Адам қарады: 363 | Жарияланды: 2019-04-11 02:54:27

Арманның арманы

Бір актылы, бес суретті балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегі

Кейіпкерлер:

Арман

Қыдыр ата

Шоқан

Достоевский

Потанин

3-жасөспірім сарбаздар

Жабайылар

Желтоқсанның көпшілік сахнасы  (Түсірілген көріністер арқылы берілуі мүмкін)

 

Автобус аялдамасы.  

Арман: (Арқасында мектеп сумкасы, қолтығында скейтворд) Шынымды айтсам жалықтым бәрінен. Мектепте де үйде де бір сарынды өмір. Таңертең мектепке бар, кешке сабағыңа дайындал. Мектеп бағдарламасы да күнде өзгереді, миды қатырып бітті әбден. Бір өз еркіңше өмір сүретін жер бола ма екен мына жердің бетінде. Ойланбастан кетіп-ақ қалар ем.

   Сахнаның түкпірінен  еңкіш тартқан қария шығады. Қолындағы таяғымен бірге қалт-құлт етіп алға әрең жылжиды. Арман жүгіріп барып қолтығынан демеп, аялдамаға жетуіне көмектесіп, отыруына жәрдем береді. Қария Арманға дұрыстап қарайды.   

Қыдыр: Рахмет балам, көп жаса! Е, бар ғой ондай жер. Қаласаң көрсетуге, тіпті алып баруға да болады.

Арман: Сіз кімсіз ата? Менің ойымды қайдан біліп қойдыңыз?

Қыдыр: Білем Арман, білем. Мен бәрін де білем. Жарайды, танысып қояйық, менің атым Қыдыр.  Кәдімгі өздерің кітаптан оқыған Қыдыр әулие дегендерің мен болам.

Арман:  ( Күледі ) Қыдыр ата? Қумаңызшы. Өтірік айтпайтын адам болмайды ғой. Бірақ адам сенетін өтірік айтсаңызшы.

Қыдыр: (Орнынан тұрып. Үстіндегі плащты шешіп тастағанда костюм киген кәдімгі орта жастағы адам пайда болады). Иә, бұл заманда өтірік айтпайтын адамды табу қиын. Бірақ, әулиелер өтірік айтпайды Арман:

( Әні бар )

Рас айтасың бұл заманда өтіріксіз өмір жоқ.

Адамдардың арасында адалдыққа орын жоқ.

Өз туысын, өз қымбатын орға жығып жатса да,

Алдап, арбап, өтірікпен өткен күнге көңіл тоқ. 

 

Арсыз дүние жалт-жұлт етіп арбайды.

Сен алдасаң, ертең сені алдайды.

Бір-біріне жақсылықты қимаған,

Сорлылықпен өтсе өмір сол қайғы!

Арман: Қыдыр ата деген біздің ұғымымызда басқаша болатын.

Қыдыр: (айнала беріп сақал жапсырып, шапан мен бөрік киіп үлгереді). Мынадай ма?

Арман: Иә, енді аздап ұқсадыңыз.

Қыдыр: ( айнала беріп бейшара қайыршыға айналады ) Мен адамдарға әртүрлі кейіпте көрінуім мүмкін. Сондықтан да мені көп жерде адамдар тани бермейді.

Байқап тұрсаң жер бетінде сан-алуан адам бар.

Біреу баққа, біреу таққа, біреу босқа алаңдар.

Жақсылық пен сыйластыққа берілген бұл өмірден,

Бірін-бірі танымастан өте шығар адамдар.

 

Абақтыдан бір-ақ шығар менменсіген байларың.

Жер сипаған мүсәпірдің аспандатам байрағын.

Өміріңді нұрландырар алғыс алған күндерің,

Бір-біріңе ей адамдар тек жақсылық ойлағын.

 

Сонымен Арман, әңгімемізге қайтып оралайық.  Сабақ оқымайтын, емін-еркін өмір сүретін жерге барғың келе ме?

Арман: Ой, керемет болар еді!

Қыдыр: Ендеше мына келе жатқан автобусқа отырайық.

Аялдамаға автобус келіп тоқтайды. Сахнада жарық сөнеді де, қараңғыда жұлдыздар пайда болады. Жұлдыздар жылдам ауыса бастайды. Жарық қайта жанғанда автобус есігі ашылады.

Қыдыр: Міне сен армандаған жерге келдік. Қалауыңша еркін өмір сүр. Ұнамаса «Қыдыр ата!» деп үш рет айғайласаң мен келемін. Жақсы демалуыңа тілектеспін Арман!

Автобус жүріп кетеді. Құз-жартастардың арасында жалғыз  қалған Арман жан-жағына қарап:

--- Қайда әкеліп тастады мынау мені? Не үй жоқ, не көше, не қыбыр еткен жан жоқ.

Сахна түкпірінен қолдарында тас байлаған найзасы бар жартылай жалаңаш жабайы адамдар пайда болады. Олар Арманға жақындап келіп, таңырқап үстін сипап, иіскеп көре бастайды. Арман қорқып кейін шегінеді.

Арман: Сендер кімсіңдер!? Жақындамаңдар! Тиіспеңдер! Қойыңдар дедім ғой сендерге. Қоймасаңдар кәзір полицияға хабарлаймын.

Қалта телефонын суырып алып номерді тере бастайды. Телефонның шиқылдаған үнінен зәресі ұшқан жабайылар  «У-ууу» деп  шөкелеп отыра қалады

Ә, солай ма? Қалай екен бәлем! Полиция дегенге қорқып кеттіңдер-ау деймін. Осылар шынымен-ақ жабайы адамдар болып жүрмесін.

Телефонының бір пернесін басып қалғанда музыка ойнайды. Жабайылар жата қалып бас ұра бастайды. Арман жақындап келіп тағы бір пернесін басқанда тарсылдаған үн шығып жабайылар бір жерге үйіріліп «Уһу-уһу» деп жалбарына бастайды.

 Осылар мені Құдай деп тұр ғой деймін.

Ары қарай Арман ойына келгенін істейді. Бір қолын көтерсе бәрі көтереді. Аяғын көтерсе бәрі аяғын көтереді деген сияқты. Билесе бәрі қосыла билейді.

Арман: Рахмет менің құрметті жабайыларым! Мені патша сайладыңдар ғой. Солай ма? Мен, «Арман—патша!». Қайталаңдар кәне! Арман – Патша!

Жабайылар: Арман – Патша!

Арман: Рахмет! Рахмет! Енді патшаларыңның қарны ашты. Тамақ бермейсіңдер ме? Ням-ням.

Жабайылар: А, ням-ням?

Арман: Ия, ням-ням.

Жабайы адамдар шикі ет алып келіп Арманның алдына қояды. Арман мұрнын тыжырайтып жиіркенеді.

Арман: Мыналарың немене? Патшаны сыйлап, құрметтегендерің осы ма сендердің!? Қуасыңдар ма не? Фууу сасық қой мыналарың! Тышқан жейсіңдер ме!? Көсемдерің кім? Сен бе? Тұр орныңнан кәне! Отыр! Екі! Дұрысырақ тамақ жоқ па? О маймылдар өңшең. Бұлар отты да білмейтін болды ғой сонда? Қой өз тамағымды өзім пісірмесем болмас.

Қалтасынан оттық шығарып от жағады. Жабайылар таң қалысады. Арман отқа ұстап етті пісіре бастайды.

Мынаны от дейді. Ұқтыңдар ма? От. Кәне қайталаңдар. От.

Жабайылар: От.

Арман: Жарайсыңдар! О! Бұларға отты алғаш әкелген менмін. Болашақта Прометей емес, адамдарға отты алып келген мен боламын. Сондықтан жақсылап жаттап алыңдар менің атымды. Арман. Қайталаңдар кәне. Арман!

Жабайылар: Арман!

Арман: Мына мен, мен Арман. Мен Арман!

Жабайылар: Мен Арман!

Арман: Сендер емес мен... Мен Арман.

Жабайылар: Сендер емес...мен. Мен Арман!

Арман: Қап мыналарды-ай. Қайтсем екен? Жарайды кейін түсіндірем. Ет пісті ғой деймін. Кәне көрейік... О, керемет! Келіңдер, дәмін көріңдер. ( Жабайылар жақындап келіп дәмін татып тамсанып «У-у, У-у!» деп жей бастайды. Бір жілікті қолына ұстаған Арман қызына сөйлеп кетеді )  Міне көрдіңдер ме. Сендерге алғаш от деген нәрсені тұңғыш алып келген мына менмін. Осыны ұмытпаңдар. Адамзат тарихында ең алғаш рет отты ойлап тапқан мен боламын. Ал, менің атым Арман. Арман! Қайталаңдар. Ар-ман. ( Жабайылар бұл кезде қорылдай бастаған ) Мыналар ұйықтап қалған ба? Мен кімге айтып тұрмын сонда? О маубастар өңшең! Бұларда төсек деген  нәрсе де болмайды екен-ау! Әркім жатқан жерінде қисайды да қатты да қалды. Құрысын бүйткен өмірлері. Азап қой мынау.

 Бір бұрыштан орман құсының қатты үні естіледі. Арман зәресі ұшып екінші бұрышқа шегінеді. Ол жақтан арыстанның ақырған үні шығады. Арман одан қаша беріп «Ай!» деп шыңғырып жібереді.

Арман: Жылан! Жылан! Ойбай тұрыңдар! Мыналар өліп қалған ба!? Ой, мынау кәдімгі шаян ғой. Қандай үлкен!

         Кенет бұрыштан бірнеше жабайылар шыға келіп Арманның аузын басып алып кетеді. Сахна айналғанда Арманның қол-аяғы байлаулы. Алдыңғы жақта басқа жабайылар үлкен тас пышақтарды қайрап отыр. Арманды көрсетіп «Ням-ням» деп бас бармақтарын шошайтады.

Арман: Мен «Ням-ням» емеспін адаммын деп қанша айтам сендерге. Не деген ұқпайтын адамдар мынау. Өзімнің тайпам жақсы екен ғой, әйтеуір бірдеңе түсіндіруге болатын. Бірақ ұйқылары қатты екен.

Жабайылар орындарынан тұрып Арманға жақындайды.

Арман: Әй жабайылар! Адам етін жеуге болмайды. Ол «каннибализм» Заң бойынша ол аса ауыр қылмыс саналады. Құтқарыңдар! Қайда алып келдің мені Қыдыр ата!? Қыдыр ата! Қыдыр ата! Қыдыр ата!

Жабайылар арғы жақта қалып қояды да, ортаға автобус келіп тоқтайды. Есік ашылып Қыдыр шығады.

Қыдыр: Не болды Арман? Тағы бола тұрмадың ба. Еркіндік керек деген соң...

Арман: Бүйткен еркіндігіңіз бар болсын. Мына жабайыларыңыз жеп қоя жаздады ғой. Әйтеуір айтқаныңыз есіме түсіп атыңызды айтып үлгердім. Еркіндік дегенде мұндай еркіндікті айтқан жоқпын ғой мен Қыдыр ата... Мыналарыңыз не сөзді ұқпайды, не айтқанды түсінбейді. Етті шикілей жейді. Қаптаған жылан-шаян.

Қыдыр: Жарайды. Саған керегі адамдардың сөзді түсінетін уақыты екен ғой.

Арман: Ия, түсінгенде де қазақша түсінетін кез болса дұрыс болар еді.

Қыдыр: Жақсы ендеше дегенің болсын. Отыр автобусқа.

Сахнада жарық сөнеді де, қараңғыда жұлдыздар пайда болады. Жұлдыздар жылдам ауыса бастайды. Жарық қайта жанғанда автобус есігі ашылады. Есіктен жан-жағына қараған Арман ақырындап жерге түседі.

Арман: О, мынау таныс жер сияқты. Тіпті киіз үйлер де көрінеді. Тамаша! Мынауыңыз дұрыс болды Қыдыр ата. Енді дұрыстап демалатын шығармын. Жарайды сіз жүре беріңіз.

Қыдыр: Егер қиындық туып жатса...

Арман: Иә...ия. Ұмытқан жоқпын.  Қыдыр ата деп үш рет айғайлаймын ғой.

Қыдыр автобусқа мінеді. Автобус қозғалады. Арманның жанына жаугершілік заманның киіміндегі үш-төрт жасөспірім жігіттер жақындап келеді.

1 -ші жігіт: Ұстаңдар!

Екі-үш жігіт жабыла кетіп Арманды тыпыр еткізбей ұстап тұра қалады.

Арман: Жіберіңдер! Бұларың қалай? Мен сендерге ештеңе істеген жоқпын ғой.

1 -ші жігіт: Киіміңе қарасам байпатшаның баласы сияқтысың. Мырзаның киімін киіп ел сыртынан тыңшылық жасап жүрген дұшпан емеспісің?

Арман: Қайдағы дұшпан? Қайдағы тыңшы айтып тұрғаның? Мен 128-ші мектептің оныншы сынып оқушысымын. Есімім Арман.

1 -ші жігіт: Арман деймісің? Қызық екен!  Мектеп-сектебіңді, сынып дегеніңді ұқпадым. Мырза дейін десем даусыңда ондай өктемдік байқалмайды. Киіміңе қарағанда дәу де болса бір саудагердің баласы шығарсың.

Арман: Жіберіңдер. Мен жай кішкене демалып, көңіл көтеру үшін келген адаммын.

2-ші жігіт: Тапқан екенсің көңіл көтеретін уақытты! Жан-жақтан жау анталап, халық қайтсем жаным қалады деп жүргенде, мына бейшара көңіл көтермекші. Сазайын беру керек жақсылап.

Арман: Мен бейшара емеспін.

1 -ші жігіт: Босатыңдар! Намысты жігіт көрінесің. Бай баласы болсаң да қандасымыз екенсің. Жарайды, жүре бер жөніңе.

Арман: Тоқтаңдаршы. Мен бұл жерде ешкімді танымаймын. Жалғыз қалдырмаңдар мені. Қайда барсаңдар да бірге болайын сендермен.

3-ші жігіт: Болмайды. Ересек ер-азамат  атаулының бәрі жоңғарға қарсы аттанып, солардың орнына ел қорып жүрген жігіттерміз. Босқа обалыңа қалар жайымыз жоқ.

Арман: Мен де топтарыңа қосылып ел қориын ендеше.

1-ші жігіт: Қылыш ұстай алатын ба едің өзі? Түріңе қарасам атқа отырып, қалқан-қару ұстап көрмеген ақсаусақ сияқтысың.

Арман: Мен бе ақсаусақ. Мен үйірмеге қатысқам. Самбодан қара белбеуім бар.

 2-ші жігіт: Не деп шүлдірлеп кетті мынау? Белбеу дегеніңе қарағанда күрескің келіп тұр-ау деймін. Кәне шықшы. Көрейік әуселеңді.

Әлгі жігіт Арманға жақындап күреспек болады. Қалған жігіттер қоршап тұра қалады.

1-ші жігіт: Байқа. Боркемік неменің бір жерін сындырып қойма. Басымызға бәле болар.

Арбаңдап ұмтылған әлгі жігітті Арман самбоның әдісімен алып ұрады. Анау қайта ұмтылады. Арман тағы да сұлатып салады. Үшінші рет ұмтылып тағы жығылып, қайта ұмтылған әлгіні 1-ші жігіт ұстап қалады.

1-ші жігіт: Болды, болды... өзің нағыз батыр екенсің ғой бауырым. Жарайды ендеше қосылсаң қосыл тобымызға. Қару беріңдер.

Жігіттердің біреуі Арманға қылыш, қалқан береді.

Арман: Мәссаған, мынау шынымен қылыш па?

3-ші жігіт: Немене ойыншық қой деп пе едің?

Арман: Жоға. Мен мұндайды тек музейден ғана көруші едім.

Сырттан «Жау! Жау келіп қалды» деген дауыс естіледі.

1-ші жігіт: Жігіттер қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз! Туған жер үшін жан пида! Атқа қоныңдар! Ал бауырым, батыр туған ұл екенсің, көрсет ерлікті.

Жігіттер тез басып шығып кетеді. Айғай-шу. Аттың кісінегені, қылыштардың үні естіліп жатыр. Сахнада шайқастан көріністер көлеңке арқылы берілгені дұрыс. Арман бір-екі рет ұмтылғанымен жүрегі дауаламай кейін қайтады. Ақырында амалы құрып тізерлеп отыра кетеді.

Арман: Енді қайттім!? Өмірімде адамға қарсы қару көтеріп көрген емеспін. Мыналар шындап соғысып жатыр ғой. Ойбай ананың иығынан қан саулап жүр. Шын соғыс қой мынау. Қылмыс қой мынау! Полицияға хабарлау керек. Жоқ. Қыдыр ата! Қыдыр ата! Қыдыр ата!

Шайқас үні күшейе береді. Сахнаға автобус шығады. Есіктен сыртқа шыққан Қыдыр, түсі қашып кеткен Арманды құшақтай алады.

Қыдыр: Не боп қалды Арман? Саған не болған?

Арман: Қыдыр ата. Мен... мен... мұндай өмірге дайын емес екенмін. Өзімдей жігіттер қару алып қан майданда елін қорғап жатқанда менің жауға қылыш көтеруге рухым жетпеді Қыдыр ата! Кешіріңіз мені Қыдыр ата!

Қыдыр: Мына сайын даланың әр шаршысы ата-бабаңның қанымен шыланған Арман. Сондықтан бұл дала өте қасиетті. Бұл дала, батыр бабалардың аманаты мен асыл аналардың мұң-зарына толы. Арманын болашаққа жолдаған боздақтардың аңызға айналған ерлігіне толы.

Арман: Иә, солай екен Қыдыр ата. Олардың алдында тым әлсіз екенбіз біздер.

Қыдыр: Өзіңді өзің кінәлама Арман. Әр заманның адамы өзіне сай болады. Әрбір ғасырдың адамдарға артар өз міндеті болмақ. Бірақ, өз заманынан асып туып дегеніне жете алмай жастай қиылып кеткен тағдырлардың өкінішін айтсаңшы.

Арман: Ол кім Қыдыр ата?

Қыдыр: Оны сөзбен айтқаннан да көзбен көріп, жүрекпен сезінген дұрыс. Оған сен дайынсың ба?

Арман: Дайынмын Қыдыр ата. Бастаңыз!

Сахнада жарық сөнеді де, қараңғыда жұлдыздар пайда болады. Жұлдыздар жылдам ауыса бастайды. Жарық сәулесі түскенде автобус есігі ашылады.  Алдымен түскен Қыдыр ата Арманға айлы түнде сахна түкпірінде жалғыз отырған бейнені көрсетеді. Арман жаңағы бейнеге жақындай береді. Сахна айналып әлгі бейне көрермен алдына келіп, жарық берілгенде  қолына дәптер мен қарындаш ұстаған күйі ойға шомып кеткен Шоқанды көреміз.

Арман: Шоқан аға! Сіз шынымен Шоқан ағасыз ба? Амансыз ба Шоқан аға!

Шоқан: Амансың ба бауырым! (Арманның өн-бойына қарап) Білім қуған, мына далаға ғылым сәулесін жайсам деген қасиетті арманның жетегінде жүрген ұлан болармысың.  Тек тағдырыңа мен сияқты қателесуді жаза көрмесін. Отыршы мұнда. Иә, қай жақтың баласысың? Не мақсатпен жүрсің?

Арман: Алыстан келдім аға. Есімі елге аңыз боп тараған қазақ даласының жарық жұлдызы Шоқан ағамның жанында болып, сырласу үшін келдім.

Шоқан: Жарық жұлдыз деймісің? Әлемге сәулесін шашқан нағыз жарық жұлдыздар Әл Фараби, Ращид ад дин, Қожа Ахмет Яссауй, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулатилер емес пе еді. Солардың еңбегін зерттеп, зерделеуге жеткен өмірді, хаттап қағазға түсіруге жеткізе алмай отырған мен бейбақты кім жарық жұлдыз дей қойсын?

Арман: Олай емес Шоқан аға. Сіздің атыңызды бүкіл қазақ халқы білетін заман туады. Сіздің атыңыз бүкіл әлем халықтарының аузында жүріп, әрбір ғылыми жиындарда сіздің еңбектеріңізді жас ғалымдар аса құнды тарихи мәлімет ретінде пайдаланатын болады.

Шоқан: Сен мұны қайдан білесің? Жасыңа қарамай тым зерделі бала көрінесің. Мына кең байтақ далада сырласарға жан таппай жалғызсыраған сәттерімде көңілім қатты құлазушы еді.  Қолың босағанда келіп тұршы Арман.

Арман: Әрине Шоқан аға. Бірақ...

Шоқан: Не бірақ? Сұрай алмай тұрғаның не нәрсе?

Арман: Шоқан аға кәзір неше жастасыз?

Шоқан: Мен бе? Мен кәзір отыз жастамын. Оны неге сұрадың?

Арман: Демек...

Шоқан: Кәзір қарап тұрсам менің отыз жасым өзгелердің жүз жылдық ғұмырына татығандай екен. Бірақ одан басқаша болуы да мүмкін емес еді. Мына кең даланың тарихын танып, бар құпиясын ашу үшін бір ғұмыр тым аздық ететінін жақсы түсіндім. Сондықтан да күндіз-түні тынымсыз еңбек еттім.

Қараңғылықтан Г.Потаниннің бейнесі пайда болады.

Потанин: 12 жасында кадет корпусына түскен Шоқан орыс тілін білмейтін. Бірақ сирек кездесетін қабілетінің арқасында барлық қиыншылықты тез арада жеңіп шықты. Тіпті орыс жолдастарының бәрін басып озып, барлық адамдардың назарын өзіне бірден аударды. Оның қабілеттілігі сондай тіпті оқуға түспестен бұрын суретті ғажап салатын. Ол қарындашпен қала көрінісін қағазға түсіргенде таң қалмаған адам қалмаған шығар сірә. Корпус оқушылары Шоқанды болашақ зерттеуші, ғалым ретінде танығанда, ол небәрі 14 жаста ғана болатын.

Шоқан: Өз елімді өзге халықтың езгісіне бермеу үшін биікке самғайтын қанат керек. Ол қанат – білім. Ал, білімдіні мен өз ортамнан, ағайын-туыс арасынан емес алға озып кеткен Ресей елінен іздеуіме тура келді.

Достоевский: Қымбатты Шоқан, мен ешуақытта да, және ешкімге де, тіпті туған бауырыма да, тап Сізге көңілім түскендей жақындықты сезген емеспін. Сіз, және Сіздің тағдырыңыз туралы көп ойланам. Тағдыр Сізді абзал адам етіп жаратқан. Артта қалуға болмайды, болмайды. Сіздің өз еліңізден еуропалық білімге тұңғыш қол жеткізген адам екеніңіздің өзі Сізге зор міндет жүктейді.

Шоқанның төмендегі монологын слайд пен жазба үн арқылы шешуге болады.

Шоқан: Иә, артта қалуға болмайды. Маған дейінгі ел басқарған ата-бабаларым намысын найзаның ұшы, білектің күшімен  қорғаса, менің заманымның ендігі тағдыры білімге ғана тіреліп тұрғанын ұқтым. Өмірімді соған арнадым.

Қоқан хандығының Жетісуға жасап отырған қысымын тоқтатуға бағытталған ғылыми экспедицияның құрамына кіргізілгенде 18 жаста болатынмын.

Ұлы жүз қазақтарының және қырғыздың бұғұ, солту, сарбағыш руларын аралап жүріп «Манас» эпосын қағазға түсіргенде, география, тарих, геонология бойынша әдет-ғұрыптарын зерттеп шыққанда 20 жаста екенмін.

Қазақ халқының тарихы мен тұрмыс салтын зерттеймін деп Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай, Қарқаралы, Баянауыл өлкелерін шарлап жүргенде 21 жаста болатынмын.

Жоңғария мен Жетісу, Іле Алакөл, Құлжа, Тянь Шань мен Жырғалаң, Ыстықкөл өлкелерінің орнитологиялық гербариін жинап, топографиялық зерттеу жасап шыққан жылдарым 22-23 жасымда. Көне Чигу, мен Қанақай, Қайнақ тарихын зерттеген жылдарым да осы кез.

 Менен бір жыл бұрын барған еуропалық географ Адольф Шлагентветтің басын кесіп қақпасына іліп қойған Қашғар еліне Әлімбай  саудагер болып барып Сутук Бұғра ханның, Тоғлық Темір хан, Қожа хан, Әбдімүслім Маурузи тарихын зерттеп, бүкіл Шығыс Түркістан өлкесіне қоса қытайдың «Нан-Лу» провинциясындағы шығыстың алты қаласын әлемге таныстырған кезең 24 жасымның еншісіне бұйырыпты.

Арман: Бар-жоғы 10-ақ жылдың көлемінде осынша мол іс тындыру ешкімнің маңдайына бұйырмаған бақыт қой Шоқан аға.

Шоқан: Мен де солай ойлағам... Алайда... елімнің ертеңі үшін, адамзат болашағы үшін деп еткен еңбегімнің басы-қасында отарлаушылықтың зымиян саясаты бірге жүргенін кеш білдім. Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури сияқты залымдар бар еңбегімді жоққа шығарып, өздеріне пайдалануға тырысса, Гасфорт, Хоментовский, Перемышельский, Гутковский сияқты ірі шенділер Ресейдің болашақ басып алатын аумағы туралы есеп жасаумен айналысыпты. Алғашында  ғылым мен білімге деген сүйіспеншілік бұл күдігімнен басым түсіп отырғанымен, жастық албырт кезімнің қателігін мойындауыма тура келді. Атқарған ісіміздің патшаның отарлау саясатына көмек екенін ұққан кезде оған қарсы жасамақ болған әрекетімнің бәрі қудалау мен жәбірлеуге ұласты. 

Арман: Олар өз пайдасы үшін ғана жүрген болса, Сіз әлемдік ғылым үшін еңбек еттіңіз. Сондықтан да бүкіл жасаған ісіңізді жоққа шығару мүмкін емес.

Шоқан: Сөйтіп торыққан көңіл мен ауру меңдеген Шоқан 27 жасында елге қайтып оралды. Ар жағы белгілі ғой,  Оңтүстік  Қазақстанды Ресейге қосу міндетін атқару үшін шыққан генерал Черняевтің экспедициясына шақырылдым. Патшалық әскердің штабс-ротмистрі ретінде бас тартуға да мүмкіндігім жоқ еді. Бірақ отаршылдықтың қарғылы төбеті генерал Черняевтің озбырлығы мен қатігездігіне төзе алмай Верный қаласына қайтып кеттім.

Содан бері жалғыздықтың шырмауындамын. Мен қатты сағынам.  Жалындап өткен жылдарым, алыстағы достарым, бәрі түгел тек сағынышқа айналды.  Ал, мына қол созым жерде тұрған туыстарыммен тіл табыса алмаймын.  

Шоқан қатты жөтеледі.

Саған рахмет бауырым! Көңілім аз да болса сергіп қалды. Бұдан кейін де келіп тұрғайсың.

Арман: Жарайды Шоқан аға.

Арман алға шығады. Шоқан отырған тұс қараңғылық құшағына ене береді.

Арман: Бұл әділетсіздік қой. Кәзір жасы отызда болса енді бір жылдан соң мына дүниемен мүлде қош айтысады ғой. Қыдыр ата! Қыдыр ата! Қыдыр ата!

Сахнаға автобус шығады. Есіктен сыртқа шыққан Қыдыр мұңайып тұрған Арманды басынан сипайды.

Қыдыр: Неге мұңайдың Арман?

Арман: Қыдыр ата, Шоқан ағаның өмірін ұзартар мүмкіндік бар ма?

Қыдыр: Адамның жазылып қойған тағдырына өзгеріс енгізу ешкімнің қолынан келмейді Арман.

Арман: Қандай өкінішті! Кітаптан оқығанның бәрі жанында отырып сырласқандай әсерлі болмайды екен ғой.

Қыдыр: Шоқан біздің арамызда. Әрбір ғылым мен білімге ұмтылған жігерлі жастың бойында ол өмір сүріп келеді. Дұшпанға намысын бермеген батыр бабаларыңның да рухы сендердің бойларыңда бірге жүр, Бірақ бұл қасиеттердің бәрінің де оянатын өз сәті бар.

Арман: Қалайша?

Қыдыр: Кәзір оны өзің көресің. Көлікке отырайық.

Сахнада жарық сөнеді де, қараңғыда жұлдыздар пайда болады. Жұлдыздар жылдам ауыса бастайды. Жарық сәулесі түскенде автобус есігі ашылады.  Сахнадан аяқ жүрісінің дыбыстары, сирена үндері, адамдардың айғайы естіледі. Жарық берілгенде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының көрінісі. Жастар «Менің Қазақстаным» әні естіледі. Қолына «Әр халыққа өз көсемі», «Отарлық саясатқа жол берілмесін», «Демократия жасасын!» деген лозунг ұстаған жастар көрермен жаққа беттеп келеді. Қолына қалқан, резеңке таяқ ұстаған солдаттар оларды сахна түкпіріне тықсыра бастайды. Шланга шығарып жастардың үстіне су шашып жатыр. Әлдекімнің қолын қайырып әкетіп барады. Жас қызды шашынан сүйреген солдатты көріп Арман автобустан түсе салып көмекке ұмтылады. Екі солдат екі жақтан шап беріп ұстай алады.

Арман: Жіберіңдер! Қыздарға қол көтеруге қалай дәттерің барады? Бұларың қылмыс қой!

 Офицер: Не дейді мынау күшік. Алып барыңдар көлікке. Сыбағасын алсын. Көреміз сосын қалай сайрағанын.

Қыдыр солдаттардың алдына тұра қалады да қолын сілтеп қалады. Қимылсыз қалған сахнадағылардың арасынан Арманды автобусқа жетелейді.

Арман: Жоқ ата, мен осында қаламын. Мына жастармен бірге боламын. Менің жаным бұлардан ардақты емес. Рұқсат етіңіз Қыдыр ата!

Қыдыр: Осылай дейтініңді білгенмін. Сенің бойыңда осындай рухтың барына сенгенмін Арман. Саған мұнда да қалуға болмайды. Бұл өткен күндердің жүректерде сақталып қалған өшпес елесі.

Арман: Сонда біздің...біздің үлесімізге не қалады Қыдыр ата?

Қыдыр:   Келер ұрпақ өткендердің аманатына адал болып, өз тарихын ерекше құрметтеуі керек. Өйткені ұрпақ алдында тарихтың ары таза. Тәуелсіз ел болғанға дейін қаншама азап, қаншама тозақтан өткен Ұлы даланың бар үміті енді мына сендерсіңдер!

Арман: Солай екен-ау. Біз қалай үстірт қараймыз мына өмірге.   Мен енді мүлде басқаша өмір сүретін болам. Елі үшін жастайынан қылыш ұстап жауға шапқан жас ұлан да, отыз жылдық ғұмырында әлемдік деңгейдегі ғұлама дәрежесіне көтерілген Шоқан атам да, Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары Желтоқсандағы жалынды жастар да, бәрі-бәрі менің көкейімде тұратын болады. Қыдыр ата... Қыдыр ата, қайдасыз Қыдыр ата? Рахмет Сізге Қыдыр ата!

 

 СЕНДЕРГЕ РИЗА ҰРПАҒЫҢ.

 

( Әні бар )  

Сұрапыл күнде қан майдан

Намысын елдің қорғадың.

Сағынышымсың сарғайған

Алыстап кеткен ардағым.

Ерлікке куә дала бұл

Тарихын тасқа жаздырған.

Арманы болар солардың

Өмірі нұрлы балдырған.

 

Қайырмасы:

Түрленген түлеп аймағы

Қазағың бақыт жолында

Тәуелсіз елдің байрағы

Айбынды ұрпақ қолында

 

Мерейін елдің тойлаған

Өзгеше әуен далада

Шаттыққа толды айналам

Сен жоқсың әттең арада

Көркінен сұлу көктемнің

Көрінер бізге бір мұң бар

Белгісі сынды өткеннің

Аспаннан аққан жұлдыздар.

 

Қайырмасы:

Көктегі күндей көңілім

Атады күліп нұр таңым

Өзіңнің өшпес өмірің

Сендерге риза ұрпағың

 

Соңы

Қазақ тілінде жазылған