Уәдеге берік шар
Ерте-ерте ертеде, биік-биік таулардың ар жағындағы бір елде жыл сайын әуе шарына армандарын жазып, аспанға ұшырып жіберетін дәстүр болыпты. Бұл дәстүр жылына бір-ақ рет келеді. Ал халық болса бұл күнді асыға күтеді екен.
Сол елде Айым есімді кішкентай қыз өмір сүріпті. Күндердің күнінде армандарды жолдайтын сол күн келіп жетіпті. Әкесімен бірге Айым да далаға шығыпты.
Әкесі көк шарға, ал Айым қызыл шарға армандарын жаза бастапты.
Қолына қаламын алып, жаза бергені сол еді, кенеттен бір дауысты естиді.
– Ай, ай, ауырады ғой. Өзіңді тырнаса жақсы ма? – дейді дауыс.
Түсінбей қалған Айым жан-жағына қарайды. Сөйлеп тұрған ешкім жоқ, бәрі үн-түнсіз армандарын жазуда.
Қаламын алып, тағы да жаза бастайды. Әлгі дауыс тағы да естіледі.
– Ақырын деп айттым ғой. Менің қытығым келді.
Анықтап қараса, сөйлеп тұрған шар екен.
– Сен сөйлей аласың ба? – деп таңқалады Айым.
– Иә, сөйлей аламын. Егер сөйлей алмайтын болсам, армандарды қалай орындайды деп ойлайсың? Біз сендердің армандарыңды алып, анау таудың басындағы Құдірет деген елге ұшып барамыз. Құдірет патшасы армандардың бәрін қарап, әрқайсысының орындалатын уақытын белгілейді, – дейді шар. – Егер арманыңды жібергің келсе, маған сыбырлап айт.
– Арман жазылмаса, орындалмайды ғой, – дейді Айым.
– Тек жаза көрмеші. Қаламның ұшы тиген сайын менің қытығым келеді. Ал кейде тырнайсың. Сені тырнаса, ұнай ма саған? – деп шар қозғала бастайды.
– Тоқтай тұр. Жазба десең, жазбай-ақ қояйын. Менің арманымды Құдірет патшасына жеткізуге уәде бересің бе? – дейді Айым.
– Әрине. Мен уәдеге берік шармын. Арманыңның бір сөзін де қалдырмай Құдірет патшасына жеткізем.
Айым шарды кеудесіне қысып тұрып, арманын айта бастайды.
«Менің анам қатты ауырып жатыр. Көзін ашпағанына бүгін үш күн болды. Тезірек анашымның көзін ашуға көмектесші. Анам тезірек жазылып, орнынан тұрсыншы. Бұрынғыдай менімен ойнасыншы» – дейді Айым жыламсырап. Шар да көзіне жас алады. Қыз шарды бір сүйіп, аспанға ұшырып жібереді.
– Қызым, сен ештеңе жазбадың ғой, – деп таңырқайды әкесі.
– Мен оған арманымды сыбырлап айттым. Жазсам оның қытығы келеді екен, – деп жауап береді Айым.
Сөйтіп олар аспанда ұшып жүрген түрлі-түсті шарларға қарап, қол бұлғайды.
Ал шарлар болса, адамдардың арманын орындауға асығып, Құдірет патшалығына қарай бір-бірімен жарыса ұша бастайды. Қай шар бірінші жетсе, сол шар алып келген арман бірінші болып орындалады екен. Сондықтан шарлар Құдірет патшалығына бірінші болып жетуге тырысады.
Сөйтіп шарлар ұшып бара жатқан кезде қатты дауыл тұрып, ештеңе көрінбей кетеді. Шардың бәрі адасып қалады.
Айымға уәде берген қызыл шар қанша талпынса да, дауылға қарсы тұра алмайды. Бір кезде ұшпай, бір орнында тұрып қалғандай болады.
«Дауыл басылғанша ұшпай тұра тұрайын. Әйтпесе адасып кетермін. Дауыл басылған соң ұшармын» – деп ойлайды қызыл шар. Сөйтіп ойланып жатып, ұйықтап кетіпті. Біраз уақыт өткен соң, көзін ашса, дауыл басылыпты. Аспан ашық.
«Енді ұшсам болады екен» – деп, орнынан қозғалайын десе, қозғала алмайды. Аспанға көтерілейін десе, желкесінен біреу ұстап алып, жібермей тұрғандай болады.
Қанша әуреленсе де, босай алмайды. Сөйтсе желкесінен ұстап тұрған ағаштың бұтағы екен. Дауылда ұшып келіп, бір ағашқа ілініп қалғанын түсінеді.
«Уәдемді орындай алмайтын болдым ғой» – деп жылай бастайды шар. Бір кезде бар дауысымен «Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!» – деп айқайлайды. Алайда ешкім келе қоймайды. Амалы таусылған шар көзінің жасын көлдетіп жылайды.
Шардың көз жасы сырт-сырт етіп жерге тамады. Тамшының бірі ұйықтап жатқан құрттың басына тамып кетеді.
– Бұл не су? Күн ашықта да жаңбыр жауатын болған ба? – деп құрт өзімен-өзі сөйлесе бастайды. Жыбырлап ағашқа өрмелейді. Ағаштың басында қып-қызыл бір нәрсе тұрғанын байқайды.
– Ооо, алма! – деп қуанып, асығып жоғары өрмелейді. Өлдім-талдым дегенде қызыл нәрсеге жетіп, тістеп көреді, тістелмейді. Жыбырлап олай жүреді, былай жүреді. Үстінде бір нәрсенің жыбырлап жүргенін сезген шар:
– Кім бұл? – деп айқай салады.
Құрт шошып кетеді.
– Ал сен кімсің? – дейді қалтырап.
– Мен арман орындайтын шармын. Бір қыздың арманын орындауға Құдірет патшалығына ұшып бара жатқанда дауыл тұрып, мына бұтаға ілініп қалдым. Менің тез патшалыққа жетуім керек. Әйтпесе, Айымның анасы ешқашан көзін ашпауы мүмкін. Айымға мен ғана көмектесе алам. Оның бар үміті менде.
– Шынымен де барлық арманды орындай аласың ба? – деп сұрайды құрт шыдамсыздана.
– Қандай арманың бар? – дейді шар.
– Менің... менің ұшқым келеді. Жыбырлап жүруден шаршадым. Жер бауырлап келе жатқанда кейбіреулер көрмей, таптап өте шығады, – деп мұңын шағады құрт.
– Егер мені осы жерден босата алсаң, арманыңды Құдірет патшасына айтам. Құдірет патшасы барлық арманды орындайды. Тек мені босата көрші. Жұмысым тығыз, – деді шар.
Қуанып кеткен құрт шарды босатпақ болады. Алайда қолынан келмейді. Шар мен бұтақтың арасында өрмелеп жүріп, әбден шаршаған құрт аспанға қарап жата кетеді. Ағаштың басында отырған қарғаға көзі түседі де:
– Әй, қарға, көмектесіп жібере аласың ба? – дейді.
Қарға кекірейіп:
– Саған неге көмектесуім керек? – дейді.
– Қарғатай, көмектесе көрші, – деп жалынады шар.
– Ақысына не бересің? – дейді пайдакүнем қарға.
– Кез келген арманыңды орындауға уәде беремін? – дейді шар.
Бұл сөзді естіген қарға шардың жанына жетіп келеді.
– Дәл қазір орындайсың ба?
– Жоқ. Егер мені босата алсаң, арманыңды Құдірет патшасына айтам.
– Өй, сен мені ақымақ деп пе едің? Босатқызып алып, алдап кетпексің ғой, – деп қарға қолын бір сілтейді.
– Жоқ, қарғатай, мен уәдеге берік шармын. Бір қызға уәде беріп едім. Оны орындамасам болмайды. Айым өмір бойы анасын көрмей қалуы мүмкін. Өтінемін, көмектесші, – деп жалынады.
– Жарайды, бірақ менің арманымды ең күшті сиқыршылардың өзі орындай алмаған?
– Ол қандай арман? – деп таңданады шар мен құрт.
– Менің аққу сияқты аппақ болғым келеді.
Құрт мыс етіп күліп жібереді.
Аппақ болуды көздеген қарға шарды тұмсығымен тістеп, бұтақтан босатады. Босап шыққан шар аспанға қалықтап ұша бастайды.
– Рахмет сендерге, достар. Бұл жақсылықтарыңды ешқашан ұмытпаймын! – дейді шар.
– Менің арманымды ұмытпа. Ұмытып кетсең, көр де тұр, тауып алып, желіңді шығарып тастаймын! – дейді қарға зіркілдеп.
– Менің де арманымды ұмытпа! – деп қол бұлғайды құрт.
Сөйтіп үш күн, үш түн дегенде шар Құдірет патшалығына жетеді. Патшаны тауып алады да, Айымның арманын тез орындамаса, кеш болатынын айтады. Жол-жөнекей қандай жағдайға ұшырағанын да баяндап береді.
Құдірет патшасы қызыл шардың әкелген арманын маңызды деп тауып, бірінші кезекте соны орындауға жарлық береді. Құрт пен қарғаның да армандары шет қалмайды.
Жарлықты естіген қызыл шар Айымға жетуге асығады. Анасымен қызының қауышқан сәтін көргісі келеді.
Арман орындағыш періштелермен бірге ол да жолға шығады.
Жолда өзіне көмектескен құрт пен қарға кездеседі. Періштелер құрттың арманын орындап, құрт көбелекке айналып, ұша жөнеледі. Ал қарға болса, ағармайды.
Себебі қарға өзімшіл, ешкімге жақсылық жасауды білмейтін менмен екен. Ұнатқан нәрсесінің бәрін сұраусыз ұрлап кететін де әдеті болыпты. Сол себепті оның арманы орындалмайды. Ал арманы орындалуы үшін қарға өзі ренжіткендердің барлығынан кешірім сұрап, мың жақсылық жасауы керек екен.
Бұны естіген қарға:
– Олардан кешірім сұрап, жақсылық жасағанша қап-қара болып жүре берейін, – дейді кекірейіп.
Осыдан кейін қызыл шар мен періштелер Айымның үйіне қарай ұшыпты.
Терезеден өзінің арманын алып ұшқан шарды көріп қалған Айым:
– Әке, әке, менің шарым келді. Арманым орындалатын болды! – деп анасы жатқан бөлмеге жүгіре жөнеліпті. Анасы сол сәтте көзін ашып:
– Көп ұйықтап кетіппін ғой», – деп, орнынан тұрыпты. Қуаныштан Айым мен әкесі көздеріне жас алыпты. Содан кейін бәрі мәз-мейрам болып, дөңгеленіп билей бастапты.
Арманын орындағаны үшін Айым қызыл шарға алғыс айтыпты. Осының бәрін алыстан көріп отырған Құдірет патшасы қызыл шарға ұшатын қанат тағып беріпті. Содан бері қызыл шар бұрынғыдан да тез ұшатын болыпты.