Адам қарады: 175 | Жарияланды: 2019-07-18 04:37:12

2000 теңге

 

            Е...десеңші осы 2000 тг деген көп пе, әлде аз ба? Соның құнын кім білді екен? Иә, дұрыс айтасыздар, бар болғанда түк те емес, ал жоқ болғанда қол жеткізбес арманыңмен тең.

            Менің бала күннен бірге келе жатқан досым бар. Екеуміздің «достығымыз» қызық! Неге дейсіз бе... кейде мүлде үзіліп қалады да, кейде кездесіп қаламыз. Кейде жай ғана бас изесіп өтеміз де, кейде қауқылдасып жатамыз. Өйткені ондай жағдайлардың барлығы да оның көңіл-күйіне, тура сол уақыттағы қалыптасқан моральды-психологиялық климат пенен объективті, тіптен субъективті себептер мен салдарларға байланысты! Ауа-райының да, әлемдік тартылыс заңының да, әлемдік экономикалық дағдарыстардың да, тіптен нарықтағы конъюктураның да әсері болулары әбден ықтимал. Өйткені, ол менен қарағанда жақсырақ машина мінеді, біраз жиған қоры мен қарны да бар. Әйтеуір, мен сияқты бір жалақыға қадалып жүрмейді. «Үлкендермен» де тығыз байланыста, өз тіршіліктерін ұқсатады. Кейде көңілі түсіп кеткенде қарқылдай күліп, жарқылдай қалады.

            Бірде, сол «досым» телефон шалып, «ертеңіне кешке үйіне қонаққа» шақыра қалғаны. Біраз «үлкендермен» бірге нағыз «үлкеннің» де өзі болатынын ескертіп, дұрыстап келуімізді де» тапсырды. Әйелім екеуміз аяқ-асты әбігерге түстік те қалдық. Әсіресе, оның «құр қол бара алмаймын, ең болмаса біраз ақша тауып бері» де өтіп кетті! Жалақыға дейін әлі біраз күн бар болса, қайдан ылдым-жылдым таба қаларсың?! Оның үстіне, «-Неге шақыра қалды екен» деген сұрақтың да шешімі табыла алмай-ақ қойды.

            Қойшы, сонымен, біршама таныстау (жалақыға дейін қарыз алып жүретінбіз. Қырсық қылғанда, осы жолы өткен айдың біраз қарыздарын төлей алмай, ұяттырақ болып жүргенімізді қарасаңызшы) дүкеншіге бардық. Жалынып-жалпайғандай болып, бәрін осы жолы қалдырмай төлейтінімізді айтып, жағдайды түсіндіріп жатып, әйтеуір 2000 теңгеге келетін қораптағы шоколад, т.б. ұсақ-түйегін алып, әйелімнің көңілін жайлап, қонаққа тарттық. 

            Айтпақшы, мен де аса құр қол емеспін, досыма деп қатқан тілек жазып, жаңа шыққан кітап-жинағымды өзіммен бірге алғанмын. Әйеліме: «Саспа, досым кітабыма көрімдік берсе, сол ақшамен таксимен қайтамыз, құрығанда 2000 теңге береді ғой» деп қоям!

            Келдік. Аса кешікпеппіз. Өңшең ығай-сығайлардың арасына күмп ете қалдық. Біразы таныс. Бәрі де көңілді! Кейбірі ғана (онша таныс еместер), ыңыраныңқырап, көз астымен адам көрмегендей қарайды екен. Статустарына сәйкес болар. Отырмыз. Оны-пұны. Бірақ түк түсінсем бұйырмасын, қонаққа емес, тура бір өндірістік жиналысқа келгендеймін. Бірсарындылау тақырыптар. Бірақ, талдайтын мәселелер саналуан екен: Кім қайда, қашан ауысады; Кімнің үйі евроремонт; Кімнің үйі күрделі жөнделді; Пәтер мәселесі; Кімнің қызы қай елде оқиды; Ана «джип» кімдікі; Жаңа әкім...

            Маған көз салған біреуі жоқ. Айналама қарасам, шкафтың үстінде Мұқағалидың соңғы жинағы жатыр екен (Өздеріңізде білесіздер ғой, шашын артқа қайырып, жағын таянып отырған суретімен шыққан еді. Е жарықтық! Бұның үйінде қайдан жатқанын...), еріксізден соны алып қарадым. Бұрын көзіме түспеген бір ұзақтау өлеңін көз алмай оқып отырғам, байқамай қалыппын, әлгі әскердегідей, бастықтар, комиссия келгенде берілетін команда бар ғой, «Рота смирно!» деген, дәл сол сәттегідей айналадағылардың бәрі атып тұрып, қақшиып қалыпты! Басымды көтерсем, аналардан аса ыңыраныңқыраған біреу, балпаңдай басып, төрге ұзап келе жатыр екен, етегімен қолымдағы кітапты қағып кетіп, жерге ұшырып түсіргені! Көзіміз түйісіп қалды. Менің жақтырмай қарағанымды сезді ме, жөткірініп алды. Басқалардың бәрі енесін көрген қозыдай жамырай жөнелді. Не деген ыстық тілектер десеңші! Тіліміздің байлығын енді түсінгендей болдым. Бір қызығы, бұл келмей тұрғандағы сыздаңқырап, маңғазданып отырғандардың елпектей кеткеніне таң қалдым!

            Әбден жайқасып алған дәу, басқаларға басын сәл ғана изеді де, менің кітапты әлі ұстап тұрғанымды көріп, әңгіме бастады (басқалар қоштап жатыр):

            - Ммм... әдебиетті мен де сүйем! Негізі кітап оқыған дұрыс. Қазіргі жастар кітап оқымайды. Біз кезінде оқушы едік (қандай кітаптар оқығанын сұрай жаздап, тілімді тартып алдым). Бірақ, мына қазіргі сатириктер бәле болды, жақында бір гәзитке көзім түсіп қалғаны, А.А. дегеннің бір әңгімесін оқып, жағамды ұстадым. Безобраз! Неше түрлі болмайтын сұмдықтарды бастықтарға жауыпты келіп...

            Мәссаған! Басқалардың арқасын қалқалай, тығыла бастағанымды өздеріңіз де сезе қойған боларсыздар! Құдай оңдағанда, тамақ келіп, отырыс басталды. Тостар! Ағытылған сөздер. Тілектер! Бар жақсылық өзіне арналған соң, әлгіміз де жадырай бастады, тура сүтке тойған мысықтай керіле отырып, құрғыр неменің тағы да әдебиет туралы сөз бастағаны:

            - вооот, сондай сатириктерді, шіркін, жазалар ма еді! Сболыштардың айтпайтындары жоқ! Ал енді ақындар деген жақсы. Өлең жазады...

            ... Дәп сол кезде үй иесі досымды не түлен түрткенін, сөзге араласа кеткені:

            - Иә... иә, аға! Бәрін де дұрыс айтасыз! Көреген жансыз ғой! Айтқаныңыз не деген керемет сөздер. Ондайларды құрту керек! Иә... иә, ақындар деген жақсы, айтпақшы аға, мына досым да өлең жазады (мені көрсеткені... тфуу...). Жақында кітабы шығыпты...

            - Ммм... солай ма? Жақсы екен. Әй сен, арырақ отыр да (біреуге), (маған қарап) ал Сіз берірек отырыңызшы...

            Қараймын, айналадағылардың маған деген көз қарастары өзгеріп шыға келді! Кітабымды қолдан-қолға алып, мақтай жөнелгендері! Тіптен біреуі «О! Жақсы екен, бауырым, көрімдігің де дайын!» дегені сол-ақ екен, қалғандары да қозғалақтап, қалталарын сипалап, әйелдеріне ымдап, ал олар өз кезектерінде сумочкаларын ақтарып, ел біраз әбігерге түсіп қалды. Оған қарап, ішімнен марқайып мен отырмын. Қанша ақша түсетінін де ойша есептеп қоям. Ээх, көк дөненнен әлдеқайда жүйрік көңіл-ай десеңші!

            ... Мына отырған үлкендердің үлкенінің өзі құйып беріп жатқан соң, қалайша ішпессің, біраз жерге барып та қалдым. Досым келіп құлағыма сыбырлап (бірақ ана дәуге естірте), құттықтап кетті: «- Енді күшті боласың! Тез арада мына ағамызға арнап бір өлең жазып жібер!» дегені. Несі бар, қалам дайын қалтада, мақтау керек екенін түсіндім, столда жатқан салфетканы ала салып бұрқыраттым (сенесіздер ме, бірінші жазған салфеткадан астыңғысына тура бар ғой, «копиркада» қалғандай бәрі де анық түседі екен. Әлі күнге дейін сақтаулы).

Қазақ тілінде жазылған