Адам қарады: 140 | Жарияланды:

ИІС

Егер күнәдан иіс шығар болса,

бұл кеңістікке он миунуттан

артық аялдай алмас едік!

Төңіректің барлығы қан сасып кеткен. Қанның иісі қолқасын қабатыны соншалықты, өзін қоярға жер таппаған өгіз секілді өкіргісі келеді. Құдайым-ау, қанның иісін сезе салысымен солқылдап тұрып өзгелерге жар салып  өкіріп кеп жіберіп, сиыр атаулыны қасына жинап алатын өгізді мұншалықты түсінетін күн туады екен ғой.

Бірақ  өгіздердің арманы жоқ шығар. Жер бетінің барлығы қанның иісімен мүңкіп  тұр дегеніңізге алты миллиард адамзаттың арасынан нана қоятындары бар екендігіне ол сенуден қалған. Сондықтан жиіркеніп қана, адамдар мекен еткен жалғанға тыжырынып қарап күн кеше тұруға тура келеді. Үш күн бойы солай ойлаған. Бірақ тыжырынып қана жүре беру мүмкін емес. Бір амалын табу керек. Аузына тамақ тосқан күтуші қызға бір қарайды да, астың иісі қандай деп сұрағысы келеді. Алайда өзіне әлі түсініксіз, бірақ сұмдық сұрапылдан кейін жақтары икемге келмей, аузы ашылмай қалғанын есіне алса,  ауаның иісі қанмен иістес екендігінен де үлкен қасірет бар екендігін  ойлауға тура келеді. Үш күннен кейін көрге де үйренеді деген сөз жалған ба? Тұп-тура көрге үйренетін күн өтті, бірақ қызыл иісті ауа уақыт жылжыған  сайын өкпеге өткір тиіп жатыр. Ол алдындағы асты ары қарай итеріп, еден жуып жүрген әлгі күтушіге көзімен ілтипат білдірді де төсегіне қисайды. Өзінің дәрменсіз, қан иісті әлемнің тұтқынына айналғанын сезді. Қашып кеткісі келді. Бірақ қайда қашады? Жұмыр жерден аулақ қайда барып мекен етуге болады? Өлім  ба? Иістен қашып, өлімді құп көріпті деген тіпті қисынға келіңкіремейді. Ал жарайды, қаштым делік. Ол жақта  мына дүниенің есебін беру үшін ояна қалған тұста, осы иісті қайта сезінсем не болмақ? Өлген адамның иіс сезуі мүмкін бе? Егер көрдің астында тірілетінім рас болса- иіс сезетініме неге күмән келтіруім керек. Жәәә, онсыз да ақылды емес едім. Өлген соң иісті сезіп-сезбейтінім туралы бас қатырғаным маған түк те жарасып тұрған жоқ. Бірақ мына құрғыр бықсықтан арылудың жолын табу үшін маған ақыл міндетті түрде қажет болып тұр. Ооо, таптым.

Ол төсектен басын көтерді де,  оң жағындағы суып қалған асына салулы тұрған қасықты  қыш  төселген еденге тастай салды. Темір қасық қатты еденге түскеніне наразылық білдіріп салдыр ете түсті. Есік жақта еденге арналған шүберекті сығып тұрған сүйкімді қыз бұған  жалт қарады.  Ол алақанымен желді өзіне қарай желпіп күтуші қызды шақырды. Содан соң төмпішкеден қағаз бен қалам алды. Қыз оның қылығын ерсі көрген жоқ. Жағының қимылдамайтынын жақсы білетін.

«Қарындас, менің мұрныма не болған? Жағым  айрылып қалған ба?»  Ой құрысын бұл сұрақта нем бар,  иіс туралы сұрайыншы. Жоқ болмайды. Бірден ол туралы сұрасам, мені есімнен ауысқан деп ойлауы мүмкін.

«Қарындасы» қағазға қарады да, оған ұзын кірпікті қара көздерімен бір жымиып қойды. Сөйтті де, қаламды қолына алып, сүйрете жөнелді.

«Сіз бесінші қабаттан құлап кеткеніңізді білетін боларсыз. Жағыңыз айрылмаған. Тек басыңыз жарылып, миыңызға қан тамып кеткен»

Ой, иә мен құрылысшы едім ғой. Қасымдағы құрылысшы досым Дарынға темір арматураны беріп жатып .... ееее сол кезде құлап кеткен екенмін ғой. Миыма қан тамғаны несі?

«Қарындас, менің  мұрным  мүлдем иіс сезбейді», «аға кешіріңіз, мен медицина колледжінің студенті ғанамын.  Мұнда санитар қызметін атқарып жүрмін. Иіс сезбеуіңізге қатысты сұраққа жауап қайыра алмаймын»

Ол «қарындасына» жауап қатқанына алғыс ілтипатын сездіріп басын изеп күлімсіреді. Санитар қыз сығылған шүберегін  еден жууға арналған ағашқа орады да, бір қолына шелекті көтеріп, есікті ыйығымен итеріп ашып, тысқа шығып кетті.

Демек  ауа қанның иісімен ластанбаған. Менің  аппақ миыма өзімнің қып-қызыл қаным тамып кеткен болды ғой. Сонда менен басқа адамның барлығы саф ауаның рахатын сезіне алатын болғаны ма? Жоқ, миға тамған қанның иіс сезуге қандай қатысы бар? Ееее, оны білсем, қолымды лайға малып , құрылысшы болар ма едім. Ауылдағы қораға ұя салатын қарлығаш құрлы бақ бар ма осы менде? Ол өзі үшін ұя салады? Мен салған үйлерде кімдер тұрып жатыр екен? Олар да өздері үшін ұя салып көрмегендіктен құйтымтай құс құрлы бақытты емес шығар. Ей, тәйірі олардың бағын талқылап нем бар, мен үшін қанның иісінен арылудан асқан бақ бар ма, алдымен соған жауап тауып алсам ше? Шіркін, менің миыма тамып кеткен қан секілді жердің бетіне де аспаннан адамның барлығына сезілетіндей қан тамшылары сорғаласа, не болар екен? Барлығы алас ұрып, есі шығып кетер ме екен? Жоқ олардың есінің шыққаны, еліргенінің маған не қажеті бар? Маған олардың менің күйімді бір сәтке түсінгені ғана керек. Құдайым-ау саусақтарыңды тесіп жіберіп, содан шыққан сұйықтыңтың иісін бір рет иіскеп көріңдерші. Сонда, сонда ғана мұрындарыңның қан сасыған әлемді сезбей қалғанын түсінер едіңдер. Өзгелердің  бұл иісті сезгеніне неге сонша құштар болып отырмын?  Ауалы кеңістікте жалғыз өзім ғана қызыл иісті сезгеніме тамырымдағы қаным қарайып отыр.

Кеше екі көзінің жасы тарамдалып, маған бір, дәрігерге бір қарап есі шыққан анам: «Дәрігер, өтінемін, сізге мол сенім артамын. Бұл менің жалғызым еді... Өзін әкесіз өсірдім»,- деп жалбарынғанын естігенде жүрегімнің желідегі құлындай тулағанын-ай.  Желіні үзіп кеп жіберіп, анамның аяғының астына жалп ете түскен жүрегіме ешқашан өкпелемес едім. Бірақ бесінші қабаттан құлағанда аман қалған сірі жаным жүрегімді шырқыратып қойды. Анам әлгі сөздерін айтып жатып ақ халаттың қалтасына Бенджамин Франклиннің суреті бар сұр қағазды сүңгітіп жіберді. Әлгі қағаздан шыққан қанның иісі қолқаны өртеп жібергенде, қолаңсаның иісін иіскей тұруға таппайсың.  Бірақ дәрігерге ол иіс ұнаған секілді. Көзі нұрланып, бетінің қызылы анық көріне бастады. Етегі жасқа толған анамның арқасынан қағып жұбатып:

-         Науқасты мазаламайық, тысқа шығып сөйлесейік. Барлығы жақсы болады-, деп анамды қолтықтап есіктен тысқа  алып  кетіп бара жатты.

Мен сасық қалтаның палатадан дереу шығып кеткеніне қуандым. Бірақ қан сасыған кеңістік менің миыма соққы жасауын тоқтатар емес. Система салуға келетін мейірбике келіншектің  ортаңғы саусағындағы  алты граммдық алтын таң ертеңгі ақ қалтаға сүңгіп кеткен Сұр Франклинді жолда қалдырады. Бір қызығы танауымды жапсам да мен бұл иісті сезе берем. Тынысым тарылған соң қолымды мұрнымнан жұлып ала қоямын.

Бұл азаптың барлығы да сөз етуге тұрмайды. Ең қиын сәт енді келеді.  Туған ұлынан соққы көріп аяғы сынып жатқан палаталас шалды баптауға кеште кемпірі келеді.  Ол келді деген сөз, түнімен ұйқы көрмеймін. Кемпірдің өзі жақсы. «Балам, саған не болған? Қарағым-ау, сен де мына тамақтан жеші» деп бәйек болып жатады. Бар пәле кемпірдің тізесінен төмен төгіліп түсетін мөлдір қара құндыз тонында болып тұр. Есік ашыла салып әлгі құндыз тон кіріп келгенде шал аяғының сынғанын ұмытып, төсектен атып тұра жаздайды. Ал мен  Әзірейілді көргендей дегбірсізденіп, мазам қаша бастайды. Киімін біз жатқан бөлмеде шешеді де мейірбикеге тапсырады. Соны палатаға енбей тұрып шешсе, мәдениеттілігін байқатар еді. Бірақ қанның иісін бізге  барынша  сездіргенді бұл кемпір құп көретін секілді. Мейірбикенің қолында бүктеліп кетіп бара жатқан қара құндыздың қан сасыған иісі маған ұйқысыз таң атыруға жетіп жатыр. Енді біраз жатсам қан иісінің өткірлігіне қарап бал ашуыма болатын секілді. Өзіме өзім қалжыңдай бастағаныма қарағанда қан иісті әлемге мен де мыналар секілді  үйреніп келе жатырмын ба, қалай өзі? Тезірек үйренгенім де дұрыс шығар.

Осылай иістер әлемін сараптап жатқанда есіктің тұтқасы қозғалды.  Иісшіл дереу сол тұсқа қарады.Қара құндыздың қасында кемпірдің қолын ұстаған аппақ құндыз тон еріп келе жатты.

Қазақ тілінде жазылған