Адам қарады: 145 | Жарияланды:

ЕРКІНДІК ІЗДЕГЕН ЖАН

Зымыраған күндер, уақыт билігі – бәрі де өмірдің құпия жазбаларына байланысты жылжып отырады. Әр жан өз ғұмыр сағаттарын қалай жұмсайды, өзі шешеді. Біреулер даңқ, басқасы ақша ізінен қуса, ал кейбірі бос қыдыруға жұмсайды.

Барлық адамның өмір сызықтары бір ғана автордың қыл қаламынан туындаса да, әр тағдыр бір-біріне ұқсамайтын дара.

 

 

Мінез жазушы біткенің бәрінде де бар, бірақ Эрнестің жағдайы басқа. Көпшілік шоғырланған және адам қарасы көрінбейтін жерге мүлде бармайды. Дүкенге шықса да жан-жағына жалтаңдап, қайта-қайта артына бұрылып қарап жүрегін түйіп жүреді. Тіпті, соңғы кездері өз көлеңкесіне де күдікпен қарайтын. Тура бір сыртынан біреу аңдып жүргендей. Соңғы жылдары тек қана таң сәріде, темекі шегіп, таза ауада, еркін ой құшағына еніп, серуендеуге шығады. Оның өзінде терезесі қара қапталған көліктерді көрсе, алыстан айналып өтеді. Өкіметке қарсы дүние жазбаған, ешкімнің көңіліне тиетін сөз айтпаған, бірақ сонда да қайда бармасын ізін аңдып жүрген жандарды сезеді. Тек қана сезеді, көзімен көрген емес.

Ерте көктем. Қар толықтай ери қоймаған. Қас қарайған шақ. Дүңгіршектен алған газетін қолтығына қыстырып, қадамдарын ширақ басып Эрнес үйіне қарай асыға кіріп кетті. Кіре сала, құлыпты үш рет бұрап, есіктің тесігінен тысқа көз жіберіп, ізін аңдыған ешкім көрінбеген соң, екінші есігін де жауып біраз көңілі жай тапқандай болды. Үстел үстіндегі шырақты қосты. Жалпы шырақты қолданып та көрмеген. Үнемдегендіктен емес, үрейден. Газетін үстел үстіне қойып, үйінің бұрыш-бұрыштарын тексеріп шықты. Терезедегі жабулы тұрған қара пердені бір шетін көтеріп,

-          Бұл, иттер мені ақымақ көреді ғой деймін?! – деп, орындыққа жайғасып – менің өмірім тамашалайтын кино емес, сендерге! – деді, терезе жаққа қарап. Газетін ашып оқуға кірісті. – Мынаны да мақала дейді ғой, итті де, битті де сюжет етіп жаза беретін, ана сүті ауызынан кетпеген журналисттер толып кетті.

Газетті біраз парақтап, қоқыс жәшігіне лақтырып,

-          Қоғам қайда барасың? Жеке тұлға ұғымына қарсы барасың. Адамдарды тұлға ретінде қалыптастыру орынына, инкуватор балапандарына айналдып жатсың. Әр біреудің отырған, тұрғанын аңдып бұрышқа итермелейсің. Осы да  өмір ме?! – ызаға булығып қолымен үстелді бір періп. Бір сәт үнсіз тұрып – осы да өмір ме... осы да өмір ме? Бұлай күшік те еш қиналмай жасай алады... – деп дауысы қарлыға орындыққа сұлқ отыра кетті.

Өздігіне үнсіз қамалып, мазасын кетіріп жүрген сұрақтарға ойларының бір шетінен жауап іздеп отыр. Жауабын тапқандай, көрші бөлмеге өтіп, қабырғада ілулі тұрған қаруға ұмтылып еді... Сол сәтте есік тақылдай түсті. Ойын басқаға бөлмей қаруды қолына алды. Есік тақылдауы басылған жоқ. Қаруды ауызына салып түртпешесін баспақ, сонда да есіктің тақылдағаны қояр емес. Эрнестің жүйкесі шыдамай, есікке жақындағанда «Ізімнен аңдып жүрген иттер, сендерге менің өмірім кино болса, соңын қазір тамашалайсындар» - деп, ойлады. Есікті жұлқып ашып, қаруын өзіне жұмасамақшы еді. Қолы дірілдеп, түсініксіз бір күйге енді. Есік алдында дап-дардай еркектер орынына өзгеше киінген, қыпша белді нәзік сұлу қыз тұр.

-          Саған кім керек?

-          Сәлеметсіз бе, менің атым Айлин. Сіздің шығармашылығыңыздың жанкүйерімін, мүмкін болса сізден сұхбат алуға келген едім.

-          Мен жайлы – деп, күліп. – мына заманда мен жайлы бір тармақ мақала да жазылмаған, сұхбат дейсін бе?Адрестен адасқан боларсын! Немесе анау иттердің ойлап тапқан айласы ма? Мені тоқтату жолында басқа нәрсе ойлап таппады ма? Менің финалым анық, шешілген – деп, қаруды өзіне беттелген бетте...

-          Тұра тұрыңыз, мен сізге бәрін түсіндірем. Сіз Эрнес Әбдіхалық деген жазушысыз ғой, иә?

-          Иә...  – біраз, түсінкіремей – түсіндірудің не керегі бар? Сені мені аңдып отырған иттер жіберді, мен саған оларға дайындаған жауабымды көрсетейін.

-          Сіз мені дұрыс түсінбеген боларсыз.

-          Түсінбейтін несі бар, екі кітаптің авторының жанкүйері деген сөздің өзі, күлкілі емес пе? - қару ұстаған бір қолымен есікті ұстап жатып.

-          Мүмкін бе – деп, Эрнестің есік ұстап тұрған қолының астынан еңкейіп өтіп, ішке еніп кетті. Айлиннің бұл қылығына жазушы да түсінбей. Есікті жауып, Айлинге қарады.

-          Егер қаласаң қолымдағы қаруда екі оқ бар, екеумізге де жетеді...

-          Бәлкім отырып әңгімелесерміз? – деп, қағаздар шашылып жатқан қонақ бөлменің жарығын косып, орындыққа отырып жатып – Қолайсыз жағдайға қалдырсам кешіресіз. Ең бастысы үлгергеніме қуаныштымын.

Эрнес көз алдында болып жатқан жағдайға өзі сенер емес.

-          Мақала тақырыбына сізді алуымның себебі сіздің шығармашылық қолтаңбаңыз өте ерекше. Және... – ойында «өлімі жайлы айтпақшы болды да» бірақ үндемей, - үлгеріп келдім.

-          Нені айтасын?

-          Жай ештеңе...

-          Сөйтіп не әңгіме?

-          «Үміт періштесі» атты бітпей қалған романыңыз жайлы білейін дегем.

-          Қалай бітпей қалған? Бәлкім бітетін шығар?

-          Бәлкім...

-          Сіз ол романды қайдан білесін?  Қашан адамға еркіндік бересіндер? Еркін, өз өміріме өзім басқарып, барғым келген жерге барып жүре алам ба мен? Бұлбұл құсы алтын түгілі жақұттан жасалған торға қамасаң сайрамайды! Бұлбұлға еркіндік керек!

-          Кешіресіз! Мен сіз ойлағандардан емеспін! Ұқсастығымыз бар шығар, бірақ мені сіздің шығармашылығыңыз қызықтырады. Қалай айтсам болады екен? Мен болашақтан келдім.

-          Жоқ, сен мені кешіресін! Қайдан келсең, сонда бар! Енді бәрі кеш.

-          Жоқ, түсінсеңізші! Мен кәдімгідей, уақыт аралығына көшіретін машинамен арнайы көзіңіздің тірісінде сізден сұхбат алуға келдім.

-          Жарайды, сендірдің әлемдеріңде еркіндік бар ма?

Айлин Эрнестің сұрағына қалай жауап беруді білмей, орынынан тұрып шығып бара жатып

-          Еркіндік сөзін әркім өзінше түсінеді! – деп, шығып бара жатты. Сыртқы есіктен шығып бара жатқанда қарудың атылған дауысы құлағына анық естілді.

Эрнес өзі тандаған еркіндігіне жол тарты, ал Айлинді жазушыдан басқа ешкім көрген жоқ. Бәлкім ол расында да болашақтан келген ару немесе ол Эрнестің ақ қауырсынан да жеңіл ақ қанат музасы. Зымыраған күндер, уақыт билігі – бәрі де өмірдің құпия жазбаларына байланысты жылжып отырады.

Болашақта, Эрнестің соңғы жазбасы табылды. Онда «Мен сені ақшабұлт музам деп қабылдадым. Бірақ сен де көптің бірі ғана екенсін» деген сөйлем еді. Айлиннің пайда болуы «Еркіндік іздеген жан» романының соңғы нүктесі қойылуына септігін тигізе алмады. Болашақ қаншама мың есе дамыса да, тағдыр жазбасы өзгерместей қала береді.

Қазақ тілінде жазылған