Адам қарады: 1516 | Жарияланды: 2019-04-22 02:40:06

Ақпан

 

I

Асқар сарғылт түстің сан реңкі жамалған далаға ентелей қарағанына біраз уақыт болған. Кенет бұлттың етегінен сынып түскен кешкі шапақ далаға шашырай жайылып, күздің алтын бейнесін айшықтап жіберді. Соның әсеріне ілескендей, Асқар көліктің әйнегін түсіріп, басын сыртқа шығарды. Бірақ желдің екпіні жасқантып, басын салонға қайта жасыртты. Жағдайды байқап отырған жүргізушісі Болат әйнекті жаба қойды.

Далаға қиялай көз тастап дамылдаған Асқардың ойы енді ауылға ойысты. Ілгеріректе ауылға жолы түскен сайын мотоцикл айдап қайтатын. Соңғы жылдары ауылдан алшақтап кеткенін аңдатқаны ма екен, әкесі сарайда қаңтарулы қалған мотоциклін есіне жиілеу салатын болып жүр. Анасы болса «үлкен қызметкер балаң мұндай ойыншықты ұмытқан болар» деген туыстарын оған жақындатпай, қақпалап бәйек. Ұлының албырт жас кезінің естелігін ешкімге қиғысы жоқ. Асқар бұл мотоциклмен ес білгелі бірге өскен досы Дәулет екеуі ауылдың түпкір-түпкірін түгел аралап шыққан. Темір жол стансасына қарата пойызбен де жарысатын онымен. Жазда ауылдың сыртын айналып, тау шатқалдарын мотор даусымен жаңғыртатын. Түнде далада алау жағып, қыздармен бөліскен сырларына да куә – осы мотоцикл.   

Ол кезде Асқар досы екеуі өңірдегі бүкіл қыстақ, жайлау, мазарларды жатқа біледі. Қысқы боран, дауылдан кейін, ауылдың көрші-қолаңы Дәулет екеуінен жоғалып кеткен малдарын іздеуді өтінетін кездері болады. Олар атқа мініп, жоғалған малды, кейде сіресіп қатып қалған өлекселерді табады. Ауылдың бақташысы Ережеп бірде оларға мұндай жұмысқа ақы алыңдар деп көп тәлім тастаған. Бұл кеңес екеуіне қатты ұнап, әр малға өз бағасын белгілеп те жіберді. Малға ізкесуші болып жүрген сондай бір қысқы түні екеуі бораннан ығып, жапан далада жартылай қираған мазарда түнеуге мәжбүр болғаны бар. Сол түні Дәулетке аян берді. Ол таң атпай Асқарды оятып, түсінде сол мазарда жерленген аруақты көргенін, ол тезірек шығысқа қарай жүру керек дегенін айтқан. Асқар ештеңе түсінбесе де досына сенген. Олар асығыс аттарына мініп, шығысқа қарай тартты. Біраздан кейін ауа-райы ашылып, жолшыбай жоғалған сиырлары да табылған.

Енді міне жып-жылы күздің кешінде, джип ішінде қарсы соққан желден қаймығып, танымайтын, бала кезінде бір көрген нағашысынан қолдау іздеп Алматыға келе жатыр.

Депутаттық орынға екі елі қалғанда ұсақ-түйектен қалай сүрінді? Ұсақ-түйек... Кім айтып еді? Дәулет, Дәуке, Дәу... балалық шақтағы досын тағы есіне алып, Асқар еріксіз жымиды. «Біздің ұсақ-түйегіміз біреуге – пайда» – деп еді бірде Дәуке. Өз сөзі ме әлде атасының аузынан түскен сөз бе?! Сонда не болып еді? Есінде жоқ. Не де болса бүгінгі Асқарға қарап айтқандай екен. 

Бастығының жымиғанын айнадан байқаған жүргізуші:

– Асқар Кәріғұловиш, Алматыда ұзақ боламыз ба? Астанаға қашан қайтамыз? Осы демалыста бауырымның тойы болушы еді. Сізден сұранайын деп едім, – деп бастырмалатып алды.

– Той дейсің бе? Той деген жақсы нәрсе. Мүмкін қайтар жолда маған жүргізушінің қажеті болмай қалар, – деп Асқар қайтадан ойға шомды.

Асқар өзінің бірінші үйлену тойын есіне алды. Ол тойын қаланың мықтыларымен танысуға пайдаланып еді. Бірталай ақшасын шетел жұлдыздарын шақыруға шашты. Ақшасы жеткілікті болса да, сол жолы ескі танысы Мәкеңе бірер миллионын қайтармай қойып еді. Мәкең оны көп мазаламады, екі рет қоңырау шалды да қойды. Міне енді арада жеті жыл өткен соң сол болған істі қолына алып, қысым көрсетіп жатыр. Телефон арқылы Асқардың бір кәсіпкерге қоқан-лоқы көрсетпек болған әңгімесін жазғызып алыпты. Мәкеңе қазір ақша керек емес, қала мен облыс полициясында өз адамдарының болғаны керек. Асқар болса депутаттық мандат алғаннан кейін өзіне барлық жағынан қолдау болғанын қалайды. Сол үшін Асқар енді генерал Марқаевқа келе жатыр. Ол әлдеқашан істен кеткен. Бірақ әлі де беделі бар, баласы Астанада үлкен қызмет істейді.

Ойына әлдене түсті ме, кенет Асқар қалтасын тексеріп, телефонын іздей бастады.

– Не іздедіңіз? – деп сұрады жүргізушісі.

  • Телефоным...

– Мұнда, сіз қуаттандыруға қой дегенсіз, – деп Болат бастығына телефонын ұсынды. Телефонының дыбыссыз режімде қалғанын көрген Асқар:

– Дыбысын өшіріп қойғаның не? Қаншама қоңыраулар жауапсыз қалды, - деп ашуын үдете түсті де байланысқандардың бәрі тынымсыз кредиторлары ғана екенін көріп, көңілі орнына түсті.

Асқардың кредит алып, борышкер атанған яки өзі қарыз беріп біреуді кіріптар еткен жайы да баршылық. Ақша үнемі қозғалыста, келеді-кетеді, бәрін қадағалай алмайды. Таяуда Араб Әмірліктерінен институтта бірге оқыған Талғат деген досы іздеп келіп, қарызын қайтарды. Асқар ол туралы ұмытып та кеткен екен. Талғат ұмытпапты. Өзі біртүрлі өзгеріп кетіпті, арақ-темекіні тастаған, намазға жығылған, атын да өзгертіп алыпты. Асқарды да шариғатқа шақырды, бірақ аса қыстамады. Саясатқа бас ұрып жүргенде шариғат Асқардың не жөні? Ауылға бір мешіт салып берсе жетер, өзінің де беделіне жақсы. Әсіресе, ата-анасы қатты қуанатын болады. Бір ақша болғанда қолға алу керек екен деп шешті Асқар. Содан соң классикалық музыканы қосты да қалғып кетті. Бір кезде:

  • Асқар Кәріғұловиш! – деген дауыстан оянды. Болат артқы есікті ашып, ақырын оятып жатыр екен.
  • Не болды? 
  • Полицей айыппұл саламыз дейді. Көлік сіздің атыңызда ғой.
  • Жол тәртібін бұзып па едің?
  • Сіз тезірек жүр деген соң жүзден асырып едім...
  • Қай жердеміз?
  • Алматыға кіреберісте.

Асқар көзін уқалап, терезеге қарады. Жол жиегінде жол полициясы көлігі, оның жанында полицей тұр. Асқар көліктен шығып, асықпай бойын жазып, қасына барды:

  • Шеф, не болды? 
  • Майор Смирнов. Құжаттарыңызды көрсетіңіз.
  • Құжат орнында ғой. Генерал бастықтарыңа асығып бара жатыр едім, – деді Асқар құжаттарын беріп жатып.
  • Сақтандыру полисіңіз бар ма?
  • Қазір, – деп Асқар қоңырау шалудың қамына кірісті де сәлден соң трубкаға:

– Ассаламағалейкум, Сәке! Мені Алматыға кіреберісте жол полициясы тоқтатып тұр, – деп телефонды майорға ұстата салды.

Майор үнсіз тыңдады да телефонды қайтарып берді. Сосын Асқарға:

  • Мониторға түскен бейнені өшіре алмаймын, айыппұл қағазы мекенжайыңызға келеді, – деп, құжаттарын ұсынды.

Асқар қарсылық білдіргісі келіп-ақ еді, бірақ бөтен қалаға келгені есіне түсіп, көлігіне оралды.

  • Сен бар ғой, ақырын айда, бөтен қалада жүрміз, – деп Болатқа ескерту жасап алды.
  • Айтқаныңыз болсын! – деді жүргізушісі.

Олар қалаға тура қарбалас уақытында келіп жетті. Райымбек даңғылымен Наурызбай батыр көшесіне бұрыла берісте кептелісте тұрды да қалды.

Оң жақ қатарға шығып бұрылып кет, – деді Асқар.

Болат үндемей бастығының айтқанын істеді. Кішкенеден соң Асқар:

  • Дәулет досыма жақындап қалдық, ол осыдан бір орам жерде тұрады, – деді.

Ұзамай-ақ олар түрлі көліктер толы үлкен аулаға кірді. Ауланың арғы бұрышынан кішкентай түрлі-түсті балалар алаңы көрінді. Ағаш орындықта бесік арба тербеген екі әйел жайғасыпты. Біреуі темекі шегіп отыр.

Сіз ұзаққа кетесіз бе? – деп сұрады Болат.

Асқар көліктен шығып:

Көрерміз, – деді.

Мүмкін мен бір жерден тамақтанып алармын?

Көрерсің.

Асқар іздеген үйінің кіреберісіне келіп, домофонға қарап, қай пәтер екенін есіне түсіре алмай, аз-кем аялдады.

Артынан тақаған бір кемпір Асқарға алая қарап:

  • Сіз кімге келдіңіз? – деді.
  • Дәулетке келдім, ол екінші қабатта тұрады. Сіздің қандай жұмысыңыз бар еді? – деп Асқар оның сұрағына сұрақ ілестірді.
  • Туысыңыз болар шамасы? – деп күбірлеген кемпір кілтімен есікті аша берді.

Асқар үнсіз күйі кемпірді алға жіберіп, кіре бере айналып өтіп, жоғары асықты. Қара дермантинмен қапталған есік сәл ашылып тұр екен. Есіктің ішінен арақ аралас сасық иіс мүңкиді. Асқар енді сәл ойланып қалды. Астыңғы қабаттан кемпірдің басқан қадамының тықырын естіді де есікті итеріп, ішке енді. Бос дәлізден өтіп, Дәу досы кабинет деп атайтын үлкен бөлмеге кірді. Ішіне кір мен шаң басқан балконның бұлдыр терезесінен күннің жарығы түсіп тұр екен. Бөлменің ортасындағы үлкен үстел кітаптар мен журналдарға толы. Олардың үстінде сызба қағаздар үйіліп жатыр. Үстелдің шаң мен қоқым басқан бір шетінде темекі тұқылдарына арналған қалбыр тұр. Айналасында – бірнеше қисайған орындық. Диванның үстінен құсық исі шығады. Асқар мұрнын қол орамалымен жауып, балконға жақындап, есігін ашты. Сыртқа шығып, демін басты. Төменде әрлі-бері жүрген жүргізушісін көрді.

Балконда біраз тұрған Асқар бөлмеге оралып, шығуға бет алды. «Дәуке бұл пәтерде енді тұрмайды екен» деген ойға бекінгені сол еді, шығаберіс қабырғадағы таныс фотосуретті байқады: ата-анасымен бірге ыржиып тұрған кішкентай Дәуке. Кенет:

– Бұл кім? Толян сен бе? – деген таныс дауыс естілді. Асқар жүріп барып, оң жақтағы есікті ашты. Темір кереуетте трико киген ер адам жатыр.

– Асқарик? – деп Дәулет кереуеттен секіріп тұрды. Азып кеткен түріне қарамай, әлі де шымыр денесін сақтап қалыпты.

– Дәуке, сәлем!–деді Асқар қолын созып.

– Асқар, сен қайдан жүрсің? – деп қол алысқан күйі Дәулет көзін тайдырып әкетті.

– Бір жұмыспен келгем, саған амандаса кетейін деп кірдім.

– Пойыздан түстің бе? – деп сұрады Дәулет, қолына мыж-мыж қораптан сигарет алып.

– Жоқ, көлікпен келдік.

– Сен жалғыз емессің бе, ас үйге өтіңдер, қазір шай қоямын.

– Жоқ, бауырым, жұмысым көп, амандасуға кірдім, кейінірек хабарласайық.

– Телефоныңды айтшы, мен жазып алайын. Мұнда қанша уақыт боласың? – деп Дәулет қалам іздеп әбігерге түсті.

– Әзір білмеймін, бір-екі күн болар. Саған өзім қоңырау шаламын.

– Үй телефоныма хабарлас, мен үйдемін, – деп Дәулет қолымен қызыл телефонды меңзеді.

– Нөмірің бар, екі жүз жиырма үштен басталады, – деді Асқар смартфонына қарап.

– Дәл солай, міндетті түрде хабарлас, – деді Дәулет досының көзіне қадалып.

Асқар шығып бара жатып қайта бұрылып келіп, досын құшақтай алды. Сосын тез шығып кетті.

Асқар баспалдақтан жүгіре түсіп, Болатқа көлікті от алдыр деген белгі берді.

– Қонақ үйге тарт, – деді көлікке отыра бере.

Көлік ішінде тынымсыз шырылдай бастаған телефонын қалтасынан алып дисплейіне қарады да жауап берді:

– Мама, қайырлы таң! Қалайсыз?

– Бәрі жақсы, балам, өзің қалайсың?

– Алматыға келдік, қонақ үйге бара жатырмын.

– Дәулетке кіріп шықпайсың ба?

– Кірдім, мама.

– Жөн. Аман-есен бе екен?

– Нашар екен, ішіп кетіпті, үйі кір-қоқыс.

– Сен балам оған жәрдем көрсет. Оның ешкімі жоқ. Атасы жақсы адам еді, иманды болғыр! Сенің әкеңді абақтыдан алып қалған сол кісі. Әлихан нағашың кіріскісі де келмеген.

– Жарайды, мама, бір нәрсе ойластырармын. Әкеме сәлем де.

– Жолың болсын! Балам, Әлиханға көп сене берме. Ол өз пайдасы болмаса саусағын да қозғалтпайды.

Қонақ үйде Асқар шешініп, бірден жуынатын бөлмеге кірді. Салқын суға шайынып, Дәулеттің үйінде көргенінен тазаланғандай болды. Одан шығып, Әлихан нағашысына қоңырау шалды.

– Әй, кім дейсің? Хадишаның баласымын деймісің? Білемін оны. Ақылды әрі сұлу, біздің тұқым ғой. Тек тұрмысқа қайыршы біреуге шықты. Хал-жағдайы қалай?

Асқар бұл сөзден кейін әңгімені тоқтата салғысы келсе де, шыдап бақты. Шал қызметте болмаса да, баласы Астанада министрлікте отыр.

– Бәрі жақсы, Әлихан нағашы. Баяғыша мамам ауылда музыка мектебінде сабақ береді.

– Бәрі жақсы болғаны дұрыс. Ал өзің немен айналысасың?

– Мен Қарағандыда тұрамын. Бизнеспен айналысам, облыста фермерлікті дамытып жүрмін. Жақында депутаттық сайлауға түстім.

– Депутат? – Әлихан қарқылдап күліп алды. – Ойна, бала, қызыл арақпен!

– Әлихан нағашы, мен қазір Алматыдамын, сізбен кездесейін деп едім...

– Жарайды, үйге кел, депутат. Мекенжайымызды білесің бе?

– Нақты білмеймін, Науаи көшесі ме еді?

Асқар нағашысының мекенжайын жазып алып, әңгімесін  аяқтап, сағатына қарады. Таңғы асқа барғысы жоқ. Әлихан нағашысы түскі асқа шақырған. Асқар үлкен кереуетке құлай кетіп, теледидарды қосты. Біраздан соң ұйықтап кетті.

***

Дәулет бөлмесіне Асқардың көзімен қарады. Бір аяғы жоқ қисайған шкаф, темір кереует... Қисық ілініп, кірге боялған перде. Жоқ, Асқар енді хабарласпайды, тек әдептілік үшін айтты. Әлде аяғаны ма? Құшақтап қоштасты...

– Дәулет! Қайдасың? Ұйықтап жатырсың ба? – деп бөлмеге Толян кірді. Қолында қапшық.

– Жаңа біреу баспалдақта алдымнан қарғып шығып, қағып кете жаздады. Байқап жүр деп едім, алайып қарағанын көрсең! Бізді адам деп санамайтын әкімнің орынбасарына ұқсайтын бір боққарын.

– Ол – Асқар, менің досым.

– Қой, біздің ондай досымыз жоқ, ондайдан аулақ жүр, – деді Толян. – Одан да кел, бас жазайық, – деп ол сары қапшықтан кішкене шөлмектегі арақты шығарды.

– Жоқ! – деп Дәулет тіке қайырды. Толян шошығанынан есікке қарай ығысты.

– Өзің біл, мен онда даладағы жігіттерге барайын, бүгін ауа-райы жақсы... Жалғыз өзім ішетін маскүнем емеспін ғой.

– Жарайды, ренжімеші, Толян. Өз-өзіме келіп, досыммен кездесуім керек.

– Жаңағы алаяқпен бе? Мен саған ескерттім, енді өзің біл, – деп Толян шығып кетті.

II

Кіреберіс бөлмеде, еденде бірнеше ер адам жатыр екен. Оларды өлік пе деп қорқып қалып еді, кейіннен мас болып я есірткінің әсерінен ұйықтап жатқандарын байқады.

– Қара, анау Кананың ағасы ғой, – деп сыбырлады Асқар, эмбрион тәрізденіп жатқан ұзын жігітті көрсетіп.

– Оны Евлоевтар құлдыққа сатып жіберіпті деп естідім, – деп жауап берді Дәулет.

– Не үшін? – деп таңғалды Асқар.

– Бірдеңе бүлдірген… Кейін айтамын.

Бұл үйге кіру үшін олар бір апта бойы биік шарбақ ішіндегі иттерге біресе ет, біресе сүйек тастап жүрді. Келісілген түні қақпадан Жигулидің шығып кетісімен, екеуі иттерге ұйықтататын дәрі қосылған ет лақтырды. Иттер тынышталған соң шарбақтан секіріп түсіп, ішке кірген.

Бұл үй туралы түрлі әңгіме айтылатын. Дәулеттің атасының айтуынша, соғысқа дейін бұл жерде қаңырап қалған жер үй болған. Ал соғыстан кейін сол үйді Ингушетиядан қоныс аударған шал мен алты баласы бар жас келіншек паналапты. Кейін шал қайтыс болған соң келіншек дүкенге еден жуушы болып жұмысқа тұрады. Дәулеттің атасы оның балаларына жәрдемақы тағайындауға көмектесіпті. Уақыт өте келе, сол әйелдің балалары өсіп, тегіс сауда саласына жұмысқа орналасады. Екі қызы дүкенде сатушы болып, ұл балалары сауда базасындағы қоймаларда істепті. Жер үйдің орнына кішігірім үй салып, оны кейін кеңейте берген. Отбасы мүшелері көбейген сайын үй де кеңейе беріпті. Тоқсаныншы жылдары олар үйдің айналасын биік шарбақпен қоршап тастапты. Ол кезде жас келіншек қартайып, сол үйде жасырын арақ сатумен айналысыпты. Сыбыс бойынша, олар панасыз адамдарды малын бағатын құл етіп ұстапты. Ақырында бәрі отбасымен Ингушетияға қайта қоныс аударыпты да тек екі ұлы осында қалып қойыпты. Жақында ауылда олар осы үйде қарызға батқан адамдарды қамап ұстайды, соңынан құлдыққа сатады деген шу шыққан.

Бұл Дәулет пен Асқардың осы үйде не болып жатқанын өз көздерімен көргісі келіп кірген беттері еді. Бір бөлмеде – ұйықтап жатқан мас еркектер. Екінші бөлмеде – үйіліп жатқан бос шөлмектер, спирт я басқа сұйықтық құйылған үлкен цистерналар. Басқа бөлмелер бос, кішкене қойма аспалы қытай құлпымен бекітілген. Асқар құлыпты әрі-бері шайқап көрді.

– Сындыра салайық, ана бөлмеде балға бар, – деді Дәулет.

– Жоқ, сыммен ашып көрейік, – деп жауап қатты Асқар, – маған шаммен жарық түсірші.

Асқар біраз уақыт әуреленген соң, құлыптың ішінде бірдеңе сырт етіп, ілмегі ашыла қалды. Қойманың қабырғасындағы сөрелерде азық-түлік жатыр екен. Еденде бірнеше жәшік арақ тұр.

– Жоғарыда не бар екен? – деген Асқар төменгі сөреге тұрып, қолымен жоғарғысын ақтарып шықты да ештеңе таба алмады. Төменге түсе беріп, аяғымен сөренің шетін басып қалды да құлай жаздады. Сол сәт сөре бір жағына көтерілгенде Дәулет оның астында жатқан сөмкені көріп қалыпты. Іле-шала суыра тартып алды.

– Мәссаған! Мынау есірткі сияқты, – деп тақ ете қалды Дәулет, сөмкеден бөлшектеп байланған орамаларды шығарып.  

– Тыныш! – деді Асқар саусағын аузына тақап.

Іле-шала екеуі есікті жауып, сыртынан құлыпты ілді де, сарт еткізіп бекіте салды. Үйден бірталай қашықтыққа ұзаған соң, екеуі де велосипедтерінен түсті. Дәулет есірткінің бір орамасын ашып:

– Бұнымен не істесек екен?! – деп сұрады.

– Қайдан білейін? Инеге арналған болар, одан да шегуге арналғанын көрейік, – деп жауап берді Асқар.

– Тамаша! Әкел! – деп Дәулет газет қиындысынан дөңгелектеп папирос жасады.

– Жаңа сен осы Кананың ағасы жөнінде не айттың? – деп сұрады Асқар, папиросты шөппен толтырып.

– Ол кезінде қылмыскерлермен араласты, көп ақша тапты, күшті көлік сатып алды.

– А, есімде, «бэха» ғой? – деді Асқар, демін ішіне тартқан күйі папиросты тұтатып жатып.

Шөп сытырлап жанып, қоңырсыған, ащылау иіс сезілді. Асқар жөтеліп, папиросты Дәулетке ұстатты.

– Сосын ұрлығы үшін оны құлдыққа салыпты деді Дәулет түтіннен көзін сығырайтып.

– Сен оны қайдан білесің? – деп сұрады Асқар.

– Кана айтты. Үйлеріне келіп, тінту жасапты. Содан соң ағасы жоғалып кеткен, көлігі де ізім-қайым жоқ.

– Мынаның әсер ететін түрі жоқ, – деп Асқар сәлден соң күліп жіберді.

– Тағы да шегейік, көп қой бізде! – деді Дәулет қуанғандай жерден ыршып түсіп.

– Немене қыз сияқты секіресің?

– Өзің қыз, масайған неме!

III

Әлихан нағашысының үйі биік, тас дуалмен қоршалған екен, оны Асқар байсымақтар салатын мазарға ұқсатты. Атасы ондай мазар туралы: «Ата-аналарыңды тірі кезінде құрметтеңдер, өлгеннен кейін қандай мазар салсаңдар да керегі шамалы» – дейтін.

Асқар есіктің қоңырауын басты. Қақпа ашылып, ол көлікпен кең аулаға кірді. Қырда тұрған екі қабатты үй. Үйдің алды асфальт төселген алаң. Оның оң жағында төбесі жабылған бірнеше көлік сиятын тұрақ, сол жағында – бассейні бар балалар алаңы. Үйдің артында бақша мен жылыжай.  

Әлихан нағашысы – бойшаң, толық келген адам. Спорт киімімен алауошақтың алдында газет оқып отыр екен.

– Келдің бе, депутат?! – деп ол Асқардың қолын алып, тағы да қарқылдап күлді. – Депутат! Сәлима, мына депутаттың түріне қарашы!

– Асқаржан, айналайын, кішкентай кезіңде қонаққа келгендерің есімде. Біз онда Киров көшесінде тұрғанбыз. Әлихан, есіңде ме, біздің Киров көшесіндегі үш бөлмелі пәтеріміз? – деп Сәлима тәтесі Асқарды бетінен сүйді.

Сосын Асқарға сыбырлап:

– Нағашыңа ренжіме, ол қастық ойламайды, тек мінезі сондай, – деді.

Асқар үндемей басын изеді. Сәлима қаттырақ сөйлеп:

– Сенің мамаң жас кезінде сұлу болатын. Әлиханға ұқсаған ұзын бойлы, сымбатты. Талай беделді жігіттер оған ұнап қалуға тырысатын.

– Ол болса бір жалаңаяққа тұрмысқа шықты, – деді Әлихан.

Біраздан соң Сәлима түскі асқа шақырды. Үстел бір қабырғаны толық қамтыған, бақшаға шығатын терезенің алдында жайылыпты. Бақшада жарқыраған күз келбеті: алуан түсті жұлдызгүлдер. Дастарқан басында жанұяның тағы да басқа туыстары жиналыпты. Асқар жұбайы мен немересін ерте келген қарт профессордың жанына жайғасты. Генералдың тұңғыш немересі Дастан үстелдің екінші шетінде, атасына қарама-қарсы отыр. Ол қазақ дәстүріне сай атасы мен әжесінің қолында тұрады екен. Көзілдірік киген, ұзын, жүдеу жігіт немқұрайлы кейіппен маңдайын тыржитып, үндемей анда-санда профессордың немересімен көз тастасып, тамағын ішіп отыр. Асқардың есіне Дәулет екеуінің шал-кемпірмен дастарқан басында жиі отырып, бір-бірімен жымыңдасып, көз тастасып отыратыны оралды. Сосын оңашада екеуі тісі жоқ сақау Кәрім шалды, қарқылдап сөйлейтін Балауса кемпірді мазақтап ішек-сілелері қататын. Шал-кемпірдің ғаламтор, «мөбілді» телефон туралы пікірлерін де қызық қылып күлетін.  

Салқын мәзір мен салаттардан кейін дастарқанға манты келіп жетті. Сәлима қонақтарға ас бере жүріп, Дастанның оқудағы жетістіктерімен мақтанып, мектебін сынға алды:

– Бұл не деген мектеп? Күні бойы оқытқанымен шектелмей, соншама тапсырма бергені не сұмдық? Бала күнде де, түнде де кітаптан басын көтермейді! Бәрі де сондай ма екен?

– Апа, мен физмат мектебінде оқимын, оның өз ерекшеліктері бар, – деп ескертіп қойды Дастан.

– Басқа мектептер де оңып тұрған жоқ, – деді профессордың жұбайы, – менің жиендерім жай мектепте оқығанымен, онда да көп тапсырма береді. Ата-аналары репетитор жалдаумен әлек болып жүргені. Оған кімнің ақшасы шақ келеді?

– Ал нәтижесінде – нөл, – деп тұжырымдады профессор, – институтқа қарапайым білімсіз келеді. Қалайша грант арқылы қабылдайтынын түсінсем бұйырмасын.

– Жастар әр нәрсеге бейімделгіш қой, – деді Әлихан – Қайран жастық шақ! Жас кезіңде бәрі де мүмкін. Солай ма, Дастан? – деп генерал немересіне қарады.

– Әрине, ата, – деп келісіп қойды Дастан.

– Бәрі де қалағаныңдай болады, ешкімді тыңдама да өз жолыңмен жүр. Асқарға қарашы, депутаттыққа түсіп жатыр, – деді Әлихан жымия күліп.

Профессор Асқарға қызыға қарап, депутаттыққа кандидаттарға қойылатын талап-шарттар туралы сұрастыра бастады.

– Асқаржан, мантыдан салып же, сен жолдан келдің ғой, – деп Сәлима тәтесі асты-үстіне түсіп жатыр.

Тойып ішкен астан кейін Асқар нағашысымен оңаша қалып, іске кірісті:

– Әлихан нағашы, өзіңіз дұрыс айтқандай – мен қарапайым адаммын, ал сіз биік лауазымды қызмет атқардыңыз, сіздің кеңесіңіз керек еді.

– Алыстан орап, майда сөйлейсің, – деді генерал сықақтап.

– Полициядан таныстар керек еді, егер сіз мені туыс ретінде әріптестеріңізбен таныстырсаңыз, жақсы болар еді.

– Бірдеңе бүлдіріп қойдың ба, депутат? – деді генерал көзәйнегінің үстінен сынай қарап. Асқар оған шыдамай көзін бұрып әкетті.

– О не дегеніңіз? Қазіргі таңда фермерлерге жан-жақтан қысым қөп, полицейлер себепсіз мазаламаса екен деймін, – деп жауап берді Асқар.

– Әрине, мен таныстыра аламын, бірақ ол саған қаншалық пайдалы? Қайдам... Күмәнім бар. Қызметтен шыққаннан кейін туған баламды да қолдай алмай қалдым. Бірақ ол менің тұқымым, ол – мықты. Сен де оған жабыса берме... Бір-екі жыл бұрын қызметте отырғанда келсең, бәлкім... – деді Әлихан қолын сермеп. – Қысқасы, мәселеңді өзің шеш, депутат, – деді ол домалақ шөлмектен коньяк құйып алып.

***

Асқар қонақ үйге салы суға кетіп, анамды тыңдау керек еді, мұнда не үшін келдім деп өкініп қайтты. Әлихан нағашысы жүрген бір суаяқ екен, баласының да оңғаны шамалы болар.

Асқар Дәулетке телефон шалды.

– Асқарик! Хабарласқаның жақсы болды, кездесіп сөйлеспейміз бе, – деп тұтқаны алар-алмастан үстемелетті Дәулет.

– Мен де соны ойладым. Маған келсейші, қонақ үйге. Бұрынғыдай отырып сөйлесейік.

Асқар телефон арқылы мейрамханадан ас-мәзірге тапсырыс берді де төсекке жантая кетті.

Дәулет тап-тұйнақтай киініп, ішкіліктің ізін білдірмеуге тырысып-ақ келді. Бірақ қабағы сәл ісіп тұрғандай. Сірә, өткен кезеңнен қалған қымбат парфюмі, пәтерінің сасық иісін бүркей алмай, одан бетер күшейте түскендей. Аздан соң-ақ бұл иіс Асқардың жүрегін айнытқаны сонша, ол тоңазытқыштан бір шөлмек арақты шығарып, оны тез ашып, екі рюмкаға толтыра құйды. Дәулет сырт киімін шешіп қойысымен Асқар оған рюмканы ұстатты. Екеуі мұздай арақты қағыстырып, сіміре салып, құшақтаса кетті.

– Отыр, бауырым.  Жеткен жерің осы ма? – деді Асқар тағы да рюмкаларын толтырып.

– Иә, осы. Сен ғана түсінерсің оны…– деді Дәулет ақырын ғана. Сосын рюмкадағы арақты ішіп алып, диванға шалқая керілді.

– Кана үшін, – деп Асқар да ішіп салды.

– Кананың орнына мені өлтіргені дұрыс болушы еді, – деді Дәулет. – Кейінгі кезде Кананы жиі есіме аламын. Оның артында анасы, қарындасы, ішкіш болса да әкесі қалды. Ал менің тек жалғыз атам болды ғой.

– Қойшы сен, өзіңді жазғыра бермей! Болған іс болды! Кананы бәрібір қайтара алмаймыз деп өзің де айтып едің ғой, Дәуке!

– Иә, сені жұбатып айтқаным емес пе. Сен сонда жүдеп, томаға-тұйық болып кеткенсің. Хадиша тәте сені есінен айырылып қалар ма екен деп уайымдайтын.

– Бірақ мен өз-өзімді қолға ала білдім, сенің көмегіңе арқа сүйедім. Сен енді...

– Мені ойлап әуре болма. Мен біткен адаммын. Одан да өзің туралы айтшы. Қарныңды қампитып алыпсың, – деді Дәулет Асқардың ішін түртіп.

– Еңбекпен келген қарын, – деді Асқар ішін қағып қойып. Батя да ылғи мазақтайды. Оның ешқашан қарны болған емес.

– Салыстырады екенсің! Сенің әкең өмір бойы механик болып істеді. Әлі де темірдің арасында жүрген шығар.

– Иә, сол қалпында. Үсті май-май болып, автотұрақта бірдеңені салдырлатып жатқаны. Ал мен болсам кабинетте отырып-ақ фермерлікті дамытып жатырмын.

– Фермерлік? Рас па!? Мен ертең-ақ фермер болып кетер едім. Жақында ғана, көңіліме жағып айналысатын не бар деп, ештеңе таппадым. Қазір сен фермерлік туралы айтып ең, бірден жаныма майдай жақты, – деп Дәулет шөлмекке қолын созды.

– Тамақтан алып отырсайшы, қазы-мазыдан же, мейрамханадан алдырдым, – деді Асқар.

– Менің өз ықыласыма сай ісімді тапқан сәтім – осы. Сол үшін алып қояйық, – деді Дәулет, арақты құйып жатып.

– Давай! Кел!

– Асқарик, ұрдым мен қаланы да, пәтерді де… Ауылға қайтқым келеді. Мені бұл жерден алып кетші. Азып-тозып шаршадым, – деп Дәулет арақты ішіп алып, қазы салынған тәрелкені өзіне қарай жылжытып, жеуге кірісті.

– Дұрыс, жеп ал, – деді Асқар, нан, салаттарды Дәулетке қарай ысырып. – Қазір ыстық тамақ әкеледі, етке тапсырыс беріп қойдым.

– Рақмет, бауырым, асылған етті көптен жемедім, – деді Дәулет.

– Қыздар шақыртайық әлде саунаға барамыз ба? – деді Асқар смартфонын қолына алып.

– Қойшы! Қайдағы қыздар? Одан да әңгімелесейік, көріспегелі талай жыл өтті ғой.

– Әдет болып кетіпті, – деп келісе қойды Асқар.

– Хадиша тәте қалай?

– Мамам саған сәлем айтты. Таңертең қоңырау шалған, сені сұрап жатыр.

– Менің жағдайымды айтпаған шығарсың?

– Неге айтпасқа, айттым ішіп кеткеніңді. Ол саған көмектес деді. Жәкен атаны есіне алды.

– Хадиша тәтемнің орны бөлек қой. Оған да сәлем айт. Негізі екеуі де жақсы адам – анаң да әкең де, бағың бар сенің.

– Сенің де бағың бар, тек ата-анаң ерте қайтыс болғаны қайғылы. Дәуке, сен өзің айтушы едің ғой, атам сияқты әділетті батыр боп, бәрін жеңіп тастаймын деп.

– Ол кезде жас болдым ғой. Қызық екенсің, қайдағы әділдік…

– Сенің атаң әділдік үшін күресті, бәрін жеңді. Сен үлгі тұтушы едің. Мен болсам әділдікке ешқашан сенбегем, әлі де сенбеймін. Тек сенің атаңа таңғалатынмын. Батямның мойнына қылмысты іліп түрмеге жапқанда, Әлихан нағашым кіріскісі келмеді. Сенің атаң, бөтен болса да жан-тәнімен кірісіп, әкемді алып шықты. Қарапайым, өзімен-өзі ауылда тұратын, мықты екенін көрсетпейтін, сол жағы мені таңғалдыратын. Сен қамалып қалғанда да құтқарады деп ешкім сенбеді, бірақ ол сені де алып шықты.

– Атам сияқты асыл жан қазір жоқ, ол із-түзсіз жоғалған түрге жатады ғой. Айтшы, Асқар, сол кезде мен сені сатып кетсем не істер едің?

– Күлкімді келтірмеші, – деді Асқар мысқылдап.

– Қорқып, жала жауып сатып жіберсем қайтер едің? Менттер бұл вариантты құлағыма әбден құйған. Жазбаша түсініктеріңді көрсетті, оқыдым. Солға қарай еңкіш жазасың сен, – деп Дәулет досына төніп, тесіле қарады. Кенет әлдене есіне түскендей тақырыпты шұғыл жапқанын аңғартып,  кейін серпілді.

IV

Кананы мектепте, химия сабағының үстінде кісендеп, милицияға алып кетті. Кабинетке екі еркек кірген: біреуі жай киінген, екіншісі – милицей. Өздерін қысқа таныстырып өтіп, мұғалімге құжаттарын көрсетті. Валентина Петровна оларды өз кабинетіне шақырып еді, милицей дөрекі түрде бастықтардың хабардар екенін айтты.

– Мен тек химия пәнінің мұғалімі ғана емеспін, мектептің директорымын, – деп қатал жауап берді Валентина Петровна, – мен хабардар емеспін!

– Бекішев Қанат бар ма? – деп сұрады азаматтық киімдегі еркек, директордың сөзіне мән бермей.

Балалар артқы партада отырған Канаға бұрылды, милицей оның жанына келіп:

– Сен бе Қанат Бекішев? Қолыңды әкел! – деді қатқыл дауыспен.

– Не үшін? – деп Қанаттың жан даусы шықты.

Өзі үмітпен мұғалімге жалтақтады.

– Бөлімшеде айтамыз, – деп жауап берді милицей, Қанаттың қолына кісенді кигізіп жатып.

Асқар мен Дәулет бір-біріне қарады.

– Сіздердің ондай құқықтарыңыз жоқ, бала кәмелетке толмаған! – деп ашынды Валентина Петровна есіктің алдына көлденең тұрып. Қанат оған жыламсырай қарады.

– Құрметтім, қызметімізді орындауға кедергі келтірмеңіз! Мен кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектормын, – деді азаматтық киімдегі еркек қайтадан құжатын көрсетіп.

Валентина Петровнаның өңі қашып, есіктен былай тұра берді, бірақ әлі де болса қарсылығын білдіріп жатыр:

– Қанаттың қасында заңды өкілі болу керек, ата-анасы жоқта оның өкілі менмін!

– Ата-анасы бөлімшеде тосып отыр. Қажет десеңіз, жүріңіз, – деп жауап берді инспектор.

Валентина Петровна олардың соңынан еріп шықты. Балалар бір сәтке тына қалды. Сосын орындарынан ұшып тұрып, сыртқа қарай жүгірді. Далада милиционер жылап тұрған Қанатты уазиктің артқы орындығына отырғызып, өзі жанына жайғасты. Валентина Петровна жүргізушінің қасына отырып, сыртқы киімін киместен жүріп кетті.

Қанатты әкеткен соң мектептің оқу ісі меңгерушісі балаларды қайтарып, үйлеріңде отырыңдар деп бұйырды. Балалар оған құлақ аспай, милиция бөліміне тартты. Ұялшақ, сабырлы Қанаттың дауласып, төбелескен кезі де болмаған. Қылмысқа оның қатысы жоқ екені бәріне де анық.

Біреу оны қасақана қатыстырып жатыр, – деп болжамдады балалар.

– Кім екен? Кана ешкіммен аса көп араласпайды.

– Әрсен ағасының кесірінен, – деді Асқар, – ол нашақорлармен дос болатын.

– Ия, рас. Әрсен қылмыскерлермен бірдеңе бүлдіріп жүретін, деді бәрін білетін Ритка деген қыз. – Маған Кана өзі айтқан.

Ритка барлық сыныптастарымен дос болатын. Өзі бірнеше жыл каратэмен айналысқан, әлжуаз балаларды қорғауды парызы деп санайтын. Қанатты жоғары сынып балалары «счетчикке» қоямыз дегенде, Ритка кірісіп қорғап қалған. Өзі сабақта да, спортта да көшбасшы болатын. Бақылау жұмысын да сыныптастар Риткадан көшіріп алатын, сол үшін ұлдар оны ерекше құрметтейтін.  

***

Балалар жұбын жазбай милиция ғимаратын шыр айналып, біраздан соң есік алдындағы орындыққа тұрақтады.

– Жүріңдер, біз Кананы таптық, – деп абыржыған Петя Хегай жүгіріп келді. – Одан жауап алып жатқан бөлменің терезесін таптық.

Балалар тобымен Петяның артынан еріп, ғимараттың артқы фасадына шықты. Ритка бір қолымен темір сатының тұтқасын ұстап, екінші қабаттың торлы терезесіне үңіліп тұр екен. Келе жатқан сынаптастарын көріп, шуламасын дегендей саусағын ерніне тигізді. Петька қарғып, қолымен тырмысып сатыға шықты.

Ритка түс, біз де көрейік, – деп айқайлады Асқар.

Ритка төмен түсе бастағанда сатының астында кезек пайда болды. Асқар сатыға қолын соза бергенде, оны Дәулет тартып:

– Асқарик былай жүр, – деп шетке алып кетті, – көзге көрініп қайтесің?

– Әдейі, бізге күдік болмасын…

– Бұл біздің есірткімен байланысты болса ше? – деп Дәулет күдіктің шетін шығарды.

– Сөмкені қайта апарып тастайық, бірнеше папирос қана шектік емес пе, – деді Асқар.  

– Дұрыс! Кешке барып жағдайды бақылап келейік.

– Жоқ, тура қазір барамыз, – деді Асқар. Кенет:

– Ей, сендер не істеп жатырсыңдар! – деген кезекші милицейдің даусы сатының тұсынан естілді.

Балалар іле-шала сатыдан түсіп, жан-жаққа бытырай қашты.

– Бұдан былай бұл жерден көрмейтін болайын! – деп айқайлады милицей олардың артынан.

***

Дуалдың қақпасы сәл ашық тұр екен, бірақ жигулидің бамперінен басқа ештеңе көрінбеді. Ауладан дауыстар естіліп жатқан соң, олар қақпаға жақындауға батпады. Екеуі жақында ғана салынып жатқан үйдің шатырына шығып, қақпаны бақылады.

– Сөмкені аулаға лақтырып қашып кетейік, – деді Дәулет.

– Шіркін, дүрбі болса ғой, ештеңе көрінбейді, – деп өкінді Асқар. – Үй иелері ішінде екенін білсек, тастауға болар еді.

– Сенікі дұрыс, есірткі бөтен біреудің қолында кетуі мүмкін, ол тіпті жаман, – деп келісті Дәулет.

Қақпаға қарай баруға батылдары жетпей, екеуі велосипедтеріне мініп қайтуға бет алып еді, үйдің жанына шетел көлігі келіп тоқтады.

– Дәуке қара! Алдыңғы орындықта Кананы қамауға келген мент отыр, – деп сыбырлады Асқар.

– Масқара! Олар есірткіні Кана ұрлады деп жүр, деп тұжырымдады Дәулет.

– Мәссаған, – деп келісті Асқар, – ал мент болса қылмыскерлермен сыбайлас!

V

– Қандай қол? Қандай түсінік… еңкіш жазатын кім? Не айтқың келіп тұр, түсінбедім…

– Жарайды, бауырым, ренжіме! Қалжың ғой! Бұлардың саған қатысы жоқ,  Менде біреуді түртпектейтін жаман әдет пайда болыпты. Адамдар туралы жаман ой-сезімдерге берілетін болыппын. Ұсақ-түйекшіл, өз-өзіме жиіркенішті болып кеттім. Сол себептен арақ ішіп, бәрін ұмытқым келеді.

Асқар досын құшақтап, іштей бәрін мойындауға нағыз қолайлы жағдай туды деп ұйғарды. Бұл әңгімені ойында миллион рет айналдырып жүрген, бұйыртса, құтылатын сәт келді. Жас кезінде кім қателеспейді, он үш жаста еді ғой екеуі де. Не болса да тәуекел, ал егер кешірмесе, өзі білсін. Асқар диванға шалқая жатып, аузын аша бергенде, қоңырау шырылдай кетті.

– Мәкең қоңырау шалып жатыр, – деді Дәулет, дисплейге қарап. Сосын телефонды Асқарға берді.

– Ассалаумағалейкум, Мәке, – деп амандасты Асқар. – Ия, Алматыдамын.

– Асеке, тездетіп шешетін мәселе болып тұр. Фермаға бір адам керек еді. Есі дұрыс біреу керек, әйтпесе бір фермер өңкей азғындармен тіл табыса алмай жатыр. Назарыңда ешкім іздемейтін мүсәпір біреу бар ма?

– Ойланып көрейін, Мәке, – деді Асқар жалған күліп, – шамам келгенше көмектесемін. Сосын қысқа шырылды естіп, телефонын өшіре салды да оны үстелдің арғы бұрышына ысырды.

– Бастығың ба? – деп сұрады Дәулет.

– Мен өзім бастықпын, – деді Асқар жақтырмай.

– Демек оған қарыздарсың, жалпаңдағаныңа қарағанда, – деді Дәулет.

– Ия, қарыздармын. Сен ұсақ-түйекшіл болғаныңа азаптансаң, мен сараңдығымнан жапа шектім. Оның ақшасын пайдаланып, енді төлей алмай жүрмін.

– Алтын көрсе періште жолдан таяды. Оған не керек?

– Жай әншейін, фермада жұмыс істейтін адам керек дейді.

– Мен істей аламын, – деп қуанып кетті Дәулет, – мені ешкім де ештеңе де ұстап тұрған жоқ.

– Қойшы оны, егжей-тегжейін білген соң айтармын, көрерміз.

Асқар қолын бір сермеп рюмкаларды толтырды.

– Есіңде болсын, мен фермада қуана-қуана істеймін, – деді Дәулет, – тек барлық жағдайды біліп берсең болды, мен дайынмын.

– Қойшы оны, одан да алып қояйық. Достық үшін!

– Давай! – деп Дәулет қағысып, арақты тартып салды, – сен осы әйелің, балаларың туралы айтпадың ғой?

– Онымен айырылысып кеттім, басымды ауыртты… Ақымақ өзім, оған үйленіп нем бар еді?

– Балаларың ше?

– Сонымен тұрады. Мен ақшалай жәрдем беремін. Міне қара, – деп Асқар қолына смартфонын алды, – мынау Шыңғыс, менің ұлым, кімге тартқан?

– Сенен айнымайды!

– Міне қызым – Мадина.

– Қызың да саған тартқан. Қалай дегенмен, жарайсың, достым! Балаларың бар, ал мен болсам әлі ойланып жүрмін…

– Ойланатын несі бар? Қыздар алтыншы сыныптан бастап сенің мойныңа асылатын. Аласың да жасай саласың, – деп Асқар күліп алды.

– Оны қойшы. Мысалы, сенің балаларыңды, Шыңғыс пен Мадинаны алда не күтіп тұр?

– Мен ол жайында басымды қатырмаймын, болатыны болады да!

– Мен болсам оларды аяймын, тұтынушылық пен симулякрлардың құрбандары.

– Ол немене тағы?

– Біз құштар болған ұсақ-түйектер: қуыс кеуде гламурлы жұлдыздар я сүйікті гаджеттер дегендей.

– «Баунти – жұмақ рахатын» айтып тұрсың ба? Есі дұрыс адам ондайға сенбейді, біз оған бала кезімізде де күлетін едік қой.

– Біз ауылда өстік, сондықтан сенбейміз. Біздің көргеніміз қазіргі балалардың түсіне де кірмейді.

– Кірмесе кірмей-ақ қойсын, одан да жақсылыққа сеніп жүре берсін. Балалар үшін алып қояйық, – деп Асқар тоңазытқыштан тағы бір шөлмек арақ алып шықты.

– Балалар аман болсын! – деді Дәулет.

Телефон шырылдады, Асқар еңкейіп трубканы алды:

– Ас дайын? Әкеліңдер, күтіп қалдық!  

– Ыстық астың алдында ішіп тастайық, – деп Дәулет арақты құйды.

– Балалар аман болсын! – деп қайталады Дәулет.

– Бүгінгі балалар басқа, смартфонға жабысқан, шыны керек бәрі де сондай, – деп Асқар ішіп салды.

– Ал мен жұмыстан шығып кеткен соң ызаланып, смартфонымды лақтырып жібердім! – деді Дәулет арақтан бетін тыржитып.

– Бекер лақтырғансың, ыңғайлы ғой, керек ақпарат – қол жетімді жерде.

– Мәселе сонда, ақпарат деген нағыз симулякр, ал біз болсақ, жасанды нәрсеге мәз болып жүргеніміз.

– Онсыз қалай тобырға әсер етесің? – деп сұрады Асқар.

– Көрдің бе, сен де біреуге әсер еткің келеді. Ал егер біреу сенің балаларыңды алдап, басын қатырып жатса қайтесің?

– Бүгінгі таңда біреуден пайдасын асырғысы келмейтін адам шамалы. Олай болса мен де пайдаланып қалайын.

Біреу есікті қақты.

– Ыстық ас келді, – деді Асқар. – Кіріңіз, ашық.

Басына ақ қалпақ киген жігіт бөлмеге нағыз тойдың иісі аңқыған тағамдарды алып кірді.

– Кеш жарық! – деп ол ет салынған ыдыстың қақпағын ашып жіберді.

– Базар жоқ! – деп Дәулет тамсана дауыстады.

Жылқы мен қой еті аралас күйінде сорпаға бұқтырылған жұқа қамырдың бетіне салыныпты. Ең үстінде домалақтап кесілген күмістей пияз, алтындай қазы жарқырап жатыр. Даяшы кішкене ыдысты ашып, құрт пен көкөніс қосылған сорпаны сапырды да екі кесеге құйды. Сорпаның иісі бөлмені жайлап кетті. Асқар рахаттанып, қарқ-қарқ күліп, қалтасынан жуан әмиянын шығарып, мың теңге алды да даяшыға ұстатты.

– Астарыңыз дәмді болсын! – деп жігіт күлімсіреп, бөлмеден шығып кетті.

– Сонымен сен жұмысыңнан неліктен шықтың? – деп сұрады Асқар, табақты үстелге қойып.

– Біреудің жандайшабы болғым келмеді.

Екеуі етті ыдыстарына салып алып, біраз уақыт үндемей жеп отырды. Сосын Асқар майлықпен аузы-қолын сүртіп, шөлмектен арақ құйды.

– Қайда жұмыс істедің? – деп Асқар Дәулеттің алдына рюмканы қойды.

– Халықаралық компанияда сатып алу бөлімін басқардым.

– Қойшы әрі! Ондай қызметтен кете ме екен, – деп таңғалды Асқар. – Сен сондай жұмыста жүріп үйіңе жаңа жиһаз сатып алмағансың ба?

– Қойшы, сен де солар сияқты сайрамай! – деп Дәулет қағыстырып, ішіп алды да тәрелкесіне тағы ет салды.

– Жарайды, ренжіме! Онда не үшін бардың ол жерге?

– Кездейсоқ шықты. Әуелі бір халықаралық жобаға қарапайым инженер болып кірдім. Кейін өзіңді жақсы жағыңнан көрсеттің деп мені сайман сатып алу бөліміне ауыстырды. Ол жерде ағылшын тілін жетілдірдім. Кейін олар тағы бір еншілес кәсіпорын ашып, мені сатып алу ісін басқаруға тағайындады.

– Неге істей бермедің? Жалақысы да жақсы болған шығар?

– Ақшасы жақсы, оның үстіне іссапармен дүние жүзін араладым. Жылына екі рет шетелге демалысқа барып тұрдым. ОАР-да пингвиндерді көрдім, Гренландияда солтүстік шұғыласын тамашаладым, – деп Дәулет жымиды.

– Ең болмаса көлік, үйіңе жаңа жиһаз алмадың ба?

– Дүние – боқ, бүгін бар, ертең жоқ, – деп Дәулет семіз қазыдан бір асап жеп алды.

– «Дүние қуған – ит» деп сенің атаң айтатын.

– Мені сол сақтады, шетелдіктердің орнына жергілікті бастықтар келіп шағыстырып арандатқанда, – деп мырс етті Дәулет, – менің пара алмайтыныма ешкім сенбеді. Жарты жыл тексерді, прокуратураны айтақтады, ал менде бәрі дұрыс. Сосын өзім кетуді ұйғардым. «Итпен жатқан битпен тұрады» дегендей, қайтем оны? Компанияда ең көп ұрлаған кім екенін білесің бе?

– Бастықтар ма?

– Әрине, олар да да сыбайлас.

– Кім?

– Басбух пен бас заңгер!

– Бұл жаңалық емес. Оны бәрі біледі.

– Онда айтшы, сенің балаларың мұндайға қалай бейімделеді? Қос стандартқа көндіге сала ма? Әрине, әрқашанда солай болған, бар мәселе осында! Адам деген тоймайтын, қатыгез хайуан.

– Өнеге алатындар да бар ғой, мысалы, сенің атаң немесе менің анам.

– Міне, көрдің бе? Бір-екі адам. Мен бұрын жемқорлық бізден шыққан деп ойлайтынмын. Қайдағы! Бізде жаңа ғана басталып келе жатыр. Дамыған елдердегі деңгейін көрсең! Ойлап көрші, европалық тамақтандыру компаниясы бізде жұмыс істейді, аспаздарын, әкімшілігін тегіс алып келеді. Тек ыдыс пен еден жуушылар ғана жергілікті адамдар. Тендерлерді ылғи ұтып алады. Әрине, бар жерде емес, көбінесе мұнай саласында. Айдалада орналасқан вахта әдісімен істейтін жерге келіп, асханасына кірсең сені есіктен индус қарсы алады, – деп Дәулет аузы-қолын сүртіп, жастыққа жантайды.

– Ал тамақ салатын жерде афроамерикандықтар жымиып тұрады, – деп Асқар арақ құйып жатып, күліп жіберді.

– Дәл солай, тек бас аспаздары француздар немесе итальяндықтар, – деп мақұлдады Дәулет.

– Дамыған елдер, – деп қарқылдап күлді Асқар, – барлық жағынан бізден алда. Біз олар үшін етке тоймайтын малшылар болып қала береміз.

– Ал біз олардан үйренуіміз керек, – деп жөн айтты Дәулет.

– Қабілетіміз мол, тез үйреніп кетеміз. Мәселен, мен депутаттықка түсіп жатырмын, бізге де бірдеме тиіп қалар, – деді Асқар қулана күлімсіреп.

– Тиеді, – деп Дәулет басын изеді.

– Мал бағу біздің ата кәсібіміз емес пе?! Әрине, онда да системадан құтыла алмайсың, бірақ бір жөні табылар, – деді Асқар.

– Менің де фермада істегім келеді, жылқы бақсам деймін. Есіңде ме қыста екеуміз атқа мініп, жоғалған малды іздейтініміз?

– Әрине. Күшті болатын! Ештеңеден қорықпайтынбыз. Кейде есіме алып, сонда қасқырларға жолығып қалсақ не істер едік деп ойлаймын, деді Асқар.

– Бізде бытыра болды ғой, – деген Дәулеттің сөзіне екеуі ішек-сілесі қатқанша күлді.

Телефон шырылдады. Асқар дағдысына салып, қолын смартфонға соза беріп еді, Дәулет бөлмедегі телефонның тұтқасын көтерді:

– Қыздар? Қайдағы қыздар?  

– Екеуі келсін, – деді Асқар, Дәулеттің қолынан тұтқаны былай ала беріп, – ең тәуірлерін жіберіңдер.

VI

Үйде Валентина Петровна мен Қанаттың мамасы Майра тәте отыр екен. Олар Дәулеттің атасымен Қанаттың қамауы жайлы ақылдасуға келіпті. Атасы кезінде сот қызметін, одан кейін көп жыл бойы адвокат қызметін атқарған. Атасына кеңес сұрайтындар жиі келетін. Мүлдем танымайтын, алыс ауылдардан іздеп келетін кісілер де болатын. Кейде атасы олардың соншама қараңғылығына, қарапайым нәрсені білмейтініне қайран қалып, «бұндайды кім болса сол алдай салады!» деп ашуланатын. Ашуы тарағанша Дәулетке заңды білу керектігін, жазықсызға зиян келтірмей, қорғап қалудың маңыздылығын түсіндіріп, ақыл айтатын.

– Ертең барып сұрастырайын, сіздердің әңгімелеріңізден бірнеше заң бұзушылықты анықтадым, – деп атасы әйелдерді жұбатып, үйлеріне қайтарды.

Атасы расында милицияға барып, істің шет-жағасын анықтап келді. Ал екі күннен кейін барлық күдіктерінен ақтап, Қанатты қамаудан босатты. Балалардың айтуы бойынша, Қанатты қамауда әбден азаптаған: су құйылған пластик шөлмекпен бүйрегінен ұрыпты, қолын көтертіп, жалаңаяқ бетон еденде түні бойы тұрғызып қойыпты және үстінен мұздай су құйыпты. Одан да басқа қорқыныштысы жеткілікті дейді.

Қанатты жіберген күні Дәулет пен Асқар оған кешке қарай барды. Қанаттың үйінің жанынан қақпадан шығып келе жатқан Ритканы кездестірді.

– Кетіңдер. Майра тәте жылап жүр, Оспан аға мас. Ол Қанатты бәрібір үйден шығармайды, – деді ол жыларман болып.

Кейін, Оспан аға ұйықтап қалғанда келеміз деп балалар үйлеріне қайтты.

***

Сол түні алғашқы қар жауып, құтты үлпегімен жердің қара дақтарын жасырғандай болды. Дәулет қораның үстіне шығып, Асқарды күтіп отырғанда қардың осы әсеріне таңданыста еді. Табиғаттың өзі оның таңданысын соза түскісі келгендей: айнала жым-жырт, желдің лебі де сезілмейді. Дәулет бала кезінен алғашқы қардың ерекше иісі мен тың тыныштығын ұнататын. Осындай кезде дүние тұтас жақын келіп шын келбетін ашып көрсеткендей, ал уақыт тоқтап қалғандай сезілетін. Ол басындағы түлкі тымағын түзеп, оның қайырмасынан шөп салынған қалташаны шығарды. Шөпті қағазға салып енді орамақ болғанда, кенеттен үрген Ақтөске алаңдап, оны түсіріп алды. Наша шашылып, қардың бетін секпілдетті де тастады. Асқар келіпті.

– Әкел, бір-біреуден шегейік те, Канаға барайық, – деп Асқар қораның үстіне шығып, досының қасына отырды.

– Мен шекпеймін, – деді Дәулет, Асқарға қалташаны тымағынан алып беріп.

– Өзің біл, – деп Асқар үйреншікті қимылымен шөпті папиросқа салып, тұтатып, тартып алды.

Жаңа жауған қар нұрынан жарқыраған түнде олар үйдің есігіне тақауға бата алмады. Есікті айналып, Қанаттың бөлмесіне жақындап, кезекпен ысқырысты. Терезедегі перде қозғалып, енсіз әйнектен Қанаттың беті көрінді. Ол қолын сермеп, қазір шығамын дегендей белгі берді.

– Сәлем жігіттер! Кештетіп неғып жүрсіңдер?! – деп сұрады далаға шығып, суықтан қалтыраған Қанат.

Аяғына калош, ішкиімінің үстіне жұқа, жыртық шапан іле сала жүгіріп шығыпты Қанат. Әппақ, шапанының астынан қылтиған жіңішке аяқтары бүгіліп, қарға құлап кететіндей. Дәулет оған жақындап, сүйемелдегісі келгендей қолтығына қолын соза беріп еді, Қанат шошынғандай шетке ысырылды.

– Қалайсың, бауырым? – деп күңк етті Дәулет.

– Жаман емес. Мені сенің атаң құтқарып алып шықты деп мамам айтты, бірақ бұл әлі соңы емес. Менен аулақ жүріңдер, – деп күтпеген жерден батыл сөйледі Қанат.

– Кана, сонда сені не үшін қамады? – деп турасына көшті Асқар.

– Біреулер қылмыскерлерден есірткі ұрлапты, соны менің мойныма іліп жатыр. Болды мен кеттім, сендер қайтыңдар! Бұдан былай келмеңдер, бұл қауіпті, – деді Қанат. Сосын бірнеше қадам жасап барып тоқтады да бұрылып, екеуіне кезек-кезек көз тастады.

Дәулет бұған шыдамай, көзін тайдырып әкетті. Сөйткенше болған жоқ, Қанат қоянша секіріп, үйіне қарай жүгіре жөнелді. 

– Ей, Кана, сен шынында бізден күдіктенесің бе? – деп қалды Асқар.

– Кебіс ұрлаған – бір кісі, күмәнді болар мың кісі. Мұнда енді келмеңдер, – деп айқайлаған күйі Қанат үйінің есігін сықыр еткізіп ашты да ішіне еніп кетті.

– Не деп қуып кетті! Өзі бірдеме біле ме? – деп Асқар наразылана күңкілдей бастап еді, Дәулет оны тыйып тастады:

– Ақырын, доғар! Жындысың ба? Сен қазір ғана наша шегіп алдың! Қысқасы, бұл бәлені тастау керек.

Бірақ Асқар көнбей, Қанатты қайтадан шақырып алуға әрекеттенді. Дәулет оны әзер көндіріп, Қанаттың ауласынан алып кетті. Сосын Асқар айғайлап ән сала бастады:

Пиппа-пиппа-пибариба-риппа

Миру, миру, миру – мир

Пису,  пису, пису  пис…

Дәулет Асқарға қарап, жақында атасының одан күдіктенгенін есіне алды. Сонда атасы мұнан «көзің неге жанып тұр, ана досың екеуің шөп шеккеннен саусыңдар ма» деп сұраған.

Асқар екі сағаттан кейін ғана тынышталды. Осы арада екеуі аттарына мініп, ауылдың маңын аралап келді. Асқар сабырға келіп:

– Дәуке, олар бізді тауып ала ма екен? Бізді де қамауға ала ма? – деп сұрады.

– Білмеймін, бірақ нашаны қою керек, – деп жауап берді Дәулет.

– Кана біз туралы қайдан біледі, соны айтшы?

– Басты қатырмашы, білмейді ол ештеңе, – деді Дәулет.

– Онда кебіс ұрлаған деп неге айтты, ол бірдеме білсе, бізді сатып жібереді, құрыдық деп соны айт.

– Жүр, үйге кеттік. Әбден мазамды алдың. Ұйқым келді, – деп ашуланды Дәулет.

– Сен бара бер, мен біраз жүріп, өз-өзіме келейін, әйтпесе батя сезіп қояды.

– Жарайды, – деп Дәулет үйіне қарай кетті.

Келесі күні бірінші сабақтан кейін оқушыларды үйлеріне қайтарды. Барлық мұғалімдерді ауданға шақыртыпты.

VII

Жезөкшелердің есімдері Рита мен Айсұлу екен. Рита аққұба, жап-жас, боянған қыз, ал Айсұлу – әдемі қараторы бойжеткен. Олардың есімдерін естіп, сыныптас қыздары естеріне түсіп, Дәулет пен Асқар қарқылдап күліп алды.

Айсұлу сегізінші сыныпта қаладан қөшіп келген. Бойы ұзын, жас қайыңдай майысқан қыздың жуан екі бұрымы басын артқа тартып, асқақ мүсінін айшықтап тұрғандай көрінетін. Ұзын кірпіктерімен көзін жасыратыны өзіне ерекше жарасады. Басқа қыздар қызарып, жыламсырайтын жағдайларда, Айсұлу одан сайын тіктеліп, кірпігін төмен түсіріп, үндемей қалады. Дәулет пен Асқар оған бір көргеннен ғашық болып қалды. Ритка арқылы хат жазып жіберетін, сыйлықтар жолдайтын. Бір айдан соң Айсұлу Дәулетпен бірге киноға барды. Бұған көндігу Асқарға қиынға соқты. Екеуі бірнеше рет төбелескені, біраз уақыт сөйлеспегені де бар. Бірақ жазда Айсұлу қалаға қайтып оралғанда екі дос та қайта татуласты. Ендігәрі қызға бола шекіспейміз деп бір-біріне серт берді.

– Ритка, сенің жасың он сегізге толды ма? – деп сұрады Дәулет шолақ шалбар киген қыздан.

– Әрине, құжатымды көрсетейін бе? – деп өрескелдеу жауап тастады қыз.

– Қойшы басыңды қатырып қайтесің?! Бұл жерде бәрі менің қолымда, – деді Асқар. – Одан да ұнайтынын таңдап ал, – деп ол рюмкадағы арақты қағып салды.

Қыздар еріндерін ойнақы қозғалтып, Дәулетке қарай бұрылды.

– Жоға, керек емес! – деп ыңғайсызданған Дәулет қыздарға желкесін берді. – Сен онсыз да маған той жасадың. Қой, мұның артық енді!

Жезөкшелер сылаң етіп, Асқарға бұрылды.

– Сен не, бауырым, мені ренжіткің келе ме? Менің қонағымсың, таңда! – деп қайталады Асқар.

Дәулет қыздарға қарап:

– Бикештер, неге мұңайып қалдыңдар? Келіңдер дастарқанға, дәм татыңдар, не ішесіңдер? – деп әңгіме бастады.

– Не құйсаңдар, соны ішеміз, – деді Рита немқұрайлы.

– Жоқ, сен әуелі таңда! – деп өрекпіді Асқар.

– Қоймадың ғой! Жарайды, Ритканы таңдаймын. Айсұлу менде болған, – деді Дәулет аққұба қыздың қасына отырып.

– Сен нені меңзеп тұрсың? – деп кенеттен даусын көтерді Асқар. – Қалайша сенде Айсұлу болған?

– Біз онымен жүріп едік қой мектепте, соны айтқаным ғой... – деді сасып қалған Дәулет.

– Жүрдіңдер?! Серіге теңегенін қарашы өзін! – деп біржолата ашуланды Асқар.

– Ойбой, бауырым, қызғанғаның ба? Баяғыда өткен, болмайтын нәрсеге, – деп Дәулет диваннан ұшып түрегеліп, досын сабырға шақырды.

Бірақ Асқар орнынан тұрып, тырс етіп үн шығармай, жатын бөлмеге кірді де есігін жауып алды.

Дәулет диванға отырып, үнсіз қалған қыздарға көзін қысты. Айсұлу қайтадан тамағына кірісті, Рита Дәулетке арақ құйып берді.

– Нағыз осындайда керек нәрсе! – деп Дәулет қызға қарап жымиды, – Келіңдер, қыздар, алып қояйық, – деп олармен стакан қағысып, арағын жұтып салды.

Сол кезде үстелдегі мобильді телефон шырылдады. Бөлмеге жейдесіз Асқар келіп:

– Иә, Мәке, тыңдап тұрмын, – деп телефонына жауап беріп алды да жатын бөлмеге кіріп кетті.

Дәулет оның не туралы сөйлескенін естімеді, тек біраз уақыттан кейін Асқар көңілді күйде келіп, Айсұлуды өзімен бірге алып кетті.

Рита алдындағы асын тауысып жеп, шампанға қолын созғанда:

– Сен шынымен он сегізге толдың ба? – деп тағы да сұрады Дәулет.

Рита жауап бермей, шампанды бір жұтып, Дәулеттің тізесіне отырды. Жатырымен оның денесіне жабысып, жейдесінің түймесін ағытты. Көрші бөлмеден анайы дауыстар шыға бастады. Дәулет сәл ашық тұрған есіктен Асқардың үстінде отырған Айсұлуды көрді. Өзі порнофильмдегідей ыңырсыған дыбыс шығарып, керіле секіріп жатыр. Бір кез Ритаға көзі түскен Дәулет оның бетінен наразылық нышанын байқады. Сол сәтте қызды ысыра түрегеп, тез шешінуге кірісті. Жезөкше де оның көңіл-күйін қағып алып, шорты мен ішкиімін шешіп тастады. Дәулет қызды диванға құлатып, ләззатқа беріліп кетті.

***

Таңертең Дәулетті кеше досына Айсұлу туралы орынсыз бірдеңе айтып, ренжітіп алдым ба деген ой мазалады. Жезөкшелерді шығарып салып, екеуі оңаша қалғанда:

– Айсұлу қазір қайда екен? – деп сұрады.

– АҚШ-та тұрады деп естідім, сол жаққа тұрмысқа шығыпты.

– Мәссаған! Онда қалай барып жүр?

– Жұмысында танысты деп естідім, – деп салқын жауап берді Асқар, ол туралы сөйлескісі келмейтінін білдіріп.

– Жарайды, бақытты болсын, – деп Дәулет те тақырыпты жапты.

Артық сөз айтып ренжігені арақтың әлегі шығар деп, Дәулеттің көңілі жайланды.

– Дәуке, сен ферма туралы шын айттың ба, расында сонда жұмыс істегің келе ме? – деп сұрады Асқар кенеттен.

Дәулет әңгіменің қайтадан достық лебізде өрбігеніне қуанып қалып:

– Көруге болады, бәрібір қалада ұстап тұрған ештеңе жоқ, – деді.

– Бұл үшін ішіп қою керек, – деп Асқар тоңазытқыштан бір шөлмек коньякты шығарды.

– Ал давай! – деп келісті Дәулет, – онда сен үшін ішіп қояйық. Рақмет саған! Керемет дастарқан, әдемі қыздар. Көптен бері осылай демалмап едім.

– Өзіміз ғой, есептесе жатармыз, – деп Асқар ішіп салды.

– Қашан қайтасың? – деп сұрады Дәулет.

– Бүгін кешке.

– Сенімен бірге кетсем бе екен? деді Дәулет оған ойлы көзін қадап.

– Жиналып үлгересің бе? – деп сұрады Асқар, коньякты құйып жатып.

– Белбеуімді орап буынсам болды дегендей, алаңдайтын жанұям жоқ, – деді Дәулет.

– Онда, жолаяқ, – деп Асқар коньякты  ұсынды.

– Давай! – деп бас изеді Дәулет.

Екеуі стакан қағыстырып ішіп алды.

– Жақсы болды, – деп Асқардың көзі ұшқындай жылт етті, – онда таңғы асымызды ішіп алайық. Сосын сен үйіңе барып жинал, кешке барып алып кетеміз.

– Тым тез шешілді, артында шатағы жоқ па? – деп күлімсіреді Дәулет.

Асқар сасқалақтап, жауап бергенше болған жоқ, Дәулет күліп жіберді. Сосын:

– Бәрі жақсы, бауырым! Рақмет саған! – деп досын құшақтай алды.

***

Дәулет кетісімен, Мәкең қоңырау шалды. Асқардың сасқалақтап күткен қоңырауы осы еді. Түнде ашуланып, өз-өзін ұстай алмағанын есіне түсіргісі келмеді. Баяғыда болған оқиғаның жүрегін қайта шаншытқанын да қабылдағысы келмеді. Мәкең түнде берген уәдесін ұмытып қалмады ма деп мазасызданғаны да бар. «Қайдан! Ондайды ұмытпайды!».

– Ассаламағалейкум, Асеке, қалай әлгі жігітпен келістің бе?

– Уағалейкүмассалам, Мәке! Келіскен сияқтымын.

– Қашан жеткізесің?

– Мынадай мәселе. Ол менің сыныптасым, егер бірдеңе болса менің шатағым жоқ.

– Неден қорқасың? Кімнен қорқасың?

– Жолдас емеспіз бе, ыңғайсыз болады.

– Оны іздейтін біреу бар ма еді?

– Жоқ, мәселе онда емес.

– Егер ешкім іздемесе, неден қорқасың? Өзінің есі дұрыс па?

– Жоғары білімі бар, халықаралық компанияда қызмет істеген.

– Ей, сен маған тыңшы жібергелі отырған жоқсың ба?

– Оныңыз не, Мәке? Азып араққа беріліп кеткен, ешкімі жоқ.

– Оны анық білесің бе?

– Айттым ғой, сыныптаспыз, бала кезден көршіміз.

– Туыстары қайда?

– Ата-анасы ерте қайтыс болған. Атасы он жыл бұрын жан тапсырды.

– Байқа! Бірдеңе бүлдірсе сен жауап бересің!

– Әрине, Мәке.

– Жарайды, қашан жеткізесің?

– Бұйырса, ертең үйде боламыз.

– Оны бірден Қазбектің фермасына апарып таста. Айтқаның расталса, қарыздан құтылдым дей бер.

– Рақмет, Мәке! Сау болыңыз!

VIII

Асқар қақпаның алдында бір сағат бойы Ритканың жаттығудан келуін күтіп тұрды. Сол арада үйден Ома екі рет шығып үлгерді. Ол – ұзын бойлы, оқтау жұтып алғандай түп-түзу, Ритка Цвайгерттің әжесі. Өзі тек неміс тілінде сөйлесетін, басқа тілде айтқан сөзді түсінсе де немісше жауап беретін.

– Guten Tag Oma! Ist Ritka zu Hause? – деп онымен екі рет амандасты Асқар. Ома бірдеңе деп жауап берді. Асқар оның айтқанын түсінбесе де Ритканың үйде жоқ екенін ұқты. Егер Ритка үйде болса, Ома есікті ашып:

– Ritka komm raus! Jemand wartet auf dich, – деп айтушы еді. Сонда Ритка шығушы еді.

Ритка кеш батқанда Айсұлумен бірге келді. Айсұлуды көріп Асқар шарбақтың артына тығыла қалды.

Қыздар күліп, бір хат туралы әңгімеселесіп келеді:

– Ертең мектепте оған беремін. Сау бол! – деді Ритка.

– Рақмет, Ритка! Сау бол! – деп Айсұлу да қоштасып, өз жолымен кетті.

Асқар білдіртпей оның артынан еріп, үйіне дейін шығарып салды. Сосын қайтып келіп, Ритканың терезесіне тас лақтырды. Ритка терезенің желкөзін ашып:

– Бұл кім? – деп дауыстады.

– Мен ғой, Асқар.

– Асқарик? Неғып далада тұрсың? Салқын ғой, үйге кір, – деп шақырды Ритка.

– Жоқ, мен Омадан қорқам, аулаға шықшы, – деп өтінді Асқар.

Ритка пердені жауып, ернін қызғылт далаппен бояды да жемпірін киіп, далаға шықты.

– Асқарик, кірсейші үйге, салқындау екен, – деп қайталады Ритка, қақпаға жақындап.

– Салқын емес, – деп ұяла жымиды Асқар.

Өзі әңгімені неден бастауын білмей сасып қалды:

– Қалың қалай?..  

– Есің дұрыс па? Біз бүгін мектепте кездестік қой.

– Айсұлу сенімен каратэге барып жүр ме? – деп сұрады Асқар.

– Жоқ, бармайды, неге сұрадың? – деді Ритка.

– Оған сен арқылы бірдеңе беріп жіберейін деп едім, – деп Асқар көзін бұрып әкетіп, қалтасынан барқыт қорапша шығарды, – мынаны бере салшы.

– Сендердің не миларың айналып кеткен бе?! – деп Ритка ашуланды. Сосын қорапшаны алып, қоштаспай, есікке қарай асықты.

Дәл сол кезде есік алдына Ома шығып:

Ritka, mach Kalitka zu! – деп бұйрық берді.

Ритка қақпаға оралып, оны темір ысырмамен бекітті.

Келесі күні сабақта Асқар өзі беріп жіберген жүзікті киер ме екен деп Айсұлуды бақылаумен болды. Қолына қарай берді. Соңғы сабақтың алдында Ритка қорапшаны қайтарып:

– Алмады, – деді.

Асқар оған сенбей, сабақтан соң кешке дейін Айсұлудың үйінің қасындағы қораға шығып алып, қызды бақылады. Енді кете берейін дегенде үйге жақындаған Дәулетті байқады. Дәулет бір рет ысқырып еді, бірден есіктен сәнді киінген, шашын бұйралап алған Айсұлу көрінді. Дәулет екеуі қол ұстасып, клубқа қарай бет алды. Асқар білдіртпей олардың артынан ерді, анда-санда Дәулеттің баяу қоңыр дауысын, Айсұлудың сыңғырлаған күлкісін естіп қалады. Екеуі клубқа кірген соң, Асқар үйіне келіп, қорадағы шөпке тығылып, ұзақ жылады. Намысына тигені қыздың немқұрайлылығы ма әлде досының сатқындығы ма? Айсұлуға ғашық болғанын жан досына айтқан өзі ақымақ! Бірақ Асқар да Дәулетті сатқаны бар. Екі жыл бұрын, ақпанда… Оған жала жапты. Қорыққанынан тергеушінің айтқанын сөзбе-сөз жазды. Енді сол үшін сазайын тартқаны ма? Асқар қайтадан жылап жіберді. Біраздан соң аласұрғанын басып, киноға барғаны ештеңе емес, мүмкін Айсұлу онымен де баруға келісер деген оймен өзін жұбатып алды.

Асқар клубтың қасына қайтып келді. Екеуінің кинодан шыққанын көрген соң сырттарынан аңдуға көшті. Қыздың үйінің жанында Дәулет Айсұлудың қолынан ұстап, өзіне тартты. Асқар қыздың Дәулетті итеріп жіберуін шыдамсыздана күтті. Бірақ Айсұлу қарсыласпады да оны құшақтап, аймаласа кетті.

***

Айсұлу екеуі киноға бара жатқанда Дәулет оларды аңдып келе жатқан Асқарды байқап, ақырын сөйлеуге тырысты. Досы олардың әңгімесін естігенін қаламады. Асқарға қанша ашуланса да Дәулет өзін кінәлі сезінді, өйткені Асқар Айсұлуға сезімін бірінші болып білдірген.  

Бірақ Асқар өздерін кинодан кейін де аңдиды деп ойламаған. Ол досын абайсызда көріп қалды. Айсұлу екеуі аймаласып жатып, бір сәтке көзін ашқанда, шарбақтан қылтиған Асқардың басын аңғарды. Сол жерде ашуланып, Айсұлудың қолын қаттырақ қысып жібергенін де байқамады. Айсұлу ауырсынып, құшағынан сытылып шығып, үйінің есігіне қарай асықты.

– Айсұлу! – деп Дәулет таңдана дауыстаған, бірақ қыз қайта артына бұрылмады.

Дәулет Асқардың соңынан ұмтылып, сазайын бергісі-ақ келді. Бірақ Асқар лезде тайып қалыпты. «Ештеңе етпейді, күтпеген жеріңнен ұстаймын» деп шешті Дәулет. Біраздан соң Айсұлудың кірпігі, ерні есіне түсіп, Дәулеттің ашуы тарқап сала берді. Үйге қалай келгенін байқамай, шешініп төсекке жата кетті. Таңертеңге дейін досы туралы ұмытты. Тек атасы:

– Немене Асқармен араздасып қалдың ба? Саған кірмей, мектепке жалғыз кетті, – дегенде ғана есіне алды.

– Жоқ, ата, оған мектепке ертерек бару керек болатын, – деп жауап таба қойды Дәулет.

Иә, Асқар бірінші болып Айсұлуға сезімін білдірген. Бірақ қыздың өзі Дәулетті таңдады. Дәулет басында тіпті досына бөгет болғысы келмей, қызға мән бермей жүрді. Сабақта оған мүлдем қарамауға тырысты. Қол жетпес арман деп жүргенде, Айсұлу өзі сәлемхат жолдады. Хатында сезімін білдіріпті. Дәулет ол хатты өз көзіне өзі сенбей жүз қайтара оқып шықты. Түні бойы мазасызданып, таң атқанда ғана көзі ілінген. Таңертең бұл қалжыңы шығар деп күмәнданды. Осылай хатқа да мән бермей жүрді. Бірде Айсұлудың күлімсіреп қарағанын көріп сасып қалды. Ішкі дүниесі алай-дүлей болып кетті. Ритка оған жауап хат жазу керегін тұспалдап жеткізгенде барып, Айсұлуды киноға шақыруға бекінді. Асқарға қалай айтарын білмей, бірталай әлек те болды. Енді ол біледі. Жақсы болды.

IX

Дәулет пәтеріне кіріп, аралап шықты, сосын спорт сөмкесіне бір ауыстыратын ішкиім, свитері мен шалбарын салды. Жылы бәтеңкесін, сырт киімін, қолғабы мен бас киімін дайындап қойды. Сөмкеге бірнеше кітап, блокнот, қалам салды.

Қоқысты шығарып, пәтерді жинауға кірісті. Ұзақтан келе жатқан әдеті сол, кейде бірнеше ай бойы пәтерді жинауға ерініп, іссапарға немесе демалысқа кетерінде ғана тап-таза қылып жайнатып қояды.

Дәулет үстелдің үстіндегі газет-журналдарды еденге сырып, барлық қоқысты бір жерге үйді. Балконның есігін ашып, бөлмеге таза ауа кіргізді.

Бірнеше сағаттан кейін пәтердің іші босап қалды. Дәулет ескі кресло, орындықтарды, қисайған шкафты далаға шығарып тастады. Терезені жуып, ескі пердені жұлып, қоқысқа жөнелтті. Ол кітаптар жатқан сөренің қасына келгенде біреу есікке қоңырау шалды. Пошта тасушы тапсырыс хат әкеліпті. Дәулет қолын қойып беріп, хатты ашты. Хат атасының досы және әріптесі Олжас ағадан келіпті. Олжас ағасы, әдетте, Дәулетпен мобильді я үй телефоны арқылы хабарласатын. Бірақ кейінгі кезде қызмет ақысы төленбеген үй телефоны сөндірілген. Смартфонын жұмыстан шыққанда өзі лақтырған, ызамен. Осыдан кейін тапсырыс хаттың жалғыз байланыс құралы болып қалғанын Дәулет хатты көргенде-ақ бірден түсінді.

Ағасы сәлемдемесінде оны Астанадағы немересінің тойына шақырыпты. Дәулеттің ұзақ хабарласпағанына ренішін де жасырмапты. Дәулет телефон тұтқасын көтеріп, Олжас ағасының нөмірін тере бастады да қаларалық байланыстың жоқтығы есіне түсіп, қайта орнына қойды. «Ештеңе етпес, Қарағандыдан хабарласармын, тіпті кіріп те шығармын», – деген шешімге келді.

***

Жәкен тоқсан үшінші жылғы ақша реформасына үш ай қалғанда Алматыдан екі бөлмелі пәтер сатып алды. Оған себепші болған – Жазира апа.

Олжас енді ғана отбасымен Алматыға көшіп келіп, үш бөлмелі жаңа пәтер сатып алғаннан кейін Жәкендерді қоныс тойына шақырған. Іші кең, төбесі биік, лоджиясы үлкен пәтердің ұнағаны соншалық, Жазира апа тілегін айтып салды:

– Жасымыз келіп қалды, ертең не болатыны белгісіз, Дәулетжанға Алматыдан осындай бір пәтер алып берсек қой, шіркін! Өзі ақылды жігіт, оқуға талабы бар.

– Дұрыс айтасыз! Көрші пәтер бос тұр, оны біреу сатып аламын деп, соңғы сәтте айнып қалыпты, – деп оны Олжас қолдай кетті. – Біздің қасымызда тұрса, көз қырын салып жүрер едік.

– Сенікі дұрыс, Жазираш, – деді Жәкен, – жинақ кітапшамда ақшам бар, Дәулет үшін жинағам.

Ұзаққа созбай, Жәкен ақшасын алып, көрші пәтерді сатып алды да немересіне өсиет жазып қалдырды.

Бұл оқиғадан соң Олжас аға Жазира апаны «қаржылық сарапшы» деп атап кетті. Ол:

– Апамыз қаржы реформасын болжап, Жәкеңе жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға кеңес берген, – деп қалжыңдайтын.

Атасы қайтыс болғаннан кейін, Олжас аға мен Рабиға тәте Дәулетті өз қамқорлығына алды. Мұны Дәулет олар Астанаға көшіп кеткенде ғана түсінді. Бір күнде абыр-сабырға толы дүние бір пәтер көлемімен шектеліп, күңгірттеніп қалды. Шын мәнінде Рабиға тәте кірін жуып, тамағын жасап жүріп, шаттықтың да кілтін қолында ұстаған екен.

Олар кетісімен ештеңеге зауқы соқпады. Таңертең тұрғысы келмейді, тұрса жұмысқа барғысы келмейді, барса кешке үйге де қайтқысы жоқ. Пәтері тозып, өзінің де ажары тайды. Жұмысы, ақшасы, атам заманғы ұстанымдары кімге керек еді? Өзі кімге керек? Ойларын расқа шығарғандай, аяқтан шалу жиіледі. Үйленгісі келген Жанардың шетелдік бастығының ашынасы екені белгілі болды. Орынбасары Нұрланның мұның шалыс қадамын аңдығаны да аңғарылып қалды. Бүгін ғана осылай болды ма, бұрыннан болып, байқағаны бүгін бе әлде байқаса да байқағысы келмеді ме?

Дәулет сөрелерден студент кезінен жинап келген барлық кітап, анықтамалық, оқулық пен дәптер-журналдарын сырып, еденге түсіріп тастады. Артынан жинап, пакеттерге салды. Арасынан бірнеше шахмат оқулығын тауып алып, сөредегі орнына қайта қойды. Қалған пакеттерді далаға шығарып, ойланбастан қоқыс контейнеріне  ытқытты.

Ол үйге келіп, шахматқа қатысты кітаптарын қайта реттеп қойды. Ұзақ уақыттан бері әлем чемпионаттарындағы ойындар жинағын іздестіріп жүретін. Бір сәт мына бір, сонау 1972 жылғы жинақтағы Фишер/Спасский партияларын есіне түсіргісі келіп кідірді. Бұл өзі ұзақ, тіпті логикаға қиыспайтын ойын. Әсіресе, Фишер жағынан. Бірақ Дәулетке оның осы ойнындағы, басқа да ойындарындағы ұстанымы біртүрлі жақын болатын. Фишердің ойыны адамдық қарым-қатынастың үйреншікті де ыңғайлы логикалық қалпына тың серпін, қосалқы мән беретін сияқты көрінетін. Бір жағынан, логиканы бұзып, екінші жағынан, жаңа тәртіп орнататын ұстаным. Сол кезде мұны қалай талдауын білмей, өз ойын атасы мен Олжас ағасына жеткізіп көрді. Олардан басқа ешкімнің талдай алмайтынына да сенімді еді.

Атасы шахмат ойнауды білмейтін, сондықтан Дәулетке шахмат терминдерін қолданбай, партияларды жалпақ тілмен түсіндіруге тура келді. Атасының пікірі Дәулетті қуантты әрі таңырқатты:

– Фишерің өзі тентек екен, Спасскийді қалай болса солай шатастырады. Бала сияқты ойынға беріледі, сондықтан ұтып алады. Ал Спасский байғұс тым байыпты, кемшілігі осында жатыр.

Олжас аға шахмат ойнайтын, бірақ ұзақ партияға шыдамы жетпейтін. Сол себептен Фишер/Спасский ойынын аса жақсы білмеді. Дәулет оған ойынның финалын айтып берді.

– Кімнің ішінде не барын кім білсін, мен өз жолымды табуға тырысамын, – деп Олжас ағасы қысқа  қайырды.

Оның бұл пікірі Дәулеттің көңілінен шыға қоймады, тіпті оны атасына жақын адамдардың тізбегінен алып тастағысы келді. Бірақ атасы Олжас ағаны жақсы көретін, оны жанкешті деп атайтын. Олжас ағаның белсенділігі мен өмір сүйгіштігін меңзеген болар. Расында Олжас аға әрбір жұмысқа шын ынтасымен кірісіп, адал ниетпен орындайтын. Ол әлі күнге Астанада мемлекеттік мекеменің басшысы болып қызмет атқарып жүр.

Кенет Дәулеттің бұл ойынды Асқармен талқыламағаны есіне түсті. Неге екен? Мұндай ой басына ешқашан кірмепті де. Екеуінің арасындағы достықтың арқауы неде осы?

Асқар келгенде Дәулеттің пәтерін танымай қалды. Жылтыраған паркет, тап-таза терезе, сөреде қаз-қатар тұрған кітаптар, жиналған төсек орын. Тек сіңіп қалған қоңырсық иіс пен ескі есік қана кешегі күнді еске түсіргендей. 

– Мәссаған! – деді таңданысын жасырмаған Асқар.

– Сенің арқаңда, – деді Дәулет күлімсіреп, – қазір саған кофе дайындап беремін, шкафтан түйіршік кофе мен турканы тауып алдым. Африкада іссапарда жүргенде бір алжир ерекше кофе жасауды үйреткен.

– Жарайды, – деді Асқар, – менде коньяк бар.

– Есінде ме, біз шахматқа барып жүргенде Фишер/Спасский ойынын талқылағанымыз? – деп Дәулет досына қақпан қоя сөйледі.

– Есімде, сен оны жақсы білетінсің, жаттықтырушы сені мақтайтын, – деп жауап берді Асқар.

Дәулет туркаға екі қасық кофе салып, қайнаған су құйды да отқа қойды.

– Жоқ, оны айтпаймын. Партиялары есіңде ме? – деді Дәулет.

– Еміс-еміс қана, әйтеуір сенен қалғым келмейтін, – деп жымиды Асқар.

– Қойшы әрі! – деп мырс етті Дәулет, кофеге бұрыш пен басқа дәмдеуіштер қосып жатып, – сол ойында сені не қызықтырып еді?

– Ештеңе. Мәселе осында ғой. Саған Фишердың ойыны неліктен ұнайтынын мен түсінбейтінмін. Өзі әлем чемпионы бола тұра баланың ісін жасайды. Таяуда саясатқа араласа бастады, ал ол тіпті де баланың ісі емес.

– Айтады-ақ екенсің, – деді де Дәулет кофе құйды.

Қалған коньякты көлікте отырып ішіп, біраз әңгімелескен соң екеуі ұйқыға кетті.

X

Үйге милицейлер кіріп келгенде Асқар қатты қорықты. Олар есікті де қақпай, басып кіргендей болды.

– Асқар Иманқұлов осында тұра ма? – деп сұрады біреуі.

Мамасы сұрланып кетіп:

– Менің баламды қайтпек едіңдер? – деп жауап қайтарды.

– Қанат Бекішевті өлтіріп кеткенін естідіңіздер ме? Балаңызды түнде соның үйінің қасынан көріпті. Мынау балаңыздың аяқ киімі ме? – деп сұрады милицей, есік алдында тұрған бәтеңкені көрсетіп.

Хадиша басын изеді. Милицей бәтеңкені алып, табанын зерттей бастады.

– Ия, естідім. Асқар мен оның бәтеңкесінің не қатысы бар? – деп сұрады мамасы.

– Балаңыз ізін қалдырып кетіпті, – деді ол, бәтеңкені екінші милицейге ұстатып. Екінші милицей оны алып, целофан қалтаға салды.

– Киініңіз! Балаңызбен бірге бөлімге барасыз, – деп шешті ол бірден.

Милиция бөлімінде Асқарды бір кабинетке кіргізді. Үстел басында азаматтық киім киген адам отыр екен.

– Бұл кім? – деп сұрады ол күзетшіден.

– Бекішевтің өліміне қатысты куәгер. Сіз алып кел дегенсіз.

– Куәгер болса қолына неге кісен салынған?

– Маған… солай деп айтты.

– Кім айтты? Мына жер не болып кеткен? Шешіңіз кісенді! – деп бұйырды ол.

Сержант Асқардың қолынан кісенді шешіп, үстел басындағы кісіге қарады. Ол қолын сермеп, шыға бер дегендей ишара жасады.

– Сен мұнда отыр, – деді ер адам Асқарға, – Толық аты-жөнің мен туған жылың?

– Иманқұлов Асқар Кәріғұлұлы, сексен бірінші жыл, – деп жауап берді Асқар.

– Он төртке келмегенсің бе?

– Жоқ әлі, келесі жылы маусымда толамын, – деді Асқар.

Ер адам телефонның тұтқасын алып, нөмір терді. Асқар ұзақ қоңыраудан кейін ар жақтан шыққан біреудің дауысын естіді.

– Бұл – тергеуші Шарипов. Сіз маған кіріп кетіңізші, – деді ер адам.

Біраздан соң кабинетке бір апта бұрын, мектептен Қанатты қамауға алып кеткен еркек кірді. Бұл жолы лейтенант формасын киген.

– Куәгер кәмелетке толмаған, сіздің қатысуыңыз керек, – деді оған Шарипов.

– Мен оны алып келгенін білмедім, – деді лейтенант Асқарға қарама-қарсы орындыққа отырып. Сосын:

– Шешесі дәлізде отыр, шақырайын ба? – деді.

– Әрине, шақырыңыз.

Кабинетке Хадиша кірді. Асқардың қолындағы кісенді шешкенін көріп, еркектерге үміттене қарап, ақырын ғана амандасты.

– Сәлеметсіз бе, – деді тергеуші, – менің атым майор Шарипов, облыстық қылмыстық істер бөлімінен келдім. Бекішев Қанаттың өліміне қатысты істі тергеймін. Бұл қылмыс туралы білесіз бе?

– Әрине, – деді Хадиша.

– Отырыңыз, – деді майор есіктің қасындағы орындықты көрсетіп.

– Балаңыз кәмелетке толмаған, мұнда куәгер ретінде шақырылды. Сіз жауап алу барысында қатысатын боласыз.

Хадиша отырды. Шарипов Асқарға бұрылып:

– Түнде Бекішев Қанаттың үйінің жанында не істедің? – деп сұрады.

– Мен онымен сөйлесіп, жағдайын білейін дедім.

Неге түн ішінде бардың?

Біз оған кешке келгенбіз, бірақ Оспан аға кіргізбеді, – деді Асқар ақырын мамасына қарап. Хадиша басын изеп, оны қолдады.

– Біз дегенің кім? – деп сұрады тергеуші Асқар пен Хадишаға қарап.

Мен және менің досым Дәулет, – деп батылырақ жауап берді Асқар.

Досыңның толық аты-жөні қалай? – деп тергеуші қолына қалам алды.

Алтаев Дәулет, менің досым әрі сыныптасым.

Шарипов Дәулеттің аты-жөнін кітапшасына жазып алды.

Әрі қарай не болды? Сосын түнде бардыңдар ма?

Жоқ, біз оған сағат онда бардық, бірақ ол сөйлескісі келмеді, сол себептен кешірек кіріп-шығуды ұйғардым, – деп Асқар қайтадан Хадишаға бұрылды.

Неше рет бардыңдар? – деп сұрады Шарипов.

Үш рет: кешкі жетілерде, онда, сосын сағаттың неше екенін білмеймін, түнге қарай.

Түнде екеуің бардыңдар ма? деп анықтай түсті тергеуші, Асқарға тесіле қарап.

Жоқ, соңғы рет жалғыз өзім бардым, деді Асқар басын төмен салбыратып.

– Оны не үшін өлтірдің? – деді кенет тергеуші.

– Мен ешкімді өлтіргем жоқ! – деп Асқар орнынан ұшып тұрды.

***

Балалар мектептен шулап жүгіріп шығып, спорт алаңына асықты. Ол жерде көп ұзамай қар атысы басталды. Есіктен топ-тобымен шыққан балалар атысқа қосыла берді. Түнімен жауған алғашқы қар омбыланып, балаларға нағыз қуаныш алаңын сыйлады. Шуылдаған ұл мен қыз қардың үстінде аунап мәз-мейрам. Дәулет те басқалардан қалмай сыныптас қыздарын қарға бір-бір аунатып алды. Өзінің де желкесі қарға толды. Енді Риткаға жақындап келе жатқанда, жалғыз өзі еңсесі түсіп үйіне қайтып бара жатқан Асқарды байқады.

– Асқар! Асқарик! – деп Дәулет досын бірнеше рет шақырды. Сосын рюкзагын иығына іліп, оның артынан жүгірді. 

Оны естіген Асқар одан сайын тезірек жүре бастады. Дәулет досын қуып жетіп, арқасына секіріп мінді де қарға аунатты.

– Кетші әрі! – деді Асқар ызаланып. Жерден тұрып, досын итеріп жіберді.

– Не болды? Батя келіп кетті ме? – деп сұрады Дәулет, Асқардың маңдайындағы шашы жасырған ісікті байқап.

– Жоқ, өзім ұрып алдым, – деді Асқар, кекілімен маңдайын жауып. Сосын қарға отырып, төмен қарап:

– Қанатты өлтіріп кетіпті, – деді.

– Не? Оны қайдан білесің?

– Мен түнде оған бардым, сен кетіп қалғанда…

– Ия, сосын?

– Ол қорада дем ала алмай жатты, кеудесінде пышақ...

– Мәссаған! – Дәулет суық хабар лебінен демін әзер алғандай, досының қасына отыра кетті.

– Оны кім өлтірді?

– Мен қайдан білейін?!

– Сен бәрін рет-ретімен айтып берші, деп бір уақытта Дәулет жерден тұрып, Асқарға қолын созды. – Мүмкін саған елестеген шығар. Жүр үйіңе барайық.

– Иә… елестей қояр… Неменесіне барып едім? Жағдайды біле қояйын деп…

– Иә…

– Ойымда ештеңе жоқ, барып терезесін қақтым. Кана жауап берді, мен есікке қарай бара бергенмін…

– Сосын?

– Сосын біреу маған бас салып, соғып жіберді, – деп Асқар шашын көтеріп, маңдайындағы ісікті анықтап көрсетті.

– Мәссаған!

Екеуі көшеден бұрылып, құлап жатқан үйге кіріп, картон жабылған темір кереуетке отырды.

– Есімді жинағанда, басым қатты ауырып тұрды. Қанат көрінбейді. Қарасам, қора жаққа бастайтын іздер жатыр. Солай қарай барсам, – деді Асқар дірілдеген дауыспен, – еденде іш киімімен Қанат жатыр, кеудесінде пышақ…

Асқар қолымен бетін жауып, жылап жіберді.

– Жүр, Қанатқа барайық, саған елестеген шығар, – деді Дәулет әлі де сенбей.

– Өзім де сенгім келмеді, Қанатты қимадым. Таңертең бара жатсам, даладан Майра тәтенің дауыстап жылағаны естілді, – деді Асқар жыламсырап, – Көршілер жиналып қалыпты.  

Дәулет те бетін бұрып, жылап жіберді. Сосын атып тұрып:

– Таптым! Бәрін атама айту керек, содан кейін не болса о болсын! 

– Жындысың ба! Бізді де өлтіріп тастасын дейсің бе? Кананың өлімі біздің мойнымызда…Ұмытпа!

– Ол туралы ойламаппын, – деп келісті Дәулет.

– Біз туралы ешкім білмейді, әйтпесе баяғыда қолға түсуші едік!

– Сенікі дұрыс, есірткі туралы білгенде, бізді де баяғыда…– деп отыра қалды Дәулет.

– Мен таң атқанша ұйықтай алмадым. Есірткі туралы үндемеу керек, әйтпесе сені де мені де өлтіреді, – деді Асқар. – Ауызға мықты боламын деп серт бер.

– Дұрыс, тіс жармау керек, – деп келісті Дәулет, – Бірдеме десем, тілім сал болып қалсын! – деп ол тілін шығарды. Бұл балалық серттің мына жағдайда салмақсыз шыққанын іштей түйсінген екеуі енді ыңғайсыз күйден тезірек арылуға тырысты.

– Атаңа айтушы болма! – деді Асқар.

– Тіс жармаймын, – деді Дәулет жұлып алғандай.

Балалар алдымен есірткіні басқа жерге тығу керек деп ұйғарды. Сосын Дәулеттің қорасына барып жертөледен сөмке салынған пакетті шығарып, бұзылған үйге апарып көміп тастады.

Түскі ас ішіп отырып, Дәулет терезеден Асқардың үйінің қасына тоқтаған милицей Уазигін көрді. Ол атып тұрып, атасының ескертуіне құлақ аспай, далаға жүгіріп шықты. Біраз тұрып, Асқарды кісендеп алып шыққанын көрді. Асқар Дәулетке қарап, ақырын тілін шығарып, белгі бергендей ишара жасады. Дәулет оған басын изеді де досының мынадай халде өзін ұстай білгеніне таңданған  күйі қала берді.

XI

Дәулет көлікпен жаңа үйдің жерасты тұрағына кіргенде ғана оянды. Джиптен шыққан Асқар жүргізушімен қоштасып, Дәулетті ертіп лифтіге кірді. Лифт тоғызыншы қабатта тоқтады. Пәтердің есігін сүйкімді жүзіне әлдебір қаяу мұң ұялаған, аққұба келіншек ашты.

– Асқар? – деп келіншектің өңі бұзылып кетті.

– Ия, мен. Балаларды сағындым, – Асқар есікті шалқайта ашып: – Жоғары шық, Дәуке, – деді.

  • Райхан, сәлем! – деп ыңғайсыздана амандасты Дәулет.

– Дәулет?! – деп қуанып қалды келіншек, – мен сізді тойдан бері көрген жоқпын,  үйде сіздің көп суреттеріңіз бар. Жоғары шығыңыз. Сосын Асқарға қарап: – Балалар ұйықтап жатыр, қонақ бөлмеге өтіңдер, мен таңғы ас дайындайын, – деді.

– Мен барып жуынып алайын, таза жейде әкел, – деді  Асқар бөлмеге кіріп.

– Жайырақ сөйле, балалар ұйықтап жатыр, – деді Райхан.

Дәулет жайлы, үлкен диванға шалқая отырып, жан-жағына қарады. Қабырғада – балалардың фотолары мен суреттері.  Едеңде – төсеме кілем. Сөрелерде – кітаптар, ойыншықтар, альбомдар. Үстелде – ойынға арналған ЖК-монитор. Дәулет орнынан тұрып, терезеге қарады. Тоғызыншы қабаттан қарағанда кірпіштен салынған биік дуал екі әлемді бөліп тұрған жуан сызық іспеттес көрінеді екен. Түп-түзу жүргізілген қырлы кеспе тасты жаңа аула дуалдың бергі жағында қалған. Арғы жағынан бейберекет салынған бес қабатты үйлер, кетілген асфальттар көрінеді. Тот басқан магистральды құбырдан қоршаумен бөлінген жерде қоқыс салатын су жаңа екі контейнер тұр. Сырт кейпі панасыз жандарға келетін екі еркек ішіндегі қоқысты ақтарып әлек. Тапқан олжаларын жандарына  жинап, әкетуге лайықтап қойыпты: бірнеше шөлмек пен іші толған екі пакет.

– Таңғы асқа келіңдер, – деген Райханның дауысын естіп, Дәулет ас бөлмесіне кірді.

– Бұл жерде жолды мүлдем жөндемейтін сияқты, – деп көргенімен бөлісті Дәулет.

– Қаланың шеті бұдан да жаман, оның қасында біздікі «люкс», – деп күле жауап қатты Райхан.

Дәулет жайылып тұрған домалақ дастарқан басына жайғасты. Біраздан соң таза жейдесін киіп, шашы дымқыл қалпы Асқар да келді. Райхан еркектерге шай құйып, ыстық құймақ салып, бал мен қаймақты жақындатып қойды да балаларын оятуға кетті. Бір сәтке Дәулет көп жыл бұрынғы үйлену тойында көрген Райханды танығандай болды. Шай құйып, дастарқан жайып жүргенде оның қабағы ашылып, үстел басында отырған Асқарға күлімсіреп қарағандай көрінді.

 – Келіншегің икемді екен, үй жайнап тұр, тағамы да дәмді.

– Одан басқа істейтін жұмысы жоқ, толық қамтамасыз етіп жатырмын, – деді Асқар.

– Папа! Папа! – деп бөлмеге он жасар ұл бала, артынан одан кішірек қыз бала жүгіріп кірді.

Шыңғыс әкесінің жанына, ал Мадина тізесіне отырды.

– Амандастыңдар ма? Енді барып жуынып келіңдер! – деді ас үйге кірген Райхан.

– Үлкен бөлмеде сыйлықтар күтіп тұр, – деген Асқардың ақпаратынан кейін балалар ұшып-ұшып түрегеліп, жүгіріп кетті.

– Ұзақ боласыңдар ма? – деп сұрады Райхан.

– Тамақтанып алып жол жүреміз, – деді Асқар, – жұмыс бастан асады.

Райхан оған кінәлай қарады. 

– Конверт әдеттегідей, сауыттың астында, – деп ескертті Асқар.

Келіншек басын изеді.

Асқар балаларымен қоштасқанда Дәулет Райханның қабағы қайта түйілгенін аңғарды.  

Бұл жолы Асқар көліктің рөліне өзі отырды. Джиптің терезесінен Дәулет қоқыс маңайындағы екі еркекті көрді. Тек енді олар үшеуге толығыпты: үшіншісі – егделеу әйел. Бәрі жабылып жиған-тергендерін  қытай сөмкесіне тықпалап жатыр. Шығып келе жатқан көлікті байқап, еркектер төмен қарап, әйел басындағы қызыл кепкесін түзеткен болып, теріс айналды.  Асқар көліктің әйнегін түсіріп:

– Әй, оңбағандар, жоғалыңдар бұл жерден, ендігәрі көрсем аяқтарыңды сындырам! деп ақырып, олар жаққа қарата бір түкірді де боқтап жіберді.

Сөмкелерін асығыс сүйреткен күйі үшеуі бес қабатты үйлер жаққа асықты.

– Не деген қатыгез едің! – деп таңғалды Дәулет.

– Ауруды тарататын, балаларға қауіп төндіретін осылар! – деп сыздықтай үн қатты Асқар.

– Түрлі жағдай болмай ма? Олар еш заңды бұзып жатқан жоқ қой, деп ерегісті Дәулет.

– Айттым ғой, ауру тарататын осылар, деп Асқар Дәулетке шұқшия қарады да қолын бір сілтеп: – Әй, қойшы соларды! – деді.

– Байқағаным, жолдарды кей жерлерде кеңес уақытынан бері жөндемеген, – деді Дәулет, көлік кезекті бір шұқырдан секіргенде.

– Мұнда Астанадағы жолдар деп бе едің? Май шелпектен жасалған?!

– Иә, ауылдағыдай тарс-тұрс екен...

– Әлде халықаралық компаниядағы жол қатынастары деп пе едің? – деді Асқар енді мысқылдай қалып. – Нағыз тіршілік күресі осында!

– Оның рас… Айтпақшы, сенің фермаң қайда осы?

– Ферма менікі емес… менің әріптестерімдікі. Бұл өзі күрделі нәрсе, бір жартысыз ұғына алмайсың дегендей… Мен сені пәтерге апарып тастайын, біраз дем алып ал, сосын фермаға барамыз.

– Жоға, үйде отырып не бітірем. Одан да көшеде біраз қыдырып қайтайын. Өзің жұмыстарыңмен айналыса бер. Мені ЦУМ-ның қасына түсіріп кете сал.

 – Онда екі сағаттан кейін осы жерде кездесеміз, – деді Асқар көлікті тоқтатып.

XII

Асқарды алып кеткеннен соң, атасы Дәулетке үйде отыруды бұйырып, өзі милицияға кетті. Жазира апаға баланы ешқайда жібермеуді тағы тапсырды.

– Ассаламағалейкум, Жәке! – деп қарсы алды оны милиция бастығы, орта бойлы арықтау келген, капитан шеніндегі еркек.  

– Уалейкумассалам! Қалың қалай, Ғалымжан?! Үй іші, бала-шаға аман ба?

 – Құдайға шүкір, – деді Ғалымжан, шалдың қолын алып.

 – Не болып кетті өзі... Балаларды қамайтын, өлтіретін заман келгені ме? деп күрсінді Жәкен.

 – Бұл іске кіріспеңіз, Жәке. Кесірі сізге де, немереңізге де тиіп кетуі мүмкін.

 – Дәулеттің қандай қатысы бар? – деп шалдың ащы дауысы шықты.

 – Асқар Иманқұлов оған қарсы мәліметтер беріп жатыр. Екеуі дос сияқты еді ғой? – деді капитан қолымен орындықты меңзеп.

– Қайдағы мәліметтер? – деді Жәкен отырып.

 – Оны білмеймін, сіздің немереңізді де қамауы мүмкін.

– Есің дұрыс па? Не үшін? – деп шал орындықтан ұшып тұрды.

– Асқар мен Дәулет күдікті, олардың іздерін Бекішев Қанатты өлтірген қораның жанынан тауыпты.

– Олар Қанатты не үшін өлтіреді? Ол баланы сен кеше ғана ақтап босатып едің ғой. Қателік шықты деп айтқан өзің емес пе?

– Мұндай болатынын білсем, босатпаушы едім. Оның ағасы Евлоевтармен байланысты, қалаға есірткі тасумен айналысыпты. Ал бала бірдеңені көріп қойған ба әлде ұрлап алған ба… Иманқұлов пен сіздің немереңіз оның жанында біраз айналсоқтап жүрді дейді. Бүгін облыстан тергеуші келді. Шыны керек, менің өзіме де араласпа деп бұйырды, деді Ғалымжын бүгежіктеп.

– Сылтау тапқан екенсің. Аулымызда балаларды қамап, өлтіріп жатқанда кіріспеймін де…

 – Ой-бой ақсақал, мені айыптау оп-оңай сізге. «Есірткі», «дилер» деген сөздерді менің бірінші рет естігенім осы! Сайтан алғыр шөп! Евлоевтар да өз елінен безіп, мұнда не іздеп келді дейсіз?! Ақмұрзамен бір сыныпта оқығанбыз, жолдас та болдық. Бұлай боларын кім білген, – деді Ғалымжан.

 – Сонда біздің тағдырымыз қылмыскерлердің қолында болғаны ма?  Енді облыстан келген тергеуші шешеді де! деп ашуланған Жәкен есікті тарс жауып, шығып кетті.

Милиция бөлімінен шыққан Жәкен поштаға барып үйіне қоңырау шалды. Тұтқаны Жазира алды.

 – Дәулетке жеткіз, жиналып Ивандарға келсін, сонда күтіп отырамын, – деп Жәкен қысқа қайырды.

 – Жәке, шынында жағдай соншама қиын болғаны ма? деп Жазира күйзеле тіл қатты.

 – Кейін Жазираш, уақыт тығыз, тезірек баланы жолға жинап, Иванға жібер.  Есікке құлып сал да қызыңның үйіне бар.  Дәулетті облысқа өзім апарамын, жалғыз немеремді талатқызбаймын.

– Жәке, қалада Мұхтардікіне барыңдар, мен онымен хабарласайын, қарсы алады.

 – Баратын үй бар, ұлыңды босқа әурелеме, – деп қорытты Жәкен.

 – Айтқаның болсын, – деп күрсінді Жазира, – Ақ жол!

***

Бірде Тася апа Дәулетті ақпасу шұңқырынан құтқарып қалған. Сонда Дәулет шұңқырға түсіп кеткен дүрбісін аламын деп суға кете жаздады.  Тася апа киімімен лас суға малшынып жүріп, оны алып шықты. Жиекте баланы құшақтап:

– Анасыз қиын-ау, қиын… – деген.

Дәулет оның құшағында ұзақ жылады. Тася апасы үндемей басынан сипап, күрсіне берді.

Бұл туралы Тася апа ешкімге тіс жармады, Дәулеттің де есіне түсірмеді. Шамасы, Дәулет өзі суға батқысы келді деп ойлады. Осы оқиғадан кейін Дәулет көршілерге жиі баратын болды. Тася апа оны қасына тамақ беріп отырғызып қойып, өз жұмысын істей беретін. Ол тоқыма тоқитын, іс тігетін немесе тамақ пісіріп, ыдыс-аяқ жуатын. Ешқашан ешқандай сұрақ қоймайтын.

Жазда Дәулет пен Асқар Тася апасының бақшасына жасырынып келіп, дәмді сәбіз, қызанақ пен ранетка жинайтын. Тася апай оларды байқаса да байқамағандай болатын. 

Иван мінезімен де түрімен де Тасяға мүлдем кереғар. Алып денелі, ашық мінезді ол кеш сайын баянда ойнап, ән шырқайтын. Репертуарында түрлі әндер болатын, арасында романс пен частушка да бар. Көршілердің тойлары да Иванның асабалығынсыз өтпейді. Тася апа бір рюмка арақ ішкеннен соң Иванға қосылып, частушка айтады. Тұңғыш ұлдары Сергей екеуін өз үйіне көшіріп алып кеткенше, Иван мен Тася көп жыл бойы Жәкеннің көршісі болды.  Сергей жер сатып алып, онда көкөніс өсіретін жылыжай мен үлкен үй салып алды. Сол кезден бастап көршілері Иванұлының жылыжайдағы жұмысына көмектесіп, Тася келінінің жанында немерелерін бағуға кіріскен.

Дәулет тура кешкі ас үстіне келді.

– Амансың ба, балам! Қолыңды жуып, жоғары шық, – деп құшақ жая қарсы алды оны Тася апа, – жол соққан болар, әлденіп ал.

– Рақмет, Тася апа! Жазира апа тойдырып жіберді, жолға да тамақ салып берді, – деді Дәулет. 

Кешкі астан кейін Иван оларды Жигулиіне отырғызып, аудан орталығындағы автобекетке апарып салды. Онда Жәкен немересімен бірге Жезқазғанға баратын автобусқа отырды.

XIII

Дәулет ЦУМ-ға қарай тартты: оның ішінде банкомат болу керек. Екі жыл бойы Дәулет сақтап қойған ақшасының арқасында қарызға батпай күн көріп жүрді. Өз есебі бойынша, әлі де елу мыңдай теңгесі мен бірнеше жүз доллары қалуға тиіс.

Орталық кіреберістің алдында, сары сырмалы күртешесінің үстіне ақ алжапқыш киген сүйкімді қыз балмұздақ сатып тұр. Қарама-қарсы бетте ыстық сусындар мен нан өнімдерін сататын жылжымалы дүкен орналасқан.  Дәулетті Алматыдағыға қарағанда екі есе төмен бағалар таңғалдырды. Ғимаратқа кірген Дәулет өзін тоқсаныншы жылдардың аяғына қайта тап болғандай сезінді. Бутиктердің көбісі баяғы барахолкадағы сауда қатарларына ұқсас – заттар сату сөресінде үйіліп жатыр, тек кейбір үлгілері ғана қабырғада ілулі тұр. Дәулет екі қабатты аралап шығып, банкомат таба алмады. Күзетшіден сұрап еді, ол Дәулетті төменгі қабатқа жіберді. Мұнда баспалдақ астындағы қуыста бірнеше банкомат тұр екен. Дәулет карточкасын банкоматқа салып, кодын теріп еді, дисплейге мерзімі өтіп кетті деген ақпарат шықты. Бағына қарай, сыртқа шыққанда ол өз банкісінің бөлімшесін байқап қалды.

Банкке кіре бергені сол еді, алдынан шыққан қыз:

– Сізге көмек керек пе?  – деп сұрады.

 – Теңге мен валюталық шотымды тексерейін деп едім.

Қыз жанында тұрған автоматтың түймешігін басып еді, одан талон шықты.

– Отырыңыз, кезегіңізді күтіңіз, – деп ол Дәулетке талонды берді. «Нөміріңіз шыққанда, менеджерге барасыз», – деп қабырғада ілініп тұрған мониторды көрсетті. Сосын:

 – Біздің қосымшамызды смартфоныңызға енгізіп, шотыңызды басқара аласыз, – деп селқостау мәлімдеді де сықиып киінген жаңа клиентке ауысып кетті.

Дәулет орындыққа отырды. Көлемі аз ғана шаршыдан тұратын бөлме барынша іске тиімді етіп ұйымдастырылған екен: Париждің мейрамханаларындағыдай бірталай адам алақандай жерде сиысып отыр. Дәулеттің оң жағындағы бір-біріне тиіп тұрған үш үстелдің басында үш менеджер клиенттерді қабылдап жатыр. Шетте – кезек күтушілерге арналған ала түсті орындықтар. Сол жақта – бірнеше терминал, қоршалған касса және талон беретін автомат. Оның қасында қарсы алушы қыз жүр. Есіктің сыртында тапаншалы қабын асынған күзетші тұр. 

Дәулет еріксіз, жақын тұрған үстел басындағы әңгімені естіп отырды. Көзін жыпылықтатқан қуыршақ кірпікті менеджер қыз өңі тайған жүдеу жігітке қарап:

– Сіз бұдан бұрын бізден кредит алып па едіңіз? – деп сұрады.

Жігіттің өңі қашыңқырай түсіп, орындыққа тығылған күйі:

 – Ия, екі рет алдым, – деді.

 – Куәлігіңізді беріңізші, – деді қыз.

 Жігіт құжатын берді. Менеджер оны сканерден өткізіп, енгізу пернесін басып, жігітке бұрылды. Жігіт бүрісе қалды.   

 – Күте тұрыңыз, дербес деректер енгізіліп жатыр.

Жігіт демін басып, түзеліп отырды. Қыз қолына смартфонын алып, өзімен-өзі түрткілеуге кірісті.

 – Раушан! – деп көрші үстелдегі менеджер ескерту жасады. Қыз телефонды дауыссыз режімге қойып, үстелдің жылжымалы жәшігіне сала қойды.

– Сіздің төленбеген кредитіңіз бар екен, Самат Аманжолович, – деді Раушан мониторға қарап. – Мәліметтеріңізді тексерейік. Қайда жұмыс істейсіз?

 – «Сто граней» ЖШС – деп міңгірледі жігіт.

 – Табысыңыз өзгерді ме? Сексен мың ба? – деп сұрады Раушан.

 – Жоқ, жалақымды көбейтті, тоқсан бес мың, –  деді жігіт.

– Жақсы, түзетейін. Кредит төлей алатыныңызды дәлелдейтін екі адамды атай аласыз ба?

 – Бар еді ғой… Тағы екеуі керек пе? 

 – Қазір көрейік… Соларды қалдырайын ба?

 – Ия, қалдырыңыз, – деді жігіт.

 – Мен сіздің сауалнамаңызды толтырып, бастықтарға жібердім. Ол екі деңгейдегі мақұлдаудан өтуі керек. Кредит бермеуі де мүмкін. Ана жерде отырып, тоса тұрыңыз, – деп Раушан шақыру түймешегін басты.

Мониторда келесі нөмір шықты, жігіттің орнына елулерге келген әйел отырды.

 – Амансың ба, қызым! Мен кредит алайын деп едім, – деді ол.

 – Сәлеметсіз бе! Қанша?

 – Егер менің айлығым қырық бес мың болса, қанша алуға болады? Бес жылға бес жүз мың алуға бола ма? – деп сұрады әйел. Сосын: – Баламның үйлену тойына керек еді, – деп Раушанға қарады.

Біраздан соң менеджер әйелден банк шешімін тоса тұруын өтініп, жігітті шақырды.

 – Самат Аманжолович, өкінішке орай, кредитіңіз мақұлданбады. Алдыңғы кредитіңізді төлеп қайта келуіңізге болады. Өтейтін сомаңыз екі жүз мың жетпіс үш теңгені құрайды.

Жігіт қолын бір сермеп, орындықтан тұрды.

 – Бірақ сіздің кредиттік тарихыңыз жақсы, – деп кірпігін қаққыштап, күлімсіреген Раушан оны үміттендірмекке әрекеттенді.

Бірақ жігіт оның сөзіне құлақ қоймастан шығып кетті.

Дәулеттің кезегі жеткенше, Раушан тағы екі адамға кредиті мақұлданбағанын жеткізді. Баласының тойына бес жүз мың сұраған әйелге кредит берілді. Оны естіген әйел қуанып, қызға алғысын жаудырып, батасын берді. Раушан жымиып, қолын жайып:

– Әумин! деді.

 Дәулет басқа менеджерге түсті. Бейдждегі оның есімі Темірлан екен. Дәулеттің мобильді телефоны жоқ екенін білген жігіт таңданыста отыр.

 – Қағазға түсіріп беріңіз, – деп ұсыныс жасады Дәулет.

– Біз қағазға түсірмейміз, хабарландыру автоматты түрде телефоныңызға жіберіледі, – деп қайталады Темірлан.

 – Егер менде телефон жоқ болса, өз есепшотымды қалай тексере аламын? – деп сұрады Дәулет.

 – Смартфон сатып алу керек, – деп жауап берді менеджер.

Дәулет ашуланып:

 – Ал мен телефон алғым келмесе, басқа шешімі жоқ па? деп сұрады.

Темірлан ойланып қалды. Сосын тұтқаны алып, біреуге қоңырау шалып, жағдайды түсіндірді. Тұтқаны қойып, Дәулетті кассаға жіберді.

 – Не үшін? 

 – Сол жерде қағазға шығарып береді, – деп жауап берді менеджер.

 – Монитордан теңгерімімді көрсете аласыз ба? – деп сұрады Дәулет.

Менеджер экранды Дәулетке қарай бұрып, оған әуелі теңгедегі, сосын доллардағы есебін көрсетті. Дәулет банкте бір сағаттай уақытын өткізіп, ақшасын алды. Жаңа карточкадан бас тартты. Қапырық, адамға лық толған бөлмеден тезірек кеткісі келді.

XIV

Автобуста Дәулеттің басы айналып, жүрегі айныды. Есін жинасын деп атасы бірнеше рет автобусты тоқтатып, немересін таза ауаға шығарды. Қалаға таң ата келіп жетті. Бекеттен такси алып, Жәкеннің досы әрі әріптесі Олжастың үйіне келіп жетті. Олжастың келіншегі Рабиға қонақтарға самаурын шайы мен ыстық бауырсақ дайындады. Дәулеттің сүреңсіз күйін байқаған Рабиға таңғы астан кейін оның дене қызуын өлшеп, қан қысымын тексерді де дәрі беріп жатқызып қойды.

– Үйде дәрігер болғаны қандай жақсы. Бақытты бол, қызым! – деп Жәкен батасын берді.

Адвокатурада қызмет істейтін Олжас, жағдайдың жөн-жосығын анықтап:

 – Облыстық милицияда басшылық ауысып жатыр.  Жаңа бастықтар жаңа заң шығарып жатыр. Кімнің не істеп жатқаны түсініксіз. Сіз одан да прокуратураға барыңыз, онда ептеп болса да тәртіп сақталған, – деген ақылын айтты.

– Дұрыс айтасың. Сейдахметтің өзіне кіремін, ол әлі сонда ма?

 – Әлі орнында, беделсіз де емес. Негізі, осыңыз дұрыс. Ол таңертең ертерек қабылдайды. Мен сізді жұмысқа барарда жолшыбай прокуратураға апарып тастайын, – деді Олжас.

Жәкенді бірден прокурорға кіргізбеді. Біраз дауыс шығарып, отан соғысының ардагері деген куәлігін көрсетуіне тура келді. Қабылдау бөлмесінде қара жамылып, қабақтары түскен бір топ әйел отыр екен.  Жәкен кезек алды. Сол кезде кабинеттен беделді біреуді шығарып салуға шыққан Сейдахмет көрінді. Ол Жәкеңді бірден байқап сәлем берді:

– Ассалаумалейкум, Жәке! – деп қол алысып, күте тұрыңыз дегендей белгі жасады.

 – Келесі кім? Кіріңіз, – деді Сейдахмет. Әйелдер есікке қарай ұмтылды. Бірінші болып қолында таяғы бар, аяғын ырғала басқан семіз кемпір кірді. Оның артынан шұбырып басқалары ерді. Ең соңынан табалдырықты жыламсыраған, қара орамал мен ұзын көк көйлек киген жас келіншек аттады. Жарты сағаттан соң кемпір бастаған топ кезек ретімен кері шықты. Кемпірдің түрі одан әрі қаһарланып кеткен, басқа әйелдердің еңсесі түскен. Көк көйлекті келіншек шығысымен еңіреп жылап жіберді. Кемпір келіншекке бұрылып ақырып жіберді де таяғын сермеп қалды. Келіншек соққыдан тайқып кетіп, екі қолымен беті-аузын жауып, үнсіз жылыстады. 

Келесі болып қолында дипломаты бар, алтын көзілдірік киген еркек кірді. Түріне қарағанда – адвокат. Ол бір сағаттай отырды. Екі арада Сейдахмет хатшысын бірнеше рет, қолына қағаз ұстаған қызметкерін екі рет шақыртты.

Жәкен кабинетке түске қарай кірді.

– Қалың қалай, Сейдахмет? Бала-шағаң есен-аман ба?

 – Шүкір, Жәке, жақсы, – деп Сейдахмет сәл үндемей қалды да:

– Аласапыран кезең деген осы екен… –  деді.

– Естігенім бар, облыста басшылық ауысыпты.

– Ия, Жәке, мен де кетейін деп жатырмын. Егер өзім кетпесем, бәле жауып, сылтауын тауып, қуып жіберетін түрі бар. Бастықтарға барып бір жыл тиіспеңдер, одан кейін өзім кетем деп айтып қойдым. Жасым болса алпыс жетіге келіп қалды, кететін уақыт келген сияқты.

– Қудың қуы сен екенсің, – деп жымиды Жәкен.

 – Қулықсыз бұнда кім отыр дейсің. Өзің қалайсың, Жәке? Немерең аман ба?

– Сол немеремнің қамын ойлап келдім, – деді Жәкен дірілдеген дауыспен, – бір бәлеге ұрынып кете ме деп уайымдаймын. 

– Оған не болды, ақсақал?

– Естіген шығарсың, ауданда есірткіге байланысты іс тергеліп жатыр. Бекішев Қанат деген баланы өлтіріп кетті.

– Ия, естідім. Оған Дәулеттің қандай қатысы бар? – деп сұрады Сейдахмет.

– Менің түсінгенімше, біздің ауылда қылмыскерлер есірткі қоймасын орнатқан. Кейін араларында жанжал шыққан ба әлде бірін-бірі тонаған ба, әйтеуір бір пәленің болғаны анық. Ал жандары қысылғанда есірткіге қатыстыларын өлтіре бастады. Дәулетпен сыныптас әлгі баланы өлтірді, – деді Жәкен.

– Шамасы, менен де көп біледі екенсің, бұл іс менің бақылауымда, – деп күліп жіберді Сейдахмет.

– Сонда тергеуші Шарипов сенің қарауыңда ма? – деп қуанып қалды Жәкен.

– Ия, ол менімен хабарласқан. Жергілікті милиция кәмелетке толмаған екі баладан күдіктенеді, бірақ олардың қатысы жоқ сияқты деді. Жергілікті милиция бірдемесін жасырып жатыр немесе өздерінің қатысы бар дейді.

Жәкен түстен кейін, көңілі орнына түсіп, Олжастың үйіне оралды. Жазылған Дәулетін көріп одан сайын қуанды.

XV

Дәулет ЦУМ-нан шығып, бірталай жүріп, кішкентай көшеге бұрылды. Қиылыстағы бірінші ғимаратта азық-түлік дүкені бар екен. Оған кіріп, Дәулет екі шөлмек сыра сатып алды. Дүкеннен артына еріп бір еркек шықты.

– Бауырым, қосыласың ба? – деп Дәулетке пиджагын ашып, төс қалтасындағы кішкене бір шөлмек арағын көрсетті, – мен жақын жерде тұрамын.

Дәулет сәл ойланып, қостап басын изеді.

– Менің атым Ерлан, – деп өзін таныстырды еркек. – Сенің атың кім?

– Дәулет.

– Мәссаған, менің ағам да Дәулет! Мүмкін тағы бір чекушкаға қосарсың? – деп жымиды Ерлан, тіссіз аузын ашып.

– Он екі болған жоқ қой, – деді Дәулет сағатына қарап.

– Бұнда мені бәрі біледі, сатушы – танысым, – деп көзін қысты Ерлан. Дәулет әмиянын шығарып, одан бес жүз теңге суырып, Ерланға берді. Ол ақшаны жұлып алып, дүкенге жөнелді.

– Тоқтай тұр, тез келем, братка, – деп дүкенге кіріп кетті.

Ерланның үшінші қабаттағы пәтері Дәулетке өз пәтерін есіне түсірді. Қисайған есік, бояуы сырылып, ластанған қабырға қағазы, қолқаны қапқан қоңырсық иіс. Ерлан оны ас үйге шақырды. Дәулет отырғысы келіп, өзіне қарай жайдақ орындықты тартып қалып еді, ол саудырлап барып құлады да бір аяғы үстелдің астына домалап кетті.

 – Ёш твою медь! – деп Ерлан боқтап жіберді, – боқ дүние, таста оны, сосын жөндеймін, мында отыр, – деп қабырғаның қасындағы ұзын орындықты көрсетті. Дәулет:

 – Маған кету керек, – деп орындықтың қалдықтарын бөлменің бұрышына жинады да Ерланға сыра салған пакетті ұстата салды.

Ерлан оны асығыс жұлып алып:

 – Дәулет, братка, ренжіп қалдың ба? – деп сұрады.

 – Жоқ, мен шынында кетуім керек, – деп Дәулет есікке қарай беттеді.

 – Жарайды, ренжімесең болды, братка, – деді Ерлан. – Ақ жол! – деп айғалады соңынан.

Дәулет баспалдақпен астына жүгіріп түсіп, қайтадан дүкенге барып, бір литр су сатып алды. ЦУМ-ға қарай бара жатып, бір айналамадан кафені көзі шалды. Сонда кіріп екі аяқ жергілікті сыраны бір-ақ төңкерді. Асқармен кездесетін уақыты таянғанын көргенде қаланың жабылыңқы қабағы ашылғандай, көңілі көтеріліп қалды.

– Бойың жадырап, тәуір боп қалыпсың, – деді Асқар оны көргенде.

– Жергілікті сыра жақсы екен, – деп мақұлдады Дәулет.

– Рас па?! Көптен бері жергілікті сыраны ішпеппін, – деді Асқар, – мен көбінесе виски немесе коньяк ішемін. Тек Түркияда демалғанда ішетін тегін сыра болмаса.

 – Әрине, сен жергілікті элита қатарындасың ғой! – деп сықақтай күлді Дәулет. – Сенің айтқаның рас, бұл жерде бәрі басқаша. Қарағанды есті жиғызатын қала екен.

– Есалаң! Қолындағы баласымен жолдың ортасына шыққанын қарашы! – деп Асқар ашуланып, тежеуішті қатты басып жіберді – Осындай да топас қатындар болады екен!

Асқар әйнекті түсіріп, бір былапыт сөзін арнамаққа ыңғайланса да үрейден сұрланып кеткен әйелді көріп, алайып бір қараған күйі үндемей әйнекті жаба салды.  

– Банкте болдым, – деді Дәулет, – іші лық толы адам. Бәрі кредит алып жатыр.

– Сен не білмедің бе?

– Білмедім. Мені кредит емес, банктің үстемақы пайызы қайран қалдырды. Елдің өз еркімен бастарын тұзаққа салатыны қызық осы.

– Олар сол тұзаққа түсу үшін бәріне даяр ғой, – деді Асқар жаңа үйдің ауласына кіріп жатып, – Итшілеп жүрген тіршілік…

Бұл аулада автотұрақ шлагбауммен жабылып-ашылады екен. Асқар екінші қабаттағы пәтердің қоңырауын ұзақ басып тұрды. Сосын телефонмен қоңырау шалды. Содан кейін ғана есік ашылып, қысқа жейде мен ішкиімшең тұрған ұйқылы-ояу қыз көрінді.

– Асқарик! – деп қыз Асқардың мойнына асыла кетті.

– Назик, бар киін, қонақты қарсы ал, – деді Асқар қабағын түйіп, қызды еденге түсіріп.

– Бұл кім? – деп сұрады қыз, Дәулетке үңіле қарап.

– Досым. Жарайды, бар киініп кел, сосын айтам, – деп Асқар қызды бөлмеге қарай итерді.

– Көңілдесің бе? – деп сұрады Дәулет.

– Жарым.

– Қойшы әрі?! – деп күліп жіберді Дәулет.

– Менің серіктесімнің қызы.

 – Қатырасың!

Асқардың бірінші әйелінің ас мәзірі үй тағамы болса, екінші әйелі дастарқанды кілең аспазханадан сатып алған тағамдармен толтырды. Түрлі-түрлі ет, балық, шайнама, салаттар қойды. Бар-тоңазытқыштағы ішімдіктер тегіс шетелдік: виски, бренди, шарап, мартини, арақ. Назик оларды түрлі жеміс шырындарымен араластырып, коктейль жасап беріп отырды. Бірнеше коктейль ішкен Дәулеттің ұйқысы келді. Оған қарамаған қонақжай үй иелері арақ-шарабын құюмен болды.

– Фермаға бару керек, – деп Дәулет ара-арасында айтып қояды.

– Үлгереміз, Дәуке, саспа, – деп Асқар ішімдіктен құюын жалғастырды.

Ас үйде анаша шегіп алып, екі дос фермаға таңертең барамыз деген шешім шығарды. Төсекке таңға қарай жатты. Ұйқыға кетіп бара жатып, Дәулет төбеден зып берген құйрықтың көлеңкесін көргендей болды. Ол бала кезіндегідей үрейден көзін тарс жұмып, қара түнекке шомып кетті.

XVI

Қанша уақыт өтсе де, сабадан қымыз бен ысталған ағаш иісі мүңкіп тұр. Бала кезінде Дәулет осы бөлмеде ескі сандық пен сабаның арасында жиі тығылып отыратын. Сол жерде ойыншық сарбаздарымен ойнап, қызыл қапшыққа асықтарын тізетін. Ал біреуге ренжігенде сабаны құшақтап жылайтын. Осындайда анасы келіп:

– Менің құлыншағымды кім ренжітті? – дейтін.

Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Дәулет бұл бөлмеге сирек кіретін болды. Тек атасы ұзақ сапарға кеткенде ғана келіп, сабаны құшақтап, ата-анасын есіне алып бүгінгідей жылап отырады. Дәулеттің ойын даладан естілген ысқырық үні бұзды. Дәулет еденнен тұрып, көз жасын сүртіп, далаға жүгіріп шықты. Шарбақтың сыртында Асқар мен оның анасы Хадиша тәте тұр екен. Досын көріп, Асқар ыржиып қолын бұлғады.

– Сәлеметсіз бе Хадиша тәте, – деп амандасты Дәулет, оларға жақындап.

– Амансың ба, айналайын? Түскі асқа біздің үйге жүр. Әдейі сен жақсы көретін ет пен картоп қосылған манты дайындап қойдым, – деді Хадиша тәтесі.

 – Рақмет, тәте, мен атамды тосамын, бірге тамақтанамыз, – деп жауап берді Дәулет.

 – Ол кісі кешке қарай келеді. Сені маған тапсырып кеткен. Жүре ғой, балам.

Түскі астан кейін екі дос Дәулеттікіне келіп, атасы келгенге дейін Асқар әкелген приставканы қосып, ойынға берілді. 

Атасы қас қарайғанда досы Қасенмен бірге келді. Қастарында бөтен әжей бар екен, оны Жазира апа деп таныстырды. Жазира апа бірден үй жұмысына кірісіп кетті. Сөйтсе атасы досымен құдалыққа барып, Жазира апаны алып келіпті. Біраздан соң үйге көрші-қолаң жинала бастады, көрші әйелдер шашу сыйлықтар әкелді. Дөңгелек үстел жайылып, айналасына көрпе-жастық төселді.  Қонақтар үстелдің басында жайғасып отырған соң, атасы қолына домбыра алды. Күй әуені әуелі ақырын төгіліп, бірте-бірте жылқының шабысына ұласып, алыс елдерді кезген көшпендінің желмен жеткізген сағынышты сазына айналды.

– Бәрекелді! – деп Қасен атасы сақалын сипап, көз жасын сүртіп, ризашылығын білдірді.

Атасының шертісінде Дәулет бұрын сезілмеген жаңа үрдісті байқап, жымия қойды. Атасы оның жымиғанын көріп, шекке басын иіп, домбыраны шетке қойды.

 – Міне, Жазираш, танысып қой, жанымда отырған жалғыз немерем Дәулет, – деді атасы дауысы дірілдеп.

 – Бір жылдан аса уақыт өтті, қайғының да өз мерзімі болады, Жәке. Әрі қарай өмір сүру керек, – деп күрсінді Асқардың атасы, ұзын бойлы, жүдеу көсе Төлен.

– Менің де айтатыным тура сол! – деп қағып алды Иван. – Тамақтан алыңыздар, қадірменді достар. Бүгін менің досым әрі көршім Жәкеннің тойы. Ол үшін алып қою керек. Кімге кымыз, кімге шарап, ал кімге арақ құйып берейін, халайық, – деп ол асабалығына кірісіп кетті.

Бұл ата-анасы қайтыс болғаннан кейінгі Дәулеттің күлкі мен шаттыққа толы бірінші кеші еді. Жазира апа өзімен бірге қуаныштың пернесін алып келгендей болды. Дәулет пен Асқар әшейінде үлкендермен ұзақ отырмайтын. Бірақ осы жолы дастарқаннан тұрғылары келмеді. Шалдардың зілсіз  қалжыңына күліп, бірі-біріне себепсіз ыржалақтаған қалпы отыра берді.  Хадиша тәте үйінен Асқардың скрипкасын алып келді. Сол кеште Асқар бірінші рет көршілердің алдында скрипкада ойнады. Әдетте, ол тек мектепте концерттерде ойнайтын. Негізі, Асқар музыка мектебіне тек мамам үшін барамын деген. Дәулет те оның музыка сабақтарына мән бермейтін. Тек бұл кеште досының өнерін сүйсіне тыңдап, оны басқа қырынан танығандай болды. Асқар шабыттанып бір әуеннен басқасына ауысып, бүкіл елді тәнті қылды. Аракідік біресе Жәкен домбырасымен, біресе Иван баянымен Асқарға қосылып отырды.

Дәулет Асқардың шынайы сезімін білдіруге ұялатынын жиі байқайтын. Бірақ сол кеште Асқар ашылып, өзінің анасымен ұқсастығын айқын көрсетті. Оның жылы көзқарасы, бет әлпеті, ұзын сезімтал саусақтары анасынан алынған көшірмелердей еді.

Асқардың бенефисін кенеттен пайда болған әкесі бөліп жіберді:

– Жә, жетер. Скрипка ойнау еркекке жараспайды.

Асқар сұрланып, көзін төмен тайдырып, жаман бір қылықтың үстінде ұсталып қалғандай скрипкасын анасына беріп, асығыс шығып кетті. Хадиша күйеуіне ашуға толы көзбен бір қарағаннан әріге аспады.  

 – Ал енді частушка айтамыз! – деп Иван қолына баянды алып, жайсыз үнсіздікті үзіп жіберді.

Дәулет Асқардың соңынан шығып, ауладан таба алмады. Сол кештен кейін Дәулет досымен скрипка мен музыка туралы сөйлескісі келген, бірақ қарсылыққа тап болды. Бірде қыздардың алдында, досының скрипкада керемет ойнайтынын айтып еді, Асқар оны жақтырмай:  

 – Оның бәрі әншейін далбаса, – деп шорт кесті.

Жазира апа ақ көңіл, мейірімді жан болып шықты. Тағамды дәмді пісіретін және ешқашан ренжімейтін. Кейде бірнеше күнге бала-немересіне қонаққа кеткенде атасы мен немересі кәдімгідей жетімсіреп қалатын болды. Екеуі бір-бірімен шүйіркелесе қоймай, астарын үнсіз ішетін. Ал Жазира апа келісімен көңілдері орнына түсіп, үйдің іші қайтадан жайнап кететін.

XVII

Дәулет иығына тиген қатты соққыдан оянып, көзін ашып біраз уақыт есін жия алмай жатты. Жүріп келе жатқан көліктің кузовында жатқан сияқты. Дәулет айналасына қолын жүгіртіп, рюкзагын тауып алды. Ішінен шөлмектегі суды шығарды. Оны ашып іше бастап еді, көлік шұңқырдан секіріп, Дәулет кузовтың есігіне қарай домалап кетті. Шөлмектегі су үстіне төгілді.  Ішкен суы аздап шөлін қандырып, төгілген су айныған жүрегін басыңқырағандай болды. Көлік тағы да бір-екі селкілдеп барып тоқтады. Есік ашылып, дауыс естілді. Дәулет кузовтың қабырғасын қаға бастады. Бір сәт шарт етіп жабылған есіктің дыбысы естілді де қайта тыныштық орнады. Дәулет қабырғаны қаттырақ қағып:

 – Сыртта кім бар? Есікті ашыңдар! – деп айғайлады.

Тыныштық. Дәулет дыбыстарға құлақ түре бастады. Зымырап өтіп бара жатқан көліктердің дыбысы еміс-еміс естіледі, сірә, трасса болса керек және... жусанның иісі.  Сонда ғана Қарағандыға бір күн бұрын не үшін келгені есіне түсті. Қалғаны өткен күн мен түннің бұлаңғыр көріністері. Дәулет ыңғайлырақ жатып, рюкзагын басының астына салып, аяғын созды. Сонда ғана жейдесінің қатты малшынғанын сезді. Пуховик пен жейдесін шешіп тастап, рюкзактан таза майка, оның сыртынан флис жемпірін киіп алды. Пуховигін рюкзактың орнына басының астына жастық етті.  Жағдайдың оғаштығына қарамай Дәулет жата салып қалғып кетті. Жартылай ояу күйі Дәулет кузовтың есігі ашылып жатқанын естіді. Күн жарығынан көзін сығырайтқан Дәулет есікті ашқан басы қазандай кішкене еркектің сұлбасын көрді. Өзі көзін бадырайтып, тесіле қарайды екен. Күн сәулесінен басы денесінен үлкен, ал көзі шарасынан шығып кеткендей болып көрінді. Дәулет көзін жұмып, басын бір шайқап қайта ашты да:

 – Сен кімсің? – деп сұрады.

– Сенің патшаң мен құдайыңмын. Шық! деп гүрілдеді еркек.

 – Құдай мен патша?! Жолым болған екен, – деп Дәулет су жаңа жүк таситын көліктің кузовынан секіріп түсті.

– Соңымнан ер, – деді еркек.

Жүк көлігінің жанында көк джинсы мен күртке киген жігіт темекі шегіп тұрды. Дәулеттен бұрылып, жасырынғысы келгендей көрінді. Жақын жерде жол жиегінде джип тұр. Еркек соған қарай бет алған.

– Сенің атың кім? – деп сұрады Дәулет, еркектің артынан еріп.

Еркек тоқтап, Дәулетті бастан-аяқ қарап шығып:

– Сіз деп сөйле, менің атым Қазбек, – деді.

Мотордың дыбысын естіген Дәулет артына бұрылып қараса, трассаға қарай жүріп кеткен жүк көлігі екен.

 – Ал анау жүк көлігіндегі кім? – деп сұрады Дәулет.

– Сұрағың көбейіп кетті, – деп жауап берді Қазбек, тонын түзеп.

Өлшемі әлдеқайда үлкен тонға оранып алған, аласа бойлы, үшкір ұшты тозған туфли киген Қазбек аяғын жыбырлата басып Дәулеттің алдында келе жатыр. Киімінің бәрі басқа біреудің үстінен шешіп алғандай салбыраған, тек басындағы сабалақ қызыл феска ғана дәл қонып тұр.

 – Феска Түркияда жасалған ба? – деп болжамдады Дәулет.

 – Қайдағы феска-меска? – деп ашуланды Қазбек. – Көлікке отыр, фермаға барамыз.

Дәулет қуанып қалды. Есін білмей ішіп отырып, Асқардың кеше Қазбек туралы айтқанын ұмытқан болар-ау. Енді оған Қазбектің мына бастықсымақ түрі күлкілі болып көрінді.

Көлікте Қазбек радионы қосты. Ол шыжылдап, шырылдап қоя берген соң диск түймешесін басып еді, салонның іші шығыс әуеніне толып кетті.

– Өзбек литавралары ма? – деп сұрады Дәулет.

– Өзбек? Өзбектерде түк те жоқ, бұл татар аспабы, – деді Қазбек, – қазақтарда да түк жоқ, – деп жалғастырды ол.

 – Домбыра ше?

 – Ол да думбыра деген татардың аспабы.

– Демек сіз татарсыз, – деп қорытынды жасады Дәулет.

– Кім біледі, мүмкін татар, мүмкін монғолмын. Тегім ертеден тарайды, ол уақытта қазақтар мүлдем болмаған.

– Ее, монғол-татарлар де? Мына келе жатқан жер ше, ол да қазақтікі емес пе? – деп сықақтай сұрады Дәулет.

 – Жоқ, бұл – баяғыда сатылып кеткен жекеменшік. Қазақсың ба, мазақсың ба ешкімнің шаруасы жоқ. Қазір бәрін ақша шешеді, – деп жалт қарады Қазбек.

Дәулеттің намысы қозып, енді сазайын берейін деп Қазбекке шытынай қарады да тез ойланып, сабырға келді. Қортық наданмен сөз таластырғанша, фермаға жеткен соң Асқармен хабарласып, бүгі-шегін анықтағаным дұрыс болар деп, терезеге бұрылып, көзін жұмды.

XVIII

Дәулет әдеттегідей сабағын оқып болып, теледидардан жаңалық көріп отырған атасына қосылды. Экранда жасы келген әйел көпес бабасының баяғыдан тұрған үйін бұзғанына наразылығын білдіріп жатты.

– Ата, сол ескі үй үшін неменесіне сонша қайғырып жатыр, оның орнына жаңа биік үй салады, жаңаның аты жаңа ғой. Ал бабасын бейітіне барып еске алмай ма? – деп пікірін білдірді Дәулет.

– Сен Иван мен Тасяның үйіне қара да, Ережептің үйіне қара. Айырмашылығы бар ма?

– Иван атаның үйі биік әрі әдемі, ал Ережеп ағаның…

Сол кезде есік шарт ашылып, табалдырықтан қабағы қатулы сиыршы Ережептің өзі көрінді.

– Ассаламағалейкум, Жәке! Бұқамды таба алмай жүрмін, көрмедіңіз бе? – деп бірден сұрақтан бастады ол.

Жәкен күліп жіберді.

– Көрдің бе, балам, Ережеп үшін жоғалған бұқа апат, ал жертөлесі қисайғаны түк те емес. Міне айырмашылық осында.

– Уууй! – деп қолын сермеді Ережеп. – Сол жертөлені қайтесіз, жазда бұзам да бір машине кірпіш түсіріп, жаңа үй салам. Ал қазір бұқаны табу керек.

– Немерем екеуің егіздің сыңарындай ойлайды екенсіңдер. Бар, Дәулет, атыңа мініп іздес, – деді Жәкен.

Дәулет тонын, пимасын киіп, тымағын қолына алып, Ережептің артынан үйден шықты. Аулада сиыршының Қарагері байлаулы тұр екен. Өзі ауылдың ең бір безбүйрек құнаны. Дәулет оған тақалып келіп, қолы еріксіз жалына қарай ұмтылды. Қарагер сипағанын ұнатып, басымен Дәулеттің иығына сүйкенді.

– Пах-пах-пах! Қарашы жануардың жақсы көргенді сезгенін. Бар, Дәулет, атыңды ертте, қараңғы түскенше іздеп келейік, – деді Ережеп.

Сол арада, қақпаны ашып, аулаға Асқар кірді.

– Ассаламағалейкум, Ережеп аға! – деп басын иіп Ережеппен қол алысты.

– Амансың ба, Асқар. Менің бұқамды көрмедің бе? Бүкіл ауылды аралап шықтым. Жоқ. Енді Дәулет екеуміз ферма жаққа іздеп барып қайтайық деп жатырмыз.

– Е-е, ол сіздің бұқаңыз ба? Атам оны жаңа ғана аулаға қамады.

– Шын ба? Бір мүйізі сынық қара бұқа ма? Баяғыдан бері айтпайсың ба? – деп қуанып кеткен Ережеп асығыс аттана бастады.

– Жақсы хабар әкелгенім үшін сүйінші бермейсіз бе? – деді Асқар Дәулетке көзін қысып.

– Көз көрмей – көңіл сенбейді, менің бұқам болса ренжітпеймін, қара да тұр, – деп Ережеп кетіп қалды.

– Менің бұқам болса ренжітпеймін! – деп ыржиды Асқар. – Одан да шарбағын жөндемей ме, бұқасы далада қаңғып жүр.

– Сен бе оны аулаңа қамап қойған? Қатырасың, – деп күліп жіберді Дәулет, – Ережеп бұқасын қатты уайымдап еді. – Дәулет жыламсыраған Ережепті мазақтап, қабағын түйіп, көзін сығырайтып, екі саусағымен сиыршының салбыраңқы мұртын көрсетті.

– Қалжың ғой қамағаным! Атам болса жаман ұрысты. Қатты сұрланып кетті дейсің бе Ережеп? – деп Асқар да ренжіген Ережепті мазақтап, екеуі оның бұрынғыдан да төмен салбырап кеткен мұртына ішек-сілелері қатқанша күлді.

– Таптыңдар ма? Алыс кетпеген ғой, шамасы? – деп сұрады атасы Дәулет келгенде.

– Көршілердің ауласынан табылды, – деп күлді Дәулет. – Қаңғып жүрген жерінен оны Асқар өз қорасына қамап қойыпты.

– Барымташы ғой Асқарың, олардың тұқымында болған ондай.

– Барымташы деген кім?

– Мал ұрлауды кәсіп қылатындар. Мәселе қамауда емес, ізін білдірмей тығып қоюда. Асқар сияқты. Алақандай ауылда Ережептің бұқасын тығып қойғанын қарашы,-деп таңғала басын шайқады Жәкен. Әкесінің тұқымына тартқан сенің Асқарың.

– Жоға ата, Асқар ондай емес, жай қалжың емес пе, – деп Дәулет досын ақтап алуға тырысты.

Атасы негізі әр адамның қасиетін тез аңғаратын. Дәулет оның болжамы шын келгеніне талай куә болған. Қазақ ауылында Берік деген бала болатын. Балалық шақта Дәулет пен Асқармен ойнауға жиі келетін. Берік бастықсып, әркімге бұйрық беріп, қазылық жасап, әлдебір табысты бөлгенге құмар болатын. Өзі ойынға да қатыспай, сырттан қарап отыратын. Көбінесе ысқырығын алып, шарбаққа жайғасатын.  

– Прапорщик болады, – деді бірде атасы Берік туралы. Расында, жиырма бес жасында пропорщик лауазымына ие болған Берік әлі күнге дейін пропорщик. Одан биік шенге өспеді.

XIX

Мотордың шуы мен жолдың шұңқырларына қарамай Дәулет қалғып кетті. Жол бойы жарым-жартылай қалғып отырса да, айналада болып жатқан өзгерістерді байқап жатты. Жол жадағай шоқылы жерге ауысқанын білді. Қазбектің дискіні ауыстырып, шығыс әуендері шансонға ұласқанын естіді. Арасында түсіне бала кезінде боранда Асқар екеуі тығылған бейіт кірді. Сол мазарда Асқар екеуі алма кезек үшінші біреумен қарта ойнап отыр екен. Бірақ оның келбеті анық көрінбейді. Асқар ойынға кіріскенде, бәйгеге мұның тұмары тігілді, сол себепті ол досының ұтқанын тілеп отырды. Ақырында Асқар жеңді, бірақ ол тұмарды Дәулетке берудің орнына бетін жасырып отырған ойыншыға ұсынды. Бұл үшінші адам оны Асқардың қолынан жұлып алып, жоғалып кетті. Осы тұста оянып, көзін бір ашып алған Дәулет кеудесіндегі тұмарын қолымен сипап тексеріп қойып, қайтадан қалғи бастады. Ол:

– Келдік, шық! –  деген Қазбектің бұйрығынан оянды.

– Құп болады! – деп Дәулет көліктен шығып, ұйып қалған аяғын жазды.

– Анау үйде тұрасың. Сонда бос кереует бар. Матрас та болу керек, сайтан алғыр бичтер ұрлап әкетпесе, – деді Қазбек барақ тәрізді үйді көрсетіп.

Дәулет рюкзаг пен күрткесін алып балшықтан салынған үйге қарай аяңдады. Үйдің есігі ашық тұр екен, есіктің ойығында май басқан тор ілінген. Дәулет торды сырып, ішке кірді. Барақтың ішінде сыз бен махорка аралас иіс мүңкиді.  Бөлменің бар жиһазы екі қатар темір кереует, қабырғаға тығылған сөре, үстел мен отырғыш және кіреберістегі пеш екен. Заттарын бос кереуетке тастай салып, Дәулет далаға шықты. Қазбек кілтпен екінші кішілеу үйдің құлпын ашып жатты.

 – Не матрасты таптың ба? – деп сұрады Қазбек Дәулетті көріп.

– Жоқ, іздеген жоқпын әлі. Маған қоңырау шалу керек, телефоныңызды беріңізші.

– Қайдағы телефон? Мұнда ұстамайды, – деді Қазбек.

– Сонда мен не істеуім керек?

– Жылқыларға қарайсың, мен жоқта қанғыбастарды қадағалайсың. Не білмеп пе ең?

– Қайдағы қанғыбастарды?

– Кешке келеді, көресің. Кел, маған көмектес, – деп Қазбек үйдің есігін ашып, көлікке қарай жөнелді.

– Мына қаптарды үйге апар.

Көліктің жүк қоймасында үш қап макарон, екі қап картоп және бір қап пияз жатыр екен. Дәулет қаптарды үйге тасып бітіп:

– Қазбек, түсініспеушілік болған сияқты, маған қайтып барып Асқар досыммен сөйлесу керек.

 – Қайта бер, – деп мысқылдады Қазбек.

 – Ал сіз қашан қайтасыз? – деп сұрады Дәулет.

 – Белгісіз әлі, қой қораны жылыту керек. Ендігі аптада қар жауады дейді.

 – Мен қалай кете алар екем?

 – Кете алмайсың, бұл жерде такси-макси жүрмейді, – деді Қазбек.

 – Жаяу барсам ше? Жақындағы ауылға неше сағатта жетуге болады?

 – Сен өзің расында ақымақсың ба? Әлде мені әдейі жынды қылып тұрсың ба? – деп кенет ашуланды Қазбек.

 – Түсінбедім, – деді Дәулет, Қазбектің қасына жылдам жақындап.

 Қазбек қорыққанынан есікке қарай шегініп:

– Мен сені полицейден қаңғыбастарға бас-көз болсын деп екі қой беріп сатып алдым, – деді.

– Қалайша сатып алдың? Есің дұрыс па?  – деп тұрып қалды Дәулет.

 – Сол полицей сен туралы құжаты жоқ біткен адам деді, – Қазбек үйдің ішіне қарай шегіне бастады да Дәулеттің шабуылдамайтынын көріп, орнында қалды.

– Құжаттарым толық: жеке куәлігім, әскери билетім, тіпті шетелдік паспортым да бар, көрсетейін бе? – деп Дәулет бараққа қарай асықты.

 – Көрсет! – деп айқайлады Қазбек.

 Көз алдына көлікте кірген түсі келіп, Дәулет кеудесін сипалап тұмарын тауып алды. Үйге кірісімен оны мойнынан шешіп алып тексерді. Тұмар – бүтін. Ішіндегі үш бұрышты теріге оралған қағаз да орнында. Дәулет рюкзагын алайын деп еді, кереуеттен тек сырт киімін тапты. Жан-жағына қарап, терезе алдындағы кереуеттен әлсіз қимылды байқағандай болды. Оған жүгіріп барып, көрпені ашып жіберді. Мақта көрпенің астында басын қолымен көлегейлеп бір жігіт жатыр екен. Қасында – рюкзак. Дәулет рюкзакты алып:

– Сен кімсің? – деп сұрады.

 – Ал сен кімсің? – деді жігіт қолын басынан түсіріп. – Мен ештеңе алған жоқпын, жай қарадым, – деп жылпылдады.

 Дәулет рюкзагын ақтарып, жан қалтасынан конверт пен әмиянын  шығарды.

– Тоқтай тұр, – деп әмиянын ашып тексерді: ақшасы орнында, куәлігі жоқ.

 Дәулет барлық заттарын аударып-төңкеріп, құжатын таба алмады.

 – Куәлігіңді жоғалттың ба? – деп жігіт қабаттаса сұрады. Сосын кереуетке отырып:

 – Димон, – деп қолын созды.

– Дәулет.

– Менің де құжатымды бір азғын полицей қисынын келтіріп алып қойды. Қазбек қортық соның сыбайласы, осында итшілегеніме жарты жылдай болды.

XX

Дәулет жайылып жүрген отарды төбеден көзбен шолып отырады. Қаншама бытырап кетсе де көз көрім жерде. Бақылайтын жер табуды атасы үйреткен. Жаз сайын Дәулет атасы екеуі қазақ ауылында тұратын Қасен шалдың кезегін алып бірнеше рет қой баққан.

Қартаң жасына қарамай Қасен қорасында он шақты қой, сиыр, бірнеше бие ұстайтын. Бағып тәрбиелеген тоғыз қызы бірінен соң бірі тұрмысқа шығып, тарап кеткен соң, кемпірі Қарақат екеуі жалғыз қалды. Қыздары мен немерелері анда-санда келіп тұрады. Кейде шал мен кемпір жол жүріп, қыздарына барады. Сондай жағдайларда Қасен қой кезегін Жәкенге тапсыратын.

Қазақ ауылы деп шеттегі мал ұстайтын жанұяларды құрайтын бірнеше көшені атайтын. Атауына қарамай ол көшелерде әртүрлі ұлт өкілдері тұрады: немістер, татарлар, орыстар, гректер, ингуштар мен украиндықтар. Қазақ ауылы қойды кезекпен бағатын.

 – Төбенің жотасында, шығыс жағынан да батыс жағынан да шөп көп болады, – дейтін атасы.  – Таңертең қойды көлеңке түсетін батысқа жай, ал түстен кейін шығысқа айда. Көлеңке түскен жерде шөп күйіп кетпейді, – дейтін тағы. Күздігүні малды күннің соңынан төбені айналдыра жаю керек екенін Дәулет өзі түсінді. Көктем шыға қойлар еріген қардың астындағы қылтиған шөпке ұмтылатынын көрді.

Төбеден ашылатын кең көкжиекке қарап, Дәулет балалық, жастық шақта шырқаған әндерін есіне түсіріп отырады. Қолына қаламын алып, шумақтарын жолма-жол жазады. Мұндай жазу көңіл-күйіне байланысты күнделікті әдетіне айналды. Бірақ кейде күні бойы ойланып, әннің бірде-бір сөзін есіне түсіре алмайды.

Бір күні көтеріңкі көңіл-күйде отырып, орысша «Взвейтесь кострами» деген пионерлер өлеңін есіне алды. Өзі пионерлер қатарына өтіп үлгермесе де, пионерлер лагеріне барып үлгерді. Күні бойы қиналып, барлық шумақтарын кезекпен жазып біткенше өлеңнің жұмбақ қарама-қайшылықтарына мән беріп, ойға шомды. Неге пионерлер тек жұмысшылардың балалары болуы керек? Сонда басқалардың балалары пионерге өтпеген бе? Пионерлер дайындалған жарқын болашақ дәуірі қайсы? Сірә, коммунизм арман күйінде қалған-ау?

Келесі күні ағайынды Гейзерлердің есімдерін есіне түсірді. Ол екеуі пионер лагерінде боқауыз частушкалар айтатын. Вильмар мен Вальдемар ма? Вильгельм мен Вальдемар ма? Ағайындылар орындайтын бірнеше частушкаларды жатқа білетін Дәулет олардың толық есімдерін есіне түсіре алмай қиналды. Оларды Валик пен Вилик деп атайтын. Сол күні Дәулет қойларын частушкалармен алдандырды. Тек келесі күні таңертең ғана олардың есімдері Вильгельм мен Вальтер екені есіне түсті.  

Есімдер мен өлеңдер арқылы Дәулет өткен күндеріне саяхат шегеді. Кейде Дәулет өзінің жасына қарамай ақылман болып алғанына таңғалады.

Жетінші сыныпты бітірген жазда есірткіге қатысты шулы іс басылғаннан соң Асқар екеуі тығып қойған сөмкені алып велосипедпен ауылдың сыртына шықты. Ішіндегі тәжік анашасы мен героинды екіге бөлді. Осылай жасауды Асқар ұсынды. Дәулет болса бәрін жағып тастағысы келген. Расымен де ол өз үлесін сол жерде бірден отқа жақты. Асқар өз үлесін Қарағандыға апарып, жиен ағасы арқылы сатып, ауылға су жаңа «ВОСХОД 3М», мотоциклін мініп келді. Аяғында әппақ фирмалық кроссовки. Дәулет оған қызығып, кейде есірткіні жағып жібергеніне өкінсе де, онысын білдіртпейтін.

 – Менің істегенімді істесең, мен сияқты байк теуіп жүретін едің, – деп Асқар оның қытығына тиетін.

 Атасы туған күніне ұсталған «Минск» мотоциклін сатып әпергенде Дәулеттің іштегі бар қыжылы сейіліп кетті.  Асқар екеуі бірігіп мотоцикл тебетін болды.

Ән мен өлең жалықтырғанда, Дәулет шахмат партияларын есіне алып, дәптерге тақтасын сызып, шешімін іздейді. Сөйтіп оның өлең мен шахмат аралас күндері өте берді. Өлеңдерін еске түсіргенде Дәулет төбеде отырып қалса, шахмат жұмбақтарын шешкенде жайылған қойлармен бірге жүре береді. Әр шешім өзінің өмірдегі бір күрделі мәселесімен байланысты болып шығады. Бір күні ол Мырза атты мысығы есіне түсіп жылап алды. Дәулет оны таңертең тұмшапешке қамағанын ұмытып кетіп, кешке күйген жүн мен еттің иісі шыққанда барып өлексе күйінде тапқан.

Дәулет шахмат партияларын жүре-бара қиындатып, ең күрделісіне, Асқар екеуінің қарым-қатынасына, жақындауға бата алмай қойды.

***

Сол күні, таң атқаннан ештеңе өнбеді. Қазбек екі аптадай келмей кетті. Фермада азық-түлік таусылды. Степаныч пен Дәулет таңдырсымақ бірдеңе жасап, қалған ұнға тұз бен су қосып, нан пісірді. Тандыр нан соған қарамай дәмді болып шықты. Еркектер бір-біреуден жеп, шай ішіп алды. Ал таңғы астан кейін темекі тартуға далаға шыққанда Қазбектің иті кіріп нанның жартысын алып кетіпті. Дима мен Нұржан оны тепкілеп, өлтіре жаздады.

– Өзі азғын иті де сондай, – деп ашуланды Нұржан.

– Бұдан кәуәп жасау керек, – деген ұсыныс айтты Дима.

 – Егер таяу күндері Қазбек келмесе солай істеуге тура келеді, – деп Степаныч та қолдады.

Қой сою туралы ешкім жақ ашпады. Қазбектің қойын сойған Нұржанның оқиғасы бәрінің есінде. Сол қылығы үшін Қазбек барлығының көзін бақырайтып қойып, Нұржанның куәлігі мен әскери билетін жыртып отқа тастап жіберген.

Нұржан – қалыптасқан ойыншы, Қазбектен ойынға алған қарыздарын өтеп бірнеше жыл жұмыс істеп жүр. Қазбекке ата-анасынан қалған үлкен үйін де арзанға сатып жіберіпті. Екі баласы бар жесір қарындасы да Қазбекке бұйырды. Күйеуі қайтыс болған соң қиын жағдайда қалған Жарқын қарындасы Қазбекке күйеуге шығуға мәжбүр болыпты.

Қалған нанды еркектер бөліп алды. Дәулет өз азығын алып, қойды алыс отарға айдап кетті. Сол күні ол 1972 жылғы Фишер мен Спасский арасындағы ойынға кірісті. Кезінде сол ойынның барлық жиырма бір партиясын Дәулет жатқа білетін, тек ең соңғы партиясының ендшпилінде шатасатын. Бірінші партияны оңай шешіп, Немцович қорғанысын аяқтап шықты. Әрі қарай сәті келмеді: қойлар жан-жаққа бытырап, шашырай берді. Серке оларды бастамай қойды. Біраз жүгіріп Дәулет қойды жинап, солтүстік жоталарға айдап кетті. Түске қарай аспанда бұлт үйіріліп, жаңбыр сіркірей бастады. Дәулет нанын жеп алып, отардың легіне қосылып жылжи берді. Қойлардың соңында жүріп, әр партияның жүрісін бірінен соң бірін талдап келе жатты. Қас қарайғанда жиырма бірінші партияға дейін жетіп, Алехин дебютын қайталаған Фишердің жүрісінен кейін шатасып кетті. Эндшпильді ертең аяқтаймын деп ұйғарған Дәулет адасып кетті. Алыста жартасты жоталар көрініп тұр, демек ол, керісінше, оңтүстікке кетіп қалған.

Дәулет ашуланып, бәтеңкесімен балшықты шалпылдата басты. Ең негізгі мәселесін шеше алмайтындығына, өзіне, бүкіл дүниеге өші кеткендей ызаланды. Ол Асқардың солға еңкейте жазған қолын бірден таныған: Дәулеттің Қанатты қалай өлтіргенін, өзінің қарауылда тұрғанын қиыстырып-ақ жазыпты. Өзі ойлап тапқан ба әлде біреу ұйқастырып берді ме?  Шарипов көрсеткен арызды Дәулет есіне алғысы келмегені ме әлде досын әлі күнге дейін жамандыққа қимағаны ма? Атасы да:

 – Оған ренжіме. Әрқашан көзге сене беруге болмайды, жүрекпен сезген дұрыс! – деген.

Демек, Асқарды қысым көрсетіп жазғызды. Ал милицейлердің оны қинап, азаптағаны туралы Асқардың өзі айтқан. Камерада Дәулет көп ойланып, арыз туралы білетінін досына көрсетпеуге өз-өзіне серт берген. Өйткені Дәулеттің де досынан жасырғаны бар.

– Сенің абақтыда бір ай бойы көз бояушылықпен отырғаныңды ешкім білмеуі керек. Асқарға да айтпа. Егер сұраса, сенен қайта-қайта Қанатты өлтірген түн туралы сұрай берді деп айт, – деп атасы да ескертті.

Есірткі трафигі жөніндегі қылмыстық топқа қарсы іс-шаралар анықталғанша, Қанатты өлтірген қылмыскерді тапқанша Дәулет камерада жалғыз, бір ай бойы отырып шықты. Сол кез таңертең оянғанда көзі төбедегі темір бағанаға тіреліп, Дәулетті үрей билейтін. Кейін осы бағана түсіне жиі кіріп тұрды. Кейде қатты мас болғанда төбеде, бағанада отырған құйрықты аждаһа елестеп, оянғанда көзін ашуға қорқатын.

Ұзақ, ызғарлы ақпан айы. Белгісіздік пен үміттің кезеңі. Дәулеттің атасының айтуы бойынша даладағы ең қатерлі ай. Қар ерте еріп кетіп, артынан аяз қысса жердің үсті мұзға айналып, жайылымдағы мал қимылсыз, жемсіз қатады. Ал ерте көктем су тасқынымен қауіпті. Жұтқа лайық ақпан, ажалын сезген жауыз патшадай, кетерінде қанқұмар мінезін тағы да, соңғы рет көрсетіп кеткісі келеді.

Атасының ақылы жөн болған екен. Есеп теңбе-тең: Асқар екеуі де бірін-бірі алдады...

XXI

Дәулет қойларын бір кішігірім тас құламаның астына айдады. Басында маңырасып, топтала тосырқаған мал, біртіндеп біріне-бірі сүйкеле түсіп жата бастады. Дәулет олардың қасына қисая кеткісі келіп еді, артынша «қыстырылатын жерді тапқан екенсің» деген мысқыл ой оны былай әкетті.  Тым шалғай емес жерден малды да бақылауға, отты та жағуға ыңғайлы орын іздей бастады. Тау жотасының басында қалта шамымен жолға жарық түсіріп жүріп, жалғыз тұрған мазарды көріп қуанып қалды. Баяғыда боранды түнде Асқар екеуі осындай мазарды паналап бораннан сақтанған. Әрине, қорыққандары да бар, бірақ олардың басқа амалдары қалмап еді: я бейіт басында түнеп шығуға я суықтан қатып қалуға тура келген.

Сол түні шала ұйқыдағы Дәулетке аян келген. Бейіттің аруағы болар, ақ сақалды шал оны таң ата оятқандай болып, тезірек шығысқа қарай бет алуды бұйырды. Дәулет досын зорға оятып алып, екеуі тез жиналған да жолға шыққан. Содан өздері де аман қалып, жолшыбай бір ықтасын сайдан Сағынтайдың сиырын да тауып әкелген. Осы оқиғаны атасына айтқанда ол еш таңғалмай:

– Бейіт – аруақтардың мекені. Олар бізді қорғайды, – деген.

Дәулет айналадан құрғақ ши, шөп, сасыр мен тобылғының бұтақтарын жиып, мазардың ық жағын ала алау жақты. Бұл жерден қойлар да көрінеді, жел де соқпайды. Жайланып отырып, жылынған соң қарыны ашқанын сезді. Дәулет қалтасынан құрт салған дорбасын шығарып, ішінен біреуін алды да аузына салды. Бірнеше ай далада жүрем деп өзін-өзі аштыққа шыдауға үйретумен келеді екен. Мұнда бастысы бар ойды тамақтан басқа нәрсеге аудару керектігін түсінген. Тіпті шыдауға келмесе, осылай құртын шығарып, сора бастайды. Артынан шөлдеп, су ішкенде қарны тойғандай болады.

Дәулет қалада өз еркімен тамақ ішпей, тіпті ашығып та жүретін бірталай адамды кездестірді. Диета ұстайтын әйелдер мен еркектер, йогамен айналысатындар, денсаулығын жақсартамын деп тамақты аз жейтіндер мен аузы беріктер. Жедел жобаларды іске асыру барысында аштық жұмыс қабілетіне зор әсер ететініне Дәулеттің де көзі жеткен.  Ол түскі асқа үзіліс жасамай, көбірек жұмыс бітіріп үлгеретін. Ал түсте қарнын толтырып алған жағдайда  ұйқысы келіп, көңілі тынығуға тартып тұратын.

Дәулет таң ата тоңып оянды. Түндегі жаңбыр қарға айналыпты. Аппақ айналада қойлар ғана қарауытып жатыр. Дәулет мазардың сыртынан жазу я белгі іздеп таппады. Айдалада тұрған жалғыз бейіт. Әлде жақында ауыл бар ма? Дәулет біраз жүріп жолды тапты. Шамасы, жотаның ар жағында ауыл бар. Ауыл жайлы ой санасында жылт еткенде Дәулет бүгінгі ауылының Нұржан, Дима және Степаныч тұратын фермаға айналғанын еріксіз ойға алып, көзін алыс көкжиекке аударып әкетті.

Степанычтың жасы алпыстар шамасында болса да түрі сексендегі шалға ұқсайды. Нұржанның айтуы бойынша, Степаныч – панасыз қу сирақ. Ол көп жыл бойы кен ошағында вахта әдісімен жұмыс істепті. Ауылға келгенде ата-анасынан қалған үйде тұрған. Ол үйде туған қарындасы мен інісі болған. Уақыт өте қарындасы тұрмысқа шығып, Қарағандыға көшіп кетіпті.  Інісі әскерге барып келген соң жұмыс істемей, әрекідік салынып ішетін кеселге ұшырапты. Степаныч вахтадан келгенде інісі оны ішкізіп, ақшасын тартып алатын  болған. Кейін Степаныч жұмыста жүргенде інісі үйді сатып, мүлдем жоғалып кетіпті. Соңғы уақытта біреулер оны Москвада екен, отбасын құрыпты дескені бар.

Сөйтіп Степаныч баспанасыз қалды. Жалақысы жақсы болса да үй сатып алуды ойламады. Үнемі кен ошағында қалып жүрді, анда-санда ауылға келгенде ішетін таныс достарына барып тапқан табысын жұмсап, қайтадан кенге келеді. Кен ошағын жауып тастаған соң малшы болып жалданып, фермадан фермаға көшіп жүрді. Бірде шайтан түртіп, адам тонау айыбымен абақтыға да қамалып шықты. Екі жыл отырып келген соң біраз уақыт панасыз көше кезіп кеткен. Қазбектің оны малшы қылып жұмысқа салғаны осы кез.

Дәулет келгенше Степаныч қой бағыпты. Дима мен Нұржан болса – жылқыда. Сақпан мен қой қырқу кезінде Қазбек қосымша малшы жалдайды екен. Фермадағы шаруашылықпен Қазбек өзі айналысыпты.

Дәулеттің Степанычпен бірінші кездесуі есінде  қалып қойды.  Бараққа үстіне майлы күпәйке, аяғына тозығы жеткен етік киген, еңсесі түсіңкі шал кірді. Үндемей сырт киімін шешіп, кереуетке отырып, етігін шеше бастады.  Еңкейген күйі етігінен әуелі кір шұлғау оралған бір аяғын шығарып алды. Біраздан соң екіншісіне кірісті. Шұлғауды шешіп, қанталаған башпайларына қарап алды да кереуетке жата кетті.

 – Степаныч келдің бе? Темекі тартасың ба? – деп біраздан соң үйге Димон кіріп, шалдың қасына барды.

Степаныч күлімсіреп, басын сәл көтерген болды. Дәулетке де көз қырын тастап, төмен қарады.

– Міне, Степаныч, танысып қой. Бұл – Дәулет.  Біздің бастығымыз болады, – деді Димон шалға бір тал папирос беріп.

Шал Дәулетке өткір жанарымен бір қарап, басын изеді.

– Сендерде дәрі-дәрмек бар ма? Аяқтағы жараларды емдеу керек, – деді Дәулет көзімен шалдың башпайларын меңзеп.

Степаныч аяғын жерге түсіріп отырды.

– Қайдағы дәрі? Бұл саған аурухана дейсің бе? – деп қарқылдап күлді Димон.

 – Ештеңе етпейді, жазылады, – деді Степаныч, қағазға оралған папиросты рахаттана тартып.

Келесі күні Дәулет Қазбекпен сөйлесіп, шалды шаруашылыққа қойып, өзін отарға жіберуге көндірді.

 – Әзер жүрген шал, аяғы қансыраған жара, қойды бағуға шамасы келмей, далада қатып қалса қайтеміз? Ал менің қой бағуға тәжірибем де икемім де бар, – деп иландырды Дәулет.

– Бұл шал бізден артық өмір сүреді, – деді таңырқаған Қазбек. Сосын біраз ойланып: – Жарайды, баққың келсе баға бер, бірақ әр қойға басыңмен жауап бересің. Құжаттарың полицияда жатыр, – деген шешім шығарды.

Степаныч ферманың шаруашылығына ауысты. Пешті жағып, қашарды тазалап, жылқыға қарап, Қазбек жоқта тамақ дайындайтын болды.

Димон Степанычқа бауыр басқандай. Екеуі үндемей темекі шегіп отырғанда өңдері кіреді. Сондайда бозбаланың ұнжырғасы тірек тапқандай жайланып қалады.

Бұғанасы қатпаған Димонның дене мүшелеріндегі келіссіздік бірден көзге түсуші еді. Ойнақшып тұратын қуыршақ көзі жайғасқан бір жапырақ беті үлкен денесіне, күректей алақанына үйлеспейтін. Өзі әкесін жиі есіне алады. Оны кезекті рет жазықсыздан жазықсыз абақтыға қамағаны жөнінде айтады. Әкесінің бұған айтқан «досыңды ешқашан сатпа, абыройыңды сақта» деген ақылын жиі қайталайды. Бірақ әкесін бекер күткені, оның абақтыдан шығысымен үйіне оралмай, Шымкентте хабарсыз жоғалғаны туралы үндемейтін.

Дәулет сәл әлденіп алып, фермаға қайтайын деп шешті. Төбе асып, ауыл іздегені еш пайда бермес. Қашқысы келген жағдайда да құжатсыз билет сатып ала алмайды, сатып алатын ақшасы да жоқ. Мұнда тап болған кезден-ақ қашудың бар жолын ойластырып қойған Дәулет, уақыт өте келе ферманың өміріне бейімделіп кеткендей.  

Дәулет темір кружкасына қар салып, бейіт маңайындағы тобылғының қураған бұтақтарымен су қайнатты. Қатқан нан тістеп, қайнаған су ішіп, жылынып алған соң малды фермаға қарай айдай бастады. Жол-жөнекей қайтадан Фишер-Спасскийдің партияларын жиырма біріншісіне дейін түгендеп шықты да күн батпай фермаға жетті.  

XXII

Қазбек жаңа жылға бір апта қалғанда келді. Азық-түлік, бензин әкелді. Жол тазалайтын тракторы бар жүргізушімен бірге келіпті. Екеуі фермада бір күн түнеді. Сол арада Қазбек малды санап, қашарлардың жағдайын тексеріп шықты. Кететін күні таңертең Қазбек үлкен үш қой сойдырды. Етін көлігінің жүксалғышына артып алды. Ферма тұрғындарына ішек-қарын, бас-сирақтарын қалдырды.

– Бұл сендерге арналған азық, – деді ол Степанычқа.

Қазбек тракторшыны өз көлігімен алып кетті, ал тракторды фермада қалдырды.  Оны қарыз есебінен алып қойыпты.

 Қазбектің қарызға ақша беретінін біліп, оған адамдар бүкіл ауданнан кредит алуға келеді екен. Қазбектің пайызы банктердікіне қарағанда әлдеқайда төмен, төлем ережесі де икемді. Бүгінде ауданның жартысынан көбі Қазбекке қарыздар болыпты.

Отыз бірінші желтоқсанда Дәулет отарды жайылымнан ертерек айдап келді. Степанычқа қуырдақ пісіруге көмектесті. Мерекелік дастарқанға отырудан бұрын барлығы жуынып, таза киім киді.

– Ішімдіксіз біртүрлі көңілсіз, – деді Димон.

 – Ия… – деп келісті Нұржан.

 – Айдалада оны қайдан табасың, – деп мырс етті Дәулет.

 – Көрші фермада самогон сатылады, – деді Димон.

 – Көрші ферма елу шақырым жерде, мынандай қарда оған жету екіталай, – деді Степаныч.

 – Бізде трактор бар… солярка да бар, – деп қулана жымиды Димон, – мен солярканы керек болып қалар деп жазда тығып қойғам.

Біраздан соң ол үйден шығып, канистр алып келді.

– Ақшаны қайдан аламыз? – деді Димон енді.

 Бәрі Дәулетке қарады.

 – Базар жоқ, – деп ыржиды ол. Орнынан тұрып, рюкзагынан ақшасын шығарды.

Үшеуі кабинаға отырып, жолға шықты. Арагідік тракторды тоқтатып, ауысып айдайды. Тракторды бәрінен Нұржан жақсы жүргізді. Оның бульдозерде істеген тәжірбиесі бар екен. Дәулет пен Димон кейде рөлге ие бола алмай, трактор қиқалаңдап қалың қарға бата берді. Үшеуі айғайлап ән шырқап, балаша ойнап-күліп, көрші ферманың дүкеніне жетті. Дүкеннің есігінде дәу құлып ілулі тұр екен. Жігіттер жақын тұрған үйдің жарығы бар жалғыз терезесін қағып, жергілікті фермердің дастарқанына тап болды. 

 – Келіңдер, жоғары шығыңдар! – деп Тілек атты үй иесі оларды дастарқан басына жайғастырып, арағын құйды.

 – Қайдан жүрсіңдер? Кім боласыңдар? – деп сұрады ол, қонақтар ішіп салып, үстелдегі тамақтан ауыз тиюге кіріскенде.

– Біз көрші фермада жұмыс істейміз… – деп Дәулет бастай бергенде, Димон оны шынтағымен түртіп, Нұржан да  оған наразылық танытқандай қарады. Іле-шала Димон Дәулеттің сөзін бөліп жіберіп:

 – Самогон сатып алайық деп едік, дүкен жабық тұр, – деді.

– Сатушы менің әйелім, қазір барып ашады, – деп Тілек шай құйып отырған әйелге қарады.

Олар бірден дастарқаннан тұрып, Дәулет үй иесіне қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Тілек аң-таң күйі:

 – Сау болыңдар! Келіп тұрындар, – деп қоштасып қала берді.

Еркектер үйден шығып, сатушы әйелмен бірге дүкенге кірді. Үш үлкен, бір кішкене шөлмек самогон сатып алып, көңілді күймен жолға шықты.

Қайтарда жігіттер рөл алмаспады. Нұржан тракторды өзі жүргізді: бәрі тезірек үйге жеткісі келген.  Айдаладағы барақ жылы ұяға айналғанына таңғалған Дәулет:

 – Адам расында бәріне де үйреніп кетеді екен, – деді.

 – О не дегенің? – деп сұрады Нұржан, бірақ Дәулет жауап қатпады.

Нұржан келісімен кішкене шөлмекті барақ қасындағы қалың қарға тығып қойды да: 

 – Ертең бас жазамыз, – деді.

Төртеуі асықпай тамақ жеп, әңгімелесіп отырып бірінші шөлмекті ішіп алды. Екіншісін ішіп бітіргенде еркектер бірін-бірі тыңдаудан қалды. Димон билеуге талпынды. Нұржан адамзаттың барлық күнәсін Қазбекке жауып, оны боқтаумен болды. Степаныч ақырын, мұрнының астынан ән салуға кірісті. Дәулет өз орнына жатып, қалғи бастады. Біраздан соң үшінші шөлмек ашылып жатты.

Дәулет түн ішінде қорылдан оянды. Терезеден бөлмеге аппақ қар нұрымен араласқан  ай жарығы кіріп тұр. Димон өз орнында тыныш ұйықтап жатыр. Нұржан шалқасынан түсіп, қатты қорылға басыпты. Дәулет оны қолынан түртіп еді, Нұржан қырына аунап жатып, тыныштала қалды. Степаныч пеш пен үстел арасындағы еденде ұйықтап қалыпты. Дәулет оны қолтығынан сүйеп орнына жатқызбақ еді, Степаныч бірдеме деп бұрқылдап, мұны итеріп, қарсыласып бақты. Дәулет шалды жатқан орнында көрпемен жауып, басының астына жастық қойды.

Жаңа түскен қар аяқ астында жылтырап жатыр. Дәулеттің басынан маңызды бір нәрсесін жоғалтып алғандай сезім жүгіріп өтті. Жаңа жылдың алғашқы түнін өткізіп алғаны ма? Мазаланатын нәрсе ме бұл өзі?

Дәулет ақырын есігін ашып, қой жатқан қашарды тексерді. Сосын жылқыларға барды. Жануарлар алаңсыз ұйқыға берілген. Сағатқа қараса – төрт жарым. Дәулет бараққа оралып, пешке көмір салып, қайта жатып ұйықтап кетті.

Ол қатты айқайдан оянды. Көзін ашқанда бөлмеге жүгіріп кірген Димон Степанычты бүйірден бір тепті.

 – Ей, не істеп жатырсың? – деп ақырып, Дәулет орнынан ұшып тұрды.

Артынша үйге Нұржан да кіріп, Степанычты бар күшімен ішінен тепті. Степаныч аһылап, бүгіліп, жиырылды да қалды. Екеуі бірге Степанычты тепкілеуге кірісті.

 – Жігіттер, тоқтаңдар, – деген Дәулеттің ащы дауысы шықты. Бірақ олардың бұған құлақ асар түрі көрінбейді.

 Дәулет Нұржанды Степанычтан айырғысы келіп қолынан жұлқыды.

– Бөгет болма, ары тұр, – деді Нұржан ашуланып.

 – Не болды? Не үшін? – деп айғайлады Дәулет.  

– Бас жазуға қалдырған самогонды ішіп қойыпты, оңбаған! – деді Димон, тағы да Степанычтың ішінен теуіп.

– Оны мен ішіп қойдым, – деді Дәулет жігіттерді тоқтату үшін.

Жігіттер бір сәт кідіріп, Дәулетке тесіле қарады.

 – Өтірік! – деді Нұржан. –  Әне шөлмек қайда жатыр, – деп ол Степанычтың жанында жатқан шөлмекті көрсетті.

 – Оны бас жазуға әдейі қалдырғанымызды Степаныч білген жоқ. Сен оны тыққанда жанымызда болмады ғой, – деді Дәулет.

Димон мен Нұржан тоқтап қалып, бір-біріне қарады да далаға шығып кетті. Дәулет шалды еденнен сүйемелдеп тұрғызып, кереуетке апарып жатқызды. Степаныч үн шығармай, көзін көлегейлеп, бүрісіп жата қалды. Дәулет су әкеліп, оның беті-қолындағы қан іздерін жуып тастады. Сосын дорбасына азығын салып, киініп далаға шықты. Қашардың жанында тұрған Димон мен Нұржанға тіс жармай, қойларды шығарып, жар жақтағы жайылымға айдап кетті. 

XXIII

Келесі күні Дәулет қырылдаған дыбыстан оянды. Тұрып, Степанычтың кереуетіне барса, ол ауызын ашқан күйі денесін жебедей созып, қозғалыссыз жатыр екен. Степанычтың жүзіне жақындап, оның бақилық болғанын аңдатқан белгілерді танығанда әлдекім өне бойынан суық сым суырып алғандай болды. Дәулет әуелі оның көздерін, сосын аузын жапты.

– Ақыры бейнеттен құтылды, – деді Дәулет дауысы дірілдеп.

– Не болды? – деп сұрады ұйқылы-ояу Димон.

– Степаныч жан тапсырды, – деп Дәулет иығына күрткесін іліп, шығып кетті. Жылқы қашарына кіріп, жылап жіберді. Атасы дүние салған күн есіне түсті. Ол да таң ата қайтыс болған. Дәулет соны сезгендей, ерте оянып кеткен еді. Қасына келіп қолын ұстады. Атасы ризашылығын білдіріп, батасын берді. Ал келесі сәт қырылдаған дем шығарып, ауызын ашып, сұрланып, үндемей қалған.

Дәулет күрең аттың жалына жабысып, қатты жылады. Жылқы оны жұбатқандай тұмсығын бетіне сүйкеді.

Сол күні Дәулет қараусыз қалған мазарға барып қайтуды ұйғарды. Ерегіскендей қар жаууын қоймай, даланы тұман басты. Соған қарамай Дәулет қойды айдап шықты. Қойлар әзер қозғалып, қалың қарға омбығып, маңырай берді. Түске қарай Дәулет өзі де шаршады. Жануарлар қарсылық білдіргендей бір орындарында тұрып қалды. Дәулет таяғымен даланы зерттеуге кірісті. Біраз айналсоқтап, фермаға баратын жолды тапты.

– Жоқ, үйге қайтуға болмайды! – деп айқалады Дәулет отарды қайтуға бастаған серкеге. Серке оған бір бұрылып қарады да алған бетінен танбады.

– Не істесеңдер де өздерің біліңдер! – деп Дәулет артына қарамай, шығыс жаққа омбы қармен тартып кетті.

Степаныч қайтыс болды. Асқар – жан досы, оны құлдыққа сатып жіберді.

Біраз жүріп Дәулет артына қарады: қойлар серкеге ермей, дөңгеленіп тұрып қалыпты. Ол еріксіз отарға қайтып барды. Келе жатқанда Фишер-Спасскийдің жиырма бірінші партиясының шешімі өз-өзінен ойына түсті.

– Соншама оңай болғаны ма!? – деп айғайлады Дәулет, отарға жақындап. Қой бір дүрлігіп алды, бірақ Дәулетті танып, сабасына түсті.

Дала мейірімді емес, бірақ қатал да емес. Оның өз заңдылықтары бар. Мал оны адамнан жақсы біледі. Бас пайдасын ойлаған Асқардың да өз қағидалары бар. Дәулеттің орнында басқа біреу де болуы мүмкін еді. Әркімге өз ережелері маңызды екен. Тіпті анау Димонның да ар-ождан жайлы өз қағидаты бар. Дәулет қатты күліп жіберді. Серке оған тұмсығын қайқайта қарады.

– Сенікі дұрыс, Гораций! Revenons à nos moutons! – деп Дәулет серкені таяқпен нұқып жіберіп, қойларды батысқа қарай айдай бастады.

Серке асықпай жол бастады. Қойлар соңынан ерді.

«Иттей етіп сатып жіберген Асқардікі дұрыс. Азған малғұн, тек осыған лайықтымын», – деп өзін сынады Дәулет.

– Сонда да сен оңбағаңсың, Гораций! – деп Дәулет жанында келе жатқан серкені таяқпен қаттырақ түртіп жіберді. Серке кідіріп, Дәулетті сүзгісі келгендей ыңғай танытты.

– Бірақ мен сені кешірдім! – деп амалсыз күлген Дәулет отардың соңына қарай жүгірді.

Фермаға бірнеше шақырым қалғанда, серке үсті-үстіне бақылдап тұрып қалды. Онымен бірге отар да тоқтады. Дәулет серкенің жанына барды. Алдыңғы аяғының сирағы зақымданыпты. Қар астындағы тастың қырына жарақаттап алған сияқты, терісі сырылып кетіпті. Дәулет оны итеріп көріп еді, серке ақсаңдай басып жүріп кетті, отар да оның сонынан ерді. 

Серке ақсаңдап, қойлар баяу қозғала берді. Серке фермаға жетуге шақ қалғанда мүлдем қиналып, қарға жатып алды. Дәулет пуховигін шешіп жайып жіберіп, үстіне серкені жығып жатқызды. Жеңдерімен серке үстінен бір байлап, қапюшонынан тартып қашарға қарай сүйрей жөнелді. Терлеп-тепшіп  қашарға да жетті. Бараққа кірмекке есігін аша бергенде біреу артынан жабысып, қарға құлатып салды. Сосын қолдарын артына қайырып, кісен салды.

– Алтаев Дәулет пе? –  Дәулет басын көтерсе, қасында полицей тұр. 

– Ия, мен. Не үшін?  – деді Дәулет.

– Адам өлтіргенің үшін, – деп жауап берді капитан. – Көлікке әкетіңдер!  – деп бұйырды сосын.

– Тұр! – деп Дәулеттің артындағы біреу қолынан тартты.

Дәулет ақырын тізерлеп отырып, артына бұрылды. Жанында тұрған екінші полицей мұны шынтағынан демеп аяғына тұрғызды. 

– Күрткемді беріңдер! – деп айғайлады фермада жүріп өз заттарын құнттап ұстауға үйренген Дәулет. Канада пуховигі оны талай рет далада сыз бен суықтан сақтаған.

– Серкеге не болды? Әкеңді.. – деп боқтап жіберді Қазбек.

– Қардың астында сирағы тасқа тиіп жараланыпты, – деп жауап берді Дәулет. – Күрткемді беріндер, – деп қайталады ол.

Қазбек серкенің жарасын тексеріп, тағы бір боқтап алып, күрткенің жеңдерін шешті. Сосын оны серкенің астынан жұлып алып, полицейге берді. Жас полицей күрткені алып, Дәулетті көлікке қарай апарды. Көлікте Димон мен Нұржан отыр екен. Қолдары кісендеулі.

– Не сұмдық?  – деп сұрады Дәулет.

– Степанычтың өз ажалымен өлгеніне сенбей, бізді өлтірді дейді, – деп түсіндірді Димон.

– Өлгенде ғана керек болып қалғаны ма бейбақ Степаныч, – деді Дәулет.

XXIV

Қазбек фермаға түстен кейін келген. Нұржан мен Димон мотордың дыбысын естіп далаға атып шықты.

– Басқалар қайда? Әкеңді… – деп бірден боқтай бастады Қазбек, көліктен шыға салып.

– Дәулет отарды жайып кетті, – деді Димон.

– Бұндай қарда малды жайғаны несі?  – деп ақырды Қазбек қашарға қарай барып.

Есікті ашып қарады да:

– Қиды неге шығармағансыңдар? Шал қайда? – деп сұрады.

– Ол өлді, – деп жауап берді Нұржан.

– Не дейді мынау! Шешеңді… Жетпегені осы еді!

Қазбек үйге кіріп, Степанычтың кереуетіне жүгіріп барды. Көрпені жұлып алып, денесіндегі ісіктерді көріп, боқтап жіберіп:

– Бұны кім сабады?  – деп сұрады.

Нұржан мен Димон үндемеді.

– Қарғыс атқырлар! Фермада құл ұстайды деп біреу үстімнен арыз жазыпты. Енді шалды өлтірді деп шығады, шешең…– деп шала бүлінді Қазбек.

– Кім арыз жазыпты? – деп сұрады Нұржан.

– Соны сендерден сұрайын деп едім! Көрші фермада не істедіңдер? Шошқа тағаладыңдар ма? Тілекке қой сатып алуға полицей келгенде, менің фермамнан азып-тозған үш бейшара келді деп айтыпты. Енді шалдың өлгені еді жетпегені! Шешең…

Димон мен Нұржан бастарын көтере алар емес. Ауладан көліктің дыбысы естілді. Қазбек терезеге қарап:

 – Менттер келді, шешең… – деді.

Сосын есікке қарай асықты. Нұржан мен Димон үстел басында отырған күйі қалған.

Біраздан кейін бараққа екі полицейді ертіп Қазбек кірді.

– Мәйіт қайда? – деп сұрады капитан шеніндегі полицей. 

– Ана жерде, – деді Қазбек Степаныч жақты көрсетіп.

– Түкенов, бар, қарап кел, – деп бұйырды капитан иықты дембелше жігітке. Лейтенент сырт киімін шешіп, ілгісі келді де шеге таппай, бос кереуетке тастай салды. Сосын Степанычқа жақындады.

Капитан күрткесінің түймесін ағытып, үстел басына отырып, папкасын ашты. Одан екі парақ қағаз шығарып Нұржан мен Димонның алдына қойды.

– Жазыңдар, – деді ол.

– Нені жазамыз? – деп күңк етті Димон.

Капитан оған үңіле қарап:

– Шалды қалай өлтіргендеріңді жазыңдар, – деді.

– Біз оны өлтірген жоқпыз, – деді Димон.

– Онда кім өлтірді?

– Ол өзі өлді, – деді Нұржан.

Сол кезде лейтенент қайтып келді.

– Ия, айта бер, –  деді капитан.

– Ісіктері мен жаралары жаңа, өлгенше сабаған.

– Ал сендер өзі өлді дейсіңдер, – деп капитан кезек-кезек күдіктілерге қарап, – мойындағандарың дұрыс болады, – деді.

– Жоқ, біз екі күн бұрын төбелескеніміз рас, бірақ Степаныч тірі болатын. Ал азанда Дәулет оны өліп қалған жерінен тапты, – деп жағдайды айта бастады Димон.

– Дәулет деген кім? – деп сұрады капитан.

– Менің қойшым, – деп жауап берді Қазбек, – қазір қой бағып жүр.

– Мүмкін шалды өлтірген сол шығар? – деп сұрады капитан Нұржан мен Димоннан.

– Жоқ! – деп кесіп айтты Димон.

– Білмеймін, – деп жауап берді Нұржан.

– Шалдың мәйітін тауып алғанын көрдіңдер ме? – деп сұрады лейтенант.

– Жоқ, біз ұйықтап жаттық, тым ерте болды, – деді Нұржан.

– Мүмкін ол шалды өлтіріп қашып кеткен шығар, шалдың мойнында ісіктер бар, – деп болжады лейтенант.

– Бәлкім, расында, шалды өлтіріп табанын жалтыратқан шығар? Мұндай қарда қой жаюшы ма еді? – деп Қазбекке сұрақ қойды капитан.

Қазбек көзін бақырайтып:

– Мен де соны ойлап едім, мынандай омбыда қойды неменеге айдайды?

– Қойлармен қашты ма сонда? – деп күмәнданды Түкенов.

– Ол өзі бір қызық адам, қанішерге ұқсайды, – деді Қазбек көзін бадырайтып.

– Малшыларды өлтіретін қойшы-маньяк болғаны ма сонда? – деп күліп жіберді Түкенов, бірақ бастығының қабағына қарап, үндемей қалды.

***

Димон ар-ождан кодесксі не екенін толық білмесе де де, жолдасын сату оңбағандық екенін жақсы түйсінген. Сондықтан тергеуші Мұхтаров Дәулеттің үстінен арыз жазып бостандыққа шығасың дегенде, Димон бірден бас тартты. Ондай сатқындыққа келіспеді. Ұрсын, соқсын, қинасын – бәрібір ол Дәулетті сатпайды. Тек Нұржан, керісінше, Степанычтың өлімін өздеріне жабады деген күмәннан жанын қоярға жер таппай қалған.

– Сен жыңдысың ба, – деді Нұржан, – Степанычты сабаған сен екеуміз, Дәулеттің қатысы жоқ. Олар бізді айыптайды, көресің, ал Дәулетті босатып жібереді. Жарайды, мені Қазбек алып қалады. Мен оның өтемі қайтпаған құлымын, алда тегін істейтін жұмысым бар. Ал саған кім қамқор болады? Ауырып жатқан қайыршы шешең бе? Оны тыңдайтын кім бар? Қазір бәрін ақша шешеді.

– Осы бізді неге одан бөлек камераға отырғызды? – деп сұрады Димон.

– Араларыңда келісім болмасын деп бөлді, – деді талай абақтыда отырған Құмар.

– Өйткені ол күдікті, ал біз куә ретінде отырмыз, – деді Нұржан.

– Дәулеттің қатысы болмаса, оған жала жауып қайтеді? – деп сұрады Димон.

– Полицейлермен шатағы бар сияқты оның, – деп пайымдады Нұржан.

– Ал менің естуім бойынша оны біреу қасақана жазғырып отыр, – деді Құмар, көзін сығырайтып.

– Мінезі оғаш болса да, Дәулет дұрыс жігіт.  Оны кім ұрындырды екен? – деп таңғалды Димон.

– Дұрыс па, бұрыс па, біздің қолымызда тұрған түк жоқ, өз қамымызды ойлауымыз керек, – деп ашулана қалды Нұржан.

– Жолдасты сатуға болмайды, – деген шешімін айтты Димон, – мен оның үстінен арыз жазбаймын.

– Сенің арызыңнан түк те өзгермейді, менттер оны жапқысы келсе, сенсіз де амалын табады. Одан да қолыңды былғама, – деп Димонды қолдады Құмар. Димон оның сөзіне қуанып қалды.

Димонның Құмарға бір көргеннен ықыласы ауды. Суреттегі әкесіне ұқсастығын байқады: сопақ, қуқыл бетті, көздері – өткір. Димонға оның жүресінен отырып, көзін сығырайтып темекі тартқаны ұнады. Сөйлеу әдеті де әкесіне ұқсайды, үні баяу, сенімді. Құмардың қасында отырып Димон өзін емін-еркін, жақсы сезінетін.

XXV

Бірнеше ай бойы Олжас Дәулетті телефон арқылы ала алмай қойды. Күзде тапсырыс хат жіберіп немересінің тойына шақырды. Дәулет хатты қабылдады деген мәлімет келді, бірақ хабарласпады, тойға да келмеді.

Олжасты жұмыс бабымен солтүстік астанаға ауыстырғаннан кейін Дәулет оның отбасысынан алыстап кетті. Басында телефон арқылы жиі сөйлесіп тұратын, мейрам күндерімен құттықтайтын.  Соңғы екі жылда Дәулет сирек хабарласатын болды. Бірінші болып Рабиға уайымдай бастады:

– Дәулетжан мүлдем араласпай кетті, тойға да келмеді. Өзі жаман бірдемеге ұшырап қалған жоқ па?

Олжас Дәулеттің телефон нөмірлеріне қоңырау шала бастады. Бұрынғы жұмысынан екі жыл бұрын шығып кеткен деді. Мобильді нөмірі сөндірілген. Үйіндегі телефонға ешкім жауап бермейді. Оның үстіне түсіне Жәкең кірді. Абақтыда өлім жазасын тосып отыр екен. Олжас абыржып, тұрысымен түсін әйеліне айтып берді.

– Жәке немересін бізге тапсырып кетті, ал біз оны жалғыз қалдырдық, – деп қынжылды Рабиға қолын сермеп.

– Жасы отыздан асты, бала емес қой, – деп ақталды Олжас.

– Әрине, бала емес, бірақ оның бізден басқа жақыны жоқ. Іздеу салу керек, бірдемеге ұрынып қалды ол жігіт. Жәкең тектен-тек түсіңе кірген жоқ.

Жұмысына келісімен Олжас көмекшісін шақырып, Дәулетке дереу іздеу салуды тапсырды. Күні бойы жұмысқа құлқы болмай, Жәкен туралы түсін елестетіп, Дәулетті ойлап, Олжас тыным таппады.

***

Түкенов бірінші болып Алтаев Дәулетке салған іздеуді көрді. Ол туралы бастығына айтпай, іздеуде тұрған нөмірге өзі хабарласты. Лейтенант Түкенов Мұхтаровтың қарамағында екі ай қызмет істеп жүрген түрі еді. Бастығы оны жоспарларына, істеріне аса көп араластырмайды. Іздеу келген күннің қарсаңында Түкенов бастығының сұхбатын кездейсоқ естіп қалды.

Кешкісін лейтенант жұмысқа есептемесін жазып бітіруге келсе, бастығы өзінің кабинетінде біреумен сөйлесіп жатыр екен. Кабинетіне кірген Түкеновті бастығы байқамады. Мұхтаров телефон арқылы Мәке деген біреумен сөйлесіп жатты. Байланыс сапасы нашар болғандықтан капитан қатты сөйлеуге мәжбүр болған. Оның үстіне телефонының дауыс зорайтқышын қосқан. Екеуінің арасында өрбіген әңгімені Түкенов жақсы естіді.

– Бәрін Алтаевқа жабыңдар, – деді телефондағы дауыс.

– Жақсы, Мәке, қаңғыбастарды қайтеміз?

– Олар да Алтаевтың үстінен жазсын. Сосын екеуін де босатып фермаға апарып таста, малды бағатын адам жоқ. Онда сенің де малың бар екенін ұмытпа.

– Ол дұрыс қой, айтқаныңыз болсын, Мәке, – деп келісті капитан. – Қазбек қуды қайтеміз?

– Оны кейін шешеміз! – деп кесті Мәке.

***

Дәулет бүрісіп төсекте көп жатты, әр қимылдан денесінен гөрі басы ауырды. 

Соңғы рет Мұхтаров қатты мас болып тергеді, Дәулеттің қолынан кісенін де шешпеді.

– Жаз, оңбаған, кінәңді мойында! Кінәң дәлелденген, – деп бастады Мұхтаров.

– Егер кінәм дәлелденсе, несіне мойындаймын? – деп келемеждеді Дәулет.

Капитан үндемей қасынан айналып өтіп, күтпеген жерден бауырынан жұдырықпен соғып жіберді. Дәулет еденге құлап, енді тұрмақшы болып еді, Мұхтаров оны ішінен теуіп жіберді. Сосын басынан тепті. Дәулеттің Димон мен Нұржан Степанычты тепкілегенде, шалдың қолымен басын жапқаны есіне түсті. Ең бастысы басты сақтау керек. Ол туралы Асқар да айтқан. Алтыншы сыныптан кейін алдын-ала қамауға жауып қойғанда, милицейлердің азапқа салғанын досы толық айтып берген. Су құйылған шөлмекпен бүйрегінен ұрғанын, сосын қан сигенін, тағы-тағысын. Ең қорқынышты естелігі – басына полиэтилен қапшығын кигізіп, оны бірте-бірте мойнынан айналдырып байлағаны. Сосын есінен танып еденге құлағанда, басынан теуіпті. Ол еденге құлаған сайын қолымен басын жабуға тырысыпты.

– Басты сақтап қалу керек, – дейтін Асқар.

Дәулет есіктің ар жағынан біреудің қадамын естіп, қадалған көзін сезіп, ептеп есікке қарай басын бұрды. Біраздан соң кілт сылдырлап, шиқылдап есік ашылды.

– Мұхтаров па сізді сабаған? – деген Түкеновтің дауысын естіген Дәулет оның сыпайылығына таңғалды. 

– Жата беріңіз, мен дәрігер шақырттым, – деп тағы да қамқорлығын білдірді лейтенант.

Дәулет біраз қиналып, кереуетке отырып:

– Мұхтаров екеуің қатал полицей мен мейірімді полицей болып ойнағандарың ба? – деп сұрады, қанталаған бетін қисайтып.

– Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз, – деп Түкенов оның қасына жақындап, көзіне тура қарап:

 – Олжас ағайдан сәлем, – деді.

– Димон мен Нұржан расында менің үстімнен жазды ма? – деп сұрады Дәулет, Олжас ағасының атын естігенде іштей бұрқ ете қалған алай-түлей сезімін жасырып.

– Оларды қайтесіз, мал сияқты не айтса соны істейді, – деп жауап берді Түкенов.

– Сендерге бәрі мал, – деп Дәулет лейтенанттан теріс бұрылды.

Бұл жолы қамаудағы бір ай тез өте шықты. Дәулет камераның төбесінен балалық үрейінің ізін бекер іздепті. Таппады. Жан ауруы басылып, күмәндері мен қорқынышы денедегі жараларымен бірге жазылып кеткендей. Дәулет ұзақ уақыттан бері алғаш рет айнаға қарап өз-өзін танымай қалды. Самайына ақ түскен, ал көзі рентген сәулесі сияқты тесе қарайтын болыпты. Айнадан атасынан айнымайтын кескінін көріп таңғалды.

Бұл ақпанда Дәулет жылқы бағу туралы бірсыпыра кітап оқып бітірді.

XXVI

Асқар сәске түсте ауылға бет алды. Ата-анасы оның кұрметіне той береміз деп, ағайын, көрші-қолаңды қонаққа шақырыпты.

Депутат болдың, бұндай табысты міндетті түрде атап өту керек, – деп қоймады анасы.

Таңертең, жол жүрер алдында Назираның іші ауырып, жедел жәрдем шақыруға тура келді.  Дәрігер оны қарап, ауруханаға алып кетті. Жүкті болғаннан бері Назира жиі ауыратын болды. Ол туралы Асқар ата-анасына хабарламады, ренжіткісі келмеді. Олар екінші әйелін жақтырмайтыны айтпаса да белгілі, Назира да оларды аса ұнатпайды. 

Кешігіп келе жатқан Асқар әуелі трассаға шықты, сосын бірнеше шақырымнан соң топырақ жолға түсті. Жолын қысқартып, атамекен төсімен басып өтпек.

Қар әлі толық ерімесе де, жер дегдіп қалыпты. Алыстан тек төбелердің теріскей беткейлері ғана ағараңдап жылтырайды. Олардың ар жағында тас бұлағы қайнаған қайың тоғайлы шатқал тығылып жатыр. Жоғары сыныптарда Дәулет екеуі жаз бойы сонда барып тұратын. Мотоциклмен келіп бұлақта ау құрып, мұздай суға шомылатын. Қыздарды қыдыртып, алау жағып, таңды көзбен атыратын. Асқар таныс төбенің жанынан өтіп келе жатып, бірнеше көліктен қалған протектор іздерін байқады. Әдетте, бұндай уақытта бұл жерге ешкім келмейтін. Төбеге көтеріліп шыққанда ол бірнеше жеңіл автокөлік пен бір бульдозерді көрді. Асқар шатқалдан төмен түсіп, көліктердің қасында тоқтады. Көліктен асықпай шығып, бір топ еркектің жанына келіп:

– Сәлеметсіздер ме!  – деп амандасты.

– Амансыз ба!  Сіз дизайнерсіз бе? – деп сұрады ақ түсті құрылыс каскасын киген еркек.

– Жоқ, мен депутатпын, – деп маңғаздана жауап берді Асқар. – Бұл жерде не болып жатыр?

– Демалыс орнын салып жатырмыз, – деді еркек, – құжаттарымыз дұрыс.

– Қандай мекемеден боласыңдар? – деп сұрады Дәулет.

– Жекеменшік, жерді шипажай құрылысына арнап сатып алдық, – деп түсіндірді қартаңдау еркек.

– Жарайды, тексереміз, – деп Асқар бұлаққа қарай өтті. Жастық шағында алау жағатын жерде шұңқыр пайда болыпты.

Асқар көлігіне оралып, рөлге отырып, моторды қосты. Қайтадан ауылға баратын жолға шығып, темекі тартпаққа әйнегін түсірді. Аңдаусызда жақын жерден таныс мотор дыбысы естілді. Бұл дыбысты ол ешқашан еш дыбыспен шатастырмас еді. Тура осындай дыбысты Дәулеттің «Минск» мотоциклі ғана шығаратын. Артқы әйнектен мотоциклмен келе жатқан біреуді көріп, Асқар оқыс газды басып бірнеше шақырым заулап алды да құлақ түрді. Жым-жырт. Елестеген бе? Асқар көліктен шығып, қатарынан екі сигарет шегіп тастады. Не деген мистика?  Мәкемен былтыр соңғы рет сөйлескеннен кейін Дәулет туралы хабар болмаған.

Сонда Мәкең түн ішінде қоңырау шалған. Асқар ұйқылы-ояу телефон нөміріне қарамай ала салған, әйтпесе сөйлесу ойында жоқ еді.

– Салам депутат! – деген оның кекесін даусы шықты.

– Мәке? – Асқар оянып кетті.

– Сенен бұндайды күтпеп едім, депутат! – деді ашулы Мәке.

– О не дегеніңіз, Мәке?

– Сенің сыныптасың Алтаев Дәулет фермада адам өлтірді.

– Мүмкін емес! – деді Асқар бірден. Сосын іле-шала қорғанысқа көшіп:

– Менің оған не қатысым бар? Өлтірсе өлтірсін. Ол жарты жыл бойы тегін жұмыс істеді, сол себепті мен сізге қарыздар емеспін.

– Бұндай оңбағандыққа баратыныңды білмеп едім! – деп Мәке байланысты үзіп жіберді.

Бұл қоңыраудан кейін Асқар ұзақ ұйықтай алмай жатты. Қу Мәке Дәулетті бірдемеге шатастырғысы келіп тұрғаны айқын. Әлде Асқардың көзқарасын тексергені ме? Дәуке біреуді өлтірмек түгілі қой аузынан шөп алмас. Демек Мәке оған жала жауып, Асқарды да іле кетпек. Тұзағына түсетін ақымақты тапқан екен! «Өз обалы өзіне» деген шешіммен Асқар бір бүйіріне аунап түсіп, ұйықтап кетті.

Жаңа ғана Асқар досының мотоциклінің дауысын ести сала газды басып жіберді. Неге? Балалық шақта үстінен жала жапқаны үшін өзін кінәлі сезінгені ме? Жоқ, олай емес. Сонда Асқарды алаңдатып тұрғаны «мені абақтыда азапқа салды» деген өтірігі ме?  Ол ешқандай азап шеккен жоқ-ты, бірден-ақ Дәулетке жала жабуға келіскен. Бәрін шыңдыққа ұқсастырып ойластырды. Бұны, әрине, қорыққанынан істеді. Қанат сияқты өлтіріп кетер немесе абақтыға жауып қояр деп зәресі қалмаған. Қарызын өтеу үшін Дәулетті құлдыққа сатып жібергеніне де Асқар еш алаңдамаған, өйткені ол біткен адам, маскүнем. Оны біреу неліктен баяғыда-ақ сатып жібермегені түсініксіз.

Демек, Асқар бала кезінде айтқан өтірігінен қорқып қашыпты мотоциклден. Не деген ақымақтық! Асқар күліп жіберді. Басты ауыртып уайымдайтын мәселені тапқан екен!  

Асқар ауылға бір сағат кешігіп келді, бірақ ауылда той, әдетте, уақытында басталған емес. Бұл жолы да солай болып шықты. Үйге жеткенде қақпаның жанында топталып, темекі шегіп тұрған еркектерді көрді. Бір топ әйелдер ауладағы орындықта отыр екен. Анасы үйден шыға Асқардың көлігін көріп, оған қарай асықты.  Амандасып, бетінен сүйіп:

– Бүгін кімді көргенімді білесің бе? – деп сұрады, көз қырын көрші үйге тастап.

– Ол не дегеніңіз? – деді Асқар.

– Дәулет қаладан қайтып келді! Біржолата. Күні бойы ауласына қараумен жүрмін, – деді қуанышын жасыра алмаған Хадиша.

– Керемет! – деген бойы Асқар үйге кіруге асықты.

Әкесі де әңгімені Дәулеттен бастады. Оның жылқы бағатын шаруашылық ашқаны туралы, тағы басқа жоспарлары туралы. Көп ұзамай-ақ Асқар Дәулет туралы айтатын тек әке-шешесі еместігіне көзі жетті.  Жиналған көпшіліктің де негізгі тақырыбы Дәулет болды. Асқар енді өзін бөтен үйге, Дәулеттің құрметіне жасалған тойға келгендей сезіне  бастады. Бағына қарай Назира телефон шалды. Асқар алғаш рет әйелінің еркелігіне, оның тезірек қайт дегеніне қуанып қалды.

– Иә, жаным! Тап қазір қайтамын, – деп Назираны бір таңғалдырды.

Асқар бірден ата-анасына барып:

– Мама, батя, ренжімеңіздер. Назира ауырып, жүкті әйелдердің сақтау бөліміне жатқызылыпты.  Жүру керек, – деді.

– Ойбұй, алдын ала айтып қоймадың ба? Тойды кейінірек, немереміз туғанда жасайтын едік, – деді әкесі.

Ал Хадиша батасын беріп:

– Жолың болсын, балам! – деді.

Асқар қайтадан қысқа жолмен жүруді ұйғарды. Не болса да сөйтпек. Тіпті тағы да таныс мотордың дыбысын естісін.

Шатқалдарға таяп қалғанда Асқар шынында да таныс мотор дыбысын естіді, бірақ ол Дәулеттікі емес, өзінің мотоциклі еді. Төбеге қарай айдағанда ол мотоциклде отырған жігітті көрді. Ол да мұны көргені анық. Асқар көлігінің моторын сөндіріп, сыртқа шықты. 

Біраздан соң қасына өзінің мотоциклі келіп тоқтады. Рөлдің астындағы жартылай тозған қыздың суретін өзі жапсырған. Дақ пен тот басқан мотоциклі Асқарға алғаш рет сұрықсыз көрінді.

– Ассалағамалейкум, Асқар аға! – деп қолын созды мотоциклде отырған бозбала.

– Амансың ба! – деді Асқар қолын алып.

– Мен Ілияспын ғой, сіздің жиеніңіз.  Танымай қалдыңыз ба? – деп жымиды ол.

– Мотоциклді қайдан алдың? – деп сұрады Асқар.

– Хадиша тәте берді. Сізге оның енді керегі жоқ деді. Әлде керек пе еді? – деді сасып қалған Ілияс.

– Керегі жоқ, мұны қайтем, – деп жұбатты оны Асқар. – Сен мұнда не істеп жүрсің?

– Мен жақын жерде жылқы шаруашылығында істеп жүрмін, уақытша. Дәулет ағаның қолында, – деп жауап берді Ілияс.

Асқар асығыс көлігіне отырды да жігітпен қоштаспай, трассаға қарай жүріп кетті.

 

 

 

 

 

 

Ақпан қандай ай?

Ел аузындағы аңыз бойынша, өтіп бара жатқан қаңтар ақпанға мынандай аманатын айтыпты:
— Ақпан – Тоқпан, Ай мүйізді алты күн. Айқайлап соқпа жеті күн. Қаһарлы келсе қатты күн, Қырына алса қырық күн. Боз тоқтыда құйрық қалды, Қырлан, Ақпан, қырлан!

Ақпан – «ақ ықпа» сөзінен шыққан. Ақпандағы ауа-райы аумалы-төкпелі, құбылмалы. Ақ ықпа сол мағынаны білдіреді. Біздің данагөй бабаларымыз қаңтар, ақпанға мынандай сипат берген: Қаңтар – аяз айы, ақпан – боран айы.

Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады. Ақпан – қайталаманың ақ бораны.
Ақпан: «Білмесең білдірем, білсең бүлдірем», — дейді.

Ақпан алдамшы. Бір бүйіріңді қыздырса, екінші бүйіріңді мұздатады. Бір қолымен маңдайдан сипап, екінші қолымен маңдайдан шертеді. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы.

Ақпан тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның бұрқасынды да, шуақты күндері алма-кезек. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады.

Ақпан борандайды, келер наурыз – жылауық. Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады». Ақпандағы ауа-райы: Ақпан – жылдың қысқа айы. Кейде 28, кейде 29 күннен бітеді. Қазақтар ақпан туралы: «Құт келеді – жұт келеді» деген.

Кешкісін аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Қырау түспей, күн желді болса, боран соғады. Жұлдыз жымыңдаса, боран соғады, жарқыраса аяз тұрады, күңгірттенсе күн жылырақ болады. Қарағаш бұтағына жабысып түспесе, күн жылынады. Салқын және ылғалды болса, келер тамыз – ыстық болады. Айдың соңғы жартысында:

Ауа-райы ашық болса, жаз қуаң болады. Жер көлкілдеп, ылғал молайса, жазда жер отты. Дала қарлы болса, келер жазда жер нәрлі. Алқап қалың қар жамылса, көкекте көл суға толады. Ақпанның он бесінші жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Бұл күнгі ауа-райы қандай болса, көктем райы сол тақылетті болмақ. Екі аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болады. Бөрі сырғақ. Айдың аяғында бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршікті сырғақ жүреді, қатты боран соғады, сол кезде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады, мұны «Бөрі сырғақ» дейді.

Ақпанда туғандар Шығыс ғұламалары Ә. Науаи (9.02.144), З. Бабыр (14.02. 1483).

 

 

Қазақ тілінде жазылған