Адам қарады: 156 | Жарияланды: 2019-09-13 03:20:08

Адамдар бақытын іздейді

  киносценарий

                                           1-сахна. Мейманхана.

         Ақпан. Сәске түс. Ару Алматы Алатаудың бөктерінде баяу тыныстап, бусанып жатыр. Ауа райы  май тоңғысыз жылы. Асфальт жолдар, көше бойлаған тротуарлар көктемдегідей қара қоңыр тартып, күн сәулесімен құбылып жалтырайды. Қысқы қар тек биік үйлердің көлеңке беттері мен адам аяғы тимеген бақтар мен скверлердің газондарында ғана ойдым-ойдым ала қанат болып қалған.

         Бермет, - 19-20 жастар шамасындағы денесі жас шыбықтай солқылдаған, бәденді, орта бойлы ақ сары қыз, - шапшаң басып, қала орталығындағы «Сәлем» деп аталатын көп қабатты сәулетті мейманхананың вестибюліне енеді де, бірінші қабаттағы лифтіге қарама-қарсы орналасқан қонақүйдің кезекші менеджерінің постысында отырған орта жастардағы әйел Тұрсынайға жарқырай күліп келіп амандасады.

Бермет. Саламатсыз ба, еже!..

Тұрсынай. Сәлем-сәлем!.. Әй, сен қыз, қырғызшаңды әлі қоймапсың ғой. Еже емес, әпке десеңші қазақшалап. Немесе тіпті  біздің шымкентшілеп әпше дей сал.

Бермет. Өй, әбден үйреніп қалғанбыз ғой. Кейде осылай аузымнан автоматты түрде шығып кетеді. Халыңыз қалай, әпке?!.

Тұрсынай. Халдың несін сұрайсың. Бірде – бие, бірде – түйе деген секілді ғой баяғы. Біз, әйелдер, көктемгі ауа райы секілді сәт сайын мың құбылып тұратын халық емеспіз бе. Өзіңнің ше?

Бермет. Абдан жақсы.

Тұрсынай (Берметке сұқтана көз салып). Пәле қыз, күннен күнге қарға аунаған түлкідей құлпырып барасың ғой өзі!.. Тіфә-тіфә, тіл-аузым тасқа. Мына пальтоң өзіңе қатты жарасады екен.

Бермет. Рахмат, әпке.

Бермет Тұрсынайдан бір шумақ кілттерді алып, енді лифтіге қарай аяңдайды.

Тұрсынай (Берметтің соңынан). Этажыңды бүгін жақсылап жу. Қолжуғыштар да,унитаздар да айнадай жарқырап тұратын болсын. Білесің ғой, түске қарай симпозиум қонақтары келеді.

Бермет (лифтіге мініп бара жатып). Мақұл, білем ғой.

                                      №2 – сахна. Маңызды қонақ.

«Сәлем» мейманханасы. Сол вестибюль. Ішке 50-55 жастар шамасындағы қымбат киінген екі ер адам кіреді. Оның ұзын бойлы, тарамыс келгені осы қонақүйдің қожайыны – Сәулебек Қарашұлы да, екінші орта бойлы, жуантықтауы – симпозиумның құрметті қонақтарының бірі Ертай Бөкенбайұлы. Олар бір мәселені қызу талқылаған күйлері қонақүйдің кезекші менеджері орналасқан постыға жақындайды.

Тұрсынай (орнынан жалма-жан ұшып тұрып, айрықша ізетпен). Сәламатсыз ба, Сәулебек Қарашұлы!..

Сәулебек Қарашұлы.  Сәлем. Хал қалай?..

Тұрсынай (мәдениетті күлімсіреп). Бәрі жақсы, Сәулебек Қарашұлы, бәрі жақсы!..

Сәулебек Қарашұлы (Ертай Бөкенбайұлы жаққа мойнын бұрып). Мына кісі Ертай Бөкенбайұлы Ережепов деген ағаң болады. Үлкен қоғам қайраткері, корпорация президенті. Астанадан жаңа ғана ұшып келді. Симпозиумға қатысу үшін.

Тұрсынай (әлі де сәл күлімсіреген күйі қонаққа сәл-пәл басын иіп). Өте жақсы, өте жақсы!.. Алматыға хош келіпсіз Ертай Бөкенбайұлы! Бек қуаныштымыз.

Сәулебек Қарашұлы. Олай болса,ағаңа төртінші қабаттағы бір кісілік вип нөмірлердің ең жақсысын бер. Ереке,жеке куәлігіңіз өзіңізде ме?

Ертай Бөкенбайұлы. Бар ғой...

Қонақ куәлігін Тұрсынайға ұсынады.

Тұрсынай. Рахмет,Ертай Бөкенбайұлы. Куәлігіңізді құжаттарды толтырып болған соң өзім апарып берем.

Сәулебек Қарашұлы. Сонымен біз қай нөмірге барамыз?

Тұрсынай. 408-іншіге, Сәулебек Қарашұлы. Ең жарық, ең кең бөлме... Сіздерді бастап апарайын ба?

Сәулебек Қарашұлы. Жоқ, қажет емес. Кілтті берсең, болды. Ерекеңді өзім апарып орналастырайын.

                                   № 3 – сахна. Алғашқы таныстық.

         Қонақүйдің төртінші қабаты. Жұмысына бар ынты-шынтымен кірісіп кеткен Бермет еден жуу үстінде. Үстіндегі етімен ет боп, жабыса түскен спорттық трикосы оның сымбатты, балғын құлын мүшелерін одан сайын әйгілеп, мүсіндей түскен. Дәліздің ортаңғы бөлігіндегі лифтіден түсіп, коридорға ұзына бойы төселген жол кілемді жұмсақ басып, артқы жағынан елеусіздеу келіп қалған екі ер адамды ол алғашында байқамай қалады. Тек олар өзіне есік пен төрдей жерге жақындағанда ғана қыз әлденеден секемденгендей кенет жерден басын кілт көтеріп алады да, әлгі екі еркектің бірінің осы мекеменің қожайыны Сәулебек Қарашұлы екенін білгенде, кәдімгідей абыржып қалады.

Бермет (тершіп кеткен маңдайын білегінің сыртымен сүртіп жатып, ұяла күлімсіреп). Сәламатсыз ба, Сәулебек Қарашұлы.

Сәулебек Қарашұлы. Сәлем-сәлем!.. Хал қалай, Бермет?

Бермет. Абдан жақсы, ағай.

Сәулебек Қарашұлы. Проблеме болып жатса, ұялма, маған келіп айт. Ал, жақсы...

Бермет. Рахмет, ағай...

Сәулебек Қарашұлы қонағын ертіп, 408-ші бөлмеге келіп енеді.

Сәуебек Қарашұлы. Ереке, мынау – Сіздің нөміріңіз. Қанша тұрамын десеңіз де өзіңіздің патша көңіліңіз біледі. Сонан соң ақша төлеп, әуре болмаңыз. Бәрі менің, яғни қонақүйдің есебінен болады. Тек былай... формально құжат толтырып қоямыз.

Ертай Бөкенбайұлы. Қой, ақшасын төлейін. Ұят емес пе.

Сәулебек Қарашұлы. Жо-жоқ, атамаңыз. Сіз анда-санда бір келгенде күте алмасақ, несіне азаматпыз деп жүрміз. Әйтпесе мен ренжимін. Мынау – қоңыраудың түймесі. Бірдеңе қажет болған жағдайда кезекшіні шақырып аласыз. Спутниктік теледидар, интернетке қосылған компьютер, тоңазытқыш, телефон – бәрі осы нөмірдің ішінде. Так што, жұмысыңызды осы жерде атқара бересіз.

Ертай Бөкенбайұлы. Рахмет, Сәке!.. Бәрі құтты болсын. Европада да, Америкада да болып жүрміз ғой. Мына сенің мейманханаң солардың қонақүйінен ешбір кем емес екен. Жарайсың!.. Айтпақшы, жаңағы еден жуушы қызың керемет қой, әй!.. Өзі басқа ұлттың өкілі-ау деймін, тілінде аз-маз акцент бар екен.

Сәулебек Қарашұлы. Иә, ұлты – қырғыз. Бізде істейтініне бес-алты ай болып қалды.

Ертай Бөкенбайұлы ( басын шайқап). Керемет, керемет!..

Сәулебек Қарашұлы. Ұнатып қалсаңыз, өзіңізбен таныстырып қоюымызға болады.

Ертай Бөкенбайұлы (көздері ұшқын атып, лекіте күліп). Ну и что же, я не против, не против!.. Очень заманчивая идея!

Сәулебек Қарашұлы. Онда келістік деп есептеңіз. Ал, Ереке, бөлмеңізге жақсылап жайғасыңыз. Жол шаршатпай қоймайды ғой, дем алыңыз. Қазір қыздар буфеттен шәйіңізді, асыңызды әкеп береді.

Ертай Бөкенбайұлы. Сүйтсем, сүйтейін. Жол соғып тастағаны рас. Бәріне рахмет, Сәке!.. Ер мойнында қыл арқан шірімейді деген, мен де бір керегіңе жарармын.

Сәулебек Қарашұлы. Оқасы жоқ, Ереке. Ештеңеге алаңдамаңыз.

Сәулебек Қарашұлы шығып кетеді.

                                        4- сахна. Шефтің тапсырмасы.

Сәулебек Қарашұлы лифтімен төменге түсіп, қайтадан Тұрсынайдың жанына келіп аялдайды.

Сәулебек Қарашұлы. Ертай Бөкенбайұлы нөмірге орналасты. Қазір ана Берметті шақыр,  қонаққа буфеттен таңертеңгі ас-суын апарып берсін.

Тұрсынай. Оны буфетшілердің өзіне, немесе ресторандағы даяшылардың біріне тапсырсақ қайтеді, Сәулебек Қарашұлы. Бермет түске дейін, қонақтар келем дегенше, төртінші этаждың дәлізін, сондағы кейбір нөмірлерді жуып,  тазалап шығуы керек еді.Үлгере алмай ма деп қорқам.

Сәулебек Қарашұлы. Ештеңе етпейт, үлгереді. Ерекеңнің ас-суын енді именно Бермет апарып беріп тұратын болады. Түсіндің бе?!.

Тұрсынай. Түсіндім-түсіндім, Сәулебек Қарашұлы! Бәрі сіздің айтқаныңыздай болады. Ешқандай қам жемеңіз.

                                              № 5 – сахна. Редакция.

Республикалық «Ақ жол» газетінің кеңсесі. Бас редактордың кабинетіне 27-28 жастар шамасындағы журналист жігіт Сағи келіп енеді.

Сағи. Мені шақырдыңыз ба?

Бас редактор. Иә, кел. Отыр...

         Сағи редактор нұсқаған орындыққа барып жайғасады.

Бас редактор. Бүгін кешкі сағат алтыда «Қазақстандағы су ресурстарын пайдаланудың тиімді жолдары» деген тақырыпта өтетін халықаралық симпозиумның пресс-конференциясы болады. «Сәлем» қонақүйінің дөңге-лек залында. Соған қатысасың. Шақырылған журналистердің тізімінде барсың.

Сағи. Түсінікті, аға.

Бас редактор. Сұрақтарың болса, қоярсың. Бұл өте маңызды симпозиум.Пресс-конференцияға басынан аяғына дейін қатысып, сөйлеушілердің пікірін диктофонға жазып ал.

Сағи. Түсінікті, аға. Бара берейін бе?

Бас редактор. Бара бер. Айтпақшы, фотокорды да ертіп аларсың. Бірнеше кадр жасасын.

Сағи. Жақсы.

                                          № 6 – сахна. Мырзалық.

         Ертай Бөкенбайұлының ас-суы салынған қоларбаны жетектеген Бермет 408-нөмірдің жанына келіп, оның сыртқы есігін қағады. Іштен: - Есік ашық, кіре беріңіз, - деген ер адамның дауысы шығады.

         Қоларбаны жетектеген Бермет есікті ашып, бөлмеге енеді де, тамақ салынған тарелкалар мен ас приборларын терезенің жанындағы үстелдің үстіне біртіндеп қоя бастайды. Ванна бөлмесінен жаңа ғана жуынып-шайынып, қырынып болған Сәулебек Қарашұлы шығады. Оның үстінде – үй ішіне киетін жұмсақ халат, мойнында – қардай аппақ түкті сүлгі.

Ертай Бөкенбайұлы. О-о, тамақ та келіп қалыпты ғой. Тамаша!.. Жалпы, бұл қонақүйде сервистің жолға қойылғаны бірден байқалады.

         Ертай Бөкенбайұлы үстелдің жанындағы орындықтардың біріне келіп отырады. Бермет пәрнектен кесеге шәй құя бастпйды.

Ертай Бөкенбайұлы. Шәй-шәй -  ішсең көңілің жай!.. Маған бәрінен осы шәйіңіз жақсы болды. Айтпақшы, атыңыз кім?

Бермет. Бермет-т...

Ертай Бөкенбайұлы. Бермет, Бермет-т... Тамаша! Керемет!.. Өте сирек кездесетін есім екен. Кәне, Берметжан, өзің де тізе бүгіп, отырыңыз. Өле жегенше, бөле же деген, екеуміз бірге тамақтанайық. Айтпақшы, жасыңыз кіші ғой, сен дей берсем айыпқа бұйырмайтын шығарсыз.

Бермет. Айта беріңіз, ағай...

Ертай Бөкенбайұлы. Кәне, онда отыр, Бермет.

Бермет. Жо-жоқ, рахмет. Мен жұмыстағы адаммын ғой. Кетейін, ағай.

Ертай Бөкенбайұлы. Баламысың деген. Қайда асығасың, бәріне үлгересің әлі. Мына көршіміз орыстарда «Работа не волк, в лес не убежит» деген жақсы бір мақал бар. Так что, сол айтпақшы...

Бермет. Жо-жоқ, ағай. Менің жұмысым көп. Айып етпеңіз.

Ертай Бөкенбайұлы. Жарайт онда. Болмадың ғой, тек сәл тоқтай тұрш. Қазір...

Ертай Бөкенбайұлы орнынан тұрып, киім салатын шкафтың ішінде ілулі тұрған костюмінің қалтасынан бес мың теңгелік купюраны суырып алады да, Берметке ұсынады.

Ертай Бөкенбайұлы. Бермет, мә, онда мынаны ала ғой.

Бермет (азарда безер боп, сыртқы есікке қарай жылыстап). Жо-жоқ, ағай!.. Оныңыз не, ұят болат!..

         Көпті көрген тәжірибелі Ертай Бөкенбайұлы бұған онша саса қоймайды: ол Берметті қолынан тартып тоқтатып, қыздың трикосының төс қалтасына бес мың теңгелікті сүңгітіп жібереді де, әзілдей жымиып, сұқ саусағын кезеген болады.

Ертай Бөкенбайұлы. Алмасаң ренжимін. Понимаешь, буду жаловаться вашему шефу Саулебеку Карашевичу! Бұл сенің маған көрсеткен қызметің үшін. Ал енді жұмысыңа бара бер. Ауф фидер зейн!..

         Ертай Бөкенбайұлы не істерін білмей, көздері адырайған Берметті зорлағандай қылып, сыртқа шығарып жібереді де, есікті іштен жауып алады.

                                      № 7 – сахна. Пресс-конференция.

«Сәлем» қонақүйінің дөңгелек залы. Президиум осы залдың дәл ортасына орналасқан. Залдың президиумға қарама-қарсы жағына бір топ журналистер жайғасқан. Президиумда 5-6 кісі, олардың бірі – бізге бұрыннан таныс Ертай Бөкенбайұлы. Дәл ортада  пресс-конференцияның жүргізушісі – сыпайы киінген орта жастардағы ер адам. Қалғандары – Ертай Бөкенбайұлы секілді осы симпозиумның ең маңызды қатынасушылары.

Пресс-конференцияның жүргізушісі. Қадірлі журналистер! Пресс-конференциямызды бастауға рұқсат етіңіздер. Әдеттегідей сұрақ сіздер жақтан, жауап бізден болады. Кәне, кімде қандай сауал бар?

         Бір жас журналист орнынан атып тұрып, залға қойылған микрофонның жанына келеді.

Жас журналист. «Хабар» телеарнасы.Марат Қарақұлов. Өздеріңіз жақсы білетіндей Балқаш көлінің бассейні кейінгі жылдары бірте-бірте кішірейіп,  тайызданып барады. Өйткені Қытай Халық Республикасы өзінің Шыңжан өлкесіндегі өндірістік мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін Іле өзенінің бастауынан канал қазып, ондағы орасан зор су ресурстарын ішкері аймақтарына қарай бұру мәселесімен түбегейлі айналысуда. Сұрақ: егер олар бұл әрекетін жалғастыра берсе, көп ұзамай Балқаш та Арал теңізінің кебін киіп, Қазақстанның оңтүстік шығысы экологиялық апатқа ұшырамай ма?

Пресс-конференцияның жүргізушісі (Өзінің оң жағында отырған көзілдірікті, маңғал бас ер адамға бұрылып). Сәке, бұл сұраққа сіз жауап бересіз бе?

Маңғал бас еркек. Мақұл...

Пресс-конференцияның жүргізушісі. Бұл сауалға академик Сансызбай Құлбарақов жауап береді.

Сансызбай Құлбарақов. Әрине, мұндай қауіптің бар екені рас. Өздеріңіз жақсы білетіндей, трансшекаралық өзендердің мәселесі екіжақты келісімнің нәтижесінде шешіледі. Бұл – халықаралық норма. Осыған сәйкес қазіргі таңда Қазақстан мен Қытайдың арасында осындай келіссөздер жүруде. Жасырып, жабатын ештеңесі жоқ, мәселе күрделі. Алайда біз Қытай Халық Республикасының  саяси басшылығы өзінің достас көршісі Қазақстанның су ресурстарына мұқтаждығын ескереді деп үміттенеміз.

Жас журналист. Рахмет.

                          Микрофонға енді Сағи жақындайды.

Сағи. Республикалық «Ақ жол» газеті. Сағи Жолымбетов. Сырдария өзенінің Қырғыз Алатауынан басталатыны белгілі. Онда әлемге әйгілі Тоқтағұл гидростанциясы орналасқан. Сондықтан өзеннің мол суын қай мезгілде қандай мөлшерде пайдаланудың тетігі қырғыз бауырларымыздың еркінде.

Осыған байланысты дарияның төменгі жағындағы Қазақстан әсіресе егістікті интенсивті түрде суаруды қажет ететін жаз айларында су тапшылығын қатты сезінуде. Бұл күрделі мәселенің түйіні болашақта қалай шешілмек?

Пресс-конференцияны жүргізуші (сол жағында отырған Ертай Бөкенбайұлына бұрылып). Ереке, бұл сауалға өзіңіз жауап беретін шығарсыз?

         Ертай Бөкенбайұлы «мақұл» дегендей басын изейді.

Пресс-конференцияны жүгізуші. Бұл сұраққа «Казгидроинженеринг» корпорациясының президенті Ертай Бөкенбайұлы Ережепов мырза жауап береді.

Ертай Бөкенбайұлы. Бұл – ескіден келе жатқан проблема. Бәріміз жақсы білетіндей, Совет Одағы кезінде біз қырғыз ағайындармен бір мемлекеттің құрамында болдық. Сондықтан бұрын аталған мәселе, яғни Сырдарияның су ресурстарын бөлу мәселесі, бір орталықтан – Мәскеуден – қиындықсыз шешілетін. Ал қазір қырғыз да, біз де жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттерміз. Сондықтан екіжақты мемлекетаралық келіссөздерге жүгінуге мәжбүрміз. Оның үстіне аталған өзеннің ортаңғы бөлігі көршілес Өзбек республикасының территориясында. Бұл да мәселені шиеленістіре түседі. Так что, бұл өте қиын мәселе...

Сағи. Сонда бұл проблеманың қазіргі таңда шешілуі неғайбыл демексіз бе?

Ертай Бөкенбайұлы. Жоқ, мен олай деп отырған жоқпын. Қазіргі күндері осы үш елдің үкіметтері құрған мемлекеттік комиссиялар бұл мәселені талқылап, пысықтау үстінде. Осы комиссиялар үш елдің де мүдделеріне қайшы келмейтін компромистік шешімге тоқтаулары керек. Ол шешімнің қандай болатынын дәл қазір айту қиын. Менің айтпағым осы ғана.

Сағи. Рахмет...

Пресс-конференцияны жүргізуші. Тағы кімде қандай сауал бар?..

Микрофонның жанына енді үш-төрт журналист қатарласа жетеді. Фотоаппараттар мен телевизиялық камералар объективтерін соларға қарай бұрып, ентелей түседі.

                                       №8 – сахна. Мейманхана. Ымырт.

         Ымырт. «Сәлем» қонақүйінің алдындағы шағын автотұрақ. Пресс-конференциядан шыққан Сағи машинасына келіп отырады да, моторды от алдырады, сонан соң орнынан қозғалып, үлкен күре жолға қарай бет алады. Дәл осы кезде алдыңғы қатардағы жеңіл автомобильдердің бірі кілт артқа бергенде жанынан өтіп бара жатқан бір қызды байқамай қағып кетеді де, қайтадан дереу алға ұмтылып, үлкен жылдамдықпен у-шу көшедегі көлік тасқынына сіңіп жоғалады. Ал әлгі машина қағып кеткен қыз өз екпінін тежей алмай, Сағидың машинасына соғылып, екі қолымен оның капотына барып асылып қалады. Қыздың қол сөмкесі әудем жерге ұшып түседі. Бұл - Бермет болатын.

         Сағи аяғымен тежегішті жанталаса басып, машинасын кілт тоқтатады да, кабинадан атып шығып, капотқа асылып қалған бейтаныс қызға көмек беруге ұмтылады.

Сағи (қызды капоттан көтеріп алып жатып). Қарындас, амансыз ба әйтеуір?!.

Бермет (жыламсырап). Білмейім, аман сияқтымын...

Сағи (Берметті қолымен сүйемелдеп жерге түсіріп жатып). Қане, былай ептеп... аяғыңызды басып көріңізші.

         Бермет сәл-пәл ақсаңдап, аяғын бір-екі басып көреді.

Сағи. Қалай, ауырмай ма?

Бермет. Жоқ, ауырмайтын сияқты.

Сағи. Қолыңыз ше? Қане, қолдарыңызды олай-бұлай қозғап көріңізші.

         Бермет бейне ертеңгілік гимнастика жасағандай қолдарын олай-былай қозғап көреді.

Сағи. Ауырмай ма?

Бермет. Жоқ, ауырмайды. (Кенет жан-жағына алақтап). Айтпақшы, сөмкем,  менің сөмкем жоқ!..

Сағи анадай жерде жатқан қыздың қол сөмкесін алып кеп, иесіне ұстатады.

Сағи. Міне, сөмкеңіз. Құдайға шүкір, мұның да аяқ-қолы дін аман сияқты.

Бермет (еріксіз күліп жіберіп). Рахмет! Көп рахмет Сізге...

Сағи (машинасының алдыңғы есігін айқара ашып). Онда отырыңыз машинаға, апарып салайын.

Бермет. Жоқ, рахмет. Аялдама мына жерде тиіп тұр. Автобуспен барам ғой.

Сағи (өтінішті үнмен). Отырыңызшы енді...

Бермет. Онсыз да біраз жолыңыздан қалдырдым, сізді тағы несіне әуре етем.

Сағи. Егер түсінсеңіз, бізге, жігіттерге, Сіздей сұлу қызға әуре болудың өзі бір бақыт емес пе. Отырыңыз, әуре болатын ештеңе жоқ.

Бермет машинаның алдыңғы орындығына келіп жайғасады. Сәлден соң олар да үлкен, у-шу көшедегі көлік нөпіріне барып араласады.

Сағи. Есіміңіз кім?

Бермет. Бермет...

Сағи. Қандай керемет ат!.. Өзіңізге лайық екен.

Бермет (жымиып). Солай ма?..

Сағи. Рас-рас, және ең бастысы өте сирек кездесетін есім. Оригинал!..

                              № 9 - сахна. Бұлыңғыр перспектива.

Таңертеңгі шақ. «Сәлем» мейманханасының бірінші қабаттағы вестюбелі. Сырттан әдеттегідей жарқырай күліп кірген Бермет күндегіше әуелі өзінің қызмет орнында отырған қонақүйдің кезекші менеджері Тұрсынайға барып амандасады.

Бермет. Сәламатсыз ба, әпке!..

Тұрсынай. Сәламатпыз, сәламатпыз, Берметжан! Өзіңнің халың қалай?

Бермет. Жақсы. Егер сіз кілттерімді берсеңіз, тіпті тамаша болып кеткелі тұр.

Тұрсынай (үстелінің тартпасынан кілттерді алып, Берметке беріп жатып). Кілттерің міне. Айтпақшы, қазір сағат қанша?

Бермет (қабырғадағы үлкен аспалы сағатқа көз салып). Сегіз жарым...

Тұрсынай. Онда тура бір сағаттан соң, сағат тоғыз жарымда ана 408-інші бөлмедегі ағаңа ас-суын апарып бересің. Кешегідей.

Бермет. Өй, қойыңызшы, әпке!.. Мен техничкамын ғой. Ас-суды асханадағы, немесе буфеттегі қыздар апарып беруі керек емес пе?

Тұрсынай. (қуланып). Берметжан?!. Тентек болмасаңшы. Байқа, ол кісі үлкен корпорацияның президенті.

Бермет. Енді президент болса қайтем...

Тұрсынай. Олай деме. Егер ол ағаңмен жақсы болып алсаң, көп ұзамай бар жағдайыңды жасап аласың. Түсіндің бе?!. Мәселең... Саған осы машина керек пе?

Бермет. Керек...

Тұрсынай. Пәтер ше?

Бермет. Ол да.

Тұрсынай. Ендеше егер оның көңілін тапсаң, сенде осының бәрі болады көп ұзамай. Терерь поняла меня моя красавица?!.

Бермет. Қойыңызшы, әкеммен қатар адам емес пе?

Тұрсынай. (басын шайқап). Әлі шіп-шикісің-ау, шіп-шикісің. Немене, сені біз соған күйеуге бергелі жатырмыз ба?!. Анда-санда ойнап-күліп тұрсаңдар болды, сенен басқа ештеңе талап етілмейді.

Бермет. Әпке, қойыңызшы, ұят қой.

Тұрсынай (даусын қатайтып). Ұят?!. Әй, қыз, ұят саған тамақ бола ма? Әлде киім бола ма? Шалтай-балтайыңды білмейім, енді оның ас-суын сен апарып беріп тұрасың. Бітті, точка!.. Бұл шефтің берген арнайы тапсырмасы. Маған бәрін түсіндіріп айт деген саған. Так что, басымды қатырмаңдар!..

         Бермет үн-түнсіз басы салбырап, лифтіге қарай бет алады.

                                     10-сахна. Таныстықтың жалғасы.

         Сағат тоғыз жарым. Мейманхананың 408-інші нөмірі. Бермет Ертай Бөкенбайұлына шәй құйып беріп отыр.

Ертай Бөкенбайұлы. Бермет, мына ас-судан өзің де алып отырсаңшы.

Бермет. Рахмет, жаңа бір кезде тамақтанып алғам.

Ертай Бөкенбайұлы. Ештеңе етпейт, тағы да ал. Жассыңдар, сендерге тамақты көбірек жеу керек. Дабай-дабай...

         Бермет амалсыздан шанышқыны алып, алдындағы бифштекстің бір түйірін аузына салады.

Ертай Бөкенбайұлы. Әкең бар ма?

Бермет. Жоқ, қайтыс болған.

Ертай Бөкенбайұлы. Шешең ше?

Бермет. Шешем бар. Айылда.

Ертай Бөкенбайұлы. Ал бауырларың?..

Бермет. Бір сіңлім, бір інім бар. Олар да айылда.

Ертай Бөкенбайұлы. Мектепте оқитын шығар?

Бермет. Иә...

Ертай Бөкенбайұлы. Нешінші сыныпта оқиды?

Бермет. Сынып деген не?

Ертай Бөкенбайұлы. Класс деген сөз ғой.

Бермет. А-а... Сіңлім – жетінші, інім – бесінші сыныпта.

Ертай Бөкенбайұлы. Ничего-ничего, әлі-ақ жетіліп кетеді. Айтпақшы, мамаң жұмыс істей ме?

Бермет. Жоқ.

Ертай Бөкенбайұлы. Неге?

Бермет. Айылда істейтін жұмыс жоқ. Оның үстіне шешемнің ара-тұра  ауырап қалатыны бар. Сондықтан, - үйде бір сиырымыз бен бес-алты қойымыз бар,- соларға қарайды.

Ертай Бөкенбайұлы. Іім-м, жағдайларың қиындау екен. Ничего-ничего!.. Берметжан, бұл ұялшақтардың заманы емес. Бірдеңе қажет болса, маған хабарлас. Қысылма, бәрін істейміз. Міне, мынау – менің визиткам.

Бермет. Рахмет. Ағай, рұхсат болса, мен тұрайын. Этажды түске дейін жуып, тазалап бітіруім керек. Мына ыдыстарды кейінірек сіз тамақтанып болған соң өзім алып кетермін.

Ертай Бөкенбайұлы. Жарайт, Бермет, бара ғой. Мынау – сенің қызметің үшін.

         Ертай Бөкенбайұлы бес мың теңгелікті өткендегідей Берметтің төс қалтасына сүңгітіп жібереді.

Бермет (ұялғаннан қызарып кетіп). Ағай, керегі жоқ. Бұл – менің атқаруға тиісті жұмысым ғой. Сол үшін маған айлық төлейді.

Ертай Бөкенбайұлы. Бермет, сен мені тағы да ренжіткелі тұрсың. Сенің қызметіңе маған тамақ әкелу кірмейді. Түсіндің бе енді? Бар, бара ғой.

Бермет бір сәтке не істерін білмей әрі-сәрі күйде сәл-пәл қипақтап тұрады да, нөмірден шығып кетеді.

                                                   11-сахна. Тал түс.

         Тал түс. «Сәлем» мейманханасының төртінші қабаты. Қонақүйдің дәлізі күн нұрына шомылып, маужырайды. Терезенің ар жағынан, алыстан Алатау мұнартады. Бермет бар ынта-шынтын салып, терлеп-тепшіп еден жууда. Дәліздің келесі басынан лифтіден түсіп жатқан Тұрсынай көрінеді. Оның жанында қонақүйге орналасуға келген жаңа қонақ – орта жастардағы бір ер адам.

Тұрсынай (Берметке, оның тұсынан өтіп бара жатып). Ана кісінің тамағын апарып бердің бе?

Бермет. Иә.

Тұрсынай. Жарайсың!.. Солай ақылға келсейші. Қазір таман, жұмыстан соң, маған соғып кет. Тағы да айтатын бір жұмыс бар.

         Тұрсынай төртінші қабаттың ортаңғы бөлігіндегі бір нөмірдің есігін кілтпен ашып, жанындағы қонағына жол береді.

                                                   12-сахна. Ымырт.

         Ымырт. «Сәлем» қонақүйінің рестораны. Сызылып музыка ойнауда. Екі-үш жұп ортада вальс ырғағымен билеуде. Бір үстелдің басында кешкі астарын ішіп отырған Сәулебек Қарашұлы, Ертай Бөкенбайұлы және Бермет көрінеді.

Сәулебек Қарашұлы (аузын салфеткамен сүртіп, орнынан тұруға ыңғайланып). Ал, Ереке, Сіздер Бермет екеуіңіз асықпай дем ала беріңіздер. Маған үйге қайтуға тура келіп тұр. Бүгін келініңіздің туған күні еді. Түсінесіз ғой, ертерек бармасам, болмайды.

Ертай Бөкенбайұлы. Солай ма еді? Онда рұхсат-рұхсат, Сәке. Мәрзияшқа менен сәлем айт, сыйлығы – мойнымда. Ертең, не бүрсігүні өзіңмен бірге кіріп шығармын.

Сәулебек Қарашұлы. Ой, оған әуре болып қайтесіз. Сәлеміңіз де жетіп жатыр ғой.

Ертай Бөкенбайұлы. Жо-жоқ, міндетті түрде кіріп шығам. Біздің келін алтын адам ғой, арнайы барып құттықтап шықпасам болмайды.

Сәулебек Қарашұлы. Онда өзіңіз білесіз. Мәрзия, сөз жоқ, сіздің келгеніңізге бір қуанып қалады. (Енді Берметке бұрылып). Ал, Бермет, ағаңды өзіңе тапсырдым. Жақсылап демалыңдар.

         Жүзі сынық Бермет төмен қарап, үндемейді. Сәулебек Қарашұлы кетеді.

 

                                                          13-сахна. Түн.

Түн. Мейманхана. Рестораннан оралған Ертай Бөкенбайұлы мен Бермет 408-інші нөмірге келіп енеді. Ертай Бөкенбайұлы қолындағы пакеттен бір шиша коньякты, екі плитка шоколад пен мұздатылған етті, бір пачка сигаретті терезенің алдындағы үстелге асықпай біртіндеп қоя бастайды. Бермет есіктің алдында состиып тұрып қалады.

Ертай Бөкенбайұлы. Бермет, төрге, жоғары шықсаңшы. Ұялма, өз үйіңдей көр. Қазақта «Ағаның үйі - кең жайлау» деген мәтел бар. Так што...

Бермет. Ағай, мен қайтайын. Сағат он бір болыпты. Ертең – жұмыс.

Ертай Бөкенбайұлы. Түн ішінде қайда қайтпақсың? Ана бөлмеде бір бос керует бар. Осында қона сал. Мен сені жеп қоймаймын, Берметжан.

Бермет. Жо-жоқ, ағай!... Менің қайтуым керек.

Ертай Бөкенбайұлы (шарасыз қалыппен, креслоны нұсқап). Енді ең болмаса бір жарты сағаттай тізеңді  бүгіп отыршы мына жерге. Сосын көрерміз. Бәлкім, такси шақыртармыз.

Ертай Бөкенбайұлы Берметті зорлағандай қылып, қолынан жетектеп әкеп креслоға отырғызады да, костюмінің қалтасынан бір кішкентай әдемі қобдишаны алады. Сонан соң қобдишадан табандығына зүбәржат орнатылған алтын сақинаны алып, Берметке ұсынады.

Ертай Бөкенбайұлы. Берметжан, мына сақина бүгінгі күннің естелігі болсын. Ағаңның кішкентай сыйлығы өзіңе арнаған. Қабыл ал.

Бермет (шыр-пыр болып). Ағай!?. Маған ешқандай сыйлықтың қажеті жоқ! Қойыңыз, ұят болады!..

Ертай Бөкенбайұлы (тістерін ақсита күліп, сақинаны Берметтің саусағына зорлағандай етіп кигізіп жатып). Баламысың деген!.. Кәне-кәне, тентек болма, Берметжан. Міне, қатып кетті!.. Саусағыңа дәл келе кеткенін қарашы.

         Ертай Бөкенбайұлы бұдан соң жеделдетіп, коньяктың қақпағын ашады да, екі рюмкеге құйып, оның біреуін Берметтің қолына ұстатады.

Ертай Бөкенбайұлы. Кел, Бермет, енді мұны жуып жібермесек болмайды. Кәне, жүзігің құтты болсын!..

         Берметтің қолындағы рюмке дір-дір етеді. Ертай Бөкенбайұлы өзінің порциясын түбіне дейін алып қояды. Бермет те ернін тигізіп, бір-екі жұтқан болады. Ертай Бөкенбайұлы қызды креслодан жетектеп тұрғызып, өзінің жанына, диванға әкеліп отырғызады.

Ертай Бөкенбайұлы. Міне, енді дұрыс болды. Бермет, сен жас бала емессің, бәрін түсінесің деп ойлаймын. Мына ағаң, Ертай Бөкенбайұлы, сенің алдыңда ешқашан қарыздар болып қалмайды. Кейінірек машинаң да, пәтерің де – бәрі-бәрі болады. Тек ағаңның анда-санда көңілін аулап тұрсаң болды, басқа ештеңенің керегі жоқ. Түсіндің бе?!.

         Ертай Бөкенбайұлы Берметтің жауабын күтпестен қызды бауырына тартып, құшақтай алады да, бетінен, көзінен, тамағынан сүйе бастайды. Бермет олай-бұлай бұлқынып, қарсылық білдіреді. Алайда ол қыздың қарсылығын шыбын шаққан құрлы көрмей, енді бойжеткеннің ерніне сүлікше жабысады. Осы сәтте Бермет бар күшімен Ертай Бөкенбайұлын екі қолымен кеудесінен итеріп жіберіп, орнынан атып тұрады.

         Бермет. Ұятсыз!.. Сіз – сіз... мені кім деп тұрсыз!?.

Аяқ астынан қап-қара боп түнеріп кеткен Ертай Бөкенбайұлы да орнынан ұшып тұрып, көз ілеспес жылдамдықпен қызды шапалағымен жағынан тартып жібереді.

Ертай Бөкенбайұлы. Әй, жаман шөпжелке!.. Ал сен мені кім деп тұрсың?! Қаңғырып жүрген жаман неменің құтыруын қарашы-ей! Қазір мен саған көрсетейін кімнің кім екенін!.. Қәне, жаныңның барында шешін! Шешін деймін мен саған! Бол!..

Ертай Бөкенбайұлы Берметті диванның үстіне алып ұрып, оны күштеп шешіндіре бастайды. Бермет алғашында алпамсадай еркектің астында еш қайраны болмай, торға түскен шабақтай тыпырлайды да қалады. Ертай Бөкенбайұлы қыздың омырау түймелерін ағытуға кіріседі. Дәл осы сәтте жанталасқан Берметтің қолына диванның жанындағы жатаған үстелдің үстінде жатқан ап-ауыр шыны күлсауыт ілінеді. Қыз бар пәрменімен күлсауытпен Ертай Бөкенбайұлының қақ маңдайынан салып қалады. Маңдайынан қан бұрқ ете қалған Ертай Бөкенбайұлы бір сәтке есінен танып түседі. Бермет оны үстінен итеріп жіберіп, орнынан жалма-жан атып тұрады да, саусағындағы жүзікті суырып алып, еденге лақтырып жібереді. Сонан соң нөмірдің есігін тарс жауып, мейманхананың дәлізіне жүгіріп шығады.

                                                         14-сахна. Сәске.

         Сәске. Мейманханаға сырттан енген Бермет әдеттегідей кезекші менеджер Тұрсынайдың қасына келіп аялдайды. Күндегідей емес, оның жүзі сынық, көзінде мұң бар.

Бермет. Сәламатсыз ба, әпке. Маған кілттерді беріңізші.

Тұрсынай (ызалы көздерін адырайтып). Қайдағы кілт, а-а, қайдағы кілт саған?! Кілт дейді ғой бұл еще маған! Саған енді кілт түгел зымырық та жоқ! Бүгінен бастап боссың, білдің бе?! Қазір барып дереу ана жатақханадағы орныңды босат. Бастықтың бұйрығы, түсіндің бе?..

Бермет (түрі бұзылып). Неге? Не үшін?!.

Тұрсынай (сәл сабасына түсіп). Білмей тұрған шығарсың әбден не үшін екенін. Әй, біреуді маңдайынан күлсауытпен ұрып нең бар-әй?! Тышқан өле алмай жүріп құйрығына салдауыр байлайды демекші, біреуге қол көтеріп өле алмай  жүрсің бе?!.

Бермет. Әпке, өзі ғой енді кісіні зорламақшы болған. Соның бәріне көне беруім керек пе сіздіңше?

Тұрсынай. Басыңда торғайдың миындай ми жоқ қыз екенсің бір!.. Әнеу күні айттым ғой мен саған бәрін түсіндіріп.

Бермет. Әкеммен қатар кісі емес пе. Қалай түсінбейсіз?!. Мен де адам баласымын ғой.

Тұрсынай. Паһ-паһ!.. Білмей жүрсек, сен адамның баласы екенсің ғой. Онда, адамның баласы, қазір барып тездетіп жатақханадағы орныңды босат! Комендант сені күтіп отыр. Бар, бара бер!..

Бермет. Әпке, кет десеңіздер, кетем ғой. Ең болмаса, айлығымды бермейсіздер ме? Соңғы айдағы...

Тұрсынай (ысылдай сыбырлап). Әй, сен қыздың есің дұрыс па өзі?!. Қайдағы айлық-әй, қайдағы айлық?!. Осы жұрт қызық – біреудің басын жарады да, сонан соң айлық сұрайды. Сотталып кетпегеніңе шүкір де. Одан да аман-сауыңда тездетіп тайып тұр. Мен саған, егер түсінсең, жаным ашыған соң айтып тұрмын. Қазір бастық көрсе, сені түтіп жейді. Саған әбден тісін қайрап отыр. Енді түсіндің бе?!.

         Мөлдіреген жанарынан бірнеше мөлдір моншақтар төгіліп кеткен Бермет үн-түнсіз мейманхананың сыртқы есігіне қарай бет алады.

                                        15-сахна. Теміржол вокзалы.

         Теміржол вокзалының күтушілер залы. Түн. Перронға дүрсілдеп жолаушылар пойызы келіп тоқтайды. Күтушілер залында отырған жолаушылар чемодандары мен пакеттерін, жолқапшықтарын арқалап, бәрі аяқ астынан абыр-сабыр болып, сыртқа қарай беттейді. Сәлден кейін үлкен залда үш-төрт кісіден өзге ешкім қалмайды.

         Залдағы орындықтырдың бірінде көз шырымын алып отырған Бермет әуелі пойыздың дүсірі мен жолаушылардың абыр-жабыр дауыстарынан оянып, көзін ашады да, әбден шаршап, ұйқы қысқандықтан сәлден соң қайта мызғып кетеді. Орта жастар шамасындағы полицей  келіп, оны иығынан түртіп оятады.

Полицей. Азаматша, Сіз мұнда не ғып отырсыз?

Бермет. Жәй...

Полицей. Жәйі қалай? Қәне, құжаттарыңызды көрсетіңіз!..

         Бермет қол сөмкесінен өзінің жеке басын куәландыратын құжатын алып, полицейге ұсынады. Полицей оның куәлігін мұқият тексеріп, өзіне қайтарып береді.

Полицей. Мұнда, Алматыға, нендей мақсатпен келдіңіз?

Бермет. Жұмыс іздеп...

Полицей. Таптыңыз ба?

Бермет. Тапқан едім. Бүгін сол жұмыстан шығарып жіберді. Енді қайтадан жұмыссызбын.

Полицей. Вокзалда қонуға болмайды. Бұл -  қоғамдық орын. Ұқтыңыз ба?

Бермет. Ағай, бүгін бір күн осында түнеп шығайыншы. Ертең өйтіп-бүйтіп бір жерден орын тауып алармын. Құдай үшін, рұқсат етіңізші. Басқа баратын жерім болмай тұр.

Полицей(сәл ойланып барып). Жарайт. Сонан соң бірақ ертең миграциялық полицияға барып тіркелуіңіз керек.

Бермет. Сізге Алла разы болсын, ағай! Міндетті түрде тіркелем.

Полицей. Өзің қазақша жақсы сөйлейсің ғой. Қайдан үйреніп жүрсің?

Бермет. Осында бес-алты ай жұмыс істедім емес пе қазақ туғандармен бірге. Оның үстіне қырғыз бен қазақ ұқсас, туысқан тілдер ғой.

Полицей. Түсінікті. Дегенмен , байқа, түнде ұйықтап қалып, мына сөмкелеріңді ұрлатып алып жүрме.

Бермет. Ұйықтасам, басыма жастап алам ғой. Рахмет, ағай!..

                                                      Полицей кетеді.

                                            16-сахна. Күтпеген кездесу.

         Сәске түс. Абыр-сабыр көше бойымен еңсесі түсіп, жабығып келе жатқан Берметті  кенет жасы өзі шамалас бір қыз жалма-жан ай-шай жоқ бас салып құшақтай алады. Бұл Берметтің мектепте одан екі сынып жоғары оқыған жерлес, ауылдас құрбысы Гүлбүбі болатын.

Гүлбүбі. Бермет?!. Какими судьбами?!.

Бермет. Гүлбүбі?!. Жаным-ау, бұл шынымен сенбісің?!

Гүлбүбі. Иә, мен-мен!.. Немене, танымай қалдың ба?

Бермет. Жоқ. Таныдым ғой. Дегенмен біраз өзгеріпсің.

Гүлбүбі. Жақсы жағына ма, жаман жағына ма?

Бермет. Жақсы жағына. Қалалық болып, әдеміленіп кетіпсің.

Гүлбүбі. Рахмет-рахмет!.. Ал өзің мұнда қайдан жүрсің?

Бермет. Менің Алматыға келгеніме жарты жылдай болды. Бес-алты ай осындағы бір мейманханада жұмыс істегем. Техничка болып...

Гүлбүбі. Қазір қайдасың?

Бермет (төмен қарап). Жұмыссызбын. Кеше қожайын қуып жіберді.

Гүлбүбі. Неге? Не үшін?!.

Бермет. Өй, ол ұзақ әңгіме.

Гүлбүбі (қолындағы сағатына қарап). Онда ана жерде  бір жақсы кафе бар. Жүр, сонда барып түстенейік. Қалған әңгімені сол жерде жалғастырармыз. Пойдет?

Бермет. Мақұл.

                                                        17-сахна. Кафе.

Қаладағы көп ортақол кафелердің бірі. Гүлбүбі мен Бермет көше жаққа қараған терезелердің бірінің жанындағы үстелде түстеніп отыр.

Гүлбүбі ( алдындағы кеседегі шәйден бір ұрттап қойып). Енді не істейсің?

Бермет (басын шайқап, көзін төмен салып). Білмейім. Гүлбүбі , шынымды айтсам, мына өмірден шаршадым. Өзің білесің, үйдің үлкені мен ғой. Әкей жоқ екібастан. Анам мен сіңліме, ініме бірдеңе қылып көмектессем деп ойлап едім. Бірақ соның еш реті келетін емес. Үйде  жалғыз сиыр мен үш-төрт қойдан өзге ештеңе жоқ. Бәріміз соған қарап отырмыз.

Гүлбүбі. Берметжан, уайымдай берме. Бәрінің бір жөні болады. Сен бар шындығыңды жайып салып отырсың ғой. Ендеше мен де саған ақиқатын айтайын. Мен қазір публичный домда істеп жүрмін. Ондайды естуің бар шығар?

Бермет (еріксіз елең етіп). Білем ғой. Бірақ сен тап сол жерде қызмет етіп жүрмін дегенге еш сене алмай отырмын.

Гүлбүбі (қинала күлімсіреп). Неге?

Бермет. Сен мектепте бізден екі класс жоғары оқыдың ғой, айылдағы ең үлгілі қыздардың бірі болатынсың. Оқуды да жақсы оқыдың. Мұғалімдер үнемі бізге сені үлгі қылатын.

Гүлбүбі. Сенің айтып отырғаның баяғыдағы, байқожаның таяғындағы кез ғой. Білесің бе, қазір бәрі мүлде өзгеріп кетті – заман да, соған сәйкес адамдар да. (Езуіне бір түйір шылымды қыстырып, оны тұтатып жатып). Берметжан, мына өмір бізге мектепте мұғалімдер үйреткен өмірден мүлде басқа екен. Менің Алматыда жүргеніме, міне, төртінші жыл. Содан бері мына әпкең не кәсіп қылмады дейсің. Сен секілді бір мекемеде еден жуушы да болып істедім, базарда кәкір-шүкір сатып, майда-шүйде саудамен де айналысып көрдім. Ақыр аяғында бір байдың балаларын бағушы – нянька да болдым. Алайда, сенесің бе, басқаны былай қойғанда ішер ас, киер киімге жарымадым ғой. Бәрі – қымбатшылық, айлығымның жартысы пәтерақыға кетеді. Ал қалған жартысымен қай жыртығыңды жамайсың? Рас па, өтірік пе осы айтып отрғаным?!.

Бермет. Рас-рас.

Гүлбүбі. Сонымен он ойланып, жүз толғанып осы кәсіпке тоқтадым. Ақ жаға тағып, офисте жұмыс істеу үшін диплом керек. Ал ол менде жоқ.Короче, сейчас на свою жизнь не жалуюсь. Таза пайдам айына  мың – мың жарым доллар көлемінде. Өсітіп бір-екі жыл ақша жинап, кәрі әке-шешемді Бішкекке көшіріп әкелсем деймін. Ол бейшаралар бұ дүниеден бізді бағып- қаққаннан өзге не қызық көрді?.. Сонан соң шағын асхана, немесе сұлулық салоны секілді бір кәсіп ашсам деймін мені өмір бойы асырайтын.

                                                          (Пауза).

Бермет, мен публичный домға тек осы мақсатпен бардым. Әлгіндей первичный капитал жинап алсам, сол күні елге, Бішкекке тайып тұрам.

         Менің бұл жан баласына ашпаған сырым. Саған сенген соң айтып отырмын. Ешкімге тісіңнен шығарма. Жарай ма?

Бермет. Әрине, Гүлбүбі. Менің өсек айтуға жоқ  екенімді білесің ғой өзің.

Гүлбүбі. Шынымды айтсам,  мен сені сол үшін сыйлаймын, сол үшін жақсы көрем. Жалпы, сен қызғаншақ емессің. Ал бұл қыздардың арасында өте сирек кездесетін қасиет.

Бермет. Рахмет...

Гүлбүбі. Ал енді мен бұның бәрін тәптіштеп саған неге айтып отырмын? Бірдеңе түсіндің бе менің ұзынсонар әңгімемнен?

Бермет. Жоқ.

Гүлбүбі. Мен де солай ойлап ем. Әй, аңқауым-ай!.. Менің айтқалы отырғаным, егер сен қажет деп тапсаң, мен сені сол публичный домға орналастыра алам.

Бермет (қиналып). Ой-й, білмейім!.. Ондай жұмыс менің қолымнан келмейді ғой.

Гүлбүбі. Бермет, мен сені үгіттеп отыр деп ойлама. Менің ол жақта сенсіз де подругаларым жеткілікті, так что, жалғызсырап жүргенім жоқ. Тек саған жаным ашыған соң айтып отырмын. Жүресің бе енді осылай мынау сені ешкім танымайтын, ешкім саған көмек қолын созбайтын бейтаныс алып шаһарда азып-тозып?!. Первичный капитал жинап алған соң кетеміз елімізге. Бішкектің маңынан мамаңа үй сатып алып бересің, өзіңнің шағын кәсібіңді ашасың, сүйтіп інің мен сіңліңді жеткізесің. Қорықпа, бақташымыз күшті әйел. Жергілікті қазақ, осы Алматынікі. Крышасы мықты. Полициямен де жақсы байланыста. Ешкім тиіспейді.

Бермет. Бақташы деген не?

Гүлбүбі. Ол – біздің тікелей бастығымыз. Біз қызмет ететін қонақүйдің иесі. Қалай?.. Пойдет?!.

Бермет (екі ойлы үнмен). Білмейім... Ойланып көрейін.

Гүлбүбі. Думай-думай! Очень хорошенько подумай, подруга. Жас кезде, бойда күш-қайрат барда, қарманып қалу керек. Как говорится, Москва слезам не верит. Между прочим, Алматы тоже.

                                                 18-сахна. Тапсырма.

Республикалық «Ақ жол» газеті редакциясының кеңсесі. Бас редактордың кабинеті. Ұзын үстелдің төріндегі креслоға бас редактор, одан төмендеу үстел бойлай тізілген орындықтардың  бірінде Сағи жайғасқан.

Бас редактор (Сағиға). Өзің білесің, қазір біздің елімізде, оның ішінде біздің қаламызда жезөкшелік жайлап барады. Бұл бүгінгі таңдағы үлкен әлеуметтік мәселелердің бірі болып тұр. Осыны біз жан-жақты зерттеп, дұрыстап жазуымыз керек.

Сағи. Түсіндім.

Бас редактор. Алайда бұл өзі құпиясын бізге оңайлықпен аша қоймайтын өте бір күрделі, шетін тақырып. Мысалы, сен жезөкшелердің ішкі жан дүниесін, ондағы қарама-қайшылықтарды ашу үшін олардың ортасына тек клиент ретінде ене аласың. Журналист екеніңді білсе, олар сені маңайларына да жолатпайды.

Сағи. Оны білем ғой.

Бас редактор. Білсең , жеделдетіп іске кіріс. Материал осы айдың соңындағы, немесе келесі айдың басындағы нөмірлердің біріне дайын болуы керек. Егер дұрыстап жаза алсаң, бұл сенің де, газеттің де рейтингін көтеретін мақала болады.

Сағи (орнынан тұрып жатып). Тырысып көрейін.

                                         19-сахна. Атауы жоқ мекеме.

         Наурыз айының алғашқы күндерінің бірі. Қыстың ызғары әлі түпкілікті қайта қоймаған өліара шақ. Қала шетіндегі үлкен трассаның бойында орналасқан шағын екі қабатты қонақүйдің алдында жеңілдеу киінген, бет-ауыздарын бояп тастаған бес-алты жеңіл жүрісті бикеш клиенттерін күтіп тұр. Олардың арасына Гүлбүбінің азғыруымен осы топқа осыдан үш-төрт күн бұрын ғана келіп қосылған Бермет те бар.

         Сәлден соң Сағи машинасымен осы топтың жанына келіп аялдайды. Ол машинасын мейманхана жанындағы автотұраққа қалдырып, қыздарға қарай аяңдайды. Сағи топқа жақындай бергенде қыздардың шет жағында тұрған біреуі жігітке барып өзі амандасады.

Бейтаныс бикеш. Сәлем!.. Жігітім, дем алуға келдің бе? Мархабат, қызметіңе әзірміз!..

Сағи. Сәлем. Ставкаң қанша?

Бейтаныс бикеш. Сағаты - бес мың. Егер қонақүйдің нөміріне өзің төлесең, үш мың теңге.

Сағи. Тым қымбат қой.

Бейтаныс бикеш. Қайдағы қымбат?!. Біздің услуга қаладағы ең арзаны.

         Кенет осы кезде Сағидың көзі топтың ішінде елеусіздеу тұрған Берметке түсіп кетеді. Ол әуелі өз көзіне сенер сенбесін білмегендей бір сәт дағдарып қалады да, оның Бермет екеніне анық көзі жеткеннен кейін жанындағы бейтаныс бикешті жайына қалдырып, солай қарай беттейді.

Бейтаныс қыз. Жігітім, қайда кеттің? Егер қымбатсынсаң, бағаны сәл түсіруге болады. Қашпасаңшы!..

         Сағи оның репликасына көңіл аудармайды.

Сағи (Берметпен бетпе-бет келіп). Бермет?!.

Бермет ұялып, төмен қарайды.

Сағи. Сәламатсыз ба!..

Бермет. Сәламатсыз ба...

Сағи. Сіз мұнда қайдан жүрсіз?

Бермет. Осында келгеніме үш-төрт күн болды. Жұмыстан шығарып жіберді. Далада қалдым. Сосын...

Сағи (сәл-пәл ойланып барып). Жүр онда қонақүйге, нөмірге барып сөйлесейік.

         Бермет үн-түнсіз Сағиға ілеседі. Сәлден соң екеуі қонақүйге енеді. Сағи мейманхананың кезекші менеджеріне ақшасын төлеп, нөмірдің кілтін алады да, қызды соңына ілестіріп, бірінші қабаттағы бөлмелердің бірінің есігін ашады. Сонан кейін қолындағы «дипломатын» орындықтың үстіне қойып, өзі диванға келіп жайғасады да, есіктің алдында состиып тұрған Берметті жанына шақырады.

Сағи. Бермет, кел, мұнда отырсаңызшы.

Бермет диванның шет жағына келіп, тізесін бүгеді.

                                                          Пауза.

Сағи. Айтпақшы, менде бір бөтелке шарап пен шоколад бар еді. Оған қалай қарайсыз?

Бермет үндемейді.

Сағи. Онда мен қазір...

Сағи орнынан тұрып, «дипломатынан» бір шиша шарап пен екі плитка шоколадты алып, диванның жанында тұрған жатаған үстелге қояды да, бөтелкенің қақпағын ашып, үстелдің үстіндегі екі стаканға ішімдіктен лықылдатып құя бастайды.

Сағи. Кәне, Бермет, алып қояйық!..

Бермет. Ненің құрметіне?..

Сағи. Екеуміздің қайта кездескеніміз үшін. Бермет, есіңізде ме, менің анада сіздің ұялы телефоныңыздың нөмірін жалынып-жалбарынып әзер сұрап алғаным? Сотовыйыма жазып алып едім ғой өзіңіздің көзіңізше. Қырсыққанда қымыран іриді демекші, ертеңіне сол телефонымды жоғалтып алдым. Және сол күні бастық мені бір аптаға Шымкентке іссапарға жіберген. Білесіз бе, мен командировкадан келісімен салып ұрып «Сәлем» мейрамханасына барғам...

Бермет (батылсыздау). Не үшін?

Сағи. Сізге жолығу үшін. Ондағылар, өкінішке қарай, Сіздің жұмыстан шығып кеткеніңізді айтты. Әдірісіңізді, телефон нөміріңізді сұрап едім, ешқайсысы білмейтін болып шықты.

Бермет. (толқып, даусы дірілдеңкіреп). Сағи, Сіз... сіз жақсы жігітсіз. Сыпайы, сырбаз... Ал мен бар болғаны бұзылған қызбын. Міне, өзіңіз көріп тұрсыз ғой. Неменесіне әуре болғансыз мені іздеп?!.

Сағи. Бермет, олай демеңіз. Мен журналиспін, ал журналистер негізінен адам тани біледі. Сіз жақсы қызсыз, екінші өзіңізді төмендетіп олай айтпаңыз. Кәне, кел, алдымен мынадан шамалы алып қоялық. Сонан соң сөйлесеміз. Асықпай. Жарай ма?

         Алғысқа толы жанары жәудіреген Бермет Сағиға риза қалыппен  басын изейді.

                                                      20-сахна. Гүл базары.

Ерте көктем. Гүл базары. Сағи машинасын  жолдың шетіне қалдырып, базардың ішіне енеді. Базардың бірінші қатарын аралап келе жатып, оның орта тұсына келе бергенде қырық-қырық бестер шамасындағы сатушы әйелдің: «Қырғыз қызғалдағы!.. Қырғыз қызғалдағы! Киргизский свежий, алый тюльпан! Только что привезли из Киргизии!..» деген жарқын-жарқын шыққан үніне елең ете қалып, солай қарай бұрылады.

Сағи(гүл сатушының жанына келіп). Қырғыз қызғалдағы деймісіз?

Гүл сатушы әйел. Иә-иә... Қырғызстаннан жаңа ғана әкелді. Біздің со жақта поставщиктеріміз бар ғой.

Сағи. Так-к... Мына букетіңіз қанша тұрады?

Гүл сатушы әйел. Екі мың.

Сағи. Әпке, қымбаттау ғой.

Гүл сатушы әйел. Інім-ау, жақсы нәрсе арзан болушы ма еді? Бұл оның үстіне сонау Қырғыз елінен әкелінген гүл. Жарайт, өзің бір жақсы жігіт екенсің, саған мың сегіз жүзге-ақ берейін. Ал, інім, еш өкінбейсің. Сөз жоқ, қызың бұл гүлге әбден риза болады.

Сағи (сәл-пәл ойланып барып). Жарайт, келістік онда.

Сағи ақшасын төлеп, сатушыдан әлгі бір шоқ қырғыз қызғалдағын алады.

Сағи. Ал, жақсы, саудаңыз жүре берсін.

Гүл сатушы әйел. Айтқаның келсін, айналайын. Гүл керек болса, өзіме келіп тұр. Саған таңдап-таңдап ең жақсысын берем.

Сағи (кетіп бара жатып). Рахмет, сау болыңыз.

Гүл сатушы әйел. Сау бол, айналайын.

                            21-сахна. «Алматы түні» рестораны.

Сағи «Алматы түні» ресторанының алдына келіп, машинасын тоқтатады да, кабинаның есігін жауып, сыртқа шығады. Қолында – жаңа ғана гүл базарынан сатып алынған бір шоқ балғын қырғыз қызғалдағы. Есік алдында ол осы ресторанның атқарушы директоры, өзінің бір кездегі сыныптас жол-дасы Тұрсынғазымен ұшырасып қалады.

Сағи. Сәлем, директор мырза!..

Тұрсынғазы. Алматының ең атақты журналисіне де бізден бір сәлем!.. О-о, қандай керемет гүлдер! Біреумен кездесуге жиналған сияқтысың ғой.

Сағи. Иә. Бермет жұмыста ма?

Тұрсынғазы. Иә-иә, ол іште. Жаңа ғана осында жүрген.

Сағи. Тұрсеке, саған рахмет.

Тұрсынғазы. Не үшін?

Сағи. Менің өтінішімді орындап, Берметті жұмысқа алғаның үшін.

Тұрсынғазы. Шал, білесің бе, бұл үшін рахметті саған мен айтуым керек сияқты. Бермет  керемет еңбекқор қыз екен, берген тапсырмаңды тап-тұйнақтай етіп орындайды. (Арт жағына бұрылып.) А-а, әне, өзі де келе жатыр. (Көздерін қулана қысып). Жарайт, мен кеттім, сендерге кедергі жасамай-ақ қояйын.

Сағи. Рахмет, сау бол онда.

         Сәлден соң Тұрсынғазы есікті жауып, сыртқа шығып кетеді де, Сағидың жанына Бермет келіп аялдайды.

Сағи. Сәлем, Бермет!..

Бермет. Сәламатсыз ба, Сағи!..

Сағи. Хал қалай?

Бермет. Жақсы. Абдан жақсы.

Сағи. Айтпақшы, мынау - саған!..

Сағи қолындағы нарттай қып-қызыл бір шоқ гүлді Берметке ұстатады.

Бермет (күліп). Маған?.. Сағи, бұл ненің құрметіне?

Сағи. Сегізінші наурыз мерекесінің...

Бермет. Сегізінші наурыз өтіп кеткен жоқ па еді? Бүгін, ұмытпасам, наурыздың он бесі.

Сағи. Бізде, қазақтарда, ештен кеш жақсы деген мақал бар. Мен іссапарда болып, сені уақытылы құттықтай алмадым. Реті енді келді.

Бермет. Өй, көп рахмет, Сағи!.. Несіне әуре болдыңыз?

Сағи. Әуре болатын түгі жоқ, Бермет, сен қарсы болмасаң, екеуміз осы жерден түстенейік.

Бермет. Әрине-әрине. Онда ана жерге барып отырайық. Қазір даяшы келеді. Бермет залдың оң қапталындағы терезенің жанындағы үстелді нұсқайды.

Екеуі тізілісіп келіп, сол жерге жайғасады.

Бермет. (орындыққа отырып болған соң қолындағы гүлді иіскеп). Түу, иісі қандай ғажап!.. Бұрқырап тұр тура!

Сағи. Айтпақшы, бұл – қырғыз қызғалдағы. Иісінен таныған шығарсың мүмкін.

Бермет. Қойш, рас па?!. (Гүлді қайтадан иіскеп). Шынында да, мынау біздің өлкенің қызғалдағы. Бәсе, әйтеуір салғаннан осы гүлдер көзіме жылы ұшырап қоя беріп еді.

                                                Пауза.

Бермет. Сізге көп рахмет, Сағи. Егер сенсеңіз маған бұрын ешкім гүл сыйлап көрмепті. Маған бірінші рет гүл сыйлаған адам – сізсіз.

Сағи(күліп). Бермет, тап осы айтқаныңа сене алмай отырмын. Сен секілді аруға жігіттердің көзі түспеуі мүмкін емес қой.

Бермет. Құдайақы, рас айтам.

Сағи. Жарайт, онда сенейін. Қалай, жаңа жұмысың ұнай ма?

Бермет. Тіпә-тіпә, бәрі жақсы, ойдағыдай. Директор, сіздің кластасыңыз Тұрсынғазы, сыпайы, жақсы жігіт екен. Осында істейтін қыз-жігіттердің бәрі мені бауырларындай жылы қабылдады. Әрине, бұның бәрі сіздің арқаңыз ғой, Сағи.

Сағи. Ештеңе етпейді. Тұрсынғазымен тағы да сөйлестім. «Бермет әзірше ыдыс-аяқ жуушы болып істей тұрсын, көп ұзамай екі айлық курсқа жіберіп, аспаздыққа оқытып аламыз, айлығы сақталады» дейді. Аспаз болған кезде жалақың едәуір жоғарылайтын көрінеді.

Бермет (жүзі қуаныштан алабұртып). Онда тіпті тамаша ғой. Жалпы, білесіз бе, менің тамақ пісіруге ебім бар. Үйде жүргенде мен пісірген тамаққа бәрінің таңдайлары тақылдап тоймай қалатын.

Сағи. Онда тіпті керемет. Бәріміз кейін сенің асханаңнан тамақтанып тұратын боламыз.

Бермет. Әрине-әрине. Айтпақшы, алдағы дүйсенбіде айылға барып келмекшімін. Дүйсенбі менің демалыс күнім ғой.

Сағи. Неге? Бір тығыз шаруа болып қалды ма?

Бермет. Жоқ. Соңғы үш-төрт айда жинаған қаражатымды анама апарып бермекпін. Тарығып жүрген болулары керек, кеше анам, сіңлім, інім -  үшеуі бірдей түсіме енді.

Сағи. Иә, ондай болса, әрине, барып қайтқаның дұрыс. Бермет, сонан соң енді бұдан былай маған сіз демей-ақ , сен дей берші.

Бермет(ақсия күліп). Мақұл, айтқаныңыз болсын.

Сағи. Айтқаныңыз емес, айтқаның.

Бермет. Иә-иә, айтқаның!..

                                      22-сахна. Автовокзал.

         Бесін. Алматының атақты «Сайран» автовокзалының басы абыр-сабыр. Аялдамада қалааралық таксидің жүргізушілері өздеріне жолаушылар іздеп жүр.

1-ші таксиші. Бішкек-Бішкек!.. Бішкекке екі орын!.. Бішкекке екі орын!..

2-ші таксиші. Тараз-Тараз!.. Таразға орын бар!..

3-ші таксиші. Қордай-Қордай! Бір орын!.. Бір орын!.. Қордай!..

Жаңа ғана қалаішілік автобустан түскен Бермет 3-ші таксишіге келіп жолығады.

Бермет. Қордайға барасыз ба?

Таксиші. Иә-иә. Нешеусіздер?

Бермет. Бір адам.

Таксиші (дереу Берметтің қолындағы жол сөмкесіне жармасып). Кеттік онда!.. Менде как раз бір орын бос. Үш кісі машинада тосып отыр.

Бермет. Тоқтай тұрыңыз, қаншаға апарасыз?

Таксиші. Екі мың теңге, немесе бес жүз сом. Единый тариф қой. Кеттік пе, сұлу қыз?!.

Бермет (сәл-пәл ойланып барып). Жарайт.

Екеуі аялдамаға қарай бет алады.

                                                23-сахна. Алаяқ таксиші.

         Кешқұрым. Берметтер мінген такси Алматы-Бішкек трассасының бойындағы бір селоға келіп аялдайды. Шофердың жанындағы алдыңғы орындықта отырған жетпіс-жетпіс бестер шамасындағы, бірақ жүріс-тұрысы жасына қарағанда әлдеқайда тың ақсақал мен салондағы артқы орындыққа жайғасқан оның алпыстардың мол ішіндегі бәйбішесі және кемпір-шалдың он жастар шамасындағы немересі - , тұлымшағы жалбыраған қыз бала,- қапелімде абыр-сабыр болып, машинадан түсе бастайды.

         Ақсақал (жерге түсіп, таксишімен есептесіп болғаннан кейін). Ал, балам, рахмет, бала-шағаңның рахатын көр. Біздің ауыл осы. (Қолымен жолдың бойындағы еңселі кірпіш үйді нұсқап). Шәй-пәй ішіп кетем десеңдер, үй – мынау.

Бәйбіше. Ішіп кетем десеңдер деп сарт мезірет жасамай, ішіп кетіңдер десейші. Жол ұзақ, балдар шөлдеген шығар.

Ақсақал. Айтып жатырмын ғой енді...

Таксиші. Рахмет, көке. Күн кеш болып қалды, Қордайдағы кеден бекетіне қараңғы түспей жетіп алу керек бізге.

Бәйбіше. Онда жолдарың болсын, қарақтарым. (Кабинада қалып бара жатқан Берметке бұрылып). Қызым , олай-бұлай жүргенде, уақытың болса, соғып тұр. Атаң мен әжеңнің үйі – осы. Мана айттым ғой, қырғыз менің түп нағашым деп. Сондықтан сен маған бөтен болмайсың, өзімнің бауырымсың.

Бермет. Рахмет, апа!.. Алла разы болсын сізге.

         Шал мен кемпір, немересі – үшеуі үйлеріне қарай беттейді.

Таксиші. Қарындас, алдыңғы орынға отырсаңшы. Әңгімелесіп барайық, жол қысқарсын.

Бермет. Қазір...

Бермет шофердың жанындағы орынға келіп жайғасады. Такси орнынан баяу қозғалып, қайтадан үлкен трассаның бойына шығады.

Таксиші. Ал, Бермет,  енді бір қырық-елу минуттан соң Қордайдағы кеден бекетіне де жетеміз. Ары қарай айылыңа жеткізіп сал десең, апарып тастауыма болады. Мен ол селоны жақсы білем.

Бермет. Жоқ, рахмет, ағай. Ары қарай өзім жетем ғой. Қордайда таныс кісілер бар.

Таксиші. Жарайт, әйтеуір Оңғар ағам жолдан тастап кетті демесең болды. Әйтпесе бізге клиенттің айтқаны – заң, клиент айтса, күні-түні демейміз, жүре береміз. Өзің тұрмысқа шыққансың ба?

Бермет. Жоқ..

Таксиші. Онда байқа. Түнде  бұл жақта жалғыз жүруге болмайды. Қырғыздың жігіттерін білесің ғой, алып қашып кетулері мүмкін.

Бермет. Ағай, машинаны тоқтатыңызшы.

Таксиші. Не  боп қалды, Берметжан?..

Бермет (жолдың жиегінде көкөніс, жеміс-жидек сатып тұрған әйелдерді нұсқап). Мына жерден үйдегілерге кішкене базарлық сатып алайын.

         Машина жол жиегінде жеміс-жидек сатып тұрған әйелдерден сәл өтіп барып тоқтайды. Бермет жанындағы қол сөмкесінен ұсақ ақшаларын алып, оның аузын жабады да, машинадан түсіп, әйелдерге қарай беттейді. Осының бәрін көздерінің қиығымен елеусіздеу сырттай бақылап отырған таксиші Бермет машинадан ұзасымен жалма-жан қыздың кабинада қалдырып кеткен әлгі сөмкесін ашып, тінте бастайды. Аздан соң кенет оның көзі сөмкенің бір бұрышындағы сыртынан жіңішке тігін жібімен айқыш-ұйқыш шындап байлаған пакетке түседі. Ол дереу бардашоктен бәкісін суырып алып, жіпті қиып жібереді де, пакетті айқара ашады. Пакеттің ішінде ерекше ұқыптылықпен бірнеше бөлікке бөлініп, қаланған екі мың доллар ақша жатқан болатын.

         Таксишінің көзі шоқтай жайнап қоя береді. Рас, алғашында ол бір сәт не істерін білмегендей абдырап қалады, алайда кенет мыйына бір арам ой сап ете қалғандай жалма-жан машинасын от алдырып, оны орнынан ышқынта қозғап, трассаға түседі. Бұл кезде Бермет те базарлығын көтеріп, таксиге жақындап қалған-ды.

         Ол алғашында өзін далаға тастап, аяқ астынан жау қуғандай үлкен жолдың бойымен құйғыта жөнелген машинаға ештеңеге түсінбей аң-таң болып қарап қалады да, артынан жүрегі бір сұмдықты сезгендей екі өкпесін қолына адып, бірте-бірте өзінен ұзай берген автомобильдің соңынан тұра жүгіреді.

Бермет (жанұшыра жүгіріп келе жатып). Ағай! Оңғар ағай!.. Тоқтаңыз! Құдай үшін, тоқтаңызшы!.. Ол ақша менікі емес, анамдікі!.. Анамдікі!..

         Алайда сәлден соң такси көз ұшына ұзап кетеді. Үлкен трассанаң бойымен ебіл-себіл болып, жанталаса жүгіріп келе жатқан Бермет кенет сүрініп кетіп, екпінімен есік пен төрдей жерге ұшып түседі. Тізесі, алақаны асфальтқа сыдырылып, қанайды. Ол екі қолымен жерді құшып жатып, ағыл-тегіл жылайды.

         Трасса бойымен әрі-бері өткен машинадағылар жол жиегінде етпетінен түсіп, еңіз-теңіз жылап жатқан қызды көрсе де, көрмегенсіп, оның жанынан зуылдап, тоқтамай өте шығады. Тек арада он шақты минут өткенде ғана жолдың екінші қарсы бетімен келе жатқан бір жеңіл автомобиль қыздың тұсынан сәл өтіңкіреп барып тоқтайды да, сәлден соң машинаның жүргізушісі кабинадан түсіп, Берметтің жанына келеді. Бұл - Сағи болатын.

Сағи (Берметті орнынан көтеріп тұрғызып жатып, үрейлі үнмен). Бермет?!. Апыр-ау, сен мұнда қайдан жүрсің?! Аманбысың өзің?!

Орнынан сүйретіліп әзер тіктелген Бермет өзін сүйемелдеп тұрғызып жатқан кісінің Сағи екенін көргенде, екі иығы селкілдеп, одан сайын еңірейді.

Бермет. Сағи, мен құрыдым!..

Сағи. Бермет!.. Не болды саған?! Түсіндіріп айтшы былай... Жыламашы!..

Бермет. Анама апара жатқан бүткіл жиған-терген ақшамнан айрылдым!.. Сөйтіп біржолата сорлап қалдым. Алып қашып кетті!..

Сағи. Кім?!

Бермет. Таксист...

Сағи. Қандай таксист?!

Бермет. Білмейім. Мүлдем танымайтын біреу.

Сағи. Машинасының маркасы есіңде ме?

Бермет. Жаңылыспасам, «Тойота» сияқты еді.

Сағи. Қандай «Тойота»? Джип пе?

Бермет. Жоқ...

Сағи. Онда «Камри» ме? Әлде «Карина ма?

Бермет. Білмейім.

Сағи. Нөмірі есіңде жоқ па?..

Бермет. Жоқ. Нөміріне тіпті назар салмаппын.

Сағи (қолын шарасыздана сілтеп). Қап!..

 

                                                   24-сахна. Түн.

         Түн. Сағи мен Бермет мінген машина қаланың шет жағынан жаңадан бой көтеріп келе жатқан микроауданда орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің алдына келіп тоқтайды.

Сағи (жанындағы Берметке бұрылып). Біздің үйге келдік. Бермет, сен бүгін менің пәтеріме қонып шық. Жуынып-шайынып аласың. Ал жатақханаңа өзім таңертең апарып саламын.

Бермет. Сағи, ыңғайсыз емес пе? Оның үстіне үйдегі кісілер не деп ойлайды?

Сағи. Мен бір өзім тұрам.

Бермет. Дегенмен түн ішінде  біртүрлі ұят сияқты.

Сағи. Қорықпа, саған ешкім тиіспейді. Маған сенетін шіғарсың?..

Бермет (сәл-пәл ойланып барып). Жарайт онда...

Екеуі сәлден соң машинаны есіктің алдына қалдырып, тұрғын үйдің бірінші қабатына енеді де, лифтімен жоғары этаждардың біріне көтеріледі.

                                                      25-сахна. Пәтер.

         Бір бөлмелі қалалық жайлы пітер. Осыдан сәл ғана бұрын жуынып-шайынып алған Сағи мен Бермет ас үйдегі шағын үстел басында шай ішуде. Қазақ радиосынан түнгі концерт берілуде.

Сағи. Айтпақшы, тізең қалай? Ауырмай ма?

Бермет. Аз-маз ауырады. Терісі сәл сыдырылып қалыпты.

Сағи. Кәне, көрсетші.

Бермет. Қойш, ұялам...

Сағи. Оның несі ұят? Қазір мен йод әкелейін.

         Сағи залға өтіп, аздан соң асүйге қайта оралады да, Берметтің жанына келеді. Лас болып қалған өз киімдерін жуып, кептіріп қойғандықтан Сағидың көйлегін киіп алған Бермет тізесін йод жағуға ыңғайлай бастайды.

Сағи (йодты жағып болып). Міне, енді ертең құр аттай шауып кететін болдың.

Бермет(ауырсынып,қабағын сәл тыржитып). Құр ат деген не?

Сағи. Құр ат деген өзінің еркіне, бостандыққа жіберілген жылқы.

Бермет. Айтпақшы, сен Бішкекке не үшін барып едің?

Сағи. Бүгін Бішкекте Қазақстанның Қырғызстандағы мәдени күндерінің жабылу салтанаты болған. Соған қатысқанбыз. (Күліп). Біз, журналистер деген халық, басымыз ауған жаққа жүре беретін жұртпыз ғой. Сығандар секілдіміз, бүгін мында, ертең анда дегендей.

Бермет. Сағи, жалпы  сені Аллатағала мені құтқару үшін жаратқан секілді. Сен болмасаң, бағана мен не істер едім?

          Сағи қызға жалт қарайды. Екеуінің көздері түйісіп қалады. Берметке деген сүйіспеншіліктен тұла бойын ток ұрып өткендей болған Сағи өз сезіміне иелік ете алмай, қызды бас салып құшақтай алып, бауырына басып, оның ып-ыстық еріндерінен сүйеді.

Сағи. Бермет, білесің бе, мен сені сүйем!.. Сені бір көргеннен қатты жақсы көріп қалдым. Неге екенін өзім де білмеймін, әйтеуір сол екеуміз алғаш рет кездескен күннен бастап сен есімнен мүлде шықпай қойдың.

Бермет (алабұртып). Сағи, бұл шының ба?..

Сағи. Шын айтам, Бермет!.. Сенбесең, ант етейін.

Бермет. (еркелеп, оның аузын алақанымен басып). Жо-жоқ, керегі жоқ...

         Екеуі қайта сүйіседі. Бірте-бірте екі жастың денесі бір бейнеге айналып бара жатқандай болады. Радиодан төгілген музыка үні бөлмені сиқырлы сазына бөлеп, одан сайын керней түседі.

                                                 26-сахна. Ертеңгілік.

         Толықсыған көктем. Ағаштар жап-жасыл жапырақтарынан молынан жайып, жайқалады. Бақтардан, скверлерден кісінің көңілін өзіне де беймәлім түсініксіз, құпия бір қуанышқа бөлеп, құстардың сайраған үні естіледі.

         Ертеңгілік. Сағи мен Бермет мінген жеңіл автомобиль Бермет жұмыс істейтін «Алматы түні» ресторанының алдына келіп тоқтайды.

Сағи (кабинадан түсуге ыңғайланған Берметтің бетінен сүйіп). Ал, жақсы...

Бермет (машинадан жерге түсіп жатып). Көріскенше...

Сағи. Айтпақшы, Бермет, сенбі күні кешкі сағат алтыда менің бір жолдасымның туған күні. Соған бірге барамыз, жарай ма? Өзім жатақханаңа соғып алып кетем.

Бермет. Мен ол кісіні танимын ба?

Сағи. Жоқ, танымайсың. Барған соң танысасыңдар ғой.

Бермет. Сағи, онда ыңғайсыз болатын шығар?

Сағи. Ығайсыз түгі жоқ. Мендегі шақыру билеті екі адамдық.

Бермет. Онда мақұл.

Машина орнынан баяу қозғалады. Бермет рульдегі Сағиға күлімсіреп, қолын бұлғайды.

                                                27-сахна. Туған күн кеші.

         Түн. Ресторан. Туған күн мерекесінің нағыз қызған шағы. Эстрадалық ансамбль осы замандық жеңіл музыканы нақышына келтіріп құйқылжытуда. Ортада ән салып тұрған жас әнші қыз әбден шабыттанып алған. Мерекеге жиналған жастар да әнші қыз бен музыканттардан қалысар емес, бәрі құйқылжыған әуеннің, жастыққа тән желікшіл бидің құшағында.

         Ортаңғы үстелдердің бірінің жанында сусын ішіп демалып отырған Сағи бірдеңе айтқысы келгендей жанындағы Берметке бұрылады.

Сағи. Сен осылай отыра тұр. Мен есік алдына шығып, темекі тартып келейін.

Бермет. Көп кешікпе, жарай ма?

Сағи (орнынан тұрып жатып). Жарайт.

         Сағи сыртқа шығып кетеді. Сәлден соң үстел басында жалғыз қалған Берметтің жанына билеп жатқан топтан сытылып, ұзын бойлы, шүңірейген көздері кісіге сүзіле қарайтын бір жігіт келеді. Ол едәуір қызып алған секілді, келе сала әй-шәй жоқ қызға танысу үшін қолын ұсынады:

  • Төлеубек!..

Бермет (саусақтарын ананың күректей алақанынан ауырсына суырып алып жатып). Бермет...

Төлеубек. Жүріңіз, билейік.                                                              

Бермет. Кешіріңіз, менің зауқым жоқ. Басым ауырып тұр.

Төлеубек. Не ғып мен келгенде аяқ астынан басың ауыра қалды? Жаңа ғана, осыдан бес-он минут бұрын, көзің күлімдеп, жетісіп отыр едің ғой өзіңше.

Бермет. Рас айтам, мені қинамаңызшы.

Төлеубек (Берметті қолынан дөрекілеу тартып қалып). Өй, жүрші енді бәлсінбей!..

Бермет. (Төлеубектің қолын қағып жіберіп). Болды ғой енді!.. Мен сізге жағдайымды адамша түсіндіріп айттым емес пе?! Неменеге кісіге кенеше жабыса қалдыңыз?

Төлеубек. Немене, немене?! Кене?!.

Бермет. Өзіңіз ғой енді...

Төлеубек. Стоп-стоп!.. Мен сені бір жерден көрген сияқтымын. А-а, вспомнил!.. Сайын көшесінің бойынан екен ғой. Өңшең жәлептердің ортасынан! Точно!.. Иә, со жерден көргенмін мен сені. Өзінше бәлсінуін қара әлдеқандай болып. СукаІ..

Дәл осы сәтте бұзақы жігітті біреу қолынан қатты жұлқып, тартып қалады. Бұл сырттан оралған Сағи болатын.

Сағи (Төлеубекке). Оңбаған!.. Қане дереу кешірім сұра қыздан !..

Төлеубек (Сағиға менсінбеген пішінмен алая қарап). Эй, кто ты такой вообще?! (Кесірлене жымиып). А-а, сен мынаның жігітсымағы екенсің ғой. Онда далаға шық жекпе-жекке. Кімнің кімнен кешірім сұрайтынын көресің қазір!..

Сағи (бірден келісіп). Жүр!..

Есік алдына шығысымен екеуі бір бірімен айқаса кетеді. Бойы да, қолы да орта бойлы Сағидан әжептәуір ұзын Төлеубектің басымдылығы салғаннан байқалады. Бейтаныс бұзақының жұдырықтары діттеген жерлеріне дәл тиеді. Төлеубектің сондай жойқын соққыларының бірі қарсыласының дәл иегінің астынан сүйкеп өткенде,Сағи шалқалап барып, есік пен төрдей жерге ұшып түседі. Енді Төлеубек Сағидың үстіне атша мініп алып, күректей қолдарымен оны тұншықтырғысы келгендей алқымынан езгілей бастайды.

         Осының бәрін анадайдан бақылап тұрған Берметтің жаны ышқынып кетеді. Ол жалма-жан жанұшыра жүгіріп барып, бұзақының қолына қысқашша жабыса түседі, алайда Төлеубек оны бір қолымен бар пәрменімен итеріп жібергенде, қыз жандарындағы тротуардың үстіне жалпасынан түседі.

         Бермет құлап жатып қолдарымен жан-жағын қармалайды. Кенет оның қолына анау-мынау кісінің құлашындай келдек ағаш ілінеді. Ол әлгі келдекті алақанымен білемдей ұстап, орнынан атып тұрады да, жүгіріп барып Төлеубекті арт жағынан дәл қарақұсынан шіреніп тұрып салып қалады. Сағидың үстіне құзғынша қонжиған бұзақы көзді ашып-жұмғанша жерге сылқ етіп, құлап түседі.

         Дәл осы мезетте аяқ астынан қайдан сап ете қалғаны белгісіз патрульдік полицияның машинасы бұлардың жанындағы жолдың шетіне тоқтай қалады да, оның кабинасынан еңгезердей-еңгезердей екі полицей атып шығып, бұлардың жанына жетіп келеді.

         1-ші полицей (жанындағы серігіне Сағиды нұсқап). Ұста мынаны! Кісенде!..

         2-ші полицей анау айтып ауыз жиям дегенше Сағиды қапсыра құшақтай алып, оның қолына кісен салады.

         1-ші полицей (Сағиға жерде қимылсыз сұлап жатқан Төлеубекті көрсетіп). Мынаны соққыға жыққан сен ғой?

         Сағи. Иә.

Бермет (полиция қызметкерлерінің жанына жетіп келіп). Оған тимеңіздерші!.. Ана бұзақыны соққыға жыққан ол емес, мен. (Қолындағы таяғын қолымен қыса түсіп). Міне, мына таяқпен.

         Бұл кезде полицейлерді, Сағи мен Берметті туған күн мерекесінің бірнеше қатысушысы -  бір топ жас - дөңгелене қоршап алған болатын.

1-ші полицей (өздерін қаумалаған жастарға сұраулы жүзбен бұрылып). Мына қыздың айтып тұрғаны шын ба?

         Жастардың ешқайсысы тіс жарып, үн қатпайды.

2-ші полицей. Жаңа бізге хабар берген қайсысың?

Гипстеліп тасталған сол қолын мойнына жіппен асып алған жас жігіт топтан

сытылып, екі-үш қадам алға шығады.

Жас жігіт. Мен...

1-щі полицей. Мыналардың қайсысынікі дұрыс?

Жас жігіт. Қыздың айтып тұрғаны рас.

1-ші полицей. Сен бұларды танисың ба?

Жас жігіт. Жоқ, үшеуін де танымаймын. Тек төбелесіп жатқан соң, біреу-міреуі жазым бола ма деп, сіздерге хабар берген болатынмын.

1-ші полицей (қызметтес серігіне). Айтпақшы, тездетіп жедел жәрдем шақыршы. Анаусы тіпті қимылсыз қалды ғой.

2-ші полицей ұялы телефонмен жедел жәрдем шақырады.

1-ші полицей (жас жігітке). Қазір мыналармен бірге сіз де бөлімшеге барасыз. Ешқайда кетіп қалмаңыз. Біз сізді көп ұстамаймыз. Тек куәгер ретінде түсініктеме жазып берсеңіз болғаны.

Жас жігіт. Мақұл...

1-ші полицей. Қолыңызға не болған?  

Жас жігіт. Мұзға тайып құлап, сындырып алдым.

1-ші полицей. Көктемде қайдағы мұз?

Жас жігіт. Медеудегі сырғанаққа барғанбыз.

1-ші полицей(2-ші полицейге). Айтпақшы, ананы барып көрейікші. Тірі ме өзі?

Полицейлер үн-түнсіз етпетінен жерге сұлап жатқан Төлеубектің жанына жақындайды. Оқиғаны қызықтаушы топ та соларға ереді. Бермет Сағидың қасына келеді.

Бермет(Сағидың құлағына сыбырлап). Бір жерің ауырып қалған жоқ па?

Сағи. Жоқ...

                                              28-ші сахна. Жедел жәрдем.

Арада бес-алты минут өткенде оқиға болған жерге жедел жәрдем машинасы да жетеді. Дәрігер Төлеубектің жанына келіп, әуелі оның тамырын ұстайды. Басының қан аққан жерін қолымен сипап көреді. Сонан соң жанындағы екі көмекшісіне:

  • Зембілге салыңдар!.. – дейді бұйрықты үнмен.

 1-ші полицей (дәрігердің жанына жақындап). Дәрігер, тірі ме өзі?

Дәрігер. Тірі. Жүрегі қалыпты соғып тұр. Бас терісіне зақым келген. Ауруханаға барған соң дұрыстап тексереміз.

2-ші полицей. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ па?

Дәрігер. Қазір пәлен деп, кесіп айту қиын. Біраз қан жоғалтқан секілді. Соққыдан миы шайқалуы мүмкін.

1-ші полицей (дәрігерге). Рахмет. Егер мүмкін болса, маған визиткаңызды бере аласыз ба?

Дәрігер (қалтасынан визиткасын алып). Мінекейіңіз...

1-ші полицей. Көп рахмет. Жәбірленушіні қазір қай ауруханаға апарасыздар?

Дәрігер. Он екіншіге. Травматология бөліміне.

1-ші полицей. Сау болыңыздар.

Дәрігер. Сау болыңыз.

                                             «Жедел жәрдем» кетеді.

1-ші полицей (2-ші полицей жетегіндегі Сағи мен Берметке бұйрықты үнмен). Қане, сендер бізбен бірге машинаға отырыңдар! (Жас жігітке бұрылып). Сіз де...

         Бәрі жол шетінде қаңтарылып тұрған патрульдік полицияның машинасына барып жайғасады.

                                                   29-сахна. Сот.

Сот залы. Айыпталушы орындығында – Бермет. Біршама кең залда шошайып үш-төрт кісі ғана отыр, солардың бірі – Сағи.

Хабарлаушы. Тұрыңыздар, сот келе жатыр!

Бәрі тұрады. Елу-елу бестер шамасындағы кексе әйел – сот төрайымы төрдегі үстелдің басына келіп, үкімді оқуға ыңғайлана бастайды.

Хабарлаушы. Отырыңыздар.

Сот төрайымынан басқалар отырады.

Сот төрайымы. Қазақстан Республикасының атынан үкім етемін. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 104-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес азаматша Қасымбекова Бермет Сүйменқұлқызы айыпты деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айрылсын. Ол өзінің жазасын жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониясында өтейтін болсын. Егер айыпталушы сот үкіміне риза болмаса, заңға сәйкес он күн мерзім ішінде істі қайта қарау жөнінде жоғары сот орындарына кассациялық шағым түсіре алады.

         Осымен сот отырысы аяқталды.

Айыпталушы орындығына отырған Берметтің көздерінен моншақтап жас парлап қоя береді. Сағи екі алақанымен бетін басып, төмен қарай тұқырайып кетеді.

                                                  30-шы сахна. Хат.

Ертеңгілік. Сағидың пәтері. Беті-қолын, шашын жуып, енді ғана ванна бөлмесінен шыға берген үй иесін есіктің қоңырауы елең еткізеді. Сағи сүлгімен шашын сүрткен күйі сыртқы есікке қарай беттейді.

Сағи (есіктің жанына келіп). Бұл кім?

Сырттан: «Почта!..» деген әйел даусы естіледі. Сағи есікті ашады.

Пошташы келіншек ( табалдырықтан аттай беріп). Здравствуйте!..

Сағи. Доброе утро.

Пошташы келіншек. Жолымбетов вы?

Сағи. Да.

Пошташы келіншек (аспалы сумкасына қол салып жатып). Вам заказное письмо. Вот... Распишитесь сюда, пожалуйста.

         Сағи пошташы келіншек ұсынған қағазға қол қояды.

Пошташы келіншек. До свидания.

Сағи. Всего доброго.

Пошташы кеткеннен кейін Сағи залға еніп, диванға отырады да, конвертті ашады. Бұл – еңбекпен түзеу колониясында өзінің жазасын өтеп жатқан Берметтен келген хат болатын. Онда былай деп жазылыпты: «Сәламатсың ба, Сағи! Халың қалай? Денсаулығың жақсы ма? Қандай жаңалықтарың бар?

         Ал маған келсек, денім сау, жағдайым жаман емес. Бұрынғыдай емес, лагердің тіршілігіне біраз үйреніп, төселіп қалдым.

         Жуырда елден анам, сіңлім, інім – үшеуі келіп, жағдайымды біліп қайтты. Анам алғашында қайта-қайта еңіз-теңіз жылай берді. Әзер жұбаттым.

Ол сенің апарып берген ақшаңа інім мен сіңлімді шыттай қылып киіндіріпті, ал қалғанына бір бұзаулы сиыр сатып алыпты. Саған аналық алғысын жаудырып жатыр.

         Олар осында екі күндей болды. Бір тәуірі менің жағдайымның оншалықты жаман емес екенін өз көзімен көргеннен кейін шешем едәуір көңілін демдеп, кетерінде әйтеуір менімен жыламай қоштасты. Әзірше менің көңіліме сол – медеу.

         Сағи, енді менің мамандығым бар. Қазір мен кәсіби тігінші болып алдым. Күнімен тігін тігеміз. Жұмысшыларға арналған әртүрлі арнаулы киімдер. Сондықтан, Құдай қаласа, бостандыққа шыққаннан кейін мен енді осы мамандық бойынша тігін фабрикасында, не сән ательесінде жұмыс істей алам.

         Жуырда  барам депсің. Келсең, маған бір шоқ қырғыз қызғалдағын ала келші. Басқа ештеңенің қажеті жоқ, өйткені, қазақша айтқанда, мұнда менің тамағым – тоқ, көйлегім - көк.

         Бүгін - жексенбі. Бөлмеде дем алып отырмын. Сыртта сілбіреп ақ жауын жауып тұр. Білесің бе, менің саған деген сағынышым да бейне осы бір ақ жауынға ұқсайды. Сондықтан өзіңді бір көргенше оның да мына жаңбыр секілді жуық арада басылар түрі көрінбейді.

         Сағи, көп мылжыңдап кеттім-ау деймін, осымен үшбу хатымды аяқтайын. Көріскенше, аман бол. Сәлеммен – Бермет.»

                                                 31-сахна. Жол.

Үлкен трассаның бойымен жеңіл автомобиль заулап келеді. Оның рулінде – Сағи. Кабинада одан өзге ешкім жоқ, тек салонның артқы орындығында көрген көздің жауын алып, нарттай қып-қызыл бірнеше букет қырғыз қызғалдағы құлпырады.

         Сағидың ойлы, мұңдылау әдемі қой көздері алдындағы айдау жолға қадалып қалған. Ақ жауын тоқтаусыз сілбіреп тұр. Көкте ақшулан бұлттар көш-көш болып, әлдеқайда маңып барады. Автомагитолладан екі жастың – Бермет пен Сағидың – бір біріне деген сарғайған сағынышындай болып, қырғыз композиторы Түгелбай Қазақовтың «Жаңбырлы элегия» деп аталатын лирикалық әні тоқтаусыз төгіледі:

                                  «Жаңбыр төкті еш басылмай,

                                     Қоштасудың  көз жасындай.

                                     Шығарып сап тұрдық біздер

                                     Ең соңғы рет кешті осылай.

                                      Күн күркіреп, жаңбыр төкті,

                                      Жасқа малып тағдырларды.

                                       Нөсерлетті үстін-үстін

                                       Сайын дала жаңбырлары...»

                                                      Соңы

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған