Адам қарады: 1464 | Жарияланды: 2019-05-08 02:30:30

Армысың, Голощекин

 

Толық метражды көркемфильмнің әдеби сценариі

1-сурет

- Апа қарным ашты,

- Шыдашы қалқам, қәзір әкең келеді

-Нан алып келе ме?

-Тапқанын алып келеді, тапқанын, қарағым

Бибі қызын жұбатып әлек. Қан сорған масадай жайлаған аштық 5 жасар Дәмеш тұрмақ, Бибінің де құр сүлдерін қалдырды. Голошекиннің «кіші қазан» деп атаған жүйесі, ел-елдің сәнін кетіріп, адам өліміне алып кеп жатты. Қыздық дәуірінен бастап аштық дегеннің не екенін білмей, жүйрік аттың тізгінінде ойнап, ақ айран мен сары қымызға шөлін қандырған Бибі дәл бүгінгідей аштыққа тап боламын деп ойлады ма? Үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Қыздай қосылған жарымен тұрғызған ақ отауы талан таражға түсіп, көкке көтерген шаңырақтары ортасына түсер деп  ойлады ма?  Мыңдаған мыңыраған малдары бір-ақ күнде айдалып әкетіп, өздерін соққыға жығады деп ойлады ма? Сүйген жары Қуанды бай-кулак деп жазғырып, итше тепкілеп, ат арбаға байлап алып кетеді де ойлады ма? Жоқ, Бибі сенерін де сенбесін де білмейді. Бұл бір түс секілді. Екі жыл ішінде жазықсыз жазғырылып,  тамақ іздеп, қаңғып кеткен Қуанның отбасы бір үзім нан таба алмай, қырылып қалуға жақын тұр...

2-сурет.

Қазіргі кез

Самайын ақ шалып, түбіт шәлісінің астынан бірен саран дударып шыққан шашын түбіт орамалының астындағы шыт матаға тыққыштай берген кейуана, ас бөлмесінен шыққан шаңқ-шаңқ еткен келінінің даусынан именбеді де.

-Ей, қу дүние-ай,-деді әлсін іштей күбірлей. –Алмадың ғой мені, сол заматта ақ алсаң нетті?

Кемпір сықсиған көздерін жұмып, көз алдына елестеген сұм заманның жетегімен,тозығы жеткен темір төсегіне қисая кетті...

3-сурет

1932жыл. Күздің соңғы күндері

-Өй, жаның жайлауға кеткір, әй азабын-ай,-деген Қуан молда тоз-тозы шыққан тақиясын бір сілкіп, қағып алды да, басына қайта киді. – Ой, заман-ай, азабын көрсеттің –ау, сабырлық, сабырлық,-деді тағы шешіліп жерге түскен үстіндегі тонының белбеуін алып.- Күйдірді, -ау, күйдірді ғой, жалған-ай.

Қуан молда аудан уәкілеттігінің ішінен шыққан күйде, ашуланып, тістенді. Апта сайын байдың тұқымы деп болысқа, уәкілеттікке жетектеп алып келеді бұны.  «Қалға жау ететін бір түйір дән де жоқ. Мына қуаңшылық та осы жұтпен тұспа-тұс келіп, әбден ығырыңды шығарды. Аулап жейтін аң-құстар да жер ауып кеткен бе? Жоқ, әлгі үкімет аң-құс аулауға да рұқсат жоқ деп, көкірек керген емес пе еді? Сонда бұ орыс, қазақты қараптан-қарап қырып, бұл жерді алмақ па? Әй, көрсоқыр қазағым-ай, үкіметке мал берем деп, жанымыз бен қазақтық жігерлі рухымызды да беріп салдық қой! Діннен безгеннен без деуші еді, мына діннен безген орыстың қай пұшпағына иленгің келді, сорлы қазағым-ау! Дініңді жат етіп, өзіңді құл етіп, енді міне аштыққа тап болсаң да, кірпік қақпай, тып-тыныш жатқан үкіметің не опа берді! Ой, жалған ай, заман-ай!» Қуан молданың ойы сан-тарапқа кетіп, үкіметті, жалғанды, дүниені сөкті. Үкіметке сатылып, орыстың шошқа етін жегендері сөкті. Бірақ Алласын сөге алмады. Молда болып, қуадаланып кетсе де, бір жаратушысына сенген Қуан молда Алласын сөкпеді. Аузы бармады. Аштық, өлім жайлап, қырылып бара жатса да, заман мен адамды сөкті. Енді қайтсін, мына жұт енді тек Алласына ғана баруға аяқ тіреген жоқ па? Қуан молда күнге көз шағылыстырып , бетін тыржиып бір қарады да, тізерлеп жерге отырды. «Уа, Жаратқан,  қияметің осы ма? Уа, жаратқан, ақыретіңді жақсарт» деді де етпетінен жерге құлады. Қуан молданың мұрынан қан кетіп жатқан секілденді...

4-сурет.

-Молдеке, молдеке, не істейміз енді? Патша жарлығы заң, әлгі өкіметпін деген Шортанбай да мұрнын шүйіріп, кедейдің сөзі заң деп отыр, ой, Молдеке, атыңыз бар, затыңыз бар, бір ауыз сөз айтып көрсеңіз, -деп жөн сұрап, істің қайырын тілеп тұр Амантай Қуаннан.

-Несін айтасың, Амантай, бар малымызды тартып алып қана қоймай, үсті-үстіне салынған салықты да сұрап отыр, Алла куә, хақ, бір қиын заман болғалы тұр,-деді Қуан басын шайқап, кең даланы нұсқап.- Мына дала, мына малдар, мына халқым зар илейтін заман туып келетін сияқты, ия, Алла, ақыретіңді түзелеп бер,-деді артынан сөзін жалғастыра.

-Молдеке, Шортанбай қоймайды-ау, келе жатыр дейді, заң бар, заңға бағынбағанды жер аударамыз, не түрмеге жабамыз дейді. Бар малымыздан айырылып, аштан өлетін жайымыз жоқ.

-Әй, Амантай-ау, менің де ойым сол емес пе, бар малымызды етке өткізіп, өзіміз бір түйір дәнді аузымызға сала алмайтындай жағдай келе жатыр, өкімет, өкімет деп қақсаған Шортанбай соны білмей тұр ау. Бізді бай деп жазғырып, өзі кедей болып өмір сүргеніне налып жатыр. Кедей болғанының ақысын бізден алмағанда кімнен алсын енді. Өмір бойы байларды жағалап, нанын тауып жүрген адамға енді билікті ұстатып, заң солар жағында, өкімет кедейдікі деп жар салынғанда, көкіректі Шортанбай көтермегенде мен көтерем бе? Әғузубилләх, молда деп мені де аяп жатқан жоқ қой, тәйірі.

-Молдеке, қырыламыз ғой...

Қуан молданың естіген жаңалығы бір суыт хабардың болатынын сездірді. Ауылды кохоздастыру, жаппай отырықшылдыққа жеткізу керек деген кедей халықтың ұрандары ауыл ауылды аралады. Кедей тапшылығын көрген жас бозбалалар, үкімет деп, оқу білім деп, алдында не боларын білмеді. Мұны Қуан молда да білмесе де, сезгендей болды. Малдан айырылу деген, жаннан айырылу емес пе қазаққа? Аллам ақырын берсін деп, әліптің артын бағып жүрген кезі еді.

Ауылдық кеңес басшы болып осы Шортанбай сайланғалы бері, молда демей, би демей, бай демей,қылт етсе, өкімет бүйтеді, өкімет сөйтеді, атыласыңдар, қамаласыңдар, менде мөр бар, бұл мөр басылса бастарың кетеді деп мұрнын шүйіріп бітті. Маңдайына біткен бір торы ат пен қоңыр сиыр, одан қалса бір қойы бартұғын. Қолына мөр тигелі бері,  мөр деген бір алпауыт тажалдай көрінді оқымаған қара қазаққа. Шортанбайдың мөрі бар, ойбай айтқанын істе деп те жүрді ауыл қатын-қалаштары. Солай Шортанбай белсенді кедей болып, әр үйге етігін шешпестен кіріп кетіп, бір кесе айранын сіміріп кететін. Жөн сұрап, Шортанбайға келсе, мөрін алдына қойып, басын жоғары қаратып, мұрнын шүйірте сөйлейтін. Көңілі келсе жөнін айтып, көңілі келмей, реніш болып тұрса, үйінен бір теуіп қуып та шығатын. Бұл қазақ қайда барады, мөр, үкімет кедейдікі деп, жар салатын.  Сонда да қолына біраз мал жиғысы келетін адамдардың бірі осы Шортанбай. Бірақ дүңк-дүңк еткен мөрден қорқады. Оны көзінің қарашығындай сақтап жүр. «Ойбай, ау біреу міреу ұрлап кетіп, менің атымнан зәкүн жазып тастаса, құрығаным емес пе?» деп мөрді қайда жүрсе де жүрек тұсына салып, ұйықтарда жастығының астына жастап та жатады. Ажырамас бауырынан да артық. «Мөр ғой, мөр» дейді керіліп.

Ауылға келген суыт хабар жер-жерді аралап, халықты біраз әбігерге салдырып қойғаны анық еді. 1927жылдың күзгі суығы жерден де мазаны алып, үскірген шаңды жел үйді-үйді аралап, күздің суығымен  патшаның қатаң заңын да сайын далаға алып келді. Қазақ жаппай отырықшылдандыру саясатының артына,  әр қазақтан мал алынып, салық салынып, байды кулак, кедейді үкімет деп, мырзаларды жазалау, жер айдауға жіберу, ату жазасына кесу деген қатаң тәртіп енгізіліп, бай демей кедей демей жаппай қырғынға ұшыратып жатыр. Кезек кімдікі екен деген біраз малы барлар, бар малдарын сойып, тұздап, соғым етіп, одан артылса, сақталсын деп жерге көмді. Малым аз дегендер бізге тие қоймас, кедейге жатамыз деп те ойлады. Бірақ қахарлы зәкүн кедейді кедей, байды бай демей, жазықсыз жандарды бай-кулакқа теңеп, жер аударып кеткен еді...

5-сурет

-Ойбай, ау, әлгі болыстан мелисалар келе жатыр дейді, құдай атқыр, кімге тисер екен ,-деді  Амантай жүгіре түсіп, алдына айдаған бірнеше шарбағын қоя салып, бесіндіде сәжде еткен Қуан молдаға. – Молдеке, бар малымызды алып кетпесе игі еді?

Қуан екі иығына сәлем берді де, қолын көкке көтеріп ішінен дұғаларын айтып, артынан, бетін сипап, кері бұрылды.

-Тәңір қолдасын, тәйірі, біздің екі ешкі мен бір қойымызбен бұл үкімет байып кетпес, шырағым, үкіметке берер малды бердік, енді немізді алады?,-деді орынан тұра келе алдына жайылған жайнамазын жинастырып жатып. Тізесін ұстап, қисайып тұрған Қуан молда қанша бұл болыстан келе жатқан милицияға мән бермегенмен, өй, жүрегі құрғыр, жай таппай тұрғанын тынысын терең алып, күрсінентінен байқап қалды Амантай.

-Молдеке, қазір тым қатал заман келді дейді, енді аша тұяқ қалмасын, бәрін кеңес үкіметіне өткізсін деген жарлық кепті, біздің жанымызды алатын болды,-деді Амантай естіліп келген сыбысын айтып отырып, - Әлгі көрші ауылдағы Шоман бидің бар малын алып ты да, өзін айдауға жібереді деп жатыр дейді. Отбасымен тұтқынға алыныпты, молдеке, Алла деген адамсыз, бір ауыз сөзіңізді жерге тастамас, әлгі Шортанбайға бірді ауыз сөз айтып, жанымызды сақтамасақ, мына тоңқылдаған мөрімен басылған закуні аяйтын түрі жоқ.

-Әй, әй заман, ай. Не болар екен, ақыры. Алла қолдап, жанымыз тыныш болар, иә, Тәңірісі қолдай көр,-деді Қуан молда күрсініп. Алыстан ат шаптырып, шабысы суыт, бір қара көрінді.

6-сурет

-Аттан, аттан,-дейді алыстан бар даусымен айғайлап.

-Астапыралла, аттаны несі, тажал келіп қалды ме екен,-деді де Қуан орнынан атып тұрды.

-Аттан, қазақ, аттан, көрші ауылға әскер келді, қолдарында мылтық бар, жүрістері суыт, ұрандары кедей, көршінің біраз кедей белсендісі соларға қосылып, бай Шоманды атқа жегіп айдап жіберді, кезек келесі ауылда деп бізді меңзеп келеді, аттан,-деді манағы шапқыншы. Шауып келген Қуанның інісі Суан екен.

-Ойбай, не дейді, аттаны несі, кім келді дейсің,-деп ескі киіз үйден атып шықты Қуанның бәйбішесі. – Қайным, не дейсің,-деп еңкілдеді.

-Тәйт, бәйбіше, жамандық шақырма, жылауыңды қой, бар ана қыздарға ие бол,-деп Қуан бәйбішесі Бибіні жегіп салды да, үйге кір дегендей емеурін білдірді. Бибі көзінің жасын сүртіп, орамалын түзеді де зып беріп үйге кіріп кетті. Аттан түскен Суан, ентігіп тұрып сөздерін тағы қайталады. Амантай мен Қуан болып жатқан іске үкіметті кіналап, одан қалса, Сталинге тіл тигізді.

-Әй, әлгі орыстың закуні басымызға бале болды, тып-тыныш жатқан елді талан-таражға салып, оңбассың үкімет,-деді Амантай кеңесті қарғап.

-Тәйт, сөзіңді тарт. Қабырғаныңда құлағы бар. Ертең осы сөздерің үшін, мелиса келіп, алып кетпесін. Жалпы, қарағым, қарғамай-ақ қой. Алла кімнің болсын кінәсі болса жазасын береді. Сталинді Құдай деп опа таппас бұл үкімет. Алла бәрін өз орына қояды,-деп Қуан молда Амантайды ертіп қолында үкіметі мен мөрі бар Шортанбайға жол тартты.

7-сурет

Бұлар Шортанбайға келсе, ол сауылып болған сиырының шөбін беріп тұрған екен. Кенет шәуілдеп үре жүгірген екі тазысы бұлардың алдыларынан тістерін қақшита ұмтылды. Қолындағы айырын тастай сала жүгірген Шортанбай, екі тазысын кет-кеттеп, айғай салды. Артынша иттері үре-үре үйдің артына қарай жүгіріп кеткен болды да, оларды қуып кеткен Шортанбай бойын түзеп, үстін қаға қайтып келді.

-Өу, молдеке, жол болсын келіп қалыпсыз, кіріңіз үйге, Амантай, сенде жүр, бәйбіше асыңды ысыт,-деп айғайлады үйге қарап. –Жол болсын, жүріңіздер,-деп бұларды үйіне кіргізді.

Қуан молда аса бай болмаса да еліне ізгі, сыйлы. Шариғаттан білімі бар, жамағаттың өлім жітіміне, той томалағына келіп, бірінің жаназасын, бірінің қырқынан шығарып, елді елде еркін жүретін. Маңдайына біткен жүзге жуық жылқысын, сиыры, қойлары бар еді, жартысын үкіметке деп етке өткізді. Ендігі қалғаны аз-маз малымен күн көріп отыр.  Бой жетіп келе жатқан қыздарының халін ойлайды. Оларды ұзатып, құтты орнына қондырау әр әкенің бір борышы деп біледі. Әрине оған өзі оқыған рауаяты да бар. «Егер бір адамның қыз балалары болып, олардың қиыншылықтарына шыдап, жақсылап өсірсе және теңіне үйлендірсе, бұл қыздары ол үшін тозаққа перде болады.». Осы бір шариғаттың рауаятын естіп біліп оқығаннан кейін, қыздары үшін Қуан жанын да бермек.

-Иә, молдеке, келіп қалыпсыз, бұйымтайыңыз бар ма еді?,-деді Шортанбай тағы сөз арасында дастарханға жайғасқан келушілерге.

-Ие, Шореке, жаңалықтарды естіп жатырмыз, әсте бір сұмдық болмаса игі еді, бай-бағлан деп қудалайтындай не кінәсі бар еді бұ жұрттың, жалпы, үкіметке енді бізден не керек болыпты, жайын сен білерсің, мөрің бар, заңды сен біліп отырсың, жағдайды естірт бізге,-деді молда.

Амантайда көзін жыпылық жыпылық ете бас изеп отыр.

-Ее. Іздегендерің осы ма еді? Малым, малым дейсіңдер ау, осы малсызда жанымызды бағып келеміз, несіне малды аяйсыңдар?,-дейді Шортанбай езуіне кекесін күлкі үйіріліп. – Закон, закон келді. Үкімет кедейдікі. Енді бай да жоқ, бағылан да жоқ. Билік кедейде. Сталин тұрғанда, Голщекин келгенде, міне мына біздерді басшы етеді, кедей деп кері тартқан жоқ, кедей деп міне үкіметке кіргізді,-деді.

-Астапыралла, не деп тұрсың?

-Молдеке, заман өзгерді, елге аудан келеді. Аудан. Енді жаңа үйлер салынып, мектептер ашылады. Айырплан, мәшинелер зұлайтын болады, егін егіледі, отырықщылыққа көшкенде, мына мыңыраған малдардың түкке де қажеті болмай қалады, аудан, аудан, пах шіркін, кедейдің заманы,жаңа өмір келеді, жап жаңа -деді Шортанбай алдында тұрған ыстық шәйді бір ұрттап, лепіре кетті.

-Ауданы несі, айырпланы несі, не шүйткіп кеттің, малды керек қылмаған қай ата-бабаң еді.

-Молдеке,  енді бұл салтанатқа жету үшін елді артқа кетіретін сіздердей молда ишандарды, бай бағыландары түбімен жою керек. Міне закон, міне заң, міне ұлттардың әкесі Сталин нағыз азамат. Сталин жолдастың келісуімен «кіші өктәбір» ісін өз деңгейінде атқарып жүрген Гәлөшөкін жолдас нағыз ер. Кедейдің сөзі заң. Сталин жолдас атап өткендей, жаппай қалхоздастыруға кедергі болып отырған тап жаулары- бай –құлақтарды жойып, мына елдің сәциалістік жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Міне, бар мақсат осы.

Қуан мен Амантай отыра алмады. Шортанбайдың айтып отырғанын ұққандай болды. Енді байдың көзі құрып, тіпті молдалар да жер аударылып кететінін Шортанбай айтпаса да сездіргендей болды. Ертең келіп бар малымызды алдына салып айдап, отбасымызбен аш-жалаңаш сібірге айдап жіберсе не болмақ. Заман өзгерді, ауылдағы кедейлер қазір белсенді болып, аңдығандары осы байлардың үйі болған. Бай қит етсе, мөрі бар Шортанбайға барып түймедейді түйедей еткізіп жеткізеді. Ал, Шортанбай болса одан сайын лепіріп қағазды шимайлап, ап-ауыр мөрді тоқ еткізіп баса салады да болыстық секретариятқа жібереді. Одан кейін байдың күні қараң. Қазаққа келген бұл зұлматтың басы ғана екенін ол кезде Қуан молда да басқалар да білмеген еді.

8-сурет.

Күз өтіп боранды желін ызғытып қыс та келіп қалған. Қыстауға өткен ауыл, тұнжыраған дала, боранның гүілі ме әлде мал аңдып төңіректі қорыған қасқырдың ұлығаны ма, түтектене жапқан қар оппаланып, далада үрейлі қорқынышты дыбыстар естіліп, ұнжырғаңды түсіреді.

Әне кәмпіске келер міне кәмпіске келер, үй саламыз, жер жыртамыз деп жүгірген белсенді жастар да қояр емес. Дінімен артқа сүйрейтін Қуан молда деп, оның жиып терген дүниесін түгендеп бітті.  Соғымға сойдың, ет жедің деп Шортанбай табақтай мөрімен қағазға жазу жазады да тоқ етіп басып, ауданға жібереді. Кейде сол қағаз арқасында, ауданға барып үкіметтің малын жедің деп бір жұмадай түрмеге жатып келеді. Ауыл молдасы ғой, өлім жітімнің ақырғы сапарына қажет ақ деп қайта алдыртады. Қуан молданы белсенділер әбден сенделтті. Амантай мен Қуанның болжамы көп кешікпеді. Кәмпеске дейтін заңға бұлар да ілікті. Ойда жоқта ауданнан келген қызыл отау белсенділері мен аудандық партия комитетінің  милициялары Қуан молда мен Амантайдың қолын  байлап, бар малын айдап, ауданға алып етті.

9-сурет

-Ойбай-ау, Шортанбай, бұл не істегендерің, бар малымызды бердік, енді отағасынан не қайрат қалды, оны не істейсіңдер,қырыламыз ғой, ең құрығанда бір ешкі қалдыр, балалар аш қалмасын,-деп артынан Бибі бәйбіше қалды. Егіліп біресе Қуанның артынан жүгіреді біресе Шортанбайдың аяғына жығылады. Еңкілдеп Қуанның үш қызы тұр. Тоқал үйден кіп-кішкене баласын көтеріп Қуанның  тоқалы тұр.

-Бәйбіше, қыздарға ие бол, мен келемін, қыздарымның арына біреу міреу қол сұғып жүрмесін, абай болыңдар,-деп атқа жаяу жегіліп Қуан молда кетті.

Қуанның қыздарыма қарайласып жүр дегенінің де жөні бар еді. Кәмпіске келмей тұрып, Шортанбай белсенді бола бастағанда, биліксініп, қылымсып, Қуанның бір қызын тоқалдыққа сұраған еді.

10-сурет

-Молдеке, өзіңіз білесіз, шариғатты, кедей болсам да, бәйбіше құшып,  ұрпақ жалғастырып отырмын. Енді қырықтың қырқасына шыққанда төсек жаңғыртып, жастай туласам деймін. Өзіңіз де бәйбіше артынан бәйбішелі болып отырсыз, жоқ демейміз ғой, енді..,-деген Шортанбайдың ойын түсінсе де артқы ойы не екенін ұға алмаған Қуан молда:

-Шореке, сөзіңіздің жаны бар. Шариғат төрт әйелге дейін рұқсат береді. Жесірін жылатпаған халықпыз ғой, төсек жаңғыртқың келсе, анау Тәңірбергеннің жесірі бар емес пе? Байғұс, жастайынан кетті. Бір баласымен қалды ғой. Сол келіннің де бағы жанса, игі іс емес пе?,-деді.

-Молдеке, оныңыз не? Мен үкімет адамымын, мен жас қызды құшқым келеді. Сіздің үрімдей өсіп келе жатқан екі қызыңыз бар. Үшіншісі әлі бала, бірақ екі қызыңызды үкіметке өткізсеңіз, сізді мына кәмпіске кері айналып өтер, ойланып көріңіз,-деді Шортанбай шіміркпестен езу тартып.

-Өй, үкіметіңе болайын, он беске енді шыққан қызымды үкіметке өткіз дей ме, астапыралла, мынаның көсемсінуін-ай,-деп Қуан молда қамшысымен Шортанбайдың қолынан сабап қалды.

-иә, Алла, сабыр, сабыр, мына Шортанбайдың құтыруын ай. Менің  үрімдей қыздарыма көзі түсіп, қарашы пәтшағарды,-деп ашуланды.

-Молдеке, әй молдеке, енді ісім сенімен болсын, қызыңды берсең қолыңнан бермесең жолыңнан аламын. Қара да тұр. Жаның қалсын деп үіметке қыздарыңды қос қостан өткізесің, осыдан қарап тұр,-деп Шортанбайда ауырған қолын қысып ұстап, атымен шауып кетті. 

Сол Шортанбай қағаз жазып, мөрін тоқ еткізгеннен кейін міне, ауданнан келген милиция Қуан мен Амантайды кәмпескелеп, бар малын алып, өздерін аттың артына байлап алып кетті.

11-сурет

-Шортанбай, ау, әлгі мөріңді тоқ еткізіп, молдекені босатқыз, Алланың дінінде  жүрген адамды бұлай жазалауың болмас, қахардан қорықсаң етті,-деп Бибі Шортанбайдың үйіне келді. Қасында ерткен үлкен қызы Жамиқан, ортаншысы  он үшке жаңа толған Ділдақан, және ең кішісі бес жасар Дәметқан бар.

-Қыздарымды шырылдатпай, бір ашуың болса маған бер, бар малымызды үкіметке өткіздік, енді неміз қалды дейсің, құлдығың болайын,-деп жалынды.

-Бай болып, молда болып, не бітірдіңдер. Қазір заман кедейдікі. Міне кедейдің де күні туғанын көріңдер. Кедей деп қыз бермеймін дей ме молдекең. Әлде атастырған адамдарың бар ма еді. Мына үкіметке бермегенді күштеп аламыз,-деді Шортанбай аузына насыбайын ата салып, Жамиқанға көз сүзіп. – берсең  қолыңнан, бермесең жолыңнан.  Мына қызыңды маған бер деген едім, бермеймін деді. Енді міне үкіметке келтірген озбырлығы үшін түрмеде шіриді, түрмеде,-деді тағы бажырайып, аузына толтырған насыбайын шырт түкіріп.

-ҚҰдай ау, кеселіңнің төркіні сол ма еді. Бұл әлі бала емес пе, он төрттен енді асты,-деп егілді Бибі.

-Сен де байыңның сөзін ссөйлеп тұрсың ба, он төрттен енді асса да, қол аяғы балғадай, бой жетіп отыр емес пе? Не қыздарыңды қақтап, сүрлеп қоясыңдар ма?

-Қақтамаймыз ғой, біраз ес жжиып, бой жеткесін, сұраған адамына береміз ғой, о не дегенің, Шореке.

Шортанбай ызалы кекесін қарқылдап күлді.

-Үкіметке сенде қарсы шығайын дедің бе, сені де қаматтырмасам, Шортанбай атым өшсін.

-Ойбай, ау, Шореке, құлың болайын, бұл ойыңнан бас тарта ғой,

-Тәйт, кет. Әдірам қағыр, үкіметпен таластаны сен кім едің,-деді де Шорекең аяғына жығылған Бибіні аяғымен бір теуіп шығып кетті.

-Апа, апа жыламаңыз, ол не сұраса да бере салыңыз, атамды қайтарып алайық, мен келісемін,-деп жылады Жамиқан. Оған қосыла екі қызы да егілді. Төрт әйел бірін-бірі құшақтап еңіреді.

-Балам-ау, әлі баласың. Жоқ, сені саудаға салмаспын. Барымызды алды, енді бұ үкімет саған қол сұқпақшы ма, жоқ, менің ендігі барым сендерсіңдер!

12-сурет

Таң шапақ бере, Бибінің үй іші күбір-күбірге айналды. Кешегі Қуан молданы алып кеткен милиса тағы келіп тұр. бір сәтте ақ, үйдің апалаң топалаңын шығарып, қазан ошақ, көрпе жастықтарды ақтарып, шашып жатыр. Шырылдап Бибі жүр, қасында жылаған қыздар.

-Ойбай, не іздедің айтарың болса айт, үйді төңкермей, не іздедің?-деді Бибі жылап әр милисаға бір жүгіріп. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ, итеріп кеп жібереді. Қолдарына түскен қыздардың сақина, алқасын жиып, күміс деген ыдыстарды алып, жаңа деген жастық, тулақтарды алды да есік алдына әкеп үйді.

-Міне кәмпеске, міне ревәлуца, осындай молда, байлардың көзін осылай ғана құрта аламыз. Бұлар ескілікке жөн сілтеп, жаңа өмірді бастатпайды. Бұлардың қолындағы барын тартып алып өкіметке өткізіп, өздерін осылай аш жалаңаш жіберсең ғана кедейді түсінер. Міне, өкіметке қарсы шыққанның кебі.  Жасасын, жаңа өмір. Жасасын Сталин. Жасасын Голощекин, жасасын кедей,-деді  Шортанбайды қолдап келген бірді екілі белсенді комсомол жастар.  Әр затқа жабысып Бибі жүгіріп жүр. Қатын-қалаштарды ескеріп отырған ауданнан келген белсенділер жоқ, бірін теуіп, бірін итеріп бітті.

-Ойбой ау, қараң қалғыр Шортанбай, желкеңнен шыққыр Сталин, тұқымың құрғыр өкімет,-деп зар жылады Бибі.

-Ұлы көсем Сталинге тіл тигіздің бе, ей бәйбіше, ей ұрғашы,-деп Бибінің ішінен мылтықпен бір ұрды Хамит белсенді. Жерге зырқ құлаған бәйбіше, ішін ұстап тағы күбірлейді.

-Жаның шыққыр, жаның шықсын, үкіметің басыңа тас болып келсін, өлтірді, өлтірді,-деді еңіреп. Апасына жан ұшыра жүгіріп келген Жамиқан мен Ділдақанды да бір ұрып сұлатты.

-Әй, жас қыздарға тимеңдер, бала ғой,-деді сол кезде Шортанбай жаны ашығансып.

-Бала дейсің е, қайдағы бала. Бар бәлекеттің өздері. Қарашы анасына жаны аши қалуын. Анасына қарап қызын ал деген. Өкіметке қарсы болған анадан қандай қыз шығады,-деді Хамит.

Артынша Суан келе қалып, жеңгесін, қарындасын қорлағаны үшін ашуға кенеліп, Хамитті жұдырығымен бір ұрды. Хамит артқа қарай шегіншектеп барып, бір қолымен жерді тірей, қисайып құлады.

-Өй, көрсоқыр, Хамит болсаң өзіңе, закон дейсің, пріказ дейсің, қатын-қалаштарды ұр деген кім бар саған. Қане прікәзың болса көрсетші. Өй, имансыз. Өзіңнің анаңмен жасты әйелді ұрғаның не?,-деп дүрсе қоя берді Суан.  Орнына ашумен атып тұрған Хамиттің көзі қанталап, аш қасқырдай Суанға тұра ұмылды.

-Пәлі, көрсетем саған, камсомолға қол көтеруін қара, кедейге қол көтердің бе? Енді түрмеде шірисің, не атыласың, қара да тұр, басың кетеді. Кедей –Өкімет. Ал өкіметке қарсы шыққан деген сөз, ажалына өзі барды деген сөз,-деп Хамит та өршелене түсті. Екі аш қасқыр бір жемтікке таласқандай, Хамит пен Суан жұдырықтасып, жерге домалай кетті. Оларды қоршап алған ауыл белсенді камсомол жастары Хамитті мақтап, болысып жатыр.

-Ұр, соқ, бай болған Суанды. Бұлардың көзін құрту керек. Ал жазасын бер,-деген дауыстар жан жақтан естілді.

-Ойбай, өлтірді, Құдай төбеңнен ұрғыр, Шортанбай, Хамит,-деп қатын-қалаштар жүгіріп жүр. У-шу, ырду-дырду болып кеткен төбелесті мылтықтың құлақ жарған дүрсілі бөліп жіберді.

-Өлді, ойбай,-деді біреу.

-Піссіміллә, піссіміллә,-деді екіншісі. Мылтықтың қай тұстан атылғанын білмей, құлақ түре тып-тыныш болып қалған жұрт жан жағына қарайласып, көздері жәутеңдеп, бір сұмдықтың болғаны сезгендей болды.

-Пісіміллә, астапыралла, атылды,-деді тыныш тұрған жұрттың ойын бөлген қатынның бірі. Жұрт жан-жағына қарап, үсті үстілеріп сипап көрді. Оқ кімге тиді екен деп, өмірлері қыл үстінде тұрғандай шошынады. Кенет Бибінің жанында тұрған  ортаншы қызы ақырын сыбыр етті.

-Апа!

-Қоя тұр, қызым, бір сұмдық болған секілді. Үйге кір,-деді Бибі қызына қарамаған күйі, Суан мен Хамитке мойын бұрып.

-Апа,-деді тағы қыз, ақырын анасының көйлегін тартып, -Апа, ауырып барады.

Бибі ауырып барады деген сөзді ести салысымен, көзі шарасынан шығардай, қорқа-қорқа абайлап артқа бұрылды да, тізерлеп бара жатқан қызын құшақтай алды.

-Ойбай, ойбай, қызымды өлтірді, қызым, көмектесіңдер, ойбай, үкімет қайда, доғдырың қайда, үкімет, өлтірдің ғой,-деп еңіреді. Жұрт шулап Бибінің қасына үймеледі.  Жүрек тұсы қанға боялып, Ділдә көзін ашып-жұмып, әлсіз жатыр. Тілі күрмеліп, апа дейтін сияқты. Бірақ даусы шыға алмай, тек ыңыранған даусы келеді. Бибі безілдеп жылап отыр. Жұрт, оның ішінде Хамит те бар, үймелеп қалған. Суан жүгіре келе, қарындасының басын алып, тізесіне қойды. Үзіліп түскен көз жасы Ділдәның бетін жуады. Кіп –кішкене қыз,көзін әлсін-әлсін ашып, жұмып, кенет жұмылған күйі аша алмай қалды. Тынысы тоқтап, қолы сұлқ түсті.

-кім, кім атты мылтықты,-деді Суан айғайлап. Ешкімде үн жоқ. Бәрі бір-брінң артына тығылып, өз мылтықтарын тығып әлек.

-Бұл жерде тек қызыл отаусымақтардың ғана қаруы бар, қалған жұрттың қару-саймандарын үкімет алып қойған, Қарғыс атқыр, мелиса, қайсысың бұл,-деді егіліп жылап отырған Бибі. Суан «қызыл отау»  партиясының мүшелеріне, милицияларға бір-бірден қарап шықты. Бәрі үнсіз тұр. кенет жұрттан бөлініп,қашып бара жатқан  бір қараны көрді.

-Ұстаңдар, әне кетіп бара жатыр,-дедіСуан жұртқа әлгіні нұсқап. Жұрт жапа-тармағай жүгіре жөнелді. Қол аяғын ұстап алып келді. Сөйтсе ол Шортанбай екен.  сұрғылт тарқан түрі қашып кеткен.  

-Мен емес, мен емес, тиіп кетті,-дейді келе сала, жан-жағына шошына қарайды Шортанбай.

-сілімтік, жас қызда нең бар еді, не ақың бар еді бұ балада,-деді Суан оның жағасынан алып. 

-Оқыс жағдай, Хамит айтшы, оқыс жағдай, мен үкімет адамымын, ал бұлар байлар. Байды атуға хақым бар шығар?-деді енді Хамитке жабысып.

Хамит оны итеріп жіберді.

-Бай болса да болмаса да, адамды атуға пріказың жоқ. Не болса да қызыл отауға қамауға алыңдар! Аудандық сот шешеді мәселесін,-деді Хамит көкірек кере, өзін байыпты ұстаған сиқы танытып.

-Тұра тұр, бәлем, атың өшкір Шортанбай, осы ма кегің. Қызыңды бермедің деп, уыздай баламды өлтірмек болдың ба?,-деп Бибі қолында жатқан қызының өлі денесін жерге қойып, Шортанбайдың жағасынан алды. шапалақпен ұрды, жұдырықпен ұрды. Мелисалар келіп ажыратып алды.

-Қанішер, үкіметің құрысын. Түрмеде шірисің енді, сен айтқан үкімет әділ болса, көреміз сені де,-деді ентіге жылап Бибі.

-Мен, әдейі атқам жоқ. Мына құрғыр мылтықпен аспанға атып, бұл ұрысты тоқтатам деген ой туды басында. Сөйтсем мына, оқсалғышын бір нәрсе тұрып қалған ба, әйтеуір, шырт-шырт етіп атылмайды. Сосын ақырын оқ дәріні алып, қайта салып жатқаным сол еді, қолым шүріппеге кіріп кетті де тарс ете түсті. Қайдан білейін атылып кетерін, қайдан білейін мына қызға тиерін,-деді Шортанбай аяғымен жердегі өлікті нұсқап.

13-сурет

Қатын-қалаш жоқтау айтты. Үйім-дүйім жұрт жиналып, қыздың жердегі қан денесін үйге кіргізді.

-Әкесін айдап әкетті, молда ишандарды қамауға алды, Тәңірісіне тапсырып, жаназасын шығаратын бұ бейбақтың не күнәсі бар еді. Артынан бір сүре оқылмай, қара жерге кіретін болды-ау,-деп егілді анасы. Оның жоқтауына ерген жұрт та езіліп, үкіметке қарғыс жаудырды. Дала зарланып, күңіренгендей болды. Зарланған ананың жоқтауын іле сайын даланы боран алып кетті. 

-Заман-ай,-десті егілген жұрт. 

 

14-сурет

-Көшеміз, -деді Қуан молда қызының топырағынан бір уыс алып. –Көшеміз, аулақ, мына үкімет жанымызды алады. Түнделетіп, жиыстыр, Бибіжан.

-Ойбай-ау, қайда отағасы? Сені тек қызыңның қара топырағына ғана жіберді. Анау тұрған Хамитті көріп тұрсың ба, оның аңдығаны да біз емеспіз бе?

-Ебін табармыз. Қыздар мен екінші үйге айт. Жиналсын. Түнімен бір ебін табармын,-деген Қуан жүзіне мұңды артып, сайын далаға терең үңіле, қимастықпен қарады...

Қызының қонақ асын береміз деп жалынған Қуан бір түнге үйінде қалды. Арты қайырлы болсын деген келімді-кетімді кісілерге басын изеп, емеурін білдірген Қуан түнделетіп жолға шығудың амалын ойластырды.

Кісі аяғы кетті ау дегенде, жалғыз арбасын сайлап, үстіне қазанын артты. Бәйбіше, екі қызы мен кіші әйел үш баласымен шықты. Бала-шағаны арбаға отырғызып, өздері арбаны сүйрей жолға шығып кетті. Артынан ілескен Суан да өз бала шағасымен бұларға қосылды.

15-сурет

Күншығыстан күн қылаң беріп келеді. Арбасын қиқулатып, жүрістері болдырыңқы  бір үйелмелі жан келеді. Арба үстінде пысылдап кішкене  Дәмеш пен тоқалдың кіші үш баласы ұйықтап жатыр. Арбаның оң жағын Қуан ұстап, сол жағын екі  әйел сүйемелдеп келеді. Жәмиқан артына бірер азықты артып ол келеді. Арба артында екінші арба Суанның отбасы жағаласады. Келіншегі мен бір ұлы. Ұлдарын арбаға ұйықтатып екеуі екі жақтан сүйрейді кеп.

-Таң атып қалды. Екі рәкәтымді оқып алып, бел жазбасақ, ашып барады,-деді Қуан Суанға, арбаны қойыңдар дегендей.

Бұған бәрі келісе кетті. Түнімен жол тартқан бұлар, ашығып, шаршап қалған. Батысты бет бұрып, Қуан молда еңкейіп-тоңқайып, дауысын сәл шығара намазын оқыды. Әйелдер жағы қазан көтерді. Жауған қарды жиыстырып, су ерітіп, сонау кезде жерге көміп сақтаған бір асым еттен бір жапырағын салып, қайнатты. Қазан бұрқылдап қайнатып, уылжып пісті дегенде бұлар бір-бір шыны аяққа сорпасын құйып іше бастады. Екі бірдей отбасыға қазан жетіңкіремеді. Балалар жағы қарындарының тоймағанын айтып, жыламсырады.

16-сурет

Қыр үстінен атты жан көрінгендей болды.

-тездетпесек болмайды, аңдып келетін сияқты,-деді Суан қимылын жылдамдата, арбаға баланы отырғызды.

-Тездетіңдер, Хамит емес пе екен,-деген Қуан да жапа-тармағай  жинала бастады.

Бұлар арбаны сүйрей тағы жылдамтада жол тартып кетті. Қырдан көрінген салт атты қол бұлғай артта қалды. Атымен шауып келсе де болар еді, бірақ аттылы адам тездетпеді. Кете бер деді ме, әлде басқа ойы болды ма. Атының басын ары бері бұрып, тепкініп қалды.

17-сурет

Күн суып, қар үдемелеп жауып жатыр. Арбаның жүрісі назданып, дөңгелегі қиқулап келеді. Үстінде үрпиісіп, тоңып отырған балалар жәутең-жәутең етіп үлкендерге қарайды.

Жолда жүріп келе жатқанына үшінші күн. Әбден шалдыққан, кезеу кезек арба  сүйреп, жарты сағаттан тынығып ұйықтап алады.

18-сурет

Тас ошақтың оты баяу жанып жатыр. Үстіне орналасқан қара қазанның буына мастанып, отына жылынып тізбектеліп бұлар отыр. Құраған шөп-шалаң мен отқа жанар ағаш бұталарын жиып әкелген Суан да оттың жылуына келіп жақындап отырды. Күн кешқұрымдап, шам уақыты кіріп кеткен. Қара қазанда қайнаған бір тілім етке бәрінің көзі жәутеңдеп, ішектері әлсін әлсін үн шығарып жатыр.

-Жолымыз қайда тартып барады, өте аламыз ба?,-деді Суан Қуанға тіл қатып.

-Мына Кетпен жотасының бойымен Қалжаттан ары өтсек, Қытай асуына келеміз. Сол өткелден өтсек, ол жақта да ел жұрт бар деседі,-деді Қуан жаңалай жатқан Кетпен тауын нұсқап.

-Қара қытайың бізді адам құрлы көре ме екен?

-Ол жақта да ел бар, бір сиармыз. Сонау жылдары көшіп кеткен Жазық бар еді. Аман есен жетсе, бізді де бір жағына шығарар. Кәмпіске келеді деген де ақ, ақылы жетіп, бес алты жылқысын айдап кетіп еді,-деген Қуан молда қолын Бибі берген бір шыны сорпаға ұмсына берді.

 Кенет, жапан даладағы ұйыған тыныштықты бұзған ат дүбірі естілді. Қараңғылықта от жарығын көрген болса керек, екі аттылы кісі едіреңдеп, ошақ басында үрпиіскен бұларды қоршап алды.

-Тәк, тәк, қайда жол тарттыңдар, кәмпіскеден қаштыңдар ма?

Аттың үстіндегі біреуі атын тепсіне тіл қатты.

-сен кімсің, біздің жолымызды бөгемей жайыңа кет. Үкіметсің бе?,-деді Қуан.

-Ха, ха, қайдағы үкімет. Әдірам қалсын, ол үкіметің. Ауызға тиер нең бар?,-деді екінші аттылы.

-ее, сендер де ауған жанбысыңдар. Келіңдер, бір шыны сорпа болар суымыз бар. Дәм татыңдар,-деп жайланды Қуан ишан.

Екі аттылы аттарынан түсіп, бұлардың қастарына жайғасты. Сорпадан сіміріп ішті де, отбасы мүшелеріне от жарығымен маңғаздана қарап шықты. Аттылы біреудің көзі Жәмиқанға түсіп, мұрты жыбыр етіп, көз ойнақшып сала берді. Мұны байқап қалған Суан қарындасының жанына келіп отырды да, әлгі аттылыға миығы қисайып бір қарады.

-Қайда жол тарттыңыздар?-деп сөзді бұра кетті аттылы.

-Қытай асып кетсек дейміз. Өздерің қайда?

-Біз осы елде қаламыз, әлгі кәмуністер малымызды тартып алса, біз олардан басқасын тартып аламыз,-деп шіренді екінші аттылы.

-Е, қарақшымыз де,-деді Суан тағы миықтана.

-ІІі.

-бүгінше сіздермен аяңдай тұрайық, таң атысымен сіздерді жолға салып жіберерміз.

-Өздерің біліңдер, бірақ таңды күтпейміз. Жолға шығу керек. Артымыздан аңдушы бар,-деді Қуан ойында дәнеңе жоқ.

Арба үстіне бала шағаны жатқызып, сәл жылыстап, тыныққан соң, жолға тартпақ болды. 

Аттының бірі Жамиқанды жағалай бастады. Қолындағы мылтығын көрсетіп, едіреңдеп қояды. Бұлардың жүрісінен секем алған Суан Қуан ағасын түртіп, жолға шығып кетуді айтты.

-Тоқтаңдар,-деді аттылының бірі. –Жол болса алыс, сендерде жан көп, бір жанды арбадан түсірсеңдер, жеңіл тартады.

-Өй, атаңанәлет. Аузым бар деп, оттағаны несі. Суан ашумен шап берді.

-Тәйт, мына мылтықты көріп тұрмысың, бір рет тарс еткізсем, атаңның рухымен қауышасың. Берсең жолыңнан, бермесең, қолыңнан.

-Әкеңнің, оттапсың.

Суан ашуға беріліп, әлгі аттын жағынан салып кеп қалды. Аттылы да ызбарланып, құтырына Суанмен арпалысып кетті. Қуан молда екінші аттылымен арпалысып, әйелдер жағы шуласып қалды.

-Өй, әкеінің аузы. Өзі жалаңаш, қызды сұрайды ғой,-деген Суан аттыны мұрынан ұра, қанатты. Ырылдасып, шайнасып жатқан бұларды тоқтатар ешкім жоқ.

Қолдағы мылтық анадай жерге барып ұшып кеткен. Екі арпалысқан жан Суан мен атты жан қояр емес. Қуан мен екінші салт атты енді доғарып, бұларға қарады.

-Қойыңдар, ей, жетер.

Екі қасқырша арпалысқан екеу бірін өлтіріп, бірін қалдырмаққа бел буған.

Кенет, мылтық даусы тарс етіп, Суан астында жатқан аттының үстіне бар денесімен құлай кетті. Әйелдер жағы ойбайға басты. Екі ат жапа тармағай шылбырын сүйретіп, айдалаға ауып кетті.

Мылтықты атқан аттының жолдасы. Анадай жаққа ұшып кеткен мылтықты тауып, Суанға дәлдеген еді. Суан сол арада тобығына байлаған  бәкісін алып үлгерген. Оқ арқасына тигенде, бәкі астында жатқан аттылыға барып қадалды. Екеуі де сол жерде тапжылмаған күйде, қозғалыссыз қалды.

Ойбайға салған Суанның әйелі бетін тырнап жіберіп, еңкілдеді. Бал шаға шулап, беймаз қарлы дала гүілдеп кетті. Өңі жоқ Қуан Суанды жерге алып, басын тізесіне қойды.

-Өлтірдің, ей, лағынет атқыр, бізде нең бар еді?-деді әлгі атқан кісіге қарап.

-Тоқта, тыныш, тағы атамын.

 Жолдасынан айырылған бұл да есі шығып, делебесі қозып кеткендей, қорқақтап, мылтығын кезейді кеп.

-Атам, жандарыңның барында, маған дорбаларыңды берііңдер, жандарың қалады.

-Өй, атаңанәлет, қайдағы дорба. Біз аштан қаламыз.

-Сендерді білмеймін. Бер, әйтпесе, атамын.

-Құры, ал да кет. Бибі бер анаған қалғанды. Қуан отбасының амандығын ойлады, барын беріп құтылмақ болды. Бибі тартына, соңғы қалған тамағын қимай, қипалақтай берді.

-Бер, тез. Жөнімен кетсін, жендет. Қуан ақырып кеп жіберді.

Атынан айырылған қарақшы дорбаны қолына ала, мылтығын кезене сайын далаға тартып, сүрініп-жығыла жол тартып кетті. Айдалада Суанның қу денесін құшақтап бұлар қалды.

19-сурет

Таң шапақ атып келеді. Жер қатып, қар астында қалғандықтан, Суанды көмуге мұрша тұрмақ шама да келмей, айдалаға қар астына көміп бұлар жолға шықты.

Жолда енді бір арбаға тиелген бала шаға мен әйелдер арасын алып Қуан да келеді.

Суанның бәйбішесі тырнаған бетін түбіт орамалымен көбегейлеп, кемсеңдеп жылап келеді. Арбаның оң жағына енді Қуан мен кіші әйел алып, сол жағын Бибі мен Жәмиқан алған. Бүрісіп ұйықтаған балалар әлсін жеттік пе дегендей, бастарын көтеріп –көтеріп қояды. Қарындарының ашып, бұлар қашан тоқтап, қазан көтереді деген ой да мазалайды.

-Отаға, дамылдайық, әлім кетіп барады. Бибі белін ұстаған күйде тіл қатты.-Балалар да ашықты. Су қайнатып берелік.

-Жақсы. Тек тездетпесек болмас, күн көтеріліп, қуғыншылар кеп қалмасын,-дей бергенінше Қуанның көзіне ақ қардың үстінде көлбейлеп жатқан қара көрінді. Әрі бері қозғалатын сияқты.

-Не болды екен?

Кіші әйел тіл қатты.

-тыныш тұра тұрыңдар,-деген Қуан молда ақырын басып әлгі қараға келді. Оппа қарды жанына бүрісіп бір кейуана жатыр. Ырс-ырс етіп әрең демалады. Аппақ самай шаштары қобдырап жаулығынан шығып кеткен. Жаулық дейтін жаулық та емес. Ақ шытты шүберек. Үстіне тері тулақты жамылған екен. Тулақ астынан төрт-бес жасар бала сіресіп жатыр. Қатып қалған.

-Маң, маң,-дегендей болды кейуана Қуан молданы көргенде. Денесі қозғалмайды. Тек көздерін әлсін ашып, жұмып қояды.

-Кейуана, бұл қалай?

-Маң, маң. Қор ете түсті.

-Лә ілләхә ілліАлла де. Қуан бұл кейуананың тілін кәлімәсына келтірмек болды. Келмеді. Тек «маң маң» дегенге тілі келді.

-Тірі ме?

-Кетті. Дамылдамайық. Бізден де бөтөндер бар секілді. Тездетіңдер,-деген Қуан молда асығып арбасын сүйрей жөнелді.

20-сурет

Күн төбеге жете, ұшқынған желмен Хамит пен екі мелиса келеді. Қуан молданы уысынан шығарып алған ол, ауданнан сөз естіп, Шортанбайдың қамшысының астында қалған. Әлгінде Қуан молданың қызын абайсызда өлтіріп қойған Шортанбайды айдауға жібереді деген ойы болмады Хамиттің. Шортанбай белсенді кедей болып, мөрін қайта қолға алған еді. Қуанды уысынан жіберіп алды деген сөгіс беріп, Хамитті екі мелисамен қосып арттарынан қууға жіберген. Үш күн бұрын бір өзі жортуылдаған еді, сонадай жерде арбасын зыдыртып кетіп бара жатқан Қуан молданы көзі шалған. Алысқа кетпес, қасыма бір-екі мелиса ертіп ұстамасам, ағайынды екеу мені жығып кетер деп ойлап, кері қайтқан. Енді міне, сол жолмен бұл Қуан молданың соңынан келеді.

Жол бойында сынған арба маңына келді. Ұсталды деп келгені сол еді, арба жанында сіресіп қатып жатқан мәйіт көрінді. Іші жарылған секілді. Анадай жерде қар үйілген. Ызғытқан жел қардың астындағы тағы бір мәйіттің бетін ашып тастапты.

-Суан құлақ қой, мынау,-деді Хамит. –Бәлем, ажалыңды алған екенсің. Ал мынау, кім болды екен?

-Бұл да қашқын ғой.

Бұлар алысқа көз тастады. Ызғыған желден алыс жақ көрінбейді.  Тек осылай жүрді ау деген көміліп қалған іздерді алып, жолда келеді.

-Ұстап алсам, отбасыңмен Сібірге айдатпасам. Көрсетем, молдеке саған. Байдың тұқымы.

21-сурет

Қараңғылық қоюлана бастады. Ұзақ жол тартқан жолаушылардың әлі жоқ. Арба үстіндегі балалар жылап, мазасы қашты. Қуан молда арбаны қойып, Жәмиқаның дорбасында қалған бір уыс қуырылған бидайды балалар алдына тулақты төсей салып, шашып жіберді. Қалған бидайды дорбаның шаңын шығарып түбін қағып,  бірнеше түйірмен әйелдермен бөлісті. Ауыздарына екі үш дән түскен бұлар, шайнаңдап, демдерін іштеріне тарта терең демалысты.

-Жетіп қалдық па?,-тоқал ашумен тіл қатқандай болды. –Тып, тыныш елде жата беруім керек еді. Әйел теңдігіне қол жеткізсек, бізді кім тебер еді сыртқа? 

-Әй, Есімкүл, сандырақтама,-Бибі де иегін қаға, жақтырмааған сыңай танытты.

-Рас, қой, Қуеке, мына балаларды жылатып, Суан қайным ол кетті. Біздің аш жалаңаш аязда жүрісіміз мынау. Жолда үсіп өлетін шығармыз, Қытайға жетпей.

Есімкүл ашуға бұлығып, жиналып қалған зарын лықсытып шығарып жіберді.

-Байдан өлмесең қалмадың ба? Өзің ғой, ілескен.

Бибі де қояр емес.

-Тәйт, не болды сендерге. Ауыз менікі деп сайрай бересіңдер ме. Бала шаға отыр деп бір именбейсіңдер,-деге Қуан қабағын түйе тіл қатты: -Жетеміз, Алла қаласа.

Осы кезде, шаңқ еткен дауыс шықты. Ойбайлап жатқан Суанның келіншегі екен. Бибі мен Есімкүл зытып оның жанына келді. Жерде сұлап жатқан әйел сұрланып, бүрісіп қалған.

-Жарығым, не болды? Аманбысың?,-деді Бибі жан ұшыра.

-Жеңеше, әлім жоқ. Жүре де алмайтын сияқтымын.

-Не болды, қай жерің ауырып тұр?

-Жеңеше, құрсағыма бала біткен еді. Ағып кеткен секілді. Қан тоқтар емес.

-Ойбай-ау, неге айтпадың. Арба үстінде отырғызып алар едік қой.

-Бала-шағаның өзі бір төбе. Мен мінгессем не болар еді?

-Бір амалдар едік қой.

Осы кезде сөзге Қуан араласты. Ол арғы жақта, әйелдер арасынан алшақ отырған еді.

-Тыныштық па, Бибі?

-Иә, тыныш!,-деген Есімкүл Бибіден бұрын жауап қатты.

-Жеңге, қайын ағама айтпаңыз. Менен қан кетіп жатқаны тек сізге аян болсын.

-Жақсы. Кел арбаға орналас. Бір нәрсе қып жетерміз. Тек шыдай ғой, қарғам.

Есімкүл екеуі әйелді тұрғызып, арбаға орналастырды. Балалар ығысып отырды.

21-сурет

Қараңғылық әбден қарасына кірді. Айнала еш көрінбейді. Арба үстінде бала шаға мен бір әйел жайғасып, тулаққа орана ұйықтап жатыр. Арбаға сүйеніп, Қуан қызымен, Бибі мен Есімкүл отыр. Дір-дір етіп мұздап, қымтанады кеп.

Жолай теріп жүрген тал-шыбықтары да жанбай, бықсиды кеп. Арбасын сүйргене Қуан көзін тарс жұма, ұйқыға кеткен секілді.

Желдің ұйытқуымен әлде бір дауыстар келетін секілді. Әлде сайын далада аштан өлген пенделердің жан тапсыра алмай жатқан дауысы ма, ыңырсыған, бозданған дала күңіренеді кеп. Сазды әуенге салынып кетеді де, артынша ботадай бозданған жоқтауды бастайды. Қыз-қырқынның сыңсуы ма, әлде, теңдік алдық деп тойлап жырланғаны ма, әуен қыздың үніндей шығатын секілді.

-Отағасы? Бибі шошына тіл қатты.

-Ә?

-Естіп тұрсыз ба?

-Иә, Бісмілләхір рахманыр рахим. Ең далада лағынет атқырлар жүреді деуші еді. Қорықпаңдар, Бісміллә деп айтыңдар.

-Меніңше, бұл ұлыма секілді.

-Тәйт, қайдағыны шақырма.

Бибі орнынан тұрып, балаларға қарады. Ортада сұлап жатқан Суанның әйелі ыңырсып жатқан секілді. Ақырын кеп демін тыңдап көрді. Әлсіз дем шығара алмай, қиналып жатқан сияқты. Алыстан жылт-жылт еткен жарықшалар байқалғандай болды. Бибі қорқып кетті.

-Қуеке, тұрыңыз, ит-құс кеп қалған сияқты. Ойбай, енді қайттік.

Қуан орнынан атып тұрды да, жан жағына қарады. Расында, жиырма шақты аттам жерде көздері жалт-жұлт еткен мақұлықтар көрінгедей болды.

-Иә, бісмілла. Иа, Аллам жар бола көр,-деді де –Тездетіп, арбаның бір жағын алыңдар, аттанайық,-деді. Арба орнынан қозғала алмай, біраз қиқулады. Қарға көміліп, доңғалақтары қатып қалған секілді.

-Апа, апа?,-кішкене Дәметқан анасын шақырды:-Апа, жеңеше шақырып жатыр.

Бибі сытыла келіп, құлағын тосты.

-Жеңше, мені әлгілерге тастап кетіңіз. Бәрібір өлемін. Мына, мына,-сөзінің артын жұтып, әрең тіл қатқан келіншек, терең дем алды:-Мына, бала сізге аманат. Осыны жеткізіңіздер,-деді де қор ете түсті.

-Ойбай. Кетті. Тастап кетті. Бибі ойбайға салып жіберді. Қуан молда басу айтып, тынышталуын сурады.

-Жақындап қалды. Иіс сезіп кедген ғой.

-Келін, келін, жемтік ет деп еді,-деп Бибі тілі күрмеліп әрең айтты.

-Не дейді? Қуан көзі бадырайып шошып кетті. –Қой, жүріңдер тез.

Қараңғылықта арбаны екі жақтап сүйрей жөнелген бұлар, ауру келіншектің арбадан сүйретіліп ауып түсіп қалғанын көрмеді де. Артта қалған көзі жанғандар әлденеге таласып, ырылдасқан даусы шығып жатты.

22-сурет

Таң. Үдемелі желмен бірге үдере көшкен жұртты ұстап алып, ортаға салып уәкілдік жиналысы болып жатыр.

-Бардак! Ұлы көсем Ленин атамыздың жолын жалғар, Ұлы Сталин жолдастың тапсырмасы «кіші октябр» жүйесі дұрыс орындалмай отыр. Жамыраған жұрт, мал десе жанын бере ме екен! Теңдік жаққа бармай, бар малды аяп отырма? Жоқ, контра, өз еліңде кім ашықпай жатыр? Ұлт болып Гәләшокин жолдастың тапсырмасын орындаудың орнына, бұралқы иттей тояр жер іздеп кеткен. Өлер жағына асыққан, жендеттер. Тұра кеп қашып, өзге ел пұшпаққа шығарады ма екен?,-деген уәкіл ортаға жайылған үстел үстін дүңк еткізді: -Сендер не қарап жүрсіңдер? Сені, Шортанбай, осы ауылға бас көз бол деп қалдырдық. Қане бас көздігің. Бір кулак діншіл Қуанға ие бола алмадың. Ол, Сталин жолдасқа, Гәләшокин жолдасқа тіл тигізді. Олардың ұлылығын мойындамай, құлақ атанды. Неге, жіберіп алдың?

-оның қашып кетерін білмедік қой. Артынша, Хамит белсендіні жібердім. Әне міне дегенше тауып, алыдыңызға алып келеді. Қуан ишан-байдың тұқымы. Атасы кезінде, алпыс мыңдай бас қарасы бар адам болған деседі. Одан қалған малын санап тұрып алдық.

Шортанбай елпектеп, біртүрлі даусы өзгеріп, мәймөңкілеп сайрай жөнелді.

-Так, мөрді өткіз. Сені де жер аударамыз. Санақ дұрыс жүргізбей, контрамен бірігіп, оны қашырып жібергенің үшін, жер аударыласың.

-Ойбай, ойбай. Мырзеке, бір ашуыңызды беріңіз, тауып әкелемін. Тек жер аудара көрмеңіз. Отбасым, бала-шағама обал емес пе? Елім үшін жүрміз емес пе?,-Шортанбай жыларман күйге түсті.

-хватит,-уәкіл үстелді тағы бір ұрды: -вам еще мала. Сендерді ит жеккенге жіберу керек, ит жеккенге,-сөзін соза түскен уәкіл, бажырайып ортадағы қашқындарға қарады.

-Так, мыналардың бәрін айдап апарып қамап тастаңдар. Атылады, болмаса кетеді Сібір асып. Ақыры ел асып кетпек ойы болған екен, барсын Сібірге,-деп ортадағы бірнеше жарым-жандарға қарады.

-Айда, пошол, алып кетіңдер.

Қару асынған бірнеше мелиса қашқындарды тепкілеп, мылтықтарымен соққылай, алып кетті. Арасында Шортанбай да бар.

23-сурет

Сұрғылт аспан сазарып тұр. Таң атқалы бері арбаның жетегін мықтап ұстап дедектеп бір үйелмен жан келеді. Артына қарай-қарай, әбден әлі құрыған әйел суйреп келе жатқан арбаның жетегін жерге тастай салды.

-Біттім, жоқ, біттім,-деді жерге отыра кетіп. –Өлсем осында-ақ өлейін, қиналмай-ақ кетейін,-деп еңіреді.

-Ух, менде өлдім. Әлім жоқ.

Екі әйел бірінен кейін бірі жерге отырды. Қуан молда да арбаның жетегін жерге қойып, сәл дамылдағандай арбаға сүйене берді.

-Апа, Апа! Дәл осы кезде арба үстінде отырған балалардың үлкені Дәметқан анасын шақырды.

-Ау, балам?

-Жеңешем жоқ!

-Не дейді? Ол қайда? Сендердің жанында жатпап па еді?

-Білмеймін. Әбентай жылап отыр.

Орындарынан әзер тұрған Қуан арбаны бір шолып шықты.

-Ойбөөйй, қалып кетті ау. Ит құсқа жем болды ғой. Ойбой,-деп Бибі ойбайға салып жіберді. Балалар да шулап кетті. Аштық алқымнан алып барады.

Жамиқан арбаны ары бері айналып, балалар отырған жерді төңкергендей болды. Ештеңе таппады. Қара қазан мен бес алты шыны аяқ.

-Жоқ, бидай да бітті. Аштан өлетін болдық, әке?,-деді ашына, көзін жасқа толтырып.

-Олай деме, қарғам. Сендерді аштан өлтірмеймін.

Қуанның да жүзі сұрланып, сұр бұлттай бозарып ақ кеткен. Әлі кетіп, жағы ішіне кіріп, беті солған. Отбасына түгелдей қарап шықты. Бәрінің жүзінен қаухар кеткен. Сұлу Жамиқанның да ажары түсіп, өңі қуарған. Балалар ісініп, орындарына тұра алмайды. Бибі мен Есенкүл де қарлы жерде бүрісіп, бұратылады. Қуанның көзінен жас ытқыды. Оны ешкімге байқатпай ап-арық саусақтарымен сүртіп тастады.

-жүрейік,-деді есін жия түскендей Қуан қасындағыларға.

Ешкім қозғала қоймады.

-Ей, бәйббіше, жүрейік деймін, мұнда қалсақ,  ит құсқа жем боламыз.

-Қуеке, әл жоқ,-Бибі қатты жөтеліңкіреп, әрең тіл қатты.

Қуан састы. Расында ешкімде әл жоқ еді. Балалар ол жылай жылай тым тырыс бола қалған. Ұйықтап жатыр ма әлде... Қуан өз ойынан шошып-ақ кетті. Дерей арбадағы Дәмешті тұрғызды. Көзі жұмылып-ашылып, әлі кетіп отырған қызының да беті аузы домбығып, үсік шалыпты. Есенкүлдің екі баласы мен өз баласында да үн жоқ. Тек көздері әлсін ашылып қояды. Анасын іздеп жылаған Суанның баласы бүк түсіп жатқан күйде қимылсыз.

-Атаңа нәлет Гәләшөкін. Ай, Алла жазаңды бергір Гәләшөкін,-деп Қуан жерге отыра кетіп еңіреді кеп. Жерді ұрғылады. Көздерінен аққан жас бетін жуып, жағасын малмаңдай етті.

-Қуеке, ең құрығанда доңыз еті болсашы,-деген Есенкүлдің сөзі Қуанды селт еткізді.

-Не деп тұрсың, өй, арам неме.

-Арам өлгенше, сол арам доңыз етін жесек те аман қалар едік қой.

-Астапыралла!

-Қуеке, бұлай молда болмай ақ қой. Көшеміз деп арам өлтірдің бізді. Доңыз тұрмақ, бір балаңды сойсаң да жер едім! Есенкүл ашынып кетті де, миығынан күліп, сылқ-сылқ етті.

-Алла сақтай көр. Мына жауыз не дейді. Қуан шошынып кетті. Ойы сан тарапқа жүгірді. Өзі оқыған Құранында  доңыз еті арам дегенін есіне  түсірді. Ал аш болсаң, жеуге болады. Бірақ дәл қазір қайдағы доңыз? Аң –құстың бәрі жоғалып кеткен бе? Ал, адамды жеу. Ойбай. Қуан өз ойынан расында шошыды.

24-сурет

Айнала аппақ қар. Қар ізімен үш аттылы келеді. Бірі Хамит белсенді мен екі мелиса. Қуан қашқынның артынан төртінші күн қуып келеді. Өздері де әбден ашыққан. Азын-аулақ алып шыққан тамақтары таусылған.

Хамит ендігі қашқындарды қуап жетпес екенін түсінгендей болды. Кері бұрылып:

-кері қайтайық, ізін жоғалттық,-деді.

-Мынаны қараңыз,-деген мелисаның айтқан жағына көз тастаған Хамит бір аттам жердегі адам қаңқкасын көзі шалды. Айналасы қан жоса болған, киімдері жыртылған. Әйел адам болса керек, шыттан тігілген көйлегі мен түбіт орамалы айырылып, қара шаштары дударланып жатыр. Денесінде ет жоқ. Сүйегі қанталап, шашылып жатыр.

-Әттең, қасқырға тап болған екен,-деді Хамит басын шайқап.

-Жақын маңда қасқырлар бар сияқты. Тездетпесек болмас,-деді мелисаның бірі.

-Бізде мылтық бар. Олар мылтық даусын естісімен қаша жөнеледі ғой,-деді екінші мелиса кекіреңдеп.

-Сонда да, қасқыр ашығып, үйірімен жүруі де мүмкін.

25-сурет

Күн бесіннен асып, екінтіні маңдап қалған. Арбаның үстінде шиттей бала-шаға тырайып, еш қимылсыз жатыр. Арба маңында Қуан қызы Жамиқанды құшақтап егіліп отыр. Бибі өзінше, сандырақтап, жөтеліп жатыр. Есенкүл гүп болып ісіп, демі таусылған. Жан жағына қараған Қуанның көз алдына атқа жегілген арбаның үстінде ойнақшып балалар кетіп бара жатқаны елестеп, артынша ақ түйеге мінгескен Суан бұған қол бұлғап қояды. Аппақ қасқырлардың арасында күліп отырған келіні көрінсе, Шортанбайдың қолынан қаза тапқан қызы алыс жарда теріс қарап, ренжіп отырғаны көрінеді.

-Аллам-ай, Аллам-ай!

Қуанның даусы зорға шықты.

-Кім бар, дауыс беріңдерші? Ешкім тіл қатпады.

Алыстан үш аттылы қара көрінді. Хамиттің атқа отырысынан бірден таныды.

-Кел, кел, жанымды ал.

-Вот, қашқын, жеттім бе саған. Контра, ашығып кеткен сен ғана ма? Бас салып қашып кеткенде опа табамын дедің бе? Отбасың түгел қырылыпты ғой?

-Ей, Хамит, елді қан қақсатқанда береке таптыңдар ма? Голошөкіннің құйрығы, ал, жаным керек болса, ал, бас анау шүріппеңді. 

Қуан әлсіз тіл қатса да, даусынан ашу, ыза байқалды.

-Адам болмайды, бұны арқалап апара да алмаймыз, кеш батпай ақ Алласымен қауышады,-деді мелисаның бірі.

Хамит қолына мылтығын алып, Қуан молдаға көздеді.

-Осы отырған жеріңнен атып түсірейін бе? Сталинге тіл тигізіп, Голошөкінді қарғадың. Өй, молда болмағыр. Артқа сүйрейтін сендерсіңдер. Бірді екілі аяттарыңды оқып алып.  Ұлы Сталин –міне нағыз Құдай,-деді де Хамит мылтығымен Қуанды бір ұрды.

- осында қал. Аман қалмассың.

Хамит кері бұрылып атына отыра бергенде, ұлыған қасқырларды көріп қалды. Қасқырлар он аттам жерде бұларға көз тастап тұр екен.

-Бәлем, аналарды қара.

Мелиса мылтығын кезей бергені сол еді, Хамит тоқтатты:

-бері келсін, оқ жетпей қалады. Үш қасқыр аяқтарын сызылтып баса, ырылдаған күйі келе жатыр.

26-сурет

Тарс еткен дауыс шықты. Қасқырдың бірін сұлатып түсірген мелиса, екінші мәрте мылтығын тағы оқтады. Қалған екі қасқыр бұларға қарай жүгіре түсті. Екінші мәрте оқ атылды. Бірақ шеткері кетіп, қасқырға тимеді.

-Ат, әкесінің, дәлдеп атсайшы, өй, неме,-Хамит айғайға басты.  Дала күңіреніп сазды әуенге салғандай, қасқырдың ұлығаны әнге қосылғандай болды.

Болдырған аттар да тебініп қалып еді, Хамит аттан тайып, жерге домалады. Қасқыр Хамидтің аяғынан шап беріп, тістелеп талай кетті.

-Өй, әкеңнің, ойбай-ау, ат, дәлдесейші. Мелисаның бірі екінші қасқырды сұлатпақ болып мылтығын дәлдеп еді, еш дәл ата алмады.

-Ойбай, өлтірді ғой мынау. Ат, атсаңшы,-деген Хамиттің даусы қарлыға шығып, өзі қасқырдың астында жан арпалысып жатты. Мелиса тарс еткізді. Қасқыр сұлап түсті. Астындағы Хамит те жым-жырт болды. Оқ екеуіне де тиіпті. Үшінші қасқырды да екінші мелиса атып түсірді.

27-сурет

Арба маңында сұлап жатқан денелер былқ етпеді. Есін әзер жиған Қуан денесін көтере алмай, жан жағына қарады. Үш аттылы кетіп барады. Екеуі мелиса, үшінші Хамит атқа төңкеріліп, үстінде салбырап жатыр.

Қуан молда орынан тұра алмай басын-ары бері бұрды. Мұрнына жылымшы әлдененің иісі келеді. Иығын сәл көтеріп, басын созды.  Жанында қаны ағып қасқыр жатыр.

-Иа, Аллам ай, кешір,-деген Қуан еңбектеп қасқырдың жанына келді.

-Бісміллә,-деді де қойнындағы бәкісін алып, қасқырдың тамағын осып жіберді. Қаны бұрқ еткені сол еді, Қуан жапа-тармағай атылған қанға аузын тосып, қылқитты.  Ашыққанда өз өзіне ие бола амай қалған Қуан молда, қасқырдың мойын етін тіліп жіберіп, аузына салды. Бір-екі шайнап, қылғыта салды. Бойын әл жүгіргендей болды. Аузы басы қан болған Қуан, отбасы есіне түсіп жан-жағына қарады. Арбаның арғы шетінде екі әйелі сіресіп қатып жатыр. Арба доңғалағына сүйенген үлкен қызы Жамиқан да үнсіз. Орнына зорға тұрып, арбаға келді. Үстілеріне жамылып алған тұлақты ашып кеп еді, сіресіп қалған балалар жатыр.

Қуан еңкілдеп жылап жіберді.

-Атың өшкір, Сталин, атаңанәлет Гәләшөкін. Сұраласың қияметте. Армысың, бармысың дермін сол кезде, Гәләшөкін, Гәләшөкін,-деп еңіреді.

Құлағына әлсін-әлсін дауыс келеті секілдін, көзіне сағымдар көрініп, Гәләшөкіннің ел алдында жауап беріп жатқаны елестеді.

-Аллам-ай.

Қуанның құлағына кіші қызы Дәмештің даусы келді.

-Әке

Қар жапалақтап жауып жатты.

28-сурет. Соңы

Ас үйден келінінің шәңкілдеген даусы қояр емес. Кейуана көздеріне келген жасты әжім торлап, еті кеткен саусақтарымен қағып жіберді. Қолдары дір-дір етеді.

-Әкем-ау, бар отбасыңнан мен ғана тірі қалғаным үшін Аллаңа қанша шүкір айттың. Жаның пейіште болғыр.

Кейуана терең тыныс алды да көзін жұмды. Қолдары сылқ етіп еденге түсті...

 

   2019ж

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған