.  Бұрынғыдай теңіздің ортасындан тұрып тонналап балық қабылдайтын «Блаппаз» деп аталып кеткен үш қабатты кеме жоқ. Соңғы жылдары балық өндірісі де кенжелеп, тоғандарға шабақтар жөнелтілмейтін болды. Алып елдегі дағдарыс ең әуелі балықшылар қауымына жеткен секілді. Оған басын ауыртып жатқан балықшыны көрмейсің. Теңізден сүзіп алған ақ маржан балықты саудагерлерге өткізіп, бала-шағаны асырып, жан бағып жүр. Көбі өкімет құрған бригададан шығып, жеке кәсіпті бастап кеткен. Міне, бүгін теңізде алапат дауыл көтеріліп, балықшылар еріксіз кері қайтуға мәжбүр болған.

    Бұл кезде аяқ астынан күн күркірей жөнелгенде қарсы беттегі Қаратал жағалауын бірде түнек, бірде жарық басып, шолпылдап ағып жатқан өзен суын ұйқыдан оятып алғанға ұқсайды. Парманбек түн құшағында құлаққа талып естілетін байғыздың үнін естіді. Жан-жағына әжім үйірсек болып алған, қаршығында ұшқын атқан сол көздерде сұңғылалық сыры сезіледі. Өзен суы буланып, айнала ақшыл көк тұманға ұласқанда алып дала орман күтушісіне телегей теңіздей бұлыңғыр тартып, ақселеудей шалқып жатқандай көрінді. Өзен бетінде жаңбыр тамшылары әндетіп, балықтардың шолп еткен дауысы естіледі.  Кәрілік келген бе, екі көзі буланып сала берді

    Таң ата аспан шайдай ашылып, алаңқайға дірілдеп түскен күн сәулесінің жарығы қарт орманшының жанарын осқылады. Жігіт ағасы боп қалды, енді еңбегі былқылдаған баланың басындай нәзіктік танытуға қақы жоқ. Ерте тұрып, жуынып, шайынып алды. Атты ерттеп, жолға шықты. 

   Күн найза бойы көтерілісімен ыси бастады. Іле мен Қараталдың тасығанда қайраңдап қалған ұсақ шабақтардай басы мең-зең, шыжыған ыстық пен қапырықтан құтқарар жер іздейді. Бұл желдің ой мен қыры көктем бүршік жарысымен зүмірет жамылып, маңайдағы мал ұстаушылар үшін таптырмайтын көктеуге айналады. Айналада мал жайып жүрген малсақ жандар. Парманбек бала шіркінің аңғал дәмесіндей малшылардан бірер атым насыбай сұрап алуға батылы жетпей-ақ қойды. Бір малшы ақсақалдың сұрамшақтығы жоқтығын ескергенлей, өзі барып, амандасты да, бір атымды күректей алақанына төнкере салды.

    Қарт орманшы саяқ жүріп, құдықтың басына да жеткен. Бір кездері бұл жерде елді мекен болыпты деседі. Алапат аштық ауылды түгімен жұтты емес пе? Соны ойласа, көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман басады да тұрады. Кейде ішкі шерін шығарғысы келіп, айғайлап жібергенде құмдауыт дала, мүлгіген орман тоғай селт етпейтін секілді. Жартасқа айтқан жаңғырығы да кері бұрылып, маңдайдан соғады. Көздерінде ерекше наз бен шоқ маздап тұр. Аппақ тістері маржандай тізіліп, жарқырайды. Жаздың қапырық ауасының иісін сезіліп, алаңқайға ыстық жел ескетейтінін қайтерсіз. Желп-желп еккен керімсал жел жейдесіне жабысып, жалбыздың хош иісі аңқиды. Маңайдағы ермен мен жусанның өткір иістері бытыса араласып, дала әтірін сеуіп жатыр.

   Бір кездері осы алқаптан жүздеген құланның тұяқтары сыбдырды күшейтіп, желіп өтетін. Иә, адам өмір бойы орманда өмір сүре алмас. Ол қаладан азық-түлік алып, өзен жағалауындағы балықшыларға жиі баратын. Әкелген затын балыққа айырбастап, кері қайтатын. Алған олжасының бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын қаладағы қыздарына сәлем-сауқыт ретінде беріп жіберетін. Кейде қаладағы үйінің ауласында түрлі жеміс-жидек сатып тұратын орыстармен айырбас жасайтын.

-  О, Парманбек аға, қош келдіңіз, - деп бір егде балықшы алдынан қол қусырып сәлем берді.

- Әй, сендер, менің тауықтың миыңдай миы бар басымды шыр айналдырып, өзен-көлдегі бар балықты түгесіп бітетін болдыңдар ғой, түге, - деп әзілдеді Парманбек.

- О, не дегеніңіз, Пәке. Біз лимиттен бір келі асырмаймыз. Егер алда-жалда ауға үлкен балық түсіп, лимиттен асып кетіп жатсақ, артығын сізге сақтап қоямыз ғой, - деді қу тілді Шәбен.

- Сен қай балығыңды тегін беріп едің? Алсақ, ақшасын береміз. Болмаса, орнына азық-түлік аласыңдар.

- Әлгі жастар деген қытымыр болып барады. Үлкендерді сыйлап, жомарттық жасауды да білмейді, - деп Шәбен бар кінәні жас балықшыларға аудара салды.  – Пәке, бізге не әкелдіңіз?

- Өзің тәтті дәметкен жас балаша алдымды орамай, әуелі аман-саулық сұраспайсың ба?

- О, не дегеніңіз? Амандастық қой, Пәке. Өзіңіз қартаяйын деген екенсіз. Қарт адам шікәмшіл келеді деуші еді. Ауыл-аймақтың жағдайын күнде біліп отырмыз ғой.

- Жәрайды, сен тіл мен жағына сүйбесең Шәбең боласың ба? Әуелі балығыңды көрсет.

- Қазір, қазір,  - деп егде балықшы терең астаудың ішіндегі тулап жатқан балықтарды көрсетті. Білектей екі сазан мен үш-төрт табан балық шоршып жатыр екен.

- Бары осы-ақ па?

- Ойбай, Пәке, ана жас балалар рыбнадзор деген бәледен қорқып артық балық ауламайтын болды ғой. Сізді бүгін келетініңізді білгенде кеше балаларға үлкен балықтарды сойдырмас едім. Қазір, қазір, мына жәшіктердің ішінде бірдеме болуы керек, - ішінен мұрты тікірейген жайынды алып шықты.

- Өй, андағы балығыңды өзің же. Қазір менімен бірге бір жас бала орманшы болып қызмет етіп жатыр. Соған сорпаға сазан, тұқы болса деп едім.

- Кеше теңізде дауыл тұрып, балалар бос қайтты. Бүгін кешке дейін күте тұрсаңыз, бір бұйырғаны болып қалар.

- Кешке дейін күтетін уақытым жоқ. Осыған да қанағат. Мынаны қалаға барып, сендерге әдейілеп алып келдім, - деп  аттың бауырындағы қапты қолына ұстатты.

   Ішінде шай, май, қант, нан секілді азық түлікті көрген Шәбәннің көзі жайнап кетті.

- Осының бәрі бізге ме?

- Иә. Жарайды, мен кеттім!

-Тоқтай тұршы, - Шәбен жас балаша елпектеп, күнге қақтап қойған көксеркенің екі-үшеуін қарт орманшының қолына ұстатты. – Қонағына алып бар, балықшыларды сараң екен деп жүрмесін.

  Парманбек басын изеді де, ілгері жүріп кетті. Келген бойда даладағы қазанның астына от қойып, балықтарды сойып, қазанға салды. Арада сүт пісірім уақыт өткенде Алдияр оянып, сыртқа шықты. Балықтың сорпасының иісі мұрын жарды.

- Парманбек аға,  таң атпай балық аулап келгеннен саумысыз, - деді күліп.

- Жоға, орман-тоғайды күзетіп жүрген бізге балық аулаудың өзі күнә секілді ғой. Әркім өз ісін жасағаны дұрыс қой. Балықшылардан алдым, - деді күлімсіреп. Бірер сағаттан соң екеуі балықтың етін жеп, сорпасын құшырлана сіміріп отырды.  

Нөсер астында

   Оқшаңтайнан от шашқан керемет жаз болды. Жайдары жаз Сыресік-Атырау өңірін кезген түйелердің жанарына сыймай тұр. Осындағы жүзден астам түйе құмдауыт аймақты аяғынан әл кеткенше сабылып, аптап ыстықта да дамыл табар емес. Бұл құбылыс аптаға созылды. Қара жердің ерні кеберсіп, тілімделіп кеткенде ғана, зеңгір көктен таңдайына тамшы тиді.    

    Шалқар өзен бойында нөсер жауын төгіп кеп жібергенде Алдияр атты жапырағы мол ағаштың түбіне байлап, қорғануға көшті. Орнығып алған соң өзен жаққа мойын бұрғанда малмаңдай болған өзіне қарай келе жатқан таныс қызды көрді. Нәзира! Нәзира ғой мынау!  Нәзік жандының беті мен мойнына, қолаң шашына, иығынан төмен қарай құйылған жаңбыр тамшылары табанына дейін саулап ақты. Жас шамасы он сегізден асқан қыздың киімі денесіне жабысып, уылжыған жас денесін, балғын тәнін ап-айқын көрсетіп тұрды.  Мойыны, білегі, мықыны, толық балтыры да мүсінделіп, шайылған күмістей жарқырап сала берді. Табиғаттың осынау тосын мінезіне тосырқап қалмаған қыздың сұлу келбетін бақылап тұрған жас орманшыны одан сайын еліктіріп қойды. Көздерінде ерне наз бен қуаныштың ұшқыны атып, маржандай ақ тістері жарқ-жұрт етіп көзін арбайды. Жүрегінің үнсіз соғысы жиілеп, жанарлары болашақ жарының сұлу мүсіне сұқтана қалыпты. Жігіт әлденені аңсап, жас жаны кеудесіне сыймай, бұлқына жөнелді. Қайран жастық шақ! Жас шыбықтай жайқаласын-ау!

-  Нәзира!

- Алдияр!

   Екеуі бір-біріне шылқыған көк шөптің үстімен асыға жүгіріп, ұзақ құшақтасты. Жаздың жылы жаңбыры тапжылмай мүсінделіп қалған қыздың құлын денесінің үстіне нұр шашып жатыр.   

-  Нәзира, сені қалай сағынғанымды білсең ғой.

- Мен үшін төрт ай төрт жылға созылып кеткендей болды. Сессияны тапсырып, оқуымды аяқтаған соң осылай қарай зулай жеттім.

- Келгенің қандай жақсы болды. Сенсіз өткен күндерім - ең бақытсыз күндерім екен. Жүр, анау талдың асына барып, паналайық, жауын үдеп бара жатыр, - деді Алдияр.

   Қос ғашық жапырағы мол талдың түбінде ұзақ сырласты.

-  Нәзира, білесің бе? Мен мына орманда жалғыздықтың не екенің түсіндім.

-  Неге жалғызбын дейсіз? Жаныңызда Парманбек аға бар ғой.

- Ол кісі де жалғызсырап жүргенін сезем. Мен сені ойлаймын, ол кісі дүниеден өтіп кеткен әйелің ойлайды. Екеуіміз бірге жүрсек те – екеуіміз де жалғызбыз.

- Қойыңызшы, орманда жүре бермеген шығарсыз. Аудан орталығына барып, сұлу қыздарды көріп, мен ұмытып кетті ме десем, - деп қулана жымиды қыз.

- Сізді қалайша ұмыта алармын. Көзім бір бойжеткенге түссе, сізді ойлаймын. Қайта сіз мені басқа біреуге айырбастап кетті ме деп уайымдап жүрдім.

  Қыз сыңғырлай күлді.

-  Міне, сізді іздеп келдім ғой, үлкен қалада жүргенде мен де жалғызсырадым.

Жігіт қыздың құлын денесін өзіне тартып, құшырлана бал ернінен сүйді.

- Осылай өмір бойы бірге жүрейікші, жаным! – деді жігіттің көзі ашылып-жұмылып.

- Орманнан шықпай қойсаңыз, қалай бірге жүреміз? - деп қағытты қыз. – Робинзо Крузо болып кетіп жүрсеңіз.

- Маугли деп айтсаңшы.

- Жоқ рас айтам. Қазір жағдай сәл тынышталды. Күзде қайта оқуға тапсыратын шығарсыз?

- Байқам көрем. Әлде осы орманда жүре берсем бе екен? Мүмкін, осы орманнан үй салып алып, рахаттанып өмір сүрерміз, ә? Қалай ойлайсың, жаным? Әй, бірақ мені тастап кететін шығарсың.

- Сізде қиялдайды екенсіз. Сізбен бірге орманда бірге тұрар ем, бірақ сонша жыл оқып, қоғамнан алшақтағанымыз қалай болар екен?

- Әні, қазірден бастап менен бас тартып отырсың. Кейін мүлде көзге ілмейтін шығарсың? – деп күлді жігіт. – Жүр, жауын басылған сияқты, картонға барайық.

- Қойыңызшы, ағадан ұят қой. Мына түріммен қалай барам?

  Қыздың киімдері денесіне жабысып, мүсіндей түсіпті. Сәлден соң аспан шайдай ашылып, күн қайта қыза түсті. Қыз киімдерін кептіріп болған соң:

- Қой, мен қайтайын, - деді.

- Қайта келесің бе? – деді жігіт.

- Кешіріңіз... келе алмаймын. Жеңгемнен зорға сұранып шықтым. Жазда қалада жұмыс істесем бе деймін. Сізді күзде оқуға келеді деп күтем.

- Келе алмай қалсам ше?

- Келеді деп үміттенем.

 Жігіт ауыр күрсінді. Қызбен қимастықпен қоштасып:

- Мені күт! Махаббатымызға адал бол! – деп маңдайынан сүйді. Нәзираның жанарын ыстық жас жуып кетті. Қоштасқан соң артына бұрылып, қарай алмай сүйіктісінен алыстай берді. Жол бойы екі көзіне ерік беріп, еңіреп жылап келеді.          

Түнгі  серуен

    Күн алыс жотаның ар жағына еңкейді. Десе де мұнартқан қапырық сейілмей, тұрып алды. Күндіз аспандағы алтын табақ қатты қызарып, көкжиек бірте бірте шеті күйген күлшедей секілді қарауыта бастады. Кең көсілген шалқардан күңгірт қиыр бұлтыңдайды, өзен әдетінше әйнектей жалтырап, сыңғырлап ағып жатыр. Жел соқса, момақан тамшылар арна үстінде әндетіп тұрып алады.

   Парманбектің желге тотыған, көнтектелген бет-әлпетінен бейнетті еңбекті, сексеуілдей қатты, қарулы тарамыс қолдарынан талай жүген ұстағаны байқалып-ақ тұр. Жас баланың қоңырқай көздерінде бір ғажап қасиет бар, олай болмаса алаңда атойлап ел намысын қорғамас еді ғой. Қарт орманшының ұйқысы келмей, сыртқа шықты. Кенет жол жақтан бір ауыр көліктің дауысы естілді. Дереу атқа мініп, солай қарау оқша зулаған. Көрші ауылдың көлігі бірден көзге шалынды. Іле ауыр қозғалған көлікті қуып жетіп, көлік жүргізушіге көлікті тоқтатуға бұйрық берді. Ішінен шойын қара, бірақ арықтау келген Тәшкенбай екен.

-  Ассалаумағалейкум, аға! Аға, не болып қалды? – деді ол көлігінен түсе бере.

- Не алып бара жатырсың?!

- Жай. Маңызды ештеме емес.

   Парманбек көліктің үстіне қолшамды жағып еді, үстінен екі-үш құшақ сексеуілді көрді.

-  Әй, мынауың не?!

- Сексеуіл ғой. Қурап қалған. Үйге Алматыдан бажам келуші еді. Соған кәуәп пісіріп беріп, сыйлап жіберейін деп едім.  

-  Рұқсат қағазың бар ма?

- Оу, аға, мен бір мәшине сексеуіл алып бара жатқаным жоқ қой.

- Мейлі. Рұқсат қағазың болуы керек.

- Аға, Шәкеңнен сұрап алдым.

- Шәкеңі кім?

- Шаматай аға ше? Орман күтуші.

   Парманбек жерге шырт түкірді.

-  Сексеуілді түсіріп кет. Тәркілеймін.

 - Ой, аға, бөтен емеспіз ғой. Бір-екі құшақ сексеуіл алғанда не тұр?

- Қазір жолыңнан милиция кездессе, «Шаматай рұқсат берген, Парманбек орманшының өзі қоя берген, енді сендер маған неге тиісіп тұрсыңдар?» дейтін шығарсың.

- Ойбай, аға, сізді ауызға да алмаймын. Сізді осы орман-тоғайға адал қызмет етіп жүргеніңізді ел біледі ғой. Аға, шынымды айтайын, үйдегі келініңіз жерік болып жүр. Соған бір кәуап пісіріп берейін деп... оның үстіне балалар да қыңқылдап...

  Парманбек балаларды  айтқанда, көңілі босап кетті.

-  Жүре бер, ендігәрі сені заңсыз сексеуіл тиеп келе жатқаныңды көрмейтін болайын. Енді ұстасам, мәшинеңмен қоса тәркілеп, өзіңді милицияға тапсырам.

- Оллаһи-биллаһи, енді сексеуілге аттап баспаймын, - деді Тәшкенбай бәледен оңай құтылғанына қуанып, көлігін оталдырды да, тайып тұрды. Парманбек атына қайта мініп, Шаматайға қарай тартты.

    Ай сәулесі алтын орақ болып көмескі жарқырайды. Шаңытып келе жатқан ат тұяғының дүбірі қараңғыда тасыр-тұсыр етеді. Ай сәулесіне малынған қурай бастары, ақ көделі тербетіле ырғатылып, шұғылалы шуақпен маң даланың үстінде көлеңке ойнады. Талықсыған жерді ұйқы қысып, оны әлдилеп ән салғандай сылдырап аққан өзен алыстан естіліп, қияқ шөп астында шырылдаған шегірткелер мен көлбақалар дауысы анық естіліп жатты.  

    Қарт орманшы іштей Шаматайдың ісіне зығырданы қайнап келеді. Бұрындары кездескенде  Парманбек Шаматайға «Менің байлығым осы құмдар мен сексеуілдер» дейтін. Анау мырс етіп күлсе де, мазаққа келгенде мысы құритын.

   Шаматай картон алдында шылым шегіп отыр екен. Ат терлетіп жетіп келген қарт орманшыны көргенде сасып қалды. 

- Әй, Шаматай, сен құдайыңды ұмыттың ба?! – деді Парманбек аттан түсіп жатып дауыстады.  

- Екі кештің арасында не болып қалды, аға? – деп Шаматай тез жуасып қалды.

- Не болғанын сенен сұрағалы келіп тұрмын? Сексеуілді елге неге үлестіресің? Бұл – орман-тоғай сенің жеке меншігің емес.

- Оу, үйіне қонақ келейін деп жатқан ауылдасқа екі-үш құшақ сексеуіл алуға рұқсат етсем, несі айып?

- Үйіне қонақ келгендердің бәріне сексеуіл үлестіре берсең, нең қалады?!

- Пәке, болмашыға даурығып қайтеміз.

- Сен үшін бұл болмашы шығар, ал мен үшін өз анаңды сатқанмен бірдей!

- Пәке, осы біздің жанталаса еңбек етіп жүргеніміз кімге керек?

- Шаматай, сен бір нәрсені түсінбей жүрсің. Осынау сен ешкімге керексіз дейтін орман-тоғай болашақ ұрпақтың қамы, түсіндің бе? Мейлі, ел үшін жасаған жақсылығымыз құм бетіне жазған әріптердей жел өшірсе де, аңыз болып келер ұрпаққа жетер. Бізді кім еске алады дейсің бе?! Болашақ ұрпақ. Мейлі бір ғасыр өтер, бірақ жасаған еңбек ескерусіз қалмайды.

- Сонда болашаққа қажет даңқ үшін тырбанып жүрміз бе?! – деді Шаматай кекесінмен.   

- Мен жұрттың есінде қарапайым орманшы болып қалғанымды қалаймын. Мен қарыздар болсам, әуелі Жаратқанға, ата-анама, сосын осы туған жеріме қарыздармын. Бізге әсерешілдік жараспайды. Бұл орман-тоғай бізге берілген сый екенін қашан ұғасың? Есіңде болсын, халықтың ықыласы әлдебір тиын-тебенге сатып алынған сөлкебай емес. Сол сөлкебайды жүзін тақсаңда, халықтың ықыласына бөленбей, құрметті атанбайсың. Істеген болмашы ісіңді бұлдасаң, соқыр тиынға татымайсың. Мына аптап ыстық пен сүйексорды суықта жанкештілік пен ауыр еңбектен қорқып, асыл арманымнан адасар жайым жоқ.

- Басекең тапсырма берсе ше?

- Бастық заңсыз ағаш кессін дейтіндей басы екеу емес. Меделханның сөзіне сенсек, жасалып жатқан керемет көп, бірақ құм ішінде жүзеге асып жатқан кереметтер де жетіп-артылады. Ол кереметтер – құмды дауылды елге жібермей сексеуіл егу, аң-құстардың, табиғаттың өмірін сақтау деп аталады. Білесің бе, жас сексеуіл құмға жабысып, кәрі сексеуіл болып қалғысы келеді.

- Мен бүгінмен өмір сүремін. Жасаған жұмысым үшін жалақы аламын. Болашақ үшін басымды қатырғым келмейді, - деді Шаматай шорт кетіп.

- Сен осындай ма едің, Шаматай?!

   Парманбектің зілді дауысы даланы жаңғыртты.

-  Сен кітап оқып жатып оянып кетіп, алаңға шыққан Алдияр құрлы болмадың ба?! 

    Шаматай өз кінәсін іштей мойындаған, бірақ кешірім сұрап күлтелеп жатпады. Мақта мәміле, қисынды уәжінің астар сырын кілт ұғынып, тымырая тіксінді. Ақсақалдың ашумен айтқан сөзінен бір кілтипанды аңдады. «Бәсе, бәсе, бұл жас бала шамдары жарқ-жұрт еткең қаладан неге орманға келді екен десем, нағыз ұлтшыл екен ғой» деп бір бопсаға татырлық ілік тапқанына қулана жүзіне жымысқы күлкі үйірілді.  Сосын өзін еркін ұстап:

- Сен мені өзгенің көзқарасымен бағалауға бейім болма! – деді Шаматай. - Мен айтатын әңгіменің бағасын сен бере алмайсың! Мен жабайы шөпше тәрбиеленіп өстім.

- Түкірдім! Бұл бос сандырақ! Балалық шағымыз – санадан көшкен уақыт. Ол үшін сені ешкім тергемейді, ал сен қазір білдей бір азаматсың!

- Осы сіз мен келгелі бір кек сақтап жүрген адамдай дүрсе қоя беретіңіз не?

-  Мені сені өткенінің қызықтырмайды. Саған зәредей өкпем жоқ. Кектенген адамдар бір бірінен алшақ жүреді. Себебі, олар бір-бірінен тәуелсіз емес. Ал, сен менің әріптесімсің. Сосын саған қатты айтып жатырмын.

- Санасы тұмшаланған адамдар аяушылықты да, қорқынышты да білмейді. Мүмкін, мен сондай адам шығармын, - деп тістене түсті Шаматай. 

- Мейірімді адамның жүрегінде керемет орнайды, сен соны білесің бе, Шаматай?! Сен тура ешкінің өлім алдындағы бақырғанын естігісі келмей, қарқылдап күлген бейбақ секілдісің.

- Мейлі. Солай-ақ болсын! Бірақ сіз жас емессіз. Әлденені талқандай алатын, мына жауыздыққа бет алған дүниені өзгерте алатын дәрменіңіз бар деп ойлайсыз ба?!

- Мен өзенге биік жардан құлағалы тұрған адам екенім рас. Бірақ менің бойымдағы ерік-жігерді ешқашан жасыта алмайды. Бұл дүниені өзгерту менің қолымнан келмесе, Алдиярдың қолынан келер.

- Айтарыңыз осы болса, мен қойдым. Кеш болып кетті, жатып демалайын, - деп Шаматай орнынан тұрды.  Парманбек қолды бір сілтеп, атқа мінді де шауып кетті.  Аттың еркіне жібере салған Шаматай екеуі арасындағы әңгіме есіне түсіп, қаны басына шапты. Ат болса, бағытсыз жаққа бет алып шауып келеді.

Сексеуіл

    Парманбек құмның көркі болған, осы бір діңіменбұтақтарыбұраң-бұраң боп келетін, шөлгетөзімді,жапырақсыз қатты ағашты ерекше құрметтейтін. Сексеуілсіз құмды сай-төбенің өзі сұрықсыз көрінер еді. Бұрын ғой, институтта диплом жұмысын қорғағанда осы сексеуілдің табиғатына ерекше үңіліп еді. Бір айыбы, морт сынғыш келетін сексеуілді Кеңес өкіметінің қазақтарды жүзге, руға бөліп, сексеуілді бір-біріне ұрып сындырғаны жанына баттатын. Алдияр екеуі күзде сексеуілді егіп, осы бір ағаш жайында сөз қозғап кеткен.  

- Е, сексеуіл киелі ағаш қой, - деді қарт орманшы. – Бұл егіп жатқанымыз қара сексеуiл. Бұл аққа қарағанда жуандау әрi iрi келедi. Ақ сексеуіл мына арғы беттегі Бақанаста өседі.

- Қара сексеуілдің бойы да биік шығар, - деді Алдяир қарт орманшыны сөзге тартып.

- Әрине, биік. Мына бұйрат құмдардан әрі таман барсаң сексеуілдің көкесін көресің. Қара сексеуілдің бойы 7 метрге дейiн өседi. Ал тамыры 11 метр тереңдiкке дейін жетедi.

- О-хо, - деп таңырай таңдай қақты Алдияр.

- Анау тұрған шоғырды көрдің бе?  – деді Парманбек. - Алыстан қарасаң қалың жынысты орман тәрiздi. Бұл сексеуіл деген ғажап қой. Міне, біз сексеуілдің дәнін егіп жатырмыз. Ал олар өз ұрығы есебiнен табиғи түрде өсе алады. Бірақ соңғы кезде сексеуіл ұрлаушылар көбейіп кетті. Ол атана нәлеттер жоғары жағын ғана сындырып алса бір сәрі ғой, түбіне тросс байлап, тамырын жұлып алады. Сосын ауылға қарай құм көшпегенде қайтеді?

- Қызуы қатты ғой. Содан кейін сексеуіл шабушылар да көп шығар.

- Айтпа. Көмірден кем түспейді. Қып-қызыл шоғы ұзақ жылу береді. Әлгі қалада кәуап пісірушілер осы сексеуілді сұрап жаратады ғой.

- Бұл қатты ағаш қой, мал жей ме өзі?

- Жегенде қандай! Қара сексеуiлдiң де жас әрi жұмсақ бұтақтарын, жапырақтарын түйелер мен ұсақ малдар сүйсiнiп жейдi.  Бұл сексеуiл дегенiң мал жайылымына қажеттi шөптердiң өсуiне пайдасын көп тигiзедi. Е, менің жанымда жүрсең әлі талай қызық көресің. 

- Парманбек аға, мен сексеуілдер орманы қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатыр деп бір кітаптан оқып едім, сол рас па?

- Рас шығар. Бізде шөлейт жерлер көп қой. Әй, бірақ бұрын ауыл маңынан табылатын сексеуілдер қазір қырық-елу шақырымнан ғана көресің. 

    Алдияр тарғылданып, иiр-иiр болып өскен сексеуілге ұзақ қарады. Дүлей соққан желден құм көштерiн тоқтатар, жан-жануарлар мен жәндiктер қорғаны болған, түз тағылары киiктерге өсiп өнулерiне өте қолайлы екенін естігені бар. Автокөлiктерi заңсыз қырқылған сексеуiлдердi алып өтедi екен деген сыбыс баяғыдан бар еді.

- Түнеукүні бір сексеуіл кесушіні ұстап едім, азын-аулақ айыппұл төлеп құтылып кетті, - деді қарт орманшы. – Сексеуілден көл-көсір пайда тауып дәнікендер, болмашы айыпұлына пысқырып та қарамайды. Міне, мынаны көрдің бе, қара сексеуілдің діңі қисық болып келеді. Кейде айқын көрінген бірнеше діңі бар бұта пішіндесі де бар.  Қабығы сұр түсті, жылтыр, бір жылдық өркендері сулы, қою-жасыл түсті, дәмі қышқыл-тұзды, күзде олар қызғылт-сұр түске енеді. Алыстан көз салғанда, сексеуіл қара-сұр түсті боп көрінеді, бұл түрдің қара сексеуіл атануы да сондықтан.

   Жас орманшы діңі тырбиған, қисық әрі жуан, көп бұтақты болып біткен сексеуілдерді зерттеп келеді. Қабығы қара сұр түсті, бір жылдық шөптесін өркендері көгілдір не көк түсті, жыл сайын үзіліп түсіп қалады. Жапырағы ұсақ, қабыршаққа ұқсайды. Гүлі майда, бір-бірден орналасқан, қос жынысты.

 - Білесің бе, - деді Парманбек үнсіздікті үзіп, - бұлар сәуірден маусымға дейін гүлдеп, қыркүйекте жеміс береді.

   Қарсы алдынан бір топ орманшылар ұшырасты. Меделхан оларды жыл сайын сексеуілдің тұқымын егу үшін апталап маң далаға жіберетін. Орманшылар жапа-тармағай келіп, қарт орманшымен амандасып жатты. Өрде тұрған тіркемесі бар вагон үйшіктен біреу басын қылтитты. 

- Әй, Шаматай, бері кел! – деп дауыстады Парманбек. Ол вагон ішіне кіріп кетті де, үстіне кір сіңген күпәйкесін іліп алып, қайта шықты.

- Мына баламен танысып қой, бұл менің көмекшім, аты – Алдияр,  - деді Парманбек.

- Ассалаумағалейкум! – деп Алдияр қолын созды. 

- Әліксалам, - деп Шаматай осы балаға бола шақырды ма деп көңілі қоңылтақсып қалды.

- Өткенде басеке екеуімізді шақырып еді ғой, сол кезде маған осы жігітті тапсырып еді.

- Біреулердің әйтеуір жолы болғыш, - деп Шаматай жақтырмай қалды. Парманбек жұмыс істеп жатқан жігіттерге қарап:

- Қанша жерге сексеуіл ектіңдер? - деді.

- Егіп жатырмыз. Келгенімізге үш күн ғана ғана болды ғой.

    Үшеуі сексеуіл егілген жерлерді барып көрді. Сексеуіл сирек әрі ретсіз егілген екен.

-  Бүйтіп жұмыс істегендеріңе болайын, - деді Парманбек.

- Қайтеміз қара суық. Жел де азынап тұқымды ұшырып жатыр.

- Ертең бәленбай гектар жерге сексеуіл ектік деп есеп бересің ғой.

- Енді... береміз ғой.

      Парманбек алақанымен қара жерге тығып, егілген көшеттерді көріп, басын шайқады. 

- Болмайды, қайта егу керек. Мыналарың көзбояушылық. Ертең бұл жерден түк те шықпайды.

- Пәке, қазан айы ортасына келіп қалды. Жетпіс-сексен гектар жерді қопсытып трактормен айдап тастадық. Енді келіп бізге қайта сексеуіл ек дейсіз бе?

-  Техникамен егілген көшеттердің 80 пайызы  өліп, 20 пайызы ғана өнетінін білмеуші ме едің? Қолмен ексең бір сәрі, шығымы да жақсы болады. Былай істейік, қазір орталықтан тұқым алдыртайық, сонда сексеуілдің 70-80 пайызы өніп шығатын болады.

- Пәке, күн суып барады, әрбірден соң сексеуілдердің шығымы кімге керек? Біз жоспарды орындадық па, орындадық. Ертең комиссия келсе, жыртылған жерді көрсетеміз, - деді Шаматай шамданып.

- Сексеуілді суық түскенде екпегенде, жазда егейін деп пе едің? Сен қиындықтан қорықпа. Техникаң жаңа, әлі уақыт бар. Сексеуілді тұқыммен егіп, бетін топырақпен жауып отыратын көмекші құралды қосамыз.  Мынандай жастар рөлге отырса, алқаптың астан-кестеңін шығарып, шаруаны тап-тұйнақтай етіп тындырып тастайды.

-  Сізге дауа жоқ екен, - деді Шаматай жақтырмай, жерге шырт түкірді. – Қазір жұрт егін жинап жатыр. Тракторшы деген қат. Оны қайдан табамыз? 

- Сен тоңсаң, вагонға кіріп, шәй ішіп отыра бер. Рөлге өзім-ақ отырам. Кәрі қойдың басындай жасым қалғанда баладай шаруаны шала жасауға ар-ұятым жібермейді.

- Аға, мен көлік жүргізе алам, - деді Алдияр елгезектік танытып. Қапелім-қырсықта төрге отырып қойған күйеубаладай қысылатын жөні де жоқ-ау!

- Трактор айдап көріп пе едің?

- Ауылда талай жүргіздік қой.

- Е, бәрекелді! Міне, тракторшы да табылды.

  Шаматай бұрқылдап, вагонның ішіне кіріп кетті. Вагонның сыртқа шығарылған мұржасынан түтін будақтап шығып жатыр.

- Жаны тәттісін қарай гөр. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді,ә? – деді Парманбек жігіттерді ұйымдастырып, сексеуілді қайта ектірді. Жігіттерге табиғат-анаға немқұрайлы қарамауға үйретті. Алдияр да қолынан келген көмегін жасады.  Ұзақ түн қызық қуып, түс ауғанда ес кіретін жаңа қазақтың баласындай, маубас болып кеткен де емес.  Айналдырған үш-төрт күнде бар жұмысты еңсеріп-ақ тастады. 

- Шаматай ертең тоңған кезде кәрі сексеуіл таппай, тоңып қалмас неғылсын. Ұрпақ үшін бүгін қарекет қылмасаң, ертеңгі күнен не қайыр күтесің? – деді Алдиярға. Жас жігіт көпті көрген орманшының сөздеріне ойланып қалды.

Құстар қырғыны

     Қоңыр күз келгелі орманнан маза қашты. Қою түтін аспандағы алуан түсті бояуларын күл-талқан етіп, бейне бір жер үстінде қара құйын тұрып, соңынан ғаламат шаң-тозаң айналып жүргендей болды. Осынау зеңгір аспанға құс атаулы жаппай жамырай ұшып, қанаттарын тезірек қағып, осы бір зәузаттан құтылғанша асыққан. Ауа суынған сайын бойларын жылытып, ойнақ сала, зуылдай құйғытып кетеді. Құдды бір ұшу бақытына кенелгеніне масайрап, шадыман көңілмен шаттана қиқулайды-ай келіп. Өртенген желдің аппақ боз тұман басқан түтіні жоғары көтеріліп, бір заматта жел бағытымен шарбы бұлттай жөнкіле жөнеледі.

   Күзгі жаңбырдан соң күздік те ажарлана көгеріп шыға келетінін Жетісу жерінің тұрғындары  ескере бермейді. Есесіне ағаш басындағы жапырақтар құлшына шуласып қоя береді, құстар да ұшқыр самғасып, ару меңдеген, тамыры шанжау, ұзаққа төзбейтіндері қалып қойып, алғашқы сынақты көтер алмай бұл дүниемен қош айтысады. Сексеуілдердің жапырақтары да сетінеп сала береді. Қоңыраулатып күз келгенде тал басында ұйықтап кеткен талай құстың аяғын үсік шалып, арада бірнеше күн өтіп, қайта күн жылынғанда бұзылған еттің сасық иісі орманға тарайтын. Құдды балшықтың иісіндей қолқа суырар жиіркенішті иіс кәрі орманшының тынысын тарылтып еді.  

    Нәзира күзде сүйіктісін ұзақ күтті, бірақ Алдиярдан хат келгенімен өзі келмеді. Хатта баяндауынша, көктемге дейін осында қыстап қалмақ. Оның үстіне қарт орманшының денсаулығы болмай, орманды жалғыз шарлайтын болыпты. Ата-анасы да астанадағы жағдай оңалғанша көзден таса болғанын қалайтынын жеткізіпті. Сағынышы - күзде түскен сары жапырақ-жүректер желмен бірге ұшып, арманын Алматыға қарай арқалап әкететін секілді. «Жаным, жарты жыл шыда. Көктемде жаныңнан табылармын. Уәдеңе берік бол! Сен сені қатты сағындым. Қазір мына алып орманға сыймай жүрмін. Қазір-ақ сен жаққа тартып кетер едім, амал не? Бұл жер темір тордан қарағанда тәуірірек. Сабырлық қылайық, көктем бізге шуағын сыйлар, бақытқа кенелтер» деп жазыпты. Нәзира сүйгенінен келген хатты көзіне ұйқы тығылғанша, қайта-қайта оқиды. Оқиды да, сағыныш хаттарын бірінен соң бірін Алдирға жөнелтеді.  

   Көп ұзамай ақ мылтық қыс келді. Кақаған мұз сауытқа оранды. Жаздың күні еркін көсіліп, ашық-жарқын жартырап баяу ағатын жаға бойындағы сәмбі талдың суға төнген шашын сипап, сүйіп өтпесе көңілі көншімейтін ғашықтың сезімі бүгінде сарқылып қалғандай. Жаңа түскен ұлпа қарды ұйпалақтап ойнағансып, Қараталдың желі уілдей бастады. Суық жел алып дала төсіне жас қардың уыз иісін сіңдіріп, төңіректі жайлап алды. «Шіркін, - деп еді сонда Парманбек. - Табиғат, жарықтық керемет қой! Таза ауа, еркіндік!».  Денсаулығы сықайып сала бергендей. Қыстағы саф ауаны жұту денесіне күш-қуат берді. Ол аулаға шығып, таза ауада жаттығу жасамақшы болып, қолын әрі-бері сермеп еді, лезде ентігіп қалды. Бірақ суық саф ауаны кеуде кере тыныстағанына риза еді. Соңғы кезде жүрегі сыр беріп, төсек тартып жатып та қалған болатын.

-  Өзіңіз мықты спортшы екенсіз, - деді Алдияр. – Мына түріңізбен жастарға дес бермейтін секілдісіз ғой.

- Е, менен тәуір спортшы шығу қайда? Жас кезімде күреспен әуестенім едім, содан қалған әдет қой. Дегенмен жас емеспіз, кәрі ағашты қайта қара жерге отырғызсаң да көктемейді.

    Алдияр үндемеді. Қарт орманшының көңілін қалай ауларын білмей ділгірді. Көктемге жетсек, қарт орманшының сәмбі талмен бірге көктеп кететініне кәміл сенді. Қартың басы айналып, теңселіп бара жатқанын байқаған Алдияр қолымен сүйеп, ішке кіргізді. Денесі суықтан тоңазып қалыпты. Жылы шәй беріп, төсегіне жатқызды. Жас орманшы қарттың сауығып кетуі үшін ет жеу керектігін ұғынды. Қолына мылтықты алып, сыртқа шықты. Картоннан аса ұзаған жоқ, талдың басынан бірдеңе қараңдап, жерге топ ете түскендей болды. Қараса, қызыл қанатты қырғауыл. Екі аяғы үсіп кеткенге ұқсайды. Жоқ, бір қанаты жараланған екен. Ұша алмай жүр. Алдияр бұйырғаны осы шағар, деп шүріппені басып қалды.  

   Желтоқсанның күннің шуағы айналаны нұрға бөлеп тұрғанымен, қуаты әлсіз. Бесін уақыты таяғанда құрылдай жөнелетін шікәмшіл асқазан майлы ас қарпымай құлқынын тияр ма? Іле кері қайтып, қазанға суды толтырды. Қырғауылды бауыздап, тамақ істеді. Кеңсірігін қытықтаған жана өзі атып алған қырғауылдың етінің иісі келді. Ыстық сорпаны қарт орманшының ауызына апарып, ас ішкізді. Өзі де көптен бері тояттап тамақ жемеп еді, осы бір дәмді етті сүйсіне жеп алды. Бұл мылтық кезегенде үріккен құстардың үйіріндегі ең салмақтысы да осы болатын. Орманшы әлі толық жетілмеген, болмаса балаларына жем тасып жүрген аң-құстарға зиянын тигізбейді. Бұл қажеттіліктен, аш қалмаудың амалы үшін құс атса, несі айып? Ермек үшін орманның ойранын шығаратын дөкейлердің тірлігі емес,

  Арада бірнеше күн өткенде орманды зарлатқан дөкейлермен ұшырасып қалған. Құн аса суық болмаған, соны пайдаланған шенеуніктердің бірнеше «Нива» көліктері келген. Келген бойда суықтан қалтырып, бүрсектеп отырған құстарды жаппай қыра бастады. Парманбек төсектен тұра алмады. Алдияр атқа қонып, мылтық дауыс шыққан жаққа жүріп кетті. Дөкейлер орманда «қышқыл сусынды» бір жұтып, жарқылдап күліп жүр. Тіпті, аязды елемейтін де секілді.

- Тоқтаңдар! Рұқсат қағаздарың бар ма? Аң-құсты неге атып жүрсіңдер? – деді Алдияр қабағын түйіп. Орманшы киімін киген жас бозбаланы көрген броконерлер одан сайын еркінсіді.

- Рұқсат қағазы дейсің бе? Маған оның не керегі бар? Егер саған қажет болса, ертең жаздырып берейін.

- Рұқсатсыз орманда аң аулаға болмайды. Кері қайтыңыздар! - деді Алдияр нық сеніммен.     

- Орман-тоғай сенің жеке меншігің емес, - деп байшыкеш бір-ақ қайырған. – Оның үстіне Мәкеңнің өзі бізге рұқсат берген.

- Орман – өкіметтікі. Мен – орман күтушісімін. Сендерді тайраңдатқызып жүре алмаспын, - деді  бұл бұрқ етіп, екі шекесі одырайып, тамырларын қан керней түседі.  

- Бір-екі қырғауыл артық атқанда не тұр? Сен бала әліңді біл. Ертең жұмысыңнан айырылып қаласың? Менімен жөндеп сөйлес. Менің кім екенімді білесің бе? - Байшыкеш иығын қиқаң еткізіп, менсінбеген кейіп танытты. 

- Бір-екі қырғауыл дейсің бе?! – деп Алдияр шабаланып, қатты кетті. - Сендерге салсаң орманда аң-құс қалдырмайтын түрлерің бар.  

- Сен осы аң-құсты өзің асырағандай қоқиланасың ғой.

- Үшке дейін санаймын, егер бұл арадан табаныңды жалтыратпасаң, жалпаңнан түсірем.

- Сен өзі адам атып көріп пе едің?

   Броконердің ауызынан шыққан сөзге ілесіп, мылтықты дауысы саңқ етті. Дөкейдің басындағы түлкі тымақ ұшып, түсіп қар жастанды.

- Бір...

 - Мен секілді аңшылар көп. Соның қайсысына ренжисін. Бізді де түсінсеңші, қаладан шаршап, орында демалуға келдік.

- Екі.... -  Алдияр, екі қос ауыз мылтығың көліктің дөңгелегіне бұрды. – Қазір қалаға жаяу қайтасыңдар. Әрине, егер жолда қасқырлардан аман қалсаңдар.

- Бауырым, тоқтай тұр! – деп байшыкештің бірі тілге келіп еді, екіншісі «Немегеге қорқасың, бұл жалғыз, біз көппіз. Ода бар мылтық бізде де бар, винтовкасын көтермек еді, саңқ дауыс қайта шығып, орманды жаңғыртты. Қолына қару алған броконердің қолдары дірілдеп, ойбайға басты. Сөйтсе, Алдияр, мылтықтың өзін көздеп атып жіберген екен. Олар есін жиғанша, Алдияр екі патронды оқпанға асқан жылдамдықпен салып жіберді. Атпен әрі-бері ойқастап, жандарынан зулап өтті. Бөтен адамдарды көрген төбет ырылдап, бас салмақ болып айбат шекті. Алдиярдың ауызына бұйрық шықса болды, жүндей түтуге бар.

- Қаруларыңды тастаңдар! -  деді шімірікпей, жүзіқаралардың көзіне тура қарады. Олар бастарын салбыратып, көлігін тез оталдырып, жөнеліп кетті. Орманда екі рет оқ атылғанын естіген Парманбек төсегінде тықыршып жата алмай, тізерлей отырды. Картонның ішіне бірнеше винтовканы құшақтап, Алдияр кіріп келгенде жүзіне күлкі үйірілді.

-  Олжалы қайтыпсың ғой, - деді күлімсірей түскендн бетіндегі әжімдері жазыла түсті. – Мылтықтың дауысы естілгенде бір бәлеге ұшырап қалмады ма деп алаңдап отырғам.

- Аға, маған не болар дейсің? Ана оңбағандарды екінші рет орманға аяғың баспайтындай етіп, бұтына сидіріп жібердім ғой, - деп рахаттана күлді.  Екеуі түскі ас ішті. Кеше кешкісін қалған қойдың тоңазыған етін талғажау етті.

- Ох,  бәлем, солардың бірін қатар тізіп қойып, темір торға тоғытар ма еді, - деп қалды Парманбек қолындағы жауырынды мүжіп жатып. – Бұлардың аңшылығы– сырт көз үшін қайырымдылық жасап, атын шығарғысы келетін жомартсымақтардың әрекетінен несі артық? Бұлар бар ғой, мемлекеттік қаржысын жымқырып, алтын буына мәйектеніп алған қатынқұмар қулар. Олардың айтар уәжіне құлақ түрсең, тәйірі, бұлардың аң аулауға шыққаны да қылмыс па екен, тәйірі? Ал отбасын асырау үшін емес, ашкөз нәпсісі тоят алу үшін жазықсыз аң-құсты қынадай қырып, обалына қалғанын бір мезет сезді ме екен? Әй, қайдам! Оларда мұндай аяушылық сезім, табиғатқа деген мейірімділік қайдан болсын! Ал олардың санында есеп болсайшы.

  Алдияр қарт орманшыны үнсіз тыңдады. Парманбек басын шырмап алған ойлардан арыла алмады. «Тірлікке тікендей қадалып, жауыздық-жамандыққа малтығын адамдар күн кешеді екен? Көк тәңірісі күркіреп, жасын түсіріп жайратып салмайды екен? Дүниенің бәрін көзіне сыйдырып, қанағат таппай ма бұлар? Қолында билігі жоқ адамның сөзі үпелек сияқты, еш салмағы да жоқ. Жел қайда соқса, солай қарай домалай жөнелетіндей бұл қаңбақ емес, өзінің айтар ойы, алдағы мақсаты бар. Ендеше, алақ-жұлық етіп, қаныпезерлердің арсыз ісіне қарай беруіне жол болсын». Парманбек бір ұшқыр ойды осы көп күңкілдің ішінен барымталап алған. Қос шекесі пирания балық тістеп алғандай солқылдап қоя берді. Көз алдына құстарды қырған аяз емес, броконерлер секілді елестеді. Әне, біреуі еш алаңсыз, атасының құс төсегінде жатқандай манаурап, бейқам ормандағы құс біткенді атып жатыр.

    Күн көтерілген бе, шығыста өткір шапақ бар екен. Картонның төрт бұрышын бір сәтке қаракөк мұнарт үстемдік құрды. Желтоқсанның бозыңқы күні төбеден ауытқып кетіпті. Орман қорықшысы картон ішінде ой аулап, әрі-бері жүргенімен басқа дәнендей пайда тауып, жорытқан жоқ. Парманбек өзіне қатты таңырқаған: сіңір керіп іс жасағанның кермек дәмін алғаш татқандай күйде отыр. Қайбір жылы айдарын жел есіп жүгірген, тәттіге үйірсек бала секілденді. Мана жымысқы мысқылға толған бәтшағардың жас орманшыға айтқан сөздерін есіне алды. Қолапайсыз біреуінің қырғауылға оқ атқаны -. құрбақалар мекендеген көлшікке тас лақтырғандай әсер етіп, айналасының бәрі азан-қазан қылғанын көрмейсің бе? Орман-тоғайда аң-құсқа деген махаббат мен сыйластықтың арқасында бұйырған адал нанын жеп отыр емес пе? Е, бұл күнде әулие қалды ма дерсіз? Әулиеліктің құны түскен заман ғой. Ақсақалы  бар әкім-қараның қолпаштап, күлмең қағып жүретіні суқаны сүймейді. О, мұның мінезі көктемдегі толқындардың мінезіндей. Парманбек әкесіне тартып, дұрыс адам болды емес пе? Ал, әкесі құмырсқаның илеуін бұзбаған жан ғой. Бұл бұзақыларға салса, осы орманды дегеніне көндіріп, Қараталдың суын кері ағызуға бар.

  Қарт орманшы жас орманшының батылдығына сүйсінді. Өзінің ізін қуып келе жатқан, ержүрек табиғат қорғаушысының болғанына қуанды.  Бір жағынан жас баланың болашағына алаңдады. Ұзақ ойланған соң:

- Алдияр, балам,  - деді қарт орманшы төсек тартып жатып. – Мен қураған, саусақ-саласы арбиған сексеуілмін, сен болсаң көктеп келе жатқан жас шыбықсың. Орманға келіп, аң-құсқа озбырлық жасайтындардың бірінің зияны тиіп, сені морт сындыра ма деп қорқам. Әлі жассың ғой, алда жарқын болашағың бар. Орманды қайтесің, одан да келер жылдан қалмай, оқуыңа бара ғой.

- Сіз ше? Сізді қалай тастап кетем? - деді Алдияр. Жанарына жас шыланып қалыпты.

- Маған алаңдама, бір Жаратқанға тапсыр. Мен бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрған адаммын. Мені орманнан тірідей ешкім сүйреп шығара алмайды. Орман – менің қаныма дейін сіңіп кеткен. Сөйт шырағым, ақылға кел. Мен қураған кәрі орманмын, сен жайқалып өскелі тұрған табиғатсың.   

  Алдияр үнсіз қарияның айтқан сөздерін ұйып тыңдап тұрып қалды.   

 

 

Құлаған бәйтерек

    Парманбек түнімен қатты ауырып, дөңбекшіп шықты. Түсінде броконерлермен алысып, орман бауырын қорғап жүр екен дейді. Бірде өзен жағалап жүрсе, енді бірде сексеуілді орманды армансыз шарлайды. Сосын көк жарығы сөніп, жылыстап кеткеннен-ақ картонға беттейді. Қорап үйдегі лақса үстелге жайғасып, болашақ жайында бас қатырады.

   Ол өз қорылынан оянып кетті. Көзін ашқанда қарсы алдында ойлы көзбен бұған зер сала қараған Алдиярды көрді. Есіне көрген сүреңсіз түсі түсті. Қарт орманшы өткен өміріне көз салса, жамырай қояр сәулелі сәттері аз болыпты. Қызыл еденнің сыры мұның өткен өмірі секілді әбден тозығы жетіп, жосалана тапталып қалғандай. Жас орманшы қарт орманшының жанарындағы мұңды жақсы түсінді.

-  Қарашы, Наймансүйектің төбесінде қарға жоқ па екен? – деді Парманбек көздерін уқалап. Алдияр дүрбіге көз салып, төңіректі шолды. 

-Жоқ, аға, қауытқан басқа бірдеме болмаса,  - дейді. Қарт орманшы алжаса бастаған ба деген суық ой денесін қарып өтеді.

- Қорықпа, мен әлі есімнен адасқан жоқпын, - деді Қарт орманшы суық жымиып.  – Айтшы, қарға осы неге көп жасайды, ә?

- Қарға өлексе жейді, ал адам таза ет жейді, сондықтан ұзақ өмір сүретін шығар,  - деді Алдияр.

- Сөзінің жаны бар, сөзінің жаны бар... Қарашы, айнала неткен керемет! Көңіл шіркін, осындай мамыражай өмірді қимайды екен. 

  Алдияр үндемеді.

-  Саған айтар бір өтінішім бар, - деді Парманбек. – Егер, алда-жалда олай-былай болып кетсем, қалада тұратын екі қызыма мына хатты тапсырарсың. Адресі сыртында жазылған. Өз қолыңмен тапсырғаныңды қалаймын, - деді қарт орманшы.

- Олай демеңіз, сіз әлі ұзақ өмір сүресіз. Көресіз әлі, көктем шыққан соң жыл құстары келе бастайды. Айнала жасыл желекке оранып, табиғат-ана оянады, - деді Алдияр.

      Парманбек еріксіз езу тарты. Кенет жүрегі кілт етті. Тынысы тарылып, жаны алқымға келгендей.

- Аға, сізге не болды? – жас орманшы шошып кетті. Аспаннан найзағай жарқ еткендей абдырап қалған кезі осы. Қарт орманшынын сүйеп, төсегіне жатқызды. Басының астына биіктеу қылып жастық қойған. Тынысы қалыпқа келе бастаған соң:

- Өстіп, жүрегім шаншитыңды шығарды, - деді Парманбек. Алдияр дәрісін алып, төсектің жанындағы тумба үстіндегі стақан суды ішкізді.

  Парманбек әжім басқан көздерін бір ашып, бір жұмып, ойға батты. Ақ сексеуілді білеудей бұтағын екі бүктеп, тамшы ағызар қыршын жасы мен білекті қайратының қайтып келмейтінін ойлады. Бірақ жүрек шіркін әлі де жас секілді. Көктем шалғай болғанымен, көңіл шалғай емес. Ех, көк көрпенің астарын аспанға қаратып, жасыл жолақты күпәйкесін ай сәулесіне шомдырып жататын күндер-ай!

   Сыртта азынаған желдің дыбысы естіледі. Картонның үстіне төнген қорғасын бұлт терезе жақтаулары мен ернеулерді салдыр-гүлдір еткізген тентек ойыны болмаса, үйреншікті құрдасы үйірлі құйынға алым берер түрі көрінбейді. Аулада тентек жел қарды ұшырып ойнап жүр. Қарт орманшы қойдың қарнындай қампиған ақ жастықты басына төсеп, дамыл алды. Парманбек қазір өзін құрт кемірген кәрі еменге ұқсатты. Бұл мәңгілікке қалғып бара жатқанда түн қара жамылып, орман-тоғай бір күрініп еді. Тек пеш алдындағы шашылып жатқан сабанға көктегі жұлдыздар лебі тигендей, майда ұшқындар жалт-жұлт етіп жатты. Алдияр мұны қоштасып бара жатқан қарт орманшының рухы деп түсінді. Қарт орманшы тірліктің тұрлауыт жағалауынан мәңгілік алыстап, арғы ата-бабасымен дидарласып, келмеске кетті.      

* * *

   Айналадағы тал-терек қиылғалы картонды жел де қағынып, жиі соғатын болды. Алдияр қарт орманшыны жер қойнына тапсырып, орманшылық қызметін, киелі жер алдындағы барлық аманатын орындағандай сенімде болып, ың-шыңсыз қалаға білім алмақ болып кеткен жылдың күзінде картонның жанына жағалай сексеуіл егіп тастады. Міне, енді бұдан өзге ешкім тұрақтамайтын орманшының үйі - картон жалғызсырамайтын болды. Тек  күзде кешкі самал тербеген жас сексеуілдер маңғаз кейістікпен әлдекімді аңсап, елегізіп тұратындай байыз таба алмайды. Сағынышын жел арқылы жеткізетіндей жыл өткен соң сексеуілдер бой көтеріп, тұқымын шөл далаға шашып тұрады деседі.        

 

Қазақ тілінде жазылған