Аспан патшалығындағы бір күн
- О, қандай керемет! Сенің кілемшең менікінен де жылдам ұшады екен, - деді Жандос қызығушылығын жасыра алмай.
- Иә, менің кілемшем өте жылдам және биік ұшады, - деген Айбол маңғаздана сөйледі.
- Айбол ол патшалықта біз бұрын болған жоқпыз ғой.
- Иә, бізді онда кім күтіп тұр?
- Мен қорқамын, - деп балалар даурығыса бастады.
- Қорықпаңдар. Ол патшалыққа ең бірінші мен барғанмын. Мен. Онда менің жаңа досым бар. Бізді сол күтуде. Жарайды. Онда қорықпайтын боламыз, - десті балалар қайта көңілдене түсіп.
- Айбол, Айбол, кілемшең тым биік көтерілуде. Не болды?
Жандос Айболды түрткілей бастады.
Балалармен ойнап отырған Айбол:
- Оған бола алаңдамай-ақ қой. Менің кілемшем өте-өте биік ұшады. Одан да бері кел, бізге қосыл, - деді.
Кілемше ақша бұлттар үстінде қалықтап ұшып барады. Алыстан мұнарланып әлдеқандай бір белгісіз патшалық көріне бастады. Балалар өздері бағыт алған патшалық сол болуы керек деп топшылады. Уақыт өткен сайын кілемше жылдамдығын үдете түсті. Алыстағы патшалық та жақындай берді.
- Ал, балалар, қазір жерге қонамыз, абайлаңдар, - деген Айболдың дауысы естілді.
- Мәссаған! Мынау патшалық керемет қой. Сен өткенде баяндаған жабайы адамдар патшалығына ешбір келіспейтін секілді, - деп Елемес басын шайқады.
- Мұнда қыс тәрізді. Аздап жаураған сияқтымын. Марат айналасына таңырқай қарады.
- Мүмкін, мен жоқта қыс түсіп кеткен болар. Шынында ғажап болып тұр. Өткенде жабайылардың патшылығы дейтіндей қорқынышты, әрі лас еді. Айболдың өзі де әлденеден секем алған тәрізді
- Неге тұрмыз? Бізде уақыт аз емес пе? Жүріңдер, аралап көрейік. Кілемшенің сиқырлы күші түнгі сағат он екіні соққанда жойылады. Сондықтан асығайық, - деді Жандос өзіне қажетті заттарын қоржынына салып жатып. Балалар өздеріне белгісіз патшалықтың бейтаныс көшелерімен жүріп келеді. Көшенің екі шетінде орналасқан ғимараттар, көз тартарлық құрылыстар бар еді. Кейбір көшелерден жүргіншілер де байқалады. Түр-келбеттері Жер патшалығының тұрғындарынан ешбір өзгешеленбейді. Содан болар Айбол бастаған топқа ешқайсысы үңіліп те қарамады. Кезекті бір кездескен жолаушыдан Айбол осы патшалықтағы досының мекен-жайын сұрамақ болып:
- Ммм, қымбаттым. Айтып жібермес пе екенсіз? Тұрпайылар көшесі, қоқыс пен лас көшесінің қиылысы, 51 үй қай жақта? – деді. Жолаушы жауап бермеген күйі Айболдың бетіне үн-түнсіз қарап қалды. Содан соң барып:
- Кешіріңіз, қымбаттым. Біздің патшалықта ондай көшенің аты түгіл елесі жоқ, - деп үн қатты.
- Қалай? Бұл «Жабайылар патшалығы» емес пе?
- Жо-жоқ. Бұл патшалық – Аспан патшалығы. Айып етпессіз. Шаруам көп еді. Мен кетейін, - деді жолаушы.
- Адасты деген осы болар. Енді не істейміз?
- Ашуланба, Марат. Бұл патшалықтың тұрғындары мейірімді сияқты. Жүріңдер, аралап көрелік.
Балалар бірінші жолыққан үйдің есігін қақты. Көп күттірмей есік ашылды.
- Қош келдіңіздер, - деген жіңішке, әрі нәзік кішкентай қыздың дауысы естілді. Бірақ ешкім көрінбеді.
- Мұнда адам жоқ. Кетейік, қорқынышты ғой, - деп Марат артқа шегінді.
- Мұнда адам бар! Сіздер мені көріп тұрған жоқсыздар. Өйткені, мен кішкентай ғанамын, - деген қыздың дауысы шықты.
Балалардың көзі табалдырықта тұрған бойы ұршықтың бойындай сұлу қызға түсті.
- Үйге кіріңіздер, - деді ол есігін айқара ашып. «Іздегенге сұраған» дегендей, көзді ашып-жұмғанша балалар үйдің ішіне кіріп үлгерді.
Елемес бойына батылдық жинап, сөз бастады:
- Ал сізге не болған? Мыстан кемпір сиқырлап тастады ма? Қайдан біліп қойдыңыз? Расында да солай, - деген қыз алмаларды үстелге қарай домалата бастады.
- Қалай сиқырлады? Айтып беріңізші, - деп балалар жамырай түсті.
- Мен осы патшалықтың патшасының баласына тұрмысқа шығатын едім. Патшаның қол астында мыстан кемпір қызмет атқаратын. Ол менің сұлулығымды қызғанып сиқырлап тастады. Ал енді оның қызы патшаның ұлының жары атанғалы отыр. Қыз ақырын ғана күрсінді.
- Есіміңіз кім, - деді Елемес әңгімеге араласып.
- Менің есімім – Айшуақ. Өздеріңіз жайлы сөз етпейсіздер ме?
- Біз Жер патшалығынанбыз. Жабайылар патшалығына барамыз деп осында тап болдық. Бұл патшалық бізге беймәлім, - деді Айбол. Ойланып отырған Жандос басын жылдам көтеріп, балаларға күлімсірей қарады:
- Айшуақ, біз сізге көмектесе аламыз. Солай емес пе, балалар? – деп Жандос балаларға қарады да, жалма-жан қоржынының аузын ашуға асықты.
- Міне, мынау ғажайып таяқшамен сізді бұрынғы қалпыңызға келтіреміз, - деп өзінің сиқырлы таяқшасын көрсетті. Таяқты әрі-бері сермеп, аузын жыбырлатып, белгісіз бір тілде әлденелерді күбірлей бастады. Кенеттен әлгі құртақандай қыз сұлу бойжеткенге айналып шыға келді. Балалардың өз көздеріне сенуден басқа амалы қалмады. Айшуақ өзіне бұрынғы таңғажайып сұлулығы орнаған соң көңілденіп:
- Балалар, сендерге алғысым шексіз. Көп-көп рахмет! Ал енді осы жақсылықтарың үшін сендерді Аспан патшалығына саяхат жасауға шақырамын.
- Иә, иә, - десіп балалар жамырай жөнелді.
- Бірақ, - деді де Айшуақ күмілжіп қалды.
- Не болды? – деп Жандос Айшуаққа үрейлене қарады.
- Бірақ бүгін патшаның ұлы мыстан кемпірдің қызына үйленсе, онда біздің мына бейбіт патшалығымызды мәңгілік түнек басады, - деді жыламсырап.
- Сағат бір болды. Айбол балаларға қарап, қолындағы сағатын көрсетті.
- Біздің түнгі он екіге дейін әлі біраз уақытымыз бар емес пе? Айшуаққа тағы көмектессек артық етпес еді, - деді Елемес. Балалардың барлығы бір ауыздан келісті.
- Ал онда сарайға кеттік пе? – деді Жандос орнынан тұрып.
- Жо-жоқ, балалар. Жоқ. Ең бірінші кезекте осы маңда тұратын сиқыршы кемпірге баруым керек.
- Неге? Ал ол бізді де сиқырлап тастаса?
- Жоқ, балалар, мен бармаймын, - деді Айбол.
- Бармасаң, қала бер. Тіпті «Жабайылар патшалығындағы» досыңа ұшып барып келсең де болады, - деді досының қылығына ұялған Марат.
- Жарайды, жарайды. Барамын. Айболдың беті қызарақтап, Маратқа іштей кіжініп те алды.
Сонымен балалар тылсым құбылыстарға толы Аспан патшалығын мекен еткен сиқыршы кемпірге аттанды.
Тық, тық, тық. Балалар кемпірдің есігін қақты. Сиқыршы кемпірдің үйінің есігін кербезденген мысық ашты.
- Бұл кім екен? – деді балаларға қарап.
- Бұл мен - Айшуақпын. Әже үйде ме?
Кербез мысық Айшуаққа бір, балаларға бір қарап, бастан-аяқ шолып шықты.
- Әй, Маркиз. Кімдер ол менің түскі ұйқымды бұзған, - деген әжейдің қарлыққан жағымсыз үні естілді.
- Ммм, Айшуақ сұлу мен Жерден келген қонақ балалар ғой, - деді Маркиз пырылдап. Мысықтың сөзі аяқталмай жатып-ақ сиқыршы кемпір есікке жетіп келді. «Мынау Айшуақ па, әлде басқа ма?» дегендей Айшуақтың бетіне ұзақ үңілді. Әжейдің түрі тым қорқынышты еді. Балалар тіпті оған қарағысы да келмеді.
- Кір, Айшуақ. Балалар, сендер де үйге кіріңдер.
Балалар босағадан аттай бере-ақ үйге кіргендеріне өкінді. Үйдің іші лас, аяқ алғысыз. Ал үй ішіндегі жағымсыз иіс барлық бөлмеге тарап кетіпті.
- Қане, балалар, жайғасыңдар. Айшуақ, сен де отыра ғой, - деді сиқыршы кемпір.
Балалар кір-кір дивандардан жиіркенсе де, сонда отыруларына тура келді.
- Айшуақ сұлу, қандай бұйымтаймен келдің? Айта ғой. Осы кезде Маркиз бәріне шәй таратып үлгерді. Шәйдің өзі жуылмаған стаканға құйылған секілді. Елемес стакандағы шәйдан өзінің келбетін көріп шошып кетті.
- Ей, балалар. Менің шәйімде әлдебіреу отыр. Қорқынышты, маған қарап сөйлеуін доғарар емес. Кетейікші, - деді кенеттен айқайлап.
Оқыс шыққан дауыстан бәрі Елемеске қарады. Ал содан соң барлығы шәйларына үңілді. Одан кейін барлығы:
- Біздің шәйіміз де біреу отыр, - деп шулай бастады.
Айшуақ, әрқайсысының стаканына бір қарап, орнына отырды да, шыдамай күліп жіберді.
- Айшуақ, неге күлесің? Әлде сен бізді мазақ еткің келе ме? – деді балалар.
- Жоқ, балалар. Мүлдем олай емес. Сендердің стакандарыңда отырған адамдар өз көлеңкелерің ғой. Айшуақ қайта күлді.
- Қалай? – деп Елемес стаканына тағы қарады. Өзін таныған болу керек.
- Менің түрім осынша қорқынышты ма? – деді ол.
Балалар Айшуаққа қосыла күлді де, аздан соң өздерінің әбестіктеріне ұялып, топ-томаға күйде отыра қалды. Арада біраз уақыт өтті. Сиқыршы кемпір Айшуақ бастаған балаларға өзі ойластырған шым-шытырық жоспарын түсіндіруде. Нақ осы сәтте кемпірге қарау мүмкін емес-ті. Оның толассыз сөйлеуінің себебінен аузы теңіздің көбігіндей көпіріп кеткен еді.
- Төрт, - деп айқай салды Елемес. Елеместің шәйінде тағы да адам отыр деп ойлаған балалар:
- Елемес, төрт адам отыр ма стаканыңда? – деп қайта күле бастады.
- Жоқ, балалар. Сағат. Сағат төрт болды.
- Не? Не дедіңіз, - деген Маркиз Елемеске көзін аларта қарады да, ес-түссіз құлап қалды.
- Балалар, оған сағат жайлы айттым демеңдерші, - деді сиқыршы кемпір.
Балалар жауап қатпады.
- Сендер не істедіңдер? Менің Маркизіме «сағат» сөзі жақпайды. Естідіңдер ме? Ал енді менің үйімнен тап «Жабайылар патшалығына» ұшып кетіңдер, - деді одан сайын екілене түсіп. Балаларға дәл осы сөз керек болғандай далаға жүгіре шықты.
- Маркизге «сағат» сөзі неге жақпайды екен, - деді Марат.
- Мүмкін, Маркиздің сағатқа қатысты жайсыз оқиғасы бар шығар, - деді Айшуақ.
- Тек Маркиз деп айтпаңдаршы. Маған бұл сөз жақпайды, - деді Жандос. Бәрі ду күлді. Барлығы патша сарайына жақын келді. Патша сарайы өте әсем ғимарат еді. Ұзын мұнаралары Күнге қол созғандай-ақ екен. Сарай қақпасының алдында жасауылдар тұр. Бүгінгі думанды тойға жұрт ағылып келіп жатыр. Бір кезде Айшуақтардың да кезегі келді. Патша сарайының қызметкеріне лайық киінген жасауыл:
- Есімдеріңізді атауларыңызды өтінемін, - деді сыпайылық танытып. Балалар кезекпе-кезек:
- Жандос, Елемес, Марат, Айбол, Айшуақ, - деді.
- Жандос, Елемес, Марат, сіздер кіре беріңіздер. Ал сіз екеуіңізге кіруге рұқсат жоқ, - деді жасауыл.
- Неге? Неге оларға болады, бізге болмайды, - деді Айбол.
- Себебі, біздің нұсқауда әліпби бойынша «А» әрпінен басталатын есім болса, оған кіруге қатаң тыйым салынған. Егер «А» әрпінен соң «Й» әрпі келсе онда да болмайды. Ал «Ай»-дан кейін «Ш», «У», «А», «Қ» келсе мүлдем кіргізбейміз, - деп жауап қатты жасауылдардың бірі.
- Ал мен кірем, кіргізбесең сені тышқанға айналдырып жіберем, - деді Айбол.
- Айналдыра алмайсың, - деді жасауыл да қасарысып.
- Өзің сұрадың, ала ғой, - деп Айбол оны сиқырлы таяқшасының күшімен кішкентай сұр тышқанға айналдырып жіберді.
- Не деген керемет! Үйдегі мысығыма Аспан патшалығынан тірі ойыншық апаратын болдым. Ал кеттік, балалар, - деді Айбол сөзін жалғастырып.
- Жоспар бойынша мыстанды шыны құтының ішіне тығып, «Жабайылар патшалығына» ағызып жіберуіміз керек, иә? – деді Марат сарай ішіне кірген соң.
- Иә, айтпақшы, Айшуақ. Сен барып той көйлегіңді кие берсең де болады. Жылдамдат. Әйтпесе сені мыстан кемпірдің көріп қоюы әбден мүмкін, - деді Елемес.
- Жандос, анау мыстан кемпір емес пе? – деп Айбол алба-жұлба киінген әжей жаққа нұсқады.
- Тап соның өзі! – Жандос қоржынынан шыны құтысын алып, әжейге қарай беттеді.
- Сәлеметсіз бе, әжей? – деді балалар мыстанға. Мыстан оларға біраз қарап:
- Сәлем, сәлем! Мені «әжей» деп атайтындай кәрімін бе? Тым болмаса, «бикеш» десеңдер болмады ма? – деп өкпелеген сыңай танытты.
- Кешіре көріңіз. Сіз он бестегі бойжеткендей сұлусыз. Маған көмектесіп жіберіңізші, - деді Жандос.
- Жарайды, бір жолға ғана.
- Мына шыны құтыға үлкен адам сыяды дейді, меніңше өтірік сияқты. Ал сіз кіре алмайсыз ба?
- Ой, бұл оп-оңай шаруа ғой, - деді де мыстан кірпік қаққанша құты ішіне кіріп кетті. Ал Жандос әп-сәтте құтының қақпағын жауып үлгерді.
- Сау болыңыз, мыстан әжей, - деді Айбол.
- Кеттік, енді мыстанның қызын ұстайық. Олар той көйлегін киіп алған мыстанның қызының қасына келді.
- Сәлеметсіз бе, бикеш? Сіздің анаңыз Ғаламдағы ең керемет шаһарға ұшып кетті.
- Қайда? Менің де керемет шаһарға барғым келеді, - деді мыстанның қызы.
- Бірақ қазір сіздің тойыңыз емес пе? – деп Елемес мысқылдай сөйледі.
- Иә, солай сияқты. Той кейінге қала тұрса да болады. Ал менің керемет шаһарға барғым келіп тұр, - деді мыстанның қызы.
- Онда мынаған кіруіңізді өтінем, - деп Жандос шыны құтыны нұсқады.
- Бұл не нәрсе? – мыстанның сұрықсыз қызы шыны құтыны алғаш көргендей таңғалыс танытты.
- Бұл әлемдегі ең жылдам зымыран, — деді Айбол жерден жеті қоян тапқандай қуанып.
- Солай ма? Онда мен анама кеттім, - деп мыстанның қызы балалар кірпік қаққанша шыны құтыға кіріп жоқ болды.
- Сау болыңдар, мыстандар! Сендерге «Жабайылар патшалығы» ұнайды деп ойлаймын, - деп Айбол жымиды.
- Не деген ақымақ өзі?! Тіпті, ойланбастан кіріп кетті ғой, - деді Елемес өзіне-өзі күбірлеп.
- Елемес, балалар, қараңдаршы. Айшуақ! – деген Мараттың жарқын дауысы естілді. Патша жиналған қауымға өзінің жалғыз мұрагері мен сұлу Айшуақтың тойына келгендеріне алғысын білдірді. Айшуақ ханзаданың қасында тұрды. Ханзаданың да түр-келбеті келісті екен. Екеуі қатар тұрғанда жарасымды жұп болып шыға келді.
- Айшуақ, той көйлегі саған құйып қойғандай екен, - деді Марат.
- Балалар, сендерге мың алғыс. Бүгінгі тойдың ең құрметті қонағы өздеріңсіңдер, - деп Айшуақ ұзын кірпіктерін қағып-қағып қойды.
- Ал менің қарным ашты, - деген Елемес сөзге килікті.
- Қарның ашса тамақ жей ғой. Анда толып тұр. Осы кезде Марат:
- Балалар, сағат... , - дей беріп еді. Балалар оның аузын жаба қойды.
- Не болды? – деді Марат сыбырлап.
- Олай айтпа, Маркиз мысық есінен танып қалса не істейміз?
- Бірақ ол мұнда жоқ қой, - деді Марат қайта дабырлап.
- А, иә, айтпақшы, солай екен ғой. Сен не айтпақ едің?
- Білмеймін, ұмытып қалдым, - деді Марат кібіртіктеп.
- Есіме түсті, сағат 23:35. Біз қайтпаймыз ба? – деп Марат Жандосқа бұрылды.
- Не? – деп балалар шулап қоя берді.
- Ал онда кеттік, жүгірдік, - деді Елемес.
- Айшуақ, сау бол! Біздің кетуіміз керек, - десті балалар.
Түнгі аспанда ұшқыш кілем зымырап барады. Жұлдыздар да балаларға «сау болыңдар» дегендей жымыңдауда.
«Аспан патшалығындағы бір күніміз қандай тамаша болды!» деген ой кілемше үстіндегі әр баланың санасында еді. Әрбірі Ғаламның таңғажайыбына тамсанып, қиялдың тұңғиына батып кеткендей.
- Қызық, - деді Айбол кенеттен осы үнсіздікті бұзып.
- Не? Не қызық?
- Келесі жолы «Жабайылар патшалығына» барамыз деп қайда тап болар екенбіз? – деген Айбол әлдебір ойдың жетегінде.
Ал ұшқыш кілем түнгі кеңістікте сапарын жалғастырып, келесі қызықты уақиғаны бастан кешуге ұшып бара жатты...