Бейкүнә қанішер
Қас қарая бастаған кез. Көпқабатты үйдің есігінен шыққан бойжеткен «Көмектесіңдер!» деп жанұшыра айғайлады. Қырсыққанда жақын маңда тірі жан жоқ, пәтерлерден сансыз сәуле жарқырап тұрса дағы ешбірі көмекке келе алмас, келгеннің өзінде де олар жетіп үлгергенше жемтігін қуған қасқырдай қанішер қуып жеткен бойда бауыздап өлтіретіні анық. Құдай берген екі аяғынан басқа ешнәрсеге және ешкімге сенім арта алмасын түсінгенде, нәзік талдырмаш денесіне тылсымнан күш дарығандай алды-артына қарамай зымырай жөнелді. Ол қазір кеудесіне сыймай соққан жүрегінің дүрсілін ғана естіп келеді. Құрбысының қансырап жатқан бейнесі мен қанішердің қанталаған отты көздері көз алдынан кетер емес.Артына бұрылып қарауға жүрегі дауаламады, бірақ, оның ілесіп келе жатқанын сезді.
Бойындағы күші сарқылып, барған сайын жүрісі баяулап бара жатыр. Еркіне бағынудан қалған аяқтарына қиыршық тастар батып, суықтан жансыздана бастағанда ғана пәтерден жалаң аяқ жүгіріп шыққаны есіне түсті. Сәл-ақ шыдаса жолға шығып, көмек қолын созар адамдарға да кезігемін деген ойдан үміт оты қайта тұтанды. Он шақты қадам жерде тұрған көше шамдары дәл бір қалың қараңғылықтан алып шығар жарық күннің нұрлы сәулесіндей көрінді оған. Жеттім-ау деген шақта суық қол білегінен шап беріп ұстап алды...
(3 күн бұрын)
Еңгезердей инспектор Полиция Департаментінің ғимаратына жедел басып кірді де, кабинетінің есігін жұлқа ашты. Әріптестері де дайын отыр екен, ду қол шапалақпен қарсы алған; тұс-тұстан мақтау айтып, дәл бір өздері қанды қол қылмыскерді ұстағандай мәре-сәре. Қызметкерлердің арасындағы ең беделді, ең тәжірибелі саналатын Мұрат та арқасынан қағып, «Өзімнің шәкіртім ғой!» деп мақтанып қояды.
– Жеңісіңді жумаймыз ба?! Бұның өзі де жеңіс емес пе. Тергеушінің өмірі сол – қылмыскермен айқасып жүргені қашан да. Бұл дәу – Тайсоннан кем соқпайды – деп Садуақас әріптестерін бір күлдіріп алды. – Жарайды енді, қызарып кеттің ғой, тіпті. Тұмсығын бұзғанын өтірік емес қой.
– Бала күнімде боксқа қатысқаным бар, бірақ, Тайсонға жету қайда-а?! – қызарақтап, ұялып қалды.
Осы ортада шені жоғары Асхат сөзге араласып:
– Тиісе бермеңдер енді. Оданда мейрамханаға барып отырайық, – дегені сол еді телефоны безілдеп қоя берді.– Иә, тыңдап тұрмын!–деді сөзін бөлген адамды жақтырмағандай өктем сөйлеп. Артынша қабағы түйіліп, жайдары жүзі суып кеткеніне Мұраттан өзгелер мән берген жоқ, бір-бірімен қалжыңдасып, улап-шулап, мейрамханаға жиналуда.
– Әй, сен қайда барасың? – деді Мұрат жазба кітапшасы мен қаламын түгендеп, көлігінін кілтін іздеп әуре-сарсаңға түскен Асхатқа.
– Шахристан шағын ауданында жас жігіттің мәйітін тауыпты. Шұғыл түрде оқиға орнына жетуім керек. Құдай-ай, қайда қойып едім кілтті?.. Қайда?.. Қайда кетті?.. Керек кезде ылғи да осылай жоғалып кетеді екен. Ой, ақымақ басым-ай, папкалардың астына көміліп қалыпты ғой... Ал, жақсы жігіттер! Жұмыс күтіп тұрмайды. Менсіз тойлай беріңдер! Әрине, Асхаттай әріптестеріңсіз отырыс аса қызық бола қоймас, – деп риясыз жымиып шығып кетті.
– Қайта жақсы болды, - деп мырс етті Мұрат.
***
Қызыл лентаны үзіп жіберердей көруге талпынып, сығылысқан халық. Асхат көліктен түсе салысымен, адамдарды итеріп, асыға басып мәйіттің қасына жетті. 24-25 жас шамасындағы жас жігіт шалқасынан жатыр. Жақындай келе аңғарды, пышақ жүрек тұсына жақын қадалған екен. Өңі қуқыл тартып, денесі қатайып кеткеніне қарағанда өлгеніне екі-үш сағат өткен. Қылмыскер соққыны тұтқиылдан жасаған: ешбір қарсыласу, күресу белгісі жоқ. Бірінші болып оқиға орнына келген лейтенант жағдайды баяндауға кірісіп кетті: қансырап жатқан жерінен ең бірінші болып дүкенге кештете шыққан көрші әйел тапқан екен. Марқұм ол кезде әлі де тірі болған, бірақ, өз қанына өзі шашалып жөнді еш нәрсе айта алмай өліп кеткен көрінеді.
– Ол әйел қайда? – деді Асхат медициналық қолғаппен мүрдедегі жарақатты зерделеп жатып.
– Әне, жедел жәрдем көлігінде отыр. Өлген адамды бұрын көрмегеннен болар, милицияға хабарласуға ғана шамасы жетті.
– Саусақ іздері бар ма екен?
– Із қалдырмаған.
– Марқұмның аты-жөнін анықтадыңдар ма?
– Әмиянында жеке төл құжаты болды. Аты-жөні: Байбосынов Марлен Қуанышұлы. 1994 жылғы. Осы көпқабатты үйлердің бірінде тұрады.
– Туысқандарына хабарладыңдар ма?
– Әке-шешесі 2 жыл бұрын жол апатынан көз жұмған. Жалғыз қарындасы бар.
– Түсінікті. Заттары түгел ме екен? Әмиянында ақша бар ма?
– Көк тиын да жоқ. Ұрылардың ісі де болуы мүмкін.
Асхат мәйітті тапқан әйелмен тілдесіп, мән-жайды тағы бір мәрте сұрау үшін жедел жәрдемге бет алды. Әйелдің екі көзі домбығып, көп жылағаннан өңі қуарып кетіпті.
– Марқұмды тапқан сіз бе? Жағдайды тағы бір мәрте баяндап беріңізші.
– Мен сүт алайын деп дүкенге бара жатқанмын. Кенет қаз-қатар тізілген көліктердің арасынан ыңырсып, қиналған адамның дауысы естілді. Қарасам, біздің Марлен... қансырап жатыр екен, – көз жасын ұстай алмай, жылап жіберді.
– Сабыр сақтаңыз! Ол сізге не айтты?
– Тіл-ге ке-ле ал-алмады ғой, байқұс ба-ла, – деді иегі кемсеңдеп, әр сөзін баладай буын-буынға бөліп.
– Үй ішін жақсы танушы ме едіңіз? Бұрын біреумен төбелесіп, беті көгеріп келетін кездері болып пе еді?
– Ой, мен қайдан білемін. Таң атқаннан қара кешке дейін қызметте, бір кешкі уақытта анда-санда көретінім болмаса, аса араласпаймыз. Оданша, қарындасынан сұраңыздар. Әне, өзі де келді, – деді қызыл пальто киген көрікті бойжеткенді нұсқап. Екі адам қолтығынан сүйеп тұр екен. Асхат қасына жете бере қайғылы хабарды көтере алмай, қыз есінен танып қалды.
***
– Камилла, ағаңыз жайлы айтыңызшы. Қандай адам еді? Қастандық жасайтындай дұшпандары болды ма? Кімдермен жақсы араласты? Достары, әріптестері – бәрін түгелдей атап шығыңыз. Жаман не жақсы болса да, қанына сіңген әдеттерін жіпке тізіп берсеңіз. Кейде маңызды емес боп көрінген детальдардың өзі қылмысты ашуға септігін тигізеді.
– Марлен өте жақсы адам болатын. Жаман әдеттері жоқ, достары көп еді. Былтырдан бері жан құрбым Дианамен кездесіп жүретін, оған үйленуге ұсыныс жасағалы жүрген.
– Ал кеше сөйлеспедіңіз бе?
–Жоқ, ол жұмысқа таң атпай кететін.
– Соңғы уақыттары жүріс-тұрысында өзгешілік байқалды ма, біреумен сөзге келіп деген сияқты?
– Жоқ, бірақ, өткен аптада Диананың досымен соқтығысып қалған.
– Аты кім? Қайдан шыққан жігіт? Төбелесуіне не себеп болды?
– Махаббат, қызға талас – кезекті драма. «Любовный треугольник» деген атпен кітап жазып шығатындай шым-шытырыққа толы оқиға. Үш ай бұрын қайдан екені белгісіз әлгі жігіт пайда болып, құрбымның артынан қалмай қойғаны. Ақыры, Марленмен төбелесіп тынды. «Қызғаныштың тілінде шоқ, ұртында мұз» екені мәлім. Естуімше, ол дәрігер, қалалық емханада жұмыс істейді. Қандай адам екенін білгілеріңіз келсе айтайын, нағыз суайттың өзі, көрген қыздардың бәріне көз салатын, қызқұмар, өркөкірек біреу. Түрмеден қашып шыққан қанды қол қылмыскер десе таңғалмас едім: түрі де соған келеді. Бір көргеннен ұнатпадым, – кенет бойын ашу-ыза кернеп айғай салды. – Қарғыс атқыр! Егер өлтірген сол оңбаған болса, жердің түбіне түсіп кетсе де, жазасын беремін.
– Сабыр сақтаңыз! Жазалауды бізге қалдырыңыз! Құрбыңызды да жауапқа алу керек сияқты. Келесі қояр сұрағым...
– Болды, бұдан ары шыдай алмаймын, – деп көз жасын іркіп әрең ұстап отырған Камилла жылап жіберді. Көз жасын сүртіп отырып, дірілдеген қолдарын әрең игеріп, құрбысының нөмірін жазды.
– Айып етпеңіз, әрине, бірақ кеше кешке қайда болғаныңызды сұрауға мәжбүрмін.
– Жұмыста. Меңгеруші тексеріс келеді деп құжаттарды ретке келтіруді тапсырды. Полициядан хабарласқан соң жұмысымды тастап келдім.
– Түсінікті. Келгеніңіз үшін рахмет! Сізді қызметкерлеріміз үйіңізге жеткізіп салады. Мынандай халде көлік жүргізу қауіпті.
– Қылмыскерді табамын деп уәде бересіз бе? – деді есіктен шығып бара жатып.
– Иә, уәде беремін, – деп қызды шығарып салған соң, есікті ашып, дәліздің арғы бетіндегі жігітке дауыстады – Садуақас, бері кел! Саған тапсырма бар: мына нөмірге хабарласып Диананы шақыр да, қалалық емханада Ғазиз деген дәрігер жұмыс істей ме анықтап біл, жеке басы жайында толық ақпарат жина. Тездет!
– Құп болады!
– Ал сен не істеп жүрсің мұнда? – деп сұрады Мұратты көрген бойда.
– Көмектесейін деп келдім. Істі дұрыс жүргізіп жатқан жоқсың. Негізі...
– Шаруаң болмасын,– деді ызалана. – Бұл маған тапсырылған жұмыс. Араласпа!
– Ол жетімдер үйінде өскенін білмейтініңе бәс тігемін.
– Білемін. Ақымақ деп пе едің?
– Ендеше неге қарындасынан ағасымен арақатынасы жайлы сұрамадың? Үй, мейрамхана, қымбат көліктер кімнің атына жазылғанын анықтау керек.
– Тексеріп қойдым, – деді Асхат көкірегін керіп. – Туғанының орны бөлек. Әке-шешесі бар мүлікті қыздың атына жазып кетіпті. Марленге оның қажеті де болмаған, бай асыраушыларының арқасында шетелде оқып, өз бизнесін ашып, білдей бір компанияны басқарған. Жиған табысы қарындасынан сәл кем демесең, шалқып өмір сүруге жетерлік.
– Дегенмен, дәрігер жігіт тонап кетті дегенге сенбейтін шығарсың?
– Ақшасын қалтасына басып кетпесе де, өлтірді деуге негіз бар. Сезімге шырмалған ғашық адам не істемейді?! Ал ұры-қарылар онсыз да толып жатыр. Қансырап жатқан бай жігітті көріп, ойланбастан әмиянындағы қомақты қаржыны жымқырып кеткен. Қиын түгі жоқ. Екі-үш күннің ішінде-ақ істі прокуратураға жіберіп қалармыз.
Асхаттың күдігі расқа айналғандай Садуақас та жайсыз хабарды жеткізді: дәрігер жігіт кеше аяқ астынан уақытша демалыс алып, қаладан кетіп қалған екен. Тергеушінің бұйрығы бойынша барлық милиция бекеттеріне күдіктінің фотосуретін жіберіп, қатаң қадағалау жүргізіле бастады. «Қылмыскерді қолға түсіру ғана қалды» деп ойлап, қабілетіне күмәнданған Мұраттың бетіне мырс етіп күлді.
Осымен 15 жыл бойы екеуі бір институтта білім алып, бір мекемеде қызмет істеп, тайталасып келеді. Атақ-даңқ пен абырой соңғы тамшысына дейін Мұратқа бұйырғанын іштей қызғанатын. «Мені мазақ қылғандай көмегін ұсынып тұр. Істі дұрыс жүргізбей жатсың деп әкірендейді, тіптен. Қара да тұр, әлі-ақ абыройымды асқақтататын талай қылмысты ашамын» деді іштей Асхат.
***
Екі сағаттан соң орта бойлы, қыпша белді, қолаң шашты ару көптің назарын өзіне аударып, кербез басып кабинетке кірді. Бикештің ақшыл өңі одан бетер қуарып кеткені бірден байқалып тұр. Гауһар тасты жүзік тағылған саусағымен шашын ақырын құлағына қайырып жатып, басын изеп амандасты. Тұнық ботадай көздерімен отырғандарды бір шолып, қою қара қасын сәл көтере «Асхат Өмірәліұлы деген кім?» деп сұрағанда, Садуақас пен Арман іздеген адамың мен дегендей, бір уақытта қолдарын жоғары көтеріп, бәрін ду күлдіргені қызды одан бетер қызартты. Есік жанында отырған жас жігіт:
– Қаласаң сен үшін Асхат бола салайын, – деп басын ізетпен иіп, қасындағы орындықты нұсқады.
– Ей, ақымақ, не болды сонша қызға көз сүзіп? Қалжындасатын уақытты тапқан екенсің, – деп жекіп тастады да, бойжеткенге бұрылды, – Келе ғой, қызым! Асхат ағаң мен боламын. Сен Дианасың ғой?!
– Иә, – деп бас изеді тергеушінің жанындағы орындыққа жайғасып жатып. Асхат біраз уақыт күте тұруын өтініп, қабақ шытқан күйі қағазға шұқшиып, тоқтаған жерден жазуын жалғастырды. Қыз айналасына көз тастап, зерделей отырып, байқағаны: тергеушілер де кітапты көп оқиды екен. Асхаттың кітап сөресінде әлемдік классик жазушылардың, соның ішінде шытырман оқиғаға қалам тартқан Агатта Кристи мен Эдгар Поның, Артур Конан Доилдың Шерлок Холмс туралы жазған барлық томдары қаз-қатар тізілген. Үстел үстінде ағылшын қаламгерінің «Алтын қоңыз» жинағы беті бері қаратылып ашық күйде жатыр, келген бетінен шатаспайын деген болуы керек. Сары мұқабалы кітапта бейнеленген алтын қоңыз тірі жәндік құсап, дәл қазір қозғалып жүріп кетердей әсер қалдырады. Қалжындасып, езуі жиылмаған сөзшең жігіттер де салмақты кейіпте қағазға шұқшиып отыруы бөлме ішіне қайтадан жым-жырт тыныштық орнатқан. Асхат жазуын аяқтап, саусақтарын айқастыра жауап алуға ыңғайланып отырды.
– Диана, марқұммен ара-қатынасыңыз қандай еді? Қарындасы оның сізге үйленуге ұсыныс жасамақ болған дейді. Бұл жайында білетінбе едіңіз?
– Жоқ, білмедім... – абдырап, біраз үнсіз қалды. – Марлен екеуміз бір-бірімізді ұнаттық, бірақ үйленуге ұсыныс жасайды деп күтпеген едім...
– Жарайды, ол жағы түсінікті. Ғазиз деген кім? Соны айтыңызшы.
Жігіттің атын естігенде, қыздың түрі лезде өзгеріп сала берді. «Бұнда бір сыр бар» деген оймен тергеуші Ғазиз туралы түгел баяндап беруін сұрады.
– Қалай танысып едіңіздер? Араларыңызда сезім болды ма?
Сол кештегі оқиға көз алдынан зулап өтті.
...Жұмыстан кештете шыққан еді. Кеңсе мен үй арасында екі-үш аялдама ғана болғандықтан, таза ауамен тыныстап, жаяу қайтты. Кенет көше қиылысында бір топ адам әлдекімді жабылып сабап жатқанын көріп, шыдап тұра алмады.
– Не істеп жатырсыздар? Бұларыңыз не?
– Не істеп жатқанымызды көрмейсің бе?! Араласпа!
– Жіберіңіздер оны, әйтпесе, милиция шақырамын! – деп айғай салды.
Көзі қысық біреу «Өй, сені ме?!» деп алға ұмтыла бергенінде, қасындағы жасы үлкендеуі тоқтатты. Қыз да алған бетінен қайтар емес. Сөмкесінен телефонды алып, 102-іні теріп жатқан сәтте, жігіттердің біреуі қыздың қолын қағып жіберді де, ұялы телефоны асфальтқа тие салысымен күл- паршасы шықты.
– Қыз-ау, жөніңмен жүрмей неге килігесің? Мына, сілімтік бізге ақша қарыз. Біз қайдағы бір көше бұзақылары емеспіз, өз ісімізді істеп жүрміз.
– Жарайды, жігіттер, қайтайық! Осы да жетер. Бәрібір бізден қашып құтыла алмайды,– деп үлкені теріс бұрылып кетіп еді, қалғаны да соңынан ілесті. Диана бірден жедел-жәрдем шақырып, жігітті ауруханаға жеткізді. Іш-құрылысына аздап зақым келгені болмаса, жарақаты аса ауыр емес, бір апта күтінсе айығып кетеді дегенді естіп, көңілі орнына түсті.
– Жағдайыңыз жақсы ма? – деп сұрады қыз палатаға кірген бойда.
– Жақсымын. Құтқарушым – періште болған соң, өледі ғой дейсіз бе?
– Періште?
–Иә, нақ өзі. Қазір де қасымда тұр.
– Жағдайыңыз оңалған сияқты ғой... Мен кетейін, – деп орынан тұра беріп еді, жігіт қолынан ұстап қалды.
– Тоқтаңыз! Неге сонша асығасыз? Нөміріңізді қалдырыңыз! Сізге қарыздармын ғой, ең болмағанда соның бір бөлігін қайтарайын.
– Есіңізде болса, бұзақылар телефонымды сындырып тастаған.
– Ендеше, жаңадан ұялы телефон сатып алып берейін. Қайда жұмыс істейсіз? Мекен-жайыңыз қандай?
– Қажет емес. Менің орнымда кез келген адам солай істер еді.
Жігіт ендігі кезекте кеудесін көтеріп отырды да, байыпты үнмен сөйлей бастады.
– Шынымен солай ойлайсыз ба?! Сізге дейін қаншама ер адам, тіпті арқасына рюкзагын асынған спортшыларға дейін өтті. Көре тұра көрмегендей сыңай танытты бәрі. Бәледен аулақ деген шығар, – қызды бастан-аяқ көзбен шолып, – Ал сіз нәзіктіңізге қарамай мені арашалап алдыңыз, алайда келесі жолы бұндай істерге араласпаңыз! Менің кесірімнен жапа шегіп қалсаңыз, өз-өзімді ешқашан кешіре алмас едім.
– Бекер құтқардың дегеніңіз бе? Әлгі адамдар кімдер? Бұндай адамдармен байланысатындай сіз өзіңіз, бәлкім, ...
– Иә, не айтпақсыз? Мені қылмыс әлеміне қатысы бар біреу деп ойлап қалдыңыз ба? – деп миығынан күлді. – Жоқ, менен қорықпай-ақ қойыңыз! Не үшін аңдып жүргенін, бірақ білмегеніңіз абзал.
– Сіз де мен туралы ештеңе білмей-ақ қойғаныңыз жөн, – деп бикеш палатадан шығып бара жатқанда, Ғазиз тағы да үн қатты:
– Құтқарушымның атын білуге құқығым жоқ па сонда? Қандай қатал жансыз!
– Диана, – деп дауыстады қыз есікті жауып жатып.
Арада бір апта өткеннен кейін сіңілісін ауруханаға апарамын деп әлгі жігітке тағы кездесіп қалғаны. Ақ халат өзіне жарасып-ақ тұр. Бетінің көгергені қайтып, қара шашын бір жаққа қайыра таранған келбеті сымбатты еді. Дәліздің арғы жағынан қызды танып, жұмысын тастай сала бері беттеген, амандық-саулық сұрасқан соң, «Сонша таңқалдың ғой. Дәрігер екенім, сірә, ойыңа да кіріп шықпаған шығар» деп жымиды.
Содан бері Ғазиз Диананың артынан бір елі қалмай, қолдан кездесулер ұйымдастырып, күнде құшақ-құшақ гүлдер жіберіп, қызды әбден мезі еткен. «Дос болсақ жетіп жатыр» деген күннің өзінде, Марленмен төбелесіп тынғаны тағы бар. Ол жағдай былай болған: жол бойында кезігіп қалған соң, Ғазиз бен Диана дәмханаға кіріп түстенген еді. Көлікпен үйіне қайтып бара жатқан Марлен екеуін бірге көріп қалып, арты үлкен жанжалға ұласқан...
– Сіз Ғазиз адам өлтіре алады деп ойлайсыз ба?
– Білмеймін... Сонда сіз Марленді өлтірген Ғазиз дейсіз бе?
– Ол жағын анықтай жатармыз. Адамның сырт келбетіне алданбаған дұрыс. Ішінде ит өліп жатқан шығар... Оны біз білмейміз ғой. Эгар По бір әңгімесінде былай деп жазған: «Кейде қылмыскерлердің мінсіздігіне қарап, қылмысқа баруы мүмкін емес деп ойлайсың, бірақ бұл тек менің болжамым. Мен айғақтарды іздеп табамын».
***
Диана пәтерінің есігіне кілтін сала берген сәтте артынан Ғазиздің дауысы естілді.
– Диана!
– Сіз бұнда не істеп жүрсіз?
– Марленнің қайтыс болғанын естіп, келдім. Қиналып жүрген шығарсың?! Дос қуанышпен қоса қайғыға да ортақтасып, жұбату керек деген оймен...
– Ғазиз, сізді милиция қызметкерлері іздеп жүр. Кеше кешке қайда болдыңыз?
– Іздеуі түсінікті жағдай ғой.
– Сонда, сіз оны...
– Жо-жоқ атай көрме. Мен оны өлтірген жоқпын.
Кенет қасында тұрған есік сықырлап ашылып, ала добын құшақтаған бозбала шықты. Жүзіндегі үрей мен таңғалысына қарағанда, сөздерін түгел естіген сияқты. Бала төмен түсіп кеткенше Ғазиздің үнсіз, бейқам тұрғанын пайдаланып үлгерген Диана пәтерге кіріп, лезде есікке іштен ілмек салып алады.
– Диана, тоқташы! Шынымен, мені адам өлтіре алады деп ойлайсың ба? Сенің көзіңе сонша қадірсіз, адамгершіліктен жұрдай боп көрінгенім бе? Алғаш кездескен күннен қатаң жазалап келесің, үнемі қашып жүргенің. Тыңдашы, егер полицияға өз еркіммен барып, кәнісіздігімді дәлелдеп шықсам... Диана!.. Диана, деймін!.. Қап! – деп жұдырығымен қабырғаны бір соқты.
***
–Ғазиз Әнуарбекұлы, марқұм Марлен Байбосыновпен қандай ара-қатынаста болдыңыздар?– деді Асхат үстелге құжаттарды қойып жатып.– Білуімше, бір апта бұрын көптің алдында төбелескен екенсіздер.
– Онша жақсы деп айта алмаймын, алайда, мен оны өлтіріп қайтемін? Маған оның қажеті не?
– Қылмыскерлердің бәрі алғашында кінәсізбін дейді.
– Сонда сіз мені қылмыскер санап тұрсыз ба? – деді ызалана.
– Сабаңа түс, сабазым! Біздің қолда айғақтар бар.
– Қандай айғақтарды айтасыз?
– Осылардың өтірік білмеген сыңай танытатыны шамыма тиеді, – деп Асхат мырс етіп, видеожазбадан түсірілген суреттерді алдына тастады.
– Енді не дейсің? Бой тұрқы, түр сипаты да дәл сенікіндей. Егізің жоқ шығар соншалық мен емес деп жалтаратындай.
– Жоқ, бұл мен емеспін! Жала, бәрі жала! Мен ол уақытта қалада болған жоқпын!
– Поезға билет алғаның рас, бірақ, оған отырмадың. Біз бәрін тексердік.
– ...
– Неге отырмадың поезға? Жауап бергің келмесе, мен-ақ айтайын: бұның бәрін қылмысыңды жасыру үшін әдейі істедің. Адам өлтіруді алдын ала жоспарлағансың!
– Жоқ, олай емес! Мен ешкімді өлтірген жоқпын.
– Ендеше қайда болдың? Жалтармай, шыныңды айт!.. Әне, көрдің бе! Аузыңа сөз түспей отыр ақталуға. Өз еркіңмен мойында! Тізбектеп бәрін жаз. Сонда сотта жазаң жеңілдейді,- алдына бір парақ қағаз бен қалам қойды.
– Мен ешкімді де өлтірген жоқпын дедім ғой!
– Ах, сені ме?.. Көрсетем саған, сұмырай!
Тергеуші бұдан артық сөз айтқыза алмасын түсініп, есік сыртында тұрған милиционерге дауыстады:
– Уақытша ұстау изоляторына апарыңдар!
***
Көкжиектен асып көтеріле күн сәулесі қапастағы терезеден ұрлана кіріп, айналасын түгел нұрландырды. Тек жан дүниесін әлі де сол қайғының қараңғылығында қалып қойғандай. Көзі іленгеніне бір сағат өтер өтпестен, камераның темірін тарсылдатып оятып алды. Қараса, есік ашылып, ішке тергеуші кіріп келеді екен.
– Сен боссың!
– Қалайша?
–Кеше тымырайып отырмай, бар шындықты ашып айтқаныңда, суық камерада түнемес едің.
– Қалай анықтадыңыздар?
– Тексерісті вокзалдың бақылау камераларынан бастадық. Поезд жүргелі тұрғанда телефонмен біреу хабарласқан соң, сен бірден ойыңнан айнып, қайтып кеттің – оны кеше де білгенбіз. Соңғы тексеріске тоқталайық, сен отырып кеткен такси дәл Марленнің үйінін жанынан тоқтаған, тек көліктен түскен сен емес, киген киімі саған ұқсайтын басқа адам екеніне бірер сағат бұрын ғана көзіміз жетті. Орта жолдан түсіп, екі көше жаяу жүргеніңнен, қара түсті фольксваген пассатқа отырғаныңа дейін түгел көрдік. Машина иесі – Фархат Алимов, бұрын сотты болған қылмыстық топтың бастығы. Марленді өлтірмедің делік, дегенмен әлгі адаммен неге кездестің? Онымен қандай байланысың бар?
– Тұра тұрыңыз, сонда біреу жасаған қылмысын менің мойныма ілмек болғаны ма?
– Солай сияқты. Ал енді сұрағыма жауап бер.
– Жаңа ғана мені босататындарыңызды айтқансыздар. Ал сіз тергеуді әлі де қояр емессіз. Енді мені тергеуге құқығыңыз жоқ!
– Жауап бер!
– Қарызға ақша алғанмын, соны қайтардым. Сұрап болсаңыз, мен кеттім!
– Сөзіңнің рас өтірігін тексеремін. Сен әлі де күдіктілердің қатарындасың. Біліп қой, әр басқан қадамыңды аңдып отырамын.
«Жақсылықты түсінбейтін оңбаған» деді Асхат естілер-естілмес. Ашу кернеген тергеушінің көңілі күні бойы бір жадырамай-ақ қойғаны. Шырылдап тыным бермеген телефонына келіп түскен қоңырауды екі рет өшіріп тастап, үшінші ретінде тұтқаны амалсыздан көтерді. Сөйлесуден қашқаны – марқұмның қарындасы еді. Не айтатынын алдын-ала болжап білген Асхат күдіктіні босатып жіберу себебін байыппен түсіндіріп бағады, онысынан түк шықпаған соң, амалсыз екінші тарапты тыңдауына тура келген. Тағылған айыптарды шешіп, оны босатып жібергендерін қайдан естіп білгенін сұрауға Асхаттың шамасы да, зауқы да жоқ. Жеті қараңғы түнде қаланы аралап қатты шаршаған еді. Ағасын өлтірген Ғазиз екеніне сенімді Камилла болса, берген уәдеңізде тұрмадыңыз деп тергеушіні айыптап, қулығын асырған дәрігер жігіт осының бәрін алдын ала ұйымдастырып қойған деп алған бетінен қайтар емес.
– Қалай түсінбейсіз, Ғазиз ол уақытта қаланың екінші шетінде болған.
– Ол сіз ойлағаннан да ақылдырақ. Ақыры, тергеу жүргізе алмайды екенсіз, мен өзім-ақ қылмысына дәлел іздеп табамын.
Телефоннан лезде үзік-үзік дыңылдап дыбыс шықты. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, жұмысқа қатысы жоқ әңгіме айтып, күліп отырған жас жігіттерге:
– Жұмыс жасауға мүмкіндік бересіңдер ме жоқ па? – айғай салды.
– Аға-ау, енді қазір түскі ас уақыты ғой, – деді қазақшаға жетік орыс жігіт қиыла қарап.
– Қай түріңмен жетісіп отырсың? Ашылмаған екі қылмыс тұр мойныңда. Байқұс әйел ұрланған мүлкін зарлап күнде келеді, ал сенің отырысың мынау. Көрер едім өзіңді солай тонап кетсе. Түннің ортасы, қыстың аязы болса да, тергеуші жұмысын мінсіз атқаруы керек! Жұмыстарыңды істеңдер! – қолын шошайтып ұрсып отырған кезде Мұрат кіріп келді.
– Сен-ақ жастарға ұрысып жүреді екенсің! – деді Мұрат басын шайқап.
– Істесін, білсін деймін. Бұлар болса, айтатындары қызбен қыдыру жайы. Солай жұмыс істесе ғой, шіркін! – деп орындыққа жантая көзін жұмып, қолына қалам ұстаған күйі қалғып кетіпті.
***
Жұмыстан кештете шыққанына қарамастан, Диана құрбысының халін білмек болып үйіне келе жатыр. Ағасы өлгеннен бері Камилла тұйықталып, ешкіммен араласпай, қоңырауларына жауап бермейтін болды. Екі рет барғанда да үйінде жоқ еді, бәлкім осы жолы тілдесуге мүмкіндік туар деген үмітте.
Камилла сыртқы есікті ашық қалдырыпты. Құрбысының атын атап шақырғанымен, ешкім жауап берген жоқ, есесіне ас үйден адамның әлсіз ыңырсып, қиналған дауысы шығатындай. Қыздың жүрегі жиірек соғып, бойын билеген қорқыныштан аяғы жүргізбей, он шақты қадам жер барған сайын алыстап барады. Жол бойында аққан қанды көргенде ғана бар пәрменімен алға қарай ұмтылды. Көз алдындағы көріністен айнала түгел тұманданып, құлағы шыңылдап кетті. Еден қызыл-ала қан, ал үстел жанында құрбысының денесі жатыр. Ішіне сұғылған пышақ жарақатынан көп қан жоғалтқан бойжеткен Диананың ащы айқайынан қайта ес жинап, көзін ашты.
– Камилла, бұны істеген кім? Кішкене шыдай тұр. Қазір жедел жәрдем шақырамын, – қалта телефонын алып, жедел жәрдем қызметкерлеріне мекен-жайды айтып, жағдайды баяндаған соң қайта құрбысына бұрылып, мойнына оралған шарфпен қанды тоқтатуға тырысты.
– Диана... Диана, естимісің? Қанішер...
– Сөйлеуге тырыспа! Күшіңді сарқыма!
– Қанішер... әлі... үйде.
Осы қатерлі сөздерді естігенде бойынан тоқ жүріп өткендей селк етті.
– Ағамды өлтірген Ғазиз, – деп жаралы қыздың айтуы мұң екен, Диананың тізесіне қойған қолы сылқ етіп жерге түсті. Аяқ дыбысы барған сайын жақындай түсіп, суық көздер ызғар боп арқасын қарып өткендей болады. Ерік жігерін жинап, артына бұрылса, босағада Ғазиз тұр екен. Түрі сұсты, көзі қанталап, қараған қарасы тірі жанның зәресін ұшырардай. Қолындағы пышақтан әлі де қан тамшылап тұр. Бұрын соңды өлім алдындағы қорқынышты сезініп көрмеген бойжеткен қашуға да, айғайлап көмек шақыруға да дәрмен таба алмаған. Үнсіз қанішердің қимылын бағып қана тұрды.
– Диана, бәрі сен ойлағандай емес. Маған сенуге тиіссің? Тыңдашы...
Қыз жауап беруге тілі күрмеліп, үрей толған көздерін алмай, қимылын бақты.
– Мен ешкімді де өлтірген жоқпын.
– Жаныма жақын екі адамның қаны сенің мойныңда!
– Марленді өлтірген жоқпын... Естіп тұрсың ба... өл-тір-ген жоқ-пын. Сен көзің көрген нәрсеге ғана сенесің. Мына екеуінің қандай суайт болғанын...
– Марлен мен Камилла жайлы бұлай айтпа!
– Жігітің таза суайт болатын, – сөзін қайталап, зорлана жымиды. – Ол сыртыңнан қанша қызбен жүргенін санасаң сан жетпейді. Сені сүйді деймісің? Сезім дегеннің не екенін білмейді ондай адамдар. Хатшысымен құшақтасып отырғанын талай рет көрдім, тек жүрегіңе жара салмайын деп айтпадым. Бір ескертумен ғана шектелдім, бірақ ол еш нәрсені түсінбеді, қадіріңе жетпеді.
– Кісі өлтіріп сен жеттің бе сонда? Бекер қылмысқа бардың. Марленнің ұсынысын қабыл алады деп ойладың ба? Жоқ, мен сол кеште бар шындықты жайып салғым келген. Үш сағат бойы мейрамханада отырдым, күттім... бірақ, ол келмеді, себебі... өліктер жүрмейді емес пе?! – жанары жасқа толды.
– Шын айтып тұрсың ба?
– Енді ол сезімнен із де қалмады. Оған себеп мына өзің, – деді дауысы қалтырап. – Қалай? Өкініш өзегіңді өртеп бара ма? Айтшы, Камилланы неге өлтірдің?
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын!
– Қолыңдағы пышақ қан тамшылап тұр, ал ас үйде құрбымның жансыз денесі жатыр. Соны көре тұра сөзіңе қалай сенемін?
– Жоқ, маған сенуге тиіссің, –деп жақындай беріп еді, қолындағы пышақ жерге түсіп кетті. Қан-қан қолын қызға қарай созды. – Сені қорғау үшін қылмысқа бардым. Ол есінен адасқан, сен келмей тұрғанда, не айтқанын білмейсің...
– Жетер! Тыңдағым келмейді! Тарт қолыңды!.. – деп пәтерден жүгіріп шықты. «Көмектесіңдер!» деп жанұшыра айғайлап келеді. Қырсыққанда жақын маңда тірі жан жоқ, пәтерлерден сансыз сәуле жарқырап тұрса дағы, ешбірі көмекке келе алмас, келгеннің өзінде де олар жетіп үлгергенше жемтігін қуған қасқырдай қанішер қуып жетіп, бауыздап өлтіретіні анық. Құдай берген екі аяғынан басқа еш нәрсеге және ешкімге сенім арта алмасын түсінгенде нәзік талдырмаш денесіне тылсымнан күш дарығандай алды-артына қарамай зымырай жөнелді. Ол қазір кеудесіне сыймай соққан жүрегінің дүрсілін ғана естіп келеді. Құрбысының қансырап жатқан бейнесі мен қанішердің қанталаған отты көздері көз алдынан кетер емес. Артына бұрылып қарауға жүрегі дауаламады, бірақ, оның ілесіп келе жатқанын сезді.
Бойындағы күші сарқылып, барған сайын жүрісі баяулап бара жатыр. Еркіне бағынудан қалған аяқтарына қиыршық тастар батып, суықтан жансыздана бастағанда ғана пәтерден жалаң аяқ жүгіріп шыққаны есіне түсті. Сәл-ақ шыдаса жолға шығып, көмек қолын созар адамдарға да кезігемін деген ойдан үміті оты қайта тұтанды. Он шақты қадам жерде тұрған көше шамдары дәл бір қалың қараңғылықтан алып шығар жарық күннің нұрлы сәулесіндей көрінді оған. Жетім-ау деген шақта суық қол білегінен шап беріп ұстап алды...
– Диана, бүгін сен мені тыңдайсың! Ешқайда қашып құтыла алмайсың! Өтіп бара жатқан адамдарға сыр білдіретін болсаң, сол сәтте-ақ жаныңды жаһаннамға жіберемін. Түсіндің бе?
Бұлардың қасынан өтіп бара жатқан қарияның «Бәрі дұрыс па?» деген сұрағына, қыз амалсыздан үнсіз бас изеген. Құлаққаппен музыка тыңдап жүрігіп бара жатқан ер адам күдіктене қарағанымен, үндемеді. Отбасылы адамдардың жанжалы санап, араласпауды жөн көрген шығар.
– Міне, осылай дұрыс. Енді көлікке отыр,– деп қызды күштеп отырғызды.
– Қайда барамыз?
– Сөйлеме! Бүгін саған тыңдауға ғана рұқсат.
Көлік зымырап, қала шетіне бет алды.
***
Бүгін жұмыстан ертерек қайтып, ертерек жатып демалмақ болған Мұраттың тәтті ұйқысын бөліп, телефоны шырылдап маза бермеді. Хабарласып жатқан түңгі кезекшіліктегі Садуақас екен. Алмайын деп қанша бекінсе де, дәті бармай: «Алло! Тыңдап тұрмын» деді телефонды құлағына апарып.
– Мұрат Ахметұлы, мына жақта Диана Байділда деген қыз Асхат Өмірәліұлын сұрап жатыр. Қолы, үстіндегі көйлегі қызыл ала қан. Не болғанын жарытып айтқан жоқ. Келіп, сөйлессеңіз қайтеді?
– Асхаттың өзі қайда?
– Әлгі марқұм жігіттің қарындасы бар емес пе, соған біреу қастандық жасапты. Жарты сағат бұрын шұғыл сол жаққа кеткен.
– Жарайды, мен келгенше қызды ешқайда жібермей ұстап отырыңдар, – деп ұйқылы-ояу күртешесін қолына алып, жұмысына жетті.
Кабинетке кірсе, Диана орындықта тізесін құшақтап ақырын бір нәрсені сыбырлап қайталап отыр. Болған жағдайларға сенер-сенбесін білмей, есеңгіреп қалған қыз алғашында тергеушінің қасына келгенін байқамады да.
– Ал айта ғой! Не жағдай болды? – деді қыздың қасындағы үстелге сүйеніп.
– Тергеуші аға қайда?
– Мен де тергеушімін. Маған айта беріңіз! Асхат Камилла Байбосынованың үйіне кетті. Оған біреу қастандық жасапты. Оны сіз өлтірмек болдыңыз ба? Үстіңіздегі қан құрбыңыздікі ме?
– Иә, соның қаны, бірақ оны мен емес... Ға-зиз өл-тірді.
– Ол қазір қайда?
– Өлді, – деді өз сөзінен өзі шошынғандай.
– Толықтырып, болған оқиғаны түгелдей баяндаңыз. Түк түсінсем бұйырмасын. Өш алу мақсатында оны өлтіріп тастадыңыз ба сонда?
– Су... су беріңізші.
Тергеуші қыздың психологиялық ауыр соққы алып, әлі де ес жия алмай отырғанын түсінді. Уақыттан да ұтылмау керек, бұндай жағдайда әр минут маңызды. Қылмыскер қашып кетуі не адам жаны қыл үстінде тұруы мүмкін деген оймен жүгіріп стаканға су құйып әкелді де, сұрауын жалғастырды.
– Терең тыныс алып, есіңізді жинауға тырысыңыз. Қане! Міне осылай! Дұрыс. Енді жауап беріңіз, Ғазиз қазір қайда?
– Көпірден секіріп кетті. Оны тоқтата алмадым.
– Өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болды? Бәрін басынан бастап, түгелдей баяндап шығыңыз.
– Ғазиз Камилланы пышақтап, ас үйде қансыраған күйде тастап кетіпті. Не себепті қашып кетпей, пәтерден шықпай жүргенін білмеймін, әйтеуір артыма бұрылып қарағанда босағада тұрды. Сосын... сосын ол мені күштеп көлікке отырғызып алып кетті, – өксігін баса алмай, тұтығып қалды да, стақандағы судан тағы бір ұрттап, сөзін жалғастырды.– Қала сыртындағы көпірге бардық, біраз сөзге келіп қалғанбыз. Ол мені өлтіретін шығар деп ойлағанмын,– сөзін аяқтамай жатып, егіліп жылап жіберді.– Аға, бүкіл өмірім көз алдымнан зулап өткендей болды. Қалай қорыққанымды білсеңіз ғой.
– Сабыр сақтаңыз! Бастысы аман қалдыңыз!.. Ол сізге не деді?
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын деді, алайда құрбым ақтық сөзінде «Ағамды өлтірген Ғазиз» деген болатын. Кімге сенерімді білмеймін.
– Тағы да не айтты? Есіңізге түсіріңіз! Әр бір деталь маңызды.
– Мені құтқарғанын айтты, алайда еш нәрсе түсіндірген жоқ. Сосын өмірден қатты түңілгенін айтып, көз алдымда көпірден секіріп кетті.
– Нақты қай жерден секіргенін айта аласыз ба? Мәйітін іздеп табуымыз керек.
– Иә, айта алатын сияқтымын.
Мұрат дереу милиция қызметкерлерін оқиға орнына жіберді де, Асхатпен телефон арқылы хабар алмасты. Камилла ауыр жағдайда реанимацияға жеткізіліпті; көп қан жоғалтқаны болмаса, пышақ өмірлік маңызды ағзағаларға тимеген дейді дәрігерлер. Құрбысының тірі екенін ести сала, Диана Мұратпен бірге ауруханаға жол тартты. Диана үшін сол бір уақыт жылдай өтіп, сағат тілінің қозғалысы құрбысының өмір мен өлім арасындағы арпалысын, тықылдаған дыбысы жүрек соғысындай беймаза күй кештіріп, сары уайымның жетегінде ергізді. Сананы сан ойлар торлағанмен, тірі адамды өлімге кім қисын, жақсылыққа үміт артуға тырысты-ақ. Сол үміттің нәзік жібі үзілуге шақ қалған сәтте, медбике қыз ота сәтті аяқталғанын жеткізді. Науқасқа тыныштық керек деген соң, Камилланы көрместен, екеуі қайтадан кері қайтқан еді. Орта жолда Мұраттың телефоны тағы шырылдап, кезекті қоңырау шалынғанын білдірді.
– Иә, Асхат, тыңдап тұрмын!
... Не дейсің? Өз құлағыма өзім сене алмай тұрмын, – деді артқы орындықта терезеге телміріп қарап отырған қызға айнадан көз тастап. – Түсіндім. Қазір келеміз.
Қыздың үрейін қашырмайын деп тіс жармағанымен, жағдай басқаша сипат алғаны белгілі еді. Асхат бөлімшеге орта жастағы ер адам келіп «Марлен Байбосыновты өлтірген мен» деп қылмысты мойнына алғанын айтты. Тексерсе, бұрын сотты болған, кәсіби адам өлтіруші екен. Бір таңғаларлығы, марқұмды тапсырыспен өлтіртіп, қомақты қаржыны берген жігіттің ғашығы Диана депті.
***
Кеше қорғаушысыз сөйлеуден бас тартқанымен, тергеуден бүгін қаша алмады. Көк сырмен боялған тар бөлмеде жалғыз айна мен үстел, орындықтардан басқа еш нәрсе жоқ. Қолынан кісен шешілген соң, қыз сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Бұрын азап дегенді білмейтін соңғы бір аптада басынан не өтпеді? Бір түннің ішінде шашы ағарып, «түрмеге мәңгілік қамалатын болдым-ау» деген үрейлі ойдан жынданып кетуге аз-ақ қалғандай. Домбығып ісіп кеткен екі көзін жұмып, бір сәт қараңғылық тірі жанды көрсетпегенін қалаған еді, «Диана Байділда, сіз қандықол қылмыскер жалдап Марлен Байбосыновты өлтіруге тапсырыс бергеніңізді мойындайсыз ба?»,– деген тергеушінің дауысынан дір ете түсті.
– Жоқ, мен ешкімді өлтірткен жоқпын... өлтірткен жоқпын!
Асхат қыздың алдына әлдекімнің суретін қойды.
– Мына кісіні танисыз ба?
– Жоқ, бірінші рет көріп тұрмын!
– Бұл Марлен Байбосыновты өлтірген адам. Шора Қараман деген лақап атпен танымал қылмыскер.
Сізге мойындаудан басқа жол жоқ. Бізде заттай айғақтар жеткілікті. 8 қарашада кешкі сағат 9-да, яғни, қылмыс болардан бір сағат бұрын ол сізге хабарласып, мекен-жай бойынша келгенін айтады. Тексере келе, шынымен, аталған номер бойынша телефоныңызға қоңырау түскенін анықтадық.
– Иә, біреу хабарласқан, бірақ еш нәрсе айтқан жоқ.
– Баланың сөзін сөйлемеңіз! Ал әлеуметтік желі арқылы жазылған хабарламаларға не дейсіз? Міне, оқып берейін: «Келіскен уақытта сол жерде бол. Кешікпе! Мына суреттегідей киім сатып ал. Милиция оны өлтірген Ғазиз деп ойлауы керек. Келген таксиге мініп, мен берген адрес бойынша барасың. Көшедегі камераларға тіке қарама! Істі орындап біткен соң, ақшаңның жартысын беремін»,– деп жазғансыз. Енді қалай ақталмақсыз?
– Жоқ, мен олай ешкімге жазған жоқпын. В контактідегі парақшамды біреу бұзып тастаған болатын. Бұның бәрі өтірік!– деп қолымен бетін басып, жылады. Адвокаты қанша сабырға шақыруға тырысса да, құлақ асар емес.
– Мына сенің айтқандырыңның бәрі шылғи өтірік! Заңнан қашып құтыла алмайсың! Шора Қараман сені танып отыр! Бәлкім, шындықты біліп қойғаны үшін Ғазизді де өлтірткен шығарсың? Суды белшеден кешіп, іздесек те ешқандай мәйітті таппадық. Қайда көмдің оны? Кім көмектесті саған? Айт деймін!..
– Біреуі аздай, енді екі адамның қанын бірдей мойныма іліп отырсыздар! Бұларыңыз барып тұрған әділетсіздік! Бір қылмысқа барған адам өмір бойына солай күнелтеді деп айып іле береді екенсіздер. Ал мен мүлде кінәсізбін ғой, аға! Кінәсізбін!
***
«Болды, бәрі дайын. Ертең істі сотқа жіберу ғана қалды. Демек, демала берсем болады деген сөз» деп Асхат сағатына үңіліп еді, әлдеқашан 12-ден асып кетіпті. Қағаздарды жинап, кабинеттен шыққанда, кезекшілікке түскен әріптесі алдынан желмен жарысқан желаяқтай жүгіріп өтті.
– Қайда асықтың? Бүгін кезекші сен бе едің?
– Иә, кезекшілік қашан тыныш өтіп еді?! – деп артына бұрылмастан сөйлеп барады. – Қоңырау шалып, көшеден жаңа туылған сәбиді тауып алғандарын айтты. Соған асығып барамын.
«Апшысы қуырылып, тандыры тартылған заман болды ғой. Бейбіт өмір бұйыра бермейді бәріне. Кейбірі туғанынан өмірдің ащы дәмін татады. Сірә да, дүниенің қатал екенін білмесе, сәби туғанда жыламас еді деген осы. Құрсағынан шыққан баласын аямағанда, басқасына қайдан бауыры жіби қойсын?! Сүйе тұра қызғаныштан жігітін өлтірген өрімдей жас қыз да қолын қанға былғап... Әй, дүние-ай!»
Екі тәулік ұйқы көрмегендіктен, көзі ілініп, жолдан шығып кете жаздағаны. Құдай сақтағанда, қарағайға жетпей тежегішті басып үлгерді. Үй алдына көлігін қойғанда, әдеттегідей шам өшірулі, дала түгелдей тәтті ұйқы құшағына еніп, жер-көкке тыныштық орнаған сәт еді. Балаларын ояу кезінде көретін күндері кем де кем. Түн ортасында келіп, таң бозармай қайта жұмысқа кетеді. Сәбидің бал күлкісіне қанып, еркелетіп, бауырына басып көрмепті. Тұңғышының өзі бүгінде атпалдай азамат. Ойлап отырса, үйдің бар жұмысын: әйелдің күндегі шаруасынан бастап, шеге қағып, бұзылған ұсақ-түйек техниканы жөндеу түгелдей жары Гүлназдың мойнына артылыпты. Еңбекақысын жаратып, перзенттерін ешкімнен кем қылмай өсіріп, әкелерінің «жоқтығын» білдірмей жүргенімен, оның да кей-кейде отбасыңа көңіл бөлмейсің деп Асхатты айыптап, ұрыс шығаратыны бар. Міне, бүгін де ауыз үйдің шамын жаққанда, қонақ бөлмедегі диванда қатқан қайыстай отырған әйелінің сұлбасын көріп, ауыр сөздер еститінін топшылады. Әйелдің шыны көзі шатынап, ашу ұшқынын атып тұр. Тек тұрмастың керімен Асхат алдаусыратып, ас үйде жайылған дастарханды меңзеп:
– Бүгін бір мереке ме еді? Столды жайнатып қойыпсың ғой! – деп сұрауы мұң екен, Гүлназ екі қолын бүйіріне таяп, ашу шақырды.
– Бүгін қандай күн екенін мен емес сен білуің керек! Осы уақытқа дейін қайда жүрдің?
Асхат босағада сөз таба алмай тұрып қалды. Туған күні екені таңертең есіне түскен. Тергеу ісіне берілгені соншалық, тез-ақ ойынан шығып кетіпті. Әйелінің дастархан жайып, әбігерленетінін ойламапты да.
– Кешке сыныптас достарың сені құтықтайын деп келді. Ал сен жоқсың, телефоныңды да сөндіріп тастағансың. Туған күн иесінсіз қашанға дейін отырар дейсің, күте-күте шаршап, қайтып кетті. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Балаларың ше? Үлкенің алғашқы айлығына саған арнап жаңа телефон сатып алды, ал кешеден бері түрлі-түсті қағаздан ашық хат жасап, үйді сәндеп есі шыққан кішкентайың түн ортасы ауған соң, «Әкем келмей ме?» деп екі сағат жылады. Жаңа ғана уатып, әрең ұйықтаттым. Миыңа бір нәрсе кіре ме өзі әлде біздің барымызды мүлде ұмытып кеттің бе?
– ...
– Сөйлесеңші. Не деп ақталасың? Тағы да бізден маңызды жұмыстарың болды ма?
Ішіне қанжар сұғып алғандай, Гүлназдың сөздері жанына батып жатса да, ана алдында жазықты баладай басын салбыратып тұра берді. Балалар бөлмесіне кіріп, кішкентай қызының маңдайынан сүйгенде, мүлдем көңілі құлазып, тамағына өксік кептелгені. Аружанның айқасқан кірпіктері суланып, жастығы жасқа малыныпты. «Әке болып жарытпадым-ау, сендерге» деді іштей.
Әлі сабасына түсе алмай, ашуға булыққан әйелі:
– Бізден жұмысың, үйіңнен кеңсең артық болса, бар сол жаққа қонып қайт! – деді.
Асхат бір ауыз тіл қатпастан үйден шығып кетті.
Жақын маңдағы дәмханалардың біріне тамақ ішейін деп кіріп келсе, пагонды киім киген Мұрат та отыр екен.
– Әй, сен неғып отырсың мында? Сені де әйелің үйден қуып жіберді ме? – деді әріптесінің қасындағы орындыққа жайғасып жатып.
– Тергеушіге бұл қалыпты жағдай. Не ішесің? Таңертеңнен бері нәр татпаған сияқтысың ғой, – деп даяшыны шақырды. Екеуі ыстық мантыны қарбыта асап алды да, терлеп отырып шәй ішті.
– Елдің мәселесін шешеміз деп өзімізге қиындықтарды толтырып аламыз. Кейде, басқалар сияқты тыныш қана 8 сағат кеңседе отырып, айлық алатындарға қызығамын. Ақымақ болыппын ғой. Сыныптасым Досбол сияқты есеп және аудит факультетіне түсу керек еді. Табысы менен көбірек, үйі үлкенірек, темір тұлпары қымбатырақ. Ештеңеден тарлық көріп, әйелінен ұрыс естіп те жүрген жоқ. Бұрыңғы бастықтың әйелді басқа шығармау керек деп ақыл айтатыны есіңде ме? Әріптестермен жиналған сайын осы сөзді айта беруші еді ғой. Қайдам, кінәлі болсаң, сүмірейіп бұрышқа тұрғызып қойған баладай тұрады екенсің басыңды салбыратып. Қайда барасың онсыз да?!.. Бүгін не болғанын білсең ғой, бала-шаға түгелдей туған күніме дайындалыпты. Достарымның да құттықтап келмесі бар ма. Ал мен үйде жоқпын... Айтшы, Мұрат, қылмыскерлердің артынан қуып шаршамадың ба? Өкінбейсің бе осы саланы таңдағаныңа?
– Өкінгенмен пайда жоқ. Мамандығыңды ауыстыру енді кеш. Бала-шағаңды асырау үшін амалсыз істейсің.
– Отбасыңды асырап қана қоймай, балаға тәрбие беру керек. Ол аз десең, жарыңа да көңіл бөлуге тиіссің, әйтпесе, несіне үйлендің? Сувенир қылып үйге қойып қою үшін бе?! Жоқ, бұл дұрыс емес. Біз ғана бала-шағамызды асырап жүрген жоқпыз.
– Түсініп отырсаң, неге ұрысып жүрсің енді? Тергеушінің де өз тергеушісі бар, – деп екі иығы селкілдеп күлді.
– Ерте қайтқым-ақ келген. Мына бір Марлен Байбосыновтың қылмыстық ісі мезі қып бітті, соған бола ұзағырақ отырып қалдым.
Мұрат кешеден сұрай алмай жүрген сауалын осы сәтті пайдаланып, төтесінен қойды:
– Шынымен, сол жігітті өлтірген әлгі қыз деп ойлайсың ба?
– Әрине, барлық айғақтар соны меңзеп тұрған жоқ па?! Өлтірген адам тапсырыс берген сол деп айтты.
– Өтірік айта салуы да мүмкін. Ақшасын алса неге ұстап берді? Кәсіби кісі өлтіруші қылмысын мойындап, темір торға өз аяғымен келіп отыруы тарихта бірінші рет.
– Қойшы, осы сондайыңды! Істі сотқа жіберейік деп жатсақ, сенің айтып отырғаның мынау.
– Жазықсыз адамды соттап, опа таппайсың.
– Сонда басқа біреуден күдіктенесің бе?
– Күдікті деу тым жұмсақ айтылған. Күдіктен гөрі сенімім молырақ. Заттай айғақтар жинағанға, бір күн уақыт берсең...
– Бір күн тым көп, – деді Асхат басын шайқап.
– Тым болмағанда кешке дейін күте тұршы.
– Жарайды, – деп кеседегі суып қалған шайын ұртын толтыра ұрттады да, терезеге қарай жүзін бұрды. Осыдан кейін қайтіп бір-біріне тіл қатысқан жоқ. Жұмыс орнына барып, кабинетте келушілерге қойылған диванға жайғасып, ұйқыға бос қойды. Мұрат қана көз шырымын ала алмады. Енді бейкүнә бойжеткеннің қаралы өмірдің қабатында қалуы не саналы өмірдің санатына қайта қосылуы мына өзінің қолында еді.
***
Мұраттың өтінішімен кешқұрым тергеу бөлмесіне марқұмның қарындасы, Асхат пен адвокатын ертіп, Диана да, Шора Қараман да түгелдей жиналды. Мұрат отырғандарды көзбен бір шолып өтті де, бірден кінәлінің атын атады.
– Эх, дүниеде не болмайды десеңші. Кезінде таққа таласып ет жақындар бір-бірін өлтіретін, бүгінде сезімнің құлына айналғандар өзін де өзгені де құрбан етуге дайын-ақ... Көп күттірмей, қылмыскердің атын атайын. Ол – Камилла Байбосынова. Ағалы-қарындастар дүние-мүліктен басқа неге таласуы мүмкін дейсіздер? Бұл жағдайда қаны бөлек, бірақ бір отбасында тәрбиеленген жастардың сезімі мен қызғанышы себеп болып отыр. Камилла өзінің асыранды ағасын жақсы көрген.
– Не деп тұрсыз? Есіңізден ауысқаннан саумысыз! – деп Камилла орнынан атып тұрып, тергеушінің жағынан салып қалмақ болып, ұмтыла бергенде, Садуақас ұстап қалды. Асхаттан бастап, отырғандар түгелдей жындының сандырағын естіп тұрғандай марқұмның қарындасына тіл тигіздің деп Мұратқа жақтырмай қарады.
–Сөзімді бөлмеңіз! – тергеуші қалың қабағын түйіп, отыруды бұйырды. – Жалғастырайын, құрбысын жақсы көретінін естіп, біраз шамданып қалғанымен, қызқұмар ағасы көп ұзамай-ақ оны тастап кететін шығар деп сабырға келеді-мыс, алайда ағасына сезімін білдіргенде, ол ашуланып, Дианаға арнап сатып алған жүзікті көрсетіп, үйленуге ұсыныс жасайын деп жатқанын айтады. Қызғаныштан өртенген Камилла қылмысқа бел буған. Темір торға кім отырғысы келеді дейсің, заңнан қашып құтылу үшін әрі өш алу мақсатында Шора Қараман деген түр-тұлғасы Ғазизға ұқсайтын түрмеден 4-5 ай бұрын босап шыққан кісі өлтірушіні жалдаған. Жоспары іске аспай қалған жағдайда, яғни, қылмысты Ғазиздің мойнына іле алмаса, келесі кезекте тізімге құрбысын жайғастырған-ды, бірақ, жоспар ойындағыдай орындалмайды. Ақша беріп жалдаған қанішер келісімде жоқ әрекетке барып, марқұмның әмиянындағы қомақты қаржыны жымқырып кеткен. Камилла басты күдікті ретінде Ғазизды нұсқамаса, полиция бұны алғашында қасақана адам өлтіру емес, ұрлықшылардың әрекеті деп санайтын еді. Қамаудан кейін неге босатып жібердіңіздер деп шамдануы да содан. Келесі оқиғаға тоқталайық, неге Ғазиз Камиллаға қастандық жасады? Қылмыскердің кім екенін о баста-ақ ол білген, себебі, бір апта бұрын мына бикеш Диананы қазақы салтпен алып қашуды ұсынған болатын. Жігіттің жауабы ашуына тигені соншалық, адам өліміне кінәлі деп көрсетуді мақсат етеді. Сөз арасында қыздың ағасына деген сезімі бар екенін байқаған Ғазиз қарсы айғақтарды қолдан жасаған кім екенін бірден ұғады. Сол кеште екеуінің араларында біраз ұрыс-керіс болып, нәтижесінде өш алуды көксеген қыз құрбысына қатысты айғақтар дайындап қойғанын айтып, не сен не сенің сүйгенің деп таңдау жасауды бұйырады. Солай ма? – қызға сұрау тастады.
– Санаға сыймайды!– деді Асхат басын шайқап. Мұрат ешкімнің сөзін елеместен сөзін ары қарай жалғап әкетті.
– Алған бетінен тайынбай, Ғазиздың көзінше Шораға хабарласып, Диананың бұйрығымен өлтіргенін тиісті органдарға барып хабарлайтын болса, алдындағы ақшаның соммасын 4 есе ұлғайтатынын айтқан. Осылайша, қатерлі ойынға бекіген бойжеткен ақыры өзі құрбан бола жаздап, өлім тырнағынан аман қалады.
– Сіз ештеңе дәлелдей алмайсыз! Сот алқасы бұндай бос сөздеріңізді тыңдап та жатпайды.
– Білемін, Байбосынова, сол себепті тірі айғақ әкелдім, – деп есіктен басын шығарып айғайлады. – Ғазиз, кіре бер!
Осы сәтте есік ашылып, ішке Ғазиз кіргенде, отырғандар тірі өлікті көргендей жағаларын ұстап, таңданыстарын жасырмады. Ал Мұрат сөзін ары қарай іліп әкетті:
– Міне, сотта сізге қарсы куәлік беретін адам дайын, Камилла Байбосынова! Барлықтарыңыз Ғазизды өлді деп есептедіңіздер. Ал шындығында, бұл жігіт ойлағандай ақымақ емес; заң алдында жауап беруден қашып, өз өлімін ойластырған. Суға жүзуден спорт шебері, студенттер арасындағы республикалық жарыс жеңімпазы суға батып кетті дегенге кім сенеді?! Өзенге жақын маңда қыстақтардағы әр үйді тінтіп жүріп, жасырынған жерінен таптым да, бір-бірімізден көмегімізді аямаймыз деп екі жақты келісім орнаттық. Маған түсініксіз болған біраз жайттардың бетін осылай аштым, – деп енді отырғандарға қарата айтты. – Мен алғаш көрген кезде-ақ осы қыздан күдіктендім, бірақ мұрагерлік құқық өз атына жазылған болса, басқа қандай себеп болуы мүмкін деп ойымнан біраз айнып қалғанмын. Сөйтсем, ішкі түйсігім алдамапты.
– Сіздер ештеңені дәлелдей алмайсыздар!
– Қателесесің, қарағым! Банк есеп шотыңыздан қайғылы оқиғаға дейін екі күн бұрын 2 млн доллар алынғанын, ал ағаңыз қайтыс болған күннің ертеңінде тағы да дәл осындай сомма түсірілген. Бұған қоса, сіз қылмыскерге хабарласып жүрген нөмір сим картасы Шора Қараманның пәтерінен табылды. Міне, осылай!.. Камилла Байбосынова, сіз Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 20-бабы бойынша сотталатын боласыз! Тергеу ісін адастырып, кінәсіздерге жала жапқаныңыз үшін жауап бересіз!
– Адам! Сіз Марленді адам санатына қосып отырсыз ба? – деді Камилла ащы мысқылмен күліп, – Адам сезімін бағаламайтындарды бұл санатқа қоспаңыз! Ол бәріне өзі кінәлі. Бала күннен оны жақсы көретінімді естігенде не дегенін білмейсіздер.
...Марлен жұмыстан кешқұрым келгенде төргі бөлмеде ішімдікке сылқия тойып алған қарындасын көріп, әбігерге түсті.
– Бұның не? – қолындағы арақты алуға ұмтылып еді, «жо-жоқ, тиіспе» деп Камилла стакан мен бөтелкені қойнына тыға қойды.
– Бермеймін. Менің жалғыздығымды бөлісетін осы ғана. Енді оны да тартып алмақсың ба?!
– Өзің, тіпті, удай массың ғой! Ішкеніңді қашан қоясың?
– Сен Дианамен айырылысқан күні қоямын, – деді ақырын міңгірлеп.
–Не? Қалай дедің?– айтқанын естісе де, санасына сыйдыра алмай, қайталап сұрады.
– Қайтадан сол қызбен кездесуге бардың ба әлде хатшыңмен қыдырып қайттың ба? Қанша қызға көз салғанда, маған мойын бұрып қарау қиын болды ма? Сұлулықтан кенде емеспін. Сен үшін не істемедім мен...
– Не деп кеттің? Ақылыңнан алжасқаннан саумысың?! Сен менің қарындасым емессің бе?!
– Қарындас дейді ғой,– қарқылдап күлді де артынан еңкілдеп жылай бастады.– Қандай ақымақсың! Өлердей сүйетін адамды байқамайсың, елемейсің мүлде! Мен сені сүйемін ғой! Қалай түсінбейсің?..
Мастықтан сандырақтап тұрған шығар деп ашуын тежеп отырған Марлен енді шынымен бар сөзі ақиқат екенін ұғынды. Ұғына отырып ер азамат болғанына қарамастан жылағысы келіп, тамағына өксік кептелді.
Бұл отбасының есігін аттағанда екеуі де есі кірген бала еді. Камилла алғашында ата-анасын қызғанып жатсынатын. Ал Америкадан қайтып оралғанда өзгеше қарай бастағанын Марлен байқаса дағы, ойға кірген күдік бөлек, өз аузынан есту мүлде бөлек. «Жынданып кететін шығармын» деп бір сөзін қайталай берді сан-саққа кеткен ойын тежей алмай. Орнынан атып тұрып, бөлменің ішін кезе бастады, енді қайтіп қарындасы отырған жаққа көз салғысы келмей, жерге тесіліп, ойдың терең шыңырауына батқан күйі орындыққа қайта отырды. Камилланың да мастығы тарап, ес жиған көрінеді, абыржып, ағасына жалтақтап қарай берді. Бөлмені бір сәт ауыр үнсіздік басты. Сәлден соң Марлен байыпты дауыспен:
– Сені жар қылып алғаным – аялы алақанына салып, асырап жеткізген ата-анама қиянат еткенім. Жақында Дианаға үйленемін. Міне, жүзік те сатып алып қойдым,– деп қалтасынан алтын жүзікті алып, көрсетті.
– Жоқ, сенгім келмейді... сенгім келмейді. Жек көремін оны! Жалғыз бақытымды тартып алды. Одан қай жерім кем? Марлен айтшы, сен өміріңде бір рет болсын маған бойжеткенге қарағандай қарап көрдің бе?
Бұл сұрақ мүлде тығырыққа тіреп, жігіттің ашуына тигені соншалық мәселені біржола шешу үшін:
– Сұраған екенсің, жауап берейін, тіпті, бөлек отбасында өссек те, саған ешқашан Дианаға қарағандай қарай алмас едім. Махаббаттың да өз шекарасы бар. Қарындас ағасына ешқашан жар бола алмайды,– деп қатты айтып салды.
– Маған бұйырмаған екенсің. Ешкімге де бұйырмайсың!..
– Оны өлтіргеніме еш өкінбеймін. Қайтадан сондай әрекетке еш ойланбастан барар едім. Намысымды аяққа таптағандарды ешқашан жазасыз қалдырмаймын. Тергеуші мырза, тіліңізге абай болыңыз деп сізге де ескертемін, түсінікті ме? Дегенмен, мойындаңыздар! Сіздерді алдап соқтым! Осы күнге дейін итке сүйек тастағандай жалған айғақтарыма алданып жүрдіңіздер!– деп дауыстап күлді.
***
Диана Ғазиздың артынан ілесе жүгіріп шықса дағы, тілі күрмеуге келмей қиналды. Әбден махаббат азабынан қажыған жігіт сезім жолында намысын жықпай, қыздың «Тоқта! Кетпеші!» деген жалынышты сөзіне «Осы күнге дейін сенсіз өмір сүрдім, ары қарай да күнелтермін» деп артына қайрылмастан жүре берді.
– Ал мен ше? Сенсіз бір күн болсын, тұра алады дейсің бе? – деген сөзін естіп қана Ғазиз артына бұрылды.
Неге екені белгісіз, жігіт құшағына алып, маңдайынан сүйгенде, тағы да үрей бойын билеп әкетті. Махаббат алдында қауқарсыз екенін мойындаған осы сәттен бастап, бұл сезімді елемеуге тырысып бағар, ақ халатты «абзал жаны» тапсырыспен адам өлтіруші екенін тек біле алмай кететіні анық. Фархат Алимовтың нұсқауымен талай рет емделуші болып, қолына түскен адамдарды дәрі егіп өлтіргені Диана тұрмақ тірі жан білмейтін үлкен сыр.
Махаббаттың құдыреті сонда, ол жаманды жақсыға, жақсыны наданға айналдырар күші жетерлік. Біраз жағдайын түзеп алған соң, Ғазиз қолындағы қанды жумақ ниетте игі іс істеп, тікелей бұйрық алып отырған бастығына ойыннан шығатынын айтып еді, бір топ Фархаттың бағыныштыларының тепкісінен дәрігерлердің көмегіне өзі жүгінуіне тура келді. Дүниеден түңіліп, жан арпаласын бастан кешкен жігіт сүйіктісінің жан сарайындағы арпалысты іштей сезгенімен, бұл қылмыс әлемінен тірі шыға алмасын біледі.