Адам қарады: 177 | Жарияланды:

АРА МЕН ШЫБЫН

ертегі – мысал

Аралардың ұясы-

Орда еңбек қайнаған,

Тыным білмей баршасы

Күнұзақ нәр жинаған.

 

       Жас ара жолай бір күні

      Үстелге қонды дамылдап,

      Сонда үйдің шыбыны

      Жүр еді жәй қимылдап.

Шыбынға мәлім бұрында

Араның еңбек қылғаны,

Мүсіркеген болды да,

Оған айтты мынаны:

     -Ара досым,армысың,

     Жұмаққа біздің кіріпсің,

     Дәйім ұшып барасың,

     Еңбектеніп жүріпсің.

Биіктерде шарықтап,

Қанатың да талды ма?

Қауырсындай қалықтап,

Әрең қондың алдыма.

    Біздің мына тірлікке

    Көзіңді бір салсаңшы,

 

  Жан қинамай сен текке,

   Деміңді бір алсаңшы.

Дайын асқа,азыққа

Қаласаң қол саласың,

Кенелесің қызыққа,

Жан рахатын табасың!

      Ара тыңдап  сөзін көп

      Қиялы тез өзгерді,

      -Қазір келем,досым,-деп,

      Шыбынға ол сөз берді.

Жас ара жетіп ұяға,

Күтпеген мінез танытты:

-Жұмыста тыным бола ма,

Шаршап біттім,жалықтым!

          Деп ара шектен асыпты

         (Басқасы тұрды таңданып)

        «Жұмаққа» ол асықты

         Шыбын айтқан мақтанып.

Бір елі қалмай шыбыннан,

Тағамдардан дәм татты.

Қауын,қарбыз суынан

Ішіп жүрді тым тәтті.

 

        Шартылдақтан дәл тиген

       Көп шыбын қалды қырылып,

       Ал ара шыбын досымен

       Әрең қашты жырылып.

Жас ара бірақ сонда да,

«Жұмақ осы» деп ойлады,

Шыбындардың жанында

Үш-төрт күндей тойлады.

       Үй иесі ақыры

        Шыбынға қарсы у септі,

       Шыбекеңдер барлығы

       Бір-бірлеп жерге гүрс етті.

Есеңкіреп ара да

Саңлақ тауып ол әрең,

Қашып шықты далаға

Улаған дәрі бәледен.

         Ол шыбынды дос тұтып,

         Ергеніне өкінді,

         Ұясына тез қайтып

         Баруға енді бекінді.

Кіре алмай келіп тұрып,

Айналшықтап жүр еді,

Ары-бері ұшып жүріп,

Аралар оны көреді.

      Жиылып келді жанына,

       Жамандыққа қия ма?

       Жақсылық ойлап тағы да,

       Алып келді ұяға.

Жас ара сонда ойланар,

Қателігін түсінді,

Қайтсін басқа аралар,

Білместігін кешірді.

         Ақылға салып көр мұны,

         Ой келер осы арада:

         Жалқау шыбын тірлігі

         Қол бола қоймас араға!   

 

Қазақ тілінде жазылған