Абай – Шәкәрім
екі бөлімді драма
Қатысушылар:
Құнанбай
Жас Абай
Бала Шәкәрім
Құдайберді – әкесі
Дәметкен – анасы
Абай – жасы 50-ден асқан шағы
Шәкәрім – жігіт ағасы
Кәкітай – жасы отыздың ортасында
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Қарашоқыдағы Құнанбай қыстауы. Жасы 60-қа тақап қалған Құнекең «Құран Кәрімді» шұқшиып оқып отыр. Түсі жабырқаңқы болғанмен, мақамы анық, үні зор. Үйге жасы 20 шамасындағы Абай келіп кіреді.
Абай. Ассалаумағалейкум, тәте! Армысыз? (Тізесін бүгіп, басын иеді).
Құнанбай. Уағалейкумсалам, бар бол, балам! Келіп қалдың ба? Мен өзіңді тағатсыздана тосып отыр едім, келгенің жөн болды.
Абай. Бұған дейін билікке кім араласып көрген? Бұл өзі еш тыным таптырмайтын іс екен ғой. Сіз ұшы-қиырсыз бір дуанды қалай басқарғансыз? Мен тіпті болыс Ысқақ ініме болысамын деп-ақ қажып қалған секілдімін. (Күледі).
Құнанбай. Е, Абайжан, өмірге адам болып келген соң біреуге басшы, біреуге қосшы болуға тура келеді. Бұйырып тұрса, жазмыштан қашып құтыла алмайсың. Ел ардағы Абылай ханның алдын көрген, мұның сыртында Мамай батыр мен Кеңгірбай биге септесіп, бір тайпа ел тобықтыны шөбі шүйгін, суы бал Шыңғыстауға қайта бастап алып келіп құтты қонысқа қондырған кісінің бірі, керей ер Жәнібектің қарындасын қалыңсыз алған арғы бабаң Ырғызбай да осал болмаған шығар.
Абай. Бабаларым шетінен іргелі жақсы демексіз ғой.
Құнанбай. Ата тегіме неге риза болмайын. Кешегі өткен Кеңгірбай би билікті өз кіндігінен тараған балаларының біріне бермей, оны өз атаң Өскенбайға табыстап кетсе, мұны тағы бекерден бекер дейсің бе! Ел арасында «Ісің ақ болса, Өскенбайға бар» деген сөз тараса, атаң қара қылды қақ жарған әділ би болғаны да.
Абай. Тәте, билікке енді ғана қол артқан бүгінгі жас әкімдерге бұрынғы бас әкім қандай ақыл айтып, оң кеңес берген болар еді?
Құнанбай. Е,қарағым, өзің де шет жағасын білесің, мені елім екі мәрте төніп келген ажал мен айдаудан аман алып қалды. Жас бала кезімде денеме тұтас көк шешек қаптап, бірнеше күн ас-судан қалып, кірпігім қимылдамай өлім аузында жаттым. Киіз үйді айнала қоршап отырып, шалдар кіселерін мойындарына салып, кемпір атаулы күндіктерін жайып, зар еңіреп, құдайдан менің жанымды қалдыруды сұрап, жалбарына тілек тілепті. Құдайдың бір аты – халық деген. Бетімнің шұбарлығы, бір көзімнің кемістігі содан қалған нышан.
Абай. Тәте, бастан құлақ садақа дегенді осындайдан айтқан-ау. Жарық дүниеде сіз болмасаңыз мына біз қайда?! (Жымияды).
Құнанбай. Ат жалын тартып мініп, жастықтың жалынымен арандап қалғаным бар. Жау көрсе жапырып тастардай қанымыз тасып тұратын шақ. Оң жақ кеудемнің тұсынан бойлап кірген көк найза оң жақ жауырынымның астынан бір-ақ шыққанда қаным суша шапшыпты. «А, құдайлап» анталаған ел-жұрт қанымды ішке жібермеу үшін алма-кезек сорып тұрыпты. Есімді жиып, көзімді ашқанда қариялардың кіселерін мойнына салып, Жаратушыдан тілек тілеп, көздерінен жасы сорғалап, жылап тұрғандарын көрдім. Ал жабылған жолсыз жазадан тағы да қайран елдің ақ тілегімен аман қалғанымды нақ білесіңдер...
Абай. Жағалай елдің арқасы екен саулығыңыз. Алақолсыз мырза болуды елден үйрену абзал екен-ай, тәте!
Құнанбай. Абырой болғанда балуандық пен батырлық маған қол болмайтынын ерте түсініп үлгердім. Бұдан кейін Алладан: «Басыма бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша, істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, сол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмасам, екі аяқтының қоры, ең сорлысы қыл!» дедім.
Абай. Япырай, тәте, серттің жолы ауыр емес пе?!
Құнанбай. Сабыр, балам. Әз Тәуке ханның кеңесшісі, иісі қазақтың Ата Заңы «Жеті жарғыға» атсалысқан, билердің биі атанған арғы атаң Әнет баба арап әліпбиімен үш әріпмен тұратын «әкм» сөзіне қалайша түсінік беріп еді? Соны екі реттен қайталасаң, «әйел», «алтын», «кек», «кесір», «мақтан», «мансап» деген сөздер түзіледі. Түбі тұңғиық сол алтауынан сақтан демеді ме, Әнет бабаң. Бұл тыйымға алып қосарым жоқ, Абайжан.
Абай. Тәте, Әнет баба жеті қазынаны түстеп айтқаны бар емес пе?
Құнанбай. Е, қарағым, мені сөйлеткің келіп отыр-ау! Сендер базарға келе жатқан, біз базардан қайтып бара жатқан адамдармыз ғой. Айтқан сөзіміз керегіңе жараса, несіне тарылайын! Бұрынғының кейбір ескі билерінше босқа тақылдап, құрғақ бата бергенше, көргенім мен көңілдегімді, білгенім мен естігенімді қысқаша болса да айта кетейін.
Бабаң жеті қазынаға әйелден бастап, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, алғыр ит жататындығын айтқанда біреу тұрып: «Халқымызда қойныңдағы қатыныңа сенбе, астыңдағы атыңа сенбе, атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса қайтіп құтыларсың» деген сөз бар емес пе, ендеше, әйелді жеті қазынаның бірі деу дұрыс бола қояр ма екен?!» дейді күдік келтіріп.
Абай. Еркек көктен түскен жоқ, ол әйелдің баласы. Қазақтан сөз қалып па еді!
Құнанбай. Әнет баба әйел заты жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі болуға лайық, өйткені дүниедегі бар тіршілік атаулының анасы – әйел. Ананың жаманы жоқ. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол көтеруге де болмайды. Пайғамбарымыздың өзі әйелдерді құрмет тұтқан дейді.
Абай. Осы сөзіңізді бекіте кетпейсіз бе?
Құнанбай. Іздегенге сұраған демекші, менің де айтайын дегенім сол. Арғы-бергі аталарыңа некелеп алған қосақтары, аналарымыз сай болмаса, бірлігіміз бен тірлігіміз осылайша қалыптаспаған болар еді.
Абай. Тәте, шежіре тарқатқыңыз келіп отыр-ау.
Құнанбай. «Үш Олжай» атанған Олжай балалары Қайдос, Айдос, Жандос, үш ұлдан елге басшы болған би, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, небір өнерпаз ұрпақ көп шыққанын ешкім жоққа шығара алмас. Олжай атамыз Әнет бабадан кейінгі исі тобықтының тұтастығын сақтауға үлкен еңбек еткен білікті би, қайың сауған ақтабан шұбырындыда жалпы қазақ баласын отанын қорғауға ұйыстыра білген. Оның ақындығы, әуен шығаратын өнері болған. Тармақтана-тарала өсіп, әрқайсысы бір тайпа елдің басы болып табылатын Ырғызбай, Торғай, Топай, Көтібақ Олжайдың тұңғышы Айдостың ұрпақтары болып табылады.
Абай. (Күліп). Тәте, жадыңызға төрт шумақ орала кетсе керек. Айпара шешеміз айтқан.
Құнанбай. Исі тобықты жұрты анамыз деп ардақтайтын Айпараның төрт ұлына берген бағасын өзің де жатқа білесің! Ырғызбай бабаң керей ер Жәнібектің туған қарындасы Ермекке үйленгенін әлгінде айттым.
Абай. Бауырында еркелеп өскен Зере әжем қандай еді, шіркін!
Құнанбай. Иә, жарықтық анам марқұмға жан жетпейтін. (Жүзі нұрланып, бір сәт ойланып отырып қалады). Мені бір күн дәретсіз, омырауын тазалап жумай, бісмілласын айтпай емізбепті. Сол тазалықты сенің шешең Ұлжаннан талап етті ғой. Сенің азан шақырып қойған атыңа тілі келіңкіремей: «Әлди-әлди, Абайым, атқа тоқым жабайын. Тыста жүрген апасын, қайдан іздеп табайын»,– деп ақыр соңында сені Абай атандырып жіберген сол асыл әжең емес пе! Балаларымның анасы Күңкеге, Ұлжан мен Айғызға, келіндерім Дәметкен мен Ділдаға, бәріне екі дүниеде де алғыстан басқа айтарым жоқ. Бірі үйсін, екіншісі керей, ал үшінші, төртіншілері арғын, найман қыздары. Біздің де қарға тамырлы қазаққа айналғанымыз, соған орай тілекшіміздің де көбейе түсіп келе жатқаны солардың арқасы. Арғы әжелеріміздің ішінде қалмақ қыздары да болған. Соларды қалмақ екен деп, сендер қалмақтан туғансыңдар деп қаны бір бауырларымызды қайтіп сыртқа теппекпіз!
Абай. Тәте, Зере әжемнің сізді «жалғызым» деп үстіңізден құс ұшырмайтыны есіме түсіп отыр.
Құнанбай. Қайран анашым, ұрпағың саған мәңгі қарыздар! Ақ сүтіңді ақтай алдық па екен?! Шүкір деп айтайын, бүгінде ұрпақ, туыс – туған, кұда-жегжаттың арқасында қара орманға айналып келеміз ғой. Анашымның жалғызының осы қуанышының шет жағасын көріп кеткенін көңіліме медет тұтамын.
Мені кейбіреулер қатал, қатыгез, тасжүрек көреді. Көзімнің кемістігін көрген қазақ, көңілімнің дұрыстығына мән бермей ме? Жалғыз жүріп мыңмен алысқанда қатал, қатыгез болмасқа шара қайсы еді! Сол «тасжүрегім» Құдайберді туғанда майдай ерігенін кейбіреулер қайдан білсін! Күңке Құдайбердімен тоқтады, бала көтермеді. Мен жалғыз, менен туған ұл жалғыз болып қалмасын деп алты жылдан соң сенің шешең Ұлжанмен бас құрадым. Одан туған ұлдың атын Тәңірберді қойдым. Ибрагим, Ысқақ, Халиолла, Ысмағұл пайғамбарларымыздың есімдері екенін білесің. Әуелі Аллатағала, сосын Алланың сүйікті құлдары пайғамбарлардан ғана тілек тіледім.
Абай. Тілегіңізді Алла қабыл еткені емес пе, мәуелі бәйтерекке айналып, биліктің шыңына көтеріліп, қарадан шыққан хан атандыңыз, тәте.
Құнанбай. Е, балам, үстіңе жаңадан киген шыт көйлектің де желігі болады дейді қазекем. Сондықтан қызмет үстінде қанша әділ болуға тырысқанмен, бәрібір көптің көңілін таба алмайсың. Ондай болса өзің жадағайланасың. Ендеше билік құрып тұрған шақта жұмсақ болдым, ешкімді де ренжітпедім деп айта алмаспын.
Екі нәрсені қанағат тұтамын. Ағасұлтандық қызмет аяғында дуан орталығы Қарқаралыда мешіт салғызып үлгердім. Шыңғыстауда, Ескітам деп аталатын жерден медресе-мектеп аштым...
Абай. Бердіқожа аға бастаған қожа тұқымына Шыңғыстауға қоныс бөліп бергеніңіз көрегендік болды.
Құнанбай. Сыбан Ақтайлақ биге зор алғыс. Түркістан жағынан қожа нәсілінің бір шоғырын Аякөз өңіріне алып келген сол жарықтық, иманды болғыр Ақтайлақ би еді ғой. Түп көкейін билеген ел қамы болатын, жаңа низамда өз еркінен айрылып бара жатқан елде мұсылманшылықты орнықтырып, иманға ұйыту болатын. Шоқыншылықтан дінмұсылман қандай қорған боларын мен де анық ұқтым. Қостанай оязында Ыбырай деген қазақ орыстың ғылым-біліміне жақын мектеп ашқан көрінеді. Әуелде балаларының сауатын ауыл молдасына ашқызып, сонан соң баласы Шоқанды орысша оқытқызған Шыңғыс төренің талабы теріс емес-ау! Жазмыштан озмыш жоқ, ажалға араша жоқ, жақсыны жер қоймайды деуші еді, Шыңғыс төренің сол асып туған ұлы жастай мерт болыпты!
Абай. Тәте, Шоқан мырзаны алдыңғы жылы Семейдегі Тінібай құдамыздың үйінде Қашқар сапарына аттанып бара жатқанда көрген едім-ау! Іші де, сырты да келісті азамат екен, әттең, қазақтың маңдайына сыймады ғой.
Құнанбай. Алланың жазуына не шара! Бұл қаза бәрімізге де, тас түскен жеріне ауыр, әкесі Шыңғыс төреге оңай тиіп тұр деймісің! Біресе ғылым-білім арқылы, біресе билік арқылы ел тәрбиелеуді мақсұт тұтқан Шоқан сынды жас азаматтың арман, мұратын қараңғы халқының ұғып үлгермей қалғаны өкінішті-ақ!
Абай. Шоқанның өксікті өмірі емес, таудай зор талабын кейінгі Халиоллаларға берсін дейміз!
Құнанбай. Cол шақта жас болсаң да, Халиолланы орысша оқыту керек деп табандап отырып алған өзің болатынсың, Абайжан. Бірақ, шыныңды айтшы, өзің маған ренішті емессің бе?
Абай. О не дегеніңіз, тәте? Бұған себепті көріп тұрған жоқпын ғой.
Құнанбай. Сен он жасыңнан Ескітамдағы медреседе Ғабитхан молдадан сауатыңды аша бастағаның есіңде болар. Арада екі жыл өткен соң ұстазың маған арзу айтып: «Бұл бек матур бала, дана бала, оны қаладағы ғалым хазіреттер оқытатын медресеге беруге керек!» деп тепсініп отырып алды емес пе! Ақыры солай болды. Семейде, Ахмет Риза мектебінде үш жыл оқыдың. Одан кейін маған айтпастан 4-5 ай Приход шкөл дегенге түсіп, орысша оқыдың. Мен сені кері шақырып алғаным сондықтан. Мен бұл шешімге сен орысша оқи бастаған соң бармағанымды түсінгін. Жасым жер ортасына келді. Маған жәрдемші керек болды. Қос ағаңа, Құдайберді мен Тәңірбердіге сенімім аз болды. Үлкен ұл туғаннан иі жұмсақ, ақкөңіл, ақкөйлек, кісіге сенгіш, әрі денсаулығы дімкәстау болса, екінші ұл әсіре пысық, жасынан тек өз бас пайдасын ойлап тұрады. Әкелік таңдауым мына саған түсті. Бірақ кейде осыным бекер болды-ау, білім-ғылымға құлшынысына қолдан тұсау жасадым ба деп өзімді-өзім қажайтыным шындық.
Абай. Тәте, менің сізге тырнақтай өкпе-ренішім жоқ. Үш жарым жыл қалада ширап, сол уақыт ішінде ойыма жиған-тергенімді бойыма құт деймін. Қайта қатып, семіп кетпей тұрғанда жасымнан қасыңызда болып, өмірдің мән-мағынасын түсініп өстім емес пе! Осының өзін бір ғибратлы мектеп деп білемін. Ендігі қалғаны өзіме байланысты.
Құнанбай. Жақсы сөз – жарым ырыс. Жабырқаңқы көңілімді көтеріп-ақ тастадың ғой. Сондықтан сірә тілімнің тиегі ағытылып кеткен секілді. (Күледі). Бұл қапалы көңілімді сергіткенің ғой. Ағаң Құдайбердінің жайы болмай тұр. Бір жағы маған сәлем бере келсең, әрі бір туған бауырдың көңілін сұрай келгеніңді мен сезбейді дейсің бе, қарағым? (Осы кезде үйге бала Шәкәрім келіп кіреді).
Шәкәрім. Ассалаумағалейкум, кіші аға! Келіп қалдыңыз ба, біз сізді сағындық қой. Жеңешем сізге барып сәлем бер деді. Ол кісі айтпаса да, өзім де сізге келіп сәлем берейін деп отыр едім. Тек атам мен екеуіңіздің сөзіңізді бөлмейін дегем.
Құнанбай. О, құлыншақ, ақылыңнан айналдым. Енді кіші ағаңды үлкен ағаңа ертіп апар. Ол да інісін асыға тосып отырған болар. Ал Керім, ағаңды кіші үйге ертіп бар. (Абай мен Шәкәрім шығып кетеді). Иә, Жаратушы Ием, құлындарымды көздің сұғынан сақтап, бір өзің жар бола гөр! (Бетін сипайды, Абайдың «Сегізаяқ» әні шырқалады).
Екінші көрініс
Құдайбердінің үйі. Жасы әлі 40-қа да іліне қоймағанмен сақалы өсіп, көзі шүңірейіңкіреп кеткен үй иесі төсекте жатқан қалпы інісі Абаймен әңгімелесіп отыр, ауық-ауық жөтеліп қояды.
Құдайберді. Абайжан, сағындырып қыстай келмей кетіп едің, қыстақты тауып келе алдың ба, әйтеуір? (Қыстығып күлген болады, Абайдың қолын қысып, өзінің жүрегіне басады).
Абай. Елдің бәрі ертеден, оның ішінде мен де бармын, Бәке деп кеттік қой өзіңізді, Бәке, не десеңіз де, сөзіңіз орынды. Ақталғаным емес, жұмысбасты болып кеткеніміз рас. Болыс болмақ түгілі, болысқа ақылшы болғанның өзі қиын екен. Ысқақ ширасын деп құлағымыз жарғаққа тимей зыр жүгіріп жүрген жайымыз бар. Соның бәрі Тәтемізге көлеңке түспесін дегендіктен.
Құдайберді. Рас қой енді. Баяғыда Тәтем болыс болуды ең алдымен маған ұсынғанда жалғызілікті екенімді, келін екеуміз де аурушаңдығымызды, балалардың жас екендігін айтып, бұл ұсыныстан сытылып шыға берген едім. Сондағы сылтауларым рас болғанмен, түп қазығында өзіме жүктелген жауапкершілік үддесінен шыға алмай, әкемді жерге қаратамын ба деген күдік буды. Ал бұған Тәңірберді інім еш ойланып жатпастан келіскен. Оның арты не болғанын өзің де білесің. Ысқақ екеуіңнің сол ескі жараның аузын жазуға тырысып бағып жатқандарыңды мен сезбейді дейсің бе?
Абай. Болыстық босқа селтек ететін ойын емес, бұл дүниенің күрмеуі көп-ау.
Құдайберді. Сен де болыс болудан өз еркіңмен бас тартқаныңда, «Ақылыңнан айналдым» деп сүйсінгенімді несіне жасырайын! Батыр, балуан, би, бағылан болған да дұрыс шығар. Ал қалың еліңнің темірқазығына айналып, болашаққа жол сілтер сұңғыла ақын яки дана болғанға не жетсін! Мен сені сондай биіктен көргім келеді, Абайжан!
Абай. Бәке аға, тәтем біздерді – Тәңірберді, мені, Ысқақты бір күні үйлендіріп, жеке отау етіп шығарғаны есіме оралды(күледі). Әкенің айтқаны заң, айтты, бітті, әміріне кім қарсы келеді. Әкеміз бас-басымызға алдымызға мал салып беріп, енші бөліп беріп, сенің қыстағың анау дегенде Ысқақ екеуіміз үндемей келісе бергенбіз. Мені қойшы, бәрінен Ысқаққа обал болды. Оның жасы он төртте еді.
Қызық болғанда, үйленіп, өз алдына отау болғанына қуанып, құнжың қаққан Тәңірберді сабазың қыстау жайы туралы сөз шыққанда жарылып кете жаздамады ма! Оған керегі малға жайлы Шыңғыстың іші екен. Ал Шыңғыстың ішін бізден бұрын шаңырақ көтерген сіз жайлап отырған едіңіз. Сонда Тәңірберді ұялмай, қызармай: «Шешеміз күң, өзіміз құл болмақпыз ба?!» дегенін қайтерсіз?!
Құдайберді. Абайжан-ай, бір биеден ала да туады, құла да туады деген, бір құрсақтан шыққан Тәңірберді үшін сен қысылма. О бастан арды ойлаған саған ешкімнің де, соның ішінде менің де еш өкпе, ренішім жоқ, бауырым. Тәңірберді жасынан мал өрісін ойластырып бақса, сен жан өрісін алға қоя білдің. Соныңа қалай риза болмаспыз!
Халиолланы сыртта оқытуды шешкен де, соған тәтемізді көндірген де өзіңсің. Ол да бір жөн шаруа болды. Ендігісі оның өзіне байланысты. Бұл бауырымызға анау Шыңғыс төренің Шоқанындай жарқырап шығуына мүмкіншілік туып тұр ғой. Оның үстіне Халиолланың ең алғаш гармонь мен скрипканы алып келіп, мұндағы қалың елді қызық думанға бөлегенін қайтіп ұмытармыз! Құдай қабілет берген мұндай бауырға Шоқанның ажалға ерте ұрынған өмірін емес, атадан асып туған айшықты жолын берсін деп тілейік. Бауырыңның ешқайсысын алаламайтын өзіңе де сондай тілек, Абайжан.
Абай. Халиолланы оқу, білім сапарына аттандырған өзің болатынсың деп жатырсыз ғой. Сөйткен бауырым жер түбіндегі Омбы, Мәскеуден маған аса қажетті кітаптарды жіберіп, енді менің білім, ғылым жағынан толысуыма жәрдемші болып келеді. Тіпті, солардың ішінде орысша-татарша сөздіктерге дейін бар. Ал бұл заманда тіл білмесең, қайтіп алысқа ұзап барарсың! Дүниенің алтын кілті әлімсақтан таза білімде болып тұрғанын қазақ елім тасқа таңба басқандай түйсінер де қабылдар күн туса деймін.
Құдайберді. Абайжан, мені Дәметкен жеңгеңді мақтап кетті деп күліп жүрме, оның балаларға көне шағатай, араб, түрік тілдерін талмай үйретіп жатқанына алғыстымын.
Абай. Бәке, шындығында біздің, бізден кейінгі ұрпақтың жақсы болуы ең алдымен тура мінезді, бір сөзді асыл әкеміздің, одан кейінгі жерде ақпейіл аналарымыздың, Дәметкен сияқты көргенді жерден шыққан жеңгелеріміздің арқасы, бізге көрсеткен ізгі үлгісі емес пе! Үлкен шешем Күңкенің пейілі кең болмаса, осыған дейін Қарашоқыға қайтіп жиі келе берген болар ма едім. Ал өз шешем Ұлжан мен кіші шешем Айғыздың тату-тәтті берекелі бірлігін дүйім ел біледі. Сондықтары емес пе, жасымнан екі үйдің арасында Телғара атанып өскенім.
Шіркін, құндыздай құлпырған Шыңғыстау, күркіреп аққан Қарашоқы, қалың құрағы ұйысқан Қарауыл бойы... қыран бүркітімді көкке самғатқан, жастық көңілімді шалқытқан кіндік қаным тамған туған жерім екен ғой... (Абай көзі мөлдіреп, жүзі балбұл жанып, алысқа қарап тұрып қалады, соны қапысыз аңғарған ағасы болса жөткерініп алып, інісінің ойын басқа жаққа аударып жібереді).
Құдайберді. Жасы келген соң ба, әлде менің көңілімді аулағаны ма, соңғы кезде тәтем әңгімешіл болып алды. Балуандығымен Абылай ханның ризашылығына бөленген Ырғызбай атасына еліктеп, жасында белдесе кетуден қашпағанын айтқан. Сонсоң қолына найза алып батыр болуды да мақсат тұтқан секілді ғой. Сыбанның атақты биі, қайынатасы Ағанастың әйгілі торшолақ тұлпарын қалап сұрайтыны да сондықтан екен. Сонда аңғарымпаз нағашы атам күйеу баласы бір пәлеге арандап қала ма деп бастапқыда тілегін қабыл алмапты. Ал әкем өкпелеп кетіп бара жатқанда кері шақыртып алып, тілегін орындайды. Күйеу баласына қызын қиып беріп тұрғанда, іші боқ, сырты түк бір жылқыны несіне аясын! (Күледі). Нағашы атам Ағанастың ойлаған қаупі айнымай келіп, тәтем бір ажалдан қалады ғой. Содан кейін әкем елді білектің күшімен емес, ақыл, ұтымды айла-тәсілдің күшімен басқарғанды жөн көрген білем!
Абай. Сырт көзге сіз екеуіміз әкемізді кезектесіп мақтап жатқан сияқты көрінерміз. Шындығында әкемізбен мақтанып отыр емеспіз бе? Кенесары ханды төніп тұрған қатерден ебін тауып құтқарып жіберетінін қалай мақтасаң да сыйымды. Битке өкпелеп тонын отқа жақпай, екі жақты саясат ұстана білгендігі кешегі Абылай ханның ұстанған бағыты емес пе!
Құдайберді. Абайжан, сен бізге қарағанда ескілікті әңгімеге құмарсың. Оның үстіне ел ішіне де жиі шығып тұрасың. Балуандық пен батырлықтан өз еркімен бас тартқаннан кейінгі жерде әкеміз қалайша мырза атанғанын айтып, дерт меңдеген көңілімді тағы бір серпілтші!
Абай. Менің естуімше Өскенбай атамыз билікке қол жеткізіп жиын, сиезде жүргенде оны іздеп келген адамдардың дауларын тәтеміз тыңдап, әділ билігін айтып, екі жақты да риза етіп жіберетін көрінеді. Сонда ол ешкімнің атақ, дәрежесіне, жуан болмаса төмендігіне қарамайды екен. Сол шақта өзіне де көп мал біте қоймағанмен, мінуге жарайтын аттарын жарлы-жақыбайларға май ғып беретін болған. Кешегі шапқыншылықтан кейін Шыңғыстауға енді келіп орнығып жатқан Өскенбай биде небәрі отыз шақты жылқы болыпты. Соның жартысына жуығын ұлына енші ғып бөліп берген ғой. Ас-судан, киімнен тарыққандарға қол ұшын беру де тәтеміздің жасынан әдетіне айналыпты. Содан әділ мырза атаныпты. Мұның сыртында қиыншылықты көріңкіреп қалған Әнет баба ұрпақтарына, бір тайпа елге қаншалықты қамқор болғанын өзіңіз де білесіз.
Құдайберді. Ал енді тәтеміздің сол шақта аса биік мансап болып табылатын аға сұлтандыққа қалайша қол жеткізгенін естіп жүрсек те, соның мәнісін өзің ұғындыршы.
Абай. Қазақты кейінгі неше ғасырдан бері төрелер билегені тарихтан белгілі. Соның өзі дұрыс болды ма деймін. Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды, бас-басымыз би болуға ұмтылмадық. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтарының бәрі дерлік қазақ халқына мінсіз қызмет етті. Әрине, билік көздің құрты, сол үшін олардың өзара қырғиқабақ болып, әкесі баласын яки баласы әкесін құрбандыққа шалып жіберген кездері де болмай қалмаған. Мұндай өзара алауыздық ормандай орысқа бодан болғаннан кейінгі жерде тіптен асқына түскен. Ал мұндай жағдайда ел бірлігін қайтіп сақтамақ керек? Халқымыздың басын қайта біріктіру мақсатымен қазақтың соңғы ханы Кенесары арыстандай арпалысқанмен, қолынан ел билігі сусып кетіп бара жатты. Сондықтан кешегі өткен ер Абылай саясатын басқаша жалғастыру қажет болды. Соған орай қазанының емес, қазағының қамын жейтін, халық үшін басын өлімге қаймықпай тігетін ерлер қажет болды. Оған лайықты жанға, мейлі, ол кім болса да алдына тосқауыл қоймайық деген ұранды көтерген біздің әкеміз еді. Ақыры айналып келгенде таңдау өзіне түсті. Сөйтіп, Аллам сұрағанын берді. Ал ол болса Алла алдындағы антына адал бола білді. Басқа да қарадан шығып хан болғандар бар да шығар. Сол саусақпен санарлық адамның бірі біздің әкеміз. Ешқандай құпиясы жоқ таза шындық осы!
Құдайберді. Алланың ризашылығы шығар, тәтеміздің биліктен кетер тұста қамығып жатып қалмай, қайта қарманып, талпынып мешіт, медресе ашқызғаны. Сондығымен-ақ оның есімі ел есінде қалатындығына еш шүбәм жоқ. Енді бір аңғарғаным сол, тәтеміздің ендігі жерде ел ісіне араласқысы жоқ секілді. Көбіне Құранды парақтап отырғанын көремін.
Абай. Тәтеміздің ең алдымен бір Алланы хақ деп білетінін жасымнан көріп өстім. Алла іліміне де жетіктігін байқап келемін. Кезіндегі оқуы қанша шалалау болды дегенмен, тоқуы мықты. Соның айғағындай, діни көп мәселелерде аяқ шалдырмайтыны және шындық. Сондықтан алдағы темірқазығымызға амандық тілейік!
Сізге де сондай тілек, Бәке аға! Тіпә, тілім тасқа, өңіңіз бұрынғыдан жаман емес тәрізді. Алла науқасыңызға шипа берсін!
Құдайберді. Өз жайым өзіме белгілі ғой, Абайжан. (Бір сәт тұнжырап отырып қалады). Сыртым сау болғанмен, ішім бірде мұз, бірде шоқ... Артымда қалып бара жатқан жеті жетімегім адам бола ма... қайдан білейін.
Абай. Қарыздары мен болармын, жан аға! Бауырларым қолымнан келгенше, әл-шамамның жеткенінше қойным мен мойнымнан тыс қалмас, өсірермін ... жеткізіп бағармын. (Көзіне жас алады).
Құдайберді. Сен жылама, қарағым... ендігі жерде менің ұрпақтарымның ғана емес, жалпы әулеттің, бір тайпа елдің қарыз бен парызы бір сенің мойныңда! Сондықтан сен бекем бол!
Баяғыда, бәріміздің бала кезімізде тәтемнің сен туралы «Не шықса да осы шұнаққарадан шығады» дегені есімде қалып қойыпты. (Тағы бір сәт үндемей отырып қалады). Ата-ана үшін әр баланың өз орны болады десек те, әркімнің өзінің үміт еткен перзенті болады ғой. Сондықтан мен үшін мына жеті ұлдың ішінен ойы сергек, жүрегі нәзік Керімімнің, Шәкәрімнің жөні бөлек. Мұның атын «Шаһ – Кәрім» деп тәтемнің өзі қойған еді. Шаһы түсінікті ғой. Ал арабша кәрім деген сөз мәрт, жомарт, қайрымды, ізетті деген ұғымдарды білдіреді екен. Атына заты сай болып өссе екен деймін. Шүкіршілік, әзірге солай да секілді. Мұны да, басқасын да бірінші кезекте Аллаға, содан кейінде тәтем мен өзіңе, Дәметкен жеңгеңе аманат етемін. (Осы кезде есік ашылып, үйге Шәкәрім кіреді).
Абай. Кімді айтсаң, сол келеді деген... Керім, сен өзің де сезімтал жігіт боларсың, тегі!
Шәкәрім. Пейіліңізге рахмет, кіші әке! Бірақ мен әзірге атамның құлынымын. Сонсоң өскенде жігіт болсам деймін.
Абай. Ал жігіт атанғанша немен айналыспақ ойың бар? Батырлық пен балуандықтың қайсын таңдаған болар едің?
Шәкәрім. Батыр, балуан болған да жақсы ғой. Ал мен сіз және Халиолла көкем секілді көп оқып, көп тоқысам деймін. Осыным дұрыс па, кіші әке! (Құдайберді мен Абай жарыса күледі).
Абай. Міне, жігіт, әрине дұрыс! Талабыңа нұр жаусын! (Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» әні орындалады).
Үшінші көрініс
Қарашоқыдағы Құдайберді үйі. Дастархан басында Абай мен Дәметкен жеңгесі әңгімелесіп отыр.
Абай. Ағамның көңілін сұрай соңғы бір келгенімде өңі жүдеу болғанмен, сөзі ширақтау көрініп еді. Бой жасап жатқан екен-ау, жарықтық. Міне, қырқы да өте шықты. Оған да халық көп жиналды. Әсіресе, дүниеден өткенде «ой-бауымдап» ат қойып, андыздап келген ағайында есеп болған жоқ. Соның бәрі елге сыйымды да жұғымды болғанын айғақтап жатты. Жалғыздың жалғызы атанғанымен Бәкем басбұзар тентек болған емес. Керісінше жан біткеннің бәрінің көңілін табуға тырысып бағушы еді-ау!
Дәметкен. Пәлен жыл бірге өткен өмірімізде отағасының біреумен ерегесіп жауласып, дауласқанын, болмаса дүние деген қызыл түлкінің соңынан тазы болып қуып босқа арамтер болып қалжырағанын көрмеппін. Ал өз орнымен келіп тұрған биліктен өзі бас тартқанын өзің де білесің, жақсы қайным. Сондағысы біреудің ала жібін аттамайын дегені де... Аллаға да жақсы адам керек дейді ғой, енді қайтейік... (Көзін орамалмен сүртіп жылайды).
Абай. Жақсы қайным дей отырып, ағамыздың да жақсы қасиеттерін айтып жатырсың-ау, жеңеше. Осы орайда мен де қарыздар болып қалмайын (Күледі). Көп айтса көндік демей, әділіне жүгінсек, екі жақсының басы қосылмайды емес, қосылады екен. Соны сіздерден көрдік. Тегінде тәтеміз арғын Алдабергеннің адалдығына қызыққан. Болмаса құдамыз бай емес, орта дәулетті адам екен. Құдамыздың да алыстан ойлайтын тереңдігі сол, біздің әкейге екі шарт қойыпты. Яғни, ауыл арасы шалғай, соған байланысты қуаныш, реніште дер кезінде хабарласа алмай жатсақ, бір-бірімізге өкпе артып, режіспейік депті. Құдасының бұл тілегін біздің әкей де құп көріп қабыл алыпты. Осы рас сөз ғой, жеңеше?
Дәметкен. Рас, рас...
Абай. Осылай бір мойындатып алсам, қалған сөзімді де теріске шығара қоймассыз. Сіздің жасыңыздан арабша, түрікше көп оқып, білімге жетік болғаныңызды, мұның сыртында кесте тігіп, ою оя білетін, киім пішетін қол өнерге бейім, тіпті онымен шектелмей темірден түйін түйе білетін ұсталығыңыз да бізге ертеден естіліп қалып жататын. Бірақ Алдаберген құда сіз ұзатылып бара жатқанда «Енді ол жаққа барған соң ұсталықты таста, әйел затына қолайсыз, ұнаспайтын өнер» деп айтқаны, ол да рас қой?
Дәметкен. Әй, жақсы қайным-ай, өткеннің бәрін еске салып жатырсың-ау! Әкем мені ғана емес, бауырларымның бәрін оқытып, шоқытты. Олар да қолөнерге үйір болатын, одан да бұрын өз жандарынан өлең шығарып, домбыра, скрипкада ойнайтындығы, орысшаға жүйріктігі және шындық.
Абай. Ал Бәкемнің атынан оның құрдастарына: «Бір жолдасым Барағым, / Тақыстау туған қарағым. / Бол-болшыға зорлаған, / Көптен жолдас манабым! / Бір жолдасым Жасаубай, /Тақтайлап жиған жасаудай. / Шырт-шырт еткен мінезің, / Жаңа үйреткен асаудай» деп өлең шығарған кім екен?
Дәметкен. Бәрін де естіп біліп алған екенсің, жақсы қайным. Бірақ таздан тарақ қалғалы қашан демекші, өлеңді де, ұсталықты да қойып кеттік қой. Рас, ұсталықты ағаңның жолдасы Сағындық деген кісіге үйреткенім бар.
Абай. Енді тұла бойы тұңғышың атанған Әмір туралы әңгімені өз аузыңнан естісек деймін. Ескірген әңгіме ғой, сондықтан бұл өтінішіміздің еш айып-шамы болса қоймас?
Дәметкен. Қап түбінде жатпайтын алмас кездік тәрізді шындық та түптің түбі айтылмай қалмайды. Жуан атаға келін болып түсіп менің де, менің барлық туыстарымның да мәртебесі бір көтеріліп-ақ қалып еді. Бірақ сол жуан атаның ақ босағасын ақ ниетпен аттағаныма үш-төрт жыл өткенмен, бала көтермедім. Сол шақтағы менің халімді сұрамай-ақ қой, шырағым. Әйтеуір, бұл тығырықтан барлығын ойластырып жүретін кемел ойлы атамның өзі алып шықты ғой. «Құдайберді бір анадан жалғыз еді, келін қалқам ренжімесе, ұлыма тағы бір әйел әперсем қайтеді» депті. Біреу сенер, біреу сенбес, өз басым бұл аталы сөзге қуанып кеттім.
Абай. Шындығында қуанып кеттіңіз бе? (күледі)
Дәметкен. Кешегі күні жарты патша болған адамның өзі келінінен рұқсат сұрап отырса, қалайша тебіренбессің! Ал атам менен рұқсат сұрамаса да, ренжімес едім. Өзі де бір атадан жалғыз болған атамның жалқы ұлын қуанышқа кенелте алмай келгеніме өзіме назалы едім.
Содан атам ұлына мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайды айттырып алып берді. Екеуіміз алғашқы беттен апалы-сіңілілі сияқты болып кеттік. Ботантай жыл өтпей жатып аяғы ауырлап, ай-күні тақаған беттен, құдай кешірсін, мен де елге көз ғып, көйлегімнің астына кішігірім жастық тығып алып, шермиіп шыға келдім. Ал Ботантайды ауырып қалды деп жеке үйге жасырып қойдық. Солайша өмірге келген Әмір менің тұңғышым болып санға ілігіп, санатқа қосылды. Артынша өзім де Омарды, соңынан Нұртаза, Шаһмардан, Шәкәрімді өмірге әкелдім. Ботантай күнім де алтын асықтай ұлдарын өмірге әкеп жатты. Атамыздың да, отағасының да әр нәресте өмірге келген сайынғы қуанышын көрсеңіз ғой... байлық та, барлық та, билік те жақсы шығар, бірақ ұрпақ қуанышынан асқан бұл дүниеде не бар дейсіз!
Абай. Мен білгенде сіздің азан шақырып қойған атыңыз Төлебике секілді еді ғой... Қалайша Дәметкен болып шыға келгенсіз өзі? (Тағы да жымиып күліп қояды).
Дәметкен. Атамыз биік мансапқа қол жеткізбей-ақ тұрып мырза атанғанын ешкім жоққа шығара алмас. Мырзалықтың жөні ешкімді қайыр-шапағатынан тыс қалдырмауда деп білемін. Сөйткен атам туысқа да, соның ішінде әсіресе, Әнет баба ұрпақтарына ерекше бауырмалдық танытып, бізден де соны талап ететін. Бұған кезінде баба ұрпақтарының басшысыз қалғандығы, соның салдарынан әл-ауқаттарының төмен болғандығы себеп болды ма деймін. Атам оларды «Бұлар менің іш көйлегім, шын тілектес адамдарым» деп жақсы қоныс беріп, көзінен таса етпегені өз алдына, ұлы Құдайбердіге: «Сен осыларға басшы боласың, ренжітпейсің, бұларды мен өлген соң ренжітсең, менің аруағым күңіренеді» деп қатты тапсырған...
Абай. Ұлының жасынан аурушаң екендігін білетін атаңыз «Ұлым саған айтам, келінім сен тыңданың» кебін келтірген ғой...
Дәметкен. Міне, түйін қайда жатыр! Расында ағаң маған қатты сенетін. Мен де оны жерге қаратпай, бізді паналаған әнет, қарабатырлардың нашар, жетім-жесірлеріне шамам келгенше қарайласып бақтым. Қи оярда, соғым соярда, басқа да қауырт шаруаларда қолқабыс болған әлгі ағайындарға қап-қап ет, одан да тыс керек-жарақтарын арқалатып жіберетінмін. Қайсы келсе де, бірдеңе дәметіп келеді ғой. Мен де олардың сұрағанын бермей, тарынған емеспін. Солайша мені Дәметкен атандырған осы ардақты ағайын! Соның өзінде ағаң бірде маған жайлап қана ескерту жасаған. Ағаңның мылтық атып, құс алып, аң аулағанын өзің де білесің, Қарашоқыда қона жатып бұған өзің де бой ұрғансың. Содан бірде отағасы кезекті саятшылық сапарынан кері оралып келе жатса, өзенді өрлеп, қап-қап жас ет арқалаған он шақты әйел-еркек қарсы жолығады. Бұл оларға амандасып өте шығады. Сонсоң үйге келген соң маған: «Дәметкен, сен олардың еңбегін өтеуде менен өттің. Бірақ енді сен бұлай етпе. Олар үшін артық соғым сойғыз, енді оларға керек, қажеттерін жаяу арқалатпайық. Өзіміздің көзіміз тірі тұрғанда оларды бір нәрсеге мұқтаж етпелік»,– деді.
Абай. Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды деген де, берген жомарт емес, алған жомарт деген де сөз бар. Біздің ағайын өзіңізге ат қойып, ат мінгізгеннен артық сый жасаған екен-ау! Бұра сөйлеген күлгенге жақсы дегенмен, бұл менің жүрекжарды шын сөзім. Соның бәрі жақсы, әйтсе де, бірінші кезекте ағаның артында қалған ұрпақтарының жайын өзіңізбен ақылдасайын деп едім...
Дәметкен. Міне, менің де өзіңнен күткенім осы сөз. Ағаңның артында қалған дәулеті бізді ашықтырып, тарықтыра қоймас. Тек мына Керім... (Кемсеңдеп жылайды) жасы жетіден аспай жатып...
Абай. Оу, жеңеше, ол жасы жетіден аспай жатып не бүлдіріп қойыпты?
Дәметкен. Өлең жазады, өлең... Не бүлдірді дейсің, жасынан өлең жазғаны бүлінгені емес пе!
Абай. Өлең дейді...Ағылып сөйлейтін арғы-бергі билер мен шешендердің, оның ішінде сіздің атаңыз да бар, бәрі ақын. Мен де ақын бола алмай жүр емеспін бе? Ал өзіңіз ше, өлең жазбап па едіңіз, тек қойып кеткеніңіз болмаса...
Дәметкен. Жоға деймін, жасы жетпей жатып, әкесін жоқтап зарлағаны қай сасқаны... әзірге атасы аман-есен тұрғанда, сен барда, мен барда оны жетімсірете қоймаспыз...(Тағы кемсеңдеп жылайды).
Абай. Міне, дұрыс сөз осы! Анада ағаммен бақұлдасып қалғанымда «Артыңыздағы ұрпақтарыңыз қойным мен мойнымда, қарыздары мен болармын» дегенмін. Сол сөзім сөз, сол уәдем уәде!
Дәметкен. Бәрі дұрыс қой... тек алдағы уақытта өлең жазғанын қойса болғаны.
Абай. Алдымен сол өлеңін тыңдайықшы, сонсоң төрелігін айта жатармыз. Батыр қайда екен, шақырып алып сөйлесейікші өзімен бір! (Сол сәт есік ашылып, Шәкәрім үйге кіріп келеді). Міне, өзі де келді. Керім, сен тегінде сезімтал жігітсің, іздеген кезде қасымыздан табыла кететінің жақсы қасиет. (Абай Керімді бауырына басады).
Керім, сен өз жаныңнан өлең шығарады екенсің ғой. Бұл өлең не яки кім туралы және оны неге байланысты шығарған едің? Соны маған жайлап айтып берші, құлыным!
Шәкәрім. Мен әкемді керемет сағынамын... бірақ неге екенін білмеймін, мен екі шешем, басқа бауырларым сияқты оны сағынғанда жылай алмаймын. Соған ызаланып бірде өз бетімен кетіп бара жатқан жұлдызқұртты езіп өлтіріп тастадым. Осы қылығыма өзім де өкінемін. Айтыңызшы, кіші әке, менің осы қылығым дұрыс емес қой?
Абай. Ақылыңнан айналдым, Керім! Бұл қылығыңның дұрыс емес екендігін өзің де біліп түрсың ғой. Сондықтан мен сені толық қолдаймын. Өз кінәңді түсіне білгенің де жігіттік! Ал енді сол өлеңіңді тыңдалықшы!
Шәкәрім. Ол өзі былай басталады... былай. «Өлтірдің, не таптың сен онан пайда, Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда. Өлімнің қандайлығын көзің көрді, Кешегі тірі жүрген әкең қайда? Менің де жетім қалды балаларым, Олар да жылайды іздеп аналарын. Өзің жетім, жетімді аясаңшы, Жоқ екен басыңда ми, саналарың...». (Қыстығып жылап жібереді, бойын тез жинап ала қояды). Мен өзім жылай білмеуші едім, мұным дұрыс болмады ғой, кіші әке!
Абай. Жоқ, дұрыс болды. Бірақ енді ешқашан жылама! Өйткені, жылауық ақын кімге керек!
Шәкәрім. Жыламаймын... енді жыламаймын деп сізге сөз беремін.
Абай. Бұған да келістік. Өлең шығаратыныңды білдік, ал бұдан басқа қандай өнерің бар, жасырмай айта ғой?
Шәкәрім. Кездік соққым келген, бірақ ол қолымнан келмей жүр. Соққан кездігімнің жүзі жарылып кете береді.
Абай. Оу, жеңеше, бұл қалай болғаны? Өнерді үйрен, үйрен де жирен деген. Керімге бұл өнердің сырын үйретпейсіз бе?
Дәметкен. Оның соншалықты құпия сыры жоқ. Жақсы қайным, мұның сырын Керімге өзіңнің көзіңше айтайын. Керім кездігін өте қыздырып және жұқа жүз жағына қарай суаратын секілді ғой. Негізінде кездік қалың сыртынан, аса қатты қыздырылмай суарылғанда жүзі жарылмай шығады. Міне, кездік соғудың бар құпиясы осы!
Абай. Дұрыс-ақ! Керімнің кездігінің жүзі майрылмай суарылуы сізге серт, өлеңінің өршіл болуы маған серт! (Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанда» әні орындалады).
Екінші бөлім
Төртінші көрініс
Абайдың киіз үйі. Дөңгелек үстел басында Абай мен Шәкәрім қымыз ішіп, асықпай сырласып әңгімелесіп отыр.
Абай. Керім, үлкендер қартая бастағаныңды соңыңнан ергендерге қарап білесің деп отырушы еді. Менің білуімше, сен де қырықтың қырқасына шығып қалдың-ау осы!
Шәкәрім. Солай, Абай аға. Уақыт деген алақанға салған құм секілді сусып тұрмайды екен ғой. Көбіне қырық жасқа дейінгі уақытым босқа өткен сияқты көрінеді де тұрады. Енді, міне, «Қырық жылдан өтіп жасым, Ақылым болды сырласым».
Абай. Иә, сен солай десең, жасым қырықтан енді асқанда «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп күңірендім. Бір мезгіл өзіңе өзің есеп беріп, өзіңе өзің сын көзбен қарағаның да дұрыс.
Шәкәрім. Абай аға, солай дей тұрғанмен, сол тұста «Жаздыкүн шілде болғанданы» жазғаннан кейін «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой» деп одан кейінгі жерде өлеңді өз атыңыздан шығара бастамадыңыз ба!
Абай. Ол да рас. Бұған дейін өлеңді тиіп қашып әрі оның өзін Көкбайдың атынан жазғаным шындық. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» деп соның бір парасын Көкбайдың атынан «Дала уалаяты», «Серке» газеттерінде де бастырғанбыз. Жасырақ кезімізде Құнанбайдың баласы өлең жазады екен дегенді намыс та көрген болармын. Ал жасымыз жер ортасынан өткенде жұлысып, айтысып, тартысудан қажып, жалығып, соның бәрінің бос әурешілік екендігін сезініп, ақ қағаз бетіне үңіліп, қаламға жүгіндік емес пе?
Шәкәрім. Көкбай ақын, ол енді сандағы емес, санаттағы шәкіртіңіздің бірі ғой...
Абай. Көкбай маған риза болса, мен оған бек ризамын. Тағдырдың екеуімізді тоқайластырып, табыстыруы да қызық. Бір кезекті сиез үстінде шатаққа ілігіп ұсталып бара жатқан әлдебір жас жігіт маған өтінішін өлеңмен жолдапты. Содан оған ара түсуге тура келді. Уез бастығы Лосовский деген оны тәрбиеңізге алып, түзетемін десеңіз беремін деді. Мен уәде еттім. Содан кейінгі жерде ол менен бір елі ажыраған емес. Ең таңдаулы шәкірттерім төртеу деп білсем, оның екеуі өз балаларым Ақылбай мен Мағауия болса, қалған екеуі мына сен және Көкбай. Хандардың ханы Абылай туралы менің тапсырмаммен Көкбай «Сабалақ» деп аталатын дастанды жеріне жеткізіп жазып шықты.
Шәкәрім. Шәкірт ұстазсыз болмас. Айтпаса білмейді.
Абай. Ақылбай өмірде болсын, өнерде болсын, тұрақты емес. Ал жасынан аурушаң болған Мағауия Семейдегі оқуын жалғастырып әкете алмады. Жазғанын жинастырып жүрмейтін бейқамдығы бар. Ақылбай мен Мағауия менің қалауыммен Еуропа ақындарының салтымен Кавказ, Африка елдеріндегі махаббат оқиғаларын поэма етіп жазғандары жақсы үлгі. Көкбай екеулерің еліміздің ескі өмірінен тарихи оқиғаларды жазыңдар деген өсиетіме ден қойдыңдар, сол үшін кешегі өткен ата-бабалар аруағы риза, мен ризамын.
Шәкәрім. (Күліп). Басқасы басқа, сіздің ризашылығыңызға біз оңайшылықпен бөлене қоймаған болармыз, тегінде. «Сөз айттым Әзіретәлі айдаһарсыз, /Мұнда жоқ алтын иек, сарала қыз. /Кәрілікті жамандап өлім тілеп, / Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз» деп бір-ақ шумақ өлеңмен Әріп, Көкбай үшеумізді қатар түйреп өттіңіз емес пе! Сонда Құнанбай атамның өзі жетімегім деп бетіме жел тигізбеген соң ба, сыныңызды ауырлап, іштей булығып, тілім байланып қалған. Бұл арада «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңіңіздің мәнін түсінбегенім ғой. Менен енді ақын шықпайды деп сол отыз жасқа дейінгі жазған өлеңдерімді түгелімен өртеп жібергенімді қайтерсіз! Сонда мені адасқан қаздай қаңқылдатып, өлең өлкесіне қайта қайырып әкелген өзіңіз болатынсыз, Абай аға!
Абай. Керім қарағым, сенің әкең, Бәкемнің жасы қырыққа жетпей жатып өмірден озғаны жаныма қаншалықты батқанын білсең ғой. Жас өлімнің ызғарын сонда алғаш сезінген болармын. Бәкеме балаларыңның, бауырларымның қарыздары мен болармын, оларды қойным мен мойнымнан тыс қалдырмаспын деп уәде бергенмін. Дәметкен жеңгеме де Керімнің өлеңінің өршіл болуы маған серт дегенім бар.
Шәкәрім. Қажы атам мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өскеніме өкініш буады. Үміт күткен ұлы Халиолланың өмірі қыршынынан қиылған соң қажы атам немересін қасынан ұзатып оқытқысы келмеген болар. «Жиырма мен қырықтың арасы, жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», – деп өзіме өзім налығыным да сондықтан.
Абай. Иә, өзіңе биік талап қоя білгенің жақсы дедім әлгінде. Десе де, аузыңды құрғақ шөппен сүрте бергенің болмас. Отызда «Қалқаман-Мамырды», үш жылдан соң «Еңлік-Кебекті» дастан қылып жазған өзің емеспісің!
Шәкәрім. Кесек тақырып тауып берген кім екен? Мына өзіңіз ғой. Ауылдан алысқа ұзап шыға алмасам да, шешем екеуіңіздің сауатымды ашып, тілімді сындырғып, соның арқасында елде жүріп арабша, түрікше, соңынан орысша сөйлеп үйреніп, сол тілдерде жазылған кітаптарды оқи алатын дәрежеге жеттік қой. Бірде қаладан біздің елге жер өлшеуге, кейде аң аулай келген орыстардың қатарына қосқансыз, Семейден Долгополов, Михаэлистай білімпаз достарыңыз келсе дастархандас бол деп баулып, олардан сөз ұғынып, тәрбие, үлгі-өнеге үйренуіме мүмкіндік туғызған өнегеңіз бекер кетпеді деп ойлаймын.
Абай. Солай болса, солай да шығар... (Ойланып отырып қалады). Өз басым бірі туған інім, екіншісі туған ұлым Халиолла мен Әбдірахманнан да үлгі-өнеге, қамқорлық көргенімді айтудан арланбас едім. Халиолланы орыстың оқуына оқытайық, Шыңғыс досыңыздың ұлы Шоқанның жолын қусын деп айтқанымда қарсылық танытпаған тәтеме де бек ризамын. Бірақ өте сезімтал албырт жас махаббаттың күйігіне шыдамай жанып кетті ғой.
Халиолла мен Әбдірахман бізге ғана емес, халқына керек асыл азаматтар еді. Енді өкінгенмен не пайда?! Солай дей тұрғанмен, екеуінің жаңалық жаршысындай болып, елге қуаныш, ізгілік нұрын шашып кеткенін кім жоққа шығарсын! Шыңғыстау өңіріне алғаш озық ойлы елдердің гармонь, скрипка деген музыкалық аспаптарын алып келіп, мұндағы өзің сияқты талапты жастардың ықыласын аударған солар емес пе еді? Мұның сыртында орыс, батыс ақын-жазушыларының бізге атымен беймәлім шығармаларын алып келіп таныстырған да солар болатын. Жақын жолдастары Халиолла марқұмның соңында қалған дүние мүлкін елге алып келіп, жеткізіп бергенде соның ішінен асыл қазынаға балап, кітаптарын қалап алғанмын. Оны менімен бірге, бір қауым елге де оқытқызып, рухани жағынан кемелденіп, қызық, қуанышқа бөленді емес пе! Менен естіген роман, хикая оқиғаларын қағып алғыш, құйма құлақ Баймағамбет ертегішінің өз жанынан шығарғандай құбылтып айтатыны қандай еді, шіркін! Соны енді сендер дастанға айналдырып жалғастырып жатсаңдар, кәнеки!
Шәкәрім. Сіздің ақыл-кеңесіңізбен Пушкин, Толстой шығармаларын жете түсініп оқуға ден қойып жүрмін. Мен сөйтемін деп алдын ала жар салғаным да дұрыс емес, әйтседе Пушкиннің ең алдымен «Дубровский» деген хикаясын поэзия тілімен аударып, қалың еліміз, қазағымызға жеткізгім келіп жүргенін сізден несіне жасырайын!
Абай. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқаным өсиеттен кем бе. Қабырғамды қайыстырған Әбішімнің жас өлімінен кейін, соған арналғандары болмаса өлең жазуды сиреттім. Сен ақтарылып жатқан соң, ішкі сырымды айта отырайын. Ендігі жерде көбіне аудармамен айналыссам деймін. Бұл бұрын да шұғылданған шаруам ғой. Соны енді тереңдете түспек ойым бар. Мұның сыртында ғұмыр бойы оқып білгенімді, көзбен көргенімді ой елегінен өткізіп қорытындылағым келеді. Бұл енді әңгіме бола ма, жоқ, жай ғибратлы қарасөз деп қана атала ма, оны көре жатармыз. Ал енді сенің тарихи оқиғалармен бірге, жалпы тарихқа бейімділігің бар. Ел мен жердің тарихын сендер жазбағанда кім жазады?
Шәкәрім. Сіз солай дегенде маңдайымды тер басып кеткенін жасыра алмай тұрмын. Сіз қазақ шежіресін жазуды маған жиырма жасымда сеніп тапсырған едіңіз. Бірақ етекбастылық қолға бөгет болып, бұл шаруа кейіндей берді. Негізі ол да сылтау емес. Ең бастысы сол, мұндай күрделі мәселеге дайындығым, оқып, тоқуым аздық етіп келе жатқанын жасыруға болмас. Әйтпесе алдымда үлгі тұтар өнеге де жоқ емес. Бұ қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы шағын болса да, тереңнен сөз қозғап, өзіңіз де бізге жол көрсетіп отырсыз.
Абай. Менің ойымды дөп басып отырсың, Керімжан. Мен кезінде етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Менің көксеген арманымды сен орындайды деп саған білім қуғызайын деп отырмын. Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кемеліне келеді, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Тағы да тіліңді жетілдіре бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?
Шәкәрім. Барлық қаражат сізден болса, білім алуға неге бармайын. Бірақ қай жерге барамын.
Абай. Афин-грек білімі Стамболда жинақталған, содан табасың. Араб білімі Меккеде, дегенмен Мединаны да шолып қайтасың. Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңа қол жеткізіп, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім беремін. Осыған келіссең, қолыңды әкел!
Шәкәрім. Қаражат сізден екен, мен білім алады екенмін, қанатым қатаяды екен, әрине, мұндай игі сапарға неге бармасқа! (Екеуі қол алысады).
Абай. Бұл да бір оңды шаруа болды. Өмірі сөзімді жерге тастамаған саған ризамын, қарағым!
Шәкәрім. Ертеде бір ұсынысыңызды қабылдағым келмей қыңырайып қалғаным да бар. Жасым жиырмаға жетер жетпестен сіз маған болыс боласың дегенсіз. Мен болмаймын деп бірден кесіп айтқанмын. Неге деп сіз таңырқап қалғансыз.Сонда билікті мақсат тұтып, оған ұмтылма деп өзіңіз айтқансыз дегенмін. (Екеуі де күледі).
Абай. Бұл сөзді маған Бәкем де айтқан болатын. Құнанбай атаң биліктен біржола кетіп, ел ісіне араласуды қойғанымен, енді жақын-жуығы, ұрпағының атқа мініп, ел басқаруын іші жек көрген жоқ. Бірақ әділдіктен де аттап кеткен жоқ. Алдымен болыстықты жөні сол деп Бөжейге ұсынды. Бірақ одан билікті тәтемнің інісі Майбасар соңынан қалмай жүріп, тартып алды десе де болады. Одан кейін кезек келгенде Бәкем өзі де болыстықтан бас тартты, маған да қажеті жоқ деп бас тартқызды. Сөйтіп билікті Тәңірберді ағам иеленіп шыға келді. Ал Майбасар мен Тәңірбердінің тұсында ел іші жікке бөлініп, алатайдай бүлінгенін өзің де жақсы білесің.
Шәкәрім. Одан кейін билікке Ысқақ көкем келді ғой...
Абай. Ысқақ үш сайлау қатарынан, тоғыз жыл ел биледі, әйкәпір атанған жоқ. Бір жағында ақылшы болып жүргенім рас. Бәкемнің өзі маған елге, ел басқарған азаматтарға сырттай ақылшы бола білсең, соның өзі неге тұрады дейтін. Сөйте жүріп тәжірибе жинақтадық. Бір жолғы сайлауда кешегі аға сұлтан Құнанбайдың үш бірдей ұлы – Ысқақ, Оспан үшеуіміз болыс болып шыға келдік. Абырой болғанда атағы исі қазаққа мәлім болған тәтеміздің атына кір келтірмеген сияқтымыз.
Шәкәрім. Осыдан кейін кезек маған келген...
Абай. Бәкемнің кезегін өз еркімен інісі Тәңірбердіге бергенін жаңа айттым. Сондықтан Бәкемнің орнына енді Шәкәрім болыс болсын деген расында мен едім. «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, /Адалдық, адамдықты кім теңгермек?! / Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,/ Иттей қор боп, / Өзіне сөз келтірмек». Бірақ сол тұста сен қанша жас болғаныңмен, мен саған сенген едім. Және сені ел ісіне араласып, ширасын, шынықсын дегенім еді бұл. Қыран бүркіт те балапанын баптай келіп, соңында ендігі жолыңды өзің тап дегендей заңғар көктен тастап жібермеуші ме еді!
Шәкәрім. Өнерде де, өмірде де сізге еліктеп өстік... Сіз салған сара соқпағыңызбен жүруге тырыстық...
Абай. Сен солай дейсің ғой... Мен Бәкем айтқандай, елді бұрынғыдай қорқытып, ықтырып билеуге тырыспай, ақылмен, өзара сенім достықпен, көппен кеңесе отырып билеуге ұмтылдым. Ысқаққа кеңесші болып жүргенде де, Қоңыркөкшеге болыс болып барғанда да осы әдетімнен жаңылғаным жоқ. Бұл арада алдымнан жасымнан өлең-жырға баулыған Байкөкше ақынның шығуы да қайратымды жанып, әділдік жолынан таймауыма себепші болды. «Меңгерсең елді жөндеп меңгер, Абай, / Аз бен көпті салмақпен теңгер, Абай. / Сүрінген, сүрген аттап нашарлады, / Сүйе де, сүйемелдеп дем бер, Абай. / Туысыңның зорлығын тияды деп, / Тілеуіңді тілеп жүр кімдер, Абай» деген Байкөкемнің сөзінен кейін өмірлік ұстанымымнан қайтіп жаңылайын!
Шәкәрім. Сол Байкөкеңіз бес ояз елдің басы қосылған Қарамола сиезінде сіз төніп келген нақты қатерден құтылып қана қоймай, зор абыройға бөленетіңізді алдын ала қалайша болжап білген десеңізші! «Абайжан, бір түс көрдім бүгін түнде, /Көкке ұшып, шарықтап шықтың мүлде. /Ақ киімің үстіңде, боз атың бар,/ Аспанда шағылыстың барып күнге» деп басталатын батаға бергісіз өлеңнен кейін шындығында сіздің даңқыңыз аспандап, әлгіндей алқалы жиында төбе би болып сайландыңыз ғой. Қазақ, орыс заңдарын астастырып, ұштастырғаныңыз, соның бәрі ханның да, қараның да көңілінен шыққандығы өз алдына бір әңгіме. Қатарынан екі рет болыс болып сайланғанда мен де соны басшылыққа алдым емес пе!
Абай. Керім шырақ, билікте артымызда із қалдырған сияқты екенбіз. Бірақ ендігі жерде өнер, білімде де артымызда із қалдыруға тырысып бағалық. Сертім сол десең, ер соңымнан!
(Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» әні орындалады).
Бесінші көрініс
Абайдың жайлаудағы киіз үйі. Басын ақ орамалмен таңып алған ақын төсек тартып жатыр. Қасында Шәкәрім отыр.
Шәкәрім. Абай аға, қорқыт дегенде осылай қорқытушы ма еді... біз сізді мүлде тілден қалды ма десек... Тәңірберді аға аңырап жылап келгенде ғана көптен тілсіз жатқан сіз «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі» дегенде барып есімізді жиғандай болдық қой.
Абай. «Бір анадан төртеу едік, бұған дейін екі інімнен айрылып едім, енді сенің де артыңда қалатын болдым ба»,– дейді бейбақ. Өліп бара жатқанда тебірентетін сөз айттым дегені шығар өзінше.
Шәкәрім. Сіз өзіңіз «Айтқанын істеген адам – анық адам және қайғыға қайғыра біл, оны да тоқтата алар қайраты да болуы керек» деп бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай?
Абай. Е, мен не деп едім?
Шәкәрім. «Көзіме жас бер жылайын, /Шыдам бер, қайрат қылайын. /Жаралы болған жүрекке, / Дауа бер, жамап сынайын» деген жоқсыз ба?
Абай. Бағана жігітек Байдалының баласы Тастанбек деген келіп «Әй, Абай, Мағауия Мағауия-ақ еді, бірақ сен Абай едің ғой» дегенде ішімнен «Япырай-ай, жұрт артының қайырын берсін деуші еді, мына Тастанбектің айтқан көңілі дұрыс, тоқтау боларлық сөз болды-ау» деп ойлағанмын іштей. Сенің ендігі сөзің мынау. Мен әлсірейін деген екенмін, киіндіріп тысқа шығаршы. (Екеуі тысқа шығып дөң басына жайғасады, алыстан Шыңғыстау мұнартып көрініп тұрады).
Абай. «Мағауия Мағауия-ақ еді» деді ғой жаңағы Тастанбек. Бұл құлынымның көзі тірісінде-ақ исі тобықты жұртының «Тусаң Мағауиядай ту, әкесінен де артық туды» десіп, ризашылық білдіріп жататынын құлағымыз шалып қалатын. Өте биязы, қыз мінезді еді ғой, жарқыным. Жасынан аурушаң болып Семейдегі оқуын тауыса алмаса да, білімнен кенже қалған жоқ. Жас та болса, көпті көрген көненің сөзін сөйлеп, алдына келген кісіні қош риза қылып аттандырып салатын.
Шәкәрім. Жайсыздау болған алғашқы келініміз Дәмегөйді үлкен балаларымен өз алдына жеке отау ғып шығарып Мөржанмен бас қосқан соң Мағыштың бағы жанды ғой. Содан кейін-ақ өзі де ғұмырының аз қалғанын болжап білгендей бұлардың үйі, бұлардың ауылы қызық думан, ән мен күй, шаттықтың мекеніне айналмады ма!
Абай. Әбішім мен Мағышымның арасы бір-ақ жыл, құлын-қайдай тебісіп, тете өсті ғой екеуі. Небәрі жиырма жеті жасында өмірден озған Әбіштің қазасы тіпті менен де бұрын Мағышқа қатты батқаны сезіліп тұратын. Соның бәрі онсыз да нәзік, онсыз да әлсіз жаны мен тәніне ауыр салмақ болғаны шындық. Болмаса отыз төрт жас деген немене, тәйірі!
Шәкәрім. Сол қара жердің қойнына қимайтын Әбішіңіз өмірден өткенде «Арғы атасы қажы еді» дей отырып, «Олар да тірі қалған жоқ, /Тірлік арты өлмек-ті. / Оны да алды бұл өлім, / Сабырлық қылсақ керек-ті» деп өзіңізді өзіңіз өлеңмен жұбатқан едіңіз ғой.
Абай. Сөйлей түс, Керім, сөйлей түс... Мен де бір арылып қалайын. Әйтпесе, артымдағы қалың елім, қазағыма мен де бір жұмбақ адам болып қалармын тегі!
Қайран, Әбіш... ғұмыр бойы көңіліне қарап әкесінің бетіне жел болып тимеуге тырысқанмен, бірде қазақшылығымды бетіме басқаны бар еді-ау! Ал мен жесір қалған келінім Еркежанмен бас қосқанда біреулер ойлайтындай ең сүйікті арқа сүйер бауырым Оспанның артында қалған байлығына қызықпаған едім. Сол байлық өздеріне бұйырмай бара жатқанда Тәңірберді ұлы Әзімбаймен қосылып алып, енді Ақылбайды азғырды емес пе! Ақылы аздау Ақылбайымның сол азғырынды сөзге ілесіп кеткенін қайтерсіз! Сонда Еркежан келін ендеше еліме апарып салыңдар деп қиғылық салған. Соған орай мен оны еш ренжітпей, бейне қыз жөнелткендей аттандырыңдар дегенмін. Оған құдалар жағы әйел ерден кеткенмен, елден кетпеуі керек деп, оған барша Ырғызбай қосылып, маған өздерінше бір күн, бір түн ақыл айтып, қазақтың жөніне салып бергенін Тәңірберділер білсе де, білмегенситіні жаныңды ауыртып, жүйкеңді қажамайды дейсің бе!
Шәкәрім. Қазақ үшін жер дауы мен жесір дауы біткен бе!
Абай. Сол Тәңірберді Құдайберді қайтыс болғанда, ағасының екі әйелінің бірі болмаса бірін аламын деп талап қойған. Ал қос жеңгесі бұған келіспей отырып алған соң Ырғызбайдың ақсақалдары оны әзер сабасына түсіргенін қайтіп ұмытайын! Болыс сайлауы кезінде енді жау жоқ деп жүргенде өзі бас болып жағадан алатын осы өз ағам болатын. Иә, Керім, дүниеде мен ішпеген у бар ма!
Шәкәрім. Сондай қысылтаяң қиын шақтардан жол тауып шыға білген де өзіңізсіз, Абай аға! Ал оны біз білмейді емес, білеміз. Тәңірберді мен Оразбай арасындағы құдалық, Әзімбайдың Ақылбайды болыс бол деп азғыруы, Мағауияның ақжүрек көңілшектігі арқасында оның бұған қол жеткізуі, бәрі қосыла келгенде қыздырма сөзге елірген жігітек жігіттерінің сізге қол көтеруіне алып келген. Бегеш бастаған көршілес керей, найман адамдары осы содырлы сойқанды тиянақтап тергеп, соған тікелей айыптыларға мойысұндырып нақты жаза кесіп, сол жазғандарды міне жанымыз, міне малымыз дегізіп, алдыңызға алып келгенде, малға да қызықпай, ешкімді айдатып, соттатпай-ақ, істі ушықтырмай жапқан едіңіз. Болыс болма, билікке қызықпа деген сөзіңіздің мәнісін мен сонда нақты ұғынған едім.
Абай. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, / Алдамаған кім қалды тірі жанда? /Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, / Жалғыз-жарым болмаса анда-санда». Бұл шындық.
Шәкәрім. Бәрінен бұрын досыңмын деп шылбырыңызға оратылып жүретін Ерболдың сатқындығын айтсаңызшы! Оның «Оспан ініңіз болғанда, Күнту ініңіз емес пе» деген аяр сөзіне орай «Жә, ендеше бопты» дедіңіз де қойдыңыз. Біріншіден сайлау қорытындысына «Көтек, как так» деп таң-тамаша болып назаланған әйелін, ең бастысы сізді сыйлап сол сайлауды қайта өткізбек болған оязды бұл енді заңсыздық болады деп тоқтатқан да өзіңіз едіңіз. Наза ішіңізге сыймады білем, тек соңынан «Күшік асырап ит еттім, /Ол балтырымды қанатты. / Біреуге мылтық үйреттім, / Мерген болды, мені атты» деп бір шумақ өлеңмен өлтіріп жаздыңыз. Бірақ онда да мұның кімге арналғанын ашып айтпадыңыз. Жүрегіңіз үлкен ғой, кіші әке! Мұндай дархандық ақын әкімнен ғана шықса керек.
Абай. Е, Керім, сен не десең де ұзақ жыл дос-жар болған Ерболдың өлімі маған қатты батты ғой. Өз қолымнан жерлеп жөнелткенім де сондықтан. Артында жастай қалған ұлы мен әйеліне де күні кешеге дейін қолымнан келгенше қамқорлық жасап бақтым.
Керім, сен ақынсың, одан бұрын менің жанымды бір түсінсең сен түсінесің, сондықтан Көкбайды да сынап өлең жазсам, бұл менің оны жек көргенім емес қой. Анау Ақылбай, Кәкітайлар жас жағынан Көкбаймен қарайлас. Бірақ оларға «Сендер соны малданып оны ренжітіп алмаңдар» дейтінім сондықтан. Көкбай ақындық тұрғысынан болсын, ұстаздық тұрғысынан болсын, үмітімді толығымен ақтаған жан. Елде медресе, мешіт салып, онда сабақты мұсылманша, орысша қатар жүргізген, сол сабағына тобықтымен бірге көршілес арғын-найман, керей-уақ жеткіншектерін де тарта білген Көкше атаң баласы Көкбайға кім өкпе айта алады!
Шәкәрім. Сіздің алдыңызда өзімнен өзім қуыстанып тұрғаным...Өйткені, ең аяғы мен де сізге артық салмақ салған екенмін-ау! Тобықты ішіндегі ноғай ауылының қызы Айғаншаны алып қашып әкелгенімде сіз «Олардың қызын жолынан алмай, қолынан алмасаң болмас па еді»,– деп маған кәдімгідей-ақ ренжіген болатынсыз. Шындығында ноғайлар өздері де әйел үстіне қыз алмайтын, сондай-ақ, басқаға да әйел үстіне қыздарын бермейтін. Сізге Айғаншаны өз келісімімен алып қашып әкеп отырмын десем де, маған деген ренішіңіз біразға дейін тарқай қоймаған.
Абай. Ал оның себебі мынада емес пе еді. Қажы атаң бір кезде Семейге бір қиырдағы Қазаннан әскерден қашып келген Ысқақ деген татар жігітін Шыңғыстауға алғызып, Арқалықтан жер бергізген ғой. Ысқақ кейінен осы жаққа Қазаннан Махмұт деген інісін және көшіріп алады. Одан кейінгі жерде тынымсыз тірліктерімен бай ауыл атанған бұл елмен біздің Құнанбай әулеті біртіндеп сарысүйек сыйлас құдандалы елге айналады. Сол себептен де қажы атаң бұл ауылды ешқашан ренжітпеңдер деп табыстап кеткен болатын.
Шәкәрім. Сонда сіз бұл істің шешімін өзің шеш дей келіп, «Иә, өзің не істеген болар едің» деп, ал мен сол сауалыңызға орай «Қалың мал берейік» деп айтайын дегенімде, сіз «Малға құштар емес бай аулы оныңды қажетсінбесе, оған көнбесеңдер өздерің біліңдер, қыздарыңды қайтарып берейін деп едің» деп мені қатты састырғансыз. Сөйте отырып, «Бай ауылы малға құштар емес, олардың да өсіп келе жатқан жастары бар, сондықтан оларға одан да сүйек жаңғыртайық, арадағы өкпені құшақ жазбай ма» дегенсіз. Ақыры солай да болды.
Абай. Енді, міне сол сүйіп қосылған Айғаншаңнан Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият сынды төрт бірдей ұл сүйіп отырсың. «Адамның бір қызығы бала деген, баламды оқытуды жек көрмедім». Ендеше соларды оқытып, шоқытуды қазірден бастап ойластырғаның жөн болар, қарағым. Жаңағы ноғай ауылына сарысүйек құдандалы болып кеткеніміз үшін ғана емес, ұрпағымыздың сауатын ашып жол көрсете білгендеріне де ризамыз. Қажы атаңның Ескітамдағы мектебінің бастауында солар тұрды. Мына заман екі өкпемізден қысқанда тәтем бастап, біз қостап ендігі күрес жолы оқу, білім деп шештік қой. Бір біз емес, қазақтың көзі ашық жандары осыған тоқтағанбыз. Сол мақсатпен сонау Көкшетаудағы Науан хазіреттің маңындағы азаматтардың бізге хат жолдап, хабарласқанда ресми орындар тарапынан оның соңы ұзақсонар тексеріс, тергеуге де ұласқан болатын.
Шәкәрім. Көңілге медет ететін жайт сол, сіздердің ізгі мақсаттарыңызды жалғастыруды мақсат етіп отырған жастар да жоқ емес. Петербор, Мәскеуден білім алған солардың алды халқына қызмет ету мақсатымен іске кірісіп кеткендері де бар. Сондай азаматтардың көшбасшысы болып табылатын Әлихан төремен біздің Кәкітайдың дос-жар болып араласа бастағанына үш-төрт жылдың жүзі болып қалғанын естідіңіз бе, естімедіңіз бе? Сол Әлиханның Петербордан шыққан көптомдық еңбектің бірінде сіздің Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы мен Лермонтов өлеңдерін қалай аударғаныңызды талдап мақала жазғанын осы таяуда ғана естіп, біліп отырмыз.
Абай. Мұның да көңіл көтеретін жақсы жаңалық екен, Керім. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алуға бет алған мұндай жастардың талпынысы қуантады. Асыл тастан, ақыл жастан дейді дана халқымыз. Анада Әуез аға, қожа ағаның бәйбішесі Дінасыл Омарханнан көріп отырған жеті жасар немересі Мұхтарды ертіп, Мағауияның көңілін сұрай келді емес пе! Тілім тасқа, болайын деп тұрған бала екен. Апырмай, менің өлеңдерімді бірінен кейін бірін жатқа оқығанда еш жаңылысқан жоқ қой. Атам мені балалармен босқа ойнауға жібермей, күнұзын сіздің өлеңдеріңізді жаттатады дейтінін қайтерсің! Керім, осы бала Мұхтарды өзің қамқорлыңыңа аларсың тегінде.
Енді саған шамамның барында көптен көңілімді жүрген бір мәселені айтып үлгеруге тырысайын. Керім, сен де, мен де бір тұңғиықта малтығып, содан шыға алмай келе жатқан сорлы екенбіз. Бұрнағы жылдары саған өз ойымды айтып, уағда бергенім есіңде болар. Бірақ сол кезде Шәке мен Оспан ағаларың бірінен кейін бірі өмірден озды. Енді, бір қайғыңды бір қайғың ұмыттырсын дейтін сұмырай қарғыс дәл келіп, міне, Мағыштан айрылып қалып отырмыз...
Шәкәрім. Кіші әке, қамықпаңыз... мен сол өсиетіңізді қайтсем де орындаймын, білім қу деген мақсатпен айтқан жерлеріңіздің бәріне барамын.
Абай. (Күлген болады). Сол үшін қаражат беретін мен өліп қалсам қайтесің?
Шәкәрім. Ал сіз өлмеуге тырысып бағыңыз. Тірі болсам, қайтсем де сізге берген сертімді орындаймын. Осыған кәміл сеніңіз, Абай аға!
(Ақырын барып ақын ағасын құшақтайды. Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» атты әні орындалады).
Алтыншы көрініс
Шыңғыстаудың етегі. Сонадайда ақшаңқан киіз үйлер, дала төсінде жайылып жатқан мыңғырған мал көрінеді. Шәкәрім мен Кәкітай әңгіме көрігін қыздыра түсуде.
Шәкәрім. Абай ағамыздың да өмірден озғанына жылға жуықтап қалды. Бір әулеттен әкелі-балалы үш жан – Мағыш, Абай аға мен Ақылбайдың бірінен кейін бірінің өмірден баз кешкені тек ырғызбай тұқымына емес, арттағы қалың еліне оңай тиген жоқ. Осы ауыр қазаның басы-қасында Турағұл екеуің жүрдің, сондықтан сендерге аруақ риза, ел риза.
Кәкітай. Соның бәріне өзіңіз басшылық жасадыңыз ғой, Керім аға. Бәрінен де бұрын ауыр қайғымызды жалпақ елдің егіле отырып, бірге көтеріскенін айтсаңызшы!
Шәкәрім. «Бұл күнде жалғыз қалдым Абай кетіп, / Тірліктің дәнекері бір нәрсе етіп... / Арманым Абайменен бірге кетпей, / Қалыппын тентек елді құр күзетіп» деп Көкбай күңіренді. Төре Әлихан досың «Семипалатинсий листок» газетінде қазанама жариялатумен шектелмей, «Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбалары» деп аталатын кітабында Абай ағамыздың өмір тарихы мен фотосуретін екінші қайтара бастырды. Мұның түбі қайыр.
Кәкітай. Абай ағамыз қайтыс болғаннан кейін көп ұзатпай бізге арнайы хат жазып, марқұмның артында қалған әдеби мұрасын тездетіп жинап кітап қылып шығарыңдар деп кеңес берген де сол Әлихан ғой. Осы Әлиханның маңында оң қолы сияқты болып жүрген Ахмет Байтұрсынов есімді азамат «Абай қазақтың бас ақыны» деп бағалап жатқан көрінеді. Баяғыда Әбіш өмірден озғанда Жетісудан Жамбыл жыраудың Абай құрдасына қамығып, көңіл білдіргенін де ұмыта қойған жоқпыз.
Шәкәрім. Көкбайға ақын ағаң туралы естелік жазсаңшы, болмаса кейін осының бәрі ұмытылған әңгімеге айналады ғой дедім. Мен білетін Көкбай бұл тұрғыда ешкімге қарыздар болып қалмас. Ал соның бәрі дұрыс қой. Енді сол Әлиханның келелі кеңесіне орай не істеп, не тындырдық? Бұл мәселені Турағұл екеуіңе тапсырмап па едім?
Кәкітай. (Күмілжіп). Сізден тапсырма алған бетте құрдасым Махмұт молдаға барғанмын. Барсам ол бейбақ әйеліне «Шәй қайнат, мал сойдыр» деп қипақтап, әбігерге түсті де қалды. Мен оған «Ең алдымен Абай ағамның «Вадимін» әкел» десем, сасқалақтаған ол сандығынан ортасы жыртылған бес-алты бет тозған қағазды «Бар болғаны осы, Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, біразын жоғалтып алыпты» деп қолыма ұстата берді. «Бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе, Абай ағамнан көрген жақсылығыңды өз әкеңнен де көрген жоқ едің, сен молда болмақ түгілі, мұсылман емессің» дедім. Одан басқа не дейін! Әй, қап!
Шәкәрім. Абай ағам өз ұлы Әкімбайды інісі Ысқақтың бауырына салып, оның орнына сені бала ғып алған еді. Бұл өзі біздің әулетте қажы атамыздан қалған дәстүр болатын. Сен екеумізді Абай ағамыз өз балаларынан кем көрген жоқ. Қалаға барып оқымасақ та, көкеміздің өзі көзімізді ашқанын ұмытпаспыз, сірәда. Бірақ бұлай дегенде саған кінә артайын деп тұрған жоқпын. Өз басым Абай ағамыздың қасында ширек ғасырдан астам бірге жүрген үш адамды білемін. Ол – ақын Көкбай, ол – шабарман Қарасақау. Мұның соңғысы кезінде тақымы кеппей үнемі жортуылда жүретін ұры болатын. Содан қолыммен істегенімді мойныммен көтерейін деп ағамыздың алдына келгенде ол кісі мұның шаруаға ептілігін аңғарып, үлкен сенім көрсетіп өзіне шабарман етіп алып қалады ғой. Оны ол артығымен ақтағанын көзіміз көрді. Ал туыстан қасында ширек ғасыр жүріп ағаның көңілінен шыққан өзің болатынсың. Сондықтан бұл мәселеде жұмысыңды шират, Кәкібас. Оның үстіне ағамыз көз жұмған соң ел Турағұлды Абайдың орнына қоямыз деп болыс сайлап алған жоқ па! Сөйткенмен ол да бір жағынан шығыса жатар. Десе де, негізгі салмақ өзіңде болар тегінде!
Кәкітай. Оның бәрін ойластырып жатырмын. Ең әуелі кең етіп, «Абылайша» деп аталатын қос жасаттым. Содан соң өз ауылында ескіше бала оқытып жүретін Мүрсейіт Бікі баласы деген молданы босатып, оған бала оқытқаннан табатын пайдаңды мен беремін деп міндеттеніп, сол қосқа отырғызып, қағаз, қарындаш, қалам, сия секілді жазу аспаптарымен түгелдей қамтамасыз еттім.
Шәкәрім. Абай ағамның ел аузына тарап, яки жазып алып сақтап жүрген өлеңдерін, қара сөздерін жинап, алдымен өзің қарап шығып реттеген соң Мүрсейітке көшіруге бересің ғой. Мүрсейітті дөп таңдап алғаның дұрыс болған екен. Мұның жазуы анық әрі көркем жазады. Кезінде Семейдегі Кәмали хазіреттің медресесінде оқыған адам ғой. Оның сыртында аздап болса да орысша сөйлеп, жаза білетіні де бар.
Абай ағамның алғашқы жинағына оның өмірбаянын өзің жазасың. Ол да жауапты шаруа. Өзіңе жүктеліп отырған бұл күрделі шаруаның салмағын сезініп отырған боларсың! «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар қайратың мен ақылың екі жақтап» деді емес пе ақын ағаң.
Кәкітай. Сеніміңізден шығуға тырысып бағармын, Керім аға, еш алаң болмаңыз.
Шәкәрім. Міне, маған керегі осы сөз. Ал неге олай деп жатқанымды айтайын. Менің білім қу, ізден деген ақын өсиетіне орай оған берген сертім бар. Соған орай, алыс сапарға шығуға дайындалып жатырмын...
Кәкітай. Мен оны дұрыс түсінгенмен, басқа туыстар не дейді? Бізде о дүниелік болған марқұмның артын үш жыл күтеді емес пе?
Шәкәрім. Маған Тәңірберді сияқты таяз ағайындардың алыпқашпа сөзінен гөрі данышпан Абай ағама берген сертім қымбат. Сондықтан бұл мәселеде мені енді ешкім де жолдан қалдырып, тоқтата алмайды. Қайдан, қай жерден не іздеу керектігіне дейін айтып берген қайран Абай ағам-ай! Ол жақта әр жерде кезігіп қалып жататын құнды кітаптарды сатып алып, кезек-кезегімен Семейдегі Әниярдікіне жолдап отырсам деймін. Ал Меккеде қайда тоқтаймын дейтін емес, онда қажы атамыз бас болып, біздің елден баратын қазақтарға арнап тәкия салдырып кеткенін бек білесің. Осындай-осындай мүмкіндіктерді пайдалана алмасақ, бізге сын емес пе!
Стамбол, Парижге дейін барсам деймін. Сондықтан бұл сапардан кешеуілдетіп оралатыным айтпасам да түсінікті шығар.
Кәкітай. Жаңа ақынның жанында арасына уақыт салмастан ширек ғасыр бірге жүрген үш адам туралы, оның ішінде мен де бармын, жақсы лебіз білдірдіңіз. Оған рахмет! Әйткенмен Абай ағамыздың құрметіне шексіз бөленген сіз бе деймін. Ол кісінің жеті қазынаның бірі берен мылтығын сізге сыйлауы тегін емес. Жиырма жаста асыл ағаға арнаған өлеңіңізде жастарға Абайдың алдына барайық, ақыннан ғибрат алайық демедіңіз бе! Менің білгенімде Абай ағаға арналған алғашқы өлең осы болар!
Шәкәрім. Жастар дедің-ау... Абай ағам дүниеден өтерінде маған қожа Әуездің қоңыры атанған Мұхтар деген жеткіншек жайлы оның зеректігі туралы сүйсіне отырып сөз қозғаған еді. Сол балаға сен де көз қырыңды сала жүр, осы сапардан аман-есен келіп жатсақ, оны өзім де іздестірермін...
Ақын аға Толстой сияқты ғұламалардың шығармаларын аударумен шектелмей, мүмкіндігінше хабарлас болуымды қалаған еді. Оған білімім әзірге кемшін, орыстың тілін игермей қайдан болар. Мұны да, Алла қаласа осы сапардан кейін ойластырамын. Кезінде қажы атам үш жүздің игі жақсыларының басын қосып Өскенбай бабаға ас бергені мәлім. Жарты патша болған әкесі Құнанбайға ас беремін десе ұлы Абайдың да оған шамасы қапталынан жететін еді. Бірақ ол астың орнына Семейдегі жарлы-жақыбайларға садақа үлестірді. Ал біздің, бізден кейінгі ұрпақтың Абай ағамызға көрсететін құрметі шектеліп қалмай, біріне бірі жалғасып жатуы тиіс деп білемін. Міне, әзіргі біздің сапарымыздың мәнісі осы, қадірлі бауырым, Кәкіжан!
Кәкітай. Керім аға, асыл аға, құдай жолыңызды оңғарсын! Біз, Абай аға сүйген, «Қайран еліңіз, қазағыңыз, қайран жұртыңыз» сізді асыға күтеміз!..
(Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні орындалады).
Соңы