Қатігез балалар, қор болған әкелер
Кейіпкерлер;
Асқар – 70-тегі Айдынның әкесі;
Шәрбану –Асқардың кемпірі;
Айдын – 30 –дағы жігіт;
Эльмира: – Айдынның әйелі;
Арман – Айдын мен Эльмираның ұлы;
Айдана - Айдын мен Эльмираның қызы.
Шал;
Көршілер.
Қыран
1-бөлім
Қаланың көпқабатты үйлерінің бірі. Үш бөлмелі пәтер. Бөлме іші таза, жихаздар көрінеді. Еденде парсы кілемі, керегеде үлкен теледидар. Ерлі-зайыпты Шәрбану мен Асқар шай ішіп отыр.
Асқар: Екеуміздің бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Бір нәрестеге зар болып жүргенімізге табаны күректей он жыл болыпты.Жетім балалар үйінен бір бала асырап алсақ қайтеді, жаным?
Шәрбану: Қырқына шыдап, қырық біріне шыдасаңшы, Асқар. Есіңде ме, маған дәрігер бала көтере аласың, ештемеге уайымдама деп еді ғой.
Асқар: Қалайша уайымдама дейсің?! Құрдастарымның баласы мектепте оқып жатыр. Ал, екеуміз бір балаға зар болып жүргеніміз мынау. Соқа басымыз сопиып, үш бөлмелі үйде екеуміз ғана тұрамыз. «Балалы үй-базар» деп бекер айтты дейсің бе?
Шәрбану: (Шайды ұрттап) Ой, жүрегім айнып кетті, Асқар. Жуынатын бөлмеге барып келейінші. (тұра жүгіреді)
Асқар: Әй, саған не болды? Бұрын мұндайың жоқ еді?
Шәрбану: Қайдан білейін, кешеден бері жүрегім айнып, құса берем.
Асқар: (қуанып) Осы менің Ринат досымның әйелі екіқабат кезінде токсикоз болып, есі шығып жүр еді. Сен екеуміз бүгін дәрігерге барып көрініп келейікші, жаным. Мүмкін жүкті болып қалған шығарсың.
Шәрбану: Әбден мүмкін. Дәрігерге ертең барайық, сен мына үйдің жанындағы дәріханадан «тест на беременность» деген құрал сатып әкелші, алдымен өзіміз үйде тексеріп көрейік.
Асқар: (асыға кетеді) Ой, мен тезірек алып келейін. Шіркін-ай, екіқабат болып қалсаң, ақсарбас қой сойып, құдайы тамақ берер едім. Он жыл зарығып күткен баламыз.
(қайта кіріп, Шарбануға береді) Тез, жаным, тексере ғой. Жүрегім алабұртып тұр, оң көзім тартып тұр, тәрізі, жақсылық болар. Қазір сен сүйінші хабар айтар ма екенсің, жаным?
Шәрбану: (Құралды алып) Сабыр етсеңші, Асқаржан. Дегбірің қашып, саған не болды? Қазір тексеріп көреміз, мен жуынатын бөлмеге барып келейін.
Асқар: (әйелінің артынан еріп барып) Тексеріп болдың ба? Айтсаңшы тезірек.
Шәрбану: (шығып, күйеуін құшақтайды) Сүйінші, Асқар! Жақында балалы боламыз. Міне, қара. Мына сызықты көріп тұрсың ба, бұл екіқабат екенімді көрсетіп тұр.
Асқар: О, тәуба! Аллаға мың шүкір! Он жыл күткен баламызға қолымыз жетті-ау, әйтеуір.
Шәрбану: Жақсылықтың ерте кеші жоқ, Асқар.
Асқар: (әйелін сүйіп) Әрине, жаным. Дұрыс айтасың. Мен қазір әке-шешемнен сүйінші сұрайыншы, Шәрбану.
Шәрбану: Сабыр етші, жаным. Ертең дәрігерге қаралып, екіқабат екеніме көз жеткізген соң бір-ақ хабарлайық. Өзім де сенер сенбесімді білмей тұрмын.
Асқар: (тұра жүгіріп) Онда мен әлгі «тест на беременность»-ің тағы біреуін сатып әкеле қояйын.
Шәрбану: Тоқташы, сабыр сақташы, Асқар. Саған не болған? Біреуімен тексердік, сол жетер, бәрібір ертең дәрігерге барып, ақ, қарасын анықтаймыз, солай емес пе, Асқаржан?
Асқар: Дәрігерге бүгін неге бармаймыз, жаным? Қазір барып көрейікші.
Шәрбану: Болды, тыныштал енді. Қазір сағат кешкі алтыда жұмыс күні аяқталды, ертең таңертең барып көреміз.
Асқар: Шәке, жарайды, сенікі жөн, жаным. Мен кеш батып қалғанын ойламаппын, кешір, жаным.
Шәрбану: Міне, өстіп ақылға келсеңші. Кел, асықпай әңгімелесіп шай ішейік.
Асқар: Шәке, қалай ойлайсың, шіркін-ай, ұл ма екен, қыз ба екен?
Шәрбану: Қойшы, алдын-ала жол кеспеші.
Асқар: Оның дұрыс, жаным. Алла маған қыз берсе де, ұл берсе де ризамын.
Шәрбану: Міне, енді жөнге келдің.
Асқар: Адам болған соң армандауға қақым бар шығар, солай емес пе, жаным.
Шәрбану: Алдымен дәрігердің анықтамасын алған соң, көңілім орнына түсер, әйтпесе, өз көзіме өзім сенбей тұрған жайым бар.
Асқар: Оның рас, он жыл бойы за илеп, бір баланы алладан сұрадық, ал, бүгін аяқ астынан көл-көсір қуанышқа кенеліп отырмыз, ия, жаным.
Шәрбану: Ия, бәрі бір алланың қолында.
Асқар: (асығып) Жарайды, мен жұмысқа кеттім. Сен маған қоңырау шалып, дәрігердің не дегенін айтарсың,жаным.
Шәрбану: Дәрігердің анықтамасын алғанша жүрегім орнына түспей, қобалжып, дегенмен қатты толқып тұрмын.
Асқар: Екіқабат адамға өйтіп ойланып-толғануға болмайды, іштегі сәбиге әсер етеді. Кеше мені сабырға шақырып, ақыл айтып едің. Бүгін өзіңе не болды?
Шәрбану: Жарайды, мен де дәрігерге кеттім.
Емхана. Дәрігердің қабылдау бөлмесінде Шәрбану, ақ халатты дәрігер, медбике қыз үшеуі сөйлесіп отыр.
Дәрігер: Сіздің жүкті болғаныңызға төрт апта болған. Құттықтаймын, Шәрбану ханым!
Медбике: Сіздің көптен бергі арманыңыз орындалды, сіз екіқабатсыз, құттықтаймын, апай.
Шәрбану: Рахмет.
Дәрігер: (таразыны нұсқап) Қане, мына таразыға тұрыңыз. Сіздің салмағығыз 50 кило екен. Енді алдағы уақытта көп салмақ қосуға болмайтынын түсіндіргім келеді. Ол ұшін бұрынғыдай көп қимылдап, ептеп жеңіл, үй шаруаларын атқара берсеңіз болады. Сонымен қатар, тағы бір ескерте кететін жағдай, жүкті әйелдерге ашулануға, әрнәрсеге күйгелектенуге болмайды. Сондай-ақ, ауыр жүк, азық-түлік көтеруге болмайды. Дәрумендері көп жеміс-жидек, көкөністерді, сүт тағамдарын- ірімшік, айран, құрт жегеніңіз жақсы. Жалпы, тамақты жиі-жиі, аздап жегеніңіз дұрыс, сонда аса көп салмақ қоса қоймайсыз. ТАғы басқа сұрақтарыңыз болса сұраңыз.
Шәрбану: Әзірге бәрі түсінікті. Рахмет, дәрігер. Енді қай уақытта келемін?
Дәрігер: Ай сайын келіп тұрыңыз, біздің дәрігерлік міндетіміз – сіздің денсаулығыңызды бақылау, кеңес беру. Мен сізді есепке алдым, байланыс телефондарыңыз өзгеріп кетсе, бізге хабарлап айтуды ұмытып кетпеңіз.
Шәрбану: (орнынан тұрып) Рахмет, дәрігер. Көріскенше күн жақсы.
Дәрігер: Сау болыңыз. Өзіңізді күтіңіз.
2-көрініс
Асқар мен Шәрбанудың пәтері дастархан жасаулы. Екеуі дастархан басында кешкі тамақ ішіп отыр.
Асқар: Ия, айтсаңшы, сонымен дәрігер не деді? Жүкті екеніңді растады ма?
Шәрбану: Әрине, растады. Маған ауыр зат көтеруге болмайды дәрумендері көп жеміс-жидек жеуіңіз керек деп ақыл айтты.
Асқар: О, тамаша! Онда мен әке-шешемнен келіндеріңнің аяғы ауыр деп сүйінші сұрайын.
Шәрбану: Асықпашы, Асқар. Келесі айда сенің ауылыңа қонаққа барамыз. Сюрприз болсын. Өздері екіқабат екенімді бірден байқайтын шығар.
Асқар: Сен қандай шыдамды жансың. Мен қуанышымды ең жақын адамдарыммен бөліспесем шыдай алар емеспін. (телефонды алып) Алө, көке, сүйінші!
Дауыс: Сүйіншіңді берем, тезірек айтсаңшы, балам.
Асқар: Айтсам, келінің екіқабат. Скоро ата, әже боласыңдар. Сүйіншіме не бересің, көке?
Дауыс: Садағаң кетейін, құлыным! Сүйіншіңе бір байтал берем, соғымға сойып, өзім апарып берем, айналайын. Келінжанның халы қалай?
Асқар: Келініңді алақаныма салып аялап отырмын, халы жақсы, көке.
Дауыс: Ауылға қашан келесіңдер, айналып кетейін, қарақтарым?
Асқар: Алыс жолға жүруге бола ма, ол жағын дәрігермен ақылдасып көреміз, көке.
Дауыс: Ұқтым, балам. Оның дұрыс, ең алдымен келіннің жағдайын ойлауымыз керек. Сау болыңдар, балам. Мен мына жаңалықты апаңа айтып қуантайын, балам.
Асқар: Сау болыңыз, көке. (тағы телефонды тере бастайды) Достарымнан, апайым мен ағайдан сүйінші сұрайын.
Шәрбану: Асқар, телефонды қоя тұршы. Алдымен жақсылап отырып асықпай шай ішейік, содан кейін айтармыз, алдын-ала жар салудың қажеті жоқ. Есіңде ме, сенің достарың әйелі босанған соң бір-ақ сүйінші сұраған. Сен де сөйт, арбаның алдына түсіп, жүгірме деген орыстың мақалы есіме түсіп отыр.
Асқар: Ия, «вперед телеги не беги», сенің айтқаның көкейіме қонды. Жай, қуанышым қойныма сыймай бара жатыр, түсінемісің.
Шәрбану: Мен де қуаныштымын. Алайда, тоғыз ай, тоғыз күн шыдауым керек, солай, жаным.
2-бөлім
3-көрініс
Асқар мен Шәрбанудың пәтері. Абыр-сабыр көршілер келіп, «бауы берік болсын» деп сөйлеуде, бұл кішкене баланың бөлмесі. Бөлме іші ойыншықтарға толы. Керегелерге қызылды-жасылды шарлар мен гүлдер ілінген. Шәрбану сәбиін құшақтап отыр. Көңілді музыка ойнап тұр. Қонақтардың дауыстары жарқын-жарқын, ортаға шығып, «Қара жорға» әніне бәрі көңілді билеп жүр.
(Көршілер интермедия тәсілімен)
1-Көрші: Ұлдарыңның бауы берік болсын!
2-көрші: Ұлдарың үлкен азамат болып ержетіп, жақсы келін алып, Шәрбанудың қолын жылы суға салсын.
3-көрші: Ата-анасының ғана емес, бүкіл халқының аяулы ұлы болсын!
Асқар: Бүгін біздің қуанышымызға ортақтасып, келіп отырғандарыңызға рахмет. Қане, біраз көңіл көтеріп, би билейік.
Шәрбану: Ия, келген аяқтарыңызға гүл бітсін.
(Би аяқталған соң көршілер, достары үй иесі Асқар мен Шәрбанумен қоштаса бастайды).
(Көршілер интермедия тәсілімен)
1-Көрші: Бүгінгі шілдехана өте көңілді өтті. Тағы айтарымыз ұлдарыңның бауы берік болсын!
2-көрші: Ия, ұлдарың үлкен азамат болып ержетуіне шын жүректен тілектеспіз.
3-көрші: Жақсы азамат болып өсуіне тілектеспіз, біздің тілегіміз алланың құлағына шалынып, қабыл болсын!
Асқар: Әумин. Айтқандарыңыз келсін.
Шәрбану: Рахмет. Қуанышымызды бөлісіп келгендеріңізге ризамыз.
(Асқар мен Шәрбану қонақтарды шығарып салады.)
(Көршілер, Асқар мен Шәрбану интермедия тәсілімен)
Сау болыңыздар. Келгендеріңізге рахмет. Баланың ғұмыр жасы ұзақ болсын. Дастархан жақсылыққа жайылсын. Ылғи тойға келейік. Сау-сәлемет болыңыздар.
Асқар: Қонақтарды шығарып салдық-ау әйтеуір. Қане, кішкентай Айдынымыз, кімге тартқан, осы?
Шәрбану: (Асқарға) Сенен аумайды, Айдынның әкесі.
Асқар: Ия, расында көзі, қасы, бәрі менен аумайды екен. Тіфә, тіфә, көз тимесін, ботақаныма!
Шәрбану: Біздің Айдынға қажет бөлмені жақсы жабдықтадың, Асқар, саған ризамын.
Асқар: Жалғыз ұлымды асырай алмасам неғып жүрмін, жаным-ау. Енді кішкене велосипед, балалардыкі сияқты кішкене машинаға тапсырыс беріп қойдым.
Шәрбану: Түу, соншама еркелетіп жіберетін болдың ғой.
Асқар: Әке-шешесі тірі тұрғанда еркелесін, баламыз.
Шәрбану: Жалғыз бала тым ерке болып кетсе, келешекте өзімшіл болып кетпей ме деп қауіптенгенім ғой.
Асқар: Бекерге қауіптенудің қажеті жоқ. Айдыным өзіме тартқан, көпшіл, сыпайы болып өседі.
Шәрбану: Иншалла, папасына тартса жаман болмас еді. Айтпақшы, дәрігерлер менің жүрегіме операция жасату керек дейді. Білмеймін, қорқа берем.
Асқар: Ештемеден қорықпа. Қазір жұрттың бәрі жүректеріне ота жасатып, шауып жүр. Біздің дәрігерлер отаны сәтті жасайды деп, күнде теледидардан көрсетіп жатқан жоқ па?
Шәрбану: Айтуға оңай, әрине. Алайда, жүрегім біртүрлі алабұртып, ота жасатудан қорқа берем, Асқар, қайтсем екен?
Асқар: Отаны, ия операцияны срочно жасату керек пе? Әлде асықпай келесі жылдары жасата беруге бола ма екен?
Шәрбану: Дәрігер неғұрлым тезірек жасатқаныңыз дұрыс дегенін естідің ғой.
Асқар: Онда тәуекел деп, келісе сал.
Шәрбану: (жылап) Сөйтуіме тура келеді. Мына Айдыным жетім болып қалмай ма?
Асқар: Қой, жаман ырымды бастама. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген.
Шәрбану: Жарайды, бәрі жақсы болар деп үміттенем. Мен ертең жүрегіме ота жасатуға келісімімді беремін.
Асқар: (баласын құшақтап отырған әйелін сүйіп) Міне, тамаша! Баяғыдан бері осылай демейсің бе?
Шәрбану: Мақұл, «тәуекел түбі- желқайық, өтесің де кетесің» демей ме, мен ертең дәрігерге келісетінімді айтам.
4-көрініс
Аурухана. Ығы-жығы халық. Ақ халатты дәрігер шығып, Асқарға көңіл айтады.
Дәрігер: Өзіңізге бекем болыңыз, біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік, бірақ ажалдан құтқара алмадық. Жүрекке қатерлі ісік пайда болған, және тым асқынып кеткен. Әйеліңіз, өкінішке орай операциядан соң оянбай көз жұмды. Бекем болыңыз.
Асқар: (жылап) Бәсе, операциядан қорқып еді. Мен ота жасауға көндіріп едім, бұлар боларын қайдан білейін. Анасын күтіп отырған ұлыма не деп айтам?
Шәрбану:
Дәрігер: Өмір солай. Ойлағаның бола бермейді, ажалдан арашалап қалмақ едік, қолымыздан келмеді, ауруы тым асқынып кеткен. Жүрек ауруын біле тұра, дәрігердің ескертуіне қарамастан дүниеге сәби әкелген. Сөйтіп, ауруын асқындырып жіберген.
Асқар: (жылап) Демек, менің Шәрбануым дәрігердің ескерткенін менен жасырып, Айдынды туған екен ғой. Оны білсем, баланы аңсап тұрсам да шыдайтын едім, қайран Шәкеніііім-ай!
5-көрініс
Асқардың пәтері. Айдын ұлы орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнында оқып, ержетіп қалған. Екеуі дастархан басында шай ішіп отыр.
Айдын: Папа, мен ертең «дружить» етіп жүрген қызымды саған таныстырайын деп едім.
Асқар: Балам-ау, келесі жылы университетті бітірп барып үйленсең жақсы болар еді. Мейлі, танысып көрейін. Айман тәтеңді де танысуға шақырсам қайтеді, балам?
Айдын: Папа, менің анам қайтыс болды. Енді сенің басқа әйелге үйленгеніңді қаламаймын деп, неше рет айттым саған.
Асқар: Жарайды, айтқаның болсын. Мен сен үшін өмір сүріп жүрмін, балам. Сенің бақытты болғаның – менің бақытты болғаным.
Айдын: Онда ертең ертіп келем. Айтпақшы, папа, менің он сегіз жасқа толғанда осы «Лексусты» сатып әперіп едің, әбден тозды. Жаңа джип сатып алайын деп едім, ақшаны дайындап қой.
Асқар: Джип машинаң қанша тұрады, балам?
Айдын: Папа, бар болғаны қырық мың доллардың шамасы.
Асқар: Ертең үйленсең тойға да ақша керек қой, балам-ау. Одан арзаны табылмады ма?
Айдын: Папа, мен осы машинаны таңдадым, болды. Саған машина не үшін керек, астыңдағы Мерседесті сатып, үстіне біраз ақша қоссаң болды.
Асқар: Жарайды, оған да көнейін. Анаң қайтыс болғалы не айтсаң соны орындап жүрмін, анаңның орнын жоқтамасын деп-ақ жүрмін, балам.
Айдын: Жарайды, папа. Ертең Эльмира келініңді ертіп әкелем, үйде дастархан жаюлы тұрсын.
Асқар: Мақұл, балам. Оған қам жеме, бәрі дайын болады.
Айдын: Қырық мың доллар ақшаны дайындап қой, ертең машинаны сатып алуым керек.
Асқар: (Айдын шығып кетеді) Жарайды, балам. Марқұм әйелім Шәрбанудың жылын өткізген соң Гүлнарға үйленейін деп едім, Айдыным қарсы болды. Содан бері үш рет үйленбек болдым, үш ретінде де Айдыным қарсы шықты. Ақыры, жалғыз қалдым. Өзімнің құрдасым Айманмен отбасын құрайын десем, оны да жаратпады. Марқұм әйелім Шәрбану «жалғыз ұлымыз Айдын өзімшіл болып кетпесін, тым еркелете берме», деп еді. Мейлі, ұлым аман болсыншы. Ұлым бақытты болса, менің арманымның орындалғаны емес пе! Астымдағы машинаны тезірек сатып, сұраған ақшасын дайындап қояйын.
6-көрініс
Асқар ескі киімдермен нашар киінген, қартайған шал. Айдын костюм шалбар киіп алған, әйелі Эльмира жарқыраған әдемі ұзын көйлек киген. Айдын мен Эльмира он бес жастағы ұлы Арман мен он үш жастағы қызы Айданамен бірге төртеуі кешкі тамақ ішіп отыр. Асқар ең соңынан дастарханға келеді.
Асқар: Тамақтарың тәтті болсын, балалар.
Айдын: Папа, сен босаға жаққа отыр. Мына жерге менің жаныма ұлымыз Арман отырады. Мамасының жанына Эльмира қызымыз отырады.
Асқар: Жарайды, мен отырған жердің бәрі төр деп отыра берейін.
Эльмира: Ата, ертең біз қонақ шақырамыз. Сіз кешке дейін бір жаққа барып, қыдырып келіңіз.
Асқар: (ызалы күліп) Жарайды, келін, көзге шыққан сүйелдей болмай, көшеде қаңғып жүрейін.
Айдын: Папа, бір сөз айтса шамданып шыға келесіз. Сіз тым қартайып кеттіңіз, үндемей келініңіздің айтқанын неге орындай салмайсыз?
Асқар: (ызалы күліп) Кешір, балам. Менен бір ағаттық кетті. Құп болады, келін. Ертең далаға қонсам да үйге келмеуім крек екенін түсіндім.
Эльмира: (қуанып) Ата, рахмет. Вот и хорошо, от души можем веселиться. Ата ылғи, «шуламаңдар, демалуым керек» деп, настроениемізді бұзбайтын болды. Помнишь, Айдын прошлый раз поздно ночью ата возмущался.
Айдын: (күліп) Эля, ия, есімде. Кәрі кісі құлағын жауып алып, тыныш ұйқтай бермей ме? Ал, менің әкем әлі күнге дейін бізге билігін жүргізгісі келеді. Ха,ха, ха. (күледі)
Асқар: (қайғырып) Балам-ау, кәрі әкеңнен құтылатын күн туар. Мен де анаң Шәрбанудың артынан ана ауылға кетермін.
Эльмира: (қуанып) Тезірек солай болса жақсы болар еді, ата.
Асқар: (ашулы) Келін, сен маған тезірек өлім тілеп отырсың ба?! Мен өлсем менің орныма егін егесің бе?
Айдын: (күліп) Ну, папа. Не придирайся моей Эльке, понятно?
Асқар: (ашулы) Рахмет, балам. Келінді жақтағаныңа, мені даттағаныңа рахмет! Менен құтыла алмай жүргендеріңе енді анық көзім жетті. Мен бүкіл өмірімді саған арнадым, балам. Төрт рет үйленбекші болдым, сен қарсы шыққан соң үйленбедім. Барлық жиған-тергенімді саған бердім. Осы пәтерді Шәрбану анаң екеуміз алып едік, оны да саған сыйға тарттым. Енді, міне, қартайған шағымда келін екеуің мені атарға оғың жоқ болып отырғаны, мынау.
Айдын: (күліп) Ой, папа. Дастархан үстінде шу шығармай отырсаңызшы. Эля, ертең қонақ шақырғалы отыр. Қырық жылғы тарихыңызды айтып, басымызды қатырмасаңызшы. Үйленсеңіз, үйі бар кемпір тауып үйленіңіз. Біз Эля екеуміз тек қана қуанамыз.
Асқар: Мен жас кезімде бір сен үшін үйленбедім, енді төрімнен көрім жақын. Үйлен деп мазақтап отырсың ба?
Айдын: (күліп) жалғызбасты, үйі бар кемпір болса, несі бар, үйленуіңе қарсы емеспін, әке.
Асқар: (ашулы кекетіп) Осыншама кеңпейіл болармысың? Сексен жасқа толғанымда үйленуге рұқсат беріп отырсың, рахмет, балам. (орнынан тұрып кетеді)
Эльмира: Осы ата соңғы кезде ашуланшақ болып кетті.
Айдын: Өйткені, менің әкем қартайып кетті, Эля.
Эльмира: (Айдынға) Ай, менің бір ұсынысым бар. Осы атаны қартта үйіне өткізсек қайтеді, мүмкін сол жерде өзімен құрдас бір кемпір тауып алар. Оған қалай қарайсың,Ай?
Айдын: Ойланып көру керек екен.
Эльмира: Ойланатын несі бар? Атаға айтып көрсек қайтеді?
Айдын: Білмеймін, тағы ашуланып жүре ме?
Эльмира: Үй де тарылып кетті. Балалардың сабақ оқитын бөлек бөлмесі де жоқ, аядай үш бөлмелі үйде тарылып отырмыз.
Айдын: Сенің ұсынысың маған ұнап отыр, бірақ ел не дейді. Ертең көршілер әкесін қарттар үйіне өткізді деп, бізді өсектеп жүрмей ме? Қалай ойлайсың,Эля?
Эльмира: Ай, «ит үреді, керуен көшеді». Ел не десе де мейлі, біз екеуміз атаның жағдайын ойлап отырмыз, солай емес пе? Бізбен күнде ұрсысып отырғанша, өзі сияқты шал, кемпір құрдастарымен шүйіркелесіп, көңілі көтеріледі, мүмкін сол қарттар үйінен бір кемпір тауып алар деп, атаның жағдайын ойлап отырмыз. Түсінемісің, Ай?
Айдын: Эля, мен бұл ойыңмен келісемін.
Эльмира: Ендеше ертеңнен бастап, қарттар үйіне қажетті құжаттарын жинап, апарып тастайық.
Айдын: Онда қонақты кейін шақырайық. Ертең әкеммен сөйлесіп, жағдайды түсіндірейін. (осы кезде Асқар кіреді)
Эльмира: Ертеңді күтпей бүгін айтсаңшы, папаңа.
Асқар: Екеуің тағы не айтпақсыңдар, әкесі өлгенді де естіртеді, айтыңдар.
Айдын: Түу, папа, саған не болған?! Біз Эля екеуміз сенің жағдайыңды ойлап отырмыз.
Асқар: Бәсе, мен туралы өте қатты ойлайтындарың көрініп тұр. Ия, құлағым сенде, балам. Айт, айтарыңды.
Эльмира: Ата, сіз ашуланбай, Айдынды тыңдаңыз. Ол менің ұсынысым еді, Айдын қоштады, сіз де қуана келіседі деп ойлаймын.
Асқар: Сенің ұсынысың болса, ішім сезеді, тағы менен құтылудың жолын тапқан боларсың. (Айдынға) Ия, балам, айтсаңшы.
Айдын: Әке, сен қартайдың. Солай ма?
Асқар: Қартаймайтын адам жоқ, ертең сен де қартаясың, балам.
Эльмира: Ата, Айдынның сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдасаңызшы.
Асқар: (жағын таянып) Ал, тыңдадым.
Айдын: Айтсам, біз Эля екеуміз көп ойланып, сізді Қарттар үйіне өткізуді шештік.
Эльмира: Ия, ата, ол жерде сізге жайлы болады, ылғи құрдастарыңызбен әңгімелесіп, көңілді уақыт өткізесіз. Немелеріңізді сағынсаңыз, зейнетақыңызды беріп тұрасыз. Солай емес пе, ата?
Асқар: (күрсініп) Сонда немерелеріме де атасы керек жоқ, тек зейнетақысы ғана керек болып тұр, солай ма, келін?
Айдын: Әкетай, өйтіп, келініңізге тиісе бермеңізші. Жай, айтқаны ғой.
Асқар: (күрсініп) Жарайды, көзге күйік болғанша, Қарттар үйіне кетіп, көзімді құртайын.
Эльмира: Вот, молодец, ата.
Айдын: Әке, ертеңнен бастап, құжаттарды жинай бастаймын. Біз апта сайын, немесе ай сайын барып тұрамыз.
Айдана: (Айдынның қызы) Ата, біз Арман екеуміз айдың аяғында зейнетақыңды алғанда барамыз.
Асқар: (күрсініп) Немерелеріме де атасы керек емес, тек зейнетақысы ғана керек.Ақырзаманның балалары осындай бола ма екен.
Эльмира: Ата, не надо, драматизировать, сіз ғой, ылғи немерелеріңізге зейнетақыңызды беріп, шоколод, балмұздақ әперіп, жаман үйреткен.
Асқар: (күрсініп) Демек, ол да менің кінәм. Келін, не айтқың келгенін түсіндім. Ренжімей қоштасайық. Аман болыңдар, балалар.
Айдын: Әке, ертең Қарттар үйіне апаратын киімдеріңізді дайындай беріңіз. Мен сіз әперген джиппен апарып тастаймын.
Асқар: (қамығып) Рахмет, балам. (шығып кетеді)
Эльмира: Міне, тамаша! Атаға жақсы орын таптық, атасының бөлмесін Арманға ремонт жасап беретін болдық.
Арман: (Айданаға) Урааа! Атамның Қарттар үйіне кеткені жақсы болды. Енді менің бөлек бөлмем болады.
Асқар: (қайғырып) Немерем де менен құтылғанына қуанып жатыр. Қайран заман-ай!
Айдын: Әке, жоқтан өзгеге ренжи бермеңізші, бала емес пе.
Эльмира: Ия, ата. Сіз айтқандай, Арман сіздің сүйікті немереңіз. Зейнетақыңызды жинап қойыңыз, өзі барып алып тұрады.
Айдын: Бәріміз барып тұрамыз, әке.
Асқар: (ашулы) Сендер не үшін келесіңдер, мені сағынып келесіңдер ме, зейнетақыны сағынып келесіңдер ме?!
Эльмира: Ал, сонда сіз немерелеріңізді сағынбайсыз ба?
Айдын: Ия, келініңіз дұрыс айтады, әке.
Асқар: (ашулы) Естеріңде болсын, зейнетақымды жетім балалар үйіне берем.
Эльмира: Ата, сонда сіз туған немерелеріңізден гөрі атасы басқа жетім балаларды жақсы көресіз бе?!
Айдын: Ия, келініңіздің сөзінің жаны бар. Сіз неге немерелеріңізге бермей, зейнетақыны айдаладағы жетім балаларға бересіз?!
Асқар: (ашулы) Жетім балалардың сауабын алам, ал, сендерден не үміт, не қайыр?!
Эльмира: Ата, мейлі, өзіңіз біліңіз, онда немерелеріңіз Арман мен Айдана сізге –Қарттар үйіне бармайды.
Айдын: Ия, солай, әке.
Асқар: Сонда менің немерелерім атасын жақсы көрмейді, тек қана ақшаны жақсы көреді екен ғой. Ия, оның несіне таңғалам, мына, анасының орнын жоқтатпай, әрі әкесі, әрі шешесі болып, аялап өсірген ұлым Айдын да әкесінен құтылып, Қарттар үйіне өткізіп жатыр емес пе?!
Эльмира: Сонда немене, «Яблоки от яблони далеко не падает» демексіз бе?
Айдын: Мейлі, өзі білсін, Эля, қайтесің қазбалап?!
Асқар: (Айдынға) Сені пір тұтып жүріп, «мамам қайтыс болды, басқа әйелге үйленбе, папа» деп, сенің өзімшіл сөзіңді тыңдап, жас кезімде үйленбеген өзім ақымақпын. Міне, енді қартайғанда далада қалдым!
Эльмира: Сіз далада қалмайсыз, құжаттарды дайындап қойдық, қазір Айдын сізді Қарттар үйіне апарып салады.
Асқар: (қолында шағын сөмкесі бар) Онда уақытты созбай кетейін, мына үйде тынысым тарылып барады.
Айдын: Машинаға отыра беріңіз, қазір шығам. (әкесі шығады).
Эльмира: Ай, әкеңнен зейнетақысын алып тұратын «доверенность» алып алсаңшы, шынымен бар ақшасын жетім балалар үйіне бере салар, ашуланған түрі жаман.
Айдын: Эля, шалдың өзі керегі жоқ, ақшасы керек болып па? Қайтесің, өзі білсін, мазалама.
Эльмира: Қап! Ылғи зейнетақысын Арманмен Айданаға беріп тұрушы еді, мына шалдың қырсығын-ай!
Айдын: Жарайды, әкем күтіп қалған болар, мен кеттім. Қарттар үйіне апарып орналастырып келейін. (кетеді)
Эльмира: (күйеуінің артынан айқайлап) Ай, әкеңнің зейтеақысын алуға доверенность алсаң жақсы болар еді.
7-көрініс
Қарттар үйі. Скамейкада өзіндей құрдас шалмен сөйлесіп отырған Асқарды көреміз.
Шал: Кемпірім қайтыс болған соң кенже ұлымның қолында тұрдым, бірақ, келінім сыйдырмады, отырсам опақ, тұрсам сопақ деп, есімді шығарды. Содан осы Қарттар үйіне өзім сұранып келдім. Жеті балам бар, үш қызым, екі ұлым бар. Кенже ұлдың келінімен сыйыспай, ақыры осы Қарттар үйіне келуіме тура келді. Ал, сіз қалай келдіңіз, ақсақал?
Асқар: Менікі де сенің өміріңе ұқсас, келінім әу бастан жаратпады.
Шал: Кемпір екеуміз жеті баланы бағып-қағып жеткіздік, ал, менің жеті балам жалғыз әкесіне орын таппады-ау деп, кейде қынжыламын, ал, ақсақал сіздің неше балаңыз бар?
Асқар: (күрсініп) Менің жалғыз ұлым бар. Әйелім марқұм Шәрбану жүрегінің дімкәстігіне қарамастан осы Айдынымды дүниеге әкелді. Дәрігерлер әйеліме бала көтеруге болмайды деп ескертіпті, ол жүрегінің ауру екенін ешкімге айтпастан тұңғышымыз Айдынды тапты. Өкінішке орай, босанған соң ауруы асқынып, жеті жылдан соң операция үстінде көз жұмды.
Шал: Әйелің қайтыс болғанда өзің неше жаста едің?
Асқар: Отыз бестен жаңа асқан, қылшылдаған жас кезім болатын.
Шал: Ой, тәйірі, әйеліңнің жылын өткізген соң неге үйленбедің?
Асқар: Әйелім қайтыс болғанда Айдын ұлым жеті жастан асқан болатын, үш рет үйленбек болдым, үйге ертіп әкеліп, Айдынға таныстырған кезімде, ешқандай әйелге үйленбейсің деп, жер тепкілеп жылап, менің үйленуіме қарсы болды. Мен анасынан айырылған жетім баламның сөзін жерге тастай алмадым.
Шал: Ол балалықпен басқа әйелді қабылдай алмады, ал, сен ересек адамсың. Ретін тауып, кейінірек, ұлың ержетіп, түсінген кезде үйленбедің бе?
Асқар: Ұлым Айдын жиырма бес жасында үйленген соң, Айман деген ескі танысыма үйленбекші болып едім, біздің үш бөлмелі пәтерге бөтен әйелді кіргізбеймін деп, қасарысып тұрып алды. Мен тағы ұлымның көңіліне қарадым, баламды ренжіткім келмей, үнсіз көндім.
Шал: Тегі, жалғыз өскен ұл болсын, қыз болсын, өзімшіл, өркөкірек болады. Сенің болашағыңа балта шауыпты. Қап, әттегене-ай! Ұлыңның қарсылығына қарамастан жас кезіңде үйленіп алуың керек еді.
Асқар: Шәрбану әйелім аманат қылған соң, мен тек ұлымның қас-қабағына қарап, ұлым үшін өмір сүрдім. Кейде сол кезде ұлымның қарсылығына қарамастан үйленбегеніме өкінемін. Кемпірім екеуміз шүйіркелесіп шай ішіп отыратын едік. Ах, қайран өмір!
Шал: Менің кемпірім осыдан бес жыл бұрын қайтыс болды. Кемпірім барда үй менің атымда болатын. Кейін кемпірім қайтыс болған соң біраз уайымдап қатты ауырдым, алай-бұлай болып кетсем деп ойлап, үйді кенже ұлымның атына аударғам, содан бастап, өз үйімде өзім артық адамға айналдым.
Асқар: Мен де үш бөлмелі үйімді Айдынымның атына сыйға тартып қойған едім.
Шал: Міне, көрдің бе, балалар бізден аларын алған соң қажетсіз болып қалдық.
Асқар: Бұл да басымызға берген бір алланың сынағы болар. Басқа салған соң көнеміз.
Шал: Ия, дұрыс айтасың. Жас кезінде бейнетін көріп, қартайғанда зейнетін көреміз бе деп едік, ол ойымыз іске аспады, міне, қартайғанда қамығып отырмыз.
Асқар: Бұған да шүкірлік, балаларымыз, немерелеріміз аман болсын, біз қайтыс болғанда балалық парызын орындап, арулап жерлейтін шығар деп үміттенемін. Соңымызда құран оқитын ұрпағымыз қалғанына тәуба.
Шал: Әй, қайдам! Тірі күнінде әке-шешесін сыйламаған балалар өлгенде сыйламай-ақ қойсын.
Асқар: Сіздің сөзіңіздің де жаны бар, әйткенмен көңілге медеу тұтқаным ғой.
Осы кезде екі шалға Асқардың екі немересі Арман мен Айдана келіп, сәлем береді.
Арман: (екі шалмен қол беріп сәлемдеседі) Ата, сәлеметсіз бе.
Шал: Мынау қай балалар?
Асқар: (екеуінің маңдайынан сүйеді) Бұл менің немерелерім, Айман мен Айдана. Халдарың қалай, ботақандарым?
Арман: Ата, біз айдана екеуміз зейнетақыңды алуға келдік, бүгін айдың аяғы. Зейнетақыңды алдың ба?
Шал: Әй, мына немерелерің ақша үшін ғана келген бе?! Мен атасын сағынып, іздеп келді ме деп, қуанып отырсам.
Асқар: (ыңғайсызданып) Мен үйде тұрғанда ылғи зейнетақымды екі немереме бөліп беретінмін, соған жаман үйреніп қалған ғой.
Шал: Келе салып, ай-шай жоқ, зейнетақыңды алдың ба деп сұрағаны несі?! Қазіргі заманның балаларының көздері құнығып, ақша, байлықтан басқа ештеме көрмейді-ау деймін, біздің кезімізде ар, ұят, адамгершілікке тәрбиелеуші еді.
Асқар: Қазір басқа заман. Капитализм. Адам адамға дос, бауыр деп тәрбиелейтін біздің уақыт өткен, қазір ақша, байлық, мансапқа табынатын соқыр заман!
Шал: Жетіскен екенбіз, балаларымыз әке-шешесінен безіп, немерелеріміз зейнетақы үшін ғана іздеп келіп, біз осы қайда кетіп барамыз?!
Асқар: (немерелеріне ақша береді) Міне, зейнетақымның жартысын ұстап қойып едім, қалғанын екеуің бөліп алыңдар, ботақандарым.
Арман: Ата, Айдана екеумізді такси күтіп тұр, сау болыңыз, біз кеттік. (екеуі кетеді).
Шал: Қазіргі балалар ақырзаманның балалары! Жөргектен шықпай жатып, «ақша, байлық» деп жылайтынын қайтерсің.
Асқар: (күрсініп) Қайтейін, аман болсын, балаларым! Өз қолыңды өзің кесе алмайды екенсің, мүмкін Айдыныма аспандағы айды әперуге даяр болып, анасын жоқтатпаймын деп, тым еркелетіп жіберген шығармын.
Шал: Әр ата-ана баласының бақытты болғанын қалап, қолынан келгеннің бәрін істейді. Мына, мен, жеті баланы жанталасып асырап-сақтадым, ақыры кемпірім қайтыс болған соң, өз үйімде өзім артық болып, Қарттар үйінде отырғаным мынау! Жеті бала жалғыз әкесін асырай алмады деген не сұмдық!
Асқар: Ақсақал, сабырлы болайық, «сабыр түбі –сары алтын», мүмкін кейін ойланып, қателіктерін түсінер, кім білсін.
Шал: (қайғырып) Менің жеті баламның ақылы кіргенше қай уақыт?! Біздің төрімізден көріміз жақын, құрдас. Соңғы кезде жүрегім сыр беріп жүр, жиі-жиі ентігіп тыныс алуым қиындап, жүрегім қысыла береді. Жарық дүниеде дәм-тұзымыз таусылғанша, балалардың жанында өмір сүреміз бе деп ойлап едік.
Асқар: Ақсақал, біз бұл дүниеде жүрсек те, о дүниеде жүрсек те артта қалған ұрпақтарымыздың аман-есендігін тілейміз. Пендешілік қате жасаған екен деп, өз балаларымыздан бас тарта алмаймыз. Жалғыз ұлым Айдыным мен немерелерім Арман мен Айданам аман болғай.
Шал: Безбүйрек болса да жеті балаларым мен он жеті немеремнің амандығын тілеймін. А, құдай, менің жеті баламның ұрпақтарын аман-есен қылып, ата-анасына мейірімді ете гөр!
Асқар: Ұрпақтарымыз аман болсын, алла олардың келешектерін жарқын қылсын! Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын, халайық! Шал мен кемпірді керек қылмаса да, біз сол балаларымыз бен немерелеріміздің амандығын тілейміз.
Шал: Ия, Асқар, ұрпағымыз безбүйрек болса да аман болсын.
Асқар: Ия, біздің төрімізден көріміз жақын. Артымызда қалған балаларымыз, немерелеріміз – біздің ұрпақтарымыз аман-сау болсын!