Адам қарады: 197 | Жарияланды: 2019-08-22 06:07:41

Туыстар

ІV Актілі пьеса 

             Қатысушылар

Арқабай – мекеме бастығы. жасы 50-де

Кәмила – әйелі. 50-де

Тарамыс – баласы. 25-те

Сағымгүл – қызы.

Алтыншаш – келіні. 21-де

Әлима – әпкесі. 30-да

Малтабар – ағасы. 60-тарда

Бәлден, Дәлден –  Малтабардың екі ұлы.

Адайша – үлкен қызы, ауылда тұрады

Әрмен, Жәрмен – Адайшаның ұлдары

Жансая – ортаншы қызы. 37-де

Әнсая – кіші қызы. 25-те

Табыс – Жансаяның күйеуі. 40-тарда

Балпық – Әнсаяның күйеуі.

Сәти – алыс туысы жасы 50-де

Кәбира – Сәтидің 40-тардағы сұлу әйелі.

 

 

                 

 

 

Бірінші сурет.

                                                               І акт.

                                   

 

 1-көрініс.

 

Арқабай: Ух, шаршағаным-ай. Осындайда қол ұшын беретін жанашыр туысың жаныңда болғаны қандай жақсы. Шаруаларың өзінен-өзі топырлап бітіп жатса, қағанағың қарқ, сағанағың сарқ боп жүресің. Амал не? Болмаған соң ондай армандайсың. Біздікі жатыпішер туыс қой. Өздері кегжиіп алға тартсаң артқа қашады. Не адам боп өздері жан баласына иланып, айтқанға көнбейді бір.

Кәмила – Айт, айт. Айтсаң шерің тарқар. Маңайыма туысымды жетіскеннен жиыппын ба? Қолыңды ұзартып қасыңда жүрген қане туысың. Айтарға ғана, қотыр торғайша кегжеңдеп кейіп тартқан немелер айтарға аты болмаса туыс па сол?.. Отыр ғой әне обиып біреуі оқтау жұтқандай.

Арқабай: Бәлден үйде ме?                                                                                    

                                        

Кәмила: Отыр түпкі үйге кіріп ап қалаңдықша... Обиып қолынан түк келмейді. Қасыңа ертіп бірдеңе істейін десең тұрады сопиып. Кілт етсе, мені жамандап, ұзын сөзін жүгіртіп апайына тұра жөнелу өнер бопты оған.

Арқабай: Жарар, жарар. Қой енді қоздырмай... Қайда өздері, әлгі екі жиен, қонақтарды шақырып па? Айт деген елге шақыру қағазын түгел таратып па, айтылғандардан ешкім ұмыт қалмап па?!

Кәмила: Жіберілді бәрі. Қыздарына да айттық осы жердегі ауылда ешкім ұмыт қалмасын деп.

 

                                       2-көрініс

Әрмен мен Жәрмен бақша ішінде әңгімелесіп отыр.

Әрмен: – Мен ауылға қайтсам деймін. Мұндағы жұмысым өнетін емес. Сен сияқты оқуға да жарамадым. Ағам саған көмектесіпті ғой. Маған көмектесе алмас. Өзім де оңдырып оқыған жоқ едім. Ал қара жұмыс ауылда да табылар. Бұ жерде маған тұрақты ештеме болатын емес. Құрып кетсін Алматың. Не олай, не бұлай қимылдай алмайсың. Жүрген-тұрғаның бәрі ақша, адам сияқты бір еркіндікте жүре алмайсың. Жауға түскен тұтқын немедей, бір еркіндікте жүре алмайсың. Қайда барсаң бірін-бірі аңдып бағып, өзінікін сүйемелдеп, өзгенікін кейін қаққан немелер...

 Жәрмен: Мұның не баламысың?! Сені осында жібергенде әке-шешеміз орнықсын, жұмыс істесін деп, қалаға сіңіп орнығып кетсін деп жіберіп еді ғой. Сіңіп өз-өзіңмен кеткенше осы айналада о ғып, бұ ғып жүре тұруың керек емес пе. Біз бұ жерге біреуге бірдеңе үйретеміз, асыраймыз деп емес өз басымызды сыйғызып қалаға үйреніп кетейік деп келдік. Осы аз ғана жатар жер мен ішкен асын ауырсынбай берген адамдарды баспалап өз-өзіңмен кеткенше жүре тұру орнына несіне шіреніп бәлсіне қалдың. Ондай тентек мінезіңді қой дегенім қайда саған. Білдірмей жүрсең болмай ма. Әлде мені жетісіп жүр деймісің, екеуміз де бірдейміз ғой. Жас айырмамыз болмаса. Болмашы бір жарты жылдың ішінде неше жұмыс ауыстырып, кіргізген неше жұмыстан шығып кеттің. Әлде өстіп үнемі еркелете береді деп ойлайсың ба. 

Әрмен: Жұмыстары орнықсыз, ақысы аз, ауыспай көр содан...

Жәрмен: Мына той өтсінші өзі. Сосын ағама айтып, тағы да еркін жүруге ыңғайлы жеңіл жұмыс табармыз.

Әрмен: Жарайды, онда мені келген жоқ дей сал. Бұлардың жұмысын істесең де жақпайсың. Өздері істесін.

Жәрмен: Тыссс. Ақырын сөйле. Жеңгем естісе ағама айтып қояды. Онсыз да зорға сиып жүрміз.

Әрмен: Ой атасына нәлет, ол қатыннан қорқа, қорқа болдым. Керек емес. Кеттім мен. (Кетеді)

 

                                      3-көрініс

Ас үйден телефон соғып отыр. Ана жақта кемпір боп қалған енесі отыр.

Кәбира мен Жансая.

Кәбира: Ал келіндерің құтты болсын. Қуанышқа кенеліп жатырсыңдар ма? Той болмай жатып жеңгеміз мойнымызға салық салды. Сен ананы, сен мынаны әкелесің деп. Абырой болғанда ешкім үндеген жоқ. Кімге несі өте кеткенін қайдам. Той болмай жатып, пәлен адам шақырам, пәлен теңге ақша жұмсамақпын, той біткен соң келіннің жасауы келгенде бәрің ішінде бол. Не әкелер дейсің, құдамыз бір қағаз кемірген оқымысты дейді. Үлкен туысы сүйеп дәрежелі қылған адам екен, онысында тұра алмапты.

Жансая: Келіннің кеудесі шалқақ. Сұлу болғанымен менмендігі көрініп тұр. Мың долларға туфли алып, ақ көйлекке тағы шашылып, баламның қалтасында көк тиын да қалмады. Оқу бітіргеніне үш жыл болды, әлі, әкесінің мойнында жүр деп ...– ал кеп әңгімені соқты дейсің, жеңгеміз...

Кәбира: Сөзінің өтірігі көп...

Жансая: Өзі қартаяйын деген бе не айтқанын ұмытып қала беретін болыпты.Сөзіне үйрендік қой мұның. Не айтпай келеді. Өмір бойы осы ғой.

Кәбира: Сендерді түк көмегі жоқ, бірдеңе алуға келгенде асты-үстімізге түсіп, жылай-сықтап үйден шықпайды. Сәл-пәл ісіміз түссе түк жәрдемі жоқ деп. Жансаяға қырық мың, Әнсаяға елу мың ақша бердім дегенде, жеңешеміз неткен мырза деп ойладым.  

Жансая: Ой-бу, өтірік қой ол.

Кәбира: Мұның бәрі өтірік болғанда, ол ертең шықпайды деп ойлай ма ?! Бір жерде болмаса бір жерде өтірігім шықса ұятқа қалам-ау деп ойламайды екен-ау ?!

Жансая: Ұятты ойлайтын уақыты бар дейсің бе? Кешке дейін асхананың тамғын санап есепшіл болып кеткен де ...

Кәбира: Асқа қолы мол екені де рас енді. Тамағы да дәмді ...

Жансая: Рас, рас сол жері жақсы ғой жеңешемнің.

Кәбира: Япырай осының бәрін естісе ағамыз не дейді екен. Біздікі кішкене өтірік айтсаң көзін алайтып, жерге қағып жібере жаздайды. Ал ағамыздың естіп жүргені тіпті өрескел ғой ...

Жансая: Білмей жүр деймісің. Әбден басын айналдырып қойған ғой суми ғып. Жеңгеміз ығына айналдырып о жағынан да бұ жағынан да түсіріп алады оны.

 

                                            4-көрініс

Арқабай: Жақын дегенде сүйеніп тұрғанымыз қайын жұрт қой. Әлгі жалғыз ағамнан да, оның ұлдарынан да тырс еткен дыбы жоқ. Не бар, не жоғы белгісіз. Не көмек керек деген біреуі жоқ. Адам  деген сұрамайды екен, ә?!

Кәмила: Соның бәрін балдыздарың істеп жатыр ғой. Солар тойға-ақ келсін. Бәрі дайын болғанда. Соның өзін сөз қылмай тыныш ойнап-күліп қайтса болар. Бірақ тып-тыныш келіп кете қоя ма қазақ. Ертең-ақ сөйтіпті-бүйтіпті, бізді көре алмай, қымс етсе елге жамандап. Сонда көрінеді туыстың кім екені.

Арқабай: Опырай, сенің асырып жіберетінің-ай осы. Қайтер дейсің сөйлейді де қояды.

                    

                                                 5-көрініс

Ауыл. Малтабардың үйі. Қасына екі ұлын алып есік алдында ақылдасып отыр.

Малтабар: Өзімде бірге туған ағайын туыс болмаған соң жат болып кетпесін деп, аталас інімнің баласы болса да туыс қылып жүруші едік. Өзі қаудырлаған ақкөңіл, туыс біткенді маңына жиып жүреді деп естимін. Егер тойына шақырып отырса бару керек. Тойға арнап сыйлығын да ала барайық. Олар қаладағы бай адамдармен аралас, ондайлардың дегенінен бәрібір шыға алмаспыз, сол үшін мал атап, қасына жеңіл-желпі бірдеңе қоссақ болар.

Бәлден: Бұл сапар алыс болайын деп тұр. Оның үстіне Арқабай ағама Жансая мен Әнсаяның да жағдайы қарайды. Ол кісіні арқа тұтып, туыс көріп жүру бізге еш зиян емес. Қайта керісінше сыртпен, елмен араласып көре береміз. Ал, тойына не апарамыз дегенге келсек шағындап, шашылмай бару керек. Ол кісіде мал жоқ деймісің, жетеді ғой. Бізді тек туысы жоқ дегізбеу үшін мен білсем осы, қара көбейтіп шақырып отыр...

Дәлден: Менің ойыма бір нәрсе түседі. Рас алас-жақыннан туыс тапқанға не жетсін. Бірақ олар ендігі дүмді бай болуға айналғандар. Барғанда бізді менсіне ме, апарған нәрселерімізге күліп жүрмей ме? Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты дегеннің кері болып жүрмесін. О жолын да ойлайық. Той болғанша әлі де сұрастырып, о жақпен де хабарласып қояйық. Әлгі Әрмен Жәрмендер сол үйде екен. Бір хабарын тағы бере жатар...

 

                              Екінші сурет

                                    1-көрініс

Жансаяның үйі. Шағын  екі бөлмелі пәтер. Үй ішінде көп адам. Әнсая, Адайша, Малтабар, Дәлден, Бәлден, Әрмен, Жәрмен, Табыс, Балпық және басқалар. Төрде Малтабар жантайып жатыр. Қасында екі ұлы малдас құрып отыр. Беріде Әрмен, Жәрмен, Табыс, Балпық.

(Малтабар жантайып жатып, қасындағы Дәлден Бәлденге сөйлеп отыр. Тоқтайды)

Дәлден: (Сұраулы пішінмен) Құда кім екен өзі?

Әнсая: (төменірек отырып) Ағамдар шамалас елулердегі жұқа өңді сары адам сияқты.

Малтабар: Не істейді дегенім ғой ... Қызметін айтам ...

Әнсая: Не істейтінін білмейім, бірақ ғалым деп таныстырды ғой. Құстарды зерттейді дейді. Профессор ма, сондай, әйтеуір ең үлкенінің бірі болса керек.

Бәлден: Е, ғалым, жазушы, журналист дегендер қазір дәрежесі төмендеп елге онша болмай қалды ғой өзі ...

Жансая: Неге керек болмасын алатын жалақысы аз демесек ... Олардың да көбі күнкөріспен кетіп жатқан көрінеді ғой. Ішінде сол бұрыннан орнығып қалғандары қалса керек.

Малтабар: Құстарды да зерттейді екен ғой, ә ...

Дәлден: Енді зерттемей. Оны айтасыз. Қазір адамның әр мүшесін жеке алып зерттейтін ғалымдар бар.

Табыс: Әй, ғылымның басын ауыртпай жайына қалдырып, өздерің білетін әңгіме айтыңдар.

Бәлден: Пай-пай, әңгімеміз жездеге ұнамай қалды. Сыншысыз-ау.

Дәлден: Күйеу – дұшпан, – деген есептеп отырады ғой бәрін. Іште жатады ғой көп сөйлемеген соң, не нәрсе ...

Табыс: Қарақтарым бірің – іліп, бірің қақпай дұрыс сөйлеңдер. Ертең той деп отырсыңдар. Көңіл-күйді сол қарсаңда дұрыс ұстау керек. Дос бар, дұшпан бар келеді ертең. Аңғарады қас-қабақтан бәрін. Сонда ұнжырғамызды түспей дұрыс жүруіміз керек ...

Жансая: Өй, тілеуің бергір осы сөзің дұрыс. Бәсе, әйтпесе қиракезік бұра тартты сөз неге керек. Татымды әңгіме айту керек қой осы бас қосылғанда. Ауылда не жаңалық бар. Той көп пе ?

Бәлден. Несін айтасың. Той көп. Өзіміз де нешеуін жасадық. Қит етсе той қазір ... Тура мәшине сыйлайды бір-біріне. Ақшасы болмаса, кредит алып той жасайды.

Табыс: Бар ғой. Бар болған соң.

Малтабар: Бары жасаса түк емес. Жоғы да тыраштағаны қиын ғой. Жарыса жасайды бәрі. Бармасаң өкпе тұрған бойлары. Пенсиямызды тек тойға деп сақтап отырамыз. Әкелдік қой  әне, бір жылқының ақысын Арқабайдың ұлы деп.

Жансая: Ағамның еңбегі бар ғой. Қанша көмектесті. Әнсаяға үй әперді. Бәлденге үй әперейн деп еді өзі шыдамай кетіп қалған. Қайтарымы деп ондайда берген абзал, алған қарызды.

Бәлден, Дәлден: Рас, рас.

 

                                    2-көрініс

Аршагүл: (Ұлына ұрсып отыр) Жеңгесіне қол көтерді, үлкеннің жағасынан алды деген не сұмдық. Туысың емес пе? Естімесін оны ешкім. Ауылға сыймай, екі қолыңды қоярға жер таппай қалаға келіп, енді өзіңді адам қылуға көмектескен адамды жағадан алғаның нең ?

Жәрмен: (Қипақтап ақтала бастайды) Оның өзі кінәлі. Мен жайдан-жай өтірік ұйықтаған болып жатсам семіз подругасын ертіп келіп, шай ішіп отырып жамандап жатыр, жамандап жатыр. Содан бір кезде шыдамай кетіп, атып тұрып немене жамандап жатырсың деп жағасынан ала кеттім ...

Аршагүл: (Үркіп) Онда жетіскен екенсің. Ол сені ғана ма? Бәрімізді ағаңа жамандап оңдырмайды. Естімей-ақ қоймадың ба?

Жәрмен: Қайтіп естімейсің. Жалқау, түк істемейді, арамтамақ. Мен асырап жүрмін деп жатса. Ол бізді асыраған жоқ қой. Анда-санда барып қонып, бір шай ішеміз де кетеміз. Ағам кейде бір-екі мың теңге береді болды. Істегеніміз қара жұмыс. Ол үйге барсаң дем алдырмай жұмсай береді. Тапсырма беріп, оны-мұныға жұмсай береді.

Аршагүл: Жұмсаса істей сал. Туысқаның ғой. Ұрысса шыда, үндеме. Бұл мінезіңмен ешқайда сыймайсың. Сен түгілі ана Әрмен де зорға үндемей сыйып жүр. Сен өзің ғой көп сөйлейтін.

Жәрмен: (Қитығып) Көп сөйлемеймін мен.

Аршагүл: Осыдан тағы әңгіме тудыр, әкеңе айтып ауылға қайтартып аламын. Жүр соңсоң қойдың соңында.

Жәрмен: Өзім де шаршадым, бұдан ауыл жақсы. Ешкім төбеңнен қарап тұрған жоқ. Мұнда бәрі бастық. Шаршадым.

Аршагүл: Әлден бір жыл өтпей жатып шаршасаң не болдың. Онда қайт ауылға ...

Жәрмен: (Келіскен сыңаймен) Өзім де сөйтем. Әбден сүйкімсіз болып біттім. Бәрі  жұмсайды. Пайдаланады. Артынан сөз қылады қия бассаң.

Аршагүл: Тұзың жеңіл ғой өзіңнің. Әй, балам-ай ...

Жәрмен: (Ақталған сыңаймен) Білмеймін. Бәрі бастабында жап-жақсы болып тұрады да, соңында дұрыс болмай кетеді ...

 

                                   3-көрініс

Балпық пен Жәрмен, Әнсая, балалары.

Балпық: Әй Жәрмен екеумізге тойда не бар. Жатайық телевизор көріп. Босқа жұмыс істетіп, қонақтың қолына су құйдырып, тамақ тасытып қояды. Одан да аш құлақтан тыныш құлақ деп құр шай болса да тыныш үйде жатайық.

Әнсая: Қайдағы құр шай. Бәрі бар ғой осы үйде. Ет асулы тұр. Бармасаң бармай-ақ қой. Сені ешкім де іздемейді. Барсаң бірдеңені дұрыс істемей қалып күлкі боласың. Жәрмен екеуің бала бағып отырыңдар үйде.

Жәрмен: Сөз естіп жүрген мен ғана ма десем, жеңешем өзі бәрін де бүйі тигендей етіп, қорқытады екен ғой. Дем алсақ дем алайық. Аш құлақтан тыныш құлақ.

Балпық: (Күліп) Олар мені де мазақ қылады. Күйеу бала деп қағытып неше түрлі айтады. Менсінбей қарап, неше түрлі сөздер сөйлейді. Мен соны елемеймін. Барғым да келмейтіні содан. Әнсая болмаған соң барам, әйтпесе мүлде бармас ем ...

Жәрмен: Әрмен де зорға жүр екен. Пәтерге шығайын десе ағам жібермейді. Ұят болады. Үй алғанша шыдап кет деп.

Балпық: Үй әперсе, онда одан сайын басынып алады. Бізді де басынды ғой. Әнсая қол астында істеп неше жыл жүріп алған үйді босқа бергендей көреді. Өздері жандарынан бергендей.

Жәрмен: Әрменге де жұмысын береді ғой үй берсе. Еңбегі үшін ғой. Үй үшін болмаса, қанша туыс болса да ондай ызың мен құлақ етін жеген адамға кім шыдайды.

Балпық: Үй алғанша шыдау керек.

Жәрмен: Әрине. Үй алған соң өзінікі емес пе төр деген. Қалай сөйлессе де. Басқа жұмысқа ауысып алса болды.

Балпық: Иә, одан кейін, құтылу оңай ғой ...  

 

                                      4-көрініс

Арқабайдың үйі. Бір бөлмеде Аршагүл мен Арқабай, әйелі.

Аршагүл: Аға, мына көрпе дұрыс па? Қараңызшы көктеуі түзу ме?

Арқабай: Дұрыс, дұрыс. Еңбек сенікі. Міне, бір апта болды жеңгеңе көмектескелі. Өстіп келіп-кетіп тұрсаңшы. Ана Жәрменге ақылыңды айт. Дұрыс жүр де. Мә, мынаны жеңгеңе көрсетпей салып ал. Ауылға барғанда керек болады. (Ақша береді)

Аршагүл: (Ақшаны қойнына сүңгітіп жіберіп) Рахмет, аға. Айтайын оларға білгенімді. Үйде бәрі орында. Күйеу балаңыз ақшасы аз болып, қысқарғалы тұр. Соған бастыққа звондасын деп тапсырды. Айлығын көтеруді де ескертсін, – деді.

Арқабай: Пах-пах. Бұйрықты берген екен де ...

Аршагүл: (Қызарақтап) Бұйрық емес. Көмек сұрағаны ғой. Адам жатқа да көмектеседі. Оған қарағанда біз қанымыз бір туыс емеспіз бе?

Арқабай: Жарайды, жарайды. Ондай әңгімені ана жеңгеңнің көзінше айтпа.

Аршагүл: Мақұл, мақұл.

 

                                        5-көрініс

Арқабайдың үйінде құда күту түні. Қонақтар көп. Қызу, ду-ду әңгіме. Арқабай көп достарымен құдалар тағы болып бір бөлмеде толып отыр. Туыстар, Малтабар ұлдарымен бір кішілеу бөлмеде. Малтабар әбден қызарып, шаршаған.

Малтабар: Түннің бір уағы болды. Қайтсақ қайтеді.

Бәлден: Ағам қызып қалды.

Дәлден: Жеңгемнің қабағы түсіп кетіпті. Құдалар қайта бастағанға ұқсайды.

(Қонақтар шығып тарқай бастайды. Түнгі аула. Көп мәшинелер. Топ-топ қонақтар қайтып жатыр. Малтабар бір-екі машинамен Жансаяның үйіне келіп түседі. Үй іші жатар алдында)

Малтабар: Өзі Арқабай көп сөйлейтін боп кеткен бе? Көп ішті ғой өзі.

Бәлден: Өздері бізді адам демеді ғой. Босқа келдік пе? Бұдан да келмеген дұрыс еді.

Дәлден: Жоқ, ең қызығы ертең ғой.

Жансая: Сіздер шет жақта, елеусіз отырып қалдыңыздар. Орын болмады. Құдалармен де танысып, әңгімелесе алмадыңыз.

Малтабар: Е, не әңгіме болсын. Ол өзі бір қақиған ғалым адам екен. Мені менсінер деймісің. Жұмысшы адамды ...

Бәлден: Әй, әке-ай. Адам, бәрі бір адам ғой. Со жерде кім жұмысшы, кім қызметкер қарайды, таңдайды деймісіз. Ол ана топ ішіне отырғызбай, шетке қағып қойған ініңіздің нашарлығы да. Тым құрыса аға жүр мында отыр. Құдамен танысып сөйлес демеді-ау, шіркін-ай. Осыны да аға деп жүрміз-ау.

Малтабар: Қайтып айтсын. Өзі арақ ішіп, достарын жаңа көргендей  мәз болып жүрсе.

Жансая: Той болған соң ондай-ондай бола береді. Бар қызық әлі алда. Негізгі той ертең ғой. Сонда болады бар қызық.

Бәлден: Рас, ағамның бүгін қызып, мас боп қалғаны ұят болды. Әлгі жерде қонақтарды да шығарып салатын ешкім жоқ. Әйтеуір бір-екі балдызы жүр.

Дәлден: Енді бізге айтса соны атқаруға шамамыз жетеді ғой.

Малтабар: Айтудан ғой бәрі... Ертең мұндай болса енді мұның тойына келмеймін.

Дәлден, Бәлден: Әу баста босқа шықтық. Келмей-ақ қою керек еді. Бәрі ана қатынның кесірі. Маңайына туысын жиып алып, біз келсек кірпіше жиырылады. Бүгінгісі мынадай болғанда, ертең қатырар деймісің. Рас, ай босқа сандалдық білем ...

 

                                           6-көрініс

Тағы да Арқабайдың үйі. Той біткен. Енді Малтабар ағасын балаларымен жеке қонақ қылып отыр. Иығына шапан жауып костюм-шалбар кигізіп, екі ұлына көйлек сыйлап отыр.

Малтабар: Рахмет Арқабай қарағым. Ризамын. Енді мен ғанамын ба осы үйге келген қонақ. Неше күн ойдан-қырдан бәрі жиналды кеп. Ара-тұра ондай боп тұрады. Бәрі жақсы өтті. Бізді өкпеледі дегенің бекер. Несін өкпелейміз. Сыйлап жатырсыңдар. Көптің ішінде қызықшылықты көрдік. Құтты болсын. Сөз бермепті дегенде бізге қалған не сөз бар. Айтылды ғой бәрі. Осы қуаныш ұзағынан болсын дейміз сөз бергенде де айтатынымыз сол ғой. Елде жүрсек те ағайынның тілеуі сол тілеу ғой.

Жансая: Ағам бар жиған сөзін айтты ғой бүгін інісіне. Жиналып қалған екен де. (Күледі)

Бәлден: Енді жиналмай. Тілегі ғой. Өзінің айтсам, білдірсем деген ойы.

Дәлден: Ау, біз де қостап қойып, бірдеңе ала отырайықта ...

Арқабай: Әнсая, Балпық қайда, әлгі Табыс қайда?

Жансая: Олар кісі. онсыз да көп шығар. Аяққа оралғы боп қайтеміз деп келмеді. Кеше болды ғой ішінде. Сол жарар.

Арқабай: Мақұл, мақұл.

(Қызу отырыс жалғаса береді. Арқабай қызу)

 

                                          ІІ Акт

                                 1-көрініс

Арқабай әйелімен екеуі үйде отыр.

Арқабай: Өздері не әкеліпті.

Кәмила: Ой, түгі де жоқ. Не болсын... Өздері алғанға ғана болмаса, беруге жоқ қой тегі. Жұтайды да отырады. Жарымайды бір. Әкелгені сол бәрі жиылғанда отыз мыңдай ақша.

Арқабай: Өздерінің ішіп-жегенінен де аспайды десеңші.

Кәмила: Рас, сол.

Арқабай: Сонда бұлар мына заманда қалай жарысын, өткен кездегі молшылықта осындай еді. Қазір тіпті елдің бәрі байып жатқанда осыларға не жұт келетінін білмеймін және өздері шетінен кеуделі. Ақша сұрайды қыйт етсе.

Кәмила: Әнебіреу Дәлден дегені сен жеңге бізді дұрыс қабақпен қарсы алмадың деп маған. Ана Жәрмен деген жүгірмегі жағамнан алып. (Көзін сүртіп, кемсеңдеп жылайды)

Арқабай: (Қызарып кетеді) Өңшең ноқай... Пәле іздеген қуаяқ, есерсоқ, ақылсыз немелер. Көрсетермін мен оларға кімді жағадан алуды. Басынған екен. (Жұдырығын түйеді)

 Кәмила: (Жылап отыр) Өмірі мұндай қорлықты көргем жоқ. Көмек десе көмектесіп ақшасын беріп, тамағын тойғызып. Енді келіп әбден тойынған соң ... (Үдей түседі) Үлкені де, кішісі де шәниіп, жүрген-тұрғаны, келген-кеткені – бәрі міндет.

Арқабай: Болар, болар. Алысқа барма. Тоқта осымен. Түсінікті болды.

Кәмила: (Жылауын қоя қойып) Немене түсінікті. Немене түсінуші едің. Сен өзің де сондайсың. Отыз жылдан бері айтып келем саған. Осылардан байқа деп.

Арқабай: Апырай байқағанда қайтеміз енді, осының-ай сенің.

Кәмила: Же, миын. Айт та же...

Арқабай: Айтпаймын, өзің айт...

Кәмила: Тыңдап жатыр айтқанды. Ұғады деген сезіңді, өңшең мақау. Ой өгіз, өгіз.

 

                                            2-көрініс

Жансая: Осы тойда бар ыдысты жуып, тамақ істеп, от жағып тындырған екеуміз едік. Бәрін істеген менің туыстарым деп ағамды жепті ғой ана жынды.

Әнсая: Ол «жынды» біреуге тиіспесе жүре ме. Ылғи осы. Бүгін ғана ма. Өмір бойы осы. Қатырса сол күні жүрді ғой туыстары қолдарын қалтасына салып. Ана Толықпай дегені фирманың мәшинесін соғып, көп айып төлепті. Өзі нашар шопыр ғой сол күйеу баласы. Онымен қоймай жеңгейдің ана бір сіңлісімен жақын дейді өзін.

Жансая: Қой, құрысын, қайтесің. Оны айтпа, өзімен кетсін әйтеуір ұрыс-керіссіз өтті ғой тыныш. Соған тәубе.

Әнсая: Жо-ға. Ағамды айтам. Айналдыра келіп бізге тиіспесе іші кебе ме. Сендерге немене, ерекше шақырту керек пе деп көзін шақшитып әйелінің көзінше сөйледі ғой. Сөйткен әйелі бізді бітіріп енді өзіне кірісіпті. Ана бір қол астында істейтін баланың шешесімен «Әмпай болды» деп екі аптадан бері тағы қырқысып жүрген көрінеді.

Жансая: Ол әңгімесі рас па екен?

Әнсая: Өтірікші ғой ол. Жала жабуға жүзі танбайды. Іші тар, қызғаншақ. Осы қылығын кеше түскен келінге істеп ол да отырған көрінеді иен үйде. Өздері бір үйде келін мен ұл мына жақта. Өзінен өзі қызғанып, үйді сатам деп, айналасы, бір жылға жетпей арасы сонша суынды. Өз байлығын өз баласынан аяған қуаяқ.

 

                                           3-көрініс

Тарамыс: Үйге барайық... Әкемдер қонақ шақырыпты. Шешем көмектесіңдер деп жатыр.

Алтыншаш: Басым ауырып отыр... Жұмыстан шаршап келдім, ешқайда барғым жоқ, дем аламын.

Тарамыс: Онда мен барып көмектесе берейін. Сен дем ал... Неге бүйтіп көңілсіз жүрсің. Саған менің туыстарым ұнамай ма? Бөлек шығайық дедің, бөлек тұрып жатырмыз. Енді анда-санда барып көңіл аулап, аздап көмектесіп тұруға болады ғой. Олар сенің жайыңды менен сұрайды ғой.

Алтыншаш: Шаршап жүр. Демалып жатыр дерсің.

Тарамыс: (Қипалақтап) Бір сылтау табамын ғой. Бірақ олар қанағат қыла ма? Сұрайды ғой, ертіп келмедің деп қинайды ғой мені. Жүре салсаң болмай ма?

 

                                             4-көрініс

Арқабай, Кәмила, Сағымгүл. Түн ортадан ауған. Өзара ақылдасып отыр. Қонақтар қайтқан. Әйелі мен қызы стол жинап жүр.

Арқабай: (ұлына) Сен жұмыста қайдан тамақтанып жүрсің?

Кәмила: Қайдан болушы еді. Осы үйден тасып, өзі жасап, асхана, кафе деп жүр әлі, баяғы бойдақ күйіндей.

Арқабай: Апырай, бұл неткен келін. Тым құрса жұмысқа тұру, ақша табу, әлде күйеуінің тапқанын алып үйде ас дайындау деген болмай ма?

Тарамыс: Туу, шеше-ай. Осы бірдеңе сөз бола қалса сөзден-сөз тудырып кететіндерің не. Өзің тәрізді ол біреудің жас баласы, әлі үйренбей жатыр да. Жасайды ғой бәрін де өзі.

Арқабай: Ойбай, қарағым-ау. Үйленгеніңе неше айдың жүзі болды. Оның алдында неше жыл үлкен жер, шетел деп екі жыл тұрып келдіңдер шетте. Енді менің бұрынғыдай дәулетім жоқ сендерге күтуші, аспаз жалдап беретін. Тамақтарың тасып беретін. Өздерің тіршілік етіңдер. (Қамығып. Алақанын жайып) Кешегі бастық кезімде құйылып жататын табыс кетті енді қолдан. Өзім де тексеруге ілініп қиналып жүрмін. Мойынға мінген ақшаның тұрысы анау. Кешегі қызығын көрген бір туыс та бүгін мен мынаған көмектесейін деп тұрған жоқ. Басқа басқа, осыны қасымда жүрген сен түсінуің керек еді ғой! (Отыра кетіп ұнжырғасы түсіп, тізесін уқалайды)

Тарамыс: Әке, түсінем ғой. Осының түгелі менің үйленуіме дәл келіп, қаңтарылып тұрғанын көрмеймісің. Осыны естісе үйдегі келініңіз оның туыстары, құдаларыңыз, олардың туыстары не айтпақ. Сондықтан бір есептен, олардың келмегені де, оны-мұны ішкі сынымызды, біздің ортайған халымызды білмегені дұрыс емес пе? Өстіп білмеген боп жата жүріп, білдірмей жіберсек жөн емес пе. Ал бұл жағдайдан шығуға көп таныстарыңыз, тойға келгенде ат көлік, қымбат дүние сыйлаған таныстар көтеретін шығар. Мықты нағашылар бар ғой ...

Кәмила: Ой-буу. Мынау, шіп-шикі бала екен ғой әуелі. Осы заманда біреу бірдеңе береді дегенге кім сенеді. Керісінше, тартып алмаса бермес. Қой қалқам, сандалмай. Тым құрымаса өзіңмен-өзің болып, елдің баласы сияқты жөн тауып та кете алмадың ақыры. Әй, қу шунақ-ай.

Тарамыс: Шеше. Мен жұмыс істеп жүрмін ғой. Өзімізбен-өзіміз кеттік қой енді. Бұдан артық не қыл дейсіңдер.

Кәмила: Кеткенің осы ма?! Екі күннің бірінде бізді тонап, бересе ақша, біресе тамақ, дүние деп келесің де тұрасың. Алуға болмаса келе ме көмектесуге тым құрса қалымызды білуге сенің ана әйелің ...

Тарамыс: Шеше. Келінге тимеңіз. Ол әлі жас.

Кәмила: Жас-жас. Қайдағы жас. Сен білсең жиырма жетіге ол болса жиырма екіге келді. Неткен жас ол. Жиырмадан асқанша ақылы кірмейтін. Дайынға үйренгенсіңдер. Арамтамақ болып өскенсіңдер.(жыламсырап) Ой, қандай баласыңдар ...

Тарамыс: Шеше... Шеше. (Құшақтап, демей береді) Не болды. Ауырып қалдыңыз ба? (Бір жағынан Сағымгүл келіп сүйей береді)

Кәмила: Дәрі, дәрім. Жүрегім ұстап. Су... Су ... (Талықсып кетеді)

 

                                         5-көрініс

Тарамыс. Алтыншаш. Екеуі оңаша.

Тарамыс: Біздің отбасында, көңілсіз бір ыңғайсыз жай туып тұр... (Ыңғайсызданып, айтсам ба айтпасам ба деп тұрады)

Алтыншаш. Ол не? Біреу ауырып қалды ма?!

Тарамыс: Жо-жоқ. Тек бір аздап. Әкемнің қызметі ауысып. Қаражат жағы қиын екен. Соған. Соған ...

Алтыншаш: Иә, соған не?!

Тарамыс: Мына пәтерді үйді, әкем сатпақ екен.

Алтыншаш: (Орнынан тұрып кетіп. Көзі бақырайып) Сен бұл үйде біз тұрамыз. Енді бұл біздікі дегенің қайда. Біз қалай, енді ана жер үйге барып бір бөлмеге қысылып тұрмақпыз. Жоқ әлде сен мені ыдыс-аяқ жуғызып, үй сыпырушы етіп, әке-шешеңе келген қонаққа үй күтуші қылайын деп пе едің. Мен бес жыл орыс тілі, шет тілін оқығанда осы үшін оқыппын ба? Сен әлде үйленерде маған берген уәдеңді ұмытып қалдың ба? Ұмытып қалсаң есіңе салып қояйын, үйленген күннің ертеңінде бөлек шығамыз. Бөлек тұратын үй дайын. Жұмысты әкем тауып береді дегенсің. Оны тосқаныма алты ай болды. Мен болсам әлі тосумен жүрмін. Тым болмаса тамақ тауып жарты жыл асырауға шамаң келмейді екен. Онымен қоймай, үйді сатады деп енді жер үйге қарай сүйремекпісің. Япырай, сен өзі тіпті, тіпті нағыз, өтірік айтатын жан екенсің. Жүрегім осында келген күні-ақ сезіп еді-ау. Осында бір шикілік бар екенін. Бетіме бәрің күлімдеп, ал сырттай бәрін басқаша жасап жүріпсіңдер. Жо-жоқ мен бұған төзе алмаймын. (Ол жылап жіберіп екі қолымен бетін жауып, теріс айналады) Япырай, мұндай да болады екен-ау. Онда мен мүлде әкемнің үйіне кетейін.

(Арқабай, Кәмила, Сағымгүл)

Арқабай: (әйеліне) Әлгі келін баланы туыстардың бірін жіберіп алдыру керек. Бұл ұят болады. Өмір бойғы жиған тергенімізді жұмсап той жасадық. Құда-жегжатпыз деп туыс болып құдаластық. Мұның аяғы бір жылға жетпей бұлай болса, біздің абыройымызға, туыстар мен жұрт алдындағы қадір-қасиетімізден не қалмақ. Бүйтіп тірі жүргенше өлгеніміз артық емес пе?! Әй, бәйбіше, бәйбіше ...

Кәмила: Не?! Немене сонша айқайлап. Кісіні зәресін алдың ғой, тіптен.

Арқабай: Әлгі келін баланы әкелуге кісі салайық. Оған кім лайық. Келіні шыдамай кетіп қалыпты деген сөз қандай қиын. Баламызды, әулетімізді менсінбегендей бір ауыз сөз айтпай кетіп отырғаны несі. Айтса, реніші болса білдірсе қайтеді. Біздің оған деген ренішіміз болса айтып, түсінер, білместігі болса түсінер дедік. Енді мұнысы не? Үлкендеріне кісі салайық. Жай білетін жандар еді. Өкпе-назы болса тыңдап, біз де білгенімізді айтайық десек не болады. А-а? (Айнала қарайды)

Кәмила: Қой, қарағым. Босқа арамтер болма. Ол келін адам болатын орнықты болса алғаш келгеннен бергі жарты жылда-ақ үйреніп, біздің отбасына бауыр басып үйреніп кетер еді. Келгеннен-ақ ниеті басқа болғанын сезіп едім. Уһ, сезіп едім. (Кемсеңдеп жылайды) Баламның өмірін қор етті. Енді былай шығып алып бөлек тұрайық деп үгіттейтін көрінеді.

Арқабай: Қор етті, қор етті. (Мазақтап) Қит етсе қоймайсың. Қор етіп не істеді. Тұрғысы келмесе шықсын бөлек. Біздің оған күніміз қарап тұр ма? Келін ұстап қолды жылы суға малатын заман емес. Ақыл тоқтата келе өздері-ақ қайтып келетін еді ғой. Несіне жабыстың. Несіне сонша қудың осыны.

Кәмила: Япырай, мен өз басымды ойлаппын ба?! Жалғыз ұлдың келешегі ғой менің ойлағаным. Үш бөлмелі даңғарадай үйде тұрып алып, ертең соттасып соны бөлмек болса нетер едің?! Менің ақылыммен ертерек сатып жібермегенде отыратын едің ендігі сорлап үйден де, келіннен де айрылып. Екеуі бірге кеткенше, келін кетсін деп мен оны сатқызған. Соған шыдамай, бізбен тұрмаймын дегенді сылтау етіп кетіп отырған келін сенің ұлыңды сүйіп келіп пе?! Дүние оның байы. Ай, біліп ем-ау. Біліп ем-ау! (Басын құшақтап сенделеді)

(Осы кезде Тарамыс пен Сағымгүл кіріп)

Екеуі: Әке, не болды?

Арқабай: Не болсын. Сендердің жайларың ғой баяғы. Әй, қу шунақ-ай. Жетесіз ғып жаратқан. Қарағым-ау келін қайда, келін. Неге қайтарып әкелмейсің.

Тарамыс: Тұратын жер болмаса мен оны қайтарғанда қайда апарам. Пәтерге апармақпын ба?

Арқабай: Қарғам-ау. Сендерге кім үйді сат деген. Тұра берсеңдер қайтетін еді сол үйде. Несіне саттыңдар. Ақшасын не істедіңдер.

Тарамыс: Оны шешем біледі. Келді де, әкең айтты – Үй сатылады. Оған ақша керек, – деді.

Арқабай: Апырай, қанша қысылсақ та саған үйді сат деп қашан айтып ем. Ей, қатын (Әйеліне тура жүгіреді, әйелі қаша жөнеледі. Қызы екі ортаға тұра қалады)

Сен өзің қайда жүрсің бір аптадан бері. (Ұлына) Арақ ішіпсің ғой. Өй жетесіз ...

Тарамыс: Әке, келіншегім Алтыншаш үйінен шықпай қойды. Қаланың сыртындағы үйінде екен мен соның соңында жүрмін жұмыстан кейін. Сөйлесуден қашады.

Арқабай: (Зілденіп) Сөйлесуден қашатын, дүние үшін жанын сататын қызды кім ал деді саған. Өй, жетесіз жүр  сүйтіп өзіңе де обал жоқ.

Кәмила: Мен білдім ғой осының бәрін, білдім ғой. Білген соң ғой үйді сатып, бос шығын болмасын, ұлымды жұртта тастап кетпесін деп ...

Тарамыс: Ше-ше . Ше-ше ...

Арқабай: Апырай, осындай да болады екен-ау. (Таңырқап,. Ұлына таяп келіп) Қарағым сен шынымен осы менің баламсың ба? Намысың қайда. Оның артынан неге барасың. Өзі кетсе өзі келсін. Егер келмесе, тұрмаса ажырассын да мүлде кетсін. Иә. біржола (қолын сермейді).

Тарамыс: Әке уәдеміз қайда?! Мен оған барлық жағдай болады деп уәде бердім ғой, әке (тізерлейді). Шын сүйіп, ұнатқан адамыма бақытты етуге уәде берсем оның несі ерсі. Менімен ешкім сөйлеспей, бәрін өздерің неге шешетін болсаңдар онда мен өздігімнен ештеңе істей алмасам адам болғандығым қайсы?!

Арқабай: (Кекесінмен) Сөзін қарашы. Немене біреуге мол етіп уәде берсең ол дүниемен бақытты бола қалады деп ойлайсың ба?! Сен осы бос уәдеңмен адамның мінез-құлқын бұзатындай қылық болғанын өзің де сезбегенсің ғой деймін. (Орнынан тұрып, әрі-бері жүріп кетеді) Қарағым-ау. Ол әлі шіп-шикі ғой. Ештеңе көрмеген, білмеген. Өмір туралы түсінігі шіп-шикі бала. Онымен қоймай бізге төбесінен қарағысы келеді. Басында сенің өзің сияқты тек дүние, мәшине, мәртебе... Ал сен білесің бе, біз дәл сендей кезімізде Алматыдан пәтер алу үшін қанша жыл сандалып, кім көрінгеннің босағасында пәтерде, қанша жыл жатақханада жүргенімізді... Біздің осынша, бүкіл өмір бойы тірнектеп жиған күлкіміз бен абыройымызды, еңбегімізді жерге түсіріп, аяққа таптап, енді келіп мен уәде бергем дейсің, жарайды уәдеңді орындап бақ. Бірақ әке-шеше, туысқа, айнала елге, неге қарамайсыңдар. Ертең бәрі сендерге қалады ғой осының. Бұлар үлкен-ау деп неге көңілге қарамайсыңдар. Қисық, қыңыр келмей, неге түзу оң көзбен келмейсіңдер түге. Біріңді-бірің жауша аңдымай ата-ана, әке мен бала, адам сияқты ойнап-күліп неге жүрмейсіңдер. Бұнда қайдан келген сықиған өзімшілдік, менмендік, көкірек керіп жатып алып міндетсу ...

Тарамыс: (Төмен қарап тұрған бойы) Білмеймін әке. Айта алмаймын. Ол әйтеуір мұнда аттап басқысы жоқ. Біртүрлі ата-енем мені қабылдамайтын, менің бойымдағы кемшілік-мінімді, ойлаған ойымды біліп, аңдып жүретін сияқты. Өзімді еркін сезіне алмаймын дейді...

Арқабай: Сен соның сөзіне сендің ғой баяғы.

Тарамыс: – ?! (Үндемейді, басын төмен салады)

Арқабай: А, үндемейсің бе? Онда өздерің біліңдер. Ақыл сұрамасаңдар. Бәрін өздерің біліңдер. Тіпті, жеке шығып кетіп ата жоқ, ана жоқ, қайын сіңлі жоқ қара бастарың бір-біріңді сыйламай, бір үйге сыймаса сендердің өмір сүргендеріңнен, бар болып адам қатарын толықтырып жүргендеріңнен не пайда?! Әйтеуір бар болыңдар. Беттеріңнен жарылқасын ...

 

                                       ІІІ Акт

                                Үшінші сурет

                                      1-көрініс

Алтыншаш апайымен бірге жеке пәтерде. Оның күйеуі шетелде командировкада. Евроремонт жасалған «Самал» микроауданындағы бес бөлмелі оңаша пәтер.

Атыншаш: Саған қызығам әпке. Вузда сабақ бересің, өзің сұлусың. Жездем қандай. Маған ондай адам бұйырмады ғой.

Әлима: Қой Алтыншаш текке қамықпа. Кеше Тарамыс іздеп келді ғой сені. Татуласқандарың жөн. Ол жаман жігіт емес. Сені жақсы көріп, сүйеді. Әлі көңілі суый қоймаған. Көңілін қалдырмағаның жөн.

Алтыншаш: Ал ол менің ақ көңіліме қарады ма? Бар есі-дерті әке-шешесінің үйіне барып от жағып, күл шығарту. Ауылдан келген, бас-аяғы жоқ келіп-кетіп жатқан адамдардың тамағын істеп, ыдыс-аяғын жуып, проблемасын тыңдауым керек. Неге керек осы маған.

Әлима: Сен оған барған жоқсың ғой. Ондай жағдайға бармаймыз деп отыр. Ушықтырма көп ойлап. Біздің әке-шешеміз де бай адамдар емес. Егер олар естісе, екі арада үлкен әңгіме болады. Сондықтан осы арадан тоқтап, әлгі Тарамыс келгенде оңаша отырып өзара ақылдасып сөйлесіңдер.

Алтыншаш: Ол ештеңе айта алмайды. Өзі жұмыссыз. Әкесі мен шешесінсіз ештеңе істей алмайды. Олардың мінез-құлқын айттым ғой...

Әлима: Онда өзің жұмысқа тұр. Тарамыстың жұмысқа тұруын күт. Оңаша тұрғыларың келсе сондай жағдайды өздерің ойлаңдар. Біз де көмектесіп байқайық ...

 

                                        2-көрініс

Тарамыс: Алтыншаш мен кейінгі кезде оңаша көп ойландым. Біздің бұл жүрісіміз дұрыс емес. Үйге қайтайық. Мен бөлек тұруға шешемді көндіре алмадым. Ол үзілді-кесілді қарсы. Ұят та болса тіпті жаңадан үй алғанға дейін бізбен тұра тұрсын, сосын көреміз дейді.

Алтыншаш: Япырай, мен онда қайтып шыдамақпын. Таңертеңнен кешке дейін үй шаруасына бармақпын ба?! Мен жұмысқа шықпақпын. Сосын ойланайық. Біздің ата-анамыз бұны білмесін. Өзіміз жұмыс істегенше осылай жүре тұрсақ болмай ма? Соңында бәрі реттеліп, жұмыстан қаражат тауып жөнделген соң үй-жайды өзіміз ойластырғанымыз жөн емес пе?

Тарамыс: Мен білмеппін. Сен ақылды екенсің-ау. Осы күндері мен қызметке кірдім. Айлығым да жақсы. Өстіп бастап сен қаражат табуға жетсең өзіміз де қалыптасып кетерміз.

Алтыншаш: Әрине ...

 

                                            3-көрініс

Кәмила: Түннің бір жер болды. Апырау бұл қайда? (Терезеге қарайды) Кешегі телефон соққан адамның айтқаны шындық болғаны ғой. Сонда ол ана әйелмен кетсе мен қайда қалмақпын?! Жетім неме. Сүмірейіп соқа басың  келіп ең. Тойыңды жасауға ақшаң болмай шығыныңды ақыры келіп менің ағам көтеріп еді сол күнде. Сатып әперген қызметті де істей алмай, ақырғы тойынып алып, мені ит қылмақ ойыңа келген екен ғой. Болмас ол. Көзіңе көк шыбын үймелетермін. (Телефон қоңырауы шылдырайды)

–Иә. Мен – Кәмиламын.

Еркек даусы. Кәмила тыңдап ал. Мен шынында да Тарамыстан бірдеңе шыға ма деп өз балам деп жүрсем. Мынау саған тартыпты. Мен ішкіш болсам да қолымнан бірдеңе келетін, машинаның кез келгенін шашып тастап жинап алатын жігітпін. Мені оқымаған деп кеселденіп тастап кетіп едің, баламды да не маған, не ана интеллегентіңе ұқсамайтын ғыпсың. Енді ондай ұлдың керегі не, саған бердім. Өздерің көр қызығын. Енді мені іздеп кеп басымды қатырма. Саған беретін ақшам да, ақылым да жоқ. Баяғыда айтушы ең, бәрін ағам, ақшам, жағдайым шешеді деп. Шеш өз түйініңді. Енді мен мазалама.

Кәмила: Әнуар ... Әнуар ...

Телефон: Үзік-үзік гуіл.

Кәмила: Япырай, енді қайттім. Не істесем екен. Ой, жүрегім. О,о. Басым сынып барады.

Сағымгүл. (Көрші бөлмеден шығып сүйей береді) Мама, мама. Не болды. Қазір, қазір дәрі әкелейін.

 

                                          4-көрініс.

Арқабай: Сен өстіп анда-санда бір көруді де Кәмила көп көрді ғой. Енді қашан кезігеміз. Орын ауыстырып басқа пәтерге уақытша кетпесең ол өстіп артыңнан біреулерді салып қоюдан да тайынбайды.

Дариға: Көшіп кетейін, басқа жерге. Маған ештеңе етпес күйеуі өлген, басы бос адаммын, бәрінен де енді жасың жер ортадан асқанда бала-шаға, отбасыңнан ажырап жүру саған оңай болмас. Арқажан осымен тыйыла тұрайық. Басымыз жиі қосыла берген соң арамыз мүлде жақындап ажырауымыз қиындап кетер, мен жарты жылға Шымқаладағы төркін жағыма бара тұрсам болар. Қиын сәтте артын тоспай кетіп қалды деп сөкпессің. Жағдайдың осынша қиындағанына қарап, соған сені қимай аяп та кетем. Бірақ тағдырдың жазуы осы шығар. Төзімді бол да, Арқам, маған рұқсат бер.

Арқабай: Дариға, Дариғаш. Ап-ашық күнде басымды бұлт шалып тірліктің адастырғанын көрмеймісің. Осылай болар деп кім ойлаған. Мағынасыз, мәнсіз, күңгірт түстей ұйқыдағы күндерімде есеңгіреген қандай халде жүргем. Енді міне, сол халден айығып алып арттағы өмірге қарағым келмейді. Не етермін. Не істермін. Дариға: Дариғаш. Тым құрмаса анда-санда сені көріп босаңсыған бойымды жинап, жаным жадырап, жайым жақсарып қалушы ед. Өрісті тарылтты-ау. Ай-й. (Аһ, ұрып отырып қалады)

Дариға: Әлі де жөнделер бәрі. Ерте ме, кеш пе түскен көңіл кеткен қызмет, ұрысқан әйел, безген келін бәрі орнына келер. Бірақ қиюы қашқан тірлік қанша жаман-жасқағанмен орнына келер ме, сынық көңіл қираған арман, боздаған сезім өз еңсесін түзеп кетуге қанша күш, қанша жігер, өмір оты қажет. Түсінем бәрін. Сүйенішті менен емес, өзіңнен ізде. Еңсеңді көтеріп, жасымай жүр, жасыма. Еңсеңді таптап, арамдық, пасықтықпен аңсарыңа жеткен адам жүз жерден дегеніне жетсе де бақытсыз жан. Соны түсін. Осының бәрі басыңнан өткеріп, бақытсыз күйде бақытты шаққа жете алмай аңсап жүрген сен бақыттысың. Соны ұқ. Осыны ұқ жаным. Қош бол енді.

  

                                              5-көрініс

Әрмен: Аға, сізді жеңешем іздеп неше күннен бері таба алмай жүр. Жан-жаққа, Шымқалаға, Дәрубай ағаға хабарлап ана ішкіштеріңді алып кет депті. Сіз бұнда неғып жүрсіз. Бұл кімнің үйі өзі.

Арқабай: Жә, бауырым тоқта. Саған бәрін білу міндетті емес. Бұл менің досымның үйі. Мені несіне сонша іздеп жүрсіңдер. Он күнге санаторийге демалуға кеттім демеп пе ем.

Әрмен: Қайдағы санаторий. Жеңешем телефонын сұрап алып ол жақтың бәріне звондап, сол жақтағы таныстары арқылы сіздің бармағаныңызды біліп, «Мен қорқып жатырмын, ол онда бармапты, ағаларыңды неге іздемейсіңдер» – деп бізге, жандарың ашымайды деп күнде маза бермей хабарласып қоймады. Тіпті болмағасын досыңыз Қаныштан осы адресті алып келдім.

Арқабай: (Ойланып ұзақ қарап қалады) Иә, әбден іздегендерің көрініп тұр. Адам, аға керек екен бұларға. Рахмет, бауырым. Жүр, қайтайық. Мені қайтесің. Елуден астым. Шаршадым мүлде. Дем алсам деп едім. Шаруа деген демалыстан да іздеп тапты. Қайтесің. Жұмыс үшін деп. Әрине, бәрі қалпына келеді. Өзің қалайсың? Бәрі оң ба әйтеуір.

Әрмен: (Анықтап қарайды) Ішінен ағам арақ ішкен бе, сөзі біртүрлі ғой өзі. Әлде шаршаған ба екен. Бұл кісі неге бүйтіп солғын жүр. Өзі таза, жинақы еді біртүрлі жүріс-тұрысы баяулап, киімі де олпы-солпы тартыпты-ау. (Естіртіп) Аға сізді бірнеше рет ескі спорт киімін киген үсті-басы мыж-мыж ұзын бойлы біреу іздеп келді. Танысы едім дейді. Ағамның таныстарын білем сіз кімсіз десем, өзі ішіп алған ба немене «Мен Тарамыстың әкесімін», – дейді.

Арқабай: Қой ... Өй, оны неге кіргізесің. Қаңғыбас, ішкіш неме. Жолатпа, қуып жібер ...

Әрмен: Аға. Аға не болды сізге. Басыңыз айналып аға.

Арқабай: (Омырауын ашып, кеудесін уқалайды. Тәлтіректеп, тізерлеп барып орындыққа отырады) Тынысым. Апырай ауа тарылып кеткенін қарашы. Дәрігер шақыршы, дәрігер ...

Әрмен: Аға, аға.

 

                                             6-көрініс

Кәмила: Осы сенде ес жоқ, әлі он бестегі миы жоқ бала сияқты. Ана әкеңнің жүрісі анау сандалып, бас-аяғы жоқ бір далада. Ой, қандай қиын адамсыңдар. Шіркін-ау менің мойныма, менің сорыма берді ғой сендерді. Ол кетті. Қайда екені белгісіз. Сен кеттің бір әйелдің соңында. Иен үйді күзетіп мен отырмын. Асхананың бар тамағын өзім жейтіндей, маған көп керектей үйге тасып. (Көзінен жасы ағып) Неге жандарың ашымайды. Неге тек өзара бастарыңды ғана ойлап кеттіңдер? Әлде мені темір деп жүрсіңдер ме, осы күйде сендер темірді жеп тынарсыңдар мына түрлеріңмен. (Көз жасын сүртіп тұрып) Менің жылап, қиналып азап шеккенімнен сендер рахат алып соған көңілдері хош болып өмір сүріп жүрсіңдер. Тайраңдап. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Келін алып екі қолын суға малып, немере сүйгендердің бізден несі артық. Қалай ған соларға бере салды жақсы, тілалғыш келінді. Апырай десеңші. Қалай жалықтым осы үйдің күңі болудан.

Сағымгүл: Шеше, мен бармын ғой. Сіз ештеңе істемей-ақ қойыңыз. Дем алыңыз. Өзім істейін. Қолыңды ұзартар деген келін де, ешкімге де жалындырмай өзім-ақ істеймін үйдің шаруасын.

Кәмила: Ой-бу, қарғам-ай. Сені күні бүгінге дейін түк істетпей әкесінің қызы деп еркелетіп кеп, енді ыдыс-аяқ, кір-қоңға салғаным нем. Одан да баяғы сыры кеткен мен болып өзім істей берейін. Үйренген ауыз, үйренген қол. Сөйлейді де істейді. (Жұмысын істей береді)

(Әрмен кіреді)

Әрмен: Жеңеше ағам бальниске түсті.

Сап-сау күйінде. Ойламаған жерде, сөйлесіп келе жатып.

Кәмила: Апырай, не деп кеттің. Бәлністе деймісің. Оны қайдан білдің.

Әрмен: Туу жеңеше тыңдаңыз айтып алайын... Сөзімді бөлмеңіз. Ағам ауруханада. №5 ауруханада. Өздеріңіз барып білмесеңдер жағдайын. (Қиналып) Мен айта алмаймын. (Бәрі үрпиіп жиналып қалады)

Тарамыс: (Қызу. Әндетіп кіреді) «Достар, достар, жүрсің қайда. Бірге еді ғой ...» неғып бәрің кісі көрмегендей. Үрпиіп.

Әрмен: Ағам ауырып.

Сағымгүл: (Көңілсіз үнмен) Ол ауруханада жатыр.

Кәмила: Дереу бару керек қой. Не аламыз. Ақша. Дәрігер. Онда кім бар еді. Туыстарға...

Әрмен: Жеңеше. Оған түк те керек емес. Ақшасын Құдыш досы төледі. Бәрі жайында. Ол естімейді. Сөйлемейді. Тіпті жүре алмайды. Ол дем алу керек.

Кәмила: Құдай-ау, тілі жоқ деймісің. Барайық та.

Әрмен: Кіргізбейді жеңеше. Ол дем алу керек.

Тарамыс: (Әрі-бері қозғалақтап) Жүр шеше. Барайық.

Әрмен: Барсаң есіктің сыртынан қайтасың. Қатал. Жібермейді ешкімді.

Сағымгүл: Ой, әке ... Әке ... (Өксік даусы шығады)

(Туыстар жинала бастайды. Жұбату сөздер айтып, ақырын күтіп көп отырады. Хабарласып тұрмақ боп тарқасады)

 

                                        ІV Акт

                                   1-көрініс

Тарамыс: Шеше, біз Алтыншаш екеуміз пәтер жалдадық. Бірақ сәл ескілеу, ничего уақытша тұруға болады. Біз солай шештік. Так что енді бір-бірімізді көп мазалауды қойып анда-санда бірер сағатқа ғана келіп-кетіп тұрамыз. Уақытша қиындық көрерміз, бірақ бәрі де бірте-бірте орнына келеді ғой.

Кәмила: (Біресе баласына, біресе төмен қарап) Апырай ақылдаспай бұларың не. Осы үйде-ақ тұра бермеймісіңдер. Енді әлгінің артынан ақыры кетемін деші. Бұл неғылған сұмдық. (Өңі бұзылып) Бәлкім сен әзілдеп, жай айтып тұрған боларсың. Өзің тіпті, әкең ауырғалы әрнені айтып әбден әзілқой болып барасың. Әзіл дегенді, ойынды жалпы шешесіне емес құрдасына айтады ғой. Ал сен болсаң төбеден ұрғандай қылып.

– Шеше, мен пәтерге шығамын, – деп жаңалық ашқандай маған келіп жариялап отырсың. Сен кетсең сол әйелдің соңынан менің бірдеңем қисайып, бүлініп қалады деп жүрмісің?! Әлде, бұларға кім қарайды алпысқа аяқ басқанда деп бізбен есептеспей өзіңше есейіп кеткен кісіше күшпен жолдан ығыстырмақ шығарсың бізді. Сөйтіп өзің мен ана өзің сияқты желікбас әйеліңді барлық міндет атаулыдан құлан таза босатып алмақ ниетің бар ма?! Олай болса, несіне тұрсың. Қазір кет (Қолын шылайтады). Кет қазір. Оралма сол кеткеніңнен. Осы кеткеннен есігімді аттатсам ба сендерге. Баласыз, панасыз кетсем де дәл сені кіргізбеспін. (Тепсінеді)

  Тарамыс: (Мырс етіп. Басын қақшаңдатып) Ой, шеше. Қандай артиссің-ай. Қандай ғана қиын, сәт сайын құбылып тұратын, әп сәтте өзгере қалатын, әзір былай, әзір былай жүруден шаршамайтын адамсыз.

Кәмила: Әзір былай, әзір былай болып мен саған не жаманшылық істеппін. Айт қане. (Қадала түседі)

Тарамыс: (Сәл жұмсарып) Шеше, ол енді былайша, тым асығыста, жай айтыла салған сөз ғой. Жарайды келме десеңіз келмей-ақ қояйық. Пәтерде-ақ тұра береміз. Одан трагедия жасаудың керегі не? Жүр ғой сондай пәтерде мыңдаған қазақтар. Подумаешь. Бай боп бүгінге дейін жүрдік қой, енді кедей боп та көрейік.

Кәмила: (Селк ете қап) Ойбай сен аштықты да, жоқтықты да көрген жоқсың. Жетім болған ана әкең. Әлі соның зардабын шегіп жүр. Жалғыз ұлы да жетім сияқты өсті, сөзі мен ісі құдды жетім ...

Тарамыс: Шеше, сіз, сіз, сіз... Сіз қатты кетпеңіз. Өйтіп әкемді бет алды жазғырмаңыз. Ағама біздің Алтыншаш екеуміздің түк ренішіміз жоқ. Сауыққанша әлі барып тұрамыз. Ол әлі жақсы болып кетеді.

Кәмила: Бір алла біледі бәрін. Алам десе қазір-ақ ...

Тарамыс: Бісміллә-ә. Ше-ше... Айтпаңыз ондай сөз.

Кәмила: (Жылап) Осы сөзім түк те жаманшылық шақыру емес. Керісінше алды-артыңда не болып жатқанын ескерту ғана. Ертең алда-жалда әкең төсектен тұрмаған күйі олай-бұлай болып кетсе біздің осы күйімізге сырттан біреу келіп көмектесер дейсің бе? Атының басын тарта жүріп, жан-жағына қарап ойлансын деп айтамын балам. (Жуасып тоқтайды)

Тарамыс: (Нәрселерін жиыстырып, сөмкесіне сала бастайды) Иә, шеше жылағанмен бола ма, жақсы ма, жаман ба біз біле алмаспыз. Бірақ уақытша болса да бізге мұрсат бер.

Кәмила: Қарғам-ай қолымнан тартқандай ғып алып кетіп отырса сенің сұраған мұрсатың, алаңдаған көңілің не болады. Бар амалды, істеп-ақ бақтым ғой бірге болсақ деп. Әйтеуір бір жерде отырсақ бәрі өз ырқына келер, жөнделер деп. Олай болмады. Енді амалым таусылды. Өзің біл балам.

Тарамыс: Сау боп тұр, шеше. (Сағымгүл кіреді)

Сағымгүл: Бұл немене тағы ренжігенсіздер ме, аға, шеше. Әкем қалай екен.

Кәмила: Тарамыс барып келіпті. Тәуір көрінеді.

Сағымгүл: (Тарамысқа) Немене Мекеге кететіндей болып буынып-түйініп алғансың. Пай-пай-пай, менің осы ағам-ай, сұлу келіншек алам деп әбден жүдеді-ау өзі. (Сықылықтап әбден күледі) Ол сұлу қайда екен?..

Кәмила: Пәтерде көрінеді.

Сағымгүл: Бізден тығып қойған ғой. Сонда оны үйге неге ерте келмейсің. Ол сонша немене перизат па адамнан жоғары.

Тарамыс: Әрине, ол анау айтқандай перизат емес, бірақ ол оны-мұны сөзге, іске біздердей шебер емес. Сонысынан қысылады.

Сағымгүл: А-а. Ұялшақ екен ғой. Гүлі ашылмаған.

Тарамыс: Сен ағаңа олай сөйлеуге хақың жоқ.

Сағымгүл: Ал сенің ата-анаңды қалағаныңша жазғырып, қалағаныңша ренжітуге хақың бар екен де, оның себебін айтуға біздің хақымыз жоқ екен ғой? Шеше, қараңыз мұны. Бұл нағыз өзімшіл. Туыстық сезімі жоқ. Тіпті, әке-шешесінен де әйелі үшін безуге бар ...

Тарамыс: Сағымгүл, ешкім әке-шешеден безген жоқ. Бәрі тек уақытша ғана. Біз келіп тұрамыз.

Сағымгүл: Әрине, бастабында уақытша. Сосын сирек көрісу ақырында мүлде ірге бөліп, жат адамша суысып кету. Иә осыған келеміз. Бірақ көнеміз амал жоқ.

Тарамыс: Бәріміз де түбінде бірге, бір үйде тұрмаймыз ғой. Сен де бір күні тұрмысқа шығасың, өз отбасың болады. Ал әке-шешемізді немерелер келіп қуантып тұрады.

Кәмила: Тек соған жазсын де.

Тарамыс: (Шығып бара жатып) Хош бол шеше.

Кәмила, Сағымгүл: Жолың болсын.

 

 

Қазақ тілінде жазылған