Тастанды бала
3-бөлімді пьеса
Кейіпкерлер:
Айнар- 20 жастағы бойжеткен;
Ғалия – 20 жастағы Айнардың досы;
Жәмила- 20 жастағы Айнардың досы;
Мәди-Айнардың күйеуі;
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Студенттер жатақханасының бөлмесі. Бөлмеде үш төсек. Ғалия, Айнар мен Жәмила оңаша сырласып, сыбырласып отыр.
Айнар: (жылап) Мен екіқабат екенімді енді ғана білдім, аборт жасатуға болмайды, бала үлкейіп кетіпті, енді не істеймін, қыздар?!
Жәмила: Сенің екіқабат болып қалғаныңды біз үшеумізден басқа жан баласы білмейді, сондықтан жұрт білмей тұрғанда бір амалын табу керек.
Ғалия: Менің ойымша, бұл баладан қайткенде де құтылуымыз керек.
Айнар: Қыздар, айтыңдаршы, қалай құтылам, қалай?!
Жәмила: Жә, жылама. Бәрі жақсы болады. Сен Азамат сөзінде тұрып, саған үйленеді деп ойладың, ол болса, сенің жүкті екеніңді ести сала табанын жалтыратты.
Ғалия: Сол жігіт маған о баста ұнамап еді, тым жылпылдап тұрған алаяқтың өзі боп шықты. Өкінішті. Сен сол жігітке сеніп, пәктігіңді бердің, ал ол болса, жайнап өсіп тұрған қызғалдақты жұлып алып, бір иіскеп лақтырып тастағандай, сені тастап тайып тұрды. Сондай опасыз жігіттерді жеккөрем! Алаяқ жігіт!
Айнар: Болар іс болды, бояуы сіңді, бәріне өзім кінәлімін, той болмай оның еркіне көнбеуім керек еді, ал мен оның «үйленем» деген уәдесіне сеніп қалдым, міне, нәтижесі. Енді бұдан былай ешқандай жігітке сенбеспін.
Жәмила: Сонда бір Азаматтың оңбағандығына бола, өмірден бас кешіп, күйеуге тимей, жалғыз өзің өмір кешесің бе? Оның дұрыс емес.
Ғалия: Ия, бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген осы.
Айнар: Қыздар, неге ғана күйдім, сүйдім, сенен басқа ешкім керек жоқ, жазда үйленем дегеніне сене қалдым екен, өзіме де обал жоқ. Адамға сенгіштігімнен опық жеп отырмын.
Жәмила: Айнар, бір жігіттің опасыздығын көріп, бүкіл жігіттерден түңіліп отырсың, оның дұрыс емес. Әйткенмен қазіргі жігіттер жеңілтек болып кеткен, сөзінде тұра алмайды, шетінен өтірікші, суайт, мақтаншақ.
Ғалия: Адам басына түспей ештеме түсінбейді, егер екеуміздің біреуіміз Айнардың орнында болсақ қайтер едік, біз де өстіп, өмірден түңілер едік, Ғалия.
Айнар: Ия, Ғалия дұрыс айтады.
Жәмила: Жә, қыздар! Бір опасыз жігіт кездесті екен деп, бүкіл жігіттерді қаралағандарың жарамайды, жарқындарым!
Ғалия: Басқа жігіттер оңып тұр ма?!
Айнар: Мен саған үйленем деп, ант-су ішіп, қыздар байғұсты зар жылатып, жүкті қылып, тайып тұрады.
Жәмила: Түу, қыздар, қойыңдаршы! Еркек атаулының бәрі бірдей деп пе едіңдер? Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты, олардың арасында да антұрған алаяқтары бірен-саран кездесетін шығар. Ер азаматтың бәріне бірдей қара күйе жағудың қажеті қанша?!
Ғалия: Сен ер-азаматттардың адвокаты болып шыға келіпсің, жүдә. Өзің біреуге ғашық болып қалғаннан саумысың?
Айнар: Ия, Ғалия осы сен соңғы кезде Едігемен жұбың жазылмайтын болды, қолұстасып, судай тасып, біресе киноға, біресе театрға бардық деп жүргендерің, әлде екеуіңнің араларыңда мөлдір махаббат пайда болды ма? Екеуміз доспыз деп, бізді алдаусыратып қоясыңдар, негізінде қыз бен жігіттің арасындағы достықтың махаббатқа ұласуы оп-оңай.
Жәмила: Бізге жасырмай шыныңды айт, ең жақын достармыз. Біздің шындықты білуге құқымыз бар.
Ғалия: Айтсам несі бар, айтайын, Едіге маған жазда үйленуге ұсыныс жасады.
Айнар: Осындай тамаша жаңалықты бізге айтпай қалай шыдап жүрсің, ә?
Жәмила: Бәрін басынан бастап айтшы, қалай болды?
Ғалия: Едіге мені бір көргеннен ұнатып қалыпты, қыздар. Алғаш рет маған қарағанда-ақ көзінен ұшқын атып, қалай қарағаны, естеріңде ме, Айнар, Жәмила?
Айнар: (күледі) Бізге өйтіп қиылып қараған жоқ, саған қалай қарағанын қайдан білейік?
Жәмила: Осы үшеуміз төрт жылдан бері доспыз, мен осы үшеуміздің қайсымыз бірінші күйеуге тиеді екенбіз деп ойлаушы едім, Ғалия биыл жоғары оқу орнын бітіріп, диплом аламыз, ал, сен бірінші болып, жол бастайтын болдың.
Ғалия: Жәмила сен де Жарылғапқа тие салмайсың ба? Байғұс сен десе ішкен асын жерге қояды. Жап-жақсы ер азамат.
Айнар: Жарылғап ұяң, жуас жігіт.
Жәмила: Ой, қойыңдаршы, қыздар. Ол өзі, әлгі орыстар айтпақшы, «не рыба, не мясо» деуші ме еді, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған сүмелек сорлы жігіт.
Ғалия: Жәмила, сен ер-азаматты кемітпе. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген, халқымыздың мақал-мәтелін ұмытпа, күні ертең кәрі қыз болып қалсаң, осы Жарылғапқа тие салмағаным- ай деп зар жыларсың.
Айнар: Ия, дұрыс айтасың, Жәмила. Егер маған Жарылғап сөз айтса, ойланбастан тие салар едім.
Жәмила: Әрине, сен жүкті болып алданып қалып, тығырықтан жол таба алмай отырсың. Сенің орныңда кім болса да сөйтер еді. Алданып қалған қыз арзан шүберек сияқты, кім көрінгеннің аяғына шұлғау болуға жарайды.
Ғалия: Жәмила, Айнарды тұқыртуды доғар! Ол әдейі істеген жоқ, Азаматтың үйленем деген сөзіне сеніп қалғанын біле тұра, Айнардың жанына жара салар сөз айтқаның не?! Қыздар, осындай бос әңгімені қойыңдаршы! Несіне бекерге даурығасыңдар?
Айнар: (жылап) Ия, қыздар, мен тығырықтан шығар жол таппай отырғаным рас. Неге ғана сормаңдай болып тудым екен, одан да сәби күнімде өліп қалғанымда мұндай қорлыққа төзбес едім.
Жәмила: Айнар, мен сені өкпелетіп алдым-ау! Кешір, мені. Аузымнан байқамай шығып кеткенін білмей қалдым, кешірші мені, Айнар.
Ғалия: (кекетіп) Жәмила, айтарыңды айтып алып, кешірім сұрағаныңа жол болсын. Осындай қиын-қыстау кезде досыңа қолдау көрсетудің орнына жер-жебіріне жеттің.
Айнар: (жылап) Достарыма шейін табалап жатыр, мен қандай бақытсыз қызбын! Бүйтіп көрінгеннің мазағына айналып, қор болғанша өлгенім артық еді.
Жәмила: (сасқалақтап) Ей, қыздар, «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөзді ұмытпаңдар, мен досыммен қосылып, қиналып отырмын. Байқамай аузымнан шығып кеткен сөз үшін осынша жазғырдыңдар.
Ғалия: Айтылған сөз – атылған оқ. Шындықты айтқаныңа рахмет, міне, енді Айнарды жәбірлеп, ботадай боздатып жылатып қойғаныңа риза шығарсың, онсыз да не істерімізді білмей отырғанда отқа май құйғандай болдың, Жәмила.
Айнар: (жылап) Мен жоғары қабатты үйдің балконынан секіріп өлем. (алға ұмтылады, екі досы екі жақтап әрең ұстап қалады).
Айнар: (жылап) Бар болғаны Жәмила, ойын жасырмай айтты. Ащы шындық осы, алданған қыздың алды соқпақ, арты құз! Бүйтіп қор болғанымша өлгенім артық. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» демей ме?!
Жәмила: (жылап) Айнар, сенің еш күнәң жоқ, бар болғаны алаяқ жігіттен алданып қалғаның.Кешірші, жаным. (Айнарды құшақтайды)
Ғалия: Осы сенің шайпау тіліңді кесіп алса, шіркін!
Айнар: (жылап) «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», Жәмила жұрт табалайтын шындықты айтты, мен бір шіріген жұмыртқамын!
Жәмила: (жылап) Кешірші, жаным. Байқамай айта салыппын, аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің кері болды.
Ғалия: Бүйткен шындығың құрысын! Аузыңа ие болмайсың ба, Жәмила!
Айнар: Өстіп қор болып өмір сүргенше өлгенім артық, жіберіңдерші мені, қыздар! (қайта терезеге ұмтылады.Екеуі тағы ұстайды)
Жәмила: (жылайды) Осының бәріне мен кінәлімін, байқамай сөйлегенім, аузыма ие болмаған, мына мен жазықтымын, қалай кінә тақсаңдар да орынды, Айнар, сен менің кесірімнен өлсең, мен тыныш өмір сүре алмаймын, одан да, ар азабынан азап шеккенше, сенімен бірге мен де секіріп өлем, Айнар. (Жәмила да секірем деп ұмтылады)
Ғалия: Болды, жетер! Доғарыңдар! «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген, «өлем» деген жаман сөзді қайдан шығардыңдар?! Өмір аққан су сияқты өзгермелі, бүгін қайғырсаң, ертең қуанасың, бүгін жыласаң, ертең күлесің, қит етсе «өлем» деп өрекпитін өлекселерді жеккөрем. Алла бізді адам қылып жаратқан соң, бір күн жарық дүниені көргенімізге тәубе қылып, ұсақ-түйек қиыншылыққа мойымай, алға ұмтылу керек, қыздар!
Айнар: Менің қазіргі жай-күйімді, алаяқ жігіттен жүкті болып, алданып қалғанымды, ұсақ-түйек деп айта алмас едім.Бұл нағыз бақытсыздық!
Жәмила: Әрине, оңай емес, түсінеміз, Айнар. Алайда сабыр сақтауыңды өтінем.
Ғалия: Әрине, «сабыр түбі- сары алтын» деген, не де болса құдай сабырдан айырмасын.
Айнар: Сонда сендердің ойларыңша сабыр сақтап, әкесіз баланы дүниеге әкелуім керек пе?! Жоқ,әлде бүйтіп қарабет болғанша асылып өлуім қажет пе?!
Жәмила: Айнар, о не дегенің?! Өмірде кездескен алғашқы қиыншылыққа төзе алмай өлгенің не? Алла саған жарық дүние сыйлады, мүмкін баланың да көретін жарығы бар шығар, кім білсін.
Ғалия: Ия, Айнар, бұл құдайдың сенің басыңа берген сынағы болар, сол сынақтан сүрінбей өтуің керек.
Айнар: Сонда не істеуім қажет? Әке-шешеме не бетімді айтам? Олар мені мәпелеп өсірді, он екіде бір гүлі ашылмаған қызымыз бар деп, ауылда аңсап сағынып жүр, ал менің күйім мынау! Немесе, ел қатарлы күйеуге тиген емес, не біржола өліп тынған емес, сергелдеңге түсіп, алаяқ жігіттен алданып, сан соққанымды қайдан білсін?!
Жәмила: Жә, Айнар, өмірден түңілме, бар өмірің алда, тек қана бәріміз бірігіп бір амалын тапқанымыз жөн.
Ғалия: Ия, Жәмиланың айтқаны жөн, сен құр бекерге көз жасыңды төгіп, жылай бермей, үшеуміз бірігіп ойланайық.
Айнар: (жылағанын қойып) Оларың жөн екен, орыстардың мақал-мәтелі бар еді ғой, «одно голова –хорошо, две головы лучше» деп, мүмкін сендер тығырықтан шығар жол табарсыңдар, айтыңдаршы, не істеймін, қыздар?!
Жәмила: Менімше, баланы тауып, балалар үйіне өткізіп жіберу керек, Айнар.
Ғалия: Екіқабат екеніңді ертерек білгенде түсік жасатып, құтылғаның жөн еді, енді айы, күні жақындап қалды, тумасқа амалың жоқ. Ал, баланы қайтеміз?
Айнар: Азаматтың әке-шешесіне апарып берсем қайтеді, солардың немерелері. Бақсын немересін.
Жәмила: Олар қабылдамай қойса-ше? Әрбір әке-шеше балаларын сүттен ақ, судан таза деп ойламай ма? «Біздің ұлымыз Азамат мұндай жаман қылыққа бармайды, кімнен тапқаныңды қайдан білеміз?» деп, ат-тонын ала қашар.
Ғалия: Ол да мүмкін, кім баласын алаяқ, жас қыздарды алдап, қашып кетті деп ойлар дейсің?!
Айнар: Іштен шыққан баламды да қимаймын, мен Азаматты шын жүрегіммен сүйдім ғой, сонан соң айтқанына көндім ғой, енді, міне, сеніміме селкеу түсіп, өмірден баз кешіп, отырғаным мынау! Баламды тауып жалғыз басты ана болып, асырап-сақтағым-ақ келеді, бірақ, жұрттың өсегінен қорқамын, әбден басым қатты, қыздар! Не істеу керек?
Жәмила: Бала туа алмай жүрген бейбақтар қаншама! Осы үлкендер «алланың ісіне шек келтірмеу керек» дейді, алайда, баланы керек қылмай қашып кеткен Азамат сияқты алаяқтарға бала беріп, бір шаранаға зар болып жүрген адамдарға неге бала сыйламайды екен?
Ғалия: Бұл ойың күпірлік, Жәмила. Мүмкін бұл бала келешекте анасын алты алашқа мәшхүр ететін керемет азамат болып дүниеге келген болар, қайдан білесің?
Айнар: Мына қазіргі капитализм заманында жалғызбасты ана баласына жоғары білім әпере ала ма? Егер диплом әпергенмен жұмыс тауып бере ала ма?
Жәмила: Айнар, сен қазірден бастап, сарыуайымға салына берме, оптимист бол, сонда бәрі жақсы болады.
Ғалия: Жәмила дұрыс айтады, түбі бәрі жақсы болатынына сенімдімін.
Айнар: Қалай жақсы болмақ, ойлаңдаршы? Егер менің жүкті екенімді білсе, студенттік жатақханадан қуып шығады, солай ма? Солай. Сонда менің барар жер, басар тауым қала ма? Жоқ, әрине.
Жәмила: Мүмкін бұл баладан құтылармыз, ә? Қалай ойлайсыңдар, қыздар?
Ғалия: Сонда қайтуіміз керек? Ойыңды ашып айтшы, Жәмила?
Айнар: Іштегі баладан қайдан құтылам,қыздар?
Жәмила: Қазір медицина дамыған заман. Тамыр-таныс тауып, баланы түсік жасасаң, құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді.
Ғалия: Дәрігерге қаралдық қой, олар «срогы үлкен, ертерек келуің керек еді, енді туғаның жөн» деп шығарып салған жоқ па?! Айтпақшы, бірінші баланы аборт жасатса, өмір бойы бедеу болып қалуы мүмкін деді ғой, сондықтан аборт жасатқан да аса қауіпті. Жасанды түсік жасатам деп, бүкіл келешегіңе балта шабуы ғажап емес.
Айнар: (ашулы) Сонда не істеуім керек?! Сүйдім, күйдім, үйленем деген жігітім қашып кетті, ал мен жалғыз өзім бұл баланы қалай бағып-қағам, ойлаңдаршы, қыздар?
Ғалия: Егер бұл баланы тапсаң, Жәмила екеуміз, әрине, көмектесеміз, мүмкін, тапқаның жөн шығар, ә, Айнар?
Жәмила: Ия, көретін жарығы бар шығар. Жарайды, сүйген жігітің Азамат алаяқ болғанмен күнәсіз сәбидің не жазығы бар, айтшы, Айнар?!
Айнар: Ал, мен әке-шешеме не бетімді айтам, оларды жерге қарата алмаймын. «Біздің қызымыз жоғары оқу орында оқып жүр» деп, үлкен үміт артаып жүрген қыздары қайдағы бір суайт жігіттен алданып, некесіз бала тауып алыпты» деген сұмдық емес пе, қыздар?!
Ғалия: Әрине, солай, Айнар, бірақ, өмір тура жол емес, бұралаң, соқпағы көп, қиындықтары мол, азабы да, ғажабы да жетерлік ұзақ жол. Сол кездескен қиыншылықтарды абыроймен жеңе білсең, мұратыңа жетесің, ал, алғашқы қиындыққа мойынсұнсаң, жеңілгенің.
Жәмила: Ия, Айнар, бұл да бір саған туған - сын сағат.
Айнар: Жұмбақтамай ойларыңды ашық айтсаңдаршы! Сонымен не айтқыларың келіп отыр?!
Ғалия: Менің айтпағым – баланың обалына қалмай туып алсаңшы, Айнар.
Жәмила: Біз үшеулеп жүріп, жұрттан кем қылмай бағып-қағамыз. Үшеуміздің ортақ баламыз болсын.
Айнар: Бұл кукла емес, ия, жансыз қуыршақ емес, кәдімгі тірі бала! Соны неге түсінбейсіңдер. Қалайша туам, кім асырайды бізді, соны ойладыңдар ма? Менің орнымда сендер болсаңдар, қайтер едіңдер. Көлгірсімей шындықты айтыңдаршы, өтінем.
Ғалия: Егер мен сенің орныңда болсам, мен баланы туып, өзім-ақ тәрбиелеп шығар едім. Ал, сен-ші, Жәмила, тек шыныңды айт.
Жәмила: Ой, қыздар-ай, мұндай жайтты құдай басқа бермесін, шынымды айтсам, білмеймін, мүмкін, баласыз біреулерге бере салайын ба, әлде, балалар үйіне өткізем бе, алайда ен жалғыз өзім баланы баға алмаймын, бұл шыным, қыздар.
Айнар: Ақыры, шындықты мойындағаныңа рахмет, Жәмила. Ендеше мен де бала туған соң бас тартам, ал, ауылдағы әке-шешем де ештеме білмей қалады. Ең дұрыс шешім осы. Солай ма, қыздар?
Ғалия: (мұңайып) Өзің біл, алайда кінәсіз баланы жылатпай, бауырыңа басқаныңды қалап едім. Мен саған ықпал ете алмадым, сен Жәмиланы тыңдадың, бәлкім сендердің шешімдерің дұрыс шығар, қайдан білейін. Баланың бұлдыр болашағын ойласам, жүрегім қан жылайды, неткен қатал тағдыр! Жарық дүниенің есігін ашпай жатып, алаяқ әкесі қашып кетті, енді анасы балалар үйіне тастамақ. Сормаңдай жетімек! Мал екеш мал да төлін далаға тастап кетпейді, тіпті жыртқыш аң да бөлтірігін қорғайды, осы адам баласы аңнан бетер азғын болып кеткені ме?!
Жәмила: Жә, сонша таусылғаның не? Өйтіп жаның ашыса, бааланы сен асырап ал, Айнарды қаулаған өсектің, лаулаған отына тастап, балаға жаның аши қалыпты. Одан да Айнарға неге жаның ашымайды?!
Айнар: Қыздар, дауласпаңдаршы. Өзімнің де басым қатып отырғанда сен екеуің дау-дамайды одан сайын өршітіп әкеттіңдер.
Ғалия: Айнар, асығыс шешім қабылдама, әлі де қабырғаңмен кеңес, мүмкін бұл баланың бағы жанып, келешекте үлкен азамат болар, қайдан білесің?!
Жәмила: Болды, жетер, Ғалия! Ділмарсымай жаның ашыса сол баланы өзің асырап ал деп айттым емес пе?! Біреуге ақыл айту оңай, ал, іс жүзіне асыру қиын шаруа.
Айнар: Адам өз басына түспей, басқаның уайым-қайғысын ұға алмайды екен, мен соны білдім.
Ғалия: Сонда түк ұқпайтын топас миғұла менмін бе?! Жәмила екеуің ақылды, данышпан екенсіңдер, ал мен түк ұқпайтын топаспын.
Жәмила: Біз саған олай деп айтқан жоқпыз. Астапыралла, сөзді қалай бұрмалап әкетуге шеберсің! Бар жазығым Айнарды қолдағаным ба?!
Айнар: Екеуің мені қолдап отырған жоқсыңдар, қорлап отырсыңдар, білдіңдер ме?! Сендерден ақыл сұраған мен ақымақ!
Ғалия: Айнар, саған не болған, шабына от тиген асау аттай тулайсың, бар ойымыз – сенің жағдайыңды жеңілдету, қиналғанда көмек қолын ұсыну. Ал, сен болсаң, бізді жау көресің?! Мұның не, Айнар?!
Жәмила: Ия, бар жазығымыз саған жанымыз ашығаны ма? Осыншама шала бүлініп, не болды саған?!
Ғалия: Әйелдер жүкті кезінде тез ашуланып, мінез-құлқы өзгереді дегені рас екен ғой, әйтпесе, Жәмила екеуміздің не кінәміз бар?! Ашулансаң сөзінде тұрмаған жігітің Азаматқа ашулан, бізді жайымызға қалдыр, құрбым!
Жәмила: Жарайды, болды, қыздар! Жетер! Үшеуміз оңашада отырып, ақылдаспақ болып едік, бір-бірімізді кіналағаннан не ұтамыз, одан да мына баладан тезірек құтылудың амалын ойлап табайық.
Айнар: Маған Жәмиланың ғана жаны ашитынын сезем, өйткені, Ғалия жалғызбасты ана болуымды қалайтын сияқты.
Ғалия: Айнар, тыңдашы, мен бар болғаны кінәсіз сәбидің анасының қасында аман-есен өскенін қалап едім, енді сол ізгі ниетіме жазықты болып қалдым ба?!
Жәмила: Егер сен Айнардың орнында болсаң қайтер едің? Соны ойладың ба? Көз жасыңды көлдетіп, күн сайын теледидарда көрсетіп жатқан қыздар секілді, опасыз әкеден туған баланы муссорға лақтырып тастар едің. Мен оны сезіп отырмын, сөйте тұра біреуге ақыл айтқың келеді, әрине, айтуға оңай?!
Айнар: Ия, ақыл айту кез келген адамның қолынан келеді, ал, іс жүзінде бәрі басқа.
Ғалия: Астапыралла! Сонда мен бір туралы тым таяз ойлағандарың өкінішті! Мен бар болғаны Айнардың болашағын ойлап алаңдаймын, ал, сендер, қыздар, мені бекерге айыптайсыңдар. құбыжық көргендерің бе?! Мен неге досыма жамандық тілейді деп ойлайсыңдар, сендердің мен жауларыңмын ба?! Айтыңдаршы, құдайын!
Жәмила: Болашағын ойлағаның сол ма?! Әкесіз бала тауып, жас өмірін құрбан қылып, бір нәресте үшін ел қатарлы күйеуге тимей, бармағын тістеп, өкініп отырсын ба? Сол ма, Айнарға жақсылық тілегенің?! Жоқ, олай болмайды, бұл баладан құтылып, жаңа өмір бастағаны жөн.
Айнар: (Жәмилаға) Шын досым сен екенсің, Жәмила! Келші, бетіңнен сүйейін, ендігі тірегім, сүйенішім өзіңсің!
Ғалия: (кекете қолын шапалақтап) Құттықтаймын, жаңа табыстыңдар! Әйткенмен, әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» дегенді ұмытпаңдар! Бұл баланың болашағына балта шаппаңдар, әлі де ойланыңдар! Кінәсіз баланың көз жасына қалмаңдар! Айырылмас жан достар!
Жәмила: Балада сенің шаруаң болмасын! Сен баланың жайын ойлайсың, ал, досымыз Айнардың жағдайын ескермейсің! Күйеусіз бала тауып, әке-шешесінің бетіне қалай қарайды?!
Айнар: Ия, дұрыс айтасың, Жәмила,досым.
Ғалия: Мейлі, менің пікірім басқа, оған құлақ аспайтындарыңды білдім! Не істесеңлер де ерік өздеріңде!
Жәмила: Баяғыдан бері өстіп шындықты мойындамайсың ба?! Босқа далбасалап, дауласуды қой, біз дұрыс шешім қабылдадық.
Ғалия: (кекете) Оған титтей де күмәнім жоқ!
Жәмила: Кекетпей-ақ қой, қазіргі жағдайда оңтайлы шешім осы- баладан құтылу.
Айнар: (Жәмилаға) Ішімдегі бала емес, маған жабысқан пәле! Бұл пәледен қалай құтыламыз, аборт жасауға срогы өтіп кетті демеп пе еді?!
Ғалия: Жәмила досың данышпан! Бәрін өзі реттейді!
Жәмила: Дұрыс айтасың, Ғалия! Мен бәрін ойластырып қойдым.
Айнар: Жәмила, мен саған имандай сенем, досым!
Ғалия: «Сенген қойың сен болсаң, күйсегеніңді ұрайынның» кері болды, Жәмилаға сенсең жетісерсің.
Жәмила: Ғалия, бұрынғы сыйластықпен қалайық, мені кекете бергеніңді доғар!
Айнар: Жәмиланыкі дұрыс! Аққу, шортан, шаян сияқты үш жаққа тартпай, баладан құтылудың амалын табайық.
Ғалия: Баланы өлтіру - зор күнә. Мені мұндай лас іске араластырмаңдар.
Жәмила:Саған баланы өлтіреміз деп кім айтты?! Баласыз біреуге бере саламыз, сол да сөз болып па? Құтылудың жолы көп, немесе, перзентханада бас тартса да болады.
Айнар: Ғалия, менің екіқабат екенімді үшеуміз ғана білеміз, сен ешкімге айтушы болма.
Ғалия: Айнар, сен мені кім деп ойлайсың?! Бар жазығым-баланы аман-есен босанып, аман-есен тәрбиелеп өсір дегенім бе?
Жәмила: Сол ақылыңды айтпашы, «айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демеуші ме еді?!
Ғалия: Ұқтым, енді аузымды ашпаймын.
Жәмила: Соның дұрыс, әйтпесе, жүйкемізді жұқартып біттің, онсыз да жетісіп отырған жоқпыз, қыздар.
Айнар: Ия, Жәмиланың айтқаны дұрыс, енді маған сенің ақылыңның керегі жоқ, ақылыңа рахмет.
Ғалия: Қыздар, мені соншама жау көргендерің не? Онда менің пікірімді не үшін сұрадыңдар?
Жәмила: Қайдан білейік, Айнарға жаның аши ма десек, тумай туа шөккір балаға ішің езіле қалыпты, әкесі опасыз болғанын өзің жақсы білесің, сондай адамның баласы оңушы ма еді, айтшы?!
Айнар: Ия, дұрыс айтасың, Жәмила. Менің сенген жүрегімді қан жылатып, жүкті екенімді біле тұрып, артына қайырылмастан кете барды. Ондай опасыз жанның баласы қандай болушы еді?!
Ғалия: Түу, қыздар-ай! Іштегі кінәсіз нәресте әкесін қайдан білсін?! Егер ондай әкенің тәрбиесін көрмесе, қалайша оған ұқсап, опасыз, сатқын болады деп ойлайсыздар?! Бұл ақылға қонбайтын тұжырым! Сәби күнінен бастап, анасының ақ сүтін еміп, шешесінің тәрбиесін алған бала тек қана анасына ұқсайды. Сендер әлі тумаған баланы да кіналай бастадыңдар, бұларың дұрыс емес.
Жәмила: Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тек бір алла ғана біледі, оған бола дауласпай-ақ қояйық, Ғалия.
Айнар: Ғалия, мен бір шешімге келдім, енді маған ақыл айтудың қажеті жоқ.
Ғалия: Айнар, Жәмила, түсіндім, байқамай өз пікірімді айтып қалғаныма кешірім өтінемін.
Жәмила: Бізден кешірім сұраудың қажеті жоқ, тек енді бұл іске алдағы уақытта араласпасаң жеткілікті, Ғалия.
Айнар: Ия, Жәмила екеуміз бірлесіп әрекет жасаймыз, сенің көмегіңе зәру емеспін, Ғалия.
Ғалия: Жақсы, түсінікті. Іске сәт, қыздар. Келешекте бұл асығыс шешімдеріңе өкінбейтін шығарсыңдар деген үміттемін.
Жәмила: Оған қам жеме, ешуақытта осы баладан тезірек құтылғанымызға өкінбейміз деген сенімдімін. Айнар, жүр, екеуміз бір жерге барып қайтайық.(екеуі шығып кетеді)
Ғалия: (қамығып) Әттең, мына екеуі мені құлақтарына ілмей, баладан құтылуға асық болып жүр. Мұның соңы не болар екен?! Байғұс бала! Жазықсы нәресте!
2-бөлім
Әсем жихазды үй. Айнар мен күйеуі Мәди екеуі ғана дастархан басында шай ішіп, әңгімелесіп отырады. Екеуі де көңілсіз.
Мәди: Міне, некелескенімізге он жыл болды, екеуміздің бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ, неге екені белгісіз, қандай күнәміз бар екенін бір алла ғана біледі, тәңірім бізді шикіөкпе шаранаға зар қылып қойды. Мен оңашада көп ойландым, менің ойымша екеуміз балалар үйінен бір жетім баланы асырап алсақ қайтеді,Айнар?
Айнар: Білмеймін, әлі де жүкті болып қалам ба деген үмітім бар, тағы да ойланып көрсек қайтеді?
Мәди: (ренжіп) Ойланатын несі бар, Айнар!? Жасымыз болса, мынау, жер ортасына келдік, міне, биыл қырықтың қырқасына шықтық, құрдастарымыздың баласы үйленіп, ел қатарлы немере сүйіп жатыр. Екеуміз даңғарадай екі қабатты коттеджде «ангорка» асыл тұқымды мысық пен неміс овчаркасы мен құмай тазы - екі ит асырап отырмыз, «баласыз үй-қу мазар» деген рас екен, алдымнан «көкелеп» шығатын бір қарадомалақ жоқ, қиын екен. Шіркін-ай, зар болдық-ау, бір қарадомалақ бала-ай!
Айнар: Мен сені түсінем, Мәди. Дегенмен сәл шыдашы, Түркістан жақта жақсы тәуіп бар екен, соған барып қаралайын, қасиетті бабалардың басына барып түнейін деп едім.
Мәди: Осы сен бармаған дәрігер, сен бармаған бақсы-балгер қалды ма? Тым аяғы эко-корпаративке де барып, бекерге ақша шаштық. Солардан титтей нәтиже көріп тұрған жоқпын, бәрі «мен мықтымын» деп көлгірсиді, жеме-жемге келгенде адам жарату олардың қолынан келмейді, емдеймін деп өтірік айтып, ақша алуды ғана біледі, соған әлі көзің жетпеді ме, Айнар?! Саған дауа жоқ екен?!
Айнар: (жылап) Не қыл дейсің маған?! Менің жазығым не?! Ел қатарлы жүкті бола алмай қор болып жүрген жоқпын ба?! Балалар үйінен бала алсақ, тағы жұрттың өсегіне қалмаймыз ба?
Мәди: (ашулы) Сені біздің болашағымыздан гөрі ел-жұрттың өсегі алаңдатады екен ғой, ондай болса, мен сенен айырылысам. Осы шыдағаным жетер! Маған бала таппайтын бедеу әйелдің керегі жоқ!
Айнар: Мені бедеу қатын дедің бе?!
Мәди: Ия, бедеу екенің өтірік пе?
Айнар: (жылайды) Өтірік! Жалған! Мен бедеу емеспін, білдің бе?
Мәди: Ендеше неге елдің қатыны сияқты бала таппайсың? Пұшпағы қанамаған қатынды бедеу дейді, солай, Айнар.
Айнар: Мен бедеу емеспін, бірақ алланың қахарына ұшыраған сормаңдаймын!
Мәди:Соншалық алланың қахарына ұшырайтындай не істеп қойдың, ол жайлы мен неге ештеме білмеймін, ерлі –зайыптының арасында бір-бірінен сыр жасыруға болмайды, айтсаңшы, Айнар?!
Айнар: (жылап) Мен ол туралы саған айта алмаймын.
Мәди: Неге айта алмайсың, айт, қане!?
Айнар: Мәди, мені қинамашы, ол жасырынған сыр, жабылған қазан.
Мәди: Жасырынған сырыңды жайып сал, жабылған қазанның қақпағын аш, сөйт, Айнар. Мен сенің күйеуің ретінде өткендегі жасырын сырыңды білуге қақым бар.
Айнар: (жалынышты) Жоқ, мен ештеме айта алмаймын, қинамашы жанымды, өтінем сенен, Мәди.
Мәди: Сен сол сырды сақтап, жалғыз қиналып жүрсің, одан да екеуміз бірге қиналайық. Біз ерлі-зайыпты болған соң қуанышта бірге қуанып, қайғыны бірге бөлісетін, жақсылықты да, жамандықты бірге көретін адамдармыз.
Айнар: Ия, солайы солай-ау, алайда, жеке адам ретінде менің де жеке басымның қайғысы болады.
Мәди: Жұмбақтамай айтсаңшы, ол қандай жеке басыңның қайғысы?
Айнар: Мен өткен өмірімдегі ұмытқым келген келеңсіз жайттарды қайта жаңғыртқым келмейді, түсінші мені, Мәди.
Мәди: Екеуміз үйленгенде сен бар-жоғы жиырма бір ғана жаста едің, үйлену тойымызда сөз сөйлеген әке-шешең, «он екіде бір гүлі ашылмаған қызымды» алақаныңа салып аяла» дегені әлі есімде.
Айнар: Отасқанымызға тұп-тура жиыр ма жыл болыпты, осы уақыт ішінде ата-енемнің алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеппін. Сенің сағыңды сындырып, салт-дәстүрді сақтамаған күнім болды ма?! Маған неге шүйліге бересің, Мәди? Менің не жазығым бар, бар кінәм –бала таба алмай емделіп жүргенім бе?
Мәди: Ешкім сені айыптап түрған жоқ,Айнар. Мен саған жетім балалар үйінен өзімізге бір бала таңдап алайық деген үсыныс жасадым. Ал, бар мәселе сенен туындап отыр.
Айнар: Қандай мәселе?
Мәди: Мен бедеу емеспін, дәлелдей аламын, бірақ саған сыр ашпаймын деген сөзіңнен сезіктенгенім рас. Менің орнымда кім болса да күдіктенер еді. Солай емес пе? Жасырынбақ ойнамай ашық сөйлесейік, өткен өміріңде не болса да жасырмай айт, мен бәрін кешіруге даярмын.
Айнар: Шынымен кешіре аласың ба?
Мәди: Әрине, жаным.
Айнар: Біртүрлі жүрегім дауаламай түрғаны.
Мәди: Ер-азаматтың сөзіне сенгенің жөн. Мен сені алдамаймын, айт, жаным.
Айнар: (жылап) Айтсам, осыдан жиырма жыл бұрын.(Осы кезде Айнардың достары Ғалия мен Жәмила кіреді)
Айнар: (қуанып, көз жасын сүртіп) Ой, қыздар! Келгендерің қандай жақсы болды. Төрлетіңдер, Ғалия, Жәмила. Мына төргі бөлмеге кіріңдер, бүгін қамығып, өткенді ойлап, бір жылап алдым. Тегі, сендермен оңаша ақылдасқым келіп еді.
Мәди: (күлген болып, қипақтап) Онда мен артық шығармын, сөз сыңайларыңа қарағанда үшеуің менен бірнәрсені жасырып жүрген секілдісіңдер. Солай ма, қыздар?
Ғалия: (күліп) Жоғә, қателесесің. Сенен жасырған сырымыз жоқ. Қаласаң қыз-келіншектердің өсегін тыңдап, төреші бол, біз қарсы емеспіз, солай емес пе, қыздар?
Жәмила: (жадырай күліп) Ия, мен лично қарсы емеспін.
Айнар: Мен де қарсы емеспін.
Мәди: (күлген болып, қипақтап) Сенімдеріңе рахмет, қыздар. Мен әйелдердің әңгімесін тыңдамай кетейін, бір тығыз шаруам бар еді, айып етпеңдер, асығыспын. (кетеді)
Ғалия: Мұның өте дұрыс болды, Мәди.
Жәмила: Ия, кеткені жақсы болды, қатындардың өсегін тыңдап қайтсін?! Ер-азамат емес пе?!
Айнар: (күрсініп) Ғалия, Жәмила, сендер менің ең жақын достарымсыңдар! Сендер менің бүкіл өмірімді жатқа білесіңдер, әсіресе, баяғы студенттік кезде жетім балалар үйіне тапсырған ұлым жайлы да хабардарсыңдар. Сендерден несін жасырайын, бүгін менің күйеуім Мәди жетім балалар үйінен бала асырап алайық деп ұсыныс жасады. Мен сол кезде байқаусызда өткен жайтты айтып қоя жаздадым. Мәди менің бірдемені жасырып жүргенімді сезетін сияқты. Қыздар, айтыңдаршы, не істеуім керек. Мәдиге ағымнан жарылып, күйеусіз бала асырағым келмей, туа салып өз баламнан бас тартқанымды айтайын ба? Әлде жабулы қазан жабулы қалсын деп, сыр сақтаймын ба?
Ғалия: Айнар, сен сол баланың обалына қалдың, мені тыңдамай, екеуің баладан құтылдыңдар. Енді, міне, бір балаға зар болып, Мәди екеуің зарығып отырғандарың мынау!
Жәмила: Жетер, Ғалия! Онсыз да Айнар байғұс жетісіп отырған жоқ, ал сен табалап шыға келдің! Бүйтіп, бала таба алмай қалатынын қайдан білейік?
Айнар: Әттең, сол күн қайта айналып келсе, баламды бауырыма басып, бір сәтте айырылмас едім. Сонда неге Ғалияның ақылын тыңдамадым екен?!
Ғалия: Жәмила екеулерің менің аузымды ашырмай, дәп бір саған жамандық ойлап тұрғандай ренжідіңдер. Шын мәнінде екеуің де күнәсіз баланың обал-сауабын ойламадыңдар.
Жәмила: Ғалия, баяғы әніңе басып, тағы Айнар екеумізді кіналай бастадың. Біз ол кезде жалындаған жас едік, алда не күтіп тұрғанын білмедік. Қайдан білейік, алланың қаҺарына ұшырап, Айнардың бір балаға зар болып қалатынын білсек, үшеулеп жүріп, бір баланы бағып-қағатын едік.
Айнар: Ия, жастықтың әсерімен шалыс бастық, оны мен мойындаймын. Мен сол сәтте ел-жұрттың, және әке-шешемнің алдындағы абыройымды көбірек ойлаппын.Ал, жазықсыз баланы ақ босағаны аттамаған жастығымның, дақталған ар-ұятымның құрбандығы қылып шалыппын.
Ғалия: Айнар, соны ерте бастан айтып түсіндіре алмап едім, енді түсіндің.
Жәмила: Болды, Ғалия! Айнарды табалағаныңды қой!
Ғалия: (армандап) Мен табалап тұрғаным жоқ, өкініп тұрмын. Әттең, өткен күндерді қайта оралтата алсақ қой.
Жәмила: Өткен өмірді оралту - мүмкін емес. Өткен өмірді қазбалай бермей, болашақты болжайық.
Айнар: Ғалия, Жәмила, мен сендермен ақылдасуым керек. Сендер менің ең жақын достарымсыңдар. Сондықтан сендерден ештеме жасыруды жөн көрмедім.
Ғалия: Егер біздің қолымыздан келсе, ақылымызды айтайық, қолдан келмейтін шаруа болса, амал жоқ.
Жәмила: Айнар, айтсаңшы сарғайтпай, әкесі өлгенді де естіртуші еді, сен неге жұмбақтап тұрсың.
Айнар: Жәмила, сабыр сақта, құрбым.
Ғалия: «Сабыр түбі сары алтын, сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» демеуші ме еді.
Жәмила: Түу, Ғалия, ақыл айтудан жалықпайды екенсің. Сені тыңдаймыз ба, ақылдасам деген Айнарды тыңдаймыз ба?
Айнар: (жыламсырап) Бүгін Мәди маған жетім балалар үйінен бала асырап алайық, сен бедеу болып шықтың» деп, бала көтермегенімді бетіме басқандай болды.
Ғалия: Мәди байғұсты түсінем, енді қайтсін, «балалы үй- базар, баласыз үй – мазар».
Жәмила: Түу, Ғалия, жетер! Мақал-мәтелдеп, білгірсімей тыныш отыршы, Айнарды тыңдайық. Құлағымыз сенде, Айнар.
Айнар: Менің есіме бұдан жиырма жыл бұрын жетім балалар үйіне өткізген ұлым түсті, күйеуім мені пұшпағы қанамаған бедеу екен деп ойлайды, соның сөзіне шамданып, сендер келердің алдында шынымды айтып қоя жаздадым.
Ғалия: Менімше, шындықты айтқаның дұрыс.Мүмкін сол ұлыңды қайта тауып аларсың.
Жәмила: О не дегенің, Ғалия. Сүттей ұйып отырған отбасы бұзылсын деп тұрсың ба?! Жиырма жыл бұрын өткізген тастанды баланы біреулер асырап алды ма, оны табу, инемен құдық қазғанмен бірдей. Тіпті, ұлы табылған күнде сәби күнінде жетім балалар үйіне тапсырғанын білетін бала қатігез анасын кешіре ала ма? Сен неге шолақ ойлайсың, Ғалия?! Әлде, «күл болмаса бұл болсын» деген қағиданы ұстап тұрсың ба?!
Ғалия: Жәмила, қит етсе мені дұшпан көріп шыға келесің, баяғыда күнәсіз сәбиді үшеуміз асырап бағып-қағайық дегенде де мені жау тұтқансың. Алыстан жау іздемей, жақыннан жау тапқаныңа таңғаламын, Жәмила.
Айнар: Қыздар, бір-біріңді жазғыра бермей, дауласуды тоқтатыңдар! Қазір ақылдасатын уақыт туды. Мен күйеуіме ақиқатты айтсам, шаңырағым ортасына түсе ме деп қорқам. Не істесем екен, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері болып тұр. (Жылайды)
Жәмила: (күрсініп) Ия, дәл солай болып тұр.
Ғалия: Не де болса, тәуекел қылып, шындықты жайып сал, сенің күйеуің Мәди парасатты, жақсы жігіт. Мүмкін сенің жас күніңде алданып қалғаныңды түсініп, сол баланы тауып алып, екеуіңнің шаңырағың шаттыққа толып, ұлды боларсыңдар.
Жәмила: Ия, жиырма жастағы жетім балалар үйінде өскен бала, Мәди мен Айнарға, «О, менің қымбатты әкем, тумай жатып туа шөккір деп, жетім балалар үйінде көзімді жәутеңдетіп тастап кеткен ардақты анам» деп, құшағын жайып, қарсы алар деп ойлайсың ба?
Ғалия: Кім біледі, алда не болатынын болжаудың өзі өте қиын шаруа. Алайда, жақсылыққа сеніп, тәуекел жасауымыз керек.
Жәмила: Ия, айтуға оңай!
Ғалия: Қазіргі уақытта Айнар мен Мәди бір балаға зар болып отыр. Өткендегі ісіне өкініп, қойнында жатқан күйеуіне баяғыда өткен өмірінің шындығын айтса несі айып?
Жәмила: Түу, саған дауа жоқ екен, Ғалия. Баяғы әуеніңе бастың, қыз күнінде бала тапқанын, ол баланы шырылдатып, жетім балалар үйіне өткізгенін білсе, Мәди сол күні-ақ Айнарды тастап, басқа қыз іздейтініне күмәнім жоқ. Сен соны қалайсың ба, Ғалия?!
Ғалия: Жоғә, астапыралла!
Жәмила: Ендеше неге шындықты айт деп шырылдайсың?
Ғалия: Ерлі-зайыптының арасында жасырын сыр болмау керек.
Жәмила: Айтқан жауабының түрін қара! Моралист! Гуманист! Коммунист!
Ғалия: Жәмила, сонша өрекпігенің не? Мен бар болғаны өз ойымды ортаға салдым.
Айнар: Жәмила, бәлкім Ғалия дұрыс айтып отырған шығар, шындықты жасырмай жайып салғаным дұрыс болар ма екен? Мен сендер біздің үйге келердің алдында болған жайтты айтып қоя жаздадым. Енді ғана баяғыда жетімдер үйіне өткізген балам туралы айтуға оқталғанда сендер келіп қалдыңдар.
Ғалия: Айнар, дұрыс істегенсің, айтуың керек.Егер Мәди сені шын жүрегімен сүйсе, кешіретініне сенімдімін.
Жәмила: Ешуақытта кешірмейді! Егер Мәди Айнардың бұл қылығын кешірсе мұрнымды кесіп берейін!
Ғалия: Адамгершілігі мол азамат кешіруі мүмкін, тәжірибесі жоқ, ауылдан келген, аңқау, жас қыздың алданып қалуы табиғи құбылыс. Мәдидің түсінігі мол жігіт.
Жәмила: О баста айтпаған жайтты үйленгеніне жиырма жыл өткен соң айтып, Айнар арандап қалуы мүмкін. Мұндай жасырын сыр «жабулы қазан жабулы» болып, мәңгі-бақи құпия болып қалуы керек, әйтпесе, мұндай жағдайды білсе, Мәди бірден айырылысады, сөйтіп, Айнар досымыз баласыз, байсыз қалуы ғажап емес.
Ғалия: Ия, Жәмиланыкі дұрыс, о баста отбасын құрғанда айту қажет болатын. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» демей ме?
Жәмила: Арада бақандай жиырма жыл өткенде өткен жайтты бықсытпай, Айнар аузын жауып, тыныш отыру керек.
Ғалия: Әй, қайдам.
Жәмила: (күрсініп) Менің Айнар досыма жаным ашиды, онсыз да бір балаға зар болып мұңайып жүргенде, енді күйеуі Мәди тастап кетсе не болмақ?!
Ғалия: Туысқандардың бір баласын асырап алсаңдар қайтеді?
Айнар: Оның реті болмады. Мәди жетімдер үйінен бір бала алайық деп отыр.
Ғалия: Мәди дұрыс айтады, ел қатарлы бала сүйіп, «балалы үй базар» демекші, отбасын сақтап қаласыңдар.
Жәмила: Ия, мен бұл жолы Ғалияға қосылам, күйеуіңнің ойын қолда, сөйтіп, өткендегі күнәңді жууға мүмкіндік аласың, бір жетім баланың сауабын аласың.
Ғалия: Әйтеуір ортақ бір шешімге келдік-ау.
Жәмила: Көп соза бермей іске кірісіңдер, қырық бестен асқан соң бала бермейтін заңы бар, қазір сендер қырықтан астыңдар, нағыз бала асырап алатын дер шақтарың.
Айнар: (қуанып) Ой, менің ең жақын достарым! Сендер болмасаңдар қайтер едім, уайым-қайғыға батар едім?! Енді, міне, күйеуім Мәдиге айтар жауабым дайын, мен жетім балалар үйінен бала асырап алуға әзірмін. Өткен жайтты айтуға жүрегім дауаламап еді, айтып үлгермегенім жақсы болыпты. Мәди ашуланып, мені тастап кетер ме еді, кім білсін. Енді бала асырап алуға келісімімді беремін, сөйтіп, құда да тыныш, құдағи да тыныш, балалы үй базар болып, бақытты ғұмыр кешетін болдық.
Ғалия: Шіркін, біз ойлағандай бола қойса ғой.
Жәмила: Несі бар, бәрі дұрыс болады, оған күмәнің болмасын.
Ғалия: Жәмила, мен өйтіп кесіп-пішіп айта алмаймын, өйткені ерте ме, кеш пе шындық ашылып қалса қайтеміз?
Жәмила: Ылғи қара көзілдірік киіп алған, қара ниет адамдай жаман ойлап тұратының қалай? «Жақсы сөз - жарым ырыс» демеуші ме еді, ендеше неге Айнарды қорқыта бересің? Жаңа ғана көңілі жайланып, көңілдене бастап еді, сен тағы қайдағы жоқты айтып шошыта бересің.
Ғалия: Жәмила, мен де досымызға жақсылық тілеймін, бірақ өтірік көлгірсімей, шындықтың түбі бір ашылатынын ойлап алаңдаймын. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген дана сөзді ұмытпа.
Жәмила: Өлә! Сонда мен сеніңше өтірік көлгірсіп жүр екенмін ғой, солай ма, Ғалия?!
Ғалия: Жоғә, мен тегі сенің сөзіңе орай жауап беріп едім. Мәселе сенің көлгірсуіңде емес, мәселе түбі ақиқаттың ашылуында.
Жәмила: Баяғы жастық шақтағы Айнардың Азамат деген суайт жігіттен алданып қалғанын сен айтпасаң, мен айтпасам, күйеуі бал ашып біле ме?!
Ғалия: Әрине, білмей қалуы да мүмкін, кездейсоқ біліп қалуы да әбден мүмкін.
Жәмила: Осы баяғы пәлсапаңды қойшы, айналайын. Сне нағыс коммуниссің! Ешкім ештеме білмейді, ол баяғыда ұмытылған жайт. Болды, осымен бұл әңгімеге нүкте қояйық.
Ғалия: Жарайды, айтқаның болсын.
Жәмила: Осы жақын подругаң пәлсапашыл қырт болса қиын екен ғой.
Ғалия: Мен бе қырт дегенің?! Сенің ойыңша мен қыртпын ба?!
Жәмила: (Айнарға қуланып көзін қысады) Кешір, өзім туралы айтып отырмын, сен түсінбей қалдың, Ғалияш.
Ғалия: Е, бәсе.
Жәмила: (сағатына қарап) Қой, кетейік, кеш батыпты. Үйде балалар күтіп отыр.
Ғалия: (асығыс сөмкесін ұстап) «Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» дегеннің кері, ертең студенттерден емтихан алуым керек, жұмыс бастан асады.
Жәмила: (орнынан ұшып тұрады) Менің балам ертең ЕНТ тапсырады, ал, менің отырысым мынау!
Ғалия: Айнар, ешқандай уайымдама, бәрі жақсы болады.
Жәмила: Е, міне, енді сөзің түзелді. Әйтпесе, Айнардың басына қара аспанды төндіріп, қайғыға салып қойдың.
Ғалия: (жаратпай) Осы сен-ақ менің әрбір сөзімді аңдып тұрады екенсің. Сен жанымда жүргенде, алыстан жау іздеп керегі жоқ.
Жәмила: Сонда жау жаныңда жүр демексің бе?! Мен бе сенің жауың?!
Ғалия: Түу, қалжың түсінбейтін адам екенсің.
Жәмила: Орыстар айтпаушы ма еді, «каждой шутке есть доля правды» деп, ойнасаң да ойлап сөйле, Ғалия.
Айнар: Қыздар, дауласқанды қойыңдар. Қане, беттеріңнен сүйейін, жан достарым! (екеуінің бетінен сүйеді)
Ғалия: Айнар, сау бол, жаным.
Жәмила: Кездескенше.
Айнар: Қолдарың тигенде жиірек келіп тұрсаңдаршы, сендер екеуің сағындырып барып, бір айда бір-ақ рет келесіңдер.
Ғалия: Бала-шаға, жұмыс, бітпейтін тіршілік!
Жәмила: Ия, балалардан қол тимейді.
Айнар: Қыздар, түсіндім. Баласы жоқ іші пысатын мен екенімді білдім.
Ғалия: Астапыралла, қалай сөзді бұрып ала қоясың?!
Жәмила: Ондай ойлан аулақпыз. Сөз реті келген соң жағдайымызды айтқанымызға айыпты болып қалдық па?
Айнар: Кешіріңдер, қыздар. Баламның жоқтығы қабырғама батып жүр. Бөтен ойларың жоқ екенін білем, кешіріңдер, қыздар.
Ғалия: Ештеме жоқ, жақында сен де балалы боласың.
Жәмила: Ия, жетім балалар үйінен бала алған соң бізді тойға шақыр.
Айнар: Әрине, шақырам, қыздар.
Екінші бөлім
Мәди мен Айнар дастархан басында жайбарақат шай ішіп отыр. Осы кезде теледидардағы жиырма жастағы жас жігіт сөйлейді.
Бейтаныс жігіт: Мені анам туа салысымен жетімдер үйіне өткізіп, баласынан бас тартыпты. Қазір жасым жиырмада. Менің арманым мені туған биологиялық анамды бір көргім келеді. Ол қандай адам? Неге туған баласынан бас тартты? Деген сұрақтарға жауап іздеп таппадым.
Мәди: Бұл жігіттің анасы қандай қатігез адам?
Айнар: (күрсініп) Қандай жағдайда бас тартқанын қайдан білеміз. Өшіріп тасташы, Мәди.
Мәди: Жоқ, көрейік, Айнар. Осындай ақылды, сымбатты жігітті көзі қиып, қалай тастап кетті екен?
Бейтаныс жігіт: Жетім балалар үйінен ескі құжаттарды ақтарып жүріп анамның аты-жөнін әзер таптым. Менің анамның Аты-жөні Елубаева Айнар Жүсіпқызы екен.
Мәди: А, не дейді! Тура сенің аты-жөніңе ұқсайды екен. Міне, қызық!
Айнар: (шайға қақалып, кесесін түсіріп алады, құлап бара жатып) Мынау, менің ұлым ба, Мәди?!
Мәди: (Айнарды сүйемелеп) Саған не болды, Айнар? Жиырма жастағы жігіт қалайша сенің ұлың болады!? Сен маған тұрмысқа шыққанда жиырмадан жаңа асқан, он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыз едің?
Айнар: (басын көтеріп жылайды) Бұл менің ұлым, Мәди.
Мәди: (ашулы) Айнар! Не деп тұрсың? Жиырма жастағы жігіт қалайша сенің сенің ұлың болмақ? Әлде менен бұрын күйеуге тиіп пе едің?!
Айнар: (жылап) Жоқ.
Мәди: Ендеше неге менің ұлым дейсің, түкке түсінсем бұйырмасын. Айнар, құдай үшін түсіндіріп айтшы.
Айнар: Мен әлдеқашан бұл туралы саған айтуға сан рет оқталғам, бірақ аузым барып, айтуға батылым жетпеген.
Мәди: (ашулы) Жұмбақтамай түсіндіріп айтсаңшы! Демек, менен бұрын тұрмысқа шыққаныңды, бала тапқаныңды осы күнге дейін жасырып келген екенсің ғой. Бүгін, міне, аяқ астынан «рогатый муж» болып шыға келдім, тамаша жаңалық! Тамаша! Адам айтса нанғысыз жаңалық! Ке-ре-меееет! Ке-ре-мееет!
Айнар: (өтініп) Айқайламай, тыңдашы мені, Мәди.
Мәди: (кекетіп) Құлағым сенде, айтарыңды айта бер! Жиырма жыл бойы алдап келген «рогатый» күйеуің не айтсаң да сенуге даяр.
Айнар: (жылап) Құдай ақы, сені алдайын деген ойым болған жоқ, Мәди. Бәрі ойламаған жерден болды.
Мәди: Біз жиырма жыл бойы бір шаранаға зар болып жүрсек, сен баяғыда-ақ норманы асыра орындап, туған балаңды жетім балалар үйіне өткізіп тастап, түк көрмегендей жүріпсің ғой, мына байғұс бала теледидар арқылы сенің аты-жөніңді айтып іздемесе, көкек ана екеніңді мүлде білмейтін едік. Ия, Айнар, мен сенен мұндай жағдайды күтпеп едім!
Айнар: Құр бекерге кекетіп-мұқата бермей, маған түсіндіріп айтуға мұрсат берші, Мәди.
Мәди: (кекете) «Рогатый» күйеуіңізді кешіріңіз, құлағым сізде, Айнар ханым.
Айнар: Мен ол кезде бар болғаны он тоғыз жаста, әлі оң-солымды танымаған жас едім.
Мәди: Бәрекелді! Міне, қызық! Он тоғыз жаста күйеуге тиіп үлгерген екенсің ғой, құттықтаймын, Айнар ханым. Бұдан бұрын білмегеніме «рогатый» күйеуіңіз ретінде ғафу өтінемін, Айнар ханым!
Айнар: (өтініп) Мәди, сайқымазақтағаныңды қоя тұршы, жаным. Бұл менің өмірімдегі ең бір қайғылы жай болатын, ал, сен ол жайлы білмей жатып, мені күлкіге айналдырғың келеді. Ғалия «шындық түбі ашылады, күйеуің Мәдиге түсіндіріп айт» деп, дұрыс айтқан екен. Ақымақ басым енді ғана түсіндім.
Мәди: Сонда мен өмір бойы алданған «рогатый» еркек болдым ғой, солай ғой, Айнар?! Ғалия досың «Мәдиді алдамай, шыныңды айт» десе де маған жақ ашпадың, солай ма?
Айнар:( ашулы) Ия, дәп солай! Мен сенен шындықты жасырдым, яғни айтуға аузым бармады.
Мәди: (ұшып тұрып, ыдыс-аяқты сындырып) «Қолмен істегенді баспен көтер» демеуші ме еді, сен неге мені алдадың!?
Айнар: (қыстығып) Мен сол алаяқ жігіттен алданып қалған кезімді, қатты қиналғанымды, сол сұмдық жайтты мүлде ұмытқым келген, бірақ, ұмыта алмадым.
Мәди: Одан да «мен жиырма жыл бойы ұмытсам да, қазіргі уақытта үлкен жігіт болған ұлым ұмыта алмады» десеңші!
Айнар: (жылап) Мәди, мені мазақтап қылжақтағанды қойсаңшы! Маған осының бәрі оңай тиіп тұр дейсің бе?
Мәди: (ашулы) Сен жас кезіңде бәрін бүлдіріп қойып, мені жиырма жыл бойы алдап келдің! Осы қылығың адамгершілікке жата ма, айтшы, Айнар?!
Айнар: (жылап) Әрине, мен сенің алдыңда кінәлімін, кешір, Мәди.
Мәди: (ашулы) Бұл кешіруге болмайтын жағдай! Сен мұны түсіне аласың ба, Айнар?!
Айнар: (жылап) Мен алаяқ жігіттің сөзіне сеніп қалдым ғой, бар жазығым сол ғана.
Мәди: (ашулы) Ал, баланың жазығы не? Айтшы, Айнар? Баланы неге жетім балалар үйіне тапсырдың? Енді сенің ұлың анасын кешіре алар ма екен?
Айнар: (жылап) Мен ел-жұрттан, әке-шешемнен ұялып, осындай қадамға бардым.
Мәди: (ашулы) Ақ некеге тұрмай жатып, ол жігітпен бірге болуға ұялмадың ба?
Айнар: (жылап) Мен со алаяқ жігіт Азаматтың уәдесіне сеніп қалдым.
Мәди: (ашулы) Енді ұлыңның алдында қалай ақталасың?
Айнар: (жылап) Шындықты айтам. Кешіре ме, кешірмей ме, өзі білсін.
Мәди: (ашулы) Маған да жасырмай шындықты айтуың керек еді.
Айнар: (жылап) Ия, айтқым келген, бірақ жеме-жемге келгенде батылым бармады. Сен мені кешіре алмай ма, сенен айырылып қалам ба деп қорықтым.
Мәди: (ашулы) Енді жиырма жыл өткен соң неге шындықты айтып отырсың?
Айнар: (жылап) Айтпасқа амалым қалды ма?
Мәди: (ашулы) Түсінікті. Егер мен кездейсоқ бейтаныс жігіттің аузынан сенің аты-жөніңді естіп қалмасам, ақиқатты әлі де жасыратын түрің бар ғой, солай ма?!
Айнар: (ашулы) Солай! Енді шындықты білдің, айырылысам десең мен қарсы емеспін, енді маған бәрібір. Қорқып мың күн өмір сүргенше, шындықты айтып бір күнде өлгенім жақсы екенін енді түсіндім. Баяғыдан бері жас күнімде алаяқ жігіттен алданып қалғанымды, баламды жетімдер үйіне өткізгенімді, бар сырымды сенен жасырмай айтуым керек екен. «Мәдиге шындықты айт» деген Ғалияны бекер тыңдамаппын. Енді өкінгеннен не пайда? «Болар іс болды, бояуы сіңді», Айырыласам десең қарсы емеспін, мен сенің алдыңда кінәлімін, бекерге жасырыппын, «ерте ме, кеш пе, бәрібір шындық ашылады, жасырмай Мәдиге айт» деген Ғалия досымды жау көріппін. «Ештеме айтпа» деген Жәмиланы дос көріппін, сөйтіп, тағы қателестім. Мені кешір, айрылыссақ та дос болып қалайық. Қырықтан астық, жиырма жыл тату-тәтті отастық, саған ризамын, Мәди.
Мәди: (сасқалақтап) Сен тегі, бәрін кесіп-пішіп, менімен айырылысуға бел будың ба? Менің ойымды қаперіңе алмай, жалғыз шешімге келуіңе не себеп? Әлде менен көңілің қалды ма? Әрине, мұндай тосын жағдайда кім болса да ашуланады, мен де ет пен теріден жаратылған қарапайым пендемін. Ызаланып артық сөйлеген шығармын, сенің көңіліңе келердей ашу-ызамды төккен болармын. Енді қайтейін, жиырма жыл бойы жасырып келген ұлыңды теледидардан көріп, есімнен танып қала жаздадым. Алайда, мен сенімен айырылысатын ойым жоқ, екеуміз заңды некелесіп, жақсы-жаман бақандай жиырма жыл бойы ерлі-зайыпты болып, өмір сүріп келеміз. «Бедеу әйелді тастап, басқа қызға үйленсеңші» деген, талай арамза әзәзілдер болған, бірақ, мен сені жақсы көріп үйленгендіктен ешкімді тыңдамадым, жүрегімнің қалауы сен болғандықтан бәріне шыдадым. Енді аяқ астынан ұлды болғанымызда біз неге айырылысамыз, айтшы, Айнар?!
Айнар: (күмілжіп) Ол баланың әкесі жоқ қой.
Мәди: Неге жоқ, екеуміз отбасымызға қабылдап, жиырма жыл бойы мейірім көрмей өскен ұлымызға бар мейірім жылуымызды төгеміз.
Айнар: (таңданып) Мәди, сен тағы мені мазақтап тұрсың ба?!
Мәди: Айнар, ешқандай қалжыңдап тұрғам жоқ. Бұл жігіт екеуміздің баламыз болады. Мен солай шештім.
Айнар: (жылап, күйеуін құшақтайды) Мәди, сен қандай жақсы адамсың! Ал, мен жиырма жыл бойы шындықты айтпай, сенен жасырып сыр сақтап келдім, сол қылығым үшін жерге кірердей ұяттан өртеніп барамын. Кешірші мені, жаным!
Мәди: (қатаң) Жарайды, кешірдім, бірақ бұдан былай қайталанбайтын болсын! Ерлі-зайыптының арасында мұндай жалған айтудың түбі жақсылыққа апармайды, соны жадыңа ұста, Айнар!
Айнар: Ұқтым, жаным.
Мәди: Ұққаның өзіңе жақсы.
Айнар: Сен менің жиырма жыл бойы жараланған жүрегімнің жарасын бүгін емдеп шыққаныңды білесің бе, Мәди?
Мәди: Жарайды, уақытты создырмай жиырма жыл бойы әке-шешенің жылы құшағын сағынған баламызды тауып алайық.
Айнар: Ойпырмай, ұлымыз туған анасының бұл қылығын –өрескел қателігін кешіре алар ма екен?
Мәди: Егер кешіре алмаса, тапқан анасын іздемес еді.
Айнар: Ия, демек ұлымыз кешіретін шығар деп үміттенем.
Мәди: (екеуі қолұстасып шығып кетеді) Айнар, тез, болсаңшы.
3-бөлім
Жиырма жастағы жас жігіт Әділбек анасын құшақтап, бетінен сүйеді. Айнар дауыстап жылайды, Мәди ұлын құшақтайды. Бөлмеде үшеуі дастархан басына келіп отырады.
Айнар: Айналайын, ботақаным! Көзім қиып, жетім балалар үйіне қалай тастап кеттім екен! Аман-есен ержеткеніңе қуаныштымын, құлыным! Кешірші мені, балам.
Мәди: Әділбек ұлым, анаңды кешір. Мен де Айнардың білместігін кешірдім.
Әділбек: Сонда қалай, анам сізге айтпай мені жетім балалар үйіне өткізіп жіберген бе, әкетай?
Айнар: (жылап) Солай десе де болады, балам. Әкең сені теледидардан көріп қана білді, жиырма жыл бойы сенің жарық дүниеге келгеніңді жасырып келдім. Мен күнахар әйелмін.
Мәди: (Мәдиді құшақтап) Әкетай, анамыз сені де алдады ма?
Әділбек: Ия, балам. Алайда, жиырма жыл бойы мені алдағанына қарамастан мен анаңды кешірдім. Жақын адамдарыңның қателігін кешіре білген дұрыс, өйткені, пендешілік жасап, көп қателесеміз, егер бір-бірімізді кешіре алмасақ не болар еді, соны ойладың ба, балам.
Әділбек: Ия, әке, сіз дұрыс айтасыз, мен сізді жақсы түсінем, мен жетім өскенде көп ойландым, ақыры, мынадай шешімге келдім, қандай қателік жасаса да анамды кешіруіме тура келеді, өйткені, әке-шешенің жылы сөздерін, анаңның аялы алақанын сағынады екенсің. Жетім балалар үйінде өскен балалар қатал мінезді болады, себебі оларды ешкім аяп, әдемі ойыншықтар сатып әперіп, тәтті-дәмді тамақтар пісіріп, маңдайынан сипап еркелетпейді. Үлкен балалар әлімжеттік қылып, жас балаларды ұрып-соғып, қолындағысын тартып алады, сөйтіп, қиналып өскен балалар да кейінгі жасөспірімдерге әлімжеттік жасайды. Ал, он сегіз жасқа толған соң жетім балалар үйінен шығарып, кейбіреуіне ғана үй беріп, қалған жетім балалар үйсіз, күйсіз қаңғып қалады. Осы әділеттік пе, әке, айтыңызшы?
Мәди: Әрине, әділетсіздік. Жетім балалар кәмелеттік жасқа толған соң үкімет қамқорлық жасап, тұрғын үймен қамтамасыз ету керек.
Әділбек: Міне, осылай үйсіз, күйсіз далада қалған балалар ішерге ас таппай, киерге киім таппай, қылмыс жасап, темір тордың аржағынан барып, бір-ақ шығады.
Айнар: Ал, сол жетім балалардың ішінде барша қиындыққа шыдап, жақсы азамат болып ержететін жігіттер де бар шығар.
Мәди: Әрине, бар ғой, біздің Әділбекті көрмеймісің, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, парасатты азамат.
Айнар: (өкпелеп) Әкесі мен ұлы тез арада тіл табыса кетті, ал мен далада қалдым.
Мәди: (күліп, көңілді) Ұл бала әкеге жақын болады, егер қыз тапсаң анасымен тез тіл табысар еді.
Айнар: Демек, маған қыз табу керек екен ғой?
Мәди: Ия, дәп солай. «Ымды түсінбеген дымды түсінбейді» демекші, сен енді ғана біздің тұспалдап айтқанымызды жақсы түсіндің. Солай ғой, Әділбек?
Айнар: (күліп) Қарай гөр, ұлы екеуі қосылып алып, маған ақыл айтатын болыпты.
Мәди: Ия, анашым, маған қарындас тауып берсеңіз, өзім қамқор болар едім.
Айнар: Жарайды, ұсыныстарыңды түсіндім, Мәди, Әділбек, біраз ойланып көрейін.
Мәди: Ойланатын уақыт жоқ,Айнар.
Айнар: Екеуің қосылып алып, маған бұйрық беретін болыпсыңдар.
Мәди: Бұл бұйрық емес, өтініш.
Айнар: Мәди, Әділбек, дастарханға келіңдер, шай ішейік.
Мәди: Әділбек ұлым, сен жоғары оқу орнына түсуің керек.
Айнар: Алдымен Әділбектен сұрап көрейік, жоғары оқу орнында оқығысы келе ме екен?
Мәди: Әрине, біздің ұлымыз жоғары білімді азамат болғысы келеді, солай емес пе, балам?
Әділбек: Ия, мен әкем сияқты заң қызметкері болғым келеді.
Айнар: (қолын шапалақтап) «Талаптыға нұр жауар», жарайсың, ұлым!
Мәди: (Әділбекті құшақтап) Балам, мен өкінішке орай сенің биологиялық әкең емеспін, алайда, мен сені туған ұлымдай жақсы көрем, келші, балам.
Айнар: Туған әкең Азамат деген жігіт. Өкінішке орай, атына заты сай емес екен, жиырма жастағы жас қызды- яғни, менің екіқабат екенімді естіген күні-ақ қашып кеткен, содан бері хабарласпай кетті.
Мәди: Ал, анаң ел-жұрттан күйеусіз бала тапқанын жасырып, сен туа салысымен жетім балалар үйіне өткізіп жіберіпті. Бұл туралы мен кездейсоқ білдім, сен «менің анамның аты-жөні Айнар Жүсіпова» деген кезде теледидар көріп отырып, инфаркт бола жаздадым, өйткені, Айнар екеуміз жиырма жыл отассақ та бір балаға зар болып жүрдік. Сен туралы анаң маған ештеме айтпай жүріпті, бәрі бір-ақ күнде белгілі болды.
Айнар: (жылап) Ия, мен жиырма жыл бұрын жалған намыспен, жастықтың әсерімен кешірілмес күнә жасаппын, оны енді ғана түсіндім, ұлым.
Мәди: Мен Айнарды түсініп кешірдім, ал, сен анаңды кешірдің бе?
Айнар: Кешір мені, балам.
Әділбек: (екеуін құшақтап) Анашым, әкетайым, мен сендерді баяғыда-ақ кешіргем, енді әке-шешемді тапқаныма қуаныштымын.
Мәди: Біз баламызды жиырма жылдан соң аман-есен тапқанымызға аллаға мың рет шүкірлік айтамыз.
Айнар: Тағдыр бізді қайта табыстырды.
Мәди: Әділбектей ұлымды тапқан тағдырыма ризамын.
Әділбек: Ал, менен бақытты адам жоқ, бір кездегі жетім балалар үйінде өскен, бірауыз жылы сөз естімеген жатбауыр бала, енді, міне, әке-шешемді тауып, бақыт құшағына бөлендім.
Айнар: (үшеуі құшақтасып) Жоғалтқан бағымды қайта тапқандай күй кешіп тұрмын. Қыздар, ешуақытта сәбилеріңді тастамаңдар, балалар- біздің болашағымыз. Мен сияқты қателік жасап, кейін өкініп қалып жүрмеңдер, қыздар, қымбатты құрбыларым.
Мәди: Жігіттер, менің әйелім Айнар сияқты қыздар екіқабат болып қалса, оған сендер де жауаптысыңдар. Қорқақтық жасап, жүкті қыздан қашып кетпей, адамгершілігі мол азамат болыңдар, өйткені, сендердің қандарыңнан жаратылған балалар жетім болып, жәутеңдеп қалмасын, жігіттер! Қыздарды алдап кетіп, басқамен бақытты бола алмайсыңдар, жігіттер!
Айнар: Ия, судың да сұрауы бар. Баламды жетім балалар үйіне тапсырып, алланың қахарына ұшырап, жиырма жыл бала көтере алмадым. Менің қателігімді қайталамаңдар, қыздар! Ия, жесір ана, жетім бала болмасын, халайық.
Әділбек: Жетім балаларды тастап кетпеңдер, аяулы аналар!
Мәди: (үшеуі құшақтасып, хормен) Жетім бала, жесір ана болмасын, жігіттер, ер-азаматтар!
Қыран