Қария шері
Көптен бергі арманым сол болғасын,
Көргім келіп ақ жаулық,өр тұлғасын.
"Қарттар үйін" ақырын аяңдадым,
Қарияның алсам деп бір батасын.
Армысыз!-деп бір бөлмеге кіріп келдім,
Бұл қай бала?!-деп ата күдіктенді.
"Құдайы қонақпын" ғой дегенімде,
Деді ата: Немерем!-деп үміттендім.
Жағдайыңыз қалай?-деп күбірледім,
Ойланып тұрды да: Шүкір!- деді.
Тірілей мені ұлым өлтіргенмен,
Қарағым,мені үкімет өлтірмейді.
Әңгіменің қаладым жалғасқанын,
Айналайын,ішімде шер дастаным.
Үш қабатты үйі бар ер баламның,
Бір бұрышын қайтейін қимағанын.
Үш қабатты "қарттар үйін"мекендедім,
Тамағым тоқ,бәріне де шүкір дедім.
Келінім көрсетпеген қызметін,
Күтуші қыздарымнан көрдім!-деді.
Қадірін біл жарығым,кемпір-шалдың,
Немересі екенсің есі бардың.
Үйдегі ата-әжеңе сәлем айт-деп,
Күлімдеді.Қия алмай мен қоштастым.
Аз болса да басылғандай сағынышым.
Қайталана береді бір дауыс,үн.
Қара жердің астындағы ата-әжеме,
Қалай сәлем айтам?!-деп жылап шықтым.