Адам қарады: 3760 | Жарияланды: 2019-05-15 02:20:40

Құныс патша

 Топан су топалаңынан кейінгі беймәлім мыңжылдық. Қайта түлеген табиғат көркі. Өмір нәрі түгесілмейді. Анасының ақ төсінен нәр сорған балақан секілді, толғағы оянған бұтақтарды емірене құшақтап тұрған балапан бүршіктер. Балғын топырақ иісі. Аққайнардың жан сыры. Сәби еңбегінің бүлкілі. Тылсым туынды.

     Су беті шымырлап жатыр. Мөп-мөлдір. Құйттай-құйттай күміс моншақтар сынды жылт-жылт еткен ауа түйіршіктері тұп-тұнық су түбінен бұлқына шығып жоғары қарай жансебілдене өрмелейді  Аққайнар жүрегінің тереңінен шыққан өмір құштар арманы секілді, доп- домалақ, дөп-дөңгелек сол ақ моншақтар тізбегі алақандай айдын бетіне шыға бере бұрқ-бұрқ етіп шашылып, құдды бір ана құрсағынан шыққан шарана секілді көздерін ашып жұмып жаңа өмірге жол тартады.. Жарыққа құштар өмір нәрі – жаңа өмір бастауы дегеніміз, сірә, осы болар. Айналадан көктем иісі, балғын топырақ иісі аңқиды.

     Бұдан мыңдаған, жүздеген жылдар бұрын өздерін жаратылыстан жоғары санап кесірлене кекірген, екі езуден аққан майына мастанған біреулер денесін иіссумен сылап сандырақтады-ау. Білмеді олар, адам ағзасына топырақтан жақын, дымқыл топырақ иісінен жұғымды ештеңе жоқ және болмаған. Ақиқи нәрсе осы! Көктемгі ауа қандай сүмбіл. Көкірегіңнің жықпыл-жықпылын, қатпар-қатпарларын қопарады. Рахаттың рахаты осы! Жер-ананың омырауынан енді-енді қияқтана бастаған жап-жасыл, жап-жасыл түктерін жып-жылы демімен аялай үрлеп жүрген алтынкүрек аталатын жел ше! Әлі шаң көрмеген, күлтесін  тозаң шалмаған, таң шапағының нұрын сімірген пәк шырайлы қар гүлдері – назды бәйшешектер, бұртиған еріндері енді-енді ғана бүрлеген, мезгіл әуеніне ілесіп шабыттана шайқалған бұтақтарды емірене құшақтап тұрған балапан бүршіктер  ше?! Жағалаудағы жаңадан бой түзей бастаған жасыл құрақтар аққайнарға қарай қылдай-қылдай мойындарын емірене созады - жауқазын ғұмыр жағалауды жағалап жүгіріп кететіндей жұлқынады... Мөп-мөлдір бұраңбел бұлақтар да өздерінің жіп-жіңішке, жіп-жіңішке жүлгелерін асығыс кеңітіп, жаңа арна ашып, бір-біріне жамырап алақайлап жатыр. Айналаның бәрі сылқ-сылқ күлкі әуеніне көмілген. Аспаннан алтын-табақ күн жымияды. Маңайда алқынған-жұлқынған ешкімнің жоғы, әсіресе, әзірше болса да астамшыл, жалған машайық атаулының төбе көрсетпегені қандай жақсы.

     Жүздеген жылдар бойы түлеп, жаңа дүние осылай бой түзеп, қайта қалыптасып келеді. Ия, аққайнар бүлкілінде жарыққа ынтық өмір нәрінің, сәби еңбегінің тынысы бар. Аққайнардың илләһи жаны бар. Бұл дегеніңіз - жаратқанның әрі өміршең әрі тылсым туындысы – мәңгілік жыры. Ауа, су, топырақ, от – кереметтер жиынтығы, төрт анық дегеніміз осы!

 

     Адасқан қарияның еш болған күйзелісі. Мөлдір су ащы көз жасын қабылдамады. Тоты құстар. Бір ұрттам мәңгілік шәрбаты. Сүлеймен пайғамбардың қанағаты. Ақ сөйлер әжімдерде өкініш пен қуанышты қатесіз сипаттайтан ақеділ тіл бар. Шотмаңдай мен тасмаңдайлар не дейді. Үшінші көз. Негатив. Шайынды. Адамға, адам болмысына топырақтан жақын ештеңе жоқ.

     Ұзақты күнге аққайнар бетіне үңіліп отырған қарияның шелденген көзінен шымырлап жатқан су бетіне бір тамшы жас тырс ете қалды. Жүздеген жылдар  бойы дымқылы қатып-семіп керіш болып қалған екен. Нәрсіз бір тамшы. Қарияның ағарып кеткен көздерін айнала көмкерген  жұқа еттері жыртылып, онсыз да табаны қопсып түгі қалмаған бір-екі кіді кірпік түбінен қопарылып кеткендей тызылдады... Өзінің қаншаға келгенін ұмытып қалса да, сонша жылдық ғұмырдың қайғысы мен мұңына илене-илене шеген көкірегінен лықсып шыққан қарияның көз жасы ащы еді. Ия, сол бір тамшы тым ащы болатын. Тамғаны небәрі бір ғана тамшы болса да өмір нәрі - мөп-мөлдір су түшіркеніп, тұзданып, аққайнар беті әппақ айғыз болды. Керіш тамшы бір жерде тұрды да қалды. Мөлдір су, тұзды да ащы, қайғы жеген, болмысы түп-тұқиянына дейін тұқыртпас мұңға, өеініш өңезіне баттасқан сағыздай-тамшыны қабылдағысы келмеді. Мың-мың жылдардан бері адасып, өзін өзі таба алмай қаңғырған қария таң қалды. Осы жасқа келгенше адамның көз жасында қорлықтың мұндай соры болады деп ойламапты. Каландарлықты енді мойындай бастаған бейбақ: «жетпегені осы еді, тұп-тұнық суды былғадым-ау...» деген бір сәтке ес жиғандай болып. Еш болған, кешеу келген күйзеліс қарияның қатқан мейіздей денесін ду-ду еткізді, қу сүйектерін кеміре бастады. Еңкейіп, сексеуілдің бұтағындай қатып-семіп қалған иір-иір саусақтарымен аққайнар бетінде қалқып тұрған әлгі соры қалың тамшыны түртіп көрді. Судың ағысына қарай жөңкіп ағып, созған шүйкедей әппақ-әппақ сызықтар кетті. Сызықтар қарияның маңдайындағы терең-терең ақжем әжімдерден айнымайды-ау, айнымайды. Әжім деген әдетте ақыл-ой нышаны болушы еді ғой. Көпшілік біле бермейді, терең-терең бұл әжімдерде ақ сөйлейтін ақеділ тіл де бар. Әжімдер астында, шақшадай бастың екі жағынан орын тепкен дыбыстартқыш құлақтардың байланысшы көпірі сияқты шодия біткен шотмаңтай, қайқия біткен қумаңдай, иесінен басқа ешкімге көрінбейтін,  рухы таза кісілер ұстай білсе, «сопыларға» тән қапысыз көретін үшінші құпия көз, ұшы-қиыры жоқ, баянға құмбыл баябан дала, құмға шөккен желкенсіз қайық, енді ешкімге қажетсіз бояу - былқып жатқан зең басқан ғұмырдария болушы еді. Көкірегіндегі езбе күрсініс тепсініп-тепсініп қалды, қарияның жұтқыншағына  лықсып ап-ащы запыран зәріндей әлдене келді:  « - адамға екі ғұмыр берсе ғой, шіркін, бәрін де қайта бастасам... - деп те ойланды... - жо-жоқ, болмайды, енді кеш...». Кенет бұрқ ете қалған пендауи ой кенет сылқ етіп сабасына қайта түсті. Ішінде адамы жоқ дерлік жарғақтың қалқайған бас жағы екі тізенің ортасына құлады... Сықырлап құныс жота иілді. Ақыл тасқынын игерудің өзі де оңай емес. Өкініш неден туындады өзі?

     Онсегіз мың ғаламды билеген, дүниедегі аң-құстардың түгелінің тілін білген Сүлеймен патшадан ақылды кім бар! Ол да ел басқарды, ол да жүзден асқан жоқ. Асқан жоқ емес-ау, асқысы келмеді... Бір күні өзінің ең жақсы көретін тоты құсы патшаға бір ұрттам шәрбат әкелген-тін: «патшам, мынаны ұрттап жіберіңіз, мәңгі өлмейтін құдіретке ие боласыз, сіз адамзатқа керексіз...». Сонда, Сүлеймен патша өзі келіп сұранып тұрған шәрбатты бірден жұтып жібермей: «таңға дейін уақыт бер, тоты құсым, ойымды жұптап алайын...» деген екен. Елден асқан ақылы бар әз патша ғой, таңертең: «тоты құсым, ниетіңе рахмет, Жаратушы, адам баласына қанша ғұмыр берсе, соны сүремін, шәрбатыңның қажеті жоқ, қиянат арқалағым келмейді, ақ өлімді күтемін, қартайсам елді өзімнен  кейінгілер де басқарар» депті. Міне, мәңгі өлмеуге де мүмкіндігі болып тұрған, болып тұрса да ойы кіршіксіз, санасы саңлақ Сүлеймен патшаны, ақылы мен парасаты, қанағаты мен имандылығы мәңгі өлмеуден бас тартқызды. Жасампаз  пәлсапа кемел ихсаннан, ештеңеден жиренбейтін құзғын жасағысы келмейтіндігін хаттады. Адамның баласына бауырынан өрген баласының, баласының бауырынан өрген немересінің, немересінің бауырынан өрген шөбересінің өлімін  көрсеткісі келмеді... Сонша ғылымды игерген сол Сүлеймен патшаның да маңдайында терең-терең әжімдер болмады деп кім айта алады?.. Ел басқару оңай іс деп кім қол қоя алады?!. Маңдайдағы әжімдер қоймасын ақтара берсең, әр адамның пешенесінде жазулы тұрған, өзіне ғана тән, біреуге ерте біреуге кеш келетін нағыз ақыл жиынтығына кез боласың. Тек қана оны оқи біл, тыңдай біл, қорыта біл, кейінгіңе жеткізе біл! Дұрыс жағына бұрыл. Сабырмен сарала. Ақыл да толқиды. Үшінші көздің өзі де жаратылыс сырына үңіле білмеген адамға жан-жағын негативті тұрғыда көрсетеді. Дәлел ретінде қарапайым ғана мысал келтірер болсақ: жүрегі талықсымайтын, бауыры сыздамайтын адам болмайды. Адам – табиғат туындысы, табиғаттың титтейден баулыған, титтейден тәрбиелеген перзенті! Демек, адам мәселесіне қатысты сарабдал бағдарламаны табиғат қана жасай біледі, табиғат қана шеше алады. Бұл бағыттан қиыс кеткен адам – табиғатқа керексіз нысан. Ал, табиғат пен жер – егіз, тығыз байланыстағы құдірет! Яғни, табиғат – ата, жер – ана! Жер – ана адамды мәңгі тербетеді, мәңгі әлдилейді. Мұны мойындау үшін көп білімнің, асқан сезімталдықтың қажеті жоқ. Сол секілді, екі аяқты, бір басты табиғат туындысына өзі секілді өзге екі аяқтының озбырлық жасап, мүмкіндігін аяқтан шалып, өміріне қол сұқпағаны абзал. Табиғат болмысына бар ынтасымен ден қойған адам ғана Ұлы Жаратушыны-Құдайды шын мойындайды.

     Қалай болғанда да, адам жүрегінің талықсуын да, бауырының сыздауын да басатын, жалған тіршілік тауқыметінен құтқаратын да емші – тек қана сол табиғат пен жер-топырақ құдіреті болмақ. Ия, иісі жұпар кәдімгі қара жер, торқа топырақ... Ашкөздікке бой ұрған пенде көзін топырақ қана толтыра алады. Ізгіліктер пәлсапасы, адамзат жаралғалы бері осылай дейді. Адамзатта топыраққа қарсы тұратын қауқар жоқ! Кім болсаң о бол, соңғы тұрағың – қара жер болмақ! Өлім әлдиінен өткен әуен де жоқ. Негативті көзқарас бұл ақиқатты шайып жібереді.

 

     Тілден қалған қария. Ескерусіз қалған сұрақтар. Есірік ырду-дырду. Гүрілдек майқоңыздар мен дірілдек инеліктер. Шырғалаң. Атжалман өркениет керек пе? Мыңтабан. Ұйықтан шыққан ойлар. Үш басты тау. Жер бауырлап жылжу. Адамзаттың оянуы. Қылқылдаған кеңірдек, жалаңаш өңеш. Әңгі патшалар мен мәлін патшайымдар. Ажал алаңы, шыңғырған рухтар. Менмендік күрке тікті.

     Басы екі тізесінің ортасына құлаған, жұмбағы көп шынжыр ойдың шырғалаң қамағына түскен  құныс-қария көп болды тілден қалған. Қалай созсаң да еркіңе көне беретін, құлағы барды да жоқты да уыздай ұйытатын сала құлаш қызыл ет қазір - құлду. Құлду болмағанда қайтсін, кіммен тілдеседі. Күн орнында, ай орнында, ал, жарық дүниеде сөйлейтін жандық атаулыдан бір өзі... Содан бері қарияның маңдайынан түбегейлі қоныс тапқан әжімдер ғана үнсіз сөйлейді, күңіренеді. Тек қана оны тәпсірлейтін, екшей білетін тірі жандық болса.

      Қария өзінің өмірге қашан, қай күні келгенін, талбесікте тербелді ме, жоқ па, есіне түсіре алмады. Әкесі кім еді, анасы кім еді? Білмейді, білгісі де келмейді! Сонымен, түбірін түптеп қоятын бұл сұрақ ескерусіз қалған. Ескергенде кімге керек?!. Кәрі жыландай жер бауырлап жылжығанына қанша ғасыр?... Есінеген ойына жөндем ештеңе пайымдалмады. Әйтеуір, сағым арасынан еміс-еміс есіне көлбеңдейтіні – өзі ес жия бастағанда бұлардың төбесі топырақпен бастырылған жеркепелерінің шығыс жағын көмкеріп, үш басты үлкен тау тұратын мізбақпастан қарайып. Тауды жағалай орналасқан үш-төрт үйлі қадау-қадау ауылдар болатын, баурайларға қадау-қадау мал өретін, қадау-қадау тұяқтар сықырлайтын. Сырттан қараған кісіге бұл көрініс буылтық-буылтық мыңтабан құрттың иіліп-созылып бір орында қозғалғанындай әсер қалдырар еді. Әсіресе, көктем күндері, жер тұрғындарына  табиғаттың тартуы - гүрілдек майқоңыздар мен дірілдек инеліктер, әнші құмыр-құстар мен биші гүлдер ғана масайрайтын. Жәндіктер ғана сайран салатын. Оларға не!.. Арғыны қойдық, бұл кездің өзі де - адамзаттың әлі ояна қоймаған, оянса да кісілікті мойындай қоймаған, озбырлықтар ұйымдастырған былқылдаған қызылкүрең қан-өлім илеуінен, қылқылдаған кеңірдек пен жалаңаш өңеш-өзекті ұлытқан ашаршылық мелтегінен тарбаңдап шыға алмай, өз жеке басын ғана күйттеген, өзгені білгісі де келмеген әңгі-патшалардың, мәлін-патшайымдардың есірік ырдуы мен даңғаза дырдуына төзіп /дәл қазіргідей асығыс та атжалман өркениетке бет бұра алмай/, өзінше соны да місе тұтып, содан да қанағат сауып, жақсылықтың аңсар үмітін жамырай түтетіп, «ей, каландар, қанағат пен ынсабың бойыңа құт болсын-ның» үмітін  үкілеп жатқан кезі ғой. Адамзат не көрмеген!

     Қарияның көз алдынан сәбилік, балалық шағы осылай тізбектеліп өтіп кетті. Бұлыңғыр бозбалалық шақта да қанша сезімтал болғанымен есте тұрақтап қаларлықтай ештеңе жоқ екен. Десе де, сол кездері шотмаңдайға бірлі-жарым сызық қыдырыстап келіп-кеткен-ді... Қонбақ ақыл нысаны ғой. Көргенінен аз да болса түзілген бұл сызық бозбала үшін құнды еді, өкініштісі - тұрақтай алмады. Болар болмас ой саңының ізін қалдырып тайып тұрған. Шалғаны таза, маңайы кірсіз сол бір бозбалалық кезең де артта қалды.

     Артынша адамның түмен ойға берілетін тұсы да, ғұмырдария толқынына құлаштай сүңгіп, өз бетінше бетбұрыс жасап кемелденетін шағы да сағымдана қалды... Толысты, толды. Өз қатарларының алды болуға тырысты. Межесі дұрыс-ақ еді. Тұстастары бас иді. Биік-биік тауларға қол созды. Жетті. Айтпақшы, дәл осы шақта, өзі не істеп, айтарлықтай не тындырып еді?!. Баянатын парақтап көрсе, құр қол емес те сияқты, ештеме бітірмеген де сынды. Алқалы топтың арбауы бөлек заман ғой ол. Адам анадан туылады, десе де, жетіле келе өзінің түскен ортасына қарай бейімделеді, орта тәрбиелейді. Құлақта қандай жазық бар, жазық – сананың еншісінде! Мұндай саралаудан миллионның бірі ғана сүзіліп, ерекшеленіп шығады.

     Кейіпкеріміз, сол ортада жүргенінде белі ауырып, балтыры сыздады ма? Елім, жұртым деп еңіреген күні болды ма? Тіпті өз бостандығын, өз ойын өзі тәуелсіз ете алды ма? Ол тұстан да ауыз тұщытарлық ештеңе таппады. Айтпақшы, ия, ия... Сәті келіп, алтын таққа қол созым жердегі орындыққа отырған екен-ау. Тоты құстар мен аңдардың тілін зерделейтін кезі де келіпті. Ұмытпаса, бар мәселені ушықтырған, өзгеге қол сілтеуді дәл осы жерден бастаған екен-ау. Тоты құстар мен аңдар туралы: «әй, қойшы, соны! Аң – аң, құс – құс! Хайуандардың қолынан не келеді өзі», деп сандырақтапты. Одан да... Қарияның езуіне мысқыл үйірілді... Өрмекшілердің өмір сүру дағдысы есіне түсі. Өрмекшілердің тарқатқан жібі күрделенген сайын, қамтуы ұзарып қалыңдаған сайын, сол шырмаудың қақ ортасында тұрған өзі қоңдана бастайды. Яғни, уақыт оза келе өрмекші деген жәндігіміз қатерлі де улы қарақұртқа айналады... Құнттап қоятын бір нәрсе осы екен.

     Кенет, қарияның есіне өзі көрген оқиғалардың ең бір елеулісі: қақаған қыс, көше кезген алақаншық ызғырық, қып-қызыл қанға мелтектеген ажал алаңы, алаңға иірілген қанжоса құмырсқа-халық, қайырылған мойын, бақырайған көз, жұлынған шаш, сүйрелген дене, «қара қарғаның» дабыл жаңғырығы мен әділдік аңсаған елдіктің мақтал сарыны, оған қоса жарқылдаған әскер күректерінің қанқасап биі, құздан төмен сылқ-сылқ лақтырылғын жанды машайықтар, жерге жетпей кеудеден шыңғырып шығып кеткен рухтар, қарқылдаған әңгүдік патшалар мен патшалардың етегіне шаттана оратылған жыланбас уәзірлер, тажалға мауыққан патшайымдар түсті. Айнала жаңғырып кетті. Байғыздар бажылдап, найзағайлар шатырлады. Сол кезде түршікпеген денесі енді түршікті, тізелері қалтырады... Бұл не шу?  Үлкен уәзір қайда еді сонда?..

     Сол күндері ғой, өзінің туылмай жатып өмірден теперіш көргені, көкірегі мылжа, жотасы и болғаны, төбесі топырақпен сыланған тоқал там, тау баурайындағы қадау-қадау тұяқтар сықыры, иіліп-созылып қыбырлаған буылтық-буылтық мыңтабан құрт есінен шығып кетіпті. Ел қайда, есіл ерлер қайда?!. Онекіде бір гүлі ашылмаған арманы асыл ақмаңдай күлімкөздер қайда?!. Пендешілікке уланған, мұны тәрбиелеген, түстері қып-қызыл алқалы топтың бейшара түсінігі оның бәрін де құрдым-иірімге тоғытыпты... Ойы осал, бағыты тұрақсыз, иманы бейкәміл пендені түгелі кеміс, беталысы еңіс ойлар ұйығы үйіріп тез тартып кетеді ғой. Бұл ұйық тұтқынын өзгеше тәрбиелейді, пендауи жасырын мақсат ішке түседі, іште түйіледі. Сыртқы дүниемен байланыс шектеледі. Мұндай мақсат иесінің санасы да түпкі оймен ауызжаласып, маңдайдағы қыдырымпаз әжімнің болар болмас ізін шайып тастап, алдамшы дүние пендеңіздің шотмаңдайын жарқыратып, жасанды жарық орнатып кетеді екен. Алаңғасарлықты, өзімшілікті бейнелейтін сонау алдамшы сәуле, алдамшы позитив, көргенін ұмытқан құлкеуде пендені тез игеріп әкетеді. Ол кез - бас уәзірдің осы батпақтың майын алаңсыз сорғысы келіп аласұрып жүрген кезі ғой. Мұндайда, тек қана арқасын сүйейтін азғана тіреуіш болса болды... Тіреуіш болса еткен еңбегің былай қалып, ендігі жерде саналы-ақ дерлік пенде болмысына жасырын менмендік күрке тігеді. Дарақылық, мақтаншылық, ешкіммен санаспаушылық, тек өзім, өзім білермендік бел алады. Қарияның есіне қайта – қайта түсіп мазасын алып, бас сүйегін шиқылдата бұрғылап, миын мүжіп жүрген азуы қарыс қабан сұрақ осы еді! Өз басын өзі қанша тоқпақтаса да иі еш қанбайтын осы бір итырғылжың, жылусыз маздақтан көзі қарауытып, бейуақта қараңғыны кезіп, жалынсыз ойдан ажырай алмады.

 

     Өткелек. Сұңғыла тоты құстар қабылдамады. Құныс патшаның қалыптасуы. Мәңгілік өмірді аңсау. Зиммилер мен аборигендер. Екі құлақтың арасында зыр жүгірген екі көз. Төбекөздің көріпкелдігі. Қаңғалақтаған сарапшылар. Емеурін. Италақаздар мен құмайлар. Қарымта. Цифрлар биі. Патшалар құрбандығы. Мәңгілік өмірді аңсау. Тәңірдің топырағы.

     Алайда, өзінің кім екендігін ұмытып қалған кейіпкеріміз бұл өткелектен де, бес қаруын сайлап, ішкі сырын ешкімге жаймай дін аман өткен. Бақ қарап, қыдыр дарыды. Арқасүйер сүйеніш те табылды. Жігіттік шақта азу тісі мен ақыл тісі бірдей шықты. Ақылы - ұйық, азу тісі қарыс болып кеткен пенденің илеу сөзіне ұйымаған жан қалмады. Маңдай тұстан төбекөз белгі бере бастады. Илалап таққа отырды. Жасанды италақаздар табанын жалады. Құмайлар асқақ жыр құрады. Айбыны асты. Дүмі майланды. Десе де, бұл тақ Сүлеймен патша отырған - қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан иманды тақ емес, жаратылысы жұтпа ұйықтан шыққан жырынды тақ болатын. Шақша-бастан өз орнын тапқан табиғи екі көз екі құлақтың арасында зыр жүгірді. Әлеуметке сіңірсіз сүйек лақтырылды, көбік сөзден тау тұрғызылды. Алдағы он жылдықтар, жүз жылдықтар, тіпті, мыңжылдықтар межесі айқындалды... Қиял шіркінде шөліркеу бола ма? Шеңбері ісіп-кеуіп кетті. Жұртшылықтың жұпыны шекпені мауыты мақпалға айналды. Бұрын-соңды ешкімнің ойына кіріп шықпаған цифрлар биі басталды дейсің... Сөз бен іс шекарашылары тұтас далбасалап, мүмкіндік тәжірибелерінің сарапшылары қаңғалақтап кетті. Қолдан келер қайран қалмады. Шүйдесі қоңды қуыршақ уәзірлер төмен қарап бас шұлғудан басқаны білсе де - білмеді. Өйткені бұлардың бәрінің де сайқымазақ ар-ұяттары әлдеқашан таразыланып, патшаның темір сауытты сандықшасына кіріп кеткен болатын. Енді қит етіп көрсін... Сұқ саусақ аспанды нұсқады. Емеурінінің өзінен  қатыгездіктің қаны сорғалаған қандыбалақ көшбасшысы бар ұлыстан өткен мықты ұлыс бола ма? Болмайды! Патшаның бірінші де, соңғы да жауы – барлық қыр-сырыңды өзіңнен жақсы білетін абориген, жақтасы бұралқы зиммилер болу керек. Аборигендер зиммилер тілін үйренсін деген бұйрықшалыс сандырақ сөз сайын даланы аралап кетті. Ал, енді айтқанды тыңдамай көр... Солай болды да! Адам-атаның ойлау дәрежесінің мүмкіндігі әлі дарвинизм шеңберінде жүргеннің өзінде-ақ, Модэ шаңьюй, бертінде Шыңғысхан, кешегі Гитлер мен Сталиннің өзі де осы қатыгездіктің арқасында әлемге танылған жоқ па? Жер тарихында есімдері мәңгілікке қалды. Ендеше, не тұрыс?!. Атың шықпаса жер өрте! Сонымен...

     Сонымен, мәңгілік ел күркесінің төбесі шошиды. Міне, керемет! Міне, ойтоп! Мәңгілік деген сөздің өзі Жаратушыға қосар қосу емес пе екен?!. Шайтан иектеген, табаны тайғанақ жанның оны екшеуге мұршасы болған жоқ. Есесіне, осы кезден бастап пендеміз түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалды. Тойымсыз көзге қатпар-қатпар қалта ілінді. Ұрлықы алтынмен апталған, күміспен күптелген өліктей пенденің астамшыл ақылы өзін ендігі жерде Сүлеймен патшалығына қарай асығыс сүйреген. Несі бар! Сүлеймен патшаның сүйікті 365 қатыны болған. Осынша қатынды игерген /бұл пендеміз Сүлеймен патша жылдың әрбір атқан таңын өзінің жүрегіне ең жақын сүйіктісіндей тағатсыздана қарсы алып, шыққан күнге қол жайып құлшылық етіп отырғанын білмейді/ патшаның, патшалықтың артында пайғамбарлық алыс емес. Адам қолынан келмейтін нәрсе жоқ! Қатыннан кенде емес. Аспан мен жер «періштелерінің» бәрін көгендеп қойған. Мәңгі өмір сүруді аңсады. Сол үшін патша тотықұстарына ауыз салмаққа қамданып та көрген. Бірақ, ол үшін, мейлі сөйлейтін, мейлі сөйлемейтін, бауырымен жорғалайтын, тік жүретін, жүзетін қандай жануар, ұшатын қандай құс болсын, әлемдегі барлық қанатты атаулының, екі аяқты, төрт аяқты аң атаулының тілін түгел білу керек қой. Оны үйренуге... өмірбаяндары темір сандықта қатталып қалған уәзірлерін тыңдауға пендеміздің менмендікке бұрандадай кірігіп кеткен, өктемдік меңдеген  мойыны жар бермеді. Екі өкпесін қолына алып ол өлкеге де жетті. Өкініштісі, көпке мәлім тоты құстар өлкесі, ыпыны мен ындыны бөлек, тіл білмейтін, араны қорен жануарға пысқырып та қарамады. Мұндайда, «таз ашуын тырнаудан алар». Міне, кейіпкеріміздің шыққан биігі. Патшалардың қарымтасы қарабайыр сорлы ұры-қарының шалықтаған әрекеті секілді қалаған кезіңде бауыздай салатын жан-жануармен шектеле қоймас. Патшаға керегі басқа! Патшаға керегі – адам қаны, тағы да адам қаны, әлеуметтің төбесінен бақайына дейін үрей себу екен!.. Табиғаттың төл перзентін ату, дарға асу, суға тоғытып тұншықтыру! Адам құрбандығы! Міне, болатын адамға керегі! Өйкені тілі бар адамға тілі бар адам ғана қарсы келе алады, бұлар мәңгі өмір сүру дегеніңді ұқпайды, мүддеңе қиянат жасайды. Пікір дегеніңіз түкірікке, қала берді қақырыққа айналады. Сұңғыла тоты құстар бұған не дейді?! Оны ойлауға мұрсат жоқ. Мақсат біреу! Ол – қалайда мәңгілік шәрбатына қол жеткізу. Тоты құстар келіспесе – қылқи-мойындарын қырт еткізіп бұрап тастау! Ал, әлемдегі тотықұстардың адамша сөйлейтіні біреу-ақ! Оның да сөйлегені тек айтқаныңды қайталау ғана екенін қарапайым кісі де біледі ғой. Озбырлықтың құлы болған пенде-патша ше?!  Нойыс білсе де білгісі келмес... Сонымен, соңғы патшамыз айналасының, жақын-жұрағаттарының бәрін құрбандыққа шалып қырып-жойып, жалмап бітті. Өзінің жағасынан ала кеткен, өз кіндігінен өрбіген ұрпақтары да біртіндеп жаһаннамның төріне қарай сүңги бастады... Несі бар, Мөде шаңьюй өз әкесін өзі өлтірген... қатыны мен атын жауына сыйлап, тулақтай жер үшін көрші патшамен қырқысқан... Шыңғысхан көпке танылуды өз туыс-қарындасын өлтіруден бастаған. Міне, үлгі керек болса! Тілі, өз пікірі бардың бәрі жауыз. Дұрысы – екі аяқты, сөйлейтін «жануарлардың» бәрін де құрту керек! Бас шұлғудан басқаны білмейтін, ұйқылы ояу жануарларда қандай ақыл болсын! Ал, ақылы барлар тіпті қауіпті? Ақылдың кені, ерліктің ұстыны Еділ патшада ес бар деп ойлайсыңдар ма?!.

     Мәңгі өмір сүруді аңсаған патшаның аса «көрегендікпен» тапқан бұл бағдары тіпті дұрыс болды. Құрту керек! Адамың не, Жаратқанға тиісті ештеңе қалдырмау керек. Осы уақытқа дейін басында бір шұқым миы жоқ тотықұстарға телмеңдеп... Сүлеймен-Сүлеймен дейсіңдер. Ол да екі аяқты, бір басты пенде екен ғой! Тапқан екенсіңдер ақымақты. Қай кезде де шындық өтірікті жеңген... Нәтижесінде бәрі өзгерді. Падишахымыз төбесі аспанды тіреген алып сегізаяққа айналды. Сегізаяқтың созылмалы сіңірдей буын-буын сулықтарына, көзсіз де көре беретін, тиген жерін жұлқып-жұлып алатын  дөңгелек сорғыш жапсырмалы, бүкіл әлемді орап алған ұзын-ұзын саусақтарына ештеңе шақ келмеді. Тұтас тау да, жұтым су да құмыра өңешке жұтылып кетті... Бәрін өзіне тартып алды, сатып алды, қаламағанын қайта сатты. Ажалдыға еншілі бір уыс топырақ, бір тұтам жер де, тіпті көр де қалмады, көңіл жайланды, кекірік сазды, ал енді алып көрсін... Өз перзентін бауырына алып әлдилейтін, тербететін бір сүйем жері жоқ қубас құдай – үңгір көзі ақшаңдаған әзірейіл не істей алады?!. Тәңірді танымай жүр екенсіңдер! Көзге көрінбейтін құдайыңның маған қажеті жоқ! Бар болса шықсын, қазына-байлығын көрсетсін! Немесе өзім іздеп табамын оны...

 

    Ұйықтап кеткен уәзірлер. Сетт-робот желкесін қасыды. Ұрғашы ұшқыштар. Ғарыш кемесі. Аса маңызды тапсырма. Кемеге құбыжықтар қайдан келді? Тоз ғаламшарының сипаты. Құбыжықтар патшасы. Кемені жұтып қоя жаздады. Ұлы Жаратушының кітабы. Рахат сезіміне бөлену. Ешқандай жазуы жоқ кітаптың кімге керегі бар! Ғарыш кеңістігіндегі тас жаңбыр. Апат. Жерге оралу. Мүскінге айналған патша.

     Өзін, осылайша таныта білген Құныс патша, ендігі жерде аспанға қарай жол салғысы келген. Несі бар? Техника мәселесі жетілген заман. Роботтар ой қорытады, өз беттерінше іс тындырады, сенің ойыңды уәзірлерден артық оқиды, ішпейді, жемейді және қажетіңді айтқызбай орындайды. Жұртшылық, өз патшаларының ойына келгенін емес, келешекте келетін нәрсесін де алдын ала қамдап қоюға үйренген.

  • Көлік дайын, патшам! – деген дауыс есітілді.

     Жастары жүзден асқан, бастарында бір тал түгі жоқ өңшең қасқабас иір жоталар еденге жапырыла құлады... Алтын тақта отырған Құныс патшаның екі көзі екі құлақтың арасында зыр жүгірді. Соңында еденде жатқан уәзірлерге тоқтаған.

  • Менімен бірге қайсысың сапарға шығасың? Баратындарың орындарыңнан тұрыңдар!

     Еденге жапырыла құлағандардың ешқайсысы орнынан тұра қоймады. Тіпті тұяқ серпетіні де байқалмайды.

  • Сетт, мыналарға не болған? – Құныс патша өзінің артында тұрған роботқа қарай бұрылды. –Бұлар неге орындарынан тұрмайды?
  • Патшам, олар ұйықтап кетіпті... Бәрі де шаршаған сияқты.
  • Сонда бұлар не бітіріп шаршапты? – деп зілденді Құныс патша. - Бәрін істейтін, бәрін де тындыратын мен өзім емес пе? Қуыршақтар ғой бұлар, соны осы күнге дейін өздері білмей ме? Қолдарынан түк те келмейді бәрібір, жатпаса жабыссын. Ал, дайынсыңдар ма?
  • Дайынбыз, патшам, тек қана... – Сетт желкесін қасыған.
  • Не жетпей тұр тағы? Айт!..
  • Айтсам, ұрғашыдан қаншауын аламыз жолға?.. Соны сізден сұрай алмай...
  • А-аа... солай ма? – Құныс патша қолының саусақтарына қараған... Төртеу... алтау... жоқ, мына астауыңа сыйғанша ал, бәрі де жас, мынауыңның тілін білетін болсын... Өздеріңе қажеті жоқ па?
  • Ол не дегеніңіз... – Сетт сасқалақтап қалған. - Бізде ондай сезім жоқ қой. Корабль тілін Сарра ханым бастаған ұшқыш-ұрғашыларымыздың бәрі де біледі, бәрі де сынақтан өткен. Жолға дайын.
  • Олай болса мақсатты тапсырманы орындауымыз керек. Оны ұмытқан жоқсың ба? Тапсырманы тағы да бір қайтала!..
  • Тақсыр мен ештеңені де ұмытпаймын. Тапсырма – аспан-жер билеушісін іздеп табу, сосын көзін жою... Көктегі арышты сіздің кабинетіңізге жеткізу.
  • Әп-бәрекелді, онда кеттік! Астауыңның күнделігіне дәл солай деп жазып қой. Алтынмен жазылатын болсын!

     Насаттанған Құныс патша отырған алтын тақ бар жасауымен ғарыш кемесінің ішіне сырғып барып орныға қалған.

     Арада бірер минут өткенде Құныс патша мінген ғарыш кемесі Талғардың төбесіне бұрқ еткізіп бір уыс шаң қалдырып көк аспан төріне қарай зымырап бара жатты.

     Бір басты адамдардың сарқылмайтын энергия көзін күннен тапқаны секілді, мәңгі бұзылмайтын, кез келген ғарыштық денені көлеміне қарамай кері теуіп жіберетін құдіретті күші бар ғарыш кемесін Құныс патшаның Сетт бастаған роботтары ойлап тапқан, тіпті уақытпен, қашықтықпен  санаспайтын еткен. Қажет болса, бұл корабль аспан денесінің қай-қайсысына болса да аттап барып қона салатындай қасиетке ие. Оның үстіне бұл роботтар кез-келген тілде сөйлейді және бейтаныс тіл шифрларын тез үйреніп ала алады. Апатты «SOS» жағдайында ғарыштың қай күрделі түкпірінен болсын, корабль өз бетінше жерді тауып қона алады. Сетт жылдамдықты көрсететін тақтаға қарады. Былай қарағанға ауасыз кеңістікте зымыраған корабль бір орында қалқып тұрған сияқты көрінгенімен, жылдамдық көрсеткіші жарық жылдамдығынан артық мың есеге жуық цифрдың тұсында тұр екен. Иллюминаторға көз салған Құныс патша өзіне өзі риза болды. Маңдай тұстан көрінген әлдебір жұлдыз лезде бір бүйірлеп домалана артта қалып жатыр. Көздің көріп қалуына ілінбей жылт етіп өтіп кетіп жатқаны қаншама. Анда-санда алыс кеңістіктен жарқ ете қалып, соңына жіңішке жіптей ақ сызық қалдырып кететін метеорлар да байқалып қалады. Құныс патшаның бала кезіндегі арманы орындалды. Ия, сәби арманы қашанда кіршіксіз ғой. Әсіресе, сауат ашқан сайын қызғылықты бола түсетін арман ше! Таңғы шапақ пен кешкі күннің қып-қызыл болып алаулап барып батуы ше? Ойлаушы еді: күннің арғы жағында не бар екен, жердің өзі шындығында қандай екен, домалақ па, тегіс пе деп... Қанат байлап ұшқысы келетін. Жер өз осінде айналып тұр дегенге сенбейтін.

     Сөйлейтін жануар ойлана да біледі ғой: «Сүлеймен патша, патша болса болған шығар, оны жаратылыстағы аң-құстардың тілін біледі дейді, одан қандай ләззат, менің білетінім, оның  ғарыш кеңістігіне қанат қағатын дәл мұндай жүрдек астауы болған жоқ!». Арада сүт пісірімдей ғана уақыт өткен сияқты. Маңдай тұстан күміс түстес алып бір планета көрінген.

  • Сетт, мынау қай планета? - Құныс патша алға қарай итіне түсті.
  • Ай ғой, патша ағзам! Аялдаймыз ба?
  • Жоқ! Онда ешқандай тіршілік жоқ! Біздің мақсатымыз басқа ғой... Сетт, сен білесің бе, аспан-жер билеушісі тірі жандық па?
  • Кешіріңіз, патша ағзам, ол жағын зерттеп білу менің бағдарламамда жоқ екен.

     Ғарыш кемесі ай планетасы тұсынан өте шықты. Көп ұзамай аспан кеңістігін қара мұхит жапқан. Корабль жарығы түпсіз қара мұхит кеңістігін тілгілеп келеді. Құлаққа оқтын-оқтын ыс-с ете қалған дыбыстан басқа ештеңе естілмейді. Бұл ысылдап қалып жатқан үлкен метеориттер екендігін ғарыш жолаушылары біледі.

     Бәрін білген, бар арманына қол жеткізген Құныс патшаның білмейтін нәрсесі де бар еді. Бұл жағы оның ойына кіріп те шыққан емес. Ол-жердің уақыт өлшемі мен айдағы уақыт өлшемінің біркелкі еместігі болатын. Мәселен, жердегі үш сөткелік уақыт бірлігі ай өлшемінде бір-ақ сөтке, күннің бір сөткесі жер өлшемінде 365-366 сөтке дегендей. Сондай-ақ бұл өлшемнің ғарыш кеңістігіне ұзаған сайын ұлғая түсетіндігі. Ғарыш мұхитының өлшемі ше? Оны екшеп жатқан патша жоқ. Ойына әлдене түсіп кетсе керек Құныс патша селт ете қалды:

  • Сетт, а, Сетт!.. – Экраннан әлдебір ғарыш траекторияларын сызып-өлшеп жатқан Сетт көрінді.
  • Патша ағзам бірдеме дедіңіз бе?
  • Мына қараңғылық қашан бітеді, қайда кетіп барамыз өзі?.. Әлгі көк тәңірінен не хабар? Тірі жандық көрінбей ме?
  • Патша ағзам, біз өзіміздің күн системасынан әлдеқашан шығып кеттік, енді 12 минуттан соң басқа күн системасына енеміз. Алдыңыздағы сыздықтап бозара бастаған сол күн системасы. Бұл маңда жаны бар биологиялық ағза байқалмайды.

     Сөйткенше болған жоқ көлемі өзіміздің көзге үйреншікті кәдімгі күннен жүз есе дерлік үлкен күннің нобайы көрінді. Лапылдап жанып тұр. Жан-жаққа шашырап тұрған отты жалаушалар көз қарықтырады. Көзін жұмып қалған Құныс патша ойға батты. Бұл да пенде. Барлық пенделер сықылды осындай ойға батқан кездері ылғи жастық шағы қол бұлғап алдынан шыға келетін. Оқыған кітаптары есіне түсетін. Өзі де өте көп оқушы еді-ау. Сол кітаптар арқылы, әсіресе, махаббат тақырыбында шарыққа түскен алмастай қайралды. Байлықсыз – дүние бос екендігіне көзі жетті. Жер бетіндегі сөйлейтін жандық атаулыны бай мен кедей деп нақты екі тапқа бөліп қырқыстырып тастаған марксизм-ленинизм идеясын жатқа айтты. Оған қосқан өз иланымы: «мұқым ел байлыққа кенелу үшін, ең бірінші сол елдің басшысы бай болу керек!» деген ынтық шешім болды. Қандай жолмен болса да бай болу керек! Байлықсыз – дүние бос! Ол жол табылды. Ол үшін адамдарды өзі секілді адам емес – адамдарды сеспей қатыратын уынан үрейі басым қарақұрт басқару керек! М-мм! Бұл ой Құныс патшаға сол кезде-ақ келген болатын. Қарақұрттан да күшті жәндік бар ма екен?..

  • Сетт, маған Сарраны жібер! Мен өз бөлмемде боламын.

Көп ұзамай бөлмеге Сарра да кірген. Кірер есікке қарап бір қырынан жатқан Құныс патшаны көрген ханшайым, бір орнында қатты да қалды.

  • Патша ағзам, қимылдамаңыз!
  • Не боп қалды, Сарра!
  • Қимылдамаңыз Патша ағзам! Сіздің артыңыздағы иллюминатор-терезеге жабысып бірдеме тұр! Іште сияқты, мен қазір...

     Сарра жан-жағынан қару боларлық бірдеме іздестіре бастағанын байқаған патша да қорғануға әрекет жасай бастады. Терезе жаққа мойнын бұрған. Терезеге жабысып тұрған жұдырықтай ғана жалғыз көзді сұп-сұр мақлұқат екен. Түсі адамды дір еткізердей суық. Құрбақа болар... Патшаның шалт қимыл жасағанын білген мақлұқат ыс-с етті. Бұл не пәле деп ойланғанша болған жоқ мақлұқат тағы да ыс-с етті де ауызын ашып қалды. Жиектері жалп-жалп еткен мақлұқаттың еріндері дөңгелене созылып бүкіл бөлмені жауып кетті. Адам түгілі пілді орып жіберетін, ұзындығы құлаштай-құлаштай имек тістер, имек тістердің ар жағынан үңірейіп  жап-жасыл кеңірдек- жұтқыншақ көрінді. Бірақ, еріндер лезде орнына қайтты. Еріндер жиырылған жерден мақлұқат қайта көрінді. Жұдырықтай мақлұқатта мұндай апан-ауыз болады деп кім ойлапты. Оқиғадан хабардар болып қалған болу керек, дәл осы кезде бөрмеге Наз кіріп келді де әлгі мақлұқатты қолындағы қарумен атып жіберді. Мақлұқат шашылып кетті.

  • Бұл не пәле! - деп Құныс патша қалш-қалш етті. – Мұнда қайдан кірген, неге сақтық шарасын мұқият қадағаламағансыңдар! Дәл осы сәтте оқиғаны өз жұмыс орнында сызу сызып отырған Сетт байқап қалған екен, бөлмеге кіріп келді.
  •  - Бәріңіз де қимылдамаңыздар, - деді, сосын Сетт көзімен жан-жақты нұсқап. Патша ағзам да Сарра мен Наз да бөлмені көздерімен шолып өткен. Байқаса әлгі шашылып кетті деген құбыжық тіпті де шашылып кетпепті, есесіне көбейіп кетіпті. Бәрі де дуалға, бөлмедегі жиһаздарға, төбеге жабысып тұр екен. Бәрінің де жалғыз көздері көк-тәңірін іздеген ғарыш жолушыларын ішіп-жеп барады... Әлден уақытта дәл ортада тұрған біреуінің еріндері қимылдап, біртүрлы қырылдаған дыбыс шығара бастады. Сетт дереу өзінің дыбыс зерттегіш құралын іске қосты. Ол дыбысты патша ағзам, Сарра мен Наз болса да зерттей алмайды. Сетт әлгі құбыжықтарға қарап басын изеп күлгендей болды.
  • Ол не дейді? – Екі көзі екі құлақтың арасында зыр жүгірген патша ағзамның ауызынан шыдамсыз сұрақ шығып кетті. Сетт оң қолын жоғары көтерді. Тыңдап алайын дегені болу керек...
  • Бұлар біздің кім екендігімізді, қайда бара жатқанымызды, мақсатымыздың не екенін сұрайды патша ағзам.
  • Қайда барушы едік, көк тәңірін іздеп жүрміз де...

Сетт де қыр-қыр етіп әлгілермен әңгімелесе бастады:

  • Біз осы шет-шегі жоқ ғаламшардағы жер деген жасыл планетаданбыз.
  • Білеміз, - деп шу ете қалды құбыжықтар, - біздің бұрыңғы тұрағымыз ғой ол, - деп қалды бәрі бірдей.
  • Қалай, сонда сіздердің ата-бабаларыңыз жерде тұрған ба? – Сетті құбыжықтардың әңгімесі қызықтырды, сондай-ақ автоматты түрде жер тұрғындарының тіліне аударылып тұрған әңгімені корабль мүшелерінің бәрі де есітіп, таң қалып тұр.
  • Мұнда қалай келіп қалдыңыздар? Сіздердің негізгі тұрақтарыңыз қайда? -  Сетт те өз сұрақтарын жаудырып жатыр.
  • Қалай болушы еді...біз үшін сіздердің кемелеріңізге кіріп кету түк те тұрмайды, – деп құбыжықтардың біреуі қылдай саусағымен желкесін қаси бастап еді, қасындағы бір құбыжық ауызын ашып жіберіп әлгіні қылқ еткізіп жұтып қойды. Басқалары жым болды.
  • Оңбаған, - деді сосын, - бәрін айтпақшы болып тұр ғой... Онан да бұл жолаушыларды қонаққа шақырмайсың ба?
  • Біздің негізгі тұрағымыз алыс емес, - деді, сосын құбыжық, - барсаңыздар өздеріңіз де көресіздер. – Сетт Құныс патшаға қарай бұрылған.
  • Патша ағзам, барамыз ба, қалай?..
  • Оған бізде уақыт жоқ қой, біздің мақсатты ісіміз басқа... көк-тәңірі...- дей беріп еді, құбыжықтардың бірі:
  • Біз білеміз сіздердің мақсаттарыңызды, көк тәңірін іздеп жүрсіздер ғой, бізде ол бар... барсаңыздар көресіздер... – Құныс патша қуанып кетті:
  • Сетт, тарт, солай қарай!..
  • Құп, патша ағзам! – Құбыжықтардың біреуін соңына ілестіріп Сетт өзінің ұшуды басқару бөлмесіне кетті.

     Патша ағзамның бөлмесіндегі үрей ептеп басылған сыңайлы. Сарра мен Наз патшаның иығы мен қолдарын, басын уқалай бастады. Әр жерге жабысып қалған құбыжықтар бұлардың әрбір қимылын тапжылмай бақылап отыр. Дәл қазір олардан қауіп-қатер жоқ секілді. Әлден уақытта иллюминатордан қап-қара, сұп-сұр бояудай шудаланған, мұржадан шыққан қою түтін секілді бұлттар, онан соң жер бедерлері көріне бастады. Бәрі де қап-қара сұрқай бір дүние секілді. Патша ағзам алға қарай жылжыды. Сосын:

  • Сетт, алдымен барлаушы роботтарды жіберіп алайық, сақтықта қорлық жоқ дегендей, - деді.
  • Құп болады, патша ағзам!

     Сетт кемесін тоқтатты, аспан төрінде қалқып тұрған кеменің астындағы қақпағы ашылып, еркек-ұрғашысы бар, біраз роботтар жерге түсірілді. Құныс патшаның бөлмесіндегі құбыжықтар да әп-сәтте жоқ болды. Роботтардың бәрінің де Сеттің құрылғысындай сөйлеуді қамтамасыз ететін құрылғысы бар. Бұл - құбыжықтардың тілін роботтардың бәрі де біледі деген сөз. Барлаушылар көп ұзатқан жоқ. Патша ағзамға:

  • Сіз де келе беріңіз, - деген хабар жіберді. – Қауіпсіз! Бұл құбыжықтардың патшасы сізбен тілдескісі келеді.

          Екінші жеңіл кемемен жерге Құныс патша, Сарра мен Наз түсті. Бәрі де роботтардай емес, от пен судан сақтайтын скафандар киіп алған. Скафандр сайып келгенде бөтен ғаламшарлардың тартылыс күшін реттеп, адамдар жүрісін қауіпсіз етеді. Бұлардың алдынан белгісіз ғаламшар тұрғындары – құжынаған құбыжықтар шықты. Құбыжықтардың патшасы үлкендеу бір тастың үстінде отыр екен. Басқа құбыжықтардан айырмашылығы – басын қоқитып домбаздалған қап-қара батпақ секілді  бірдемемен жауып алыпты. Домбаздың саусақтай-саусақтай шашақтары салбырап тұр. Әр жерден жылт-жылт еткен жалыны қап-қара оттың нобайы байқалады. Қап-қара құйын қап-қара құмды сапырып өтті. Тау-тас та, тым болмаса бір түп жусан да жоқ. Бұл құбыжықтың да жалғыз көзі бар. Құныс патшаның ойына тозақ түсті. Өйткені айналада көз тартарлықтай басқа ештеңе жоқ еді. Сетт сол жерде екен.

  • Бұлар не демекші екен маған, – деп Құныс патша қабағын түйді. – Сетт, онан да көк тәңірі қайда деп сұрамайсың ба! Біздің картамызға түспеген бұл қай ғаламшар?
  • Сіздің ойыңызды түсініп отырмын ақымақ патша, - деді, құбыжық, - сіздің іздегеніңіз көк тәңірі болса, мына біздің бәріміз де көк тәңірлеріміз, ата-бабаларымыз – жер тәңірлері болған. Кезінде біз де сендер секілді адам болғанбыз. Адамдарға патшалық еткенбіз. Миллиард жылдан бері өмір сүріп келе жатқан жер бетінде миллиондаған патша, яғни, жер тәңірлері болған. Өмір сүрдік, асқақтадық. Адамды адам екен демедік. Өңештен не өтеді – бәрін-бәрін жедік, тау-тас, жер-көр, өзен-көл, көше-тротуар бәрін жұттық, қарнымызға сыймағанын қалтамызға тықтық. Сонда да тоймадық... Үнемі кекірігіміз сазып тұратын. Сен сияқты біз де көк тәңірін орнынан жұлып тастамақшы болғанбыз, іздедік, бірақ мекен-жайын таппадық. Есесіне көк тәңірінің өзі бізді тауып алды, тауып алды да түр-түсімізді осы жексұрын кейіпке ендіріп осылай қарай артымыздан бір-ақ тепті. Бұрыңғы кейпімізден тек қана ауыз, шет-шегі жоқ ерін ғана қалған. Оны көрдіңіз. Ынсапсыздың ұсқыны осындай болады екен. Еркек, ұрғашы деген ұғымнан мақұрымбыз. Ең өкініштісі – көк тәңірі бізге өлуді бұйырмапты. Оны да көрдіңіз! Біз өле алмаймыз, бізді өлтірем дегендер – керісінше көбейтіп алады, оны да байқадыңыз. Бізге қорек те керек емес, жұтқыншақ бар, асқазан жоқ, жаңа біреуіміз біреуімізді қылқ еткізіп жұтып қойған жоқ па, ол әрекет уақытша бұғаттау деп аталады, ертең бір қора болып сол ауыздан сыртқа қайта шығады. Олардың бәрі де өзіміз секілді құбыжықтар. Ал, біздің мына мекен-жайымыз, яғни, бұл ғаламшар Тоз деп аталады. Мұнда бізден басқа тіршілік жоқ десе де болады. Біз бұл ғаламшар орбитасынан шығып ешқайда кете алмаймыз. Өзімізше сайрандаймыз. Сендердің бұл ғаламшардың орбитасына енгенде көрген бұлттарың ешқандай да бұлт емес, ол аспанда ұшып жүрген менің сарбаздарым. Менің сарбаздарыма, бұзып жармай-ақ, өзге денеге еніп кету түк те емес. Сол секілді, Сүлеймен патшаға дейінгі, кейінгі патшалардың бәрі де осында жүр. Жаңағы батыр – Тутанхамон! Ленин, Сталин, Гитлерің де  осында! «Ең бірінші ақылдының көзін жою керек!» деп уәзірі Диорға тапсырма берген Еділ патшаң да осында! Реті келіп тұрғанда жер тұрғындары, әсіресе, евразия континенті үшін күні бүгінге дейін кім екендігі туралы талас тудырып жүрген тұлға Еділ патша туралы айта кеткен дұрыс болар. Ендеше, тыңда! Мұны білу көкірегі ояу адамды рахат сезіміне бөлейді:

 

     Еділ патша. Жоғарғы Үлбі мен төменгі Үлбі /Эльба/ арасын мекен еткен көшпенді ғұндар кімдер? Әке аманаты. Славян қызы. Диордың сағынышы. Еділ патшаның шешімі. Мансұр түменбасы. Сарбаздарымен қоса жоғалған онбасы. Қар адамы - албастылар. Үзілген омыртқа. Қапқаз таулары. Екі үңгір. Алтын айдаһар. Алтын тақ.

    Еділ патша демекші, Еділ патшаның мұндай қатыгездігін Диордың әкесі Қат та білген жоқ. Қат ерен батыр, қайратты кісі болатын. Бүткіл ғұмыры ат үстінде өтті. Ешкімнің күші жете бермейтін, бүткіл Қапқаз тауын тітіретіп жүрген сол кездегі албастыны /қар адамы/ жалаң жұдырықпен сілейте салатын өнері бар, айбынды қайрат иесі еді. Қаттың төбесі көрінген жерден албастылар аяқтарын тартты. Қаттың айыбы – славяндар арасында туылғандығы және анасы славян қызы-тын. Десе де, өзінің ата-бабасы ғұн тайпаларының бірінен екендігі білетін. Ғұмыр бойы ғұндар тайпасына қосылуды армандады. Бірақ жете алмады. Өзінің ішкі арманын жалғыз ұлы Диорға аманаттап кетті. Атақты бақсылардың дуасына суарылған қылышын да сыйға тартқан. Диордың анасы да славян қызы. Ғұн тайпаларының мекен-жайы ол шақта өте көлемді, енінен ібір-сібір жұрты мен хинд жұртын, аспан асты елін орап кететін. Малдары емін-еркін  жайылып жататын. Жоғарғы Үлбі мен төменгі Үлбіге /Элба/ дейінгі жерлердің бәрі де көшпенді ғұндардың меншігі еді. Уақыт өте келе ғұн тайпаларының арасынан өзінің ерлігімен, ақылымен ерекшеленіп Еділ баһадүр көзге түсті. Қандастары Еділ баһадүрге бас иді, көшпенді ғұндар туын ұстатты. Кітапты жас кезінен өте көп оқыған Диор бұл туралы білетін еді. Туылған жері славяндар арасы болғандықтан қарсы жақ саналатын ғұн тайпаларына жету Диор үшін өте қиын болды. Диордың бар ойы өзінің жиған терген ақылын Еділ патшаға берсем деді. Әкесі Қат секілді дүние-мүлікке, мансапқа Диор да ешқашан қызықпады. Әйтпесе, аса білімді әрі қайратты Диорда бәрі де болды. Алғы мақсатын қалтқысыз нақтылаған кісі ғана дегеніне жетеді ғой. Диор өзі туралы мәліметті Еділ патшаға жеткізуге асықты. Бірден баруға тағы болмайды. Кездейсоқ тұтқынға түссем бе екен деп те ойлады. Сенің кім екендігіңді білемін дегенше, ғұндар өлтіріп тастауы да мүмкін ғой. Диордың Қап тауы тумаларынан ерекшелігі – бойы орта, бітімі мығым, көзі көк, өзі көсе болатын. Қап тауының бойшаң, қауға сақалдарынан бит саулаған дарақыларының қолынан келе бермейтін күш иесі еді. Жұдырықтай тасты алақанына салып езіп күлге айналдырып жіберетін өнері де бар. Осы қайраты үшін Диорды қатарластары сыйлайтын әрі онымен күш таластырмауға тырысатын. Сөйте тұра Диор кітапқа жақын, мейірімді де басқаға ілтипатты болды, жамандықтан бұрын жақсылықты ойлап тұратын. Әкесі Қат секілді көкбөріге сыйынды. Енді не істеу керек?! Оның да орайы келді. Ол кез – патшалардың әрі батыр, әрі ақыл сауған  кісіге зәру кезі ғой. Әйтпесе, батыр, бірақ ақылға кенде, ақылды, бірақ, батырлығы аз сарбаздар жасақ арасында көп. Қай патшаға да керегі осы екі қасиет те бойында бар баһадүр. Еділ патшаның санаулы ғана ақылмандары бар. Сонда да болса, іздегенге сұрағандай жағдай өзінен өзі туындады. Ғұндарға тұтқынға түскен бір батыр, қарсы жақта Диор деген өте ақылды, хат танитын жауынгер бар, өзінің шыққан тегі күмәнді  екендігін Еділ патшаға айтып қойды. Ол тұрған жерде сендердің жағдайың мәз болмайды, үнемі жеңіске жете берулерің неғайбыл деген сөзді өз есебінен қосып та жіберген. Сонан соң-ақ, Еділ патша Диорға сұрақ салдырған. Бұл кезде Диордың өзі де Еділ патшалардың тұрағынан алыс жерде емес еді. Еділ патшаға қандай жолмен барсам екен, не сыйлық тарту етсем екен деген ойда жүретін. Патшаға құр қол бару – әрине дұрыс емес! Ол мүмкін болса... Диорға әкесі айтып кеткен, бірақ өзі көрмеген, осынау  алып таудың адам аяғы баса бармейтін бір шатқалында екі үңгір бар, ол үңгірлерді албастылар мекендеп тұр дегені есіне түсті. Оның бірінде сом алтыннан соғылған алтын тақ, екіншісінде Ұлы жаратушының кітабы бар, ол тұсқа жеке адам бара алмайды, ол үшін албастылардан сұсы басым үлкен қайрат иесі керек деген болатын. Диордың ерніне мысқыл үйірілді. Әкесі Қаттың қайраты мұнда бар, әкесі үгіткен тасты бұл да үгіте алады, мергендігін былай қойғанда, сүйекті садақты мөңіреткенде кетпен басының тоғызынан өткізіп жіберетін де күші бар. Ендеше не тұрыс! Осы ойлар жетегінде жүрген күндердің бірінде Еділ патша жақтан хабар да жетті. Жазылған хатта: «Диор, қандасым! Сен туралы мәліметтің бәріне де қанықтым. Мұндағы әулиелеріміздің ашқан палына қарағанда өзің де бауырларыңа қосылуды көздеп жүрген сияқтысың, екі көзі талып көшпенді ғұндар тайпаларын іздеп жүреді, жүрегі сағынышқа толы дейді сені. Өмірі бітпейтін, қай жаққа болса да қуаты бар бір найза жетіспей тұрған мына жаугершілік заманда шептен шығып кету, әрине, қай жаққа болса да оңай емес. Аты да жаман. Осының бәрін қорыта келе, барлық жағдаяттарды қарап, алдын ала ойластырып, мен – Еділ патша, саған жолыңды қауіпсіз ететін ең таңдаулы батырымды жолбасшы болсын деп жіберіп отырмын. Еліміздің, ұлан-байтақ жерді жайлап жатқан ғұн тайпаларының қауіпсіздігі, өсіп – өркендеуі үшін бізге сенің білімің мен қайратың, ұстаздығың мен ақылмандығың керек болып тұр. Басқасы шабармандар ауызымен айтылады, Тәңірім қолдасын!» деп жазылған екен. Диор жан-жағына қараған. Келіп тұрған бір-ақ адам екен. «Басқасы қайда? – деп ойлады Диор, - мүмкін бұл арандату болар». Оның ойын оқып қойғандай болған шабарман, өзінің қойынына қолын салып жіберіп, «Еділ патшаның ең сенімді сарбазы, түменбасы Мансұр» деп таңба басылған алтын табақшаны көрсетті. Диор Мансұрдың анау-мынау сарбаз еместігін білді. Түменбасылық екінің бірінің қолынан келмейді. Қуанышын да жасыра алмады, алтын тақ туралы, оны Еділ патшаға сыйламақ ойы бар екендігін, бірақ ол тұста қауіпті албастылар мекені барлығын да тілге тиек етті. Мұндай сыйлықты қай патша құп алмайды. Түменбасы Мансұр бұл сөзге келісті. Мына жерден шу шығармай амалдап шығып кетсе сырттағы орман ішінде өзінің екі жүзге жуық іріктелген сарбаздары күтіп тұрғанын айтты.

     Қараңғы түнде екі адамның топты жауынгерлер арасынан сытылып шығып кетуі онша қиындық туғызған жоқ. Былай шыға Диор мен Мансұр аттарына қонған. Орман ішінде өздерін күтіп жатқан жасаққа да жетті. Диордың алтын тақ туралы ұсынысы жасақтар алдында айтылды. Жасақтар да бірауыздан қолдады, кейбіреуі Еділ патшада ондай заттың, тіпті өзінің ер тоқымынан басқа ешқандай да отыратын тағының жоқ екендігін сөз етті. Сонымен сарбаздар әлі Диордың өзі де көріп-білмеген алып тау жақты бетке алды. Төрт күннен соң, таудың етегіне келіп жайғасқан жасақ, бірден алдын ала барлау ісіне кіріскен. Оған онбасы Шат бастаған сарбаздар кетті. Тау жолы ғұндар үшін де оншалықты қиын емес, таныс, таныс болғанымен жайдақ жер де емес, барлау шеңбері онша алыс болмаса да екі күнге дейін барлаушылардан хабар болмады. Екінші күні таң ата сарбаздардың бірінің мініс аты келген. Сауырынан сор саулап тұрған аттың ұсқынына қарағанда жағдай мәз емес болып шықты. Ғұн жауынгерлерінің аты да жаугер болады. Сарбаздың аты келуін келгенімен, тұяғымен жер тарпып, арт жағына қарап осқырына берді. Диор бір пәленің болғанын, және ол пәленің албастылар тарапынан келгенін бірден сезді. Сарбаз аты бұрын ондай мақұлықты көрмеген. Бойы үш метр келетін, үсті-басын қою түк басқан, қып-қызыл ауызы арандай, тістері сойдақ-сойдақ мақұлықтан кім қорықпасын. Ал, бұл мақұлық Диорға таныс. Диор одан қорықпайды. Диордың жұдырығы ол мақұлықты сеспей қатырады. Осыны білген Диор Мансұрға өзі бармаса болмайтындығын айтты. Ендігі жерде қастарына бір жүздікті ертіп орман жаққа  Мұнсұр екеуі де кеткен. Бәрі де Диордың ойлағанындай болып шықты. Тау шатқалына кірісімен-ақ, барлаушы сарбаздарының өлігі кездесе бастады. Бұлардың бәрі де албастылардың бір жұдырық соққысынан қалмаған сияқты... Аса сақтықпен келе жатқан Диор қолын көтеріп қалған. Арттағы жауынгерлер ештеңені көріп үлгермесе де сілтідей тынды. Жарқабақ тасасындағы албастыны Диор ғана байқап үлгерген. Албастыларда ешбір адам үлгере алмайтында жылдамдық бар және басқан аяқтарының дыбысы білінбейді. Диор бірден түсінді, енді албасты жасақтардың алдынан емес артынан шабуыл жасайды. Сол себепті асқан жылдамдықпен жасақтардың арт жағына қарай ойысып кетті. Жасақтар бірдемені түсінем деп те үлгерген жоқ. Жартастың тасасына шыға келген албастыға қару жұмсауға да мүмкіндігі болмай қалған Диор, өзіне бетпе бет келіп қалып, кейін қарай жалт бұрылған мақұлықтың желкесінен  қолымен бүре кетті де, күрт еткізіп мойнын үзіп жіберді. Албасты сылқ ете қалды. Диордың мұндай қайратына түменбасы Мансұрдан бастап сарбаздардың бәрі де таң қалған. Енді албастылардан қауіп жоқ деді Диор, олар қазір келіп мынаның өлігін көреді, сонан соң бізге, біздің аттарымызға да соқтықпайды, бұл жерге қандай қайрат иесінің келгенін біледі олар. Ақымақ емес. Кеттік! Аттарын үзеңгілестіріп сол жерге қалдырған жасақтар алға жылжи түсті. Таудың қағаберіс биігіндегі Диор ғана білетін, көнеден қалған бір қиранды құрылыстың түбіне келіп бәрі де аяқ суытқан. Осы деді Диор. Қашан қирағаны белгісіз қорғанның ішіне кірген жасақтар бір бұрыштан ескі есіктің орнын тапқан. Есік тұтас темірден құйылған болып шықты, ешқандай тұтқа жоқ. Есіктің бұдыры бар-ау деген жерінің бәрін қырғыштап көрді – ешқандай жазу-белгі жоқ. Орманнан жиырма жауынгер зорға көтеретін үлкен ағаш кесіп әкеліп соққылағанда да бүлк етпеді. Әдетте мұндай құпия есіктің ашылып-жабылуы тылсым дұғаларға да байланысты болады. Ол үшін бақсы керек. Жасақтар арасында ол ілімді игерген ешкім жоқ болып шықты. Диор есіктің қуыс-қуысын, жақтауларын әбден зерттеп шықты. Жақтаулардың тас дуалға қиюласқандығы сондай қылыштың ұшы да батпады. Сонда да болса Есік жақтауының бір шетінде оқшаулау тұрған кірпішті Диор қолымен итеріп көрген. Кірпіш сытыр ете қалған сияқты болды. Диор қолын жоғары көтерді. Бұл – оның сақтаныңдар дегені еді. Сөйткенше болған жоқ тас қорғанның жартылай бүлінбей қалған бөлігі қақырай бастады. Жасақтар жылдам сыртқа қарай жылыстады. Диор мен Мансұр да сыртқа шыққан. Артынша қорғанның қалған бөлігі опырылып ортасына құлап түсті. Есікті тас басып қалды. Бірақ Диор сасқан жоқ:

  • Бұл есік шын мәнінде нақты есік емес, көз алдау болу керек, - деді Мансұрға. - Қалай болғанда да сына қағарлық бір сызат болуы керек еді ғой.
  • Мен де солай ойлап тұрмын, егер бұл есіктің арғы беті қуыс болса бөренемен соққылағанда дүңкілдеп дыбыс шығар еді, ол дыбыс жоқ деп қуаттады Мансұр. – Жауынгерлер де осылай ойлап тұрған болып шықты.

     Ендігі жерде, жасақ қорғанды айналып кеткен. Айналасына жіті қарап Диор да келе жатыр. Әлден уақытта Диордың аяғы тайып кетті де, аяқ астындағы тас төмен домалап кісі бойындай шұңқырға түсіп кетті. Тас түскен жердің дыбысына елең ете қалған Диор шұңқырға қарады. Шұңқырдың бетін әртүрлі қалқандар, дулығалардың сынығы сияқты қоқыс басып қалған екен. Жерден басқа тас алып, қоқысқа лақтырып көрді – басқа дыбыс. Секіріп шұңқырға түскен Диор әлгі қоқыстарды сыртқа лақтырды. Шұңқыр лезде-ақ тазаланып қалды. Шұңқыр еденін өкшесімен тепкілеп көріп еді, дүңкілдеген темір табақшаның дыбысы шықты. Еңкейіп қолымен сыйпалап жүріп темір табақшаның шетін тауып көтеріп қалған. Қақпақ екен. Қуанып кеткен Диор қақпақты айқара ашып тастады. Жер астына түсетін текпішектер бар екен, оның үстіне жер астынан жоғары қарай бұрқырап шыққан ауа қысымы мұздай суық. Сонда да болса Диор текпішекпен төмен қарай түсіп кетті. Қақпақ жабылып қалды. Айналаның бәріне тас қараңғылық орнады. Оған қарайлаған Диор жоқ. Диорды сенім биледі. Осы тұстың бір жерінен алтын тақты табатынына сенімді еді. Диордың, айтарлықтай тағы бір ерекшелігі, өзге жауынгерлердей емес, көзі түнде де көре беретін, қауіп-қатерді бүткіл денесімен сезетін. Төменгі бір-екі текпішекті аттап өткен Диор жерге секіріп түсті. Одан төменіректе сылдырап аққан судың дыбысы есітіледі. Бұл жердің ауасының ағысы жоғары қарай кетіп жатқанын да байқады. Диор жоғары жаққа қарады, тұтасқан ағаш бұтақтары мен тамырлары жауып шиеленісіп қалғандай жоғары жақтан ештеңе байқауға болмайтын сияқты. Сонда да болса үміт жетегіне ерген Диор жоғары кетті. Кедергілерді қолымен, иығымен итеріп, көнбегендерін қылышпен шапқылап келеді. Оқтын-оқтын жалп-жалп ете қалған алып жарқанаттар болмаса әзірше аса қауіпті ештеңе жоқ. Бірақ жоғары өрлеген сайын айналаның сасық иісі ұлғайып кетті. Диор ауызы мен мұрынын тұмшалап байлап алды. Әлден уақытта қол жетер тұстан кенеттен жалт ете қалған жап-жасыл екі көз нобайын байқап қалған Диор қылышын сілтеп кеп жіберген. Аяғының астына сылқ ете қалған басты көрді. Артынша дене құлады. Албасты екен. Демек, бұл жер албастылар мекені болды ғой деп ойлады. Әкесі Қаттың айтқаны дұрыс келді. Сасық иістің де жұмбағы ашылды. Албастыларда ақыл жоқ емес, бар, бірақ өте нас хайуан. Олардың осалдығы – жауына жабыла шабуылдамайтындығында, қару, тіпті таяқ ұстау дегенді білмейтіндігінде. Олардың қонысжайлары бір болғанымен, өздері жеке жүреді, бірінің ісіне бірі араласпайды, ұрғашылары күші басым жақтың еншісінде, біреуі өлсе, бәрі жабылып жеп қояды. Албастының дауысы арыстанның дауысынан да ірі болады. Арыстандармен де қоректене береді. Сондықтан албасты жүрген жерге арыстан, жолбарыс деген аңдар мұрын сұқпайды. Ағаш бұтақтары, тамырлары сирей бастаған. Диор қадамын ширата түсті. Әлден уақытта алдыңғы жақтағы жықпыл арасынан әлдене жарқ ете қалған. Жарыққа ұқсамайды, жылжитын сияқты. Диор бір тастың тасасын бұға қалды. Сөйткенше болған жоқ, мұның бұға қалғанын қалай көріп қойғаны да белгісіз, жалт ете қалған әлгі дененің бас жағы Диордың төбесінен төне қарап қалыпты. Алып жылан екен, сап-сары, жалт-жұлт етеді... Диор көп ойланған жоқ, әлгі басты қылышпен қағып жіберген. Бас жалтылдап төменге домалап кетті. Сөйткенше болған жоқ, алып жыланның құйрық жағы да Диорды көздеп келіп қалған екен. Диордың қасиетті қылышы оны да бөліп тастады, бастың артынан ол да кетті жалтылдап. Ақыр соңында алып жыланның денесі төменге қарай шүмектен аққан алтындай құлдыраған. Төменде ағып жатқан су беті жап-жарық болды. Артынша алтын өзен сырғи жөнелді... Бұл жерде жалғыз алтын тақ емес, басқа да алтын жеткілікті екендігін Диор сезді. Өйткені, мұндай алып жыландар алтын қоймаларда ғана болады. Алтынның буымен өмір сүреді.

       Диор  жоғары қарай тағы да бір сүт пісірімдей жүргенде, тау қуысының жазықтау жерінен шықты. Жазықтың орта тұсында биіктеу жер бар екен. Биіктеу төбешіктің үстінде тұрған алтын тақты Диор бірден таныды. Алтын тақтың үстін әр жері шүйкеленіп қалған өрмекші жіптері басып қалған екен, қолымен ысырып жібергенде айнала түгел жарқырап кетті. Жарықпен бірге маңайдан жылтыраған басқа да сәулелер көз қарықтырады. Диор байқастап қараса олардың бәрі де қапқа салынған алтын бұйымдар болып шықты. Бұл жерде қанша тұрғаны белгісіз асыл заттардың қаптары шіріп, ішіндегі дүниеліктер сыртқа шыға бастапты. Алтын тақтан басқа, отыз-қырық түйеге жүк болатындай байлық бар екен мұнда. Мәссаған, деді алтын тақтың үстіне қонжия кеткен Диор. Мұның бәрін Еділ патшаға қалай жеткіземіз?!. Мына сиқымен алтын тақты алып кету мүмкін де емес. Өйткені, алтын тақ өзінің осы тұрған жерінде сом алтыннан құйылған болып шықты. Шеберлер салған өрнектер де алтын таққа қайталанбас өң беріп тұр. Бөлшектеуден басқа жол жоқ! Бөлшектесең қайта орнына келтіре аласың ба? Атан сұрақ осы болды. Ойлана келе Диор кері қайту керек деген ойға тоқтады. Бәрін де Мансұрға көрсетіп, дұрысы - ақылдасу деп шешті. Осы ойларды таразылап отырған Диор алтын тақтың буымен көзі ілініп кеткен... Аспан қақпасы тарс ашылып, алтын қанатты арыстан жал пыраққа мінген әкесі Қат көрінді. Қолындағы алтын зұлпықар сәуле шашады. Мына екпінімен Диорға назар да салмастан жанынан сырғып өтіп кететін сықылды. Жорықтан шаршаған Диор «әке» деп тұра жүгірген. Диордың дауысын әкесінен бұрын астындағы пырағы есіткен болу керек, төрт тұяғымен әудем жердің бұлтын бұрқырата сыпырып барып, қалт тоқтай қалған. Диордың әкесінің көзі сол кезде барып тақ үстінде отырған ұлына түскен. Сұсты екен: «ұлым, - деді, сосын, - бұл алтын таққа кезінде мен де құйрық басып көргем, мұндай тақтың адамға абырой әпермейтінін сезгем...». Әкесін әбден сағынып қалған Диорға шындығында алтын тақ керек те емес еді, сонда да болса түсіндірмек болып екі қолын әкесіне қарай соза берді, соза берді... Бірақ әбден қалжыраған денесін қозғай алмады...

 

     Жасақтар шатағы. Диор жоғалды. Түменбасы шарап құйылған ыдыстардың бәрін де жарып тастауға бұйырды. Суы сәуле шашып, жарқырап аққан өзен. Айдаһардың басы. Диор табылды. Алтын тақ. Еділ патша. Төс қағысу. Қарабура. Көшпенді ғұндардың бірігуі. Еділ патшаның бұйрығы. Диордың өкпесі. Қанатты барыс. Ақыл кітабы табылды. Жарқ еткен алдаспан.

 

     Қорғанның айналасын тінткілеп кеткен сарбаздар өздерінше әлек. Әрине, қай-қайсысы болса да алтын таққа апаратын есікті бірінші болып тапқысы келеді. Түменбасы Мансұр да алаңсыз еді. Соңғы рет Диорды әлдебір шұңқырға үңіліп тұрған кезінде көрген. Содан кейін ажырап қалды. Әлдеқашан кеш батып қараңғылық түсіп кетті. Дауыстап шақырғандарымен де Диор еш жауап қатпады. Енді іздеуден еш пайда жоқ екендігін сезген жасақтар жауынгерлер қалған ормандағы қосқа қайтып келді. Жершіл Диордың өзі келетініне бәрі де сенген. Шаршап сілесі қатқан жасақтар келісімен-ақ, шарапқа бас қойған. Шараптың бір тәуір жері шаршағаныңды лезде баса қояды, көңіліңді көтереді. Әртүрлі әңгіме айтылады. Кейде бұл әңгімелердің соңы сарт та сұрт төбелеске ұласады. Жасақтар қыза бастаған шақ...

  • Диор қайда? – деп қалды жасақтардың бірі.
  • Сонша жерден ат сабылтып келіп тапқан ақылманымыз бізді тастап кеткен шығар, - деді екіншісі.
  • Ол қашып кетті. – деп, өз ауызын өзі баса қойды үшіншісі.
  • Ауызыңа абай бол,  - деп әлгінің бүйірінен бір тепті біреуі. – Ол ғұн! Ғұн тіке келген ажалдан да қашпайды деп қасқайды.

     Осылай кете берер ме еді, кім білсін, жасақтардың гуілдесіп отырған жеріне түменбасы келіп қалған. Жасақтар жым болды.

  • Бұл қандай даңғаза! – деді, сыпсыңнан хабардар болып қалған түменбасы шеке тамырлары бадырайып. – Онан да Диорды іздеп табу жағын қарастырмайсыңдар ма?!. Уақыт оздырмай соған кірісейік! Жарып тастаңдар мына шарап құйылған абыройсыз ыдыстардың бәрін!

     Бұл бұйрық орындалып жатқан шақта орман іргесіндегі өзен жақты торуылдап жүрген жасақтар келді. Өздері алабұртып ентігіп тұр...

  • Түменбасы қайда, түменбасы? – деп айқайлады, жасақтар. Мансұрды өз ордасында деп ойлап қалса керек. Дауыстары қатты шықты.
  • Бұл қайсың, жеті түнде... – Мансұрды танып қалған жасақтар жым болды. Тек қана біреуі таң қалған дауыспен:
  • Өзен суы біртүрлі болып кетті... өртеніп жатыр, жоғары жақтан жалтылдаған  бірдеме суға араласып ағып келеді, не істейміз,  - деді.
  • Қалай, қалай дейсің? – Түменбасының да ауызы ашылып қалған... Су өртеніп жатқаны қалай? 
  • Өзен суы сап-сары, жалт-жұлт етеді, қолға ұстатпайды батыр...
  • Жүріңдер! – Түменбасы қасына оншақты сарбазды ертіп өзен жаққа шұғыл бет алды.

     Өзен орманнан алыс емес еді. Бұрын-соңды өздері білетін өзендерден мұндай құбылысты көрмегендердің бәрі де қайран қалды. Өзен суы тастан тасқа секіріп, жалт-жұлт етіп жатыр. Сәуле шашады. Бояуға ұқсамайды. Сиқыр ма? Сиқыр болса білмес едім, бояу болса сәуле шашпас еді ғой, деп ой қорытқан Мансұр жасақтарға, жоғары өрлейік деді. Не де болса көрейік. Жол биіктеген сайын, жасақтардың жүрісі де қиындай бастаған. Бәрі де беліндегі селебелерін шешіп, тұтасып қалған ағаш тамырлары мен иір-иір бұтақтарды шапқылап келеді. Көп ұзамай алдарынан айдаһардың алтын басы кезіккен. Мансұр қолын жоғары көтерді. Жасақ тына қалды. Жасақтың батылдау біреуі әлгі басты найзасымен түртіп көріп еді, бас мойыннан шабылған екен. Тиме деді Мансұр, алға жылжи берейік. Көп ұзаған жоқ, жасақтар алтын жыланның құйрығын да көрді. Одан жоғарырақта алтын жыланның бүткіл денесі табылды. Бәрінен де алтын сәуле шығып суға араласып төмен қарай құлдырай ағып жатыр. Бұл жұмбақтың жауабын жасақтар қанша ойланса да таба алмады.

     -Диордың ісі, - деді Мансұр. – Одан басқа ешкімнің қолынан келмейді бұл. Іздеуді жалғастырайық, мүмкін ол адасып кеткен шығар. Мына шиыр-шиыр бұтақтардың арасынан адаспай шығудың өзі де... Сөйткенше болған жоқ, жоғары жақтағы иір-иір бұтақтар мен тамырлардың арасынан бір сәуле көзге шалынды. Тамырлар мен бұтақтар адам қолымен шабылған екен. Бір адам зорға сиярлық тесік көрініп тұр. Сәуле сол тесіктің арғы жағында екені айқын болды. Ендігі жерде Мансұрдың өзі бастап сол тесіктен жоғары қарай өтті. Жоғарыдағы алаңқайды, алаңқайда жарқырап тұрған тақты, тақ үстінде ұйықтап отырған Диорды көргенде бәрі де қуанды. Диор да басын көтерген.

     -Хош келіпсіз, Мансұр түменбасы, - деді Диор жан-жағындағы қаптарды көрсетіп. – Бәрін де сізге сыйласам бола ма? Қалай әкетеміз бұларды...

     Мансұрдың қуанышында да шек жоқ еді. Шындығында қалай әкетеміз деп ойлады ол да. Жасақтар да қайран қалды. Себебі, мұнша байлықты бір деммен алып кету мүмкін емес еді. Әсіресе, жүз адам орнынан қимылдата алмайтын алтын тақты алып жүру қиынның қиыны екендігіне бәрінің де көзі жетті. Ойлана келе, мұны не істеу керектігін Еділ патшаның өз еншісіне қалдырайық, әзірше жүрген жолымызды бітеп, қосынымызға кетейік деген шешімге келді.

     Орманға қайта оралған жасақтар сол түні-ақ артта қалған Еділ патшаның мекен-жайын бетке алды. Ең басты мақсат орындалды. Диор да көңілді еді.

     Еділ патша Диорды ғұндар үрдісімен төске төс қағыстырып қарсы алды. Ұлы патшамын деген жоқ. Өзінің ең сенімді бас кеңесшісі Қарабурамен таныстырды. Еділ патшаға қосылудың алдында Қарабура қараханидтер мемлекетінің патшасы – боғрасы болатын. Жалпы ғұндардың ірі әулеттері ол кезде өздерінен жеке-жеке хан сайлап алып өмір сүріп жатқан. Сыртқы жау шіл тезегіндей шашыранды ұсақ-ұсақ мемлекеттерді оп-оңай басып ала беретін. Сайып келгенде бұл көшпенді ғұндардың арғы атасы біреу-ақ қой. Демек, бұлардың бәрі де бір-біріне туыс. Осы жағын ой елегінен өткізген, іргелі ел болудың іргесін қалағысы келген Қарабура-боғра: «көшпенді ғұндардың мызғымас одағын құруды – бірігу керек, бірлік керек» деп шешкен. Сол ойын жүзеге асыру үшін өзі бас болып, Еділ патшаға қосылған болатын. Жеке хандық, аста төк байлық Қарабураны бұрыннан-ақ қызықтырмаймын. Оның бұл әрекетінен хабардар болған басқа да көшпенді ғұндар күн санап одаққа қосыла бастаған. Ғұндардың бұл ынтымағынан хабар алған қарсы жақтар да өз іргелерін нығайта берді... Сайып келгенде көшпенділердің бұл бірігуі көз алартқан өзгелерге тосқауыл қойды, соның арқасында ғұндар мемлекеті көгілдір аспан астында ұзақ жыл өмір сүрді.

    Десе де, көп ұзамай Еділ патшадан Диордың көңілі қатты қалды. Славяндармен келесі бір қақтығыста көп тұтқын түскен болатын. Қауға сақалды Баттал Шорды Диор бірден таныды. Баттал Шор өте ақылман кісі еді. Славяндар патшасының кеңесшісі болатын. Бір кездері өзінің шәкірті болған Диорды ол таныды. Баттал Шор Диордың әкесі Қатты да жақсы білетін. Қатқа баласын тәрбиелеуде кітаптың пайдасы өте зор болатындығын айтып, баланың сауатын ашқан. Үнемі кітап сыйлаушы еді. Диордың қолы жете бермейтін әдебиеттерді қаптап әкелетін. Соның арқасында Диор да жетілді, ұстазына ұқсағысы келді. Әрине, Диордың ол ойы орындалды. Уақыт өте келе сол ұстазымен осылай кездесу – тіпті он ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсе еді. Диор уақыт өткізбей Еділ патшаға келген. Қолбасшыға Баттал Шор туралы айтты.

  • Шынымен ол өте ақылды кісі ме, - деді, Еділ патша Диорға.
  • Өте ақылды патша ағзам! Кезінде мен де ол кісінің сабағын алғам.
  • Солай ма... Ендеше, тез бар да сол ақылды басты өзің шауып таста! – деп бұйырды Еділ патша Диорға. – Бізге қарсы тұратын ақылды бас керек емес!

     Осы сөздерден соң Диор нілдей бұзылды. «Ақылды бас керек емес»деген Еділ патшаның бұйрықты сөзі, тіктене қараған көзі көкірегін қан жылатты. Шатыр маңында тұрған тұлпарына қарғып мінді де басы ауған жаққа қарай құйғыта жөнелді. Қанша шапқаны белгісіз, көзі ұшында қылаңдаған нәрсеге  қараса, әкесі Қаттың көкбөрісі екен. Тұлпарын қамшымен бір тартқан Диор ендігі жерде өзіне таныс көкбөрінің соңынан ілескен. Көкбөрінің бет алысы Диордың әкесінің сүйегі қалған алып тау жақ еді. «Данышпанды сыйламаған патша билеген өңірде ешқашанда тыныштық, жасампаз өмір болмайды!» деп айқайлады ашулы Диор зымырап келе жатып.

     Диордың сөзін алып тау қайталап қайта-қайта жаңғырығып жатты.

     Диордың ендігі ойы қалай болғанда да әкесі Қат айтқан Тәңір кітабын табу. Ол кітапта не жазылғанын өз көзімен көру. Диордың ішкі ойын оқып қойғандай болған көкбөрі алып таудың басқа бір алып шыңына қарай бұрылған. Ұзақ шабудан әбден сілікпесі шыққан Диордың тұлпары тау етегіне жете бере тұралап қалды. Дәл осы кезде Диордың алдына қанатты барыс пайда болды. Ой елегінен ештеңені өткізіп үлгермеген Диор ендігі жерде қанатты барыстың үстінде қарғып мінген. Қанатты барыс таудан тау асты, құздан құз асты, төбесінде аппақ қары сусылдаған шыңнан  шыңға өрмеледі. Ақыр соңында алып бүркіттің ұясындай бір үңгір ауызына келіп үстіндегі Диорды түсірген. Қанатты барыстың алдында келе жатқан көкбөрі үңгірдің ішіне қарай сүңгіді, көкбөрінің соңынан ілесіп Диор да кетті.    

     Сыртта алабөтен боран болғанымен үңгір іші жып-жылы екен. Үңгір қабырғасына қатқан мұз сүңгілерін жағалай отырып, Диор үңгір ішін зерттей бастады. Үңгір – кәдімгі үңгір. Десе де, кезінде бұл жерде екі аяқты адамдардың болғаны сезіледі. Әр жерде шашылып жатқан адамдар тұрмысына қажетті керек-жарақтар соның айғағы. Үңгірде төмен қарай түсетін соқпақтар көп екен. Диордың біраз ойлануына тура келді. Төменнен жоғары қарай ауа лебі келіп тұрғанына қарағанда үңгі асты терең әрі жайуат болу керек деп шамалаған. Ой қорытқанша болған жоқ көп үңгірдің бірінен көкбөрінің құйрығы қылаң ете қалған. Диор солай қарай бұрылды. Бұрылып үңгірге аяқ басқаны сол-ақ екен, онсызда тайғанақ соқпақпен төмен қарай зымырады дейсің... Әлден уақытта Диордың денесі бір затқа соқтығып солқ ете қалды да тоқтады. Жоғары жақтағы үңгір ауызынан түсіп тұрған жарықтан түк те қалмапты. Сонда да болса Диор өзінің сырғып келіп тоқтаған жері тұтасқан мұз еместігін байқады. Айналадан көк шөптің иісі аңқиды. Әр жер-әр жерде қыбырлаған жұлдызқұрттар байқалады. Әдетте, мұндай жерді паналайтын жарқанаттар байқалмайды. Мұнда жоғары төмен сырғып жатқан ауа ағысы да жоқ сияқты. Демек, бұл тұйықтан жоғары шығу да, төмен түсу де мүмкін емес деген сөз. Оған қынжылған Диор жоқ. Диордың мақсаты қалай болғанда да Тәңір кітабын табу! Ішкі түйсігі жаңылмаса ол ойына жететіндігіне ұлы ғұн перзентінің сенімі кәміл еді. 

     Ғұн перзенттерінің ғұмырлық салт-дәстүріне тән нәрсе – ана құсағынан шыр етіп түсісімен ат жалына жабысатындығы. Үнемі жаугершілікте жүретіндігі. Ана сүтінен кейінгі негізгі қорегі жылқының қаны болатындығы. Ұзақ жорықтарда тұлпар мойынын қанжар ұшымен тіліп жіберіп, қаннан тоят табатындығында еді. Ғұмырында ат үстінен түспеген ғұн баласының бүкіл денесі қайыс болып кетеді, сондықтан қандай да болсын қатал соққыға шыдайды және тақымын ешуақытта ештеңе қажап жарадар ете алмайды. Қандай қиындыққа шыдамды болғанымен ғұн баласы да – адам. Осы ойларды таразылап жатып Диор қалғып кеткен. Түсіне әкесі Қат тағы да кірді. Қолындағы зұлпықарымен тау-тасты тілгілеп, қала берді төбесінен асыра жан-жаққа лақтырып, өзінің өмірде көрген жалғыз ұлы Диорға қарай жол салып келе жатыр екен. «Әке... - деп тұра жүгірді Диор, - әке, мен мұндамын!». Әкесі қалт тұра қалған. «Отыр, артыма, балам! Данышпандар еліне барамыз!... Адамзатқа ажал сепкен әңгүдік патшалары бар жер – бізге қол емес, біздің ұстанымыз басқа...». Диор әкесінің тұлпарына қарғып мінген...  

     Диор өзі жоғарыдан сырғып келіп тоқтаған тастың іргесінде жатқан ғой. Әлгі түстің әсерімен әкесінің артына қарғып мінгенде, сол тастың үстіне қарай ырғыса керек. Тастың аунап бар жатқанын ұйқыда жатса да сезініп қалған Диор шалт оянып кетті. Оянып кетті де аунап бара жатқан тасты құшақтай алған. Оның бұл әрекеті аунаған тасты бәрібір тоқтата алмады. Тас төңкеріліп түсті. Енді мына кереметті қараңыз: төңкеріліп түскен тастың екінші беті жап-жазық екен. Сол жап-жазық беттің үстінде көлемі екі алақандай кітап жатыр екен. Айнала маң қап-қараңғы болғанымен Диор оның нағыз кітап екендігін жазбай таныды. Өмір бойғы арманы – адамзатқа бейбітшілік нұрын сыйлайтын ақыл кітабы табылды. Кітапты көтеріп алып көкірегіне қысты, маңдайына тигізіп тәу етті. Кітапты оқып көрудің де амал-айласы табылды. Диор уыстап жұлдызқұрт теріп әкелді. Кітап бетіне себезгілеп жарық түсті. Өкініштісі, Диор кітапты қанша парақтағанымен, оң, терісінен сан рет ақтарғанымен көзге түсерлік бір қаріп те, тіпті үтір, нүкте де таба алмады. Бәрінен де күдер үзілді...

     Диордың беліндегі, атақты бақсылардың дуасына суарылған алдаспан жарқ ете қалған...    

    Осымен бұл тарихи шытырманды доғарып негізгі әңгіменің желісіне кезек береміз.  

 

     Адам ата мен Хауа ана. Күнәнің үлкен-кішісі бола ма? Тозақ сөзі қайдан пайда болды. Адам ит болып өмір сүру үшін туылмайды. Итте үш асқазан болады. Ғарыш кітабы. Метеоридтер жаңбыры. Жерге оралу. Қүныс патшаны ешкім танымады. Бәрі де күлге айналып кетті. Әндеткен еңбеккерлер.

  • Бұл жерде, тіпті, Адам ата мен Хауа анаң да болған. Екеуінің күнәсі қандай еді? –деп әңгімесін жалғастырды құбыжық. - Жер тұрғындары көзқарасында болмашы ғана нәрсе ғой. Қалай ойлайсың? Күнәнің үлкен кішісі бола ма? Құбыжық жалғыз көзін Құныс патшаға бақырайта қараған. Жауап күткен сыңайлы. Құныс патша жауап берейін деді ме, әлде, басқа ойы болды ма, орнынан қимылдай бастап еді, құбыжық шидей қолын жоғары көтерді:
  • Тұра тұр, мен білем, сенің не айтпақ болып тұрғаныңды, - деді сосын. – Ұлы Жаратушы бір алмаға қарап қалып па? Алма дарақтың жемісі ғой, онда Жаратушының қандай шаруасы бар демексің ғой. Жоқ, ақымақ патша! Алма дарақ жемісі болғанымен сол дарақтың өзі де жаратушының өндірісі. Ендеше, сол жалғыз алмаға, өзгенің дүниесіне қол сұғуға Адам атаның құқы бар ма еді? Сол жалғыз алманы Адам ата бұтақтан үзіп тұрғанда Хауа ананың «бұның қалай» демей қарап тұруға құқы бар ма еді. Мәселе осында! Яғни күнәнің үлкен-кішісі болмайды! Болмашы күнәға батқан адам, ертең үлкен күнәға да дайын тұрады. Мұны ұғып ал! Дегенмен, Жаратушының ұлылығы кешірімшілдігінде. Кейіннен осы кешірімшілдігінің арқасында Адам ата мен Хауа анаңды жерге түсірді емес пе? Жер бетіне, өздерінен тараған жер тұрғындарының құлағына бұл Тоздың атын: «Тозың – тоз-ақ екен!» деп құйған сол екеуі болатын. Ал, Адам ата мен Хауа анадан тараған, адам атын арқалаған сен секілді ұры, екіжүзді, қаныпезер адамсымақтар, мүләйім пендесымақтар не істеді? Бұған жауабың бар ма? Жоқ, әрине! Адамзатқа, патша, хан, король, елбасы дегендер керек болса керек те шығар, бірақ өмір сүру қажеттілігі үшін көп нәрсе керек емес қой. Адамдардың бәрінде де бір-бір-ақ асқазан бар, иттерде үшеу... Енді өзің ойланып көрші. Адам не үшін туылады! Ит болу үшін бе? Жоқ, адам - адам  болып өлу үшін туылады. Өмірдің өзі де – сынақ! Өмірің - сенің азаматтық құқыңның, имандылығыңның өлшемін көрсетеді... Бұл жерде шектен шыққаның – адасқаның! Өлмейтін бір-ақ нәрсе бар, оны өзің де білесің. Ол – ұлы Жаратушы! Себебі, ол ешкімнен туылмаған және ешкімді туғызбаған! Оның түр-түсінің қандай екендігін, тұрағы қайда, оны ешкім де білмейді және біле алмайды. Өйткені ол...
  • Сонда, Жаратушы - Көк тәңірінің өзі қайда? Маған соны айтшы, білгіш болсаң! Менің іздегенім соның өзі еді, сен сияқты мылжың емес, - деп, құбыжықтың сөзінен түк ұқпағансыған Құныс патша ашуға булығып тұншығып қалды.

    Құбыжықтар қарқылдап кеп күлді, кейбіреулерінің еріндері салпылдап аспанды шарлап кетті... Кенет Құныс патша селк ете қалған. Қараса, бір құбыжықтың еріні ауада қалқып тұрған корабльді жұтып жатыр екен. Корабльдің дабыл қаққышы сарнап қоя берді.

  • Тоқтат! - деп айқай салды құбыжықтардың патшасымағы, - тоқтат! Әзірше қоя тұр!

     Корабльді жұтпақ болған жұдырықтай құбыжық еріндерін сылп еткізіп жиып алды да жерге секіріп түсті. Өзінше ыржаң-ыржаң еткен сықылды, жалғыз көзі жымсиып, еріндерінің жиектері жыбырлады.

  • Көрдің бе, ақымақ патша! – деді, құбыжықтар патшасы, сен көк тәңірін іздейсің! Көзге көрінсе менің жасақтарым, көк тәңіріңнің өзін де жұтып жібереді. Әлі күнге дейін бұлардың әрқайсысы өздерін «көк тәңірі - менмін» деп ойлайды. Әттең, менің адам кезімде маған ешкім мұндай ақыл айтып, түзу жолға салып, райымнан қайтармады ғой... Енді өкінгеннен еш пайда жоқ. Саған айтар бір ақылым бар, тыңдайсың ба? Құбыжық шидей саусағын шошайтты.
  • Айтып көр! – деді, Құныс патша. – Бірақ сен секілді құбыжықтың айтқанын істеймін деп айта алмаймын! Маған тек сол тірі көк тәңірінің мекен-жайын айтсаң болды, басқасының қажеті жоқ.
  • Көк тәңірі тірі жандық па, жоқ, өлі жандық па, ол жағын мен білмеймін, - деді, құбыжық. – Сен қазір жолға шығасың, ғарыш мұхитына сүңгисің, менің сарбаздарым саған тиіспейді, Тоз орбитасынан шығарып салады. Зейін қойып тыңда. Зонд жұлдызын бетке аласың. Алдыңнан қандай кедергілер шығатынын мен білмеймін, үлкен ғарыш кітабы көрінгенше ұшасың. Ол кітап – Ұлы Жаратушының кітабы. Сол кітапта, саған тиісті, жалпы жер тұрғындарына міндет саналатын қағидаттар, сенің кім екендігің туралы жазулы тұрса керек. Көк тәңіріне жетудің де төте жолы, яғни Ұлы Жаратушы тұрағының қақпасы бәлкім сол шығар! Оның басқа қандай анығы бар, оны мен де біле бермеймін. Жолың болсын!
  • Сандырағыңа болайын, - деді Құныс патша қолын бір сілтеп. – Аспанда кітап салбырап тұрып па?!. Сетт кеттік!

     Ғарыш кораблінен өз орындарын тапқан жолаушылар лезде-ақ көзден ғайып болды.

  • Сетт, қалай ойлайсың, - деді Құныс патша, - әлгі құбыжықтың сандырағында шындық бар ма, сенуге бола ма, Зонд деген жұлдызды іздеп көрші ғаламшардың қай бұрышында екен. Бар нәрсе ме, жоқ нәрсе ме? Сондай-ақ, әлгі құбыжықтар сені мен менен ақылды ма? Біз неге білмегенбіз ондай ғаламшарды.?
  • Өзім де жолға шыққалы бері соны іздестіріп келемін, ия, бар екен патша ағзам, - деді қуанып кеткен Сетт.
  • Онда солай қарай бұрыл.

     Жер тұрғындары мінген алып ғарыш кемесі жамбастай бұрылып Зонд жұлдызына қарай зымырады. Ғарыш кемесінің жарығы қап-қараңғы ғарыш мұхитын жаңа қарқынмен тілгілей бастады. Негізі тыныштық деген, тазалық деген аспанда екен ой деген ой келді Құныс патшаға. Өйткені ғарышта шаң жоқ. Шет шегі жоқ не деген кеңістік. Оқтын-оқтын ысылдап артта қалып жатқан ұсақ планеталар, метеоридтердің дыбысынан бөгде дыбыс, тірі жандық тағы жоқ. Неше күн, неше түн ұшты, неше апта, неше ай, бәлкім жыл ұшты, ол жағы Құныс патшаның есіне келмепті. Корабль рубкасынан:

  • Патша ағзам, алдымыздан бір жарық көрінеді, бірақ қандай да бір күн системасына үқсамайды, - деген, Сеттің дауысы шықты.

     Құныс патша иллюминарорға үңілген. Кеме дүрбісін әлгі ағарған денеге қарай бақыттаған. Алдағы ағараңдаған дене жақындай бастады, жарық ұлғайды. Бірақ күн емес екендігін байқады. Егер күн болса дөңгеленіп айналып шапақ шашып тұрар еді. Ғарыш кеңістігінде тек планеталар емес, метеоридтердің өзі де айналып лағып жүретінін патша байқаған. Шындығында солай болды. Ағараңдаған дене, ғарыш кеңістігіне жайылған, беті ашық  алып бір кітап болып шықты.

  • Сетт астауыңды тоқтат! – деп бұйырды Құныс патша. – Бұл не нәрсе өзі? Неге сүйеніп тұрған зат? Айналасын көруге бола ма?
  • Патша, ағзам, бұл заттың айнала төрт бұрышы, асті – үсті де өзіміз тіреліп тұрған беті секілді теп –тегіс екен. Барлық беті де беті ашық тұрған кітапқа ұқсайды. Жан-жағынан ештеңе ұстап тұрған жоқ. Компьютер мүмкіндігімен парақтауға болатын сияқты.
  • Жақындап барып тоқта, онда. Сыртқа шығып көрейік!

     Сетт корабльді ғарыш кітабының дәл алдына келіп тоқтатты.

  • Сыртқа кім шығады, - деп дауыстады Сетт.
  • Сетт, айналада қауіп қатер жоқ па, мұқият бақылап көрші, - деді Құныс патша. Тірі ағза байқалмай ма?
  • Жоқ патшам, жақын маңда ондай қауіп-қатер жоқ!
  • Онда мен бір өзім шығамын, басқышты дайында, - деді Сеттке.

     Құныс патшаның орнында қай патша болса да осылай етер еді. Өйткені патшалардың пендешілігі мен қызғаншақтығы жай пенделерге қарағанда мың-мың есеге артық болады ғой. «Өзім шығамын» дегені Ұлы Жаратушының кітабын ең бірінші оқыған кім деген сауалға «МЕН» деген жауап әзірлеу. Бұл жағдайда, әрине, Құныс патшаның беделі бұрыңғыдан да арта түсері сөзсіз. Қарамағындағы уәзірлері бұдан былай тізерлеп жүріп емес, жер бауырлап кіріп шығатын болады. Құныс патшаның ішіне жылымық жүгірді...

  • Басқыш дайын, патшам!
  • Мен де барайын, - деп қиылған Сарра ханымды Құныс патша өңменінен итеріп жіберді.
  • Не бар саған, тарт аяғыңды!

     Үстіне скафандр киген Құныс патша басқышқа аяғын салып корабльден сыртқа шықты. Басқыш жылжып ғарыш кеңістігінде ілініп тұрған Ұлы Жаратушының кітабына жетті. Мұндай орасан үлкен кітапты жер тұрғындары өмірінде көрді ме екен?.. Дегенмен, кітаптың ашулы тұрған бетінде ешқандай жазу болмай шықты. Құныс патшаның өз  қолымен келесі бетті ашпақ болған әрекетінен ештеңе шықпады.

  • Сетт, әлгі кітап парақтағышыңды іске қос! – деп бұйырды, Құныс патша.
  • Қостым, - деді Сетт.

     Сеттің дауысымен қатар корабльден шыққан электронды прибордың көмегімен кітаптың бірінші беті парақталды. Ешқандай жазу көрінбеді. Екінші, үшінші, оныншы... кітаптың мыңдаған бетін парақтап шыққанда да ештеңе шықпады.

  • Сетт, бұл мүмкін адамдар көзіне көрінбейтін сиямен жазылған шығар? – Құныс патша абыржи бастаған...
  • Патша ағзам, мен қазір химиялық – лазерлік әдістемелермен тексеріп көрейін...
  • Тексер!
  • Тексеріп біттім, - деді, Сетт, - мұнда ешқандай да жазу жоқ! Қағазы да біз білетін материалдарға ұқсамайды.
  • Қалай болғанда да Ұлы Жаратушының кітабында жер тұрғындары оқи алатын бірдеме болу керек қой, кітаптың басқа қырларын көрейік, Сарра мен Назды жібер мұнда. Мүмкін солардың көздері көрер.

     Көп ұзамай Құныс патшаның қасына Сарра мен Наз келді. Үшеуі басқышпен жылжып отырып кітаптың келесі қырына ауысқан. Бұл бет те парақталды, келесі бет те парақталды, алып кітаптың астыңғы беті мен үстіңгі беті те парақталды. Бірақ кітаптан көзге ілігерліктей ештеңе табылмады. Құныс патшаның жүзі күреңітіп түңілген жері осы болды: «Бұл да өтірікші!». Ойына өзі патшалық етіп отырған ел, көрші елдер тұрғындарының тұрмыс-салты, өмір сүрудегі ұстанымы мен сенімі келген: «ақымақтар, бәрі де құдай-құдай, тәңірі-тәңір деп жығылып-тұрып жатыр, бастарына қауғадай сәлде орап алғандары сол жығылып-тұрып жатқандарды одан сайын үрейлендіріп неше түрлі ойдан құрастырылған әңгімені желдей естіруде. Ұлы жаратушының жерге түсірілген «ұлы кітабында» былай депті деп соғады ғой тағы... Қане, сол кітап, қане, Ұлы Жаратушы! Патша ағзамның ашудан дірілдеп кеткенін байқаған Сарра мен Наз екі қолтығынан ұстап «жүріңіз патша ағзам, корабльге қайтайық!» деді.

     Корабльге мінген соң да көпке дейін Құныс патша өзіне өзі келе алмады. Әлден уақытта барып:

  • Сетт, мұнда кел! – деді. – Ақылдасатын шаруа бар... – Бөлмеге Сетт кірді.
  • Патша ағзам, айта беріңіз...
  • Айтсам, былай: бұл тұстан өзімізге пайдалы ештеңе таппадық, - деп бастады Құныс патша, - енді не істейміз, ғарыш ғаламының шет-шегі байқалмай ма?

    Дей тұрса да, өзінің көңіліне келген үрейді іркіп тұрғаны байқалады. Құныс патшаның ойына Тоз планетасындағы құбыжықтар оралған. Олар да бұрыңғы жер тұрғындары, олар да ісіп-кеуіп өздерінше Ұлы Жаратушыны іздеген... Ақыры не болды!.. Оны көзімен көрген жоқ па? Осыдан соң патшаның да ойы өзгере бастаған сыңайлы еді, бірақ онысын сездірмеуге тырысқан. Тоз планетасындағы онсыз да аянышты құбыжықтарға көрсеткен өзінің дөрекілігі есіне түссе қалтырап қалатын күйге түскен.

  • Патша ағзам, менің бағдарламамның шет-шегі бар, бірақ ғарыштың шет-шегі жоқ! Ол ғылымда дәлелденген нәрсе. Қолда бар техникамыздың мүмкіндігі ұланғайыр болғанымен, бұл да әзірше шектеулі. Қолда бар теорияларымыз мәңгілік ештеңенің болмайтындығын айтады.
  • Олай болса, осы тұстан өзіміздің үйреншікті жерімізге қайтамыз. Бұрыл солай қарай. – Патша ағзамның бұл бұйрығына адамдарды былай қойғанда роботтар да қуанып қалды.

     Патша ағзамның өзінің де бір сәт тынысы тарылып, аяқ – қолдары тырысып, көздері бұлдырап кетті... «Астапыралла!» деді іштей. Әжесі ғана айтатын бұл сөз Құныс патшаның өмірінде аузына түспеген сөз болатын. Оған өзі де таң қалды. Дегенмен, сезімтал адамдарда болатын қасиет Құныс патшада да бар еді. Бүткіл болмысымен жақындап келе жатқан бір қатерді сезгендей болды. Тез есін жиюға тырысқан. Бірақ үлгермеді, енді ғана жер планетасына қарай бет ала бастаған корабль солқылдап, бүкіл дүние астаң-кестең... Корабльдің күтпеген қатерді кері тепкіш механизмі жаңбырдай жауған метеоридтер тасқынына үлгере алмай жатты. Корабль құдды бір алып мұхиттағы тұзды дауылдың таудай-таудай толқынына ұшыраған кемедей аласұрды. Алдыңғы айнасы шытынап кетті. Корабльдің  дабыл қаққыштары алыс ғарыш аспанын жаңғыртып шыңғырып жатты. Екі құлағын қолымен басқан Құныс патша бір сәтте есінен танып еміс-еміс бір елес дүние құшағына енді де кетті... Айнала-маңның бәрі де жып-жылы екен дейді. Көгілдір аспан төрінде құшақ-құшақ ақша бұлттар емін-еркін жүзіп жүр. Гүрілдек майқоңыздар мен дірілдек инеліктер сайран салуда. Толғағы қысып бусанып жатқан жер-ана, бір-бірімен сыңқылдай жарысқан қылдай-қылдай жүлгелер, жер-ана омырауын енді ғана жарып шыққан назды бәйшешектер, бұлқынған көк құрақтардың кекілін сыйпалап тарағыштап, айналаға жұпар шашып жүрген алтынкүрек. Тау баурайына мыңтабан да өре бастапты. Құныс патша өзіне бала кезден етене ауылдың шығыс тұсын орап жатқан үш басты айдаһар-тауға қараған. Айдаһар-таудың бастары да жылымықтан жіпси бастапты, буы төбелерінен бұрқырап олар тұр. Адамзатқа бұдан артық не керек еді!.. Кенет әлгі үш басты айдаһардың көздері бақырайып, апандай ауыздарынан салақұлаш от шашып Құныс патшаға тап берген... «Саған не жетпеді, а!..». Патша селк ете қалды...

     Құныс патша әлгі әсерден есін жиғанда, өзіне жәрдем беріп жатқан корабльдегі таныс робот дәрігерлерін көріп қатты қуанды. Ешқандай бір қауіп-қатер де, корабльдің зымырап келе жатқандығы да байқалмайды. Өзі тынығып қалған сыңайлы, тұла бойын қунақ сезінді. Бірінші сөзі:

  • Біз қайдамыз, Сетт?.. – болды.
  • Патша ағзам, біз өзімізге таныс жер планетасына келіп қондық. Корабліміз апатты жағдайда жерді өзі тауып келді. Айналамызда қауіпті ештеңе жоқ.
  • Онда шақыр, әлгі уәзірлер қайда? – деді Құныс патша, - тез жетсін!
  • Патша ағзам, өкінішке орай олар келе алмайды екен, - деген жауап қайырды, Сетт.
  • Неге келе алмайды, бастарын шабу керек сұмырайлардың, айтқанды тыңдамайтын кімдер олар!.. – Құныс патша әлмисақтағы әдеті бойынша қалш-қалш етті...
  • Патша ағзам, жер тұрғындары бізді білмейді екен, жаратылыстары бөлек... өздері аз ғана... Бәрінің де қолдарында кетпен, күрек, әңдетіп жер шұқылап тұқым сеуіп жүр...
  • Білмегені қалай? Құныс патшаны білмейтін де жер тұрғыны бар ма?!. Бұл не сандырақ?!.
  • Солай боп тұр патша ағзам, қазір мұнда сіз білетін уәзірлер, сіз білетін туыс-жегжат, тамыр-таныс жоқ, әлдеқашан сүйектері қурап кетіпті, біз бұл жерден шыққалы мың жылдан асып кетті емес пе? Сондықтан бұлар бізді қабылдамай тұр... Өздері сіз бен бізге ұқсамайды, бөлек әлем... Құныс патша жұдырығымен өз басын өзі тоқпақтап отыра қалды... «Құрысын!»... Роботтар жым-жылас болды, Сарра мен Наз да бір сәтте өз өзінен күлге айналып кетті. Мұның бәрін өз көзімен көрген Құныс патшаның сол сәтте-ақ екі иығы қушиып, жотасы одан сайын бүкірейіп бүткіл болмысы мүскінге айналып жүре берген...    

          Сөйтіп, кейіпкеріміз өзінің жарық дүниеде жалғыз қалғанын білмей де қалыпты.

 

     Қасірет қамаған қарт. Мың-мың жыл өмір сүру... Аспанда қалқыған құзғындар. Қателікті мойындау. Кеш келген ұят. Әлденеге, әйтеуір, сыйыну. Лақтырылған байлық. Соңғы тыныс. Өлікті көметін ешкім жоқ. Құзғындар. Сақырлап сынған сүйектер.

    Құзғындар саңғырығы оймыштаған төбесінде бірер тал ғана  шашы қалған құныс қария, екі тізесінің ортасына қумаңдайымен құлаған күйінше әлі отыр. Оқтын-оқтын екі иығы селк-селк ете қалады. Оны бұл ой қамағынан құтқаратын не бар?!.

     Аққайнар суы тап-таза! Табиғат орнында екен. Өзі секілді адамдар қайда кеткен? Қария өзінің қаншалықты қателік жасағанын енді білді. Қасірет құлыптап тастаған бір тамшы ғана көз жасының өзі сол тазалықты, сол бір мөп-мөлдір суды қаншалықты лайлағанын көзімен көрді. Қарап тұрса, өзі мың-мың жыл өмір сүрген секілді... Әлдеқашан ақырзаман болып кетіпті. Жер бетінде, аспан астында, саналы дерлік, тілі бар өзі білетін тіршілік белгісінен өзінен басқа ешкім жоқ, аспанда тек ашқарақ қарға-құзғындар ғана қылқи мойындарын әр жаққа созып қалқып жүр... Анда-санда қарқ-қарқ етеді. Жемтік көрсе жабыла дабылдамақ! Қария, шалқая бере «әттең-ай» деп күрсінгенде көкірек тұсы қарс айырылып кетті... Мына құдіретке қараңыз: күтір-күтір етіп, зең басқан ағаштың шірінді қабығындай күлімсі теріні жарып, қатып-семген төс сүйек, ырсиған қабырғалар шықты, қимылдауға шамасы келмеген тұяқтар серпілмей қалды.  Соңғы тыныс...

     Соңғы тыныс жалтақтап айналасына қатпар-қатпар қалталы көзін жүгірткен қарияның екі өкпесін бірдей қысты, қаттырақ қысты... Бір қызығы, ажал шеңгелі қанша қысқанымен қайғы жеміті болып қалған денеден қан шықпады. Шелді көздер жезденіп, қырыл басталды. Жан беру оңай емес екен. Өзі тірісінде көзіне ілмеген Алланы, біле тұрса да ауызына ала алмады. Ауызға алу былай тұрсын, еске алудың өзі ұят! Міне, қызық! Құныс қария кеш те болса денесіне саңылау тауып кірген баба-ұяттың қолына жармасты, аяғынан сүйді... Далбасалап сыйынған түрі.

     Жан-жағына қап-қап алтындарды, меншігіндегі өзен-көлдерді, тау-тасты, жон-жоталарды, орман-тоғайларды, ауылдар мен қалаларды, аралдар мен тоғандарды, бәрін-бәрін  лақтыра бастады. «Менің дауысымды біреу есітсе, мырзалық әрекетімді біреу көрсе» деген көлбар сандырақ, келдім-кеттім елес қой. Бірақ, қарияның іштен сырылдай айтқан сөзін есітпек түгілі, айналада, жұмыр жерде айқайлағаныңды қағатын құлақ, лақтырылған алтынға, көзді арбайтын қызылды-жасылды дүниеліктерге түсетін назар жоқ еді.

     Ындыны жаманнан тоты құстар қандай жиренсе, баба-ұят та дәл солай имансыз пенденің қолын қағып жіберді. Қу сүйек саудырап шашылып кетті.

     Өлікті кім көмеді? Оған да айла табылды. Аспанда қалқыған құзғындар жерге қарай құйылды. Әлден уақытта қатып-семген қу теріні үзіп-жұлқып толғай жұтқан құзғындар, өңештеріне тұрып қалған сүйек-саяқтарды шойын-мойнындарымен бұрап сындырып сақырлатып жатты.

     Астамсудың ақыры осы болды!

     Содан бері де пәлен ғасыр өтті. Жер жарықтық адамдар қолымен жабысқан, бойындағы ыпылас жарақаттардан арыла бастады.

     Екі аяқты мешкей, қолында бишігі бар адам-жануардың төбесі көрінбегені де жақсы.

     Айналасында ешқандай бүлдіргі жоқ толықсыған табиғат пен жер-ана, ол да  мамыражай тыныстап, жайбарақат бой түзеп келе жатты.

 

Ескерту: Әңгімеге «Атилла» кітабындағы кейбір көріністер пайдаланылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                           

 

Қазақ тілінде жазылған