Менің күшігім Ақтөс, және қызыл тракторым
Бес жастағы кезім. Аулада кеудесінде ақ төбелі бар итім бар, менің соңымнан қаламай томпаңдап жүгіріп жүреді. Бұл күшікті маған көрші үйдегі құрдасым Шерхан берген. Содан бері алғашқыда сүт беріп, кейіннен нан беріп, өзіме етене жақын болып үйреніп кетті. Енді менен бір елі қалмайды, қайда барсам да көлеңкемдей еріп жүргені. Кейде зекіп қоям.
—Ақтөс, бар, үйге бар, маған ерме, мен балалармен бірге суға түсуге барам,—деп, әкем сияқты балаң дауысымды көтеріп, жекіре айтам, бірақ ол менің ақырғанымды құйрығына қыстырмайды, селтеңдеп алдыма түсіп жүгіреді. Амалсыз балалармен бірге жүре берем, күшігім Ақтөс алдымызға түсіп томпаңдайды.
—Ақтөс, Ақтөс, келе ғой,— деп, балалар қызық көріп сипалайды, ал, ол болса басқа балаларға жоламай, маған келіп құйрығын бұлғаңдатып, аяғыма оралады.
—Қарай гөр Ақтөс иесін жақсы көреді,—деп, көрші қыз Гүлназ таңғалып, тәмпіш танауын тартып қояды. Ал, мен болсам кішкентай сүйкімді күшіктің емес, бүкіл әлемнің билеушісіндей маңғаздана тіл қатам.
—Әрине, иесін танымағанда таниды, әрине, —деп, Ақтөстің арқасынан сипалап қоям, ол болса менің қолымды жалап, құйрығын бұлғаңдата шаттанады.
—Ақтөс ақылды ит болады, өйткені Ақтөсті Еруханға мен бергем, ал, менің итім әкем жұмыстан келгенде арсалаңдап алдынан шығып, аяғына оралады,—деп, Шерхан менің күшігім туралы біраз ақпарат беріп, бұл күшікті маған сыйлағанын айтып, мақтанып қалды.
—Тағы осындай күшік болса маған береңші,—деп, Серік қызыққанын жасыра алмады.
—Маған біреуін бер.
—Маған да күшік керек,—деп, иттері жоқ балалардың барлығы Шерханға жалынды. Ал, Шерхан болса, дүниенің кілті қолында тұрғандай бәлсінді.
—Жарайды, ойланып көрейін. Айтпақшы, Серік кеше маған бір уыс кәмпит беріп еді, алдымен саған бір күшік берем,—дегені сол, басқа балалар қолдарындағы барын Шерханға ұсына бастады.
—Шерхан, құрт жейсің бе? Апам жасаған тәтті құрт.
—Алма берейін, алсаңшы, Шерхан.
—Мына қызылға бояған асығымды саған сыйлайын,—деп, балалардың барлығы жапатармағай Шерханды жарылқап тастады. Ол жүзі жадырай күлімдеп, «бар байлықты» қалтасына салып, маңғаздана уәде берді.
—Жарайды, күзде итім күшіктеген соң бәріңе бөліп берем.
—Біз осы жерде жиырма бір баламыз. Күшіктер бәрімізге жете ме?—деп, қызыл асық сыйлаған Ерден сұрап еді, балалардың барлығы жауап күтіп, Шерханға қарады, ал, ол болса сасар емес.
—Жетеді, әрине. Бәріңе күшік берем,—деп, айнала қоқиланып қарап қойды. Мен «Шерхан, сенің итің бес—алты күшік қана күшіктеуші еді ғой» деп, айтпақшы едім, көрші досымның сенімді жауабынан кейін үндемей қалдым. Көз алдыма шүпірлетіп жиырма бір күшік тапқан Шерхан досымның иті елестеді. Сөйтіп, суға түсіп, Ақтөсті де суға түсіріп, оның жағаға жүзіп шыққанын көріп, бәріміз мәз болып, кеш қарайғанда бір—ақ үйге қайттық. Ертеңінде шырт ұйқтап жатқам, талтүсте бір—ақ тұрыппын. Үйге қонаққа анамның туысқандары қонаққа келіпті, ұлдары Сейіт менен бір жас үлкен екен, «алты жаста мектепке бірінші сыныпқа баратын болдым» деп, менің әлі мектепке бармайтынымды, бес жастан жаңа асқанымды біліп, маған мұрнын шүйіріп менсінбей қарады. Алайда, аулада жүгіріп жүрген Ақтөсті бірден ұнатты, үйден нан алып шығып беріп, мойнынан сипап, айналшықтап жанынан шықпады. Мен де күшігімнің жақсы қасиеттерін айтып мақтанып жатырмын.
—Менің Ақтөсім суда балықша жүзеді, өте ақылды. Бір жаққа барсам, ылғи ілесіп барып, бірге қайтамыз.
—Бұл күшікті қайдан алдың? Маған да осындай күшік керек,—деп, Сейіт қызығушылық танытты.
—Бұл күшікті көрші досым Шерхан сыйлаған, ол күзде иті күшіктегенде басқа достарымызға да күшік үлестіріп беретін болды,—деп, соңғы жаңалықтарды айтып жатырмын, сол арада Сейіт жұлып алғандай мынадай ұсыныс жасады.
—Ерухан, сен күзде Шерхан досыңнан басқа күшік аларсың, мына Ақтөсті маған берсеңші,—дегені.
—Жоқ, болмайды, мен Ақтөсімді ешкімге бермеймін, ол иесін жақсы танитын ит.
—Жарайды, көрерміз,—деп, апасына барып, әлдене айтып жатқан, мен оған мән бермедім. Сол күні туысқандар біздің үйде қонып, ертеңгі автобуспен көрші ауылға кететін болды. Сейіт екеуміз бір төсекте жаттық, мен оған көпке дейін Ақтөстің ақылды қылықтары туралы айтып жатып, қатып ұйықтап қалыппын. Таңертең талтүсте бір—ақ ояндым. Сейітпен бірге келген туысқандардың барлығы таңғы автобуспен көрші ауылға кетіп қалыпты.
—Ерухан балам, тұрдың ба? Шайыңды іш, қалқам,—деп, апам дастарханға шақырып шай берді Апыл—ғұпыл шайымды іше сала, бір тілім нан алып, Ақтөсіме асықтым. Сыртқа шықсам, әшейінде арсалаңдап келіп аяғыма оралатын күшігім көрінбейді.
—Ақтөс, кә, кә, келе ғой, нан берем. Ақтөс, Ақтөс!—деген дауысымды естіп, есік алдына аулада күшігімді іздеп жүрген мені көріп, апам жайбарақат жауап берді.
—Ерухан жаным, күшігіңді іздемей—ақ қой, мен оны Сейітке бердім, кешеден бері апасына айтып, қыңқылдап қоймады, көңілін қимай бере салдым. Саған басқа күшік табылар,—деп, түк болмағандай менің кекілімнен сипап қояды. Апамның тамырлары бадырайған тарамыс қолдарын итеріп тастадым.
—Апа! Менің Ақтөсімді неге бересің?! Мен кеше Сейіт сұрағанда «бермеймін» деп айтып едім ғой,—деп, жылап жібердім. Көзімнен бұршақтай жасым домалап, тағы айқайладым. –Сейіт сұмырай қайда тұрады? Айт маған, қазір автобуспен барып, Ақтөсімді алып келем! Қай ауылда тұрады, қазір барам!—деп, автобустар тұратын аялдамаға жүгіргем, апам артымнан ақ жаулығының астынан шашы қобырап, кең етекті көкала көйлегінің етегіне сүрініп—қабынып қоса жүгірді.
—Ерухан, алтыным, тоқташы, жаным. Сейіттер алыста тұрады, оған барудың өзі қиямет—қайым. Тоқташы, құлыным,—деп, екі қолын жайып, сүрініп құлап еді, мен алды—артыма қарамай одан сайын құлдыраңдап, шыбын—шіркейдей жүгіре түстім. Ақыры, маған жете алмасын біліп, апам көрші Шерханды жұмсады.
—Шерхан балам, басқа күшік берем деп, Ерухан досыңды райынан қайтаршы, жаным. Мә, ала ғой,—деп, оюлы пүліс қамзолының қалтасына тыққан кәмпитін бір уыс қылып бір—ақ Шерханға ұстатты.
—Қазір, апа. Мен Еруханды қуып жетейін,—деп, бір уыс кәмпит алған ұзынтұра Шерхан күс—күс жалаңаяғымен сидаңдап, менің соңымнан тез арада—ақ қуып жетті.
—Ерухан, тоқта! Мен Шерханмын ғой, тоқташы, шаршап қалдым,—деп,келте танауы делдиіп, шаршап-шалдығып ентігіп тоқтады.
—Мен Ақтөсімді іздеп барамын, Сейіт деген бала мен ұйқтап жатқанда алып кетіпті, оңбаған! Мен ұйқтап жатқанда күшігімді алып кеткенін көрмеймісің, көрсетем мен оған!—деп, кіжініп кішкентай жұдырығымды түйіп, —Мен ұйқтап қалмағанда бермейтін едім,—зар—мұңымды айтып, қайтадан сүп—сүйкімді секіріп жүрген, екі құлағы селтиген күшігім есіме түсіп, ботадай боздап еңіреп жылай бастадым.
—Мен саған одан жақсы күшік берем, жылама, досым,—деп, көзімнің жасын кір—кір қолдарымен сүртіп еді. Біреу мүсіркеген соң одан сайын көңілім босап, одан сайын езіліп, солқылдап жыладым.
—Ақтөсім! Қайдасың?! Ақтөсімді сағындым, ол қазір мені іздеп жүгіріп жүрген шығар, —деп аңырадым.
—Жылама, Ерухан. Мен саған Ақтөстен жақсы күшік берем, білесің бе, мен ең алдымен саған ең жақсысын таңдап берем,—дегені. Мен жылағанымды бір сәт кілт тия қойып, Шерханға балалық сенгіштікпен жәудірей қарадым.
—Шын жақсы күшік бересің бе? Шерхан, ол күшікті қашан бересің?
—Жақында итім күшіктегенде саған ең алдымен жақсысын таңдап берем, ант етейін, досым.
—Сен нағыз доссың, Шерхан, әкел қолыңды серттесейік, —деп, қолымды ұсындым. Екеуміз қол алысып, апам Шерханға берген кәмпитті жеп, үйге қайтып келдік. Дегенмен апама деген өкпем жуық арада тарқамай, көпке дейін апама өкпелеп жүрдім. Әкем менің көңілімді көтергісі келіп, ертеңіне қып—қызыл ойыншық трактор сатып әперді. Күшігімді ұмытып, қызыл тракторымды балаларға көрсетіп, қайтадан мәз—майрам болып қалдым. Әкем күшікті ұмытсын деді ме, тағы бір—екі ойыншық машиналар сатып әперді, соның ішінде өзіме қатты ұнағаны –қызыл трактор. Құм тасып, балалармен бірге ойнаған соң, тап—таза қылып сүртіп, көзімнің қарашығындай сақтап жүргем. Біз аудан орталығында Қорғалжында тұратынбыз. Ал, менің күшігімді алып кеткен Сейіт алыс түкпірдегі шағын ауылда тұратынын естігем. Күз келіп, оқушылар мектепке форма киімдерін алып, абыр—сабыр болып дайындалып жатқан кез. Сейітті ертіп апасы тағы біздің үйге жетіп келіпті. Сейітті көргеннен ашу—ызам ұстады.
—Менің күшігім қайда? Кет, біздің үйден! –деп, бала дауысыммен ақырып едім, апам күліп, менің сөзімді жуып—шайып жатыр.
—Бала емес пе? Өткенде Сейітке қалаған күшігін берген күні, Ерухан ояна салып күшігін іздеп әлек болды. Сейітті көрген соң күшігі есіне түсіп кеткен ғой, баламысың деген. Ерухан, қой, ботақаным. Ежелден келген қонаққа «кет» деуге болмайды, әрі Сейіт сенің бөлең болады, қазақтар «төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату» деп бекер айтпаған, құлыным,—деп, мені ақылға шақырып жатыр. Сейітке қыр көрсетіп, қызыл тракторымды көрсетіп, тілімді шығардым. Ол менің тракторымды көріп, қайтадан қызығып көзі жайнап кетті.
—Мен ойнап көрейінші, қандай әдемі трактор, Ерухан берші, көрейін, —деп жармасты. Ол қызыққан сайын бауырыма басып, алыстан жылтыңдатып көрсетіп, әбден қызықтырдым. Апам тағы Сейіт жақ бола қалыпты.
—Менің Еруханым ақылды, Сейітке ойнауға тракторын бере салады,—деп өтірік қолпаштайды. Ересектер жабыла үгіттеген соң біраз уақыт ойнауға беріп, қайтадан сүртіп тазалап ұйықтайтын бөлмемдегі кереуетімнің астына тығып қойдым. Мен қызыл тракторымды кереуетімнің астына тығып жатқанымда Сейіт қызғанышпен қадала қарап қалған. Сол күні Сейіттер дүкеннен мектепке баратын иыққа салатын сөмке, мектеп формасын алып, тағы біздің үйге қонып қалды. Сейіт тағы менің балаларға арналған кішкентай бөлмемде қатар ұйықтады. Ұйықтап жатқанда қызыл тракторымды алып кетпесін деп, көзім ілінгенше тракторымды көзімнен таса етпей, қолыммен сипалап жатып, қайтадан қатып ұйқтап қалыппын. Күн жарқырап шығып, бөлме жап—жарық болып кетіпті. Сейіт апасымен бірге әдетінше ерте тұрып кетіп қалыпты, неге екені белгісіз тұра сала қызыл тракторымды іздедім. Орны тып—типыл, жоқ. Өз көзіме өзім сенбей кереуеттің астында жылжып кетті ме деп, еңбектеп түгел сипалап шықтым. Түк жоқ, жылан жалағандай тап—таза. Бала жүрегім әлденені сезгендей қорқып, су ете қалды.
—Тракторым қайда?! Қызыл тракторым! –деп, баж ете қалдым. Осы кезде апам кіріп келіп, мені тағы жұбата бастады.
—Сейіт тракторыңды көріп, қатты қызығыпты. Таңертең тракторды бермесе мектепке бармаймын деп, апасына лаң салды, амалсыз Сейітке сыйлауыма тура келді. Құлыным, сен ақылды баласың,—деп, маңдайымнан сүймек болды, жұлқынып сыртқа тұра ұмтылдым.
—Сейіт қайда, мен одан күшігімді де, тракторымды да тартып алам,—деп, ауылдың көшесіндегі майда топырақты шаңдатып, автобустың аялдамасына қарай құйындай ұштым. Мені күтіп тұрсын ба, аялдамада Сейіт те, апасы да жоқ болып шықты. Мен ары жүгірдім, бері жүгірдім, ақыры таппайтыныма көзім жеткен соң шаң топыраққа сылқ етіп, отыра кетіп зар еңіреп жыладым. Осы уақытта артымнан қуып келген апам мені құшақтап, айналып—үйірілді.
—Құлыным, мен зейнетақыма сатып әперейін, қай дүкенде қызыл трактор бар екен? Жүрші, құлыным,—деп, тартыншақтағаныма қарамастан қолымнан сүйрелеп, дүкенге кірдік. Әрине, менің қызыл тракторым ол жерде жоқ екен. Маған түк ұнамаса да пластмассадан жасалған кішкене машина мен танк сатып әперді. Екеуін де қолыма ұстатпақ болып еді, мен өкпелеп, лақтырып тастадым. Апамның өзі себетке салып, біраз кәмпит сатып алып, мені жұбатпақ болды. Ендігі рет Сейітті көрместей болып, қатты жеккөріп кеттім.
—Мен Сейітті жеккөрем. Сейіт енді біздің үйге келмесін,—деп, жер тепкілеп, әбден шаршағанша жыладым. Сөйтіп, төсегімде жылап жатып ұйқтап қалыппын. Таңертең тұрсам, бөлменің іші жап—жарық болып, сыртта тауықтың қыт—қыттаған дауысы естілді.
—Құлыным тұрдың ба? Жүр, шайыңды іш,—деп, дастархан басына шақырған апам майда кекілімнен сипап қояды. Осы сәтте қайтадан сүйкімді күшігім мен қызыл тракторым есіме түсіп, көзімді қайта жұма қойдым. «Менің күшігім Сейіттің артынан жүгіріп жүр ме екен деп, көңілім босады. Қызыл тракторым есіме түскенде апамды жеккөріп жаттым. «Құлыным, ботам» дегені өтірік, мені шынымен жақсы көрсе сүйкімді күшігімді, қып-қызыл тракторымды Сейітке бере салмас еді. Демек Сейітті менен гөрі жақсы көреді екен» деп ойлағанда апамды көргім келмеді. Көзімді тарс жұмып, қыбыр етпей жатырмын. Апам менің үстімдегі көрпені сырып тастап, емірене құшақтайды. Тарамыс қолдарымен шашымнан сипап, иіскелеп қояды.
-Тұра ғой, құлыным! Еркетайым менің!-деп еміренеді. «Өтірікшісің, апа! Егер мені шынымен жақсы көрсең, күшігімді неге Сейітке бердің?! Ол аз болғандай қызыл тракторымды қоса бердің. Қазір менде балалар қызығатындай ештеме қалмады. Тым болмаса қызыл тракторымды қалдырсаң етті. Жоқ, оны да Сейіт иемденіп, достарына мақтанып жүрген болар» деп ойлағанда көмейіме өксік тығылды. Танауымды тартқылап, «күшігім-ай» деп күбірлеп қоям. Менің жылап жатқанымды сезіп қойды ма, апам мазасыздана сұрады.
-Құлыным, тұрсаңшы. Жайсыз түс көріп жатырсың ба? Иығың селкілдеп, жылап жатырсың ба, ботақаным?-деп, менің сидиып жатқан күс-күс сирағымнан сүйді. Енді мен батылданып, ақырын тіл қаттым.
- Ақтөсімді сағындым! Ақтөсім қайда?-деп, жылап қоя бердім.
-Ой, алла! Әлі күнге дейін Ақтөсіңді ұмытпағансың ба, жаным? –деген апамның дауысы айыпты адамдай күмілжіп шықты.
-Ақтөсімді тауып бер! Қызыл тракторым қайда?!-деп, тағы бақырдым. Бұл жолы апам қатты састы.
- Жакрайды, құлыным. Жазда Сейіттің ауылына барғанда күшігіңді де, қызыл тракторыңды да қайтарып аламыз,-деп, уәдені үйіп-төкті. Мен сенер-сенбесімді білмей, жылағанымды тоқтатып, балалық сенгіштікпен апамның сөзіне сене бастадым.
-Сейіттің үйіне қашан барамыз, апа?-деп сұрадым.
-Ой, садағаң кетейін, құлыным. Күн жылынған соң, сабағың аяқталған соң барамыз,-деп алдаусыратты апам. Мен тағы апамның уәдесін тыңдап, жылағанымды тиып, үнсіз қалдым.
Апам бетімнен, кекілімнен сүйді. Мен тырп етпей жатқан соң табанымды саусақтарымен жыбырлатып қытықтады, еріксіз мырс етіп күліп жібердім, апам айласын асырып, әйтеуір айналып-толғанып тұрғызып алды. Әйткенмен сүйкімді ала күшігім мен қызыл тракторым есіме түскенде апама деген өкпем көпке дейін тарқамай жүрді.