Адам қарады: 608 | Жарияланды: 2019-04-15 05:36:21

Айдананың қуыршағы

Кіріспе

 

Ыстық күні суға қойып кеткен қандай рахат!

Арман мен Айдана судан шығар емес. Теңізге бірінші рет түсіп тұр. Ағасы Арман сүңгіп кетіп, су беті тып-тыныш бола қалса, қарындасы Айдана қорқып кетеді.

- Аға-а! – деп айқайлайды.

Кішкентай қарындасының бауырмалдығы, өзін іздеп аласұрғаны Арманға қызық көрінеді. Қайта-қайта суға сүңгіп, қарындасын қорқыта берді. Қарындасы да ағасы көрінбей кетсе жыламсырап, судан атып шықса жарқ етіп қуанып қалады. Кішкентай емес пе? Суға сүңгиді дегенді түсінбейді. Оның үстіне ваннадағы судан басқаға түскені есінде жоқ үш жасар балаға қорқынышты болуы да түсінікті ғой.

Анасы Айдананы алып біраз жерге дейін жүзіп барды. Анасының мойнын тас қылып құшақтап алған қыздың, сәл көтерілген су бетіне соғылып дем ала алмай қалады. Онысына өз риза болып тырқылдап күледі.  

Біраздан кейін олар қатар-қатар тізіліп күнге қыздырына бастады. Әкесі, анасы, ағасына күн астында жату рахат сияқты деп ойлады кішкентай қыз. Оған салса суға тағы да біраз түсер еді.

Айнала толған адам. Бірі суға түсіп жатса, енді бірі мұның ата-анасы, ағасы сияқты күнге қыздырынып, маужырап жатыр. Айданының іші пыса бастады. Анасына қарап еді, ол шыныменде ұйықтап кеткен бе пыс-пыс етеді. Ол отыра қалып айналаға көз тікті. Су жиегінде доппен ойнап жүрген балаларға қызықты. Сәл өссем мен де доп ойнаймын деп ойлады. Кенет доп ұшып кетті. Бір бала доптың соңынан жүгірді. Доп ұшып қонып, ұшып қонып бір кішкентай ағараңдаған нәрсенің қасынан өтті. Енді Айдана допты көзімен тастай салып, әлгі нәрсеге қадала қалды. Ағараңдаған зат кішкентай қызды одан әрі таңғалдырып, тігінен тұра қалып жұлқынды да құлап түсті. Қайта қарғып тұрып, тағы жұлқынды. Шамасы жерді тесіп, ішіне кіріп кеткісі келетін сияқты...

Әлгі доптың соңынан жүгірген бала добын алып кері қарай жүгіріп келе жатты. Айдана шошып кетті. «Оны басып кетпесе екен» деп әлгіге қарай тұра жүгірді. Жүгірген баладан бұрын ол томпаңдап бірінші жетті. Егер Айдана бірінші жетіп үлгермесе басып кеткендей екен. Алдынан кішкентай қыз аяқ асты шыға келгенін көрген бала кілт бұрылып кетті. Айдана кішкентай жыбырлаған нәрсені көтеріп алды. Өзі жеп-жеңіл. Ішінде бірдеңе қозғалатын сияқты. Сығырайған жерінен қанша сығалап қараса да ештеңе көре алмады.

Кішкентай қыз оны алып келді де, анасының жұқа шифон орамалына орап, бала қылып, аяғына салып, ыңылдап ән айтып тербетіп ұйықтатты.

Үнемі көлікпен жүретін, одан қалса бір орында тапжылмай отырып жұмыс жасайтын ата-анасы суға түсіп, қозғалып, шаршаған екен. Күннің жып-жылы шуағы рахаттандырып, көздері ілініп кетіпті. Бір уақытта адамдардың дабырлаған дауысынан шошып оянған анасы жан-жағына алақтап, қызын іздей қарады. Кішкентай бірдеңені аялай, мәпелеп, аяғына салып тербетіп отырған қызын көріп, қуанып кетті.

Мойнын созып қарап еді, теңіз жағасындағы неше түрлі көп тастың біріндей көрінді. 

Көңілі орнығып:

- Қызым, менен сұранбай суға түспе иә, - деді.

Суға түсуден де қызық ермек тауып алған қызы:

- Иә, анашым. Мен бөпем ұйықтамай суға түспеймін, - деді. 

Теңіз жағасына демалған он күнде Айдана кішкентай бөпесінен бір елі ажырамады. Қызының аяқ астынан ермек тапқанына ата-анасы риза. Суға түссе де тауып алған бөпесімен бірге түсті, тамақтанса да үнемі шифон орамалға орап қасына қойды. Ұйықтаса басқа орамалға орап қасына алып жатты. Айданының бөпесіне бәрінің көзі үйренісіп кетті.

 

1-бөлім

 

Бүгін Айданалар қайтуға жиналды.

- Он күн он сағаттай-ақ тез өтті! – деп анасы теңізге қимай қарады.

- Келесі жылы тағы осында демаламыз, - деді әкесі.

Шамасы әкесіне де демалыс аз болып қалған сияқты.

- Бұрын бармаған жерге бару керек. Жылда жылда бір жерге қайтып бара бермей, - деді баласы.

Бұл оның анасына айтқан ескертуі. Үш-төрт жыл қатарынан Түркияға апарғанын айтып тұр. Биыл жапон жеріне бірінше рет келді.

Ал ағасы айтқан Түркиядағы демалыс мүлдем Айдананың есінде жоқ. Барса барған шығар, ал биылға демалысты  ол өмір бойы ұмытпайды.

Бұл елдің кеден бақылауы тым қатал ма, сөмкелерін қайта-қайта тексеруден өткізді. Бір тексеруден соң екіншісі шығып кеден бекетінде біраз тұрып қалды. Тіпті жанып-сөнетін құралдарын денеге тақап та қарады.

Бір қолымен анасының қолынан ұстап алған, екінші қолымен теңіз жағасынан тауып алған қуыршағын көтерген Айдананы көрген кеден қызметкері:

- Қолындағы не? – деп сұрады.

Айдана қолымдағыны тартып алады деп түсініп қалды ма:

- Бермеймін! – деп қуыршағын бауырына тықты.

- Қуыршақ қой. Қызым, ағаға қуыршағыңды көрсете ғойшы, - деп жапон тілінде айтып еді анасы, қызметші жымиып:

- Өте берсін, - деді...

Міне, туған жерге де аяқ тиді. Айхай! Өз үйіне де жетті.  

Үйге кіріп, жайланып, тамақтанып отырғанда Айдана:

- Анашым, қуыршағыма ат қояйықшы, - деді.

- Өзі қандай қуыршақ? Бізге бір рет те көрсетпедің ғо, - деді әкесі.

- Әке, бұл тірі қуыршақ. Мен оның қалай қозғалғанын көргенмін, - деді Айдана бір құпияны ашып.

Айдананың сөзіне әкесі кәдімгідей алаңдап қалды.

- Бір зиянды теңіз жәндігі болып жүрмесін. Әкелші өзін, көрейік! – деді.

- Жоқ, оның еш зияны жоқ! – деп Айдана бергісі келмеді.

Әңгіме осы тұсқа келгенде Арман:

- Мен достарыма барып келемін, - деп асқа рахметін айтып, шығып кетті.

Анасы да қорқып кеткен еді. Іштей: «Шыныменде қызымның не тауып алғанын бір рет те қарамаппын» деп өз-өзіне ренжіді.

- Бере ғой, қызым. Әкең қарайды да қайтып береді. Оған тиіспейміз! – деді.

Айдана амалсыздан қуыршағын әкеліп берді.

Алақанынан әлдеқайда үлкен қара қабыршақты әкесі бірден таныды. Айналдыра ұзақ қарады. Шайқап көрді.

- Әке, шайқама! – деп Айдана шыр-пыр болды. Әкесінің әр қимылын бағып тұр.

- Бірдеңе бар, - деді әкесі өз ойымен өзі.

- Не бар әке? – деді қызы жыламсырап.

- Қызым қуыршақ мынаның ішінде. Ашып, қуыршағыңды аламыз ба? – деді.

Әкесіне сенер сенбесін білмеген қызы, қуаныштан, не қорқыныштан түсініксіз түрде бір күле бір жыламсырап:

- Әке, шын айтасың ба? Қуыршақ осының ішінде ме? Мен оның қозғалғанын көрдім. Бірақ одан кейін қанша қарасам да еш қозғалмады, - деп қуыршақты көруге асыға сөйледі.

- Пышақты әкелші, - деді әкесі әйеліне.

- Пышақпен кесесің бе!? Онда ол өліп қалады! – деп қызы қуыршағына ұмтылды.

- Жоқ, қызым. Пышақпен мына сыртындағы үйінің кілтін ашамын. Мынау қатты зат сенің қуыршағыңның үйі, - деді.

Әкесінің сөзі рас сияқты. Қуыршақтың қол аяғы болу керек қой. Ал мынау үй сияқты қап-қатты.

Айдана қуыршақты жібере қойды.

Әкесі:

- Әп-пісіммілә, - деп сәл ашық тұрған қуысқа пышағының ұшын салып, түртіп жіберді.

Сол-ақ екен, сыртқы үйі әбден қурап тұрса керек оңай ашылып кетті.

Міне ғажап! Міне, тамаша! Қабыршақ ішінен жарқыраған аппақ, үлкендігі Айдананың жұдырығындай жұмыр, беті қотыр зат шықты.

Айдананың күткені бұл емес еді.

- Мынау ма қуыршақ?! – деп көңіл күйі түсіп кетті.

- Мұндай да ғажап болады екен! – деп әкесі орнынан атып тұрды. Екі көзін жұмыр заттан ала алмай тұрса да, қызын көтеріп алып бір айналдырды да бетінен сүйді.

Анасы аң-таң.

 

2-бөлім

 

Айдананың ата-анасы әлгі ақ тасты айналдыра қарап, аяқ асты жүректері жарылардай қуанды. Бір-біріне көп әңгіме айтты. Бірақ олардың не деп айтқандары Айдананың құлағына кірмеді. Олардың бір сәт өзін ұмытып, әлгі бұжыр тасқа соншама үңіліп, тіпті анасы тамақ пісіргенде мөлшерін білу үшін әр қоспаны өлшеп алатын өлшегішіне қойып өлшеп, одан әрі қуанған түрлерін көріп Айдана бақырып жылап жіберді. Сонда ғана ата-анасы осы біздің қызымыз бар екен-ау дегендей Айданаға таңғала қарады. Оның неге жылап тұрғанын түсінбеді. Анасы:

- Қызым-ау, бізді шексіз бақытты еткеніңді түсінесің бе? Жылама. Енді сенің бар арманыңды орындаймыз, - деді айналып-толғанып.

- Қуыршақ алып бересің бе? – деді Айдана да сол сәтті пайдаланып.

- Бір бөлме толған қуыршақ қой. Сонда да қалаған қуыршағыңды аласаң. Көрсетсең болды, бірден сатып аламыз, әкесі, иә, - деді. Әкесі де:

- Міндетті түрде аламыз, - деді.

Әке-шешесінің қуыршақтың қандайы болса да алып беретін түрлерін байқаған қызы да жадырап сала берді. Ол:

- Анашым, сіздер неге ана ақ тасқа қатты қуанасыңдар? – деп иегімен әкесі әлі айналдыра қарап отырған тасты көрсетті.

- Үлкен болып өскенде дәл осы күні неге қуанғанымызды айтып береміз.

Шынын айтқанда дәл қазір ата-анасының неге қуанғанын білгеннен гөрі Айданаға ойыншық дүкеніне барған артық еді.

Анасы Айдананы ертіп ойыншық дүкеніне кетті де, әкесі ғаламторды ашып, қызу жұмысқа кіріп кетті.

Олар дәу қуыршақты көтеріп үйге кіргенде әкесі ғаламторда әлі отыр еді.

Бұларды көріп бірден:

- Келістім, - деді.

- Өздері келе ме? – деді анасы.

- Иә, - деген Айдананың әкесі, - О-о, қандай тамаша қуыршақ! Дәл менің қызым ойнайтындай екен. Өзіңе ұнағанын алдың ба? – деді қызына.

- Иә, әкешім, көп-көп рахмет! – деді Айдана.

Кешке бұл үйде мерекелік дастархан жайылып, отбасымен көңілді отырыс болды. Әркімнің өз қызығы бар. Үлкен ұлдары достары туралы әңгіме айтса, Айдана өзімен бірдей болып, үстелде отырған қуыршағына қайта-қайта қарап, біресе көйлегін дұрыстап, біресе тамақтандырып, аузын сүртіп қуанып отырды.

Бір дастархан басындағы төрт адам өздерінше бақытты еді.

Кеш қарая анасы қуыршағы мен қызына төсек салды. Сол сәт бөлмеге әкесі кіріп:

- Қызым, мынау да сенің қуыршағың ғой. Аузын желіммен жабыстырдым.  Шкафыңда тұрсын, - деді.

- Жарайды, әке, - деген қыздың бар махаббаты жаңа қуыршағында еді. Теңіз жағасынан тапқан қуыршаққа көңіл бөлмеді.

Қуыршақтың басы көпшікке тию бойына қалың ұйқыға кетеді екен. Төсекке жатқызып жатқанда-ақ көзін жұмды. Соны көрген анасы:

- Ой, қандай тәртіпті қуыршақ. Бірден көзін жұмып ұйықтап қалды. Менің қызым да тәртіпті, бірден ұйықтап қалады, - деді.

Анасының мақтау сөзі ұнап кеткен Айдана көзін жұма қойды. 

Жол жүріп қатты шаршады ма шыныменде Айдана бірден ұйықтап кетті.

Түн ортасында у-у-уілдеген қатты дыбыс шықты. Айдана шошып оянды. Қараса теңіз жағасынан тапқан қуыршағы у-у-уілдеп тұр екен. Өзі орнынан тұрып алыпты. Әнеугүні теңіз жағасында жерді тесіп кіріп кеткісі келгенде де дәл осылай орнынан атып тұрып жұлқынып еді ғой. Бұл жолы да дәл солай. Бірақ жұлқынбады. Егер мен дәл сол кезде Айдананың бөлмесінде болсам қатты қорқып кетер ме едім. Ал Айдана дым қорықпады. Төсегінен атып тұрып, қасына жетіп барды.

- Сен қозғалады екенсің ғой. Көптен бері дым қызғалмай қойып едің, - деді қуыршағынан тіршіліктің белгісі білінгеніне қуанып.

Ал қуаршақ у-у-уілдей берді.

- Сен жылап тұрсың ба? Жыламашы, бөпем, - деп Айдана оны сипады. Сол-ақ екен қуаршақ сылқ етіп жата қалды.

 

3-бөлім

 

Ертеңіне Айдана бөлмесінен екі қуыршақты бірдей көтеріп шықты.

- Қызым, бұл қуыршақ емес. Қуыршақтың үйі деді ғо кеше әкең. Алып қой оны, сындырып аласың, - деп анасы қызының қолындағы қуыршағын алғысы келіп еді:

- Анашым, ол түнімен жылап шықты, - деді анасына өтіне қарап.

- Туу, қызым-ай. Ондай ертегіге сене берме. Мен саған айттым ғой таңғажайып оқиға тек ертегіде ғана болады. Балаларды кітапқа қызықтыру үшін үлкен аға-апалар әдейі ертегі жазады деп. Әкелші өзін, - деп еді, Айдана шегіншектеп кетті. Бермеді.

- Ал, ол түнімен жыласа. Күндіз неге жыламайды? Біз неге оның жылағанын естімейміз, қызым? – деді анасы шарасызданып.

Іштей қызын уайымдап тұрса да, сыртқа шығармады. Оны қуыршақ жылайды деген ойдан арылтқысы келді.

Айдана қуыршағын құлағына тосты. Шыныменде тым-тырыс. Тіршіліктің белгісі білінбейді...

Таңғы ас үстінде анасы:

- Осы балалар неге сенгіш келеді? Мына қызың түнімен жылап шықты деп теңізден тапқан қуыршағынан айырылмай отыр, - деді күйеуіне. – Ол баяғыда қурап қалды емес пе?

- Қурап қалғаны несі, анашым? – деді Айдана анасының сөзіне түсінбей.

- Бұл теңізде өседі. Сусыз тіршілік ете алмайды? Судан шығып қалса тез өліп қалады, - деді анасы.

- А-а, онда ол су іздеп жылаған ғой! – деген Айдана қуанып кетті. – Оны суға салып қояйықшы. Сонда жыламайтын шығар.

- Сөйтіңдер. Суға салып қойыңдар. Сонда жыламайды, - деді әкесі қысқа ғана.

Әкесі бұл әңгімені соза бергісі келмеді.

Былтыр Айдананың анасы жаңа үйге көшкенде балық өсіреміз деп аквариум сатып алған еді. Сол аквариум шыныға су толтырып, теңіз қуыршағын ішіне жіберді. Қуыршағым бірден жүзе жөнелетін шығар деп күткен еді Айдана. Су түбіне қалықтап барып қонған қуыршағы тырп етпеді.  

- Менің бөлмеме қояйықша. Ол тағы жыласа жұбатамын ғой, - деді қыздары.

Анасы амалы таусылған адамдай күйеуіне қарады.

- Бала ғой. Барлық бала осындай болады, - деді әкесі жай ғана.

- Саған бәрі оңай. Мынаны бөлмесіне апарып орналастыр, - деп сөйлеген анасы аквариумды өзім бақылаймын деп шешті іштей.

Кешке қызымды ұйықтатамын деген сылтаумен ол қызының бөлмесінде ұзақ отырды. Анасы айтқан ертегінің қызық болғаны сондай қызы тез ұйықтап кетті.

Қаракөлеңке бөлмеде ол су ішінде тым-тырыс жатқан қабыршақтан көз алмай қарап отырды.  

Ауық-ауық:

- Қайдағы қозғалыс, қайдағы жылау, менің көзімше қозғалар дейсің бе? Мына қыз ертегіні тыңдай-тыңдай қияли болып кеткен шығар, - деп күбірлеп, қызының үстін қымтап жауып жатты да артында біреу тұрғандай селк етті.

Қараса су ішіндегі қуыршақ әйнектің ар жағынан жалпиып, тіпті үлкен боп көрініп тұр екен.

Денесі мұздап кеткен анасы тез ес жиды.

- Ай сәулесі мынаның бет-ауызын арбитып жіберіпті ғо деп терезені де тас қылып дұрыстап жапты.

Бөлме іші тас қараңғы болды. Тек қызының пыс-пыс етіп ұйықтаған дыбысы естіліп тұрды. Анасы бөлмеден тез шығып кеткісі келді. Кенет су шолп етті.

- Ойбай, көтек! – деген анасы шошына шегіншектеп барып шкафқа соғылды.

Су тағы да шолп етті.

Анасы анық естіді. Бұл жолы ол қатты шошынды. Шошынғаны сондай гүрс етіп құлап түсті.

 

4-бөлім

 

Гүрс еткен дүрсілден қызы оянып кетті. Бір оқиғаның болғанын сезіп орнынан атып тұрды. Бөлмесінің күндегіден қараңғы екенін көріп, терезе жапқышын серпіп тастады. Біздің Айдана үш жаста болса да өзі өте сезімтал бала. Ол жерде ыңырсып жатқан анасын көріп, жалма жан орнынан тұрғызды. Анасы күбірлеп:

- Ті-рр-рі-і екен, - деді.

Анасының не айтып тұрғанын бірден түсіне қойған қызы:

- Анашым, сіз менің қуыршағымнан қатты қорқып кеткенсіз бе? Қорықпасаңызшы. Ол кіп-кішкентай. Алақандай-ақ қой, - деп үлкен кісідей анасын жұбатты.

Қызының сөзінен кейін анасы тез ес жиды.

Айдана үстел үстіндегі шамды жағып, бөлмені жарқ еткізді. Сол сәт су ішінде әрі бері жүзіп жүрген қуыршағын көрді. Қуанып кеткен қызы:

- Анашым, қуыршағың өліп қалған деп едіңіз ғо, - деді.

Анасы аквариум жаққа қарауға қорықты.

- Білем, бірақ қарауға қорқамын, - деді бала құсап.

- Ой, мам, - деді қызы. – Сіз үл-л-кен-нсіз ғо. Үлкен адам да кішкентай қуыршақтан қорқа ма? – деп қызы анасының сөзіне қызық көре қарады.

- Өзі не пәле, түнде ғана ояна ма? – деді анасы әлі де болса көзін алып қашып.

- Солай сияқты. Әнеугүні де тек түнде жылаған, - деді қызы. – Анашым, қарашы, ол маған бірнәрсе айтқысы келетін сияқты, - деді қызы.

- Құрсын, қарамашы. Қорқасың! Ертең лақтырып тастаймын өзін! – деді анасы теріс қараған күйі.

- Мам, лақтырмайсың! Жүрші, қарашы. Ол сол баяғысы. Ешқандай да қорқынышты болып өзгерген жоқ. Ол мені шақырып тұр. Барып екеуміз сөйлесейікші, - деді қызы.

- Жүр, - деген анасы сәл бұрылып, көзінің қиығымен әуелі аквариум әйнегінің шетіне ілікті. Сәл отырды. Тағы әрі қарай сығылай қарады. Аквариум суы көрінді. Сол сәт су қозғалғандай болды да, қызының қуыршағының жүзіп жүрген сұлбасын байқады. Сөйтіп-сөйтіп, қуыршаққа бетпе-бет қарады.

- Кішкентай қошақаным, - деді қызы. Өзін анасы қалай еркелетсе, ол да қуыршағын солай еркелете сөйлеп. – Маған бірдеңе айтқың келе ме?

- Мына мақұлық сөзімді түсінеді деп отырсың ба? – деп кейіді енді анасы.

- Түсінеді, мам!

- Мам деуіңді қой. Енді естімейін. Мен саған таза қазақша сөйле. Балабақшадан үйренген орыс сөздерін қосып сөйлеме деп қашанғы үйретемін, - деп кәдімгідей ұрысып тастады анасы.

Шынын айтсақ анасы қатты ашулы еді. Мына су ішін әрі бері жүзіп жүрген қабыршақтан соншама қорыққанына ашулы. Өзін терезеден лақтырып жіберетін деп ойлап қояды.

- Жақсы, анашым, енді «мам» деп айтпаймын, - деді қызы кінәлі адамдай.

- Түнімен мына құбыжықты күзетіп отырмайтын шығармыз. Оны ортаңғы бөлмеге шығарып тастаймын. Мен ұйықтаймын. Шаршадым, - деді анасы.

Сол кезде күтпеген оқиға болды. Қызы талай рет айтқандай көлденеңінен жүзіп жүрген қуыршақ суды шолп еткізіп бір қырынан тұра қалды. Қозғалыссыз біраз тұрды.

- Маған бірдеңе айтқың келе ме? – деді қызы құдды әйнектен өтіп, су ішіне кіріп кетердей.

Анасы қызына бір, су ішіндегі құбыжыққа бір қарады да қалды.

- Иә! – деді қуыршақ.

Иә, кәдімгі адамның тілінде «Иә!» деп жауап берді қызға.

- Ой, астағфиураллай-й-й!!! – деді анасы таңғала шегіншектей жүрек тұсын ұстап. – Иә, - деді ғо мынауың нақ адамша!

- Анашым, не айтады екен тыңдайықшы. Әйтпесе бұл қазір үндемей қалады, - деді қызы жалына.

- Тыңдайық! Не дер екен бізге? Ішімді ашып алған тасты қайтар дейтін шығар! – деді анасы кекете күліп.

Қуыршақ сылқ ете түсті.

- Әне, анашым, енді үндемейді. Енді қашан бізбен сөйлеседі, оны ешкім білмейді! – деп жыламсырады қызы.

Қуыршақ орнынан тағы да атып тұрды.

Ана мен қыз аңқайып қарап қалды.

 

5-бөлім

 

- Менің өміріме шабуыл жасаған паразиттен құтқарқандарыңыз үшін рахмет айтамын! Содан бері өз денемді жеңіл сезініп жүрмін, - деді қуыршақ ана мен қызды таңғалдырып.

- Біз сені қандай паразиттің шабуылынан құтқардық? – деді қыз.

- Менің ішіме кіріп алып, жұмсақ етімді жегісі келген.

- Қызық екен мынаусы. Бұл әлі талай-талай қызықты шығарар, - деді анасы  таңдана сөйлеп – Паразит деп тұрғаның біз олжалаған бағалы зат па, әлде біз білмейтін басқа бір паразитті осы үйге ала келдің бе?! – деді енді шыдамсыздана.

Айдана да қорқып кетті. Ол паразиттің адам денсаулығына зиян тигізетінін білетін еді.

- Иә, ол паразит мен қайда жүрсем сонда жүрді. Себебі менің оны өз денемнен қуып шығуға шамам жетпеді, - деді қуыршақ. Түр-кейпінде енді не істер екенсің дегендей мысқыл көрінді.

- Айттым ғой, бұл бізге бақыт әкелмейді! – деді анасы.

- Анашым, ашуланбашы. Дұрыстап сұрап анық-қанығын білейік. Қуыршағым дұрыс түсіндіре алмай тұр, - деді анасының ашуынан қорқып.

- Сұра анық-қанығын. Менің тас қабыршақты алдап-сулап тұратын шамам жоқ! – деп дүңк еткізді.

- Қуыршағым, паразит туралы маған түсіндіріп айтасың ба? – деп қыз өтінді.

Қуыршақ сөзін бастады.

- Бір күні су ішіп тұр едім, аузыма қиқым түсіп кетті. Әлгіні шығарып тастағым келіп әрі-бері әурелендім. Әлім келмеді. Аузымда жүріп олай бұлай зыпылдап ұстатпады. Бір уақытта етімді тістей бастады. Сөйтсем қиқым дегенім қылдай паразит екен. Оған да оңай олжа керек болыпты. Топырақтың түйіріндей болып алып менің жұмсақ етімді қорек етіп, семіріп жатқысы келіп, аузыма кіріп кеткен екен. Мен де қорғана бастадым. Тірі тұрып, топырақтай бәлеге жем болам ба? Денемнен майлы сілекей бөлдім де әлгіні аямай майлап тастадым. Майға түскен ол қимылсыз қалды. Сөйтіп, оны майлай бердім, майлай бердім. Ешқашан шыға алмайтындай еттім.

Кеше сенің ата-анаң сол паразитті көріп жүректері жарылардай қуанды ғой. Паразитті ұстап алып, үлкен олжаға кенелдік деген адамдар ақымақ па деп ойлап қалдым. Ол паразит қой, абайламаса адамды да жеп қоюы мүмкін, - деді.

Айдана аузын ашып тыңдады. Қуыршағы әлдеқашан әңгімесін аяқтаса да қызық ертегінің жалғасы оның көңілінде болып жатты. Оның ойын:

- Әй, не болды, соншама аузыңды ашып, - деген анасының сөзі бөліп жіберді.

- Анашым, менің қуыршағым қызық оқиғаларға көп куә болыпты. Оның әңгімесі сондай ұнайды, - деді.

- Иә, айтқыш екен. Қайдағы паразитті айтып зәремді ұшырды ғо өзі, - деп анасы да сабасына түскендей сөйледі.

- Қабыршақ, - деді анасы қуыршаққа. Оның көңілінде көп сұрақ бар еді.

- Сонда інжу тасы сен сияқты қабыршақтардың сілекейінен пайда болады деп айтқың келіп тұр ма? – деді.

Қуыршақ Айдананың анасының сұрағына түсінбеді. Ол түсіндірші дегендей Айданаға жалтақ-жалтақ қарады. Оны Айдананың анасы аңғармады. Анасының сөзі Айданаға да түсініксіз еді. Ол қуыршағына не деп түсіндірерін білмеді. Сонымен бұл сұрақ жауапсыз қалды.

- Бұл бір қызық болды, - деді анасы.  – Қане, екеуің де тез ұйықтаңдар!

Қызы жүгіріп барып төсекке жата қалды. Ал қабыршақ сол күйі су ішін жүзіп жүре берді.

Жарық сөніп, анасы шығып кеткеннен кейін қуыршақ:

- Айдана, - деді.

- Әу, - деді қыз.

 

6-бөлім

 

- Сіздер менің баламды көрмедіңіздер ме? – деді қуыршақ.

- Қандай бала? – деген қыз төсегінен тұрып, жарықты жақпастан қуыршағының қасына барды. – Сіздің балаңыз бар ма?

- Иә, менің балам бар. Оны сіздер сияқты көп адам алып кетті, - деді қуыршақ.

- Қалай? Қашан алып кетті? Ол да сіз сияқты жағаға шыққан ба?

- Оны алып кеткен адам қара түсті киім киген еді. Өзі су астын тіміскілей сүзіп келе жатты. Сол сәт аңқау балам оны байқамай алдынан шыға келді де, ана кісі дәл менің баламды іздеп келе жатқандай бас салды.

Айдана шыдай алмай кетті.

- Адамдар су астынан тұншығып қалады. Сіздің балаңызды адам алмаған шығар? – деп сұраулы жүзбен қарады.

- Адам деймін. Өзі саған аумайды. Дәл сенікіндей басы, қолы, аяғы бар.

Айдана қуыршағын ренжітіп аламын деп қорықты. Сондықтан әрі қарай сөз таластырмады. 

- Сіздің балаңызды қалай алып кеткенін айтыңызшы. Егер ол асап қойса – ол адам емес акула, - деді бір кездері өзінің су асты әлемі туралы көрген мультфильмін еске түсіріп.

- Мен акуланы танимын. Ол бізге тиіспейді. Ал менің ұлымды алып кеткен дәл сен сияқты адам. Ұлым алып болатын. Әлгі адам тап бергенде жалт бұрылды да созған қолын тістеп алды. Қолын жібермеген күйі олай-бұлай жұлқылап қорқытқысы келді. Қорқытамын деп жүріп қатты тістеді ме, әлде ұлымның түрінен қорқып жүрегі жарылып кетті ме, қара түсті адам сұлқ түсіп, салбырап қалды.

- Таста! Қаш! – деп қанша қышқыра айқайласам да балам тыңдамады. Құтырып кеткендей арпалысты да қалды. Мен көмекке жүгіргенде жоғарыдан бір ұзын бірдеңе әлгі салбыраған адамды балама қосып, тез тартып кетті. Мен соңынан қалмадым. Су бетінде табақтай бірдеңе тұрды. Сол табақтай зат ішіне адамдар толып кіріп алыпты. Солар әлгі балам тістеп алған адамның өліп қалғандай болып жатқанын көріп абыр-дабыр болды. Айқайласты. Бір уақытта табақтай зат жылдам заулап жүріп кетті. Дауысының жаманын-ай!!! Ойбайлап жылап барады. Өздеріне тиіссе жаман өкіреді екен. Ал менің көз жасым мен жанұшыра баламды құтқарғым келіп жанталасқанымды олар сезбеді де. Соңынан қанша қусам да жеткізбеді. Балам сол кеткеннен мол кетті. Оралмады! Мүмкін өз баласын тістеп алғанын білген соң оны адамдар өлтіріп тастады ма, кім білген? - деп көзіне жас алды қуыршақ.

- Судан шығып кетсе – онда адамдар болды ғой, - деген Айдана мұңайып қалды.

- Иә, адамдар, мен адамдарды әбден танып алдым. Олар тек су бетінде емес, су астында да жүреді, - деді қуыршақ.

Қуыршақтың сөзінің жаны бардай көрінді. Талай рет адамдардың да су астынан бірдеңе іздеп жүзгендерін теледидар көрсетті емес пе? – деп ойлады Айдана.

- Баламды іздеп көп жүздім. Ақыры су бетіне көтерілдім. Сол кезде толқын мені жағаға итеріп шығарып тастады. Жағадан баламды алып кеткен көп адамды көргенде қорқып кеттім. Толқын да қайта соқпады. Мен өздігімнен суға жете алмадым. Құмды қазып жасырына тұрғым келді. Бірақ сен мені ұстап алдың, - деп Айданаға тесіле қарады.

- Кешірші, қошақан, мен әдейі істемедім. Сенің қайта суға түскің келетінін білгенімде сол кезде-ақ суға жіберетін едім. Неге сол кезде айтпадың?

- Мен сенен қорықтым. Қалай айтамын?

Қуыршағының алдында өзін кінәлі сезінген Айдана оған не деп жұбату сөз айтарын білмей мүдіріп қалды.

- Баламды табуға көмектесесің бе? – деп үміт күте сөйледі қуыршақ сол сәт.

Айдана басын изеді.

- Менің әкем мықты. Ол сенің балаңды табады! – деді сенімді түрде.

Қуанып кеткен қуыршақ суды шолп еткізіп әрі бері жүзе бастады...

 

7-бөлім

 

Айдана қуыршақтың баласын іздеуге әкесін қалай көндіру керек екенін ойлап жатып ұйықтап кетті.

Түн ортасында оны әкесі оятты.

- Қызым, қуыршақтың баласын іздемейміз бе? – деді.

Айдана қуанып кетті. Орнынан атып тұрып әкесінің мойнына асыла кетті.  Әйнек ішіндегі қуыршағына қарап еді, ол тым-тырыс жатыр екен. Шамасы қатты ұйықтап кеткен-ау.

Ішінен: «Қуыршағымның баласын іздейікші деп әкеме қашан айтып едім» деп ойлады...

Әкесі екеуі үйден шыққанда есік алды жайқалған теңіз екен.

- Соңымнан қалма! – деген әкесі бірден шолп етіп теңізге сүңгіп кетті.

Айдана сәл жүрексініп тұрды да:

- Ә-к-е!!! – деп соңынан сүңгіді.

Емін-еркін, оп-оңай балықша жүзіп келеді. Өз-өзіне таң қалып айналасына бағдарлай қарайды. Ал әкесі анадай жерде аяқтарын балықтың құйрығындай, қолдарын қанатындай қозғап еркін жүзіп барады. Айдана да қалыспады.

Кенет әкесі «Тоқта!» дегендей артына бұрылмай, қолымен белгі берді. Айдана кілт тоқтады.

Міне қызық. Қараса мұның қуыршағы жанұшыра айқайлап су ішін жаңғырықтырып жатыр екен. Ал баласы шыныменде алып екен. Оны бір қылдырықтай жіп су бетіне тартып барады. Аузында салбыраған бірдеңе бар.

Бұлар жылдам жүзіп қуыршағын жанай өтті. Айдананы көрген қуыршақ:

- Айдана, баламды құтқаршы! – деп айқайлады.

- Менің әкем құтқарады! – деп айтты да жүзе жөнелді.

Әкесі алып катердің ернеуінен, ал Айдана әкесінің аяғынан ұстап үлгергенде катер дарылдап, күшті жылдамдықпен жүзе жөнелді.

Катер жағаға тоқтады да үстіндегі бірнеше адам – бойы Айдананың белінен келетін қуыршақтың алып баласын мықшыңдап әрең көтеріп алып кетті.

Айдана мен әкесі бұқпантайлап соңдарынан қалмады. Бір оңаша жер тауып отыра қалып әлгі адамдардың іс-қимылдарын бақылай бастады.

- Тыныш отыр қызым. Дыбысыңды шығарма! – деді әкесі.

- Әке, отырсам ана адамдардың не істеп жатқандарын көре алмаймын, - деді бұл.

- Отыр. Олардың не істеп жатқанын мен айтып отырамын, - деді.

- Сенің қуыршағыңның баласы бір адамның қолын тас қылып тістеп алыпты. Жағы қарысып қалған ба үш-төрт адамның әрі-бері тартқыштағанына жібермеді.

- Ол адамның өзі бірінші менің қуыршағымның баласына бас салған, - деді Айдана жақтаса сөйлеп.

- Әне бір адам қайыққа қарай жүгіріп кетті.

- Ол неге жүгіріп кетті, әке?

- Білмеймін, балам. – Бір сориған темір алып шықты. Қуыршақтың баласының аузын сол темірмен ашпақшы-ау, шамасы, - дегені сол еді Айдана:

- Жоқ! – деп айқай салды. – Аузына темір тықса қуыршақтың баласы өліп қалады! – деді.

Әкесі қызының аузын баса қойды.

- Қой, қызым. Бұлай айқайласаң қуыршақтың баласын қалай құтқарамыз? – деді.

Әкесі Айданаға түсіндіріп жатқанда жағадағы адамдар қуыршақтың баласының аузына жуан темір тығып айыра ашып жіберген еді. Әкесі еш араша тұра алмай қалды да, бұл жағдайды қызына көрсеткісі келмей бауырына баса қойды.

Қолы босаған адам сылқ ете қалды. Ол талып қалды ма, әлде суға тұншығып баяғыда-ақ өліп кетті ме ол жағын ойлап жатқан адам болмады. Бәрі аңтарыла, ішіне түсіп кетердей қуыршақтың алып баласына үңіле қалды. Аяқ асты бірі аспанға секіре қуанса, бірі тізерлей отыра қалып үңілді. Бірі қолын шапалақтап, кеудесін қағып-қағып «мен мықтымын!» дегендей белгі білдірді. Не керек қаумалай қалған үш адам аяқ асты бақытты бола қалды. Оларды соншама бақытты еткен не нәрсе? Оны Айдананың әкесі түсіне алар емес.

 

8-бөлім

 

Бір кезде біреуі еңкейіп аппақ, үлкендігі адамның басындай бірдеңені көтеріп алды. Салмағын білгісі келгендей қолмен теңшей өлшеді. Бір-біріне қуаныса біраз әңгіме айтты. Сөйтті де ары қарай тобымен бірге кете барды. Олар бағанағы сылқ түскен адамды мүлдем ұмытып кетті. Ол сол бір қырына түскен күйі қозғалыссыз жатты.

Дабырлаған үшеуге екі адам қарсы жолықты.

- Әне, сендерге қайық дайындап қойдық! – деді үшеудің бірі.

Екі адам олардың қолындағы адамның басындай ақ тасқа қызыға қарап, мойындарын созып еді:

- Барыңдар! Қайық керек болса тез алыңдар. Әйтпесе айнып қаламын! – деуі сол екен екеуі жүгіре жөнелді.

- Қап! – деді Айдананың әкесі.

- Әке, не болды? Маған да айтшы, - деді шыдамсыздана қызы.

- Аналар ұзап кететін болды. Қайда кеткендерін біле алмай қалмасам болды ғой, - деп тыпыршыды.

- Әке, соңдарынан бара берейік те. Тып-тыныш жүрсек бізге ешкім тиіспейді ғой, - деді.

- Менің қызым ақылды, - деген әкесі қызын көтеріп алды да, соңдарынан жүрді.

Апандай дәу қабыршақтың ішіндегі жәндіктің ақшылтым етін сылып алып,  темір ыдысқа салып жатқан адамдарды көргенде Айдана шошып кетті.

- Әке! Мынау менің қуыршағымның баласы ғой! – деп айқайлап жіберді.

Қыздың дауысына ана екеуі жалт қарады. Қарады да екеуі аяқ асты бір тажалға тап болғандай қалтырап-дірілдеп, өз өздерінен шошынып тұра зытты.

Әке мен қыз таңғалды. Әкесі:

- Қызым, менің кескінім қорқынышты болып кеткен жоқ па? – деп сұрады.

Әкесінің бетіне мұқият қараған қызы:

- Жоқ, әкешім, қайта қашып бара жатқан анау екеудің түрі қорқынышты. Сіз әдемісіз, - деді.

- Онда олар әдеміліктен қорқып кеткен-ау, - деп жымиды әкесі.

Кетіп бара жатып артына қарап еді әлгі екеу қайтып келіп, бақырайып тұрды да қайта құнжыңдап істеріне кірісіп кетті.

- Әкетай! Сіз қайда барасыз? Қуыршақтың баласын іздеп келдік емес пе? – деп шырылдады қызы сол сәт.

- Қуыршақтың баласын үш кісі алып кетті. Соның соңына түсіп барамын, - деді әкесі.

Бұл мекеннің адамдарының түсі қара қоңыр, бойлары кішкентай екен. Ал біздің Айданамыз бен оның әкесінің түсі ақ, өздері бойшаң еді. Үйлері тапал-тапал тоқал тамдар. Қалай болса солай қиқа-жиқа сала берген. «Біздің атамыздың ауылдағы мал ұстайтын қорасына ұқсас екен» деп ойлады Айдана. Олар аяқ асты тап болған ақ адам мен оның қасына ерген қызына шошына қарап, үйді-үйлеріне бақырып қаша бастады. Тіпті кейбірі айдалаға, беті ауған жаққа қарай тым-тырақай зытты.

Бұл көрініске Айдана тырқылдап күлсе, әкесі:

- Қызым менің түрім қорқынышты болып кеткен жоқ па? – деп тағы сұрады.

- Жоқ, әке! Сіз әдемісіз. Ал анау қашып бара жатқан адамдар қорқынышты ғо, - деді. – Әке, қорқынышты адамдардың бізді қорқытпай қашып кеткендері қандай жақсы болды, - деді қызы.

Бағанағы үшеу көзге көрінбесе де іздері сайрап жатыр еді. Айдананың әкесі іздеріне түсіп жүгіре жөнелді. Әне, үшеуінің бойлары қылтиып көрінді. Кенет олардың біреуі жалт етіп артына қарады. Түрі сондай қорқынышты, тістері ақсиған адам, шошына, түсініксіз тілде қасындағыларға бірдеңе деді. Енді үшеуі түгел қарады. Қарады да құйын секілді будақтай аспанға көтеріліп кетті.

Кенет құйын арасынан дәулігі адамның басындай аппақ зат заулап ұшып келді де Айдананың әкесінің алақанына сарт ете түсті. Шошып кеткен Айдана:

- Анашым!!! – деп айқайлап жіберді.

 

9-бөлім

 

- Айдана, қорқынышты түс көрдің бе? – деді әйнектің ар жағынан қуыршақ.

Өң мен түстің ортасында тұрған қыз:

- Сенің балаңның ішінен де ақ тас шықты, - деді.

- Менің балам да жеңілдеп, бір рахаттанып қалған болды-ау, - деді ана байғұс.

Айдана қуыршағына не айтарын білмей сыңсып жылай бастады.

- Саған не болды, Айдана?! – деді қуыршақ.

- Ол үлкен. Менің оған жалғыз әлім келмейді. Жүрші екеуміз оны суға итеріп жеткізейік, - деді.

- Жүр! – деген ана қуыршақ қуанып кетті.

Қыз қуыршағын бауырына қысқан күйі есік алдына шықты. Есік алды көкпеңбек теңіз еді. Суға жүзіп үйреніп қалған Айдана дым қорықпастан суға қойып кетті. Балықша жүзіп арғы жағаға тез жетті. Жағада түрлері қап-қара бойлары қысқа екі адам қайықты сүйретіп жағаға жетіп қалған екен.

- Әй! – деді Айдана.

Әлгі екеу Айдананы көріп, қайықтарын тастай қашты.

Қайықты көрген қуыршақ Айдананың қолынан суырылып түсіп:

- Балам! – деп жабыса кетті.

Айдана түсінбей қалды.

- Айдана, міне, мынау менің балам! – деп қайықты Айданамен таныстырды.

Айдана не айтарын білмеді. Кенет қиқа-жиқа үйлері бар ауыл жақтан қатты шу шықты. Жалт қараған Айдана қолына адамның басындай дәу ақ тасты қыса ұстап алып, қиқулай қуып келе жатқан қысқа бойлы адамдардан жанұшыра қашып келе жатқан әкесін көрді. Дереу қуыршағын көтеріп алып:

- Әке! Бері қарай жүгір, бері қарай! – деп қол бұлғады.

Айдананы көрген әкесі тура тартты. Сол екпінмен қызын іле кеткен әкесі суға күмп берді. Суды сүзе жүзіп барды да, жүзісін азайтып су бетіне көз тікті. Судың ішінде жүріп, бетіне қарасаң ар жағындағы адамдар бір тәттіге құжынаған шыбын секілді көрінеді екен. Құжынаған шыбындай болып көрінген қуыршақтың дәу баласын қайық етіп мініп алып, өз әкесін қуған адамдар еді.

- Менің балам қалып кетті! – деді қуыршақ қас пен көздің арасында не болғанын түсінбей қалып.

- Ол жаққа қайтып баруға болмайды! – деді әкесі.

- Сендер бармасаңдар бармай-ақ қойыңдар. Мен барып баламды құтқарамын! – деді қуыршақ.

- Мен қуыршағыма көмектесемін! – деп қасарысты қызы да.

Әкесі амалсыз қуыршақтың баласын құтқаруға келісті. Ол адам басындай үлкен ақ тасын құшағына қысқан күйі кері қарай жүзді. Су бетіне жақындағанда бір күлімсі иісті сезді. Жағаға шыққанда шыныменде шыбын секілді, бірақ баудай қырылған адамдарды көрді.

Айнала қаптаған қара адам. Арасында бір тірі қалғаны жоқ. Кенет бір адам жыбырлағандай болды. Жетіп барған Айдананың әкесі:

- Сендерді кім қырып кетті? – деді.

- Сенің қолыңдағы дәу ақ тастан айырылдың деп әмірші біздің бірімізді қалдырмай қырып тастауға бұйрық берді, – деді.

- Әміршің қайда?! – деді Айдананың әкесі ашу қысып.

- Әне, ақ тасты іздеп барады! – деді де әлгі адам сылқ ете қалды.

Қараса алыста, көз ұшында қызының қуыршағының алып баласын қайық етіп мінген әмірші жүзіп барады екен.

- Кеттік, қызым! Қуыршағыңды ал! Әмірші сымақты ұстап алайық! – деген әкесі суға сүңгіп кетті. Олар ұзақ жүзді. Су ішімен қарайған қайық сұлбасын іздеп жосып келеді. Кенет алыстан қарайған нәрсе көрінді де олар тура тартты. Жетіп барып, су бетіне көтерілгенде Айдананың жатын бөлмесіндегі аквариум ішінен бір шықты. Олардың қарайған нәрсе деп соншама ізінен қалмай жүзгендері аквариум суының бетіне түсіп кеткен шыбынның көлеңкесі болып шықты.

- Ех, құтылып кетті-ау! – деді әкесі аквариум ернегінде отырып.

- Балам! – деп аңырады қуыршақ.

- Бүгінге осы жетер. Ертең іздеуге қайта шығамыз, - деді Айдананың әкесі адам басындай дәу тасын құшақтап...

 

10-бөлім

 

 

- Қуыршағым, жүр, кеттік. Сенің балаңды құтқарамыз! – деді қыз.

- Кеттік! – деді қуыршақ өксігін баса алмаған күйі.

Олар аквариум суының ішіне сүңгіп кетті. Айдана іштей: «Қалайша аквариумның азғандай суы үлкен теңізге ұласып кетеді» деп ойлады.  

- Жыртқыш адам! – деді кенет қуыршақ шаңқ етіп. Айдана селк етті. Қараса шыныменде бір адам жайбарақат мойнына іліп алған торына қуыршақтың ағайындарын шетінен теріп салып келеді екен.

Айдана тұра жүзді. Міне жеттім деп мойнындағы торын жұлып алмақшы болғанда бір нәрсе кедергі болды да қалды. Қанша ұмтылса да көзге көрінбейтін бірнәрсе бөгет болып тұрды. Ары қарай қуыршақтың бауырларын дым қалдырмай терген адамға өткізбеді. Құдды орта көзге көрінбейтін әйнек шынымен бөлінгендей.

- Әй, адам! – деп қанша айқайласа да әлгі адам естімеді, қанша жұдырығын түйгіштесе де көрмеді. Су қараңғы, тас керең бе дерсің өзін.

Теріп-теріп алды да қайқаң етіп жоғарыға қарай тура дельфинше ойнақшып шығып кетті. Бұлар төменгі жақта тісті қайрап, жұдырықты түйіп, айқайлап қала берді.

- Неге адамдар сіздерге өшігіп алған? Адамдарға бір жамандық жасап па едіңдер?! – деп сұрады амалы таусылған Айдана қуыршағынан.

Қуыршақ «жоқ, білмеймін» дегендей иығын көтерді.

Айдана мен қуыршақ әлгі адамның соңынан қалмай жүзіп келеді. Екі ортадағы әйнек жоқ болып кеткендей-ақ. Еш кедергі жоқ.

- Қызық екен, - деп қояды екеуі бір-біріне.

Әлгі адам оп-оңай судан шығып, бұрын Айданалар көрген қайықтан да үлкен, үлкендігі көп қабатты үйдей болатын кемеге мініп кетті.

- Кеттік! Біз де мына кемеге мініп алып бар жағдайды сұрап білейік, - деп ұмтыла бергені сол еді, енді су бетіне біреу әйнек төсеп кеткендей-ақ тарс етіп тастай, бірақ көзге көрінбейтін бір ғажайыпқа соқтығысты да қалды. Бірақ бәрін көзбен көріп тұр.

Әлгі адам қуыршақтың туыстастарын түгел кәуап пісіргіш тордың ортасына салып, тізе бастады. Тізіп-тізіп алды да кеменің ішіне кіріп кетті.

- Еххх, олар кәуәп пісіріп жейді екен ғой, - деді Айдана.

- Жүр, мына алып бәлені айнала жүзіп көрейік. Мүмкін ішке кіретін бір саңылау кездесіп қалар, - деді қуыршақ.

Айдананың келіспеске басқа амалы болмады.

- Кеттік! – деп жүзе жөнелді.

Алып кеме алыптан да үлкен атауға ие екен. Бас-аяғы жоқтай созылып жатты. Бірақ дым саңылау табылмады. Бір уақытта кеменің шеті көрініп екінші бетіне жүзіп өтті. Екінші бетінде суға түскен, судан шыққан адамдар сапырылып жатты. Айдана мен қуыршақ кеменің тасасына тұра қалып бақылады.

Бір біреуден кәуәп пісіргішке салып алған қуыршақтың бауырластарын әлдеқайда белгісіз жаққа дамылсыз тастып жатты. Барған жақтарынан дамылсыз әкеліп те жатты.

- Олар кәуәпті отқа емес суға пісіре ме, өзі түсініксіз болып кетті ғой, - деді Айдана.

- Барып көрейікші, - деді қуыршақ шыдай алмай.

- Күте тұрайық. Мыналар тасып болсын, - деді Айдана.

Шыныменде біраз уақыттан соң адамдар тынышталып қалды. Енді екеуі бір-бірінің қолынан тас қылып ұстап алып, алды-арттарына абайлай қарап, адамдар кәуәп тасыған жаққа қарай бет алды.

Бір уақытта анадайдан үлкен бірнәрсе қарауытып көрінді. Жайлап, әр жүзісін санап, дымын білдірмей, жақындай берді. Жақындаған сайын ауруға шыдай алмай ыңырсыған, күңіренген дыбыстар шыға бастады.

- Бұл не дыбыс? – деді Айдана түсінбей.

- Менің бауырларым жаппай ауырып жатыр, - деді қуыршақ.

Бұлар жақын барды. Сол кезде Айдананы көрген олар:

- Жалмауыз адам тағы келді! – деді хормен.

Қуыршақтың туыстастарының дауысынан теңіз тебіренді. Толқын ойнады.

 

11-бөлім

 

- Олар сендерге не істеген? – деді қуыршақ. Тырп ете алмайтындай боп торға таңылған туыстарын көргенде.

- Ау-ы-рып тұр-мын, - деп ыңырсыды бірі.

Бұлардың саны бір ауылдай еді. Қатар қатар, тізілген көшедей мұқият орналасқан.

Қайсысынан жөн сұраса да тек ауырсынып тұрғандарын айтты. Күңіренген, ыңырсыған, ауырсынған дыбыстан басқа жауап ала алмады. Тек шеткеріректегі оңаша бір көшедей болып тізілген топ сергек көрінді. Дауыстары да анық.

Айдана мен Қуыршақ солай қарай жүзді. Жөн сұрады.

Арасындағы ірірек біреуі:

- Бері кел! – деп дауыстап қуыршақты шақырып алды да: - Мынау екі аяқты хайуанды қасыңа ертіп жүргенің неткенің?! – деді таусыла сөйлеп.

- Ол менің, менің... – деп күмілжіп қалды қуыршақ.

Шыныменде ол Айдананы кімім деп таныстырарын білмеді. Ал екі қуыршақтың өзара сөздерін Айдана түсінбеді. Түсінбесе де оларға мейіріммен қарап тұрды.

- Кімің болса да айтайын, бұл адамдар біздің ата жауымыз. Соны ешуақытта есіңнен шығарма. Тұқымымызды түздай құртып, ата сақалымыз аузымызға түскенде бізді тар құрсауына матап ұстап отыр. Олардан өлмей құтылмаймыз. Соны түсіндім! – деді.

- Неге байлап ұстап отыр? Соны түсіндірші! - деді адамдардың іс әрекеттерін түсіне алмаған қуыршақ.

- Бері жақында, - деді де әлгі қарт қуыршақ кеудесін ашып ар жағында оқтай тізіле, жылтырай көрінген маржандарын көрсетті.

- Мына ақ тастарда адамдар оп-оңай алып тастайды. Менің ішімде де біреуі болып еді Айдананың әкесі алып тастап, жеңілдеп қалдым, - деді қуыршақ мына замандастарына адамдардың бәрі бірдей жаман емес екенін білдіргісі келіп.

- Көп ақ тас! Оны менің әкем алып тастай алады, - деді қыз да қуыршаққа көмектескісі келіп.

- Бар құпия осы ақ тастарда болып тұр. Анау бауырларың аза бойы қаза болып неге күңіреніп жатыр деп ойлайсың? – деді қарт қуыршақ.

- Білмедім. Біреуі жөн айтпады, - деді біздің қуыршақ.

- Оларды теңізде емін-еркін сайран салған жерлерінен мынау қасыңа еріткен адамыңның туыстары ұстап алып, ішіне әрқайсысы сенің көзіңдей болатын жиырмаға жуық моншақ салып, осында байлап қойды! – деді.

Қуыршақ шошып кетті. Баяғы өзінің ішіне құмның түйіріндей паразит түскенде ауырсынғанын еске түсірді. Оның қасында әрқайсысы менің көзімдей болатын жиырма моншақ салса мына бауырларымның шықпаған жаны ғана қалып тұр екен-ау деп азарланды.

- Не үшін! Не үшін! – деп темір торды шайқап қарт қуыршаққа төне түсті.

- Менің көрген қиындығымның біреуін де көрген жоқсың, - деді қарт.

- Адамдар көрсетті ме ол қиындықты?! – деп айқай салды қуыршақ.

Ол шыдай алмай кеткен еді.

- Иә, анау сенің қасыңа ертіп жүрген адамның бізге көрсетпеген құқайы қалмады, - деді қарт қуыршақ.

Қуыршақ Айданаға қарап еді, ол оған күліп, қолын бұлғады. Шолт бұрылды қуыршақ.

- Айт, қанекей! Ешнәрсені де жасырма. Олар мына бауырларымды неге тізіп байлап тастады? Өлтіргісі келсе ұстап алып бірден өлтіріп тастамай ма?!

- Адамдар бізді байқаусызда ұстап алып, ішімізге әрқайсысы сенің көзіңдей болатын жиырмаға жуық моншақты салып осында байлап қойды. Біз ол моншақтан құтылу үшін, өз денемізден шығарып тастау үшін майлап әуреге түсіп әлекпіз. Біз майлаған сайын моншақтың көлемі өсіп, ірілене түседі. Арада біршама уақыт өткенде адамдар келеді де сол моншақты өздері суырып алады да орнына қайта моншақ салады. Соған қарағанда оларға біз емес, біздің ішімізде тұрып, майға бөккен моншақтар керек-ау деп ойлаймын. Міне, менің ішіме үшінші рет моншақ салды, - деді.

Қуыршақ шыдай алмады шолт бұрылды да Айдананың жағасына жармасты. Оның қолының қуаттылығы сондай Айдана тұншығып қала жаздады.

 

12-бөлім

 

- Бар кет! Саған еріп ешқайда бармаймын! Жаусыңдар! Жауызсыңдар! – деп айқайлай жылады қуыршақ.

Оның қолының тегеуріні сондай қатты еді. Айдананың жаны мұрнының ұшына келді. Сонда да ол қарсыласпады. Қуыршақтың көз жасына адамдардың қатысы барын сезген еді. Тұра берді. Бір кезде қуыршақ оның тас қылып ұстап алған мойнын жібере қойды. Қақалып-шашалып қалған Айдана:

- Мына қуыршақтарды темір ішіне байлап тастаған адамдар екенін білемін. Мен оларға көмектесемін! – деді батыл түрде.

- Қалай?! – деді қуыршақ.

- Мына темір торды ашып жіберсең олар бостандыққа шығады! – деді сенімді түрде.

- Кеттік, еншеде! – деді қуыршақ.

Айдана ең бірінші дәу, кәрі қуыршақты босатуға әрекеттенді. Оны босату үш жасар қызға оңай болмады. Темір тор сыммен мұқият байланған еді. Айдана қолының әлі келмеген соң тісімен аша бастады. Сымды үш орап жауыпты. Міне, ашты-ау, әйтеуір. Үсті-басын теңіз балдыры қаптап алған қуыршақ бостандыққа шыққанына өзі сенбей, қуанышты көтере алмай талып түсті. Жаны аспанға ұшып кеткендей қозғалыссыз қалды. Бір сым-құлыпты ашқанда алты қуыршақ бостандыққа шығады екен. Бостандыққа шыққан қалған бесеуі бес жаққа зымырап, оқтай атылды. Оларды қуаныштың екпіні алды арттарына қаратпай заулатқан еді. Шамасы бостандықтың не екенін алғаш босанған осы алты қуыршақтан сұрау керек шығар.

Айдана тоқтамады. Шетінен сымды тісімен тістеп аша берді, аша берді. Абайсызда қатты темір етіне кірш етіп кіргеніне де қарамады. Аузынан жылымшы қан сорғалап жатса да Айдана бір құлыпты ашып, екіншісіне жүгірді. Оның артында қуаныштан көз жасы көлдеген қуыршақ еріп жүрді. Қуыршақ:

- Адамдардың бәрі жаман емес. Арасында жақсылары да бар! – деп айқайлап қояды. Оны неге айтып келеді, кімге айтып келеді оны өзі де білмеді. Өзі емес жүрегі сөйлеп келеді.

Айнала қаптаған қуыршаққа толып кетті. Босана салып теңізге оқтай ағып зымырап кеткендері де бар. Талып жатқандары да бар, сондай ақ, ауруын көтере алмай қимылсыз тұрып қалғандары да бар еді. Олардың қуануға мұршалары жоқ еді. Жаңа ғана тәнін жиырма жерден тесіп, торсықтай торсықтай бөгде зат салса ауру жанға батып, естен айырмағанда қайтсін. Не керек бір ауыл қуыршақ бостандыққа шықты.

Кенет жер астынан құлақты тұндырардай ащы дыбыс шықты. Қуыршақтар жан-жаққа зытып отырды. Тек ортада Айдана мен бірнеше қуыршақ қана су ішінде қалқып қалды. Шамасы бұл қуыршақтардың жан ауруына тән ауруы қосылып, ауруды көтере алмай өліп кеткендер-ау.

Анадайдан зу-зу еткен жарық көрінді де, ілезде қаптаған адам жетіп келді. Олардың ұзын саны қанша екенін санап болар емес. Бірі келе сала Айдананы шашынан ұстап алып жығып салды. Айдана су ішінде аунап түсті. Көзінің оты жарқ еткен Айдананың:

- Анашым!!! – деген жан дауысы шықты.

Мына ғажапты қара.

Көккімбек теңіз ішінде атқан оқтай заулап бірдеңе келеді. Алыстан суылы да естілді. Бәрі аңтарылып суыл шыққан жаққа бір секунд қарап қалды. Әлгі заулаған қара ноқат жақындай келе Айдананың қуыршағына айналып, оның шашын тас қылып ұстап алған адамның жүрегіне қадалды. Қадалды да оны анадай жерге дейін ұшырып жіберді. Адамдар ес жиып үлгергенше Айдананы жетектеп алып, жоғарыға, аквариумына қарай ұшты. Көзді ашып жұмғандай уақытта екеуі айналаға су шаша аквариум ішінен атып шықты. Өз жеңістеріне өздері риза болып бөлмені жаңғырықтыра күліп жіберді. Күліп жатып Айдана оянып кетті.

Атып тұрып қараса, аквариум ішінде қуыршағы қимылсыз жатыр екен.

 

13-бөлім

 

Айдана көрген түсін әкесіне түгел айтып берді. Тыңдап болған әкесі:

- Қызым, түсің қиял-ғажайып ертегі секілді қызық екен, - деді.

Сол сәт анасы таңғы астың дайын болғанын айтып, тамаққа шақырды. Ас бөлмеге кіргенде теледидардан таңғы жаңалықтар болып жатты. Жаһан жаңалықтарынан Айдана мен оның әкесін таңғалдырған мынадай жаңалық айтылды. «Бүгін түнде Аустарлия теңізіндегі әлемге аты әйгілі інжу өндіретін компанияның су асты інжу лабороториясына белгісіз біреулер шабуыл жасап, інжу өсіріп жатқан ұлулардың бәрін босатып жіберген. Бір таңғаларлығы бұл аумақтан ешқандай адам ізі немесе әуе арқылы келіп қонған ұшақ ізі табылмаған. Келген адам тек су арқылы келген деген болжам бар. Бірақ бақылау объектісіне ешқандай кеме, қайық секілді су көлігі ілікпеген. Бұл ғажаптың сыры белгісіз болып отыр» деп хабарлады.

Әкесі Айданаға біртүрлі үрке қарады. Ал Айдана жымиып қойып қолымен:

- Түшш-ш, әке, ешкімгі айтпа, - деді.

Теледидардан көз алмай отырған анасы әке мен қыздың әңгімесін байқамай да қалды.

Ас ішіп болған соң Айдана есейіп қалған баладай әкесіне:

- Әке, ана жолы қуыршағымның ішінен шыққан ақ тасқа неге қатты қуандың? – деді.

Әкесі қызының сұрағына біраз ойланып отырды да:

- Қызым, табиғаттың бізге берген көптеген сыйлықтары бар. Соның бірі сенің қуыршағыңның ішінен шыққан – ақ тас. Оны сен ақ тас дегенмен біз інжу тасы деп атаймыз. Інжу тасы өте қымбат тұрады. Інжу тасының қалай пайда болатынын сен менен де жақсы білесің, - деді.

- Иә, мен жақсы білемін. Ал сіз ше білмедіңіз бе? – деді қызы.

- Білетінмін, - деді әкесі.

- Інжу тасы қанша қымбат болса да оларды торға байлап қоюға болмайды ғой, - деп наразылығын білдірді қызы.

- Қызым, саған бір құпия айтайын ба? – деді әкесі.

- Қандай құпия, айтшы, әке, - деп қызықты қызы.

- Ешкімге айтпайсың ба?

- Айтпаймын.

- Сенің қуыршағың ішіне түсіп кеткен паразитті ақ маймен майлап тастады ғой. Сондай қасиет адамда да бар. Олар да ішіне түскен зиян нәрсені майлап тастайды, - деді.

Айдана шошып кетті. Аузын баса қойды.

- Қызым, шошып кеттің ба? – деді әкесі қызыма бекер айттым-ау дегендей өкінішпен.

- Әке, түш-ш-ш, - деп сұқ саусағымен сыбырлап сөйле деген белгі берді қызы. - Мұны сізден басқа кім біледі? – деді періште бала әкесінің құлағына сыбырлап.

- Ешкім білмейді, балам, - деді әкесі де сыбырлай.

- Ешкімге айтпа. Әйтпесе қара киім киген көп адам адамдарды да байлап қояды. Сөйтіп ішіндегі інжулерін алады, - деді қызы тағы да сыбырлай сөйлеп.

- Жақсы, ешкімге айтпаймын, - деді әкесі де. Ол қызының ақ көңіл, бала ниетіне риза кейіппен қарады.

- Кішкентай, перизатым, - деді мейірімін төге.

Қызы әкесімен тез келісімге келгеніне қуанып, жымиып қойды. Сосын:

- Әке, - деді тағы сыбырлап.

- Әу, қызым, - деді әкесі.

- Ақ тасты қуыршақтар қатты жек көреді, - деді.

- А-а-а, - деді әкесі.

Қызы әкесіне ұзақ қарап отырды да:

- Сіз де сол ақ тасты жақсы көрмеңізші, - деді. Үнінде жалынышты өтініш бар еді. Әкесі:

- Жақсы. Мен де ақ тасты жақсы көрмеймін, - деді.

Айдана әкесінің мойнынан құшақтап алды. Ол жылап жіберді. Әкесінің мойнында бір тамшы жас сырғанап бара жатты.

 

14-бөлім

 

Сол күні түс ауа Айдананың үйіне чемодан көтерген көп адамдар келді. Төргі бөлмеге кіріп алып әкесімен көп сөйлесті. Соңында олар риза кейіпте, қайта-қайта Айдананың әкесіне рахмет айтып шығып кетті. Олар кету бойына шешесі буырқанып ашуланып:

- Сенің басың істемейді! – деп жылап жіберді.

- Жыламашы енді. Онсыз да тұрмысымыз жаман емес қой, - деді.

Айдана әкесінің қымбат інжуді көп ағаға тегін беріп жібергенін түсіне қойды. Ол өз бөлмесіне кіріп кетті. Қуыршағы сол тым-тырыс күйі. Ас үй жақтан тамақ істеген анасының дыбысы естілді. Сонда ғана Айдана бөлмесінен шығып әкесінің қасына барды.

- Қызым, сенің айтуың бойынша інжу тасын арнайы мекемеге тегін тапсырдым, - деді.

- Анашым соған ренжіп жүр ме? – деді.

- Иә, - деді әкесі көңілсіз.

- Анашыма түсіндіріп айту керек. Сонда оның ашуы басылады, - деді қызы.

- Оны ашуы басылғанда айтамыз, - деді әкесі.

- Жақсы. Ашуы басылғанда айтайық, - деп келісті қызы да.

- Әкешім, ол інжулерді қымбат ақшаға кім сатып алады? – деп сұрады соңғы уақытта қатты ойланатын болып кеткен қызы.

- Өте сәнді киініп, қымбат тастар таққанды жақсы көретін әйелдерге күйеулері сатып алып, сыйға тартады, - деді әкесі.

- Егер олар інжу тастарды ды-ы-ым сатып алмай қойса ше? – деді қыз.

- Онда інжу тастардың құны түсіп, арзан болып қалады. Арзан болып қалса адамдар да сенің қуыршағыңның бауырларының ішіне моншақ салып қинамас еді, - деді әкесі.

Айдана үндемей қалды. Қызына көз тастаған әкесі оның бірдеңе ойластырып отырғанын сезді.

- Қызым, не ойлап кеттің? – деді.

- Әке, інжу тастың ортасында паразит бар ғой. Оны менің қуыршағым майлап тастағанда ол өліп қала ма, әлде тірі қала ма? – деді.

- Әрине, тірі болады, - деді әкесі қызының ойын түсініп.

Айдана аяқ асты жарқырып шыға келді.

- Қызым, аяқ асты неге қуанып кеттің? – деді әкесі.

- Әке, өзі құмның бір түйіріндей болып алып менің қуыршағымды жеп қойғысы келетін паразит, інжуді де жейді. Сөйтіп қымбат тас жоқ болып кетеді, - деді.

- Иә, солай сияқты, - деді әкесі қатты ойланған адамның кейпінде.

- Қымбат тастың ортасында паразит бар екенін соны сатып алатын әкелерге айту керек, - деді қызы.

- Айту керек. Бірақ оларға қалай айтамыз? – деп сұрады қыздан әкесі.

- Кешегі біздің ақ тасты алып кеткен ағалардан айтып жіберші, - деп өтінді қызы.

- Жақсы, мен оларға ертең барып айтайын, - деді әкесі.

Айдана кішкентай жүрегімен қалайда жылтырағанға құмар әйелдердің қуыршақ ішінен шығатын інжу тасқа қызығушылығын жойғысы келді. Інжу тасының құнын түсіріп, оның сұранысқа ие болмауын тіледі. Сөйтіп қуыршағын және оның барлық бауырларын адамзаттың аулауынан құтқарғысы келді...

Айдана қуанышымен бөліскісі келіп қуыршағының оянуын ұзақ күтті. Ұйқыдан оянған қуыршағы ашулы кейіпте аквариум шынысына соқтыға бастады. Бұрын мұндай әдеті жоқ еді.

- Қуыршағым, саған не болды? – деді Айдана.

- Аузыма бір қиқым түсіп кетті, - деді қуыршақ.

- Енді ол да інжуге айналатын болды-ау, - деп күрсінді Айдана.

 

15-бөлім

 

Айдананың әкесі сол күннен бастап үлкен зерттеу жұмысын қолға алды. Зерттеу жұмысының жоспарын қызының түсінде көрген оқиғасы бойынша жасады. Ақыр соңында өзі де табиғат жанашырына айналды. Ол бір күні «Ғажайып география» каналынан мынадай хабар таратты.

- Мен соңғы он жылда інжу тасының құпиясы туралы зерттеу жұмысымен айналысып келемін. Інжу тасы қанша жерден қымбат, бағалы затқа айналса да оның өмір сүру уақыты бар. Ең жақсы күтілген інжу тасының өзі 200 жылда өз құнын жойып, сапасы бұзыла бастайды» - деп, оны ғылыми түрде дәлелдеп берді.

Айдананың әкесінің баяндамаса әлемнің барлық тілдеріне аударылып, таралып кетті. Сол уақытта хабар көріп отырған әлемнің түкпір түкпіріндегі кейбір адамдардың басынан мынадай қызықты оқиғалар өтті. Оны да айтайық.

Хабарды көргеннен кейін жақында ғана қымбат бағаға қылдырықтай мойнына үш орап тағатын аппақ інжу тастарын сатып алған бір сылқым бикеш бөлмесіне жүгіріп кіріп, моншағын айналдыра қарай бастады. Ештеңе таппаған соң лупамен қайта қарады. Қарап тұрып, орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Жүрек тұсы шаншып кеткендей болды. Беті ду етіп, тісін қышырлатты. Ол тізілген інжу тастарының бірінің жіп өтер ойығынан сәл шытынаған сызықты байқап қалған еді.

Бірер сағаттан соң ол сылқым інжу сатып алған дүкенінің ішінде шу шығарып, бағана өзі көрген сынықты таба алмай дауласып тұрды.

Ал екінші бір жерде басқаша оқиға орын алды.

Ол бір адамның еріккен ерке қызы еді. Хабарды көріп алып әкесіне жүгіріп барып:

- Әке, мына моншақтың ішіндегі паразитті көремін! – деді.

- Ойбай, оны кім айтып жүр саған?

- Жаңа теледидардан көрсетті. Мына тастың ішінде паразит бар екен, - деп еркеледі қызы.

- Қай канал?

- «Ғажайып геаграфия».

Әкесі дереу телефонға жармасты. Бұйрық беріп қалған әдетімен:

- Анау, «Ғажайып география»  деген каналды дереу жабыңдар. Менің қызыма не айтып жүр өзі! – деді.

Ерке қыз каналды жапқанға тоқтасын ба? Бөлмесіне барып тізілген аппақ ақ маржандарды бірінен кейін бірін балтамен шауып сындырып, ішінен паразит таба алмай әуреге түсті.

Ал енді мына бір оқиға тіпті қызық.

Ақ басты, салбыраған бетті кісі ыңыранып қойып, пультті басып теледидарды қосқаны сол еді, ар жағынан Айдананың әкесі інжу туралы зерттеу жұмысын, түрлі-түрлі дәлелдерімен айта бастады. Айтқан сайын бұл ақ бас теледидарға кіріп кетердей үңілді. Үңілген сайын тыпыршып барады. Аппақ беті қызарып, ал қызыл түске айналды. Хабар біту бойына орнынан тәлтіректеп тұрды да сылқ етіп қайта отырды. Жүрегін уқалады. Кеуде қалтасынан бір дәріні алып сорып жеп өз-өзіне келді де дереу орнынан тұрып, машинасын шақырып, асығыс шығып кетті.

Машинаға отырып жатып:

- Банкке! – деді.

Өзі банкке жеткенше тағатсыздана шыдай алмай келеді. Жүргізушісі айнадан оның әлемтапырық түр-әлпетін көріп: «Бұ кісіге не болып қалды екен? Жаңа ғана жайбарақат отыр еді?» деп ойлап келеді.

Банкке кіру бойына:

- Жертөледегі ұяшықты ашыңдар! – деп бұйырды.

Банк қызметкері ұяшықты ашып, ішіндегі жәшікті әкеліп беріп, кілтті қолына ұстатып, аппақ ақ бөлмеге клиентін жалғыз қалдырып шығып кетті.

Бөлме қандай ақ болса одан да ақ жәшікті сипалай біраз отырған ақ бас кісі көзін жұмып, дұғасын қайта-қайта қайталап, жәшікті ашты. Ашты да басы, қолы, аяғы жалпы бар денесі қалтырап-дірілдеп, опырыла құлаған теректей омырыла құлап түсті. Гүрс еткен қатты дауысты естіп есік алдында тұрған кезекші жүгіріп кірді. Дереу көмекке адамдар шақырып, өзі ақ бас клиентін тұрғызуға ұмтылды. Айнала шуылдаған адамдарға толып кетті. Аспанға қарап жатқан ақ бас шалдың көз алдынан бума-бума долларлар өтіп жатты, өтіп жатты. Бума-бума долларларын қимаған күйі көзін жұмды.

Шудың соңын ала келген банк басшысы құлап жатқан адамға назар салып қарамастан үстел үстіндегі ақ жәшікке үңілді. Үңілді де бірдеңеден шошып кеткен адамдай басын тартып ала қойды. Ақ жәшік ішінде шытынап, мыңға бөлінген адам басындай ақ інжу әк тасқа айналып жатыр еді.

 

16-бөлім

 

Бір күні Айдананың әкесі інжу тасының тағы бір құпия қырын ашты. Ол тастың емдік қасиеті бар деп әлемге жар салды. Түрлі түрлі бас аурулары мен жүйке ауруларымен ауыратын адамдар інжу тасын тағып жүрсе тез жазылып кетеді екен деді.

Бұл ғылыми мәліметті естімей қалған кейбір әйелдер інжу тасын тағып жүрсе, естіп алған қулар дереу інжу тастарын шешіп тастады. Арасындағы сараңдаулары тез арада бұл жаңалық тарамай тұрғанда інжу тастарын тез өткізіп жіберіп, қомақты ақша алып қалуға тырысты.

Еуропаның сылқымдары жиі-жиі бас қосатын бір орында өзі жаңалық тыңдамайтын, айналада болып жатқан жайттардан бейхабар, тек беті мен киімінен басқаны әңгіме етпейтін бір сылқым үлкен жиынға орам-орам інжу тағып келеді. Оны көрген өзге қыздар сылқ-сылқ күледі. Тіпті арасында біреуі жақын барып:

- Досым, шынымен көмектесе ме екен? – деп сұрады.

Замандасының сұрағына дым түсінбесе де, өзінің бар жағдайдан үнемі бейхабар жүретінін білдірігісі келмей:

- Иә, шыныменде көмектеседі, - деп майысты.

Әлгі құрбысы ыршып түсті. Ал бұл өз-өзінен майысып, көзін әркімге бір төңкере қараймын деп тұрып, қасында тұрған қыздың ойын түсінбеген еді. Анау тез-тез қоштасып кетіп қалды. Бұл сол ирелеңдеп майысып, айналасын жасандылықпен жиіркендіріп тұрды. Әлгі құрбысы аулақтау жерде жиналып алып, мына қыздың мойнындағы орама інжуге сықылықтап күліп қарап тұрған қыздарға тез қосылып:

- Шыныменде маған көмектесіп жүр, - деп айтты деп құрбыларын күлдірді.

Осы кеште бұл бикеш шеттеп қалды. Оны ешкім биге шақырмады. Құрбылары жақын келіп әңгіме де айтпады.

Ештеңенің мәнісін түсінбеген сылқым:

- Басым ауырып тұр, - деп хабарлап ерте үйіне қайтып кетті.

Шығып бара жатып соңынан қарқылдай күлген күлкіні есітті. Олар өзіне күлді ме, өздерінен-өздері күлді ме ол арасы бұл сылқымға жұмбақ еді. Қабат-қабат моншақты қылғындыра таққан қыз кеткеннен кейін кеш қыза түсті. Әрине, орталарында жүйкесі ауыратын адам тұрса кеш қалай көңілді болсын.

Сылқым бикеш үйіне кіріп келе жатып, қызметшісіне:

- Басым ауырып тұр, - деп қолындағы сөмкесін ұстата берді.

- Осыншама інжу бас ауруыңыздың жазылуына көмектеспегені ме?! – деп көзі бақырая қарады қызметші.

- Не дейсің?! – деп қайта сұрады сылқым.

Қызметші інжудің қасиеті туралы теледидардан айтылған зерттеу хабарын айтып берді. Сонда ғана сылқым қыз көңілді кештегі көңілсіз оқиғаны есіне түсірді.

Ол мойнындағы үш орам қалың інжуді жұлып алды. Жібі үзіліп кеткен ақ інжу бөлменің ішінде әрқайсысы әр жаққа қарай домалап бара жатты. Жыламсырай басқышпен көтерілген қыз қолындағы інжу тасты шайқай шаша жоғарыға көтеріліп кетті. Аузын ашып қалған қызметші жерге тізесімен отыра қалып інжу теруге кірісті. Ол сол күні жинап алған үш орам інжуді сылқым қыз сұрап қалар деп біраз күн сақтап жүрді. Бірақ сылқым қайта інжу тастарын іздемеді. Сөйтіп миллиондаған қаржыға сатып алынған інжуге оңай ие болған қызметші жұмыстан өз еркімен шығып кетті.

 

17-бөлім

 

Бүгінде Айдананың отбасы әлемнің өте бай адамдарының қатарына кірді.  Себебі Айдана мен оның әкесінің зерттеу мақалалары өте орынды әрі таза еңбегі сіңген жұмыстар еді. Олардың кітаптарына әлем елдерінің бәрі қызығып, өз тілдеріне аударып басты. Көптеген аудио, видео зерттеулері жарық көрді. Соның бәрінен түскен қаражат Айдананың әкесінің жеке есеп шотына түсіп тұрды. Ал Айдананың әкесі оның бәрін табиғатты қорғауға жұмсады.

Араға көп жыл салып Айдана ата-анасы ағасымен бірге баяғы өзі қуыршағымен кездесетін теңіз жағасына демалуға барды. Арнайы жасалған шыды ыдысқа салып қуыршағын да ала барды.

- Қуыршағым, сені туған теңізіңе жіберемін, - деді Айдана.

Қуыршақ қуанып кетті. Теңіздің лебіне бетін тосып біраз тұрды, теңіздің иісін иіскеп тағы біраз үндемеді.

- Менің теңізім, - деді сәлден соң. Көзі мөлт еткен жасқа толып кетіпті. – Айдана, менің ішімде ақ інжу бар екенің білесің? – деді. Көзқарасында алып қалам десең ал деген жазу бар еді.

- Керек емес, теңізге таста, - деді Айдана.

- Оны теңізге тастағанша да біраз уақыт өтер, - деп күрсінді қуыршақ.

- Уақыт өте келе келесі ұрпақ інжу тастарын табиғаттан іздеуді түсінеді. Таза құндылық сол екенін біледі. Қазіргі ортасы синтетика, сырты перламутр жартылай жасанды, жартылай табиғи дүбәраға елікпейді. Қаншама адам мен ұлудың көз жасымен келген әдемілектен қашатын салиқалы, сауатты ұрпақ келеді. Біз сол жолда аянбай еңбек етеміз. Сонда олар інжуді сіздерді қырып-жойып емес, таза табиғаттан іздейтін болады. Сонда менің қуыршақтарыма да, теңізге де еш зиян келмейді, - деді.

Айдананың әңгімесі қуыршақтың көңіліне қонды ма, қонбады ма ол оны білдірмеді. Үнсіз тұра берді.

- Ал қуыршағым өмір жолымда біраз серік болып, өмірде өз жолымды табуыма көмектескенің үшін мен саған алғыс айтамын, - деп Айдана қуыршағын сүйді.

Сүйді де оны көк теңізге жіберді. Жағаға жеңіл соққан толқын қуыршақты бірде жақындатып, бірде алыстатып алып бара жатты.

- Қош бол, - деп күбірледі Айдана.

- Қош бол! – деді әкесі.

- Қош бол, балақай! – деді анасы.

-Қош бол менің қарындасымның қуыршағы, - деді ағасы.

Бұл жолы олар теңізге бесеу болып келіп, жағада төртеу болып қалып бара жатты.

Қазақ тілінде жазылған