Аналар шалықтағанда...
Арқандай жалы шұбалып,
Көріктей кеуде ысылдап.
Сауырдан тұзды тер ағып,
Қайрақтай тістер қышырлап.
Шиыршық атқан төрт тұяқ,
Тастарды жаншып кеміріп.
Жондарды кезіп шапқылап,
Үмітін үзбей емініп.
Заулайды түнге таңды ұрып,
Үміті көзде көлбеңдеп.
Сағыныш белін талдырып,
Қарайған затқа телмеңдеп.
Ысқырған боран астында,
Желкесін ойып сор қайнап.
Ойпаңда бұққан қасқырға,
Тағдыры талай барды айдап.
Жезтырнақ-орман ішінде,
Ары да шапты, бері де.
Жануарға аң-таң пішінде,
Қарайды ит-құс, бөрі де.
Кетеді кейде шалықтап,
Сүт аңқып сыздап омырау.
Құс болып ұшып қалықтап,
Заңғарға іліп қоңырау.
Иісі қалған жотаны,
Қанша рет шықты айналып.
Боз інгендерді боталы,
Көргенде толқып, шайқалып.
Боз бие кепкен аңқасы,
Арманын таппай тынар ма.
Жалтылдап алдан арқасы,
Құлыны ойнап шығар ма.
Кекілі желмен желкілдеп,
Сүйкімді-ақ еді қылшаны.
Сілкінсе түгі үлпілдеп,
Жолатпайтын-ды қыр шаңын.
Іздерін тастап далаға,
Кетер деп кім оны ойлапты.
Сыңсығын қу жан - шағала,
Жүрекке найза бойлатты.
Жоғалып кеткен шарана,
Іздер ме сорлы анасын.
Өтсе де жылдар арада,
Көрсетпей кеткен қарасын.