БАРТЕР
Ол түстен кейін мектепке қайта келетін болғаннан соң, тез түскі асын ішіп келе қояйын деп үйіне бет алғаны сол еді, артынан біреу айғайлағандай болды. Бұл кім болды екен деп құлықсыздау бұрылып қараса мектепте завхоз болып істейтін өз ағасы Өсербай ақсақал екен. Бұл кісіні ауыл-аймақ құрметтеп үлкен кішісіде Өсеке деп атайтын. Асығып тұрсада өзін-өзі зорлағандай болып, шалдың қасына келген ол:
- Жайша шақырдыныз ба? – деді ақырын.
- Жайдан-жай кісі шақырушы ма еді.
- Айта берініз құлағым сізде.
- Айтсам тыңда, осыдан екі апта бұрын әлгі кім, Сергей кездесіп...
- Қай Сергей?
- Қай Сергей несі, неше Сергей еді кәдімгі Сергей.
- Иә сонсоң?
Сергей жасынан еті тірі пысықтау болып өскен, ешкімге есесін жібере қоймайтын, тіпті ауыл адамдарының көбі Қарағандының не екенін, қайда екенін білмейтін кезде, Қарағандыда ФЗО-да оқыған. Осындай өмір талқысынан өтіп, пісіп қатқан жігіт елге келгеннен кейін, кейбір шала сауатты, әпер-бақан бастықтардың елге істеген қиянатына шыдамай олардың тапсырмаларын қырсық орындап, қырсық жауаптар қайтарып, кейде әдейі жындының қылықтарын көрсететін, бұл қиянат көрген момын шаруаға майдай жағатын. Содан халық әдейі оны Сергей атандырып жіберген еді. Сергей туралы осының бәрін тез ойлап үлгерген Жекен бір мырс етіп күлді де...
- Иә ұқтым. Сонан не айтасыз?
- Ұқсаң тыңда. Ол маған Өсеке заман болса өзгеріп барады оны өзіңізде білесіз давай екеуміз Бартер жасайық деп қарап тұр.
- Ол не пәле Бәртір деген десем
- Ол былай. Тыңданыз. Мен сізге бірдене беремін, ал сіз маған бересіз, яғни басына бас айырбас жасаймыз.
- Иа, онан соң не істейміз айта бер дедім. Ол:
- Былай ғой, қылышын сүйретіп қыста қыр астында тұр. Атам заманнан
бері Тымақ киген қазақтың отбасы-ошақ қасы әйелінің алдында, балаларының алдында үш міндеті бар. Олар: Сергей оң қолын көтеріп саусақтарын бір-бірлеп бүге бастады. Бірінші – қысқа отын су дайындау, екінші – қысқы соғым, ал үшіншісі – қысқы малдың шөбі.
Сіз-біз болып соның біреуін шешіп тастасақ қайтеді а? Өсеке!
- Ол үшін не істеуіміз керек айт.
- Ол үшін сіз маған мектепке келген көмірден 2 тонна көмір бересіз, мен сізге 2 тонна шөп түсіріп беремін. Бітті сонымен опирация сәтті аяқталды деген сөз. Яғни отын су мен шөп мәселесі шешілді. Ал соғым мәселесіне мен биыл бас ауыртпаймын себебі: былтырғы бұзауым биыл тайынша болып тұр. Соны базда отырған сиыршылардың бірімен келісіп бір аунатып алсам болды емес пе, мынауский соғым болайын деп тұр.
- Ал сіз (Өсекеңе қарап көзін қысып қойды) қолыңызда бүкіл интернат тұрғанда соғым деген не тәйірі деп қарқылдап күлді. Сөйтіп бұлар бұл іске жә десіп бетуаласқандай болып еді.
Ендігі әңгіменің тоқетері, жұмыстан соң Сергей Өсекеңнің үйіне келеді. Бұл үйде шөп әкелуге 2 адам дайын тұру керек.
Шөпті қайдан алады, қайда барады онда бұлардың шаруасы жоқ, оны Сергей қатырып қойған. Барып дайын шөпті тиейді де қайтады болды, бітті.
Сол Сергей кеше таңертең үйге келіп маған:
- Екі адам дайындап қой бүгін шөбіңізді әкеп беремін деп кетті.
- Соны айтайын деп шақырдым. Өсекең кетіп бара жатып артына бұрылып:
- Ұмытып кетпе сағат 6-да деп айғайлайды.
- Жарайды – деп құлықсыздау жауап қайтарған Жекен үйіне қарай аяңдады.
******
Салдыр-гүлдір еткен, алқам-салқам Газ-52 жүк машинасы Семей-Ақсуат трассасымен батысқа қарай ышқына гүрілдеп келе жатыр. Кабинада үшеү, үшеуі де үнсіз. Күн еңкейіп алыстан мұнартқан тауларға иек арта бастаған. Кабинада отырғанның біреуі Мұрат. Мұрат мамандығы филолог Жекен мен мектепте бірге істейді, оны шөп әкелісіп жібер деп қолқалап ертіп шыққан еді. Бұлар бір сарынды машинаның гуіліне қалғи бастаған. Кенет жол ортасындағы шұңқырға оңбай соғылған машина қатты шайқалып барып салдыр-гүлдір ете қалғанда Мұрат басын кабинаның төбесіне оңбай соғып алса, Жекен ауырған шынтағын уқалап әлек.
- Ой Секе! Байқамайсыз ба тілімді тістеп ала жаздадым ғой.
- Осы біз қайда бара жатырмыз? – деп Жекен Сергейге қарады.
- Шөпті қайдан аламыз, бағана сұрағанда бара көресіндер деп айтпап едініз, әлі де айтпайсыз ба?
- Міне қазір трассадан түсіп оңға бұрыламыз. Анау ауылды көріп келесіндер ме? – деп Сергей алыстан көрінген ауылды саусағымен нұсқады.
- Иә. Екеуінің дауысы келісіп қойғандай бірдей шықты.
- Көрсендер сол ауылды жанай өтіп Қарашеңгелге барып топ ете түсеміз, шөп сонда. Жекен таңдана:
- Онда трассымен неге жүре бермейміз, олда Қарашеңгелге барады ғой.
- Иә, дұрыс айтады трассымен жүре бермедіңіз бе?
- Сендер не білемін деуші едіңдер – дегендей Сергей екеуіне мысқылдап аяғандай түр көрсете қарап алып:
- Біріншіден бұл жол төте, әрі жарты есе қысқарады. Екіншіден біз жүріп келе жатқан қырдың жолы тегіс бір қақпайды, бұйырса күн ұясына кірмей барып қалармыз. Үшіншіден: ең бастысы мен барда саспаңдар! Ол саусағын шошайтты. Әлден соң:
- Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын
Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс – деп отырған екеуінің бірі қулана әндетіп тақпақтап қойды.
- Сен немене Бауыржан Момышұлының соғыстағы сөзін қайталап келесің, біз соғысқа бара жатқан жоқпыз ғой, біз шөпке бара жатырмыз. Шөпке...!
Бәрі үнсіз қалды.
Расында да қырдың жолы тақтайдай екен. Машина бірте-бірте жылдамдығын арттырып жер апшысын қуыра бастады, айтса айтқандай-ақ жол бір қақсашы шіркін. Кабинаның шиқылы, борттың салдыр-гүлдірі сап тиылған. Бір-біріне дем алғандарына дейін естіле бастада. Сергей ағаларының саспандар деген сөзі демеу болдыма бұлар жолдағы ауылды жанай, шынында да саспай зулап өте берген еді. Кенет. Кенет машина сең соққандай шоршып барып қара жерді солқ еткізе тоқтады. Дөңгелек қатты бірдеңеге соғылғандай ма, әлде үзілгендей ме бірдеңе болды да кетті. Көтерілген қою шаңнан ештеңе көрінбейді. Жаңағы бір сәттік алтын ғасыр әп сәтте көзден ғайып болды. Не болғанын ұқпай сілейіп қалған үшеуі, естерін тез жиып, секіріп-секіріп жерге түсті, алғаш болып есін шофер жинаған, ол машинаны бір айналып шықты астына қарады, үстіне қарады, тағы қарады жо-жоқ машина аман. Оған да тәубе!
- О жаратқан ие өзіңе мың рахмет. Бұл шофердің дауысы.
- Не болды өзі?
- Ұқсам бұйырмасын. Бұл соңғы екеуінің дауысы.
******
Жол шын мәнінде тақтайдай болатын, қырдың жолы әдетте тегіс болып келеді, кейіннен осы жолды көлденеңнен қиып алуға арық тартып кезінде бақша суғару үшін су жіберілген екен. Осы арық машина дәл жанына келгенге дейін көрінбейтін, әсіресе түнде. Бұл жолды үнемі жүріп жүрген жүргізушілер ғана білгендіктен, білмейтіндер арыққа көліктерін оңдырмай соғып алып жататын жағдай сиректе болса болып тұратын еді. Бұларда әрі кешкілік болғандықтан арықты көрмей келіп соғылған болатын. Аман қалғандарына тәубә деп естерін жинап үшеуі тіршілік қамына қайта кірісті. Сергей кабинаға кіріп моторды от алдыра бастады. Моторда дыбыс жоқ. Кілтті қайта-қайта қосып көрді бәрі-бір мотор үнсіз. Өлген өгіздей селт етсеші бір. Машина ауылдың тұспа-тұсына келіп тоқтаған екен. Ауыл шамамен 300 метрдей ғана жерде көрініп тұр. Ауылда кешкі қарбалас, сиыр мөңіреп, қой манырап ауыл абыр-сабыр өрістен қайтқан мал, жоқ іздеп жүгірген бала, осының бәрі жақын маңнан ап-анық көрініп тұр. Жанға жайлы, жүрекке жылы ауыл тіршілігі. Қарап тұрсан шын керемет көрініс еді. Секең енді машинаның капотын ашып, үшеуі бірдей келісіп алғандай енді моторға үңілді.
- Мәссаған! Үшеуінің дауысы таңырқай шықты.
Свечаларға кигізілген проводтар түгелдей дерлік жаңа арықтан секіргенде шығып кетіпті, салбырап бос жатыр. Ескі машинаның тозған проводтары да ұяшықтары да әбден ескіргендіктен свечалардың басын қыспайды екен алғаш секіргенде-ақ шығып кетіпті. Әйтеуір мотор аман, бәрі орын-орнында бұған да шүкір. Мұны көріп үшеуі де қуанып кетті. Енді қуанбағанда проводты өз кезегімен свечаларға кигіз де кілтті қоссаң болды машина дүрілдеп сапарларыңды жалғай бер. Кім бөгет жасар екен.
Мынау бірінші, мынау екінші деп күбірлеген Секең обалы нешік свечаларды ілезде қосып тастады.
- Ух. Барлығы бір рахаттана тыныстады. Үшеуі апыл-ғұпыл кабинаға отырып, Секең бұларды түгел ме дегендей қарап алып:
- Кеттік деді де кілтті қосты. Жаса Секе! Бірақ кілтті қанша қосса да машинада дыбыс жоқ бұл қалай аң-таң болып бір-біріне қарады, неге дүрілдемейді түсініксіз, тағы да кілтті қосты бірақ машинаның дүрілдейтін түрі жоқ, мелшиген темір.
Секең кабинадан жүгіріп түсіп моторға жүгірді проводтарды қайта қоса бастады:
- Мынау бірінші провод, мынау екінші провод, мынау үш, мынау төрт, жоқ-жоқ мынау екі, сонда мынау нешінші болады так тұра тұр. Күбір көбейді.
Кабинадан моторға жүгірді, мотордан кабинаға жүгірді енді жүріс
көбейді, бірақ еш нәтиже жоқ. Атаңа нәлет! Мотор от алар емес. Тіпті сезбейді-ау, сезбейді. Кешкі қараңғылық қоюлана бастады. Самаладай болып ауылдың шамы жанды. Машина әлі дүрілдеген жоқ. Осы кезде ауылдың орта тұсындағы шеткі бір үйден ойналған музыка дауысы шыға бастады. Ауласында қара-кұран адамдар көп. Бірнеше жүк машиналары қараңдайды, шамасы қаладан савхозға жүк әкелген автобазаның машиналары болса керек.
- Ой, Секе анау қара-құраң етіп жүргендер қаладан келген шоферлар сияқты ғой. Соларға барып біреуін ертіп келсек қайтеді
- Олар келеді дейсің бе, енді біраз шыдыңдар қазір, қазір. Қазір-қазір мен тағы да бір қыдыру уақыт өтті. Кеш болса қоюлана түсіп, қараңғылық мүлде тұмшалап алды.
- Мынауыңыздан түк шықпайды, босқа уақыт өткізбей аналарға барайық.
- Барғанмен келмесе қайтеміз?
- Келеді. Кабинада үйден ала шыққан бір сауыт арақ бар емеспе, соны көрсетсек келмей көрсін.
- Тамақтың алмайтын жауы жоқ.
- Иә дұрыс айтады кеттік Секе, андағыны тастаңызшы енді уақыт өткізбей, бағанадан бері босқа тұрмыз әншейін.
Сәлден соң үшеуі жаңағы музыка дауысы шыққан үйге қарай аяңдады.
Бұлар келгенде ауладағылар кешкі тамақтарын ішіп болып сыртта темекі тартып отыр екен. Жағдайлары жаман емес сияқты, көңілді. Стол үстінде бірнеше шиша, одан басқа әртүрлі тамақтар тұр. Біраз тастап алған сияқты өздері.
- Здравствуйте!
- Здравствуйте!
Тәрізі басшылары болуы керек шетте отырған егеделеуі бұларға қол беріп аманадасты да:
- Слушаю – деп сұраулы жүзбен қарап алды да қазақшалап:
- Сәлем, сәлем – деп қойды. Бұл өзі Сергей мен шамалас орыс екен,
оның үстіне Сергейдің орыс арасында болғаны бар екеуі қауқылдасты да қалды. Көп ұзамай аналардың өзі мақтап-мақтап қастарына қосып берген бір орысты ертіп өздерінің машинасының жанына қайтып келді. Келе сала фонардың жарығымен капотқа үңілген шофер жігіт трамблердан шыққан проводтарға бір, свечаларға бір қарап алды да, свечаларға қосулы тұрған проводтарды суырып алып, көз ілеспес жылдамдықпен қайта қосып шықты. Қайта-қайта басын шайқап бірдеңе деп күбірлеп, өз тілінде жақсылап тұрып бір боқтап және жақсылап тұрып жерге бір түкірді де:
- Болды қоса бер деп ымдады, қолын сүртіп.
Сергей рульге отырып кілтті қосқаны сол еді машина дүр ете түсті ал керек болса сонда бағанадан бері босқа тұрған болды ғой бұлар. Енді риза болғандары сонша орысқа қайта-қайта рахметтерің жаудырып әлек.
Мотордың от алмау себебі – провод дұрыс қосылмаған екен, келген шофер осының бәрін әп-сәтте орын-орнына қойған еді. Машина дүрілдеген соң бұлар енді кетудің қамына кірісіп, жүрүге қамданды.
Қалып бара жатқан орысқа, сенен ұят болды-ау, түкке тұрмайтын нәрсеге бола қанша уақытыңды алдық дегендей машинаның артқы жарығы ұялғаннан қызарғандай-қызара өшіп-жанып қараңғылыққа сіңіп бара жатты.
******
Бұлар Қарашеңгелге келгенде – түн ортасынан ауып кеткен еді. Шабындықтын ортасына келіп машина кілт тоқтады. Жан жақты бағдарлап алу үшін бұлар қопарыла жерге түсті. Түн көзге түрткісіз тастай қараңғы, қайдан келіп қайда тұрғаның белгісіз. Бір құдай білсін. Осы тұрғанда жағдайлары да оңып тұрған жоқ, қарын аш, әрі шаршаған, бүгінгі бастан кешкен оқиғалары да көңіл күйді түсіріп жіберген еді. Айтуға да ыңғайсыз, тіпті бір-біріне қарауға да ұялатындай. Бір сәт үнсіздік жайлады. Бірінші болып сөзді Жекен бастады. Ақы иесі емеспе! Шыдамады:
- Ал Секе шөп қайда, не істейміз? Осылай тұрамыз ба?
- Келгеніміз жаңа ғой, жан-жағымызды бағдарлап ес жиып алайықта.
- Бұлай болады деп кім ойлаған. Дайын шөп барамызда тиеп алып 2-3 сағатта қайтып келеміз деген соң тамақта алғанымыз жоқ еді.
- Қарадан-қарап өлеміз бе. Қалған арақты әкел шаршағанды басады. Ішіп
алайық.
Үшеуі қалған арақты бөліп ішіп алады. Шаршағандары басылып расында да көңілденіп қалды. Бағанадан бастарынан өткен ыңғайсыздықтары болмағандай ма қалай? Енді көңілдене бастады. Өздеріне келіп, естерін жинаған соң енді үшеуі жан-жаққа қарап шөпті іздей бастады. Ештеңе көрінбеген соң машинаға қайта отырып олар фардың жарығымен шабындықтың шетіне дейін шөпті іздеп барып қайтты, бірақ шабылған шөп көрінбейді. Енді шабындықты көлденең кесіп өтті. Ондада ештеңе көзге түспеді.
- Осы жерде мая болуға тиіс сияқты еді – деп міңгірледі шофер.
- Қайдағы маяны айтасыз, тіпті шашылған шөпте жоқ мында.
- Тоқта, тоқта! Батысқа қарай жүріңізші бірдемелер қарауытады, дәуде болса осылар үйілген шөп болмаса.
Расында батыс жақта бірдеме қарауытқандай болды. Енді батысты бетке алып жүрді бұлар. Жақындаған сайын фардың жарығымен қарауытқандар айқын көріне бастады. Үшеуі қайтадан алдыңғы жаққа елеңдеп қарай бастады. Қарайғанға да жетті-ау ақыры. Алыстан түн қаранғысымен қарайып көрінгендер шөп емес, шоқ шоқ болып өскен қалың шеңгел болып шықты. Ал керек болса, алдарында кәдімгі адам түгілі түйе бойламас қалың шеңгел тұр сіресіп. Шеңгелден ары қарай бағана өздері бұрылып кеткен Семей-Ақсуат трассасы машина жарығымен қарауытып көрінеді.
- Мәссаған! Мынау бағанағы тас жол ғой.
- Осы жолмен жүріп келіп осы жерден бұрылсақ та болады екен ғой, сонда ештеңеге ұрынбай аман-есен бағана келетін едік.
- Иә солай істесек жарықта шөпті де тез тауып, әрі тиеп алып ендігі үйде отырар едік. Шайымызды сораптап.
Осыдан 3-4 км жерде Қарашеңгел деген шағын баз бар. Онда савхоздың мал бағатын малшылары мен түйешілері отырады. Бұл маң түйе жайылуға өте қолайлы. Сондықтан қысы-жазы савхоздың түйесі осында бағылады.
Әр жерден машина жарығымен жайылып жүрген түйелер қазір де көрініп қалады. Бұлар олай-бұлай тағы да шарлап шықты. Жуыр маңнан шөп көрінер емес, түн бұрынғыдан да қаранғылана түсті. Енді жел соға бастады. Жел бірте-бірте күшейіп айналаны ұйқы-тұйқы етіп жіберді. Айнала өсіп тұрған қалың шеңгел желмен қозғалып гуілдеген дыбысқа толып кетті. Алыстан жарық-жұрқ найзағай ойнай бастады.
- Аспан тіпті қап-қараңғы болып кетті ғой өзі жауын жаумаса нетті, жетпегені осы еді.
- Мұндайда адамға жұлдызда демеу екен ғой.
- Жұлдыз барда тіпті қараңғылықта түпсіз, шыңырау болып көрінбейді екен. Неткен қараңғы түн.
- Тіпті үрейлі қорқынышты.
- Да.
Әлдең соң кабинанын төбесін баяу ақырын, салмақты да ауыр түнгі жауын тамшылары тырс-тырс ұра бастады. Кенет түн сатыр-сұтыр етіп айнала түгел жап-жарық болып найзағай ойнады. Түнгі әлем әлем-тапырақ түске енді. Түп қопарыла табиғат қорқынышты дүлейге айналды. Қалай ауа райы тез бұзылса, әпсәтте түк болмағандай ауа райы кенет тыныштала қалды. Қараңғылық аздап сейілгендей бұлттардың арасынан жылт-жылт жұлдыздар көріне бастады. Алыстан Қарашеңгелдің жарығы көрініп қалады.
- Анау жарық көрінген жаққа қарай жүрейік, аржағында ауыл тиіп тұр мүмкін сол жерде маяға кездесерміз. Болмаса үйге қайтайық.
Осыған жә дескен олар машинаның қосалқы шамдарының жарығымен ақырын жарық көрінген жаққа қарай 2 шақырымдай жүргендері сол еді алдарынан үйілген шөмелелерге тап бола кеткені. Шамасы 3-4 шөмеле шөп жатыр. Шөптің аздығына емес, табылғанына мәз болған олар тездеп шөпті апыл-ғұпыл тиеп алуға кірісті.
******
Аспанды қою қараңғылық қайта торлай бастады. Есі-дерті шөпте болған олар мұны аңғарған да жоқ. Машинаны шөптің жанына қойып, абыр-сабыр шөп тиеуге кіріскендері сол еді, кенет жауын құйып берсін. Ал кеп төпесін. Бұлар кабинаға тығылды. Кенеттен жауған жауын, кенет тоқтады. Тіпті түк болмағандай аспанда жұлдыздар жымыңдайды – шыдамды болыңдар деп бұларға көздерін қысып келекелейтіндей. Жауынның тоқтағанына көздері жеткен олар айырларын алып шөмелеге қарай беттегендері сол еді, алдымен машинаның гүрілі естілді, артынан аспанды тіліп өткен өткір жарық осылай қарай беталды. Машина тура осылай беттеп келеді. Әне-міне келіп қалатындай. Үшеуі үш жаққа қашты. Біреуі бүгежектеп, жанұшыра жүгіріп келіп машинаның астына кіріп кеткенін байқамайда қалды. Машинаның астына кіріп біраз ентігін басып бажайлап маңына қараса, бағана жан қысылғанда басқа жаққа қашқан қалған екеуіде қай уақытта келгені белгісіз жанында жатыр. Көздері алайып кеткен дір-дір етеді. Айналада не болып жатқаны белгісіз. Қиямет қайым енді басталғандай дерсің. Гүрс-гүрс атылған мылтық, айқұш-ұйқұш аспанды тілгілеген жарық аспанмен жерді дүрілдеткен машинаның гүрілі. Не болғанын түсініп болмайды. Машина астындағылар әрбір дыбыс шыққан сайын, жердің жарығы болса кіріп кетердей жерге жабыса түседі. Кенет бұл қорқыныш та қалай тосын басталса, солай тез аяқталды. Жаңағы қымқуат айқай-шу, тарсыл-гүрсіл біртін-біртін алыстап ақыры сап тиылды. Машина астындағылар біраз тың-тыңдап ештеңе естілмеген соң ақырын-ақырын бастарын көтерді, ақырын-басып машина астынан шықты, ақырындап жан-жақтарын шолды.
Тәубә-тәубә айнала құлаққа ұрғандай адам сенгісіз тыныштық. Тыныштық тұнып қалған дерсің аман қалғандарына сенер сенбестерін білмей құдайларына сиынып, өздерін тәртіпке келтіріп сағаттарына қарады. Сағат түнгі 3-ті көрсетіп тұр екен.
Ал керек болса! Тездетіп қимылдамаса болмайды. Жарық түспей үйге жетіп алу керек. Әйтпесе ел көзіне түсіп қалулары кәдік.
Енді апыл-ғұпыл шөпті тиеуге кірісіп кетті. Түнімен көрген қорлықтары аз болғандай тағы бір азап басталды. Жауыннан кейінгі шөп су сіңіп қалған, зілдей ауыр, оны көтеріп машинаға шығару түнімен шаршаған денені қайыстырып, сүйегіңді сырқыратады. Ал жоғары көтерген шөптен сорғалаған су мойныңа құйылып, жүйкеңді жұқартады. Оған аштықты қосыңыз. Айдалаға безіп кеткің келеді тура бәрін тастап.
Борттан ғана шоқитып шөп тиеген машина ауылға жетіп межелі жерге тоқтағанда таң да жаңа бозара бастаған еді.
Абырой болғанда ауыл әлі ұйқыдан тұрмапты. Бұларды ешкім де көрген де байқаған да жоқ.
******
Сол күнгі оқиғадан соң біраз уақыт өткен. Бұлар өздері әкелген шөптің жырын ұмыта да бастаған. Бірде шаруаның ыңғайымен Сұлуталға барған Жекен дастархандас болған ауыл жігіттерімен әңгімелесіп отырып, өздерінің басынан сол түні, өткен түнгі оқиғалардың сырына азды көпті қаныққандай болды.
Оқиға былай өрбіген еді. Бұлар қанша іздесе де шөп табылмады. Шабындықты қанша шиырласа да сол түні ешқандай дайын маяның үстінен бұлар түсе алмаған еді.
Өйткені, дәл сол күні осы аймақтың шөбін шапқан шөпшілер бірнеше мая шабылған шөпті түгелдей жинап ауылға тасып алған болатын. Симай қалған бір-ер шөмелені ғана кеткен, келесі шабылған шөпке қосып апарамыз деп. Бұлардың тиеп алған шөптері осы шөп болатын, бұл шөп болмаса қайтер еді, оған да тәубә. Ол аздай енді сол түні аздаған аңшылығы бар ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін жігіт те жолдасымен түн ортасы ауа мотоциклге мінгесіп қоян аулауға шығады ғой баяғы. Бұлар мылтық атып қоянды үркітеді, үріккен қоян мотоциклдің жарығынан ешқайда кете алмай аңшының қолына өзі келіп түседі. Сол түнгі шөп қорыған күзетшілер де, өткір машина жарығы да, гүрс-гүрс атылған мылтықта ешкім емес осы аңшы жігіттердің ісі болатын.
Ал бұдан біздің жігіттер ол кезде мүлде бейхабар еді.
Кейіннен, мәселенің басы ашылғанда ғана барып істің мәнісін түсінген біздің бартершілер қап деп сандарын бірақ соқты. Білмеген у ішеді деген осы да. Бұл кезде бәрі кеш еді.